Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-06-18 04:20:09

Description: Йозеф Рот Тағдыр Тәлкегі

Search

Read the Text Version

Йозеф Рот Тағдыр Тəлкегі Қарабайыр пенде туралы роман Аударған: Райхан Шалғынбаева Австрия жазушысы Йозеф Роттың таңдаулы шығармаларының бірі, 1930 жылы жарық көрген «Hiob» романы «Тағдыр тəлкегі» деген атаумен қазақ тіліне аударылып, өз ана тілін жəне сонымен қатар неміс тілін жетік білетін оқырмандар үшін үлкен тарту болды. Йозеф Рот 1894 жылы Галицияда дүниеге келген, Венада жəне Лембергте əдебиет ғылымдарын оқыған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатынасқан. 1918 жылдан бастап Венада, одан кейін Берлинде журналист болып қызмет атқарады. 1923–1932 жылдар аралығында «Франкфуртер Цайтунг» газетінің тілшісі болады. 1933 жылы Францияға қоныс аударып, 1939 жылы бары-жоғы 45 жасында Парижде дүние салады. Йозеф Роттың атақты «Hiob» романы 1930 жылы, осында суреттелген əлемнің астаң-кестеңі шығардан аз бұрын жарық көрген. Романның басты кейіпкері, Мендель Зингер, кезінде Ресейдің Цухнов мекенінде өз алған бағытынан қайтпайтын ортодоксал еврей отбасында дүниеге келген. Балаларға таураттан дəріс беріп, тапқан аздаған тиынтебеніне шүкіршілік етіп, күн кешкен. Кейіннен 1900 жылдан Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі уақыт аралығында Америкада тұрып, тағдыр тауқыметінің ащы кермек дəмін татып, Жаратушыға деген сенімі ақталмай, оның қаhарына ұшырап, қиямет-қайым күн кешеді. Романда оның басынан кешкен азаптары туралы əңгімеленеді. Кітапта өмірде рухани тоқырауға ұшырап, бар дүниеден баз кешкен жандарға сабақ болатын сəттер баршылық.

Йозеф Роттың атақты «Hiob» романы 1930 жылы, осында суреттелген əлемнің астаң-кестеңі шығардан аз бұрын жарық көрген. Романда Шығыс Галицияда тағдыр тауқыметінің ащы кермек дəмін татып, ауыл мұғалімі ретінде қарабайыр өмір кешіп жатқан Мендель Зингердің басынан кешкен азаптары туралы əңгімеленеді. «Бұл – құдай барынша қатты қорқытып сынап, ақыры жақсылық сыйлап дəріптейтін пенде туралы, адамдардың жадында сақталған жағдайлардың біреуден-біреуге əңгімеленіп жалғасып келе жатқанынан бергі, қарапайым, бояуы қанық, шым-шытырық, ылғи да осылай өрбитін, ежелгі оқиғалардың бірі болып табылатын, Йовтың адами ғұмыры туралы мəңгілік дастан». Пауль Шаллюк «Йов – романнан да, аңыздан да зор, иі қанып, əбден пісіп жетілген, біздің, яғни Йозеф Роттың өз замандастарының, жазған шығармаларының бəрінен де ұзақ өміршең болатыны белгілі еңбек. Бұл шығарманың құрылым тұтастығы, сезім тереңдігі, пəктігі, тілінің əуенділігі жөнінде еш асыра айтылмаған». Штефан Цвейг Йозеф Рот, 1894 жылы Галицияда дүниеге келген, Венада жəне Лембергте əдебиет ғылымдарын оқыған. Бірінші Дүниежүзілік Соғысқа қатынасқан. 1918 жылдан бастап Венада, одан кейін Берлинде журналист, 1923–1932 жылдар аралығында «Франкфуртер Цайтунг» газетінің тілшісі болып қызмет атқарған. 1933 жылы Францияға қоныс аударды. 1939 жылы бары-жоғы 45 жасында Парижде дүние салды. Аударған: Райхан Шалғынбаева

Бірінші бөлім І Көп жыл бұрын Цухновта Мендель Зингер есімді азамат өмір кешті. Ол – момын, құдайдан қорқатын, кəдімгі қатардағы еврей еді. Оның күн көрісі қарапайым мұғалімдік кəсіп еді. Өзінің бір ғана кең ас бөлмесінен тұратын үйінде балаларға тəураттан дəріс беретін. Тауратты жанын салып үйретсе де, таң қалдырарлықтай жетістікке жетпеді. Оның алдында да жүздеген-мыңдағандар дəл осының өзі сияқты өмір кешіп, дəріс берген. Берекесіз тірлігі сияқты оның қан-сөлсіз бет-əлпеті де бишара кейіпте еді. Көмірдей жылтыр, қауғадай қара сақалы бетін тұмшалап, тегістей жауып тастаған. Қалың мұртынан аузы көрінбейді. Көздері баданадай, қап-қара, селқос, ауыр қабағы көзін жартылай жауып тұрады. Басында арзан қара жібек кездемеден бас киімі бар, бұл матадан кейде заманауи сəнге сəйкес келмейтін, əрі арзан галстуктар тігілетін. Мендель көшеде асығып келе жатқанда денесін қымтаған жергілікті жұрттың бəрі киетін тізеден төмен еврей шапанының етегі жалбырап, ұзын былғары етігінің қонышына үздіксіз сартылдап тиіп жүретін. Зингер уақыты аз, ылғи тығыз шаруасы бар адамдай көрінетін. Сөзсіз, оның өмірі үнемі адам төзгісіз ауыр, кейде тіптен жан ашырлық аянышты еді. Əйелі мен үш баласын киіндіріп, ішіндіруі керек. (Əйелінің төртінші балаға аяғы ауыр.) Жаратушым Мендельдің беліне береке, жүрегіне немқұрайдылық, қолына кедейлік сыйлаған екен. Олардың өлшерге қисық алтыны, санарға сынық ақшасы болмады. Десе де, оның өмірі мардымсыз сылдырап, əрең ағып жатқан жылға сияқты сүйретіліп өтіп жатты. Мендель күнде таңертең тыныш ұйқысы үшін, аман-есен ұйқыдан тұрғаны үшін жəне атқан таң үшін жаратушыға ризашылығын білдіріп, жалбарынатын. Күн батқанда да, тəңіріне құлшылық етеді. Алғашқы жұлдыздар жарқырап көрінгенде үшінші рет дұға оқитын. Ұйкыға кетер алдында да қалжырап, еріні əрең жыбырлап, бірақ бар ықыласымен, асығыс күбірлей дұға қылады. Ұйқысы тыныш, еш түс көрмейтін. Ары таза, жаны пəк еді. Өкінетін

ештеңесі жоқ, дəмеленетін де түгі жоқ. Қатынын жақсы көрді, оның толық денесінен жан лəззатын табатын. Араны ашылып, алдындағы тамағын атауындай ішетін. Йонас жəне Шемария есімді екі кішкене ұлын тілазарлығы үшін ұрыпсоғатын. Алайда ең кішкентайын, қызы Мириямды, ол жиі еркелетті. Қызының түрі құйып қойған əкесі еді: шашы қап-қара, көздері мойылдай, қабағын əрең көтеріп, наздана қарайтын. Денесі үзілердей нəзік еді. Тура еліктің лағы дерсің. Мендель алтыжасар он екі балаға тəуратты оқытып, жаттататын. Он екінің əрқайсысы жұма сайын жиырма тиыннан əкелетін. Мендельдің жалғыз ғана кірісі осы жиырма тиындар еді. Жасы отызға енді ғана шыққан. Бірақ оның көбірек кіріс кіргізер түрі шамалы еді, тіптен, ондай мүмкіншілік мүлдем жоқтың қасы десе де болады. Жастары өсе келе балалар басқа ақылдырақ мұғалімдерге баратын. Жылдан-жылға күн көріс қымбаттай түсуде. Астық өнімділігі барған сайын құлдырап барады. Сəбіз қортиып, жұмыртқа кеуектеніп, картоп үсіп, сорпа сылдыр суға айналды, тұқы жіңішкеріп, шортан қысқарды, үйрек арықтап, қаздың еті тіс батпайтындай қатайып, тауық түк болмай қалды. Сонымен Мендель Зингердің əйелі Дебораның зарлаған ыңқыл- қыңқылы көбейді. Қанша дегенмен, заты қатын ғой. Ол кейде жын қуғандай болып, бұрқан-тарқан ашуланатын. Ауқаттылардың үй- жайына жақтырмай қарап, саудагерлердің табысын күндейтін. Мендель Зингерді, түкке тұрғысыздай етіп, адам құрлы көрмейді, тіптен көзіне де ілмейтін. Балаларының жағымсыз қылықтары үшін Мендельді кінəлап, жүктілігін де міндетсініп, қымбатшылықты, оның мардымсыз табысын бетіне шыжғырып басып, тіптен ауа райы жаман болса да, күйеуін жазғыратын. Жұма күні еденді запырандай сарғайғанша əбден тырналап жуды. Кең иығы оңды-солды селкілдеп, мығым қолдары олай да, бұлай да жұлқынып, əрбір тақтайды жалтыратып жуып, тырнақтарымен əр тақтайдың арасындағы қуыс- қуыстың бəрін шұқылап, лас қоқымдарды шығарып, кеспекті талайдан бері қатып қалған күсінен ада етті. Көк түске боялған жұпыны бөлмеде кең жауырыны күдірейіп, заңғар да құдіретті, əрі жан бітіп, қозғалған тау сияқты еңбектеп жүр. Сыртта, есік алдында жиhазды – қоңыр ағаш төсек, қамыстан тоқылған қаптар, теп-тегіс сүргіленген үстел,

көлденеңінен екі тік тақтайға тастай шегеленіп жасалған ұзын, бірақ жіңішке екі отырғыш сияқты үй жабдықтарын – жел қағып тұр. Ымырт түсер-түспестен Дебора альпакадан жасалынған шамдалдағы шырағданды жағып, қолдарын жайып, дұға оқыды. Күйеуі үйге келді, үстінде жібек қара шапаны, еден оған жер-көктің бəріне жайылып, балқып бара жатқан күндей сап-сары болып жарқырап көрінді, оның бет əлпеті əдеттегіден де ағарып жылтырап, сақал-мұрты да аптаның басқа күндеріне қарағанда ерекше қою қара болып тұрды. Ол жайғасып отырды, ыңылдап əн салды. Бала-шағасымен барлығы ыстық сорпа ішіп, тəрелкелеріне ризашылықпен жымия қарады, бірақ лəм деп жақтарын да ашпады. Бөлме жылына бастады. Жылу қазандықтан, аяқ- табақтан, үйдегілердің денесінен бөлінді. Альпакадан, Оңтүстік Америкадағы түйе тұқымдас жануардың жүнінен жасалынған, шамдалдағы арзан шырағдандар жылуға шыдай алмай, бүгіле бастады. Балауыз дастархан бетіне тамып, кірпік қаққанша қатып жатты. Терезені жұлқып ашса да, шырақтар өшіп қалмастан абыроймен соңына дейін жанып шықты. Балалар пештің түбіндегі сабан қаптардың үстіне жатты да, əке-шешелері əлі де бол са шырағданнан ойнай шығып жатқан жалынға қандай да бір үмітпен мұңая қарап отыр. Балауыз түтіндеп, қарайған білтеден түтін төбеге ұрып жатты. «Уh!» – деп күрсінді əйел. «Күрсінбе!» – деп ескертті Мендель Зингер. Олар үнсіз отыр. «Қой, ұйықтайық!» – деп бұйырды ол. Сонымен олар түнгі дұғаларын айтып, күбірлей бастады. Əр аптаның соңында шабаш – əдеттегідей жай сенбілік демалыс күні ғана емес, апта сайын болатын діни мейрам басталатын, үнсіздік орнап, шырағдан жағылатын, əн салынатын. Бір тəулік өткен соң өткен соң Мендель Зингер аптаның сұрқылт тірлігін ұмыттырған түн құшағына еніп, ұйқыға бататын. Шілденің шыжыған бір күні түстен кейін сағат төрттерде Дебора босанды. Оның алғашқы ышқынғаны он екі баланың бір сарынды үнін бұзды. Олардың барлығы үйлеріне қайтты. Жеті күндік демалыс басталды. Мендельдің төртінші баласы, ұлы, дүниеге келді. Бала сегіз күннен кейін сүндеттеліп, оған азан шақырып, Менухим деп ат қойылды. Менухимнің бесігі жоқ еді. Ол бөлменің ортасында талдан өрілген, төрт бұрышынан төбедегі ілмекке аспалы шам сияқты бекітілген

айналмалы кəрзеңкеде ілулі тұрды. Мендель Зингер саусақтың ұшы тиіп кетісімен-ақ бірден теңселе жөнелетін аспалы кəрзеңкені құлықсыздана анда-санда жайлап қана саусағымен түртіп отыратын. Бұл қозғалыс сəбиді оқта-текте жұбататын. Кейде қыңқылдап шыңғырғысы келгенде, оған ешнəрсе де қарсы тұра алмайтын. Оның даусы барылдап, тəураттың қасиетті сөздерін басып кететін. Дебора орындыққа шығып, сəбиді алатын. Оның емшегі – аппақ, иттің басындай болып тырсылдап, кеудешесіне сүті ағып, балалардың назарын еріксіз өзіне аударатын. Осындағылардың бəрі Дебораны еметіндей, емініп отырушы еді. Өзінің үш ересек баласы оны қызғана əрі ашкөздене қоршап тұратын. Тыныштық орнайтын. Сəбидің ғана шылпылдатып емгені естілетін еді. Күн аптаға созылып, апта айға ұласып, он екі айда бір жыл болды. Менухим əлі де шешесінің сылдыр судай сүтін емуде. Оны анасы емшектен шығара алмай жүр. Өмірінің он үшінші айында сəби бет- ауызын тыржыңдатып, аң сияқты ырылдап, ырсылдап, асығыс-үсігіс тыныс алып, бұрын көз көріп, құлақ естімеген қалыпта пысылдай бастады. Шартиған асқабақтай басын қылдырықтай мойыны əрең көтеріп тұр. Кең маңдайы үйін-түйін болып бырысып-тырысып, оны умаждалған пергамент қағазындай оңды-солды терең əжім басқан. Екі бұты қисайған, ағаш доға сияқты қатып қалған, жан жоқ. Шілтиген арық қолдары ербеңдеп, тыным таппайтын. Аузынан адамның күлкісін келтіретін дыбыстар шығатын. Қысылып қалса, оны бесігінен алып, бет əлпеті көгеріп, демі шыққанша, əбден сілкілейтін. Одан кейін ол жайлап демала бастайтын. Бұқтырылған шайдың самасын (бірнеше қалташаға салып) тыриған кеудесіне қойып, қылқа мойнына өгей шөп байлайтын. «Ештеңе етпейді», – дейтін əкесі, «өсіп келе жатқандықтан ғой!» «Ұлдарым нағашы ағаларына тартқан. Менің ағам бес жыл осындай жағдайды басынан кешкен!» – деді шешесі. «Бүкір болады!» – деп əңгіме қылды басқалар. Қалада шешек ауруы тарап, əкімшілік шешекке қарсы егуге бұйрық беріп, дəрігерлер еврейлердің үйлеріне келген күнге дейін, əр түрлі тиіпқашпа əңгіме гуілдей берді. Ол күні кейбіреулер тығылып қалды. Сопы Мендель Зингер бірақ құдайдың еш жазасынан қашпады. Ол егуді де сабырлылықпен күтті.

Күн шыжып тұрған сəске түс кезінде комиссия Мендельдің көшесіне жетті. Еврейлер тұратын қатардағы үйдің ең соңғысы Мендельдікі еді. Күн қаққан қоңырқай жүзінде сары сақалы желбіреген, қызарып кеткен мұрнының қырында алтынмен көмкерілген қыстырма көзілдірік таққан, аяғына сықырлаған сары былғары қонышты байпақ киген, ыстық болғандықтан көк жейдесінің сыртынан қалай болса солай жамыла салған, жеңдері егуге дайын бірнеше қол сияқты көрініп тұрған сюртугі бар дəрігер Салтысюк қолтығына қысқан үлкен кітабы бар полиция қызметкерін ертіп, адымдай басып бара жатты. Сонымен, дəрігер Салтысюк еврейлердің шолақ көшесіне де келіп жетті. Жасырына алмай қалып зар еңіреген əйелдер мен ботадай боздаған балалардың үні құлақ тұндырарлық. Полиция қызметкері əйелдер мен балаларды терең ұра мен үйлердің биік төбесінен, кішкене шоландар мен үлкен сабан кəрзеңкелерден қуып шығарды. Күн шыжып, дəрігер пысынап, пора-пора терге түсті. Ол жүз жетпіс алтыдан аспаса, кем түспейтін еврейге дəрі егуі керек еді. Əрбір қашып кетіп, қолға түспейтін еврей үшін ол ішінен жаратушысына мың да бір алғыс айтты. Көк түске боялған үйлердің төртіншісіне жеткен кезде, дəрігер полиция қызметкеріне аса аптықпауын сұрап белгі берді. Дəрігер ілгері қадам басқан сайын айқай-шу да ұлғая түсіп, көшені азан-қазан, у-шу қылды. Əлі қорқып жүргендердің айқай-шуы егіліп болғандардың балағатына ұласып жатты. Мендельдің үйіне жеткенде дəрігер шаршап-шалдығып, аузынан сөзі түсіп қалжырап, орындыққа отыра кетті де, бір стакан су сұрады. Ол назарын бірден кішкене Менухимге аударып, жарымжанды баланы жоғары көтеріп: «Мына бала қояншық ауруымен ауырады», – деді. Бұл суыт хабар əкесінің жүрегіне үрей ұялатты. «Кішкентай балалардың барлығы сіңірі тартылып, қалшылдап дірілдей береді», – деп, шешесі қарсы шықты. «Бұл сіз ойлағандай емес», – деп, дəрігер ашық айтты. «Бірақ мен оны бəлкім ауруынан жаза алар ма едім. Көзінде оты бар екен». Дəрігер кішкентайды бірден өзімен бірге ауруханаға алып кеткісі келді. Дебора да дайын еді. «Оны тегіннентегін емдеп жазады», – деді ол. Бірақ Мендель көнбей, былай деп қарсылық білдірді: «Тыныштал, Дебора! Құдай қаламаса, оны ешқандай дəрігер жаза алмайды. Оны орыс балаларының ортасында өссін деп пе ең? Ешқандай қасиетті

уағыз сөз естімесін деп отырсың ба? Госпитальдағыдай сүт ішіп, ет, сары майға қуырылған тауық жесін дейсің бе? Біз кедейміз, бірақ Менухимнің жанын емделуі тегін болғаны үшін ғана саудаға салмаймын. Діні бөлек ауруханада ешкім ауруынан жазылмайды». Мендель батырсынып, ап-арық қылдырықтай аппақ білегін егуге ұсынды. Бірақ ол Менухимді беріп жібермеді. Ол өзінің кенжетайы үшін құдайға жалбарынып, аптасына екі рет – дүйсенбі жəне бейсенбі күндері – ораза ұстауға шешім қабылдады. Дебора болса, Алла тағала ниетін қабыл қылуы үшін зират басына барып, тəу етіп, ата-бабасының əруағына сиынуды ойластырды. Сонымен, Менухим сауығып, ешқандай қояншық ауруымен ауыра қоймас. Десе де, егу сəтінен бері Мендель Зингердің берекесі кетіп, от басын үрей билеп, уайым жүректеріне шаншудай қадалуда. Дебора енді қанша күрсінсе де, күйеуі ескер ту жасап, оны еш сөге алмайды. Дұға оқыған кезінде, қорқынышын қараңғылық құшағына жасырып, сол сəтте тұңғиық ішінен рақым табу үшін өзінің жеке түн түнегін жасайтындай болып, Дебора бетін қолымен əдеттегіден ұзағырақ басты. Өйткені ол, жазылып тұрғандай, Алланың жарығы ымырт кезінде жарқырап, оның құдіреті қараңғыны жарық етеді, деп сенді. Бірақ Менухимнің дерті барған сайын қозып, ауру меңдей берді. Ересек балалар өскен үстіне өсе түсіп, олардың дендерінің саулығы ауру Менухимге қас болғандай, шешелерінің жынын келтіріп, олардың əр дыбысы құлағының құрыш етін жеді. Денсаулығы күшті балалары күш-қуатын дымкес бейшарадан алып жатқандай, Дебора сау балаларының шуылын, олардың қызыл шырайын жəне түзу дене бітімдерін жек көрді. Жауын- шашынға да, шыжыған күнге де қарамастан зиратқа барып тəу ете берді. Əке-шешелерінің аяқ жағында жиналып қалған мүкті құмдаққа басын соққылады. Ол марқұмдардың аруақтарын шақырып, олардың үнсіз жұбататын жауаптарын естуге келгенін айтып жалбарынды. Қайтып келе жатып, ол өзі келіп жеткенше-ақ ұлының дертінен сауығып кеткенін көремін деп үміттеніп, дегбірсізденгені соншалық қалшылдап, дірілдеп кетті. Ол от басы, ошақ қасындағы өз міндетін босаңсытып, салғырт қарады, сорпасы тасып төгілді, қыш қазандары, ыдыс-аяғы сынды, табаларын дат басып, көгеріп күңгірттене бастаған шыны аяқтары қатты шытынап жарылды да, май шамның шынысы

ысталып, білтесі көмірленіп, сүмірейген тілшікке айналды, арлыберлі тынымсыз жүрген табандардың жəне көптеген зымырап өткен апталардың кірі еденнің тақтайында бес елі болып қабатталып жиналды, ерітілген май қазаннан тасып ағып-тамды, балалардың жейделерінің түймелері қыстың алдындағы ағаштан түскен жапырақтардай бытырлап үзіліп жатты. Бір күні, (жаз жаңбырға айналып, жаңбыр қарға ұласайын деп тұрған күн еді), маңызды мереке күндерінен бір апта бұрын, Дебора ұлын кəрзеңкеге жатқызып, үстіне жүн көрпе жапты да, оны арбашы Самешкиннің арбасына салып алып, еврейлердің дін бастығы, раввин, тұратын Клукцыскіге аттанды. Ол жайғасқан тақтай сабанның үстінде бос жатыр, арба қозғалған сайын сырғи береді. Дебора тақтайды тек дене салмағымен ғана басып ұстап отырды, кейде жан біткендей, тақтай өз-өзінен секіріп қояды. Тар, қисық-сисық көшені сарғыш сұр батпақ басып қалған, арлы-берлі өтіп жатқан жүргіншілердің ұзын қонышты етігі мен арбалардың дөңгелектері сол батпаққа белшесінен батып жатыр. Жаңбыр жер көкті бүркіп, жеке дара тұрған үйлердің төбесіндегі түтінді ыдыратып, шексіз берік төзіммен өзіне кездескен қаттының бəрін: қара жерден өсіп шығып тұрған аппақ тіс сияқты əк тасты, қаланың шетіндегі шіріген түбіртектерді, ағаш кесетін заводқа кіре берістегі исі аңқыған, бірінің үстіне бірі қатарластырылып жиналып қойылған тақтайларды, тіптен Дебораның орамалы мен астында Менухим көміліп жатқан жүн көрпені де езіп жаншуда. Менухимге бір тамшы да су тимеу керек. Дебора əлі төрт сағаттай жүреміз деп есептеді; жауын толастамаса, қонақ үйдің алдында тоқтап, жамылғысын кептіріп, шай ішіп, үйден алып шыққан, əлдеқашан мыжылып та қалған көкнəр ұрығы қосылған ширатпа тоқашын жеп қоюы керек. Оның бағасы – бақандай бес тиын, оны қалай болса солай тастай алмайсың. Құдай жарылқап, жауын тоқтады. Алба-жұлба бұлттың астынан көмескіленіп көрінген күн бір сағатқа жетер-жетпес уақыт қана күңгірттеніп тұрды; ымырт түсісімен күн мүлдем жоғалып кетті. Дебора діттеген жеріне келіп жеткенде, Клукцыскіні қою қараңғылық басқан еді. Шарасыздықтан тығырыққа тіреліп, тек раввинге ғана үміт артқан көптеген жан оны көруге əлдеқашан келіп те қойыпты.

Клукцыскіде кейбіреуінің төбесі қамыспен, кейбірі кереге шабақпен жабылған бары-жоғы мыңдаған ғана үй жəне маңайын ғимараттар қоршап тұрған, көлемі бір шақырымға созылып жатқан кеуіп қалған көлге ұқсайтын базар орны бар еді. Оның ішінде айнала тұрған арбалар қираған көліктердің көміліп қалған қаңқаларын еске салатын еді; дегенмен, олар мəнсіз, мағынасыз айнала жер-көкте қалай болса солай шашыраңқы орналасқан. Доғарып қойылған аттар арбалардың қасында оқырынып, шаршап титықтаған тұяқтарын тырп-тырп еткізіп, желімдей балшыққа белшесінен батып тұр. Қолдарында жел үрлеп желпілдеген шамдары бар, ұмытып кеткен жамылғысын жəне жолға алған тамақтарын əкелуге шыққан кейбір адамдар ыдыстарын даңғырлатып, түн шінде адасып жүр. Келген адамдар айнала тұрған мыңдаған кішкене үйшіктерге жайғастырылды. Олар – ауру-сырқаулар, ақсақ-тоқсақтар, кем-кетіктер, жынды сүрейлер, жүрегі нашарлар, ішінде қатерлі ісігі барлар, көздеріне жұқпалы көз ауруы басыр жұқтырып алғандар, сусамырлар, бедеу əйелдер, кембағал балалы аналар, бастарына түрмеге түсу немесе əскери қызметке алыну қаупі төніп тұрған ер адамдар, қашып кету үшін сəтті мүмкіншілік жасауды өтінген қашқындар, дəрігерден күдер үзгендер, адамшылықтан азғындағандар, шындыққа жете алмай қор болып жүргендер, уайымқайғыға түсіп, салы суға кеткендер, сағыныштан сарғайғандар, аштар мен тоқтар, өтірікшілер мен адалдар – бəрі, бəрі, бəрі жергілікті халықтың төсектерінің қасында сəкітөсектерде ұйықтады. Дебора күйеуінің клукцыскілік туысының үйінде аялдады. Ол таң атқанша көз шырымын да алмады. Түні бойы бұрыштағы Менухимнің кəрзеңкесінің қасында пештің түбінде бүкшиіп отырды да қойды; бөлме қандай күңгірт болса, оның жүрегін де сондай беймəлім күңгірттік басқан еді. Зарлап, құдайды мазалауға батылы жетпеді, құдай оған тым заңғар, тым үлкен, тым алыс, шексіз-шетсіз бұлттардың арғы жағында тұрған сияқты көрінді, құдайдың шапанының етегінің шетіне ғана жету үшін оған миллион дұғадан тұратын саты керектей болып көрінді. Ол о дүниелік болып кеткен жанашырларын жағалап, əке-шешесіне, кішкентайына есімін берген Менухимнің атасына, одан кейін еврейлердің ата-бабалары Ибраhим, Иса жəне Жақыптарға, Мұсаның сүйегіне жəне соңында үлкен шешелерінің əруақтарына жалбарынды. Тілегін қабылдайды-ау

дегеннің бəріне жалбарынып, күңіренді. Жүз қабірді, жұмақтың жүз есігін қақты. Мұнда жалбарынып келушілердің көптігінен ертең раввинге жете алмай қаламын ба деген қорқыныштан қалтырады, оған баласының ауруынан сауығуы енді түкке тұрмайтындай, оңай көрініп, бəрінен бұрын тура уакытында ішке кіру сəттілігін жалбарынып сұрады. Ақыры ол терезенің қара қақпағының саңылауынан таңның бозарып атып келе жатқанын көрді. Ол орнынан тез атып тұрды. Пештің үстінде жатқан кепкен қарағай тамыздықты тұтатып, іздеп жүріп қазанды тапты да, үстелдің үстінен самаурынды алып, оның оттығына жанып жатқан тамыздықты, оның үстіне көмір салып, ыдысты екі құлағынан ұстап, жалын бетін шарпығанша еңкейіп, оттығын үрледі. Бұл бір ерекше құпия жора жасағандай еді. Сəлден соң су қайнап, шай дайын болды да, бұл отбасының мүшелері ұйқыларынан тұрып, алдыларындағы қоңыр қыш ыдыстарымен шай ішті. Дебора ұлын кəрзеңкеден шығарды. Ол ыңырсыды. Дебора баласын үсті-үстіне құшырланып сүйе берді, сүйе берді, оның ылғал еріндері ұлының сұп-сұр бетін, шидей қолын, қисық бұтын, шартиып кеуіп тұрған ішін шылпылдатып, ол баласын махаббатқа толы аналық мейірімімен ернімен соғып жатқандай еді. Баласын орап, бұл орауды арқанмен шандып байлады да, өз қолы бос болу үшін оны мойнына іліп алды. Раввиннің есігінің алдында кіруге таласқанда қолының бос болуын қалады. Жан даусымен шыңғырып, ол күтіп тұрғандардың ортасына қойды да кетті, əлсіздерді ашуға тола қатты жұдырығымен итеріп, өзіне жол ашты, оны ешкім тоқтата алмады. Оны тоқтатпақшы болып, қолын қаққандардың оның жүзіндегі ащы азаптан, ішінен сол азаптың жалыны ұрып тұрған қып-қызыл ашық аузынан, мөлт-мөлт етіп бұршақтай домалаған көз жасынан, манаурап ұшқын шашып тұрған жанарынан, долылық буып, көкпеңбек болып, енді-енді жарылып кетуге əзір тұрған қылқиған мойнындағы дүңкиген күре тамырынан қорқып зəрелері ұшты. Дебора жан-жағына ұшқыннан жалын лаулатқандай, от шашты. Алдына келгенді тістеп, артындағыларды тепкендей, маңайындағылардың бəрін таптап, жаншып жайпап өткендей болып, құлақ жаратындай ащы дауыспен шыңғырып, Дебора бар күшімен созылған оң қолымен есіктің тұтқасын ұстап, ышқынып,

ақыры раввиннің есігінің алдына құлап түсті. Сол қолымен қоңыр ағаш есікті даңғырлата соқты. Менухим оның алдынан түсіп кетіп, еденде сүйретіліп жатты. Біреу есік ашты. Раввин терезенің алдында оған арқасын беріп тұр, жіңішке қара сызық сияқты көрінеді. Кенеттен ол жалт бұрылды. Дебора табалдырықта тұрып қалды да, екі қолын бірдей жайып, құрбандыққа шалатындай, оған ұлын ұсынды. Дебора ол кісінің аппақ қудай сақалымен бірдей болып бозарып тұрған жүзінен лап еткен бір ұшқынды байқап қалды. Əулиенің бойында шынымен құдіретті күш бар екеніне көз жеткізу үшін оның көзіне тіке қарауды ұйғарды. Бірақ əйтеуір əрең дегенде діттеген жерінде тұрғандықтан, оның көзінің жасы көл болып, ол кісіні су мен тұздың аппақ толқынының ар жағынан көрді. Əулие қолын көтерді, Дебора екі ілмиген саусақты, яғни бата құралын, танығандай болды. Бірақ ол раввиннің сыбырлап айтқанына қарамастан: «Менухим, Мендель ұлы, ауруынан жазылады. Бүкіл Израильде оған тең келерлік адам көп болмайды. Ауру оны зерделі, кемтарлығы мейірімді, күйініші кіші пейілді, сырқаты мықты ететін болады. Оның көзі алыстағыны əрі тереңдегіні көргіш, көріпкел, құлағы түрік, қай жерден болса да, жақсы хабардың бəрі оның құлағына жететін болады. Аузын ашпайды, бірақ жағын ашса болды, жеткізетіні – тек жақсылық хабар болады. Қорықпа, үйіңе қайт!» – деген дауысын өте жақыннан естіді. «Қашан? Ол ауруынан қашан жазылады?» – деп Дебора сыбырлады. «Ұзақ жылдардан кейін», – деді раввин, «бірақ менен енді ештеңе сұрама, менің уақытым да, басқа айтарым да жоқ. Бұдан басқа ешнəрсе білмеймін. Мойныңа қанша масыл болса да, балаңды тастама, одан безбе, ол да басқа дендері сау балаларың сияқты сенен шыққан. Бар енді!» Сыртта оған біреу орын берді. Оның өңі қашып кеткен, көзі – құрғақ, еріндері тек үміт отын үрлегендей сəл ғана ашық еді. Жүрегі шапағатқа толып, ол үйіне қайтты. ІІ

Үйіне қайтып оралғанда, Дебора күйеуін ошақ басында кездестірді. Кежегесі кейін тарта от жағып, қазан көтеріп, ағаш қасықтарын жуып- шайыпты. Ол дүниені қалай қабылдаса, тіке сол күйінде ғана көріп, ешқандай ғажайыпқа сенбейтін. Əйелінің раввинге деген сеніміне жымиды да қойды. Оның қарапайым тақуалығы құдай мен адам арасындағы еш келістіруші құдіретті қажетсінбейтін. «Менухим ауруынан жазылады, бірақ ол үшін ұзақ уақыт керек!» – деген сөздермен Дебора табалдырықты аттады. «Бірақ ол үшін ұзақ уақыт керек!» – деп қайталады Мендель, оның дауысы адасқан жаңғырық іспетті талып естілді. Дебора аhылап- уhілеп, кəрзеңкені қайтадан төбеге іліп қойды. Үш ересек баласы ойыннан келді. Олар бірнеше күннен бері көрмей сағынып қалған кəрзеңкеге тұра ұмтылып, оны қатты тербете бастады. Мендель Зингер ұлдары Йонас пен Шемарианы қос қолдап ұстап алды. Қызы, Мириям, шешесіне қашып тығылды. Мендель ұлдарын құлағынан тартып, шымшып алды. Олар өкіре жылады. Шалбарының белдігін шешіп алды да, шипылдатып, ауаны ұра бастады. Былғары белдікті өз дене мүшесіне жататын қолының шын жалғасындай елестетіп, ұлдарының жонына тиген əрбір сатырлаған соққыны жан-тəнімен сезді. Жаны күйзеліп, қаны тасып, басына шауып, қатты ашуланды. Əйелінің ескерту жасаған айғайы оның өз айғайына ұласып, естілмеді де. Əйелінің сөзін құлағына да қыстырмады. Əйелінің айғайы оның өз ашу-ызасының қасында бір қасық суды буырқанған теңізге шашып жібергенмен бірдей болды. Мендель қайда тұрғанын да байқамады. Ол сартылдап, құйындай құтырынған белдікпен оңды-солды кезіккен дүниенің бəрін – қабырғаны да, үстелді де, отырғышты да – «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей соға берді. Белдіктің нысанаға тимегені сүйсіндірді ме, əлде тигені сүйсіндірді ме, оны өзі де білмеді. Кенеттен қабырға сағат үшті ұрды, бұл уақыт оқушы балалардың түстен кейін жиналатын кезі еді. Аш құрсақпен, өйткені ол əлі оразасын ашып, нəр татпаған еді, көкірек тола ашу-ызамен, Мендель сөзбе сөз, сөйлем үстіне сөйлемді үстемелетіп, тауратты судырата бастады. Балалардың хормен айтқан ащы даусы сөзбе сөз, сөйлем үстіне сөйлемді үстемелетіп, оның айтқандарын қайталай берді, тауратты адамдар емес, бірнеше қоңырау даңғырлып, дыбыстап

тұрғандай көрінді. Қоңырау сияқты балалардың денесі де біресе алға, біресе артқа теңселіп, олардың төбелеріндегі Менухим жатқан кəрзеңке де бірдей ырғақпен тербетіліп тұрды. Бүгінгі сабаққа Мендельдің балалары да қатынасты. Əкелерінің ашуы біртіндеп басылып, саябырсып, сабасына түсе бастады, өйткені өз балаларының даусы шудың ішінен айрықша естіліп тұрды. Оларды сынап көру үшін Мендель сыртқа шығып кетті. Балалар хоры өз балаларының дауыс басымдығымен одан ары естіліп тұрды. Оның балаларына сенім артуына болады екен. Йонас, ересегірегі, – аюдай ауқымды, ал Шемария, жасырағы, – түлкідей қу. Йонас мойнын салбыратып, басын жерден көтермей, қолдарын салаңдатып, қорбаңдап жерді таптап жүретін. Екі ұрты томпиып, өмірі араны ашылып, қарны тоймайтын еді. Шашы дудырап, бас киімінен қодырап шығып тұратын. Оның соңында жайлап, тіптен құрдай жорғалап, тыриған, ылғи көзі оттай жайнап сергек жүретін, жіңішке білекті, екі қолы қалтасында інісі Шемария келе жататын. Олардың арасында ешқашан ұрыс-керіс болған емес, бір-біріне өте салқын еді, жиған-тергендері бөлек. «Сен тимесең, мен тимен». Шемария қаңылтыр қалбырдан, сіріңкенің қорабынан, шыны сынықтарынан, мүйізден жəне талдың көк шыбығынан тамаша заттар жасайтын. Йонас болса оларды демімен қатты үрлеп-ақ қиратып, құрта алар еді. Бірақ ол інісінің нəзік қолдарымен шебер жасаған өнер туындыларын кішкене қара көздерінен от ұшқындап қызыға да қызғана тамашалайтын. Əулиеден оралғандарынан бері бірнеше күн өткенде, Дебора Менухимнің кəрзеңкесін төбеден түсіретін уақыт болды деп есептеді. Ол кішкентайын салтанатты түрде ересек балаларына тапсырып: «Сендер оны қыдыртасыңдар!» – деді. «Егер шаршап қалса, көтеріңдер. Құдай сақтасын, беті аулақ, құлатып алмаңдар! Қасиетті кісі оны жазылады деген. Еш жерін ауыртып алмаңдар». Осы сəттен бастап бұл тапсырма балаларға бір азап болды. Олар бастарына сор болып жабысқандай Менухимді қайда барса, сонда сүйретумен жүрді, жатқызып та кетті, құлатып та алды. Менухимді қыдыртуға алып шыққан сайын, қатарластарының арттарынан жүгіріп,

мазақтап күлген қылықтары оларға қатты батты. Кішкентайды екеуі орталарына ұстап алып жүруге мəжбүр болды. Ол аяғын адам сияқты алып та жүре алмайтын. Аяқтарын əрең қозғап, сынып қалған екі шеңбердей кезек-кезек теңселтіп, жүре алмай тоқтап қалатын, діңкесі құрып кететін. Ақырында оны Йонас пен Шемария жатқызып кететін. Олар оны бұрыштың тасасына, қаптың ішіне жатқызатын. Ол жерде Менухим иттің қиымен, аттың қиымен, кесек тастармен ойнайтын. Ол қолына ілінгеннің бəрін аузына салып, жейтін. Қабырғаның балшығын түсіріп, оны аузына толтырып алып, одан соң қақалып-шашалып, жөтеліп, көгеріп кететін. Аузының қуыс-қуысында қоқым-соқым қалып қоятын. Кейде жылай бастайтын. Балалар оны жұбатуға Мириямды жіберетін. Ол үлбірей, наздана, жіңішке аяқтарымен шошаңдай секіріп, жүрегін жеркеніш пен жек көру, өшпенділік жайлап, күлкілі сүйкімсіз інісіне жақындайтын. Інісінің күлдей сұп- сұр болып, бырысып-тырысқан бет-аузын нəзік аяушылық сезіммен емес, жиренішке тола сезіммен өлтіріп тастағысы келіп сипайтын еді. Жан-жағына абайлап қарап алып, ол інісін санынан шымшып алды. Інісі аңырап жылап, көршілері естіп, терезеден қарады. Ал Мириям болса, жылармандай бейшара кейіпке енді. Оған жұрттың бəрінің жаны ашып, оны алдаусыратып, ананы-мынаны сұрастыратын. Жаздың жаңбыр жауып тұрған бір күні балалар Менухимді үйден сүйреп алып шығып, ішінде жарты жылдан бергі жауын суы жиналып қалған, құрттар жүзіп жүрген, жеміс қалдықтары мен нан қыртысы бар кеспекке салып тұншықтырды. Оны қисық аяғынан ұстап тұрып, өлігін шығарамыз деген қуанышты əрі қорқынышты үмітпен оның сұп-сұр жалпақ басын суға бірнеше рет батырды. Бірақ Менухим олар күткендей өлмеді. Ол қақалыпшашалып, қырылдап-сырылдап, суды, құрттарды, көгеріп кеткен нанды, жеміс қалдықтарын түкіріп, тірі қалды. Оған ештеңе болмады. Сөйтіп балалар оны дыбыстарын шығармастан, қорқа-қорқа үйге қайтып алып келді. Жаңа ғана өздеріне жайлап белгі берген құдайдың шынашағынан қорқып, екі ұл мен қызды үрей билеп алды. Кешке дейін олар бір-біріне жақ ашпады. Олардың тілдері таңдайларына жабысып, бір ауыз сөз айту үшін еріндері ғана жыбырлап, бірақ кеңірдектерінен еш үн шықпады. Жауын тоқтап, күн шықты, жаңбырдың суы көше-көшенің шетімен жылға боп ағып

жатыр. Қағаздан кеме жасап, олардың канал бойымен қалай аққанын қызықтайтын қайран уақыттар өтіп жатты. Бірақ Менухимге олар дегбірсіздене күткендей ештеңе болмады. Балалар далаға қанша шықса да, иттер сияқты үйге қайта-қайта айналсоқтап келе берді. Түстен кейін де олар Менухимді қашан өлер екен деп, тағатсыздана күтті. Алайда, Менухим өлмеді. Менухим өлмеді, ол тірі қалды, жаны сірі, ит жанды бейшара. Осыдан бастап Дебораның жатыры құрғап, тумайтын бедеу болып қалды. Менухим оның құрсағынан шыққан соңғы сəтсіз жемісі еді, жатыры бұдан ары оған бақытсыздық əкелгісі келмей қарсыласқандай болды. Аз ғана сəтке ол күйеуін құшақтады. Уақыт көзді ашып жұмғанша зымырап өтіп кетті, жазды күні алыстан көрінетін, жалт етіп жоқ болатын, жауын шақыра алмайтын зəрсіз найзағайдай қысқа болды. Дебора ұзақ, таң атқанша кірпік қақпай өткізетін ұйқысыз қатыгез түндерді басынан кешті. Оны жəне күйеуін əйнектен жасалған суық қабырға бөліп тұрғандай еді. Кеудесі солып құр тері болып салбырап, оның бала тууға қабілеті жоқтығын келемеждеген дей денесі ісініп, саны ауырлап, аяғына қорғасын байлап қойғандай сезімде болды. Жаздың бір күні таңертең ол Мендельден ертерек оянды. Оны терезе жақтауына қонақтап шырылдаған торғай оятып жіберді. Оның шырылы əлі күнге дейін күн сəулесінің нұры сияқты тəтті қиял-арманын, бақытты сəттерін есіне түсіріп, құлағында тұнып тұр. Ерте атқан жанға жайлы бозала таң шапағы ағаш терезе жақтауларының саңлау, тесіктерінің бəріне молынан малынып тұрды, бөлмедегі жиhаздың бұрыш-бұрышы əлі де болса түн көлеңкесінен көмескіленіп тұрғанына қарамастан, Дебораға бəрі анық көрінді, оның көзі өткір, ойы қатал, жүрегі суық еді. Ол ұйықтап жатқан күйеуіне көз тастап, оның қап- қара сақалынан алғашқы ағарған талшықтарды байқады. Күйеуі ұйықтап жатып жөтелді. Қорылдады. Дебора тез қарғып тұрып, ескіріп кеткен көмескі айнаның алдына барды. Шашын тарамдаған мұздай саусақтарының ұшымен жіңішке бұрымын тарқатты да, арасын бір талдап ашып, маңдайына түсіріп, ақ шаш іздей бастады. Бір тал ақ шаш болса да тауып алып, екі саусағымен қысып, жұлып алды. Одан кейін ол айнаның алдында тұрып, іш көйлегінің алдын ашты. Солып қалған емшегіне назары ауып, оны жоғары көтеріп, төмен жібере салды,

қолымен кеуек, алайда қампиып көрінген денесін сипап, санындағы көгеріп тарам-тарам болып адырайып тұрған қан тамырларын көріп, көңілі құлазып, қайтадан төсекке жатуға бел байлады. Бұрыла беріп, жанары күйеуінің ашық жатқан көзімен түйісіп қалды. «Неменеге қарайсың?» – деп айқай салды. Ол жауап қатпады. Ашық жатқан көз күйеуінің көзі емес сияқты көрінді, өйткені ол əлі ұйықтап жатыр еді. Оның көзі еркінен тыс ашылып кеткен. Көзі өзінен-өзі құмар бола қалған ғой. Оның көзінің ағы əдеттегісінен де ағарып кеткендей көрінді. Қарашығы кіпкішкентай. Көз Дебораға ішінде қап-қара нүктесі бар қатып қалған көлді елестетті. Ол бір минуттай ғана ашық болған шығар, бірақ бұл бір минут Дебора үшін ондаған жылға созылғандай болды. Мендель көзін қайтадан жұмып алды. Ол ары қарай жай пысылдап, еш күмəнсіз ұйықтап жатты. Миллиондаған бозторғайдың алыстан естілген шырылы сыртта үйдің үстінен, бұлттың астынан естіліп жатты. Күн шығар-шықпастан басталған аптап ыстық таңғы қара көлеңке бөлмеге енді. Сəлден кейін сағат Мендель Зингер тұруға əрекет ететін алтыны соғуы тиіс. Дебора тапжылмады. Ол төсекке қайтадан бет бұрған сəтте, айнаға арқасын беріп тұрған орнында қалшиып тұрып қалды. Ол өмірінде ешқашан дəл осылай мəн-мақсатсыз, бекерден бекер, қызық құмарланбай, көңіл- күйсіз тұрып тың тыңдаған емес. Ол мүлдем ешнəрсе күтпеді. Бірақ ол қандай да бір аса ерекше нəрсені күтуге мəжбүр сияқты көрінді. Оның ойы, бар болмысы дəл қазіргідей сергек, ояу болмаған шығар, оның санасында ескі ойларын таптап тастау үшін əлде қандай жаңа, тың ойлар оянды. Оның көзі мың есе артық көрді, құлағы да мың есе артық естіп, сезу қабілеті де мың есе күшті болды. Алайда, өзгеше ешнəрсе бола қоймады. Тек жазғы таң атып, қол жетпес алыстан бозторғай шырылы естілді, күн сəулесі ғана ынтызар күшпен терезе жақтауының саңылауларына еніп, жиһаздың бұрыш-бұрышындағы жалпақ көлеңкелер біртіндеп жіңішкере берді, жіңішкере берді, сағат сыртылдап, тілдері алтыны соғуға асығуда, күйеуі пысылдап дем алып жатыр. Балалары дымын шығармастан пештің түбінде, бұрышта жатыр, Дебора оларды көріп тұр, бірақ оған олар басқа бөлмеде сияқты алыстан көрінеді. Өзгеше ешнəрсе бола қоймады. Десе де, қандай да бір шексіздік орнайтындай болып көрінді. Дебораны осы шексіздіктен құтқарғандай болып, сағат алтыны соқты. Мендель Зингер оянды,

кеудесін көтеріп, төсектің үстінде тікесінен тік отырды. Əйеліне таңырқай қарады. «Сен неғып төсегіңнен тұрып алғансың?» – деп сұрады да, көзін уқалады. Жөтеліп, қақырынып-түкірінді. Оның сөзінен, іс-əрекетінен сол көзінің ашық болып, Дебораның барлық қылықтарын қарап көргені мүлдем байқалмады. Мүмкін ол шынымен ештеңе білмес, мүмкін Дебора шатасып тұрған болар. Осы күннен бастап Мендель Зингер мен əйелінің арасындағы құмарлық көңіл шегіне жетіп, үзілді. Бір жынысты екі адам сияқты ұйқыға жатып, түнде тұяқ серппей қатып ұйықтап, таңертең немқұрайды келеңсіз сезіммен оянып жүрді. Дегенмен тура алғаш некелескен күндердегідей ыңғайсызданып, бір-бірімен тілдесуге батылы жетпей, үндемей жүрді. Құмарлықтың алғашқы ояну сəтінде де, соңғы сөну сатысында да ұят сезімі басым тұрды. Дегенмен олар ұяттың бұл өткелінен де өтті. Олар қайтадан əңгімелесіп, көздері бір-бірінен қашқақтамайтын болды, егіздердің бет əлпеті мен дене тұлғасы іспетті олардың да бет əлпеті, дене тұлғасы бірдей қалыпта қартайды. Жаз шұбалаң, дем алуға қиын, қапырық, жауын-шашынсыз болды. Есік-терезе кешке дейін ашық тұратын. Балалар үй көрмейтін болды. Сыртта олар күннен нəр алып, тез өсті. Менухимның да өсіп қалғаны байқалды. Аяқтары түзелмей оратылған қисық күйінде қалды, əлбетте күмəнсіз ұзара түсті. Оның кеудесі де өсе бастады. Бір күні таңертең ол кенеттен адам өмірі естіп көрмеген ащы айқайға басты. Кейін тынышталып қалды. Сəлден соң ол анық əрі түсінікті етіп: «Апа!» – деді. Дебора сүріне-қабына оған жетті. Көптен бері суалып құрғап қалған көздерінен жанын ауыртып, əрі лəззатқа бөлеп тебірентіп, тұзды, ащы ыстық жас бұршақтай домалап, сорғалай жөнелді. «Апа деп айта қойшы!» – «Апа!» – деп кішкентай қайталады. Ол бұл сөзді бірнеше рет қайталады. Ал Дебора болса, жүз рет қайталады. Оның əулие-əмбиеге жалбарынуы бекер болып шықпады. Менухим сөйледі. Сонымен бұл кембағалдың көмейінен шыққан жалғыз ауыз сөзі көптен сарыла күткен сүйінші хабардай маңызды, ашық күні шартылдаған найзағайдай қуатты, махаббат тай ыстық, аспандай шапағатты, жер шарындай шексізшетсіз, жыртылған жердей құнарлы, ауыздан алғысыз

тəтті жемістей аса игілікті жаңалық болды. Бұл бір ауыз сөздің алар орны сау балалардың денсаулығынан да зор болды. Бұл дегеніміз – батаның қабыл болғаны, əулиенің айтқанындай, Менухим күшті əрі тұлғалы, кемеңгер əрі ізгі ниетті мейірімді болады деген сөз еді. Дегенмен, бұданкейін Менухимніңкөмейіненосысөзден өзге түсінуге тұрарлық ешқандай дыбыс шыға қоймады. Менухим ішіп-жеуін де, ұйқысы мен сүйіспеншілігін де, көңіл күйі мен жан жарасын да осындай ұзақ уақыт қорқыныш ұялатқан үнсіздіктен кейінгі тереңнен шыққан бір ауыз сөзімен ғана жеткізіп, жер мен көкті бейнелеуге де осы бір ауыз сөзді пайдаланды. Ол кез келген жағдайда осы сөзді ғана айтқанына қарамастан, анасы Дебораға ол нағыз уағыз айтушы шешен, өлең өрнектейтін ақын сияқты сөзге бай болып көрінді. Анасы Менухимнің көмейіндегі айтылмай жасырын тұрған əр сөзді түсінді. Ол ересек балаларына көңіл аударудан қалды. Олардан мүлдем сырт айналды. Оның жалғыз ғана ұлы бар еді: ол – Менухим. ІІІ Бəлкім қарғысқа қарағанда батаның орындалуы үшін ұзағырақ уақытты қажет ететін болу керек. Менухимнің аузынан өзінің ең алғашқы əрі жалғыз ауыз сөзі шыққалы да зымырап он жыл өте шықты. Ол содан бері əлі басқа бір ауыз сөз айта алмайтын еді. Кейде, Дебора ауру ұлымен үйде оңаша қалғанда, есіктің ысырмасын бекітіп алып, еденге Менухимнің қасына отырып, кішкенесінің бетіне көз алмастан қарайтын. Ол сол жаздыгүнгі графиня шіркеуге жақын келіп тоқтаған қорқынышты күнді есіне алатын. Шіркеудің ашық тұрған қақпасы əлі күнге дейін бүгінгідей көз алдында. Мыңдаған шырағданның, түрлі-түсті жарықпен көмкерілген суреттердің, қол жетпейтін алыста мехраптың қасында тұрған қара сақалды, қолдары аппақ болып қалықтап тұрған мантия киіп алған үш дін қызметшісінің, осының бəрінің шағылысып жалт-жұлт етіп шығып, көз қарыған алтындай жарқылы күн сəулесінен аппақ болып көрінген шаң басқан алаңға түсіп тұр. Дебораның аяғы ауырлағанына үш ай болды, құрсағында Менухим қозғалып жатыр, кішкене ғана сүйкімді Мириям анасының қолынан тас қылып ұстап тұр. Бір кезде айқай-шу естілді. Ол

айқай-шу шіркеудегі дұға оқып жатқандардың дауысын естірпей басып тастады. Аузынан көбік атып, жұлқынған аттардың дүбірі естілді, алаңның шаңын бұрқырата аспанға көтеріп, графиняның қара көк жеңіл арбасы шіркеудің алдына келіп тоқтады. Шаруа балалары мəз- мейрам. Баспалдақта тұрған қайыршы əйелдер мен еркектер графиняның қолын сүю үшін ақсаңдай басып арбаға қарама-қарсы жүгірді. Осы сəтте Мириям Дебораның қолынан сытылып шығып кетті. Қас пен көздің арасында көзден ғайып болды. Дебора қалшылдап- дірілдеп, шыжыған ыстық күнде үсік алғандай тоңып, қалтырап кетті. Мириям қайда? Ол көзіне көрінген əрбір шаруа баласынан сұрастырды. Графиня арбасынан түсіп кетті. Дебора арбаның дəл қасына жақын келді. Мыс түймелі қара көк зерлі киім киген делбешінің жоғары отырғаны соншалық, ол болып жатқан оқиғаның бəрін төбесінен көре алатын еді. «Жүгіріп бара жатқан кішкене қара қызды көрмедіңіз бе?» – деп сұрады Дебора, мойнын жоғары созып, күн мен зерлі киімнің жалтылынан көзін көлегейлей. Делбеші ақ биялай киген сол қолымен шіркеу жақты көрсетті. Мириям сол жаққа ішке жүгіріп кіріп кеткен. Дебора сəл ойланып тұрды да, онан кейін шіркеуге – алтынның жалтылына, құлақ тұндырар əннің ортасына, органның шуылына – қойып кетті. Сөйтсе, Мириям тура кіре берісте тұр екен. Дебора баланы ұстай алып, ыстық аптап ұрып, өңі кетіп ағарған баспалдақпен төмен қарай өрттен қашқандай зымырап алаңға сүйрей жүгіре жөнелді. Ашу мен ызадан баланы ұрып жіберейін деп еді, бірақ қорықты. Баланы соңынан сүйрелей жетектеп, көлденең көшеге зулады. Аздап өз-өзіне келіп, саябырси бастады. «Əкеңе ешнəрсе айтушы болма», – деп алқынды ол. «Естіп тұрмысың, Мириям?» Осы күннен бастап Дебора өзін беймəлім бақытсыздықтың күтіп тұрғанын сезді. Құрсағында ол қандай да бір сорды көтеріп жүр. Ол оны біледі, бірақ ешкімге жақ ашпайды. Есіктің ысырмасын қайтадан ашты. Осы сəтте біреу есік қақты, Мендель екен. Оның сақалына ақ ерте түсті. Дебораның бет əлпеті, денесі жəне қолдары да уақытынан бұрын солып жүдеді. Ең үлкен ұлдары Йонас аю сияқты күшті əрі сылбыр еді, ортаншы ұлы Шемария – түлкі сияқты қу əрі епті де, қарындастары Мириям ауызға үріп салғандай əдемі, еліктің

лағындай сүйкімді, назды, бірақ санасыз еді. Ол өзіне тапсырылған істі орындауға көшеге шықты бітті, сымбатты дене бітімі үзіліп кете жаздап, көлеңкесінің өзі жарқырап, қоңырқай жүзі, томпиған шиедей қызыл ерні, иегінің астынан байлап алған, қос қанат сияқты желбіреген алтын түсті сары шəлісі, сұрықсыз көмескі жастық шақтың кесірінен жүзіндегі ертерек есейген екі көзі жалт етіп горнизондағы офицерлердің назарына ілініп, олардың еріккен, қызықшылыққы ынтызар көңілдерінде сақталып қалды. Кейбіреуі кейде оның соңына түсетін. Ол өзіне құмар болып, ізін аңдушылардан таға мен қарудың күміс сыңғыры мен жарқ-жұрқ еткенінен, далап пен сақал алғанда жағатын сабынның бұрқыраған иісінен, алтын түймелер мен күміс жиектердің жəне былғарының ерекше бір түрінен тігілген қан қызыл белдіктердің өткір жарқылынан басқа ешқандай шынайы сезімді байқамады. Аз болса да, мəз еді. Дəл қазір олардың көкейін тескен – Мириямға деген əуестік, жастықтың желігі, көңіл көтеру. Қыз ізіне түсушілерден тəтті де ыстық сезімге еліте, үрейлене қашып кететін. Тек үрейдің жан сыздатып, абыржытар лəззатының дəмін тату үшін ғана ол көше-көшемен, ұзағырақ қашатын. Бұрылысбұрылыспен қашатын. Мириям еш шаруасы болмаса да, тек көзге түсіп, аңдушыларын еліктіріп, қайтадан қашып кету үшін ғана көшеге жиі шығатын. Аңшылардың тұзақ жемі, еліктіргіші көше бұрылыстарында тоқтап тұрып, артына көз салатын. Бұл Мириямның жалғыз ғана жан лəззаты еді. Оның бұл жағдайын түсінгендей біреу болғанның өзінде, Мириям оған ешнəрсе айтып, жақ ашпас еді. Өйткені лəззат неғұрлым құпия болса, соғұрлым күшті. Мириям өзінің əскерилердің жат та қорқынышты əлемімен байланысуының қаншалықты қауіпті екенін, Мендель Зингердің, оның əйелінің жəне балаларының бастарына төне бастаған тағдыр тауқыметінің соншалықты қиын екенін əлі білмеді. Өйткені Йонас пен Шемария заң бойынша солдат болуға міндетті, ал əкелерінің санасына сіңген əдеті бойынша өздерін əскери қызметтен құтқаруға мұқтаж жаста еді. Мейірімді де қамқоршы құдай кейбір бозбалаларды жеңіл- желпі мүгедек етіп жаратып, оларға бастарын бəледен қорғайтын мүше кемшілігін берді. Кейбірі жалғыз көзді, қайсы бірі ақсақ, біреудің шабы жарық, ананың себепсізден-себепсіз аяқ-қолы ербеңдейді, мынаның

өкпесі, басқасының жүрегі əлжуаз, тағы біреуі нашар естиді, басқа біреуі кекеш болса, келесісінің жалпы дене мүшесі əлжуаз. Мендель Зингердің шаңырағында болса, от басы мүшелерінің бəріне теңдей бөлінуге тиісті адам жанын қинайтын азаптың барлық түрін кішкентай Менухим ғана жиып-теріп өзі алғандай. Мендельдің ересек ұлдары сап-сау, дене бітімдерінде бір кінəрат жоқ, олар жапондарға қарсы соғыс аяқталып қойғанына қарамастан, əскери қызметке жарамсыз болу үшін қалайда өткінші жүрек дертіне шалдығудан үміттеніп, əбігерге түсіп, ораза тұтып, өздерін қинап, кофе ішуге мəжбүр еді. Сонымен олардың азаптануы басталды. Олар тамақ ішпеді, ұйықтамады да, əлсіреп теңселіп, күні-түні қалтырап-дірілдеп жүрді. Көздері қызарып ісініп, мойындары ырғайдай, бастары қазандай болды. Дебора оларды қайта жақсы көре бастады. Ересек ұлдары үшін жалбарыну мақсатында ол тағы да зират басына барып, тауап етті. Бұрынырақ ол аруақтарға жалынып жалбарынып, Менухимге денсаулық сұраса, бұл жолы дəл солай жалбарынып, Йонас пен Шемарияға ауру сұрады. Əскери борыш оның уайымға тола көзінің алдында көк тайғақ мұздан құралған тау мен сес көрсеткен азап сияқты биіктен көрінді. Өлік, ылғи өлікті көрді ол. Биіктен əрі жарқырап, тақаланған аяқтарын қып-қызыл қанға батырып, патша оның ұлдарының құрбандыққа шалынғанын күтіп отырды. Олар əскери жаттығуға шықты, бұның өзі ол үшін зор қорқыныш болды, жаңа соғыс туралы ол ылғи да ойланатын еді. Күйеуіне ыза болды. Мендель Зингер, кім ол өзі? Мұғалім, ақымақ балалардың ақымақ мұғалімі. Қыз кезінде ойы мүлдем басқа еді. Мендель Зингердің де уайымы əйелінің уайымынан кем емес еді. Синагогадағы шабаш, яғни сенбілік діни мейрамда, патша үшін арнайы заңды түрде жазылған дұға оқылғанда, Мендель ұлдарының алдағы болашағын ойлады. Сол кезде-ақ ол ұлдарын адам жанына жақпайтын тиктен, мақта не зығырдан тоқылған матадан, тігілген форма киген əскерге жаңа шақырылған солдаттар қатарында көрген. Олар шошқа етін жеп, офицерлер қамшымен сабап, таяқ жеп жүрген. Олар мылтық пен найза асынып алған. Ол дұға оқып отырып та, сабақтың ортасында да, тіптен үндемей отырып та, себепсізден-себепсіз жиі күрсінетін. Тіптен танымайтындардың өзі

оның мұңлы екенін байқайтын. Одан ауру баласының жағдайын ешкім ешқашан сұраған емес, бірақ дені сау балалары туралы бəрі сұрайтын. Ақыры, жиырма алтыншы наурыз күні, ағайынды екеуі Таргиге кетті. Екеуінің де жолы болды. Екеуі де мінсіз, дендері сау еді. Екеуі де алынды. Тағы бір жаз үйлерінде болуға рұқсат етілді. Əскери қызметке күзде кірісуге міндетті. Сəрсенбі күні солдат болып шыға келді. Жексенбі күні үйге қайтты. Жексенбі күні мемлекеттің тегін жол билетін иемденіп, олар үйге қайтты. Олар енді патшаның есебінен сапар шегетін болды. Өздері қатарлы біраз жігіт олармен бірге кетті. Көліктері шабан поезд еді. Олар шаруалардың арасында ағаш отырғыштарға жайғасты. Шаруалар əн салып отырды, олар ішіп алған мас еді. Барлығы түтіні тердің иісін еске түсіретін қара темекі шегіп отырды. Барлығы бір-біріне сөз берместен əңгіме айтып отырды. Йонас пен Шемарияның еш жұбы жазылмады. Бұл олардың темір жолмен жүрген алғашқы сапарлары еді. Олар орындарын жиі ауыстырып отырды. Екеуі де аздап болса да, кезек-кезек терезе алдына отырып, жол бойы табиғаттың көрінісін тамашалауды қалады. Шемарияға жер-көк шексіз сияқты көрінді. Ал Йонастың көзіне жер-көк теп-тегіс сияқты көрініп, ішін пыстырды. Поезд бір келкі тегіс жермен қардың үстіндегі шанадай сырғыды. Терезеден егістік алқаптар көрініп жатты. Əр жастағы шаруа əйелдері қол бұлғады. Оларға вагонда топ-топ болып отырған шаруалардың шулаған даусы жауап берді. Қап-қара, именшектенген əрі мұңлы екі еврей олардың ортасында, ішіп алғандардың тентектіктерінен жасқанып, бұрышқа тығылып отырды. «Шаруа болғым келеді», – деді Йонас кенеттен. «Мен шаруа болуды қаламаймын», – деп, қарсы жауап берді Шемария. «Менің шаруа болғым келеді», – деп қайталады Йонас, «арақ ішіп алып, осында қыздармен жатқым келеді». «Мен дəл осы қалпымда қалуды қалаймын», – деді Шемария, «солдат емес, əкем Мендель Зингер сияқты еврей болғым келеді, есті болғым келеді.»

«Солдат болатыныма аздап қуанамын», – деді Йонас. «Қуана берсең болады ғой енді! Мен онан да бай болып, өмірдің рахатын көргім келеді.» «Өмір деген не?» «Өмірді», – деп түсіндірді Шемария, «үлкен қалалардан көруге болады. Көліктер көшенің ортасында жүреді, барлық дүкендер біздің жандарм казармасындай үлкен де, олардың витриналары, яғни заттарды көрсетіп қоятын орындары, одан да үлкенірек. Мен ашық хаттан суреттерін көргенмін. Дүкенге кіру үшін есіктің қажеті жоқ, терезелердің өзі жерге дейін аяқ астына жетіп тұрады..» «Ей, неге күйініп отырсыңдар?» – деп кенеттен қарамақарсы бұрыштан бір шаруа айқайлады. Йонас пен Шемария оны естімегендей немесе оның сұрағының оларға қатысы жоқтай кейіп танытты. Біреу оларға қарап сөйлесе, өтірік керең бола қалу қасиеті олардың қанында бар. Мыңдаған жылдардан бері бір шаруа сұрақ қойып, оған бір еврей жауап беруі – ешқашан болмаған дүние. «Ей!» – деп, шаруа орнынан көтерілді. Йонас пен Шемария да бірдей орындарынан тұрды. «Иə, мен сендерге сөйлегенмін, еврейлер», – деді шаруа. «Сендер əлі ештеңе ішпегенсіңдер ме?» «Ішіп алғанбыз», – деді Шемария. «Мен ішкен жоқпын», – деді Йонас. Шаруа күртешесінің астында, кеудесіне салып алып келе жатқан бір бөтелкені шығарды. Жылып кеткен, сенімсіз бөтелкеден ішіндегі ішімдіктен гөрі шаруаның қолаңса иісі аңқып, мұрынды жарып тұрды. Йонас бөтелкені бірден ауызға ұрды. Оның қан қызыл толық еріндері түріліп, қоңыр бөтелкенің аузын айнала маржандай аппақ тістері көрінді. Йонас сылқылдатып іше берді, іше берді. Інісінің ескерту жасап, жеңінен тартып, қолымен жайлап түрткенін шыбын шаққан

құрлы көрмеді де. Арда емген балаға ұқсап ол бөтелкені айрылып қалатындай екі қолымен бірдей тас қылып ұстап алды. Жоғары көтерілген шынтағынан аққан сұйық зат жейдесіне сорғалап ағып- тамып, ақтаңдақ із қалдыруда. Тамағындағы терісінің астынан жұтқыншағы машинаның поршені сияқты көтеріліп-түсіп, бүлкілдеуде. Кеңірдегінен оның жайлап тұншығып жұтқаны естіліп тұрды. Отырғандардың бəрі еврейдің қалай ішкеніне қарап отыр. Йонас ішіп тауысты. Босаған бөтелке оның қолынан інісі Шемарияның жамбасының астына түсіп кетті. Йонастың өзі де сол бөтелкенің ізіне түскендей артынан сұлап түсті. Шаруа қолын созып, үндеместен Шемариядан бөтелкені қайтадан сұрады. Одан соң ол риза болып, етігінің тұмсығымен ұйықтап жатқан Йонастың кең иықтарын қағып өтті. Олар Подворскіге жетті, осы жерден түсулері керек. Юркийге дейін жеті шақырым еді, ағалы-інілі екеу жаяу жүруге мəжбүр, кім білсін, жолай біреу-міреу арбасына отырғызып, ала кетер ме екен. Жолаушылардың барлығы ауыр Йонасты көтеріп тұрғызуға көмектесті. Сыртқа шыққан соң, ол қайтадан есін жиды. Олар жаяу келе жатты. Түн еді. Сүттей ақ бұлттың ар жағынан ай бар екені сезіліп тұр. Қарға оранған егістік алқабында аннан-мұннан көрінген кейбір қара жер шұңқырдың аузы сияқты қарайып көрінеді. Көктем орманнан желбіреп шығайын деп тұрған сияқты. Йонас пен Шемария тар жолмен тез жүріп келе жатты. Оларға етіктерінің табан астынан жұқа мұз қабыршақтарының жайлап жарылып жатқаны естіледі. Домаланған ақ түйіншектерін таяққа байлап иықтарына асынып алған. Шемария бірнеше рет ағасын сөзге тартуға ұмтылды. Йонас жауап бермеді. Ол арақ ішіп, шаруа сияқты мас болып, құлап қалғанынан ұялды. Жалғыз аяқ жол тар болып, ағайындылар бірдей қатар өте алмайтын жерлерде Йонас інісіне жол берді. Ең дұрысы ол Шемарияны алдыда жүргізіп қояр еді. Жол кеңейген жерде Йонас Шемария ағасын күтпей ары қарай жүре бере ме деген үмітпен қадамын баяулатты. Бірақ інісі ағасын жоғалтып аламын деп қорқатын сияқты. Йонастың мас болғанын көргелі бері, ол оған сенбеді, ағасының ақыл-парасатына күдікпен қарап, өзін ағасы үшін жауапты

сезінді. Йонас інісінің не ойлағанын біліп қойды. Оның көкірегін ашу- ыза кернеді. «Осы Шемария қызық, істеген тірлігінің бəрі күлкілі», – деп ойлады Йонас. «Аруақ сияқты ап-арық, таяқты да жөндеп ұстай алмайды, екі иығына кезек-кезек салады, түйіншегі əлі балшықтың үстіне түсіп қалар». Шемарияның ақ түйіншегі теп-тегіс таяқтан көшедегі қап-қара балшыққа түсіп қалатынын елестеткенде, Йонас қарқылдап күліп жіберді. «Неғып күліп келесің?» – деп сұрады Шемария. «Саған!» – деп, жауап берді Йонас. «Сен емес, менің саған күлетін жөнім бар ғой», – деді Шемария. Олар қайтадан үнсіз қалды. Олардың қарсы алдында ну шырша орманы қарайып көрініп тұр. Бұл екеуін сол орманнан есіп тұрғандай меңіреу үнсіздік басып алғандай көрінді. Біраздан кейін астаң-кестең, қай бағыттан соққаны белгісіз, құтырынған жел көтеріле бастады. Қызыл талдың бұтасы ұйқыдағыдай маужырап тербелуде, бұтақтар сытырлай бастады, бұлттар жап-жарық болып аспанда көшіп жүр. «Біз енді солдатпыз ғой!» – деді кенеттен Шемария. «Дəл солай», – деді Йонас, «əйтпегенде біз кім едік? Мамандығымыз да жоқ. Əкеміз сияқты мұғалім болуымыз керек пе?» – «Солдат болғаннан сол артық қой!» – деді Шемария. «Мен саудагер болып, əлемді шарлар едім!» – «Солдаттың да өз əлемі бар, ал мен ешқандай саудагер бола алмаймын», – деп ойлады Йонас. – «Сен массың!» – «Менің есім дұрыс сен сияқты, мастығымнан айыққанмын. Мен іше де аламын, мастығымнан айыға да аламын. Мен солдат болып, өмір көремін. Менің шаруа болғым келеді. Бұны мен саған айтып отырмын – жəне, біліп қой, мен мас емеспін...» Шемария иығын қиқайтты. Олар ары қарай жүре берді. Таңға жуық олар алыстағы қыстақтардан əтештің шақырғанын естіді. «Бұл Юркий болар», – деді Шемария. «Жоқ, ол – Быток!» – деді Йонас. «Сірə Быток болар!» – деді Шемария. Жолдың келесі айрығынан салдыр-гүлдір етіп арбаның жүргені естілді. Түн қалай күңгірт болса, таң да сондай болды. Ай мен күннің арасында еш айырмашылық жоқ. Қар түсе бастады, жұмсақ, жылы қар. Қарғалар қарқылдап, ұшып жүр. «Қара, құстар», – деді Шемария; бұл жай ағасымен татуласуға сылтау еді.

«Қарғалар бұлар!» – деді Йонас. «Құстар дейді ғой!» – деп келемеждей қайталады ол. «Бəлкім солай болар!» – деді Шемария, «қарғалар!» Бұл шынымен Быток еді. Тағы бір сағаттан соң олар үйге де жетеді. Қар қалыңырақ əрі жұмсағырақ болып жауды, күн көтерілген сайын қар сол көтерілген күннен түсіп жатқандай көрінді. Аздаған уақыттан соң- ақ жер-көк аппақ болды. Жолдың жағасындағы жеке-дара қызыл талдар мен егістік алқабы аралығындағы шашыраңқы өсіп тұрған түп- түп қайыңдар ақ қарға малынып тұр, аппақ, аппақ. Тек адымдай басып келе жатқан екі жас еврей ғана қара еді. Қар оларды да көміп салды, бірақ олардың арқасында тезірек еріп кететіндей. Олардың ұзын қара сюртуктары желп-желп етеді. Етектері биік көн етіктерінің қонышына үздіксіз тиіп, сартылдап келеді. Қар қалың жауған сайын, олар да жылдам жүріп келеді. Оларға қарама-қарсы жолыққан шаруалар əрең жүріп бара жатыр, тізелерін бүгіп алған, олар қарға оранып аппақ болып кеткен, олардың кең иықтарындағы қар жуан бұтақтардың үстінде жатқандай, əрі ауыр, əрі жеңіл, олар үстілерінің қарын қақпастан, жаратылысынан кескін-келбеттері дəл осындай сияқты болып келе жатыр. Олар кейде тоқтай қалып, еврейлерді жаңа көргендей, қара торы екі еркекке қандай да бір құбыжыққа қарағандай бұрылып қарайды. Ымырт түсе бастағанда, ағайындылар ентігіп үйлеріне жетті. Олар оқып жатқан балалардың бір сарынды үнін алыстан естіді. Бұл үн оларды қарсы алды, бұл үн аналарының даусын, əкелерінің сөзін, олардың бүкіл балалық шағын алдарынан алып шықты, бүкіл өмірлерінің мағынасын білдірді, əрі осы оқып жатқан балалардың бір сарынды үнінің ішінде олар дүниеге келген сəттен бергі көрген, естіген, иіскеген жəне сезген нəрселерінің бəрі бар еді. Бұл үннің ішінде ыстық əрі хош иісті тамақтың иісі, əкелерінің қара сақалы мен бидай өңді бет əлпеті, аналарының күңірене күрсінуінің жəне Менухимнің ыңқылсыңқылының жаңғырығы, Мендель Зингердің кешкі дұға оқыған сыбырының жаңғырығы, миллиондаған айтып жеткізе алмайтын əр алуан тұрақты əрі ерекше құбылыстар бар еді. Сонымен туған үйлеріне жақындаған сəтте өздеріне қар арқылы жеткен үнді ағалы-інілі екеуі де бірдей жан тебіренуімен ұғынды.

Жүректері бірдей ырғақта дүрсілдеді. Олардың алдынан есік аңқиып ашылды, аналары Дебора олардың келе жатқанын терезеден көптен бері көріп тұр еді. «Біз əскерге алындық!» – деді Йонас сəлемдеспестен. Алдында ғана балалардың дауысы шығып жатқан бөлмеде бірден қорқынышты үнсіздік орнай қалды, шексіз үнсіздік, өзіне күнделікті ішім-жемге олжа сыйлап отырған бөлмеден де күшті үнсіздік жəне Йонас жаңа ғана айтқан «əскерге алындық» деген кішкене ғана сөзден туған үнсіздік. Өздері жаттап отырған сөздің ортасынан балалар сабақтарын тоқтатты. Бөлмеде ары-бері сенделіп жүрген Мендель тоқтай қалды да, көкке қарап, қолын созып қайта түсірді. Аналары Дебора ылғи пештің қасында тұратын, көптен бері қайғырып тұрған анаға қызмет көрсетуді күтіп, дайын тұрған тəрізді екі отырғыштың біріне отырды. Мириям, қыздары, теріс қарап қолымен сипалап жүріп, бұрышты тауып паналады, жүрегінің қатты соққаны соншалық, оны барлығы естіген шығар деп ойлады. Балалар тапжылмас-тан орындарында отыр. Олардың жүннен тоқылған шұбар ала шұлық киген, оқу кезінде тынымсыз теңселіп тұратын аяқтары столдың астында жансыз салбырап тұрды. Сыртта қар толассыз жауып, аппақ жұмсақ қар ұшқындары терезе арқылы бөлмеге жəне үнсіз отырғандардың беттеріне күңгірт сəуле түсіріп тұрды. Пештегі көмірге айналған ағаш қалдығының тырсылы мен есік жақтауының жел тиіп жайлап сықырлағаны бірнеше рет естілді. Таяқтары əлі иықтарында, ақ түйіншектері əлі таяққа байлаулы ағалы-інілі, бақытсыздықтың хабаршылары, өз балалары, табалдырықта тұр. Кенеттен Дебора: «Мендель, бар, жүгір, жұрттан ақыл сұра!» – деп айғай салды. Мендель Зингер сақалын сипады. Үнсіздік ыдыра ды, балалардың аяқтары жайлап теңселе бастады, ағалыінілілер түйіншектері мен таяқтарын еденге қойып, үстелге жақындады. «Не сандалып отырсың?» – деді Мендель Зингер. «Қайда баруым керек? Кімнен ақыл сұрауым керек? Бейшара мұғалімге кім көмектеседі? Немен көмектеседі? Құдайдың өзі жазалап отырғанда, кімнен көмек күтесің?»

Дебора жауап бермеді. Ол отырғыштың үстінде тағы да біраз үнсіз отырды. Одан соң орнынан көтерілді де, Мендельді ит құсатып, аяғымен бір тепті, ол тарс етіп құлап түсе жаздады, еденде төбедей болып дүмпиіп жатқан жүннен тоқылған қоңыр шəлісін жұлып алып, басы мен мойнын орап, шашағын желкесіне өзін қылғындырғысы келгендей долдана тас қып байлап, беті манаурап қып-қызыл болып кетті, екі иінінен дем алып, қайнап тұрған суы бар самаурындай ысылдап, кенеттен қатты түкірініп алды да, аппақ түкірігін улы оқ сияқты Мендель Зингердің аяғының алдына былш еткізіп атып жіберді. Бұнымен оған деген өз жиіркенішін əлі де болса жеткілікті дəлелдей алмағандай, ол түкіріктің артынан тфүу! сияқты, бірақ нақты түсінуге мүмкін емес айқай қосты. Сасып-салбырап қалғандар естерін жиғанша, ол есікті тарс еткізіп, теуіп ашты. Долданған жел бөлмеге ақ қар ұшқындарын шашып, Мендель Зингердің бетіне үрлеп, балалардың салбырап тұрған аяқтарына жабысты. Есік қайтадан тарс етіп жабылды. Дебора кетіп қалған еді. Ол бағыт-бағдарсыз көшемен жүгіре берді, тура көшенің ортасымен, қара қоңыр алып бағанадай, үсті-ба сын қар көміп, жүре алмай қалғанша ақ қардың астында жынданғандай жүгіре берді. Ол киіміне шалынысып, сүрініп-қабынып құлап, таңқаларлық шапшаңдықпен қайта көтеріліп, ары қарай жүгірді. Қайда барарын Дебора əлі білмеді, бірақ аяқтары оны өз бетімен əлі ақылы жетпеген бір бағытқа еркінен тыс сүйреп бара жатқандай болып көрінді. Ымырттың түсуі қар ұшқындарының жылдамдығынан да тез болды, алғашқы шамдар да сығырайып жана бастады, терезе қақпақтарын жабуға үйден шыққан бірді-екілі адамдар Дебораға бұрыла назар аударып, жаурағандарына қарамастан, оның соңынан ұзақ тесіле қарап тұрды. Дебора болса зират жаққа қарай жүгірді. Кішкене ағаш шарбаққа жеткенде, ол тағы да құлап түсті. Ол бар күшін жинады, есік ашылар емес, оны қар көміп, қатты бекітіп тастапты. Дебора шарбақты иығымен бар пəрменімен итерді. Ақыры шарбақтың ішіне кірді. Зираттың үстінде жел аңырап тұр. Өлгендер бүгін бұрынғысынан да əрмен өлі сияқты. Ымырт тез түнге ұласты, қараңғы түн, қап-қараңғы, қардан жарық болып тұр. Бірінші қатардағы алғашқы құлпытастардың біреуінің алдына барып, Дебора отыра кетті. Оның дұғасы мен марқұмдардың құлақтарының

арасындағы нығыздалып тапталып қалған қабат алып тасталса ғана, дауысы өлгендерге тезірек жететініне көз жеткізгісі келгендей, Дебора сіресіп қатып қалған жұдырығымен құлпытастың қарын тазалады. Одан соң Дебораның ышқынған жан айқайы естілді, бұл айқай Деборадан емес, ішіне адам жүрегі қондырылған кернейден естіліп жатқандай еді. Бұл күңіренген жан айқайын бүкіл қалашықтағы жұрт естіді, бірақ ол сол бетте-ақ ұмытылып кетті. Өйткені бұл айқайдан кейінгі орнаған тыныштықты ешкім естімеді. Дебораның жаны қатты күйзеліп, ақырын ғана үзік-үзік ыңырсыды. Оның аналық жүректен тұншығып шыққан шарасыз жан айқайын түн жалмап жұтып жатты, қар көміп тастады. Дебораның ыңырсуы тек өлгендердің ғана құлағына жетіп жатты. ІV Мендель Зингердің клукцыскілік туыстарының маңайында жасы қаншада екені белгісіз, бала-шағасы да, дос-жараны да жоқ, пысықай, жұмыс басты əрі бастықтармен ымы-жымы бір, тез тіл табысатын Каптурак деген көрші болып тұрды. Дебора одан жəрдем алуға тырысты. Іске кіріспестен бұрын Каптурак өзіне күні түскен тəуелді жандардан жетпіс сом талап ететін. Ал Дебораның қиыншылық жылдары ұзақ уақыт бойы ешкімге білдірмей жасырын үнемдеп, мықты көн əмиянының ішіне салып, өзіне ғана аян еден тақтайының астында сақтаған барыжоғы жиырма бес-ақ сомы бар еді. Əр жұма сайын ол еденді жуғанда оны абайлап қана көтеретін. Оның аналық үмітіне жетпіс сомға жетпей тұрған қырық бес сом өзінде бар жиырма бес сомның қасында түкке тұрмайтын, аз-ақ ақша сияқты көрінді. Өйткені ол осы жиырма бес сом ақшаға соны жинауға кеткен жылдарды, əрбір сомның жұмсалмай ұзақ сақталуына мəжбүрлеген мұқтаждықты жəне қайтақайта санап, масайрап ішінен қуанған сəттерін қосты. Мендель Зингердің Дебораға Каптуракты жамандап, оның Дебораны маңайына да жолатпайтынын, тас жүрек, мейірімсіз жəне сұраған ақшасын алақанына салмайынша бір қадам да жасамайтынын айтып түсіндірген əрекеті бекер болды.

«Сенің қалауың не өзі, Дебора?» – деді Мендель Зингер, «кедейлер дəрменсіз, құдай оларға көктен ешқандай алтын жаудырмайды, олар лотереядан ештеңе ұтпайды, олар өз қотырларын өздері қасулары керек. Тəңірім біреуге береді, біреуден алады. Жаратушымның бізді не үшін жазалап отырғанын білмеймін, бастапқыда ауру Менухимнің, енді сау балалардың азабын тартқызып отыр. Е-е-ей, кедей сорлының жағдайы қашан дұрыс болып еді?! Жазықты болып қалса да, ауру болса да еш көмек жоқ. Басыңа түскенді мойныңмен көтеруің керек! Жібер ұлдарды, олар бұзылып кетпейді! Жазмыштан озмыш жоқ. Алланың бұйрығына қарсы тұра алмайсың. «Ашуына тисе, бəрін бір тарының қауызына тығады, ешкім одан қашып құтыла алмайды», – деп жазылған. Бірақ Дебора екі қолын тот басқан кілттер тізбегін байлап алған бүйіріне таянып, былай деп жауап қатты: «Адам өзіне-өзі көмектесуге əрекет жасаса, құдай да оған көмектеседі. Қасиетті кітапта осылай жазылған, Мендель! Түкке тұрғысыз, қай-қайдағы миға кірмейтін бірдемелерді ғана жатқа білесің. Мыңдаған хадис жазылған, солардың өзіңе тиісті еместерін ғана есіңде сақтайсың да, ақымақтың сөзін сөйлейсің! Балаларға сабақ үйретемін деп, ақымақ болып кеткенсің! Сен өзіңнің барды-жоқты ақылыңды оларға беріп, олар саған бүкіл ақымақтығын қалдырады. Бейшара мұғалімсің ғой, Мендель, мұғалімсің!» Мендель Зингердің өз ақыл парасатымен де, мамандығымен де байланысты мақтан тұтып, ауыз тұшытып айтар түгі де жоқ еді. Дегенмен Дебораның сөздері ызасын келтірді, жазғыруы намысына тиіп, біртіндеп пəк жанын жаралап, көкірегін ыза керней бастады. Ащы сөз етінен өтіп, сүйегіне жетті. Əйелінің бет жүзіне қарап тұруға беті шыдамай теріс айналып кетті. Ол осы бетəлпетті көптен, үйленгенінен де бұрынырақ, бəлкім бала кезінен білетіндей еді. Оған Дебораның бұл жүзі ұзақ жылдар бойы еш өзгеріссіз тура некелескен күніндегідей болып көрінді. Əдемі боялған қабырғаның əк сылағы үгіліп түскені сияқты, Дебораның жағының қушиып етінен қалай ажырағанын, бет терісінің мұрынының жан-жағына жиналып, анағұрлым болбырап, иегінің астында салбырағанын, қабағын əжім басып, көзінің үстінде шым-шытырық тор пайда болғанын жəне көзінің бір кездегі мойылдай

қара түсінің солғын қоңырға айналғанын байқамапты. Оның байсалды, көнбіс, жақсылықтан үміттенуден күдер үзген, немқұрайды көздерін де көрмепті. Бір күні, қашан болғанын да есіне алған жоқ, (мүмкін сол өзі ұйықтап, тек қана бір көзі аңдаусызда Деборанының айна алдындағы бейнесін ұстап алған таңда болған шығар), əйтеуір бір күні барып аңғарды Мендель. Бұл – екінші неке, бұл жолы ол əйелінің сиықсыздығымен, күйінішімен, алға зымырап бара жатқан жасамыс шағымен қайтадан некелескендей болды. Ол əйелін дегенмен жақынырақ, өзімен мəңгілікке ажырамасқа берік қауыстырылғандай сезіп, бірақ онымен өмір сүрудің адам төзгісіз, азабы мол болатынын түйсініп, оны аздап жек көрді де. Дебора құдай тек қараңғыда ғана жолықтыратын, күндіз-түні ажырамайтын дерт болып жабысқандай, енді ешкіммен бөлісуді қажет етпейтін, басы бүтін біреуге ғана тиесілі, берік дұшпандығымен адамды опатқа ұшырататын қатындар қатарына жататын еді. Əрине, ол бары-жоғы тек қана мұғалім еді! Оның əкесі де, атасы да мұғалім болған. Одан басқа ешнəрсе де шықпас еді. Біреулер оның кəсібін кемсітіп бетіне басқанда, тұрмыс-тіршілігіне сөз тигізіп, оны тірілер қатарынан өшіріп тастауға тырысты. Мендель Зингер соған тойтарыс берді. Ол шынын айтқанда Дебораның кетіп қалғанына қуанды. Əлден-ақ, Дебора сапарға аттануға əзірлік үстінде жүргенінде, үй қаңырап қалды, Йонас пен Шемария көшеде лағып жүр, Мириям болса, көршілерде отыр, не қыдырып кезіп жүр. Түстің осы мезгілінде, оқушылар қайтадан келер алдында, үйде тек Мендель мен Менухим ғана қалды. Мендель өзі пісірген арпа сорпасын ішіп, қыш тəрелкесіндегі тамақтың əжептеуір қалдығын Менухимге қалдырды. Кішкентайы əдетіне басып, есік алдына еңбектеп келіп қалмас үшін, есіктің ысырмасын итеріп жауып қойды. Əкесі бұрышқа барып, баласын жоғары көтеріп, тізесіне отырғызды да, тамақтандыра бастады. Ол осы бір тыныш сəтті ұнататын еді. Ұлымен қуанақуана жалғыз қалатын. Иə, кейде тіпті анасынсыз, ағаапаларынсыз бірге тұрғандары дұрысырақ па еді, деп те ойлайтын. Менухим арпа сорпаны қасықтап жұтып болған соң, əкесі оны үстелдің үстіне отырғызып, өзі оның тура алдында қақшиып отырып, жүрегі елжірей ынтызарлықпен маңдайдағы, жыпырлап қыртыстанған қабақтағы жəне салбырап

тұрған қос бұғақтағы əжімдерге тола жалпақ солғын сарғыш бет əлпетіне көз алмастан қарап, ойға шомды. Ол мына жалпақ бас сүйектің ішінде не болатынын табуға, көзімен терезеден қарағандай миына үңілуге, біресе жай, біресе қатты сөйлеп, топас баладан қандай да бір белгі алуға тырысты. Ол он рет қайта-қайта Менухимнің атын атады, Менухим тіптен ести алмаса, көрсін деп, ернінің емеурінімен əр дыбысты жеке-жеке асықпай ауада белгілеп көрсетті. Менухим селт етіп, қозғалмады да. Одан соң Мендель қасығын алды да, онымен шай ішетін ыдысты ұрып сыңғырлатып еді, Менухим бірден мойнын бұрып жалт қарады, оның сұр түсті, шарасынан шығып кетейін деп тұрған бота көзінен мардымсыз ғана ұшқын лап ете қалды. Мендель ары қарай сыңғырлатып, əн салып, қасықпен шыныдан ырғақ шығара бастап еді, Менухим қандай да бір мазасыз күйге еніп, қазан басын əрең көтеріп, мойнын бұрды, аяқтарын бұлғаңдатты. Ара- арасында: «Апа, апа!» – деп анасын шақырып қойды. Мендель орнынан тұрды да, таураттың қара кітабын алып, Менухимнің көз алдында бірінші бетін ашып ұстады да, оқушыларына сабақ үйрететін сарынымен бірінші сөйлемді дауыс ырғағын келтіріп, оқыды: «Құдай əуел баста аспан мен жерді жаратты». Ол біраз уақыт Менухим айтылған сөзді қайталар ма екен деген үмітпен күтіп тұрды. Бірақ Меухим тапжылмады да. Тек көзінде ғана əлі де тың тыңдап тұрған белгі іспетті сəуле бар еді. Осы кезде Мендель кітапты қоя салды да, ұлына мұңая қарап, бірсарынды дауыспен сөзін ары қарай жалғастыра берді: «Тыңдашы мені, Менухим, мен жалғызбын! Сенің ағаларың есейіп, жат болып кетті, олар əскерге барады. Шешең төмен етекті əйел, одан мен не талап ете аламын. Сен менің кенже ұлымсың, мен ең соңғы үмітімді саған арттым. Неге үндемейсің, Менухим? Сен менің нағыз ұлымсың ғой! Барым да, нарым да сенсің ғой, Менухим! Бері қара да, мына сөздерді қайталашы: «Əуел баста құдай аспан мен жерді жаратты...» Мендель тағы да біраз күтті. Менухим қозғалмады да. Мендель тағы да қасықпен шыныны сыңғырлатты. Менухим артына бұрылды, Мендель осы сəттен айры лып қалмайын дегендей ары қарай сарнай жөнелді: «Мені тыңдашы, Менухим! Мен қартайдым, бар баламның ортасынан

менің жанымда қалатын тірегім – жалғыз сенсің, Менухим! Мұқият тыңдап ал да, менен кейін қайтала: «Əуел баста құдай аспан мен жерді жаратты...» Бірақ Менухим мізбақпады да. Мендель ауыр күрсініп, Менухимді еденге түсірді. Есіктің ысырмасын итеріп ашты да, оқушыларын күту үшін есік алдына шықты. Менухим оның артынан еңбектеп келді де, табалдырықта жүресінен отырып қалды. Мұнара басындағы сағат жеті рет ұрды, оның дыбысы төрт рет күңгірлеп, үш рет анық естілді. Кенеттен Меухим: «Апа, апа!» – деп анасын шақырды. Жалт бұрылып қараған Мендель кішкентайының қоңыраудың сыңғырының жаңғырығымен тыныстағандай болып, мойынын ауаға созып тұрғанын көрді. Не үшін, қай пейіліммен мен жаратушымның осындай жазасына ұшырадым? – деп ойлады Мендель. Сөйтіп ол өзінің бүкіл болмысын ой елегінен өткізіп, өзінен қандай да бір күнə іздеді, бірақ дəл осындай жазаға ұшырайтындай еш ауыр күнə таппады. Оқушылар келді. Мендель олармен бірге үйге қайтып кірді, біресе ана балаға, біресе мына балаға ақыл айтты, бірін саусағынан шертіп, кейбіреуін жайлап қана бүйірінен түртіп, шоланда əрлі-берлі сенделіп жүрді. Күнəм неде? Қандай жағдайда күнəға баттым? – деп, тынымсыз ойланумен болды. Сол екі арада Дебора арбакеш Самешкинге барып, келесі жолы оны Клукцыскіге тегін ала кетер ме екен, деп сұрады. «Иə», – деді арбакеш Самешкин, ол ештеңе төселмеген жантайма төсектің үстінде екі аяғын ескіріп сарғая түскен екі сұр қапқа салып жіппен орап алған, қозғалмастан отыр, одан өзі ашытқан арақтың иісі бұрқырап тұр. Дебора арақтың иісін иттің етінен жек көретін. Мұндай иісті Дебора шаруалардан шығатын қауіпті иіс, түсінуге қиын, ақыл жетпейтін қауіп-қатердің белгісі əрі қырғын-жойқын мен ойран салудың түрткісі деп білетін «Иə», – деді Самешкин, «жол жақсырақ болса ғой!» – «Сен мені бір рет күзде, жол бұдан да əрмен жаман болғанда, алып жүріп едің ғой». – «Есімде жоқ», – деді Самешкин, «сен шатасып тұрсың, ол жаздың бір құрғақ күні болу керек». – «Мүлде олай емес», – деп қарсы шықты Дебора, «ол кезде күз еді, жаңбыр жауып

тұрған, мен раввинге барған едім ғой». – «Көрдің бе», – деді Самешкин, оның екі аяғы қаптардың ішінде жайлап салбырай бастады, өйткені жантайма төсек барынша биік те, Самешкиннің бойы болса, мүлдем қортық еді. «Көрдің бе», – деді ол, «сен ол кезде раввинге барған едің, сендердің ұлы мереке күндеріңнің қарсаңында еді ғой, мен сені дəл сол кезде ала кеткенмін. Бірақ бүгін сен раввинге бармайсың ғой!» – «Бір маңызды шаруалармен бара жатырмын», – деді Дебора, «Йонас пен Шемария ешқашан солдат болуға тиіс емес!» – «Мен де солдат болғанмын», – деді Самешкин, «жеті жыл, оның екі жылында абақтыда отырдым, өйткені ұрлық жасаған едім. Былайынша, түкке тұрғысыз нəрсе!» Бұл естіген жаңалығы Дебораға күдік ұялатты. Самешкиннің айтқандарынан Дебора оның өзіне де жəне оның ұрлық жасамауға əрі абақтыда да отырмауға тиіс ұлдарына да соншалықты жиіркенішті, ал қылықтарының жат екенін түйсінді. Сонымен Дебора онымен тезірек саудаласып, шаруасын шешуге бел буды: «Саған қанша төлеуім керек?» – «Ештеңе де! – Маған ақшаңның қажеті жоқ, барғым да келмейді! Көк ат қартайды, қоңырдың бірден екі тағасы да жоғалып қалды. Екі-ақ шақырым жүрсе де, ол күні бойы сұлы жейді. Мен оны енді ұстай алмаймын, оны сатқым келіп жүр. Арбакеш болу, жалпы, өмір емес қой!» – «Йонас қоңырды ұстаға өзі апарады», – деді Дебора айтқанынан қайтпай, «тағаның ақысын да ол өзі төлейді». – «Мүмкін!» – деп нем құрайды жауап қайырды Самешкин. «Егер Йонас бəрін өзі жасайтын болса, онда ол дөңгелекті де қаптатып əкелер». – «Оны да жасайды», – деп уəде берді Дебора. «Сонымен келесі апта жолға шығамыз ғой!» Сөйтіп ол Клукцыскіге қаhарлы Каптуракқа аттанды. Каптурактан гөрі Дебора раввинге барғанды қалар еді, өйткені оның қаймақтай ғана қасиетті ернінен шыққан бір ауыз сөзі ол үшін Каптурактың қолдауына қарағанда анағұрлым қымбат еді. Бірақ раввин пасха мен троица мерекелері аралығында қабылдамайды, өйткені бұл сəт – өмір мен өлімге қатысты «өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей шұғыл шаруалар кезеңі. Ол Каптуракты асханада бұрыштағы терезенің алдында жазу жазып отырған жерінде кездестірді. Оны шаруалар мен

еврейлер қоршап алыпты. Оның астары сыртына айналып, шалқасынан жатқан бас киімі үстелдің үстіндегі қағаздардың жанында жайылған алақандай болып жатыр, оның ішінде айнала тұрғандардың назарын өзіне тартып, көп күміс теңгелер жайғасқан. Каптурак ол жерден ешкімнің бір тиын да ұрлауға батылы жетпейтінін білсе де, оны қайта- қайта жіті бақылап отыр. Ол əрбір жазу танымайтын сауатсызға өтініш, сүйгендеріне хат жəне пошта арқылы жіберілетін ақша қағаздарын толтырып беріп отыр (одан басқа ол тіс жұлып, шаш та кесе алатын еді). «Менің сенімен бір маңызды іс туралы сөйлесуім керек», – деді Дебора Каптуракты айнала тұрғандардың төбесінен қарап. Каптурак лезде бүкіл қағазды алдынан итеріп тастады, осы сəтте адамдар тарап кетті де, ол бас киіміне қол созып, ішіндегі ақшаны уыстап алып, беторамалына орап түйді. Одан кейін барып, Дебораны отыруға шақырды. Дебора оның ашық түсті мүйізден жасалған қатып қалған түйме сияқты қатыгез кішкене көздеріне қадала қарады. «Менің ұлдарымды əскерге алып жатыр!» – деді ол. «Сен кедей əйелсің», – деді Каптурак сызылтып əндеткен үнмен, карта ашып отырғандай. «Сенің үнемдеп жиған бір тиының да жоқ, саған ешкім де көмектесе алмайды». – «Десе де, жинағанмын». – «Қанша?» – «Жиырма төрт сом жəне жетпіс тиын. Оның бір сомын сені көру үшін төлеп қойдым». – «Қалғаны сонымен жиырма үш сом ғана ғой!» – «Жиырма үш сом жəне жетпіс тиын!» – деп түзетті Дебора. Каптурак оң қолын көтеріп, ортаңғы жəне сұқ саусағын бүгіп, былай деп сұрады: «Сонымен екі ұл ғой?» – «Екеу», – деп сыбырлады Дебора. – «Біреуінің өзі жиырма бес тұрады!» – «Мен үшін бе?» – «Сен үшін де». Олар жарты сағат саудаласты. Сонымен Каптурак біреуін əскерден құтқарып беру үшін жиырма бес сомға келісті. Ең болмаса, біреуін! – деп ойлады Дебора. Бірақ жол бойы, Самешкиннің арбасында отырып, дөңгелектер бүкіл ішек-қарны мен сорлаған басын селкілдетіп келе жатқан кезде, жағдай оған бұрынғысынан да нашар көрінді. Ол ұлдарын қалайша бір-бірінен ажырата алады? Йонасты алып қала ма, əлде Шемарияны ма? – деп,

басы қатып, өз-өзінен дамылсыз сұраумен болды. Екеуінен бірден айрылғаннан гөрі ең болмаса, біреуі қалсын, – деді түйсігі, жүрегі қан жылады. Үйіне келіп, ұлдарына Каптурактың тоқ етер шешімін жеткізген кезде, Йонас, ересерек ұлы, оның сөзін бөліп: «Мен солдатқа қуана-қуана барамын!» – деді. Дебора, қызы Мириям, Шемария мен Мендель не дерлерін білмей, ауыздары аңқиып қалды. Ақыры, Йонастың айтары біткен кезде, Шемария былай деді: «Сен нағыз бауырымсың! Жан бауырымсың!» – «Жоқ», – деп жауап берді Йонас», «мəселе онда емес, мен солдат болуды қалаймын!» «Мүмкін бір жарты жылдан соң босап келерсің!» – деп жұбатты əкесі. «Жоқ», – деді Йонас, «менің ешқандай босап келгім келмейді! Мен солдат болып қаламын!» Барлығы ауыздарын жыбырлатып, кешкі дұғаларын айтып отырды. Үндеместен киімдерін шешінді. Мириям іш көйлекпен наздана бұраңдап барып, шамды үрлеп өшірді. Олар ұйқыға жатты. Келесі күні таңертең Йонас ұштыкүйлі жоғалып кетті. Үйдегілер оны түске дейін іздеді. Тек кеш батқанда ғана оны Мириям көріп қалды. Ол көк атқа мінген, үстінде қоңыр күртешесі бар, солдат бас киімін киіп алыпты. «Сен əлден солдат болып алдың ба?» – деп айғайлады Мириям. «Əлі болған жоқпын», – деп, Йонас көк атты тоқтатты. «Əкем мен анама сəлем айт. Мен Самешкиннің қасындамын, əзірше, əскерге аттанғанымша. Айтып бар, мен сендердің қастарыңда тұруға төзімім жетпейді, бірақ бəріңді де жанымдай жақсы көремін!» Қамшысын шыпылдатып, тізгінінен тартты да, ары қарай шаба жөнелді. Осыдан бастап ол арбакеш Самешкиннің аттарын қарайтын жалшысы болды. Ол көк пен қоңырдың үстілерін аттарақпен тазалап, солармен бірге ат қорада ұйықтады, олардың адамның қолқасын қауып, тұншықтыратын зəрі мен ащы тер иісін мұрнын тұмшаламастан, рахаттана сорды. Аттарға сұлы салып, суарды, шідерін жамап, олардың жал-құйрықтарын күзеді, қамыттарына жаңа қоңырау ілді, астауларын

толтырып, екі арбадағы шіріген пішенді кепкен пішенмен алмастырды, Самешкинмен бірге самогон ішіп, мас болды да, малай қыздарды қорқытты. Үйінде оны жоғалып кетті деп азалады, бірақ оны ешкім ұмытқан жоқ. Жаз келді, күн ыстық əрі бір тамшы жаңбыр жоқ, құрғақ. Күн жер- көкті алтындай жарқыратып, кеш батады. Самешкиннің күркесінің алдында Йонас гармонь тартып отырған. Ол қатты мас еді, өз көлеңкесінен өзі қорқатын, мына ұлдың өз қынасынан шыққанына үнемі таңқалуын қоймаған, анда-мұнда қасынан жайлап өтетін өзінің туған əкесін танымады. V Жиырмасыншы тамыз күні Мендель Зингердің үйіне Шемарияны алып кету үшін Каптурактың шабарманы келді. Шабарманды осы күндері барлығы күткен еді. Бірақ сол күткендеріне қарамастан нақ осы кезде шабарман алдарында тұрғанда, олар таңқалып, тіптен шошып кетті. Ол бір кəдімгі жұрт қатарлы бойы бар, түрі де басқалар сияқты кəдімгідей адам еді, басында көк солдат бас киімі, аузында жіңішке оралған темекісі бар. Отырып, шəй ішуге шақырғанда, ол бас тартты. «Мен онан да есік алдында күтемін», – деді ол, өзінің үйлердің алдында, сыртта күтуге дағдыланып қалғанын жұртқа білдіргісі келгендей. Бірақ бұл жігіттің дəл осы шешімі Мендель Зингер отбасын одан ары əбігерге түсірді. Көк бас киімді жігітке терезенің алдында тұрған күзетшідей қайта-қайта қарап, олардың қимылдары жылдам ширай түсті. Олар Шемарияның заттарын, костюм, рухани қорғаушысы – ішінде уағыз сөздері жазылған пергамент қағазы бар қолына байлайтын қасиетті қайысын – жол азығын, нан кесетін пышағын салды. Мириям сүрініп- қабынып жүріп, заттарды жинады. Басы енді үстелге жетіп қалған Менухим түк түсінбей, аң-таң болып, мойнын созып, аузын жаппастан айта алатын жалғыз сөзі: аналап былдырлап тұр. Мендель Зингер терезенің алдында тұрып алып, əйнекті ұрғылап тұр. Дебора болса, үнін шығармастан тұншығып жылап тұр, көзінен моншақтап аққан жастары жылағаннан иқы-жиқы болған аузына домалауда. Шемарияның түйіншегі дайын болған сəт бəріне де қиын болды, олар

жабырқаулы аянышты көздерімен тағы да басқа бір зат табылып қалар ма екен дегендей үйдің ішін тінти бастады. Осы мезетке дейін олар бір- бірімен ешнəрсе сөйлескен жоқ еді. Енді ақ түйіншек таяқтың қасында үстел үстінде жатқанда, Мендель Зингер терезеден бөлмеге бұрылып, баласына былай деді: «Сен бізге дереу жəне қолыңнан келгенше тез хабар жіберуің керек, соны ұмытпа!» Дебора бар даусымен солқылдап жылап, құшағын жайып, ұлын бауырына басты. Олар ұзақ құшақтасып тұрды. Шемария күшпен сытылып шығып, қарындасына адымдап барды да, оны маңдайынан, қабағынан құшырлана сүйді. Əкесі оның үстінен жалбарына қолын жайды да, тез-тез түсініксіз бірдемелерді күңгірлеп айтты. Одан соң Шемария үрейлене бақырайып қарап тұрған Менухимге жақындады. Шемарияның ауру баланы құшақтауы бірінші рет еді, ол бауырын емес, еш жауап бермейтін қандай да бірнəрсені сүйгендей болды. Əрқайсысы шын көңілімен тілек айтар еді. Бірақ ешкім айтарға сөз таппады. Олар бұл сəттің мəңгілікке қоштасу екенін білді. Сəті түссе, Шемария аман-есен шет елге өтіп кетеді. Болмаған жағдайда ол шекарада ұсталып, дарға асылады немесе шекара күзетшілері оны сол жерде атып тастайды. Өмірлікке қоштасқанда не айту керек? Шемария түйіншекті иығына салып, есікті аяғымен теуіп ашты. Ол енді артына бұрылып қарамады. Ол табалдырықты аттаған бетте үйді жəне оның барлық мүшелерін ұмытуға тырысты. Оның артынан Дебораның тағы да шыңғырып жылағаны естілді. Есік қайтадан өзі жабылып қалды. Шешесінің есі танып қалды-ау, деген сезіммен Шемария өзінің жол бастаушысына жақындады. «Тура базар алаңының артында», – деді көк бас киімді жігіт, «бізді аттар күтіп тұр». Самешкиннің күркесінің қасынан өткен кезде, Шемария тоқтап тұрып қалды. Ол кішкене бақшаға, одан соң бос тұрған ашық қораға көз қиығын салды. Ағасы Йонас онда болмады. Шемария өзі ылғи ойлағанындай, өз еркімен өзін-өзі құрбан қылып, жоғалып кеткен ағасын уайымдады. Ол – дөрекі, бірақ мейірбан да батыл, деп ойлады. Одан кейін ол қадамдарын тең басып, бейтаныстың жанында кете барды. Тура базар алаңының артында, жігіт айтқандай, олар аттарды кездестірді. Шекараға жеткенше кемінде үш күн уақыт қажет еді, өйткені олар теміржолға жоламады. Жол бойы Шемарияның жол

бастаушысының осы маңайды өте жақсы білетіні белгілі болып шықты. Ол оны Шемария сұрамастан бұрын-ақ білдірді. Алыстағы шіркеу мұнараларын көрсетіп, олардың қай ауылға жататынын атап берді. Ол хуторлар мен имениелерді, олардың иелерінің есімдеріне дейін атады. Жиі-жиі кең көшелерден бұрылып шығып, аз уақыттың ішінде тар жалғыз аяқ сүрлеудің өзінен адаспай жол тауып жүрді. Ол Шемарияны жаңа мекен іздеу үшін елден кетіп қалмай тұрғанда тезірек туған жерімен жақынырақ таныстырғысы келгендей болды. Ол Шемарияның жүрегіне өмір бойы жазылмайтын жарадай сағыныш септі. Түн ортасынан бір сағат бұрын олар шекара асханасына жетті. Мүлгіген тыныш түн еді. Асхана осы түндегі жалғыз үй сияқты тұрды, түн тыныштығындағы жалғыз үй, артында ешқандай өмірдің белгісі жоқ қымталған терезелері бар, айдаладағы меңіреу, жабырқау жалғыз отау. Миллиондаған шегірткелер оны айнала үздіксіз шырылдауда, жайлап сыбырлаған түнгі хор іспетті. Оған басқа ешқандай дыбыс кедергі жасамайды. Жер теп-тегіс, жұлдызды көкжиек оны айнала тек солтүстік шығыста аздап күміспен көмкерілген көк сақина сияқты жарық сызықтармен бөлінген дөңгелек қара көк шеңбер тартқан. Баяу соғып тұрған жел батыста жайылып жатқан батпақтың сыз иісін алыстан мұрынға жеткізіп тұр. «Нағыз тамылжыған тамаша жаз түні!» – деді Каптурактың шабарманы. Бірге келе жатқаннан бері алғаш рет өз кəсібі туралы əңгімелеуге келісті: «Мұндай тыныш түндерде ылғи да қиындықсыз болмайды. Біздің шаруамыз үшін жаңбыр пайдалы болар еді». Ол Шемарияға аз да болса қорқыныш ұялатты. Өздері алдында тұрған асхана жым-жырт əрі жабық болғандықтан, жол бастаушының сөзі оның ниетін есіне салғанша, Шемария бұл айтылған ойдың мағынасын ойламады. «Ішке кірейік!» – деді ол, қауіпті біраз кейінге сырып қойғысы келген адамдай. «Асығудың қажеті жоқ, біз əлі барынша ұзақ күтуге мəжбүрміз!» Десе де, ол терезеге жақындап, жайлап қана ағаш жақтауды қақты. Есік ашылды да, түнгі далаға жарық молынан төгілді. Олар ішке кірді. Үлдіріктің, яғни меймандарға қызмет көрсететін үстелдің ар жағында, ілулі тұрған шамның жарығының тура алдында осы асхананың иесі тұр екен, ол басын изеді. Еденде бірнеше ер адам жүресінен отырып алып, сүйек тас ойнауда. Үстел басында Каптурак полиция қызметкері киімін

киген бір адаммен бірге отыр. Кірген қонақтарға ешкім назар салып қарамады. Сүйек тастың тықылы мен сағаттың сыртылынан басқа ешнəрсе естілмейді. Шемария отырып жайғасты. Оның жол бастаушысы ішімдікке тапсырыс берді. Шемария арақ ішті, денесі қызды, бірақ жаны саябырсыды. Өзін барынша қауіпсіз сезінді; ол адам маңдайына жазылғаннан артық ешнəрсе істей алмайтын сирек сəттердің бірін басынан өткізіп жатқанын білді. Сағат түн ортасы екенін білдіріп ұрғаннан соң сəлден кейін артында ұзақ жаңғырығын қалдырып, қатты тарс етіп оқ атылды. Каптурак пен полиция қызметкері орындарынан тұрды. Ол шекара офицерінің түнгі бақылауы біткенін білдіру үшін берген сақшының уəделі белгісі еді. Полиция қызметкері көзден таса болды. Каптурак отырғандарға аттану керек екенін ескертті. Барлығы сылбырап орындарынан көтерілді де, түйіншектері мен шабадандарын иықтарына салды, есік ашылды, олар біртіндеп түн құшағына енді де, шекараға қарай жолға түсті. Олар əн салған сымақ болып еді, біреу оған тиым салды, ол Каптурактың дауысы еді. Ол алдыңғы қатарда ма, ортада ма, əлде соңғы қатарда келе жатыр ма, ешкім біліп болмайды. Олар сонымен, үн-түнсіз шегірткенің құлақ тұндырарлық шырылы мен түннің қою қараңғылығына малынып адымдап келе жатты. Жарты сағаттан кейін оларға Каптурактың: «Жатыңдар!» – деп бұйрық берген даусы естілді. Олар шықтан шылқылдап сыз болып тұрған жерге құлай-құлай түсті де, қимылдамастан жатты, дүрсілдеген жүректерін сыз жерге төседі, олардың жүректері осылайша туған жермен қоштасты. Одан кейін оларға орындарынан тұруға бұйрық берілді. Олар таяз, бірақ кең қазылған ордың жанына келді, олардың сол жағында жылтылдап жарық көрініп тұрды, бұл күзетшінің күркесінің жарығы еді. Олар күркені ордың үстіне қойыпты. Міндетіне сай, бірақ көздеместен сақшы олардың артынан оқ жаудырды. «Біз елден шықтық!» – деп айғайлады бір дауыс. Осы сəтте шығыстан аспан жарқырап көрінді. Жігіттер арттарына, əлі де болса түн құшағынан шыға алмай тұрған сыңайлы туған жерге жалтақтап қарады да, қайтадан жарқырап тұрған күнге жəне жат жұртқа бет бұрды.

Біреуі əндете бастады, барлығы оған қосылды да, əндетіп ары қарай жүріп кетті. Тек Шемария ғана əнге қосылмады. Ол өзінің алдағы болашағын ойлады (оның екі сомы бар еді); үй ішіндегі ертеңгілікті ойлады. Үйінде екі сағаттан соң əкесі ұйқысынан тұрып, дұғасын мыңғырлап оқиды, қақырынады, түкірінеді, тамағын шайқап, кірленге барып, аузындағы суын шалпылдатып шашып төгеді. Шешесі самаурынын үрлейді. Менухим таң атпастан аузы тынбай бірдеңелерді айтып былдырлауда, Мириям болса, мойылдай қара шаштарынан құстың ақ мамығын тарап алып тастап тұр. Осының бəрін Шемария үйіндегі таңертеңгілікті отбасы мүшелерімен бірге басынан кешіп, көріп жүргендегісінен де анық көрді. Ол басқалардың салған əндерін мүлдем естімеді, тек оның аяқтары ғана жұрттың аяқ ырғағын сезініп, солармен бірге адымдады. Бір сағаттан кейін ол бірінші жат қаланы, ықтияттап жасалған бірінші мұржадан шыққан көк түтінді, келгендерді қабылдап алып тұрған қолында байлап алған сары шүберегі бар ер адамды байқады. Мұнарадағы сағат алтыны ұрды. Зингерлердің қабырға сағаты да алтыны ұрды. Мендель орнынан көтеріліп, жөтеліп, қақырынып, түкірініп, дұғасын мыңғырлап оқыды, Дебора болса əлдеқашан ошақтың қасында тұрып, самаурынын үрледі, Менухим өзі отырған бұрышта түсініксіз бірдемелерді былдырлап айтып, Мириям көмескіленіп көрінбейтін айнаның алдында шашын тарап тұрды. Дебора ошақтың қасында тұрып алып-ақ ыстық шəйді сораптап ішті. «Шемария қазір қайда екен?» – деді ол кенеттен. Бəрі оны ойлаған еді. «Құдай жар болсын оған!» – деді Мендель Зингер. Сонымен күн шықты. Сонымен, мəнсіз, уайым-қайғыға тола күндер бірінің артынан бірі өтіп жатты. Баласыз қаңыраған үй, – деп ойлады Дебора. Бəрін дүниеге əкелдім, бəрін еміздім, оларды жел ұшырып алып кетті. Мириямға бұрылып қарады, қызын үйден сирек табатын еді. Жалғыз Менухим ғана шешесінің бауырында қалды. Ол ылғи қолын созады, Дебора ол отырған жерге жақын келеді. Шешесі сүйсе, еметін баладай оның емшегін іздейді. Дебора еш кінəратсыз сондай баяу орындалып жатқан

батаны ойлады да, Менухимнің сауыққанын көрер-көрмесіне күдіктенді. Оқып жатқан балалардың бір сарынды үні тоқтаған кезде үйде үнсіздік орнады. Үйді меңіреу үнсіздік ба сып алған. Тағы да қыс келді. Үйдегілер шамға құятын майды үнемдеді. Олар ұйқыға дер уақытында жатады. Ризашылықпен қайырымды түн құшағына кіреді. Йонас арда- санда сəлем жолдап тұрды. Ол Псковта əскери борышын өтеуде еді, денсаулығының əдеттегідей жақсы болғанына қуанды, бастықтарынан еш қиыншылық көрмеді. Сонымен жыл артынан жыл зымырап өте берді. VI Жаздың аяғында бір күні түстен кейін Мендель Зингердің үйіне бөтен біреу келді. Есік-терезе ашық тұр еді. Күнге қызып тұрған ыстық қабырғаларға шыбындар тып-тыныш, қап-қара болып үймелеп жабысып қалған, оқушылардың бір сарынды үні ашық тұрған үйден бозғылт көшеге төгілді. Кенеттен олар есік жақтауына сүйеніп тұрған бөтен ер адамды көріп, үндері өшіп қалды. Дебора орындықта отырған жерінен көтерілді. Қалт-құлт еткен Менухимді қолынан тас қып ұстап алып, Мириям көшенің арғы бетінен асығып келеді. Мендель Зингер бейтаныс кісінің алдына тұрып алып, оны басынан аяғына дейін шолып шықты. Бұл бір ерекше адам еді. Ол қара кең жиекті үлкен ши қалпақ, ашық түсті далбаңдаған кең балақ шалбар, көз тартарлық сары етік киіп алған, қою жасыл түсті жейдесінің үстінен байлаған ашық қызыл түсті галстугы жалаудай желбірейді. Орнынан қозғалмастан ол түсініксіз тілде бірнəрсе айтты, сірə, сəлем болар. Оның сөздері аузына шие толтырып алып сөйлеп тұрғандай естілді. Онсыз да оның жанқалтасынан жапырақтың жасыл сабағы көрініп тұрды. Оның жып- жылмағай, салбыраған үстіңгі ерні перде сияқты жайлап жоғары түрілгенде, аузынан аттың тістері сияқты ірі-ірі сары тістері жалаңаштанып көрінді. Балалар күлді, Мендель Зингер де мырс ете қалды. Бейтаныс адам ұзынша бүктетілген хатты алды да, барлығын тағы да бір күлдіріп, өзіне тəн қалыпта Зингерлердің мекен-жайы мен аты жөнін оқыды. «Америка!» – деді де, ол хатты Мендельдің қолына

ұстатты. Мендель бақыт сезіміне бөленіп, жүзі жайнап кетті. «Шемария», – деді ол. Оқушыларын қолымен шыбын қуғандай белгі беріп, үйлеріне таратты. Олар сыртқа жүгірді. Бейтаныс адам отырып жайғасты. Дебора үстелге шəй, кəмпит жəне лимонад қойды. Мендель хатты ашты. Дебора мен Мириям да отыра қалды. Сонымен Зингер мынаны оқи бастады: «Сүйікті əке, сүйікті ана, қымбатты Мириям жəне айналайын Менухим! Əскерде болғандықтан, Йонасты атамаймын. Сендерден де оған бұл хатты бірден бермеулеріңді өтінемін, өйткені қашқын інісімен хат алысып тұру оның жағдайын қиындатып жіберер. Сондықтан да мен мына хатты поштамен жібермей, жақсы досым Мактан беріп жіберуге мүмкіншілік болғанынша, ұзақ күттім. Ол сендердің бəріңді менің əңгімелерім арқылы таниды. Бірақ ол сендермен бір ауыз да сөз сөйлесе алмайды, өйткені оның өзі ғана америкалық емес, тіптен оның əке- шешесі де Америкада туылған, оның үстіне ол еврей де емес. Бірақ он еврейден артық. Сонымен сендерге басынан бастап бүгінге дейін не болғанын баяндап берейін: Алғашында, мен шекарадан өткен кезде менде қалтамдағы екі сомнан басқа тіске басар түк болмады, бірақ мен құдай көмектеседі деп ойладым. Тристин кеме ұйымынан басында мекеменің қалпағы бар бір адам бізді алып кетуге шекараға келді. Біз он екі едік, қалған он бірінің бəрінің ақшасы болды да, олар жалған құжат жəне кемеге билет сатып алды да, кеме ұйымының агенті оларды поезға алып кетті. Мен де бірге кеттім. Ештеңе қылмас деп ойладым. Бірге барып, не болса да, Америкаға барса, қалай екенін көрейін, деген ойда едім. Мен жалғыз өзім агентпен бірге артында қалып едім, ол менің басқалармен неге бірге бармайтыныма таңқалды. «Менің соқыр тиыным да жоқ», – дедім мен агентке. Ол менің оқып, жаза алатынымды сұрады. «Аздап», – дедім мен, «бірақ сол да жеткілікті шығар». Жарайды, сендерді ұзақ күттірмей-ақ қояйын, сонымен ол адам маған жұмыс тауып берді. Атап айтқанда: күн сайын, қашқындар келген жағдайда, шекараға барып, оларды алып келу, оларға бəрін сатып алып беріп, Америкада сүт пен бал ағып жатыр деп оларды үгіттеу. Сонымен, жұмыс істей бастадым,

тапқан табысымның елу пайызын агентке беремін, өйткені мен одан кейінгі агентпін ғой. Оның басында мекеменің аты алтын жіппен тоқылған қалпақ та, менде тек қана қолға байланған шүберек бар. Екі айдан соң мен оған алпыс пайыз алуым керек, əйтпесе жұмыстан кетемін дедім. Ол алпыс берді. Қысқасын айтқанда, мен қожайынымның қасында бір əдемі қызбен таныстым, аты – Вега, қазір ол – сендердің келіндерің. Оның əкесі маған кəсібімді бастауыма аздаған ақша берді, бірақ мен он бір адамның Америкаға қалай кетіп, өзімнің қалай артта жалғыз қалып қойғанымды еш ұмыта алмаймын. Сонымен, мен тек қана Вегамен қоштастым – кемеде болсаболмаса да жөн табамын, бұл менің осыған дейін жұмыс істеп үйренген салам ғой – сөйтіп мен Америкаға кеттім. Сонымен, мен қазір осындамын, екі ай бұрын Вега да келді, біз үйленіп алдық, өте бақыттымыз. Мактың қалтасында суреттер бар. Басында шалбарларға түйме қададым, одан кейін шалбар үтіктедім, одан соң жеңге астар тіктім, сөйтіп Америкадағы барлық еврейлер сияқты тігінші болайын деп қалып едім. Бірақ сол кезде Лонг Айландқа қыдырып барғанымда, тура Форт Лафайеттің жағасында Макпен таныстым. Сендер осында келген кезде, мен сендерге ол жерді көрсетемін. Осыдан бастап, екеуміз сақтандыру кəсібін бастағанымызша, əртүрлі кəсіпте бірге жұмыс істедік. Мен еврейлерді, ал ол ирландықтарды сақтандырды, мен енді тіптен бірнеше христиандарды да сақтандырдым. Мак сендерге менің атымнан он доллар береді, жолға қажет нəрселеріңді аласыңдар ғой. Өйткені, алла сəтін салса, жақында мен сендерге кемеге билет жіберемін. Барлығыңды құшақтап, сүюші – ұлдарың Шемария (мұнда менің атым – Сэм)». Мендель Зингер хатты оқып болған кезде, бөлмеде шыбын ызыңы естілетіндей жымжырт үнсіздік орнады. Бұл үнсіздік жаздың соңғы күндерінде болатын мамыражай тыныштыққа ұласқандай болып көрінді. Отбасының барлық мүшесі осы үнсіздіктен шетел асып кеткен ұлдарының дауысын естіп қаламыз ба, деп есек дəмелі болды. Иə, Шемария өзі айтуын айтты ғой, анау жақта, дəл осы сағатта түн бе, əлде күндіз бе екен, жердің түбі Америкада. Барлығы да қас қағым уақыт қастарында Мактың бар екенін ұмытып кетті. Ол хатты əкеліп беріп,

одан ары қарай көрінбей кететін хат тасушыдай алыстағы Шемарияның тасасында көрінбей қалған сияқты. Ол өзі, американдық, өзінің бұл жерде отырғанын олардың естеріне салуға мəжбүр болды. Ол орнынан тұрып, көз байлап, айлакерлік көрсетуге ниеттеніп жатқан сиқыршы сияқты қолын шалбарының қалтасына салды. Ол əмиянын шығарды да, одан он доллар жəне Шемарияның əйелі Вегамен көгалда орындықта отырып, тағы бірде жалғыз өзі суға шомылғанда киетін киімімен жағажайда көп бейтаныс адамдардың ортасында Шемария емес, Сэм болып түскен суреттерін алып берді. Мак отбасы мүшелерінің қайсысы сенім артуға тұрарлық екенін тексергендей, бəріне аздаған уақыт тесіле қарап шыққан соң, доллар мен суреттерді Дебораның қолына ұстатты. Ол ақшаны бір қолына ұйпалақтап ұстады да, екінші қолымен суреттерді үстелдің үстіне хаттың қасына қойды. Бұл іс-əрекет аздаған минутқа созылды, əлі де тым-тырыс үнсіздік. Бір кезде Мендель сұқ саусағымен суретті көрсетіп: «Мынау – Шемария!» – «Шемария!» – деді, қалғандары қайталады, тіптен бойы енді үстелден асып кеткен Менухимнің өзі де анық оқырынып, дыбыс шығарып, кейде қараған адамның денесін тітіркендіретін көздерін қылита суреттерге назар аударды. Бір сəтке бейтаныс адам Мендель Зингерге бөтен емес сияқты, тіптен ол оның өзгеше қызық тілін түсінетіндей болып көрініп кетті. «Бірнəрсе айтшы!» – деді ол Макқа. Американдық болса, оның сөзін түсінгендей, дорба ауызын қозғап, бар ынтасымен түсініксіз бірнəрселерді əңгімелей бастады, ол қандай да бір ауыздың дəмін алар тағамды рахаттанып шайнап отырғандай кейіпте еді. Ол Зингерлерге Ресейге құмық саудасы үшін келгенін айтты, Чикагода сыра қайнататын зауыт салмақ ойы бар екен. Бірақ Зингерлер оны түсінбеді. Ақыры осында жолы түскен соң Кавказға барып, əсіресе таураттан егжей-тегжейлі оқып, біліп алған Арарат тауына шығу мүмкіндігін қалай да жіберіп алмауды қалайтыны жайында əңгімеледі. Өршелене үсті-үстіне айтып жатқан сөздерінен ең болмаса бір түсінікті буынды ұстап қалу үшін, тыңдаушылар Мактың əр ауыз қимылын аңди отырып, əңгімесін бар зейіндерімен тыңдаған кезде, өздеріне өте таныс, бірақ Мактың аузынан жиіркенішті əрі дөрекі гүрілмен танымастай өзгертіліп шыққан «Арарат» деген сөзді естігенде жүректері дүрсілдеп қоя берді. Мендель Зингердің өзі езу жимастан үнемі жымиып отырды. Енді өз ұлы Шемария да сөйлейтін

тілді тыңдау Мендельдің құлағына қатты жақты, Мак сөйлеген кезде, Мендель өз ұлының дəл осы сөздерді айтқанда, қандай кейіпте болатынын көз алдына елестетуге тырысты. Сəлден соң оған бейтаныс адамның күлкілі мылжыңдап тұрған көмейінен өз ұлының даусы естіліп тұрғандай болып көрінді. Американдық баяндамасын аяқтап, үстелді айнала жүріп, бар пейілімен əрқайсысының қолын қатты қысты. Ол Меухимді орнынан жұлып алып, биікке көтерді де, қисық басына, қылдырықтай мойнына, көкпеңбек, жансыз қолдарына жəне қисық аяғына анықтап қарап, жер бетіндегі өзгеше жаратылғандар үстелдің жанында тұруға емес, жүресінен де отыруға тиіс екенін осылайша көрсеткісі келгендей, оны мейірімді əрі ойлы кейіпте қалай болса, солай еденге отырғыза салды. Одан кейін ол, екі қолы шалбарының қалтасында, аяғын адымдай, сəл теңселе басып, ашық тұрған есіктен шығып кетті, бүкіл отбасы мүшелері оның артынан ұмтылды. Мак көшенің дəл ортасымен адымдай басып кетіп бара жат ты, көшенің аяқ жағында тағы да тоқтап, қоштасу үшін қол бұлғады. Ол көшеге күннің қатты шақырайып түсіп тұрғаны соншалық, үйдегілер тіке қарай алмай, көздерін қолдарымен көлегейледі. Олар Мак жоқ болып көрінбей кеткеннен соң да, сыртта ұзақ тұрып қалды. Қолдарымен көздерін көлегейлеп, бос көшенің бозаңытқан шаңына қараумен болды. Ақыры Дебора: «Міне, ол кетіп қалды!» – деді. Бейтаныс адам енді ғана жоқ болып кеткендей, барлығы кері бұрылып, бірінің қолын бірінің иығына қойып, құшақтасып, үстелдің үстіндегі суреттердің алдында тұрды. «Сонда он доллар қанша болады?» – деп сұрады да, Мириям есептей бастады. «Бəрібір», – деді Дебора, «он доллардың құны қанша болғанда да, біз оны ешнəрсеге жұмсамаймыз». «Неге жұмсамаймыз?» – деп қарсы сөйледі Мириям, «үстіміздегі шоқпытымызбен баруымыз керек пе?» «Кім қайда кетіп бара жатыр?» – деп айғайлады шешесі. «Америкаға», – деді де, Мириям монтансып жымиды, «Сэмнің өзі солай деп жазыпты ғой». Отбасы мүшесінің бірі тұңғыш рет Шемарияны «Сэм» деп атады, бұл Мириям ағасының америкалық есімін əдейі оның отбасы Америкаға

келуі керек дегеніне ерекше мəн беру ниетінде қадала айтқандай болды. «Сэм!» – деді Мендель Зингер, «Сэм деген кім?» «Соны айтсаңшы», – деп қайталады Дебора, «Сэм деген кім?» «Сэм!» – деді Мириям əлі де монтансып жымия, «менің Америкадағы ағам, сендердің ұлдарың!» Əке-шешесі үндемеді. Менухимнің даусы кенеттен бұрыштан қатты шаңқ ете қалды. «Менухим бара алмайды!» – деді Дебора жайлап қана, ауру бала түсініп қояды ма деп қорыққандай. «Менухим бара алмайды!» – деп, тура солай жайлап қана қайталады Мендель Зингер. Күн ұясына тез батып кеткендей болып көрінді. Барлығы ашық терезеден көз алмай қарап тұрған қарама-қарсы үйдің қабырғасындағы қара көлеңке тасып, суы жағасынан асып кеткен теңіз сияқты жоғарырақ көтеріліп кетіпті. Самал жел көтерілді де, терезе жақтауының топсасы сықырлады. «Есікті жап, өтпе жел соғып кетті!» – деді Дебора. Мириям есікті жабуға барды. Есіктің тұтқасына қолы тиместен бұрын, ол шамалы уақыт тыныш тұрып, есіктің жақтауынан Мак жоқ болып кеткен бағытқа басын созды. Одан соң Мириям есікті қатты тартып жапты да: «Мына желді-ай!» – деді. Мендель терезенің алдына барып тұрды. Ол кештің көлеңкесінің қабырғаға қалай жоғары шығып кеткенін көрді. Басын көтеріп, қарама- қарсы үйдің шатырындағы жылқының басына ұқсатып ағаштан ойып жасаған алтындай жарқыраған əшекейге қарап тұрды. Ол бөлмеге, əйеліне, қызы Мириямға жəне ауру Менухимге арқасын беріп, осылай ұзақ тұрды. Ол олардың бəрін желкесімен көріп, əрбір қозғалысын сезіп, түйсініп тұрды. Ол Дебораның жылау үшін басын үстелге қойғанын, Мириямның жүзін ошаққа бұрғанын, жыламаса да, оның иықтарының анда-санда селкілдегенін біліп тұрды. Əйелінің оның дұға

кітабын алып, кешкі дұғасын оқу үшін ғибадатханаға кетуін ғана, Мириямның көршілерге тез қыдыру үшін, сары шəлісін алу сəтін ғана күтіп отырғанын да білді. Олар кетісімен Дебора əлі де қолынан шығармай ұстап тұрған он долларлықты еден тақтайының астына көрсетпей тыққысы келді. Ол, Мендель Зингер, еден тақтайын білетін. Тақтайдың үстін басқан сайын, ол сықырлап өзі жасырып тұрған құпияны ашып қоятын да, Самешкиннің қорасының алдына байлап қойған иттерінің ырылын Мендельдің есіне салатын. Ол, Мендель Зингер, еден тақтайын білетін. Самешкиннің қорқынышты қара иттерін, күнəнің тірі кейіпкерлерін, ойламас үшін, ол сабақтың қызығына түсіп кетіп, бөлмеде əрлі-берлі жүріп, ұмытып кетпесе, тақтайдың үстін басудан қашқақтап, жоламайтын. Күннің алтын белдеуінің біртіндеп жіңішкергенін жəне оның үйдің əшекей атшасынан шатырына, одан ақ мұржаға қарай жылжығанын көріп, ол өмірінде алғашқы рет уақыттың ешкімге білінбей жалғандықпен өте беретінін, күн мен түннің, жаз бен қыстың, өмір ағысының мəңгілік алмасуы барысында кездесетін алдамшы зұлымдығын, таң қаларлық үрей сезімі сынды қорқыныш сезімдерін де елемей, біркелкі өтетінін анық сезгендей болды. Өмірдің əрқилы өзгермелі жағалауларында Мендельдің керемет үрейі ұшатын, Мендель Зингер ондай кездерде абайлап жүретін. Бір кісі Америкадан келді, күлді, Шемариядан хат, доллар жəне сурет əкелді де, қайтадан көрген түстей, сағымдай көзден ғайып болды. Ал ұлдары жоғалып кетті: Йонас Псковта патшаға қызмет етіп, бұрынғы Йонас болмай қалды. Шемария мұхиттың жағасында шомылып жүр, енді оның аты да Шемария емес. Американдықтың соңынан қарап тұрып, Мириямның да Америкаға кеткісі келді. Тек Менухим ғана туылған күнінен бері қандай болса, сол қалпында еш өзгеріссіз жарымжан күйінде қалды. Жəне Мендель Зингер өзі де қандай мұғалім болса, сол күйінде мұғалім болып қалды. Тар көше мүлгіген қараңғылыққа оранған сəтте, жандана бастады. Əйнекші Хаймның семіз əйелі мен баяғыда өліп қалған темір ұстасы Йоссель Коптың тоқсан жастағы əжесі есіктерінің алдында отырып, кешкі таза ауада рақаттанып демалу үшін үйлерінен орындықтарын алып шықты. Еврейлер қараң-құраң етіп, асығыс-үсігіс бір-бірімен ауыз жыбырлатып қана амандасып, ғибадатханаға қарай асықты.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook