Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-06-18 04:20:09

Description: Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Search

Read the Text Version

Мендель Зингер осы кезде ғана артына бұрылды, оның да басқа еврейлер сияқты ғибадатханаға барғысы келді. Қатты үстелдің үстіне қойған басын əлі де көтермеген Дебораның қасынан өтті. Бірнеше жылдан бері Мендельдің жанына жақпай жүрген оның бет-жүзі қатты ағашқа көміліп, жабысып қалғандай көтерілмейді, бөлмені басқан қараңғылық Мендельдің қаталдығы мен именшектігін де көлеңкелеп тұрды. Оның қолдары əйелінің жалпақ жауырынын сипай өтті, кезінде оған бұл дене таныс еді, қазір бұл оған жат. Дебора орнынан көтерілді де: «Сен дұға оқуға бара жатырсың!» – деді. Мүлдем басқа нəрсені ойлап тұрғандықтан, ол талып естілген дауыспен сөйлем ырғағын өзгертіп: «Дұға оқуға барасың сен!» – деп қайталады. Əкесіне ілесе Мириям да сары шəлісіне оранып үйден шығып, көршілерге бет алды. Ав, яғни тамыз, айының бірінші аптасы еді. Түн жанға жайлы болып, аптап ыстықтан кейін рахаттанғандықтан еврейлер кешкі намаздан соң діндар жүректері мен алланың бұйрығына əдеттегіден де мұқият құлақ асып, кең қалашықтың тар көшелеріне қарағанда аспан барынша молынан дөңгеленіп көрініп тұрған ашық алаңда жаңа туған айға тағзым ету үшін жиналды. Олар топ-топ болып, қараңқұраң етіп, үнсіз үйлердің артына қарай асықты, алыстан өздері сияқты қараңдап, үнсіз мүлгіп тұрған, бірақ мəңгілік тамырларын тереңге жіберген орман көздеріне түсті, кең даланың үстіндегі түн шымылдығын көрді де, ақыры тұрып қалды. Олар аспанға қарап, өзінің жаратылған күніндегідей бүгін тағы да туған жаңа аспан шырағының доға тəрізді иілген күмісін іздеді. Олар бір-біріне етене жақындап, топтасып, дұға кітаптарын ашты, түнгі сүттей ақ ай жарығында олардың көз алдында кітап беттері жарқырап, қырлы əріптері қап-қара болып, анық көрінді, олар ауыздары жыбырлап, айға тағзым айта бастады, олардың денелері көзге көрінбейтін дауыл тербеп тұрғандай, əрлі-берлі теңселіп тұрды. Олардың теңселуі де, дауыстары да барған сайын үдей түсті, олар алыстағы қол жетпес көкке адам түсініп болмайтын сөздерін алған бетінен қайтпайтын қайсарлықпен бағыттай берді. Оларға өздері үстінде тұрған жер жаттай, қарама-қарсы қарап тұрған орман дұшпандай, олардың бар зейінін бұзған иттердің абалап үруі сұмырайдай жек көрінішті көрінді, тек қана əкелерінің

заманындағыдай бүгін дүниеге келіп тұрған, əлемді, үйді де, түзді де күзетіп, қуат беріп тұрған тəңір, ай ғана таныс, жақыны еді. «Əмин», – деп, бар дауыстарымен айтып, баталарын аяқтап, бір-біріне қол беріп, өзара сəтті де бақытты ай, істеріне береке, ауруларға денсаулық тілесті. Олар бір-бірінен ажырап, жеке-жеке өзді-өз үйлеріне зымырап, кішкентай бұрылыстарда қисиып-сисиып тұрған кепелерінің кішкентай есіктерінің ар жағында көзден ғайып болып, жым-жылас көрінбей кетті. Тек жалғыз бір еврей, Мендель Зингер ғана, қалып қойды. Оның серіктері аз уақыт бұрын ғана қоштаспақшы болып еді, бірақ ол өзі бірнеше сағаттан бері тұрғандай болып көрінді. Ол бостандықта емін-еркін тыныстап, бірнеше қадам басты да, шаршағанын сезді, жерге отырғысы келіп кетті, бірақ таныс емес жерден жəне барлық мүмкіндігінше сол жерді паналап жүрген қауіпті құрт- құмырсқалардан қорықты. Ойына жоғалып кеткен ұлы Йонас түсті. Йонас қазір казармада ма, пішеннің үстінде ме, қорада ма, мүмкін аттардың қасында ұйықтайды. Ұлы Шемария мұхиттың арғы бетінде тұрады: Кімнің алысырақ болғаны, Йонас па, əлде Шемария ма? Дебора ендігі үйде ақшасын тығып қойған шығар, Мириям көршілерге американдықтың келгені жайлы айтып берген болар. Жаңа туған орақ ай əлден күшті күміс жарқылын таратты, аспандағы ең жарық жұлдыздың сенімді шығарып салуымен ол түнге сырғып, сіңіп кетті. Анда-мұнда иттер ұлып, Мендельді шошытты. Олар жер- көктің тыныштығын бұзып, Мендель Зингердің үрейін ұшыра түсті. Қалашықтың үйлерінен алыстағанына бары-жоғы бес-ақ минут өткеніне қарамастан, ол еврейлер мекен еткен əлемнен шексіз қашықтыққа кетіп қалғандай көрінді, айтып жеткізуге болмайтындай, қауіпті жалғыздық үрей ұялатты, дегенмен де кері қайтуға мұршасы жоқ. Ол солтүстікке бұрылып қарады: ол жақта қара орман қараңғылық құшағында тұнжырап тұр. Оң жағында əр жерден бір оқшауланып көрінген күмістей жылтыраған қызыл талдары бар ми батпақ бірнеше шақырымға созылып жатыр. Сол жағында жылтыр жамылғының астында егістік алқап жатыр. Кейде Мендельдің құлағы белгісіз бағытта адам даусын шалғандай болды. Ол таныс адамдардың

сөйлескенін естіді, тіптен ол оларды түсінгендей де болды. Ол бұл əңгімені тіптен бұрынырақ естігенін есіне түсірді. Ол өзінің жадында ұзақ күткенін, тек жаңғырықты, енді тағы бір рет естігенін түсінді. Бір кезде жел көтерілмесе де, сол жақтағы егістен сыбдыр естілді. Сыбдыр жақындай түсті де, Мендель адам бойынан биік масақтың қозғалғанын көрді, оның ортасында алып аң, құбыжық болмаса, адам жүруі тиіс. Одан қашып кеткені жөн болар еді, бірақ Мендель кетіп қалмай күтіп, өлімге дайындалды. Шаруа ма, əлде солдат па астықтың арасынан шыға келіп, Мендельді ұрлықшы деп жазғырып, тұрған орнында мүмкін таспен ұрып жығар. Ол қаңғыбас болуы да мүмкін, ешкім естіп, көріп қоймасын деп жүрген кісі өлтіруші, қылмыскер де болуы мүмкін. «Құдіреті күшті құдайым!» – деп сыбырлады Мендель. Осы кезде ол адам даусын естіді. Егістік арқылы екеу кетіп бара жатты, екі кісі өлтіруші болуы керек деп ішінен айтқанымен, жалғыз адам болмағаны еврейдің көңілін жайландырды. Жоқ, олар кісі өлтіруші емес, олар ашына жұп еді. Сөйлеген қыздың даусы естіліп, еркек күлді. Ашына жұптар да қауіпті болуы мүмкін, ашынасын көзімен көріп қойған адамды ұстап алса, еркек құтырынып, оны ұрып-соққан қорқынышты жағдайлар да болған. Аздан соң олар екеуі егістік алқаптан шығуға тиіс. Мен дель Зингер жердің құрт-құмырсқасынан қатты шошып жеркенгенін ұмытып, егістік алқапқа бетін төсеп, абайлап жерге жатты. Осы кезде масақтың арасы ашылып, бірінші болып еркек шықты, униформа киген, қара көк қалпағы бар солдат, тақалаған етігі бар, тақаға қаққан темірі жалтырап, жайлап қана тықылдайды. Оның артынан сары шəлі көрінді, сары шəлі, сары шəлі. Дауыс сыңғырлап естілді, қыздың даусы. Солдат артына бұрылып, қолын қыздың иығына асып еді, шəлі ашылып кетті, солдат қыздың артынан жүрді, қолымен қыздың кеудесін ұстап алған, солдатпен қабаттаса қыз кетіп барады. Мендель көзін жұмып, бақытсыздықты түнекте өткізіп жіберді. Өзі ұсталып қаламын деп қорықпағанда, ешнəрсе естімес үшін құлағын да бітеп алған болар еді. Бірақ, мінеки, жан түршіктірер сөздерді, өкше темірдің күмістей жарқжұрқ еткенін, естілер-естілмес жөн-жосықсыз сықылық пен ер адамның көмейінен күлгенін естуге мəжбүр болды. Ол иттердің шəуілдеп үргенін енді сағынышпен күтіп отырды. Иттер қатты ұлыса ғой, олар барынша қатты ұлыр ма еді! Кісі өлтірушілер

оны өлтіру үшін егістіктен шығар ма еді. Дауыс алыстай берді. Тыныштық орнады. Бəрі жоқ болып кетті. Ештеңе болған жоқ. Мендель Зингер асығыс-үсігіс орнынан тұрып, айналасына қарап, ұзын шапанының етегін қос қолдап ұстап алып, қалаға қарай тұра жүгірді. Терезе қақпақтары жабылған, бірақ кейбір əйелдер əлі де болса есік алдында отырып, əңгімелесіп, ананы-мынаны айтып отыр. Ол көзге түспес үшін екпінін басып, шапанының етегін əлі қолымен ұстап, асығыс кең адымдап барады. Ол өз үйінің алдында тұр. Терезені қақты. Есікті Дебора ашты. «Мириям қайда?» – деп сұрады Мендель. «Ол əлі қыдырып жүр», – деді Дебора, «оны ұстай алмайсың! Күні-түні қаңғиды да жүреді. Үйде жарты сағат та тұрақтамайды. Бұл балаларды құдай менің сорыма берген ғой, жұрттың балаларына қарашы...» – «Тыныш», – деп Мендель оның сөзін бөлді, «Мириям үйге келсе, мен оны сұрады, деп айт. Мен бүгін үйге келмеймін, ертең ерте таң ата ғана келемін. Бүгін менің атам Цаллельдің қайтыс болған күні, мен дұға оқуға барамын». Əйелінің жауабын күтпестен, кетіп қалды. Ғибадатханадан шыққаннан бері ары кетсе, үш-ақ сағат өткен болар. Бірақ ол қайтадан келіп кіргенде, оған мұнда ол бірнеше аптадан соң оралып тұрғандай болып көрінді де, дұға оқитын пультінің қақпағын жұмсақ алақанымен сипап, оны қайта көргеніне көзайым болды. Оны ашты да, қолы əбден үйренген, сол сияқты мың кітаптың ішінен көзін жұмып тұрып танитын ауыр қара əрі ескі кітабын алды. Атамзаманда жанып біткен сансыз балауыз шамның тама-тама өңезденіп кеткен қалдығынан пайда болған томпақ дөңгелек шағын аралы бар көн мұқабаның жылтыры, тесік-тесік, сарғайған, май-май, қаншама он жылдар бойы суланған саусақпен ақтара-ақтара үш рет шиыршықталып кеткен беттердің төменгі бұрыштары оның жанына сондай жылы көрінетін. Аяқ астынан өзіне қажет болып қалатын əрбір дұғаны лезде тауып аша алатын. Бұл дұға кітаптағы жолдардың саны, басылымның түрі жəне көлемі, беттердің нақты түсінің реңкі оның санасына əбден сіңіп қалған. Шіркеуде ымырт түсті, шиыршықталып оралған уағыз салынған шкафтың жанындағы шығыс қабырғадағы шырағданның сарғыш жарығы қараңғылықты серпілтпеді, керісінше өзі соның тасасында қалғандай. Терезеден аспан мен кейбір жұлдыздарды көріп, бөлмедегі

барлық заттарды, пультті, үстелді, орындықтарды, едендегі қағаз қиындыларын, қабырғадағы үлкен шамдал мен екі-үш алтын шашақты жамылғышты танып айыруға болады. Мендель Зингер екі шырағданды тұтатып, пульттің құр ағашына қатты жапсырып, көзін жұмды да, дұға оқи бастады. Жұмулы көзімен беттің аяқталғанын сезіп, өзінен-өзі жаңа беттерді аша берді. Біртіндеп оның кеудесі ескі əдетіне басып, теңселе бастады, бүкіл денесі сиынды, аяқтары еденнің тақтайларын тырпылдатып, жұдырығын түйіп, балға сияқты пультті, кеудесін, кітапты жəне ауаны соқты. Жантайма төсек үстінде үйсіз-күйсіз бір еврей ұйықтап жатыр. Оның тыныс алғаны Мендель Зингердің азып- тозған, жақсылықтан үміт үзіп, зарыққан, өлімге мойын ұсынған сап- сары шөл даладағы жан айқайы іспетті бір сарынды үніне ілесіп, оны сүйемелдеді. Өз дауысы мен ұйықтап жатқан адамның тыныс алуы Мендельдің басын айналдырып, көкейіндегі əрбір ойын божыратты, ол бары-жоғы дұға оқушы еді, ол арқылы сөздер көкке жол тартты, зая кетті, ол – бос кеуде, ойылып кеткен шұңқыр еді. Ол осылайша таң атқанша дұға оқыды. Терезеден таң атқаны білінді. Шам жарығы өлімсіреп күңгірттенді, аласа жұпыны үйлердің артынан күннің көтерілгені көрініп, қып- қызыл шуағы үйдің шығыс жақтағы екі терезесіне түсті. Мендель шырағданды жаншып өшіріп, кітабын тықты, көзін ашты да, кетуге бет алды. Сыртқа шықты. Жаздың, кеуіп жатқан батпақтың жəне өскен көк шөптің иісі шықты. Терезе жақтаулары əлі жабық тұр. Адамдар ұйықтап жатыр. Мендель есігін қолымен үш рет қақты. Ол түс көріп, ұйқысы бұзылмай ұзақ ұйықтаған адамдай күшті əрі сергек еді. Не істеу керек екенін анық білді. Дебора есік ашты. «Маған шəй жасашы», – деді Мендель, «кейінірек саған бірнəрсе айтқым келіп тұр. Мириям үйде ме?» – «Əрине», – деп жауап берді Дебора, «Ол қайда болушы еді? Оны ендігі Америкада деп ойлайсың ба?» Самаурын ысылдады, Дебора шəй ішетін ыдысты үрлеп, оны жалтыратып тазалады. Одан соң Мендель мен Дебора екеуі де еріндерін сүйірлеп, сораптай шəй ішті. Мендель кенет ыдысын қойып,

былай деді: «Біз Америкаға кетеміз. Менухим осында қалуға тиіс. Мириямды алып кетуіміз керек. Мұнда қалатын болсақ, төбемізден бақытсыздық бұлты төнейін деп тұр». Біраз үнсіз қалды да, жайлап былай деді: «Ол бір казакпен жүр». Дебораның қолынан салдыр етіп кесесі түсіп кетті. Бұрыштағы Мириям оянып кетті, терең ұйқыдағы Менухим де жыбыр ете қалды. Одан соң қайтадан тыныштық орнады. Миллиондаған бозторғай үйдің үстінде, аспанның астында шырылдап жүр. Күн жарқ етіп терезеге түсті де, қаңылтырдан жасалған самаурынның жалтырымен шағылысып, оны жұмыр айнаға айналдырды. Күн осылай басталды. VII Жұрт Дубноға Самешкиннің ат арбасымен барады; Мəскеуге теміржолмен барады; Америкаға тек кемемен ғана емес, құжаттармен де барады. Бұларды алу үшін Дубноға бару керек. Сонымен Дебора Самешкинге бет алды. Енді Самешкин бұрынғыдай жайма төсек үстінде отырмайды, ол мүлде үйде жоқ, бүгін – бейсенбі, шошқа базар, Самешкин бір сағаттан кейін ғана келуі мүмкін. Дебора Самешкиннің жұпыны үйінің алдында əрліберлі сенделіп жүр, ойында – тек Америка. Бір доллар екі сомнан көбірек, бір сомда жүз тиын бар, екі сомда екі жүз тиын бар, сонда, құдай-ау, бір долларда қанша тиын бар? Кейінірек Шемария қанша доллар жібереді екен? Америка құдайдың нұры жауған ел ғой. Мириям казакпен жүр, Ресейде осылай істей алады, Америкада казактар жоқ. Ресей – уайым-қайғының қара бұлты торлаған ел, Америка – еркін ел, қуанышқа толы ел. Мендель енді мұғалім болмайды, бай, ауқатты ұлдың əкесі болады.

Бір сағат емес, екі сағат емес, бақандай үш сағаттан кейін барып, Дебора Самешкиннің шегеленген етігінің тоқылын естіді. Кеш болса да, əлі ыстық басылмаған. Еңкейген күннің шақырайғаны басылса да, берілер емес, бүгін өте баяу батып барады. Дебора ыстықтан да, абыржығандықтан да əрі түпсіз терең ойдан да терлеп кетті. Самешкинді көріп, одан əрмен əбігерге түсіп, ыстықтап кетті. Оның басында ауыр, алба-жұлба, кейбір жерінің жүні түсіп қалған аюдың терісінен тігілген малақайы бар, балағын зілдей етігінің қонышына тығып қойған кір көн шалбардың үстінен қысқа тон киіп алған. Ол онда да пысынап терлемейді. Дебора оны көрген сəтте, оның иісін де сезіп қойды, өйткені одан арақтың иісі аңқып тұр еді. Оған онымен сөйлесу қиынға тиейін деп тұр. Самешкинді, əшейінде, арақ ішпеген, сау кезінде көндірудің өзі оңай шаруа емес. Дүйсенбі күні Дубнода – шошқа базар. Самешкин шошқа базарды үйде отырып өткізгеннен пайда таппайды, оның Дубноға баруға басқа сылтауы да болмауы керек, əрі атарба ақша тұрады ғой. Дебора Самешкинге жолдың тура ортасында кезікті. Ол теңселіп əрең тұр, ауыр етігі ғана оны құлатпай ұстап тұр. «Жалаң аяқ болмағанына шүкір!» – деді Дебора, жаны жаратпай. Самешкин жолын кесіп тұрған əйелді танымады.

«Қатындар жолдан тайсын!» – деп айғайлап, қолымен жартылай ұстап алатындай, жартылай ұратындай қимыл жасады. «Менмін!» – деді Дебора батылданып. «Дүйсенбі күні Дубноға барамыз!» «Құдай жарылқасын сені!» – деп айғайлады Самешкин жылы шыраймен. Ол тоқтай қалып, Дебораның иығына сүйенді. Ал Дебора болса, Самешкин құлап қалмас үшін орнынан қозғалуға қорықты. Самешкиннің салмағы жетпіс килодан асады, ол бар салмағын шынтағына түсіріп тұр, ал шынтағы Дебораның иығында жатыр. Өмірінде алғаш рет оған бөтен еркек осылай жақын тұр. Ол қорқып тұр, десе де сол екі арада ол өзінің қартайып ақ қалғанын ойлады, сонымен бірге Мирияммен жүрген казакты, Мендельдің қанша уақыттан бері өзіне қолының ұшын да тигізбей, безіп кеткенін де ойлады. «Иə, тəттім менің», – деді Самешкин, «дүйсенбі күні Дубноға барамыз, жолда екеуміз төсектес боламыз». «Тфу, кəрі қақбас!» – деді Дебора, «əйеліңе айтып беремін, массың ба өзің?» – «Мас емес», – деп қарсы сөйледі Самешкин, «ол тек ішіп алған. Самешкинмен жатпасаң, Дубнодан тіпті не жемексің?» – «Құжаттар жасау керек», – деді Дебора, «біз Америкаға кетеміз». «Егер төсектес болмасаң, арбаға елу тиын төлейсің, ал онымен жатып, төсектес болсаң, отыз тиын. Ол сенің құрсағыңа бала салып береді, ал сен оны Америкада туасың, ол бала саған Самешкиннен ескерткіш болады». Дебора шыжыған ыстықта денесі мұз құрсанып, қалтырап кетті. Десе де ол бірер минуттан кейін ғана былай деді: «Мен сенімен төсектес болмаймын, отыз бес тиын ғана төлеймін». Самешкин кенет бойын түзеп, шынтағын Дебораның иығынан жұлып алды, мастығы тараған сыңайлы. «Отыз бес тиын!» – деді ол нығырлап.

«Дүйсенбі күні таңғы бесте». «Дүйсенбі күні таңғы бесте». Самешкин ауласына кірді де, Дебора аяғын аяңдай басып үйіне кетті. Күн батты. Жел батыстан есіп тұр, көкжиекте күлгін бұлттар қалықтап жинала бастады, ертең жауын болады. Дебора ертең жауын-шашын болады деп ойлады, тізесінің сырқырағанын сезді, ескі ауруы белгі берді. Кəрілік келді, деп ойлады ол. Əйелдер еркектерге қарағанда ертерек қартаяды, Самешкин онымен түйдей жасты, тіптен жасы үлкенірек болуы да мүмкін. Мириям болса, жас, ол казакпен жүреді. Дебора өзі қатты айтқан «казак» деген сөзден шошып кетті. Айтылуының өзі оған істің мəнінің қаншалықты қорқынышты екенін білдіргендей болды. Ол үйде қызы Мириям мен күйеуі Мендельді көрді. Олар, əкесі мен қызы, үстел басында отыр, бір-біріне лəм деп жақ ашпайды. Дебора кірген бетте құпияға толы, екеуінің арасында ажырамастай орын алған баяғы үнсіздікті байқады. «Мен Самешкинмен сөйлестім», – деп бастады Дебора. «Дүйсенбі күні ертемен сағат бесте құжаттарды жасау үшін Дубноға барамын. Оның отыз бес тиын алғысы келеді». Шайтан түрткендей, қарап отырмай: «Ол мені ғана осылай арзанға апарады!» – деп қосып қойды. «Саған жалғыз барудың еш қажеті жоқ», – деді Мендель Зингер, оның үнінде қалжырау, жүрегінде үрей. «Мен жөн білетін бірнеше евреймен сөйлесіп көрдім. Олар урядникке менің өзімнің баруым керек екенін айтты». «Сен бе урядникке баратын?» Шындығында Мендель Зингердің қандай да бір мекемеде болғанын елестету қиын еді. Ол өмірінде ешқашан урядникпен сөйлесіп көрген емес. Полицейді аяқ астынан кездейсоқ кездестіріп қалғанның өзінде, қалтырап, аяқ-қолы дірілдемей, тұра алмайтын. Форма кигендердің, аттардың жəне иттердің көзіне түспеуге тырысып, айдаладан қашып жүретін. Сонда урядникпен сөйлесетін Мендель ме екен?

«Қолыңнан келмейтін іске əуре болма, Мендель», – деді Дебора, «Сен бұзбасаң, түземейсің. Өзім-ақ бəрін жөндеймін». «Барлық еврейлер», – деп қарсы шықты Мендель, «менің өзім келуім керек екенін айтты». «Онда дүйсенбі күні бірге барамыз!» «Ал Менухим қайда қалады?» «Онымен Мириям қалады!» Мендель əйеліне бажырая қарады. Ол өз көзқарасымен оның жасқанып, қабағының астына жасырып тұрған көздерімен түйісуге тырысты. Үстелдің бір бұрышынан қарап, бақылап отырған Мириям əкесінің көзқарасын байқап, жүрегі дүрсілдеп кетті. Дүйсенбіге ол келісіп қойған еді. Жаздың соңындағы бүкіл ыстық кезге келісіп қойып еді. Оның махаббаты кеш гүлдеді, биік масақтың арасында, Мириям егін ору кезеңінен қорықты. Ол анда-санда шаруалардың қалай дайындалып жатқанын, орақтарын көк қайраққа қалай қайрап жатқанын естіді. Егіс орылып, дала төсі пырдай жалаңаш болып қалса, қайда баруы керек? Ол Америкаға кетуге тиіс. Бұл жердегі егістік алқаптың астық масақтарынан да жақсы жасыратын Америкадағы биік үйлердің арасындағы махаббат еркіндігі туралы беймəлім елес оның астық жинайтын науқанның жақындағаны жөніндегі уайымын сейілтіп, жүрегіне жұбаныш ұялатты. Ол сəт те келіп қалды. Мириямның уақытты бекер жоғалтқысы келмеді. Ол Степанды сүйді. Ол осында қалып кетейін деп тұр ғой. Ол жалпы бар еркекті сүйеді, олардан жалын ұрады, олардың қайратты қолдары жүрегіңе жайлап қана шоқ тастайды. Еркектердің аттары – Степан, Иван, Всеволод. Америкада одан да көп еркек бар. «Мен үйде жалғыз қалмаймын», – деді Мириям, «қорқамын!» «Оған үйге бір казак кіргізіп беру керек», – деді Мендель естірте, «ол бұны күзетіп отырсын». Мириям қызарып кетті. Бұрышта ала көлеңке жерде тұрса да, əкесі бұның қызарғанын байқап қойды, деп ойлады ол. Оның қызарғаны қараңғыда да алаулап көрініп тұрған болар, Мириямның бет-жүзі

қызыл шоқтай лапылдап кетті. Ол жүзін қолымен жапты да, еңірей жөнелді. «Шық сыртқа!» – деді Дебора, «кеш болды, терезелердің қақпағын жап!» Ол сипалап жүріп, абайлап, əлі де бетін қолымен басып алған күйі сыртқа шықты. Сыртта ол азырақ тұрып қалды. Аспанның бүкіл жұлдызы Мириямды есіктің алдында күтіп тұрғандай жерге жақын, əрі жыпырлап осында шоғырланған. Олардың алтындай жарқыраған сəнсалтанатында бүкіл əлемнің асқан əсемдігі бар еді, олар Американың жарқылы шағылысып, жарқырап көрініп тұрған кішкентай айналар іспетті еді. Мириям терезеге жақын келіп, ішке үңілді, əкешешесінің жүзінен не сөйлеп отырғанын танып білуге тырысты. Ол ештеңе біле алмады. Шалқасынан ашық жатқан қақпақтардың темір ілгішін ағаштан шығарып, екі қанатын да шкафтың есігі сияқты жапты. Ол табыт туралы ойлады. Əке-шешесін кішкене үйшікке көмді. Ешқандай жанашырлық сезбеді. Мендель мен Дебора Зингерлер көмілді. Жері кеңіп, өмір жанданды. Степан, Иван жəне Всеволодтар болса – тірі. Үлкен мұхиттың арғы бетінде өзінің бүкіл биік үйлерімен жəне миллиондаған еркектерімен бірге Америка да тірі. Ол қайтадан бөлмеге кірген кезде, əкесі, Мендель Зингер, былай деді: «Терезенің қақпағын да жаба алмайды, сол үшін де оған жарты сағат уақыт керек!» Ыңқылдап орнынан көтерілді де, болымсыз жарықты тегін молайту міндетін атқаратын жарылған домалақ айнаға тот басқан сым темірмен байланылып қойылған ыс басып қалған шынысы бар қара көк құтыдағы кішкене май шам ілулі тұрған қабырғаға жақындады. Шам шынысының жоғарғы тесігіне Мендель Зингердің бойы жетпеді. Ол шамды үрлеп өшіруге бекер тырысты. Аяғының ұшымен тұрып, үрлеп еді, бірақ білтесі тек одан ары лапылдай түсті. Сол екі арада Дебора кішкене сарғыш балауыз шырақты тұтатып, оны кірпіш пештің үстіне қойды. Мендель Зингер аhылап-уhілеп орындықтың үстіне шығып, шамды ақыры үрлеп өшірді. Мириям Менухимнің қасына бұрышқа

жатты. Қараңғы болған соң ғана барып, шешінгісі келді. Əкесі түнгі дұғасын аяқтағанынша, дымын шығармастан, көзін жұмып, күтіп жатты. Терезенің қақпағындағы дөңгелек тесік арқылы түнгі аспанның көкпеңбек болып, жұлдыздардың алтындай жылтылдап тұрғанын көрді. Ол шешініп, кеудесін ұстады. Емшегі сыздап ауырды. Оның денесінің өзіне ғана тəн есіне алары бар, еркектердің күректей, қайратты жəне ыстық алақаны тиген өз тəнінің əрбір жерін есіне алды. Оның денесінің иісінің де өзіне ғана тəн еске алары бар, оған еркектердің денесіндегі тер, арақ жəне көннің иісі кетпестей болып, əбден сіңіп қалған. Ол əке-шешесінің қорылы мен Менухимнің қырылдапсырылдағанын естіді. Осы кезде Мириям ұйықтайтын көйлегімен, жалаң аяқ, ұзындығы санын соққан, алдына қарай қоя берген ауыр бұрымымен орнынан көтерілді де, есіктің ысырмасын ашып, сыртқа, жат түн құшағына қойып кетті. Терең тыныс алды. Түні бойы тыныс алып, сол тынысымен барлық алтын жұлдыздарды жұтып қойғандай көрінді, жұлдыздар аспанда одан əрмен жарқырай түсті. Бақалар құрылдап, шегірткелер шырылдады, аспанның солтүстік шығыс шетін таңның атып келе жатқанынан хабардар ететіндей жалпақ күміс жолақ көмкерген. Мириям өзінің махаббат ойнағына айналған жүгері егістігін ойлады. Үйді айнала жүрді. Алыстан казарманың биік ақ дуалы жарқырап көрінді. Ол жақтан өлімсіреген бірнеше шамдар Мириямның көзіне түсті. Үлкен бөлмеде Степан, Иван, Всеволод жəне басқа да еркектер ұйықтап жатқан болар. Ертеңіне жұма болды. Сенбіге барлығын – тартылған ет, шортан жəне тауық сорпасын – əзірлеу керек болды. Нан жабу тағы сағат алтыда-ақ басталып кетті. Жалпақ күміс жолақ қызарғанда, Мириям қайтадан білдірмей үйге кірді. Ол одан ары ұйықтай алмады. Терезе қақпағының тесігі арқылы күннің алғашқы сəулесін көрді. Əкесі мен шешесі ұйқылы ояу қозғала бастады. Таң атты. Шабаш, яғни сенбілік діни мейрам, өтті, жексенбіні Мириям Степанмен бірге жүгері егістігінде өткізді. Одан кейін олар алысқа, келесі ауылға барды, Мириям арақ ішті. Оны кешке дейін үйдегілер іздеумен болды. Іздей берсін! Оның өмірі өзіне қымбат, жаз болса қысқа, жуырда егін жинау басталады. Ол орманда Степанмен тағы да бір рет төсектес болды. Ертеңіне, дүйсенбі күні, əкесі қағаздарын жөндеуге Дубноға кетті.

Ертемен сағат бесте, таңертең Мендель Зингер орнынан көтерілді. Шайын ішті, дұғасын оқып, қолына байлайтын қасиетті қайыс білезігін тез шешті де, Самешкинге кетті. «Қайырлы таң!» – деп айқайлады ол алыстан. Бұл Мендель Зингер еді, ол тура осы жерде, Самешкиннің арбасына мінер алдында мекемедегі əрекетін бастағандай, Самешкинмен урядникпен амандасқандай болып көрінді. «Мен онан да сенің əйеліңмен барамын!» – деді Самешкин. «Ол осынша жасқа келгеннің өзінде көзге түсерлік, бөксесін айтсаңшы». «Кеттік», – деді Мендель. Аттар оқырынып, құйрықтарымен шаптарын ұрып тұрды. «Ей! Шү!» – деп айқайлап, Самешкин қамшысын шықпыртты. Түске дейін сағат он бірде олар Дубноға келді. Мендель күтуге мəжбүр болды. Малақайы қолында, үлкен кіре беріс бөлме арқылы өтті. Күзетшінің қолында қылышы бар. «Қайда барғың келеді?» – деп сұрады ол. «Менің Америкаға барғым келеді – қайда жолығуым керек?» «Атың кім?!» «Мендель Мехелович Зингер». «Америкаға не үшін барғың келеді?» «Ақша табу үшін, жағдайым нашар». «Сексен төртінші номерге бар. Сол жерде біраз адам күтіп отыр», – деді күзетші. Олар үлкен, күмбез тəрізді, қызғылт сары түске боялған коридорда отырды. Көк форма киген ер адамдар есіктің алдында күзетіп тұрды. Қабырғаны бойлай қоңыр отырғыштар қойылған – барлық отырғышта адам отыр, бос орын жоқ. Жаңадан біреу келген сайын, көк киімділер қолымен белгі береді де, отырғандар орнынан жылжып ығысып, жаңадан келген адам жайғасады. Біреу темекі шегіп, біреу түкірініпқақырынып, біреу асқабақ дəнегін шағып, ал енді біреу

мұрнын пысылдатып, қорылдайды. Бұл жердегі күндіз – күндіз емес. Өте биікте, өте алыста ілулі тұрған төбедегі шамның сүт түстес əйнегінен күндіз екенін əрең түсінесің. Біржақта сағат тықылдайды, бірақ ол осы биік коридордағы тып-тыныш тұрған уақытпен үндесіп, бірдей жүреді. Анда-санда көк формадағы адам біреудің атын атап, шақырып тұрды. Бұл сəтте ұйықтап отырғандардың бəрі оянды. Шақырылған адам орнынан тұрып, қобалжып есікке барды, костюмін тартқылап, тұтқаның орнында домалақ ақ бүркеншекті ұстағышы бар биік жарма есік арқылы өтті. Мендель есікті ашу үшін мына бүркеншекті ұстағышты не істеу керек екенін ойлап, басын қатырды. Ол орнынан тұрды; жұрттың ортасында қысылысып, ұзақ отырғаннан денесі ауырды. Орнынан тұрар-тұрмас, көк киімді оған жетіп келді. «Сидай!» – деп ақырып берді көк киімді, «Отыр!» Мендель өзі отырған жерінен орын таппай қалды. Ол отырғыштың қасында тұрып қалды да, қабырғаға жабыса кетті, оның қабырғаға сіңіп, сол сияқты теп-тегіс болып кеткісі келді. «Сен сексен төртінші номерді күтіп тұрсың ба?» – деп сұрады көк киімді. «Иə», – деді Мендель. Ол мына адам өзін біржолата қуып шығуға ниеттеніп тұр деп иланды. Дебораның бұл жерге тағы да қайта келуіне тура келеді. Елу тиынға елу тиынды қосса, бір сом болады. Бірақ көк киімді Мендельді бұл жерден шығарып жіберуге ниет еткен жоқ. Көк киімдіге керегі – барлық күтушінің өз орындарында отырып, оның оларды еркін байқай алуы. Орнынан тұрған адамның бомба тастап жіберуі де мүмкін. «Кейде анархистер жасырынып келуі мүмкін», – деп ойлады есікті бақылаушы. Ол Мендельді өзіне шақырып алды да, еврейді сипалап тексеріп, қағаздарын сұрады. Барлығы дұрыс, күдіктенетін ешнəрсе болмаған соң, əрі Мендельдің енді отыратын орны болмағандықтан, көк киімді былай деді: «Бері қара! Əйнек есікті көріп тұрсың ба? Сол есікті ашасың. Сексен төртінші номер сол жерде!» «Саған бұл жерде не керек?» – деп, кең иықты ер адам жазу үстелінің ар жағынан айқай салды. Қызметкер тура патшаның суретінің тұсында отыр. Оның тұла бойында бірден көзге түсетін қаба сақалы, тақыр

басы, иығында зерлі, əшекейлі погоны жəне түймелері бар. Ол өзінің мəрмəрдан жасалған үлкен сия сауытының артында тұрған əдемі бюст сияқты еді. «Кім саған мұнда бірден кіруге рұқсат берді? Келгенің туралы неге хабарламайсың?» – деп, бюсттен бір дауыс буырқана бұрқылдады. Сол сəтте Мендель Зингердің басы иілгеннен жерге тиді. Дəл осындай қабылдауды ол күтпеген еді. Ол еңкейіп, ашудың ызғарын арқасын жанатып қана өткізді, оның алаңқайда найзағай соғып, сұлатып кеткендей жермен жексен болғысы келді. Оның ұзын шапанының бүктеме қыртыстары бір-бірінен ажырап ашылды да, Мендель Зингердің жіптері үлбіреп, жыртылайын деп тұрған шалбары мен етігінің қонышының ақжем болып тозығы жеткен былғарысына қызметкердің көзі түсті. Бұл көрініс қызметкердің жүрегін аяныштан елжіретіп жіберді. «Жақынырақ кел!» – деп бұйырды ол, Мендель болса, жазу үстеліне қарсы шабуылдауға ұмтылған адамдай, мойнын алға созып, жақынырақ жылжи берді. Едендегі кілемнің жиегіне келіп қалғанын көрген кезде ғана Мендель аздап басын көтерді. Қызметкер жымиды. «Əкел қағаздарды!» – деді ол. Одан соң тыныштық орнап қалды. Сағаттың тықылы ғана естілді. Терезедегі жалюзи арқылы кіші бесіннің алтын сəулесі түсіп тұр. Қағаздар сытырлайды. Қызметкер кейде аздап ойға шомып, төбеге қарайды да кенеттен қолымен шыбын ұстап алды. Ол құртақандай немені өзінің дəп-дəу жұдырығында ұстады, жұдырығын абайлап жазды да, шыбынның бір қанатын жұлып алды, одан кейін екіншісін жұлып, жарымжан шыбынның жазу үстелінің үстінде қалай еңбектегенін біраз қадағалап байқап отырды. «Өтініш пе?» – деп сұрады ол кенеттен, «Өтінішің қайда?» «Мен жаза алмаймын, мəртебелім!» – деп, Мендель кешірім өтінді. «Сенің жаза алмайтыныңды білемін, ақымақ! Мен сенің мектеп бітіргенің туралы куəлігіңді сұрап тұрған жоқпын, өтінішіңді сұрап тұрмын. Сонда бізге кеңсе хатшысы не үшін керек? А? Бірінші қабаттағы ше? Үшінші номердегі? А? Мемлекет не үшін кеңсе

хатшысын ұстайды? Сен үшін, сен есек үшін, сенің жаза алмағандығыңнан. Бар енді үшінші номерге. Өтініш жаз. Күтіп қалмай, тез бітіру үшін мен жіберді, деп айт. Одан кейін маған келесің. Бірақ ертең! Сонымен ертең түстен кейін, бəлки, қайтарсың!» Мендель тағы да иілді. Ол теріс қарамай, бетін бұрып, қызметкерге жүзін беріп жүрді, қызметкерге арқасын беріп шығуға батылы жетпеді, оған жазу үстелі мен есікке дейінгі аралық шексіз ұзақтай көрінді. Бір сағат сенделгендей болды. Ақыры есікке жақындағанын сезді. Тез бұрылды да, есіктің ұстағышынан тас қып ұстап алып, оны бірінші солға, одан соң оңға бұрап, тағы бір иілді. Əйтеуір коридорға шықты-ау. Үшінші номерде зерлі, əшекейлі погонсыз қарапайым қызметкер отырды. Ол жер ауасы сасық аласа бөлме еді, көп адам үстелді қоршап алған, хатшы бас көтерместен жазуда, қаламын дегбірсіздене қайта- қайта сия сауыттың түбіне дейін тығады. Ол шапшаң жазды, бірақ үлгермеді. Үсті-үстіне жаңадан адамдар келе берді, келе берді. Соған қарамастан ол Мендельді аңғарып қалды. «Мəртебелім, мені сексен төртінші номердегі мырза жіберді», – деді Мендель. «Жақын кел», – деді хатшы. Осында тұрғандар Мендель Зингерге орын берді. «Мөрге бір сом!» – деді хатшы. Мендель көк бет орамалын ақтарып, бір сом тапты. Қатты, жылтыр бір сомдық тиын ақша еді. Хатшы ақшаны алмай, кем дегенде тағы елу тиын күтті. Мендель хатшының айдан анық көрініп тұрған дəмесін сезіп, түйсінбеді де. Осы кезде хатшы ашуға мінді. «Мынаны қағаз деп тұрсың ба?» – деді ол. «Бұл – ескі-құсқы, қиқымсиқым! Бұлар қолда ұстауға да жарамайды». Сөйтіп ол байқамағансып, құжаттың біреуін жыртып жіберді, ол қағаз тура ортасынан бөлінді де, қызметкер болса, оны бірбіріне жапсырып желімдеу үшін араб шайырына қол созды. Мендель Зингер қалтырап-дірілдеп кетті. Араб шайыры қатты кеуіп қалыпты, қызметкер ыдысына түкірді де, оны үрледі. Бірақ ол кебу күйінде қалды. Кенеттен оған бір ой келді, оған кенет бір ой келгенін жұрт байқап қалды. Ол суырманы ашты да,

Мендель Зингердің қағаздарын ішіне салып, оны қайтадан жапты, блокноттан тілдей бір жапырақ көк қағаз жыртып алып, оған мөр басты да, Мендельге беріп, былай деді: «Білесің бе? Ертең ерте сағат тоғызда келесің! Екеуміз оңаша боламыз. Асықпай сөйлесеміз. Сенің қағаздарың мына жерде менде. Оларды ертең аласың. Маған жаңағы қағазды көрсетесің!» Мендель кете барды. Самешкин оны сыртта күтті, аттарының жанында тастың үстінде отыр екен. Күн батып, кеш түсті. «Біз тек ертең ғана қайтамыз», – деді Мендель, «сағат тоғызда қайтадан келуім керек». Ол түнеп шығу үшін ғибадатхана іздеді. Бір таба нан, екі пияз сатып алып, бəрін қалтасына тықты, өтіп бара жатқан бір еврейді тоқтатып алып, одан ғибадатхананы сұрады. «Бірге жүрейік», – деді еврей. Жол бойы Мендель өз жағдайын айтты. «Біздің ғибадатханада», – деді еврей, «сенің бүкіл шаруаңды бітіріп беретін бір адаммен кездесуіңе болады. Ол көптеген отбасын Америкаға жіберіп үлгерді. Каптуракты танисың ба?» «Каптуракты ма? Əрине! Ол менің ұлымды аттандырған!» «Ескі таныс!» – деді Каптурак. Жаздың аяғында Дубноға келіп, ғибадатханаларда қызмет ету дəрежесіне көтерілген. «Сонау кезде сенің əйелің маған келген. Сенің ұлың менің есімде əлі. Жағдайы жақсы шығар, қалай? Каптурактың қолы жеңіл». Каптурактың оның шаруасын реттеп беруге құлықты екені белгілі болды. Алдынала адам басына он сомнан төлеу керек. Мендель алдынала он сом түгіл, он тиын да бере алмайтын еді. Каптурак бір жолын тапты. Ол жас Зингердің мекен-жайын сұрап алды. Ұлы шынымен əке-шешесінің жанына келгенін қаласа, Каптурак төрт аптаның ішінде одан жауап пен ақша алады. «Көк қағазды, Америкадан келген хатты бер де, маған сеніп тапсыр!» – деді Каптурак. Осында айнала тұрғандар да бас изеді. «Бүгін-ақ үйіңе қайта бер. Бірнеше күннен кейін сендерге өзім келемін. Каптуракқа сен!»

Қоршай тұрған бірнеше адам: «Алаңсыз Каптуракқа сен!» – деп қайталады. «Сізді осы жерде кездестіргенім қандай жақсы болды! Бұл – мен үшін үлкен бақыт!» – деді Мендель. Барлығы оның қолын алып, сəт сапар тіледі. Ол Самешкин күтіп отырған базар алаңына қайтып оралды. Самешкин енді болмаса арбасына жатып, ұйықтайын деп отыр екен. «Еврей шайтанның да тілін табатын шығар!» – деді ол. «Сонымен жүретін болдық қой!» Олар жүріп кетті. Самешкин тізгінді білегіне байлады да, көз шырымын алуға ниеттенді. Ол шынымен қалғып кеткен екен, аттар бір сотқар егістіктен алып келіп, жолдың шетіне қойып кеткен қарақшының көлеңкесінен үрікті. Жануарлар шаба жөнелді де, арба қалқып, аспанға көтерілгендей болып көрінді, енді көкке ұшатын шығар, деп ойлады Мендель, оның жүрегі де кеудесінен шығып, алысқа секіріп кететіндей көрініп, тас төбесіне шықты. Кенеттен Самешкин қатты налып, лағнетті жаудырды. Арба шұңқырға сырғып, аттар алдыңғы аяқтарымен ғана ілініп тұрды, Самешкин Мендель Зингердің үстінде жатты. Олар сыртқа өрмеледі. Оқ ағаш сынып, бір доңғалақ босап кеткен, басқасының екі шабағы түсіп қалыпты. Олар түні бойы осында қалуға мəжбүр болды. Ертең көре жатар. «Сенің Америкаға сапарың осылай басталды», – деді Самешкин. «Сендер осы неменеге кешке дейін əлемді шарлап қаңғи бересіңдер? Бір жерден екінші жерге сендерді шайтан қуады-ау. Біздікілер туған жерінде қалады, тек соғыс болса ғана, Жапонияға көшеді!» Мендель Зингер үндемеді. Ол жолдың шетінде Самешкиннің жанында отыр. Мендель өмірінде тұңғыш рет тақыр жерде, жанына жат түннің ортасында, шаруаның қасында отыр. Ол төбесінен аспан мен жұлдыздарды көріп, олар құдайды бүркемелеп тұр, деп ойлады. Бұның бəрін жаратушы жеті-ақ күнде жасап шығарған. Ал еврей Америкаға кетуге ықылас білдірсе, онда оған қаншама жыл қажет!

«Көрдің бе, жеріміз қандай тамаша?» – деп сұрады Самешкин. «Жақында – егін науқаны. Берекелі жақсы жыл. Бəрі мен ойлап жүргендей жақсы болып, сəті түссе, күзде тағы да бір ат сатып аламын. Ұлың Йонастан хабар алып тұрсың ба? Ол аттардың жағдайын жақсы түсінеді. Ол саған ұқсамаған, мүлдем басқа. Мүмкін қатының бір кезде көзіңе шөп салған шығар?» – «Бəрі болуы мүмкін», – деп, Мендель жауап берді. Бір кезде ол жеңілдеп қалды, бəрін түйсіне алды, түн оның санасын қате түсініктерден тазалап арылтты. Ол тіптен Самешкинді ағасындай көріп, оның бауырына тығыла бастады. «Бəрі болуы мүмкін», – деп қайталады ол, «қатындарға сенім жоқ». Кенеттен Мендель өкси бастады. Мендель жанына жат түннің ортасында, Самешкиннің қасында отырып еңіреп жылады. Шаруа жұдырығымен көзін уқалады, өйткені ол өзінің де жылайын деп отырғанын сезді. Одан кейін ол білегін Мендельдің қушиған иығына асып, мейірлене былай деді: «Айналып кетейін еврей, ұйықта, ұйқыңды қандырып ала ғой!» Ол өзі ұзақ уақыт ояу жатты. Мендель Зингер ұйықтап кетті, қорылдады да. Бақалар таң атқанша құрылдады. VIII Екі аптадан соң Мендельдің үйінің алдына кішкентай екі доңғалақты арба құйындатып жетті де, қонақ əкелді: ол Каптурак еді. Ол қағаздардың дайын болғанын хабарлады. Төрт аптаның ішінде Сэм болып аталып жүрген Америкадағы Шемариядан жауап келсе, Зингер отбасының кетуіне сөзсіз кепілдеме берер еді. Каптурактың тек осыны айтқысы келіпті; кейінірек Шемария жіберетін ақшадан шегеріп алғанша, жиырма сомды алдынала алғаны дұрысырақ болар еді деп те, айтуға келіпті. Дебора тар аулада тұрған шіріген тақтайдан соғылған шоланға барып, кеудешесін басынан асырып шешті де, қойнынан тас түйілген беторамалын алып, сытырлаған судай жаңа сегіз сомды санап, қолына алды. Одан соң кеудешесін қайтадан жамыла салды да, үйге барып,

Каптуракқа былай деді: «Көршілерден жалынып жүріп, сұрап алғанымның бəрі осы. Осыған разы болғаныңыз жөн». «Ескі танысқа түсіністікпен қараймыз ғой!» – деді де, Каптурак қауырсындай жеңіл кішкентай сары арбасына секіріп мініп, тез арада құйындатып, көзден ғайып болды. «Каптурак Мендельдерге келіпті!» – деп қалашықтағы жұрт дабыра болды. «Мендельдер Америкаға кетеді». Іс жүзінде Мендель Зингердің Америкаға сапары басталып та кетті. Жұрттың бəрі оған теңіз үстінде кемеде құсып ауырмас үшін не істеу керек екені жөнінде ақыл-кеңес берді. Мендельдің үйін көруге кейбір сатып алушылар да келе бастады. Жұрт үйді сатып алу үшін мың сом төлеуге дайын еді, мұндай сома ақшаны табу үшін Дебора өмірінің бақандай бес жылын сарып етер еді. Бірақ Мендель былай деді: «Дебора, сен Менухимнің қалуы керек екенін білесің бе? Ол кімнің қасында қалады? Бильлес келер айда қызын музыкант Фогльға күйеуге берейін деп жатыр. Өздері балалы болғанша, жас жұбайлар Менухимді ала тұрса болады. Сол үшін біз оларға пəтерді береміз, ақша алмаймыз». «Менухимнің қалатыны сен үшін тіптен шешіліп қойылған шаруа ма? Біз жолға шыққанға дейін əлі бірер апта бар ғой, оған дейін құдай сəтін салып, бір жақсылық болар». «Құдай сəтін салып, ғажайып жасайын десе, саған алдынала білдірмейді ғой», – деп Мендель қарсы шықты, «Үмітсіз шайтан. Үміттену керек. Америкаға кетпесек, Мириям сорлайды. Америкаға кетсек, Менухимді осында қалдырып кетеміз. Мириямды Америкаға жалғыз жіберуіміз керек пе? Оның жападан жалғыз жол-жөнекей жəне Америкада жападан жалғыз не бүлдірерін кім білсін. Менухимнің науқасының ауырлығы соншалық, оған тек бір ғажайып қана көмектесе алар. Ғажайыптың құдіретімен ауруынан сауығып кеткендей болса, онда артымыздан келер. Өйткені Америка өте алыс болғанымен, бұл əлемнен тысқары емес, осы жұмыр жердің бетінде ғой».

Дебора үндемей қалды. Оның құлағына Клукцыскідегі əулиенің (раввин) сөзі естілді: «Тура дені сау баладай көр, оны қалдырма, қасында бол!» Ал ол оның қасында қалмады. Ұзақ жылдар, күні-түні, сағат сайын жазылады деп уəде етілген ғажайыпты күтті. Ана жақтағы өлілер де көмектеспеді, əулиеден де қайран болмады, құдайдың да қолдағысы келмеді. Жылағаннан көз жасы көл бол ды. Менухим туылғаннан бері жүрегі түнек, қуанышы қайсы, қайғысы қайсы айырып болмады, екі сезім егіздей ажырағысыз қатар болды. Бүкіл мереке жан азабы да, мейрам күндері қаралы күндер болды. Оның өмірінде көктем де келмеді, жаз да шықпады. Ол үшін барлық жыл мезгілі кілең қылышын сүйреткен қыс болды. Күн шыққанымен, оның бойына күн жылуы дарымады. Жалғыз үмітінің ғана өшкісі келмеді. «Ол кемтар, жарым жан болып қалады», – деді көршілердің бəрі. Өйткені олар ешқашан қайғы жұтып, бақытсыздықпен бетпе-бет келіп көрмеген, басына жаманшылық түспеген адам ғажайыпқа да сенбейді. Басын бақытсыздық бұлты шалған адам да ғажайыпқа сенбейді. Ғажайып дүниелер атамзаманда, еврейлер əлі де Палестинада өмір сүргенде болған. Содан бері ешқандай ғажайып болмапты. Десе де: Жұрт Клукцыскідегі əулиенің ғажайып істері жайлы дұрыс айтып жүрген жоқ па еді? Ол зағиптың көзін ашып, аяқ-жолын көрсетіп, сал болғанды орнынан тұрғызып, ауруынан əлдеқашан құтқарған емес пе еді? Натан Пикцениктің қызының жағдайы қалай болып еді? Ол жынданып кеткен болатын. Оны Клукцыскіге алып барды. Əулие оны қарап тексерді. Өзінің дұғасын оқыды. Одан кейін ол үш рет үшкірді. Содан Пикцениктің қызы құлан таза айығып, жеңілдеп, ақыл-есі дұрысталып, үйіне қайтты. Жұрттың жолы болғыш, деп ойлады Дебора. Ғажайыпқа қол жеткізу үшін де сəті түсіп, жол болуы керек. Мендель Зингердің балаларының өмірде еш жолы болмайды! Олар бейшара мұғалімнің балалары ғой! «Егер сен түйсігі бар, парасатты адам болсаң», – деді ол Мендельге, «онда сен ертең Клукцыскіге барып, əулиеден ақыл-кеңес сұрар едің». – «Мен бе?» – деп сұрады Мендель. «Сенің əулиеңде маған не бар? Бір рет сол жерде болған екенсің, онда тағы да өзің барып қайт! Оған сенсең ғана, ол саған ақыл-кеңес береді.

Сен менің ол туралы жақсы пікірде емес екенімді білесің ғой. Еш еврей жаратушымен байланысу үшін делдал қажет етпейді. Егер біз жөнсіз нəрсе істемей, дұрыс жүрсек, онда ол біздің дұға-тілектерімізді қабыл етіп, бізді мадақтайды. Ал дұрыс істемесек, онда бізді жазалай алады!» «Қазір бізді не үшін жазалап отыр? Біз жөнсіз бірнəрсе жасап қойыппыз ба? Неге ол бізге соншалықты мейірімсіз?» «Сен оған тіл тигізіп отырсың, Дебора, маған тыныштық бер, мен сенімен салғыласа алмаймын». Сөйтті де Мендель оқып отырған діни кітабына бар зейінімен беріліп кетті. Дебора шəлісін алып, далаға шықты. Далада Мириям тұр екен. Ол үстінде батар күннің сəулесімен шағылысып қызғылт сары болып жарқырап тұрған ақ көйлегі бар, өзі де қызарып, жылтыр қара шашы жалтырап, күн сəулесі көзін шағылыстырып тұрғанына қарамастан, мойылдай бота көзін бадырайтып, кірпік қақпастан батып бара жатқан күнге тіке қарап тұрды. Ол – сұлу, деп ойлады Дебора, бір кезде мен де осындай əдемі едім, қызым сияқты əдемі едім – қазір нем қалды менің? Мендель Зингердің əйелі болдым. Мириям казакпен жүреді, ол – сұлу, бəлкім бұнікі дұрыс шығар. Мириям шешесін көрмегендей болды. Ол əуестене көз алмастан қазір қою сия көк түсті қалың бұлттың артына батып бара жатқан шыжыған күнге қадала қарап тұр. Бірнеше күннен бері осы қою бұлт күнде кешке жақын батыста жиналып, жауын-шашыннан хабар береді де, келесі күні жоқ болып кетеді. Мириям күн батқан сəтте ана жақтағы атты академияда солдаттардың əн сала бастайтынын аңғарды, бүкіл жүздік əн сала бастайды, салатындары ылғи бір əн: полюбил я тебя, за твою красоту. Кезекшілік бітіп, казактар кешті қарсы алды. Мириям ыңылдап, алғашқы екі жолын ғана білетін əннің мəтінін қайталады: мен сені сүйдім, сенің сұлулығың үшін. Оған бұл əнді бүкіл жүздік арнады! Жүз еркек оған арнап əн салды. Жарты сағаттан кейін ол осылардың біреуімен немесе екеуімен де кездесетін. Кейде тіптен үшеуі келетін. Ол шешесін байқап қалды, тыныш тұра берді, Дебораның өзі жақындап келерін білді. Бірер аптадан бері шешесінің Мириямға айқайлауға

батылы жетпей жүр. Оны казактардан шошытып, қорқытатын үрейдің бір шеті Мириямнан да шығып тұрғандай, қызы енді жат əрі жабайы казарманың қорғауында тұрғандай көрінді. Жоқ, Дебора Мириямға артық айқайламады. Дебора Мириямға жақын келді. Ескі шəлі жамылған Дебора алтыннан əрман жарқырап тұрған Мириямның алдында кəп-кəрі, кейіпсіз көрінді, əрі жасқанып тұрды, сүйкімсіз шешелер сұлу қыздарына қарағанда жарты шақырым аулағырақ тұрсын деп бұйыратын ескі заңды сақтап тұрғандай, Дебора жаяу жүргіншіге арналған ағаштан істелген жолдың шетінде тұр. «Əкең ашулы, Мириям!» – деді Дебора. «Ашулана берсін», – деп, қарсы сөйледі Мириям, «сенің Мендель Зингерің». Дебора бірінші рет өз балаларының бірінің аузы нан əкесінің атын атағанын естіді. Бір сəт оған мұнда Мендельдің баласы емес, бөтен біреу сөйлегендей бо лып көрінді. Бөтен қыз – ол не үшін «əке» деп айту керек екен? Дебораның бұрылып кеткісі келді, ол жаңылысқан екен, ол бөтен адамға сөйлепті. Оның бұрыла бергені сол еді. «Кетпе!» – деп, Мириям бұйырды – қызының сондай қатал дауыспен сөйлегенін Дебора бұрын-соңды естіп көрмепті. «Зіркілдеген дауыс», – деп ойлады Дебора. Даусы кейде құлаққа түрпідей тиіп, жүрек ұшыратын шіркеу қоңырауларының бірінің даусындай болып естілді. «Бұл жерден кетпеші, анашым!» – деп қайталады Мириям, «оны, күйеуіңді, жалғыз тастап кетші, менімен Америкаға жүрші. Мендель Зингер мен Менухимді, нақұрыстарды, осында тастап кетші». «Мен одан əулиеге барып келші, деп өтініп едім, баруға ықыласы жоқ. Енді мен ешқашан жалғыз Клукцыскіге бармаймын. Мен қорқамын! Əулие маған бір кезде ауруы қаншалықты ұзаққа созылса да, Менухимді қалдыруға болмайтынын айтқан еді. Мен оған не деп айтуым керек, Мириям? Мен оған біз саған бола кетуге тиіспіз деуім жөн бе, өйткені сен, өйткені сен...». «Мен казактармен əуейі болып жүргендіктен», – деп толықтырды Мириям беті бүлк етпестен. «Оған не айтқың келсе, соны айт, маған бəрі бір. Америкада бұдан да əрмен ойыма келгенін істеймін. Сен кезінде Мендель Зингерге күйеуге тиді екен деп, мен де кезкелген

біреуге күйеуге тиюге міндетті емеспін. Əлде маған жақсырақ күйеу тауып қойдың ба, не? Қызыңа беретін жасауың бар ма?» – деп əрі қарай жалғастырды. Мириям даусын көтермей бəсеңсітіп сөйледі, сұрақтарының өзі сұрақ сияқты емес, ананы-мынаны ай тып, əңгімелескендей, шешесін базардағы көк-сөк пен жұмыртқаның бағасы туралы хабардар етіп отырған сияқты еді. «Ол дұрыс айтады», – деп ойлады Дебора. «Айналайын құдайым, жар бола көр, ол дұрыс айтады». Дебора барлық аруақтарға жалбарынып, қолдау сұрады. Өйткені ол қызының іс-əрекетінің дұрыстығын мойындауы керек екенін сезді, оның өзі қызын жақтап сөйледі. Дебора осыдан сəл бұрын қызынан қалай шошып қорықса, қазір өзінен де дəл солай шошып қорқа бастады. Қауіпті жағдайлар туындады. Солдаттардың əн салғаны үздіксіз естіліп тұрды. Қызыл күннің жіңішке сызығы сия көк бұлттың үстінде əлі көтеріліп тұр. «Менің кетуім керек», – деп Мириям өзі сүйеніп тұрған қабырғадан кейін шегініп, жаяулап жүретін жолмен ақ көбелек сияқты жеңіл ұшып-қонып, көшенің тура ортасын бойлай аяғын тез-тез қылымси басып, казармаға қарай, казактардың бар даусымен салып жатқан əнін бетке алып кете барды. Казармаға елу қадам жетпей, үлкен орман мен Самешкиннің егістігінің арасындағы кішкене соқпақ жолдың ортасында ол Иванды күтті. «Біз Америкаға кетеміз», – деді Мириям. «Мені ұмытпайсың», – деп алдынала ескертті Иван, «ылғи осы уақытта, күн батып бара жатқанда, басқаларды емес, мені ойлайтын боласың. Мен де, бəлкім, құдай қолдаса, сенің артыңнан келемін, маған хат жазасың ғой. Сенің хаттарыңды маған Павел оқып беретін болады, екеуміздің құпия істеріміз жайлы көп жаза берме, əйтпесе, ұятқа қалармын». Ол Мириямды қайта-қайта құшырлана сүйді, оның сүйісі кешке атылған оқтай сатыр-сұтыр етті. Сайтан қыз, деп ойлады ол, енді ана жаққа, Америкаға, кетіп бара жатыр, менің басқасын іздегенім жөн. Ешкім бұл сияқты сондай сұлу емес, əлі төрт жыл қызмет етуім керек. Ол ірі, аюдай алпауыт əрі именшек еді. Қызға тиіп кетсе болды,

күректей қолдары қалтырап сала беретін. Махаббатта да білгір емес еді, оған бəрін Мириям үйретті, ойына келмейтіні жоқ еді! Олар кешегідей, оның алдындағы күндегідей де алқаптың ортасында жер жемістеріне оранып құшақтасты, ауыр дəн оларды қоршап, көмкеріп тұрды. Мириям мен Иван жантайса, масақтар да олардың ырқына жығылып, құлайды; олар жантаймастан бұрын-ақ, масақтар жайылып жастық, иіліп төсек болатындай көрінетін. Бүгін олардың махаббаты ыстығырақ, қысқарақ əрі сонымен қатар үрейлі болды. Мириям Америкаға тура ертең кету ге тиіс сияқты болды. Олардың махаббатында қазірдің өзінде қоштасу, салқынқандылық сезілді. Екеуі қосылып, сіңісіп кеткеннің өзінде, олардың арасы тым алыстап, оларды бір-бірінен мұхит бөліп тұрды. Мириям оның бармай, менің қалмайтыным қандай жақсы, деп ойлады. Олар ауыр жарақаттанғандар іспетті енжар, еш шарасыз, меңіреу күйінде ұзақ жатты. Мыңдаған ойдан саналары сарғайып, милары ботқа болды. Ұзақ уақыттан бері күте-күте, ақыры жауған жаңбырды да байқамады олар. Жаңбыр жайлап əрі сатырлап басталды да, тамшылары масақтың қалың алтындай қауызын бұзып кетуге жетерліктей ауыр болғанша ұзақ жауды. Кенеттен олар шелектеп жауған жаңбырдың астында қалды. Олар оянды да, жүгіре жөнелді. Жаңбыр олардың естерін шығарып жіберді, əлем астаң-кестең болып, олар уақыттан шатасып қалды. Олар кеш болып кеткен екен деп, ойлап, мұнарадан қоңырау даусын естір ме екенбіз деп, құлақ түріп еді, бірақ тек жаңбыр ғана барған сайын үдей түсіп нөсерлетіп, шуылдады да, түннің басқа дыбыстарының бəрі өшіп, үрей тудырарлықтай меңіреу болып қалды. Олар бірін-бірі су-су беттерінен сүйіп, қолдарын қысты, олардың арасын жауынның суы бөліп, бірінің денесін бірі сезіне алмады. Олар асығыс-үсігіс қоштасты, жолдары екі айрылып, Иван жауынға оранып, көрінбей кетті. Үйіне жүгіріп бара жатқан кезде, Мириям енді мен оны ешқашан көрмеймін! деп ойлады. Егіс орағы басталады. Ертең шаруалар ауа райынан шошынып, егін орағын бастап кетеді, өйткені жауын соңынан жауын келіп, бір жауса, тоқтамай жауады. Мириям үйге келіп, қас пен көздің арасында үсті-басы кеуіп кететіндей, сəл уақыт шығыңқы шатырдың астында тұрды. Ақыры бөлмеге кіруге шешім қабылдады. Қараңғы еді, барлығы ұйықтап

қалыпты. Ол малмандай су күйінде дымын шығармастан жайлап жатты, киімін денесінде кептірді, қыбыр етпеді. Сыртта жаңбыр құйып тұр. Мендельдің Америкаға кететінін ендігі бəрі біліп болды, оқушылар бірінен кейін бірі сабаққа келмейтін болды. Қазір қалғаны – бары жоғы бес-ақ бала, олардың өзі ылғи келмейді. Каптурак қағаздарды əлі əкелмеді, Сэм кемеге жол билеттерін əлі жібермеді. Бірақ Мендель Зингердің үйі əлден-ақ құлай бастады. Мендель тозығы жеткен болар деп ойлады. Тозығы жеткен, бірақ ешкім білмеген. Кім қадағалап, қарай алмаса, сол саңыраумен бірдей жəне тіптен саңыраудан да əрман – бір жерде осылай жазулы тұр. Мұнда менің атам мұғалім болған; мұнда менің əкем мұғалім болған, мұнда мен мұғалім болдым. Енді мен Америкаға кетіп барамын. Ұлым Йонасты казактар алды, менен олар Мириямды да алып алмақшы. Ал Менухим ше – Менухимге не болар екен? Осы күні кешке-ақ ол Бильлестің отбасына барды. Қуанышты отбасы еді, Мендельге олар қисынсыз мол бақытқа кенеліп отырғандай көрінді; қыздарының бəрі, тіптен ол қазір ғана үйін ұсынғысы келіп отырған кенже қызына дейін күйеуге шыққан, үш ұлының бəрі де əскерден құтылып, жан-жаққа кетті, бірі – Гамбургке, басқасы – Калифорнияға, үшіншісі – Парижге. Қуанышқа кенелген отбасы, оларды құдайдың алақаны жарылқап тұр, олар құдайдың шапағатына бөленіп отыр. Қарт Бильлес өмірі көңілді, жайдары жан еді. Оның ұлдарының бəрі Мендель Зингерден дəріс алған. Қарт Бильлес қарт Зингердің оқушысы болған еді. Олар бірін-бірі соншалықты ұзақ уақыттан бері білетіндіктен, Мендель басқалардың бақытын бөлісуге аз да болса қақым бар шығар деп ойлады. Бильлестің отбасы – соншалықты шалқып, молшылықта өмір сүрген жоқ – Мендель Зингердің ұсынысы оларға ұнады. Жақсы! – жас жұбайлар үйді алады, соған қоса Менухимді де. «Ол қол байлау болмайды», – деді Мендель. «Жылдан жылға денсаулығы да жақсарып келеді. Жуырда құдай қаласа, жаратушым жар болып, сауығады. Одан кейін менің ортаншы ұлым Шемария өзі келіп немесе біреуді жіберіп, Менухимді Америкаға əкетеді».

«Йонастан не хабарларың бар?» – деп сұрады қарт Бильлес. Мендель көптен бері өз казагынан хабарсыз еді, ол ұлын ішінен солай атайтын – жеккөре, дегенмен мақтана да. Десе де ол былай деп жауап берді: «Тіптен тамаша! Оқып, жазуды үйреніп алды, шені өсті. Еврей болмағанда, кім білсін, бəлкім офицер болар ма еді!» Мына бақытты отбасының алдында бағынан басым үлкен сорының салмағын арқалап тұру Мендельге мүмкін дүние болмады. Сондықтан ол арқасын жазып, аздап қуаныш жайлы өтірік айтты. Мендель Зингердің Бильлес отбасының қарапайым куəлерінің алдында үйін оған пайдалануға беретіні жөніндегі мəселе ресми мекемеде шешілмеді, өйткені ресми мекемеге барса, ақша төлеу қажет еді. Куə ретінде оңды үштөрт еврей жеткілікті болды. Мендель Зингер оның үстіне алдынала отыз сом ақша алды, өйткені оқушылары енді келмей кетті де, үйінде ақша бітіп қалған еді. Бір аптадан кейін Каптурак жеңіл сары арбасымен тағы бір рет қалашықты жарып өтті. Бəрі де келіпті: ақша да, кемеге жол билеттері де, төлқұжаттар да, виза да, бас-басына ақша, тіптен Каптурактың өзінің ақысы да. «Ұқыпты төлеуші», – деп, Каптурак риза болды. «Сэм деп аталатын ұлдарың Шемария – ұқыпты төлеуші. Арғы жақта ондай адамды джентельмен деп айтады...». Каптурак Зингердің отбасын шекараға дейін шығарып салуға тиісті болды. Төрт аптадан кейін «Нептун» пароходы Бременнен Нью-Йоркқа жүреді. Бильлес отбасы дүние мүлікті қабылдап алуға келді. Төсек орын, алты жастық, алты ақ жайма, алты қызыл-көк кереге көз жастық тысты Дебора өзімен бірге алды да, ішіне сабан толтырылған төсенгіштер мен Менухимнің тозығы жеткен төсек орнын қалдырды. Дебора жинап салатын заты көп болмағанына қарамастан, бар дүниесі ұмытылмай, есінде болғанына қарамастан, бір сəт те тыным таппады. Заттарын біресе салды, біресе қайтадан алды. Ыдыс-аяғын қайта-қайта санаумен болды. Екі тəрелкені Менухим сындырды. Ол өзінің көнтерлі сабырлылығын біртіндеп мүлдем тауысқандай болып көрінді. Ол шешесін əдеттегісінен жиірек айқайлап шақырды, шешесі оған жақын

жерде болмаса да, талай жылдан бері айта алатын жалғыз ауыз сөзін бірнеше рет қайталай берді, қайталай берді. Ол – ақымақ, мына Менухим – жарымес! Акымақ! Айтуға қандай оңай! Бірақ осы күндерде Менухимнің жан дүниесі, Менухимнің құдай кем ақылдықтың түк көрінбейтін түнек пердесінің астында жасырып қойған жан дүниесі қорқыныш пен уайымның қандай дауылына төтеп бергені жайлы кім айта алады?! Иə, ол, кемтар Менухим, қорқып, зəресі ұшты. Ол кейде өз мекеніне айналған бұрышынан өз бетінше есік алдына дейін еңбектеп барып, ауру ит сияқты табалдырықтың үстінде шыжыған күн астында шоқиып жүресінен отырып алып, əрі-бері өткен жаяу жүргіншілерге ымдайтын. Олардың тек етіктері мен шалбарлары, шұлықтары мен юбкала рын ғана көре алатын. Кейде ойламаған жерден шешесінің алжапқышынан тас қылып ұстап алып, қыңқылдайтын. Дебора Менухимнің салмағының əжептəуір ауырлығына қарамастан оны қолына алып көтеретін. Сөйтіп ол оны қолында тербетіп, өзі енді мүлдем ұмытып қалған, бірақ бақытсыз ұлын қолына алған сəтте есіне қайта түсе бастайтын балаларға арналған əннің үзік-үзік екі-үш жолын ыңылдап айтатын. Одан кейін оны қайтадан қолынан түсіріп, жүресінен отырғызып, қанша күннен бері айналысып жатқан əрекетіне, тек алып-салу жəне санауға, қайтадан кірісетін. Кенеттен ол жұмысын тоқтатып қояды. Сəл уақыт жанарын, Менухимнің көзі өзіне ұқсаған, бір нүктеге қадап, терең ойға шомып, тұра қалады; бейта ныс шексіз-шетсіз терең тұңғиықта дəрменсіз тұншығып, миына кірмейтін қандай да бір ойды іздеуде; көздерінде тіршілік белгісі жоқ, ойы қожырады; ойы онға, санасы санға бөлінді. Оның ойсыз, топас көз жанары ішінен астар тігілуге тиісті қапқа түсті. «Бəлкім, Менухимді қаптың ішіне салып, тігіп тастауға болмас па екен?» – деген ой келді басына. Кедендік тексерушілер ұзын өткір сүңгімен жолаушылардың қаптарын шаншиды-ау деп ойлап, көз алдына елестеткен бетте, ол қалтырап кетті. Сонымен ол қайтадан заттарын шығара бастады, Клукцыскідегі əулие: «Оны сау баладай көр, еш қалдырушы болма!», – деп айтқандай, ол кенеттен ешқайда кетпей, осында қалу керек екенін түсінді. Ол өзін қалуға иландыратын күшті өз бойына жинай алмады, əрі қажуға төтеп

беру үшін əр адамға қуат беруге қажет күш те біртіндеп сарқыла бастады. Дебора мен Мендель Америкаға кетуге өз еріктерімен шешімге келген емес, керісінше Америка Шемариямен, Мэкпен жəне Каптуракпен бірге олардың сорына кезігіп, оларды тарпа бас салғандай еді. Енді олар оны аңғарып түйсінгенінше, уақыт өтіп, кеш болып кетті. Олар өздерін Американың өзіне тартуынан қорғай алмай қалды. Оларға қағаздары, кемеге жол билеттері, бас-басына ақша келіп қойды. «Менухим кенеттен бүгін не ертең жазылып кетсе, қалай болар еді?» – деп сұрады бірде Дебора. Мендель сəл басын шайқап отырды. Одан кейін ол: «Менухим жазылып кетсе, өзімізбен бірге алып кетеміз!» – деді. Олар екеуі де үнсіз Менухим ертең не бүрсігүні жатқан жерінен қарғып тұрып, аяқ-қолы қатайып, дені сау, тілі сайрап кетсе ғой деген үмітке берілді. Жексенбі күні олар жолға шығуға тиіс. Бүгін – бейсенбі. Дебора шабашқа, сенбілік діни мейрамға, көкнəр дəні қосылған ақ нан мен өрілген нан сияқты мəзір əзірлеу үшін ошағының алдында соңғы рет тұр. Оттың жалыны сыртқа ұрып, ысылдап, тырсылдады да, бөлменің іші отыз жылдан бергі əр бейсенбідегідей түтінге толды. Сыртта жаңбыр жауып тұр. Жаңбыр мұржадан шығатын түтінді ішке қуады, төбенің сылағындағы бұрынғы кетіліп түсіп қалған таныс жері жаңбырдың суымен қайтадан жаңарып, ылғал болып көрініп тұр. Он жылдан бері шатырды қиыстырып жапқан жердегі тесіктерді бітеу керек еді, енді оны Бильлестің үй іші жасайды ғой. Ашылатын тілінің алдында мықты темір тұтқасы мен жалт-жұлт еткен, судай жаңа екі темір құлпы бар үлкен қаңылтырмен қапталған қоңыр шабадан жиынтүйін дайын тұр. Кейде Менухим оған еңбектеп барып, оны теңселтіп қояды. Одан соң тынбастан шақыр-шұқыр, сартсұрт басталып, құлыптар құрсауға тиіп, ұзақ уақыт зыңылдап тұрып алады. От шатырлап жанып, үй түтінге толады. Сенбілік діни мейрам кешінде Мендель Зингер көршілерін тамаққа шақырып қоштасты. Келген қонақтың біреуі өзі қайнатып, құрғақ ысқыштан өткізген сарғыш жасыл арақ ішілді. Арақтың дəмі жай ащы ғана емес, сонымен қатар ауыз қуыратын удай екен. Қоштасу сəті бір

сағаттан астам уақытқа созылды. Бəрі Мендельге бақыт, сəттілік тілейді. Кейбірі оған күдікпен қараса, кейбірі оған қызғана қарайды. Бірақ барлығы да оған Америка тамаша ел деп айтады. Қай еврей болса да, өзіне Америкаға барып жеткеннен артық ешнəрсе тілей алмайды. Осы түні Дебора төсегінен тұрып кетті де, қолымен шырағданды мұқият қалқалап, Менухимнің жататын жеріне барды. Ол шалқасынан жатыр, ап-ауыр басы умаждалған сұр жамылғыда қисайып, көзі жартылай ашық екен, көзінің ағын көруге болады. Əр тыныс алған сайын бүкіл тұла бойы дірілдеп, ұйықтап жатқанның өзінде саусақтары тоқтамастан жыбырлайды. Қолын кеудесіне қойып алыпты. Оның бет əлпеті ұйықтап жатқан кезінде күндізгіден əрмен боп-боз, əлсіз болжырап жатыр. Көгерген еріндері ашық, аузының екі жағын аппақ маржандай көбік басқан. Дебора жарықты өшірді. Бірер секунд ұлының қасында шоқиып отырып, орнынан көтерілді де, қайтадан төсегіне келіп, көрпесіне кіріп жатты. Бұдан түк шықпайды, деп ойлады, бұдан түк шықпайды. Одан кейін көзін ілместен, атар таңды кірпік қақпастан қарсы алды. Жексенбі күні, таңғы сегізде, Каптурактың шабарманы келді. Ол – бір кезде Шемарияны шекарадан өткізіп жіберген көк бас киім киген адам. Ол адам бүгін де көк бас киімімен есіктің қасында тұр, шəй ішуден бас тартты, одан кейін үн-түнсіз шабаданды сыртқа шығаруға жəне арбаның үстіне қоюға көмектесті. Ыңғайлы арба екен, төрт адамға орын бар. Олардың аяқтары жұмсақ пішеннің үстіне жайғасты, арбадан жаздың соңындағы бүкіл ауылдың иісі шығады. Аттардың арқалары жып-жылтыр, шашамен тарап, жалтыратып қойған, қоңыр дөңес айна іспетті. Көп кішкене күміс қоңыраулары бар жалпақ қамыт аттардың сымбат ты əрі тəкаппар мойындарын тартып тұр. Күннің жарық болғанына қарамастан аттар тұяқтарымен ұсақталған тасты тепкенде ұшқынның шыққаны көрінеді. Дебора Менухимді тағы бір рет қолына алды. Бильлестің үй-іші келіп алған, арбаны айнала қоршап алып, ауыз жаппай сөйлеуде. Мендель Зингер делбешінің орнында отыр да, Мириям арқасын əкесінің арқасына сүйеп тұр. Тек Дебора ғана кемтар Менухимді қолында көтеріп, əлі есіктің алдында тұр.

Кенеттен ол оны қалдырды. Ол оны өлікті табытқа жатқызғандай жайлап табалдырыққа отырғызып, орнынан тұрды, бойын түзеді, көз жасын сорғалатты, жыпжылмағай жалаң бетінде көз жасы көл болып сорғалады. Ол тастай түйініп, үзілді-кесілді бел байлады. Ұлы қалады. Ол Америкаға кетеді. Ешқандай ғажап жағдай болмады. Еңіреген қалпы арбаға мінді. Қолын қысып жатқан адамдардың бірін де көрген жоқ. Көзінің жасы көл болды. Ол ат тұяғының дүрсілін ғана естиді. Ол кетіп барады. Ол шыңғыруда, шыңғырғанын өзі білмейді, шыңғыру оның ішкі жан дүниесінен шығып жатыр, оның жүрегінің аузы бар, шыңғырады. Арба тоқтады, ол одан жас баладай жеңіл секіріп түсті. Менухим əлі табалдырықтың үстінде отыр. Ол Менухимнің алдына келіп, жығылды. «Апа, апа!», – деп былдырлайды Менухим. Ол сол қалпында жатыр. Бильлестің үй іші Дебораны жоғары көтерді. Ол шыңғыруда, ешкімді тыңдар емес, ақыры тыншып қалды. Оны қайтадан арбаға апарып, пішеннің үстіне жатқызды. Арба барынша жылдам Дубноға зымырады. Алты сағаттан соң олар таныс емес көп адамдармен бірге теміржолда, шабан жүретін жолаушылар поезында отырды. Поезд алқаптар, шабындық жəне егін жиналып жатқан егістік арқылы баяу жүрді, шаруалар мен шаруа əйелдер, лашықтар мен табындар поезбен қоштасып артта қала берді. Жанға жағымды дөңгелектер əуені жолаушылардың ұйқысын келтірді. Дебора əлі жұмған аузын ашқан жоқ. Ол қалғып-мүлгіп келеді. Поездың дөңгелектері еш тынбастан: Оны қалдырма! Оны қалдырма! Оны қалдырма! деп үстіүстіне қайталауда. Мендель Зингер дұғасын оқыды. Ол жатқа əрі түсінбейақ зудыратып дұға оқыды, сөздердің мағынасын ойламады да, оларды дыбыстаудың өзі де жеткілікті, олардың мағынасын құдай түсінді деп ойлады. Сонымен Мендель бірнеше күннен соң барып жетуге тиісті судан əлден-ақ қатты қорқа басты. Кейде ол Мириямға селқостанып еркінен тыс назар аударып қояды. Ол əкесіне қарама-қарсы, көк бас киім киген еркек жақта отыр. Мендель оның еркектің бауырына тығылып отырғанын көрген жоқ. Ол еркек те оған лəм деп тіл қатқан жоқ, ол ымырттың түсуі мен жолсеріктің кіпкішкентай газ шамды жағатын

сəтінің арасындағы қысқа ширек сағат уақытты күтіп отырды. Көк бас киімді еркек осы ширек сағат уақытты жəне кешірек газ шам қайтадан өшірелетін түнгі уақытты бекер жібермей, барынша лəззат алуды көздеп отыр. Келесі күні таңертең ол егде Зингерлермен немқұрайды, салқын қоштасты, ол үнсіз шын көңілімен тек қана Мириямның қолынан қысты. Олар шекарада еді. Тексерушілер төлқұжаттарын алды. Мендельдің атын айтып шақырғанда, ол қалтырап кетті. Себепсізден себепсіз. Бəрі дұрыс еді. Олар шекарадан өтті. Олар жаңа поезға отырды, басқа станцияларды көрді, басқаша қоңырау дабылын естіді, өзгеше киім формаларын көрді. Олар үш күн жүріп, екі рет ауысып отырды. Үшінші күні түстен кейін олар Бременге келіп жетті. Кемемен тасымалдау мекемесінің қызметкері: «Мендель Зингер», – деп ақырды. Зингердің отбасы келді. Қызметкер ең кемінде тоғыз отбасын күтті. Ол келгендерді қатарға тұрғызып, үш рет санап шықты да, аты-жөндерін дауыстап оқып, əрқайсысына жеке-жеке номер берді. Олар бір-бір қаңылтыр белгіні ұстап, оларды не істеу керек екенін білмей дал болып тұр. Қызметкер өзі кетіп қалды. Сəлден кейін қайта келуге уəде берді. Бірақ тоғыз отбасы, жиырма бес адам, орнынан тапжылмады. Олар қаңылтыр белгілері қолдарында, түйіншектері аяқтарының астында бір қатарға тізіліп, перронда тұрды. Кешеуілдеп келгендіктен Мендель Зингер сол жақта ең шеткі бұрышта тұрды. Ол жолға шыққалы бері əйелі мен қызына жұмған аузын ашқан жоқ. Екі əйел де мылқау болып қалған еді. Енді бірақ Дебораға үнсіздікке өзі ары қарай төзе алмайтындай көрінді. «Неғып тапжылмай отырсың?» – деп сұрады Дебора. «Ешкім қозғалып отырған жоқ қой», – деп, Мендель қарсы сөйледі. «Жұрттан неге сұрамайсың?» – «Ешкім сұрамайды ғой». – «Біз не күтіп отырмыз?» – «Не күтіп отырғанымызды білмеймін». – «Қалай ойлайсың: шабаданның үстіне отырсам бола ма?» – «Отыр шабаданның үстіне». Бірақ Дебора отыру үшін юбкасын жая берген сəтте, кемемен тасымалдау мекемесінің қызметкері келді де, орысша, полякша, немісше жəне идиш, яғни еврей, тілдерінде ол барлық тоғыз отбасын

қазір портқа ертіп апаратынын, оларды осы түнге бір баракқа орналастыратынын жəне таңертең, ертемен сағат жетіде, «Нептун» пароходы зəкірден босап шығатынын хабарлады. Олар Бременхафенде баракқа жайғасты, қаңылтыр белгілерін тіптен ұйықтап жатқан кездерінің өзінде де тастай жұмылған жұдырықтарына қысып ұстап жатты. Жиырма бестің қорылынан жəне əрқайсысының қатты төсектің үстінде дөңбекшуінен барактың бөренесі сықырлап, кішкене сары электр шамдары жайлап тербетіліп тұрды. Шəй қайнатуға тиым салынған. Олар таңдайлары кеуіп, ұйқыға жатты. Тек Мириямға ғана поляк шаштараз қызыл кəмпит ұсынды. Аузына үлкен жабысқақ домалақ кəмпитті салып алып, Мириям ұйқыға кетті. Таңғы сағат бесте Мендель оянды. Ол өзі ұйықтаған ағаш қораптың үстінен əрең көтерілді де, су құбырын іздеді, шығыстың қайда екенін көру үшін сыртқа шықты. Одан ол қайтып оралды да, бір бұрышқа тұрып, дұғасын оқыды. Ол өзімен-өзі күңгірлеп тұр еді, бірақ күңгірлеп тұрған кезінде қатты шаншу қадалып, жүрегін қысты, шаншудың қатты бүргені соншалықты, Мендель күңгірлеп тұрып, бар даусымен қатты ыңқылдай бастады, Ұйықтап жатқандардың кейбірі оянып кетіп, бұрышта секеңдеп, ербеңдеп, кеудесімен біресе алға, біресе артқа теңселіп, құдайдың құрметіне арнап адам жаны ашитындай аянышты кейіпте би билеп тұрған еврейді келемеждеп күлді. Мендель дұғасын оқып бітер-бітпестен, қызметкер есікті жұлқа ашты. Теңіз желі оны баракқа итермелеп айдап келіпті. «Тұрыңдар!» – деп ол бірнеше рет əлемнің барлық тілінде айқайлады. Олар кемеге жеткенде əлі ерте еді. Ортаңғы палубаға кіргізбестен бұрын оларға бірінші жəне екінші дəрежелі асханаларды қарап шығуға рұқсат берілді. Мендель Зингер орнынан қозғалмады. Ол жіңішке темір сатының ең жоғарғы басқышында портқа, жерге, құрлыққа, туған жеріне, өткен күндерге арқасын беріп тұрды. Сол қолына күн сəулесі нұрын төкті. Аспан көкпеңбек еді. Кеме аппақ еді. Су жап-жасыл еді. Матрос келіп, Мендельге баспалдақтан түсуді бұйырды. Ол матросты қолымен ишарат жасап саябырландырды. Ол мүлдем сабырлы əрі

үрейсіз-қорқынышсыз еді. Ол теңізге жалт қарап көз тастап, тынышсыз қозғалып тұрған судың шексіздігінен жұбаныш нəрін алды. Бұл су мəңгілік еді. Мендель оны құдайдың өзі жаратқанын түсінді. Ол оны өзінің сарқылмас құпия бұлағынан құйып алған. Енді құрлықтардың арасында шайқалып тұр. Оның терең түбінде сот болатын күні тақуалар мен əділ, шыншыл адамдарға жеуге берілетін, еврейлердің түсінігі бойынша, ең үлкен қасиетті балық болып есептелетін левиафан ирелеңдеп жатыр. Мендель үстінде тұрған кеме «Нептун» деп аталады. Ол үлкен кеме еді. Бірақ левиафанмен, теңізбен, аспанмен жəне мəңгіліктің даналығымен салыстырғанда ол кіп-кішкентай кеме еді. Жоқ, Мендель ешқандай қорқынышты сезген жоқ. Ол, үп-үлкен кеменің үстіндегі жəне мəңгілік мұхиттың алдындағы кішкентай қап- қара еврей, матросты саябырландырды, ол тағы бір рет жартылай шеңберге айналды да, теңізге көз тастағанда бағышталып айтылуға тиісті жол болсын батасын айтып міңгірледі. Жарты шеңберге айналды да, батаның жеке сөздерін жасыл толқындардың үстіне шашты: «Теңіздерді жаратып, олар арқылы құрлықтарды бөліп тұрған Саған, Өшпес Мəңгілік, біздің Жаратушымызға шүкір!» Осы сəтте кемеде үсті-үстіне гуілдеп, белгі берілді. Машиналар тарс-гүрс ете бастады. Ауа да, кеме де жəне адамдар да дірілдеді. Тек аспан ғана үнсіз, сабырлы əрі көкпеңбек, көкпеңбек əрі үнсіз, сабырлы еді. IХ Теңіз сапарының он төртінші кешін кемелердің жолын көрсетіп тұратын жағалаудағы мұнарадан түсіріліп тұрған от шашқан үлкен шарлар жарқыратып нұрға бөледі. «Қазір көрінеді», – деді бұл сапарға екінші рет шығып тұрған еврей Мендель Зингерге, «еркіндік мүсіні. Ол жүз елу бір фут биік, іші қуыс, оған жоғары шығуға болады. Оның басында сəуле шашатын тəжі бар. Оң қолында шырақ ұстап тұр. Ең тамашасы – бұл шырақ түні бойы жанып тұрады, дегенмен қанша жанса да, ешқашан мүлдем жанып бітпейді. Өйткені ол электрмен жарықтандырылады. Мұндай өнер туындыларын Америкада жасайды».

Он бесінші күні сəскеде оларды кемеден түсірді. Дебора, Мириям жəне Мендель көз жазып қаламыз ба деп қорқып, бір-бірінің қасында жақын тұрды. Бұл жерге форма киген адамдар келді, олардың қылыштары болмаса да, Мендельге олар аздап қауіпті болып көрінді. Кейбіреулері үстілеріне шағаладай аппақ киім киген, олар жартылай жандарм, жартылай періште сияқты көрінеді. Бұлар – Американың казактары, деп ойлаған Мендель, қызы Мириямды аңдыды. Олар əліпби бойынша шақырылды, əрқайсысы өз жүктерінің қасына келді, жүктерді ешкім үшкір найзамен сұққыламады. Бəлкім, Менухимді де ала келуге болар ма еді, деп ойлады Дебора. Бір кезде Шемария олардың алдында тұр. Олар дəл осылай боларын күтпеген еді. Үшеуі де бірдей шошып кетті. Олар үшеуі бірдей бір мезгілде бұрынғы үйлерін, бұрынғы Шемарияны жəне Сэм аталған жаңа Шемарияны қайтадан көрді. Сэм, айқын көрініп тұрған Сэм, Шемарияның үстінен басып бүркемелеп тұрғандай, олар Шемария мен Сэмды бір мезгілде көрді. Ол расында Шемария еді, бірақ ол Сэм де еді. Олар екеу еді. Біреуі қара бас киім, кең əрі ұзын қара киім жəне қонышы биік етік киіп алған, жақ терісінде үлбіреген балапан түктері тебіндеп келеді. Екіншісі ашық сұр түсті шапан, капитандікіндей аппақ шағаладай бас киім, кең сары шалбар, жасыл жібектен тігілген жарқыраған жейде киген, беті асыл тастан соғылған құлпытастай жып-жылмағай. Екіншісі – тура Мэк. Біріншісі өзінің бұрынғы даусымен сөйледі – олар сөздерін емес, тек қана даусын естіді. Екіншісі құрыштай қолдарымен əкесінің иығынан қақты, олар енді ғана оның былай деген сөздерін анық естіді: «Halloh, old chap!», бірақ ештеңе түсінбеді.

Біріншісі Шемария еді. Екіншісі бірақ Сэм еді. Сэм бірінші əкесін құшақтап сүйді, одан кейін шешесін, одан кейін барып Мириямды. Үшеуі де бірдей бəйшешектің, аздап карболдың да иісі аңқып шығып тұрған Сэмнің қырынғанда жағатын сабынының иісін құшырлана иіскеді. Сэм бұл иісімен олардың есіне жұпар иісі аңқыған бақ пен аурухананы қатар түсірді. Олар Сэмның Шемария екенін бірнеше рет іштерінен қайталап, саналарына құйды. Одан кейін барып олар қуаныш сезіміне бөленді. «Қалғандардың барлығы», – деді Сэм, «карантинда, яғни оқшаулау орнында, болады. Сендер бармайсыңдар! Мэк оны реттестіріп қойды. Осында қызмет ететін екі немере ағасы бар». Жарты сағаттан соң Мэк көрінді. Ол тура қалашыққа келген кездегідей, əлі тура сол қалпы. Кең иықты, даудырлаған, түсініксіз тілде шүлдірлеген, қалталарын қампитып, тəтті печеньеге толтырып алған, келе салысымен оны бірден тарата жəне өзі де жей бастады. Қыпқызыл галстугы кеудесінде жалаудай желбіреп тұр. «Сендер оқшаулау орнына баруларың керек қой», – деді Мэк. Өйткені ол Сэмға алдында мақтанып, көптіріп айтып жіберген еді. Оның немере ағалары шынымен осы маңайда қызмет ететін, бірақ тек кеден тексеру мекемесінде еді. «Бірақ сендерге мен еріп жүремін. Қорықпаңдар!» Іс жүзінде оларға қорқып та қажеті жоқ еді. Мэк қызметкердің бəріне Мириямды қалыңдығы деп, ал Мендель мен Дебораны қайын атасы мен енесі деп айқайлап айтты. Күнде түстен кейін сағат үште Мэк лагерьдың тор шарбағына келді. Ол тиым салынғанына қарамастан тор сымнан қолын созып, бəрімен сəлемдесетін. Төрт күннен кейін оған Мендель Зингердің отбасын босатып алу сəті түсті. Қалай сəті түскенін жасырып айтпады. Өйткені өзі ойлап тапқан дүниелер туралы аузының суын ағызып əңгімелеу жəне шынымен болған дүниелерді жасырып айтпай қалу Мэктың қасиеті еді.

Мэк оларды үйге бармастан бұрын оның фирмасының арбасымен Американы аралап, оның көрнекі жерлерін түптүгел қарап шығуға көндірді. Мендель Зингер, Дебора жəне Мириямды арбаға артып алып, қыдыртты. Аспан ашық, күн ыстық еді. Мендель мен Дебора арба жүріп бара жатқан бағытта отырды да, оларға қарама-қарсы Мириям, Мэк жəне Сэм отырды. Ауыр арба көшеде бар күшімен тарсылдайды, оның ниеті тас пен асфальтты мəңгілікке ұнтақтап жаншу жəне үйлердің ірге тасын дірілдету сияқты көрінді Мендельге. Мендельдің астындағы былғарымен көмкерілген отырғыш тура ыстық пеш сияқты күйіп кетті. Олардың биік дуалдың жарық түспейтін көлеңкесіне тоқтағанына қарамастан, күннің ыстығы балқытылған қорғасындай Мендельдің басындағы қара жібек репстен тігілген бас киімінен өтіп, миына жетті де, оны нығыздап, ылғал, жабысқақ əрі азапты аптап пен дəнекерледі. Келіп жеткелі бері ол көзін ілген де жоқ, тамақты аз-ақ жеді жəне мүлдем ештеңе ішпеді. Ол ауыр етігінің сыртынан өз елінде сатып алған резеңке калошын киген еді, енді аяқтары жанып жатқан отқа салғандай күйді. Ағаштан жасалған ұстағышы ыстық, отқа түсіп, қып- қызыл болып кеткен темірдей қол тигізбейтін қол шатырын жан таласып екі тізесінің арасына қысып алыпты. Мендельдің көзінің алдында ыс, шаң жəне ыстықты қосып, тығыз етіп тоқылған перде желбірейді. Ол ата-бабалары қырық жыл бойы кезіп жүрген шөл даланы есіне алды. Бірақ олар жаяу жүрді ғой, деді ол өзіне-өзі. Қазіргі орасан шапшаңдықпен жанталаса зулап келе жатқан аттардың қатты шабысы оларға жел есті, бірақ ол – ыстық аптап жел, тозақтың лапылдаған от лебі еді. Салқындатқанның орнына жандырып барады. Жел жел емес еді, ол шу мен айқайдың қоспасы, ол құлақ жарар айқай- шу еді. Бұл айқай-шудың құрамында жүздеген көзге көрінбейтін қоңыраудың шыңғырлаған үні, жолдардың қауіпті, адамның миын шағатын қатты тарсылы, сансыз дағыраның, яғни барабанның, даңғыры, көшелердің айналмасындағы рельстің жалынып- жалбарынғандай қыңсылап шығарған дыбысы, даусын қатты шығару үшін аузына бөтелкеге сұйықтық құятын абажадай түбекті тақап алып, жолаушыларына Америка туралы ақпарат беріп келе жатқан Мэктың

даудыраған даусы, айналадағы жұрттың күбірлеген үні, Мендельдің желке тұсынан естіліп тұрған бейтаныс жолаушының ащы күлкісі, Сэмның əкесінің бетіне қарап, дамылсыз сөйлеуі, Мендель түсінбейтін, бірақ онда да болса ернінің жан-жағын ауыртатын темір қысқашпен қысып қойғандай имене əрі сыпайы ғана жымиып, бас изеп тыңдап отырған сөздері бар. Өзінің жағдайына сай сабырлы қалпында қалуға оның жігер күші жеткендей болғанда, ол күлкісін тия алмас еді. Оның өз кейпін өзгертуге шамасы келмеді. Бетінің бұлшық еттері қарысып қалған еді. Ол онан да кішкене бала іспетті жылаған болар еді. Ол балқып жатқан асфальттың шайырының иісін, ауадағы кеуіп, жер-көкке жайылып басып жатқан шаңды, каналдар мен ірімшік сататын орындардан шығып тұрған шірік əрі майлы сасықты, мұрын ашытытын пияздың иісін, машиналардың тəттілеу бензин иісін, балық сататын орындардан шығып тұрған борсыған батпақ иісін, баласының бетінен шығып тұрған інжугүл мен карбол иісін иіскеді. Бетіне ұрып тұрған ыстық қоңырсықта барлық иіс оның құлағын тұндырып, бас сүйегін жарып жіберейін деп тұрған шумен бірігіп, көбейіп кетті. Сəлден соң ол нені тыңдап, нені көріп, нені иіскеу керек екенін білмей кетті. Ол тек жымиюдан танбай, басын изей берді. Америка оны басып алды, оны бұзыпжарып, оның быт-шытын шығарды. Бірер минуттан соң ол есінен танып қалды. Ол өзін əлдендіру үшін асығыс-үсігіс алып кірген асханада есін жиып оянды. Айнала жүздеген кішкентай шамдармен көмкерілген дөңгелек айнадан ол өзінің аппақ қудай сақалы мен қоңқиған мұрнын көріп, алғашында сақал мен мұрын басқа біреудікі ме деп ойлап қалды. Өзін қоршап тұрған жақындарын көрген соң барып ол өз-өзін енді қайта таныды. Аздап ұялып қалды. Ерінін əрең жыбырлатып, ұлынан кешірім өтінді. Мендель Зингерді сəтті шыққан өнерімен немесе сайыста қол жеткізген жеңісімен құттықтағандай, Мэк оның қолын алып, сілкіледі. Қарттың аузының жанжағы қайтадан жымиюдың темір қысқашымен қыстырылып, қандай да бір күш Мендельдің басын изегендей қозғады. Оның көзіне Мириям түсті. Сары шəлісінің астында қара шашы ұйпалақтанып, бозарған жүзіне аздап күйе қонған, тістерінің арасына ұзын ши тығып алыпты. Дебора болса, жалпиып, үн-түнсіз, танауы

желбіреп, ентігін баса алмай, арқалықсыз дөңгелек креслоның үстінде шоқиып отыр. Ол енді болмаса, құлайын деп отырған сияқты. Мына жұрттың маған не қатысы бар? – деп ойлады Мендель. Маған бүкіл Американың не қатысы бар? Ұлымның, əйелімнің, қызымның, мына Мэктың не қатыстары бар? Мен өзі əлі Мендель Зингермін бе? Мынау əлі менің отбасым ба? Мен əлі Мендель Зингермін бе? Менің ұлым Менухим қайда? Оған ол өзінің ішінен өзі шығып кеткендей болып көрінді, осыдан бастап ол өзінен өзі бөлек, жаны тəнінен бөлек тұруға мəжбүр сияқты. Ол өзін Цухновта, Менухимге жақын жерде, тастап кеткен сияқты. Ерініне күлкі үйіріліп, басын изеген кезде, оның жүрегі біртіндеп мұз бола бастады, суық əйнекке соғылған металл қол тоқпақ сияқты тарсылдай жөнелді. Ол енді жалғыз еді, Мендель Зингер: ол енді Америкада еді.

Екінші бөлім Х Бірнеше жүздеген жылдар бұрын Мендель Зингердің арғы ата-бабасы бəлкім Испаниядан Вольгинияға келген болар. Оның тағдыры кейінгі ұрпағына қарағанда бақыттырақ, бір қалыптырақ, қанша дегенмен уайымы азырақ болған, дегенмен бөтен елге сіңісу үшін аз ба, көп пе, қанша уақыт қажет еткенін біз білмейміз. Бірақ біз Мендель Зингердің бірер айдан соң-ақ Нью-Йоркке бауыр басып кеткенін білеміз. Иə, ол Америкаға сіңісіп кетті дерлік. Ол old chap америкаша əке екенін, old fool шеше екенін, немесе керісінше ме, əйтеуір білді. Ол Боверидан өзінің бала сы араласып тұратын біраз кəсіпкерлерді таныды, өзі тұратын Essexs Street, баласының, өзінің ұлы Сэмның сауда үйі орналасқан Хьюстон көшесін жақсы білді. Ол Сэмның нағыз американдық екенін, егер танымал болсаң, good bye, how do you do жəне please дейтінін, саудагер Grand Street-те өзін сыйлауды талап ете алатынын, кейде тіптен өзеннің жағасында, Шемария да тұруға құлшынып жүрген өзеннің жағасында, тұруына болатынын білді. Оған Американың God’s own country, яғни, бір кездегі Палестина сияқты, құдай елі екенін, ал Нью-Йорк болса, бір кездегі Йерусалим сияқты «the wonder city», яғни ғажайыптар қаласы екенін айтқан еді. Дұға оқуды керісінше «service» деп атайды екен жəне қайырымдылықты да солай атайды. Атасы келіп жеткеннен кейін тура бір аптадан соң дүниеге келген немересінің, Сэмнің кіші ұлының аты Мэк Линкольннан басқаша болуы мүмкін емес, бұйыртса, бірер жылдан соң, Америкада уақыт зымырап өтеді, колледж оқушысы болады. My dear boy, деп атайды келіні кішкентайды бүгінде. Өзінің аты əлі күнге дейін Вега, таңқаларлық. Ақ құба келген, сүйкімді, көк көзді; Мендель Зингердің ойынша оның көзі ақылдан гөрі көбірек мейірім төгетін сияқты болып көрінеді. Ақылды болмай-ақ қойсын! Əйелдерге ақылдың қажеті де жоқ, оған құдай жар болсын, əмин! Он екі мен екінің аралығында түстік, ал алты мен сегіз аралығында кешкілік тамақ ішіледі. Бұл уақыттарды Мендель елей бермейді. Ол түстен кейін сағат үште немесе кешкі онда да тамақтана береді, өз еліндегідей, өйткені ол

кешкі тамаққа отырғанда, оның елінде, тегінде, күндіз, немесе одан да ертерек таңертең бе, кім білсін. All rigt деген: келістік екен де, иə! дегеннің орнына yes! дейді екен. Біреуге жақсы тілек айтуды қаласаң, онда оған бақыт пен денсаулық емес, prosperity, яғни «өркендеу», тілейді. Жақын болашақта Сэмнің ойында жаңа пəтер жалдау жоспары бар, өзеннің жағасынан, parlour, яғни қонақ күтетін бөлмесімен жалдамақшы. Оның енді граммофоны бар, кейде Мириям жеңгесінен сұрап алып, оны ауру балаға ұқсатып, аялы алақанына салып, көше бойы көтеріп келеді. Граммофон көп вальс ойнай алады, бірақ кейде еврейлердің «Күнəны мойындап, кешірім өтініп, дұға жасайтын он күн» деп аталатын үлкен мейрамының бірінші кешінде оқылатын Коль-Нидре дұғасын да айтады. Сэм күніне екі рет жуынады; анда-санда кешке киетін костюмын ол Dreß, яғни бір киер костюм деп атайды. Дебора əлден он рет кинода, үш рет театрда болды. Оның жібек қара сұр көйлегі бар. Сэм сыйлаған оған оны. Мойнында жуан алтын алқасы бар, ол кейде қасиетті жазуда əңгімеленетін жеңіл мінезді əйелдердің бірін еске түсіреді. Мириям – Сэмның дүкенінде сатушы. Ол үйге түн жарымында келеді де, таңғы жетіде қайта кетеді. Оның айтары: Кеш жарық, əке! Қайырлы таң, əке! Одан əрі түк жоқ. Андамұнда Мендель құлағына шалынып қалған əңгімелерден жағалауда тұрған қарт адамның аяғының қасынан өзеннің қалай аққанын, Мэктың Мирияммен қыдыруға баратынын, билеуге баратынын, шомылуға баратынын, дене шынықтыруға баратынын естіп қалады. Ол, Мендель Зингер, Мэктың еврей емес екенін біледі, казактар да еврей емес, бірінен-бірі асып тұрған жері шамалы, құдай жар болса, көреді ғой. Дебора мен Мириям бір-бірімен жақсы тіл табысады, екеуінің ымы- жымы бір. Үйде – тыныштық, бейбіт жағдай. Шешесі мен қызы бір- бірімен сыбырласып, жиі-жиі, түн жарымында ұзақ сырласады, Мендель болса, ұйықтап жатқан сыңай танытады. Өтірік ұйықтағансып жатып, əңгіме тыңдау ол үшін түк те қиын емес. Ол ас бөлмесінде, ал əйелі мен қызы жалғыз төр бөлмеде ұйықтайды. Америкада да жұрттың бəрі бірдей мүйізі қарағайдай болып сарайда тұрмайды. Шүкір, бірінші қабатта тұрады! Сəті түскен жағдай. Екінші, үшінші, төртінші қабатта да тұруға болар еді! Басқыш қисық əрі лас, ылғи да қараңғы. Күндіздің

өзінде жұрт баспалдақпен жүргенде, аяқ-жолын көру үшін сіріңке шағып, жарық түсіреді. Күлімсі, сыз əрі үсті-басыңа сіңіп қалатын жағымсыз мысық иісі шығып тұрады. Бірақ мысықтың иісі шығып тұрса да, күнде кешке қарай тышқанның уы мен шыны сынықтарын қамырға илеп бұрыш-бұрышқа қою керек. Дебора апта сайын еденді тырналап жуады, бірақ еден өзінің үйіндегідей еш сапсары болып жалтырамайды. Ол неден екен? Дебораның күші азайып қалған ба? Əлде соншалықты жалқау болып кеткен бе? Мендель бөлмеде аяғын басқан сайын, тақтайлардың бəрі сықырлайды. Дебораның енді ақшаны қайда тығып жүргенін білу мүмкін емес. Сэм аптасына он доллар береді. Дебора соның өзінде кейіп, ашуы келеді де жүреді. Оның заты – қатын ғой, кейде оны шайтан түртеді. Оның жақсы сүйкімді келіні бар, бірақ Дебора оған да ылғи риза емес, оны молшылықта, шашып-төгіп, дүниені ысырап қылып, өмір сүріп жатыр дейді. Мендель оның сол сияқты қаңқу сөзін естіп қалса, былай дейді: «Үндеме, Дебора! Балаларға риза бол! Үндемей отырсаң, аузың қыши ма? Əлде өзіңді əлі жас санап жүрмісің? Осы күніңе риза болып отыруға ақылың жетпейді ме сенің?! Əлде маған ақшаны өте аз табасың деп бетіме баса алмай, менімен ұрсыса алмағаныңа қиналып жүрсің бе? Шемария бізді қартайғанда, өзіне жақын жерде топырақ бұйырсын деп, осында əкеліп отыр. Оның əйелі шамасы келгенінше екеумізді де сыйлайды. Саған тағы не жетпейді?» Дебора өзіне нақты не жетпей жүргенін білмеді. Бəлкім, ол Америкада бұрынғы өмірі мен Менухимді бірден ұмытуға мүмкіндік жасайтын мүлдем басқаша əлемді табуға дəмеленген бе екен. Бірақ бұл Америка ешқандай жаңа əлем емес еді. Бұл жерде Клукцыскіге қарағанда еврейлер көбірек, тегінде, бұл жер – сəл үлкенірек Клукцыскі. Сонда Самешкиннің ат арбасыменақ жете алатындай Клукцыскіге қайтадан келу үшін мұхиттың үстімен ұзақ жол жүру керек пе? Бөлмелердің терезелері мысықтар мен егеуқұйрықтар таласып-тармасып, балалар ұрсысып-төбелесіп, ырду-дырду болып жататын, жарық тек төбесінен түсетін, өмірі күн сəулесін көрмейтін күңгірт аулаға қараған, үйде түстен кейін сағат үште, тіптен көктемде де май шам жағып қою керек, электр шамы жоқ, əлі өзіңнің жеке граммофоның да жоқ. Елде Дебораның үйінде ең құрығанда жарығы мен күні бар еді. Əрине! Ол

анда-санда келінімен киноға барды, екі рет метромен жүрді де, Мириям болса, əдемі əрі кербез, қалпақ пен жібек шұлық киген бикеш. Ол сымбатты болып шыға келді. Ол ақша да тапты. Мэк онымен əуреге түсіп, əбігерленіп жүр, казактардан гөрі Мэк жақсырақ. Ол – Шемарияның ең жақсы досы. Оның үтір-нүктесіз, ауыз жаппай, тоқтаусыз сөйлегенінен түк түсінбейсің, бірақ оған да үйреніп кетесің. Ол он еврейден пысығырақ, сонымен қатар қалыңдығы үшін жасау талап етпейтін жақсы жағы да бар. Дегенмен бұл мүлдем басқа жер ғой. Америкалық Мэк орыс Мэгы емес. Дебораға ақша бұл жерде де жетпеді. Өмір көздің алдында қымбаттады, ол үнемдегенін қоя алмады, үйреншікті еден тақтайы енді он сегіз жарым долларды жасырды, сəбіз жіңішкеріп, жұмыртқа қуыс болып, картоп үсіп, сорпа сылдыр су болды, тұқы жіңішкеріп, шортан қысқарды, үйрек арықтады, қаздың еті тіс батпастай, қатты болып, тауықтар түкке жарамай қалды. Жоқ, ол өзіне не жетпейтінін нақты білмеді, оған Менухим жетпеді. Жиі-жиі, ұйықтап жатса да, ояу болса да, сауда жасап жүргенде де, кинода да, үй жинап, нан пісіріп жатып та, ол оның шақырғанын естіді. Апа! Апа! деп шақырды ол. Айтып үйренген жалғыз ауыз сөзін де ендігі ұмытып қалған шығар. Бөтен балалардың апа деп шақырғанын естіді, аналары жауап береді, ешқандай ана өз еркімен баласын тастап кеткен жоқ. Америкаға бармауы керек еді. Бірақ қашан болса да, кері қайтып кетуге болады ғой! «Мендель!» – дейтін ол кейде, «елге кері қайтпаймыз ба, Менухимді көрмейміз бе?» «Əрі ақша, əрі жолың бар, немен күн көрмексің? Шемария соншалықты көп ақша бере алады деп ойлайсың ба? Ол – жақсы ұл, бірақ ол Вандербилт сияқты миллиардер емес қой. Бəлкім, пешенеге жазылғаны осы шығар. Əзірге қоя тұрайық! Аман-есен жазылып кетсе, Менухиммен осы жерде қауышамыз». Онда да болса, елге жол жүру туралы ой Мендель Зингерді баурап алып, еш есінен шықпады. Бір рет, ол баласының жұмыс орнына барғанда (ол кеңседе, шыны есіктің ар жағында отырып, тұтынушылардың келгенкеткенін көріп, əрбір ішке кірген адамға іштей батасын беріп отырды), Шемарияға былай деді: «Менухимнен

еш хабар-ошар жоқ. Бильлестің соңғы хатында ол туралы бір ауыз сөз де жазылмапты. Қалай ойлайсың, егер мен сол жаққа барсам, оны көріп қайтсам, қалай болар екен?». Сэм аталып жүрген Шемария американдық болып алған, ол былай деген еді: «Əке, бұл – орынсыз. Менухимді бұл жаққа əкелу мүмкін болғанда, ол мұнда бірден жазылып кетер еді. Американың медицинасы – əлемдегі ең күштісі, газеттен тура солай оқығанмын. Ондай ауруларды жай ине салып, дəрі жіберу арқылыақ жазады. Бірақ оны, байқұс Менухимді, бұл жерге əкеле алмайтын болғандықтан, бекер ақша шығарып, шығындалып, керегі не? Мен бұл мүлдем мүмкін емес деп айта алмаймын! Бірақ дəл қазір, Мэк екеуміз тіптен үлкен шаруаға кірісіп, ақша аса қажет болып тұрғанда, ол туралы əңгіме де қылмай-ақ қояйық! Бірер апта күте тұр! Өзіңе ғана айтып тұрмын: мен жəне Мэк, біз қазір құрылыс алаңдарында алып-сатарлықпен айналысып жүрміз. Қазір Деланци көшесіндегі бір ескі үйді бұзғыздық. Мен саған айтайын, əке, бұзғызу да – үй салғанмен бірдей қымбат. Бірақ жыланбау керек! Іс алға басуда! Сақтандыруды қалай бастағанымызды ойласам! Бір қадам алға, бір қадам артқа! Енді мына кəсібіміз бар, сауда үйі десе де болғандай! Енді сақтандыру агенттері маған өздері-ақ келеді. Мен əлі көрсетемін оларға, олармен іс бастамас бұрын ойланатын боламын: мен істі жақсы білемін, оларды əлі өз қолыммен қуып шығамын. Бəрін қуып шығамын! Əлі көрсетемін бəріне!» Мендель Зингер Сэмның не себепті агенттерді қуып шығатынын, не себепті өзінің соған қатты қуанатынын толық түсінбеді. Сэм соны сезді де, былай деді: «Əке, менімен бірге таңғы ас ішуге қалай қарайсың?» Ол əкесінің тек қана үйінде тамақтанатынын ұмытқан сыңай танытты, қуана-қуана өзін елінің əдет-ғұрыпынан бөліп тұрған алшақтықты əйгілей түсетін жағдай жасады, өзін Мэкқа ұқсатып, маңдайынан ұрды да, былай деді: «Ойбу! Ұмытып кетіппін ғой! Бірақ банан жейсің ғой, əке!» Сонымен ол əкесіне банан алғызды. «Айтса да, Мириям», – деп бастады ол қайтадан тамақ жеп отырып, «ол жарап тұр. Осы дүкендегі ең сұлу бикеш. Бөтен біреуде істесе, оған əлдеқашан сəн көрсетуші орнын ұсынар еді. Бірақ мен қарындасымның өз талбойын кез-келген көйлекке телігенін қаламаймын. Жəне Мэк та оны қаламайды!» Ол əкесі Мэк жайында бірнəрсе айтар ма екен деп күтті. Бірақ Мендель

Зингер үндемеді. Ол күдікшіл емес еді. Ол соңғы сөйлемді естіген де жоқ. Ол балаларына, əсіресе, Шемарияға риза болып, бар көңілімен масаттанып, сол сезімге беріліп кеткен еді. Ол қандай ақылды, ол қалай ойланып, тез шешімге келеді, ағылшын тілінде қалай судай ағып сөйлейді, қоңырау түймелерін қалай басып, қолбалаларына қалай айғайлап, зыр жүгіртеді десеңші, ол – нағыз бастық қой. Ол қызын көру үшін жейде, кеудеше мен галстуктар сататын бөлімге барды. «Қайырлы күн, əке!» – деді ол қызмет үстінде. Ол əкесіне сый көрсетті, үйде басқаша еді. Мириям əкесін мүмкін жақсы көрмейтін де шығар, əрі: Əкең мен шешеңді сүй! деп те емес, Əкең мен шешеңді сыйла! деп жазылып тұрған. Ол қызына бас изеді де, қайтадан алыстай берді. Ол үйге қайтты. Ол рахатқа бөленіп, аяғын алшаңдай басып, асықпай көшенің қақ ортасымен кетіп бара жатты, көршілерімен сəлемдесті, балаларына сүйсінді. Ол қара жібек репстен тігілген қалпағы мен жартылай ұзын шапанын, биік қонышты етігін əлі де киіп жүр еді. Бірақ шапанының етегі етігінің көн теріден тігілген қонышына бұрынғыдай сартылдап соқпайтын. Өйткені Мендель Зингер жұрттың бəрі жанын жеп асығып жүретін Америкада ақырын аяңдап жүруді енді ғана үйренді. Сонымен ол кəрілікке қарай, ертеңгілік дұғадан кешкі дұғаға, ертеңгі астан кешкі асқа, оянғаннан ұйқыға ілби басып, уақыт өткізе берді. Түстен кейін, өз елінде оқушылары келіп жүретін уақытта, аттың қылынан жасалған диванға жатады да, бір сағат ұйықтап, түсінде Менухимді көретін. Одан кейін аздап газет оқитын. Одан кейін Сковроннек отбасының граммофон аппараттары, күйтабақтар, нота дəптерлері жəне əн мəтіндері сатылатын, ойнатылатын жəне əн салынатын дүкеніне баратын. Ол жерге осы маңайдың барлық қартаң адамдары жиналатын. Олар саясат жайын əңгіме қылып, өз елдерінің анекдоттарын айтатын. Кейде, кеш болып кеткен жағдайда, Сковроннектің үйіне кіріп, тезтез кешкі дұғаларын оқитын. Кішкене ұзағырақ жүріп, соза түскісі келген қайтар жолда, Мендель өзін үйде қандай да бір хат күтіп тұрғандай күйге түсті. Хатта тайға таңба басқандай біріншіден анық былай деп: Менухим ауруынан құлан таза айықты, ақылы кірді, деп; екіншіден: Йонас түкке тұрғысыз кемшілікке бола қызметін тастап кетті жəне Америкаға келуді қалап

жүр деп, жазулы тұрды. Мендель Зингер бұл хаттың əлі келмегенін білді. Алайда ол көңілі қалап тұрған хаттың қалай да келіп жетуін жүзеге асыруға тырысты. Жүрегі тоқтап қала жаздап, қоңырау түймесін басты. Дебораны көрген сəтте, көңілі нілдей бұзылды. Хат əлі келмеген. Тағы да сол əрбір үйреншікті көп кештің бірі түседі. Үйге жету үшін төтелеп келе жатқан күндердің бірінде ол көлденең көшенің бұрышынан өзіне алыстан таныс болып көрінген орташа бойлы жас баланы көрді. Жас бала қақпаның есігіне сүйеніп, жылап тұрды. Мендель оның əлсіз дыбыспен ыңырсығанын естіді, сонша əлсіз болса да, бұл ыңырсу Мендельге, көшенің қарама-қарсы бетіне жетті. Бұл дыбыс Мендельге өте таныс еді. Ол тоқтап тұрып қалды. Ол балаға жақын келіп, одан жағдайдың анық-қанығын сұрап, жұбатуға бел буды. Сөйтіп, Мендель балаға қарай жүре бастады. Кенеттен, ыңырсу күшейіп кетті де, Мендель көшенің ортасында тұрып қалды. Кешкі алаң-құлаңда жəне өзі бүкшиіп отырған қақпа есігінің көлеңкесінде, жас бала Менухимнің кескінкелбетіне ұқсап кетті. Иə, солай, Цухновтағы үйінің табалдырығының алдында Менухим бүкшиіп, ыңырсып отыратын. Мендель тағы бірнеше қадам жасады. Осы кезде бала үйге зып берді. Мендель есікке дейін келді. Бұл сəтте бала қараңғы ауыз үйге кіріп кеткен еді. Мендель аяғын бұрынғысынан да сылбыр басып, баяулап үйіне қайтты. Ол есіктің қоңырауын басқанда, есік ашуға Дебора емес, ұлы Сэм келді. Мендель табалдырық алдында кідіріп қалды. Ол таңқаларлық қуаныштан басқа ешнəрсе күтпесе де, оны қандай да бір келеңсіз жағдай болып қалуы да мүмкін-ау, деген үрей билеп алды. Иə, оның жүрегінің сəтсіздікке үйреніп қалғаны соншалық, ол өзін сəттілікке қанша ұзақ дайындаса да, əлі де ылғи үрейлене береді. Мен сияқты адамға, деп ойлады ол, күтпеген жерден қуанышты жағдай қайдан келе қойсын? Күтпей, аяқ астынан болған дүниенің бəрі де – жаман, ал жақсылық болса, баяу келеді. Шемарияның даусын естіп, ол сəлден кейін саябырланды. «Келсеңші!» – деді Сэм. Ол əкесінің қолынан тартып, бөлмеге кіргізді. Дебора екі бірдей шам жағып қойыпты. Келіні Вега, Мириям жəне Мэк үстелді айнала отыр. Бүкіл үй Мендельге өзгеріп кеткендей көрінді. Екі шам,

олар бірдей еді, егіз сияқты көрінді, олардың жарығы өздерінен артпады, бөлмеге мардымсыз ғана жарық беріп тұр. Екі шам бір-біріне қарап, күліп тұрғандай, бұл көрініс Мендельдің көңілін көтерді. «Əке, отыр!» – деді Сэм. Ол, Мендель, не туралы сөз болатынына қызықпады да, қазір бүкіл жұртты күлкімен қарық қылатын, бірақ Мендель өзі қуанарлық түк таппайтын америкалық оқиғалардың бірі сөз болар деп тіксініп қалды. Не болушы еді сол? деп ойлады немқұрайды. Олар маған граммофон сыйлайын деп отырған шығар. Немесе олар үйлену тойын жасауды ұйғарған шығар. Ол қинала-қинала орынға жайғасты. Барлығы да үндемейді. Сəлден соң Сэм сөйледі – оның сөзі ол бөлмедегі үшінші шамды жаққандай əсер берді: «Əке, біз бірден он бес мың доллар табыс таптық». Мендель орнынан тұрды да, осында отырғандардың бəріне қол берді. Ең соңында ол Мэкқа келді. Оған Мендель былай деді: «Сізге рахмет айтамын». Сэм бұл үш сөзді бірден ағылшын тіліне аударды. Мэк бұл сөздерді естіген бетте бірден орнынан атып тұрып, Мендельді құшақтады. Содан ол сөйлей бастады. Тоқтаусыз, ауыз жаппастан сөйледі. Бұл кеште Мэктан басқа жан адам жақ ашпады. Дебора осынша долларды рубльге айналдырып бола алмады. Вега болса, жаңа пəтерге алатын жаңа жиhаздарын, əсіресе, күйсандықты, ойлаумен отыр. Баласы күйсандықта ойнауды үйренуі керек. Мендель болса, елге барып қайтуды ойлау үстінде. Мириям ғана Мэктың сөзін мұқият тыңдап, мүмкіндігінше, бар айтқанын түсінуге тырысып бағуда. Оның тілін толық түсінбегендіктен, ол Мэкты түсінуге қиын сондай ақылды ойлар айтып отыр деген пікірде еді. Сэм болса, бүкіл ақшаны сауда үйіне жұмсау керек пе екен деп ойлап отырды. Тек Мэк қана аз ойланды, басын қатырған жоқ, ешқандай жоспар да құрмады. Ойына түскенін айтып, əңгіме қылып отыр. Келесі күні олар Атлантик Ситиге сапар шекті. «Тамаша табиғат!» – деді Дебора. Мендель тек суға қараумен болды. Сөйтіп, ол еліндегі Самешкин екеуі жолдың жағасындағы шұңқырда жатқан сол бір жайсыз түнді есіне алды. Оның құлағына шегірткенің шырылы мен бақалардың бақылдағаны естілді. «Біздің елде», – деді ол

кенеттен, «жер – Америкадағы мұхит сияқты сондай байтақ». Ол оны мүлдем айтқысы келмеген еді. «Əкеңнің не айтқанын естіп отырсың ба?» – деді Дебора жақтырмай. «Қартайып барады!» Иə, иə, қартайып барамын, деп ойлады Мендель. Олар үйге келген кезде, есіктің саңлауында хат тасушы толық тыға алмаған семіз, күмпиген хат əрең ілініп тұрды. «Көрдің бе», – деп, Мендель еңкейді, «бұл – сүйінші хат. Сəттілік басталды. Құдайға шүкір, бір жақсылық екіншісін сүйрей кіреді. Аллам жар болып, ақырын берсін». Бұл – Бильлес отбасынан келген хат еді. Жəне де, шындығында, сүйінші хат еді. Онда Менухим кенеттен сөйлей бастады деген жақсы хабар бар еді. «Дəрігер Солтысьюк оны көрді», – деп жазыпты Бильлес отбасы. «Ол өз көзіне өзі сене алмады. Менухимді Петерборға жібермекші, ол жөнінде үлкен дəрігерлер бастарын қатырмақшы. Бір күні, бейсенбі күні түстен кейін, ол үйде жалғыз еді, үйде əр бейсенбідегідей пеш жанып тұрған еді, пештің аузынан жанып жатқан шөрке түсіп кетіпті, қазір еден тұтастай өртеніп кеткен, қабырғаны əктеу керек болып тұр. Ол үшін біраз ақша қажет. Менухим көшеге жүгіріп шығып – енді ол тіптен жақсы жүгіре де алады – былай деп, айқай салды: «Өртеніп жатыр!» Жəне содан бері ол біраз сөздерді айтып жүр. Тек өкініштісі – Йонас келіп кеткеніне бір апта өтті. Өйткені Йонастарың осында демалыста болды, шынымен үлкен солдат болып алыпты, ол бірақ сендердің Америкада екендеріңді еш білмепті. Ол да сендерге осында, келесі бетте хат жазады». Мендель қағазды аударып, оқыды: «Сүйікті əке, сүйікті ана, сүйікті бауырым мен сүйікті қарындасым! Сендер сонымен Америкадасыңдар, естігенде төбемнен жай түскендей күйде болдым. Десе де, мен өзім кінəлімін, өйткені мен сендерге ешқашан, əлде, есіме түсті, бір-ақ рет хат жаздым ғой, дегенмен, не деуші еді, төбемнен жай түскендей күйде болдым. Уайымдамай-ақ қойыңдар. Жағдайым өте жақсы. Барлығы маған жақсы қарайды, мен де

бəрімен жақсымын. Əсіресе, аттармен ерекше жақсымын. Ең мықты казак сияқты шаба аламын, шауып бара жатып, тісіммен жерден бет орамал ды көтере аламын. Осы сияқтыларды көңілім қалайды, əскерді де жақсы көремін. Əскери қызмет мерзімі бітсе де, қала беремін. Жағдайың жасаулы, ішім-жемің бар, жаныңа қажеттің бəрін жоғарыдан бұйырып, орындайды, не істеймін деп ойлап, бас қатырмайсың. Сендер түп-түгел түсіне алатындай анық жазып отырмын ба, жоқ па, білмеймін. Бəлкім, сендер мұны мүлдем түсіне алмассыңдар. Қораның ішінде өте жылы, əрі мен аттарды жанымдай жақсы көремін ғой. Бір заманда сендердің біреуің бұл жаққа келіп қалсаңдар, сонда мені көрер едіңдер. Менің капитаным, егер мен осылай жақсы солдат болып қалсам, онда менің патшаға, яғни аса ардақты туылған мəртебеліге, бауырымның əскерден қашқаны кешіріліп, ұмытылуы үшін өтініш жасай алатынымды айтты. Осы өмірде мен үшін Шемарияны бір көруден артық қуаныш болмас еді, бірге өстік қой. Самешкин сəлем айтып жатыр, оның хал-жағдайы жақсы. Кейде мұндағылар соғыс болады дегенді айтады. Шынымен соғыс болып қалған жағдайда, соғысуға мен қалай дайын болсам, сендер де менің өлетініме солай дайын болуларың керек, өйткені мен əскермін ғой. Сол үшін мен сендерді мəңгілікке əрі ылғи да құштым. Бірақ қайғырмаңдар, мүмкін тірі қалармын. Ұлдарың Йонас». Мендель Зингер көзілдірігін шешті де, Дебораның жылап отырғанын көріп, ұзақ жылдардан бері алғаш рет қайтадан оны екі қолынан бірдей ұстады. Ол оның қолдарын бетін басып жылап отырған жерінен алып, мəз болғандай кейіпте былай деді: «Ал, Дебора, Жаратушымыз бізге жəрдемдесті. Шəліңді жамыл да, астына барып, бір бөтелке бал шырын əкел». Олар үстел басында отырып, шəй ішетін ыдыстарымен бал шырындарын ішті, бір-біріне қарап, бірдей ой ойлады. «Əулиенің сөзі рас болды», – деді Дебора. Оның есіне көкірегінде ұзақ уақыт бойы

ұйықтап жатқан мына сөздер анық түсті: «Ауру оны дана жасайды, кейіпсіздік игі ниетті, ашу мейірімді жəне сырқат күшті жасайды.» «Сен маған бұны ешқашан айтқан емессің», – деді Мендель. «Мен оны ұмытып кетіппін». «Йонаспен де Клукцыскіге барып қайту қажет еді. Бізден көрі аттарды жақсы көреді». «Ол əлі жас қой», – деп жұбатты Дебора. «Бəлкім, оның аттарды жақсы көргені де дұрыс шығар». Ашу-ыза тудырғысы келмегендіктен, ол тағы былай деп, қосып қойды: «Аттарға деген сүйіспеншілік оған сенен берілген жоқ қой». «Жоқ», – деп Мендель, мейірімді жымиды. Ол елге қайтып оралу туралы ойлана бастады. Енді, мүмкін, жақында Менухимді Америкаға əкелуге болар. Ол шырағданды жағып, шамды өшірді де, былай деді: «Ұйықтай бер, Дебора! Мириям үйге келгенде, оған хатты көрсетемін. Бүгін мен ұйықтамаймын». Ол шабаданнан ескі дұға кітабын алды, кітапқа оның қолы əбден үйреншікті болған еді, ол бірден псальмалар бар бетті ашты да, бірінен кейін бірін əндете жөнелді. Бұл оның жан жүрегінен шықты. Ол қайырымдылықты танып білді, əрі қуанышты да сезінді. Оның үстіне де құдайдың мол да кең, əрі мейірімді алақаны иілді. Сол алақанның астында жəне соның құрметіне ол псальмаларды бірінен соң бірін əндете берді. Шырағдан Мендельдің теңселіп отырған кеудесінен ескен майда, бірақ үздіксіз желмен лаулап жанады. Псальманың əр жолын оқыған сайын, аяқтарымен тарсылдатып, ырғағына келтіріп отырды. Жүрегі шаттанып, бүкіл дене мүшесі билегендей болды. XI Сонымен Мендель Зингердің үйі тұңғыш рет уайымқайғысыз, мамыражай көңілде еді. Олар уайым-қайғыға бір-бірімен өрттей өш тете аға-қарындастар сияқты үйреніп қалған еді. Мендель қазір елу тоғыз жасқа толды. Елу сегіз жылдан бері ол уайым-қайғымен қоян-


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook