Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Шайхан Жандаев "Өмір Өткелдері"

Шайхан Жандаев "Өмір Өткелдері"

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-12-03 05:47:44

Description: Шайхан Жандаев "Өмір Өткелдері"

Search

Read the Text Version

– Əй, жігіттер, бұларың болмайды екен. Өздеріңе қарасам, бəрің де нар қасқасыңдар. Сөздеріңді тыңдасам, ұзынқұлақтан аспапсыңдар. Бұларың болмайды. Қызметтеріңе бара беріңдер, – деп шорт кесті. Сол күні Кəкеңнің қандай ойда қалғанын мен білмеймін. Өзім осы жарты сағаттық əңгімеден кілемде қарсыласымнан жығылып қалғандай керемет қажып шықтым. Сол күннен бастап Хайс пен Қабденнің сөзін Амангелді Ғапсаттаров та қолдайтын болды. Оған Қарағандыдан Феликс Примильский жəне Өскеменнен Ибрагим Исмаилов, сонымен бірге бұл лекке марқұм болған, өзімнің жан жолдасым Ахметжан Қазымбетов те қосылды. Сонымен не керек, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегеннің керін көріп, сорайып жалғыз өзем қалдым. Ал еркін күрестен Қазақстан кұрама командасының бас жаттықтырушысы болып өзімнің сүйікті ұстазым Петр Фялляпович Матушак өз қазметін бұрынғыша атқара берді. Сырт көз алдын ала сыртымнан тон пішіп, спорт əлемінен шығарып тастаса да, мен күрестен əлі қол үзбеп едім. 1969 жылы ССРО біріншілігіне қатысып, бесінші орынмен қанағаттандым. Палуандық өнерде ең соңғы ақтық нүктені қоюға асықпай əрі жаттықтырушы, əрі спортшы атанып жүргенде, 1970 жылдың жаңа жылы да келді. Алда еркін күрестен ССРО Кубогы үшін жарыс өтпекші. Соған өзімді де, артыма еріп, өкшемді басып жүрген Аманжол Бұғыбаевты да дайындап жүр едім. Бұл дүбірлі жарыс Ленннградта өтті. Өзім де, Аманжол да нағыз спорттық бапта едік. Кубокты жеңіп алдық. Еркін күресте ұстазы мен шəкіртінің осындай дүбірлі жарыста қос жеңімпаз атануы некен-саяқ кездесетін оқиға еді. Осыдан кейін мен қазақ палуандары расында тұңғыш рет халықаралық дəрежедегі спорт шебері деген құрметті атаққа ие болдым. Бұл жеңіс, зор табыс мені қанаттандыра түсті. Соны күш, ерекше шабыт берді. Енді алда 1971 жылы ССРО халықтарының V жазғы Спартакиадасы өтпекші. Өзімнің ішкі есебім бойынша, өмір бойы армандаған Александр Медведьпен белдесіп бағымды сынап, көп жыл бойы тер төккен күрес өнерінің ең соңғы нүктесін қоймақшымын. Бұл кезде мен

де ауыр салмақ дəрежесіне көшіп едім. Сол жылы отыз үшке шықсам да күш-қайратымның қайтпай, нағыз кемеліне келген кезі болатын. Алдағы өтетін Спартакиадаға жауапты адам Ахметжан Қазымбетов, жаттықтырушылар Қабден Байдосов, Феликс Примильский, мемлекеттік жаттықтырушы Амангельді Ғапсаттаров. Басқа да бапкерлер толып жатты. Команда капитаны Петр Суриков. Осы сорпа бетіне шығатын кілең жайсаңдар менің бұл жолы атақты Алексавдр Медведьтің жолын кесіп тоқтататынымды айқын білді. Республика құрама командасының аға жаттықтырушысы болады деген қауесетті жəне де естіді. Енді бұған жол бермеу үшін олар не істеуі керек? Оның бірден бір дұрыс амалы – Айхановтың адымын аттатпау. Бірақ қалай? Бұл оңай шаруа емес еді. Бірақ көптің аты көп қой, оның да есебін келтірді. Аяқ астынан өзінен өзі сəті түсті. Шілдеде Алматы маңындағы Қарғалы демалыс үйінде ССРО халықтарының V Спартакиадасына дайындалып жүргенбіз. Аманжол да нағыз топшысы бекіген, қанаты алмастай жарқ-жұрқ ететін тау қыранындай бабында еді. Салмағы 68 килограмм болатын. «Ұрыстың басы Дайрабайдың қызыл сиырынан шықты» дегендей, бар əңгіме осы салмақтан басталды. Əлгі үркердей шоқталған топ, білгір спорт мамандары жеті рет өлшемей-ақ бірақ кесті. «Бұғыбаев Спартакиадаға дейін салмағын 62 килограмға қуып түсіруі керек. Өйткені 68 килограмм салмақ бойынша Спартакиадаға Владимир Абрамов барады». Айттық – бітті, кестік – үзілді. Күресте мұндай бақай есеп құмарлық бар екені бəрімізге де белгілі еді. Ал қысқа мерзімде алты килограмм салмақты кеміту дегеннің қалай болатынын спорттың осы саласында жүрген əр адам жақсы білсе керек. Бұл айтуға ғана оңай. Шын мəнісінде адамның жаны түршігетін азап қой бұл. Мұндай аяқасты оқыс шешімге мен тіпті де келіспедім. «Аманжол өзінің 68 килограмм салмағы бойынша сынға түседі». Тағы да «қырық адам бір жақ, қыңыр адам бір жақ» дегеннің кері келді. Ол кез тоқырау тоңының сіресіп жатқан уақыты еді. Айбатынан арыстан сескенетін кілең білгір мамандарға Аманжол екеуіміз қарсы шыға алмадық. Екеуіміз де Спартакиадаға бармай қалдық.

Дəл осы жылдан бастап Қазақстанда еркін күрестің бұрынғы атақ- абыройы күрт төмендей бастады. Оның есесіне көз бояп, «қосып жазушылар», Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушылары көбейе бастады. Əлгі Спартакиадан кейін Петр Филиппович Матушак өз орнын босатып, бұл қызметті Қабден Байдосовқа берді. Бірақ ол да көп тұрақтай алмады. Енді оның орнын Петр Суриков басты. Баяғыда апамның айтқан: «Үйге ұрыс кірсе, ырыс кетеді» деген сөзі айна- қатесіз дəл келді. Содан бастап еркін күрестен республика командасының аға жаттықтырушысы қолғапша ауыса берді. Қайтадан Байдосов, одан соң менің шəкіртім Аманжол Бұғыбаев, тағы да Петр Суриков, кейіннен Амангелді Гапсаттаров болып ботқаша араласты. Əлгі ұйымдаскан топ айтқан уəделерінде тістей қатып, ақырында мені əлгі қызметке жолатпай қойды. Бір кездерде əлем жұртшылығын дүр сілкіндірткен мен – Əбілсейіт Айханов бұл кезде есімім əсте аталмай, көшкен елдің жұртында қалғандай елеусіз ұмытыла бердім. Кезінде дуылдата қол соғып, бөріктерін аспанға атқан халқым да мені тап осы сəтте ұмытып кетті. Мен қақпақыл ойынына түстім. Себебі – басшыларға жалтақтап, ықпаймын, əділеттіктің ақ туын өле-өлгенше жықпаймын. Бетің бар, жүзің бар деп қарамай, шындықты алмас қылыштың жүзіндей бір-ақ жарқ еткіземін. Жең ішінен жалғасып, еркін күрестің келешегін емес, өздерінің қарақан басының қамын ғана ойлаған азғана топ «ішкен мас, жеген тоқ» дегендей, жауырды жаба тоқып жүріп жатты. Ал еркін күрес күн сайын төмендеп, құлдырай берді. Мен асқар Алатаудан асып, қырғыз еліне, одан кейін өзімнің туған жерім Талдықорған облысына бардым. Осы арадан мың шақырымнан астам Семейге автобуспен шəкірттерімді де апарған күндерім болды. Осындайда адамның қуанышы мен реніші алма-кезек таразы басын басады екен. Қалай қуанбайсың: мына тау өзеніндей сарқырап аққан, буырқанған өмірдің ағымымен 72 рет халықаралық кездесу өткізіп, соның бірде- бірінде жанбасың жер иіскемей кілең жеңіспен туған еліңе оралсаң. Қалай ренжімейсің: туған халқы алақанына көтерген Əбілсейіт Айханов 1971 жəне 1987 жылдары қызметсіз қалды ғой.

Қалайша қуанбайсың: мен 1967 жылы «Қайрат» ерікті спорт қоғамының бас жаттықтырушысы болып қызмет атқарып жүргенімде шəкірттерім республика бойынша өткен барлық спорт қоғамдары арасындағы жарыста бірінші орын алып шықса. Қалайша ренжімейсің: мен қаншама атақ алған палуан болсам да, республика спорт басшыларына сенуден қалған адам болдым. Ат жалын тартып азамат атанғалы елімнің болашағы – менің болашағым деп ойлашы едім. Осындай қиын-қыстау хал кешіп жүргенде туған халқым да маған қол ұшын бере алмады. Қалайша қуанбайсың: əлгі «Қайрат» қоғамының құрама командасы Украинаның Кадиевка қаласында Бүкілодақтық жарыста елімізден жиналған 27 қоғам арасында жүлделі алтыншы орынға ие болып еді. Менен бұрын қайраттықтар кілең жиырмасыншы орыннан көтеріле алмай жүретін. Сонда мен өзімнің адал еңбегіме тағы да сеніп едім. Қалайша ренжімейсің: өңшең обыр тобыр жағаңнан алып, көзіңе мақтап, сырттан даттап жатса. Тоқырау кезінде талай-талай қазақ жастарының жұлдыздары жарқырамай, бақтары ашылмай қалды ғой. Қалайша қуанбайсың: дуалы ауыздар Əбілсейіт үлкен спорттан қол үзді, енді қоштасты деп жүргенде шəкіртім Аманжол Бұғыбаев екеуіміз 1970 жылы ССРО Кубогын жеңіп алдық. Сонда он бір жыл ССРО чемпионы атанған, ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Арам Васильевич Ялтрян: «Нағыз космонавттар Əбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаев!» – деп еді ғой. Мұндай үлкен жүректен айтылған əділ бағаны қалай ұмытарсың. Қалайша ренжімейсің: мен бірде өзімнің осы жағдайымды Олжас Сүлейменовке барып айттым. Ол: – Əбеке, өзіңді таныстырмай-ақ қой. Қазақта батыр бар екені рас болса, ол нағыз сенсің. Бəрі де түсінікті. Көмектесемін,– деді. Əрине, Олжастың сіңбіруге уақыты жоқ екенін мен жақсы білемін. Күнделікті қарбалас жұмыстан менің шаруамды ұмытып кетуі де мүмкін ғой. Оған ешқандай өкпе жоқ. Мұхтар Шахановқа да бардым. – Жарайды, көрейік, сөйлесейік, – деп сұлу сыпайы шығарып салды.

Мақтай Сағдиевтің де қабылдауында болдым. – Əбеке, сізді кім білмейді. Бұлай қызметсіз жүргеніңіз исі қазақ халқына ұят қой. Ақпаев казір командировкада. Келген соң онымен өзім сөйлесейін. Хабарын айтамын... Басқа да бірнеше жауапты қызмет атқарып жүрген республика басшыларына барып та, тіпті, Москваға дейін жазып та көрдім. Бірақ «Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі» дегендей, одан ешқандай тұрлаулы нəтиже шықпады. Əлі бірден бірге сырғып жүрмін. Міне, осындай жағдайда мен не істеуім керек еді? Ұрымен – ұры, өтірікшімен – өтірікші, көлгірмен – көлгір бола алмадым. Оған ар- иманым жібермеді. Мұндайда ақын қарындасым Фариза Оңғарсынованың: Заман да өзгерер, Ұран да өзгерер, Ал мен қалай өзгерем? Арамдыққа төзбегем, Адалдықты көздегем, Ал мен қалай өзгерем? Өзгермеске сөз бергем... деген өлең жолдары менің өмірлік көзқарасымның темірқазықтай бұлтартпайтын нысанасы болды. Ал Қазақ ССР Мемлекеттік дене тəрбиесі жəне спорт комитетінің терағасы А. Ақпаевтың айтатын жауабы біреу-ақ: – Айхановты миллиондар силайды. Сондықтан бұл мəселені өздеріңіз шешіңіздер дейді Байдосов пен Суриковке. Бұл не деген төрешілдік, бұл не деген паңдық десеңізші! Осындай əділетсіздікті көзбен көріп, құлақпен естіп отырғанда Шəкəрімнің: «Өзі қу, өзі сұм болса, одан қандай келешек күтесің» деген данышпан сөздері еске түседі екен. Көреген ақын қалай тауып айтқан!

Мен өліп көрге түскен жоқпын, одан басқасының бəрін де көрдім. Тіпті, əділдік іздеп сотқа да барған адаммын. Шындыққа жол ашып өзімді- өзім ақтап та алған мен. Оны кейінірек айтайын. Не ғажабы бар екенін кім білсін, енді ғана қызметке тұрсам, ол орын бірер айдан кейін қысқарып шыға келеді. Айлап жұмыссыз қалған күндерді еске алудың өзі қиын. Мақтанғаным емес, республикада еркін күрестің дамуына, оның атағын шығаруға мендей үлес қосқан бір палуан жоқ шығар. Осыдан бірер жыл бұрын өзімнің 50 жасқа жəне Кəмаш екеуіміздің қосылғанымызға 25 жыл толуын жеке өзіміз ғана атап өттік. Сонда республиканың спорт ұйымдары ауыздарына су құйып алғандай, тым- тырыс үнсіз қалды ғой. Шелектеп төккен маңдай теріммен алған атақ- даңқым өзімнің бір басыма жетіп-ақ жатыр. Егер Айхановтың осы мүшел тойы Алматының бір қоғамдық үйінің бірінде өтсе, ол бүкіл республикаға мақтаныш емес пе? «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген осы екен ғой. Тоқырау жылдарынан қаншалықты торығып жүрсем де, мен халықтың «Ашу келсе, ақылға кетер, ақыл көп болса, ашу не етер», «Битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» деген нақылдарын есімнен шығармадым. Шындық туының асқақта желбірейтініне, ақты – ақ, қараны – қара деп түстеп айтатын мезгілдің келетініне имандай сеніп едім. Сол келеді дегенім осы емес пе?! Егер баяғы əміршіл-əкімшіл заман болса, мен осы жолдарды жаза алмас та едім ғой... Қырғызстанға, одан кейін Талдықорғанға барып, үй-күйсіз қызмет атқару, одан Алматы келіп спорт қоғамдарына цығандарша көшіп-қону мені керемет қажытты. Жəне атқарған ісіңде де береке болмайды екен. Кей-кейде өзіңмен-өзің жеке ой құшағында қалғанда, жақын-туыс, дос-жаран көрмейтін бір қиыр шетке кетіп, ешқандай алаңсыз қызмет атқаруды аңсайсың. Шіркінай, сол бір еңбектің жемісін көрсем деп армандайсың. Сонда басқа жұрт Айхановтың қандай адам екенін білер еді, көрер еді. Менің осындай жоспарымның сəті ойламаған жерден өзінен-өзі келді. 1983 жылы маусымның 2 жаңасында мен Ауғанстан Ұлттық Олимпиада комитетіне жаттықтырушы болып бардым.

Бұл жылдарда Ауғанстанда жағдай өте қиын болатын. Кабулда күн сайын бомба жарылады. Қазақша айтқанда, өмір мен өлімнің қол ұстасып жүрген кезі еді. Осыны күні бұрын сезіп, білсем де, мен қиындықтан қашпай, өзімнің Отан алдындағы интернационалдық борышымды абыроймен ақтап шығу үшін бетімнен қайтпадым. Ауғанстан Мемлекеттік спорт комитетінің төрағасы Гулям Сахи Хасани орысшаны жақсы білетін, ақкөңіл, аңқылдаған жан екен. Өзі дене тəрбиесі институтын Киевтен бітірген көрінеді. Барған беттен-ақ еліміздің, Қазақстанның таңдаулы спортшыларын сұрап, екеуіміз ежелгі таныс адамдардай бірден бүкпесіз сырласып кеттік. – Əбілсейіт Рүстемұлы, егер шаруаңыз бола қалса, ұялмай маған келіңіз. Сізге есігіміз əрқашан ашық, – деп мені машинасына мінгізіп, мекен-жайыма алып келіп, өзі орналастырды. Гулям Сахи Хасани мені əдейі сынады ма, жоқ əлде, менің палуандарға берген оқу-жаттығу тəсілім ұнады ма, кім білсін, өзі бірнеше ай бойы залға келіп, сырттай ұзақ бақылап жүрді. Ауған жігіттері жаратылысынан еңбекшіл. Қашанда айтқаныңды екі етпейді. Олар алғашқы сəтте жаттығуға шыдамай да жүрді. Кейіннен оған əбден үйреніп алды. Бастапқыда жат елдің тілін түсінбей өзім де қиналып едім, келе-келе кейбір сөздерінің қазақшаға ұқсайтынын аңғардым, бір-бірімізді ыммен түсінетін дəрежеге де жеттік. Кейін өзім де ерінбей кешкілікте ауған тілін сөздік арқылы үйрене бастадым. Ауғанстан сапарының өзі ұзақ сонар бір əңгіме. Əрине, айналасы үш жыл ішінде тау қопарып, бəрін де мінсіз етіп тəрбиеледім десем, ол артықтау болар еді. Бірақ онда менің айшықты қолтаңбамның тайға таңба басқандай қалғаны сөзсіз. Осы үш жылда менің тəрбиелеген шəкірттерім 22 рет халықаралык турнирлерге қатысыпты. Сонда олар соншама күміс жəне соншама қола медальға ие болды. Төрт палуан халықаралық дəрежедегі спорт шебері деген атақ алды. Ал он жайнақ спорт шебері атанды. Үш жылдан кейін қоштасар сəтте Гулям Сахи Хасани мені қимай:

– Əбілсейіт Рүстемұлы, Москвамен сөйлесіп келісейін, тағы да бірер жыл бізге қалыңызшы! – деп өтінді. Маған Ауғанстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің Дипломын тапсырды. Біз нағыз достарша, бауырларша қоштастық. Ауғанстаннан туған елге 1986 жылы маусым айында оралдым. Міне, содан кейін де, осы уақытқа дейін де бір орында тұрақтап қызмет атқарған емеспін. «Баяғыда біреу: болса да бастан қан шықты» депті ғой. Сол айтпақшы халқымнан жасыратын не сыр бар. Республика спорт басшыларының, күрес мамандарының əділетсіздігі, мені көрне-көзге қақпақылға салып қойғаны тым əріде. Олар Айхановтың асқақ Алатаудай атақ-даңқын көре алмай, адам ойлап таппайтын неше түрлі құйтырқыға барды ғой. Қазір кей кезде соны еске түсірсем, сол мазаққа тірі пендені көзін бақырайтып душар еткеніне жаным керемет түршігеді. Ол азапқа менен басқа біреу болса, əй қайдам, шыдай алмайтын да шығар. Шындықтың бетіне тіке қарап, оны айту ол кезде өте қиын болатын. Мен соған қарамастан, газет бетіне «Ұстазға хат» деген сын материалымды жарияладым. Онда маған берілген ССРО-ның халықаралық дəрежедегі спорт шебері деген куəлік пен кеудеге тағатын белгісінің сегіз ай бойы Қазақ ССР спорт комитетіндегі əкімшіліктің тартпасында жатқанын, бірнеше палуандардың жасын кішірейтіп күреске түскенін, тағы басқа кемшіліктерді жазып едім. Ол кезде республикадағы спорт комитетінде күрес бөлімінің бастығы Амангелді Ғапсаттаров болатын. Мен тегінде осындай бақай есеп, адам жанын жирендіретін арамдыққа баруды əсте түсінбеймін. Айханов ол атақты біреуден ұрлап немесе базардан сатып алған жоқ. Жəне де осындай құрметке ие болғаным үшін спорт комитетінің басшылары қуана қол соғып, оны дүйім жұрттың көзінше салтанатты жағдайда тапсырмай ма? Ал ондай сый-құрметке тұрмаймын ба? Айналайын, ағайындар-ау, сайып келгенде, ол өзімнің табан ақы, маңдай терім ғой. Тіпті, басқасын айтпағанның өзінде, жай ғана даурықпай-ақ, куəлік пен белгіні тапсыра салуға болатын еді.

Қойшы, əйтеуір, мен өзімнің құс ұйқылы күндер мен түндерде бір қуанып, бір ренжіп жүріп, талай-талай алыс сапарларда қол жеткен атағымды осылай зорға деп алып едім. Əлгі сын мақала жарық көргеннен кейін Юнус Газиев, Савели Цихлиди, Казим Сулиевтер ССРО спорт шебері деген құрметті атақтарынан айрылды. Аға жаттықтырушы Азамат Байшоров қызметінен шығарылды. Құлақсу Көкбаев пен Владимир Авраменкоға қатаң сөгіс берілді. Осыдан кейін А. Ақпаев пен күрес жаттықтырушылары маған азу тістерін одан сайын қайрай бастады. Əрине, олар мұны сырттай маған білдірмеген болады. Бірақ оны сезбейтін мен бала емеспін ғой. Туып өсіп, туған жерден осындай қиянат көргендіктен ғой, менің Алатау асып Қырғызстанға, одан кейін Талдықорғанға барып жүргенім. Ал Ауғанстан сапарынан оралғанда бұрынғы ескі кикілжің əлдеқашан ұмытылған шығар, жариялылықтың жылы лебі есті ғой, басшылар мен күрес мамандары өздерінің жөнсіз əрекеттерін ендігі қойған шығар деп ойлап едім. Жəне де шетелде қызмет атқарған маманның бұрынғы орнының сақталатынын мұндағылардың екі жерде екідей білетіні айдан анық еді. Ауғандық бауырлардан аман-есен абыроймен оралып, туған-туыстарыммен, дос-жолдастарыммен қауышып, мауқымды басқан соң ежелгі қызметіме шықпаймын ба. Жаттығу залына келсем, шəкірттердің қабақтары түсіп кетіпті. Күрес түрлерінен республикалық жоғары мектептің бұрынғы директоры Құлақсу Көкбаев пен Владимир Араменко менің бұрынғы қызметім бос емес деп қарап тұр. Міне, саған безгелдек! «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген осы екен. Қос басшының əлгі сөздеріне қайран қалдым. Сонымен қайтадан ескі жыр əуені басталды. Мұндайда ата-бабамыз «Үйреншікті жау атыспаққа жақсы» дегендей, өздерінің мол өмірлік тəжірибесін нақылға айналдырса да, менің алыс сапардан туған елді аңсап келген ақ көңілімді реніштің қара бұлты торлап алды. Мың сан шытырман ой тұманы арылар емес. Адалдықтың ала жібін аттамап едім, шындықты айтқаным үшін жазықтымын ба, бұл қалай? Жазығым төрткүл əлемге қазақ атын танытқаным ба? Олай болса күні кеше Əбеке, Əбеке деп жалпаңдап жүргендер неге əділдіқтің ақ

жолынан тайды. Көз алдымда өскен балалар палуан Айхановты емес, адам Əбілсейітті неге сыйламайды? Көңіл иірімінің сан алуан ашқарақ сұрақтары жан-жақтан анталағанда менің есіме төрт көзіміз түгел отырған бір алқалы жиын түсті. Жайшылықта дүйім жүрттың назарына түспейтін, əдеттегі жан беріс, жан алыс жаттығуда моншақтап тер төгіп, небір сында бір-бірімізге ақ тілек білдіріскен жігіт ағасы сөз кезегін алып еді. Əй-шайға қарамай өзінің жамылғысының көлеміне симайтын кесек те ірі-ірі сөздерді бомбаша атқылап жатыр. Сол, арқаны аяздай қаритын ызғарлы ғайбат жазғыру менің көңіліме магнитофон таспасындай жазылып қалды. Сол күні Айхановты нысанаға алған еркін күрестен Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Петр Суриков еді. Ол айна қатесіз былай деді: – Бұл арада ешқандай жасырын сыр болмауы керек. Республика спорткомитетінің басшылары мені аға жаттықтырушылық қызметке шақырғанда, алдымен мен оларға мынадай шарт қойып едім: – «Егер сіздер мені Қазақстан құрама командасына аға бапкер етіп қойғыларыңыз келсе, мен Əбілсейіт Айхановпен, Аманжол Бұғыбаевпен, Рамазан Нұрмановтармен бірлесіп жұмыс атқара алмаймын. Олар мен қызмет істеген жерден кетуі керек. Мейлі, оларды директор етіп басқа орынға жібере беріңіздер. Мен осы талабымды сырттан пыш-пыш өсек етпей, көздеріңізше айтып отырмын. Мен сіздермен бірге қызмет атқара алмаймын. Осыған көнсеңіздер ғана аға жаттықтырушы боламын»... Бұл қандай талап? Қазақтың үш бірдей бірегей азамат палуаны басқа кеңістіктен жер ауып келіп пе еді сонда? Қазақша айтсақ, біз үшеуіміз тоқалдан туып па едік? Əр жылдары үшеуіміз де Қазақстан күресіне өзіміздің лайықты қолтаңбамызды қалдырып едік қой. Петрге əлдекімдер жол беріп отырғаннан сау ма? Əйтпесе, ол көңілі мұздай қаритын əлгіндей сөздерді айтпаса керек еді ғой. Əлде жастығы ма, тау суындай асыққан албырт көңілдің мастығы ма? Шамданбай, ашуланбай, оған уəж айттым.

– Петр екеуіміздің сіз-бізден артық сөзіміз болмағанын өзің білесің. Есіңде шығар, сіз 1971 жылы командада комсорг болып жүрген кезіңізде өзара келісе алмағанымыз өтірік емес. Ол күнделікті жұмыс бабындағы өзара сыннан өршіп кеткен болатын. Оны осы уақытқа дейін кек сақтауға бола ма? Халқымыз айтылған сөзді атылған оққа теңейді. Сіз өзіңіздің сөзіңізге жауап беруге тиістісіз. Егер сүйікті Отанымыз Сізбен бірге жаңағы өзіңіз айтқан үш жігітке аса маңызды тапсырма жүктесе сіз одан бас тартып, мен оған бармаймын дейсіз бе? Сондықтан қандай пікір білдіру үшін де алдымен кеңінен толғанып, ойланып барып айту керек. Сіздің қандай жұмыс тындырып жүргеніңіз бізге бес саусақтай белгілі. Сіз 1975-1977 жылдар аралығында еркін күрестен Қазақстан құрама командасында аға жаттықтырушы болып қызмет атқарған кезіңізде қандай биіктерге қол жеткіздіңіз? Тайға таңба басылғандай, жастарын төмендетіп, жалған документ жасап, дүбірлі жарыстарға жасарып апарған палуандарыңыз көңіліңізді қалдырды ма? Олардың болашағы қандай болды? Рас, сіз Ивановты алға тартасыз. Бəрін де сонымен жуып-шаймақсыз. Сонда сіз жергілікті палуандарды тəрбиелемей, сырттан əкелген жұлдыздарыңыз кімге абырой əпереді? Бір күнгі жетістіктің буына мəз болып, мəселенің екінші жағын мүлдем естен шығарып алдыңыз. Шындыққа тіке қарап, осындай құйтырқыларды да аттап өтуіңіз керек еді. Бірақ сіз одан орағытып аттап өтіп кеттіңіз. Бұл орайда біз сізге сенбей отырған жоқпыз. Бар түсініспестік сіздің сайдың тасындай іріктелген үш азаматқа сенбегеніңізде болып отыр. Ал еркін күреске алмас қылыштай өткір жастық шағымды, отыз жыл өмірімді арнаған мен, шүкір, əр сөздің қадір-қасиетін түсінетін жастамын. Оған ешкім қарсы дау айтпайтын шығар. Сондықтан пікір білдіру үшін жеті рет пішіп, бір-ақ рет кескеннің ешқандай артықтығы жоқ. Сіз əлі жассыз, келешекте осыны ойлаңыз... Міне, жазықсыз осылай жапа шеккен менің халімді біреулер біледі, біреулер білмейді. Осының бəрі бет пердесіне шымылдық құрған, əлдекімдердің от көсеп, жартылай жанған шаланы бет-аузының күйе

болатынына қарамастан үрлеуімен болғанын мен жақсы сезінемін. Бұл арада да республиканың спорт басшылары принциптік мінез таныта алмай, Петр Суриковты еркін күрестен Қазақстан құрама командасына екі рет аға жаттықтырушы етіп тағайындап, оны екі рет қызметінен шығарды. Мұның ең бір зұлымдығы сол – бұл қызметке əйтеуір Айханов жоламаса екен. Ал республика күресі пұл болмаса, күл болсын деген ой еді. Менің бұл сөздерімнің ешқандай бұрыстығы жоқ. Еркін күрестің тізгінін сұраусыз əркімнің қолына ұстата салудан дым пайда келмегені республиканың спорт басшыларына бес саусақтай белгілі еді. Əйтпесе, қолымызда өскен Петрдің əлгі сөзі не? Көпе-көрнеу барлық жұрттың көз алдында арыстай үш азаматқа тас лақтырып, өзін ғана жоғары санап, бізді іске алғысыз етіп қорлап тұрғаны нағыз таң керең болмаса, əркімге де айтпаса да түсінікті еді. Жеме-жемге келгенде, осы алқалы жиындарда отырған басшылар, белгілі күрес мамандары Петрді қолдап шықты. Ал аталған үшеуіміз тағы да қалтарыста қала бердік. Бұл Əбілсейіт не көрмеді дейсіз. Талай-талай сырғытпалар, ағатайлап, көкетайлап келіп, күндердің күнінде сырт айналатындарды да көп кездестірдік қой. Соның қайсы бірін айта бересің. Сонда да мына бір оқиға ұмытылмайды екен. Қай бір жылы жел айдаған қаңбақтай мен кəсіподақтары ерікті спорт қоғамына қарайтын Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров басқаратын күрес мектебіне аға жаттықтырушы болып тағайындалғанмын. Жақсылыққа келіп осылай да осылай деп жағдайымды айттым. – Жарайды, аға, былай болсын, сіз осы Алматыдан 60–80 бала жинаңыз. Бұған бір ай уақыт берейін. Содан кейін өзіңіз іріктеп алған балаларды жаттықтырасыз. – Мақұл, айналайын. Онда маған əлгі балаларды күрестіретін бір зал тауып бер, – дедім. – Оны өзіңіз бастықтармен ақылдасып көріңіз.

«Жазған құлда шаршау бар ма?» дегендей, кəсіподақтары спорт қоғамының төрағасы Қазбек Əшілаевқа барайын. Жағдайымды айтайын: – Əбеке, сіздің Алатаудай беделіңіз бар, залды өзіңіз-ақ тауып алмайсыз ба? – деп Қазбек маған ақыл айтып тұр. Құдай-ау десеңізші, ол маған өзінің жеке меншігіндегі спорт залын беретіндей бұлданады. Бұған қалай ренжімейсің? Бұл дегеніңіз нағыз адамға деген бюрократтық көзқарас емес пе? Мен əлгі балаларды сол қоғамның келешегі үшін жаттықтырмаймын ба? Осындай сырғытпаларды көріп тұрып қалайша қамықпайсың? Сонымен, не керек, жағалап отырып, Алматы облыстық дене тəрбиесі жəне спорт комитетіне келейін. Оның төрағасы Қайрат Қашқынбаев деген жігіт ыстық ықыласпен қарсы алды. – Аға, – деді ол, – сіз соншалықты неге қамығасыз? Мына іргедегі Шамалған мелиорация техникумының спорт залына жаттықтырушы болыңыз. Жалақыны Қапшағайдағы облыстық спорт мектебінен аласыз, – деді. Мен бұған ойланып қалдым. Ойланатын себебім, атақ ты ақын Мəди айтқандай, ақырында мен бір қуғын көрген жан болып шықтым. Үйім – Алматыда, қызметім – Шамалғанда, жалақым – Қапшағайда, жаман емес сияқты, ə? Сонымен 1988 жылдың жаңа жылы да келді. Қаңтардың алғашқы жұмыс күні Қ. Көкбаев маған штат қысқарды деп бұйрық жазып, оның көшірмесін қолыма ұстатты. Кейіннен ақпанның 10, 18, 19, 22 жұлдызында тағы да төрт бұйрықты бұрқ еткізді. Ең соңғы бұйрықты алып, журналға қол қойдым да, оған: «педагогикалық жұмыс сағатым толық, қысқартуға іліккен жоқпын» деп жаздым. Жаздым да, бұйрықты қалтама салып, бұл істі сотқа бердім. Калинин аудандық халық сотының қызметкерлері кейіннен істің анық- қанығын анықтады. Маған тағылған: «Айханов соңғы жылдары құрама командаға бірде-бір спортшы даярламады» деген кінəні сот жоққа шығарды. Өйткені мен үш жыл бойы Ауғанстанда жүрсем, құрамаға спортшыны кім дайындайды? Аудандық халық соты Айхановты республикалық жоғары спорт

шеберлігі мектебіндегі бұрынғы жаттықтырушылық жұмысына қайтадан тағайындау жөнінде шешім шығарды. Содан кейін ғана республика жоғары спорт шеберлігі мектебіне жаттықтырушы болып зорға қабылдандым. Бірақ бұл қуаныш та көпке ұзамады. Аманша Ақпаев басқарып отырған республиканың спорт комитеті күні бүгінге дейін тоқырау кезіндегі əміршіл-əкімшіл басшылықтан арыла алмай келеді. Жақында оның осы қызметке қайтадан қалайша сайланғанына мен қатты таң қаламын. Өзге-өзге емес. Қазақстан күресіне лайықты үлес қосқан Əбілсейіт Айхановқа дұрыс қызмет тауып бере алмай отырған Ақпаев кімді жарылғасын. Республика спортын мафия жайлап алған. Ол соның шылауынан шыға алмай жүрген адам. Əйтпесе, мен бір кісідей өз қызметімді атқарамын ғой. Менің бар айыбым – біреуден қылдай қиянат, əділетсіздік көрсем, оны жасыра алмаймын. Кім де болса кемшілігін бетіне айтып саламын. Ал спорт басшылары менің жалтақтап жүруімді қалайды. Туа біткен жаратылысымнан ондай мінезім жоқ болса, мен қалай жағымпаз атанамын? Басқа жаттықтырушылар менің жалған іске бармайтынымды жақсы біледі де, менен іргесін аулақ салғысы келеді. Сонда олар жек көреді екен деп мен қызмет атқармауым керек пе? Сайып келгенде, осы ұзақ жылғы айтыс-тартыстан Қазақстанның еркін күресі бұрынғы атақ-даңқынан айрылып қалды. Ал Ақпаев басқарған спорт комитетіндегі басқа жолдастар, бапкерлер маған қызмет беруден гөрі, сол бұрынғы атақ-даңқтың одан сайын құлдырай беруін жақсы көріп отыр. Мұндай созылмалы ауру-дерттің немен тынатынын қазір ешкім де тап басып айта алмайды. Республикадағы классикалық күрестің жайы да онша емес. Алматылық палуан Валерий Рязанцевтің есімі дүние жүзіне əйгілі. Ол əлемнің үш дүркін, Олимпиада ойындарының екі мəрте чемпионы. Менің жеке өз басыма Валерийдің күресі өте ұнайды. Спорттың кейбір майталман мамандары осы палуанның əдіс-тəсілін «көне дəуірдегі техника» деп қорлағандай пікір айтады. Бұған мен келіспеймін. Олардың сынайтыны – Валерий жиі қолданған «бычок» қазақша айтқанда «бұқа сүзісі» деп аталатын тəсіл. Оның мəнісі – қарсыласын мойнымен иықтан итеріп, спортшының

артына шығып алуы. Менің ұғымымша, бұл палуанның шеберлігі шыңдалғанда ғана батылы барып қолданатын əдіс. Ал осыны түсінбейтін адамдарды мен палуандық өнерден білімі өте таяз деп бағалаймын. Осы Валерийдің ұстазы ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вадим Псаревтің де Қазақстан спортына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Осы адамның басшылығымен республиканың құрама командасы ССРО халықтарының VI жазғы спартакиадасында жеңімпаз атанды. Палуандарға тəлім беруде өзіндік методикасы бар, тəжірибесі мол маман. Осы Псарев та, одан кейін Олимпиада чемпионы атанған марқұм Шəміл Серіковтың ұстазы Анатолий Жарков та аға бапкерлік қызметтен қуылды. Неге? Бұл сұраққа Ақпаевтан басқа адам жауап бере алмайтын шығар. Республиканың спортында тоқырау кезінде қойылған басшыларды алмастырмайынша, күрестің көсегесі көгермейді. Ал бізде қолынан іс келетін, жұмыс десе жанып тұратын отты жастар аз емес. Осындайда еске түседі. Жетпісінші жылдардың аяғында, сексенінші жылдардың бас кезінде Қарағандыда облыстық дене тəрбиесі жəне спорт комитетінің төрағасы болып Ғалым Жарылғапов деген азамат қызмет атқарды. Қара жер хабар бермесін, сол марқұм өте тереңнен ойлайтын. Спортшылар мен жаттықтырушыларға əкедей мейірімді, қамқор еді. Спортқа жаны ашитын. Бірде мен Қарағандыда болғанымда Ғалым маған: – Əбеке, Қарқаралыда балалар мен жасөспірімдердің күрес мектебі бар. Содан он жайнақты таңдап алып, өзің тəрбиелеші. Олардың киімдерін, ішетін тамақтарын біз өзіміз мойнымызға алайық, – деп өтініш жасап еді. Қандай көрегендік десеңізші. Ғалым марқұм сонда сол он баладан күндердің күнінде талантты палуан шығатынына имандай сеніп тұр. Мен кейіннен осы тілекті Қабден Байдосовқа айтып едім, ол бірден тайсақтап шыға келді. «Басы ауырмағанның балтыры сыздамайды» деген нағыз осы емес пе? Ал болашағын ойламаған адамнан не шығады?

Алматыда Қазақ радиосында Өмірзақ Жолымбетов деген бір журналист бар. Қазақтың дене тəрбиесі институтын бітірген. Бірінші разрядты ауыр атлетші. Спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Өзі спорттың арғы-бергі тарихын бес саусағындай біледі. Соны халыққа кеңінен насихаттап жеткізе де алады. Егер ол алда-жалда республика спортының төрағасы бола қалса, əсіресе ұлттық спорт түрлерінің бағы жанар еді... «Ел іші – өнер кеніші» деген ғой халқымыз. Ауыл-селоларда аудан, қалаларда талай-талай қазақ жігіттерінің бағы жанбай жүр ғой. Ал оларды іздеп табу үшін сол іске жан-тəнімен берілген жаттықтырушылар өте аз. Өйткені əркім өзінің күнделікті орнын ойлап, басқамен шаруасы бола бермейді. Ал Суриковтер бірде-бір рет ауыл аралап шыққан емес. Онсыз күрес өркендемейді ғой. Күнделікті газет-журналдарды алғанда менің атыма республиканың жер-жерінен көптеген хаттар келіп жатады. Солардың біразы менің семьямда спортшы болғандар бар ма деп жиі сұрайды. Оны да қысқаша айта кетейін. Тұңғыш ұлым – Қадырсейіт, мамандығы инженермеханик. Жас кезінде еркін күреспен шұғылданған. ССРО спорт шеберлігіне кандидат. Семсерлесумен, су добымен, ат спортымен, шахматпен, допты хоккеймен шұғылданған. Разрядтары бар. Алмагүлім өзімнің жолымды қуып Алматы дене тəрбиесі институтының бұқаралық-ұйымдастыру факультетін бітірді. Ал Айгүлдің орта білімі бар. ҚазМУ-де оқып жүр. Ең кенжем – Қызырсейіт мектепте оқиды. Күрес түрлерін жанындай жақсы көреді. Ал оның қайсын таңдайды, оны келешек көрсетеді. Қазір Кəмаш екеуіміз үш немере сүйіп отырмыз. Тұңғыш немерем Сеул Олимпиадасынын салтанатты жағдайда ашылған күні дүниеге келді. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, осы дүбірлі сынға қатысқан қазақ палуаны Дəулет Тұрлыханов үшін «ауырып», шыбын жанымыз қалмаған сонда. Осы жақсы көретін інімнің құрметі үшін сол жас нəрестенің есімін Тұрдаусе деп (Тұрлыханов Дəулет Сеулде деген ұғымды білдіреді) қоямын деп жүр едім, жастар жағы бұған бірауыздан

қарсы болды. «Папа, сен оны қай адамға барып түсіндіресің деп уəж айтты олар. Бірақ менің де көңілімді қалдырмай жас сəбиді Сеулсейіт деп атады. Кім біледі, Айхановтар əулетінің дəстүрін бəлкім осы Сеулсейіт жалғастырар?! Мен алмаған биіктерді осы Сеулсейіт бағындырар?! Екінші немеремнің есімі Айтолқын. Үшіншісі – Азамат. Имандай сырымды айтсам, осы балаларды тəрбиелеп, өсірген өзімнің шешем Рақила мен жан жолдасым Кəмаш. Бұл екі адамның бала тəрбиесіне сіңірген еңбектеріне баға жетпейді. ҰЛТТЫҚ КҮРЕС ТОЛҒАНДЫРАДЫ Біз өткен жетпіс жылдан астам уақыт ішінде сəби баладай бəріне имандай сеніп келдік. Содан не ұтылдық? Ұтылғанымыз көп, соның ең бастысы – өзіміздің туған анамыздың ақ сүтінен дарыған ана тілімізді жоғалтып ала жаздадық. Ғасырлар бойы қалыптасқан ежелгі игі дəстүрлерден көз жазып қалдық. Үлкенді сыйлауды, кішіні жақсылыққа тəрбиелеуді ұмыттық. Көлгірлікке, өтірік, өсек, жалған айтуға жол беріп алдық. Соның ең күйініштілерінің бірі – қазақша күресті жоғалттық. Қазір оның аты бар да, заты жоқ. Ол халыққа бұрынғыдай лəззат, қуаныш сыйламайды. Мені баршамыздың қазақша күрестен жеруге көшкеніміз хатты қынжылтады. Оның негізгі себебі – біз өзіміздің ұлттық қасиетімізді сыйлаудан қол үзіп барамыз. Күресу үшін ең алдымен қазақтың қасиетін білу керек. Халықтың салт-санасын, дəстүрін үйрену қажет. Бабамыз Қажымұхан осы қазақша күреспен-ақ өзін бүкіл əлемге таныстырды ғой. Енді оны дүние жүзіне əйгілеу біздердің, бүгінгі өскелең жастардың абыройлы борышы. Салыстыра айтсам, шүкір, тіл- аузым тасқа, қазір айтыс күннен-күнге соны сипат алып келеді. Оны тыңдаушы халық енді жаттап алған айтысты менсінбейтін болды. Көрермен ақыннан қолма-қол суырып салған отты жырларды талап етеді. Егер де қазақ тілі мемлекеттік мəртебе алмай, жер-жердің бəрінде іс қағаздары орысша жүргізілсе, балалар ана тілін білмесе, айтыстың да көсегесі көгермес еді. Қазақша күрес те сондай. Оған əрбір қазақ азаматының жаны ашып, қамқор болуы керек. Ұлттық күресті қалай дамытуға болады? Бұл сұрақ жүз ойланып, мың толғанып

жауап беруді қажет етеді. Өйткені бұл мəселенің толғақты жайлары өте көп. Солардың ең біріншісі – біз қазақша күрес деп айтып жүрген атауымызды дұрыстап алуымыз керек. Неге десеңіз қазақша, орысша, немісше, украинша деген жеке күрес жоқ. Осылай деп атай берсек, ол біздің сауатсыздығымызды көрсетеді. Ал нағыз дұрысы – қазақ халқының ұлттық күресі деп атауымыз керек. Мəселен, бізден басқа көршілес бауырларымыз өздерінің ұлттық күресіне ат қойып алған. Сондықтан мен мұны алдағы уақытта қазақ халық күресі деп атауды жөн көремін. Немесе оны палуан күресі деу керек. Ертеде небір мықтылар мен алыптар «палуандікі – балақтан» деп бекер айтпаған. Қалай күрессең, олай күрес, əйтеуір, қарсыласыңның жаурынын жерге тигізу парыз. Шаласың ба, жоқ əлде басыңнан асырып лақтырасың ба, ол өз еркің. Айла, əдіс-тəсілдердің шегі болмауға тиісті. Айталық, шалу əдісі ағылшындарда да бар, қырқа шалу самбо мен дзюдода кездеседі. Осы тəсілдерді əркімге жеке-жеке үлестіріп бере берсек, халқымыздың ұлттық күресінде қандай қасиет қалады? Бұл арада ерекше көңіл бөліп айта кететін бір жай, халықтық күресте барлық əдістерді кеңінен қолдану қажет. Əрине, ұруға, баспен соғуға, тіземен жəне аяқпен тебуге, шаштан ұстауға, шымшуға, тырнауға əсте болмайды. Жапондарда қария мен бала белдеседі. Сонда жас жайнақ шыр көбелек айналғанда ересек адамның басы айналып кетеді екен. Мұның өзі салмаққа қарамау керек деген ұғымды білдірсе керек. Бұл тұрғыдан алғанда атам қазақ «Күш атасын танымас» деп бекер айтпаған. Ал салмақ мəселесінің басын ашып алсақ, мектеп балалары үшін көп салмақ дəрежесін өндірген дұрыс сияқты. Ал ересектердің негізінен үш немесе, əрі кетсе, төрт салмақ бойынша белдескені абзал. Бұл мəселе бір қалыптасса, одан əрі жалғасып кетер еді. Енді киім туралы сөз етсек, меніңше белбеу таққан дұрыс. Егер палуан кілемге күрте киіп шықса, ол самбоға ұқсап кетеді. Сондықтан тізеге жетпейтін жұқа, жеңіл де ықшам, алды ашық шапан киген жөн деп білемін. Бұл арада ұлттық күрестің мəдениетін мұқият ескеріп, кілемге мəсі немесе етік кие ме, əйтпесе жалаң аяқ шыға ма, осыны да келісіп, шешіп алған жөн. Жəне де ұлттық күрестен жарыс өткенде өлең

айтылып, күй ойналып, жыр жырланып, терме шырқалып жатса, қандай жақсы болар еді. Халықтық күресті жүргізу жəне палуандарға атақ беру мəселелері де оңай шаруа емес. Мұны шешу үшін мамандар мен жанкүйерлерді жинап, халықтық күрестің бұлжымас ережесін жасауды тез арада қолға алған жөн. Онсыз манадан бері айтқандарымыз құр босқа желге ұшып кетеді. Ал ереже шығару да өте жауапты, оған алдымен оны тыңдайтын, сыйлайтын, пікір айтатын адамдарды іздеп табуымыз керек. Ол адамдар қазақтың тілін, дəстүрін, салтын жетік білмесе пайдалы ой айта алмайды. Ереже дегеннен шығады, мен 1971 жылы халықтық күрестің жеке ережесін жаздым. Қолжазбамның көлемі – 70 бет. Онда Амангелді Ғапсаттаров мемлекеттік жаттықтырушы еді. Ол оны əртүрлі сылтаулар айтып, бекітпей тастады. Кейде өзіңмен-өзің жеке қалып қабырғаңмен сырласып, ойға шомсаң бармағыңды шайнағың келеді. Сол жылдары осы ереже көптің талқысына түсіп, толықтырылып бекіп, ол Қазақстанның жер-жеріне кеңінен тарағанда, талай-талай жастардың есімдері шығып, біздің халықтық күресіміз бүгінде тамырын кеңге салып, өзінің өріс-аясын əлемге танытатын дəрежеге жетіп қалушы еді. Жоғары білімі бар басшылардың, саналы азаматтардың осы халықтық күреске неліктен үрке қарайтынына мен керемет қайран қаламын. Оның себебін қалай ойласам да түсінбеймін. Қазір, Құдайға шүкір, қазақ тілі мемлекеттік мəртебе алды. Қазақстанда Ұлттық Олимпиадалық комитет құрылды. Енді не жетпейді, сонда? Біз, шынын айтсақ, сөз сөйлегенде алдымызға жан салмаймыз да, іске келгенде көш соңында қалатын жаман əдетімізден əлі де болса арыла алмай келеміз ғой. Алда атқарылатын осыншама кыруар іс қаулы алумен, əйтпесе қағазға жазумен əсте де бітпейді. Бірақ соны қолға алатын адам табылмай отырғаны өкінішті-ақ. Адам жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртіп, қол қусырып қашанғы отыра береміз, сонда? Мен мұны талай рет айттым. Нанымды дəлелдер де келтірдім. Тоқырау кезінде халықтық күресті айттың деп кінə тағып, сен нағыз ұлтшылсың дегендер де болды. Тырнақ астынан кір іздеп, жүйкеме ойнап, өзімді

сергелдеңге салды. Сонда халықтық күрестің қазіргі мүшкіл жағдайын біз айтпасақ, кім айтады? Менің ойымша осы сөз болған мəселелер Қазақстан Республикасы спорт жөніндегі ұйымының үнемі назарында, бақылауында болуға тиісті. Соған байланысты тез арада ұлттық күрес жөнінде республикалық, облыстық федерация құрып іске кірісу керек. Бүгінде еркін жəне классикалық, басқа да күрес түрлерімен жастарды баулып жүрген жаттықтырушылар халықтық күреске танауларын тыржитып, шекесінен қарайды. Мен мұны өте сауатсыздық əрі мəдениетсіздік дер едім. Неге десеңіз, халықтық күрес өзінің басқа да түрлері: еркін жəне классикалық күрестен, немесе самбо мен дзюдодан артық болмаса əсте кем емес. Тек қана оған ынта-ықылас, ұлттық намыс, ілтипат, құрмет жетпейді. Егер əрбір жаттықтырушыда, əр басшыда халықтық күреске деген əлгіндей жанашырлық сезім мен қалтқысыз қамқорлық болса, оның атақ-даңқын дүние жүзіне шығаруға əбден болар еді. Осы айтылғандарды іс жүзіне асыру үшін ең алдымен Алматыдан бастап, əрбір облыс, аудан, ауылға дейін халықтық күрес үйірмелерін түбірімен қайта құру қажет деп санаймын. Ол ең алдымен білгір, іскер маман кадрларға байланысты. Сондықтан халықтық күрес жаттықтырушыларының республикалық, аймақтық, облыстық, аудандық семинар-кеңестерін өткізуді қолға алу керек. Халқымыз «Ауруын жасырған өледі» деп ащы шындықты да бетке айтқан. Жасыратыны жоқ, республикалық спорт басшылары жер- жердегі қазақтардың ұлттық спорт түрлерімен жан-жақты шұғылдануына күні бүгінге дейін жеткілікті дəрежеде көңіл бөлмей жүр. Бұл орайда ондаған, жүздеген мысалдар келтіруге болады. Мəселен, футболда, дойбыда, шахматта, жеңіл атлетикада, волейболда, баскетболда, тағы басқа спорт түрлерінде неліктен қазақ жастары көрінбейді? Оған басшылар нақты да дəл жауап айта алмайды. Мықты деген қазақ палуандарын санасаң да он саусағың толық жұмылмайды. Осы тұрғыдан алғанда, республика басылымдарында көп жылдан бері қалам тартып жүрген журналист ағайындарға да өкпеміз қара қазандай.

Жастар газеті болмаса аға газеттер, журналдар спорт тақырыбын мүлдем ұмытқан деуге де болады. Əсіресе, оларда ұлттық спортты дамыту проблемалары сирек жазылады. Аптасына бірақ рет жарық көретін алақандай республикалық «Спорт» газетінің бұған ешқандай мүмкіндігі жоқ. Көпшіліктің сүйікті басылымының көлемін жəне шығу жиілігін көбейту сияқты толғақты мəселелерді шешуді қолға алатын уақыт əбден жетті. Бірақ оған республиканың спорт басшылары жанды көмек бере алмай отыр. Сонда осының бəрін сырттан біреу келіп атқарып кетпейді ғой. Бірақ біз қайта құру кезінде де «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» дегеннің керін келтіріп, үндемей-түндемей, сұлусыпайы жүріп жатырмыз. Ал мұнымен алысқа көп ұзап бара алмаймыз ғой. Осының ащы запыранын да жұтып жүрміз. Бірақ республиканың басшылары нағыз ертегі кейіпкерлері сияқты. Суға салсаң, батпайды, отқа салсаң, жанбайды. Халықтық күрестің жайы қандай, оған еш адамның басы ауырмайды. Ал оларға жоғары жақтан «Ау, көкем-ау, бұларың жарамайды, сендер ұлттық күреске бастарыңмен жауап бересіңдер», дейтін бір жан жоқ. Ұзақ жылдар бойы қанға сіңіп қалған ескі əдеттің салдарынан қазақ палуандарының есімдері əлемге шыға алмай жүр. Ал бүгінде жариялылықтың самалы есіп отырған сəтте, тікелей бұрылып, қамқорлық жасалған шақта халықтық күресті өрге тартып, оның тынысын ашып, өрісін, көкжиегін кеңейтетін уақыт əбден жетті. Тап осы пікірлерім айтыла-айтыла əбден жауыр болған. Содан ешқандай қорытынды шықпайтыны қатты қынжылтады. Біздің білгір маманға немес жоғары оқу орынан жаңа ғана шыққан жастарға деген көзқарасымыз тым кереғар ғой. Мысал келтірейін. Мəселен, ҚазМУ-ды биыл ғана бітірген, диплом алған жас Жоғары жəне арнаулы орта білім Министрлігіне нұсқаушы болып қызметке тұрады. Бірақ ол көп кешікпей өзі түлеп ұшқан университетін тексеруге барады. Ондағы ректордың докторлық, ал кафедра меңгерушілерінің ғылым кандидаты деген дəрежелері бар. Сонда əлгі нұсқаушының өз ұстаздарының сан қырлы жұмыстарын тексеруге өресі жете ме? Мен бұған жеке өз басым күмəн келтіремін. Жетпейтіні айдан анық.

Міне, күрестегі жағдай да сол сияқты. Алды – жиырма, арты отыз жыл жаттықтырушы болып қызмет атқарған адамға институтты жаңа ғана бітірген жас қалай ақыл-кеңес бере алады?! Тіпті, күлкің келеді. Өмір жолын енді ғана бастаған жігіт нағыз қатал сын – қызмет баспалдақтарынан өтуі керек қой. Сондықтан ол біреуге ақыл айтуы үшін ең алдымен жаттығудың ащы терінің дəмін татып, күрес əліппелерін толық меңгеретіндей дəрежеге жетуге тиісті. Бала тұңғыш рет мектепке барғанда ең бірінші əріптерді үйренеді де, сөз, сөйлем құрауға жаттығады. Оның сөздік қоры неғұрлым бай болса, ол соғұрлым жатық та шешен сөйлейді. Күрес те сондай. Сол сияқты, палуандық өнердің əліппелері де сан алуан. Жамбасқа алу, бастан асыра лақтыру, тағы сондай, сондай толып жатыр. Осының бəрін толық меңгерсе, палуанға да шеберлік пайда болады. Ол сонда өзіне-өзі сенімді болып, қарсыласын өзінің сүйікті əдіс-тəсілін жасауға шақырады. Мұны қазақшалап айтсақ, əріптесіне осалдау болып көрініп, оны ақыр аяғында қақпанға түсереді. Ал осындай нағыз өмір мектебінен шыңдалмай, институт бітіре сала бірден Қазақстан Республикасы спорт ұйымында қызмет атқарып жүрген жастарды көргенде еріксіз қарның ашады. Осы орайда мен алдағы уақытта республикалық спорт комитетінің жұмысын жақсартып, жандандыра түсу жөнінде бірер пікір білдіре кеткім келеді. Мұнда бүгінге дейін Қазақстандағы атақты спортшылар алқасы құрылмай отыр. Олар, жиі-жиі бас қосып, қандай жетістіктер бар, қандай кемшіліктер кездесті, оны қалай жою керектігі жөнінде ақыл-кеңестерін ортаға салып отырса, бұл көп пайда əкелер еді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегендей, мұнда бір жеңнен қол шығаратындай ұйымшылдық жоқ. Əркім өзінің жеке дара басының қамын ойлап, сол отырған орындарынан айырылып қалмайын деп тістей қатып, сол үшін қандай да болсын қиястыққа, небір зұлымдық əрекеттерге барады. Мұндай тұрпайы қылық спорттай нəзік те қасиетті өнерге ешқандай пайда келтірмейді. Ал жаман əдеттен жиренетін кез келді ғой ағайындар десем, спорт басшылары алған беттерінен бір танбайды.

Республикалық спорт комитетіндегі лауазымды жолдастар, еркін күрес төңірегіндегі шағын жаттықтырушылар тобы Айхановқа қалайда жанталасып, арамдық ойлап, танаулап, ұрандап қарсы шықса да, олар Əбілсейіттей бола алмайды. Қазақтың күрес өнерінде мен Қажымұқан бабамнан кейінгі асқар шыңмын. Күннің нұрлы сəулесі қаншама жылуын мейірлене төксе де, долы жел дауылдата, нөсерлете соқса да биік шыңдағы кіршіксіз аппақ қар өзінің сол сұлу көрінісіне дақ шалдырмайды. Менің туған халқыма деген адал жүрегім, күреске деген ыстық махаббатым, қалтқысыз ақ көңілім сол аппақ қардай тап-таза. Қай адам өзінің туған анасын жақсы көрмейді? Басқа біреу бөгденің емес, ең алдымен өзінің шешесін құрметтейді, соны аялайды. Сол сияқты мен де ең алдымен өз ұлтымның күресін қастерлеп, соның атақ-абыройы əлемге шыға берсе екен деп тілеймін. Мұндайда тырнақ астынан кір іздейтіндер мені ұлтшыл, Əбілсейіт өзінің баяғы ескі əнінің əуеніне басты деп өзеуреп, кеуделеп шыға келеді. Қазақ палуандары кешегі тоқыраудың салдарынан күні бүгінге дейін жарқырай көріне алмай жүрсе, республиканың спорт басшылары күрес өнерін жандандыруға жолатпай, Қазақстан құрама командасының бас бапкерінің тізгінін бермей жүрсе, оған мен шырылдамағанда кімнің қабырғасы қайысады. Жəне де бір ғажабы осы əңгімені Қазақстанның атақты-атақты, беделді басшылары, спортқа жаны ашитын қамқор ғалымдары мен ақын-жазушылары естіп те, көріп те отыр. Сонда да олар селт етпей, «Қырқысып таласа беріңдер, қай жеңгенің менікі» дегендей, əу демей, жұмған ауыздарын ашпайды. Мен осыған түсінбеймін. Осы уақытқа дейін республика журналистерінен осы күрес маңындағы шым-шытырық айтыс- тартыстарды, қосып жазып, өтірік ССРО спорт шебері атағын алатындарды, жеке басының қамы үшін адам ойлап таппайтын айлашарғыға баратындарды жазатын тілшілердің жоқтығына қатты қынжыламын. Олай дейтінім, əр бапкер өз шəкіртінің ғана жайын ойлап, басқа мықты палуандардың бағын байлайды. Өзгенің емес, өзінің шыққан тауының ғана биік болуын қалайды. Егер асау өзеннің арналары бірте-бірте тартыла берсе, оның келешегі қандай болар еді? Спорт та, оның ішінде еркін күрес те сондай. Жержерден ағынды бастау ала алмаған соң, жаттықтырушылар бірінен соң бірі алмасып

жатқаннан кейін, күрестің де құлдырауы заңды. Ең бастысы, тəртіп нашарлап кетті. Тамыр-таныстық жайлап алды. Ал құлшына қызмет атқарайын дегендерге ешқандай жағдай жасалынбаса, оған мүмкіндік берілмесе, жағдай қалай жақсара қойсын?! Міне, осы сорақы мінездердің қан-жынын шығарып, оны жұртшылыққа бүкпесіз жеткізетін уақыт əбден келген жоқ па? Бұл арада мен өзімді басқа жаттықтырушылардан артық санап отырған жоқпын. Күні бүгінге дейін əділеттіліктің жоқ екенін, шындықтың шыңына шығудың қаншалықты қиын екенін айтқым келеді. Əйтпесе, мен өзімнің көз алдымда өскен Петр Суриковтай немесе өзімнің шəкіртім Аманжол Бұғыбаевтай қызмет атқара алмаймын ба? Бүгінде демократия, жариялылық талай-талай жолсыз, жөнсіз істердің ара жігін ажыратып, оның ақ, қарасын анықтап жатыр ғой. Еркін күрес жəне халықтық күрес ауылына да бетбұрыстың алтын күрек бір самалы соғады деп сенемін. Бұған еш күмəн келтірмеймін. Ал жетпіс жылдан астам уақыт бойы шырмауықтай шырмалған тоқыраудың əкімшіл- əміршіл құрсауынан босанып, тыңнан түрен салу да оңай емес. Есті, алды-артын ойлапболжайтын адам табылса, айтыс-тартыстан не ұттық, не ұтылдық деп оны ақыл таразысына салса, əр коллективте темірдей тəртіп болса, онда жоғалған жұмыстардың орнын толтыруға болар еді. Күрес – менің өмірім. Мен оған ғұмыр бойы қарыздармын. Өйткені мен осы елуден асқан жасыма дейін үйімді, семьямды, балаларымды ұмытып, тек қана күрес деп жүрген жан едім. Өмір бойы өзімнің жинаған бай тəжірибемді туған халқыма, жас ұрпақтарға берсем екен деп армандаған жанның бірімін. Мен үшін ел-жұртыма қалтқысыз қызмет атқарудан артық бақыт жоқ. Бірақ өз айтқаны болмаса қайтпайтын Ақбаев жолдастың қырсығынан маған күрестің билігі тимей отыр ғой. Шындығында, Ақбаев кім, Айханов кім? Ол қайдан шыққан данышпан? Оны былайғы жұрт танымайды да, ал менің есімім бүкіл дүние жүзіне əйгілі. Республи ка өкіметі ұлттық күреске жаны ашымайтын адамға спорттың бар билігін беріп қойып отыр. Егер Ақбаев осы қызметінде жүре берсе, күрес өнерінің өспей, құлдырай беретініне мен имандай сенемін. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, күреске түбегейлі өзгерістер, оны түбірімен жақсарту керек. Спорт

өміріндегі ең басты міндет те осы. Олай дейтінім, айлакер, жырынды топ тұғырдан түспей жүрген жылдарымда мені де, еркін күрестің атасы Петр Филиппович Матушакты да тірсектен қағып, əдіс-амалын асырып «бір оқпен атып» кетті ғой. Енді оны түзеу, ескі жараның орнын жазу қиынның қиыны. Сондықтан Қазақстан күресіне тез арада шұғыл да батыл шаралар қажет. Былай болмайынша, құр бос сөзбен күрестің көсегесін көгерте алмаймыз. Көгерте алмайтынымызды айтайын. Балаларға күрес техникасын үйрету жер-жерде бұрынғы қалыптасқан ескі методика бойынша жүргізілді. Қазақстан күресінің өспей, сол бір орында тұралап қалуының басты себебі де осында. Ал бұрынғы методиканы арифметиканың ежелгі төрт амалына теңесек, қазіргі күрестің сан алуан техникасы жоғары математика дəрежесінде. Бір есепті шығарудың бірнеше тəсілдері болса, еркін күрес əдістері де сондай, оны əр адам өзінің білгенінше орындайды. Əдісті білу бар да, қолдану бір басқа. Ол əртүрлі жағдайда келеді. Менің бір байқағаным жаттықтырушылардың білім деңгейі төмен, олар өзінің ерте кезде алған «ескі жүгіне» ешнəрсе қоспайды. Мəселен, мектептегі мұғалімдерден ғылым кандидаттарының сирек шығатыны сияқты, күрес бапкерлері де өзінде барды қанағат етіп, сарқылып қалады. Тəжірибелі бапкерлер мен өресі саяз жаттықтырушылар бір- бірімен əсте тіл табыса алмайды. Міне, бұл күрес үшін өте зиянды əдет. Осыдан барып алауыздық туады. Бір-екі таңдаулы палуан шықса болды, бөркімізді аспанға атып, даурығысып мəз боламыз. Жержерде желкілдеп өсіп келе жатқан жауқазын жастардың келешегіне өте жауапсыз қараймыз. Ал ауылдық жерлерде қаншама жас жеткіншектердің таланттары ашылмай жатыр. Оларға тиісті қамқорлық жасалынбай отыр. Егер əр жерде күреске жанашыр бапкерлер болса, əр ауылда, əр ауданда, облыс орталықтарында күрес үйірмелері тұрақты, өз мəнінде жұмыс атқарса, жауапты адамдарға қатаң талап қойылса, Қазақстан күресінің ежелден қалыптасқан бұрынғы атақ-даңқын қалпына келтіруге болар еді. «Ат тұяғын тай басар» деген. Жыл сайын республикадағы жоғары оқу орындарындағы дене тəрбиесі факультеттерінен жүздеген жігіттер мен

қыздар өмірге жолдама алып шығады. Мен ондай жас мамандарға уақыт талабынан артта қалма, əрдайым соны ойла, ізденіс үстінде бол деп тілеймін. Əрқашан əділеттіліктің ақ туын жықпаңдар, адал болыңдар дер едім. Сен шəкірттің ұстазы болсаң, ол сенің балаң іспеттес. Сондықтан жас палуандарға өз балаңа деген сүйіспеншілік сезіммен қарауың керек. Бапкер – мəдениетті, жан-жақты адам болуға тиісті. Шəкірт одан тек қана күрестің əртүрлі əдіс-тəсілдерін үйренумен бірге адамгершілік жөнінен де тəлім алады. Жастық шақ адамның албырт кезі емес пе, бозбала қателік жіберіп алса, оған кешірімді болған жарасады. Оның сол қателігін көз жеткізіп түсіндірсең, онда ол екінші рет келеңсіз жайды қайталамайды. Ондай жайға ендігəрі жол бермейді. Ел атынан кілемге түскен палуан – халықтың байлығы, халықтың арманы əрі халықтың тірегі. Неге дейсіз ғой? Егер сіз тарихқа бір сəт көз жіберсеңіз, батыр мен палуан ежелден Отанын жаудан қорғаған. Елі, жері үшін қасық қанын төккен. Батыры мен палуаны көп елге зұлым жау қадам баса алмайды. Сондықтан əр əке, əрбір ана өзінің жас нəрестесін батыр болып, палуан болып ер жетсе екен деп армандаған. Жаттықтырушы өз шəкіртінің құлағына осындай ұғымды сіңіре білуі керек. Əр баланың тілін табу бапкер үшін үлкен өнер. Шəкірттерді алаламай, бəріне бірдей қарасаң, еңбегің сонда ғана жанады. Жас палуандардың арасында ешқашанда өтірік айтпауға тырысу керек. Егер олардын көздерінше былапыт сөйлесең, не ішімдік ішсең онда қадір-қасиеттен жұрдай қаласың. Бүгінде жастар тəрбиесі кімді болсын қатты алаңдатып отыр ғой. Өз шəкіртіңді сендіре білсең, оған мол сенім артсаң, айтқан сөздеріңді нақты іспен дəлелдеп отырсаң жұмысың сонда ғана алға басады. Менің жас бапкерлерге беретін батам осы. Бастаған істі тастамаған жаттықтырушы ғана өзінің көздеген мақсатына жетеді. Іске сəт, жаңа қызметің əрдайым сəтті болсын, бауырым! Жас палуандарға да бірер тілек білдірейін. Күреске түсемін, белдесемін деп білек сыбанып, бел шешкен екенсің, қайта шегінбе, ақ қар, көк мұз болып жаттығудың қиыншылық, ауыртпалықтарына жігіттерше шыдай

біл. Оған төзе алмайды екенсің, онда келешекте палуан боламын деп басыңды ауыртпай-ақ қой. Алдыңа қойып, бет алғаннан кейін, үзбей, тұрақты жаттыққан абзал. Ал алға қойған мақсат – керуен көшіндей тым ұзақ əрі ауыр. Оған жететін жолда талай-талай қиын бекеттер кездеседі. Соның бəріне көнсең діттеген жеріңе жетесің. Төзе алмасаң орта жолда шаң қауып қаласың. Күресті бастамай тұрып, осы жайларды мықтап ойлан, жас палуан. Атақ-даңқтың айбыны асқар таудай. Оған таласа, тармаса, енді ғана шыққан сəтте тізгінді сəл босатып, жеңістің буына мастансаң, төмен қарай құлдырап кетуің оп- оңай. Біреу асты-үстіңе түсіп мақтап жатса – шаттанба. Тағы біреу жамандап, даттап жатса, оған да өр көңілің мойымасың. Өйткені жүйрік уақыт кімнің ақ, кімнің қара екенін өзі-ақ дəлелдеп береді. Ертең сен Отаның үшін, коллективің үшін талай-талай дүбірлі сындарға түсесің. Сонда соған барар алдында ел-жұртың телегей теңіздей ақ бата береді. Сен соны абыроймен ақтауға тиістісің жас дос! Соқыр жеребемен алда-жалда жолдасыңмен белдессең, аянбай қатты күрес. Досыңмен ұстаса қалсаң да оны жеңіп шық. Кілем үстінде кіммен жаулассаң да, одан кейін онымен жан аямас дос бол! Егер жақсы палуан атануды армандасаң, онда ұстазыңның əр айтқан сөзін жадыңнан шығарма. Жаттықтырушыңа сенсең – оның айтқанынан шықпа. Осы талаптарды мүлтіксіз орындағанда ғана көздеген мақсатыңа жетесің. Жас адам əсершіл болады. «Əсіре қызыл тез оңар», дейді халқымыз. Жылтырағанның бəрі алтын емес. Байлыққа, мансапқа қызықпа. Мен өз өмірімде тек күресті ғана ойлаған жанмын. Дүниенің басқа тірлігі мені онша қызықтыра алмады. Алдыма темірқазықтай айқын мақсат қойып, адал еңбекпен ғана атақты палуан атанғанмын. Жас дос, сендерге жеке басымның еңбекқорлығын, абыройын тілеймін. Мен сендерге қазақ елінің ежелгі халықтық күресінің ақжолтай туын əрдайым асқақтата беріңдер деймін. Жəне де оған кəміл сенемін. Сендерді қашан да жеңістің биік тұғырынан көре бергім келеді.

ҚАЗАҚСТАН ПАЛУАНДАРЫНЫҢ ЕРТЕҢІ Кең байтақ республиканың қаласы мен даласын араласам, ең алдымен жас жайнақтарға көзім түседі. Осылардың арасында болашақта қазақ халқынан əлем жəне Олимпиада чемпиондары шыға ма деп үміттенем. Мені еркін күрестің қазіргі мүшкіл халі əрдайым толғандырады. Сонда тұйықтан қалай шығамыз? Біздің бір осал жеріміз, жайшылықта қай-қайсы болсын, мен қазақпын, өз ұлтымның игі жақсы дəстүрлерін қалыптастырып жүрмін деп шыға келеді. Жəне де бұл мінез көбінесе ой-өрісі тар, ақылы қысқа жандардан шығады. Сырт қарағанда олардың айтқан сөздеріне елтіп қалатындар да аз емес. Көзін көрмей құмартып, өзін көріп түңілетіндер де кездеседі. Ал сайып келгенде солардың бəрі өздерінің күйкі тірліктерін күйттеп жүрген жырынды алаяқтар. Ал осы арзан құрмет, жалған көлгірсу арқылы аққа қара жапсырғандай, күресті додаға немесе саудаға салуға əсте болмайды ғой. Мұның бəрін тəптіштеп айтып отырғаным, күресте де ерекше дарын, айырықша талант болады. Бастаудың көзін ашқандай соларды тауып алып, дұрыс жөн-жоба, бағыт-бағдар беру оңай жұмыс емес. Ана бір жылы Арқалық қаласында болғанымда бір нар жігітті кездестірдім, Сол сəтте менің көз алдыма чех палуаны Богумил Куббат бар болмысымен елестеді. Шіркінай, өзі де кілемге мені шығаршы, томағамды сыпыршы деп тұрған қыран бүркіт екен. Əлгі жігітке ессіз ғашық болдым. Таныстық, жөн сұрастық. Сөйтсем, əлгі жігітім сегізінші кластың оқушысы болып шықты. Əлгі баланың əкесіне жатып жалынайын: «Осы тұңғышыңды маған бер. Алматыда орта мектепте оқытамын. Шамам келсе, жоғары оқу орнына да түсіруге көмектесемін. Ұлыңның келешегіне өзім жауап берейін», – дедім. – Жоқ, бұл тентекті қолымнан шығармаймын. Оқи алмаса, өз обалы өзіне, зердесінде бірдеңе болса, далада қалмас. Жын ұрған адамдай, өзімен-өзі күнде жанталасып, ақ қар, көк мұз болып жанын жеп палуан атанып, менің атымды шығармай-ақ қойсын, – деп əлгі замандасым көңілімді қатты қалдырды. Буынсыз жерге пышақ ұрасың ба, сол жолы Алматыға пұшайман күймен оралдым.

Менін əріптестеріме тағы да қарным ашатыны – əркім өз көйлегім өзіме жақын деп басқамен əсте санаспайды. Атамыз қазақ «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», демеп пе еді. Ал біздің ауыл деген ұғымымыз күн сəулетті Қазақстан емес пе? Олай болса, барша халқымыздың бүгінгі жəне ертеңгі күрес өнерінің тағдырын, келешегін кім ойлайды? Егер мен теңеуін таппай жатсам, кешіріңіздер, біздің еркін күрес жаттықтырушылары тау бөктерінде бытырап шашылған қалың отар сияқты. Əрқайсысы отымыз бен буымыз бөлек деп өзінің күнделікті күйбеңінен асып шыға алмайды. Қазақ бапкерлерінің тағы бір соры – ізденбейді, жылт еткен жақсылық болса, соны іліп алып жалғастырудың орнына, өзінің сарытап болған сүрлеуімен жүре бергісі келеді. Ол онымен алысқа ұзай ала ма? Жəне де таланты бір жас шықса, жерден жеті қоян тапқандай бөркін аспанға атып, кеудесін тоқпақтап, «мен-мен» деп шыға келетіні тағы бар. Ата-бабаларымыз бізге «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақылды бекерге қалдырмаған. Əттең осы аталы сөздің қадірін білмейміз, оның өзекті өртейтінін ұмытып кетеміз. Осындайда ертеде үлкендер жиі айтатын сыйластық деген бір ауыз сөздің төркінін де бажайламай қаламыз. Жақ-жақ болып керісуден, аталы сөзге тоқтап келісу артық. Егер республиканың жер-жеріндегі қазақ бапкерлері бір жеңнен қол шығарып дегендей, əр кез ұйымшылдық көрсетіп, бірігіп еңбек етсе, күрестің де көкжиегі кеңіп, бірер жылдың ішінде мамыр гүліндей құлпырып жайнап кетер еді. Əттең не керек, бұл да алыстан қол бұлғап қалатын алдамшы армандай бір елес қана. Олай дейтінім біздің санамыз əлі де қайта құрылмай жатыр. Жасыратыны жоқ, қазақ жаттықтырушылары енжар əрі жалқау. Көре алмаушылық дейтін қызылкөзді пəледен құтыла алмай жүрміз. Қызғаншақтық деген қара мысықтың алмастай тырнағы кеудені жөн- жосықсыз осқылайды. Бір-бірімізді күндейміз деп жүндей түтеміз. Ал осындай жағымсыз қылықтардың күні келмеске кететін уақыты əбден жетті ғой. Бүгінгі соңымыздан өкшемізді басып келе жатқан жас толқын осындай пасық мінездерден аулақ болса екен деп тілеймін. Өйткені бұл айықпас

дерт, ол есті адамды өсірмейді, қайта өшіреді. Соңғы лек мұндай жағымсыз «ауруға» ұшыраса, ол біздер үшін кешірілмес күнə. Əр адамның мінез-құлқы бір болмайтындай, əр бапкердің де жастарға үлгі-өнеге жəне күрестің сан қырлы тəлімдерін үйрету тəсілдері де алуан түрлі. Сонымен бірге бапкер өз шəкірттерін ізгілікке, жақсылыққа, адамгершілікке де баули білуі керек. Бұл жас палуан үшін өте маңызды. Осындай игі қасиеттерді бойына дарытқан жастардан ғана атақты палуандар күтуге болады. Палуандық өнердің бапкері болудан артық жауапкершілік жоқ деп санаймын. Ол дегеніңіз ақынның өрнектеген жырындай, абзал ананың баласына айтқан сырындай, жарқыраған алмас қылыштың жүзіндей, кестенің бізіндей ерекше өнер ғой. «Сен мына тəсілдерді үйрен, адам бол, адал бол, кілемде сақтанып жүр» деген жаттанды сөздерден ешқашан да жақсы палуан шықпайды. Жас жігер, ер көңіл жанып тұрған алау жалын. Соның ретін келтіріп, бабын тауып лаулата түсу бапкердіц ең бірінші парызы. Былай алып қарасаң, мұның өзі оп- оңайақ нəрсе сияқты. Ал əр жүрекке жол табу, іске аспай жатқан ондаған, жүздеген мүмкіндіктердің көздерін ашу кең даладан кен іздегенмен бірдей. Ал күресте бір күн ішінде жаңалық аша алмайсың. Бірде əріптесің жығып, енді бір белдесуде қапы қалып, палуанға кінə қою да қиын. Өйткені спорт та өзіміздің күнделікті тіршілік құрып жүрген өміріміз сияқты. Оның да өз көктемі, өз жазы, өз күзі мен қысы бар. Мұнда нар тəуекелге белін бекем буып, əлгі ертекте көп айтылатындай, талай-талай шөлдерден, айдын шалқар көлдерден төзімі жетіп өткендер ғана өзінің көздеген мақсатына жете алады. Бұған шыдамайды екенсің күрес ауылының жанына киіз үйіңді тікпей- ақ қой. Мен жеке өзім Ауғанстан сапарын қосып айтпағаннын, өзінде Қазақстан топырағынан ондаған шəкірттерді түлетіп ұшырдым. Солардың арасында ССРО-ның халықаралық дəрежедегі спорт шебері атанған Аманжол Бұғыбаевтың жұлдызы тым биік. Ол еркін күрестен ССРО чемпионы, төрт мəрте ауыл-село жастары арасында Бүкілодақтық ойындарының жеңімпазы. Аманжол өзіммен бірге ССРО Кубогын жеңіп алған палуан.

Манарбек Есімов – ВЦСПС чемпионы. Жақсыжол Көрпебаев ауыл- село Спартакиадасының жəне «Спартак» ерікті спорт қоғамының чемпионы. Тəрбиелеген шəкірттерімнің аты-жөндері мен алған атақтарын атай берсем, оның өзі кішігірім бір кітапша болар еді. Менен бір кезде дəріс алған жігіттердің өзі қазір бірнеше жайнақтарды түлетіп ұшырған бапкер атанып отыр. «Баласы атпен шапса, əкесі үйде отырып тақымын қысады» деген. Өзімнің кешегі шəкірттерімнің біреуі алқалы жарысқа қатысты деп естісем, ішіп отырған асымды жерге қойып, қашан содан бір хабар келгенше əсте тыныштық таппаймын. Соңғы жылдарда мен қызмет бабымен Қарағанды қаласында жиі болдым. Кеншілер астанасында еркін күрес зор бедел алған спорттың түрі. Мұнда Европа біріншілігінің, ССРО-ның, ССРО халықтары Спартакиадасының чемпионы атанған Мұсан Абдул-Мүсілімов, жастар арасында əлем чемпионы атанған Серік Алшынбаев пен Амангелді Жаппаров, ССРО Кубогының жеңімпазы Мұратəлі Майауызов, тағы басқа бірнеше талантты палуандар еліміздің спорттық намысын абыроймен қорғаған жігіттер. Бір өкініштісі – солардың ізін басқан жастар əлі де болса теңіз түбіндегі інжудей жарқырап көріне алмай жүр. Солардың тұсауын кесу біз сияқты жаттықтырушылардың ең басты парызы деп білемін. Бірақ бір байқағаным, Қарағандыда да еркін күрес бұрынғыға қарағанда едəуір кенжелеп калған сияқты. Оның ең басты себебі – кейінгі жылдары еліміздегі талай-талай атақты палуандардың тұсауын тұңғыш рет кескен, осы Қарағандыда Совет Одағының Батыры Нұркен Əбдіров атындағы Бүкілодақтық турнир соңғы кезде өзінің бұрынғы атақ-даңқын төмендете түсіп, абыройын жоғалтып алды. Бір кезде осы дүбірлі жарысқа қатысқандар да, оған жете алмаған жастар да арманда еді. Жалғыз Қарағанды емес, Өскемендегі жағдай да осындай. Мұнда тағы да бір қазақ батыры Төлеген Тоқтаров атындағы Бүкілодақтық турнир де өзінің бұрынғы игі дəстүрінен айрылып қалды. Соған қарамастан, еркін күрестен ССРО спорт шебері атанған жастар, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушылары жаңбырдан кейінгі көктем гүліндей тез қаулап кетті.

Мұны мен қызғанып айтып тұрған жоқпын. Спорт шебері атанған жақсы-ақ. Бірақ сол шебер тыз етпе жүйріктей тез болдырмай, тұлпарша алысқа, ұзаққа көсілуі əдіс-айласын тегіс бес саусақтай білуге міндетті. Өйткені ол сол үшін спорт шебері. Ал біз кейде кілем үстінен спорт шебері атанған жастардың бірінші разрядты жастардан да жығылып қалатынын жиі көріп жүрміз. Сондықтан осындай киелі атақты кім көрінгенге бере беру тегінде жақсылыққа апармайды. Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген бір жақсы сөз бар. Ол тəрізі осындайларға айтылған болар. Сондықтан үлкен абыройға ие болдың ба, соны əр жерде дəлелдеп, көрсете біл. Бұл бұрыннан да қойылатын, қазір де жиі айтылатын талап. Əркім жан-тəнімен, бар болмысымен сезіне білсе, бүгінгі уақыт алға қойып отырған жауапкершілік те осы. Осыған орай əр жаттықтырушы өзінің бапкерлік, адамгершілік қасиетін абыроймен орындап жүр ме? Міне, əңгіменің түп қазығы осында жатыр. Өзінің бұрынғы деңгейінен бір сүйем жоғары көтерілмеген палуаннан, ізденбеген жаттықтырушыдан ешқандай жақсы нəтиже шықпайды. Ал бұл орайда қазақ бапкерлеріне айтатын өкпе-наз өте көп. Сонын ең бастысы, біздер біреу бір ауыз ақыл айтса, соған шамданып қаламыз. Бұл əсте дұрыс емес. Атам қазақ «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегенді бекерге айтпаса керек. Қазір құр кеудемен алысқа бара алмайсың. Күрес тəсілдері күннен күнге жетіліп, шыңдалып жатыр. Соны əр бапкер өз шəкіртіне үйретіп, дарыта білуі керек. Бірақ біз үйренуден, ізденуден қашқақтай береміз ғой. Бұл нағыз залалды əдет. Осыдан арылуымыз керек. Тоқырау жылдарыңда сан қуып, сапаны тіпті ұмытып кеттік. Бет- жүзімыз бүлк етпестен, Зеке, Жəке, Беке десіп көз жұмып көзбояушылыққа салындық. Атақ пен құрметтің буына малындық. Сақалы қауғадай болып өскен жігітке, тез қырынып кілемге бозбала болып шық деп жалындық. Соларды іздеп күндіз-түні сабылдық. Төрешілерді төредей тік тұрып күтіп, кірпік қақпай қонақ үйден табылдық. Мəскеу мен Алматыдан біреу келсе, бəріміз тайлы- таяғымызбен солай қарай ағылдық. Алматыдан біреу келсе, бəріміз тайлы-таяғымызбен солай қарай ағылдық. Есебін тауып жағындық.

Олардың алдарына табақ тартып, бас қойдық, солармен бірге өзіміз де ішіп-жемге кекірік ата тойдық. Осымен еркін күрестің сəні кетті, мəні жоғалды. Сөйте де, күресіміздің бүрынғы күйі кетті деп жанталасып жүрген бір адамды көрмейсің. Бəрі де бұрынғыдай тап-тамаша. Күрестің көші қалай қарай бұрылып кетті дейтін бір жанашырды көрмегенге қатты қиналады екенсің. Осы енді ғана тоқыраудан мəңгірген есімізді жиып, жоғалған, ұмытылғандарды жоқтап жатқан жайымыз бар. Тосырқап, бір орында тоқтап қалған нəрсені алға бастыру оңай шаруа емес. Оны алға бастыру үшін көпшіліктің қажырлы ұйымшылдығы қажет. Он ойланып, жүз толғанып ақылдасып, кеңескен лəзім. Бір жерді шиырлап жайыла берген мал əсте семіріп, шөлдемейді. Белгілі бір сүрлеуден шықпай ескі тəсілден арылмаса еркін күрес те бір орында тұралап қалады. Қазақстан қалаларын аралағанда осыған көзім əбден жетті. Ал осы кемшіліктерден қалай арылуға болады? Тұйықтан қалай шығамыз? Мені əр кез осындай сұрақтар мазалайды. Соған жауап іздеймін. Меніңше, оның бірнеше жолдары бар сияқты. Қазақ тілі мемлекеттік мəртебе алып, аз да болса біраз шаруалардың қолға алынғаны дəтке қуат. Соған қуана қол соққанымызбен, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада Комитетінің тындырған ісі əзірше көңіл көншітпейді. Күрес түрлерінің кеңінен қанат жайып өркендемеуінің ең негізгі кепілі халықтық күрестің дамуына байланысты. Менің бұл сөзді бірнеше рет қайталап айтуымда бір мəн бар. Қанша рет айтқанмен, қанша рет шыңғырғанмен, еркін күрес өзінен-өзі бірден ұшпаққа көтеріліп кетпейді. Сондықтан ол халықпен бірге сан ғасырлар бойы жасасып келе жатқан ұлттық күрестен бастау алуы керек. Онсыз ешқашан да алға баса алмайсың. Сондықтан ең алдымен жер-жердегі спорт мектептерінің жауапкершілігін арттыру керек. Оқушылар санын толтыру үшін кейде кездейсоқ балалардың қабылдана салатынын көзіміз көріп жүр. Ал бұл орайда көбіне шалғай аудандардан күреске бейімі бар жастарды іріктеу мүлдем ұмыт қалған десем, оның ешқандай жалғандығы жоқ.

Облыс орталықтарындағы бапкерлер жыл он екі айда ауылға бірде-бір рет ат ізін салмайды ғой. Аудан орталықтарында тұратын жаттықтырушылар да солай. Сондықтан да республиканың пəленбай күрес мектептерінде тəрбиеленген балалар арасыңда талапты жастар жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртуге əбден дағдыланып алдық. Егер аудан жəне облыс орталықтарындағы күрес мектептері өзін-өзі ақтай алмаса, ешқандай пайда келтірмесе, оның қандай қажеті бар деген сұрақ туады. Бəлкім əлде оған қабылданатын балалар санын едəуір қысқартып, сапа жағына көңіл бөлген дұрыс. Неге десеңіз, жалпы орта білім алатын мектептерде оқитын балалар күрес мектебіне қатысамын деп өзінің күнделікті оқитын сабағын да, белдесу тəсілдерін де атүсті меңгеріп, тек қана көрсетіп қана жүреді. Ал ондай «палуандардың» барынан жоғы жақсы емес пе?! Бұл спорт мамандарының көп болып ақылдасып-кеңесіп шешетін шаруаларының бірі болса керек. Екіншіден, жаттықтырушылардың тұрмыстық жағдайы ерекше сөз етуді қажет ететін мəселе. Институт бітіріп, диплом алып келетін жас жаттықтырушылардың алатын айлық жалақысы тым аз. Оларды пəтермен қамтамасыз ету де нақты шешілмей келеді. Шынын айтсақ, облыстық дене тəрбиесі жəне спорт комитеттері осы мəселелерді өздері жеке шеше алмайды. Бұл да көп болып ойласатын жай. Үшіншіден, жер-жердегі спорт базалары бүгінгі өскелең талапқа сай емес. Күрес залдары, оған қажетті кілемдер жетіспейді. Əсіресе, ауылдағы жағдай қиын. Село палуандары облыстық, республикалық жарыстарға жылдап қатыспайды. Сонда шеберлік қайдан шыңдалады? Осындай шешімін таппай отырған келелі проблемалар жыл сайын үлкенді-кішілі жиындарда айтылмағанымен, ол сол жерде ұмыт қалады. Бұған облыстардағы жəне республикадағы жауапты қызметкерлердің еттері əбден үйреніп кеткен. Олар жауырды жаба тоқып, уақыт өткізгендеріне мəз. Міне, осы келеңсіз жайлардан еркін күрес өзінің бұрынғы атақ-даңқынан айрылып қалды. Көз алдымызда оның қадір-қасиеті айдынынан айрылған Аралдай күннен күнге

төмендеп келеді. Соның салдарынан қазір Қазақстандағы еркін күрестің беделін Бүкілодақтық жəне əлемдік деңгейге көтеру біздер үшін əлі арман болып қалып отыр. Республикадағы спорт басшылары мен күрес мамандарының алауыздығы, іске жаны ашымауы, бірін-бірі түсінбеуінің салдарынан біздің еркін күресіміз грузин, осетин, тағы басқа бірнеше елдер палуандарынан едəуір артта қалып отыр. Біз оған баршамыз бір кісідей жұмылып, ұйымшылдықпен еңбек еткенде ғана жете аламыз. Ал бапкерлер бірін-бірі көре алмай, осыдан жиырма, отыз жыл бұрынғы ескі жараның орнын тырнай берсе, əрине, іс алға əсте жылжымайды. Сондықтан менің айтарым – бəріміз де бірігіп, топтаса, жұмыла еңбек етейік. Баяғы өкпе-назды ұмытайық. Адамға деген ең ізгі ниет сенім деген қасиетті ұғымның нəзік пернесін үзіп алмайық. Сонда ғана қолға алған істен айтарлықтай нəтиже шығаруға болады. «Ынтымақ түбі – ырыс». Баянды бақ, атақ-даңқ берекеге, тер төккен еңбекке, ұйымшылдыққа ғана дариды. Қолда бардың қадірін білмеу үлкен күнə. Əйтпесе табиғатынан күрес десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқынан талай қас палуандар шыққан. Сол игі дəстүрімізден бір сəт көз жазып қалғандаймыз. Ата- бабаларымыз «жүзден жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегенді бекерге айтпаған. Олай болса, қазақ жастары арасынан əлем, Олимпиада чемпиондары əредік емес, жиі-жиі шығуы керек қой. Тағы да қайталап айтсам, еркін жəне классикалық күрестің кібіртіктеп отырғаны халқымыздың тума өнері – ұлттық күрестің кенже қалуынан. Ал оны жаңғыртпай, біз əлі де болса алға қарай сеніммен жылжи алмаймыз. Бұл бір күнде немесе үш-төрт жылда шешіле қалатын шаруа емес. Оны бүкіл халық болып, ұлттық күреске жанашыр маман болып, барша қауым қолға алуы керек. Əр жерден саусақпен санарлықтай көрінген он шақты қамқор жандар мұндай келелі мəселені əсте шеше алмайды. «Көп түкірсе – көл» дегендей, ел-жұрт, ағайындар халықтық күрестің шашбауын көтеріп, оның абыройын арттыруға бəріміз де бір кісідей ат салысайық.

ҚЫРАНДАР ҚИЯСЫ (деректі хикаят) Күтпеген кездесу ДАСТАРҚАН басында əзіл-қалжыңы үзілмейтін Валентина Васильевнаның кешеден бері қабағы салыңқы. Жайшылықта қасында отырғандардың езуін жиғызбайтын келіншегінің көңіл күйін Юрий Иванович та тамыршыдай тап басқанымен не дерін білмей дағдарып қалып еді. Ерлі-зайыптылар таңертеңгі ас үстінде көпке дейін бір- біріне тіл қатпады. – Юра, Аленаны білгір дəрігерлерге ұзақ уақыт бойы қаратпаса болмайды дейді. Не істейміз? Қайда барамыз?– деді біраздан кейін Валентина. Болмысынан айтар ойын ақыл таразысына салып, сараң сөйлейтін қожайын бұл жолы да сабыр сақтап отырған сыңайлы. – Валюша, мұңайма, тұла бойы тұңғышым Аленаны жер түбіне дейін апарсам да емдетемін. Өзің кішкене сабыр етші. Мен де дəрігерлермен ашық əңгімелестім. Олар балаға бірден-бір шипа болатын жер деп Қара теңіз жағалауындағы Анапа курортын атап отыр. Сүйікті қызым үшін қолымнан келетін бар жақсылықты аянбаймын. – Валентинаның мұңайған жүзі лезде нұрланып сала берді. 1975 жылдың жаз айы. Анапа жинақы ғана шағын қала екен. Төңіректің бəрі жасыл желекке малынған. Теңізден ескен салқын самал, көздің жауын алатын сан алуан гүлдердің хош иісі бойыңды сергітіп, қиялыңды қиянға шарықтатады. Жиделібайсындай жанға жайлы жерді Алена да жатырқамады, өзіндей бүлдіршіндермен тез үйренісіп кетті. Балғын жүзі оңып кеткен шүберектей бозарған баланың бетіне күн өткен сайын қан жүгіре бастады. Сүйікті қызының ажарынан күлкі табын жиірек аңғарған сайын əкенің алабұртқан көңілі де сабасына түсті. Жылжып күндер, сырғып айлар өте берді. Бапкер – қай жерде жүрсе де бапкер. Ол да ақынжазушылардай, артистердей үнемі тəтті арман құшағында жүреді. Шіркін-ай, менің де бір шəкіртім əлем жұртшылығын таң қалдырса екен деп қиялдайды.

Сол үшін де жастарға ақыл-кеңесін айтады, кейде ұрсады, қиналады, айналып-толғанады. Ұзақ түнде кірпік қақпай таңды-таңға ұластырады. Юрий Иванович Гордеев Анапада жүрген кезінде осындай беймаза хал кешіп еді. Классикалық күрестен ондаған СССР спорт шеберін даярлап шығарса да өзіне-өзі көңілі толмай жүрген. Жұмыр басты пенденің үкілі үміті таусылған ба?! Мұнар таудың сағымындай үзілмеген бір елес сол Анапада бір жалт еткендей болды. Шағын курортты қалаға қысы-жазы келіп кетіп жататын қонақтар легі əсте бір толастамайтын. Юрий Иванович өзін біраздан бері іңкəр еткен адамның соңын ала автобустан түсті. Ал ол бұған көз қырын да салмады. Алаңсыз, бір топ құрбы-құрдастарымен мектепке кіріп, ұзақ уақыт шықпай қойды. Гордеев оны көп күтті. Мұндайда уақыт өте қоя ма? Шыдамның шегі қаймыжық мұздай шетінеді. Мына іргедегі спорт залынан шыққан у- шуды естіген бапкер кермеде тұрған аттай тықыршиды. “Қиқу қыза түсті ғой, бас сұға салайыншы” деп ойлаған. Юрий Иванович өз көзіне өзі сенбеді. Бұл сыртта күтіп жүрсе, ол спорт залда жүр екен. Бапкер іздеген адамын аяқ астынан тапқанына мұндай қуанбас. Ол осыдан бір ай бұрын денесі еңгезердей, кең иықты, бойы екі мерт ге жуық, сымбатты бозбаланы көріп еді. “Шіркін-ай, өрге шапса шалдырмайтынның өзі екен. Қалаға келген тынығушылардың бірі шығар” деп ойлап қойған. Тіпті түнгі ұйқы алдында төсекте дөңбекшіп біразға дейін көз ілмеуді шығарды. Бүгін қалайда тілдесемін деп бекінген. Жолы болды, бозбаланың ізінен көз жазбады. Баскетболшылар сырттан келген Юрий Ивановичке көз қырын да салған жоқ. Бəрі де ойынға жанын салған. Годеев бозбаланың əр қимылына сынай қарап тұр. Сабаздың сырт пошымы да сымбатты. Бура саны, апай төсі, сұңғақ бойы қалақтай жауырыны бірден көзге ұрады. Ойын да аяқталды-ау бір кезде. Юрий Иванович оны есік алдынан тосып алды. – Жігітім, уақытың болса бірер минут мойныңды бұршы. Өзіңді біраздан бері сырттай қарайлап жүр едім. Егер рұқсат болса танысып қойғанымыз артық болмас. Мен, Юрий Иванович Гордеевпін.

– Аты-жөнім Игорь Растороцкий. Осы № 1 орта мектептің алтыншы класында оқимын. Юрий аң-таң. Өз көзіне-өзі сенбеді. – Жарайсың Игорь, əке-шешең, інілерің бар ма? – Бар. Əкем – Дмитрий Николаевич Растороцкий, осы Анапаның байырғы тұрғыны, шофер. Шешем – Светлана Васильевна, мамандығы медсестра. Жалғыз қарындасым бар, есімі – Нина. – Өте жақсы, Игорь. Саған айтатын бір өтінішім бар, егер ренжімесең бүгіннен бастап сені “балақай” деп атайыншы. Игорь таңдана жымиды. – Қалауыңыз білсін. – Жарайсың, балақай. Егер маған шын сенсең, сені мен ұзақ жылдар бойы іздедім. Нансаң, сенің осы тұлғаң, барлық болмысың əр күн сайын көз алдымнан кетпей қойды. Өйткені мен классикалық күрестен жаттықтырушымын. Өзіңдей бір бала кездессе екен деп армандайтынмын. Сен маған жаттығуға келуге уəде бересің бе? Қашан айтты деме, əлі-ақ екеуміз жер шарын түгел аралап шығамыз. Ойлан, қабырғаңмен кеңес. Игорь сол бір өң мен түстей қас қағым сəтте не дерін білмей аңтарылып үнсіз тұрып қалды. – Есіңде болсын, тұмандай тұнжыр болу жігітке жараспайды. Міне, мынау менің адресім. Кел, сені жаттығу залынан күтемін. Ал əзірше ертеңге дейін сау бол. Өзінің күнделікті сабағының күйбеңімен жүрген алтыншы кластың оқушысы дəл осындай оқыс кездесуді күтпеп еді. Игорь жаратылысынан сезімге тез берілетін, өзінің айтқаны болмаса қолма- қол ашуланып қалатын күйгелек мінезді бала еді. Көпке дейін дөңбекшіп, талықсып зорға ұйқтады. Көз алдына өзі кинодан жиі көріп жүрген шетел қалаларының қарбалас тіршілігі елестейді. Енді бірде өзін айғай-шуы құлақ тұндыратын зəулім сарайда күресіп жүргендей сезінеді. Сақалды төреші “жеңіске Растороцкий жетті” деп мұның

қолын жоғары көтеретін сияқты. Жан дүниеңді елжірететін тəтті елестер қол созым жердегі сағымдай бұлдырап жеткізер емес. Бір жарыстан кейін манағы аспан түстес жанарынан мейірім шуағын төккен жаттықтырушысы екеуі Москваға келіп, самолеттен түскен екен дейді. Гүл шоқтарын ұсынған қалың нөпір қоршап алған. Қолын құшақ толы гүл шоқтарына қанша созса да жеткізе алмайды. “Қап!” деп қатты өкінеді. Таңдайы құрғап қалыпты, тұла бойы терге малшынған. Оянғанда ғана айқын аңғарды. Əлгі тəтті елес түсі екен. “Қап, түс болса да аяғына дейін көрмедім-ау. Жарайды, тірі жүрсем маңдайыма жазғанды көре жатармын”. Алғашқы аптадағы жаттығулар Игорьді едəуір есеңгіретіп тастады. Аяқ та, қол да тіпті басқа біреудікі тəрізді. Денесіне мың, миллион ине сұққылағандай отырған орнынан тұрудың өзі қиындай түсті. “Аяқпен шалма, белден төмен ұстама” дейді. Сондай күрес бола ма?! Аспан ашық, ай жарықта өзіңнен-өзің жынданған адамдай жанталасып, алысып-жұлысып не көрінді соншама. Бүйтіп чемпион атанғаны да, бүкіл əлемді аралағаны да бар болсын. Күрестің жанында өзімнің хоккейім жұмақ екен ғой. Игорь мұндай құқайға көнбейді. Юрий Иванович өзінің Қарағандысына барып, басқа жігіттерді тауып алсын”. Содан ол үш-төрт күн бойы қарасын көрсетпей кеткен. “Аяқ астынан желімше жабысқан қызыл көзді пəледен құтылдым ба, жоқ па” деп жүрген. Мектептің сыртқы есінгінен кіре бергенде Игорь: – Балақай, сəлем,– деген дауысты тағы да естіді. Жалт қараса – Гордеев. Қапелімде кінəлі сəбидей не айтарын білмей абдырап қалды. Жаттықтырушы болса топ баланың көзінше бастырмалатып барады. – Бұл қалай? Ер жігіт екі сөйлей ме екен? Ауырып қалды ма деп қатты қорықтым. Білемін, көзің айтып тұр, алғашқы жаттығуды көтере алмай қалдың. Əлі де болса аяғың бастырмай, екі қарың көтертпей тұр ғой, ə? Сендей батыр жігіт сондайды елей ме екен. Қазір қыздар да білек сыбанып күреске шығып жүр. Қыздар құрлы қауқарың болмағаны ма? Игорьдің екі беті ду ете қалды. Намыс отына шоқ түсті.

– Юрий Иванович, жетті, болды. Бүгін кешке қарай жаттығуға барамын. Уəдем – уəде, тосыңыз. Сеніңіз, бұл менің шын сөзім. Палуан бала 1979 жылы Юрий Иванович Гордеев Анападан Қарадағандыға қайтадан оралды. Жаттықтырушының қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Сүйікті қызы Алена ауруынан құлантаза жазылды. Анапада жүргенде шəкірті Игорь Растороцкий “Спартак” ерікті спорт қоғамы Орталық Советінің біріншілігінде чемпион атанды. Мектеп оқушыларының Бүкіл одақтық XV спартакиадасында тағы да алтыннан алқа тақты. Игорь сол жолы он алты жасында СССР спорт шебері деген құрметті атаққа ие болды. Ұстаз үшін бұдан артық бақыт та, қуаныш та жоқ. Осы бір төрт-бес жыл ішінде Игорь күрт есейді. Бұрынғы болбыр дене шар болаттай шынықты. Бойға ой қосылды. Енді бұл өзін классикалық күрессіз өмір сүре алмайтындай сезінді. Əсіресе əкесіндей қамқоршы, жанашыр жақыны Юрий Ивановичтің Қарағандыға кетіп қалуы қатты қамықтырды. Жатса да, тұрса да ұстазының “балақай” деген жанға жайлы тиетін майда даусы құлағынан ызыңдап кетпей қойды. Жайшылықта онша көп ашылып-шашылып сөйлемейтін бозбала томаға-тұйық, беймаза хал кешті. Əке балаға сыншы емес пе, Дмитрий Николаевич жалғыз ұлының көптен бері көңілсіз жүргенін білгенімен, біразға дейін тіс жарып үндемеп еді. Кеудедегі сол сабыр сандығының кілті таңертеңгі шай үстінде ашылды. – Игорь, біздің көзіміздің қарашығы да, көңіліміздің сарасы да жалғыз өзіңсің. Əлгі қарағандылық жаттықтырушы Юрий Иванович еліне қайта оралған соң, ұнжырғаң мүлдем түсіп кетті. Құдайға шүкір, шешең екеуміз əзірше қартайып отырған жоқпыз. Нина барда жалғызсырамаймыз. Балам, сенің болашағың, бақытың əлі алда, біз бағыңды байламайық. Ұстазыңның өзі кішіпейіл, инабатты, жаны жомарт адамдай көрінді. Қадамыңа гүл бітсін, қарағым. Өзіңнің ойлаған ойың болса, ашық айт!

– Папа, көптен бергі толғандырып жүрген ойымды айны қатесіз дəл таптыңыз. Мен Юрий Ивановичсіз өмір сүре алмайтын тəріздімін. Ол маған қазақтың кең даласы туралы көп əңгімелеп еді. Сіздер рұқсат етсеңіздер, бағымды Қарағандыдан сынап көрейін. – Келістік ұлым, жолың болсын, қайда жүрсең де аман бол. Туып-өскен Анапа, толқынына қарсы жүзген Қара теңіз, құлын-тайдай бірге өскен, дос-құрбылар артта қалып барады. Ет жүрегі езіліп, дір ете түсті. “Шынымен, мен осы балалық жасаған жоқпын ба? Бейтаныс ел, көрмеген жер, жағдай қалай болар екен?” Аспан сұңқары ұшқыр-ақ, қиял одан да жүйрік. Игорь беймаза ой құшағында отырып, Қарағандыға қалай жеткенін аңғармай қалды. №3 спорттық бағыттағы мектеп-интернаттың директоры Бақдəулет Өрбісінов оныншы класс оқушысы Игорь Растороцкийді жатырқамай, жатсынбай қарсы алды. Ұстаздарымен, бірге оқитын кластастарымен таныстырды. – Мектеп-интернатымызда Одақ көлеміне аты танымал болған спортшылар аз емес,– деді ол. – Олармен өзің жата-жастана танысарсың. Мен саған күрес жөнінде біре сөз айтайын. Біздің Николай Лященко деген палуанымыз 1972 жылы Токио қаласында өткен жарыста қарсыласын 42 секундта таза жеңіп, жас өспірімдер арасында əлем чемпионы атанды. Ал жас талапкер палуандарымыздан Серік Алшынбаев пен Аманкелді Жаппасаовтан көп үміт күткеміз. Осындай үркердей шоқталған лекке енді өзің келі қосылдың. Мына оң жағыңда отырған жігіт Болат Байқабылов – классикалық күрес бөлімшесінің аға жаттықтырушысы. Бізде монша, асхана, кітапхана, спорт залы, дəрігерлік пункт, бəрі-бəрі де осы мектептің ішінде. Тек сабағыңды оқы, жаттық. Ал өзіңнің жаттықтырушың Юрий Иванович Гордеев қызмет атқаратын Қарағанды облыстық жоғары спорт мектебі де дəл іргеңде тиіп тұр. Қысқасы, Игорь, ең алдымен адам болуды ойлау керек. Ол сенің өз қолыңда. Он жылдықты ойдағыдай бітіргеннен кейін үйленемін десең кеншілер қаласында небір сұлулар бар. Манадан бері директор сөзін ұйып тыңдап отырған Игорь қапелімде өзі тентектік жасап алғандай қатты қысылып, үнсіз төмен қарап қалды.

– Игорь əзіл-қалжыңды түсінерсің. Жаңа ортаны жатсынба, ертең-ақ мектеп-интернат өз үйіңдей болып кетеді. Жайғасып орналас, жататын орныңа қам жеме. Жуын, тамақ іш, демал. Оныншы класс оқушысы директорға рақмет айтып, шыққаннан кейін ұзын дəлізбен жан-жағына қарап келе жатты. Мектеп-интернат ішінен спортшыларға тəн жинақылық, тазалық аңғарылады. Болашақ бапкері Болат мұны қос кереует қойылған шағын бөлмеге ертіп əкелді. – Спортшы ақ тер, көк тер жаттығудан кейін емін-еркін көсіліп жатып демалуы керек,– дейді балалар жарыса сөйлеп. Игорь жол бойы мұндай сый-құрметті, ыстық ықыласты күтпеп еді. Жаңа таныстарының қонақжай көңіліне риза болды. Сол күні мектеп-интернат ішінде гу-гу əңгіме Арқа самалындай есті. Əсіресе ауыл балалары бір-біріне кезек беретін емес. – Бізге алыстан бір дəу келіпті. – Салмағы 125 килограмм! – Бойын айтсайшы, екі метрден асады екен. – Енді ол баскетболдан жан шыдатпайды. – Жоқ, палуан дейді өзін. – Онда кімді болсын ə дегенде бойымен баса салмай ма?! Көрші қыз ИГОРЬ асығыс едім дегендей кейіп танытып, тағы да сағатына қарады. – Мемлекеттік емтихан тақап қалды. Европа біріншілігі де иек астында. Міне, менің бар еңбегім,– деп ол алдыма алтын медальдарын сыңғырлатып қоя берді. – Менің он екі жыл бойы шелектеп төккен терім осылар. Шетінен тізіп жаза беріңіз. Қалған əңгімені Вероника жалғастырар. Қазір университетке баруым керек. Алтын медальдар күн сəулесімен жарқ-жұрқ етеді. Міне, мынау 1981 жылы Канадада жастар арасында өткен əлем біріншілігінің ұмытылмас белгісі.

– Мама, Лейпцигтің медалі қайда?– деді манадан бері моп-момақан болып отырған Регина. – Міне, менің қарлығашым, 1985 жылғы Европа біріншілігінің алтын медалі,– деп ал қызыл лентаны Вероника қызының мойнына тақты. Сөйтті де: – Əлемнің екі мəрте Кубогы, əне, тұр,– деп талдырмаш денелі келіншек аялы көздерінің қиығын жалт-жұлт еткен шетел мебельдеріне қарай аударды да, біразға дейін үнсіз қалды. Осы сəтті пайдаланып мен “Игорь Растороцкий халықаралық спорт шебері” деген сөздерді асыға жаза бастадым. Сəлден соң Вероника: – Сіз Игорьдің мінезін көңіліңізге ауыр алып қалмаңыз. Кейде оны өзім де түсінбей қаламын. Биыл ол Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай оқып бітірмекші. Қысы-жазы жол үстінде, ағылшын тілін үйренемін деп бір жағынан жанталасып жүр. Оған да оңай дейсіз бе? – Кербез келіншек жай ғана күнсінді. Қол ұстасқан қосағым деп ақтап, не мақтап тұрған жоқ. Жауынның мөлдір тамшысындай ақ көңілінің қалтқысыз шындығы. Екеуінің алғашқы таныстығы да қызық. Верониканың əкесі марқұм Владимир Напольонович Аракелов Гордеевтің досы болатын. Көрші тұратын екі жолдастың есіктері əрдайым ашық. Вероника да Юрий Ивановичті əкесіндей сыйлайтын. Аузын ашса жүрегі көрінетін, зəредей қалтарыс, бүкпесі жоқ ақ жарқын қыз оныншы кластың емтихандарына əзірленіп отырған. Музыкалы қоңырау əндетті. Бапкердің таныс даусы естілді. – Балақай, жоғары шық, төрлет. Көрші қыз “балақай” деген тосын атауға елең ете қалды. “Юрий Ивановичтің үйінде кішкентай бала жоқ еді ғой. Бұл кім болды екен, ə?” Балақайды тезірек көргісі келіп, бөлмеден қаздаңдай басып, есікті ашып еді, көкшіл жанары шарасынан шыға сілейіп қатып қалды. Əлгі “балақай” деп жүргендері қой көздері сұстылау, қою мұртты, екі иығына екі адам мінгендей алып біреу. Оның жанында əкесі де, Юрий Иванович та бала сияқты. Вероника шағын бөлмеге адам лық толып кеткендей сезінді. Жұдырықтай жүрегі дір ете түсті. Өң мен түстің арасында жүргендей бір əсерге бөленді. Ұзын кірпіктерін жиі-жиі қағып, жан дүниесінің толғанысын біразға дейін баса алмады. “Ал

ойнарсың балақаймен”. Алыптың тілі жаңа шығып келе жатқан сəби сияқты. “Иə, да, да-дан” артық сөзі жоқ. Ойламаған жерден есін алған мұртты жігіт оған ертегідегі батырлардай көрінді. Сөз арасынан аңғарды, ол да биыл он жылдық мектепті бітіретін көрінеді. Ерке де нəзік қыз қысқа қайырым таныстықтан кейін мүлдем еркінсіп кетті. – Игорь, жүр емтиханға бірге əзірленейік. Біраз сабаққа дайындалғаннан соң киноға барамыз. – Мұртты бозбала да енді Верониканы көрмесе елеңдеп тұра алмайтын болды... Əзілдеп, көрші қыз деп атай бастады. Совет Армиясы қатарына аттанар қарсаңында Игорь оған өз көңілін білдірді. Көрші қыз бұл жолы да наздана жауап берді. – Игорь мені шын сүйсең саған қояр екі шартым бар. Соны орындасаң өмір бойы етегіңнен ұстар едім. – Қымбаттым-ау, екеу емес жиырма шарт қойсаң да орындаймын. – Бірінші тілегім – Отан алдындағы азаматтық парызыңды абыроймен атқарып қайт. Оған дейін мен медицина институтының алғашқы екі курсын бітірейін. Екінші тілегім – келген соң жоғары оқу орнына түсуге тырыс. Ол сенің қолыңнан келеді. Сонда ғана мен саған өмірлік жар боламын. Соңғы сөзін көрші қыз ойнап айтса да жастайынан бір беткей, қандай жағдайда болсын айтқанынан қайтпайтын Игорь оның бұл шартын да орындап шықты. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне сырттай оқуға түсті. Ал мына тұлымшағы желбіреп ойнап жүрген бала – тұңғышы Регина. Өзін жанындай жақсы көреді. Игорь мен Дəулет Екеуінің танысқанына шамалы-ақ уақыт өтті. Сол таныстық өткен жылы Омбы қаласында одан əрі жалғасын тауып, үлкен достыққа жол ашқан. СССР біріншілігі басталар қарсаңында Дəулет құрдасына тіл қатып: – Атам қазақ баласына белдескенде бекем бол деп бата беруші еді. Құрдас келіп кеткеннен кейін ажарың кіріп, өңіңе қан жүгіре бастады.

Енді чемпион атанбасқа ешқандай қақың жоқ,– деген. – Əй, қу құрдас-ай, сен өзің үндемей жүріп абайлап, бəрін байқап жүреді екенсің ғой. Өзің чемпион атанған соң басқаға көз қырыңды саласың ба? Бірақ мен де құрдастан қалыспаспын. Дəулет қалжыңының жаны бар еді. 1987 жылға дейін Игорьдің СССР біріншілігінде əсте жолы болмай қойған. Əйел жаны нəзік қой. Соны сезіп Вероника Қарағандыдан Омбыға əдейі ұшып келіп еді. “Үйдің сəлем-сауқатынан дəм тат” деп Игорь Дəулетті қонаққа шақырған. Дəулет сол кездесуді еске алып, құрдасының намысына ұшқын тастап отыр. Сол жолы екеуі де СССР чемпионы атанды. Елге абыройлы оралды. Содан бері жұптарын жазған емес. Игорьге Дəулеттің қайсарлығы, ізденгіштігі, еңбекқорлығы, ақ жарқын, ашықтығы ұнайтын. Ойламаған жерден батыл шабуылға шығып, оқыс қимылмен қарсыласын қапы қалдырып кететініне сүйсінетін. Міне, екеуі тағы да алыс сапарға бірге бара жатыр. Беталысы Финляндияның Тампере қаласы. Жиырма екі ел палуандары арасында өтетін “Европа-87” біріншілігіне қатыспақшы. Қазақстанның қос палуаны талай-талай аршын төс, бура сан күштілерді қапы қалдырып финалға шыққан. Дəулеттің ең соңғы қарсыласы Олимпиада чемпионы Юко Саломяки еді. Күрес десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер жеңісті Юкоға “беріп” те қойған. Кейбір жергілікті газетте біздің жерлесіміз Саломяки бес минутсыз Европа чемпионы деп те жазды. Игорь Дəулеттен бетер қысылды. Өткен түнде құрдасы қолқалап сұраған соң, Игорь ағылшын тілінде “Қош бол, менің махаббатым” деген өлеңді де шырқап берген. Əйтеуір, Дəулеттің көңілін көтеру үшін қолдан келген өнерін, ақыл-кеңесін аяған емес. Сонда құрдасы: – Музыкаға тілмаштың керегі жоқ. Сенің осы əніңде көңілге демеу беретін ерекше бір сыр, аянышты мұң бар. Мүмкін, осы əнің ертең маған қажыр-қайрат, жігер берер,– деген.

– Əйтеуір, абайла, сауысқандай сақ бол. Саломяки де кілемге екі иығын жұлып шығар. Тамперенің қызу қанды жанкүйерлері кеше жерлестері финалға шыққанда зəулім сарайды бастарына көтеріп кете жаздаған жоқ па. Менің жеңісімнің бастауы өзіңсің. Сен ұтсаң құрдасың да қарап қалмас... Фин палуаны ешқандай барлаусыз-ақ өңмеңдеп бірден шабуылға шықты. Мыңдаған адамдардың айғайшуынан құлақ тұнады. Жайшылықта үстінен түйе жүрсе де селт етпейтін Игорьдің де дегбірі қалмады. “Өзіңнің сүйіктіңді” қолдан деп қояды анда-санда. Оны естіп жатқан Дəулет жоқ. Кездесудің үшінші минутына тақалып қалғанда, кілем үстінде адам айтса нанғысыз оқиға болды. Қас қағым сəтте Саломякидің екі аяғы серең ете түсті де, ол кілемге шалқалай құлады. Қалғаны Дəулет үшін оңай шаруа еді, əріптесін тырп еткізбеді. 2 минут 58 секундтың ішінде Юконың жауырынын жерге тигізді. Сеңдей лықсыған, теңіздей толқыған спорт сарайының манағы даңғаза шуылы өткінші жаңбырдай тез басыла қалды. Диктор екі мəрте СССР чемпионы алматылық Дəулет Тұрлыхановтың Европа біріншілігінің алтын медалін жеңіп алғанын хабарлады. Игорь құрдасын аймалай құшақтап сүйіп жатты. Сол күнгі қуаныш көпке дейін, сірə да, ұмытылмас. Біздің жігіттер бір қола, бір күміс, бес алтын медальді еншілеп тұрғанда əдеттегідей Игорь Растороцкий жалғыз қалып, ең ақтық белдесуді күтіп еді. – Ал Қажекең бабамның өзі жебесін,– деді Дəулет. – Байқа, қарсыласыңның қабырғасын күйретіп алып жүрме. Қапы қалсаң өкініші ұмытылмайды. Алматы мен Қарағандыға қос алтынмен оралайық. Ең ауыр, 130 килограмм салмақ дəрежесінде кілемге шығатын швед палуаны Юханссон да тісқаққан палуандардың бірі болатын. Ол өткен жылы Челябі қаласының өкілі Владимир Григорьевті жеңіп, əлем чемпионы атанған. Игорьге Юханссонның “осал жерлері” жақсы таныс. Бұдан бұрын əр түрлі жарыстарда төрт рет кездесіп, соның бəрінде де мəртебесі асып еді.

Игорь бесінші белдесуге де қобалжымай еркін шықты. Жойқын күш иелері мұндай жауапты сынақта бір-біріне оңай алдырмайды. Бұл кезде Дəулет те Юрий Иванович Гордеевтен онша алыс емес еді. Əр минутыңның өзі сағатқа пара-пар сияқты, секунд жылжымай тұрып қалғандай. Үш-төрт рет оңтайлы сəтті өте шебер пайдаланып, ұпай санын асырған Игорь сол басымдылықты белдесу қашан аяқталғанша ұстап тұрды. Тампереде Совет Одағының Гимні шырқалды. Қарағандылық палуан Игорь Растороцкий осымен екі дүркін Европа құрлығының чемпионы атанды. – Жарайсың Игорь, ерледің,– деп Дəулет те құрдасына шын сүйсініп, ақ алғысын жаудырды. Бір-бірінен жұптарын жазбайтын қазақстандық қос палуан сəл демалыстан кейін Америка Құрама Штаттарына барып, осы елдің ең мықты жігіттерімен күш сынасты жəне халықаралық турнирге қатысты. Сан-Франциско қаласына келген СССР палуандары самолеттен түсе салысымен шай қайнатымдай уақыт жаттығып, бірден кілемге шықты. Бір семьяның балаларындай ұйымшыл совет спортшыларының мерейі бұл жолы да үстем түсті. Минскілік Камандар Маджидов ленинакандық Левон Джулфалакян, алматылық Дəулет Тұрлыханов, омбылық Теміржан Калимулин мен Владимир Попов, витебскілік Игорь Каныгин, қарағандылық Игорь Растороцкий американдық палуандарды ойсырата жеңді. Жалпы есеп 7 : 2. Келесі күні Конкорд қаласында АҚШ, Жапония, Куба, Швеция, Франция жəне СССР атлеттері қатысқан халықаралық турнир өтті. Бұл белдесулерде де Совет Одағының командасы бірінші орынға шықты. Жеңіске жеткен бес палуанның бірі – Игорь Растороцкий еді. Игорь мен Дəулет елге оралғанда бір-бірімен қимай қоштасты. – Ерледің Игорь, жиырма бес – жігіт жасы, октябрьде мүшел тойыңа шақыруды ұмытпа. Биыл алдымызда əлем біріншілігі, келесі жылы Олимпиада асуы бар. Сол биіктерге бірге көтерілейік, Қазақстан спортының атақдаңқын асқақтата берейік,– деді Дəулет.

– Айтқаның келсін, құрдас. Қарағандыға барысымен мемлекеттік емтихан тапсырамын, бұйырса университет бітіріп, диплом аламын. Алдымен осы жігіттердің бəрін сол тойға, Қарағандыға келіңдер деп шақырамын. Ал, құрдас, кездескенше күн жақсы болсын,– деп Игорь Дəулетті мол құшағына тебірене қысты. Ыстық құшақтар көпке дейін жазылмады. 1984 ж. ҚАПАН ПАЛУАН Бір кездегі көмірдей қап-қара қайратты шашын қазір ақ қырау шалған. Көпе-көрнеу көлгірсуді білмейтін, топан суы қаптаса да жалтақтауды, мақтануды сүймейтін Қапан əңгімеге шорқақ. Қайта жеңгеміз Рымкеш пысық па деп қалдық. Бірақ ол да сексеннің сеңгірінен асқан кейуана анаға балаша жалтақтап, лəм деп тіл қатпады. Кенжебаевтар үйінде заң тармағына жазылмаған бір тəртіп бар. Үлкен отырғанда жасы кіші тілмарсып, көсемсіп, шешенсіп сөйлемейді. – Қапанжанымды кəзитке жазамын десең алдымен мені тыңда, балам,– деді манадан үнсіз отырған ана. – Мен осы ғасырға жуық ғұмырымда өліп көрге түскен жоқпын. Əйтпесе замана зұлматын мойынға артып, тіршіліктің талай бейнетін көрдім,– деп бастады өз əңгімесін Рахима шешей. – Бауырым құтсыз болған жоқ, құлыным,– деп қарт ана сөзін одан əрі сабақтады. Он үш құрсақ көтердім. Баяғыда қариялар “Адамның басы алланың добы” дегенде бұл сөзге таңғалушы едік. Пенде көресісін көрмей, тынбайды екен. Отызыншы жылдардағы ашаршылық еске түссе осы кезге дейін тұла бойым қалшылдап кетеді. Тəуба дейін, құлқынның қамымен Сібірге де асып кеттік. Ондағы нəубатты адам баласының басына бермесін. Құлыншақтай құлдырап жүрген жеті жастағы Түсіпханымның балдай тəтті қылығы əлі көз алдымда. Бір күні ойнап келді де күрт құлады. Қан кетіп тілге келмей шейіт болды. Торсықтай Жағыпарымды қалай ұмытайын. Новокузнецкіден елге қайтқанда ол емшекте еді. Поезда келе жатқанда құшағымда көз

жұмды. Жолшыбай түсіп қалсаң, қайтадан поезға міну қиямет қайым. Демі таусылған нəрестені кеудеме қысып бірнеше тəулік нəр татпай, тіл қатпай, көз ілмей елге келіп оны да бір төмпешіктің қойнына жасырған бейбақ анаң менмін балам. Шөп машинасына өгіз табылмай, сиыр жегіп аяғымды шалғыға отатқан да менмін. Қалың ел-жұртпен ер басына күн туған соғыс жылдарында “Тегісшілдік” колхозының сиырын сауып, бүгінгі мамыражай заманда дер кезінде зейнетақымды уақытында ала алмай қорлық көрген де менмін. Қайсы бірін айта берейін, жаным. Қазір менің қатарым кеміп, айдын көлде жалғыз қалған аққудаймын. Əйтеуір мына жаңа құлындарымның арқасында еш қиындық білінбейді. Зарығып көргенде кіндігін балтамен кескен Қапаным осы ғой. Басқалары бір төбе де, Қапанжаным бір төбе. Көңіл кірі айтса кетеді деген. Зердеңмен зерделесең Қапанжанымның жастық шағы қиындықпен өтті. Басқасын енді өздерің əңгімелесе беріңдер... Ұлдан гөрі сүт кенжесі Мəрияның үйінде көбірек болатын абзал ана Қапанжанына кір жуытпайды. Оны айналып-толғанып аузынан тастамайды. Ананың балаға деген ақ махаббаты осы да... 1952 жыл. Қапан жетінші класты тəмамдаған соң Сарандағы педагигикалық училищеге оқуға түскен. Мұнда бозбалалардан бойжеткендер басым. Бар салмақ ұлдарға түсті. Бəрінен де спорт жарыстары өтсе қыздардың “Қапан, Қапан” десіп қиқуласатыны қиын- ақ. Ондайда Қапан да бар жанын салып-ақ бағады. Өзі бесаспап. Жүгіреді, секіреді, ядро серпеді, шаңғы тебеді. Сол кезде алған мақтау грамоталарының өзі бір құшақ. Кенжебаев сонда шаңғыдан училищелер арасында өткен жарыста облыс чемпионы атанып бірінші разряд алды. Мұндай атаққа сол кезде де, қазір де екінің бірінің қолы жете бермейді. Училищені абыроймен бітірген соң туған аулына оралып дене тəрбиесі пəнінен сабақ берді. Спорттан қол үзбеді. Шаңғыдан бірнеше рет аудан, облыс чемпионы атанды. Уақыт жылдам. Арада үш жыл желдей есіп өте шықты. Бір күні Қарағанды педагогикалық институтындағы биология факультетінің

жанынан дене тəрбиесі бөлімі ашылыпты деген хабарды естіді. Спортқа жаны құмар жайсаң жайнақ елең ете түсті. Содан бағын сынауға Қарағандыға келсін. Педагогикалық училище бітірген, одан соң үш жыл ауыл мұғалімі болған Қапанға қабылдау емтихандары сөз болып па?! Барлық сынақтарды ойдағыдай тапсырып студент атанды. Іле-шала колхозға жиын-терін жұмысына аттанды. Басқарма қарулы деп бес-алты жігітті сүрлемді жайып, жазып тұруға бөлді. Сайдың тасындай іріктелген қарулы жігіттер қойсын ба, қандай іс тапсырылса да жапырып атқарып тастайды. Шаршап-шалдығуды білдірмейтін қайран жастық-ай десеңізші. Қалт етіп қолы босағанда жұмсақ сүрлем үстінде күресе кететін. Күрестің əліппесін ерте үйреніп, облысқа танылып үлгерген Зейниден Есмағамбетов, Ермек Иманбаев, Серік Демесіновтердің атағынан именбей Қапан да кез-келгенімен белдесе түсетін. Бірде жығып, бірде жығылып дегендей, атақтылармен теке тіресіп жүргенде оны бапкер Феликс Григорьевич Примильский көріп қалды. – Қапан, сен бұрын күресуші ме едің? – Жоқ, белдесіп тұрғаным осы. – Олай болса Қарағандыға оралысымен күрес үйірмесіне кел. Сені өзім жаттықтырамын. – Жарайды. Қапан күреске осылай оқыс келді. Палуан атанамын деп əсте ойламап еді. Талаптыға нұр жауар дегендей, классикалық күрестің сан алуан əдіс-тəсілдерін тез үйреніп алды. Айналасы екі жыл ішінде ССРО спорт шебері деген құрметті атаққа ие болды. – 1962 жылы көкек айында Аөтөбеде Орта Азия жəне Қазақстан палуандарының біріншілігі өтті. Осы сынға Қарағандыдан Шəріп Харисовтың шəкірті Нығмет Əйтенов екеуіміз қатысып едік. Жеңіл салмақта күресетін Нығмет бірінші, ал өзім үшінші орын алдым. Ақтөбе сапары сəтті болып, екеуіміз де Қарағандыдағы қазақ жастары арасында тұңғыш рет ССРО спорт шебері деген атаққа ие болдық.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook