өздерi де шайға қатықтықты жұрттан сұрап отырған; сол лаңмен жетiп келдi деп ойлаған да қойған. – Олай болса, əй, Сəлиман, кəне, шайыңды қамда! – Шай қайда қашар дейсiң, нан кеспе жасағалы жатырмын, содан ауыз тиер... – Бойдақ күй таңдамайды, тамақтан өтетiн бiрдеңе болса болды да. Үйдiң тамағын сағындым жəне де... – Е-е, бiздiң Сəлиманың кеспесi етке бергiсiз. – Онда қол шаяйын. – Олжабек шошалаға шықты, Нəписа төмен қараған қалпы, жезқұманмен қолына су құйып тұр. – Сенi бүгiн түнде алып қашамын... Нəписа сасқанынан құманды тастай салып, сыртқа безе қашты. Қанша қашқанмен кiсi маңдайға жазғаннан құтыла алмайды ғой, ақыры Олжабекке, өзiнен он үш жас үлкен адамға тұрмысқа шықты. «Сүйемiн-ау, сүймеймiн-ау» деген басына келмедi де. Əке-шешесi оның алдында қалбалақ қаққасын бұл дағы жөнi сол екен деп үлкендердiң ырқына көне салған. Жасын да iлгерi екi жасқа ұлғайтып «кəмлетке толған» болды да шықты. Аудан орталығы Есiк станицасына орын тептi, бұлар да көштi. Орталық көшеден көлге бұрыла берiстегi жол бойында тұрған екi қабатты ағаш үйге кiрiп алған. Тұрмыс оңалды, өмiрге бiрiнен соң бiрi – екi қыз – Айтжамал, Айша келген едi. *** Жаман адамға қарғыс та, наза да, тiптi кiсiнiң көз жасы да тимейдi, менiң осынау жасыма шейiнгi түйгенiм – осы. Қайта жамандық май дай жағатын да адамдар болады. Назира, менiң күндесiм, ата-тегiмдi түгендеп болғасын, өзiме қадалды. Расын айтсам, оның қойнынан күйеуiн суырып алған мен емес. Өздерiнiң тұз-дəмi жараспады. Назира тым дүниеқоңыз. Ерубайдың алды-артында ешкiм жоқ, баяғыда
ашаршылық жылы ата-анасы, бауырлары түгел қырылып, бiр үйлi жанды-жақты шаңырақтан сопиып жалғыз қалған өзi. Бұл – адам басына келмесiн, ауыр қайғы. Ерекең оны сақалынан көз жасы сорғалап отырып əрең айтатын. Ерекең мен əкем Олжабек негiзi бiр ауылдан, ол да Семей жақтан. Жұлым-жұлым, жалаңаяқ, адырақ көз қара баланы вокзал басында қайыр тiлеп жүрген жерiнен əкемнiң ағасы Арынбай жаны ашып үйiне алып келiптi. Ас берiп, жуындырып, ұйықтатып, жөн сұрасса – өз ауданынан. Содан Ерубай бiздiң жақын-жұрағатқа бауыр басып кеткен ғой. Əкеме iнi, ағаларына бала болып жағалай жүрiп əйтеуiр тамақ пен киiмнен тарықпапты. Назираға да өз қолдарынан қосқан, екеуiнiң ұрыскерiстерiне де араласып, талай татуластырған да. Бұлардың бұл «драмасынан» бейхабар мен оқу қуалап Москва дан бiр-ақ шыққанмын. Барғаным – Ленин атындағы Мемлекеттiк педагогикалық институт. Соның орыс əдебиетi мен тiлi факультетiне емтихан тапсырып түсуiн түстiм, бiрақ əрi қарай оқуға қаражат жағы тапшылық етiп, (соғыс басталған жылы сiңлiм Айша екеумiздi əкемiз тастап, басқа бiр актриса əйелге үйленiп кеткен...), не күші, не тоқуы жоқ жесiр шешем байқұстың маған қаражат салып тұруға жағдайы болмай, ақыры оқуды тастауға тура келiп, ауылға қайтқамын ғой. Жолай поезда бiр жiгiт жата кеп жабысып, «тұрмыс құрайық, маған шыққын» дегенсiн аңқау басым алды-артыма қарамай қосыла салыппын. Өйткенi ол кез де оқуға түсе алмау деген тiрi масқара-тын. Мен мектеп мұғалiмдерi мен бiрге оқыған парталастарымды ұятқа қалдырдым. Маған олар сенiм артып едi ғой, бəрi ұбап-шұбап поезға, перрон басына келген ғой. Мұғалiмдер шама-шарқынша ақша жинап қалтама салған. Тiптi жетi күнге жететiн (ол кезде Алматы – Москва арасы поезбен жетi күншiлдiк жер), азық-түлiк тамақ та жинап берiп едi ғой. Бəрiмен қимай қоштасып, Отар станциясына шейiн жылап барғаным қайда... Ендi бəрi ұмыт болды, сары уайым жеңiп мəңгiрiп қалған шешенi де, бiзден бөлiнiп, бөлек отбасын құрып жатқан əкенi де өзiң күйеуге тигесiн керек етпейсiң бе, əлде тұрмыс ауыртпалығы жаншып тастады ма, көпке шейiн олардан хабар-ошарсыз кетiп, ат iзiн салыспағанмын. Қосылған күйеуiм де мен сықылды тақыр кедей. Тiреп тұрған алды- артында ешкiмi жоқ, үш-төрт iнi-қарындастары, бауырын ендi-ендi
көтерген күшiктей жармасып, басына тартқанын аяғына жеткiзбедi. Жiгiт жақсы, сабырлы, айтқаныңа көнгiш, бiрақ соңынан шұбырғандары мазаны ала бердi. Енемiз де жайсыз адам едi: «Ойбай, ауыздарыңнан ақ май ағып жетiсiп жатсыңдар... бiз мұнда...» деп ай сайын телеграмма салып, баласын елге шақырып алады. Елiне барып келгенiнше де: əуелi поезбен, одан он екi кiсiлiк «Кукуризник» ұшақпен, одан атты-жаяу лы дегендей барғанша сiлесi қататын. Жол- пұлдың өзiне қанша кетедi. Жұмыс жайымыз да шамалы, екеумiз де фабрикада жұмысшымыз. Мен университеттiң кешкi оқуына түскемiн, кiрпiк iлмей қалғып-мүлгiп конспект жазып отырғаным. Ол болса, бiр уақ дүкенде күзетшiлiк жұмыс iстейдi. Сөйтiп, ептесіп-септесiп тұрмыс атты ауыр арбаға қосақтай жегiлiп, мықшыңдай өрге сүйреп, тапқан-таянғанымызды елге жiберiп жұрт қатарлы жүрiп жаттық. Аядай бөлмемiз бар, үй иесi жайлы адамдар, ақшасын сұрап дiгерлеп тұрып алмайды, олар да жастар, кешкiлiк күй табақ ойнатып, бiр- бiрiне қарап жайраң қағып отырғаны. Бiр уақ бiз де барып тыңдаймыз. Сондағы есте қалған Батыр Закировтың орындауындағы араб тангосы! Ғажап. Қанша тыңдасаң да тоймайсың. Сызылған мұңды да терең əуез. Батырдың үнi қандай! Жүрегiңнiң жықпыл-жықпылын ақтарып, көңiлдiң нəзiк пернесiн басып тұрып алады. Көпке шейiн сол əуез құлағыңның түбiнде қобыз тартып кетпей қояды. Əлi күнге шейiн... Аз уақыт бiрге тұрмыс құрсақ тағы Сайран екеумiздiң сол өмiрiмiз бал дəурен екен! Неге аз? Оған себеп тағы – енемiз. Атамыз қайтыс болды деп хабар келгенде мен аяғым ауырлап, əрi бiрiншi курсты аяқтап, жазғы сессияға кiрiсiп қызыл танау болып жатқанмын. Сайран алақандай шуақты көздерi жастан кiреукеленiп қарай бередi маған. «Қаласың ба? Барасың ба?..» Халiмнiң ауыр екенiн бiлiп тұрса дағы: мен ұшақты көтере алмаймын, өткен жолы барғанымда, басым айналып, құсып, өлiп қала жаздағанмын. Ал əнебiр инелiк сияқты самолетi бар болсын, май шайқағандай теңселткенде... Əрi шерми ген түрiммен менi алып жүрудiң өзiне бiр адам керек. Соны бiлсе де – қиылады. Сөйтсем, өзiнiң қайтып келуiнiң екiталай екендiгiн жүрегi сезгендей де екен-ау... Əкесiнiң үшiн, жетiсiн, жүзiн өткiзедi, ендi қайтуға жиналып-тергеле бергенiнде шешесi: «Өлiгiмнiң үстiнен
аттап кетпесең, жiбермеймiн! Мынау əдiре қалған шаңыраққа кiм ие? Бiр шүйкебастың соңынан кеттi деп мынау жұрт онсыз да жүндей түттi. Намыс қайда? Ақ сүтiмдi терiс сауам... бата емес, қарғыс айтам...» – деп ақ селеу шашын жайып, байының сүйегiн ендi шығарғандай шыңғырып, жер тырнап жатып алады. Көршi-қолаң жиылып, туыстар бас қосып, басу айтқанмен Ақапа айтқанынан қайтпайды. Мiне, сөйтiп, Сайраным ерiксiз тұсалып қала бередi... Жаздық сессияны да өткiздiм, əйелдер ауруханасынан бiр-ақ шықтым. Гинекологтың есебi бойынша босануыма екi ай бар. Нəресте жетi айлығында да өмiрге келе бередi екен, мұны шала туған дейдi. Аманесен қол аяғымды бауырыма алдым, Дəурен дейтiн қызылшақа (өзiнiң атына ұқсатып қойғаным...), екеумiз ауруханада ұзақ жаттық. Оны кiшi дəрiгерлер қарамағына алған, мен тек мезгiлiмен емiземiн, торғайдың балапанындай, туғанда салмағы екi килограмм, жетi жүз грамм ғана-тын. Жұрттың баласына əкесi келiп, терезенiң алдында екi көзi төрт болып тұрады. Бiзге өйтiп телмеңдейтiн ешкiм жоқ. Басқа əйелдерге келушiлер жыртылып айрылысады: айран, сүт, жемiс-жидек, қымбат конфеттер, гүл, шампан дегендерiңде есеп жоқ. Жас еттен тұшпара жасап əкеледi кейбiрiне, сiлекейiм шұбырады, бəлнестiң көксорпасы мен киселi, бөкпенi мен қара шайы жалықтырды. Емшегiмнен де сүт шықпайтын болды. Онсыз да үрпегi ашылмай бала үш күндей аш қалып едi, ендi қайттiм? Палаталас əйелдер қамқорлық жасап, бiрi жемiс-жидегiн, бiрi ыстық сорпасын, тағы басқа артылған тамағынан қарайласады. Ұят болса да аламын. Жылайын десем, көзiмнен жас та шықпайды, Сайран кеткелi онсыз да жылаудамын. Көршi əйел келдi күйеуiмен. Тамақ пiсiрiп əкелiптi, тағы не жейсiң дейдi. «Шай, сүт қатқан шай!» дедiм қуанғаннан. Ертесiне алып келдi. Бауырсақ та пiсiрiптi. Ой, мың болғырлар-ай! Бəлнестен шығарып алған да сол пəтер иесi – көршiлерiм. Өздерiнде бала жоқ, бiрақ сондай тату. Уылжыған жас, болар деп үмiттенедi. Болсын деп мен тiлеймiн. Əлденiп алғасын баланы құндақтап алып сыртқа шаруаларыма баратын болдым. Бiрде почтаға кiрiп: «Дəурен дейтiн ұлың өмiрге келдi Құттықтаймын тосамыз» деп анаған телеграмма салдым. Еш хабар жоқ. Өлiп те қалды ма деп қауiптенемiн. Бiрер айдан соң хат келдi. Хатында бар жағдайын айтыпты, кешiрiм сұрайды... Кешiрiмiн
мен оның тұсыма жүк қып жиып қояйын! Бiр күнi есiк алдына көлденеңдей көк «Победа» тоқтай қалды. «Мұнысы кiм?» дегенiмше болған жоқ: «Əй, Айтжамал, үйдемiсiң? Мен iздемесем, сорлы қыз, сенi кiм iздейдi. Бауырларың шетiнен тiреп тұр, бiрақ бiрiнiң жаны ашымайды. Бiр подругам сенiң бала көтерiп жүргенiңдi көрiп қалыпты: «Күйеуге тиiп пе едi?» дейдi. «Тиген» дей салдым. Содан əрең таптым. Қалай, кiшкентай ширақ па?...» деп салдырлай, жөргектегi баланы шешiп жiберiп, құшырлана иiскеп өлiп бара жатқан жеңгем – Сұлуқас. Арынбай ағамның кiшi тоқалы, «тоқал» болатыны – алдыңғы шешемiз қайтыс болған, аға ұзақ уақыт үйленбей жүрiп, бертiнде осы Сұлуқасқа қыздай қосылған. Қара бұжыр, төбесi жалтырап, қарны озған, өзiнен кемi жиырма жас үлкен адамға неге шықты деп қайран қаламын ғой. Сөйтсем, оның да бармақтың астына бүккен есебi бар екен. Ағамыз отставкаға шыққан полковник, соғыс ардагерi. Пенсиясы мол, жəне бiр белдi қызметте. Ұл үйленген, қыз – тұрмыста дегендей. Жекеменшiк машина, үй, жиһаз, сорпаның бетiне шығар жақсы орта. Осылар ғой оныншыны тəмамдап жоғары оқуға түсуге ниет қойып келген ауыл қызын магниттей тартып алған. Қади жеңгемiздiң (Қадиша ғой, еркелетiп осылай деп кеткен), бөлелес сiңлiсi екен де. Үркек тана көз, тiк маңдай, шашы тiрсегiн соққан сұлу балдызына ағайдың да құрғыр көңiлi құлай берсе керек. Қыз оқуға түсiп, жатақханаға бөстегiн сүйрей жөнегенде ағай: «Не бар онда? Осы үйдiң бiр бұрышынан саған орын табылар. Оның үстiне тəтеңнiң орнын жоқтатпай бар шаруа ны тындырымды етесiң. Бүгiн болмаса, ертең бiр əйелдi алып келемiн, бəрiбiр сенен артық жорға шығар деймiсiң?..» деп екiұшты уəж тастапты. Сұлуқасқа да керегi осы. Жалындырмай қала қойыпты. Үш бөлменi тiлiмен жалағандай қып тазартып, кiлем, алашаны сыртқа қағып, жиһаздардың бетiн айнадай қып сүртiп, өзi де мұнтаздай, ағаны да жұнттай киiндiрiп, шақырыс, той-думанда қаздиып əдептi ғана отырып – былайғы əйел затына үлгi боларлықтай жас келiншек бiрден-ақ пысық, ширақ, көргендi қала əйелдерiнiң қалпына түсе қалыпты. «Мұны қайдан оқып-тоқып жүр? Ғұмыр бойы қалада тұрып келемiз, бiр шаруамыз бiтсе, екiншiсi шұбаталып етекке оралып жатады. Бəле
ғой өзi?!» десiп, сан-саққа жүгiрткендер де табылмай қалып жатқан жоқ. Олар – бет-аузын сылағаннан қолдары босамайтын, мода жарысының əдеп додасына түсiп алып, «анау ананы алыпты, бiз неге құр қаламыз?!» десiп, байларының миын ашытатын сəнқойлар мен паңқой сылқымдар ғой. Ал Сұлуқас кедей жердiң қызы, байлыққа, барлыққа мас болып, қонышынан басып, қақырай сөгiлiп жүрген ол болсайшы. Аяққа тартса, басқа жетпейтiн, қанша тырбаңдап колхоз малын бақса да бүйiрi бiр шықпайтын жарымаған жерден. Малынып киiнiп, тойынып iшiнiп, əкесiнiң «Ақжорғаларында» шiренiп отырып, тұрмыстың шалқыған ортасында жүзiп, төгiп-шашып жүретiн кей құрбыларына қатты қызығатын. Қызығып қана қоймай, iштей күндеп, түн баласына дөңбекшiп: «Қайтсем ғана байимын, ел қатарлы барды белшесiнен басып жаримын...» дегенде таңды таңға ұра қансиiп шығатын. Шапақты нұрлы көздерiне мұң қонақтап, ақ сұр өңi күреңiтiп бүкшиiп қалатын ондайда. Сорлы шешесi бəрiн ұқса да iштей үгiтiлетiн ол дағы. Ақыры бiр күнi жиналып-түйiндi де: «Алматыға кеттiм. Бағым жанса, оқуға түсем, түспесем, күйеуге тием. Əйтеуiр үйi-жайы бар бiреудiң етегiнен ұстаймын», – деп шынын айтып кеттi де қалды. Анасы бiрде сенсе, бiрде сенбей: «Е, үйi-жайы бар күйеулер ол жақта шашылып жатыр, шамасы...» деп ернiн тiстелей қалған, тiлеуiн де iштей тiлеген. Сол Сұлуқас менiң қол-аяғымды жерге тигiзбей: – Бол, бол, киiн, баланың жөргектерiн, көр-жердi ұмытпа, түгел ал. Мына үйiңнiң пəтер ақысын төлеп пе едiң? Қанша төлеуiң керек едi? – деп дiгерлетiп барады. – Бол, сыртта машина күтiп қалды. Ағаңның машинасы емес, басқа... Бiр түске ғана ұлықсат етiп едi... – Қайда барам! Менiң ешқайда барғым келмейдi. Сайран келiп қалса, қайдан iздеп табады... – Сайраның қайран болған. Одан да саған аспандағы бұлт жуық. Тез, əйбат қыз, əйтпесе екеумiзге такси ұстауға тура келер... – Ағадан ұялам... – Балпиып бала тапқанда ұялмаған, ендi жаман қатты ұялып қапсың. Бет моншағың үзiлмеген ұятты қыз болсаң, онда неғып көрiнген көк
етiктiнiң жемтiгi болдың, ə? – Өйтiп табалайтын болсаңыз, жеңге, үйiңнiң маңайына жоламаймын. Көр де тұр! – Шатынап шыға келген ұсқынымнан тiксiнiп қалса керек. – Өй, əйбат қыз, қалжыңым ғой. Жеңгесi мен қайынсiңлiсi анда-санда қағыспаушы ма едi? Сен де ойыңа келгендi iркiп қалмағын, мiнездiң турасын жақсы көрем өзiм. – Лезде қайыңның қабығындай майыса қалды. – Айдаладағы бiреу болсаң, төрге сүйреп нем бар? Олжабек не, Арғынбай не – бiр анадан туып, бiр емшектен емгесiн бiзге де бөтен емес. Ал, болдың ба? Болмайтындай дүнием тiреп тұр ма. Темiр төсек пен ағаш стол, екi орындық – көршiмдiкi. Көрпе-жастық, екi чемодан – болды. Ыдысаяқты жинастыра бастап едiм: – Неғыласың ыбырсытып? Ағаң ондайды ұнатпайды. Өзi де аядай үш бөлме. Жаңа жиһаз алып едiк, ескiлердi комиссионкоға алып кеткенше, бүйiрiң бүйiрiңе соғысады. Жүр, көресiң ғой... Лезде келдiк. Дəурен машинаның ырғағында тарс ұйықтап қалды. Ендi босағасынан аттай алсамшы! Бетiме темiр күйдiрiп басқандай күйдемiн. Қайтып қараймын əкемнiң, былайынша үлкен ағамның жүзiне?.. Абырой болғанда, ол кiсi iссапарда екен. Ас үймен iргелес бiр бөлменi бала мен маған бөлiп қойды. Расы, сiрескен дүниеден аяқ баса алмайсың. Сонша жинай берiп қайтпек. Екi басқа басқасы да аздық ете ме. Керекжарақ болмаса, қалған артық-ауысты, он жерден қымбат болса дағы, сығылыстыра берiп қайтпек? – Жүр, Дəуренге бесiк алайық, – деп Сұлуқас шай iшiп болғасын тағы дiгерледi. Маған неғып құсы түсiп қалғанын? Бұрын онша-мұнша өсiтпеушi едi. Шайын беретiн, асын дəмдеп алдыма қоятын, əйтеуiр анда-санда келiп кеткенiмде бəзбiр қытымыр жеңгейлердей шыты нып, сараңдық көрсетiп қағынбайтын. Маған ерекше едi, əйтеуiр. Мен де ала-бөтен жақсы көретiнмiн өзiн. Ал бұл жолы... Осысында не сыр бар? Жылмаң қағып, сұғанақ иттей ана жағыма бiр, мына жағыма бiр шыққанда, не ұтпақ. Кешiрсiн жеңгем. Жамандыққа мен де қиятын емеспiн оны. Емешесi езiле қалатындай менiң қандай еңбегiм сiңдi? Мен түгiл, туған шешем осы үйдiң босағасын аттап көрiп пе? Рас,
баяғыда, Қадиша шешемiз барда, қатынасып тұрады екен; ол кiсi алды- арты кең, жарқын адам болыпты деседi айтушылар. Нəписа шешем де аузынан тастамайды. Ал əкемiз Олжабек iрге бұзып басқаға үйленiп кеткелi ағайындар арасы суығандай да. Қардың үстiнде қалған жетiм күшiктей əлжуаз екi бала қалдық емес пе айдалада. Екi қабат ағаш үйден де бiздi шығарып тастаған. Бiрер түйiншегiн қолтығына қысып, екi бала етегiне жармасып Нəкең əке-шешесiнiң үйiне барып паналайды. Шал-кемпiр де қаусап, онсыз дағы бiтiп отырған, жер шұқып қалмай ма. Тек үлкен қыздары Қайша қайрат көрсетiп, екi баланы бауырына салып, Нəписаға жұмыс тауып, сол бойынша бiздi өмiрбақи асырап-сақтап, оқытып, ел қатарына қосты емес пе сол Қайша апам, мың болғыр! Айта берсе, əңгiме көп. Оқиға жiбiн күрмей бермей, Сұлуқастың сиқырлығына тоқтайын. Расы, кей құрбылары оны «Түлкi» дейтiн. Жылмаң қаққанда, түлкiнiң аузынан түскендей тура. Аға да жақтырмай кейде: «Болды, боқ жеме! Қайда барасың жылмаңдап? Жап-жас басыңмен мың орайсың бiздi, Алып берем дедiм ғой, сол етiк аттың пұлы болса да...» – деп бетiнен қайырып тастайтын. Жаңа ашылған «ЦУМ» дейтiн дүкеннен таңдап жүрiп бесiк жəне «Манеж» дегенiн сатып алдық. Бiр машинаға өңгерiп ол əупиген немесiн əрең жеткiздiк. «Тозып кетiпсiң. Шыт та болса сəндi тiгiлген екен», деп маған көйлек сатып əпердi. Бас-аяғыма да қарап қойып: – Үйдегi босоножканы сен ки, аяғымыздың тұрқы бiрдей ғой. Өзiме əнебiр чехтың туфлиiн алайын, – деп жұтынып тұрған биiк өкшелi, қайық сықылды қайқиған бiр аяқкиiмдi алды. Ол кезде, несiн айтасың, дүние деген дүкендерде тұнып тұрушы едi ғой! Өзiмiздiң өнiмдер, шетелдiң заттары дей ме, тек саудыратып ақшаңды санай бер. Бүгiн ғой – жылан жұтқандай, ақшаңа дəнеңе таппайсың, саудагерге жемсiң, сөйтiп... Сұлуқас Дəуреннiң төңiрегiнен шықпайды. Iшiм қылп ете қалады онысын көргенде. Ұқтым. Неге екенiн, пұшпағы қанамаған, ағамен бас қосқанына да үш жыл. Қайғырады, қан iшедi, қаралмаған дəрiгерi, бақсы-құшынасы қалмады. Бiр шаранаға зар.
– Дəурендi бiз бала қып асырап алайық, сен аяғыңа оралғы қып қайтпексiң? Басың жас, бақталайың ашылып мiне деген жiгiтке қосыларсың да. Ұлды да, қызды да табарсың. Мен сықылды қуарған қу ағаш емессiң. Қай бiр жетiскенiмнен сол қызылға қызығамын. Құрт көңiлге бiр дем алданыш болсын деген далбасам дағы. Ол еңкiлдей жылап жатын бөлмесiне енiп кеттi. *** – Жамалжан-ай ей, берi, басыңды бұр! – Бұл ауылдан келген Қайша апам мен Əлпеш атты нағашы жеңгем. Мен əдейi хабар бергiзгем. Көкбазарға бардым дағы ет сатып тұрған Түргендiк шешеннен: «Қайша апам тезiрек жетсiн. Дəурендi алып кетсiн. Əйтпесе...» деп. Жалғыз затазық дүкенiнiң бас сатушысы Қайшаны танымайтын қаймана қазақ түгiлi, шешен, түрiк, кəрiс, грек – бəрi бiледi.! Ол қалбалақ қаға «хауалай-хауалай!» деп кеткен. Мiне, бiр апта өтпей олар келiп тұр! – Жə, белiңдi бекем бу! Iшiме сыйған бала сыртыма да сияды. Дəурен түгiл Дəуреннiң шешесiн де баққамыз. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деген. Əкетемiз. Ұялма, – Терiс қарап жылап жатқан маған апам осылайша дем бередi. Сiлкiнiп тұрдым. Нəрестенi жақсылап құндақтап, емiзiгiне сүт құйып, қойнына ойыншығын тығып, екi апамды автобус аялдамасына шығарып салып, көлiкке отырғызып жiбердiм. Маған да: «Жүргiн. Шешең бiр кепенi ұстап отыр. Бiраз қалжалан. Түргенде тұрғың келмесе, Қаракемерге, Əлпеш апаңдiкiне барғын, Жылқышы атаң қуанып қалады, қайта», – деп жатыр апам. «Бiр айналып барамын. Сабақтарым бар едi», – дей салдым. Өйткенi, кеудем сыздап, көз жас моншақтап құйылып барады: баланы қимаймын. Иiсi бойыма сiңiп, əкесiне тартқан ұялы көздерiн кең ашып, қыбырлағанға таңырқай қарап, сықылық ата күлгенi... жүрегiмдi баурап алыпты. Сəл- сəл болса, сүйектерiм ерiп кететiндей. Қайтем. Қиямын да. Қия алмадым. Емшекке сүт толып кептеп алып барады. «Сұлуқас «күл болмасаң, бұл болғын» дегендей тарс сөйлеспейдi. Шайды бөлек iшемiз. Бiреудiң үйiнде кiрме боп қашанғы тұрайын, заттарымды қайта сүйретiп сол баяғы үйiме келсем, о, сормаңдай, Сайраннан хат дегенiң қат-қат, көршiме, тым құрыса, барар жерiмдi де айтпаппын. Ақшасын
төлеппiн де, шала рақметiмдi айта жөнеппiн. Сұлуқас қой дiгерлеп, жанды алып... *** Со бойында Сұлуқас жеңгеммен суысып кеттiм. Ол менi ғайыптан кезiктiрсе, танымағандай, терiс қарайды. Соңыра орталық кiтапханаға кiтапханашы болып орналасыпты, сол жерде Назира қызмет етедi ғой. екеуi қосылып менi армандарынан шыға жамандайтын көрiнедi. Есекке терiс мiнгiзiп, басыма лағнет қабын кигiзiп, жерден алып, жерге салатын сықылды. Ол өсектiң талай қабы маған да жетiп, бiрде күйiнiп, бiрде түйiлiп, өмiр сүрiп кеттiм ғой, əйтеуiр. Аманбыз. Бала-шаға ер жеттi, Дəурен соқталдай азамат. СХИ-ды бiтiрiп, сол Түргеннiң Авторемонт заводында бiлдей бас инженер. Бес баласы, барсаң жаны қалмай күтетiн кiшiпейiл əп-əдемi келiншегi бар. Қалған-құтқаннан құрап-сұрап өзiне, алты кiсiлiк «Газик» жеңiл машинасын жасап алды. Төгiлiп-шашылып жатқан дүниесi болмаса дағы, баяғы нағашы атамдардың жар басындағы жəпiрейген тамын кеңейтiп, қора- қопсысын жөндеп, бау-бақшасын малындырып дегендей, тұрмыстары оп-оңды, бiреуден кем, бiреуден iлгерi. Əйтеуiр, кəрi нағашы атам мен апамның шаңырағын құлатқан жоқ, ол кiсiлер баяғыда-ақ о дүниелiк болған, жарықтықтар. Топырағың торқа болғыр, жатқан жерiң жарық болғыр нағашы атам мен апам: Сəлиман мен Тұмекең! ұлымыз жоқ деп қайыспаңыздар!.. Өйткенi, Тұмаров Сайранұлы Дəурен бар. Мен Сайранды ақыры бiр рет көрдiм. Өйтiп көргенiм құрысын! Ерубайдың жамағайыны бiздiкiне келiп, ұзақ емделiп, бетi берi қарамайтын ауруға душар болып, соңынан көңiл сұрай қалалық онкология емханасына əредiк барып тұратынмын.. Уақыт шiлде айы. Аспан айналып жерге түсетiн ыстық, айнала қапырық. Көк пiсiп, жемiс-жидек мəуелеп тұрған. Солардан бiр сөмке қып алып, Ерубай екеуімiз арықтан айналып өте бергенiмiзде, сыртқа шығып демалып отырған алабажақ киiмдi көп науқастың бiрi маған жалтақ-жалтақ қарай бердi. Танымасам керек, бiрер көз жүгiрттiм де, арқасы
шодырайып, мойын тамырлары адырайып, еңкiш тартқан ер адамның кiм екенiн де байқамай, назар да салмай, құр бас изеп өте бердiм. Əлгi кiсi ұмсынып барып орнынан көтерiлдi, шарасы кең көзiнiң нұры əлi де таймаған, бiрақ шүңiрейіп, арығандық белгiсiн айтқызбай танытып тұрған əлгi кiсi маған iлбiп жақындай бергендей. Көзiнен таныдым: «Сайран!.. Сұмдық! Не боп кеткен. Ол да: Айтжамал...» – деп құрсүйек саусақтарын ұсынды. Саудыраған құр сүйектi қыса: – Ойбай-ау Сайран, сенбiсiң? Күнiм, қайдан жүрсiң? Неге хабарласпадың? – деп ышқынып айқай салыппын. Алда екi-үш адым кетiп бара жатқан Ерубай жалт бұрылып: – Айташ, о кiм? – дедi... *** Сайранның халiн адам басына бермесiн. Досың түгiл дұшпаныңа тiлемес ең... Ерубайды үйге «бара бергiн» деп, оның палатасына енiп, əңгiмесiн тыңдадым. Жатаған үстелге қойған жүзiмнен талғап, таңдайына татыра бiрер талын жұтқыншақтан əрең өткiзе, көздерi боталай: – Қайран пейiштiң дəмi... бұйырмаған екен... егер кетпегенде ғой, – деп өксiп-өксiп қалғанда өндiршегiнен түйенiң құмалағындай дөңгелек iлгерiлi-кейiндi жүгiрiп өттi. – Бұйрық та, қайтесiң... – деп жұбатқаныммен сөздiң қиюы қашты. «Жалғыз арманым – Дəурен баламды əкеп жүздестiр, арыздасып қалайын» дегенiн ол қадағалап, əлденеше айтты. – Жақсы, əкелемiн. Құдай тағала жəрдем берсiн, қош, – деп көп отыра алмай шығып кеттiм. Дəурен сол шақта үйленген. Алдын-ала əзiрлеп, сөзiн жұптап ертiп əкелдiм. Бұрын-соңды оған «пəлен-түген» деп ашылмағанмын. Əйтеуiр Ерубайдан тумағанын бiледi. Үлкендердiң тəрбиесiнде болғасын сəл еркелеу, өзiмбiлемдеу, бiрақ естi жiгiт қой, ендi.
Орта бойлы, мығым денелi, ұялы бота көз, өңдi келген жас жiгiт сəмбi талдай солқылдай палатаға енгенде Сайран жастықтан басын көтерiп алды. Айтпастан-ақ таныды, өйткенi ол өзiнiң жастық кезiмен қауышып тұрғандайды... – Ботам! Арманым, Дəуренжаным... – Əке, қапаланбаңыз, сiзге қатты қынжылуға болмайды. – Болары болды ғой, ботам. «Əке!» деген бiр ғана сөзiңе зармын. Арман жоқ дей алмаймын, ендiгi тiршiлiктi сендерге берсiн... – Қалайсыз, əке, ауыл жаққа барып аунап-қунап қайтуға? – Тəуiр болсам, шыбыным, барам ғой... Қариялардың алдынан өту парыз едi. Қайтейiн, бiлместiк көп болды. Кеш, менi, ботам... – Ойбай, əке, барасыз. Тек тəуiр болыңызшы. Мен күнде кеп тұрам ғой... – Шешеңдi күт, шыбыным. Айтжамалды сыйлап өту – саған аманат! – О, не дегенiңiз, əке, тəтемдi мен өмiр-бақи құрметтеп, аялап, əлпештеп өтем. – Тəте деймiсің?.. Топырақ сендерден бұйырсын... – Ар жағында ол əлсiреп, нашарлап қалғандай. Дереу емдеушi дəрiгер енiп: – Бұл кiсiнiң мазасын ендi алмаңыздар, тынықсын, – дедi. Əлгiге үмiт арта жалтақ-жалтақ қараймыз. Ол не десiн, ернiн жымқыра, ақ сұр бетi саз бере шығып кеттi. Дəурен онымен жүре-бара танысып, өзi құралыптас жiгiтпен етене жақындасып, əкесiн ауылына əкетуiне рұқсат сұрапты. Ол дəрiгеронкологтың аты Ералы екен: – Бiзде не шара бар, тым кеш... елiнен ешкiм келiп жатқан жоқ, жақын маңдағы ең жақыны сiздер болсаңыздар, рұқсат, мен дəрiгерлiк шешiмдi жазып əзiрлейiн, – дейдi.
Келiн екеуi Сайранды екi-үш ай күтедi, мен де бiр-екi рет барып көңiлiн сұрап қайттым. Өңiне шырай кiрiп, бiршама əлденiп, бетi берi қарағандай. Аулада құр сүйегi қауқайып жүрiп-тұруға жарапты. Көңiлге бұ да демеу, тəуiр болып кете ме деген үмiттемiз. Таң азанда «қош» деп ұзай берiптi... Хабар соңынан жеттi. Келiнi аузына ақтық су тамызып, «атам-ай...» деп аңырап отыр екен. «Артыңда кiм бар, хабар саламыз ба, əке?» – деп Дəурен бiр орайда сұрағын əреңəрең жеткiзгенде: «Ай, балам, аумалы-төкпелi заманда, ел қайда, жер қайда дегенмен, соның жауабы табылса жақсы. Табылмаса, тұрымтай – тұсына, балапан – басына болған қайғылы кезең ғой ол. Несiн айтасың, əуреленбе, балам, топырақ өздерiңнен бұйырса, болар...» деген екен. Тағы бiр оңалғандай бойына əл-қуат бiтiп, бiр кесе сүттi шай iшiп, маңдайы жiпсiп, немерелерiнiң бетiнен сүйiп сəл-пəл көңiлденген дей сəтiнде баласына ұзақ əңгiме толғап берiптi. Дəурен жазып алады. ...Сөйтсе бой жасағаны екен, марқұмның. *** Кенет əскери киiмдi кiсiлер ауылдарына қаптап кеттi. Ұлы Отан соғысынан кейiн мұндайды көрмеген жұрт жаман түршiгедi: «Тағы бiр сұмдық болып жүрмесiн!...» Дегендей-ақ: «Көшесiңдер, қоныс аударасыздар. Оңтүстiкке. Сiздер тұрған жердi үкiмет халық шаруашылығына пайдаланады. Салынған үй, сатылған мал-мүлiктiң орны толады: ақшалай үстеме ақысы төленедi. Жиналып, тергелуге – жиырма төрт сағат, яғни, бiр сөтке!..» Бұдан да үстерiнен бiр бомбаны тастап жiберiп, жермен жексен еткен əлдеқайда жеңiл ме. Ықылым замандар бойы ата-бабасының кiндiк қаны тамып, кiр жуған, ұрпақтан-ұрпақ жалғасып мəңгiлiк қоныс тепкен туған жерден аударылу – бұдан артық қорлық пен қиындық, зорлық пен зобалаңдық бар ма екен!... Оны кiм ұғып жатыр, кiм сыңсыған халық зарына құлақ тiгiп жатыр. Кiм қылышын қынабынан
суырып: «Жоқ, атамекендi тастап кеткенше, осында жан тапсырамыз? Қасық қанымыз қалғанша қорғаймыз!» – деп халық қорғаны болып, сол жерде жан тапсырып жатыр? Кiм? Кiм... Сайранның туған анасы Ақапа осындайда белсенiп: – Көшпеймiз. О не дегендерi? Қыстың көзi қырауда, бала-шағаны шулатып, мал-жанды ыңырсытып қайда апармыз. Заң-зəкүнiн көрсетсiн. Əдiл заманда осынау жуас, момын халыққа бұл қай көрсеткен қысастығы? Не жаздық. Халық жауы ма едiк?.. – деп шабаланған болатын. Сөйтедi де көрпе-жастық, балалардың киiмiн, ыдыс-аяқты орап, бүктеп, төрт қанат жаман қараша үйдi жыға бередi. – Апа-ау, барған жағымызда дүмбiреген кең сарай үй күтiп тұрады деп жатыр үкiмет адамдары, оны неғыласың, итарқадай алқа-салқа неменi?.. – Келiнiнiң тiлi ұзын, енесiн орайы келгенде шағып қалмаса, көңiлi көншiмейдi. – Ибай, мына қар не дейдi? Əруақ тапсын сенi! Атадан қалған мұраны итарқадай деп... өзiң итарқасың!.. – Мə-ə... мына кiсi не дейдi? Ене-ау, бiлсең өзiң бiл, мен алты қанат ақ отауда туғанмын. Ырғап-жырғап түскемiн, күмiстеткен ер-тоқым, алтындатқан адалбақан əкемесем дағы, бiр тоғыздың бағасына толатын дүниемен келгемiн. Солар қайда? Қу тақыр, берекесi ыдыраған жерге тап боларымды баста бiлсемшi сормаңдай басым!.. – Сақила бебеулеп, отыра қалып, астындағы құрым киiздi жұлқылап жұла бастады. Сайран тұнжырай қарағаны болмаса түк демей киiндi де, кеңсе жаққа кеттi. «Рас па, рас болса мұның мəнiсi не?» деген ой дағы едi. Ешкiм бұған жөнді жауап бермедi: «Көш те көш!» Жолай ойлады: «Көшкендi мен көрсетейiн. Болса да барар жерiмiз Балқан тау емес, қай бiр құйқалы жерiн, шалқар көлiн бере қойсын-ау? Орнығып қалған ел ығысып iргесiнен орын бере қоя ма. Естуiмше, емiнiп жерге табынып, соған еккенiмен күн көрiсiн ажыратып отырған тақыл-тұқыл жұрт. Ұбапшұбап бара қойғанға емешесi езiле қуана қоятын нағашы жұртың тұр ма едi? Қысы қытымыр, жазы құрғақ болғанмен, жағасы жайлау,
етегi – шалғын кең жазира далам-ай! Нарын құмың ол жатыр көсiлiп, бауыры – құт, қойнауы – қазына, қашан көрсең де жiбек жалды құлыншақтай құлдыраңдай кiсiнеп алдыңнан шығар. Оң жағым да – Нарын, сол жағым да Нарын, атажұрттың ежелгi майқонысы, күнi кеше еңiреп өткен есiл ер – Махамбет бабамызға қорған болған, қасиетiңнен айналайын Нарынқұм, ендi саған бiз арман болып қалмайық, өлсек сүйегiмiз өзiңде қалсын! Тарттық саған...» Келе шешесiмен күбiрлесiп ұзақ сөйлестi. Басын изеп, анасы құптағандай рай байқатты. Ат жақты, тiк иық, əлi бойынан қауқары таймаған қарасұр кейуана «тс-с» деп Сақила жаққа көз жүгiрттi. Келiн болып түскелi енесi мен екеуiнiң өрелi оты бiрге жанбаған, қияс, қиқар тiлi орақтай Сақиладан ол соңғы əлетте жеңiлiп те, түңiлiп те тынғандайды. Аяққа тыным, ауызға саябыр болмай, ертелi-кеш екi əйел салғыласа, жағаласа, қит етсе көршiлерге жүгiрiсе бергесiн, тым құрыса, бiреуi болмаса бiреуi ит жығыспен қойыспаған да қиын екен. Бəрiнен үйдегi жалғыз еркек (Сақила қыздан қызды туа бергендiктен де бiр жағы); – бiрiне бала, бiрiне – жар, жүнжiп ерi мойнына түсе тозып, азып кеткенi жаман-ды. Күлсақилаға күл болмаса, бұл болсын. Қыз кезiндегi осынау кербез есiмi де бояуын жоғалтып, құр Сақила атанып қалғанынан да өкiнбейдi. Өйткенi, бұл жақты ол келiншек тiптен жерсiнiп жүрген жоқ. Тiлеуiне құдайы қас болып, келе құрсақ көтергенмен, ұл тумады: үш қыз. Сайранға бiр тойда өзi ғашық болып, танысуына, одан құйысқаны көтерiлiп осы ауданға келiн болып түсуiне өзi себепкер болғанмен, күйеуiнiң жүрегi жарылып қуғанғанын көрген жоқ. Түнерiңкi басыңқы жүретiн оның ел құсап жайраң қаққанын, барға тоқ, жоққа баяпыр бола не асқынғанын, не тасынғанын байқаған емес. Бiр жақта баласы бар дей ме, есiнде де, түсiнде де соны ойлайды, шамасы. Шешесi бармағын шайнап, балтасын тасқа шапқандай зор өкiнiш бiлдiре, түн баласына ауыр-ауыр күрсiнiп, ертесiне көзi кiртиiп, қабағы кiржиiп, кегiн келiннен алардай: «Өй жарымағыр, жалшымағырдан» бастайды, келiнi де: «Сiздiң де шылқып, ақ майға көлкiп шомылып отырғаныңыз шамалы. Сiздегi пұл – уыстаған құм, неғыл дейсiз маған?!» – деп ұпайын асыруға тырысады. Мұндайға үйреншiктi, етi өлiп кетсе де, Сайран əйелiнiң үлкен кiсiмен салғыласа бергенiне налиды. Налиды да: «Өй, көргенсiз! Қанша бетпақ болсаң да
қоятын уақыт жеттi ғой. Үш бала тапсаң да басыңа ноқта түспегендей шапсисың кеп. «Заман тарылса, қатының қасқа шығар, балақтағы бит басқа шығар – осы болғаны ма...» – дейдi таусыла. Сайран мен Ақапа сол түнi тас түйiн бекiндi: iшке қарай көшу керек! Ешкiм мұны бiлмеуi тиiс. Ал Сақила ше? Байбалам салары сөзсiз. Одан соң көршiлер естидi, ана жаққа хабарлайды, жоспарлары күлпая, көздерiн төрт қылып темiр тордың ар жағына қамап тастайды. Айтпай кетсе... балаларды қайтпек?.. Бастары қатты. Сонда дағы сыр тартып: «Сақила, ақылың бар едi ғой, кəне, жиылып-түйiнiп жатырмыз. Сонда, бас жоқ, аяқ жоқ, жел айдаған қаңбақша домалай бермекшiмiз бе? Əлде, сенiң төркiн жағыңа, Құлсарыға кетемiз бе? Бiздi кiм қыстайды, ол жақта құда-жекжат бар десек?..» – деп көрдi. Көздерi жайнаңдап: – Түу, басыма келсешi, əрине, көшемiз. Қайда көшсек те бəрiбiр емес пе? Рас-ау, ендеше ертең ерте мен барып военкомға айтайын. Құлсарыға көшемiз, деп, – дедi елпiлдей. – Ойбай, даңғырама! Құлағыңа жетпей жатып жел көтерген түңлiктей болмашы! Тоқта. Байыбына барайық, бəлкiм, сен көшпей тұра тұрарсың?.. – Ондағысы, ықыласын пайымдау: «құм iшiне көшемiз» десе, өре түрегелiп, бəленi бастап жiберер, айналаны улыған-шулыған етуi екiбастан да. – Ибай, көшпей не, сендерден қалып... Əлде, Алматыда қалған жарыңа, нақсүйерiңе тайып кетпекшiмiсiң?.. Тек осы ғана жетпей тұр едi, шиiн шығарып алғанына өзi де өкiндi. Өкiнiшпен ендi ештеңенi орнына қайтып қоя алмасына көзi жеткен Сайранға үнiн шығармаудан басқа амалы да қалмағандай. Жол ауыр, бұл Сақила соның бəрiне көндiге алса. Тағдырдың аумалы-төкпелi заманында, нендей бiр ауыртпалықта да сыр бермей бəрiн көтере беретiн көнбiс, сабырлы əйелдi мұның маңдайына тар келтiргенiн ендi ұққандай. Ол Айтжамалды сағынды, жаны құлазыды. Көңiлсiз, еш жұбануға көнбейтiн жыртық көңiл одан сайын азынап, зарлы қобызын тартып, тап қасында тұрып алғандай ма. Қайтсе осы күйден арылмақ? Арылмақ түгiл, ауырлатып алды емес пе. Несiне Күлсақилаға со бiр сырды айта қойып едi?.. Сұңғыла əйел жүрек зарын ұғып жүр ғой
деймiсiң? Соны қайта сояудай тырнағымен тырнап-тырнап, қанжоса ететiн қылықтар Сақилада жетерлiк. Амал жоқ, оны тастауға болмайды, бағытты қайдан бiле қояр түн iшiнде. Жүк артылған түйенiң бұйдасын қолына ұстатсақ болды емес пе. Тезiрек iске кiрiсу керек болар... Ел ертең-бүрсiкүнi көтерiлемiз, қопарыла көшемзi деген түнi бұлар да үркер ауа жолға шықты. Айыр өркештi атанға қом салып, балаларды, Ақапаны отырғызып, өзi кер шолаққа мiндi. Сақила – жаяу, тайлақ пен бота бос еруде. Азын-аулақ жүктi сол жетелеген iнгенге артты, тамақ, азық-түлiк, су толтырылған кiсiбойы құмыра, тағы басқа бөктерiншектi өз қанжығасына байлады. Əйтеуiр ұзақ, белгiсiз, қауiптi жолдың қамы. Тамыр жайған туған жерден шетқақпай болмау. Саз- бұйра шағыл құмды борпылдата суыт жүрiп келедi. Бағыты – күн ұясына енген қызылшапақ көкжиек. Күндiз ыстық-аптапты құм қойнауы түнге қарай салқын, бой тiтiркендiредi. Тiлерсегi талған мал қаңғалақтап, астындағы кер шолақ та сүрiнiп, бiрер осқырынып, қылтиған тiкенек-бұйырғаннан үркейiн дедi. Көздерi мұнартты бiлем. Сақила да iлбiп-қалғып, белiне байлаған торсықтағы ашығаннан ұрттап қойып, жүрiсi бəсең тартса да келе жатыр. «Əй, өлтiрмесең, ат шалдырайық бiраз. Жүре алмаймыз» – дедi. Рас ау, арттарынан қуғын салған ешкiм жоқ, сонша бездеңдегендерi несi. Түйелердi шөктiрiп, жүктi түсiрiп, ұйықтап қалған қария мен балаларға сусын берiп, (бұлар жол бойы құрт жеп келе жатқасын қарындары онша ашпаған сыңайда, тек шөлден қаталапты); өздерi жеңiл азықтанып, отырған жерiнде жантая-жантая кетiстi. Кер шолақты тұсап жiберген, «Құдық табылса, малдың шөлiн қандыратын» деп ойлап, халi кете талаурап ұйықтап кеткенiн Сайран сезбейдi. Азанда қайта аттанды, басқа жаққа. Күн сəске, шыжып, тiрi жəндiк, жан-жануар құмның алып қазанында қуырылып жатқандай. Ашыған ала шыққандары қандай жақсы. Шетiнен ұрттап қойып жан шақырады. Өзi шыдағанмен, кер шолақтың тер ақпаған тұтамдай жерi қалмады. Басынан бу атқылайды. Көзiн əлме-əл таза орамалмен сүрткiлеген болғанмен, жануар алқынып, омырауы сырылдады. «Қой, адасып кетпей тұрғанда тұрағымызға жетiп алайық» деп бұрыла бергенде,
атының аяғының асты ойылып, құм сусылдап шұңқырға құйыла бастады. Шошынғаны сондай, айқайлап, шолақты жүгенiнен тарта жұлқып-жұлқып қалды. Жанұшырған жануар да əлде бiр кəдiктi сезе, хайуандық түйсiкпен қосаяқтап ырғыды. Өзi де қалпақтай ұшып түстi. Үзеңгiде сүйретiлiп, едəуiр жер барды. Бет-аузын тiкенектер тырнап, үстi-басы дал-дұл. Шолақ естi жануар, иесiне бұрыла үйездегендей басын шұлғып тұр екен. Есiн жиып, ерге қонды. Қас қарая құдықты тапты. Ақапа бетiн жыртып ойбайды салып жылап отыр: жайылып, шеттеу кеткен тайлақты оппа құм жұтыпты... Бұрын-соңды құм iшiнде осындай кенет қазаншұқыр пайда болып, жағасындағы құм сусылдай ортасына түсiп, iшiн тарта ысқырған жаман дыбыс шығарады дегендi ешкiм – апасы да, Сақила да, өзi де естiп бiлмеген екен. Қайран қалысып, үшеуi көп шүйiркелеседi. Өз басынан өткерген жайды: қанды топырақ пен ойылған шұңқырды айтып бердi. «Бұл не сұмдық» деп қайран қалысады. Сол түнi жер астынан құлаққа емiс-емiс гүрiл естiледi. Жер сiлкiнген екен деп, үрейлерi ұшқан бұлар таңды əрең атырып, апыл-құпыл жүктi арта, қымыраннан бiр-бiр тостағанды аударып жолға шығады. Беталыс белгiсiз... Сонымен құмда адасып, арып-ашып, бiр мекенге жетедi ғой. Құдай сақтасын, елдi мекеннен гөрi əскери казармаға ұқсайтын құж-құж сары ала киiмдi əскерилер, танкi, зеңбiрек, көкала бажалақ адам ата-тегiн ажырата алмас түрлi техника. Бұларды полигонның шетiне де аяқ бастырмай, басқа бiр жаққа алып кетедi. Малдарын – екi түйе, бота, кер шолақты, бұлардан еш рұқсат сұрамастан, радиациядан уланған деп атып тастайды. Алдымен, тiрсектерi дiрiлдей енесiне барып тығылған ботасын... Оған соң... Обал-ай, сары iнген боздап, ботасының көзiнен жас парлап, кəрi атанның ыңырына қоштасқандай болған, кер шолақтың кенет шөмиiп, iшi қусырылып, жағы қырланып, көзiн тарс жұма құлай бергенi – бəрiбəрi көз алдында мəңгi бақи тұрды да қойды. Шырқырай ұмтылған кiшi қыз өлген ботасын құшақтай шыңғыра жылағанда, айнала кеудесiнде жаны бардың сай-сүйегi сырқырардай. Жоға, сүйегi сырқырай, дау ыс сап жылаған екi əйел мен бұл Сайран ғой...
Аналардың – безбүйрек тасбауырлардың бетi шiмiркпейдi. Түрлi тексеру өткелектерiнен өткiзiп бұларды «ауру емес» деп табады. Жаны ауырған Ақапа қайғыдан, құсадан, көз алдында баққан-қаққан малын кескен теректей сұлатып салушыларға ашынудан ақыры сал боп ауырып, екi жылдан соң көз жұмады: «Туған жерден топырақ бұйырмады-ау, шалымның қасына апарып қоймадыңдар-ау. » болады соңғы арманы. Үлкен қыздың шашы сыпырылып түсе бастайды. Ортаншы қыз да келе-келе қаны азайып, арып-ашып, «ақ қан» деген сұмдықтан ұзақ азап көрiп қайтыс болады. Жалғыз кiшi қызын ұстап қалған Сақила зар еңiреп: «Жердi асты-үстiне қопарып, бүкiл тiршiлiктiң тамырын жұлып жатқан жауыздардың əлегiнен асқар таудай енемнен, қызғалдақтай қызымнан айрылдым. Сенен де айрылып қалам ба деген күдiгiм жоқ емес. Ендеше, есiмiз барда Құлсарыға, болмаса сол жаққа қарай қоныс аударайық. Осы екi қызды оқытып, құтты орнына қондырсақ, екеумiзде арман жоқ. Əй, қайдам, ана қыз. » деп зарлап, бiреулердi қарғап-сiледi. Содан көп кешiкпей Құлсары қайдасың деп көшiп бередi. Бiрақ, онда да жетiскен жай жоқ: малынан-құтынан, жерiнен айрылған кезбе қазаққа кiм жəрдемiн үйiп-төксiн... Бiр кəсiп орнына өзі жұмысқа тұрғанмен, Сақила келе-келе төсек тартып жатып қалатын болған. Тапқаны жұмырығына жұқ болмай, бəрiн – сүттi, нанды, еттi, майды қымбат бағасына сатып алатын кедей жұмыскерлердiң күнi күн емес болып шығады. Қалтқұлт тiрлiкпен өмiр сүредi сөйтiп... Кiшi қыз бой жетiп, жоғары оқу тəмамдап, құтты жерiне қонады, ұлды, қызды дегендей, күйеу бала да жалпылдаған ақкөңiл дұрыс адам. Бағы ашылмаған үлкен қыз сол кəсiпорында кассир болып, күйеу алмай, күнiн сүйретiп ол қалады. Сақила да о дүниелiк... Ал Сайран болса... ... Өзiнiң осындай қатерге ұшырағанын бiлген күннен-ақ Алматы ның онкологиялық ауруханасына сұранып, шамасы барда жан-жаққа қағаздана бастайды. Үмiтi – ем қона ма деу; Айтжамалды көрiп, көзайым болу арманы. Дəуренжан қандай болды екен? Үйлi-баранды, соқталдай жiгiт ағасы шығар-ау. Əлгi жамандарды бетiнен бiр-бiр сүйiп, тап орталарында жүрiп кетсе. Екi дүниеде де жеткен мұратым осы деп мұрты қисаймай армансыз аттанған болар едi. Айтжамал
қартайды ма екен, өңдi əйел едi, бəлкiм əрiн бермеген де болар. Өзiнен көп үлкен, бiрақ белдi қызметкерге күйеуге тиiптi деп естiген. Одан да етегi құр емес көрiнедi. Кандидаттық диссертациясын қорғап, ғылыми мекемеде дүмдi бiр қызметте деп естiген. Шүкiр, ауыл арасы айшылық жол болғанмен де, бүгiнгi құсқанат ұшақтың арқасында сағаттап жетуге болар, бiрақ, о баста құдай қосқан ол екеуiн – Сайран мен Айтжамалды бiр-бiрiмен көрiсуге жазбағандай. Шынын айтса, үйiнiң мекен-жайын да бiледi, хат жазып жiберсе болар-ды... Астанаға үш келiп, үш қабат онкология ауруханасында жатты. Қасында – қолқабысын берiп жүретiн үлкен қызы – Сəруар. Сол айналайын қолтығынан демеп, соқырдың қолынан жетелегендей қусүйек əкесiн алып келiп, əкетiп жүрген. Миллионнан астам құжынаған халқы бар шаһарда қай туғаны, ет жақыны, жұрағаты тұрсын-ау. Бiреудi сағалайтын да жайы жоқ, «мен қазақпын, түу пəленбай жерден келдiм, əкемнiң науқасы осындай» дегенге кiм есiгiн айқара ашар дейсiң. Бiр таныс құрбысының жатақханасына түнделетiп енiп, соның төсегiнде сығылысып түнеп жүрген ғой, комендант əйел байқап қойып, бақырып кеп берсiн! Оның үстiне, басындағы жасанды шашы түсiп қалып, түнде бөлмелес қыздар шу шығарсын: «Жұқпалы ауру құрбыңды бiзбен неге бiр бөлмеде жатқызасың...» – деп. Ешқандай жұқпалысы жоқ, құдай сақтасын, шашы түскенi болмаса: қыз балаға одан артық қандай қасiрет болсын-ау, соған бола именшiктеп, кiсiкиiктенiп, адамға жуымайтыны ғой, байғұс Сəруардың... Алматыға əрбiр келiп-кеткеннiң өзi зор күшке түседi, қаражат тапшы, сондықтан, ең соңғы, осы төртiншi келiсiнде Сайран: – Жан балам, Сəруарым! Саған өкпем жоқ, тағатын, кiнəм да жоқ. Тағдырдың, жазмыштың iсi осы болса, қайтейiк. Бұл сапар жалғыз кетем. Осы қара шаңырақ саған қалады ендi... Анаңды, əжеңдi, бауырың – Балымды ұмытпа; моласын жаңарт демеймiн, əйткенмен, қолың қалт еткенде барып, дұғаңды оқып, үстiнен топырақ алып таста, қарағым, ауырламасын, бiздiң бейнетiмiз, көз жасымыз оларға аз салмақ емес, қызым. Бəрiн сезiп, жетi шелпек берген үйдi иектеп, жебеп-желеп жүредi дейдi аруақтар. Кiм бiлiптi, əкемiз марқұм солай дейтiн. Мынау аумалытөкпелi заманда, əлгi қой үстiне бозторғай жұмыртқалайды
дейтiн мимырт тыныш заманды бiз көрмедiк қой, қызым, бiздiң шаңыраққа ғана түскен зобалаң ба, барша халқымыздың шеккен тауқыметi ме, кiм бiлсiн, тоз-тоз болып, сүйегiмiз əр жерде қалатын сыңайдамыз, қызым... Жə, босама, осы отыз жасыңа шейiн сенiң де ақ жүзiңе, нұрлы шырайыңа қайғы-қасiреттiң қара көлеңкесi таңбасын салды аямай. Бұғанаң қатпай жатып, «радиацияның зардабы» деген алапатқа, зұлмат тақсыретке душар болып, мiне, қор болып, құрбыларың қатарлы тұрмыс құрып, етегiңнен өрген ұрпақты көруге жазбаған Тəңiрiге ме, басқаға ма – кiмге шағынарыңды, тарынарыңды, көз жасыңды көлдетерiңдi, көкiрегiңдi аш итше тырмалап, ұлығандай халiңдi кiмге айтқызарыңды бiле алмай бақытсыздыққа тап болған уағыңда мен де сенi жалғыз қалдырып барам... Бақұл бол... – Бұл Сайранның қызымен ғана емес, ел-жұртпен, өмiр сүрген өлкемен, ата- баба, əке-шеше аруағымен, рухымен қоштасуы да болғанға ұқсайды... Ендi үмiт үзiп, көзi төрт бола, ауруханаға келгендерге жалтақтай, жүздерiнен бiр таныс бейненi iздей: «Е, тəңiр, соңғы тiлегiм... менi Айтжамалмен жүздестiр, кiнəмды арқалап кетпейiн, айтып, арыздасып кетейiн...» – деп күнде жатар алдында құдайына дұға қып, жалбарынып, қасындағы өзi құсаған кəрiп-науқастарға сыр бiлдiрмей көз жасын сығып алып жүргенiнде көрiптi... Айтжамалын да, Дəуренiн де, немерелерiн де. *** Алматының салқын саялы көшесiмен келемiн. Үйге жаяу баруға болады, айнала – тамылжыған, тұнған табиғат; бұлақтар сылдырап, құстар дамылсыз сайрап, көңiлге көркем саз орнатқандай. Асығып жүрген бiреу жоқ, осынау мəміражай рақат шақтың қызығын ұзақ тамашалауға жаралған бақытты жандар бейне. Шынымен солай ма? Менiң жаным неге беймаза, iшiм алақұйын? Небiр тынымсыз ойлар қу жанымды түртпектеп, күрсiнiске толы лептi сыртқа лықсыта бередi. Неге, неге...
Бiздер, адамдар, неге қатыгезбiз сонша? Неге самарқаумыз?.. Қарасаң, адамдар зұлымдығынан, озбырлығынан, аяусыз қатыгездiгiнен мəңгiлiк болып көрiнетiн табиғат та тозып, жер астының дүмпуi бел алды. Табиғат та адам баласына қастасады... Қаңсыған Арал, сазарған сар дала, жан түршiктiрер Семей мен «Капяр» полигондары. Экологиялық апаттар аймағының жазылмас жарасы. Құйқалы қара жердiң астын үстiне шығара тiршiлiк-тамырын қырқа, жер аптабын қуыра, онсыз да шақтаулы ғұмырды қысқарта, адамдарды айықпас ауру-дерттiң тəжiрибесiне айналдырғанда шығар ұшпағымыз – ақырзаман болар. Дiнге сенбеушi едiк, дiншiлмiз. Соған орай бойымызда имантаразылық қасиеттер бел алып, жүрегiмiз жанашырлықтан, қамқорлықтан жаншылап жатса... ше! Қазақтың жерi мен малы – Жаны десе де. Онсыз қазаққа тiрлiк жоқ. ЖОЛ ОРТАДА Алматының тұман басқан түнгi мұнар көшесiмен екеу келедi. Бiрi – ер, бiрi – əйел, орта жастан асқан, кəрiлiктiң қылбұрауы мойындарына түсе қоймаған. Ерлi-зайып, бiрақ қолтықтаспай, бiрiнен бiрi үдере үрiккендей, аралары алшақ. Үнсiз. Шаһардан шеттеу, бiрақ тыныш, тау жақ бөктерiндегi үйлерiне таянғанда, бiрден лап қоя есiкке беттемей, аулада ұйлығысып тұрып қалысты. – Ал, мен кеттiм, – дедi ерi. – Жолың болсын, бар! – дедi əйелi шаптыға. *** Жалғыз өзi үйге сыймады, газға шай қойды, барды дастарқанға салды, қаймақ қатылған қоңыр күрең ыстық шайдан тамағын күйдiре асыға ұрттады. Iштi жандырып бара жатқан күйiктi басайын деп.
*** – Қызым бар басқа əйелден, рұқсат бер, барайын... – Ол қайдағы əйел, мен сонда ай қарап жүрiппiн бе, неге бiлмегем... – Бiлгенде не iстейiн деп едiң, арамыздың алшақтап, жел кеулегендей бiр-бiрiмiзден ысырылып кеткенiмiзге не заман. Бiр балалар үшiн ғана жүрдiк демесек... – Иə. Олар да ер жеттi, қыз күйеуде, ұл – үйлi-жайлы. Ортада төрт немере-жиендер. Қалған өмiрiмiзге тамызық болар солар емей кiм, Жақыпжан-ау. – Бiр кетеуi кеткен тұрмыстың туырлығын қанша жамасаң да... –Жамап-жасқап дейсiң ғой, бүтiн тұрмыс тапқан екенсiң, бар, жолыңнан қалмағын... Екеуара əңгiменi созбақтап қайтпекпiз. Қос шабаданға киiм-кешегiн, кiтап-қағаздарын нығарлай, кете берем дегенде, есiк қоңырауы тыз еттi. Шақырған көлiгi болар деп, Балқия дəлiзге ұмтыла бергенде, сау ете балалары – түу Арқалықтан келiп тұр. – Есiк ашық екен, не, көшкелi жатсыңдар ма? – Димаш əке-шешесiне кезек қарады. – Мен емес көшкелi жатқан, мына əкең ғой кеткелi жатқан, – тарс еткiзе төбеден түскендей айта салатын мiнезiне баса Балқия сарт еткiздi. Димаш əлi түкке түсiнбей, үрпиiсе қалған балаларын бауырына тарта: – Су шықты ма, əкем қайда кетпекшi... – Жақаң көздерi жəутеңдей əйелiне: – Соңыра, жаймен түсiндiрмей, əй, сен де... – Соңыра түсiндiретiн дəнемесi жоқ, ерте айт, кеш айт, бəрiбiр емес пе, о не, созбақтайтындай, басқа əйел алғаныңды жасырып... – Ендеше, бiз кетейiк, ал, қош, – Димаш екi баласын, көздерi алақтай, есiк ергенегiне сүйене қалған келiншегiн сүйрелей-мүйрелей сыртқа
беттеген, əй-шəй жоқ. Бұл алдыңғы күнгi болған ыңғайсыз жайт. Балқия ендi есiне ала: – Осы менiң бетiң бар, жүзiң бар деместен, айтып салатын қу мiнезiмай! Не таптым осымнан, балаларыма, түу алыстан арып-ашып келiп тұрғандарында: «Төрге шығыңдар, шай қояйын», деместен. Димаш та тiк мiнез, қатын-баласын сүйрелей жөнеп бердi. Қайда барады, ата-енесiне де. Өстемiр болса одан сайын қолтығына су бүркей: «Сауап, сол керек екеуiне, сол керек екеуiне. Ырың-жырыңнан бiр көз ашпаушы еді...» – десе қайтем. Дейдi, сөзсiз. Олардың тап-тар аядай үйлерiне қайтып сияр, өздерi де келiн-бала, немерелер – сығылысып əрең отырғанда. Күлəйна келiн басу айтса қайтедi. О да от алуға келгендей, тұра жүгiрдi. Ал бұлар түу Арқалықтан неге келiп тұр. Көшiп пе... Балқия миы ашып, олардың босағаға тастаған теңiн де аңғармапты ғой. Iшке кiргiздi, өздерi жататын бөлмеге. Онда абажадай кең төсек бар, соңғы əлетте күйеуi жатып жүретiн. Ал өзi қағынан жерiген құландай, ерiнiң суық жүрiсiн аңғарысысымен-ақ балалар бөлмесiне «қоныс аударған». Жақаңның «кетеуi кеткен тұрмыс» деуi сол да. «Сен кiнəлi, мен кiнəлi» дейтiндей бадырая көзге басылып тұрған да дəнеме жоқ. Жақан (Жақыпжанды өзi осылай атайтын) үйде бiр күн қонса, түзде – екi күн... «Бiр əйелмен шатасып жүр-ау» деген де ой қаперiне келмептi. Еркектiң iсi түзде, жолдас-жора дегендер де бар деп, көңiлiне кеңшiлiк орнататын ғой. «Қой, бұлар кешелi-берi тым-тырыс, тым құрыса телефон шалса қайтедi...» Балқия трубканы көтерiп, Өстемiр үйiнiң телефон нөмiрiн тердi: – Əллө, кiм екен? Е, балам, Димаш өзiң екенсiң, қашан үйге келесiңдер? Кешегi абыр-сабырда жөн сұрасуға да мұршаны келтiрмедi ғой анау... – Өзiнiң əй-шəй жоқ тарс еткiзiп айта салғанымен iсi жоқ. Үйге кiргiзiп, демдерiн басып, шайын iшкiзiп, басалқалы жан құсап, жайымен жеткiзудiң орнына: – Мама, сау-сəлеметсiз бе? Бiз мұнда атамның үйiнде...
– Тап-тар аядай үйге қалай сыйып отырсыңдар, кəне, дереу, қайтыңдар. Неге көшiп келдiңдер, аяқ-асты. Қызметiң не болды, ендi бұл Алматыңнан өз дəрежеңе сай қызмет табыла қалса, жақсы едi... Жə, Күлəйнаға айт, тез зырлап келе қойыңдар. Сержан мен Ержанды сағындым, келiңдер! – Телефон құлағын тастай сала ал жыла. Онша да ұзақ тостырмады, балалары созалаңдай кеп тұрды. Дастархан жайып, жұмсақ еттен салма пiсiрiп қойып едi, ас үйде, кең үстелде битiн сала ас iштi. Екi немересi жүдеп қапты. Келiннiң қабағы шытыңқы. – Дүниелерiңдi ана бөлмеге апарып қойдым, күшiм жоқ, көршiнiң баласын шақыртып, əрең кiргiздiк. Күлəйна, барып ретi-ретiмен орналастырғын, ендi бұдан былай сол жатын бөлме – сендердiкi. – А, бiз қайда жатамыз... – А сендер залда боласыңдар, сонда ойнайсыңдар, қанша тапырласаңдар дағы: «Төбемiздi ойды балаларың!» – деп кiжiнетiн ешкiм жоқ, өйткенi бiз бiрiншi қабатта тұрамыз. Жақсы ма... Келiн жалма-жан iске кiрiстi, екi немере далиған зал бөлмеде ойынға ауған əдеп. Ұлы екеуi ғана. – Мама, Арқалықта бiздiң жағдайымыз болмады, қызмет дардай, халық соты дегенмен, мендей соттар онда көп. Үй бермедi. Күлəйнаға да жұмыс табылмады. Кезiнде дүркiреген облыс орталығы құлдырап, құрдымға кеткен. – Солай ма, муздрама театры бар едi ғой. Мен баяғыда көргенде таптаза, жарқыраған қала едi. – Бүгiнде қап-қараңғы, жарық жоқ, үйлерi жылытылмайды. Бiр қысты өткiздiк əрең-мəрең. Атам айтты, көшiп келiңдер деп... – Пысығын-ай сол атаңның, бiзбен ақылдаспай. Қарашы, сонда өз үйiне көшiрiп алмақ па? – Е, жоға... – Димаш ұяла, екi бетi қызара: – Əкейдiң басқаға үйленгенiнен құлағдар, содан бiзге: «Ана үй қаңырап бос тұрады, тездетiп көшiп, орнығып алыңдар, əйтпесе...»
– Əйтпесе? – Əйтпесе, сiздi айтады, есi кiресiлi-шығасылы, үйiн сатқызып жiберер де Жақыпжанға ерегiсiп, сосын өзi далада қалар... – Қарашы, бауыздар құдаң өстiп айтқанда, өзге ел есекке терiс мiнгiзер мына түрлерiмен. Жақанның қағынан жерiген құландай бұзылуына мен себепкер емес, бiр қатынды сүйiптi, «өз қалауымен өмiр сүргiм келедi, босат менi», дегесiн, мейлi, бəрiбiр мен оған сүйiп қосылған жоқ едiм, əу баста, əйтеуiр сен екеуiңдi жеткiзсем, содан соңғысын көре жатармыз деумен жыл артынан жыл өткен. Ендi, мiне, жасымыз жер ортаға жеткенде... о, баста-ақ айрылысып кетпей... – Балқия солқылдай жылап, бетiн басып отырып қалды. Димаш жұбата: – Жə, мама, болар iс болды, босамаңыз, бiз бармыз ғой. Жалғыз болмайсыз, мен жұмысқа тұрайын, ал əкем солай ұйғарса, «өзiм үшiн өмiр сүргiм келедi» десе, еркi бiлсiн. Сол арада салаң етiп əкесi де жетiп келген: – Сендер неғып аяқасты көшiп келдiңдер, соны бiлейiн деп... қалай болды өзi? Айтпай, ескертпей? – Əке, қам жемеңiз, келгенiмiз қайта жақсы, мамамыз жалғыз қалатын едi ғой. Ал сiз өз жайыңызбен жүре берiңiз, бiзге бола шала бүлiнбейақ. Өзiңiз үшiн-ақ өмiр сүре берiңiз. Ал, мама, мен қызмет iздеуге кеттiм. – Қайда барасың, қызмет саған дайын тұр ма? – Жақыпжан жанұшыра сұрап қалды, баласы жауап қайтармай, əйелiне əлде не деп, кеттi. Балқия iштей табалап: «Қадiрiң кете бастаған екен сабазым, саған бұл аз, күндердiң күнiнде есiк сыртында сүмелектеп тұрарсың-ау, қазiр тайраңдап енгенмен...» Осыны сезген ол залдағы немерелерiне барды. Əкелген ойыншық, конфет, тағы басқаларын бере: – Аталарыңды сағындыңдар ма, қане, келiңдер, – деп құшағына ала, шаштарынан сүйе бiр ойға батқандай сiлейе отырып қалған. Күлəйна заттарын жиыстырып, көңiлi жайлана атасына сəлем салды. – Рақмет қарағым, көп жаса, ал сендер неғып аяқ-асты көшiп келдiңдер, ə? Дұрыс қой, қой деген бiз жоқ, тек алдын-ала ақылдаспай.
– Ата, бiзде ол жақта жай болмады, маған жұмыс жоқ, қыс тая нып қалды, о жақта үйлерiн жылытпайды, жарық та жанбайды. Сосын балаларды ауыртып алмайық деп... Ал, ақылдасуға, өздерiңiз шəтшəлекейлерiңiз шығып... Папам көшiп келiңдер дедi, көшiп келдiк. «Келiннiң де тiлi шығайын деген екен, қош, жағдайлары болмаса, көшiп келгендерi де дұрыс. Ал құдамызға барша билiктi кiм берiптi, баса-көктей, бiзге ескертпей, көшiп алыңдар дейтiндей». – Жақыпжан айналасының тарылып, «Е, етiгiң аяғыңды қысса, дүниенiң кеңдiгiнен не пайда...» дегенге сайып, тезiрек жөнеуден басқа жөн таппағандай кете берiп: – Ақшадан қысылсаңдар, мiне, адрес, – дедi келiнге ендiгi мекенжайының бағдарын, телефон нөмiрiн қалдырып. – Ата, рақмет, əзiрге бiз... мен де жұмысқа тұрамын ғой. Димашқа мамам бiр танысы арқылы бас мамандық қызмет тауып қойдым деген кеше. Ол соған кеттi. Осыны естiгенде атасы одан сайын тарылды. *** Димашқа расы, енесi нотариус кеңсесiнен жұмыс тапқан-ды, бiрақ жалақысы аз, алыс, қатынауға қиын. Астында көлiгi жоқ кiсiге бiр көлiктен екiншiсiне аударылып барудың өзi күш. Оның үстiне бастығы да жаланып тұрған əйел. Дүниеде əйелдiң қоластында қызмет iстегендi жаны қаламайтын ол ең əуелi осыған қиналған. Бастығың ер адам болса, созбұйдаға салынбай, iсiңдi атқар, жөнiңмен отыр. Ал бастық əйелге жағынуың керек, комплимент айтып, жалпақтауың керек. Туған күнiне, əр мейрам сайын сый-сияпат ұсынып тұруың тиiс, тағы тағылар... Қырықтан асқан кəрi қыздың бабын таппақ түгiлi, өз отының түтiнiн қай жақтан шығарарын бiлмей жүргенде, бiрде бие, бiрде түйе əйел мiнезiн қайдан танып бiлсiн-ау бұл Димашың?! Халық соты кезiнде қарамағында əлденше адам бар-ды. Бастық айтты, бiттi, қиыс мiнез
танытқан бiреуi жоқ. Астында ақбоз «Ауди» – көлемi шақтау қаланың кең көшесiмен құйғыта жүрудiң өзi кiсiге сес. Сотқа кiмнiң iсi түспейдi, алшаң басып кеңсесiне кiре бергеннен-ақ алдын тосқандар жау жапырақтай жапырылыса сəлем етуде. Сүлесоқ қалпымен бас изей өте шығады. «Қабылдау күнiне жазылсын!» дейдi хатшыларына. Болды. «Сорлыға келгенде сот та қателеседi» деуден аулақ, əдiлдiк таразысының тең түсуiне барын салады. Əй, əйткенмен... жаңсақ басқан кездерi де аз емес-тi. Жемсауына параны əбден тығындап алған прокурордың амал-айласына құрық бойламайды. Бұл сықылды келiмсек емес, жергiлiктi, тамыр-таныс жыртылып айрылысады. Тəжiрибесi шамалы, əрi жас – бұл табандылық көрсеткенмен, айлакердiң құрған ауынан шыға алмай бұлқынған кездерi аз болмайтын. Мiне, осы есептi, дардай қызметiнен босап, туып өскен ортасына тезiрек оралуының сылтауы да тiлiнiң ұшында. Шешесi қайта қуанды, қасына көшiп келгендерiне. Əкесi өз басы мен əлек: жасы жер ортаға жеткенде отбасын iрiтiп, өзгеге үйленiп кету оңайға соқпас. Балаларын да қимайды, əсiресе үш-төрт қарадомалақ немере-жиендерiн. Димаш қанша ойланса да, əкесiнiң неге бүйткенiне көзiн жеткiзе алмайды. Шаң-шұң қай шаңырақта да. Ал соған бола басқа шаңыраққа қоныс тебе салу деген ақылға сыймас. Анасы Балқия да бұған дап-даяр жауап таба алмас-ты. «Сүйiп қосылмадым» деуi иланымсыз, олай болғанда, əуелде-ақ ажырасып кетулерi керек те, жөн де едi. Қызық, ə, сонда кiм кiмде қалар едi! Əпшесi Майра сөзсiз анасының қолында қалады. Ал өзi? Папасы соттасса дағы өзiне қаратып алады. Сəби кезi ғой, таңдауды бұл қайдан бiлер. Өгей шешеге қараған күнi құрысын! Өксумен өтер едi өмiрi... Димашқа бұл қызметi орнықты емес, түптiң түбiнде басқа, орталыққа таяу əрi жалақысы молдау қызметтi қамтуы керек екенiн ұққаны екiбастан. Қазiргi қатардағы заңгер жұмысы көңiлiн қоңылтақсытады. Əрлi-берлi жолының өзiне күнiге төрт жүз теңге кетедi, шай-су iшетiнi тағы бар. Темекi тартпайды, əйтеуiр. Қонақта, тағы басқа отырыстарда ептеп ұрттайтыны бар, Арқалықта мұны орнынан мызғытпай, жылдан аса отыруына осы iшiмдiкке онша əуестiгi жоқтығы себеп. Əйтпесе,
қайда, арақты iшкiзiп-iшкiзiп, бəле жаба салатындар аз ба. Арқалықты ойласа iшi күйедi. Бастықтың аты – бастық, саған көп жұрт тəуелдi. Аузыңа қарайды, жалпаң қаға алдыңнан қия өтпейдi. Халық соты оның үстiне. Шыдай тұру керек пе едi. Жарық та орнар, үйлер де жылытылар, үдере көшкен ешкiм жоқ, тек бұлар, атасының үгiттеуiмен. Ол қу адам, əке-шешесiнiң отбасына жарықшақ түсуiн күткендей-ақ, «дереу жетiңдер, үйдi басып қалыңдар!» дедi. Ал өздерi көптен тұрып жатқан кең үйлерiн сатып, банкiден несиеге ақша алып, салынып жатқан жаңа үйлердiң төлеуiне аударған. Ипотека деген талайды итшiлеттi. Банкiлер қаңырап қалды, оларға тəуелдi салынып жатқан үйлер де қабырғалары ырсия тұрып қалды. Үйсiз-күйсiз қалғандар қаншама... Өстемiр кезiнде əжептəуiр қызмет атқарған. Баласына екi бөлмелi су тегiн үй алып бергенi де сол дəрежесiнiң арқасы. Бүгiнде осынау беделден жұрнақ та жоқ, қатардағы зейнеткер, қысылып-қымтырылып ұлына əперген үйде бəйбiшесiмен отырған жайда. Балқия күйеуiмен ажырасқанына көпе-көрнеу мəн бермегендей салқын мiнез аңғартқан. Балаларына, əсiресе, езiлiп, мүжiлгенiн сездiрмеу. «Əу баста оған сүймей қосылғамын...» дегенiне өзi сенбеуде. Неге əйтпесе, бiр шаңырақтың астында нешеме жыл түтiн түтеткен. Ұлды, қызды болды, тағы бiр бала жастау кезiнде шетiнеген. Тұрмыстарын оңалтты, балаларын аяқтандырды. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұратын үй жоқ дегенге сайса, Жақыпжанмен ұрыс, керiссiз өткiзген күндерi жоқ десе де. Талай-ақ Жақаң: – Тойдым сенен, кетем, – деп буынып-түйiнiп жолға шығатын. Кетпегiн деп бұл етегiне оратылмайтын: «Мейлiң, жақсы қатын тауып алсаң, қой деппiн бе...» – дейтiн де мiз бақпай отыратын ғой. Бəрiбiр күндердiң күнiнде жадап, жүдеп отағасы қайтып келетiн. – Қарным ашты, ащылау кеспе жасашы, – дейтiн жымың қаға. Асқа қылап Балқия жұмсақ еттi турамшалап, пиязбен қуырып, кеспесiн қияқтай етiп, бұрыш, шөптер қосып, исiн бұрқыратып салма жасайтын демде. Ақ шəйнекке бұқтырып, екi-үш тал қалампыр қосып, шайын əзiрлейтiн де алдына қоятын күйеуiнiң. Оның: «Əлгi...» деп иек қаққанынан-ақ серванттағы сақтаулы коньякты мөлтiлдетiп əкеп
қоятын. Күйеуiнiң көздерi жайнап: «Əй, сен қатын ба, мықтысың-ау, тек қу мiнезiңдi қойсаң...» деп алдарқатып, жақсы шүйiркелесiп, соңы ыстық құшаққа ұласатын. Сонда қайсы «сүймей қосылғандары»...» Теке тiрес сiреспе мiнез екеуiнде де жетiп артылатын. Бiрi тым құрыса, иiле салса, «е, сенiкi жөн» дей салса. Балаларынан да ұялмайтын, қатты шаң-шұң шыққанда Майра кiшкене Димашты қолынан ұстай тысқа ұмтылатын. Саябаққа ма, тағы бiр жерге барып, кештi батыратын. Əке- шешесi iздеп келмей, мiз бақпай отыра беретiн. Əсiресе, қыстың ызғарында қиын. Димаштың сөйтiп ақыры соңында өкпесiн суық ұстап, екi жақты қадақ болып, бəлнесте ұзақ емделгенiн бұл екеуi қайтып естерiнен шығарар, ə. *** ...Бұ жолында Жақыпжан қайтып келмедi. Келер деп күткен Балқия да жоқ, балалары қасында, көңiлi тоқ. Екеуiнiң де жұмыстарынан келер кезiне кешкiлiк асын даярлап, дастарханын жайып, тағатсыздана күтiп отырғаны. Жақыпжанның да келерiн өстiп тосатын. Ол болса сарғайтып барып түннiң бiр уағында оралатын. «Қайда болдың осыншама?». Жауапсыз қалған сұрағын əрi қарай қаузамайды. Екеуi екi төсекте терiс қарап жататын. Кең төсек те, кейiнгi сатып алған, олардың араларын жақындатпаған. Қайта алшақтата түспесе. «Е, төсегiмiз бөлiндi, ендi iргемiз бөлiнер...» деп жүргенiнде, мiне, жерден жетi қоян тапқандай: «Кетемiн, басқа əйелден қызым бар..». Күйеулерi талақ қып тастанды атанған талайларын көрiп те, аралас, құралас болып та жүр ғой. Əр əйел əрқалай – бiрi сабыр қып сарғайса да отырар балаларымен iштей тынып; бiрi қудалап, қуғындап, арызқұрыз жазып, бiрi – есiнен алжасуда. Балқия ойлайды: «Бұл еркек қасқаларға не көрiнген? Бүгiнде от басын ойрандап, жылдар бойына қалыптасқан тiрлiгiнiң тiнiн үзiп, балаларын тастаған ұябұзар еркектер неден қағында, ə? Ал анау əйел ше. Бiреудiң шаңырағын шайқалтып тапқан бақыты баянды болмақ па. «Не строешь счастья на несчастье других!» деген орыстың сөзi дана ғой, ə». Iшi удай ашиды, сөз жоқ, оңашада көз
жасын сығып жылап алатыны өтiрiк пе. Келiн-баласына сыр бермейдi, немерелерiмен алданады, қу тiрлiк қашанда тiрлiк! Байым тастап кеттi екен деп буынып өле қалу керек пе. Көндiгер, амал не. Алдымен Күлəйна, бiр сағатты оздырып Димаш төбе көрсетедi. Жуынып-шайынып, балаларының бетiнен сүйiп даяр асқа отыра-отыра қалысады. Күлəйна күлегеш, бiр сөз айтады да күледi. Димаш: – Күл-Əйда! Айтсаңшы, неге мəзсiң, бiз де күлейiк? – Жəй, əшейiн, жұмыста бiр қызық... – Айтпаймысың? – Тамақ iшейiк те, қарным ашты, мамам тамақты дəмдi даярлайды екен. – Əлгi сорлы не тамақ iшiп жүр екен... – Балқия күрсiнедi. – Сорлы демеңiз. Жамандамаңыз, одан да мына шамдалды, анау кiлемдi жамандайық. – Димаштың сөзiне Күлəйна шашалып қала жаздайды, Балқия езу тартады. Екi бала да бiрiн-бiрi түрткiлей мəз. Есiктi өз кiлтiмен ашып, мəз-мейрам отырғандардың үстiне созалаңдай Жақыпжан келе қалмаса де. Күлкi тиылды, бəрi соған тесiреюде. «Кел, асқа отыр» демесе, состия тұра берер ме едi. Өз үйiне өзi бөтен болғанды тұңғыш сезiндi, не деген ауыр тауқымет. «Жəй, балалар қалай орнықты екен деп, қаражаттан қыжалат көрмедi ме екен деп. Мына боқмұрындар, қалай, əжесiнiң мазасын тым алмады ма екен деп...» – «Дептi дептiнi» көбейтпей, кiлттi тастап кет! Бұл үйдiң есiгi бұдан былай саған айқара ашылып тұрмас-ты, ұқтың ба? – Балқия төбеден қойғандай айтып салар қияңқы мiнезiне қайта басты. Балалары ыңғайсызданды. – Қой, мама, қатты кетпеңiз. Əкем сiзбен əлi заң жүзiнде ажырай қойған жоқ қой. Жəне де, бiзден безбес-тi əкемiз... – Димаш, дұрыс айтасың, мен сендерден безбеймiн, безу ойымда да жоқ! Сен тiлiңе ие бола отырғын, шын дауласқың келсе, сотқа
барармыз. Кiлтiңдi берейiн деп келдiм, бiр жағы. Құжаттарым да қалып қапты... – Онсыз да ақсұр өңi шаңыта, дембелше кеудесi сыздана Жақыпжан орнынан тұра жатын бөлмеге бас қойды... – Сот керек болса, алдарыңда, қане, кiмнен қорлық, кiмнен – зорлық? – Димаш «мантиясын» кигендей қимыл жасап, басына қаракөл бөркiн төңкере, креслоны сырғыта төр жақта қонжия қалды. – Сен, Күлəйна – адвокатсың, яғни қорғаушы, ал екi бала – заседательдер». – Димаш үй iшiнде «сот» құрды: «Сiз – əке – айыпкер, анамыз – айыптаушы. Заң қуалаушы. Кəне, орындарыңнан тұрыңдар, сот басталды?» Оның бұйрығына ешкiм қозғала қоймады, тек екi бала диванда секiрiп ойнақ салуда. «Отырыңдар!» деп əкесi ақырмаса, əлi де ескi диванның бұрандасын үзiп, топсасын топалаң астырар ма едi. –Сенi он бес жыл оқытқанда, мен қалайынша айыпкермiн, айтшы, Димаш?.. – Балық басынан шiридi, отбасына iрiткi салған сiзсiз, əке. Сондықтан да жауапқа тартамыз. Ал, себебiн айтыңыз? – Не себеп, шешеңнiң мiнезiн өзiң бiлесiң, ұрыс-керiс шығармаса, көңiлi көншiмейдi. Сендер ес бiлгелi, осы үйде ұрыс болмаған бiр күн, бiр түндi еске түсiршi, кəне? – Өзi ғой бастайтын, жоқ жерден ши шығарып, бəле iздеп... – Айыптаушы, сiзге сөз тиген жоқ, сабыр сақтаңыз. – Қорғаушы, сөз сiзге! – Мен екi жаққа бiрдей қорғаушымын ба? – Күлəйна дөңгелек көздерiн аудара, төңкере күйеуiне қарады. – Иə. Ал айыпкер туралы не айтасыз? – Атам ба, атам жақсы адам. – Жақсы адам екенiн немен дəлелдейсiз? – Ол, ол...
– Айыптаушы, сiзге сөз! Тек шындық, еш жаласыз. – Жала жабайын деп тұрған мен жоқ, отыз жыл отасқанда... – Сiз – айыптаушы, яғни, айыпталушы емес, ендеше сөз – жеке бастың қам-харекетi емес. – Е, бəрiбiр емес пе? Жақсы. Бұл кiсi қарабасының қамын ғана көздеген, осы жолы кетерiнде де: «Өзiм үшiн бiр күн болса да өмiр сүрейiн»... деуiнiң астарында не жатыр. Бiр ғана қарақан басын дiттегенi... – Айта берiп қайтесiң? – Сен өзiң айтқыза беретiн! – Тоқтатыңыздар! Бұл – отбасының ұрыс-керiсi емес! – Димаш оқтаумен үстелдi қойып қалды. – Өз рөлiңiзден шықпаңыз, айыптаушы. Бiраз үзiлiстен соң: – Қорғаушы, сiз не дейсiз жəбiрленушi жайында? – Маманы айтасыз ба! Жалпы жақсы адам, бала десе жанын үзiп беруге бар. Əттеген-ай, тек тiке айтып салатын тоңқ мiнезi болмаса... Күлəйна сықылықтай күлiп алды. Балқия шамданды. Жақыпжан жымың ете: – Ақсарбас! Менi де түсiнетiн бiр адамның табылғанына шүкiр! – Тағы тақырыптан ауытқыдыңыздар, екеуiң де шаңырақтың шайқалғанына жауаптысыздар. Теке тiрестен, ерегiстен не таптыңыздар? Бiр-бiрiңе төзiмдiлiк жасамасаңыздар, «сен тұр, мен атар» деп қашанда қасқайып тұрсаңыздар, бiрiң кiшiрейiп, кешiрiмдi болмасаңыздар... ендеше, отыз жыл бойына ортақ қазан-ошақ болғанмен, ортақ тiл таба алмасаңыздар.. сот шешiмi – ажырасу жағында! – Димаш оқтаумен үстелдi қойып қалып: – Ендiгi шешім-вердикт заседательдер ұйғарымында... – Қараса, екi бала диванның екi басында тоңқайып ұйықтап қалыпты. Бiреуi – «тарс» дегiздi...
– Қой, «заседательдер» ұйықтап қалыпты... – Мама, сiз демалыңыз, мен ыдыс-аяқты жуайын, балалардың кiрқоңын да жуып тастайын. – Күлəйна сықылықтай күлiп үй шаруасына бiлек түре кiрiстi. Димаш газет қарауға жатын бөлмеге ойысты. Жақыпжан: – Иə, бəйбiше, көңiлiң орнықты бiлем, мiне – кiлт, ендiгi келгенiмде есiктi өзiң ашарсың, «күлiмдеп». Ал сау тұрыңдар, – деп кiлмiк көздерi жымың ете сыртқа беттеген. – Дұрыс қой. Қайтып келер есiктi қатты жаппас болар... – дедi дағы келiнi Балқияға: – Мен жылауға кеттiм... – дедi. АДАМ КҮНI АДАММЕН Жұмыстан шыққан Нағиманың үйге қайтқысы келмедi. Ел буыншақ- түйiншегiн арқалап апыл-ғұпыл есiкке ұмтылғанда, бұл өйтпедi. Столдың үстiн тағы бiр қарап, артық-ауыс қағаздарын тартпаға салып, шəлiсiн қымтай бүркенiп есiкке беттедi. Тегiнде жұрт Нағимаға тым ықыласты. Жұмысқа келгенде де, көрген жерден «көңiл-күйiңiз қалай, балалардың денi сау ма?» – деп жапырыла амандасып, жай-жапсарды сұрасып жатады. Нағима шүкiр деп, салқын раймен рахмет айтады. Салқын болайын демейдi. Көңiлi сол зiлдей болып, қара тасты жiпке керiп байлап қойғандай төмен тартады да тұрады. Далада ақ қырбық қар себелеп жауып, бетке инедей қадалады. Ауа райы бiртүрлi бұзылып, дененi қорғасындай басып тұр. Қыс десе – қыс емес, көктем десе – көктем емес. Жер шылқылдақ, ал оның үстiне ағаш жаңқасындай үгiтiлiп ұсақ қар түйiршiктерi түсiп жатыр. Айнала көк бурыл, дымқыл тұман. Алқымнан баса түсiп, тынысты тарылтады. Онсыз да басыңқы көңiлдi құлдыратып мысын құртып тастағандай. Нағима одан əрмен езiлiп, аяқты зорға басады.
Денесi жерге тартып, келе жатқан бетiнде етпеттей құлай кетiп, тырп етпей қатып қалар ма едi дегендей, бiр кеудiрек күй көңiлiн күйрете түседi. Көкiректегi құсаны адам көтере алмауы мүмкiн, ал қара жер бəрiн де көтерсе керек-тi. Сондықтан, жер бетiнде қаншама адам, бiрi – қуаныш арқалап, бiрi – қайғы арқалап жүр. Қара жердiң қойнына сүңгiгенше қыбырлап жүре бермек. Үйге барғанда да осы ауыр жүгiн арқалай жүредi. Балаларына жыбырлап жүрiп тамақ iстейдi. Бетiне жаутаңдай қарап, əлде бiр жақсы үмiтке телмiрген оларын жұбата аларлық жылы сөзi болса – жақсы. Ал болмаса, қам көңiл сорлыларының жанын жүдете түскенi ғой. Телефон шар етсе де, есiктiң қоңырауы щылдырласа да алаңдап, бəрi соған ұмтылады. Есiктен Ол кiрiп келердей, жан-жақтан у-шу боп қаумалаған балалары құшақтап, қойны-қонышынан бiрдеңелердi алып берiп апыл-ғұпыл ас үйге ұмтылардай боп тұрады. «Түу, мамаларың бiр тəттi ас iстеген екен. кəне, Нағима, дастарқаныңды жайып жiбершi», – деп аңқылдап тұрғандай. Үй бөлмелерi қаңырап бос қалды. Ешқайсысы ол жаққа баспайды да. Бəрi үйме-жүйме боп ас үйде отырады. «Мама, осында жата салайықшы» – дейдi Гүлнəш. Түн азабы бəрiнен де ауыр. Əрi аунап, берi аунап, қасiрет уыты өршiп жүректi жырым-жырым тiлгiлейдi кеп. Қинала зорға барып ұйықтағанда, түннiң бiр уағында шошып оянады. Бос жатқан қасындағы төсектi көргенде құлазып кетiп, елiрiп дəлiзге ұмтылады. Содан бiр кезде балаларының қасына барып жан сақтайды. Осылар ғой – ендiгi үмiтiм деп, медет тұтқан болып, тыныш тауып, көз шырымын алады. Ертеңгiсiн жұмысына барып, iшiнен тынып, кеудесiн сүйретiп жүрген болады. Үндемейдi, шешiлмейдi, бұйығы, жабығыңқы. Бiрге iстейтiн қызметтестерi шетiнен сыйлап, қас-қабағына қарайды. Балаларына мейрам сайын тарту жiберiп, өзiнiң жалақысының үстiне де сыйлық деп, анау деп, мынау деп, ақша қосып жатады. Мұның бəрi де жақсы-ақ. Бiрақ адамның орнын толтыра алмайды, ойсыраған көңiлдiң де кем-кетiгiн толтыра алмайды. Оны барлық жерде жоқтайды: үйде де, түзде де. Ал үйге кiрсе болды, күнi бойғы
төбесiнен арылмаған көк тұман сүйретiлiп қоса кiредi. Бұл жерде салмағын тереңiрек батырады. Ащы өзектен көк запыранды құсқызардай, азапты-ақ. Əр бөлменiң төрт керегесi сұңқиып соны жоқтатады. Ақыр аяғы, радиодан бiр жақсы əн естiлсе де, тыңдаушысын жоқтап тұрғандай... Егер ол зəуде бiр жоқ болса, үйдегiлердiң əрқайсысының басты бiр нəрсесi жетпей тұрғандай болушы едi. Бiреуiне əке, бiреуiне жар болғаны өз алдына, бар үйелмен бiр механизм болса, сол механизмдi өзiне тəн қозғалысқа келтiретiн тетiк-двигатель – қозғаушы күш сол сияқты көрiнетiн. Онсыз бұл үйдiң тiршiлiк тынысы тоқтап қалатындай. Со ған орай, ол отбасы тұрмысына килiгiп, жөнсiз араласпайтын да. Үйiшiнiң ыңғайынан əсте шықпайтын. Нағиманың дегенi оған қашан да жөн. Кiшкентай Гүлнəшқа дейiн оны билеп- төстеп, айтқанын iстеткiзiп отырғаны. Үй болғасын кiсi кеп жатады. Кейбiрде опыр-топыр, үстi-үстiне үйiлiп келедi. Төсек-орын да жетпей қалатын кез болады. Сондайда: – Нағима, мен мұнда-ақ жата кетейiн, қысылып қалмаңдаршы, – деп, өзi ас үйге ме, балконға ма жеңiл-желпi бiрдеңенi жастана сап қисая кететiн. Бiр нəрсесi орнында тұрмаса, дiгерлеп үй iшiндегiлердi бiр қуысқа қуып тығатын да ол емес едi: кең де көнбiс-тiн. *** Бүгiн үйiне əдейiлеп қайынсiңлiсiн шақыртқан, балалардың қасында бола тұрарсың деп. Нағима өзi жұмыстан шыққан бойда жақын маңдағы кинотеатрға беттедi. Өзi өз боп бiр жылдан берi бой сергiткенi бұл. Бiр сəтке болса да көңiлдi аулатып, жүрiп жатқан фильмдердiң бiрiне кiрiп алдана тұрармын дегендей ойда-тұғын. Кинотеатр алды ығы-жығы. Тап сеанс басталатын кез екен. Кассаның алдына барып болатын емес. Иiн тiресiп, сығылысып жұрт алақандай терезеге ұмтылады. Кiлең жастар болғансын бiрiн-бiрi итерiп, жұлқыласып, тартысқандары өздерiне келiстi. Ал Нағима сияқты
егделеу басалқылары шеткерiрек тұр. Нағима бiраз аңтарылып тұрды да, ұзын құйрықтың соңына барып кезек күттi. Əрі тұрды, берi тұрды. Алды-артынан түймештеп, жұлмалап жұрт кассаға емес, басқа бiр жаққа еңсерiп əкетiп барады. Төбесiнен ырғи маау, аяғының астынан өте ме, бiр түсiнiксiз жəйт. Əншейiнде осының бəрi Нағимаға қызық көрiнер едi. Жүрегi қысылып аузына тығылды. Басы айналып, үй керегелерi бiр жаққа қисайып бара жатқандай. Қой, шығайын деп, керi ұмтылды. Ендi сыртқа шығуы бiр мұң болды. Ел алға итередi, сəл аялдасаң, аяқтың астында қалғандайсың. Зорға сытылып шеткерiрек шықты. Қайтып кетейiн дедi де, сол ана қараңғы залға кiрiп, бiр жарым сағат бойына экрандағы өзге дүниенiң қызығына алдана тұрмаса, көкiрегiн жегiдей тескен дертiнен бiржола опырылып қалатындай сезiнiп, аласұрып асықты. Бұрын билет табылмай қалғанда бəз бiреудiң администраторға кiрiп, жəй-жосығын айтып, керегiн алып шығып жатқанын талай көрген. Сондай бiр ой сап еттi де, «администратор» деп жазылған есiкке беттедi. Ақырын есiктi ашты. Табалдырықтан жасқана аттады. Əйел отыр екен. Басын кекжитiп, бұған алара қарады. Тегi жақтырмай қалғаны айқын. Қоңыр түбiт шəлiсiн маңдайына түсiре байлап, қаракөл жағалы пальтосының өңiрiн қусыра түймелеп, өңi жүдеп, өзiне жасқана қараған бейтаныс бiреу бұған тым қораш көрiндi ме, бiрден сөздi: «Саған не керектен» бастады. Нағима айтар сөзi өңешiнде тығылып сұлқ тұрып қалды. – Не керек деймiн, сiзге? – дедi əйел бұйра басын сiлкiлеп. – Мен сiзге... билет тауып бере ме деп, аңда кiсi көп екен, – деп Нағима сөзiн аяқтар-аяқтамастан бастық əйел орнынан ұшып тұрып одыраңдай жетiп келдi де: – Билеттi мұнда емес, кассада сатады, – дедi. – Бiлем, ғой, сонда да. Əйел мұның бас-аяғын сүзе тағы бiр қарап: – Куəлiк документiңiз бар ма? – дедi. – Қандай куəлiк?
– Осы кинофикация қарамағында iстейдi деген. – Жоға, мен жəй экономистпiн. – А онда басты қатырып неғып тұрсыз. Шығыңыз! Нағима аңырайып, қалшиып тұрып қалған. Орнынан қозғала алсашы. Аяғы құдды жабысып қалғандай еденге. Бiр сəтте өзiне-өзi келдi. Ашу-ыза кернеп кеттi өнбойын. «Əкiреңдеген неме, бас салып, түте-түтеңдi шығарайын ба!» Бiрақ, өйткенде не шығады. Мұныкi жөн. Бейтаныс бiреудiң бастықтың үстiне баса-көктеп кiруiне бола ма. Қой, кеткен жөн болар. Қап, мынау, шолақ байталдың қорлығы-ай! Жолындағыларды итере-митере сыртқа ұмтылды. Кинотеатрдың алдына шығып ап, ендi қалай жүрерiн бiлмей дағдарсын. Аласұрып тұр. Намысы өртеп барады. Бiр жүзтаныс бiреу кездессе, жабыса кетiп, мұңын шағып, iшiндегiсiн ақтарып алар едi-ау. Сонысына орай бiр таныс адам кездессешi. Мұнымен ешкiмнiң жұмысы жоқ. Екеу-екеу қолтықтасып залға кiрiп барады. Келе жатқандардың əрқайсысына тыпырши үңiлiп тұрғандар бар. Бiреудi тосушылар. Осылардың жанында Нағима да бiреудi тосып тұрғандай. Несi бар, ондай да кезең өтiп едi-ау басынан. Сол тосқаны əлi есiнде, тап осы арада. Онда осы кинотеатр үйiнiң орнында басқа ғимарат тұрған; жапырайған, ұзынша ағаш үй едi. Бiр-ақ залы бар, төбесi аласа, алдында фойесi де жоқ, бiрден залға кiретiн. Бiр түнде ол үй аяқ астынан өртендi. Түк қалған жоқ. Басқаларға өз алдына, ал Нағималарға оның өртенгенi жаман батты. Қаланың ортасындағы екi кинотеатрдың бiрi – осы едi. Алдында парк бар, жастар үйiлiп осы маңнан шықпайды. Өртенген үйдiң орнына жаңа театр салынды. Биiк, залдары кең, орындықтары ыңғайлы, фойесi, буфетi, концерт қоятын жерi бар – қаладағы ең көзтартар сымбатты үйдiң бiрi. Амал қанша, жаңа кино үйiнiң қызығын Нағима көп көре алмады. Бұл кезде ол балалы-шағалы; үй-жайы, тiршiлiк-қызметi, келiмдi-кетiмдi кiсiсi бар дегендей, тұрмысқа белшесiнен батып, кино түгiлi мезгiлiнде жатып-тұруға мұршасы келмейтiн. Анда-санда балаларын бiреуге
тастап, екеуi соңғы сеанстардың бiрiне кiргенде де, фильмнiң аяққы кадры бiтер-бiтпестен өкпелерiн қолына алып үйлерiне жүгiретiн. Əлде басқа сыры бар ма, кiм бiлсiн, Нағимаға сонау бұрынғы ағаш кинотеатр үйi əлдеқайда ыстық көрiнедi. Киноға келген кездерiн, парктың iшiн аралап қыдырып жүргендерiн, сондағы сыр ақтарысып əңгiмелескендерiн сағына еске алады. Бiр бейқам еренсiз дəуiр екен ғой ол. Ендi қайталанбас, арманды сəттер боп қалғандай. Əлде, өткен кездiң бəрi сондай ыстық бола ма? Бəлкiм солай да шығар? Өйткенi ол өткен күндерде жастық қалып барады ғой. Ал жастықтан, адамның жастық дəуренiнен артық не бар дүниеде! Сондайдың қадiрiн адам неге өткiзiп барып қана бiледi екен. Бүгiннен ертең, ертеңнен одан арғы күн жақсы болардай адам күнiн санап асығады. Сөйтiп жүрiп көп нəрсенi қолдан жiберiп алғанын байқамайды да. Сонда ол қайда асығады? Кəрiлiкке ме? Өлiмге ме? Сол күнi екеуiнiң алғаш танысқаны. Университеттiң екiншi курсында оқитын. Сондағы өзiнiң түр-тұрпатын əлi ұмытпайды. Есiне алса, əлi ұялады. Қара сирақ, жалбыр кекiл, бадыраң көз, елiктiң лағындай үркiп тұрған бiреу. Қаланың қызы болам деп қос бұрымды қайшымен қиқалап кесiп түсiрген. Онысын не дұрыстап сəнге келтiрiп жөндеген де жоқ, жұлма тайлақ құсатып бет-аузын, иығын жаптырып бос жалбыратты да қойды. Өзi сырықтай ап-арық, сидиған аяғына биiк өкше туфли киiп, онысымен қиқалаң-қиқалаң етiп жүре алмайды да. Танысқан күнi жiгiт мұны киноға шақырды. Бұл дегенiң бiраз көнбей бəлсiнiп тұрып алды. Уақытым жоқ, сабақ қиын деп сылтауратады. Сөйтiп тұрып келiстi. Кешкi алтыда кинотеатр алдында кездеспекшi болды. Не де болса бiр сағат тостырып əбден сiлiкпесiн шығарайын деп, ал өзi кештi батыра алмай дегбiрi қашып, аһлап-уһлеп, күнi бойы əлекке түсiп, ақыры жарты сағат бұрын жүгiрiп келгенi Нағиманың əлi есiнде. Əй, сондағы тосқаны-ай! Əбден жыларман болды. Ендi-ендi кетейiн деп тұрғанда тамам жұрттың iшiнен таныс бейне жарқ ете қалды. Сөйтсе жiгiт оны бiр сағат тостырған екен. Əдейi емес, бiр шұғыл жұмыс боп қалыпты. «Əй, өлген шығармын, ендi оны көруге жүзi
шыдамас» деп қара жер боп келедi екен. Нағиманы көргенде қуанып кетiп: – Түу, мына алдыңғы жақ неғып жарқырап кеткен десем, өзiң тұр екенсiң ғой, – деп күлiп бiлегiнен ұстай алды. Сондағы Нағиманың тұла бойы ду етiп, жүрегi əткеншекте секiргендегiдей сəл тынып қалып, есi де ауытқып кете жаздап, көзiн жұма қойғаны, сасқанынан күле бергенi – бəрi айна-қатесiз көз алдында. Қазiр есiне түсiрсе де, тап сол кездегi сияқты денесiн ыстық бу шарпып өткендей тұла бойы дiр ете қалады. Тұрмысқа шыққасын, егер Нағима күнделiкті тiрлiктiң ауыртпалығын көтере алмай қажып, сонда өмiрiнен тарынып бiреуге шағынып айтқанда, ол: «өзiң кiнəлiсiң, бiр көргенге ыршып шыға қойдың. Тие алмай қалам дедiң бе!», деп жат та табалар едi өзiн. Бiрақ, Нағима өйтiп тарынып та, ешкiмге шағынып та көрген емес... Отбасы болғасын ұрыс-керiс, кикiлжiңдер болмай тұрмайды. Жалғыз өзi бес баланы тəрбиеледi. Қызметi жəне бар. Күйеуi геолог, көбiне экспедицияда жүредi. Бiр басына жетерлiк-ақ қарекет. Əсте адам дүниеге келгенсiн осындай қарекеттердi көтеруге жаратылғандай көрiнетiн Нағимаға. Адам тiршiлiгi осы толып жатқан қарекеттерден құралады. Алға ұмтылыс, бiрдеңеге тырмысып жетем деушiлiктiң өзi де осы сияқты ұсақ-түйек тiршiлiктiң бiрiн аяқтап, тындырып, екiншiсiн бастағанның ара-арасында алғашқы тартылған бороздадай көсiлiп жата ма, кiм бiлсiн. Осылардың өзi даланың бiр гүлiнен екiншiсi сұлу боп көрiнетiнi сияқты, бiрiнен-бiрi жақсы боп алдандырып қызықтырып əкете бере ме, кiм бiлсiн! Иə, өмiрге бойлаған сайын осы «кiм бiлсiндер» көбейе бере ме, кiм бiлсiн... Оның жақсы көрiп айтатын бiр əнi болатын: Есiк алды қарасу – бойламадым, Дүние өтерiңдi ойламадым! Бiздерде арман деген толып жатыр – Өзiңмен бал дəурендi тойламадым. Белдеуге қос ат ұстап байламадым,
Дүние өтерiңдi ойламадым. Бiздегi армандардың ақ бастауы – Өзiңмен қол ұстасып ойнамадым... Солайы солай да шығар-ау, кiм бiлсiн!.. Сүйген жары өз ойлағанынан да артық, ақ жарқын, кеңпейiл, сабырлы жан боп шықты. Соған қарағанда деп ойлайтын кейде Нағима: бiр кездескенге тұрмысқа шыға ма, əлде байқап, талайды сын көзiнен өткiзiп барып шыға ма, əйтеуiр қыз пақырға адалынан кездестiрсiн де. Əйтпесе, осы күйеуiне Нағима тап бiр данышпандығынан немесе кереметтей бiр сұңғылалығынан ұшырасқан жоқ. Əйтеуiр əйел затының жаратылысында жазылмаған, бiрақ бұлжытпай орындалуға тиiс заң бар: адал болуы, кешiрiмдi, қайырымды, кеңпейiл бола бiлуi – шаңырақтағы басты нəрсе. Нағиманың өмiрден тоқыған қағидасы осы. Бiр күнi екеуi балаларды ұйықтатып тастап жəй əңгiмелесiп отырды. Үйде бөтен ешкiм жоқ, қонақсыз өткiзетiн iлеуде бiр сирек кештердiң бiрi едi. Сөз арасында күйеуi мұның бетiне күлiмсiрей қарай ұзағырақ тесiлiп қалды. – Қойшы, Ереке, неге сонша қадалдың? – Күйеуi одан əрi қарады, тағы күлдi. – Танымай отырмысың? – деп Нағима сəл шытынай қалды. – Осы оқыстан пайда болатын мiнезiң-ай сенiң! Елдiң өзi титықтап, өлейiн десе, уақыт таппай жүргенде... – Əй, Нағима-ай! Менi неменеге мəз боп отыр дейсiң. Сенiң шашыңа ақ кiрiптi, көз алдыңа, маңдайыңа əжiм түсiптi. Соған қарап екеумiздiң елеусiз өтiп бара жатқан өмiрiмiзге күлiп отырмын да. Уақыт дегенiң ұрланып өтiп, ұрымталдан оңдырмай бiр-ақ соғады екен. Мiне, сен де қартайдың... – Е, адам ендi қартаймай жүре бередi дейсiң бе? – Ал мен бар ғой, сырттан қайтқан сайын сенi сонау көзi бадырайған, ерке, шолжаң үркек қалпыңда елестетем де тұрам. Əй, бiртүрлi қызық едiң-ау. Ойлаушы ием, осы да басалқалы əйел бола ма екен деп... Ал сен болсаң, қартайып барасың...
Оның бүйтiп өздi-өзiнен ағытыла, қайдағы бiр мұңды өкiнiшке бата сөйлейтiнiн көрмейтiн Нағима. – Апыр-ау, Ереке, тап бiр ертең өле қалатын адамдай-ақ ақтарылып кеткенiң не сонша? – деген. Бiрақ ойында ешнəрсе жоқ едi. Сонда да: – Кiм бiлсiн, экспедицияда көп жүресiң, уылжыған жас қыздар мен атырынған келiншектер ұшырасады жолдарыңда. Соларға көзiң əбден үйренiп қап, үйдегi мен кемпiр боп көрiнетiн шығармын саған, – дей салған. Содан көп кешiкпей күйеуi геологиялық партиямен барлауға шығып кеттi. Геологтың əйелi күйеуiн ұзақ сапарға шығарып салуға да, оны ұзақ уақыт сарғайып тосуға да үйренген. Нағимаға да бұл сапар үйреншiктi көп сапардың бiрi боп көрiнген. Ол жоқта келiмдi-кетiмдi кiсi де саябырлайды, қайта осыны пайдаланып үйiн əктетiп, сырлатып, жинап-терiп алам ғой, ол келгенде дүмбiреп тұрсын деп жүрген. Мəңгi күтерiн бiлген жоқ. Күйеуiнiң осы сапары ақырғы сапар екенiн бiлсе ғой Нағима. Оһ, дүние-ай... Тым болмаса, ең соңғы қарасын, соңғы сəттегi бетiндегi бiр өзгерiсiн де сақтап қалмады-ау жадында... *** Кинотеатрдың алдында тiрi жан қалмапты. Нағима бағананың түбiнде селтиiп жалғыз тұр екен. Өзiнен-өзi селк еттi. Əлгi администратор əйел есiне түстi. «Япырым-ау, сол əйелдiң көңiлi əрдайым бүтiн бола бере ме екен... Өмiр бiрде олай, бiрде бұлай емес пе? Жоқ, əлде қасiрет бұлты бастарын торламайтын адамдар да бола ма екен өмiрде?» Осы жерде ол əлдекiмнiң тоқжарау, бүтiн көңiл, қамсыз тұрмысын күндеп тұрғандай ма, – қалай. Шошынып кеттi. Тумысында бойында жоқ қасиет. Ондайлық ұсақ, күйкiлiк күйден өзiн жоғары ұстаушы едi. Марқұм күйеуi де жақтырмаушы едi ондайын. «Қойшы, Нағима, өзiмiздегi жоқты елден қызғанамыз ба? Бас аман болсын да», – деп отыратын. Тап осы сəтте өзiнiң соншалық жасып, тарынып, күйiнiп
бейшара боп қалған қалпын бiреуге байқатпақ түгiлi, өзiнiң де көргiсi келмей кеттi. Дереу еңсесiн көтердi. Орамалын жөндеп байлап, бойын жазды. Жаңа əлгiнде ғана тəттi елестiң құшағында тұрмап па едi. Сол елестiң өзi қаншалық ыстық. Азын-аулақ өмiрдiң iшiнде тебiрене еске алатын сəттердiң болғаны да жақсы екен-ау! Ақ жауынның артындағы күндей, көңiлi бiртүрлi сергiп қалды. Бойы жеңiлейiп, аяғын лып-лып басып үйге беттедi. Мұның келуiн күтiп, əрбiр қыбырға елеңдеп, дегбiрсiздене тосып отырған жандар бар онда. Ыстық бiрдеңе пiсiрiп, жуындырып жатқызу керек. Сəл күтiмсiз болса, бабы келiспесе жүдеп қалады, бала емес пе. Дүние қызық құрылған өзi: адам өзiнiң бiреуге керектiгiн сезiнсе, өмiр ауыртпалығы да жартылай жеңiлейiп қалатын тəрiздi. Ол баяғы қыз күнiндегiдей арбаң-құрбаң басып басқыштан жүгiре көтерiлдi. Қамау терi алынған аттай сергек-ақ. Үйде Ерекең тосып отырғандай: бұл андасанда құрбышылап кеткенде, ол теледидарын көрiп, балаларымен дардар сөйлесiп отыра беретiн. Расымен үйден гүжiлдеп үн шықты. Соның үнi, жоқ əнi... Көзi қарауытып есiк сыртында тұрып қалды. Ендi сəл-пəлден соң жүрек кеуденi теуiп шығарардай. Үрей мен қуаныш араласқан қасқағым сəт... Бiрақ не екенiн өзi де аңғарудан қалған. Ерекеңнiң даусымен соның əнiн айтып бiр үн боздайды: Есiк алды қарасу – бойламадым, Дүние өтерiңдi ойламадым! Бiздерде арман деген толып жатыр, Өзiңмен бал дəурендi тойламадым... Магнитофон лентасы сыр ете қалды да сəлден соң құйқылжытып бiр эстрадалық əуезге басты.
МАХАББАТ ПЕН ЕРЛIК ИЕСI (Əз-ағаң жайлы естелiк) Бұл – бiр жағынан аманат сықылды. Өткен жылдың ақпан айының басында Президент резиденциясында президенттiк жəне мемлекеттiк стипендиялар иегерлерiмен Елбасымыздың кездесуi өткен едi. Қазақ үй бейнесiндегi шаңырағынан күн сəулесi құйылған ауқымды залға кiрмес бұрын шақырылғандар əр жер, əр жерде ошарылып отырған-ды. Əз-ағаңа жəне біздің атақты ғалымдарға жақындап, сəлемдестiм. Шып-ширақ, қунақ Əзекең ұшып тұрып бетiмнен сүйдi. Сəлден соң қасыма келiп: «Шəрбану, бiз екеумiз көп жыл бiрге жұмыс iстедiк. Көп жылдан дəмдес-тұздаспыз да. Кiтап əзiрлеп жатыр едiм, сенiң естелiгiң ғана болмай тұр, қалғандарын жинадым», – дедi. Мен келiстiм, бiрақ қай мерзiмге əзiрлеу керектiгiн сұрамаппын. Əрі: «Аға, мен сiз туралы жазып жүрмiн ғой, кiтабыма да енген», – дедiм. «Солардың басын құра дағы тездетiп қолыма тапсырғын». ...Арада бiр-екi күн өтпей Роза Бағланова дүние салыпты деген суық хабар естiдiк. Қабырғамыз қайысса да, қайтейiк, əлемнiң жарты патшасы да бақилыққа өтедi ғой. Қазақ əн дүниесiнiң жарты патшайымы едi ол... Теледидардың 31-арнасының «Инфорбюро» хабарын көрiп отыр едім: «Памяти Азильхана Нуршайыхова...» деп ағаның кiтаптарын көрсете бастады. Селт ете қағыс естiген болармын деп, хабардың қазақшасына да құлақ түрдім... Əз-ағаң жайлы көрсетiлiм де түсiрiп үлгерiптi, келiнi немересi еңiреп жылап тұр... Сұмдық! Күнi кеше ғана сап-сау, тып-тың адамның кенет көз жұмғаны қалай? – деген өкiнiш пен қайғы алқымымды буғаны. Амал бар ма... ***
1961 жылы мен университеттi тəмамдап, комиссия мүшелерiнен жолдамамен жұмысқа тың игерiлiп жатқан өңiрлерге жiберулерiн өтiндiм. Олар таң қалса да, қалауыма онша қарсы болған жоқ. Сөйтiп, жолдаманы Целиноград облысының бiр мектебiне алғамын ғой. Дəм тартпады. Сол жылы «Қыз сыры» тұңғыш новеллалар жинағым жарық көрген болатын. (Бұл кiтаптың шығу тарихы өте қызық. Айбынды партизан ақын Жұмағали Саинның сол кездегi баспа директоры Дыхаңа телефонмен хабарласуы арқылы шыққан еді). Дихан Əбiлев ағамыз дереу шақырды: – Сен қарындасым, не, тың игеріліп жатқан жерлерге кетпекшiмiсiң, ə? Онда не бар, жоғалып кетесiң ғой, аздан соң бiр пысықай жiгiт алып қашады да... – Алып қашса, несi бар? – дедiм. – Ендi ғана соқпақ салған, шығармашылық жолың үзiлiп қалады дегенiм ғой. Өзiңдi-өзiң жақсы таныттың, əрi қарай жалғастыру ойыңда жоқ па? – Қатты айтқаны сондай, үнсiз қалдым. Оның үстiне Мұхтар Əуезов мен туралы жақсы пiкiр жазып, деканатқа белгiлi ғалымдар – Темiрғали Нұртазинге, Сармурзина апайға табыстап: «Бұл талантты қызды қайтсеңдер де аспирантураға қалдырыңдар», – деп Мəскеуге кетерiнде қатты табыстап кеткен екен. Қайран ұлы Мұхаң, күншуақтай шапағатыңыз былайғы өмiр жолыма да сəулесiн түсiрiп тұрарын со жолы ұға алсамшы... Бағыма орай, сондай шапағатын түсiргендер: Дыхаң, Жұмағали аға, жəне Əзiлхан Нұршайықов едi. Əз-ағаң сол жолы бiрден Дихан ағаға телефон шалып: «Осындай да осындай... қызметке алу керек!» – дептi. Сөйтiп, «Социалистiк Қазақстан» – аға газетке əдебиет қызметкерi болып орналастым. Бұл жерде газеттiң бас редакторы Кеңесбай Үсебаевтың да шарапаты мол. Егер: «тəжiрибесi жоқ, жас адамды қызметке алуға болмайды!» – десе ше.
Мамандығым филолог болғанымен журналистiк қыр-сырға бiрденақ төселiп, меңгере бастадым. Очерк, суреттеме, əңгiмелерім газет бетіне шыға бастады. Əз-ағаңмен кейде газеттiң кезекшiлiгiне бiрге барамыз. Ол кезде нөмiр таң ата шығады, материалдар қолмен терiледi. Кезекшiлер оқып, түзеп, беттеп болған сон, «қырағы көз» – бiздер оқимыз. Едəуiр уақыт. Шаршаймыз. Сондайда Əз-ағаң жазған əңгiмелерiн қызықтап айта бастайды. Есiмде қалғаны «Қызыл көрпе». Бұл – белгiлi жазушы Жекен Жұмахановтың атышулы «Қызыл етiк» əңгiмесiне Əзекеңнiң елiктеп жазғаны. Жекен ағаның жазғанынан гөрi ағаның мəнерлеп айтқаны əлдеқайда қызғылықты. Бар əңгiмесiн – жазғанын да, жаза бастағанын да алдымен əңгiмелеп, майын тамызып айтатын. Жiгiттер ондайда қаумалап алатын. Тағы бiр əңгiмесi – Мұхтар Омарханұлына байланысты едi. Мен кейінтінде сол əңгiмесiн жазушы мəнерiн сақтай отыра жазып, алдымен «Мəдениет жəне тұрмыс» (қазiргi «Парасат») журналына шығарып, кейiннен «Сезiм патшалығы» кiтабыма енгiздiм. Қазақтың Андронниковы атанған Жекен Жұмахановтың талай-талай қалам тартқандарға ұстаз болғаны мəлiм. Солардың бiрi – менмiн. Ойлап отырсам, бүгiнгi қазақ əдебиетiндегi эротикалық жанрды бастаған Жекен де, содан соң – Əзекең деп түйемiн. Мiне, Əз-ағаң «Қызыл көрпе» əңгiмесiн бiзге айта бастайды. Қалғып-мүлгiп отырғанда, ұйқымыз шайдай ашылады. Сонда Əз-ағаң ақырын жымиып: «Шəрбану, сен жазушысың ғой,» – деп ашық кеткен тұстарының тiгiсiн бастырғандай болатын. Ол кiсi туралы кейде қызық оқиғалар да болатын: Бiрде Нүрипа, хат бөлiмiнiң қызметкерi кабинетiне кiрсе, Əз-ағаң түрегеп тұрған бойда сырт-сырт машинка басып тұр екен. Нүрипа аңқайып: «Өй, аға, сiз түрегеп тұрып та басады екенсiз ғой», – дейдi де, бастыруға əкелген хаттарын тастап шығып кетедi. Тағы хаттарын арқалап келiншек бiр кабинетке енсе, ондағы қулар жымың-жымың ете бұған қарайды. Келесi кабинетке енгенінде, бiр жiгiт шыдай алмай: – Нүрипа, қалқам, Əзiлхан ағаң қалай? – дейдi де, ар жағын айта алмай күлкiсiне шашалады. Сонда барып қаперiне iледi: Əз-ағасы бөлмебөлмеге бұл аралап болғанша «өй, аға, сiз түрегеп тұрып та
машин ка басады екенсiз ғой» дегенін сан-саққа жүгiртiп, қызық қып айтып үлгерген екен... Əзiлхан Нұршайықовтың жазушылық даңқын шығарған «Аңыз бен ақиқат» жəне «Махаббат, қызық мол жылдар» кiтаптары екенi айдан анық. Алғашқысына Республика Мемлекеттiк сыйлығын алса, соңғысының жастың да, кəрiнiң де жастығының астына жастанып жатып оқитын бесцеллер кiтабына айналғаны рас. Сол кезде неге екенiн, ақындардың жыр жинақтары дүкен сөрелерiнде сiресiп өтпей тұратын. Бiрде Əз-ағаңның кiтабын Ғани Ормановтың бiр томдық жинағына қосып сатып жатқанын көрдiм. «Махаббат, қызық мол жылдар» кiтабы өзімде болса да сатып алып, ағаның өзiне қаттаулы қалпымен апарып бердiм. Ол кiсi сол кезде инфаркт болып «Совминнің» ауруханасында жатқан кезi. Тiлеуiн тiлеп, алдында палатасына кiрiп шыққанмын. Тағы барсам, «карантин» деп кiргiзбейдi. Шарбақтың сыртында тұрмын, бiр кезде медбике қыздан бiр жапырақ қағаз жазып жiберiптi. Онда: «Шəрбану! Құйрықты кiтабың құтты болсын!» дептi. Күлiп, тəуiр болғанына да қуанып қайтқанмын. Соңыра сол жазғанын өзi сұратып алған, сiрə, мемуарына керек болған шығар. Жеңгемiз Жəмила Егембердиеваның Бауыржан Момышұлы турасында жазған деректi кiтабына алғысөз жазып беруiн өтiніп ағаның үйiне барғанмын. Халима жеңгемiз жаны қалмай, шай жасап, қуырдақ қуырып жүр. Ас үйде əңгiмелесiп отырғанбыз. Əзекең: «Бiздiң үйдiң астында əншi Гүлмира Рəзиева тұрады», – деп бiр қойды. Сəлден соң жымиып, «Иə, əншi келiншек бiздiң астымызда тұрады» дедi. Мен де: – Əй, Əз-аға! Кiмнiң үстiнде сiз де тұратынды бiледi екенсiз! – дегенде, сылқ-сылқ күле: «Халима, Шəрбану не дейдi?» – деп айтқанымды кiрiп-шығып жүрген жан-жарына əсірелеп жеткізгені бар. Бəрiмiз күлдiк. Тағы-тағы қайталап, менiң де қитұрқылына жауап бергенiме мəз ағаның мəңгiлiк махаббат музасы – Халимашына деген сүйiспеншiлiк сезiмiн хатпен жазу еш мүмкiн еместей!..
Өлдi деуге қимайсың, əдебиет сүйер мыңдаған оқушылары қимайды, əрине. Əттең-ау, табиғаттың селдiреп, түгi кетiп, тамыры қырқылып бара жатқанындай жақсылардың, нарқасқалардың да арамызда сиреп бара жатқаны сондай өкiнiштi-ақ... Өткен 2010 жылдың 15 желтоқсанында Елбасымыздың қолынан «Отан» орденiн алып тұрып Əзiлхан Нұршайықов қалтасын қармана берiптi. Нұрсұлтан Əбiшұлы əзiлдеп: «Əзеке, маған берер базарлығыңыз бар ма?» – дедi. Бiз бұл əсерлi сəттi теледидардан көрiп, ол базарлығы не екен деумен қайранбыз. Əз-ағаңды құттықтап, «Алтын аға, тоқсанның төрiне оза берiңiз!» дегенде: «Шəрбану, даусыңды естiп қуанып қалдым ғой. Рақмет», – дедi. – Ол – «Мəңгiлiк махаббат жыры» кiтабымның шағын форматты нұсқасы болатын. Қалтама салып барған едiм, сасқалақтап, қай қалтама салғанымды таба алсамшы... – Əз-ағаның сұлу жымиысы көз алдымда тұрғандай: «Сiз ол кiтапты бұрын да жiбергенсiз, сiзге Елбасы рақмет айтып, ризашылығын бiлдiрген едi ғой». «Иə, жалпы 15 желтоқсанда, менiң туған күнiммен қарбалас келетiн сəттер аз емес едi... 2011 жылдың 15 ақпанында халықтың сүйiктi жазушысының жамбасы жерге тиiп, мəңгiлiк сапарға аттанатынын кiм бiлген. Жалпы 15 саны оның тағдырына телiнген орысша айтқанда «роковой» сан ба екен!.. Əлде... Киелі Жасаған Иенің тылсым сырлы сұңғылалығын барлау қиын ғой...
«СӨЙЛЕСIП ЖҮРГЕН КIСIҢ БАР МА, КӨЗЖАҚСЫМ?..» Осыдан оншақты жыл бұрын Аралға қыдыра барған Ақжүнiске жеңгесi осылай көлденең сұрақ тастады. Ақжүнiс сасып, көзiн төмен тастап, лəм-лим демедi. Өйткенi, алдында ғана «сүйем- күйем, сенсiз өмiр қараң...» деп жүрген жiгiтi басқамен көңiл қосып, бұдан iргесiн аулақ салған-ды. Сондайлық Ақжүнiс əрсiз, сұрықсыз, көзге толымсыз да емес: қараторы, бойшаң, мойны құрықтай нəзiк жан. Жас болса, отызды алқымдап, «ендi бiр құтты орныма қонсам-ау, атаанамды қуантсам-ау!» деп арманның жел қайығына мiнiп, болашаққа сенiммен қарап жүрген шағы ғой. Əлде, дəм-тұз жазбады ма, Құсман кенет айныды. Екеуi ауылдас қой, сосын да жеңгесi Бибiсұлуға бар сырын ақтарған ғой. Ара-арасында көз жасын сығып, өксiп-өксiп алғаны да бар. Қайран ақ жеңгесi мұнымен қоса мұңайып, толқымасын де. Өзiнiң де үлпершектей қырық қатпар сыры-жыры бар Бибiсұлу бұған пəлен деп ашыла қоймаған да. Бар есiне алғаны – осы қосағы, яғни, Ақжүнiстiң туған ағасы Асқарбектiң етегiнен ұстап, түу қыр арқасы қашыққа ұзатыла келгенiнде, əуелгi ғажаптанғаны – бұл елде əдет- ғұрып дегеннiң қаймағы бұзылмай сақталғаны. Өзi орыс арасында өскендiктен онша-мұнша қысылу-қымтырылу дегендi ескермей, жiгiттермен ашық жарқын қалжыңдасып, қысқа етек көйлек киiп, басына орамал салу дегендi бiлмей өстi. Ал мұндағы ақ босағаны аттап, келiн болу дегеннiң əлiпбиi – сөлеңдеген ұзын көйлек киiп, басына шаршы тартып, шəй құюдан басталған-ды. Иə, кəп-кəдiмгi сары самаурын түбiнде тiзерлей отырып, кең дастарқан басында қаздай тiзiле отырған қырық шақты қария, кейуаналарға сызыла шай құю. Кеселердi шатастырмау, қасында көмектесiп, шыныларды алып- берiсiп отырған қайнағаңның бетiне қарамау; қызылы мен сүтiн бiрдей қып, (бұл Арал жақта түйе сүтiн шайға қатады екен); тiлдi үйiретiндей дəмдi ете құя бiлу. Онымен құтыла қоймайды: қариялардың бiр «партиясы» аттанғансын, тағы бiр кезегi келедi, қаздай тiзiле, шайды сыздықтай iше, келiнге батасын берiп кетедi. Бибiсұлудың белi бүгiлiп,
омыртқалары үзiлердей. Түнде Асқарбекке шағына: «Кемпiрлердiң шай iшуi бiте ме? Сендердiң салттарың бөлек екен», – дедi. «Бұл келiндi сынаудың алды, тағысын тағы бар...» деген жас күйеуi еш саспай. Қарқылдай күлдi жəне. Бiрде басы айналып құларман болғанда, абысыны Күлəтай қасына отыра қап: «Өлтiресiңдер ме зорықтырып? Тұр, айналайын, бөлмеңе барып тынық, мен-ақ құяйын шайды», – деп мұны орнынан тұрғызып, самаурын түбiнде өзi қалған. Бибiсұлу ол сынақтан тəп-тəуір өттi, басқасынан да өттi, бүгiндерi өзi жөн айтатын көшелi жеңге. Бiрақ ендi, жақсы қайынсiңлiсiне жаны ашып, əлi күнге оң жақта салаңдап жүргенiне қапалы. – Ендеше, – дедi, – тiзгiнiңдi маған бергiн, жөнi түзу бiреу болса, тамырын басып көрейiн... – Жоқ, жеңеше əуре болмағын, маған күйеудiң керегi жоқ, жүре берем де осылай, – деп Ақжүнiс шыр-пыры шыға азар да безер болды. «Ойбай-ау, ол шiлмиген сары Құсманға құса болатындай оның не зары өттi?» – деумен қала берген, Ақжүнiс болса, Бибiсұлуға ол жағын тереңдетпей, саялы саумал ауа Алматыға тартты. Арада бес жыл өттi. «Көзжақсымның ұзатылу тойына киiп барамын» деп сандықтың түбiнде сақтаған көйлегi ескiрiп, ондай атты күннен күдер үзiп, жеңгесi күнделiк күйбiң-сүйбiңмен уақытты өткiзгенмен, көңiлiнде қалған бiр ойды iске асырмай тынбайын дегендей, ол да Алматыға тартпай ма. Қасына екi баласын қоса ерттi. Онысы – ұзақ жатып қалсам, жүдеп қалмасын дегенi. Астананы еркiн аралату да бар ойында. Төркiн жұртына да қатынап, емiн-еркiн, аунап-қунап қайту дағы бiр жағы. Пойыздан түсiсiмен такси ұстап тура Ақжүнiстiкiне келдi, тез тапты, өйткенi, үйi орталықта, екi бөлмелi деп еститiн. Есiктiң қоңырауын безiлдете дəлiзде ұзақ тұрды. Бiр шамада ар жақтан тыпыңдап бiреу жеттi-ау! «Кто там?» дедi. – Тота емес, бiз ғой, көзжақсым. Сен бе? Ойбай, аш, мына ұлдар су iшемiз деп, қаталап өлдi... – Ақжүнiс есiктi айқара ашып, жеңгесiн бас салды. Бода-бодасы шыға жылап алды. Төр бөлмеге енгiзiп, екi балаға:
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375
- 376
- 377
- 378
- 379
- 380
- 381
- 382
- 383
- 384
- 385
- 386
- 387
- 388
- 389
- 390
- 391
- 392
- 393
- 394
- 395
- 396
- 397
- 398
- 399
- 400
- 401
- 402
- 403
- 404
- 405
- 406
- 407
- 408
- 409
- 410
- 411
- 412
- 413
- 414
- 415
- 416
- 417
- 418
- 419
- 420
- 421
- 422
- 423
- 424
- 425
- 426
- 427
- 428
- 429
- 430
- 431
- 432
- 433