25-қағида Ұлтыңды шексіз сүй.
Ұлтыңды шексіз сүй. Қазақ қып жаратқан Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Кейде Абайша айтсақ, мінездерін көргенде, қаның қайнап, жаның ашыса да, қазақтан ыстық, қазақтан аяулы ұлт жоқ мен үшін бұл жалғанда. Қазақтың тілі, қазақтың әні, қазақтың мінезі - бәрін жақсы көремін. Есімде, бала кезімде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бір ойынын тамашалап отырып, кәдімгідей қобалжыған едім. Қолым терлеп, жанымды шүберекке түйіп отырдым. Бұл қайдан келген сезім?! Анамның ақ сүтімен бойыма дарыған қазақилық деп ойлаймын. Мен орыс балабақшасында тәрбиеленгенмін. Тілім де орысша шыққан сияқты. Ата-анам болашақта бәрі қазақша болады деп қазақ мектебіне берді. Анам айтып отырады, бірінші сыныпқа барғанда, \"жүгері\" сөзіндегі \"ү\" әрпін айтуға қиналып, \"кукуруза\" деп айтам деп қырсығып тұрып алған екенмін. Орта сыныптарда апта сайын ұлттық мүддені қозғайтын \"Ана тілі\", \"Қазақ әдебиеті\" газеттерін алып оқитынмын. Ол кезде 12 тг тұратын еді олар. Тіл, жер, ұлттық намыс тақырыбындағы мақалаларды оқып, әсерленетінмін. Өзім де пафосқа толы патриоттық өлең, мақалалар жаза бастадым. Орысша сөйлемеуге тырысып, нағыз ұлтшыл болыппын ғой сол кезде. \"Әр қазақ - менің жалғызым\". Осыдан екі жыл бұрын Қажылық парызын өтеу нәсіп болды. Қағбаны тауаф етіп жүріп, көп сұраған тілектерімнің бірі мынадай еді: \"йа, Алла, Қазақстаныма бейбітшілік, тыныштық бере гөр, дамыған елдердің бірі ете гөр, ұлдарымыз намысты, қыздарымыз ұятты болса екен\". Әр қазақ бақытты болсыншы. Жігіттеріміз өзін жан-жақты болуға баулысын, қарагөз қарындастарымызға қорған болсын. Аруларымыз да үйдің берекесін кіргізіп, сапалы ұрпақ тәрбиелеп бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отыратын аяулы ана болуға тырыссын. Ұлы тұлғалардың барлығының өміріне көз салсаңыз, ұлтын ерекше сүйгегін байқайсыз. Ұлтыңа деген ұлы маxаббат ұлылыққа жеткізеді. 51
26-қағида Қиындықтарды дұрыс қабылдай біл.
Қиындықтарды дұрыс қабылдай біл. Былтырғы жаз мен үшін оңай болмады. Бірнеше проблема қабаттасып, еркін тыныстауыма мүмкіндік бермеді. Көлігіммен абайсызда жаяу жүргіншілерді қақтым, жұмыста өзім тасымалдауға жауапты болған 26 млн тг-нің тауарын жоғалттым. Көз алдым тұманданып, айналам бұлыңғыр тарта бастады. Енді не істеймін? Қаққан адамдарымның жарақаты қатты болып, қылмыстық іс қозғалып кете ме екен? Жоғалған тауар табылмаса, 26 млн тг-ні өз қалтамнан шығару керек боламын. Мұндай ситуацияда позитивті ойлау өте-өте қиын. Дегенмен еңсемді түсірмедім. Бұл да бір Алланың сынағы дедім. \"Алла мені сүйеді, маған қалайтыны - тек жақсылық, мына ситуацияға салып, менің кейбір нәрсені тереңірек түсінуімді, мықтырақ, данарақ, сабырлырақ болуымды, Өзінің көркем есімдерін өмірден көруімді қалайтын шығар\" деп, өз-өзімді жұбаттым. Іштей соңы жақсы боп кететініне 100% сендім. Тек уақытша белгісіздік, \"енді қашан?\" деген шыдамсыздық күйі тыным бермеді. Дәл сол сәтте қолымнан келетінді істей бердім, жанымды жегідей жеген ойларға барынша ерік бермеуге күш салдым. Орнына жақсы нәрселер жайлы ойлауға тырыстым. Түптеп келгенде, бұл ситуацияны проблема немесе проблема емес деп қабылдау тек маған байланысты ғой. Оптимист проблемадан мүмкіндік көреді, пессимист мүмкіндіктен проблема көреді. 2-3 айдай осы күйде жүрдім. Алланың қалауымен бәрі мен ойлағаннан да жақсы болып шықты. Жаяу жүргіншілерге еш зиян тимепті, айыппұл төлейтін болдым, жүргізуші куәлігімді қайтарып берді. Жоғалған тауар ойламаған жерден табылды, басқа қалаға кетіп қалыпты. Қанша алаңдасам да, алаңдамасам да, болатын іс болды. Түсінгенім, өмірдегі қиындықтарға қатысушы ретінде емес, бақылаушы ретінде қарай білу керек екен. Мысалы, сіз көріп қойған киноңызды қайта қарағанда, басты кейіпкердің жағдайы қанша мүшкіл боп жатса да, қам жемей отырасыз, себебі соңы жақсы болатынын білесіз. Сол сияқты өмірдегі қиындықтарды (оның қиындық ретінде көрмеу де сізге байланысты, негізі) дұрыс қабылдай біліңіз, көңіліңіз тыныш болады. 53
Қорытынды Бүгін Алланың қалауымен 26 жасқа толдым. 26 жыл өмірім артта қалды. Осы уақыт ішінде түйгенім, түсінгенімді қағидалар түрінде жазып шықсам деп едім. Міне, бүгін соңғы қағидамды да жазып бітірдім. Бұл қағидаларды жазудағы мақсаттарым мынадай еді: (1) өткен өміріме шолу жасау, (2) ғұмырымда із қалдырған сәттерді естелік етіп жазып қою, (3) мүмкін кішкентай ғана өмірлік тәжірибемнің біреуге пайдасы тиіп қалар деген ой. \"Бұл өмірдің ең бақытты сәттерін Жазып жүрер болсыншы бір дәптерің. Бір оқып шық кездеріңде мұңайған Сол дәптердің шуақ сыйлар беттерін,\" - деп жазған едім бір кезде. Өмірде түрлі жағдайлар болып тұрады. Қуаныш пен қайғы астасқан өмір бұл. Осы қағидаларды қайталап оқып, көңіліме медеу көріп отырамын, мотивация болар деп ойлаймын. Осы уақыт бойы қолдап, жылы лебіздерін аямаған баршаңызға зор алғысымды білдіремін. Алла мәнді де сәнді ғұмыр кешуді бәрімізге нәсіп етсін! 09.05.2017 Алматы 54
Данияр Жігітбек 1991 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Алматыдағы №136 қазақ орта мектебін тәмамдады. IT университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқып, бакалавр және магистр дәрежесін алды. Бос уақытында өлең шығару, кітап оқу, жеке дамуға қатысты посттар жазумен айналысады. https://www.facebook.com/Zhigitbek https://vk.com/dzhigitbek https://instagram.com/dzhigitbek
Search