Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Әбіш Кекілбайұлы - Ақырғы аялдама

Әбіш Кекілбайұлы - Ақырғы аялдама

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-01-18 04:07:59

Description: Әбіш Кекілбайұлы - Ақырғы аялдама

Search

Read the Text Version

Əбіш Кекілбайұлы АҚЫРҒЫ АЯЛДАМА Əңгімелер жинағы

АШ БӨРІ Таң атқалы жорытқаны жұртсыз жон. Тек жаңа ғана тастақ сайдың басындағы жалғыз құдыққа тап болып, ат суарып алды. Көптен бері бұл маңайға ел жуымапты. Құдық маңайының құмалағы қуаң. Астауы да қақсуға айналыпты. Дегенмен көлденең керуен, бейсаубат жолаушылар көп соғады екен, астаудың астына тыққан көн қауға бар боп шықты. Құдықтың түстігі тырбық тікенек бұталы қатқыл, терістігі біраз жерге дейін ұры жыраланып барып құздата құлайтын аңғар сай. Жаңа сол аңғар сайдың қалтарыс-қалтарысын тінтіп жүріп, қолқат түбінен өрге тырмысқан жіңішке соқпақ көріп еді, осы құдықтан шығарды. Сайдың ұры мен бөріні қапы қалдырмас қатқабаты мол сияқты. Бірақ, көзіне ештеңе шалынбады. Қою жал, жуан тілерсек жатаған қара атқа дөңкие жайғасқан қара сақалды жолаушы атын сауырлата сипаған қамшысына ілесіп артына бұрылды. Құдық басы құлазыған қалпы. Қиығы қанталай қызарған үлкен ала көздерін айырмай біраз қадала қарады. Өңге жерден гөрі əнтек қарауытқан тебін ортасындағы ағарған тас əйкел барған сайын бұлдырай түсті. Жолаушы жүзін аударып əкетті. Қара аттың сол баяғы бүлкек жүрісі. Осынша көл-көсір даланың жолы неткен құрдым. Құдықтан шыққан жіп-жіңішке көмескі буалдыр қалың боздың ішіне сіңген соң зым-қайым жоғалып, адастырып кетті. Көптен салауатты шеру көрмеген мына қырдан арнасы бар жол тауып болмайды. Азғантай тұяқтың ізі əр көденің түбіне шашырай түсіп, бүгінде түгел өшіп бітіпті. Жақында жаңбыр өтіпті. Жаздай шаң тұтып, күн жеп, сарала етек боп қалған далаға сыздықтап көгіс тарапты. Жер тістеп қалған кесіртке өң тарамыс жусан қайтадан бауыр көтеріп келеді. Ындыны əбден қанған қылтанақ кешелі-берлі күн ашылып, өңденіп қапты. Жолаушы атынан түсіп ауыздығын алды. Ерінің артындағы қара домбыраны шешіп, былайырақ апарып шөп үстіне тастады. Күн көзі қазір мейірлі. Қарашаның қара суығының алдында аз күн күле қарап иман жимақ. Жолаушы домбырасының қасына барып, шалқасынан жата кетті.

Қара ат анда-санда бір пысқырып күрт-күрт шөп үзеді. Жолаушы күректей қолын иегіне апарып, тізгін қажап ісіне қызарып тұрған етті, ұзын салалы саусақтарымен самайдан алқымға дейін ұйысып біткен тып-тығыз қара сақалын көсіп-көсіп алды. Сосын ніл көк аспанның бір пұшпағында мүжіліп таусылуға айналған қаймыжық ақша бұлтқа көзі түсіп кетті. Қазір бар дүниені бауырына əкеп тыққан алдамшы сағым жоқ. Көкжиек көл- көсір шалқып, қашықтап кеткен. Тар қамаудан мынандай бостанға шыққан кісінің көңілі өсіп шыға келеді екен. Боз бетеге мол далаға аяғы жеткен соң шиырыққан жүйкесі жазылып, терісі кеңіп сала берген. Жүрісі де өнікті сияқты. Қиырдағы еліне, ел шетіне үркесоқ паналаған үш қанат күркесіне асықты. Баяғыда ат үсті аласапыран жүрісте жүргенде сол үйде не бар, не жоғын да байқамапты. Алыста айдауда жүріп, аңсары ауып ойлағанда Азғырдың айнатаз ақ шағылдары, Еділ мен Қиғаш екі араның желіндеп тұрған көк желең өлең шөбі, Үстірт үстінің қара жусанды қатқылы — бəр-бəрі қаз қалпында көз алдына келеді. Бірақ өз үйінің бау-шуы, жамылғы-төсеніші, ыдыс-аяғы — ештеңесі елес бермейді. Бала-шағасымен күбірсіп-күңірсіп отырған бірде бір күні болмаған сияқты. Сібірге айдаларда қоштасуға келген ағайын-туманың ішінен шекелігі шығыңқы, бадырақ көз қара баланы көргенде өзінің Қазиы екенін таныды. Оның осынша өсіп кеткеніне қайран қалды. Бақса бұл, жұрт құсап, баласының қай уақытта жүріп, қай уақытта тілі шыққанын да байқамапты. Талай айлап-жылдап шет жүріп, сағынтып келгенде, алдына алып маңдайынан сипамаған да екен. Осыны ойлағанда əншейіндегі қаттылығынан айырылып, бойын əлдеғайып əлсіздік билейді. Ең бір жұмсақ етіне ащы тырнақ тигендей іші дуылдайтын долы ашуы да емес. Еңсесі түсіп, жанары жасып, көзге ұрып тұрсын деп елден ерек жаратылған кесек тұлғасы да көмескі тартып, шөгіп қалады. Шарасы зор ала көзі оқыс кішірейіп, сонау жер түбіндегі желбегей күркені осы қазір көріп отырғандай тесіле қарайды. Ештеңе есіне түспейді. Құлағын тосады. Сібірдің тымырсық аязы жарық жалғанның бар дыбысын жұтып жібергендей. Елеңдетер бірдеңесі болсайшы. Қарқ-қарқ еткен қарғасы да жоқ. Ағаш барақтың қабырғаларындағы шұрқ тесік саңылаулар да сарнамайды. Жел жоқ. Шəңкілдеген жандармдар таңның атысы, күннің батысы ауыз жаппайды. Бірақ, мұндағы жұрттың оған да еті өліп болған. Не айтып жатыр деп ешкім елең етпейді.

Осында келген соң жасап алған қарағай домбырасы бұрышта тұр. Қолына көп алмайды. Бірақ, оған қараса, сыбыс-сыбдыры жоқ мына өлі дүние былай серпіліп, көкірегінде үн қоздайды, көмескі тартқан көп елестер қайта тіріледі. Ондайда бұның етіне көк тырнағын шанши сала жан тəсілім болған өлі аязға да жан бітеді. Жаңа ғана аяғының астында тыныш жатқан ақ ұнтақ кенет шаңытып, жапалақ-жапалақ боп бетін осқылайды. Құлағында суыл оянады. Жапан түзде жел өтінде қалған шіліктің суылы. Қапталдағы қабақ астынан шыққан аш қасқырдың ұлығаны... Кіжіне тиген сойылдың дік-дік дыбысы... Жылқы шұрқыры... Ию-қию көп дыбыс. Бұл соның бəрін құныға тыңдайды. Аппақ қар, мүлгіп тұрған қалың самырсын, қарағай да біресе көкті жауып, сел себелеген жабағы бұлтқа, біресе қара түнде жау тиіп опыр-топыр жөңкіген қара құрым жылқыға ұқсап кетеді. Селтеңдеген құрықты, селтиген қыраулы мұртты, алара қараған ашулы көзді де көріп отырғандай. Əлгі дыбыстар біресе жаппай жабыр-жүбыр араласып, біресе жұлына бөлініп шыққан оқшау əуез, оқшау ызың құлағына келеді. Мүлгіп көзін жұма түседі. Көзін жұмған сайын əлгі шым- шытырық елес, қым-қуыт ызың айқындала, саралана түседі. Бұл оңаша қалса-ақ осындай əр тарапқа алып қашқан ойға беріледі. Ал, енді көп тұтқын ағаш кесіп орманнан қайтып, кешкілік бараққа жиылғанда бұдан аруақты ешкім жоқ. Иығы қайқайып, көмір қара сақалы шоңтай жылтырап, қарқ-қарқ күліп қалжың айтатын да сол. Бұрышта аяз қармап, үні қарлығып тұрған қарағай домбырасын біраз уақ қойнына тығып отырады. Сосын ауыз ашпай өзімен өзі боп домбырасының күйін келтіреді. Бөрене барақтың төбесіне қарап үнсіз жатқан көп тұтқын домбыраның даусы шыққанда бəрі де аунап түседі. Бұл əуелі домбыраны күмп-күмп сабап алады. Қара шанақтың көмейі əуезге толып күмпіп шыққан соң барып, ұзын мойнын қыжырта бұрып, дауыс кенейді. Домбырасының мойнын бірер ырғап қойып, əлгі күмбірлеген мол дыбысты кілт іркіп, қос ішекті саусағының ұшымен шеки қағып, безеп-безеп алады. Мынадай тұлғалы кісінің ересен үлкен саусақтары тигендей қара домбыра белі майысқандай қайқаңдап кетеді. Дірдектеп үн төгіледі. Домбыра көмейінен шыққан жақсы əуезді үркітіп алармын дегендей күйші баяулата əн бастайды. Толқына шыққан осы бір майда дауысты естігенде тыңдап отырғандарға алдарындағы алапат алып кісі еріп, мүжіліп кеткендей көрінеді. «Əй, Арқаның қызыл изені-ай!» Əншінің не айтып отырғанына біреу түсініп, біреу түсінбесе де қабақтар тұнжырап, көздерді күңгірт кіреуке шалады. Ащы махорканың иісі аңқыған суық барақта сес жоқ. Əнші əлі сілтеп отыр. Бір уақытта əншінің өзі тынып, домбырасы

сөйлейді. Мұндайда ол əуелі көзін жұмып, онсыз да одырайып оқшау біткен жалбыр қабағын түйіп ап, қос ішекті баппен қағады. Бір күрсініс сазды сонау түптен тартып, күңіренте толғайды. Толғаған сайын түйілген қабақ жазыла түседі. Кірпік əлі жұмық. Дөң маңдайдағы күн санап көбейіп келе жатқан шұбыртпа əжім, самайдағы көк қылтанақ, екі ұртының суалғаны көзге енді түседі. Саусақтарын самарқау сілтейді. Тамыры адырайып, терісі қалталанған ұзын тұра қолы əбден əлі кетіп, тап қазір сылқ құлайтындай сылбыр. Кенет күйші жұмулы көзін сығырайтып ашады. Мұртының қиығына қуақылық ілігеді. Сүлесоқ саусақтарға да серпін бітіп, қос ішектің бойын қунақ қуалайды. Мойнын жұлқына бұрғанда өндіршегі сорайып, тамағының астындағы күре тамырдың бəрі күдірейіп шыға келеді. Аумақты ала көзі шоқтана түскен. Үн ширап, жалбыр қабағы желк-желк етеді. Шекесінен қарап, көзіне не іліксе де жанарымен өртеп жіберердей жеп барады. Күмпиген-күмпиген нəн саусақтар долы дыбысты көсіп-көсіп төгіп жатыр, төгіп жатыр. Бір уақта жын қаққандай дедектеген жылдам саусақтың аяғына тағы да жем түседі. Самайдың қырауы мен маңдайдың əжімі тағы да көзге ілігеді. Күйші домбырасын ішіне жаңқа толтырған төсегінің үстіне сылқ еткізіп тастай береді. Күйге құлақтарын төсеп отырған көп тұтқынның дəл жүректерінің басына бармақтай-бармақтай бір- бір тамшы құлап-құлап түскендей болады. Күйші сығырайма май шамның қасында сүлесоқ отырып қалады. Қолына домбыраны желпінейінші деп алып еді, бай-бай күй ойсыратып кетті. Шытына ширатқан қою бұйра сақалы шытыр-шытыр етеді, əлгі бір есірік дəме күй оятқан ашу-ызадан сытыр-сытыр күйреп жатқан сияқты. Анада осындай бір кештен кейін түс көріпті. Өзінің үйінің көлеңке беті. Анасы айран құйып беріп отыр. Айран ашытқан қос құлақты емен күбі шелектің өңез исі аңқиды. Қасына Қазиы келіпті. Маңдайындағы жалбыраған кішкене кекілін тұмсығына апарып еді. Ыңғай жалаң бас жүретін баланың басы күн иістеніп күңсіп кетіпті. «Құлыным-ай»,— деп бауырына қыспақ боп, ұмтылып еді, үстіне жамылып жатқан қара тоны сусып барып түсті. Тұла бойы оқыс шіміргіп, көзін ашты. Түсіп кеткен тонын ап, қайта жамылды. Қара тонның сауыс-сауыс жағасынан күңірсік тер исі шығады екен. Содан соң көкірегіне сағыныш ұйып, ылғи мең-зең күйде жүрді. Одан

осы бостанға шыққан соң ғана айықты. Даланың көзге қанық қоңырқай күйі бұрын таусылтып тастайтын. Қоңыр дала, одан да қоңыр отар-отар қой, қапелімде қой ішінен қоңырайып көзіңе түсе қоймайтын момын қойшы. Сергімейтін, серпілмейтін сартап тіршілік. Қоңыр далада құлақ елеңдетер үн мен əуез сарқылғандай. Анда-санда бір есетін қыр самалы да талықсып, таусылып есетін. Сонда бұның көкірегін ашу бұлыққан арсы- күрсі күй буатын. Елден осынша іргесін шеттетіп, ізіне аңдушы түсірген де сол күйлер еді. Түрмеден шыққалы көкірегі желденіп келеді. Бірақ баяғыдай алабұртып алып бара жатқан жоқ. Күзгі даланың селеуінің суылын да, ат тұяғынан күрт-күрт күйрген қураған қау шөптің күтірін де, ақырғы шуақтар арқасын қыздырған дала тышқандарының шық-шық үнін де ап-анық естіп келеді. Сұлқ қырдың індігешіне дейін сықылықтаған үн шығарады екен. Дала тірлігінде əлі де мол үн, мол əуез барын жаңа аңғарғандай болды. Бұған дейін соны өз көкірегіндегі сарын тұншықтырып естіртпей келіпті. Суға шұбырып өткен жылқыда да, баурайға бытырай жайылған қойда да, қой шетінде қаздиып тұрған жалғыз атты қойшыда да бұрын бұл байқамаған кербез қимыл, қозғалыс бар. Жап-жазық даланың жатысы да кербез. Тіс тимеген дала шөбінін басындағы толқымалы қыбыр да қылықты. Жолға шыққалы төңірегінен көз алған жоқ. Кеше түс ауа бұрын бұл естіп, бұл тебіренбеген бір тосын əуен түледі. Бұрынғы саздарындай шапшаң шарықтап, шарт өзгеретін тепсінген үн емес. Делебеңді қоздырмайтын ашу тырнап тастаған ащы өзекті баппен сипаған байсалды əуез. Ақтарыла-төгіле салмай, шым-шымдап шымырлап өнеді. Құбыла жағына көз салып еді, күн бойы буалдырланып тұрған көк мұнар күн кештете сейілейін депті. Сол селдір буалдырдың арасынан əлдене ағараңдады. Біреу-екеу емес. Кейбірі ойдым-ойдым үзік-үзік болса, кейбірі тым аумақтылау. Ағарғандардың астындағы көкшіл мұнар тұп-тұтас. «Е, мынау тау болды-ау. Алатау осы болды-ау,— деп ойлады ол. Ішінде «Əзіретінің Алатауы» айтылатын көне дастандарды жастайынан көп естіген. Сонау қалың мұнар арасында басына мұнар да шығартпаған асқақ тауға көзі буланып ентелей қарады. Көкірегінде енді-енді өрби бастаған əлгі бір əуез де үзіліп қалды. Қапталынан көз алмады. Сол күйде біраз жер жүріп тастапты. Бір уақытта бойын жиса көл-көсір көкжиек бауырын жиып келеді екен. Тау жақтың мұнары қалыңдай түсіпті. Ағараңдаған ақ бас шыңдар да ғайып болған. Күн ұясына əлдеқашан

қоныпты. Қапталдап келе жатқан қалың мұнар қараңғылыққа ұласа бастады. Күйші күрсініп қойды. Қаумалаған ойды үркіткісі келмей, жүрісі өнбей қойған атына да қамшы сілтеген жоқ. Қас қарайып кеткен соң қара ат өз-өзінен жүрісін ширатты. Кешкі салқыннын лебі де білінді. Суыл шықты. Бағанағы үзіліп қалған ызың көкірегіне қайта оралды. Дəл манағысындай жаймашуақ емес, бұл жолы сəл-сəл күрсіне шығатын тəрізді. Бірақ бəрібір бұрынғысындай екі иығын жұлып жеп кіжінген əуез емес, ақжарма үн. Бұрылып, ерінің артына бектерген домбырасына қарады. Қолына алуға асықты. Бірақ, қоналқы түскен жерімде тартармын деп ойлады. Күн батарда осы маңның бір жерінен бір отар қой көрінгендей болып еді. Осы төңіректе ауыл болса керек. Алдындағы жалдың басына асыға шығып, айналаға көз салды. Қара ат та қайта-қайта пысқырып елеңдей береді. Ештеңе көрінбейді. Үрген иттің де дыбысы жоқ сияқты. Қазір далаға өртеп от та жақпайтын кез. Түтін исі келер ме екен деп жел жаққа мұрнын тосып еді. Ондай да ештеңе сезілмеді. Кенет қара ат қаттырақ пысқырып қалды. Алдынан əлдене қараңдағандай болды. Қара аттың сескеніп жалтақтай бергеніне қарамастан жақындай түсті. Түйе. Мойнын бұрып бұған қарап тұр. Жақын келіп үн шығарды, жануар үңіле бір қарады да жүріп кетті. Соңынан бұ да ерді. Күңіреніп барады. Сауын түйе екен. Үш-төрт үйлі кішкене ауыл қара жалдың күнгей бауырына шуақтай қоныпты. Кез өркеш аруана ортадағы бүйірлі боз үйдің қасына барып талтайып тұра қалды. Бұ да сол үйдің ту сыртынан кеп: — Е, хабарласқандай кім бар? — деп дауыстады. Үйде күңгір-күңгір дауыс бар. Соның арасынша сықырлауық сылдырап, үйден біреу шықты. Колында шелегі. Аруананың бауырына бара беріп, жолаушыдан барыс сұрады. Жолаушы құдайы қонақ екенін айтты. Əйел: — Онда түсіңіз, қоныңыз,— деді. Киізі құрымдана қоймаған боз үйдің іші күмбіреп кең көрінеді. Қақ ортадағы үш бұт ошақтың оты бықсып, қапелімде ештеңе көре алмай есік алдында тұрып қалды. Сəлеміне төр жақтан бір-екі адам жарыса жауап берген соң, қамшысын босағаға қыстыра салып, төрге озды. Домбырасын өзінің тұсына іргеге сүйеп қойды. Белін шешіп, жайланып отырғанша, үй

ішіндегі ашқылтым буалдырға көзі де үйренді. Төңірегін шола қарады. Жоғарғы жағында артына құс жастық қойып тағы біреу шалқалап жатыр. Одан əрі барқыт тақиялы ақсақал адам бұған барлай қарап қапты. Біреу қазанның астындағы кешегі жауыннан əлі кебе қоймаған су бұта бықсып болмаған соң жалпылдақ тастап еді, жалыны қазанның қақпағын шарпып, айнала жарқ ете қалды. Қазан-аяқ жақтан жаулығы қарқарадай бəйбішені көрді. Ол ар жағындағы əбден тозып əшекейінің бəрі өшіп, сұп-сұр сұлбасы қалған кебежеге қарап, тұқшыңдап кетті. Ошақтың оң жақ бұтында, бүйірін отқа тыққан қара шəйнектің қасында он бір-он екілер шамасындағы бала отыр. Балағын тізесінен асырып, ширата қайырып алыпты. Босағаға нығыздап үйген отынды шетінен отқа сүйрейді. Бəйбіше кебежеден басын көтеріп, қазанның қақпағын ап, лап көтерілген буды үріп жасқап, əлім- берім қоныр топатай толы бірдеңені шылп еткізіп тастап жіберді. Қария қозғалақтап: — Е, жолаушым, жөніңді айта отыр, — деді. Сырттан түйе сауып қайтқан əйел кірді. Шелегін бəйбішенің қасына қойып, құман ап, шылапшын əкеп қолға су құйды. Жолаушы алдына келген шылапшынға тізерлеп беті-қолын жуды. Сүртініп жатып жөнін айтты. Алдарына дастархан келді. Қарияның қалған сауалына шай іше отырып жауап берді. Шалдың бергі жағындағы қара мұрт бұның əңгімесіне үнсіз құлақ тігіпті. Шайын анда-санда бір ұрттап, қарап қояды. Ашық омырау, қынама бел қара мауыт бешпет, шашақты тақия ауыл арасының қазағы емесін танытады. Бұл келгелі жақ ашқан жоқ. Отырысы мығым. Көз тастасы да кербез. Жолаушы тұтқыннан келе жатқанын айтқанда, кесесінен бас көтермей отырған сары бəйбіше елең ете қалды. Көзіне түсе берген кимешегін кейін бір ысырып, бұның жүзіне бажырая қарады. Елім сонау күн батыста дегенде ернін бір сылп еткізіп қойды. Жаңа қолға су құйған əйел осы үйдің келіні екен. От жағып отырған баланың орнын ап, шай құйып отыр. Жүзін қырын салып, əңгімеден қалыс қалған жаңғыз сол. Бала бəйбіше жаққа шығып кетіпті. Үюлі отыннан бір бұтаны ошаққа сүйреп келе жатып о да бұған таңырқай қарап қояды. Өне бойына сары кенеп киген бұндай жолаушыны бұрын-соңды көрмеген сияқты. Ала көзін аудармай қарап отырады да, пыс-пыс етіп жанбай жатқан отына енкейіп, су бұтамен жарыса пысылдап жата қалып үрлейді. — Өздеріңізден де жөн біле отыралық— деді жолаушы.

— Е, біз де осы елдің бір шалы,— деп мырс етті шал, дастарханнан сарсу ап тістеп жатып. Мұртты қара сөзге енді араласты. — Бұл кісінің есімі — Дөңбай. Біздің еліміз Дөңбай би дейді. Еліңіз алыс екен, сіз естімеген шығарсыз,— деді. Шал тағы да мырс етті. Басын қолындағы кесесінен көтеріп ап: — Бір кезде ауыл арасының жаяу жанжалында ағайыншылық айтқанымыз бар. Ол кезде түз кісісі едік, бүгінде көсеумен жолдас, қатынмен мұңдас үй кісісі болдық,— деп күлді. Жолаушы шалға көзін тоқтата қарады. Кезінде келбетсіз болмаған ақсұр шал. Көк буырыл қабағы, селдір мұрт, ұзынша сұйқылт сақалы беталдын буалдырландырып жіберген. Көзінің астындағы бірер қыртыс болмаса, жүзін əжім алып жарымапты. Ылғи назарын тіктемей бейтарап қарайтын қоңырқай көзі ештеңе аңғартпайды. Анда-санда өзінен-өзі бір мырс етіп қояды. Өңінде ұзақ уақыт ел үстінде жүріп, енді тұғырдан танып шетқақпай қалған кісіге тəн салқын қабақ салғырттық бар. Қимылының бəрі керенау. Кесесін де ерніне енжар апарады. Бірақ, осқырынбайды. Зілді отырыс. Қасындағы мұртты қара қайта-қайта қозғалақтап, ту сыртындағы құс жастыққа қарай ығыса берді. Ал, ақ сұр шал отырған орынынан қыбыр еткен жоқ. Келіні ұсынған кесеге де тіп-тік бойын имей қол созады. — Мына жігіт...— деп жолаушы тағы бір сауалдың шетін шығарып еді, аржағын шал өзі іліп əкетті. — Е, бұ да бір ағайын. Ныспысы — Əурен. Осы елдің ат үстіндегі азаматтарының бірі. Қалада қызмет атқарады. Еліне демалысқа келіп жатыр екен, маған көрісе келіпті,— деді. Сыртта ит үрді. Ат дүрсілі шықты. Тап іргеге кеп тоқтады. — Мынау Қойбағар ғой. Тамақтанып кетейін деп соққаны шығар, — деді бəйбіше. Келін ақ құманға үстеме шай салды. Есіктен түйе жүн шекпенді, түлкі тымақты біреу кірді. Ерінін болар-болмас жыбырлатты. Онысы

сəлемдескені болса керек. Босағада тұрып белін шешті. Белбеуін күрс еткізіп шай құйып отырған əйелдің сыртына тастай салды. Түлкі тымақты босағаға іліп, шекпенін шешіп отынның үстіне тастады. Табалдырықтың алдына қолын жуды. Сосын шай құйып отырған əйелден жоғарырақ кеп отырды. Шашын тықырлатып алған жылтыр басын сипап, аузын ашып есінеп алды. Шанаш құлағынан күн көрінгендей. Қонақтармен ісі болған жоқ. Шайға бас қойды. Шүңкиген кішкене беті кесе көлегейлеп көрінбей қалды. — Аманшылық па?— деді бəйбіше, бұл келгелі орнай қалған тыныштықты бұзып. Шанаш сары кесесін сарқып, қайта ұсынып жатып: — Аманшылық,— деді естілер-естілмес қып. Сосын сонау түптен сығалаған індігеш көзін қара мұрт пен бұған бір-бір салып өтті. Тағы да алдына кесе келді. Шүңкиген беті тағы да ғайып болды. Қара мұртты ішіп болдым дегенді ишаралап, кесесінің аузын басты. Шайға бұ да онша құмар емес еді. Кесесінің ернеуінен бұ да қақты. Шал ішіп отырған кесесін сарқып: — Болдым, — деп дастарқанның шетін қайырды. Шай құйып отырған əйел құманын толтырып ап, шəйнегін оттан шығарды. Дастарқанның күйеуі жақ бұрышын ғана қалдырып, қалғанын жиып алды. Ақ сұр шал: «Я, алла»,— деді де біраз уақ үнсіз қалды. Мұртты қара да қолын тарақтап, құс жастығына шалқайды. Оттағы шырт-шырт жанған бұтадан ба, əлде қазанның əбден ыстанған қақпағынан ба — бір күлімсі иіс бар. Қазанның ауызынан ұшқан бозамық буалдыр түндіктің саңылауына дейін барып, аржағында қап-қара түнге сіңіп, зымқайым жоғалады. Шай құйған əйел босаған кеселерді сүртіп, жия бастады. Үй- ішінде үн жоқ. Көк ала кесенің аржағынан Шанаш сарының жұтқыншағы ғана қылқ-қылқ етеді. — Жолаушым, мынаны босқа арқалап жүрмеген шығарсың,— деді ақсақал, іргеге сүйеулі домбыраны меңзеп. — Құдай айдап тап болдың, өнеріңді көріп қалалық, шерте отыр.

Жолаушы домбырасының қабын сыпырды. Қалтасынан тиек ап, қондырды. Құлағын бұрап, жол соқты боп шылдырлап қалған домбыраның күйін келтірді. Əр шекті жеке-жеке шертіп, құлағына тосып, ыңын байқады. Бірте-бірте түзеліп келеді. Жолаушы астындағы төсек көрпенің бұрышын түріп жіберіп, көнетоз тақыр кілемге əуелі оң қолын сосын перне басатын сол қолын үйкеп-үйкеп алды. Дыбыс қуалап, пернелерді бойлап, жоғары-төмен бір-екі рет сырғытып өтті. Таң атқалы тізгін ұстап ісініп алған саусақтары икемге əлі келмей жатыр. Үй-іші енді домбыраға қарапты. Мұртты қара шалқалап жатқан жерінең құс жастығын шынтақтап қырын аударылып түсті. Бəйбіше дастарқан жинала бере, қолына қоңыр топатайын алып, шəйнекте қалған жылы судан құйып, тұз салып, нан илеуге оңтайланып еді. Кебеженің төр жағындағы тырсиған ала қапқа бұрыла бере, домбыраның үнін естіп, табағын былай қоя салды. От жағып отырған бала қолына көсеу алған күйі ауызы ашылып аңырайыпты да қалыпты. Шай құйған келіншек алдына түскен жаулығының ұшын кейін серіпкен болып, аласы мол нұрлы жанарымен күйшінің жүзін бір шарпып өтті. Тек Шанаш сары ғана мұздаңқырап қалған қанжылым шайын дүрс- дүрс жұтады, маңдайына опыр-топыр шыға келген көп тамшыны қарымен бір сыпырып алды. Манадан бері маңдайшадан көз алмай отырған ақ сұр шал да жүзін бұрды. Нəн ошаққа нығыздана жайғасқан тай қазаннан бір исі əдемі бу ұшады. Сол иіс, таңатқалғы жаққан оттың табы жайылып, үй-іші бір түрлі көңілді көрінді. Күбірсіген тыныш тірліктің иіс-лебі. Жолаушының есіне жаңағы жол үстінде туған жаймақоңыр əуез түсті. Ұзын-ұзын салалы саусақтары перне бойын қармалап жүріп, ақыры тапты. Əншейіндегідей қыжыртып қаққан жоқ. Үн былқып шықты. Баппен басталған бала майсаң əуез баппен өрлеп келеді. Ұйықтай қоймаған тентек немереге кəрі əже айтатын көйгөйдей жаныңды жайбарақаттыққа шақыратын қоңыр əуез. Құлағыңды құнықтырып, көкірегіңді күмбірлетіп барады. Аспан ашық, маңайың құлпырып гүл-гүл жайнаған əсем күнде алыс жолға шыққандайсың. Қунақ жортып, жайсаң жаратылысқа, əдемі əуенге, астыңдағы аршынды атыңа қуана қарайсың. Төңірегіңнен тек рахат көріп, тек лəззат табасың. Мынау да сондай сергек күй. Біраз жүргеннен соң айналаңа алақтап қарай беруге де жалығып, рахат ортасында келе жатқаныңа онсыз да кəміл сеніп, көзіңді жұмып ап, бір тұңғиық бейжай ойға шомбаймысың? Есіңе қайдағы- жайдағы түседі. Өткеннің өкінішті өксігі де қылаң береді. Бірақ бəрі артта. Бəрі өткен. Соның бəрін көріп, бəріне төзіп, бəрін өткерген бұл бас. Бəрінің де қыжылы өткен, өшкен. Енді, міне, тағы да рахат ортасындасың. Мына

өмір деген жарықтық жауың түгіл, сенің өзіңнен де пейілді екен, кең екен. Оның сарқылар, таусылар күні жоқ. Рахаты мен лəззатын қашан да таба алады екен. Ендеше емешегі үзіліп елжіреп тұрған өмірді қайтып сүймессің, қайтып талақ етпексің. Өне бойыңа шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тəтті əуез сорғалап- сорғалап келіп, ақыры там-тұмдап, тамшылап таусылды. Қара домбыра күйшінің тізесіне сылқ құлады. Ешкімде үн жоқ. Манадан бері оттың табында тұрып кеуіп қалған құсқанбас қана сытыр-сытыр жанады. Кенет күлдің шеті шырт ете қалды. Жұрт басын көтерді. Иегі бұлт- бұлт еткен Шанаш сары алақанындағы насыбай жұғынын тізесіне сүйкеп, жантая кетті. — Күйім-ақ екен, — деді сүйқылт сақалының ұшын саусағына орап ап, тапжылмай тыңдаған ақ сұр шал. — Құлағыңды қыдықтайды,— деп мұртты қара ұйып қалған оң шынтағын ұстап, құс жастыққа шалқалай ауып түсті. От жағып отырған бала қолындағы көсеуге көзі енді түсіп, қазанның астына əрлі-берлі сүңгітіп-сүңгітіп алды. Келіншек екі қолын тізесіне салып, домбыраға қараған боп, бір қырын бұрылып, бар ыждаһатымен тыңдаған екен. Ақ сұр шал көрпесінің астынан мүйіз шақшасын алып: — Келін, отыңда изеннің, жапақтың күлі жоқ па?— дегенде ғана бойын шұғыл жиып, отқа бұрылды. Атасының дауысын естігенде-ақ шай көйлегі дір ете қалды. Жалма-жан шымшуырдың ұшына іліп бірер шөкім күл алды, оны төңкерулі кесенің түбіне салып, атасына ұсынды. Ақсары жүзіне қан ойнапты. Мол пішілген сусыма көйлектің жеңі күл ұсынғанда аппақ білегін жалтыратып, шынтағынан аса кейін сырғып кетті. Борықтай жұп-жұмыр білектен көзі жақұт күміс білезік жарқ етті. Күйші жалма-жан домбырасына жабысты. — Жаңағы күйдің аты не?— деген ақ сүр шалдың сауалына: — Алатау,— деп асыға жауап берді, домбырасының құлағын қайта бұрап жатып.

Есіне елде жүргенде бір қызға тартқан күйі түсті. О да тап мына келіншектей ақсары еді, о да бұған шай ұсынып жатып, шəйі көйлектің жеңі сусып, жұмыр білегі жалаңаш қалғанда, жүзі ду ете қалған. Соңына сөз еріп, шетқақпай жүргенде түскен бейтаныс үйдің сұлу қызы құйған шайға көңілі өсіп, күй шығарып еді. Адал көңіл, тəтті шайға шыққан күй де тəтті болсын деп атын «Балқаймақ» қойған. Мына келіншек елден кеткелі жадына түспей, ұмыт бола жаздаған сол күйді есіне сап еткізді. Көрікті келіншекке көз жүгірте беруге именіп, мойнын төрге қарай бұрып алды. Балқаймақ десе балқаймақ дейтіндей тағы бір тəтті əуез төгіле жөнелді. Жұрт тағы да бұған құлақ тосқан. Күйшінің көзі өзінен жоғары құс жастықта шалқайып жатқан қара мұрттыға түсті. Екі қолын тарақтап апты. Кішкентай қозы қарыны тырсиып, арқасындағы құс жастықты рахаттана жаншиды. Əдемі иілген қара қасын сəнмен керіп, ұзын кірпігі көлегейлеген дөңгелекше қой көзін келіншек жаққа тігіпті. Əлі əукелене қоймаған бір тілім бұғағында білінер-білінбес бүлкіл бар. Маңдайы да торсық шекеленген жып-жылтыр. Қара торы беті тепсініп, ісініп тұр. Сызданған сырбаз неме? Құдай-ау, кім еді? Иə, о да тап осы құсап, қақ төрде құс жастықта шалқайып жатқан. Оның мұрты мынандай келте қайтқан емес, шалғылылау. Талай ат шаптыртып алдыра алмай қойған тентек күйші өзі кіріп келгенде, үй-ішіндегілер жапырыла сəлемдесіп, төрден орын қаузаған. Қозғалмаған тек сол. Қарнының үстіне қолын тарақтап салып, тырп етпей жатып алды. бұлтиған-бұлтиған етті еріндері де қыбыр еткен жоқ. Тек тырсиған бетіндегі зілді ашу тарап, езуінде масаттанған күлкі тұрды. Ашынып келген күйші еркек шора мырзаның мына нығыздығына қаны қайнап, домбырасына жармасты. Жолдағының бəрін кие жарып, шалжиған төренің тап қасына барды. Қара домбыраны шалып-шалып жіберіп, бір күй бастады. Мына қара мұрт та тап сол Ақбайдың ұлы Əубəкірден аумайды. Күйші тартып отырған күйімнен жаңылармын деп тістеніп алды. Екі самайынан тер бұрқ етті. Əдемі күйдің аяғы қату шықты. Күйші домбырасын тағы да тізесіне тастап, сүлгі алып, терін сүртті. Жұрт тəтті əуезден əлі айыға алмай отыр. Шанаш сарының да насыбайы бір ұртында бұлтиып қапты. — Есіміңіз кім?— деп сұрады ақ сұр шал. — Құрманғазы. Қара мұрт ондай да күйші бар ма еді дегендей, ақ сұр шалдың ауызына

елеңдей қарады. Шал онысын байқамаған боп, күйшіге ұмсынған қалпын бұзбады. Күйші домбырасын қайтадан қолына алды. Жоғарғы екі пернені басып еді, жаңағы жайбарақат маңдайы қыртыс-қыртыс боп, жиырылып кетті. Қолындағы домбырасын емес, сырттан тың тыңдап отырған кісіше мойнын іргеге салып, теріс айналып еді, шықшытының астынан білем-білем тамыр ойнап шықты. Желп еткізіп көтеріп алған жалбыр қабақ та енді жығылмай, тікірейіп-тікірейіп тұрып алды. Бет алдының бəрі шиыршық атып тұр. Тек ішекті қаққан ұзын саусақтар ғана керенау. Аспай-саспай зілмен ұрады. Мұң шаққан əуез. Бірақ, егіліп төгілмейді. Бір түрлі өрекпіген өр күңіреніс. Ақ сұр шалдың сол сұғына тыңдаған қалпы. Күйдің осы арасын баяғыда Əубəкір біраз жерге дейін тыңдап ап, тісін ақситып сылқ-сылқ күлген. Қара мұрт шаңыраққа қарап енжар жатыр. Бəйбіше нан илеуге кірісіпті. Келіншек қолына көсеу ап, қазанның астынадғы отты түзеді. Шанаш сары маңдайын отқа төсеп жығылған екен, бетін келіншегіне беріп бұқшиып апты. Тыңдап жатқаны, ұйықтап жатқаны белгісіз. Бала күйшіден көзін алмайды. Төрдегі еңгезердей қара сақалды адам бетін көлегейлеп жылап отырған сияқты. Қабырғаңды қайыстыра бебеулеген əуез. Бай-байлап ыңыранады. Ойыңды ойрандап, кекірегіңді тіліп-тіліп барып, тіс қайрағандай кіжініп қайтады. Ақ сұр шалдың тіп-тік мойыны да иіліпті. Көзін қазан астындағы отқа тігіп, сақалын уыстап, иегін уқалай береді. Əуелі шағынып шыққан назалы саз барған сайын зығырданы қайнап төне түседі. Дəу саусақтар домбыраның сағағына шүйліккенде ызалы əуен ышқына буырқанады. Жүректі шымырлатып оянған ащы жас ыршып көзді теуіп, алқымға кері лықсығандай. Күйші жалт бұрылып еді, көзінде жас жоқ. Ұп-ұзын қайқы кірпіктері қадала шаншылыпты. Көзі қып-қызыл. Кенет оң жағынан біреу қор ете түсті. Шанаш сарының жылтыр басы білегіне сылқ құлапты. Екі аяғын бауырына тартып, бір шөкім боп ұйықтап кетіпті. Бəйбіше келініне қақпақ көтертіп, қазанына нан салып жатыр. Қара мұрттың көзі əлі шаңырақта. Күйші домбырасын жеделдете ұрды. Əлгі ызың дедектеп кетті. Саусақтары перне бойын жөңки қуалады. Əубəкір осы жерге келгенде басын жастығынан жулып ап, қанын ішіне тартып, сұрланып алған. Жаңағы қабырға қайыстырар əуезге қайрат біткен. Делебе қоздырып дік-дік етеді. Желпініп барады. Ақсұр шал көкірегіне түсіп кеткен басын көтеріп алды. Жүзін домбырыға бұрып бір мырс етті. Құптады ма, мошқады ма — аңғартқан жоқ. Қайтадан бойын тіктеді. Əлгі бір күрсініс саз қайта естілді.

Күйшінің саусақтары тағы да сүлесоқ. Күй бітті. Бұл жолы ешкім үндемеді. Атын да сұрамады. Ақ сұр шал маңдайшаға қарап ойға шомған. Тек отынның шетінде отырған ақсары бала күйшіге бір, қалғандарға бір жалтақ-жалтақ қарай береді. Күйші домбырасын қаптап, іргеге сүйеді. Бəйбіше қазанын түсірді. Келіншек шылапшын əкеп қолға су құйды. Қара мұрт тұрып отырды. Шанаш сары да басын көтерді. Ортаға үйме табақ кеп тұрды. Шанаш сары белбеуіндегі қыннан пышақ ап, құманның шүмегіне тосып шайып, табаққа ұмтылды. Жұрттың көзі енді соның қолында. Еттен кейін Шанаш сары қайтадан түйе жүн шекпенін, түлкі тымағын киді. Босағада тұрып белбеуін буынды. Бəйбіше: — Түнекке барасың ба? Мə, қойшыларға ала бар,— деп, табақтан алып қалған бірер омыртқа, қабырғаны шүберекке түйіп, баласына ұсынды. Шанаш сары шешесі берген түйіншекті бұлтитып қойнына тығып, шығып кетті. Төсек салынып жатқанда күйші атының ерін алды. Ауылдан былайырақ жетелеп барып отқа жіберді. Сосын атын жағдайлап жүрген боп, далада ұзақ тұрды. Көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы. Тек ортадағы боз үйдің шаңырағында ғана саңылау бар. Тұрып-тұрып көнілі қоңылтақсып үйге аяңдады. Төсек салыныпты. Келіншек оң жақтағы төсекті мегзеп, аяқ жағына көрпе тастады. Шығап бара жатып, сықырлауықты жаба бере, көзін бұған тағы да бір тастап өтті. Сырттағы шолпы үні күн шығыс жақтағы үйге беттеді. Отауы сол болғаны ғой. Күйші ертеңіне ерте оянды. Қара ат ауылдан онша ұзай қоймапты. Алып келіп ерттеп, үйдің сыртына қаңтарып қойды. Бəйбіше тұрып, келініне шай қайнаттырыпты. Шай үстінде келіншек бұл жаққа бір рет те мойын бұрған жоқ. Дастархан жиылып, қоштасарда да күл төккен боп, сыртқа шығып кетті. Ауылдан былай шыға бере күйшінің көңілі қайта бұзылды. Түрмеден құтылғалы жағасы жайлау боп келе жатып, бүгін тағы құлазып қалды. Төңірегіне қарап еді, тұлдыр дала. Бір жалдан аса бере алдынан қоян қашты. Ту қоян ырғыған сайын таңы жарқылдайды.

«Əттең осындайда бөрі де жолықпайды-ау»,—деп ойлады күйші. Есіне елде жүргенде жігіттерге қосылып бөрі қуғаны түсті. Əуелі қиқарланып қиялай шапқан көк жұлын қиқу көбейгенде бытпылға тартады. Сатырлаған көп тұяқтан құлағы түнып, қарсы желден көзі жасаурап, бұ да еміне шабады. Басқалардан ала бөтен қызынып, қуғынның алдын бермей өзеурейді. Қырдың қиқар аңы даланың жайбасар тірлігі бір жолата өшіре жаздаған қайдағы бір қалғып кеткен кəрі аруақты қоздыратын. Арланды ақыры сойылға жығып, атқа өңгергендегі жігіттердің қау-қауы бұның құлағын қыдықтайды. Əншейінде қалай болса солай ашылып-шашылып жүре беретін жайбарақат жандардың тас түйін түрлерінен көзін ала алмайтын. Тап қазір мына топ нені болса да тапап кететіндей. Бұларды осынша желпінткен кек бөріге разы боп, қасқыр өңгерген жігітпен қатарласып, ер артындағы ауызы ырсиған арланның селтиген серек құлағын құшырлана бұрайтын. Көмейі үнге тұншығып, кеу-кеулеген көп сойылдың алдына шығып, өзінің «Аш бөрісін» бастайтын. Аш бөрі, жүрген жерім қанды майдан, Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан. Қазақта талай қатын ұл туғанмен, Дəл мендей ұл табатын қатын қайдан! Бөрінің дуылы бірер күнге созылып, о да басылатын. Жігіттер сойылдарын тастап, таяғын, қауғасын арқалап, малын қаузайды, шаруасын жайлайды. Күйші тағат тауып жата алмай, атына мініп, ел аралап кетеді. Айдалада жаңғыз келе жатып, анда-санда қотанына тиіп, бөрліктіріп тұратын бөрі болмаса мына даланың селт ететін түрі жоқ-ау деп ойлайтын. Күйші бұл жолы да өз-өзінен ширығып, алабұртып келеді. Тып-тыныш күн. Ең болмаса шөп басын қозғар леп те жоқ. Түске таман сонадайдан аран сай көрінді. Бұрылып барып, бір құйрығынан бұ да құлады. Шегі, шеті жоқ шектей шұбалған қарнау. Қолқат-қолқат, ұшпа-ұшпасын тіміскілеп шықты — ештеңе жоқ. Бұл даланың бөрі екеш бөрісі де құрып кеткен. Иə, бəрі жойылып кеткен. Иə, мына жайбарақат түздің аңына дейін тойынып, жортудан қалған. Күйшінің есіне бүгінгі қонып шыққан үйі түсті. Қазір түндегі қара мұрт тағы бір жалдың астындағы ауылға түсіп, қонағасы жеп жатыр. Шанаш

сары қойдың шетінде күзгі отқа жалмаңдай шүйілген бір қоңыр саулықтың ауызына қарап мəз-мəйрам. Ақ сұр шал қақ төрде қазық жұтқандай қақшиып, көзін маңдайшадан алмайды. Ойында — баяғыда өзі төрелік айтқан бір сарт-сұрт салғылас. Анда-санда өз-өзінен бір мырс етіп қояды. Бəйбіше үйдің күншуақ бетінде ұршығын тоқтата қойып, ауық-ауық ауызын ашып: «Я, алла, бергеніңе шүкір»,— деп есінеп алады. Ақсары бала соңына күшік ертіп төбенің басында жүр. Айналаға ауалана қарайды. Келіншек отауында қыбыр-қыбыр шаруадан жалығып, қос тізесін құшақтап апты. Күйші аунап түсті. Төңірекке бүгіндікке құлағын енді салды. Анадай жерде індігеш бар екен. Шөп басындағы дəннің бəрін ін түбіне сықап алған дала тышқандары ақырғы шуаққа арқасын төсеп, бір-біріне масаттана үн қосады. Күйші көзі боталап көкжиекке қарап еді, даланы қан-жоса қып батып бара жатқан күнді көрді. Орнынан тұрып, қолына домбырасын алып, атына барды. Қоңырлыққа құныға тиіскен қара ат басын керенау көтерді. Күйшінің көкірегінде тағы бір тосын саз қордаланып келеді.

ЕҢ БАҚЫТТЫ КҮН Көзін ашса таң əлі атпапты. Түндік тырсылдайды. Ық жақтағы боталы қоңыр інген жауыннан мазасы кетіп ыңырси береді. Осы оң жақ үзікті бір қалт еткенде жамап алатын. Шұрқ-шұрқ. Жауын жауса-ақ тамшы ағады. Астындағы текеметтің шеті дымданып қалыпты. Атасы байғұс əлі қайратты. Демін қарашы. Өзінің дəу қара көрігіндей гүс-гүс етеді. Анау пысылдап ұйықтап жатқан енесі. Шүйкедей боп шалының жастығының қасына қисая салыпты. Ғұмыры ел құсап салған төсекке жатқанды білмейді. Түннін бір уағына дейін ұршық созып отырады да, əбден ұйқы меңдеген соң құлай кетеді. Шалының жанына барып та жатпайды. Я жастығының маңында, я аяқ жағында бүрісіп томпиып жатқаны. Таң ағарар-ағармастан тұрады. Қара құманын ұстап, үй сыртында əлденелерді айтып күбірлеп жүргені. Сосын үйге кіріп қолын қайта шайып, қараша інгеннің бауырына барады. Кішкентай жатаған інгеннің бауырынан жаулығы ағараңдап біразға дейін інгенімен жарыса күңіреніп тұрады. Сосын сыбдырсыз үйге кіреді. Одан кейін де қыбыр-қыбыр... Не істеп, не қойып жүргенін адам білмейді. — Ене, жата беріңіз, мен тұрайын, — деген Торғынды: — Жата бер, қалқам! Жұмысқа дейін бір ұйықтап оян, — деп қозғалтпайды. Енесінің оянбағанына қарағанда таңның əлі алыс болғаны. Тағы аунап түсті. Ұйқысы құрғыр қайда кеткен. Кеше кештен бері көңілінде бір күбің бар... Мына жауынның ашылатын түрі жоқ. Су шағыр орақ дарытпай сорлатады ғой енді. Таң атқанша күн ашылмаса ертең жұмыс болар дейсің бе? Көмейіне шоқ құйылғырдың қақылдауын-ай! «Қақиық», «қақиық», «қақиық!» Жылап шақырып тұр ма, күліп шақырып тұр ма? Осы үйдің үзігіне қонған-ау! «Қақиық», «қақиық», «қақиық!» Мынау күліп шақырып тұр ғой. Басыла қалды. Ұшып кетті. Байғыздың күліп шақырғанын жақсылыққа жорып жатушы еді. Дəулеттен көптен бері хат жоқ. Əлгі бұжыр Сағит почтаға барып жүр дейсің бе? Почта торыны əкесінен қалған

малдай Қызылтамның желкесіндегі жүлгеге тұсап жіберіп, бес-алты ешкісін кіш-кіштеп жүрген шығар. Елдің екі көзінің төрт болғанын не қылсын... Қанша тың дегенмен, атасын да үлкендік жеңіп жүр. Тағы да бастығырылып жатыр. Кемпірі оянып кетті. «Шал-ай!», «Əй... шал...» «Уһ...», «уһ»... Алқынып қалыпты. Бəрі шаршағанның қырсығы. Шаршамай қайтсын, күні-түні тық-тық. Сексеуіл сап қара балға мен қара шалда мігір жоқ. Бұл күнде жөні тузу темір табыла ма, өңшең бір тот басқан ит жегір. Шағыр шап бергенде күрт-күрт сынып жатқаны. Орақ құтаймайды. Қазан-аяқ жақ сылдырлады. Енесі тұрыпты. «Ишшеке-ай!» Көйлекшең шыққаны несі? Иығына жадағайын іліп шықса қайтеді екен? Есік сарт ете қалды. Торғын жастығына түсіп қалған жаулығын түзеп тартты. —Келін менің кебісімді көрмедің бе? —Кебеженің астында. Енесі кебісін киіп қайта шығып кетті. —Түу, қыл арқаны құрғыр су тисе өйістіп сіресіп қалады енді. —Ене, тұра тұрыңыз, мен ашайын. Жауын басылып па? —Жата бер. Сəл сіркіреп тұр. Су түндік көне шаңырақтың кулдіреуіштерін сықырлата ауыр серпілді. Күлгін аспанның бір үзігі қылт етті. Таңның да атып қалғаны-ау. Салқын ауа төсекке лап қойды. Көрпесін қымтанып алды. «Айналайын, жарығымның малы-ай!» Қоңыр інген орнынан күңірене көтерілді. Көрші үйлердің сауын түйелері де ыңырана бастады. «Біссіміллə!» Қоңыр інгеннің желінінен шыққан алғашқы тамшылар темір шелектің түбіне тыз-тыз тамып жатыр. Торғын төсегінен тұрды. Енді ұйықтап көктетпес. Тысқа шықты. Ауылдың алдында дөңкиіп-дөңкиіп жатқан қызыл шағылдар қонырайып көрінеді. Жауын басылыпты. Ауада аздаған дымқыл қалыпты. Көк те

аршылып, қараңғыдан қалған күңгірт кірбің шегіністеп барады. Желке тұстағы аппақ шыңдар жауыннан əрі қашып, таңғы буалдырдың арасынан еміс-еміс бозарады. Ауыл енді-енді оянып келеді. Кемпір жағы тұрып, түйе саууға кірісіпті. Жұмысқа шығатындар əлі ұйқыда. Торғын жамылып шыққан бешпетінің өңірін қымқыра ұстап ауылдың сыртындағы қалың шиге беттеді. Шиде де, ауылдан анадай жердегі қалың құрақта да үн жоқ. Бəрі іштен тынып тұр. Бригадир Берденнін қаракер аты əлі шидің ішінде жайылып жүр. Тым ерте тұрыпты. Күнде желімше жабысып алатын таң ұйқысы бүгін оңай серпілді. Құмақ топырақ су тиіп жентектеліп қалған. Əлі пісе қоймаған көк балауса ши түнгі жаңбырда тозаңынан арылып, ақжем ашылыпты. Ауадағы ақырғы тамшыларды ықтыра ескен баяу лепке сақалын тарайды. Торғын үйге қайтып кірсе, атасы да тұрған екен. Қазір атқа қонып бір жаққа жүріп кететіндей қонышы қара санына жететін саптама етігін киіп жатыр. Шық-шыламды жақтырмайды. Отты үйге жағу керек шығар. Түйенің жабуының астындағы тезекке су өтпепті. Шырақтай маздайды. Атасы енді қылаулана бастаған бұйра сақалын қышырлата уыстап төрде отыр. Енесі əлі қазан-аяқ жақта күйбеңдеп жүр. Қайың күбі шелектің қақпағын ашып қалып еді, қымыран боп ашып тұрған шүбат иісі мұрын жара аңқып кетті. Үстіне жаңа сауылған сүтті құя салды да, аяқ қаптан сырлы ожауды алып, былғап-былғап қойып, о да отырды. Үшеуінде де үн жоқ. Атасы ойланып отыр, сақалының ұшын көп салалап кетіпті. Құйрығы қызарып тұрған ала көзін мосының астындағы отқа тігіпті. Өзі жасаған бүйірлі қара шəйнек енді-енді пысылдап келеді. Түбін қайта түптейтін. Кемпірі қазанның да түбі жұқарды деп жүр. Осы үйдің ыдыс-аяғынан тесілмегені, кетілмегені қалды ма екен? Тозбай қайтсын, бес жылға айналып барады, жаңадан қосылған ештеңе жоқ. Қашанғы шыдасын! Енесі оттың бір шетіне бөксесін тығып тұрған қара құманды суырып алды да қолын жуа бастады. Нені ұстаса да алдында бір, артынан бір қолын шайып алмаса, көңілі көншімейді. — Келін, шəйнегің тасып кетті. Дүкенге соқпағалы да біраз болыпты. Шай салатын көк қалтаның тек түбі ғана бұлтияды. Шай сандықтан атауыз алып сарсу сындырды. Оны екі шөкім қып үйіп, біреуін атасының екіншісін енесінің алдына қойды.

Шəй үсті де үнсіз. Құла судың қылқ-қылқ құлағанынан басқа дыбыс жоқ. Бұл үйдің есігін бүгін ең бірінші аттаған Сақан болды. Сақан қоңқақ мұрын қара бала. Беті-ауызы ылғи сортаң жердей жалақ-жалақ болады да жүреді. — Əй, қатын, əрі отыршы,— деп жер жетпегендей қыстырыла отырды. Сосын шайын үнсіз сораптап отырған атасына тіл қатты. — Көке, жасап берем деп алып, əлі жүрсіз бе? Өзі осы үйдің бес-алты атадан қосылатын жамағайыны. Сонысын бұлдап шолжың сөйлейді. Атасы ауызына енді апара берген шыны аяғын ерініне жеткізе бере іркіп қалды. — Бүгін түзетіп берсем, ертен бүлдіріп əкелесің. Саған не түтетін еді. Сақан кіржіңдеп, алдына барған шыны аяқты еріне көтерді. Атасы онша шайқұмар емес. Шай аяғын ерте төңкерді. Енесі уақ сарсудың шетінен шекіп тістеп қойып, əлі ішіп отыр. Түнде сүр жеп жатып, шөл шыққан кісіше көзінің маңайы дымдана бастапты. Сақан сарсу салған қалтаның түбіндегі ірімшіктің уағын шеңгелін толтыра көсіп алып, шай табақтың бетіне шашып жіберді. Пырт-пырт күйсеп ол да отыр. Мыс құрсаулы дүмше құманның шайы сұйылып барады. Атасы кемпірі мен Сақанның шамалы уақытта шыны аяқтан бас көтеретін сыңайлары жоғын байқап, бір өзі ғана қол жайып бата қылды да тысқа шығып кетті. Сақанның иығынан тартып: — Шайыңды ішіп болған соң маған кел, — деп кетті. Сақан əлі қыртыстанып отырған. Үндемеді. Ұстахана жақтан бригадир Берденнің даусы шықты. — Шал, бүгін шөп кепкенше жұрттың орағын бір-бір қарап шығарсың. Ұстахана — қасында арбаның қаусап қалған бірер доңғалағы жатқан жермешел үй. Маңына қараң-құраң адам жиылып қалса керек, сəлемдескен дауыстар шығады.

Дастархан жинала бастағанда енесі шаңыраққа қарады. Көптен қайта тігілмеген үйдің уығы бұратылып, шаңырағы маңдайша жаққа қисайып, итініп кетіпті. Жұмыс түс қайтқанға қалса, қайта тігіп алатын. Құрымын сыпырған жалғыз бұлар ғана емес екен. Біраз үйдің қаңқасы жалаңаштанып қалыпты. Қайтсын, осындай бір орайы келгенде болмаса, үйге қарауға мұрша бар ма? Сүйегі тоза бастаған үйдің ағашына қайдағы бір құрт-құмырсқаның бəрі үйір. Енесі соларды бездірмек болып, керолин бе, у дəрі ме — құя беріпті. Көзді ашытып барады. Қоқыр-соқырдың көбі-ай. Қазір ештеңе емес қой. Көшкенде қайда сиғызарыңды білмейсің. Мына бір шөп машинасының тіс- тіс темірінің не керегі болды екен? Енесі ғой, ұстахананың маңында жатқан темір болса, үйге тасиды. Атасы осыларды таба алмай маңайын түгел қорс қылып, шай іше үйге келгенде, босағада жатқан темірді көріп, кемпіріне алая бір қарап қояды. Үндемейді. Ұстаханасына кетерде қолтығына қыса кетеді. Мына темірді де таба алмай басы қатқан шығар. Атасы шикі кірпіштен салынған ескі үйдің жанында əлденені тықытып жатыр. Ауылдың аз ғана еркегі соның қасында. Біреуі орақ қайрап, біреуі косогон жөндеп, шалға қолғабыс етуде. Əлгі Сақан кетіп қалған жоқ па? Шаңырақ көтертіп алатын еді. Ə, əне өзі де келеді. Темір флягалар арқан қоя ма? Тағы да жіп сұрайтын болар. —Шырақ, мына шаңырақты көтерісіп жіберші. Сақанда не күш болсын. Бақанды бұралаңдатып зорға ұстап тұр. Шаңырақ шайқалақтай береді. Уықтың қаламынан қалам қалмайтыны осындайдан ғой. Жүктің астына керегеге шырматылып күн көрмеген ақ тамыр шөп өсіпті. Жұрт ескіре бастаған. —Бар, жүре бер, шырақ. Жолыңнан қалма. Ендігісін өзіміз де бірдеңе қылармыз. Ұстахананың қасында тұрғандар ду күлді. Сақанға күліп жатыр. Жырық мұрын сары атан бақ-бақ етіп, маңына жолатпайды. Сақан құлағына дейін қызарып, түтігіп кетіпті. Шықпыртып жүр. Жұрт та қызық-ау. Сəл қолдары босап кетсе, іштері пысып, кеу-кеулеп желіге жөнеледі. Несіне күледі екен? Байғұс бала ашушаң. Енді осыдан сонау асу кезеңге дейін зар желдіреді.

Даусы оқшау шығып тұрған Берден бригадир. Сол-ақ жетіседі де жүреді. Жанына жуып кеткенді кекеп-мұқап тұрмаса басы ауырады. Соғыстан бұрын май тасып жүргенінде екі ауылдың арасында түйесі ауып, еңкілдеп жылап тұрады деуші еді. Енді міне, қаршадай Сақанға: — Жатқан түйеге міне алмайтын шажырқай атаңның аузын!— деп кеңк- кеңк етеді. Бір кішкене баланікі болу керек, тылтиған құрақ телпекті маңдайына шоқитып қойыпты. Томпақ көзінен жас ағады. Быртық алақанымен тізесін шапақтайды. Бері қарады. Көзі бір түссе, қадала қалатыны бар. Атасынан ұятты. Торғын туырлықтың бауын тартқылап үйді айналып кетті. Жауыннан кейінгі ащы күн айбатын енді шығарып келеді. Жауырынын күйдіріп барады. Көк желкесіне тер құйылды. Үйдің киізін тез жауып алмаса, мына күн қазір-ақ қуырып жіберетін. Енесі байғұс та пыс-пыс етеді. Томашадай болып ап, шаршамайды өзі. — Əй, қатын бол, тездет күн ысып барады. Берден үй тігіп жатқан əйеліне анадайдан айқайлап əмір беріп тұр. Оған орақ тұмсық қара қатын қайдан қыңа қойсын. — Қу шешек шыққар, сені сол жерге тұсап қойған шығар,— деп бір баж етті. Шылапшын ба бірдеңе құлап қаңғырлай жөнелді. Торғын мырс етіп күліп қойды. Берден ақсақ аяғы құмақ топыраққа батып-шығып, батып-шығып, үйіне беттеді. Қара қатын оны қуырар əлі. Ұстахананың маңындағы тық-тық əлі тиылған жоқ. Туырлық пен үзік тегіс салынып болды. Түндік байғұс та іріп тұр екен ғой. Кенеп пе, ескі жабудың жұрнағы ма — жапсыра-жапсыра, зіл батпан боп қалыпты. Зорға көтертті. Үйдің іші тозаңытып кетті. Қазір құдықтан мұздай су əкеліп шашпаса, бас сауғалатар емес, қапырық. Метейді арқалап, шелегін қарына іліп суға беттеді. Топыраққа түскен түнгі ылғал кеуіп те үлгерген. Ауада тынысыңды ауырлатқан бір күңірсік бу бар. Құрақтың желбірек мұрттары сарғайып қалыпты. Бұдан əрі қатып

кетсе қайран жоқ. Бүгін шөп машинасын осы қалың құраққа салатын шығар. Түні бойы емін-еркін жайылған аттар, түйелер құдық басына енді-енді келе бастапты. — Ə, жамалдатқыр! Ə, құлағыңды... Əлдекім шаңқ-шанқ етеді. Берденнің дауысы. Анау қызыл мая сол үйдікі. Орақ тұмсық қатын түйе суарып келуге жұмсаған ғой. Əбден қара терге түсіпті. Кеңсірігі шегіп кеткен батық мұрыны шу-шу етеді. — Ə, құрдас, сенбісің? Кел толтырып берейін... Қауғаны астауға сырғытып жіберіп, əйкелде талтайып тұрып алды. Көзі күлің-күлің. Мұрынының астындағы суағар маңы мақұрым қалып, езулете біткен төрт-бес талдың бəрі тікірейіп кеткен. Торғын ығы-жығы түйе мен аттың арасынан зорға өтіп, əйкелдің түбіне барып, арқасындағы метейін түсірді. Берден астауға ентелеген жылқы мен түйеге шаңқ етіп ақырып қойып, қауғасын астауға сарықпай, қалғанын Торғынның шелегіне құяды. Торғын метейін толтырып болғанша жалпып сөйлеп тұр. — Əй, құрдас-ай, маңайлатпайсың-ау. — Менің маңайлатпағаным ештеңе емес, бұл пиғылыңды білсе сіздің үйдегі құрдас есіктен қаратпай қояр. Торғын метейге үңілген ңалпы үнсіз жымиды. Берден зірк-зірк күледі. — Ішіңді ұрайын, қатын жолатпаса, езің құсаған құрдас бар, жерде қалмаспыз... Əй, тəйіт... О, бұ жайрағырларын суармай иелері қайда жүр? Торғын метейі толған соң тығындап жатыр еді. Сауырына сарт ете қалды. Қараса - Берден əйкелден түсіпті. Бұның сауырын сипалай береді. Ыржың-ыржың. — Тек əрі.

Торғын зілдене жымиды да, метейін арқасына салып жүріп кетті. — Ой, жайрағыр, о аусыл келгір! Берденнің даусына бір ызалы діріл кіріпті. Осы біреудің осындайы бар енді. Шөп басында да маңайынан кетпейді. Қара қатын байғұс қанша шабалаңдаса да қояр емес. Енесінің де естіміші бар білем. Берденнің дауысын естігеннен-ақ тыржыңдап қалады. Əсіресе, Сақанның күйіп-піскені қызық. Əне бір жолы ат тырмамен шөп жинап жүріп, шөлдеген соң шөмелеші əйелдерге келген. Сол араға Берден де дік ете қалды. Келген бойда Торғыннан шалап ішіп отырған Сақанға тиісе кетті. — Əй, балшыққа батқыр, бар шөпті күнге қуратып, мұнда не ғып отырсың? Сақан сырлы зереңнің бір пұшпағынан сыңар көзін алартты. Ішіп болғанша үндеген жоқ. Ауызының айналасындағы шалаптан қалған ақ тандақ ізді жеңіне сүртті. Берденнің бетіне сосын барып қарады. Зілдене қарады. — Əй, атаңның аузын, сүзетін бұқадай... — Тарт тіліңді. — Мына жаманды қара. Құмақта талтайып отырған Сақанның қалай атып тұрғанын ешкім байқай да алмай қалды. Бала Берденнің омырауына жабысып, қадалыпты да қалыпты. Қапелімде не істерін білмей сасқалақтап қалған Берден əйелдердің тұрғанын көріп, намыстанып кетті. Қолындағы шолақ қамшымен Сақанның иығынан тартып өтті. Бала бақырып жіберді. Торғын шыдай алмады. Жүгіріп барып, Берденнің қамшысын жұлып алды. Əйелдер де шу ете қалды. — Сын тимеске сын тиіп құтыруын. — Жетім-жесірді сабасын деп қалдырған шығар сені мұнда.

— Доңыз... Берден атына ырғып мінді де, шөп маялап жатқандар жаққа шаба жөнелді. Сақан да қырсық. Сол күні, ертесіне жұмысқа шықпай жатып алды. Атасынан қорқып Берден де соқпады. Сақаннан құтылмақ боп, аттырманы басқа біреуге беріп, оны сиыр ауыл мен жылқы ауылдан айран, қымыз тасуға бөлді. Сақан сиыр ауылға кетіп бара жатып та шөмелеші əйелдерге бір соғып өтеді. Ол маңайдан Берден көрінбесе жымың ете қалады. Торғын қайнысының шыж-быж боп бұны қызғанғанын қызық көреді. Апырай, мына күннің күюін-ай. Бүгін пішенші байғұстың тілі ауызына симайды ғой. Топырақ қайнап кетіпті. Бас сауғалатар көлеңке де болмас. Аспан ашқарақтың алдынан қайтқан табақтай тап-таза. Бір жағы тау, бір жағы шағыл құм тар қамашау түтеп тұр. Енесі белдеу арқан ширатып алам деп отыр еді, анау тізіліп тұрғандар арқан ширатып тұрған қатындар-ау. Есіктін алды абыр-сабыр. Беу, біріне-бірі мінгескен берекесіз пішенші ауыл-ай. Бірінің іргесінен бірі қарап отыратындай боп ретсіз қоныпты. Əне бір үйдің қалқалап көрсетпеуін. Еркектер де жүр ме өзі? — Жеңеше, сүйінші, сүйінші. — Мына бала не дейді. Қызылтанау боп жүгіріп келеді ғой өзі. Дəулет келіп жүрмесін... Ə, əне екі-үш атты кеп түсті. Өкпесі өшіп бұ да жетті-ау. Арқасын метей соғып тастапты. Енесінің мойнынан құшақтап ап, жабысып айырылмай жүрген əне біреуі кім? Ауыл советтің хатшысы Баламан ба? Ол немене айтты екен? — Əй, балаң мында... Атасының дауысы. Жалт қарады. Атасы мойнына асылған Дəулетті көкірегінен ажыратып жатыр. — Бар, бар. Шешеңе бар. О байғұс əне адасып кетті. Бара сала Баламанды құшақтай алғаны несі доңыздың!

Байғұс кемпір жасты көзбен баласының қайсысы екенін де ажырата алмапты. Дəулеттің кеудесіне барып сылқ құлады. Дауысы да шықпай қалыпты. Енесіне ілескен осы ауылдын қатын-қалашы да тегіс көзін сулапты. Азғантай еркектің ортасында состиып атасы тұр. Кемпірі мен баласы жаққа қадала қалғаны болмаса, тұрысы мығым. Дəулет анасын сүйеп үйге беттеді. Есік алдында тұрған жұрт та топырласып кіріп жатыр. Кіре алмай қалғаны есіктен ентелейді. Торғын үйдің оң жағына барып, белдеу арқаннан ұстап тұрып, үнсіз көзін сығып алды. Сосын жаулығының ұшымен жасын сүртіп, ошақ басына кетті. Өне бойын күйе басып қарайып кеткен үш бұт мосы, енді-енді шоқтана бастаған оттағы тезек — бəрі де су астындағы дүниедей бұлдырап көрінеді. Шəйнегін таба алмай жүр еді, көрші əйел ішіне су толтырып, үйден алып шығып келеді екен. Қалған қатындар да қолғабыс жасамақ боп, ошақ басына беттеді. Не істеп, не қойып жүргеннін өзі де білмейді. Əлдекім оң қарынан тартты. — Торғын, үйге бар. Шайды өзің құйып берсейші. Бұл кіргенде үйдің іші ығы-жығы. Төрде, атасының төңірегінде осы ауылдың шалдары. Қалған еркек олардан төмен, Дəулеттің маңында. Екі- үш кемпір ошақ жақтағы кебеженің алдында əлі есін жия алмай отырған енесін ортаға алыпты. Екі-үш əйел дастарқан жайып, пішенші ауылдың кебежелерінде қалған ірімшік-құртты табаққа сап əкеліп, ортаға төгіп жатыр. Торғын шай сандығының қасына барып отырды. Дастарқанға шай аяқтар да құрылып үлгеріпті. Бір əйел шылапшын тола шоқ алып кірді. Əлдекімдер бұл шай құйған шыны аяқтарды төр жаққа жып-жып алып беріп жатыр. Торғын төңірегіне көз салған жоқ. Шыны аяқтардың қалай келіп, қалай кетіп жатқанынан басқа ештеңе көріп те отырған жоқ. Жабыр-жұбыр əңгіме бар. Жұрттың ауызы бір сəт тыйылған емес. Бірақ, мынау құрымы шыққан бес қанат үйдің ішінде не айтылса да, ешқайсысы Торғынның құлағына дарымай ауада қалқып жүр. Торғын жұрттың шайды қанша ішкенінен де бейхабар. Əйтеуір бір уақытта алдына төңкерулі аяқтар келе бастады. Оларды дастарқанның екінші басындағы бір əйел шайып, сүртіп жиып жатыр. Дастарқан да

жиылды. Бірақ, ешкім сыртқа шыққан жоқ. Торғын шоқ салынған шылапшынды алып сыртқа шықты. Табалдырыққа жете бере төрдегі шалдардан төмен көзін салып еді, көк сұр киінген Дəулетті байқады, бет- алды темекінің түтіні басып буалдырланып тұр екен. Жүзін де дұрыс көре алмады. Сыртқа шығып, шылапшындағы күлді төкті. Ошақ басында қараң-құраң əйел көп. Бір кемпір бояуы түскен қожалақ табаққа кебеженің түбінде көп жатып серейіп қалған төрт-бес жілікті суға малшып отыр. Жаңа ғана бұл арқалап келген метей босап қапты. Бір əйел соны арқасына салып құдыққа барғалы жатыр. Ошақ басындағы үйінді тезектің де бүйірі суалып, жермен- жексен боп қапты. Торғын қолына қап алды. Ауылдың сыртына беттеді. Қалың шиді қақ жарып, ентелей басады. Əлі уыз иісі кетіп, буыны қата қоймаған көк ши күлте шашағымен біресе омырауын сипап, біресе жеңін жалап қалады. Аяғының астында кеберсіп жатқан сортаң топырақ, басқан сайын күрт-күрт күйрейді. Тұсаулы аттар да сирей бастады. Ойдым-ойдым ашық көбейді. Алдына да, артына да жөнді көз тастап келе жатқан Торғын жоқ. Қолы талған соң, қапты екінші иығына аударып салды. Ши бітті. Əр жерде біріне-бірі басын тығып, ұйлыға өскен жыңғылдарды көрді. Ауылдың сыртындағы айдын сорға келіп тіреліпті. Сорда тезек қайдан болсын. Сортаң мен ши астасқан жиекті жағалап, күн батыс жақтағы сəңкиген ақ тұмсыққа беттеді. Ақ тұмсықтың іргесі құмақ. Жайылыс. Тезек болса сонда болады. Шамалы жердегі тезекті қызыл шағылды етектей бір жұрттан бір жұртқа жылжып қонып келе жатқан пішенші ауылдың балашағасы əлдеқашан теріп алған. Ақ тұмсықтың өкпе түсі ақ шаңдақ. Пішенші ауылдың бір топ түйесі осында келіпті. Ерен-серең төрт аяғын қапталына созып, көлбеп жатқан бір түйе. Əне біреуі үйелеп қала жаздады. Аяғын əрі сереңдетіп, бері се- реңдетіп, зорға тұрды. Торғын иығынан қабын алды. Осы жердін өзінен-ақ толатын болды. Ақ шаңдақта аунап жатқан көп түйе орындарынан тұрып, сортаңға беттеді. Ыстық та қайтып қалған екен. Күннің көзі біраз жерге барыпты. Торғын ауыл жаққа қарады. Үй-үйдің алдынан атып-атып түйелер тұра бастапты. Екеу-екеуден мінгесіп алған пішеншілер. Ауылдың қасындағы қалың құраққа қарай аяңдасты. Жұмысқа шығатын уақыттың болып

қалғаны ғой. Торғын жерге асыға еңкейді. Құмаққа жете бергенде таудың үңгірінде жатып-жатып, салқын түсе өріске шыққан бір үйір қара құйрық бұның алдын кесіп өтті. Текесі селтиіп тұра қалды. Соңындағы үйірі де елең етті. Анадай жерде екі атты кетіп барады екен. Біреуі — Баламан. Қасындағы Берден мініп жүрген қара кер ат. Үстіндегісі кім болғаны? Сақан ба? Дəулеттің келгені енді есіне түсті. Атасы Сақанды колхоз орталығына жұмсап жіберген ғой. Торғын қабын иығына салып ауылға беттеді. Біраз жерге ұзап кетіпті. Ыстық қайтқанмен құмақ қайнап тұр. Атасы əр жерінен таспамен шандыған жеңіл шарығының арасынан ып-ыстық құм кіріп, күйдіріп барады. Анау қалың шидің пұшпағына іліксе бір... Шидің іші құмақтай емес, салқың. Тау жақтан леп бар. Шилердің күлте мұрты жабыр-жабыр етеді. Тал түсте күшін жойып алатын көк исі де енді- енді қайта тіріле бастапты. Аспанның манағы əлем тапырық түсі қайтып, əңі түзеліп келеді. Терістік жиегінен басталған ніл көк ағын бірте-бірте мол жайылып, түстікке беттеп барады. Торғын асығып келеді. Жұрт болса жұмысқа кетті. Үйі енді босаған шығар. Дəулеттің өңін дұрыстап көріп, тілдесетін шақ та осы. Осыдан барған соң, иығындағы қапты ошақтың басына итере салып, үйге кіріп барады. Бірақ, атасы мен енесі үйде боп шығады ғой. Олар əрине үйде. Жаңғыз балаларын өліп-талып бүгін көріп отырғанда қайда шықсын. Сөзге сараң атасы сол баяғы бұйра сақалын қышыр-қышыр ширатқан қалпы. Есін енді жиған енесі шалынан ығып, кебеженің алдында үнсіз егіліп отыр. Əкесі мен шешесінің мінездеріне қанық Дəулет те ештеңе деместен темекісін сораптай береді. Əзі жоқта ауылда болған жаңалықтарды ойша сауалдап, шаңыраққа қарап ойланған қалпы. Үшеуі де айтылар, сұралардың бəрін көмейге қамап, айтпай ұғысып, осылай үн-түнсіз бір ай отырса да пейіл. Бұл барғанда атасы үйде болмағай да. Онда Дəулет Торғынның ең болмаса хал-жағдайын сұрар еді. Бұл жылап жіберіп жүрмес пе екен. Ана жылы майданға шығарып салғанда, атасынан қаймығып жылай да алмаған. Тамағына тығылған ащы жас көкірегін кеулеп, үш-төрт күнге дейін аузын ашса, өксіп-өксіп қалып жүрді.

Дəулет қазір қандай болды екен? Соғысқа аттандырған күні колхоз орталығы ығы-жығы адам. Бір шетте бұл төртеуі. Ат үстіндегі Дəулет бұларға жалтақ-жалтақ қарай береді. Əншейінде арсы-күрсі жігіт монтиған да қалған. Жүретіндер қалаға қарай бет алғанда, қалың нөпірге о да ілесті. Көп аттыға жете беріп, кеңсенің қасында қалқиып-қалқиып қала берген бұл үшеуіне қарап еді, бағанадан бері зорға шыдап тұрған анасының дауысы шығып кетті. Дəулет мойнын бұрып ап, атын тартып қалып, қалың аттыны кеуделей, ілгері озды... Ауылға келіп қалыпты. Ұстахананың қасында қара-құраң бар. Атасы үйде емес екен. Торғын арқасындағы қапты ошақ басына тастай салды. Қаппен бірге иығына сусып түскен орамалын қағып қайта тартты. Жаулығының ұшын бір қолымен кеудесіне қысып, сықырлауық есікті ашты. Үйде енесі жалғыз. Табаққа бидай салып ап, тасын тазартып отыр. Бағанағы жайылған төсек жиылмаған. Керегеге ілген қамшы, бас киім көрінбейді. Жұрттың бəрі тарағанға ұқсайды. — Келін диірмен тартпасақ, өлілерге иіс қылатын үн де қалмапты. Диірменін ауық-ауық кідіртіп, ұстахана жаққа құлағын тосады. Əне бір жуан дауыс — Дəулет. Не айтып отырғаны анық естілмейді. Əкесіне жəрдемдеспекші боп ұстаханаға барған екен, ауылда қалған шал-шабыр, бала-шаға ілесе барып, əр нəрсені бір сұрап жатыр. Сырттан бота көздеп жүрген енесі кірді. Диірменін безілдете жөнелді. Екі тастың арасынан ақтарылған ақ ұнтақ молая түсті... Диірменін қағып, түскен ұнды қалтаға салып жатыр еді, енесі кілтін сыңғыратып абажадай темір сандығын ашты. Ішінен Торғынға көйлек ап тастады. Былтыр атасы ұзатқан қызына барғанда беріп жіберген көйлегі. Өрнегі ұсақ ақ шыт кейлек. Енесі сандығына үңіліп жатқанда, жинаулы көрпелердің астына тығып қойған айнаның сынығын ап үңілді. Өңі жаңа көйлек киген соң жасарып, жұмсарып кеткен. Сыртқа шықса күн кешкіріп қалыпты. Ошақ басына барып өртеп от жақты. Жер ошаққа қазан асып, үйге қайтып келе жатып, ұстахана жаққа қарап еді, Дəулеттің аузына аңырған бала-шаға, бір-екі шал, кесек үйге

арқасын тіреп, ұршық иіріп отырған төрт-бес кемпір — бəрі де көлеңдеп шыға келген бұны көздері жеп барады. Енесі майға нан пісірді. Торғын нан иледі, шелпек жазды. Ымырт түсе пішеншілер жұмыстан қайтты. Енесі үй-үйге кіріп, құдайы нан таратты. Жұрт шайларын ішіп болған соң, тағы да бұл үйге келіп, біраз уақ Дəулетпен сөйлесіп отырды. Түн орталай олар да тарасты. Қазан аяқ жақтағы мұржасыз шамның сығырайған күңгірт жарығында төртеуден-төртеу өздері қалды. Ешқайсысында үн жоқ. Тек енесі ғана кебежесін бір ашып, бір жауып күйбең-күйбең. Төрде мізбақпай тіп-тік отырған атасы кенет есінеп, маңдайын сипап: — Шүкір алла, бергеніңе,— деп қойды. Үйдің іші тым күңгірт болғандықтан ба Дəулеттің өңі қарауытып көрінеді. Баяғы монтиған толықша бала жігіт емес. Сүйек бітімі анық білініп, ысылып, тартылып кеткен. Шықшыттанып, бет алды да бұрынғы ұяңдықтан арылған. — Торғын, құманыңда жылы су бар ма? Аяғымды жуып алайын,— деді солдаттың сыптима шалбарының белтірлігін шешіп. — Бар... Торғынның даусы бəсең шықты. Тіпті өзіне еріні күбірлегенмен дауысы шықпағандай боп көрінді. Дəулеттің ауызынан өзінің атын төрт жылдан бері бірінші рет естіп отыр. Шайы əлі сарқылмаған қара шəйнекті буын- буыны қалтырап зорға көтерді. Күлдің арғы басындағы қара құманды ап, орта жерін толтырды. Үйдің оң жақ босағасында астына келі қойып Дəулет отыр. Тізесіне дейін түрген оң жақ балтырынан есіктен түскен шамның қызғылт сəулесі бір қарыстай ұзынша тыртықты ап-айқын көрсетті. Торғынның көкірегі сыздап кеткендей болды. Оқ ізі. Дəулет байсалды қалпы. Қара құманнан шүмектей құйылған жылы судың астына аяғын рахаттана тосады. Төсек кемпір-шалға үйге, Дəулет екеуіне үйдің көлеңке бетіне сыртқа

салынды. Торғын түндік жауып жүріп, атасы мен енесінің əңгімелесіп жатқанын естіді. — Сақанның сұрағанына бере қойса жарар еді. Ел-жұртқа хабар айту да керек,— дейді енесі. Сақан колхоз орталығына той жабдығымен кеткен болды-ау. — Қойшы енді, кемпір. Құдай жеткізді деген осы,— дейді атасы. Торғын төсегіне келіп жатты. Бүгін аспан тым быжынап тұр. Оқтын- оқтын от саулатып жұлдыз ағады. Тау жақта əлдеқандай бір құс үсті-үстіне шықылықтай береді. Жайылып жүрген мал болу керек, үй іргесіндегі шидің арасында тым-тырыс түнде анық естілетін сыбдыр-сыбыс көп. Торғын көрпесін қымтана түсті. Дір-дір еткен жасқаншақ қол иығын сипады. Торғынның алқымына жас тығылды. Орнынан аударылып түсті. Сол бір солдат махоркасы мен ащы тер иісі аңқыған ыстық көкірекке сіңіп барады. Шаңдақтағы қараша інген бырт-бырт күйсегенін қоя қойып, ботасына еміренді. Көрші үйлерде жұмыстан шаршап қайтқан пішеншілер қорылдайды. Ауыл алаңсыз ұйқыға кетті.

АЖАР (Триптих) Зачем люди друг другу мешают жить, всдь от этого какие убытки, какие страшные убытки. А. П. Чехов «Скрипка Ротшильда» Осы бір сөздерді оқығанда менің есіме əрқилы үш оқиға түсті. Бəрінің де басты қаһарманы – Ажар, тіршілік ажары – əйел. Бомбадан бастап, бейбастақ қалжыңға дейін адамның адамға істейтін қиянатының қай-қайсысына да тəнімен, жанымен, бүкіл болмысымен күйзелетін тек əйел ғана. Еркектердің шүмектеген қанын, шақырлаған тісін емес, əйелдің мөлдірей аққан көз жасы мен селкілдеген иығын көргенде барып: «Адамдар-ау, қамшынын сабындай кеп-келте өміріңізде бір-біріңізді ренжіте көрмесенізші, əр минут, əр секундтеріңіз санаулы ғой, олар тұнжырап өтпесінші»,– деп күбірлейсің. Бұның бəрін ойда жоқта жолығып, ойда жоқта ой салған əнеу бір күнгі мұңсыз-қамсыз əсем күлкі, саған арнадым. Автор.

КӨЗ ЖАСЫ Таң əлдеқашан атқан. Тор-тор керегенің көзінен ескен тау бойының шық- шыламды салқын лебі жылы көрпеден тұра берген Нұртайдың денесін дір еткізді. Төсекке қайтадан тереңірек сүңгіп, тек басын ғана қылтитып, іргеден тысқа көз салса, анасы кіп-кішкене қара тайлаққа өңмеңдеген аруананың бауырына енді ғана барыпты. Жастықтың ірге жақ астына қолын жүгіртіп еді – бар екен. Аузы бүрмелі алабажақ шыт қалтаның іші толы асық, сықыр-сықыр етеді. Оларға бəкінің сынығы да, шөп машинасының бұрандасы да араласып жүр. Е, міне, бұзылған қалта шамының сұлбасының қасында бірдеңе шытырлайды, Ол – ақша. Оны кеше Əбен ағай берген. ...Колхоз кеңсесінің алдындағы шикі кірпіш бұжыр шарбаққа балалар жасырынбақ ойнайтын. Кеңседегілер улап-шулап жүрген балаларды «аулаққа ойнаңдар» деп қуып жібереді. Тек Əбен ағай ғана терезеден қаламымен тық-тық еткізіп қағатын да, басын шайқап, күлімсіреп қоятын. Онысына көңіл аудармасаң да болады. Өйткені ол кісі ерінбей-жалықпай сыртқа шығып, асыр сап жүрген қара сирақтарды үркітуге самарқау. Балалар ойынды бастамас бұрын кеңседе кім барын қарап алады. Егер Əбеннен бөгде ешкім болмаса, алаңсыз бастай береді. Кеше Нұртай кеңсенің есігінің саңлауынан сығалап еді, Əбен көріп қалды. — Бері кел, Нұртай! Нұртай қаша жөнелмек болды да, Əбеннің бетінде зіл жоқ екенін көріп, жақындады. —Нұртайжан жақсы ғой. Анау шидің ішінде жайылып жүрген бурыл атты əкеле қойшы. Сенекте жүген жатқан. Нұртай атын əкеліп берді. —Сен биыл нешеге шықтың? —Жетіге. —Мектепке барасың екен ғой!

—Барам. —Мə, кітап аларсың... Ақша берер деген дəме ойына да кіріп шықпаған бала асау аттың қыл тізгіні қызартып тастаған алақанында жатқан олжасын сүйсіне қысып- қысып қойды. Əбеннің жүзіне қараған жоқ. Қараса, оның елжіреген мейірлі қос жанарын көрер еді... Нұртай апасы тіккен көк бешпентін киді. Төс қалтасына ақшасын салды. Табалдырықтың алдына барып, дəу қара құманды мықшыңдай көтеріп, беті-қолын жуа бастады. Түйе сауып болған Ажар үйге кірді. Баласы асығулы. Мөлтектете тұщы айран құйылған сырлы зеренді шала-шарпы сүрткен дымқыл қолдарымен қапсыра көтеріп, аптығып жұтып жатыр. Лықылдаған қою айраннан тамағы дүрс-дүрс етеді. Ажар сандығын ашып, бір түйіншек алып, баласына ақша тастады. Нұртай ақшам бар дей жаздап, аузын жұма қойды. Шешесінің бергенін де төс қалтасына сала сап, есікке беттеді. ... Ауылдың желке тұсындағы əгін жауын шайып тастаған шабдар үйдің қасы қаптаған бала қолтығы толы кітап, Нұртай дүкеннен шыға бергенде Досан ұшыраса кетті. — Бар... бар, Нұртай! Əне жерде Сəбит кітабыңа атыңды жазып береді. Балалар жаздырып алып жатыр. Сəбит – коймашы ақсақ Салықтың баласы. Əкесі тапқан-таянғанына осы дүкеннің ішінде тұрып арақ ішеді. Баласына ештеңе сатып алып берген емес. Бірақ тентек Сəбит ауылға келген жаңа ойыншықтан құр қалып көрген жоқ. Анада жаңағы Досанның ойыншық мылтығын итіңе тіл үйретіп беремін деп, алдап алған. Қазір де бірдеңе деп лаң шығаруы мүмкін. Зыту керек. Бірақ дүкеннің қасындағы сынық арбаның маңында Сəбитті қаумаласқан балалар көріп қалды. — Əй, Нұртай! Қайда барасың, бері кел. — Кітабыңа жаздыртпайсың ба? Сəбит қарақожалақ аяғын салбыратып, арбаның үстіне жаңғыз

жайғасыпты. Сия қарындашын қайта-қайта жалаған ауыз айғыз-айғыз. — Кел, жазып берейін. Нұртай қипаңдап, қолындағысын Сəбитке ұстата берді. Ол кетік тісінің арасынан көкпеңбек тілін бір сумаң еткізді де: — Не деп жазайын?– деді. — Нұртай деп жаз. — Əкеңнің аты кім? — Жанқожа. Сəбиттің көзі ежірейе қалды. — Айтқан екенсің... Осы ауыл түгел біледі. Сен Жанқожа өлген соң туыпсын. — Бер кітабымды. — Шын əкеңнің атын айт бұлтақтамай. Сəбит кітаптың бəрін астына тықты да, дүрдие қарап, қомдана отырды. Енді дауласса, тұра ұмтылар түрі бар. Өзінен төрт-бес жас үлкен балаға Нұртайдың жүрегі дауаламады. Жалт бұрылып, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Балалар қыран-топан күліп, ысқырып, шулап жатыр. Ол қазір барып апасына айтады. Апасы Сəбиттің əкесіне айтады, ол баласын қызыл жоса қылып, ауыл айналдыра сабайды. Сосын бəлем... Есіктен ентіге енген баласына Ажар аңыра қарады. — Апа-ау, ана Сəбит бар ғой, əкем Жанқожа десем, шын əкеңнің атын айт деп кітабымды бермей қойды. Анасы отырған орнынан тырп ете алмай қалды. Басын жуып отыр екен. Қып қызыл жүзін ұлынан төгілген қою қара шашы ғана жасырып тұрды. Өмір деген кексе қу. Оның сыры мен сиқырына түсіну ешкімнің қолынан келе қоймас. Түсінбек түгіл, оның алдында нəресте сияқтысың. Тəттіні

үсті-үстіне асатады да, кенет ап-ащы бірдеңені аузыңа тоса қояды. Мына отырған Ажар бұл күйге ұшырармын деп ойлап па еді. Бір күні кешке оралса момын əкесі шолжаңдай енген ерке қызынан қысылып, қызарып кетті. Жатарда əкесі түзге шығып кеткенде, шешесі бүгін біреу сөз салып келгенін құлақ қағыс қылды. Артынан апта өтпей-ақ қалыңдығының жауабын естуге Жанқожаның өзі келді. Қырдың қара қоңыр өндір жігіті сымбатты-ақ. Əттең, момын ба қалай өзі? Əлде қыз алдындағы ибалығы ма екен? Сөйлескеннен бері қыз жузіне туралап бір қараған жоқ, жанарымен жер шұқып отыр. Ерке қыздардың сыры сан-алуан. Біреулерінің өзімен тайталаса кететін пысықтарға көңілі ауса, енді біреуі айтқанына жүретін момындарды ұнатады, Өйткені еркелердің көбі өздері де біреуді еркелетуге құмар-ақ. Қызының құпиясына ынтыққан анасы майпаздай бастап еді, тік мінез бой жеткен турасына кетті. Шешесінің төсіне басын тыға қойды да: — Апажан-ау, құда жіберем дейді өзі,– деп сыбырлады. Жаңа түскен келіншегін қимаған жас жігіт біресе пішен деп, біресе қора сал деп қуғыштай берген колхоз басшыларын ұнатпай жүрді. Шетке кетсе, түнделетіп болса да жететін. Бір күні майданға шақырған қағаз келді. Əуелі жас келіншектің ынтық көңілін сонау құлақ естіп, көз көрмеген күн батыс жақтың бір жерлеріне жетелеген хаттар келіп тұрды. Көрші ауылдан почта таситын күрең сақалды Омар шал жирен атын белдеуге байлап, осы үйге де кіре кететін. — Келінжан, сүйінші. Жанқожа бала не хабар айтыпты. Кəне, оқып жібер. Ол жақтағы ел азаматтары аман ба екен?– дейтін. Сонда майдан өртінен күйік шалмай аман-есен жеткен үш бұрышты хат келіншектің лүпілдеп соққан асау жүрегін əлдеқандай ғажап шоқтың қызуына ұстап балқытып жіберетін. Əншейінде тілге шорқақ жігіт қысылтаяң күндерде шешен боп кетіпті. Күйеуінің жастықтың қызығы мол сыйластығына құрылған хатын оқып шыққан соң, шалдың сауалына не деп жауап беретінін білмей, қысылатын да: — Ол жақтағы азаматтар аман көрінеді, – дей салатын. Бірде ай бойы салт кетіп, қора салысып келсе, Жанқожадан хат тиылып қалыпты. Үш жыл бойы толастап көрмеген хаты, қанша тосса да, келмей қойды. Ақыры бір

кеште, ауылдың екі-үш шалы сау ете түсті. Еркегі жоқ үйге көп қыдыра бермейтін шалдардың мұнысынан Ажардың көңілінде үрей оянды. Ұзақ мақамдап сөйлеген ақсақалдар сөзі сол үрейді шын қып шықты. Жанқожа қаза тауыпты. Қайғының батпан жүгі оны есеңгіретіп кетті. Үш күн бойы сыртқа шыққан жоқ. Ауылдағы екі көзі мұң боп жүрген өзге əйелдер де онымен қоса зарлады. Көбінің есіне түзде жүрген ерлері түсті. Біразы күйеулерінің жаманаттарын Ажардан бұрын естіген. Əйелдердің шерлі үні тəпелтек үйді үш күн бойы дірілдетіп тұрды. Жылап-жылап алған соң, олар да бірін-бірі жұбатып, жасы үлкендеу жағы тықылдап ақыл айта жөнеледі. — Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, қарағым. Тұр, есіңді жина. Тəңіріңнен көрерсің де. Кім тіледі дейсің бұл күнді. Ажар бес-алты күннен кейін жұмысқа шықты. Бірақ бұрынғыдай емес. Айыр ұстаса, абдырап сала береді. Сүлбесін сүйретіп жүргенмен сүйек- сүйегінің бəрі кеміріліп, жерге сіңіп бара жатқандай. Жесір келіншек кешке үйіне келсе, таңды атыра алмайды. Үи-ішінің əр заты күйеуін есіне түсіреді, ана оң жақта жиюлы тұрған оның құда түсе барғандағы ер тұрманы, анау сонда киіп барған түйе жүн шекпені. Ең аяғы шəй ішсе де, күйеуіне құратын шыны-аяғы көзіне оттай басылады. Тіпті түнде жатқанда төсіне түскен көрпенің салмағынан да күйеуін есіне алатын. Айналасы айдаладай аңылжып тұр. Тек терезе жақтан биыл қыс ортасында лақтаған үйдің күн бетіндегі шошалада тұрған кер ешкінің лағына мекірене иіп күйсегені ғана естіледі. Ажар сол ешкіге де қызығады. Оның бұндай емес бауыры бүтін, қойны жылы, төлі бар. Мезгілсіз туып, қыс кəріне шалдыққанмен жас лақ күннен күнге тыңайып келеді. Қар ішінде отыққан кер лақ қазір енесіне қойған шөптің шетінен қажай бастады. Күнде ертеңгілік жем апаратын Ажарға да селтеңдеп, еркелік көрсетеді. Лақтың ойыны да оның көкірегіне кермек қайғының тағы бір тамшысын тамызып кететін. Онық үйінен сабан шошала да қызықты. Бұнда да бақыттың лебі бар. Ол – мына кер лақ. Ажар тым болмаса Жанқожадан бөбек қалмады-ау

деп налитын. Онда мынау опырайған жалғыздықтың сұп-сұр ызғары осыншама ширықпас еді-ау. Кісі қызық қой. Қайғы екеш қайғыға да үйреніседі. Əуелі төпеп-жаншып келген қайғыдан қашып құтыла алмайды. О да оспадар мейман сияқты, бір енсе шықпай қояды. Жақтырмай əрі жүресің, бері жүресің. Ақыры етің үйренеді. Ажар да сүйтті. Ай өткесін-ақ, су тисе ширай түсетін берік шұғадай тыңая түсті. Сырты бекем болғанмен, мықты жартасқа да сақылдаған сары аяздан шатынап жарық түспеуші ме еді. Оның да жүрегін кешегі жаманат хабар тілгілеп кеткен. Сол жүрек сызатының жарықшағы байсалды көздерге берік ұялапты. Бұрынғы жайран мінез, бұрынғы ерке қылық жоқ. Күні кеше қызығып қарайтын нəрселеріне қазір самарқау көз салады, кеше сəл нəрсеге таң қалатын болса, қазір сəл нəрседен бір сыр аңғарады. Оның ең алдымен аңғарғаны – жесірдің соңынан ерер сөз көп. Бірден бекем болмасаң, кейін аш тазыдай соныңнан қалмай қойған қаңқудан құтыла алмайсың. Жесірге жұрт күдіктенгіш те... Жанқожаның жаманат хабары келген соң жарты жылдан кейін Ажар ферма бастығы болды. Бұ да ел арасына бір өсекті дүр еткізді. — Əкімдер күйеуі жоқ келіншекті қолпаштай бастады,– дейтін болды ел. Халықтың бұнысы қаңқу болғанмен, шындықтың тірсегінен іліп-шалып қалатын жерлері де жоқ емес-ті. Азалы келіншектің күйеуінің өлімін естіген күні алыстаған сайың оған дəмелілер жақындай түсті. Қызыл құмар қырма сақалдардың қырындағаны, кейбір ер жүректерінің турадан-тура қолқалайтындары да ұшыраса бастады. Бірақ, адамдардың жас арасы алшақ болса, сөздері де көп қиюласа бермейді ғой. Бір қайырсаң енді қайтып беттей алмайды. Ажар бұны да біліп алды. Ал жастар олай емес сияқты. Өрекпіген өр емеурінді қанша қайырып бақсаң да, бір жасып қап, тағы алаулай жөнелетін жаңа жанған жалындай, қайта емекси береді екен. Мықты болсаң өзіңді қайта-қайта қаумалаған алаудан аман-сау құтылып көр. Оның көршісі Жамал деген кемпір-ді. Абайламай жел жағынан тап болсаң, шағып-шағып алатын шадыр тілі болғанмен көрші қолаңға елдігі мол. Əсіресе, Ажарға-ақ қамқор. Түзден оралса, шаршап келеді-ау, тоңып келеді-ау деп қамын ойлап отыратын да сол. Өзін жоқтатпай үй-ішін де тап-

тұйнақтай қып қояды. Жаңғыз басты Ажарды оқшау тастамайды. Екі үйдің дастарқаны да бір. Жамалдың күйеуінің жаманаты соғыстың екінші жылында-ақ келген. Ол Жамалды да мұқалтты. Бірақ, оның Ажардай емес, көңілінің медеті барды. Ол – жаңғыз баласы. Елдің бас көтергендері кеткен соң, колхоздың есеп-қисабы соның мойнында. Өзі шешесінен бетер меймандос. Ажар да ашық мінезді Əбенге үйірсек боп алды. Оның үстіне олар Жанқожаның бес-алты атадан келетін жамағайыны. Содан Əбен де жеңге деп, Ажардан көп ыға бермейтін. Екеуі біріне-бірі ерке. Оған Жамал да мəз-мəйрам. Бастары қосылса айтыса көтетін екі жастың дауылдаған əңгімесі үшеуін де желпіндіріп тастайтын. Осы үйірсектік... Иə, бəрі де осы үйірсектіктен. Бұл соғыстан кейінгі жылдың қысы еді. Дəлудің еліріп тұрған кезі. Шаруашылық та қоңылтақсып, Əбендер қыстау аралап кеткен. Үйге суық тиіп, науқастанып оралды. Жамал көрші колхоздағы сіңлісіне кетіп, əлі қайтпаған. Ауру Əбен Ажардың үйінде. Əдепкі кезінде қорқытқан науқас бірте-бірте жылы шырай байқата бастады. Талай күн Əбенді күтіп, діңкелеп жүрген Ажар бүгін бірінші рет алаңсыз ұйықтап кетті. Кенет маңдайын əлдене сипап өткендей болды. Басын көтерсе – Əбен. — Саған не болған, шырақ. Жігіт тіл қата алмады. Келіншек көрпесін жоғары ысырып жамылды. — Ту, өзің тентек екенсің ғой. Қап, бəлем, келгесін апаңа айтпасам ба осыдан. Қари айтылмаса да өкпе аралас келіншек назы жігіттің бетінен от шығарды. Ертесіне күні бойы шəйға келген жоқ. Кешке жақын Жамал да келді. Əбден қызарақтап үйге кіргенде екі əйел шəй ішіп отыр еді. Жігіттің абдыраған жүзін көріп Ажар күлімсіреді де қойды. ...Бетіне құмырысқа жорғаласа да із түсетін ұп-ұлпа май топырақ болады- ау. Əйелдің жаны да тап сондай. Оған айтылған наз, салған қолқаның ешбірі із-түссіз қалмайды. Əбеннің əнеугісінен кейін Ажар оны талай рет есіне алды. Ересектердің бірі сөз салса, кеудесіне ит кіріп шыққандай болар еді. Ал Əбенге... Бала жігіттің батылсыз қылығы есіне түскенде өзінен өзі күлімсірейді. Бұған ол

қызық сияқты. Əйел көзі түлкі қаққан қаршығадай сақ емес пе: оның үстіне Əбен де құпия түйе алмаған уыз жас қой. Сырын оңай ашып алды. Анадағы түннен кейін ари бастады. Қара торы жүзі қуаңданып, ат жағы ояң тартты. Əсіресе, көзіне шытырлаған қатыгез ашу мен елжіреген жұмсақ мұң қабат жайғасыпты. Ажарға тіл қата алмай жүрді. Жігіт жанының жанталасын сезген əйел көп қымсынта бергісі келмеді. Өзі сөз бастап, əңгімелерін қайта түзеді. Шаруа бабымен күнде кезігіп тұратын. Əбеннің де енді арқасы кеңи бастады. Кеңсеге Ажар енсе-ақ қызараңдауды қойды. Бірақ келіншекке кеудесіне тығып келген сырын аша алмады. Ол бейне бір ұрлық заттай жүректің қасында ұзақ тығулы жатты. Ажарға керегі де сол еді. Бала жігіттің дəмесін біліп болған-ды. Бірақ, қатты кетіп, тауын шағуға аяйтын. Ол жігіт сезімін тентек өзеннің аптықпа толқыны санап, əрі-бері шапшып-шапшып көрер де, жуасып арнасымен аға берер деп, жар қабақтан асырмауға тырысты. Бірақ, жігіт жүрегі олай емес- ті. Келіншектің жазғытұрымның шуағындай жылы жүзі үміт арнасына қатқан күдік мұзын бірте-бірте еріте түсті де, ақыры тасытты. Жастықтың риясыз сезімі бір күнде сең жүріп, шалқып шыға келетін көктемгі сел ғой. Бір тасыса, тосқауыл қоюың қиын. Əбен қайта өрши бастады. Келіншектің кешірімі оны батылдандырып жіберді. Бұрынғыдай қысылып-қымтырыла бермейді – тегеурінді. Балаша жасқармын деген əйел дəмесіне болар емес. Соңынан қалмай қойған бозбала келіншектің көз алдында күннен күнге есейіп барады. Бұрынғыдай анау-мынау майда сөзбен-ақ тосармын десең, қарсыласады. Тіпті ашуланады, өкпелейді. Жүзі де қатқылдана түскен бе қалай? Балапанның мамығындай түлек мұртының да арасы жиілеп, қарауытып қапты. Көзі де шоқтанып алған. Жоқ, Əбен ержетіп барады. Енді Ажар оған бұрынғыдай бой көрсете алар емес. Бір күні колхоз есебімен екеуі де кеңседе ұзақ отырып қалды. Көбіне кеп үйде отыруға жалғызсырап, қастарына келіп, уақыт өткізетін Жəмила əрі отырды, бері отырды. Ұйқы қысқан соң, о да кетті. Оңаша кеңсенің ішіндегі бір қалыпты шот тырсылының өзі адамды маужыратып, көзіне ұйқы үйіреді екен. Ажардың қағаз жазып отырған қаламы сылық түсіп кетті де, орындық арқалығына шалқая берді. Көзі ілініп кетіпті. Бір уақытта бірдеме темір құрсаудай сығып барады. Көзін ашып үлгергенше-ақ ерніне əлдене қадала түсті. Жіберер емес. Алабұрта шыққан тыныстың елжіреп ери жөнелген сезімге ілесе алмай алқынғаны ғана құлағына келді.

Əбен зорға босаттты. Босатты да теріс қараған күйі сұлқ тұрып қалды. Келіншек те не істерін білмей, желкесіне ысырылған орамалын түзеумен болды. Алакүңгірт қабырғалар ештеңені көрмеген-білмегенсіп сазарған күйі тұр. Тек «əй, осы сендер не істедіңдер, əй?»– дегендей пілте шам ғана жыпылық-жыпылық етеді. Бұдан кейін Ажардан ерік біржолата кеткен сияқты. Енді Əбеннен жасқана береді. Қайтып оған оңаша ұшыраспауға тырысты. Бұрынғы берік қамалдай əйел еркі қазір ұялшақ арға ықтасын болуға да жарамай қалды. Осы бір əрі-сəрі күйде тағы бір қыс өтті. Көктем шыққан соң келіншекті басқарма Əбенмен бірге мал санап қайтуға жұмсады. Үш күн бойы отардан отар қоймай аралап шыққан ол екеуі ауылға қайтып еді. Жүріс өтіп кеткен аттар аяғы болбырап, кегежектей берді. «Ат шалдырып алмасақ болмас»,– деді Əбен. Ажар үндеген жоқ. Аттарынан түсті. Көктемнің əлдеқашан шығып кеткен шағы. Бұл өңірдің жазғытұрымының өзінде де үйдек-түйдек шуда бұлттар көк жүзін босатпайтын. Қазір о да сейіліпті. Кең дала керіле бусанып жатыр. Қарынан айыққан Қаратау шоқылары да ен жазықтың қақ ортасынан анадайдан аңдап-аңдап тұр. Төңірек кеше ғана иығын басып жатқан қатыгез қысты ұмытып кеткендей. Анау дөңдер де биылғы ауыр қыстың салмағынан құтылып, сілкініп қапты. Жылға-жылға да түлеп сала берген. Біразға дейін дымқыл жатқан топырақтың да беті кеуіпті. Жып-жылы. Аттар тұсаған бойда жерге бас қойды. Балғын шөпті ұйпап жатыр. Бауыр-бауырда жалбыраған қыр жалбызы. Күн шуағының да мол төгілген кезі ғой. Осы кезде құлпырып кететін қырдың қызғалдақ, сарғалдағының бəрі самсап шыға келген. Шіркін, көктем-ай! Мынау кең алқапқа қыстың сызын əп-сəтте-ақ ұмыттырыпты-ау. Қапталдағы қоңырлықта үйір-үйір жылқы жүр. Қыр көдесін құныға опқан енелерінің бауырына басын тығып, құлыншақтар селтеңдейді. Кең жазықтың қақ ортасындағы айнала тұрқы кеп-келтек найза төбені орағыта шалқыған ақ тақыр қазір шалқар көл. Суға бас қойған аттарды үркітіп, о жер-бұ жерден дүркірей құс ұшады. Тақырдың арғы бетінде көшіп бара жатқан ауылдың жол-жөнекей жаппалары қараңдайды. Жаққан оттың түтіні шығады. Əне бір шеткі күркеден бір бала атына мініп, көлге беттеді. Қайран қыр-ай,

қуанышпен тағы қауышыпсың-ау! Құмдақ төбенің бауырында отырған Ажар орнынан тұрды да, кішкене жүлгеге келді. Жүлгеде көктемде қар ерігенде азды-кемді күн ағып, ұзамай кеуіп қалатын мөлдір бұлақ сылдыр қағады. Ол мұздай суға беті-қолын жуды да, жиекке отыра кетті. Бұл жер оңашарақ. Айдын тақыр да, ауыл да тасада қалды. Мына бір жап-жарқын күн көкірегіндегі мұңды оятып жіберді ме, көз шарасы мөлдіреп қоя берді. Қамкөңілді келіншектің онысын айнала аңдаған жоқ. Кішкене бұлақ сол күлкісімен сылдырайды. Бауырайдың балауса шөбі де сол бей-жай күйінде. Көктегі күннің көзі келіншек жүзіне ерке нұр шашады. Ол кеудесінде əн түлегендей ақырын ыңырси бастады. Онысы əуелі шерлі жанның көйгейіне ұсаңқырап барып, бірте-бірте ширап, назды əуенге айналды. Көзден жылжыған жас іркіліп еріндері ойда жоқта құйқылжыған көңіл дауылының ішінен бір құпия сыр аулап қапты. Осы əнді бұрын біреудің аузынан естіді ме, əлде өз көкірегіндегі шымырлаған мұңның тұнбасы ма, есінде жоқ. Келіншектің көңілдіндегі көлеңкенің сыртқа шыққан салқын лебіндей ақырын ыңыл кішкене жүлгеннің бойынан шығып, керілген даланы кезе жөнелуге шақ тұр. Ерінің өлгенін естігелі төрт жылға айналып барады. Сол жылдардың ішінде ол мұның есінен кеткен жоқ. Талай рет лүпілдеген жүрегін қайғының тұзды суына малып-малып алды. Бірақ бүгінгі төңіректің көркіне елти отырып, көкірегін жарып шыққан мына бір мұңы өзгешерек сияқты. Одан да мына кішкене бұлақтың мұздайлығындай салқын леп сезіледі. Бірақ, бүгінгі мұңында сол бұлақтың сылқылы, жас майсаның сыбдыры да бар сияқты. Иықтан басқан темір шоқпардай езілткен мұң емес, əлдеқайда ұша жөнелгелі тұрған балапан қанатының майда суылындай елегізген мұң. Келіншектің есіне тағы да күйеуі, онымен бірге өткізген сонау бір қызықты күндері түскен болар. Сол күндердің тəттілігіне тамсанған болар. Сол күндердің бүгінгі көктем шуағындай сəулесін аңсаған шығар. Немесе, аспандағы күнге қарап, сол бір аяулы жарының өзіне əлі де сол күндей ыстық екенің бірақ сол күн көзіндей алыста, қол жетпес шалғайда екенін ойлаған шығар. Оны кім біліпті. Кенет ақтарыла салған бір-екі ауыз өлең сөзі бітсе де келіншек əлі ыңырсып отыр. Оның көкжиекке елжірей, қадала қалған мойыл көзінен

нені оқи аларсың? Ол көздер мынау қыстан кейін қайта құлпырған қырдай мен де қайта түлесем дей ме? Əлде анау алыстағы тау шоқыларындай бұлдыр сағымның ортасында қарайып қала берсем дей ме? Онысын да кім ұғыпты? Əйтеуір тау қойнауларында жиі кезігетін аузына дейін шүмпілдеп тұратын түбі терең құдықтардай мөлдірейді. Кенет ол жүлге жиегіне көлбей жантайды да, қолының астындағы мап- майса көк шепті алақанымен еркелете сипады. Сол күйінде көк жүзін тінте жүзіп бара жатқан күн көзіне қарап ойға шомып кетіп еді, біреудің құшағы мойнына оратылды. Қарсылық көрсеткен жоқ. Көзін жұма қойды. Айналаға да, аймалаған Əбенге де қарамауға тырысты. Жігіт қызуы бірте-бірте молайып, денесі де жақын сезілді. Келіншек жұмулы көзін ашқан жоқ. Тек Əбеннің тершіп тұрған ашқылтым тамағын биязы еріндерімен жұмсақ ұйпалады. Құлағы төбелерінен көлге қарай өткен бұлдырықтардың былдыр-былдыр үнін шалып қалды. Тас жұмулы кірпіктерінде аспандағы күннің нұры ойнады. ... Ажар берік əйел еді. Дегенмен жігіт жігіт те, жүрек жүрек қой. Шақырая нұрын төккен күн көзі гүл өсірмей қоя ма! Оның үстіне Ажардың өзі құнарлы алқап-ты. Енді ол Əбеннен қысылып-қымтырылып қорғаншақтауды қойды. Қайта сүйетінін мойындай бастады. Əбен де Ажардан екі елі қалмады. Ажар кетсе, отарларға анау-мынауды сылтауратып соңынан о да барады. Тіпті ел жатып қалған соң үйіне кіріп баратынды да шығарды. Басында бұған Ажар қарсы болғанмен, ақыры көнді. Күннің бəрі бұлай тəтті болып өте бермеді. Өсек деген де бір улы иіс емес пе, қайдан шығып, қалай тарап кеткенін де аңғара алмай қаласың. Ол су толы оншақты шелекке ілесіп, оншақты үйдің есігінен аттайды. Ауылдағы пыш-пыш Ажарға да естіле бастады. Екі-үш əйелдің басы қосылса, əңгімесі өзі. Өсек Жамалға да жетті. Ол былтыр төркін жұртынан қалған жалғыз сіңлісінің үйіне барған. Сіңлісінің бар панасы – бой жетіп қалған қызыды. Апалы-сіңілі екі əйел балаларының басын қосып, бірге тұрмыс құруды ұйғарған. Мына жайды о да күтпеген. Жарылып кете жаздады. Көрші қатын сөзін бітіре бергенде шəй құманын оттың шоғына сүңгіте ысырып, баж ете қалды. — Жоқ бол, тоқал. Жарайды, естідім. Жоқ бол енді!

Өсекші əйел Жамалдың мінезіне əбден қанығы еді. Одан əрі отыра берсе, көсеуін жібере салуға да жүз жанбайды. Есіктен ата жөнелді. Əлгі əйел кеткен соң Жамал дастарханын жинады. Белін буды. Ажардың терезесінен сығалап еді, үйінде жоқ екен. Кемиек иегін тымырайтып, кеңсе жаққа қараса, Ажар сол жаққа кетіп барады. Соңынан ілесе баруға, жұрттан ұят. Баласының да, Ажардың да абыройын айрандай төгер. Онан да тып-тыныш күйінде, отын шауып келмек боп, ауылдың желке тұсындағы төбенің тасасына қарай емпеңдей жөнелді. Отыннан қайтып келгенше, баяғы екпінінен айрылып қалды. Ажарға тіл қатқандағы даусы бəсең шықты. Жамал сөзін бітірді де, дау-далабасыз шығып кетті. Есік жабылған бойда-ақ, Ажар жалма-жан төсегіне құлады. Көрпесіне ене берген Əбеннің қолы күнде Ажардың ып-ыссы кеудесіне тиюші еді, бүгін тымырайып теріс аунап түсті. Əбен оның маңдайынан сипады. Жылап жатыр. — Ажар саған не болған? Келіншек басын жігіттің кеудесіне тығып алды. Дауысы да шығып кетті. Жігіт оның басын төсіне көме түсіп, тұншықтыра қойды. Түн ортасынан ауғанша тіл қатқан жоқ, жылай берді. Бір уақытта барып, бүгінгінің мəн- жайын ақтарыла айтты. Айтып болды да, Əбеннің сөйлеуіне мұрша берместен, оны өзі аймалай бастады. Таң бозара жігітті тұрғызып, есікке жетектеді. Босағаға жете беріп, тағы құшақтады. — Ал, Əбен... Енді маған жолай көрме,– деп сыбырлады. Жігіт те булығып тұрған. — Ажар, неге... неге бұлай... Келіншек үндеген жоқ. Көйлегінің жеңімен көзінің жасын сүртіп, есікті ашты. — Əбен, енді жолай көрме бұл үйге. Мені аясаң, жолама.... Жігіт теңселіп тұр. Шыға алар емес. Ажар табалдырықтан өзі сүйеп шығарып, ауыз үйде ақырғы рет құшып, есікті тарс жауып алды.

Табалдырықтың алдына отыра кетті. Дел-сал күйі біраз отырды. Төсегіне келді. Көрпесін жамыла бергенде бүйірін əлдене бүріп-бүріп алғандай болды. Құрсақ тұсы қыбырлаған сияқты. Ажар жастыққа тұншыға жылап жіберді. Армансыз ұзақ жылады. Ертеңіне басқармадан сұрап, шалғайдағы жайлауға кетті, суық күз түскенше сонда болды. Ол жоқта Жамал Əбенді үйлендіріпті. Сол жылы қыс ортасында Нұртай туды. Бықсып сөнген ел өсегі қайта бір тұтанды. Күйеуінің бұл ұрлығын Əбеннің келіншегі де білетін-ді. Бірақ, қиқу шығарған жоқ. Апекелеп ертелі-кеш Ажардың үйіне келіп-кетіп, оңқай асықтай үйіріледі де тұрады: Əуелі балғын келіншектен ұялып жүргенмен Ажар да оны жақсы көріп кетті. Кісі қайғысын қадірлей білетін жас келін ауыл-үйдің өсегін су сепкендей басқызды. Ажар Нұртай туғалы бұрынғыдан да бекемделе түсті. Енді ешкім оның бетіне келе бермеді. Нұртай оның өміріндегі жалғыз қуанышы. Соғыс оны күйеуінен айырды. Оның орнын баласы жапты. Аз күн дəурен сүргенмен ақ пейіл махаббаттың ескерткішіндей жалғыз ұлы оның көкірегін қасірет сызынан арылтып еді. Жүректің əлгі бір құпиясы да тереңірек көміліп, көп мазалай бермейтін. ... Көрдің бе, бүгін қайдағы бір жалаң бұт шəлдуардың қаңқу сөзі қаңғыған құйындай сол көмбенің бетін ашып кетті. Үн қата алмай сазарып қалған анасының Сəбиттен өшін қайтармайтынын Нұртай түсінді. Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді. Класқа кіре бергенде мұғалім: — Неге кешіктің? – деп сұрады. Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды. — Жарайды, атың кім? — Нұртай.

— Фамилияң? Нұртай үнсіз. Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады. Бала жалт бұрылып есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң-таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дəптерінің бетінде екі тамшы мөлдірейді. КЕК І Жақтауына алтын жалатқан көлдей шар айна көптен бері тозаңға тұншығып, жетімсіреп тұр еді. Бүгін сүртілді-ау, əйтеуір. Өзін-өзі көп қызықтай бермейтін Ажар бүгін ұзақ таранып, ұзақ сыланды. Соңғы кезде құлпырып барады. Көбіне-көп тұнжырап жүретін жанарында да жалын тіріліпті. Осы бір бейуақ оянып, оқыс лаулаған оттың шұғыласы бүкіл бетіне жайылып, албыратып жіберіпті. Денесі де өмір нəріне толып, өн бойын қуат кернеп, жұмырлана түскен. Əсіресе, көкірегі əбден пісіпті. Масаты қара көйлектің ашық өңірінен көрінетін аппақ төсін сусыма шəйі орамалымен сəл қымысына қымтай, ұяла көз тастаса, еркек біткен от тиген балауыздай еріп жүре беретін түрі бар. Сымбатты қыздың салиқалы келіншекке айналғаны деген осы да. Анау сəл қоюлау болғанмен елпілдеп тұратын елгезек қас, мынау ұшы тым сүйірленіп, пістеленіп кетпеген қыр мұрын, жұп-жұқа қаймақ ерін, дөңгелене біткен иек бəрі-бəрі де орайласып-ақ табысқан. Болатжан өзіме тартып кете ме деп қатты қорқып еді. Тіпті, сестра емізуге алғаш əкелгеннің өзінде кескін-келбеті əлі көмескі шикі нəрестеге үрейлене үңілген-ді. Қазір жүрегі орнына түсті. Ол бұған ұсамапты.

II Күн тым бұлыңғыр екен. Онсыз да сиықсыз қала тым сүмірейе түскен. Теректердің де жапырағы жидіп, тұлдырланып қалыпты. Аспан да жуыла- жуыла өңі кеткен көне шұлғаудай боп-боз. Былайда да жер тістеп қалған жермешел қала мынандай күнге тап болып, аса шөгіп кетіпті. Базар жақтын мыжық үйлері əбден жаурап, бүрісе түскен. Өздері зорға қалқиып тұрған бейшара үйлерді ықтасын қылып бүрсеңдеп бара жатқан ши тірсек қатындар. Картоп іздейді, ет қарайды. Баяғыдай екеу-екеу бірігіп ап, өсекті бұрқыратып бара жатқан ешкім жоқ. Көк шылпылдақтың шалпылынан басқа бір дыбыс естілсеші. Жұрт бір-біріне маңайламайды. Өңшең жаңғыз-жаңғыз жортып бара жатқан бір адам. Үнсіз жөңкіліс. III Ораловтың əйелі көшенің арғы бетінде бара жатқанын сылтауратып амандаспай кетті. IV Міне, мынау баяғыда осында көшіп келгенде тұрған жатақханасы. Қызыл кірпіштен салынған екі қабат тапал үй. Сырты əлі сыланбаған. Қып-қызыл еді-ау. Қазір қоңырқай тартыпты. Мынау шеткі терезеде өзі тұрған. Дəл үстіндегі Əбеннің бөлмесі. Ана қораның ішіндегі кішкене сарай- жатақхананың вахтершасы Мария Федоровнаның баспанасы. Бəрі сол қалпында. Үйдің ештеңесі кетпейді ғой. Ол үшін əлі жер сілкінген жоқ. V Кіре кетсе ме екен. Бəлкім Мария Федоровна əңгіме айтар. Уақыт та тығыз-ау. Енді екі сағаттан соң Москвадан Медет келмек. Оған дейін


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook