қадалып, жас өрендерінің нұрлы болашағын көргендей сезім құшағына енеді. «Менің бақытым осы емес пе!» – деп күбірледі қарт мастер. Станциядан ұзап шыға паровоз екпінді ағынға басты. Дөңгелектері сыртылдап, биік маңдайы ауаны тіліп жүйткіп келеді. Мұржасынан будақ-будақ шыққан түтіні иреңдей шұбатылып еріп барады. Тендер үстінде жел ойнады. Жарқын көмір үгіні түспесін деп көзіне жұмысшының жалпақ көзілдірігін киіп алды. Ол темір күрекпен лодкаға көмір үстеп салды да, балбырап қызарған жүзінде сүйкімді шырай туып, машинист будкасының сол жақ терезесінен далаға тамашалап қарап тұрды. Көк барқыт жамылғандай кең жазық алыстан дөңгелене айналып кеп, дəл паровоздың бауынына шыр үйіріліп еніп кеткендей болады. Жол қуалаған көрсеткіш бағаналар Жарқынның көз алдынан зу-зу етіп өтеді. Ол жасқана түсіп, көзін жұмып қалады. Алдан ескен қатқыл жел терезеден басы қылтия қалған жас машинистің томпақ бетіне ойнағандай ұрғылап кетеді. Жаны осыны сүйгендей Жарқын қалпағын күнқағарынан басып, төмен тұқыртып, құмаршыл көздерін алысқа қадайды. Сүйіне түсіп, қызықтай қарайды. Жүйрік поезд мол шабындық алқапты қақ жарып өте беріп еді. Көз ұшында өздігінен жүретін шөп машиналары сырғып барады. Бір шөпшінің жайдары түсін тап тұсынан өткенде, анық байқады Жарқын. Ол бұған күлімсірейді. Оған қарап Жарқын да жымиды. Құлағына шөп қырыққан машинаның сусылы естілгендей болды. Енді бірде үйілген мая-мая биік шөптер көзге түсті. Əріректе бір трактор кірелерді таудай ғып ысырып-ысырып əкеп, бір жерге үйіп жатыр. Жарқын бəрін де тамашалап барады... Теңіздей толқынданған көк егін көрінді. Егін сабағы биші қыздың біресе білезігінен төмен иіліп, біресе назбен қайта жоғары толқыған сұлу қолындай бұлғақтап көз тартады. Бойжеткенін паш еткендей. Поезд бітік егінді жиектееп тартқанда: «ерте пісетін жаздық бидай болу керек. Бастары сарғайып қалыпты» деп ойлады астықты колхозда өскен Жарқын.
Жас машинист көңілді. Поезд жер бауырлай ұшып бара жатқан сияқты. Бір сəтте ол жап-жасыл қалың орманға заулап келіп кіре беріп еді. Əр алуан ағаш бас шұлғысып, сыбдырласып, сəлем етіп қалғандай. Жұпар иісін сіміре жұтып, отыра берер ме едің саясында! Орман шеті селдіреп, таусыла бергенде, паровозбен жарыса кеткендей асыға ағып, бұраңдап өзен шықты. Ерке су көп жер қалмай жарысып келді де, ере алмасын енді сезгендей, еңіске қарай жалт бұрылып кетті. Поезд екпіні үдей түскендей. Жаңа ғана сонау алыстан көрінген құба бел бұлдырап кейін қалды. Телеграмма бағаналары, сымдары гуілдеп, жалт-жалт етіп жатты. Бір ұшқыр құс деңгейден ілесіп еді, қалбаңдап көз ұшында ол да қалды. Жол бойына егілген қорған ағаштар ған қапталасып еріп келеді. Күн ыстық. Будка терезесінен аңызақ жел еседі. Жарқын паровоз екпініне сүйінеді, қуанады, өз ісіне шат болады. Судың қай шамада екенін білу үшін көрсеткіш шыныға əлсін-əлсін қарап қояды. – Қалай, жігітім, су азайып қалған жоқ па екен? – деді аға машинист. – Жеткілікті! Аға машинист паровоз жүрісін шапшаңдата түсті. Ол тершіген маңдайын алақанымен сыпыра сүртті де, комбинезонының түймесін ағытып жіберіп: – Саясыз шөлде екілене ескен бұл аңызақты енді бірер жылда білмейтігн боласың, – деді Жарқынға. – Ұлы құрылыс талай жерді суландырады. Кешегі құмды дала жасыл алқапқа айналады, гүлге оранады. Ауасы жұпар. Саялы самал. Көңіл шат. Бақытты тұрмыс... Міне бізге деген қамқорлық... Мысалға сені алайық. Темір жол училищесіне кеше ғана түстің. Енді міне, машинистің жəрдемшісі, паровоз жүргізушісің. Ертең біздің мереке – Бүкілодақтық теміржолшылар күні. Сол жолшылардың бірі сенсің! Жарқын оның сөзін аса бір ынтызарлықпен тыңдады. Жас адам өзінің өткеніне оймен оралып, қиялға қанат қақтырып, болашағын шолдырады. Бақытты келешек қол бұлғап мұны күтіп тұрғандай. Жарқын тұла бойын ыстық сезім билеп, жүрегі алып ұшты...
Дөңгелектері зырыл қағып, поезд зымырап келеді. Дөңгелене айналып, артта қалып жатқан сұлу далаға Жарқын терезеден қызыға қарап тұр. Поезд ілгері ұмтылған сайын мұның көңілі түскендей. Жас қиялы талпынып, қанатын алға қағады. Ол училищені бітірді. Мамандығы бар. Осы жеткілікті ме? Бі өнермен ғана шектеліп қалу керек пе? Көп өмірі əлі алда оның. Нағыз адам болу арманы үлкен-үлкен міндет тартады. Машинист будкасының ішінде тербеле түсіп, Жарқын қазір осы ойлар соңында келеді. Осындай тəтті үміт үстінде отырып Жарқын жақсы арман туралы көп айтатын Саша жолдасын есіне алды. Бондарчук конструктор болуды аңсайды. Жоғары білімді инженер тболып алып, паровоздың жүйрік, күші де мол жаңа түрін жасауды ойлайды. Бос қиял емес, жүзеге асар нұрлы арман. Мұндай ой Жақанда да бар. Бірақ, ол Махметше жұртқа жар салып жүрмейді. Училищені бітірген күні айтқан оның бір сөзі Жарқынның есіне түсті. «Енді бес жылдан соң қандай боламыз? Біреу машинист, біреу мастер, енді біреу паровоздың жаңа түрін ойлап табар... Біздің балалардың бəрі жақсы!» деген-ді ол Досовқа. Жарқындар аттанарда «Жақан екеуіміз де бүгін сапарға шығамыз!» деп еді ғой Махмет. Жүйрік поезда ол да келе жатқан болар. Көңілді бала! Сенің қолыңнан бəрі келеді. Сен жақсы машинист бола аласың. Əкел қолыңды, мен де сене қалыспаймын! Жарқын ойында осы бар. Ол ақырын ғана жымияды. «Сен қазір не ойлап отыр екенсің, Махмет!» – деп ыстық сезімнің ынтығына беріледі. Бұл кезде көмір тартқан екінші бір поезд бара жатқан Махмет селдір мұртты, шикіл сары машинисті сығырайта күлдіріп, өзінің паровоз жөндеу кезінде көзін оңдырмай ұрып алғанын соғып тұрған еді. – Стахановшылардың тапсырмасын орындамақ болдым. Асықтым. Бір кезде ұшып түстім. Қабағыма болт сарт ете қалды. Мұнан кейін бірнеше күн ауруханада жаттым... Ничего. Бұл ештеме емес. Практиканың соңында біздің балалар үлкендердің нормасын орындауға бəрібір жетті, – деп мақтанды. Бір сəтте озат машинист болғысы келетінін ынтыға айтып кетіп еді...
Ымырт үйіріліп, қараңғылық түсіп келе жатты. Көк жиекке еңкейіп келген күн қызыл сары сəулесін биік аспанға шашыратып, жүзі күрең тартып, батып бара жатты. Енді біраздан соң даланы қою түтін басты. Жылт-жылт етіп, аспанда жұлдыздар жыпырлай қалды. Бозарып, көкте ай қалқып барады. Маңдайындағы үлкен шамы жарқырап, паровоз заулап келеді. Вагон дөңгелегінің сырт-сырт етіп зырыл қаққан үні алыстан естіледі. Жол бойында түнде жанған қызыл, сары, көк жарықтар поезға көзін қысып, жол нұсқайды. Семафор тілін қиядан ұғып, машинист отыр. жарқын сыртқа көз салып еді. Оның ыстық бетіне салқын леп тиді. Алыстан жылтылдап кеп от көрінді. Аспан жұлдыздары төмен түсіп, асылып-асылып тұра қалғандай. – Қандай тамаша еді! – деп, Жарқын дала нұрына қызыға қарап қалды. – Электрлі ауыл. Бұл жұлдыздар сол ауылдың үстінде жанған электр оттары, – деді аға машинист. Жарқын асығады. «Паровозды бұдан да жылдам жүргізер ме еді», деп ойлады ол. Өзі келе жатқан осы жүк поезы станцияға тез жетсе, далада жанған нұр оттары молаярын сезгендей. Түнгі сұлу көрініс оны ерекше сүйіндіріп, бойын балқытады. Аға машинист Жарқын жүзінен оның сезім күйін танығандай еді. Паровоз екпінін үдете түсті. Терезеден жолды барлай қарап отырып, бір кезде ол ажарлы бетін Жарқынға бұрып: – Паровозбен түнде сапар шегу қандай қызықты, ə! – деді. – Өте жақсы! – деді Жарқын. – Солай, солай, досым, əрқашан да тамаша. Сен машиниссің. Сен ел жүгін, халық ырысын тартасың. Бұл – үлкен бақыт, үлкен шаттық емес пе! – деді аға машинист, Жарқынның арманын ұштап, қуантып кетті. Машинист жəрдемшісінің жұқа ерні дірілдеп, бір сөздерді іштей қайталап тұрды: «Сен ел жүгін, халық ырысын тартасың». Осы сөз оның бар құрбы, сабақтас достарына арналғандай. Қанатты ой Жарқынды сол жолдастар ортасына ұшырып алып та барды. Бір сəт ол сүйікті мастерінің ақыл-кеңесін тыңдап қалған түрге енеді. Ойшыл кəрі көздері күлімсіреп, Иван Павлович оқушыларының
арасында тұрғандай. Енді бірде жақсы, тəтті тілекпен, сенімді үмітпен сонада Жарқынның үйінде айтылған ана сөзі еске түседі. «Мен нағыз совет жұмысшысы боламын» деген берік ой бар Жарқында. Арман қиялы тек соған – жақсы азамат болуға талпынтады... Машинист жəрдемшісі болып жолға шыққан көңілді, қызықты алғашқы сапарында Досов Жарқын жол үстінде осындай ыстық бір ұшқыр сезімнің құшағына еніп еді. Коммунизм құрылысының жүгін тартқан поезд жүйткіп келе жатты... 1952 ЖАҢА ҚОНЫСТА ...Біз өзен жағасында отырмыз. – Үй ішіміз жаңа қонысқа көшіп келгеннен бері өз басымнан кешкен жайларды ретімен баяндайын, – деп бастады əңгімесін, денесі талдырмаштау келген сұңғақ бойлы, ақ құба өңді Қалтай... 1 Əкем қалада көп жыл қызмет істегенімен, ауылда туып өскен, ауыл шаруашылығының жайын жақсы білетін кісі еді. Ауылға қызметке баруға өзі тілек білдірді де, бір күні жолдама қағазын алып келді. Июль айының бас кезі болатын. Жазғы каникул уақыты. Он жасар інім Мұратпен ермек үшін шахмат ойнап отыр едім. – Шаруа жақсы тынды. Ауылға қызметке баратын болдым, – деп, əкем үйге көңілденіп сөйлеп кірді. – Папа, ауылға бəріміз көшеміз бе? – деп, Мұрат қуанып, орнынан ұшып тұрды. – Бəріміз көшеміз, – деді əкем жымиып...
Үй ішінің келісімі бойынша ауылға əкем, мен, інім үшеуіміз жүріп кететін болдық. Шешемізді бір жаңа қонысқа барып орныққаннан кейін біржола көшіріп əкелуді мақұл көрдік. Ауылға көшетін болғанымызға өзім мəзбін, қуанышта шек жоқ. Рас-ау, колхозға баруға əке-шешем қуанып отырғанда, мені көңілсіздік тұманы қалайша баса алмақ! Бірақ, сіз ұятқа санай көрмеңіз, ауылға көшеміз дегеннен бері Мұрат інім біртүрлі көңілсіз күйге ұшырады. Өз ақыл-үгітімді, шама келген насихатымды оған айтып-ақ бақтым. Бірақ, бір қалпы: мұңаяды, өзіме көңіл күйін төгеді. Ұзақ жыл қатар отырған бауырмал көршіміздің баласы бірінші кластан бері Мұратпен бір мектепте бірге оқып келе жатқан-ды. Інім сол қимас досының есімін аузына жиі алады. Рас, ол ұмытуға болмайтын бала: өзі сондай ақкөңіл, кішіпейіл, сабақты қандай үздік үлгіреді десейші!.. Ертеңіне жол жүреміз деген күні ертерек жатып қалып едім, біреу бүйірімнен ақырын ған түртіп оятты. – Қалтай, сенен үлкен бір сұрай сұрайын, жауап берші, – деген Мұраттың күбірі құлағыма келді. Жастықтан басымды көтердім. Мұрат екі қолын тізесіне тіреп, маған төніп, еңкейіп тұр. Ақсары сопақша бетінде сүйкімді қызыл шырай бар. Дəл бір, суықта коньки теуіп келіп, жылы үйге кірген адамның жүзіндей. – Өңің балбырап тұр ғой, – дедім ініме таңырқай қарап. – Манадан пешке арқамды сүйеп тұрып бір ой ойладым, – деді Мұрат. – Айта ғой. – Біз ертең ауылға көшеміз ғой. Досыма ескерткішке не берсем екен? – деп сұрады Мұрат. –Көңілің нені дұрыс десе соны бер... Мəселен, жақсы фотосуретіңді беруге болады. – Менің апаммен түскен бір суретім оның үйінде бар ғой. – Əдемі кітап беруге де болады.
– Жоқ, бұл да жарамайды... Қызық екенсің өзің, – деді кереуетімнің бір бұрышына сүйеніп тұрған Мұрат, – өзің ойласайшы, мендегі бар кітап онда жоқ деймісің? – Ендеше ертең таза мимен ақылдасайық. Қазір жататын уақыт болды. Төсегіңе бар да, ұйықта. Жақсы ма? – деп едім, Мұрат үндемеді. Таңертең мен оның тықырынан ояндым. Күн шашырап шығып қалыпты. Еденге терезеден күн сəулесі төгіліп түсіп тұр. Мұрат төрдегі дөңгелек столдың үстіне газетті жайып жіберіп, көк қатырма тысты бір дəптерді айнала мəнерлеп бояп жатыр.» Осы інім түні бойы ұйықтамағаннан сау ма өзі?» – деп ойладым. Ол менің оянғанымды көріп, қасыма келді. – Мынау тапқаным саған сөз жоқ ұнайды! Байқап көрші өзің, – деп жымың қақты ол. Мұрат əрқашан да көңілге алған ісін маған жария ғып, ақыл сұрап отырушы еді. Бірер ауыз сөз жөн айтқаным болмаса, көсемсіп оның алдына қайбір тəжірибемді жая салайын. Өзімнің де білгенімнен білмегенім, көргенімнен көрмегенім көп қой. Бірақ Мұраттан жасым үлкен. Сол себепті ол мені өзінің ірі ақылгөйіне санайтын болса керек. – Бұл ой есіме түнде түсті, – деді Мұрат көңілді үнмен. – Ал, айтшы қанекей, дедім естуге асығып, əрі қызығып. Мұрат көк түсті дəптерін көрсетіп: – Мынау күнделік. Альбомнан жасадым, – деді. Енді маған дəптер мəнісін түсіндірді. – Осы күнделік дəптерді беремін досыма. Мектептегі жəне өз басында болған жаңалықтарды əр күн сайын ол осыған жазып отырады. Содан кейін күнделігін маған жібереді. Ауылға барған соң мен де оған арнап күнделік жазамын. Ол маған, мен оған осындай ескерткіш ұсынамыз. Оқимыз да, бір-бірімізді еске аламыз. – Жақсы ойлапсың. Мұның тамаша ескерткіш! – деді шын құптап. Нақ ауылға аттанар алдында Мұрат «Ұмытылмас сөздер жаз!» деп, досына осы күнделік дəптерін ұсынды.
Түс ауа көп жолдастар біздерді станциядан қол бұлғасып шығарып салды. Менің жанымда, вагонның терезесінен қарап, Мұрат тұр еді. Поезд баяу ырғалып жүре бергенде, ол кемсеңдеп, екі көзі жасқа толып, үнсіз қысылып, солқылдамасын ба! – Ауылға бара жатқан адам жылай ма екен? Өзің жасық болмасаң игі едің? – деп, əкем сəл күлімсіреп кеп, оның басынан сипап еді. – Енді ондай дос табыла ма? – деп, Мұрат жасты көзін жұдырығымен сүртіп, ыстық бетін алақанымен басты. Жүрек елжірін баса алмай тұрғандай. Өзімнің де көңілім біртүрлі босап кетті. Сөйтіп тұрып, иегі кемсең қаққан інімді мазақтағандай, оған қарап, сығырайып жымиямын. Қызықпын-ау өзім! – Бұл досың қалада қалса, ауылда сені жаңа достар қарсы алады, – деді əкем ініме. Ол Мұраттың маңдайынан сүйді де, онымен қатарласа отырып, вагон терезесінен вокзал жаққа көз салды. Поезд ұзаңқырап кетіп еді... Біз күн бата бір станцияға келіп түстік те, сол түні вокзалда қонып, таңертең автобуспен аудан орталығына барып жеттік. Жасыл темір шатырлы, терезелерінің маңдайы əдемі қазақ оюларымен көмкерілген, үлкен қонақ үйдің жеке бір бөлмесіне келген бойда жайғасып та алдық. Əкем аудандық партия комитетіне кетті... Мұрат екеуіміз тысқа шығып, қонақ үйдің биік табалдырығында сөйлесіп тұр едік, қатарлап қос құла ат жеккен, құндыз бөрікті, селдір шоқша сақалды біреу биік тоқыма қорапты солқылдақ тарантаспен көлденеңдеп келіп тоқтай қалды. Семіз аттар танаулары делдиіп, омыраулары ақ көбіктеніп, тыпыршып тұр. «Қандай сұлу аттар, мініп алып, жарысар ма едік екеуіміз. Қалтай, ə!» деді Мұрат өкшесін көтере беріп, құлағыма аузын тақап. «Сөзімді құндыз бөрікті естіп қалмасын» дегендей. – Əй шырақтарым, осы ауданның балаларымысыңдар? – деді делбені, айрылып қалатындай, қос қолдап ұстаған атшы. – Жоқ. Бөтенбіз, – деп, Мұрат менен бұрын жауап қатты. – Қайдан жүрсіңдер?
– Қаладан. – Кімнің баласысыңдар? – Нұғмановтың, – деді Мұрат. – Кəдімгі өзіміздің Шегеннің бе? – деді атшы сенбегендей. Оның бұл сұрауына Мұрат таңырқай қалды. «Қайдан өзіңіздің Шеген болады? Қызық екен!» деп, маған ғана естірте күбір етті. Атшының сөзі өзіме де тосын көрінді. «Осы ауданда əкеммен аттас біреу бар шығар. Мына кісі соны айтып тұрмасын?» деп ойладым да: – Біздің əкеміз қалада қызмет істейтін осы ауданның қарамағына енді ғана келді, – дедім жайды баяндап. – Білем-білем. Қаладағы ауылшаруашылық институтының доценті ғой. Колхоз қызметіне баруды қалап газетке мақала жазған жоқ па? Оқымады деймісің?.. Сол ғалымның өз колхозымызға келетінін де естіп жатырмыз. Көкірегіміз ояу, құлағымыз түрік, шырағым, – деп, атшы жылы ұшырай сөйледі де, құндыз бөркін оң жақ шекесіне басыңқырай киіп, -ия, өзі қайда əкеңнің? – деп сұрады. – Аудандық партия комитетіне кетіп еді. – Ие, солай де. Кел ендеше, балақайлар, мініңдер арбаға, кеттік сонда! – деді атшы. – Біздің мұнда чемодандарымыз бар, – деп састы Мұрат., атшы өзін бір жаққа біржола алып кететіндей-ақ. – Кім тиер дейсің оған. Қайтіп ораламыз қазір-ақ, қане бол! – деді атшы асықтырып. Мұрат маған қарады. Былқылдақ тарантасқа өзінің мінгісі келіп-ақ тұр. – Қанекей, балалар..трр-р! Ай, осы қос қаланның-ақ желігі бір басылмай қойды-ау. Трр-р, құрр-р, жануар... Үлкен ұлым, сен де отыр, кел, – деді атшы маған. Біз тарантасқа көтеріліп отыра берген кезде, еті қызып тұрған қос ат алып ұша жөнелді. Екі этажды биік қызыл үйге лезде келдік. Əкем мекемеден енді ғана шығып келеді екен. Бізді көріп, кідіре берді.
– Мына сұр қалпақты кісі ме? – деді атшы. Ақырын ғана басымды изедім. Атшы аттарды шұғыл тоқтатып, өзі тарантастан жеңіл ырғып түсіп, əкеме қол беріп сəлемдесті. – Аман-есен жеттің бе? Жақсы ниетіңе сырттан қанық боп жатырмыз. Жолың оң, адымың құтты болсын! –деп, тілегін де айтып жатыр. – Əлгінде ауылмен сөйлескенімде, алдымыздан ат жібердік деп еді. Қалай тез жеттіңіз?.. Енді не тұрыс бар, кеттік колхозымызға! – деді əкем. Көз аударсам, ұзын бойлы əкемнің қызыл шырайлы жүзіне қарап, Мұратым да күлімсірейді... Даңғыл қара жолмен ауылға қарай ызғытып тартып келе жатқанымызда, арба үстінде, Мұрат сол бір көңілді, ажарлы қалпында дала келбетіне қызыға қарап отырды. Күн тымық сияқты еді, аттар аса қатты жүргендіктен бе, алдымыздан жел есті. Арба дөңгелектері ұршықша зырылдайды. Біз бір қамысты көлді жиектеп өтіп, қайқаң белеске шықтық. Бар төңірек түгел шалынды көзге. Сол жағымыздан аласа тау көрінді. Жасыл қарағайлар таудың көк желкесіне ұйысып шығыпты да, дəл тықыр төбесіне, айдарға ұқсап, мықыр, бұйра қайың өсіпті. – Қандай қызық тау өзі. Доп-домалақ. Адамның басы сияқты, – деді Мұрат одан көз алмай келе жатып. Шолақ жең шолақ көйлегінің сүйір жағасы ашық омырауын сабалап келеді. Кең маңдайы жалтырап, жұқа ернінде бір əсерлі күлкі ойнады. «Мына жұмыр тауды Мұраттың адам басы сияқты деуі қалай дəл, қандай үйлесімді» деп, інімнің тапқыр теңеуіне іштей сүйініп, мен де тауға ықылас салып қызығып қараймын. Əкем де көз қиығын бір аударып қалғандай болды. Ол атшымен қатарласып алып, манадан əңгімелесіп отырған. Аттар сар желіп келеді. Төбемізден бір топ үйрек қанаттары сусылдап ұшып өтті. Оларды көзіммен ұзатып салдым бір кез Мұратқа бұрылып ем, ол еңсесін төмен салып, томсарып отыр екен. Тағы бір ойлар қамап алған ғой сірə!
– Мұрат, əлгі үйректер қандай ұшқыр, ə! – деп едім. – Білмеймін... Мен қаладағы достарымды ойлап отырмын. Олар қазір волейбол ойнап жүрген шығар, ией, Қалтай? – деді ол. – Мүмкін... Осы тұста жол екі айрылып, атшы қос құланы солға бұрды. Алдымыздан, ұзын қорғанға ұқсап, қалың ағаш көрінді. Жол тура барып осы ағашқа енеді. Біз жасыл ағашқа тақала бергенде кезеңнен екі-үш салт атты тасырлатып шапқылап, үздік-создық шыға берді. Жарыса шауып, тұп- тура бізге қарай ағызып келеді. – Біздің батырлар осылай құйқылжытады! – деді атшы қария масаттанып. Мұраттың да, менің де көзім алда. Баскиімін уысына жұмарлап ұстап, қолын бұлғап келе жатқан біреуі атына қамшы басып, озып алға түсті. Көк атқа жайдақ мінген жолдасы пиджагінің етегі жалпылдап, оны өкшелеп келеді. Бірдеме деп айғайлады. Бірақ сөзін айқын естімедім. – Анау көк атты бала мана маған жолығып еді. Жөнімді айтқам. Бұлар, дəу де болса, сендерге келе жатыр, – деді атшы қария сол иығымен əкеме бұрыла қарап. Оның айтқаны келді. Балалар бізге жақындағанда аттарын тежеп, жолдың екі жағына жарыла берді. Арбаға қатарласа кетіп, дабырлап амандасты. Атшы да делбені сіресе тартып, қос құланы əрең тоқтатты. – Қарсы алғандарың өте орынды. Бірақ қонақ балалар мінетін ат жетелей келмегендерің не? – деді атшы қулана күліп. Байқаймын, мыналарды сынағалы əдейі айтып тұрғандай. – Білмей қалдық, – деді көк атты бала кішкене көздерін сығырайта жымиып, – астымдағы атымды қонаққа берем де, өзім мынаның құлагеріне мінгесіп аламын, –жеп, жолдасын нұсқады. Ол тізгінін тежеңкірей ұстап, Мұрат екеуімізге:
– Дұрыс қой, ие? Қай атты таңдайсыңдар? – деді. Інім қопақтай бастады. Өзім бұл балалардан жасым үлкен болған соң ғана тартынып қалдым. Осы күйімді таныды ма, кім білсін, əлгі бала Мұратқа: – Атқа мінесің бе?.. Болсаңшы ендеше. Қызықсың ғой өзің. Аттан қорқасың ба? – деді. – Жоқ, қорықпаймын, – деді Мұрат, – бірақ, сенің атыңа мінгесейін. – Кел ендеше! – деді көк атты. Мұрат тарантастан секіріп түскенде, ол дереу келіп, інімді қолынан тартып, атына шапшаң мінгестіріп алды. – Құшақта белімнен! – деді де, атын тебініп қалып, ағашқа қарай төтелей шаба жөнелді. Менің екі көзім Мұратта.»Құлап қалады-ау», – деп күдіктеніп, ақырын жүріңдер деп дауыстағалы орнымнан көтеріле беріп едім, есту қайда, олар шапқылаған бойларында ағашқа енді де кетті. 2 Біз ауылға шаңқай түс кезінде жеттік. Сол күннің кешінде колхозшылардың жалпы жиналысы болды. Ол көп кешікті. Інім ұзақ күтіп отыра алмады. Маужырап қалғи бастаған соң төсек салып берген едім, жастыққа басы тиісімен ұйықтап қалды. Мен үн-түнсіз отырмын. Пештің үстінде керосин шам сығырайып жанып тұр. Бұл ауылда электр жарығы екенін, кеше жолда, атшы қарияның əкеме айтқан əңгімесінен аңғарғанмын. «Біздің колхоз – аудандағы ең артта қалып отырған колхоз. Басшылық оңбай келді. Ендігі үміт өзіңде», – деп, ол əкеме сенім білдіре сөйлеген. Ауылда кинотеатр да жоқ екен. «Қандай көңілсіз...» деп қынжылдым. Ауылға келе жатқандағы лепірген көңіл жүдей бастады. Қаланың қайнаған тіршілігі еске түсті. Сағынатын секілдімін... Бір мезгілде сырттан тықыр білінді. Есікті ақырын ашып, əкем үйге күлімсіреп кірді.
– Жиналыс бітті ме? Қандай мəселелер қарадыңдар? Өзің сөйледің бе? – деп, қызығып сұрап жатырмын. – Жиналыс бітті. Колхозшылар мені өздерінің председателі етіп бірауыздан сайлады. Маған үлкен міндеттер жүктеді, – деді əкем. Ол Мұраттың қасына барып, ініме күлімсіреп қарап сəл тұрды да, маған бұрылып: – Қалтай, саған да ұйықтайтын уақыт болды. Ертең ұйқыңнан ояна алмай сəскеге дейін пырылдап жатсаң ауылдағы құрбыларың келемеждеп жүрер, – деді күліп сөйлеп. Мен сырт киімімді шешініп, төсегіме келіп жатып едім, бірақ ұйқым келмеді. Əкем пиджагін іліп, омырауы кестелі ақ көйлегінің екі жеңін сыбанып жіберіп, салқын суға жуынып сергіп алды. Содан кейін дөңгелек стол бетіне ораулы бір қағазды жайып тастап, терең бір ойға шомып, ұзақ отырды. Қолында автомат қаламы. Тап жүрерде қалалық магазиннен сатып алған көгілдір тысты үлкен блокнотына əлденелерді оқтын-оқтын жазып қойып отыр. Бірде қабағы шытынып, қағаз жүзіне қадала қарайды, ендігі бір сəтте дəмді тағам татқандай тамсана түсіп, басын шайқайды. Əрине, ол қым-қиғаш оқиғалы көркем шығарма оқып отырған жоқ. Колхоз шаруа-шылығының тұңғиық бір сырларына сүңгіді. Мұны ішімнен сезіп, біліп жатырмын. «Қандай жалықпайтын адам!» деп, əрі таңданамын, əрі сүйінемін. Осындай сезім күйінде жатып, көзімнің қай кезде ілініп кеткенін байқамаппын... – Қалтай, түрегел, тұр шапшаң. Кешке шейін көсіліп жата бересің бе? – деп, таңертең Мұрат мені бақайымнан тартып оятты. Мұны қызық көргендей, езу тартып қасында əкем тұр. – Ұйқың қандай қатты өзіңнің. Мұрат жұлқыламаса, тіпті дауысқа оянар түрің жоқ. Үстіңнен дүбірлеп бұзау жүгіріп өтсе де сезер емессің ғой, деп күлді ол. Мұрат та күліп жіберіп, теріс айнала берді де, қайта шапшаң бұрылып: – Көрдің бе, бəрі дап-дайын. Түрегел шапшаң, тез киін де, бетіңді жу... Асты саған қаратып отырмыз, – деді.
Жаңа байқадым, дөңгелек стол бетіне ақ дастархан жабылып, үстіне тағам жасалып қалыпты. Таңертеңгі ас. Кішірек жез құманның шүмегінен ыстық шайдың буы бұрқырайды. Біразырақ қуырдақ қуырылыпты. Қырлы стақанға толтыра салған қаймақ бар. Жайпақ тарелкаға таба нанды көл-көпір ғып үйіп турап қойыпты. Соңынан білдім, дастарханға ас жайғанда Мұраттың үлесіне осы нан турау тиген екен. Шайды қайнатқан да сол екен. Шынымды айтайын, мұндай іске ол менен гөрі ептірек еді. Астың артынан жуып-сүрткен ыдыстары мұнтаздай таза болатын. Сол ұқыптылығы үшін анамыз оны сан мақтаған. Таңертеңгі шай үстінде əкем маған бір ұсыныс айтты. Ауылдағы мектеп оқушылары қырман басына жексенбілікке бармақшы екен. Колхоз егін оруға біз келерден бірер күн бұрын ғана кірісіпті. Жаздық бидай күрт пісіпті. Шөп науқаны жəне қызу. Адам күші жетіспей жатқан көрінеді. Қырманға келген астықты елеп, ұшырып, машинаға тиейтін кісілер керек. Осыған көмектесу қажет. – Ауылға кеше ғана келген қонақ қой деп сыйлап, құрбыларың саған ештеңе дей қоймас. Тобына өзің барып қосыл. Жұмысқа шақырмаса да барғаның жөн. Қалай көресің мұңымды? –деп, əкем сөзін сұрауға түйіп, жауап күтті. – Барамын. Барғым келеді, – деп ықылас білдіргенімде, Мұрат та ілесе қосылып: – Мен де барам. Менің де барғым келеді, – деп еді. Бірақ, қырманға барушылар кілең жоғары класс оқушылары болғандықтан, бұл жолы інім талабының сəті түспей қалды. Өзім асыға басып келсем, ықшам-ықшам киінген оқушы жастар мектеп алдына жиналып жатыр екен. Бір-бірін көптен көріспеген сағынышты кісілерше, жиынға жете бере-ақ құшақ жайысып, күлімдеп амандасып, хал сұрасып, мəз-мейрам. Мен қастарына тақала бергенде олар жалт- жалт бұрылысып, күлкілерін тыйып, таңырқап қараса қалды. Енді ғана анық байқадым, көңілді топтың ортасында жасыл пиджакты, басына аспан реңді жұқа жібек орамал тартқан, орта бойлы, толықшалау келген бір əйел ғана күлімсіреп тұр.
– Ə, сəлемат па? Бізбен бірге қырманға барғалы келдің бе? – деді ол маған жылы ұшырай қарап. Басымды изедім. – Танысып қойыңдар! Бұ бала өздеріңмен бірге биыл жетінші класта оқиды. Жаңа председатель Шеген Нұғмановтың ұлы, – деп, жібек орамал тартқан əйел оқушыларға таныстырды да, кескініме тура қарап, – есімің Қалтай ғой? –деп сұрады. Бас изедім. – Өте жақсы! Сен Қалтай болсаң, мен Нұртай! –деп оң жағымда тұрған ұзын бойлы, қоңырқай өңді, үстіңгі ерні шошақ, сүйір мұрынды бала мырс етіп бір күліп қойып: – Кел, таныс боламыз! – деп, маған қолын созды. Екеуіміз қол алыстық. «Ал, мына кісі, – деді ол қабағымен əйелді ымдап, құлағыма қолын қалқалай сыбырлап. – Біздің ең жақсы көретін оқытушымыз. Химия пəнінің мұғалімі Сана апай». Қос-қос ат жегілген жəшікті екі көк арба қасымызға салдырлап келіп тоқтады. Алдыңғы арбада делбе ұстап отырған, өткір қара көзді, тұрқы қысқалау біткен қыр мұрынды, ақ құба өңді қыз бишігімен нұсқап: – Бұл арбаға Сана апаймен бірге тек ғана біздің отрядтің оқушылары мінеді. Басқаларың екінші арбаға марш! – деп əмір етті. Ащы жіңішке даусы құлағыма жайсыз естілді. Дөңгеленіп тұрғандар екі бөлініп, абыр-сабыр арбаға мініп жатқанда, қайсысына қарай бұрыларымды білмей, аңырып қалып едім. Нұртай делбеші қыздың құлағына бірдеме деп күбір етті. – Қалтай Нұғманов, сіз біздің арбаға отырыңыз. Келіңіз, мына тұстан орнығыңыз, – деп, қыз өзінің оң жағынан орын берді. Бұ жолы оның жіңішке нəзік үні құлағыма жұп-жұмсақ боп, біртүрлі майда тиді. – Оңдалып отырдыңдар ма? Нұртай, сен неге күйбеңдей бересің! Болдыңдар ма?.. Кеттік ендеше! – деп, көңілді қыз делбені қағып жіберіп, қамшы үйіріп, аттарды желдірте жөнелді. Арба жолға түскен соң, ол маған қырындай бұрылып: – Бұл екі атты шүу дегенде əлгідей жасқап алмасаң, ауылдан қара үзгенше бұлғаңдап, жүрмей қоятын мінезі бар, – деп, аппақ тістерін
көрсетіп күлімсіреді де, – біздің оқушылармен таныс болдыңыз ба? – деп сұрады. Мен жымиып бас изегенімде өзі рақаттанып сыңғырлап күліп алды да: – Тіпті тамаша! Ендеше менімен де таныс болыңыз. Есімім –Гүлнар. Мүмкін бір класта оқырмыз. Бұрын қай мектепте оқып едіңіз? – деп, өзімді сөзге тартты. Мен қай қалада, қай мектепте оқығанымды баян еттім. Гүлнар қала жайынан, ондағы өзіміз оқыған мектеп өмірінен əр нəрсені қызығып сұрады. Гүлнар өзі туралы қысқа ғана сөйледі. Шешесі он жылдан бері колхоздың сиыр фермасында сауыншы екен, жуырда орден алыпты. Кенжесі – Гүлнар. Гүлнардың əкесі жоқ екен. Қызының сүйікті əкесі дəл қырық бір жасында, Гүлнары үшінші класта оқып жүрген жылы көктемде, ауыр науқастан қайтыс болыпты. Əке жайын Гүлнар төмен қарап, жұқа ернін қыбырлатып қана ақырын айтты. Осыдан кейін өзі ауыр бір ойға шомғандай, өңі біртүрлі құбылып, ұзақ үнсіз отырып қалды. Əкеден айрылу қандай ауыр дерт! Жүрегім əлденеден қысылғандай болады. гүлнарды аса қатты аяп кеттім. кескініне тура қарай да алмай, көзімнің қиығымен байқап келемін. не дерімді, қандай Сөз айтарымды біле алмай қиналып қалдым. – Қалтай, сен жетіншіні қалай бітірдің? – деп, бір мезгілде Гүлнар кенет сұрау бердіү – Кəдуілгідей... Гүлнар кескініме күлімсіреп қарады. – Жақсы бітірдің бе? – Солай десе де болады... Жылдық қорытынды бойынша тарихтан – бес, алгебрадан – төрт, геогрфиядан – төрт... Қысқасы екі төртім бар. – Үштік бағаң жоқ па? – Бірінші тоқсанда алгебрадан үшім болды. Содан кейін үштік баға алғаным жоқ... Бірақ, шынымды айтайын. Жалпы есеп жағына онша
емеспін. Ал өзің ше? – Мен математиканы өте жақсы көремін, – деді Гүлнар. Осы сөзді айтқанда екі беті ду етіп қызара қалды. Мұны өзі де сезе қойды білем, жүзін алақанымекн қалқалап, күліп жіберді... Сəлден кейін əңгімеміз қайта өрбіді. Сөз ыңғайына қарап аңғарғаным – Гүлнар бірінші кластан бері оқуды мақтау грамотасымен аяқтап келеді екен. Орта мектепті бітіруіне арада əлі дардай үш жыл жатқанына қарамастан, дəрігерлік институтқа түсуді ұйғарып қойыпты. «Врач боламын, үстіме ақ халат киемін» деп екі қайыра айтып та жіберді. Гүлнар өзіне мəлім емес нəрсенің мəн-жайын тəптіштеп, егжей- тегжейіне дейін сұрап, жіті қанып алуды ұнатады екен. Өзі сөйлесе, ырқыңа қоймай тыңдатады да, сен сөз бастасаң, бар зейінін салып, қыбырсыз құлақ қояды. Ақшыл жүзіндегі жұқалаң қызғылт шырайының құбылуына қарап, əңгіменің оған еткен əсерін де ептеп- ептеп аңдауыңа болар еді. – Гүлнар, Қалтай, сендер неге əнге қосылмайсыңдар! – деген дауыс ойымызды бөлді. Арбадағылар ауылдан шыға бере əн шырқаған еді. Бірталай əн айтылды. Оқушылардың ендігі үн қосып шырқап кеткені көңілді ырғақты, майда лепті «Көктем желі» дейтін орыс əні. Орыс тілінде айтып келеді. Бізге ескерту жасаған Сана апай еді. Оқушыларға қосылып, жүзі жайнап əн салып отыр. «Ал, қане, еріңдер, қалмаңдар» дегендей, бізге бұрылып, екі қолымен бірдей белгі етті. Өзім əнді жақсы көргенмен əнші емес едім. Сөйлегенде сып-сыпайы үнім əн салғанда беймазалау. Жарықшағы бар. Құлаққа түрпідей тиеді. Сол себепті əрі қысылыңқырап, əрі нашар даусыммен көршімді мезі қылмайын деп, жақсы əнге баяу ғана сылбыр қосылып едім. – Əн айтқан соң шырқатып айту керек. Ыңырсу ұят. Кел, бар дауыспен қосылайық, – деп, Гүлнар өзіне ілестіріп, əсем үнімен жарықшақ даусымды көтермелеп əкетті. Жол үстінде шалқыта шырқаған əніміз көңілді көтеріп, сергітіп, қырманға жеткізіп салды. Арбадан секіріп түсіп, үстімнің шаңын қағып
жатқанымда Гүлнар қасыма келіп: – Даусым жаман деп əн айтпаған əдеп пе? Жоқ, ерсі ғой. Тіпті ұят емес пе? Қысылатындай дəнеңесі жоқ, даусың əп-əдемі, – деп баға берді. – Əн салсақ екеуіміз тең түседі екенбіз, – деп, Нұртай маған қарап, көзін сығырайтып күлді. Əн жайындағы сөз осымен үзіліп қалды. Сана қырман бастығының нұсқауымен оқушыларды əр жұмысқ бөлді. Іске кірісер алдында бəрімізге қысқа ғана ақылын айтып, сенім білдірді. Өзі қолына үлкен ағаш күрек алып, бір топ оқушы қыздармен бірге бидай жаюға кірісті. Қырманда үйіліп қалған астық мол еді. Енді қыбырлап жүрген адам саны да көбейді. Бір шетте бидай елегіш екі үлкен «ВИМ» машинасы кішкене ғана мотор қуатымен тынымсыз жүріп тұр. Төрт-бес оқушы, біреуі менмін, соның төңірегіндлегі жұмысқа қосылдық. Біздің қызметіміз – үйіліп жатқан астықты күрекпен, итергімен ысырып, машинаның бидай сырғыш қанатының астына түсіріп тұру. Нұртай ең биік астық шоқысының басына қызыл жалау қадап келді. Қырманда жұмыс қызды... Бірақ бəрінен бұрын сыр алдырған мен болдым. Арада бірер сағат өтті ме, өтпеді ме, білмеймін, бір мезгілде алақаным удай ашып, күректі қолымнан тастап жібердім. Қарасам, алақанымның əр жер ағарып, қолдырап қалыпты. Менің жайымды Нұртай тез аңғарып, қасыма жүгіріп келді. Алақанымды жайдырып көрді де: – Ойбай, қолыңның шаруасы бітіп қалған екен. Енді күрекке жолама! – деді. «Əттеген-ай, биялай кимегені-ай», деп өкінді. Жүгіріп келіп екі алақанымды Гүлнар да көрді. «Келемеж ғып күледі ғой» деп ойлап едім, бірақ ол мені достар алдында ұялтқан жоқ. – Бұрын мұндай ауыр жұмыс істемегендікі ғой. Оқасы жоқ, шынығасың, – деді қарақат көздері күлімдеп.
3 Біз қырманнан күн бата қайттық. Ауылға жеткенде қас қарайып, ымырт үйіріліп қалған еді. Үйге келсем, есікте құлып тұр екен. «Əкем кеңсесіне кеткен болар, – деп ойладым. – Ал, Мұрат қайда жүр? Əкеме еріп кетті ме? Бірақ оған кеңседе не бар? Əлде бір досының үйіне барып, сонда қонып қалды ма? Жоқ, үйтпеске керек... Мүмкін, үйде ұйықтап жатқан шығар, далаға шықпасын деп, əкем сыртынан əдейі құлып салып кеткен болар». Осы бір ойлар əр саққа сілтеп, есік алдында аз-кем дамылдап отырдым да, үй маңынан жөн сұрарлық ешкімді ұшырата қоймаған соң, салып ұрып кеңсеге бардым. Председательдің кабинетіне есік қағып, рұқсат сұрап кірдім. Дауысы қатқылдау шығып сөйлеп отырған əкем, сəл бұрылып, маған көз қиығын салды да, қарсы алдындағы қара мұртты үлкен кісіге: – Қалай дейсіз, жөн бе осыңыз? – деп айбарланып қарады. – Ұрласам тапа-тал түсте қотаннан өтпей, жасырып əкелген болар едім. Иланыңыз, ұрлағам жоқ, – деп қара мұртты дəлел айта бастап еді, əкем оның сөзін бөліп: – Ұрламасаңыз, колхозға жасаған қиянатыңыз бұл. Бір арба түгіл, он арба шөпті сұрасаңыз береміз ғой. Еңбегі бар кісінің – сұрауға да қасһқысы бар, – деді. – Сұрағалы келіп ем, сіз де, бригадир де егін басына кетіп қалған екенсіздер. Арба, көлік əзір тұрған соң, жүре бергенім. Əйтпесе... – деп, қарам мұртты мүдіріп қалды. Сөзінің сыңайын байқасам, бұл кісі колхоздың шабындық даласына барып, мая үйгелі иіріп сырып қой шөптен, қорасына жабуға, бір арба ғып сықитып тиеп əкеле жатып, председательдің көзіне түсіп қалыпты. Өз бетімен барып, ешкімнен сұрамай алыпты. « Мұрты едірейген үп- үлкен адам да өстеді екен? Өзіміз катокке сырғанақ тебуге бару үшін де шешемізден рұқсат сұраймыз ғой» деп, қара мұрттының қылығын ішімнен сөгіп тұрмын.
Əкем оның сөзін қабағы түйіліп, салқын тыңдап отырды да, өз байлауын кесіп айтты: – Сіз колхоз мүддесінен өз мүддеңізді жоғары санайтын көрінесіз. Əкелген шөбіңізді қазір апарып, сиыр қорасының жанындағы маяның іргесіне дереу үйіңіз. Ұқтыңыз ба? Жəне ендігəрі мұндай тəртіпсіздіктен тыйылыңыз!.. Қара мұртты қызарғаннан күп-күрең боп, шығып кетті. Есік алдында өзіне тесірейе қараған менен де ұялған болар-ау! Əкем ұзын скамейкада манадан үнсіз отырған өзі шамалас кісіге бұрылып: – Сіздің тілегіңізді бригадиріңіз де айтқан. Облысқа барып қайтсам дейсіз ғой? Мақұл. Қарсы болмасаңыз біз де бір бұйымтай тапсырайық. Өз шаруаңызбен қатар соны да тындыра келіңіз, – деп еді, анау «тапсырыңыз, тапсырыңыз, орындаймын» деп ризалық білдірді. – Лесхоздың бастығымен телефон арқылы сөйлестім. Колхозымызда жаңадан салынатын құрылыс көп. Жергілікті материалдың тапшылығын айты, ағаш сұрап едік. Ол да əрең-əрең көнді-ау, – деп, əкем сəл ғана езу тартты. – Колхоз жіберген арнаулы адам ретінде осы істі тиянақтап қайтыңыз. Ол сөзін аяқтай берген кезде есікті шалқайта ашып, бөлмеге ұзын сақалды, үстіне шолақ жең қамзол киген, қолына басы имек сырлы таяқ ұстаған қария келіп кірді. Əкем орнынан шапшаң түрегеліп, сəлем беріп, «отырыңыз» деп қартқа қарсысындағы орындықты нұсқады. Келуін келіп қалғанмен есіктің кілтін сұраудың да, кері шығып кетудің де орайын таба алмай тұрған маған əкем енді ғана тіл қатып: – Жаңа келдіңдер ме? Сəл кідір, – деді де. – Ия, ақсақал, шаруаңызды айтыңыз, – деп, қарттың сөзін тыңдады. Бұл қария осы колхоздың іргетасын қаласқан адамдардың бірі екен. Туған колхозы үшін ыстыққа да күйіп, суыққа да тоңып, ұзақ жылдар жан аямай еңбек етіпті. Енді қартайған шағында жұмыс істерлік қауқары жоқ. Жалғыз баласы Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кетіпті. – Бір үйде оңаша қалған, қаусаған кемпір мен шал бармыз. Осы
колхоз жаралғалы кемпіріміз екуіміздің еңбегіміз сіңгендей-ақ сіңіп еді. Бізге неге пенсия беріп отырмайды. Бұрынғы басқарма «бұзау күзетсең ғана астық аласың» деп, маңына жуытпай келді. Сонысы жол ма? Бұзауды күтер едім, шырағым, көзім көрмейді, түн ішінде айрылып қалып, масқара боламын ба деп қорқамын. Қартайған сайын өзіңе өзіңнің сенімің азая береді екен. Көзің ашық, жаңа адамсың ғой, жəй-күйімді өзіңе ғана айтып отырмын, арғы жағын өзің білесің, шырағым... Енді кетемін, – деп, қария көңіліндегі сөзін түгел ақтарды да, таяғына сүйеніп түрегелді. «Қандай тамаша адам. Қартайса да еңбек еткісі келеді. Əттең көзі нашар көреді екен. Сөзі қандай ширақ, жүріс-тұрысы қандай пып- пысық» деп, қарияға іштей сүйсініп тұрдым. Шал шығып кеткеннен кейін ғана, əкем маған бұрылып сөз қатты. – Қазір жұмыстың өте қауырт кезі. Ұзақ күн даладағы жұмыс басында болып, кеңсеге əлгі əзірде ғана оралдым. Сен үйге бара бер, мен мұнда біраз бөгелемін, – деді. Мұраттың жөнін сұрап едім, əкем: – Сол жігіттің өзі ауылға келгесін тіпті қызық боп алды, – деп күліп жауап берді. – Құмарлық па, əлде таңсық көре ме, əр нəрсеге бір талаптанады. Бүгін қоярда-қоймай өтініп, бір жылқышыға еріп жайлауға кетті. Ертең оралады, – деді. Мен кілтті алып , үйге қарай аяңдадым. Қараңғы көшемен ақырын жүріп келе жатқанымда, өзімнің бүгін қырманда жарытып жұмыс істей алмағаным, алақанымның қолдырап қалғаны есіме түсіп, біртүрлі ыңғайсыздандым. «Əкем қандай қайратты кісі, шаршауды білмейді. Сонда мен əкеме тартпағаным ба?» – деп, сөктім өзімді өзім. Гүлнардың сөзі есіме түсті: «Бұл бірінші жолғы жағдай ғой. Əрине, шынығамын!» – дедім ішімнен, өзіме өзім серт етіп. Көңілденіп, үйге келген соң тамаққа сықиып тойып алып, төсегіме барып жатқанымда, тез маужырап ұйықтап кеттім... Таңертең ерте ояндым. Бірақ, жылы төсектен тұруға ерініп жатыр едім. Мұның себебі бар еді. Шынымды айтсам, кешегі жұмыстан денем
қозғалтпай қалыпты. Былай бұрсам иығым, былай бұрсам бүйірім ауырғандай болады. Олай-бұлай қозғап байқасам, мойным да сау емес сияқты. Терезенің дəл түбіне салдырлап келіп арба тоқтады. Мұрат дыбыс берді. Мен ініме ешқандай сыр бермеуге тиіспін. Сондықтан, жалма- жан ұшып түрегеліп, жүгіріп барып, есік аштым. – Оһо, Мұратай, халің жақсы ма? – дедім күліп. – Жақсы, – деп жымиды інім. Ол маған жайлаудан көрген-баққанын жырдай гөйітіп, əңгіме соқты. Жылқышылар тіршілігін, өзінің бару, келу сапарын өте қызықтырып баяндады. Інімді жайлауға ертіп барған жылқышы, бұған малшылар өмірінен талай қызық əңгіме шертіпті. Жылқы малының мінезі, күтім- бағымы жайынан көп түсінік беріпті. Жылқышылардың қашағанды қалай ұстап, асауды қалай үйреткенін Мұрат өз көзімен көрген екен. Басын шайқап, егде кісілерше тамсанып қойып, ерекше сүйсініп сөйледі. – Мен өскенде жылқышы боламын! – деді көңілденіп. Інімнің сөзіне жымиып күлдім. Ол бұдан бұрын ұшқыш, матрос, врач, машинист болатынын сан мəрте айтқан болатын. Бір жолы екеуіміз қаладағы «Динамо» стадионынан боксшылар жарысын көріп қайтқанда, «мен боксер боламын» деп құлшынған еді. Бірақ Мұратты кінəлауға болмайды; ол түгіл өзіміз де талай жайға қызығамыз. Бірде тіпті қос бүйіріңе қанат байлап алып, биік аспанды шарлап ұшар ма едім деп ойлайсың. Ең əуелі айға ұшып барып, ғаламаттарын тексеріп келер едім-ау! Інім айтпақшы жылқышы болған да теріс емес. Қалың жылқы көз алдыңда қаптап жайылып жатады. Сен бір шетте əскери сақшыдай бағып тұрасың. Жылқының ең сұлуын, ең жүйрігін таңдап мініп, желмен жарысып, жүйткітесің ғой! Інімнің əңгімесін тыңдай отырып, жайлауға баруға мен де қатты қызықтым.
«Кең далада жүйрік сəйгүлікпен ызғытар ма еді шіркін!» деп құмарттым. Біреу терезе қақты. Мұрат жалт қарады да, «почташы» деп, сыртқа жүгіріп шықты. – Телеграмма!.. Мамамнан!! – деп, үйге қуанып, жүгіріп кірді. Телеграммада екі-ақ ауыз сөз жазылған екен. «Жайлы орнықтық деген хабарларыңды алдым, көшуге əзірмін», – депті шешем. Сол күні түнде əкем жолға асығыс қамданып, інімді қасына алып, шешемді көшіріп əкелуге қалаға жүріп кетті. Мен олар аттанысымен төсегіме кеп жаттым да, таңертең ерте тұрдым. Шешем келгенде таңырқасын деп, үйдің ішін жуып-сүртіп, еденді, есік-терезелерді айнадай ғып жарқыратып қойдым. Содан кейін тысқа шығып едім, біздің үйге қарай Нұртай жүгіріп келе жатыр екен. – Қалтай, сəлем! – деп, ол қасыма кеп тоқтай қалып, əсери адамша қолын шекесіне апарып, өкшесіне өкшесін тақ еткізді. Аяғындағы қара ботинкасы жалт-жұлт етеді. – Өзің асығыссың ғой. Жайшылық па? – дедім сұрау беріп. – Ие, асығыспын. Саған келе жатыр едім. Қолың бос па қазір? – деді Нұртай. Бас изедім. – Жүр ендеше кеттік! – деді Нұртай. – Қайда? –дедім таңырқап. – Барған соң көресің, – деді де, Нұртай мені қолымнан жетелей жөнелді. Ол өз үйінің ауласына ертіп келді. Қақпа алдында қос жирен ат байлаулы тұр. Жондары жұп-жұмыр, семіз сəйгүліктер. – Екеуі де көптен құр жүрген арғымақтар. Ертең елу шақырым жерге сапар шегеді, – деп түсіндірді Нұртай. – Ал екеуіміздің қазіргі қызметіміз мынау, – деді ол маған, – қос жиренді көлге апарып шомылдырамыз. Жылқы жалдау қандай тамаша! Тұмсықты көтеріп алып, қос құлағы қылтиып малтығанда, қасқалдақ үйрекше жүзеді. О, ғажап қой! Бірақ сен жылқының жүзгенін көрмеген
шығарсың-ау... Бəсе айттым ғой. Ендеше бүгін саған бəрін де көрсетемін. Шеш мына жиреннің шылбырын, осы жуасырағына сен мін. Ал мынау шайтан асауырақ, саған ырық бермей кетер, бұның шоқтығына өзім қонжияйын... Екеуіміз екі атқа жайдақ мініп, көлге тарттық. Жол-жөнекей желікпей аяңмен жүрдік. Жолшыбай Нұртай өзінің үш рет суға кетіп қала жаздаған тарихын əңгіме қылды. – Бірінші оқиға былай болды, – деді ол маған сығырая қарап: – Үш- төрт жастағы кезім болатын. Ауыл сыртында бір жаман құдық болушы еді. Соның аузына қиып салған ағашына асылдып су бетіне түсе қалған көлеңке суретіме мəз болып қарап тұр едім. Біреу итеріп қалды. Етпетімнен түстім. Шалбарымның балағы бір жуан шегеге ілініп, салбырадым да қалдым. Ұзын мұртты бір үлкен кісі сирағымнан тартып, шығарып алды. Ол болмағанда құдықтың түбіне кетіп едім. Үйлері құдықтың қасында тұратын бір ақсақ қыз бар еді, мені ойнап итеріп қалған сол екен. Шешесінен өзі де таяқты мықтап жеді-ау... Екінші рет суға кете жаздағаным былай: көлге қой тоғытып жатқандардың қасына келіп, үлкен бір сарық қойды жетелеп, тереңге апардым. Қойлар да үйрекше жүзеді. Өзім жөнді малту білмейтінмін бір мезгілде шұқанаққа түсіп кеттім. Су төмен тарта жөнелді. Əлгі қой жүзгіш болмағанда, су түбіне кетіп едім... Ал, үшінші рет, өзімнің қомағайлығымнан суға кетіп қала жаздадым. Бұл оқиға жайлауда болған. Шешем колхоздың биесін сауатын. Бір күні киіз үйдің сыртындағы томардан су əкелуге бара қалайын... Суының тереңдігі кісі бойынан асатындай жайпақ бір шұңқыр бар болатын. Өзінің айналасына қалың тал өскендіктен, көлеңкеленіп, суы қап-қара боп түнеріп тұратын. Соған ұзын жіңішке сырғауылды көлденең тастапты да, бір жақ басына шелек асып байлапты. Өзіміздің үйдің ақ шелегі. Жақынырақ келіп, шелектің бетін таяқпен ашып қарасам, шүпілдеген қаймақ. Қызығып кеттім. Сырлы тостағанды оңтайлап, аяқты ептеп басып, төмен еңкейе бергенімде, тайғанап кетіп, суға күмп бердім. Шелектің тұтқасына сыңар қолым ілікпегенде, осы күні өзіміз жер бетінде жүрмеген болар едік. Сөйтіп, тұтқадан ұстап, тыпырлап «апалап» бақыра бердім. Шешем келіп судан шығарып алды. Əй, сондағы ұялғаным-ай!..
Көлге тақау келгенде Нұртай сөзін шұғыл үзіп түйді де: – Несін айтасың, сондай талай қызықтар болған. Ендігі қызықты қазір ат жалдағанда көресің, – деп атының үстінен секіріп түсіп, көк құраққа отыра қалып, етігін, киімдерін шешті... Біз аттарды жетелеп суға түсірдік. – Қалтай, ер соңымнан! – деді де, Нұртай өз атының арқасына ырғып шығып, тебініп, тереңге қарай тартты. Мен де бөгелгенім жоқ., өз атымды оның атының соңынан салдым. Бір мезгілде астымдағы атым лық етіп шұқанаққа түсіп кеткендей болды да, мойнын созып жіберіп, жүзе жөнелді. – Қатарлас маған! – деп дауыстады Нұртай. Атымды тебіне түсіп, оған қатарласа бергенімде: – Əкел қолыңды, күш сынасайық! – деді ол. Нұртай қолын маған соза бергенде, білегінен шап беріп шапшаң ұстай алып, өзіме қарай жұлқып тартып қалып едім, ол делбең етіп, ат үстінен аударылып қалды. – Қапы қалдым, қайтадан кел! – деді намыстанып. Ол атын шаужайлап, қатарласа берді де, мені иықтан қатты қағып жіберді. Бұл жол ат үстінен мен аударылып қалдым. Екеуіміз, осылайша, бір-бірімізді суға кезек құлатысып, біраз күш сынастық. – Мен сені өзімнен осал ғой деп ойлап едім, күшіміз тең екен! – деп мойындады Нұртай... Ауылға қарай қайтып келе жатқанымызда Нұртай мені тағы да бір сынамақ болды. – Кел, анау шарбаққа дейін жарысайық. Қайсымыздың атымыз озар екен, – деді. – Мақұл! –дедім басымды изеп.
– Ал ендеше, ызғыт! Əйт-шу! – деп, Нұртай ұзын шыбыртқысымен менің атымды сирақтан осып қалды да, өзі жолдың шаңын бұрқыратып шаба жөнелді. Даланы басына көтеріп, қиқулап барады. Менің астымдағы жиреннің қамшысы тисе, айғай шықса, еліріп кететін мінезі бар екен. Бірден ыта жөнеліп, ышқына шапқанда, Нұртайдың өзі де сескенді білем: «Тарт тізгінді, тарт! Басы қатты, бой бермей кетеді» деп айғайлады. Тізгінге қо қолдап-ақ жармастым, бірақ елірген ат басына ырық бермеді. Сыңар езулеп, қырындай шауып, тал шарбаққа жақындай бергенде, бір оңбаған əтеш атымның дəл аяғының астынан баж етіп ұшқаны ғой. Жирен ат жалт беріп үркіп, шарбақтан қарғып кетті. Көзімді жұмып қалдым. Аттың үстінен қалпақтай ұштым. Бірақ, еш жерім ауырған жоқ. Жерге допша топ ете түстім де, жалма-жан атып түрегелдім. – Өлді-ау қызыл бұзауым, өлді-ау! – деген дауыс шықты. Жалт бұрылып қарасам, Гүлнар екен. Оның жүгіріп бара жатқан жағына көз аударып едім, шарбақтың бергі іргесінде бір қызыл бұзау, бауыздалған малша, тыпырлап жатыр. Сонда ғана байқадым, бишара бұзау менің атымның аяғының астында қалған екен. Жүрегім зу ете түсті. Денем дірілдеп, орнымнан қозғала алмай тұрып қалдым. – Қалтай... Қалтай, – деп сыбырлады біреу жеңімнен тартып, Нұртай екен. – Сен оңбаған... атымды сираққа ұрып шошытып...– деп тістеніп, оны кеудеден түйіп жібердім. Бірақ Нұртай қарсылық көрсетпеді. – Жұдырығың тіпті темірдей ғой өзіңнің, – деп, сүйір ернін шошайтып күлді. – Неменеге ыржақтайсың!.. Тəртіпсіз... – дедім мен ашуланып. Сөзім ауыр тиді-ау деймін, Нұртайдың өңі қызара қалды. – Қалай жазғырсаң да мейлің... кінə менен болды, – деді төмен қарап... 4
Аттың аяғының астында қалып мертіккен қызыл бұзауды бір шал келіп көрді де: «Бұл енді мал болмайды. Жаны қиналмасын»,– деп, бауыздап тастады. Гүлнар бетін басып жылап жіберді. Мен енді оған тура қарауға батылым бармай, оның көзіне көрінбеуге тырысып, үйіме қарай жылысып кеттім. Содан үш күнге дейін көшеге шықпадым. Жұрттың көзіне түсуге ұялдым. Бəрінен де бұрын Гүлнарға қайтіп көрінбекпін? Ол да мені көруге құштар деймісің. Қызыл бұзау оқиғасын талай адамға жария еткен шығар. «Неткен есер, неткен даңғой бала» деп, маған келістіріп мінездеме де берген болар. «Барып тұрған содыр, жарымес» деп, мені қатты сөкпегенін қайдан білем. Ия, оған қалай десе де рауа ғой... Арада үш күн өтті. Көше жақ терезенің пердесін аздап қана қайырып, сыртқа көз салып отыр едім. Түс ауған шақ. Күн ыстық. Қарсыдағы үйдің үлкен қорасының көлеңкелі ығында екі жылқы үйездеп тұр. Ұзын қорапты арбаға үлкен темір бөшкені дөңбекшітіп бос салып алған бір əйел, торы атқа қамшы үйіріп, терезенің дəл түбінен даңғырлатып жортып өтті. Оң жақтан біреудің сықылықтап күлген даусы естілді. Таныс үн. Əйнектен сығалап едім. Гүлнар жып-жылы сөйлеп, күліп қойып, Сана апайға бір нəрсені айтып келе жатыр екен. Жүрек зуылдай қалды. «Е, əрине, мені сөз ғып келеді ғой» деп ойладым. Пердені түсіріп жіберіп, терезенің алдынан сəл кейін шегіндім. Сана апайды сонау қырманға жұмысқа бірге барғаннан бері көргенім осы. Бұдан біраз күн бұрын мұғалімдер оқытушылардың аудандық конференциясына жүріп кетті дегенді Нұртайдан естігем-ді. Гүлнардың даусы дəл терезенің түбінен естілгендей болды. Пердеден тағы да сығаладым. Сана апай екеуі тура біздің үйге қарай беттеп келеді. «Ал енді қайтпекпін? Үйден ұрлана шығып, бір жаққа жылыса тұрайын» – деген ой келді басыма. Бірақ, орнымнан қозғалар емеспін. Тұрған жерімде, мойным күнбағыс сабағындай иіліп, қалшидым да қалдым. «Мейлі, келе берсін үйге... Қашанғы жасырына бермекшімін, – деп ойладым, – бар жайды түгел баяндап айтайын. Гүлнар ақылсы қыз емес, менің жазықсыз екенімді түсінер...»
Бірақ, бұл жолы босқа дəмеленіппін. Олар біздің үйге бұрылмай, ілгері ұзап кетті. Мен диванға үнсіз келіп отырдым да, ойға шомдым. «Гүлнар Сана апайға мені не деп жамандады екен,» – деген ой көңілімді қатты қобалжытты. Арада шамасы үш сағаттай уақыт өткен мезгілде біреу есік қақты. – Ия, я, кіріңіз, – дедім дауыстап. Есік сықыр етіп ашылғанда, өзіме таныс адамның жүзі көрінді. Сана апай! Қатты қысылып, абдырап қалдым. «Гүлнар бұ кісіге қызыл бұзаудың тарихын тəптіштеп тұрып айтқан болар. Сондықтан Сана апай кінəмді бетіме басып, мені ұялтқалы келген шығар», – деп ойладым. – Қалтай, сəлемат па? – деді Сана апай күлімсіреп. Ол менің қиналып тұрған күйімді тез ұқты да, жұмсақ үнмен жылы ұшырап сөйледі. – Бұның қалай, Қалтай, құрбыларың сені күндіз-түні үйінен шықпайды дейді ғой, рас па? – деді жымиып. «Əдейі жұмбақтап сұрап тұр ғой» деп ойладым ішімнен. Бар шынымды айтуға оқталдым да, бірақ өзімді өзім тежеп, үн-түнсіз бөгеле бердім. «Несін айтам, Гүлнардан бəрін де естіп, қанып келіп отыр ғой», – деп ойладым. Сана апай өз анамдай аса бір мейірімді шыраймен жүзіме барлай қарап отырды да: – Шешеңді сағындың ба? – деді. Басымды изедім. – Бұл ауылдағы құрбыларыңмен түгел таныс болдың ба? Олар сенен жатырқап жүрген жоқ па? – деп сұрады Сана апай. – Жоқ, – дедім күмілжіп. Сана апай оқушылардың каникул уақытындағы іс-əрекеттерімекн танысу үшін үйді-үйді аралап, ата-аналармен, балалармен сөйлесуге шыққан екен. ол менімен əр тақырыпта əңгімелесті. Бірақ, қызыл бұзау тарихына байланысты лəм демеді. «Мұнысы қалай? Əдейі сөйтті ме? Əлде бұл туралы Гүлнар оған ештеме айтпады ма екен?» – деп, мен Сана апай кеткеннен кейін ойға шомып көп отырдым...
Сол күні түнделетіп папамдар келді. Шешем үй ішінің жинақылығын, тазалығын көріп, менің ісіме жақсы баға беріп қуанды. Бірақ мен масайрай алмадым. Сонда да көңілімдегі қобалжуды білдірмеуге тырыстым. Қызыл бұзау оқиғасын айтар болсам, əкем де, шешем де қатты ренжиді ғой. Олардың көңілін жабырқатқым келмеді... Арада үш күн өтті. Түс кезі еді. Əкем үйге біртүрлі ренжіп келді. Ол есіктен кіре берген мезетте-ақ оның осы күйін қас-қабағынан тани қойдым». Қызмет бабында бір қолайсыз жағдай болған ғой» деп топшыладым ішімнен. – Мұратжан, сен тысқа шыға тұршы, Қалтаймен оңаша сөйлесетін бір сөзім бар, – деді əкем. Мұрат оның кескініне бір қарады да, үндемей шығып кетті. – Ие, шырақ, мəселенің үлкенін бізден бүгіп жасырып жүр екенсің ғой, – деп, əкем дөңгелек столдың шетіне шынтағын тіреп, маған қарама- қарсы келіп отырды. – Бұ қалай болғаны... Қылмысты жасырған кісіні не деуге болар? – Əкем қатты кейістік білдіріп, үнсіз отырып қалды. Бетім дуылдап, төмен қарадым. Бір кезде əкем жұмсақ үнмен: – Өлер бұзау өліпті... Болған жайды өз аузыңмен түгел айтшы қані... Бірақ ақталма, – деді. Мен күмілжи сөйлеп, олар жоқта басымнан кешкен оқиғаны əзер айтып шықтым. Əкем сөзімді үндемей отырып тыңдады. Мен айтарымды айтып болғаннан кейін ғана салмақты үнмен: – Осы жағдайды біреуден емес, күні бұрын өзіңнен естісем, тап мұндай кейімес едім. Əсіресе қылмысты айтпағаның, жасырғаның жаныма қатты батады, – деді де, тағы да үнсіз отырып қалды... Əкем үйден шыға бергенде Мұрат ішке жүгіріп кірді. Орнымнан тапжылмай мөлиіп отырған мені иығымнан ақырын ғана түртіп: – Папам саған ұрысты ма? – деп сыбырлады. Төмен иіліп кеткен басымды ептеп қана шайқадым. Мұрат еңкейіп, кескініме таңырқай қарады...
5 Күндер сырғып өте берді. Бір үйдегі ойы да көп, уайымы да көп адам – жалғыз мен. Кейде басым зеңіп тамаққа да зауқым соқпайды. Көшеге шығып, серуен жасап, бо жазғым, көңіл көтергім келеді. Бірақ өз- өзімнен қысылып тартына беремін. «Жаңа қонысқа келмей жатып, содыр бала атандым-ау» деп, жұрттың көзіне түсуге ұяламын. Əсіресе ең қысылатын кісім – Гүлнар. Оған барып жолығуға, кешірім өтінуге əлі бетім күйіп жүр. Баруға талай оқталып, талай тартындым. «Неге осынша батылсызбын» деп, оңашада өзіме мықтап кейіп те аламын. Менің осылай қиналып жүргенімді əкем сезіп, бір күні ол менімен оңаша сөйлесті. – Байқаймын, балам, түнеугүні ағат қылығыңнан соң жұрт көзіне түсуге өте қымсынатын көрінесің. Бүйтіп бұға берсең, сенің жақсы адам екніңді кім біледі, кім көреді, – деді ол мен басымнан ақырын ғана сипап. Сол сəтте жан дүниемде қандай өзгеріс туа қалғанын білмеймін, əлде жылағым келгендей, əлде қуанғандай бір халге түстім де, аяғымның буындары дірілдеп, қалшиып үн-түнсіз тұрып қалдым. Əкем күлімсіреп, арқамнан қақты, бірақ үндемеді. Менде үн жоқ. Сəлден соң əкем: – «Үш мушкетерді» үш күн бойы оқығанда елу шақты бетінен əрі ұзай алмапсың ғой, – деді күліп. Ертеден кешке дейін қолыма кітап ұстағанмен мандытып оқи алмай, көбінесе жым-жырт боп ойға шомып отырғанымды сыртыьнан ылғи байқайды екен ғой. Өзінің бір басының жұмысы да аз емес, ерте тұрады, кеш жатады. Біреу асығыс шаруасы болып, түн ортасында терезе қақса да, төсегінен ерінбей түрегеліп, келген адаммен ренжімей, жадырап сөйлеседі. Бұрын қалада жүргенде қызметіне тиісті уақытында барып, тиісті уақытында қайтатын. Баратын, келетін мезгілін өзіміз біліп отыратынбыз. Енді қазір шаруа жағдайы уақытпен санаса бермейтін болды, кейде мезгілсіз ерте тұрғызады, түн ұйқысын бөледі. Жұмыстың сала-сала тармағы қандай көп! Асылы, колхоз шаруашылығын басқарудан күрделі, жауапты іс бола қоймас деймін. Осындай қиын істің басында жүрген кісіні ренжітуге бола ма?!
«Қадірлі əкем, сені ренжіте көрмеспін, асыл сертім болсын осы!» – деймін ішімнен толғангып. Жазым болған қызыл бұзау тағы да көз алдыма елестей бастайды. «Болған жайды неге жасырдым əкемнен? Неге ренжіттім оны?» – деймін өзімді іштей жазғырып. «Ал енді жұрттың көзіне көрінуге батылым бармай тығылып жүргенім не болғаным? Жоқ, мұның теріс, Қалтай. Гүлнарға барып кешірім сұрауға тиістісің сен!» – дедім, өзімді өзім қырға алып... Мен осы оймен оның үйіне барғанымда, Гүлнар қақпа алдында жеңіл арбаға ат жегіп жатыр еді. Тым асығыс түрі бар. Мен дəл қасына келгенде ғана байқап, жалт бұрылып, көзіме тіке қарады да, таңырқады ма кім білсін, үн-түнсіз тұрып қалды. Қапелімде менің де аузыма сөз түспеді. Мен де үнсіз тұрып қалдым. Гүлнар езу тартып күлімсіреді. – Амансың ба, Қалтай? Көптен көрінбей кеттің ғой, – деді. Үнінде мен күткендей мысқыл да жоқ, зіл де жоқ. – Өзің қайда барғалы жатырсың? – деппін. Аузыма бұдан басқа сөз түспей қалды. Гүлнар жөнін айтты. Үйге отын əкелуге жүргелі жатыр екен. – Мен бірге барайын. Көмектесейін. Қазір қолым бос, – дедім мен . Шын ниетпен білдірген тілегім. Əйтпесе сол сəтте өз кінəмді осымен өтейін деген ешқандай ой басыма келген жоқ. Екі қайыра өтініп, Гүлнардың рұқсатын алған соң, əкеме жөнімді айтып, ықшам киініп, беліме өткір балта қыстырдым да, Гүлнармен бірге отынға жөнелдім. Қарагер ат бүлк-бүлк жортып келеді. Ауылдан екі шақырымдай ұзадық. Гүлнар сұрау қойғанда ғана қысқа жауап қайырып, көбінесе үнсіз отырмын. Қызыл бұзау тарихы есіме түсе берді. Ал, Гүлнар бұл жайында лəм деген жоқ. Менің кешірім өтінгім келеді. Бірақ əуелгі сөзді қалай қисындап бастаудың ретін таппай, көп қиналдым.
– Қалтай, неге төмен қарай бересің? Кескінің неге жабырқау? – деп, Гүлнар маған салмақпен қарады. Біртүрлі ыңғайсызданып қалдым. Гүлнар мені барлағандай сəл үндемей отырды да, ойымдағы сөзді өзі қозғады. – Бізден ұялып жүрген шығарсың... Кінəлімін деп ойлайсың ба? Жоқ, сен кінəлі емессің. Сенің атыңды үркіткен Нұртай екен ғой. Бəріне кінəлі сол Нұртай. Өзі біздің үйге келіп, кешірім сұраған. Біз ренжіген жоқпыз. Ренжігеннен не пайда, қызыл бұзау қайта тірілмейді ғой... – деді Гүлнар. Ол мені жазғырмаса да, бүкіл кінəні Нұртайға аудара сөйлегенін ішімнен мақұл көрмедім. – Менің де кінəм бар. Қызыл бұзаудың аттың аяғының астында қалуына мен де себепкер болдым...– деп, өзімді де жазғырып, Гүлнардан кешірім өтіндім. – Бəрінен де өзіңнің аман қалғаныңды айтсаңшы. Аттың үстінен ұшып кеткенде, шарбаққа кеп құласаң, бір жерің жазым болатын еді, – деді Гүлнар. Бишара қызыл бұзаудың аттың аяғының астында қалып мертіккенін тағы да бір рет есіне алды да: – Нұртай да осындай жағдай болар деп ойлаған жоқ қой. Бірақ ойынның да жөні бар, аңғал ойын бір пəлеге кезіктірмей қоймайды, – деп салмақты үнмен сөйледі. Мен оның сөзін құптап, басымды изедім. Гүлнар сəл үндемей отырды да, бір кезде есіне əлдене түскендей боп күліп жіберді. – Түнеукүні Сана апай екеуіміз көшеде сөйлесіп келе жатқанда, мен сенің терезеден сығалап тұрғаныңды көріп қалдым. Біз жақындағанда терезенің пердесін неге түсіре қойдың? Қасымдағы кісіге сені жамандап келе жатыр ғой деп ойладың ба? Жоқ, мен Сана апайға қызыл бұзау тарихын айтқан жоқпын. Мен ешкімді де сыртынан жамандамаймын, – деді.
Сана апай мен Гүлнардың сөйлесіп келе жатқанын терезеден көргенімде, нендей ойға берілгенім есіме түсіп. Өзім де еріксіз күліп жібердім. Неше күндей еңсемді басқан зілден енді ғана арылып, бойым жеңілдеп қалғандай, жадырап серги бастадым. Біз орманнан бір арба отын алып кейін оралғанымызда, Гүлнардың үйінің алдына Нұртай бізді күтіп тұр екен. – Жолдастар, үлкен жаңалығым бар. Ауылға көшпелі кино келді! Мен сендерді салтанатпен киноға шақырамын. Билеттерің қалтамда! – деп, ол біз жақындай бергенде қолын көтеріп дауыстады. – Қалтай, қалай ойлайсың, біздің Нұртай, көңілінде еш қаяу жоқ, жақсы бала емес пе? – деді Гүлнар маған қарап күлімсіреп. – Əрине, ол жақсы дос, – дедім шын құптап. Сөйтіп, жаңа достарымның ыстық ықыласына қайтадан бөлендім. О, өмірде достықтан қымбат не бар! *** Қалтай əңгімесін осылай аяқтады. – Əрине , өмірде достықтан қымбат еш нəрсе жоқ! – дедік біз де оны құптап... 1955 ҚАМАЖАЙ (Көріністер) 1 Сүйікті қызы Қамажайдың ұзатылу тойы жақындаған сайын Бағила ананың уһілеуі көбейе берді. Үлкен баласы Əбіл, оның əйелі Шəмшия – екеуі де ол кісінің бұл мінезін көріп күледі. Күледі де аяйды. Аяйды да жұбата бастайды. Ал, Бағила ананың айта беретін сөзі біреу: – Япырай, – дейді, – уақыт қалай тез зымырап өтіп кетеді! Қамажайым жаз айының дəл осы
мезгілінде, пішен уақытында туып еді. Кеше ғана уілдеп бесікте жатқан нəресте, енді, міне, «бой жеттім, өстім» дейді «Топшым қатайды, ұямнан ұшамын» дейді. Бағила ана əуелі күлімсірейді де, сосын көзіне жас алады. – Апа, бұныңыз не? – деп таңырқанады келіні Шəмшия. – Қуанғаным ғой, – дейді Бағила ана. Жаулығының шетімен көзінің жасын сүртеді. Қайтадан күлімсірейді. Қайтадан сөйлей бастайды. – Қамажайымның бала кезіндегі бар мінезі көз алдымда. Ең алғаш күлгені, ең алғаш былдырлап сөйлегені, аяғын апыл-тапыл басып ең алғаш жүргені... Бəрі көз алдымда тұр. Өзі бой жеттім, өсіп кеттім десе де, ол маған сол баяғы сəби қалпындай. Жығылып бір жерін ауыртып алмады ма, бірдемеге арандап қалмады ма деп, бала кезінде қандай алаңдасам, қызым үйде болмаса, кешіксе, қазірде де дəл солай алабұртам ылғи. – Барлық ана біткен осындай-ау! – дейді Əбіл, – Баласының есейгенін байқамайды ол. Перзенті көзіне бəз-баяғы нəресте кезіндегідей балғын көріне береді. Ал, бала деген өзінің ер жетіп қалғандығын, үлкейгендігін қашанда дəлелдегісі кеп тұрады. – Бұл – тіршілік заңы ғой, – дейді Шəмшия оны құптап. – Адам тіршілік заңына қанша мойынсұнбаймын десе де, тіпті оған қарсы күресіп жүрсе де, жүзінде, күнбе-күнгі қарекетінде, сол заңның шарттарын орындап отырады. – Дұрыс айтасың, Шəмшия. Өзімнен үш-ақ жас кіші Қамажай қарындасым-ның бой жетіп қалғандығын күні кешеге дейін мен де мойындаған жоқ ем. Оған ылғи бала деп қарап, өзімді одан ақылдырақ, естірек санайтынмын... Бірақ шынымды айтайын, кейде бір мəселе жайында таласа кеткенімізде, ыңғайына өзімнің қалай оп-оңай көше қалғанымды ылғи аңғармай қалатынмын. Соңынан барып сезетінмін де, жеңілгенімді ішімнен түсініп, үндемейтінмін. – Қамажай сені ерекше сыйлайды, айрықша жақсы көреді. – Мен де оған жан баласын теңгермеймін. Қарындасым алтын! Мынадай кісінің қызы жаман бола ма?! –деп, Əбіл шешесіне күлімдеп
қарап еді. – Қызыма ризамын, – деді Бағила – Тең құрбысынан кем қалған жоқ. Оқыды. Үнстетін бітірді. Қолыма келіп қызметін атқарды. Кішкентай кезінде айтушы еді: «апа, сені өзім асыраймын», дейтін. Орындады айтқанын. Ақ сүтімді ақтады. Баласының жақсы боп жетілгенін көргенде, əр ата-ана:» перзентіміздің алдындағы борышымыз өтелді» деп қуанбақ. Құдайға шүкір, көңілім тоқ енді. – Мəпелеп күтпесе, жас шыбық жайқалып өсер ме?! Бəрі де сенің арқаң, апа! – деді Əбіл, өздерінің қарыздар екенін білдіріп. – Бізді адам қылған өзіңсің. Осы жолда бейнет те шектің, талмадың. Əкеміз өліп, бар ауыртпалық өз арқаңа түсті, қиындыққа шыдадың. Біз үшін шыдадың. Сенің алдыңдағы борышымыз асқар таудай! Қарасам ұшар басына көзім жетпейді, апа. Дəл осындай ойын Қамажай да жеңгесіне толқып отырып айтқан еді. «Ұлдың жөні басқа ғой, шаңыраққа ие болып қалады. Ал ұзатылған қыз – ұядан ұшып кеткен құс секілді көрінеді», – деп мұңайған-ды. Шəмшия қайын сіңлісінің сол сөзін айтып: « Қамажай сүйдеген кезде өз көңілім де біртүрлі босап кетті», – деп еді. – Пəлі! – деп күлді Əбіл. – Қыздың ұзатылуы – табиғаттың заңы емес пе! Қыз – жаман болса төркінін танымайды. Əйтпесе, құс екеш құс та өскен ұясына жылда айналып соғады. – Ата-анаға ұл да бірдей, қыз да бірдей, – деді Бағила ана. – Ұлы өссе – оның отау тігіп орнығуын, қызы бой жетсе – оның теңін тауып, құтты орнына қонуын тілейді. Сол тілегі қашан орындалғанша, ата-ананың көңілі тыншымайды. – Ал сізге енді кеп алдабұрта беруге себеп жоқ. Ұлың болса, міне, көз алдыңда тұр. Келінің болса, міне, қара көзі мөлдіреп қарсы алдыңда отыр. менен кейінгі перзентің Қамажай – ол да құтты орнына қонады ертең. Ал кенжең Шолпан əлі жас, оныншы класқа биыл көшті. Оған құтты орын тілеуің ертерек болар. Шəмшия ерінің сөзін құптай, басын изей түсіп: « Қамажай өзінің нағыз теңін тапты ғой деп ойлаймыз біз. Күйеу балаңыздың ақылы десе – ақылы, білімі десе – білімі бар», – деп, мақтай бастап еді.
– Білемін ғой, – деді Бағила ана. Ақырын ғана күрсініп қалды. Сонсоң үндемей біраз отырды да, көкейіндегі бір сырын қозғады. – Күйеу баланың кішіпейіл, инабатты екенін танығанмын. Тек жалқы жігіт... Алдында не ағасы мен не апасы, артында не інісі мен қарындасы жоқ. Осы жағдайын ғана ойлай беремін. – Жалқы болу – жарым болу емес қой, деді Əбіл, – Туған туысқанның көптігі, əрине, жақсы, бірақ адамның бағасы ағайынның көптігімен өлшенбейді, əркім өз басының қадір-қасиетімен ардақталады. Ал, қадірі артқан кісіде дос көп. – Солай ғой... əйтсе де, біреу туған туыстың жөні бөлек-ау, балам. Жалғыздықтың аты – жалғыздық... Со бір жері ғана жүрегімді кей- кейде сыздатып жібереді. – Ой, ардақты асыл анам-ай! Күйеу балаң жалқы жігіт атанбайды енді. Мен аға болуға жарасам, ол іні болуға жарайтын азамат. Бұдан артық не керек?! Əлде құдағиым да жалғызілікті əйел деп, тұрмысы да жұпыны деп, со жағын олқысынасың ба? Бағила ана Əбілге «бұл сөзді ретсіз айттың» дегендей раймен қарады да: – Мен дəулеті шалқыған, мансабы биік құда мен құдағи іздеп отырған жоқпын, – деді салмақты үнмен. – Маған ұлымның да, қызымның да қайын жұртының бақ-дəулеті, атақ-дəрежесінің биіктігі даңқ емес. Біреудің даңқы біреуді аспанға шығармайды., біреудің дəулеті біреуге құт болмайды, – деді де сəл ұндемей отырып қалды. Сосын бастапқы сөзінің желісін қайта жалғап, көкейіндегі ойын анық етіп айтты: – қызының ұзатылып барған жерінің төрт құбыласы тең болғанын қай ата-ана тілемейді? күйеу баланың кімі бар, кімі жоқ? Атасы мен анасы қандай? Ағайыны, жекжаты қандай? – деп алабұртса, ата-ана қызына тек бақыт тілеп алабұртады. Мен де – сондай ата- ананың бірімін. Əбіл анасына қарап, кызарып күлімсіреді. 2
Қолында ораулы заты бар, үйге Қамажай кіріп еді. Біртүрлі ұяла жымиып, босаға жақта бөгеліңкірей берді. – Қасыма келші, қалқам, – деді Бағила ана қолын созып. Қамажай қасына барғанда, қызын құшақтап, бетінен сүйді – Ал енді барлық жайды өздерің боп ақылдасыңдар. Маған түйінін айтыңдар, – деп, орнынан жайлап түрегеліп, есікке қарай ақырын ғана қозғалды. Күйеудің, құдалардың келетін күні, тойдың уақыты белгіленген болатын. Той жабдығы, қыздың жасауы – бəрі де əзір еді. Бұл жасалған əзірліктен Бағила ана ешқандай кемшілік таппаған. Бірақ, кім біледі, мыналардың тағы да бір ойлаған жоспары бар шығар; баласы да, келіні де, қызы да – үшеуі де институт бітірген білімді кісілер. Əбіл мен Шəмшия – дəрігер, Қамажай – мұғалім. Бұлардың кейбір сөзін Бағила ана түсіне алмай қалуы да ықтимал. Сондықтан өздері оңаша отырып ақылдассын. Бағила ана осыны ойлап шығып кетіп еді. Шəмшия Қамажайға күлімдеп жақындап: – Тойда киетін көйлегіңді бітіріп əкелдің бе? – деді де, Қамажайдың қолындағы ораулы затты ашып, үлбіреген ақ жібек көйлекті алып қарады. – О-о, өте əдемі екен! Ақ көйлегің иығыңа бақыттың ақ көгершіні болып қонсын, сəулем! Ол Қамажайды қуанып сүйді. Осы мезетте оң жақтағы бөлмеден, тұлымы желкілдеп, Шолпан жүгіріп шыға келді. Ол шешесінің кенже қызы, ерке қызы. Осы үйдегі үлкендердің бəріне де жас балаша еркелейді. Өзінің жасы онжетіге аяқ басып, бой жетіп қалғанын ұмытып та кете береді. – Тəте! – деп, жүгіріп кеп Қамажайды мойнынан құшақтай алды ол. Сосын көйлекке көзі түсіп; – О-һо! – деді. – Қандай тамаша көйлек. Тəтежан, киші үстіңе! Қалыңдық қандай болады екен, көрейін. – Шолпан, сені кім шақырды осы араға? Бар, музыкаңды ойна! – деді Əбіл. – Жоқ, кетпеймін. Мен керекпін. Бұл арада мен емес, сенсің артық тұрған кісі.
Сенің алдыңда тəтем көйлегін қалай киіп көрсетеді маған. Шолпанның сөзіне Шəмшия мен Қамажай сүйсініп күлісті. – Япырай, сөз тапқанға қолқа жоқ, – деп, Əбілдің өзі де күліп, сыртқа шығып кетті. – Тəте, киші көйлегіңді! Көрейік! – деп өтінді Шолпан. Қамажай үлбіреген ақ көйлекті үстіне кигенде, қызара күлімсіреген жүзі бал-бұл жанып, өңі ерекше ажарланып, сұлу көрінді. Жеңгесі Шəмшия өте сүйсініп, тамашалап қарады. – Ой, қандай əсем! – деп қызықты Шолпан. – Ағатай, қарашы, – деді Шəмшияға, – менің тəтем қандай сұлу! Ақ көйлек, қара шаш... біздің айнакөлдің биік жарына қонып отырған ақ шағала сияқты емес пе! Біреу ақырын ғана тықылдатып есікті қақты. – Кіріңіз! – деді Шолпан. Қамажай шапшаң қозғалып, екінші бөлмеге еніп кетті. 3 Келген кісі – орта бойлы, дөң мұрынды Əділғазы еді. Қамажайдың орта мектепте бірге оқыған құрбысы болатын. Қамажайда ежелден көңілі бар жігіт еді. – Есенсіздер ме? – деді есіктен кіре беріп, басын иіп. – Əділғазы ағай, жоғары шығыңыз, – деді Шолпан ізетпен. Əділғазы сыпайы қозғалып, жоғары қарай өтіп: – Қамажай үйде ме? – деп сұрады. Шолпан басын изеді. Сосын Шəмшияға : «Осы кісі қызық өзі. Келген сайын тек тəтемді сұрайды ылғи», – деп сыбырлады да, Əділғазыға қайта бұрылып: – Тəтемде бір шаруаңыз бар ма еді? – деді. – Бар еді... – Бізге білуге болмай ма? Қандай шаруа? Құпиясы болмаса айта беріңіз. Əділғазы ыңғайсызданып қалды:
– Құпиясы жоқ... Бірақ, біреуге арналған сөзімді басқаға айта алмайтын едім... – Қызық екен! – деді Шолпан оң иығын көтеріп. 4 Қамажай көйлегін ауыстырып киіп, қайтадан бері шықты да, Əділғазыны көріп, онымен қолдасып, қуанып амандасты. Амандық- саулығын, жай-күйін сұрады. Əділғазы бəсең үнмен ақырын ғана сөйледі. Өзінің Қамажайға оңаша ғана айтар бір сөзі барын білдірді. Шəмшия оның жайын түсінді де, Шолпанға да «соңымнан ер» деп белгі етіп, есікке қарай беттей берді. Əділғазы көкейіндегі сырын ағытқалы келіпті. Төмен қарап, үн-түнсіз біраз отырды да, демі дірілдеп сөйледі. – Қамажай, жүрегімдегі өшпейтін бір сезім тағы да жетелеп əкелді алдыңа... айып етпе... Жанына жай таба алмай жүрген, көңілі құлазыған бір бейбақ пендемін мен. – Ой-бой, тіпті күңіреніп кеттің ғой, – деді Қамажай күліп. Əділғазы сөзін айта берді: – Бала жастан бірге өстік, бірге оқыдық. Менің жанымның сырын бір кісі ұқса, ол сен болар деп ойлаушы ем. Сол ойдан көңіліме үміт ұялап, жүрегіме ыстық сезім оралған... Бірақ сен осы күйімді ұқпадың... Сонда да көңілімдегі үміт оты жылтырайды да тұрады... Қамажай Əділғазының өзінде көңілі барын бұрыннан сезетін еді, бірақ, қыздың жүрегінде ол түсірген махаббат ұшқыны жоқ болатын. Əйтсе де Қамажай оны кемсітпейтін, Əділғазының адамгершілік қасиетін бағалап, оны адал жолдас, жанашыр дос тұтып сыйлап келген. Қазір де оның күйін терең ұғып, аяп кетті. Сөзін толқып айтты: – Асыл құрбым, Əділғазы! Мен сені ежелден адал дос, жақсы жолдас деп таныған ем. Сөзіңді елемеген, өзіңді сыйламаған жерім жоқ. Сені өзіме əрқашан тілектес құрбымдеп, қамқоршы көрем. Сыр айтсам –
жанымды ұғасың, ақыл сұрасам – бəйек боласың. – Осындай ақылды сөзің мен асыл мінезің ғой менің жүрегімде баураған! – Бұған менің еш жазығым жоқ шығар деп ойлаймын. – Кінəлі өзім... Жазығым – сені шын сүйетіндігім... – Бұл күйіңді ұғамын. Адам баласы сүю үшін жаралған. Біреуді біреу сүйгені үшін жазықты емес. Бірақ, бір жүректе тұтанған сезімнің кейде екінші жүректен өзіне өріс таба алмайтыны болады. Шын махаббат болуыс үшін екі жүректегі сезімнің бірдей тұтанып, бірге лаулауы керек қой... – Тілегенім сол еді менің.. – Қадірлі Əділ... Өзің де білесің ғой, менің сүйген жігітім бар. Сол адамға қол ұшымды бердім... – Амалым қайсы... Өз жүрегіңнің əміршісі – өзіңсің. Көңілімдегі үміт оты шоғы қарайып бір сөнер... Бақытты бол!.. 5 Əділғазы шығып кетті. Қамажай терең ойға шомып қалды. Бөлмеге күліп сөйлеп Шолпан кіре берді. – Жаңағы кісіні көрсем, ылғи күлкім келеді. Өзі біртүрлі... Қамажай сіңлісіне ойлы жүзін бұрып қарады да: – Түсіне алмаған екенсің, ол – жақсы адам, – деді салмақты үнмен. – Мүмкін, – деді Шолпан, – бірақ өзі қызық! Біреумен сөйлескенде, автомат қаламы мен блокнотын қолына алып, ылғи бірдемені жаза бастайды. Талай көргем. Сонда не жазады. – Ол – журналист қой, аудандық газетте қызмет атқарады. – Журналист болған соң кісінің аузынан шыққан əр сөзін жазып ала бере ме? – Бəрін емес, керегін жазады.
– Мақұл, сөйсін –ақ. Бəрібір өзі бітүрлі қызық кісі. 6 Шəмшия кірді. Ол Қамажайдың ажарынан оның қатты толқыған күйін бірден таныды. Ақырын ғана сөз қатты: – Көңілің тағы да тербеліп қалды ма? – Бір толқын тербетіп кеткені рас.. – Сеземін... түсінемін... – Біреудің қиналғанын көру қандай ауыр,– деді Қамажай. Сосын төмен қарап, жүдеп отырып қалды. Шолпан оның күйін ұққан жоқ. «Сөздеріңіз түсініксіз боп кетті», – деп, терезенің алдына барып, сыртқа көз салды. Қарсы жақтағы көшеде жиыла қалған жұртты көріп, жайын білгісі кеп, тысқа жүгіріп шықты. – Шəмшия, сен дəрігерсің ғой, айтшы маған, – деді Қамажай толқыған үнмен, – ауруханада, сырқаты жанына батып қиналып, науқас жатады. Сонда қалай шыдайсың? – Дəрігер дертпен, ажалмен күреседі. Күрес үстінде адам əрқашан мықты боп кетеді, – деді Шəмшия. – Білмеймін, мен дəрігер болсам да, қолымнан ондай мықтылық келмейтін шығар. Сен қажырлысың, Шəмшия. Шолпан үйге өңі қашып, шошып, жүгіріп кірді. – Ой! Бір сұмдық бопты! Жансыз біреуді машинадан түсіріп жатыр, – деді үрейі кетіп. Қамажай мен Шəмшия да шошынып, жылдам келіп, терезеден қарап еді. Осы мезетте дауыс сап жылаған əйел үні шықты. Қамажай терезенің алдынан кейін шегіне берді. Мынау үн– таныс үн. Оның сүйген жігіті Ақжолдың анасының даусы.
Қамажайдың көзінің алды бұлдырап, жер айналып, үйдің қабырғасы төңкеріліп құлап бара жатқан секілденіп кетті... 7 «Бұл не? Өң бе, түс пе? Қайдасың Ақжол? Сені аварияға ұшырап, мерт болды дейді мына жұрт. Рас па? Жоқ жалған бұл сөз! Тірісің сен!» Қамажайдың құлағына Ақжолдың үні келгендей болды. Қамажайды қуанып шақырып тұр. – Қамажайым, келші бермен, сəулем! – дейді. – Көкірегіме қысып тұрып, сүйіп тұрып құттықтайын! – дейді. Əдемі бақ ішінде, жапырағы төгілген ақ қайыңның қасында, Қамажайдың да сол ақ қайың секілді құлпырып, бал-бұл жайнап бір тұрғаны бар еді. Ақжол оған қолындағы қызыл гүлін ұсына берген. – Қамажайым, жас өмірің осы қызыл гүлдей боп, нарттай жайнасын. Тек биікке қанат қақ! – деп еді қуанып тұрып. – Рахмет! Осы тілеуді мен де саған тілеймін, – деп, Қамажай да қуанып күлімсіреген. Ақжол сонда шалқып сөйлеп кетіп еді: – Екеуіміздегі тілек те біреу, үміт те біреу, үміт біреу. Өткені қос жүректің лүпілі біреу. Махаббаттан жеңілмейтін нəрсе жоқ бұ ғаламда! Енді бізге өмірдің асуы да аласа, тереңі де – тайыз! Бірімізді – біріміз қанатымызбен демеп, тек жоғары самғай берейік қиынға ұмтылайық! Қиындықпен жеткен жеңістің қуанышы мол болады. Ұзақ болады! Қамажай да толқып тұрып сөйлеп еді: – Институтқа кеше ғана келіп түскен секілді едім, қалай шапшаң өтіп кетті төрт жыл уақыт. Институтты бітіріп шыққаныма сенбей тұрмын тіпті... Енді өзімнің туған ауылыма мұғалім болып барамын. Кешегі өзім оқыған мектепте əдебиеттен дəріс берем. Бір кезде өзім отырған партада қара көзі мөлдірей, тұлымы желбіреп, бір кездегі дəл өзі секілді боп, жап-жас қана қыз отырады. Бір кездегі дəл өзім секілді боп,
ол да ұстазына қуанышпен, үмітпен ғана қарайды... көк орам жас түлек! Сен оның қауырсынын жетілтіп ұшырасың! Ол ұясынан көтеріліп ұшып бара жатқанда, қанатының қағысына сүйсініп қана, қызығып қана қарап тұрасың. Көкіректі мақтаныш кернейді сол шақта. Қандай қадірлі – ұстаз еңбегі! Қандай бақыт ұстаз болу! – Арманың сұлу! Ісің де сұлу болсын, сəулем! – деп еді Ақжол. – Осы тілек – өмірімнің мақсаты... Тағы да қиялдайықшы? Келер күндер көзімізге елестесін! – деп еді Қамажай. Сонда Ақжол, бейне артист секілденіп, толғай сөйлеп, арманын айтып кетіп еді: – «Құс ұшарында аспанға қарап қанатын қомдайды, шырқап шығар биігін межелейді» деп, тағылым үйретуші еді шешем ылғи. Екеуіміз де өмірге жолдама алып, қатар түзеп ұшқалы тұрмыз ғой. Ал биікке қарайық та, қомдайық қанатты!.. Міне, шырқап көтерілдік биікке. Енді жоғарыдан көз жіберші төменге қазақтың тақтайдай жазық байтақ сұлу даласы! Телегей теңіздей боп жайылған сары егін. Ұш-қиыры жоқ. Шеті, шегі көрінбейді. Майда желдің лебінен ырғалып тербелген сары егін – ақырын ғана толқындап жатқан сары теңіз секілді. Көз ұшында комбайндар жүзіп барады. Бұлар суда қалқыған желкен тақылетті. осының бəріне жоғарыдан шолып көз тігіп, биікте біреу тұр. мына жайқалған егінге қарап əрі таңданғандай, əрі мақтанғандай. Бұл бітік егінді өсірген – соның өзі. Яғни мына тұрған – Ақжол. Міне, осы – менің арманым. Мен – егін ішінде өскен диқанның баласымын. Ал диқан дегеніңіз егіннің жағдайын ойлап, қыста да, жазда да ылғи алабұртып отырады. Қыста күн борамаса, «егін үстінде қар жұқа тұрды-ау, көктемде ылғал аз болады-ау» деп қам жейді. Жазда аңызақ соға берсе, жауын жаумаса, «жер қаңсыды-ау, егін күйіп кетер болды-ау» деп қиналады. Кей жазда жаңбыр көп боп кетсе, жаңбырмен де ұрсысып, мазасы кетеді... Мені үнемі мазалайтын бір ой бар. Біздің егінші жұрт табиғатқа қашанға дейін кіріптар бола береді? Өзіміздің Қазақстанның солтүстік аймағын мысалға алайын. Мың-мыңдаған гектар егін салынады. Егер жазда көктен тамшы тамбай, қуаңшылық болса, осынша мол егінге,
самолетпен бүріксең де, су жеткізе алмайсың. Егін күйіп кетеді. Немесе, жазда жаңбыр үздіксіз жауа берсе, күзде де толастамаса, бітік шыққан егін, дəні қатпай, көк күйінде қалады. Пісіп үлгірмеген осындай көкбурыл егіннің қар астында қалғанын, былтыр практикаға барғанда, өз көзіммен көрдім. Ішім удай ашыды. Содан бері үнемі толғап жүрген бір ойым бар. Жазы қысқа, салқыны мол терістік аудандарда шапшаң өніп, тез пісетін сапалы егін сортын тапсам деймін. Осыны қызығып іздеу – мақсатым. Үміт үлкен, арман зор. Бəрін де бірге көрерміз!.. Осы сөзін қуанып айтып тұрған Ақжол ілезде ғайып боп кетті, Қамажайға бар дүние тағы да шыр айналып бара жатқан сияқтанды...
8 «Ақжол, қайдасың сен? Анаң неге дауыс сап жылап отыр? Жұрттың сөзі рас па əлде? Ақжол, неге дыбыс бермейсің? Қайдасың сен?» – Қамажайым, жан сəулем, тап қасыңда отырмын ғой міне. Шын көрмей тұрсың ба мені, – деп күледі Ақжол. Қамажай тағы да аң-таң. Əлгінде ғайып боп кеткен Ақжолы қасында отыр. екуінің алдында – бір қағаздар; бұл қағазда тізілген – бір цифрлар. Қамажай қызығып, таңданып қарайды. – Ақжол, түсіндірші мына көп цифрыңның мəнісін, – дейді үлкен нұрлы қара көзін сүйіктісіне аударып. – Бұл цифрлар – дəннің топыраққа түскен күнінен бастап, көктеп шығып, толысып піскенге дейінгі өсу жолының сырын шертеді, – дейді Ақжол. – Бұл цифрлар – егін сабағының күн сайын қанша ұзарып биіктеп отырғанын айтып беретін көрсеткіштер. – Сөйлейтін цифрлар десеңші. – Рас, дəл айттың, сөйлейтін цифрлар. Күнде бір сырласып қоям. – Əр цифрда сенің ойың тұр екен ғой! – деп сүйсінді Қамажай. – Айтшы, Ақжол, – деді сосын, – өзің сепкен дəн биыл керемет бітік боп өсті ғой. Сол егін қарсы алдыңда теңізше тербеліп жатқанда, өзің соған қызығып, қарап тұрған шағыңда, жүрегіңді қандай сезім биледі? – О, бұл ғажап! Суреттеуге тілім жетпейді. Ал өзің не дер ең осы тектес сауалды мен саған қойсам? Бір кезде өзің оқыған мектепке мұғалім боп кеп, алғашқы сабағыңа кіргенде, бүкіл класс өзіңе жаудырап қарай қалған мезетте, өз жүрегіңде қандай сезім болып еді? – Ерекше тебіренгем. Бірақ бұл күйді мен де саған сипаттап бере алмаймын, тілім жетпейді. Өзім ғана іштей терең ұғамын. – Ендеше мені де, жайқалған егінді көріп, қуанып тұрған шағымда, дəл осындай ерекше бір нəзік сезім құшағына бөленіп тұрды деп біл. – Ұқтым енді! – деді Қамажай жымиып.
– Саған жұмбақ сырым жоқ қой, жаным, – деді Ақжол оң қолымен оны иығынан құшақтап. Дəл осы кезде Ақжолдың анасы Қанипа есікті ашып, үйге кіре берген болатын. Ол Қамажай өзінің болашақ келіні екенін білетін-ді. Қуанып, жалма-жан шай дайындап, дастархан жасап, əбігерленіп қалды. Бəрі де іп-ілезде дайын болды. Столдың үстіне шарап та, рюмкалар да əкелінді. – Жарасып бір отырайықшы анамыздың қасында! Қамажай, сен қымсынба,– деді Ақжол, – менің апам баяғының ескішіл қарты емес, прогрессивный адам! – Ол рюмкаларға шарап құйды. – Қане, апа, өзің бастап алдыртып жіберші осы бір балдай тəтті шарапты. – Мені қыстама, қарағым, – деп, Қанипа рюмканы əрі сырғытып қойды. Сосын Қамажайға бұрылып: – Татып көрген нəрсем емес, дəмін де білмеймін, – деді. – Ішпесең де ырымын жаса, апа. Осы күнгі салт бойынша, рюмканы қолыңа ұстап, бізге, Қамажай екуімізге арнап бір ауыз сөз айт, – деді өтініп. Қамажай да Қанипа ананың бір тілек айтқанын күткендей рай білдірді. – Жарайды, қарақтарым, айтайын, – деді Қанипа. Сəл ойланып, салмақты сөз айтты. – Мен өмірдің тепершін көп көрген адаммын. Шеккен бейнетім де, жұтқан қайғым да аз болған. Шыдадым, төздім... Қырық төртінші жылы əкесі майданда қаза болғанда Ақжол бес жаста еді. Жетім бала, жесір əйел.. күнімізді көре алмай азып-тозып кетеміз бе деп қорықтым да.. Əйтеуір үмітім сөнген жоқ. Жалғыз перзентім – Ақжолымды демеу тұттым. Ұлымның жақсы болашағын көруге ынтықпын. Сол сезімнен бойыма қуат алдым... Енді, құдайға шүкір, балам ер жетті, азамат болды... Бақыттымын! Арманым жоқ! Бір баланы екеу болатынын да көріп отырмын. Қос қарғам – қос қанатым, алдарыңда жарқырап жанып тек қуаныш тұрсын! Уайым-қайғы аулақ болсын. Осы – бар тілеуім. – Ақ тілек, асыл тілек! Рахмет, апа! – деді Ақжол Қамажай екеуі рюмкалары сыңғыр еткізіп соғыстырды да, еріндеріне таман апара
берді. – Бақытты болыңдар» – деді Қанипа шешей. – Менің апама берген бір антым бар, – деді Ақжол Қамажайға, – жасымда мен көп ауырып, тіпті өлім аузына барып қалып, шешемді көп үрейлендіріп-пін. Соның есесін өтеп, апамды тек қуанышқа құндақтап қоямын деп серт қылдым. – Əдемі серт! Дүниеде ана борышынан үлкен борыш жоқ, – деп құптады Қамажай. – Жасында Ақжолдың көп ауырғаны да рас, – деді Қанипа, – Талай- талай қорқытқаны да рас. Жəне өзіміз, бұдан бұрынғы балаларымыз тұрақтамай, жүрегіміз шошып, əбден зəрезап боп қалған ек. Əйтеуір тілеуіміз оң екен, Ақжолымыз небір қатты науқастан сауығып, аман қалған. – Аурумен алысып, жасымда солай шынығып алғаным жақсы болды,– деп күлді Ақжол. – Есімді білгелі еш ауру жуыған жоқ. Енді мүлде жуымайды! – Олай деме, балам, асылық болады, ауруды ешкім де тілемейді, тосыннан жабысады, – деді Қанипа. – Қорықпа, апа. Балаң қазір баяғы ауыра беретін кезіндегідей əлжуаз емес. Жəне өзім еркін күрестен спорт жарысына қатысып жүрген жоқпын ба?! Ақжол аппақ тісін көрсетіп күлді. Ол тағы ғайып боп кетті... 9 Бұның бəрі де өткен күндердің еске түскен елесі еді. Қамажайдың көзінің алды тұманданып, тағы да қараңғы тарта берді. Қатал тағдыр бұның басына айықпас ауыр қайғы салған. Сонада көшеден кенет естілген, оны қатты шошытқан зарлы дауыс тегін емес еді. Зарлап
жылаған, жоқтау айтқан Қанипа болатын. Жалғыз ұлының қазасын сорлы ана. Ақжол таңертең ғана шайын ішіп аттанып кетіп, сол бетінде жолда тап келді оған бұл сұмдық. Машинамен егін басына бара жатқан. Бір қырға көтеріле бергенде, оң жағында, ылдиға қарай жолсызбен жылжып бара жатқан автобусқа көз түседі. Шошып қалады. Автобустың алдында терең сай бар. Құлайды ғой! Шоферінің есі дұрыс па? Автобюустың жүрісін неге бəсеңдетпейді! Əлде машинасының бір жері бұзылып, рульге ие бола алмай, тоқтата алмай бара жатыр ма? Ойлануға уақыт жоқ, Ақжол өз машинасын шұғыл бұрып жіберіп, автобустың соңынан ұмтылады. Ілезде қуып жетеді. Автобусқа қатарласа беріп, шоферге айқайлайды, бірақ, рульде отырған ешкім жоқ еді. Автобус ылдиға қарай өзі сырғып кеткен екен. (Əрине, шофердің салғырттығынан болған ғой). Екпінімен құлдилаған автобус терең сайға тақап қалған. Ішіндегі адамдардың жан даусы шығады. Қалай құтқарасың? Ақжол машинасын оздырып, алға ұмтылып шығады да, автобустың жолына көлденең əкеп, қалт тоқтатып, өзі кабинадан шапшаң секіріп түсіп, жерде жатқан қазандай тасқа қарай жүгіреді. Автобустың доңғалағын таспен жəне тірейін деп ойлайды. Жолына тұра қалған машинаға автобустың маңдайы дүрс етіп соғылған секундта, Ақжол да тасты шапшаң көтеріп ап, доңғалақтың астына əкеп сұғып жібереді. Бірақ өзі жалтара алмай, автобустың ауыр доңғалағы оны да тұтып қалады. Ол осылай қаза тапқан, адамгершілік парызын өтеу жолында мерт болған. Ол енді жоқ, бірақ, ерлігі ел жүрегінде қалды. Ол енді жоқ. Кеше Ақжолдың жетісі берілді. Оны бұл өмірден кетті деп, ортаңа енді оралмайды деп, тағдыр дəлелдеп-ақ жатыр. Қамажайдың көз жасы тыйылмады. – Асыл жеңгем Шəмшия, не дауаң бар дертіме? Жүрегім уға малынып тұр.... – Келешегің алдыңда ғой, соны жұбаныш ет, сəулем, – дейді Шəмшия оны жұбатып. – Келешегім де бұлдыр тартып кетті. Көзімнің алды күңгірттене береді...
– Ақжолдың артында мəңгі өлмес ерлік ісі қалды. Сол ерлікті кейінгі жұрт жыр ғып айтып, ұрпаққа өнеге етеді. Сол медеу болсын жаныңа. – Арман... арман... есіл арман үзіліп кетті. Арманы үлкен еді ғой Ақжолдың. Жете алмады ғой аңсағанына... – Арман өшпейді еш уақытта да. Оның арманы жүрегімізде мəңгі сақталады. – Анасы да артында зарлап қалды ғой... Бүгін білдің бе халін? Сорлы ана не күйде екен? – Бардым, болдым қасында. Зар еңіреп отыр байғұс. – Жалғызынан айрылған ғаріп ана... Ендігі күйі не болар... Бар қуанышым, тынысым – жалғызымның көз алдымда жүргені дейтұғын еді... – Ел бар, жұрт бар, жұбатармыз бəріміз. Күн көрісіне көмектесерміз, – деді Шəмшия. – Ішер ас, киер киім болар –ау. Қайғысына ем табылар ма? – Мынадай зор қасіретке қартайып келген шағында тап болды байғұс. Құсаменен өтеді де ендігі қалған ғұмыры. – Қандай ауыр... қандай ауыр... – деп күрсінді Қамажай. Көзінде мөлтілдеп жас тұрды... 10 Удай қайғыны арқалап, тағы да бір күн өтті. – Аяймын ғаріп ананы. Көңіліне медеу, жанына демеу болар кімі бар енді? – деп, Қамажай жүдеп отырды. – Құлазыған дала емес, ел ішінде ғой, жылатпаспыз, жұбатармыз. Ауырса, сырқаса, басын сүйер, күтер кісі көп.
– Асыл жеңгем Шəмшия-ай, шерлі ананың қайғысына соның бəрі ем бола ма? Қамажайдың сөз сарынынан Шəмшия бір жайды аңғарғандай болды: – Бекінген бір ойың бар секілді-ау. – Сырымды сен сезесің ғой, жеңеше. Сол ойдың ыңғайына көшіп бара секілдімін. .. Ақжолдың жылап, зарлап отырған шешесінің аянышты халі жанымды қинай береді. Қалай жалғыз қалдырам... Көз алдында жүрейінші, қасында ылғи болайыншы... 11 Қамажайдың бұл ойына бүкіл үйінің іші қиналды. – Ұзатылғалы отырған қыздың атастырған күйеуі жазатайым болғанда, оның артында қалған жесірін жігіттің я ағасы, я інісі, бұрынғының əмеңгер-лік салтымен алғанын көргенім бар еді. Ал ұзатылмаған қыздың, басына қара жамылып, тұл атанып, өлген ижігіттің ата- анасының қолына кіргенін, осы жасыма келгенше, көрген емен, тіпті естіген де емеспін. Сұмдық қой бұл, – деп күйзелді Бағила ана. – Қамажайдың осы қылығына мен де қайранмын, – деді Əбіл. – Өзінің дені сау ма? Ес-ақылы бүтін бе? Оқыстан болған аса қайғылы жайлардың зардабынан кейде адам ақылынан ауысады... – Шошымаңыздар, Қамажай ондай күйден аман, – деді Шəмшия. – Бірақ жүрегіне серттей ғып түйген бір ғана сөзі бар, соны айта береді. – Райынан қайтар түрі бар ма өзінің? – деді Əбіл. – Райынан қайтар түрі жоқ. «Ұғыңдаршы жан күйімді, жазғыра көрмеңдерші» деп өтінеді. – Өй, жасаған-ай, бұл қай азабың еді тартқызған, – деп күрсінді Бағила ана. – Азап деп айтпаңызшы қиналады Қамажай.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308