Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жайлы 111 сұрақ

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жайлы 111 сұрақ

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-12-25 04:13:51

Description: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жайлы 111 сұрақ

Search

Read the Text Version

Нұрлан Сайлауұлы Әкім Алымуддинұлы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жайлы 111 сұрақ Алматы, 2014

УДК 297 ББК 86.38 С 16 Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген әл-Әзһар университетінің түлегі, «Нұр-Мубарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, Н. Сайлауұлы Айнушәмс университетінің түлегі, әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің магистранты, Ә. Алымуддинұлы С16 Пайғамбарымыз (с.а.с.) жайлы 111 сұрақ – Алматы; «Көкжиек» баспасы, 2014.– 276 бет. ISBN 978-601-7495-16-9 Ғаламның рақым нұры, ақырғы елші Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) есімі бүгінде батыс пен шығысқа түгелдей таныс. Қолдарыңыздағы кітап бүгінгі таңда Пайғамбарымыз жайлы түрлі сенім өкілдерінің көкейінде жүрген сауалдарына жауап ретінде жазылған. Еңбек барша оқырман қауымға арналған. УДК 297 ББК 86.38 ISBN 978-601-7495-16-9 © Н.Сайлауұлы, Ә.Алымуддинұлы, 2014 © «Көкжиек» баспасы, 2014

Алғы сөз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) аты қазіргі таңда төрткүл дүниеге кеңінен таныс. Оның ұлы тұлғасына тек мұсылмандар ғана емес, өзге сенім өкілдері де таңданысын жасыра алмай, ерекше құрметпен қарайды. «Ең ықпалды 100 тұлға» атты басылымның авторы Майкл Харт оны ең бірінші орынға шығарды. Германияның мемлекет қайраткері Бисмарк: «Сенің ғасырыңда туып, өзіңмен замандас бола алмағаныма өкінемін, Мұхаммед!» – деп шынайы өкінішін білдіріп, 1927 жылғы халықаралық құқық конгресінде сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Адамзат баласы хазірет Мұхаммедті мақтан тұтады, өйткені хат танымайтын бола тұра, оның дарабоздығы мен даналығы сонша – небәрі жиырма үш жылдың ішінде керемет құқықтық жүйе қалыптастырды. Мына біз, Еуропа халқы, сол деңгейге екі мың жылдан кейін жете алсақ, бақытты болар едік». Еуропа халқы тамсанған ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) тұлғасы қазақ баласына ежелден таныс. Көшпелі ғұмыр кешкен қыр баласының салт-дәстүрі сүннетпен біте қайнасқан. Тағдырдың талайына төтеп беріп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» бастан кешірген қазақ жұрты орыстың құдайсыздандыру саясатының ығында жүрсе де сүннетті тұрмысынан бөлек ұстамаған. Дей тұрғанмен, рақым пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.с.) біз танымаған қыры мен пайымымыз жетпеген тылсымы терең тұстары жетіп артылады. Пайғамбарымыз(с.а.с.)жайлы елдің білгені бір тоғыз болса, білмегені тоқсан тоғыз деуге болады. Еңбекте хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығының дәлелі, көрсеткен мұғжизалары, болмыс-бітімі, отбасы мүшелері, ол кісіге қатысты түскен Құран аяттары мен заманында орын алған кейбір оқиғалар төңірегіндегі елдің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап жазылған. Мұсылманның иман еткеннен кейінгі маңызды қадамы өз бойына сүннетпен қатар Ислам ахлағын сіңіру. Бұл, әрине, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) болмысын бүге- шігесіне дейін танығанда ғана мүмкін болмақ. Жауаптардың барлығы түрлі сира кітаптарына сүйеніп, аяттар мен хадистерден алынған дәлелдермен дәйектеліп, тұжырымды ойлармен түйінделген. Үмбетке, яғни, бізге артылар міндет – соңғы елшіге иман ету, сондай- ақ өсиетке берік болу. Оны жанымыздан артық жақсы көрумен қатар, Аллаһ елшісінің бойындағы адами қасиеттерді қанға сіңіру, ұлық есімін дәріптеу. Бұл еңбекте расулаллаһқа (с.а.с.) қатысты көкейтесті сауалдарға, сондай-ақ кейбіреулердің біле тұра қасақана қойған сұрақтарына тұшымды жауаптар берілген. «Күндердің күнінде есімім шығыс пен батысқа түгелдей танылады» деген хадисін жетекке алып, қолдарыңыздағы кітап дініміз Исламның дамуына аз да болса үлес қосып, аталмыш хадистің үдесінен шығуды мақсат етеді. Аллаһ тағала баршамызды Құранның тура жолына салып, бойымызға хақ елшісінің көркем ахлағын нәсіп етсін! Әмин! Баспадан

1. Пайғамбарлардың жіберілу сыры неде? Пайғамбарлардың жіберілуінің басты міндеті – өз халқын Аллаһтың бар және бір екеніне иман етуге шақыру. Ұлы Жаратушымыз құмырсқаны да, бал арасын да басшысыз қалдырмағаны секілді адамзат баласын да қараусыз қалдырмай, иманға шақыру үшін әркез пайғамбарлар жіберіп отырған. Жоқтан бар етіп, сан түрлі нығметке бөлеп, көркем бейнеде жаратқан Хақ тағала адамды басқа тіршілік иелерінен қадірін артық қылды, бірақ кейде пенде осыншама нығметтің шүкірін білмей, Ұлы Жаратушысын танымай, өмір сүрлеуінен жаңылып, өз бетінше тура жолды таба алмай қиналады. Әрине, Аллаһ тағаланы әркім өз бетінше тани алмайтынына тарих куә. Мысалы, екі пайғамбар арасындағы дәуірдің өзінде адамдар неше түрлі нәрселерге табынып, тіпті табиғат құбылыстары мен жұлдыздарға құлшылық қылуға дейін барған. Біреулер бұл құдіретті «табиғат» деп қабылдаса, кейбірі қолдан жасалған пұттарды құдай көрді. «Неге пұтқа табынасыңдар?» – деген сұраққа «Бізді Жаратушыға жақындата түссін деп ғибадат етеміз», – деп жауап беретін. Ой-өрісі пұтқа табынуға ғана жететін жалпақ жұртты дұрыс жолға бастап, иманға шақыру жауапкершілігі ақырғы елшіге жүктелді. Міне, сондықтан Аллаһ тағала мейірімімен өзінің елшісі Мұхаммед Мұстафаны (с.а.с.) жіберді. Пайғамбарлардың жіберілуінің екінші бір хикметі– шариғатты толық түсіндіру. Аллаһ тағала адамды тек ақылдың ғана жетегінде ұстамаған, өйткені жақсылық пенжамандық ұғымдарын әрбір ақыл иесі әрқалай түсінуі кәдік. Бұның бір мысалы, пәлсапашылардың бақыт пен бақытсыздық, ләззат пен мазасыздық, жақсылық пен жамандық турасында түрлі көзқараста болуында. Ақ пен қараны ажыратуға қабілетті болғанмен, ақыл өмір бойы бір қалыпта тұра бермейді, өйткені адамныңжеткіншеккездегі ақылымен жастық шағындағысы, қартайған кездегісі бір-біріне ұқсамайды. Тіпті кейде ақылдың біле тұра жамандыққа қызмет ететіні де аракідіккездеседі. Сол себепті мейірімі шексіз Аллаһ тағала адамдарға пайғамбар жіберіп, ақ пен қараны ажырататын шариғатты түсірді. Егер Аллаһ елшісі шариғатымызды түсіндірмегенде, онда біз намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты құлшылықтың мән- мазмұнын ұғынбай, арақ ішу, зина жасау, ғайбат айту мен кісі ақысын жеудің күнә екенін білмес едік. Алайда адамның жаратылыс мақсаты – Аллаһқа құлшылық ету. Құран аятында «Жын мен адамды тек Өзіме құлшылық етсін деп жараттым»( «Зәрият» сүресі, 56) деп ашық айтылады. Сол себепті пайғамбарлардың міндеті – ғибадат пен шариғатты үйрету. Елшілердің жіберілу хикметі – қоғамға үлгі болу. Тек дін тұрғысынан ғана емес, дүниелік іс-әрекет жақтан да өнеге көрсету. Олар рухы биік, ерік- жігері қуатты, жаратылысынан таза болып келеді. Қасиетті Құран хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) бұрынғы елшілердің жолымен жүруді әмір ете отырып, бұл жолдың бүкіл адамзат үшін үлгі екендігіне назар аудартады(«Әнғам» сүресі, 90) Қай жағынан алып қарасақ та кез келген расулдыңжеке өмірі шынайы көркем мінез бен ізгілікке толы. Адамзаттың бейғам тіршілік кешіп,

рухани азғындыққа салынуын қаламаған пайғамбарлар Ұлы Құдіретті танытамын деп кісі төзгісіз қиындықтарды бастан өткерген. Өмірінде бір сәтке де дүниені мұрат етпеген. Жеке бас мүддені олар атымен ұмытқан. Құрандағы «Олардың бәрі ізгі жандар еді» («Әнғам» сүресі, 85) деген аят бүкіл елшілер туралы ашық білдіреді. Демек, бұл құтты елшілердің барша адамзат үшін ең көркем үлгі, адастырмас жетекші екенінде ешқандай күмән жоқ. Пенденің міндеті соларға мойынсұнып, сілтеген бағытқа бет түзеу ғана. Пайғамбарлардың тағы бір ерекшелігі – дүние мен ақиретті қатар алып жүру. Осы арқылы адам баласы асыра сілтеуден тыйылып, орта жолды табады. Дүниені жанға жақын тұту да, тіршіліктен біржола алыстау да Пайғамбарымыздың жолына жат. Дүниені шектен тыс жақсы көру күнәға апарар төте жол екені бесенеден белгілі. Ал ақирет өміріне келгенде көбіне- көп діннің негізіне қиял араластырып, хадиске пікірін қосып ой қорытқандар бой көрсетіп отырған. Ақиретке деген сенім кенжелеп қалған бүгінгі қоғамда бақыт пен тыныштықтың орнауы оңай емес екеніне көзіміз жетіп отыр. Тіпті бала екеш баланың өзі өлім атты үрейлі ұғымнан жұмақ туралы ақиқат арқылы арыла алады. Ал төрінен көрі жақын қариялар ақиретке иман етумен күні ертең кіретін қабірінен мәңгілікке жоғалуды емес, жұмаққа ашылған есікті көреді. Жалындаған жастар да бойында тасыған сезімдері мен алапат құмарлықтарын жұмақ пен тозақ ұғымдары арқылы тежейді. Демек, шынайы бақытты қоғам қалыптастыру адами болмыспен үйлесе білетін, иләһи қағидалар орнатқан пайғамбарлардың ғана қолынан келмек. Елшілердің жіберілу хикметтерінің тағы бірі – ұлы сот күнінде амалдарымыз таразыға тартылып, есеп берілер шағында «Бізге ескертуші келмеді», – деп сылтау айтпау үшін. Бұл Құранда былай түсіндіріледі: «Сүйіншілеуші әрі ескертуші ретінде пайғамбарларды жібердік, енді адамдардың Аллаһқа қарсы айтар сылтауы жоқ. Аллаһ – Ғазиз әрі Хаким»(«Ниса» сүресі, 165) «Қиямет күні әр үмбетке бір куәгер әкеліп, сені де куәлік етуге шақырғанда, олардың халі не болмақ? Пайғамбарға қарсы шыққандар сол шақта жермен-жексен жоғалып кетуді қалайды. Ешқандай сөздерін Аллаһтан жасыра алмайды» («Ниса» сүресі, 41-42; «Нахл» сүресі, 89)деген аятта айтылғандай, Аллаһ тағала барша адамзатты жинап, өз үмбетіне насихат жасағанын айтқызып әр елшіні куәгер етеді. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) дәріптеген бұл құндылықтарға сол заманның адамдары ғана мұқтаж еместігін білген жөн. Исламның жауһар жүйесі өткен мен бүгіннің және келешектің адамдарына да ауадай қажет. Бұл өтпелі ғана қажеттілік емес, барша адамзаттың мәңгілік қажеттілігі. Өркениет пен ғылым, байлық пен күш, саяси билік пен әлеуметтік ахуал қандай күйде болса да адамдар ең алдымен иман мен ғибадатқа зәру. Ал егер осы ең негізгі қажеттіліктерін өтемей құлқынына құлдық ұрып, құлшылыққа құлықсыздық танытса, күні ертең өкініштен өзегі өртеніп, бармақ тістеп қала беретінін ескерген жөн.

2. Пайғамбарлар неге періштелерден таңдалмаған? Расул міндетін кімге беру керектігінҰлыРахманның өзі ғана белгілейді. Бұл жайында Құранда: «Аллаһ пайғамбарлықты кімге беретінін өте жақсы біледі» («Әнғам» сүресі,124)деген. Қаласа елші ретінде періштелерді де жібере алатын еді, бірақ Жаратқанға сенбейтіндер сол кезде «Біз періштенің істегенін істей алмаймыз », – деп сылтау айтары анық, сондықтан өздері сияқты мұқтаждығы бар адам баласын таңдады. Жаратушының бұл ісіндегі хикмет: өз ортасынан таңдалған пайғамбар оларды толықтай танып, қауыммен бірге тұрып, бірге жүріп, қиыншылықты да, қуанышты да бөлісе отырып, адами шыңды бірге бағындыру. Пайғамбарды өздеріне үлгі етіп соған қарап бой түзеуі, Аллаһ тағаланың әмір еткен парыздарын елшілер түсінікті тілде жеткізуі, адамдар олардың адами өмірін көріп, соны үлгі тұтуы еді, сондықтан пайғамбардың періштеден емес қарапайым адамдардың бірі болып дүние есігін ашып, жоғары шыңға өрлеуі өте маңызды. Құранда: «Расында, Аллаһқа және ақирет күніне үміт еткендер мен көп еске алған кісілер үшін Аллаһтың елшісінде көркем өнегелер бар» («Ахзаб» сүресі, 21) деп үлгі-өнегені пайғамбардан алуды бұйырды. Егер періште болғанда оны үлгі ету болмысы бөтен жаратылысты үлгі еткендей болар еді, сондықтан болса керек Құранда пайғамбарлардың адам екендігіне тоқталған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Шындығында, біз де сендер секілді адамбыз»( «Ибраһим» сүресі,11; «Һуд» сүресі, 31.) деп, өзінің қанша күнәдан пәк болса да адам баласы екендігін айтып, халықты өзіне жақын тартқан. Кезінде нәбиден қалыптан тыс құдірет күтіп, өздері сияқты адамзат екенін қабылдағысы келмей, тіпті құдайға теңегендері шыққан. Ал енді біреулері жай адам есебінде қабылдап, күнә істейтіндіктерін алға тартып, дәрежелерін төмендетуге тырысқан. Сыртқы келбетіне қарап кісінің тылсым әлемдермен байланыс құру қабілетін, басқа да ерекше қасиеттерін мойындамау тек пендеге ғана тән емес. Дәл осындай қарсылықты Адам атамыз (а.с.) жаратылған кезде Ібіліс малғұнның істегені де белгілі. Адамның (а.с.) топырақтан жаратылған болмысын өзінен төмен санап, Аллаһтың әміріне қарсы келген болатын, сондықтан мәңгілік қарғысқа ұшырап, тозаққа лайықты болды. Олай болса, бұл малғұн шайтан да адам баласына өзінің ойын салып, адастыруы өте оңай. 3. Пайғамбарымыздың «Мен – Ибраһимнің дұғасымын» дегенін қалай түсінеміз? Ибраһим пайғамбар бір кездері әйелі Ажарды құндақтағы сәбиімен бірге Қағбаның төңірегіне, сусыз шөлді мекенге Аллаһтың әмірімен тастап кеткен болатын. Исмайылдың құрметіне ол жерде зәмзәм суы шығып, ел болып Ибраһим пайғамбардың ұрпағы көбейеді. Күндердің күнінде Ибраһим пайғамбар баласымен ақылдасып, қасиетті Қағбаны қайта тұрғызбақ болады. Қағба қайта тұрғызуды қажет ететіндей мүжіліп кеткен болатын. Қағбаны

қайта тұрғызуға білек сыбана кіріскен Ибраһим пайғамбар бір жағынан Аллаһтан жалбарына дұға тілеп жүрді, өйткені мұндай қасиетті жерде дұғаның қабыл болатынын жақсы білетін. Жаратушыға ‫َربَّنَا َوا ْب َع ْث فِي ِه ْم َر ُسو اًل ِّم ْنهُ ْم يَ ْتلُو َعلَ ْي ِه ْم آيَاتِ َك َويُ َعلِّ ُمهُ ُم ا ْل ِكتَا َب َوا ْل ِح ْك َمةَ َويُ َز ِّكي ِه ْۚ ْم إِنَّ َك أَن َت ا ْل َع ِزي ُز ا ْل َح ِكي ُم‬ « Раббымыз! Бұл әулеттен өздеріне аяттарыңды оқитын, кітап пен хикметті (сүннетті) үйрететін һәм оларды (жаман ойлардан) тазартатын елші жібер. Сен үстемсің әрі Хикмет иесісің » («Бақара» сүресі, 129) деп дұға еткен болатын. Бұл дұғасының қабыл болуының көрінісі жүздеген жылдардан кейін Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбар болып дүниеге келуі еді, өйткені Ибраһим пайғамбардың баласы Исмайылдың ұрпағынан тек Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардан басқа пайғамбар келген емес. Дұғаның іске асуы үшін кейде бірнеше жылдарды қажет етуі мүмкін. Ибраһим Пайғамбарымыздың тілеген елшісі жүздеген жылдардан кейін келді. Ол – біздің Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.). Осыған байланысты бір күні сахабалардың бірі Аллаһ елшісінен: «Бізге өзіңіз жай- лы айтып берсеңіз», – деп өтінеді. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Мен – Ибраһимнің дұғасы, хазірет Исаның сүйіншісімін» , – деген (әл-Һинди, Кәнзул-Уммал, 11/384.) . Шынайы тіленген дұға қашан да қабыл болатыны белгілі. Кейде асығыстық жасап, дұға жасадық, дұғамыз қабыл болмады деп, тілеген дұғамыздың дереу бола салғанын қалаймыз. Алайда Ибраһим пайғамбардың дұға тілегенінен кейін ғасырлар өтіп, бірнеше ұрпағынан кейін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) дүниеге келді. Мұсылман үмбеті хазірет Ибраһимге (а.с.) алғысын білдіріп, әрбір намазының соңында Ибраһимге, оның ұрпағына береке тілеп, салауат айтады. 4. Аллаһ елшісінің әкесі Абдулла не себепті құрбандыққа шалынбақ еді? Пайғамбарымыздың (с.а.с.) атасы Абдулмутталиб ертеректе «Он ұлым болып, ер жеткенін көрсем, бірін құрбандыққа шалам», – деп уәде берген. Мүмкін, бұл әдет Ибраһим пайғамбардан (а.с.) қалған дәстүрдің шала жеткен бір тозығы болар, өйткені ол да еркек кіндік баласы болса құрбандыққа шалатынын айтқан. Алайда мейірімі шексіз Аллаһ тағала көктен қошқар түсіріп, бұл дәстүр тоқтатылған еді. Бұл жерде Ибраһим пайғамбардың Аллаһқа деген иманының беріктігін адам баласына көрсетті. Міне, содан аман қалған хазірет Исмайылдың (а.с.) ұрпағынан Пайғамбарымыз (с.а.с.) келіп отырған жоқ па?! Негізінде, Абдумутталибтің бұлай уәде беруінің басты себебі артында қалар мұрагерінің жалғыз болғандығында, өйткені араб дәстүрінде ағайын- туыс ұрпағы көпті қуатты деп білетін. Бірде Абдумутталибке түсінде бірнеше жылдардан бері көміліп, орны белгісіз, жоғалуға аз қалған зәмзәм бұлағының орны көрсетіліп, соны ашу керектігі айтылады. Түс 3 күн бойы қайталанады.

Ақырында, Абдумутталиб баласы Хариспен түсінде айтылған жерді тауып зәмзәм бұлағының қайнар көзін ашады. Бұлақ ішінен көптеген алтын мен күміс және құнды заттар шығады. Мұны естіген жұрт, біздің де ақымыз бар, біз де бұл байлыққа ортақпыз деп құдықтан шыққан құнды заттарды барлығына үлестіріп беруін талап етеді, бірақ Абдумутталиб ешкімге бермейді. Оған ыза болған Адый ибн Нәуфал деген кісі: «Сенің жалғыз ұлыңнан басқа ешкімің жоқ», – деп намысына тиетін сөз айтады. Бұл Абдулмутталибтің жанына қатты батып, Қағбаның жанында тұрған күйде: «Аллаһқа ант етейін, егер маған он ұл нәсіп етсе, солардың бірін осы Қағбаның жанында құрбандыққа шаламын», – деп айтып қалады. Ұлы Жаратушы Абдулмутталибке он ұл нәсіп етеді. Ұлдары ер жеткенде барлығын ертіп Қағбаға барады да, сонда ғибадатпен айналысатынбір кісіге: «Ұлдарымның арасында жеребе тарт, кімге түссе, соны құрбандыққа шалайын», – дейді. Жеребе Абдуллаға түседі. Алайда Құрайыштың ақсақалдары баланың құрбандыққа шалынуына қарсы шығып: «Оның орнына он түйені құрбан ет», – дейді. Абдулмутталиб Қағбадағы кісіге қайта келіп: «Енді он түйе мен Абдулланың арасында жеребе тарт», – дейді. Жеребе тағы да Абдуллаға түседі. Абдулмутталиб түйенің санын жиырмаға көтеріп, тағы жеребе тартқызады. Жеребе қайтадан Абдуллаға түседі. Ақырында, түйенің саны жүзге жеткенде ғана жеребе түйелерге түскен екен. Абдулмутталиб жүз түйені құрбандыққа шалып елге оралады. Абдулла осылайша пышаққа ілінбей аман қалады. 5. Ата-анасы мүмин бе? Аллаһ елшісінің (с.а.с.) ата-анасы фәтрәт дәуірінде өмір сүрген. Фәтрәт дәуірі деп екі пайғамбардың арасындағы уақыт кезеңін айтады. Әсіресе, Иса (а.с.) мен хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) арасындағы уақытты меңзейді. Хазірет Исаның (а.с.) әкелген діні бұрмаланып, ақиқат шуағы пайғамбардың заманына жетпегендіктен, сол кезеңдегілер фәтрәт дәуірінің адамдары деп аталған. Бұл дәуірде өмір сүргендер Иса пайғамбардың (а.с.) шынайы дінін толық түсіне алмай, не Пайғамбарымыз (с.а.с.) насихат қылатын Ислам дініне жете алмай дүниеден озған. Егер олар пұтқа табынбаса, оларды құдай деп қабылдамаса, тіпті Аллаһқа толық иман етпегеннің өзінде кешірілетіні туралы ғалымдардың көпшілігі ортақ пікірге тоқтаған, өйткені Құранда: ‫َو َما ُكنَّا ُم َع ِّذبِي َن َحتَّ ٰى نَ ْب َع َث َر ُسو اًل‬ «Біз пайғамбар жібермейінше ешкімді азаптамаймыз» («Исра» сүресі, 15) деп бұл мәселені анық шешіп берген. Бір күні кемеңгер ғұлама Шарафуддин Мұнауиден біреу: «Мұхаммед пайғамбардың ата-анасы жаhаннамда ма?» – деп сұрапты. Данышпан Мұнауи ашуланып: «Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ата-анасы фәтрат кезеңінде өмірден өткен. Ал пайғамбарға дейін өмір сүргендерге азап жоқ, кешірім

бар», – деп жауап беріпті (Дамира Өмірзаққызы, Адамзаттың асыл тәжі, «Алтын қалам» баспасы, Алматы, 2007. 74-б) . Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әке-шешесі мен атасының осы тұрғыдан кешірімге қауышатынында ешқандай күмән жоқ. Оның үстіне бір хадисінде әке- шешесінің тірілтіліп, өзіне иман еткені туралы айтылады. Бұл хадис сын тұрғысынан әлсіз саналғанымен, Имам Суюти сияқты үлкен ғалымның бұл хадисті қабылдауы, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) әке-шешесінің иман еткендіктерін білдірсе керек. Екінші жағынан әкесі Абдулланың да, шешесі Әминаның да пұтқа табынғанына қатысты ешбір дәлел жоқ. Сол дәуірде де бір ғана Жаратушыға сеніп, пұтқа табынбай Ибраһим пайғамбардың (а.с.) дінімен өмір сүргендердің болғаны белгілі. Фәтрәт дәуірі адамдарының осыдан айрылмай өмір сүруі жұмаққа кіруіне жетіп жатыр. Сол дәуірде өмір сүрген Зәйд ибн Амр, Уарақа ибн Нәуфәл сияқты кісілер де осы топқа кіреді. Олар жалғыз Аллаһқа иман еткен. Мүмкін, өздері сенген Жаратушыға қалай құлшылық етуді білмеген шығар, бірақ Ұлы құдіретке іштей бағынып, ханифтікті ұстанған, сондықтан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әке-шешесі фәтрат дәуірінде өмір сүргендіктен діннің міндеттері жайлы сұраққа тартылмайды. 6. Пайғамбарымыз (с.а.с.) туылған кезде қандай ерекше оқиғалар орын алған? Абдулланың артында қалған жалғыз қарасы, Әминаның көрген жарығы, Қағбаның сұлтаны, жер жүзінің имамы, қос дүниенің мырзасы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) 571 жылы 20 сәуір күні дүние есігін ашқан. Бұл күннің тарихтағы орны ерекше. Соңғы елшінің дүниеге келуі бүкіл ғалам деңгейіндегі айтулы оқиға болғандықтан, туылу қарсаңында бірқатар ерекше оқиғалар орын алған. Негізі бұрынғы пайғамбарлардың кезінде Мұса (а.с.) мен Исаға (а.с.) түскен кітаптарда Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) бойынан табылатын көптеген белгілер мен қасиеттері айтылған. Оның әлемге нұр шаша келуі алдын-ала сүйіншіленген, сондықтан бүкіл ғаламды бей-жай қалдырмайтын мұндай сәтте ерекше жайттардың орын алуы заңды. Тарих кітаптарында мынадай оқиғалар туралы айтылған. Кезінде тәухидтің бастауы, кейін пұтханаға айналған Қағба ішіндегі пұт атаулы сәби дүние есігін ашқан күні жермен-жексен қираған. Кімнің жасағанын ешкім білмеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеге келер сәтте көктен ғажайып нұрдың шұғыласы түсіп, Шам қаласының сарайларын жарыққа бөлеген. Меккеде саудамен айналысатын бір яһуди бар еді. Ақырғы елші туылған түні Құрайыштарға барып: «Уа, Құрайыш қауымы! Бүгін түнде араларыңда сәби дүниеге келмеді ме?» – деп сұрайды. Отырғандар: «Білмейміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Бүгін түнде адамзаттың соңғы пайғамбары дүниеге келді. Оның екі жауырынының ортасында бетін түк басқан пайғамбарлық мөрі бар», – деп ғажайып құбылысты баяндап берді.

Хасан ибн Сәбит: «Әлі есімде, жеті-сегіз жастағы ойын баласы едім. Мәдина қаласында Аллаһ елшісі туылардан бір күн бұрын яһудилердің алқалы жиынында мына бір әңгімені құлағым шалып қалды: «Бүгін түнде дүниеге келетін Ахмедтің жұлдызы туды». Ол туылатын түні Кисраның сарайы астан-кестен сілкініп, он төрт бөлменің қабырғасы сөгіле қираған. Мәжусилердің табынатын мың жыл бойы жанып тұрған оттары бәрі бірдей бір мезетте сөнген. Бұл құбылыстардың барлығы әлемнің соңғы пайғамбары, Аллаһтың сүйікті елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с.) «Қош келдің!» – деп өз тілімен жар салғандай болды. Кейбір тарихшылар бұл оқиғаларды былайша жорыған: «Қирағаны Кисраның сарайы емес, Иранның сән-салтанаты мен Византияның үстемдігі, айдаһар елі атанған Қытайдың көкке мойын созған мұнаралары. Сөнген от – мәжусилердің ғибадатханаларындағы от емес, бүкіл әлемдегі күпірлік пен дінсіздіктің оты. Тартылып қалған көл – Сауа көлі емес, пұтқа табынушылықтың адасушылығы, зороастризмнің қуатымен христиандықтың өктемдігі». Пайғамбарымыз (с.а.с.) 23 жылдың ішінде дүниенің шығысы мен батысына Ислам дінін жайып, пұттар мен бұрмаланған діндердің барлығы шетке ығысты. Пайғамбарымыз туылғанда, Әбу Ләһәб қуанып, сүйінші сұрай келген күңі Суәйбаны азат еткен. Алайда Әбу Ләһәб Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Ислам дінімен келетінін ол кезде білмеген еді. Аллаһтың сүйікті елшісі (с.а.с.) үшін түйірдей жақсылық істегенді сауапсыз қалдырмаған Ұлы Жаратушымыз Әбу Ләһәбтің бұл ісін де бағалады. Тозақта оған бір жұтым су нәсіп етті. Оның қайтыс болғанына бір жыл өткеннен кейін, бауыры Аббас түсінде көріп: «Қалың қалай?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Ләһәб: «Әр күнім жан шыдатпас азап, тек Суәйбаны азат еткенім үшін бір жұтым су алу мүмкіндігім болды», – деп жауап қатқан екен (Сахих Бұхари, 5/1961) . Олай болса, Аллаһтың қалауымен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дүниеге келуі бүкіл жанды, жансыз жаратылыстың қуанышына, барша жамандық атаулының күйреуіне себеп болды. 7. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) есімін кім қойған? Мұхаммед (с.а.с.) дүниеге келмей тұрып-ақ есімі мен сипаттары арқылы көзі ашық ғалымдарға таныс еді, өйткені оның есімі рух әлемінен белгілі еді. Адам (а.с.) соңғы пайғамбардың аты Мұхаммед (с.а.с.) екендігін білетін. Хазірет Адам (а.с.) жаннатта Аллаһтың тыйым салған жемісінен жеп қойған соң артынша тәубе етіп, Раббына жалбарынғанда: «Уа, Аллаһ тағалам, мені Мұхаммед расулуллаһтың құрметіне кешіруіңді өтінемін!» – деп жалбарынады. Сонда барлығын білуші Хақ тағала: «Әлі жаратпасам да сен Мұхаммедті қайдан білесің?» – деді. Сонда Аллаһқа деген құрметі шексіз Адам ата: «Уа, Раббым, иәд-құдіретіңмен (Йәд-құдірет – Аллаһ тағаланың «құдірет қолы», барлық нәрсені уысында ұстап тұратын «құдірет қолы» деген мағынаны білдіреді) мені жаратқаныңда және пәк рухыңнан маған

үрлегеніңде басымды көтеріп, ғарыштың тіректерінде жазылған «лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммед расулуллаһ» деген жазуды көрдім. Сен Өз атыңның жанына жаратылғандардың ең абзалының ғана атын жазатыныңды ұқтым», – деп жауап береді. Аллаһ тағала: «Шындығында, Мен үшін Мұхаммед – жаратылғандардың ең сүйіктісі. Соның құрметі үшін тілегіңді қабылдаймын, өйткені Мұхаммед болмағанда сені де жаратпас едім», – дейді (Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Ниһая, 1\\75; Құртуби, әл-Жамили ахкамил- Құран, 1\\324; Қасталани, Мәухиб, 1\\7, 16) . Сондай-ақ «Заманның мырзасы келу үшін мен кетемін» (Юханна 18/6) деген Иса пайғамбар (а.с.) тікелей «Ахмед» деп атап әлдеқашан сүйіншілеп кеткен. Кей деректерде осы сүйіншіге сүйеніп біршама әһл-кітап қауымының өкілдері сәбилеріне «Мұхаммед» есімін қойғандары да айтылады. Мысалы, Бәни Тәмимнен Суфиан ибн Мужаши деген кісі Шамға барып, бір поптың үйінде қонақ болады. Суфиан өзінің Мудар екенін айтқанда поп: «Арабтардан бір пайғамбар шығады. Есімі – Мұхаммед», – дейді. Мұны естіп ол дүниеге келген баласының атын «Мұхаммед» деп қояды. Алайда бала есейе келе поп болған екен. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың анасы Әмина да оның атының Мұхаммед болатынын білген. Босануына санаулы күндер қалғанда Әминаға ұйықтап жатқан шағында: «Сен адамдардың ең қайырлысына және мына үмбеттің иесіне жүктісің. Оны босанғанда «Бүкіл қызғаныштардан сақтаушы Аллаһ тағалаға сиынамын», – деп айт та, атын «Ахмед» немесе «Мұхаммед» қой», – деп аян келген(Ибн Касир, әл-Бидая уан-Ниһая 2/263) . Әмина анамыз ұлын жарық дүниеге әкелгеннен кейін көрген түсін қайын атасы Абдулмутталибке айтады. Арада жеті күн өткенде атасы Пайғамбарымызды (с.а.с.) Қағбаға алып барады. Ұлы Жаратушыға шүкіршілік етіп, бірнеше жерге құрбан шалып, үш рет ас береді. Осы астан кейін құрайыштықтардың атқамінерлері сөз бастап: «Уа, Абдумутталиб, осынау асқа себепкер немереңнің атын кім қойдың?» – деп сұрағанда қарт: «Мұхаммед!» – деп жауап береді. Әлгілер қарап тұрмай: «Ата-бабаларының бірінің есімін қойсаң болмас па еді?» – дегенде, Абдумутталиб: «Көкте Аллаһ, жерде халық оған мақтау айтсын деп әдейі қойдым», – деп түсіндіреді. Демек, Расулаллаһтың (с.а.с.) есімі әу бастан белгілі болған. 8. Қосымша есімдері мен лақап аттары қандай? Пайғамбарымыздың (с.а.с.) түрлі есімдері бар. Солардың қатарындағы «Мұхаммед» есімі Құранның бірнеше аяттарында айтылады («Әли Имран» сүресі, 144, «Аһзаб» сүресі, 40, «Мұхаммед» сүресі, 2, «Фәтх» сүресі, 29) . Ал Құранның 47-сүресі «Мұхаммед» есімімен аталған. Кейбір есімдер ежелгі кітаптарда да кездеседі. Мысалы, хазірет Исаның «Ахмед» деген есіммен сүйіншілегенін Құраннан білеміз (Саф» сүресі, 6) . «Мұхаммед» сөзі «мақталуға лайық, мақталушы» дегенді білдіреді. Ал «Ахмет» сөзі «Аллаһқа ең көп шүкір етуші» деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.с.) көбіне көп Мұхаммед есімімен аталып, бұған қоса Хадиша анамыздан

туған Қасым атты тұңғыш ұлына байланысты «Әбул-Қасым» (Қасымның әкесі) деген лақап есімі болған. Бір хадисінде: «Менің бес есімім бар. Мен Мұхаммедпін, Ахметпін, Махимін – Аллаһ күпірді мен арқылы жояды, Хаширмін – адамдар қиямет күні менен кейін тіріледі, Ақибпін – менен кейін пайғамбар келмейді», – деп айтқаны бар (Бұхари, Мәнақиб 17) . Ғалымдар Аллаһ елшісінің (с.а.с.) есімдері мұнымен ғана шектелмейтінін айтады. Олардың айтуынша, Құранда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сипаттары ретінде расул, нәби, шаһид, мубәшшир, бәшир, мунзир, сиражун-нур, муддәссир, муззәммил, хатамун-нәбииун сияқты есімдері айтылады. Аллаһ тағала бұдан бөлек хақ Елшісін (с.а.с.) өзіне тән Рауф және Рахим атты екі есіммен марапаттап, қадірін айшықтай түскен («Тәубе» сүресі, 128.) . Олай болса, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) есімінің көптігі, оның қадірі мен мәртебесінің биіктігін көрсетеді. 9. Болмыс-бітімі қандай еді? Аллаһтың жер бетіне жіберген пайғамбарлары ахлағымен де, ақыл- парасатымен де, дене бітімімен де ерекше сұлулыққа ие. Пайғамбарымыз (с.а.с.) кең маңдайлы кісі еді. Қасы қою, аралары өте жақын еді. Екі қасының арасында ренжігенде ерекше білеуленіп кететін тамыры бар еді. Көзі қара, кірпіктері ұзын. Сүрме жақпаса да екі көзі сүрме жаққан секілді болып көрінетін. Жымиып қарағанда сирек орналасқан ақ маржан тістері жарқырап көрінетін. Бет-әлпеті толған айдай нұрлы еді. Дөңгелек жүзді, сақалы тығыз. Толқын шашы қатты бұйра болмаса да, ортасынан қақ бөлініп иығына жетер- жетпестей төгіліп түсіп тұратын. Кейде шашы тұтас таралып тұрса екіге бөлмей тұрған қалпында жүре беретін. Шашы құлағынан төмен түсіп, иығына жетпей тұратын. Кекілі маңдайына дейін түсіп тұратын, кейінірек оны екіге қайырып қоятын болды. Кең иықты, кеуделі келген. Қарны кеудесімен бірдей болып біткен. Алақаны мен табаны ірі болатын. Алақаны жібектей жұмсақ еді. Семіз де емес, арық та емес. Орта бойлы. Денесі тершең, бірақ үстінен хош иіс аңқып тұратын. Екі жауырынының арасында түйеқұстың жұмыртқасына ұқсас пайғамбарлық мөрі болатын. Жүрісі түзу, теңселмейтін. Жылдам жүретін. Алға сәл иіле жүретін. Бір жаққа қараса, тұтас денесімен бұрылатын. Жан-жағына атүсті мойын бұра бермейтін. Сахабалардың соңынан жүретін. Ол кісіден жылдам жүретін адам жоқ еді. Әрқашан жүзі күлімсіреп тұратын. 10. Бауырлары болған ба? Емшектес бауырларынан басқа өзінің туған бауырлары болмаған, өйткені Пайғамбарымыздан кейін анасы Әмина құрсақ көтермеген. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүт анасының аты – Халима. Халиманың күйеуі – Харис ибн Абдулузза. Ол Меккеге келіп мұсылмандықты

қабылдаған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) емшектес бауырлары төртеу болатын. Абдулла мен Хұзайфа және Әниса мен Шәйма. Абдулла мен Шәйманың мұсылман болғаны тарихтан белгілі, ал қалған екеуі туралы мәлімет жоқ. Сонымен қатар, Хамза (р.а.) да Пайғамбарымызбен емшектес бауыр болып келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) туылған кезде Әбу Ләһәб қуаныштан оның сүйіншісін айтып келген Суәйба атты күңді азат еткен болатын. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір апталық кезінде осы Суәйба емізген болатын. Ол Пайғамбарымызды (с.а.с.) емізбей тұрып Абдулмутталибтің баласы Хамзаны да емізген. Осы тұрғыдан Хамза мен Аллаһ елшісі (с.а.с.) емшектес бауыр болып саналады. Тіпті кейбір риуаяттарда Хамзаны Халима да емізгендігі айтылады. Олай болса, Хамза Пайғамбарымызбен (с.а.с.) екі ана жағынан емшектес бауыр болып келеді(Бұхари, Сахих 2/935. Бұхари, Сахих 5/1961) . 11. Қандай кәсіппен айналысқан? Аллаһ елшісінің (с.а.с.) айтуынша, кісінің өз еңбегімен тапқаны адал. Ешбір пайғамбар басқаның қолына қарап масыл болмаған. Күллі пайғамбарлар түрлі кәсіппен айналысып қана қоймай, сол істі бірінші болып бастап, онысын елдің игілігіне ұсынған. Мысалы, хазірет Ыдырыс (а.с.) тігіншіліктің, хазірет Нұх (а.с.) кеме жасаудың шебері. Хазірет Дәуіт (а.с.) ел арасында темірден түйін түйген ұсталығымен танылып күнін көрсе, хазірет Зәкария (а.с.) ағаштан ою ойған хас шебер болған деседі. Сол секілді Аллаһ елшісі (с.а.с.) бала кезінде қой бақты, ер жеткенде сауда жасады. Бір хадисінде: «Мен Мекке халқының қойын бақтым», – дейді. Қой бағуының басты себептерінің бірі де Аллаһ тағала болашақ Пайғамбарымызды уақытын босқа өткізуден және кейбір жастардың ойын- сауықтарынан сақтаған. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың (с.а.с.) басынан өткен мына оқиға: Аллаһ елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мен қараңғылық заманында сол кезге тән екі іске құмарттым, бірақ Аллаһ тағала оны маған істетпей, аман сақтады. Бұдан басқа кейін пайғамбарлық келгенге дейін ешбір жаманшылыққа бет бұрған емеспін. Менің істегім келген істің екеуі мынау: Бір құрайыш жігітімен бірге Меккенің шет жағында қой (түйе) бағатынбыз.Түнде де кезектесіп малға қарауды әдетке айналдырған едік. Бір күні кешке жанымдағы жолдасыма: «Мен бүгін қалаға барып, жастардың түнгі ертегі мәжілістеріне қатысқым кеп тұрғаны», – деп малды тапсырып, Меккеге келдім. Қалаға кіре берісте-ақ бір жерде ән айтып, музыка ойналып жатқанын естідім. Сол күні қалада үйлену тойы өтуде екен. Ыңғайлы жерге отырып алып, тойды қызықтамақ болдым. Сол-ақ екен екі құлағым тарс бітеліп, ұйықтап кетіппін. Таңертең күн шақшиып түскенде ғана оянып, есімді жидым. Қойшы жолдасым қайтып келгенімде менен не көргенімді сұрады. Мен басымнан өткен жайды баяндап бердім. Ол да аң- таң. Тағы бірде дәл осылай той қызықтамақ болғанымда қайтадан алғашқыдағыдай түк сезбей ұйықтап қалыппын. Осыдан кейін надандық

дәуірдегі думандарға қатыспақ түгіл, жолауға зауқым соқпады» (Сүһәйли, Раудул-унф, 1\\81) . Аллаһ тағала осылайша Пайғамбарымызды (с.а.с.) жаманшылықтан қорғаған. Үмбетіне еңбек етіп, адал аспен азықтануда үлгі болды. Аллаһ тағала Пайғамбарымызды (с.а.с.) қой бағып бейнеттендірмей, рақат өмір сүргізсе де болар еді. Алайда Аллаһтың хикметі өзінің жіберген елшісін (с.а.с.) жастайынан бейнеттендіріп, адал еңбектің және халқына, еліне қызмет етудің, өзінің туыстарына жәрдем берудің өте маңызды іс екендігін көрсетті. Ал жатып ішер жалқаулық пен біреуге масыл болудың дінімізде жағымсыз іс екендігін білдірген. Бұл тұста Аллаһтың хикметі дінді жаюшы, насихатшының біреуге тәуелді болмау керектігін білдірді. Күнделікті күн көрісін өзі тауып, біреудің дүние- мүлкіне көз сүзбей, Аллаһтың дінін түсіндіргенде ғана бұл істе табысты болатындығын білдірді. Дін үшін алу мен жеке қажеттілігі үшін еңбек етудің артықшылығын ұқтырды. 12. Көкірегінің ашылуын (шарх-садр) қалай түсінеміз? «Шәрх» сөзі сөздіктерде «ашу, кеңейту, түсіндіру, баяндау» деген мағыналарды береді. Ал Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзіне ғана қатысты «Аллаһ садрыны шәрх етті» дегені – Аллаһ тағала оның жүрегін кеңейтті, ақиқаттан ауытқымау үшін көкірек көзін ашты деген сөз. Ғылыми мағынасы – періштелердің келіп хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) кеудесін жарып, зәмзәм суымен жуғанын, алтын ыдыспен әкелген иман мен хикметті кеудесіне орнықтырғанын айтады. Құран кәрімде бұл туралы: «Сенің көкірегіңді (хикмет және Құран нұрымен) кеңейтпедік пе? Беліңді қайыстырған ауыр жүкті алып тастадық. Абыройыңды көтердік. Шындығында, ауырлықтың соңынан жеңілдік келеді. Ауырлық бар жерде жеңілдік те бар. Қол босаған кезіңде Аллаһқа құлшылық етуге құлшын. Раббыңа қарай жақында», – делінген («Инширах» сүресі, 1-8) . Бұл аятта сөз болған «шәрх-садрды» түсіну кезінде түрлі көзқарастар туындаған. Бірі бұл оқиғаны заттай, яғни кеудесінің шынымен де тілініп, жүрегінің алынғанын айтса, енді бірі бұл жерде ауыспалы мағынада сөз етіліп отырғанын, Хақ тағала пайғамбар (с.а.с.) жүрегін иман мен мағрифатқа бөлегенін айтады. Бұларды жақсылап зерттеп қарасақ, мұның заттай орындалғаны шындыққа жақынырақ екенін көреміз, өйткені Құранды тәпсірлеуде ұстанатын заңдылықтардың бірі – настың (аят- хадистің) тура мағынасы көрініп тұрғанда, оның астарлы ұғымын іздеуге болмайды. Ал енді Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көкірегінің жарылу оқиғасын хадистерден қарастырар болсақ, хадистердің түрлі болып келуіне байланысты оның бірнеше мәрте жүзеге асқанын көре аламыз. Кейбір ғалымдардыңайтуынша, бұлүшмәртеболған. Біріншісі, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үш жасына толғанда, Халима анамыздың ауылында қой бағып жүрген кезінде, екіншісі, 40 жасқа толғанда, пайғамбарлық келмей тұрып, үшіншісі,

42 жастан асқаннан кейін миғражға көтерілерден бұрын дейді. Ал ғалымдардың басым көпшілігі оның екі мәрте ғана жүзеге асқанын айтады. Біреуі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүт ана- сы Халиманың қарамағында болған кезде, екіншісі миғражға көтерілердің алдында болған. Мына бір риуаяттар осы ойымызды нақтылай түседі: Пайғамбарымыздың бала кезінде көкірегінің жарылу оқиғасы: Пайғамбарымыз емшектес бауыры Абдуллаһпен және Сағдұлдарының балаларымен бірге қозыларды өріске шығарып, үйдің арт жағында ойнап жүрген болатын. Кенеттен екі ақ киімді кісі пайда болып, Пайғамбарымызды (с.а.с.) алып жерге жатқызып, көкірегін жарып қайта жабады. Абдуллаһ дереу асығып анасы Халимаға келді де: – Ана, құрайыштық бауырым бар емес пе, соны ақ киімді екі кісі ұстап алып, жерге жатқызып, ішін жарды, сосын қайтып жапты (Әнас ибн Мәлик (р.а.) Пайғамбарымыздың көкірегінде бала кездегі оқиғадан тыртық қалып кеткенін айтады. Қараңыз: Мүслим, Сахих, 1\\147 (162)) , – деді. Ата- анасының үрейі ұшып, жүгіріп айтқан жерге барды. Шынында, кішкентай Мұхаммедтің түрі бозарып кетіпті. Халима мен Харистің жүрегі аузына тығылып, не болғанын сұрады: Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): – Ақ киімді екі кісі келді. Бірінің қолында іші қарға толы алтын ыдыс бар екен. Сосын мені жерге жатқызды. Көкірегімді ашып, жүрегімді шығарып, екіге бөлді. Ішінен қара бір нәрсені алып тастады. Жүрегім тап-таза болғанға дейін ішін мұзды сумен жуды. Сосын бірі екіншісіне: «Мынаны үмбетінен он адаммен таразыға тарт», – деді. Он адаммен мені таразыға тартты, мен ауыр бастым. Сосын: «Оны үмбетінен жүз адаммен тарт», – деді. Жүз адаммен тартқанда тағы да мен ауыр бастым. «Оны үмбетінен мың адаммен тарт», – деді. Тағы да мен ауыр бастым. Мұны көрген әлгі кісі: «Оны еркіне жібер! Аллаһқа ант етемін, барлық үмбетімен тартсаң да, ол бәрінен басым түседі », – дегенді айтты» (26 Ибн Хишам, Сира, 1\\301; Табари, Тарих, 2\\128) . Тағы бір риуаятта Әнас ибн Мәлик былай дейді: « Расулаллаһ бала кезінде ойнап жүргенде Жәбірейіл келіп, оны ұстап жерге жатқызды да, кеудесін жарып, жүрегінен ұйыған қан алды. Сосын Пайғамбарға (с.а.с.): «Шайтанның сендегі нәсібі, міне, мынау», – дейді. Іле жүрегін алтын ыдыстың ішіндегі зәмзәм суымен жуып, қайта орнына қойды. Жанындағы балалар «Мұхаммедті өлтірді», – деп жүгіріп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүт анасына барады. Бала Мұхаммед өз-өзіне келгенде, жұрт оның өңі қашқанын көреді ». Әнас ибн Мәлик сөзін жалғастырып: « Мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көкірегіндегі жарылған жердің ізін көретінмін », – дейді» (Мүслим, 1/101) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) миғражға көтерілер кезінде орын алған оқиғасы: Әбу Зәрр жеткізген хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Меккеде болғанымда маған Жәбірейіл келді де көкірегімді жарып, оны зәмзәм суымен тазалады. Сосын алтын ыдысты алып келді. Ішінде хикмет пен иман толы еді. Оны көкірегіме жарып құйып бо- сатты да,

қайта жауып қойды. Сосын қолымнан ұстап аспанға көтеріп алып кетті» (Бұхари, Мүслим) Кеудесінің ашылуы, жүрегінің жуылуы сынды таң қаларлық нәрселерді заттай болды деп айтылса, сол айтылған күйінде қабылдау керек, өйткені барша әлемді жоқтан бар еткен Аллаһ тағала мұны да істей алады. Қалайша Ибраһим пайғамбардың әйелі қартайған шағында (90 жасында) Аллаһтың қалауымен перзентті болды, Иса пайғамбар әкесіз туылды, Адам (а.с.) топырақтан жаратылды, Хауа анамыз оның қабырғасынан жаратылды, сол секілді Аллаһтың қалауымен періштелер Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көкірегін жарып, жүрегін хикмет пен иманға толтырды. Негізінде, адамның жүрегі алынса, бір сәт болса да адам өмірімен қоштасады, ал Пайғамбарымызда (с.а.с.) ешқандай ауыру да, зиян да болмаған. Әрі жүрегін еш емдеусіз, құрал-жабдықсыз қайта орнына қойған. Артынша өзіне еш нәрсе болмағандай үйіне жүгіріп барып болған жағдайды баяндап берген. Аллаһтың бұл ісінен мынадай хикметтер көре аламыз: 1) Иман, даналық, мейірімділік секілді түрлі сезімдер мен рухани азық тікелей жүрекке байланысты, сондықтан жүректің сумен тазаруы, сыртқы тазалықты білдірсе, оның иманмен, хикметпен толтырылуы рухани азықтың маңыздылығын білдіреді. 2) Дінімізде сыртқы тазалық пен ішкі жан- дүниеміздің тазалығы да өте маңызды, сондықтан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көкірегін періштелердің жарып, зәмзәм суымен тазалауы, оның жүрегінің тазалығын білдіреді. 3) Еш ауыртпастан, қан төкпестен көкірегінен жүрегін алып, тазалап қайта қоюы оның (с.а.с.) Аллаһ тарабынан жіберілген пайғамбар екендігіне дәлелі. 4) Періштелер оның көкірегінен бір нәрсені сөгіп алған. Бұл нәпсіге тиісті нәрсе болуы мүмкін. Бұдан былай оны шайтан азғыра алмайды, сондықтан Пайғамбарымыз жастайынан түрлі жамандықтан алыс болған. 5) Алайда оның көкірегін жарып, жүрегінің түбіндегі жаманшылық безін алып тастады деп түсінбеуіміз керек. Егер адамның жаман болуы жүрегіндегі жаманшылық безіне байланысты болса, адамдарды жүрегін ауыстыру арқылы немесе ота жасау арқылы жақсы адамға айналдыруға болар еді, сондықтан бұл оқиғадағы хикмет Мұхаммедтің (с.а.с.) қарапайым адам емес екендігін, уахиға дайындау үшін, күнәдан пәк екендігін білдіру үшін көрсетілген. 6) Жүрегін жару арқылы оған Аллаһтан басқа ешкімнен қорқықпайтын батылдық берді, өйткені көз алдында дәрі-дәрмексіз көкірегін жарып, жүрегін алып қайта салуы адамға қорқыныш әкеледі. 7) Оның салмағының ауырлығы, барша үмбетінің қамын ойлаудың салмағы, оның Аллаһ алдындағы міндетінің ауырлығын білдіреді. Ақиретте оның таразысы ауыр басатынын білдіреді. 8) Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығы ақиретке дейін жалғасады, барша адамзаттың түріне, түсіне, ұлтына қарамай оларға үлгі болады, сондықтаносыншалық маңызды міндетке лайық толассыз иман мен даналық жүрегіне салынды.

9) Аллаһ расулы шайтаннан қорғалып, уахи алуға дайындалған. Барлық адамның жүрегінен табылатын «шайтанның үлесі» алынып, миғраж түнінде Аллаһ тағаланың құзырына көтерілген. 10) Жаратушымыздың сөзі – уахиды ешбір жаратылыс көтере алмайды. Мұхаммед пайғамбарымыздан бұрын пайғамбарлар келді. Мұса мен Иса пайғамбарға Таурат пен Інжіл бөлек-бөлек емес бірден түсті. Ал Аллаһ елшісіне (с.а.с.) Құран кәрім 23 жыл бойы бөлек-бөлек түсіп отырды. Уахидің ауырлығы сонша – жаны шығып кете жаздап, терлеп кететін. Тіпті түйенің үстінде отырғанда уахи келсе, түйе уахидің ауырлығына шыдай алмай шөгіп қалатын. Мұндай ауыртпалықты қарапайым адам көтере алмайды, тек жүрегі хикмет нұрымен толтырылған Аллаһтың елшісі (с.а.с.) ғана көтерген. 11) Миғражғашыққандакөкірегінжарып,Аллаһтың құзырына баруға дайындады. Жаратылыстардың ешбірі, тіпті періште де Аллаһтың құзырына көтерілген емес. Тек қана Аллаһ елшісі (с.а.с.) әлемнің шегінен асып, періштелер де өте алмайтын өтпелден өтіп, Жаратушымыздың құзырына барды. Демек, мұндай жерге бару үшін көкірегін жарып, бір өзгеріс жасауы да орынды болса керек. 13. Мұхаммед (с.а.с.) барша адам баласына ортақ пайғамбар ма? Құран кәрім – Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с.) бар ша адамзатқа ақиқатты танытып, түзу жолға салу үшін, жалған мен ақиқатты айыру үшін, жұртты қараңғылықтан құтқарып, ізгілікке қауыштыру үшін түсірілген Аллаһ тағаланың баға жетпес құнды сыйы. Адамдардың екі дүниеде де бақытқа кенелуін мақсат тұтқан бұл кітап сол аймақтың, болмаса сол дәуірдің адамдарына ғана емес, барша адамзатқа арналған. Сонымен сәйкес оны бізге үйреткен Пайғамбар (с.а.с.) да барша адамзаттың ұстазы. Бұл жайлы Құранда: «Былай де: «Уа, адамдар, мен сендердің барлығыңа Аллаһтан жіберілген пайғамбармын»(«Ағраф», 158) деп, барша адамзатқа елші ретінде жіберілгендігін айтқан. Оның аты аталған Құранның бірнеше жерінде адамзат, әлем, бүкіл адам баласы деген сөздер қоса айтылады («Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» («Әнбия», 107), «Сені бүкіл адам баласына сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік. Бірақ адамдардың көбі мұны білмейді» («Сәба», 28).) . Бір хадисінде өзінің тек қана белгілі бір қауымға емес, барша адам баласына пайғамбар екенін айтады: «Маған бұрынғы пайғамбарларға берілмеген бес нәрсе берілді. Мен жорыққа шығарда Аллаһ тағала айшылық алыс жердегі жауларымның жүрегіне қорқыныш ұялатады. Бүкіл жер беті үмбетіме мешіт болды. Намаз уақыты қай жерде кірсе, сол жерде үмбетім намаз оқи береді. Ғанимет (олжа) адал етілді. Маған дейінгі пайғамбарлар тек өз қауымдарына ғана келген. Мен барша адамзатқа жіберілдім. Маған ақиретте шапағат ету құқы берілді» (Бұхари, Тәяммүм 1, Намаз 56; Мүслим, Мәсажид 3; Нәсаи, Ғұсыл 26; Даими, Сиәр 28, Намаз 111) . Тағы бір сөзінде адамзаттың асыл тәжі (с.а.с.): « Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаһ атымен ант етейін, мейлі яһуди, мейлі христиан

болсын менің үндеуімді естіп, айтқаныма иман етпей өлсе, тозаққа барады » ( Мүслим, Иман 240)деп, Иса мен Мұса пайғамбарды мойындаған яһудилер мен христиандардың Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) да мойындау керектігін білдірген, өйткені кімде-кім Аллаһ тағаланың бір екендігін мойындап, бірақ Мұхаммедтің (с.а.с.) елші екендігін мойындамаса, жаннатқа кірмейді. Бір күні хазірет Омар (р.а.) келіп былай дейді: «Уа, расулаллаһ, мен Бәни Құрайза яһудилерінен барып Таураттан бір нәрсе жазып беруін сұрадым. Олар сұрағанымды жазып берді. Соларды оқып берейін бе?» – деп сұрағаным сол-ақ екен, нұрлы жүзі өзгеріп сала берді. Отырғандардың бірі Пайғамбарымыздың бұған ренжігенін айтты. Сонда хазірет Омар (р.а.): «Мен Раббым ретінде Аллаһқа, дін ретінде Исламға, пайғамбар ретінде Мұхаммедке разымын», – дейді. Сонда ғана Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жүзі жадырап сала береді. Артынша былай деді: «Құдіреті күшті Аллаһқа ант етейін, егер араларыңа хазірет Мұса келіп, әлдекім оған ерер болса, адасады. Сендер үлесіме тиген үмбетсіңдер, мен сендерге келген пайғамбармын» (Дарими, Мұқаддима 39; Ахмед ибн Ханбал, 3/471, 4/276.) Осылардың барлығынан түсінетініміз, Пайғам-барымыздың (с.а.с.) өзі де, насихаттаған діні де қияметке дейінгі адамдардың барлығына ортақ. Енді пайғамбар келмейтіні сынды Исламнан кейін де ешқандай дін Аллаһтың құзырында қабыл болмайды, өйткені соңғы дін – адамзаттың барлық мәселелерін жан-жақты қарастырған толыққанды дін. Тек соны түсініп, әркім өз қажетіне жарата алғанда ғана жемісін көрмек. 14. Таурат пен Інжілде Пайғамбарымыз (с.а.с.) туралы айтылған ба? Аллаһ тағала соңғы пайғамбарды бүкіл адамзатқа жібергендіктен, бұрынғы елшілердің барлығы өз үмбеттерінің ақырғы нәбиге сеніп, қолдау көрсетулері жөнінде уәде алған. Хазірет Али (р.а.) мен хазірет Ибн Аббастан (р.а.) осыған қатысты мынадай риуаят жеткен: «Мұхаммедке иман етіп, қолдау көрсетулері үшін Аллаһ тағала барлық пайғамбарлардан уәде алған. Сонымен қатар, олардың өз үмбеттерінен, егер ақырзаман нәбиін көруге ғұмыры жетсе, оған иман етіп, қолдау көрсетулері жөнінде де уәде алуларын әмір еткен. Жаратушы Иеміз хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) сипаттарын алдыңғы пайғамбарларға түсірген кітаптарда білдірген». Яһуди мен христиандардың соңғы елшінің келетінін білгендері сенімді дереккөздерде анық көрсетілген. Таурат пен Інжілде түр-тұлғасын соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіріп берген, бірақ уақыт өте келе бұл кітаптар өрескел бұрмаланған. Алайда бүгіннің өзінде зерделей қарасақ, соңғы елшіге қатысты көптеген мәліметтерді кездестіреміз. Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) алдыңғы кітаптарда білдірілген сипаттары аударманың нәтижесінде көп өзгеріске ұшыраса, енді бірде қасақана бұрмаланған, бірақ сол діндердің ар-ұжданы таза ұстанушыларының арасында бүгіннің өзінде Таурат пен Інжілден адамзаттың асыл тәжі (с.а.с.)

жайында нақты сілтемелер тауып, ақиқатқамойынсұныпжатқандарыда баршылық. Яһудилердің хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) шынайы пайғамбар екендігін білгендігіне байланысты тарих ғалымдарының пікірі бір арнаға ойысады. Исламнан бұрын ұзақ уақыт бойы көрші қоныстанған мәдиналық арабтар мен яһудилердің арасында қақтығыстар жиі орын алатын. Айы оңынан тумай жеңілістің ащы дәмін татқан яһудилер сонда: «Біздің айтқандарымызды рас- тайтын бір пайғамбардың келетін уақыты таяу. Соны- мен бірлесіп бәріңді Ад пен Ирам қауымдары сияқты жоямыз», – дейді екен. Сонымен қоса, соңғы елшінің құрметі үшін Аллаһқа дұға етіп: «Уа, Жаратқан! Тауратта сипаттаған, ақырзаманда жіберетін пайғамбарыңмен бізге көмек бере гөр!» – дейтін, бірақ олардың көксеген мақсаттары, соңғы пайғамбардың өздерінен шығып, соның арқасында арабтарды жеңіп, әлемге билік құру еді. Ал хазірет Мұхаммед (с.а.с.) олардың дүниені билеуге деген құштарлықтарын қанағаттандырмай, ұлтшылдықты тоқтатып, Аллаһтың құзырында бар- ша адамзаттың тең дәрежеде екенін айтып, жөнсіз мақсаттарын күл-талқан етті және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) араб болуы да оларды іштей қызғандырып, оны мойындамау арқылы жауласты. Төменде Таураттағы расулаллаһқа (с.а.с.) қатысты көп сілтемелердің бір-екеуін ғана ұсынуды жөн көрдік. а. «...Аллаһ Ибраһимге былай деді: «Балаң мен күңіңді ойлап қайғырма. Сараның тілін ал, өйткені ұрпағың Ысқақтан тарайды. Күңіңнен туған ұлың Исмайылды да бір ұлт қыламын. Аллаһ сәбидің дауысын естіді. Періште Ажарға былай деді: «Еңсеңді түзе. Балаңдыжоғары көтер, оны іргелі ел етемін» («Тәкуин», 21/12, 13, 17, 18). «...Сара жәбір көрсетіп, ақырында Ажар қашып кетті. Жаратушының періштесі оны шөлдегі бұлақтың басынан тауып былай дейді: «Сенің ұрпағыңды көбейтемін. Көбейгені соншалық – санына жетіп болмайды» («Тәкуин», 16/6-10) Ибраһим (а.с.) Ажар мен Исмайылды Хижаздың шөл даласына тастап кеткен болатын. Аллаһ тағала оларға шөлден су шығарып, зәмзәм бұлағымен сусындандырды. Исмайыл ер жеткен соң әкесі Ибраһим келіп қасиетті Қағбаны тұрғызады. Міне, сол жер Мекке, кей деректерде Бекке аталып, Қағба қажылар тауап ететін қасиетті орынға айналды. Исмайылдың ұрпағы өсіп-өне берді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлы міндетпен келуі – періштенің Ажарға берген уәдесінің орындалғаны. Ислам діні күн өткен сайын жайылып, замана ағысымен жаңара берді. Аллаһтың Тауратта айтқан ақиқаты жүзеге асты. Қазір де жыл өткен сайын мұсылман үмбетінің саны көбеюде. ә. « Аллаһ адамзатқа Синада жақындады, Саир де байқалды, Фаран тауларында көрінді» («Тәсния», 33/2). Бұның түсініктемесі мынадай: Жаратушы Иенің Синада жақындауы – Сина тауында Мұса пайғамбарға (а.с.) Таураттың түскені, Саирде байқалғаны – Исаға (а.с.) Інжілді бергені. Фаран тауларында көрінуі – расулаллаһқа Құранды уахи етуі. Фаран – Мекке маңындағы таулардың көне замандағы атауы. Аллаһ елшісі (с.а.с.) пайғамбарлығынан бұрын Хира үңгіріне жиі баратын. Міне, сол күндердің

бірінде алғаш рет уахи түсті. Таурат осы ақиқатты тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Ал Жохан Інжілі өз кезегінде хазірет Исаның (а.с.) хауарилеріне былай дегенін айтады: « Егер маған деген көңілдерің шынайы болса, сөзімді жерге тастамаңдар. Раббым сендерге ақиқат рухы Фарақлитты жібереді. Ол үлкен рух иесі, сендермен бірге болады. Раббым оны менің есімімменжібереді. Ол сендерге бәрін де үйретеді, айтқанымды қайталайды. Келгенде бірден иман етсін деп қазір әдейі айтып отырмын. Жандарыңда көп бола алмаспын, өйткені әлемнің мырзасы келе жатыр » (Жохан, 14/15, 16, 26, 29, 30). Иса (а.с.) исрайылұлдарының қыңыр мінезін жақсы білгендіктен, соңғы пайғамбардың ерекшеліктерін осылайша жақсылап түсіндіруге тырысқан. Әсіресе, есімінің Фарақлит аталатынын айтқанын баса көрсету қажет. Бұл есімге үлкен зерттеу жасаған ғалым Абдулахад Дәуіт бұл сөздің «көп мақталған», «үлкен», «атақты» деген мағынаға саятынын, «Ахмет» деген есімнің синонимі екенін алға тартқан. Сонымен қатар, сипаттары Хамид, Хаммад, Муиз, Мухлис мағыналарына да тура келеді. Христиандар да бұл сөзді «мақталған», «құтқарушы» мағынасында қолданады. Түйініне тоқтасақ, қараңғылықтың қақпасын Құранның кілтімен ашқан Мұхаммедке (с.а.с.) лайық сөз екені даусыз. Сондай-ақ Хазірет Мәсіхтен кейін Мұхаммед Мұстафадан (с.а.с.) басқа ешқандай пайғамбар келмегеніне қарап, жоғарыда айтылған « Жандарыңда көп бола алмаспын, өйткені әлемнің мырзасы келе жатыр» де ген сөзден, барша адамзатқа пайғамбар болып келетін Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с.) айтып, сүйіншілеп кеткенін түсінеміз. Иса (а.с.): «Біз ақиқатты айтамыз. Фарақлит келуі үшін мен кетемін. Ол бүкіл әлемді тура жолға тәрбиелеп, қараңғылықтың тамырына балта шабады. Ақиқат рухы тура жолды нұсқайды. Өз жанынан ештеңе қоспай тек Аллаһтың әмірін айтады...» (Жохан, 16/7-13). Хазірет Исаның сөздері түгелімен расқа шықты. Кітап иелеріне Исаның (а.с.) дар ағашқа таңылып өлмегенін және анасының пәк екенін айтты. Аллаһ елшісі (с.а.с.) күллі елшілердің ортақ ұстанымындай тәухидті түсіндіріп, Исаның айтқандарын қайталады. Үш құдайлық ұғымның шектен шыққан қате екенін ұғындырып, үмбетіне пайғамбарға сүйіспеншіліктің шариғаттық шеңберінен шығып кетпеуін қатаң ескертті. 15. Яһудилер мен христиандар Пайғамбарымызды (с.а.с.) білген бе? Кітап иелері Аллаһ елшісінің (с.а.с.) кескін- келбетіне дейін білген. Құранда бұл туралы: «Кітап түсіргендеріміз (Яһудилер мен христиандар) оны өз ұлдарындай таниды. Олардың арасындағы бір тобы біле тұра ақиқатты жасырады» («Бақара» сүресі, 146) деп кітап түсірілген яһуди мен христиан ғалымдары Пайғамбарымыздың (с.а.с.) келетінін білгендігін айтады. Аятта ерекше көңіл аударатын тұс Пайғамбарымыздың (с.а.с.) есімі аталмай, орнына «оны» деген есімдіктің қолданылуы, өйткені кітап иелері

«ол» дегенде әрдайым Таурат пен Інжілде аты аталған тұлға, яғни хазірет Мұхаммедті (с.а.с.) меңзейді деп түсінетін. Бірде яһуди ғалымы Абдуллаһ ибн Сәламнан хазірет Омар (р.а.): «Аллаһ елшісін өз ұлыңдай танитын ба едің?» – деп сұрайды. «Өз ұлымнан да артық танитын едім. Көңілімде әйеліме деген күдік туындауы мүмкін, ал расулаллаһтың (с.а.с.) пайғамбарлығына ешқандай күмәнданған емеспін», – деп ағынан жарылғанда, сөзіне іштей сүйсінген хазірет Омар (р.а.) оның маңдайынан сүйген екен. Христиандарға келсек, олар да Мұхаммедтің (с.а.с.) соңғы елші екенін жақсы білетін. Әу баста христиандар арасында білімімен танылған Уарақа ибн Нәуфәл Хадиша анамыздың (р.а.) ет жақын туыстарының бірі еді. Пайғамбарымызға (с.а.с.) алғашқы уахи келе бастаған кезде Хадиша анамыз соған барып, болған оқиғаның мән-жайынан құлағдар етеді. Сонда Уарақа: «Мұхаммед – жөні түзу адам. Барлық пайғамбарлардың басынан осындай жағдайлар өткен. Көзіне көрінген періште Намус әкбәр (Жәбірейіл періште), ол өз заманында Мұса мен Исаға да келген. Жуық арадаМұхаммед пайғамбарлығын жариялайды. Егер сол күнге жете алсам, айтқанына міндетті түрде иман етер едім», – деп, Аллаһтан түскен Тауратты оқып, ондағы соңғы елшінің сипаттарын білген Уарақа, оның (с.а.с.) күтілген соңғы пайғамбар екендігін мойындаған (Бұхари, Бәдиул-уахи, 3) . Оны күтіп, келетінін сүйіншілегендердің қарасы бір-екі кісімен шектелмейді. Зәйд ибн Амр да ақырғы елшіні зарығып күтіп, сипатын көпшілікке айтудан шаршамаған, ақиқатқа шөлдеген мүмин жанның бірі еді. Ол жаннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі Саид ибн Зәйдтің әкесі әрі хазірет Омардың ағасы болып келеді. Бұрындары пұтқа сиынатын парықсыздардан бойын аулақ салып, мелшиіп үнсіз тұратын мүсіндерден келіп-кетер пайданың жоқтығын терең ұғынып, Ханиф дінін жанына медет қылып жүретін. Оның мына бір сөзі көре тұра иман етпегендерге таптырмас сабақ секілді: «Жаңа дін келіп күллі адамзатқа нұр шашқалы тұр. Шығуына тым жақын қалды. Сол күнге жете алар ма екенмін?» Сахабаның бірі Амир ибн Рәбия мынадай деректі алға тартады: «Зәйд ибн Амр: «Мен хазірет Ибраһимнің ұрпағы, Әбдімүттәлибтің тұқымынан бір пайғамбар күтемін. Оған ғұмырым жете алмас, бірақ дәріптеген дініне иман етіп, хақ пайғамбар екенін мойындай- мын. Егер өмірің жетер болса, оған сәлем айт! Сипат- тарын айтайын, есіңде ұста!» – деп, баяндай бастады. «Ұзын да емес, қысқа да емес, орта бойлы. Толқын шашы қатты бұйра да емес. Есімі – Ахмед, Меккеде дүние есігін ашады. Пайғамбарлық міндет осы аймақта жүктеледі. Қауымы ескі сенімдерінен бас тартқысы келмегендіктен, оны Меккеден қуып шығады. Ол Яс- рибке (Мәдинаға) қоныс аударып, дінін сол жерден жа- яды. Осы жасыма келгенше шартарапты шарлап жүріп хазірет Ибраһимнің дінін іздедім. Сол жолда небір яһуди ғалымдарымен, христиан оқымыстыларымен кездестім. Барлығы маған бір ауыздан «Сенің іздегенің кейінірек келеді. Ол ақырғы пайғамбар. Одан кейін пайғамбар келмейді», – дегенді айтты».

16. Аллаһ елшісін (с.а.с.) көре тұра кітап иелері неліктен иман етпеді? Қияметке дейін адамзат баласына ұстаздық қылатын ақиық Елшінің (с.а.с.) өнегелі ғұмырын танып-біле тұра, «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей, кейбір топтың иман етпеулерінің сыры тәкаппарлық пен қызғанышта, бәсекелестікте жатыр. Сөз түйінін осыған тоқтатқан Құранда: «Аллаһ тарапынан өздеріндегі Тауратты растаушы кітап (Құран) түскенде, алдында ғана күпірлікке қарсы тұруға көмек сұраған олар енді келіп Құранға қарсы шықты.Аллаһтың лағынеті қарсы шығушыларға тисін» («Бақара», 89) делінген. Соңғы Пайғамбардың (с.а.с.) яһуди ұлтынан шықпауы қызғаныштың отына май құйды, өйткені біз білетін пайғамбарлардың көпшілігі яһуди қауымынан шыққан. Соны желеу етіп соңғы елшінің де өз қауымдарынан шығатынына құлай сенді. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) арабтардан шыққанда төбелеріне жай түскендей әсер етті. Яһудилердің қызғаныштары өршіп, Аллаһтан келген Елшіні (с.а.с.) мойындамауға дейін барды. Тәкаппарланып, өздерінің ерекше қауым екендіктерін алға тартып, басқаларды төмен санады. Алайда олар араб пен яһудилердің арғы аталары бір екенін ескермеді, өйткені Ибраһим пайғамбардың Исхақ және Исмайыл есімді екі ұлы болған. Исхақтың баласы Яқуптан яһудилер (еврейлер) тарайды, осы тектен көптеген пайғамбарлар келіп отырды. Ал Исмайылдан арабтар тарайды, бұл тектен соңғы елші Мұхаммед пайғамбарымыз ғана келді. Көзсіз қызғаныштан яһудилердің: «Мұхаммед (с.а.с.) араб, біз яһудиміз, пайғамбар яһудилерден келуі керек еді», – деп Аллаһ елшісін (с.а.с.) мойындамауы нағыз надандық еді. Айналып келгенде, Ібілістің Аллаһтың құзырынан қуылуына сеп болған тәкаппарлық яһуди қауымын да адастырды. Бұған мысал, яһуди білгірі Абдуллаһ ибн Сәлам Исламды қабылдағаннан кейін, Пайғамбарымызбен (с.а.с.) ақылдасып яһудилерді сынамақ болды. Екі жаһан сардары оларды үйіне жинап, әдейі хазірет Абдуллаһ жайлы пікірлерін сұрады. Олар салған жерден Абдуллаһтың да, әкесінің де араларындағы ең білімді кісілер екенін айтып мақтады. «Егер Абдуллаһ мұсылман болса, сендер де иманға келесіңдер ме?»– деп сұрағанда, яһудилер оның мүмкін еместігін ойлағандықтан «Иә» деп жауап береді. Абдуллаһ жасырынып тұрған жерінен шығып, Мұхаммедтің (с.а.с.) Таурат пен Інжілде жазылған соңғы елші екенін қабылдағанын айтады, бірақ яһудилер табан астында сөздерінен тайқып кетті. Алдында ғана мақтан тұтып, халқының қалаулысы, елінің елеулісі екенін айтқандар енді әкесін де, өзін де жамандап шыға келді (Сира, 2:164) . Абдуллаһ ибн Сәлам өзінің қандастарына қарап: «Әй, яһудилер! Аллаһтан қорқыңдар! Мұхаммедтің пайғамбарлығын мойындаңдар. Тауратта аты мен сипаттары жазылған елші осы екенін анық білесіңдер», – деген еді. Иман етпеулерінің тағы бір себебі – бәсекелестік. Муғира ибн Шуғба айтады: «Әбу Жәһилмен бірге отырған едік. Пайғамбар (с.а.с.) қасымызға

келіп тізе бүгіп, біраз уағыз айтты. Әбу Жәһил: «Мұхаммед, егер мұның бәрін о дүниеге барғанда дағуатыңа куә болсын деп айтып жатсаң, қиналмай- ақ қой, өзім-ақ куәлік етем. Бар сұрайтыным, қазір менің мазамды алма», – деді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) ренішті күйде тұрып кетіп қалды. Мен Әбу Жәһилден: «Шынымен, оған сенбейсің бе?» – деп сұрадым. Сонда: «Негізі, Мұхаммедтің пайғамбар екенін білемін, бірақ Хашим ұрпақтарымен ежелден бері келе жатқан бәсекелестік бар. Олар келген қажыларға тамақ пен су беріп, сонысымен мақтанады. Енді соңғы пайғамбар да бізден шықты десе, оған шы- дай алмаймын», – деп жауап берді» (Ибн Әби Шәйбә, Мусаннаф, 7/255-256) . Басқа бір риуаятта құрайыштық Харис ибн Амр: «Сөзіңді жалған демейміз, айтқаныңның бәрі рас, бірақ саған еретін болсақ, беделімізден айырыламыз. Сол үшін иман етпейміз», – деген болатын. Мұндай ой мен сөз тек бір-екі кісіге ғана емес, көпшілікке тән еді. Үрей, көкіректік, бірбеткейлік сияқты мінездері иман етулеріне мүмкіндік бермеді. Ең сорақысы сол: бұл бейшаралар біле тұра Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзіне қарсы шығушы еді. Құран мұндай адамдардың халін баяндай келіп әрі расулаллаһты жұбата отырып: «Олардың айтқандары көңіліңе келетінін жақсы білеміз. Негізінде, сені өтірікші санамайды, бірақ біле тұра Аллаһтың аят- тарына қарсы шығады» («Әнғам», 33-аят.) деген. 17. Қас дұшпандары иман келтірген бе? Білім – барлық нәрсенің негізі. Сену үшін де білу керек. Аллаһ өзінің дінін түсіндіру үшін елшілер жіберді, Құран кітапты түсірді, сондықтан біз білмеген нәрсемізді тани да алмаймыз, түсіне де алмаймыз. Олай болса, Пайғамбарымызды тереңінен тану үшін алдымен ол туралы мәліметті толық білуіміз керек. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қашан туылып, қашан қайтыс болғандығын, балалық шағы мен соғыстарын, әйелдері мен балаларын білу, оны шынайы түрде тану үшін жеткіліксіз, өйткені бұл мәліметтерді оның достары білгені секілді оның қас дұшпаны болған Әбу Жәһил мен Әбу Ләһәб секілділер де білетін. Ол Пайғамбарымызды (с.а.с.) бір Аллаһтың елшісі ретінде, ақырғы пайғамбар ретінде тани алмағандықтан оған қарсы шықты. Егер оны білуге, тануға тырысқанда, ниеті дұрыс болғанда, міндетті түрде мойындайтын еді. Суһайл ибн Амр мұсылмандардың қас дұшпаны, әрі Пайғамбарымызды (с.а.с.) мойындамайтын Мекке мүшріктерінің бірі болатын. Һудайбия келісімі кезінде Меккеліктер Пайғамбарымызбен келісімге Суһайлды жіберді. Келісім барысында Пайғамбарымыз (с.а.с.) хатшылық етіп отырған Алиге (р.а.) «Бисмилләһир- рахманир-рахим», – деп жаздырды. Сонда Суһайл: «Жо- жоқ, біз бұған келіспейміз, «бисмилләһир- рахманир- рахим»-ді біз білмейміз. «Бисмикә Аллаһуммә» (Аллаһтың атымен) деп жазылсын», – деп қарсы шықты. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл ұсынысты қабыл алып, солай жазғызды. Сосын Хазірет Алиге:

«Бұл Аллаһтың елшісі Мұхаммедтен...» – дегенде Суһайл тағы да наразылық білдіріп: «Біз сенің пайғамбар екендігіңе сенсек, Меккеге кіруіңе тыйым салмаған болар едік, сондықтан «Аллаһтың елшісі» деп жазуға қарсымын», – деді. Бұған да келіскен Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Уа, Али! «Аллаһтың елшісі» дегенді өшір, Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед деп жаз», – деді. Хазірет Али: «Уаллаһи, мен «Аллаһтың елшісі» сипатын ешқашан өз қолыммен өшіре алмаймын», – деп жауап берді. Мұсылмандар да оны қоштап: «Біз «Мұхаммед – Аллаһтың елшісі» деп жаздырамыз. Дінімізді менсінбеушілік қой бұл, бұғып қала алмаспыз», – деп дабырласып кетті. Расулаллаһ оларға «үндемеңдер» деп мүбәрак қолымен ишара берді де: «Қане, қай жерде Расулаллаһ жазуы?» – деп сұрады. Қағазға төнген күйі өз қолымен оны өшіріп, орнына «Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед», – деп жаздырды. Міне, мұсылмандарды қас жауындай көрген Суһайл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Аллаһтың елшісі екендігін мойындағысы келмейтін, оны танымайтын болғандықтан дінімізге, Пайғамбарымызға шамасы жеткенше қарсы шықты. Суһайл істеген ісіне мақтанып, тәкаппарланып Меккеге оралды. Арада үш жыл өтер-өтпес Мекке азат етілді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) соңғы қажылығын жасау үшін Меккеде еді. Ихрам- нан шығу үшін шаш алдырып жатқан болатын. Сол сәтте Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жанына біреу жасырынып келіп, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) түскен мүбәрак шаштары мен сақалын жинап, бір шетке шығып, алған сақал мен шаштарын жүзіне басып жылап отыра кетті. Әнас ибн Мәлик: «Бұл кісінің кім екендігін білгім келіп, сұрастырдым. Соңында оның Худайбияда Пайғамбарымызға (с.а.с.) дұшпандай қарсы сөйлеген Суһайл ибн Амр екендігін білдім. Кеше ғана Аллаһ елшісіне қарсы шығып, соғысуға әрекет жасап жүрген Суһайл, енді, міне, оның шашын құрметтеп жылап отырғанын көріп қайран қалдым», – дейді. Арада көп уақыт өтпей-ақ Аллаһ елшісін (с.а.с.) таныды, таңданды, мұсылман болды. Сайд ибн Муслим былай дейді: «Мекке азат етілгенде құрайыштықтардың ішіндегі Исламды қабылдаған және ең кеш мұсылман болғанына қарамастан, ең алғашқылардан намазымен, оразасымен, берген садақасымен, ақиретке дайындығымен озған Суһайл ибн Амрдай ешкім болған емес. Ол Құран оқығанда мағынасының тереңіне бойлап жылап оқитын», – деп таңданады. Аллаһ елшісі қайтыс болғаннан кейін де ол Ислам жолында барын салып, дінді таратуға кірісті. Бір сөзінде: « Ей, құрайыш халқы, ең соңғы болып Ислам дінін қабылдап, ең алғашқы Ислам дінінен шыққандардан болмаңдар. Аллаһтың атымен ант етейін, бұл дін Ай мен Күн шығып, батқан барлық жерге жетеді », – деген болатын. Ол өзінің туған елін қатты жақсы көретін. Мұсылмандармен бірге Сирияны азат еткеннен кейін сол жерде, өз отанынан жырақ қалуды ұйғарды. Мұның себебін былай түсіндіреді: «Аллаһ елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: « Қандай да бір мұсылманның Аллаһ жолында бір сағат тұруы, өмір бойы амал етуінен

қайырлы ». Мен ақырғы сәтіме дейін Аллаһ разылығы үшін шекараларда тұрамын, Меккеге қайтпаймын». Осылайша қалған өмірін дін жолына арнады, еліне оралмады. Суһайл білу жолында жүріп Пайғамбарымызды (с.а.с.) таныды, оның әрбір сөзіне амал етуді өзіне міндет санады, өзіне үлгі тұтты. Танымай дұшпан болып жүріп, танығаннан кейін ең сүйікті адамына айналды. Осы Суһайл секілді Халид ибн Уәлид, Омар ибн Хаттаб, Әбу Суфиян, Амр ибн Ас секілді талайлары алғашқыда Пайғамбарымызға қарсы шығып, тіпті өлтірмекші де болған. Алайда жаманнан жақсыны шығаратын Аллаһ тағала барлығын мұсылман қылды, тіпті кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай мұсылмандардың алдыңғы қатарынан етті. 18. Пайғамбарлық келмей тұрып Хира үңгірінде қалай ғибадат етуші еді? Сол заманда Мекке халқының арасында ханиф дінін((Монотеизм), бір Аллаһқа сену) ұстанып өмір сүргендердің болғаны белгілі. Құрайыштықтардың басым бөлігі пұтқа табынғанымен, ат төбеліндей ғана адам күпірліктен бойларын аулақ ұстап, хазірет Ибраһимнен (а.с.) қалған таза дінді ұстанып, бір Аллаһқа сенді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) сол ханиф кісілермен бір қалада тұрды және әуел бастан пұттарды тақамайтын. Кей уақыттарда Нұр тауының Қағбаға қарайтын беткейінде орналасқан Хира үңгірінде оңаша қалып ғибадат еткенді дұрыс көрді(Бұхариде келген бір хадисте былай делінген: «Оған жеке қалу сүйдірілді, ол Хира үңгірінде (Ибраһим пайғамбардың ханиф діні бойынша) құлшылық ететін».). Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл үңгірде он күн, кейде бір(Кейбір деректерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Хира үңгірінде түнеген күндері жылдың ораза айына сай келгендігі айтылады) айға жуық уақыт қалып құлшылық етті. Азық-түлігі таусылған кезде үйіне барып қайтатын. Аллаһ тағала адамзаттың жол көрсетушісі Мұхаммед Мұстафаны (с.а.с.) Аллаһ тағала пайғамбарлыққа осылай дайындады. Қағбаны алыстан бақылап, әлемде жасалып жатқан қиянат атаулыдан жеке-жеке сыйынып, адамзаттан алыстап бара жатқан адамдық қасиеттерді қайтара гөр деп Аллаһқа жалбарынды. Мұндайда жүрек түкпіріндегі бір сенім Қағбаның болашақтағы иманмен нұрланған тап-таза халіндегі суретін көз алдына елестетіп, сол күндердің тұнық елесі бір сәтке көңілін жұбататын. Хирада ол бөгделерге жасырын, Хаққа анық, өзіне ғана тән ғибадат жасайтын. Түрлі деректерде хазірет Ибраһимнің (а.с.) дінін ұстанып, құлшылық қылғандығы айтылады. Алайда бұл құлшылықтың нақты қалай орындалғаны бізге беймәлім болса да Аллаһ елшісі (с.а.с.) рухани кемелдікке жеткені белгілі. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл құлшылығынан мынадай сырларды аңғарамыз: 1) Жанталасқан дүниенің күйбең тіршілігінен кейде бөлініп, біраз уақыт жеке қалып, өз-өзін сұраққа тарту, Аллаһтың сансыз нығметтерін ойлау, айналасындағы жаратылыстарға қарап Оның құдіретін көрсететін

дәлелдердің тұңғиығына бату. Бұлар адамның иманын арттырады, Аллаһқа деген сенімді молайтады. 2) Аллаһқа деген сүйіспеншілікті жүрегіне орнықтыру. Бұл Аллаһ жолында қанша қиындық болса да сабыр ету үшін күш-қуат көзі болып табылады. Адам біреуді сүйгендіктен, соның жолында қиыншылықтардан ләззат алады, ұзақ жолдар қысқа көрінеді, уақыт пен ақша құнсыз көрінеді. Сол секілді, Аллаһты сүйген адам дін жолында, дінді тарату жолында көрген қиыншылықтарына төзе алады, өзіне, отбасына келген қиыншылықтарға сабыр етеді.Алайда мұндай сүйіспеншілікке жету үшін Аллаһтың адам баласына берген сансыз нығметтерін ойлауы, бұл әлемді адам баласы үшін мекен етіп жаратқанын ұғынуы, жер бетіндегі жаратылыстарды адам баласына қызмет еттірген Аллаһ екенін жиі еске алуы керек. Сонда ғана Аллаһ тағала пендесінің жүрегін, өзіне деген махабаттпен, сүйіспеншілігіне бөлейді. Сонда ғана өзінің қоғаммен бірге жүріп маңызды деп санаған фәни дүниелік мақсаттары, мәнсіз саналып, Аллаһтың хикметке толы әмірлері маңызды бола бастайды. Дін жолында жүріп көрген қиындықтары, біреулердің келеке етуі, қарсы сөз айтып, дінді таратуға бөгет болғысы келгендердің істері шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хира үңгірінде Аллаһтың сансыз нығметтерін көп ойлап, рухани кемелдікке жетті, соның арқасында Мекке мүшріктерінің зорлық- зомбылықтарына сабырлық танытып, оларға қарғыс айтпады. Аллаһты барлығынан артық жақсы көргендіктен, ол жолда көрген қиыншылықты себеп қылып Аллаһқа шағымданбады. 3) Жанталасқан дүниенің күйбең тіршілігінен, көз тартатын қызықтарынан бір сәт жеке қалып ойланбайынша, адам өзінің бойындағы тәкаппарлық, кекшілдік, рия, дүниеқоңыздық, нәпсіқұмарлық секілді сипаттарын көре алмайды. Міне, осы рухани кеселдерден құтылу үшін пенде бір мезгіл жалғыз қалып, сәті келгенде жан- дүниесін таразылап, өз бойындағы жаман мінездерден арылдыратын белгілі күндері болғаны абзал. Алайда Ислам келмей тұрып Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үңгірде жеке қалғаны секілді қарапайым адамның тау жағалап, елден жырақ кетуі, халықтан безінуі дұрыс емес. Басты мақсат ел ішінде жүріп-ақ халімізді түзету, рухани кемелдікке жету, ішкі жан-дүниемізді дұрыстау.Бұл шың үшін біреулері ұзақ уақыт отырып дұға жасаса, енді бірі ұзағынан түнгі құлшылық жасаған, ал кейбірі табиғаттың тылсымына зер салып, тәфәккүрге салынған. Бұл мәселе тасаууф ілімінде кеңінен қамтылған. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үңгірде құлшылық қылуын Аллаһ қалаған, өйткені Бұхариде келген хадисте « Оған Хира үңгірінде қалу сүйдірілді ...» – деп келген. 19. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) өзіне пайғамбар жүгі артылатынын білген бе? Пайғамбарлық келмей тұрып уахи туралы ештеңе айтқан емес, өзіне елшілік міндеттелетінін білмеген. Құранда : «Бұл кітаптың саған түсетінін

күтпеген едің. Бұл – Раббыңнан келген бір мейірім» («Қасас», сүресі 86) деп өзінің пайғамбар болатынын күтпегендігін және бұл таңдауды тек Аллаһ тағала жасайтынын нақты білдірген. Аллаһ қалағанын жаратады, қалағанын таңдайды. Пайғамбарлық міндет Аллаһ тағаланың барша адамдарға және таңдаған елшісіне жасаған мейірімі мен жақсылығы. Бұл мейірім тек қана Аллаһтың таңдалған құлдарына беріледі. Ол кездері соңғы пайғамбардың келетінін білген Исрайыл ұрпақтары мен арабтардың арасында пайғамбарлықты қалағандары, пайғамбарлықты Аллаһтан тілегендері көптеп кездесті. Алайда пайғамбарлық адамның емес Аллаһтың қалауында болғандықтан, бұл міндетті еш ойламаған, күтпеген Мұхаммедке (с.а.с.) берді. Пайғамбар болмай тұрып өз басынан, кейбір байқалған жағдайлар да бар, бірақ Аллаһ елшісі (с.а.с.) орын алған ерекше оқиғалардан әсерленіп, өзін бөлек сезініп, мен пайғамбар боламын деп айтпаған. Уахи келмей тұрып Расулаллаһ (с.а.с.) шынайы түс көретін. Түсінде көргендері өңінде орындалып, көз алдында айна-қатесіз қайталанатын. Осындай тылсым сырға (Пайғамбарлықтан бұрын болған ерекше оқиғалар «ирхасат» деп аталады)толы оқиғалардан кейін оңаша қалып ғибадат етуге деген құштарлығы арта түсті. Бірнеше күн қатарынан Хира үңгірінде оңаша қалып үздіксіз құлшылық етті. Бұл құлшылық жанына жағымды келді, рухының қалауы екенін білді. Анда-санда үйіне келіп тамағын алып, іле қайта кететін. Күн артынан күн өтіп мұнысы әдетке айналды. Бірде әдеттегідей үңгірде отырған еді. Кенеттен періште пайда болып: «Оқы!» – деп бұйырды. «Мен оқи алмаймын», – дейді Пайғамбарымыз (с.а.с.) үрейленіп. Осы ұлы оқиға ары қарай: «Мені шап беріп, қапсыра ұстап, жаным ауырғанша қысып барып қайта босатты да, «Оқы!» – деді. «Оқи алмаймын», – дедім. Қайта қысып тұрып, тағы да босатты. Сөйтіп тағы да «Оқы!» – деп бұйырды. «Мен оқи алмаймын», – дедім. Үшінші рет қысып барып босатты да: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы, Раббың ең жомарт, адамға қаламмен жазу- ды және білмегендерін үйретті» («Алақ», 1-5) деген Аллаһтың сөздерін айтты. Жәбірейіл періште өзінің алғашқы міндетін атқарғаннан кейін көзден ғайып болды. Нұр тауынан ұзақтап бара жатқанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы да ерекше бір күй кешті. Басын көтеріп көкке қарағанда, Жәбірейілді көрді. Періште Аллаһтың сәлемін жолдады.. Расулаллаһ (с.а.с.) қорыққанынан қалшылдап кетті де, үйін бетке алып тұра жүгірді. Ентіге басып табалдырықтан аттай бере жұбайы Хадиша анамызға (р.а.): «Үстіме бірдеңе жабыңдар», – деді. Үстін қымтап жапқаннан соң қорқынышы сейілейін деді. Терең ойға батып: «Өз-өзімнен үрейленемін», – дегенде Хадиша анамыз: «Қорықпа, Аллаһ сені жерге қаратпайды, өйткені сен жақындарыңа көмектесіп, қиналғандарға қол ұшын бересің, мұқтажды киіндіріп, қонақты қуана қарсы аласың және мұңайғанға дос бола білесің», – деп оның игі істерін айтып, жұбатқан еді (Бұхари, Бәдүл - уахи, 7.) . Олай болса, бұл оқиғаданПайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің пайғамбар болатынын білмегендігін мынадай ретпен тұжырымдаймыз:

Үңгірде уахи келген кездегі халі мен үңгірден шыққаннан кейінгі үрейіне қарап өзіне уахи келетінін білмегендігін және күтпегендігін байқаймыз. Егер білген болса қорықпас еді және бұл жағдайды Хадиша анамызға айтып үрейленбес еді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Өз-өзімнен үрейленемін» деуі оның бұған дейін уахи келетінін, пайғамбар болатынын білмегендігін көрсетеді. Хадиша анамыз Пайғамбарымыздың басынан өткізген жағдайын ағасы Уарақа ибн Науфалға жеткізген болатын. Сонда ол Хадиша анамызға: «Егер айтқандарың рас болса, ант етемін, ол – Мұса мен Исаға келген Намус әкбар (Жәбірейіл). Сөз жоқ, Мұхаммед (с.а.с.) – осы үмбеттің нәбиі. Бар да осыны жеткіз. Өз- өзіне берік болсын »( Мауарди, Аламун-нубуа, 1/275), – деп айтады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің пайғамбар екендігін білсе, Хадиша анамыздың немесе оның ағасы Уарақаның айтқанын тыңдауды қажет етпейтін еді. Біреу жазушы болуды қаласа, ол қолына қалам алып, кітап оқып, жазу жазып дайындалатыны сөзсіз. Ал Аллаһ елшісі (с.а.с.) сол заманның ағысымен жүріп оқу-жазуды білмеген, пайғамбарлыққа дайындық ретінде үйренбеген де. Әйтпесе, жазу-сызуды үйренуі де мүмкін еді. Алайда Аллаһ тағала оны пайғамбар ету арқылы, сол заманның және ақиретке дейінгі аралықтағы барлық ақын-жазушылар мен білікті ғалымдардан үстем етті. 20. Исламда оқу-жазуға ерекше мән бере тұрып Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қара танымауының астарында нендей хикмет жатыр? Пайғамбарымыз (с.а.с.) уахи келмей тұрып қырық жылын меккеліктермен бірге өткізді. Жақындары оның жастайынан бері тыныс- тіршілігін бес саусақтай білетін. Тіпті Пайғамбарымыз өзге елдерге жасаған сапарларына да жалғыз шықпайтын. Егер жалғыз шыққан болса, дереу ол біреуден сабақ алды, білім үйренді, сосын пайғамбар болды деп жала жабулары кәдік еді. Онсыз да қызғаныштың қырқасынан аса алмайтын кейбіреулер Пайғамбарымыздың қара танымайтынын біле тұра, қасақана оқу-жазуға жүйрік деп көрсетуге тырысты. Қырсықтық пен іштарлыққа басқан, соқыр сенімнің серкелері «Мұхаммед уахиды өз ойынан шығарып жүр», – деп Аллаһқа иман етуді ар санайтындары да кездесті. Бөтеннің қаңсығын таңсық көретін енді бірі «Мұхаммед Таурат пен Інжілдің сөзін арабшалап айтып жүр» деп қаралайтын, сондықтан бұл сылтауларын іске асырмау үшін, барлық нәрсені алдын-ала білуші Аллаһ тағала пайғамбарлық үшін оқу-жазу білмейтін Мұхаммедті (с.а.с.) таңдады. Құран кәрімде бұл мәселе: «Сен Құраннан бұрын ешқандай кітап та оқымаған едің, жазу да жазбағансың. Олай болмағанда адасып жүргендер күмәнданар еді» («Анкабут», 48 )деп баяндайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмми (қара танымаған) еді. Аллаһ тағала хикметпен оқу-жазуды білмейтін пайғамбар жіберді.

Расулаллаһтың (с.а.с.) өмір сүрген заманы мен ортасында медресе де, кітап та болмаған. Бұл діннің көне мәдениетке негізделіп құрылуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Онсыз да Меккеде қара танитындардың саны саусақпен санарлық қана еді. Ал егер Пайғамбарымыз (с.а.с.) ұстаз алдын көрсе, мұндай мағлұмат бізге міндетті түрде жетер еді. Сахабалардың Аллаһ елшісіне (с.а.с.) деген махаббатының көрінісін пайғамбарлар тари- хы жайындағы кітаптардан кездестіреміз. Кішігірім естеліктердің өзі үлкен мұқияттылықтың нәтижесінде арада қаншама ғасырлар өтсе де, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған. Ал егер расулаллаһтың (с.а.с.) өз қолымен жазған кез келген хаты болғанда, оның бізге жетпей қалуы мүмкін емес еді. Оның жалғыз ұстазы Аллаһ тағала екені аян. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһтың хикметімен үмми болды. Құранды Жәбірейіл періштеден ауызша қабылдап, сахабаларға да ауызша жеткізіп отырды. Маңыздысы, Құран аяттарының жатталып, көкірекке салынып, санамызға сіңуінде болмақ. Сағд ибн Химардың жеткізген бір риуаятындаАллаһ тағала Пайғамбарымызға (с.а.с.): «Шындығында, мен сені сынаймын, (басқаларды да) сенімен сынаққа саламын. Саған сондай кітап түсіремін, оны су да шайып кете алмайды (жүректе жаттаулы сақталады). Сен оны ұйқылы күйде де, ояу күйде де оқисың», – деген, тағы бір хадисте: «Егер Құран бір теріде жазулы болғанда, оны от өртей алмайды, өйткені ол көкіректе жаттаулы түрде сақталған. Тілге жеңіл, жүрекке төреші. Үні мен мағынасы мұғжиза», – делінген, сондықтан болса керек Исламға дейінгі үмбеттер, мұсылмандарды сипаттағанда: «Олардың кітаптары көкіректерінде», – деп жаттанды, ми мен санаға сіңген, жүректен орын алған Құранның ақиретке дейін сақталатындығын айтқан (Ибн Касир, «Анкабут» сүресі, 48-аяттың тәпсірі) . Үйрену әлдебір нәрсені білуге деген мұқтаждықтан тумақ. Аллаһ тағаладан тікелей уахи келгендіктен, Расулаллаһ (с.а.с.) ілімді бөтен кісіден үйренуге мұқтаж болмады. Әйтпесе, оның қара танымауын ілімге мән бермеуінен деу ағаттық. Алғашқы аят «Оқы!» – деп басталып, Құранның бірнеше жерінде кітапқа, ондағы жазылғандарға ант етіліп «Білімділер мен білімсіздер тең бе?» – деген салыстырулар түсірілді. Ары-беріден соң, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Бәдір соғысында қолға түскен тұтқындардың сауаттыларын өздерінің сахаба- ларына сабақ үйреттіріп, ақысына бостандық бергізді. « Білім алу мұсылман әйел мен мұсылман ерге міндет », – деп сахабаларды білімге қызықтырды. Терең үңілсек, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) оқу-жазу білмеуі оның пайғамбарлық ерекшелігі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһтың хикметімен үмми болды. Өзге философия немесе мәдениеттен әсерленбеген, ойы саф еді. Құран таза көңілге уахи етілді. Расулаллаһтың «Біз үмми үмбетпіз» деген сөзін де осы жағынан қарастыру керек. Бұл хадис- шәріп сауатсыздықты насихаттаудан аулақ, керісінше, адасқан пәлсапамен санамызды уламауға бұйырады. Сахабаларға да сол кездегі Рим мен Парсы мәдениетінің ықпалы тимеген. Құранды түсіну үшін өзге еңбектердің көмегіне жүгінуге мұқтаж емес еді. Тарих беттерін парақтасақ, Исламның жік-жікке бөлініп, адасқан

ағымдардың шығуы Исламға жат мәдениет пен философияның араласуынан туындады. 21. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) жындардың да пайғамбары ма? Аллаһ елшісінің пайғамбарлығы адамзатпен қоса жындарды да қамтыған. Жаратушы Хақтың бар екеніне адамдардың бірі сеніп, бірі шүбә келтіргені сияқты жындардың да мұсылман-кәпірі бар. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккеде жүргенде жындар келіп Құран тыңдағандары жайлы қасиетті аятта: «Бір кезде саған жындардың бір тобын Құран тыңдауға жіберген едік. Олар сенің алдыңа келгенде біріне-бірі «үндемеңдер» десті. Құран оқылып біткеннен кейін олар өз қауымдарына ескертуші ретінде қайтты. Барып «Уа, жұртым, біз Мұсадан кейін түсірілген алдыңғы кітаптарды растайтын, ақиқатқа бастайтын кітапты (Құранды) тыңдадық. Уа, халайық, Аллаһтың жаршысын (Мұхаммедті) қабылдаңдар және Аллаһқа иман келтіріңдер. Аллаһ сендердің күнәларыңды кешіріп, жан түршігерлік азаптан құтқарады» делінген («Ахқаф» сүресі, 29-31) . Кейбір деректерде Аллаһ елшісіне (с.а.с.) Құран тыңдау үшін жындардың бір рет келгендігі айтылса, енді бір жерде екі рет келгендігі білдірілген. Аллаһ тағала пайғамбарына жындарды ескертіп, оларға Құран оқуын әмір еткен еді. Сол себепті бірде сахабалардан Ибн Мәсғудты жанына алып, жын қауымына барған. Екеуінің хикметке толы осы жолғы сапарын Абдуллаһтың (р.а.) өзі былай деп еске алады: «Хаджундағы тау соқпағына барғанымызда Аллаһ елшісі (с.а.с.) жерге шеңберлеп сызды да, «Осы жерден тапжылма», – деп, өзі Құран оқи бастады. Артынша әлдебіреулердің айғай-шуы естілді. Мен расулаллаһқа (с.а.с.) бірдеңе болып қалмас па екен деп алаңдай бастадым. Жанымда тұрған ол көз алдымда көмескіленіп бұлдырай бастады. Сағымдай бұлдыраған бірдеңе арамызды бөліп тұрғандай көрінді. Тіпті даусын естуден қалдым. Артынша күннің бетін бұлт торлағандай болған қараңғылық бірте-бірте сейіле бастады да, көзімнің алды шайдай ашылды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) менен не көргенімді білгісі келді, мен ақ киім киген өңі қара әлдекімдерді байқағанымды айттым. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бұлар Нұсайыптың жындары», – деп түсіндірді. Демек, расулаллаһтың (с.а.с.) адамдарға ғана емес, жындарға да хақ жолды үйретуге келгені хақ. 22. «Сен олардың арасында болған кезде Аллаһ оларға азап етпейді» деген аятты қалай түсінеміз? Адамзат тарихына қарасақ, қаншама қауым ізгілікке үндеуші, жақсылықтың жаршысы – пайғамбарларды көзге ілмей, перғауындай өз нәпсіқұмарлықтарының кесірінен Құдайдың қаһарына ұшырап, жер бетінен жойылғанын көреміз, бірақ Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) үмбеті үшін мұндай жантүршігерлік азап келген жоқ. Асылында, пенденің күліп отырып, біліп отырып жасаған сансыз күнәларының есебіне жете алмайсың. Тіпті

тұтастай бір қауымды жермен-жексен етуге себеп болған күнәларды қазір бір мезетте оп-оңай жасап жатқанын төрт көзіміз түгел көріп отырғаны ащы шындық. Күнәнің балшығына белуардан батсақ та, ешқандай да азапқа ұшырамауымыз соңғы Расулдың (с.а.с.) Аллаһ алдындағы дәрежесінен болар, бәлкім. Сол кездің өзінде де Аллаһ елшісі өзіне зәбір көрсеткендердің жазалануын қаламады. Тайыф оқиғасы соның айқын мысалы. Адамзаттың асыл тәжі дін тарату міндетімен Тайыфқа үлкен үміт арқалап барып еді. Алайда халқы тағдырдың табақтай тартқан тартуының парқын пайымдай алмады. Құтты қонаққа тас атып, қаладан қуып шықты. Қалада болған он күн ішінде бірнеше адаммен арнайы кездесіп сөйлеспек те болды. Тайыф халқы сауық-сайраншыл, рақат өмірге батып, асып-тасқан күпірлікте болатын. Тіпті кейбірі: – Қайда барсаң онда бар, бірақ біздің елге жолама, – деп дөрекелік көрсетті (Ибн Сағыд, Табақат, 1/211, 212).Онымен де шектелмей Пайғамбарға тас лақтырып, Тайыфтан қуып шықты. Осы кезде тау періштесі Пайғамбарымызбен (с.а.с.) сәлемдесті де: – Рұқсат берсең, мына екі тауды Тайыфтың үстіне тастап жіберейін, – деді. Ардақты елші (с.а.с.): – Жоқ, бұлар қазір ақиқатты түсінбегенімен, күндердің күнінде ұрпақтарының ішінен иман еткендер шығатын болса, онда керек емес, – депжүрек тебіренісін білдірді. Тау періштесі екі жаһан Сардарының (с.а.с.) жауабынан соң: – Шынымен де, сен Раббымыз айтқандай кешірімді әрі мейірімдісің, – деді (Халаби, Сира, 2/57, 58.). Иә, Пайғамбарымыз (с.а.с.) мейірімділік жасау үшін келді, адамзаттың екі дүниеде де бақытқа жетуін тіледі. Өзі қанша қиналса да қас дұшандары райынан қайтар деп Аллаһтың қаһарын оларға тілемеді. Пайғамбарымыздың құрметіне Аллаһ бәрін тегіс жойып жіберуді тоқтатты. Иса (а.с.) кезінде « Егер азап ететін болсаң, олар – Сенің құлдарың» («Мәида», 5/118) деп қауымының азапталуын Аллаһтың қалауына қалдырған болатын. Ал Пайғамбарымыздың қадір- қасиетіне көз салсақ, Аллаһ тағала оған: « Сен арасында болған кезде Аллаһ оларға азап етпейді» («Әнфал» сүресі, 33-аят.) – деп Пайғамбарымыздың (с.а.с.) құрметіне азапталмайтындығын уәде етуде. Сондай-ақ аяттың жалғасында: « Және кешірім сұрап, жалбарынып жатқанда да, Аллаһ оларға азап етпейді», – деп Пайғамбарымыздың (с.а.с.)мұсылмандардыңжүрегінде тұрған кезде Аллаһ оларға азап жібермейтінін білдірді. Мұхаммед (с.а.с.) үмбетінің екі бірдей қалқаны бар. Алғашқысы – Аллаһ елшісінің рухы бізбен бірге болуы. Екіншісі – хақ пен ақиқатқа барынша қызмет етер мұсылмандардың дәйім Аллаһтан кешірім тілеп, истиғфар етуі. Осыны көңілге медет қылып, қалың бұқара халқымызға азап бермес деп үміттенеміз. Хадис кітаптарына көз жүгіртсек, Рақым Пайғамбарының үмбеті үшін егіліп кешірім тілегенін көреміз. Бұл жалбарынудың ең үлкен көрініс тапқан жері қоштасу қажылығында Арафат пен Мұздалифада орын алды. Екі мүбәрак жерде ерекше ықыласпен көп дұға жасады. Тіпті кісі

ақысы үшін де кешірім тілеп жалба- рынды. Мұны көзі көрген сахабалар Аллаһ елшісінен сөзбе-сөз былай жеткізеді: « Раббымнан үмбетімді жоймауын сұрадым, дұғам қабыл болды ». Алайда артынша « Олардың жойылуы өз араларында жүзеге асады. Күнә істеген уақыттарында үмбетіңді бір-біріне жазалатамын», – деген іле бұйрығы келді. Мен бұл жазаның да алынып тастауын тіледім, бірақ Раббым қалдырды ». Ежелгі замандарда қауымдар күнә істеп шектен шыққанда көктен от түсіп, не болмаса табиғат апаттары түп-түгел жер бетінен ізім-қайым жоқ қылатын, бірақ Мұсылман үмбеті күнә істегенде Аллаһ тағала бір- біріне жазалатады, өзара алауыздық тудырып, бірімен- бірі жаға жыртысып, бір- бірін көрместей халге жетеді. Күнәдан аулақ болып, Аллаһ пен Елшісінің (с.а.с.) айтқанына амал еткен үмбетте бірлік пен тыныштық әрқашан үстемдік құрады. 23. Кісі есімдерін өзгерткен бе? Адамға ат қоюға атүсті қарамайтын. «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімімен шақырыласыңдар. Олай болса, әдемі есім қойыңдар»( Әбу Дәуіт, Әдеп, 70) ─ деп өсиет айтқан Пайғамбарымыз (с.а.с.) есімге қатты мән берген, тіпті кейбір адамдардың психологияға әсер ететін жағымсыз немесе жаман мағынадағы есімдерін басқа есіммен ауыстырған. Мысалы, «Бәрра» деген атты «Зейнеп» деп алмастырған, өйткені «Бәрра» сөзі «ақталушы, кінәсіздігін дәлелдеуші» деген мағынаны береді. «Үкім беретіндердің әкесі, ең үздігі» деген мағынадағы Әбу Хәкім деген кісінің есімін ауыстыртқан, өйткені үкім беруші жалғыз Аллаһ. «Берекесіз, пәтуасыз» деген мағынаға келетін Арсам деген есімді де Зүра деп өзгертті. Зүраның мағынасы «арсамға» қарама-қайшы «өсу, көбею» дегенді береді. Хазн (қаттылық) деген атты Сәһл (жеңілдік) деген атқа, Асия (қарсы шығушы) деген атты Жәмила (сүйкімді) деген атқа өзгерткен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жағдайға қарай жұбайларының есімдерін ауыстырған. 24. Үйінде қандай дүниелер ұстаған? Үйі өте қарапайым еді. Басы артық зат болмайтын. Қаласа дүрия көрпе жамылып, салтанатты сарайда мейманасы тасыған патшадай шалқып өмір сүре алар еді, бірақ бұл дүниенің рақатын бір сәтке де мақсұт етпеген. Байлықтың буына балқып өмір сүрем десе, еркінде еді, бірақ ақирет үшін бұл дүниенің бары не, жоғы не? Бұл жалғандағы адамзатты «тал түбінде саялап дем алып, қайта тұрып кетіп қалатын жолаушыға» ұқсатпаушы ма еді? Өзі ғана емес, отбасы да бұл өмірдің ешбір қызығына құмартқан емес, айналасындағы сахабалары да бойларына соны сіңірді. Дүние салғанда артында қалғаны бар-жоғы жатқан төсегі мен көрпе-жастығы, екі-үш ыдыс- аяғы сынды күнделікті тұрмысқа керекті заттар ғана еді. Тіпті сол күнделікті тұрмыс заттары да жетіспейтін. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы заттары

Омар ибн Абдулазиздің заманына дейін сақталып келген екен. Олар осы жәдігерлерге қарап ғибрат алатын. Пайғамбарымыздай (с.а.с.) болуға тырысатын. Келімді-кетімді кісілерге де «мынау Аллаһ елшісінің (с.а.с.) тұтынғандары, бар-жоғы осы ғана» деп өнеге көрсететін. Аллаһ елшісі (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін жеті ай бойы Әбу Әййуб әл-Ансаридің үйінің астыңғы қабатында уақытша тұрақтаған еді. Кейін пайғамбар мешіті тұрғызылғаннан кейін, мешіт ауласындағы кішкентай бөлмелерге орналасты. Мешіт құрылысы басталған алғашқы жылдары мешіт ауласында екі бөлмелі үй салынған, кейін Пайғамбарымыз (с.а.с.) үйленген сайын тағы да бөлмелер қосылып кеңейтіле берді. Үй ішіне қажетті нәрселердің болғандығы жайлы түрлі риуаяттарда кездеседі. Аллаһ елшісі (с.а.с.) мұндай мәселеде өте ұқыпты еді. Үйін қазіргі тілмен тек лашық деп қана айтуға болатын шығар. Жұбайларының бөлмелері қамыстан жасалған құрқылтайдың ұясындай шағын-шағын бөлмелер еді. Арабтар мұны «хұжра» деп атайды. Кейінгі жылдарда бұл бөлмелер мен араларындағы қабырғаларды бұзып мешітке қосуға тура келді. Осы кезде Сайд ибн Мүсайяб: «Шіркін-ай, осы бөлмелер өз қалпында қала бергенде ғой! Жұрт Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қалай өмір сүргенін көріп, өздерінде барға шүкір етіп, тәубелеріне келер еді», – деген екен. Бір кездері аналарымыз Пайғамбарымыздан (с.а.с.) дүниелік нәрсе сұрайды. Бір қарағанда бұл тілектері шариғатқа қайшы емес, бірақ қияметке дейінгі иісі мұсылман баласына өнеге болар мұқаррабин (Аллаһқа жақын) жандар үшін бұл дүниенің арбауына түсудің бірден-бір көрінісі болса керек. Әйелдерінің мұнысына өкпелеген Пайғамбарымыз көпке дейін тілдеспей қояды. Бұл жағдайдан құлағдар болған хазірет Әбу Бәкір мен Омар (р. а) дереу мешітке асығады. Алғашында Пайғамбарымыз екеуін қабылдамады. Омар мен Әбу Бәкір (р. а) іштен тынып ақырын күтті. Сәлден кейін ішке кіруге рұқсат алған Әбу Бәкір мен Омар мән-жайды сұрады. Сондағы бар айтқаны: «Бұлар менен қолымнан келмейтін нәрсені сұрайды» (Мүслим, Талақ, 34-35) . Бұл жайлы естіген Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың әйелдеріне: «Сіздерден кімде-кім пайғамбарға бұлай қарым-қатынас жасайтын болса, қасіретке ұшырайды. Оны ренжітіп Аллаһтың қаһарына ұшыраймыз деп қорықпайсыңдар ма? Аллаһ біледі, демде-ақ құрып кетулерің мүмкін», – деп, артынша Хафсаға: «Қызым, Пайғамбарымызды ренжітіп, әр нәрсені талап етіп көп шағымданушы болма. Бірдеңе керек болса, дереу маған сәлем жолда», – дейді. Демек, бұл оқиғалар Пайғамбарымыздың үйінде аса көп дүние-мүлік болмағандығын аңғартады. 25. Не себепті жұпыны өмір сүрген? Бақуатты мол дастарқаннан дәм татып, аста-төк ішіп-жеу былай тұрсын, Пайғамбарымыз (с.а.с.) өте қарапайым өмір сүрді. Пайғамбарлығының сонау алғашқы кездерінің өзінде мүшріктер талай мәрте

алдына жүгіне келіп, қалағаныңды ал да біздің дінімізге тиіспе, пұттарымызға соқтықпа деген еді. Кейін де соғыстардан түскен керуен- керуен олжа Мәдинадағы үйіне дамылсыз ағылып келіп жатты. Бір түйірін де өзі алып қалмай жұртқа таратып беріп, сол күні кешке өзі аш жататын. Тіршіліктен тарыққан кез келген адам соның үйін табатын. Үміті алдамайтын да еді. Қолындағының бәрін беріп қойғаннан кейін де келген кісінің бетін қайтармау үшін біреуден қарыз алса да сұрағанын тауып беретін. Тақуалықты ту еткен, Аллаһ разылығынан басқа ештеңені құнды көрмеген адамның жұпыны өмір сүруі түсінікті де. Адамзатқа мейірімділікті, Жаратушыға деген махаббатты түсіндіру үшін ғана келген адам бұл өмірден не алсын? «Менің сыйымды Аллаһтың Өзі ғана береді» («Юнус» сүресі,72; «Һуд» сүресі, 29; «Сәба» сүресі, 47) деп мынау жалған өмірден ештеңе күтпей, не де болса қалауын Аллаһтан сұраған. Пайғамбарлықтың бір дәлелі – айтқанын өзі де өмірінде іске асыруы. Осы жауапкершілік Расулаллаһтың (с.а.с.) мойнын дүниеге бұрғызбады. Өзі дүние жинап, бақуатты өмір сүріп, артынан дүниені Аллаһ үшін, ақирет үшін жұмсау керек десе, көпшілік қауым дүдәмал күйде қалары анық. Бусари: «Аштығы сезілмесін деп беліне тас байлап жүретін. Дүние оған бірнеше рет келіп өзін қабылдата алмай-ақ кетті. Ол тұрмыс тауқыметін тартқан сайын тақуалығы көз жетпес биікке көтеріле берді», – деген. Қандай жағдайда жүрсе де азға қанағат етіп, шүкір етіп, тақуалықпен өмір сүруді барша үмбетіне үлгі етіп кетті. Дүниеге адам баласы еш уақытта тоймайтындығын хадистерінде жиі айтты. Артынан ерген Әбу Бәкір (р.а.) де Аллаһ елшісін (с.а.с.) осы жолда үлгі етті. Әбу Бәкір халифа болған кезінде отбасының нәпақасын өз еңбегімен тауып отыратын. Халифалық жұмысына байланысты айлық беріле бастады, алайда осы айлығын өзіне көп көрді. Ол Мәдинаның ең кедей адамының күн көрісін өзіне өлшем етіп алды, сондықтан артылған ақшаны бір құмыраға салып жинай берді, жинай берді. Екі жарым жылдық халифалық кезінде жалақысын осылай үзбей жинап отырды. Қайтыс болар алдында «Өзімнен кейін келетін халифаға беріңдер», – деп құмыраны табыстап кетті. Омар (р.а.) халифа болып, осы құмыраны сындырғанда, ішінен теңгелер және хат шықты. Хатта: «Мына ақшалар маған берілген айлықтан артылып қалғандар. Мен Мәдинаның ең кедейін өзіме өлшем етіп, артылған ақшаларды осы құмыраға салып отырдым, сондықтан бұлар қазынаға тиесілі», – деп жазып кеткен екен(Әбу Нуайм, Хилия 1/30). Омар бұл хатты оқып көзіне жас алды. 26. Жетім өсуінің сыры неде? Расулаллаһ (с.а.у.) ана құрсағында жатып әкесінен, бес-алты жасқа жеткенде анасынан айырылды. Жастай- ынан әке тәрбиесінен ұзақ және ана сүйіспеншілігін көрмей өтті. Бұл әрине кездейсоқтық емес, мұнда Аллаһтың хикметтері бар. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әке-анасының немесе атасының ерте қайтыс болуының сырына үңілсек, мұнда әкесі не атасы білім берді, жол

көрсетті, бағыт сілтеді деген қауесеттің айтылмауында жатыр, өйткені Пайғамбарымыздың атасы үлкен қауымның басшысы еді, қажылыққа келген қонақтарды күту, оларға халықтан азық жинап қажылық маусымы бойын- ша азықпен қамтамасыз етуді ұйымдастыратын, сондықтан бұлай ойлау имандылардың ойына келмесе де дұшпандарының ойына келері нақты. Алайда Аллаһтың хикметі дұшпандарының осындай ойда болуына жол бермей, оны Аллаһтың өзі әке-шешесіз тәрбиеледі. Сондай-ақ атасының ерте қайтыс болуы, һижреттен үш жыл бұрын Әбу Талиптің Исламды қабылдамауы, бұлар да Пайғамбарымыздың Аллаһтан басқа ешбір тәрбиешісінің болмағанын көрсетеді. Тіпті жастық шағының бір бөлігін өзінің туыстарынан ұзақ, Сағд ұлдарының ауылында өткізді. Олай болса, Пайғамбарымызды біреу оқытты деген сылтау айтуға ешқандай себеп қалмады. Аллаһ тағала оны әке қамқорлығы мен рақат өмір сүруге жетелейтін себептерден алыс өсірді. Мансап, атақ-абырой, байлық секілді дүниенің тартымдылығынан аулақ өсті. Егер бұлай болмаса қасиетті пайғамбарлық міндетінің дәрежесі түсер еді. Кейбіреулер оған байлыққа кенелу үшін, атақ жинау үшін пайғамбар болды деп айтуы мүмкін еді(Фиқһус-сира, Рамадан Бути:). Үлкен жауапкершілікке машықтады. Оған «тәуекелдің»(Аллаһқа шексіз мойынсұну) асқар шыңына шығып, шыңдалып, барлық қиыншылықтарға қарсы тұра алатындай өсіп- жетілу керек болды. Аллаһ тағала оны байлықтың буына мастанудан, қайыршылық пен жоқшылықтың жетегінде кетуден сақтады. Ғұмырының әр кезеңінде орта жолды көрсете отырып, тура бағытынан жаңылдырмай, астамдық пен кемшіліктен бойын аулақ ұстап жетілуіне жағдай жасады. Ұлы адамның дәл осылай қиыншылық күндерді бастан кешіруі өте маңызды. Оны жақын тартқандарға әкелік мейірімнің ыстық құшағын танытуы үшін жетімдіктің де дәмін татып көруі аса қажет. Соңынан ергендердің жағдайын түсініп, оларға жылы шырай танытып, қолынан келгенше көмек көрсетуі үшін жоқшылықты да көруі керек. Аллаһ елшісі жетім-жесір мен жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп, қамқорлық көрсетуі – ананың ақ сүтінен, туған өлкесінің топырағынан сүйегіне сіңген мінезі. Кейін ол асқақ шыңдарға көтерілген шақтарда осы бір туа бітті мінезінен еш таймай, өмір бойы түп-түзу ғұмыр кешкен теңдессіз тұлға күйінде қалды. Өмірінде жетім-жесірге зекіп, қабақ шытып көрмеді. Сұраушының да қолын бос қайтармады, өйткені Аллаһ елшісіне осылайша әрекет етуін әмір еткен. «Ол (Аллаһ) жетім қалғаныңда қамқорлыққа алмады ма?» («Духа» сүресі, 1) деп Аллаһ тағаланың өзі Пайғамбарымызға (с.а.с.) қамқоршы болғанын айтты. Біздерде әкесі, анасы, тіпті ұстаздарымен қоса бір баланы тәрбиелей алмай жатқанда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жетім өссе де осындай көркем мінезді болуы таң қалдырады. Әрине, Расулды кім осындай көркем мінезді етіп тәрбиеледі дейтін сұраққа: « Раббым Мені Өзі тәрбиеледі және тәрбие болғанда да ең керемет үлгіде » деген аят өз жауабын бергендей.

27. Дінімізде мұғжизаға сену қаншалықты маңызды? Жұрт пайғамбардан әдеттен тыс, ешкімнің қолынан келмейтін ісжасаудыталапеткен.Құранбұлкөріністерді «аят» десе, ол бізге «мұғжиза» деген сөзбен таныс. «Мұғжиза» сөзінің тілдік мағынасы «шарасыз, әлсіз қалдыру» дегенге саяды. Ал терминдік мағынасы: « Пайғамбар, өзінің пайғамбарлығын жария еткеннен кейін өзіне сенбегендерге қарсы Аллаһтың қалауымен көрсеткен әдеттен тыс істері ». Мұғжиза – табиғат заңдарына бағынбайтын әдеттен тыс істер. Мысалы Адам (а.с.) топырақтан жаратылуы, Иса (а.с.) әкесіз жаратылуы, Һауа анамыз Адамның (а.с.) қабырғасынан жаратылуы, Ибраһим пайғамбардың отқа жанбауы, т.б. бұлардың барлығы дүниелік өлшемдерден тыс. Пайғамбарға, Аллаһқа сенгендер бұл мұғжизаларына да сенген. Ал пайғамбарға, Аллаһқа сенбегендер бұл мұғжизаларға да сенбей сиқырға, көзбояушылыққа теңеген. Олай болса, мұғжизаға сену мұсылман үшін міндет, өйткені дінімізде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көрсеткен мұғжизалары Құранда және кейбір мутауатир(Бір оқиғаны шыншыл бірнеше адамның куәлігімен, сандары азаймастан кейінгі ұрпаққа жеткізіліп отыру жолы) жолмен жеткен риуаяттар мен нақты хадистерде айтылған. Мұса мен Иса пайғамбардың және Ибраһим пайғамбардың көрсеткен мұғжизалары, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көрсеткен мұғжизасы Құран аятымен бізге жеткен. Сондай-ақ осы күнге дейін келіп кеткен сан мыңдаған әулиелер мен ғалым-ғұламалардың барлығы мұғжизаларға аяндай сенген, сондықтан бұл мұғжизаларға сенбеу Құран аятына сенбеу, Пайғамбарымыздың айтқанына сенбеу және осы мұғжизаға сенген барша әулиелер мен ізгі адамдарды ақымаққа теңеу. Мысалы, біреу ай екіге жарылмады десе, біріншіден, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ісін жоққа шығарған болады, екіншіден, Аллаһ тағаланың құдіретіне күмәнмен қараумен тең және осыған сенген адамдардың сенімін жоққа шығарған болады. Негізінде, қазірдің өзінде мұғжиза болмаса да таң қаларлық істер болып та жатыр. Мысалы, адамның шиша немесе шеге үстіне жатуы, шоққа күймеуі, темірді денесінің бір жеріне кіргізсе де қан ақпауы т.б. түрлі жағдайлар кездесуде. Бұларды көре тұра сенбеуіміз мүмкін емес. Алайда бұлар мұғжиза емес, өйткені бұл істі басқа біреу де істей алады. Заманымыздағы бірнеше тонна ұшақтың аспанда ұшуы, бір сәтте мыңдаған шақырым ұзақтағы адаммен көрісіп, онымен сөйлесу секілді істер себеп- салдар нәтижесінде болса да бізден бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамдар үшін ертегі болып саналған еді. Алайда бұлардың барлығы болып жатыр, бірақ біздің көзіміз үйреніп, оны табиғи заңдылық ретінде қабылдап кеткенбіз. Ойланған адамға Аллаһтың құдіретімен болып жатқан қазіргі таңдағы істердің өзі де мұғжиза іспеттес. Мысалы, жұлдыздар бір мұғжиза, жердің тартылыс күші бір мұғжиза, адамның рухы бір мұғжиза, адамның бойындағы қан тамырларының айналым жүйесі бір мұғжиза. Тіпті Адам (а.с.) пайғамбардың жаратылуы секілді біздің жаратылуымыз да бір мұғжизалық

ұқсастық бар, өйткені Аллаһ тағала Адам атаны (а.с.) топырақтан (жердің элементтерінен) құрап сосын рух беріп жанды еткені секілді біздің де бір жансыз тамшыдан және жер бетіндегі азықтардан нәр алып қалыптасқан ана жатырындағы денемізге Аллаһ рух беріп жанды етті. Алайда адам баласы үшін көз алдындағы мұғжизаның қадірі болмайды. Бұл мәселеге мынадай мысал келтіре кетейік: бұл Жер шары, әлеміміз жаратылмай тұрып, бір адамға осы әлемді бейнелеп, тау-тасымен, өзен-көлімен, түрлі жанды-жансыз жаратылыстарымен бейнелеп, осындай бір әлем жаратылады десек, дереу оның ойына қияли нәрсе секілді көрініп, күмәндана бастауы мүмкін. Алайда ол адам осы өмірге келіп, көзі үйренгеннен кейін бұл әлемдегі барлық құбылыстар қалыпты жағдай секілді көрініп, мұғжиза жоқ секілді көрінеді. Алайда ойланып, ой жіберген адамға бұл әлемдегі құбылыстар үлкен мұғжиза. Сол үшін Аллаһ тағала пайғамбарларды ерекше мұғжизалармен жіберген. Мұғжизаларының мынадай ерекшеліктері бар: 1) Мұғжиза тек Аллаһтың қалауымен жүзеге асады. Пайғамбар мұғжизаны болдыра алмағаны секілді оны тоқтата да алмайды. Мысалы, хазірет Мұсаға Аллаһ тағала: «Ей, Мұса! Қолыңдағы аса таяқты жерге таста!» – дейді. Хазірет Мұса оны жерге тастап жібергенде, ол таяқ улы жыланға айналып шыға келеді. Түр-түсі сұп-суық оқ жыландай ысылдап хазірет Мұсаның өзін қорқытты. Сонда Хақ тағала Мұсаға: «Оны қайта қолыңа ұста, қорықпа. Оны әуелгі қалпына келтіреміз» («Таһа» сүресі, 20) , – дейді. Бұл жыланнан хазірет Мұсаның қорқуы, бұл мұғжизаның Мұсаның емес Аллаһтың қалауымен болғандығын көрсетеді. Құранда: «Ешбір елші Аллаһтың рұқсаты болмайынша бір мұғжиза келтіре алмайды » («Ғафыр» сүресі, 78) деп бұл мәселені нақтылаған. 2) Әдеттен тыс: Егер әдеттегі нәрсе болса, яғни, табиғат заңдылықтарына сай келсе, ол мұғжиза бо- лып саналмайды. Мысалы, менің мұғжизам күннің шығыстан шығуы десе бұл мұғжиза болып саналмайды, өйткені Күн әдетте шығыстан туады, сондықтан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Айды екіге жарғаны, саусақтарынан су аққаны, құрма түбіртегінің жылағаны секілді әдетте қайталанатын істен бөлек болуы керек. 3) Мұғжиза пайғамбарлықты жариялаған адамда көрінуі керек. Ол – пайғамбардың Аллаһтың жіберген елшісі екендігін растайтын айғақ. Қалайша бір адам бір елдің азаматы екендігін дәлелдеу үшін сол елдің төлқұжаты болуы керек секілді Пайғамбардың да пайғамбар екендігін растайтын бір дәлелі – мұғжиза. Олай болса, мыналар бұл қағидаға кірмейді: – Керемет – әулие адамда кездесетін, табиғат заңдылықтарына бағынбайтын құбылыс. Бұл Алланың сүйікті құлдарында жиі кездеседі. – Иһәнет (қорлау) – жалған пайғамбаршылардың жалғандығын білдіру үшін Аллаһ оның қалағанының терісін болдырады. Мысалы, өзін пайғамбармын деген Мүсайламатул-кәззәп: «Менің мұғжизам – мына ауырған көзіңді емдеу», – деп біреудің көзін емдеуге тырысқанда, оның сау көзі соқыр болып қалады. Осылайша оның жалған пайғамбар екендігі тағы әшкереленеді.

– Истидраж – пасықтың немесе өзін құдаймын дегеннің қалауының орындалуы. Аллаһ тағала бұл екеуінің қалауын орындау оларға жақсылық секілді көрінгенмен мұның ақыр соңы оларды үлкен азапқа ұшыратады. Бұл жайлы Құранда: « Оларға білдірмей біртіндеп зауалға бет алдырамыз » («Ағраф» сүресі, 182) деп олардың істерін табысты етіп, күнәсін арттырып азапқа лайықты етеді. Тіпті олар біздің қалауымыз орындалып жатыр, біз тура жолдамыз деп ойлауы да мүмкін, алайда олар зауалға, құрдымға кетіп бара жатыр. - «Мауна» – Аллаһтың жәрдемі: көпшілік білмейтін қарапайым тақуа адам қиын жағдайға тап болғанда, Аллаһ тағаланың оған әдеттен тыс күтпеген бір іспен жәрдем беруі. 4) Пайғамбарлықты жария еткеннен бастап, Аллаһтың қалауымен мұғжиза көрсетеді. Мысалы, расулаллаһтың 40 жасынан бұрынғы көрген кереметтері мұғжиза болып саналмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: « Мен пайғамбар болмай тұрып Меккеде маған сәлем беретін бір тасты білемін. Ол тасты қазір де білемін »( Мүслим, Нәбәуи шархымен, 15 том, 36 бет, 2277-хадис.). Сондай-ақ түсінде көргендердің барлығы айна-қатесіз өңінде қайталануы. Бұлардың барлығы пайғамбарлыққа дейін болғандықтан, бұларды мұғжиза емес «ирхасат» деп атайды. 5) Өзгелердің шамасы жетпейтін іс болуы керек. Сиқыр мен көз бояушылықты көптеген адам істей алғандықтан, бұлар мұғжизаға жатпайды. Бұған мысал, Мұса (а.с.) пайғамбардың барлық сиқыршыларды өзіне бағындырып, Аллаһқа иман келтірткені секілді. Соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) көрсетіп кеткен мұғжизалары мен ақирет күніне дейін жалғасатын Құран мұғжизасы біздер үшін қайталанбас, теңдесі жоқ ғажайыптар. . 28. Пайғамбарларға не үшін мұғжиза берілген? Аллаһ тағала жер бетіндегі барша құлдарына хақ елшілерге иман етуді бұйырып, көздерін ақиқатқа қанықтырса да, пенделер бұған сенбестік танытып, тіпті қарсыласып баққан, сондықтан Аллаһ тағала аса таңдаулы құлдарының дұрыстығын растау үшін пайғамбарлар арқылы мұғжиза көрсетті. Анық түрде туындаған иләһи іс ақиқаттың жаршыларына қарсы шығушылардың аузына құмқұюүшін, иман еткендердің сенімін күшейту үшін берілді. Сондай-ақ халық еш күмәнсіз пайғамбарға ила- ну үшін, пайғамбарға мұғжиза сол қауымның жоғары дәрежеде игерді деген салада көрсетілді. Егер халықтың хабары жоқ, заманның талабы емес бір салада пайғамбар мұғжиза көрсеткенде, халық күмәнданып «мүмкін біз бұл саланы жақсы білмегендіктен шығар» деп пайғамбардың ісіне сенбей жүре берер еді, сондықтан Аллаһ тағала пайғамбарын өз қауымының дамыған саласында жіберіп отырған. Мысалы, хазірет Мұсаның (а.с.) тұсында сиқыр көрсету кеңінен етек алған еді. Елді тура жолға бастауға келген Мұсаның (а.с.) көрсеткен мұғжизасына «мен деген» небір сиқыршылар таңдай қағып, көз

жұмып тамашалады. Бұл керемет адам қолынан келетін іс емес деп соңында бәрі бірдей сәждеге бас қойды. Одан кейін пәлсапада ілгерілеушілік байқалып, барлық нәрсенің сыртқы себептері қызу талқыға түсті. Сол заманға сай Исрайыл ұлдарына келген елшілердің мұғжизалары көбіне себеп- салдар заңдылығының бетпердесін ашуға бағытталды, өйткені жұртшылық әлемді басқарушы Аллаһ емес, себептердің ықпалы күшті деп жаңсақ түсіне бастаған еді. Хазірет Сүлеймен (а.с.) құмырсқа мен құс сияқты мақұлықтардың тілін ұғып, жындарды әміріне бағындырды. Бұл өз кезегінде «Барлық нәрсе себептер арқылы пайда болған» деген соқыр түсініктің түбіне балта шауып, құдіретті Аллаһтың қалауы кез келген нәрсеге жететінін көрсетті. Одан кейін гректер заманында медицина мен пәлсапа кең өріс жайғандықтан, себепке бағыну ұғымы күшейді. Хазірет Иса (а.с.) мұғжизасы да осы түсінікті күйретті. Оның шыр етіп дүниеге келуінің өзі бұл ұғымның қате екенін дәлелдеп берді. Адам баласы әдетте әке мен шешеден өрбитіні бесенеден белгілі, алайда Исаның (а.с.) әкесіз туылуының өзі үлкен бір мұғжиза. Бесікте жатқанда-ақ сөйлегені осының заңды жалғасы іспеттес. Одан кейін араб қоғамында сөз өнері ерекше бағаланатын заман туды. Ол кезеңде араб әдебиеті, шешендік өнер өзінің гүлденген алтын дәуірінде еді. Қағбаға «үздік жеті өлең» ілінетін. Ақырзаман пайғамбарының (с.а.с.) заманына сай ең үлкен мұғжизасы Құран кітабымыз орақ тілді, от ауызды небір ақын-жыраулардың аузына құм құйды. Барлық жаратылыс біріксе де Ұлы кітаптың бір аятына да тең келер сөз құрай алмады. Сонымен қатар, Мұхаммед пайғамбардың мұғжизасы, ақиретке дейін жалғасатын мәңгілік мұғжиза болып түсті. Ал алдыңғы пайғамбарлардың көрсеткен мұғжизалары сол уақытпен ғана шектелді. 29. «Құран кәрім Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығына дәлел» дегенді қалай түсінуге болады? Аллаһтың қалауынсыз ешбір мұғжиза жүзеге аспайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сүннеті мен үмбеті қияметке дейін жалғасатын ақырғы пайғамбар болғандықтан, оған уахи етілген қасиетті Құран мәңгілік мұғжиза,өйткені Құран екі дүниенің бақытына жетелейтін қасиеті мен өсиеті дара кітап қана емес, мына күллі тіршіліктің мәңгілік мағынасы. Көзге көрінетін және көрінбейтін әлемнің анықтамасы. Мына айқын әлемнің пердесі артынан келген мәңгілік рахмани ілтипаттардың және ежелгі субхандық үндеудің сарқылмас қазынасы. Жаратылыстың жол көрсетушісі. Адамзат өмір деңгейінің ең жоғарғы дәрежесі Исламның өмір негізі. Барлық адам баласының ұстануы тиіс ақиқат сөзі. Адамға әрі құқық, әрі дұға, әрі зікір мен ғибадат, әрі даналық, әрі хикмет, әрі әмір мен тәблиғ кітабы. Негізінен, барлық адамзаттың әртүрлі рухани әрі пікір мұқтаждықтарына ем болатын бірнеше шығарманың қайнар көзі болған құтты кітап. Құран өмірдің барлық бұлтарыстарын қамтитын ашық әдістеме ұсынуда. Ол әдістеменің ерекшелігі сол: адам баласы бұған дейін ондай

кереметті көрмеген еді. Дәл Ислам дініндей адам баласына материалдық және рухани бақытты бұрын-соңды ешбір жүйе бере алған емес. Пайғамбарымыз мақтаулы Мұхаммедтің (с.а.с.) мұғжизасын көзімен көрген ізгілер сол жерде еріксіз «Аллаһтан басқа құдай жоқ» дей берді. Ал тастай қатты жүректеріне Аллаһ тағала иман нәсіп етпеген бақытсыздар теріс айналды. Арада қарт тарихтың қанша парағы аударылып жатса да мұсылмандар үшін ұлы мұғжиза Құран кәрім күні кеше ғана Пайғамбар (с.а.с.) аузынан шыққандай өміршең қалпын сақтауда. Ал пайғамбар Мұхаммедті (с.а.с.) саясаткер, философ деп санайтын дүниеқоңыздар үшін, Құран сөзі баяғылардың ертегісі ғана. Құдай ондай ойдың бетін ары қылсын! Араб әдебиеті шарықтау шегіне жеткен тұста түскен аяттарды тыңдаған адамзат баласының аузынан суы құрыды. Аузымен құс тістеген ақындар Құранды естігеннен кейін көбі қолдарына қалам алмай кетті. Сол уақытта кейбіреулер Құранға жала жабудан да тайсалмады, бірақ жапқан жалаларына өздері де сенбес еді. Құран тілі өздерінің ана тілі болғанымен, олардың әлімсақтан бері қолданып келе жатқан сөз қолданысы мен сөйлем құрылымынан мүлде бөлек, өзіне ғана тән көркемдік пен тапқырлығы жұртты тегіс таң қалдырған. Ойы жүйрік сөз дүлдүлдерінің өзі ұлы Құранның алдында бас игеннен басқа шарасы қалмады. Құран Аллаһтың сөзі екені және бұл туралы күдігі барларды күреске шақырып: «Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де осыған ұқсаған бір сүре әкеліңдер. Егер сөздерің рас болса, Аллаһтан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар. Егер оны істемесеңдер, қазір әкелмесеңдер, келешекте әсте істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны адамдар мен тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!» («Бақара» сүресі, 2/23-24) деген болатын. Алайда қаншама ғасырлар өтті, ешкім де бір сүресіне ұқсас өлең жаза алмады. Бұл да Құранның Аллаһтың кітабы екендігі, Аллаһ елшісі (с.а.с.) оны жеткізуші пайғамбар екендігін растай түсуде. Құран жиырма үш жылдық уақытта сұралған сұрақ, күн тәртібіндегі мәселе, істелген қисық істің түзетілуі сияқты түрлі оқиғалар негізінде түсті. Соған қарамастан Құраннан ешқандай да қарама-қайшылық, жүйесіздік таба алмаймыз. Ешкім де Құранға қатысты «мына сөздің орнына мына сөзді қолданғанда, мына жерін былай жазғанда» деп айта алмаған. Тілдік жағынан да, стильдік жағынан да мінсіз. Оның үстіне күн санап жаңарып жатқан ғылыми-техникалық прогреске ешбір жері қайшы келмей, ғылымның жаңа салаларын толықтыра түскендей. Пайғамбар мұғжизасы екенінің дәлелі сонда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһтың ұлы сөзін айна-қатесіз адамзатқа жеткізді. Қарапайым ғана зерттеулердің өзі Құранның тіл мен ойды жеткізу жағынан ешбір кітапқа ұқсамағанын дәлелдеп беруге жетіп артылады. Құран кітапта бүгінге дейін жазылған барлық кітаптардың ішінен бірде-бір ой көшірілмеген. Демек, Құран кісі сөзі емес. Ол өзінің сарқылмас қазынаға толы мазмұнды мәңгілік мұғжиза екенін қияметке дейін дәлелдей бермек.

30. Айдың екіге жарылу мұғжизасына неге бүкіл әлем куә болмаған? Бір күні Меккенің бетке ұстар тұлғалары Мина алқабында жиналып, сахабаларымен отырған Пайғамбарымыздан тағы бір мұғжиза көрсетуін та- лап етті. Бұл жолы: «Айды екіге бөлсең, айтқандарыңа иман келтіреміз», – деді. Құрайыштықтардың иманға бет бұруын шын жүректен қалаған Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүбәрак сұқ саусағымен айды көрсетті де екіге бөлгендей қимыл жасады. Осы сәтте ай екіге бөлініп, бір бөлігі Әбу Құбайс тауының басына, екіншісі Қуайқан деген таудың төбесінде екіге бөлінді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз (с.а.с.) қасындағы адамдарға: «Куә болыңдар», – деді. Аз уақыттан кейін ай қайта қалпына келді. Мүшріктердің негізгі мақсаты иман келтіру болмағандықтан, мына қолайсыз жағдайдан қалай құтылатындықтарын білмей, біраз әбігерге түсті. Артынша біреулері: «Мұхаммед сендерді сиқырлады», – десе, енді бірі: «Егер Мұхаммед айға сиқыр жасаса, онысы барлық жерге әсер етпейтін шығар. Басқа жақтан келетіндерден сұрапкөріңдер», –деп күмәнданды.Алайда басқа қаладан келгендер де айдың екіге бөлінгенін, сонан соң қайта қалпына келгенін көргендерін айтып таңданып жатты. Сонда да арсыз мүшріктер мойында- май, « Бұл өте күшті сиқыр », – десті 67(Ахмед ибн Ханбал, 1/413.) . Құранда бұл оқиғаның нақтылығын былайша баяндайды: «Қиямет жақындады. Ай жарылды. Мұғжиза көрсе, дереу теріс айналып сиқыршы дейді. Нәпсілеріне еріп сенбейді. Істелген жамандық та, жақсылық та алдарына келеді...»( «Қамар» сүресі, 1-5) . Кейбір кісілер бұл оқиғаның Расулаллаһ (с.а.с.) заманында болмағанын, қияметте ғана орындалаты- нын айтқан, бірақ аятта айдың жарылғаны ап- ашық « Ай жарылды » деп өткен шақтағы етістікпен айтылып тұр, сондықтан бұл оқиға Құранда да, сахих хадистер жинағында да, көнеден келе жатқан барша мұсылмандардың ортақ көзқарасында да бар. Кейбіреулер: «Ай екіге бөлінсе, басқа жердегі тұрғындар да көріп, тарихи кітаптарда қалар еді ғой», – деп білгірсіді. Айдың жарылғандығына дәлел ретінде жоғарыда айтылған аят пен хадис жеткілікті, алайда сонымен бірге ақылға салып қарайтын болсақ мынадай айғақтар шығады: 1. Құран «Ай жарылды» дегенде, мүшріктердің ешқайсысы «Айдың жарылғанын» теріске шығармаған. Өмірбаяны жазылған кітаптарында ешкімнің бұған дау айтқаны кездеспейді. Егер ай жарылмағанда, оны болмаған деушілердің қатары артар еді. 2. Мұғжиза жұртты пайғамбарға еркінен тыс қинап сендіру үшін емес, иман етпегендердің көзін жеткізу үшін жасалады. Мұны табиғи бір құбылыс ретінде көрсету не болмаса елді мәжбүрлі түрде иманға шақыру, иләһи хикметке қайшы келмек, өйткені пайғамбар дағуаны иман еткендердің иманын арттыру үшін, кәпірлерге өзінің пайғамбар екенін дәлелдеу үшін ғана жасайды. Оларды еркінен айырып, ақылын тұмшалап, мәжбүрлеп сендіру үшін жасамайды. Егер Айдың бөлінуі дүниеге көрсетілуі мұрат етіліп, ұзақ уақыт бойы екіге бөлініп тұрғанда, көктің кезекті бір құбылысы саналып, жұрттың бәрін сендіруге мәжбүр етіп, адамдарды еркінен айырар

еді. Ал иман ету кісінің дербес ықтиярына, қалауына байланысты. Кісі еркінен тыс иман етпейді. Иман етпесе де өзі үшін, иман етсе де өзі үшін. 3. Оның үстіне аталмыш мұғжиза күтпеген жерден, түн ішінде, көпшілік қауымның ұйқыға кеткен уақытында орын алған. 3. Бұл жерде айдың туып-батуын да ескеру керек. Бір жерде күндіз болғанда, бір жерде түн қараңғылығы орнайды. Ай бір жерде көрінсе, бір жерде көрінбейді. Кей жер ашық, кей жер бұлтты. Айдың бөлінгенінің көрінбеуіне сүйеніп, бұл мұғжиза орын алмады деу қисынға келмейді, сондықтан Ай жарылды, оған сенгендер пайғамбардың хақ екендігін растады, ал оған сенбегендердің ақиретте Аллаһ алдында айтар сылтауы болмайды. 31. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қандай пайғамбарлық сипаттары бар? Ұлы міндетті арқалаған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) қарапайым адамдардан артық ерекшелігінің болуы заңды да. Бөтеннің дүниесіне көз тігу, өсек пен өтірік айту сияқты жағымсыз қылықтардан ада екендігі айтпаса да түсінікті. Егер Аллаһтан пәрмен келгенге дейін сәл де болса көркем мінезге жат қылық танытқанда, пайғамбар болғаннан кейін адамдарды сондай қылықтан айныту қиынға түсер еді, сондықтан Нәбидің (с.а.с.) көркем мінезімен қоса мынадай пайғамбарлық сипаттары бар: а) Туралық Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан ақиқаттан айнымауды туралық дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аузынан шыққан әрбір сөз түзу, ешқашан ақиқаттан ауылы алыс әңгімені тілге тиек етпеген. Пайғамбар бойынан жалғандық табылуы әсте мүмкін емес. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Туралықтан айырылмаңдар. Бұл қасиет сендерді жақсылыққа, жақсылық жаннатқа апарады. Кісі бұл жолдан айнымаса, Аллаһтың әмірімен турашылдардың қатарына жазылады», – деп айта отырып, өмір бойы туралығымен үлгі бола алған. Құдай кешірсін, егер өмірінде бір ауыз өтірік сөз айтқанда, аңысын аңдыған дұшпандары әлемге қуана жар салар еді. ә) Адалдық Өтірік айту, біреудің ала жібін аттау ұғымдары пайғамбарлыққа жат. Аллаһтан келген уахиға өздігінен бір ауыз сөз қоспай, бір жерін жасырып қалмай дәл сол күйінде жеткізуі де адалдығына үлкен дәлел. Хунәйн шайқасында түскен олжадан кей кісілерге (Исламға тарту мақсатында) ерекше ілтипат көрсетіп, көбірек үлестіріп бергенде, бұған наразылық танытқан біреу: «Уаллаһи! Бұл олжа бөлісте ешқандай әділдік те, Аллаһтың разылығын ойлау да болған жоқ», – деді. Бұл сөз Пайғамбарымызға (с.а.с.) жеткенде лезде реңі өзгеріп: « Аллаһ пен елшісі әділдік көрсетпесе, кім әділетті болмақ ?» – деп мұңайған еді. б) Тәблиғ (ақиқатты жеткізу) Тағы бір қасиеті – тәблиғ міндеті, яғни дінді түсіндіру. Аллаһ елшісінің тәблиғ жасауы қарапайым адамның өз мақсатына жету жолындағы әрекеттеріне мүлде ұқсамайтынын атап өткен жөн .

Бұл жайлы Пайғамбарымызға Құранда былай дейді: «Ей, Расул! Раббыңнан саған түскендерді халыққа жеткіз. Егер іске асырмасаң, онда жүктелген елшілік міндетіңді дұрыс орындамаған боласың. Аллаһ сені адамдардан сақтайды. Күдіксіз, Аллаһ кәпірлерді мақсат-мұратына жеткізбейді» («Мәида» сүресі, 67) . Яғни, дінді жеткізу жолында жіберген әр кемшілігің – пайғамбарлық міндетіңді орындау барысындағы кемшілік. Бұл сенің жеке өміріңе ғана емес, сонымен қатар, барша адамдардың жеке әрі қоғамдық өміріне зиянын тигізеді. Сенің міндетің – күллі адамзатты жарыққа жетелеп, нұрға бөлеу. Егер орындай алмасаң, онда барлық адамдар қараңғылықтан көз ашпайды. в) Фәтанат (зеректік) Пайғамбарымызды адамзаттан оқ бойы озық еткен қасиеттерінің бірі – оның фәтанаты. «Фәтанат» сөзі біздің түсінігімізде «даналық, парасаттылық, зеректік, көрегендік» деген мағынаға саяды. Егер оның мұндай қабілеті болмағанда, халықтың ғасырлар бойы қанына сіңіп қалған әдеттерін жойып, елдің ділін өзгерте алмас еді. Фәтанат жағынан да оның деңгейіне ешкім жете алмайды. Пұтқа табынушыларды тура жолға шақырғанда: «Мына тастан, ағаштан, топырақтан қандай үміт күтесіңдер?» – деп алдымен адамға ой салып, содан кейін, Аллаһты түсіндіру, мұғжиза көрсету арқылы өзіне тартып, жан- жүрегін баурап алатын. Мысалы, хазірет Омарды (р.а.) Исламға шақырғанда: «Сен секілді ақылды адамның Исламды әлі қабылдамай жүргені қалай? Сендей адамның тастан, топырақтан және ағаштан бір нәрсе күтіп құрақ ұшқаны ақылға сыймайды», – деген. Әуелі осы сөздерде Омарды дәріптеу байқалады. Аллаһ Расулы алдымен салмақты ой тастап, ерекше ілтипатпен хазіреті Омарды өзіне тартқан. Содан кейін ғажайып мінезімен оның жүрегін баурады. Үшінші кезеңде құлшылықтағы тереңдігімен өзіне үйіріп әкетіп, нәтижесінде түйелерді мойнынан бұрап жерге жығатын Омар Аллаһ елшісінің алдында әдепті баладай тізерлеп, басын төмен салып, құрмет көрсететін жағдайға жетті. г) Исмәт (күнәсіз) Құлдарының әлсіздігі мен мұқтаждықтарын білетін Аллаһ тағала қай дәуірде болмасын күнәға әбден белшесінен батқан қауымды тура жолға бастау үшін пайғамбарлардыжіберіп отырды. Соған лайық, олардың да кез келген күнәдан тазалығы ақылға қонымды да. Елшінің осы бір қасиеті дінімізде «исмәт» деп аталады. Мағынасы пайғамбарлардың үлкенді-кішілі барша күнәлардан таза болуы деген сөз. Олар күнәнің үлкен-кішісінен толықтай қорғалған. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) ғұмырында екі рет тойға баруға ниет қылған, бірақ екеуінде де Хақ тағала жолда ұйықтатып, тойдың ойын-сауығын көрсетпеген(Ибн Кәсир, әл- Бидәя, 350-351), өйткені тойға барғанында, көзі харамға еріксіз түсуі мүмкін еді. Бұл кезде оған әлі елшілік жүктелмеген. Осылайша пайғамбарлыққа дейін де еш күнәға жуымаған.

32. Көркем мінез-құлқы да пайғамбарлығына бір дәлел дегенді қалай түсінеміз? Ахлақ дегеніміз – сенім мен ойлау жүйесі. Кей адамдар көзбен көрілетін заттай мұғжизалары тұрғанда мінез-құлық пен ахлақ сынды дерексіз дүниелерге мән берудің жөні жоқтығын айтады, бірақ мынаны ұмытпауымыз керек. Адамдарды ортақ ұстанымға біріктіріп, рухани байлап тұратын, жақындықты арттырып, сүйішпеншілікті тудыратындар – дерексіз деп аталатын сенім мен сезім. Хайуаннан басты ерекшелігі де – осы дерексіз ұғымдарға сүйенуі. Ахлақтық құндылықтар рухани байлықтың ішінде айрықша рөл ойнайды. Жақсы мінез-құлық табандылыққа, орта жолдан ауытқымауға, шектен шықпауға жетелейді. Көркем мінездің биік шыңынан пайғамбарларды, асыл тұлға Мұхаммед Мұстафаны (с.а.с.) көреміз. Көркем ахлақтың көрінісі: тақуалық, туралық, қызылды-жасылды дүниенің арбауына түспеу, шүкірлік, жұмсақтық, әділдік сынды кісінің қос дүниеде мерейін үстем ететін игі қасиеттер. БұлардыАллаһ елшісі (с.а.с.) өз өмірінде толық іске асырып көрсеткен. Дәлел ретінде Аллаһ оған ең ұлы ахлақ иесі екенін айтып Құранда былай дейді: «Негізінен, сен ұлы ахлаққа иесің» («Қалам» сүресі, 4) . Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) ұлы көркем мінез иесі екенін тарих та көрсетті. Надандықтың уыты қайтпаған кезеңде ер жеткеніне қарамастан, шарап ішу, пұтқа табыну, не болмаса ел арасында жаппай етек алған жиіркенішті әдетке бой алдыру сынды шайтанның лас істерінің ешбір құрығына түспегенін көреміз. Қаншама дұшпандарының өзі ол туралы титтей де жаман ойға бармаған. Расулаллаһ (с.а.с.) құдды бір Құранның тірі үлгісіндей еді. Ақтық демі таусылғанша кітапта Аллаһтың әмір еткенін екі етпей, тыйғанынан бойын аулақ салды. Бір кісі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінезі туралы сұрағанда хазірет Айша анамыз (р.анһа): «Сен Құран оқымаушы ма едің? Ол кісінің мінезі Құран емес пе?» – деп еді. Аллаһ елшісінің (с.а.с.): « Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім », – деген хадисі бұл ойымызды бекіте түседі. Адамзат пен жындарға жіберілген ең соңғы елшінің барлық ахлақтық құндылықтарды бойына жинақтауы ақылға қонымды да. Аллаһ құлын ең көркем түрде тәрбиеледі. Ахлағының өзі пайғамбарлығының бір дәлелі деуіміз де сондықтан. Алғаш рет уахи періштесімен кездесіп, үрейленіп үйіне жеткенде жұбайы Хадиша анамыз (р.а.) мынаны айтып еді: «Ант етейін, Аллаһ сені ешқашан жерге қаратпайды, өйткені туыстарыңа қарайласасың, әлсіздерге қол ұшын бересің, жарлы-жақыбайларға ерекше көмек көрсетесің, алдыңа келген қонақты разы қылып, жұрттан көмегіңді аямайсың» . Хазірет Хадишаға (р.а.) бұл сөздерді айтқызған себеп Расулаллаһтың (с.а.с.) пәк болмысы еді. Олай болса, мінез-құлық жағынан титтей де қателік жібермеуі оның нағыз елші екендігіне дәлел.

33. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұмсақтығы мен кешірімділігі Аллаһтың нығметі ме? Бір-біріне қарама-қайшы жақсы мінезді өз өмірінде үйлесімде ұстауы кез келгенге оңай соқпасы анық. Мәселен, бір адам жомарт болғанымен тым астамшылыққа бой алдырса, бұл қасиеті ысырапшылдыққа ұрындыруы мүмкін. Ержүректікпен әйгіленуі мүмкін, алайда кей кезде одан қатыгездік те шығады. Ал адамзаттың асыл тәжі (с.а.с.) болса, асыл мінездің ең жақсыларын тұла бойына жинақтап, өз мөлшерінен асырмай, орта жолдан таймаған. Әлемге үкім жүргізе алар ірі тұлға болуымен қатар, ойын ба- ласымен бала болып ойнайтындай кішіпейілдігі адам айтса нанғысыз. Рухы өр батыр бола тұра өте сезімтал, жұмсақ мінезділік танытқан. Батырлығымен зәбір көрсетуге, ал жұмсақтығымен қорлануға жол бермейтін. Қарапайым, салмақтылығымен қатар жылы жүзді, қарсы алдындағы кісінің жанына жылу беретін. Нар көтере алмас ауыр жүкті арқалай алатын ер тұлғасында ерекше жұмсақтық пен кешірім бар еді. Жұмсақтық – кеудені ыза-кек кернеген кезде өзін-өзі ұстау, кекшіл емес, көпшіл болу, сондай-ақ суқаны сүймейтін істерде сабыр етуі. Тарихтан белгілі, Пайғамбарымыз дағуатын бастағаннан-ақ қалың жұрт қасарысып шыға келген. Арасында күштісі мен әлсізі, ақымағы мен ақылдысы, туыстары мен туыс еместері де бар бұл көпшіліктің кейбірі жаңа дінді шындап үйренейін деген ниетте болса, енді бірі сөзінен сүріндірейін деп қасақана сұрақ қоятын. Ешбір күш төтеп бере алмайтын осынау ауыр кезеңдерді Аллаһ елшісі кешірімділігімен, жұмсақтығымен жеңетін. Көркем мінездің шыңына жеткен Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өзінікі дұрыс болса да, өзгелермен таласып-тартыспаған адамға жаннаттың шетінен үй берілетініне кепілмін. Қалжыңдап болса да, өтірік айтпаған адамға жұмақтың қақ ортасынан үй берілетініне кепілмін. Сондай-ақ мінез-құлқын көркейткен адамға пейіштің төрінен үй берілетініне кепілмін» (Тирмизи, Бирр, 58)– деп тартысты жаны қаламайтын, әрқашан кешірімді болуды қалайтын. Жұмсақтық көңілдің кілті іспеттес. Расулаллаһ құдай дарытқан осы қасиетіне сүйене отырып, Мекке мен айналасындағы момынынан бастап ең қасарысқан қырсығына дейін ақиқат дінді насихаттады. Мекке мүшріктері қолмен де, тілмен де Пайғамбарымызға (с.а.с.) зәбір көрсетті, ақыр соңында туған жерінен кетуге мәжбүр болды. Кейін дін Ислам Мәдинада өркен жайып Мекке қаласы мұсылмандардың қолына өтті. Әділдік тұрғысынан қалаға ат ойнатып кіріп, баяғыда өзін қорлаған қаншама адамдарды артық ауыз сөзге келмей қырып салса ешкім қыңқ етіп қарсы шықпас еді, бірақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) қуылған кезінде қалай шықса,Мекке өз қолына өткенде де қаланыңқақпасынан дәл солай кірді. Басын төмен ұстағаны соншалық – жұрт басы түйесінің еріне дейін жететіндей иілгенін көрген. Көкірегінің кеңдігімен «Сендер азатсыңдар», – деп барлығын кешірді. Жұмсақтық – Аллаһтың соңғы елшіге бер- ген рақымдылық көрінісі. Егер Расулаллаһ дөрекі, тасжүрек мінез танытса, маңына ешкім жуымас еді. Дін жолындағы қиындығы мен қорлығы адам айтса нанғысыз болса да, бір сәтке де қабақ шытып, ісінен түңілген емес.

Теңдессіз жұмсақтығы болмағанда, таблиғты осыншалықты аз уақытта жеткізуі өте қиынға соғар ма еді. Ұхұд соғысы болар алдында Аллаһ елшісі сахабаларына әртүрлі соғыс тәсілдерін егжей-тегжейіне дейін түсіндірген. Соның ішінде қатаң табыстап садақшыларды да бір төбеге орналастырды. Соғыс барысында, олар осы айтылған нәрселерді толықтай орындаудың орнына, берілген қорғаныс шебін бұйрық келмей тұрып тастап кетіп, мұсылмандар уақытша жеңіліске ұшырады. Сол себепті шейіт кеткендер мен жараланғандар аз болған жоқ. Аллаһ елшісінің де басы жарылып, тісі сынып, денесі қанға боялды. Міне, осындай уақытта Пайғамбарымыз (с.а.с.) мейірімді, биязы болғандықтан, жазалау былай тұрсын, оларды ұрсып, жекуді ойына да алмады. Аллаһ елшісінің орнында басқа бір басшы болғанда, тым құрығанда қатулы қабақ танытып, «Мен сендерге былай істеңдер деп айтпап па едім?!» – деген секілді реніш білдірер еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) керек кезінде өзінің ұстамдылығымен мұсылмандарға ерекше мейірімділік танытқан. Құранда оның кешірімді екендігі жайында былай деген: «Сол кезде сен оларға Аллаһтың рақымымен, жылы шыраймен қарадың. Егер тұрпайы, қатал жүректі жан болғаныңда, сөзсіз, олар айналаңнан тарқап кететін еді» («Әли Имран» сүресі, 159) . Айша анамыз жеткізген бір хадисте Расулаллаһ (с.а.с.): « Аллаһ тағала маған парыз амалдарды орындауды бұйырғаны секілді адамдармен тату- тәтті өмір сүруге бұйырылдым », – деген. Тағы бір риуаятта Аллаһ елшісі (с.а.с.) Әбу Умаманың қолынан ұстап: « Ей, Әбу Умама! Шындығында, мүміндердің арасында жүрегі маған жібігендері бар », – деп өзінің жұмсақтығының арқасында қаншама мұсылманның Аллаһ елшісі үшін жанын құрбан етуге дейін баратындығын білдірген. Бұл шындықты Құран кәрім: « Шынында, сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келді, сендердің қиналуларың оған қатты батады. Ол сендерге ынтық, мүміндерге аса еміренгіш, мейірімді » («Тәубе» сүресі, 128-аят) деп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мүміндерге деген мейірімінің шексіздігін айтып сипаттаған. Олай болса, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) аса мейірімді, жанашыр болуы Жаратушының мүмін құлдарына жасаған үлкен нығметі(75 Тафсир, Ибн Касир) . Уақыт, мүмкіндік, ыңғайлы жағдай керек ететін бірнеше мәселеде бір адамның ең үлкен, ең тамаша мінез-құлыққа ие болуы, көп қасиетті қатар ұстап жүре алуы оның пайғамбарлығының алып шоқтығын аңғартады. 34. Әзіл айтатын ба еді? Мүминнің әзіл айта білуі, жалпақ жұртқа қуаныш сыйлай алуы жақсы қасиет, бірақ жұртты күлдіру бір бөлек те, күлкі болу мүлде бөлек. Оның үстіне айтқан әзіліңіз даңғойлыққа, арсыз күлкіге негізделмей, орынды, ойлы қалжың болғаны дұрыс. Орынды әзіл айту кісіні ойлануға апарады. Бұл дегеніңіз кісінің тапқырлығы мен ой-өрісінің жоғарылығына байланысты. Дарақы әзіл мен арзан күлкі кісіні ессіздікке, жүрегінің қараюына алып келеді. Кейде кісіні ренжітіп алуға да себеп болып жатады. Пайғамбарымыз

(с.а.с.) кісінің көңіліне келетін, Аллаһты ұмыттыратын күлкіге тыйым салған. Өзі әрдайым жымиып жүрген, бірақ қарқылдап күлген емес. Арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Екіншіден, неше жерден қалжың болғанымен сөз арасында титтей де өтірік араласпауы керек. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен де қалжыңдаймын, бірақ арасына өтірік қоспаймын », – деген емес пе? Оның қалжыңдары терең ойға, кісі арасын жарастыруға, бауырмалдыққа себеп болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) отбасы мүшелерімен әзілдесіп, көңіл көтеріп, олардың қуанышты, көңілді болып жүруін қалайтын. Сондай-ақ Айша анамыздың (р.анһа) бірге ойнайтын көрші құрбылары болған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) да құрбыларының Айшамен (р.анһа) бірге ойнауына кедергі жасамайтын, тіпті керісінше, ойындарын қызықты ету үшін жәрдем беретін. Мейрам күндерінде Айшаға (р.анһа) Хабашилардың ойындарын көруіне рұқсат берген. Кейде сапарда жүргенде анамызбен жүгіруден жарысып, көңілін көтерген болатын. Лұқман (р.а.): «Ақылды ер кісі отбасына барғанда баладай жұмсақ болады. Ал қауымының ортасында өзін салмақты ұстайды», – деген. Тағы бір риуаятта «Аллаһ тағала отбасына қатал тәкаппар жандарды жақсы көрмейді », – деп айтылған (Имам Ғазали, Ихия Улумиддин 349 б.) . Кейде кештетіп әйелдерімен жиналғанда күлдіргі оқиғалар айтып, әзілдесіп отыратын(Хайсами, Нуриддин Али ибн Әбу Бәкір 4/315). Мысалы, бірде Айша анамыз Пайғамбарымызға (с.а.с.) ұннан жасалған ботқа пісіреді. Сол сәтте Сәуда анамыз да жанында отырған болатын. Айша (р.а.) Сәудаға: «Кел, сен де же», – дейді, Сәуда бас тартады. Сонда Айша анамыз оған: «Егер жемесең, ботқаны бетіңе жағамын», – деп қорқытады. Сәуда жемеймін деп қайтпай тұрып алады. Айша (р.а.) ботқаны алып оның бетіне жаға салады. Бұл жағдайды сырттай көріп тұрған Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға қарап күліп, қолымен Сәуданы ұстап: «Неге тұрсың, сен де оның бетіне жақ», – дейді. Сәуда да Айшаның бетіне жағады, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жағдайға да күледі(Хайсами, Нуриддин Али ибн Әбу Бәкір 4/320.) . Қасындағы адамға жан тыныштығы мен сенім ұялатқандай күлімдегені көңілге қуаныш сыйлайтын. Риуаяттарға қарасақ, өмірінде үш рет дауыстап күлгені айтылған. Хадис кітаптарынан ол кісінің бірнеше жерде әзіл айтқанын көреміз. Таң қаларлығы сол: қаншама қорлық пен азапта жүрсе де, бір сәтке де күлімсіреген қалпынан жазбаған. Сахабаларымен де ара-тұра әзілдесіп қоятын. Бірде сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.с.) «Бізбен әзілдесіп жатырсыз ба?» – дегенде: «Мен қалжың айтсам да ақиқаттан ауытқымаймын», – деген еді (Тирмизи, Бирр, 57) . Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп мені түйеге мінгіз дегенде: «Мен сені түйенің ботасына мінгіземін», – дейді. «Түйенің ботасы маған жарар ма екен?!» – деп таңырқаған әлгі кісіге Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Барлық түйе бір-бір інгеннің ботасы емес пе?!» – деген екен» (Ибн Сағыд, Табақат, 224) . Осы әзілімен де кісіні терең ойлануға, сөздің астарын түсіне білуге, асығыс ой қорытпауға шақырып отыр.

Жұмаққа баруыма дұға ет деп келген кейуанаға Пайғамбарымыз (с.а.с.) қарт әйелдер жұмаққа кірмейді дейді. Сол-ақ екен кейуана ағыл-тегіл жылай бастайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сіз жұмаққа қазіргі түріңізбен емес, анағұрлым жасарып кіресіз», – деп, Құраннан мына аяттарды оқыған екен. «Біз оларды қайтадан жараттық. Оларды қыз қалпына қайта түсіреміз» («Уақия» сүресі, 35-36) Тағы бірде Үммі Әйман деген әйел Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Күйеуім сізді үйге шақырып жатыр», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйелге қарап тұрып: «Сенің күйеуің көзінде ағы бар адам емес пе?» – дегенде, әлгі әйел жұбайымның көзінде ақ жоқ десе керек. Сөйтсе Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамдардың барлығының көзінде ағы мен қарасының болатынын меңзеп, әзілдеп айтқан екен. 35. Ел билеп, әскер басшысы болса да қарапайымдылықтан айнымаған ба? Аллаһ тағаланың ұлылығына бас иіп,өзінің әлсіздігін ескеріп, әрдайым жалбарына жүру кісіні мақтаулы орынға көтеретін бірден-бір қасиет. Қос дүниеде де қол жетпейтін биікке жалғыз адам лайықты деп танылса, сөзсіз мақтаулы Мұхаммед (с.а.с.) таңдалар еді. Қорлық пен азаптың небір түрін көріп жүргенде де, иісі мұсылман баласының құрметіне бөленген күндерінде де кісі қызығар қарапайымдылығынан жаңылған емес. Қарапайымдылығы соншалық – уағыз тыңдауға алғаш келген адамдар отырғандардың қайсысы пайғамбар екенін ажырата алмай жататын. Мәдинаға һижрет еткенде бұрын-соңды Аллаһ елшісін көрмегендер хазірет Әбу Бәкірге қарай жақындайды. Ұлағатты Әбу Бәкір қысылып, қолына желдеткіш алып Пайғамбарымызға (с.а.с.) қарай желпи бастайды. Сонда ғана жұрт сүйікті елшіні танып, жапа-тармағай ұмтылады. Хазірет Айша (р.а.) Аллаһ елшісінің үйде өзін-өзі ұстауын былай деп әңгімелейді: «Расулаллаһ үйде өзін қарапайым қатардағы адамдар сияқты ұстайтын. Киімін жамап, аяқкиімін тігіп, малды өзі жайлап, жұбайларына қол ұшын беретін». Дастарқан басына қызметшілерімен бірге отыратын. Балаларға сәлем беріп, бірі қолынан ұстап бір жерге апармақ болса еріп кететін. Жұрт жұмыс істеп жатқанда қол қусырып қарап тұру оған тән емес еді. Науқас жандарға барып, көңілін сұрайтын, жаназа шығаруға қатысып, құлдардың шақырғанына баратын. Бір күні алдына келіп сасқалақтап сөйлей алмай қалған кісіге Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бауырым, қорықпа. Мен де қатқан нан жеген әйелден туғанмын», – деген . 36. Науқас адамдарды емдеген бе? Аллаһ елшісі (с.а.с.) нұры кеткен, адасқан жүректерді емдеуші көңілдерге жұбаныш, қайғы мұңдағыларға үміт сыйлайтын рухани дәрігер десек болады, өйткені Аллаһ елшісі (с.а.с.) адамдардың жан- дүниесін байытып, екі дүниенің бақытын сыйға тартып, дін Исламды таратушы.

Адамдарға имандылықты үйретті, ақиретіне пайдалы ізгі амалдарды, Аллаһтың алдындағы құлдардың міндеттерін түсіндірді. Алайда бұл мақсатымен қоса жанындағы кейбір адамдарды науқасынан емдеп жазды. Ибн Аббас былай дейді: «Пайғамбарымызға (с.а.с.) ақыл-есі кем бір баланы алып келеді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) мүбәрак қолын оның көкірегіне қойды. Артынша бала құсты, аузынан қияр көлеміндей қара нәрсе шықты да, бала науқасынан айығып кетті» (Дарими, Муқаддима: 4. Мүснад, 1:254;) . Тағы бір риуаятта Мұхаммед ибн Хатип есімді бала ыдыстағы қайнаған су төгіліп, қолын түгелімен күйдіріп алыпты. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с.) оның қолын сипап, түкірігін сүрткен екен, көп уақыт өтпей баланың қолы жазылып кетеді (Қади Ияд, әш-Шифа, 1:324; Али әл-Қари, Шарһул-шифа, 1/657.) Хайбар соғысының алдында Алидің (р.а.) көзі ауырып жатып қалған болатын. Пайғамбарымыз оны дереу шақыртып алып мүбәрак түкірігін алып, хазіреті Алидің (р.а.) көздерін сүртті. Хазіреті Али (р.а.) ант ете отырып: «Одан кейін көзім еш ауырған емес», – деп қуанады. Осы секілді тағы бір риуаятта ер жеткен мылқау бала Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жанына келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) одан: «Мен кіммін?» – деп сұрайды. Сонда сөйлей алмайтын бала: «Сен Аллаһтың елшісісің», – деп сөйлеп кетеді. Сол бойда баланың тілі шығып, сөйлеп кеткен екен (Қади Ияд, әш-Шифа,1:319; әл- Бидая уан-ниһая, 6:158-159). Әрине, бұлардың барлығы Аллаһ елшісіне тән пайғамбарлық қасиет. Оның емдеуі Аллаһтың қалауымен орындалады. Әрі бұл оқиғаларды көрген сахабалардың иманы артып, дінге деген беріктігі нығая түсті. Медицина саласы дамыған кезеңде Иса (а.с.) пайғамбар келіп, ол салада алапес ауруын емдеу, өліні тірілту секілді түрлі мұғжизалар көрсетіп, өзінің Аллаһтан келген елші екендігін дәлелдеп дінді түсіндірген болатын. Ал Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) шешендік өнер саласы дамыған уақытта, қарапайым халық жай сөзбен емес өлең сөзбен сөйлейтін дәуірде Құран мұғжизасымен келіп, барша адамдарды Құранның сөздеріне бас игізді. Өзінің Аллаһтан келген елші екендігін мойындатты. Негізгі мақсат-мұраты дінді жеткізу болғандықтан, Аллаһ елшісі (с.а.с.) өзіне келген кейбір науқастарды білікті дәрігерлерге жіберіп, халыққа дін Исламды, Құранды түсіндіруге тырысқан. Бірде сахаба Сағд ибн Уаққас науқастанған еді, сонда оны зиярат етіп келген Аллаһ елшісі (с.а.с.) оның ауыр халде жатқанын көріп: « Харис ибн Калдейді шақырыңдар, ол жақсы емші, келіп емдесін », – деген (Әбу Дәуіт, Тиб 12.) . Әр салада өзінің маманына баруды қалаған Аллаһ елшісі науқас адамның да білікті дәрігерге баруын дұрыс санаған. Білімсіз адамдардың емшілік жасап, дәрігерлікпен айналысуына тыйым салып былай деген: « Кімде-кім білімі болмастан емшілік (дәрігерлік) жасаушы болса, зиян тигізген жағдайда қарымын өтейтін болады »( Әбу Дәуіт, Диат 23; Насаи, Қасама 41.) . Аллаһ елшісі денсаулық Аллаһтың адам баласына берген үлкен нығметі екендігін: «Адамдардың көпшілігі қадіріне мән бермейтін екі нығмет бар: денсаулық пен бос уақыт »( Байһақи, Риқақ 1; Тирмизи, Зүһд 1;

Ибн Мажә Зүһд, 15.) деп хадисте білдіреді. Егер науқастанған болса оны емдеу керектігі жайлы: « Аллаһ тағала дертті де, оның шипасын да бергені секілді оны емдейтін дәрісін де берген, сондықтан емделіңдер, алайда хараммен емделуші болмаңдар » (Әбу Дәуіт, Тиб 11) деп емделуге, дертіне дауа болатын дәрі-дәрмек іздеуге шақырған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамның тәні – Аллаһтың адам баласына берген аманаты, сол үшін оны сақтау, науқастанса емделу діннің талабы екендігін меңзеген, сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) ауруына шағымданып келген науқастарға кейбір емделу жолдарын көрсеткен. Мысалы, төмендегі хадистер соны көрсетеді: – « Адамның ыстығы артқанда, ыстықтың зиянынан қан алдыру арқылы емделіңдер. Қатты ыстық қан қызуын арттырып, өлімдеріңе себеп болмасын » (Румузул-Ахадис:71/6) . – « Шындығында, қара зере «сәмнен» басқа барлық дертке шипа », – дегенде Айша анамыз «сәмнің» не екенін сұрайды. Аллаһ елшісі (с.а.с.) «өлім», – деп жауап берген (Бұхари 5687) . – « Шипа үш нәрседе: бал ішуде, қан алдыруда және күйдіруде, бірақ мен үмбетіме күйдіріп ем салуды тыямын » (Бұхари 5680) деп қан алдыру мен бал жеу дертке дауа болатынын айтқан. – « Әрбір мұсылманның (ең аз) жеті күнде бір жуынуы, Аллаһтың пендедегі ақысы» (Мүслим, Жума), «Аллаһ – таза, тазалықты жақсы көреді. Айналаны таза ұстаңдар » (Тимризи, Әдеп 41) деп, тазалық – деннің сау болуының кепілі, ал ластық ауруға себеп болатынын білдірген. – « Астарыңыздың аузын ашық қалдырмаңыздар » (Мүслим, Ашриба 98; Әбу Дәуіт , Ашриба, 22) деп түрлі микробтың түсуінен сақтандырған. – « Аллаһ тағала шипаны адамды мас ететін нәрседен жаратпаған » (Бұхари, Ашриба)деп шариғатымыз харам еткен нәрселермен ем қабылдау пайдасыз екендігін айтқан. – « Ораза тұтыңдар, дендерің сау болады » (Файзул-Қадир 4/212) деп аштықпен емделудің мәнін ұқтырған. – « Сапарға шығыңдар, денсаулықтарың жақсарады » (Табарани) деп жер ауыстыру, ұзақ сапарға шығу адамды сергітіп, ауруынан айықтыратынын айтқан. – « Сүрме жағыңдар. Ол көзді ашады, кірпікті қоректендіреді » (Тирмизи, Либас 23; Ахмад ибн Ханбал, Мүснад 3/476) – « Алапеспен ауырған адаммен араңызда бір найза ұзындығындай алыс тұрып сөйлесіңдер » (Румузул-Ахадис 2/471) . – « Егер қайсыбіріңнің ыдысына шыбын түссе, оны түгелдей батырып алып, сосын лақтырып тастаңдар, өйткені оның бір қанатында шипа болса, екінші қанатында індет бар » (Бұхари 5782) деген. Сондай-ақ емделумен қоса, дерттің емін тек Аллаһ беретін болғандықтан, дұға етуді маңызды санап: « Аллаһ тағаладан дүние және ақирет сыйы мен саулық тілеңдер » (Ибн Мажә, Дуа 5) деп өсиет етіп: « Аллаһ тағалам! Денеме, көзіме және құлағыма саулық бере көр» (Әбу Дәуіт, 101) «Уа, Аллаһ тағалам! Амандық бер, мейіріміңе бөле, тура жолда жүргіз.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook