Әбу Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Салим әл-Жуһани ЖҮРЕК НЕГЕ ТАСҚА АЙНАЛАДЫ? Алматы, 2013 1
УДК 28 ББК 86.38 Ж-89 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДІН ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ДІНТАНУ САРАПТАМАСЫНАН ОҢ ҚОРТЫНДЫ БЕРІЛГЕН Ж-89 Жүрек неге тасқа айналады?/ Аударған Ж. Сандыбаев. – Алматы: «Кәусар- саяхат» ЖШС, 2013. ISBN 978-601-7016-00-5 Бұл кітапшада адам жүрегін жаулап алатын ең қатерлі дерт – тасжүректіктің көріністері, себептері баяндалған және одан жазылу жолдары көрсетілген. Аурудан пәк жүрек, адамның көңілін сергітеді, қуанышпен шаттыққа бөлейді. Кітапша көпшілік оқырмандарға арналған. УДК 28 © «Кәусар- ББК 86.38 ISBN 978-601-7016-00-5 саяхат» ЖШС, 2013 2
ЖҮРЕК НЕГЕ ТАСҚА АЙНАЛАДЫ? Барлық мақтаулар Аллаһқа тән! Сондай-ақ, соңғы пайғамбар, адамзаттың алыбы Мұхаммедке салауат пен сәлем болғай! Жүрек – адамның бойындағы ғылым мен тәлім алу, сөйлесу, талап қылу және сын айту, сүю мен жек көру сезімдерінің орны, иман мен күпірліктің жайғасқан жері, Аллаһқа тәубе қылу мен табандылық таныту, тыныштық пен уайым мекені. Жүректі Аллаһтан басқа ешкім иеленіп орнықпаса, онда жүрек Оның құзырына қабыл болады. Аллаһтан басқадан жәрдем сұраған жүрек Оның құзырынан мақұрым қалады. Адам жүрегін таза ұстаса, онда ол оның бақытының қайнар бұлағына, ал оны ластап кірлетсе, онда ол күллі жаманшылық орныққан кесапат ошағына айналады. Жүрек – дене қуаты тәуелді әрі бағыт беруші және бағдар жасаушы қазына. Оның артынан дене мүшелері мен ағзалары ілесіп отырады. Жүрек жайында Әбу Һурайра 3
(Аллаһ оған разы болсын): «Жүрек – патша, дене ағзалары оның әскері. Патша жақсы болса, әскері де қуатты келеді. Егер патша жаман болса, әскері де кесапат болады», – деп айтқан. Тұлғаның күші оның жүрегіне байланысты. Сондықтан Аллаһтың елшісі (с.а.с.): «...адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол жақсы болса, онда күллі дене жақсы. Егер жаман болса, онда күллі дене бұзылады. Шынында ол – жүрек», – деген (әл-Бұхари, Муслим). Жүрек – амалдарды сақтайтын ыдыс: жүрек жасалған амалдарды сақтап, кейін оған таңба басады. Егер онда жинақталған амалдар игі болса, онда жүрек те ізгі, егер амалдар пасық болса жүрек те пасық. Пенденің мінезі мен жүріс-тұрысының өзгеруі нәтижесінде жүректің сыртқы көрінісі де өзгереді. Сондай-ақ оның сау- саламаттық пен дерттің және бақыт пен бақытсыздықтың арасындағы халдері де ауытқып отырады. Жүректің жұмсақ немесе 4
қатты болуы оның жоғары мәртебелі Аллаһтың бұйрығына сәйкес ізгі амалдарды көптеп жасауы мен олардан бас тартып орындамауына байланысты екенін естен шығармаған жөн. Жүрек – дене тәріздес: адам денесінің ауырғаны сияқты жүрек те ауырады. Жүрек дертінің шипасы – Аллаһқа тәубе жасау. Айнаның бетін шаң-тозаңның басатыны сияқты жүректі де кір басады. Оны жарқырату үшін Аллаһты еске алып, Оны ұлықтайтын сөздердің мағынасын түсініп айту қажет. Сондай-ақ жүрек жалаңаш дене сияқты күй кешеді. Оны әсем киімдермен киіндіру үшін тақуа болмақ лазым. Асқазанның қарны ашқаны сияқты жүректе бір нәрсені аңсап сыздайды. Оның асы мен суы – білімге құштарлық, сүйіспеншілік және тәуекелшілдік пен тәубешілдік. Жүректің дерті көп: жүрек науқастығының түрі өзін қоршаған жағдайлардың әсер етуіне байланысты өзгеріп отырады. Жүрекке әсерін тигізетін жағдай күшейген сайын 5
жүректің дерті де үдейді. Тіпті жүрек дертінің күшейгенінен оның іші-сырты жаман нәрсемен толысып, шындық жолынан тайып, тоқырайды. Соның салдарынан жүрек қайғылы жағдайға душар болып, мертке ұшырайды. Себебі жүрек өзінің иесін иман жолынан адастырып, күпірлік жолына алып келеді де, оны хайуандар деңгейіне түсіріп жібереді. Одан Аллаһ сақтасын! Жүректің ең қатерлі дерті: Жүрек душар болатын дерттердің қатерлісі оның тасқа айналуы, яғни тасжүректік. Ол – қатерлі дерт. Жүрек аурулары одан бастау алып өршиді, содан көрініс табады. Аурудың бұл түрінен айығу мүмкін емес, тек Аллаһтың шипа берген адамы ғана сауығады. Бұл аурудың қатерлігін Аллаһ тағаланың: «Аллаһ осылайша өлікті тірілтіп сендерге белгілерін көрсетеді, мүмкін сендер ойланарсыңдар. Содан кейін де жүректерің тас сияқты қатайып немесе одан да қаттырақ болды. Себебі тастар жарылып, одан өзендер ағады. Кейбір 6
тастар қақ бөлініп одан су шығады. Әрине кейбір тастар Аллаһтан қорқып құлайды. Аллаһ істеген амалдарыңнан бейхабар емес» (Бақара, 73-74); «Оларға қиындығымыз келген заманда жалбарынса еді, бірақ олардың жүректері қатайған. Шайтан оларға істеген амалдарын әдемі етіп көрсетеді» (Әнғам, 43); «Жүректері қатайып Аллаһты еске алудан мақұрым болғандар құрысын! Міне, олар ашық адасуда» (Зумәр, 22); «Өздеріне бұрын Кітап беріліп, кейін ұзақ мерзім өтуі себепті жүректері қатайғандар сияқты болмаңдар. Олардың көбі бұзақылар» (Хадид, 16), – деген аяттарынан байқауға болады. Аллаһтан ең алыс жүрек – тасқа айналған жүрек. Енді қадірменді бауырым, жүрек дерттерінің көріністеріне, оның себептері мен айығу жолдарына назар салайық. 7
Тасжүректіктің көріністері Жүректің қатаюын көрсететін себептер мен белгілер бар. Олар адамға ықпал етуі мен тигізетін қатері жағынан әр түрлі келеді. Бұлардың ең маңызды белгілері төмендегідей: 1. Ізгі амал мен Аллаһқа бойсұнып құлшылық жасауда жалқаулық көрсету. Бәлкім, ол адам құлшылық жасағанда олардың кейбірін тәрк етуі мүмкін. Мысалы намазды оқыған уақытта ешқандай рухани азық алмай тек қимылдарды орындайды. Тіпті қамауда отырған адам сияқты жаны қысылып намаздан неғұрлым тез шығуды қалайды. Сол сияқты намаздың сүннеттерін орындау да қиынға соғады. Ол кісіге Аллаһтың әмір қылған парыздары арқасына жабысқан ауыр жүк секілді көрінеді де, көкейі одан тез арада құтылсам деп сайрап тұрады. Аллаһ тағала мұнафықтарды (екіжүзділерді): «Олардың жұмсаған 8
нәрселерінің қабыл болуына Аллаһ пен Оның елшісіне қарсы болғандықтары, намазға жалқауланған түрде ғана келулері мен өздері жақтырмай берген садақалары ғана кедергі болды» (Тәубе, 54); «Мұнафықтар Аллаһты алдамақшы болады. Негізінде Аллаһ оларды алдап қоюшы. Қашан олар намазға тұрса жалқауланып тұрады. Олар (намазды) адамдарға көрсету үшін оқып, Аллаһты өте аз еске алады», – деп сипаттаған (Ниса, 142). 2. Құран аяттарына және имандылық жолындағы үгіт-насихатқа берілмейді. Мұндай жүрек Құран аяттарын, амалға сай уәде етілген орындарды естіген сәтте мойынсұнбайды және әсерленбейді. Сол сияқты Құран Кәрімді оқуға немқұрайлық танытады. Аллаһ тағала: «(Мұхаммед!) Олардың не деп айтқандарын жақсы білеміз. Сен оларға мәжбүрлеуші емессің. Азаптан қорыққанды, Құранмен насихат 9
қыл» (Қаф, 45), – деп әмір қылған. Соған қарамастан жүрегі тас бола бастаған кісінің Құранды зейін қойып тыңдауы салғырт келеді. Ол көңілін басқа нәрсеге аударып, кетіп қалуға асығып тұрады. Аллаһ шынайы мұсылмандарды: «Сөзсіз мүміндер Аллаһ еске алынғанда жүректері қобалжиды. Аллаһтың аяттары оқылса имандары күшейіп, Раббыларына тәуекел қылады. Сондай-ақ олар намазды толық орындап берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды», – деп мақтаған (Әнфәл, 2). 3. Айналасын қоршаған құбылыстар, жаратылыс ғажайыптары немесе өлім сияқты жайттар әсер етпейді. Өзін қоршаған ортада ара-тұра болып тұратын жаратылыс ғажайыптары, өлім- жітім немесе мәйіт сияқты құбылыстарға толқымайды. Мүрденің, қабірдің қасынан әдеттегідей жүріспен өтіп кетеді. Әйтпесе өлім дегеніміз тұрған бойы насихат, яғни мәйітті, қабірді көрген адамның тұла бойы 10
тітіреніп ойлануы тиіс. Жоғары мәртебелі Аллаһ: «Сондай-ақ ол сүре (Құран) жүректерінде дерті барларының жамандықтарының үстіне жамандық арттырады. Олар қарсы болған күйде өледі. (Мұнафықтар) әр жылы бір немесе екі рет сыналғандарын көрмейді ме? Сонда да олар тәубе етпейді, насихат та алмайды», – деген (Тәубе, 125-126). 4. Ынтызарлығы дүние рақаттарымен артады да, Ақыретіне әсер етеді. Оның уайымы да, жұмысы да дүние болады. Ол – кісінің бұл тіршіліктегі жеке мүддесі адамдар қатынасындағы сүйіспеншілік пен дұшпандықта өлшем таразысына айналады. Сондықтан қызғаншақтық, қырсықтық және сараңдық пен іштарлық қасиеттер оның бойын билейді. 11
5. Жоғары мәртебелі Аллаһты ұлықтау амалы әлсірейді. Аллаһ тағаланы зікір қылу құштарлығы бәсеңсейді де жүректегі иманның шоғы кеми түседі. Мұндай адам шариғат заңының бұзылғанын көрсе жүрегінде жеркеніш тумайды, ал тыйым салынған харам нәрсенің орындалғанын көрсе қарсы әрекет жасамайды. Зорлық-зомбылықты естіген жағдайда ешнәрсе болмағансып үнсіз қала береді. Жүрегі осы дертке шалдыққан кісі Аллаһтың орында деп бұйырған нәрсесін орындамайды және тосқан нәрсесінен аяқ та тартпайды. 6. Тасжүрек адамның бойын үрей билейді. Шыбын жаны қысылады, адамдардың арасында тұра алмайтын халге ұшырайды. Сондай-ақ ол адамға өмір сүру мен тұрақтылықтың пайдасы жоқ болып көрінеді де кез келген нәрсенің көлеңкесінен туған уайым күшейіп үдей түседі. 12
7. Күнә жасау өзіне ұқсайтын әрекетті тудырады: Шариғатты бұзып күнә жасау амалы бірінен-бірі туып жалғаса береді. Тіпті оларды бір-бірінен айыру қиынға соғып, әдеттегі амалға ауысады. 13
Жүректің тасқа айналу себептері Жүректің тасқа айналу себептері көп және олар алуан түрлі. Бұлардың барлығы бірінен- бірі қауіпті. Жүректің қатаюына жағдай жасайтын себептер артқан сайын жүрек тасқа айнала бастайды. Олардың ең маңыздылары: 1. Жүректің дүниеге беріліп оған жақын тұруы және Ақыреттің ұмыт қалуы. Бұл – жүректі тасқа айналдыратын себептердің ең қауіптісі. Расында да дүние сүйіспеншілігі Ақырет өмірінің махаббатынан асып кететін болса, онда жүрек дүниеге беріледі. Бұл өз кезегінде бірте-бірте иманды әлсіретеді, нәтижесінде Аллаһқа құлшылық жасау әрекеті салқын және жалықтыратын амалға көшеді. Жүрек ләззат пен рақатты дүниеден тауып, тіпті Ақыретті ұмытады немесе соған жақындайды. Бұл нәрсеге бойұрған адам құмар мен ләззатқа беріліп, өз кезегінде өмір үшін қауіпті екенін естен шығарады, шексіз 14
арманға ілесіп кете барады. Сондықтан осы кесапат бәлелердің бір адамның бойында шоғырлануы оны құрдымға түсіреді. Дүние қызығы ағаш бұтақтары тәріздес көп. Жүрек сол бұтақтардың біріне жақындап тұрақтайды, кейін бұтақтың басқасына жайылады. Сөйтіп Аллаһтан алыстап кеткенше жалғасады. Күмәнсіз көкірегінде мұндай жүрегі бар пенде Раббысын ұлықтауды ұмытып, керісінше дүниені мадақтап құрметке бөлейді. Осылайша ұлықтауға тұрмайтын нәрсеге тағзым жасайды. Шынайы ұлық мәртебе мен құрметке лайық нәрсеге бейқамдық танытады. Сол себепті ол адамзаттың ауыр жазасын тартады. Көне көз қариялардың бірі: «Кез келген құлдың дүние қамын көруі үшін жүзінде орналасқан екі көзі бар. Сол сияқты Ақырет тіршілігін көруі үшін екі көзі жүрегінде орналасқан. Аллаһ Өзінің игілік жасағысы келген пендесінің жүректегі екі көзін ашады. Соның арқасында ол Аллаһтың 15
берген ғайыптағы уәдесін тамашалайды. Ал егер Аллаһ пендесіне жамандық қаласа, онда оны сол қалпында (әдеттегі екі көзімен) қалдырады», – деп айтқан, сонан соң Аллаһ тағаланың: «...немесе олардың жүректері құлыптаулы», – деген аятын оқыған (Мұхаммед, 24). 2. Жүректің тас болуына жағдай жасайтын келесі себеп – бейқамдылық. Бейқамдылық – өмірге қауіпті дерт. Егер бұл кесапат жүректі жаулап, жанды мекен етіп алса, онда ол қатерлі ауру болғаны. Жүрек дертінің бұл түрі дене мен оның мүшелеріне әсер етіп, тура жолдың барлық қақпаларының жабылуына, жүрекке таңба басылуына мұрындық болады: «Міне, бұлар сондай; Аллаһ олардың жүректерін, құлақтарын және көздерін бекітіп қойған. Олар бұған мүлде бейқам. Сөз жоқ! Олар Ақыретте зиян тартушылар» (Нахл, 108- 109). 16
Ғұламалар басым көпшілік мінездің халін сипаттап: «Кімде-кім мінез-құлықтың халі жайында ойланып, ой қорытқан болса, онда сөзсіз олардың Аллаһ тағаланы зікір қылуда немқұрайлық танытқан, нәпсінің жетегіне ерген, жасаған амалдары мен игі істері зая кеткен, яғни өздеріне сауап болып тиетін пайдаларына ұқыпсыз қараған, бүгін немесе ертең зиянын тигізетін нәрсемен шұғылданған басым көпшілік мінездің аз бөлігінің бір бөлігін ғана бұлай жасамағанын көресіз», – деп айтқан. Аллаһ тағала бойын бейқамдылық билеген адамдар туралы хабар бергенде олардың жүректері жібімейтін, жұмсармайтын тасжүрек болатындарын ескерткен. Оған айтқан уағыз-насихат пайда бермейді, себебі, ол тас сияқты тіпті одан да қатты деген. Немқұрайлы адам көздерімен әр нәрсенің тек сыртқы көрінісімен шектеліп, оның ақиқатын көрмейді және пайдасы мен зиянның арасын ажыратпайды. Ол адам өтірік айту, келеке қылу, ғайбат сөйлеу, бұзықтық жасау немесе 17
ән салу сияқты харам нәрселерді естиді. Ал Құран мен Аллаһ елшісінің (с.а.с.) сөздерін ұғып пайда алғысы келмейді. Сондықтан бұл сияқты адамдарда дұрыс бағыт пен һидаят жолы қайдан болсын? Аллаһ тағала Құранда бұларды: «Рас тозақ үшін де көптеген жындар мен адамдарды жараттық. Олардың жүректері бар, алайда, олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді және олардың құлақтары бар, бірақ ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті, одан әрі адасуда. Міне, солар нағыз бейқамсыздар», – деп сипаттаған (Ағраф, 179). 3. Тасжүрек болуға ықпал ететін келесі себеп – жаман адамдармен достасу және бұзық ортада жүру. Бұл жүректің тас болуына көп ықпал жасайтын себептердің бірі. Себебі, адам өзін қоршаған ортаның әсеріне тез беріледі, еліктегіш келеді. Айқай-шу, бұзақылық жасау мен Аллаһтың тыйған харам 18
нәрселерінің ортасында өмір сүрген адамның жүрегі жылдам тасқа айналады. Сондай-ақ ол кісінің естіген әңгімесі қыз-келіншек, сондай-ақ ләззаттық, құмарлық жайында өрбіп, үнемі әзіл мен күлкіні, келекені әдет қылған адамдардың қасында жүретін болса, онда жүрек науқастығы жазылмас дерт құшағында қалады. Көркем фильмдер мен сериалдарды қызықтап, музыканы көп тыңдаудың әсері кісінің мінезін бірте-бірте өзгертіп, оның жүрегін қарайтады, нәтижеде, жоғарыда аталған жайттардың барлығы оның күнделікті тіршілігіне айналады. 4. Жүректі тас ететін негізгі себептердің келесі түрі – шариғаттың тыйған нәрселерін және бұзақылықты жиі жасап, оны үйреншікті дағды ретінде бойға сіңіру. Жасалған бұзақылық зардабы жағынан болмашы болса да өзінен кейінгі бұзақылыққа жол ашады. Оның қатерлігіне 19
немқұрайлық танытып көңіл бөлмеудің салдарынан ол жасырын түрде бірінің соңынан бірі жүріп отырып, жүрекке өрмелейді. Тіпті олардың онда қалай келгенін білмей де қалады. Жүректің бұзақылыққа үйренгені сонша, оларды бір- бірінен ажыратуға шарасыздық танытып, Аллаһқа және Оның құдіретіне тағзым етуіне кедергі келтіреді. Сонымен бірге жүректің Аллаһқа, Ақырет күніне ой-жүгіртуі де әлсірейді немесе тоқтауға шақ қалады. Бұл дертке шалдыққан жүрек Аллаһқа жақындайтын қадам жасамайды. Өйткені күнә ізгілік көрсетушіге тосқауыл қояды және талаптанушының бағытын теріс бұрады. Осыны ескерген Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Пенде бір күнә жасаса, онда оның жүрегіне қара дақ түседі. Егер ол күнә жасауды тоқтатып, тәубе жасап, кешірім сұраса, онда оның жүрегі тазаланады. Егер күнәға қайта оралып, оны істеуді көбейтсе, жүрегін қара дақ жаулап алады. Жүректегі дақ Аллаһ 20
тағаланың: «Жоқ, бәлкім олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты» (Мутаффифин, 14), – деп айтқан аяттағы таты», – деген (әт-Тирмизи, Ахмад). 5. Жүректің тас болу себептерінің келесі түрі – өлім, өлім аузындағы халді және қабірдегі жағдайларды естен шығару. Өлімді, қабірдегі жағдайды, олардың азаптары мен марапаттарын, амал дәптерінің беріліп жария қылынуын, қыл көпірден өтетін сәтті ұмыту жүректің тасқа айналуына себеп туғызады. Ақыреттегі тозақ отын ұмытып, Аллаһ тағаланың уәде еткен азаптарын да естен шығарады, сөйтіп тасжүрекке айналады. 6. Тасжүрек болуға ықпал ететін жағдайдың келесісі – жүректі қатыгез ететін және бұзатын нәрсемен шұғылдану. Ғұламалар жүректі бұзатын бес нәрсені атап көрсеткен. Олар: еркек пен әйелдердің 21
бір-бірімен көп араласуы; шексіз арманға берілу; Аллаһтан басқа нәрсеге ден қою; қомағайлық және ұйқыны сүю (көп ұйықтау). 22
Тасжүректікті емдеу Құрметті бауырым! Жоғарыда тасжүректіктің себептері мен салдары жайында қысқаша баян қылдық. Енді, бұл дерттен айығу жолдарына тоқталайық. Бұл әдістер жүректі жоғары мәртебелі Аллаһқа жұмсақ, мүләйім және бойсұнғыш етеді. Аллаһтың құзырынан мақұрым болған жүрек осы жолдардың арқасында Оның алдына қайтып барады, бұрын шектен шыққан жүрек өз шеңберіне қайта келеді. Күмәнсіз, үлкен нығметтердің бірі – жүректің жұмсақтығы. Себебі жүректің жұмсақтығы нығметтің ең ұлық әрі жоғары мәртебесі. Нығметтің бұл түрінен ешкім құр қалмайды, бірақ Аллаһ азаппен жазалауға уәде берген пенделерін ғана бұдан құр қалдырған. Сондықтан Аллаһ тағала: «Аллаһ кімнің көкірегін Исламға ашса, сол Раббысы тарапынан нұрға бөленген емес пе? Жүректері Аллаһты еске алудан қатайғандар құрысын (оларға нендей 23
өкініш!). Міне, бұлар ашық адасуда», – деген (Зумар, 22). Күнәдан аулақ, Аллаһтың махаббаты мен әміріне ұқыптылықпен бойсұнушы, қайырымдылыққа асыққан және құлшылықты орындауға әуес болған пенденің жүрегі әрқашан Аллаһ үшін нәзік әрі мейірімді. Қымбатты бауырым! Саған жүрегіңдегі тасты ерітіп, Жаратушы Қожайыныңа нәзік әрі мейірімді жүрекпен баруға көмектесетін бірнеше жолдарды ұсынғалы отырмыз: 1. Аллаһ тағаланы тану. Кімде-кім Раббысын шынайы таныса жүрегі мейірімді, ал кім Раббысын есінен шығарса оның жүрегі тас болады. Егер тас жүректі адамға тап болсаңыз оны жоғары мәртебелі Аллаһқа құлшылық жасаудан мақұрым, еске алудан алшақ деп біліңіз. Пенденің Аллаһты танымау надандығы артқан сайын, соғұрлым шектен тыс харамға 24
батады. Ал енді Аллаһтың құдіретін үздіксіз ойлайтын, Оның берген есеп-қисабы жоқ нығметіне шүкіршілік ететін болса, онда ол адамның жүрегі соғұрлым мейірімді келеді. 2. Өлімді және одан кейінгі халді қаперінен шығармау. Қабірдегі сұрақ-жауапты, қараңғылық зұлматты, қабірдің үрейі мен тарлығын және ажалдың сұстылығы мен өлім аузындағы халді ойдан шығармау қажет. Сол сияқты адамдардың мәйітті көмуге келген куәгерлерді, жаназа намазына тұрған мезгілді көз алдына елестетіп тұрудың маңыздылығы пенде сезімін оятып, орнынан тұрғызады. Нәтижеде, жүрек бейқамдылық бодауынан босайды да мейірім құшағына кіріп, Раббысына оралады. Сағид ибн Жубайр (Аллаһ оған рақым етсін): «Егер жүрегім өлімді еске алуды қоятын болса, онда ол маған зұлымдық жасайды ма деп қорқамын», – деген. 25
3. Қабірді зиярат етіп, ондағылардың ахуалы жайында ой жүгірту. Топырақтың астында жатқан мәйіттердің денесінің не болғаны, олардың кезінде бұл дүниеде қалаған нәрселерін киіп, не ішемін, не жеймін демей ішіп-жеп, рақатқа батып жүргені, олардың ақырында жиған-терген дүниелері мен бала-шағаларын өздерімен алып кете алмай артқа тастап кеткені, енді топырақпен бірге топырақ болғандары турасында ой қорытады. Уақыт өте өзінің де солардың жандарына баратыны жайында есіне алады. Қолындағы малы кезіндегі солардың малы, жүрген жолы кезінде сол адамдардың да жүрген жолы екенін түсінеді. Қабірді зиярат қылу – бейқам адамдар үшін үгіт-насихат және еске түсіру мен ескерту. Сол себепті де Аллаһтың пайғамбары (с.а.с.): «Сендерді қабірге барудан тыйған едім. Енді оны зиярат етулеріңе рұқсат. Расында, бұл нәрсе жүректі елжіретеді, көзге жас толтырады, Ақыретті еске түсіреді. (Ол жерде) әдепсіз сөз 26
сөйлемеңдер», – деп насихат қылған (әл- Хаким). Қабірге және онда жатқан кісілердің ахуалына қарап ой жүгірткен кісінің қатайған жүрегі жібіп мейірімі арта түседі. Аллаһтың құзырына шыншыл әрі бойсұнушы адамның кейпінде барады. 4. Құран Кәрімнің аяттарына назар салу. Құран аяттарын оқып, ондағы Аллаһтың берген уәдесі мен жазалары, әмірі мен тыйым салған үкімдері турасында ойлану қажет. Кім Құранды ықыласпен ойланып отырып оқыса, көздерінің жасаурап, жүрегінің дүрс-дүрс етіп соққанын байқайды. Иманы тереңінен тасып Аллаһпен қауышуды қалайды. Құран оқыған адам немесе Құран аяттарын естіген адам Аллаһтан туған қорқыныштан міндетті түрде жүрегінің соғысы мен тұла бойының дірілін сезінеді. Аллаһ Құранда бұл турасында: «Аллаһ аяттарды бір-біріне ұқсас, қайталанып отыратын сөздің ең көркемін Кітап 27
түрінде түсірді. Аллаһтан қорыққан (кісілердің) Құраннан түктері үрпиеді. Кейін олардың терілері мен жүректері Аллаһтың зікіріне жібиді. Бұл (Құран) – Аллаһтың тура жолы. Онымен кімді қаласа дұрыс жолға салады. Аллаһ кімді адастырса оған дұрыс жолды сілтеуші табылмайды», – деп айтқан (Зумар, 23). 5. Ақыретті еске алу және Қияметтегі ахуал жайында ой-жүгірту. Сонымен қатар Аллаһтың бойсұнушылар үшін уәде қылған тұрақты жаннат нығыметтері мен күнәкарларға әзірленген анық от азабы туралы ойлану. Себебі ол бойға үйірілген ұйқыны сергітеді, тұрақтап қалған уайымды қозғайды және әлсіреген шешімдерге қуат береді. Сонда барып оның жүрегі жібиді де Раббысының алдына тәубесіне келген шыншыл құлы ретінде барады. 28
6. Аллаһқа көптеген зікір айту және жарылқау тілеу. Расында да, тас біткен жүректі тек Аллаһты еске алумен ерітуге болады. Сондықтан пенде қатайған жүрегін Аллаһ тағаланы зікір қылуымен емдеуі қажет. Бір кісі әл-Басраға келіп: «Уа, Әбу Сағид! Жүрегім тасқа айналып барады», – деп шағымданады. Хасан оған: «Жүректегі тасты Аллаһты еске алу арқылы жібіт. Себебі жүректі бейқамдылық басқан сайын соғұрлым тасқа айналады. Егер Аллаһты зікір қылатын болса, онда қорғасынның отта балқығаны сияқты жүректегі тас та ериді. Жүректің тасын Аллаһтың зікірі еріткені сияқты ешнәрсе ерітпейді», – деп жауап берген. Ғұламалар: «Жүрек екі нәрсемен: бейқамдылықпен және күнә жасаумен тат басады. Сол сияқты екі нәрсемен: Аллаһты еске алумен және жарылқау тілеумен тазарады», – деп айтқан. 29
7. Салихалы кісілермен достасу, араласу, сұхбаттасу және соларға жақын жүру. Салихалы адам әлсіреген кезіңде қолыңнан ұстап демейді, Аллаһты ұмытқаныңда есіңе салады, білімсіздікке дұшар болғаныңда жол сілтейді, жоқтықта барын бөліп береді және оны көргеніңде есіңе Аллаһтың аты түсіп құлшылыққа бас ұрасың. Аллаһ тағала: «(Мұхаммед!) Ертелі-кеш Раббыңның дидарын іздеп жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап, көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ (Біз) жүрегін Бізді есіне алуға немқұрайлы еткен, әуесіне ерген және әрекеті шектен асқан біреулерге бағынба», – деген (Кәһф, 28). Жағфар ибн Сүлеймен: «Жүрегіме тас түскенін байқасам келесі күні ерте тұрып, Мұхаммед ибн Уасиғқа (салихалы кісінің есімі) барып, оның жүзіне қарайтын едім», – деп айтқан. 30
8. Нәпсімен күресу, есеп алу және оны жазғыру. Егер адам баласы өз нәпсісімен күреспесе, есеп алмаса, бойындағы айыптарына көз жұмса және оған бой беретін болса, онда жүрегіндегі дертінің ақиқатын таба алмайды. Дертінің себебін білмейінше оған қандай дауа қолданады? Сол себепті нәпсінің әлсіздігін, оның жаратушыға деген мұқтаждығын есіне түсіріп, ұйқысынан тұрғызу керек. Нәпсіге билік айтып, басқаруға жеңіл болуы үшін Аллаһ тағаланың берген нығметтерін танытып, нәпсінің үнемі бақылауда екенін және әрбір кішілі-үлкен нәрселер үшін есеп беретінін есіне түсіріп тұруы қажет. Аллаһ тағаладан бізге тақуа жүректі, Оны үнемі еске алатын тілді нәсіп қылуын сұраймыз. Елшіміз Мұхаммедке және оның жақындары мен достарына Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын! 31
Search
Read the Text Version
- 1 - 31
Pages: