Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Нығмет Ғабдуллин - Алғашқы сапар

Нығмет Ғабдуллин - Алғашқы сапар

Published by Макпал Аусадыкова, 2023-01-09 11:05:40

Description: Нығмет Ғабдуллин - Алғашқы сапар

Search

Read the Text Version

– Азап емей, енді не бұл? Азап! Зілдей азап! Салмағынан еңсеміз езіліп отыр қазір. – Мұның қатал сөз, Əбіл. – Қатал болса да, Қамажайға жаным ашығандықтан айтамын. Қарындасымның тағдырына немқұрайды қарай алмаймын. Алдында ұзақ өмір бар, болашағын бұлт баспауын тілеймін. – Қамажайдың өз тілегі де осы ғой, деді – Шəмшия. – Жоқ, ол өзін қалың сорға, қу бейнетке киліктіргелі отыр. – Олай емес, Қамажайдың тілейтіні бақыт қана. – Өксумен, өкінумен кісі бақытқа жете ала ма, шырағым-ау! Қамажай соны қалап отыр ғой, – деді Бағила ана. – Өлген жігіттің шешесінің қолына барып кіремін дейді. Сонда не ойлайды ол? Не көздеген мақсаты бар?.. Тағдыр оның бақытын бір күйдірді. Оған лаж жоқ. Сол күйікті сөндіре алмай, өмір бойы өртене бермек пе? Сөнген шоқша қарайып қалмақ па жас ғұмыры?! Жоқ, ана жүрегі шыдай алмайды бұған. – Шəмшия, ертіп келші Қамажайды. Төрт көзіміз түгел отырып, тағы да бір сөйлесіп қаралық өзімен, – деп тілек қылды Шəмшия. Ол шығып кетті. – Қызымызды ұзатамын деп, жасауын əзірлеп отырғанымда тап болдық қой бұл күйге. Қуанышым ілезде күйінішке айналып жүре берді... Үш ұйықтасам ойымда бар ма еді бұл. Не дауа? Басқа түскен соң көнбеске шара жоқ, – деп күрсінді Бағила ана. 12 Енді, міне, Бағила ана, Əбіл, Шəмшия, Қамажай төртеуі де төмен қарап үнсіз отыр. – Қарағым Қамажай, ұға алмадық ойыңды... Райыңнан айнымайсың, не көздеген мақсатың бар сонда? – деп сұрады Бағила ана бір кезде.

– Қайғымызға жамап бұ неткенің? Неге ойламайсың өз келешегіңді? Азапқа неге қол созасың? – деді Əбіл. – Ұғыңдаршы , азап емес тілегенім... – деп қиналды Қамажай. – Мына райыңнан өзгермесең, қалың азапқа, тілемесең де килігесің, қарындасым. Сор орнайды басыңа. Аясаңшы өзіңді де. – Бəріңді де аяймын. Сол үшін қиналамын. – Ең алдымен өзіңді ая, – деді Бағила ана. – Өз жүрегімнің қайғысына шыдармын, апа . Жаныма басқаның дерті қаттырақ батады... Сол көбірек қинайды... – Бұл сөзіңді теріс демейміз, бірақ, өмірдің бұлжымайтын өз заңы бар ғой, – деді Əбіл. – Қанша өксігенмен, аһ ұрғанмен, өлген адам тірілмейді... Ақжол асыл азамат еді... тағдыр ортамыздан алып кетті, енді ол жоқ... Осы жоқ деген суық сөзге жүрегіміз тітіреніп отырып көнеміз... Өмірдің бұлжымайтын тағы да бір заңы бар. Өлгеннің атынан өлмек жоқ. Тірі адам қашан да тірлігін жасайды. Бір үміт сөнсе, екінші жаңа үміт тұтанып жатады. Мұны да мойындау керек. – Өмірдің бұл заңдарына қарсы емеспін мен, бірақ, жетегіне дееріп кете бермеймін... Өз жүрегімнің , арымның өмірі бар. Алдымен соған көнем. – Шешімің өзгермейді дегенің бе бұл? – Ұқшы, Əбіл жан күйімді! Ұқшы, апа, сен де! Ақжолдың ғаріп анасының күйін ойлаңдаршы! Жапа-жалғыз қалды ғой бір үйде. Кімі бар жұбаныш болар?.. Аяймын... қатты аяймын... Бағила ана күрсініп, көзіне жас алды. – Ақжолдың шешесі Қанипа өзімнің де ежелден сыйлас қадірлі адамым еді. Мұндас та ек, – деді даусы дірілдеп. – Менің отағасым мен оның ері – екеуі қырық екінші жылы майданға бірге аттанды. Сонда үйде қалған Қанипа екеуіміз басымыздан бірдей күй кештік, үмітіміз де, үрейіміз де бірдей болған... Оның ері майданнан оралмады. Менің отағасым бір қолынан айырылып, кемтар боп қайтты. Сол жарақатының зардабынан денсаулығы кеміп, үш жылдан кейін ол да

дүние салды. Содан бері, мінеки, он бес жыл өтіпті... Əкелерінен жетім қалған балаларымыз ер жетіп, азамат болған соң, Қанипа екеуіміздің жүрегімізге қуаныш толып, көп қайғы шеккен кəрі көңіліміз жайлана бастаған еді... Өмірінің шырағы – жалғыз ұлынан айрылып, тағы да сорлап қалды Қанипа байғұс... Ет жүрегім езіліп, мен де аяймын оны, бірақ, біреудің аяғаны ем бола ма? – Қайғының емі – жұбаныш қой ежелден. Қамажай сол жұбанышты іздейді, – деп, Шəмшия айта беріп еді, Əбіл оның сөзін бөліп: – Қаралы үйге барып қара жамылып отыру... Қандай жұбаныш ол? – деді. Сосын Қамажайға бұрылып: – Ақжолдың анасының қасында болсаң, оның қайғысы жеңілдер деп ойлаймысың? Жоқ, жеңілдемейді. Қайта, қасында болсаң, баласын сəт сайын есіне түсіріп , дертіне дерт қосасың.Сонсоң оның қиналғанын көріп, өзің жапа шегесің. Өмірің уланады. Бірге туған туысымсың, мұндай күйді тілемеймін мен саған. Уды неге жұта бергің келеді? Үмітің қайда? – деді. – Бұл сөзің, Əбіл, ауыр тиеді маған. Мені өмірден түңілген жан емеспін. Үмітім бар, жоғалған жоқ... – Олай болса, айтшы анық сөзіңді! Қайттың ба райыңнан? – Бұл шамамнан келмейді... – О, бақытсыз болған қарындасым! 13 Ойға шомып жүдеген, мұңайған Қамажай үйде қазір өзі ғана қайғы шегіп отыр еді. Əділғазы келді. – Жай күйің қалай, Қамажай? – Халімді күнде келіп біліп тұрсың, рахмет, Əділғазы... Бір қалыпты күйім бар, бір қалыпты мұңым бар... – Тек айыға берші, Қамажай. Барша досыңның тілегі осы. – Бəріңе де рахмет.

– Анаңа, ағаңа, айтқан шешіміңді естідім, Қамажай... Жаның қандай сұлу еді! Жалғыз ғана тілеуім – енді қайғы жоламасын басыңа! Əрқашан да сау болшы! Осы мезетте үйге Қанипа шешей келіп кіре беріп еді. Əділғазы қоштасып шығып кетеді. Қанипа Қамажайға, Қамажай оған қарай үнсіз қозғалды. Шерлі ана Қамажайды көкірегіне қысып құшақтсап, ұзақ сүйді. Сонсоң ақырын барып диванға кеп отырды. Көзін сүртті. Сөзін қиналып айтты: – Қарағым, ақылымды айтқалы келдім өзіңе... Мені аяп, ғаріп анаға жұбаныш боламын депсің. Ризамын бар пейіліңе. Маған тап келген қайғыны көріп, жүрегің шыдамаған шығар... Қайтейін, қарағым, тағдыр салған шараға не дауа қылайын. Амалым жоқ, көнемін де қасіретіңе... Сен жассың ғой, келешегің алда... Жас өміріңді маған теліп, бағыңды байлама, қарағым... Анаң, ағаң – бəрі сенің тағдырыңа алаңдаулы, ешбіреуін ренжітпе. Ел-жұрттың, ағайынның арасында отырмын ғой, өйтіп-бүйтіп күнелтермін. Енді қанша ғұмырым қалды дейсің, жұртқа да көп масыл болмаспын... – Апажан, аузыңызға алмаңызшы мұндай сөзді! Қорқамын! – Қарағым-ай, сені аяймын. Қиналамын, қимаймын... Ақжолымдай көруші ем... – Қайғыңызға ем еді іздегенім. Өз Ақжолым тіріліп кеп қарсы алдыма тұр деп қана айтыңызшы, апажан! – Жарығым-ай! Ақжолым – айым! Келші, кірші құшағыма! – Балаңызбын... Ақжолыңызбын бірге туған қызыңызбын мен енді... Қанипа шешей Қамажайды еміреніп құшақтайды. 14 Арада үш жыл өтті. Тіршіліктің заңы билейді екен адамды. Қамажайдың қанша көнгісі келмесе де, қарсы болса да, бұл заң оған

иілмеді. Оның ыңғайына Қамажайдың өзі бірте-бірте көше берді. Мұны оның осалдығы деп ұғамыз ба? Жоқ, тіршіліктің, өмірдің заңына адамның бой ұсынуы – табиғи нəрсе. Қайғы мен қуаныш, реніш пен сүйініш, өкініш пен жұбаныш секілді, адамның басынан өтетін күйлердің бірде-біреуі бір кісінің басында мəңгі орнап тұрмайды, кезектесіп, алмасып жатады. Қамажайдың ойынша адамның жүрегінде, көңілінде өзгермей тұратын тек қана екі күй бар; олар: өткен күннің сағынышы мен алдағы күннің үміті. Сағыныш тəтті күндерді еске сап, риза етеді. Үміт алға жетелейді, сенім береді. Екеуі де көңілді тоғайтады, тек жақсылықты ғана тілейді. Қамажай да өмірінің заңына мойынсұнған. Өзімен бір мектепте қызмет істейтін Есен деген мұғалімге тұрмысқа шыққан еді. Қанипа шешей бұлардың қолында болатын. Есеннің өз анасы Сақып қытымырлау кісі еді. Ол Қанипаның бұл үйде тұрғанын ішінен жақтырмайтын. Қамажай мен Есен Қанипа шешейді, осыдан біраз күн бұрын, путевка сатып əперіп, санаторийге дем алуға жіберген болатын. Əсіресе содан бері Сақып кемпірдің өңі жадырамай, наразылығын қабағымен сездіріп жүрді. Қамажай мұны түсінді, үнсіз қиналды. Жаны жадап, ойға шомып қалады, жүдеп мұңаяды. Оның бұл күйін Есен байқап жүрді. «Неге бүйтеді? – деп ойлады ол, – көңілі жабырқай ма? Неге жабырқайды? Үй-күйі бар, тұрмысымыз түзу, қызметі жақсы, коллективте абыройлы... Əлде көңілінде бір реніш бар ма?... Неге ренжиді? Кім ренжітеді? Өзімнің сүйіп алған жарым. Бірімізді-біріміз ұғып, ұнатып қосылдық. Екеуіміз де мұғалімбіз. Қамажай əйелім ғана емес, əрі əріптесім, еңбектес жолдасым. Ерекше қадір тұтамын оны. Бұған арым куə. Қабағынан еш кейістік білінбесе екен деп қана тілеймін. Бірақ кейде неге жабырқап қалады ол? Көңілінде не қаяу бар? » Бір күні есіктен кіре беріп, Есен Қамажайдыңы осылай жүдеп отырған күйін тағы да байқады. – Жаным, бұның не, жападан –жалғыз үн-түнсіз жабығып отырғаның? – деп алабұртып сұрап еді.

– Көңілімді бір ойлар қобалжытып кетті... – Қамажай ақырын ғана күрсінді... Қыршын кеткен есіл Ақжол! Қамажай оны шын сүйіп еді ғой, басынан адал махаббат күйін кешкен. Сол бір кезін сағынатын секілді. Сол кезінің жүректі лүпілдеткен тəтті сезімдері есіне келеді. Адам аз өмірінің тəтті шақтарын əр кезде сағынып еске алады ғой. Қамажайдың есіне Ақжол түсіп отыр еді... 15 Бұл уақыт – жаздың іші болатын.Есік алдына кеп тоқтаған машина дыбысы білінді. «Рахмет,балам! Көп жаса!» – деп, шоферге алғыс айтқан Қанипа шешейдің үні естілді. Қамажай елең етті. – Апамның даусы! Апам ғой мынау кеп қалған! Ол орнынан шапшаң тұрып, сыртқа жүгіріп шықты. Қанипа шешейді қуанып кеп құшақтады. Қанипа да оны емірене құшақтап, бетінен сүйіп: – Сағынып қалдым ғой, күнім! – деді, Есенді де құшақтап, бетінен сүйді. – Шығарыңызда неге телеграмма бермедіңіз? Алдыңыздан күтіп алатын едік қой, – деді Есен. – Үлгірмедім. – Дəл бүгін келетініңізді біз де білмей қалдық, апа, – деді Қамажай. – Менің есептеуімше, путевкаңыздың бітуіне əлі де бес күн бар. – Есебің дұрыс, қалқам, асыққан өзім. Жабығып қалдым. Путевкенің мезгілі бітуіне шыдай алмадым. – Неге, апа? Санаторий жайсыз болды ма? – Жоқ, онда мін жоқ. Жарқыраған көлі, сыңсыған орманы бар, ауасы жұпар, өзі бір əйбат жер екен. Тамағы, емі – бəрі жақсы. – Бəсе, солай болса керек еді, – деді Есен.

– Күтулерінде мін жоқ. Дəрігері, сестрəсі – бəрі лыпып, бəйек боп тұрды. Бірақ сендер көз алдымда жүрмеген соң, өз көңілімнің тынышы болмады. Қатты сағындым. – Дəрігердің рұқсатынсыз кетіп қалған жоқсыз ба, əйтеуір? – деп күліп сұрады Есен. – Жоқ, заңдарын бұзған жоқпын. Жайымды айтып ұқтырған соң, рұқсаттарын берді. Міне, қағазыма қолдарын да қойып берген. – Əй, апа-ай! – Қамажай Қанипа шешейді еркелеп құшақтады. Осы мезетте үйдің қасындағы шошаладан Сақып шыға беріп еді. – Бұ не дабыр десем, Қанипа келген екен ғой. Ат-көлігің аман ба, Қанипа? Неғып ерте кеп қалдың? Мына балалар əлі бес күн бар деп отыр еді ғой. – Балаларымды сағынып қалдым. – һім! Сенің –ақ емешең құрып тұрады екен ылғи. Ақша шығындап барған соң, тиісті уақытын түгел өтеп қайтпайсың ба? Бес күн болса да қайда жатыр, осы күнгі дүниенің бəрі де есептеулі. Есен оның бұл сөзін тəуір көрмегенін білдіріп, шешесіне «қойсаңызшы» дегендей ажармен қарады да, сонсоң Қанипа шешейге бұрылып: – Жолдан келдіңіз ғой, шаршаған шығарсыз, үйге кіріп, дем алыңыз, – деп тілек қылды. – Жақсы, қарағым... Қанипа үйге қарай беттегенде, Есен оның чемоданын көтеріп, соңынан ерді. Қамажай да қозғалды. Сақып қана орнында тұрып қалды. Қамажай оған бұрылып: – Апа, жүріңіз... курорттан келген шешем не базарлық əкелді екен, чемоданын ашып, бірге отырып көрелік, – деп тілек қылып еді. – Маған тиесісі болса, ешқайда қашпас. Қазір бір шаруам бар тындыратын. Бара бер өзің, бара бер – деді Сақып салқын үнмен.

Чемоданды көтеріп верандаға кіре берген Есенге дауыстады. – Əй, Есен! Бері кеп кетші!.. Есен қасына келгенде Сақып кемпір оған қабағын түйіп қарады: – Сен немене, елп-елп етіп жүргенің?! Өлген əкең тіріліп келді ме? Сонша құрақ ұшатын əулие ме едң Қанипа! Меккеден кеп тұр ма?! – Апа-ау, бұ не дегенің? Зіл бар ғой мына сөзіңде. – Ызам келеді саған, – деді Сақып тістеніп. – Əйеліңнің жетелеген жағына бүлкектейсің де жүресің. Сенің осы бостығыңнан ұстап отырмыз анау кемпірді қолымызда масыл ғып. – Масыл емес ол кісі. – Құт-берекең шығар, – деді Сақып кекетіп, – ендеше хан көтер басыңа. Тағы да жібер курортқа. Соның ғана жолына шаша бер бар дүниеңді. – Жазғырма, апа. Жазығы жоқ ол адамның. – Көрмеймісің текке кетіп жатқан шығынды? Бес күннің ақшасын босқа жіберіп, уақытын түгеспей, не бар ерте келетін? Емшекте жас баласы жылап қалып па еді?! – Апа, бұ не болды саған? Неге сонша тарылдың? – Тарыламын! Тілемеймін басы артық адамды. Бас артық адам – жұт. Мына кемпір – сол қырсық. Сақыптың мына сөзінің əлпетінен Есен қатты түршігіп қалды. – Шошынатын түгің де жоқ, – деп, Сақып даусы қатқылданып сөйлей берді. – Бұрын да айтқанмын, анау қуарған кемпірдің не керегі бар бізге? Есен: – Қуарған деп айтпаңыз. Ол шешей де біздің семьяның қадірлі бір мүшесі, – дей беріп еді, Сақып тіпті шатынай түсті: – Ə, солай ма, айырылғың келмейді екен ғой. Ендеше туған анаң мен айырбаста оған. Мені қуыңдар бұл үйден!

– Түу, не айтып кеттіңіз тағы да, – Есен өте кейіп қалды. – Құдай жолын оңғармаған кемпірді сен бақытты етпек пе ең? Өл де маған! – Сақып ашуланып, теріс айналып жүріп кетті. Есен сол орнында төмен қарап тұрып қалды... 16 Ол шешесінен естіген бұл ауыр сөзді Қамажайға да, Қанипаға да сездірмеуге тырысты. Бірақ ішінен қатты күйзеліп, өте қиналды. Қанипаның осы үйде тұрғанын шешесінің неге ұнатпайтынын түсіне алмай жүруші еді. «Тамақ та, киім де жетеді, тұрмысымыз жақсы, үйіміз де кең. Қанипа шешейді осы менің апам неге ауырсынады? Қайта екі қарияның бір жерде болғаны өздерінің көңілденіп, əңгімелесіп отыруына жақсы емес пе?» – деп ойлап таңданатын. Басына жəне бір ой келетін. Балалары өліп, солардың артында қалған кəріні «қу бас» дейтін бір қатігез жұрт бар. Қаза көріп, қайғыға батып қалған сорлыны «Оның жолы ауыр, тілеуі теріс» деп, өзімізге «бір қырсығы тиіп кетеді» деп, оған шошына қарайтыны болады. «Қанипа шешейдің біздің қолымызда болуын шешеміз сол себепті қаламайтын шығар» – деп те ойлаған Есен. Енді байқап қараса, шешесінің Қанипаны жартпауының себебі – «оның жолы ауыр, «қырсығы тиеді» деп қорқудан туып отырған жоқ екен. Біреуге бір суыртпақ бергісі келмейтін сараңдық мінез кейбіреуде болады. Сақып кемпірдің басында сол мінез бар-ды. Біреу мұның үйіне, дəм үстіне келіп қалып, бір шыны аяқ шай ішіп кетсе, ол соның өзін қара шығын көретін, анау адам шығып кеткен соң артынан күстəналайтын. Есен оның бұл мінезіне жұрттан қысылатын еді, бірақ, туған шешесіне қарсы кеп, қатты сөз айтып көрген емес. Шешесінің Қанипаны ұнатпауының себебін оның əлгі сөздерінің сарынынан Есен енді анық түсініп еді. Сол себепті тіпті қатты қиналды өзі. Оның бұл жағдайын Қамажай да ішінен сезіп еді.

17 Жазғы каникулда демалысқа келіп жатқан Шолпан мұның бірін де аңғарған жоқ. Оның қазір бойы таралып өскен, сымбатты қыз болған. Алматы консерваториясының екінші курсын тəмамдады. Болашақ музыкант. Ол Есендердің үйі алдындағы бақ ішінде, алма ағашының саясында отырып, қызыл тысты кішентай блокнотын қолына алып, бір сөздерді ойланып оқып отырды. Оның блокнотына жазылған мынадай сөздер бар еді: «Өзің ғашық болғанмен, сүйіктіңнің өзіңе деген дəл сондай сезімін тұтата алмасаң, яғни, махаббатыңа оның махаббаты ұштаспаса, ғашыққа тəн бар қасиет-қылығыңмен сүйгеніңе өзіңді сүйікті ете алмасаң, онда махаббатыңның əлсіз болғаны, мұндай махаббат– күйік» – Карл Маркс. «Сүю дегенің – сүйгенің-нің бар күйін онымен бірдей кешу» – Лев Толстой. «Жақсы күйеу кез келсе – ата-енеге ұл болар, жаман күйеу кез келсе – ата-енеге мұң болар» – Демокрит...» Шолпан ұлы адамдардың осы айтқандарын ішінен оқып өтіп, жездесі Есен туралы ойлады. Сол пікірлердің тұрғысынан оған баға беріп қарады. Есенді ең таңдаулы кісілердің қатарына қосты. Əпкесі Қамажайдың өз тағдырын осы адамның тағдырына сабақтағанына ішінен қуанды. Мұндай жұбайлардың өмірінде ешқандай кейістік, реніш болуы мүмкін емес деп ойлады. Осы мезетте журналист Əділғазы мұның сырт жағынан аяғын ақырын басып кеп, қасына таяу барып еді, Шолпан оны байқамады. – Сəлемет пе, Шолпан қарындасым? Шолпан селк ете түсіп, жалт қарап, Əділғазыны көріп, таңданып қалды. – Есенсіз бе?..Кешіріңіз... бұл үйге не жұмыспен келдіңіз? – Оны неге сұрадың? – Тағы да бір құпияңыз бар шығар?.. Əділғазы жымиып күлді: – Баяғы мінезің өзгермепті-ау.

– Сіз де өзгермегенсіз, – Шолпан да жымиып күлді. – Консерваторияда оқисың ба? Неше курсын бітірдің? – Екі курсын... Өзіңіз ше, бұрынғы қызметіңіздесіз бе? Очерктер жазасыз ба? – Иə... – Сіз менің Қамажай тəтем туралы неге очерк жазбайсыз? – Мүмкін жазармын. – Міндетті түрде жазыңыз. О кісінің тағдыры – күрделі тағдыр. Шамам келсе, мен өзім де осы тақырыпқа музыкалық поэма жазар едім. Осы кезде үйден Қамажай шыға беріп еді. Əділғазыны көріп, бұрылып кеп амандасты: – Есен бе, Əділғазы? Үй ішің аман ба? Жұбайыңның дені сау ма? – Бəрі де сау-саламат. Өмір өз əуенімен жылжып өтіп жатыр. – Диалектика заңы! – деді Шолпан. Сосын: – Тəте, өздеріңіз сөйлесе беріңіз, – деп, үйге қарай жүгіріп кетті. – Иə, өз өміріңнің сəні қалай? – деді Əділғазы Қамажайға. – Шағымым жоқ, əп-əдемі тіршілік етіп жатырмыз, – деді Қамажай. – Бəрекелді! Лəйім солай болсын, қуанышың молая берсін! – Рахмет! – Мен саған ежелден тілеулес адаммын ғой, Қамажай. Əр уақыт ойлап жүрем өзіңді... Көп күндер көрмей қалсам, сағынам да... – Əділғазы Қамажайдың жүзіне біртүрлі толқып қарады. – Осылай қарай жолым түсе қалса, өзгеше күйге түсіп, тағатым кетіп, сені тезірек көруге асығамын. Жүрегімде бір лүпіл туады... – Жақсы құрбым, кешірім ет, мұндай сөзге жəбірленіп қаламын, ауыр тиеді маған... Сен де қазір семьялы адамсың, өтінемін, сабырлы сөзіңді ғана айтшы. Бірге өскен құрбым, тілеулес досым деп қана қадірлеші!..

– Кешір, Қамажай ... Көңілімнің бір күйі ғой толқып кеткен... Енді оны тыяйын... Бірақ жүрек жек көре алмайды, өмір-бақи дос тұтып өтермін... Əділғазы толқып кеп, Қамажайды маңдайынан сүйеді. Дəл осы сəтте ауланың есігінен кіре берген Сақып кемпір бұларды көріп, байбаламға баса жөнелді: – Ойбай-ау, ойбай! Бұ не деген бейбастық! Есіктің қақ алдында, тапа- тал түсте сүйісіп тұр ғой мыналар! Масқара-ай, масқара! Əбіл: – Шешей, сабыр етіңізші. Тектен-тек жазғырмаңыз, – дей беріп еді: – Ой, көргенсіз! Жоғал əрі! – деп жекіді Сақып. – Шешей, беталды сөкпеңіз кісіні. – Жоғал, жоғал əрман! – Сақып адуындап кеп, Əділғазыны кеудесінен итериелеп, қақпадан шығарып жіберді. – Өл де маған! Жылмиып біздің үйге неге келе береді десем, көздегені бар екен ғой. Жұлынқұрт! Қамажай: «Апа, жазығы жоқ ол жігіттің», – деп, араша сөз айтып еді, Сақып кемпір шайпау тілімен келінін бетінен алып тастады: – Ұятсыз! Не бетіңмен айтып тұрсың бұл сөзді! Жерге неге кіріп кетпейсің! Сақыптың тепсінген даусын естіп, үйден əуелі Шолпан жүгіріп шықты, оның соңынан Қанипа мен Есен көрінді. Əділғазы қақпаның есігін ашып, Сақып кемпірге: «Шешей, жөнсіз жəбірледіңіз мені. Балаңыздай едім, зілдей сөзіңізге қатты қорландым...» – деп, ренжіп айтты да, ақырын бұрылып, əрі қарай жүріп кетті. – Аулақ! Аулақ! Өшір қараңды! – деп, Сақып Кемпір оның соңынан кесек сөзін лақтырды, Шолпан шошып қалды. – Неге қудыңыз? Жазығы не ол адамның? – деді ара түсіп. Сақып кемпір бұған алая қарады:

– Сұра анау апаңнан! Жүзі қызармай не дер екен? – Шолпан Қамажайды құшақтай алып: «Тəтежан-ай, не боп қалды соншама!» – деді үні дірілдеп. – Шошыма, жаным. Ештеме де болған жоқ. – Қарашы міз бақпауын!.. – Сақып кемпір Қамажайға оқты ата қарады да, сұмдық сөзін айтып қалды. – Ал, естіңдер ендеше. Жат жігіттің қолтығына кіріп, үздігіп сүйісіп тұрған үстінен түстім əлгінде! – Жалған! Сенбеймін! Жаппаңыз жалаңызды! – Шолпан қатты ызаланып кетті. Қамажай ашуға булыққан жоқ, бірақ жаны өте жəбірленіп, сонда да өзін-өзі ұстап, ақырын үнмен қиналып сөйледі: – Апа-ай, осындай ма едіңіз!.. адамның ақ көңілін қаралап, жүрекке неге жара саласыз? Ол жігіт сіз ойлағандай жат емес, өз балаңыз Есен мен маған бірдей дос. Сол адам өзінің адал көңілімен кеп, достық пейілін білдіріп, маңдайымнан сүйгені рас. Оның осы ақ пейілін қаралауыңыз əділ ме? – деді. – Əділ емес! – деді Шолпан. – Əй, шырағым, саған деген сөз жоқ, жайыңа тұр, – деді Сақып кемпір жақтырмай. – Ал сіз неге мəн-жайды ұқпай тұрып, оларды сөге жөнелесіз? Неге ауыр сөз айтасыз? – Қыстырылма дедім ғой саған! – Қамажай тəтем-туысым. Оған оқ боп тиген сөз менің де жүрегіме қадалады! – Шолпан жəбір сөзге шыдай алмай жылап жіберді. Қамажай оны құшақтап, жұбаты, бұл арадан əкете берді... Сақыптың əлгі сөзі Қанипа шешейдің де жүрегіне инедей қадалып еді. – Жазығы жоқ қызымды неге жəбірлейсің, Сақып? – Өйбəй, сорлы, сенің шəруəң қанша?! Жөніңді біл де жайыңа отыр. төрімнен орын беріп отырғаным аз ба саған. Өнес-ай, киліккені! Тұлыпқа мөңіреген сорлы! Сақыптың мына сөзі Қанипаның жүрегін

тіліп кетті. Ол көкірегін басып, көзінің алды бұлдырап, теңселіп, құлай жаздап қалды. Есен ұмтылып кеп, қолтығынан сүйеді. 18 Енді бұлардың үйіндегі тіршіліктің шырқы бұзылатын болды. Сақып кемпір Есенді оңашаға шығарып алып, түсі сұрланып, ұрсып сөйледі. – Айтпап па едім, о баста-ақ, осы кемпірден тек қана сор көресің деп! Болдың ба? Көндің бе? Тарт енді тақсіретті. – Кінəсі жоқ ол қарияның бəрін қолдан тұтатып отырған өзіңсің, – деді Есен. – Əй, шырағым, не деп тантып тұрсың? – Сақып Есенге түйіле түсті. – Сен өзі мені айыптамақшымысың? – Əділін айтамын, – деді Есен. – Жə, қысқарт! Осының дені дұрыс емес-ей! Сенің басыңды дуалаған ғой ол кемпір! – Денім де дұрыс, есім де түзу... – Түзу болса көрмеймісің, басыңды қара бұлттай қоршаған пəлені! – Нені айтасың пəле деп? – Анау қу бас кемпір – осы үйдегі қара пəле сол. Сені маған қарсы сөйлетіп отырған да сол. Əйелің де жүр тымсырайып. Оны бүлдіріп отырған да сол. – Бұлай деуің қиянат. Обалы қайда? – Обалы жоқ оған. Тілеуі теріс адамға неғылған обал. Пейілі түзу емес. Шүңірейген көзі жаман көр құсаған! – Шеше, сұмдық бұл сөзің. Қойыңыз енді. – Ендеше кетір анау Қанипаны осы үйден. Сол пəле кетпей тыныштық орнамайды.

– Қуа алмаймыз ол қарияны. Жазығы жоқ, – деді Есен. – Қуасың! Қудыртамын ! – деп Сақып өршіді... 19 Ал үйде Қанипа шешей мен Қамажай отырған. – Естірмін деген сөзім бе еді... Инеше қадалып тұр жүрегімде, – деп ауыр күрсінді Қанипа. – Апа, сабыр етіңізші! Ұмытызшы со сөзді, – дейді Қамажай толқып. – Қалай ұмыта алайын, қарағым-ай! – Біз бармыз ғой қасыңызда, – дейді Қамажай. – Сақыптың ащы сөзі сүйегімнен өтіп кетті... Енді қалай отыра алам бұл жерде. Бір рет естідім ғой сөккенін, со сөзін күнде естірмін... Қарағым, Қамажай, маған рұқсат бер, кетейін мен бұл үйден... көзге күйік болмайын... Саған да қырсығым тиіп жүрер... – Апа, айтпаңызшы бұ сөзді! Қанипа шешей көңілі босап, біраз үндемей отырды да, сонсоң даусы қалтыраңқырап: «Өз қайғымды тартып оңаша отырайын...» – дейді. Тағы да үндемей отырып қалды. Қамажай оның бетіне қатты толқып қарады. – Кетемін деп шын айтып отырсыз ба? Қимаймын сізді, – деді ерні дірілдеп. – Бірақ, апам енді сорлап қалды-ау деп ойлама, қызым, – деді Қанипа. – Апаңның жаны сірі... Дем-тынысым біткенше ешкімге масыл бола қоймаспын... Міндетімді біреуге артпаспын, қайғырармын... бірақ, жау таңдамаспын... Мен де қимаймын сені... Есенді де қимаймын... бірақ қайтейін... лажым жоқ... Рұқсат бер... – Қимаймын, апа! – Қамажай Қанипаны құшақтап жылап жіберді.

20 Əбіл келіп, Есенмен оңаша сөйлесіп, ол Есенді жазғырып отырды. – Өзің білімді, саналы азаматсың, семьяның шырқын бұзуға неге ол жол бересің, – деп, Əбіл бірден кінəлай сөйледі. – Қате айтасың, семьяның шырқы бұзылған жоқ, – деді Есен. – Үйде жанжал шықса, бұл – шырықтың, тыныштықтың бұзылғаны емей немене?... Əуелде-ақ бір күдігім бар еді, айтып едім қарындасыма, қалың бейнет пе сорға килігесің деп ем. Міне сол болды. – Бұл сөзің көңіліме келеді, Əбіл. – Неғыл дейсің? Өзіңнен көр! Семья-кеме. Дұрыс ұстай алмадың рулін. Жарға соқтырдың. Енді бұл авариядан қайсыңның сау қаларыңды құдай білсін! – Мұның ауыр сөз, Əбіл... – Есен, ойлашы өзің. Жанжал туған жерде береке –бірлік бола ма? Сол жанжал сенің үйіңде туып отыр. Тұтатқан – өзіңнің шешең. – Шешемнің сол қылығын құптап отырмын ба мен?! Құптамаймын! – Қош, құптама. Сонда не етпексің? Ылаңның, бүліктің көзісің деп, өз шешеңді үйден қуамысың?.. Жоқ, қақың жоқ өйтуге!.. Сонда басқа амалың қайсы? – Терістігін ұғындыруға тырысамын, – деді Есен. – Ал ұғынбаса ше? Өз жөнім – жөн дей берсе ше? – Ұғынуға тиісті... – деді Есен. – Білмеймін, білмеймін, – деп қиналды Əділ. – Семьяңның іргесіне түсті міне бір жарықшақ. Енді не жағып сыласаң да, сызаты білініп тұруы анық. Сол сызатты түсірмеуге тырысуың керек еді. Бар жəйді алдын ала абайлап, сетінеп бара жатқан жері болса, күні бұрын көріп, амалын табуың керек еді. Неге бейқам жүресің?

– Əбіл, сен де қинай бермеші... өзім де қатты күйзелудемін... – Есен жүдеп күрсініп, төмен қарады. 21 «Бағы ашылмаған сорлы қызым... Тағы да міне, қайғы орнады басыңа. Үйде шатақ бір туған соң ізсіз-түзсіз басыла қала ма. Қызымның жаны азапқа түсер болды-ау», – деп, Бағила ана күйзелді. «Апа, айтпаңызшы мұндайды. Айығады бəрі де», – деп, Шəмшия жұбаныш тілей береді... 22 Жүдеп отырған Қанипа шешейдің қасына Есен келіп сөз қатып еді: – Сіздің көңіліңізге қаяу түсірмеспіз деуші едік... – Есен, балам, жазғырмаймын сені, жақсы жаныңды ұғамын,– деді Қанипа шешей. – Кетем деген райыңыздан қайтыңызшы... – Жоқ, балам, маған бола өз шешеңді ренжітпе. Үй ішіңнің шырқы бұзылмасын... Маған рұқсат беріңдер... ренжімеймін... 23 Ол Қамажай мен Есенге айтқан осы сөзін Бағила мен Шəмшияға да жүдеп отырып айтты. – Бəріңнің де тілейтінің – үй ішінде шырықтың бұзылмауы ғой, мен де соны тілеймін... Кетемін деуім сондықтан. Бұл үйде енді отырсам, семьяда жайсыздық туа беруіне себепші болармын деп ойлаймын.. – деді. – Осы бір сөзді қайта-қайта айта бердіңіз-ау, – деп күрсінді Есен.

– Енді қайтсін айтпағанда, жүрегін езі тұрғасын... – Бағила ана ауыр күрсінді. – Бірақ осы үйден кеткенде жағдайың қалай болады? – деп Қанипаға бұрылып. – Біреу ғұрлы күнімді көрермін, бұдан да ауыр төздім ғой... Қанипа шешейдің мұңды жүзіне қарап, Бағила ана тағыс бір сөз айтты: – Түсінемін бар жайыңды... жеңіл емес. Бірақ сенің осы үйден жəбір көріп кеткеніңді білгенде, ағайын не дер? Қамажай мен Есенді сөкпей ме жұрт? Қатал кінə тақпай ма? Бұл да ауыр. Мұны да ойла. – Қамажай мен Есен екеуің де өз ішімнен шыққан перзентім – Ақжолымдай көремін ризамын екеуіне де, оларға менің тағар кінəм жоқ болса, ағайын-жұрт неге сөксін. Білер, түсінер мəн-жайға ... жазғырмас, – деді Қанипа шешей. – Олардың сөзі емес қинайтын. Қайғы жұтып, қасымыздан сіз кетесіз, сол батады жаныма. Дертіңіз, уайымыңыз молаяды, соған қиналам. Асыл апам, ұғыңызщы осы жайымды! Аяңызшы өзіңізді де, мені де! – деп Қамажай қатты толқып сөйлеп еді. – «Қалқам-ай, қинала берер болдың-ау..» – деп, Қанипа шешей көңілі босап, көзіне тағы да жас алды. – Кетем деген сөзді шыным емес деңізші! – деп өтінді Қамажай. – Ақжолыма ұқсап кеттің-ау!.. – Қанипа Қамажайды құшақтап, көкірегіне қыса берді. – Жан саям!.. 24 Сырттан Сақып кірді. Үйдегілерге суық көзбен бір қарады да, Бағилаға бұрылып, қатқыл үнмен сөйледі: – Сен де мені жазғырғалы келдің бе? – Бұ не дегенің, Сақып? – Бағила ана оның бетіне таңдана қарады. – Əуелі амандығың қайда?

– Амандық жоқ бұл үйде. Тек пəле бар, ылаң бар. Қақ төрімде отыр сол қырсық. – Япырай, Сақып-ай, сөзіңнің əлпеті қандай жаман. – Ə, осы ма еді ғой бəрін құтыртып отырған. Пəленің көзі сенде жатыр екен ғой! Шырқымыздың бұзылғанын, шаңырағымның ортаға құлап түскенін тілеймісің? – Сақып, тый мұндай сұмдық сөзіңді! – деді Бағила ана даусың қатайып. – Өтінемін, ащы сөз айтпаңыздаршы бір-біріңізге! Деп, Қамажай екеуінің арасына араша түсе беріп еді. – Аулақ! Ақыл үйретпе маған! – деді Сақып жақтырмай. –Ақыл үйретіп тұрғам жоқ, жөнін айтуға болмай ма?! – деді Қамажай. – Иə, жөнін айтуға болмай ма? Біз де ересек адам емеспіз бе? – деді Есен. – Ойбой, немене, бірің бастап, бірің қостап. Аулақ əрман! – Шеше, шырықты кетіре берме енді, үлкен кісісің, жөніңді біл, – деді Есен. Сақып оған алайып қарады. – Жақтап тұрғаның Қанипа ғой, – деді зілді үнмен. – Иə, жақтаймын. Ол да осы үйдің қадірлі адамы, ол да біздің анамыз! Қанипа шешей төмен қарап, мұңды күйде отыр еді. Есен алдына барды. – Қадірлі апа, көңіліңізге еш қаяу түспесінші, – деді толқып. Қанипа шешей көңілі тағы да босап, көзіне жас алды... БАҚЫТ 1 – Сəлім... Сəлімтай... Тұр, тұра ғой, ботақаным. Жылы төсекте балбырап ұйықтап жатқан баланы қарт əжесі ақырын ғана оятты.

– Тұра ғой, күнім. Ұйқыңды аш. Мектемке барасың ғой бүгін... Мектептерде оқу жылының басталатын мерзімі-бірінші сентябрь таянған сайын қарт əже көңілінің алабұртуы көбейіп еді. Сəлімнің оқитын кітаптарын, дəптер, қалам, сия, сызғыш секілді оқу жабдықтарын күніне бір түгендеп,тексеріп қоятын. Кеше мектепке барып, мұғалімге осыларын көрсетіп: «Енді не алуым керек? Ұмыт қалған ештемесі жоқ па?» деп, пысықтап сұрап та қайтқан. Түнде жатар алдында Сəлімнің портфеліндегі оқу құралдарын тағы да бір түгендеп қарап қойған. Қарияның бүйтіп алабұртуының жөні бар: Сəлім биыл мектеп табалдырығын тұңғыш аттайды. Бірінші класқа барады. Əжесінің «Мектепке барасың ғой бүгін...» деген жұмсақ үні құлағына келгенде Сəлім көзін ашып жіберді. Төсегінен шапшаң түрегелді. Əжесіне күлімдеп, қуанып қарады. – Əже, мектепке менімен бірге барасың ба? – Иə, күнім. – Сені класқа кіргізе ме? – Кіргізеді. – Онда өзімнің қасыма отыр, жарай ма? – Сөзіңнен айналайын! Кішкене ғана қоңыр қозым сол. Сəлімнің əжесі Ақық қария-жасы жетпістен асқан кісі. Сəлім оның үлкен ұлының жалғыз баласынан туған шөбересі еді. Титтейінен əжесінің бауырында өсіп келеді. Сəлімнің өз əке-шешесі – екеуі де қойшы; қыста да, жазда да мал басында, далада болады. Ал даланың жағдайы белгілі– жауын-шашыны, қайнаған ыстығы бар; қысының қақаған аязы, үскірігі бар. Жапан түзде, жел өтінде тұратын, əрі малмен бірге жылжып көшіп отыратын қойшы қосында жас балаға жайлы орынды қайдан табасың? Ауырып-сырқап қалса, апарып қарата қоятын, дəл қасында дəрігерің жоқ.«Қой, шырақтарым, сене алмаймын. Сəлімтайым өз қасымда болады. Сағынсаңдар үйге өздерің кеп тұрыңдар», – деп, Ақық қария шөбересін қолынан шығармайтын. Тек күн жылынып,жаз туған кезде ғана, Сəлімнің əке-шешесіне, баланы қастарына алуға рұқсат қылатын.

Бірақ, онда үйде оңаша қалған соң, қарияның өз тынышы қашатын еді. Жатса да, тұрса да шөбересін ойлап, ауырып-сырқап қалмады ма деп, көңілі күніне мың қобалжитын. Сəлім жоқта, үйде оның барындағы көңілді дабыр-дұбырдың бəрі де жоғалып, үй қаңырап қалғандай көрініп, Ақық əжейдің тіпті жайы кететін-ді. Таң атса – кеш батпай, кеш батса – таң атпай, бір күн-бір жылдай боп созылып тұрып алатын. Ақық əжей ақыры шыдамайтын да, жайлауға барып,шөбересін алып қайтатынды. Сəлім əке-шешесінің тұңғышы,əрі жалғыз бала. Сондықтан олар да Сəлімнің өз қастарында болғанын жақсы көреді. Тек Ақық əжейдің көңіліне қарайтын да жəне оның дəлелді сөзіне қайтарар жауаптары болмаған соң, қарияның алдына шықпайтын. Қарт əженің мінезін қызық көріп, күлісетін де қоятын. Сəлімнің əкесі Хайдар осыдан біраз күн бұрын үйге келіп кеткен еді. Биыл мектепке баратын ұлының жабдықтарын қамдағалы келіпті. Ал оған қалған жұмыс жоқты, бəрін де Ақық қария өзі реттеп қойған. Сəлімге əжесінің алып берген əсем киімдерін, су жаңа құралдарын көріп, Хайдар қарт əженің ісіне қатты сүйсінді. Жəне,бір жағынан, өзінің кешеңдеу қимылдағанына ішінен қысылды да. Бірақ Ақық əжей оған мін тақпайды,сынамайды. Малдағы кісінің жұмыстан қолы босай бере ме, кейде,тіпті,бұрылуға мұршалары болмай жатады. Малшы тіршілігінің қарбаласы көп. Хайдар анда-санда бір үйге келгенде: «Шырағым, даладағы малың көзден таса қалмасын. Басы-қасында жүргенің тəуір», – деп, оны Ақық қарияның өзі ылғи асықтырып отыратын-ды. Бұл жолы да асықтырды. – Бір отар қойды Зылиқа келініме жалғыз қалдырып кеткенің неткенің? Күн райы күрт бұзылып, нөсер құйып, дауыл тұрып, қой ықса, Зылиқа бір өзі қалай ие бола алады отарға? Қарағым, тезірек жет малыңа. Сəлімнің оқуына алаңдама. Кəрі əжең тақа қара жаяу емес екенін білесің ғой,шөберемнің оқуын өзім де қадағалаймын. Баяғыда сені де мектепке алғаш өзім апарып, сенің де оқуыңды өзім тексеріп отырғаным есіңде ме? Ендеше алаңдамай жөнеле бер. Күздің күні- құбылмалы. Малыңа абай бол, – деді Ақық əжей.

Хайдар əжесінің қолынан рақаттанып жақсылап шай ішіп алды да, енді аялдамай жүріп кетпек болып,тысқа шығып, сыртта байлаулы тұрған атының ер-тұрманын түзеді. Кəрі əженің келініме апарып бер деп, шүберекке ораған сəлемдемесін томпайтып қойнына тығып алды. Үзеңгіге аяғын сап, жеңіл ырғып, атына қонды. Ақық қария мен Сəлім де сыртқа онымен бірге шығып еді. Хайдар атын тебініп жөнеле беріп, кенет ойына əлдене түскендей тоқтай қалды да,артына күлімдей бұрылып: «Əже, шөберең мектепке жаяу бармаймын десе қайтесің?» – деп дауыстады. – Онда арқалап апарам-дағы, – деді қария. Хайдар қарқылдап күлді. Ақық əжей езу тартып жымиды. Сəлім аң-таң болды. Енді міне бүгін қарт əже шөбересін қолынан жетелеп,мектепке əкеле жатып,сол бір жолы Хайдардың неліктен қарқылдап күлген себебін есіне түсірді. Хайдардың дəл қазіргі Сəлімдей кезі, оқу жылының дəл бүгінгідей басталатын күні еді. – Мен мектепке бармаймын! – деп, Хайдар аяқ астынан қырсықты. – Неге,жаным?-деді Ақық əже таңданып. – Менің анау Асандікіндей былғары портфелім жоқ. Ақық əжей мектепке тұңғыш баратын Хайдардың да керек- жарағын,дəл бүгінгі Сəлімнің жабдығындай етіп, күні бұрын əзірлеген еді. Бірақ ол кез-тапшылық көп соғыс уақыты болғандықтан оның іздегенінің бəрі бірдей табылмаған. Портфельді шүберектен тігіп берген. Хайдар қуанған болатын. Оның ойында ештеңе жоқ еді, сірə анау Асан деген мұнымен түйдей құрдас бала,бұған жылтырақ портфелін көрсетіп,мақтанған болу керек. – Сондай портфель тауып бермесең, бармаймын мектепке, – деп қиястанды Хайдар. Ақық əжей бұл немересіне даусын қатты шығарып ұрсып,зекіп көрген емес-ті. Хайдардың туған анасы мұның бір жасқа толар-толмас шағында жүрек сырқатынан қайтыс болған. Бала шешесінің өңі-түсін

білмейді. Ал əкесінің жырақта жүргеніне үш жылдан асып барады. Ол майданда. Ұлы Отан соғысы басталған жылы кеткен. Баланың қасында отырған не шешесі, не əкесі болмағандықтан,əжесі оны,көңіліне еш қаяу түспесін деп, бетінен қақпайтын. Хайдар тентектік жасап,бірдемені бүлдіріп келгенде де, оған айқайлап ұрыспайтын. Баланың терістігін ақырын ғана сөйлеп ұқтырып, ақылын айтатын. Хайдар еркелеу болды. Бірақ еркелігін əжесіне ғана жасайтын. Ал əжесі еш уақытта ренжіп көрген емес, қабағын түймейді, түсін суытып алая қарамайды. Немересі алысып ойнап, киімін жыртып келсе, лəм демей тігіп береді, кір ғып келсе-ілезде жуып береді. Уақытында кеп тамағын ішпесе,əжесі оны шарқ ұрып іздейді. Үйде дəмді бірдеме болса тек соның аузына тосады. Сүйікті əжесі ол не айтса да орындайды. Оның қолында тек аспандағы айды ғана алып бере алмайды. Хайдар осының бəріне үйреніп алған. Оның ойынша-əжесінің қолынан бəрі де келеді. Соғыс уақытының қиындығында,тапшылықта мұның шаруасы жоқ. – Маған былғары портфель əпер. Əйтпесе оқымаймын,– деп, кесірленіп отырып алды. Əжесі осы портфелі түскірді жаз бойы іздеп, қолға түсіре алмаған. Ауданға,тіпті облыс орталығына барған біреулерге де ақша қосып тапсырып еді, олар да таппай келген. Осы жайды немересіне əрі айтып, бері айтып əзер түсіндірді. Əлі де іздетіп, оған қайткенде былғары портфель сатып алып беруге уəде қылды. Бірақ ойындағысы дереу орындалмаған соң Хайдардың көңілі тез жадырай қоймады. – Ендеше мектепке арқалап апар, əйтпесе бармаймын,– деп аузын бұртитты ол. Ақық əжей езу тартты. «келе ғой», – деп, еңкейіп, немересіне арқасын тоса берді.

Ол оны екі-үш жастағы бала секілдендіріп, ауладан арқалап шыға берген мезетте,қақпаның дəл алдынан Хайдар құалпас төрт-бес бала дабырлап өте беріп еді. «Жібер, босат аяғымды!» деп, Хайдар əжесінің арқасынан тез сырғанап түсе қалды. Өз қылығына əлгі құрбыларынан ұялған түрі. Бірақ, мұның екі аяғын салақтатып, əжесінің арқасында отырғанын олар абайлаған жоқ, əйтпегенде мазақтап күлетіні анық еді... Ақық əжей енді қазір шөбересі Сəлімді мектепке ертіп келе жатып,мұның əкесі Хайдардың бала кезіндегі сол қылығын көз алдына елестетіп күлімсіреді. Оған бұрыш-бұрышы ақжемделген ескі портфельдің өзін əзер тауып əпергеніесіне түсті. Саудагерден бір шелек бидай беріп алған еді. Есі-дерті осындай бір портфель ұстау боп жүрген Хайдар, оны ескі деп өкпелеген жоқ,қатты қуанған болатын. Бəрі де Ақық əжейдің есінде. Хайдардың сондағы мəз болғаны,көшеге портфелін мақтана ұстап жүгіріп шыққаны көз алдына елестеп кетті. Қарт əженің жүрегі біртүрлі елжіреді. Қасында келе жатқан шөбересі Сəлім, дəл осы шақта оған, сол бір кездегі кішкене Хайдар секілденіп көрінді. «Құлындарым... Өрендерім... Сендерсің менің қуатым. Сендерсің өмірімнің өзегі! – деп, Ақық əжей ішінен тебіреніп қалды. – Көңіліме жүдеулік кірмейтіні, жадырап отыратыным-осы сендердің арқаң. Сендер аман болыңдаршы! Сендер қуанып жүріңдерші!..» Мектепке таялғанда бұлардың алдынан орта жастағы əйел – Сəлімнің мұғалімі күліп шығып қарсы алды. Ол қарт əжеге қуанышын білдіріп, оның мектеп табалдырығын тұңғыш аттағалы отырған шөбересінің қадамына құтты болсын айтты. – Рахмет, көп жаса, жаным! – деді Ақық əжей көңілі өсіп. – Ал, Сəлім, оқуды жақсы оқып, əжеңді қуантатын бол сен, жарай ма? – деді мұғалім. – Жарайды!– деп жымың-жымың етті бала. Əжесі оны арқасынан қақты. – Енді Сəлімге оқитын класын көрсетейін,– деді мұғалім.

– Рұқсат болса мен де көрейін, – деді Ақық əжей. – Неге рұқсат болмасын. Жүріңіз, жүріңіз,– деп күлімсіреді мұғалім. – Мектеп бүгін шəкіртердің келуін күтіп,ерекше жарқырап-жайнап, құлпырып тұр еді. Сəлімдердің оқитын класына кіргенде Ақық əжей кең, жарық бөлменің ішкі сəніне сүйсіне қарады. Еш жерінне сызат түспеген біркелкі жаңа парталар, қабырғаға ілінген жылтырақ қара тақта мен əр алуан көрнекі құралдар, бұрыш жаққа қойылған екі аяқты үлкен есепшот-бəрі де жарасып тұр. Жалпақ терезелерден төгілген күн нұрынан жалтырап көрінді. – Сəлімтайымның отыратын партасы қайсы, қарағым? – деп сұрады Ақық əжей. – Бүгін бірінші күн ғой, шешей. Сабақ басталар алдында балаларымды өзім реттеп отырғызамын, – деді мұғалім. – Ə, мақұл ендеше, – деп қария басын изеді. –Менің Сəлімтайымның бойы кішірек қой, алдыңғы партаға отырғызарсың, – деп тілек қылды. Мұғалім жымиып күлді. Еш алаңдамаңыз, шешей. Оқушыларыма бəрі де тек жақсы болуын қалаймын. Бұл-ұстаздық парызым ғой. Бəрекелді,қарағым! Еңбегің жансын! Мұғалімнің сөзіне Ақық əжей ішінен қатты риза болды. 2 «Жұрт бұ мұғалімді өте инабатты адам деп мақтайтын еді. Рас екен, – деп ойлады Ақық əжей үйге қайтып келе жатып. – Өзі қандай сыпайы, сөзі қандай орнықты! Əрі балажан екен. Бар баланы өз баласындай жақсы көріп тұр. Мінезі де көнтерлі көрінеді. Мұғалімге ең керегі осындай сабыр ғой. Баланың аты – бала. Баланың балалығын көтере алмайтын адамның қолынан ұстаздық келмейді. Сəлімтайымның мұғалімі ондай кісі емес. Ұқтым жанын. Оңды ұстаз! Мектеп есігін тұңғыш ашқан шөбереме оның дəріс бергені қандай жақсы болды!..

Ақық əжейдің көңілі енді орныққандай. Оның айрықша санайтын бір қағидасы болатын. Жас баланың жаны пəк; буыны бекіп, топшысы қатпаған балауса шағында оның мөлдір сезіміне дақ түспеу керек. Ал дақ түссе, мұның таңбасы өмір бойы өшпейді жəне баланың жан дүниесін улайды. Есейген адамның басында кездесетін əр қилы ұнамсыз жəйттер, Ақық əжейдің ұғымынша, ең əуелі сондайлардың зардабынан болады. Міне, сол себепті, мектеп табалдырығын алғаш аттап, жаңа қауымға кірген жасөспірімге дəріс үйрететін бірінші ұстаздың өнегесі артықша зор. Оның қылығы жағымды болса, жас шəкірттің бойына жақсы сапа дарытады. Ақық əжей Сəлімнің мұғалімін осындай өнегелі ұстаз деп бағалады. «Түсі игі кісі екен. Жанының асылдығы нұрлы өңініе білініп тұр», – деп сүйсінді. Мұғалімнің жылы ұшыраған жүзі көз алдына елестей берді. «Иə, бала оқимын деп, жүрегі алып-ұшып қуанып барғанда ұстазы оның алдынан күліп шығып қарсы алса, мұның өзі бір ғанибет нəрсе- ау», – деп ойлады қария. Өз өмірінің сонау алыс балалық шағының бір суреттері ақырын жылжып келіп есіне түсті. Жасы тоғызға толған кезі. Əкесі Нұрмағамбет, кедей болса да, көңілі зерек кісі еді. «Менің жұрағатымнан да қара танитын біреу шықсыншы», – деп қызын оқытқалы молдаға алып барды. Ақ сəлделі, ісінген қалың қабақты, қара сұр өңді молда оның сөзін тас кереңше көзін жұмып отырып тыңдады да: «Баламды оқыт десең,əуелі ақысын сал алақаныма»,– деп екі қолын ілгері созды. Екі ешкім бар еді, біреуін жəне семізін жетелеп алып келіп, есігіңіздің алдына байлап қойдым, – деді Нұрмағамбет. Молданың салбыраған қабағы көтеріле қоймады. – Ешкіні санатқа алмаймын,– деді салқын үнмен. – Япыр-ай, енді қайтейін? – деп қиналды Нұрмағамбет. Бір үйлі жанды ағымен асырап отырған жалғыз сиырының бұзауын аузына алды. Мына ешкіге қосып соны берейін. Ірі марқа бұзау. Ал, өсіріп, үлкейтіп бер десеңіз, бір қыс бағу-қағуын өз мойныма алайын.

Əйтеуір мынау баламның жолынан аянарым жоқ, қара таныса екен, – деді. Молда сыңар езуін қисайтып, кекетіп мырс етті: – Оқыттың-оқыттың – ер балаңды оқытпаймысың, бейбақ. Қыз қара танып, көсегеңді көгерте ме? Бұл сөз Нұрмағамбетке ауыр тиді. Оның Ақықтан өзге баласы жоқ еді. Басқа балалары тұрақтамай жастай өле берген. Ата-ананың күндіз-түні алаңдап саулығын тілеп, ендігі жұбаныш қып отырғаны – осы Ақық. Əкесі оның ешкімнің ұлынан кем көрмейтін . «Менің қара шаңырағыма ие боп, қалатын ұлым осы», – деп ардақтайтын қызын. Молданың сөзіне əкесінің қатты жəбірленіп,ішінен күйзелгенін Ақық оның өңінен білінген құбылыстан байқады да, молдаға қабағын түйіп қарады. Молданың қорғасындай сұрғылт кескіні əрі суық, əрі жат көрінді. Жүрегі дір етіп, шошып қалды. Əкесінің жеңінен ақырын ғана тартып: «Көке, кетейікші үйге», – деді. Ал Нұрмағамбет қозғалмады. Төмен қараған күйінде біраз отырды да, сосын молдаға қайтадан жағдайын айта бастады. Көп жалынды. – Жə, құлағымның етін жеме енді! – деді молда бір кезде қатқыл үнмен. – Қызың ертең келсін оқуға. Бірақ есіңде болсын, құдай тағала əйелдің ақылын еркектің ақылынан кем жаратқан. Қызыңның басына сабақ қонбаса, мен кінəлі болмаймын, өзіңнің осал тегінен көрсін. Ұқтың ба? Ал сабақ уақытында жыбыр еткен артық қимылы болса, жонынан қайыс аламын. Естідің бе? – Балам тəртіпті, сізді ренжітпес, – деді Нұрмағамбет... Сонымен молданың қатал шартына мойынсұнып, ертеңіне Ақық оқуға келді. Əкесі ертіп барды. Қолына ұстаған не кітабы, не қағазы жоқ, не оқитынын өзі де білмейді, əкесі де білмейді. Молданың үйінің алдында он шақты бала иіріліп тұр екен. – Оқуға келдіңдер ме? – деп сұрады Нұрмағамбет. – Иə, – деп жамырады балалар. – Қайда отырып оқисыңдар? – білмейміз...

– Молда қайда? – Дəрет алып жатыр. – Молда сендерге кітап, қағаз берер ме екен? – деді Нұрмағамбет. – Біз қайдан білейік, – деді балалар. Есіктен шыға келе жатқан молданың ақ сəлделі басы көрінді. Балалар жым бола қалды. Ақық əкесінің ығына қарай жасырынып тұрды. Молданың қабағы тым түксиіп, қарауытқан өңі кешегісінен де сұсты сияқтанады. Ашулы қалпын байқатты. Нұрмағамбет сəлем беріп еді, оған жөндеп амандаспады. Балаларды суық көзбен шолып өтті де: «Кіріңдер ауызғы үйге!» – деп, өзі шыққан есікті таяғымен нұсқады. Балалар есікке жапырлап ұмтыла берген: «Топырлама!» – деп ақырды. Ақық дір ете түсті. Молданың қолындағы ақ таяғы арқасына төніп қалған сияқтанып, есіктен жасқанып кірді. Əкесі сыртта қала берді. Ақық артына бұрылып қарауға қорықты. Ол үйге кірген соң да бойының дірілін біразға дейін жеңе алмады. Шымнан қаланған ауызғы үйдің қара көлеңке іші, жер едені, қоңырайған қабырғасы көзіне əлдебір үңгірдей елестеп, денесі тітіркенді. Балалар босаға жақта, не отырарын, не түрегеп тұрарын біле алмай, үрпиісіп тұр еді. Молда кіріп, əрқайсысының орнын таяғымен сілтеп, бəрін тарыр дымқыл еденге жүрелерінен қатарластырып отырғызды. Өзі төрдегі жұмсақ төсенішке барып малдас құрып жайғасты да, мұның əр қимылынан қорқып жаутаңдаған балаларға тағы да суық көзбен қадала қарап өтті. Молданың оң жағында жіңішке екі көк шыбық жатты. Соған көзі түскенде Ақықтың тұла бойы мұздап, қалтырады. Мұның əкесіне молданың кеше айтқан қатал сөзі – сабақ үстінде қыбыр етсе, жонынан қайыс аламын дегені-есінде тұр. Солқылдақ көк шыбық сусылдап кеп жалаңаш арқасын дəл қазір осып тіліп жіберетіндей сияқтанды. Ақық күнде сабаққа келгенде молданың оң жағында жататын екі көк шыбыққа күнде көзі түскенде, оны ылғи сол үрей билейтін-ді. Көк шыбықтын тыныш жататын күні жоқ. Күнде бір-екі баланың арқасын

осқылайды. Жаза шегушінің ойбайы қаттырақ шықса, көк шыбық тіпті құтырып кетеді. Жыланша ысылдайды. Тиген жерін пышақтай тіледі. Ақық қатал молданың алдында, қазықтай қатып, қыбыр етпей отыратын. Сабағынан да мүдірмей келе жатқан. Сол себепті көк шыбықтың жазасынан аман еді. Бірақ ол да бір күні кінəлі болып қалды. Қасындағы бала молданың үйреткен сөзіне тілі келмей, бұзып айтты да, соған мырс етіп күліп жіберіп еді. – Тəйт! – деп ақырып қалды молда. Ақыққа ала көзімен түйіліп қарады да: – Құран сөзіне неге күлесің? Бүйіріңнен шайтан түртіп күлдіріп отыр ғой сені. Кел бермен! – деп гекірді. Ақық көзі жаутаңдап көк шыбыққа қарап еді, оның ұшы жыланның құйрығынша қимылдап, бұған қарай жылжып келе жатқандай секілденді. Қыз қорықса да, дыбысын шығармады. Құрбыларының жазаға ұшырап қалғанда жасайтын дағдысынша, дірілдеп молданың алдына барып,көк шыбыққа жалаңаш арқасын тосып, бүк түсіп жатты да, тістеніп көзін жұмды. Бі мезетте көк шыбық арқасына шарт ете түскенде, көзінің оты жарқ ете қалды. Арқасы тілініп кеткендей болды. Молданың темірдей саусағы кішкентай қызды əлсіз иығынан жəне бүріп ұстай алды да, орнынан тыпыр еткізбеді. Көк шыбық еркін ойнақтады... Ақық үйіне жылап қайтты. Нұрмағамбет оның көзінің жасын көріп: «Кім ренжітті, қарағым?» – деп алдына бара бергенде, қызы даусын қатты шығарып еңіреп жіберіп, əкесінің құшағына құлады. Оның арқасына білеу-білеу боп түскен соққының ізін көргенде, Нұрмағамбет шошып кетті. Көк шыбықтың осқан жерлері қанталап, қарауытып тұр еді. «Неткен имансыз еді мына молда», – деді Нұрмағамбет қиналып. – Енді бармаймын алдына Керегі жоқ сабағының, – деді Ақық жылап сөйлеп. – Жəрайды, қарағым, жəрайды, – деп жұбатты əкесі. – О жауыз молданың өзі де, сабағы да құрысын Əліпті таяқ деп білмейтін əкең де күн көріп жүр ғой. Тірі болсаң, денің сау болса, қор болмассың...

Сөйтіп, баласының хат тануын армандаған əкенің де үміті үзіліп, оқуға талпынған баланың да талабы қиылған еді. Молданың сұрланған суық кескіні, қолындағы солқылдақ көк шыбығы есіне түсіп кеткенде, Ақықтың денесі түршіге қалатын. Кейде түсіне де кіріп, шошып оянатын. Көк шыбықтың денедегі қанталаған ізі тез өшкенмен, жанға түскен жарасы айықпай қалды. Кейін Ақық ер жетіп, үйлі-баранды боп, басынан қуанышты күй кешіп отырғанда да, сол оқиғаны есіне алғанда, біртүрлі жүдеп мұңаятын. Мұның арқасын тілгілеген көк шыбықтың білеу-білеу ізін көргенде өңі бұзылып қиналған əкесінің езілген аянышты кейпі көз алдына елестейтін. «Ата-анаға баласының жəбір шеккенін көруден ауыр азап жоқ. Менің байғұс ата-анам бұл жəбірді көп көрді», – деп, баяғыда қайтыс болған əке-шешесін аяп, ақырын ғана күрсінетін. Шөбересі Сəлімді класына кіргізіп, көңілі орнығып, енді үйге жайымен қайтып келе жатқан Ақық əжей , өзінің лалалық шағының сол ауыр күні есіне түскенде, жүрегі шаншып, тынысы біртүрлі тарылып кеткендей болды. Дəл осы мезетте үш дөңгелекті мотоцикл мұның оң жағынан жанасып өте беріп, қалт тоқтады. – Əже! Ақық əжей селт етіп бұрылып қарады. Мотоциклші Хайдар еді. Қасына əйелі – Зылиқаны отырғызып алған. – Түу, əже-ай, тіпті көретін емессіз ғой бізді! – деп күліп айтты Хайдар. Зылиқа мотоциклден шапшаң түсе қалып жүгіріп кеп, Ақық əжейді қуанып құшақтады. Қарияның амандығын-саулығын асығыс сұрап жатыр. Ақық əжей көңілді толқып, келінін көкірегіне қыса түсіп, үні дірілдеп: «Сендерсің – тынысым, сендерсің – тынысым!» – дей берді. – Əже, біз бүгін құр қызылмай болдық, – деп күлді Хайдар. – Сəлімтайдың мектепке барған қуанышын біз де көрмекші едік, үлгермедік, – деді Зылиқа.

– Орта жолда мына құрғырдың май жүретін түтігі бұзылып, соның қырсығынан кешігіп қалдық, – деп, Хайдар мотоциклін жазғырды. – Біз келсек, сабақ басталып қалған екен. Сəлімді терезеден сығалап көрдік, дəптеріне қолы майысып бірдемені жазып жатыр өзі! – деді Зылиқа қуанып. Қарт əже екеуінің сөзіне күлімсіреді. 3 Үйге келген соң Ақық əжей: «Жұмыс адамысыңдар, əрі жол соқты боп шаршаған шығарсыңдар, демалыңдар, қарақтарым», – деп, өзі оларға ас қамдауға кіріспек болып еді. – Біз қонақ емеспіз ғой, əже. Бəрін де өзіміз əзірлейміз. Төрге шығып отырыңыз да, сіз демалыңыз, – деп өтінді Зылиқа. – Иə-иə сөйт, əже! – деді Хайдар, əйеліне қарап, күліп иек қақты. – Əжеме бір көрсетші өнеріңді! Бірақ байқа, самауырды су құймай қыздырып, оттығын ағызып алып жүрме! – Хайдар, қойшы əзіліңді, – деді Зылиқа. Дала тотықтырған қоңырқай өңі лып етіп қызарып, төмен қарап жымиды. Ақық əжей де езу тартты. Хайдардың күліп айтқан əзілінде бір шындық бар еді. Зылиқаның осы үйге жаңадан келін боп түскен кезі еді. Жаңа жұртта жас келінге сын қандай көп. Оның отырыс-тұрысын əр басқан қадамын, əсіресе, ауылдың қатындары аңдып-бағып отырады. Келіннің бойынан тіпті елеусіз бір кемшілікті көрсе де жетеді оларға, сөзді сыпсыңдатып, қырық саққа жүгіртіп əкетеді. Ал Зылиқаның білмейтін нəрсесі көп болатын. Зылиқа қалада туып, қалада өскен. Əрі төрт ұлдың ортасындағы жалғыз қыз болды да, ата-анасы оны өңге балаларынан артығырақ қадірлеп, оған үйде ешқандай шаруа істетпейтін. Мұның бəрі Зылиқаға жас кезінде жайлы болғанман, кейін ержеткенде есесін қайтарды. Киім өтектеймін деп, ыстық өтекке қолын талай қарып алды. Ас пісіремін деп, жасаған тамағының не тұзын ащы ғып жіберіп, не күйік татытып,

талай ұялды. Үйдің шаруасына қыбы кем оны тағдыр жетелеп, ауыл жігітіне қосты. Қалада тұрса бəрі оңай ғой, от жақпайсың, сиыр саумайсың, нан пісірмейсің, дайын тағамды магазиннен сатып əкелесің де, дастарқаныңа жаясың. Кірлеген киімің болса, оны да өзің жуып əуреленбейсің. Кір жуатын орынға апарасың да өткізесің. Тап –таза ғып, ине – жіптен жаңа шыққандай жалтыратып қолыңа қайтарады. Қалада жадырап дем алатын мəдени орындар да көп. Жұмыстан кейін театрға барасың ба, кино көресің бе, концерт тыңдағың келе ме – өз көңіліңнің қалауы біледі. Қала өмірінен жырақ кету деген ой Зылиқаның басына келмеген еді. Туып-өскен үйі қалада, ата-анасы қасында. Тұрмыс жақсы, көңіл хош. Жіп иіру фабрикасында алаңсыз жұмыс істеп жүрген-ді. Бірақ адамды тіршілік заңы өз ырқына бұрып əкетеді екен. Адам оның жетегіне қалай ергенін сезбей де қалады. Зылиқа жазғы бір демалысында санаторийге барғанда, сонда, ойда жоқта, бір сүйкімді жігітпен танысты да, сол танысудың аяғы ұлғая келіп зор махаббатқа айналып, екі тағдырды ұштастырды. Ұғысқан жастарға ата-аналары қарсы болған жоқ, ризалықтарын білдірді. Жігіт ауылда тұратын. Қалыңдығын ауылға алып келді. Ол – Хайдар еді. Зылиқаның бала жасынан үйренген қала өмірі мен ол келін боп түскен ауыл өмірінің арасында көп айырмашылық бар екен. Мұнда қаладағыдай заңғар үйлер, сəнді театрлар, асфальт көшелер жоқ. Əр үйге қаладағыдай түтікпен кеп тұрған су, көгілдір газ жəне жоқ. Ас пісіргің келсе, қазандықтың астына от жағасың, суды құдықтан барып əкелесің. Таңертең тұрғаныңда сиыр мөңіреп, қой маңырап, тауық қыт- қыттап – бəрі шуылдасып жатады. Малды өріске айдап салып, құсқа жем шашуың керек. Ауыл адамы сонан соң ғана тыным тауып, таңертеңгі асын ішуге отырады. Сосын жұмысына кетеді. Кешке үйге келгенде, оны көп іс тағы да күтіп тұрады. Ауыл адамы жұмыстан шаршап қайтқанына қарамай, үйдің шаруасына кіріседі. Күнде осылай... «Бұл тіршілікке бала жасынан көндікпеген адам төзе алмайтын шығар», – деп ойлады Зылиқа əуелгі кезде. Оған ауыл өмірі қызықсыз сияқтанды. Көңілі қаланы аңсай берді. Бірақ бұл күйін өзі ғана білді,

еріне сездірмеуге тырысты. Тағдырын оған қосақтағаннан кейін, ендігі жерде не көрсе де ерімен бірге көрмекке, оның айтқанынан шықпасқа ішінен серт қылды. Дегенмен, жасынан қалада өскен кісіге ауыл өмірінің қалыбына түсу оп-оңай болған жоқ. Ауылдың сөзуар қатындары жас келіннің əр ісін сықақ қып, оған сыртынан күліп жүрді. «Əлгі Хайдардың қаладан əкелген келіншегі қазандықтың астына от жаға алмапты. Табаға нан пісірген екен, қап-қара ғып күйдіріп жіберіпті. Өзі, сірə, ғұмырында мал көрмеген бе немене, бұзаудан да қорқады. түкке ебі жоқ көрінеді. құдықтан су алуға биік өкше туфлиін киіп барып, буынын шығарып ала жаздапты. отын ұсақтаймын деп, ағашты темір төске салып қойып шауыпты,\" – деп таратты. Сыпсыңдаған қатындардың сөзін жаратпай, Ақық əжей оларға ұрсып тастаған. – Немене, бəрің шетіңнен білімпаз боп көктен бір күнде түсе қалыппеңдер?! Білемін, көргенмен бəріңді де. Атаңның, енеңнің жетелеуінсіз қайсың бірден жөн біле қалып едіңдер? Көш жүре түзелмей ме? Кемшілікке есті кісі күлмейді. Кекесін күлкі – кесек атқаннан да жаман. Менің келінім – жас адам. Оны сыртынан сөз ғып сықылықтағандарыңды ендігəрі естімейтін болайын! – деп қатаң ескерткен-ді. Қатындардың кекесін сөздерінің төркінінде біраз шындық та бар еді. Зылиқаның қазандық астына от жағам деп, үйдің ішін көк түтінге қаптатып алған бір жағдайы болған; ағашты бер жағынан сықай беріп, қазандықтын, көмейі бітеліп қалғанын білмеген; түтін кейін қарай шалқыған. Жас келіннің шай қайнатпақ борлып, самауырға əуелі су құюдың орнына, алдымен шоқ салып қыздырып, оттығын балқытып ағызып түсіргені де бар. Мұның бəрі де өткен іс. Тек Хайдар анда-санда əзіл үшін айтып қояды. Ал Зылиқа бұған кəдуілгідей қызарып ұялып қалады. Бірақ оқасы жоқ, өткен іс өкіндірмесе, қайта осылай əзіл боп айтылып, жұртты күлдірсе – мұның өзі бір жарасытық! Зылиқа қазір ауыл өмірінің ойы-қырын байырғы адамның ешбіреуінен кем білмейді. Шаруаның қыбына да

əбден жетік боп алды. Адамға терін төгіп өз қолымен жасаған ісі қашан қадірлі болмақ. Бастаған жұмысының жақсы тынғанын көру – адамның көңілін өсіреді, қуантады. Зылиқа жүре-бара, үйрене келе, ауыл өміріне қызу араласып кетті. Қазір оған мұндағы тіршілік қызық та, қымбат та. Көңілі əуелгі кездегідей қаланы аңсай бермейтін болған. «Осының барлығы əжемнің арқасы», – деп ойлады Зылиқа. Ақық əжей оны туған қызындай жақсы көрді. Жас келіннің алғашқы уақыттағы епсіз істеріне, жөнін білмей бүлдіріп алған шаруаларына ренжімеді, қабақ шытып кейімеді. Езу тартып, жай ғана күлетін де қоятын. Сосын үйрете бастайтын. – Əже, сиырды бүгін мен сауып көрейінші, – деп тілек қылды Зылиқа бір күні. – Мақұл, қарағым, – деді Ақық əжей. Келінінің қимылына сыртынан қарап тұрды. Ақық əжейге үйренген кəрі сиыр, бауырына жанасып отыра берген жас əйелге мойнын бұрып қарады да, күйіс қайыруын қоя қойды. Иімеді. Зылиқа оның емшегін қанша тартқылап созғыласа да, сүт шығара алмады. – Сені, сірə, жатырқап тұр-ау , – деді Ақық əжей өзі отырып сауып еді, сиырдың емшегінен сүт саулай жөнелді. Зылиқа таңданып тұрды. «Жаңа келген кісіні мал да жатсынады екен ғой», – деп ойлады. – Малда тіл жоқ болғанымен, өзіне жылы қарағаныңды ол да ұғады. Көзі үйренген соң, жатырқауын қояды ғой бұл, – деді Ақық əжей сонсоң сиырының өзіне мəлім мінездерін айта бастады. Бүкіл ғұмыры мал өсірген ауылда өтіп келе жатқан, өзі де малды талай баққан Ақық əжей қазақтың əр түлік малының мінезін əбден білетін-ді. Сол білімін жас келінге үйрете берді. Басында Зылиқаға бəрі де қиын сияқтанатын. Қалада фабрикада істеп жүргенде, жіп иіретін ұршықты зыр қақтыратын оның епті қолы, мұнда ауылда сиырдың бас жібін де əдепкі əзірде дұрыс таға алмай, байлаған малы шешіліп кетіп жүрді. Бірақ бұған налымайтын, бас жіпті мүйізге

қалай орағанын əжесіне, Хайдарға көрсетіп тұрып күлетін. Өзінше тастай ғып байлаған жібінің мүйізден қалай сыпырылып қалғанына таңданатын. Байқаса, малдың басына жіп тағудың да тəсілі бар көрінеді. Осының бəрінен Зылиқа бір нəрсені айқын ұғына бастап еді. Мал бағу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін жұмыс екен. Ерінбейтін, жалықпайтын, бейнет көрсе кейімейтін төзімді кісі ғана бұл жұмысты жөндеп атқара алмақ. Жəне оның, ең алдымен, осы еңбекке ықыластанып құмартуы керек. Сонда ғана ісінен өзі де лəззат таппақ, қарекетінебасқаны да сүйінтпек. Зылиқа Хайдардың бойынан осы қасиетті көрді. Қой бағатын Хайдар бұл жұмысына еш нəрсені теңгермейді. Өңге істің, бəрінен де қой бағуды артық көріп, масаттанып отырады. Əуелгі əзірде Зылиқа далада мал соңында жүрген ерінің жəйін ойлап: «Күн ұзаққа сарылып жүру оңай ма? Жалықпай ма?» – деп, үйде отырып жиі қобалжитын еді. Көңілінің бұл күйін ерінен жасырмайтын. – Сəулем-ау, неге жалығам?! – деп күлетін Хайдар. – Алдыңда қаптай еріп қалың қой жайылып жатады. Сен көзіңмен шоласың. Қыбырлаған мал далаға жан бітіріп, көңілің біртүрлі өседі. Бəріне өзің қожа секілді көрініп, кеудені шалқақ ұстайсың, аяқты алшаң-алшаң басасың. Сол кезде өзім көңілденіп əн салып жіберемін. Неге жабығам?! Төбемде көгілдір аспан, маңым толған жұпар гүл, алдымнан самал еседі, құлағыма даланың неше алуан əсем үні кеп тұрады. Қойлардың жердің түгін өткір тістерімен бырт-бырт үзгеніне де қызығып қараймын. Көде арасынан шырылдап ұша жөнелген бозторғайға да тамашалап мкөз тігем. Қойнымда оқитын кітабым да бірге жүреді, бір мезет соған үңіліп кетемін. Əйтеуір өзім уақыттың қалай өткенін аңғармаймын. Əрине, күн ылғи күліп тұрмайды. Кейде төпеген жаңбырдың астында қалып, мойныңнан су сорғалап сүмектейсің. Қыста боранға ұрынып, ұйтқыған қар көзіңді аштырмайтын кездер де болады. Осының бəрі жеңіл емес. Бірақ сен алысасың онымен. Берілмеймін деп айқасасың. Ал жеңіп шыққаннан кейін өзіңе өзің сүйсінесің. Міне, мұның рақаты осында. Малшылар бұл күйді басынан күнде кешіреді.

Хайдар осылайша тебіреніп сөйлегенде, Зылиқа ынтығып тыңдайтын. Ерінің ісіне сүйсініп қызығатын. «Менің қолымнан мал бағу келер ме еді? Жағдайына көндіге алам ба?» – деп ойлап, өзін-өзі сынағандай болатын. Малды ерлермен қатар, əйелдердің де бағатынын көріп жүрді. Ері малшының əйелі де малшы; қыста да, жазда да ерімен бірге далада, мал басында болады екен. Зылиқа оларды ішінен жақсы көрді, өзін сол əйелдерге ұқсатып байқады. олардың бойындағы қасиет өзінің де бойында бар сияқты. Олардың атқарып жүрген ісі өзінің де қолынан келетініне сенді. Ол осы ойын əбден түйіп алып ерімен ақылдасты. – Өзіңмен бірге мал бағып, сен ұшыраған нөсерге бірге ұшырап, сен ұрынған боранға бірге ұрынғым келеді, – деді Зылиқа. Өңі құлпырып, күйеуіне еркелей қарап айтты. – Мен бұған қуанамын ғой! – деді Хайдар разы боп. Келіншегі иығынан құшақтады. – Əжем біле ме бұл ойыңды? – деп сұрады. – О кісіге əлі айтқан жоқпын. Қарсы бола ма? – Мүмкін... – Неге? – Далаға барсаң, жел қағып, күн күйдіріп, ақ құба өңің тотығып қараяды. Ал əжем келінінің үйден шықпай, əппақ болып, үлбіреп қана, өз қасында майысып отырғанын жақсы көреді. – Қойшы əзіліңді. – Жоқ, рас айтам... Ақық əжей Зылиқаның қалада өскен жағдайын ескеріп, оның кеңсе маңындағы бір таза қызметке орналасуын ішінен мақұл көрген. Бірақ əуелі өздері қалап, өздері ұйғарсын, сосын менімен ақылдасады ғой деп, жəне мен ойлағанды олар да ойлар деп, пікірін Зылиқаға да, Хайдарға да айта қойған жоқ. Қарияның бір сөзінің ретінен ғана Хайдар оның көкейіндегі бұл ойын аңғарып қалды. – Əже, келінің кенсе қызметін керексінбей, далаға қой бағуға барамын десе қайтесің? Рұқсат етесің бе? – деп қасақана сұраған.

– Сен азғырып жүрсің бе оны? Қой, қарағым, бұл жұмыс ауыр болады оған. Ауыл ішінде де қызмет толып жатқан жоқ емес пе, – деген Ақық əжей... Хайдар келіншегіне əлгі əзілді айтқанда қарт əженің осы сөзін еске алып еді. Бірақ əжесінің мінезі өзіне аян: Ақық əжей адамға қысас жасағанды жақтырмайды., «Көңіл қаламаған істе береке болмайды», – деп біреуге сүймеген ісін зорлап істеуге қарсы боп отыратын. Келіні Зылиқа кеңсе маңындағы қызметті қаламаса, ерімен бірге мал бағамын десе, Ақық əжей оның жолын кесе-көлденең тұрмайды. Ұсынысын, тілегін айтар, бірақ өзімнің ырқыма қайтсем де бұрамын деп қасармайды. Хайдар мұні біледі, сонда да ол өз көңілінде тұрған осы ойын ашпай, əзілін келіншегіне шын құсатып айтты. Күлген жоқ, əйеліне салмақты пішінмен қарап, бір сөз күтті. Мұның сүйікті əжесі туралы жас келін не дер екен?! – Əжеммен өзім сөйлесемін бүгін, – деді Зылиқа. – Мақұл... Кешкі ас үстінде, дастархан басында өздері ғана оңаша отырғанда, жас келін Ақық əжейден бір жəйді сұрады. – Əже, ауылдағы ата-енелер келіндерінің жұмыс істемей үйде отырғанын жөн көре ме? – Неге бұлай сұрадың, қалқам? – Келінің от қасы-ошақ басынан ұзатқысы келмейтін енелер бар дейді. – Бары рас... – Жөн бе солары? – Əркімнің өз еркі өзінде ғой. – Мен таң қаламын. Сап-сау адам ертеден кешке дейін тек ошақты күзетіп қайтіп отырады? Іші пыспай ма? Басы айналмай ма? Ақық əжей езу тартты.

– Ауыл адамында бір минут қарап отыр деген болмайды ғой, – деді. – Ерінбеген кісіге үйде де шəруə көп: қарайтын мал бар, əкелетін отын- суы бар. үй іргесіндегі өгереті жəне тұр, оған да күтім керек... Қысқасы бір үйде бір кісіні күнде болдыртып жығатын жұмыс болады. Үйдің күйбең-күйбең шəруəсімен жүрген əйел күннің қашан шығып, қалай батқанын байқамай да қалады. – Обал емес пе сол? Бір үйдегі жұмысты бір үйдегі жанның бəрі жабылып атқаруы керек емес пе? – деді Зылиқа. – Лажы болмаса қайтеді? Ері далада жұмыста жүрсе, ата-енесі дімкес болса, үйде басқа бас көтерер кісі болмаса не шара қылады? Бір үйдің бар шаруасын бір əйел өзі атқарады. – Осы дұрыс емес қой. Обал ғой. Обал екені рас, – деді Хайдар, – сен білетін қаланың жағдайы мұнда əзірше жоқ. Ауылда əйелдің үлесіне тиетін жұмыс əлі де ауыр. – Бұған, алдымен, еркектер – сендер кінəлісіңдер, – деді Зылиқа. – Неге жақсы жағдай туғызбайсыңдар? Сосын жəне «Мынау – əйелдің, мынау– еркектің жұмысы» деп бөлуің де дұрыс емес. Еркек атқарған іс əйелдің қолынан келмей ме? Келеді. Əйел атқарған іс еркектің қолынан келмей ме? Келеді. Тек ықылас керек, – деді. Ақық əжей Зылиқаның сөзіне сүйсініп қалды. Жəне оның нені меңзеп айтқанын ішінен сезді де, келініне ойлы пішінмен қарады. Осы қалыпта бірер минут үнсіз отырып, сосын сұрау берді: – Хайдармен бірге мал баққың келе ме? Шопан болуды қалаймысың? – Иə, – деді Зылиқа. – Бұл жұмыстың қиындығы көп екенін білемісің? – Хайдар айтқан. – Төзе аламысың? –Тырысам. Хайдар да төзіп жүр ғой... –Хайдардың жөні бөлек. Ол қаршадайынан малды ауылда өскен. Үйренген.

Сенің жағдайың басқарақ... – Мен де үйренемін. – М-м...– деді Ақық əжей. «Ықыласы шын ауған екен. Құр қызығу емес», – деп түйді ішінен. Ойланып аз-кем үнсіз отырды. Зылиқаның сөзін теріске санамады, бірақ, мал бағудың жөнін білмей азап көреді ғой деп аяды оны. «Үгіттеген сенсің-ау» – деп , Хайдарға салқын көзбен бір қарап қойды. Ақық əжейдің үн-түнсіз отырып қалғанына Зылиқа да қобалжыды. «Бұл кісі, сірə, пікірімді құп көрмеді-ау», – деп ойлады. Кəрі əже мақұл демесе, оның тілін алмау да қиын; өз талабыңды біреудің əмірімен тұсау да қиын; Зылиқа шын қиналды. Ақық əжей оның толқыған қалпын өңінен таныды да, келіннің көңілін жабырқатқысы келмеді. Зылиқаның өзіне жайлырақ, ауыл ішіндегі бір жұмысқа тұруын ішінен қалап отырса да, бұл ойын айтпады. – Қой бағуды шын қаласаң, қиындығына төзем десең, бұл талабыңа ешкім де қарсы емес. Шопан еңбегі – қадырлы еңбек, тілектеспін, – деді. Бірақ Зылиқа даладағы отар басына кеткен күні түнде кəрі əже үйде тыныш ұйықтай алмады. Зылиқаны ойлай берді. Жатар алдында өзі аспанның бұлт жауып, қараңғы тартып, теріскейден салқындау жел білініп, күн райының бұзылғалы тұрған сыңайын байқап еді. Төсегіне кеп жатып, көзі енді ғана іліне бергенде, терезенің əйнегі сықырлағандай болды да, оянып кетті. Жастығынан басын ақырын ғана көтерді, құлағына уілдеген қатты желдің сарыны естілді. Ақық əжей төсегінен ептеп түрегеліп, терезенің алдына барып, əйнектен сыртқа үңіліп қарады. Көзіне ештеме көрінбеді. Аспан, жер- түгел қап-қараңғы боп тұтасып алыпты. Жел күшейген; ішін тартып гуілдейді. Ақық əжей қатты бір нөсердің дауылдатып келе жатқанын сезді. Жаңбырдың иісі білінеді. Кəрі əженің көңілі қобалжи бастады. Осылай дауылын ұйтқытып кеп, нажағайын шатырлатып, төпелей жөнелген нөсер жаман. Мұндайда мал үркіп ығады, қайыру бермейді. Осы алай-дүлей кезінде малға жəне

дала жыртқышы – бөрінің бүйірден кеп тиісетін ғадеті бар. Міне сонда ие болып көр шошыған малға? Табиғат долысымен алыс, қасқырмен айқас, жеңіліп қалма! Ақық əжей Зылиқаны ойлапалабұртты. «Ыққан малды Хайдармен бірге қайырамын деп, қараңғыда өзі бірдемеге ұрынып қалмаса жарар еді. Су өтіп, суық тиіп ауырып қалады-ау», – деп күдіктенді. Зылиқаны далаға жібергеніне өкінді. Келіні ауылда кеңсе маңындағы бір қызметте істеп жүрсе, дəнеме жоқ еді ғой. Нажағай жалт ете түсті. Аспан қақ айырылғандай шатыр ете қалды. Тасырлап жаңбыр құйып кетті. Ақық əжей терезенің пердесін тартып, əйнекті қараңғылап бүркеңкіреді де, ақырын қозғалып өз орнына кеп қайта жатып еді, енді ұйқысы келмеді. Даладағы Зылиқаның жағдайына көңілі алаңдап, тынышы кете берді... Жаңбыр түні бойы жауды, таң алдында ғана басылды. Ақық əжей тысқа шығып байқады, жердің беті жарқырап көлкіп қапты. «Зылиқамның жайы кетті-ау. Су өтіп, тоңды-ау», – деп ойлады қария. Қақпаның алдында тұрып, біреуді іздегендей жан-жағына қарады. Көзіне ешкім көрінбеген соң, аяғын ақырын басып, қораны жағалап, оңға қарай жүрді. Бірінші, екінші үйден өтіп, қорасының алдында ерттеулі ат байлаулы тұрған үшінші үйдің қақпасына тақау кеп тоқтады да: – Запперма! Үйдемісің? – деп дауыстады. Үстіне қалың плащ киіп, күлəпəрəсін көтеріп алған, орта бойлы, жасы отыздар шамасындағы жігіт қақпадан шыға келіп, Ақық əжейді көргенде таңданып қалды. – Ой, əже-ау, таң атпай неғып жүрсіз? Тыныштық па? – Көңілім қобалжып, түні бойы ұйықтай алмадым. Даладағы мал басындағы балаларымды ойлап... Түнде жел де, жауын да өте қатты болды ғой. – Ой, əже-ай, бекер алаңдайсыз. Хайдар мұндай қоқайдың талайын көрген. Мыңқ етпейді ол. Өзі де, малы да аман екендігіне еш шүбəм жоқ.

– Айтқаның келсін шырағым. Бірақ, кім біледі. Əсіресе Зылиқаға қатты алаң боп, тынышым кетіп тұр. Барып, жағдайларын өз көзіңмен көріп келіп, айтшы маған. Осы еді өтінбегім. – Басқа отарға жүргелі жатыр едім, – деді ферма меңгерушісі. – Басқаны қоя тұр, əуелі кəрі əжеңнің көңілін орнықтыр, – деді Ақық əжей. Ферма меңгерушісі өз жоспарының бұзылатын болғанына ішінен қиналса да, Ақық əжейді сыйлап, оның тілегін орындауға уəде қылды. Хайдардың отары жатқан жер едəуір жырақта болатын. Ешқайда бұрылмай, бөгелмей, тіке барып, тіке қайтқан ферма меңгерушісі ауылға түнделетіп оралды. Ақық əжей оның кешіккеніне қатты алаңдап отырған. Есік алдына тоқтаған салт аттының дыбысы білінгенде, Ақық əжей сенекте жағулы тұрған фонарын қолына алып, сыртқа асығып шықты. Ферма меңгерушісі аттан түсіп жатыр еді. – Балаларым аман ба екен? – деп сұрады қария. – Аман болғанда қандай! – деді ферма меңгерушісі көңілді үнмен. – Зылиқа суық тиіп ауырып қалған жоқ па екен? – О не дегеніңіз! – Түндегі алай-дүлейде мал қасында болып па? – Болғанда қандай! Келініңіз өзіңізге тартқан қайратты кісі көрінеді. Ақық əжей бұл сөзге сүйсініп қалды. «Біздің əулетімізде нəуетек адам жоқ еді. Келінім де көңілімнен шықты. Бағы жансын қарағымның», – деді ішінен. Алыстағы отарға ренжімей барып келген ферма меңгерушісіне ризалығын білдіріп алғыс айтты. Осыдан бір аптадан соң Ақық əжей бригадирден ат-көлік сұрап алып, Хайдар мен Зылиқаға өзі де барып қайтты. Қастарында бірер күн болып, олардың жақсы хал-жағдайын өз көзімен көріп, істеріне сүйсініп келді. Əсіресе келініне өте разы болды. Зылиқа даланың жағдайына, малшының тіршілігіне тез-ақ бейімделіп алыпты. Ақық

əжей оны даладағы жым-жырт өмірге көндіге алмай, шуы, қыбыры мол қаласын сағынып, жадап жүрген шығар деп ойлаған еді. Зылиқаның ондай түрі байқалмады. Қазіргі осы кəсібіне дəн риза секілді. Келінінің көңілді қалпынан, қуанып айтқан сөздерінен кəрі əже сол күйді ғана ұқты. – Бізге мүлде алаңдамаңыз , əже. Көрдіңіз ғлй, жағдайымыз өте жақсы. Сосын жəне Хайдардан мені осал екен деп ойламаңыз, онда өкпелеймін, – деп, Зылиқа Ақық əжейге еркелей қараған. – Жан күнім, қайратыңды таныды əжең. Сонда да бірақ сендерге, алаңдамай отыра алмаймын, – деп еді Ақық əжей. – Əже-ау, біз жас бала емеспіз ғой. Дырдай кісіге «суық тиіп қалды-ау, бірдемеге басын соғады-ау» деп елеңдеп отыруыңыз ерсі емес пе?! – деп Хайдар күлгенде, Ақық əжей жəй ғана езу тартып: – Балам, мұның жайын өзің балалы болғанда білерсің, – деген. Рас екен, кəрі əже айтқан сол сөздің мағынасын Хайдар да, Зылиқа да қазір терең ұққан секілді. Жас бала жылдан-жылға өскен сайын ата- ананың алаңы азаймай, қайта ұлғая беретінін енді өздері де бастарынан кеше бастаған. Бүгін, міне, бозала таңнан қозғалып, қыруар жерден бала үшін асығып, алқынып келіп отыр. Ауылға таңғы сағат алтының шамасында жетерміз деп мөлшерлеп шығып еді, жолда мотоцикл бұзылып, амалсыз бөгеліп Сəлімнің мектепке баратын уақытынан кешігіп келген соң, көңілдері тіпті қобалжыған. «Баламыз ерте тұра алды ма? Киімін жөндеп киді ме? Тамақ ішті ме екен?» – деп екеуі де бірдей қатты алабұртқан. Ақық əжей Хайдар мен Зылиқаның салып ұрып бірден мектепке барған жайынан-ақ олардың бұл күйін түсініп еді. Үйге келген соң да Хайдар мен Зылиқаның сөзі тек өздерінің ұлы туралы болды. Қазір сабақтағы Сəлімнің дəл осы минутта қайтып отырғанын, қаламын қолына қалай ұстап, дəптеріне нендей ирек салғанын көз алдына ойша елестетіп, ананы бір, мынаны бір қуанысып айтысты.

Екеуінің масайраған қалпына Ақық əжей сүйсініп қарап, үнсіз ғана езу тартып отырды. 4 Осындай қуаныш үстінде Ақық əжейдің ылғи айтатын бір сөзі бар еді. – Тірі болса, бүгінгі осы қуанышты олар да көрер еді-ау, – дейді. Көп жыл бұрын қайтыс болған ері Қалиасқар, майданнан оралмаған екі ұлы – Есен мен Бекен, жүрек дертінен көп зардап шегіп дүние салған келіні – мына немересі Хайдардың шешесі Рахима – бəрі есіне түседі. Көңілі біртүрлі толқып кетеді. Көзіне лықсып жас келіп те қалады. Бірақ өзін-өзі жұбатады. Жүрегінде бекінген бір үміт бар. Сол демейді. Осы үміт ең алғаш рет оны сонау бір өткен жылдарда, Ақықтың енді- енді ғана бой жете берген кезінде, басына аса қиын хал туғанда қолынан жетелеп еді. Он жасында ата-анадан айрылып жетім қалған Ақық əкесінің бір жамағайынының қолында болатын. жасының он беске жаңа толған кезі. Бір күні үйге, Ақық бұрын көрмеген, бөтен екі адам келіп түсті. Қонақ болды. Үйдегі үлкендермен оңашада əңгімелесті. Екі бөгде қонақтың, қара сақалды, бадырайған үлкен көзді біреуі, Ақықтың үйден кірген-шыққан кездерінде жас қызға сұқтана қараған еді. Бір ретте оның көзіне түсіп кеткенде Ақық жүрегі дір етіп шошып қалды. Қара сақалды, түксиген қалың қасты жат қонақтың алақан көзі қараңғы үңгірде отырған жапалақтың көзіндей бажырая қызарып зəресін ұшырды. Жас қыз есікті шапшаң ашып, үйден қорқып атып шықты. Бөтен кісілер қашан аттанып кеткенше, үйге қайтып кірген жоқ. Жат қонақтар күнді батырып, ымырт үйіріле аттанды. Жай кетпеді, бұлардың соңынан даланы қап-қараңғы ғып басқан түндей қара түтекті жетім қыздың басына орнатып кетті. Жапалақ сияқтанған бажырақ көз қара сақал Ақықты малға сатып алатын боп кетті. Қатын үстіне тоқалдыққа алмақ.

Қалың малын байлап-матап беріп, үш күннен соң Ақықты əкетуге сөз байлапты. Бұ сұмдықты естігенде Ақық зар илеп жылады. Бірақ қалыңның малына қызығып, ындыны құрыған ағайын жетім қыздың зарына құлақ ілмеді, жібімеді. Ақықты əуелі алдап-сулады. Бұған оның жұбанар түрі болмаған соң, қатал мінез көрсетіп, зекіп ұрсып, қыспақ жасады. Сорлы жетім енді кімге шақсын зар-шерін? Кімі бар пана болар? Ақық тұңғиыққа батып бара жатқандай боп, демі тарылып, жылаудан əлсірей берді... Күн кешкірген уақыт екен. Бір жылы үн естілді құлағына. – Ақық, жылама. Көтерші басыңды... Бүк түсіп, жастыққа бетін басып жылап жатқан Ақық басын ақырын ғана көтерді. Өзінен екі-ақ жас үлкен Қалиасқар дейтін бала кеп тұр қасына. – Сені қара сақалдан құтқаруға келдім, – дейді. Қалай құтқармақ? Мұның кімге əлі жетеді? Бірақ, бұл ой Ақықтың басына келген жоқ. Талықсыған дауыспен: «Құтқаршы! Құтқара көрші!» – деп, үні дірілдеп, Қалиасқарға қолын созды. Қалиасқар шапшаң ұмтылып, оны қолтығынан демеп тұрғызды да: «Бекіт буыныңды. Қорықпа. Аңдып тұрған ешкім жоқ. Бəрін барлап, байқап кіргенмін», – деп сыбырлады. Маңай қараңғы тарта бастаған кешкі алас-қапаста бұлардың үйден шыққанын да, ауылдың дəл іргесіндегі сайға жүгіріп түсіп кеткенін де еш адам байқамады. Қалиасқар бір ерлік іс істеуге бел буыпты. Үйден ерттеп ат мініп шығып, оны сайдың ішіне, қалың талдың арасына байлап кетіпті. Аттың қасына келгенде Ақыққа қайрат беріп: «Енді еш қауіп ойлама.

Бар пəледен мына тұлпармен қашып құтыласың!» – деді. Ақықты атқа мінгізіп, қолына тізгінді ұстатты. – Қалай қарай жүрем? Қайда барам? – деді Ақық оның ойын түсіне алмай. – Қорықпа! Өзім бастаймын. Қалиасқар үзеңгіге аяғын салып, аттың үстіне жеңіл ырғып шықты да, сол қолымен алдындағы Ақықты демей ұстап, оң қолына тізгінді алып, атты ақырын тебінді. Сайдың ішімен жоғары өрлеп қозғалды. Ауылдан он бес шақырымдай қашықта бір орыс поселкесі бар болатын. осында Қалиасқардың шешесінің туған інісі Жаңбырбай дейтін кісі жұмыскер болып істейтін. Сол нағашысы кеше ауылға келіп кеткен екен. Ақыққа жаны ашыр деген ағайыны малға қызығып, зорлық жасағалы отырғанын естігенде, Жаңбырбай жетім қызды аяп, қатты күйзеледі. «Бишараға араша тұрар басқа жекжаты жоқ па екен?» – деп қиналады. «Ешкімі де жоқ. Панасыз жетім қызға қиянат қып отыр тас бауыр ағайыны», – дейді Қалиасқар. «Сіз араша түсіңізші! Зорлыққа жол бермеңізші!» – деп тілек қылады нағашысына. Бұдан кейін екеуі оңаша сөйлеседі, жетім қызды құтқарудың жолын ақылдасады. Қалиасқар Ақыққа осы жайларды айтты да, тізгінді қағып, тебіне түсіп: «Ал енді ердің қасынан ұстап, мықталып отыр», – деп ескертті. Атты қырға екпіндетіп шығарып, сосын өзіне таныс бағытпен күннің шығысына қарай тіке тартты. Поселокке жақындағанда үрген иттердің даусы естілді. Əр жерден жылтырап от көрінді. Қалиасқар ат басын тежеңкіреп, аяңдатып жүргізді. Поселокке бүйір тұсынан кеп кіріп, бір шарбақты үйдің алдына кеп тоқтады. Шарбақ ішінен қараңдаған біреу бұларға қарай қозғалды. – Жиенбісің? – деп дыбыстады.

– Нағашым осы кісі, – деді Қалиасқар Ақыққа ақырын ғана. Аттан секіріп түсті. Қолтығынан демеп, Ақықты да жерге түсірді. Ірі денелі адам аяғын жайлап басып қастарына таянып келгенде, бұрын көрмеген бөтен кісіден Ақық əрі ұялып, əрі жасқанып, төмен қарады. Осы кісінің соңынан еріп үйге кіргенде де именіп енді. Қол-аяғының біртүрлі дірілін сезді. Пеш алдында ұршық иіріп отырған əйел орнынан түрегеліп, бұған қарай жүріп: «Қарағым-ай, қаршадай ғана екенсің ғой», – деп Ақықты мүсіркеп маңдайынан сүйді де, құшағына қысты. Əйелдің мейірімді жүзі жетім қызға дəл өз анасының жүзіндей елестеп кетті. Үні де өз анасының жұп-жұмсақ үніндей боп естілді. Ақық əйелдің бауырына бетін басып, жылап жіберді. – Лағынеттер-ай, баланың көз жасының обалынан қорықсайшы! – леп, əйел жетім қызға қиянаи көрсетушілерге қарғыс айтты. Ақықты алдына алып, жасбалаша тербетіп отырып жұбатты. – Мынау ағаң сені енді ешкімге жəбірлетпейді, қарғам. Бұл ағаңның, қолынан сені ешкім де тартып əкете алмайды, – деді. – Ол иттер осылай қарай аяғын қия басып көрсін, менің нағашым желкелерін үзіп жібереді, – деді Қалиасқар. Жаңбырбай бұ сөзіне езу тартып жымиды. Осы мезетте оған басын ақырын ғана бұрып қараған Ақық та, оның жымиған жүзінен əкелік жылы шырай көріп, көзіне іркілген жасы мөлтілдеп күлімсіреді. Қалиасқар нағашысының үйінен шай ішті де, келген ізімен дереу кейін аттанып кетті. – Сені жоғалтып, ағайының бүлініп жатқан шығар. Мейлі, мұнда екеніңді біреуі де сезбейді, еш қауіп ойлама, – деді Ақыққа. Бірақ, қатты шошыған жас жүрек қайдан тынши алсын. Бұл түні Ақық көз ілмеді. Басына неше түрлі үрейлі ойлар келді. Қатал ағайыны мұның осында екенін біліп қалып, зіркілдеп жетіп келсе, оңдырар ма? Аямайды.

Жетім қызды жүндей түтері анық. Қара сақалдың күйеу боп келетін күні де бүгін жеткен. Бəрі жабылып, даланы шарлап іздеп келе жатқан сияқтанды. Осы озбыр топ мына үйге сау ете түсе ме? Қалиасқардың нағашысы Жаңбырбай аянбай айқасар, бірақ бұл жалғыз, олар көп. Озбырлар жайпап кетеді. Бажырақ көзі қызара алайған қара сақал түксиіп келіп, аю тырнағымен бүреді панасыз, əлсіз жетімді. Бишара қызды шашынан сүйреп сабап, байлап – матап алып, атқа көлденең өңгеріп, қорлық көрсетіп əкетеді... Ақықтың көзіне осы бір сұмдық суреттер елестеді. Ол өзінің бүгінгі еткен əрекетінің ауырлығын енді ойлай бастады. Ағайыны мұны бір жігітпен көңіл қосып, сонымен қашып кетті бейбақ деп жазғырады. Байбаламдап, жер сабалап жатқан болар. Ақықты тауып алса, аямас. Қызымызды азғырды деп, жігітке де өлердей өшігіп отыр. Қолдарына түссе, оны да оңдырмас. Япыр–ай, Қалиасқар үйіне аман–есен жетті ме екен? Түнделетіп беймезгіл жүрген біреу–міреудің көзіне шалынып, сезікті боп қалмады ма? Ақықтың көңіліне күдік кіріп үрейленді. Қолына білеулеп қамшы ұстаған қара сақал көзіне түксиіп елестей берді... Таң білінді. Үйдің іші бозараң тарта бастады. Ақық ояу. Құлағына бір үн шалынды. Алыстан талып естіледі. Біреуді көмекке шақырғандай ма? Қалиасқар болар ма? Ақық елең ете қалды. Тағы шықты дауыс. Анығырақ естілді. Уһ, бөтен екен. Мал қайырған жылқышының даусы болды. Таң əбден ағарып атты. Үйдің түні бойы қорқыныш елестеткен қараңғы бұрыштары ап–анық боп көрінді. Ешқандай қауіпті білдіріп тұрған жоқ. Сыртта далада да жым жырт тыныштық. Жат үн, суық сарын сезілмейді. Таңнан басталатын дағдылы тіршіліктің əуені ғана естіледі. Өріске қосуға сиырын қайырған əйел даусы шығады. Арба сықыры білінеді. Біреулер дауыстап сөйлесті. Ыңғайы, жұмысқа бет алған аламдар. Ақықтың қобалжыған көңілі орныға бастады. Қалиасқардың сөзін есіне алды:

«Сенің мұндам екеніңді ешкім де білмейді. Еш қауіп ойлама», – деп еді ғой. Оның соңындағы сенімді үні қыздың құлағына келе берді. Қалиасқар бұған сол сөзін тағы да қайталап тұрған сияқтанды. – Еш қауіп ойламашы! – дейді. Ақықтың көңіліне сенім кірді. – Жəрайды, жəрайды, еш қауіп ойламауға тырысайын, – деді ол Қалиасқармен ішінен сөйлесіп. – Өзің аман–есен жеттің бе үйіңе? – Жеттім. – Көзге түсіп қалмадың ба? – Тірі жан байқаған жоқ! – Ұйықтап жатырсың ба қазір? – Жоқ, ояумын. Ұйқым келетін емес. – Неге? – Сені ойлап жатырмын... Ақықтың жүрегі біртүрлі лүпілдеп кетті. Бұрын білінбеген, ерекше бір дірілі бар елжіреген лүпіл. Бұл – алғашқы махаббаттың жүректе туған нəзік толқыны еді... Арада екі жыл өтті. Бірін–бірі шын сүйген Қалиасқар мен Ақық екеуі қосылды. Бұлар алғашқы жылы Жаңбырбайдың қолында тұрды. Қалиасқар нағашысы істейтін кəсіпорынға жұмысқа кірді. Келесі жылы ол өзі қолдан кірпіш соғып, Жаңбырбайдың үйі қасынан баспана тұрғызып алды. Сол жылы осы жер үйде Қалиасқар мен Ақықтың тұңғышы Есен дүниеге келді. Екі жылдан соң бұлардың екінші перзенті – Бекен туды. Бала – бақыт. Ата– анасының қуанышы өсіп, жас отаудың сəні артып, қызығы көбейе бастаған еді. Кенет бəрін ұйқы-тұйқы қып, құйын соғып кетті. Жас семьяны бірінші дүниежүзілік соғыстың ызғырығы қарыды. 1916 жылы патша үкіметі қазақтан майданның қара жұмысына солдат алуға жарлық қылғанда, сол өмірдің құрығына алдымен іліккендердің бірі – Қалиасқар болды. Оны майдан шебіне, алды–артына қаратпай, аттандырып жіберді.

Сол кеткен сапарынан ол төрт жылдан соң оралды. Үйден аттанғанда үстінде түйе жүн шекпені, басында түлкі малақайы, аяғында ұзын қонышты байпақты етігі бар еді, енді үстінде əскери киім: омыраудағы жапсырма ілгектері, жағасының ұштары шоқтай қызыл сұр шинель, басында төбесі шошақ, Ақық бұрын көрмеген, біртүрлі бөрік. Мұның да маңдайында қызыл белгі бар, – бес тармақты жұлдыз бейнесі. Осы əскери киімді кісі есіктің алдына кеп аттан түсіп жатқанда, Ақық иығына күйентесін асып, құдықтан су əкеле жатқан, аңырып тоқтай қалды. Жолаушының түсі таныс та, киімі бөтен. – Ақық–ау, танымай тұрмысың?! Бұл – менмін! Қалиасқардың даусы ғой! Ақықтың күйентесі иығынан сырғанап кетті. Екі шелегі жерге дүрс етіп құлап,суы жарқ етіп төгілді. Қалиасқар шапаң ұмтылып кеп жарына қолын созғанда, Ақық буыны əлсіреп, ерінің құшағына жығыла берді. – Сағындық қой. Есен сау оралдың ба, асылым. Біржола келдің бе? – дейді үні дірілдеп. – Саумын, еш жерімде қылау жоқ. Біржола келдім, – деп тұр Қалиасқар. Төрт жыл ішінде ол көп нəрсені басынан кешіріпті. Майданның қара жұмысына алынған бұларды соғыстың дəл іргесіне апарып жұмыс істетеді; жер қаздырады, бекініс жасатады. Бірақ қолдарына қару бермейді, сенбейді. Патша өкіметінің ұсақ ұлттарды кемсітетін саясатын олар осы шақта тереңірек түсіне бастайды, бойларын намыс кернейді. Солдаттар арасында патшалық самодержавияға, мағынасыз, үмітсіз соғысқа қарсы өршіген наразылық бұларға да тарайды, саяси саналары оянады. Революцияшыл солдаттар мен матростар қаруларын бұрып самодержавияға қарсы лап қойғанда, солардың сапына кеп қосылады. Сөйтіп, Қалиасқар Қызыл Армияның жасағы қатарында жауынгерлік жол шегеді, революция жорығына қатысады, азамат соғысына араласады. Жау күйреп, елде тыныштық орнаған соң туған жеріне, үйіне, семьясына оралып отыр.

Төрт жыл ішінде ол өмірдің үлкен мектебінен өтіпті. Ойы тереңдеген, арманы ұлғайған. Бұрын оның əңгімесі үй–тіршілік мəселенің шеңберінен аспайтын, өздерінің күн-көріс қарекетінің жағдайын ойласудан əріге ұзамайтын Қалиасқардың ендігі айтып отырған сөзінің əуені жаңа. Ел күйін көп толғанады. Соғыстан, жоқшылықтан азап- қалжыраған халықтың ауыр тұрмысы жанына қатты батады. Бірақ өзінде жігер, сенім мол. Болашақтың Ақық Қалиасқардың сөзінен оның жан дүниесінің осы сырын ұқты. Өзіне көмескі ойлар көп жайлар Қалиасқардың əңгімесінен кейін айқындала берді. Ескі қоғам күйретіліп, жаңа қоғам орнаған ендігі шақта өмірдің сипаты, дамудың беталысы қалай болатынын аңғарды. Жас бала секілденіп, ерінен əр нəрсені бір қызығып сұрай да берді. Жарының бұл мінезіне Қалиасқар қуанып отырды. – Жаның жаңалыққа құмар–ау! – деп сүйсінді. – Тілегенім – жақсы күн. Тек соған жетелей берші! – деді Ақық. – Бұл – маған ғана емес, саған да қойылар міндет. Қызыл жауынгердің жарына жетекте жүру жараспайды, – деп күлді Қалиасқар. – Мен кімге жөн көрсете алам, өзім көп нəрсеге түсінбеймін. Тым құрыса, хат танысам екен. Қараңғымын ғой, – деді Ақық. – Мұны жеңеміз. Қазақ елінің түбіне жеткен қалың сор – осы қараңғылық, сауатсыздық. Ендігі ғұмырымда сол кеселге қарсы күресіп өтемін. Жəне де бұл күресті ең алдымен өз отымның басында, өз ошағымның қасында бастаймын, – деді Қалиасқар. Оның бұл сөзінің мəнісіне Ақық еркін түсіне алмай, оған таңырқағандай пішінмен қарап еді. – Өзім білетін оқуымды, осы бүгіннен бастап, үйретемін саған. Хат тануың керек. Ендігі жерде сауатсыз боп отыру келіспейді, – деп түсіндірді Қалиасқар. Ақық кейін балаларына, немересіне өзінің жазу–сызуды қалай үйренгенін қызықты əңгіме ғып айтып отыратын. О кезде қағаздың тапшы уақыты, дəптер табылмайды. Қалиасқар бір жалпақ тақтайдың бетін сүргілеп жалтыратады да, соны алдарына жайып қойып, ақ қағаз


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook