Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Владимир Набоков "Лужин қорғанысы"

Владимир Набоков "Лужин қорғанысы"

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-02-16 04:33:12

Description: Владимир Набоков "Лужин қорғанысы"

Search

Read the Text Version

\"Бірақ Парижде көп болмайтын шығарсыз. Тағы да басқа жаққа шақыратын шығар?\" Басталды да кетті. Лужин жан-жағына қарап ап, таяғын көтерді. \"Жол, - деді ол - Қараңыз. Жол. Мен келе жаттым. Көз алдыңызға елестетіңізші, мен кімді кездестірдім. Кімді кездестірдім? Аңыздағы Амурды. Садақ емес, табы бар. Мен жаралы болдым\". \"Не айтып отырсыз?\" - деді ол мазасызданып. \"Жоқ, ғапу етіңіз, ғапу етіңіз, - деп Лужин саусағын шошайтты. - Маған ауденция керек\". Лужин оған жақындап, аузын ашып, жүзінде азапты бір нəзіктік пайда болды. \"Сіз мейірімді, бəйек жанды əйелсіз, - деді Лужин даусын созыңқырап. - Менің қызыңызға құлаған ниетімді қайтара көрмеңіз\". Бейне бір театрлық жаттанды сөзді айтып біткендей сырт айналып, таяғымен құмның бетіне өрнек caп кетті. \"Міне орамалың\" - деген қызының сырт жағынан ентіккен даусы естілді де, орамал иығына кеп қонды. \"Керегі жоқ, маған ыстық, керегі жоқ, қайдағы орамал...\" Сол күнгі кешкі қыдырыс үн-түнсіз өтті. Оның басында Лужинге айтуға тиіс сөз жылт ете түсті, - қаржы жағын ишаралап жеткізу, - ол бай болмаса керек, өйткені қонақ үйде ең арзанқол нөмірде жатыр. Қызымен де мықтап сөйлесу керек. Ми жетпейтін үйлену, бос əбігер. Бірақ солай бола тұра, Лужин сондай бір тебіреніп тұрып, көне дəстүрмен одан кеп рұқсат сұрағаны толқытты. \"Құттықтаймын, - деді ол сол күні кешке қызына. - Түк түсінбегендей болмай-ақ қой, сен бəрін біліп тұрсың\". \"Ол сенімен бекер сөйлескен, - деп жауап қатты қызы. - Бұл істі тек сол екеуміз ғана шешеміз\". \"Алғаш кездескен құйыршыққа тұрмысқа шыға салу...\" - деді ренжи сөйлеп. \"Олай деме, - деді қызы сабырмен. - Бұл сенің ісің емес\". Бос əбігер дегенің шұғыл түрде дамып бара жатты. Жол жүрер күннің қарсаңында ұзын түнгі көйлек киген Лужин өзінің балконына шығып қара жапырақтардың арасында малтығып дірілдеген айға

қарап тұрып, Туратиге қарсы қолданылатын қорғаныстың өзгеше бағыт алғанын еске ап, сол шахмат ойларының арасынан құлағында шыңылдап тұрып алған дауыс оның бүкіл болмыс-бітімін, ондағы барлық басты пункттерді қақ тіліп кесіп өтті. Ол онымен болған əңгіменің жаңғырығы еді, - ол тағы да оның тізесінде отырып, егер шешесі қалам десе қалсын, ал өзі екі-үш күннен кейін Берлинге қайтам деп уəде берді. Оны тізесінде ұстап отыру оған деген сенімінің қасында түк те емес еді. Ол оның соңынан келеді, яғни көбіктей жарылып жоқ боп кететін, олардың орнына қоңыраулы сағаттың қалпағы ғана шыға келетін əлдеқандай бір түстер сияқты болмайды. Иығымен оның кеудесіне тығыла түсіп, жайлап қана саусағымен оның қабағын жоғары көтерді, көтерді де оның көзінің қарашығынан түсініксіз бір қара сəуленің секіріп ойнағанын байқады, ол қара сəуле оның қара аты сияқты, Турати алғашқы кездесудегідей жетінші жүрісте жылжытқан пешкіні жеп қоймақ. Ат əрине опат болады, бірақ бұл құрбандық қара жақтың ойластырылған шабуылына жол ашпақ. Əлбетте, ферзі жақтағы қанатта бірқатар əлсіздік пайда болады, əлсіздік емес-ау, болар-болмас күдік, осының бəрі құр қиял, құр қуаныш емес пе, оның жүрегі жарылып кетпей осыған шыдас бере ме, əлде құлағындағы сол дауыс оны алдап, жолай тастап кете ме. Бірақ ай қыңыр қара бұтақтың арасынан қалқып шықты, - дөп-дөңгелек, топ-толық ай, - жеңістің мөрі дерсің, ақырында Лужин бұрылып бөлмесіне кіргенде, оның еденіне үлкен төрт бұрышты айдың сəулесі төселіпті, ал ол сəуле үстінде - өзінің көлеңкесі. 8 Оның жас қалыңдығы салғырт қараған нəрсе, алдын ала болжап білмегендей, оған əсер етті. Ауасы ауырлау пəтеріне Лужин өте өжет венгрді жеңіп, бірінші пунктін орындағаннан кейін, бірден оралды, əрине партия қырқыншы жүрісте тоқтатылды, бірақ одан арғысы Лужинге айдай анық еді. Ол шоферға открыткадағы мекен - жайды оқып берді (\"Келдік. Сізді кешке күтеміз\"), лезде-ақ тұманды қашықтықты зулап өтіп, арыстан аузындағы шеңберді жайлап қана тартты. Қоңырау даусы шығар-шықпастан-ақ есік айқара ашылды. \"Пальтосыз жүргеніңіз не? Кіргізбеймін...\" Ол бірақ табалдырықтан аттап, қолын бұлғап, демікпесін ретке келтірмек боп басын шайқап тұр еді. \"Пуһ, пуһ\" -деп демін үрлеп ыстық құшаққа дайындала бастаған-ды, кенет созыла берген қолында керегі жоқ таяқ, оң қолында автомобильмен есептескеннен бері ұстап келе жатқан шилан. \"Тағы да сол қара қалпақ. Неғып қақшиып тұрып қалдыңыз? Бері жүріңіз\". Таяғы құмыра тектес ыдыстың ішіне сүңгіп кетті, шиланы бірер ұмтылыстан кейін тиісті қалтаға барып жатты, қалпақ орнын тапты. \"Мен келдім, - деді Лужин, - пуһ, пуһ\". Ал ол дəліздің түкпіріне кетіп қалыпты; бүйірімен есікті итеріп, жалаңаш қолын созып, Лужинге қабағының астымен жымия қарап тұр. Ал есік маңдайшасының дəл үстіне үлкен, ашық майлы бояумен салынған картина ілінген. Əдетте ондай

заттарға ден қоя бермейтін Лужин ол суретке бірден көзі түсті, өйткені электр жарығы бояуларға шағылысып оның жанарына күннің сəулесіндей шаншыла қадалды. Қасына дейін алқызыл орамал таққан əйел алма жеп отыр, ал оның дуалға түсіп тұрған көлеңкесі одан да үлкен алма жеуде. \"Əйел\" - деп тамсанған Лужин күліп жіберді. \"Ал, кіріңіз, кіріңіз\". Ол қонақ бөлмеге кірді де рақатты сезіммен босап сала берді, неге екені белгісіз турнир кезінде үстінен тастамайтын барқытты жилет астындағы қарны күлген сайын солқ-солқ етеді. Сүңгілер сияқты салпыншақты люстра оған күлім-күлім еткендей; рояль алдындағы ампир креслоларының аяқтары шағылысқан сары паркет үстінде аяқтарын жайып, бейне бір еденнің жарқыраған тұңғиығына ұшып бара жатқандай ақ аюдың терісі жатыр. Қаптаған үстелдер мен сөрелерде не түрлі заттар, айна артындағы рамадан тотықұс қауырсыны көрінеді. Қабырғалардан тағы да көп-көп картиналар көзге түседі, - гүлді көйлекті əйелдер, ақ боз ат мінген алтын нұрлы батырлар, ақ қардың ақ түбітіне оранған үйлер. Лужин үшін осының бəрі қосылып жарқ-жұрқ еткен əлем құрағандай да, тек анда-санда ғана жеке бір заттар көрінеді, - фарфор бұғы мен күңгірт икона, - сонан кейін көзді жейтін тағы да əлеміш бояулар мен өзі сүрініп кетіп шеті қайырылып жатқан аю терісі. Ол он жылдан бері орыс үйінде болмап еді, енді, міне, құлпырып, гүлдеп тұрған Ресейдің көрмесіне кіргендей балаша қуанып, қолын шапалақтап марқайып қалды, - ол ғұмыры мұндай рақаттанып көрген емес. \"Пасхадан қалған ғой\", - деді ол сенімді түрде алтынмен апталған үлкен ағаш жұмыртқаны шынашағымен көрсетіп. Осы кезде ақ есіктер айқара ашылды да, шашы қырпып алынған, тіп-тік, пенснелі қолын жүріп келе жатып созған қалпы бір мырза кіріп келді. \"Қош келдіңіз, - деді ол. - Танысқаныма қуаныштымын\". Ол сол бойда қақпағына Александр қыраны салынған портсигарды сиқыршыдай ептілікпен сырт еткізіп ашып жіберді. \"Мүштекпен, - деді Лужин папиростарға көз қырын салып. -Мыналарды шекпеймін. Ал мынаны...\" Ол қалтасын қопарыстырып жүріп қағаз қорабынан түсіп қалған толық папиростарды шығара бастады; олардың бір-екеуін түсіріп алып еді, əлгі мырза шапшаң көтеріп алды. \"Қалқам, - деді ол, - бізге күлсалғыш бере қойшы. Отырыңыз. Айыптымын... Сіздің аты-жөніңіз?\" Хрусталь күлсалғышы олардың ортасынан орын алды. \"Сараңдық жасап отырмын\", - деді Лужин майысып қалған папиростарды тіктеп жатып. \"Оқасы жоқ, оқасы жоқ, - деп асыға тіл қатқан мырза кенет қусырыла қалған танауынан түтіннің жіңішке екі ағысын шығарды. - Міне, сіз құдай сақтаған Берлиндесіз. Қызым сізді жарысқа қатысуға келді деп айтқан\". Ол крахмал манжетін ағытып, қозғалақтап қойды да, сөзін жалғастырды. \"Мен кілең осы шахмат ойынында сондай бір жүріс жасап, соның арқасында жеңіске жетуге болар ма екен деп ойлаймын да жүрем. Мен білмеймін, түсінесіз бе, бірақ менің айтайын дегенім... кешіріңіз, сіздің аты-жөніңіз?\" \"Жоқ, мен түсінем, - деді Лужин шамалы ойланып. - Біз жай ғана жүрістер, немесе күшті жүрістер жасаймыз. - Күшті жүріс...\" \"Иə, иə, солай ма\", - мырш басын изеді. \"Күшті жүріс

дегеніміз, - Лужин даусын көтеріп көңілдене сөйледі, - бізге бірден басымдылық береді, ауыр салмақты фигуралардың бірін алып екі жақты шах беру, немесе пешкіш ферзінің дəрежесіне жеткізу. Солай жалғаса береді. Солай жалғаса береді. Ал жай жүріс...\" \"Иə, иə, - деді мырза. - Жарыс шамамен қанша күнге созылады?\" \"Жай жүріс дегеніміз іштен шалу, білдірмей ұңғу, компликация, - Лужин неғұрлым жұғымды болғысы кеп, еліге сөйлеп жатты. - Бір жағдайды алайық. Ақтар...\" Ол күлсалғышқа қарап ойланып қалды. \"Өкінішке орай, - деді мырза тіксініп, шахмат менің миыма қонбайды. Мен тек сізден сұрағаным... Он енді түкке тұрмайды. Біз енді асханаға барайық. Қалқам, шай дайын ба?\" \"Иə! - деді Лужин. - Біз тек эндшпиль тоқтатылған жағдайды алайық. Ақтар: король сэ-үш, ладья а-бір, ат дэ- бес, пешкілер-үш, сэ-төрт. Қаралар...\" \"Шахматтың қыр-сыры көп\" - мырза aсығыс сөйлеп, қараға қатысты əріптер мен цифрлар тасқынын тоқтату үшін орнынан атып тұрды. \"Алдын ала топшылайық, - деді Лужин нықтап, - бұл жағдайда мынандай жақсы жүріс жасайды, - э- алты жэ-бес. Оған мен кезекті жай жүріспен жауап берем...\" Лужин конн сығырайтып, мүжəлсіз сүйетіндей ернін дүрдитіңкіреп, ақырын ғана сөз де емес, жүрістің аты да емес, сондай бір нəзік үнмен күбір ете түсті. Оның жүзі нəрестенің жүзіне қонған ұлпаны үрлеп ұшырғандай түрге еніп бара жатты, -келесі күні ол тақтада да осы жүрісті жасады. Тек ойынға алып келетін барлық варианттарды қарастырып, бірақ осы жасырын комбинацияны елемей, түнді ұйқысыз өткізіп, жүзі сарғайып кеткен венгр тақтаға үңіліп ойланып қалғанда, Лужин марқая жөтеліп бұл жүрісті қағазға түсіріп жатты. Венгр көп ұзамай берілді де, Лужин болса Комнатриотпен ойынына кірісті. Партия қызықты басталды да, көп ұзамай олардың үстінен айналасында көрермендер бір-бірінің үстіне шығардай үймелей қалды. Бірін-бірі итере-митере сығылысып, алқына демігіп, күбірлеп-сыбырлап, əсіресе, \"ти-иш\" деген сөздер Лужиннің жынына тиді: ол осы бір абыр-сабырды, сықыр мен сыбырды, жан жылуды бүкіл болмысымен сезініп отыр. Көзінің қиығымен қарап, отырғандардың аяқтарын көріп, əсіресе, неге екені белгісіз, солар жаратылысындағы жалтыраған шұлық киген əйелдің балтыры айрықша мазасын келтірді. Əрине, ол аяқтың иесі шахматтан түк те түсінбейді, не үшін келген.. Сұрғылт, үшкір тұмсық туфлилер панелдің астымен бара жатқанда ғана жақсы - беті аулақ. Сағатты тоқтатып, жүрісті жазып, немесе фигураны алып жатып та ол көз қиығымен сол аяқтарға қараумен болды, тек жарты сағаттан кейін партияны жеңіп, орнынан тұрып нымшасын жөндеп қарағанда ғана ол аяқтар кімнің қалыңдығының аяқтары екенін көрді. Жеңісіне, оның қатты көңілі марқайып өзін шексіз бақытты санаған ол, оны аймалап тану үшін шахмат тақтасы мен мына шуылдаған жұрттың тезірек болуын қалап тұр. Бірақ, тіпті үлкен жарқыраған жез самаурын қайнаған кезде де, шаршы тектес шоколад пен кремдермен өрнектелген он пирог келген кезде де шахмат жоғалған жоқ. Қалыңдығының шешесі оны жақында ғана кіріскен шахмат туралы əңгімені бөліп кеткен кездегідей сəл тəкаппарлау, сəл кекесінді

жайдарлылықпен қарсы алды, - ал кешегі мырза, оның күйеуі болуы керек, Ресейде олардың қандай үлгілі имениесі болғаны жайында беріле айтты. Сіздің бөлмеңізге барайықшы\", - деді Лужин қалыңдығына құлағына сыбырлап, ал ол ернін тістелеп, көзі алақандай болды. \"Жүріңіз\" - деді ол қайталап. Бірақ қыз оның тарелкесіне ес кетірер таңқурай вареньесін салып жіберді, осы бір отты түйіршіктерімен инді үйіріп, хош иісті шекерімен тісті тұтып қалатын жалт-жұлт тəтті дəм бірден- ақ əсер етті. \"Мерси, мерси\", - деп Лужин айтып үлгергенше, екіншісі тағы салынды, ол осы өлі тыныштықта қатты шырынның бір тамшысын да қалдырмай шаймен ысып кеткен қасығын жалап-жұқтап тамсанып қояды. ақырында ол өз-өзіне жетіп, бірақ, қыздың бөлмесінде емес, гүлді қонақ бөлмеде, онымен жеке қалған кезде, ол оны өзіне тартып, солқ етіп барды да оның саусақтарынан ұстады, бірақ ол бұлт етіп шығып, креслоға барып жайғасты. \"Мен сізге тұрмысқа шығу-шықпауды əлі шешкем жоқ, - деді ол. - Есіңізде болсын\". \"Бəрі шешілген, - деді Лужин. - Егер олар бас тартса, оларды қол қоюға күштеп көндіреміз\". \"Неменеге қол қоюға?\" - деді ол таңырқап. \"Білмеймін . Бірдеңелерге қол қою керек шығар\". \"Топас, топас, - деді əлденеше қайталап. - Ештеңе өтпейтін, ешқашан түзелмейтін (Топастық. Сізге не істесем екен, қалай етсем екен... Жүзіңіз қандай шаршаңқы. Сізге көп ойнау зиян\". \"Achwo, - деді Лужин, - екі партия\". \"Түнімен ойлап шығасыз. Олай етуге болмайды. Түннің əр уағы болды. Үйіңізге қайтыңыз. Сізге ұйықтау керек, түсіндіңіз, бірақ ол жолақ диванның үстінен қозғалар емес, анау-мынау кездейсоқ сөздерден басқа оңды əңгіме жоқ. Ол əлі оны бір рет жөндеп сүйген емес, бəрі бір түрлі олпы-солпы, оның бірде бір əрекеті құшақтап сүюге ұқсамайды. Бірақ оның көзіндегі осы бір құмбыл берілгендік, жүзін нұрландырып жіберетін осы бір құпия сəуле... Келесі күні оның тағы да сол бір шулы тар көшедегі ғимараттағы үлкен дəмхананың екінші қабатына барғысы келді. Бұл жолы Лужин оны бірден көрді: ол шашы қысқа алынған, содан да маңдайына дейін басына бір ыдыс киіп алғандай көрінетін, ал дүрдиген еріндері сөніп қалған сигараны құныға сорған кең иықты мырзамен сөйлесіп тұрған. Газеттен келген суретші, қытайдың масқарапазы құсап, басын бір көтеріп, бір түсіріп сигара иесін бір қырынан шұғыл салып жатыр. Өтіп бара жатып оның альбомына көзі түскен ол əлі бітпеген Туратидың қасында салынып біткен Лужиннің қоқырайған мұрнын, қара қалдары бар салбыраңқы алқымын, самайындағы бұйраланған шашы бар бейнесін көрді. Турати неміс шеберімен ойнауға отырды да, ал Лужин оған айыпты жандай тұнжыраған қалпы таяп кеп ұзақ жүйесіз бірдеңелерді айтып жатты. Бір түсінгені, ол мұның кетуін қалап тұр. \"Мен өте, өте қуаныштымын, - деді Лужин жалбарына сөйлеп, - бірақ əзірше, əзірше адамға кесір жасайды\". Ол шахмат үстелдерінің арасынан кетіп бара жатқан оны көзімен шығарып сап, сонысын мақұлдағандай басын изеп, өте салқынқанды ойнайтын, бірақ үнемі ұтылып қалатын ақ шашты

ағылшын қарсыласы мана жайғасып алған тақтаға беттеді. Ағылшынның бұл жолы да жолы болмады, Лужин тағы жеңді, ал келесі күні тең түсті де, сонан кейін тағы жеңіске жетті, - бейне бір қимыл- қозғалыс басқа бір жылдамдыққа түскендей, бұрын көз тоқтатып қарар тұстар жылт етіп өтіп жатқандай болды да, енді ол шахмат пен қалыңдығы үйінің арасындағы шекараны сезінуден қалды. Ол Туратиден қалыспай келе жатты. Турати пунат жасаса, бұл да пунат жасады; Турати жарты ұпай алса, бұл да жарты ұпай алады. Олар, бейне бір тең қабырғалы үшбұрыштың екі жағынан қатар өрмелеп, ең соңғы шешуші сəтте шың үстінде кездесетін секілді. Түннің өзі ойқы-шойқы боп кеткендей. Қанша ұйқың кеп тұрса да шахмат туралы ойланбай тұра алмайсың, ал содан кейін миыңа ұйқы кірмей-ақ қояды, өйткені əр саңылау тесікте шахматтың қарауылы тұрып алған, бұл бір азапты сəттер еді, - мына жерде ұйқы, оның арғы жағында ми; бөлмедегі бей-жай Лужин ұйқыда, шахмат тақтасын құшақтаған Лужин сергек, міне, осы екі Лужин егізді қалай қосуға болады. Одан да сорақысы, -турнирдегі сеанстан кейін ол əрең дегенде шахмат əлемінен босап шығады да, күні бойы екіге бөлінгендей есалаң күй кешеді. Үш сағатқа созылған партиядан кейін оның басы қара шаршыларға бөлініп сынып ауырады да, шығар есік таба алмай, немесе баратын қадірлі үйінің мекен-жайын есіне түсіре алмай дал болады: бақытына орай, қалтасынан шеті қобырай бастаған, екі бүктелген открытка сақталып қалыпты (\"Келдік. Кешке күтеміз\"). Ол əлі қуаныш кұшағында жүрсе де, ол қуаныштың да жүзіне тозаң қонбай қалған жоқ. Демалып алатын күннің бірінде əдеттегіден ертерек келген-ді, үйде қыздың шешесі ғана бар екен. Ол бұрында бір тоғай ішінде болған əңгімені қозғап, өзінің дегенінен қайтпайтынын, өзін шындықты бетіне айтам деп ойлайтын əдетімен (оның үйіне келіп тұратын жастар оны ақылды санайтын жəне одан аяғын тартатын) Лужинге, темекі тұқылдарыңды вазаларға да, тіпті едендегі жайылып жатқан аюдың аузына да тастай бересің деп шап берді де, сонан кейін алдағы сенбі күні осы үйде күйеуі жуынып шыққан бойда ванна қабылдауыңыз керек деді. \"Суға сирек түсесіз ғой деймін, - деді ол ешқандай бүкпесіз, - сирек қой\". Лужин үнсіз аяғының астындағы күңгірт көлеңкелердің қозғалысына қарап тұрып, қолайсыздау иығын қозғады. \"Жалпы, - деді ол, - шамалы еттен арылу керек\". Осылайша өзінің тыңдаушысының қажетті көңіл күйін тудырып ап, ең басты тақырыпқа келді. \"Айтыңызшы, - деді ол, - менің ойымша, сіз менің қызымды əбден бұзып біттіңіз. Сіз сияқтылар шетінен бұзылған боп келеді. Менің қызым, қазіргілердегідей емес, таза. Айтыңызшы, сіз бұзылғансыз ба, бұзылмағансыз ба?\" \"Жоқ, мадам\", - деді Лужин күрсініп, содан кейін қабағын тыржитып өкшесімен едендегі əлденені ысқылап сүрте бастады. \"Мен сізді мүлде білмеймін ғой, - деді сыпылдаған дауыс. - Мен анықтама жинауым керек - иə-иə, анықтама, - сіздің əлдеқандай бір ауруыңыз жоқ па?\" \"Демікпе, - деді Лужин. - Тағы да - шамалы құяң ауруым бар\". \"Мен ол туралы айтып отырғам жоқ -

деп кесіп тастады ол. - Əлдеқайда маңызды. Сіз өзіңізді күйеу бала санайсыз, келіп тұрасыз, оңаша отырасыз. Бірақ мен жақын арада үйлену тойы бола қалады деп ойламаймын\". \"Өткен жылы көтеумен ауырдым\", - деді жалыққан жандай. \"Құлақ салыңыз, мен сізбен маңызды мəселелер жайында əңгімелесіп тұрмын. Сіздің, байқаймын бүгін, қазір үйленгіңіз келеді. Мен сізді білем. Сонан кейін оның іші томпайып шыға келеді, азапқа саласыз ғой\". Лужин көлеңкелерді аяғымен таптап тұрып, ол отырған жерден əріректегі еденде жаңа комбинация басталғанын көрді. \"Егер сіз менің пікірімді шамалы болса да білгіңіз келсе, онда бұл үйлену түкке де тұрмайды деп білем. Сіз, немене, сізді менің күйеуім асырайды деп жүрсіз бе. Мойындаңыз, солай ойлайсыз ба?\" \"Менің қаржыдан қолым қысқалау, - деді Лужин. - Мен шамалы қарыз алам ба деп едім. Маған бір журналдың шахмат бөлімін басқаруға ұсыныс жасап отыр...\" Дəл осы кезде едендегі сəйкессіздіктер əбден шектен шығып кетті де Лужин көлеңке-корольді сəуле-пешкінің қаупінен құтқару үшін еріксіз қолын созды. Сол күннен бастап ол, ұзақ қарап тұратын болсаң нақты бейнеге айналып шыға келетін ағаштан жасалған заттары көп қонақ бөлмеден қашатын болып алды. Қалыңдығы, турнирдің əр күні өткен сайын оның саулығының нашарлап бара жатқанын білді. Көзінің айналасы көлкілдеп көгіс тартқан, ал ауыр қабағы ісіңкі. Оның боп-боз боп кеткені сонша, қалыңдығының айтуымен күнде қырынса да, қырынбаған сияқты боп көрінеді. Ол турнирдің аяқталуын \"үлкен тағатсыздықпен күтті, əрбір ұпай алу үшін ол қаншалықты азапты күш жұмсау керек екенін ойлағанда жанын қоярға жер таппады. Байғұс Лужин, құпия Лужин... Таңертең таныс неміс əйелімен теннис ойнап, оның əбден құлақ сарсылтқан өнер тарихы туралы əңгімесін тыңдап тұрып та, бөлмесінде əртүрлі кітаптарды аударыстырып отырып та, - Андреевтің \"Мұхитын\", Красновтың романын, \"Қалай йог болуға болады\" брошюрасын -міне, Лужин шахматтық есептеулерге басымен сүңгіп, тайталасып азапқа түсуде деп ойлап, сол өнердің қиындығын онымен бөлісе алмайтынына қорланғандай болды. Ол оның данышпандығына ешқандай күмəнсіз сенді, сонымен бірге ол данышпандық, қандай керемет болса да, шахмат ойынымен сарқылып қалмайды, турнирдің ысытпалы кезеңі өткеннен кейін, Лужин қалыпқа түсіп, демалып болған соң, оның бойында бұрын мүлде белгісіз боп келген күш пайда боп, ол түлеп көтеріліп, оянып, сонан кейін өмірдің басқа салаларында да өзінің дарынын көрсететін болады. Əкесі оны тар аядағы фанатик деп бағалай тұра, ол өте аңғал, өте тəрбиелі адам деді. Ал шешесі Лужинді күн сайын емес, сағат сайын есінен адасып бара жатқан жан, ал есі делқұлы адамға заң бойынша үйленуге тиым салынған деп, алғашқы күндері өзінің таныстарының бəрінен оны жасырып бақты, бұл ойы оп - оңай іске асты, - оны қызы екеуі курортта деп жүрді, - сонан кейін, ылғи сол үйде болып тұратын ол адамдар тағы бас сұқты, - мəселен: бізге Ресей емес, жастық шағымыз қымбат дейтін өте бір сүйкімді қарт генерал; екі орыс немісі: шарап фабрикасының қожасы жəне теософ Олег Сергеевич Смирновский;

бірнеше бұрынғы офицерлер, бірнеше бойжеткендер, əнші Воздвиженская; ерлі - зайыпты Алферовтер; қарғаның мəткесі (белгілі опера бойынша) атанып кеткен кейуана жастағы княгиня Уманова. - Лужинді алғаш рет сол Уманова көрді де, үй иесінің асығыс, жүйесіздеу əңгімесіне сүйеніп оны əдебиетке, журналдарға қатысы бар адам - бір сөзбен айтқанда, шығармашыл деді. \"Сіз білесіз бе? - деді ол сыпайы түрде əдеби əңгіме бастап. - Жаңа поэзиядан... аздап декаденттықтан... көктікен туралы, \"көктікен, көктікен...\" Олег Семенович бірден оған шахмат ойнайық деп ұсыныс жасап еді, бірақ үйде шахмат болмай шықты. Жастар оны өзара қалпақ деп атады, тек қарт генерал ғана оған шын жүрегімен ықылас білдірді де оны біраз уақыт бойы зоология бағында дүниеге жаңа келген жирафтар баласын көруге шақырумен болды. Қонақтар келе бастаған кезден, қалыңдығымен оңаша отыру мүмкін болмай қалды да, солардың арасынан қалыңдығына жол табам деп бірден шахматтық тартысты еске түсірді. Бірақ оларды жеңу мүмкін емес еді, өйткені олар бірінің үстіне бірі келеді, тіпті енді олар турнир кезінде де жан-жағынан анталап тұрғандай сезінеді. Өткен істердің бəрін ақиқатын ұғу аяқ астынан, бөлмесінің қақ ортасындағы орындықта отырып өзінің ойын бір-ақ нəрсеге жинақтап бағыттаған сəтте келді: кеше оныншы пункт жасалынды, енді Мозерді ұтуы керек. Кенет қалыңдығы кіріп келді. \"Құдай құсап отырсың ғой, - деп күлді ол. - Қақ ортада, ал құдайға құрбандық тартады\". Ол оған шоколад кəмпитін ұсынды да, күлкісін тия қойды. \"Лужин, - деп айқайлап жіберді, -Лужин, есіңізді жиыңыз! Сізге не болды?\" \"Шын ба?\" - деді ол баяу, сенімсіздеу тіл қатып. \"Əрине, шын. Орындықты ортаға қойып отыру, қайдан шыққан əдет. Егер сіз қазір есіңізді жимасаңыз, кетем\". Лужин басы мен иығын сілкіп-сілкіп жіберіп кушеткаға барып отырды, бірақ оның əлі де орныға алмай, əлі де сене алмай тұрғаны көзінен көрініп тұр. \"Айтыңызшы, мұның бəрі қашан аяқталады? - деп сұрады. - Қанша партия бар?\" \"Үшеу\", -деді Лужин. \"Мен бүгін газеттен оқыдым, сіз турнирді жеңіспен аяқтайсыз, өйткені сіз мүлде басқа ойын көрсетудесіз\". \"Бірақ əлі Турати бар\", - деді ол саусағын көтеріп. \"Менің жүрегім лоблып тұр\", - деді ол мұңайып. \"Онда ешқандай кəмпит жеуге болмайды - деп шұғыл түрде шаршы пакетті алды да қолтығына қысты. - Лужин, мен сізге дəрігер шақырам. Егер осылай жалғаса берсе, сіз өліп қаласыз\", \"Жоқ, жоқ, - деді ол маужырап. -Енді дұрыс. Дəрігердің қажеті жоқ\". \"Жанымды қоярға жер таппаймын. Əлі жұма, сенбі... тозақ қой. Ал біздің үйді қараңғылық басты. Сізге тұрмысқа шығуға болмайды деп бəрі шешемнің сөзін сөйлейді. Неге жүрегіңіз лоблыды, бірдеңе жеп қойып па едіңіз?\", \"Бəрі дұрыс болды\", - деп керіліп алған Лужин, оның иығына басын қойды. \"Сіз өте шаршадыңыз, байғұсым. Бүгін тағы да ойнайсыз ба?\". \"Сағат үште. Мозерге қарсы. Мен жалпы қалай еді...\" \"Басқа ойын\", - деп күлді ол. Оның иығында жатқан бас үлкен, ауыр болатын, - құпия механизмді, күрделі қымбат аппарат. Ол бір сəтте оның ұйықтап кеткенін байқады

да, басын қай жастыққа саларын білмей аңтарылып қалды. Абайлап жүріп оны зорға жастыққа салды; ол аяғын бауырына алып кушеткада жатыр, ал жастықтағы басы балауыз сияқты. Бір сəтте оны кенет ол өліп кеткен жоқ па деген үрей билеп, қолын ұстады, - жұп- жұмсақ, жып-жылы. Ол бойын тіктеген кезде, иығының ауырсынып қалғанын білді. \"Ауыр бас\", - деді ол сыбырлап ұйықтап жатқан оған қарап, сонан кейін сəтсіз сыйлығын алып бөлмеден шығып кетті. Дəлізде қарсы кездескен күтуші əйелге Лужинді бір сағаттан кейін ояту керектігін айтып, сыбысын білдірмей баспалдақпен төмен түсті де, көшенің күн жағынан теннис клубына беттеді, - байқаса ол əлі аяғының ұшымен басып дыбыссыз жүріп келеді екен. Күтуші əйелдің Лужинді оятудың қажеті болмады, - ол өзі оянды да, көрген түсін есіне алуға кірісті, бұрыннан біледі, егер көрген түсіңді бірден есіңе түсірмесең, артынан кеш болады. Ал ол түсінде бір түрлі екен - бөлменің қақ ортасында, - кенет, түсте бола беретіндей, оның қалыңдығы кіріп келді де, оған қызыл лентамен буылған қорап ұсынды. Ол əдеттегідей түстің модасымен киінген, - ақ көйлек, аппақ туфли. Ол оны құшақтағысы келді, бірақ кенет оның басы айналып, жүрегі лоблыды, ал қалыңдығы бұл кезде оған газеттердің ол туралы айрықша жазып жатқанын, шешесінің олардың үйленгеніне қарсы екенін айтып жатты. Бəлкім, одан басқа да көп-көп нəрсе болған болуы мүмкін, бірақ адам жады сусып бара жатқанды қуып жете ала ма, - түсінде көргендердің өзіне қанағат тұтып, содан айырылып қалмау керек деп, Лужин орнынан ақырын тұрып, шашын сипап, тамақ əкелінсін деп телефон соқты. Түстен кейін ол ойнауға отырды да, сол күні шахмат əлемі алапат өктемдікке куə болды. Ол демалыссыз төрт сағат бойы ойнап жеңіске жетті, бірақ таксомоторға отырған кезде қайда бара жатқанын да, шоферға қандай мекен-жай бергенін де (\"... күтеміз\") ұмытып қалды да, енді не де болса автомобильдің тоқтауын күтті. Ол өзіне таныс үйге келді, - тағы да қонақтар, қонақтар, - кенет Лужин қайтадан манағы түске қайта оралғанын білді, өйткені қалыңдығы сыбырлап \"Жүрегің лоблуды қойды ма?\" - деп сұрады, - ол оны қалай біліп тұр? \"Біз жақсы түспен өмір сүреміз, - деді ол оған. - Мен бəрін түсіндім\". Ол айналасына қарап, үстел мен отырғандарды, олардың самаурынға түскен бейнесін көрді де - ерекше самаурын перспективасы - иығынан ауыр жүк түскендей: \"Яғни, бұл да түс пе? Мына мырзалар - түс пе? Иə, иə...\" - деді. \"Тыныш, тыныш, не айтып күбірлеп кеттіңіз\", - деді мазасыздана сыбырлап, ал Лужин қалыңдығының айтқаны дұрыс-ау, көріп отырған түстен айрылмау керек, уақытша болса да бұл адамдар отыра берсін деп ойлады. Бірақ бұл түстің кереметтілігі сонда, түс көріп жатқан адам Ресейден баяғыда шығып кеткен. Түстің тұрғындары орысша сөйлесіп, шай ішіп көңілді отыр, мына тұрған қант салғыш та, мұнан көп жыл бұрын жаздың қызыліңірінде верандадан құмшекерді салып алатын қант салғыштан аумайды. Ресейге осы ойша оралудан Лужин

рақат тауып отыр. Нағыз ойын кезінде, теория бойынша баяғыда ашылып қойылған, есепті комбинациялардың іске қосылып қайталанатыны оны қалай қызықтырса, бұл да солай қызықтырып, еліктіріп бара жатты. Алайда, бұл түсте оның толыққанды шахматтық өмірінің көлеңке жағы бірде өлеусіреп, бірде айқын көрініп келді де, ақырында сыртқа ақтарылып төгілді, оны қонақ үйдегі кəдімгі түн, шахматтық ойлар, шахматтық ұйқысыздық, Турати дебютіне қарсы ойластырылған өткір қорғаныс үстіндегі ой қамап алған. Ол өзін сергек сезінді, ұсақ- түйектердің бəрінен ада ақыл-ойы айқын жұмыс істеп тұрды, оны шахматтан басқа, айдың алтынды мұнарындай боп жалаңаш білекті сиқырлы бойжеткен кіретін ертегідей түстің бірде толқып, бірде балқып кететін сəттері ғана еліктіре алады. Оның санасының шапақтары ол өзі түсіне бермейтін айнала дүниені шарпып кеткендей еді. Содан қайтып қалған қуат-күші ол дүние сағымға айналған кезде қайтадан бекіп, қайтадан жинақталып шыға келген-ді. Оның өз өмірі, шахматтық өмірі қым-қуыт оқиғаларға бай, айқын жəне жүйелі болды, ол өмірді билеп-төстеу де, ондағының бəрін еркіне тез көндіріп, өзінің дегеніне бағындыру да қолынан оңай келетінін Лужин мақтан тұтатын. Берлин турнирінде ойналған кейбір партиялар білгіштердің аузымен мəңгі өлмейтін деген атқа ие бола бастады. Біреулерінде ол ферзі, ладья, атты бірінен соң бірін құрбандыққа шалып жеңсе; екіншісінде ол бір пешкіден ғана алғыр позицияға шығып ол пешкі мүлде құбыжық күшке ие боп, қарсыласын ірітіп-шірітетін тақтаның ең бір осал тұсынан шыққан өзекті жара секілді өсіп, ұлғайып бара жатады; үшіншісінде Лужин тіпті көрермендердің ренішін тудыратын, бір қарағанда сондай делқұлы жүріс жасап, қарсыласы тым кеш түсінетін қанды қақпан құрып қояды. Естен кетпейтін бұл турнирде ойналған осы жəне басқа партияларда да оның ақыл-ойының ажары мен тегеурінді логикасы көрініс тапты. Турати де тамаша ойын көрсетті, осы уақытқа дейін оны тастап кете қоймаған шахматтағы жолының болғыштығына əбден арқа сүйеп алған ол, кейде шектен шыққан өктемдік пен қарсыласын абыржытып тастап пункттен соң пунктті алып жатты. Оның Лужинмен кездесуі бірінші бəйгі кімге тиетінін шешіп беретін болды, біреулер Лужин ойынын ашықтығы мен сергектігі итальяндықтың бүлікшіл фантазиясын күл-талқан етеді десе, енді біреулер отты, тізеге салып жіберетін Турати алыстан орағытып отыратын орыс ойыншысын тізе бүктіреді деп соқты. Ол күн де туды. Лужин тіпті пальтосына дейін киініп алған қалпында оянып кетті де, сағатына қарап, орнынан тұрып бөлме ортасында жатқан қалпағын киді. Ол қай жерде ұйықтап шыққанын түсіне алмай əрі - сəрі қалыпта бөлмені көзімен шолып шықты. Төсегі жиналған қалпында, ал кушетка үсті жып-жылмағай. Оның анық білетіні ол ежелден шахмат ойнап келеді - шырақты шағылысып көрсететін бір-біріне қараған екі айна

секілді оның жадының қараңғы түкпірінде де жиналған сəулелі перспектива бар еді. Шахмат тақтасы жанындағы Лужин, тағы да шахмат тақтасындағы Лужин, бірақ кішірек, сонан кейін тағы кішірек, осылайша таусылмастан жалғаса береді. Бірақ ол кешігіп барады, асыққан жөн. Ол есікті ашып қалды да түкке түсінбей тұрды да қалды. Оның ойынша, осы жерде шахмат залы жəне оның үстелі, сондай-ақ оның күтіп отырған Турати болу керек еді. Оның орнына бос дəліз жəне одан əрі - баспалдақ. Кенет сол басқыш жақтан жүгіріп келе жатқан адам көзге түсті де, ол Лужинді көріп қолын жайды. \"Маэстро, - деп айқайлады ол, - сізге не болған! Сізді, сізді күтіп отыр, маэстро... Мен сізге үш рет телефон соқтым, ал олар қанша қақсақ та есігін ашпайды дейді. Синьор Турати орнында отыр\". \"Жинап тастапты - деді Лужин абыржып, таяғымен бос дəлізді нұсқап. - Бəрінің орны ауысып кеткенін мен білгем жоқ\". \"Егер сіз өзіңізді нашар сезініп тұрсаңыз...\" - деді əлгі адам Лужиннің бозарып көлкілдеп кеткен жүзіне қарап. \"Қане, бастаңыз\", - деп жіңішке даусымен айқайлап, таяғымен еденді тарс еткізді. \"Ғапу етіңіз, ғапу етіңіз\", - деді ол сасқалақтап. Пальтосының жағасын көтеріп ап, алдына түсіп жүгіре жөнелген одан көзін алмастан Лужин де орнынан қозғалды. \"Жаяу, - деді жол бастаушы - бір-ақ минөттік жол\". Ол дəмхананың айналмалы есігін, сонан кейін басқышын көргенде барып көңілі орнына түсті, ақырында қонақ үй дəлізінен не іздегенін тапты-ау. Ол ішке кірген бойда өзінен өмір қуатын, пайым, сергектік, сенімділік сезінді. \"Жеңіс болады екен\", - деп дауыстап жіберді. Тұман ішіндегі адамдар тобыры қақ жарылып оған жол ашты. \"Тар, тар, тартар, -деді аяқ астынан пайда болған Турати басын шайқап, тақылдап. \"Аванти\", - деді Лужин күлімсіреп. Екеуінің арасында үстел тұр, ал үстел үстінде шайқас үшін қойылған фигуралары тізілген тақта. Лужин нымшасының қалтасынан папиросын алып, мəн-мағынасыз темекі тартуға кірісті. Адам түсінбес оқиға болды, Турати ақпен ойнай тұра өзінің атақты дебютін іске қоспады да оған қарсы дайындалған Лужиннің қорғанысы далада қалды. Мүмкін болар қиындықты Турати алдын ала біліп қойды ма, жоқ əлде осы турнирдегі Лужиннің байыпты күшін сезініп сақтық жасайын деді ме, əйтеуір ол əбден жауыр болған жүріспен бастады. Лужин өзінің босқа кеткен еңбегіне сəл өкініш білдірді де, қуанып қалды: осылай болғаны еркінірек. Сонымен бірге Турати одан қорқатын сияқты. Бір жағынан Туратидың қалауымен сондай күнəсіз, сылбыр басталған ойынның астарында бір бəле жасырынып жатуы мүмкін ғой, Лужин аса сақ ойнауға кірісті. Алыстан естілген скрипканың үніндей бəрі тып-тыныш басталды. Ойыншылар позицияларын сақтықпен ала бастады, əлденелерін алға шығарса да, ешқандай қауіптендірмейтін өте сыпайы, - қауіп бола қалса да, шартты түрде ғана - анау жерден пана жасауың керек еді деген қарсыласына ишара, ал қарсыласы мұны күлімсіреп, түкке тұрмайтын қалжыңға балап, қажетті жерге бекітіп тастап, жайлап алға ұмтылады. Сонан кейін аяқ астынан бір шек дың ете түсті. Турати күштерінің бірі қиғаш

линияға бекініп алыпты. Бірақ бірден Лужинде де баяу ғана бір əуен пайда болды. Бір сəтке құпия мүмкіндіктер бастарын көтеріп-көтеріп алысты да, қайтадан тыныштық орнады: Турати кері шегініп, жиырыла қалды. Біраз уақыт өткеннен кейін екі қарсылас та, бейне бір шабуыл дегенді ойламайтын кейіп көрсетіп, өз шаршыларының қамын жақсартумен айналысты, - əлденелерді əлпештеп, орындарын алмастырып, сылап-сипады, - кенет тағы да от ұшқыны, дыбыстардың шұғыл үйлесімі: ұсақ күштер қақтығысып, екеуі де саптан шығып қалды, - саусақтардың жойқын салт қозғалысы көрініп, Лужин үстел үстіне əрекетсіз күшті емес, ауыр сары пешкіні қойды; ауада Туратидың да саусақтары жарқ ете түсті де төбесінде сəуле жалтыраған қыңыр қара пешкі өз кезегінде кеп ол да үстел үстіне жайғасты. Енді кенет құр ағашқа айналған екі шахмат жауынгерлерінен құтылғаннан кейін ойыншылар қайтадан байыпқа кеп, əлгі бұрқ ете қалған кезді ұмытқандай болды: тақтаның сол жеріндегі шайқас орны суый қоймапты, əлі де əлдене күтетіндей... Бірақ ол дыбыс күткен үйлесімге кіріге алмады, - басқа бір қою, төмен бір нота өзге тұстан ду ете түскені сол еді, екі ойыншы да шəлкем- шалыс шаршыны тастай сап, шаршының басқа шетімен болып кетті. Бірақ бұл жерде босқа арам тер болды. Тақтадағы ірі күштер күркіреп бір-бірімен тіл қатысып қалды - тағы да ауыс-түйіс, тағы да шахмат күштері ойылып-оймышталып, лакталған қуыршақтарға айналды. Ұзақ, ұзақ ойға шомып отырып Лужин кенет хрустальдай нəзік, сұлу комбинацияны сезіп еді, онысы Туратидың берген бірінші жауаптасуында-ақ сыңғыр етіп, шашылып қалды. Бірақ Турати да ештеңе істер алар емес, екеуі де уақыт ұтпақ боп, - өйткені шахмат ғаламында уақыт деген аяусыз, - бір жүрісті əлденеше рет қайталады, қауіп пен қорғаныс, қауіп пен қорғаныс, - солай бола тұра екеуі де, бұл механикалық жүрістерге ешқандай қатысы жоқ, күрделі комбинацияларды ойлаумен болды. Ақырында Турати ол комбинацияға бел байлады, - сол- сол екен тақта үстінде бір алапат музыкалық дауыл тұрғандай болды, Лужин де біртіндеп нөсерлеткен үйлесімге айналдырып жіберетін өзіне керекті қылдай бір дыбыс іздеп бақты. Енді тақта үсті түгелімен жанданып шыға келді, бəрі бір жерге көз тігіп, құрсаулана қусырылып барады; екі фигураны құлағанынан бір сəтке болсын жеңілденіп қалды, тағы да - фуриозо. Лужиннің ойы кейде қалың жыныс ішін кезіп жүріп, ол не іздесе, бұл да соны іздеген Туратидың мазасыз ойымен кездесіп қалады. Ақ жағы өзінің ойлағанын əрі қарай дамытпау керек екенін, əйтпесе ол өзінің ырғағынан жаңылысып қалатынын екеуі де түсінді. Турати алмасуға ұсыныс жасады да, тақтадағы күш саны тағы да қысқарды. Жана мүмкіндіктер ашылды, бірақ басымдылық кім жағында екенін екеуі де айта алмас еді. Лужин шабуылға дайындала отырып, əрбір адымынан қауіп-қатердің жаңғырығы шығып тұрған варианттардың сан тарау жолдарын зерттеп алмақ болды да ұзақ ойланып қалды: тағы бір таусыла күш салса, жеңістің құпия жүрісі ашылатын сияқты. Кенет

оның болмысынан тыс оқиға болды, - қолын сілкілеп қатты айқайқайлап жіберді, сөйтсе папиросты тұтатам деп сіріңке жаққан да, оны өшіруді ұмытып кеткен ғой. Ауырғаны бірден қайтты, бірақ адам төзгісіз сұмдықты, өзі сүңгіп кеткен шахмат тұңғиығының сұмдығын ұққан ол, тағы да еріксіз тақтаға көз тікті, оның ақыл-ойы бұрын соңды болып көрмеген шаршап-шалдығудан мүлде қалжырап қалған екен. Бірақ қатыгез шахмат оны уысынан шығармай өзіне тарта түсті. Бұл сұмдық еді, бірақ жалғыз жарасым да осында еді, өйткені дүниеде шахматтан басқа не бар? Тұман, белгісіздік, тұңғиық... Ол кенет Туратидың орнынан көтеріліп, саусақтарын сығымдап тұрғанын көрді. \"Үзіліс маэстро, - деді ту сыртынан бір дауыс. - Жүрістеріңізді жазыңыздар\". \"Жоқ, жоқ, жоқ\", - деді Лужин жалынардай əлгі дауысты іздеп. \"Үзіліс\", -деді тағы да ту сыртынан əлгі зымиян дауыс. Лужин орнынан тұрмақ боп еді тұра алмады. Ол орындығымен артқа жылжып кеткенін байқады, ал жаңа ғана оның бүкіл өмірі жатқан шахмат тақтасына бір адамдар жыртқыш құстардай лап қойып, фигураларды алып- салып, айтысып-тартысып жатыр. Ол тағы бір ұмтылып еді, тағы тұра алмады. \"Неге, неге\", - деді ол жалбарынған үнмен жұрттың арасынан шахмат тақтасын іздеп. Адамдар үймелей түсті де, тақта көрінбей кетті. Тақтада фигуралар үйме-жүйме боп жатыр еді. Алдынан бір көлеңке өтті де фигураларды шағын табытқа салып жатты. \"Бітті\", - деді Лужин орнынан ыңырсып көтеріліп жатып. Əлденені талқылаған əлдеқандай бір елестер аңнан да, мыңнан да көрінеді. Суық, əрі қараңғы. Елестер тақталар мен орындықтарды алып кетті. Қай жаққа қарасаң да, ауадан шахмат бейнесі көрінеді, Лужин енді ғана, өзінің жаңа ғана ойлап тапқан комбинациялардың бірінде адасып, малтығып қалғанын түсінді де, одан қалай да, сонан кейін қаңғып кетсе де, босап шығу үшін жанталасты. \"Жүріңіз, жүріңіз\", -деді де біреу жоқ болды. Ол жалғыз өзі қалды. Көзі қарауытып кетті, дəл қазір залдағы əрбір зат оған шах беріп тұр, - қорғану керек қой. Ол бүкіл толық денесімен қалшылдап орнынан қозғалды да бөлмеден шығу үшін не істеу керек екенін іздеді, - ол үшін жай қарапайым ғана əрекет керек емес пе? Маңайында қалқыған ақ омыраулы қара көлеңке оның пальтосы мен қалпағын алып берді. \"Не үшін керек?\" - деп күбірлеген ол қолын жеңіне салды да, əлгі көлеңкеге ілесе берді. \"Мұнда жүріңіз\", - деді көлеңке. Лужин алға ұмтылып қатерлі залдан шықты. Ол басқышты көріп жоғары шыға берді де, қайтадан төмен қарай жүрді, өйткені жоғары өрлегеннен төмен түскен оңайырақ қой. Шулап жатқан елестер отырған үлкен бір залға тап болды. Əрбір мүйістен шабуыл пісіп- жетіліп келеді, - үстелдер мен шелекті итере- итере алтын мойынды пешкілер келеді, дүңкілдеген барабан бүкірейген жалды шахмат атына айналыпты, ол жаймен қозғалып тұрған шынылы көгілдір əлемге жетті де, одан əрі қалай барарын білмей тұрып қалды. Оған бірдеңе істегісі келгендей, оны əлдекімдер қоршап алыпты \"Кетіңіз, кетіңіз\", - деді бір ашулы дауыс. \"Қайда?\" - деді Лужин жылап жіберердей. \"Үйіңізге барыңыз\", - бір дауыс ұрлана сыбырлап, Лужиннің иығынан əлдене итергендей болды. \"Сіз не

айттыңыз?\" - деді ол кенет өксігін басып. \"Үйіңізге, үйіңізге\", - деп қайталады əлгі дауыс, сонан кейін шынылы əлем Лужинді ұстап ап салқын қараңғылыққа лақтырып жіберді. Лужин күлімсіреді. \"Үйге, - деді ол баяу ғана. - Міне, комбинацияның кілті қайда\". Асығу керек болды. Өйтпесе шахмат балдырлары оны тағы да орап алмақ. Айнала ылайлы ымырт, тұншықтырардай қою, ауыр ауа. Қасынан сыпылдап өтіп бара жатқан елестен жол сұрады. Елес ештеңе түсінбеді де, өте шықты. \"Бір сəтке\", - деді Лужин, бірақ кеш еді. Сонан кейін ол қолын сермелей сілтеп жүрісін жеделдетті. Сұрғылт оттар жан-жағынан шашырап қалып барады. Осы бір жұмсақ тұман ішінен үйіне барар жолды табу оңай емес еді. Лужин солға жүрсе алдынан орман шығады, ал орманнан соқпақты табу қиын емес деп ойлады. Қасынан тағы бір көлеңке зып ете түсті. \"Орман, орман қайда? - деді Лужин қадала сұрап. Бірақ бұл сұраққа жауап болмағаннан кейін ол, оның синонимін іздей бастады. - Тоғай? Вальд? - деп міңгірледі ол. - Парк?\" - деп қосып қойды. Сонда ғана көлеңке сол жақты көрсетіп, жоқ болды. Лужин өзінің сылбырлығына кейіп сəт сайын қуғын күтіп, көрсеткен жаққа қарай бет алды. Шынында да, міне, енді, жан-жағынан ағаштар қоршап, аяқ астындағы папоротниктер сыбдырлап қоя берді. Айнала дымқыл, тымық. Ол өзін-өзі ауырлап, алқына дем алып, көзінен жас сорғалап отыра кетті. Шамалыдан кейін ол тізесіне жабысқан дымқыл жапырақты алып тастап орнынан тұрды да, ағаштардың арасын кезіп жүріп таныс соқпақты тауып алды. \"Жүр, жүр\", - деді Лужин өзін-өзі асықтырып, батпақты кешіп келе жатып. Жарты жолдан өтті. Қазір өзен мен ағаш өңдейтін зауыт көрінеді, сонан кейін усадьба. Ол онда тығылып қалады да үлкенді-кішілі банклермен қоректенетін болады. Қуғыншылар артта қалды. Енді оны ұстай алмайды. Жоқ-жоқ. Тек демі ауырламаса ғой, сонда ғана адамның есін алатын мына ауру кетер еді... Орман ішін тіміскілеп кезген соқпақ көлденең жатқан жолға қосылды да, ал одан əрі қараңғыда жалтыраған өзен көрінді. Ол көпірді де көрді, арғы жағалауда əлдене қарауытады, ал оң жақта, əрірек, қараңғы көкжиекте усадьбаның үшбұрышты шатыры, қара жайтартқыш шыға келетіндей. Бірақ ол шахмат құдайлары тарапынан көзге көрінбейтін тұзақ құрылғанын білді, өйткені көпірдің қос қанатынан жалаңаш əйелдер өсіп шығып, өзенде əлсіз сəулелер секіріп ойнап жатыр. Ол жағалаумен жүріп отырып ағаш үгінділері тобығынан келетін тағы бір көпірге тап болды. Ол ұзақ іздеді, ақырында таптар, тып- тыныш көпір тапқандай болды да енді осы жерден емін-еркін өтуге болатын шығар деп ойлады. Бірақ жағалаудың арғы бетіндегілердің бəрі жат боп көрінді, - оттар ағып, көлеңкелер жылжып жатыр. Ол усадьбаның осы жерде, дəл іргеде екенін біліп тұр, бірақ ол оның басқа тұсынан келген, онсыз да бəрі діңкелетіп бітіп еді... Оның аяқтары, шахматтағы негізгі күш боп саналатын фигуралар сияқты өкшесінен жамбасына дейін қорғасын құйғандай ап-ауыр. Біртіндеп оттар жоғалып, елестер сиреп ауыр азаптың толқыны оны қайта-қайта көміп кетеді. Əлдеқандай бір

жарық жарқ ете қалған кезде оның көзі шағын бауға, шеңберлі бұтақтарға түсті де, оны диірменшінің саяжайы деп ұқты. Ол шарбаққа қол созды, бірақ əбден иектеп алған ауру оны билеп-төстеп, оның қара құсынан сығып-сығып жіберді, ал ол қабысып бара жатты да, үн - түнсіз жайылып сала берді. 9 Панель тайып кетті де, тіп-тік көтеріліп, кері құлдилады. Ол ауыр демалып бойын жазды, ал оның жолдасы, өзі теңселіп тұрса да оны демеп: \"Гюнтер, Гюнтер, жүріп көрші\", - деп қайталайды. Гюнтер тіктеніп алды да, осы бір аз ғана аялдаудан кейін, ол екеуі бірде жайлап жұлдыздарға көтеріліп, бірде төмен ағатын түнгі қаңырап қалған көшемен əрі қарай жүріп кетті. Қайратты, əрі ірі Гюнтер жолдасынан гөрі көп ішіп қойып еді: қасындағы Күрт жолдасы өзінің серіктесін демегендей демеп-ақ келеді, ал сыра оның басын күн күркіріндей түйгіштейді. \"Қайда бас... қайда бас... - деп Гюнтер сұрамақ болады. - Қайда бас... қалар?\" Жаңа ғана олар мектепті бітіргендеріне бес жыл толуына байланысты емен үстелдің басында отырған, əн салды, бір-бірімен сыңғыр-сыңғыр соғыстырды, бақытты, сап-сау, жыл бойы жап-жақсы жұмыс істеді, олар отыз шақты болатын, енді, міне, қалай үйді-үйіне тарай бастап еді, солай лоблу, қараңғылық басталды, - солқылдақ панель. \"Басқалар анда\", - деді Күрт қолын алға сілтеп. \"Бəріміз тарқадық\", -деді Күрт. \"Ал біздің алдымызда Карл\", - деді Гюнтер баяу, бірақ нып - нық тіл қатып, екеуін де іштегі сыра желі бір жаққа алып кетті: олар аялдап, бір адым кері шегініп, қайтадан алға басты. \"Мен саған айтып тұрмын ғой, анда Карл\", - деді ренжіп Гюнтер. Шынында да панель шетінде басын төмен түсіріп бір адам отыр екен. Олар тəлтіректеп жүріп, оның қасынан өтіп кетті. Олар қайтадан айналып кеп, оған жақындағанда, ол адам ернін сылп еткізіп, оларға жайлап басын бұрды. Иə, бұл Карл еді, бірақ Карл не боп кеткен, - беті қан - сөлсіз, көзі аларған. \"Мен тек демалып отырмын, - деді ол өлеусіреген дауыспен. - Қазір мен жалғастырам\". Кенет көшемен жалаушасын көтеріп таксамотор өтті. \"Оны тоқтатыңыздаршы, - деді Карл. Мені апарып тастасын. Автомобиль келді. Гюнтер көтермек боп Карлдың үстіне құлады, Курт біреуінің аяғын ұстап əлек. Шофер оларға демеу болар бір сөздерді айтқан болды да, сонан кейін түсіп, көмектесуге кірісті. Былқ-сылқ еткен дене есікке енгізілді де, автомобиль жүріп кетті. \"Бізге жақын қалды, -деді Күрт. Қасында тұрған адам күрсініп қалды, Күрт оған қарап Карлды көрді, яғни таксомотор Карлды емес, Гюнтерді алып кеткен. \"Мен саған көмектесем, - деді ол айыпты түрде. Жүрейік\". Карл аңырайған балалық көзбен оған қарап алды да, екеуі асфальттің келесі бетіне өту үшін жүріп кетті. \"Міне, тағы да\", - деді Күрт. Бау шарбағының жанында екі бүктетіліп қалпақсыз толық бір адам жатыр еді. \"Бұл Пульвермахер, - деп күбірледі Курт. - Байқадың ба, ол осы жылдар

ішінде қатты өзгеріп кетіпті\". \"Бұл Пульвермахер емес, -деді Карл, панельге қатар отырып жатып. - Пульвермахер жалтыр бас\". \"Бəрібір, - деді Күрт. - Оны да апарып салу керек\". Ол əлгі адамды иығынан тартып тұрғызбақ болып еді, өзі теңселіп кетті. \"Шарбақты сындырып алма\", - деп ескертті Карл. \"Апарып салу керек\" -деп қайталады Карл. - Бұл, бəлкім, Пульвермахердің інісі шығар. Ол да сонда болған\". Əлгі адам қалың ұйқыда еді. Үстінде барқыт жолақты қара пальто. Көше шамының жарығынан оның салбыраңқы алқымы мен толық жүзі жылтырап көрінеді. \"Таксомоторды күтейік, - деді Күрт Карлдың қасына жайғасып жатып, - түн де өтіп барады деді сенімді түрде аспанға қарап, - Аспан шыр көбелек айналып тұр\". \"Жұлдыздар\", - деп нықтады Карл, екеуі де үлкен доғал жасап жұлдыздар ағып жатқан көкке мелшиіп қарап қалыпты. \"Пульвермахер де қарап жатыр, - деді үнсіздікті бұзып Күрт. \"Жоқ, ұйықтап жатыр\", - деді Карл оның жүзіне үңіліп. \"Ұйықтап жатыр\", - деп келісті Күрт. Асфальт үстіне жарық түсті де, Гюнтерді алып кеткен сол мейірімді таксомотор панельдің жанына келіп тоқтады. \"Тағы біреуі? - деп күлді шофер, - Бірден апарып салу керек еді\". \"Қайда?\" - деп сұрады ұйқылы дауыспен Карл Курттан. \"Қалтасында адресі бар... шығар\", - деді ол екіұштылау. Шайқалақтап жүріп ол əлгі жанның жүзіне үңіліп, оның айқара ашылған пальтосының қалталарын тінткілей бастады. \"Барқытты нымша, - деді Курт. -Бейшара, бейшара...\" Олар оның бірінші қалтасынан-ақ екі бүктелген открытканы тауып алды да, оның адресі бар жартысы қолдан сусып түсіп, мүлде жоғалып тынды. Ал екінші жартысында да көлденеңінен ірі етіп жазылған адрес бар боп шықты. Сыртында сол жағынан үзіліп қалған түзу жазылған бір сөйлем бар екен, бірақ ол сөйлемге жоғалған жартысын қайта жалғаса да, оның мəнін түсіну қиын болар еді. \"Бак беретом\", - деді Курт \"реникс\" жүйесімен оқып. Открыткадан табылған адресті шоферға айтып, былқ- сылқ еткен ауыр денені автомобильге салып жіберуге кірісті, шофер тағы да көмекке келді. Шамның жарығы таксомотор есігіндегі шахмат шаршыларына түсіп тұр. Ақырында сығылыса толған автомобиль орнынан қозғалды. Карл жол-жөнекей ұйықтап кетті. Белгісіз адамның денесі əр бұрылыс жасаған сайын былқ-сылқ етеді де, сонан кейін Курт орынға көтеріліп, ал Карл мен белгісіз адамның бір бөлігі еденде келе жатты. Автомобиль тоқтап, шофер есікті ашқан кезде, ол автомобильде қанша адам отырғанын аңдай алмай қалды, Карл бірден оянды да, ал еденде жатқан адам былқ етер емес. \"Мына достарыңды не істейтіндеріңді білмеймін\", - деді шофер. \"Оны күтіп отырған шығар\", - деді Курт. Шофер өзінің жұмысын бітіргенін, ұл түн - мазасыз түн болды деп ойлады да, жалаушасын көтеріп, ақша талап етті. \"Мен төлеймін\", - деді Карл. \"Жоқ, мен, - деді Курт. - Мен оны бірінші таптым\". Бұл дəлел Карлды тосылдырып тастады. Олардан зорға құтылған автомобиль

жүріп кетті. Үш адам панельде қалды: біреуі желкесімен тас басқышқа сүйеніп жатыр. Шайқала басып ентіккен Курт пен Карл көшенің ортасында тұрып үйдегі жанып тұрған жалғыз терезеге қарап қарлыға айқайлады, сол сəтінде перделер қозғалысқа түсіп, ашыла қалды. терезеден жас əйел басын шығарды. Курт қалай бастарын білмей, тамағын кенеп алды да, сонан кейін күшін жинап, сергек, əрі қаттырақ дауыстап: \"Бойжеткен, біз Пульвермахерді алып келдік\", - деді. Əйел ештеңе деген жоқ, перделер жабылып қалды. Бірақ оның терезе алдынан кетпегені көрініп тұр. \"Біз оны көшеден тауып алдық\", - деді Карл терезеге қарап сенімсіздеу. Перделер қайта ашылды. \"Барқыт нымшасы\", - деді Курт түсіндіре түсуді жөн санап. Терезе алды босады да, бір минөттен кейін есіктер ашылып, шыныдан бірінші алаңқайға дейін мрамор төселген басқыш көрінді де, көп ұзамай текпешектерді тез-тез басып келе жатқан əйел аяғы көзге түсті. Кілт сылдыр-сылдыр етті де, есік ашылды. Басқыштарға сүйеп қойылған қара киімді толық адам жатыр. Бұл кезде басқыш адам соңынан адам туып жатты. Түнгі туфлилі, қара шалбарлы, жағасы жоқ крахмал көйлек киген мырза пайда болды да, оның соңынан жалаң аяғына бірдеңе сұға салған жүзі боп-боз қызметші əйел көрінді. Бəрі айыпты жандай күлімсіреген Лужинге төне қалыпты, ал ішіп алған бөтен жандар бірдеңелерді айтып жатыр, біреуі, шақыру қағазы сияқты, пошта открыткасының жартысын қайта-қайта ұсынады. Лужинді бесеулеп жүріп жоғары көтеріп шықты да, оның ауыр да ардақты басынан ұстаған қалыңдығы кенет басқыштағы жарық сөніп қалған кезде дауыстап жіберді. Қараңғыда бəрі абдырап қалды да, əлдене сарт етіп, əлдене тарпылдап, ысылдап- пысылдап, біреулер кері серпіліп, құдайды немісше ауызға алып жатты, жарық қайта жанған кезде əлгі бөгде адамдардың бірі басқышта отыр да, екіншісі Лужиннің денесінің астында қалыпты, ал жоғарыдағы алаңқайда ашық түсті түнгі көйлек киген шешесі қимылсыз жатқан дененің жанында əлдене деп əрекет етіп жатқан күйеуі мен оның үлкен ауыр басын иығына сап ұстап тұрған қызынан көз алар емес. Лужинді қонақ бөлмеге алып кірді. Жас бөгде жігіттер əлдекімдерге өздерін таныстыру үшін өкшелерін сарт еткізіп қояды да, фарфор қойылған үстелдерден жалт бұрылады. Олар барлық бөлмеде дерлік болып шықты. Олар шығып кетпек боп, қанша ұмтылса да шығар есікке жете алмай-ақ қойды. Олар барлық дивандарда отырып, ванна бөлмесінде де, дəліздегі сандық үстінде де болды, олардан құтылуға мүмкіндік болмай жатты. Санын біле алмады, - тұманды сан Біраз уақыттан кейін олар шығып кетті де, қызметші əйел екеуін шығарып жібергенін, ал қалғандары бір жерлерде жатқан шығар деп топшылап, еркектің түбіне арақ жететінін, оның сіңлісінің күйеуі де ішіп кеткенін əңгімеледі. \"Құттықтаймын, жетіскен екен, - деді шешесі жартылай шегініп

көрпе жабылған қонақ бөлмеде өлген адамдай сұлап жатқан Лужинге қарап тұрып. - Құттықтаймын\". Таңғаларлығы Лужиннің өлгенше ішкені оған ұнап тұр, бейне бір Лужинге деген ықыласты сезімі оянғандай. Осы бір шəлкем шалыстан бір түрлі адамдық, табиғилық, тіпті даңғайырлық, үлкен кісілік көріп тұрған секілді. (Біздің əулекі заманымыз жұрттың бəрін жолдан шығарып естен тандырады деп ойға батып тұр). Соңынан Лужиннен шарап иісі шықпайтынын, ол тіпті де мас емес екенін, оның ұйқысының өзі бір түрлі екенін естіген кезде, Лужиннен ең болмағанда, табиғи бір шалт қимыл көре алмағаны үшін өзіне-өзі ренжіп қалды. Таң алагеуімде келген дəрігер оны қараған кезде, Лужиннің жүзіне өзгеріс те еніп еді, қабағы ашылып, лайланған көзі жылтырап көріне бастаған. Тек сонда ғана, оны кірер ауызда көрген кезде есеңгіреп қалған қалыңдығы да өзіне-өзі келе бастап еді. Шынын айтқанда, кеше кештен бері əлдене күткен сияқты еді, бірақ дəл осылай болады деп күтпеген-ді. Ол шахмат домханасына телефон соққанда, оған ойын баяғыда аяқталған деп жауап берді. Сонан кейін ол қонақ үймен хабарласты, бірақ олар да Лужиннің əлі келмегенін айтты. Ол, мүмкін, есіктің сыртында қалып қойған жоқ па екен деп, сыртқа шықты, сонан соң қонақ үйге тағы телефон соқты, полицияға хабарласақ қайтеді деп əкесімен ақылдасты. \"Түк қажеті жоқ, - деді əкесі кесімді түрде. - Оның таныстары жоқ деп тұрсың ба. Қонақтыққа кеткен шығар\". Бірақ Лужиннің ешқандай да танысы жоқ екенін ол жақсы біледі, сондықтан да оның ұшты-күйлі жоқ боп кетуі ақылға сыймайды. Енді, міне, Лужиннің жалпақ, сұп-сұр жүзіне қарап отырып оның жанын мұңлы, нəзік бір аяушылық торлап алып еді, - ондай аяушылық болмаса өмір де болмас еді. Осы бір бейкүнə адамның көшеде жатқанын, оларды мас адамдардың сүйрегенін көзге елестетудің өзі қиын еді; оның есінен танып құлағанын маскүнемнің ұйқысы деп қабылдағанын ойлаудың өзі ауыр болатыны қандай аянышты, қандай азапты. Міне, көзіне жас алмай қарай алмайтын олпы-солпы нымша, бұйра шаш, салбыраңқы алқымды аппақ мойын... Осының бəрі менің кінəмнен, - қарай алмадым, қарай алмадым. Қай кезде де оның қасынан табылу керек еді, оны көп ойнатпау керек еді, - осы уақытқа дейін автомобильдің астына түсіп қалмай қалай жүрген, шахматтан əбден діңкелеп шаршаған кезде осылайша сұлап түсіп, осылайша ес-түссіз қалады екен-ау? \"Лужин, - деді ол, бейне бір ол оны көріп отырғандай, оған күлімсіреп, - Лужин, бəрі дұрыс болады. Лужин, естимісіз?\" Оны ауруханаға жайғастырғаннан кейін, ол оның заттарын алуға қонақ үйге барды, оны алғашқыда нөміріне кіргізбеді, ұзақ уақыт түсіндіруге тура келді, санаторияның дөрекі қызметшілерімен салғыласты, сонан кейін Лужиннің соңғы күндеріне төлемек болып еді, ақшасы жетпей қалды, тағы да түсіндіруге тура келді, осының бəрі Лужинді азаптаудың жалғасындай көрінді де, ол жылап жіберді.

Ақырында қонақ үйдің дөрекі қызметші əйелінің көмегінен бас тартып, Лужин заттарын жинастыруға кіріскен кезде аяушылық сезімі тіпті шектен шығып кеткендей еді. Ол заттардың ішінде көптен бері сақтап келе жатқан заттар да бар еді, - ешқандай қажеті жоқ заттар: бүйірінде қалташығы бар \"S\" əрпі түріндегі металл тоқымалы кенеп белбеу, бəкі- брелок, итальян открыткаларының бумасы, - көк аспан мен мадонналар, Везувий үстіндегі көгілдір түтін; Петербор заттары: қызыл, ақ сүйекті кішкентай есепшоттар, баяғыда өтіп кеткен 1918 жылдың парақталатын күнтізбесі. Осының бəрі, неге екені белгісіз, таза, бірақ мыжылып қалған көйлектердің арасында шкапта жатты. Олардың ішінде Валентинова деген біреудің адресті қағазы да бар... Дəретхана дүниелерінің көріксіздігі сондай, оларды тастап кетпек болды, - жөкенің орнына резеңке сорғыш сатып алып бермек. Шахматтар, жазбалар мен диаграммаларға толы картон қорабы мен шахмат журналдарының бумасын жеке пакетке салды: бұлардың оған енді қажеті жоқ. Шабадан мен сандық толып, құлыптанғаннан кейін, ол бұрыш-бұрышты тағы да қарап шықты да, төсек астынан баулары жоғалып қалған, Лужинге түнгі туфли ретінде қызмет атқарған аяқ киім тауып алды. Ол оны абайлап қана қайтадан төсек астына қойды. Қонақ үйден шыққан ол, Лужин таяғы мен шляпасын сонда тастап кетпеді ме екен деп, шахмат дəмханасына тартты. Турнир залында адамдар көп екен, киім ілер жерде Турати қунақ қалыппен пальтосын шешіп жатты. Ол шахмат сеансы басталар кезде тап болдым-ау деп ойлады, яғни, бұлар əлі Лужиннің ауырып қалғанынан бейхабар болса керек. \"Не болса, ол болсын\", - деді ол ызалана, - \"күтсін\". Таяқты тапты, бірақ қалпағы жоқ. Фигуралар қойылған үстелге, қолын ысқылап, бас дауысты əнші құсап тамағын кенеген, жалпақ жауырынды Туратиге шамырқана қарады да дəмханадан шықты, тор көзді жасыл түсті Лужиннің сандығы жатқан таксомоторға отырып санаторияға қайтып оралды. Кешегі жас жігіттер келген кезде, ол үйде жоқ еді. Олар кеше түнгі өздерінің ыңғайсыз жүрістері үшін кешірім сұрауға келген болатын. Олар əсем-ақ киінген екең, бастарын иіп, кеше алып келген мырза өзін- өзі қалай сезінеді деп қайта-қайта сұраумен болды. Оларға рахмет айтылды да, мырза түнгі қыдырыстан кейін жақсы тынықты деді. Жас жігіттер он минөттей отырып, риза болып кетіп қалды. Дəл осы кезде турнирді ұйымдастыруға қатысы бар, асып - сасқан жас жігіт санаторияға келді. Лужинге оны жібермеді; онымен сөйлескен жас əйел, Лужин əбден шаршады, оның енді шахматқа қашан оралары белгісіз деді. \"Бұл сұмдық қой, сұмдық қой, - деді əлгі адам қайта-қайта қайталап. - Аяқталмаған партия! Қандай жақсы партия! Маэстроға айтыңызшы... Менің толқынысымды, менің өтінішімді жеткізіңізші...\" Ол үмітін үзіп қолын бір сілтеді де, басын шайқап шығар есікке беттеді.

Газеттерде Лужин соңғы партиясын аяқтамай жүйке ауруымен сырқаттанып қалды деген хабар басылды да, ал Турати қара жақ эф- төрт пешкісінің əлсіздігінен бəрібір ұтылар еді деп соғыпты. Барлық шахмат кубоктарында білгіштер жиылып фигуралардың жағдайларын зерттеп, ойын жалғасқанда қалай өрбитінін қарастырып, ақтың əлсіз дэ-үш пунктін атап жатты, бірақ ешкім де талассыз жеңістің кілтін таба алмады. 10 Көп ұзамай бір күні кеште біраздан бері пісіп-жетілген, біраздан бері дүбірі алып бара жатқан, ақырында ақтарылып-төгілген, шектен шыққан оспадар əңгіме бұрқ ете түсті. Ол санаториядан жаңа ғана оралып қарақұмық ботқасын жеп, Лужиннің жақсарып келе жатқанын айтып отыр еді. Ата-аналары бір-біріне қарап алды, сонан кейін майданды бастады да жіберді. \"Мен, - деді шешесі, - сен өзіңнің түкке тұрмайтын ойыңнан бас тартатын шығарсың деп үміттенемін\". \"Тағы да\", - деді тарелкесін ұсынып жатып. \"Белгілі шетін сезімнен...\" - деп жалғастырған шешесінің сөзін əкесі қағып алып кетті. \"Иə, - деді ол, сенің танысыңның жағдайы ақиқаты белгілі болғанға дейін шешен əдептілік сақтап саған ештеңе деген жоқ. Бірақ енді сен бізді тыңдауға тиіссің. Сен өзің білесің, біздің тілегіміз, қамқорлығымыз, мақсатымыз, жалпы... тілейтініміз - саған жақсы болсын, сен бақытты болсын деу жəне тағы- тағылар. Ал ол үшін...\" \"Біздің кезімізде тиым салар еді, - деп қосып қойды шешесі, -бұл жерде енді\". \"Жоқ, жоқ, бұл жерде тиымның керегі не. Сен одан да тыңда, айналайын. Сен он сегізде емес жиырма бестесің, мен бұл жерден бір елігуді, поэзияны көргендей болам\". \"Ол бəрін керісінше жасағанды қалайды, - деп бөліп жіберді шешесі. - Бұл бір жатқан азап...\" \"Сіздер не туралы айтып отырсыздар?\" - деп сұрады ақырында қызы, ол үстелге сүйеніп отырған қалпы жымиды да, шешесіне қарады. \"Басыңа кірген бəлені алып таста деп отырмыз, - деп айқайлап жіберді шешесі. - Делқұлы қайыршыға тұрмысқа шығам деу ессіздік деп отырмыз\". \"Ой\", - деді қызы үстелге қолын созып жіберіп, оған басын қойды. \"Былай, - деп əкесі тағы тіл қатты. - Біз сенің Италия көлдеріне кетуіңді қалаймыз. Мамаңмен бірге. Сен ол жердің нағыз жұмақ екенін білмейсің ғой. Изолла Белланы алғаш көрген кезім əлі есімде...\" Сылқылдап күлгеннен қызының иығы бүлк-бүлк етеді; сонан кейін ол басын көтерсе де, күлгенін жалғастыра берді, көзі жұмулы. \"Түсіндірші, саған не керек\", - деді шешесі үстелді салып қап. \"Біріншіден, - деді ол, -айқай-шу көтермеңдер. Екіншіден, Лужин əбден жазылып алсын\". \"Изолла Белла Тамаша Адамдар деген мағына береді, - деді əкесі асыға-үсіге, сөйтті де өзім-ақ бəрін ретке келтірем дегендей əйеліне қарады. - Сен көз алдына келтіре алмайсың... Көгілдір айдын, аптап, магнолия, билер... Əсіресе, менің есімнен, - қалай аталатын еді, - жылтырақ шыбындар...\" \"Сонан кейін не болады? - деп сұрады шешесі.

- Сенін досың өліп кетпесе, сонан кейін не болады?..\" \"Соған байланысты, - деді ол сабырлы қалыппен. - Мен ол адамды тағдырдың тəлкегіне қалдырып кете алмаймын. Тастамаймын да. Осымен сөз тəмам\". \"Сонымен бірге сары үйде тұрмақшысың ғой, - тұр, тұр, тұра ғой!\" \"Сары үй ме, көк үй ме...\" - деді қыз даусы дірілдеп. \"Италия қызықтырмай ма?\" - деп дауыстап жіберді əкесі. \"Жынданған шығарсың!.. Шашым ағарды! Шахматтың қайыршысына тұрмысқа шықпайсың\". \"Өзің қайыршысың. Шығам десем, шығам. Түйірдей ақылы жоқ, жаман əйелсің...\" \"Жарайды, жарайды, болды, болды\" - деді əкесі сасқалақтап. \"Мен оны енді бұл үйге кіргізбеймін\", - деп ентікті шешесі. Қызы тұншыға жылап жіберді де, шығып бара жатып буфетке соғылды да, \"сайтан алғыр\" деп бір сөкті. Буфет біраз уақытқа дейін мұңын шағып сыңғырлап тұрды. \"Олай етпеу керек еді\", - деді əкесі сыбырлап. \"...Қорғама, қарағым...\" \"Мені қойшы. Аяғы не боларын қайдан білейін. Əбден діңкелеген, шаршап-шалдыққан. Бəлкім, - құдай жар болсын! - бəлкім осындай соққыдан кейін ол дұрыс жолға түсер... Мен, не болғанда, қызыма кеттім\". Келесі күні əкесі Лужин жатқан санаторийдегі атақты психологтармен ұзақ əңгімелесті. Ассириялық сақалды, дымқылданып күлімсіреп тұратын жанарлы психолог оны жалықпай ықыласпен тыңдады. Ол Лужиннің қояншық ауруы да, сал ауруы да жоқ, жүйкесіне қатты салмақ түсіріп алғандықтан болған дерт, енді оған тек ұзақ уақыт бойы шахматтан бас тартуы керек екенін, ол үшін дұрыс, бірқалыпты қарапайым өмір сүру керек екенін оның басына құю керек. \"Ал ондай адамға үйленуге бола ма?\" \"Əрине, егер ол əтек болмаса... - профессор жымиып күлді. - Үйлену оған пайдалы. Біздің пациенке күтім, көңіл көтеретін нəрселер керек. Бұл сананың уақытша тұмандануы, ол біртіндеп кетеді. Шынын айтқанда, көп ұзамай орнына келеді\". Психиатордың сөзі үйде аз да болса сенсация тудырды. \"Яғни, шахматтың біткені ғой? -деді шешесі марқайып. - Сонда одан ештеңе де қалмайды ғой, - делқұлылық қана қалады ғой?\" \"Жоқ - жоқ, - деді əкесі. Делқұлылық туралы əңгіме жоқ. Толық сауығып шығады. Алып бара жатқан ештеңе жоқ. Түсініп тұрсың ба, балам\". Қызы лəм демеді. Күрсінді де қойды. Шынын айтқанда, ол қатты шаршаңқы еді. Күннің біраз бөлігін санаторийде өткізіп еді, айналасындағы тіршіліктің шектен тыс аппақ боп тұрғаны мен медбикелердің аппақ қозғалыстары оны діңкелетіп жіберген-ді. Əлі де боп-боз, жақ жүні үрпиіп кеткен ақ көйлекті Лужин сұлқ жатыр. Тек анда-санда ғана көрпе астындағы тізесін тартып алады, немесе баяу ғана қолын қозғайды, жүзіндегі көлеңке сырғып түскендей болады, кейде көзін ашқан кезде естияр сəуле көрінеді, - бары осы, əйтпесе сол сұлқ қалпы - осы бір сұлықтықтан саналы тіршілік іздеген адамға аса ауыр

болатыны сөзсіз. Одан жанарыңды тайдырып алып кету де оңай емес, - ішкі бір қимыл-қозғалыстардан анда-санда жиырыла қалатын сары- сұрғылт маңдайға сіңіп, сондай - ақ бəлкім жекелей бір пенделік ойлар тұтасып, қайта тарқатылып ауыр қозғалып жатқан қалың тұманға сүңгіп кіріп кеткің келеді. Қарғыс атқыр тұман тəн мен жаны бар тірлік күтетіндей, бірде қалың қараңғылықтан бармақ басындай айналы ноқат пайда болады да, Лужинге сол бір бұлыңғыр айнадан бала кездегі қорқыныштардан қалған қара сақалды таныс бейне көрінеді. Бұлыңғыр айнадағы бейне еңкейіп еді, сəуле бірден тартылып кетті, тағы да біртіндеп үрей жиған тұманды қараңғылық басты. Қараңғы ғасырлардай ұзаққа созылған бір түннің ішінен тағы бір сəуле пайда болды да, кенет ол сəуле нұр шашыратып жарылып кетті, қараңғылық қақ айырылды, оның орнында, балқып бара жатқан жақтаулардың ішінде, жарқыраған көгілдір терезе қалды. Сол бір көгілдір əлемде, төменгі жағы шыршаның қара-жасыл алақанынан көрінбейтін ақ діңгекке шұбар-ала көлеңкесін түсірген ұсақ сары жапырақтар жалт- жұлт етті; осы бір көрініске тіршілік құйылып кеткендей болды да, жапырақтар дір-дір етіп, діңгек бойымен көлеңкелер əрі-бері жүгіріп, жасыл алақан тербеле жөнелді, Лужин шыдай алмастан көзін жұмды, бірақ сəулелі толқын қабағының астында қалды. \"Мен ондағы тоғайда бірдеңе көмдім\", - деді ол рақаттана. Не көмгенін есіне түсірмек болған кезде, бір сыбдыр мен екі адамның сабырлы даусын есітті. Қайда жатқанын ұққысы кеп ден қойып еді, маңдайына жұп-жұмсақ, сұп-суық бірдеңе басылды. Шамалыдан кейін ол тағы да көзін ашты. Топ-толық аппақ əйел алақанымен маңдайын ұстап тұр екен, - ал анда, терезеде сол əлгі бақытты көгілдір əлем. Ол не айту керек деп ойланып қалды да, оның омырауындағы сағатқа көзі түсіп, ернін жалап, сағат қанша болды деп сұрады. Айнала қозғалысқа түсіп жүре берді, əйелдер сыбырласып жатты, Лужиннің бір ұққаны олардың тілін бұл, бұның тілін олар түсінеді екен. \"Сағат қанша?\" - деп қайталады ол. \"Таңғы тоғыз, - деді бір əйел. - Өзіңізді қалай сезінесіз?\" Терезеден, егер сəл басын көтерсе, шұбар ала көлеңкелі шарбақ көрінеді. \"Үйге келген болуым керек\" - деп ойлады Лужин, сөйтті де іші қаңғырлап бос қалған, жеп-жеңіл басын қайтадан жастыққа қойды. Ол бірқатар уақыт бойы шынылардың жеп-жеңіл сыңғырын естіп жатты... Оған басынан өткен ебедейсіз оқиға бір нəрсесімен жанына жағатындай, қимыл етпей осылай жату рақат сияқты болып көрінді. Осылай жатып ұйықтап кеткенін білмей қалды да, оянған кезінде тағы да орыс күзінің көгілдір салтанатын көрді. Бірақ бір нəрсе өзгергендей, оның төсегінің жанына əлдекім жақындап келген сияқты. Лужин басын бұрды: оң жағындағы орындықта күлімсіреген көзімен қадала қарап қара сақалды ақ халатты бір мырза отыр екен. Лужин оны диірмендегі мұжыққа əрең ұқсатқандай болды да, бірақ ол ойы əлгі мырза сөйлеген кезде бірден зым-зия болды: \"Жақсы ма?\" - деді ол көңілін сұрап. \"Сіз кімсіз?\" -деп сұрады Лужин. \"Досыңмын, - деп тіл қатты мырза, - сенімді досыңмын. Сіз ауырып қалдыңыз, қазір

жақсысыз. Тыңдап жатырсыз ба, сап - саусыз\". Лужин бұл сөздердің мəнін ұқпақ болып ойлана бергенде, əлгі мырза жұп-жұмсақ үнмен: \"Сіз тыныш жатуыңыз керек: Демалыңыз. Көбірек ұйықтаңыз. Көбірек ұйықтаңыз\", - деді. Лужин осылайша, жол-жөнекей көп жүгін жоғалтып, ұзақ сапардан қайта оралды да, жоғалғандарын қайта қалпына келтіруге ықыласы болмады. Сауығуға бет бұрған бұл алғашқы күндер тыныш, біркелкі өтті; ақ халатты əйелдер оны жақсылап тамақтандырды; мұнтаздай сақалды кісі əдемі сөздер айтады да, тұла бойыңды жып - жылы етіп жіберетін шұғылалы көзімен қадала қарап отырады. Көп ұзамай Лужин бөлмеге тағы да əлде біреудің келіп-кететінін байқады, - сезімтал, сергек тіршілік иесі. Бірде оянып кетіп еді, дəл қасынан таныс бір сыбыр естіліп, тына қалды да, біреу дыбысын шығармай асығыс шығып бара жатты. Сақалды досының сөзінің арасында да құпия бір бақытты сəтке меңзеген ишара сестері білініп қалады; ол бір көзге түспейтін, жұмбақ бақыт айналасындағы ауамен араласып, күзгі терезеге қонып, есіктің дəл сыртында жүргендей. Лужин өзінің бос кеуек боп қалған ақыл-ойы біртіндеп тола бастағанын сезіп жатыр. Оның жолы болды: оның ғұмырындағы бақытты елес бірінші боп көрінді. Ғажап оқиғаның жақындығын тұла бойымен сезінген ол ақ есікке қарап жатты да қойды: қазір ол ашылады да күткен адамы кіріп келеді. Кенет бір бүйірден əлдене қимылдағандай болды. Мол перденің арғы жағында біреу күліп тұрғандай. \"Қазір, қазір барамын\", - деп күбірледі Лужин көрпеден аяғын шығарып, көзімен қасындағы орындық астынан аяқ киім іздеп. \"Сіз ешқайда бармайсыз\", - деді əлгі, сонан кейін бос кеңістікті толтырған алқызыл көйлек пайда болды. Оның өміріне түскен осы бір шапақ, оның сауығуын тездетті. Бірқатар уақыт бойы оның болмысының құдайлары əлі тасада қалған. Нəзік оптикалық айлакерлік болып өтті: ол өмірге кеткен жағынан оралған жоқ, оның өткен өмірін көз алдына келтіру ісін де оны жаңа өмірде күтіп алған жан мойнына алды. Оның өмірінің бұл саласы толық қалпына келтірілгеннен кейін, кенет гүрс етіп қабырға құлағандай боп Турати, турнир жəне алдындағы турнирлер пайда болды, - құдай сақтап қарсыласқан Турати бейнесін əрірек алып кетуге, қимылдай бастаған шахмат фигураларын қайтадан жəшікке салып қою мүмкін болды. Олар қайта бас көтере бастаса-ақ, төбесінен қойып қалады, - шайқас көпке созылған жоқ. Көзінен кілең шуақты мейірім төгіліп тұратын дəрігер де көмектесіп бақты, ол: айнала түгел еркіндік пен ықыласқа толы, ал шахмат деген адамның ақыл-ойын бұзып, кептіріп тастайтын салқын ермек, яғни шахматқа берілген адам да бір, мұхит жағалауында тұрып тас санаған адам да бір деді. \"Егер сіз шахматты еске алатын болсаңыз, онда мен сізді сүйе алмаймын, - деді қалыңдығы, - ал мен сіздің əрбір ойыңызды бағып отырмын\". \"Үрей,

азап, қамығу, - деді баяу ғана дəрігер. - Шахмат тек осыларды тудырады\". Ол Лужинге мұны Лужиннің өзі жақсы білетінін, Лужин шахматты жеккөрінішпен еске алатынын дəлелдеумен болды, Лужин де бірде солқылдақтық танытып, бірде рақаттанып жатып ол дəлелдермен келісімге келіп қалады. Иісі бұрқырап тұрған санаторияның үлкен бағының ішінде аяғына су жаңа түнгі былғары туфли киген, гүлдер туралы əңгіме айтқан Лужин қыдырыстап жүретін болды, қасындағы қалыңдығы бала кезінде оқыған кітапты, ондағы итімен бірге қашып кеткен гимназистің басынан өткен шым-шытырық оқиғаларды еске ап, ақырында ол гимназистің тағдыры ысытпа ауруымен (безгек те, қызамық та емес, ысытпамен) шешіледі, бұрын жек көріп келген өгей шешесі оны бəйек боп күткені сондай, оның бұл еңбегін əспеттеген оны шешем деп атай бастайды, осы жерге келген де оның жүзінен жас ағып, бəрі де орын-орнына келеді. \"Лужин сауықты\" - дейді ол күлімсіреп, оған қырынан қарап (Наполеонның салбыраңқы қыры). \"Лужин сауықты. Лужин қыдыратын болды. Лужин сондай сүйкімді\". \"Иісі жоқ\", - дейді Лужин гүрілдеген дауыспен, гүлге еңкейіп. \"Иісі болуы мүмкін емес, - дейді ол оны қолтығынан ап. - Бұл өзі сондай гүл. Ал анау тұрған ақ мырза - темекі. Ол түнде бұрқырап тұрады. Бала кезімде оның өзегіндегі шырынды соратынмын. Қазір енді дəмсіз\". \"Біздің бақта... - Лужин клумбаға қарап ойланып қалды. - Мына бір гүлдер болатын\", - деді ол. \"Астра ғой, - деп түсіндірді ол. - Мен оларды сүймеймін. Олар тым қатқыл. Ал біздің бақта...\" Балалық шақ туралы көп айтылды. Профессор да Лужинмен \"Əкеңіздің жері болды ғой? Солай ма?\" - деп сұрайтын. Лужин басын изеді. \"Жер, деревня деген тамаша ғой, - деп жалғастырады профессор. - Сіздерде жылқылар, сиырлар да болды ғой?\" Бас изеу. \"Сіздің үйіңізді көз алдыма келтіріп көрейін... Айнала алып ағаштар... Үлкен, салтанатты үй... Сіздің əкеңіз аңнан оралады...\" Лужиннің есіне бірде əкесінің өліп жатқан бір құсты арықтан тауып əкелгені түсті. \"Иə\", - деді сенімсіздеу Лужин. \"Толығырақ айтып берсеңіз - деп өтінді профессор. - Өтінем. Маған сіздің бала кезіңізде немен шұғылданғаныңыз қызық. Қалай ойнадыңыз. Сіздің солдатиктеріңіз болған шығар...\" Бірақ Лужин ондай əңгімелерге беріліп кете алмайтын. Дегенмен осындай сұрақтардың əсерінен оның ойы тағы да балалық шаққа орала береді. Бірақ ойына оралғандарды сөзбен айту мүмкін емес еді, - балалық əсерді ересектердің сөзімен жеткізу мүмкін бе, - ал ол бірдеңе айта қойса, оны үзіп-жұлқып, ықылассыз айтып, күрделі қуатты жүрістерді əріппен, цифрмен ғана белгілеп өте шығатын. Ол бұрын мектепке дейінгі, шахматқа дейінгі балалық шағына мүлде жоламайтын, мүлде ойына алмайтын еді, сөйтсе, ол бір шақ та ғажайып экскурсия жасайтын, сондай бір қауіпсіз орын боп шықты. Лужин ішкі толқынысын өзі түсіне алар емес, - юбкасының бір қапталында үш сүйек түймесі бар толық француз əйелі бүкіл ауыр

денесімен креслоға жайғасады, оның ызасын келтіретін сол бейне, енді оның кеудесінде нəп-нəзік аңсарлы сезім тудырады. Оның есіне ол əйелдің Петербордағы үйде басқыштан гөрі швейцардың вестибюль қабырғасындағы тұтқаның көмегімен іске қосылатын, сумен қозғалатын көне лифтімен жүргенді қалайтыны есіне түсті. \"Жолыңыз болсын\", - дейтін швейцар есіктерді жауып жатып, ал ауыр, дір-дір етіп солқылдап кететін лифт жуан барқыт шнурдың бойымен жайлап көтеріліп бара жататын, лифт көтерілген сайын жапсарлас қабырғадағы дымқыл мен сыздан пайда болған біреулері бұлттарды, енді біреулері Қара теңізді, басқа біреуі Австралияны еске түсіретін географиялық дақтар төмен сырғып бара жатады. Кейде кішкентай Лужин онымен бірге көтеріледі, бірақ көбіне төменде қалып қояды да, лифтінің əрең көтеріліп бара жатқанын тыңдап оның жарты жолда кептеліп тоқтап қалуын тілеп тұрады. Кейде солай да болады. Шу басылып, белгісіз бір қабырғалар арасындағы кеңістіктен көлеңке шақырған ыңырсыған үн пайда болады; швейцар төменде тұтқасын басып, сонан кейін жоғары қарап \"Жүрді ме?\", - деп сұрайды. Ақырында бірдеңе солқ ете түсіп қозғалысқа келеді де, біраздан кейін лифт төменге оралады, - бос. Бос. Оған не болғанын құдайым білсін, бəлкім, өзінің сол демікпесімен, кəмпиттерімен, қара баулы пенснесімен аспанда қалып қойды ма, кім білсін. Бүкіл ғұмырында, бəлкім, алғаш рет Лужин өзіне-өзі - осының бəрі ізі-қайым қайда жоғалады, оның балалық шағы қайда кетті, веранда қайда, бұлттар арасындағы соқпақтар қай жаққа жол тартты деп сұрақ қойды. Жан-жүрегінің тылсым бір қалауымен сол соқпақтарды ол санатория бағынан іздеп көрді, бірақ клумбалар басқа боп шықты, ақ қайыңдар да басқаша орналасқан, күздің бояуы құйылған сарғыш жапырақтар да жадында қалған ақ қайың бояуларымен сəйкес келмейтін сияқты. Сол бір алыста қалған əлем қайтып келмеске кеткен, - қашықтық мұнарымен жұмсарып көрінетін оның əке - шешесінің бейнелері қатал мінездерінен ада болыпты, фанер түстес қаңылтыр вагондары бар бұрандалы поезд ысылдап кресло астына кіріп кетті, мұндай кезде паравоз үшін тым үлкен болғандықтан тендерге бекітілген қуыршақ машинистің не ойлағанын құдай біледі. Бүгін де Лужиннің басына кеп жайғасқан балалық шақ осылай болды. Сонан кейін басқа кезең, ұзаққа созылған шахмат кезеңі туды, ол кезеңді дəрігер де, қалыңдығы да босқа зая кеткен жылдар, рухани соқырлықтың қара кезеңі, қатерлі адасу - зая кеткен, зая кеткен жылдар деп есептеді. Оларды еске алуға болмайды. Онда, зымиян рух сияқты, Валентиновтың сұмырай бейнесі жасырынып жатыр. Жарайды, келістік, жетеді, - зая кеткен жылдар - құрысын, - ұмытылды, - өмірден сызып тасталынды. Егер оларды осылай сызып тастар болсақ, онда оның балалық шақтағы күндері тікелей бүгінгі күндермен байланысқа түсер еді де, қалыңдығының бейнесіне құйылар еді. Қалыңдығының бойында сол бір балалық шақтан қалған

еркелік те еменжарқындық та табылатын еді, бақтағы соқпақтардың бəріне алақанаттанып түсіп тұратын сəуле, енді тұтас бір шұғылаға айналған секілді. \"Қуанып тұрсың ба? - деп сұрады шешесі тұнжырап, оның жарқын жүзіне қарап. -Жақында үйлену тойын жасаймыз ба?\" \"Жақында, - деп жауап берді де, дөңгелек сұр қалпағын диванға тастады. - Көп ұзамай санаториядан шығады\". \"Əкеңнің қолына мың марка бір-ақ тиетін болды\". \"Мен жаңа бүкіл дүкендерді тіміскілеп шықтым, - деп күрсінді қызы. - Ол Жюль Берн мен Шерлок Холмосты сұрайды. Сөйтсем, ол əлі Толстойды оқымаған екен\". \"Əрине, ол мұжық қой, - деп күбірледі шешесі. - Мен ылғи айтып жүрмін ғой\". \"Мама, тыңда, - деді ол, кітап салынған пакетті биялайымен қағып, -келісіп алайық. Бүгіннен бастап ондай ескертпелеріңді таста\". \"Оған тұрмысқа шықпа, -деді шешесі түрі өзгеріп. - Шықпа. Жалынам. Керек десең алдыңа тіземді бүгейін...\" Бір қолымен креслоға сүйеніп, жаймен ғана өзінің зор, сықыр- сықыр еткен ауыр денесімен бүгіле бастады. \"Еденді жаншып жібересің\", - деп қызы кітапты алып, бөлмеден шығып кетті. Фостың саяхаты мен Холмостың мемуарын Лужин екі күнде оқып шығып, \"Күткенім бұл емес еді, - деді, - толық басылым емес сияқты\". Басқа кітаптардан оған \"Анна Каренина\" ұнады, - əсіресе, Земск сайлауы мен Облонский берген түскі тамақ суреттелген беттер. Оған \"Өлі жандар\" да əп-əжептеуір əсер етті, Оның үстіне Лужин сол кітаптың бір жерін бала кезінде азаптана көшіргенін есіне түсірді. Ол классиктерден басқа қалыңдығы оған жеңіл-желпі кітаптарды да əкеп беріп жүрді, - Гааль новеллашыларының еңбектері Лужиннің көңілінен шықты, - ұяла-қызара, бірақ беріле оқыған күмəнді новеллалардың өзі де. Ал өлеңдер (мəселен, дүкеншінің кеңесімен сатып алған Рилъкенің кітабы) оны ауыр уайым мен мұңға түсірді. Осыдан кейін профессор Лужинге Достоевскийді беруге тиым салды, өйткені профессордың айтуынша, ол кітап қазіргі заман адамының психологиясына қатерлі айна секілді əсер етіп, іріп-шірітеді. \"Лужин мырза кітапқа ойын сарқымайды, - деді қалыңдығы көңілденіп. - Ал өлеңдерді түсінуге ұйқастары кедергі жасайды, ұйқастар оған ауыр\". Бір таңғаларлығы, Лужин өмірінде оған қарағанда аз кітап оқыса да, гимназия бітірмесе де, шахматтан басқа ештеңемен айналыспаса да, бəрібір ол одан өзінде жоқ бір ағартушылық нышанын сезінгендей болады. Кейбір кітаптардың тақырыптары мен кейіпкерлердің аттары, ол кітаптарды еш уақытта оқымаса да, Лужинге ежелден таныс сияқты. Оның сөзінде доғал, қолапайсыз, құлақ кесетін сөздер былығып жатады да, бірақ кейде оның сезінуінде белгісіз, əлденені ишарлап тұратын жанды, шетін ой сіңірген сергектік байқалатын, бірақ оны ол жеткізіп айта алмайтын. Өзінің олпы-солпылығына, сөзге

сараңдығына қарамастан Лужин өзінің жүрегінің түкпірінде көзге көрінбейтін дірілді, бір кезде естіген дыбыс елестерін сақтап қалған еді. Оның мəдениетсіздігі туралы да, оның басқа олқылықтары жайлы да шешесі сол күннен кейін, тізесін бүккен қалпында креслоға бетін басып еңіреп жылап алған күннен кейін, айтпайтын болған. \"Мен бұрын түсінер едім, - деді ол кейінірек күйеуіне, - егер ол оны шынымен сүйетін болса, мен оны түсінер едім де, кешірер едім. Бірақ сұмдығы сонда...\" \"Жоқ, олай емес, - деп бөліп жіберді күйеуі. - Маған да алғашқыда солай көрінген. Бірақ қызымыздың оның ауруына деген қатынасы маған кері əсер етті. Əрине мұндай одақ құру қауіпті, бірақ амалың қайсы... Ол көне дворян отбасынан шықса да, оның тар аядағы кəсібі оған біраз із қалдырған. Актриса боп кеткен Иринаны есіңе алшы, - бізге қалай боп келіп еді. Оның бойындағы бүкіл кемшіліктерді біле тұра, мен оны жақсы адам деп білем. Көр де тұр, ол енді пайдалы бір іспен айналысатын болады. Мен енді, не болғанда да, оны үгіттемеймін. Егер сен менің пікірімді білгің келсе, онда, жаның күйіп тұрса да, мойынсұну керек\". Ол портсигардың қақпағын бірқалыпты тықылдатып отырып ұзақ, серпіле сөйледі. \"Мен бір-ақ нəрсені білем, - деп қайталады əйелі, - ол оны сүймейді\". 11 Əлі бір жеңі қондырылмаған пиджакты киген Лужин трюмоға бір қырынан тұр, ал жалтыр бас тігінші бірде оның иығы мен арқасын бормен сызып, енді бірде бейне бір, аузынан өсіп-шығып жатқандай инелерді жып еткізіп суырып алады да, оған қадай - қадай қояды. Альбомдағы мауыты мата үлгілерінің ішінен Лужин қара-сұрғылт шаршы түрін таңдап алған-ды, қалыңдығы тігіншінің тақта үстіне сарт еткізіп тастай салып, арасын жазған матаны сипалап ұзақ тұрды да, сəл кеудесін көтеріп, бейне бір жалаңаш денесін жапқандай, омырауына апарып көрді. Ол бұл мауытыны тым жұмсақ көрді, сол-сол екен ораулы маталардың текшелері бірінен соң бірі тақта үстіне топылдап тасталды да, тігінші олардың бірінен соң бірін бас бармағын астыңғы ерніне сулап ап ашып жатты, ашып жатты. Ақырында қара-сұрғылт мауыты таңдап алынды, əрі түкті, əрі жеңіл, əрі жұқа екен, енді Лужин, көрнекі құрал құсап, трюмо алдына əр кесінді сайын бөлшектеніп келіп тұратын сияқты (міне, қырылған жалпақ бет, міне, бір қырынан қараған жүз, міне, қысқа қырқып қырқылған желке түс, міне, қатар- қатар мойын мен қызарып қалқайыңқырап тұрған құлақ...), өзіне бір, материалға бір қарап қояды. \"Меніңше, алдын сəл-пəл ретке келтірсеңіз\", - деді қалыңдығы. Ал тігінші шамалы артқа шегініп Лужиннің денесіне көзін сығырайта қарап, сыпайы ғана жымиып, мырзаның денесі сондай ғой деп, бірдеңені тартып, бірдеңені іліп жағасымен болып кетті, ал Лужин болса, оның жағдайына түскен

барлық адамдарға тəн əдетпен сəл ғана қолын тартып, немесе бүгіп, сонан соң саусақтарына қарап қояды. Өтіп бара жатып тігінші оны бормен, қалта орнын белгілеп, дəл жүрегінің тұсынан сызып жіберді, сонан кейін дайын боп қалған жеңді жұлып алды да, Лужиннің қарын тұсынан жып-жып еткізіп инелерді суыра бастады. Лужинге жақсы костюмнен басқа фрак та тігілді; оның сандығының түбінен табылған көне модалы смокинг те əлгі тігіншінің қолымен жаңарып шыға келді. Қалыңдығы шахматты есіне түсіріп алармын деп Лужиннен оған бұрын емокингтің не үшін керек болғанын сұрауға батпады, сондықтан ол ешуақта да Бирмингамдағы үлкен түскі ас туралы білмей кетті, ол аста Валентинов... Жарайды, енді оны құдай жарылқасын. Лужин тұлғасының жаңаруы мұнымен біткен жоқ. Көйлектер, галстуктер, шұлықтар пайда болды, - Лужин мұның бəрін бірқалыпты қабылдады. Ол санаториядан, қалыңдығы үйінің екінші қабатындағы, қабырғаларында көңілді суреттері бар шағын бөлмеге ауысқан, ауысқан кезде ол, бір кезде деревнядан қалаға оралған кезіндегідей сезімді басынан кешті. Қаладағы көші-қон қашан да бір түрлі. Ұйықтамақ боласың, бəрі тосын: аяқтардың жүрісімен көшедегі түнгі шөркелерге дүңкілдеп жан бітеді, терезедегі перделер усадьбаға қарағанда əрі қымбат, əрі тығыз жабылады; жақтауында саңлау қалған есіктен көрінетін заттар əлдене күткендей қатып қалған. Ал оянған кезіңде терезе сыртынан сұрғылт жарық көрінеді де, тұманды аспан төрінен ай сияқты күн жылжып бара жатады, кенет алыстан, əскери музыка үні жетеді: ол барабан даусымен үздік-үздік боп алқызыл толқын сияқты жақындап келе жатады, көп ұзамай бəрі жым-жырт бола қалды да, труба үнінің орнына таяқтардың тоқылдаған дыбысы, Петербор таңының жеңіл дірілі естіледі. \"Сіз дəліздегі шамды сөндіруді ұмытып жүрсіз, - деді бөлмені жалға берген қарт неміс əйелі оған, - сіз түнде есігіңізді жабуды ұмытып кетесіз\". Ол оның қалыңдығына да шағым айтты, - кəрі профессор секілді алаңғасар. \"Сізге жайлы ма, Лужин? - деді қалыңдығы. - Ұйқыңыз жайлы ма, Лужин? Əрине, мен білем, онша жайлы емес, бірақ жақында бəрі өзгереді\". \"Кейінге шегере бермейік, - деп күбірледі Лужин, оны бөксесінен қапсыра құшақтап тұрып. - Отырыңыз, отырыңыз, кейінге шегермейік. Ертең тіркелейік. Ертең. Заңды тұрмыс құрайық\". \"Көп қалған жоқ, -дейді қалыңдығы. - Бəрі бір күнде болмайды ғой. Тағы бір мекеме бар. Біз ол жерде екі апта бойы қабырғада ілулі тұрамыз, бұл кезде сіздің жұбайыңыз Палермодан келіп, жазылған есімдерге қарап: \"болмайды, Лужин -менікі дейді\". \"Жоғалтым алдым, - деп жауап берді шешесі, одан өзінің куəлігін сұраған кезде. - Салғам, бірақ жоғалтып алдым. Білмеймін, ештеңе білмеймін\". Алайда ол қағаз оп-оңай табылды. Ескерту айту да, тыйым

салу да, қиындықтарды ойлап табу да кеш еді. Үйлену тойы жолдағы кедергілерді жаныштап жылжып келе жатты, оны тоқтатам деу, тайғақ мұз үстінде тұрып ап бірдеңені тоқтатам деумен бірдей еді. Шешесіне мойынсынудан басқа ештеңе қалмады, енді ол қызының күйеуі үшін жұрт алдында ұялып қалмаудың, оны əдемілеп, баптап күту керек те, той үстінде жұрттың бəріне күлімсіреп қарап, өзінің шексіз риза екенін білдіріп, Лужинді сондай мейірімді адам деп мақтап жүрудің қамын жасамақ. Ол сондай- ақ Лужинге қанша ақша кеткенін, енді қанша ақша кететінін ойлап, басынан сұмдық бір суретті қуып тастауға тырысты: маймылдық күн кешкен диуана кейіптегі жұлым- жұлым Лужин мен жан жылуын жоғалтқан мұп-мұздай қызы. Солай бола тұра ондай суреттің жақтаулары дайын еді. Жақын жерден онша қымбат емес, бірақ əп-əжептеуір жиһаз қойылған пəтер жалданып, тек бесінші қабатта, бірақ Лужиннің демікпесі үшін лифті істейтін, сондай- ақ онда қойылған басқыш та соншалықты тік көтерілмейді. Қара рамалардағы суреттер ілінген ауыз үйдің сол жағы - жатын бөлме, оң жағы кабинет. Одан əрі қонақ бөлме, жанында ауыз үймен жалғасып жатқандықтан ұзын болып көрінетін асхана, ал ол дəлізбен ұласып кетеді. Дəліздің сол жағы жуынатын, дəрет бөлмелері, тірелетін жерінде ас үй есігі. Болашақта тұратын қалыңдыққа бұл пəтердегі бөлмелердің орналасуы ұнады; тек жиһаздары ғана талғамнан шыға қоймады. Кабинетке қоңыр барқытты креслолар, дулыға киген кең кеуделі өткір жүзді Дантенің суреті бар кітап шкабы, сондай-ақ шыққан тегі де белгісіз, болашағы да белгісіз үлкен бос тұрған жазу үстелі. Алқызыл абажурдың астындағы орама қара бағанадағы шам жұмсақ диван жанында тұр, ал диван үстінде жылтыр түкті қонжық пен ноқат көзді, жалпақ қызыл табанды аузы дорбадай ит жатыр. Билеп жүрген адамдарды бейнелеген белең диванның жоғары жағына ілініпті. Кабинеттегі екі жаққа ашылатын есікті итерсең, бəрі көрінеді: қонақ бөлменің едені, қусырылып біткен буфетті асхана. Қонақ бөлмеде жасыл желекті пальма өсіп тұр, ал паркетте кілемшелер төселген. Ең соңында - өзінің табиғи көлеміне сыймай ұлғайып кеткен буфет пен қабырғаларына тарелкелер қойылған асхана. Үстелдің жоғарғы жағындағы шам астында түкті сайтан жалғызсырап қарайды. Терезеден көше тұйығындағы фонтанды скверді көруге болады. Үстелге қайта оралып, ол қонақ бөлме арқылы кабинеттің түкпіріне, төбеге қарады, сонан кейін асханадан дəлізге шығып ауыз үйден жатын бөлмеге озды. Ол жерде бір-бірімен бүйірлесіп екі төсек қатар тұр. Шам мавритан стилінде болып шықты, терезедегі перделер таңертеңгі жарықты басқаша құбылтып көрсететін сарғыш екен, - жанында гравюра: етегі өкшесіне дейін түскен түнгі көйлек киген вундеркинд рояль ойнап отыр да, қолына шырақ ұстаған сұр халатты əкесі есікті сəл ашқан қалпы қатып қалыпты.

Бір нəрселерді қосып, бір нəрселерді алып тастауға тура келді. Қонақ бөлмеден қожайын əйелдің əкесінің портреті алынып, ал кабинеттен перламутр шахмат тақтасы бар шығыстық үлгідегі үстел шұғыл аластатылды. Төменгі жағына қырау қонғандай көгілдір ұшқынданып тұратын ваннадағы терезе шытынап кеткен екен, оны жаңа шынымен ауыстырды. Ac үй мен дəрет бөлмелердің төбесі ақталды. Пальма астына грамаффон орналастырылды. Бəрін айт та, бірін айт, - əкесі əзілдеп айтқандай, - \"байлықтан шалқып, асыға қарпып\" алған бұл пəтер, не болғанда да, уақытша ғана, өйткені Лужинді Берлиннен тезірек алып кетіп, оны басқа елдермен көңілін алдарқату керек, қалыңдығының басынан осы ой кетер емес. Ертең не болары белгісіз, - кейде ол тағдырдың табиғи құпиясына көмек беру үшін басқа бір күш келгендей қалың тұманға тұмшаланып алады. Лужин бұл күндері сондай ізетті, инабатты қалыпта жүрді... Жаңа костюм киіп, түтін түстес галстук таққан ол шай үстінде сондай сыпайы, жайдары отырып, əңгіме-дүкен үстінде қалжыңдасып та қояды. Оның болашақ енесі таныстарына, Лужин ұзақ уақыт бойы еңбегі зая болған шахматтан бас тартқанын, енді ол туралы сөйлесуді қаламайтынын əңгімеледі, - содан да Олег Сергеевич Смирновский оны ойынға шақырған жоқ, тек көзі ұшқындап оған масондардың құпия құйтырқы əрекеттерін əшкерелеп, тіпті оқып шығуға аса құнды кітапша беруге уəде етті. Некелесу ісімен айналысатын мекемелерде Лужин өзін, шын мəнінде, ересек жандардай ұстап, барлық қағазды сондай тындырымдылықпен, бəйектікпен өзі апарып, барлық бланкаларды шын ықыласымен, əрбір əрпін мұқият жазып өзі толтырды. Ол көркем, ұқыпты жазады екен, қаламсабын баптаудың өзіне бірқыдыру уақыт кетеді: жазбас бұрын ол оны қаптал тұсына баяу ғана сілкіп - сілкіп алады, сонан кейін алтын қаламұшының қағаз бетіндегі жүгірісіне риза боп, жалтырап тұрған ілмешегі бар оны төс қалтасына асықпай салып қояды. Ол дүкеннен дүкен қалдырмай кезетін қалыңдығының қасында да жүріп, үйлену тойына дейін көрсетпеймін деп қойған пəтерді тағатсыздана күтеді. Олардың аты-жөндері ілініп қойылған екі апта ішінде - күйеу жігіттің де, қалыңдықтың да адрестеріне мұндайды қалт жібермей аңдып отыратын талай-талай фирмалардан ұсыныстар түсті: үйлену тойы мен жерлеу үшін экипаждер (желісті қос aт жегілген тарантас суреті), жалға берілетін фрактер, цилиндрлер, жиһаздар, шарап, жалдамалы залдар, дəрі-дəрмектер. Лужин ажарлы көркемделген прейскуранттарды шын көңілімен қарап, қалыңдығының осы қызықты ұсыныстарға неге күдікпен қарайтынына түсінбей, оларды жинап қоятын. Басқа да ұсыныстар болды. Сондай- ақ, Лужин айтқандай, қайын атасымен \"шағын келіссөз\", жарасты əңгіме де болды, қайын атасы оны, тап қазір емес, əбден демалып алғаннан кейін, бірнеше

айдан соң коммерциялық кəсіпорынға орналастырмақ болды. \"Өмір деген осылай құрылған ғой, - деген ол сол əңгіме үстінде, -адам əр секунд үшін, ең кем дегенде, бұл қайыршылық деңгей бола тұра 1/432 пфеннинг төлеуге тиіс; сəнді де тоқ өмірге үйреніп қалған əйеліңізді асырау керек қой\". \"Иə, иə\" -деді Лужин көңілдене күлімсіреп, сонан кейін қайын атасының орамын келтіре айтқан күрделі есепті ойына салып саралап кетті. \"Ол үшін көп ақша керек\", - деді қайын атасы, ал Лужин тағы бір фокус естігісі кеп, құлағын тіге қалды. \"Əр секунд қымбат... Қайталап айтам, алғашқы кезде, алғашқы жылы мен сіздерге жомарттық көрсете алам... Бірақ уақыт өте келе... мəселен, сіз менің кеңсеме келіңіз, мен сізге қызық нəрселер көрсетем\". Осылайша бəрі де Лужин өміріндегі бос кеңістікті гүлдендіріп қоюға ұмтылып жатты. Ол да өзін еркелетуге, тербетуге, аймалауға мұрсат берді де, жан-жағынан қоршаған ықылас пен пейілге молынан шомылды. Болашақ тіршілігі бірде нұр түсіп, бірде көлеңке жабатын, арбап, құбылып тұрған ойыншығы көп дүниенің бақытты бір қоңыржай саяжайында, өмірінің соңына дейін, мамыражай қалыпта өтетін сияқты боп көрінді. Бірақ үйленер алдындағы қашып құтыла алмайтын сəттер де болатын, - түннің бір уағында, таңсəріде, - дастарқанға салынатын суреттердің қуыс ұялары сияқты қаңырап бос қалатын кездері де бар. Бірде ол түсінде оған ту сыртын беріп отырған Туратиді көрді. Қолын таянып отырған Турати қалың ой үстінде, бірақ оның кең жауырынынан неге қарап ойланып отырғаны көрінбейді. Лужин сол отырыстан қорықты, қарауға қорықты, бірақ солай бола тұра оның қара иығынан жайлап асылып қарады. Ол сонда ғана байқады, Туратидің алдында сорпа құйылған тарелке тұр да, ол қолын таянып емес, орамалды жағасының астына салып отыр екен. Осы түстен кейін қараша айында Лужин үйленді. Олег Сергеевич Смирновский мен бір Балтық бароны куəлар болды да, Лужин мен оның қалыңдығын үлкен бөлмеге кіргізіп, мауыты жабылған ұзын үстелдің жанына жайғастырды. Пиджагын тозығы жеткен сүртікке ауыстырған шенеунік неке өсиетін оқыды. Бəрі орнынан тұрды. Осыдан кейін шенеунік кəсіби əдетпен күлімсіреп, некелескендерге қол беріп құрмет көрсетті де, осымен бəрі бітті. Шығар есікте швейцар елулік монета дəметіп құттықтап басын иіп еді, Лужин оған қолын беріп өте шықты. Сол күні шіркеуде неке қиылды. Лужин шіркеуде соңғы рет көп жыл бұрын шешесінің жаназасы кезінде болып еді. Жүрегі жарылып өлген шешесін Невадан қатты жел соққан түні жып-жылы шіркеуден белгісіз қараңғылыққа алып шыққандары, жалпылдап жанған шырақтар көтеріп қайтқандары есінде. Сондай-ақ Почтамт көшесіндегі шіркеуде де ғибадат етілді. Қараңғы кеңістікте оның етігі құрғақ жөтел құсап, күркілдеп кеткені, адамдар отырған орындықтар тізбегі, анда-санда мүйістерден естілетін сыбыр-күбірлер жадында. Пасха түндері де

есінде қалыпты: дьякон жыларман дауыспен оқып, ақырында өксігін баспаған қалпы үлкен інжілдің бетін жапты... Сондай-ақ ол, əбден діңкелеп шаршаған священниктің аузынан, адамның жанын суырып алардай, \"фасха\" деген емініп тұрған сөздің айтылғаны да; тербеліп тұрған кадило кезінде бас иіп жалбарыну да есінде. Ладяның хош иісі де, саусақтарға тамған ыстық балауыздың тамшылары да, күңгірт бал сияқты құдай бейнесі де. Ес кете аңсау, күңгірт əлемдегі жылт-жылт еткен сəулелер, елттірген шіркеу ауасы балтырыңды шымырлатар хал енді солардың бəрінің үстіне қалыңдық пен дəл төбесіне құлап кетуі кəдік некелесу тəжі келіп қосылды. Ол оған көзінің қырымен екі рет қарады, оны əлдеқандай көзге көрінбейтін қол, дəл сондай көзге көрінбейтін қолға өткізіп жібергендей болды... \"Иə, иə\" - деп священниктің сұрағына жауап беріп, бəрі де жақсы деп сөз қосқысы келді, жаны да жадырап сала берді де, алқымына əлдене кептеліп қалғандай, жанарынан от төгіліп жатқандай болды. Сонан кейін бəрі үлкен үстел басына жиналған кезде, оның бойын үйге келгенде шошқаның сүр еті мен жұмыртқаға қарамай, алтын мүйізді майға қуырылған қой мен құс етіне бас қоятын сол бір шақтағы сезім жайлап алып еді. Əрі ыстық, əрі у-ду, үстел басында шіркеуге барған адамдардың бəрі отыр, - ештеңе етпес, ештеңе етпес отырғандарынша отырсын... Лужин күйеуіне оның толқынды шашына, қонымды тігілген фрагына, тамақ келгенде езуін қисайта күлімсірегеніне қарап отыр. Ерте кездегідей тырсылдатып жоғары көтеріп қоятын Екатерина омырауын еске түсіретін кеудесі айқара ашық көйлек киген, əбден опаланған əйелінің шешесі өзін келісті ұстап отыр, тіпті күйеу баласына \"сен\" деп те қояды, Лужин алғашқы кезде оны кімге айтып отыр деп түсінбей де қалды. Ол бар болғаны екі-ақ бокал шампан ішті; бірақ оның ыстық толқыны оны маужыратып тастады. Сыртқа шықты. Фрактың тылтиған нымшасы қамсау бола алмайтын кеудесін сап-салқын жел кеулеп барады. Əйелі пальтоңды қаусырынып ал деді, ал əкесі кеш бойы күлімсіреп əлдеқандай дипломаттан үйренген айрықша бір мəнермен бокалын көтеріп, бұрынғыдан да жымия түсіп, қоштасудың белгісіндей етіп шамның жарығымен жалт-жұлт еткен есік кілттерін көтеріп қояды. Шешесі ақ тышқан терісін иығына іліп, автомобильге мініп жатқан Лужиннің жауырынына қарағысы келмей тұр. Аздап масаң қалыптағы қонақтар той иелерімен, өзді-өздімен қоштасып бипаз күлісіп, орнынан қозғалған автомобильді қоршап \"ура\" деп айқайлады, кештетіп өтіп бара жатқан жүргінші қасындағы əйелге: \"жерлестер шулап жатыр\", - деді. Лужин автомобильге отырған бойда ұйықтап кетті, бірінің соңынан бірі түскен кездейсоқ жарықтар оның жүзін ашып көрсетеді де, мұрнынан түскен көлеңке шыр айналып жүзіне, сонан кейін ерніне түседі, артынша автомобиль ішін келесі жарық түскенше қараңғылық басады, ол жарық тағы бір көлеңке келгенше қараңғы қалтаға жылжып

бара жатқандай əсер қалдырып Лужиннің қолын сипалап қалады. Сонан кейін тұтас жап-жарық оттардың тізбегі басталады да, əрбір от ақ галстуктың астына жасырынған көлеңке көбелектерді қуумен болады, əйелі жайлап қана жағасын түзеп қойды, өйткені автомобиль ішін қарашаның суық желі аралап жүрген-ді. Ол оянып, көше жарығының нұрынан көзін сығырайтты да, қай жерде екенін түсіне алмады, сол кезде автомобиль тоқтап, əйелі \"Лужин, біз үйге келдік\", - деді. Лифтіде ол масаң болмаса да салбыраңқы қалыпта күлімсірей жыпылықтап, тізілген тетіктерге қарап тұрды, əйелі солардың біреуін басты. \"Белгілі биіктікке\" - деп ол, барар жолдың ұшар басына көз салып тұрғандай, лифтінің төбесіне қарады. Лифт тоқтады. \"Уһ\", - деп Лужин сылқ- сылқ күлді. Ауыз үйде оларды жаңа қызметші күтіп алды, - ебедейсіз ұзын қызыл қолын ұсынған дөңгеленген қыз. \"Бізді несіне күттіңіз\", - деді əйелі. Қызметші қыз оларды құттықтап, əлденені тез-тез айтып, Лужиннің қол сөмкесін елпілдеп алып жатты. Лужин күлімсіреп оның қалай жабылатынын көрсетті. \"Тамаша\", - деді қызметші əйел. \"Барыңыз, ұйықтаңыз\", - деді əйелі дегбірсіздене. - Біз бəрін өзіміз жасаймыз\". Кабинеттің, қонақ бөлменің, асхананың шамдары жағылды. \"Телескоп сияқты ашылады\", - деді Лужин ұйқысырап. Ол ештеңеге көз тоқтатып қараған жоқ, - көзіне ұйқы тығылды. Асханаға кіріп бара жатып ол, қолына қызыл табанды үлкен пүліш итті көтеріп жүргенін байқады. Ол оны үстелге қойған кезде, шамда ілініп тұрған түкті сайтан өрмекші құлап түсті. Телескоптың бір бөлігі орнынан жылжып кеткендей бөлмелердің шамдары сөнді де, Лужин жарық дəлізге шықты. \"Барыңыз, ұйықтаңыз\", - деді əйелі əлдекімге айқайлап, түпкі жақтан қайырлы түн айтқан дауыс естілді. \"Мынау дəрет бөлме, - деді əйелі. - Ал, мына сол жақтағы - ванна\". \"Бөлек бөлме қайда? - деді Лужин күбір етіп. - Ең кішкентай бөлме қайда?\" - \"Ваннада, бəрі ваннада, - деді ол, Лужин есікті жайлап ашты да, мықтап жауып алды. Ал əйелі жатын бөлмеге өтіп, креслоға отырды да тоғая ісініп жатқан төсекке қарады. \"Əбден шаршадым\", - деп ол күлімсіреді де, Мавритан шамын айнала ұшып, сонан кейін жоқ боп кеткен үлкен, жалқау шыбынға ұзақ қарап отырды. \"Мұнда, мұнда\", -деп дауыстады ол, абайлап басып келе жатқан Лужиннің дыбысын естіп. \"Жатын бөлме\", - деді ол қолын арқасына қойып мақұлдағандай жан-жағына біраз қарап тұрды. Əйелі жақында ғана əр түрлі заттар қойған шкапты ашып, сəл мүдіріп, күйеуіне қарады. \"Мен ванна қабылдаймын, - деді ол. - Ал сіздің заттарыңыз мұнда\". \"Бір минөт аял етіңіз\", - деп Лужин, аузын кере ашып есінеді. \"Аял етіңіз\", - деді əр буынға есінеудің екпінін түсіріп. Бірақ пижамасы мен түнгі туфлиін алған ол, бөлмеден шұғыл шығып кетті.

Көгілдір түсті краннан сарқырап аққан судың ваннадағы деңгейі көтерілген сайын даусы да өзгеріп барады. Құйылып жатқан суға қарап отырып, ол өзінің əйелдік аңғарғыштығының шектеулі екенін, оған басқа бір күштер де ортақтасатынын ұқты. Ваннаға отырғаннан кейін де су көпіршіктерінің денесіне қалай жабысып жатқанына қарап отырды. Суға мойнына дейін кіріп ол сабын көпіршіктерінен сəл қоймалжың тартқан су астындағы өзінің нəзік, аппақ денесіне қарап, тізесін тартып судан шығарып еді, осы бір дөңгеленіп жарқырап тұрған аралшық өзіне айрықша əсер етті. \"Осының бəрі менің ісім емес\", - деді ол судан қолын шығарып, маңдайына жабысқан шашын қайырып жатып. Тағы да ыстық су жіберіп, дəл қарнының үстіне құйылып жатқан жып-жылы толқынға рақаттанып, ақырында ванна ішінде жеңіл дауыл тұрғызып судан шықты да, сүртінуге кірісті. \"Тамаша түрік əйелі\", - деді ол, будан шамалы буалдырланып қалған айнадағы жібек шалбарлы өзін көріп. \"Жалпы жаман орналасқан жоқ\", - деді ол шамалыдан кейін. Айнаға əлі де қарап тұрып пижам кофтасын кие бастады. \"Бүйірім торсыңқырап кетіпті\", - деді ол. Ваннадан сылдырап ағып жатқан су, кенет қорқ ете қап, тына қалды: ванна босап қапты, тек тесігінде ғана кішкентай сабын көпіршіктерінің иірімі жатыр. Кенет ол, айна алдында пижаммен əдейі аялдап тұрғанын түсінді, - кеудесі мұздап қоя берді, бейне бір өткен жылдың журналын аударыстырып отырғанда, кəзір есік ашылады да, табалдырықтан дантист кіріп келетіндей. Ол ысқыра жүріп жатын бөлмеге кіріп келді, ысқырығы пышақ кескендей тиылды. Беліне дейін көрпе жамылған, омырауы ашық, крахмалданған буылтық-буылтық көйлекпен екі қолын басына қойып төсекте жатқан Лужин қорылдап ұйықтап жатыр екен. Шалбары көмек күткендей жайылып жерде жатыр, фрагын қанаты сынған құс құсатып кушеткаға тастай салыныпты. Ол оның бəрін жайлап жинап, реттеп қойды. Жатар алдында пердені түсірді. Ауланың қараңғы түкпірінде түнгі жел бұталарды қозғап, қайдан төгілгенін кім білсін, əлде газон бойындағы тас панельдің үстіндегі шалшық па, əйтеуір бір су жылтырайды, ал басқа бір тұста шарбақ көлеңкесі бірде көрініп, бірде жоқ боп кетеді. Кенет бəрі сөнді де, көзге түртсе көргісіз қараңғылық басты. Ол жастыққа басым тисе болды, ұйықтап кетем деп ойлаған, бірақ басқаша болды. Дəл қасындағы қорқылдап естілетін қорыл, аңылжыған мұң, жат бөлмедегі осы бір қараңғылық, оны аумалы - төкпелі күйге түсіріп тұрып алды да, ұйқы бере қоймады. Неге екені белгісіз, \"партия\" деген сөз миының ішіне кіріп алыпты - \"жақсы партия\", \"өзіңе жақсы партия тауып алуың керек\", \"партия\", \"партия\", \"үзіліп қалған, ойналмай қалған партия\", \"сондай жақсы партия\", \"Маэстроға менің ішкі толқынысымды жеткізіңізші?..\" \"Ол өзіне-өзі керемет партия жасауыңа болар еді\", - деді шешесі қараңғылыққа сіңіп бара жатып. \"Соғыстырайық\", - деп сыбырлады бір нəзік дауыс. Əкесінің көзі бокал

ернеуінен қарап тұр, көбік көтеріліп келеді, көтеріліп келеді. Жаңа туфли аяғын қысты, шіркеу іші ыстық екен. 12 Шетелге шығатын үлкен сапар көктемге дейін кейінге қалдырылды, - ең болмаса, алғашқы айларда жанымызда болыңдар деген əке- шешесінің соңғы өтініштеріне Лужина алғаш рет құлақ асты. Өйткені Лужина күйеуі үшін, шахматты еске түсіретін Берлиннен ептеп қорқатын; сөйтсе, Берлинде де Лужиннің көңілін алдарқататын нəрселер бар екен. Шетелге сапар, ол туралы əңгімелер, жол-жөнекей ойлар. Лужинге қатты ұнаған кабинеттегі шкаптан керемет атлас табылды. Алғашқыда бойлықтар мен ендіктердің торымен шірей байланған əлем шары, келесі бетте екі кеңістікте жайыла жарылып, сонан кейін бөлшектерге бөлініпті. О баста кішкентай ғана соқыр ішектей боп көрінетін Гренландия, жайылған кезде материктердің деңгейіндей боп ұлғайып кетті. Полюстер аппақ боп көгеріп кеткен. Мұхиттар теп-тегіс көкпеңбек боп жатыр. Картадағы судың өзі-ақ, мəселен, қол жууға жетер еді, - шынында да қаншама су, - ені қандай, тереңдігі қандай... Лужин əйеліне бала кезінде көрген, тізесін бүккен əйел сияқты Балтық теңізін, Италия етігін, Индияның дəл тұмсығының алдына түскен Цейлон тамшысын көрсетті. Ол экватордың жолы бола қоймаған - көбірек теңіз үстінен өтеді, - екі континентті кесіп өтсе де, Азиядан алыста жатыр: алдында кездескендерді сығып, жаншып жіберген, - əлдеқандай башпай ұштарын, шашылған аралдарды. Ол ең биік таулар мен ең кішкентай мемлекеттерді біліп, Американың орналасуынан акробатикалық қимыл көргендей болды. \"Осылардың бəрін ажарлылырақ орналастыруға болар еді, - деді ол əлем картасын нұсқап. - Қарашы, ешқандай идея да, ешқандай өнер де жоқ\". Ол осы күрделі құрылымнан ешқандай мəн-мағына таба алмағанына аздап ызаланып, сонан кейін бала кезіндегі өзендердің шым-шытырық жолдарымен Солтүстік теңізінен Жерорта теңізіне қалай жетуге болатынын қарастырып, өркеш-өркеш таулар тізбегінен нақты бір өрнек іздестірді. \"Қайда барамыз\", - деді əйелі, əдетте үлкендер кішкентай нəрестені ойнатқанда жасайтын əдетпен еріндерін шөп еткізіп. Сонан кейін ол романтикалық елдерді атай бастады. \"Алдымен Ривьераға, - деп ұсыныс жасады. - Монте Карло, Ницца немесе, Альпа\". \"Ал сонан кейін ептеп былай қарай, - деді Лужин. - Қырымда өте арзан жүзім бар\". \"Сіз не айтып тұрсыз, Лужин, - Бізге Ресейге баруға болмайды\". \"Неге? - деп сұрады Лужин. -Мені оған шақырған\". \"Бос əңгіме, одан да үндемеңіз\", - деді Лужиннің мүмкін емес нəрсені айтқанына емес, шахматқа байланысты əлдене айтқанына ашуланып. \"Мұнда қараңыз, - деді ол, Лужин бағынып, картаның басқа тұсына көз тікті. - Міне, мəселен,

Египет пирамидалары. Ал, мұнда бұқаларға сұмдық жауыздық жасайтын Испания\". Олар баруға болатын көптеген қалаларда, сөз жоқ, Лужин бұрын болып қойған, сондықтан тағы бір бөле шақырып алармын деп, ол əдейі үлкен қалаларды атаған жоқ. Бос əурешілік. Лужин бұрын болған əлем картаға түспеген еді, егер оған Рим мен Лондонды атаса да, картадағы қалпында əйелінің аузымен аталған ол аттар мүлде жаңаша түлеп естілер еді де, ешуақта да бір кезде өзі болған, бүгінде еміс-еміс есінде қалған Рим мен Лондондағы, əйелі атаған Ниццедегі шахмат дəмханалары ескерілмей қалар еді. Сонан кейін əйелі теміржол бюросынан көп проспектілер алып келді де, шахматтық саяхаттардан мүлде алыстатып жіберетін, туристер ақ костюм киіп, дүрбіні мойнына асып ап қыдыратын жаңа əлем алға тартылды. Батып бара жатқан күн шұғыласындағы пальмалардың қара силуэті мен пальма силуэтінің Нілге төңкеріліп түскен бейнелері. Көкпеңбек теңіз, көкжиекте көрінетін пароход түтінінен кері жаққа желбіреп тұрған ту ілінген қанттай аппақ қонақ үй, қарлы шыңдар мен аспалы көпірлер, қаптаған көне шіркеулер, тап-тар тұйық көше, теңдеп жүк тиеген есек... Белгісіз проспект авторы мақтауға кеңірдектеп күпті болардай бəрі де əдемі, бəрі де қызық... Құлаққа жағымды аттар, миллиондаған қасиетті орындар, барлық аурудан құлан-таза жазып жіберетін сулар, қала қорғанының асы, бірінші, екінші, үшінші разрядты үйлер, - соның бəрі көзіңді арбайды, бəрі керемет, бəрі Лужинді күтіп, оны күркіреген дауыстармен шақырып, қожайындарынан сұрап жатпай-ақ нұр сыйлап тұрды. Лужин үйленгеннен кейін көп ұзамай қайын атасының кеңсесіне барды. Қайын атасын ауызша əлдене айтып машинаға сөз жаздырып отыр екен. Қайын атасы оған бланклер бумасын, беттерінде сызықтары көп бухгалтерлер кітаптарын, түптелген кітаптарды, коммерциялық Германияның алып жуан томдарын, қолмен айналатын өте ақылды есеп машиналарын көрсетті. Алайда Лужинге бəрінен де жазу машинасы ұнады. \"Білгіңіз келсе... Мен де\", - деді ол, қайын атасы мақұлдап басын изеді де, Лужиннің кабинетінде де жазу машинасы пайда болды. Оған кеңсе қызметкерлерінің бірі кеп көрсетіп түсіндіріп береді деп еді, ол өзім-ақ үйреніп алам деп, одан бас тартты. Солай да болды: құрылымын тез игеріп алды, лента қоюды, қағаз салуды үйреніп, барлық тұтқаларды меңгерді. Əріптердің орналасуын еске сақтау ғана қиын болды, басу өте баяу жүрді; оның үстіне -леп белгісі - əне жерден де, мына жерден де шошаңдап қосылып кете берді. Алдымен ол неміс газетінен жарты беттік бірдеңе көшірді де, сонан кейін өз басынан шығарып жазды. Мынадай мағынадағы шағын ғана хат пайда болды: \"Сіз өлімге қатысты айыпқа тартыласыз. Бүгін 27 қараша. Кісі өлімі жəне өртеу. Саламатсыз ба, патша ағзамы. Енді сен керек боп тұрсың, леп белгісі, қайдасың? Дене табылды. Мəртебелі патша ағзамы!!!\" Лужин мұны əлденеше рет оқып шықты да, парақты

қайтадан орнына қойып, əріптерді зорға іздеп тауып жатқандай, \"Аббат Бузани\" деп қисайта қол қойды. Жұмысы тым баяу жүргендіктен іші пысып кетті. Телефон кітапшасын аударыстырып жүріп Луиза Альтман деген раньтершаны тауып aп, адресін қолмен толтырып, шығармасын соған жіберді. Граммофон да көңіл көтеруге біраз септігін тигізді. Пальма астындағы шоколад түстес шағын шкап жұмсақ дауыспен он салады да, Лужин диванда əйелін құшақтап тыңдап отырып, түннің жақындап қалғанын ойлайды. Əйелі орнынан тұрып пластинкаларды ауыстырады, теңіздегі айдың нұры сияқты тайғанақ жібек сəулелі дискілерді жарыққа көтеріп қарайды. Шағын шкап тағы да музыка ойнайды. Қасына қайта отырған əйелі тамағын айқасқан саусақтарының үстіне қойып, көзін жыпылықтатып тыңдап отырады. Лужин олардың əуенін есіне тұтып, қайталап айтқысы келеді. Олардың арасында күрсініп, сонан соң бипаз орындалатын билер де, сыбырлап қана айтатын нəзік американдық та, тіпті он бес пластинкаға жазылған \"Борис Годунов\" секілді бір тұсында қоңыраулар күмбірлеп кететін, үрейлі үзілісті тұтас опера да бар. Əйелінің əке-шешесі жиі келіп тұрады да, ал Лужиндер оларға аптасына үш рет түскі тамаққа барып тұруды əдетке айналдырған. Шешесі қызынан тұрмыс құрудың кейбір тұстарын толығырақ білгісі кеп: \"Сен екіқабат емессің бе? Мен білсем сен екіқабатсың\", -дейді. \"Ойбай-ау, мен баяғыда туып алдым ғой\" - деп жауап береді қызы. Ол сол бұрынғы қалпында байсалды, тек көзінің астымен қарап күлімсіреп, Лужинге сіз деп, оны аты-жөнімен атайды. \"Менің байғұс Лужинім, - дейді ол ернін еркелей томпайтып, - менің байғұсым, байғұсым\". Лужин де оның иығына жүзін үйкелеп қояды да, аяушылық рақатынан басқа да рақаттар бар екенін бұлыңғыр ғана ойлағандай болады, бірақ ол үшін онша көп бас қатыра қоймайды. Оның өміріндегі басты парызы Лужиннің бойында сəт сайын дүние-мүлікке деген қызығушылығын тудыру, еркін тыныс алу үшін жағдай жасау болды. Таңертең тұрған бойда ол Лужиннен қандай түс көргенін сұрап, оның ертеңгілік тəбетін бірде котлетпен, бірде мормеладпен көтеріп, қыдыруға шыққан кезде оны витриналар алдына ұзағырақ ұстап, түскі тамақтан кейін оған, \"Соғыс жəне Бейбітшілікті\" дауыстап оқып береді, көңілді географиямен айналысып, ол айтып, бұл машина басады. Ол оны əлденеше рет мұражайға алып барып, оған өзінің сүйікті картиналарын көрсетіп, тұман мен жаңбырдан көз ашпайтын Францияда суретшілері ашық бояулы сурет салады да, ал күн елі болып саналатын Испанияда нағыз күңгірт бояулы шеберлер дүниеге келген. Əне біреулердің шыны заттарға деген талғамы жақсы да, ал əне біреу гүлдер мен үлбіреген жүзді ұнатады дейді де, оның көңілін \"Құпия кешкіліктегі\" жөнді жиналмаған үстелдің үстінен қалдық іздеген екі итке аударады. Лужин басын изеп, тозақтағы күнəға батқандарды салған суретшінің алып пальтосына ұзақ қарап тұрады, -

өте беріле, бар ынта-ықыласымен. Олар театрда да, зоология бағында да, кинематографияда да болуы, сөйтсе Лужин кинематографияда бұрын - соңды болмаған екен. Ағараңдаған картина жүріп жатты, көптеген шым-шытырық оқиғалардан кейін, қызы ақырында атақты актриса боп үйіне оралып, есіктің түбінде тұрып қалады, ал шашы ағарып кеткен əкесі, оны байқамай, осы жылдар ішінде мүлде өзгермеген, осы отбасының досы боп кеткен доктормен шахмат ойнап отырады. Қараңғыда сақылдап күлген Лужиннің даусы шықты. \"фигуралардың бұлай тұруы тіпті мүмкін емес\" - деді ол, бірақ əйелінің бағына орай, бəрі өзгеріп сала берді, əлгі əке зорая түсіп көрермендерге қарсы жүрді, алдымен көзі ұясынан шығардай боп, сонан кейін тұла бойын діріл аралап, кірпіктері жиі қағылып, тағы да діріл пайда боп, əжімдері молайып, қорғана қарап, сонан соң əлі де діріл жүгіріп тұрған жүзінде шексіз аңсардың баяу күлкісі пайда болады - өйткені бұл қарт қызын көрместей боп қарғаған болатын.... Доктор - шетте тұр, ол бұл қыз кішкентай кезінде, картинаның басында көрсетілгендей, шөп үстінде кітап оқып жатқан оған дуалдан асылып гүл лақтыратын; ол сонда басын көтеріп алады: тек дуал көрінеді, кенет одан қыздың шашы, сонан кейін бақырайған көздері - құдай атқыр, қандай айлалық, қандай ойнақылық! Дуалдан секір, доктор, - əне, жүгірген еркетотай қыз, діңкектерге тығылып қалды, - ұста, ұста, доктор! Бірақ оның бəрі өтті. Басын иіп, қолын бос жіберіп, қалпақ киген қалпында атақты актриса тұр (ол бұзылған, бұзылған... еді ғой). Тұла бойы дірілдеп кеткен əкесі жайлап құшағын аша бастайды, ал қызы оның алдында тізесін бүгіп отыра қалады. Лужин сіңбірініп қалды. Олар кинематографтан шыққан кезде, оның көзі қып- қызыл боп, жөткіріне берді, бірақ жылағам жоқ деп, мойындамады. Келесі күні, таңертеңгі кофе үстінде ол кенет үстелге сүйеніп отырып: \"Өте, өте жақсы. - ойланып отырып тағы да: -Бірақ олар ойнай алмайды ғой\", - деді. \"Қалай ойнай алмайды ғой?\" - деді. \"Қалай ойнай алмайды? - деп таң қалды əйелі. - Олар керемет актерлер ғой. Лужин оған көзінің қиығымен қарады да, көзін тайдырып əкетті, əйеліне оның бұл қылығы ұнай қоймады. Ол не боп қалғанын аяқ астынан түсінді, Лужиннің шахматты ұмытуын өзінше шешпек боп жан салып жүргенде, ақымақ режиссер жұрттың көңілін алдарқатпақ боп сол шахматты кіргізе қойған. Бірақ Лужиннің өзі оны ұмытып кеткен болу керек, енесі жіберген орыс тоқашымен болып кетті де, оның жанары қайтадан жайдары қалпына түсті. Осылайша айлар өтті. Сол жылғы қыс нағыз Петербордың аппақ қысы еді. Лужинге қалың пальто тігілді. Қайыршы орыстарға Лужиннің көнетоз киімдері таратылды, - олардың ішінде швейцарлық мойын орамал да бар еді. Нафталин түйіршіктері көңіл қабыржытатын жағымсыз иіс шығарады. Кірер ауызда салбырап пиджак ілулі тұр. \"Ол сондай əдемі, - деп күбірледі Лужин, - сондай əдемі\". \"Тоқтай тұр, - деді əйелі жатын бөлмеден, - мен оны əлі қарағам жоқ. Оны күйе жеп қойған болуы мүмкін\". Кейінгі айда толысып кеткен жоқпын ба деп киген

смокингін шешіп жатты (толысқан, толысқан, — ал ертең үлкен орыс балы, қайырымдылық кеші), сөйтті де пиджагының қалтасына қол салды. Оған ешқандай да күйе түспепті. Тек қалтасында тесік бар екен, бірақ анау айтқандай үлкен емес. \"Тамаша\", - деді ол дауыстап. Əйелі шұлығын қолына ұстаған қалпы ауызғы бөлмеге қарады. \"Шеш Лужин Ол жыртық, шаң ғой, қанша жатқанын құдайым білсін\". \"Жоқ, жоқ\", - деді Лужин. Əйелі оны жан-жағына шығып қарады: Лужин тұрған қалпы екі жамбасын ұрып қояды, қалтасында бірдеңе бар сияқты болды да, қалтасына қол салды, - тесіктен басқа ештеңе жоқ. \"Əбден тозығы жеткен, - деді əйелі бетін тыржитып, - тек жұмысқа киюге болар...\" \"Жалынам\", - деді Лужин. \"Жарайды, тек қызметші əйел əбден қағып-сілкісін\". \"Жоқ, ол таза\", - деп Лужин ішінен, оны шенеуніктер сияқты кабинетке ме, шкапқа ма іліп қою керек деп шешті. Оны шешкеннен кейін де пиджактың сол жағы ауырлау екенін байқады; бірақ қалталарының бос екені ойына түсіп, ауырлықтың себеп- салдарын зерттемеді. Ал смокинг тіпті тар боп қапты. \"Бал\", - деді Лужин сөйтті де, көп адамдардың жұптасып айналып билеп жүргендерін көз алдына келтірді. Сөйтсе, ол бал Берлиндегі ең жақсы қонақ үйлердің біріндегі залда өтеді екен. Киім ілінер жерде қаптаған адам, киім ілушілер қабылдаған заттарын ұйықтап жатқан балалардай көтеріп алып кетіп жатыр. Лужинге металл нөмір берді. Əйелін қарап еді, айна алдында тұр екен. Ол металл нөмірін оның желкесінің шұңқырына тигізді. \"Ищ-ай, суық\", - деді ол жауырынын қозғап. \"Қолтығымнан ұста, қолтығымнан, - деді Лужин. - Біз қолтықтасып кіруіміз керек\". Олар дəл солай кірді. Лужиннің көзі жасарып, алабұртып кеткен енесіне бірден түсті. Ол крюшон шарабын үлестіріп жатыр екен, ал мас боп қалған бір ағылшын (нөмірінен енді түскен болу керек), оның үстеліне сүйеніп тұр. Жан-жағынан жарық түсіп жарқылдап тұрған шырша маңындағы үстелде лотерея сыйлықтары үйіліп қалыпты: шыршамен шағылысып тұрған ірі самаурын, сарафан киген қуыршақтар, граммофон, шараптар (Смирновскийдің сыйлығы). Үшіншіге сандвичтер, итальян салаты, уылдырық берілді, - ажарлы аппақ əйел біреуге: \"Мария Васильевна, Мария Васильевна, неге алып кеттіңіз... Мен өтініп едім ғой...\" - деді. \"Сəлеметсіз бе?\" - деді дəл қапталынан біреу, əйелі оған қолын аққудай иіп жауап берді. Ал əрірек, басқа залда музыка басталып, үстелдер арасындағы кеңістікте адамдар айналып биге кірісіпті: Біреудің арқасы тура Лужинге соғардай болып еді, ол шегініп кетті. Əйелі көрінбейді, оны іздеп бірінші залға қайтып оралды. Сонан кейін ол марка беріп, жəшікке қолын сұқты да, оралған билет алып шықты. Ысылдап-пысылдап, ернін шүршитіп ол орамды ұзақ жазып, бірақ оның ішінен ешқандай цифр таба алмай, бірдеңе жоқ па екен деп сыртына да қарады, - түк жоқ. Ақырында ол \"Мурлыканың мысығы\" деген балалар кітабын ұтып алды, бірақ оны енді не істеу керек екенін білмей, оны билеп жүрген жұпты күткен іші толы екі бокал тұрған үстелге қоя салды. Ол кенет тарлық пен қозғалыстан, жаңғырықтан,

музыкадан қолайсыздық сезініп, өзін қоярға жер таппады, неге бұл билемейді деп жұрттың бəрі оған қарап тұрған сияқты. Əйелі оны би арасында басқа залдан іздеп жүр, əр адым сайын таныстар кездесіп ол амалсыз аялдайды. Балда адамдар ығы-жығы, - зорға қолға түсірген шетелдік елші, атақты орыс əншісі, екі кинематограф актрисасы. Оған олар отыратын үстелді көрсетті: əйелдер жымыңдап, ал олардың еркектері, - режиссер-көпестік образдағы үш еркек, - саусақтарын шыртылдатып боп-боз боп тершіп кеткен даяшыны ұмытшақтығы мен сылбырлығы үшін ұрсып жатыр. Ол еркектердің бірі оған тіпті жеккөрінішті болып көрінді: аппақ тісті, ашық қой көзді, орыс сөздерінің арасына əбден жауыр болған неміс сөздерін қосып дауыстап əлдене айтып отыр. Кенет, аяқ астынан оны көңілсіздік басты: жұрттың бəрі мына отырған кинематографиялық артистерге, əрине, елшіге қарайды да, бейне бір ешқандай есітіп білмеген, бұл балға есімі миллиондаған газеттерге шыққан, партиялары мəңгі өлмейтін,шахмат ғұламасының қатысып отырғанын елеп-ескергісі келер емес. \"Сізбен билеген қандай жақсы. Паркет те əдемі екен. Кешіріңіз. Өте тар. Мынау - француз елшілігінен. Сізбен билеген қандай жақсы\". Осымен əңгіме бітеді, онымен көп жұрт билегенді жақсы көреді де, бірақ одан əрі əңгіме жалғастыра алмайды. Ажарлы, бірақ іш пыстырар əйел. Жолы болмай қалған музыкантқа, немесе сол сияқты біреуге тұрмысқа шыққан. \"Қалай дедіңіз, бұрынғы социалист? Ойыншы? Сіз ол үйде болып тұрасыз ба, Олег Сергеевич?\" Бұл кезде Лужин басқыш маңындағы терең креслоға жайғасып aп, колонналар арасынан, он үшінші папиросын тартып отырып, жұртқа қарауда еді. Қапталындағы креслоға, бос па, бос емес пе деп сұрап aп, жіңішке мұртты бір мырза келіп отырды. Қасынан адамдар толассыз өтіп жатты да, Лужинді үрей билей бастады. Қай жаққа қарасаң да, қадала қалатын көз, бірақ əлденеге қарап үйренген жанар ақырында көршісінің мұртына тесірейді де қалды, ол мырзаның да осы бір шулы, қайнап жатқан дүниеден көңілі кұлазып кеткен болу керек. Лужиннің оған қарап отырғанын байқаған мырза, оған жүзін бұрды. \"Мен көптен бері балда болған жоқ едім\", - деді ол өзіне тарта сөйлеп, басын шайқады. \"Ең бастысы қарамау керек\", - деді Лужин. \"Мен алыстан келдім - деді мырза. - Мені мұнда бір танысым қоймастан əкелді. Шынын айтқанда мен əбден шаршадым\". \"Шаршау мен ауыртпалық, - деп басын изеді Лужин. - Олардың не екені белгісіз. Менің концепциямнан тыс ұғымдар\". \"Əсіресе, мен сияқты Бразилия плантациясында жұмыс істеген адамға\", -деді мырза. \"Плантацияда\", - жаңғырық құсап қайталады Лужин. \"Бұл жерде бір түрлі өмір сүреді екен, - деді мырза. - Дүниенің төрт қақпасы түгел ашық, ал мұнда паркеттің алақандай жерінде сығылысып чарльстон билейді. \"Мен де кетем, - деді Лужин. - Мен проспектілер таптым\". \"Менің аяғым не тілеп тұр, - деді мырза, - жолаушының желі - оң жағынан тұрады. Қандай керемет елдер... Мен Рио-Негро маңындағы орманнан неміс ботанигін кездестіріп, Мадагаскарда француз инженерінің əйелімен

бірге тұрдым\". \"Табу керек болды, - деді Лужин. - Проспектілер дегеніміз - өте қажет нəрселер екен. Бəрін толық айтады\". \"Лужин, сен мұнда екенсің ғой\", - деген əйелінің даусы шықты; ол əкесін қолтығынан алып қасынан өтіп барады екен. \"Үстелімізді тауып аламыз да, қайтып ораламыз\", - деп айналаны көзімен бір шолып, кетіп қалды. \"Сіздің аты-жөніңіз Лужин бе?\" - деді қызыға сұрап мырза. \"Иə, иə, - деді Лужин, - бірақ оның енді қажеті жоқ\". \"Мен бір Лужинді білетін едім, - деді мырза баяу ғана, көзін сығырайтып (жады нашар болу керек). - Біреуін білген. Сіз Балашевск училищесінде оқыған жоксыз ба?\" \"Айталық\" - деді Лужин əлденеден күдіктене əлгі мырзаның жүзіне қадала қарап. \"Онда біз сыныптаспыз! - деп айқайлап жіберді ол. - Менің аты-жөнім Петрищев. Мені білесіз бе? Əрине, əрине, білесіз. Міне, қызық. Жүзіңізден мен сізді ешуақытта танымас едім. Жоқ, сізді емес, - сені. Солай, Лужин. Сенің аты-жөнің кім еді. Білетін сияқтымын. Антон... Антон... əрі қарай қалай еді?\" \"Қателік, қателік\" - деді Лужин селк ете түсіп. \"Иə, менің жадым нашар, - деді Петрищев. - Мен көп есімдерді ұмытып қалдым. Мəселен, есіңде ме, - бізде бір үндемейтін бала болды ғой. Сонан кейін ол Врангельде жүріп эвакуацияның алдындағы соғыста қолынан айырылды ғой. Мен оны Париждегі шіркеуде көрдім. Есімі қалай еді?\" \"Оның не керегі бар, - деді Лужин. - Ол туралы соншама көп сөз айтудың қажеті не?\" \"Жоқ, еске түсіре алар емеспін, - деп күрсінді Петрищев, қолын маңдайынан алып. - Тағы да, мəселен, бізде Громов деген болды ғой: ол да қазір Парижде; жақсы орналасқан сияқты. Бірақ қалғандары қайда? Қайда? Тарыдай шашылып, бу болып ұшып кетті. Ол туралы ойлаудың өзі бір түрлі. Ал сіз қалайсыз, қалайсыз, Лужин?\" \"Жаман емес\", - деп Лужин ұмсына емінген Петрищев жүзінен көзін алып қашып, есіне оның кіп- кішкентай, қып-қызыл боп ыржалақтап күле беретіні түсті. \"Тамаша уақыт еді ғой, - деп айқайлап жіберді Петрищев. - Валентин Иванович есіңізде ме? Есіңде ме Лужин? Əлем картасын ұстап сыныпқа қалай ұшып кіретіні? Ал анау бір қарт - аты-жөнін тағы ұмыттым, -есіңізде ме, ол қалш- қалш етіп: \"Бас емес - бос шелек... Алтындасаң да түк шықпайды!\" дейтін еді ғой. Тамаша уақыт. Басқыштардан сырғығанда ауладан бір-ақ шығатын едік қой, есіңізде ме? Кешкі сауыққа барғанда ғана Арбузовтың роялда ойнайтынын білдік емес пе? Есіңізде ме, оның тəжірибелері ешқандай нəтиже бермейтін еді ғой. \"Тəжірибеге\" қандай ұйқастар табатын едік\" \"...ешқандай мəн бермеу керек\" - деді Лужин өзіне-өзі. \"Бəрі де тарап, тарқап кетті, - деді Петрищев жалғастырып. - Біз, міне, балда жүрміз... Айтпақшы, менің есіме түсіп отыр... Сен мектептен кеткен кезде бірдеңемен айналысатын сияқты ең ғой. Ол не еді? Иə, шахмат екен ғой!\" \"Жоқ, жоқ, - деді Лужин - Құдай сақтасын, о не дегеніңіз...\" \"Кешіріңіз, - деді Петрищев көне кетіп. - Яғни, мен шатастырып отырмын. Иə, иə... Бал əбден қызып алды. Ал біз болсақ өткенді еске ап отырмыз. Сіз білесіз бе, мен бүкіл əлемді аралап шықтым... Кубаның əйелдерін айтсайшы! Одан басқа, мəселен, джунглиде бірде...\"

\"Ол өтірік айтып отыр, - деді бір самарқау дауыс арт жақтан. - Ол ешуақытта да джунглиде болған емес\". \"Сен бəрін бүлдірдің ғой\", - деді Петрищев бұрылып. \"Сіз оған сеніп қалмаңыз, - деді əлгі самарқау дауыстың иесі жалтыр бас созалаңдаған мырза. - Оның Ресейден Парижге келгеніне үш-ақ күн болды, сыртқа шыққаны осы\".\"Лужин, сені таныстыруға рұқсат ет\", -деді күліп Петрищев; бірақ Лужин мойнын ішіне тығып шапшаң жүріп кетті, шапшаң жүргенінен тұла бойы селкілдеп, ірк- ірк етеді. \"Қашып барады, - деді таңырқаған Петрищев, содан кейін ойланыңқырап: - Мен оны басқа біреумен шатастырдым\" - деді. Лужин адамдармен соқтығыса-моқтығыса, жыларман дауыспен \"пардон, пардон\" деп олардың бетіне қарамауға тырысып əйелін іздеді, ақырында оны көріп, ту сыртынан кеп шынтағынан ұстай алған кезде, ол селк ете қап жалт қарады; Лужин ə дегенде не айтарын білмей тығылып қалды. \"Не боп қалды?\" - деді ол үрейлене. \"Кеттік, кеттік\", - деп былдырлады ол, оның шынтағын жібермей. \"Сабыр ет, Лужин, олай етуге болмайды, -деді ол, сырт көз естімесін дегендей оны шетке жайлап алып шығып. - Сіздің неге кеткіңіз келді?\" \"Анда бір адам, - деді Лужин ентіге сөйлеп. - Сондай жағымсыз сөздер\". \"...Ол адамды бұрын білгенсіз ғой?\" - деді ол баяу ғана. \"Иə, иə, - деп бас изеді Лужин. - Кеттік. Өтінем\". Ол Петрищев көрмесін деп, бүкшиіңкіреп, шығар есікке сығылыса ұмтылып қалтасынан нөмірін іздеді, оны тапқанша бірер секундтың өзінде-ақ ебіл-дебілі шықты; киім ілуші оның киімін əкелгенше тағаты таусылып, орнында тұра алмай кетті... Ол тез киініп сыртқа беттеді де, əйелі тонын жүре киініп оның соңынан іле-шала шықты. Лужин тек автомобильде ғана демін алып, абдырағаны басылып, айыпты жандай жымиған болды. \"Сүйікті Лужинге жақпай калды\", - деді əйелі оның қолына қарап. \"Мектептес жолдас, күдікті субъект\", - деп түсіндірді Лужин. \"Енді сүйікті, Лужинге жақсы болды ғой\", - деп сыбырлап əйелі оның жұп-жұмсақ қолын сүйіп алды. \"Бəрі дұрыс болды\", -деді Лужин. Бірақ олай емес еді. Əлдене қалып қойды, - жұмбақ ірінді тікен. Түнемелікке ол бұл кездесудің неге соншалықты ауыр болғанын ойлаумен болды. Əрине, оның əртүрлі жекелей жағымсыз сəттері бар, - Петрищев бір кезде оны азапқа салды, енді жанама болса да əлденедей бір кітаптың жыртылып-айрылғанын есіне алып, сол кітаппен бірге экзотикалық еліктеу-солықтаудың да алдамшы болып шыққанын, енді бұдан былай проспектлерге сенуге болмайтынын ұқты. Əңгіме кездесуде емес, басқада еді, - сол кездесудің құпия мəнінде еді, енді оны шешуге тура келеді. Ол енді түнімен темекі түтініне қарап ойланып отыратын Шерлок құсап ойланып отыратын болды, - бұл

комбинацияның алғашқы ойлағанынан гөрі əлдеқайда күрделі екеніне біртіндеп көзі жете бастады, Петрищевпен кездесу əлдененің жалғасы екенін, оны тереңірек қаузап өткенге оралып ауырған кезінен балға дейінгі өмірдің барлық жүрістерін қайта ойнап шығу керек екенін білді. Құрғақ қар ұшқындарымен жеңіл ғана опаланған сұп-сұр мұз айдынында (,жазда ол əсіресе тенис алаңы болады) жұртшылық бір ырғақпен сырғанап, Лужиндер таңертеңгілік қыдырыс жасап жүрген сол сəтте, конькишілердің свитер киген ең бір өжет біреуі голландық адыммен өте бір шебер сырғанап кеп, сол екпінмен мұзға отыра алды. Одан əрі, шағын скверде, қызыл киімді үш жасар бала қаңғалақтап бағанаға қарай жүріп, көзді арбаған үйілген қарға жетті де бір уыс қарды аузына апарғаны сол еді, арт жағынан келген біреу ұстай алды да жазасын алды. \"Сорлы бала-ай\", - деді Лужин оған бұрылып. Қармен аппақ боп жатқан көшемен жуан, қара жолақ шұбатылған автобус өтті. Сөйлейтін, ойнайтын аппараттар сататын дүкеннен музыка үні естіледі, музыка тоңып қалмасын дегендей, біреу есікті жауып қойды. Үстіне жабу жабылған, құлағы салпаңдаған тазы тоқтай қап қар иіскей бастады да, Лужин оның арқасынан сипап үлгерді. Көкке қарасаң аппақ өткір əлдене қарып жібергендей болады да көзінің алдында əлденедей ұшқынды нүктелер ойнайды. Лужина тайып кетті де, өзінің сұрғылт бəтіңкесіне айыптай қарады. Орыс гастрономиялық дүкенінің қасында ерлі-зайыпты Алферовтарды кезіктірді. \"Қандай суық\", - деді Алферов өзінің сарғылт сақалын желбіретіп. \"Сүймеңіз, биялай лас\", - деген Лужина ылғи бір ажарлы да, сергек қалпынан таймайтын Алфероваға қарап, неге бізге бас сұқпайсыз деп наз айтты. \"Сударь, сіз толысып барасыз, - деп күңк ете түсті Алферов мақталы пальтодан тіпті қампайып кеткен Лужиннің қарнына көзінің қиығымен құйтырқылана қарап. Лужин əйеліне жалынған кейіппен көз салды. \"Асыға күтеміз\", - деді ол. \"Тоқта, Машенька, сен олардың телефонын білесің бе? - деді Алферов. - Білесің бе? Жақсы. Əзірше, - дейді советше. Шешеңізге сəлем айтыңыз\".

\"Ол бір бақытсыз сияқты, - деді Лужина күйеуін қолтығынан ап, онымен қатар жүру үшін адымын шапшаңдатып. - Бірақ, Машенька... Жаны қандай... Қатты жүрмеші, сүйікті Лужин, - тайғақ!\" Қар толастады, аспанның бір тұсы бозарып ашылғандай болды да, жалпақ солғын күн көрінді. \"Біз бүгін оңға қарай жүрейік, - деп ұсыныс жасады Лужин. - Біз ол жермен əлі жүрген жоқпыз\". \"Апельсиндер\", - деді Лужин таяғымен жайманы нұсқап. \"Алғыңыз келе ме? - деді əйелі. - Тақтаға бормен жазылғанды қараңыз: қанттай тəтті\". \"Апельсиндер\", -деп тамсана қайталаған Лужин, əйелінің \"лимон\" дегенде бетің ұзарып, ал \"апельсин\" дегенде жайыла күлесің дейтіні есіне түсті.Сатушы əйел қағаз қапшықтың аузын жылдам ашып, оған суық, бұжыр қызыл шарларды салды. Лужин жүріп бара жатып апельсинді тазалауда, ал шырыны көзіне шашырайды. Қып-қызыл қып қар үстіне тастауға именіп қабығын қалтасына салады, одан варенье жасауға болады ғой. \"Дəмді ме?\" - деп сұрады əйелі. Ол соңғы тілігін жұтып ризашылықпен күлімсіреп əйелін қолтығынан алмақ болды да, жан- жағына қарап тоқтай қалды. Ол ойланып тұрды да, мүйіске оралып, көшенің атына қарады. Сонан кейін ол əйелін қуып жетіп шарбақпен қоршалған кəдімгі сұрғылт тасты іргеде тұрған үйді таяғымен нұсқады. \"Мұнда менің əкем тұрған, - деді Лужин. -Отыз бес А\". \"Отыз бес А\" - деп қайталады əйелі, жоғарыдағы терезеге қарап басқа не айтарын білмей, көп ұзамай ол терезесінің алдына пиджагының бір сол иығына, бір оң иығына лақтырып тұрған бір жақ қыры мұңлы, бір жақ қыры қуанышты екі жүзді балауыз еркектің бюсті қойылған жазатын қағаз сататын дүкеннің алдында қалшиды да қалды: ақ нымшасының сол жақ қалтасына қаламсап салынған. Лужинге екі жүзді еркек қатты ұнап, оны сатып алғысы да келді. \"Құлақ сал, Лужин, - деді əйелі, ол витринаға əбден қарап болғаннан кейін. - Мен сенен сұрайын деп жүр едім, - əкең қайтыс болғаннан кейін, одан бір заттар қалған шығар?\" Лужин иығын қиқаң еткізді. \"Хрущенко деген болған\", - деп күбірледі сəлден кейін. \"Түсінбеймін\", - деді əйелі. \"Парижде жүргенімде жазған, - деді қинала Лужин, - өлімді жерлеу жəне басқалар, марқұмнан анау-мынау заттар қалды - деп\". \"Лужин-ай, - деп күрсінді əйелі. - Орыс тілін қалай бүлдіріп сөйлейсің\". Ол ойланып тұрды да: \"Маған бəрібір ғой, тек ол заттардың болғаны жақсы емес пе, - ең болмаса ескерткіш үшін\". Лужин үндеген жоқ. Ешкімге қажеті жоқ ол заттарды көз алдына елестетіп көрді. Қарт Лужиннің жазатын қаламсабы, бір қағаздар, фотографиялар, - əйелі күйеуінің қаттылығына ренжіп мұңайып қалды. \"Бірақ бір нəрсені қалай да істеуіміз керек, - деді ол шешімді түрде. - Біз зиратқа барып, күтімсіз қалмады ма екен деп басына баруымыз керек\". \"Суық, əрі алыс\", - деді Лужин \"Біз ол істі көп ұзамай атқарамыз, - деп шешті əйелі. - Ауа райы өзгеруі керек. Абайлаңыз - автомобиль\". Ауа райы бұзылып кетті де, Лужин мұңлы алқап пен қорымдағы

желді есіне ап, сапарды келесі аптаға дейін тоқтата тұрайық деп өтініш жасады. Аяз қысып кетіп еді. Жолы бір болмай қойған мұз айдыны да жабылды: өткен жылы мұз орнында су жатқан жылымықтан соң жылымық боп, ал биылғы жылы оқушыларға коньки тебуге мүмкіндік бермейтін қақаған суық. Парктегі қар үстінде аяқтары жоғары қарап шашылып жатқан қаптаған кішкене құстар. Сынап барған сайын төмен құлап бара жатты. Зоологиялық бақтағы солтүстік ақ аюлар да суықтықтан бүрсеңдеп қапты. Лужиндердің пəтерлері орталық жылу жүйесіне жалғанған орайы келген пəтерлердің бірі болғандыктан тон киіп те, көрпе жамылып та отырмайсың. Суықтықтан əбден əбіржіген əке-шешелері осыларға келіп тығылды. Əйтеуір реті келіп аман қалған көне пиджагын киген Лужин жазу үстелінің жанында отырып алдында тұрған ақ кубты қағазға көшіріп салып жатты. Қайын атасы кабинетте əрі-бері жүріп оған ұзақ, бірақ сыпайы анекдоттар айтады, немесе диванда жатып aп күрк-күрк жөтеліп қойып газет оқиды. Енесі мен əйелі шай үстелдің басында отырады, кабинеттен қонақ үй арқылы əйелінің саусақтарын айқастырып дастарқанға қойған жалаңаш қолымен оның жырық құлағын бір қырын көруге болады, кейде ол қолын дастарқан үстінде жатқан бір жылтырақ затқа жайлап созады. Лужин кубты қойып, жаңа таза қағаз ап, қаңылтыр жəшіктегі бояу түймелерді дайындап сол қашықтықты тезірек салғысы кеп сызғыштың көмегімен перспективаны мұқият сызған кезінде, түкпірде əлдене өзгеріп кетті, асхананың жарық ойығы жоғалып, шам сөніп, қонақ үйде жағылды, енді ешқандай да перспектива қалған жоқ. Ол бояуға көп қол соза бермей, қарындашты оңтай көретін. Акварельдің ылғалынан қағаздар ойқыш-ойқыш боп, бояулар бір-бірімен қосылып кетеді; аса өміршең Берлин інжу-маржандарынан көз ала алмай қаласың да - оны қыл қаламның ұшына іліп ап, дайын кеңістіктің ішіне қондырасың, - ал стақандағы су улы көк. Алдындағы топ-толық түтіктерде қытай тушы мен ақ бояу жатады, бірақ олардың бұрандалы тығындары жоғалып қалған, содан түтіктердің ауыздары кеуіп қалады да, оны сыққан кезде құйрық жағы жырылып кетіп, одан бояудың шұбалаңдаған құрты жылжып шығады. Осының бəрі былғанғаныңа тұрмайды, ең бір қарапайым заттардың өзі, - гүл қойылған ваза мен Ривьера проспектісінен көшірілген күн батар шақ - алабажақ кеселді шимай- шатпақ бірдеңе болып шықты. Қарындашпен салу оңтайлы. Енесін салып еді, оған ренжіп қалды; əйелін салып еді, егер мен осындай болсам, несіне үйлендің деді, бірақ қайын атасының биік крахмалды жағасы əдемі шықты. Лужин қарындашты рақаттана ұштап, көзін сығырайтып əлдене өлшеп қояды, бас бармағымен сығымдап ұстаған қарындашты ақ қағаз үстінен ақырын ғана жүргізеді. Өйткені тəжірибе көрсеткендей парақ қатпарланып қалады. Қолын тигізсе суретті былғап алам деп, қағаз бетін жайлап үрлеп қояды. Ол бəрінен бұрын, мектептегі сурет сабағын еске түсіретін, əйелінің айтуымен кубтар, ақ пирамидалар, цилиндрлер, гипс ою-өрнектерінің сынығын салады, -

жалғыз оңтайлы сабақ. Ақаусыз нəзіктік, дəлдік, тазалықты дүниеге келтірмек боп жүз өшіріп, жүз сызған жіңішке сызықтардан жаны жай тапқандай болады. Сондай-ақ, қатты баспастан дұрыс қиюласқан штирхтар түсіретін тушьпен жұмыс істеген де оған ұнайтын. \"Дайын болды\", - деді ол парақты өзінен алыс ұстап, салынып болған кубқа кірпігінің арасынан қарап. Қайын атасы пенснесін киіп, басын изеп ұзақ қарап тұрды. Қонақ бөлмесінен енесі мен əйелі кеп олар да қарады. \"Одан жұп-жұқа көлеңке де түсіп тұр, -деді əйелі. - Өте, өте əдемі куб\". \"Тамаша, футурист деуге болады\" - деді енесі. Лужин бір езуімен жымия түсіп, суретті алып, кабинеттің қабырғаларын көзімен шолып шықты. Есіктің жанында оның бір шығармасы ілулі тұр еді: тұңғиық үстіне салынған көтергіш пойыз. Қонақ бөлмеде де біреуі тұр: телефон кітабының үстіндегі бас сүйек. Асханада жұрттың бəрі, неге екені белгісіз, қызанақ деп ойлайтын дөп-дөңгелек апельсиндер ілінген. Ал жатын бөлмені көмірмен салынған барельеф жəне конус пен пирамиданың оңаша бейнесі безендірген. Ол кабинеттен шығып қабырғаларды кезіп кетті де, əйелі күрсініп: \"Мұны сүйікті Лужин қай жерге ілер екен\" деді. \"Маған айтудың керегі жоқ деп ойлайсыңдар ғой\", - деді шешесі, үстел үстінде үйіліп жатқан алашұбар проспектілерді иегімен нұсқап. \"Мен өзім де əлі білмеймін, - деді Лужина. - Тоқтамға келу қиын-ақ екен, барлық жер əдемі. Менің ойымша, Ниццаға баратын шығармыз\". \"Итальян көлдеріне барыңдар деп кеңес берер ем\", - деді əкесі газетін тастап, пенснесін шешті де, ол көлдердің сұлулығын əңгімелей бастады. \"Саяхат туралы əңгімелер оны жалықтырды ғой деп қорқам, - деді Лужина. - Реті келген бір күні пойызға отырамыз да жүріп кететін сияқтымыз\". \"Сəуірден ерте кетпеңдер, - деді шешесі жалынғандай боп. - Сен маған уəде беріп едің ғой...\" Лужин кабинетіне оралды. \"Менің бір қорабым бар еді\" -деді ол жазу үстеліне қарап қалталарын сыртынан қағып тұрып (ол тағы да, үшінші, немесе төртінші рет сол қалтасында бірдеңе бар екенін сезді, — бірақ, қорап емес, — білуге уақыт жоқ). Жапсыратын кнопкалар үстелден табылды. Лужин оларды алып, тез шығып кетті. \"Иə, мен тіпті ұмытып кетіппін ғой. Кеше таңертең...\" Ресейден аяқ астынан келе қалған бір əйелдің телефон соққанын қызыға айта бастады. Ол əйел кезінде Петерборда оларға жиі келіп тұратын. Бұдан бірнеше жыл бұрын ол советтік купецке ме, əлде шенеунігіне ме, - оншасын жөнді білмедім, - тұрмысқа шығыпты да, күйеуі жөндеп демалып алмақ боп курортқа барғанда, Берлинде екі аптаға кідірген ғой. \"Оның бізде болуы ыңғайсыз-ақ, бірақ өзі бір жабысса қалмайды екен. Оның қорықпай маған телефон соққанын айтсайшы. Оның менімен байланысқанын совдепінде білсе...\" \"Ой, мама, ол өзі бір сондай бақытсыз əйел болуы мүмкін, - уақытша болса да бостандыққа

шығып, біреуді көргісі келетін шығар\". \"Онда мен оны саған берем, - деді шешесі жеңілденіп, - үйің де жып-жылы\" Бірнеше күннен кейін, түс кезінде, қонақ та келді. Лужин түнімен ұйықтай алмай, əлі төсекте жатқан еді. Қорқынышты түстен екі рет айқайлап оянып кетті, қазір Лужин қонақтың алдынан шығардай емес еді. Қонақ əйел қысқа шашты, жеңіл опаланған, ашаң, сергек əйел боп шықты, Лужина сияқты қымбат қарапайымдылықпен киінеді екен. Бір-біріне сөз бермей, бір-біріне əлденелерді дəлелдеп, қалай өзгермегенсің, қайта əдеміленіп кетіпсің деп бір - бірін əспеттеп олар қонақ бөлмеден гөрі жайлырақ кабинетке озды. Қонақ əйел Лужина он- он екі жыл бұрын қолды-аяққа тұрмайтын нəп-нəзік кішкентай қыз еді, енді, міне, толысып, бозара түсіп, сабырлы əйелге айналыпты десе, өз кезегінде Лужина да қонақ əйел бір кездегі қарапайым, көп сөйлемейтін, кейіннен атылып кеткен студентке ғашық болған бойжеткеннен, енді өзіне-өзі сенімді, ажарлы əйелге айналыпсыз деп жатыр. \"Сендердің Берлиндерің енді. Суықтан тірідей қатып қала жаздадым. Бізде Ленинградта, əлдеқайда жылы, əлдеқайда\". \"Петербор қалай? Көп өзгеріп кеткен шығар\", - деп сұрады Лужина. \"Əрине, өзгерді\", - деп сергек жауап берді қонақ əйел. \"Ауыр азапты өмір\", - деп ойлана тіл қатты Лужина. \"Бос сөз! Ондай ештеңе де жоқ. Жұмыс та бар, құрылыс та салынып жатыр. Тіпті балам - менің балам бар екенін білмейсіңдер ме? -Сондай бір керемет балпиған бала, - Митьканың өзі, біздің Ленинградта жұмыс істеп жатыр, ал Берлинде бульзулдар ештеңе істемейді екен, - дейді. Жалпы ол Берлиндегілердің бəрі бір түрлі екен деп, ештеңеге қарағысы келмейді. Ол сондай байқағыш, аңлағыш... Не дегенде де, бала шынын айтады. Еуропаны басып озғанымызды менің өзім де сезінем. Біздің театрды алыңыз. Сіздердің Еуропаңызда театр жоқ қой. Мен ешқандай да коммунистерді мақтап отырғам жоқ. Бірақ бір нəрсені мойындау керек: олар алға қарайды, олар құрылыс тұрғызып жатыр. Толассыз құрылыс\". \"Мен саясаттан ештеңе түсінбеймін, - деді жалынышты үнмен Лужина. - Бірақ менің ойымша...\" \"Менің айтарым, кеңірек ойлау керек, - деп аптыға сөйледі қонақ əйел. - Мен, мəселен, келген бойда эмигранттардың газетін сатып алдым. Күйеуім əзілдеп, - жаным-ау, мұндай қоқысқа ақшаны неге босқа жұмсайсың, дейді, - əрине, ол тым доғалдау сөз айтқан шығар, ал мен болсам, біржақты кетпей бəрін салмақтап, бəрін таразылап барып айту керек дер едім. Енді елестетіп көріңіз, - газетті ашып, оқып көрсем, сондай жала, сондай өтірік, бəрі біркелкі\". \"Мен орыс газеттерін сирек кездестірем, - деді айыпты жандай Лужина. - Орыс газеттерін мамам алады, Сербилдан келеді ғой деймін...\" \"Айналып кеп соға береді, - деп жалғастырды қонақ əйел. - Бір нəрсені құптамайды, тек балағаттау\". \"Жарайды, басқа нəрсе айтайық, - деді абдырап Лужина. - Мен өз ойымды жеткізе алмаймын, Сөйлесем- ақ, көп нəрсені қожыратып алам, бірақ білетінім, сіз қателесесіз. Егер сіз бұл туралы менің əке-шешеммен сөйлесіп көрсеңіз...\" (Лужина осылай деп отырып, шешесінің көзі ұясынан шығардай боп, тоты құстай

созылып сөйлейтіні есіне түсті). \"Сіз əлі кішкентайсыз, - деп мысқылдай күлді қонақ əйел - Одан да сіз не істейсіз, күйеуіңіз немен айналысады, ол кім\". \"Ол шахмат ойнаған, - деп жауап берді Лужина. - Тамаша ойнаған. Бірақ ол одан əбден діңкелеп, жүйкесіне салмақ түсіріп алды, оған шахмат туралы ештеңе айтпау керек\". \"Иə, иə, мен оның шахматшы екенін білем, - деді қонақ əйел - Бірақ ол қандай? Реакционер ме? Ақ гвардияшы ма?\" \"Шынын айтсам, білмеймін\", - деп күлді Лужина. \"Мен ол туралы бірдеңелер естігем, - деп жалғастырды қонақ əйел Сіздің атап сізді Лужинге тұрмысқа шықты деген кезде сол ма, сол емес пе деп екі ұшты ойға қалғам. Менің Ленинградта жақсы бір танысым бар, сол айтқан, - айрықша мақтанышпен, - өзінің кішкентай жиенін шахматқа қалай үйреткенін, сонан кейін оның керемет...\" Əңгіме дəл осы жерге келген кезде іргедегі қонақ бөлмеде, біреу құлап қалғандай шыңғырған дыбыс шығып, у-шу боп кетті. \"Бір минөтке\", - деп Лужина диваннан атып тұрып, қонақ бөлменің есігін ашпақ болды да, ойланып, ол жаққа ауыз бөлме арқылы кетті. Ол онда мүлде өзгеріп кеткен Лужинді көрді. Үстіне халат, аяғына түнгі туфли, қолында бір үзім бөлке нан, - əрине, əңгіме мұнда емес, - əңгіме бет- аузын əлемтапырақ етіп жіберген қалш-қалш еткен түр-тұрпатында еді, көзі от шашып аларып, маңдайы ісініп, тамырлары адырайып кеткен, əйелін көрсе де оған алғашқыда онша ден қоя қоймады, бүкіл көңілі кабинет жақта, келесі сəтте-ақ оның осылай тұрғаны қуаныштан екені аңғарылды. Ол таңдайын тақ еткізіп əйеліне шаттана карады, сонан кейін ауыр айнала жөнелді де пальманы құлатып ала жаздады, түсіп қалған бір туфлиі, жан бітіп кеткендей, какао қайнап жатқан асханаға қарай сырғанап бара жатты, ал ол оның соңынан кетті. \"Дұрыспын, дұрыспын\", - деді Лужин қуланып, құпия бір қазынаның үсітінен түсіп қуанышын жасыра алмаған жандай, санын шапаттап, көзін жұмып басын шайқап қояды. \"Бұл əйел Ресейден, - деді əйелі нықтап. - Ол сіздің нағашы əпкеңізді біледі екен\". \"Өте жақсы, өте жақсы\" - деп Лужин, кенет ішек-сілесі қата күлді. \"Мен, не қорқып тұрмын ба? - деп ойланып қалды əйелі. Көңілді, жақсы көңіл-күймен оянған ғой, бəлкім...\" \"Немене, қалжыңдасқың кеп тұр ма, Лужин?\" \"Иə, иə, - деді Лужин, сонан кейін бұған айла тапқандай: - халат киген қалпымда танысқым келіп еді\", - деді. \"Көңілденіп қалдым ғой, бұл енді жақсы, - деді ол күлімсіреп. Тамақтанып алыңыз да, киініңіз. Бүгін жылы сияқты. Лужина асханаға күйеуін қалдырып, кабинетке тез қайтып оралды. Қонақ диванда отырып aп жолкөрсеткіш кітапша беттерінен Швейцарияны көріп отыр екен. \"Тыңдаңызшы, - деді Лужинаны көріп. Сіз маған қол ұшын беріңіз. Бірдеңелер сатып алмақ боп ем, жақсы дүкендерді білмейді екем. Оның үстіне немісшеге де шорқақпын\". Лужин анда-санда санын шапаттап қойып əлі асханада отыр. Иə, оның қуанатынындай бар еді. Бал өткелі бері азапқа түсіп шеше алмай

келе жатқан комбинация құпиясы, басқа бөлмеден естілген кездейсоқ бір сөйлемнің арқасында ашыла қалғаны. Алғашқы сəттерде ол бұған шахмат ойыншысы ретінде қуанды да, оның тұла бойын мақтаныш, жеңілдік, физиологиялық əсер жайлап алды. Өзінің айрықша жаңалығының мəнін ұғу алдында ол көп ұсақ қимылдар жасады, - какао ішті, қырынды, көйлегінің түймелерін ілді. Кенет қуанышын қолмен сылып алғандай болды да, оның орнын лайлы, ауыр үрей басты. Бетпе-бет отырып тақтада ойналатын ойында болатын тапсырмалық комбинацияның қайталанатындай, оның қазіргі өмірі де оған белгілі схемамен қайталанып, жатқан секілді. Алғашқы қуанышы басылған бойда қайталау фактісін сезді де, өзінің жаңалығын мұқият тексеруге кірісті. Лужин шошып кетті. Еміс-еміс қызыға, еміс-еміс үрейлене жүріп ұққаны осы уақыт ішінде жүрістен кейінгі жүріс сайын, сондай қорқынышты, сондай сұрқиялықпен оның балалық шағы қайталанып жатқанына көз жеткізді (усадьба да, қала да, мектеп те, Петербордағы əпкесі де), бірақ бұл комбинациялық қайталаулардың бəрі жан-жүрегі үшін неге соншалықты азапты екенін ұға алар емес. Ол оның біреуін анық біледі: қазір ғана, кейбір ұсақ-түйек нəрселерді есіне түсіре отырып, айлалы ол жүрістердің үйлесімін ұзақ уақыт бойы байқамағанына өкінді. Лужин дер кезінде білмегеніне, о баста тізгінді өз қолына алмағанына, ол комбинацияның дами беруіне мүмкіндік жасағанына өзін-өзі сөгіп отыр. Енді, бұдан былай солай бола қалған жағдайда, əр жүрісті аңдып, абай болу керек деп шешті, - əрине, өзінің жаңалығын тас құлыпта ұстап, көңілді, тіпті аса көңілді қалыпта жүру керек. Бірақ оның сол күннен бастап тынышы кетті, - ол үшін сол бір сұрқия комбинацияға қарсы комбинация ойлап тауып, одан ада болу керек, ал ол үшін оның ақырғы мақсатын, оның сұмпайы ниетін танып- біле алмады, бірақ ол əзірше мүмкін де емес еді. Ол комбинациялық қайталау əлі де жалғасуы мүмкін екенін ойлау ол үшін қорқынышты болғаны сонша, өмірінің сағатын біржола тоқтатып, ойынды үзіп тастағысы келді, солай бола тұра ол əлденені дайындап, əлденені жылжытып, əлденені дамытып өмір сүріп жатқанын, ол əрекеттерді тоқтату мұның еркінен тыс екенін байқады. Бұл күндері оның қасында көбірек болған болса, онда əйелі Лужиннің бойындағы өзгерістерді, тұнжырап отырып оның жоқ жерден көңілдене қалатынын білген болар еді. Бірақ ол бұл күндері Ресейден келген қонақ əйелдің өтінішімен болып кетті, - оған сағаттар бойы дүкендер аралатты, қалпақтар, көйлектер, туфлилер өлшейді, ұзақ уақыт солардың үйінде отырады. Ол бұрынғысынша Еуропада театр жоқ деп, ренжіп ешқандай именбей \"Ленинград\" деп сөйлейді, Лужина неге екені белгісіз, оны аяп, дəмханаларға алып барады, бөгде адамдардың көзінше сөйлемейтін оның торсиған баласына ойыншықтар сыйлайды, солай бола тұра шешесі, қайта-қайта, баласына бұл жердің ештеңесі ұнамайды, ол тезірек өзінің пионерлеріне оралғысы келеді деп соғады. Ол Лужиндердің əке- шешесімен кездесті, бірақ олар өздерінің бұрынғы ортақ таныстарын

еске алғандары болмаса, саяхат туралы əңгіме қозғаған жок, ал Лужин үн-түнсіз, аса ынта-ықыласпен Митькаға шокалад соңынан шоколад береді де, ал Митька оларды бірінен соң бірін қылғытып, ақырында қызарып кеткен оны бөлмеден алып кетті. Ауа райының да қабағы жібіді, Лужина күйеуіне екі рет, мынау бақытсыз əйел өзінің бақытсыз баласымен жол жүріп кеткен күннің ертеңінде, кейінге қалдырмай, зиратқа барамыз деді, Лужин зорланып болса да күліп, басын изеді. Бала кезінде жасаған жүрістерді қайталанбайтын комбинацияға кіреді деп ойлаған ол жазу машинасын да, географияны да жиыстырып қойды. Əумесер күндер: Лужина күйеуінің көңіл-күйіне кейінгі кезде зер сала қоймағандықтан, əлденені қолдан шығарып алғанын сезді, бірақ сонда да ол қонақ əйелдің мыжың сөзін тыңдауын, сатушыларға деген талабын жалғастыра берді, əсіресе, ол əйелдің бір күн киген туфлиі ертесіне, неге екені белгісіз, ұнамай қап, оны ауыстырып алуға дүкендерге барған кездегі оның фирма атына айтылатын ұрыс-керіс пен шəлкес сөздерін неміс тіліне жұмсартып аударуға біраз шеберлік керек еді. Жүрер алдындағы кеште Митька екеуі қоштасуға келді. Ол Митьканы кабинетте қалдырып, өзі Лужинамен жатын бөлмеге кетті, ол өзінің киім-кешегін оған жүз рет көрсеткен шығар. Митька диванда отырып aп екі қолын қоярға жер таппай тізесін қасиды, ал Лужин болса бұл денесі іркілдеген баланы немен алдарқатсам екен деп абыржып отыр. \"Телефон\", - деді Лужин. Сыбырлай сөйледі де, аппаратты саусағымен нұсқап, қарқылдап күліп жіберді. Бірақ Митька Лужин нұсқаған жаққа тұнжырай қарады да, көзін аударып əкетті, астыңғы ерні салбырап кетіпті. \"Пойыз бен тұңғиық\", - деді Лужин, қабырғадағы өзі салған суретті басқа қолымен көрсетіп. Митьканың сол жақ танауына маңқа толып кетті де, оны қорқ еткізіп тартып, мелшиіп отыра берді. \"Тəңір тəлкегінің авторы\", - деп бұрқ ете түсті Лужин Дантенің бюстін нұсқап. Үнсіздік, тек мұрны бырқырайды. Лужин өзінің гимнастикалық қимылдарынан жалығып, ол да үндемей қалды. Асханада кəмпит бар ма екен, жоқ əлде қонақ бөлмедегі граммофонды қоссам ба екен деп ойлап отырды, бірақ диванда отырған бала оны арбап тастағандай, бөлмеден шығудың амалын таба алмады. \"Ойыншық болса ғой\", - деді ол өзіне-өзі, сөйтті де үстел үстіне қарады, сонан кейін қалтасына қол салды. Міне, қаншама рет, тағы да, сол жақ қалтасы, бос бола тұра, көзге көрінбейтін əлденені жасырып тұр. Лужин осы бір феномен Митьканың көңілін аулауға септігін тигізер деп ойлады. Ол оның қатарына диванға отырып, қулана көзін қысып қойды. \"Фокус, - деді ол, қалтасының бос екенін көрсетіп. - Мынау тесіктің фокусқа ешқандай қатысы жоқ\", - деп түсіндірді. Митька оның қимылдарына салғырт қана қарап отыр. \"Солай бола тұра мұнда бірдеңе бар\", - деп Лужин көтеріле сөйлеп, тағы да көзін қысып қойды. \"Астарының астында ма\", - елігіңкіреп сөйлеген Лужин, тағы көзін қысты. \"Астарының астында\", - деп Митька, иығын қиқаң еткізіп бұрылып кетті. \"Дұрыс!\" -өзінің қуанып кеткенін көрсетпек боп Лужин айқайлап жіберді де, бір қолымен пиджагының етегін ұстап, бір қолын тесікке сұға бастады. Алдымен əлдененің қызыл мүйісі, сонан


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook