Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-06-18 04:20:09

Description: Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Search

Read the Text Version

Қонақтың ары қарай ешнəрсе айтпай отырғанына қарамастан барлығы əлі мұқият құлақ тігіп отыр. Алайда оның айтқан сөздері бөлмеде əлі қалықтап тұрды да, кейбіреулердің түйсігіне енді ғана жетіп жатты. Кос сак еврейше нашар сөйлейтін еді, ол əңгімесін жартылай орысша араластыра отырып айтты, Сковроннектер мен Мендель ол шұбарлап айтқан əңгіменің мазмұнын, сөздердің мəн-мағынасын нақты емес, жалпылама түсінді. Сковроннектің бала кезінен бастап Америкада тұрып жатқан күйеу балалары айтылғанның тек жартысын ғана түсініп, бөтен кісінің əңгімесін əйелдеріне ағылшын тіліне аудартқызды. Киімінде саз нотасының суреті бар жолаушы есінде сақтап қалу үшін олардың соңынан Коссактың өмірбаянын қайталап отырды. Шырағдандар шамдалдарда қысқа шұлықтардай болып қана жанып тұрды, бөлмеде қара көлеңке орнады, немерелер бастарын қисайтып, креслода ұйықтап жатыр, бірақ ешкім кетуге жиналып отырған жоқ, фрау Сковроннек тіптен екі жаңа шырақ алып келіп, алдындағы «шұлықтардың» үстінен жапсырып, кешті қайтадан жаңартып ашты. Оның Мендель Зингерге деген бұрынғы құрметі қайтадан оянды. Патшаның қарамағында ойнаған, кішкене саусағына керемет сақина, галстугына маржан тағып, еуропалық қымбат матадан костюм киіп алған қонақ, үлкен азамат, – фрау Сковроннек матаны жақсы таниды, өйткені əкесі кезінде мата саудагері болған – бұл қонақ Мендельмен дүкеннің артындағы бөлмеге бармайды ғой. Сонымен ол күйеуін таңқалдыра былай деді: «Мистер Зингер! Сіздің бүгін бізге келгеніңіз қандай жақсы болды. Əйтпесе», – деп, ол Коссакқа қарап: «оның қарабайырлығы мен сыпайылығы соншалық, мен қанша шақырсам да, келмейді. Ол, десе де, біздің үйдің үлкен баласы сияқты». Сковроннек оның сөзін бөліп: «Бізге тағы шəй əкел!» – деді. Əйелі тұрып бара жатқанда, ол Коссакқа: «Біз бəріміз Сіздің əндеріңізді көптен бері біліп алдық. «Менухимнің əні» Сіздікі ғой?» – деді. – «Иə», – деді Коссак. «Ол – менің əнім». Оған бұл сұрақ ұнамағандай болып көрінді. Ол əңгіме тақырыбын ауыстырғысы келгендей, тез Мендель Зингерге қарады да, былай деп сұрады. «Əйеліңіз қайтыс болды ма?» Мендель басын изеді. «Менің білуімше, Сіздің қызыңыз бар ғой?» Мендельдің орнына Сковроннек жауап берді: «Өкінішке орай, ол шешесі мен ағасы Сэм өлгеннен кейін қайғыдан құса болып, есінен

адасып ауырып, жындыханада жатыр». Бөтен кісі тағы да басын салбыратып, ұнжырғасы түсіп кетті. Мендель орнынан көтерілді. Оның Менухим туралы сұрағысы келіп еді, бірақ оған батылы жетпеді. Ол алар жауабын алдын-ала біліп те қойған. Ол өзін қонақтың орнына қойды да, өзіне өзі былай деп жауап берді: «Менухим баяғыда-ақ өліп қалған. Ол байқұс бейшара болып өлді ғой». Ол бұл сөйлемді мəңгі есінде сақтап қалды, шынымен осы сөйлем дəл осылай айтыла қалғандай болса, сабырлы болып қалу үшін, орны толмас өкініш, ұмытылмас қайғының бүкіл ащы азабын алдынала тартты. Кенет ол жүрек түкпірінде шала үміт отының жылт ете қалғанын сезді де, алданып қалмас үшін оны тез өшіруге тырысты. «Егер Менухим тірі болса», – деді ол өзіне-өзі, «онда мына бөтен кісі оны маған басында-ақ айтқан болар еді. Жоқ! Менухим баяғыда өліп қалған. Қазір мына сандырақтаған үміт мүлдем өшуі үшін мен одан сұраймын!» Бірақ ол əлі де сұрай алмады. Ол тыныш отырып қалды, ас үйде шəйнекпен алысып жүрген фрау Сковроннектің салдыр-гүлдірі өзінің үйреншікті əдетімен оған көмектесу үшін бөлмеден шығып кетуіне себеп болды. Бүгін ол бірақ Мендельді қонақ бөлмеге қайтадан қайтарып жіберді. Оның үш жүз доллары жəне мейірімді бай туысы бар. «Бұл Сізге жараспайды, мистер Мендель», – деді ол. «Қонағыңызды жалғыз қалдырмаңыз!» Ол өзі де дайын болып қалған екен. Шəй толтырылған шыны-аяқтарды үлкен подносқа салып, Мендельдің соңынан ол да бөлмеге кірді. Шəйдің буы бұрқырап тұр. Мендель ақыры Менухим жайлы сұрауға белді бекем буды. Сковроннек те сұрақтың енді одан ары шегерілмейтінін сезді. Ол дұрысы өзі сұрады, өйткені досы Мендельдің жауапты естіп жаны ауыратыны да жетер, сұрау азабын мойнына алмай-ақ қойсыншы. «Менің досым Мендельдің тағы бір Менухим деген байғұс ауру баласы бар еді. Соған не болды екен?» Бөтен кісі тағы да жауап бермеді. Ол қасығымен шəй ыдысының түбін араластырып, қантын езді, сөйтіп бұл сұрақтың жауабын шəйінен оқығысы келген адамға ұқсап, ашық қоңыр түсті ыдысқа қадалып қарап, қасығын əлі де болса басбармағы мен сұқ саусағының арасына қыстырып алып, нəзік қоңыр қолын жайлап қозғай отырып, ақыры

күтпеген жерден қатты дауыстап, шұғыл шешімге келгендей былай деді: «Менухим тірі!» Бұл жауап сияқты емес, айқай сияқты естілді. Тура осы айқайды естіп, Мендель қарқылдап күліп жіберді. Барлығы шошып кетті де, қарттан көз алмай қарап қарады. Мендель креслода шалқайып отырып алып, селкілдеп күліп отыр. Арқасының бүкшигені соншалық, желкесі креслоның арқалығына толық тимейді. Арқалық пен Мендельдің кəрі желкесінің (аппақ қудай шашы шапанының қырқылып кеткен жағасында ұйпа-тұйпа болып тұр) арасы – əпежептеуір жер. Мендельдің ұзын сақалы шошаңдап, аппақ жалау сияқты желбіреп, ол да күліп тұрғандай. Мендельдің көкірегінен біресе шуылдаған, біресе шиқылдаған дыбыс шығады. Барлығы шошып кетті, Сковроннек күмпиген жастығынан əрең көтеріліп, ұзын ақ халаты аяғына оратылып, сүрінеқабына бүкіл үстелді айнала жүріп, Мендельге жақын келді де, оған еңкейіп, қос қолдап Мендельдің екі қолынан ұстады. Осы кезде Мендельдің күлкісі жылауға ұласты, ол өкіріп-өкіріп жылады, жанарының нұры кете бастаған жартылай жұмулы көзден шыққан жас сабалақтанып өсіп кеткен қалың сақалға ағып-тамып, сіңіп, жоғалып жатты, кейбірі доп-домалақ шыны тамшылардай сақалында ұзақ ілініп қалды. Ақыры Мендель тынышталды. Ол Коссакқа тік қарап: «Менухим тірі ме?» – деп қайталады. Бөтен кісі Мендельге аспай-саспай сабырмен қарады да, былай деді: «Менухим тірі, аман-есен, оның жағдайы тіптен жақсы». Мендель екі қолын айқастырып алып, шамасы келгенше үйдің төбесіне қарай жоғары созды. Оның орнынан тұрғысы келді. Ол дəл қазір тұруы керек, тіп-тік болып өсіп, үйден де биік болып, қолдарын көкке жеткізу керек деген сезім пайда болды онда. Ол айқастырылған қолдарын енді жаза алмайды. Ол жаутаңдап Сковроннекке қарайды, ал ескі досы болса, Мендельдің орнында не сұрау керек екенін біледі. «Қазір Менухим қайда?» – деп сұрады Сковроннек. Ал Алексей Коссак баяу жауап берді: «Мен өзім – Менухиммін».

Барлығы кенеттен отырған орындарынан тұрып кетті, ұйықтап қалған балалар оянып кетіп, еңіреп жылады. Мендельдің өзінің орнынан атып тұрғаны соншалық, тіптен отырған орындығы тарс етіп құлап түсті. Ол арлы-берлі жүр, ол асып-састы, ол асығып-үсігіп жүр, ол жалғыз өзі ғана отырып қалған Коссакқа қарай секірді. Бөлмеде абыр-сабыр болып кетті. Шырақтар кенеттен жел үрлегендей жыпықтай бастады. Қабырғада түрегеліп тұрған адамдардың көлеңкелері көлбеңдейді. Мендель отырған Менухимнің алдына келіп жығылып, аузы жыбырлап, сақалы желбіреп ұлының қолдарын іздейді, ерні Менухимнің тізесінен, желкесінен, жилеткесінен, əйтеуір жеткен жерінің бəрінен сүюде. Мендель қайтадан орнынан тұрып, қолдарын көтерді де, соқыр болып қалғандай, тынымсыз саусақтарымен ұлының бетін сипалай бастады. Доғал кəрі саусақтары Менухимнің шашын, жалтыраған кең маңдайын, көзілдірігінің суық əйнегін, жұмулы жұқа еріндерін сүзіп өтті. Менухим қозғалмастан тып-тыныш отыр. Осындағылардың бəрі Менухим мен Мендельді қоршап алған, балалар жылауда, шырақ жыпықтауда, ал қабырғадағы көлеңкелер бір-бірімен бітісіп, қою бұлтқа айналып кетіп жатыр. Ешкім жақ ашпайды. Ақыры Менухимнің дауысы естілді. «Əке, орныңнан тұр!» – деді де, ол Мендельді қолтығынан ұстап, жоғары көтерді де, оны кішкене бала сияқтандырып тізесіне отырғызды. Қоршап тұрған басқалар қайтадан шегіне бастады. Енді Мендель ұлының тізесінде отыр, айнала тұрғандардың əрқайсысының бетіне қарап жымияды. Ол былай деп сыбырлайды: «Ауру оны дана етеді, кейіпсіздік мейірімді, шер биязы жəне дерт оны күшті, мықты етеді». Дебора айтқан оны. Ол əлі Дебораның даусын естіп отыр. Сковроннек үстел басынан тұрды, халатын шешіп қойып, пальтосын киді де, былай деді: «Мен қазір қайтып келемін!» Сковроннек қайда бара жатыр? Əлі кеш емес, он бір енді болайын деп қалды, достары əлі үстел басында отыр. Ол үйден- үйге, Грошельге, Менкеске жəне Роттенбергке барды. Барлығын əлі үстел басынан табуға болады. «Ғажайып оқиға болды! Менің үйіме келіп, ғажайыпты көріңдер!» Ол оның үшеуін де Мендельге алып келді. Жол бойы қонақтарын шығарып салып тұрған Леммельдің қызына жолығып қалды. Олар оған Мендель мен Менухим туралы айтып берді. Жаңалықты əйелімен бірге біраз қыдыруға шыққан жас Фриш те естіді.

Сонымен, болған оқиға туралы бірнеше адам естіді. Дəлел ретінде Сковроннектің үйінің төменгі жағында Менухим мініп келген машина тұр. Кейбіреулер терезелерін ашып, машинаны көрді. Менкес, Грошель, Сковроннек жəне Роттенберг үйге кірді. Мендель олардың алдынан шығып, үнсіз қолдарын қысты. Бəрінің ішіндегі ең сақ, алды- артын байқап сөйлейтін Менкес сөз алды. «Мендель», – деді ол, «біз сенің қайғыдан қан жұтқан сəтіңде қалай қасыңда болсақ, шаттанған сəтіңде де қуанышыңды бөлісуге келдік. Сенің тағдырдың тəлкегіне қалай түскенің есіңде ме? Біз сені жұбаттық, бірақ соның бекер екенін білдік. Енді көзіңнің тірісінде ғажайып жағдайды бастан өткеріп отырсың. Сол кезде сенің қайғыңа ортақтасып қалай күңіренсек, енді бүгін қуанышыңа ортақтасып, солай шаттанып отырмыз. Тəңірдің берер тосын сыйы бүгінгі күнде де осыдан бірнеше мың жылғыдай ғаламат. Оған мың да бір шүкіршілік». Барлығы тұрды. Сковроннектің қыздары, балалары, күйеу балалары мен киімінде саз ноталарының суреті бар жолаушы сырт киімдерін киіп, қош айтысты. Мендельдің достары отырмады, өйткені олар тек қана көзайым болсын айтуға ғана келген еді. Мендель олардың бəрінен аласа, шөгіп кеткен, арқасы бүкшиіп, жасылдау болып оңып кеткен шапанымен олардың ортасында көзге көрінбейтін киім киіп алған король сияқты тұр. Олардың жүздеріне қарау үшін оған мойнын созу керек. «Сендерге рахмет!», – деді ол. «Сендердің көмектеріңсіз мен бұл қуанышты сəтке жетпеген болар едім. Менің ұлыма қараңдаршы!» Достарының қайсы бірі Менухимге жеткілікті көз тоқтатып қарай алмағандай көрініп, Мендель оларға ұлын қолымен нұсқап көрсетті. Олардың көздері оның костюмінің матасын, жібек галстугын, маржан тастарды, нəзік саусақтары мен сақинасын қармалады. Одан кейін олар: «Бекзат жігіт! Оның ерекше екені көрініп тұр!» – деді. «Менің үйім жоқ», – деді Мендель ұлына. «Сен болсаң, əкеңе келіп тұрсың, ал мен болсам, сені қайда ұйықтатарымды да білмеймін». «Мен сені алып кетейін деп едім, əке», – деп жауап берді ұлы. «Мейрам болғандықтан сен кете аласың ба, жоқ па, білмеймін». «Оның кетуіне рұқсат», – деді бəрі бір ауыздан.

«Менімше, менің сенімен кетуіме болады», – де ген ойда еді Мендель. «Ауыр күнəлар жасадым, тəңірім көзін жұмып, немқұрайды қарады. Оны мен исправник деп атадым. Ол құлағын басты. Оның үлкендігі сондай, біздің опасыздығымыз оның қасында кіп-кішкентай болып білінбей қалады. Менің сенімен кетуіме болады». Барлығы Мендельді машинаға дейін шығарып салды. Көршінің əйелі бар, еркегі бар ана терезеде де, мына терезеде де тұрып алып, төмен қарауда. Мендель кілтін алып, дүкеннің есігін тағы бір рет ашып, артқы бөлмеге барды да, шегеден қызыл масаты дорбасын алды. Шаңын ұшыру үшін оны үрледі, жалюзиді төмен түсіріп, есікті жапты да, кілтті Сковроннекке берді. Дорбасын қолына ұстап, ол машинаға мінді. Мотор дүр ете қалды. Машинаның жарығы молынан түсті. Ана терезеден де, мына терезеден де: «Мендель, сау бол!» – деген дабырлаған дауыстар шығып жатыр. Мендель Зингер Менкестің жеңінен ұстап, былай деді: «Ертең дұға кезінде мені жарлыжақыбайларға үш жүз доллар садақа береді деп жарияла. Аман болыңдар!» Сөйтіп ол баласымен қатар отырып, қырық төртінші Бродвейдегі «Астор» қонақ үйіне кетті. XVI Жұпыны, белі бүкірейген, үстінде тозығы жетіп, түсі əбден оңғандықтан жасылдау болып, жалтырап кеткен шапаны, қолында қызыл масаты дорбасы бар Мендель Зингер холлға кірді, электр жарығына, ақ құба өңді қонақ үй қызметшісіне, жоғары көтерілетін баспалдақтың алдындағы тұрған бейтаныс құдайдың аппақ бюстіне жəне қолындағы дорбасын алғысы келген қара түсті негрге бажайлап қарап алды. Ол лифтке көтерілді де, ұлының қасында тұрып, айнаға қарады, көзін жұмды, өйткені оның басы айналғандай болды. Ол өліп те қалған, аспанда қалықтап та жүрді, аспанда тоқтамай қалықтады. Ұлы оны қолынан ұстап алды, лифт тоқтады да, Мендель басқан аяқ дыбысы естілмейтін, түгі бір елі кілемнің үстінде ұзын корридорда бара жатты. Ол тек бөлмеде тұрған кезінде ғана көзін ашты. Үйреншікті əдетімен бірден терезеге барды. Бұл жерде ол алғаш рет

Америка түнін, қызарып тұрған аспанды, ұшқындап, шашырап, құйылып, жалындап тұрған, қызыл, көк, жасыл, күміс, алтын түсті əріптер, суреттер мен неше түрлі кескіндерді жақыннан көрді. Ол Американың азан-қазан шулы əнəуенін, айғай-ұйғайды, кернейлеткенді, гүрілді, сыңғырды, даңғыр-дұңғырды, салдыр- сұлдырды, ысқырықты жəне бақырып-шақырғанды естіді. Мендель сүйеніп тұрған терезеге қарама-қарсы жақтан əр бес секунд сайын қатты шашырап жатқан ұшқын мен нүктелерден құрастырылған күліп тұрған қыздың жалпақ беті, бір түйір балқытылған күмістен жасалынған ашық аузында көз қаритын маржандай тамаша тістері жарқырап көрінеді. Бұл көрініске қарама-қарсы лағыл тастай қып- қызыл көбігі бұрқырап, асып-төгіліп тұрған бокал қалықтап келіп, өзінен-өзі аударылып-төңкеріліп, ішіндегісін қыздың аузына құйды да, қайтадан лағылдай қып-қызыл жəне аппақ көбігі бұрқырап жаңадан толтырылып келу үшін алыстай береді. Бұл лимонадтың жаңа бір түрінің жарнамасы еді. Мендель мұны түнгі бақыт пен темірдей мықты денсаулықтың шүбəсыз бейнеленуі деп тамашалады. Ол жымиды, суреттің қалықтап бірнеше рет шыққанына, одан ғайып болып, көзден ұшып кеткеніне қарады да, қайтадан бөлмеге бұрылды. Міне оның аппақ төсегі жаюлы тұр. Тербелме креслода Менухим тербетіліп отырды. «Мен бүгін ұйықтамаймын», – деді Мендель. «Сен ұйықтай бер, мен сенің қасыңда отырамын. Сен Цухновта бұрышта ұйықтайтынсың, пештің қасында». – «Мен нақты бір күнді есіме аламын», – деп бастады Менухим, көзілдірігін шешті, ал Мендель баласының көзілдіріксіз көзіне қарады, оның көздері оған мұңды əрі шаршағандай болып көрінді, «менің есіме бір сəске түс кезі түсе береді, күн – жап-жарық, бөлме – бос. Осы кезде сен келесің де, мені жоғары көтересің, мен үстелдің үстінде отырмын, ал сен қасықпен стаканды сылдырлатасың. Сол бір тамаша сылдыр еді, əлі күнге дейін құлағымда сыңғырлайды, мен бүгінде соны саз етіп жазып, ойнағым келеді, сол сыңғырды нотаға түсіріп, ойнауыма болар еді. Содан кейін сен əн салатынсың. Одан кейін қоңыраулар саңғырлай бастайтын, мүлдем ескі қоңыраулар, өте үлкен шыны ыдыстарды үлкен ауыр қасықтармен сылдырлытып, салдырлатып жатқандай». – «Ары қарай, ары қарай», – деді Мендель тағатсыздана.

Оның да есіне Дебораның Каптуракқа баратын сапарына дайындалу үшін үйден шығып кеткен тура сол күн түсті. «Бұл – өткен күндерден есте қалған жалғыз сəт!» – деді ұлы. «Одан кейін Бильлестің скрипкашы күйеу баласының скрипка ойнаған сəті есіме түседі. Құдайдың құтты күні-ау деймін, ол скрипка ойнайтын. Ойнағанын тоқтатқанымен оның сазы ызыңдап ылғи күндіз-түні құлағымда тұратын». – «Ары қарай, ары қарай!» – деп, Мендель өз оқушыларын ылғи да оқуға жігерлендіретін ырғақпен бұйырды. «Одан кейін ұзақ уақыт ештеңе болмады! Содан бір күні үлкен қызылды, көкті жалыны жалаңдап, лаулап жанған өрт көрдім. Еденге жата кеттім. Есікке қарай еңбектедім. Кенет мені біреу жермен жексен болып жатқан жерімнен жұлып алды да, қуалады кеп, мен жүгіріп келемін, жүгіріп келемін. Мен – сыртқа шықтым, жұрттар көшенің арғы бетінде тұр. Өрт! деген айқай жарып шықты менен!» – «Ары қарай, ары қарай!» – деп, бұйырды Мендель. «Бұдан басқа ешнəрсе білмеймін. Кейінірек маған ұзақ уақыт ауырып, есімнен танып жатқаным жайлы айтып берді. Менің есіме тек Петерборда болған сəттер түседі, аппақ зал, аппақ төсектер, төсекте жатқан көп бала, клавишты саз аспабы, фисгармония, немесе орган ойнап тұрады, ал мен қатты дауыспен соларға қосылып əн саламын. Одан кейін дəрігер мені машинасымен өз үйіне алып келді. Көгілдір түсті көйлек киіп алған ірі денелі ақ құбаша əйел күйсандықта ойнап отыр. Ол орнынан тұрды. Мен клавишке жақын бардым, қолым тиіп кетсе болды, сыңғырлап дыбыс шығады. Кенеттен мен ауруханадағы органнан естіген əндер мен өзім айта алатын əндердің бəрін ойнадым». – «Ары қарай, ары қарай!» – деп, бұйырды Мендель. «Мен өзімнің жеке басыма қатысты осы бірнеше күннің оқиғаларынан басқа ары қарай ешнəрсе білмеймін. Есіме анамды аламын. Оның құшағы жылы əрі жұмсақ болатын, оның даусы менімше өте жай шығатын, ал беті бүкіл жер шары сияқты өте жалпақ, дөңгелек еді». – «Ары қарай, ары қарай!» – деп, бұйырды Мендель. «Мириям, Йонас, Шемарияларды есіме түсіре алмаймын. Олар туралы тек көп кейінірек Бильлестің қыздарынан естідім». Мендель күрсінді. «Мириям», – деп қайталады ол. Қызы алтын түстес сары шəлісімен, шашы көкшіл қара түсті, ширақ əрі назды еліктің

лағындай болып Мендельдің көз алдында тұра қалды. Оның көздері əкесінің көздеріндей еді. «Мен нашар əке болдым», – деді Мендель. «Саған да, оған да дұрыс қарамадым. Енді одан айрылып қалып отырмын, ешқандай дəрі-дəрмек оған көмектесе алмайды». – «Біз оған барамыз», – деді Менухим. «Менің өзім, əке, тіптен мен емделіп, жазылып шыққан жоқпын ба?» Иə, Менухим дұрыс айтады. Адамда тойым бар ма, деді Мендель өз- өзіне. Ол осы жаңа ғана бір ғажайыпты басынан өткерді ғой, бірден келесісін көргісі келеді. Күт, күт, Мендель Зингер! Менухимнің, кешегі кемтардың, бүгін қандай болғанына қарасаңшы. Қолдары – нəзік, көздері – ақылды, бет-жүзі – сүйкімді. «Əке, ұйықтай ғой!» – деді ұлы. Ол еңкейді де, Мендель Зингердің ескі етігін шешті. Ол əкесінің жыртылып, шеттері жалба-жұлба болып кеткен ұлтанына, сарымен жамалған етігінің тұмсығына, қырқылып кеткен қонышына, шұрқ тесік шұлығына, тозығы жеткен шалбарына қарап шықты. Ол қартты шешіндірді де, төсекке жатқызды. Одан кейін бөлмеден шығып кетті де, шабаданына барып кітап алды, əкесіне қайтып келіп, төсектің қасындағы тербелме креслоға отырды да, кішкене жасыл шамды жағып, оқи бастады. Мендель ұйықтап жатқандай сыңай танытты. Қабағының арасындағы жіңішке сызық оның көзін жыпықтатып жатқанын білдіріп қойды. Ұлы кітабын шетке қойып қойды да, былай деді: «Сен Мириямды ойлап жатырсың ғой, əке! Біз оған барамыз. Мен дəрігерлер шақырамын. Оны ауруынан жазып шығарады. Ол əлі жас қой! Ұйықтай ғой!» Мендель көзін жұмды, бірақ ұйықтай алмады. Ол Мириямды ойлады, құлағы үйренбеген жер- жаhанның шуы естілді, жұмулы көзімен-ақ жарық аспанның түнгі жарқыл-жұрқылын сезді. Ол ұйықтамады, бірақ жаны жай тауып, демалды. Басы ояу, денесі ұйкыда таңның атуын күтті. Ұлы оны шомылдырып, мұнтаздай ғып киіндірді де, машинаға отырғызды. У да шу көшелермен ұзақ жүрді, қаладан ұзап, екі шетінде бүршік атып тұрған ағаштары бар ұзын əрі кең жолға түсті. Машинаның моторы гуілдеп, Мендельдің сақалы желмен желбіреді. Ол үндемеді. «Қайда бара жатқанымызды білгің келе ме, əке?» – деп

сұрады ұлы. «Жоқ!» – деп жауап берді Мендель. «Мен ешнəрсе білгім келмейді! Қайда қаласаң, сонда апар. Маған бəрі бір». Сонымен олар басқан сайын табаныңа майдай тиетін құмы сап-сары, телегей теңізі көкпеңбек жəне барлық үйлері аппақ бір жерге келіп жетті. Осы үйлердің бірінің террасасында кішкентай аппақ үстелдің басында Мендель Зингер отыр. Ол қызыл күрең шəйды асықпай, рахаттанып ішіп отыр. Оның бүкірейген арқасына алғашқы рет осы жылдың жылы күн сəулесі түсіп, жылытып, жанын жадыратты. Барылдақ торғайлар оған жақын келіп секектеуде. Дəл сол кезде олардың бір тобы террасаның алдында сайрап тұр. Теңіз толқындары еркелей келіп, жиі-жиі жағаға соғады. Көгілдір аспанда аздаған ақ шаңқан бұлттар қалықтап тұр. Осы аспан астында отырып, Мендель Йонастың əйтеуір бір күні қайтадан табылатынына жəне Мириямның, «əлемдегі бүкіл əйел затынан асқан қас сұлу», деп қайталады ол ішінен, үйге аман-есен қайтып ораларына сенгісі келді. Ол өзі, Мендель Зингер, бірнеше жыл өткен соң көп немерелерінің ортасында, əрі «Йов»-та жазулы тұрғандай «өмірдің қызығына мейлінше тойып, асарын асап, жасарын жасап» ақ жолымен о дүниеге аттанады. Ол жібектен тігілген ескі фуражкасын шешіп, қартайған қу басына күн түсіруді қалады, бұл көңіл қалауына өзі таңғалды, сонымен қатар бұл тиым салынған қажеттілік еді. Сөйтіп, Мендель Зингер өмірінде тұңғыш рет өз еркімен бас киімін шешіп, қандай да бір кеңсеге немесе моншаға барғандай басын жалаңаштады. Оның тақыр басындағы сирек үлбіреген əрі ұйпа-тұйпа шаштарын көктемнің желі үрлеп, ерекше нəзік өсімдік сияқты желбіретті. Мендель Зингер осылайша тамаша əлеммен бетпе-бет келіп, сəлемдесті. Террасаның шатырының астынан аспанның күміс түстес оғындай болып, шағала зу ете қалды. Мендель оның кенеттен ұшқанына жəне көк аспанда қалдырып кеткен көлеңкелі аппақ ізіне қарады. Осы кезде ұлы былай деді: «Келесі аптада Сан-Францискоға сапар шегемін. Қайтар жолда біз тағы он күн Чикагода концерт береміз. Менің ойымша, əке, төрт аптаның ішінде Еуропаға қайтармыз!»

«Мириям ше?» «Бүгін-ақ мен оны көріп, дəрігерлерімен сөйлесемін. Бəрі дұрыс болады, əке. Бəлкім, біз оны өзімізбен бірге алып кетерміз. Оның дертіне, мүмкін, Еуропада дауа табылар!» Олар қонақ үйге қайтып оралды. Мендель ұлының бөлмесіне келді. Ол болдырып қалды. «Диванға жатып, біраз ұйықтап ал», – деді ұлы. «Екі сағаттың ішінде қайтып келемін!» Мендель ұлының тілін алып, жатты. Ол ұлының қайда кеткенін білді. Ол əпкесіне кетті. Ол – тамаша адам, оған бата дарыған, ол Мириямның ауруынан жазылып, сауығып кетуіне əлі себін тигізеді. Мендельдің көзіне айна тұрған кішкентай үстелдің үстіндегі үлкен сарғыш қоңыр түсті жақтаудағы сурет түсті. «Суретті берші маған!» – деп өтінді ол. Ол суретке ұзақ қарады. Суреттен жап-жас ақ құбаша өңді, жарық күндей ашық түсті көйлек киген əйелді көрді, ол жел есіп, жүйектің шетіндегі бұтақтарды теңселтіп тұрған бақта отыр. Екі бала, бір қыз жəне бір ұл, есекке жегілген кішкене арбаның қасында тұр, кейбір бақтарда мұндай арбалар тасымал құралы ретінде қолданылады. «Құдайым оларды қолдай көр!» – деді Мендель. Баласы кетіп қалды. Əкесі диванның үстінде қалды, ол қолындағы суретті жайлап өзінің қасына қойды. Оның шаршаған көздері бөлмені шарлап барып, терезеге түсті. Ол өзі омырыла жатқан диванынан аспанның өркешөркеш болып тұрған бұлтсыз қиындысын көре алды. Ол суретті тағы да қолына алды. Мұнда келіні, Менухимнің жұбайы, тұр, мұнда немерелері, Менухимнің балалары тұр. Ол суреттегі қыз балаға анықтап қарап еді, Дебораның бала кездегі суретін көргендей болды. Дебора о дүниеде, ол бəлкім бұл ғажайыпты жат, ана дүниелік көзқараспен қабылдаған болар еді. Мендель кезінде өзі лəззат алған Дебораның жастық жылуын, оның қызыл шырайлы жүзін, махаббатқа толы түндерде жан дүниесі балқып, рахаттанып, сүйіспеншілік сезімі кемерінен асқанда жайнап кететін жартылай ашық көздерін, оның жаныңды сиқырлап, жайлап өзіне баурап, тартып алатын ұшқындарын ризашылықпен еске алды. О дүниелік Дебора!

Ол орнынан тұрып, креслоны диванға тартып жақындатты да, суретті креслоның үстіне қойып, қайтадан орнына жатты. Оның көздері жайлап жұмылып бара жа тып, алдындағы аспанның көз қуантар бүкіл көкпеңбек ашық көрінісін жəне балалардың бет келбетін жанарында сақтап, ұйқыға ала кетті. Олардың қатарында арт жақтан көлеңкеленіп Йонас пен Мириямның да кескіндері қалқып шыға келді. Мендель маужырап, тəтті ұйқы құшағына еніп кетті. Сөйтіп ол басына түскен тағдыр тəлкегінен – бақыттың машақатынан, ешкімді еркелетпейтін қаталдығынан, ғажайыптың айбындылығынан дамылдап тынықты. «Йов – романнан да, аңыздан да зор, пəк, иі қанып, əбден пісіп жетілген, біздің, яғни Йозеф Роттың өз замандастарының, ойлап шығарып жазғандарының бəрінен де ұзақ өміршең болатыны белгілі еңбек. Бұл шығарманың құрылым тұтастығы, сезім тереңдігі, пəктігі, тілінің əуенділігі жөнінде еш асыра айтылмаған». Штефан Цвейг

Оглавление Бірінші бөлім Екінші бөлім


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook