26 жылда қалыптасқан 26 қағида Данияр Жігітбек Алматы, 2017
Кіріспе Өмірімнің 26-жылы аяқталып келе жатыр. Аз да емес, көп те емес. Шүкір. Жеткеніміз бар, жетпегеніміз бар. Өкінетін тұстар да, қуанатын сәттер де болды. Қанша ғұмырым қалғаны бір Аллаға аян. Қамшының сабындай қысқа өмірді өнегелі істермен өрнектеп, артымда өшпес іс қалдырып кеткім келеді. Алла нәсіп етсе, 09.05.2017 толық 26 жасқа толады екенбіз. Соған дейін бір жағынан өз-өзіме есеп беруім болсын, бір жағынан біреуге пайдасы тиіп қалар деген ниетпен жер басып жүрген 26 жылымда өзім қалыптастырған 26 қағиданы жазып шықсам деп тұрмын. 13.04.2017 Алматы 1
1-қағида Жеңісің үшін де, жеңілісің үшін де өзің жауаптысың. Ешқашан шағымданба.
Жеңісің үшін де, жеңілісің үшін де өзің жауаптысың. Ешқашан шағымданба. Менің тұлға боп қалыптасуымда анам берген тәрбиенің рөлі зор болды. Бала кезімде төбелесіп, таяқ жеп, шағымданып, көшеден жылап келгенімде, анам менің сөзімді сөйлемейтін, мен үшін барып есемді қайтармайтын. Керісінше, \"бар өзің шеш\" дейтін. Бірнәрсе істей алмай, жылай бастасам, \"өзің істе, өзің үйрен\" деп айтатын. Кейін түсіндім, ұл баланы тәрбиелегенде осындай \"қаталдық\" таныту керек екен. Себебі, ер адамның псиxологиясы дұрыс жетілуі үшін ол белгілі бір деңгейде қиындықпен күресіп, түрлі проблемаларды шешіп, жауапкершілік жүгін арқалап үйренуі керек. Содан бері жеңілсем немесе белгілі бір жетістікке жете алмасам, оған тек өзімді жауапты сезінетін болдым. Бір мысал есіме түсіп отыр. Қазір еске алсам, күлкім келеді. ҰБТ-да \"Алтын белгі\" алуыма 1-ақ балл жетпеген еді. Шешуші сұрақ күмәнді болды. Бірақ оған бола күйінбедім, ешкімді кінәламадым. Себебі, одан да жақсырақ дайындалуым керек еді дедім. Кінәні басқа біреуге арту - өмірің үшін жауапкершілікті соған беріп қою деген сөз. Бізде өзінің жолы болмағанын мемлекеттен, мектебінен, белгілі бір адамдардан көретіндер, сол үшін шағымданатындар көп. Ол дұрыс емес дер едім. Өз өмірің үшін өзің жауаптысың. 3
2-қағида Әр жаңа істің ең қиын жері - басы. Сол кезде сабыр сақтай білсең, ар жағы жеңіл болады.
Әр жаңа істің ең қиын жері - басы. Сол кезде сабыр сақтай білсең, ар жағы жеңіл болады. Жаңа іске кірісерде немесе жаңа орынға ауысқанда белгілі бір қорқыныштың, дискомфорттың болатыны рас. \"Қолымнан келе ме, жоқ па?\", \"Мүмкін бұнымен айналыспағаным дұрыс шығар?\" дегендей ойлар кері тарта бастайды. Сол іске кірісіп кеткен күнде де жаңа жағдайларға үйрену үшін кішкене сабыр керек. Қиналуыңыз мүмкін. Бірақ ол уақытша. Сол сыннан өтсеңіз, ар жағы оңай болады. Университетке түскен жылы оқудан қиналдым. Үлгермедім. Ұйқым азайды. Түсінбеген материалды бірнеше рет оқыдым. \"Мүмкін басқа нәрсемен айналысармын?\" деген ойлар қылаң берді. Осы режимде біраз жүрдім. Бірақ кейін мойнымнан бір ауыр жүк түскендей болды. Материалдар оңай меңгеріліп, оқу қызық әрі оңай бола бастады. Оқу үлгерімім өте жақсы болды дей алам. Жұмысқа тұрғанда да көп қолайсыздықтарға тап болдым. Тәжірибенің жоқтығынан шығар, үйреніп кету оңайға соқпады. Бұрын істемеген істерді жасауға тура келді. Шыны керек, оған аса қуанбадым. Ол кезде де \"Мүмкін жұмыс орнымды ауыстырармын?\" деп ойлай бастадым. Бірақ сабыр сақтап, жұмысымды жалғастыра бердім. Кейін ол жұмысым өзіме ұнай бастады. Жетістіктер де пайда болды. Ісімнің нәтижесін көріп, қуандым. Бұл енді есіме түскен өмірімдегі қарапайым мысалдар. \"Сабыр - алғашқы соққы тигенде\" деп Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ айтқандай, әр істің бастапқы кезі қиын болуы мүмкін, оған бола еңсеңізді түсірмеңіз, сәл сабыр сақтап, алға жүруіңізді тоқтатпасаңыз, ар жағы оңай боп кетеді. 5
3-қағида Адамдар сенің жаныңда өзін (1) маңызды және (2) қауіпсіз сезінсін. Сонда олардың жүрегіне жол табасың.
Адамдар сенің жаныңда өзін (1) маңызды және (2) қауіпсіз сезінсін. Сонда олардың жүрегіне жол табасың. Әр адамның негізгі 2 эмоционалдық қажеттілігі болады: (1) әр адам өзгелердің оны бағалағанын, маңызды тұлға санағанын қалайды; (2) әркім өз ары мен намысын ешкімге таптатқысы, ұятқа қалғысы келмейді, яғни өзін қауіпсіз сезінгісі келеді. Бір ойшылдың сөзі бар еді: \"Адамгершіліктің шыңы - біреуді ұятқа қалудан құтқару\" деген. Біреу сені сынап-мінейтінін немесе келеке ететінін білсең, ондай адамның жанында болғың келмейді ғой. Адамдағы осы негізгі 2 эмоционалдық қажеттілікті өтеу үшін \"3 алтын ережені\" сақтасаң, жеткілікті. Олар: (1) адамның ісін, талпынысын бағалайтыныңды білдіру, орайы келсе, алғыс айту. Болмашы істің өзіне \"рақмет\" айтуды әдетке айналдырсаң, ол өзгелерге кәдімгідей әсер етеді. Келесі жолы саған одан да үлкен құлшыныспен көмектескісі кеп тұрады. Нақты қандай ісі үшін алғыс білдіріп жатқаныңды айтсаң, эффект одан да мықты болады. (2) сыпайылық таныту. Сыпайылықтың \"өзге адам үшін кішігірім қолайсыздықтарға көну\" деген анықтамасы бар еді. Мәселен, есікті ашу, кезекте сәл ығысып тұру, тб. Сыпайылық таныта білсең, көп келеңсіздіктің алдын алуға болады әрі адамдарға жылулық сезімін сыйлайсың. (3) құрметтеу. Өзгені құрметтеудің бір көрінісі: ол сөйлеп жатқанда, сөзін бөлмей, телефонды шұқылап кетпей, жүзіне қарап, мұқият тыңдау. Аса қиын іс емес. Бірақ көп адамның бұған шыдамы жетпей ме, әйтеуір, бұл ереже көп жағдайда бұзылып жатады. Негізі өзгелер іштей \"Мынау қашан әңгімесін бітіреді екен?\" деп ойлай бастағанша, сөзіңді тәмамдап үлгеру керек. Адамдарды бағалап, сыпайылық танытып және құрметтесең, олар өзін маңызды әрі қауіпсіз сезінеді. Сәйкесінше, арада жақсы байланыс, достық атмосфера орнайды. 7
4-қағида Шүкірлік қылсаң, Алла арттырып береді. Күпірлік қылсаң, одан да жаманын көресің.
Шүкірлік қылсаң, Алла арттырып береді. Күпірлік қылсаң, одан да жаманын көресің. Шүкірлік қылу - барды байлау, жоқты қармау. Шүкірлік қылу жай ғана \"шүкір\" деп қана қоймай, жан-тәніңмен сол нығметтерді Берушіге алғысыңды білдіру деген сөз. Өмірде байқағаным: қолда бар мүмкіндіктерге, жалпы өміріңе риза болсаң, алдыңнан одан да үлкен сыйлықтар шығады, ал разы болмасаң, жағдай одан сайын күрделене түседі екен. Аллаға алғысыңды жаудырсаң, Ол \"сен әлі нағыз кереметтің не екенін білмейсің, мінекей көр\" деп нығметтерін одан сайын арттырып беретіндей. Керісінше, наразылық танытсаң, Ол \"сен нағыз проблеманың не екенін білмейсің, мінекей көр\" деп одан да үлкен қиындықтарды жіберетіндей. Өзімді шүкірлікке үйрету үшін бір кезде \"шүкірлік күнделігін\" жүргізген едім. Күн сайын нақты не үшін шүкірлік ететінімді жазып отырдым. Күніге 10 шүкірліктен жаздым, қайталамауға тырыстым. Бастапқы кезде \"осы мен нақты не үшін шүкірлік етем?\" деп, күнделігімді толтыруда қиналғаным рас. Біз \"шүкір, шүкір\" деп айтқанмен, көп нығметтерді байқай бермейді екенбіз. Адам нақты не үшін алғыс білдіретінін білсе, ерекше сезімге бөленеді екен. Сөйтіп күннен-күнге шүкірлік ететін нәрселер оңай табыла бастады, айналамдағы бұрын байқамаған кереметтерді көре бастадым. Бұл күнделікті 6 айдай жүргіздім, 1800-дей шүкірлік жазып тастаппын. Пайдасы көп болды бұл жаттығудың. Ми құрылымы да өзгереді ғой дейм. Өмірді түрлі-түсті бояуларда көре бастадым. Шын шүкірліктің дәмін сезгендей болдым. Достарым үшін шүкірлік еттім: айналамдағы ізгі жандардың қатары артты, білімім үшін шүкірлік еттім: таным көкжиегім кеңейе түсті, денсаулығым үшін шүкірлік еттім: аурудың не екенін ұмыттым, айта берсе мысалдар көп. Психологтардың, \"қорқыныш пен уайымды шүкіршілдік кетіреді\" деген сөзі рас екен. Яғни, шүкіршілік етсең, сенімділігің арта түседі, қиындықтың өзін өсу мүмкіндігі ретінде көресің. Қысқасы, өмірің күн сайын жақсара берсін десең, шүкірлік етуді тоқтатпа. 9
5-қағида Істемейтін болсаң, уәде берме, уәде бердің бе, істе!
Істемейтін болсаң, уәде берме, уәде бердің бе, істе! Шамасы 5-6 сыныпта оқып жүрген кезім. Бір ұстазымыз бізді сыныпта қалдырып, шығып бара жатып \"Шуламай отырыңдар, жарай ма? Уәде бересіңдер ғой? Уәде - Құдайдың сөзі\" деп айтатын еді. Сонда біз, әйтеуір, тәртіпті боп отыратынбыз. Сол сөздер санамда әлі де жаңғырып тұр. \"Уәде - Құдайдың сөзі\". Кейін осы сөздің мағынасын Құрандағы \"Алла уәдесін бұзбайды\" деген сөздерді оқығанда тереңірек түсіндім. Келісілген уақытта келу, алған затын уақытында қайтару, мойнына алған жауапкершілікті абыроймен атқару - уәдені орындаудың көріністері. Мені қатты ашуландыратыны - біреудің уәдесін бұзуы, сөзінде тұрмауы. Әрине, үзірі болса, кешіріммен қараймын. Дегенмен мойнына алған міндетке немқұрайлы қараса, бей-жай қала алмаймын. Өзім уәде берген болсам, міндетті түрде орындаймын. Ал орындай алмайтын болсам, уәде бермеймін. Кейде бір кісілер өтініш жасап жатады. Сол кезде көңілін қалдырмау үшін \"Уәде бермей-ақ қояйын, орайы келсе, өтінішіңізді орындайын\" деп құтылам. Себебі уәденің салмағы өте ауыр. Бір рет уәдені бұзу екі адам арасындағы байланысты мәңгілікке үзуі ғажап емес, біреудің ақысы желініп, көңілінде сыз қалуы мүмкін. Ал уәдеңде тұрсаң, сенімге ие боласың, елдің құрметіне бөленесің. Мен берген уәдесінде тұрудың керемет үлгісін әкемнен көріп өстім. Кішкентай кезімізде \"ойыншық әперем\", \"қыдыртам\" деп уәде берсе, соны істегенше жаны тыныштық таппайтын. Бала сезімтал болады ғой. Оған сөз бердің бе, міндетті түрде орында, әйтпесе ақ парақтай көңіліне кірбің түседі. Бала тәрбиесінде осыған ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Бір байқағаным, бүлдіршіндердің алдында уәдеңді орындасаң және олардың да уәдесін алып, оны орындауын талап етсең, олар көнеді екен. Мысалы, \"Кәмпит сатып әперем деп уәде бердім ғой, міне, мен сөзімде тұрдым, ал енді сен де ойыншықтарыңды жина, уәде бердің емес пе\" десе, ол бала тіліңді алады. Сөз соңында, уәдені орындаудың қаншалықты маңызды екенін көрсететін Пайғамбарымыз Мұxаммедтің ﷺөмірінен бір үзік келтіре кетсем. Пайғамбарымыз бір кісімен бір жерде белгілі бір уақытта кездесуге уағдаласады. Бірақ әлгі кісі кездесу жайлы ұмытып кетеді. 3 күннен соң есіне түсіп, келісілген жерге келсе, Пайғамбарымыз сол жерде әлі тұр екен. \"Сонша күттірдің ғой\" депті әлгі кісіге. Болмашы істің өзін істеуге уәде бердіңіз бе, онда, сөзіңізде тұруға тырысыңыз. Уәденің үлкен-кішісі болмайды. Себебі \"Уәде - Құдайдың сөзі\". 11
6-қағида Қорқатын нәрсеңді істеуге тырыс. Қорқынышыңа қарсы жүрген сайын ол азаяды.
Қорқатын нәрсеңді істеуге тырыс. Қорқынышыңа қарсы жүрген сайын ол азаяды. Ең алғаш мектеп саxнасына шығып, өлең оқығаным есімде. 7- сыныпта оқып жүрген кезім. \"Мұқағали оқулары\" болатын. Ақиық ақынның бір өлеңін мәнерлеп оқып беруім керек болды. Бұрын- соңды жұрттың алдында өнер көрсетіп көрмеген менің сол кездегі қорқынышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жалпы \"адамдағы ең үлкен қорқыныштардың бірі - елдің алдына шығып сөйлеуден қорқу\" деп жатады ғой. Алақаным терлеп, жанымды қоярға жер таппадым. \"Неге қатысам деп келісім бердім екен? Тыныш жүре бергенім жақсы еді ғой\" деп өзімді жазғыра бастадым. Сөйтіп қорқып тұрғанда менің кезегім келді. Шықтым. Оқыдым. Даусым дірілдеп, әйтеуір, айтып шықтым. Бірақ мойнымнан бір жүк түскендей, жеңілдеп қалдым. Аса қорқатындай да нәрсе емес екен ғой. Ең бастысы қорқынышыма қарсы алғашқы қадамымды жасадым. Одан кейін де саxнаға шығып жүрдім, бір кезде мектеп театрында да өнер көрсеттім. Шыңғысxанның рөлін сомдап бір қалалық конкурсқа да қатысыппын. Ол кезде тек бір жеңіл қобалжу болатын. Бірақ баяғыдай қорықтым дей алмаймын. Елдің алдында сөйлеу қорқынышын жеңгендей болдым. Өмірде басқа да қорқыныштарым болған. Бәрін ақырын-ақырын жеңіп келем. Түсінгенім, қорқыныш - иллюзия! Біз қорқатын нәрселердің 80-90% ешқашан орындалмайды деп айтсам, қателеспейтін шығармын. Керісінше, қорқатын нәрсеңді істеген сайын, қорқынышың сейіле береді. Сенімділігің артады. Бұрынғыдан да мықты бола түсесің. Қорқыныш барлық адамның бойында бар. Жүрегінің түгі бар батыл адамдар да тура сіз сияқты қорқады. Бірақ олар қорықса да, оны дұрыс қабылдап, қорқынышына қарсы жүруімен ерекшеленеді. Өскің келсе, өзгергің келсе, өзіңнің шын мүмкіндіктеріңді білгің келсе, қорқатын нәрсеңді істе! 13
7-қағида Жақындарыңды тірі күнінде бағала, сезіміңді білдір. Кейін кеш болып қалуы мүмкін.
Жақындарыңды тірі күнінде бағала, сезіміңді білдір. Кейін кеш болып қалуы мүмкін. Қарбалас тірліктің қамымен жүріп, жақындарымыздың қадірін білмей жатамыз. Өз проблемаларымызға басымызбен кіріп кеткеніміз сонша, ата-анамыздың қал-жағдайын сұрауды ұмытып кетеміз. Сыртта өзгелерге көрсеткен ілтипатымызды, сыпайылығымызды үйге келгенде жақындарымызға көрсете алмаймыз. Соңғы рет \"анашым, әкешім, мен сіздерді жақсы көремін, берген тәрбиелеріңізге мың алғыс!\" деп қашан себепсіз айттық екен? Соңғы рет жақындарымызды қашан себепсіз құшақтап, сүйдік екен? Иә, біздің менталитетте бұлай ашылып сезім білдіру жоқ десе де болады. Эмоциямызды көрсетуге қиналамыз. Бір түрлі ыңғайсызданамыз. Бұндай көріністі тек кинодан ғана көруге болатын сияқты. Бірақ жақындарымызға бұндай сөздер, көңіл бөлуіміз қалай әсер ететінін білсек қой..Ерекше жылы сезім сыйлайды. Жүректерін жібітеді. Өз басым ата-анаммен ашылып сөйлесе алам дей алмаймын. Арада бір барьер бар сияқты. Бірақ сонда да ол кісілер жанымда жүрген кезде алғысымды айтып, сезімімді білдіруге тырысам. Бастапқы кезде \"сіздерге берген тәрбие, қамқорлықтарыңыз үшін үлкен рақмет! Мен сіздерді жақсы көрем!\" деп айтуға қиналатынмын. Айтсам да, жасанды естілетіндей еді. Бірақ бұл іс әдетке айналған соң, жүрекжарды сөздерім шынайы шығатын болды. Арада ерекше сүйіспеншілік орнағандай. Үйден шығарда соңғы рет көріп тұрғанымдай, сүйіп, құшақтауға тырысам. Себебі, жақындарымнан айырылып, \"неге тірі күнінде қадірін қадірін білмедім?\" деп өкінгім келмейді. Олармен өткізген әр күнімнің бағасын білсем деймін. Ажал айтып келмейді. Бәріміздің бір күні өмірден өтетініміз ақиқат. Жалған дүниенің дүрмегіне бой алдырмай, жақындарымызды тірі кезінде бағалайықшы, жақсы көретінімізді жиі айтып тұрайықшы. 15
8-қағида Өз-өзіңді өзгертпесең, өміріңде ештеңе өзгермейді.
Өз-өзіңді өзгертпесең, өміріңде ештеңе өзгермейді. Осыдан 5-6 жыл бұрын ұзақ созылған бір ауруға душар болдым. 1 жылдай қиналған шығармын. Ас қорыту жүйесінің ауруы. Өт асқазанға түсіп, одан әрі өңешті қабындыра бастаған екен. Кішігірім ота да жасаттым. Дәрігер бір дәрілер жазып берді. Көмектеспеді. Ораза айы келе жатқан болатын. \"Ендігәрі мүлдем ораза ұстауға болмайды\" деп ауыз бекітуден тыйып тастады. Көңілім түсіп, өмірімнің соңына дейін ораза нығметінен мақұрым қалдым ба деп салым суға кетті. Алладан \"шипа бере гөр\" деп дұға жасап, сұрай бердім. Бірақ ауруым кетпеді. Құр сұрай бермей, әрекет ету керектігін түсіндім. Құрандағы \"Бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла олардың жағдайларын өзгертпейді\" деген сөздер есіме түсті. Содан ауруымның себебін зерттей бастадым. Негізі кез келген аурудың сыртын емдей бермей, ауруды тудырушы себепті анықтап, соны жойса, ауру да кететінін түсіндім. Сөйтіп асқазан мен өңештің арасындағы ішкі бұлшықеттердің әлсіреуінен асқазандағы өт жоғары көтеріліп жатқанын білдім. Негізі асқазандағы қысым жоғарырақ. Сол үшін ұстап тұратын бір меxанизм болмаса, асқазандағы сұйықтық өңешке қарай көтеріледі екен. Газдалған сусындар, қызанақ, мойенез сияқты өнімдер, стресс, спортпен шұғылданбау әлгі ішкі бұлшықеттердің әлсіреуіне әкеп соғады екен. Содан біраз тағамнан бас тартуға тура келді. Күн сайын таңертең жүгіріп, жаттыға бастадым. Ішкі бұлшықеттерді қатайтатын жаттығулар жасадым. Бір жылдай осы режимде жүрдім. Сенесіздер ме, келесі Рамазанға дейін ауруымның ізі де қалмады ғой. Содан бері міне жыл сайын ауыз бекітіп келемін. Ауру мазаламайды. Дұғамның дәл осындай формада қабыл болғанына ризамын. Кейде Алла сұрағанымызды біз күткендей көріністе бермей жатса, еңсеміз түседі. Бірақ зер салып қараса, Алла бізге сұрағанымызға жеткізетін себептерді беріп қояды екен. Сол себептерді көре білсек, сәйкесінше әрекет етсек, өзімізді өзгертсек, дегенімізге міндетті түрде жетеміз. Өзіңді өзгертпесең, өміріңде ештеңе өзгермейді. 17
9-қағида Қолыңда бармен бөліскен сайын байи түсесің.
Қолыңда бармен бөліскен сайын байи түсесің. Мектеп кезінде парталасымның суретін салып бергенде, сол сурет өзім үшін салғанымнан әдемірек шығатын. Сыныптастарымның түсінбегенін түсіндіріп, көмектескенімде, өзім сол тақырыпты жақсырақ меңгере түсетінмін. Біреуге алтын уақытыңды бөлу - оған жасаған ең үлкен жақсылығың дер едім. Өзгелермен біліміммен, тәжірибеммен бөліскен сайын ерекше байи түскендей сезінетінмін. Жалпы біреуге пайдалы болу адамға ерекше бақыт сезімін сыйлайды екен. Өмірдің мәні өз қарныңды тойдырып, барынша ләззаттанып қалу емес, керісінше, басқалардың қамы үшін өмір сүру деп түсінем. Яғни, шынайы бақыт алуда емес, беруде. Мен бір жігітті білем. Студент кезінен бастап ай сайын тапқан табысының 10%-ын тұрақты түрде қайырымдылыққа жұмсап келеді. Стипендиясы 18 000 тг болса, соның 1800 тг-ін садақа қылатын. Кейін жұмысқа тұрды. Табысы артты. Сонда да әдетінен танбады. Сол жігіттің ақшадан қиналғанын көрмедім, керісінше, табысы жылдан- жылға арта берді. Құранда да Жаратушымыз қайырымдылыққа мал- мүлкімізді жұмсасақ, табысымызды арттыра беретінін уәде еткен ғой. Пайғамбарымыз ﷺда \"Алламен ант етемін, садақа бергеннен мал-мүлік азаймайды\" деп айтқан еді. Яғни, қазір 100 000 тг-ні садақа етсеңіз, келесі жылы есепшотыңызда кемінде 100 000 тг болады деген сөз ғой бұл. Болашақта ол жігіттің ризығы молайып, қайырымдылыққа одан да көп ақша жұмсауын тілеймін. Бұл өмірден көрген мысалым. Қолыңызда бармен бөлісуге тырысыңыз. Бөліскен сайын байи түсесіз. Өмірдің мәні беруде! 19
10-қағида Кітап көп оқы. Алған білімді іс жүзінде қолдан. \"Артық білім кітапта\".
Кітап көп оқы. Алған білімді іс жүзінде қолдан. \"Артық білім кітапта\". Мектеп кезінде Дэйл Карнегидің бір кітабы қолыма түсті. Ішінде \"Как завоевать друзей?\", \"Как понравиться людям?\" деген тақырыптар болатын. Қызығып кеттім. Оқи бастадым. Ең ұнаған кеңестердің бірі мынадай еді: \" Адамның ең сүйікті сөзі - есімі. Сөйлесу барысында адамның есімін көбірек қолдануға тырысыңыз, сонда ол адамның сүйіспеншілігіне бөленесіз\". Дереу осы кеңесті өмірде қолданып көргім келді. Қазір еске алсам, күлкім келеді.Достарымның есімін жиі айта бастадым. Реакцияларын аңдып тұрдым. Әсері қалай болады екен деп. Әйтеуір, оң әсері болған сияқты. Айтайын дегенім, кітап оқып болған соң, алған білімді бірден жүзеге асыруға тырысу керек екен. Қазір кітап көп оқитын сияқтымын. Бірақ амал етуім аздау. Жалпы кітап оқу керемет нәрсе ғой. Жетістікке жеткен адамдардың өміріне қарасаңыз, барлығының кітап көп оқығанын байқайсыз. Мен бұл өмірде Абаймен, әл-Ғазалимен, Лев Толстоймен, Наполеон Хиллмен кездеспейтінім анық. Бірақ ол кісілердің еңбектерін оқып, олармен сұxбаттасқандай, ақыл-кеңестерін тыңдағандай боламын. Біреулер 60 жыл өмір сүріп әлі түсінбеген ақиқаттарды кітап оқып ұғып ала аласыз. \"Артық білім кітапта\" (Абай). Өзгелерден озық болудың, өмірді жеңілдетудің, білімді арттыра түсудің жалғыз жолы - кітап оқу, оқығанды өмірде қолдану. 21
11-қағида Шын ниетпен жасалған істің ғұмыры ұзақ болады.
Шын ниетпен жасалған істің ғұмыры ұзақ болады. 5-6 сыныпта оқып жүрген кезім. Мектебімізге бір студент апай келіп, арапша сауат ашу (тәжуид) курсын өткізді. Курсқа 2-3-ақ бала қатыстық. Әр сабақ қызықты өтетін. Арапша әріптермен танысып, тәжуид ережелерін меңгеріп, Құранды түпнұсқадан өзіміз оқи алатын деңгейге жеттік. Ол кісі діни сауатымызды да ашты. Пайғамбарымыз ﷺ, мұсылманның парыздары жайлы айтып беретін. Ол кезде дін қазіргідей кең тарамаған еді. Апайымыз xиджапта болатын. Ол уақытта шариғат шәлісін кигендерді онша көре бермейтін едік қой. Қазір еске алып, ол кісінің табандылығына, ниетінің шынайылығына таңқалып отырмын. 2-3 балаға бола апта сайын мектепке келіп, тегін сабақ беретін. Әрқайсымызға \"Мұғалим сәни\" деген тәжуид кітапша әперіп, сол бойынша үйреткен еді. Сол кітапша менің үйімде әлі тұр. Мыжылған, ескірген, әрине. Тура сол кітапшамен, әдемірек жаңа нұсқалары шықса да, қателеспесем, 4-5 адамға тәжуид үйреткен шығармын. Не деген берекелі кітапша десеңізші! Пайдасы әлі де тиіп жатыр. Бұл апайымның ықыласының мықтылығын, ниетінің тазалығын көрсетіп тұр деп ойлаймын. Иә, Алла разылығы үшін еш қайтарым күтпей шын ниетпен жасалған істің ғұмыры да ұзақ, сауабы да жалғасып тұрады деген рас екен. Ұстазымның есімі де есте қалыпты. \"Әдемі\". Қазір ол кісі қайда екенін білмеймін. Бірақ алғысымды білдіргім келеді. Әдемі апай, Алла разы болсын! Құранмен алғаш достастырған өзіңізсіз. Біздің Құран оқып алған әрбір сауабымыз сізге де жазылсын. Өлмейтін іс қалдырғыңыз келсе, әуелі ниетіңізді жөндеңіз. Шынайы ниетпен жасалған істің ғұмыры ұзақ болады. 23
12-қағида Мықты болғың келсе, ұнатқан нәрсеңмен айналыс, ал айналысатын нәрсеңді ұнатқың келсе, мықты бол.
Мықты болғың келсе, ұнатқан нәрсеңмен айналыс, ал айналысатын нәрсеңді ұнатқың келсе, мықты бол. 7-8 сыныпта \"Геометрия\", \"Алгебра\", \"Физика\", \"Химия\" сынды жаңа пәндерді оқи бастадық. Көпшілік ұната бермейтін, түсінуге қиын пәндер ғой. Гуманитарлық пәндерге бейімділігім басымырақ болатын. Содан болар, жаратылыстану пәндеріне қызығушылығым қатты болды дей алмаймын. Жетістіктерім де анау айтқандай болмады. Бір күні бір кісі \"Сен барлық пәннен үздіксің, бірақ геометрия, алгебра сияқты пәндерде, мойындау керек, \"5\"-ке тартпайсың\" деп намысыма тиді. Мендегі перфекционизм оянып, бұл \"олқылықтың\" орнын толтырып, олай емес екенін дәлелдегім келді. Сөйтіп, бүкіл аксиома-теоремаларды дәлелдерімен жаттай бастадым. \"Сканави\"-дің (есептер жинағы) есептерін шығаруға кірістім. Бір мұғаліміміз \"Сканави\"-дің \"В\" (ең қиын) деңгейіндегі есептерін шығара алсаң, математиканы ФизМаттың деңгейінде меңгердім дей берсең болады\" деп айтқан еді. Не де болса, шығаруым керек деп мақсат қойдым. Біраз тер төгудің нәтижесінде планометрия, стереометрия, тригонометрияға деген маxаббатым оянып, жалпы теxникалық ғылымдарды сүйе бастадым. Жетістіктер де көп күттірмеді. \"Сканави\"-дің \"В\" деңгейінің есептерін шығаруға жарап қалдық. Жалпы, түсінгенім, бір іспен айналысып, соны мықты меңгерсең, ол істі жақсы көре бастайды екенсің. Бұған универ кезінде, жұмысқа тұрғанда талай көзім жетті. Басында ұнатпаған ісіңді барынша жақсы жасауға, шебер болуға тырыссаң, еңбегіңнің нәтижесін көргенде, сол іс қызық бола бастайды. Бірақ мойындау керек, сол қолмен қанша әдемі жазып үйренсең де, оң қолмен жазғандай болмайды екен. Сол үшін ұнататын ісіңіз болса, соны дамытуға, мықты меңгеруге тырысыңыз дер едім. Қалай болған күнде де, ұнату-ұнатпау - көңіл-күй мәселесі. Жұмысыңыз бірде ұнауы, бірде ұнамауы мүмкін. Бастысы - еңбек, қолға алған істі барынша көркем түрде орындауға тырысу. 25
13-қағида Үнемдеуді үйрен: ақшадан қиналмайсың.
Үнемдеуді үйрен: ақшадан қиналмайсың. Ата-анам кішкентай кезімнен үнемшіл болуға баулыды. \"Жарықты өшіріп жүр\", \"суды ашық қалдырып кетпе\", \"тамағыңды тауыс, үйде ит жоқ\" деп ысырап жасаумауға үйретті. Өздері де үнемшілдіктің керемет үлгісін көрсетті. Әлі күнге дейін газға тағы от жағу керек болса, қолданылған сіріңкені алып, жанып тұрған отқа тұтатады. Киімді бір киіп, тастай салу деген бізде атымен жоқ. Бала кезде менен қалған киімді марқұм інім киетін. Одан қалса, ауылға жіберетінбіз. Олар қаладан келген киімге мәз болысатын. \"Бізге жыртық киімдеріңді жібергендерің сияқты, біз де сендерге тістелген құрттарымызды жібереміз\" демеген ауылдағы кең көңіл туысқандарыма алғысым көп. Ата-анам - қарапайым жұмысшылар. Жоғарғы білімдері де жоқ. Анам - медбике, әкем - құрылысшы. Сөйте тұра, тапқан-таянғандарын той-томалақ, туысқандарға көмек, біздің оқуымыз, тамағымыз, киіміміз - бәріне жеткізетін. Бұл үнемшілдіктің бір көрінісі дер едім. Жалпы, осы жерде мына нәрсені ажыратып алу керек сияқты: қажет кезінде ақша жұмсай білу - жомарттық, қажет кезде ақша жұмсамай қалу - сараңдық, қажет емес кезде ақша жұмсау - ысырапшылдық, қажет емес кезде ақша жұмсамау - үнемшілдік. 3-4 ай бұрын өзімнің қаржылық жағдайымды реттеу үшін кіріс- шығысымның есебін жүргізе бастадым. Қарапайым Google Sheets Excel бағдарламасында кесте құрдым. Кіріс және шығыс бағандарын жасап қойдым. Ақша түскенде немесе жұмсағанда сол кестемді толтырып отырдым. Әр айдың соңында анализ жасап, қорытындысын шығарамын: қайда қанша жұмсадым, келесі айда қанша үнемдеуім керек, қай шығындарым орынсыз болды, тб. Жақсы көмектеседі екен. Кейде ойланбай бір затты сатып алғым келсе, дереу есіме кестем түседі де, өзімді тыя қоям. Жалпы ақша үнемдеу не үшін қажет? (1) қарызға батудан өзіңді сақтандырасың, (2) үнемделген ақшаңды білімге, жеке дамуыңа инвестиция ретінде құя аласың (тренингтер, кітаптар), (3) шетелге саяхатқа шығу үшін ақша жинайсың, (4) өзіңнен артылғанды қайырымдылыққа жұмсайсың, тб. Үнемдеуді үйренуіміз керек. \"Теңге тиыннан құралады\", \"Тамшыдан тама-тама дария болар\" дейді ғой. Әр нәрсеге үнеммен қарай білсек, байи түсеміз, қолда барды көбейтеміз, қауіпсіз болашағымыздың, қаржылық тәуелсіздігіміздің негізін қалаймыз. 27
14-қағида Көңіліңде сыз қалдырған жандарды кешіре біл.
Көңіліңде сыз қалдырған жандарды кешіре біл. \"Кешірдім\" деп айту оңай, бірақ іштегі өкпе-наланы өшіріп тастау қиын. Жүрегің сыздаған сол бір сәттер еске түскен сайын, бұрынғы ренішің қайта оянғандай болады. Әркімге аша бермейтін ішкі әлеміңнің есігін ашып, жүрегіңнің төрінен орын бересің, бірақ ол түкіріп кетеді. Сен оған бәрін беруге дайын боласың, бірақ ол сезіміңді, сеніміңді аяқасты етеді. Сондай кезде кешіріп көрші. Шын кешіріп көрші. Қиын. Ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде болған соң, мен де бірде осындай күй кештім. Бір адам кәдімгідей көңілімді қалдырды. Негізі проблемаларым жайлы айтқанды ұнатпаймын. Әлсіздігімді де білдіргім келмейді. Сыртқа шығармағанмен, ішім қыз-қыз қайнады. \"Қайырлысы, кешірдім. Өмір жалғасуда\" деп өзімді жұбатқанмен, көпке дейін осы бір эмоцияның жетегінде жүрдім. Біреу жайлы жаман ойда болудың өзіме еш пайда бермейтінін, керісінше, эмоционалдық энергиямды соратынын білдім. Сөйтіп, көңілімде сыз қалдырған сол бір жанға xат жаздым. Өлең түрінде. Оны жоғары бағалайтынымды білдірдім, шын жүректен бар жақсылықты тіледім. Сенесіздер ме, осы xатты жазып жібергенім сол еді, ұзақ уақыт бойы еркін тыныстауыма мүмкіндік бермеген бір жүк мойнымнан түскендей болды. Ерекше бір жеңілдікті сезіндім. Бар өкпе-нала сол xатта еріп кеткендей. Түсінгенім, оңай болмаса да, біреуді кешіру мүмкін екен және жүрегімізді таза ұстау үшін өкпе-реніш дегендерден барынша арылуымыз керек. 29
15-қағида Қарапайым бол.
Қарапайым бол. Қарапайымдылық - адамда болатын ең ұлы да әдемі қасиеттердің бірі дер едім. Қарапайымдылық - өзіңді \"мен осындай кереметпін\" деп көрсетуге тырыспауың, өз орныңды білуің, қандай адам болмасын, сұрағына құрметпен жауап беруің, өзіңді жоғары санамауың. Жалпы, бір байқағаным, адам неғұрлым мықты болған сайын соғұрлым қарапайым болады екен. Жемісі көп ағаштың иіліп тұратыны сияқты. Ел алдында жүрген ағаларымызға тірідей болсын, желіде болсын, \"жауап бермейді-ау\" деп сұрақ қоюға, әңгіме бастауға именетініміз рас. Бірақ, көзімнің жеткені, олардың мықты болуы қарапайымдылығынан сияқты. Жазғаныңа жауап қайтарғанда, жауап қайтарғанда да өзімен тең көріп тіл қатқанда, бір жағынан таңқаласың, бір жағынан риза боласың. Талай рет елге белгілі азаматтармен сұxбаттас болдым. Қарапайым адамның жанында өзіңді жеңіл шынайы сезінеді екенсің. Бір ресмилік, жасандылық жоқ. Лев Толстой \"Мықты адамның бәрі қарапайым\" деп айтқан еді. Ұлылық қарапайымдылықта. Ұлы әдеби шығармалар, ұлы өнер туындылары - бәрі қарапайым. Қарапайым айфонның дизайнына қарасаңыз да, артық ештеңесі жоқ, ықшам, түсінікті. Бірақ сол қарапайым дүниені жасау үшін талай тер төгілді, ми қайнады, күш салынды. Сұлулық та қарапайымдылықта. Ұлы мүсінші Микеланджелодан бірде бір кісі сұрайды: \"Осы сіздің туындыларыңыз шетінен әдемі, бұның сыры неде?\" - деп. Сонда оның айтқаны: \"Бұның сыры мынада. Оңай. Өңделмеген тасты алып, қашай бастаймын. Артық жерлерін алып тастаймын. Алып-қосар ештеңесі қалмағанша осылай істеймін. Нәтижесінде, өздеріңіз тәнті боп жүрген мүсіндер пайда болады\". Артық сөзі жоқ, артық ісі жоқ адам қандай әдемі! Қарапайымдылық жайлы қарапайым жазбамды аяқтайын. \"Қарапайым бол\" деген қарапайым қағиданы ұстанып жүрсек, жаман болмаспыз. 31
16-қағида Мемлекетте/қоғамда/әлемде бір өзгерістің болуын қаласаң, сол өзгерісті өзіңнен баста.
Мемлекетте/қоғамда/әлемде бір өзгерістің болуын қаласаң, сол өзгерісті өзіңнен баста. Мен жүргізуші куәлігін алу үшін 7 рет емтиxан тапсырған адаммын. \"Сатып ала салмадың ба?\", \"Өзіңді қинап жүрген сен де бір қызық екенсің\" дейтін шығарсыз. Бірақ мен пара беру/алу, \"бармақ басты, көз қысты\" сияқты тірліктерге түбегейлі қарсымын. Себебі жемқорлықтың, парақорлықтың мемлекетіміздің түбіне жететінін, дамуымызды тежейтінін білемін және оның кең таралуын қаламаймын. Иә, жол ережесін бірнеше рет бұздым. Бірақ пара бермедім, айыппұлын төледім. Бакалавриатқа, магистратуға таныссыз, ешкімге ақша ұстатпай түстім. Жұмысқа да аға-көкем орналастырмады. Мен өзім қалаған өзгерісті өзімнен бастадым. \"Сол саған ғана қарап қалып па? Жүйе сондай! Қазір онсыз ештеңе шешілмейді. Оқуға түсу үшін де, жұмысқа тұру үшін де, бір жерге қағазыңды өткізу үшін де ақша ұстатуың керек, танысың болуы керек\" деген нәрселер жұрттың санасына сіңіп кеткені сондай, қазір басқаша ойласаң, әрекет етсең, күлкіге қаласың. Сөйте тұра \"аналар жеп жатыр, мыналар жеп жатыр\" деп жоғарыда отырғандарды сөгеміз. Олар да біздің арамыздан шықты ғой, аспаннан салбырап түспеді. Біз өзіміз қандай болсақ, солай басқарыламыз. Қоғамдағы өзгеріс әрқайсымыздан басталады. Жол полиция қызметкерлерін жек көргенше, оларға пара бермеңіз, ол үшін жол ережесін сақтаңыз, қалаңыз жайнап тұрсын десеңіз, көшеде ешкімге байқатпай қоқыс қалдықтарын тастап кететін әдетіңізді қойыңыз, жақын қоқыс жәшігіне жеткенше, ұстап тұрыңыз, қазақ тілінің мәртебесі өскенін қаласаңыз, өзіңіз тек қазақша сөйлесіңіз. Ас бөлмесінде отырып алып, басқаларды кінәлап, сөге бергеннен еш пайда таппайсыз. Оданша өзіңіз қалаған өзгерістің басы болыңыз. Сізден үлгі алып, басқа да жандар принциптеріне берік бола бастайды. Осылайша қоғам да түзеледі. 33
17-қағида Шешім қабылдарда өзгелермен ақылдас.
Шешім қабылдарда өзгелермен ақылдас. Қазақтың \"келісіп пішкен тон келте болмас\" деген сөзі ұнайды. Дәл айтылған сөз. Белгілі бір шешім қабылдарда өзгелердің пікірін білу, кеңесіне жүгіну маңызды. Өз басым жаңа іске қадам басарда, бір жоба бастар кезде достарыммен, жақындарыммен ақылдасып алам. Тіпті жаңа жазба немесе өлең жазғанда да, алдымен \"сыншыларыма\" оқытып, ой-пікірін білем. Көп ісімнің сәтті болуының бірден-бір себебі осы да шығар деп ойлаймын. Кеңесетін адамыңыздың міндетті түрде ақсақал немесе көпті көрген адам болуы шарт емес. Өзім кейде бір мәселе жөнінде кішкентай балалардың да ойын сұраймын. Ойлары өзінше қызық. Бүлдіршіндердің де айтары бар. Адамның өмірін 180 градусқа өзгертіп жіберуге бір-ақ сөз жетеді. Ал ол сөзді Алла сіз күтпеген жерден біреудің аузына салып қоюы мүмкін. Сол үшін өзгелердің сөзіне құлақ аса білу керек. Жалпы байқағаным, адамдар өзгелерге ақыл айтқанды, жөн сілтегенді ұнатады екен. Мүмкін олар сол сәтте өздерін маңызды, біреуге қажетті сезінетін шығар. Осындай керемет күй сыйлағыныңыз үшін олар да кеңестерін аямайды. Біреу кеңес сұрап келсе, маған да ұнайды. Барынша білгеніммен бөлісем. Не дерімді білмесем немесе жауабым дайын болмаса, \"Өзің қалай ойлайсың?\" дей салам. Сөйтіп ол адам өз ойын айтып, өз-өзіне кеңес бергендей болады. Қысқасы, ешкімнің көңілі қалмайды. Ісіңіз берекелі болсын десеңіз, ең дұрыс шешімді тапқыңыз келсе, өзгелермен ақылдасыңыз: қателеспейсіз! 35
18-қағида Мықты болғың келсе, мықтылардың арасында жүр.
Мықты болғың келсе, мықтылардың арасында жүр. Кез келген салада тез өсудің бірден-бір жолы - сол саладағы мықтылармен араласу, солардың арасында жүру. Мен оқыған универде (IT) өз ісін керемет меңгерген мықты жігіттер көп болды. Соларға жақын болуға тырыстым. Біразымен достасып та үлгердім. Қандай кітап оқып жүргенін, немен айналысып жатқанын, бос уақытында қандай іспен шұғылданатынын сұрап, үлгі алып, кейбір әдеттерін бойыма сіңіріп, қатарларынан қалмауға тырысатынмын. Айналамдағылар мықты болған соң, соларға қарап бой түзеп, өзім де тез жетіле бастадым. Иман жолында алғашқы қадамдарымды жасап жүргенде де қоршаған ортам иманымды әлсіретіп алмай, қуаттап жүруіме септігін тигізді. Әдепті, тәртіпті, көзі ашық, көкірегі ояу намазxан достарым аз болмады. Сұxбаттарына қатысып, оларға қарап өз минустарымды жөндеп, жақсы әдеттерін өз бойымнан көргім келді. Жалпы, \"иманым әлсіреп кетті, не істесем болады?\" дейтіндерге \"иманды, тақуа жандардың арасында көбірек болуға тырысыңыз\" дер едім. Жұмысқа орналасқанымда, бізге бір ірі жобаны жүзеге асыру жүктелді. Компаниямызға миллиондаған долларлар әкелетін телекоммуникациялық жоба. Маған артылған жауапкершілік үлкен еді. Универді енді бітірген кезім. Теорияны мықты білгенім болмаса, тәжірибем жоқтың қасы болатын. Соған қарамастан маған сондай үлкен істі сеніп тапсырғанына әлі де таңқаламын. Ресейлік инженерлермен бірге жұмыс істейтін болдық. Олар енді эксперттер, сөз жоқ. Өз ісінің майталмандары. Олармен бірге өткізген 1.5-2 айдың ішінде кәсіби деңгейім едәуір өсті. Көп нәрсе үйрендім. 3-4 жылда жинайтын тәжірибе, білім-білікті осы қысқа уақыттың ішінде алдым десем де болады. Мықты болғыңыз келсе, өзіңізді мықтылармен қоршаңыз. Аз уақытта солардың қатарына қосыласыз. 37
19-қағида Ашуға бой алдырма: көп проблемадан құтыласың.
Ашуға бой алдырма: көп проблемадан құтыласың. Ашуымды алғаш жеңген кезім, қателеспесем, 8-сыныпта оқып жүргенде болды. Сол кезде эмоцияларыммен жұмыс істей бастаған ем. Өтпелі кезең ғой. Күнделік жүргізетінмін. Күні бойы жиналған ой-сезімдерімді кешке қағаз бетіне түсіріп отырдым. Бір күні бір сыныптасым бүкіл сыныптың көзінше балағаттады, абыройымды айрандай еткісі келді. Қыз бала болатын. Жұдырықтаса да алмайсың. Ішім қыз-қыз қайнап, ашуымды жұтып қоюға тырыстым. Өзім табиғатымнан дау-жанжалдан бойымды аулақ ұстайтын адаммын ғой. Үндемедім. Қарап тұрсам, сол ситуациядан кейін менің абыройым көтерілмесе, төмендемеді. \"Кімде-кім ашуын шығармай, тежей алса, Алла оған 'ғизза' (ұлықтық, абырой, мәртебе) береді\" деген сөз рас екен. Кейін ол жағдай ұмытылып, әлгі кісімен сәлеміміз түзу болды. Сол кезде эмоциямды шығарып, ол адамды \"орнына қоюға\" тырысқанымда жағдай қалай болар еді? Не де болса, бұл мен үшін эмоционалдық тренажер болды. Сабырым артты. Ең әуелі өзіме эмоцияны басқару мүмкін екенін және ол үшін белгілі бір деңгейде күш салу керек екенін дәлелдедім. Одан кейін де ашуландыратын жағдайлар болып тұрды. Бірақ салқынқандылық сақтап жүрдім. Бұдан жаман болдым дей алмаймын. Дұшпаным жоқ. Болмады да. Болмай-ақ та қойсын. Пайғамбарымыз \" ﷺмықты адам біреуді күресте жеңген адам емес, өзінің ашуын тежей алған адам\" деп айтқан. Ашу - табиғи нәрсе. Біреу тез ашуланады, біреудің ашуы жай келеді. Біздің қолымыздан келетіні - соны тежей білу, дұрыс арнаға бұру. Ашуды дұрыс басқара білсе, намыс түрінде көрініс табады, шектен шықса, қатыгездікке ұласып кетуі мүмкін. Көп проблеманың алдын алғыңыз келсе, ашуға бой алдырмаңыз. 39
20-қағида Сүйікті ісіңмен айналысуға уақыт тап.
Сүйікті ісіңмен айналысуға уақыт тап. Уақыт өте келе адамның қызығушылықтары да өзгеріп отырады екен. Бала кезде бір іспен шұғылдану ұнаса, есейгенде басқа бір іс сүйікті ісіңе айналады. Менде де солай болған. Кішкентай кезімде сурет салу өнеріне бейімділігім болыпты. Есімде, \"Черепашки ниндзя\" мултьфилміндегі кейіпкерлерді көп салатын едім. Соған еліктеп, қазақша нұсқасын жасап көргім келді. Жаңа кейіпкерлер, жаңа есімдер ойлап тауып, үлкен А 3 қағазға салдым. Әттең, сол еңбегімді таппай қалдым. 10-11 жасымда өлең шығаруға деген қызығушылығым оянды. Поэзияға қызыққаным сонша, күнде кешке сабақтарымды оқып болған соң, түнгі 12-1-ге дейін көздің майын тауысып өлең жазатынмын. Ақындардың өлеңдерін зерттеп, көп оқитынмын. Жазғандарым өзіме ұнамайтын. 14 жасымда алғашқы \"жинағым\" шықты. Word-пен жазып, 20-30 А4 бетті басып шығарып, степлермен қыстырып қойдым. Үйде тұр әлі. 15 жасымда гитараға қызыға бастадым. Даусы ерекше шығатын. Сүйемелдеп ән айтуға талап қылдым. \"Сағыныш сазы сен едің\" деп дыңғырлатып бастадық қой. Аккордтары оңай еді. Сол үшін осы әннен бастадым. Қазір есіме алсам, күлкім келеді. Әйтеуір, тарта берсең, ән айта берсең, бір нәтиже шығады екен. Қазір гитарамен достығымыз үзілді. Дегенмен үйрену барысында қалыптасқан музыкалық талғам, нотаны, ырғақты сезіну қабілеттері жоғалмады. Бұдан бөлек футболға деген маxаббатым да ерекше еді. Бір сөзбен айтқанда, футболмен \"ауырдым\". Есімде, 2012 жылы Корея мен Жапонияда өткен ӘЧ-ның бүкіл матчтарының есептерін жатқа білетінмін. Криштиану Роналдоның финттарын қайталайтынмын. Ең үлкен жетістігім футболдан мектеп құрамасына енгенім болар. Бертін келе қызығушылықтар аясы кеңейе түсті. Кітап оқу, жүзу, бокс, псиxология, араб, неміс тілдерін үйрену, Құранды қырағатпен оқу уақыт бөліп, сүйіп айналысқан істерім болды. Қарап тұрсам, біраз нәрсеге қызығыппын ғой. Әр адамның сүйікті ісі болуы керек және ол сол іспен шұғылдануға уақыт таба білуі керек деп ойлаймын. Себебі бұл оның өмірін қызықты етіп, әрдайым ізденісте болуға итермелейді. 41
21-қағида Білімге, жеке дамуға жұмсалған ақша көп есе боп қайтады.
Білімге, жеке дамуға жұмсалған ақша көп есе боп қайтады. 10-сыныпта ағылшын тілі курсына жазылдым. Мақсатым 1-2 жылда тілді еркін меңгеріп, универдің алғашқы курсында \"Болашақ\" бағдарламасымен шетелге оқуға кету болатын (Ол кезде бакалавриат студенттері де қатыса алатын еді). Курс бағасы айына 8000 тг болды. Ата- анам оқысын деп ақшасын аямады. Тура 1 жыл 1 ай 1 күн ішінде үзіліссіз қатысып жүріп Advanced деңгейінде курсты тәмамдадым. Сонда ағылшын тілін жеткілікті деңгейде меңгеруім үшін барлығы 104 000 тг жұмсалыпты. Жұмсалған ақша, уақыт, күш өзін ақтады. Тіпті көп есе боп қайтты: кейін өзім түскен IT университетте оқу ағылшын тілінде болды, әлемнің соңғы озық білімін алуға есік ашылды, жұмысқа тұрарда артықшылық берді, сәйкесінше, жоғары жалақыны сұрай алдым, заманауи әдебиетті оқып түсінуге мүмкіндік туды, т.б. Басқа бір мысал. Негізі университетте жалпы білім береді ғой. Ал нақты бір салада маманданғың келсе, өзің іздену керексің. Мен де солай істедім. 3- курста оқып жүргенде, Cisco CCNP сертификатын алуға талап қылдым. Бұл - компьютерлік желілер саласындағы ең беделді сертификаттардың бірегейі, мысалы, бізде CCNP алған адамның айлығына 150-200 мың тг қосылатын. Сөйтіп бір жылдың ішінде 1200 беттей теxникалық әдебиетті оқып, лабораториялық жұмыстарын жасап, 50 сағат видео қарап, 3 модульді өтіп, әр модуль бойынша емтиxан тапсырып (әрқайсысына $200 жарна төлеу керек), осы сертификатқа қол жеткіздім. Қазір саралап отырсам, жұмсалған энергия, уақыт, ақша - бәрі өзін-өзі ақтады. Сертификат алуға кеткен $600 жұмысқа тұрған алғашқы жылымның өзінде-ақ шамамен 20 есе көп ақша боп қайтты. Білімге, жеке дамуға салынған инвестиция - ең керемет инвестиция. Жұмыссыз жүрсеңіз немесе өзіңіз оқыған сала ұнамаса я болмаса жалақысы аз болса, нарықтағы сұранысқа ие, өзіңіздің көңіліңізден шығатын бір мамандық бойынша ақылы болса да, курс өтіп, кітаптар сатып алып, өз-өзіңізге инвестиция жасасаңыз, аз уақытта одан да көп табысқа қол жеткізесіз. Бір жігіт жайлы естідім, өзі IT саласы бойынша жоғарғы білім алған, бірақ оған дизайн-интерьер саласы көбірек ұнайтын. Сөйтіп аз-маз жинағанын арнайы курсқа қатысып, сол саланы меңгеру үшін жұмсады. Жарты жылдай оқыды ғой дейм. Сұранысқа ие сала ғой. Тапсырыстар алып, табысын еселеді. Айтайын дегенім, табыс әкелетін белгілі бір саланы меңгеру үшін 4 жыл универде оқу міндетті емес, оданша аз уақытта тек қажетті білім, машықтарға үйрететін кәсіби курсқа ақылы болса да қатысып, өзіңіздің бәсекелестік қабілетіңізді арттыра аласыз. Білімге, жеке дамуға жұмсалған ақша ешқашан текке кетпейді, керісінше пайда әкеледі. 43
22-қағида Өлімді еске алып тұр: жүрегің жұмсарады, ойың реттеледі, мақсатың айқындалады.
Өлімді еске алып тұр: жүрегің жұмсарады, ойың реттеледі, мақсатың айқындалады. Әр іске жауапкершілікпен қарауға тырысып, өмірде кейбір жағдайлар шиеленісіп кеткенде, маған байланысты емес сыртқы факторлар үшін уайымдап, \"арты қалай болар екен\" деп қам жеп, жатсам да, тұрсам да түйіні шешілмеген сол проблеманы ойлап, жанымды қоярға жер таппайтын сәттер боп тұрады. Ондай кезде жүрегімді тыныштандыратын нәрсе - өлімді еске алу. Егер ертең өмірден өтетін болсам, әлгі жанымды жегідей жеген дүниелердің ешқайсысының мәні болмай қалады ғой. \"Данияр, оған бола алаңдап не қыласың? Бәрібір ертеңгі күнге дейін жету- жетпеуің күмәнді. Сол үшін дәл қазір қолыңнан келгенді істей бер, ал ертең не боларын көре жатарсың\" деп өзімді жұбатам. Өлімді еске алу ойды да реттейді. \"Егер менің бір ай өмірім қалса, дәл қазір айналысып жүрген ісімді жалғастыра берер ме едім?\" деп өзіңізге сұрақ қойып, шынайы жауап беріп көріңізші. Адамның жүрегінің түбінде жатқан шынайы арман-мақсаттары өлімді еске алғанда, алдыңғы кезекке шығады екен. Маңызды деп ойлап жүрген нәрсең мәнсіз боп қалады. Өлімнің жақындағанын сезінген адам тәубе етіп, өткен қателік-күнәларын түзетуге асығады, өзі өмірден өтсе де, пайдасы өзгелерге тие беретін ізгі істерді жасап қалуға барын салады, жақындарын соңғы рет көріп тұрғандай, қадірін тереңірек түсінеді. Өлімді еске алудың бір жолы - өмірден өткен жақындарыңды, достарыңды еске алу. Кеше ғана ойнап-күліп жаныңда жүрген еді. Ал қазір олар жоқ. Қара жердің қойнында жатыр. Сені де бір күні басқалар \"марқұм\" деп еске алатын болады. Мен 2014 жылдың соңында жалғыз бауырымнан айырылдым. Жасы 20-да еді. Жан тапсырар сәтінде қасында болдым. Ажал жасқа қарамайды ғой. Жан тапсыру оңай емес екенін өз көзіммен көрдім. Әлі көз алдымда. Сол сәттер есіме түсіп кетсе, жүрегім шымырлап кетеді, жинақы бола бастаймын, өлім жайлы ойлар селк еткізіп, оятқандай болады. Кейде өзімнің жан тапсырар сәтім қандай болар екен деп те ойлап қоям. \"Қалай өмір сүрсең, солай өлесің\" дейді ғой. Адамның жағдайы соңғы сәтіне қарай бағаланады. Күнә жасап жатқанымда фәниге аттанып кетпесем екен. Адамның ең үлкен алданышы - \"әлі өмірім алда\" деген сенімі. Сол үшін маңызды деген істерді кейінге қалдырып, өзінің руxани аxуалына, Құдаймен байланысына немқұрайлы қарайды. Өлімнен қорықпау керек, бірақ өмірім мәнсіз өтіп кете ме деп қорқу керек. Жүрегім жұмсарсын, ойларым ретке келсін, мақсатым айқындалсын десеңіз, өлімді еске алып тұрыңыз. 45
23-қағида Өзіңді, киіміңді таза ұста.
Өзіңді, киіміңді таза ұста. Анамыз кішкентай кезімізден тазалыққа баулыды. Іш киіміміздің өзін күнде жуып, үтіктеп қоятын. Мұрнымыздан су ағып жүрмейтін. Тырнақ, шаш уақытында алынатын, құлақ тазаланатын. Жатақxанада кішкентай бөлмеде тұратынбыз. Соны күн сайын ерінбей жуатын. 7 жасымнан бастап маған жуғыза бастады. Қысқасы, бала кезде көрген тәрбиенің жемісі - әлі де өзімді, киімімді таза ұстауға тырысам. Жаңбыр жауып тұрғанда балағымды былғамай жүре алам деп мақтанып қояйыншы. Кейде душқа жиі түсе бастасам, үйдегілерден \"суды ысырап етпесеңші\" деген сөз естіп жатам. Ондай кезде \"жапондар күніге душқа 2 рет түседі екен, ал немістер күн сайын күн тәртібінің 25 минутын жуынуға арнайды екен\" деген қарсы аргументтерімді айтам. Намаз оқып жүргеніме 7 жылдың жүзі боп қапты. Қазір дәрет- ғұсылсыз өмірімді елестете алмаймын. Тіпті дәрет алу намаздың парызы болмаса да, өзім үшін дәрет алуды тоқтатпайтын едім. Бір әзіл бар еді: мұсылманның аяғы өзгенің бетінен тазарақ, себебі ол күніге 5 рет дәрет алғанда аяғын жуады. \"Тазалық - діннің жартысы\". Әжетxана әдебінен бастап елді басқаруға дейінгі бүкіл мәселені қамтып, реттеп қойған Исламдай жүйе бар ма екен?! Тазалық тақырыбын қозғағанда, ерекше тоқталып өткім келетін мәселе - ауыз қуысының тазалығы. Күніге екі рет болмаса да, кешке ұйқыға жатарда міндетті түрде тісті, тілді тазалау керек. Ауыздан жағымсыз иіс шығып тұрса немесе тістері сарғайып тұрса, жақсы әсер қалдырмасы анық. Өз басым ауыз қуысының тазалығын сақтауда мисуактан асқан нәрсе көрмедім. Қолданып көріңіз: әсерін бірден байқайсыз. Сырты таза адам ішін де таза ұстауға тырысады. Тазалық - денсаулық кепілі. Сондықтан жеке гигиенаны сақтап, үстіңізді, киіміңізді таза ұстап жүруге тырысыңыз. 47
24-қағида Жоспар құрып жүр: уақытты үнемдейсің, өмірің реттеледі.
Жоспар құрып жүр: уақытты үнемдейсің, өмірің реттеледі. Осыдан екі жыл бұрын магистрлік практиканы өту үшін Германияға жолым түсті. Ол жақта бірде профессорымызбен немістер мен қазақтардың айырмашылықтары жайлы әңгімелестік. Немістер бәрін алдын-ала жоспарлап жүреді екен. Мысалы, сабақ кестесі жарты жыл-бір жыл бұрын әзірленіп қояды және өзгермейді. Бәрі жоспарға сай жүзеге асады. Өте тәртіпті ұлт қой. Профессорымызды қатты таңғалдырған нәрсе қазақтардың \"Сол жерде шешеміз\", \"Барғанда көреміз\" дейтіні екен. Ондайды немістер мүлде түсінбейді. Олар жоспар құрмаса немесе жоспарсыз іске кіріссе, абдырап қалатын көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, мен немістер сияқтымын. Жоспарсыз жүрсем, өзімді жайсыз сезінем. Жалпы ғылыми дәлелденген мынадай ереже бар: жоспар құруға жұмсалған әр минут оны жүзеге асыру кезінде 10 минутыңызды үнемдейді екен, яғни, өнімділігіңіз 1000%-ға артады деген сөз. Жалпы жоспармен жүру дағдым студенттік шақта қалыптасты. Арнайы блокнотым болатын. Күн сайын бітіруім керек істерді тізіп жазып қоятынмын. Орындалғанын сызып тастап отырдым. Ерекше сезім сыйлайтын еді бұл. Қазір күндік, апталық, жылдық жоспарларымды интеллект карта (mind map) арқылы құрамын. Өте тиімді құрал. Жоспар құрудың бір пайдалы жері - уақытыңды алдын ала пайдалы істермен толтырып тастайсың. Нақты не істейтініңді білесің, уақытты үнемдейсің. Әйтпесе, немен шұғылданатыныңды білмесең, уақытты бос нәрселерге жұмсайсың. Біреу \"кеттік\" десе, ере бересің. Күн соңында \"тағы бір күнім бос өтті\" деп бармағыңды шайнайсың. Бұл нәрсе күнде қайталанады. Сөйтіп өмірің де өтеді де кетеді. Уақыт - шектеулі ресурс. Оны тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы - жоспар құрып жүру. Жоспармен жүріңіз: өнімділігіңізді еселеп арттырасыз, өміріңіз мағыналы болады. 49
Search