апасының үйіне соғып Болатты əкелуі де керек. Əй үлгерер... Мария Федоровна бүкіл жатақханада бір өзі қалыпты. Жаңа мамандардан əлі ешкім келе қоймаған. Аңылжыған бос үй. Көне диван. Үстінде саршұнақ секілді сопаң бет, сүйір тұмсық кəрі кемпір отыр. Тұздай көк көздерінің асты қатпар-қатпар. Əуелі танымады. Көзілдірігінің астынан сүзіле бір қарап алды. VI Мария Федоровна əбден қартайыпты. Сөйлегенде тұздай көкпеңбек көздерінде ұшқындап тұратын қуақылық болушы еді. О да сөнген. Ұзын мойнының тамырлары білеуленіп адырая түскен. Кəрі тарамыстардан əл кетсе керек – басы қалтылдайды. Жылауық болып алыпты. Аузын ашса-ақ, көзінің жасы сау ете қалады. Өз ошағынан қуаныш баяғыда қашқан байғұс кемпірдің өзін қадірлейтін бірер санаулы көз таныстарынан да айырылғаны жанына əбден батқан түрі бар. Əсіресе, Əбенді аузынан тастамайды. Төрінен көрі жақын кемпір кімнен қорықсын, мақтап айтады. Бүкіл осы қалада жаңғыз-ақ батыр жүрек қалыпты. О да мынау шіри бастаған ескі қызыл үйдің босағасын баққан өзі де тоза бастаған бейшара кеудедегі солып бара жатқан сорлы жүрек болғаны ма... VII Ажар сыртқа шыққан соң Əбеннің терезесіне қарады. Тарс жабық. Былтыр ақырғы рет қалай қоштасқаны есіне түсті. Түнеріңкі Əбен терезесін ашып салып, бұның соңынан телміре қарап қалғанды. Көк желкесін от қарып бара жатқандай, көшенің бұрышына жеткенше артына қарамады. Бұрышқа жете бере бұрылып қарап еді. Əбен терезе алдында əлі тұр екен. Мынау сол терезе. Ажардың беті қайта ду етті. Асыға басты. Келсе – Болат ұйқысынан оянған. Гуілдеп ойнап отыр. Өзі дəу де сергек. Көзін ашса-ақ, ыржалақтап мəз болады да отырады. Нағашы апасына бауыр
басып қалған бала Ажарға онша жалпыл қақпайды. Кіріп барғанда шақырса, бетіне қарап бір ыржаң етеді де, көзін аударып ап, қайтадан өзінің гуіліне басады. Елжірей төніп тұрған ананың көзінде, ондағы шым- шытырық ойларда оның ісі жоқ. Одан атымен бейхабар адам жаңғыз Болат қана емес-ті. Ажар баласын киіндіруге кірісті. Өзі өз болғалы тұңғыш рет бала киіндіріп отыр. Баяғыдан бері бағып-қағып жүрген апасы. Қазір де сол кісі көмектесіп жатыр. Ажар өз тəнінің жылуын əлі жоғалта қоймаған осынау бір кесек сүп- сүйкімді етке қолы тиген сайын өмірбақи ауызына алып көрмеген бір ғажайып шараптан ұрттап-ұрттап жібергендей көзі буланып, көкірегі елжіреп, бір əлдеғайып жұмбақ сезімге бөленеді. Тым-тəтті сезім. Алпыс екі тамырды алғаш иіткен перзент. Бірақ, аналық мейірім, аналық қамқорлықпен қоса дəл қазір Ажардың бойында көл-көсір қуанышқа тым үрейлі сақтық араласқан тағы бір дүдəмал сезім бар. Оның қалай аталатынын Ажар ол бойда біле қойған жоқ-ты. IX Ажар қайтар жолда өте асықты. Көк тайғақта бала көтерген ана да мина арқалаған адамдай аяғын санап басса керек еді. Бірақ, Ажар лыпып барады. Онысына өзі де таң қалды. Қол-аяғы, бүкіл денесі қауырсын болып ұшып бара жатқандай Болаттың да салмағын сезбеді. Құрсақ көтерген тоғыз айында да, одан бергі бір жылда да көкірегін бірде аш мысықтай тырналап, бірде жібектей желпіп келген əрі уəйім, əрі арман бір сезім бүгін ақырғы рет ақтарылмақ. Не де болса, күткен күн келді. Тезірек үйге жетсе екен. Ендігі Медет те келіп қалған шығар. Жоқ. Медет əлі келе қоймапты. Х Болатты қайтсе екен? Ол кіріп келгенде баласын көтеріп қарсы
алғаныдұрыс па, əлде керуетіне салып қойса ма екен? Мейлі, өзі келсін, көрсін. XI Бір рахат күн еді-ау. Алма ағаштардың жаңа гүл ашқан кезі. Үй-үйдің алды өңшең желбірек ақ сиса көйлек киген бала қыздар тізіліп тұра қалғандай уыз аппақ. Жер бусанып кеуіп жатыр. Топырақтан тандырдың исі шығатын тəрізді. Бəрі тіріліп, бəрі қаулап өсіп келе жатқан мынау өміршең дүниенің бір пұшпағын табаныңмен таптау күнə. Аяғыңмен жер басып жүріп болар емес. Ұшып кеткің келеді. Бірақ, ұшып бара жатып та, мұрт жарған гүлге соқтығып та, шашын өріп тұрған бойжеткеннің бұрымын іліп кетіп те мынау көсегесі көгеріп, құлпырып тұрған болмыстың бірдеңесін бүлдіріп кетуің мүмкін-ау. Тіпті, тырып етерге жəй жоқ. Рахаттанып жатқан үлкен дүниенің кішкене бір меңіндей көктемнің өмір сепкен күн шуағына сен де ауызыңды ашып қат та қал. Қозғалма. Ештеңеге қол көтерме. Дүние болары болып, кемеліне келіп тұр. Ғұмыры бұндай болып көрмеген-ді. Көктем еді-ау ол. Оның алдында аяз үрген, боран жапырған дүниенің талай кетік-кемісі толысты. Қозғамаңдаршы оны. Осы көктемнің артынан аңызақ шығып, оған ілесе қара суық түсіп бүлдіреді-ау енді. Опасыз уақыт-ай! Иə, көктем еді, Екеуі қол ұстасып тауға кеткен. Былтырдан қалған қалың қаудың арасында əлі сыз бар. Ызғар шашады. Əлдеқашан азуға ілініп, оталып кеткенде осы жер де бүгін былбырап кеуіп, шуаққа жонын тосып балқып жатар еді, оның желіндеп тұрған көкірегіне нəзік саусақтарын жүгіртіп, сəби өскіндер бас көтерер еді. Соны төл, соны ұрпақ дүниенің қызығын көріп дендері жайылар еді. Тіршіліктің əділ заңы солай. Ал, мына бір жексұрын қу қау белуарына дейін шылқып əлі тұр. Өрбір өмірді бөгеп тұр. Ол да үнсіз. Бұл да үнсіз. Екеуі де əлгі қауға қарап қапты. Екеуінің де көкейіндегі бір ой болса керек. Əлгінде екеуінің естігені де бір сұмдық жəй еді. ХІІ
Ол кең жауырынын күншуаққа тосып, төменге, сонау жасыл жалынға шомылып жатқан қалаға ызаланғаны да, налығаны да беймəлім томсара қарайды. ХІІI Бұл оның ой қуалап алыс лағып кеткен солғын жанарына үңіледі. XIV Кенет оның көзінде жалт ойнап, қатыңқы қабағы жадырағандай болды. ... Оның мықынын таянып, қатып қалған қос қолы бір сəт сылқ етіп төмен түсті де, тағы бір сəтте бұның иығына кеп артылды. Ойда жоқтан шоқтанып кеткен қос жанары бұның жүзіне үңілді. Иə зерттегені, иə разы болғаны бəймəлім. Əйтеуір, ұзақ үңілді. Сосын бұның шықтана бастаған кірпіктерін шынашағымен сүйкеп өтті де, қарынан тартып, баурайдағы көк төбенің күңгей бетіне алып кетті. XV Бой жетіп қыз болғалы, одан тұрмысқа шығып келіншек атанғалы, еркек құшқалы өмірінде алғаш рет жалаңаш тəнінің топыраққа тигені осы еді. Көктемгі топырақ өзінің қомағай да бауырмал жып-жылы, жұп-жұмсақ еріндерімен бұны құшырлана ұйпап жатыр. Тіршілік қуатының үш көзі – əйел тəні, күн нұры, топырақтың – үшеуінің де балбырап, үшеуінің де өмірге мас болып бұл тоғысқаны оның өмірінде енді қайтып оралмайтын
сирек сəті еді. Жас əйел өмірдің көкпеңбек түңғиық аспанынан бір сəтке ғана бұның ашық көкірегіне қонып, артынша пыр етіп қайта ұшып кетіп, зым-зия жоқ болатын мынау бір көгершін бақытты үркітіп алмауға тырысты. Жалаңаш тəнін жылы топыраққа сіңіре түсіп үнсіз жатыр. Көзі жұмық. Еріндері албырап, жүйе-жүйесінің бəрі балқып барады. Əбден күйіне келген домбыра шегіндей бүкіл денесі шиыршық атып, ширығып алған. Сəл леп тисе бұрын-соңды бұл көкірек сезбеген, бұл құлақ естімеген атымен соны алапат бір сырлы əуенді сыздырта жөнелгелі əзір жатыр. Міне, еркек кісінің ауыр денесі кеудесін жаншып, қатқыл да ыстық тəні өрттей шарпып жақындай түсті. Ақтарыла жөнелгелі тұрған алапат күй басталды да кетті. XVI Ол күй əуелі бұрқырап басталды. Мəңгібақи су баласын көрмеген, үрейлі көлеңкелер ғана жайлап үңірейіп тұрған қараңғы аңғардың қос қанатындағы жақпар тастардың бəр-бəрінен мың бұлақ бас көтеріп, мыңы бірдей шапшығандай арсы-гүрсі ақ сел тасқын ақтарылды да, сол тасқын мелшиіп-мелшиіп тұрған меңіреу тастарды олай бір-былай бір шапалақтап алып, топас тастардың түк былш етпегеніне жындары келіп, бəрі жиылып, əуп-əуп десіп, теңкиіп жатқан қой тастарды домалата, бүкіл аңғар бойын қайратты да қаһарлы бір қиқуға толтырып ойнақтай жөнелді. Əуелі арсы- гүрсі басталған ағын енді бірде сарқырап, сосын шуылдап, сосын сылдырап безіп барады. Біресе ақ тұлпары жер тарпып, ақ семсері жарқылдап ақ көз ашу шығады да, біресе ақ көйлегі желпілдеп, ақ балтыры жалтылдап ақ көңіл қуаныш секектей женеледі. Ойран-топан ашудың, кіжінген көктің орнын мəз-мəйрам қуаныштың алмастырғаны қызық екен. Адуын ақ жал тасқын мынау қапырық аңғардағы қапас бейбітшіліктің əңкі-тəнкісін шығарып күйрете алатын құдіретінің барына көзі жеткен соң кеңк-кеңк күліп ойнап кеткен сияқты. Көгінің қайтарын білген батырдың ұлан-асыр қуанышындай бір көл-көсір сел сезім... Бүкіл тəні түгел ұйып тыңдап жатыр. Бүкіл тəні түгел ұйып шырқап жатыр.
ЖҮНДІ БАРАҚ Желтөбенің етегіндегі ауылға енді жақындай бергенде барып байқады — батар күн құлақтанып тұр екен. Таяқ жеген қатынның көзіндей талаурап алыпты. Шашып тұрған сəулесі де ақ теңбіл, көк теңбіл, сары теңбіл боп əлем тапырықтанып кетіпті. Сойдақ тіс Сабырдың жүрегі дір ете қалды. Осы бір кішкене қыстақты шошытатындай сұмдық-ақ көп екен бұл дүниеде. Таң атпай жатып қатыны Күнше: «Шал-ау, түнде түсімде немістер біздің разъезді бомбылап жүр», — деп бір күңсітіп еді. Станңияның басында почтаға кіріп бара жатқанда Күйгентоғайдың дүкеншісі Дабылбайдың жолыға кеткені. Байғұстың жалғыз ағасы Ахметшені аюлар тас лақтырып мерт қылып кетіпті. Сиыршы еді. Өзен бойынан сиырын бауырайға айдап бара жатса, шоқ тоғай жақтан бақырған дауыс шығыпты. Мылтығын қолына алып, атын тебініп тоғайға кірсе, қобыраған маймақ аяқ сауыншы қатынды қолтығынан сүйрелеп, əлдеқайда дедектетіп алып барады екен. Жалма-жан тарс еткізіп ауаға атып жіберсе, жан керек мақұлық қатынды тастай салып қаша жөнеліпті. Содан өшіккен бе мал өргізіп шықса болды, бір аю тау бауырайынан тасыр-тұсыр тас домалатып, қу жынысқа сіңіп жоғалды дейді. Ақыры қапысын тауып, атын құлатып, өзін мертіктіріп кетіпті. Сабыр бұған басын шайқай-шайқай почтаға кірсе, пісте мұрын секпіл бет қыз: — Аға, мына араға қолыңызды қойыңыз да, мына қағазды алыңыз, — деп қақшаң ете қалғаны. — Бұл немене? — деп еді. — Сіздің разъезден соғысқа кеткен Текес Қайыровтың қазаға ұшыраған хаты, — деді. «Е, бəсе, бір сұмдықтың боларын сезіп едім-ау», — деді ол ішінен... Енді, міне, сол бір жапырақ қағаз жүрек тұсын қаралай мұздатып келе
жатқанда құдайдың күні одан сайын қу шұнақтанып қоя берді. Бетін ыққа салып, бір қырындап, бұқшиып келе жатқанымен бəрін байқап келеді. Анау өзеннің ар жағынан қатқан күртікті күтірлетіп келе жатқан аңшы Аманқұлдың күрең бестісі. Сонау шеттегі үйдің ығында қаңылтыр шелекті даңғыратып жүрген Текес сорлының он жасар қызы Бəтес. Темір жолдың бойында рельсті тық-тық ұрып жүрген соның əйелі Ажар. Сырмақ күртесін киіп ап, ертелі-кеш жолды қарап тентірейді де жүреді. Ажар десе ажар. Екі беті қызыл алмадай албырайды да тұрады. Көзі тостағандай. Көргеннің көзінің жауын алып жайраңдап жүретін еді. Бейбақ боп қалғанын əлі білмейді. Ол жетіп келмей тұрғанда үйіне аяқ іліктірсе екен. Үйреншікті əдетіне басып, жүрексіне тіл қатып: «Қайнаға, біздің үйдің кісісінен хат жоқ па екен?», — десе, бұл не демекші... Атын тебініп-тебініп қойды. Жан-жағын пішен үйіп қымтап тастаған тəпене қорасына кіргенде жүрегін зорға басты. Манадан бері албастыдай басып келе жатқан кенеп қапшықты төрге лақтырып тастап, пештің алдына барып, алақанын отқа тосып, ыстық табымен бетін сипады. Сосын орынан тұрып есікке беттеді. Алая қараған Күншеге: — Аманқұлға барып келем, — деді. Есік алдына шығып, шағын ауылдың о жақ, бұ жағына тағы бір көз салды. Текестің екі баласы бірін-бірі жетектеп үйлеріне кіріп барады. Шешелері мойынына иін ағаш салып өзен жаққа беттепті. Сабыр орта тұстағы түтіні будақтай шығып жатқан қоңыр үйге қарай аяңдады. Аңшы шəйін алдына енді ғана алған екен. Есігінен аттасаң, тұмсығың төрін сүзетін жеркепенің жартысына отын үйіліпті. Сабыр тоны қаудырлап, отынның үстіне отыра кетті. Сөзді Аманқұл бастады. — Сабыр, сен əрлі-берлі жүргеніңде із көрмедің бе? — Жоқ. Ондай ештеме көзіме шалынбады. — Жаңа қайтып келе жатып байқадым, ауылдың ту сыртына аюдың ізі
кепті. Біразырақ ілесіп көріп ем, Аңырақтың аңғарына бара бергенде, қас қарайып кетті де, кері оралдым. Жаңыл кемпір елеңдеп сыртқа құлақ түрді. —Бала жылай ма? Соның арасынша-ақ ботадай боздаған екі бала кіріп келді. Жаңыл кемпір баж ете қалды: — Бəтессің бе, айналайын не болып қалды? Апаң қайда? — Апам мана суға кетіп еді, əлі жоқ. —Не дейді? Қашан кетті? — Бағана, атам аттан түсіп жатқанда. — Одан бері бір шəй ішім уақыт өтті ғой. Мына тұрған суаттан əлі жете алмай жүргені ме? Екі шал түрегелді. Аманқұл төрдегі қара мылтықты қарына іле кетті. Сырт тас қараңғы. Аяз қарып тұр. Аяғыңды басқан сайын қарыш-қарыш тіс қайрайды. Суатқа беттеген соқпақтың ен бойында көз кідіртер ештеңе жоқ. Өзеннің қабағындағы қар айырттан. Əне əлдене қарауытты. Ойық. Оның басы да жым-жылас. Екеуі дереу кері бұрылды. Қайтарда да ештеңе көрінбеді. Кенет... Жайпауыт қабақтан аса бергенде жолдың оң бетінде əлдене күңгірт қарауытты. Аманқұл мылытығымен түртіп көріп еді — күбі. Қолдап су таситын қайың қара күбі. Төңірегі дөңгеленіп қарайып қалыпты. Төгілген су. Əлдекімдер опыр-топыр алысыпты, жолдың жиегі опырылыпты. Шалдардың жүрегі су ете қалды. Аманқұл мылтығын алып оқ атты. Суық кештегі жақпар тастар таңқ-таңқ жаңғырықты. Бірақ, одан бөгде дыбыс шықпады. Сілейіп-сілейіп біраз тұрып екі шал үйлеріне қайтты. Ажар сол кеткеннен мол кетті. Хабары шықпады. Қапелімде үрпиісіп қалған ауыл бірте-бірте оны да есіне ала бермейтін болды. Тек кішкене
Бəтес қана көндіге алмады. Ылғи көзі білеудей болып жылап жүрді. Ақыры қызылшаға тап болып өлді. Төрт жасар Кəрім Жаңыл кемпірге бауыр басып алды. Жаз шыға Аманқұл қария атына мініп аңына аттанды. Оның оралатын кезін бүкіл ауыл асыға тосатын. Анадайдан қарасы көрінгеннен-ақ тайлы- таяғы қалмай, оның жер кепесінің қасына жиналатын. Балалар жағы шыдай алмай алдынан жүгіретін. Бүгін де сандарын бір-бір шапалақтап алып, өкшелері жарқылдап шапқылай жөнелісті. Жете бере күндегідей бірі алдына, бірі артына жабыспай, аңтарылып тұрып қалды да, дереу ауылға қарай қызыл танау боп қайта шапты. Не боп қалды деп ентелескен жұрт аңшының артына біреудің міңгесіп келе жатқанын көрді. Аманқұл аңшы аң іздеп, тау кезіп жүреді де, шаршаған соң тынықпақ боп, атын көгі қалың өзектің бойына жіберіп, анадай жерде сеңкиіп тұрған оқшау жартастың үстіне барып қисаяды. Ту сыртынан күн қыздырып, сəл мызғып барады екен. Біреу көйгөйлеп жылағандай болды. Əйелдің үні. Қапелімде жүрегі дір ете қалды. Тұсаулы тұрған атына қарай ұмтыла берді де, əлгі үн тап аяғының астынан шыққандай болған соң, бойын жиып алып, жартастың о жақ, бұ жағына үңіле бастады. Үн күңгей беттен шығатын сияқты. Мылтығын қолына алып, жартастан төмен түседі. Шынында да үңгір бар екен. Əлгі көйгөй тұп-тура содан естіліп жатыр. — Əй, кім бар мұнда? Дауыс тиыла қалды. —Адам болсаң, жөніңді айт. Əйтпесе, атам. Тым-тырыс. Аңшы мылтығын үңгірдің төбесінен асыра атып қалып еді. Оқ шиық-шиық тасқа тиді. Үңгірдің іші баж ете қалды. Анық əйел даусы. — Айтасың ба жөніңді, жоқ па? Шық бермен! Тағы да тым-тырыс. Шал мылтығын тағы да тарс еткізді. — Егер бас артық киіміңіз болса, лақтырып жібереңізші. Шығуға ұялып тұрмын, — деді біреу үңгірдің түбінен.
Шал жалма-жан шекпенін шешіп лақтырды. Сол-ақ екен, теңкиіп жатқан дəу қара тастың ар жағынан қобыраған шаш көрінді. Ажар сөйтіп ауылға оралды. Келген əзірде жұрт топырлап төңірегін босатпап еді. Қазір сейілді. Оң жақ босағада жападан жалғыз отырады да қояды. Баяғы абысын-ажынның ешбірі маңына жоламайды. Осы отырғаны отырған. Мынау төрт қабырға мен кең əлемнің бір жапырақ үзігін ғана көзіне тосқан сығырайма терезе. Содан басқа қаймықпай көз салары да жоқ. Кəрім екеш Кəрім де бұған жуымайды. Қобыраған шашы, қара мүйізденіп жарылып-жарылып кеткен үсті-басы — бəрі де жұртты шошытатын болса керек. Анадайдан состиып-состиып тұрғандары. Бір күні бүл үйде жалғыз отыр еді, жүгіріп кеп, Кəрім есікті ашты. — Апа, апа..., — деп айқалай кірді. — Немене, құлыным? Бала жалт қарады. Бұны көріп қалт тұрып қалды. Ажар орынан көтеріле беріп еді, бала бақырып сыртқа қашты. Бұл қуып жетіп ұстай алды. Кəрім тулап бұлқынып жүр. Кенет Ажар пəлен уақыттан бері ұмыт болған ашуға мініп, Кəрімді жақтан шапалақпен тартып-тартып қалды. Сол арада үйге Жаңыл кемпір кіріп келді. «Ажар, жынданып кетіпті, Кəрімді қылғындырып жатқан жерінен Жаңыл кемпір үстінен шығып, əзер айырып алыпты», — деген хабар дүңк- дүңк етеді. Шақыртылмаған, қараттырмаған тəуіп пен бақсы да қалмады. Əуелі келіншектің қол-аяғын байлап апанға тастады. Артынан Аманқұл шал: «Бүйткенше өлтірсеңдерші, жұртым-ау», — деп аңыраған дауысынан төбе құйқам шымырлайды», — деп босатып алып, үйінің қасындағы шошалаға салып бақты. Арпалысып бой бермей жатқан ештеңесі жоқ. Тыныш. Берген тамағыңды ішеді. Үндемейді. Сабырдың қалтасындағы баяғы бір тілім қағаз тозып бітті. Əуелі соның хабарын сұрайтындай бейшара əйелге жуымай жүрді. Сосын бір кездегі албырап тұратын жүзі үсік шалған алмадай бүрісіп қалған мүскінге мүсіркей қарады. Ешкіммен ісі жоқ енжар жанарынан күдерін үзіп, бірте-бірте тіпті маңайына баруды да қойды. Аманқұл бір күні аю атып əкелді. Жұрт бұған да мəз-мəйрам болып қалды. Дін ашпаған тек Ажар ғана. Ол сонау көгілдір тауларға қарап
мелшиген күйі мізбақпай отыр. Аюда да, оның жүнді барақ терісін қызықтаған абыр-сабыр жұртта да еш ісі болмады. Ертесіне таңертең шошаладағы Ажар із-түзсіз жоқ боп шықты. Жел жақтағы кермеге іліп қойған аю терісі де зымқайым жоғалыпты. Арада бір апта өткең соң Аманқұл аңнан болдыртып қайтты. Екі көзі қызарып, бет-алды күлгін тартып, қабағы салбырап кетіпті. Кемпірінің шəйін бірер ұрттады да төсек салдыртып, оранып жатып қалды. Көп тілге де келген жоқ. Бар айтқаны: Ажар əнеу күнгі аюдың терісін бауырына басқан күйі баяғы үңгірдің ауызындағы қара тасты құшақтай құлапты. 1961 жыл.
АҚ ҚАЙЫҢ Бекеннің ресторан табылдырығынан аттағаны бүгін. Онда да қоярда қоймай жетелеп жүрген Мəлік. Мана институтке түскендердің тізімі оқылғанда-ақ: — Бала бұны кешке бір оқсатып жуалықшы, — деп қойған. Бекен Мəлікті бала күнінде бірер рет сыртынан көріп шырамытқаны болмаса жыға танымайтын. Осылай шығарда көкесі: «Бекенжан Алматың о шет, бұ шетіне жетіп болмайтын үлкен шаһар көрінеді. Көзтаныс біреу болмаса, сен құсаған аузы аңқиған қара баланың қай мəшіненің астында қаларын бір Алланың өзі білсін. Ана Сыдықтың баласы сонда қызметте қалыпты ғой. Қары(кəрі) нағашымыз еді, хат жазғызып берейін. Сол панасына алсын. Нəйістік жасап жоламай жүрме. Сенің бір жетім тайлақтай меңірейіп шеттеп жүретінің бар. Онда арам өлесің. Барған бойыңда тауып алып, таныс», — деп қатты тапсырған. Сөйткен Мəлігі сексеуілдің томарындай шымыр қара жігіт екен. Танауы тəмпіш, шашы да тістескен бұйра. Ұшып-қонып тұрған көзіне қарап, жылпос біреу ме деп қалып еді. Жоқ. Астанада жүргенімен, ауыл жігіттерінен көп ұзап кете қоймаған аңқылдақтау адам боп шықты. Бүгін түс қайтқалы бері бұны сылап-сипап əуре. Кетерде көкесі ауыл дүкеніне түскен жаңғыз габардин костюмді бұған алып бергенді. Чемоданның ең түбіне тыға салған киімде не сықиыт қалушы еді. Мыж- мыж. Оны да ретке келтірген Мəлік. Дүкеннен дүкен қоймай аралап, жағасы қаңылтырдан да қатты вьетнамның ақшаңқан көйлегін əперді. Керуетінің басында самсап тұрған көп галстуктың біреуін мұның мойнына тағып көріп еді, бұл қылғынып қалатындай қашқақтай берді. Мəлік бəрібір күштеп таққызды. Қазір үйренген сияқты. Қозғалып кетсе, əлденені күйретіп алардай, шеткерірек столда сіресіп отыр. Мəлік тағамдардың аттары жазылған қағазға тұқшиып қалыпты. Бекен көзімен ресторанның бұрыш-бұрышын
түгел тінтіп шықты. Көзі ешқайда аялдамады. Біржаққа ұзақ үңілсе, екінші жақта бір қызық болып жатып, содан құр қалатындай, жортақтата көз салады. Бақтың ішіндегі бұл көк жасыл үйді ол бұрын тек сыртынан көретін. Анау əн салатын жердің бергі жағындағы алаңқайда оқшау ақ қайың бар. Сабаққа əзірленіп шаршап кеткенде сол жерге кеп отырып демалатын-ды. Осы бір темір тор шарбақтын маңы сапырылысып жатушы еді. Ара-тұра тəлтіректеген біреулер де шығатын. Сонда көкесінің: «— Ондай үлкен шаһарда не жоқ дейсің, шырағым. Əсіресе, шайханасына жолама, өңшең маскүнем...» — дегені есіне түсетін. Сүйтіп, сыртынан тітіркеніп жүргені самаладай жарқыраған сəулетті жер боп шықты. Ішіндегі адамдары бірінен бірі өтеді. Өңшең сызылып, мызылып қалған ибалы адамдар. Киімдерін айтсаңшы. Əйел шіркіндердің де не келбеттілері болады екен ғой. Сол арада залдың бір басындағы сахна сияқты биік тұғырдың үстіне бес- алты жігіт шыға келді. Əжептəуір үлкен үй селкілдеп кеткендей болды. Ың- жың. Сəл мазасыздау. Бірақ, қызық. — Бекен, не жейсің, не ішесің? Мəліктің даусынан жалт бұрылса, столдарының жанында бүлдіршіндей қыз тұр. Сəлемдескені болар, иек тұсы сəл иілгендей болды. — Өзіңіз айта беріңіз. Қыз бұның дəл шынтағының тұсына блокнотын қойып, жазып алып жатыр. Бұндай білекті Бекен бұрын-соңды көрген емес. Сүйегі жоқтай жұмсақтығы көрер көзге беп-белгілі. Аппақ-ау аппақ. Мəліктің айтқанын жазып алды да, тық-тық басып келесі столға беттеді. Онша иіліп-бүгілген артық тағзымы жоқ. Өйтіп бағатындар қалтаңды қайтсем көбірек қағам деп жүретін көз бояушылар ғой. Мына қыздың қимыл-қозғалысында ондай бөтен-бұдыр ештеңе байқалмайды. Жүзі де бап-байсалды. Сол тық-тық адымымен асханаға кіріп кетті. Шамалы уақытта шыға қоймады. Сахна жақтың тарсыл-тұрсылы, шаң- шұңы кебейді. Залда сəл түтін көтерілген бе қалай... Бағанағы аппақ перделер кəгіс таратқан сияқты.
Мəлік көрші столдарды көңілсіз шолып, салғырт отыр. Бекен бірдеңе сұрап мазалағысы келмеді. Ас тасып жүрген даяшылардың үсті-басын, əсіресе аппақ мекиеннің келте айдарындай бастарына таңып алған бас киімдерін қызықтай бастады. Бір уақытта барып бұлардың даяшы қызы да шықты. Ақ уыз өңі күреңітейін депті. Темір табақша көтерген нəзік саусақтары сынып кетердей майысып тұр. Ешкімге, ештеңеге тіке қарамай, ұяң көз тастап, бұлардың столына бағыт алды. Жаңағы жазып алған жеріне, бұның дəл шынтақ тұсына өкеп табақшасын түсірді. Дастарханды түзеп, тез-тез шанышқы, пышақ қойып, бір ибалы бап-пен табақ таратты. Шампанды ашайын деп еді, Мəлік өзіміз-ақ ашармыз дегендей ишара қылды. Ол асхана жаққа қайта кетті. Бекен шанышқыға қол созды... Бұған дейін аузына шарап алмағандықтан ба, əлде қазір əлденеге ала қызып отырғандығынан ба, Бекенге шампан тез əсер етті. Тісіңді сындырардай мұп-мұздай суық өңешті қарып кетердей болып еді, көкірек тұсы оқыс жылынып барады. Мəліктің алдында жатқан ақ құйрық сигареттің бір талын тісіне қалай қыстырып үлгергенін өзі де байқамай қалды. — Міне, жігіт, — деп Бекен тамызық тосты. Оркестрдің қасындағы микрофонға тұла бойы буылтық-буылтық, тарғыл көйлек киген тарғыл əйел барып тұрды. Мохорка күйдірген мұрттай жіп-жирен шашын бір желп еткізіп тағзым етті. Басын қайта көтере беріп, қос құйрығын көк сиямен тіле тартқан қиғаш көзін залға бір жүгіртіп алды. Қыдырымпаз жанарын кілт кідіртіп, ебедейсіз үлкен аузын кере, темекі тартқандықтан сарғайып кеткен ірі тістерін көрсете күліп, əн бастап кетті. Тарғыл əйелдің даусы да тарғыл сияқты. Бекеннің құлағына түрпідей тиді. Мынау əйел əн салған соң залдың түтіні бұрынғыдан да көбейіп кеткендей. Адамдардың күңгірт жүздері əр қилы киім көк ала түтіннің арасынан су ішіндегі нəрседей алашабырланып көрінеді. Бас айналдыратындай. Бекен тағы да даяшы қызды іздеді. Ол алыста емес, тап қастарында, терезе түбіндегі бос столда отыр екен. Залмен кеп ісі жоқ. Күңгірттеніп бара жатқан кешкі көкке, барған сайын аралары жиілеп, тұтаса қарауытқан
қарағайларға қарап терезеге үңіліпті. Сырттағы тор шарбақтың ішінде де жұрт көбейген. Бекеннің беті ауған жаққа лаға беретін қаңғыбас жанары терезеден секіріп түсіп, шарбақ ішінде сыра сораптан отырғандарды кесіп өтіп, қара ала, сары ала киінген кəрия күзетіп тұрған темір қақпаға барып тіреліп кері қайтты, Даяшы қыз қыбыр етпей əлі отыр. Кішкене жұмырығына жағын таяныпты. Толық болғанмен қысқа емес сағақты мойны бір ерекше сəнмен иіліпті. Мөлт қара шашты желкеде, самайда — еш жерде қобыратпай төбеге қарай кетере түйген. Баста сызданып баққанмен келе-келе мінезін таныта алатын жеңілтек адамдай ресторан іші бағанағы байсалды сəулетінен айырыла бастады. Оркестрдің тап түбіндегі шеткі столда отырған біршөкім үшкіл мұрты бар сұр кительді қып-қызыл адам қолқалап «чечен вальсін» орыңдатқызып еді, ас үйдің есігіне тақау столдағы арық қара орнынан атып тұрып, кең балағы тірсегіне оратылып, тəлтіректеп барып, оркестрдің сол қанатында рояльда отырған бұйра шаш əйелдің білегінен ұстай алды. — А-ақ маңдайлым, — деді қырылдап, қалтасынан жалма-жан қызыл ала қағазын суырып алып. Оркестр ойнап кетті. Қылқылдаған қунақы əуен төгіле жөнеліп еді, бұлармен көрші столда отырған жуан сары мен шиқан қызыл мықыр адам таң атқалы қызыл кеңірдектесіп отырған дауларын тия қойып: — В диких степях... — деп гүж ете қалысты. Одан арғы столдағы тұмсығы кегіс, желке шашы уда-дуда семіз бəйбіше жұдырығымен столды қойып қалып еді, иін тіресіп тұрған шынылар бір- біріне соқтығысып баж ете қап басылды. Оркестр бір желдіртпелеу əуенді безектетті. Жаңағысыны бəріне селқос құлақ сап, сигареттерін түтіндетіп отырған талдырмаш қара торы жігіт пен жалбыр шашын қақ маңдайдан шорт кесіп кекіл қойған көбелек етек қара қыз орындарынан атып-атып тұрып, билей жөнелді. Арбасқан теке лақтардай бір-біріне біресе шап беріп, біресе кейін шегінісіп кетеді. Екі иық, мықың тірсеқ екі қол — бəрі де делебе қоздырар жүйткіме ырғаққа ілесе алмай жанталасып бағуда.
Осынша дырдудың ішінде бағзы бір салтанатты тыныштықтан қалған жаңғыз жұрнақтай даяшы қыз міз бақпай бұрынғы орнында əлі отыр. Өзге даяшылар дуылдатып жатқандарға я тістерін жарқырата күліп, бастарын изеп қошамет білдіреді, я еріндерінің бір қиығына салмақты салыңқырай күлімсіреп, кекесінді нышан білдіріп жүр. Даяшы қыз оның бəрінен аулақ. Əдепті жанарында бір буалдыр мұң бар сияқты. Қарашығы тым керенау қозғалады. Бұлар отырғалы да біраз болыпты. Мəлік қызды есепке шақырды. Ақша ұсынып жатып, əлдене айтып еді, қыз бағанадан бері осы арада ғана езу тартты. Залдан шыға бергенде: — Бекен, сен анау эстрада жаққа бара бер, мен бір таныс адамды көзім шалып қалды, сəлемдесе шығайын, — деді Мəлік. Бекен тор шарбақтан шыға беріп, артына бұрылып қарап еді, бұлар тұрып кеткен ашық терезенің жанында даяшы қызбен Мəлік сейлесіп тұр екен. Бекен өзіне таныс ақ қайыңның жанына келді. Ар жақтағы эстрадада ойын көріп отырған жұрт əлденеге қыран топан күліп жатыр. Бір-бірімен бой таластыра тығыз өскен көп теректің ішіндегі сəл ашық алаңқайда алтын шаш екі қайың əлденеғе жетімсіреп жалғыз тұр. Оның қап-қара түнгі аспанның астынан алыстағы шамның сүйқылт нұрына шомылып, баданадай-баданадай боп мөлдіреп көрінетін жапырақтары бірдеңеге өте-мете ұқсайтын тəрізді. Дəл неге ұқсайтыны қанша ойланса да, есіне түсіре алмады. — Бекен, неғып тұрсың? Шамасы, қуып жеткен Мəлік болса керек. — Ой, бала, ағаң қатырды. Əлгі қызды көрдің ғой. Анада біздің бір қаққан жігіт айтып еді. Көнді. Ертең демалысы көрінеді. Бекен тыңдаған да жоқ, ұққан жоқ. Мəліктің аузынан шыққан сөздер Бекеннің көңілінде суға батпаған шөп-шаламдай қалқып жүр. Көзін ақ қайыңнан айырар емес. Ə, есіне енді түсті. Көз жасына ұқсайды екен. Түнжыр қара алып жанардан ағып келе жатқан алып тамшылар секілді.
Жүріп кетті. Мəлік қатарласып, қолтығынан алды.
ОР ТЕКЕ Əр жылғы əңгімелерден Теріскейдің ызғырық желі қатарынан пəлен күн қадалып тұрып алатынды шығарды. Биылғыдай қоңыр салқын жайлы жаздың арты бүйтіп аяқ астынан шиырығып кетеді ғой деп кім ойлаған?! Тірсектерін ызғар тістелеп күнгейге қарай жөңкіліп келе жатқан бір үйір киік екі жағынан екі дария ағып кеп, бір-біріне құяр тұстағы аша түбек ықтасын ойға енді еңкейе бере, едірейіп-едірейіп тоқтай қалысты. Естерінен шығып кетіпті... Жылда шілде түсе жол бойындағы шашыранды құмақтарға малтыға- малтыға əбден қаталап біткен жүріс соқты саяқ үйір осы бір саялы ойға жеткенде рақаттанып жатушы еді. Тізеден асқанша жүзіп барып, тұнықтан қанып ішіп, анадай жердегі жалғыз қыраңның күн батыс бөктеріндегі көне молаға кідіріп, бесін ауғанша көлеңкелеп, тыраңдай аунап-қунайтын. Биыл да олар түстіктен теріскейге шұбырып келе жатып, əлгі аша түбектің құбыла бетіндегі айқай қара жалдың басына андыздап шыға келгенді. Сөйтсе... Анадайдан ақсиып «мен мұндалап» жататын бұлардың суатқа құлайтын үйреншікті сүрлеуі жым-жылас жоғалған. Жер түбінен оқшау қарауытып тұратын көне мола бір жылдың ішінде осынша көл-көсір боп өсіп кеткендей дарияға дейін қараң-қараң жалғасып жатыр. Алыстан аптығып жеткен арда үйір сілейіп тұрды да қалды. Өз көздеріне өздері сенбей тесіле қарайды. Осының өзі бұлардың бауыр басып кеткен үйреншікті аша түбектері болса жарар еді... Төңіректі тұтас көмкеріп тұрған ұзыншұбақ жатаған жалдар сол баяғыша сағымға малынып маңқиып-маңқиып жатыр. Екі жақтан да доға жасап алыстан орағыта ағып келген екі өзен сол баяғысынша сағымға ұласып жермен- көкті телегей теңіз етіп қалқытып жіберген. Тек анау теңкиіп-теңкиіп жатқан ығы-жығы қарайғандар ғана көзге тосын. Тек анау бұлар суатқа құлайтын қасқа сүрлеуді айғыш-ұйқыш тілгілеп тастаған қара-бұйра жал-
жал топырақтар ғана көзге тосын. Бұл екі аяқтыларға не көрінген? Қанша жерден қырық жыл қырғын аштық келсе де, бүйтіп ата-баба зиратының түбін қорс қып астын үстіне шығарып, аш ішектей шұбалтып, тап бүйтіп қолдың саласындай бір-бірімен жабыстыра аран қазбайтын еді ғой! Аран деуге тым тайыз сияқты. Əлде анау ербең-ербең қимылдап жүргендер қабыр қазып жатқандар ма екен? Бірақ, бүкіл бір түбекті осынша тілгілеп тастайтындай бұл елге тап биыл, тап бұндай төтен індет келмеген секілді еді ғой. Кеше жолдағы елдің қозы айырып, қой сауып улап-шулап жайбарақат отырғандары қайда! Ендеше, ата зиратының басынан осынша далитып қабыр қазып бұл немелерді не қара басып жүр? Қабырды бүйтіп жер қайысқан қара-құрым жиын боп келіп қазушы ма еді бірақ? Жəне осылай аяқ басар жер қалдырмай тілім-тілім қорс-қорс қып қазушы ма еді? Əне бір бөксесі күнге шағылысып жалт-жұлт етіп шөккен түйедей дөңкигендері немене? Өздері жатыр ма? Тірі ме? Жоқ, қозғалып бара ма? Не де болса, бұлары бұрын-соңды көре қоймаған құбыжықтар. Не де болса, бұлары бұрын-соңды біле қоймаған гəп! Бəрінен де мына қолқаңды атып бара жатқан нені айтсайшы. Егінжайдан түтін көрінбейді. Бірақ жер-көктің бəрін өрт жалап кеткендей. Күңірсіп тұр-ау, күңірсіп тұр, Бұрын-соңды бұндай иісті білсе не істейсің! Ендеше, сырын білмес істің сыртынан жүрмеген абзал... Тағы үйір қара жолдың басымен шығысқа бет бұрып, екі өзенді былайырақтан, жоғарырақтан барып кесіп өтті. Сосын ала жаздай не шыбын, не бөгелек, не сəйгел кезікпейтін кереметтей самиян жазықта рахаттанып жайылып шықты. Биылғы жаздың жайлы болғаны сонша, əлгі бір жүрек дірілдетер тосын жəйт естерінен тарс шығып кетіпті. Жуықта жел теріске аунап, ауадағы ызғар бірте-бірте шымырыға түскесін күнгейге бет түзегенде жылда-жылда жүріп қалған үйреншікті сүрлеулеріне түскен-ді. Енді, міне, тағы да кеп тығырыққа тіреліп тұр. Аша түбектен анада көздері шалған жал-жал топырақ қазір бұрынғысынан да ұлғайған. Қазір кең алқапты ауызы-мұрынынан шыққанша түгел толтырыпты. Анадай- анадайдан дөңкиіп-дөңкиіп тұратын қара жалдардын ақ селеулі сауырларынан да саутамтық жоқ. Қамшының таспасындай тілім-тілім. Əр жер-əр жерден дөңкиіп-дөңкиіп тұрған жалтыр табан темір шоқылары бұрынғыларынан да үрейлі. Жан-жағына жал-жал топыраққа келіңкіремейтін əлде бір қалқалармен қоршаған шаршы алаңқайдың ішіне самсатып киіз үйлер мен делдиме шатырлар тігіліпті. Киіз үй мен шатырлардан да басқа бірдеңелер қарауытады. Ұлы түздің жалба тымақ
тұрғындарының ата-бабаларының басына тұрғызатын тас молаларына ұқсайды. Бірақ, олардан гөрі биігірек сияқты, қабырғасына сығырайтып тесік қалдырыпты. Төбесіне шошайтып əлдене шаншып қойыпты. Онысынан бұрқырап түтін шығып жатыр. Мынау бейтаныс екі аяқтылар əлгі тас мүсін молаларына бір кіріп, бір шығып тыным табар емес. Бұларға бірдеңе көрінген шығар. Мынау ұланғайыр сахараны қанша шарлап жүргендерімен айдаладағы тас моланы түтіндетіп, паналап отырған екі аяқтыларды ұшырастырып тұрғандары осы. Мынандай сауырыңды шағар ызғырық суықта бұл жақта ел қалмайтын секілді еді. Мыналар нағып қалып қойған? Бұлардың қора-қора қойлары қайда, үйір-үйір жылқылары қайда? Мына жол-жөнекей өткен жерлердің ақ оты мен қара отына тіс тимепті. Дін аман тұр. Сонда мал келмегені ме... Жаңа көшкен жұрттың орыны да байқалмайды. Биылдыққа ел жоламағаны ма?! Ендеше, мында не бітіріп жүр? Жердің астын тап бұлайша тілгілеп тастағандары қалай? Мынау боз дөңдерді аспан астын тақ толтыра киік айдап өтсең де, тап бүйтіп қорс қылып кетпес еді-ау? Ендеше мыналардың ел үркітер бір сиқырлары болғаны ғой. Екі аяқты ел безінгенге мына құбыжықтардан төрт аяқты бұлар қайтып сескенбесін... Қара жалдың басына қаптай көтерілген тағы үйірді көріп, қызыл жал топырақ қоршаудың ішіндегі құжынама қуыстардан екі аяқтылар қаптап өріп шыға келді. Жазда айдалада арқайын жайылып жүрген бұлармен істері болмап еді. Бұл жолы ауыздарын ашып анталай қарап қапты. Мына тұрыстары тегін тұрыс дейсің бе? Абырой болғанда, белдеулерінде байлаулы тұрған аттары көрінбейді. Қастарында құлақтары ербиіп тұрған иттері көрінбейді. Маңайдағы бұта-бұталардың түбіндегі топырағы қопсып жатқан ешқайсысы жоқ. Əлгі бір тірсегінен шап беріп шыбын жанынды шырқыратып көзіңе əкелетін қанды ауыз темір тұзақтарын құрып тастаған жердің шөбі сиреп, топырағы қопсып тұратын еді... Бірақ, бұлардың айласын кім таусып біліп болған? Не де болса мынау жылда соғып, емін-еркін аунап-қунап қалатын бостан мекендері енді көздерінен бір-бір ұшқалы тұр. Үйреншікті суат, үйреншікті сүрлеу, үйреншікті сая мұншалықты ыстық болар ма... Қара жалдың басына қаз-қатар өріп шыға келген тағы үйірдің ересектеу жағы лақтарын тазы ит қуып жетіп қарнап кеткендей, төл жағы енелері қақпанға түсіп қалғандай қараптан-қарап көңілдері құлазып тұр.
Алдыңғы жақта, анадайдағы алда төмпектің басында алшайып оқшау тұрған ор теке шырқ айналдыра қоршап қойған көп молаға ұқсас үйіктердің бір пұшпағындағы қаққан қазықтай қадалып екі аяқтың көзінің алдынан бірдеңе күнге шағылысып жарқ-жұрқ ете қалғанда ытқып ата жөнелді. Қалған үйір де, сол-ақ екен, көш басшыларының соңынан салып берді. Тағы бір үйір бұл жолы да қара жалды өрнектеп шығысқа тартты. Далиған ықтасын ойдың шығыс жақ құйрығындағы қабыршақтанып тасы шығып жатқан қырпық жүлгеге сіңді де кетті. Пəлен күннен бері мігір көрмей жөңкіліспен келе жатқан су аяқ үйір осы арада аял жасамақ. Мынау біраздан бері алашабырланып тұрған аспанның, тірсектерін жалап, сүйектерін шағып бара жатқан суық ызғардың ойнақтай басқан одыран текеге ұқтырып келе жатқан өз пəрмені бар. Қалған үйір қарадай қалтырап-дірілдеп, тек суыт жүріс, жөңкіліспен қана бой жылытып келе жатса, ор текенің шабының арасына от түсіп кеткендей, бүкіл бауыр түс күйдіріп-жандырып шыдатпай барады. Əлде бір құдірет: «Сол қызуыңды мынау соңындағы бүрсеңдеген көп тобырға бөліп тарат... Сен салған шоқ келесі көктемге дейін олардың да бойын балбыратып, алдағы қыстан аман алып шықсын», — дейтіндей. Көкірек тұсынан сонау жұқа шабына дейінгі екі аралықты тызылдатып алып бара жатқан сол пəледен тезірек құтылмаса, бірте-бірте буын-буынын діріл алып, қарап тұрып құлап қалар түрі бар. Көзінің алды қайта-қайта қарауытып кетеді. Бірақ, мынау қарақұрым үйірге екі жылдан бері өзі ие болып келе жатқан жас теке ондай шаруаның ызғыған ала дөңде жүзеге аспайтынын, оған да жайлы мекен, ықтасын керек екеніне қанығып болған. Əдетте ашық аспанды жамылып, айдаланы төсеніп, емін-еркін түнеп, емін- еркін өріп жүрген тағы үйірдің көсемі мұндай киелі істі аяқ асты құла дүзге қор қылмайтын-ды. Олар да белгілі бір жерде күйт басып, белгілі бір жерде төл өргізетін. Бұл үйір де бір кезде сонау күнгей жақтағы сеңгір-сеңгір қара қошқыл таудың теріскейіндегі көк тасты көп аңғар, көп қолтықтың біреуінде матау алып, жылмиып жатқан сары барқын жазықтың салқын беліне кеп құралай өргізетін. Одан бері де талай зобалаң өтті. Екі аяқтылар сеңгір-сеңгір қара қошқыл таудың екі бөктерін де қасқыр тиген қотандай бөрліктіріп бірдеңелерді қазды, бірдеңелерді үйді. Күнде дүрсіл, күнде тарсыл өлкеге аяқ басу түз тағысына да қауып болмай қалған жоқ. Сөйтіп жүріп осы бір төрт аяқты шағын жабайы қауым сұр жазықты аяқтай жығылған қалың құмнан əлгі қара қошқыл тау жаққа беттемей, бірден
теріскейге қарай шұбыруға үйренді. Матау алатын да, төл өргізетін де жерлері өзгерді. Мынау ұланғайыр кеңістікте бұлыңдаған бұлдыр боздың арасынан сауырын оннан бір, мұннан бір көрсетіп соңына ерткен кəнігі көш басшылары да əбден қартайды, бойынан əл кеткендіктен бе, жоқ төтен келген ажал ма, алдыңғы жылғы қатты қыста айдаладағы жыланшық өзеннің бойындағы бір оппа қарға түсіп кетіп, қайта шыға алмай малтығып өлді. Бассыз үйірдің алдына осы бала теке түсті. Бала текке балалығын жасады. Былтыр да осы қара суыққа жолда ұрынып, сонау жыланшық өзеннің бойындағы үйреншікті қара аңғарға жете алмай, жаңағы аш түбектегі жаңғыз қыранның ығында матау алғанды. Содан өрген төл, қаралай қутыңдап, міне, соңындағы үйірдің ішінде келеді. Биыл да байқамай ұзақ жайылып қалыпты. Биыл да əлгі ықтасын ойды жер түбінен аңсап көзі қарауытып зорға жеткен-ді. Өздерінен өздері бұтқа толып кердеңдеп жүретін екі аяқтылар сенің ұзақ жылда бір келетін күйтіңді қайтсын! Тірілей жүріп, тас мола салып, тұнық ауаны түтінге бөктіріп тұмандатып отыр. Сол бір жексұрын иіс танауын желге қанша тосса да, кетпей қойғаны... Мына бір жақ қапталы жақпар тасты жымысқы жүлгені анада жазда терістікке бет алып бара жатқанда көзі шалып қалған-ды. Жақпар тастың бір жақ сілеміндегі қабыршақтанып түсіп жатқан көк тасты көргенде көзі шоқтай жайнап қоя берген-ді. Бала теке кезінде сонау жыланшық өзеннің бағында кəрі теке жалайтын тұяқтың көлеміндей ғана тығырық көк тасты абайсыз жалап қалып, тұла бойына шоқ түсіп кеткендей тызақтап, жер- көкке сия алмағаны бар. Сонда байқамай жалап қойған сілекей-сілекей көк тастың қоңырсық исі қолқасын атып кетпей қойғаны. Қанша жата қалып шөпке аунаса да, танауын желге төсеп, тасырлай шапқыласа да, əлгі бір əлем-тапрық иіс ыдырамай қойғаны. Бұрын мұндай иісті кəрі текеден ғана байқап, оның маңайынан жүргенде бір түрлі тұла бойы түршігіп кеткендей болатын. Енді, міне, кəрі теке үйірдің алдында, бұл үйірдің артында жер түбінде келе жатса да, сол бір əзəзіл иіс аңқиды да тұрады. Тіпті ара-тұра үйірден бөлініп саяқ кетіп те көрді, əлгі иіс бəрі бір танауын жарып бара жатады. Сол бір сұмпайы иістің басқадан емес, өзінен өз бауырынан шығып жүргенін сонда барып аңғарды. Енді езінен өзі жиіркеніп жұртқа жоламай оқшау жүруге тырысты. Үйірдің жел жағына шықпай, ыққа қарай ығыса беруге əдеттенді. Бірақ, жұрт бұдан жиіркенеді ғой десе, кейбір жас тушалар əдейі осылай қарай ойыса жайылғанды жақсы көреді екен. Бірдеңеден үркіп, бүкіл үйір боп үрпиісе қалған тұста олар бұның бүйіріне
сүйкеніп, бауырына тығыла түседі. Бұдан бұрқырап жүрген бұзақы иістің біреулердің танауларына майдай жағатынын бұл сонда барып аңғарды. Енді ол иістен өзі де жиіркенбейтінді шығарды. Қайта мақтан тұтатындай. Енді үйірдің жел жақ бүйірінде ылғи сол жүргені. Əлгі бір сиқыр иіс күннен күнге күшейе түсті. Күшейген сайын бұл үйірдің алдындағы кəрі текеге көзі қанталап, едірейе қарайтынды шығарды. Бұрын қасындағы серіктеріне дұрыстап көз тоқтатпаушы еді. Енді күндіз түгілі түнде жусап жатқанда көз алдынан қайдағы бір бұлтыңдаған жұмыр жондар мен жылтыраған жылмағай сауырлар кетпей тұрып алатынды көбейтті. Жас тушалардың көбінің иісін айқын ажыратып алуға жетілді. Бөксесі арбаңдаған кəрі ешкілер бұған əлі онша үйір емес. Ал ойнақтаған жас тушалар кəрі теке қанша мекіреніп қайырмалағанмен, оған қарай беттемей, ылғи зып беріп, бұл жүрген жаққа қарай жылысып кетеді. Құм арасындағы ала қарды қуалай жайылған тағы үйірдің жел жақ бетінде келе жатып, жас теке мына қыстан аман шықса, анау тұқайы сыртылдаған кəрі текенің түбіне жетпей тынбайтынына бірте-бірте сене бастады. Одан тіпті қыңбайтын, қысылмайтын болып алды. Жел жақтағы бұны көргенде кəрі текені де бір тосын діріл билеп кететіні байқалып жүр. Бұрынғыдай одыраңдап, ойқастай баспай, үйірдің жел жақ қапталына қайта-қайта жалтақ-жалтақ қарағыштайтынды шығарыпты. Бұған алаң болам деп жүріп, сүрлеуден адасып қалатынды жиілетті. Суатқа бірнеше рет бұрын жүріп көрмеген бөтен жақтан құлаймын деп, талай лақты жардан ұшырып ала жаздады. Талай рет бөрінің жымының үстінен өтіп, қырылып қала жаздады. Қапталдан қосылған тазыны көрмей қап, бірнеше лақ қанжығада кетті. Əлгі ажалына жетіп тынған қатты қыста да жел жақтағы бұған ерегесіп, желдей-желдей, сай тұйығындағы жентек қарға түсіп кетіп, шықпай қалды. Алдарындағы омбы қарға белшесінен батып, бақырып жатқан көшбасшыларын көріп, тағы үйір кілт тоқтады. Кəрі текенің жан дауысы шығып бақырғанынан ешқайсысы көмекке шақырғаны деп түсінбей, «мынау ажалды жүнгеге жоламаңдар!» деп ескерткені деп ұқты. Бəрі де тығырық сайды айналып өтіп, өзеннің ықтасын аңғарына барып құлап, жарқабақ тастың астындағы тар қуысқа тығылып, бүрсеңдеп тұрып бойларын жылытты. Күртікке батып шыға алмай, қылғына бақырған кəрі текенің дауысы бəрінің де құлағына жетіп жатты. Бірақ, суықтаң өлімнен қорыққан үйір мынау төбелерінен өкпеттей төнген жақпар тас қазір жапырыла құлап астында қалса да, аттап шықпастай боп, дір-дір етіп
тұрды да қойды. Кəрі текенің дауысы əлсірей-əлсірей біржолата семіп тынды. Содан олар боран басылғанша əлгі қоныстан кетпеді. Боран ішін тарта жас қарды жасқана басып, буы бұрқырап жатқан қара судың бойын бойлап, еріске шыққан үйірдің алдында одыраңдай басып, жас теке келе жатты. Көш бастаған көсемдікке де бірте-бірте еті үйренейін деді. Жер басқан төрт аяқтының көк желкесінен шыққан көп дүсірден сескенбейтіні жоқ. Сескенбейтіндер тек көсемдер ғана. Көк желкеден шығар дүсір неғұрлым көбейе түскен сайын олардың жандарына майдай жаға түседі. Аяқ басқандары алшаңдап, бастары да кекжие түседі. Көсем теке соңына үйір еріп, алдына матау байланғанда ғана мүйізі қарағайдай боп, аяқ-қолы жуандап, көзінің аласы көбейіп, айбынданып алады. Оған былтыр күзден бері көзі жетіп жүр. Былтыр күзде соңындағы үйірді манағы аша түбекке айдап əкеп қамағанда, біразға дейін тілерсегі дірілдеп, өзіне-өзі келе алмады. Баяғыдағы кəрі текеден көргенін жасап, үйірді шырқ көбелек иіріп, ақыра мөкіреніп, жерді тарпып-тарпып қалып еді, сақа ешкілер қайқаңдап бір жаққа ойысып, əлде бір көзге көрінбес құдірет құрып кеткен сиқыр көгенге көгенделіп қалғандай, тізіліп-тізіліп тұра қалды. Олардың қатарына құйрықтарын шошаңдатып жас тушалар да барып тұрды. Қыбыр еткен ешқайсысы жоқ. Құла түздің барша дыбысы өше қалған. Мынау жым-жырт тыныштықты бұзуға өзінен басқа ештеңенің тəуекелі тұрмастай. Тамағын кенеп мекіреніп қойып еді, кəрі текенің дауысынан гөрі жіңішкерек шықты ма, қалай... Жіңішкелік жүрген жерде қаншалықты қауқар болады дейсің! Жіңішке дыбыс ― əлжуаздықтың белгісі. Мынау алдында қаз-қатар тізіліп тұрған көп сауыр мұның шіңкілдеп шыққан жарқыншақ дауысын місе тұтпай, мүсіркеп тұрмасын. Көзінің алды қарауытып барады. Бар салмақты кеңсірігіне салып, ышқына мекіренді. Жерді тарпып-тарпып жіберіп, тап алдындағы жоны дір-дір етіп, тағат таба алмай тұрған жас тушаның сауырына бір-ақ ытқыды. Көзінің алдының қара тұманы қалыңдап, сүлдері құрып бара жатты. Мына тіршілікке келгелі бүйтіп діңкелеп көрмепті. Дəрмені сарқылып, қазір үгіліп кетейін деп тұрса да, тап мынандай рахат халді де бұған дейін көре қоймаған екен. Содан бұл суытқан арғымақтай жеңілденіп жүре берді. Бауырына қоламта байлап қойғандай, күйдіріп-жандырып шыдатпай бара жатқан төтен ыстықтан құтылғасын аяқ қолы жерге тимей сонау ұлы құмдарға құс болып ұшып жеткендей. Қыс бойы қалың үйірін қызғыштай қорып, бір тыным таппады. Шөпті, желді, иісті айыруға əбден жетілді. Жер түбінен
шыққан иіс əуелі соның танауына, жер түбінен шыққан тықыр əуелі соның құлағына жетіп келеді. Сейтіп жүріп өзі де əбден пісіп, сақалы сапсиған сақа текеге айналды. Анада көктемде үйірін бастап қара суға енді бас қоя бергенде байқады ― алдында мойыны жұп-жуан, көзі қып-қызыл, сақалы салбыраған бір бөтен теке тұр. Бұны мұқатқысы келгендей, тұмсығын шүйіріп керенау көз тастады. Мынау қолтығы сасыған қаңғырма неме қайдан жүр? ― деп жалма-жан ытқи шегініп, мүйізін оңтайлап беріп еді, үйіріндегі іші бұлтиған шошақай тушалардың біреуінің селтеңдеп əлгінің қасына барып сүйкене кеткені. Əлдекім бұның да бүйірінен түртіп қалды. Жақтырмай жалт бұрылып еді ― əлгі шошақай бөтен текенің емес, өзінің қасында тұр екен. Сөйтсе, судағы сурет ― бөтен теке емес, өзі екен. Жаздай ың-шыңсыз жайбарақат жайылып, қазір тіптен күдірейіп алды. Былтыр күзде бауырына қоламта салып күйек қап байлап қойғандай тызалақтап жүре алмаса, биыл маздаған қызыл шоқтың өзің салып жібергендей. Мынау жымысқа жүлгеге өртеніп кетпей əзер жетті. Жеткен бойда алдыңғы аяғымен жерді тарпып-тарпып жіберіп, тұмсығын шүйіріп, мекіреніп қалып еді, кеңсірігі дар-дар етіп жыртылып кеткендей болды. Жас тушалар тугілі сақа ешкілердің өздерінің сауырлары дір-дір ете қалысты. Əлгі бір көзге көрінбес жұмбақ көгеннің тағы да құрыла кеткені. Көнбіс үйір тағы да соған байланып тізіле кеткені. Өн бойын жайлаған өрт енді рық берер емес. Лапылдай түсті. Қазір-ақ былтырғы рахатқа батады. Мынау тырсиып-тырсиып тұрған семіз ешкілердің күні ертең-ақ тағы да бүйірлері бұлтиып-бұлтиып шыға келеді. Сосын мынау омырауын өрт боп жалап жатқан дүлей күш сағыммен араласып, самсай шапқылайтын көп құралайға айналады. Сүйтіп мынау кенересі жоқ көкжиекті шірей теуіп жатқан көлкөсір кеңістік бұның аядай бауырынан өрбіген төлге толады. Олар көбейген сайын бұның да құдіреті арта түседі. Көз жетер жердегі су аяқ тағылар мұның тұяғының тысыры мен пысқырғанын бағып, қасы мен қабағын аңдиды. Сонда мынау сауыры бүлкілдеген көнбіс көп ешкі ғана емес, мынау ұшан дала мен ұлан аспанның өзі бір мұныкі боп шыға келмей ме! Бұл дүниеде бұның қазіргі істегелі тұрған шаруасынан пəтуалы, одан қасиетті қандай қаракет табылмақ! Көңіліндегі желігін ғана басып қоймай, алдын ұрпаққа толтыратын бұл шаруадан басқа шаруаның мына дүниеге, мынау ұланғайыр дала мен жарқыраған аспанға, жайқала өскен шөп пен
көлкіп тұрған кəусар ауаға, бəріне жайлы ұя, таусылмас азық боп келе жатқан жарықтық жаратылысқа қажеті қанша! Жарық дүниенің жалғыз қожалары өздері құсап əлгі бір екі аяқтылар-ақ бұтқа толады да жүреді. Жуып кетсең ― атын тебініп, қолын ербеңдетіп қуалай жөнеледі. Дауысы қарлыққанша қи-қулап ит қосады. Құдайдың тегін суаты мен тегін өрісін қимай қалтарыс-қалтарысқа кек темірден тұзақ құрады. Өздері бұларға ұқсап ақпейіл жаратылыстың жан қинатпай алдына тосқан азын-ауық нəпахасына қанағат қып, ешкімге тимей, бөтеннің ырзығына көз алартпай жайбарақат тіршілік кешіп, жарығың жанған күні дүниеге келіп, жарығың сөнген күні дүниеден кете беруге парасаттары жетпей жүріп, төрт аяқтылардың бəрінен кемел, бəрінен ақылды жер құдіретпіз деп ойлайды. Сондағы көрсетіп жатқан кереметтері қайсы? Əлгі бір аша түбектегідей жонын күнге төсеп жайбарақат жатқан ту жердің қоңына қол салып, таңын ашып, тіршілікті асырап жатқан киелі топырағын қопарып үстіне шығарып, өскелі-өнгелі тұрған талай шөптің тамырын қырқып, аш ішектей шұбалтып қиыр-шиыр ор қазғандары ма! Шетсіз-шексіз кең дүниені қолдан тарылтып шырқ айналдыра қалқитып қоршау тұрғызғандары ма! Əз-əзіл екі аяқтылар əлдеқайдан сап ете қалады. Көсеудей бірдеңелерін кезеніп соңдарынан салып береді. Қасқырдың орнына қасқыр боп тиіп, елден-жерден бездіре қуғандарына мəз бола ма, қолдарын ербеңдетіп мəре-сəре болады да қалады. Оларының бəрі өзгенің жарығы мен рахатына жасалған қиянаттан басқа қандай қасиет, тəйірі?! Сонда олардың арамдықты ақыл, қиянатты құдірет ― деп ұққандары ма! Күшті болса, өз сіңірлерін созып, жүйрік болса, өз шаптарын жыртпай ма? Біреудің күшін малданып көрген ол не дəурен?!. Жаратылыстың ғана айтқанын істеп, жұмсағанына жүрмес пе?! Төрт аяқтылар ғана ылғи сөйтеді ғой... Қазір де, міне, соның пəрменіне мойын ұсынып тұр. Түпсіз тұңғиықта жатқан бар-жоғы бұған дейін беймəлім боп келген мыңсан жаңа ғұмырдың көшін бастап, жарығын жандырып бермек. Өзгенің тынышын қашырмайды. Өз төлім, өз үйірім, өз қауымым көбейсін деп іс қылады. Қара жердің үстіндегі тіршілік думаны бұдан да қыза түссін деп іс қылады. Сосын да мынау құйынмен жарысқан жүйрік тағылар бет-бетіне безіп кетпей, бұның алдында өз еріктерімен жіпсіз маталып тұр. Бұның белін ауырлатып бебеулетіп бара жатқан тегеурін қазір осылардың қас-қағым рахатына, ертең дүниеге келер жас қауым, жаңа ұрпақтың көрер жарығына айналмақшы. Ор теке жан-жағына орағыта көз тастайды. Маңайында мынау бітіргелі тұрған киелі шаруасына кедергі келтіретіндей бейсаубат қимылдап- қыбырлап жүрген-тұрған ештеңе жоқ.
Кең даланы əлдебір əзəзіл иіс жайлап барады. Оны өз бойынан тарап жатқандай көріп, балқып тұр. Құлағына əлде бір ызың келгендей. Оны алабұртып тұрған өз жүрегінің дүрсілі деп ұқты. Көз алдында тағаттары таусылып көл бетіндей дірілдеп көлбей тізіліп тұрған көп сауырды шолып өтті. Тағы да бір мекіреніп алды. Үні былтырғыдай емес. Ширақ, əрі қою. Сонда да сақа ешкілерге бас салуға батылы бармай, ойқастап, жас тушалар жағына шықты. Жұқа шап тұсынан əлдене лып ете қалды. Алдыңғы екі аяғын аспандата көтеріп, алға ұмтылды. Əлгінде ғана ойнақшып бір орында тұра алмай тыпыршып тұрған жас тушаның жылмағай сауыры үгіліп кетердей боп, бүгіліп барады. Одан сайын құтырынып алған ор теке сусып түсіп, анадай жердегі жақпар тастың шетіне барып, көк қабыршақ тасты кірш тістеп алатындай, қайзалап-қайзалап қояды. Жаздай күнге қақталып жатқан көктарғыл тас алабұртып тұрған айғыр хайуанның езуіндегі бұрқылдақ көбікті жым- жылас сорып алады. Шабытына мінген дүлей күш шапшытпай тұрғызар емес. Мұндай дүлей тегеурінге алғаш тап боп тұрған тұмса тушалар қайқиған бөкселері қақырай сөгіліп бара жатқандай, бүктетіліп сала береді. Ор теке одан сайын желіге түседі. Ауызы сілекейге толып кетіп, тағы да барып əлгі тарғыл тасқа бас қояды. Өз иісінен өзі еліріп алған. Енді сақа ешкілерге тап бергелі тұрып, жан-жағына тағы бір рет көз жүгіртіп еді ― сол баяғы лүп еткен жел жоқ, тылсым дүние. Тек құлақ тұсында бір тосын зуыл бар. Еліре шапшыған өз қанының сарыны болса керек. Масаттанған ор теке сақалын көкке төсеп, шет жақтағы үн-түнсіз күйсеп тұрған сақа ешкінің дөңкиген биік сауырын көздей атылды. Жылт-жылт еткен масаты түкке танауын көме түсіп, əлдененің оқыс сырт ете қалғанын байқады. Сол-ақ екен тып-тыныш тұрған ешкілер құлақтарын түріп елең ете қалысты. Құлақ шекесін кеміріп түсердей оқыс күрсіл-тарсыл оғаш дауыс күшейіп барады. Бұрын бұл қанша елірсе де, тап мынадай боп, маңайында тау құлап жатса да, елең етпестей боп, еліріп көрген жоқ еді. Ор теке анадай жерге ытқып түсіп, зеки мекіреніп еді, үйірі қайтадан жым болысты. Тағы да бір тығыншықтай болып семіріп алған сақа ешкінің
жұп-жұмыр сауырын бауырға енді ала бергенде, бірдеңе сырт ете қалды да, шет жақтағы тушаның жалп етіп құлап түскенін көзі шалды. Еліріп алған теке сонда да мəн бермеді. Жерді тарпып-тарпып жіберіп тағы атылды. Тағы да бір ешкінің жалп етіп құлап түскенін көрді. Апырай бұған не болған? Мұның салмағын осынша көтере алмайтындай мына сақа ешкілерге не көрінген? Бірақ, өн бойын балбырата ерітіп бара жатқан тəтті рахат төңірегінде не болып, не қойып жатқанын жөндеп аңғаруға мұрша бермеді. Манадан бері жіпсіз маталып тұрған момын үйір аяқ астынан бұрқан- талқан болып, бет-бетіне безе жөнелді. Бұның мекіренгеніне де, бақылдағанына да қарамады. Бауырындағы ешкі де қаралай дір-дір етіп, əлденеге құлағын қайшылап, тыпыршып бақты. Бұл да одан сайын ерегесіп, езгілей түседі. Сол-ақ екен, əлде бір шоқ əлдеқайдан ұшып кеп, оң санына тыз етіп қадала кеткені. Əлгінде ғана тұла бойын жидіте ерітіп, бауырын қыз-қыз қайнатып тұрған жылмағай сауыр сыр беріп, сусып алыстай берді. Тағы үйір əлгі бір əз-əзіл шоқтарды шақырған жымысқы жүлгеден ытқып- ытқып шықты. Боз селеулі құба жазыққа қарай жұлдыздай ақты. Алды-арттарына қарайтын емес. Ор теке бақылдап дыбыс берді. Оны еститін де, қайырлатын да түрлері көрінбейді. Құлақтарын жымып ап, зытып барады. Сөйтіп бара жатып та, бірнешеуі жалп-жалп құлап түсті. Ор теке, қапелімде, не болғанына түсінбей, жер тарпып көрмекші еді ― оң аяғының қан қақсап қоя бергені. Сонда да шоқырақтап, үйірінің соңынан салды. Танауындағы бір күңірсік күйік иіс күшейе түсті. Өз исі екенін, бөгде иіс екенін айыра алар емес. Басына шапшыған асау қан құлағын тұмшалап ап, құлдырай ұшып бара жатқан киіктердің қарасын көргенмен, тұяқтарының дүсірін ести алмай келеді. Жақ жаппай бақылдап келеді. Оған бола қайырылатын үйір жоқ. Бұларға не болған түге? Есіне алдыңғы жылғы қыс түсті. Омбы қарға батып кетіп, жан ұшыра бақырып жатқан кəрі теке түсті. Сонда да қалың үйірдің еш қайсысы қайырылмап еді-ау. Оның қасына баруға, өзіміз де қарға батып, əлгінің киген кебін өзіміз де киерміз деп қорқып еді-ау. Ал бұған неге қайырылмайды? Бұдан сонша күдер үзетіндей не болып еді? Аяғының қан қақсағанына қарамай, шоқытып соңдарынан салып келе жатқан жоқ па! Əзір жығыла қоятын түрі көрінбейді. Бұдан бүйтіп күдер үзгендері қалай? Сонда əлгінде ғана айдағанына көніп келе жатқан тіл алғыш үйірге бұған не тап болса да,
бəрібір болғаны ма? Осы быт-шыт боп кеткендері кеткені ме? Мынау ұланғайыр дүниеде бұның соңына еріп, бастары бірігіп, ұйтқылы қауым боп келе жатқанда сол дəурендердің көздерінен бір-бір ұшқаны ма? Жоқ... Былайырақ ұзап шыққасын аялдап, арқыраған көш бастар иесін тосатын шығар... Жоқ... Жоқ... Мыналардың тоқтайтын, тосатын түрлері көрінбейді. Бастан құлақ садаға деп, мына пəледен шыбын жаным қайткенде аман қалады деп, безіп барады. Шыбын жан алдарындағы көсемдерінен де, қастарындағы қауымдарынан да қымбат екен? Шыбын жандарын сауғалап, баяғыда талай жыл алдарында жүрген тарлан басшыларын ажалға тастап, бұның алдында кетпеп пе еді? Бұл жолы да сүйтетін шығар. Бұл жолы бірақ бастары біріге қоймас. Тым бытырап кетіпті. Бастары біріккенде де, қапелімде, алға түсер серкені қайдан табады? Соңдарындағы теке лақтардан көшелі көсем теке өсіп шыққанша қай заман?! Оның үстіне тумай жатып қуғын көріп, қос үрей болып ескен су жүрек немелер үйір бастап қай бір көктете қояды дейсің? Сонда əр қайсысы бас-басына жан бағып əр текенің сүргінінде кеткені ме?!. Ор текенің оң саны ғана емес көкірегі де қыз-қыз қайнап келеді. Апырай, бұл шашырағандары шашыраған ба... Қара жердің бетінде қаптай жайылып өз төлдерім жүреді ғой деп еді... Оны да көп көргендері ме! Жақсы үміттің адымы неткен қысқа еді! Неткен қызық, неткен келте дəурен еді!.. Тіпті алдындағы үйірін жаңа бауырына түгелдей қысып шығып та үлгере алмапты... Үлгергендері де аяқ астынан жалп-жалп тыраң асты. Аман қалғандары да басымен қайғы болып безіп бара жатып, қай бір құрсақ тұрақтатып қарқ қылар дейсің! Енді оларға бастарын қосып бір үйір, бір қауым боп бірге өріп, бірге түнеп жүрер дəурен қайда! Не де болса, өліспей беріспейді. Не де болса, кеудесіндегі шыбын жан қашан шырқырап шығып кеткенше осылай шоқақтай береді. Кім біледі, мынау аяқ астынан тап болған түсініксіз пəледен көп ұзамай құтылар. Қара санын шыжғыра қадалған сұрқия жара ештеңе етпес. Кеңге бір шықса екен... Жапан түзде не көп, шипа шөп көп... Соны тауып ап, сүйкеніп, үстіне барып аунап-аунап ақыры жазып алар еді. Аяғы салбырап көтертпей келеді. Жан дəрмен ілгері тырмыса бермей болмайды. Осыдан төрт аяғына түгендеп мінер күн туса, ұлы түзде қым-қуыт тозып кеткен үйірін іздер еді. Ең болмаса, бір жұрнағы табылмас дейсің бе... Көзінің алдына кіреуке үйіріле береді. Сонда да ышқынып салып келеді. Неден қашып келе жатқанын, кімнен қашып келе жатқанын өзі де білмейді.
Қиқулаған айқай мен тасырлаған ат дүсірі естілмейді. Орағыта қармайтын əлгі бір қайқы құйрық төрт аяқтының да исі шықпайды. Сонда бұлардың бұл безгені қай безген? Сонда бұл көзге көрінбей, төбеден түскен қандай тажал? Екі өкпесі алқымына тығылып, тынысы бітіп барады. Қайда қашып келеді, ― оны да білмейді. Əйтеуір, тоқтағысы жоқ. Сол жақ саны да манағыдай тыз ете қалды. Енді бөксесін сүйрете алар емес. Еңсесі жерге кетіп барады. Апырай, бұл неткен тажал. Көзге көрінбей күйдіріп бара жатқан бұл қандай өрт? Көзге көрінбей кірш-кірш қадалып жатқан бұл қандай азу? Бір жақ қапталынан манағы бір оқыс дыбыс кенет күшейе шыққандай болды. Қарауыта түксиген қара жотаның тасасынан сопаң етіп бірдеңе шыға келді. Зулаған жүрісіне қарап, бөрі екен деп қалып еді. Жон арқасында қонжиып бір екі аяқты отыр. Бəсе, тап мынандай кесепат болар да, оған екі аяқтылар араласпай жүре ме?! Олар тұрғанда мұндай пəлекет кімнен келуші еді! Анау мойындарындағы, қолдарындағы салаңдағандары немене? Сайтан алғырлар, сап етіп қайдан шыға келіп еді. Екі санындағы егіз жараның əсері ме, жоқ манағы өн бойын балбыратып бара жатқан сиқыр лəззатты сарқып тауыса алмағанының əсері ме ― бөксе жағы қараптан қарап батпандай ауырлап, жерге тартып бара жатыр. Мынау екі аяқты еміншектер жүрген жерде дүрлікпе, бөрлікпесіз тыныш дəурен бұйырушы ма еді? Осылардың жайбарақат жайларына жайылып жүрген жабайы үйірдегі шаруалары қанша екен?.. Кең дүниені қарадай тарылтып, қарадай қараң суға алдыртатын да жүретін бұл неткен кесір нəсіл еді?! Дəрмені құрыған ор теке əбден қансырап, тұмсығымен жер сүзе құлады. Топырақ исі сезілгендей болып еді. Артынан қайта мүңкіп қоя берді. Өз бауырынан шығатын иіске де келмейді. Басқа бір теке маңайлап жүр ме екен дейін десе, өртенген мүйіздей күйік иіс... Аспан астын түгел кернеп алып барады. Қолқасы отқа түскен құрым киіздей қоңырсып жүре берді. Шарасынан шыға бадырайған, дымға түсінбеген бейкүнə қос жанар айнала тосқан тажалдан басқа ештеңе ұсынбаған жарық жалғанды қимағандай тесірейіп жатыр... 1978 жыл.
АУЫЗ Ол əуелі əйелдер босанатын үй деген мекеменің журналына тіркеледі де, «Жаңа туған» дейтін атақ алады. Қаз-қатар қағылған жан-жағы тор-тор қорапшалардан «күтуші» деп аталатын өңкей ақ киген əйелдер оларды білегіне жазылған цифрларға қарап жүріп тауып алатын да, қолдарына көтеріп, ұзын-ұзын коридорларды бойлап, бірнеше əйел терезеге асылып, сыртқа үңіліп тұратын айлапат бөлмеге апаратын. Есіктен олар кіргенде терезеге қарап тұрған əйелдердің біреуі жалт бұрылып, бұған қарай жүгіретін. Оны «күтуші» деп аталатын əйел «ана» дейтін. ― Анасы, мына бөбегіңізді емізе қойыңыз. Ол əйелдер босанатын үй деген мекемеден «бөбек» деген атақ алып шықты. Есік алдында оларға қолына бір шоқ гүл ұстаған еркек жолықты. Ол еркектің «əке» деп аталатынын кейін білді. «Анасы» əлденеге қолы тимей асып-сасып жүргенде, бұл жатқан арбаны əлгі «əкесі» тербететін. Бұл көңілінің хошы келгенде тек «анасына» ғана емес «əкесіне» қарап та ыржаңдайтынды шығарды. Оған анау мəз-мейрам болатын. Бұл былдырлап сөйлей бастағанда анасы оған: ― Бар, көкеңе бара қойшы, ― дейтін болды. Сөйтіп бұл «əкесін» енді «көке» дей бастады. Көкесі енді оны күнде таңертен «балалар бақшасы» дейтін мекемеге апарып, кешқұрым үйге алып қайтып жүрді. Сөйтіп ол мектепке баратын жасқа да жетті. Қара тақтаның алдында талай кептің басын шалып қақылдап тұратын əйелдер мен еркектер бұған енді «оқушы» деген атақ тақты. Ол мектептен «оқушы» дегеннен басқа да талай-талай сөз үйренді. Ол мектепте жүргенде сөзді өте көп білуші еді. Қазір көбін ұмытып қалыпты. Өйткені, ол мектепте жүргенде өте көп сөйлейтін. Өзі тектес екі аяқтыны көрсе болды, қайдағы жоқты сапырып, қауқылдаса жөнелетін. Мектепті бітіріп фабрикаға жұмысқа келгенде естіген ең алғашқы сөзі: ― Жə, сөйлеме, көзіңе қара! ― болды.
Қасындағы серіктеріне бірдеңе айтайын десе, ала көздерімен қарап, əлгідей дейді. Оқта-текте бір соғып кететін бастықтарына бірдеңе дейін деп, ернін қимылдата беруі-ақ мұң, олар да төрт сөзді айтып зекіп тастайды. Бұл бірте-бірте сөйлеу дейтін шаруаға əбден зауқы соқпайтын болып алды. Шынында да сөйлеудің не қажеті бар? Алдыңдағы станокты көріп тұрсың. Онымен не істеу керек екенін біліп тұрсың. Бар жұмысты тындыратын екі қолың бар. Бастықтардың не бұйырып, не тапсырғанын естіп алатын екі құлағың бар. Ол аз десең, таңертең жұмысқа алып келетің кешке жұмыстан үйге алып қайттын екі аяғың бар. Бір басыңа бұдан артық тағы не қажет! Ол жұмыс түгілі үйде де тырыс етіп үндемейтінді шығарды. Үйде де үндейтіндей не қалып тұр. Тарелкадағы көже мен қасыңдағы қасықты көріп отырсың. Ал, анда-санда əйеліңнің пейілі түсіп дастарқанға рюмка мен бөтелке қойып жатса, оны қайтып кадеге асыру қажет екенін айтпай-ақ біліп отырсың. Əйел деген жұрт та бастықтар секілді дымыңның ішіңде болғанын жақсы көреді. Олар да қит етсең: «Басымды ауыртпашы», ― дейді, тіпті «Жə, үніңді өшір!» ― деп аузыңа да ұрады. Сол үннің өшсе өше қойғаны-ақ дұрыс. Ондайда кірпідей жиырылып жүретін əйеліңе аяқ астынан мейірім біте қап, арқаңнан қағып, о жер бұ жеріңді түрткілей бастайды. Үндемесең үйдей пəледен құтылып қана қоймай, үйдей олжа табатынына да көзі əбден жетіп жүр. Бұның қасындағы балпылдақ қара фабрикаға келгеніне бір жыл болмай жатып «мылжың» атанып жұмыстан қуылып кетті. Ал, бұл екі жыл істеген соң аяқ астынан тасы өрге домалап, кеңсеге ауысты. Бастық: — Бізге өзің секілді ісін білетін, босқа мылжыңдап, уақытын текке сарп етпейтін кісілер керек, ― деді. Содан бері бұл кеңседе. Содан бері бұл бұрынғы көз таныстарын көре қалса: «Сəлем!» деп қалпағын көтеретін əдетін де тастап, тек бас изейтін болды. Оның он саусағы алдындағы пианино клавиштарындай көп кнопканы ұршықтай үйіреді. Оның бір кездегі күсінен айырылып, қайтадан сүйрік тартқан салалы саусақтары тиіп кетсе болды, көмір жұтып, алтын
тезектеп тұрған алып кəсіпорынның қай цехы, қай бөлімі де аяғынан тік тұрып, дедек қағып қоя береді. Ол енді сол кнопкаларды бес саусағындай жетік біліп алды. Ол енді өзі отыратын айдала бөлменің есігіндегі үш цифр мен бес əріпті бес саусағындай жақсы біліп алды. Сол бес əріптің нені білдіретініне, қандай мағынасы бар екендігіне назар аударып жатқан бұл жоқ. Ол бес əріп мұның паспортына да, осы кəсіпорынға кіретін куəлігіне де жазылған. Ол бес əріпті ауызбен айтып жатудың ешқандай қажеті жоқ. Қақпа алдындағы күзетшілерге сол бес əріпті қанша рет қақсап айтсаң да, қашан сол бес əріп жазылған қағазды көрсетпейінше, сені бəрібір босағадан аттатпайды. Ол бес əріп не қалтаңдағы қаусырма қағаздын ішінде, не мынадай қызмет істейтін бөлмеңнің маңдайшасында жазулы тұрғанда ғана мағынаға ие болады. Əйтпесе, ішіңдегі барлық тынысты алқымыңа жиып, бар даусыңмен қанша бақырсаң да, бəрібір бос ызың, бос айқай. Ол бес əріптің бұған осылай көзіңе шоқтай басылып жазулы тұрғанда ғана тікелей қатысы бар, əйтпесе, ауыз-екі айтылғанда итке «кə, кə!» дегендей, құлағыңа ызыңы келген жаққа жалт еткізіп бір қаратуға ғана құдіреті жетеді. Сонымен осы бір бес əріптін осы бір есікке қарап басылғанына да төрт- бес жылдың жүзі болып барады. Күнде тəңертең жұмысқа келгенде оған бір қарап қояды. Өйткені, осы бес əріп дəл осы тұрған ретімен жазылып орнында тұрғанда ғана, оның мына табалдырықтан аттап өтуге қақысы бар. Ал, кенеттен мынау бес əріптің орнына басқа бір алты əріп, не жеті əріп, əлде осы əріптің өзі орындарын алмастырып, басқа бір ретпен жазулы тұрса, онда бұған: «бар, далаға ойна, жөніңді тап!» ― деп тұрғаны. Осы бес əріп қалтасындағы куəлікте, есігіндегі шыны тақтада жəне жалақысын салып əкелетін пакеттің сыртында жазулы тұрғанда ол аузына, ешқандай салмақ салып көрген емес. Тіпті ондай дене мүшесі бар екендігі естен шығып та кетіп еді, бəрін бүлдірген үш жасар баласы болды. Ол баласынан ылғи қашқақтап жүретін. Қасына жолап кетсең қайдағы- жайдағыны сұрап басын қатыратын. Оған жуымайтын болғалы бері ол сөйлеу дегенді атымен ұмытып та еді. Бір күні əйелі машинасымен кір жуып жатып, қасына жүгіріп барған баласына: ― Бар, əкеңнен сұрап ал! ― дегені. Бұл баласының сұрағын естімеген боп, үндемей отыра беріп еді, əйелі айқайлады.
― Бишара баланы сонша қиналтпай жауап берсеңші! Бұл амалсыз баласы көрсеткен суретке үңілді. Баласы уда-дуда көп сызықты көрсетті: ― Шаш, ― деді бұл. Баласы есік алдында тұратын домалақ түкіргіш құтыдай бірдеңені көрсетті. ― Бас, ― деді бұл. Баласы сол дөңгелектің бетіндегі бірінен бірін аударып алғысыз екі үлкен ноқатты көрсетті. ― Көз, ― деді бұл. Баласы оның астындағы əлгіден гөрі кішкенелеу екі ноқатты көрсетті. ― Мұрын, ― деді бұл. Ал, баласы оның астындағы əбден піскен помдиродың жарылып кеткен жыртығындай ырсиған бірдеңені көрсеткенде, бұл көмейіне ыссы қоламта құйылып кеткендей үнсіз қалды. Шақшадай басын шарадай қылып қанша ойланса да, есіне түспеді. Баласы құрғыр «бол, болдың» астына алып, əбігерлеп тұр. Жадынан күдер үзген соң жалма-жан кітап шкафында көптен шаң басып тұрған түсіндірме сөздікті алып қарады. «Дене мүшелері» деген тарауға көз жүгіртіп еді, көптен ойына келіп көрмеген «ауыз» деген сөзді байқап қалды. ―Ауыз, ― деді бұл. ― Ол неге қажет? ― деп қитықтанды бала. Ол түсіндірме сөздіктегі құмырсқаның илеуіндей быжынап жатқан көп əріптер тіркесінің мағынасына ой жүгіртіп көрді. Сөйтсе, ауыз барша жан- жануарларға қоректенуге қажет екен, ол сол сияқты қосалқы тыныс жолы болып та есептеледі екен, тіпті, ондағы өткір тістер керек жерінде қорғаныс құралының қызметін де атқара алады екен. Ол мұның бəріне жақсы түсінді. Ал, түсіндірме сөздіктегі «ауыз жан-жануарлардың ең жетілген түрі адамдар үшін бір-біріне ойын, пікірін жеткізетін қатынас құралы болып табылады» деген ең соңғы түсініктеме миына еш кірмей қойды. Алдымен
адам деген мұның еш жерде көрмеген мақұлығы сияқты. Қаланың жануарлар паркіндегі темір тақтайшаларындағы жазуларды ойына түсіріп көріп еді, олардың арасынан мұндай жазуды көрмеген тəрізді. Шамасы, ол көк мұхиттың тереңінде жүретін бұл білмейтін көп мақлұқтардың бірі болса керек. Əйтпесе, аз ғана ғұмырыңда ұшырасып жүрген екі аяқты, төрт аяқты жан иелерінің арасынан ондай пəлені ешқашан көрген де, естіген де емес. Əлде, осы мына өзі тектес екі аяқ, екі қолды тік жүретіндердің белгілі бір түріне берілетін атау ма екен? Мына алдында қылқылдап тұрған боқмұрынның «бала» деген балшыққа батқыр екенін біледі, анау ванна бөлмесінде қазір кір жуып жатқанда төрт аяқтап тұрғанмен, енді сəлден кейін екі аяғына мініп, мықынына таянып, зіркілдеп жетіп келетін қызылкөз пəленің сыпайылығында «əйел», ал, шын мəнінде, «қатын» екенін біледі; ал бұл үйдің сыртында кеше бойында сенделіп жүргендердің «жұрт» екенін біледі, қызмет бабында өзінен жоғары тұрғандардың «мырзалар мен тақсырлар», ал езінен төмен түрғандардың еңшең «қырт» екенін біледі. Ал, өзіне келетін болсақ, «бөбек», «бала», «оқушы», «жұмысшы», «күйеу», «ақымақ», «маман» дегендерді ес-туі бар, бір рет «азамат» деген тосын сөзді де қүлағы шалған. Онда да қараңғыда езіне жабылған бүзақылар-мен төбелесем деп жүріп, түрмеге түсіп қала жаздағанда тергеушінің аузынан естіген. Ал, адам деген сөз əлі құлағына тиген емес. Шамасы, қолданылса да, баяғыдағы динозавр, ихтинозавр тұстарындағы мұз дəуірі екі аяқтыларына болмаса, бұл заманның екі аяқтыларына байланысты ешқандай қолданылмайтын архаизм болса керек. Ендеше, мұндай кұманды түсініктемені əлі ақыл-есін түгел жинап болмаған жас балаға несіне үйретем, ауыздың тамақ жеуге, тыныс алуға, екі қолыңнан қайран кетіп бара жатқанда, басынған дұшпанның мұрны, құлағы сияқты бөлек-салақ тұрған жерлері болса, қыршып алуға қажеті барын білсе біле берсін, ал осы жасқа жеткенде өзі де түсінбеген, тіпті қашан «кісі жерлейтін бюро» дейтін мекеменің журналына тіркеліп, қабірінің номері жазылған темір талон мен «марқұм» деген атақ алатын мынау жер үстіндегі ақтық күніне дейін еш түсінгісі де келмейтін «адам», «ой», «пікір» деген пəлелерді бейшара бала білмесе білмей-ақ қойсын деп ойлады. 3.1.1976 жыл.
КӨЛДЕНЕҢ КӨК АТТЫ Ол əуелі қалаға келіпті. Қалаға келетіні қасында теңіз бар. Теңіз болмаса ол біздің жаққа келер ме еді, келмес пе еді — кім білсін. Жоға, бəрібір келер еді. Келетіні — Ахат көкемнің оқ тиген партбилетін саяси бөлімге өз қолымен апарып тапсырыпты. Ал билетте əлгі қасында теңізі бар қаланың аты жазылыпты. Қасында теңізі бар қалада ол кемеден түсе салып, əскер комиссариатына барыпты. Əскер комиссариатынан біздің ауылға қалай баратынын сұрап біліпті. Көлік күтіп бір күн жатыпты — кезікпепті. Екі күн жатыпты — кезікпепті. Үш күн жатыпты — кезікпепті. Төртінші күні — жаяулатып тартып кетіпті. Қаланың шет жағынан асхана кездесіпті. Асханада украин борщының бір тарелкасын ішіпті — тоймапты. Екі тарелкасын ішіпті — тоймапты. Үш тарелкасын ішіпті — тойыпты. «Содан кейін аузыма борщ тиіп көрген жоқ»,— дейді ол. Соны айтқанда ол міндетті түрде бір тамсанып қояды. Соны айтқанда мен де міндетті түрде бір тамсанып қоямын. Өйткені — ол борщты ішіп көрген. Өйтетінім — ол кезде мен ішіп көрмек түгілі, борщтың əлі атын да естіген емеспін. Тамаққа тойып алғасын асхананың көлеңкесіне барып отырыпты. Етігін шешіп, шұлғауын қайта орап жатса, қоқыс төгетін шұқырды шырқ айнала тіміскілеп жүрген қабырғасы арса-арса қызыл қаншыққа көлеңкеде тісімен шыбын қағып жатқан желкесі күдірейген жалбыр құлақ қара ала тебет дүрсе қоя беріпті. Байғұсты алқымнан алып, бүріп жатыр дейді. «Кəншай, бəдлес» деп бір рет айқайлапты — қыңбапты, екі рет айқайлапты — қыңбапты, үш рет айқайлапты — қыңбапты. Жұдырықтай жез тоғалы қайыс белбеуді алып жіберіп, қара ала төбетті қақ маңдайдан қондырсын кеп. Əлгі нақұрыс басымен қайғы боп, қыңсылап тайып тұрыпты. Ол қапшығын жауырынға таңып ап, қасқа жолға түсіп ап, біздің ауыл қайдасың деп жөнеп береді. Күн бата бергенде айдалада жолдың езуіндегі оқшау төбенің басына шығып, етігін шешіп, темекісін тартып, аяқ суытып
отырады. Сырт жағынан бірдеңе қыңсылайды. Қасында жатқан белдікті ала сап, артына жалт бұрылса — анадай жерде шоқиып манағы қызыл қаншық отыр. Содан бір адам, бір ит боп бір күн жүреді — біздің ауылға жете алмайды, екі күн жүреді — жете алмайды, үш күн жүреді — жете алмайды. Төртінші күні іңірде айдалада лапылдап жанып жатқан отты көреді. Келсе — асулы қазан. Анадай жерде — киіз үй. Бас сұғып қараса — ешкім жоқ. Табалдырықтан аттауға бата алмай, маңдайшаны жұдырығымен нұқып: «Бола ма?»— деп бір рет сұрайды — тым-тырыс, екінші рет сұрайды — тым-тырыс, үшінші рет сұрайды — тым-тырыс. Болмайды екен деп, кері бұрылып, кетейін деп жатса, үй сыртынан түйе ыңырсиды. Ол гимнастеркасының етегін түзеп, пилоткасын шекелете сипап, бойын тіктеп тұра қалады. Əуелі қоп-қою қараңғының қойнынан жер-ошақтағы оттың жарығына шағылысып жалтырап келе жатқан темір шелекті байқайды, одан кейін үсті-үстіне шиыршықтап орай берген қарқарадай үйме жаулық ағараңдайды, ең соңында барып, етегіне сүріне жаздап, емпеңдеп жүгіріп келе жатқан кемпірді көреді. Ол бұны көзі шалып қалт тоқтай қалады. Кемпірдің қалшиып тұрып қалғанын көріп, бұл бұрынғысынан бетер сіресе түседі. Екеуі екі босағада міз бақпай қатып қалған екі адамға айран-асыр қап анадайда шоқиып қызыл қаншық отырады. Сол екі ортада, өрістегі жылқыны көздеп қайтқан Дайыр нағашым үстерінен шығады. Шалын көріп кемпір есін жинайды. Кемпірдің есін жинағанын көріп, бейсауат жолаушы да есін жинайды. Үшеуі үйге кіреді. Ол оң босағада тұрған келінің үстіне сылқ отыра кетеді. Дайыр нағашым шешініп жатып төрге шақырады — шықпайды, кемпірі дастарқан жайып жатып төрге шақырады — шықпайды. Тіпті шайды да сол келінің үстінде отырып ішеді. Бір уақытта үй сыртынан дүсір естіледі, артынан əлдекім: — Хабарласқандай кім бар?— деп дауыстайды. — Кім болса да кіре бер!— дейді Дайыр нағашым шайын сораптаған
қалпы. Сол-ақ екен есіктен иығы жарқыраған бір капитан кіріп келе жатады. Бейтаныс қонақ келінің үстінде отырған жерінен атып түрегеліп сымша тартылып, тұра қалады. Қолын шекесіне апарып: —Жолдас капитан, əскерден босаған гвардия ефрейторы - Қазиев Самат майданда ерлікпен қаза тапқан командирі гвардия аға лейтенанты Ахат Бекбаевтың ата-анасын іздеп келе жатыр,— дейді саңқ-саңқ етіп. Шай ішіп отырған Дайыр нағашым мен кемпір таң-тамаша. — Отыра бер,— дейді капитан. Ол майданнан қайтып келе жатқан осы күнгі бухгалтер Бекен екен. Сонымен Дайыр нағашым, Бекен үшеуі отырып жай-жапсарды түгел кеңеседі. Ертеңіне түс ауа біздің ауылға төбеден түскендей боп Дайыр нағашым келе қалды. Қасында əрі арық, əрі аласа шілмиген жылтыр қарасы бар. Басындағы бір жапырақ пилоткасын əрлі-берлі қақпайлап, белдігін түзей береді. Дайыр нағашымнан естір сөзін əбден естіп алса керек біздің үйде келіге мініп, келсап таянған жоқ. Оң жаққа етігін шешіп, қақ төрдегі Дайыр нағашымнан сəл төменірек, екі аяғын астына басып, томпиып отыр. Төрге малшынып, тосап қонақтап қалған пилоткасын оң тізесінің астына тығыпты. Қазан жуатын қылдай ұйпаланып қалған қап-қатты шашын төс қалтасынан темір тарақ ап тарады. Жаңағы ұйысып жатқан бір уыс шаш тарақ тиген соң əр талы əр жаққа айбат шегіп аңдап-аңдап əре түрегелді. Сол ербиген шаштың астында бір елідей маңдайдың мезіреті байқалады. Маңдай жүрген жерде көз жүретіні сірə белгілі. Бейтаныс қонақтың екі көзі қаз-қатар қадаған екі кішкене мүйіз түйме секілді еді. Ағы да көрінбейді, қызылы да көрінбейді, майлап қойғандай, бірқалыпты жылтырайды. Кішкене бетке зорлық жасамай-ақ қояйын деп ұяла біткен тəмпіш мұрынның астында айналасы оншақты қылтанақтан аспайтын кішкене мұрт едірейеді. Аяқ астынан жинала қалған ауыл-үйдің адамдары Дайыр нағашымның
қасындағы бейтаныс кісінің бет-əлпетіне қанша тесіліп қараса да бар көргені осы болды. Дайыр нағашым есіктің қыр көзінде отырған менен құман алдырып, асықпай отырып қолын жуды, асықпай отырып екі танауына кезек-кезек су атты, асықпай отырып бетін шылады. Сосын ақ орамалға асықпай отырып сүртінді. Асықпай отырып көрші-көлемнің амандығын сұрады. Асықпай отырып шаруа бағытын сұрады. Асықпай отырып шай ішті. Дастарқан жиналған соң, қара құманды қайта алдырып, асықпай отырып аузын шайды. Ол асықпанған сайын қасындағы бейтаныс қонақ бір аяғынан бір аяғына кезек мініп қипақтай береді. Кішкене түйме көздерін нағашымның қызара бөрткен ұланбайтақ жүзіне əлденеше мəрте жүгіртіп, əлденеше мəрте аударып əкетті. Мұның бəрін үй-ішіндегілердің қалай түсінгенін қайдан білейін, мен өзім əйтеуір бірдеңеге жорып, күліп жібере жаздап қысылып отырдым. Қасындағы серігінің жайы кетіп отырғанын сезгендей Дайыр нағашым сөз бастады. Сөзді əріден бастады. Дайыр нағашым əңгімені де асықпай айтады. Дайыр нағашым жалпы асықтырғанды жақсы көрмейді. Алда- жалда дызақтап асықтырып жатқан адам табылса, бетің бар, жүзің бар екен демейді, басыңнан батпанмен соққандай қып, жалпитып тұрып бір боқтайды. Сондықтан да Дайыр нағашымды ешкім асықтырмайды. Сөйтіп, жүріп Дайыр нағашымның баптаған аты жүйрік. Сөйтіп жүріп Дайыр нағашымның жүгірткен иті жүйрік. Сөйтіп жүріп Дайыр нағашымның кемпіріне қамшысы жүйрік. Дайыр нағашым қос тізерлеп алған. Көзі адырайып кеткен. Əр қияға бір- бір кісіні ұрып жыққандай тоқпақ мұрты едірейіп тұр. Сөзі де енді төкпектей шықты. Қайқы жирен кірпігін қағып-қағып қойып айтып жатыр, қолындағы қамшымен қос тізесін нұқып-нұқып қойып айтып жатыр, қасындағы сүлгімен кең маңдайынан жарыса құлап келе жатқан көк терді жапыра сүртіп қойып айтып жатыр, алдындағы алашаға қонған шыбынды сабаудай сұқ саусақпен шертіп қойып айтып жатыр... Айтып жатыр... айтып жатыр. Дайыр нағашым бірауық көзіне көрінбейтін, сонау алты қат аспанның əлде бір қиырындағы не жеті қат жердің əлде бір тұңғиығындағы беймағлұм біреумен дауласқандай сабалақ-сабалақ қос уыс қабағын тікірейтіп, тұздай көкпеңбек көзі ежірейіп едірең-едірең етеді. Сол
құбыжық неме қазір қолына түссе, түтіп жіберердей тістенеді. Дайыр нағашым сосын бір сəт қимас адамымен бақылдасқандай тұншыға күңіренеді. Көзін жұмып ап, басын шайқап-шайқап қояды. Қолындағы сүлгімен енді терін сүртпей, көзін сүртеді. Дайыр нағашым бір уақыттарда барып қып-қызыл көзін лап еткізіп ашып алып, жан-жағына жүгірткен соң, мен де төңірегіме қарасам — жұрттың бəрі мырс-мырс... жылап отыр. Төрдегі бейсауат қонақ жермен-жексен боп шөгіп қалыпты. Басы омырауына түсіп кеткен. Дайыр нағашымның əңгімесін аяқтауы-ақ мұң екең біздің үйдің іші күңірене жөнелді. Кебеженің алдында үш жағына үш жастық қойып, қалт- құлт етіп əзер отырған əжем əкемнің иығына жармасты. Қазан-аяқ жаққа бір өзі əрең сыйып отырған анам жалма-жан Дайыр нағашымды құшақтай алды. Оң жақта менің қасымда бір тізерлеп сызылып отырған Жазира жеңешемнің білезікті білегі менің мойныма оратыла кетті. Ызы- қиқы жылау. Ал мен болсам, ештеңеге түсінбей бұлқынып жатырмын. Өліп-талып жеңешемнің қолтығынан басымды шығарып, төрдегі бейтаныс қонаққа қарасам, пилоткасымен көзін тас қып бүркеп алыпты. Екі иығы селк-селк етеді. Дайыр нағашымның мойнын əжем босатқан соң, анам енді қонаққа жабысты. Бір шөкім ғана кісі алпамса анамның омырауына кіріп ғайып болды. Əлденелерді зарлана əндеткен анамның даусына бейтаныс қонақтың кеңк-кеңк жылағаны қосылды. Енді оны біздің үйдің адамдары бірінен соң бірі барып құшақтай бастады. Сол арада ауыл үйдің адамдары да жиналып қалды. Олар да біздің үйдің бір-бір адамын құшақтап ап өкіріп жатыр. Сыртқа сытылып шығып, ауылдың желкесіндегі тастақ төбенің тасасында мен де жыладым. Өзімнен өзім жұбана алмай ұзақ жыладым. Басқа балалар көріп қап мазақ ете ме деп, жүлгеден-жүлгеге бұқпантайлап жасырынып жүріп жыладым. Бірақ, неге жылайтынымды өзім түсінбеймін. Əйтеуір қашан күн батып, қас қарайғанша төбенің тасасында отырдым да қойдым. Бір уақытта қасымнан бірдеңе пыс еткендей болды. Орнымнан ұшып тұрсам, басын жерге салып құйрығын екі бұтының арасына қысып алған
арса-арса арық қызыл ит аяғымды жалап жатыр. Итті ертіп ауылға беттедім. Жылау тиылыпты. Біздің үйдің алдындағы жер ошақта от жалпылдайды. Ауыл үйдің əйелдері сол төңіректе, еркектері — үйдің ішінде. Енді Дайыр нағашымды емес, бейтаныс қонақты ортаға апты. Дайыр нағашым басын төмен салып тыңдап отыр, əлдене сұрап, əңгімені бұзған кісіге жалт бұрылып жанарын тіктеп, тежеп тастайды. Есіктен мен кіріп келгенде де ежірейе бір қарап еді, сып беріп əжемнің жадағайына қалай кіріп кеткенімді білмей қалдым. Бейтаныс қонақтың шіңкілдек даусының тынатын түрі көрінбейді. Отырғандардың тыңдаудан жалығатын түрі көрінбейді. Көзімді ашпай жатып, əжемнің қасында хисса тыңдап қалған мен əңгімеге құлақ тостым. Біріне түсінсем, біріне түсінбеймін. Сонда да жалықпаймын. Əуелі əжемнің құшағында отырып тыңдадым, сосын иығына сүйеніп отырып тыңдадым, біраздан соң тізесіне басымды қойып, жатып ап тыңдадым. Əйтеуір тыңдай бердім. Көзім тарс жұмық. Сонда да құлағым түрік. Əжем тізесі ұйыған соң басымды қасындағы жастыққа аударып салды. Онда да оянбадым. Бірақ бəрін естіп жатырмын. Менің түсінгенім, мына біздің қонақ батыр. Менің түсінгенім, біздің Ахат көкем де батыр. Батыр болғанда, кəдімгі Қобыландыдай, кəдімгі Алпамыстай, кəдімгі Тарғындай, кəдімгі Қамбардай батыр. Ахат көкем мен біздің қонақ жауды мына көк теңіздің ар жағындағы Сталинградтан бастап қуғаннан қуып отырып, сонау жеті қат жердің ең түбіндегі Берлин деген жерге дейін дүркіретіп қуып барған. Сол арада жетібасты аждаһаны өз апанына апарып тұрып, əкесін танытып, тас- талқан еткен. Қас дұшпан қашан өле-өлгенінше қарсыласқан. Ақырғы арпалысында Ахат көкемді мерт қылыпты. Бірақ бəрібір бұлар жеңіпті. Əнеукүнгі ат жарыстырып, жамбы атып мəре-сəре болған үлкен той осылардың жеңгеніне арналыпты. Соны естіп жатып манағы жылағанымды да ұмыттым. Соны естім жатып маужырап ұйықтап кетіппін. Ертеңіне елең-алаңнан тұрдым. Қаз-қатар салынған төсектегі жұрттың беттеріне үңілем. Дайыр нағашым мен кешегі бейтаныс қонақ көрінбейді. Жүгіріп сыртқа шықтым. Дайыр нағашымның ер тұрманы жым-жылас. Үйдің көлеңкесіне барсам өре текеметтің үстінде, аймақы сəтен көрпенің астында бір уыс бірдеңе томпияды. Аяқ жақтағы шөп тырнап ақ жем боп қалған керзі етік көзіме шоқтай басылды. Мына жатқан — кешегі қонақ. Ол
оянғанша шырқ айналып жүрдім де қойдым. Күн түсау бойы көтеріле ұйқыдан оянды. Бас жағында отырған менімен: — Батыр, хал қалай?— деп қол алысып амандасты. Су алғызып жуынды, оң балтыры — айғыз тыртық, сол қары шұқырайып ойылып кетіпті, бұғанада тағы бір ай тыртық тағы тұр. Мұздай суды құйған сайын «пай-пайлап» рахаттанып қояды. Ахат көкемнің қаза тапқанын естіген жұрт пəлен күн қатарынан бата оқуға шұбырып келді де жатты. Пəлен күн қатарынан жұрт біздің қонақтың аузына қарайды. Сөйтіп бір ай өтті. Сөйтіп екі айдың жүзі ауды. Бір күні қонақ таңертең шайдан кейін əкеммен ұзақ əңгімелесті. Əңгіме əкемнің бас изеуімен аяқталды. Екеуі екі ат ерттеп колхоз орталығына кетті. Ертесіне кешкі сауыннан соң қозы айырғанда өріске қойды əкем емес, қонақ айдап əкетті. Құдық басына барып қой суардық. Қауғаны əкем тартты. Қойды қонақ екеуміз бөлдік. Енді мен одан бір елі қалмайтын болдым. Ол соғыс бітерден аз-ақ бұрын жараланып қайтқан Жанас ағамдай емес, бірдеңе сұрасаң: «аулаққа ойна» деп қуып тастамайды. Жанас — біздің жақын ағайынымыз. Бірақ алдынан жүгіріп шықсаң атына мінгізбейді, қалпағы түгілі қамшысын ұстатпайды. Құшақтайын десең — үстімді лас қыласың деп зыр-зыр қашады. Үйге келгенде қамшысын, қалпағын, ақшаңқан кителін, сөмкесін тек Жазира жеңешеме ғана ұстатады. Жазира жеңешем оның қамшысын, қалпағын, кителін, сөмкесін ең төрге апарып, керегенің басына іледі. Жанас кебеженің алдында отырған əжеме барып маңдайынан сүйгізеді: анама бүйірінен бір түртіп қойып айран құйғызып ішеді, сосын біздің үйдің тап іргесіне тігілген Ахат көкемнің отауына барып, түймешік бас кішкене қара домбыраны дыңылдатып жатып алады. Маған құдды бір біздің үйдің кенжесі мен емес, өзі құсап осы бір талтаңдағаны-ақ ұнамайды. Мойнынан түспейтін қара сөмкесін ашып қалсаң-ақ қызыл, көк сары, жасыл, күрең қарындаштар. Бірінен-бірі өтіп тізіледі де тұрады. Шіркін, қарындаш жасаған ағаштардың исі-ай! Танауыңды жарады. Оған жып- жылтыр тап-таза қағаздардың исі қосылғанда басым зеңіп, көзім бұлдырап
кетеді. Мен үшін дүниеде осы қарындаштың ағашы мен қағаздың иісінен асқан əдемі иіс жоқ. Бірақ не керек, оның бəрі қараң дүние... Жанас бермек түгілі қолыңа ұстатпайды. Ол Ахат көкемнің отауына кеткенде мен керегенің басындағы сумканы жайлап барып ашамын да, ішіндегі қарындаштар мен қағаздардың бірінен соң бірін көре бастаймын. Біздің қоңыр үйдің ішінде пейіштен шыққандай бір əдемі иіс бұрқ ете қалады. Сырттан сəл тысыр шықса болды, жалма-жан қара сумканы орнына апарып ілем. Мен Жанасты маңына жуытпай, қашқақтағанына қарамастан, осы бір қарындаштары мен қағаздарына бола жағалайтынмын. Енді ол сығыр жолатпаса жолатпай-ақ қойсын. Ол неме енді біздің үй түгілі біздің ауылда, біздің ауыл түгілі əжем айта беретін алты қат көктің астында, жеті қат жердің үстінде көзіме неге көрінеді! Артына бір уыс топырақ! Енді Самат ағам бар! Біздің қонақтың, Ахат көкемнің жолдасының аты Самат. Жанастай аталас ағайын емес, көлденең көк атты бөтен біреу болса да, ол кенеп қапшығынан жалтылдақ дəптер, жылтырақ бояу қарындаштар ап берді. Олардың иісінің қасында Жанастың қарындаштары мен қағаздарының иісі жəй əншейін күйген құрым киіздің иісіндей. Күңірсік бірдеңе. Ол аз десең Самат ағам маған баспалы тіл сырнай əкеп берді. Немістердің жасағаны дейді. Ерніңе апарып, үрлеп қалсаң болды, сай сүйегіңді сырқыратып, сарнап қоя береді. Ондай сырнайды Жанастың өзі түгілі жеті ата — тұқым- тұяны түп-түгел көрген де, білген де емес. Самат ағам екеуміз үлкен үйдің көлеңкесіне өре киіз жайып бірге жатамыз. Қашан көзім ұйқыға кеткенше жер-жиһанның сұрағын жаудыра берем, ол ешқашан бетіңнен қақпайды. Ертеңіне таңертең суатқа мал айдасып бара жатып та əңгімелесеміз. Суатымыз — аласа таудың тар қолатына ұйлыға өскен қалың шидің ішіндегі жалғыз құдық. Біз қара жалдан аппақ шаң көтеріп енді құлай бергенде жалғыз құдықтың аузына өріп салған тас əйкелдің үстінде əкем тұрады. Əйкелден сəл төменірек орнатылған сопақша тас астауда күмістей жылтырап су жатады. Өкпелерін шаң қауып қалған кешеден бері шөл қойлар құдық маңындағы тепсеңнің күңірсік исі шыққаннан-ақ ентелей жөнеледі. Сол-ақ екен Самат ағам екеуміз қойдың алдынан шығып, кесек атып, қайырмалай бастаймыз. Таң атқалы бытырай жайылып келе жатқан отар етек-жеңі дөңгеленіп бір жерге кеп ұйлыға қалады. Самат ағам екеуміз
қалтамызға кесек, тас толтырып аламыз да, суға асығып, арпалысып тұрған қойларды он-он бестен бөліп жібере бастаймыз. Əйтпесе əкем су құйып үлгере алмайды. Əйтпесе, көп қой астау басында бірін-бірі тапап тастайды. Мұндайда көзіңе қарап, сақ тұрмасаң болмайды. Жаудай жағаласқан шөл қойлар сəл көзің тайды-ақ құдыққа қарай жапатармағайлап қоя береді... Самат ағам екеуіміздің қой бөліп тұрғанда да аузымыз жабылмайды. Шаңқай түсте қой түгел су ішіп шығады. Шөлі қанған отар құдықтың қасындағы қалың шидің ішінде байыздап жатады. Əкем, Самат ағам үшеуміз астаудағы суға беті-қолымызды жуып, əйкелдің көлеңкесіне тамақтануға отырамыз. Тамағымыз қойыртпақ. Кешеден бері ердің артында жүрген қозы қарын жұмырдың ішіндегі ақырып тұрған ащы айранға мен сыз тепсеңде жатқан саулықтарды тұрғызып ап сауып, сүт əкеп құям. Сосын астаудағы мұздай суға малып қойсаң, жұмырдың ішіндегі бал қойыртпақ жазғытұрымның уызындай тəп-тəтті боп шыға келеді. Содан бір саптыаяқты салып алсаң — манаурап ұйқың келеді, ал біреуді қомсынып, екеу-үшеуін тастап-тастап жіберсең ішіңе біреу кеп пеш қыздырғандай өне бойың тыз-тыз қайнап дөңбекши бастайсың. Ондайда əкем құдықтан тай терісінен жасалған бір қауға су тартып алады да, тас төбеңнен лақ еткізіп құйып жібереді, тісің тісіңе тимей, əлгі бір қызыл шоқтай өн бойыңды өртеп бара жатқан қызудың қайда кеткенін білмей де қаласың. Қойшекеңнің кейде қойыртпақты місе тұтпай, көңілінің құртқа шабатыны бар. Мен, əсіресе, далада сүт пісіріп ішкенді жақсы көрем. Оның талай-талай тəсілін де білем. Ол үшін қазан-аяқтың да қажеті шамалы. Кəдімгі қозының қарны табылса жетіп жатыр. Жаз болса табаныңды шоқ боп жалап жүргізбейтін кебір топыраққа не ыстық құмға көме сал, күз болса сүт құюлы қарынды кішкене шұқыр қазып көм де, үстіне тезек қа- лап, не томар жағып, от өрте. Бір айналып соқсаң — сүйек-сүйегіңді шымырлататын бұйра сүт пісіп тұрады. Əлгі аузының суы құрып айта беретін борщының қандай екенін қайдам, əйтеуір Сталинградтан Берлинге дейін борбайлап барып, талай жұрттың дəмін татып қайтқан Самат ағамның жұмырдың асын ішіме жақпайтын еді деп қайтарып беріп жатқанын көрген емеспін. Шаңқай түсте құдық басында қойыртпаққа тойып алған соң, əкем шақшасына бас қояды, Самат ағам шылым орайды, ал мен таусылмайтын да сарқылмайтын көп сұрағыма қайта кірісем.
— Ау, мылжың бала, қойсаңшы енді. Ағаңның басын ауырттың ғой, түге!— дейді əкем. — Ештеңе етпейді, сұрай берсін, — дейді Самат ағам. Қой десе де қоятын бəрібір мен жоқ. Түс қыза үстімізге бір-бір қауға су құйып ап, орнымыздан түрегеліп, суат басында байыздап жатқан қойды қайтадан өргізіп жүріп те аузым тыным таппайды. Таңның атуы, күннің батуы менің аузым жабылмайды. Таңның атуы, күннің батуы Самат ағамның аузы жабылмайды. Жалп-жалп сөйлесеміз де жүреміз. Əкем екеуі күн аралатып қой күзетіседі. Ол күзетке кеткен күні мен таң атқанша дөңбекшіп шығам. Түнекке бармайтын күні: — Самат аға, осы біздің аспанға ғой жұлдыздар шығады, ал Германияның аспанына не шығады, крест пе?— деймін төсекке құлай беріп. — Біз барғанда Германияның аспанында да жұлдыз быжынап тұрды,— дейді Самат ағам. — Ол қалай? Фашистер крест тақпай ма? — Фашистерді біз құртып жібердік қой,— дейді Самат ағам. — Самат аға, Ахат көкем екеуіңіз неше фашист өлтірдіңіздер?— деймін мен. — Көп қой. — Аттарын білмейсің бе? — Білгенде қандай?.. — Айтшы онда... — Гитлер, Геринг, Геббельс, Робинтроп, Кейтель, Иодль, Гесс... — Бар болғаны жетеу-ақ па?
— Жоқ, өте көп. Бұл тек аттарын білетінім. Жұлдызы быжынаған аспанға қарап біраз жатам да, тағы сұраймын. — Самат аға, осы мың көп пе, миллион көп пе? — Миллион көп те. — Миллионнан не көп? — Миллиард. — Ал миллиардтан не көп болады? — Триллион дейді ғой. — Триллионнан ба... Триллионнан кейін сан жетпес шығар. — Сан жетпестен не көп болады? — Топырақ жетпес. — Сонда мынау жұлдыздар топырақ жетпестен көп пе, аз ба? — Топырақ жетпестен қайдан көп болсын. — Егер бізге топырақ жетпес жау жабылса жеңер ме едік?—деймін мен. — Жеңеміз ғой,— дейді Самат ағам. —Əрине,— деймін мен өзіме-өзім жауап беріп. — Бізде батыр көп. Александр Невский, Минин мен Пожарский, Суворов пен Кутузов, Ушаков пен Нахимов, Фрунзе мен Щорс, Лазо мен Пархоменко, Чапаев пен Буденный, Ворошилов пен Жуков, Конев пен Рокоссовский, Бауыржан мен Мəлік, Төлеген мен Қайырғали, Мəншүк пен Əлия, сосын Ахат көкем екеуіңіз. — Иə, бізде батыр көп қой,— деді Самат ағам. — Самат аға,— деймін тағы да.
— Иə, айта бер. — Осы Суворов пен Кутузовтың қайсысы күшті? — Екеуі де күшті. — Екеуі жекпе-жекке шықса қайсысы жеңер еді? — Қобыланды мен Алпамыс жекпе-жекке шығар ма еді? Жоңғарлар мен қызылбастар тұрғанда жекпе-жекке шығып ол екеуіне не қара көрініпті? Ендеше, Суворов пен Кутузов та жекпе-жекке шықпайды. — Айтпақшы, солай екен-ау,— деймін мен кешірек ақыл кіріп. Ұялғаннан қапелімде үндемей қаламын. Бірақ, көп ұзамай ойыма тағы бір сұрақ оралады да, көмекейді қытықтап жатқызбайды. Қипақтап əрі жатам, бері жатам, шыдай алмай тағы сұраймын. — Самат аға, қазір социализм ғой. — Иə. — Социализмнен кейін не болады? — Коммунизм. — Ал, коммунизмнен кейін не болады? Самат ағам көпке дейін ойланып қалады. — Рахатизм. — Рахатизм... Енді мен жатып ап қиялдай бастаймын. Шіркін-ай, сол рахатизмғе тез жетсек. Жер бетін жайлаған əлгі триллион жоқ сан жетпес, тіпті топырақ жетпес адамдардың бəрі бізбен дос болса, əр қайсысында Жанастың сөмкесіндегідей он шақты қарындаш, екі-үш дəптер емес, топырақ жетпес исі аңқыған əдемі қарындаш пен исі аңқыған əдемі қағаз болса. Менде де болса... Тек Жанаста ғана болмаса. Алақанын жайып əркімнен барып қағаз сұраса, қарындаш сұраса, ешқайсысы бермесе, «əрі
жүр, аулақ кет, үстімізді былғайсың» деп маңдарына жолатпаса. Тіпті Жазира жеңешем де жуытпай қойса. Көз алдыма ылғи тырсиып жүретін сөмкесі қабысып, ылғи шіреніп жүретін иығы солпиып, мөлиіп тұрған Жанас елестегенде барып, кірпігім айқасады. Ондайда біздің үйдің адамдары мені таңертең жұлқылап жүріп зорға оятады. Көзімді тырнап ашып, қою айранды дүрс-дүрс жұтып, елең- алаңнан қойға кеткен Самат ағаға тартам. Самат ағамның сағатына қарайтынына біздің үйде ешкім күлмейді. Тек Жазира жеңешемнің ғана бір-екі жерде мырс ете түсіп, ернін тістей қойғанын байқап қалғаным бар. Ал айдалада жападан-жалғыз қойдың шетінде сағатына қарап тұрғанын көріп былайғы жұрт: «Осы пақырдың есі дұрыс болса жарар еді. Қаршадайынан Басқұншақтың көк тұзын кешіп, көк бақа боп қалған қара шекпен неме қойды сағатқа қарап өргізіп, сағатқа қарап иіргенді қай бабасынан көрді екен!» — деп күледі деседі. — Қалай, батыр, ұйқы қанды ма?— дейді ол қасына барғанымда. Басымды бір бұлғаң еткізем. Оным «қанды» дегенім. Сосын манадан бері ойымда келе жатқан көп сұрақты ұмытып қалатындай-ақ аптығып сөйлей жөнелем: — Самат аға... Самат аға, осы Ахат көкем үлкен бе, сіз үлкенсіз бе? — Ахат үлкен еді,— дейді ол. — Мен оны ылғи «аға» дейтінмін. — Ахат көкемнің бойы ұзын ба?— деймін мен. — Ұзын, — дейді Самат ағам. — Біздің батальондағы ең ұзын офицер сол болатын. Бұны айтқанда Самат ағам əңгіме Ахат көкем туралы емес, өзі туралы болып тұрғандай иығын бір керіп қояды. — Ахат көкем əдемі ме еді? — Мен өзім көрген жігіттердің ішінде ондай сұлу жігіт көрген емеспін.
Енді мен масаттанып қаламын. Соны сезгендей Самат аға əңгімесін қайта жалғайды. —Шашы, мына сенің шашың секілді мөлт қара. Əрі бұйра. Маңдайы да сенің маңдайыңдай жап-жазық. Сендей тəмпіш емес, қыр мұрын. Дөңгелек көз. Несін айтасың, сабазың кісі-ақ еді ғой. Самат ағам күрсініп қояды. Мен де қосыла күрсінем. Əңгіме үзіліп қалады. Самат ағам кішкене көзі одан сайын кішірейіп, ту-ту алысқа, менің жанарым жетпейтін шамасы кеше ғана өзі оралған алыс қиырларға қарап тұрғандай ұзақ тесіледі. Солай тұрады, тұрады да, бір уақыттарда барып қоңырлықта бас көтерместен қадала жайылып жатқан көп қойға бір «шəйт!» — деп қояды. Ондай кезде Самат ағамнан бірдеңе сұрауға батылым бармай мүдіріп қалам. Сонымды сезе ме Самат: — Ау, батыр, неге үндемей қалдың,— дейді. — Менің Жазира жеңешем де əдемі ғой, — деймін мен. — Беті қандай аппақ-ау, аппақ, көзі қандай қап-қара... Шашы қандай ұп-ұзын! Жеңешемді одан əрі мақтауға сөзім таусылып, Самат ағама қараймын. Самат ағам құдды бір ақ көйлегі желбіреп, шашбау таққан қос бұрымы бұлғаңдап, нұры мол дөңгелек көзінің астымен білдірер-білдірмес қып бір жымиып қойып, бұралаңдай басып Жазира жеңешемнің өзі келе жатқандай ауыл жақтағы төбеге қарап тұр екен. — Иə, Жазира, жеңешең де сұлу... Біздің Ахат аға тегін кісіге ғашық болмайды ғой,— дейді Самат ағам. «Ғашық» деген сөзді естігенде құлағым елең ете түседі. Əлденеге екі бетім дуылдап, тамағым құрғақсығандай. — Аға, осы ғашықтық деген не? — деймін міңгірлеп. Самат ағамның да екі беті ду ете түседі. Қапелімде сөз таба алмай абдырап қалады.
— Қалай десем екен... Əлгі өзің айта беретін Қыз Жібек пен Төлеген, Қамбар мен Назым, Қобыланды мен Құртқалар бар емес пе? Так... Солар бір-біріне ғашық қой... Бірін-бірі өліп-өшіп жақсы көреді. Бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Самат ағам кенет əлденеге тыйылып қалады. Осы бір түсініксіз əңгімені одан əрі созбақтағым келмей мен де үнсіз қалам. Көз алдымда қайдағы бір елестер тіріледі. Мынау Самат ағам екеуміз қой жайып жүрген кішкене тар қолат аяқ астынан айдын шалқар көлге айналады. Көл жағалап бір қара қасқа атты жолаушы келе жатады. Қанжығасы толы қаз-үйрек. Тоқсан үйлі тобырға азық қылайын деп атып əкеле жатыр екен деймін. Тоқсан үйлі тобыр ауылдың бір шетінде. Самат ағам екеуміз де қара қасқа атты жолаушыдан көз айырмай қарап тұр екенбіз деймін. Кенет айдын шалқар көлдің құбыла бетіндегі ақ жұмыртқа ауылдан сылаңдап бір қыз шыға кеп, қара қасқа атты жолаушының үзеңгісіне жармасқан екен деймін. Қара қасқа атты қызға бұрылып қарап еді — Ахат көкем секілденіп кетті. Самат ағам айтқандай, ұзын бойлы, қыр мұрынды, томаға көз сұлу жігіт. Ал, қыз — аумаған өзіміздің Жазира жеңешем. Үстінде — ақ шыт көйлек, жеңсіз бешпент, омырауында комсомол значогі. Айтпақшы, Қамбар, Назым комсомолда жоқ екен ғой... — Марқұм Жазираны жанындай жақсы көретін. Одан хат алған күні төбесі көкке жетіп қалушы еді. Мен де почта келген сайын Жазирадан хат бар ма екен деп тінткілеп бағам. Оның əр əрпі баданадай əдемі жазуын бірден танитынмын. Көрсем алдымен жармасамын. Сып еткізіп төс қалтама салып алам. Содан Ахат ағам келгенше, қойныма ыстық күлше тыққан кісіше, тыпыршып отыра алмаймын. Ахат ағайдың қарасы көрінгеннен-ақ қабақты тас қып түйемің ерінді дүрдитіп, өз-өзімнен бүліне бастаймын. Айта алмай жүрген өкпе-ренішімді де сол күні судай сапырып бағам. Ахат ағай менің ол мінезіме əбден қанық болып алған. Біразға дейін тыңдап-тыңдап отырады да: — Арам бала, табан астынан Асан Қайғы бола қалғаныңа қарағанда, шамасы, Жазирадан хат келген ғой, əкел бері, — дейді. Мен күліп жіберем. Ахат ағай хат оқып отырғанда мен билікті өз қолыма алып алам. Старшинаның жылы жұмсағын əлдеқашан былқытып асып қойғам. Ақаңның да көзін табам. Ендігі командир — өзім. Екі стаканға сықылдатып құя бастаймын.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217