қабылдаймыз де. Онда да əр он күндіктің аяғында ғана де...» Қаражан мен Жұлдыздың алғашқы жолығулары осымен бітті. Əкесі қызына колониядағы тұтқын шеберлердің ағаштан, қамыстан, шүберектен істеген неше түрлі ойыншықтары мен (бұны ол Жұлдызына деп сол жерде жүргенінде үш жыл бойы жинаған) базардан сатып алған конфеттерін беріп, үйіне қайтты. Он күннен кейін Қаражан тағы келді. Бала əлі де жатырқап тұрғанмен əнеугідей жылаған жоқ. Сірə, өткенде алған ойыншықтары ұнаған болулары керек, тағы да сондай ойыншықтар береді екен деп ойлаған шығар, бірден қашып кетпеді. Қаражан бұл жолы да ойыншық пен конфет əкелген. Келесі жолы да сөйтті. Осылай ойыншық, конфет арқылы бір- біріне үйрене бастады. Жұлдыз енді бетінен əкесінің сүйгеніне де көнді. Екі-үш айдан кейін тіпті оны өзі есік алдында күтіп тұратын болды. Бірте-бірте екеуі сөйлесе де бастады. Міне осындай бірімен- бірі əбден бауырласып алған кезде, бір күні Жұлдыз: − Көке, менің мамам қайда?- деді. Күтпеген сұраққа Қаражан жауап бере алмаған. − Өлген! Өлген!- деген сасқанынан. Қаражан осы қаладағы трактор жөндейтін шеберханаға қоймашы болып жұмысқа кірді. «Ауру қалса да əдет қалмайды» дегендей, қолы сұғанақ Қаражан пайда түсер жерде қарап қалған жоқ. Бірақ Жұлдызыма зияным тиіп жүрер, тағы ұрлықшы боп сотталсам, өзге балалардың алдында қорланар деп, суық қолын қазына қорына абайлап сұқты, сақ болуды ұмытпады. Ортада бес-алты жыл өткеннен кейін, келгеннен бері көңілдес боп жүрген өзі жатқан үйдің иесі жесір əйелге үйленді. Оның жас өспірім болып қалған екі баласын кəсіптік- техникалық училищеге берді. Енді біреуден кем, біреуден артық өмір сүре бастады. Бірақ «Құдай қырына алса, қырқыңда да таз боласың» дегендей, кенет əйелі дүние салды. Жалғыз қалған Қаражанның енді бар қызығы Жұлдызы болды. Бұл кезде Жұлдыз да он алтыға шыққан. Интернатты тастап, əкемді жалғызсыратпайын деп, оның қасына келген. Енді ол əкесінің асын дайындады, кірін жуды. Бірақ оқуын да ұмытқан жоқ. Міне, осы тұста Қаражан өмірінің ен үлкен қырсығына ұрынды. Бір күні түнде кеп бұның үйінің терезесін Василий Берюхин қақты. Қаражан оны көрмегелі он жылдан асқан. Қара ниетті адам да өзіне қайырым істеген кісіні ұмытпаса керек-ті. Кеше өлімнен құтқарған Василий Берюхинді Қаражан құшағын жайып, аса қуанып қарсы алмағанмен; дұрыс ниет көрсетіп қабылдады. Василий өзінің неге келгенін жасырған жоқ, − Қаражаннан айырылғанмен, бұрынғы
қылмысты кəсібінен айрылмапты. Дүкен тонап, ұрлық істеп, өмірді алшысынан басып, бір қаладан екінші бір қалаға ауысып жүрген беті екен. Түрі де жүдеу емес, бұрын да білектері балғадай Василий, қырыққа таяған шағында денесі əбден сомдалып, толығып жетіп болыпты. Кісіні аяуды білмейтін рақымсыз, шыныдай қатып қалған көгілдір көзінде бұрынғысынан да бетер бір ызғар ойнайды. «Сақтық кассасын тонаған үш жігіт едік,- деді Василий,- топталып жүруге болмайтын болды. Ақшаны бөліп алып үшеуіміз үш жаққа қаштық. Кешке таман сені сыртыңнан көріп, əдейі түн жамылып келіп отырмын. Далада жүру қиын, үйің оңаша екен. Ескі жолдастығымыз үшін бес күн жасыр. Сосын өзім де кетемін. Құнын төлеймін». «Жарайды, - деді Қаражан. Бес күн ғана тығуды өзіне пəлендей күнə көрмеді. Ұстайтын болса менсіз де ұстар. Бес күн үшін ескі досымды несіне өшіктіремін»,- деп шешті ол. Сосын қызына «Бұрынғы бір аяулы досым еді, біздің үйде бес күн болады. Сабақтан келген соң егер дүкеннен бірдеме əкеп бер десе əкеп берерсің бірақ бұның мұнда екенін ешкімге айтпай-ақ қой»- деді. Əке сөзін орындағанмен, бейсауат жүрген кісіден сескенген Жұлдыз мектебіне əкесімен бірге кетіп, əкесі жұмыстан қайтатын кезінде оны көшеде күтіп алып, үйіне бірге келіп жүрді. Василийдің кететін күні, əдеттегісінен гөрі Қаражан үйіне сəл кешірек келген. Келсе, үйдің есігін Василий тастай етіп бекітіп алыпты. Тарсылдатып көріп еді, ешкім есікті ашпады. Терезеге барып тыңдап көріп еді, біреудің шыңғырған даусы құлағына еміс-еміс естілді. Бір сұмдықтың болғанын біліп, Қаражан терезенің ағашы мен шынысын бірге быт-шыт етіп, үйге кірді. Зорламақ болған Василийден қашып, бұрышта көзі шарадай боп шырылдап тұрған Жұлдызды көрді. Көзі қарауытып кеткен Қаражан қасында тұрған ауыр орындықты алып, Василийдің, дəл басынан кеп ұрды. Василийдің бас сүйегі бірден быт-шыт боп, қаны шапшып, бүкіл еденді алып кетті. Төртпақ келген сом дене бір секундтай сəл теңселіп тұрды да, омақаса құлады. Сол сəтте-ақ тіл қатпай Василий жан тапсырды. Əрине, Василийдің өлігін ешкімге көрсетпей Қаражан өзі жоқ етсе, бұдан қашқынның өлімін ешкім де көрмес еді, көре де алмас еді. Бірақ Қаражан өйтпеді, милицияға өзі барып, кісі өлтіргенін айтты. Бір айдан кейін Қаражанды соттады. Кісі өлтіргені үшін, үйіне аса қауіпті қаныпезер қарақшыны жасырғаны үшін оған он жыл абақты кесті. Бір айдан кейін Қаражанды алыстағы бір колонияға жүргізбекші болды. Прокурор Жұлдызға əкесімен жолығып қалуға рұқсат берді. Сонда ғана Қаражан қызына шынын айтты.
− Жамандықпен бастап едім өмірімді, жамандықпен аяқтадым. Енді сені тірі көруім екіталай. Сондықтан шынымды айтқым келіп тұр. Дүниедегі жалғыз қызығым өзің болдың. Бірақ сен менің туған қызым емес едің. Сенің əкең де, шешең де бөтен кісілер. Шешең - Қырмызы атты əйел. Олар Алматыда тұрады. Өшпенділікпен бір жасыңда алып қашып едім. Менің бір күнəмді кешіре алсаң, кешір. Кешіре алмасаң, өзің біл. Ал өмірің қиынға айналып бара жатса, туған əке-шешеңді тауып ал... Қаражан Жұлдызға бекер бақылдаспаған екен, түрмеде бір бұзықтармен жанжалдасып, ауыр жарақаттан қайтыс болды. Ал Жұлдыз сол жылы алтын медальмен он жылдықты бітіріп, Алматыдағы политехникалық институттың архитектуралық факультетіне келіп түскен. Сол жылғы сентябрьдің бір самалды салқын кешінде сұңғақ бойлы, əдеміше келген Еркебұланмен танысқан.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ Еркебұлан мен Қайназар сəби кездерінен бірге өсті. Екеуі де архитектор, екеуі де Москва институтын бітірген. Екеуі де бірдей Алматыға ғашық жандар. Тек екеуінің туған қалаларын жақсы көрулері екі түрлі. Қайназар Алматының жасыл құшағында қуанышқа бөленіп, жұпар аңқыған ауасын жұтып, бар қызығын рақаттана пайдалануды ұнатса, ал Еркебұлан осы сұлу қаласын сұлуландыра түсуге бар дарынын, жігерін жұмсауға құмар жас еді. Сондықтан да ол жолдасынан гөрі туған қаласының кемшілігін көп көретін. Соларды жоямын деп, қызметінің төмендігіне қарамай (бар болғаны институтты жаңа бітірген жас маман ғой) қиялданатын. Бұдан ешкім ақыл сұрамаса да, сол қаласының көшелерін, алаңдарын көріктендіре түсуді ойлап, сан түрлі өзінше жоспар құратын, тіпті қаланың көркін қалай өзгерту керек деп шешім іздеп қиналатын. Өйткені Еркебұлан дарын иесі еді. Демек дарын иесі ізденбей, дүниені өзгертпей өмір сүре алмаса керек-ті. Ал Қайназардың əкесі Серəліге келсек, ол Асығаттай емес-ті. Пысық, алғыр, өз үлесін басқаға жібермейтін кісі еді. Бір кезде ол қаланың басшы қызметкерлерінің бірі болған. Бірақ артынан жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін жəне өз басынын қамын қоғам тілегінен гөрі көбірек ойлайтын кісі екені білініп қалып, ұзаққа бармай, қызмет бабында төмендеп кеткен-ді. Дегенмен де Серəлі өмір сүре білетін кісі еді. Ол баласын да өзіндей етіп өсіруге тырысты. − Ең алдыменен өз қамыңды ойла,- деді ол Қайназарға ақыл айтып. − Пайдасы тимейтінін білсең, ондайға шығынданба, ештеңе берме. Ал өзіңе керегі барына көзің жетсе, ештеңеңді аяма. − Ал бірде əкесінің лотореядан ақша ұтқанын серіктеріне айтып қойғанын естіп, Серəлі баласын өзімен бірге саяжайына алып шықты. − Үйіңнің де, өзіңнің де сырыңды ешкімге айтушы болма!- деп, бір топ қалақайды байлап ап, майлы жерінен тартып-тартып қалды. Бертін келе əкесі өсиетін кеңейте түскен. − Құрбы-құрдасыңнан кем болмауға тырыс,- деген, − сенен ақылы, алғырлығы артық жолдасың, ол - сенің досың емес, қасың. Өйткені сен емес, ол үлкен адам болады. Əрине, əзірге сен білмейсің, өзіңмен бірге өскен жолдасыңның сенен асып кетуі - ол адамға үлкен азап.
Сондай азапқа ұшырамас үшін, сен де жасыңнан сол жолдасыңнан кем болмауыңды ойла! Сөйтсең ғана қор болмайсың. Мұндай ақыл Қайназарды бақкүндестікке, өзінен жақсы оқитын, тіпті өзінен сəл жақсы киінетін балаларды көре алмастыққа, тарлыққа, бақастыққа үйретті. Ал Қайназар жігіт бола бастағанында əкесі оған: − «Адамға таудай талаптан, бармақтай бақ артық» деп қазақ білмей айтпаған,- деді. − Егер бағың жанбаса, таудай талабыңнан да ештеңе шықпайды. Ал бақ деген бір жынды құс, кімнің басына болса да қона салады... Сенің басыңа да қонуы ғажап емес. Ал қона қалса, сенің міндетін - басыңа қонған бақты үркітіп алма, ұстай біл. Мен секілді болма, қуанышыңды да, істеймін деген ісіңді де жасыра ал... Қайназар əке ақылын бойтұмардай көрді. Жəне Серəлі баласын өмір салмағы басына ерте түссе, тайынан ерге үйренген жылқыдай, əр нəрсенің қадірін ерте түсінеді деп институтты бітірмей жатып, Қайназарды өзінің жақсы көретін бір жолдасының қызына үйлендірді. Əкенің бұл ақылы да дұрыс болды. Өзімен құрдас өзге жолдастары махаббатын іздеп, жастық желікпен əуре болып жүргендерінде, бұл үй болып, бала сүйіп, өзінің келешегін, өсер жолын ерте ойлай бастады... Міне осындай, институт бітіріп, өмір мен өнердің есігін өз жолдарымен жаңа ашқан екі жастың ақыл-ойларының тоғысатын жері - Алматы қаласының жаңа құрылыстары, болашағы еді. Бірақ екеуінің де ұшар көгі, қонар көлі тек бір Алматы болғанымен көне гректің Публий Сервиль философы: «Екі адам бір шаруаны істегенмен, екеуінің істегені бір шаруа болып шықпайды»,- деп айтқанындай, бір Алматыға деген екеуінің жұмысы екі түрлі еді. Ал кім Алматының көркіне бас имеген! Кім бұның сұлулығын жоғары бағаламаған! Алматы - дүние жүзіндегі бау-бақшаға бөленген жасыл қалалардың бірі. Осындай сұлулығына, табиғи байлығына қарамай, бұл таңғажайып қала еркін ескен желге кедей. Күнгей шығысы мен күнгейінде аспанмен тілдескен Теріскей Тянь- Шань таулары тұр. Бұл жақтарда жел соқпайды. Ал Теріскейі мен Батысынан тұрған жел қаланың үстінен зулай өтіп (мықтағанда қала
үстіне өткінші дауыл тұрғызып) заңғар Алатаудың бұлт өте алмас биік құз, шыңдарына ұрылып жоқ болады. Еркебұлан мен Қайназардың алғашқы іштей қайшылықтары міне осы қаланың болашақта салынар құрылыс аудандары қай тұстарда болуы керек жəне қала, адам, табиғат деген мəселелерден туды. Осы күнгі Алатау ауданының ең алғашқы үлкен жоспары қағаз жүзіне түсе бастағанында Қайназар: − Қала деп міне осыны айт, сонау Медеудің мұз айдынына дейін созылған салтанатты көшелер болады. Таудың бөктері кілең бес қатар, он қатар ақ мəрмəр үйге толады,- деді. − Жоқ, бұл тіпті дұрыс емес,- деді Еркебұлан, − қаланы бұл жаққа қарай созбау керек. Орманды-ағашты ауданда машиналар кедергісіз ағып жататын кең, үлкен көшелер сала алмайсың, ал қазіргі ең үлкен деген Ленин көшесінде қатарынан төрт машинаға жүру қиын. Қазірдің өзінде бұл көшеде адамның құлағы тұнатын шу, машиналардан бұрқыраған газ. Онсыз да биікте тұрған қалада, адамға дем алу қиын. Жоқ, бұл ара тек демалыс, курорт орындарына ауысуы керек. Машиналар да көп жүрмеулері керек, ауасы да таза ұсталуға тиісті. Ал қала міне мына жақта, Ақсай өзенінің арғы тұсынан, сонау батыс пен теріскейге қарай, төрт жағынан бірдей жел соғатын кең жазық далаға қарай салынуы керек. Қарашы, айбынды. Алатаудың қарлы сəулетінің саясында жазық далада, төрт, тіпті алты машина қатар жүре алатын, кең жалпақ, тіп-тік көшелерді қуалай сəнді- салтанатты қала жатыр. Зəулім биік қарағай, қайың, еменге бөленген. Көп қабатты біріне-бірі ұқсамайтын үйлері ақ мəрмəр тастан, сұрғылт оюшадан тұрғызылған. Қандай керемет! Жəне салынатын əрбір үй, тартылатын көше келешек уақыттың ең кем дегенде жүз жылдық мұқтажын ойға алуға тиісті. − Көрпеңе қарай көсіл,- деді Қайназар күліп, − қазір біз үй біткеннің бəрін патша сарайларына айналдыра алмаймыз. Оған қаражат қана емес, уақыт та керек. − Əрине, ол солай ғой,- деді Еркебұлан қабағын сəл шытып, − сөз жоқ, ондай үйлердің салынатын уақыты келеді. Бірақ сондай үйлерді менің ұрпақтарым емес, мына мен өзім тұрғызсам деймін... Сондай ғаламат кең сарайлардың жобаларын мен өзім, мына қарындашыммен сызсам деп арман етемін... Бір-бірін өкшелеп келе жатқан бұларда мақсат-мүдде ортақ болғанмен, сəулет өнерінің сырларын əркім өзінше қабылдайтын.
Ал Қайназар болса, бұған қарама-қарсы жан. Дүниенің болашағы да, бүгінгісі де бізден басталуға тиіс деп қарайды. Қазақтың ескі өнерін, дəстүрін - бəрін өткен күн деп санайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей. Қайназарға да айып қою қиын еді, өйткені Серəлі əке болып, бұған «Халқың бар, халқыңның сен сақтайтын дəстүрі, өнері бар»,- деп айтып көрмеген. Баласын тек өз басын, өз өсуін ойлауға ғана баулыған. Оның бұл алған нысанасына қарай Қайназарға қол ұшын беретін жақындар да табылды. Үлкен қызметтегі бір нағашысы Қайназар институт бітірісіменен бөлімше бастығы етті. «Бұл саған аз, сəл шыда,- деді əлгі нағашысы,- мен тірі тұрсам екі-үш жылда институт директоры болып шыға келесің...» Қайназар үй іші мəселесінде ескі дəстүрден алыс кетпеген. Реті келген жерде қазақтың «Қатынды бастан, баланы жастан үйрет» деген мақалын есіне ұстай білетін. Соның арқасында, он жылдықты бітіргеніне қарамай, ұяң мінезді жас əйелі, төртке келіп қалған кішкентай баласы да бұның алдында құрдай жорғалайтын. Айтқанын екі еткізбейтін. Ал Қайназар болса, өзін баяғы қазақтың ескі аулының жігіттеріндей сезінетін. Қайда барам, не істеймін демейтін, көңіліне ұнаған келіншектерге де қырындай жүретін, ойын-тойға да жалғыз баратын. Тек өсуіне кедергі болар деп, сыртқы жұртқа өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысатын. Бұл оған қиынға түспейтін. Бір жерге барса: «Əйелім кішкентай баламмен жалғыз қалып еді»,- деп қипақтап отыратын. Дүкенге кіре қалса, өзіне ұнаған бірдемені «Мынаны келіншегіме ала қояйыншы»,- деп тұратын. Осындай мінезінің арқасында жолдастарына да, Еркебұланға да ол семьяшыл көрінетін. Ешкім Қайназардың ішінде не жатқанын білмейтін. Еркебұланның ешкімге айтпай жүрген өзінің бір ойы болатын. Ол ойы - Алматыға майдангерлер мен еңбек ардагерлеріне арналған салтанатты сарай салу еді. Отанына, еліне еңбегі сіңген ардагерлердің анда-санда бас қосатын, өздері кездесіп кеу-кеулесіп əңгіме-дүкен құратын, шаршаған кездерінде кино көретін, не концерт тыңдайтын сарайдың жобасы көптен бері көңілінде жүретін. Осындай үйдің жобасын жасайын деп, қаладағы жауапты мекемелерге де барған. Бірақ ешкім бұған жарытып жауап қайырмаған. Олар: «Ондай үй біздің жоспарымызда жоқ»,- деп, маңайына да жолатпады. «Жас архитекторлар болып қаражат жинап, сондай конкурс өткізіп, ардагерлер үйінің ең тəуір жобасын жасап, бəріміз жиналып сызық сынағын бітіріп, институт басшыларының алдына апарсақ, қызыққанынан өздері де салдырмай ма?» - деп ойлады Еркебұлан. Жас архитектор бірнеше рет жиналып, ақырында өз қаражаттарымен ардагерлер сарайына арналған конкурс өткізбекші болды.
Жастар бастамасымен қолға алынған мұндай сарай, егер үлгісі жақсы шықса, салынады деп сенді олар. Бұл сарайды салуға осы ұйымдасқан жас архитекторлардың күші жетпесе, елімізге əйгілі бірнеше майдан ардагерлері мен еңбек ерлерін көмекке шақырамыз деп ұйғарды. Міне, осындай шешімге келген жас архитекторлар бəйгеге түспекші боп, жұмыстарына кірісіп те кетті. Еркебұлан да енді жұмысынан келісімен өз жобасынан басын алмады. Міне, осындай ой шабытында жүрген күндердің бірінде ол Жұлдызды көрді.
БЕСІНШІ ТАРАУ Күн тымырсық тұманды еді. Сентябрь айының орта шені болып қалғанменен, күн ыстығы əлі бəлендей қайта қоймаған. Жəне кеше қатты жауын өтіп, жапырақтары сəл сарғая бастаған ағаш біткен, қайың, қарағай, емен, қарағаштар қайтадан құлпырып, жаздағыдай жасарып, жасыл төгіп тұрған. Еркебұлан кең, салтанатты, сəнді Абай көшесімен жан-жағына күлімдей қарап келе жатты. Бүгін ол кеш оянған-ды. Түнде сонау бір студент кезінде қиялында туған «Ардагерлер үйінің» жалпы жоба- схемасын қайтадан қарап, ұзақ отырып қалған. Бұл жолы, құр ғана қиялға берілмей өз жобасына өзі сын көзімен үңіліп, көптеген кемшілігін көрген. Қандай көркем сарай, салтанатты үй болмасын, ең алдымен оның тұрғызылатын жері белгіленуі керек. Салынатын объектінің болмысы, жан-жағындағы табиғат көріністерімен, ерекшеліктерімен əшекейлене, сұлулана түседі. Ол құрылыстың тұратын жері жұрттың қарым-қатынас жағынан, соңғы жылдары көбейіп кеткен автомобиль, трамвай, бөтен машиналардың у-шуынан, тағы басқа сондай мазасыз жағдайлардан тыс тұруға тиісті. Қысқасы, болашақ құрылыс қолайлы жерге салынуы керек. Еркебұлан «Ардагерлер үйін» бас арықтың арғы бетіне, биіктеу тұсына тұрғызсам деп ойлайтын. Болашақ жобасын да сол ойына сəйкес жасамақшы еді. Бұл арада бос алаң мол, бау-бақша отырғызуға да мүмкіншілік жеткілікті. Ауасы да таза. Қаладан сəл биіктеу жерде тұрғандықтан «Ардагерлер үйі» өзге құрылыстардан еңсесі биік, көркін аша түсетіні де сөзсіз. Ал бұл араға енді жаңа алаң жасалатын болғандықтан амал жоқ, жаңа орын іздеуге кіріскен. Ең алдымен, көңіліне қонатын осы жаңа орынды тапса, сонда ғана сол жердің көрінісімен сəйкестендіріп, өзінің жұмысына кірісуді ойлаған. Осындай шешімге келген Еркебұлан, он шақты күннен бері қаланы кезуде еді. Қолайлы жер іздеп тіпті Алматының солтүстік, солтүстік- батыс жақтарын да шолып өткен. Бұл жақтағы жерлер оның көңілінен шықпады. Тұрған жері төмен, қандай сəнді-салтанатты сарай салсаң да, жан-жағындағы биік үйлерден көрінбей қалатын болды. Бір ыңғайлы жер, оңтүстік шығыс түс екен, бірақ ол арада қазақ моласы бар. Тағы бір ыңғайлы жақ, сол қазақ моласы мен Көктөбенің арасы көрінді оған. Бірақ бұл араның қырқа, тау етектері тым биіктеу болды. Бұл тұсқа салынған сарайға, Көктөбедегі «Ауыл» ресторанына апаратындай аспанға тартылған арқан жол арқылы көтерілу керек. Жастары келіп қалған ардагерлер өздерінің сарайларына сөйтіп барып жүре ме? Еркебұланның бұл сарайды салдырудағы ойы да сол
ардагерлердің бас қосатын, көңілдерін көтеретін жері болсын дегені еді ғой... Осындай іздеудегі жас архитектор бүгін қаланың күнгей батыс жақ тұсын бір қарап өтпек еді. Сондықтан да ол Абай көшесімен Ленин атындағы политехникалық институт тұрған тұстан жоғары тауға қарай көтерілмекші еді. Міне, осындай оймен келе жатқан Еркебұлан, Абай көшесінің арғы бетінде өзімен қатарласа аяңдаған қызға көзі түсті. Жоқ, көзімен емес, жүрегімен көрді. Неге екенін білмейді, Еркебұлан, сонау қос бұрымы балтырына дейін жетіп бұлаңдап кетіп бара жатқан қыпша бел, орта бойлы осы бір қыз баланың түрін көрмесе де, оның ақ құба, бота көз, оймақ ауыз сұлу екеніне шек келтірмеді. Қиялы қызды оған осылай елестетті. Көшенің қыз жүріп келе жатқан бетіне қалай шығып үлгергенін Еркебұланның өзі де білмей қалды. Енді ол сəл асыға жүрді. Ал қыз бұрылып кейін қарамаса да, біреудің соңынан асыға қуып келе жатқанын білді. Бұ да жүрегімен білді. Жəне оның жігіт екеніне де шек келтірмеді. Қыз болып көзге түсе бастағаннан бері Жұлдыз (бұл Жұлдыз еді) өзіне жігіт біткеннің сұқтана қарайтынын білетін жəне бұндай көзқарасқа етене боп бойы үйрене де бастаған еді. Сөйтсе де бұл жолы жүрегі құрғыр əлденеге тыпыршып: «Бұл қандай жігіт екен?»- деп, кейін бұрылып қарағысы да келіп кетті. Сонда да өзінің сабырлы мінезіне салып, бұрылып қарамады. Қос бұрымын көрінбес шынжырдай етіп мойнына орап, өзіне тартқан қыз магнитына қарсы тұра алмай, Еркебұлан еріксіз асыға басып бұлаңдаған сұлуға қатарласа берді. Сол уақытта ұзын мойнын аққу құстай сəндене бұрып қыз да қарады. Еркебұлан өз қиялына өзі таң қалды. Қыз, қиялы тудырғандай, ақ құба, қыр мұрын, бота көз, оймақ ауыз екен. Жоқ қиялы тудырған суреттен де сұлу екен. Жаудыраған, қарақаттай қап-қара үлкен бота көзімен мөлдіреп қарағанда, Еркебұланның ішіне біреу шоқ тастап жібергендей болды. Тұла бойы кенет балқып кетті. Қыздың сонау ұзын кірпіктерінің əрбірі жүрегіне найзадай қадалып, кенет демін əзер-əзер алды. Жүрісі еріксіз саябырлай қалды. − Осыншама ентігіп неге қатты жүрдіңіз, ағай? - деді қыз сəл езу тартып, маржандай аппақ тістерін көрсетіп. Жігіт бұрынды-соңды қыз көріп əзілдеспеген ұяң емес-ті. Қыз сөзін бірден іліп əкетті. − Осы арада бір аққу құс өтіп бара жатыр екен, соны көріп қалайын деп асыққаным ғой... Қыз наздана күлді.
− Мынандай керемет кезде айдын көлде емес, құрғақ жерде жүрген ол қандай аққу құс екен? Жігіт кідірмейді. − Жоқ маған дүние осы бір минутта көгілдір толқынды, жағасын жасыл орман көмкерген күміс көл тəрізді көрінді. Ал қос бұрымды, жанымда келе жатқан, осынау бір ақ құба қыз сол күміс көлде көлбеңдей жүзген аққу құсқа ұсап кетіпті. Қыз тағы күлді. − Күміс көл... Аққу құс... қандай əдемі сөздер... Сірə, сіз ақын боларсыз? − Жоқ - деді жігіт, − мен архитектормын. Қыз кенет жалт қарады. Бұл жолы оның көзінде қуанышты ұшқын пайда болды. − Ал мен политехника институтының архитектуралық факультетінің студенткасымын,- деді. − Биыл түстім... Еркебұлан мен Жұлдыз алғаш рет осылай танысқан. Көне гректің əйгілі мүсіншісі Пигмалион ақ мəрмəрдан өзі жасаған əйелдің керемет əдемі кішкентай мүсініне өмір бойы ғашық болып өтіпті. Жаны жоқ, жүрегі жоқ тас мүсінге де соншама неге құмартты? Қандай күш оны жансыз тас денеге ынтықтырды? Көне гректердің айтуынша Пигмалионды ғашық еткен өзі жасаған əйел денесінің ғажайып көркемдігі екен. Сұлулық əрқашанда адамның жүрегінде қуаныш тудырады. Ал Жұлдыздың сұлулығы Еркебұланның кеудесін бір орасан сезімге бөлетті. Ол сезім -махаббат қуанышы, махаббат мейрамы еді. Жігіттің осы отты сезімі жанын балқытып жібергендей, Жұлдыз да Еркебұлан десе өзін-өзі ұстап тұра алмады, бір күн көре алмаса, өлердей сағынып, Еркебұлан келетін жаққа əлсін-əлсін қараумен болды. Ромео мен Джульеттадай екеуі қоңыр салқын айлы түнде, сыр-жұмбаққа бөленген қалың бау-бақшаның арасында кездесті. Алтын ай емен түбінде құшақтаса қалған қыз бен жігітке қалың бұтағының арасынан қарап тұрды. Шіркін, алғашқы махаббат, алғашқы сүйісу, алғашқы қуаныш қандай ыстық едің! Құшақтасқан қыз бен жігіт, дəл қазір жүректерінің жалынымен бірін-бірі балқытып, күйдіріп, біржолата өртеп жіберердей еді...
− Ту, көзім қарауытып кетті ғой,- деді əлден уақытта қыз... − Онда көзіңе жарық берейін. Еркебұлан қыздың енді көзінен, бетінен, мойнынан аймалай сүйді. Жігіттің құшағына бұрала кіріп кеткен Жұлдыз əлден уақытта тағы: − Осылай тұрып, қуанышыма шыдай алмай өліп кетсем қайтер едің? - деді. − Сенен қалып мен өмір сүре алмас едім, мен де өлер едім,- деді жігіт. Қыз еркелей күлді. − Онда... біздің махаббатымыз да өледі ғой. − Неге? Ол өлмейді. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу дүниеден өткелі қашан. Бірақ махаббаттары əлі тірі емес пе? Қыз кенет жүдей қалғандай болды. − Əрине, тірі. Бірақ олардың махаббаты - өзінің жан ауыртар қайғысымен тірі ғой. − Ал біздің махаббатымыз өзінің мəңгі өлмес қуанышымен тірі болады! Сол сəтте Еркебұланның есіне əкесінің жас кезінде жазған бір өлеңі түсті. Гүл көктемі əр бір түні, əр таңы: Адам деген бұл ғұмырдың мейманы. Дүниеде бақытты жоқ оған тең Таусылмаса лəззат атты мейрамы, Қайғы бұлты, маған енді төнбеші, Төне қалса, жаным, оған көнбеші, Махаббатым, құдіретті күнімсің, Сөнбеші сен, сөнбеші сен, сөнбеші!
Еркебұлан да өзінің бүгінгі махаббатын, жанын өртеген Жұлдыздың лəззат отын, осы бүкіл əлемге жарық беріп тұрған күнге теңеген. Оның мəңгі сөнбесін тілеген. Дəл осы мезетте ол дүниедегі ең бақытты адам еді. Жоқ, жалғыз ғана Еркебұлан емес, Жұлдыз екеуі де шын бақытты жандар болатын. Бұлардың махаббаты да Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббатындай таза, ыстық, мəңгілік еді. Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай бұл екеуі де шын ғашық еді, жан қиярлық ғашық еді. Тек бұлардың махаббаты өзінің мəңгілік қуанышымен, бұлтсыз ашық шаттығымен артық еді. Еркебұлан мен Жұлдыздың махаббатына кедергі болар, оларды айырар күш жоқ қой. Өйткен күнде, махаббаттары да өз бетімен маздана жана беретін желсіз күндегі оттай, қобалжусыз, үрейленусіз қуаныш құшағында өте бермей ме? Жоқ, олай болмады. Жел де тұрды, дауыл да соқты. Лаулап жанған махаббат жалыны сан құбылды. Біресе жер бауырлай құлады. Біресе қайтадан лапылдады, сөнбеймін деп жан таласты. Күтпеген сұрапыл мынадан басталды. Жұлдызбен кездесіп мəз-мейрам боп келген Еркебұлан бір күні шешесі Қырмызыға: − Апа, мен сені бір қызбен таныстырайын деп едім,- деді. Шешесінің жүзі құлпырып кетті. − Таныстыр, қалқам,- деді ол, сөйдеді де баласына күлімдей қарады. − Ол кім? Қалыңдығың ба? − Иə, апа... − Құтты болсын, құлыным. − Шешесі де қуанып қалған. Сөйтсе де ол қыздың кім екенін білгісі келіп кетті, − қалыңдығың қай жақтікі... Осы Алматыныкі ме? Əке-шешесі бар ма? Аты кім?.. − Аты Жұлдыз... Əкесінің аты Қаражан. Əке-шешесі жоқ. Əкесі былтыр қайтыс болыпты. Шешесінен тіпті жас кезінде айрылыпты... Өзі институтқа биыл Новосибирск жағынан келіп түсіпті... Шешесі əлденеге елең ете қалды.
− Əкесінің аты кім дедің? − Қаражан... − Новосибирск жағынан келіпті дейсің бе? − Иə. Оны неге сұрадың? − Жай, əшейін... Сонау бір мүлдем ұмытылуға айналған оқиға кенет есіне түсіп кетті. − «Қаражан... Новосибирск... Но, Қаражанды ұзын құлақ сол жаққа қашып кетті деп еді ғой». Қырмызы үндей алмай ұзақ отырды. Еркебұлан шешесінің қылығына сəл таң қалса да: − Əкелейін бе, апа, үйге? - деп қайтадан сұрады. Кенет өткен күн қайғысы басып кеткен шешесі жауап берудің орнына: − Қызың əдемі ме?- деп сұрады баласынан. − Əдемі, əдемі! - деді баласы, сосын мақтанғандай, шешесінің қабырғада ілулі тұрған үлкейтілген жас кезінде түсірілген фото суретіне қарады. − Жаңа ғана байқадым ғой, тіпті өзіңе ұқсастығы бар ма, қалай... Жұлдыздың пішінінде аздаған Еркебұланның шешесіне ұқсастығы болатын, əсіресе көзі Қырмызының көзіндей бір түрлі мұңлы еді... − Шақыр, құлыным,- деді сыбырлай сөйлеп. − Шақыр, тезірек шақыр. Еркебұлан шешесінің құбылып отырғанына мəн берген жоқ, оның «Тезірек шақыр»,-дегеніне іштей қуанып қалды. Қандай ана баласының үйленем дегеніне мəз болмаған. Еркебұлан да шешесінің кенет мұндай əбігерлене қалғанын соған жорыған. Сазды жерге біткен жас талдай, жана құлпыра бастаған Жұлдызды көргенде, Қырмызы өзінің жас өспірім шағымен кездескендей болды. Түрі де ұқсас па, қалай, бойы да... Мінезі де өзінің жас кезіндегісіндей... ұяң секілді. Тіпті күлген күлкісі де, жүріс-тұрысы да өзіне таныс тəрізденді. Жоқ, дегенмен бұл өзі емес. Сонда бұл кімге ұқсаған? Япырмау, дəл осы Жұлдыз тəрізді кімді көрді? Мұны кімге шырамытып отыр? Осы Базаргүл қандай еді?.. Стол басына қатарласа
жайласқан Еркебұланы мен Жұлдызға шай құйып отырып, қызға көзінің астыменен ұрланып қараумен болды. Ана жүрегі сезімтал жүрек қой. Қырмызы кенет өзінің өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанышты сезінді. «Бұл қалай? - деді ол өзіне-өзі, жүрегім жалғызымның теңін тапқанына қуанып отыр ма? Əлде... əлде... Көңілі кенет бұлқан-талқан бола қалды. Сөйтсе де ол өн бойын билеп кеткен толқынын басып, қыздан күпті ойына жауап берердей əлденелерді білмек болды. − Қалқам, əке-шешең қайда тұрады? - деді ол бірдемеден үміттенгендей. − Əкем былтыр қайтыс болған. Новосибирск маңына Қазақстаннан барған екен. Өлер алдында əкем шешемнің осы жақта қалғанын айтқан. Кенет Қырмызы «Шешеңнің аты кім деп еді?»- деп сұрамақшы болды. Бірақ жанындағы қызға шөлдей қараған баласына көзі түсіп кетіп, сұрамады. Сұрай қалса, Жұлдыздан өз атын естуі мүмкін ғой. Қырмызы қызға енді бөтен жақтан келмек болды. − Қалқам, көктемдегі қызғалдақтай сүйкімді екенсің, əкеңе тартып туғансың ба, əлде шешеңе ме?- деді өзін-өзі зорлай өзі тартып. − Оны неге сұрадыңыз? - деді қыз кенет. − Жай, əшейін... «Əкеге тартып ұл, шешеге тартып қыз тумас» дейді ғой қазақ. Сенің түр-келбетіңе қарап, əкесі қандай көрікті кісі болды екен деп ойлап едім... − Олай ойласаңыз, қателесесіз,- деді қыз жымия езу тартып,- əкем көрікті кісі емес еді. Ол маған шешеңе тартып туғансың дейтін үнемі... Сол үшін де сені өте жақсы көремін дейтін ол кейде... Бірақ қыз шешесінің атын тағы атаған жоқ. Қырмызы бұдан артық ештеңе сұрамады. Тек ол енді əлсін-əлсін қыздың сол білегіне қарай берді. Өзі қыз етпек боп, бауырына салған, бірақ ұрлатып алған кішкентай сəбиінің білегінде мынау алтын баулы сағаты тағулы тұрған тұсында меңі болатын. Содан бері бəлен жыл өтсе де, сол үшті- күйлі жоғалып кеткен бөбегі де, оның білегіндегі меңі де есінен шықпаған. Қалай есінен шықсын, осы күнге дейін со бір əп-əдемі нəресте көз алдынан бір кетпейтін... Тіпті сол сəбидің күйігі бұның жүрегіне бітпес кесел боп жабысқан. Қазір міне сондағы мең: есіне тағы түсті. Бір ретте «Қалқам, сағатыңды берші, бір əдемі дүние екен?» - деп, сұрап алып, қыздың білегіне қарауды да ойлады. Егер меңі болса онда əрине... Жоқ, жоқ оған батылы бармады. Бірақ бойын
билеп кеткен қайдағы жоқ қобалжу, өкіну, қуану тəрізді кенет бұған жабыса қалған ойлардан басы қатты ауырып кетіп: «Шайды өздерің ішіңдер, менің сақинам ұстай бастады-ау деймін, басым əкетіп барады»,- деп өз бөлмесіне шығуға ыңғайланды. Əйтсе де қызға мұңлы жүзбен күле қарап: − Қалқам, үйге келіп жүр,- деді, кетіп бара жатып. Қыз бен жігіт үйден шығып, екі-үш кеше өтіп, Чайковский көшесіне бұрылғанда ғана, əлденеге бір шаттанып, бір мұңайып келе жатқан Жұлдыз кенет Еркебұланнан: − Анаңның атын кім дедің? - деп сұрады. − Қырмызы... Əрине. Жұлдызын Қырмызының қызы деп сенген Қаражан, өлер алдында да шешең деп Жұлдызға тек Қырмызының ғана атын атаған. Жұлдыз кілт тоқтай қалды да, өзін-өзі зорлағандай аяғын сылбыр басып қайтадан жүріп кетті. «Иə, иə, Қырмызы». Еркебұлан бағана үйге кіріп шешесімен таныстырғанда, шешесінің атын айтқан. Бірақ сүйген жігітінің анасымен кездесу үстінде көңілі толқып кеткен Жұлдыз, бұл атты шала естіген. Ал қазір?.. Жоқ, жоқ Жұлдыз, əкесі қанша сыбырлай сөйлесе де, «Қырмызы» деген атты бұл анық естіген. Жəне тұңғыш естіген анасының атын жүрегіне мəңгі сақтап қалған. Бірақ бағана Еркебұлан қабырғада ілулі тұрған Тың өлкесіне кеткен əкесінің суретін көрсеткенде: «Бұл менің əкем. Əкем мен шешемнің мен тұңғышымын да, жалғызымын да, менен бөтен бұлар бала көрген жоқ»,-деген. Сонда қалай болғаны? Жұлдыздың əкесі Қаражан өлер алдында: «Сен Қырмызының жалғыз қызысың... Сенен кейін ол бала тапса өзі біледі. Ал сені мен ұрлап əкеткенімде, оның ерге шыққанына екі жылға таяп қалған»,- деген жоқ па еді? Ал Еркебұлан болса менен екі жас үлкен. Жоқ, жоқ. Еркебұланның анасы менің анам емес. Аты ұқсас болуы жай, кездейсоқ жайт. Аты, тіпті түрі де ұқсайтын дүниеде адам аз ба?.. Лəйім солай болғай да...» Емшегін еміп, кішкентайынан бауырында жатып қызығын көрмеген анаға деген махаббаттан,. жанындай жақсы көріп қалған сүйген жігітіне деген махаббаты Жұлдызды жеңді. Ол енді шын жүректен Қырмызының бөтен əйел болып шығуын тіледі. Бірақ жүрегіне біздей қадалған бір шаншу ой Жұлдызға: «Ол сенің анаң! Сенің анаң! Ал сенің анаң бола қалса не істейсің?» - деп, мазасын əкетіп барады. Шешімін таба алмай, екі оттың ортасында жаны алай- түлей боп күйген Жұлдыз үн-түнсіз келе жатып, əрі-беріден кейін:
«Ертең лекцияға ерте тұруым керек еді, бүгін тіпті шаршадым»,- деп, Еркебұланмен жай, сыпайы қоштасып кетіп қалды. Үнемі сүйісіп айрылатын Еркебұлан Жұлдыздың кенет жүдей қалғанына таңдана кейін бұрылды. Ол бұл минутта Жұлдыз бен шешесі Қырмызының қандай азап отына өртене бастағанын білген жоқ еді. Бірақ бұның да шат көңілін кенет бір белгісіз қайғы басқандай болды. Жоқ, қайғы емес, Еркебұлан өзіне бір күтпеген қауіптің жақындап келе жатқанын сезінді. Сол сезім Еркебұланды күні бұрын қобалжыта түсті. Дауыл тұрмаса да, оның келе жатқанын сезетін қарлығаштай Еркебұланның жүрегі əлсін-əлсін ойнақши берді. Бұл тұста «Ардагерлер сарайының» бəйгесіне қатысушы жас сəулетшілер қызу жұмыс үстінде еді. Көңіл күйі осы бір кезде көкке жетердей боп шарықтаған Еркебұлан да өз жобасын үлкен шабыт үстінде жасаған. Ол болашақ «Ардагерлер үйін» Алматының күнгей батыс жағындағы тау етегіне орналастырған Еркебұлан қала негізінде осы күнгі Алматының Батыс-теріскей жағына қарай жайылатынына шек келтірмеген. Ал сарай салынатын жер қала үстінен биіктеу тұрған. Сондықтан төмендегі Алматы тұрғындарына жоғарыдағы сарай салауатты, еңселі көрінуге тиісті. Оның үстіне Еркебұлан Ленинградтағы Исаак соборы тəрізді бұл сарайдың геометриялық болмысын таба білген. Жанынан қарасаң мығым, тақа биік емес, бірақ геометриялық (əсіресе текшелік) формасын таба алған сайын үлкейе, биіктене түсетін. Сарайдың тұратын жерінің ерекшелігін архитектор дұрыс пайдалана білген. Жəне геометриялық (əсіресе текшелік) формасын таба алғандықтан, жобаның өзінде-ақ сарай ғажайып боп көрінген. Жан-жағын жасыл орман қоршаған. Ал сол жасыл орман əлемінің ортасымен аппақ мəрмəр баспалдақтар сарай тұрған қырқаның үстіне шығарады. Баспалдақтың біткен жеріндегі алаңда ақ боз үй тəрізденіп, керемет сұлу сарай тұр. Тағы бір ғажабы алыстан киіз үй сияқты боп көрінген, ал шынында сарай трапеция формасымен салынбақшы еді. Ұзын жағы тауға, күнгей-шығысқа қараған, қысқа жағы тікелей батыс-терістікке қарсы келген. Трапецияның бір бүйірі - күнгей-батыска, екінші бүйірі - теріскей тұсқа дəлденген. Осылай етіп орнатылған сарайдың, яғни күнгей- батыс, батыс-теріскей жəне теріскей тұстары бірімен-бірі сынық сызық болып жалғасқанмен, алыстан алдыңғы жəне бұрыш жақтарынан кигіз үй тəрізденіп дөңгеленіп көрінетін. Жəне төбесі де Ленин атындағы сарайдай пагода тəрізді қалпақты етіліп көмкерілмей, орта тұсына үлкен күмбез орнатылып, ал сол күмбезді орай трапецияның төбесін ақ түсті əшекейлі темір тормен қоршаған. Күмбез бен темір шарбақтың арасы кең алаң. Бұл жер - сарайға келген
адамдардың бүкіл қаланың үстінен қарайтын, серуендейтін, дем алатын орны. Ал осылай тұрғызылған сарайдың іш жағына келсек, бос қалған бір де бір текше метр қуыс жоқ, барлық жер тегіс пайдаланылған. Тіпті күмбездің іші де бильярд ойнайтын бөлмеге айналдырылған. Сарайда концерт тыңдайтын, спектакль қоятын, кино көрсететін залдардан басқа кең фойе бар, ресторан, түрлі кавинеттер, аудиториялар бар. Бəрі келісімді, бəрі дұрыс есептелген. Терезелері қоршай орнатылғандықтан (тіпті тауға қараған жағында да қат-қабат терезелер), күннің шығуы мен батуына дейін іші үнемі жап-жарық болып тұрады. Көптігіне қарамай, бөлме біткеннің бəрі биік, кең жəне Еркебұланның өзіне ғана аян əдіспен залдардың құр сəнді-салтанатты болуы ғана емес, сахнадағы əрбір сыбыр залдың ең артқы бұрышына дейін жақсы естілетін етіп жобаланған. Қысқасы, Еркебұланның бұл жобасы кімнің болса да көңіліне қонатын, кімді болса риза ететін, қуантатын жоба еді. Тек жұмсалатын заттар қандай болуы керек деген сұраққа жауап беру қалған. Егер жобасы қабылданса, ар жағында сарайдың жалпы техникалық есеп-қисабы, кейбір бөлшектердің жеке сызу-сызығы, шығатын қаражаттың, жұмсалатын заттардың бағасы, құны тəрізді нақтылы жұмыстарын қағазға түсірулері керек. Жүлде алған жобаның бұндай бар жұмыстарын уəде бойынша конкурсқа қатынасқан жас сəулетшілер өздері істеуге тиісті. Еркебұлан Жұлдызды шығарып салып, тағы да жобасының ондай- мұндайын қарамақ боп үйіне келді. Күн батып қалған кез еді. Чайковский көшесінен бұрылған шақта- ақ өзінің бөлмесінің шамы жанып тұрғанын көрді. «Көкем келіп қалды ма екен, əлде апам тұрып менің бөлмемнен бірдемесін іздеп жүр ме?» - деп, Еркебұлан енді асыға жүрді. Жайшылықта бұның бөлмесіне ешкім де кірмейтін. Əлдеқалай, əкесі не шешесі кірсе, онда да асқа шақыруға, не бірдеме сұрауға ғана кіретін. Жалпы Еркебұлан өз бөлмесін өзі қарайтын. Бөлмесіндегі киім-кешегін, төсек-орнын, сызу-жазу столдарын, кітап-қағаздарын жинақы ұстау,- бəрі өз міндеті еді. Тіпті бөлмесін өзі сыпыратын, өзі тазалайтын. Ол бұл жұмыстарға жастайынан-ақ үйренген. Сыртқы есікті өз кілтімен ашып, аяқ киімін коридорға тастады да, жұмсақ тапочкасын киіп, шешесінің бөлмесіне кірді. Анасы əлі диван үстінде жатыр екен. − Апа, басын қатты ауыра ма?- деді Еркебұлан шешесіне таяп. − Дəрі ішесің бе?
− Жоқ, қалқам. Қазір басылайын деді. Өз бөлмеңе бар. Сені Қайназар күтіп отыр. Қырмызы Қайназарды баласының жан жолдасы деп өзге жолдастарынан жақсы көретін. Жəне жақын санайтын. Сол себептен де Қайназар қай уақытта келсе де, Еркебұланның бөлмесіне кіргізе беретін. Баласының өзі жолдасына өйтпейтін. «Бұл жолы да апам сол əдетіне салған екен»,- деп ойлады Еркебұлан ішінен. Қайназардың келгеніне Еркебұлан да қуанып қалды. Іске кіріскелі, жұмыста болмаса бұл екеуі тақа жиі кездесе қоймайтын. Əркім өз жобасымен əуре болып, тіпті бірге кино, театрға баруға да уақыттары жетпейтін. Оның үстіне Қайназардың Еркебұланға келгіштей бергісі келмейтін де себебі жоқ емес-ті. Ерте үйленді демесең, бұ да жас қой, бұның да лəззат күтіп мазасызданған көңілі бар ғой, сондықтан бұл да Жұлдыз деген гүлді бір көргеннен ұнатып қалған. Əйелі, баласы болғандықтан, бұның жақсы көруі басқаша еді. Құмарлық та адамды отқа сала білген. Əйткенмен қыз жүрегі жан жолдасына мүлдем ауып кеткенін түсініп, өз сезімін өзі басуға тырысқан. Жоқ, лəззат атты сезім асау ат тəрізді, оны оңай ауыздықтай алмайсың. Қайназар да қызға деген көңілін мүлдем баса алмаған, бірақ Жұлдызға құмарту бұл арада буынсыз жерге пышақ салу екенін түсініп, өзіне-өзі тоқтау айтқан. Берік қынабы болмаса құмарлық та өткір қанжар тəрізді, абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсері даусыз. Сол себептен де Қайназар Жұлдызды неғұрлым көрмесем, соғұрлым жүрек оты тез басылар деп ойлаған. Əрине, Жұлдызды көрмеу деген сөз - Еркебұланды көрмеу деген сөз. Ал Еркебұлан мен Жұлдыздың кездеспейтін, бірге серуендемейтін кеші жоқ. Соңғы кезде жолдасын Қайназардың жиі кездестірмейтін бір себебі - осында еді. Əрине, Жұлдыз Қайназардың өзіне деген ыстық сезімін аздап аңғарғанмен де, Еркебұлан бұдан бейхабар болатын. Көптен бері көрмеген жолдасын ол шын сағынып қалған екен, стол үстінде, еденде жайылып жатқан өзінің сызық-жобаларын қарап тұрған Қайназарды еркелей келіп, арт жағынан құшақтай алды. Анау селк етті. − Ту, шошып кеттім ғой. Еркебұлан оны сол құшақтаған қалпында екі-үш шыр көбелек айналдырды да, жерге қойды. − Тіпті көрінбей кеттің ғой,- деді Еркебұлан. − Дала! - деді Қайназар мұңая сөйлеп. Ерні күлгендей болғанмен, көзі күлмеді.
− Өзің бір түрлі солғынсың ғой, бір жерін ауырып жүр ме? - деді Еркебұлан жолдасының жүзіне үңіле қарап. − Ауырып жүргенім рас... − Қай жерің ауырады? − Жүрегім... − Жүрегім! - Еркебұлан күлді. − Онда түсініксіз. «Ғашықтық деген қасірет. Ақылыңды билеп əкетер: Арылар сенен со бір дерт. Сүйсе сені о да егер»,- деді Еркебұлан бір нашарлау ақынның өлеңін тақпақтап. − Саған да əлгі ақын айтқандай, жүрегін ауырып жүрсе, ол ғашықтықтың қасіреті дер едім, бірақ сенің жаныңдай сүйген жарың бар ғой... Қайназар қолын бір-ақ сілтеді. − Қайдағы бізге ғашықтық? Қотыр тайлаққа кілем жабу жараспайды. Одан да мына сенің жобаң жайында сөйлесейік. «Мейлің!» дегендей Еркебұлан əлденені ойлап, сəл үндемей отырды. Сосын барып баяу қозғалып, өзінің қағаздарына қарады. − Иə, қалай екен? − Жақсы ғой,- деді Қайназар,- əдеттегідей, тағы бізді жерге отырғызып кететін түрің бар. Жалпы сен жүрген жерде бізге қиын- ақ... Еркебұлан жолдасына таңдана қарады. Қайназардың сөзі оған «сен барда, біздің жеріміз тар» дегендей боп естілді. Бұрын жолдасы мұндай сөз айтпайтын. Ал бұл жолы... − Неге олай дейсің? - деді Еркебұлан сəл қабағын шытып. − Əлде мен біреуіңнің жолында тұрдым ба, не қиянат істедім бе? Конкурсқа бəріміз де қатыспақ болдық. Мен де қатынаспақпын. Əлі жұмыс біткеннің бəрін көрген жоқпыз ғой. Менікінен артықтары да аз емес шығар. Мүмкін сенің жобаң асып түсер. Күні бұрын неге ренжи қалдың? Қайназар абайсызда аузынан шығып кеткен сөздің жолдасына шын қиын тигенін енді ұқты. Жұлдызға қолы жетпейтінін білетін Қайназар, жолдасының қағаздағы «Ардагерлер сарайының» жобасын көргенде, Еркебұланның тағы бұдан асып түскенін түсінген. Өзінің жолдасынан əр салада-ақ кем жатқаны жанына батып кеткен. «Шіркін-ай, осындай ой маған неге келмеді?»- деген ол өзіне-өзі
ренжіп. Сонда не бұл? Творчестволық қызғаншақтық па? Əлде Еркебұландікіндей дарынының жоқтығының өкініші ме? Не жолдасының өзінен артықтығын түсінуден туған қынжылуы ма? Мұндай сезімдер əркімдерде-ақ тууы мүмкін. Əсіресе творчество адамдарында. Тек осы бір өзіңнің дарыныңның төмендігін сезіну күншілдікке айналмасын де. Егер сондай сезінуден жаман ой туар болса, ол, əрине, жақсылыққа апармайды. Ал творчестволық қызғаншақтық, егер адам шын дарын иесі болса, оны осы бір қызғаншақтық тудырған дүниедей дүние жасауға сілтейді. Адам сол творчестволық қызғаншақтық отына күйеді, бірақ қызығына батады; алға ұмтылады, жанын жай тапқызатындай туынды беруге барын салады. Қайназар əлгі сөздің қалай аузынан шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Егер жүрегінің түбінде күншілдік не қызғаншақтық деген жылан бұйығып жатып, əлгі əзірде басын көтерген болса, онда тезірек одан құтылуы керек. Ал құтылмаса, ол жылан күннен-күнге үлкейе келіп бір күні болмаса бір күні өзін шағады. «Күншілдіктің күні тар» деп қазақ бекер айтпаса керек. Қайназар енді өз сөзінен өзі тезірек ақталғысы келді. − Қойшы, қайдағы жоқты айтпай,- деді ол. − Сен жүрген жерде бізге қиын десем, сенің дарыныңның артықтығын айтқаным. Расында да, сенімен бəсекеге түсіп жүрген біз ақымақпыз. Ешкімде де сенікінен артық жоба жоқ. Бірінші жүлдені алдым дей бер! − Сосын кенет ол орнынан түрегелді, − Жə, жобаң туралы соңынан сөйлесерміз. Ал қазір жүр, кафеге барайық, бір жағынан сенің мына сəтті жобаңды күні бұрын жуайық, екінші жағынан... − Ол сəл тоқтап қалды да, қайтадан сөйледі. − Бүгін мен сондай көңілсізбін... бірер рюмка шарап ішіп, көңіл көтерейік. Ертеңіне Еркебұлан жұмысқа кеткен кезде, бұлардың үйіне Жұлдыз келді. Бір түннің ішінде кірпігі кіртиіп, өңі солып қалған. Түнімен ұйықтамағаны көрініп тұр. Үйде Қырмызы жалғыз еді. Бұ да түнімен көз іліндірмей шыққан. Үйінің ондай-мұндай заттарын жинап, қазір тағы ойға беріліп, босағада сүйеніп тұрған. «Егер Жұлдыз менің сондағы сəбиім болса, кеше қалай сезбеді? Сезуі керек еді ғой?» Дəл осы сəтте есік қоңырауы шылдырлай жөнелді. Ана жүрегі бұлжытпай Таныды. «Сол! Сол!» Келген Жұлдыз екеніне сенгені соншалық, жайшылықтағы «Кімсің?» дейтін сұрақты да ұмытып кетті. Қолы дірілдеп кеткен Қырмызы тиекті босатып сəл шегініп: − Кіріңіз,- деді.
Есік ашылды. Жарық дəлізде, табалдырықты аттай алмай Жұлдыз тұр. Екеуі бір-біріне қарап қалған. Қырмызы енді түсінді. «Япырмай, айнымаған Базаргүл ғой. Тек қас-қабағы ғана поезд басып кеткен əкесіне ұқсаған!» Қырмызының кенет буыны босап кетті. Бұдан əрі ол шыдай алмады. − Айналайын-ай, бар екенсің ғой!- деп құшағын жайып, аңырай қарсы жүрді. Көзінен жасы моншақтаған Жұлдыз тек: − Мама!- деп қана үлгірді. Осыдан он сегіз жыл бұрын айрылған Қырмызы мен Жұлдыз енді ағыл-тегіл жылап құшақтасып, аймалап сүйісті. Əйтсе де, тіпті күдіксіз болайын деді ме, Қырмызы қызының бүгін сағатсыз білегіне қарап өзіне аян екі тиындықтың көлеміндей меңді көрді. Енді бұрынғыдан бетер оның көзінен жасы ытқып-ытқып кетті. Мəз-мейрам боп бой жетіп қалған Жұлдызды сол кездегі жас бөбегіндей баурына басты. Əлсін-əлсін қысты. Мейірі қанғанша сүйді. Əттең, не керек, Жұлдыздың өзінің қызы емес екеніне жəне Еркебұланды өзі таппағанын осы қуаныштың үстінде ол айта алмады. Соңынан айтпақ болды. Əсіресе кішкентайынан бауырына басқан жалғыз ұлын «Менің балам емес»,- деуге аузы бармады. Асығатын да, өзін де, Еркебұланын да аяды. Шынында да Еркебұланды «Менің балам емес»,- деу оның ойына дəл қазір кірген де жоқ еді. Бірақ Қырмызының бір рет «Сенің қайғыңнан мені құлыным Еркебұланым ғана арылтты»,- деген сөзіне қарап, Жұлдыз енді Еркебұланы өзінің ағасы екеніне шек келтірмеді. Жəне осы бір қуанышты болса да қайғылы, қайғылы болса да қуанышты кезінде ештеңені анықтауды ойламады. Бəрі де өзінен-өзі түсінікті секілді боп көрінді оған. Көңілі кенет бұлқан-талқан бола қалған Жұлдыз бұдан əрі тұра алмады, жүрегін бір ұят өртеп бара жатқандай, екі бетін басып үйден асыға шығып кетті. Əттең, не керек, екеуі бұдан əрі əңгімелесіп барлық шындықты түсініспеді. Ал ол түсініспеген күңгірт жағдай бұларды бұдан да ауыр күйге апарып соқтырарын екеуі де білмеді. Ал туған анасын тапқан қуанышы, сонымен қатар жүрегін күйдірген махаббатының өкініші, ұяты, азабы Жұлдыздың жанын қоярға жер тапқыздырмай, түні бойы көзі ілінбей шықты. Ертеңіне түс кезінде жүгін көтеріп вокзалға келді. Поезы жүргелі тұрғанында, ол автоматтан Еркебұланның үйіне телефон соқты.
Телефон трубкасын Қырмызы алды. − Мама, бұл сізсіз бе?- деді Жұлдыз. Қырмызы Жұлдыздың даусын бірден таныды. Жəне «Мама» деген сөзі жүрегін жылытып жіберді. − Иə, қалқам, менмін ғой. − Мама, кешіріңіз, бірақ менің сөзімді мықтап тыңдап алыңыз,- деді ол əзер-əзер сөйлеп даусы жасқа булыға. − Мама, мен тапқан қуанышымды қайта жоғалттым. Еркебұлан екеуміз қосылмақшы едік. Енді міне қара бет болып, өз күнəмнан өзім арылғалы алыс жаққа кетіп барамын. Көп кешікпей жүремін, − кенет ол солқылдап жылап қоя берді. − Қош! Қош! Қош болыңыздар! − Сөйтті де телефон трубкасын іле салды. «Тық, тық» ұрған телефон трубкасына «Жұлдызым! Жұлдызым! Тұра тұршы. Тыңдашы!» деп, шешесі қызымен сөйлеспек боп абыржи қалды да, оның телефон трубкасын іліп тастағанын біліп, өкпесі аузына тығыла алқына, дереу такси шақырды. Бір сұмдыққа ұшырағанын жүрегі сезді. Таксимен дереу ең алдыменен Екінші Алматыға, сосын Бірінші Алматыға барды. Еш жерден Жұлдызды таба алмады. Осы бір сағаттың ішінде Жұлдыздың батысқа, шығысқа, оңтүстікке, солтүстікке жүрген төрт поездың қайсысына мініп кеткенін біле алмай, екі сағаттан кейін дел-сал боп үйіне қайтты. Біреуге бірдеме деуге аузы бармай, диванға сылқ құлады, өкіріп жылап қоя берді. Сол күні Жұлдыздың жатақханасына барған Еркебұлан да сүйген қызын таба алмады. Тек дел-сал боп үйіне қайтып келе жатқанында оған кездескен Жұлдызбен бірге жататын бір орыс қызынан өзі туғалы ең алғашқы суық хабарды естіді. − Она уехала насовсем из Алма-Аты с другом, которого раньше любила,- деді қыз. − Он только вчера вернулся из армии. − Куда уехала?! - деді суық хабарға əлі де жете түсінбей Еркебұлан. − Не знаю,- деді қыз. Қыздың Жұлдыздың бұған айт деген сөзін қайталап тұрғанын Еркебұлан білген жоқ. Екі иінінен су кетіп, кенет соқыр болған адамдай жарық дүние көзіне көрінбей, ол үйіне қайтты. Сол күннен бастап Еркебұлан іше бастады.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ Адамның көп қасиеті мінезімен байланысты. Егер кісі асқан дарынды, не ғаламат өнер иесі болып келіп, мінезі өзгеге дегенде тар, не кекшіл, күншіл жаратылса, бұл бір орасан қырсық. Мұндай адамның халыққа деген жақсылығын кейде мінезінің жамандығы жеңіп кететін кездері болады. Еркебұлан қанша биязы мінезді, кең көңілді, жомарт жанды болғанменен, оның мінез-құлқының бір кемістігі бар-ды. Бірақ бұны тіпті жамандыққа санауға болмас. Əйтсе де оны ескерген жөн шығар. Еркебұланның бар айыбы, бір нəрсеге берілсе, тоқтау білмейтін, сол нəрсеге жан-тəнімен берілетін. Əрине, бұл оның кемістігі. Творчестволық іздену тəрізді игілікті істерде болса бір сəрі ғой, оны тіпті жақсылыққа жатқызар едік. Ал арақ-шарапқа əуестену, не карта, тағы сондай керексіз ойындарға берілу тəрізді жексұрын əдеттерге келгенде - бұл жаман қасиет еді. Əсіресе, Еркебұлан тəрізді, қызығымпаз адамға, орысша айтқанда «увлекающая натураға», керексіз нəрсеге беріліп, дер кезінде тоқтамау - нағыз трагедия болатын. Шүу дегенде Жұлдыздың күйігі шыдаттырмай іштірсе, енді ол əрі- беріден кейін араққа тіпті салынып алды. Бұған жолдас-жоралары да жəрдемдесті. Əсіресе Еркебұланның мұндай мінезін білетін Қайназар оғаш «Тоқта, ішуді қой»,- демеді. Жолдасын мүддем маскүнем еткізгісі келгендей, Еркебұланды қайдағы жоқ ішкіш жастармен таныстырды. Солардың қауымына кіріп кеткен Еркебұлан, енді жобасын да ұмытты, Жұлдызды да аузына алуды қойды. Бір-екі айдың ішінде «Бүгін арақты қайдан тауып ішем»,- деп, ойлайтын күйге жетті. Енді оған кім арақ берсе, сол шын жақсы жолдас көрінетін болды. Əрине, бұл жолдастарының ішінде сол бұрынғы қалпындағыдай Қайназар ерекше орын алатын. Ол əрқашанда Еркебұланды ұмытқан емес. Қай уақытта оның басы қатты ауырады, не істесе жазылады, бəрін біледі. Тек Қайназардың білмейтіні: «Жұлдыз бен Еркебұлан екеуінің арасында не болды?» Сол ғана. Ал Еркебұлан мас кезінде де Жұлдыз жайында еш сырын ашпады. Қайназар ма, əлде басқа жолдастары отыр ма, ол өзгесін қойғанда, тіпті Жұлдыздың атын да атамады. Мүлдем, ондай қызды жақсы көрмек түгіл, білмейтін тəрізденді. Ал шынына келсек, ол араққа қанша салынса да, Жұлдызды бір секунд, бір минут ұмытып көрген емес. Жұлдыз деген махаббат енді оның жазылмас кеселіне айналған. Тіпті кейде Еркебұлан арақ-шарап буымен балқып, қиялымен Жұлдызды көз алдына елестететін болды. Онымен күбірлеп, сырласуды шығарды. Енді араққа осындай тəтті қиялдарға берілу
үшін, Жұлдыз деген тəтті тілегімен сырласу үшін ішетін болды. Неғұрлым арақты көп ішсе, соғұрлым Жұлдызды əлсін-əлсін көз алдына елестететін күйге жетті. Осылай ой, қиял орманына кіріп кеткен Еркебұлан ішкен арақтың əсерімен енді Жұлдыз деп шатаса бастады. Еркебұланның күннен-күнге құрып бара жатқанын жолдастары да, Қайназар да көріп жүрді. Бірақ бір де бірі «Сен бұзылып барасың, ішуді қой»,- демеді. Арақ пен Еркебұланның арасына ешқайсысы араша түспеді. Əсіресе жан жолдасы Қайназардың қылығы түсініксіз еді. Бұрын да, Мəскеуде оқып жүргендерінде Еркебұлан кейде ішетін. Тіпті ондай жағдай кейде бір жетіге де созылатын. Еркебұлан өзінің əр нəрсеге қызығымпаз, ергіш мінезін жеңе алмай қалатын. Мұндай жағдайда Қайназар оған: «Мұныңды қой, əйтпесе əкеңе хат жазамын»,- деп қорқытатын. Алдында келе жатка сессиядан жасқанып, не Қайназар əке-шешеме менің арақ ішіп жүргенімді хабарлап қояр деп, Еркебұлан бірден қоятын. Қайназар Еркебұлан қылығының барометрі тəрізді еді. Егер ол ұрысса, не жанжалдасса, өзінің бұрыс жүре бастағанын бірден түсінетін. Бұндай түсіну тек арақ-шараппен байланысты болмайтын. Кейде Еркебұлан мұзойнақта коньки тебумен өте шұғылданып (əрине, ондайда Еркебұлан сабақ қарауды ұмытатын), кейде киноға барғыштап та кететін. Бұның бəрінде де Қайназар дер кезінде табылатын. Тоқтау салатын. Ал бұл жолы Қайназар бұның бірін де істемеді. Tiпті іше түссін дегендей. Еркебұланның ішімдікке ақшасы жоғында ақша тауып берді, бар жамандығына көмекші болды. Еркебұланды расыменен арақ ішсін, əбден масқара болсын деп, оған «ішуді қой» демеді. Неге? Дегенмен, түсініксіз қылық. Досың түгіл, қасыңнан күтпейтін сұмырай қылық. Ал шешесі Қырмызыға келсек, оның құр шықпаған жаны жүрген. Мұндай қылық білдіріп көрмеген баласының алғашқы кездегі ішкендеріне бəлендей қобалжи қоймаған. «Денсаулығы мықты ғой, қызының кетіп қалғанына күйініп ішіп жүрген шығар, əлі-ақ қояр»,- деп ойлаған. Бишара ананың бар кемшілігі - баласының Жұлдызды қаншалық жақсы көретінін білмегендігі. Бұрынды-соңды Жұлдызды əкеп таныстырғанға дейін, Еркебұлан қосылайын деп жүрген қызым бар деп айтып көрмеген. Тіпті соңынан да Жұлдызға шын ғашық екенін білдірмеген. Титтейінен Еркебұланының жақсы қылықтарына қаншалық қанық болғанымен, оның кей сырын ішіне сақтап, іштей булығып жанып, бірден өртене кететін мінезін білмейтін. Сондықтан «Бітпейтін қайғы, таусылмайтын қуаныш жоқ» деген орыс халқының данышпан сөзіне сеніп, əлі-ақ қасіретінен айығар деп ойлаған. Бірақ баласының араққа тым салынып бара
жатқанын көріп, кенет қатты қауіптенген. Мұндайда сорлы ананың қайғысын да, мұңын да өлшейтін таразысы көз жасы ғой. Шешесі жылап та, жалынып та баласынын ішпеуін өтінді. Еркебұлан шешесін аяп: «Енді ішпеймін»,- деп уəдесін де беретін. Бірақ сыртқа шықса болғаны, үйге мас болып қайтатын. Лажы таусылған Қырмызы өздерінің Қарлығаш - Жұлдызының қалай табылғанынан бастап, болған оқиғаны Асығатқа айтып берген. Жалғыз Еркебұланның мұндай күйге түскені ғана емес, жоғалып кеткен нəресте қызының табылуы, оның қайтадан адресін айтпай кетіп қалуы, бəрі-бəрі Асығатты қатты толқытқан. Кенет еңсесін бір ауыр жүк басып, бүкірейіп ұзақ отырған. − Соның бəріне сен қалай шыдадың? - деген бір кезде ол əйелін аяп кетіп. − Басқа салған соң амал бар ма?- деген əйелі ауыр күрсініп. Содан кейін Асығат тағы ұзақ уақыт үндемеген. Үндемей ойға берілген. Баласының арақ ішіп шатысуы Жұлдызбен байланысты деп шешкен ол ойын қорытып: «Енді Жұлдызды тез табу керек. Сонда баласы жастайынан салынып ішпеген арақтың кеселінен тез жазылып кетеді. Амал жоқ, Еркебұланға Жұлдыздың өзі туған ағасы емес екенін ашу дұрыс. Бірақ оны қайдан табасың? Қай жаққа, қай қалаға кеткенін қайдан білесің? Қылмыскер адам емес, заң орындарын тік қойып іздететін. Дегенмен, адам ине емес қой, табуға болар. Неғұрлым Жұлдыз тез табылса, соғұрлым Еркебұланым тез жазылады». Осындай шешімге келген əке, ертеңнен бастап Жұлдызды іздемек болды. Бірақ қайдан іздейді? Қалай іздейді? − Бұ да оған белгісіз еді. Ал шынына келсек, қазір Жұлдыздың қайда екенін естіген жалғыз ғана адам бар еді. Ол - Қайназар болатын. Осыдан бір ай бұрын командировкаға Сібірдің алыстағы қаласы Бийскіге барған бір таныс құрылысшы жолдасы, сонда конструкторлық бюрода чертежница боп қызмет істеп жүрген қазақтың бір сұлу қызы барын айтқан. Сұрастыра келіп Қайназар сол қыздың Жұлдыз екенін түсінген. Бірақ «Жұлдыз Бийскіде екен!» - деп Еркебұланға естіртпеген. Неге? Əлде жолдасы Еркебұлан өзіне Жұлдыз екеуі неге айрылғандығын айтпағандықтан, бұл жағдай өзіне түсініксіз болғандықтан əдейі үндемей жүр ме? Бірақ жолдасының Жұлдызды жақсы көретінін біледі ғой. Сондықтан Жұлдызды Еркебұланның есіне түсіріп, ескі жарасының аузын тырнағысы келмеді ме? Солай тəрізді. Өйткені Еркебұлан қанша жасырғанмен, оның Жұлдызды жанындай жақсы көретінін жəне сүйген қызынан айрылғаны жанына қатты батып жүргенін білмей ме? Бірақ баласының мұндай күйге жеткені жанына аяздай батып, ауырып қалып жүрген Еркебұланның анасын аямай ма?
Еркебұланымның серігі деп бұны Қырмызының өз баласынан кем көрмейтінін неге ұмытады? Əлде Еркебұланның қайғысы Қырмызыға шын батады деп ойламай ма? Ол мүмкін емес. Қайназар Еркебұланнан екі жас үлкен. Жəне мектепке барар жылы ма, əйтеуір, кішкентай кезінде, өздерімен ойнап жүрген бір тентек баланың Еркебұланды «Асыранды өгей бала» деп, мазақтағаны есінде бар. Бірақ одан бері қаншама жыл өтті? Тіпті, асыранды болған күнде де Еркебұланның əке-шешесіне өз баласы саналып кететін уақыты болған жоқ па? Болды ғой. Оның үстіне, Еркебұланның өзіне де, оның əке-шешесінен де сондағы бір тентек баланың сөзін жандандырар қылық, небір оқиғаны көрген, не естіген емес қой. Бұл үшеуінің қарым-қатынасына, араларындағы сүйіспеншілігіне қарағанда Еркебұланды бұлардың өгей баласы дегенге ешкім де сенбес. Ал Асығат пен Қырмызыны Еркебұланның əке-шешесі емес десең жұрт күлер. Жалғызымыз деп Еркебұланды мəпелеп өсірген Асығат пен Қырмызыны бұ да кішкентайынан танитын. Білетін. Жұрттың əке-шешесі неге осы екеуіндей болмайды деп, əке-шешесі кейде өзіне ұрысса, ана екеуін үлгі ететін. Тіпті сол екеуіне қызығатын. Сөйте тұра Еркебұланның қатты күйзеліп жүрген анасына неге жəрдем бермейді? Бұл қалай? Қалай? Асығат Тың өлкесінен қайтқан күні, Еркебұлан үйіне таң ата бір-ақ келді. Ертеңінде де сөйтті. Əкесімен жөндеп сөйлеспеді де. Ал Асығат дəрігерлерге бармастан бұрын, баласының жағдайын жолдастарынан сұрап білейін десе, ең жақын жолдасы Қайназар командировкаға Бийскіге кетіп қалған боп шықты. Міне, осындай жағдайда Еркебұлан ақыры психиатрлық емханаға барып түсті. Түнімен көзі ілінбей шыққан Асығат жұрт тұрмай емханаға баруды дұрыс көрмеді. Емханада жұмыс басталды-ау деген кезде баласын өзі кеше апарып тапсырған емдеуші дəрігерге телефон соқты. Дəрігер: «Балаңыз ұйықтап жатыр,- деді. − Күшті дəрілер беріп, біз оны үш-төрт күн осылай ұстаймыз. Көп ұйықтатамыз. Дене, ақыл, ойы - бəрі дем алулары керек, емдеуге мүмкіндік жасауға тиістіміз. Əзірге емханаға келудің қажеті жоқ. Көп қобалжымаңыз, балаңыз бізде ғой, жақсылап қараймыз. Ал алда-жалда тезірек көргіңіз келсе, үш күннен кейін телефон соғыңыз, бірақ түс ауа. Мүмкін сөйлестірерміз». Ал үш күннен кейін, телефон соғуға асығып, түстің аууын күтіп отырған Асығатқа, түс болмай жатып-ақ емдеуші дəрігердің өзі телефон соқты. Амандасып болысыменен ол:
− Балаңыз үйге барған жоқ па? - деп сұрады. − Жоқ,- деді кенет абыржып қалған Асығат,- ол емханада емес пе еді? − Таңертең жанымыздағы киоскадан газет əкеле қояйын деп күзетші əйелден рұқсат сұрап шығып кеткен екен, содан бері жоқ. Таңертеңгі тамаққа да келмеді. Дəрі беретін уақыты да өтіп барады. Асығат жүрегі дірілдеп кетті. − Япырмай... Не болды екен оған? Мұндайда адамның ойына ең алдыменен жамандық түсетін əдеті ғой. Баласының барғысы келмегеніне қарамай, дəрігерлердің айтқанына көніп, Еркебұланын зорлағандай етіп емханаға салған əкесі, бізге өкпелеп өзіне бірдеме істеп жүрмесе жарар еді деп, зəре- құты қалмады. − Үйге келмеді дейсіз бе? - деді дəрігер бұның ойын бөліп. − Онда... біз өзіміз іздетер едік, балаңыздың қай жерде жүретінін, болатынын білмейсіз бе? − Жоқ... Асығат расында да Еркебұланның қайда болатынын, түнде қайда жүретінін білмейтін. Жұрт қадірлейтін əйгілі адамды өзінің сұрақтарымен қиын жағдайда қалдырғанын дəрігер енді түсінді білем. − Сіз қам жемеңіз,- деді ол, − қазір санитарларды жан-жаққа жүгіртіп, тауып аламыз ғой. Аурухананың киімімен қайда кетті дейсіз, осы маңайда жүрген шығар. − Сөйдеді де, ол өз үмітін өзі жойғандай. − Ал егер үйге келе қалса, еш жаққа жібермеңіздер бізге телефон соғыңыздар,- деді. − Жарайды. Жарайды,- деді қобалжыған Асығат. − Əйтеуір іздей көріңіздер... Күйеуінің əлденеге əбігерлене сөйлеп жатқанын аңғарып, ауырған басын орамалмен қатты таңып алған Қырмызы өз бөлмесінен шықты. − Не болып қалды? - деді о да қобалжи. − Жай, əншейін... Адамның өзінің берекесі кетіп жүргенінде Жазушылар одағы бір кездесуге шақырып жатыр...
Асығат əйеліне қарады. Қара судай тұнған үлкен бота көзі суалып, ақшыл жүзі күнге күйген шүберектей бозарып, əбден күйрей қапты. «Егер бүйтіп жүдей берсе, жанған пілтедей тез-ақ таусылады ғой»,- деді ол ішінен. Əйелін аяп кетті. Бір сəт Еркебұландарының емханадан кетіп қалғанын айтпақшы болды да, кілт тоқтады. «Менің қобалжуым да жетер. Ең болмаса мына сорлы естімесін. Баласының кетіп қалғанын білсе, жүрегі жарылып өлер». Асығат енді тез киіне бастады. − Қайда барасың? - деді Қырмызы. − Емханаға телефон соғамын деген уақытың таяп қалған жоқ па? Ол күйеуінің əдеттегісіндей асықпай-саспай киінудің орнына, алдыменен біресе пиджагын, біресе көйлегін киіп, əбігерлене қалуынан, оның бірдемеден сасып тұрғанын сезгендей. − Ие, ие, телефон соғу керек,- деді Асығат. Сөйдеді де əйеліне қарады, − жоқ, жоқ, телефон соғып қанша керегі бар? Одан да емханаға өзім барайын. Мүмкін Еркежанмен сөйлесіп қалармын. − Онда мен де барайын. − Жоқ, сен үйде бол. Біреу-міреу телефон соғар... Бірақ «Еркебұлан келіп қалса, емханаға телефон соқ», - деп айта алмады. Баласының үйге келмейтінін сезгендей. − Жарайды,- деді əйелі, − онда өзің бар. Еркежанмен сөйлесе алсаң менен сəлем айт! Асығат асыға киініп шығып кетті. Шүу дегеннен ол емханаға барды. Еркебұлан əлі келмеген екен. Қаупі ұлғая түсті. «Аурухана киімімен алысқа кетпеген шығар»,- деген дəрігер сөзі көңіліне демеу болып, арақ, пиво сатылады деген сол маңайдағы дүкен, бар, кафе- асханаларды тегіс аралап шықты. Еш жерден Еркебұланы көрінбеді. «Дəрі беріп ұйықтатып тастаған екен. Баланың оянуын күтіп отырмын. Мені ешкім сұраған жоқ па?» -деп, үйіне де телефон соқты. «Жоқ,- деді əйелі,- дəрігерлер не дейді, əйтеуір, жаман емес пе екен?» «Бəрі де дұрыс. Жазылып кетеді дейді дəрігерлер. Ауруы, сірə, балалықтың əуресі тəрізді». Əйелін осылай жұбатқанмен, өзі жұбанбаған əке емхана мен үйінің арасындағы көшелерді кезумен болды. Ертеңіне таңға жуық шақта емханаға Еркебұланның өзі келді. Аман-есен. Бірақ түс жоқ, өң жоқ, түнде бір ауыр оқиға кездескендей. Емдеуші дəрігерге бірдемені айтып жатты... Он алты сағат емхана адамдарымен бірге баласын іздеген əкенің құр сүлдесі қалған еді. Əйтеуір баласы табылды, ол
соған қуанды. Еркебұлан жоқ болып кеткенде «тек табылса екен» деп тілеген Асығат, енді бұған да тəубе етті. Үйіне қайтып келгеннен кейін түні бойы хабарсыз кеткен күйеуін күтіп отырған əйеліне: «Балаң жібермеді, сөйлесіп отырып қалдым»,- деп жауап берді. Қайназар бөлімшесімен көптен бері Целиноградтары бір кəсіпорнының жаңа өндіріс комбинатының жобасын жасап жатқан- ды. Бийск қаласында осы тектес комбинат салынып бітті дегеннен кейін, соны көргелі əдейі командировка алып, алыстағы осы қалаға келген. Ал шын ойы, жаңа құрылысты көруден гөрі, Жұлдызға жолығу еді. Келген күннің ертеңіне-ақ ол Жұлдыздың қайда жұмыс істейтінін, қайда жататынын біліп алды. Жұлдыз қыздар жатақханасына орналасқан екен. Мұнысына қарағанда ерге шықпағаны хақ. Дегенмен көңілі күпті Қайназар, ертеңгі күнді күтуге шыдай алмай, шам жағыла құрылыс тресінің адамдары көрсеткен қыздар жатақханасына келді. Есік алдындағы мосқал күзетші əйел: − Қаражанова дейсің бе? Иə, ондай қыз бар. Үшінші этажда, алтыншы бөлмеде,- деді алдында жатқан кітаптың «К» əрпі көрсетілген бетін ашып қарап. − Онда маған бөлмесіне пропуск беріңіз,- деді Қайназар. Күзетші əйел таңдана қарады. − Бұл қыздар жатақханасы екенін білмейтін бе едіңіз, жігітім? Сағат сегізден былай қарай бұл үйге ешбір еркек кіндіктіге кіруге рұқсат жоқ. − Сосын əйел Сібірдің түсе бастаған суығына бəлендей лыпа болмайтын Қайназардың жеңіл киіміне мысқылдай көз тастап: − Өзің кімсің? Əлде еркекше киінген əйелсің бе? - деп күлді. Əзілге шорқақтау Қайназар сасып қалды. − Жоқ, еркекпін. − Болсаң боларсың. Суықтан мұрның тым сорайып кеткен екен, − Əйел тағы күлді. − Ал біздің сұлу қыздың кімісің? Қайназар өтірік айтты. − Ағасымын. − Бəсе,- деді əйел. − Біздің сұлу қыздың жігіті емес шығар деп өзім де ойлап едім. Ондай періштеге Гагарин тəрізді қыран жігіт лайық.
Қайназарға əйелдің сөзі батып кетті. Бір сəт ашу шығармақшы да болды. Бірақ аузына жат жерде айта қоярлықтай сөз түспей: − Жұрттың бəрі Гагарин бола бере ме?- деді. Əйел тағы күлді. − Қайдан бəріңе бірдей Гагарин болуға. − Сосын ол сəл күлімсіреп. − Ашуланбай-ақ қой. Менікі жай, əшейін сөз де...- деді əйел. − Күнімен бос отырып ішің пысады. Жарайды, ағасы болсаң, ағасы бола-ақ қой. Бірақ өзің қайдан келдің?- деді. − Алыстан. Алматыдан. − Алматыдан. Е, бір жақтікі болдың ғой. Мен Ташкенттенмін. Қазір қарындасыңызды шақырып берейін, − Ол телефон трубкасын алып біреуге звондады, − Дежурная ма? Настя, сенің этажыңда алтыншы бөлмеде əне бір Жанна деген əдемі қазақ қызы бар ғой. Соған айтшы, төмен түсе қойсын. Ағасы іздеп келіп тұр. Əйел əлденеге күлді. − Иə, ағасы, бəрі солай дейді ғой. Жұлдыз демей күзетші əйелдің Жанна дегенінен Қайназар, «бөтен қыз емес пе екен?»-деп, сəл сескеніп қалды. Сөйткенше болған жоқ, жоғарғы қабаттан жүгіре түсіп келе жатқан Жұлдызды көрді. Асыққаны соншалық, үстіндегі пиджагының бір жеңін киюге үлгірмеген. Расында да кезекші: «Жанна, қалқам, ағаң келіп тұр. Тезірек төмен түс»,-деген сөзді естігенде, алдымен түсінбей, сəл кідірген. «Ағаң? Қайдағы ағаң?» Жалғыз ғана ағасы бар. Кенет сол екен, Еркебұлан келіп қалған екен деп, орнынан атып тұрған. Сағынып жүргені соншалық екен, тіпті айнаға қарап, өзін ретке келтіруді де ұмытып кетті, баспалдақтан төмен қарай етігінің өкшесі тас еденді тақ-тақ ұрып, жүгіре түсті. Ол бұл минутта Еркебұланның кім екенін де есіне түсірмеді. Ғашығы ма? Ағасы ма?- бəрін де ұмытты. Жүрегін тек «Еркебұланың келіп қалды»,- деген қуаныш алып ұшты. Бірақ екінші қабаттан төмен келе жатып, бұны күтіп тұрған Еркебұлан емес, Қайназар екенін көріп, кілт тоқтай қалды. Жаңағы қуаныштан алып-ұшқан жүрек су сепкендей басылды. Сөйтсе де бір сəт суи түскен көңіл қайтадан жылыды. «Сонау алыс жерден бұны іздеп келген Қайназардың қандай жазығы бар?» Оған Қайназар кенет жаздың шыққанын білдіргелі келген жыл құсы тəрізді көрінді. Əйтеуір «Еркебұланның бір хабарын айтады ғой» деді ол өзіне. Жұлдыз қайтадан асыға жүрді.
− Қайназар ағайсыз ба?- деді ол көзінен жасы мөлтілдеп, оны құшақтай амандасып, − Қайдан жүрсіз? Мені қалай таптыңыз? Қуанғанының белгісі етіп, бетінен сүйді. Қайназар мұздай еріп, майдай балқып кетті. Бұл қарындастық сүюі - оған ғашықтық сүюден кем əсер етпеді. − Іздеген адам табады ғой. Сені əдейі іздеп келдім,- деді Қайназар. Екеуі күзетші əйелдің оң жағындағы, кең дəліздегі, жұмсақ диванға қатарласа отырып, ұзақ сөйлесті, Қайназар Жұлдыздың мұнда екенін кімнен естігенін, өзінің қандай шаруамен келгенін айтты. Сөзін астарлай, жұмысты сылтау етіп, шынында Жұлдызды көруге келгенін білдірді. Ал Жұлдыз болса, Алматыны, ондағы аз уақытта танысып үлгірген адамдарды сұрап, өліп барады. Бəрін де сағынып қалған екен- ақ. Қайназар білгенін жасырмай айтып жатыр. Əлден уақытта Жұлдыз: − Кетеріңде Қырмызы апайдың үйінде болдың ба? Ол кісінің күйі қандай екен?- деді. Қайназар тек осы жолы ғана селқостау жауап берді. − Үйлерінде жүрер алдында болғам. Қырмызы апай сол бұрынғы қалпында, бір күн сау, бір күн ауру... − Асығат көкем əлі Алматыға келген жоқ па?- деді енді Жұлдыз. Қайназар Еркебұланның əкесін Жұлдыз неге «Көке» дегеніне сəл таң қалды. «Асығатты бұл көрмесе керек-ті. Иə, көретіндей уақыты болған жоқ. Ұмытпасам, о кісі сентябрь тумай жолаушылап кетті емес пе? Иə, солай. Көке деуіне қарағанда Еркебұлан екеуінің арасында бір жылы жағдай бар ма, қалай? Онда бұл неге Бийскіге кетіп қалды?» Дегенмен Қайназар дұрыс жауап берді. − Мен кеткенде ол кісі келмеген болатын. Жүрер күні Еркебұланды көргем, əкесін бір-екі күнде келіп қалар деген. Жұлдыз үндемей қалды. Ол əлденені ойлағандай үн-түнсіз ұзақ отырды. Əлден уақытта барып: − Еркебұлан ағай не істеп жүр? Хəлі қалай?- деді. Даусы бұл жолы тұншығып бара жатқандай əзер шықты. Бұны Қайназар да аңғарып қалды. «Сүйген жігіті жайында сұрау оңай ма?- деді ол ішінен. Бірақ Еркебұланды Жұлдыз неге «ағай» деді - тағы таң қалды. Қашаннан бері сүйген жігітін қыз «ағай» дейтін болды?»
Miне, осы уақытта ішінде жатқан қызғаншақтық деген сұр жылан басын көтеріп алды. Əйтсе де, Қайназар өзін-өзі ұстай сөйледі. − Еркебұлан аман-сау, ойнап-күліп жүр. Тек көп ішетін болды,- деді ол. Жұлдыз жұлып алғандай: − Неге?- деп сұрады. Қайназар қинала жауап қайтарды. − Оны менен гөрі, өзін жақсы білетін шығарсың. Қыз үндемеді. Тек аздан кейін сұраққа жауап берудің орнына: − Қашан жүресіз?- деп сұрады. − Арғы күні,- деді Қайназар,- мұндағы шаруам ертең бітеді. − Онда, бөтен шаруаңыз болмаса, ертең сөйлесейік. Алматыны қатты сағынып жүрмін... Əлі де сұрайтыным бар. Бүгін кеш болып қалды. Маған ерте тұру керек. Ертең, кешке жолықпақшы боп, Қайназар қонақ үйге қайтты. Ал Жұлдыз төсегіне келіп жатып, көп уақытқа дейін ұйықтай алмады. Ол Еркебұланмен екеуінің неге айырылғанын Қайназардың білмейтінін түсінді. Əрине, Қайназар ертең оны сұрайды. Оған сырыңды ашу керек пе, керек емес пе? Ашпаған дұрыс шығар. Бірақ іште жатқан күйік Ескендірдің қос мүйізі ғой, біреуге айтып сыртына шығармасаң, жаныңды күнде түрткілеп мазаңды ала береді емес пе... Оның үстіне бүгін дəрігерге барған... Соңғы жетіде жүрегі əлсін-əлсін айнып, кейде құсуды шығарған... Не істеу керек? Ақылдасар, жаны ашыр кімі бар? Əрине, Қайназар Жұлдыздың бұл кеселіне ақылшы бола алмайды, өйткені оның өзіне деген ойын Жұлдыз бұрыннан да біледі ғой. Сонда бұл қайғысын кімге шағады (қуаныш деуге, əрине, Жұлдыздың аузы бармады)? Кімнен ақыл сұрайды? Қайда барып күн көреді? Осындай ауыр ойға берілген Жұлдыз тек таң сарғая бастағанда ғана ұйықтап кетті. Ертеңіне бұлар кешке таман кездесті. Бийск - өндірісті қала. Тұрғындарының көпшілігі -жұмысшы. Бұлар Жұлдыздың жатақханасынан шыққанда кеш жылы, желсіз тəрізді еді. Екеуі көшеде жүріп сөйлеспекші еді кенет жел тұрып, күн суытып кетті.
Сібірдің күзгі аязы жұқа киінген Қайназарды шыдататын емес. Ол енді күннің қолайсыздығын сылтау етіп Жұлдызға: − Мына аяз адамды сөйлететін емес қой,- деді. − Бұл маңайда ресторан, кафе деген жоқ па, сонда отырып əңгімелессек қайтер еді? Қыздың аты қыз емес пе, қандай қиын жағдайда да сырт пішінін ұмытпаса керек-ті! Үстінде қысқа қара тон, аяғында пима, жұрт бар жерге арнап киінбеген Жұлдыз, ресторанға кіруді ыңғайсыз көрді. Жəне бұл арада ресторанның бар-жоғын білмейтін. − Тоңайын дедіңіз ғой,- деді ол бетін қарсы желден бұрып, сəл күлімсірей Қайназарға қарап. − Онда жүріңіз, əне, анау кафе ғой деймін. Егер кісі көп болмаса... Бұлар кірген жер, күндіз асхана, кешке жастар жиналатын кафе болып шықты. Жұлдыз бекер қысылыпты, үстінде ақ свитер, көгілдір тоқыма юбка. Шашын желкесіне тоқпақтай етіп түйіп тастапты. Тек аяғына киген пимасы болмаса, бəрі жарасып тұр. Əрине, мынау жып- жылтыр еденде, қазір көп кешікпей басталатын биде бұл пимамен көпшілікке көріну ыңғайсыз. Жұрттың аздығын пайдаланып бұлар, өзгелердің көзіне тақа түсе қоймайтын, бұрыштағы қара көлеңкелеу жердегі столға кеп отырды. Жайғасып болғаннан кейін Қайназар алдындағы дастарқан мəзірін Жұлдызға ұсынып: − Өзің таңда,- деді. − Не жейміз, не ішеміз? − Мен жаңа ғана тамақтанғанмын,- деді Жұлдыз еш қымсынбай. − Асты өзіңіз ішіңіз. Ал маған конфет, кофе, екі жүз грамм балмұздақ жəне бір рюмка коньяк... Жұлдыздың «коньяк» деген сөзіне Қайназар іштей таңданып қалды. Бұны сезген Жұлдыз езу тартып күлді. − Коньяк деген ішіп көрмеген дүнием,- деді. − Бірақ өзі адамның көңілін көтереді дейді ғой. Ал бүгін... көңілім бір түрлі қапалы болып отыр. − Неге? Жұлдыз жасырған жоқ. − Алматыны сағынып жүр едім, сізді көріп қуанып қалған болатынмын,- деді мұңая. − Ал сіз ертең қайтқалы тұрсыз. Өзіңізбен
бірге, көшеден бері жанымда жүрген Алматымды əкетіп бара жатырсыз... Қайназардың жүрегі елжіреп кетті. − Онда... Онда сенің Алматыңды əкетпейін. Тіпті өзім осында қалайын. − Жоқ,- деді қыз, − Онда сіз де алыстағы өз Алматыңызды сағынасыз ғой. Бір менің де қайғым жетер. Сіздің обалыңызға қалғым келмейді. Астарлай айтқан қыз сөзін Қайназар жақсы түсінді. Əлденеден дəмелене бастаған көңілі кенет су сепкендей басылды. Осы кезде даяшы əйел қастарына келді. − Не тілейсіз?- деді ол. Қайназар да тамақ ішіп шыққан. Бұ да Жұлдыздың айтқанын сұрады. − Екі кофе, төрт балмұздақ, жүз грамнан екі коньяк,- деді ол. Даяшы əйел кетіп қалды. − Алматыны соншама жақсы көрсеңіз неге тастап кеттіңіз?- деді Қайназар. «Оған қандай себеп болды?» деп сұрағысы келіп еді, бірақ тоқтай қалды. Өзі айтар деп ойлады. − Жалғыз Алматыны ғана тастап кеттім бе?- деді қыз мұңая,- шынын айтсам мүлдем тастап кеткем жоқ қой,- қыз өз сөзімен өзін жұбатқан тəрізді. − Ондай қаланы мүлдем тастап кету - тіпті мүмкін емес екен... Қайназар сəл кідірді. − Бұныңды Еркебұлан біле ме? Білсе неге соншама бүлініп жүр? − «Бүлінгені» қалай? − Араққа салыну бүлінген емей немене? − Мүмкін менен бөтен де, оған ауыр тиер қайғысы бар шығар? − Қандай қайғы?
«Өз қарындасын сүйгені жеңіл қайғы ма?»- дей жаздап Жұлдыз сəл кідірді. Осындай сөзді айтуға аузы бармады. Осы кезде даяшы əйел бұлардың сұрағандарын алып келді. Кішкентай графиндағы коньякты Жұлдыз алдарындағы оймақтай хрусталь рюмкелерге құйды да: − Аман-есен көріскеніміз үшін,- деді рюмкасын сəл көтеріп, сөйдеді де, өзі бірден рюмканы аузына апарып сəл тоқтап, кенет аспай-саспай ішіп салды. «Коньякқа үйренген адамның қылығы ғой бұнысы». Қайназар да рюмкесін аузына апарды. Жоқ, Жұлдыз: коньяктан шімірікпестен ішсе, іштегі күйігі өртеп бара жатқан. Соны басам дегені еді. Жанын күйдірген азаптан адам у да ішеді. Кеуде тұсына дейін коньяк оттай жалап өткенмен, Қайназарға сыр бергісі келмеген. Шыдап баққан. Көп кешікпей-ақ алғашқы рет ішкен коньягы бойын ала бастады. Қыз денесіне бір тəтті у тарағандай сезінді. Ол коньяктың қалғанын тағы екі рюмкеге бөліп құйды. Енді ғана алдындағы стақандағы кофені бір-екі рет ұрттады. − Ал мына рюмкені, Жұлдыз, сенің Алматыға аман-есен қайта оралуың үшін ішейік,-деді Қайназар. − Жоқ құр ғана аман-есен қайтуым үшін емес, екеу болып оралуым үшін ішейік!-деді Жұлдыз. Қайназар оның сөзін тікелей түсінді. Осы жақтан күйеуге шығып, Алматыға екеу боп оралғысы келіп отыр екен деп ойлады. Енді Еркебұланмен екеуінің арасының алыстап кеткеніне шек келтірмеді. Ал Жұлдызға алғашқы рюмкедей емес, екінші рюмкедегі коньяк өзгеше əсер ете бастады. Жүрегі өртеніп, орасан бір қайғы басып, көзі тұманданып кетті. − Өмірдің өлшенер таразысы неде?- деді ол сəл тілі күрмеліп,- қайғысында ма, əлде қуанышында ма? Мың күндік қуанышың бір күндей болмайды, тез өте шығады. Ал бір күндік қайғың - мəңгі бітпестей келеді. Бұған қарағанда өмір сірə қайғыменен өлшенуге тиісті тəрізді. − Ал мың күндік қайғыны бір күндік қуаныштың жеңетін кезі де болады ғой,- деді Қайназар қыздың ойын алыстан шолып. Бірақ Жұлдыз əңгіме бетін бөтен жаққа бұрып кетті. − Алматыда мен бар болғаны төрт-ақ ай болдым,- деді ол, кенет даусы өзіне тəн орнықты шығып. − Бірақ сол қалада бар өмірім өткен
секілді, жоқ, сол қалада бар қуанышым қалған тəрізді. Міне, сондықтан да мен оны күннен-күнге сағына түсудемін. − Егер сондай сағынып жүрсең, жүр, Алматыға бірге қайтайық,- деді Қайназар. Жұлдыз үндемеді. Коньяк ішсе сырын аша түсер ме екен деген үмітпенен ол даяшы əйелді шақырды. − Бізге тағы екі жүз грамм коньяк əкелсеңіз!- деді ол. − Жоқ болмайды,- деді əйел. − Бір адамға жүз граммнан артық коньяк берілмейді. − Мен енді ішпеймін,- деді Жұлдыз да,- жаңағының өзінен басым айналып отыр. Одан да балмұздақ желік. Екеуі енді балмұздақ жей бастады. Ақылын əлгі азғантай коньяк жеңді ме, əлде жүрегін жеп бара жатқан, іштегі қасіретін дос адамына айтып, көңілін жеңілдеткісі келді ме, Жұлдыз тағы кенет: − Жоқ қазір сізбен бірге жүре алмаймын,- деді. ашық сөйлеп. − Алматыға аман-есен босанған соң қайтамын. Қайназар түсінбей қалды. − «Босанған соң» дегенің не?- деді ол шошына. − Мен екіқабатпын,- деді Жұлдыз қайсарлана, − құдайдан жасырмағанды адамнан жасырғаннан не шығады? Оның үстіне Қырмызы апай мені нəресте күнімде ұрлатып алған шешем екен. − Жұлдыз кенет солқылдап жылап қоя берді. − Өз ағасымен өзі жүрген мен бір қарабет болып шықтым... Қайназар енді бəріне түсінді. Кішкентай кезінде өзінің əке шешесінен «Асығат пен Қырмызы ауылға барғанда бір жасар қыздарын жоғалтып алған. Қасқыр жеп кетті ме, əлде біреу ұрлап əкетті ме белгісіз»,- деген сөзді естігені бар. Жəне сол сəтте оның есіне тағы бала кезіндегі «Еркебұлан Асығат пен Қырмызының туған баласы емес, бұны демалысқа елдеріне барғанда алып келген»,- деген баяғы сөз қайтадан есіне түсті. Оркестр ойнап, жастар билеп жатқан мына залда, өз күнəсін өзі көтере алмай, еңіреп жылап отырған қызды Қайназар шын жүректен аяп кеткендей, үндемей сəл отырды. Содан кейін дірілдеген қолымен қыздың шашынан сипап: «Қой, Жұлдыз, қой, жылама! Жылама!- деді. − Жас шағында кім қателеспейді, əлі бəрі де ұмытылады...»
Бірақ Қайназар қызды қанша аяп отырса да, өзі естіген шындықты. «Ол сенің туған ағаң емес» деген сөзді айтпады. Егер айтса ғой, Жұлдызды күйдіріп бара жатқан махаббат күнəсі тез-ақ шайылар еді. Ертеңіне Қайназар Алматыға жүріп кетті. Жұлдыз бұнымен хат арқылы хабарласып тұруға уəделесіп, солқ-солқ жылап қала берді. Еркебұланның кетіп қалғаны емхана қызметкерлеріне сабақ болды. Енді оны еш жаққа шығармай тиісті дəрі-дəрмегін беріп, кəдімгі ауыр сырқаттай қадағалап емдеді. Арақ ішпей, ұйқысы дұрысталып, өзіне- өзі келген Еркебұлан күннен-күнге сауыға бастады. Бұл жағдай - баласының кеселі Жұлдыз бен арақтан келді деген Асығаттың сенімін күшейте түсті. − Махаббат пен арақ - ұстамалы ауру секілді дүние ғой,- деді Асығат, балаларының қазір біркелкі түзеліп қалғанын естіртіп болғаннан кейін əйеліне, − Ешкіммен қатынастырмай емдеудің арқасында балаң бүгін сауыққанмен, ертең еркіндікке шыққаннан кейін, бұрынғы əдетін қайтадан бастамасына кім кепіл? Ондай кеселге бір ұшырағаннан кейін оңай жазыла қояр ма екен ол? Əсіресе Жұлдыздың күйігі жеңілге түспес. Ғашықтық деген - екеуінің бірін- бірі табудан бөтен емі жоқ дерт емес пе?! Оның үстіне егер Жұлдызды өзінің туған қарындасы екен деп түсінген болса, тіпті қиын. Бұрынғы ғашықтығына ұят, өкініш - бəрі қосылып, баланың ақылынан адасуы сонда басталып жүрмесе нетсін. Ар-ұятқа келгенде, шыншыл етіп өсірдік қой оны... Менімше бұған бар шындықты айту керек, ақылды бала еді ғой, түсінер... Қайткен күнде де Жұлдыздың өзінің қарындасы емес екенін білген дұрыс болар. Қырмызы көзіне тағы жас алды. − Япырмай... Еркежан біздің баламыз емес екенін білсе, тіпті жер болып қалады ғой... Осы уақытқа дейін алдап келгенімізді естіп, бізден мүлдем безіп жүрмесе жарар еді,-деді Қырмызы, Еркебұланын «менің балам емес» деп айтуға қимай. Сөйтсе де қайғыға шыдай білетін ана жүрек толқуын ақылға жеңгізді. − Амал қанша, айту керек,- деді,- айту керек! Бар пəле Жұлдыздың кетіп қалуынан басталған. Ең болмаса оның неге кетіп қалғанын білсін. − Дұрыс,- деді Асығат. − Қандай қиын десек те, шындықтан сара жол жоқ.
Бір жетіден кейін дəрі-дəрмегін үйден келіп алып жүретін боп, Еркебұлан емханадан шықты. Сол күні оңашада əкесі болған оқиғаның бəрін оған айтып берді. Асығатқа барлық шындықты айту оңайға түскен жоқ. Жүрегі тоз-тоз боп ыдырап бара жатқандай сезінді. Бірақ амал қанша, əке міндеті - адалдық міндет. Ал адалдық еш уақытта да жалған сөйлеуді білмесе керек-ті. Еркебұлан əке сөзін жерден басын көтермей үн-түнсіз тыңдады. Тек Жұлдыздың бөбек күнінде жоғалып кеткенін естігенде ғана əкесіне қарады. − Өзім де сезіктеніп едім,- деді қинала. − Солай болып шықты. Əйтпесе Жұлдыз мені тастап кетпесе етті. Жұрт бетіне бұдан кейін қалай қараймын! − Ол еңкілдеп жылап қоя берді. − Сəл шыда, жылама!- деді əкесі, оның қозғалып жатқан иығынан қолын алып. − Өздеріңді қара бет санар сендер күнəкар емессіңдер,- деді. Содан кейін ол Еркебұлан бұлардың баласы емес екенін, оқиғаның қалай болғанын тағы айтып берді. − Тек,- деді сөзінің аяғында Асығат,- бұны Жұлдыз білмепті, шешесі айтуға үлгермепті. Енді Еркебұланға бəрі де айқын болды. Бірақ шын азап оған енді басталатындай көрінді. Бір жағында туған əке-шешесінің тумаған боп шығуы, мүмкін, оларды жоғалтуы, екінші жағынан, алыс кетсе де, кенет қайтадан жақын бола қалған жоғалған махаббатын табуы -өзін балға мен төстің ортасына түскен оттан шыққан темірдей сезінуге мəжбүр етті. Екі жақтан бірдей тиер соққыға ол шыдай ала ма? Шыдай алса, одан қандай бейнеге көшеді. Əсіресе оған туған əке- шешесінің өгей əке-шеше болып шыққаны батты. Оның есіне енді кішкентайында естіген кейбір оқиғалар түсті. Айналып, толғанған əке-шешесін көріп, олар бір жаман түстерім шығар дейтін. Міне, енді сол түсім дегені шындық болып шықты. Еркебұлан əлі де сол етпетінен жатқан қалпынан қозғалмады. Тек екі күн өткеннен кейін ғана ол төрт айдан бері ұмытып кеткен «Ардагерлер сарайының» бір бұрышта үйіліп жатқан сызық- чертеждеріне көзі түсті. Сол күні Еркебұлан «Жұлдыз қайда екен?»- деді өзіне-өзі. Ал Жұлдыздың қайда екенін білетін Қайназар əлдеқашан Бийскіден қайтқан. Бірақ ол Еркебұланды бұрынғыдай жолдасым еді деп, іздеп бұның үйіне келген жоқ. Жəне Жұлдыздың қайда екенін де
айтпады. Ал кеңседе кездескенінде салқын қанды жүзбенен құр амандасады да қояды. Оның мұндай қылығын көрген Еркебұлан да Қайназардан бəлендей жақындық іздемеді.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ Түнімен жоқ болған баласын күтіп, əбден қиналған Асығат, таң ата тағы шала мас Еркебұланы келгенінде, оның адам шошырлық үрейлі жүдеу түрін көріп, кенет жүрегін ұстап, бүк түсті. Тек «Қырмызы!» деуге ғана шамасы келді. Атын естіп, өз бөлмесінен жүгіріп жеткен Қырмызы, болған оқиғаны бірден түсінді. − Бишара-ай, енді жалғыз əкеңді өлтіріп тынайын: деген екенсің ғой,- деді ол дірілдеген қолымен жүрек дəрісін кесеге тамызып жатып. Бұл шешесінің Еркебұланына айтқан ең алғашқы қатты сөзі еді. Бірақ сөз болғанда қандай! Баласының өңменінен өтіп, бүкіл денесін өртеп жіберді. − Кешір, апа...- деді көзінен жасы атып кетіп. Расында Еркебұлан əкесі мен шешесін жанындай жақсы көретін еді. Əсіресе əкесіне деген махаббаты ерекше болатын. Соңынан «Жедел жəрдем» машинасы кеп Асығатты ауруханаға алып кетіп, реанимация бөліміне салғанда, ол əкесінің жанынан күндіз-түні шықпай қойды. Бір жеті өтіп, Асығат есін жиған күні ол əкесіне: − Көке, енді мен арақты аузыма алмаймын, тек өзің тезірек жазылшы,- деді. Бір айдан кейін Асығат ауруханадан шықты. Əйтсе де Еркебұлан Жұлдызды ұмыта алмады. Сағыныш деген сары уайым бір бүйірінде бұйығып сары жылан болып жатып алды. Кейде сол жылан ойламаған жерден басын көтеріп алса, Еркебұлан қоярға жанын жер таппайды, жүрегі удай ашып, ақылынан шын адаса жаздайды. Сөйтсе де ол, егер бұрынғы əдетін қайта бастаса, не өзі бір жамандыққа ілінер болса, бұның күйігінен əкесінің бұдан əрі шыдай алмайтынын ойлап, оны өлтіріп алармын деп қорқып, уəдесінде тұрды, арақты аузына татып алмады. Бұл ата-анаға деген махаббаттан туған ерлік еді. Осы ерлік, қайғы-қасіреттен бөтен өмір барын, жұмыс барын есіне салды. Бірте-бірте тастап кеткен жобаларын, қағаздарын қарай бастады. Өнер адамына іздену, ойлану қашанда болса жанына азық берген. Сондай азық мұндай адамдардың қайғыдан, қасіреттен
құтылуларына да себеп болған. Бірақ Еркебұланды бұл ізденулер, творчестволық ойлар біржолата билеп кете алмады. Өйткені Жұлдыздың қайғысы тым күшті еді. Дегенмен осы кезде оған жоғалып кеткен Жұлдызды əлі-ақ табармын деген үміт медеу болды. Жəне өзінің қайғысын ол енді бір сəт жұмыспен жеңілдетуге тырысты. Ең алдыменен Еркебұлан бітпей қалған. «Ардагерлер сарайының» қағаз-сызықтарына үңілді. Жолдастарымен уəделескен конкурстың ақырғы мерзімі келіп қалғаны да есіне түсті. Жəне дəл осы күндері көптен бері көрінбей кеткен Қайназар Еркебұланның үйіне келді. Ескі жолдасын көріп Еркебұлан бұл жолы да баладай қуанды. − Амансың ба, Қайнаш. − Ол жолдасын осылай деп атын қысқарта атайтын. − Тіпті көрінбей кеттің ғой, қайда жүрсің? − Жүрміз ғой...- деді Қайназар салқын үнменен. Еркебұлан жолдасының қабағы қатыңқы екенін жаңа аңғарды. − Емханада жатқанымда да келмедің? − Сосын ол жолдасына қобалжи қарады. − Əлде ауырып жүрсің бе? − Жоқ... − Онда маған неге бір көрінбедің? Емханада жатқанымда сенің келуіңді аңсап күттім... Қайназар қоңыр салқын жауап қайырды. − Ол адам баратын жер ме? Маңынан жүруге қорқамын. Еркебұланның көңілі кілт суып кетті, «Иə, иə, жындыхана шынында да адам баратын жер емес, бірақ онда мен, сенің жан аяспас жолдасың жатыр едім ғой». Ол бір сəт Қайназарға өкпелемекші болды. Бірақ қоя қойды. «Əлгідей сөз айтып тұрған адамға мен несіне өкпелеймін? Өкпеңді бағалай білетін адамға айт...» Сөйтсе де ол: − Адам ондай жерге барғысы келіп барады дейсің бе?- деді тұнжырай. − Басқа түскен соң амал қанша... Өзінің артық кеткенін Қайназар жана ғана түсінген тəрізді. Артық сөйлегенін жуып-шаюға тырысты.
− Сен маған келмедің деп өкпелеп қалғандайсың ғой,- деді сəл езу тартып күлімсіреген боп. − Өкпелеме, сен ауруханаға түскен шақта мен жоқ едім... Командировкадан қайтып келгеннен кейін «Байтал түгіл бас қайғы» дегендейін, басыма түскен қасірет сондай ауыр болды, тіпті саған баруға да қолым тимеді. Жолдас дегенде өте сезімтал Еркебұлан шошып кетті. − Соншама не болды?!- деді ол есі шығып. − Қандай қасірет? Жақын біреуің дүние салды ма? Əлде... − Иə... Бір өте жақыным өлді. − Ол кім еді?.. Қайназар жүдей жауап берді. − Сен білмейсің... Менің ең жақын туысым. − Əрине. Қайназардың ондай жақын ешкімі өлмеген, тек сылтау етіп айтып тұр. Сосын ол басын көтеріп алды. − Жүр, ресторанға барайық. Бүгін маған сондай қиын, тіпті жанымды қоярға жер таба алатын емеспін. Жайшылықта жолдас дегенде қоң етін кесіп беруге бар Еркебұлан бұл жолы «болмайды» дегендей басын шайқады. − Қайғыны ішімдікпен баса алмайсың,- деді ол, − оған көзім жетті. Мен ресторанға бара алмаймын. − Неге?! − Ендігəрі арақ ішпеймін деп əкеме уəде бергем. − Ə... ə онда мен кеттім! Амал қанша, өзім жалғыз барамын. − Барма!- деді Еркебұлан. − Одан да сыртқа шығайық. Көшеде жай əңгімелесіп жүрейік... − Жоқ, бүгін мен ішуім керек. − Ішпе!- деді Еркебұлан. − Өз тəжірибемнен білемін, ішу жақсылыққа апармайды. − Жарайды, жақсылық күтіп жүрген мен жоқ - деді Қайназар есікке таяй беріп. − Əзірге қош бол. − Ол шығып бара жатып артына бұрылды. − Айтпақшы, ертең сағат екіде əділ қазылар алқасы біздің жобамызды қарайды. Уақытында кел. − Қайназар үйден шығып кетті.
Еркебұлан ойлана қалды. «Япырмай, қасіретті болып жүрген кезінде шақырғанына бармай жолдасымды ренжітіп жібердім бе? Мүмкін, мұндайда қасында болғаным керек-ақ шығар». Ол енді Қайназардың соңынан қуып бармақшы да болды. «Ішпей, құр жанында отырып қайтсам нетеді?» Бірақ Еркебұлан жолдасының соңынан қуып бармады. Əке-шешесіне берген уəдесінен шыға алмады. Шыққысы да келмеді. «Мен ішпеген күнде де кешігіп қалсам, мені күтіп бишаралар тағы құса болар». Əрине, Қайназар ресторанға барған жоқ. Еркебұланды шақырса - оған тағы арақ іштірмекші еді. Қайназар тікелей үйіне қайтқан. Бұл жолы да ол Жұлдыз туралы лəм-мим аузын ашпады. Дүние жүзінде тіпті ондай адам жоқ сияқты. Ал шынына келсек, Қайназар соңғы кезде Жұлдызды шын жақсы көре бастаған сияқты. Бұл шын махаббат па, өзі де білмейді. Бірақ Жұлдызға деген жүрегінде үлкен қызғаныш туған. Еркебұланмен сөйлескенде, Жұлдыздың атын атамауы да сол қызғаныштың белгісі еді. Өзінің қолы жетпейтін қызды бөтендерден қызғану - бұл да бір пақырлық қой. Ал Қайназар өзінің бұл пақырлығын білмеді. Өзгеден арашалай алсам, қыз маған бұрылмағанда кімге бұрылады деп ойлады. Ал маған бұрылмаған күнде де өзгеге бұрылтқызбаймын деді. Өзіме де, өзгеге де жоқ болсын деу, бұл енді жалпы Қайназарға біткен көңіл тарлығы болатын. Ертеңіне бірінші бəйгені жюридің мүшелерінің көпшілігі Еркебұланға беру керек деп тапты. Бірақ Еркебұлан: «Қайназарға берілсін»,- деді. Шаршы метр боп келген бірінші қабатқа сондай шаршы метрлі екінші қабат қондырылған. Тек көлемі (алаң көлемі) бірінші қабаттан кем. Сондай екінші қабатқа үшінші қабат, үшінші қабатқа төртінші, осылай алты қабат болып бітетін сарай алыстан қарағанда, Египеттің пирамидасы тəрізді неғұрлым жоғары көтерілген сайын сығыла түсіп, үлкен бір конус тəрізденіп бітетін. Осы конустың төбесіне электр күшімен жанатын қып-қызыл жұлдыз қадалатын шпиль-найза орнатылған. Биіктеу жерге тұрғызылған бұл сарай алыстан да, жақыннан да, ерекше көзге түсіп, салауатты көрінуге тиіс. Егер салына қалса, сондай болатыны да сөзсіз еді. Жоқ. Еркебұлан бұл жобаға бірінші орын берілсін дегенде мұндай ерекшелігі, не сұлулығы үшін емес, өзінің жобасынан артық басқа қасиеті үшін берілсін деген. Алматының сейсмикалық қатерлі жерде тұрғаны жұрттың бəріне де аян ғой. Бұл жағдай Еркебұланға да белгілі еді. Бірақ соған қарамай, ол өзінің сарайының сырт бейнесіне жəне ішкі қолайлығына көңілін көп бөліп, оның сейсмикалық жағын терең ойламаған. Еркебұлан жобасының мұндай кемшілігін Қайназар бірден көрген. Бірақ жолдасына бұны жөнде деп ақыл салмаған. Ал Қайназардың жобасында Алматы жерінің сейсмикалық ерекшелігі жан-жақты
қаралған-ды. Монолиттен құрылған бірінші қабатының биіктік симметрияны сақтау үшін сыртқа шығып тұрған жері өзге қабаттағылардай бір биіктікті сақтайтын-ды. Ал төменгі жағы мұхиттағы айсберг тəрізді үштен екі бөлігі сол монолит күйінде жердің астына кіріп жатқан. Ол аз болғандай сол монолиттың төрт бұрышынан терең құдық қазылып, оны да бірінші қабаттың монолит еденімен тұтастыра арматурлы бетонмен бекіттірген. Осы жар астына еніп жатқан бірінші қабаттың бөлігі компрессор, мұздатқыш машиналы азық-түлік сақтау қоймасы тəрізді көптеген керекті жайларға арналған. Алда-жалда жер сілкіне қалса, Қайназар ойлаған əрекеттер сарайды апаттан қаншалық аман алып қалатыны жюри мүшелеріне де, Еркебұланға да белгісіз еді. Бірақ идея ретінде бұл жаңалық болатын. Еркебұлан осы жаңалығы үшін Қайназарға бірінші жүлдені беруді ұсынған. Əрине, Қайназар да Еркебұланның жұмысын мақтаудан кенде қалған жоқ,-Алматы қаласында бұрынды-соңды болмаған конструкторлық шешімі мен архитектуралық ерекшелігі көзді тартатын көркемдігі үшін бірінші бəйге Еркебұланға берілсін деді. Бірақ бұл сөзді ол Еркебұландай шын жүректен айтпады, тек жолдастық сыпайылықтан шыға алмай тұрған жандай пішін көрсете айтты. Қысқасы, бірінші жүлде Қайназарға берілді. Бұл шешімді жолдастары қол шапалақтап қарсы алды. Ал Еркебұлан болса, жүлдені өзі алғандай қуанды. Насаттанған Қайназар енді алған сыйлығын «жууға бəрін ресторанға шақырды. Тек Еркебұлан ғана бармады. Ол серіктерімен қоштасып, үйіне қайтты. Үйіне келгеннен кейін қайтадан кітаптарына, қағаздарына үңілді. Шынында да Қайназардың жобасы бұны ойға қалдырған. Осы жоба оның бұл күнге дейін онша мəн бермей келген бір кемшілігінің бетін ашты. Рас, Еркебұлан Алматыда кейбір үлкен үйлер жер сілкінісіне қарсы қолданылатын жапон əдістерімен салына бастағанын жақсы білетін. Жиырма алты қабат «Қазақстан» мейманханасы осы тұрғыдан республикада ғана емес, бүкіл Совет Одағында ең алғашқы көп қабатты үй екені де оған белгілі еді. Бұл мейманхана салынбастан бұрын Еркебұлан да оның жобасымен əдейілеп танысқан. Алматы тəрізді жылдан жылға өсіп келе жатқан əдемі қаланы əрине, табиғаттың ойыншығы етіп қоюға болмайды. Көп кешікпей қалада миллионнан астам тұрғын болады. Ал республиканың өсу қарқынына қарағанда, енді бір елу жылдан кейін, қала халқының саны екі миллионнан асып кетуі де таңданарлық іс емес-ті. Сонда соншама жұрттың тағдырын тек жаратылыс құбылысының мінезімен байланыстырып қоюға бола ма? Əрине болмайды! Болмайды. Онда өз жобасында бұны неге ойламаған боп шықты. Жоқ, бұдан былай қарай Еркебұлан жобалайтын құрылыстардың бəрі де жер
сілкінуден қауіпсіз етілуге тиісті. Əсіресе тұрғын үйлер мен халық қазынасы көп шығарылатын театрлар, мəдениет сарайлары, орталық мекемелер. Еркебұлан мұндай қауіпке қарсы өз əдісін, өз жолын табады. Алматы жерінің тектоникасының ерекшелігін қатты ескереді. Сол үшін қала тұрған жердің сейсмикалық жаратылысы жөніндегі соңғы ғылыми еңбектерді қарап, қатты ізденеді! Осындай жұмыс үстінде отырған Еркебұланның ойына кенет Жұлдыз түсіп кетті! «Қайда жүр екен? Қашан кездеседі? Əлде тіпті кездесе алмай өте ме? Жоқ, жоқ. Қайткен күнде оны табуы керек! Тіпті мың жыл іздеуге тура келсе, сол мың жылға шыдау керек». Енді оның жүрегі тағы удай ашып кетті. Сол-ақ екен, алғашқы кездесіп жүргендеріндегі бір сурет көз алдында елестей қалды. Күздің қоңыр салқын түні еді. Аспандағы жүдей жылжыған ай сəулесі де көмескі. Жұлдыздар да жиі емес. Сірə, ертең тақа ыстық болмайтын тəрізді. Екеуі бірінің қолынан бірі ұстап Пионерлер үйінің қасындағы Қарағай паркінің арасындағы асфальтті аллеямен келе жатқан. Бұларды жұрт көзінен тасалай тұрайық дегендей, əр жерде сиреп қалған электр шамдары да бүгін көмескі жанған. Кенет Жұлдыз тоқтай қалған. − Осы бір мүсін маған керемет ұнайды,- деді ол он жақтарындағы көкке созылған қарағайлардың арасында шағын алаңдағы төмпешіктеу жерде тұрған қоладан құйылған тазша баланың тай мінген мүсінін көрсетіп. − Қарашы, түрі қандай бақытты! Тай үстіндегі, жалаңаш сол аяғын алдына қарай алып, қазандай бөрік киген (мүмкін, ол атасының бөркі болар) əлемге күле қараған тазша баланың түрі расында да қуақы, ақ жарқын, қуанышты еді. Бұл - өгей шешесінің өшпенділігімен басынан нелер қиындық өткізген, қауіп-қатерге сан рет душар болған Тазша бала емес, дүниеге тек жомарт ниетімен қараған бақытты бала. − Бұл кімнің мүсіні екенін білесің бе? - деген Еркебұлан. − Жоқ... − Бұл қазақтың ертектеріндегі Тазша баласының мүсіні... − Тазша баланың? Ол не істеген? Еркебұлан оған Тазша бала жайындағы ертекті айтып берген. Əсіресе өгей шешесі өлтірсін деп Тазша баланы мыстан кемпірге
«алтын сақаны алып кел» деп жіберген жері бұдан бұрын бұл ертекті естімеген Жұлдызға өте қызықты көрінген. − Қалай, қалай деді мыстан кемпір? Қайтадан айтшы осы арасын? − Алтын сақа алдында жатқан мыстан кемпір: «Шырағым, тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын, алтын сақаны өзің түсіп ала ғой»,- дейді. Қотыр тайы үйретіп қойған сөзді айтады Тазша бала: «Ойбай, əже, əне қасқыр келе жатыр»,- дейді. Кемпір артына жалт бұрылғанда, қотыр тайы бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалады да, Тазша бала алтын сақаны шап беріп ала сала тура шабады. Жаңағы «Тұрсам отыра алмаймын, отырсам тура алмаймын»,- деген мыстан кемпір қуа жөнеледі. Қотыр тай жеткізбейді. Мыстан кемпір күрек тісінің біреуін жұлып алып лақтырады. Қотыр тай үш аяқтап шауып жеткізбейді. Мыстан кемпір тағы бір тісін лақтырады. Қотыр тай екі аяғымен де жеткізбейді. Ақыры Тазша бала төрт аяғынан бірдей айрылған қотыр тайдың құр басына мініп, мыстан кемпірге жеткізбей, өгей шешесіне алтын сақаны əкеліп береді. Жетім Тазшаны қайтсем де жоқ етем деген шешесі енді оны Жезтырнаққа өлтіртпекші болады. Міне осындай сан түрлі қиындықты, қауіпті басынан өткізген Тазша баланың мүсінші жасаған мынау мыс бейнесі... − Мүсінші Тазша баланың бейнесін дəл тапқан екен,- деді Жұлдыз, сосын ақырын күрсінді. − Шіркін-ай, өмірде қандай қауіп-қатер кездессе де, осы Тазша баладай мойымай, күліп өтетін бола алсақ! − Оған еш шек келтірме!- деген сонда Еркебұлан. − Бірімізді- біріміз осылай сүйіп, дүниеден дəл бүгінгідей қуанышты өтеміз. Ал алда-жалда кездейсоқ бір ауыртпалықтар ұшырай қалса, одан мойымай өтетін күш табамыз. Ал шын махаббат адамға қанат береді, қандай қиындықты болса да жеңіп шығуға жол ашады! Сөйдеген Еркебұлан енді мынау, ең алғашқы кездескен қиындықтан жездей майысып, бордай опырылды. Міне, есіне түскен сол бір түнгі сөздері еді. Еркебұланның көңілі бұрынғысынан да толқи түсті. Кенет ол Тазша баланың мүсінін көргісі келіп кетті. Егер сол мүсіннің жанына қазір өзі барса, ар жағынан Жұлдыз да келетіндей сезінеді. Түнгі сағат он бір шамасы еді. Терезеден көшеде өтіп бара жатқан адамдар əлі де көрінеді. Еркебұлан тез киініп, далаға шықты. Ол Тазша баланың қотыр тайына мінген мыс мүсіні тұрған Қарағай паркіне қарай аяңдады. Оған бару үшін Еркебұланға Чайковскийден өтіп, Дзержинский көшесімен оңға бұрылуы керек. Келесі Калинин көшесінің сол жақ бұрышында парк.
Еркебұлан аздан кейін-ақ Калинин көшесінен өтіп, Дзержинскийдің бұрышына тоқтады. Көшенің арғы бетіндегі ұйғыр театрының алдындағы автобус аялдамасында бір жігітті қоршай дүрліккен үш-төрт адамды байқады. Анықтап қарап еді, қоршауда тұрған жігіт Қайназарға ұқсас боп көрінді. «Мынау Қайназар ма? Əлде соған ұқсас біреу ме? Жоқ, жоқ, сол. Сірə, рестораннан шыққан беті шығар. Қасындағылары кім? Неге қоршап алған? Көшеден өтіп бара жатқан ауыр жүк машинасын күтіп, сəл кідірген Еркебұлан машина өтісімен, бір сұмдықты жүрегі сезгендей əлгі топ адамға қарай жүгірді. Сөйткенше болған жоқ, тыныш түнде үрейлене айқайлаған Қайназардың даусы естілді: − Жəрдем беріңдер! Жəрдем беріңдер! Ойбай, өлтірді! Еркебұлан жан ұшыра жүгіріп аялдамаға жеткенде, жерге шалқасынан құлаған Қайназарды көрді. Оны қоршап алып, басы- көзіне қарамай төрт жігіт тепкілеп жатыр. − Падло, еще огрызается!- деп еңгезердей сары біреу арт жағынан басқа кісінің келіп қалғанын сезіп, құлап жатқан Қайназардан шегінді. Жүгіріп жеткен Еркебұлан Қайназарға араша түсе кетті. − Бұларың не?- деді ол Қайназарды əлі тепкілеуін қоймаған денелі қазақ жігітін қатты итеріп қап. − Өлтірдіңдер ғой. Жасынан спортпен айналысқан Еркебұлан да қарулы еді. Бұл итеріп қалған жігіт шалқақтай барып, артындағы үлкен еменге жауырынымен тірелді. Дəл осы кезде Еркебұланның оң жағында тұрған сары шоқпардай жұдырығымен бұның жағынан кеп перді. Бірақ қолы тимеді. Еркебұлан лып етіп, сарыны қарынан ұрды. Еркебұланның ұруынан қар етінің жаны кетіп салбырап қалған оң қолын сол қолымен ұстап, сары жігіт жанындағы ағашқа сүйеніп, қылжиды да қалды. Еркебұлан енді өзіне тап берген үшінші жігітті де самбоның əдісімен оп-оңай отырғызды да қойды. Сол уақытта төртінші бұзық жолдастарының қандай күйге ұшырағанын көріп, сірə, Еркебұланға жақын келуге бата алмаған болуы керек, жерден бір үлкендеу тасты алды да, пəрменінше кеп лақтырды. Тас Еркебұланның қара санынан кеп тиді. Еркебұлан қираң етіп отыра қалды. Дəл осы тұста еменге барып құлаған алғашқы жігіт гүр ете қалды. − Тимеңдер!- деді ол ақырып жолдастарына,- көрсетейін мен оған қазір,− Кенет оның қолында екі жүзді қанжар жарқ етті.
Бұзық жігіт қанжарын жоғары ұстап дəл жүрек тұсынан қадағалы, орнынан тұра алмай отырған Еркебұланға таяй берді. Қара санынан тас тиіп, қозғала алмай отырған Еркебұлан қанжарын жалақтатып, өзіне таяп келе жатқан денелі қара сүр жігітті көргенде, тез қимылдау керек екенін түсінді. Егер тез қимылдамаса оның өзін өлтіретініне сөз жоқ! «Не болса да тез, тез қимылдау керек!» Жұлдызы үшін, əке- шешесі үшін, əлі орындалмаған армандары үшін өзін сақтау тілегі кенет оған күш берді. Найзағайдай атылып ұшып тұрып таяп қалған қара сұрды іштен кеп тепті. Анау қанжарын сілтеуге де үлгірмеді, шалқалай барып, қара құсымен артындағы тасқа кеп құлады. Жігіт шалқасынан барып түскенде, Еркебұланның ең алдыменен көргені көзі жұмылып кеткен қара сұрдың дəл маңдай алдындағы бір уыс аппақ шашы оның көзіне ерекше түсті. Сол сəтте Еркебұланның тұманданып бара жатқан миында бір көрініс жарқ етті. − Япырмай, сол жігіт емес пе? Иə, сол бір күн Еркебұланның дүниедегі ең ауыр күні болған. Сонау жындыханадан кетіп қалған күні ол бір жолдасының үйінде тағы арақ ішкен. Жолдасының үй іші жатар кезде бұл шығып кеткен. Қайда барарын білмей, қараңғы көшенің бұрышындағы жуан еменге сүйеніп ұзақ тұрған. Көрінген жерге жатып ұйықтап қалардай мас емес еді. Кенет ойына мұны күтіп тұрған жындыхана түсті. Жаны түршігіп кетті. Енді ғана өзінің сол жындыханаға жақын көшеде екенін аңғарды. Дəл қазір біреу бұны ұстап алып сонда апаратындай бұл арадан қаша жөнелді. Қайда барарын өзі де білмейді, бетінің ауған жағына қашып барады. Кенет ол өзінің мұндай күйге түскенін ақылымен емес, жүрегімен сезді. Сонда барып ол енді шын асылып өлмекші болды. Жанындай жақсы көрген Жұлдызы жоқ, бұны тек жындыхана ғана күтіп тұр. Ал жаны ашиды деген əке-шешесі өздері жындыханаға табыс етті - ендігі өмірдің бұған қандай қажеті бар? Еш қажеті жоқ. Өмір дегені құр өкініш, азаптану екен. Тастап кеткен ғашығыңды үмітсіз сағыну, көрінгеннен жалынып арақ ішу бұ да өмір ме? Жоқ, бұл өмір емес, барып тұрған қорлық, азаптану. Ал бұл қорлықтан, бұл азаптанудан қалай құтылады? Қанша осылай қаңғырып жүрсең де, қанша осылай өкініп жыласаң да құтыла алмайсың! Құтылатын жалғыз жол бар: ол - өлу! Өлген адам бұл қорлықтың, бұл азаптың бірін де білмейді. Өлсең жаның мəңгі тынышталады. Еркебұлан кенет осындай қорытындыға келген. Сол-ақ екен, ол бүгін түнде тіпті дəл қазір өлмек болды. Бір ғажабы - артымда Жұлдызым, əке-шешем, жұмысым бар ғой деген өкініш ойына да кірмеді. Дүниеге, тағдырға, өзіне, Жұлдызға, əке-шешесіне ызаланған Еркебұлан, бəрінен өшін алып өлмек болды. Енді ол өлу жолын іздеді.
Трамвай, автобустардың тоқтап қалған шағы. Жан-жағындағы үйлерге қарады. Біреуінің жоғарғы қабатына шығып, баспалдақты жеріндегі терезесінен секірсе, бəрі бір секундта бітеді. Ал жетінші қабаттан секірер болсаң... Иə, иə, қайғыдан да, қиналудан да - бəрінен де сорлы басың тас асфальтқа тиген шақта құтыласың. Бəрі де көзіңді ашып- жұмғанша бітеді. Бұдан артық қуаныш болар ма? Бірақ бұл маңайда ол ондай биік үйді көре алмады. Сол сəтте Еркебұланның есіне осы өзі тұрған көшенің ана бір қалың ағашының ішінде тұрған үйдің арғы бетіндегі балалар тербетілетін əткеншек түсті. Осы жындыханаға келер алдында өзі бір «серігімен» соның жанындағы орындықта отырып, түнде арақ ішкен. Ешкім көрінбейтін оңаша жер. Кісі отыратын тақтайдың бір жақ жібі үзіліп қап, тақтайдың өзі екінші жіпте салбырап тұрған. Анау үзілген кендір жіп, мойынға ілмешек істеп жіберіп, асылып өлуге жақсы. Жанындағы орындықты алып келіп ілмешекке басынды сұққаннан кейін, аяғыңмен теуіп жіберіп орындықты құлатсаң болғаны, көп болса бір минут, бəрі бітеді. Қанша жұлқынсаң да, мойныңа салған тұзақтан құтыла алмайсың... Тез өлмесе, бірдемесі кететіндей ол енді сол қараңғы бұрышқа қарай асыға жөнелді. Дəл осы кезде біреудің жан даусы шыға қырылдай айқайлағаны естілді. Сөйткенше болған жоқ, бұл келе жатқан жерден екі-үш кісінің көшенің бұрыш-бұрышына қарай қаша жөнелгенін де көрді. Электр шамы күңгірттеу жанып тұрған тұстағы бұрыштан дəл бұның қасынан əлгі қашқандардың біреуі жүгіріп өтіп кетті. Ешкім танымасын деп бетін қолымен жауып алған. Еркебұланның көзі тек оның қою қара шашының алдыңғы жағының бір уыстай жері аппақ екенін шолып қалды. Аз уақыт тым-тырыс бола түсті де, тағы дабырлаған дауыстар шықты. Еркебұлан ойлаған жеріне келгенде, жаңағы айқай осы арадан шыққанын білді. Өзі көрген «качельдің» жанына қасындағы үйден шыққан бес-алты адам жиналып қалыпты. Дабырлаған дауыстар солардікі екен. Біреулер сіріңке жағып жатыр. Еркебұланға өзі асылам деген жіпте біреудің салбыраған денесі тұрғандай болды. Сөйткенше əлдекім қол фонарын жағып, əлгі салбыраған затқа беттеді. Кенет шам жарығы асылған адамның бетіне түсті. Асулы тұрған қыр мұрынды, сопақ бет, қара қасты бала жігіт екен. Тілі аузынан шығып кеткен. Кендір тозақтың түйіндісі, сірə, желке тұсынан келген болуы керек, жігіттің басы бір жағына қисайып құлап кеткен. Əлдекімдер «Бишара, жап-жас екен!», «Сорлыны не үшін өлтірді екен!», «Бишара неге осы уақытқа дейін көшеде жүреді?», «Бұл өшіккен адамдардың ісі», «Өзінің жолдастары да», «Əрине, өшіккен өлтірген. Тонаушылар болса, қолындағы сағаты мен костюмін алмай
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152