Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Ілияс Есенберлин - Махаббат мейрамы

Ілияс Есенберлин - Махаббат мейрамы

Published by Макпал Аусадыкова, 2023-01-09 10:17:41

Description: Ілияс Есенберлин - Махаббат мейрамы

Search

Read the Text Version

Ілияс Есенберлин Махаббат мейрамы Роман БІРІНШІ ТАРАУ Махаббатқа деген ешбір əлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда, Қозы Көрпеш -Баян сұлудың ғашықтығындай, өздерін өлімге қиярлық ғашықтық болуы мүмкін емес. − Сіз солай ойлайсыз ба? (Театр фойесінде естіген сөз) Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаш арасында бір жас жігіт келе жатыр. Бұл -Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы. Жайшылықта бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дəл қазір тікенек боп қадала түсетіндей, жігіт екі бетін қолымен жауып, кенет тұра қалады. Əлдекімнің атын атағандай болады. Осылай ол сəл тұрады да, қайтадан жүріп кетеді. Жəне осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер емес. Бірақ, ештеңеге де соқтықпайды. Міне, сынған бұтағы кеудесіне қадалғалы тұрған жуан еменге тұп- тура таяп қалды. Бірақ бұтаққа сүйем қарыс жетпей кілт бұрылып кетті. Міне, ол енді табанында тау өзені күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады. Енді бір аттаса болғаны, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Бірақ Еркебұлан дəл осы сəтте кеудесінен біреу итеріп жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жөнелді. Қазір жігіттің екі иығында екі періште отырғандай. Сол иығындағы ажал періштесі өлімге қарай сүйресе, он иығындағы өмір періштесі оны өлімнен бөтен жаққа алып қашқандай. Еркебұлан осылай өлім мен өмір таласының арасында ойын добы тəрізді ұзақ жүрді. Өзі де əбден шаршады. Сонда да жүріп келеді. Алдағы арманы, асар белесі - тек жүру тəрізді. Аялдар емес. Сонда осынау қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті, қара жыландай қуып келе жатқан қандай үрей? Ол үрей - қасірет жəне жай қасірет емес, жас көңілдің мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл

құрағын қуартқан, ақылынан мүлдем адастыруға аз-ақ қалдырған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті еді. Бірақ ол қасіреттің қандай ауыр қасірет екені тек өзіне ғана аян. Еркебұлан, тек таң елең-алаң біліне бастағанда ғана, қалаға қарай беттеді... Ал бұл кезде, Алматының орталық ауданындағы қалың ағашты бір көшеде ерсілі-қарсылы тағы бір адам жүрген. Көмескілеу түскен көше шамының жарығы, əжімделіп кеткен мейірбан жүзінің сынық екенін, үлкен қой көздеріне қайғы тұманы ұялағанын көрсетіп тұр. Бір кездегі сұңғақ бойының бүкірейіп, аяғын сылбыр басқанынан, іште жатқан қобалжу, мазасыздану кейпі суығын сыртқа шығарып, оны əлсін-əлсін уһілеткеніне қарағанда, бұның да көңілі налалы, жаны жаралы кісі екені даусыз. Ағараңдап қылау түскен дудардай шашын əлсін-əлсін бес саусағымен тарап қойып, ол үйінің жанындағы тротуарда тұнжырай адымдайды. Кенет тоқтай қалып, көшенің екі жағына əлденеден үміттене, телміріп қарайды. Сосын қабырға сағатынын, тіліндей, тағы ерсілі-қарсылы жүре бастайды. Бұл - Еркебұланның əкесі - ақын Асығат еді. Əйгілі ақын бүгін Тың өлкесінен келген. Түс кезінде баласы Еркебұлан бұны аэропортта күтіп алған. Əкесін үйге əкелгеннен кейін ол: «Қазір келемін»,- деп шығып кеткен. Содан əлі жоқ. Ал сырқат жұбайы жылай отырып, баласынын қандай күтпеген кеселге душар болғанын айтқан. Содан бері əкеден тіпті маза кетті. «Əне келеді, міне келеді»,- деп күн батқанға дейін күтіп отырып, баласы келмеген соң, дəл бір мына түсіп келе жатқан қара көлеңкемен бірге үйіне қара жылан кіретіндей, бұдан əрі шыдап отыра алмай, сыртқа шыққан. Содан бері далада жүр... Əр сағатта үйіне кіріп, сырқат əйелінен: «Телефон соққан жоқ па?»- деп сұрайды да, «Жоқ»,- деген жүдеу үнді естіп, көшеге қайта шығады. Түн ортасы əлдеқашан ауып кеткен. Күні бойы ағылып жататын машиналар легі де саябырлаған... Алыстан шамы жарқырай көрінген бірен-саран машинаға ол үміттене қарайды, бірақ машина дəл қасынан аққан жұлдыздай зымырап өте шығады. Енді тағы, базарлы байтақ дүниені осынау қараңғы түн жұтқандай, көңілі жасиды. Əлдеқалай соға қалған жел зəулім қарағайлар мен емендердің бастарын шулатады. Жəне баласын күткен əкенің қобалжыған жүрегі ғана лүп-лүп соғады... Октябрь революциясымен құрдас Асығат жеті жасында жетім қалып, балалар үйінде тəрбиеленген-ді. Лениншіл жастар одағының мүшесі боп, алғашқы бесжылдықтарда зембіл көтеріп, тəшке айдаған құрбыластарымен қатар ұлы құрылыстарда еңбек етті. Университет бітіріп, Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жарақаттанып қайтқан. Ақын дарыны - жер астынан шыққан көз тəрізді. Егер ол кез қуатты

болса, қара тасты қақ жарып көкке атылып, жолында қандай бөгет кездессе де, жазық далаға шығып, сел боп тасиды. Ал дəрменсіз жаратылса, ол жырадан жылай ағып, көгал қуып, біраз жерге барады да, ақырында бір ойпатқа кездесіп, сазды топыраққа сіңіп жоқ болады. Асығат заманымен үндес бола білді. Соның арқасында атақ, даңққа жетті. Асығат ұзақ жылдан бері жазып келе жатқан үлкен дастанын əлі бітіре алмай жүрген. Ал жасы болса келіп қалды. Қазір міне алпыстан асып барады. Алпысқа дейін айтайын дегенін айтып үлгіре алмаған ақын, бұ да арманды ақын. Асығат дастанын бітіру үшін биыл жаз шыға бір кезде жас үміті жетем деп алыстағы қиялға қанат қаққан, өзі туған Тың өлкесіне жүріп кеткен. Онда дастанының кейіпкерлерімен кездесті. Тау-тау боп үйілген алтын астықты көріп, дастанын тез бітіруге лепіріп қайтқан Асығаттың көңілі Алматыға жетісімен кенет су сепкендей басылды. Аэропортта күтіп алған Еркебұлан - кеше өзін Тың өлкесіне шығарып салған Еркебұланы емес еді. Қас-қабағы қиылып, адамға тек күлімсіреп қарап тұратын қара торы жүзі енді күн жеген шүберектей боп-боз боп өзгерген. Үлкен, мейірімді, ойлы көз жанарына қайғы ұялағандай тұмандана қалған. Жоқ көзін ой туманы, не қайғы туманы емес, адамның үрейін алатын бір ашу туманы басқандай ма, қалай... Сұңғақ бойы да, екі иығын зіл көтертпей тұрғандай сəл бүкірейе түскен. Баласының түрін көріп шошып кеткен əкесі, құшақтасып амандасып болғаннан кейін шыдай алмай: − Қалқам, ауырып жүрген жоқсың ба? - деп сұрады. − Ауырып жүрмін,- деді баласы əкесіне қарамай теріс бұрылып, самарқау. − Қай жерің ауырады? − Жаным... Баласы қанша тұйық болғанмен, əкесінен сыр жасыра қоймайтын. Бұл жолы да сол əдетімен ашық жауап берген секілді. Асығат бұдан əрі сұрақ бермеді. Үйге барған соң кең отырып сөйлеспекші болып, күтіп тұрған машинаның арт жағына баласымен қатарласа отырды. Тек отырып жатып, баласының аузынан арақ иісі шығып тұрғанын сезді. Еркебұлан - Асығаттың жалғыз ұлы. Былтыр ғана Москваның архитектуралық институтын үздік бітіріп келген. Əкесінің осы жалғыз ұлынан үміті зор болатын. Рас, оның жобасымен əзірге бір де бір елеулі үй салынған жоқ, бірақ «Əке балаға сыншы» дегендей.

Еркебұланының қабілетті екенін Асығат сезетін. Оның үстіне баласы еңбекқұмар. Сондықтан оның келешегін ойлап бəлендей мазасыздана қоймайтын. Ал қазір жалғызының «жаны ауырып» жүр екен! Жəне бұрын-соңды істемеген əдетін істеп, əкесін қарсы алғанда, тал түсте арақ ішіп келген. Рас, мас емес, дегенмен баласының бұл қылығы оған ұнамады. Үйге барысымен бəрінің себебін білуге асықты. Бірақ Еркебұланы əкесінің чемоданын үйге кіргізісімен: «Қазір келемін»,- деп кетіп қалды. Сол кеткеннен ол əлі оралмаған-ды. Баласынын келуін күтпей, Еркебұланы шығып кетісімен Асығат жүрегі ауыратын əйелінен: − Балаң қашаннан мұндай? Қай жері ауырып жүр? Маған неге хабар бермедің? - деп сұрады. − Өзі тіпті адам шошырлықтай жүдеп кетіпті ғой. Жоқ, жүдегеннен гөрі өзгеріп кеткен бе, қалай... Əйелі еңіреп қоя берді. − Оның себебі арақтан,- деді өксігін баса алмай. − Екі айдан асып барады, күнде мас. Саған хабар беруге дəтім бармады. Сенің де жүрегің нашар ғой, тіпті ауырып қалар деп қорықтым. − Бекер өйткен екенсің,- деді Асығат. − Біздің Еркебұланнан басқа кіміміз бар? Егер бұрынырақ хабар бергенінде... Əйелі тағы солқ-солқ жылады. − Жиырма беске келгенінше ондай жаман мінезін бір көрмеген сорлы басым... Əне қояды, міне қояды деп, сеніп келдім ғой... Ақырында мінеки. − Сонда ол... мас болғанда қалай, өрескел мінездер көрсете ме?- деп сұрады Асығат абыржып. − Жоқ,- деді əйелі өксігін əзер басып. − Ес-түсінен танып өлердей ішпейді. Үйді тауып келеді. Жəне мас болып төбелесіп, не өзгелердей өлең айтып көңіл көтеруді де білмейді. Қабағын қарс жауып алып, қайдағы жоқ, өмірден безген үрейлі, өкінішті сөздерді айтады. Кейде оның мұндай күйін көріп күйініп мен жыласам, мені аяп, қоса жылайды. Ондай минуттарында ол: «Енді қоямын»,- деп уəдесін де береді. Бірақ ертесіне тағы ішеді. Тағы да түні бойы көше кезіп, үйге тек таң ата ғана келеді. Біреу-міреу түнде қастық істеп жүре ме деп, кейде жібергім келмесе, оған тіпті көнбейді. «Аэропортқа бір қызды шығарып салатын едім»,- деп қайдағы жоқ, өтірік сылтау айтып, тіпті жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде, үйден шығып жүре береді. Тағы таң атқанша келмейді. Ондайда жібермеймін деп есікті кілттеп қойсам,

балконнан секіремін деп жұлынады. Қорыққанымнан есікті аша қоямын. Менің ауырып жатқаныма да қарамайды. Жалғыз баланың мұндай болғаны... − Əйелі тағы да жылап жіберді. − Өзің білесің, бұрын қандай еді, бүйтіп біреуіміздің көңілімізді қалдырмақ түгіл... Жоқ, жоқ, жалғызымның мұндай күйге түсуі арақтың ғана əлегі емес. Оның басқа бір себебі бар сияқты. Асығат əрі-бері теңселіп, ұзақ уақыт үнсіз жүрді. − Иə, иə,- деді ол əлден уақытта,- сөз жоқ, арақты ішкізіп жүрген де сол себеп, түні бойы көшелерді кездіріп жүрген де сол себеп. − Жəне қанша жалынып сұрасаң да, ештеңе айтпайды. − Айтуға аузы бармайтын шығар, ұяты, намысы жібермейтін шығар. Кенет Асығаттың бойы тітіркеніп кетті. Өз басынан өткен бір оқиға есіне түсті. Асығат соғыстан жараланып қайтқаннан кейін бір орталық мекемеге жауапты қызметке орналасқан. Бір күні бұны мемлекеттік қауіпсіздендіру комитетінің қызметкері шақырған. Түсі суық полковник Асығаттың қайда туғанын, қайда оқығанын, əскерде қай полкта қызмет істегенін, қалай соғысқанын, орталық мекемеге қалай орналасқанын, бəрін-бəрін сұрап отырды да: − Ал енді сіз маған неміс фашистеріне қалай сатылғаныңызды, қалай олардың агенті болғаныңызды айтыңыз,- деді. Асығат бастапқыда түсінбей қалды. Сөз ызғары санасына жеткенде барып, өне бойы шымырлай жөнелді. − Сіз ондай сөзді айтпаңыз! - деді кенет даусы дірілдеп кетіп. − Жə, жетеді! - деді кенет полковник даусын қаттырақ шығарып. − Бізді əуре етпей, одан да шыныңды айт! Асығат «осы шынын айтып отыр ма?» дегендей полковниктің бетіне таңдана қарады. Жоқ, ол қалжыңдап отырған адам секілді емес, қабағы түйіліп, беті сұрланып кетіпті. Асығат əзер-əзер сөйледі. − Сіз маған жала жаппаңыз...

− Жала? Қайдағы жала? Гестапоға мына қолхатты сіз бердіңіз бе, əлде мен бердім бе? − Ол алдындағы папкадан бір қағазды алып Асығаттың алдына қойды. − Балтық теңізінің жағасындағы бір қалаға шабуыл жасағанда латыш партизандары гестапо штабының қағаздарының арасынан тауып алыпты. − Əлде бұл сурет сіздің суретіңіз емес, ал мына жазу сіздің жазуыңыз емес пе? Қол да сіздікі! Асығат қағазды алды. Бір жапырақ қағаз... Бірақ осы бір жапырақ қағаздың ішінде, дүниенің бір бəлесі тұрғандай жүрегі күні бұрын қобалжи қалды. Қағаздың шетінде фотосурет. Бəлен жылда, бəлен айда неміс басқыншыларының совет жерінде тыңшысы болуға берген Асығаттың қолхаты. Фото суреті де өзінікі. Қолхаттағы жазу да өзінікі. Тіпті қолды да өзі қойған. Асығаттың маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалған. − Енді не айтасың? Бəрі де анық емес пе? − Ештеңе де анық емес! - деді кенет Асығат даусы қатты шығып кетіп, − соғыста мен жүз жиырма екі миллиметрлік корпустың батарея командирі болдым. − Онда бұл қолхат қайдан келді? Сурет те, жазу да өзіңіздікі екенінен танбайсыз ғой? − Иə, бəрі менікі. Бірақ мен еш неміспен кездескен, сөйлескен жан емеспін. Рас, соғыс болар жылдың қысында Ригада əскерде жүріп, кемемен Гамбургке неміс мемлекетінің азаматтығындағы адамдарды апарып, ол қаладан біздің адамдарды алып қайтқан əскери конвойда болғаным бар. Полковник оның сөзін бөліп жіберді. − Мүмкін, бұл қолхатты сонда берген шығарсың? Жағаға шығып па едіңдер?.. − Иə, жағаға шығып, екі сағаттай қаланы араладық бірақ мен жұрттан бір қадам бөлінген жоқпын... − Қысқасы былай,- деді полковник,- сенің мынандай қолхатыңды көре тұрып, бізден бөтен адамдар болса, өзіңді əлдеқашан тұтқынға алар еді. Əзірге сенің ешкіммен байланысың жоқ екендігін анықтап отырмыз. Мүмкін бұл қолхатты бермеген боларсың. − Кенет полковник Асығатқа түйіле қарады. − Əлде бердің бе? Біреудің азғыруымен беруін де мүмкін ғой. Əйел, ақша, арақ дегендер бар... Қателесуің мүмкін, тым жассың ғой... Ойлан, қалай болды, сені азғырған кім? Шыныңды айт. Ұсынған басты қылыш кеспейді. Ал

егер, шыныңды айтпасаң, бізге өкпелеме! Бəрібір біз анығына жетеміз! Асығат басына қандай қауіптің төніп тұрғанын енді түсінді. Түсініп, жылап жібере жаздады. Алға басқан аяғы кейін кетіп, үйіне əзер жетті. Ертеңіне өзімен əріптес жəне сырлас жолдасына қандай пəлеге ұшырағанын айтты. Анау бұған бірден үрке қарады. − Онда... Сен біздің аппаратқа қалай кіріп кеттің? - деді Асығатқа сезіктене көз тастап. Біреу дəл маңдайынан ұрып жібергендей, Асығаттың көзі қарауытып кетті. Əзер құламай қалды. Бір күні оны белім бастығы шақырды. Бұл бір байсалды, жан дүниесі кіршіксіз, əділетті кісі еді. Оған Асығат жағдайын сектор қызметкері айтты ма, əлде өзімен сөйлескен полковник жеткізді ме, белгісіз, ол əйтеуір мəймөңкелемей негізгі əңгімеге бірден көшті. − Қалай десе де, сені неміс тыңшысы дегенге мен сенбеймін,- деді бөлім бастығы. -Сондықтан анығына жетпей күні бұрын қызметтен босатуды дұрыс көрмедім. Əлі де тексерсін. Ал сенен бірдеме сұрайын деп едім... − Сұраңыз. − Маған партбилетіңді берші,- деді ол сəл кідіріп. Асығат, жүрегі аттай тулап, тос қалтасынан партбилетін алды да, бөлім бастығына берді. Бөлім бастығы бірінші беттегі Асығаттың суретіне қарап сəл отырды да, сөзін қайтадан бастады. − Сен майданда жүргенде жау тылына, не жау шебіне барлауға барып көргенің бар ма?- деді. − Мен алыстан атылатын зеңбірек батареясында істедім. Барлаушы болған емеспін. − Анкетаңнан көрдім, партияға соғыс алдында, қырқыншы жылы кірген екенсің... Содан бері партбилетіңді жоғалтқан, əлде біреуге берген кезің болған жоқ па?

− Жоқ, партбилетім үнемі өзіммен бірге... Оны - өмір бойы мына жүрегімнің үстіндегі сол жақ қалтамда сақтап келемін... − Ғажап екен!- деді ойлана бөлім бастығы. − Соғыста ғой барлауға шығарда, жау тылына барарда, əскери документтерін, партбилетін парткомге тастап кетем емес пе... Ал сен партбилетіңді өмір бойы өзіңмен бірге алып жүріпсің... Сонда ана қолхаттағы сурет қайдан келді? Айнымаған мына партбилетіңді суретін. Асығат боп-боз боп төмен қарады. − Білмеймін. − Осындай сурет бөтен жерде де болуы керек Қой. Мысалы есеп карточкаңда. Бірақ есеп карточкаң тылда қалыпты. Қысқасы, бұл сурет гестапо қолына түсуі мүмкін емес.-Бөлім бастығы кенет басын көтеріп алған. − Сен əскерге қай жылы шақырылдың? − Қырқыншы жылы. − Ол кезде, соғыс тұсындағыдай емес, əскерге шақырылған жігіттің киім-кешегі, қағаздары өзі қызмет істеп жүрген полктың қоймасында сақталатын еді ғой, ұмытпасам, жəне əскерден босанғанда солдат сол өз киімдерін киіп қайтатын. Соғыс басталғанда сен қайда едің? − Соғыс басталардан үш күн бұрын мен Рига əскери саяси қызметкерлер дайындайтын оқуда едім. − Заттарың ше? − Əлі күнге дейін есімде, сол Ригадағы Крише барон көшесі, тоқсан екінші үйдегі əскери қоймада болатын. Керек болып чемоданымнан бір-екі қағазымды алғаным да бар. − Асығат кенет елегізіп. − Бірақ біз соңынан Ригадан шегінгенде, мен қала шетіндегі көпір күзеттерінде болып, ондағы заттарымды, қағаздарымды қайтып ала алмадым, сол қоймада қалып қойды. «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, қоймаға соғуға мүмкіншілік болмады... − Асығат əлденеден үміттенгендей көзінде бір жарық нұр пайда болып ойлана. − Əлде... əлде... Міне осы оқиға қазір есіне түсті. Тек артынан барып, совет əскерлері шегініп, Ригаға фашист басқыншылары кіргеннен кейін, сондағы қоймада қалған саяси қызметкерлердің қағаздарының ішінен суреттерін, басқа документтерін тауып алып, «Бұлар біздің тыңшыларымыз» деген жалған қолхаттар жəне басқа сенім қағаздар жасап, совет жеріне əдейі таратқаны белгілі болды.

Бірақ бұның бəрі соңынан ашылды. Ал жоғарғы жақтан нұсқау келіп, мұндай пəледен ақталғанша, Асығаттың құр шықпаған жаны қалған-ды. Инеліктей боп, жүдеп бітуге айналған. Отаны, халқы үшін жанын қиюға бар адамды сен сатқынсың деп кінəлау кімге болса да жеңіл тимесе керек-ті. Осы бір жан күйінер оқиға есіне түскен Асығат баласының араққа салынуы осындай бір ауыр күйіктің салдары екеніне шек келтірмеді. Бірақ Еркебұланын сондай жамандыққа жеткізер ол қандай күйік? Дəл осы кезде Асығаттың ойын əйелі бөліп жіберді. − Мүмкін, оның мұндай жағдайға жетуі Жұлдыздың кетіп қалуымен байланысты шығар?- деді əйелі. Күйеуі жалт қарады. − Қайдағы Жұлдыз? Əйелі болған хикаяны айтып берді. Енді Асығат баласын көруге бұрынғысынан да асыға түсті. Еркебұланның басына түскен ауыр кеселдің себебін білу керек. Бірақ Еркебұлан ол күні таң ата келіп, сөйлеспей жатып қалды. Ертеңіне де сөйтті. Əкесі ебін тауып, оның шала мас кезінде сыр тартпақ болса, баласы бұрынғысындай сырын ашпады. Тек «Жаным ауырады» деген бір-ақ сөзбен жауап береді де кетіп қалады. Ал Еркебұланның адам шошынарлық қылықтары күннен-күнге үдей түсті. Əкесі ақырында баласын дəрігерлерге көрсетуге мəжбүр болды. Еркебұланмен ұзақ сөйлескен екі дəрігер жас жігіттің соңғы кезде айтып жүрген: «Мен секілді құнсыз адамның дүниеде тұруының еш қажеті жоқ, сендерді де, өзімді де əуре етпеймін, қинамаймын, көп кешікпей өлемін», - деген сөзін өз құлақтарымен естіп, екеуі бірдей Асығатқа: «Балаңыз шатыса бастаған, депрессияның бір ауыр түріне ұшыраған. Тезірек жындыханаға жатқызып емдеу керек, əйтпесе өзіне-өзі қол салып жүруі мүмкін»,-деді. Жалғызында ондай аурудың кішкентайынан белгісі жоқ екенін білетін əке: − Мүмкін, бұның істеп жүргенінің бəрі арақтың салдары болар, бұрын ішіп көрмеген жігіт бірден салынып кеткендіктен, өзін-өзі тоқтата алмай жүрген жоқ па? - дей келіп, дəрігерлерге өтініш жасады. − Алдымен арақтан емдеп көрсеңдер қайтер еді? Арақ ішуден жазылса, ар жағында қандай кеселі барын сосын іздеп көрер едік.

− Жоқ - деген үзілді-кесілді сөйлеп, мұндай сырқаттың маманы саналатын профессор əйел. − Балаңыздың арақ ішуі де сол депрессияның салдары. Ол көңілін, жанын жеп бара жатқан жаман ойлардан, мазасын алып, қорқытатын құбыжық сезімдерден құтылу үшін арақ ішеді. Өзіне жеңілдік іздейді. Əрине, арақ бұған жеңілдік бермейді, əрі-беріден кейін ауруын асқындыра түседі. Содан барып ол: «Өлемін, дүниеде тұрғым келмейді»,- деген сөздерді айтады. Дұрысы, балаңызды қазір арақтан емес, негізгі кеселінен емдеу керек. Жəне тез емдетпесеңіз, өкінішке ұрынып жүруіңіз ақиқат. Ақырында дəрігерлер Еркебұланды тезірек жындыханаға жатқызу керек деп шешкен. Жындыханаға жатқызу секілді жан түршігерлік əрекетке əке- шешесі жалғыз ұлдарын қанша қимағанмен, амал жоқ, бөтен лаждары болмай, дəрігерлердің айтқанына көнді. Міне, осындай шешімге келген Асығат, кеше түс ауа, жердің үстіменен барып, астыменен қайтқандай болып, жалғыз ұлын жындыханаға апарып салған. Əке-шешеге бұдан артық қасірет болар ма? Шешесі баласын əкеткенде құлаған, басын қайтадан көтере алмады. Онсыз да жүрегі ауру адам, енді əлсін-əлсін кемсендеп жылап, қайғыдан біржолата жатып қалды. Ал əкесі көрер таңды көзімен атқызып, түні бойы өз бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Жалғыз баласы қазір жындыханада жатқаны есіне түсіп кетсе болғаны, өкіріп жылап қоя береді. Содан кейін ақырын созыла қайта тұрып, аяғын ілби басқан сынық қанат жаралы құстай «Құлыным-ай, құлыным, қор болдың ғой»,- деп күйіне дауыстап тағы жүріп кетеді. Бұл түнде Асығат қанша ойласа да баласын мына сұм кеселден қалай құтқарудың жолын таба алмады. Бар болғаны Еркебұланның сəби кезіндегі кейбір тəтті қылықтарын, жаның риза еткен суреттерін есіне түсірумен болды. Əлі есінде, сол сурет көз алдында тұр: міне, қолына бір шумақ гүл ұстаған, қозыдай монтиған Еркебұланын Асығат алғаш рет мектепке апара жатыр... Құшақтап бетінен сүйіп; «Жолың болсын, құлыным, жақсы оқы»,- дейді əкесі. «Жақсы оқимын, көке»,- дейді Еркебұлан көзі жаутаңдап...

Уəдесінде тұрған баласы мектепті алтын медальмен бітірген күнді қалай ұмытсын?! Үстінде қара костюмі, ақ көйлегі бар уыздай жас өспірім, əкесіне еркелей қарап, алтын медалын көрсетіп тұр. Көзінде күн сəулесіне бергісіз қуаныш... Тағы бір сурет: былтырғы кездесу. Аэропортқа барған əкесіне самолеттен түсе сала жүгіріп келе жатқан Еркебұланы. «Кім бұны дипломды инженер дер! Бала! Бала!» Шіркін, дүние-ай, нелер қызық күндерді басынан өткізген екен ғой Асығат! Əсіресе Еркебұланымен байланысты қуаныштарды айтсаңдаршы! Сөйткен жалғыз ұлы... Иə, иə, жалғыз ұлы! Кім ойлаған сол бір күні мұның жалғыз ұлы боларын? Қандай қайғыдан басталып еді, арты қуанышқа айналған сол бір күн? Қандай қайғыдан?! Тоқал тамның есігінің алдында тұрған бидай өңді, бота көз келіншек қолында ұйықтап кеткен бір жастан асып бара жатқан кішкентай қыз баласын жанындағы шыбықтан тоқыған қорапты қол арбаға салды. Үстіне түйе жүн шəйі көрпені жапты. Сосын балаға қарады. Бала аппақ, əдемі еді. Кішкентай томпақ еріндері сəл-сəл ашылып, пысылдап ұйықтап жатыр. Келіншек ауыр күрсінді. Сөйтті де, кенет мейірі түсіп кетіп, еңкейіп баланың маңдайынан шөп-шөп сүйіп алды. «Қарлығашым - Жұлдызым, енді сен менің қызымсың!»- деді ол насаттана күбірлеп. Бұл келіншек − Асығаттың əйелі Қырмызы еді. Осыдан бір ай бұрын күйеуі поезд қағып, қыршын кеткен көршісі Базаргүлдің өкпесінен суық тиіп, қатты ауырып қалған. Жақында ғана ауылдан көшіп келген жас семьяның бұл арада жан ашыр бөтен ағайын-туыстары болмаған соң шешесі ауруханадан шыққанша қарай тұруға Базаргүлдің кішкентай Қарлығашын Қырмызы алып қалған. Бірақ бес күннен кейін Базаргүл ауруханада жатып дүние салған. Асығатқа қосылғанына жылдан асып кетсе де, əзірге бала көтермеген Қырмызы енді не істерін білмеді. Бір жеті болса да бауырына сап, үйреніп қалған жас əйел сүп-сүйкімді Қарлығашты нəрестелер үйіне беруге қимады. Ал баланы ала қоятын Базаргүлдің бөтен жақындары табылмады, Ақырында аналық сезім жеңді, Қарлығашты енді өз бауырына салмақ болды. Міне, содан бері бір ай өткен. Осы бір айдың ішінде Қырмызы Жұлдызға əбден үйренді. Оның өзінен тумағанын да ұмытып кетті. Егер бұны аламын деген Базаргүлдің жан ашыры табыла қалса да, «Енді ешкімге де бермеймін»,- деп, қазір сəбиді айналып-толғанып тұрғаны да содан еді. Қырмызы ұйықтап жатқан баладан көзін алмай, сүйсіне қарап біраз тұрды. Дəл осы кезде жанындағы қалың ағаш арасындағы жолдан ат дүбірі естілді. Сөйткенше болған жоқ, дəл қасынан бір салт атты кісі өте берді. Кертөбел аттың үстінде оба тастай боп қожбан қара жігіт

бір жамбастап отыр. Əйелге қарады. Көзінде ашу, ыза, өкпе. Қырмызы дір ете қалды. Қырмызының бұл көп жылдан бергі қасы еді. Қаражан бұдан екі жас үлкен болатын. Екеуі бір мектепте оқыған-ды. Қырмызы жаңбыр жуған жас гүлдей қандай əдемі жəне нəзік болса, Қаражан кескен томардай шомбал денелі, сондай дөрекі мінез, рабансыз еді. «Қырсық қырына алса, қырық қырдың астынан табады», осы Қаражан, тоғызыншы класта оқып жүргенінде Қырмызыға өлердей ғашық болсын. Жəне құр ғана жақсы көрген жоқ, қыздың дəл бір көлеңкесі тəрізді қыр соңынан қалмай қойды. Ал нəзік ойлы, сұлу Қырмызы Қаражанды сүймек түгіл оны көрсе жүрегі айнып, өзіне ғашық жігіттің жүрген жерінен бойын аулақ салды. Бірақ соғыста əкесі өліп, сырқат шешесі мен үлкен анасының қолында қалған жас өспірім қыз Қаражаннан оңай құтыла алмады. Оған себеп -Қаражанның əкесі колхоз бастығы. Ал Қырмызының жездесі сол колхоздың бас бухгалтері. Оған бастығының ықпалы өктем. Оның үстіне «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді» дегендей, əкесі сотқар баласының айтқанын екі етпейді. Ал Қырмызының жездесі бір шырпыны екі бөліп от жағатын пайдақор кісі болатын. Қысқасы, бұл екеуі жең астынан жалғасып, құда болды. Бірақ бұл кезде колхоз бастығының баласы өзімен бірге оқып жүрген бір бала жігітті пышақтап, екі жылға сотталып кетті. Қаражан мезгілін өтеп, абақтыдан қайтқанша, Қырмызы Алматыдағы университетке түсті. Содан екі жылдай өз колхозына келмей қойды. Бұл кезде шешесі мен жездесі бірдей өліп, екі баласымен жесір қалған апасы сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істеп жүрген. Оның күйеуінен қалған мал-мүліктің біразын колхоз бастығы сіңліңе берген қалың малымның тəуі деп, ебін тауып қайтарып алды. Бірақ бұл дүние оған да оңа бермеді. Көз бояп, колхоздың жылдан-жылға жоспарын орындаған боп, күрке тауықтай күмпиіп жүрген колхоз бастығының көп кешікпей сыры ашылды. Толып жатқан озбырлық, жемқорлық қылмыстары айқындалып, орнынан түсті. Əне-міне сотталады деп жүрген кезінде, о да кенет дүние салды. Əке арқасында ойына келгенін істеп өскен сотқар Қаражанға амал жоқ өз күнін өзі көруге тура келді. Бірақ қандай жұмысты міндетіне алмасын, шын көңілімен істей алмады. Осындай мінезінің арқасында тамағы сау, қара тасты қақ жарардай қарулы жігіт, шөре-шөре боп, ауыл арасындағы жұртқа жексұрын көріне бастады. Өстіп жүргенде шешесі өлді. Жалғыз қалған Қаражан бұрынғыдан бетер бүліне түсті. Арақ ішіп, төбелес шығаратын болды. Міне, осындай бір жылы колхозға Қырмызы келді. Тал шыбықтай бұралған, қос бұрымы жерге түскен, жігіт біткен қызығып тамсанарлықтай сұлу қыз. Əсіресе Қаражан іші күйіп, өртеніп өле жаздады. Кешегі қалың малы төленіп,

бүгін-ертең алам деп жүрген Қырмызысы, міне, енді Қаражанға көзінің қырын да салар емес. Кенет осы бір қызға деген өшпенділік оның бойын билей бастады. Қаражан сонау он жылдықты бітірген сауық кеште бірге оқып жүрген жолдасына Қырмызы үшін пышақ салған. Қырмызы сол кеште колхоз мұғалімінің баласы Мұқашпен билеп жүрген-ді. Қаражан бала жігітті былай шығарып алып: «Сен менің қалыңдығыммен билеуіңді қой»,-деп қалш-қалш етті. Оған Мұқаш: «Қызық екенсің, кімнің кіммен билегісі келсе, сонымен билеуге еркі емес пе? - деді. Дөрекі Қаражан: «Жоқ, Қырмызыға сенімен билеуге мен рұқсат етпеймін»,- деп бұрынғысынан бетер шатынай қалды. Қаражанның ашулы сөзін естігенде, Қырмызыны кенет намыс билеп кетті. Ол Қаражанға жеркене бір қарады да, Мұқашты құшақтай билей жөнелді. Билегенде қандай, жай, əшейін емес, бір тамаша қуанышқа берілгендей, бала жігіттің құшағына кіре, əлсін-əлсін əлденені айтып сыңқылдай күліп, шыр көбелек айналды. Қаражан Қырмызының өзін мазақтап жүргенін түсінді. Намысқор, ызақор бала өзін-өзі ұстай алмай, Мұқашты қыз құшағынан жұлып алды. Əй-шəйға қарамай, қаны қарайып кетіп, етігінің қонышындағы пышағын көзді ашып-жұмғанша суырып үлгірді де, қорғанудан ойы жоқ жігітке сілтеп-сілтеп қалды. Əйтеуір, абырой болып, пышақ Мұқаштың кеудесіне емес, сол жақ иығы мен сол қолының қарына тиді. Колхоз дəрігері жедел жəрдем көрсетіп, қатты жарақаттанған Мұқаш тірі қалды. Оқиға қыруар жұрттың көзінше мектеп залында болғандықтан, колхоз бастығының баласы сотталып кетті. Онда да əкесінің арқасында екі-ақ жылға кесілді. Қаражан Қырмызыны құр қызғанып қойған жоқ, өзінің өмірінің осылай сəтсіз басталуын ол содан көрді. Өзімшіл, дүлей жігіт өз айыбын түсінбеді. Түсінсе де түсінгісі келмеді. Сол Қырмызы қазір, міне, қауызын жарған қызғалдақтай көздің жауын алып тұр. Ал Қаражан болса... Қырмызы көп кешікпей Алматыға қайтып кетті. Бірақ өзі кеткенмен колхоз жастарының көңілдерінде оның əсем бейнесі қалды. Ал Қаражанның кешегі жақсы көргендігі - бүгін Қырмызыға деген өшпенділікке айналды. Ол өшпенділік қыздың енді өзіне жоқ екенін түсінген сайын үдей түсті. Бірақ іш қазандай қайнағанмен, қолдан келер дəрмені жоқ Қаражан, бітеу жара боп қала берді. Қырмызыдан күдерін біржолата үзген жігіт көп кешікпей бір жетім қызға үйленді. Сорына қарай ол бишара бала көтермеді. Бірақ əйелі жақында қалаға барғанында жетімханадан əп-əдемі бір баланы алып келді. «Менен сұрамай сен біреудің тастап кеткен баласын неге əкелдің?»- деп, Қаражан əйелін көк ала қойдай етіп ұрды. «Баланы алған жеріңе апарып таста», - деді. Қанша таяқ жесе де, əйелі көнбеді. «Өлтіріп тастасаң да апармаймын. Өзім бала етемін, өзім асыраймын»,- деп, ол

қасарысып отырып алды. Шүйкедей əйелден мұншама қайсарлық шыққанына Қаражан таң қалды. Бұдан əрі ұра беруге өкіметтен қорқып, əйелін ұруын тоқтатты. Бірақ: «Бəрібір бір күні өзім апарып тастаймын»,- деп, күнде зəресін алды. Қаражанның сөзінен қорыққан əйелі баласын көзінен таса етпеді. Жұмысқа барса оны арқасына таңып, үйге келгенде қолынан тастамады. Сөйтіп жүргенінде емдетпей асқына түскен соқыр ішегі жарылып кетіп, үш сағаттай қысылып жатып, бір күні əйелі де дүние салды. Шу дегеннен-ақ əдемі баланы жек көрген кескінсіз Қаражан, енді баладан тезірек құтылуды ойлай бастады. Міне осы кезде апасының үйіне дем алуға колхозға Қырмызы келді. Жəне жалғыз емес, қасында күйеуі мен бір жастан жаңа асып бара жатқан қыз баласы бар. Қырмызының шыққан жігіті белгілі ақын екен деген сөзді Қаражан бұрын да естіген-ді. Ал өзі бұл күндері колхоз қоймашысы болып жұмыс істеп жүрген. Станцияға колхоздың жүгін алуға барғанында вагоннан түсіп жатқан баласын көтерген Қырмызыны көрді. Жанында, сірə күйеуі болуы керек, бойшаң ақ құба жігіт бар. Қырмызы дəл осы кезде жылаған баласын уатып, құшақтап көтеріп, бетінен кезек-кезек сүйіп əлдилей бастады. Кенет Қаражанның өн бойын бір ашу, өкпе, дəрменсіздік билеп кетті. Аздан кейін бұл сезімдер ызаға айналды. Ыза оның жүрегін қабындырып, «Бəлем, Қырмызы, сенің өзіңді де дəл осы баландай жылатпасам, Қаражан атым құрысын!» - деді ол кенет өзіне-өзі. Анау жылаған бала Қырмызының баласы емес екенін білсе, сөз жоқ, Қаражанда мұндай қарау ой тумас еді. Заты, өзі таппаса да əйел жынысы еркектей емес, анағұрлым бала құмар келетінін Қаражан өз əйелінен білетін. «Ал анау кішкентай бөбек Қырмызының өз баласы. Бауыр етінен жаралған қуанышы. Сондықтан айырып көрсең Қырмызыны сол қуанышынан, сонда білерсің оның көз жасынын қалай сел боп аққанын!» - деді ол өзіне- өзі тағы да. Қаражанға шешім аяқ астынан келді. Оның есіне өзімен абақтыда бірге отырған бір қарт бұзықтың сөзі түсті. «Егер сен шын өштескен адамыңнан кегіңді алғың келсе, сен оны өлтірме. Өлтірсең, оның өкініші де, арманы да, бəрі де өзімен бірге кетеді. Ал кегін қайтсын десең сен оның ең жақсы көрген адамын өлтір. Сонда көресің, оның қалай қан жылағанын, қайғырғанын. Өшін сонда ғана қайтады»,- деген. Қаражан да солай істемек болды. Жоқ! Ол Қырмызының баласын өлтірмейді. Ұрлап əкетеді. Əзірге тек ұрлап əкетеді. Содан кейін барып... Міне, осы ойдан кейін Қаражанның жаны тыншу таппады. Соңынан, өзі тұрған фермадан орталық колхоз поселкесіне келіп, күйеуі колхозшылармен əңгімелесуге кеткенінде, апасының үйінде

Қырмызының кішкентай баласымен жалғыз қалатынын білді. Ауыл адамдары бұл кезде тайлы-таяғына дейін қалмай мақта жинауға шығады. Ал Қырмызы кешке таман, жұмыстан жұрт қайтар алдында, бөпесін алып, ауыл шетіне қарай аяңдайды. Сонау дөңесті беттей, қол арбасына байлаған кішкентай күміс қоңырауын шылдырлатып, жас нəрестесін қыдыртып, ақ жібек көйлекті Қырмызы алыстан аққу құстай көлбеңдейді. Бұны көрген Қаражан қайғыдан көзі қарауытып, жүрегі жарылып кете жаздайды. Ол колхоз орталығына бағана келген. Асыранды баласын əзірге бұдан екі күн бұрын осындағы бір таныс əйелдің үйіне қалдырып кеткен. Ойы бүгін-ертең қаладағы жетімханаға қайтадан апарып тапсырмақ еді. Қазір Қаражан орталыққа кіре беріп Қырмызы жатқан үйдің алдында тұрған, үстіне қызыл көрпе жапқан кішкентай қол арбаны көрді. Қызыл шүберекті көрген сүзеген бұқадай, қызыл көрпелі арбаны көргенде кенет қабағы қарс жабылып, ызалана қалды. Сол-ақ екен, енді ол дəл осы сəтте бір орасан қылмысқа бел буды. Дереу тастап кеткен үйінен баласын алып, кейін бұрылды. Не істемек? Қандай күнəға бармақ? Қырмызыны өлтіріп, баласын тартып əкетпесе, ол тірідей бөбегін берер ме? Ал Қырмызыны өлтірер болса, кішкентай нəресте оған неге керек? Қаражан бір сəт алдында отырған өзінің асыранды баласына ашулана қарады. Оның бұл көзқарасында осы бір бейкүнə нəрестеге деген рақымсыздықтан бөтен ештеңе байқалмады. Жоқ, Қаражан қазір бұл балаға ғана емес, бүкіл дүниеге осылай рақымсыз қарауда еді. Бала да желкесінен өтіп бара жатқан ызғарды сезгендей мазасыздана қалды... Ал өгей əке мен кішкентай сəбидің арасындағы бұл жат сезім, араздық, дəл қазір емес, осынау нəрестенің осында келген күнінен туған-ды... Бала да өгей əке жүрегін сезгендей сол бірінші келген күнінен-ақ бұған жібімеді. Қаражан жанына таяса-ақ болғаны, шыр етіп жылап қоя береді. Мұндайда Қаражан баланы аямай жағынан тартып-тартып қалады. Бала одан сайын үйді басына көтеріп шырылдайды. Шыдай алмай араша түскен əйелін Қаражан өңменінен итеріп жібереді. Сорлы ана шалқасынан барып құлайды. Міне, осы сəбиді қатыны өлгеннен кейін бұл бұрынғысынан да жек көрді. Бір рет тіпті қасқыр жесін деп ай далаға апарып тастамақ та болды. Бірақ «Балаң қайда?» - деп жұрт сұрай қалса, не жауап беремін деп, заңнан қорықты. Ал қазір басқа шешім өзінен-өзі туды. «Көрсін Қырмызы, өз баласының орнына бөтеннің баласын бағып!» - деді Қаражан. Күн екіндіден асқан шақ. Қырмызының сəбиімен серуенге шығатын кезі. Ол қалың талдың арасына Қырмызының шығуын күтіп тына қалды. Міне, Қырмызы да шықты, баласын арбасының ішіне жатқызып, бірдемесін əкелуге үйге қайтадан кіріп кетті. Сол уақытта

атын тебініп қап, Қаражан бесіктің жанына жетіп барды. Көз ілескен жоқ, ол алдындағы өз баласын жерге тастай салып, бесіктегі сəбиді іліп алып жүре берді. Сол сəтте-ақ Қаражан қалың ағаш арасына кіріп жоқ болды. Сірə, іздеген затын таба алмады ма, сəл кешігіп үйден Қырмызы шықты. Арбасына келді. Аң-таң боп жан-жағына қарады. Анандай жерде жылап тұрған кішкентай бөтен баланы көрді. Жүгіріп жанына жетіп барды. − Айналайын, айналайын, менің кішкентай бөбегімді көрмедің бе? - деді. Зəресі қалмай қорқып жылап тұрған бала кішкентай қолымен Қаражанның кеткен жағын көрсетті, сосын өксіп-өксіп: − Қара... қара... алып кетті,- деді де, тағы еңіреп қоя берді. Бала өгей əкесін үнемі əке демей, «қара» деп атайтын. Қырмызы бір сұмдықтың болғанын енді сезіп, жылап қоя берді. Ұзын, қою кірпіктерін бір ашып, бір жұмып, үлкен жаудыр көздерінен моншақтай аққан жасын қолының сыртыменен сүртіп, ағыл-тегіл үнсіз жылаған баланың жанында сұп-сұр боп кеткен Қырмызы мен таяғына сүйеніп тұнжырап қалған ауылдағы жалғыз қарт не істерлерін білмей абыржып тұрғандарында жұрт та мақталықтан қайта бастаған. Болған оқиғаны естіп, колхозшылар жағаларын ұстады. Ауылдағы екі-үш атқа жігіттерді мінгізіп, баланың нұсқаған жағына қарай жоқтаушыларын аттандырды. Бес-алты белсенді үй-үйді тінтіп, құдық біткенге кісілер түсірді. Еш жерден бала табылмады. Тек əбден қас қарайып, жұрт тегіс жиналған кезде ғана халық əркімнің айтуымен əзер-əзер дегенде болған оқиғаның ұзын ырғасын түсінді. Председательдің өзі бастап, екі-үш жігітті ертіп, Қаражанның үйіне келді. Қаражан фермада болмай шықты. Бірен-саран оны көрген адамдар бағана түсте кеткеннен əлі оралған жоқ деді. Олар, əрине қоймашының қайда кеткенін айта алмады. Қаражан ертеңінде де үйіне келмеді. Үшінші күні де... Содан барып əлдекімдер оның колхоз қоймасындағы кей заттарды станцияға апарып сатып жүргенін естеріне түсірді. Ал басқа біреулер Қаражан алыс жолға жүргісі келгендей, соңғы кезде жалғыз атын жемге байлағанын айтты. Дереу комиссия құрылып, Қаражанның қоймасы тексерілді. Колхозға деген көп дүние-мүлік, қоймада жатқан кейбір машина доңғалақтары тəрізді аса керек заттар жоқ болып шықты. Қоймашының бұлардың бəрін жасырын сатып жібергеніне ешкім шəк келтірмеді. Енді Қаражанның жегені, сатқаны үшін тартатын жазадан қорқып қашып кеткені айқындалды. Бірақ ол баланы алып қашты ма, əлде бір жерге тастап кетті ме, бұл арасы əлі белгісіз еді. Жəне

қашқын адамға бір жастан жаңа асқан сəби неге керек? Мүмкін, мына кішкентай бала шатыстырып алған жоқ па, бұл да күмəнді болатын. Əйтсе де аудан көлемі боп іздеуді тоқтатпады. Ал ешкімі жоқ кішкентай жетім баланы Қырмызы амалсыздан өз бөлмесіне алып келген. Əрине, далаға тастап кетерліктей баланың еш жазығы жоқ қой. Бірақ ол үйге кірісіменен бүк түсіп жатып алды. Ешкімнің шақырғанына да бармады. Тамақ та ішпеді. Осылай жатып, əбден қалжыраған кезде ұйықтап кетті. Тек ертеңіне, алыс бригадаларға барып, жаңа оралған Асығат үйге кіріп келе жатқанда, оған танитындай қарап, жастықтан басын көтеріп алды. Үй іші толған кісі еді, бала ұшып түрегеліп Асығатты барып құшақтай алды. − Көке, сен неге ұзақ келмедің? - деді екі көзі жасқа толып, − Сағындым ғой... Жұрт аң-таң бола қалды. Тек бір кемпір ғана: − Бишара-ай, əкесіне шырамытып тұр-ау мына жігітті,- деді. Шынында солай еді. Баланың əкесі осы Асығат тəрізді бойшаң, қой көзді көзілдірікті, ұзын шашты жігіт еді. Ол осыдан үш ай бұрын қайтыс болған. Қаза тапқан күні сəби балалар бақшасында еді. Əкесін жолдастары жерлегенін де білмеген. Тек күнде келіп папасы бақшадан алып кететінін бала жоқтай бастағанда ғана тəрбиеші əйелдер: «Көкең алыс жаққа сапарға жүріп кетті, жақында келеді»,- деп жұбатқан-ды. Содан бері бала көкесін əне келеді, міне келеді деп күтіп жүретін. Ал шешесі одан бір жыл бұрын қайтыс болған. Ал «көкесі» əдеттегісіндей көтеріп алып, құшақтап екі бетінен сүймегеніне бала аң-таң. «Əлде бұл басқа адам ба? Жоқ, жоқ, көкесі... Көзі де сондай мейірбанды, шашы да ұзын. Бірақ неге құшақтап бетінен сүймейді? Балалар бақшасына келгенде үнемі сөйтетін еді ғой...» Асығат əйелі бауырына салған нəрестенің жоғалғанын бүгін таңертең ғана естіген, сабырлық сақтап тұрғаны болмаса, іші алай- дүлей өрт еді... Бұ да қуыршақтай сүйкімді, кішкентай қыз баланы өзінікі санап, жақсы көре бастаған-ды. Кемпірдің сөзін құлағы шала- пұла шалып қалды. Дегенмен баланың өзін біреумен шатыстырып, тұрғанын түсінді. Енді ғана оған. зейін аударды. Кенет еңкейіп баланы көтеріп алып, екі бетінен кезек-кезек сүйді. Бүйтпеске Асығаттың

амалы қалмаған-ды. Еңкейгенінде ол ұзын қою кірпіктерінің астындағы тостағандай үлкен екі көзі жасқа толып өзіне мөлие, жалына қарап тұрған, өңі бозғылт тартқан, бүлдіршіндей сүп-сүйкімді баланы көрді. Баланың қайғы туған көздерінен өзіне деген бір орасан махаббатты, жалынышты аңғарды. Асығат шыдай алмады, сəбиді көтеріп алып, бауырына қысып, екі бетінен тағы кезек-кезек сүйді. − Қалқам-ай... «Жоқ, жоқ, бұл өзінің көкесі! Əрине, көкесі! Тек өзінің көкесі ғана осылай сүйе алатын». Баланың көзінен енді қуаныш жасы ақты. Екі беті балбырап, ұзын кірпіктері дір-дір етіп, Асығаттың мойнын өзінің балдырған білектерімен құшырлана қыса түсіп, əкесін кішкентай құшағына қуана тартты. Жақында ғана бауырларына салған нəрестелерін жоғалтқан ерлі- зайыпты екі жас адам, салдары суға кетіп, бір жетіден кейін Алматыға қайтты. Өздерімен бірге Қаражан тастап кеткен баланы да ала жүрді. Бірақ қалаға келісімен, бұлар оны бірден жатімханаға апара қоймады. Өз қайғысынан есінен адасуға жақын ана, алғашқы кезде балаға тіпті көңіл де аудармады. Сөйтсе де бала да тірі жан ғой, бір-екі күннен кейін, шерлі ана уһілеп жүріп, оған тамақ беріп, төсекке жатқызатын болды. Ал сəби бүкіл дүниеге таңырқай қараған періштедей күнəсіз бір керемет еді. − Жетімханаға барасың ба? Онда жақсы тəтелерін бар,- деді Қырмызы оған бір күні. Бұл сөзді айтарын айтса да, жас келіншек кенет өз сөзінен өзі ұялғандай қысыла төмен қарады. − Бармаймын,- деді бала. Қырмызы оның даусынан бұрын байқамаған қайсарлықты естіді. − Барсам, көкемнен тағы айрылып қаламын. Қырмызыны енді бір орасан қуаныш билей жөнелді. Ол еңірей жылап жіберіп, баланы бауырына қысып, екі бетінен құшырлана шөп- шөп сүйді. − Құлыным,- деді ол даусы сəл жадырай,- сені өзім де жібермеймін. Асығат пен Қырмызы баланы өз аттарына жаздырып алды. Есімін Еркебұлан қойды. Міне, осылай Асығаттың жалғыз ұлы Еркебұлан, жаңа əттең жаңа əке-шешемен дүниеге келді. Ал ол əсіресе Асығаттың жанының жаны, жүрегінің жүрегі болды. Қырмызы да бұны туған баласы санады. Еркебұлан да махаббатқа махаббатпен жауап бере алды. Бала əрі-беріден кейін Қырмызының туған шешесі емес екенін де мүлдем ұмытты. Анасы десе ішкен асын жерге қойды.

Егер шешесі қонаққа, не театрға барып кеш келсе, Еркебұланы кірпік қақпай оны күтіп отыратын болды. Ал анасы үйге кірген сағатта, Қырмызыға еркелеп, мойнына асылып, алуан тəтті қылық көрсетті. Нəрестелерінен тірідей айрылған қос жұбайға бірте-бірте қайғыларын ұмытуға Еркебұлан себеп болды. Ол əке-шешесіне деген махаббат, мінез-құлық таба білді. Сөйткен жалғыз ұлдары мынандай кеселге шалдықты. Асығат пен Қырмызы күйінбегенде, кім күйінсін? Асығат пен Қырмызы жыламағанда, кім жыласын! Екеуі екі бөлмеде, таң саз бере ғана, талмаусырап көз іліндірді. Ал таңертең Асығат тіпті бөтен адам боп түрегелді. Кешегі «ах!» ұрған, бірден қартайып кеткен адамдай бүкірейе қалған Асығат емес, бөтен Асығат. Қимылы да сабырлы, сөзі де орнықты. Баласына шын жаны ашыған əке, құр қайғыдан ештеңе шықпайтынын түсінген. Болған іске болаттай боп, баласынын тағдыры үшін күресуге бел буған. Демек, сонда қалай күреспекші? Қай жағынан бастамақ? Дəрігерлер консилиумы Еркебұланды депрессияға ұшыраған деген қорытынды шығарғанмен əкесі оны бұл жамандыққа қимады. Ойлай-ойлай, баласынын кенет мұндай күйге ұшырауы - не Жұлдыздан келді, не өзімізден болды деп жорамалдады. Өйткені əкесі мен шешесі жалғыз ұлдарын тек жақсы көрумен болған. Не тілесе, соны орындауға тырысқан. Ал қиындыққа, өмірдің кейде кездейсоқ келетін соққысына қарсы тұратындай етіп шынықтырмаған. Баласы өзінің көрген қиындығының мыңнан бірін көрмей өсті. Сондықтан ол өзіне тиген бірінші соққыны көтере алмады. (Əрине ол қандай соққы - əкеге əлі беймəлім. Жұлдыз дегені де құр жорамал. Əйтсе де баласына бір соққының тигені даусыз еді). Сол соққыдан құтылам деп арақ іше бастады. Бұрын араққа үйренбеген жасқа - бұ да қауіпті жол, кімді болса да шатыстыруы мүмкін. Мүмкін! Мүмкін! Қайткенмен де мен Еркебұланым үшін күресуім керек. Күресуім керек! Онсыз маған өмір жоқ!.. Ал ол тіріде... Ақын Асығаттың көзі бір сəт қабырғадағы айнаға түсіп кетті. Өз суретіне өзі таң қалды. Бұрын қандай еді?! Кенет ол көзін жұмды. Алыстан таяй түскен толқындай, дəл осы сəтте оның жүрегінде тізбектелген жыр шумақтары туды. Ол күбірлеп сөйлей бастады. Ол кезде біз жалаңаш та, аш та едік, Дүниені құрмақ ек бірақ қайтадан, Өйткені біз жалын жанды жас едік, Өн бойында асау жігер қайнаған!

Енді міне, көңілді қайғы қаптаған Тұрғандаймын тозып тоқсан жасқа кеп. Өзіме-өзім қараймын да таң қалам, Осы менің жас болғаным рас па деп? Шіркін, өмір өтіп кетіп барады. Қызық бар ма түсер оған пара-пар? Болса өнерің, артыңда атың қалады, Өлгенге одан бірақ қандай пайда бар? Ұлым еді - өмірімнің жалғасы, Онсыз мен де өткен көптің бірімін. Жоқ, жоқ, ерте төгілмеші, көз жасым, Ол тіріде, мен де əлі тірімін!

ЕКІНШІ ТАРАУ Асығат өлең жазуды ерте бастаған. Алғашқы дастаны да ерте туды. Бірақ ешкім ол дастанға елең етпеді. Өмір көрмеген албырт жас, өзінің уыз махаббатын ғана арқау етіпті. Сөйтсе де, қияға қанат қаққан бала бүркіттей от жігері əр тұстан бір жарқ еткендей. Ең алғашқы өлеңін ол: Өлең, сенің құшағына енейін, Қиын болсаң, азабыңа көнейін, Жүрегімнен жалыныңды аяма, Ең болмаса бір жарқырап сөнейін, − деп жазды. Оның шүу дегеннен махаббат тақырыбына бой ұруы да жайдан-жай емес. Қырмызы атты бір періште мұның жүрек əміршісіне айналып еді. «Қырмызым, қуанышым, күндей күлген»,- деп өзеурегені де сондықтан. Олар осыдан үш жылдан кейін ғана үйленді. Бірақ тек махаббат əуселесімен қалды ма, алғашқы дастанынан жоғары көтеріле алмады. Кейбір сыншылар: «Асығат қоғамдық биікке көтеріле алмады»,- деп сынады. Кей жағдайда махаббаттың да жалпы адамзат жырына айналып кетуі мүмкін екенін ескертіп жатпады. Асығаттың алғашқы сүреңсіз күндері міне осылай басталды. Əрине оның ақындық қабілетіне шүбə жоқ, жырлаған тақырыбы сыналды. «Сен ұлы құрылыстарды, Түрксибті, Магнитогор магниткасын, қарқынды бесжылдықтардың екпінді еңбектерін көрмейсің, тек өз басыңның лəззəтін ғана жырлайсың»,- деді. Бұл ақынға айтылған үлкен сын еді. Ал замана көшіне тілегімен ілесе білуді Асығат та армандайтын. Тек соғыс жылдары жəне одан кейінгі мерзімде Асығаттың фашизмге, зұлымдыққа қарсы ақындық даусы қаһарлы шықты. Міне, қазір тағы үлкен бір сүбелі еңбекке кіріскеніне екі жыл болды. Ол өз ұлы Еркебұланмен кішкентайдан тіл табыса білді. Оның əділетшіл, шыншыл, сұлулықты сүйгіш болып өсуіне əкенің көп

жəрдемі тиді. Бұл кездегі қаладағы қазақ балаларының көбі ана тілін білмейтін. Еркебұлан олай емес еді. Ал əке-шешесінің Еркебұланға деген махаббаттарында шек жоқ еді. Олардың өзін қалай жақсы көретінін бұл да білетін. Жас кезінде болған бір əңгіме əлі күнге дейін оның есінде. Əдетте, Асығат əйелі мен баласына қалада болған жаңалықтарды, не кітаптан, газеттен оқыған ерекше оқиғаларды, қызық əңгімелерді айтып отыратын. Бір күні əкесі: − Мен бүгін Американың бір тілшісі жазған адам таң қаларлық оқиғаны оқыдым,-деді. − Сенуге де қиын... − Иə, ол қандай оқиға екен, айтсайшы,- деді шешесі. − Айтамын ғой. Тек шындыққа ұқсамайды. Шешесі күлген. − Айтқанынша, адамды қызықтырып болдың ғой. Əкесі де күлді. − Əйтпесе əңгіменің қызығы бола ма? Жарайды, айтайын. Экспресс поезында отырған американдықтар бұлармен қатарласа жүгіріп келе жатқан бір жас əйелді көреді. Алтындай сары, ұзын қою шашы желмен ойнап артына қарай жайылып кеткен. Жүйткіген поездан қалмай жан таласа құстай ұшып жүгіріп келеді. Бір сəт терезелерінен жолаушыларға қарағанда, əлгі əйелдің жан-жағын бір көгілдір шар сəуле қоршап алған көрінеді. Жұлдыздай аққан поездан озамын деп зымырап келе жатқан көгілдір сəулелі əйелді отарба жүргізуші машинистер де көреді. Кенет олар алдарында бір қорқынышты зат жатқандай, поездарын тоқтатады. Сол сəтте əлгі көгілдір сəуле де, əйел де жоқ болады. Поездағылар жерге түседі. Олар темір жол рельсінің үстінде, байлаулы жатқан екі жасар баланы кереді. Соңынан баланың əкесі табылады. Ол: «Бұл менің балам. Ал жүгірген, жұрттың суреттеуіне қарағанда, ол менің бұрынғы əйелім, осыдан екі жыл бұрын осы баланы тапқан сағатында өлген,- дейді. − Баласының рельске байлаулы жатқанын біліп, поездан бұрын жетемін деп жан таласып жүгірген секілді...» − Ал баланы рельске кім байлады? - деген сұраққа ол: − Өгей шешесі. Былтыр үйленгем. Мен өлсем, мына жас нəресте еншілес болады деп, өзім жол жүріп кеткенімде түнде əкеп байлап

кетіпті. Кеше мойнына алды,- деп жауап береді. Асығат күрсінді. − Көрдіңдер ме, ана жүрегі қандай екенін? Əрине, бұл жалған оқиға. Бірақ мұнда бір шындық бар. Ол - ана жүрегі. Баласына қауіп туғанын біліп, сорлы ана көрінде де тыныш жата алмаған.... Асығат тағы күрсінді. − Əрине, бұл адам сенбейтін оқиға. Ал корреспондент сол күнгі поезда болған адамдардан сұрадым, бəрі де бұны дұрыс дейді деп жазады. − Мен бұған сенемін,- деді шешесі. Күйеуі мен баласы енді оған қарады. Екі көзінен жасы мөлтілдеп ағып жылап отыр екен ол. − Сенемін. Ол ана ғой! - деді Қырмызы. Еркебұлан ойында сол күнгі əңгіме мəңгі қалған. Осы тұста өзімен төбелескен бір кішкентай баланың мұны мазақтап «өгей бала» деген сөзі де есінде жүрген еді. Шешесінің мына сөзін естігеннен кейін жəне өзін қандай жақсы көретінін ойлап өзінін «өгей бала» емес екеніне сенген. Ал Асығаттың тек поэзияны ғана сүйіп қоймағаны, асырап алған баласын жанындай жақсы көріп қалғаны белгілі. Еркебұланды жақсы көру оған енді бір жаңа поэзияға айналды. Баланың қылығы, жібектей жұмсақ мінезі, үнемі жаныңды тебіренте келетін еркелігі Асығатқа жаңа шабыт, жаңа қуаныш берді. Ол күнделік дəптеріне былай деп жазды: Айналайын, құлыным, балапаным, Жайдым сен деп пəк үміт алақанын. Жақсы болсаң өтермін қуанышта, Жаман болсаң - шықпас күн, атпас таңым, − Еркебұланды сол ауылдан алып келген күнінен бастап, өзімен бірге төсегіне алып жатты. Бір жаққа шықса, көргенінше асықты. Мəскеуге, Ленинградқа барғандарында, оған сан түрлі ойыншықтар алып келді. Ұмытпаса, Еркебұланы беске толғанында болуы керек, əкесі оған бір

рұ ур р күні балалар бірінің үстіне бірін қойып мұнара істеп, не болмаса біріне-бірін тіркей поезд құрып ойнайтын, сан бояулы төрт жағы бірдей отыздай текше қобдишаларды сатып əкеп берді. Ғажап! Еркебұлан осы қобдишаларды алғаннан кейін, бұрынғы ойыншықтарын, кішкентай машиналарын да, резина піл, жолбарыстарын да былай тастады да, күні бойы əлгі текшелермен əуре болды да жүрді. Біресе үстіне қатты мұқаба жауып, үй жасайды. Үй болғанда қандай! Кəдімгі микроаудандардың көп қабатты үйлерінен аумайды. Көгілдір қабырғалы текшелерден терезе, ал сұрғылт түстілерінен үйдің қабырғаларын тұрғызады. Біресе темір жолды қуалай иреңдеп жүріп келе жатқан вагонды поезды жасайды. Текшелерден қандай үй, сарай, мұнара тұрғызбасын, бəрі келісімді, бəрі көңілге қонарлық болып шығады. Кішкентай баласының мұндай шеберлігін көрген əке, енді оның осы бір бойына біткен табиғаттың өзі берген қасиеттерін өрбіте түсуді ойлады. Əкесі оған енді дүкендерден құрылыс конструкторлық ойыншықтарын, ағаш шеберлерінің ойыншық саймандарын көбірек сатып алатын болды. Ал бір жаққа барса, сол барған жерінің атақты сарай, мешіт, шіркеу мұнараларының тастан, ағаштан жасаған кішкентай пішіндерін əкеп берді. Бала бұның бəрін қуана-қуана алды. Жəне əкесінің əкелген ойыншық заттарының бір де бірін сындырмай, кейде тіпті солардың үлгісімен өзі де бірдемелерді жасай бастады. Əкесі бұны шу дегенде, ағаштан түйін түйген, тастан өрнек өрген шебер бола ма деп болжаған еді, бірақ Еркебұланы жетіден асқан шақта ол ойынан Асығат біржолата қайтты. Жоқ, баласының колөнер шеберлігінен гөрі, ой өрісі кең, архитектуралық жалпы құрылыс композициясын өзінше шешуге тырысатын қасиеті, тек өзіне ғана тəн көргіштік қасиеті барын түсінді. Əкесі баласынын бойында жатқан бұл қабілетті жетілдіре түсуге тырысты. Өзімен бірге бұны бірнеше үлкен қалаларға алып барды. Ленинград, Самарканд, Бухара, Хиуаларды аралатты. Олардың көне ғажайып құрылыстарын көрсетті. Сондай бүгінгі күннің құрылыс табысы саналатын Навои, Шевченко, Теміртау тəрізді жаңа қалалармен таныстырды. Қысқасы, Еркебұланды архитектура өнерімен қызықтыра білді. Жəне оның бойында жатқан дарынын аша түсуге қолдан келген жəрдемін аямады, əкелік борышын атқара алды. Еркебұлан да əкесінің үмітін ақтады. Мəскеудің архитектуралық институтын ерекше жоғары бағамен бітірді. Əке баласын тек өнер жолын дұрыс табуға ғана емес, оның рухани таза болып өсуіне де көп көмектесті.

Əрине, бала деген де гүл тəрізді бір əлсіз өсімдік. Егер суық желден, бұршақты жауыннан қорғайтын жан болмаса, оның дұрыс өсуі де екіталай. Əке, шеше балаға əсіресе кішкентай кезінде керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп, қазақ босқа айтпаған, баланың буыны қатпаған, ақыл-сезімі қалыптаспаған шағында, ата- ананың өнегелі ісі, дұрыс ақыл-ойы, айтқан орынды өсиеттері оған ең керек дүние. Адамның адам болуы да осы кезден басталады. Асығаттың баласымен ең алғашқы қатты сөйлескені, оның алтыншы класта оқып жүрген кезінде болды. Бұған дейін əке Еркебұланның бала біткеннің бəріне тəн, кейбір ерке білместіктен, не болмашы қиқарлықтан туатын, сəл ренжітетін қылықтардан бөтен, көңілін елең еткізерлік бұзықтығын, тентектігін, не сотқарлығын көрген емес-ті. Ал сол күні əке-шешесі бірдей қатты ренжіді. Еркебұландары сабағына кетіп, Асығат пен Қырмызы таңертеңгі шайларын ішіп отырған. Үйлеріне жұпыны киінген, орта жасқа келіп қалған ақ сары қазақ əйелі келді. Асығат бұл кісіні мектепте оқу басталған күні алтыншы кластың ата-аналар жиналысында көрген. Жанында Еркебұландармен бірге оқитын он екі - он үш жасар əп- əдемі, ойлы көзді қыз баласы да отырған. Асығатты əсіресе осы қыз баланың шашы таң қалдырған. Өзімен бірге оқитын өзге қыздардың шаштарындай қысқа, шолтиған емес, бұның тоқпақтай етіп өрілген қос бұрымы шұбатылып, тізесіне түскен. Ауылда өскен Асығаттың көңілін бұл көрініс əжептəуір жылытып жіберген. Соңынан қыз баланың шешесімен де сөйлескен. Жесір əйел екен. Өзі заводта жұмыс істейді екен. Былтыр қызымен екеуі жаңа пəтер алып, осы мектепке таяу жерге көшіп келген екен. Қазір келіп отырған осы əйел еді. Əйел амандасып болғанан кейін, Қырмызы: − Шайға отырыңыз,- деді. − Рахмет,- деді əйел жүдеу сөйлеп, сосын Асығатқа қарады. − Ғафу етіңіз, үлкен кісі, рұқсатсыз үйіңізге келгеніме. Келмеске амалым болмады. Асығат əйелге бір түрлі аяй қарады. − Тым жүдеусіз ғой. Бір қиын жағдайға ұшырап қалғансыз ба, қалай?.. Əйтеуір, үй ішіңіз аман ба? − Аман ғой,- деді əйел ақырын күрсіне сөйлеп,- дегенмен бүйткен амандықтан...

Əйел сөзін аяқтамады. Қасында тұрған дорбасын алып, ішінен шұбатылған қос бұрымды алып, жанындағы диванға қойды. − Мінекейіңіз. Асығат пен Қырмызы екеуі бірдей елегізи қалды. − Бұл не?- деді Асығат, диван үстінде жатқан қос бұрым екенін көріп тұрса да. − Бұл менің қызымның шашы,- деді əйел даусын көтермей, сол бір қалыпты жүдеу сөйлеп. − Түнде кинодан қайтып келе жатқанында өзімен бірге оқып жүрген балалар, оны үйдің жанындағы қараңғы жерде ұстап алып, мына қос бұрымын кесіп алып, қолына ұстатып қоя беріпті. Асығаттың көз алдына өзінің сүйсіне қараған қыз баланың қос бұрымы елестеп кетті. «Иə, иə, бұл сол қос бұрым. Қандай сүйкімді көрініп еді...» Кенет жүрегі бір түрлі шаншып кетті. − Не қылмайсың деп, олар балаңыздың шашын кесіп жүр?- деді даусы сəл қаттырақ шығып. − Онысын білмеймін... − Мұны істеп жүрген қай балалар дедіңіз?- деді! Асығат. − Өзімен бірге оқып жүрген балалар көрінеді... Оның ішінде сіздің де балаңыз бар сияқты. Тым қараңғы екен, түрлерін көре алмадым дейді Назымым, бірақ бір қолымды ұстаған Еркебұлан. Байқап қалдым, қолында сағаты бар екен. Ал біздің класта жалғыз-ақ Еркебұлан ғана сағат салып жүреді,- дейді қызым. Əйел көзіне жас алды. − Бүгін шашын кессе, ертең олар бір қараңғы бұрышта өлтіріп кетуден тайынбас. Əкесіз баланың көретіні осы ғой. − Япырмай, сұмдық екен!- деді əйелге жаны ашыған Қырмызы. − Расыменен менің Еркебұланым да осындай бұзықтыққа қатынасқаны ма? Бұл -адам сенер іс емес қой. Əйел қайтадан сөйледі. − Бір ғажабы мектеп директоры мен мұғалімдері балаларды шақырып сұрағанда, бір де бірі мойнына алмады. Бəрі де: «Біз емес»,-

деп танып шықты. Тек сіздің балаңыз ғана үндеген жоқ ұялған адамдай жерден басын көтермеді. Сосын сізге келіп отырмын. − Əйел кенет солқылдап жылап қоя берді. − Əлі кəмелетке жетпеген кіп- кішкентай Назымымды соншалық қорлайтындай ол бишара не істепті. Соңынан барып белгілі болды, пəк сезімді, əдемі Назым, бұрын өзімен бірге балалар бақшасында болған, ал қазір осы мектепте, бөтен класта оқып жүрген өзі құрбылас баламен достасады. Екеуі кейде бірге киноға барады, бірінен-бірі сабақтарын сұрасып, кездесіп жүреді. Өздерімен емес, бөтен кластың баласымен достасып жүргенін қызғанған Назыммен бірге оқып жүрген балалар оған «Қой!» - дейді. Əсіресе Назыммен бір партада отыратын, сəл тентектеу Сəлім жанындағы қызға: «Егер сен бөтен кластың баласымен достасатын болсаң, бізге өкпелеме!»- деп қорқытады. Бірақ бөтен кластың баласымен тек балалық адал достығы ғана бар Назым, бұған мəн бермейді. Сөзін тыңдамағанға ызаланған жəне өзге балалар «Жаныңдағы қызыңнан айрылып қалдың»,- деп, өзін ойнап мазақтағанына шыдай алмаған Сəлім, ақырында жолдастарын «Назымды үйретуге» көндіреді. Жолдастары бұның бəрін ойын санайды. Содан олар Сəлімнің басшылығымен өткен түнде Назымды кинодан қайтып келе жатқанында, қараңғы жерде аңдып тұрып, ұзын шашын кесіп алып, қолына ұстатады да, өздері қашып кетеді. Шашының қайтадан өсетінін білетін балалар, бұл істерін тек қыздың өздерінің сөзін тыңдамағанын бұларды менсінбегенінің айыбы санайды. Бірақ шешесіне еріп, қос бұрымын қолына ұстап жылап келген Назымды көргенде, балалар ұялғанынан, ал кейбіреулері тартатын жазадан қорыққанынан бəрі бірдей: «Бұны істеген біз емес»,- деп, танып шыға келеді. Бəрін басқарған, өздерін үгіттеген Сəлім деуге батылдары бармайды. Жолдастарын ұстап беруді опасыздыққа санайтын кездері, бəрі бірдей Сəлімді атамай қасарыса қалады. Тек қос бұрымынан айрылып жылап тұрған Назымды аяп, Еркебұлан ғана сəл күмілжиді, бірақ бұ да «қауымның» дегенінен шығуды өзіне лайық көрмей: «Ештеңе білгем жоқ, көргем жоқ»,- деп құтылады. Ал қазір... Əйелдің сөзінен барлық жағдайды ұққан Асығат, кенет түсі өзгеріп кетіп, оған: − Жарайды,- деді іштегі күйінішін сыртына шығармауға тырысып, тұнжырай сөйлеп, − мына шаштарды тастап кетіңіз, соңынан аларсыз. Ал баламыз келген соң барлық шындығын біліп, өзіңізге хабарласармыз. Сол күні Еркебұлан мектептен өте жүдеу қайтты. Өз бөлмесіне кіріп, кітаптарын тастап, ас ішуге қонақ үйге шыққанында, диван үстінде жатқан қос бұрымды көрді.

Кенет өңі қашып, төмен қарады. Баласының түрінің өзгеріп кеткенін көріп тұрған Асығат: − Сен бүгін Назымды көрдің бе?- деді. Еркебұлан əзер-əзер сөйледі. − Көрдім... − Бұрын қандай еді, бүгін қандай екен? Баласы үндемеді. − Кеше ғой қос бұрымы төгілген, өздеріңе күле қараған Назым бар еді. Оны көргенде өздеріңді де бір қуаныш билемейтін бе еді, ал бүгін... сол өзіне көрік берген қос бұрымынан айрылып, жылап тұрған жолдас қыздарыңды көргенде, расыменен сендер қанша қуаныштарыңды жоғалтқандарыңды түсінбедіңдер ме? Жарайды, бір ерегіспен, не бір балалық түсінбестікпен, тіпті ештеңеге тұрмайтын өшпенділікпен сендер Назымды жазалағыларың келген шығар, бірақ өздеріңе де сүйкімді, өздеріңді де мəз ететін оның əдемілігін, сұлулығын масқаралауға қалай дəттерің барды? Өмірде егер шындық, əділеттік, көркемдік болмаса, бұл өмірдің еш қызығы да болмас еді. Жоқ, сендер құр ғана Назымды жазалаған жоқсыңдар, көркемдікті де жазаладыңдар. Көркемдікпен бірге өздеріңді де жазаладыңдар. − Көке,- деді Еркебұлан кенет басын жерден көтеріп алып. − Біз қандай жамандық істегенімізді бағана Назымды көргенде бірден түсіндім. Бұдан былай қарай мен ешкімге ондай қиянат істемеуге уəдемді беремін! − Өз қатеңді өзің түсінгеніне мың да бір рахмет,- деді əкесі, − сенің сөзіңде тұратыныңа күмəнім жоқ, − кенет ол баласының басынан сипады. − Бірақ өмірдің аты -өмір. Біреу саған қатты сөйлесе, не жамандық істесе, саған да жауап қайтаруға тура келеді. Тек ақылым: айтар сөзің, істер жамандығың оған қалай тиеді, алдымен соны ойла. Əке-шешесі балаларының жақсы адам болып шығатынына күмəн келтірмеді. Оған баласының өзінің болашақ ойларын, инженерлік армандарын қалай орындайтынын қиялдана суреттеген сөздері дəлел болды. Алматының болашағы туралы баласымен өткен жылы сөйлескен сөзі Асығаттың əлі есінде. Демалыс күні еді. Асығат таңертеңнен бері жұмыс үстінде отырған. Бір мезет ол қалың ойға шомды. Осы кезде аяғын ептеп

басып əкесінің жанына Еркебұлан келді. Балконның ашық есігінен сыртқа қарады. Көз алдындағы көрініс елең еткізді. Əкесінің де осы суретке қарап отырғанын ұқты. Қарлы Алатау, бір ғажайып құстың қос қанаты тəрізді, қаланың үстінде қалқып, төңіректі бауырының астына алғандай. Тау қойнауындағы шаһар Асығаттың жұмыс кабинетінің терезесінен бір түрлі нұрланып, сəулелене көз тартады. Тау өңіріне күздің алғашқы күндері келіп, қайың, қарағаштың жапырақтары сарғайыпты. Бақшада, қала алаңдарындағы қызылды- жасылды гүлдердің жұпар иістері мұрныңды жарады. Ал терезе алдындағы гүл шоқтары тоқыған кілем тəрізді. Кенет селдір бұлт астынан күн шығып, қала қобдишадан алынған гауһар тастай, жарқырай қалды. Алатаудың бөктеріндегі қала ертедегі Гүлстан тəрізді адамның қиялына сыймас бір керемет сұлулыққа шомыла түсті. Əкесі мен баласы осынау кенет өзгерген қала бейнесіне таң қалып оған бұрынғыдан да сүйсіне қарады. − Алматы қандай сұлу!- деді Еркебұлан. Баласының бұл сөзінен Асығат осынау тауға, етегіндегі жүріп жатқан қала құрылысының ғажайып бейнелерінен, жасыл төккен бау-бақшаның сəнді көркінен туған ерекше шаттықтың үнін естіді. − Əйтсе де, ескі қала көңіліме тым жақын. Жас кезімдегі суреті əлі көз алдымнан кетпейді,- деді Асығат ақырын күрсініп. − Ал қазір фабрикалардың корпустарындай, қатарласа тізілген, сіріңкенің қорабына ұқсас біркелкі үйлер көбейіп барады. Əсіресе шеткі жақта... Көше біткеннің бəрі бір тал шөп шықпайтын асфальтпен құндақталған. Күн сəл қызса, балқып, қара май иісін аңқытады. Жоқ, бұл - сұлулық емес, тек мəдениет. − Иə, иə,- деді Еркебұлан күліп,- айтып тұрғаныңыз, өтіп бара жатқанның бəрі қымбат деген баяғы ескі əн ғой. Ал салынып жатқан үйлерді шырпы қорабына ұқсайды дегенді сіз артық айтқандайсыз. − Еркебұлан əкесіне де, шешесіне де тек «сіз» деп сөйлейтін,- жоқ, артық айтқан да жоқсыз, бұл іске тек бір бүйірінен қараған секілдісіз. Жəне қолайсыз бүйірінен қарағандайсыз. Есіңізде ме ескі қала? − Есімде. Есімде болмай! Жəне Алматының сол кезде де сұлу қала екені де есімде. Бар шаһар алма ағашының иісімен аңқитын. Сол уақыттағы апорт алмасының қандай екенін қазір ұмытуға айналдық. Ал апорттың үлкендігі мынандай болатын! − Ол қос жұдырығын көрсетті. Екі қадақтан бір мысқалы кем келмейтін. Сондай алманың бір арбасы екі-ақ сом тұратын. Сол кездің тілімен айтқанда екі-ақ сөлкебай! − Бірақ əр нəрсенің кезегі бар, асықпасаңыз əлі Алматының ортасында бұлбұлдар сайрап, көшелерінде алма ағаштарының жұпар

иісі аңқитын күндері де туады. Тек уақыт беріңіз!- деді Еркебұлан. − Ондай күнге жеткенше, бұл арада бір де бір алма ағашы қалмас! − Қолын бір-ақ сілтеді Асығат. − Жəшік тəрізді биік үйлер, асфальт, машиналар, он мыңдаған такси - адам баласына осы ма керегі, ə? − Бұлар да керек! − Еркебұлан басын изеді,- мəселе əр нəрсені өзінің құндылығына қарай пайдалана білуде. Біреуін асырып жіберсең болғаны - қаланың бар гармониясы бұзылады. Əкесі баласына «тағы не айтасың?» дегендей сүйсіне қарады. − Иə,- деді Еркебұлан қайта сөйлеп. − Алматы секілді сұлу қаланы салу бар да, оны қорғай білу бар. Өзіңіз білесіз, жетпіс үшінші жылы ұлы апатқа ұшырай жаздаған жоқпыз ба? Еркебұланның айтып тұрғаны Медеудегі үлкен бөгет құрылысына байланысты жəйт еді. − Сосын, қаланың тағы бір қиындығы,- деді ол қайтадан сөйлеп. − Алматы Мəскеу не Калуга сияқты жазық далада тұрған жоқ, Алатаудың бөктерінде жатыр. − Иə, мазасыз өңір, − Асығат басын изеді,- ара-тұра сілкініп тұратын қауіпті өңір. Бұлар сол күні ұзақ сөйлескен. Əкесі баласының институтты жақсы бітірген жай инженер ғана емес, ойы ұшқыр ақылды инженер екенін түсінген. Көңілі орныққан əке енді жазып жүрген бас кітабына бұрынғысынан да белсене кіріскен. Бірақ осы көктемнен бері ішінде бірдеме сыздана түйіліп мазасын қатты ала берген соң емханаға барған. Көп бақылау, тексеруден кейін өзін қабылдаған қарт профессор: − Ал, Асығат, дереу саған операция істеу керек,- деген. − Қуыққа таяу тік ішегіңде ісік бар... − Ал операция істетпесем не болады?- деген Асығат профессорға күле қарап. − Не болатын еді, іс насырға шабады,- деген профессор. Кеселінің өте қауіпті екенін Асығат енді түсінген. − Ал операциясы қалай бұл кеселдің? Ауыр ма, жеңіл ме?

− Жеңіл операция емес,- профессор бұл жолы тікесін айтты. − Ісік қуыққа жақын тұрғандықтан мұндай операция əрқашанда ауыр. Оның үстіне сенің жүрегіңнің көптен келе жатқан ыңқыл-сыңқылы бар. Ең алдыменен жүрегіңді емдету керек. Онсыз бұл операция да қауіпті. − Егер жүрегім жазылмаса қайтесіздер?- деді Асығат. Бұл сұрақты неге бергенін өзі де білмеді. − Жүрегіңнің жазылғанын күтеміз. − Ал тіпті жазылмаса қайтесіз? − Екі жағдайды салыстырамыз. Қайсы қауіпсіз болады, соны істейміз. Былай да, былай да жағдайының қиын екенін, Асығат түсінді. Əрине, операцияға жатып бұл кеселден біржолата арылған дұрыс-ақ болар еді, бірақ соңғы кезде сыр беріп қап жүрген жүрегіне сенбеді. Асығат бойын тез жинап алды. − Жарайды,- деді ол. − Маған бір тəулікке ерік беріңіздер. Шешімімді содан кейін айтайын. − О да болсын,- деді қарт профессор. «Жасы келген адамға пышаққа түсу əрқашанда қауіпті дүние. Оның үстіне жүрек ауруы тағы бар. Ал операция істетпесе қайтеді? Ең жаман дегенде алдында əлі де өмір бар ғой. Сол кезде өзінің өмірінің арманына айналған кітабын бітіреді емес пе? Операциядан аман қалмаса арманда кетпей ме?» Осындай бұлқан-талқан ой шырмаған Асығат түні бойы кірпік ілмей шықты. Əрі Қырмызысын ойлады. Жоқ, ұзақ жыл өмір атты өткелден біріне-бірі сүйеу болып жығылмай еткендіктен ол Қырмызысын жақсы көретін. Бұл екеуінің арасындағы махаббат күн аптабынан тоттанып, əжімделе түскен жүздеріндей ескі махаббат болғанымен, бір-біріне деген адалдық атты сыннан өткен, гауһар тас тəрізді тозбайтын, қартаймайтын асыл махаббат еді. Асығаттың əлі есінде, онда бұл университеттің үшінші курсында еді. Өлеңмен басы қатып жүрген шағы. Үлкен тыныстамада университет алдындағы кішкентай алаңға шығып «желең» деп бітетін жолдың, айтуға «серең», «керең» тəрізді дөрекі емес, тілге майда,

көңілге жеңіл тиетін ұйқасымын таба алмай, алаңды ерсілі-қарсылы кезіп жүрген-ді. Фонтанды айнала бергенде кенет ол: − Ағай, қарындашыңызды түсіріп алдыңыз,- деген бір əуезді үн естиді. − Ой, айналайын-ай. − Жігіт бұрылып жерде жатқан қарындашын алды. Басын көтерді. Қарсы алдында бота көзі күлімдеп, бір сұлу қыз тұр. Бұрын университетте көрмеген бұны. «Биыл түскен ғой»,- деді ол ішінен. Өзіне күлімсірей қарап тұрған мөлдір көзіне көзі түсіп сасып қалды, жүрегі электр тогы ұрғандай дір етті. Сасқанынан не дерін білмей: − Кімнің қызысың?- деді. Қыз інжу-маржандай аппақ тістерін көрсете күлді. − Апамның қызымын. − Апаңның папасы бар ма? − Бар. Биыл сексенге аяқ басты. − Ой, айналайын-ай, мен ол папасын айтып тұрған жоқпын. − Енді қай папасын? Əлде менің папамды айтып тұрсыз ба? − Иə, иə! − О да болған. Бірақ соғыста қаза тапқан. − О, айналайын-ай. − Сіз немене, таныспай жатып, мені айнала-толғана қалғаныңыз?- деп қыз тағы күлген. Жігіт қуанып кетті. − Иə, иə, дұрыс қой. Танысайық, менің атым - Асығат. − Ал менің атым - Қырмызы. Қыз ұзын саусақты аппақ қолын ұсынды. Асығаттың есіне тағы бір сурет түсті. Біраз күн өткеннен соң қызды алғаш рет құшақтап, еш адам ернін тигізіп көрмеген Қырмызының жаңа піскен шиедей қызыл ернінен сүйген.

Міне, содан бері қанша жыл өтті. Бірақ бұл екеуінің өмір деген арпалысты ұзақ сапарда ашуланған, не бірдемеге қатты ренжіген кездері болған жоқ. «Түу, қайдағы жоқты айтады екенсің!», «Мені ойнап жүр дейсің бе» деген секілді сəл кикілжің назға аралас ауыздарынан əлдеқалай шығып кеткен бірдемелер болмаса, бір-біріне көңіл қалатын, не ұзақ уақыт ұмытпайтын өкпелі сөз айтып көрген емес. Сол жұбайы, қос аққудың сыңары болған жұбайы, алда-жалда бұл пышақ үстінде қаза тапса не болады? Қайғыдан өледі ғой. Оның үстіне өзі аллергиялық көкжөтел, биыл күз осындай ауруды жазады екен дегенге Чехословакияға апармақшы еді. «Жоқ, жоқ,- деді Асығат өзіне-өзі. Аз уақыт болса да бірге болайық. Менсіз ол қалай өмір сүреді! Еркебұланым да институт бітіргенмен, əлі екі аяғымен тік тұрған жоқ. Оған да əлі мен тəрізді рухани сүйеніш керек». Кенет оның есіне, осыдан он жыл бұрын бір лашын құстың қалай өлгені түсті. Ұлпа қар жауып, күн жаңа ашылған еді. Жердің беті аппақ жəне нағыз ақ мақта тəрізді, жұп-жұмсақ болатын. Асығат беті қабыршықтанып қата бастаған көлді жағалап келе жатқан. Өлгелі жатқан лашынды ол байқамай қалды. Лашын да қар тəрізді аппақ еді. Тек өте бергенінде аяғының астынан бірдеме қыбырлағандай болды. Сəл кейін шегініп қарады. Қардың үстінде жатқан аппақ лашын құсты көрді. Тек тұмсығы мен топшысынан төменгі жағы, өткір ұшты тырнақтары ғана қоңыр. Бөтен құспенен төбелесіп жараланды ма екен, əлде бір жерінен оқ тиді ме, жатқан жері қарға жайылған қанынан сəл қызғылт тартқан. Асығат еңкейгенде, ол адамнан қорқып, не шошып дүр етпеді. Əлде қатты жараланып қимылдауға күші жоқ па, не өзіне төнген адамды көрмей жатыр ма? Асығат оның көзіне қарады, жоқ, ол əлі тірі екен жəне өзіне төнген адамды да сезген тəрізді, бірақ қимылдар емес. Асығат қайтадан енді оның көзіне үңіле қарады. Сарғылт көзін аспанға қадап, лашын телміре қалған. Қар жауғаннан кейін ашылған аспан көкпеңбек еді. Осы көгілдір аспанды күнде сан кезіп, өзінің табиғи еркіндігін мадақ етіп жүрген ақ лашын, қазір сол қуанышына ең болмаса бір көтеріле алмағанына өкініп жатқандай. Асығат құс қасіретін түсінді. Ол лашынды екі қолымен жайлап ұстап ақырын көтерді. Түрегеліп, алақанының үстіне отырғызып сəл тұрды. Сөйтті де аспанға қарап «Əп!» - деп лақтырып жіберді. Құс Асығатқа рақметін айтқандай, жаралы қанаттарын əзер қағып үстінен бір айналып өтті де, ең соңғы күшін жинап жоғары көтеріле берді. Арқан бойы жоғарылады да, бірдеме іздегендей Асығат тұрған жерді, қанаттарын əзер-əзер қағып, тағы бір айналып

өтті. Сосын кенет «бұдан əрі күшім жоқ» дегендей, екі қанатын ашып алып, құлаған тастай жерге қарай шүйілді. Асығат лашын түскен жерге жүгіріп барды. Осынау қар басқан даладан лашын сəл биіктеу бір төмпешікке келіп құлапты. Төмпешіктің құс құлаған жері қарайып көрініп тұр. Үлкен бір томардың түбірі екен. Кеудесімен түсіпті. Қан-қан болған кеудесін аударып, Асығат енді шыны тəрізді қатып қалған құстың сарғылт көзіне тағы қарады. Ешбір қорыққандықтың, не қиналғандықтың белгісі жоқ. Сөніп кеткен лашынның көзінен, ақынға құс жаңа ғана көктен күткен сұрағына жанына жайлы жауабын тапқандай көрінді. «Бишара, ең ақырғы рет көк аспанын құшып өлгеніне риза болған екен!» - деген ол құстың солай өлуді арман еткенін білмесе де, өз сөзіне өзі сеніп. − Құс екеш құс та өлімнен қорықпады ғой,- деді ол дауыстан. − Көк аспанын сүйіп өлді. Ал мен неге қорқамын! Мен де өз арманыма жетіп, дастанымды бітіріп, əйелімді ауруынан жаздырып, баламды жеткізіп неге өлмеймін? Сонда менің өмірім де əлі лашынның өліміндей құрметті аяқталмай ма? Ертеңіне ол емханаға барған. Қарт профессорға: − Жоқ, мен операцияға жатпаймын,- деген. − Аз болса да əлі де өмір сүргім келеді. Өмір шіркінді кім қиған. Қарт профессор бұған ойлана қараған. − Мейлің - деген аздан кейін. − Бірақ емдел. Мүмкін, көне ем, дəрі шөптердің жəрдемі тиер. Асығат өлгісі келмеген. Сол себептен Тың өлкесіне үш айға жүріп кетті. Өз сырқатын əйелі мен баласына айтпаған. Оларды қайғыртқысы жоқ. Мұнда келгеннен кейін, қазақтың шөппен емдейтін бір қарт дəрігеріне де жолыққан. Көңіліме медеу болсын деп оның берген дəрі- дəрмегін ішуге де кірісті. Бірақ Асығаттың ауру жанынын негізгі емі өзінің дастаны болды. Өлер адамның бой жазуы тəрізді, кенет оны бір шабыт биледі. Аз уақытта Асығат дастанын бітіруге айналды. Бұл оған, жүріп келе жатқан ұзақ жолының бітуге жақындағанындай күш, қуат берді. Бұрынғысынан да шабыттана түсірді. Мұндайда Асығатқа оны күтіп тұрған өлім де бəлендей қорқынышты көрінбеді. Сөйтсе де, əр күні

еткен сайын, дастанының əр жолы жақсы шыққан сайын өлімнің таяй түскенін ұмытты. Дастанын бітіруге таяған сайын, өзінің бұл дүниедегі міндетін атқарып өтер адамдай, көңілі бір түрлі орныққандай сезінді. Асығат мұндай күндері күнделік дəптеріне: Өмір, сенің қызығыңды көріп ем, Бар отымды жүректегі беріп ем, Суығына тоңсам-дағы шыдағам, ЬІстығыңнан майдай балқып еріп ем. Кезім болған күресіңнен жеңілген, Көзім жассыз, көңілім жылап егілген. Пендемін ғой мен де туған анадан, Жаралғам жоқ тастан əлде темірден. Төлейтін күн таяу қалған тəрізді Өмір атты уақытша алған қарызды, Бар сұрарым, ақтай, сірə, алдым ба Адам деген ұлы борыш парызды, − деп жазды. Осы кезде ол дастанын да бітірді. Тың өлкесінің егіс орағы қызу жүріп жатқан кезінде Алматыға қайтты. Мұнда келгесін бар күші, уақыты «Еркебұланымды қалай құтқарам» деген арманға ауды. Бұл күнде Еркебұланның шешесі де осындай халде еді. Өзінің əлсін-əлсін ұстай беретін ескі кеселіне қарамай, бар тілегі жалғыз баласынын төңірегінде еді.

ҮШІНШІ ТАРАУ Кішкентай бөбекті алып қашқан Қаражан атынын басын үйіне қарай бұрмады. Қоймасындағы колхоздың дүние-мүлкін көп жылдан бері сатып, жеп, өзі де əбден күнəға батып болған-ды. Жақында еткен колхоз басқармасының мəжілісінде Қаражанның көп жылдан бергі қолынан өткен колхоз заттарынан есеп алу жөнінде шара белгіленген. Ал оның жегені аз емес-ті. «Қашарыңда қашарсың, бірақ босанарыңда сасарсың». Жеуін жегенмен де Қаражан өзіне ревизия келетінін білгеннен бері мазасы кетіп, қобалжуда еді. Сөз жоқ ревизия дұрыс жүргізілсе қылмысы ашылады, қайтадан абақтыға түсері даусыз. Келе жатқан бəледен қалай құтылам деп басы əңкі-тəңкі болды. Енді колхоздан біржолата қашуға тəуекел етті. Ішінен буынған шүберек белбеуіне колхоз заттарын сатудан жинаған ақшаларын қат-қат етіп тігіп алып, сəтті күнді күтіп жүрді. Бүгін, ойда жоқ жерден Қырмызының мына жас сəбиін ұрлап алысыменен-ақ шешім өзінен- өзі келген. Қаражан, енді ең алдыменен өзінің алғашқы сотталған мерзімін өткізген Новосибирскіге қашпақ болды. Бұл қалаға жеткеннен кейін одан əрі Сібірдің тіпті Қиыр Шығыстың тайгасына кіріп жоқ болмақшы. Сол себептен ол өз үйіне бұрылмаған. Бірге туған ешкімі жоқ, ал мұндағы жамағайын туыс, руластарының құны оған бес тиын. Ал сотталар болса, Қаражан өзіне он жылдан кем бермейтінін біледі. Он жыл! Одан құтылып келгенше кім бар, кім жоқ. Жəне ол он жыл деген ең жеңіл жаза ғой. Жиырма жыл! Бұл бір адамның өмірі ғой. Оған қалай шыдайды! Жоқ, жоқ, қашу керек! Қашу керек! Қаражан сай-қырқаларды тасалап, ұзақ жүрді. Аттың бөкен желісімен тербеліп, шырт ұйқыдағы бала ояна қоймады. Ай сүттей жарық. Ел орнықты-ау деген кезде бөтен бір колхоздың қой фермасына кеп тоқтады. Қырқалы сайдың жағасында отырған екі-үш үй екен. Бір-екі кемпір-шал мен бала-шаға. Шалдың бірі Қаражанға таныс болып шықты. − Түнделетіп қайда бара жатырсың?- деді шал, Қаражанның атының шылбырын белдеуге байлап жатып. − Мына бір кішкентайымыз сырқаттанып қалып, соны Ташкент түбіндегі бір білгір балгерге апара жатырмын,- деді Қаражан жоқ жерден сылтау тауып. − Ə...- деді шал, − осы күнгі дəрігерлердің қолынан келмейтін, бақсы-балгер емдейтін ол қандай кесел?

− Өзіміз де білмейміз. Колхоз дəрігерлері емін таба алмай-ақ қойды. Балгерді керемет дегеннен кейін апара жатырмын. − Бишара баланың титтейінен ондай кеселге ұрынғаны қиын болған екен,- деді шал, сосын əлдене есіне түскендей. − Өзіңнің балаң ба, былтыр барғанымда мұндай сəбиің жоқ секілді еді ғой... Қаражан қалжыңдай күлді. − Бұл заманның биелері қысырында да құлындайтын болыпты ғой. Бұлар осылай сөйлесе үйге кірді. Ошақ басында, асылған қазаннын астындағы отты көсеп, бір қартаңдау əйел отыр. Түнделетіп үйге кіріп келе жатқан балалы жігітті көріп, аузын сылп еткізіп амандасты да, ұшып тұрып, төрге көрпе салды. − Жоғары шығыңыз,- деді ол сыпайылық көрсетіп, өзі босаға жаққа шегінді. − Əке-шешесі тастап кеткен соң биыл балалар үйінен алып едік,- деді Қаражан шалға, бұл қалжыңым емес, шыным дегендей инабатты үнменен. − Өзі ұл ма, қыз ба? - деді шал. − Оянар емес қой. Алып қашқан баласынын кім екенін Қаражан өзі де білмейтін. Жолай бетін ашып түріне бірер рет қараған. Оған айнымаған Қырмызы секілді көрінген. Күнəкар, мүйіз боп қата бастаған жүрегі əлденеге кенет жылып кеткен. Осы бір ойда жоқтан туған сезім Қаражанның үйіне қайтпай, баланы алып беті ауған жаққа кете беруінің де бір себебі еді. Алған əйелінің сүйегі жарылмай, əкелік мейірімнің не екенін білмеген Қаражан, əйелі нəрестелер үйінен үш жасар баланы əкелгенде де селт етпеген. Ал бұл жолы... Баланың Қырмызыға ұқсастығынан көңілі жібіді ме, əйтеуір, ұйықтап жатқан сəбидің бетіне бетін таяп, оның тек нəрестеге ғана тəн ерекше иісінен бір сəт мастана қалғандай болды. Кенет жанын, тəнін, ақыл, санасын өзіне жат басқа бір күш билеп кеткендей сезінді. Бұның қандай күш екенін өзі де білмейді. Шалдың: «Балаң ұл ма, қыз ба?» - деген сұрағына дəл қазір жауап қайтару бұған өте қиын еді. Демек сəбидің дəл шешесіне ұқсас кескіні есіне түсіп, қарт шопанға «қыз» демекші боп ыңғайлана бергенінде, бұл сұрақтан шалдың өзі құтқарды. − Қатын,- деді кəрі шопан ошақ басына қайта отырған əйеліне қарап, − мына жігіт «Шеңгелді» колхозыныкі. Баласы сырқаттанып, Ташкент түбіндегі бір балгер-тəуіпке алып бара жатыр екен. Жол соғып шаршаған да шығар, піссе қазаныңды тезірек түсір.

− Алда бишара-ай, тумай жатып кеселге қалай ілікті екен,- əйел баланы аяп, асын түсірмекші болып күйбеңдей қалды. − Қазір, қазір түсірейін, өзі піскен шығар... Бишара баланың тіпті үні де шықпайды ғой, өзі аман ба? Сөйткенше болған жоқ, Қаражанның жанында көрпеде ораулы жатқан бала кенет шар ете қалды. − Айналайын,- деп Қаражан баланы көрпе-мөрпесімен көтеріп алдына алып əлдилей бастады. Сірə, ұйқысы қанып қалған болуы керек, бала көзін ашып, өзіне төніп əлдилеп отырған кісінің бетіне сəл қарап жатты да, бейтаныс адамды көріп жатырқап, қолды-аяққа тұрмай бақырып-жылап қоя берді. − Бишара, шешесін жоқтап жатыр-ау,- деді шал, сөйдеді де қатынына қарады, − əйелсің ғой, сен алып жұбатып көрші, əкесіне болар емес қой,- деді. Əйел баланы алып, көрпесін шешті. Аппақ сазандай қыз бала екен. Іш етіп қойған екен. Əйел: «Қазір, қазір... сəл шыда... сүт беремін. Қаймақ беремін»,- деп, күбірлей сөйлеп баланы қайта құндақтап, əкесіне берді. − Алдыңызға алып əлдилей тұрыңызшы,- деді əйел, − қарны ашқан шығар, қазір мен сүт əкелейін. Бала Қаражанның алдына барысымен, қайтадан шырылдап жылап қоя берді... − Балаға əке шешедей қайдан болсын,- деді есі шыққан Қаражан. Шал оған сəл сезіктене қарады. − Тым жатырқанып жатыр-ау... Сөйткенше болған жоқ, қолына кешке таман ғана сауған қойдың бір кесе сүтін алып əйел үйге қайта кірді. Бала жылауын қойып, қасықпен берген сүтті кəдімгідей іше бастады... Əрі-беріден соң бітіруге айналды. Қарны ашып қалған екен. Тынышталған баланы енді əйел əкесіне берген жоқ, жанына қойды. − Денесінің ыстығы да жоқ, тамағы да cay,- деді əйел. − Сонда бұл сəбидің қандай ауруы болды екен?

Шал мен əйел екеуі бірдей Қаражанға қарай қалды. Бірақ Қаражан абыржыған жоқ. − Оңай ауруы болса өзіміздің колхоздың дəрігері де жазар еді ғой. Ат үсті қияндағы балгерге неге апара жатыр дейсіз,- деді ол. − Бишаранікі ұстамалы кесел! − Япырай, ə! − Алда бишара-ай!.. Қаражан ас ішіп болған соң суып қалған атына азырақ жем беріп, жүрмек болды. Кемпір-шалдың сезіктеніп отырғандарын бұ да байқаған жəне біреу-міреу мені көрген болса, соңымнан қуғыншының да келуі мүмкін ғой деп қауіптенген. Жібергісі келмеген шал мен əйелге: «Күндіз тым ыстық, баланы жол соғып тастайды. Атым əлі болдырған жоқ, түннің салқынымен біраз жерге жетіп қалайын»,- деп болмады. Ал бұл фермадағы шопандарға əнеугүнгі түндегі салт атты бөтен адамның баласын алып қашқан екен деген хабар жеткенде, Қаражан Өзбекстан жеріне кіріп те үлгірген. Аудандық милиция республикалық милицияға хабарлап, көрші республикалардан қашқынды іздегенше көп уақыт өтіп кетті. Баланы ұрлаған Қаражан құмға сіңген судай біржолата жоғалды. Ал Қаражан бұл кезде аман-есен Ташкентке таяу бір станцияға жеткен. Сосын «Баламды Ташкентке дəрігерге апара жатыр едім. Күн ыстық, жолды көтере алатын емеспіз, енді поезға мінсек пе деп тұрмыз»,- деп, сол станцияның басындағы бір қазаққа астындағы атын арзан бағаға сатып, Ташкентке қарай ағыл-тегіл жүріп жатқан жүк машинаның біреуіне мінген. Мұнда келгеннен кейін, енді осы арадан өзі абақтысында болған Сібірге кетуді ойлады. Поезға мінуге қорықты. Өйтіп-бүйтіп самолетке билет алып, Рубцовкаға келіп түсті. Енді осы арадан поезбен Новосибирскіге барып, ретін тауып, одан əрі асып, Сібірдің ұшы-қиыры жоқ тайгасына сіңіп кетсем бе деп ойлаған. Осылай ол неғұрлым Қазақстан шекарасынан алыстай берсем, соғұрлым қауіптен де алыстай беремін ғой деп сенген. Бүйтіп жол шегу оған бəлендей қиынға да түскен жоқ. Қалтасында ақшасы мол, ал ақшасы мол адамға жол табу да қиын емес. Оның үстіне баласы да бұрынғыдай жатырқанып жыламайды. Үнемі құшағынан тастамай, əлсін-əлсін еміздікпен сүт берген кісіге ол бірте-бірте үйренді. Дегенмен бұлай қашқан Қаражанның көңілі де бұлқан- талқан еді. Қасқыр екеш қасқыр да аштық қуып, тамақ іздеп өзінің туып-өскен апанынан алыстаған сайын, ұзақ уақыт ұмытпай, қайта- қайта оған оралғысы келіп тұрады дейді. Қаражан да, қанша қасқыр

мінезді болғанымен де, туып-өскен жерінен ұзаған сайын, артына қарай берді. Қарай беріп алыстай берді, бірақ артына қарай-қарай алыстады. Өйткені ол өзінің осы кеткені - туған елден мүлдем кеткені екенін түсінген. Алдында отырған нəрестесі сондықтан да ұшы-қиыры жоқ құмайт шөлді, көделі, жусанды кең даласының ескерткішке алған бір уыс топырағы секілді боп көрініп кетті. Даласын жоғалтқанмен, төлеуін алып көңілі көншіккендей санады ол өзін. Ал қазақ секілді көшпелі елдің баласына қонар көлі, ұшар көгі туған жері ғой, Қаражан да сол туған жерін кейде жаны ауыра қимай, істеген қылмысы үшін қандай жаза болса да көнбек боп, бір сəт кейін қайтуға да бел буған. Бірақ бұл ойынан ол тез қайтты. Оған себеп - осы кішкене сəби болды. Əрине, еліне қайта барса, бұны мына құшағындағы баладан айырады. Жоқ, жоқ, ондай ауыр азапқа енді Қаражан көне алмайды. Өзі тірі тұрғанда қуыршақтай киіндіріп, бауырына басқан осы бір жусан аңқыған қуанышын ешкімге де бермейді. Одан да өлгені артық. Жоқ, Қаражан кішкентай сəбиді бірден жақсы көріп қалған жоқ. Ондай сезімнен ол тіпті аулақ еді. Бірақ қасқыр екеш қасқыр да алып қашқан адамның баласын бірден жей қоймайды. Емізеді, бауырына басады, тағылық мінезге үйретеді, өзіндей қасқыр етуге тырысады. Кішкентай балаға деген, əсіресе, қасқыр секілді аңда, ғылым əлі толық дəлелдей алмаған, ерекше бір осал сезім болады дейді оқымыстылар. Ал Қаражанды алсақ, бұл да бір, қасқыр да бір еді. Мүмкін, сол қасқырға тəн сезім, мұны да биледі, əйтеуір сəбиге ол шу дегеннен жан ашырлық мінез көрсетті. Бірте-бірте сол сезім Қаражанды балаға үйретті. Уақыт өткен сайын, сəбидің қылығына мəз болуды шығарды. Бұрын біреуді, əсіресе өзін мүсіркеп көрмеген Қаражан, алдында отырған бала еркелеп көнтерідей қатып қалған бетін жұп-жұмсақ алақанымен алғаш рет ақырын сипағанында, өзі өз болғалы босап кетіп, көзіне жас алды. «Айналайын-ай, құдай үйретті ме саған бұл қылықты, құрбаның болып кетейін, сен не тілесең, соны істермін, қаласаң өзім түскен жаман жолдан да шығамын!» Ол өзінің түскен жолының дұрыс емес екенін бірінші рет мойындады, бірақ толып жатқан себеп болды. Əсіресе жастайынан қанына Қаражан соңынан бұл уəдесінен шыға алмады. Оған сіңген қайсарлығы, өз дегенін дұрыс санар бір беткей мінез-құлқы мен сана-сезімінің тайыздығы жібермеді. Жүрегінде кенет пайда болған сəбиге деген осы бір ыстық махаббат, оның ойына сіңген жаман қасиетін жеңе алмады. Бұл əлі əкелік махаббат емес еді. Қаражанның сəбиді қазіргі жақсы көруі, оны кейін қайтудан сақтап қалғанмен, жарқ еткен жалынды сəуле ме, əлде ұзақ маздап жанар от па, белгісіз еді... Самолеттен түскеннен кейін, ол жол-жөнекей бір машинаға отырып, темір жол станциясына келді. Енді осы арадан жаңа жүре

бастаған «Ташкент - Новосибирск» поезына мінбек болды. Қазақстан тұсында болмаса, бұл поездан бұларды іздемейтіндерін ол жақсы білетін. Келер күні қолындағы кішкентай баласын сылтау етіп «Ташкент -Новосибирск» поезына билет алды. Бірақ үш күн бойы міне алмады. Соғыс біткеніне біраз жыл өтсе де теміржолда мықты тəртіп бола қоймаған шақ. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жұрт. Вагон біткен лық толған. Эвакуациямен келген біреулер бала-шағасымен еліне қайтып бара жатыр. Əскери қызметтен босанған адамдар да көп. Уақытша туған азық-түлік, зат қиыншылықтарын пайдаланып, қап- түйіншек арқалаған алып-сатар, саудагерлер де баршылық. Кейбіреулер командировкамен келе жатырмыз дейді. Əйтеуір, поезға мініп болмайды. Билетінің барлығына кондукторлар қарамайды. «Орын жоқ»,- деп, мелшиеді де тұрады. Ал бірен-саран əйел кондукторға күш көрсетіп, кимелей-жармалай кірем деген біреу болса, кондуктордың ар жағында шөп ұстағандай боп тұрған жолаушылардың өздері де: «Куда прешь, сказано же нет места»,- деп, кеудеңнен итермелеп жерге бір-ақ түсіреді. Үш күннен бері кішкентай баласымен поезға міне алмай отырған қазақты сол күні вокзалдағы тəртіпті қарап жүрген «əскери патруль» деген білектерінде Қызыл шүберектері бар солдаттар көрді. Бұлардың екеуі Қазақстаннан келгендер еді. Олар жерлестерін танып жəне ыстықта үш күннен бері жүре алмай отырған кішкентай баланы аяп кетті. Командирлерімен сөйлесіп, келе жатқан «Ташкент - Новосибирск» поезына балалы жігітті отырғызбақшы болды. Көп кешікпей гүрсілдей-арсылдай вагондарының ішіне кісі лық толған поезд да жетті. − Жерлес ағайын,- деді екі солдаттың қазақша білетіні,- жүр, біз қазір сені вагонға мінгіземіз. − Ой, рақмет,- деп, Қаражан қуанып кетті. Кішкентай бөбегін, қуыршақтай етіп, бір қолымен құшақтап, екінші қолымен ондай- мұндайларын, баласының киім-кешегін, жаялықтары салынған, жолай сатып алған шамаданын ұстап, патруль солдаттарға ерді. Патруль командир! старшина жігіт вагондарды өзі аралап келді де, біреуіне тоқтады. − Осы вагонға кіргізіңдер,- деді ол солдаттарға, − өзгелерден мұнда кісі аз, бір орын табылатын секілді. Бұл вагонның да есігінің алдында иін тіресіп тұрған жолаушылар. «Ешкімді де бері қарай өткізбеймін» деген пішін көрсетіп есіктің екі жағындағы темірінен ұстап үстінде жеңі шолақ майка, кеуде,

білектері жүн-жүн еңгезердей қап-қара біреу тұр, грек екенін, армян екенін айыра алмайсың, өзгелерден гөрі ашулы. − Кəне, жол беріңдер! - деді старшина. Автомат асынған төрт патрульге кім қарсылық істей алсын, вагон алдындағы жұрт амалсыз сығылысып, араларын аша берді. Дəу қара да вагон босағасынан қолын алды. Тек: − Қайда кіргізесіңдер, пысынаған ыстық, кісінің кептігінен дем алуға болмайды!.-деп ол гүр ете қалды. − Өзіміз де бөшкеге салған майбалықтаймыз! - деді оның артында тұрған дəу қара тəрізді денелі, жүнді сары. − Көрмейсің бе, кішкентай баланы? - деді взвод командирі,- бір орын табылар, былай тұрыңыз! − Ол дəу қараға бұйыра сөйледі. − Соғыс кезі емес қой, күштейтін! - деді дəу қара жан-жағындағы жұртқа, сөйтсе де кейін шегінді. − Жарайды, жарайды, кірсін,- деді кондуктор өзбек жігіті. Сосын Қаражанға қарап. − Төртінші купенің астынғы орнында бір-ақ кісі. Соның жанына отыр,- деді. − Жарайды, күшпен кіргіздірмексіңдер ғой,- деді енді жүнді сары, − көрерміз! Қаражан бұл кісінің ашулы, кекесін үніне мəн берген жоқ. Егер мəн бергенінде, мүмкін, бұдан былайғы тағдыры өзгеше болар ма еді, қайтер еді. Ол баласы мен шамаданын көтеріп вагонға кіріп те үлгірді. Осы уақытта поезд да жүріп кетті. Вагон іші пысынап тұр. Бірақ орынсыз иін тірескен ешкім де жоқ. Жұрт əжептəуір кең жайласқан. Жолаушылар вагон ішінде кісі көбейіп кетпесін деп «орын жоқ» деп ешкімді кіргізбейді екен. Поезд тоқтағанда есік алдында тұра қалады екен. Қаражан кондуктор айтқан тұсқа қарай беттеді. Дəл сол сəтте вагонның екінші қабатындағы орында жатқан біреу, коридормен өтіп бара жатқан Қаражанның арқасынан қағып, қуана қалды. − Коля, сен қайдан жүрсің бұл жақта? - деді. − Балалы болыпсың ғой! Өзі де жерге секіріп түсті. Бұ да Қаражан секілді төртпақ келген, қар еттері бөлек-бөлек жас жігіт екен!

− Вася! − Қаражан да қуанып жатыр. Бұл Ваня Берюхин деген жігіт еді. Қаражан абақтыда отырған кезде бұ да отырған. Кісі тонап түскен екен. Өзі секілді бұзық Қаражанмен достасып кеткен. Қаражан шыққанда, бұл абақтыда қалған. Содан бері кездесіп тұрғандары осы. Екеуі бірін-бірі иықтарынан қағып, «Əйтеуір, аман екенсің ғой?», «Ескі досты көргенге не жетсін» деген секілді жай сөздермен сəл қуана-күлісіп тұрды да, Василий: − Бар, бар, орналас, сосын сөйлесерміз,- деді, сосын кенет сыбырлай, − байқа, төртінші купеде нағыз үрке1 басшылары отыр,- деді. − Бүкіл вагон солардың қарамағында, шатысып жүрме, өлтіріп тастаудан қаймықпайды. − Ұқтым,- деді Қаражан əрі қарай жүре беріп. Ол өзіне көрсетілген купеге келді. Вагонның терезе алдындағы кішкентай стол үсті толған майбалық, шошқаның кепкен шұжығы, ақ бөлке, жуа... Рестораннан əкелінген бөтелкелі сыралар, орталанып ішілген бір-екі ақ арақ шынысы да көрінеді. Төменгі оң жақ сəкіде жаңағы вагон есігінің алдында тұрған дəу қара мен жүнді сары отыр. Сол жақ сəкіде, үстінде матростың ала майкасы бар серейіп біреу жатыр. Жоғарғы қатарда шылымдарын бұрқыратып терезеге қарап қозғалмай қалған екі жігіттің тықыр бастары көрінеді. Қаражан, кондуктордың көрсеткен орны осы болуы керек деп, төменгі сəкіде серейіп жатқан кісіге: − Аяғыңызды алсаңыз,- деді, − мына жерге мен отырайын деп едім. Серейген адам өліп қалғандай, мызғыған жоқ. Оның орнына дəу қара тіл қатты. − Шамаданыңда не бар? - деп ол гүр ете қалды. − Баламның киім-кешегі, жаялықтары. − Жаңағы солдаттар кіргізген жігіт сенсің ғой? − Иə, менмін! − Онда, жан керек болса, бөтен вагонға бар! Сен күшпен кіретін мықтысың ғой. − Бөтен вагонға неге барам? Менің билетім мына орынға. − Мен айтып тұрмын ғой, бар деген соң бар!

Вагон іші құлаққа ұрған танадай тына қалды. Қаражанды кенет ашу қыса жөнелді. Василийдің ескертуін есінен шығарып алды. Өзінің ежелгі долы мінезі ұстап кетті. − Барғың келсе өзің бар! − Ту, мынаның өзі бір керемет қой!- деп бағанадан бері біреу тілін кесіп алғандай үндемей серейіп жатқан кісі, аяғын жинап, сəкіге отырды. Өзі де ұзын екен, басы үстіңгі сəкінің тақтайына тиер-тимес. − Қалай, қалай сөйлейді? − Қалай сөйлегенін қазір көреміз! - деді жүнді сары Юрка. Үстіңгі сəкіден тақыр бастың біреуі секіріп жерге түсті. Вагон іші ыстық болған соң, көйлексіз жатқан екен, кеудесіндегі пышақтың тыртығының үстінде «менің өмірім абақтыда» деген инемен шабақтап, көгілдір бояумен əшекейленген жазуы бар. Бұл амнистия - кешірім берілген жандар еді. Абақтыдан талай сұмырай, қаныпезерлер шыққан. Басынын тықырланып алынуына, кеудесіндегі жазуына қарағанда бұ да сол кешірім - амнистияға іліккеннің бірі тəрізді. − Юрка,- деді жүнді сары, − көрсетші мынаған бөтен вагонға қалай бару керек екенін! Тақыр бас Юрка Қаражанға таяды. − Кəне, тайып отыр бұл вагоннан! - деді төне. Жат адамның қатты үнінен шошып кетті ме, кенет Қаражанның қолындағы баласы шар етіп жылап қоя берді. Купеге қарсы қабырғада отырған үш əйелдің орта жастағы жүдеу өңді орыс əйелі: − Баланы қорқытып жібердің ғой, лағынет! - деді тақыр басқа. − Кəне, келе ғой маған, келе ғой... Қаражан баласын əйелдің қолына ұстата берді де, тақыр басқа ызалана қарады. − Саған не жоқ, отыр орнына! Шестерка2!- деді зекіп. − Мə саған, отыр орныңа! Мə саған, шестерка! - деп тақыр бас Қаражанды періп-періп жіберді. Қаражан шалқая түсті де, өзіне жақындай берген тақыр басты қақ маңдайынан салып қалды. Анау шалқалай барып, дəу қараның алдына сылқ етті. − Ну, гад, подожди! - деп əлі қозғалмай отырған серейген ұзын тұра, орнынан ашулана тұра берді де, төбесі үстіндегі сəкіге сарт етіп

тиіп, қайтадан отыра кетті. Бірақ оның орнына, сүзетін бұқадай, басын төмендеу тұқырта, күжірейе жүнді сары таяды. Қаражан енді қарап тұрмады, анадан жылдамырақ қимылдады. Жүнді сары балғадай қолын көтере бергенде, іштен кеп тепті. Жүнді сары шалқалай барып, артындағы терезе алдындағы столда тұрған бөтелкелерді құлата- мұлата кенет бүк түсіп, ішін ұстап отыра кетті. Осы уақытта сəкінің үстінде жатқан екінші тақыр бас та жерге секіріп түсті. Ұзын тұра да есін жинап қалған екен, ортаға о да шықты. Дəу қара да түрегелді. Алғашқы тақыр бас та маңдайы білеудей боп ісіп, аналардың қатарына қосылды. Қазір буындырып өлтіретіндей қолдарын ыңғайлана, саусақтарын жыбырлата төртеуі енді Қаражанға қарсы ақырын жылжи жүрді. Қаражан сəл шегіне түсті де, екі білегін сыбанып алып, еңкейе, өзіне қарсы келе жатқандарды күтіп тұра қалды. Қазір көп қасқыр бір көкжалды ортаға алып, быт-шыт етіп талап, қолын - қол, бетін - бет етпек. Дəл осы кезде бір ашулы дауыс саңқ етті. − Тимеңдер! Бұл менің досым! − Василий Берюхин, кенет оның қолында елім түсті суық қанжар жарқ етті. Бірақ Василий Берюхин кеш дауыстаған. Дəу қара оның қолындағы қанжарды қағып түсіріп, төбелес басталып та кеткен. Қаражан мен Василийге вагонның түкпіріндегі купеден екі жігіт келіп қосылған. Соңынан барып анықталды. Бұлар Василийдің бір кездегі серіктері екен. Біріне-бірі болысуға тиісті бұзықтардың «бауырмалдық» дəстүрі бойынша, өздері жақында ғана абақтыдан шықса да, жолдастары төбелеске шығып жатқанда бұлар да қарап отыра алмаған. Төбелеске шыққандардың екі жақ екенін тек алғашқы мезетте ғана аңғаруға болатын еді. Көзді ашып-жұмғанша қарсы топтар араласып та кетті. Енді вагон іші «Əкеңнің!», «Мə саған!», «Өлтірем!», «Аяма!», «Ұр бастан!» деген секілді ызалы айқай, шошынған үндерге толып кетті. Бірін-бірі тепкілеген, қолдарына түскен бөтелке, бөтендеумен бірін- бірі аямай былш-былш ұрған бұзықтар. Кейбіреуі жығылып жерде жатыр. Дəу қара секілді орасан мықтылары жанына таяғанын жағасынан ұстап алып, екі жағынан былш-былш ұрады. Бірін-бірі буындырған, тепкілеген бұзықтар ыңқ-ыңқ етеді. Заматта біреулерінің шекесі торсықтай боп ісіп, көзі жұмылып, басқа біреуінің мұрнынан қан сауылдап ағып, үсті-бастары сойылған қойдай қып-қызыл қан басып шыға келді. Көйлектері пора-пора. Добалдай боп ісінген көз, опырылып сынған тістер... Төбелес басталасымен-ақ жай жолаушылар зəре-құттары қашып, қасқыр шауып үркіткен қойлардай, бірін-бірі қуған төбелесушілерден ығысып, вагонның біресе ана бұрышына, біресе мына бұрышына тығылды. Бөтен вагондарға қашып барайын десе, мұнда да лық толы жұрт. Жəне дүние-мүліктерін де тастап кете алар емес. Қаражанның

баласын алған əйел сойқан ұрыстың боларын білгендей бірден кондуктордың купесіне келіп тығылған. Вагон ішінде қырғын айқастың қызып жатқанын көріп, тіпті шықпай қойған. Ерлі-байлы өзбек кондукторлар төбелестің алғашқы басталған кезінде-ақ: − Уа, əке, қойыңдар, қойсаңдаршы! - деп екеуі қоса бір-екі рет бажылдай айқайлаған да, ұрыс қыза түскенде, вагондарын тастап қаша жөнелген. Тек артынан барып белгілі болды, алдағы үлкен станцияға төбелес болып жатқанын радио арқылы хабарлатқан осылар екен. Төбелес басталған шақта Василийдің қанжарын қара дəудің қолымен қағып түсіргенін Қаражан көріп қалған. Қанжар жарқ етіп жолдағы сəкінің астына ұшып түскен. Өзімен айқаса кеткен жүнді сарыны əзер дегенде жығып, тізесімен кеудесінен басып тұрып, бір қолымен тамағынан қысып, екінші қолымен басы, көзі демей мылжа- мылжасын шығарып ұруға кіріскен. Бір кезде ойына Василийдің қанжары түсті. Жолындағы тақыр бастың біреуін іштен пəрменінше теуіп, сылқ құлатты да, астында қанжар жатқан сəкіге қарай ұмтылды. Етпетінен жата қалып, жанталасып, сəкінің астына қолын созды. Қанжардың суық сабына қолы тиген шақта, бұның үстіне кеп қона түскен ұзын тұраны басынан асыра еденге лақтырып жіберіп, ұшып түрегелді. Дəл осы сəтте Василийді тепкілеп-тепкілеп есінен тандырып тастап, қайдан алғаны белгісіз, қолында кішкентай тапаншасы бар вагонның екінші жағынан өзіне қарсы келе жатқан дəу қараны көрді. Кеудесіне кезенген тапаншаның кішкентай аузы Қаражанға зеңбіректің аузы тəрізденіп үлкейіп көрінді. Көзі қанталап кеткен дəу қара шүріппені басса болғаны, анау үрейлі ауыздан шыққан оқ бұны быт-шыт етпек. Қорыққандығы соншалық екі аяғы бірдей қорғасын құйғандай зілдей боп, басып тұрған еденінен көтере алмады. Жан беру оңай ма, жүрегі аузына тығылып, өн бойы дір-дір етті. − Таста қанжарыңды, əйтпесе атамын - деді ақырып қара дəу. Гүжілдеген дауыс дəл осы сəтте Қаражанға күн күркірегендей боп жетті. Қара дəудің айқайын жұрттың бəрі естіді. Кенет вагон іші тып- тыныш бола қалды. Өзге төбелестер де су сепкендей басылды. Жұрт енді вагон коридорының екі жағында бірі қолына қанжар ұстаған, екіншісі тапаншасын кезенген екі адамды көріп: «Не болар екен?»- деп, тына қалған. Біреу-міреуі əлдеқалай қозғала қалса, дəу қара атып жіберетіндей, не Қаражан қанжарын жүрегіне қадай түсетіндей, зəре- құттары қалмай, демдерін əзер алып, қалш-қалш етеді. Қанжарынан айрылса анау атып жіберетіндей, саусағын сырқырата ауыртып оның мүйізді сабын қыса түсіп, дəу қараға қанды көзін қадай мелшиді де

қалды. Дəу қараға қарай аяғын аттауға да дəрмені жоқ, кенет өн бойы əлсірей түсті. Сонда да қанжарын тастамады. − Таста қанжарыңды, əйтпесе атамын! - деді дəу қара тағы да. «Бұл неге атпай тұр?» Кенет Қаражанның көңілінде бір болмашы сезім жарқ етті. «Тапаншалы адам қанжардан қорықпаса керек-ті... Неге атпайды? Неден қорқып тұр?» Қаражан дəу қараның ар жағында етпетінен жатқан Василийдің сəл қимылдағанын байқап қалды. Ендігі оқиға көзді ашып-жұмғандай уақыттың ішінде өтті. Адам баласының жаны қандай сірі, жаңа ғана өліп жатқан Василий кенет атып тұрды. − Байқа артыңда... - деп, қара дəудің бір серігі айқайлап үлгіргенше, Василий кеп оның тапанша ұстаған қолына жабыса кетті. Сол уақытта атылып Қаражан да жетті. Сілтенген қанжар мен атылған тапаншаның даусы бірдей шықты. Қанжар кеп қадалғанша қара дəу тапаншасының тілін басып та үлгірген еді. Мылтық оғы тек Василийдің оң жақ аяғының үлкен саусағына тиді. Ал қанжар қара дəудің оң жақ қарына қадалды. Қара дəудің тапаншасы жерге түсіп кетті. Осы уақытта поезд да станцияға кеп тоқтады. Ұрыс-төбелестің арасында жолаушылар станцияға келіп қалғандарын да білмеген. − Братва, полундра! - деді тапаншасын жерден алуға үлгірмей, қан- қан болған оң қарын сол алақанымен басып, өзі бірінші боп есікке қарай жүгірді. Бірақ «Тікенектен қашып от басты» дегендей бірден вагонды қоршап алған солдаттардың құшағына барып түсті. Жарты сағаттан кейін үсті-бастары қызыл жоса қан, киімдерінің пəре-пəресі шыққан, бірі - ақсаған, екіншісінің - қолы сынған, шекелері добалдай боп іскен, көзі шыққан, көгала қойдай боп бірінен- бірі таяқ жеген, төбелескен жеті-сегіз кісіні солдаттар мен милиционерлер қоршап, қалалық түрмеге алып кетпек болды. Сол уақытта ғана конвойдың басшысы милиция майорына Қаражан айқай салды. − Балам, балам қайда? - деді ол. Поезд əлі жүрген жоқ еді. Вагон жанындағы қаптаған жұрттан бағанағы əйел суырылып шығып, майордың жанындағы солдатқа көрпеге ораулы баланы берді. − Өзі түрмеге бара жатқан адамға баланың керегі не? - деді,- мүмкін маған қалдырар? Əйел сөзін естіген Қаражан оған өшіге қарады. − Жоқ баламды ешкімге де бермеймін,- деді ол.

Үш айдан кейін бұларды темір жол соты соттады. Дəу қара мен жүнді сары Украинадан қашып келіп, Сібірдің бір құрылыс тресіне орналасқан, Отан соғысы кезінде неміс-фашист басқыншыларына көп жəрдем берген полицайлар болып шықты. Бұлар жергілікті совет адамдарын қырғынға ұшыратқан фашистерге көмектескен екен. Бөтен есімдермен паспорт алып, іздеген заң орындарына таптырмай қойыпты. Тергеушілер совхоздың қызметкерлері мұндай төбелес шығармаса керек еді деп күмəнданып, істерін үңіле қарап, ұзақ тексерген, іздеу салған. Ақыры кім екендері əшкереленген. Ал қазір Ташкентке барып, құрылысқа жұмысшылар əкеле жатқан беттері екен. Əрине, бұлар совхозға өздері тектес, бұрын сотталған, не қашып жүрген ұры-қарыларды жинаған. Ана тақыр бастармен бірге Василий жəне оның жолдастары да шартқа отырып, осылардың құрылысына келе жатқан боп шықты. Сот дəу қара мен жүнді сарыдан өзгесін (оларды бұрынғы қылмыс істеген жерлеріне аттандырған), əр түрлі мерзімге соттады. Қолдарына кісі өлтіретін қару ұстап, төбелескендері үшін Қаражан мен Василий өзгелерден гөрі қаттырақ үкімге ілігіп, үш жылдан абақты алды. Сот үкімі естіртіліп, бұларды ертең-бүгін жүргізгелі тұрғандарында Қаражан тағы баласының қайда екенін, абақтыға он күнде бір келіп сөйлесетін прокурор қызметкерінен сұрады. Ертеңіне прокурор оның қолына қағазбен ресми түрде жауап берді. Қағазда: «Сіздің бір жарым жасар қыз балаңыз, бұдан үш ай бұрын, сентябрьдің жиырма бесі күні Жұлдыз Қаражанова деген атпенен осы қаланың бірінші номерлі жетім нəрестелерді бағатын үйге алынды»,- делінген. Қаражан қағазды екі бүктеп, сыртынан қалың мұқабамен қаптап төс қалтасына салып, жоғалмастай етіп тігіп қойды. «Егер тірі қайтсам іздеп тауып алармын»,- деді ол, нəрестені көз алдына елестетіп, қамығып кетіп. Ертеңіне өзін дəу қара атқалы тұрғанда өлімнен құтқарған Василий Берюхинге алғысын айтып, құшақтасып айрылып, Сібірдің алыстағы бір жаққа айдалып кетті. Ал колхоздың мүлкін жеп, Жұлдызды алып қашып кеткен Қаражанға бүкіл одақтық іздеу жарияланбаған еді. Сондықтан Қаражан колонияда үш жыл болып, мерзімі біткеннен кейін, өзінің ұсталған қаласына қайтып келді. Сол жақта жақсы жұмыс істеп, аздаған ақша жинаған Қаражан, екі балалы бір жесір əйелдің меншікті үйінің бір бөлмесін жалдап алды. Үш күннен кейін мойнына таққан тұмардай үш жыл бойы сақтап жүрген қатты мұқабалы баяғы анықтама қағазы бойынша, балалар үйін іздеп тапты. Жұлдыз əлі

сонда екен. Өзіндей кішкентай балалардың, біреуінің шешесі, біреуінің əкесі іздеп кеп, ал мұны ешкім іздемегенге бойы үйренген төрт жасар бала, «Əкең келіп тұр»,- деген тəрбиешінің сөзін естігенде, елең ете қалды. Қазір барады, əкесінің алдына отырады, сосын соңынан кішкентай серіктеріне: «Менің де папам келді!»- деп мақтан етеді. Бұдан артық қуаныш болар ма? − Жүр, папаң күтіп тұр,- деді тəрбиеші əйел. Сөйтті де Жұлдыздың қолынан ұстап, кісі қабылдайтын бөлмеге қарай жетектей жөнелді. «Əке? Ол қандай?» Жұлдыз шу дегенде баспалдақтан тымпылдап жылдам түсті. Бірақ сонау кісі қабылдайтын бөлмеге таяған сайын, жүрісін бəсеңдете бастатады. Ақырында бөлменің жанына келгенде, ішіне кіруге батылы бармай тұрып алды. Тəрбиеші əйелдің «Жүр, жүре ғой, айналайын»,- дегеніне көнер емес, əрі қарай қозғалмады. Неге? Бұрын көрмеген адамынан қорқып тұр ма? Əлде осы уақытқа дейін мені неге іздеп келмедің деп өкпелеген түрі ме? Тіпті тəрбиеші əйелдің қолынан жұлқынып, қашып кеткісі де келгендей. Дəл осы кезде бөлмеден Қаражанның өзі шықты. Ол Жұлдызды бірден таныды. Қас-қабағы қиылып, мойылдай көзі ұзын кірпіктерінің астынан жаудырай қалған. Қазір бейтаныс адамға жатырқай қарап, жылағалы тұр... − Қалқам, құлыным!- деді Қаражан, кенет оны бір ыстық сезім билеп кетіп құшағын жайып қарсы жүрді. − Келші, келші, құлыным, бетіңнен сүйейін! Тас бауыр Қаражан, аузынан мұндай отты сөздердің қалай шыққанына өзі де аң-таң. Бірақ Жұлдыз қозғалмады. Тіпті қорқып кеткендей. Кенет тəрбиеші əйелдің артына тығылды. Қаражан оған қараған жоқ, құшақтай алып, құшырлана екі бетінен кезек-кезек сүйді. Жат адамның бұл қылығынан шын қорқып кеткен Жұлдыз енді бақырып жылап қоя берді. Екі қолын жайып тəрбиеші əйелге қарай ұмтылды. − Жатырқап тұр ғой,- деді тəрбиеші əйел Жұлдызды құшағына алып, бетінен орамалымен көзінен аққан жасын сүртіп: «Жылама, жылама, Жұлдызжан, бұл сенің əкең ғой, көрдің бе, саған əне қаншама ойыншық, конфет əкеп тұр, енді бұдан былай қарай ылғи келіп тұрады». − Ол Қаражанға қарады, − рас қой, сіз енді ылғи келесіз ғой? − Келем, келем,- деді қуанышты үнмен Қаражан. − Ертең де келем. − Жоқ бізге күнде келуге болмайды ғой, Жұлдызжан? Солай емес пе? − Əйел Жұлдызды жерге қойды. «Əкеңе айт, біз он күнде бір-ақ


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook