тұтас көрінді, - қараса былғары жазу кітапшасы сияқты. Лужин қабағын көтеріп, қолымен олай-бұлай бұлғап оған қарап отырды да, бүйіріндегі тетікті алып, ақырын оны аша бастады. Кітапша емес, жиналмалы шахмат тақтасы боп шықты. Оны Париж клубында сыйға тартқаны Лужиннің есіне бірден түсті, - сол турнирге қатысқандардың бəріне осындай берген, - бір фирманың жарнамасы ретінде ме, немесе клубтың атынан ескерткіш ретінде ме. Тақтаның қапталындағы ойықтарға шахмат фигуралары орналасқан. Өте бір əдемі, мұқият жасалынған, - оймақ-ойықтары бар, көлденеңінен алтынды əріптер, тігінен алтынды цифрлары бар кішкентай ақ-қызыл тақта. Таңданғанынан аузын ашып қалған Лужин, алдымен екінші қатардағы пешкілерге тырнағын тығып, сонан кейін қайта ойланып, аса сақтықпен саусақтарының ұшымен тақтаны Туратимен болған партияның үзілгенге дейінгі жағдайға келтірді. Оны ол жағдайға келтіру лезде - ақ іске асты: оның алақанындағы ашық жатқан кішкентай тақта сондай жеп-жеңіл екен, бір сəтке өте күрделі, өте тартысты шахмат жағдайындағы тартыстан басқаның бəрі көрінбей қалды. Лужин саусағымен самайын ұстап ойға батып кеткені сонша, іші пысқан Митьканың диваннан сырғып түсіп, шам тұрған қара діңгекті тербете бастағанын сезбей қалды. Кенет ол ауытқып кетті де, шам сөніп қалды. Лужин тұттай қараңғыда есін жиды, алғашқыда ол өзінің қайда екенін, айналада не боп жатқанын түсінбей қалды. Көзге көрінбейтін бір тіршілік иесі дəл жанында ыс-пыс етті де, кенет алқызыл абажур жарқырап қоя берді, боп-боз боп кеткен тақыр бас бала тізерлеп отыра қап жөндеп жатыр екен. Лужин селк етіп тақтаны сарт жапты. Кішкентай оның сыңары құйтақандай Лужин кілем үстінде тізерлеп жүр... Мұның бəрі бұрын болған... Бетпе- бет ойында таныс тақырыптың қайталануы қалай болатынын ұға алмай ол əрі-сəрі күйге түсті. Келесі сəтте-ақ таразы басы теңесті: Митька мұрнын тартқылап диванға шықты; алқызыл шамның айналасындағы жеңіл мұнар ішіндегі Лужин кабинеті шайқала теңселіп жүзіп бара жатқандай; қызыл кітапша монтиып кілем үстінде жатыр, - бірақ Лужин мұның бəрі алдау екенін, комбинациясының əлі дами қоймағанын, көп ұзамай қатерлі қайталау болатынын біліп отыр. Ол шұғыл еңкейіп, оның қиял дүниесін соншалық тез жаулап, тез арбап алған ол затты көтеріп алды да қалтасына салып, оны сенімдірек қай жерге тықсам екен деп ойлағанша, əйелі мен қонақ, бейне бір, папирос түтінінің арасымен келе жатқандай бөлмеге кіріп, оған тура беттепті. \"Митька, тұр, кеттік. Иə, иə, біз əлі заттарды реттеуіміз керек\", деп əйел Лужинге келіп, қоштаса бастады. \"Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын, - деді ол, солай де тұра бұрын əлденеше ойша айтылған сөзді есіне түсірді: \"Болбыраған түріңе болайын!\" - өте қуаныштымын. Нағашы əпкеңізге бүгінде үлкен, белгілі шахматшы боп кеткен кішкентай шахматшыны көрдім...\" \"Сіз қайтар жолыңызда қалайда бізге соғыңыз\" - деп Лужина оның сөзін аптыға үзіп, оның жымиған сорғыш сияқты қып-қызыл ерні мен топас көзіне жеккөрінішпен қарады. \"Оған сөз бар ма, Митька, тұр енді, қоштас!\".
Митька бұл бұйрықты енжар орындады да, бəрі ауыз бөлмеге шықты. \"Сіздердің Берлиндеріңізде шығып кету деген бір қиямет\", - деді ол, айна артынан кілт алып жатқан Лужинге қарап. \"Жоқ, бізде лифт бар\" - іле жауап берген Лужина, оның тезірек кетуін тілеп, сусар пальтосын алып бер деп, күйеуіне белгі берді. Лужин киім ілгіштен баласының пальтосын алды... бірақ осы сəтте, құдай жарылқап, қызметші əйел келе қалды. \"Сау болыңыздар, сау болыңыздар\", - деді Лужина оларды қызметші əйел лифтіге мінгізіп жатқанда басын иіп. Лужин əйелінің иығынан асылып, Митьканың лифтіге қалай кіргенін, сонан кейін ағаш есіктің қалай жабылғанын, темір торлы лифтінің төменге батып жоқ болғанын көріп тұрды. Лужина кабинетке жүгіріп барып диванға етпетінен құлады. Ол оның қасына отырды да, əйелі бері қарағанда көріп, көңілі тоғайсын деп, өзінің ішкі дүниесінен əлденелерді тауып ап, оларды қиюластырып желімдеп жымиған күлкі жасауға кірісті. Əйелі бетін бұрды. Күлкісі ойдағыдай шықты. \"Ой, - деді Лужина күрсініп, - əйтеуір құтылдық-ау\", - деп күйеуін құшақтап, оны сүйе бастады, - оң көзін, алқымын, содан кейін сол құлағын, - Лужин бір кезде осылай рет-ретімен сүйгенді жақсы көрген. \"Ал енді серпіл, серпіл, - деп қайталады ол. - Ол əйел кетті ғой, жоқ болды ғой\". \"Жоқ болды\" - деді Лужин мойындағандай боп күрсініп, сонан кейін оның мойнын сипалаған қолын сүйіп алды. \"Сезімталдығын қарашы, - деп сыбырлады əйелі, - қандай сезімталдық...\" Жататын мезгіл болды да, əйелі шешінуге кетіп, ал Лужин қалта шахматты тығатын жер іздеп, үш бөлмені кезіп жүр. Барлық жер қауіпті. Таңертең шаңсорғыштың ұзын өңеші бар жерді тіміскілеп шығады. Зат тығу қандай қиын, - өз орындарында нық тұрған заттар басқа затты маңдарына жолатқысы жоқ, содан да өзге заттар қуғынға салған панасыз затты ешқандай саңлауға қабылдамайды. Сол күні кеште кітапшаны бір жерге тығуға реті келмеді, сонан кейін оны мүлде алынбайтын жерге жасырып қойғысы келді, бірақ ол да оңай болмай шықты да, сол баяғы астар астында қала берді, тек барлық қауіп-қатер кетіп бірнеше ай өткеннен кейін ғана ол былғары кітапша тағы табылды, бірақ ол кезде оның шыққан тегін тұман басып қалған- ды. 14 Үш апта болған Ресейден келген əйел оңдырмай із қалдырып кеткенін Лужина білді. Ол əйелдің айтқандарында өтірік пен топастық жатыр еді, - оны бірақ қалай дəлелдейсің? Ол соңғы жылдары тұтастай өзінің əке-шешесінің лак жағып, алтын жалатып айтқан сөздерін салғырт қабылдап, бір кезде өзі қатысқан жиындарға ден қоймай қуғын-сүргін ілімімен жөндеп айналыспағанына опынып қалды. Оның басына Лужин да миллиондаған ақылды адамдар сияқты азаматтық құқын іздейтін шығар деген ой келді. Ол бір кездегідей тұнжырап отыратын да қоятын болды, одан əлдене жасыратындай, көзін алып
қаша береді. Оның ештеңеге құлқы соқпайды, енді ол өзінің ақылының жетпейтіндігінен Лужиннің əрекетсіз қалған талантына жұмыс, сала, идея тауып бере алмағаны үшін өзін-өзі cөгe бастады. Лужин өмірінің бос өтіп жатқан əр минөті елестер кіріп кететін саңылау екенін білген ол, асығу керек деп шешті. Алыс сұлу елдерге аттанар алдында Лужинді алдарқататын ойын табу керек те, сонан кейін ғана романтикалық миллионерді енжарлықтан емдейтін нақты дəріге, саяхат бальзамына жүгіну керек. Газеттерден бастады. Ол \"Знамя\", \"Россиянина\", \"Зарубежный голос\", \"Объединение\", \"Книг\" газеттерін жаздырып, эмигранттық журналдардың соңғы нөмірлерін, сондай-ақ, салыстыру үшін бірнеше кеңестік журналдар мен газеттерді сатып алды. Түскі тамақтан кейін күн сайын оларды бір-біріне дауыстап оқып беретін боп шешті. Кейбір газеттерде шахмат хабарлары да басылатынын байқап, оларды алғашқыда қайшымен қиып тастағысы келді де, Лужинді ренжітіп алармын деп оларға тиіспеді. Бірер рет қызық ойын қатарында ертеректегі Лужин партиясы да көзге түсіп қалды. Шахматы бар нөмірлерді жасыру мүмкін болмады, өйткені Лужин оларды кейінірек үлкен кітап етіп қоям деп мұқият жинап қоятын. Егер ол газетті ашқан кезде шахмат диаграммасы болса, əйелі оның жүзін аңдып отыратын, ал Лужин соны сезетін де диаграммаларға көз тоқтатпай өте шығатын. Əйелі оның шахмат бөлімі басылатын бейсенбі мен дүйсенбіні тағатсыздана күтіп отыратынын да, жалғыз қалғанда оларды қарайтынын да білмеді. Кезі түскен бойда - ақ ол есепті, фигуралардың орналасуын қағып алатын да, əйелі бас мақаланы оқып отырған кезде оны ойша шығаруға кірісетін. \"Қамтамасыз етілуге тиіс барлық қимыл- əрекет түбірлі өзгерістер мен қосымша күшпен..\" - əйелі бір ырғақпен оқып отырады. \"Орналасуы қызық, - деп ойлады Лужин. - қара ферзі мүлде еркін\". \"...Өмірлік мүдделер арасына нақты шекара кою керек те, сонымен бірге бұл жазаның Ахиллес өкшесін белгілеу артық болмас еді...\" \"Аш-жетінің қаупіне қарсы қараның дəл қорғанысы бар\" -деп Лужин ойлай берген кезде, əйелі кенет оқуын тоқтатып, жаймен ғана \"Түсінбеймін\", деген кезде өп-өтірік жымиып күле қойды. \"Егер осы бағытын, - деп жалғастырды əйелі, -одан əрі қарастыра берсек...\" \"Қандай тамаша, - деп ойша айқайлап жіберді Лужин есептің кілтін тауып, - əдемі құрбандық\". \"... Күйреу алыс емес\", - деп аяқтады мақаланы əйелі, аяқтады да күрсінді. Өйткені, ол неғұрлым беріліп оқыған сайын, соғұрлым жалыға түсті, сөздер мен метафоралардың, болжамдар мен қорытындылардың тұманынан, сөзбен айта алмайтын, нақты ақиқат көрінбей қалды. Арғы жақтағы, кеңестік газеттерді қолға алған кезде жалығуының тіпті шегі болмайтын. Олардан бухгалтерлік көрдей суықтық, кеңселік күпірлік шыға келеді де, ол мақалалар, бірде Лужин екеуін бір қағаздың соңынан бір кеңседен екінші кеңсеге қуалаған бір мекеменің қан-сөлсіз пəкене бойлы шенеунігінің бейнесін еске түсірді. Ол шенеунік сəл нəрсеге тырысып, бүрісіп қалатын, диабеттік нан жейтін, бəлкім, аз жалақы алатын, əйелі бар, баласынын
үстіне теміреткі шыққан жан болу керек. Олардың қолында жоқ, бірақ оны қалай да алып келу керек ол қағазға бəлкім, əлем қарап қалғандай, космостық мəн берді. Егер Лужиндер ол қағазды дер кезінде алмаса, онда мына дүние қараң қалады да, тек кешірім сұрап қана сол бір əлемдік қайғы-қасіретті жеңілдетуге болады. Ол шенеунік қоғамдық орында темекі тартқаны үшін Лужиннің бетінен алып тастады, Лужин шошып кетті, темекі тұқылын қалтасына сала қойды. Терезеден салынып жатқан үйдің құрылысы, жауып тұрған жаңбыр көрінеді, бөлменің мүйісіне қара пиджак ілінген. Олар ештеңе шығара алмастан шығып кетті де, Лужина, бейне бір сұп- сұр соқыр мəңгіліктің өзімен алысып, жеңіліс тапқандай күй кешті. Олар ол қағазды басқа мекемеден оп-оңай ала қойды. Олардың бетін қайтарған сол бір кішкентай шенеунік бұл екеуі ебіл-дебілдері шығып ауасыз бос кеңістікті кезіп кеткен шығар, енді əбден мойынсұнып, ағыл-тегіл боп жылап алдыма қайтып келді деп күтіп отыр-ау деп шошына ойлады. Мəскеу газетін қолына алса-ақ сол шенеуніктің елесті бейнесі көз алдына тұра қалатыны түсініксіз. Əлде, аярлық пен аяушылықтың қасиеті солай ма, бірақ одан ақыл мен ой жеңілер емес, - кенет ол өзі де сезімдердің ресми түзілу формуласын іздеп жүргенін ұқты. Əр түрлі қуғын-сүргін газеттерінде жазылып жүрген тұманды пікірлердің күрделі күресіне ақылы жетер емес, оның əке-шешесі сияқты ойламайтындардың бəрін салғырт тыңдап келген оған, əрқилы пікірлер, күлекеш қыздардың алдында социология туралы əңгіме айтқан ақсақ масқарапаз секілді, оны айран-асыр етті. Сөйтсе, өмірде қамырдан қыл суырғандай пікірлер де, жаулыққа ұласатын келемеж де аз емес екен, - мұның бəрі ақылға ауыр болса да, адам жаны оларды шұғыл ұға қояды: егер азаптағысы келсе, ана жерді де, мына жерді де азаптай алады. Дауыстап оқу кезегі Лужинге келген кезде ол күлкілі тақырыпты фельетонды немесе сезімге тиетін қысқа əңгімені таңдап алатын. Ол біртүрлі тұтығып, кей сөздерді бұза айтып, бірде нүктелерден өтіп, бірде нүктеге жетпей, даусын ретті-ретсіз бірде көтеріп, бірде бəсеңдетіп оқитын. Оны газетпен алдарқату бос əурешілік екенін ол түсінді. Өйткені жаңа ғана оқып шыққан мақала туралы əңгіме қозғай бастаса-ақ ол бірден бəрімен келісе кететін, оны тексерейін деп эмигранттық газеттердің əрі өтірік айтады дей салып еді, Лужин ол пікірді де мақұлдай қойды. Газеттер басқа, адамдар басқа: сол адамдардың өзін тыңдаса ғой. Оның пəтеріне əр түрлі ой иелері жиналды дейік - шешесінің сөзімен айтқанда \"зиялысымақтар\", - олардың жаңа тақырыптар төңірегіндегі айтыс тартыстары мен əңгімелерін тыңдап отырып Лужин мүлде құлпырып кетпесе де, ең болмағанда, уақытша көңілін көтерер еді. Шешесінің таныстарының ішіндегі ең білімдісі, шешесі мысқылдап айтқандай тіпті \"солшылы\" Олег Сергеевич Смирновский еді, - Лужина оған тек \"Знамяны\" ғана емес, \"Объединение\", \"Зарубежный голосты\"
да оқитын қызықты, еркін ойлайтын бірнеше адамдарды біздің үйге алып келіңіз деп өтініш жасап еді, - мен ондай ортада айналысқа түспеймін деп, ондай ортаны балағаттап, сонан кейін өзі айналысқа түсуі тиіс басқа ортада айналысқа түсетінін түсіндірген кезінде Лужинаның басы Ай-парктегі айналмалы шеңберге мінгендей басы айналып бара жатты. Осы бір келеңсіздіктен кейін ол жадының түкпір- түкпірінен кездейсоқ кездескен адамдарды тауып, соларды шақырмақ болды. Ол қолданбалы өнер мектебінде бірге отырған орыс қызын, демократтардың саяси қайраткерінің қызын есіне түсірді; менің көз алдымда бір қарт ақын өлген деп жұрттың бəріне жария етіп жүретін Алферовті де ойына алды; кешқұрым газет таратушы толық əйел бұрышта атын атап айқайлап тұратын орыс газетінің кеңсесінде істейтін қадірсіздеу бір туысы да жадына оралды. Тағы да біреулерді таңдап алды да, олардың көбі əлі Лужин жазушыны ұмытпаған шығар, Лужин шахматшыны білетін болар, сондықтан да олар шын ықыласпен үйге келеді деп ойлады. Лужиннің ол іске ешқандай қатысы болған жоқ. Ол күрделі, айлалы бір ойынмен басы қатып жүрді, - оның ішіне қалай кіріп кеткенін өзі білмейді. Сол қорғансыз, тұнжыраған қалыпта ол шахматтың қайталаулар белгілерін іздестіріп, оның қайда бұрылып бара жатқанын біле алмай дал болатын. Бірақ кілең кірпік қақпай дайын болу, кілең буынып-түйініп тұру мүмкін емес еді: кейде арқасын кеңге сап газетте жарияланған партияға бүкіл болмысымен беріліп кетеді де, кенет оның өмірінде қатерлі комбинацияның аяусыз жалғасындай тағы бір астарлы жүріс болғанына, оны тағы да байқамай қалғанына кейістік білдіріп əбігерге түседі. Сонан кейін ол өмірінің əр секундын қадағалап, қырағылықты күшейту керек деп шешеді, өйткені кез келген уақытта іштен шалуы мүмкін Оны əлі күнге есті қорғаныс табудың мүмкіндігі тумағаны қатты қабаржытады, өйткені қарсыласының мақсаты əлі жасырын. Өзінің жасына қарағанда аса толысып, босап, болбырап кеткен ал əйелі тапқан адамдардың арасында жүрді, келесі бір жүріске ишара жасалынған жоқ па, оған қарсы жымысқы бір ой сұмдық (сұрқия күшпен оны күйретіп кетпей ме деп оңашалау бір жерді аңдап, оларға қарап, тыңдап отыратын. Алдыңғы шептен қылаң періп қалатын ондай ишара болғанмен, одан комбинацияның жалпы мəні анықтала қоймады. Оның үстіне оңашалау орын табу да оңай болмайды, - оған əр түрлі сұрақтар қойылатын, ал Лужин ол сұрақтардың қарапайым мəнін ұғып, оған қарапайым жауап табу үшін, оны əлденеше рет қайталайтын. Телескоп сияқты бірімен - бірі жалғасқан үш бөлме де жап-жарық еді, -барлық шам самаладай боп жанып тұратын, - адамдар асханада, қонақ бөлмеде отыруға ыңғайсыз үстелдерде, кабинеттегі диванда отырды, олардың ақ шалбар киген біреуі бояу қорабы мен əлі ашылмаған букет бумаларын ысырып тастап, тіпті, жазу үстеліне жайғаспақ болды. Неге екені белгісіз, жұртшылық түнгі туфли киіп aп
қақалып-шашалып, аһілеп-уһілеп, басын жаза алмай былапыт сөз айтатын рөлдерде жақсы ойнайды деп білетін бет-жүзі талай рөлдермен сан құбылған, жұмсақ реңді қарт актер ертеректе Самарада \"Махаббат арманында\" бірге ойнаған, журналист Барстың қаракөзді əйелімен қатар диванда отыр. \"Цилиндрдің əлегі есіңде ме? Абдырап, сасып қалғам жоқ қой\", - деді актер. \"Шексіз қол соғулар - деді қаракөзді əйел, - маған қандай қол соқты десеңізші, ғұмыры ұмытпаспын. Олар осылай бірінің сөзін бірі бөліп, əрқайсысы тек өзін ғана еске ап отырды да, ал ақ шалбарлы кісі армандап кеткен Лужиннен үшінші рет темекі сұрады. Ол өзінің өлеңдерін басын бұлғақтатып, кеңістікке тесірейе қарап, əуендете шалқытып оқитын жас ақын болатын. Ол басын тым шалқайтып ұстағандықтан жұтқыншағы шодырайып ерсі көрінетін. Бірақ ол папирос ала алмады, өйткені Лужин ойланған қалпы қонақ бөлмеге өтіп кетті, ал ақын оның жуан желкесіне қарап тұрып, бұл ғажап шахматшы, ол əбден демалып, сауығып кеткеннен кейін, оған өзі сондай жақсы көретін шахмат туралы əңгіме соғатын уақытты аңсап тұрды да, есіктің көзінен Лужиннің əйелін көріп қап, оның соңынан жүгірсем бе екен, жүгірмесем бе екен деп екіұшты ойға түсті. Ал Лужина ұзын бойлы, шұбар бет журналист Барстың сөзін тыңдаған боп, бірақ іштей бұл мырзаларды жалғыз шай үстелдің басына жинау қиын-ау, одан да шайды бұдан былай отырған жерлеріне таратып бергенім дұрыс шығар деп тұр. Барс, бейне бір санаулы уақыттың ішінде, кесірткедей жылп ете түсетін, өте бір шым-шытырық ойларды өңдеп, əрлеп үлгеріп айтып шығуды міндеттегендей шапшаң сөйлейтін, егер тыңдаушысы құйма құлақ болса онда ол, осы бір қым- қуыт асығыс сөздердің арасынан керемет жарастық тапқан болар еді, өйткені кейде екпіні дұрыс қойылмаған, газеттік сөздер араласып кете беретін ол əңгімелердің құрылымы мен салмағы айтылған ойдан қайта түлеп шыға келетін. Лужин күйеуін көріп оның қолына мұқият тазаланған апельсині бар тарелкені ұстата салды да, жанынан өте шықты. \"Есіңізге салғым келеді, - деді солғын жүзді адам, журналистің ойын тыңдап, əрі бағалап, - Тютчевтің түні салқын, ондағы жұлдыздар тек жарық нүктелер ғана емес, олар дөп-дөңгелек, дымқыл, тамшылап тұрады\". Ол басқа ештеңе айтқан жоқ, жалпы ол өзінікі емес, бірақ оған тапсырылған қымбат бір нəрсені шайқап төгіп алмайын деген қоркыныштан аз сөйлейтін. Лужинаға ол өзінің көзге түсе бермейтіндігімен ажарсыздығымен ұнайтын, бейне бір ол, сирек кездесетін қасиетті бір нəрсемен толтырылған ыдыс сияқты еді, ол ондай ыдыстың сыртқы көркін əлеміштеу барып тұрған кісəпірлік болар еді. Онын аты-жөні Петров болатын, ол ешуақта да ештеңемен көзге түскен емес, ештеңе жазған емес, қайыршылық күн кешіп жүруі де мүмкін, бірақ онысын ешкімге айтқан емес. Оның өмірдегі жалғыз- ақ міндеті оған тапсырылған нəрсені соншалықты беріле аялай көтеріп, оны қалайда сол қалпында тұтастай, таза күйінде сақтап өтуі керек, сондықтан да ол ешкіммен соқтығыспай əр адымын аңлап қана басып, тек əңгімелескен адам бойынан туыстық сезінгенде ғана, бір сəтке - өзі көтеріп жүрген аса үлкен құпиядан - кішкене қымбат бір
нəрсенің ұшығын, мəселен, Пушкиннің бір жолын, немесе дала гүлінің халық арасындағы атауын шығара қоятын. \"Мен оның əкесін еске түсіріп тұрмын, - деді журналист , түрі келмейді, бірақ бүкшиген иығында сəйкестік бар. Сүйкімді, жақсы адам еді, бірақ жазушы ретінде... Не? Сіз сол хикаяттар жасөспірімдер үшін...\" \"Қане, қане, асханаға, - деді Лужина кабинеттегі үш қонақтан оралып келе жатып. - Шай дайын. Енді, сізден өтінем\". Олар келгенше жайғасып қойғандар үстелдің бір басында, ал екінші басында басын салбыратып, апельсин шайнап, шайын араластырып Лужин отыр еді. Мұнда тотықұстың суретін керемет салатын, қалың опаланған əйелімен Алферов, өзін газет қызметкерімін деп мысқылдайтын, бірақ іштей саясаттың ат айдаушысы болғысы келетін жалтырбас жас жігіт, адвокаттардың əйелдері бар. Сондай - ақ үстел басында ұяң, жұмсақ мінезді, ақ сақалды, жүрегі аппақ сүйкімді Василий Васильевич отыр еді. Кезінде ол Сібірге, содан кейін шетелге айдауда болған, қайтып оралғаннан кейін төңкерістің шетін көріп үлгеріп, қайтадан шетелге кеткен. Ол жасырын жұмыстар туралы, Каутск, Женева жайында шын жүрегімен əңгімелер айтатын да, Лужина бойынан халық игілігі үшін онымен істес болған ашық жанарлы ажарлы бойжеткендермен ұқсастық тауып оған зор ілтипатпен қарайтын. Бар қонақтар жиналып, бір үстел басына отырғызылғаннан кейін Лужина бұл жолы да, дəл өткендегідей, үн-түнсіз отырғандарын байқады. Шай тасып жүрген қызметші қыздың дем алғаны естілетіндей тым-тырыс үнсіздік. Лужинаның басына бірер рет, ол қызметші қызға неге сонша қатты дем аласың деп, оспадар ескерту жасасам ба екен деген ой да келді. Осы бір домаланған қыз тіпті де алаңғасар емес, тек телефонмен ғана тіл табыса алмай жүр. Лужина оның дем алғанына құлағын тіге отырып, қызметші қыздың таяудағы бір əрекетін есіне түсірді. \"Фа... Фа... Фати мырза телефон сокты. Міне, нөмірін жазып алдым\". Лужина сол нөмір бойынша телефон соғып еді, бірақ бір қатқыл дауыс, бұл жер кинематографиялық кеңсе, ешқандай да Фати жоқ деп жауап берді. Не болғанда да, бір қателік болған. Ол неміс қызметші əйелдері туралы əңгіме қозғамақ боп жинала бергенде, жаңа кітап туралы əңгіме өрбіп жүре берді. Ол кітап өте əдемі, астарлы оймен жазылған, əр сөзінен ұйқысыз түндер сезіледі, - деді Барс, \"Ол кітап сондай жеңіл оқылады\", - деді əйел дауысты Петров Лужинаға еңкейіп оның құлағына Жуковскийден цитата келтірді: \"Еңбекпен жазылған, жеңіл оқылады\", ал ақын болса, біреудің сөзін бөліп, тұтыға сөйлеп, автор ақымақ деп айқай салды; ал ол кітапты оқымаған Василий Василевич оған жақтымағандай басын шайқады. Олар ауыз үйде бір-бірімен қоштасудың жаттығуын жасады, өйткені олар, бəрі бір бағытта жүретін болса да, көшеде де бір-бірімен қоштасулары керек еді\", - қарт актер кенет алақанымен маңдайын ұстай алды. Ұмытып кете жаздаппын, жарқыным, - деді ол, неге екені белгісіз, əр сөз сайын Лужинаның қолын қысып, - жақында менен кинематография королдігінен бір кісі сіздің телефоныңызды сұрап еді\". Ол таңғала қарап, оның қолын жіберді. \"Сіз білмейсіз бе, мен қазір киноға түсіп
жүрмін ғой. Қалайша, қалайша. Үлкен рөлдер, бетім түгел көрінеді\". Осы жерге келген кезде оны ақын ығыстырып жіберді де, Лужина актердін кандай адам туралы айтқысы келгенін аңламай қалды. Қонактар тарқады. \"Ревизордың\" кейіпкерлері құсап əртүрлі жағдайда қатып қалған тамақтың қалдықтары, бос, немесе жартылай ішілген стақандар тұрған үстел жанында Лужин бір бүйірлеп отыр. Саусақтары дастархан үстінде тарбиып жатыр. Ол жартылай жабық, ісініп кеткен көзінің астымен жаңа ғана қолында сөнген, қарайып бұратылып кеткен шырпыға қарап отыр. Оның жалпақ беті, мұрны мен аузының маңындағы əжімдер көлкіп салбырап кетіпті, шамның жарығынан жарқырап тұрған жағы, мəңгілік қырылып, мəңгілік қайта шығатын жүні бір күн ішінде-ақ қылтанақтанып қалыпты. Қолмен ұстағанда түгі білінетін, бұрын қолпылдаңқырап тұратын қара сұр костюмі енді тарлау. Лужин осылай отырды да қойды, кəмпиттер салынған шыны вазалар шаммен шағылысып тұр; бір қасық барлық ыдыстардан бөлініп дастарханның шетінде бөлек қалыпты, өте дəмді пирогтың шеті үзілмеген қалпында жатыр. \"Не болды екен? - деді Лужина күйеуіне қарап. - Не болды екен?\" Бейне бір күші жетпейтін істі қолға ап, енді дəрменсіздік, үмітсіздік, жігерсіздік басқан халде тұр. Мына пирог секілді бəрі де босқа рəсуа болды. -Көңілін көтерсін деп қонақтар шақырмай-ақ, осыншалықты тырыспай-ақ қою керек еді. Ол осы бір соқыр, осы бір тұнжыр Лужинді Ривьерамен алып бара жатқанын көз алдына келтіріп көрмек болды, бірақ басқа сурет көлеңдеп тұрып алды: Лужин еденге қадала қарап қонақ үйде отыр. Соншалықты əдепсіздік болса да, тағдырдың құлыбындағы тесікке үңілгендей, еңкейіп қарап еді болашағын көрді - он, жиырма, отыз жыл, - бəрі сол қалпында, ешқандай өзгеріс жоқ, тұнжыраңқы, еңкіш тартқан жəне үнсіздік, үмітсіздік. Есіреңкі, ессіз ой. Оның жаны қайтадан ашылды да, айналасын таныс бейнелер мен үйреншікті қарбалас қоршап алды: ұйықтау керек, келесі жолы құм түстес пирогтың керегі жоқ, Петров қандай сүйкімді, ертең төлқұжат істері бойынша қаракет жасау керек, зиратқа бару тағы да кейінге қалдырылды. Оп-оңай нəрсе, - таксомоторға отырып aп, қала сыртындағы айналасы бос кеңістік зиратқа бара қояды. Бірақ жолдары бір болмай-ақ қойды, бірде Лужиннің тісі ауырып қалады, бірде төлқұжаттың əбігері шығады, бірде тағы бірдеңе, - ұсақ- түйектер. Əр түрлі шаруалар əлі қанша болады... Лужинді қалай да тіс дəрігеріне алып бару керек. \"Тағы да ауырып тұр ма?\" - деп сұрады ол алақанымен Лужиннің қолын ұстап. \"Иə, иə\" - деді ол бетін қисайтып, бір ұртынан əлдеқандай дыбыс шығарып. Өзінің мылжа-мылжа боп үнсіз отыратынынан ақталу үшін, тіс ауруын жақында ғана ойлап тапқан. \"Ертең дəрігерге телефон соғам\", - деді ол шешімді түрде. \"Керегі жоқ, - деді даусын созыңқырап Лужин, - өтінем, керегі жоқ\". Еріндері дір-дір етеді. Айналаның бəрі қорқынышты болып кетті де, сол болмаса жылап жіберердей халге түсті. \"Ненің керегі жоқ?\", - деп сұрады ол жұп-жұмсақ үнмен, жымқырылған ерінмен айтылған сұрақ белгісі жіп-жіңішке боп шықты.
Ол басын шайқап, тісін сорпылдатып сорып қойды. \"Tic дəрігерінің керегі жоқ па?\" \"Жоқ\", Лужина тіс дəрігеріне барады. Мұны ұшықтырып алмау керек. Лужин орындықтан тұрып, жағын ұстаған бойда, жатын бөлмеге кетті. \"Мен оған дəрі берейін, - деді ол. - Сол дұрыс\". Дəрі əсер етпеді. Əйелі ұйықтап кеткеннен кейін де Лужин біраз уақыт ояу жатты. Шынын айтқанда, қараңғы, жабық бөлмедегі ұйқысыз түндерде емін-еркін ойлауға, сөйтіп зымиян комбинациядағы жаңа жүрісті жіберіп алам деп қорықпауға болады. Көзіңді жұмып, селт етпестен жатқан түнде не бола қоюы мүмкін. Оған қарсы жасалынған жүрісті Лужин, мүмкін болғанша, салқынқандылықпен мұқият тексеріп алды, бірақ оның өткен схемаларының одан əрі қандай түрге енетінін болжай бастаса-ақ ол, бейне бір қашып құтыла алмайтын, ақылға сыймайтын қасірет жақындап келе жатқандай дағдарып, үрейлене бастайды. Əсіресе, сол түні ол сол бір баяу, зымиян шабуылға қарсы өзінің дəрменсіздігін қатты сезінді, өзі мүлде ұйықтамай, осы бір түнді, осы бір қараңғылықты өтпейтіндей етіп тастағысы келді. Əйелі дыбыс шығармай ұйықтап жатыр; дəлірек айтқанда, ол мүлде жоқ сияқты. Тек түнгі үстелдің үстіндегі сағаттың сыртылы ғана өмірдің жалғасып жатқанын дəлелдеп тұрғандай. Лужин осы бір баяу жүрек лүпіліне құлақ қойып, қайғыдан ойға батты, кенет сағат сыртылы тоқтап қалды да, бұл шошып кетті. Оған түн бір орнында қатып қалғандай боп көрінді, бір дыбыстың сесі естілмеді, уақыт өлді, бəрі жақсы, барқыт тыныштық. Осы бір байыпты байсалдылықты ұйқы да пайдалана қойды, бірақ ұйқыда да тыныштық бола қойған жоқ, алпыс төрт шаршылы алып тақта үстінде, бойы пешкідей ғана боп тұрған тыржалаңаш Лужин бүкірейген, басы үлкен, тəж киген аса үлкен фигураларға қарайды. Киімін киіп алған əйелі оған еңкейіп мұрнының үстінен сүйіп алғанда ғана оянып кетті. \"Сəлем, сүйікті Лужин, - деді ол. - Сағат он боп қалды. Бүгін не істейміз - тіс дəрігері ме, шақырған жерге ме?\" Лужин оған абыржыған көзбен қарады да, қайтадан қабағын жауып алды. \"Сағатты бұрап қоюды кім ұмытып кеткен? -деді əйелі күлін, оның аппақ мойнын жайлап қағып. - Ғұмыр бойы ұйықтап қалуымыз мүмкін ғой\". Ол еңкейіп жастыққа басы сіңіп кеткен күйеуіне бір қырынан қарап тұрды да, оның тағы да ұйықтап кеткенін байқап, күлімсірген қалпы бөлмеден шығып кетті. Ол кабинеттсгі терезе алдында тұрып бұлтсыз жасыл-көгілдір аспанға қарады да, бүгін өте суық болатын сияқты, Лужинге жүн нымшаны дайындау керек деп ойлады. Жазу үстеліндегі телефон-шырылдады, шешесі бүгін бізге түскі тамаққа келесіңдер ме деп сұрайтын шығар. \"Алло?\" - деді Лужина үстелдің шетіне отырып жатып. \"Алле, алле\", - деп бір белгісіз дауыс айқайлап жатыр. \"Иə, иə, тыңдап тұрмын\", - деп Лужина креслоға ауысты. \"Кім бұл?\" - деп сұрады ренішті дауыс немісше, бірақ орысша акцентпен \"Сізге кім керек?\" деді Лужина. \"Лужин мырза үйде ме?\" -
деп орысша сұрады. \"Бұл кім?\" - деді Лужина даусын жұмсартып. Үнсіздік. Ол дауыс атымды атасам ба екен, атамасам ба екен деп ойланып қалғандай. \"Мен Лужин мырзамен сөйлескім келеді, - деді ол тағы да немісшелеп ауысып. - Өте асығыс, маңызды шаруа бар\". \"Бір минөт\", - деп Лужина бөлмені əрі-бері жүріп өтті. Жоқ, Лужинді оятудың қажеті жоқ. Ол телефонға қайта оралды. \"Əлі ұйықтап жатыр, — деді ол - бірақ бірдеңе айтқыңыз келсе...\" \"Қандай өкінішті\", — деді əлгі дауыс орысшаға мүлде ауысып. -Осымен екінші рет телефон соғып тұрмын. Мен өткен жолы телефонымды қалдырғам. Бұл іс, ол үшін, өте маңызды, кейінге қалдыруға болмайды. \"Мен оның əйелімін, деді Лужина. - Егер бірдеңе керек болса....\" \"Танысқаныма қуаныштымын, — деп бөліп кетті əлгі дауыс. - Менің аты-жөнім Көшейтинов. Сіздің күйеуіңіз, əрине, мен туралы айтқан шығар. Сонан кейін актер кешегі əйелге қайта оралып, оның тағы да бір оңбағандығын жеткізіп, сонан кейін Лужинамен ұзақ қоштасып, ақырында соңғы сөзі былай аяқталды: \"Алақаныңыздан сүйдім\". \"Солай ма, - деді Лужина тұтқаны іліп жатып. - Жақсы\". Əңгіме кезінде Валентинов аты-жөні екі рет аталғанын, егер күйеуі жатын бөлмеден ауыз бөлмеге шықса, онда оны күйеуі естіп қалуы мүмкін - ау деп абыржып та тұр. Оның жүрегі қобалжып, ол ұйықтап жатыр ма, жоқ па деп тексеруге кетті. Ол оянып, төсекте темекі тартып жатыр екен. \"Біз бүгін ешқайда бармаймыз, - деді ол - Кешігіп қалдық. Ал түскі тамақты шешемізде ішеміз. Жата тұрыңыз, бұл пайдалы, сіз толықсыз\". Жатын бөлменің, сонан кейін кабинеттің есігін мықтап жауып, телефон кітапшасынан \"Веритастың\" нөмірін тапты да, жақын маңда Лужин жүрген жоқ па деп құлақ түріп ап, телефон соқты. Сөйтсе, Валентиновты табу қиын екен. телефонға үш адам бірінен соң бірі кеп, қазір шақырам деді де, сонан кейін əйел телефонды ажыратып тастады, бəрін басынан бастауға тура келді. Оның үстіне ол, мүмкін болғанша, даусын барынша бəсеңдетіп, айтқанын əлденеше қайталаумен болды. Ақырында жіңішке жағымсыз дауыс Валентиновтың жоқ екенін, оның он екі жарымда қалайда болатынын айтты. Сонан кейін ол оған Лужиннің келе алмайтынын, өйткені ол ауырып жатқанын, ұзақ ауыратынын, сондықтан оның мазасын алмауды қадала өтінетінін айтты. Тұтқаны іліп, тағы да құлағын тігіп еді, тек өзінің жүрегінің ғана соғуын естіп, сонан кейін ғана \"Уһ\" деп күрсініп демін басты. Валентиновпен əңгіме бітті. Телефон маңында өзінің ғана болғаны қандай дұрыс болған. Енді өтті-кетті. Жақында сапарға шығады. Əлі шешесімен тіс дəрігеріне телефон соғу керек. Валентиновпен əңгіме бітті. Қандай жүрек айнытарлық аты-жөн. Кейде бола беретіндей, ол бір минөттің ішінде, ұзақ та жайбарақат саяхатта болып қайтты: даусынан оны тасбақа көзілдірікті, сидиған ұзын сирақты деп елестеткен ол Валентиновты ертіп Лужиннің өткен өміріне жол шекті, бұлыңғыр тұман ішінде өткен ол сапарда Валентиновты қай тұста жерге түсіретін орын іздестірді де, бірақ
Лужиннің жастық шағынан ештеңе білмегендіктен, сабынның алқымдысындай жылпылдаған оны түсіріп кететін жер таба алмады. Ол одан əрі тереңге үңіліп, он төрт жастағы вундеркинд өмір сүрген елесті курорт пен елесті қонақ үй арқылы Лужиннің балалық шағына жетті, - бірақ Валентиновты ол жерге де орналастыра алмады. Ол, амалсыз, өзінің сол сұмпайы серігін ертіп қайта оралып келе жатып, Лужиннің тұманды жастық шағындағы аралға аял етті: ол шахмат ойнау үшін шетелге аттанады да, Палермодан открыткалар сатып ап, қолына құпия аты - жөні бар шақыру қағазын ұстайды... Ақырында шаршап-шалдығып, ысылдап-пысылдап жүріп Валентиновты адресі табылмаған бума құсатып, \"Веритас\" фирмасына қайтаруға тура келді. Мейлі, ол, белгісіз оңбаған қалпында, лақап атымен сол жерде қалсын: шахматтың қамқоршысы. Күн жарқырап тұрған, аязды күнгі көшемен Лужинді қолтықтап ап, əке-шешесіне бара жатқан жолда ол, ең ары дегенде бір аптадан кейін, олар жол жүреді, ал оғанға дейін ұмыт қалған зиратқа барулары керек деп шешті. Сол жерде сол аптаның жоспарын жасап тастады, - төлқұжаттар, тіс дəрігері, дүкенге шығу, қоштасу кеші жəне - жұмада - зиратқа бару. Шешесінің пəтері, бұдан бір ай бұрынғыдай болмаса да, əлі де суық екен, шешесі түбіт шəліге оранып алған, оранып отырып тоңғанын білдіріп дір-дір етіп қояды. Əкесі дəл түскі тамақ үстіне келді де, арақ сұрап, қатып қалған қолын уқалап-уқалап қойды. Лужина алғаш рет осы бір дүңгірлеген үй соншалықты мұңлы, соншалықты қаңырап қалғандай үй екенін, əкесінің көңілділігі де шешесінің күлкісі сияқты жасанды екенін білді, тағы да олар байғұс Лужинді жек көреді, сонымен бірге алдағы сапар туралы əңгіме қозғағылары келмейді. Ол күйеуге шығар алдында олардың ескертулері мен шешесінің \"Сені кесіп-кесіп, пешке жағып жібереді...\" деген шыңғырып айтқан сөзі есіне түсті. Енді, міне, одан өте бір тыныш, бірақ көңілсіз өмір пайда болды да, бəрі бір-біріне жансыз күлімсірейді. Картиналардағы жалған жайдары əйелдер, шар айна, Берлин самаурыны, үстел басындағы төрт адам. \"Тыныштық, - деп ойлады бүл күн туралы Лужин. - Дауыл алдындағы тыныштық. Мені аңдаусызда бас салмақ. Белді бекем буып бақылау керек\". Оның бүкіл ойы соңғы кезде шахматқа келіп тірелетін болды, бірақ ол өзін-өзі ұстады, -Туратимен үзіліп қалған ойын туралы ойлауға өзіне-өзі тыйым салады, шахматы бар газеттерді ашпай қойды, - солай бола тұра ол тек шахматтың образдарымен ойлайды, ақыл-есі ол бейне бір тақта басында отырғандай жұмыс істеді. Кейде түсінде ол дəрігерге шахмат ойнамайтынын, - тек бір рет қана қалта шахматқа фигуралар орналастырғанын, сонан кейін газеттегі бірер партияны ғана іші пысқанынан қарағанын айтып ант-су ішіп отыратын. Бірақ ол жолдан таюларда мұның ешқандай кінəсі жоқ, олар белгісіз жұмбақ тақырыптарды айламен қайталаған жалпы комбинациялардағы бірқатар жүрістердің кінаратынан болды. Келесі қайталауды алдын
ала болжау қиын, өте қиын еді, бірақ шамалы сабыр етсе - бəрі айқындалып, бəлкім, қорғаныс та табылып қалуы кəдік... Бірақ келесі жүріс өте баяу өрбіді. Екі-үш күн тыныштық орнады; Лужин төлқұжатқа суретке түсті, фотограф оның иегінен ұстап оның бетін бұрып қойды, ал тіс дəрігері аузын кеңірек ашуын өтініп, миын шағып жіберердей шыңылдатып тісін бұрғылады. Шыңыл аяқталып, тіс дəрігері шыны ыдыстан бірдеңе іздеп, төлқұжатына мөрін басып, əлденені тез-тез жазып жатты. \"Мінеки\", - деді ол қағазды беріп жатып, онда екі тістің суреті қатар салынған да, ал екі тіс айқыш-ұйқыш сызылып тасталған. Олардан күмəнді ештеңе көріне қойған жоқ, бұл айлалы тыныштық бейсенбіге дейін созылды. Бейсенбіде Лужин бəрін түсінді. Жақында ғана оның басына қызықты бір əдіс келіп еді, онымен құпия қарсыласының жасырын сұмдығын быт-шыт етем деп ойлап қойған. Ол əдіс, бір қарағанда, ешқандай өмір жоспарына сыймайтын сондай аңғырт, аңғал боп көрінеді де, бірақ сəлден кейін күтпеген əрекетке көшіп, қарсыласынын ойлаған ойын шатыстырып - бытыстырып жіберетін əдіс еді. Бұл қорғаныс байқап көруге болатын қорғаныс еді, - не болғанда да, Лужин, кезекті қайталауға ұрынатынын біле тұра, осыдан басқа ештеңе таба алмады. Жұма күні ол əйелі, енесімен бірге дүкендерді аралап жүріп, кенет кілт тұра қап: \"Tic дəрігері. Мен тіс дəрігерін ұмытып кеттім\", - деді дауыстап. \"Не айтып тұрсың, Лужин, -деді əйелі. - Бəрі жасалынды деп ол кеше ғана айтты ғой\". \"Қысса, - деп саусағын көтерді Лужин. - Егер пломба қысса. Егер қысса, дəл сағат төртте кел деген. Қысып тұр. Он минөтсіз төрт\". \"Сіз бірдеңені шатастырып тұрсыз, - деп күлді əйелі. - Бірақ ауырып тұрса, барыңыз. Сонан кейін үйге қайтыңыз, мен алтыларда үйде болам. \"Кешкі тамақты бізден ішіңіздер\", - деді шешесі өтінгендей боп. \"Жоқ, кешке бізде қонақтар болады, оларды сен жек көресің\". Лужин таяғын көтеріп қошасты да, арқасын бүгіп таксомоторға еніп бара жатты. \"Кішкентай маневр\" - деп ол, пысынап кеткеннен кейін пальтосының түймелерін ағытты. Бірінші бұрылыста-ақ ол таксомоторды тоқтатып, онымен есептесті де, асықпай аяңдап, үйіне қайтты. Кенет ол осының бəрін бір кезде басынан өткізген сияқты болды да, сескеніп қап, қарсыласын осындай кездейсоқтықпен алдап кетейін деп алдында кездескен дүкенге бұрылды. Дүкен дегені шаштаразы, оның үстіне əйелдердің шаштаразы боп шықты, Лужин жан-жағына қарап мүдіріп қалды, күлімсірген бір əйел, сізге не керек деп сұрады. \"Сатып алайын деп...\" - деді Лужин, əлі де жан-жағына қарап. Оның көзіне балауыз бюст түсті де соны таяғымен нұсқады (тосын жүріс, тамаша жүріс). \"Бұл сатылмайды\", - деді əйел \"Жиырма марка\", - деді Лужин шиланын шығарып. \"Сіз мына қуыршақты сатып алғыңыз келе ме?\" - деді сенімсіздеу үнмен əйел, тағы біреу келді. \"Иə\", - деді Лужин, балауыз жүзге қарап. \"Абайла, - деді ол өзіне-өзі сыбырлап, - мен қармаққа түскен сияқтымын\". Балауыз əйелдің жанары, қызыл танауы - олар да
бұрын болған. \"Əзіл ғой\", - деп Лужин шаштараздан тез шығып кетті. Ол қатты ұяла қабаржыды. Асығатын ештеңе жоқ болса да, адымдап жүріп кетті. \"Үйге, үйге, - деп күбірледі ол, - бəрін сараптан өткізем\". Үйге жақындағанда ол дəл кірер есіктің аузында үлкен қара автомобиль тоқтағанын көрді. Цилиндр киген мырза швейцардан əлдене сұрап тұрды. Швейцар Лужинді көріп саусағын шошайтып \"Міне ол!\" - деп дауыстап жіберді. Мырза жалт қарады. ...Аздап қоңырқай тартқандықтан көзінің ағы алайыңқырап кеткен, сусыр жағалы пальто, үлкен ақ шарфты, сол сəнді қалыпта Валентинов өзінің сыпайы күлкісімен Лужинге бейне бір прожектордай сəуле құйып, оған қарсы жүрді де, оның бұрынғыдан да толысып бозарып кеткен жүзін, жыпылықтаған көзін көрді. Келесі бір сəтте бозаң жүз одан сайын қан-сөлсіз боп кетті. Валентинов қос қолдап қысқан оның қолы өлі балықтай жансыз еді. \"Қымбаттым менің, - деді Валентинов жайраңдап, - көргеніме қуаныштымын. Маған сені төсек тартып жатыр деп еді. Бірақ ол бір шатасқан əңгіме болды ғой...\" \"Шатасқан\" деген сөзге екпін түсіріп айтқан кезде Валентинов қып-қызыл, дымқыл ернін түріп, көзімен сүзіле қарады. \"Жай-жапсарды артынан сұрай жатармыз, - деді де ол цилиндрін шұғыл киіп алды. - Кеттік, өте маңызды іс бар, кешігуді кешірмейтін іс\", - деді ол автомобильдің есігін ашып; сонан кейін ол Лужинді ту сыртынан құшақтаған қалпы, əй-шəйға қаратпай ішке енгізді де, өзі қасына кеп жалп ете түсті. Алдыңғы орында бір бүйірлеп істік мұрынды, пальтосының жағасын көтеріп алған бір адам отырды. Валентинов шалқалай отырып, аяғын айқастырды да əлгі адаммен бұрын үзіліп қалған əңгімесін жалғастыра берді. Лужин бейне бір ауыр перденің арғы жағында отырып саңқылдап сөйлеп отырған Валентиновтың даусын еміс-еміс естіп, əлдеқандай қалды. Лужин ақырын қабағын көтерді. Парақты қолына ала салды. Шахмат журналынан қиып алынған есептер диаграммасы. Үш жүрісте мат. Доктор Валентиновтың композициясы. Есеп салқын, бірақ айлалы екен, Валентиновты білетін Лужин кілтті бірден тапты. Осы бір құйтырқы шахмат фокусынан-ақ, оның авторының бүкіл зымияндығын көруге болар еді. Валентинов айтқан бұлттағы көп бұлыңғыр сөзден оның ұққаны: ешқандай да кинематография жоқ, кинематография тек себеп... тұзақ. Шахмат ойынымен еліктіру, сонан кейінгі жүріс айқын. Бірақ ол жүріс жасалынбайды. Лужин бар күшін салып креслодан тұрды. Оның жүргісі келді. Таяғын көтере сілтеп, бос қолының саусақтарын шыртылдатып, ол дəлізге шықты да, беталды жүріп аулаға, сонан кейін көшеге шықты. Нөмірі таныс трамвай дол жанына тоқтады. Ол кіріп отырды да, қайтадан орнынан тұрып, иықтарын қозғап, былғары белбеуден ұстап, терезе жанындағы орынға барып отырды. Вагон бос еді. Кондукторға марка беріп, басын шайқап қалған тиындарды алмай қойды. Орнында отыра алмады. Ол тағы орнынан тұрды, трамвай бұрылған кезде құлап қала жаздады да, есік жанына келіп отырды. Бірақ ол жерге де орныға
алмады, - кенет вагон іші қаптаған мектеп оқушыларына, ондаған кемпірлерге, елулеген семіздерге толып кетті. Лужин əлдебіреулердің аяқтарын басып алға ұмтыла берді, сонан кейін сығылыса-мығылыса шығар есіктің алдына жетті. Ол үйін көріп, трамвайдан апыл-ғұпыл түсті, бұрыла беріп трамвай оны бөксесімен қағып жіберді, аяғына оратылған таяқ босап шыққан кезде пружина құсап аспанға атылып, қайтадан дəл жанына кеп түсті. Екі ойел жүгіріп кеп оның тұруына көмектесті. Ол алақанымен пальтосындағы шаңды қағып, қалпағын киіп, артына қарамастан үйіне тартты. Лифт жұмыс істемейді екен, Лужин оны елеген жоқ. Қозғалуға деген ынтасы əлі қайтпаған еді. Жоғарыға ол басқышпен кетті, өте жоғарыда тұратындықтан оның бұл өрлеуі ұзаққа созылды. Бейне бір ол аспанның өзіне көтеріліп бара жатқандай еді. Ақырында ол ең соңғы алаңқайға жетіп, демін басып, кілтін құлыпқа сұқты да, ауыз бөлмеге кірді. Кабинеттен əйелі оған қарсы шықты. Ол қызарып көзі ұшқындап кетіпті. \"Лужин, - деді ол, - қайда болдыңыз?\". Ол пальтосын шешіп, ілді, сөйтсе, басқа ілмекке іліпті, оны жөндемек болып еді, бірақ əйелі оған тым жақындап келіп қалыпты, ол оны айналып кабинетіне өтті, əйелі ілесе кірді. \"Meн сіздің қайда болғаныңызды білгім келеді. Қолыңызға не болған? Лужин!\" Ол кабинетте олай-бұлай жүріп, сонан кейін жөткерініп, ауыз бөлме арқылы жатын бөлмеге өтті де, фарформен қапталған үлкен ыдысқа қолын мұқият жуып алды. \"Лужин, - деді əйелі абдырай сөйлеп, - сіз дəрігерде болған жоқсыз. Мен оған жаңа ғана телефон соқтым. Маған бірдеңе деп жауап беріңізші. \"Қолын орамалмен сүрте жүріп жатын бөлмені бір айналып шықты да, бір нүктеге сол қалпында қадалып, кабинетке қайтып оралды. Əйелі оның иығынан тартты, бірақ ол оған тоқтай оймады, терезеге барып пердені ашты да кешкі тұңғиықтағы жүгірген оттарды көріп, ернін тістелеп, əрі қарай озды. Содан түсініксіз қыдырыс басталды да кетті, - бейне бір, айқын мақсат ұстағандай, бір-бірімен жағаласып жатқан бөлмелерді кезіп жүрді де қойды, əйелі оның соңынан еріп, бірде оған абыржи қарап, бірде отыра қалады, кейде Лужин дəлізге бет алады да аула көрінетін бөлмелерге кіріп, кабинетке қайта оралады. Кейде ол мұны қолапайсыздау Лужин əзілінің бірі деп ойламақ болды, бірақ Лужин жүзіндегі мұндай өзгерісті ол ешуақта көрген емес, ол өзгерісті, ...салтанатты ма... əйтеуір, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, бірақ оның жүзіне карап, түсініксіз үрей толқынының сесін сезінер едің. Ол қайта-қайта жөтеліп қойып, деміге дем алып, бөлмелерді бірқалыпты кезіп жүр. \"Құдай үшін, Лужин, отырыңызшы, - деді ол бəсең дауыспен, одан көзін алмады. Əңгімелесейікші. Лужин! Мен сізге несессер сатып алдым. Отырыңызшы! Осылай жүре берсеңіз, өліп қаласыз! Ертең зиратқа барамыз. Ертең көп нəрсе істеу керек. Несессер қолтырауын терісінен жасалынған. Лужин!\"
Бірақ ол тоқтаған жоқ, тек кейде ғана терезе алдында аялдап, қолын көтереді де, жүріп кетеді. Асханада сегіз адамға дастархан жайылған. Міне, қонақтардың келуіне сəл-ақ уақыт қалды, оларға телефон соғу енді кеш, - қазір олар келеді. Бұл жерде мынау. \"Лужин, - деді ол, - қазір адамдар келеді ғой. Мен не істерімді білмеймін. Маған бірдеңе айтыңызшы. Мүмкін, сіз бір жамандыққа ұрындыңыз ба, мүмкін бұрынғы бір жексұрын адамдардың бірін кездестірдіңіз бе. Айтыңызшы. Мен сізден өтінем, өтінем!..\" Кенет Лужин тоқтай қалды. Бүкіл дүние тоқтап қалғандай болды. Бұл қонақ үйде, граммафон алдында болды. \"Стоп-машина\" - деді ол баяу ғана, сөйтті де жылап жіберді. Лужин қалтасынан заттар шығара бастады, - алдымен қаламсабын, сонан кейін мыжылып қалған орамалын таңертең берілген мұқият бүктелген тағы бір орамалын; сонан кейін енесі сыйлаған үш ат жегілген суреті бар портенгарын, оның артынан папиростың босап қалған қызыл қорабын, мыжылыңқырап қалған екі папиросты, шиланы мен алтын, - қайынатасының сыйлығын -шығарды. Бұлардан басқа шабдалының үлкен сүйегі де шықты. Бұл заттардың бəрін ол граммафон шкабының үстіне қойып, тағы бірдеңе қалған жоқ па деп, пальтосын тексерді. \"Бəрін шығардым\", - деп ол пиджагын түймеледі. Бетін жас жуып кеткен əйелі басын көтеріп Лужин қойған əлгі заттарға таңдана қарап тұр. Ол əйеліне жақындап кеп білінер-білінбестей етіп басын иді. Əйелі оған ол енді бір езуін қисайта күлер ме екен деген үмітпен жүзін бұрды, - дəл солай болды: Лужин күлімсіреді. \"Құтылудың бір-ақ жолы -деді ол, - ойыннан шығу\". \"Ойын? Біз ойнаймыз ба?\" - деді ол жұмсақ үнмен, қонақтар келер алдында опалану керектігін ойлап. Лужин қолын созды. Əйелі орамалды тізесіне түсіріп ап, оған саусағын созды. \"Жақсы болды\", - деді Лужин, оның бір қолын сүйіп жатып, сонан кейін екінші қолын сүйді. \"Сіз немене, Лужин, қоштасып жатырсыз ба?\" \"Иə, иə\" - деді ол өтірік асып-сасқан боп. Сонан кейін бұрылып жөткірінді де дəлізге шықты. Осы кезде ауыз үйден қоңырау шалынды, - əдепті қонақтың тəртіпті қоңырауы. Ол күйеуін дəлізде қуып жетіп, жеңінен ұстай алды. Лужин бұрылып, оған не айтарын білмей, оның аяғына қарады. Түкпірден қызметші əйел жүгіріп шықты, дəліз тар болғандықтан бір-бірімен кимелесіп қалды: Лужин кейін шегініп, сонан кейін алға озды, əйелі де бір əрі, бір бері жүрді, ал қызметші əйел бірдеңе айтқан боп, басын иіп, өтіп кетудің амалын жасап жатыр. Ақырында ол саңылау тауып портьердің аржағына өтіп кеткеннен кейін, Лужин ауыз үйден дəлізді бөліп тұрған есікті ашып кеп жіберді. Əйелі не үшін екенін білместен есіктің тұтқасынан ұстай алды; Лужин тұтқаны басады, ал ол оны жібермейді, - Лужин бүкіл салмағымен басып қалып еді, есік тарс жабылды да, екі рет құлыптанып үлгерді. Бұл кезде ауыз бөлмеде дауыстар естіліп, біреулер аһлап-уһлеп, біреулермен сəлемдесіп жатты.
Лужин есікті құлыптап, алдымен шам жақты. Сол жақ қабырғадағы эмаль ваннасы аппақ боп көрініп тұр. Оң жақ қабырғада қарындашпен салынған сурет: көлеңкелі куб. Түкпірдегі терезе маңында пəкене сандықша. Терезенің төменгі жағына қырау қоныпты. Жоғары жағында түн қараңғылығы көрінеді. Лужин төменгі раманың тұтқасын тартты, бірақ ол жабысып қалған ба, жоқ əлде бірдеңеге ілініп тұр ма, ашыла қоймады. Ол бір сəтке абдырап тұрып қалды да, ванна жанында тұрған орындықтың арқалығын ұстап тұрып, көзін қыраулы терезеге ауыстырды. Ақырында, орындықты аяғынан көтеріп, оның арқалығымен терезені періп кеп жіберді. Бірдеңе шатыр-шұтыр етті, ол тағы да соқты, кенет қыраулы терезеде жұлдыз тектес ойық пайда болды. Тым-тырыс тыныштық орнады. Сонан кейін сонау алыс төменде əлдененің сыңғырлап, шашылып жатқаны естілді. Ойықты кеңейту үшін тағы да ұрды, сына тектес шынылар аяғының астына түсіп жарылды. Ол қатып қалды. Есік сыртынан дауыстар естіледі. Біреу есік қақты. Біреу атын атап айқайлап жатыр. Сонан кейін өлі тыныштық орнап, іле-шала əйелінің даусы шықты: \"Сүйікті Лужин, аша қойшы\". Өзінің алқынған демін зорға басып, Лужин орындықты жерге қойды да, терезеден сыртқа басын шығарып көрді. Үлкен сыналар мен мүйістер рамада сорайып-сорайып тұр. Оның мойнын əлдене жырып жібергендей болды да, ол басын шұғыл тартып алды, - əлі сыймайды. Есікті жұдырықтай бастады. Екі ер дауыс айтысып, сол керілдескендердін арасынан əйелінің сыңсыған үні естілді. Лужин шыныларды енді ұрмау керек деп шешті, тым шулы. Ол жоғары қарады. Жоғарғы терезе. Бірақ оған қалай жетпек? Шу шығармай, ештеңені сындырып-бүлдірмей, сандықтан заттар ала бастады: айна, бөтелке, стакан. Есіктегі соққыларға қарамастан ол, мұны тастады да, ол белінен келетін сандықтың ішіне кірмек болды. Пысынап кеткен ол пиджагын шешкенде ғана, қолының, көйлегінің алды қан боп қалғанын көрді. Ақырында ол сандықтың үстіне шықты, комод оның салмағынан сықыр-сықыр етеді. Ол жоғарыдағы жақтауға қолын созып тұрып, дүрсіл мен дауыстар оны асықтыратынын, ал ол асығыс қимыл жасай алмайтынын біліп тұр. Ол қолын көтеріп жақтауды тартып қалып еді, ол айқара ашылып кетті. Тұттай қараңғы аспан Сол қараңғылықтан əйелінің \"Лужин, Лужин\" деген жіңішке даусы естіледі. Ол əрірек, сол жақта, жатын бөлменің терезесі бар екені есіне түсіп, дауыстың содан шығып жатқанын сезді. Есік сыртындағы дүрсіл мен дауыстар күшейіп барады, жиырма шақты адам болу керек. - Валентинов, Турати, пысылдап, қырылдап сөйлейтін гүл əкелген шал, тағы да, тағы да, бəрі қосылып есікті əлденемен ұрып жатыр. Төрт бұрышты аспан тым алыста. Лужин тізесін бүгіп орындықты сандық үстіне көтеріп алды. Орындық орнықты тұрмады, қалт-құлт етеді, Лужин сонда да оның үстіне шықты. Енді қараңғы түннің шетіне ілігуге болады. Оның демігіп дем алғаны сонша, ештеңе естуден қалып барады, есік сыртындағы айқайлар да еміс-еміс қана құлаққа жетеді, бірақ жатын бөлменің терезесінен шыққан шыңғырған дауыс барған сайын күшейіп барады. Көп күш жұмсап жүріп ол біртүрлі азапты жағдайға жетті-ау:
бір аяғы сыртта салбырап тұр да, екінші аяғының қайда екені белгісіз, - ал денесі шығар емес. Көйлегі иығынан айырылып кеткен, беті малмандай су. Жоғарыдағы бір нəрсеге қолын іліктіріп, ол бір бүйірлеп терезенің ойығына енді. Енді сыртта екі аяғы салбырап тұр, тек əлденені ұстап тұрған қолын қоя берсе болды, - ол құтылады. Қолын жібермес бұрын ол, төменге қарады. Онда асығыс дайындықтар жүріп жатыр екен: əлдекімдер жиналып, терезе алдындағы жарық үйме- жүйме боп жатыр, Лужин қолын босатып жіберген сол сəтте, мұп- мұздай ауа оның өңешін жыртардай боп енген сол сəтте, ол алдындағы мəңгіліктің айқара ашылғанын көрді. Есікті бұзып кірді. \"Александр Иванович, Александр Иванович! - деген аптыққан дауыстар естілді. Бірақ Александр Иванович құрдымға жұтылып кетіп еді. 1939. Оглавление 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 14
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117