қолтық жақын еді. Уайым-қайғыдан құтылдым ба дегенде, оған өлім жақындады. Сақалы аппақ қудай болып, көзі нашарлады. Белі бүкірейіп, қолдары қалтырады. Ұйқысы қашып, түн ұзарды. Ризашылық сезімді ол бөтен біреуден сұрап алған киімдей көрді. Ұлы байлар мекендейтін маңайға көшіп, Мендель өзінің ескі жұртында, өз пəтерінде, көгілдір май шамының қасында, кедейлермен, мысықтармен жəне тышқандармен көршілес қалпында қалды. Ол тақуа, құдайдан қорқатын əрі қатардағы, мүлдем қарапайым еврей еді. Оған аздаған адамдар ғана көңіл аударды. Кейбіреулер оны мүлдем байқамайтын да. Күндіз жеміс-жидек сатушы Менкес, музыкаға қажетті тауарлар сататын Сковроннек, таурат жазушы Роттенберг жəне етікші Грошель сынды бірнеше ескі достарына баратын. Аптасына бір рет үш баласы, немересі жəне Мэк келіп тұрды. Оның оларға айтар түгі жоқ еді. Олар театрда, қоғамда жəне саясатта болып жатқан оқиғалар туралы əңгімелейді. Ол тыңдап отырып, ұйықтап қалады. Дебора оятқанда барып, көзін ашатын. «Мен ұйықтаған жоқпын!» – деп сендіруге тырысатын ол. Мэк күлетін. Сэм жымиятын. Мириям Деборамен сыбырласып отыратын. Мендель азырақ ояу отырып, қайтадан қалғып, басы салбырады. Сол бетте түс көрді: түсіне өз еліндегі оқиғалар жəне ол Америкада аттарын ғана естіген заттар, театр, алтын мен қызыл түске оранып жарқ-жұрқ еткен акробаттар мен бишілер, Құрама Штаттардың президенті, Ақ Үй, миллиардер Вандербилт жəне тағы да қайтадан Менухим кірді. Кішкентай кемтар бейшара бала əншілердің қызылды-жасылды, алтын түстерінің ортасына араласып, «Ақ Үйдің» жарқыраған сəулесінің алдында солғын сұр дақ болып тұрып қалды. Ананы-мұнаны көзі ашық, ояу көкірекпен көруге Мендель жарамайды, ол – тым кəрі. Ол балаларының Америка – құдайдың сүйіп жаратқан жері, Нью-Йорк – ғажайыптар қаласы, ал ағылшын тілі – ең əдемі тіл деген сөздеріне иланды. Американың еркектерінің денсаулығы мықты, əйелдері – сұлу, спорт – маңызды, уақыт – қымбат, кедейлік – кемістік, байлық – еңбек, адамгершілік – жартылай жетістік, өзіңе сену – толық сенім, би – гигиена, дөңгелекті коньки тебу – міндет, қайырымдылық – қаржы бөлу, анархизм – қылмыс, көтеріліске шығушылар – адамзаттың жаулары, арандатушылар – шайтанның одақтастары, заманауи машиналар – көктің жаудырған алғыс баталары да, Эдисон – ең ұлы
данышпан дегеніне сенді. Жақында адамдар құс сияқты ұшып, балық сияқты жүзетін болады, əулиелер сияқты болашақты болжап, мəңгілік бейбітшілікте өмір сүріп, сүттей ұйыған, мүлтіксіз татулықта бірлесіп еңбек етіп, жұлдызға дейін жететін зəулім үйлер салатын болады. Дүние жүзі өте тамаша болады, немерем бақытты болады! деп ойлады Мендель. Ол бар жақсылықты басынан өткереді! Десе де оның болашақ үшін масаттанып тамсануына Ресейге деген сағынышы араласып кетті де, оны əлі тірілердің құратын салтанатының алдында марқұм болып қалуы мүмкін екенін білу мазалады. Ол неге екенін білмеді. Ол мазасыз күйге түсті. Ол енді жаңа заман үшін тым кəрі де, салтанат құру үшін əлсіз еді. Оның əлі де болса, өшпеген жалғыз ғана үміті бар еді: ол – Менухимді көру. Оны алып келу үшін ол жаққа Сэм мен Мэк барар еді. Бəлкім Дебора да барар. Жаз еді. Күні-түні төсектердің аяқтарында жағар май толтырылған табақтарда кішкене мыс дөңгелектер тұрғанына, Дебораның жиhаздың қуыс-қуысының бəріне құстың қауырсынымен қылқан жапырақты ағаштардан шығатын қара май тəрізді зат – терпентин жағып тастағанына қарамастан, Мендель Зингердің пəтерін қандала, бүрге сынды құрт-құмырсқа басып кетті. Қандалалар үйдің қабырғаларының төменгі жағында, төбеде ұзыннан ұзақ тізіліп, қанішерлік зұлымдықпен қараңғының түсуін күтіп тұрады да, қараңғылық орнаған бетте ұйықтап жатқандарға шабуыл жасайды. Бүргелер үйдің тақтайларының арасындағы қара тіреуіш итарқадан киім-кешекке, жастық, төсек орынға секіреді. Түн ыстық, лүп еткен еткен жел жоқ, тымырсық əрі қапырық еді. Ауық-ауық ашық терезеден келе-бара жатқан бағыты белгісіз поездардың алыстан естілген дүрсілі, бірнеше миль қашықтықтағы еңбектеніп жатқандардың тарсы лы мен көрші үйлерден, көң үйіндісінен жəне ашық каналдардан қоңырсық иіс келеді. Мысықтар шулап, иесіз иттер ұлып, емшектегі балалар түні бойы шыңғырды да, Мендельдің төбесіндегі ұйқысыз жүргендердің аяқтары тырпылдап, суықтап ауырып қалғандардың түшкірігі шуылдап, əбден шаршап-шалдыққандар есінеп-құсынап азапқа түсті. Мендель Зингер төсектің қасында тұрған жасыл бөтелкедегі шырағданды тұтатып, терезеге барды. Осы кезде ол бір жақта қызыққа тола өтіп жатқан қызу америкалық түннің шағылысып түсіп тұрған
қызғылт сəулесін жəне түнгі аспанда торығып құдайды іздеп жүргендей болып көрінген прожектордың үздіксіз түсіп тұрған күміс көлеңкесін көрді. Иə, Мендель сонымен қатар біраз жұлдыздарды да көрді, біраз жұпыны, аянышты жұлдыздар, бөлшектенген жұлдыз суреттері. Мендель өз еліндегі жарқыраған жұлдызды түндерді, кең аспанның тұңғиық көк түсін, айдың əдемі иілген орағын, ормандағы ну қарағайдың жабырқаңқы сыбдырын, шегіртке мен бақалардың дауыстарын есіне алды. Оған дəл қазір, өзінің осы іс жүзінде жүріп, тұрғаны қалай шын болса, үйден шығып, түні бойы, қайтадан ашық аспан астына жетіп, бақалар мен шегірткелерді жəне Менухимнің қыңқылын естігенше, жаяу кетіп қалуының да жүзеге асуы сондай оңай болатын тəрізді көрінді. Ол мұнда, Америкада, елі əн салып жəне сөйлеп жатқан көп дауысқа, шегірткенің шырылына жəне бақаның бақылдаған даусына қосылып, сіңісіп кетті. Арамызда мұхит жатыр, деп ойлады Мендель. Кемеге отыру керек, тағы бір кемеге, тағы да жиырма күн, жиырма түн жүру керек. Содан соң ол өз үйінде, Менухимінің жанында болады. Балалары оны ақыры бұл көшеден көшіп кетуге көндірді. Ол қорықты. Осы өміріне де дəн риза еді. Оның есіріп, дандайсығысы келмеді. Қазір, барлығы дұрыстала бастағанда, құдайдың қаhарына ұшырамау керек. Оның жағдайы бұрын қашан бұдан артық болып еді? Басқа жаққа көшіп несі бар? Одан не ұтады? Əлі өмір сүремін бе деп үміттенген біраз уақытты ол құрт-құмырсқалармен бірге-ақ, олардың ортасында өткізе алады. Ол артына бұрылды. Бұл жерде Дебора ұйықтап жатыр. Бұрынырақ ол осы бөлмеде Мирияммен бірге ұйықтаған. Мириям қазір ағасының үйінде тұрады. Əлде Мэктың жанында ма екен, деп ойлады Мендель, шапшаң əрі жасырын. Дебора тыныш қана, манаурап ұйықтап жатыр, үстіндегі көрпесін денесіне жартылай жамылған, жалпақ жүзінде өміріне деген ризашылық жымиыс көрініп тұр. Маған бұның не қатысы бар? деп ойлады Мендель. Біз осы не үшін əлі бірге тұрып жатырмыз? Сезіміміз суыды, балалар есейіп, қамдарын жасап, өз қолдары өз ауыздарына жетті, мені оның жанында не ұстап тұр? Оның пісірген тамағы ма?! Адамның жалғыз болуы жақсы емес деп жазулы тұр. «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан». Яғни, біз бірге тұрамыз. Олар өте
ұзақ уақыт бойы бірге өмір сүрді, ендігі мəселе – кімнің ертерек өлетіндігінде. Бəлкім, мен шығармын, деп ойлады Мендель. Оның денсаулығы мықты, əрі уайымы аз. Əлі де ылғи кез келген бір тақтайдың астына ақша тығады. Оның күнə екенін білмейді. Тыға берсін! Бөтелкенің мойнындағы шырағдан соңына дейін жанып бітті. Түн өтті. Күн көрінбей жатып-ақ таңның алғашқы белгілері сезіле бастады. Бір жерлерде сықырлатып есік ашылып, баспалдақтан дүңкілдеген қадамдар естіледі, аспан солғын сұр түсті, жерден сарғыш түтін, каналдардан шаң мен күкірт көтеріліп жатыр. Дебора оянып, аhылап-уhлеп, былай деді: «Жаңбыр жауады! Каналдан сасық иіс шығып кетті ғой, терезені жапшы!» Осылайша жаз күндері басталды. Түстен кейін Мендель үйде ұйықтай алмайды. Ол балалар ойнайтын алаңға барды. Сирек кездесетін бозторғайдың шырылдап салған əніне қуанып, шаттанады, отырғышта ұзақ отырып, қол шатырымен құмның үстіне айдақ-сайдақ сызықтар салады. Кішкене көгалдың үстінде ұзын резеңке құбырдан шашырап ағып жатқан судың əсерінен Мендельдің беті салқындады, сəл болса да, жаны рахатқа бөленіп, ұйықтап кетті. Түсінде тағы да театрды, қызыл мен алтын түске оранған акробаттарды, Ақ Үйді, Құрама Штаттар президентін, миллиардер Вандербилтты жəне Менухимді көрді. Бір күні Мэк келді. Ол (Мириям оның қасына еріп, сөздерін аударма жасап жүр) шілденің аяғына таман немесе тамызда Менухимді алып келуге Ресейге баратынын айтты. Мэктың не себепті барғысы келетінін Мендельдің іші сезіп отыр. Мүмкін оның қызы Мириямға үйленбек ойы бар шығар. Мендельдің отбасы үшін ол қолынан келгенінің бəрін жасауда. Егер мен өлсем, Мэк Мириямға үйленетін шығар, деп ойлады Мендель. Екеуі де менің өлгенімді күтіп жүр. Менің əлі уақытым бар. Мен Менухимді күтіп жүрмін. Маусым болды, бұл – ыстық əрі ерекше ұзақ ай. Шілде қашан келер екен?
Шілденің соңында Мэк кемеге жол билетіне тапсырыс береді. Бильлес отбасына хат жазылады. Мендель достарына ең кіші ұлының да Америкаға келетінін айту үшін Сковроннектің дүкеніне барады. Сковроннек отбасының дүкенінде бүгін басқа күндерге қарағанда анағұрлым көп адам жиналып қалыпты. Əрқайсысының қолында бір- бір газет. Еуропада соғыс басталыпты. Мэк енді Ресейге бармайды. Менухим Америкаға келмейді. Соғыс басталды. Мендельдің уайым-қайғыдан арылғаны жаңа ғана емес пе еді? Өмірінің көлеңкесі сейілгенде, соғыс басталды. «Аузы аққа тигенде, мұрны қанады». Йонас – соғыста, Менухим болса, Ресейде. Аптасына екі рет кешкісін Сэм мен Мириям, Вега мен Мэк Мендель Зингердің үйіне келіп тұрды. Олар қарттан Йонастың қазасын жəне Менухимнің қауіп-қатерге толы өмірін жасыруға тырысты. Олар Мендельдің Еуропаға бағытталған назарын өздерінің жеке сəтті жетістіктері мен өз жеке бастарының қауіпсіздігіне аудара алармыз деген үмітте еді. Олар өздерін Мендель Зингер мен соғыстың ортасына қалқа етіп қойғандай болды. Ол олардың сөзін мұқият тыңдап, олардың Йонас кеңседе істейді-міс жəне Менухим өзінің айрықша сырқатынан Петерборда ауруханада бейқам емделіп жатыр-мыс деген болжамдарын беріліп, олардың сөзіне сенгендей сыңай танытып отырған кезде, оның көз алдына ұлы Йонастың атынан құлап, соғыс туралы хабар таратушы тілшілер көрнекі суреттеп беріп жүрген істік сымдардың біріне ілініп тұрғаны елестеді. Ал Цухновтағы үйі өртеніп жатыр – Менухим болса, бұрышта жатып, жанып кетті. Жағдайды пайдаланып, оның кішігірім ой білдіріп, былай деуге батылы жетті: «Бір жыл бұрын, хат келгенде», – деді Мендель, «мен өзім Менухимге баруым керек еді». Ешкім жауап қатпады, үнсіздік орнады. Ешкім оған қарсы сөз айта алмады. Мендель бұл ойын бұрын да бірнеше рет айтқан еді, əрі ылғи да дəл осындай үнсіздік орнайтын еді. Қарт осы бір ауыз сөзімен бөлмедегі шамды өшіргендей болды, қара түнек орнады, ешкім саусақпен қай жақты нұсқап көрсететінін сезбеді.
Ұзақ уақыт үнсіз отырғаннан кейін, олар орындарынан тұрып, кете барды. Мендель Зингер бірақ олардың соңынан есікті жауып, Дебораны ұйықтауға жіберді де, шырағдан жағып, псальмаларды бірінен соң бірін сұңқылдата жөнелді. Ол бұл дұғаларын жақсы сəттерде де, қиын кездерде де айтатын. Ол Тəңірге риза болып, шүкіршілік еткенде де, одан қорыққанда да əндетеді. Мендельдің теңселген қозғалысы сол қалпы. Тек мұқият құлақ тосқан адам ғана бəлкім даусынан Мендель сынды тақуаның шүкіршілік білдіріп, тəубаға келіп жатқанын немесе даусының үрейге тола екенін оңай білген болар еді. Осы түндерде оны үрей сынайын деп тұрған ағашты шайқаған желдей қалшылдатты. Уайым-қайғы оның даусын да өзгертті, ол псальманы бөтен дауыспен айтты. Ол айтып бітті. Кітапты жауып, оны ерніне апарып, сүйді де, жалынды өшірді. Бірақ оның жан дүниесі саябырси алмады. Өте аз, өте мардымсыз іс жасадым, деді ол өзіне. Кейде ол өзінің жалғыз құралының, псальма айтуының, Йонас пен Менухимды жұтып қойған зор дауылдың ішінде түкке тұрғысыз болып қалуының мүмкін екендігін түйсінуден қорықты. Зеңбіректің, деп ойлады ол, даусы қатты, өрт – тілсіз жау, жалыны күшті, менің балаларым күйіп жатыр, бұл – менің күнəм, менің күнəм! Ал мен болсам, псальма ғана айтып отырмын. Жеткіліксіз! Жеткіліксіз! ХІІ Америка бейтарап қалуы мүмкін, деп Сковроннектің үйінде түстен кейінгі саясатты талқылаған сəттерде бəстескен барлық адам ұтылып қалды. Күз мезгілі еді. Мендель Зингер таңғы жетіде оянды. Сағат сегізде-ақ ол үйінің алдында көшеде тұрды. Қар өз еліндегідей, Цухновтағыдай, əлі ақ əрі қатты еді. Бірақ бұл жерде ол тез-ақ еріп кетеді. Америкада қар бір түннен артық жатпайды. Таң атпастан-ақ газет сатушы балалардың шапшаң қадамдары оны илеп тастады. Олардың бірі өз қасына келгенше, Мендель Зингер күтіп тұрды. Ол газет сатып алды да, қайтадан үйіне кетті. Көк май шам жанып тұр. Түн сияқты қараңғы болып тұрған таңертеңгі кезге жарық беріп тұр. Мендель Зингер газетті
жайды, газет – майлы, жабысқақ əрі ылғал, одан шамның иісіндей иіс шығады. Ол соғыстың барысы туралы берілген хабарларды екі рет, үш рет, төрт рет оқыды. Бірден он бес мың неміс тұтқынға түскенін, орыстардың Буковинада қайтадан шабуылға шыққанын түсінді. Жалғыз бұл хабар оны қанағаттандырмады. Ол көзілдірігін шешіп, сүртіп, тазалады да, оны қайтадан киіп, соғыс туралы хабарларды тағы бір рет оқып шықты. Көздері газет жолдарын түгел сүзіп шықты. Сэм Зингер, Менухим, Йонас деген аттар көзіне ілінбей, түсіп қалмады ма екен? «Газетте не жаңалық бар екен?» – деп сұрады Дебора бүгін де күнде таңертеңгідей. «Түк те жоқ!» – деді Мендель немқұрайды. «Орыстар жеңіп, немістер тұтқынға түсіп жатыр». Тыныштық орнады. Спиртпен жанатын шамның үстінде шəй қайнап тұр. Ол тура өз үйіндегі самаурын сияқты ысылдауда. Тек шəйдің дəмі басқаша, қытай қағазына оралғанына қарамастан, америка шəйінің дəмі ащы, шірік сасиды. «Шəй де іше алмайсың!» – деді де, Мендель өзінің түкке тұрғысыз нəрсені əңгіме қылып отырғанына таңқалды. Мүмкін ол басқа нəрсе туралы айтқысы келген шығар? Əлемде соншалықты көп маңызды мəселелер болып жатыр, ал Мендель болса, қайдағы бір шəйды сөз қылып, мұңын шағып отыр. Орыстар жеңіп, немістер тұтқынға түсті. Тек Сэм туралы еш хабар жоқ, Менухим жайлы да ештеңе естілмейді. Екі апта бұрын Мендель хат жазған еді. Қызыл Крест те Йонасты хабарошарсыз жоғалған деп хабарлады. Ол бəлкім өлі шығар, деп ойлады Дебора ішінен. Мендель де солай ойлады. Бірақ олар «хабар-ошарсыз жоғалған» сөзінің мағынасы туралы ұзақ əңгімелесті де, бұл сөздің мағынасы өлім туралы болуы мүмкін еместей, əрі ойланып, бері ойланып, «хабарошарсыз жоғалған» сөзі тұтқынға түсті, қашып кетті немесе ұсталғанда жараланып қалды дегенді білдірер деп келісті. Бірақ неге Сэм сонша ұзақ уақыт бойы жазбайды? Ол ұзағырақ жорықта болды ма екен, немесе дəл «қайта топтаудың» өзінде, мəн-мағынасы түстен кейін Сковроннектің үйінде нақты түсіндірілген қайта топтаулардың бірінде болды ма екен. Оны естіртіп айтуға болмайды, деп ойлады Мендель, Сэмның бармауы керек еді.
Сөйлемінің екінші жартысын ол бəрі бір де естіртіп айтып қойды, Дебора оны естіп алды. «Сен бұны түсінбейсің, Мендель», – деді Дебора. Ұлының америкалық соғысқа қатынасу себеп-салдарын ол қызы Мириямнан естіп білген. «Америка – Ресей емес. Америка – атамекен. Əрбір парасатты адам атамекені үшін соғысқа баруға міндетті. Мэк кеткен соң, Сэм да қала алмады. Сонымен қатар, ол құдайға шүкір!, полк штабында ғой. Ол жерде ешкім қаза болмайды. Барлық жоғары шенді офицерлердің қазаға ұшырауына жол берілсе, ешқашан жеңіске жетпес еді ғой. Құдайға шүкір, Сэмымыз жоғары шенді офицерлердің маңында жүр». «Бір ұлымды патшаға бердім, сол да жеткілікті болған болар еді ғой!» «Патша бөлек те, ал Американың жөні бір бөлек қой!» Мендель ары қарай айтысып-тартыспады. Ол бəрін естіп қойған. Екеуі, Мэк пен Сэм, аттанған сəтті əлі күнге дейін есіне алады. Екеуі тура көшенің ортасында америкалық бір əнді салған еді. Кешкісін Сковроннектің үйінде: Сэм, көз тимесін, сұлу солдат, деп айтып жатты. Бəлкім, Америка – атамекен, соғыс – парыз, қорқақ- тық – ұят, полк штабында өлу – болмайтын жағдай шығар! Дегенмен, деп ойлады Мендель, əкемін ғой, бір ауыз сөз айтуым керек еді. «Сэм, бармай-ақ қойшы! Қалшы!» – деп айтуға тиіс едім. «Ұзақ жылдар бойы ең болмаса, бақыттың жұрнағын көруді зарыға күттім. Йонас болса, солдатқа кетті, Менухимнің жағдайы не боларын кім білсін, сенің əйелің, балаң əрі істеп жатқан кəсібің бар. Бармай-ақ қой! Қалшы, Сэм!» Мүмкін қалған болар ма еді. Мендель күндегі əдетінше арқасын бөлмеге беріп, терезенің жанына барып тұрды. Ол тура осы өзі тұрған жерден қарама-қарсы бірінші қабаттағы сынып, қоңыр картонмен шегелеп тасталған Леммельдердің терезесін көрді. Төменде маңдайшасында ежелгі еврей жазуы бар, солғын тартқан көгілдір түстің үстінде ақ, кір басқан əріптер жазылған, ет ыстаушы еврейдің дүкені орналасқан. Леммельдің ұлы да соғысқа кеткен. Леммель бүкіл отбасымен кешкі мектепке барып, ағылшын тілін үйренді. Кешке олар кішкентай балалардай дəптерлерімен мектепке барды. Бəлкім, олары дұрыс та шығар.
Мендель мен Дебораның да мектепке барғандары жөн болар ма еді. Америка атамекен ғой. Тағы біраз аздап қар жауды, баяу, тез еритін, жабысқақ қар ұшқыны түсті. Еврейлер жайылған қара қол шатырларын төбелерінде шайқалтып, енді арлы-берлі қыдыра бастады. Барған сайын олар көбейе түсті, көшенің ортасында жүр, ақ қардың соңғы қалдықтары олардың аяқтарының астында езіліп жатыр, олар үкіметтің мүддесін көздеп, қар толығымен жоғалып кеткенше, соншалықты ұзақ əрібері жүруді міндеттеріне алған тəрізді. Мендель өз терезесінен аспанды байқай алмады. Бірақ ол аспанның түнеріп тұрғанын білді. Қарама-қарсы терезелердің бəрінен сарғыш қызыл болып көрінген шамадардың жарықтарын көрді. Аспан түнеріп тұр. Барлық үйде қара көлеңке. Сəлден соң ана жер, мына жерде терезе ашылып, көрші əйелдердің кеуделері көрініп қалды, терезелерге қызыл жəне ақ сейсептер мен тыссыз, сарғыш, оңып кеткен жастықтар ілінді. Бүкіл көше бірден көңілді болып, неше түрлі түске малына қалды. Көрші əйелдер даурығып, бір-бірімен айқайлап сəлемдесті. Үйлердің ішінен тəрелкелердің сыңғыры мен балалардың шуылы естіледі. Егер Сковроннектің магазинінен граммофоннан бүкіл көшеге жаңғырықтанып естіліп жатқан соғыс маршының үні болмаса, бейбіт заман деп ойлап қалуға болар еді. Жексенбі қашан екен? деп ойлады Мендель. Ертеректе ол сенбіден сенбіге дейін күн санайтын еді, енді жексенбіден жексенбіге дейін күн санайтын болды. Жексенбі күні Мириям, Вега жəне немересі қонаққа келді. Олар Сэмның хаттарын, немесе ең құрығанда жұрттың бəріне аян жаңалықтар əкелетін. Олар бəрін білді, барлық газеттерді оқыды. Олар енді кəсіптерін бірігіп жүргізуде. Жағдайлары ылғи жақсы, өздері ықтиятты, ақшаларын жинап, Сэмның оралуын күтіп жүр. Мириям кейде Глюк мырзаны, бас директорды, ертіп келеді. Ол Глюкпен биге барады, онымен шомылуға да барады. Жаңа казак пайда болды! деп ойлады Мендель. Бірақ ол ештеңе айтпады.
«Өкінішке орай, мен соғысқа бара алмаймын!» – деп, күрсінді мистер Глюк. «Менің жүрегімнің қан жолы тетігінің біреуі қатты қабынған, марқұм əкемнен мұра болып қалған жалғыз осы ғана». Мендель Глюктың қыпқызыл қаны тамған бетіне, кішкентай қой көзіне жəне сəн үлгісімен өсіріп қойған əрі өзі жиі ширатып ойнап отыратын қылымсып үлбіреп тұрған мұртына зейін салып, қарап шықты. Ол Мириям мен Веганың ортасында отыр. Бір рет, Мендель əңгіменің ортасында үстелден тұрғанда, Глюк мырзаның оң қолын Веганың мықынына, ал сол қолын Мириямның санына қойып отырғанын байқап қалғандай болды. Мендель сыртқа, көшеге, шықты да, үйдің алдында ары-бері жүріп, қонақтар кеткенше күтті. Ол үйге қайтып оралғанда, Дебора былай деді: «Сен өзіңді орыстың еврейі сияқты ұстайсың». «Мен – онсыз да орыстың еврейімін», – деп, қарсы сөйледі Мендель. Бір күні, аптаның əйтеуір бір күні болатын, ақпан айының басында Мендель мен Дебора түскі астарын ішіп отыр еді, Мириям кіріп келді. «Қайырлы күн, апа!» – деді ол, «Қайырлы күн, əке!» – деді де, тұрып қалды. Дебора қолындағы қасығын тастай салды да, тəрелкесін ары итеріп қойды. Мендель екі əйелге көз тікті. Бір төтенше жағдайдың болғанын іші сезді. Мириям аптаның ортасында, өзі жұмыста болуға тиіс уақытта келді. Жүрегі қатты дүрсілдеп соғып кетті. Десе де сабырлы еді. Ол осы көріністі есіне түсіруге тырысып бақты. Бір рет осылай болған еді. Онда Мириям үстінде күздік қара пальтосы бар, үндеместен тұрып еді. Міне, Дебора тəрелкесін ары қарай итеріп қойып отыр, тəрелкесі үстелдің тура ортасында тұр, сыртта жұмсақ, тез еріп кететін ұлпа қар жаууда. Шам сарғайып жанып тұр, оның жарығы да иісі сияқты майлы. Ол əлсіз əрі көмескі, бірақ өзінің ашық сұр түсімен-ақ бүкіл бөлмеге өң беріп тұрған бұлыңғыр күндізгі уақытқа қарсы күресуде. Мендель Зингер дəл осы жарықты есіне алып отыр. Осы көрініс оның түсіне кірген. Ол бұдан кейін де не болатынын біледі. Мендель осы жағдайды əлдеқашан басынан өткеріп, жан азабы бірнеше жыл бұрын-ақ қайғыға айналып кеткендей, бəрін сезіп-біліп қойды. Мендель барынша сабырлы. Бірер секунд тыныштық орнады. Мириям əкесі не шешесі өздері-ақ оған сұрақ қоя отырып, білер, оны хабарды жеткізу парызынан
құтқарар деп үміттенгендей, сөйлемейді. Ол үндеместен тұр. Үшеудің біреуі де тапжылмайды. Мендель орнынан тұрды да, былай деді: «Сорлап қалдық қой!» Мириям айтты: «Мэк қайтып оралды. Ол Сэмның сағаты мен соңғы аманатын алып келіпті». Дебора түк болмағандай, тып-тыныш креслода отыр. Оның көздері құрғақ, кеуіп қалған, еш өмір белгісі жоқ, екі қара шыны түйіршігі сияқты. Ол терезеге қарамақарсы отыр, қар түйіршіктерін санап отырған іспетті. Құлаққа ұрған танадай, өлі тыныштық, сағаттың қатты тықылы ғана естіледі. Кенеттен Дебора саусақтарын жыбырлатып, біртіндеп шаштарын жұла бастады. Ол сазарып, гипс сияқты ісініп, боп-боз болып, қатып-семіп, жансыз қалған бетіне бұрымдарын бірінен соң бірін жұлқып тастады. Одан соң тура сырттағы қар ұшқындарының қарқынындай шапшаңдықпен шашын бір талдап жұла бастады. Енді шашының жұлынған орнында екі-үш аппақ арал, жалаңаш бас терісінде бірнеше тиынның үлкендігіндей дақтар мен қызыл қанның майда тамшылары көрініп тұр. Ешкім тапжылмайды. Сағат тықылдап, қар жауып тұр, ал Дебора болса, асықпастан шашын жұлуда. Мириям тізерлеп, Дебораның алдына басын қойып алып, қозғалмастан отыр. Дебораның жүзінде еш өзгеріс жоқ. Қос қолы бірдей кезек-кезек шашын түбімен жұлып отыр. Оның қолдары шашынан нəр алып отырған бопбоз, етті бес аяқты аңға ұқсайды. Мендель қолдарын кресланың арқалығына айқастырып алып тұр. Дебора əн сала бастады. Ол зор, еркек дауыспен əндетіп отыр, бөлмеде көзге көрінбейтін əнші бардай естіледі. Бөтен дауыс еврейдің ескі əнін сөзінсіз, өліп қалған балаға арналған жоқтау, қайғылы бесік жырын айтып отыр. Мириям орнынан тұрып, қалпағын түзеді де, есікке барып, Мэкты кіргізді. Ол – жай киімге қарағанда əскери киіммен денелірек көрінеді. Тəрелке ұстағандай қылып жайып алған қос алақанында Сэмның сағаты, хат салынған конверт жəне əмияны бар.
Мэк бұл заттарды жайлап үстелдің үстіне, тура Дебораның алдына қойды. Ол азырақ Дебораның шашын қалай жұлып жатқанына қарап тұрды да, Мендельге барып, күректей қолдарын қарттың иығына қойып, үнсіз жылады. Оның көз жасы көл болып, əскери киімінің үстінен тоқтаусыз жауған жаңбырдай сорғалады. Тыныштық, Дебора əнін доғарған, сағат сыртылдап тұр, кенеттен жер-көкті кеш қараңғылығы басты, шам енді сары емес, ақ болып жанып тұр, терезенің сыртында жер-көк – қара түнек, ешқандай қар түйіршіктері көрінбейді. Бір кезде Дебораның кеудесінен өкірген дыбыс шықты. Ол оның өзі алдында ғана салған əуенінің қалдығы іспетті естілді, үзілген, кесілген үн. Одан кейін Дебора креслодан құлады. Ол, бүктетілген жұмсақ дене, еденде жатты. Мэк есікті шалқасынан ашып, ашық күйінде қалдырды, бөлме суып кетті. Ол қайтып оралды, қасында кішкене ғана, епті, бурыл шашты дəрігер бірге еріп келді. Мириям əкесіне қарама-қарсы тұр. Мэк пен дəрігер Дебораны төсекке əкелді. Дəрігер төсектің шетінде отыр, ол былай деді: «Ол жан тəсілім етті». Менухим де жападан жалғыз, бөтендердің ортасында өлді, деп ойлады Мендель. ХІІІ Бақандай жеті күн Мендель Зингер киім шкафының жанындағы отырғышқа жайғасып, əйнегінде қазаның белгісі ретінде ақ кендір мата ілінген, ішінде күнітүні екі көгілдір шамның бірі жанып тұрған терезеге қарады. Бақандай жеті күн үлкен, қара, баяу жылжыған дөңгелектей, басы жоқ, аяғы жоқ, доп-домалақ қасіреттей бірінен кейін бірі зымырап өте шықты. Кезектесіп көршілер келіп тұрды: Менкес, Сковроннек, Роттенберг жəне Грошель, олар Мендель Зингерге қатты піскен жұмыртқа жəне тағы да басқа жұмыртқадан əзірленген тағамдар əкелді, əйтеуір бір бітпейтін тамақ, басы жоқ, аяғы
жоқ, қасіреттің жеті күні сияқты. Мендель өзіне келушілермен аз тіл қатысты. Ол олардың келіп-кетіп жатқанын байқамады да. Оның есігінде шетке кері ысырылған, кімді, нені кімнен, неден қорғауды мақсат етіп тұрғаны белгісіз ысырмасы бар, есік күндіз-түні ашық тұрды. Келгісі келгені келіп, кеткісі келгені кетіп жатты. Əркім-ақ ананы айтып, мынаны айтып, əңгіме бастауға құлшынды Бірақ Мендель Зингер бойын аулақ салып, əңгімеден қашқақтады. Басқалар тұрмыс-тірлік жайлы жөні түзу əңгіме айтып отырғанда, ол өзімен-өзі болып, өліп қалған əйелімен сөйлесіп отырды. «Саған жақсы, Дебора!» – деді ол оған. «Тек өкініштісі – бір де бір ұлды артыңда қалдырмадың, мен өзім бағыштап, дұға оқып, бет сипауға мəжбүрмін, бірақ жақында мен де өлемін, бізді ешкім де жоқтап жыламайды. Екі кішкене тозаң болып ұшып кетеміз ғой. Екі кішкене ұшқын болып өштік. Мен бала жасадым, сенің қынаң олар ды дүниеге əкелді, ал өлім болса, оларды алып кетті. Сенің өмірің мұқтаждыққа тола да, мəн-мағынасыз болды ғой. Жас кезде мен сенен жан-тəн лəззатын алып, құмарымды қандырдым, кейінгі кездерде мен менсінбей қалдым. Бəлкім, бұл біздің күнəмыз шығар. Өйткені бізде махаббаттың жылуы болмады, біздің арамыздағы сезімді əдетке айналып кеткен дағдының үсігі шалып, бізді қоршаған дүниенің бəрі өліп қалды, бəрі қирады да, быт-шыт болды. Саған жақсы ғой, Дебора. Тəңірдің саған жаны ашыды. Сен – өлген адамсың, жерлендің. Тəңірімнің бірақ маған жаны ашымайды. Өйткені мен – өлген адаммын, бірақ жер басып жүрмін. Тəңірімнің өзі – жаратушы, Ием не істесе де, өзі біледі. Қолыңнан келсе, мені тірілердің кітабынан өшіріп тастасын деп мен үшін дұға етші. Қара, Дебора, көршілер мені жұбату үшін келіп жүр. Олар қанша көп болып, маған жандары ашып, мені жұбату жолдарын іздеп, барлығы бастарын қатырғандарымен, менің жағдайым үшін ешқандай жұбаныш таппайды. Менің жүрегім əлі соғып тұр, көзім əлі көреді, дене мүшем əлі қозғалып, аяқтарым əлі жүреді. Мен ішемін-жеймін, өңешімнен ішкен-жегенім өтіп тұр, дұға оқимын, тыныс аламын. Бірақ жаным түршікті, қолымда əл жоқ, қуыс кеудемін. Мен бұдан былай Мендель Зингер емеспін, мен – Мендель Зингердің қалдығымын. Америка бізді қырды. Америка – атамекен, бірақ қырғынға ұшырататын атамекен. Біздің елдегі күн – бұл жерде түн. Біздегі өмір – мұнда өлім. Өз
елімізде аты Шемария болған ұлымыз, мұнда Сэм аталыпты. Сен Америкада жерлендің, Дебора, мені, Мендель Зингерді де, Америкада жерлейді». Сегізінші күні таңертең, Мендель қайғысынан тұрған кезде, келіні Вега келді, қасында мистер Глюк еріп жүр. «Мистер Мендель», – деді мистер Глюк, «төменде машина күтіп тұр. Сіз дереу бізбен бірге жүруге тиіссіз, Мириям бір жағдайға душар болып қалды». – «Жақсы», – деді Мендель, оған біреу бөлмеңе тұс қағаз жапсыру керек, деп хабарлағандай, немқұрайды. «Жақсы, маған пальтомды беріңдер». Мендель əлсіз қолдарымен пальтосын əрең киіп, баспалдақпен төмен түсті. Мистер Глюк оны машинаға итермеледі. Олар жол бойы жұмған ауызын ашпады. Мендель Мириямға не болғанын сұрамады да. Бəлкім ол да өліп қалған шығар, деп ойлады ол сабырлы қалпында. Мэк оны қызғанып өлтірді ғой. Қаза болған баласының үйіне алғаш рет кірді. Оны бір бөлмеге кіргізді. Ол жерде Мириям кең ақ төсекте жатыр екен. Оның шашы ақ жастықтың үстінде мойылдай қап-қара болып жайылып кеткен. Екі беті қып-қызыл, оттай жанып, қара көздерінің айналасын жалпақ қызыл дөңгелектер басып кетіпті; Мириямның көздерін күйіктің сақинасы қоршап алыпты. Жанында медбике отыр, Мэк дөңкиіп, қозғалмастан, жиhаз сияқтанып, бұрышта тұр. «Мендель Зингер келді», – деп, айқай салды Мириям. Ол бір қолын əкесіне созып, күле бастады. Оның күлкісі бірер минутқа созылды. Оның күлкісі вокзалда үздіксіз шығып тұратын ащы дабылдың үніндей шықты, мыңдаған жұқа хрусталь əйнекті мыстан жасалған мыңдаған кішкентай балғамен соққандай сыңғырлады. Кенеттен күлкісін доғарды. Бір секундтай тыныштық орнады. Одан соң Мириям солқылдап жылай бастады. Көрпесін түріп тастады, жалаңаш аяқтары тырбаңдап, табанымен жылдам-жылдам, барған сайын шапшаң жылдамдықпен жатқан жұмсақ төсегін тебе берді, тебе берді, жұмып алған жұдырықтары да дəл сондай ырғақта ауаны тілгілей берді,
тілгілей берді. Медбике Мириямды күшпен қатты ұстап тұрды. Мириям тынышталыңқырады. «Қайырлы күн, Мендель Зингер!» – деді Мириям. «Сен менің əкемсің, оны мен саған айта аламын. Мен анау тұрған Мэкты сүйемін, бірақ мен оның көзіне шөп салдым. Мен мистер Глюкпен төсек бөлістім, иə, ми стер Глюкпен! Глюк – менің Глюгім де, Мэк – менің Мэгым. Мендель Зингер де маған ұнайды, енді егер сен қаласаң...». Осы кезде медбике қолымен Мириямның аузын жапты да, Мириямның үні шықпай қалды. Мендель Зингер əлі де есіктің көзінде тұр, ал Мэк – əлі де бұрышта. Бұл екеуі анда-санда бір-біріне көз тастап қояды. Олар сөзбен түсінісе алмағандықтан, көзбен ымдасты. «Ол жынданған», – деді Мендельдің көздері Мэктің көздеріне. «Ол еркектерсіз күн көре алмайтын еді, ол жынданған». Вега кірді де, былай деді: «Дəрігер шақыртқанбыз. Ол енді келіп қалуы керек. Кешеден бері Мириям шатып сөйлеп, сандырақтап жатыр. Мэкпен қыдырып кеткен еді, қайтып оралғанда, ол өзін-өзі түсініксіз жағдайда ұстай бастады. Дəрігер келіп қалуы керек». Дəрігер келді. Ол неміс еді, Мендельмен түсінісе алды. «Біз оны жындыханаға алып кетеміз», – деді дəрігер. «Қызыңыз, өкінішке орай, жындыханаға баруға тиіс. Сəл күте тұрыңыз, оны ұйықтатып тастайын». Мэк əлі бөлмеде тұр. « Оны қатты ұстай аласыз ба?» – деп сұрады дəрігер. Мэк өзінің күректей қолдарымен Мириямды тапжылтпай ұстады. Дəрігер оның жамбасына ине салды. «Енді тынышталатын болады!» – деді ол. Жедел жəрдем машинасы келді де, зембіл көтерген екеу бөлмеге кірді. Мириям ұйықтап жатқан. Оны зембілге таңып байлады. Мендель, Мэк жəне Вега жедел жəрдем машинасының артынан жүріп отырды. «Сен бұны басыңнан өткерген жоқсың», – деді Мендель, олар келе жатқан кезде əйелі Дебораға. «Менің көрерім əлі көп, дегенмен мен осыны біліп едім. Мириямды казакпен егістік алқабында көрген
кештен бастап білгенмін. Оның ішін шайтан жайлап алған. Дұға қылшы, Дебора, шайтан оны жайына қалдырсыншы, уысынан босатсыншы қайтадан». Сонымен, Мендель жындыхананың күту бөлмесінде басқа күтушілердің ортасында үстінде толтыра салынған жаздық сары гүлдері бар вазалар тұрған кішкене үстелдер мен түрлі-түсті суретті журналдардар қойылған керегелердің алдында отыр. Бірақ күтіп отырғандардың бір де біреуі гүлді иіскеп, бір де біреуі журналдарды ақтармады. Алғашында Мендель өзімен бірге отырған жұрттың бəрін жынданып кеткендер ме екен деп, өзін де осы барлығы сияқты жынданған екен деп ойлады. Одан соң ол осы күту бөлмесін ақ түспен əктелген коридордан бөліп тұрған кең, айнадай жарқырап тұрған əйнек есіктен көк жолақты халат киген адамдардың қосақталып қастарынан сыртқа қалай шығарылып жатқанын көрді. Бірінші əйелдер, одан соң еркектер шықты, анда-сан да аурулардың бірі өзінің анайы, ешкімді жақтырмай тыржиған, шарасыз, ашулы жанарын есіктің əйнегі арқылы күту залына тастап қояды. Күтіп отырғандардың барлығы шошып кетті де, тек Мендель ғана сабырлы қалпында қалды. Иə, күтіп отырғандардың, əрі өзінің де көк жолақ халат кимей отырғаны оған оғаш болып көрінді. Ол қара жібектен тігілген фуражкасын тізесіне қойып, кең былғары креслода отыр, оның қолшатыры, адал жолсерігі, креслоның жанында сүйеулі тұр. Мендель адамдарға, əйнек есікке, журналдарға, сыртта əлі де қастарынан өтіп жатқан – оларды моншаға апара жатыр – жындыларға, вазалардағы алтындай сап-сары гүлдерге кезек-кезек көз тастады. Бұлар – сап-сары жауқазын гүлдер, Мендель оларды өз елінде көгалдарда жиі көргенін есіне алды. Гүлдер оның елінен келген. Ол айрықша қимас сезіммен Отанын есіне алды. Мына көгал, гүлдер де сонда болатын! Бейбіт, тыныш заман сол жерге тəн, ол жаққа жастық та тəн еді, əрі жанына жақын кедейлік те сол өз еліне тəн. Жаздыгүні аспан көкпеңбек болатын, күн ып-ыстық, астық сап- сары болатын, шыбын-шіркейлер жасыл түске құбылып, жан жадыратар əндерін салып, ызыңдайтын, əрі көк аспанның астында биікте тынбастан бозторғай шырылдайтын. Жауқазын гүлге қарап отырған сəтте, Мендель Дебораның қайтыс болғанын, Сэмның қаза болғанын, Мириямның жынданып, Йонастың хабарсыз кеткенін
ұмытып кетті. Ол Отанын, оның ішінде өлгендердің арасындағы ең адалы, барлық өлгендердің ортасындағы ең алысы, барлық өлгендердің ішіндегі өз жанына ең жақыны, Менухимді, енді ғана жоғалтқандай болды. Сол жерде қалғанымызда ғой, деп ойлады Мендель, түк те болмас еді! Йонас, менің балаларымның ішіндегі ең ақымағы, Йонас дұрыс жасады! Ол аттарды жақсы көрді, араққа құмар болды, қыздарға құмар болды, енді хабар-ошарсыз! Йонас, мен сені енді ешқашан көрмеймін, саған казак болғаның дұрыс болды, деп те айта алмаймын. – «Неғып ылғи жер-көкте қаңғисыңдар да жүресіңдер?» – деген еді Самешкин. «Сендерді шайтан қуады!» Ол – шаруа, ақылды шаруа еді Самешкин. Мендельдің баруға құлқы болмаған еді. Дебора, Мириям, Шемария – солар əлемді шарлап кетуге ынтазар еді ғой. Қалу керек еді, аттарды жақсы көріп, арақ ішіп, көк шөптің үстінде аунап жатып ұйықтап, Мириямды казактармен қыдыртып қойып, Менухимді мейірлене сүю керек еді. Менің мұндай ойға кеткенім не, осы жынданып кеткеннен саумын ба? – деп ойлады Мендель одан соң. Қарт еврей осындай заттарды ойлай ма? Құдай менің ойымды шатастырды, қызымның ішін жайлағандай, шайтан мені де жайлап, осындай ойға итермелеп отыр. Дəрігер келіп, Мендельді бір бұрышқа апарды да, жайлап былай деді: «Сабыр сақтаңыз, қызыңыздың ауруы қатты. Қазір мұндай жағдай өте көп, соғыс, түсінесіз бе, əлемде болып жатқан бақытсыздық осындай жағдайға əкеп соғады, өте қиын заман болып тұр. Бұл ауруды қалай емдеп жазуды медицина əлі білмейді. Менің естуімше, Сіздің ұлдарыңыздың бірі қояншық ауруымен ауырады екен ғой, кешіріңізші, отбасыңыздың жағдайы осындай. Біз, дəрігерлер, мұны азғындаған психоз, яғни есалаңдану, деп атаймыз. Болуы мүмкін. Бірақ бұл біз, дəрігерлер, Dementia, Dementia praecox, деменция, яғни кем ақыл, ақылы ауысқан, деп атайтын ауру болуы да мүмкін, бірақ тіптен аталуының өзі де нақты сенімді емес. Бұл – біз емдеп жазуға құзырымыз жетпейтін, сирек кездесетін жағдайлардың бірі. Сіз құдайға сенетін адам емессіз бе, мистер Мендель? Қайырымды
құдайымыз жар болсын. Тек қайырымды құдайға сыйыныңыз. Айтса да, қызыңызды тағы бір көргіңіз келе ме? Жүріңіз!» Бір бау кілт саңғыр-сұңғыр етіп, есік тарс етіп жабылды да, Мендель ұзын коридордың бойымен тік қойылған табыттар сияқты қара нөмірлі ақ есіктердің жанымен жүрді. Санитарканың бір бау кілті тағы да саңғырсұңғыр етіп, табыттың біреуі ашылды, ішінде Мириям жатыр, ұйықтап жатыр, Мэк пен Вега оның қасында тұр. «Енді кетуіміз керек», – деді дəрігер. «Мені бірден үйге апар, өз көшеме», – деп, бұйырды Мендель. Оның даусының қатал шыққаны соншалық, барлығы шошып кетті. Олар оған жалт қарады. Оның сырт кейпі өзгермеген тəрізді. Дегенмен, ол басқа адам еді. Дəл Цухновтағыдай əрі Америкадағы барлық уақыттағыдай киініп алған. Биік қонышты етігі, жартылай қысқа шапаны, қара жібектен тіккен фуражкасы бар. Сонда оны соншалықты не өзгертті? Ол неге бəрінен де денелі, үлкенірек жəне сұсты болып көрініп тұр? Оның бет əлпетінен неге сондай ашық əрі қорқынышты жарқыл шығып тұр? Ол денелі, үлкен Мэктан да асып кеткендей. Оның құдіреті, азабы, деп ойлады дəрігер, қарт еврейдің ішіне түсіп кеткен. «Бірде», – деп бастады Мендель машинада, «Сэм маған, Америкадағы медицина – əлемдегі ең күштісі, деген еді. Енді ол медицина көмектесе алмайды. Құдай көмектеседі, деді дəрігер. Айтшы, Вега, сен құдайдың Мендель Зингердей пақырға бір көмектескенін көрдің бе? Құдай көмектеседі!» «Енді сен біздің үйде тұрасың», – деді Вега өксіп. «Мен сендердің үйіңде тұрмаймын, балам», – деп жау ап берді Мендель, «сен күйеуге шығасың, сен күйеусіз болмау керексің, сенің балаң əкесіз болмауы керек. Мен – қарт евреймін, Вега, күнім жетіп отыр, өлуіме аз қалды. Мұқият тыңда, Вега! Мэк Шемарияның досы еді, ол Мириямды сүйді, мен оның еврей емес екенін білемін, бірақ сен оған күйеуге шығуға тиіссің, мистер Глюкке емес! Естіп тұрмысың, Вега? Менің бұлай айтқаныма таңқалып тұрсың ба, Вега? Таңқалмай- ақ қой, мен жынданып кеткен жоқпын. Қартайдым мен, біраз дүниені
бастан өткердім, менің ақылым енді ғана кірді. Өмір бойы топас мұғалім болдым. Мен енді не айтып отырғанымды білемін». Олар Мендельдің үйіне келіп жетті, Мендельді машинадан түсіріп, бөлмесіне жетектеп апарды да, Мэк пен Вега не істерлерін білмей, əлі де біраз уақыт тұрды. Мендель шкафтың жанындағы орындыққа отырып, Вегаға былай деді: «Менің өзіңе айтқандарымды ұмытпа, есіңде сақта. Енді бара ғойыңдар, балаларым». Олар шығып кетті. Мендель терезенің алдына келіп, олардың машинаға қалай мініп жатқандарына қарады. Аса қиын немесе сəтті жолға шығып бара жатқан балалары ретінде оларға оның бата беруі керектей көрінді. Мен оларды енді ешқашан көрмеймін, деп ойлады ол одан соң, оларға бата да бермеймін. Менің батам оларға қарғыс болып, олардың менімен жүздесуі оларға қырсық болуы мүмкін. Ол өзін жеңіл сезінді, иə, бүкіл өткен өміріне қарағанда жеңілірек сезінді. Ол барлық қарым-қатынасын үзді. Оның көптеген жылдардан бері жалғыз екені есіне түсті. Ол əйелі мен өзінің арасындағы нəзік жылы сезім ұшқыны өшіп, бір-біріне деген көңілдері көншімей, көңіл көпірі қирап, еркектік-əйелдік табиғи қарымқатынастары тоқтаған сəттен бері жалғыз еді. Жалғыз еді ол, жалғыз. Бұрын əйелі мен балалары жан-жағында болып, жан азабын арқалауына мүмкіндік бермеді. Олар Мендельдің жан жарасын емдеп жаза алмады. Шипасы жоқ пайдасыз бұласыр, яғни пластырь, сияқты жарасына жабысып тартылып, оның тек бетін ғана жауып тұрды. Қазір ол, ақыры, өз қолы өз аузына жетіп, рахаттанып, «салтанатты» түрде қайғысының «лəззатына бөленіп отыр». Əлі түйіні шешілмеген бір шаруасы бар, соны реттестіруі керек. Ол құлшына іске кірісті. Ол ас бөлмеге барып, газет қағаздары мен қарағай тамыздығын асығаүсіге жинап, пештің ішіне емес, үстіне от жақты. Жалын көрінетіндей болып көтеріліп, жайылған кезде, Мендель жылдам адымдай басып, шкафқа барды да, одан ішінде өзінің дұға оқығанда қолына тағатын қайысы жатқан кішкене қызыл масаты дорбасын, дұға оқығанда киетін шапанын жəне дұға кітаптарын алды. Бұл заттар қалай жанар екен деп, көз алдына елестетті. Жалын шапанының таза қой жүнінен жасалған сарғайып өңін жоғалтқан матасын шарпып, үшкір, көгілдір, жалмаңдаған тілімен оны лезде-ақ жалмап қойды. Күміс жіппен
қайрылған жарқыраған етегі кішкене қызыл шоқ болып ширатылып, біртіндеп көмірге айналды. Жалын кітаптардың беттерін жайлап шиыршықтап, күмістей сұр күлге айналдырды, ал қара əріптер сəл сəтке қан түстес болып боялды. Кітап түптерінің көн бұрыштары жоғары шиыршықталып, ешнəрсеге ұқсамайтын ерекше құлақтар сияқты қалқиып тұр, олар ыстық отта жанып, құрып бара жатқан кезде Мендель кітаптардың соңынан не деп айқайлап жатқанын естіп тұрды. Ол олардың соңынан үрейлі əн айтады. «Бітті, бітті, Мендель Зингер тынды», – деп айқайлады ол, еденнің тақтайының сатырлап, қабырғадағы құмыра, қазан-табақтардың салдырлай бастаған дыбыстарына етігімен жер тепкілеп, ырғақ беріп тұр. «Оның ешқандай ұлы да, қызы да жоқ, қатыны да жоқ, оның Отаны да жоқ, ақшасы да жоқ. Құдай: мен Мендель Зингерді жазаладым дейді; ол, құдай, не үшін жазалайды? Неге Леммельді, Флейшерді жазаламайды? Ол неге Сковроннекті жазаламайды? Неге ол Менкесті жазаламайды? Ол тек Мендельді ғана жазалайды! Мендельдің басында өлімжітім де бар, есі ауысу да бар, Мендельдің басында аштық та бар, құдайдың барлық сыйы – Мендельде. Бітті, бітті, Мендель тынды». Осылай Мендель ашық өрттің алдында тұрып, ашынғаннан айқайлап, аяғымен жер тепкілеп тұрды. Кішкене қызыл масаты дорбаны қолында ұстап тұрды, бірақ оны отқа лақтырмады. Бірнеше рет оқталып, ол оны жоғары көтерді, бірақ қолдары оны қайтадан төмен түсірді. Оның жүрегі құдайға назалы болғанымен, бірақ бұлшық еттерінде əлі де болса, құдайдың алдында қорқыныш ұялаған еді. Елу жыл бойы, күнде- күнде, бұл қолдар дұға оқығанда киетін шапанын жайып, қайтадан жинаған еді, дұға қайысын жазып, басына, сол қолына ораған еді, елу жыл бойы күн сайын мына дұға кітапты ашып, оңнан солға, солдан оңға парақтап, қайтадан жапқан еді. Енді қолдар Мендельге бағынбай, оның ашуын тыңдаудан бас тартты. Тек сонша жиі жалбарынып, дұға айтқан ауыз ғана бас тартпады. Құдайды құрметтеп, оны аса мадақтап аллилуйяны айтқанда жиі секірген аяқ қана Мендельдің ашу əуеніне жер тепкілеп ырғақ беріп тұрды. Көршілері Мендельдің шыңғырып, улап-шулап жатқанын естіп, оның есігінің саңлау-саңлауынан басқышы бар кіре беріске будақтап шығып
жатқан көксұр түтінді көрді де, оның есігін қағып, тез есік ашуын талап етіп, айқайлады. Ол бірақ оларды естімеді. Оның көзіне оттың түтіні кіріп, осы өзі істегеніне масаттанған ашу-ыза, оттың шатыр- күтірі құлағын тұндырды. Көршілердің бірі: «Одан да оның достарын шақырайық! Олар Сковроннектің үйінде отыр. Бəлкім достары бұл бейшараны ақылға шақырар», – демегенде, олар полиция шақыруға əзір еді. Достары келгенде кезде, Мендель шынымен де саябырсып қалған еді. Ол есіктің ысырмасын ашып, оларды осы үйге кіруге үйренген əдеттерімен, кезек-кезегімен, Менкес, Сковроннек, Роттенберг жəне Грошельді кіргізді. Олар Мендельді төсекке итермелеп отырғызып, өздері де оның жанына, алдына айнала жайғасты да, Менкес былай деді: «Саған не болды, Мендель? Неге өрт қойдың, үйді неге жағып жібергің келді?» «Менің одан да зорын, үйді жəне бір адамды ғана емес, одан да көбірек өртегенді қалаймын. Сендерге менің ойымда шындығында нені жағып жіберу болғанын айтсам, таңқаласыңдар. Сендер таңқалып: Мендель де қызы сияқты жынданып кетті, деп айтасыңдар. Бірақ сендер маған сеніңдер: мен жынды емеспін. Алпыс жылдан астам уақыт бойы жынды болдым, бірақ дəл қазір жынды емеспін». «Сонымен, не жаққың келгенін бізге айтшы!» «Менің құдайды жағып жібергім келеді». Тыңдап отырған барлық төртеуі де бір ауыздан шыңғырып жіберді. Олардың бəрі де, Мендельдің əрдайым құдайшыл болғанындай, құдайшыл емес еді. Төртеуінің бəрі де талай уақыттан бері Америкада тұрады, олар қасиетті шабатта, яғни, апта сайынғы діни мейрамда да, демалыс күні де жұмыс істейді, олардың есіл дерті – ақша, олардың ескі сенім-нанымын заманның, жаңа əлемнің боз шаңы қалың əрі ешқашан сүртілмейтіндей болып, нығыз басқан. Көп əдет-ғұрыпты олар ұмытып кеткен, кейбір заңдарға қарсы шыққан, бастарымен де, бүкіл дене мүшелері, болмысымен де күнəға белшесінен батқан. Бірақ құдай əлі олардың жүректерінде ұялаған. Құдайға тіл тигізгенде,
Мендель олардың ет пен терінің ішіндегі жүректерін жез тырнақ үшкір саусақтарымен шымшып ұстап алғандай болып, жүректері шаншыды. «Құдайға тіл тигізбе, Мендель», – деді Сковроннек ұзақ үнсіздіктен кейін. «Құдайдың соққысының мəні құпия екенін сен менен де жақсы білесің ғой, өйткені сен көбірек оқыдың ғой. Біз не үшін жазаланатынымызды білмейміз». «Бірақ мен білемін, Сковроннек», – деп қарсы шықты Мендель. «Құдай – қатыгез, неғұрлым көп тіл алсақ, ол бізге соғұрлым қатал бола түседі. Ол – құдіреттілердің құдіреттісі, шынашағының тырнағымен-ақ құртып жібереді, бірақ ол оны ылғи жасамайды. Тек əлсіздерді ғана ол бар ынтасымен жояды. Адамның əлсіздігі оның күшін тасытып, тіл алғыштығы ашуын оятады. Ол – аса үлкен қатыгез исправник (патшалы Ресейдегі уездік полицияның бастығы). Тəртіп сақтасаң, ол сен тек өз пайдаңа бола сақтайсың, деп айтады. Ал бұйрығының тек біреуін ғана бұзсаң, онда ол сені жүз жазамен қудалайды. Оның назарын өзіңе қаратуды қалап, пара берсең, онда ол сені одан да əрмен қаhарына алады. Ал оған адал болсаң, онда ол тұзағына түсіреді. Бүкіл Ресейде одан асқан қаhарлы исправник жоқ шығар!» «Есіңе түсірші, Мендель», – деп бастады Роттенберг, «Йовты есіңе түсірші. Оның жағдайы да саған ұқсас болып еді ғой. Ол басы күл-күл болып, қу тақыр жерде отырды, жарасының жанына батқаны соншалық, аң сияқты жерде бұратылып жатты. Ол да құдайға тіл тигізді. Ал ол тек сынақ қана еді. Төбемізде не болып жатқанын қайдан білейік, Мендель? Мүмкін шайтан құдайдың алдына келіп, сол кездегідей: Адал жанды жолдан тайдыру қажет, деген болар. Ал Жаратушы болса: тек Мендельді, менің құлымды ғана, сынап көр, деген болар». «Сенің жазғыруыңның дұрыс емес екенін», – деп кірісті Грошель, «əлі көресің. Өйткені Йов құдай сынаққа ала бастағанда, жоқ жұқана емес, керісінше дəулетті еді ғой. Жəне сен де жоқ жұқана болған жоқсың, Мендель! Ұлыңның сауда үйі болды, зат сататын дүкені болды, жылдан жыл асқан сайын байи түсті. Ұлың Менухим ауруынан құлан таза жазылайын деп қалды, ол да ендігі Америкаға келген болар еді. Сен
өзің аман-есен едің, əйелің аман-есен еді, қызың сұлу еді, əрі жақында оған күйеу жігіт табар едің!» «Неге менің жүрегімді тілгілеп отырсың, Грошель?» – деп қарсы шықты Мендель. «Бір кезде болып, қазір құрдымға кеткеннің бəрін неге түгендеп шықтың? Менің жарам əлі бітелген жоқ, ал сен болсаң, сол жараның қанын шығарып, бетін қайтадан тырнап отырсың.» «Ол дұрыс айтады», – деді қалған үшеуі бір ауыздан. Сонымен Роттенберг бастады: «Сенің жүрегің тілімтілім болып тұр, Мендель, мен оны білемін. Бірақ біз сенімен барлығы жайлы сөйлесе алатындығымыздан, біздің сенің екі туып бір қалғандарыңдай қайғыңа ортақ екенімізді сен білетіндіктен, егер мен Менухим туралы ойлануыңды өтінсем, сен бізге ренжімейсің бе? Бəлкім, қадірменді Мендель, сен Менухимді тастап кеткендіктен құдайдың маңдайыңа жазған нəсібесінен айрылған шығарсың? Саған бұйырғаны ауру ұл еді, ал сендер болсаңдар, оны керексіздей көрдіңдер». Тыныштық орнады. Мендель ұзақ уақыт еш жауап бермей, отырып қалды. Ол қайтадан сөйлей бастағанда, Роттенбергтың сөзін мүлдем естімеген сияқты болып көрінді; өйткені ол сөзін Грошельге бағыттады: «Ал сен Йов туралы мысалмен не айтпақшысың? Сендер шын ғажайыпты өз көздеріңмен көріп қойдыңдар ма? Ғажайыптар, олар соңында Йов жайлы қалай мəлімденеді? Ұлым Шемария Франциядағы бауырластар қабірінен тіріліп шығуы керек пе? Ұлым Йонас хабар- ошарсыз кеткен жағынан тірі келуі керек пе? Қызым Мириям кенеттен жындыханадан сау оралуы керек пе? Егер қайтып оралса, онда ол тағы бір еркекті тауып алып, ешқашан жынданып көрмегендей ары қарай тыныш өмір сүре ала ма? Əйелім Дебора əлі топырағы да кеппеген көрінен көтеріліп шығуы керек пе? Ұлым Менухим, əлі тірі болған жағдайда, соғыс қайнап тұрғанда Ресейден осында келуге тиіс пе?», – деді де, Мендель қайтадан Роттенбергке бұрылды: «Оған ерегісу мақсатында Менухимді қасақана тастап кетті, дегенің мүлде дұрыс емес. Басқа себептермен, казактармен əуейі бола бастаған – казактармен – қызыма бола кетуге мəжбүр болдық. Ал Менухим неге ауру болды? Оның ауруының өзі құдайдың мені жөнсіз жазалағанының белгісі еді – маған лайық емес соққылардың алғашқысы еді».
«Құдайдың қолынан бəрі келетініне қарамастан», – деп бастады бəрінің ішіндегі ең естісі, Менкель, «дүниенің енді ол үшін құны болмағандықтан, оны одан ары ғарай ғажайып жасамайды деп есептеу керек қой. Құдайдың саған ерекше ықыласын салғысы келсе, күнəлар басқаға жолығар еді. Өйткені басқалар адал адамның ғажайыбын көруге лайықты емес, сондықтан да таразының басы бірде былай, бірде олай жүруге тиіс болды, ал Содом мен Гоморра қаза болды да, Алланың таразысының ғажайыбын көрмеді. Бүгін бірақ жер-көктің бəрінде адамдар мекендейді – сен өзің əлемнің қай түкпірінде болсаң да, саған не болғаны туралы газеттер хабардар етеді. Сонымен құдай бүгінде өлшеулі ғана ғажайыптар жасайтын болар. Бірақ олардың өзі əжептеуір үлкен, құдайдың атынан айналайын! Əйелің Дебора тіріліп келе алмайды, ұлың Шемария да тіріліп келе алмайды. Бірақ, бəлкім, Менухим тірі шығар, соғыстан соң сен оны көре аларсың. Ұлың Йонас тұтқында шығар, мүмкін, соғыстан кейін оны да көре аларсың. Қызың ауруынан сауығып кете алады, есі кіреді əлі, бұрынғысынан да сұлу болып, күйеуге шығады, саған немере сыйлайды. Сенің немерең де бар ғой, Шемарияның ұлы. Осыған дейін барлық балаларыңа арнаған махаббат нұрын енді осы жалғыз немереңе төк! Жұбанасың». «Мені мен немерем арасындағы», – деп қарсы сөйледі Мендель, «байланыс үзілген, өйткені Шемария, менің ұлым жəне немеремнің əкесі, өлді. Келінім Вега басқа күйеуге тиеді, немеремнің əкесі мен емес, басқа əкесі болады. Ұлымның үйі менің үйім емес. Менің ол үйден іздер түгім жоқ. Менің онда болғаным бақытсыздық əкеледі де, менің аталық махаббатым айдаладағы жай тартқан жалғыз ағаш сияқты қарғыс жаудырады. Ал Мириямға келетін болсақ, медицина оның ауруын емдеп жаза алмайды деп, дəрігердің өзі айтқан маған. Йонас мүмкін өліп қалған шығар, ал Менухим тəуірленіп қалғанның өзінде ауру еді ғой. Ресейдің ортасында, мынандай қауіпті соғыста оның қайтыс болғаны анық қой. Жоқ, достарым! Мен – жалғызбын, жалғыз болуды қалаймын. Өмір бойы құдайды сүйдім, ал ол мені жеккөрді. Өмір бойы одан қорықтым, енді ол маған ештеме де істей алмайды. Одан көресімнің бəрін көрдім. Ол мені енді тек қана өлтіре алады. Бірақ ол қатыгез, маған ол өлімді де қимайды. Мен өмір сүре беремін, сүре беремін, сүре беремін».
«Бірақ оның құдіреті», – деп қарсы шықты Грошель, «бұ дүниеде де, о дүниеде де күшті. Абайла, Мендель, өліп қалсаң, өз сорың!» Мендель осы сəтте барынша қарқылдап күлді де, былай деді: «Мен тозақтан қорықпаймын, менің терім күйіп, дене мүшелерім семіп қалған, əрі жын-шайтан – менің достарым. Тозақтың бар азабын мен басымнан өткізіп қойғанмын. Құдайға қарағанда шайтан анағұрлым мейірімдірек. Құдіретті болмағандықтан, ол соншалықты қатыгез де бола алмайды. Мен қорықпаймын, достарым!» Осы сəтте достары үнсіз қалды. Бірақ олардың Мендельді жалғыз қалдырғылары келмеді, сонымен олар үндемей отырып қалды. Грошель, ең жасы, басқалардың əйелдеріне əрі өз əйеліне күйеулері бүгін түнде үйлеріне келе алмауы мүмкін екені туралы мəн-жайды түсіндіру үшін астыңғы қабатқа түсті. Олардың саны он болып, кешкі дұғаны айтуға мүмкін жағдай жасау үшін Мендель Зингердің пəтеріне тағы да бес еврейді ертіп келді. Олар дұға оқи бастады. Бірақ Мендель Зингер дұғаға қатынаспады. Ол төсектің үстінде отырды, отырған орнынан тапжылмады да. Өлілерге бағышталатын дұғаны да оқымады, ол үшін Менкес оқыды. Бөтен бесеуі кетіп қалды. Бірақ төрт дос түні бойына қалды. Екі көк шамның біреуі білтесі бітіп, түбінде бір тамшы май қалғанша жанды. Шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнады. Əрқайсысы өзді- өзі отырған орындарында ұйықтап қалды, қорылдады да, өз қорылдарынан өздері шошып оянып кетіп жатты; қайтадан қалғып- мүлгіп, мойындары салбырай бастады. Тек Мендель ғана көз ілмеді. Көзін бадырайта ашып, сыртында түннің қою қараңғылығы ақыры ыдырап, шымылдығын түре бастаған, одан соң бозарып, кейін ағарған терезеге қарады да отырды. Сағаттың ішінен алты рет соғылған дыбыс шықты. Достар бірінен соң бірі оянды. Бірімен бірі ақылдасқандай, олар Мендельді қолтығынан ұстап алды да, оны үйдің астыңғы қабатына алып түсті. Олар Мендельді Сковроннектердің үйінің астындағы бөлмесіне алып келді де, диванға жатқызды. Бұл жерде ол ұйықтап қалды. ХІV
Осы таңнан бастап Мендель Зингер Сковроннектердің үйінде қалды. Достары керек-жарақтарын сатып əперді. Оның өз үйінен тек төсек орны мен Мендель жағып жібере жаздаған дұға оқуға қажетті жабдықтары бар қызыл масаты дорбаны ғана алып келді. Дорбаны Мендель қолына алған да жоқ. Сковроннектің артқы бөлмесінде шаң басып, сұп-сұр болып, көр шегеге ілулі тұр. Бұдан былай Мендель Зингер дұға оқымады. Кейде дұға оқушылардың тиісті санын толықтыру үшін оныншы адам болмай қалғанда, ол қажетке асып жатты. Осыдан соң ол өзінің қатынасқаны үшін төлем ақы алатын. Анда-санда ол өзінің дұға қайысын да аздаған ақыға жалға беріп тұрды. Жұрт оның шошқа етін жеп, құдайды ашуландыру үшін италияндықтар тұратын көшеге жиі өтіп бара жататыны жайлы айтып жүр. Орталарында Мендель өмір сүріп жатқан жұрт оның құдайға қарсы күресінде Мендельді жақтады. Өздерінің құдайға сенетіндіктеріне қарамастан олар бұл еврейдің іс əрекетінің дұрыс екенін мойындауға тиіс еді. Jehovah оған тым қатал болды. Əлемде соғыс əлі жүріп жатыр. Мендельдің ұлы Сэмнан басқа көшенің майданға аттанған барлық тұрғындары аман-есен. Жас Леммель офицер болыпты, бақытына қарай тек сол қолынан айрылыпты. Ол демалысқа келіп, көшенің батыры атанды. Ол барлық еврейге Америкалық азаматтық хұқық алып берді. Ол жаңадан келген əскер бөлімінің жұмысын соңғы рет дұрыс жолға қою үшін ғана майданда қалды. Жас Леммель мен қарт Зингердің арасындағы айырмашылықтың да сондай үлкен болғанына қарамастан, көшенің еврейлері екеуінің басына түскен тағдыр тəлкегін таразыда теңестіріп, оларды қатар қойды. Еврейлердің пайымдауынша, Мендель мен Леммель бақытсыздықтың бəрін өзара бөліскендей болып көрінді. Ал Мендель жалғыз сол қолдан зорын жоғалтты ғой! Леммель немістерге қарсы соғысса, Мендель жер бетіндегі зорлық-зомбылыққа қарсы күресті. Қарттың енді есінің кіресілі-шығасылы екеніне көздері жетіп тұрса да, еврейлер таңырқағандарын өздерінің оны есіркегендіктерімен, қиялдың қасиетінің алдында дұға қылып, қастерлеулерімен араластыра алмады. Мендель Зингердің таңдалғаны күмəнсіз. Ол Йегованың қатал озбырлығының аяуға лайық куəсы ретінде аптаның қандай қиын күнінде болса да еш қорқыныш кедергі
жасамайтындардың ортасында өмір сүрді. Ұзақ жылдар бойы ол да олардың барлығы сияқты күн кешті, аздаған жұрт оны елеп-ескерді, кейбіреулер оны мүлдем көзіне де ілмеді. Бір күні ол қорқынышты жағдайда марапатталды. Оны танымайтын жан қалмады. Күннің көп уақытын ол көшеде өткізді. Оның лағнеттеуіне тек тəлімсіз бақытсыздықтан азап шегу ғана емес, сонымен қатар азаптың белгісін ту сияқты желбіретіп, жұртқа көрсетіп, алып жүру де жататындай еді. Сонымен өз жеке басының жан азабының күзетшісі сияқты ол көшенің ортасында əрлі-берлі сенделіп жүрді, оған өткен-кеткеннің барлығы амандасты, кейбірі кішігірім тиын-тебен берді, көбісі оны сөзге тартты. Қайыр садақа үшін рахмет те айтпады, сəлем бергендерге ернін де жыбырлатпады, ал сұрақтарға Иə немесе Жоқ деп қана қысқа жауап қайтарды. Таң атпастан ерте тұрды. Сковроннектердің артқы бөлмесіне жарық түспейтін, терезесі жоқ еді. Ол таң атқанын жұрттың терезелерінің қақпағын ашқан дыбысынан сезетін, Мендель Зингерге жеткенше, таң ұзақ жол жүретін. Көшедегі алғашқы сыбдыр естілісімен, Мендель қимылдап, күнін бастайтын. Спирт шамның үстінде шəй қайнады. Ол шəйді нан мен қатты піскен жұмыртқа жей отырып ішті. Ол қабырғада ілулі тұрған қасиетті заттары бар дорбаға именіп, бірақ ызалана көз тастады, қара көк көлеңкеде дорба одан əрмен қарайып, үлкейіп көрінді. «Дұға оқымаймын!» – деді Мендель өзіне өзі. Бірақ дұға оқымағаны оған ауыр тиді. Өз ашуы, бұл ашудың шарасыздығы оның жанына батты. Мендельдің құдайға кектеніп, ашулы болғанына қарамастан, құдай əлемді билеп төстеді. Кек оны құдайшылығы сияқты аз ғана уақыт уысында ұстай алды.
Осындай жəне соған ұқсас ойлармен басы қатып, Мендель күнін бастады. Ертеректе, оның есіне түсті, оның оянуы жеңіл еді, оны дұға оқу мезгілін қуанышпен күту, саналы түрде құдайға тағы да жақындай түскенін білдіретін көңіл күйі оятатын. Ұйқының жанға рахат жылуынан құдіретті əрі соған қарамастан жымиып тұрған Жаратушы өмір сүріп жатқан кең де сəулетті, жанға жайлы төр бөлме сияқты дұғаның одан да əрмен құпияға толырақ, одан да əрмен мейірімдірек жарқылына еніп кететін. «Қайырлы таң, Жаратушым!» – дейтін еді Мендель, əрі жауап еститініне иланатын еді. Алдамшы, елес болған екен. Төр бөлме сəулетті де суық, Жаратушы құдіретті де ашулы болды. Мендельдің ернінен жан ашуын көрсетер ышқынудан басқа еш дыбыс шықпады. Мендель Зингер терезенің қақпағын ашып, нота қағаздарын, əн мəтіндерін, граммофон күйтабақтарын жіңішке сөреге жайғастырды да, ұзын таяқпен темірден жасалған жалюзиді жоғары көтерді. Одан соң аузын суға толтырып алды да, оны еденге шашты, сыпырғышты алып, өткен күннің қоқым-соқым, шаң тозаңын сыпырды. Кішкене қалаққа қағаз қиындыларын салып, пешке тықты да, от тұтатып, оны жақты. Одан соң сыртқа шығып, біраз газет сатып алып, оларды кейбір көршілерінің үйлеріне апарды. Сүт сататын баланы, ерте келе жатқан наубайханашыларды жолықтырды, олармен сəлемдесті де, қайтадан «ісіне» кірісті. Сəлден кейін Сковроннектер келді. Олар оны анау- мынауды істеуге жұмсады. Күні ұзақ айтылатыны: «Мендель, сыртқа жүгір, майшабақ сатып əкел», «Мендель, мейіз əлі тұздалмапты!», «Мендель, сен кірді ұмытып кеттің!», «Мендель, саты сынып қалыпты!», «Қолшамның бір əйнегі жоқ», «Бөтелкенің тығынын ашқыш қайда?» Сонымен Мендель сыртқа жүгіріп, майшабақты да сатып əкеледі, мейізді де тұздайды, кірді де əкеледі, сатыны да жөндейді, əрі қолшамды əйнекшіге апарады, бөтелкенің тығынын ашқышты да табады. Кинотеатр бағдарламасында өзгерістер болып немесе гастрольге жаңадан театр келгендей жағдайда, балаларын қарасын деп, көршілер кейде оны алып та кететін. Сөйтіп Мендель бөтен балалардың қасында отырды, бір кезде өз үйінде Менухим жатқан кəрзеңкені жеңіл жəне мейірімді саусақтарымен қалай тербетсе, енді
ол жеңіл жəне мейірімді аяғының ұшымен өзі есімдерін де білмейтін бөтен сəбилердің бесігін солай тербетті. Тербете отырып, ескі əн, атамзаманғы əнді салды: «Менен кейін қайталай ғой, Менухим: «Əуелі құдай көк пен жерді жаратты», менен кейін қайталашы, Менухим!» Еллул (шамамен тамыз/қыркүйек айлары, еврей күнтізбесіндегі соңғы ай) айы еді, ұлы мейрам күндері басталған. Көшенің еврейлерінің бəрі уақытша дұға оқитын орын ретінде Сковроннектің артқы бөлмесін қалады. (Өйткені олардың ғибадатханаға онша барғылары келмеді.) «Мендель, сенің бөлмеңде дұға оқитын болады!» – деді Сковроннек. «Бұған сен не айтасың?» – «Оқи берсін!» – деп, жауап берді Мендель. Ал ол еврейлердің қалай жиналып, үстінде өрілген білтесі бар үлкен сары балауыз шырағданды қалай тұтатқандарына қарап тұрды. Ол өзі əр сатушының дүкенінің жалюзиін төмен түсіріп, есігін жабуына көмектесті. Ол олардың бəрінің киімінің сыртынан ақ халат кигендерін, олардың құдайды мадақтау үшін тағы бір рет тірілген өлген адамдар сияқты екенін көрді. Олар аяқ киімдерін шешіп, шұлықтарымен тұрды. Олар тізерлеп отырып, орындарынан көтерілді, үлкен алтындай сары балауыз жəне стеариннен жасалынған гүлді ақ шырағдандар иіліп, дұға оқитын шапандарға көзді ашып жұмғанша қатып үлгерген ыстық жас болып тамуда. Аруақтай аппақ еврейлердің өздері де шырағдандар сияқты иілді, олардың да көз жастары еденге тамып, кеуіп жатыр. Бірақ Мендель Зингер өзінің күнделікті киімімен арт жақта, босағада қап-қара болып, тіл қатпай тұр, қозғалған да жоқ. Еріндері жымқырылған, жүрегі – қатқан қара тас. Коль Нидре (барлық діни ант) дұғасының айтылуы ыстық желдей желпілдеп көтерілді. Мендель Зингердің еріні жымқырылған күйі, ал жүрегі қатқан қара тас қалпында қалды. Күнделікті киімімен арт жақта, босағада қап-қара болып, ол тіл қатпастан өзін мығым ұстап тұр. Оны ешкім елеген де жоқ. Еврейлер оны көрмеуге тырысты. Ол олардың ортасында бөтен еді. Тұрғандардың қай-қайсысы болмасын, оны ойлап, ол үшін дұға қылды. Мендель Зингер бірақ босағада қақиып тұрды да қойды, құдайға ашулы еді. Олардың бəрі қорқатындықтарынан дұға қылып жатыр, деп ойлады ол. Мен бірақ қорықпаймын. Мен қорықпаймын! Барлығы кетіп қалғаннан соң Мендель Зингер өзінің қатты диванына жатты. Дұға оқығандардың денелерінің жылуы диванда əлі қалып
қойыпты. Бөлмеде қырық шырағдан əлі жанып тұр. Оларды өшіруге батылы бармады, олар оның ұйқысын қашырды. Осылайша ол түні бойы ояу жатты. Ол құдайға тіл тигізудің осыған дейін болып көрмеген түрлерін ойлап тапты. Ол өзінің қазір сыртқа шығып, италияндықтардың көшесіне барып, осында, үнсіз жанып тұрған шырағдандардың тура ортасында ойып отырып алып, жеп тауысуы үшін рестораннан шошқа етін сатып алып, қайтып келе жатқанын елестетті. Шындығында бет орамалының түйінін шешіп, отырып алып өзінде бар тиындарын санады, бірақ ол бөлмеден шыққан да, ешнəрсе жеген де жоқ. Ол киімшең, бадырайған көзін жұмбастан диванның үстінде міңгірлеп жатты: «Бітті, бітті, Мендель Зингер тынды, жұрдай болды! Оның ұлы да жоқ, оның қызы да жоқ, оның қатыны да жоқ, оның ақшасы да жоқ, оның үйі де, күйі де жоқ, оның құдайы да жоқ! Бітті, бітті, Мендель Зингер тынды, тыптипыл болды!» Шырағдандардың алтындай жылтыраған əрі көгілдір жалыны əлсіз дірілдеп тұр. Ыстық, балауыз тамшылар шам қойылған тақтай үстіне, мыс келінің ішіндегі сары құмның үстіне, бөтелкелердің қою жасыл əйнектерінің үстіне көздің жасындай қатты тырсылдап тамып тұр. Дұға оқығандардың ыстық демдері бөлмеде əлі де сезіледі. Олар үшін уақытша əкеліп қойылған орындықтардың үстінде олардың ақ шапандары əлі жатыр, олар ертеңгі күнді, дұғаның жалғасын күтуде. Балауыз бен көмірге айналған білтенің иісі шығып тұр. Мендель бөлмеден шығып, терезенің қақпағын ашты да, таза ауаға шықты. Күздің бұлтсыз ашық түні еді. Тірі жан көрінбейді. Мендель сенделіп, дүкен алдында əрліберлі жүрді. Полиция қызметкерлерінің кең адымдаған, баяу қадамдарының дыбысы естілді. Осы сəтте Мендель қайтадан дүкенге оралды. Ол форма кигендерден қашан да қашқақтап жүреді. Мейрам күндері өтіп кетті, күз келді, жаңбыр тысырлап жауып тұр. Мендель майшабақ сатып алды, еденді сыпырды, кірді əкелді, сатыны жөндеді, бөтелке тығынын ашқышты іздеді, мейізді тұздады, көшенің тура ортасында əрлі-берлі сенделіп жүрді. Қайыр садақа үшін рахмет те айтпады, жұрттың сəлеміне ернін де жыбырлатпады, сұрақтарға Иə немесе Жоқ деп қана қысқа жауап берді. Түстен кейін жұрт саясат туралы əңгімелесіп, газет оқуға жиналғанда, Мендель диванына жатып алып ұйықтады. Басқалардың əңгімелері оны қызықтырмады да, оның
ұйқысын да бұзбады. Оған соғыстың еш қатысы жоқ. Оны жаңа күйтабақтардың əні əлдиледі. Тек барлығы кетіп қалып, тыныштық орнағанда ғана оянды. Одан соң шамалы уақыт қарт Сковроннекпен сөйлесті. «Сенің келінің күйеуге тиейін деп жатыр», – деді бір кезде Сковроннек. «Дұрыс!» – деді Мендель. «Бірақ ол Мэкқа тиеді!» «Бұл ақылды оған мен бергенмін!» «Шаруалары жақсы жүріп жатыр екен!» «Менің шаруам емес қой». «Мэк бізге саған ақша бергісі келетінін айтты!» «Маған ешқандай ақшаның қажеті жоқ!» «Қайырлы түн, Мендель!» «Қайырлы түн, Сковроннек!» Мендельдің күнде таңертең сатып алу əдетіне айналған газеттерінде үрейге тола жаңалықтар өршіп тұрды. Олар өршіп тұрды, бірақ Мендельдің ешнəрсе білгісі келмеді. Ресейді енді патша билемейді. Жақсы, патша енді бұдан былай билемей-ақ қойсын. Газеттердің бəрібір де Йонас пен Менухим жөнінде хабарлайтын ештеңесі жоқ. Сковроннектің үйінде соғыс бір айдың көлемінде бітіп қалады деп айтысып-тартысып жатыр. Жақсы, соғыс бітсін. Шемария қайтып оралмады. Жындыхана басшылығы Мириямның жағдайының жақсармағандығы туралы жазды. Вега хат жіберіпті, оны Сковроннек Мендельге оқып берді. «Жарайды», – деді Мендель, «Мириям бəрі бір сауықпайды!» Оның ескі қара шапанының тозығы жеткені соншалықты, өңіп, иығында жасыл болып көрінеді, артқы тігісінің бəрі арқасында ұзына бойы омыртқасының кіпкішкентай суреті сияқты көрініп тұр. Мендель барған сайын бір-ақ шөкім болып қалды. Шапанының етегі ұзара- ұзара, Мендель жүрген кезде, етігінің қонышын емес, тіптен
толарсағын соқты. Ертеректе тек кеудесін ғана жабатын сақалы, өсе- өсе шапанының ең төменгі түймесіне дейін жетті. Қара, қазір өңін жойып, жасылданып кеткен жібектен тігілген қалпағының күнқағары жұмсарып, созылып кеткен, Мендель Зингердің қабағының үстінде жай шүберекке ұқсап сөлбірейіп тұр. Мендель Зингердің қалтасында не жоқ дейсің, талай нəрсе бар: жұрт одан алып келуге өтінген түйіншектер, газеттер, Сковроннектің үйіндегі қирап қалған дүниелерді жөндейтін əртүрлі құрал-саймандар, түрлі-түсті жіптер шумағы, орауға қажетті қағаз бен нан. Бұл заттардың ауыр салмағы Мендельдің арқасын одан əрман бүкшите түсті, əрі қарттың əдетте сол қалтасынан гөрі оң қалтасы ауырырақ болатындықтан, қарттың оң иығы төмен салбырап кеткен. Сонымен ол тізесі құрысып, өкшесі тырпылдап, құлайтын адам сияқты бір жағына қисайып, бүкшиіп, көшеде жүрді. Əлемнің жаңалықтары, аптаның аяғы мен мейрамдар тысқары тұрған ескі үйді айналып өткен арбадай оны да айналып өтіп жатты. Бір күні шынымен соғыс аяқталды. Көше босап қалды. Адамдар бейбітшілік мерекесі мен полктан қайтқан оралмандарды көру үшін кеткен. Көбісі Мендельді үйлеріне қарайлап тұруға міндеттеп кетті. Ол пəтерпəтерді аралап, есіктерінің тұтқасы мен құлыптарын тексеріп, дүкенге қайтып оралды. Көз жетпейтін алыстан қуанышқа бөленген əлемнің мерекелік абыр-дабырын, отшашудың тарсылын жəне он мыңдаған адамның мəз-мəйрам күлкісін еститін шығармын деп ойлады. Оның аспанында да азырақ мүлгіген бейбітшілік орнады. Саусақтарымен сақал-мұртын сипап, езуіне күлкі үйірілді, тіптен оның көмейінен үзік-үзік аздаған мырсмырс күлкі шықты. «Мендельге де бір той», – деп сыбырлады да, ол алғаш рет қоңыр граммофон жəшіктерінің біріне жақын келді. Ол бұл аспапты қалай айналдыратынын көрген. «Күйтабақ, күйтабақ керек!» – деді ол. Бүгін түстен кейін осында соғыстан аман-есен оралған бір солдат келіп, Европаның жаңа əндері бар көптеген күйтабақ əкеп берген. Мендель үстіңгі жатқан күйтабақты ашты да, оны абайлап аспаптың үстіне қойып, дəл қалай іске қосатынын есіне түсіру үшін біраз ойланып тұрды да, ақыры инені күйтабақтың үстіне қойды. Аппарат қиқылдап-шиқылдады. Одан соң əн шырқалды. Кеш мезгілі еді,
Мендель қараңғыда граммофонның қасында тұрып, əнді бар зейінімен тыңдады. Ол күн сайын мұнда əн тыңдады, əр түрлі əн: көңілді, мұңлы, баяу жəне шапшаң, міңгірлеген, бұлақ суындай сыңғырлаған да əн бар. Бірақ дəл мына əндей əн мұнда болған емес. Ол жаңбыр суындай тамшылап, сорғалап, жайлап сылдырлап ағып, тамылжыды да, теңіздей тасып, шуылдап, күркіреп кетті. «Мен енді бүкіл əлемді тыңдап отырмын», – деп ойлады Мендель. Бүкіл əлемді осындай кішкентай ғана күйтабаққа қалай ойып сыйдыруы мүмкін? Бұл сазды əуенге кішкене күміс сырнай араласып, осыдан бастап ол қоңыр дауысты скрипкадан қалмай, оны жарасымды жіңішке əдіптей көмкерген кезде, Мендель ұзақ уақыттан бері бірінші рет жылай бастады. Əн аяқталды. Ол əнді тағы да бір рет айналдырды, үшінші рет те тағы да тыңдады. Ақыры ол бұл əнді өзінің қырылдаған даусымен қайталап айтып, жасқаншақтана саусақтарымен граммофонның астына қойылған сүйемелді даңғырлатты. Үйіне қайтып келе жатқан Сковроннек оны осылай кездестірді. Ол граммофонды өшірді де, былай деді: «Мендель, шам жақсаңшы! Неғып ойнап тұрсың мұнда?» Мендель шам жақты. «Əннің қалай аталатынын қарап көрші, Сковроннек». – «Бұл жаңа күйтабақтар ғой», – деді Сковроннек. «Оларды мен бүгін сатып алдым. Əннің аты», – деп Сковроннек көзілдірігін киіп, күйтабақты шамның астында ұстады да, оқыды: «Əннің аты – Менухимнің əні». Кенеттен Мендельдің əлі құрып кетті. Отыра қалды. Сковроннектің қолындағы жалт-жұлт етіп тұрған күйтабақтан көз алмай қарап қалды. «Сенің не ойлап тұрғаныңды білемін», – деді Сковроннек. «Иə», – деп жауап берді Мендель. Сковроннек əнді тағы бір рет қойды. «Тамаша əн», – деп, Сковроннек басын сол жағына қисайтып, иығына сүйеді де, бар зейінімен тыңдады. Дүкен біртіндеп əнді олармен бірге тыңдай алмай кешіккен көршілерге толды. Ешкім тіс жарып, лəм демеді. Барлығы əнді тыңдап, сол əнге беріліп, бастары əн ырғағымен билеп тұрды. Олар əнді жаттап алғанша, он алты рет тыңдады. Мендель дүкенде жалғыз қалды. Ол есікті ішінен мұқият жауып, сөреге қойған заттарын жинады да, шешіне бастады. Əн оның қыр соңынан
қалмады, қадам басқан сайын əн оның құлағына келіп тұрды. Күйге тола көңілмен ұйқыға жатты. Ұйқыға кеткен сəтте күмістей сыңғырлаған əуен Менухимнің, өзінің Менухимінің аянышты ыңқылымен, көптен естілмеген жалғыз əнімен астасып жатқандай болып көрінді. V Күн ұзарды. Таңғы уақыттың жап-жарық болғаны соншалық, жарық тіптен Мендельдің терезесі жоқ артқы бөлмесіне де жетіп артылып жатты. Сəуір айында көше халқы бұрынғысынан бақандай бір сағат ерте оянды. Мендель спирт шамын жағып, шəй қойды, кішкене көк табаққа су толтырып, бетін сол табақтағы суға батырды да, есіктің тұтқасында ілулі тұрған сүлгінің бір шетімен сүртінді, жалюзиді түрді, аузын толтыра су ұрттап, еденге зор ұқыптылықпен су бүрікті де, өз ернінен шашыраған судың шаңның бетіне өріп салған өрнегін тамашалады. Спирт құйылған шай қайнататын аспап ысылдады; сағат əлі алтыны соққан жоқ. Мендель есік алдына шықты. Осы сəтте көшедегі терезелер, жан біткендей, өзінен-өзі ашыла бастады. Көктем еді. Көктем еді. Жұрт пасхаға дайындалды, Мендель барлық үйде көмектесті. Үстелдің тақтайларын жыл бойғы күнделікті желініп, тас болып қатып қалған тамақ қалдықтарынан тазалау үшін ол сүргіні пайдаланды. Ішінде ашық қызыл қағазға пасха наны қабаттастырылып оралып салынған дөңгелек цилиндр пішіндес қағаз қалташаларды ол аппақ сөрелерге жайғастырды, салқын жертөледе өрмекшінің торы басып жатқан Палестинадан əкелінген шараптардың сыртын сүртіп тазартты. Көршілердің төсек орындарын тыстарынан шығарып, біртіндеп сəуірдің маужыраған күні түсіп, қан сорғыштарды өзіне тартып алатын жəне оларды жою үшін бензин, терпентин жəне керосин пайдаланылатын аулаға тасыды. Қызғылт жəне аспан түстес көк сəндік қағаздан қайшымен дөңгелек жəне де басқа кескіндеме, өрнектер мен шашақтар ойып, олардан ыдыстың астына жаятын арнайы төсегіш жасап, оларды қалпақты майда шегелермен ас үйдегі ыдыс қойғышқа бекітті. Бөшке мен кеспектерге ыстық су толтырды,
үлкен темір шарларды қып-қызыл болып қызғанша, ағаш таяқпен пештің отына ұстады. Одан кейін ол шарларды бөшкелер мен кеспектерге салып еді, олардағы су ысылдап, ыдыстар судай жаңа болып, тазарып шыға келді. Ол пасха нанын өте үлкен келіге салып түйіп, ұнтақтады, ол ұнды таза қаптарға салып, ауызын айналдыра кішкентай көк лентамен байлап қойды. Осының бəрін ол бір кезде өз үйінде жасаған еді. Ол жақта көктем Америкаға қарағанда кештеу келетін еді. Мендель Цухновта осы жыл мезгілінде ағаш төселген жаяу жүргіншілерге арналған жолды бойлай көмкеріп жатып қалатын сұр қарды, таза шыныдай мұз сүңгілерін, аяқ астынан жауып, түні бойы шатырдың суағарынан майдалап тамып тұратын мақпал жаңбырды, қарағай орманның ар жағынан алыстан естілетін күн күркіреуін, бозарып атқан əрбір таңды мейірлене қымтап жатқан ақ қырауды, өлтіріп, көзін құрту үшін Мириям үлкен бөшкеге салып тұншықтырып қойған Менухимді, ақыры, ақыры осы жылы, Құтқарушысы, яғни Иса Мəсіh келіп қалар ма екен деген үмітін есіне алды. Ол келмеді. Ол келмейді, деп ойлады Мендель, ол келмейді де. Оны басқалар күте берсін. Мендель күтпеді. Десе де, осы көктемде достары да, көршілері де Мендельдің өзгергенін байқады. Олар кейде оның ыңылдап əн салғанын байқады, кейде аппақ мұртының астынан оның жылы жымиғаны да сезіліп қойды. «Бала сияқты болып барады, қартайды ғой», – деді Грошель. «Ол бəрін ұмытып қалды», – деді Роттенберг. «Өлерінің алдында бой жасап жүргені ғой», – деді Менкес. Оны бəрінен де жақсы білетін Сковроннек үндемеді. Тек қана бір рет, кешке қарай, ұйықтардың алдында ол əйеліне былай деді: «Жаңа күйтабақтар келгелі бері біздің Мендель мүлдем өзгеріп кетті. Мен кейде оның өзінің граммофон қосып жатқанының үстінен түсемін. Сен оған не айтасың?» «Менің айтарым», – деді фрау Сковроннек шыдамсыздана, «Мендель қартайып, бала сияқты болып қалды. Аздан соң ол түкке жарамай қалады». Ол көптен бері Мендельге риза болмай жүр еді. Мендель қартайған сайын, фрау Сковроннектің оған деген жаны ашып, есіркеу
сезімі азая түсті. Біртіндеп ол Мендельдің заманында аухатты адам болғанын да ұмытып кетті де, оны сыйлағанынан туындаған есіркеу сезімі (өйткені оның жүрегі кең емес еді) өшті. Ол оны алғашқыдай мистер Зингер деп те атамай, жұрттың бəрі сияқты жай ғана Мендельге көшті. Ал ертеректе оның тіл алғыштығын құрметтейтін жəне сонымен қатар Мендельдің сол тіл алғыштығы үшін өзі оны ұяла жұмсаса, оған жаны аши ұстамдылық білдіріп, онымен сабырмен сөйлессе, енді оның істеген тірлігіне көңілі толмайтынын, риза емес екенін бірден сездіргісі келген пейілмен өктем дауыспен, не болса соған күйгелектене, шамданып бұйыра сөйлейтін болды. Мендельдің құлағының мүкісі жоқ, айтылған сөздің бəрін жақсы еститініне қарамастан фрау Сковроннек онымен сөйлескенде, өзін түсінбей қалады ма деп күдіктенгендей оған ылғи дауыс көтеріп сөйледі. Тектен-текке ашуланып, Мендельдің оның əдеттегідей жай дауыспен айтқан бұйрықтарын дұрыс орындамайтынын дəлелдегісі келгендей, бақырып-шақырып, айғайлап кететін. Оның бұл айғайы – сақтық шарасы еді; Мендельді өкпелеткен жалғыз нəрсе осы еді. Өйткені ол, онсыз да тəңір төмендетіп отырған пенде, адамдардың ақ көңілмен айтқан жеңіл-желпі қалжыңын елей бермейтін, тек жұрт оның іскерлігіне күдікпен қарағанда ғана қорланып қалатын. «Мендель, тездетіңдер», – деп, бастайтын фрау Сковроннек əрбір тапсырмасын. Ол оның төзімін тауысатын, ол оған тым баяу қимылдайтындай болып көрінетін. «Бұлай айғайламаңыз», – деп Мен дель мүмкіндігінше оның бетін қайтаратын, «мен Сізді естіп тұрмын». – «Бірақ Сіз асықпайсыз ғой, уақытыңыз көп пе соншалықты!» – «Сізден анағұрлым кəрі екенім қаншалықты шын болса, соншалықты уақытым аз менің Сізге қарағанда, фрау Сковроннек!» Жауаптың астары мен ескертуді бірден түсінбеген жəне өзін келемеждеді, деп есептеген фрау Сковроннек бірден дүкенде өзіне ең жақын тұрған адамға қарап, былай деді: «Сонымен Сіз бұған не айтасыз? Ол қартайып келеді! Біздің Мендель қартайып келеді!» Ол Мендельдің басқа да қасиеттерін құлшына сипаттап берген болар еді, бірақ ол өзі кемсіту деп есептейтін оның жас шамасын есіне түсіргеніне риза болып, қанағаттанды. Сковроннек əйелінің осы сипатты сөзін естігенде, оған былай деді: «Бəріміз де қартайдық! Мен Мендельмен түйдей жастымын – əрі сен де жасарып жатқан жоқсың ғой!» – «Жас қатын алуыңа болады», – деді фрау
Сковроннек. Ақыры күйеуімен ұрсысуға дайын сылтау тапқанына қуанып қалды. Бұл жанжалдың ары қарай ушығатынын жақсы білетін жəне фрау Сковроннектің ашуының бір ұшы ақырында күйеуіне, яғни өзінің досына, тиетінін түсінген Мендель досы үшін мазасы кетіп, уайымдады. Бүгін фрау Сковроннек айрықша себеппен Мендельді жек көрді. «Өзің қарашы», – деді ол күйеуіне, «біраз күннен бері менің кішкентай кетпенім жоғалып кетті. Соны Мендель алған, өтірік болса, ант-су ішейін. Сұрасам, білмейді. Күннен-күнге қартайып барады, бала сияқты!» Шындығында фрау Сковроннектің кішкентай кетпенін Мендель Зингер өзіне алып, тығып қойған. Ол көптен бері құпия түрде бір үлкен іс жоспарлап жүр еді, өміріндегі соңғы жоспарын жасап жүрген. Бір күні кешке жоспарын қалайда жүзеге асыруды көздеп жүр. Сковроннектің үйінде көршілер əңгімелесіп отырған кезде, диванның үстінде өтірік қалғып отырды. Шындығында ол бірақ ешқандай ұйықтаған жоқ еді. Көзін жұмып алып, соңғы көрші алыстап кеткенше аңдып, тың тыңдап отырды. Одан соң диванның жастығының астынан кішкентай кетпенді шығарып, оны шапанының астына жасырды да, кешкі көшеге тайып тұрды. Көше шамдары əлі жанбаған, кейбір терезелерден жағылып қойған шамның жарығы сарғайып көрініп тұр. Мендель Зингер Дебора екеуі бірге тұрған үйге қарама-қарсы тұрып алып, тасадан өзінің бұрынғы пəтерінің терезелерін аңдыды. Онда қазір жас ерлі-зайыпты Фриштер тұрады, төменгі қабаттан олар қазіргі заманға сай балмұздақ сататын салон ашып алған. Қазір жастар үйден шықты. Олар салонды жапты. Олар концертке кетті. Олар үнемшіл еді, сараң деуге де болады, ұқыпты, ал музыканы олар жақсы көреді. Жас Фриштың əкесі Ковнода үйлену тойларында ойнайтын капеллада дирижер болып істеген еді. Бүгін филармониялық оркестр, енді ғана Еуропадан келген, концерт қояды. Фриш көптен бері сол туралы айтып жүрген. Енді олар кетті. Олар Мендельді көрмеді. Ол ұрланып өтіп кетті де, үйге кірді, өзіне бұрыннан таныс басқыштың таянышын жоғары қарай сипап өтіп, қалтасынан барлық кілтті шығарды. Ол бұл кілттерді өздері киноға кеткенде пəтерлерін күзетуді тапсырған көршілерінен алған. Есікті еш қиындықсыз ашты. Ол есіктің ысырмасын жапты да, еденге етпетінен жатып, тақтайларды бірінен
соң бірін ұра бастады. Бұл əрекет ұзаққа созылды. Ол шаршады да, кішкене үзіліс жасап, жұмысқа қайтадан кірісіп кетті. Ақыры бір кезде Дебораның төсегі тұрған жерден қуыс бар екенін білдіретін даңғырлаған дыбыс шықты. Мендель тақтайдың қиысқан жігінің арасындағы қоқым-соқым, кірді тазартты да, кетпенмен тақтайдың төрт бұрышын түгел босатып, оны жоғары тіреп қойды. Ол қателеспеген екен, ол іздегенін тапты. Ол қатты түйінделіп байланған беторамалды қолына алды да, шапанының омырауына тықты, тақтайды қайтадан орнына қойып, үн-түнсіз алыстай берді. Шыға берісте ешкім де болмады, оны тірі пенде көрген жоқ еді. Бүгін ол дүкенді əдеттегіден ерте жапты да, жалюзилерді түсірді. Ол үлкен аспа шамды, яғни айналасына мол жарық түсіретін шамды, жақты да, оның жарығы молынан түсіп тұрған жеріне отырды. Ол беторамалдың түйінін шешіп, ішіндегісін санады. Дебора темір ақшасы бар, қағаз ақшасы бар барлығы алпыс жеті доллар үнемдеп жиған екен. Бұл көп еді, дегенмен жетпеді, Мендельдің көңілі құлазыды. Өзінің жиғантергенін, жұрттың берген қайыр садақасын, əр үйден еңбегі үшін алған аздаған ақы пұлын оған қосқанда, артық-кемсіз тоқсан алты доллар болады екен. Олар да аздық қылды, жетпеді. «Сонымен əлі де бірер ай!» – деп сыбырлады Мендель. «Уақытым бар». Иə, оның уақыты бар, ол əлі де ұзақ өмір сүруге тиіс! Оның алдында ұшы-қиырсыз мұхит жатты. Ол оны тағы бір рет кесіп өтуге тиіс. Мендельді тұтас телегей теңіз күтті. Бүкіл Цухнов пен оның маңайындағы орналасқан жерлер Мендельді күтуде: казармалар, қарағай орманы, батпақтағы бақалар мен егістік даладағы шегірткелер де. Менухим өліп қалса, кішкене бейітте жатып, күтуде. Мендель де барып, қасына жатады. Одан бұрын Самешкиннің қонысына кіреді, ол енді иттерден еш қорықпайды, оған Цухновта қасқыр қоссаңдар да, қорықпайды. Қоңыз бен құртқа да, орман бақасы мен шегірткеге де қарамастан Мендель тақыр жерді жастануға мүмкіншілік алатын болады. Шіркеудің қоңырауы даңғырлап, Менухимнің зердесіз жанарынан жылт етіп көрінген сəулені есіне салатын болады. «Мен қайтып оралдым, қадірменді Самешкин, əлемді басқалар шарлай берсін, менің кең дүнием тарылды, осы жерде мəңгілік ұйқыға кету үшін қайтып оралдым!» – деп, Мендель жауап беретін болады. Қара түн
жер-көкті көмкеріп алған, жұлдыздар жарқырап тұр, бақалар құрылдап, шегірткелер шырылдап жатыр, ал ана жақта, ит тұмсығы өтпейтін жыныс орманда біреу Менухимнің əнін шырқайды. Мендель бүгін осылайша ұйқыға кетеді, қолында түйінделіп байланған беторамалды ұстап жатыр. Келесі күні таңертең ол Сковроннектің пəтеріне барып, ас үйдегі суық пешінің үстіне кетпенді қойды да, былай деді: «Міне, фрау Сковроннек, кетпен табылды!» Ол тез қайтадан кетіп қалмақшы еді, бірақ фрау Сковроннек бастады: «Табылған екен ғой! Оны табу қиын болған жоқ қой, Сіз ғой тығып қойған! Айтса да, кеше Сіз қатты ұйықтадыңыз. Біз дүкеннің алдына бірнеше мəрте барып, қайта-қайта есік қақтық. Сіз естімедіңіз бе? Балмұздақ сататын салондағы Фриштің Сізге аса маңызды айтары бар. Сіздің дереу соған баруыңыз керек.» Мендель шошып кетті. Біреу кеше оны көріп қойған ғой, бəлкім басқа біреу пəтерді тонап кетіп, енді сол үшін Мендельге күдік артып отырған болар. Мүмкін алғаны Дебораның жиған-тергені емес, фрау Фриштікі ма екен, ал бұл болса, оны ұрлап кетті. Тізесі дірілдеп кетті. «Отыруға мұрсат беріңізші», – деді ол фрау Сковроннекке. «Екі минут отыруыңызға болады», – деді ол, «одан кейін менің тамақ əзірлеуім керек». – «Қандай маңызды шаруа болды екен?» – деп, ойланып толғанды Мендель. Бірақ ол əйелдің білсе де, оған ешнəрсе айтпайтынын біледі. Ал фрау Сковроннек болса, оның білгісі келіп, қиналып тұрғанын көріп, рахаттанды. Одан кейін ол оны тезірек жіберуді көздеді. «Мен бөтен жұрттың ісіне араласпаймын! Фришке барсаңызшы!» – деді ол. Мендель кетті, бірақ Фриштерге бармауға бел байлады. Тек бір бəле болуы мүмкін. Не жағдай болса да, уақыты келгенде белгілі болар. Ол күтті. Түстен кейін бірақ Сковроннектің немерелері қонаққа келді. Фрау Сковроннек Мендельді қой бүлдірген қосылған үш балмұздақ сатып əкелуге жұмсады. Мендель именіп, дүкенге əрең кірді. Бақытына қарай, мистер Фриш жоқ екен. Оның əйелі: «Күйеуімнің Сізге айтар аса маңызды хабары бар еді, түстен кейін міндетті түрде келіңізші!» – деді.
Мендель естімегендей кейіп танытты. Жүрегі атша тулап, аузынан шығып кетуге шақ қалды, ол жүрегін қос қолымен тас қылып ұстап алды. Не болса да, оған бір бəле жабылайын деп тұр. Ол шындықты айтқысы келді, Фриш оған сенер. Ал оған сенбесе, онда ол түрмеге түседі. Иə, олай да болуы мүмкін. Ол түрмеде өледі. Цухновта емес. Балмұздақ сататын салонның маңайынан еш кете алмады. Дүкеннің алдында əрлі-берлі сенделді де жүрді. Жас Фриштің үйіне келе жатқанын көрді. Ол Фришті азырақ күте тұрмақшы еді, бірақ аяқтары өз-өзінен оны дүкенге итермелеп келді. Ол қоңырауы шырылдай жөнелген есікті ашты да, оны қайтадан жабуға шамасы жетпей, оның дабыл беретін қоңырауы үздіксіз шылдырлап кетті, ал Мендель болса, қатты шырылдан есі шығып, не істерге білмей, тұрған орнынан қозғала алмай қалды. Есікті мистер Фриштің өзі жапты. Енді ғана қоңыраудың дабылы басылып, тыныштық орнаған кезде Мендель мистер Фриштің əйеліне: «Тез, мистер Мендельге бүлдірген қосылған газды су əкел!» – дегенін естіді. Жұрт қашаннан бері Мендельге «мистер Мендель» деп айтпады екен? Оны ұзақ уақыт бойы жанын ауырту үшін тек «Мендель» деп қана айтқандарын осы сəтте ғана түйсінді. Бұл Фриштің қыршаңқы əзілі ғой, деп ойлады Мендель. Бұл жас жігіттің сараң екенін бүкіл көше біледі, менің бүлдірген қосылған газды су үшін ақша төлей алмайтынымды ол өзі біледі. Мен оны ішпеймін. «Рахмет, рахмет», – деді Мендель, «мен ешнəрсе ішпеймін!» «Көңілімізді қалдырмаңызшы», – деді əйелі жымиып. «Көңілімді қалдырмаңызшы», – деді жас Фриш. Ол Мендельді құйма шойыннан жасалған жіңішке аяқты үстелдердің біріне қарай жетектеп, тоқылған кең креслоға итермелеп отырғызды. Ал өзі жəй ағаш орындыққа отырып, Мендельге жақындады да, əңгімесін бастады: «Кеше, мистер Мендель, өзіңіз білетіндей, концертке бардым». Мендельдің жүрегі тоқтап қалды. Ол шалқайып, үзіліп кетпес үшін судан бір ұрттады. «Сонымен», – деп, жалғастырды Фриш, «жалпы, көп əуен естідім ғой, бірақ дəл мынандай дүние бұрын соңды болған емес! Отыз екі музыкант, түсінесіз бе, əрі барлығы да біз жақтан. Жəне олар
еврей əуендерін ойнады, түсінесіз бе? Жүрегіңіз елжірейді, мен тіптен жыладым, көрерменнің бəрі жылады. Ең соңында олар Менухимнің əнін ойнады, мистер Зингер, Сіз оны білесіз, граммофоннан естідіңіз ғой. Тамаша əн, солай емес пе?» Сонымен не айтпақшы, деп ойлады Мендель. «Иə, иə, тамаша əн.» «Үзіліс кезінде музыканттарға барайын. Лық тола. Барлығы музыканттарға жолықпақшы. Анау да, мынау да досын тауып жатыр, жəне мен де, мистер Зингер, мен де». Фриш үзіліс жасады. Жұрт дүкенге кіріп, қоңырау шырылдаумен болды. «Мен таптым», – деді Фриш, «бірақ Сіз ішіп отырсаңызшы, мистер Зингер! Мен туған ағайым, Ковнодан келген Берковичті таптым. Немере ағайымның ұлын таптым. Біз қайта-қайта сүйісіп жатырмыз. Біз əрі ауыз жаппай сөйлесіп жатырмыз. Кенеттен Беркович: Сен осы жерде Мендель Зингер есімді қартты танисың ба? – дейді». Фриш əңгімесін қайтадан үзді. Бірақ Мендель қозғалмады. Ол Беркович деген біреудің қарт Мендель Зингер туралы сұрағанын түсінді. «Иə», – деді Фриш, «мен Цухновтан келген Мендель Зингерді танитынымды айттым. Ендеше сол, деді Беркович. Біздің дирижерымыз – атақты сазгер, əлі жас, бірақ кемеңгер, біз ойнайтын əуен-саздардың көбісі – сонікі. Оның есімі – Алексей Коссак, əрі ол да Цухновтан». «Коссак?» – деп қайталады Мендель. «Менің əйелімнің қыз күніндегі фамилиясы – Коссак. Туысқан ғой!» «Иə», – деді Фриш, «сонымен Коссак Сізді іздеп жүргенге ұқсайды. Ол Сізге бəлкім бірнəрсе хабарлағысы келеді. Сол хабарды естуге ықыласыңыз бар ма екенін білуім қажет. Сіз оған қонақ үйіне барасыз немесе мен Берковичке Сіздің мекен-жайыңызды жазып беремін». Мендельдің иығынан ауыр жүк түскендей болды, бірақ сонымен қатар оның көңілі де құлазып кетті. Ол бүлдірген қосылған газды судан ұрттап, шалқайды да, былай деді: «Сізге рахмет, мистер Фриш. Бірақ
бұл соншалықты маңызды емес. Бұл Коссак маған өзім бұрыннан білетін қайғылы оқиғалардың бəрін əңгімелейді. Əрі одан басқа – мен Сізге шындықты айтқым келеді: Сізбен кеңесу жөнінде көптен ойлап жүр едім. Сіздің ағаңыздың кемеге билет сататын агенттігі бар емес пе? Мен елге, Цухновқа кеткім келеді. Ол жер енді Ресей емес, əлем өзгерді ғой. Қазір бір жол билеті қанша тұрады? Сонымен қатар маған қандай қағаздар керек? Ағаңызбен сөйлесіп көріңізші, бірақ ешкімге ешнəрсе айтпаңыз». «Сұрап білейін», – деді Фриш. «Бірақ Сіздің ақшаңыздың көп емес екені айдан анық. Əрі Сіздің жасыңызда жол жүру де оңай емес қой! Бəлкім Коссак Сізге бірдеме дер! Бəлкім ол Сізді өзімен бірге алып кетер! Ол НьюЙоркта аз ғана уақыт болады! Берковичке Сіздің мекенжайыңызды жазып берейін бе? Өйткені мен Сізді білемін ғой, Сіз қонақ үйге бармайсыз!» «Жоқ», – деді Мендель, «мен онда бармаймын. Қаласаңыз, жазып бере беріңіз». Ол орнынан көтерілді. Фриш оны қайтадан креслоға итермеледі. «Тоқтай тұрыңыз», – деді ол, «мен концерттің бағдарламасын өзіммен ала келіп едім. Міне, мынау – осы Коссактың суреті». Ол төс қалтасынан бағдарламаның алақандай қағазын алып, бүктеуін жазды да, Мендельдің көз алдына тосты. «Сұлу, өрімдей жігіт екен», – деді Мендель. Ол фотоны анықтап қарады. Суреттің тозып, қағаздың ластанып, портреттің умаждалып жүз мыңдаған кішкентай молекулаларға бөлінгендей болғанына қарамастан, Мендельдің көзінің алдында бағдарламадан оның жанды бейнесі шығып тұрды. Оның бағдарламаны бірден қайтарып бере салғысы келіп еді, бірақ ол оны ұстап, жабысып, қатты да қалды. Қап- қара шашының астында маңдайы күннің сəулесі түсіп тұрған жып- жылтыр тас сияқты жазық əрі жарық. Көздері – үлкен, нұрлы. Олар Мендель Зингерге тік қарап тұр, ол бұл жанарға байланып қалды. Осы көздер оның көңілін сергітті, деп ойлады Мендель. Ол бұл жанардың ақыл-парасаттың айнасы екенін анық көрді. Ол жанардан көпті көрген даналықты да, сонымен қатар уыздай жас албырттықты да көруге
болады. Бұл көздер бəрін білді, бүкіл əлем осы көздерден көрініп тұрды. Бұл Мендель Зингер еді, ол осы көздерді қарап тұрып өзі жасарып кеткендей, ол бозбала болды, ол түк білмеді. Ол барлығын осы көздерден білуге тиіс еді. Ол бұл көздерді бұрын көріп қойған, жас бала кезінде түсінде көрген. Бəленбай жыл бұрын, ол тауратты оқи бастағанда, бұл пайғамбардың көздері болған. Құдайдың мейірімі түсіп, алғысы жауған еркектердің көздері осындай болады. Олар бəрін біледі, олар ешнəрсеге қиянат етпейді, олардың санасынан сəуле шашып тұрады. Мендель суретке ұзақ қарады. Одан соң ол былай деді: «Егер Сіз рұқсат етсеңіз, мистер Фриш, мен бұл суретті өзіммен алып кетейін». Ол суретті бүктеп алды да, кете барды. Бұрышты айнала беріп, бағдарламаның бүктеуін жазды, оған қарады да, қайтадан тығып қойды. Оған балмұздақ сататын салонға кірген сəттен бері ұзақ уақыт өткендей болып көрінді. Бұл аралықта Коссактың көздерінен жарқырап көрініп тұрған бірнеше мың жыл мен алдында Мендель əлі жас болып, пайғамбардың бет əлпетін көз алдына елестете алған жылдар жатты. Оның Фриштің салонына қайтып барғысы, капелла ойнаған концерт залы туралы сұрағысы жəне сол залға барғысы келді. Бірақ ол ұялды. Ол Сковроннектің дүкеніне келіп, өзін Америкада əйелінің бір туысы іздеп жүргенін əңгімеледі. Мендель ол кісіге тұрып жатқан мекен-жайын хабарлау үшін Фришке рұқсат беріпті. «Ертең кешке əр жылдағыдай біздің үйден тамақ ішесің», – деді Сковроннек. Пасханың бірінші кеші еді. Мендель басын изеді. Ол дұрысы өзінің артқы бөлмесінде қалуды қалап еді, өйткені фрау Сковроннектің қырын көзқарасын жəне Мендельге өлшеп сорпа құйып, шамалап балық бөліп беретін сараң пейілін, қолының тар екенін жақсы білетін. «Бұл – соңғы рет», – деп ойлады ол. «Бүгінгі күнді қосып есептегенде, əйтеуір, осы жылдың бір күні Цухновта боламын ғой: тірі болсам да, өлі болсам да; дұрысы өлі болу». Келесі күнгі кеште ол қонақтардың алғашқысы болып келіп, бірақ ең соңғысы болып үстел басына отырды. Фрау Сковроннекті ренжітіп алмау үшін уақытынан ерте келді, өзін келіп отырғандардың ішіндегі
ең мүсəпірі деп есептейтінін көрсету үшін кеш отырды. Айнала барлығы отырып алған: үйдің бəйбішесі, Сковроннектің екі қызы күйеулерімен жəне балаларымен, киімінде саз ноталарының суреті бар бөтен бір жолаушы жəне Мендель. Ол ұзарту үшін бетіне сүрленген тақтай қойылған үстелдің шетінде отырды. Мендельдің уайымы – тек бейбітшілік сақтау ғана емес, сонымен қатар үстелдің беті мен оны жасанды ұзартып тұрған жалғама тақтайдың арасында тепе-теңдік сақтау. Үстіне тəрелке немесе тостаған қою керек болғандықтан, Мендель бір қолымен жалғанған тақтайдың шетін тас қылып ұстап отырды. Аппақ қардай алты жуан шырағдан крахмалданғандықтан жалтырап, алты жалынмен шағылысып тұрған аппақ шағаладай дастарханның үстінде алты күміс шамдалдың ішінде жанып тұрды. Шырағдандар бойлары біркелкі ақ жəне күміс күзетшілер сияқты аппақ халат киіп, бір жастыққа сүйеніп, бір ақ жастықтың үстінде отырған, күнəден таза тақтың үстіндегі күнəден пəк король, үйдің қожайыны Сковроннектің алдында тұрды. Мендельдің дəл осындай киіммен, дəл осылай дастархан басы мен мейрамды басқарып отырмағанына қанша уақыт өтті екен? Бүгін ол бүкшиіп, жігері құм болып, өзінің өңі тозып, қара түсі жасыл болып жылтырап кеткен шапанымен үстелдің ең шетінде, отырғандардың ортасындағы ең мүсəпірі болып, өзінің қарапайымдылығының жəне мерекенің түкке тұрғысыз тірегінің қамын жеп отыр. Пасха наны көк-сөктің қанық жасыл түсінің, қызылшаның күңгірт қызылының жəне желкек тамырының сап-сары түсінің қасында аппақ қардай болып ақ орамалдың астында көмкеріліп жатыр. Əр қонақтың алдында Египеттің еврейлерінің көшірмелерінен алынған қысқаша əңгімелері бар кітаптар шалқасынан ашық жатыр. Сковроннек аңызды əндетіп айта бастады, ал қалған барлығы оның сөздерін қайталап, оны қуып жетті де, хормен бір ауыздан осы өзіне тартып, баурап алатын, жаныңды жадыратар əуенді, қайта-қайта құдайдың ұлылығына, мейірімділігіне, қайырымдылығына, Израильға жаны ашитындығы жəне фараонға ашулы екендігін көрсететін қасиеттеріне арналған айрықша ғажайыптардың бəрін түгелдеп əндетті. Тіптен жазуды оқи алмай, қолданылуын түсінбеген киімінде саз нотасының суреті бар жолаушының өзі де əр сөйлем сайын өзіне тарта түскен əуеннің ықпалынан шыға алмай, сиқырланып, байланып қалғаны соншалық,
əнді білмесе де, бірге ыңылдай бастады. Мендельдің өзі де төрт мың жыл бұрын жомарттанып, көңілді ғажайыптар сыйлаған көкке қарап, тасмаңдай тағдырына көндігіп, əндетіп отырғандарға іштей қолдау көрсетті, ал бұл отырысы құдайдың өзіне болмаса да, бүкіл халыққа деген сүйіспеншілігін мойындап, Мендельдің өзінің жеке басының қу тағдырымен ымыраласқандай болғанын көрсетті. Ол, Мендель Зингер, əлі қосылып əн салған жоқ, бірақ оның кеудесі басқалардың салған əнінің əсерімен тербетіліп, біресе алға, біресе артқа теңселді. Ол Сковроннектің немерелерінің сыңғырлаған дауыспен əндеткендерін естіп, өз балаларының дауыстарын есіне алды. Ол сонымен қатар мерекелік дастархан басында əдеттегіден тым биіктетіліп қойылған орындық үстінде отырған шарасыз Менухимді көрді. Əкесі жалғыз өзі ғана əн салып отырған кезде бейшара кенже ұлына ауық-ауық шапшаң көз жүгіртіп, зердесіз көздерінен оның құлақ түріп тыңдап отырғанын білдіретін жарықты көріп, кішкентайының көкірегінде сайрап тұрған дүниені хабарлауға, естігенін əндетуге бекер тырысатынын сезетін. Бұл Менухимнің өз ағалары сияқты жаңа киім киіп, жейдесіне салбырап тұрған қос бұғағын айнала кірпіш түстес қызыл өрнекпен сəнді жиектеліп көмкерілген ақ жаға тағатын жыл бойындағы жалғыз кеші еді. Мендель оған шарап ұсынса, ол қомағайлана жарты бокал шарапты бірден сіміріп салып, қақалып-шашалып, бет əлпеті не күле алмай, не жылай алмай отырғандай, түсініксіз кейіпке енетін: кім білген дейсің оны. Мендель өзі басқалардың əн ырғағымен елітіп, тербетіліп отырған сəтінде, осы туралы ойлады. Ол өзі ой құшағында отырғанда, басқалардың көп алға озып кеткенін көрді, бірнеше бетті қалдырып кетті де, ұстап отырған үстелдің жалғамасын қолынан шығарып алса, қандай да бір ыңғайсыз жағдай болмас үшін, бұрышта тұрған тəрелкелерді апарып қою үшін орнынан тұруға дайындалды. Өйткені Илия пайғамбарды үйге кіргізу үшін қызыл бокалды шарапқа толтырып, есік ашатын уақыт жақындап қалды. Күңгірт қызыл түсті стакан əлден күтіп тұр, алты шырағданнан шыққан жарық оның дөңес жерімен шағылысып тұр. Фрау Сковроннек басын көтеріп, Мендельге қарады. Ол орнынан тұрды, аяғын тырпылдатып барып, есікті ашты. Сковроннек енді пайғамбарды шақырып, əндетті. Мендель ол əн
біткенше күтіп тұрды. Өйткені оның есікке қайта-қайта барғысы келмеді. Одан кейін ол есікті жауып, қайтадан орнына отырды да, жұмулы жұдырығын үстелдің тақтайының астына тіреді, əн əрі қарай жалғасты.. Мендель отырғаннан кейін бір минут та өтпей жатып, есік қағылды. Есік қағылғанын барлығы естіді, бірақ бəрі де жаңсақ естілген болар деп ойлады. Бұл кеште достардың əрқайсысы өз үйлерінде отыр, маңайдағы көшелерде тірі пенде жоқ еді. Бұл уақытта еш қонақ келуі мүмкін емес еді. Бұл тықырлатқан, əрине, жел ғой. «Мендель», – деді фрау Сковроннек, «есікті дұрыс жаппағансыз ғой». Осы кезде есік тағы қағылды, бұл жолы анық əрі ұзағырақ қағылды. Барлығы үндемей отырып қалды. Шырағданның иісі, шараптың буы, сары ғажайып жарық пен ескі əуен ересектердің де, балалардың да бойларын балқытып, өздері шыдамсыздана күтіп отырған ғажайып, пайғамбар, көзді ашып-жұмғанша шынымен соншалықты тез келіп қалып, кіруге рұқсат сұрап тұрған жоқ па екен деген ой əркімнің басына келіп, абыржығандары соншалық, олар бір сəтке демдерін іштерінен алып, аң-таң болып, бозарып-сазарып, бір-біріне үрке қарап қалды. Сонымен, жым-жырт тыныштық орнап, ешкімнің қозғалуға батылы жетпеді. Ақыры, Мендель қозғалды. Ол тəрелкелерді тағы бір рет ортаға қарай ысырып қойды. Тағы бір рет тырпылдып барып, есікті ашты. Қараса, ұзын бойлы бөтен кісі ала көлеңке дəлізде тұр екен, ол сəлемдесті де, кіруге рұқсат сұрады. Сковроннек былқылдаған жұмсақ орнынан əрең көтерілді. Ол есікке барып, бөтен кісіге анықтап қарады да, Америкада үйренген сөзі: «Please!» – деді. Бөтен кісі үйге кірді. Үстінде қара пальтосы бар, жағасын көтеріп қойған, өзі үстінен түскен мерекені сөзсіз қастерлегендіктен, бас киімін шешпеді, өйткені мұндағы еркек кіндіктінің бəрі бас киіммен отыр еді. Өзі бір тəуір адам екен, деп ойлады Сковроннек. Бір ауыз сөз айтпастан, ол бөтен кісінің пальтосының түймесін ағыта бастады. Күтпеген қонақ бас иіп, сəлем берді де, былай деді: «Менің есімім – Алексей Коссак. Кешірім өтінемін. Сіздерден қатты кешірім сұраймын. Маған Цухновтан келген Мендель Зингер деген бір адам Сіздің үйде тұрақтады деп айтқан еді. Мен онымен сөйлесейін деп едім».
«Ол – менмін», – деп Мендель, қонаққа жақын келді де, басын көтерді. Оның маңдайы бөтен кісінің иығына ғана жетті. «Коссак мырза», – деді дереу Мендель, «мен Сіз туралы естіп қойғанмын. Сіз – менің туысымсыз ғой». «Киіміңізді шешіп, бізбен бірге дастархан басына отырыңыз», – деді Сковроннек. Фрау Сковроннек орнынан тұрды. Барлығы жылжып, бір-біріне ығыса бастады. Бөтен кісіге орын берілді. Сковроннектің күйеу баласы үстелдің қасына тағы бір орындық əкеп қойды. Бөтен кісі пальтосын шегеге іліп, Мендельге қарама-қарсы отырды. Қонақтың алдына бір бокал шарап қойылды. «Тоқтамаңыздар», – деп өтінді Коссак, «дұғаларыңызды ары қарай оқи беріңіздер». Олар ары қарай жалғастырып кетті. Қонақ бары-жоғы білінбей, бетегеден биік, жусаннан аласа болып, орнында қыбыр етпей отыр. Мендель одан көз алмай қарады. Алексей Коссак көзі талмастан Мендель Зингерге қараумен болды. Сөйтіп олар басқалардың əн ырғағымен тербеліп, бірақ олардан бөлек, бір-біріне қарама-қарсы отыр. Басқаларға бола əлі бірі-бірімен тілдесе алмағандары екеуіне де ұнап отыр. Мендель бөтен кісінің жанарын іздеді. Коссак жанарын төмен салса болды, оның қонақтан жүзін жоғары көтеріп отыруын өтінгісі келеді. Қонақтың бұл жүзінде Мендельге бəрі бөтен еді, тек жиексіз стакандардың ар жағындағы көздер ғана оған жақын еді. Сəнді, қуқыл жүзді уыздай жас жігіттің жанарынан шашыраған шуақ терезенің сыртынан ұрланып түсіп тұрған жарық сияқты оны өзіне тартқандай, оның назары сол көздерге қайта-қайта түсе берді. Ол еріндерін жымқырып алған, еріні жұқа жəне жып-жылтыр екен. Егер мен оның əкесі болсам, онда оған: «Жымишы, Алексей», – дер едім, деп ойлады Мендель. Ол қалтасынан жайлап Фриштен алған концерт бағдарламасы бар қағазды шығарды да, басқаларға кедергі келтірмес үшін үстелдің астында бүктеуін жазып, оны бейтаныс жігіттің қолына берді. Ол оны алды да, жайлап қана сүйкімді жымиды, тек бір-ақ секунд.
Əн салу тоқтатылып, тамақ ішу басталды, фрау Сковроннек бір тəрелке ыстық сорпаны қонақтың алдына қойды, Сковроннек мырза одан жұрт қатарлы тамақ алуын өтінді. Киімінде саз нотасының суреті бар жолаушы Коссакпен ағылшын тілінде əңгіме бастады, Мендель одан түк те түсінбеді. Одан соң жолаушы барлығына Коссактың дарынды жас екенін, Нью-Йоркте тек бір ғана аптаға қалатынын, осында отырғандарға өз оркестрінің концертіне тегін билет жіберуге рұқсат етулерін өтінетінін түсіндірді. Басқа еш əңгіме жараспады. Тамақ мерекенің соңына дейін тез-тез ішілді, бірде бейтаныс кісі, бірде үй иелері сыпайы тіл қатысып отырды. Мендель жақ ашпады. Басын бəлеге ұрындырмай, фрау Сковроннектің көңілінен шығу үшін ол тамағын басқаларға қарағанда тезірек ішті. Ақыры барлығы асқа бата қылып, тездетіп ғажайыпты əнге қосуды жалғастырды. Сковроннек ырғақты барған сайын үдете түсті де, əйелдер оған үлгеріп жете алмай қалды. Бірақ псалмаға жеткен кезде, ол дауысын, жылдамдығын жəне əуенін де өзгертті, оның енді əндетіп отырған, тіптен Мендель де əр жолдың соңында «Halleluja, Halleluja» деп қайталаған сөздері ғажайып əдемі естілді. Ол басын изеп отырды, тіптен оның ұзын сақалының кітаптың ашық тұрған бетіне тигені естіліп тұрды. Мендельдің аузы еппен ғана, əрең қозғалып тұрғандықтан, енді оның сақалы дұғаға қатысқысы келген тəрізді еді. Сонымен, сəлден кейін бəрі аяқталды. Шырағдандар жарты беліне дейін жанып бітті, үстелдің үсті əуелдегідей жылтырап жайнап тұрған жоқ, салтанатты емес еді, аппақ үстел жапқыштан үлкенді-кішілі дақтар мен тамақ қалдықтарын көруге болады. Сковроннектің немерелері есіней-құсынай бастады. Олар кітаптың соңына жетіп тоқтады. Сковроннек көтеріңкі көңілмен: «Келесі жылы Йерусалимде кездесуге нəсіп етсін!» – деп тілегін айтты. Барлығы оның айтқанын қайталап, кітаптарын сарт еткізіп жапты да, қонаққа бет бұрып, ананы- мынаны сұрай бастады. Қонаққа сұрақ қою кезегі енді Мендельге келіп жетті. Қарт жөтеліп тамағын қырнады да, жымиып, былай деді: «Сонымен, Алексей мырза, маған не айтайын деп едіңіз?» Бөтен кісі даусын баяу ғана шығарып, бастады:
«Мекен-жайыңызды бұрынырақ білгенімде, Сізге менің хабарым ертерек жеткен болар еді, Мендель Зингер мырза. Бірақ соғыстан кейін ешкім Сіздің қайда екеніңізді білмеді. Бильлестің күйеу баласы, сазгер, сүзек ауруынан өлді де, Цухновтағы үйіңіз қаңырап, бос қалды, өйткені Бильлестің қызы əке-шешесіне кетіп қалды, сол кезде олар Дубнода тұрып жатқан еді. Одан кейін Сіздің үйіңізге австриялық əскерлер жайғасты. Сонымен, соғыстан кейін мен осындағы менеджеріме жазған едім, бірақ ол адам соншалықты епті болмады, дұрыс іздестірместен Сізді табу мүмкін емес екенін жазды». «Бильлестің күйеу баласына обал болған екен!» – дей отыра, Мендель Менухимді ойлады. «Сонымен», – деп Коссак ары қарай жалғастырды: «Қуантарлық жаңалығым бар». Мендель басын көтерді. «Мен Сіздің үйіңізді Бильлес қарттан куəлардың көзінше жəне ресми бағалау негізінде қағаз жүзінде сатып алдым. Енді ақшаны Сізге төлегім келеді». «Ол сонда қанша ақша?» – деп сұрады Мендель. «Үш жүз доллар!» – деді Коссак. Мендель сасқанынан сақалын ұстай алып, оны епетейсіз дірілдеген саусақтарымен тарай берді, тарай берді. «Сізге рахмет айтамын!» – деді ол. «Ал ұлыңыз Йонасқа келетін болсақ», – деді Коссак ары қарай, «ол 1915 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен. Ол туралы ешкім ешнəрсе айта алмайды. Не Петерборда, не Берлинде, не Венада, не Швейцарияның Қызыл Крест ұйымында ешкім білмейді. Мен өзім барлық жерден сұрастырып, сұратқыздым да. Алайда екі ай бұрын Мəскеуден келген бір жас жігітті кездестірдім. Ол Польшаның шекарасынан қашып өтіпті, өздеріңіз білетіндей, Цухнов енді Польшаға жатады ғой. Бұл жас жігіт Йонаспен бірге болған полктасы екен. Ол маған Йонастың тірі екенін, оның ақ гвардияшылар əскерінде соғысып жатқанын бірде кездейсоқ естіп қалғанын айтты. Ол туралы хабар білу мүлдем қиын болып кетті. Бірақ ешқашан үмітіңізді үзбеңіз».
Мендель Менухим туралы сұрау үшін аузын аша бергені сол еді. Бірақ Мендельдің сұрағын алдын-ала сезе қойып, əрі оның көңілінен шығатындай жайлы жауап берілмейтініне сенімді болып, бұл кеште қайғылы əңгімені болдырмауға немесе ең болмаса сол əңгімені мүмкіндігінше кейінге шегеруге тырысқан досы Сковроннек Мендель қарттың алдын орағытып, былай деді: «Енді, Коссак мырза, біз Сіз сияқты үлкен азаматпен жүздесіп, көңіліміз толып отыр, бəлкім, өз өміріңізден қандай да бір оқиғалар жайлы əңгімелеп беріп, бізді тағы да қуанышқа бөлерсіз. Сіз соғысты, төңкерісті жəне қауіп-қатердің бəрін қалай жеңіп шықтыңыз?» Бөтен кісі шынын айтқанда бұл сұрақты күтпеген еді, өйткені ол бірден жауап бермеді. Ұялған немесе ойға шомған адам сияқты назарын төмен салып отырып, сəл ұзағырақ кідірістен кейін ғана жауап берді: «Мен басымнан айта қоярлықтай ерекше ешнəрсені өткермедім. Бала кезімде ұзақ уақыт ауру болдым, əйелі менің туысым болып келетін Мендель Зингер мырза сияқты менің əкем де қарабайыр мұғалім еді. (Қазір туыстықты жақынырақ түсіндіріп жататын уақыт емес.) Қысқасы, ауру болғандықтан, əрі біз кедей болғанымыз үшін, мен тегін емделу мақсатында бір үлкен қалаға мемлекеттік медицина институтына келдім. Мені жақсы емдеді, бір дəрігердің маған мейірі түсіп, мені айрықша жақсы көрді, ауруымнан жазылдым да, дəрігер мені үйінде алып қалды. Сол жерде», – деп, осы жерге келгенде Коссак дауысын бəсеңдетіп, басын төмен салбыратты, ол үстелге сөйлеп отырғандай еді, ештеңе ести алмай, отырғандардың барлығы оны анық есту үшін демдерін іштерінен алды, «сол жерде мен бір күні күй сандықтың қасына отырдым да, өз ойымнан шығарып, əндерімді ойнадым. Ал дəрігердің əйелі болса, менің əндерімді нотаға түсірді. Соғыс маған бақыт əкелді. Өйткені мен əскери оркестрде капельмейстер болып, барлық уақытта Петерборда қалдым, бірнеше рет патша қарамағында ойнадым. Оркестрім төңкерістен кейін менімен бірге шетелге шықты. Оркестрдегі кейбір өнерпаздар шығып кетті, олардың орнына бірнеше жаңа мамандар келді, Лондонда концерттік агентурамен келісім-шартқа отырдық, осылайша менің оркестрім аяғынан тік тұрды».
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163