Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Шәрбану Құмарова «Ғасыр нұры»

Шәрбану Құмарова «Ғасыр нұры»

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-09-29 06:16:54

Description: Шәрбану Құмарова «Ғасыр нұры»

Search

Read the Text Version

«Су iшесiңдер ме? Шай ма?» дедi. Олар иықтарын қиқаң еткiзе, балконға шыға, төмен асыла жан-жаққа мойын созды. «Ойбай, ұшып кетедi аналар!» – деп Бибiсұлу қоса шықты. Оларын тартқылай үйге енгiзгенше, қайынсiңлiсi шай əзiрлiгiне кiрiсiптi. Лып-лып ете, əңгiмесiн де айта, ауыл-аймақтың амандығына да қана, үйi толып, көңiлi өсiп, лезде түлеп, құлпырып салғандай ма. «Айналайын, көпшiл өзi! Үйi – ұядай. Дастарқанға төгiп салуына қарағанда табысты да. Ал неге жалғыз! Əлде бiзден жасырған бəлесi бар да? Қала адамдары үндемей-түндемей тас үйлерiне бiреудi кiргiзiп ап тұра бередi дейдi ғой некелi ерлiзайыптылардай...» Осы күмəн оны ұйықтатпады. Тыпырлап, ас үй мен екi арада жүрдi де қойды. «Жеңеше, не, шай iшесiз бе?» – деп Ақжүнiстiң де ұйқысы сан бұзылды. Бибiсұлу сұрайын десе, қайынсiңлiсi торсаңдап, ана жылғыдай тұра қаша ма дейдi. Қайда қашса да, өз шаңырағы ғой. Бəрiбiр ертесiне сұрады: «Осы бөлмеде, қутиып, жападан жалғыз отырысың ұнай ма, көзжақсым? Жалғыздық тек құдайға ғана жарасқан демей ме. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген жəне бар...» Қайынсiңлiсi: «Ой, жеңешем-ай, ол кезден өттiк. ...Ендi құшағын жайып тұрған маған кiм бар?..» Жеңгесi: «Құсманға қарап қалдың ба? Басқа еркек жоқ па?» Қайынсiңлiсi: «Бар шығар... Мен Құсманнан бала көтергем, жеңеше. Бiрақ ол нəрестеге жарық дүние жазбаған, бiрер күннен соң қайтыс болды. Сiрə, көкiректегi шер мен құса оны да iште буындырып тастаса керек...» Жеңгесi: «Не дейдi? Оған тимей тұрып қалайша бардың ондай бетбақтыққа?!» Қайынсiңлiсi: «...Қосыламыз деген əдемi сөзiне сенiп қалып...» Жеңгесi: «Қыздарды құртатын сол сенiп қалушылық!..» Одан əрi Бибiсұлу лəм демедi. Ұзынқұлақтан еститiн: Осы қайынсiңлiсi Құсманнан бұрын да... оныншыны бiтiрер кезде абыройы төгiлiп, мектептi аяқтамай, басқа қаладан барып оқып, əтiстат алған екен деп. Өсек шығар дейтiн. Былайынша қарасаң, ибалы, сынық мiнез,

атырынып тұратын бəлекейлердiң бетi аулақ! Осы ойын тап басқандай, Ақжүнiс, ақыры айтқасын бəрiн айтайын деп, жеңгесiне жəне бiр сырдың шетiн шығарды: «Мен ол жағдайды Құсманнан жасырғамын жоқ, əрине... Ол бəрiн түсiнгендей едi. «Өз еркiңмен емес, қиянат жасаған болар» деп топшылап, «жə, жақсы жанұя құрсақ, балалар болса, сыйласып тұрсақ болды емес пе!» – деген. Неге екенiн, алғашқы түннен кейiн-ақ ол айнып салды... Екiқабат болғанымды бiледi. Бала шетiнеген соң бəлнiске келдi де. Ол кезде үйленiп, келiншегi де аузы- мұрнынан шыға айы жетiп отыр екен...» «Бетбақ!» дегiсi келдi Бибiсұлудың. Бiрақ дей алмады. Өзi егер сондай болса, Асқарбек қара есекке терiс мiнгiзiп баяғыда-ақ төркiнiне əкелттiрiп тастар едi. Орыс арасында өссе дағы, «Арыңды жастай сақта!» деген қағидаға бекем-тiн. Шешесi қатал, қазiрдiң өзiнде екi аяғын бiр етiкке тығады... Бұған да бозбалалар қырындаған. Шешесi бастаңғы, туған күн, кеш дегендерге қия бастырмайтын мұны. Бiрде мектепте би кешiне қатысамын деп, сыныптас балалармен қолтықтасып билеп жүрген жерiнен анасы дүйiм жұрттың алдында шықпырта сабап, өкiрте жылатып алып кеткен. – Тым құрыса, балам тiрi болғанда, күйеу iздемес ем! – деп өксiп қалды қайынсiңлiсi. Жаны ашиды, ашығанмен қайтпек, сөйтiп əрi-сəрi ойда бiр жетiдей қонақ болып, балаларын циркке, хайуанттар паркiне апа рып, балмұздаққа армансыз тойғызып, Алматыдан екi жүз шақырым жерде, ауданда тұратын төркiнiне тартты. Нешеме жылдардан берi аяқ баспаған ауылын, анасын, бауырларын, көршi-қолаңын сағына, жүрегi сығымдалады. Өз ойымен өзi болып, автобустың ыңырана жүрiсiне тербеле келе жатқанда, алдыңғы орындықта отырған бiреу бұған мойнын соза амандасты: «Амансың ба, Бибiсұлу! Сенi де көретiн күн бар екен...» Көпке шейiн жүзiн шырамытқанымен, өзiн жыға танымай əуреленсiн. Бiрге оқыған жiгiттердiң бəрiнiң атын iштей түгендейдi. – Даниярмын ғой. Мiне, қыздардың бəрi осы. Əлгi жатжұрттық дегеннiң көрiнiсi – ауылдан ұзай бере ауылдағылардың бəрiн ұмытып қара басатын.

– Қайтейiк, барған жерiңе тастай батып, судай сiңгiн деп нығарлап жiберсе. Қайтып келсек, құдды, жұртқа қарай алмайтындай... – деп Бибiсұлу да сөзден қалыспады. Данияр үйлi-баранды, екi-үш жаман-жəутiктерi бар деп еститiн. Мектепте бұдан бiр сынып бұрын оқыған, содан Алматыға оқуға кетiп, сол жақта қызметке орналасып, атан жiлiк – атпал азамат болған шағы дейтiн кезi, содан берi көрiп тұрғаны осы. – Түу, Данияр-ай, əрең таныдым, өзгерiп кетiпсiң. – Қартайып кетiпсiң дейсiң бе? – Жоға, еркектер бiзге қарағанда кəрiлiкпен итжығыс түсiп, көпке шейiн бой алдырмайды ғой. – Өйтiп, мүсiркемей-ақ қой, қайта сен көп өзгермепсiң... Екеуi автобуста самбырласып жеткенше əңгiмелестi. Көздерi шүңейттенiп, азғын көрiнуiне қарағанда Даниярдың қайғысы барын, онысы бетке тепшiп шыққаны байқалады. – ...Əйелiм қайтыс боп, қиналып жүргенiм... Балаларға қиын екен. Кiм бiлген. Осылар үшiн бiреумен бас қусырып ем, түтiнiмiз жараспады. Бiреудiң баласы кiмге керек болсын... *** Данияр ауылдан екi кiшкене баласын алып Алматыға қайтарда Бибiсұлу оны қонаққа шақырды. Сөз арасында Алматыда қайынсiңлiсi барын, жалғыз тұратынын, мiнезiнiң кең, көпшiл, тек бағы жанбай, етегiнен ұстайтын жiбi түзу бiреудi кезiктiре алмай жүргенiн сыналай кеттi. Данияр өңi құп-қу боп сүлесоқ отырды. Аузы күйген-ау. Сонда да болса Бибiсұлу: – Осы қайтысыңда Ақжүнiстiкiне соға кет, тоқты сойып ек, содан берiп жiберейiн сенен. Жоға, бiздiң машина апарып салады, тек есiктен кiргiзiп берсең болады да, – деген-дi екiұштылау.

Айтқанындай-ақ, iнiсi «Жигулиiмен» Даниярды балаларымен Алматы апарып тастады. Сəлем-сауқаты жəне бар. Тiлдей қағазға əлденелердi жазып: «Ақжүнiстiң өзiне ғана ұстатқын» деп бауырына нығарлай тапсырды. Бауыры араға күн салып келдi, екi езуi құлағында. «Əй, айтпаймысың, жүгермек, не болды?» «Не болушы едi, Дəкең сол үйге қонып қалды...» «Қап!» дедi Бибiсұлу жауырынына ине сұққандай, мазасыздана тыпырши. Соңы не болар екен деумен тағатсызданып бiр жағы. Төркiнiнде бiр айдай аунап-қунады. Шешесi де балдай тəттi жиендерiнiң бетiнен сүйiп, бауырына басып жетiсiп қалды. Жолай қайын сiңлiсiнiң үйiне соқты. Пойызға билет алдыртты. Байқайды, Ақжүнiс ажарланып, қараторы ашаң жүзiне қан жүгiрiптi. – Көзжақсым, əрленiп кетiпсiң өзiң, қалай, бiр жаңалықты айтып қуантпақшысың ба? – Ой, жеңеше, несiн айтасыз! Мың да бiр рақмет сiзге! Тойға қамдана бергiн... Бибiсұлудың жүрегi атқақтап, аузына тығылардай. Тезiрек Асқарбекке жетсем дейдi, ата-енемдi қуантсам дейдi. ...Содан берi де үш жыл өттi. Ақжүнiс ақарлы-шақарлы, етегi жарып торсық шеке ұл тауып бердi Даниярға. Осындайда ойлайсың, əттең Бибiсұлудай алтын жеңгелер бар болса, талай шаңырақтың шамы жағылып, үй iшi үпiр-шүпiр қара домалақтарға толар едi ғой... БИ ƏЛЕМІ – ШАРА Сөз басы I Өнер – махаббат! Махаббат – өнер... Қазақтың тұңғыш профессионал биші қызы – Шара Жиенқұлова барша өмірінде осы екі қасиетті

бойтұмардай қастерлей білді. Би құдіреті оған бала жастан дарыған, сондықтан əкесі Баймолда сүйікті қызының бойынан алғырлықпен қатар өнер ұшқынын байқап, қытай бишісін жалдап балапанына би өнерінің алғашқы нышандарын үйретеді. Сонымен қатар, діни медреседе оқытып, немере баласы Сұлтан Жиенқұловтың ақылымен орыс мектебіне береді. Ол жайында Шара «Өмірім менің – өнерім» атты өмірбаяндық кітабында былай деп жазады: «...таңертең шəлімді бүркеніп, кеудеме Құранды қыстырып Мешітке барамын. Атам мені (əкесі Баймолданы айтады) жаз – арбамен, қыс – шанамен өзі алып келеді. Тамақтандырып, шашыма лента байлаттырып, ұзын көйлек, қара бешпет киіндіріп, мектепке апарады. Сабақ біткенше атты қаңтарып, аулада күтіп отырады. Бірақ ең қиыны – түскі намаз. Атам мені мұғалімнен сұрап алып, жайнамаз жайып қойып, қатар тұрып намаз оқимыз. Оқушылар терезеден қарап, бізге күледі. Класқа кірсем, «молда қыз келді» десіп, екі алақанын жайып, беттерін сипап, бата жасайды». Анасы Тыныбала шашын тарағанда орындыққа шығарып қойып тарайды екен, ұзын қолаң шашы Шараның арқасын жауып, бейнебір қара пүліш шапан жамылғандай əсер береді. Сұлулық – Тəңірінің сыйы десек, Шараға ол сыйды молынан бере салғандай. 1926-жылы əуелде Қызылордада құрылған қазақтың драма театры Алматыға көшіп келеді. Шараның да бишілік жолы ашылғандай, алдында болашақтың қырмызы кілемі жайылғандай. Театр Карл Маркс пен Совет көшелерінің қиылысындағы «Орион» клубына қоныс тебеді. Саялы, тыныш, көкжиекті Алматыға думан керуені көшіп келгендей, қала тірлігінің шырайы ашылып, тың серпіліске түседі. Сондай дүрлігудің бір көрінісі: «1928-жылы бейсенбі күні марттың бірінде «Орион» клубында «Тілші», «Қамбағарлар ауазы», «Искра» газеттері тарапынан үлкен əдебиет, би кеші жарияланады. Түскен ақша Алматы баспахана жұмыскерлерінің мəдени-ағарту шараларына ұсталады. Бұл кеште Алматы қаласын дағы қазақ, орыс, ұйғыр, татар сауықшыл жастарының қатыспай тыны болмайды. Əсіресе, атақты биші Шара

қарындас Баймолдақызы тарапынан «Майрамхан», «Шамиль», «Кавказ билері» деген билер бейнеленеді. Ойынға келушілер «ашығармын, шөлдермін» деп қорқуға орын жоқ, өйткені, осы қонақтарға арнап, бөбет ашылған. Ойын артынан тілеушілерге жалпы би болады». «Билеттер «Тілші», «Искра», «Қамбағарлар ауазы» басқармасында сатылады. Ойын сағат сегіз жарымнан қалмай басталады». «Тілші» газетінде жарияланған осынау жарнаманың ұлттық өнерімізге қатынасты факты екендігінде дау жоқ, сондықтан да кітап бетінде көрінуін жөн көрдік... «Өнер жұлдызы жанды!» десек, Шараныңдағы өнер жұлдызы, бақ жұлдызы жанған сəт. Не бəрі он алты жасында ол атақты биші атанды. Сол жылы өзінің болашақ жары, дара махаббаты – Құрманбек Жандарбековпен танысып, көңіл қосады. Бұл – толып жатқан хикая. Ал əзірге Шара өмірге келген жылы даңқы əлемге мəшһүр Алматымыздың сүйкімді көрінісін көз алдымызға келтірейікші: «... Мен осы Алматыда 1912-жылы тамыз айында дүниеге келіппін. Тамыздың мəуелеген дүрия кезі болса керек. Есейе келе көз алдымнан кетпейтін бір сурет – қала көшелерінде сыңғырлап бұлақтар ағатын да, арықтарда жұдырықтай-жұдырықтай қызыл алмалар жүзіп бара жатар еді. Сүзіп алып жей беретінбіз, жиіркенбейтінбіз; қарлы мұзарттан бастау алатын нəрлі су қандай тəтті!... Ағаштың дені – жеміс бақтары, жазғытұрым сарыөрік, қараөрік, шие, алхоры, шабдалы нөпір болып жатар еді аяқтың астында». «Қаланың тағы бір көрнекті орны – Титов көпестің моншасы. Ол кезде театр, кино-концерт залдары деген жоқтың қасы, сондықтан қаланың кербез əйелдері əдейі моншаға киімін көрсету үшін барады. Əсіресе, ішкі киімдерін сəндеп, кестелеп, түрлі желбіршектер салып тігеді». Астанамыз Алматының сол кездің өзінде-ақ халықаралық керуен – сауда орталығы болғандығын көзкөрген шежірешінің айтуында топшылау қиын емес. Сауда демекші, Шараның əкесі де саудагер болған, əуелі керуеншілерге ілесіп, ағайынды үш жігіт Шұбартаудан Балқашқа келеді, келе-келе балық сатып, тұрмыс түзейді. Алматының

Ташкент даңғылынан төменде, «Қазіргі сексеуіл базасы» маңайынан екі ауызды, бірақ қорасы кең үй сатып аладыдағы, тері-терсек даярлау жұмысымен айналысады. Терінің пұшпағын ұстаған адам тұрмыстан тарықпайды. Байып, қазіргі Амангелді ескерткіші тұрған алаңда əлденеше бөлмелі кең үй салдырады. Он алты жастағы Шараны Құрманбек Жандарбеков екі жолдасымен бірі – Қапан Бадыров, осы үйден алып қашады. Бүгінгі 28 панфиловшылар паркі ол кезде Пушкин атындағы қалалық бақ. Ал революция-төңкерістен бұрын осы парк қақпасында: «Ит пен киргизге кіруге болмайды», – деген ескерту тұрады екен... Халықтың мəдени сауық орталығы болған парк театр көшіп келгелі тіптен де думанға толып, көңілденіп кеткендей-ді... *** Үстіміздегі – 2012-жыл – Шара Жиенқұлованың, Күлəш Байсейітованың, Дінмұхамбет Ахметұлы Қонаевтың жылы! Соңғы екі тұлғаның мерейтойлары дүркірей өтті. Шара – 1912-жылы, тамыз айының 20-жұлдызында, Алматы шаһарында, жасыл желек көмкерген əсем қаламыздың тамылжыған бір күнінде дүниеге келіпті. Əкесі Байбол (атам деп кеткен) бай-саудагер, анасы Тыныбала қазақтың кең сабадай мінезді де көрікті жан иесі болған екен. Қызы да шашы белуарынан асып, тірсегін соғатын, айдай сұлу ғажап, ажарлы бір перизат екен. Он сегіз ұл мен қыздың ортасындағы бауырларынан аман қалып, осынау уақытқа жеткеннің бірі – өзі, бірі – Хадиша, (Шəкен Аймановтың жары). Ұйытқыған замана зобалаңына тап болып, Байболдың қос əйелінен тараған ұрпағы орылған баудай қырыла беріпті. Əкесі қыздарын əлпештеп, бақшадағы гүлдей баулиды. Шара екі бірдей мектептен, орыс школасы жəне діни медреседен дəріс алған, құран аударған: имантаразылық пен кішіпейілділік, инабаттылық пен нəзіктік қасиеттерін өн бойына осылайша еккен. Ал өнерге құш тарлық қызбала бойына айрықша дарыған-ды.

Алматыда жылма-жыл жəрмеңке өткен, жер-жерден ағылып саудагерлер, оларға ілесе өнерпаздар келмей ме. Атасынан сұранып, он екі жасар Шара (Гүлшара) да солардың өнерін қызықтайды, таң- тамаша қалып, буындары былқылдаған бишілер биін үйреніп алуға тырысады. Зерек жан есейе келе, өз тарапынан да би элементтерін жетілдіріп, өзінше тың өрнек, нақыш салып, жиылған ортада билеп шығады. Атасы осы талпынысын аңғарып, қызына қытай бишісін жалдайды. Ал қазақ биін қайдан үйренеді ол? Жалпы қазақта би өнері болған ба... Шара Жиенқұлова осы мəселе жайында көп толғанып былай дейді: «Бала күнімен қалған бір елес көз алдымнан кетпейді. «Көкайрық» жайлауында отырған кезіміз. «Сері» жасаймыз дейміз, яғни той, қыз ұзату, шілдехана дегендей. Əнші, күйші, айтыскерлер шақырылады, айтыс, сайыс өткізіледі. «Көкайрық» жайлауының құлама жағында – қырғыздар отыратын. Олар да серіге шақырылады. Домбырасын күмбірлетіп, қобызын сорғалатып қазақтың жампозы мен шешені шықса ортаға, қомызын безілдетіп, қияғын сорғалатып қырғыз ауанпазы бүйірден қосыла кететін ғой! Ой, тамаша! Делебем қозып, үйіріле кеткім бар: бүрмелі қан қызыл атлас көйлегім, қынама бел жасыл камзолым, оқалы тақиям – бəрі келісті. «Сүйретіліп, аяғыңды шалыстырмасын» – деп анам қос бұрымның ұшын дəміл-дəміл қиып тұратын еді. «Не болса, ол болсын, кəне, тəуекел!» – дей ұмтыла беріп ем, кенет, ортаға қапсағай денелі, шүңет көздері от шашқан ер адам шықпаса де. Шапанының етегін қайыра белбеуіне қыстырған, басында қызыл барқытпен тысталған түлкі тымақ, аяғында ұзын қоныш етік, ол селтие сəл тұрды. Жұрт аң-таң, күйшілер де тына қалған. Домбырашыға иегін мегзей, «ал, сорғалат!» деді. Ол да қарап қалмады, бір желдірме күйді құйқылжыта жөнеді. Солақ екен əлгі адам қос қолын кере, мойнын қылқаң-қылқаң еткізе, тұрған бойы шыр айналды. Бір отырып, бір тұрады, тұла бойын қиралаңдата, мықын, жауырын, білектерін мың бұралта, жылан ирегіндей көз ілеспес түрлі қимылдар жасайды. Күлмейді, сұсты өң, ал көз қарашығы біресе шүңірейе қалған бүркітше, біресе оқша атылған жыланша, не керек, сан құбылысты бейнелеуде...».

«Сөйтсем, бұның аты би екен!».. Шараның осы суреттеген биі – бүгінгі дақпыртып, «Қазақтың төл биін біз таптық!» дегендей қытай қазақтарының айқайлатып жүрген биі – кəдуілгі «Қара жорға» емей не? «Қара жорғаны» біздің аймақта тойларда билеп шығатын жəне басқаша атайтын: «Ортеке биі», «Киіз басу», «Келіншек биі», «Аңшының биі», «Мерген биі», тағы басқалар. Шара суреттеген ер адам биін мен өзім «Қазатком» деген ауылда, бала күнімде көрген едім. Соңыра, Шара Жиенқұлованың «Өнерім менің – өмірім» атты мемуарлық кітабының əдеби жазбасын жазып шыққанымда, сол көргенімді Шара аузына салғаным бар еді. Халқымыздың би жанры ежелден болған. Тіпті, əу баста, біздің заманымыздан да бұрын өткен мыңжылдық ғасырларда ұлтымызда би болғанына мына жолдар куə: Шыңжанның белгілі жазушы-ғалымы – Зейнолла Сəнік: «Қара жорға» – қазақтың халық биі» мақаласында мына бір тарихи фактіні келтіреді: «Жазушы Сұлтан Жанболатовтың «Үйсіннама» кітабында мынадай деректер келтіріледі. «Лиу Юңның сықылды ғалымдар айтқандай, ұлы далада (əсіресе, үйсіндер өмір кешкен аумақтарда), ең алғашқы би – бұдан 2500 жыл бұрынғы жыныс ағзаларына табыну биі болған. Ол кезде өндіргіш күш өте төмен-ді. Тіршілік үшін адамдар тобының қара күшіне сүйеніп, орасан табиғатпен күресуі қажет болатын. Сондықтан алғашқы тұрғындар өз этносының көркеюін, халық санының артуын тілеп, ер мен əйел арасындағы байланысты дəріптейтін жəне оған тəу ететін болған. Ұлы даланың талай тұсында (көбінесе көш жолдарында) мұндай билер жартастарға да төркінделген. Кезінде жұрт сол петроглифтерге барып табынатын болған». Бұдан артық қазақ халқында ежелден би өнері болғандығын, оның тұрмыстық ахуал тіршіліктің ең бір айрықша көрінісін бейнелейтінін айтып жатудың қажеті шамалы. Шараның балаң кезінде Алатаудың бір жотасындағы «Көкайрық» жайлауындағы көпшілік серісінде көргені, көкейге түйгені де қазақ биінің бір тармағы. Қалмақ биіндей жауырынды қозғап, бір орында дене құбылысын сан алуан қимыл- қозғалысқа түсіріп, буындарын сарт-сұрт үзіп, алуан көріністі музыка

ырғағында бейнелеуі – əлемдік би өнері атаулының атасы деуге хақымыз бар! Қазақ биін тұңғыш рет шетелге шығарған, танытқан да Шара! 1928жылы алғашқы концерттік бағдарламасы жарияланып, онда ол өзбек, ұйғыр, үнді билерін орындаған. Қазақ биін билеуге жүрексінді ме, əлде... театр актрисасы болғандықтан бар ықыласы Мельпомена өнеріне ауғандықтан да, бəлкім. Құрманбек Жандарбековтың: «Шаражан, бір ғана тілеуімді жерге тастамай маған асыл жар болғаныңды өле-өлгенше ұмытпаймын! Сені артистікке баулимын, өнердегі жолыңа шамшырағың болып жанамын!» – деген сертіне Шара да ұйиды. Театр тарланы, тұңғыш опера режиссері əрі асқақ үнді əнші – ер көңілді жарының ыңғайымен жүре бергені де сол еді. Би Шараның есіл-дерті. Ескендір Таңсықбаев — алғашқы ұстазының сөзі көкейінен кетпеді. Ол: «Би – дегенің ілім, оны терең игеру үшін зерделі білім, жатпай-тұрмай жаттығу керек», – дейтін де: «Сахнада ербеңдеп билеу аз, биде мазмұн, тіл, өрнек болуы керек», – дегенді баса айтатын. Шараның есіне «өрнек» ою-өрнек түседі, көз алдына текемет, басқұр, алаша, тұскиіздегі қазақ өрнектері өрмек түсіріп, құбылжи небір қызылжасыл, көк-сары түстермен көз алдында ойнақ салады. «Таптым!» деді, құдды Архимедтің «Еврикосын!» қайталағандай. Əн салатын ол, шырқау биік құмбыл дауысты болмаса дағы. Бірден «Əпитөк» əні көмейінде күмбірледі, билеп қоя берген. «Əпитөк» биі осылайша туған. Жандарбекованың би өнеріндегі шағын миниатюра жасау, яғни, əндете жүріп билеу, оған мазмұн беру, күлдіргі элементтер қосу, тағы басқаларын жетілдіре өзіндік сахналық мəнерін бастауы осыдан туғанды. Шара сонысымен – Шара, есімі əлемге мəшһүр қазақ бишісі. Шағын ансамбль құрылады, ұлттық костюмдер тіктіртіп, əр ұлттың əуен-əніне сəйкес əшекей бұйым, сəнді киім дегендей: (түрленіп, əр нөмірінде жаңаша киініп шығуды қазақ сахнасында тұңғыш бастаған да Шара!). Əлемдік сахнаға ол қазақ биімен (Хамидидің «Қазақ вальсімен» бастайтын); қоса, орыс, украин, үнді, жапон, корей, өзбек,

испан, тағы басқа əр ұлт биімен, əнімен құлпыра өнер көрсететін. Сөз жоқ, əр ұлттың əніне, биіне, əдет-салтына байланысты түрлі атрибут – тұрмыстық ерекшеліктерді зерттеу, тілін үйрену – қиынның қиыны. Ең қиыны – қаражат, табанын тоздырып, үкімет, мемлекет басшыларының алдына сан мəрте барады ғой Шара. Бір ретінде Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың алдына, əн-би ансамблін құру мəселесімен барған ғой: онда есейіп қалған кезі. Екеуі кезінде бір мектепте оқыған. «Бойшаң келген сыпайы сар бала еді», – дегеннен өзге, тағы бірде: «Бəтеңкесінің жұлығы жамаулы еді...» – деп қалғаны есімде... Басқа дəнеме демеді. Мен де қаужай қоймадым. Ол мектеп – Гоголь мен 8-наурыз (қазіргі Қалдаяқов атындағы) көшелерінің қиылысында, Шара екеуміз барып көргенбіз. Иə, егде тартып, аппақ айдай жүзін əжім «əдемілеп» (қаншама сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес дегенмен де); Шəкең қатты қысылады ғой. («Не кием? Əйелдік проблема!) Қайткенмен барған ғой. Қонаев орнынан тұрып, қарсы алып: – Иə, Шара, жылмаңдап жетпіс дейтін де келіп қалды ғой, – дегені..! «Жəйша ма?» «Иə, Димеке, қазақ биінің шарықтаған кезі ғой, Əттегенайы, осы күнге шейін ұлттық əн-би ансамблі жоқ, соны қолға алсам деймін...» Мемлекет басшысы құп көреді, көмекшісін шақырып, не керектігінің бəрін – қаражат жəне ғимарат мəселелерін шешуін тапсырады. Шара былай шығысымен: – Қап, тым құрыса, Болатқа «Волга» машинасын сұратсам қайтер еді? – депті. II «– ...Сөзімнің басында бірінші тағдырым – би, екінші тағдырым – Құрманбек Жандарбеков демеп пе едім. Рас, бұл екеуі, кей-кейде, деймін-ау, тұтас, бір нəрсе сықылды. Бірінсіз бірі жетім-тұл. Өнер атты Құдыреттің байтақ əлеміне мені алып шыққан да осы екеуі».

(Біз Шəкең екеуміз үйінің балконында, ақ басты Алатау құзарына сүйсіне көз салып қойып, əңгіме құрғанбыз). Үйі – Гоголь мен Абылайхан көшелерінің қиылысында. «Қарагөз» кафесінің үстінде. – Анау саябақ бар ғой, қызым, соның орнында кезінде Қытай елшілігі орналасқан. Соның Консулының баласына мені айттырмақшы. Атам көнбеді, сол үшін абақтыға қамалды. Сонда да қыр соңынан қалмай Консул: «Қызыңды берсең – қолыңнан, бермесең – тартып аламыз!» – дегенде, тағдырым тарының қауызына сыйып кеткендей бір қысталаң шақты бастан кешірген бір сəт... Бүгінге шейін есіме алсам, төбе шашым тік тұрады. Əкеме бара берем: «Енді қайтем? Сізді қамаудан босатса егер...» Сонда: – Мен үшін басыңды бəйгеге тікпе, жан балам, қызым! Туған жерден кетпе! – деді, əкем! Осындай шақта Құрекең талайыма тап келді. Екеуміз оңаша тілдескенде айтқаны: «Шəкітай, саспа, атаңды кепілдікке алып, қамаудан босатып алам! Ал өзің маған жар боласың, келіскін, мақұл ма?» Мен толқыдым, көңілім кет əрі емес, алайда анам Тыныбала келіспейді. Себеп, Құрманбекті бұрын əйел тастаған дегенді еміс-еміс еститіні. Құрекең Зуһра Атабаева дейтін əнші-актрисамен тұрмыс құрған, балалары болған, дəм-тұз жараспай, ажырасыпты... – Өйтіп қыршын жасыңды қатын тастаған өзіңнен үлкен еркекке қор еткенше, қытайға тигін, кəрі сүйегі түрмеде шіритін əкеңді де, ұбапшулап қалған бізді де ая, сен анау-мынауға қор болатын қыз ба ең! – Шешем бір сөйлемейді, сөйлесе, өзекке балта шаба сөйлейтін əдеті. – Жалаңаяқ əртісте нең бар-ау!.. Қысылғаннан жылап жібердім. Құрекеңнің қылшылдаған, алмас тай суырылған шағы. Қарасұрлау, қасы-көзі қияқтай, бойшаң. Үні зор. Қос қылыш ұстап, кавказдықтарша сахнада аяғының ұшымен жорғалай билегенде, есің кете жаздайтын. Мінезі күрт, найзағайдай сатыр-күтір, бірақ тез ашылады, кесек бітіміне сəйкес наркескендей мінезі қандай үйлесімді. Осы кісіні сүймегенде...

– Шетел Консулының баласына зорлықпен алып бере қоятындай сенің Отаның, қорғайтын мемлекетің жоқ па еді? Қой, ондай шатпырақты, анаң мені білмейді, жүре-бара білер... Шəкітай, бүгін түнде алып қашамыз, əзір бол... – деді, «айттым – бітті, кестім – үзілді!» дейтін мəрт мінезіне басып Құрекем... *** Біздің үй ол кезде қазіргі Панфилов пен Мəметова көшелерінің түйіскен тұсында-тын. Атам саудамен айналысады, үй-жайымыз да келісті, ауласы кең, еңселі. Сықырлауық биік дарбаза оңайлықпен ашылмайды, бүгін тас болып бекітілді, тышқан өте алмастай. Əлденені сезгендей анамның бұлан-талан болғаны ғой. Түн де тастай қараңғы. Бөртпе шəліге түйген біраз көйлек, камзол, шапан, сақина-сырға, білезіктерімді ел жатпай тұрып, қора сыртындағы тері жаятын шошалаға апарып, тығып қойғамын. Тас-түйін бекініп отырмын, үрей лене бөлмемдегі дəу абдыраға қараймын: құдды албасты шығатындай ішінен. Бұл – толы жасау-жабдық, түрлі асыл зат, асыл маталар салынған, елшіліктен құдалыққа жіберілген дүние-мүлік. Тек енді айттырып əкетулері ғана қалған. Тезірек түн ауса, жұлдыздар батса... ...Сырттан белгі берілді. Сары төбет əупілдеп дарбазаға тап-тап береді. Олар – (Құрекең мен жолдасы) терезе жақтан келеміз деген. Қос қабат жақтауын əрең аша, асылдым, мені дік көтеріп алды төрт қол... «Өзіңді əртістікке баулимын!» деген сөзі есімде, со жолы Алматыға Қызылордадан 1926-жылы көшіп келген тұңғыш қазақ драма театрына мен актрисалыққа қабылдандым. Бір жақсы күні атам Баймолда да қамаудан босатылды! *** 1929–1934-жылдар бойында мен театрда ірілі-ұсақты əлденеше рөлдер атқарыппын. Есте қаларлықтай Бейімбет Майлиннің «Майдан»,

«Шұға», Н.Погодиннің «Астық», М.Əуезовтың «Қаракөз», «Түнгі сарын» драмаларындағы басты рөлдер болмасадағы, характерлі өткір мінезді əйелдер образдарын бейнелегенім – мың мəртебе! Спектакльдерде əн айтып, би биледім. Бұл дегенім менің келешекте қазақ биі өнеріне жаңа сонылық қосуыма, яғни, əр нөмірімді миниатюра-драмаға айналдыруыма, шынын айтқанда, шағын спектакль етіп ойнауыма бірден бір себепкер болғаны айдан анық. ...Өзбектің атақты бишісі, тегі – армянка, Тамара Ханумды дақпыртып аспанға көтереді. КСРО халық əртісі атағын берді. Оның да басты ерекшелігі – сахнада əн айтып, би билеуі, əлем халықтары ның əні мен биін өзінше нақышпен орындауы. Кей-кейде маған жала жабылып: «Шара əр нөміріне характер-мінез бере орындауды Тамара Ханумнан үйреніпті,» – дейтіндері. Өзбек бишісінің бір концертін де көрген емеспін, ол кезде теледидар, гастрөлдік сапарлар деген атымен жоқ-ты. Рас, Алматыда, 1934-жылы Қазақ музыка театры ашылып, соның сахнасына Құрманбек Жандарбеков бастаған бір құрам əртістер ауысқасын, мені нарком Т.Жүргенов Ташкентке, Тамара Ханумнан би үйренуге аттандырған ғой. Бірақ ол мені менсінбеді, алдап кетті. Салым суға кетіп қайтқанмын... Бағым жанып, барша музыкалы спектакльдерде балерина ретін де билер орындадым. Менің қатайып қалған ағзамды икемге келтіріп, түн демей, күн демей жаттықтырып, диета ұстатып, балериналыққа бой түзеткен атақты балерон А.Александров еді. Бұл – басқа əңгіме. «Қалқаман – Мамыр» атты тұңғыш балетте мына Шара Мамыр рөлін бейнеледі. Мына қызықты қараңыз! Балеттің либреттосын ұлы жазушы Мұхтар Əуезов жазған еді. Ол кісі – тұңғыш либреттошы, ал мен – қазақ музыка өнерінде алғашқы балерина! Мақтанбай қайтейін. ***

1936-жылы мамыр айында Мəскеуде Қазақ əдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өткені бəріңізге мəлім. Қазақтың муздра масы жөппелдете бірінен соң бірі қойылған «Қыз Жібек», «Жалбыр» операларын алып барды. Ұлтымыз мəдени өмірінде осынау айтулы оқиға қаншалықты зор белес болғаны тарихтан белгілі. Бұл – қазақ өнеріндегі Ренессанс дəуірі екендігі айдан анық! Өкінішке орай – осынау онкүндік келе-келе естен шықты, жүз жылдығында (2036- жылы) бəлкім кейінгі ұрпақ еске алар, ескерілер де... Өзге атақты жазушы-əртістер қатарында Шара Жандарбекова «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады со жолы. Ұлы Отан соғысы тұсында Шəкең өзге де белгілі əртістер қатарында майдангерлерге концерт қояды, оқ пен оттың астында, қыстың қаһарында жұп-жұқа костюммен жауынгерлер алдына өнер көрсету – оның азаматтық парызы. Жаңа ғана концерт болған жерде бомба түсіп, ор қазылып қалғанын көзбен көргенде, зəре-құты қалмаған əртістер əйтеуір-ау əйтеуір аман қалғандарына шүкіршілік ететін ғой... Елге оралар сапарында бұлар Мəскеудегі қазақ Елшілік ғимаратына тоқтайды. Жақсы қарсы алады, бірақ кейбіреулер көз жанарындағы бұған деген үнсіз сұрақ сояудай көкірегіне қадалады. «Не болды, Болат аман ба екен? Құрекеңнің халі қалай екен...» – дей бергені Шараның мазасын алып, жай таптырмаған ғой. Тезірек Алматыға жетуге, қанат байлап ұшардай болғаны сонша, «бірер күн аялдаңыз» дегендеріне де көнбеген. Мəскеудің бір концерт залында Шара Жандарбекованың жəне əнші Ғарифолла Құрманғалиевтің құрметтеріне кездесу кеші жобаланған... ...Əуе жайда баласы Болат, анасы Тыныбала жəне жақын жақыбайлары қарсы алғанмен, Құрекең төбесі көріне қоймағанға дегбірсіздене: – Не, папаң ауырып қалған ба? – дейді. – Нет, папа наш женился! – Баласының əй-шəй жоқ қойып қалғаны. Мəн бермеді, күлді де қойды. Соңыра өсек-аяң жыланның қордасындай қозсын: «Шара майданнан Құрекеңе «үйді босат!» деп ділгірам салыпты... «Басқа сүйген жарым бар депті»... Онысы – ұшқыш жас жігіт екен...»

«Өмірім менің – өнерім» атты мемуарлық кітапты жазарда Шараға: – Айтыңызшы, телеграмма жібергеніңіз рас па, «үйді босат деп» – деген сауалды əлденеше қойдым, ол кісі еш нəрсе ашып айтпады. Құрманбектің жас драма актрисасына үйленгені де, келе-келе Шəкеңнің ұшқыш батыр атағы бар адамға қосылғаны да рас. Дəм тұз ұзақ тұруға жазбайды, туыстары, əсіресе анасы ұнатпайды, құдды қыранның ұясына күйкентай келіп қонақтағандай... Құрманбектің қадірін, қасиетін келе-келе ұққан, бағалауына жеткен Тыныбала қария өле-өлгенше «жалаңаяқ күйеубаласын» əспеттеумен өтеді. Тіпті, өзінің жақын құрбылары – атақты Дина күйші, Айманкүл – халық ақыны – ақылдаса келе, дастарқан басында екеуін қайта қоспаққа ниет қылады. – Тəйірі, ұя бұзбайтын еркек бар ма, əлгі менің де томашадай байым менен көзін ала беріп, қыз-келіншекке қырындайтын. Бір күні тойдан келсем, көрпенің астынан біреу емес, екі бас көрінеді... орталарына жата қалдым, – деп Дина шешейдің ақтарылуынан үйдегі қыран-топан күлкіні айтсай! Кітаптағы ең-ең қызықты жері де осы тұс. Кейінгі алғанынан балалары бола тұра Құрекең Болатын шексіз сүйеді, екеуінің Шарадан жасырынып, бір шатырдың астында, сорғалаған жаңбырда кездесуі, Тыныбала əжейдің көріп қалып, еңіреп жылауы да... III 1936-жылы Мəскеудегі онкүндік зор табыспен өтіп, «Қыз Жібек» операсын бір емес, екі рет Үлкен театр сахнасында қойдырып, Үкімет ложасында Сталин бастаған Саяси бюро мүшелері көретін тұста бір ыңғайсыз жайт болған: Құрманбек Бекежан бейнесінде, қарақшылармен қоса қылышын жарқ-жұрқ сермей билейді. Кенет, иə, кенет, биші жігіттің ышқыр бауы үзіліп, жартылай жалаңаш күйде қалады. Бишілер тобы оны қоршай, музыка ырғағында сахнадан сырғыта ұзата береді. Зал сілтідей тынуда, Мəскеудің мəдениетті

талғампаз көрермендері мұны басқаша пайымдауда: «Қазақ халқы біздің дəуірімізге дейінгі замандарда жабайы ғұмыр кешкен. Мынау соның көрінісі...» – дегендей, газеттерге де солай жазылады. Ал Темірбек Жүргенов болса мұны тура қастандық деп шешеді. Сахна сыртынан шымылдығы түсірілер түсірілместен антракт кезінде ата шығып Құрманбекке: – Əдейі істедің провалды! Ұлы көсемнің көз алдында биші жігітіңнің дамбалы сыпырылып...нағыз қаскөйсің! Ата-тегің нағыз бай-шонжар, совет өкіметінің жауысың, сен Жандарбеков! Үлкен театр сахнасы саған цирк пе? Жалпы, сен – Жандарбеков бүгіннен бастап бас режиссерліктен де, театр директорлығынан да босатылдың дей бергін. Жалпы Қазақтың муздрама театрының маңайынан қуыласың, естіп тұрсың ба, болыстың баласы! – деп бүкіл ұжымы алдында ақырады. Үнсіз тыңдаған Құрманбек көздері шатынай: «Мен кетемін, рас. Бірақ қайтып айналам! Тек бір жерде қателесіп тұрсыз, Темке! Арғы жағым бай-шонжар емес, бұл сіздің арғы атаңыз, шын шонжар, шіріген бай болғаны көпке аян. Əкем Жандарбек болыс болса, ол бертінде, кеңес үкіметі тұсында, ауыл-кеңес төрағасын халық болыс дейтін. Еліне адал қызмет жасағанынан өзге жазығы жоқ əкем жарықтықтың. Сіз, Темірбек Жүргенов жолдас! Сонша байлық арқасында шетел шаһарларында оқыдыңыз, əлем мəдениетін игердіңіз. Ал мен – Тəшкеннің Алай базары маңынан əрі аспадым, сондықтан білімім таяз, тек өнерді халықтан үйренгенім болмаса... Көкірегім зерек, көңіл көзім ашық, өнер менің жаным да, арым да, мені театрдан қуғанмен, өнерден қуа алмайсыз!» – деді дағы дырау қамшысын сарт еткізе ұзай береді. Со бойда (бөлмелеріне келгесін) Шараға: «Шəкітай, бұл тегін емес! Мені қаматады, көр де тұр. Кесірім сендерге тимесін, Болатжанды ал дағы, Алматыға тарт. Мен енді Алматыны көре алмаспын... Еңірей жылаған Шара: «Не деп тұрсыз, Құреке, Сіз қайда барасыз сонда?! – Пішпекке, əу баста театрдағы жолымыз сол Қырғызстанда басталған- ды Зура Атабаева екеуміздің. Театр құрғамыз, көптеген спектакльдерде

қатар ойнағамыз. Зура сен сықылды өнерлі де сұлу болатын... Ал, жинал, Шара! – Сұлулығы құрысын, сол сұлулықтан не таптым... – Шара жылап, күйеуінің шалғайына оратылады. «Мен де сізбен бірге кетем...» Əрине, Құрманбек театрдан қуылмайды, онкүндік абыроймен аяқталып, ордендермен, атақпен марапатталып, үстеме еңбекақы алып, қойны-қоныштары ақшаға да, қуанышқа тола актерлер мен актрисалар елге қайтады. Ол кезде Мəскеу – Алматы поезы жеті сөткеге жуық жол жүретін. Бұ жолғы сапар тіпті созылады, өйткені, керуен-поезд əр станса басына, қалаларға тоқтайды, жолаушыларды күтіп алып, «Құрманбек пен Қанабек шықсын, Күлəш, Шара шықсын!» – деп жер тепкілей тұрып алады екен халайық. Сонда ғой əбден сілесі қатқан Күлəштің жас опера əншісі Шəбал Бейсековаға: «Сен шықшы, кішкенем, сен де Жібексің ғой...» – дейтіні. Халыққа көріне, көріне əбден сілелері қатқан Құрекең мен Қанекең жəне біраз жігіттер пойыздың мейрамханасына кіріп алып, ақшаларын судай шашатыны, армансыз шалқитындары сол кез. IV Сұлулық дегеннен де шығады, Шара, рас, елден асқан сұлу да көрікті, əрі сахна жұлдызы. Е, ол кезде микрофон деген қайдан болсын-ау... Бүгінгінің əншісымақтарындай əндерін фонограммаға жаздырып, компьютер арқасында əрлеп, беттеріне бес батпан грим жағып, сəнді киімдерге малына сахнада тауешкідей секіретін заман қайда. Қазақтың асқан əншілері, өнерпаздары Шара мен Күлəш та, Жамал Омарова да, Рақия Қойшыбаева, Рəбиға Есімжановалар да микрофон дегенмен əн айтпайтын. Ел-жер аралай, жел кеулеп, төбесінен тамшы таматын ескі клубтарда да өнер көрсетіп жүріп, кəдуілгі табиғи дауыспен əн шырқап, халықты риза ететін еді. Нағыз жезтаңдай, құмбыл үнді «Көмейінде бұлбұлдың ұясы бар» дейтіндей əнші мен жалған, үндері құмыққан нашар əншілердің бүгінде кереғар, аралары жер мен көктей алшақ болатыны да сондықтан.

Шара апамызға заманында кім қызықпады... Айтуынша, белгілі қоғам қайраткері Əліби Жангелдин сөз салған. Сырын айтам деп шынын да айтып, ол қайран апамыздың кей-кейде ақтарылатын да сəті болатын. Сол сыр – Мұхтар Əуезовқа байланысты. Мемуар кітаптың тағы бір əсерлі тұсы – Мұхаңның со кездегі Күлəш пен Шараға деген құрметі, еркелетіп: «Екі ақмашқа қыз, мен бір шабадан ақша алдым, кəне, екеуіңді бір қыдыртайын!» – деп Мəскеуді аралатып, ресторандатып, қызыққа батқан шақтары. Екеуін екі жағына ала қолтықтап, алшаңдай басып жүргенде, көшедегілердің бұрылмай кетпейтіндігі – Мұхаңның ғажап бір əсерге бөленген кезі! Былай шыға бере екі келіншек сонда: – Жындымыз-ау, сонша ақшаны суша шашып, кеңірдектей тойғызғанша, одан да неге бір-бір шуба алып беріңіз демедік екен?.. – деп өкінеді ғой. Сол беттерді оқығанда, қай-қайсымыз да: «Бұл Мұхаңның екі келіншектің қайсысында көңілі болған-ау?» – деп ойға қалуымыз орынды да. Осынау оқиға 1947-жылы Мұхтар Əуезовқа «Абай» романының алғашқы екі томдығына I дəрежелі Мемлекеттік сыйлық тапсырылатын кезеңде еді. Сəл жымиып алды да Шəкең: «Рас, Мұхаң екеуміздің арамызда естен кетпейтіндей сүйіспеншілік болғанын мен жасыра алман. Ол кісі мені Қырымға алып баратын...» – деді. Көмейімде бүлкілдеп бір нəрсені сұрай алмай отырдым. Сонда Шəкең: «...Нағыз жігіт еді! Əйелді соншалықты аялай білетін еркекті бірінші рет көруім...» «Сұлулықтан не таптым?» деп көп айтатын. Алла тағала бір адамға бəрін үйіп-төгіп берсін бе. Өмірінің көбі өтіп, азы қалған шағында жалғыздық оны əбден жаншыды. Үш ұлдан қалған Болаты араққа салынды. Əйелден əйел алды. Соның өзінде Болат Жандарбеков «Сақтар» дейтін екі томдық тарихи дилогия кітап жазып қалдырды. Күндердің күнінде Шара апамды Панфиловшылар бағында жылап отырғанын көріп, қасына келдім. «Неге өйтесіз?» – дегенімде:

– Құрекеңе налимын да: «Алқаш балаңды маған тастап кеткенің-ай! – деп... Қайтейін, мына алған келінім үйдегі хрусталь ыдыстар мен алтын жүзіктерімді тасып алып кетіпті. «Əй, қайран, Клара-ай!» деді, əлде наза, əлде өкініш. Клара Юсупова – балерина, Болаттың алғашқы жары. Екеуін Құрманбек пен Шара Ташкентте, бір махалланы түгел қоршатып, ұлан- асыр той жасатып үйлендірген еді. Дəм-тұздары жараспады ма, біраз жылдан соң-ақ ажырасып кетіпті. Араларындағы ұл анасымен бірге кеткен. Сол бала – Шора Жандарбеков өсе-келе дипломаттық ірі қызметкерлік жұмыстар атқарыпты. Шəкең қайтыс боларында əкесінің жеңіл көлігін сол немересіне аманаттаған көрінеді. *** Жұлдыздар да ағады. Тірілер аққан жұлдызды көріп қалса: «Мынау менің жұлдызым!» – деп келешегіне үміт артады. Əлде түсім, əлде өңім, Шара апаммен дəудірлесіп сөйлесіп жатыр екенмін. «Апа, деймін, Сіз жұмақтамысыз!...» «Иə, қызым, мен жұмақтамын. Мен халқыма көп қызмет еттім. Болатым да, Маратым да қасымда...» Тағы бір баласын – Жəнібек дейтін – жастайынан шетінеп кеткен... атамады. Ол бала Шараның атасын айдауға жіберткенде, Құрманбек екеуі іздеп барып, қаңғып, қайыр тілеп жүрген жерінен тауып, бір милиция жігіттің үйіне қондырып, жуындырып, киімін жаңалап Алматыға əкеле жатқандарында жолда тар вагонда тұншығып қайтыс болған екен. Құрекең Байбол атасын жетелеп «Қызыл вагонға» мінбекші болған жерінде, бір белсенді бəлшебек: – Байдың құйыршығын «Қызыл вагонға» мінгізбеймін!» – деп көлденеңдеп тұрып алғанда, Құрманбек елпектеген немені тамбурға алып ұрып, ішке енеді атасы екеуі. Ал Шара қалып қап, құндақтаулы баласымен кейінгі «товарный» дейтін жүк таситын, терезесі бітеу вагонға əрең дегенде ілігеді, іле күйеуі мен əкесінің соңынан Алматысына жетеді. Əттең, нəрестесінің өлі денесін құшақтап...

Ал сол бəлшебек Елубай Өмірзақов болатын. Халық əртісі, əнші. ...Заман өзгереді, тас та жылжиды, орнында тұрмай... 1938-жылы қазақтың тұңғыш дыбысты киносы «Амангелді» экранға шығады. Басты рөл Амангелдіні – Елубай Өмірзақов орындаса, оның жары Балымды Шара ойнайды, əрі билейді... Лебiздер Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы ШƏРБАННЫҢ ЖАЗҒАНДАРЫН ҚАЙТА ОҚЫДЫМ Жетпiс деген желдi шыңға шықсақ деп құмартушылар аз емес екенiн мен сеземiн. Жетпiстемiн деп мақтанған ешкiмдi көрген де, естiген де емеспiн. Бiрақ өзiңнен кейiнгi алпысқа аға болу үшiн де, жетпiске желге мiнiп келудiң түк те айыбы жоқ. Бiреулер: «Шiркiн, бұл кiсi қартайып қалыпты-ау!» – деп есiркесе, «Жол бiлетiн, жөн бiлетiн жасқа жетiптiау!» – деп ендi бiреулер əжептəуiр ардақтайды, құрметтейдi. Тұлпар мiнiп ту алмасаң да, күндей күлiп қуанбасаң да, атағың жер жармаса да, жетпiс деген үлкен атаның жасына, əженiң жасына Аллам ұйғарып жатса, аман келгенге не жетсiн! Алпысты көпсiнiп жүретiн Шəрбан қыз да аман-есен мен келген жетпiске келдi. Егер менi жалыны əлi күнге таусылмаған тарланым десеңiздер, Шəрбану да сол тарлан. Ауылдасым, ақылды, сүйкiмдi қыз, Уақыт күтiп тұрмайды, ұйқыңды бұз.

Екеумiз де тұнықпыз, тұмамыздай, Екеумiз де сынықпыз, бiртүрлiмiз. Қатарыңнан озып сен бала кезден, Иесi едiң қиялдың дала кезген. Кiрген адам шыға алмай қалатұғын, Алтын сарай тұрғыздың қара сөзден. Аштың мөлдiр бұлақтың тұма көзiн, Елдiң бағы ер қайрат, мына төзiм. Көркiңдi алды аққан жыл, көңiл құсын,– Ұшырудан тынбадың бiрақ өзiң. Өмiр өттi жарқырап, не мұңайып, Елдiң сырын екеулеп кел ұғайық. Бiр қалада тұрамыз жылына бiр Кездесуге уақыт жоқ – не ғылайық. Көп қинады жоқтығы əкемiздiң, Сүйеушiмiз аз болды-ау екеумiздiң. Жетпiстiң де шыңына шықтық аман, Бақытымыз бар екен, Шəке, бiздiң. Шықпаса да күнiге жегi есебiң, Жетеледi шыңдарға жеке сенiң. Елiң аман тұрғанда сен де барсың,

Ел бақыты – бақытың, Шəке, сенiң. Шəрбану Құмарова құлағыма өте сүйкiмдi естiлетiн есiм. Оны менiң жылдап да көрмеген, сөйлеспеген кездерiм көп болады. Бiрақ оның күлiмдеген бейнесi, аңқау арманшыл тiршiлiгi менiмен бiрге өмiр сапарын кешiп жүргендей сезiнемiн. Көрсем қуанам, бейне бiр жоғалтқан асылым табылғандай жақсы бiр күй кешемiн. Кездеспесем аман-есен жүре берсiншi, сол сары қыз деп ойлаймын. Оның əдебиеттiң ұлы сапарына араласуына менiң сəл-пəл əсерiм болды. Бiз бiр ауылдың, бiр ауданның түлегiмiз. Алатау етегiндегi мөлдiр тұманың суын мен де iштiм, ол да iштi. Алатаудың ақ жаңбырына кеудемдi мен де тостым, ол да тосты. Найзағай отына қуана қараған кездерiмiз де бала күннен алысқа қарады. Соғысқа кеткен əкелердi күткен сол кездер əлi де батыс жақтан жақсылық арқалап, бiзге қарай дүниедегi ең жақсы адам дар – бiздiң əкелерiмiз, ағаларымыз келе жатқандай серiге бiткен сергек үмiтпен күн кешiп келемiз. Шəрбану жас жағынан менен бiр жас қана кiшi қарындасым. Қатар жүрiп бiр ретте ол менен, мен одан көмек сұрап көрген емеспiз. Тəкаппар таудың қызы өзi туған тауына ұқсайды. Иiлудi, жасуды бiлмейдi. Ол бала күнiнен жарқырап жүрудi қалады. Əншi де, бишi де болды Шəрбан қыз. Сол бiр лақша секiрiп жүрген жас қыздың жүрегiнде тек жазушыға бiтетiн арман жатқанын алғаш аңғарған ұлы Мұхтар Əуезов, ұлы Сəбит Мұқанов, поэзиямыздың қыран ақындары Жұмағали Саин, Дихан Əбiлев ағалар не деген көреген жандар. Ешқашан көмескiленбейтiн үмiтпен қарады олар жұқа өңдi, көзiнен көзiлдiрiгi түспейтiн ақсары, əсем қызға. Оның жүрегiндегi қазынаны қайран ағалар қалай көре бiлген деген бiр шуақты ой менi биiкке алып шығатындай. Шəрбану туралы сөз сөйлейтiн болған соң, мен оның жазғандарын қайта оқыдым. Бұрынғы есте қалған, қалмаған ескi достарымды көргендей əсерлендiм. Жиырмадағы жiгiт кезiме кезiктiм. Əдемi де əсерлi əңгiмелер, адам жанын аялайтын повестер жазушы беделiн менiң көз алдымда биiктетiп жiбердi. Əй, мына қыз қалай-қалай сiлтейдi деп таң қалдырған тұстары да аз емес. «Егер де еркектердiң аузында құлып болса», «Бегiмхан» əсiресе, «Киiк оты» атты əңгiмеге

қатты əсерлендiм. Мұндағы Арғынбек, Бəтима, Əсем атты кейiпкерлер бiздiң замандастарымыз. Əңгiмеде аз суреттелсе де маған Əсем қыздың өзi де, тағдыры да осындай қыздарды өзiм де жiгiтке бiткен қиялмен жақын барып, жақсы көрiп қалғандаймын. Жазушының жазушылығы аз ғана сөзбен көп сурет салуында, көп айта бiлуiнде. Адамның жүрегiне кiрiп арман əнiн шырқай бiлуiнде: «Əсемгүлмен қоштасты. Сəлден соң вагонға беттедi. Жолай бiр ойлағаны, жаралы киiк тау- тасты кезiп өзiнiң дəру шөбiн тауып жеп жазылады екен. Ол шөптiң аты – «Киiк оты». Адам жанының да дауасы, өз киiк оты болмай ма? «Болар, болар, ол бiреуге табылар, бiреуге табылмас», деп толғайды Шəрбану. Мен бұл əңгiменi қазақ əңгiмелерiнiң антологиясына үлкен сенiммен, үлкен махаббатпен кiргiзер едiм. Жəне оның авторына аса бiр риза көңiлмен, астына ат, иығына шапан жабар ем. «Жарайсың, сары қыз» – деп арқасынан қағар едiм... Шəрбану Құмарованың «Буыршын мұзға тайған күн», «Айдың сүттей жарығында», «Құлжа жолы», «Мың жылдық сағыныш», «Жусанның кермек исi» повестерiнiң қай-қайсысы да адам жанының нəзiк пернелерiн басады. Геройларының бəрi де өзiмiз күнде көрiп жүрген адамдар. Солардың қуаныш, күйiнiшi, ренiшi, ұмытылып барып жеткен жақсылығы – бəрi де нəрлi, шұрайлы тiлмен, қанық бояумен əдемi суреттеледi. Шəрбану өз құрбыларының жан жүрегiн жақсы жырлайды. Аялайды. Ана көңiлiнiң нұрын төгедi. Қай шығармасын оқысаңыз да көзге көп көрiне бермейтiн үмiт сəулесiне ұзақ қарағандай, мөлдiрден су iшкендей, жаздың кешкi самалына кеуде тосқандай күй кешесiң. Артистер өмiрi, əншiлер тiршiлiгi соншалық бiр əсем сезiммен, əсерлi күймен өрiледi. Шəрбанудың өнердiң ұлы жұлдыздары Күлəш апасы мен Шара апасы туралы жазған эсселерiн де мен аса сүйсiне оқыдым. Егер ертең осы екi əпкелерiмiз жөнiнен Шəрбану повесть, роман жазып жатса, оны сүйiспеншiлiкпен қарсы алар оқушылары дайын тұр. Шəрбану драматург. Оның бiр пьесасын өзiмiздiң Мұхтар Əуезов атындағы академиялық драма театрынан көрiп сүйiнгендердiң iшiнде, жақсы құрбымның жақсы шығармасына ұзақ қол соққандардың iшiнде мен де бар едiм.

Жазушының соңғы кезде жазған үлкен шығармасы «Сезiм патшалығы». Бұл Жəнiбек атты тiс дəрiгерiнiң өмiрi арқылы, басынан кешкен қызықты да ауыр жағдайлары арқылы кең толғаулы, көп оқиғалы роман. Бағана бiз атаған əңгiме, повестер, эсселер Шəрбануды жазушы ретiнде шеберлендiрiп, осы үлкен романға əкелген екен. Бұл роман тұсында жазушы терең де тегеурiндi. Əдебиеттiң бұл үлкен жанрына жан- жақты дайындықпен келгенiн Шəрбану тағы бiр паш еткендей. Көзi көреген, сөзi мерген, қалаған жерiне дəл тиедi. Жəнiбек те, Гүлмира, Кəмештай, Қызғалдақ та, Сланбек отағасы да, Райхан апай да, кiшi Жəнiбек те романды оқып бiтiргенде оқушыны аса бiр жақсы сезiмге бөлеп жаныңды есiркейдi. Қызғаншақ, сұрқия ғып суреттелетiн Ризатты да бiр түрлi iшiңнен аяйсың. Бiрақ жазушы қай геройын қалай суреттеймiн десе өз еркi. Осы бiр ұзақ прозалық жырды мен де ұзақ оқыдым. Жазушының үлкен еңбегiн үлкен ризашылықпен оқып шықтым. Көп оқиғалы, күрделi дүниеге Шəрбану дер кезiнде барған сияқты. Мен прозашы емеспiн. Бiрлi-жарым сəбилерге жазған əңгiмем болмаса «Олар менi Тұмаш – деушi едi» дейтiн естелiк əңгiмем болмаса, басқа көркем проза жазып көрген емеспiн. Прозашы еңбегi жөнiнен баяндама жасап оңай абыройға ие бола қалсам деген ойдан да аулақпын. Кiшкене күнiмнен бiлетiн, жақсы көретiн жан құрбымның өнер жолына аздаған шолу жасадым. Шəрбану – сөз жоқ, сөз өнерiнiң шеберi. Оның əдебиетте өз жолы, өз соқпағы бар, ағалар айта беретiн прозаға келген жалғыз бүгiн бiр шоқ жұлдызға айналған. Əңгiме жазған бiр қыздың шығармасын оқи қалсам, бұ қыз да бiздiң Шəкеңнiң жолына түскен екен, Шəрбануды сөз жоқ, ұстаз санайды деп ойлаймын. Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш прозаик, тұңғыш драматург Шəрбануды мерейтойымен, салтанатты, салауатты, өнегелi, өмiршең тiршiлiгiмен құттықтаймын. Оның тойы – бүкiл республика тойы. Егемен елiмiздiң тойы. Бұл қыз – қазақтың Құмаровасы. Өзiң жазыпсың, Шəке, «қартаю – əйел үшiн ең бақытсыздық» деп. Олай болса, қартайма, осы бiр əсем қалпыңмен замандастарыңның көңiлiн де, көзiн де қызықтырып, аман-есен жүре бер!

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, «Құрмет» жəне «Парасат» ордендерiнiң иегерi «МАХАББАТ ФОРМУЛАСЫ» 70-ке келген адамға жетi немесе жетпiс кiтап шығарды деп жату, менiңше, мақтауға жата қоймайды. Себебi қолында қаламы, бойында талабы бар кiм де болса 70-ке келгенше азды-көптi бiрдеме жазады. Мəселе ненi жəне қалай жазғанында. Осы тұрғыдан алғанда Шəрбану Құмарова ненi жазғаны жағынан да жəне қалай жазғаны жөнiнен де оқырман алдында ұялмайды. Оны жұртқа жазушы ретiнде алғаш танытқан 1958-жылы «Жұлдыз» журналының 12-санында жарық көрген «Бағираш» əңгiмесi болатын. Əйел адамның жанын, қылығын нанымды, көкейге қонымды суреттеген ол əңгiме əдебиеттiң қасиеттi босағасын Шəрбанудың сенiммен аттауына себепкер болды. 1961-жылы «Қыз сыры» деген атпен жарық көрген тұңғыш кiтабы жазушылар қауымын елең еткiзген дүние болды. Осы кiтаптың əсерiнен Сəбит Мұқанов: «Шəрбану Құмарова – қазақ əдебиетi тарихында көркем проза, яғни, əдебиеттiң ауыр артиллериясына жүрек жұтып аяқ басқан тұңғыш əйел жазушы болар деген ойдамын», – десе; партизан ақын Жұмағали Саин: «Шəрбану Құмарова – қазақ əдебиетiнiң тарихында проза жазған алғашқы қазақ қызы», – деп қуаныпты. Бұл пiкiрлерден Шəрбанудың алғашқы шығармаларынан-ақ ағалар назарына iлiгiп, өз шығармашылығын сəттi бастағанын аңғарамыз. Құдайға шүкiр, сол сəттiлiктi Шəрбану бiрден-бiрге жалғастырып, биiктенбиiкке жалықпай көтерiлiп келедi. Оның қаламынан қызықты-қызықты новеллалар мен əңгiмелер, заман сыры мен адам жанын ашатын повестер, шытырман оқиғалар мен қилы-қилы адам тағдырын талдайтын романдар, ұзақ жыл сахнадан түспеген пьеса да туғаны белгiлi.

Шəрбанудың бiр қасиетi – үнемi өзi жақсы бiлетiн жайларды ғана жазады. Ал оның ең жақсы бiлетiнi – əйел жаны мен əйел қылығы. Қай жазушы да өзi жақсы бiлетiн нəрсенi жазады. Шəрбанудың жақсы жазуының бiр сыры, сөз жоқ, осында. Əйелге тəн нəзiктiк, жұмбақтық, еркелiк, сезiмталдық, құпия қулық – бəрi Шəрбану шығармаларының тартымды əдiстерi. Шығармаларының аты да «Мен əйелге қатысты дүниемiн» – деп, айғайлап тұрғандай əсер қалдырады. «Бағираш», «Əйел шырағы», «Əйелдер патшалығы», «Тағы да əйелдер туралы», «Мың жылдық сағыныш», «Махаббат формуласы», «Сезiм патшалығы». Əйел жанын əйелдiң өзiнен артық кiм түсiнсiн. Оның шығармасын жұртшылықтың сүйсiнiп iздеп оқитындығы да сол əйел жанын жақсы бiлiп, жақсы танып жатқандығынан болса керек. Шəрбану ел алдындағы борышына елдiң жағдайы қиын кезде де үлкен жауапкершiлiкпен қарады. Соның нəтижесiнде «Ана тiлi» баспасынан екi томдық «Сезiм патшалығы» атты кiтап шығарды. Бұл екi томдықта «Сезiм патшалығы» атты екi кiтаптан тұратын романы мен «Махаббаттар қайта жаңғырады» деген комедиясы, «Ұлылар ұлағаты» атты естелiктер топтастырылыпты. «Сезiм патшалығы» – дəл қазiргi заманның қыр-сырын ашатын роман. Оның бас кейiпкерi Жəнiбек – заман талабына iлесе бiлген iскер адам, алайда перiште емес. Жас қыз Гүлмирамен көңiлдес екенiн адам жалдап анықтаған оның əйелi Ризат – өте қызғаншақ, əрi қатыгез адам. Ол жас Гүлмираны қорқытып, жүктi күйiнде қаладан қашып кетуге мəжбүр етедi. Содан романдағы оқиға оқыс шиеленiседi. Жəнiбек мүгедек болып қалады, қашып-пысып жүрiп Гүлмира таршылық та көредi, қиыншылықты да бастан кешедi. Ақырында бiрiн-бiрi баяғыда «халық жауларын» қуғындаған заманда жоғалтып алған туыстары ойда жоқта бiр-бiрiмен табысады. Бұл романында жазушы адалдық пен зұлымдықтың, мейiрiм мен қатыгездiктiң бiтiспес майданын адамдардың сезiмi арқылы да, iс-əрекет, қылығы арқылы да жан-жақты суреттейдi. Шытырман оқиғалар арқылы адам жанына үңiлiп, адамдардың күнəға батқан, кiнəлi болған, одан тазаруға тырысқан аласапыран жағдайын шеберлiкпен көрсетедi.

Шəрбанудың шығармаларында кемшiлiк жоқ, бəрi тамаша деп тамсанудан аулақпын. Алайда қандай жағдай болмасын қолынан қаламын тастамай қажетiне қайтсе де жаратуға ұмтылып, үнемi iзденiп, үнемi еңбек етiп жүрген жазушыға қалай сүйсiнбессiң?! Өмiрдiң қиындығы мен өнердiң құнсыздануы əйел түгiл ер адамды да есеңгiретiп жiберген кезде Шəрбанудың сол өмiрдi өз көзқарасымен көркем шығармаға арқау етiп, жедел түрде роман жазуы, сөз жоқ, құптарлық жағдай. Əйел жазушы деп, Шəрбануға артықшылық немесе еркiншiлiк жасаудың түкке де қажетi жоқ. Оның жазушылығына, жiгерлiгiне сүйсiну керек. Биiктен биiкке өрлей бер, Шəрбану Құмарова – Гүлшарбан Мұхитқызы! Баян БЕКЕТОВА, ақын, Халықаралық əдеби «Алаш» сыйлығының иегерi ...МЕН СIЗДI ҚАСЫНАН КӨРГЕНМIН ШƏМШIНIҢ Сезiмдердiң тербеттiңiз ақ гүлiн, Аппақ ардың Сiз айттыңыз пəктiгiн. Кең далаға танылды да есiмiң, Шартарапқа тарап кетiп жатты үнiң. Ой кештiңiз тебiрентiп теңiздi, Сiз iстеген ерлiк iстер ең iзгi. Сiз арқылы ендi бəрiн еске алам, Көркем сөзге ғашық болған кезiмдi...

Далаңды дархан төгiлiп тұрып Жырладың, Қара сөзiңмен жауқазын жапқан қырларын, Iздегендерiн өзiңнен тауып қыздарың, Ойы мен бойын түзеген Сөйтiп сырғалың. Шəрбану əпке, мен сiздi Қасынан көргем Шəмшiнiң, Дауылпаз күйшi дүлдүлдер менен əншiнiң. Адамның жанын ақ қардай етiп аршыдың, Сөйлеттiңiз де мөлдiретiп тұрып Таң шығын. Досымын дейсiз дарабоз тарлан Əкiмнiң, Сырласысыз Сiз Мұқағалидай ақынның. Достарың жайлы төгiлген сырың бiр төбе Оқырмандарың жазғаныңды оқып жатыр мың. Биiне ғашық асқақ та сұлу Шараның Өзiң боп сөйлеп қазақ даласына тарадың. Оқ бойы озып кетесiз кейде жiгiттерден де Қарымы мықты-ау қаламың. Өмiрдiң өзi жеңiлiс жəне жеңiс те,

Шалқаймаған шыңда да, Еңкеймеген еңiсте. Кiр шалмаған пəк арын, Əпкем менiң жаны қардай перiште. Қаламгер қыз арасында дарамыз, Сiз туралы əңгiменiң бəрi аңыз. Соңыңыздан ерiп шыққан өркен ек, Қай тұстарда жүр екенбiз – Биiгiңiзден қараңыз. Парасатты пайымдаймыз сiз бе деп, Сырты сұлу, iшi – алтын Сiз бөлек, Сiзден таптық кiсiлiктiң өлшемiн, Зəру болып, бұл өмiрден iздеп ек... Өмiр берген Серiгiңе анасыз, Пейiлi кең, байтақ дархан дала Сiз! Мейiрiмді ана болып, дана боп, Ертеңдерге елiңдi ертiп барасыз. Заман – қатал, əдiлдiгi аз анық, Күндерiмiз көрiнедi бозамық... Сондай сəтте аққу-көңiл кiр шалса, Сiзге қарап сiлкiнемiз, тазарып.

Сiздi оқып, бой түзеген бұла қыз, Сiзге ұқсап сырға таққан Шұғамыз. Жiгiттердi мұңлық еткен арман қыз, Сұлулықты Сiз екен деп ұғамыз. Өмiр – дария өтiп қатал сынынан, Жалғыз ғана тамшысынан сыр ұғам. Жетпiс пырақ ерттеп мiнiп Жан апа, Қарап тұрсыз халқыңа Алатаудың шыңынан. Шыққан шыңың құтты болғай! Заида ЕЛҒОНДИЕВА, ақын, Халықаралық əдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты БҮГIН, МIНЕ, ҚАЛАМЫҢ ДА БАБЫНДА Ерекше сөз, еске түсер таңғы асы, Мұхтар, Сəбит, Ғабиттердiң жалғасы. Қаламымен бұл өмiрге iз салған – Қара сөздiң жарқылдаған алмасы!!! Бақыттың да дəмiн татқан, бақтың да, Есте бəрi сонау ғажап шақтың да. Шəрбанудай ханым қызын қазақтың,

Күтедi үнсiз – атақ, даңқ, тақ мұнда. Жаса Шəке – ақ маралы арманның, Бақыт болып, бақ боп жəне самғар күн. «Сезiм патшалығындағы» өмiрге, Соншама мен, соншама мен таңқалдым!.. Жарық күндей жаның Сiздiң тазалық, Сiздi көрсем қалам мүлде тазарып. Жүрегiнде Алла нұры мəңгiлiк, Адамгершiлiгiн көрмеген ем қаза қып. Əрi дана, əрi бала, əрi iзгi, Асыл Шəке! Буыршын мiнез, нар iздi. Азияны Еуропамен жалғаған, Хэмингуэй, Жорж Санд тəрiздi! Бүгiн, мiне, қаламың да бабында, Жүрегiң де ғашық болар шағында!.. Ақын сiңлiң өлеңiмен бас идi – Тағзымымды тəрк етпей, қабылда!

Оглавление Бірінші тарау Екінші тарау Үшінші тарау СӨЗ СОҢЫ... Хикаяттар МЫҢ ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ ЗАМАНА ЗАРЫ ЖОЛ ОРТАДА АДАМ КҮНI АДАММЕН МАХАББАТ ПЕН ЕРЛIК ИЕСI «СӨЙЛЕСIП ЖҮРГЕН КIСIҢ БАР МА, КӨЗЖАҚСЫМ?..» БИ ƏЛЕМІ – ШАРА Лебiздер


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook