Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Шынар Әділова - Тайм- менеджмент

Шынар Әділова - Тайм- менеджмент

Published by Макпал Аусадыкова, 2022-06-17 04:34:04

Description: Шынар Әділова - Тайм- менеджмент

Search

Read the Text Version

Өйткені Алла Тағала пенденің осы уақытта жасаған дұғасы мен ғибадатын қабыл ететіндігі және тілеген тілегі мен сұраған қажетін өтейтіндігі айтылып тұр. Ғалымдар бұл уақытқа байланысты көптеген жорамалдар айтқан. Бір хадисте сол сағат жұма күнінің ішінде деп айтылса, басқа хадисте имам мінберге шығып құтба оқитын уақыттан бастап жұма намазын оқып бітіргенше деп айтылады. Үшіншісінде намазға тәкбір айтылғаннан бастап намазды оқып бітіргенше делінген болса, төртіншісінде екінті уақытынан күн батқанға дейін делінеді.101 Әрбірінде мағлұмат түрліше берілген. Бұл уақыттардың нақты белгісіз болуының мақсаты – сол уақыттарға сәйкес келу үшін толықтай бір ай немесе жұмада бір күн бойы сергектік танытып, көбірек ғибадат жасауға мүміндерді ынталандыру. Сол уақыттарды білмеген соң, оны табу үшін мұсылман адам рамазанда бір ай бойы және жұмада күні бойы ғибадатқа құштарлы болып өтеді. Егер Алла Тағала Қадір түні мен жұма күндегі сағатты анық айтса, пенделер сол уақыттарда ғана ғибадат етіп, қалған уақытта ықылас көрсетпес еді. Алайда шариғаттың мақсаты бұл емес. Бірсарындылықтан арылу «Жылдың айларға, айдың апталарға, күннің парыз намаз уақыттарына бөлінуі адам санасында «уақыт түсінігінің» қалыптасуы үшін жеткілікті ме?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұраққа сенімді түрде «Иә» деп жауап беру мүмкін болмас. Себебі Абайдың «Пендеде бір іс бар жалығу деген» дегеніндей, адам баласы біршама уақыттан соң бірсарынды өмір салтына үйреніп, тіпті жалығып, ғапылдыққа түсуі ықтимал. Сондықтан басқа да алғышарттар арқылы мұндай жайттың алдын алу қажет болады. Дініміз мұны алуан түрлі жолдармен жыл, ай мен апта, тіпті күн ішінде белгілеген басқа да ғибадаттар арқылы жүзеге асыруда. Нәпіл ғибадаттардың сан қырларының бірі осыған қатысты. Аптасына бір рет оқылатын жұма намазы, намаздың алдында тыңдалатын құтбалар, жылда екі рет оқылатын айт намаздары, айт құтбалары, үш айлардың ерекшеліктері, бір ай

бойы үзбей ұсталатын Рамазан оразасы, әр айдың ортасында, дүйсенбі мен бейсенбі күндері ұсталуы сүннет оразалармен қатар, ай мен күн тұтылғанда, құрғақшылық, жұт және басқа да қолайсыздықтар туындағанда оқылатын намаздар – бәрі- бәрі мүмінге ескерту, оны бірсарындылықтан құтқарып, «уақыт» жайлы түсінігі мен жауапкершілігінің дұрыс болуы үшін жасалған алғышарттар. Тақуа мүмін бұл мүмкіндіктердің әрбірін нәпсісін есепке тартып, иманын шыңдап, бір серпіліп қалу үшін пайдаланады. Сондықтан да айналамызда көптеген адамдардың қасиетті айлар мен күндердің себебінен ғапылдықтан арылып, тәубесіне келгендігін, иманға, Исламның тура жолына бет бұрып, өмірін өзгерткендігін көре аламыз. Әсіресе, мұнда Рамазан айының орны ерекше. Мүбәрак күндер мен түндер Жұма күні Аптаның ең қадірлі күні. Құран Кәрім әмірі бойынша аптасына бір рет оқылуы парыз етілген намаз осы күнге сәйкес келеді. Сонымен қатар көптеген хадистерде жұма күнінің ерекшелігі тілге тиек етіліп, мақталып айтылады. Алла Елшісінің бірқатар хадистерін келтіре кетсек: «Расында, жұма күні – күндердің төресі және Алла Тағаланың қасында ең ұлығы. Жұма күні – Алла Тағала үшін Ораза айты мен Құрбан айтынан ұлығырақ. Жұманың бес қасиеті бар: Жұма күні Алла Тағала Адамды (а.с.) жаратты, осы күні Адамды (а.с.) жаннатқа кіргізді, осы күні Адам (а.с.) жерге түсірілді, осы күні Адам (а.с.) қайтыс болды, қиямет жұма күні болады. Сондықтан періштелер, аспан, жер, жел, тау, теңіздер – барлығы да жұма күнінен қорқады... Жұма – күн шуағы шашылған күндердiң ең жақсысы... Жұмада бір сағат бар. Мұсылмандардан кімде-кім сол сағат ішінде намаз оқып, Алладан харамнан басқа не тілесе, қандай қажетін сұрайтын болса, Алла оған береді. Қандай да бір

жамандықтан сақтауын тілесе, Алла оны сол жамандықтан сақтайды».102 Жұманың маңызы мен қадір-қасиеті жөнінде тоқталған мұндай хадистер көптеп кездеседі. Бірқатар хадис кітаптарында «Китәбул-Жума» атты бөлімдер де бар. Жұма жайындағы бірқатар хадистерде жұманың мүміндердің мерекесі екендігі баяндалады. Сондықтан бұл күні ғұсыл алып тазалану, хош иісті әтірлер себіну, ең жақсы киімдерін кию, жаңадан алған киімін арнайы кию, ақ түсті киім киюге тырысу қажеттілігі айтылған. Жұма күні ораза ұстау құпталмаған. Айт күндері Алла Тағаланың мұсылмандар үшін мейрам етіп берген екі айт күндері бар. Бұл күндер – мейрам болумен қатар, ізгілік пен сауапты амал жасауға арналған құнды уақыттар. Алла Елшісі (с.а.с.) хадисте былай дейді: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең абзалы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні».103 Сонымен қатар бұл айт күндерінің түнінің де қасиеттілігін ерекшелеп атап өткен төмендегідей хадис бар: «Бес түн бар. Ол түндердегі оқылған дұғалар кері қайтарылмайды, (яғни қабыл болады). Олар: ережептің алғашқы жұма түні, шағбанның он бесінші түні, Жұма түні, Рамазан айтының түні, Құрбан айтының түні».104 Мұсылмандар айт күндеріне үлкен мән береді. Өйткені бұл күндер – күнәлар кешірілетін, бірлік пен ынтымақтастық сезімдері ұштасқан, қуаныш пен шаттық күндері. Мухаррам айы және Ашура күні Ислам күнтізбесі бойынша алғашқы ай – мухаррам айы. Жаңа жыл осы аймен басталады. Мухаррам айы – Құран Кәрімде құрметтелген төрт айдың бірі. Бір хадисте былай делінеді: «Рамазаннан кейінгі ең құнды ораза – мухаррам айында ұсталған ораза болып табылады».105

Мухаррам айының оныншы күні – Ашура күні деп аталады. Алла Тағала көп дұғаларды Ашура күні қабыл еткен. Әзірет Адамның тәубесінің қабыл болуы, әзірет Нұхтың топаннан құтылуы, әзірет Юнустың балықтың қарнынан шығуы, әзірет Ибраһимнің отта жанбауы, әзірет Идристің тірідей көкке көтерілуі, әзірет Яқубтың ұлы әзірет Юсуфқа қауышуы, әзірет Юсуфтың құдықтан шығуы, әзірет Әйюбтың аурудан құтылуы, әзірет Мұсаның қызыл теңізден өтуі, әзірет Исаның туылуы және өлімнен құтылып тірідей көкке көтерілуі Ашура күні болған.106 Алла Елшісі (с.а.с.) осы Ашура күнінің ерекшелігін ескеріп, ораза ұстауды әмір еткен. Және көп дұғалар қабыл болып, күнәлар кешірілетін күн екендігін атап өткен.107 Мәуліт Адамзатты қараңғылықтан құтқару үшін жіберілген соңғы пайғамбар – біздің Пайғамбарымыз әзірет Мұхаммед (с.а.с.) 571 жылы рәбиул-әууәл айының 12-түні туған. Бұл қасиетті түн «Мәуліт түні» деп аталады. Мәуліт – «туылған уақыт» дегенді білдіреді. Ол дүниеге келген шақта жер-жаһанды надандық, зұлымдық пен арсыздық жайлап, Аллаға деген сенім ұмытылып, адамзат қорқыныш пен қараңғы түнекке қамалып, өмір сүре алмайтындай дәрежеге түскен еді. Пайғамбарымыздың дүниеге келуімен әлем нұрға бөленіп, халықтың жүрегіне Аллаға деген сенім ұялады. Теңдік, әділет және бауырмалдық пайда болды. Аллаға сенген халықтар шын мәнінде қуанышқа кенеледі. Пайғамбар (с.а.с.) туған түн – адамзаттың қараңғылықтан құтылуы үшін өте қайырлы әрі берекелі бастама болды. Пайғамбарымыздың туған күнінде айтылатын мәуліт жырларын құрметпен тыңдау, оның қасиетіне, рухына салауат

айту – халқымыздың Пайғамбарға деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең құрметінің көрсеткіші. Рағайып түні Рухани жағынан алғанда ережеп, шағбан, рамазан айлары басқа айларға қарағанда бір төбе жоғары, берекелі айлар болып табылады. Ережеп айы келгенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деп дұға ететін: «Уа, Алла! ережеп пен шағбан айларын бізге мүбәрак қылып, рамазан айына аман-есен жеткізе гөр».108 Ережеп айының алғашқы жұма түні «Рағайып түні» деп аталады. Бұл түн – Алла Тағаланың мейірімі түскен, кешіретін және дұғаларды қабыл ететін түн. Жоғарыда келтірілген бес түн жайлы айтылған хадисте де осы түн ерекшеленіп аталып өтіледі. Бұл түні Алла Елшісінің кейбір берекетке ие болып, шүкір қылып, намаз оқығаны туралы хабарлар бар.109 Миғраж түні Алланың шақыруы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні түнде Меккедегі Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне сапар шегіп, ол жерден Жәбірейілмен бірге көкке көтеріліп, «Сидратул-мунтәһа» деп аталатын жерге дейін көтеріледі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жерден ары қарай өзі барып, арада ешқандай дәнекерсіз және бізге беймәлім түрде Алламен кездесіп тілдескен. Бұл қасиетті сапардың Меккеден Құдысқа дейінгі бөлігі Исра, Құдыстан басталатын қалған бөлігі Миғраж деп аталады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бес уақыт намазды үмбетіне Миғраж тартуы ретінде әкелген. Миғраж оқиғасы – Пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизаларының бірі. Һижреттен бір жарым жыл бұрын ережеп айының 27-түнінде болған. Бұл түн осынау ерекше тарихымен қасиетті саналады. Бұл түнді құлшылықпен өткізіп, ертесі күні ораза ұстаған сауапты іс болып табылады.110 Бәраат түні

Алла Елшісі (с.а.с.) ережеп пен рамазанның ортасында елеусіз өткізіп алмауымызды ескертіп, өзі көбіне оразамен өткізген шағбан айының 15-түні «Бәраат түні» деп аталады. Қарыздан, күнә мен жазадан құтылу деген мағынаны білдіретін Бәраат – күнәлардан құтылу (тазару) кеші. Бұл түн – Алланың өзінен кешірім сұраған мүміндерді кешіріп, күнәдан арылу түні. Бұл түні ұйықтамай Алла Тағаладан кешірім сұрауымызды қалаған Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Шағбан айының он бесінші түні болғанда тек қана ғибадатпен өткізіңдер, ал күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені Алла Тағала сол түні күн шыққанға дейін әлемге мейірімін төге тұрып, былай дейді: – Кешіруімді қалайтын адам бар ма, кешейін? – Ризық талап етушілер бар ма, берейін? – Дертке шалдыққандар бар ма, шипа берейін? – Тағы кім не тілесе тілесін, берейін!»111 Ендеше, Раббымыздың сүйінші хабарына құлақ асып, берілген мүмкіндіктерден пайдаланып қалуымыз керек. Бұл түні адамның бір жылдағы ризығы, бай немесе кедей, жоғары немесе төмен болатынынан, ғұмырларының ұзаруы немесе ажалының келуі жайлы хабарларды Алланың әмірімен періштелердің дайындайтындығы білдірілген. Бәраат түнінің ерекшелігінің бірі – сол күні құбыланың Қудус мешітінен Қағбаға қарай өзгеруі. Бұл түні «жақсылық намазы» оқылады112. Қадір түні Рамазан айының 27-түні «Қадір түні» деп аталады. Адамдарға дүниеде және ақыретте бақытты болудың жолын көрсететін дініміздің қасиетті кітабы – Құран Кәрім Пайғамбарымызға рамазан айындағы Қадір түнінде түсе бастаған. Қадір түнінде әзірет Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктеліп, Ислам таңы осы түні атқан. Міне, осындай маңызды оқиғалар Қадір түнін нұрға бөлеп,

қасиетін арттырған. Қадір түнінің мың айдан да қайырлы екендігі Құран Кәрімде ашық айтылған. Қадір түні – мүміндерге Алла Тағаланың берген шексіз мейірімділік белгісі мен үлкен ілтипаты. Бұл түнді Алла разылығы үшін намаз оқып, Құран оқып, дұға етіп, ғибадатпен өткізуіміз керек. Әзірет Айша (р.а.) бір күні Пайғамбарымыздан: – Уа, Алланың Елшісі! Қадір түнінде қайтіп дұға етейін? – деп сұрады. Сонда мынадай жауап естіді: – Былай де: «Раббым, сен өте кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені де кешіре гөр».113 Пайғамбарымыз (с.а.с.) үйреткен бұл дұғаны біз де Қадір түнінде қайталайық. Қасиетті түндерді намаз оқу, Құран оқу, Пайғамбарға салауат айту, күнәларымызға кешірім тілеу, дүние және ақыретке байланысты тілектерімізбен дұға қылып, қолымыздан келгенше қайырымдылық іс-шараларын атқарып, кедейлерді қуанту сияқты ізгі істермен өткізуіміз керек. Арафа және Тәурия күндері Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн «Арафа күні», ал оның алдындағы күн «Тәурия күні» деп аталады. Қажылық жасаушылардан басқалар үшін Тәурия және Арафа күндері ораза ұстау ұнамды амал болып саналады. Жалпы Алла Елшісі (с.а.с.) зулхижжа айының алғашқы он күнін114 толықтай оразамен өткізетін болған.115 Арафа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намазда еркек-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере салып уәжіп болған тәшриқ тәкбірін оқуы керек: «Аллаһу әкбәр, Аллаһу

әкбәр. Лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбәр. Аллаһу әкбәр уә лилләһил-хамд». Арафа күні қажылық жасаушылардың Арафатта тұрып дұға ететін күні болғандықтан, одан тыс барша мұсылмандар үшін де дұға қабыл болатын ерекше күн болып саналады. Бір хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) осыны жеткізеді: «Дұғаның қадірлісі – Арафа күні жасалған дұға».116 Сондай-ақ, кешірім тілеген адамдардың кешірімге ие болып, азаптан құтылатын күні ретінде де ерекшелене түседі: «Арафа күні тозақтан көп құл құтылатыны соншалықты – басқа күндерде мұншама құл құтыла алмайды».117 • НАМАЗ УАҚЫТТАРЫНЫҢ КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ОРНЫ Жоғарыда атап өтілген түсіндірмеден төмендегідей қорытынды шығаруға болады: парыз намаздардың асыл мұраттарының бірі – мұсылман баласына күнделікті уақытын жоспарлап, ретке келтіру әдетін қалыптастыру. Пайғамбарымыздың іс-әрекеттері мен бұйрықтарынан көретініміздей, бұл уақыттар ұйықтау, тұру, үйде болу, тамақтану, демалу, сыртқа шығу, зиярат ету, адамдармен қарым-қатынас секілді күнделікті орындауымыз қажетті істердің мерзімін белгілеуде. Әр намаз уақытты жоспарлауды білдіреді деп есептесек, Құранда намаз жайлы айтылған барлық аяттарды да «уақыт

түсінігін» қамтитын аяттардың қатарына қоса аламыз. Құранда намаз көбіне «саләт» сөзі арқылы айтылып, 100-ге жуық рет қайталанады. Рукуғ, сәжде, қиям секілді басқа да намазды суреттейтін сөздер де бар. Мұсылман адамға намаз оқу жайлы сөз қозғалғанда бірінші кезекте оның тым көп екендігі мен соған байланысты ауырлығына шағымданғандарын байқап жатамыз. Алайда намаз біз ойлағандай және қорқатындай көп емес. Ең алдымен, күнделікті бес уақыт намаз дәретімен қосқанда адамның бір сағат уақытын алады. Екіншіден, адам бірден тұрып бір сағат намаз оқымайды, сондықтан шаршайтындай ұзақ уақыт болмайды. Үшіншіден, адамға әр уақытта сол уақыттың намазы ғана парыз болады. Яғни, дәл қазір бесін намазының уақыты болатын болса, екінті намазының уақыты әлі келмегендіктен, тек сол бесін намазы парыз, басқа уақыттың намаздары парыз болмайды. Ол намаздар өз уақыты келгенде ғана жеке-жеке парыз болады. Олай болса, намаз көптеген адамдар ойлағандай ауыр, ұзақ әрі шаршататын жүк емес екендігін көруге болады. Осылайша Алланың адамға көтере алмайтын жүк беріп, шамасы келмейтін міндет жүктемейтініне118 көз жеткізе аламыз. Мұсылман баласына күнделікті бес уақыт намаз оқу парыз екені белгілі. Сонымен қатар қалаған жан қосып оқи алатын нәпіл намаздар да бар. Нәпіл намаздарды да қоса санағанда, түнде бес намаз бар екендігін көре аламыз. Парыздар ақшам мен құптан намаздары, құптан намазынан кейін оқылатын уәжіп болған үтір намазы, нәпіл намаздардан ақшамнан кейін оқылатын әуәбин намазы мен таң уақытының алдында оқылатын тәһәжжуд намазы бар. Ал күндіз сәске уақытында оқылатын духа намазы қосылады. Дініміз бойынша тәулік ақшам уақытында күннің батуымен басталатынын есепке ала отырып, осы бір күннің ішінде оқылатын намаздардың сызбасын төмендегідей етіп көрсете аламыз.

Намаздың маңызы Намаз арқылы түн мен күндіз сырлы тәртіпке орнығады. Өмір ғибадатқа негізделген уақыт түсінігіне сәйкес реттеледі. Сол арқылы әрекеттеріміз Алланың бақылауында көркем түрде тәртіпке келтіріліп, ғибадаттан тыс істеріміз де ғибадат бояуымен боялып, құлпырып сала береді. Алла Тағала құдси хадисте былай бұйырады: «Сенің үмбетіңе бес уақыт намазды парыз қылдым. Өз-өзіме берген сөзім бар: Кім сол намаздарды дәл уақытында оқитын болса, оны міндетті түрде жаннатқа кіргіземін. Ал кім ол намаздарды сақтай алмаса, оған берілген ешқандай сөзім жоқ».119 Ал Оның Елшісі (с.а.с.) өз кезегінде мынаны айтып өтеді: «Намаздың алғашқы уақыты – Алланың разылығын, ортаңғы уақыты – Алланың мейірімін, соңғы уақыты – Алланың кешірімін алуға себеп болады».120 Намаздарды алғашқы уақытында оқу – мүміннің назарында жүруі тиіс аса маңызды мәселелердің бірі. Аяғын әрең басып, намазды соңғы уақытына дейін кешіктіру және көңілсіз түрде оқып тастап, тезірек құтылуға тырысу – мүмінді мұнафықтыққа апаруы мүмкін қауіпті жағдай. «Құптанды жамағатпен оқыған түннің алғашқы жартысын және таң намазын жамағатпен оқыған адам түннің екінші жартысын ғибадатпен өткізгенмен тең болады».121 Олай болса, намаздарды уақытында оқу ғана емес, мешітте яки үйде жамағатпен оқудың да маңызын есте ұстағанымыз жөн екен. Әсіресе,

адам баласы ұйқының құшағына берілгісі-ақ келетін осы екі уақыттағы намазға аса мән берілген. Намазды тастап кетуге келер болсақ, оның ешқандай ақылға сияр сылтауы мен себебі бола алмайды. Соңғы демімізді беретін сәтке дейін намаз тұрғысында көкірегіміз үнемі ояу болуы керек. Амал дәптерін ізгі амалдарға толтырып, жаннаттағы жоғары дәрежеге ие болғысы келетін мүмін асығып, уақытын тиімді пайдалануы керек. Мүмкіншілігін толық пайдаланып, күші жететін ізгі амалдардың бәрін мүлт жібермеуге тырысуы қажет. Бірақ жақсылықта жарысамын деп жүріп, кем-кетік, шала-шарпы істей салу дұрыс емес. Өйткені Алла Тағала істелген әрбір істің дұрыс және тиянақты орындалғанын қалайды. Атақты ғалым Алийул-Қари бұл жайында мынадай түсініктеме береді: «Алланың әмірлеріне бет бұру тұрғысында асығу мен оларды орындау барысында асығыстық жасау – екеуі екі түрлі нәрсе. Бұлардың біріншісі – жақсы, мақталған іс, ал екіншісі – датталған іс»122. Яғни, намазға асығу керек, ал намазда асығуға болмайды. Сонымен қатар айналамызда жүрген кейбір кісілердің «Намаздың шығуына қанша уақыт қалды?» деген бір сұрағы олардың намазға қарым-қатынасын көрсетіп беретіндей. Намаздың уақыты өтіп кетпесе болды, әйтеуір бір оқырмын деген көзқарас адамның намазға деген жауапкершілігінің жеткілікті болмай жатқанын меңзейді. Мүмін адам «Намаздың кіруіне қанша уақыт қалды?» деп намазға алдын-ала дайындалып, қырағылық танытқаны жөн. Жалпы сұрақ қою тәсілін осылай өзгертудің өзі адамның ең абзал ғибадатына деген қарым-қатынасын өзгертуге септігін тигізетініне сенеміз. Намаз уақыттарының сыры

Адам жаратылысынан-ақ өте әлсіз, қауқары жоқ әлжуаз. Оның әлсіздігі сол – тым секемшіл, не нәрсеге болсын үрке қарайды, айналадағы көп нәрседен өзіне қауіп төнеді. Бір жағынан, ол тым дәрменсіз. Қастығы мен қысастығы дайын дұшпаны көп, қайғы-қасіреті де бір басына жетерлік. Әрі өте кедей. Қажеттілігі мен зәрулігі бір бітпейді. Адам сондай-ақ еріншек, күш-қуаты төмен. Ал өмір болса керісінше тым қиын, күрделі, жүгі ауыр. Адам болғандықтан әлеммен тығыз араласпай тұра алмайды. Алайда кімді көңілі ұнатып, құлай сүйсе де түбінде содан қол үзіп, көз жазып қалатындығы, нені жанына жақын көріп қимаса да бәрібір еріксіз айырылатындығы оның жүрегіне ауыр тиіп, жанына батады. Ақыл-ойы оны биік мақсаттарға, ұшқыр қиялдарға жетелесе де айналып келгенде тағы сол қысқа жіп күрмеуге келмейді, адамның бәрібір қолы қысқа, өмірі шолақ, күші аз, шыдамы жетпейді. Міне, дәл осындай кейіптегі рухтың таң намазы кезінде құдіреті мен мейірімі шексіз Хақ Тағаланың салтанатты сарайына тілек-дұғасы, намазы арқылы өтініш білдіріп, өзіне табыс пен медет тілеуі қаншалықты орынды. Өзін күні бойы күтіп тұрған күндізгі әлемнің қат-қабат қиыншылығы мен сан алуан ауыртпалығына көндігуде, иығына түсер зіл батпан салмақты еңсеруде, өзіне берілген міндетін мүлтіксіз атқара алуында нық арқа сүйер сүйенішін еске алып дәтке қуат бекітуі қаншалықты қисынды екені құптарлық. Бесін уақыты болса, күндіздің толықсып кемелденіп, енді бір сәтке біртіндеп күннің екінші жартысына ауа бастаған кез. Оған қоса, күндік толассыз, қыруар шаруаның ең бір қым-қуыт сапырылыс шағында, жұмыстың барлық қысым- ауыртпалығынан бір сәтке арылып, уақытша болса да сәл-пәл тынығатын кез. Әрі өткінші, фәни дүниенің ауыр жұмыстарынан бір бас алмаудан пайда болған бейғамдық пен сіресуден бой мен сананы бірдей арылтып, рухтың тыныс алуына жол ашатын кез. Иләһи нығметтердің бой көрсетер тұсы. Адам жаны әлгіндей қысым, ауыртпалық, бейғамдықтан,

мән-мағынасыз, фәни тірліктен арылып, ешкімге мұқтаж емес әрі мәңгілік қасиеттерге ие нығмет-несібелердің шынайы егесі Алла Тағаланың алдында құлшылық жасауға ниет етіп қол байлап, өзіне нәсіп етілген бүкіл ризық-несібе атаулыға шүкір етіп Жаратушыға мақтау айтады. Оның ұлылығының алдында иіліп тағзым етеді, рукуғқа барады. Оның теңдессіз кемелдігі мен жамалына таңырқап, әсемдігін дәріптеп сәждеге бас қояды. Өз сүйіспеншілігі мен таңданысын бесін намазын оқу арқылы білдірудің қаншалықты ұнамды, қаншалықты орынды, қаншалықты керекті екенін ұғына алмау, сірә, адамдыққа жатпаса керек?! Екінті уақыты ажары қашқан сүреңсіз күз мезгілін, қалжыраған қарттықты, ақырзаманның жан түншіктірер сәттерін еске түсіреді. Сондай-ақ бір күнгі қауырт жұмыстың аяқталуға бет алған шағы болғандықтан күні бойғы өзіндегі сау-саламаттық, жақсы жұмыс істеуі үшін берілген денсаулық, қажыр-қайрат, күш секілді бір төбе болып жиналып қалған Жаратушының нәсіп еткен жақсылықтарын еске алар сәт. Күнбатысты ал қызыл түске бөлеп күннің бата бастауы да адамға ой салып, көп нәрсені ұқтыра түседі. Адам өзінің жай ғана қонақ екенін сезініп, барлық нәрсенің өткінші екеніне көз жеткізеді. Дәл осы сәт, мәңгілікті аңсайтын о баста да сол үшін жаратылған, жақсылыққа бас иіп, айырылысудан азап шегетін адамның рухы тазалықты қалап, екінті намазын оқуға ниет етеді. Алла Тағаланың иләһи құзырына шығып, ішкі тілеуін тілеп, дұғасын қайтарады. Алланың шексіз рақымдылығын пана көріп, есепсіз нәсіп еткен ризық- несібелері үшін шүкіршілік білдіріп, мақтау айтады. Жаратушының асқақ абыройы мен айбарының алдында асқан кішіпейілділікпен басын иіп рукуғқа барады. Оның құдайылығын жоғары санап, өзінің құл екенін еске алып тағы да барынша кішірейіп, қарапайымдылықпен сәждеге бас қояды. Сәждеге бас қоя отырып, адамның жаны шексіз рақатқа бөленеді. Екінті намазы иләһи құзырда берілер әмірге дайын, өзінің құл екендігін мойындаған адам кейпін

елестетеді. Дәл осы уақытта екінті намазының атқарылуы қаншалықты орынды, қаншалықты керекті, қаншалықты жарасымды екені даусыз. Ол – жаратылыс міндеті. Аз ғана құлшылықпен үлкен бақытқа қол жеткізудің артықшылығын өзін адам санаған әркімнің-ақ ұғынары сөзсіз. Ақшам уақыты қылымсыған жаз кетіп, күреңіткен күз сырғып, орнын қақаған қыстың басқанын елестетеді. Сол секілді адамның да қайтыс болуын, өзіне жақын бүкіл туыс- туған, ағайын-жегжат, дос-жарандарымен қош айтысып, қабірге сапар шеккен сәтін еске түсіреді. Сондай-ақ дүр сілкінген үлкен зілзаламен жер бетін мекендеген күллі жаратылыс атаулының о дүниеге үдере көшуін, сынақ әлемі болып саналатын мына дүниенің үлкен шырағы – Күннің сөндірілу уақытын елестетеді. Бұған қоса, ақшам мезгілі мәңгіліктен ада, соңы бір тұтам, өтпелі нәрселерге бас ұрып табынған пенделердің оңбай қателесетіндіктерін қатаң ескертетін уақыт. Міне, дәл осындай уақытта жаратылыс тұрғысынан мәңгілік көркемдік иесі – Хақ Тағалаға құштар адам рухы мына кең дүниені жаратып, оны басқарып тұрған болмысы ежелден әрі мәңгілік Жаратушыны еске алып, ақшам намазын өтеуге ниет етеді. «Аллаһу Әкбәр» деген күйі күллі өткінші нәрселерден бойын аулақ салып, бар ықылас-пейілін өткінші емес, жалған емес тұрақты әрі мәңгілікке Ие – бір ғана Жаратушыға бұрады. Алланың құзырында намазға тұру арқылы «Әлхамду лиллаһ» деп оның кемшіліктен пәк кемелдігіне, теңдессіз көркемдігіне, шексіз мейірімділігіне шүкіршілік пен мақтау айтып, «Саған ғана құлшылық жасап, Сенен ғана жәрдем тілейміз» деп дұға оқиды. Осылайша намаз кезінде іштей тынбастан күбірлеп дұға оқу арқылы серіктесі жоқ, жаратушылықта өзіне қосарланар ешбір ортақтасы жоқ Алла Тағаланың жалғыздығын, құдайылығын паш етіп, оның уәзірге мұқтаж емес сән салтанатты патшалығына тән өзінің де құлы екенін білдіріп, жалбарына медет тілейді. Сондай-ақ Жаратушының ұлылығы мен асқақтығына, шексіз құдіреттілігі

мен кемшіліктен пәк абыройына бас иіп, рукуғқа барады. Бас иген күйі өзінің де, ғаламның да тым қауқарсыз, әлсіз, әлжуаз, дәрменсіз, бейшара, пақырлығын мойындап, «Уа, Ұлы Раббым! Сен неткен пәксің!» деп ұлы Жаратушыны пәктеп, оған мадақ айтады. Бір жағы, өткінші емес, жалған-фәниліктен пәк Жаратушының жамалы мен көркемдігіне, еш өзгермейтін қасиетті сипаттарына, бұзылуға ұшырамайтын сонау ежелден келе жатқан басталуы жоқ әзали кемелдігінің алдында сәждеге жығылады. Сәждеге бас қоя отырып, таңданысы мен бой ұсынушылығы шеңберінде Алладан басқаның бәрін тәрк етіп, сүйіспеншілігі мен құлшылығын паш етеді. Артынша тізе бүгіп тізерлей отырған күйі күллі жаратылысқа тән таза, табиғи, пәк, көркем ғибадат, дұға-тілек атаулыны (Миғраж кезінде Мұхаммед пайғамбарымыздың жасағанындай) Алла Тағалаға сый ретінде тарту етеді. Пайғамбарымызға сәлем жолдау арқылы оған деген сертін жаңалайды, артынан ерген үмбеті ретінде барша үкімдер мен әмірлерге бойсұнғандығын білдіреді. Иманын нұрға малып, тағы бір рет жаңалау үшін мына ғалам сарайының сырлы жүйесін тамашалап, Алла Тағаланың жалғыз екендігіне куәлік етеді. Иләһи салтанаттың хабаршысы, иләһи талап-тілекті жеткізуші қызметкер, ғалам кітабындағы аяттардың тілмашы Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығына куәлік етеді. Осылайша кешкі намазын тамамдайды. Дәл осындай терең хал-ахуалды бастан кеше отырып ақшам намазын оқу қандай ұнамды, қандай кіршіксіз міндет, қаншалықты абыройлы, ләззатты қызмет, не деген көркем құлшылық, неткен шынайы ақиқат?! Бұл фәни керуенсарайдағы қандай ғажап мәңгілік сұхбат әрі не деген қол жетпес бақыт десеңізші?! Бұны түсінбеген жан қалайша өзін адаммын деп айта алмақ?! Құптан уақытында аспан көкжиегінде қалып қойған күндіздің белгілері сол күйі жым-жылас өшіп, жер бетінде түннің тас-түнек қараңғылығы орнайды. Бұл күндіз бен түнді

ауыстырып тұратын Алла Тағаланың әлгі ақ парақты – мына қара параққа алмастыруындағы иләһи билігін, сондай-ақ жасыл желекке көмкерілген жазға тән жасыл парақты – қыстың суық ызғарлы ақ парағына айналдыруда Күн мен Айды өз әміріне бағындырып уысында ұстаған Хақ Тағаланың пәрменді иләһи ісін еске салады. Оған қоса, уақыты жетіп қабірге қойылып, ақыретке сапар шеккен пенделердің артында қалған еңбектерінің де мына дүниеде үзілуімен олардың толықтай басқа әлемге өтуі өмірді де, өлімді де жаратқан Алланың құдайылық ісін паш етеді. Тар дүниенің көбесі сөгіліп, мезгілі жеткенде жалғандығын білдіріп шаңырағы шайқалып ортасына түсуімен лезде кең әрі шексіз, мәңгілік ақырет әлемінің айқара ашылуы көктер мен жерді жоқтан бар еткен Жаратушының құдіретті ісі мен көркем көріністерін еске салар уақыт. Сондай-ақ күн мен түнді, қыс пен жазды, дүние мен ақыретті бір кітаптың беттері секілді оп-оңай парақтап, оларды қалауынша жазып-сызып, бұзып- өзгерте алатын күш қана мына ғаламның шынайы егесі, негізгі қожайыны бола алмақ. Нағыз сүйіспеншілік пен құлшылыққа да сол лайық. Бұл мезгіл осылардың барлығына үкімі тең жүретін шексіз құдіретті күш иесінің бар екенін дәлелдейтін сәт болып табылады. Міне, осы кезде барынша әлсіз, әлжуаз, дәрменсіз, мейлінше кедей, пақыр, келешектің түпсіз қараңғылығына көміліп әрі күнделікті оқиғалардың ықпалымен әрі-сәрі күй кешіп, сансыраған адам рухы құптан намазын оқуға ниет етеді. Ол түн қараңғысының шөккенін көргенде құдды Ай, жұлдыз, Күнді меңзеп «Батып кететіндерді жаным сүймейді»123 деп соңында батпайтын, жоғалмайтын бір ғана жаратушыны тапқан Ибраһим пайғамбар секілді ғұмыр бойы құлшылық пен сүйіспеншілікке лайық Алла Тағаланы өзінің намазы арқылы пана тұтады. Намаз арқылы мына фәни тіршілік пен жалған өмірде, қараңғы дүние мен бұлдыр болашақта мәңгі әрі соңы жоқ Алла Тағалаға жалбарынып тілеу тілейді. Жалбарына отырып аз ғана бір тұңғиық сұхбат арқылы, бірнеше

минуттық тұңғиық уақыт ішінде дүниелік тіршілігіне нұр себер, болашағын қараңғылықтан арашалайтын, жақын туыс, жақсы көрген жандардан қапыда көз жазып қалған сәтте жүрекке түскен жараға ем дарытатын Алла Тағалаға тән рақымның ілтипаты мен тура жолға салар нұрын көріп сұрау салады. Әрі көзді ашып-жұмғанша өтпелі, өзін тез ұмытатын көзден таса дүниені өзі де бір сәтке ұмытып, жүрегі қан жылаған күйі ішкі мұң-қайғысын иләһи мейірім құзырына төгеді. Сондай-ақ өлімді еске салар ұйқыға бас қоймай тұрып, бәлкім олай-бұлай боп кетсем деген күдікпен соңғы құлшылығын да адал атқарып, күндік амал дәптерін игі іспен тиянақтау ниетімен намазға тұрады. Яғни, бұл дүниедегі барша фәни сүйіктілер жиналса да орнын толтыра алмайтын мәңгілік құлшылық пен махаббат иесі Алла Тағалаға ғибадат жасайды. Не сұраса да дәрменсіздерге емес, бәріне күші толық жететін әрі жомарт Жаратушыға қол жаяды. Не нәрсенің зиянынан қорғанса да тағы сол қорғаушы-Хафизға арқа сүйеп, мейірбандығы мол Рахим Тағаланың құзырына шығады. «Фатиха» сүресімен бастау арқылы іске алғысыз бір орында тұрмайтын кемшілігі мен нұқсандығы көп бейшара жаратылыстарға қарыздар болып мақтау айтқаннан гөрі шексіз кемелдік әрі мол байлық иесі, әлем атаулының Раббысы Алла Тағалаға мадақ айтып, мақтау білдіреді. «Саған ғана құлшылық жасаймыз» дей алу деңгейіне көтеріледі, яғни өзінің тіптен жоққа тән, елеусіз, ешкімі жоқ әлсіздігін бетке алып бастауы да, соңы да жоқ Сұлтан, Қиямет күнінің иесі Алла Тағалаға арқа сүйеуі арқылы мына ғаламат ғаламның сыйлы мейманына айналады. Жер бетіндегі маңызды қызметкер мәртебесін иеленіп «Саған ғана құлшылық жасап, сенен ғана медет тілейміз» деу арқылы күллі жаратылыс атынан ғаламдағы үлкен жамағаттың әрі мынау үлкен қоғамда атқарылған ғибадаттар мен көмек сұраған тілектерді Алла Тағалаға жеткізуші рөлін атқарады. «Бізге тура жол көрсетіп, сол тура жолда жүруді нәсіп ет» деу арқылы бұлдыр болашағына нұр сеуіп, мәңгілік бақытқа жетелейтін шуақты жолға түсіруді сұрайды. Іле-шала түннің

келуімен ұйқыға мүлгіген өсімдік, жан-жануар атаулыны, әрі әскер тәрізді бұйрығын екі етпестен әміріне бас иіп жасырынған күнді, Жаратушының қызметкерлері ретінде ғалам қонақүйіндегі шырақ қызметін мүлтіксіз атқарып түнгі аспанды жарыққа бөлеген ояу жұлдыздарды еске алып, Алла Тағаланың ұлылығына ой жіберіп «Аллаһу Әкбәр» деген күйі тағзым етіп, рукуғқа иіледі. Сондай-ақ күллі жаратылысты күтіп тұрған үлкен сәждені еске алады, яғни бүгінгі түні ұйқыда жатқан тіршілік иелері болсын, бұған дейін де дәуір санап, жыл санап өмірден озған сан мыңдаған жаратылыс атаулы болсын, тіпті тұтастай мына дүниенің өзі жасақталған үлкен әскер тәрізді Жаратушының «Бол» әмірін естіген сәтте бұ дүниедегі құлшылық міндетін сол сәтте-ақ доғарып, арғы әлемге аттанарда «Аллаһу Әкбәр» деп ғайып сәждесіне бас қоя жығылған күйі құлдырап жоқ болады. Бұнымен ғана шектелмей Жаратушының тағы да «Бол» әмірімен дәл бір көктемдегідей қайта жан алып, ескертуші қатты айғаймен Махшар күні дәл сол қалпында немесе әуелгі қалпына ұқсас кейіпте қайта тіріліп, Жаратушының әмірін тосып қалт тұра қалады. Намаз оқыған адам да бейнебір соларға ұқсап таңғала таңырқаған махаббатымен, кішіпейілділігімен «Аллаһу Әкбәр» деген күйі сәждеге жығылады. Рухы барынша биіктеп Миғражға көтерілгендей шалқыған күй кешеді. Осыншалықты терең мағына, мән-мазмұнды қамтитын құптан намазын дәл осы уақытта оқу қаншалықты жарасымды, неткен ұнамды, не деген орынды, не деген ләззаты мол, ақылға сыйымды, қисынға қонымды құлшылық міндет, шынайы ақиқат десеңізші?!124 Намаз уақыттары нені білдіреді? Күнделікті бес уақыт намаздың әрбірінің уақыты өте маңызды жаңарудың бастауы болғаны іспеттес, Алланың ұлы билігінің айнасы. Сол билікке мойынсұнған күйде адамдардың баршасы белгілі бір уақыттарда әдеттегіден көбірек тәсбих айтып, тағзым етіп, шүкіршілігін білдірулері әмір етілген.

Апталық сағат бар деп елестетсек, оның секунд, минут, сағат және күндерді көрсететін тілдері бір-бірімен байланысты болатын болса, дәл солай Алла Тағаланың үлкен сағаты іспеттес бұл дүниенің секунды үкімінде болған түн менен күндіз, минуттары секілденген жылдар, сағаттарын сырғытқан адам өмірінің кезеңдері және күндерді санаған әлемнің өмірі – барлығы бір-бірімен етене байланысты болып келеді. Бес уақыт намаздың уақыты да осылай: Таң намазының уақыты. Бейне бір көктем дерсің. Сондай-ақ адамның ана құрсағына түскен сәтін және алты күнде жаратылған Жер мен Көктің жаратылыс кезеңінің алғашқы күнін еске түсіреді. Осы кезеңдерде Алланың атқарған істерін еске салады. Бесін намазының уақыты. Жаз ортасына және жастық шаққа әрі адамның дүниедегі жаратылу кезеңіне ұқсайды. Ондағы мейірімі кең Алланың шексіз жақсылығын әрі ырысының молдығын еске салады. Екінті намазының уақыты. Күз мезгілі тәрізді әрі кәрілік шаққа және ақырзаман пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.с.) дәуіріндегі бақытты ғасырға ұқсайды. Алланың сол кезеңдердегі істері мен жарылқауларын еске түсіреді. Ақшам намазының уақыты. Күз мезгілінің аяқ шеніндегі көптеген мақұлықтардың көзден таса болуын, сондай-ақ адамның қайтыс болатынын әрі қиямет орнап, дүниенің қирайтынын еске салып, Алланың құдіретінің асқан алыптығы аңғартып, адамзатты бейқамдық ұйқысынан оятып, қатаң ескерту жасайды. Құптан намазының уақыты. Түнгі әлем, күндіз көзге көрінген зат атаулының жаппай қара кебінге оранғанын, һәм қыс мезгілінің өліп қалған жер бетін өзінің ақ кебініне ораған сәтін, һәм өлген адамның қалдырған ізінің де бірте-бірте көмескіленіп, өшіріліп қалатынын, әрі сынақ алаңы болған дүниенің тамамдалуын ескерте отырып, Алланың өте жойқын билігінен хабар береді. Түн қыс мезгілін және қабір мен бәрзәх әлемін білдіріп, адамзат рухының Рахманның мейіріміне қаншалықты мұқтаж екенін пенденің есіне салады.

Түн ортасындағы тәһәжжуд намазы бәрзәх әлемінде қараңғы қабірдің ішінде жарық сәуле беретін бірден-бір құлшылық екендігін білдіріп, ескерту жасайды. Сондай-ақ осы аталған барлық кезеңдердегі Алланың шексіз ырысын ойға сала отырып, Оның мадақтауға қаншалықты лайық екендігін жариялайды. Ал келесі таңғы уақыт хашыр таңын, яғни қайта тірілуді еске салады. Таңның бозарып атуы мен қыстың аяқталып, көктемнің келуі қаншалықты қажет әрі өте анық болса, хашыр125 таңының атуы мен бәрзәх көктемінің келуі де дәл сондай күмәнсіз. Демек, бес уақыттың қай-қайсысы болмасын, маңызды кезеңдердің бастамасы әрі ірі өзгерістерді еске салатыны сияқты, Алланың құдіретінің бір жылда, бір ғасырда, бір дәуірде атқарған таңғажайып істерін, мейірімділігін, ұлылығының кереметтігін, баға жетпес сыйлықтарын көңілге ұялатады. Демек, адам баласының ең басты міндеті, негізгі құлшылығы әрі борышы болған парыз намаздардың осы уақыттарда оқылуы орынды әрі лайықты. Намаздың мұстахап уақыттары Намаз уақыттарының қай бөлігі мұстахап немесе абзал екендігі Пайғамбарымыздың тікелей іс жүзінде орындауы мен хадистерінде белгіленген. Олар:  Таң намазын төңірекке жарық түсіп, айнала көрінген уақытта оқу жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Таң намазын жарықта оқыңдар. Өйткені мұның сауабы өте үлкен».126  Бесін намазын жазда кешіктіріп, салқын уақытта оқу – мұстахап. Қыста болса, бесін намазын уақыты кіре сала оқу – мұстахап. Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі қатты суықта бесін намазын ерте оқитын, жазда салқын түскенге дейін кешіктіретін».127

Екінті намазының парызын төрт мезгілде де күннің көзді алмайтындай сарғыш тартқанға дейін кешіктіру – мұстахап.  Ақшам намазын уақыты кірісімен оқу – мұстахап. Азан мен қаматы арасында тек қана үш аят оқылатындай уақыт бөлінеді. Өйткені ақшам намазын кешіктіру – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Ақшам намазын жұлдыздар көрінгенге дейін кешіктірмесе, үмбетім берекетте».128  Құптан намазын түннің алғашқы үштен біріне дейін кешіктіру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Үмбетіме қиын болмағанда, құптан намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіруді әмір етер едім».129  Үтір намазын түнде ояна алатынына сенген адам түннің ақырына дейін кешіктіруі – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Түннің ақырына дейін ояна алмайтындығынан қорыққан адам, үтір намазын түннің алғашқы уақытында оқысын. Түннің ақырында ояна алатынына көзі жеткен адам болса, үтірді түннің соңында оқысын. Себебі түнгі намаз – періштелер қатысатын намаз».130 Намаздың мәкрүһ уақыттары Парыз намаздар үшін мұстахап уақыттар болғанындай, жалпы намаз оқудың мәкрүһ уақыттары да бар. Бұлар екіге бөлінеді. Біреуінде ешқандай намаз оқуға болмайды. Екіншісі – нәпіл намаз оқуға болмайтын, бірақ қаза намаз оқуға болатын уақыт.131 Ешбір намаз оқылмайтын үш уақыт бар:  Күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт.  Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады. Шамамен жарты сағат уақыт.

 Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта тек сол күннің екінті намазын мәкрүһ түрде оқуға болады. Бұл үш уақытта ешқандай қаза намазы да, жаназа намазы да оқылмайды. Бұл уақыттарда тиләуат сәждесі де жасалмайды. Тиләуат сәждесін жасай қалған қүнде де, оны кейіннен қайтадан өтеу қажет. Нәпіл намаз оқылса, оны кейіннен өтеуге тиіс емес. Ол мәкрүһ ретінде іске асады. Бірақ кейіннен қазасын өтеу – абзал. Бұл уақытта намаз оқуға салынған тыйым күнге табынғандарға ұқсамау үшін айтылған. Бұл үш уақыт жайлы Уқба ибн Амир әл-Жуһәни (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта». Нәпіл намаз оқудың мәкрүһ уақыты • Таң атқан уақытта сол таң намазының сүннетінен басқа ешқандай нәпіл намазы оқылмайды. Хадисте: «Таң намазынан бұрын және таң намазы кірген кезде, таң намазының екі рәкат сүннетінен басқа намаз жоқ»132 делінген. •Таң намазын оқығаннан кейін күн шыққанға дейін; •Екінті намазын оқығаннан кейін күн батқанға дейін; •Ақшам намазының парызынан бұрын; •Айт намаздарынан бұрын үйде де, мешітте де; •Айт намазынан кейін мешітте; • Арафат пен Муздәлифәда қосып оқыған екі намаздың арасында; •Парыз намазының уақыты бітуге шақ қалғанда; • Парызға тұрып, тәкбір (қамат) айтылып жатқанда оқуға болмайды. Ал таң намазының сүннеті бұлардан тыс. Яғни, басқа сүннеттерге қарағанда бұл сүннет әлдеқайда маңызды болғаны үшін оқылуы тиіс. Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді:

«Таң намазының екі рәкат сүннеті дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен артық».133 •Жұма күні имам мінберге шығып құтба оқып, жұма намазы біткенге дейін нәпіл намаз оқуға болмайды. Хадисте: «Жұма күні имам құтба оқып жатқанда, мұсылман адам жанындағы адамға тіпті «тыныш» дегенінің өзі қателік»134 делінген.135

• ТҮНГІ ҚҰЛШЫЛЫҚ Түнгі уақытты тиімді пайдалану кезіндегі маңызды жайттардың бірі түнгі құлшылық жөнінде арнайы айтып өткенді жөн көрдік. Себебі дініміздің бұл әмірі бүгінде ұмытылып бара жатқан жайы бар. Алайда Ислам мәдениетінің асқақтаған кезеңдерінің өкілдерінің өмірлерінде түнгі құлшылық ойып тұрып орын алған әрі олардың жетістікке жетуіне септігін тигізген жайттардың бірі ретінде тарихта қалған. Бүгінде негізгі түнгі құлшылық тәһәжжуд намазы «Пайғамбарымызға парыз болды, үмбетіне нәпіл» деген желеумен оқылмайтын болды. Иә, фиқыһтық тұрғыдан қарағанда таласы жоқ. Алайда бұл нәпіл намазды «орындаса – сауап, орындамаса – күнә жоқ» деп сипатталатын басқа діни әдептер мен сүннеттермен бір қатарға қою аса дұрыс болмайтынын төмендегі жайттарға назар аударғанда түсіне аламыз. Ең алдымен, аталмыш сүннет – тікелей Құранның әмірі. Және Құран Кәрімде бұл әмір әртүрлі сүрелер мен аяттарда қайта-қайта айтылып өткен. Бірнеше мысал бере кетсек: «Сондай-ақ түннің бір бөлігінде Оған сәжде ет һәм түнде ұзақ уақыт Оны («Сен – мінсізсің, кемшіліктен адасың» деп) ұлықта».136 «Ендеше, олардың айтқандарына барынша сабыр ет! Күн шықпай әрі ұясына батпай тұрып Раббыңның кемел әрі мінсіз екенін айтып, жар сал, Оған мақтау айт(ып намаз оқы)! Сондай-ақ түннің кей уақыттарында және күндіздің алғашқы әрі соңғы жартысында Раббыңның кемшілік атаулыдан пәк әрі мінсіз екенін жар сал(ып, құлшылық ет)! Сонда

(Алланың өзіңді разы ететін нығметтеріне бөленіп) көңілің хош болып, жаның жай табады».137 Төмендегі аятта түнде тұрғандардың тұрмағандардан абзалдығы анық айтылады: «(Мұндай бейбақ) түн ішінде Аллаға бас иіп, сәждеге жығылып һәм тікесінен тік тұрып құлшылық еткен, ақыреттен қорқатын және Раббысының шексіз рақымынан үміт ететін (мүмін) адамдай бола ма?!»138 «Сәжде» сүресінде шынайы иман келтіргендердің сипаттары аталғанда «Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, бір жағынан (Алланың) қаһарынан қорқып, екінші жағынан шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалынып-жалбарынып дұға етеді»139 деп суреттеледі. Мына бір аятта кітап иелерінің арасындағы түнде құлшылық етушілері мақталады: «Әйтсе де, олардың бәрі бірдей емес. Кітап иелерінің арасында да (өздерің секілді иман етіп) тура жолға түскен қауым бар. Олар түнімен Алланың аяттарын оқып, сәждеге жығылады. Олар Аллаға һәм ақырет күніне кәміл сенеді һәм (ел- жұртты) жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюға тырысады. Сондай-ақ қайырлы, игілікті істерде бір- бірімен жарысады. Міне, солар ізгі жандардың қатарында».140 Келесі аятта Алланың уәде еткен сыйларына, азаптан құтылуға және жоғары дәрежеге ие болатын шынайы мүмінді кемелдікке жеткізетін сипаттардың бірі ретінде түнгі құлшылыққа назарымызды аударады: «Раббыларының өздеріне берген сый-сыяпатын қуана-қуана алумен болады. Өйткені олар кезінде (дүниеде) игілікті істер істейтін ізгілікке құштар жандар болатын. Сондай-ақ олар түнде аз ұйықтайтын (және Раббыларына көп құлшылық ететін). Сәресі уақытында Алладан кешірім тілейтін».141

Екіншіден, Құран Кәрім жоғарыда келтірілгендей түнгі құлшылыққа үндейтін аяттармен шектелмей, оның әдебі жайлы да сөз қозғайды. «Муззәммил» сүресінде бұл мәселе әртүрлі уақытта екі бөлек түскен аяттар арқылы жеткізіледі. Олардың әрқайсысында түнгі құлшылықтың маңызы мен уақыты жайлы сөз қозғалады. Бірінші уахида түнде құлшылық ету үшін тұруды әмір етеді және «парыз» ретінде тұжырымдалатындай анық айтылады. Екіншісінде түнгі құлшылық деп ақшам мен құптан намаздарын астарлап жеткізгендей болып, мүмкіндігі жоқ жандар үшін жеңілдік ретінде түсінуге жол ашады. Бұл екі бөлек түскен аяттар мыналар: «Уа, жамылғыға бүркенген (елшім)! Қане, тұр да (ұйықтап тынығуға арналған) аздаған бөлігінен басқа бүкіл түнді құлшылықпен өткіз. Түннің тең жарымын (құлшылықпен өткіз), не болмаса одан аздап қысқартуыңа болады. Яки жарымынан асырып құлшылық етсең де болады. Сондай-ақ мәнеріне келтіріп һәм мағынасына терең үңіле отырып байыппен Құран оқы! Шүбәсіз, Біз саған өте ауыр әрі қасиетті сөз (яғни уахи) түсіреміз. Шүбәсіз, түнгі құлшылықтың (адамның зейініне, жүрегі мен рухына) әсері әлдеқайда күшті, сондай-ақ (түн) оқу, оқылғанды тыңдау һәм түйсініп, көңілге тоқу тұрғысынан өте берекелі (өте тиімді). Ал күндіз атқаратын шаруаң шаш етектен».142 Бірқатар аяттарда білдірілгендей, түнгі құлшылықты Алла Елшісі (с.а.с.) парыз ретінде қабылдаған. Алланың әмірін тура бұйырылғандай орындаған. Көптеген мұсылмандар Пайғамбарының (с.а.с.) ізінен ерген. Тіпті аятта айтылған уақытқа сәйкес келмей қалу қаупінен түнді толықтай құлшылықпен өткізетіндер де кездескен. Бұдан олардың көбінің аяқтары ісіп кететін болған. Сүренің басында келген бұл әмірді Алла Елшісі (с.а.с.) мен басқа мұсылмандар қалай түсінгенін және қалай орындағанын

баяндайтын әрі мәселені жан-жақты түсіндіретін келесі бір аятқа назар аударайық: «Раббың кейде түннің үштен екісіне жуығын, кейде тең жарымын, кей кездері үштен бір бөлігін құлшылықпен өткізетініңді, сондай-ақ қасыңдағы кейбір мүміндердің де солай істейтінін, сөзсіз, біледі. Түн мен күнді жаратып, екеуінің мерзімін белгілейтін бір Алла. (Уа, мүміндер!) Алла, сендердің түнгі құлшылықты қаза қылмастан өтей алмайтындарыңды білгендіктен, сендерге шарапаты мен мейірімін төгіп, кеңшілік һәм жеңілдік жасады. Ендігі жерде, түнгі құлшылықты Құраннан өздеріңе жеңіл тиетіндей мөлшерде оқып өтеңдер. Араларыңда науқастардың болатынын, кейбіреулеріңнің Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтынын, ендібіреулердің Алла жолында жаугершілікке шығып, бел шешпей жортуылдап жүретінін Алла біледі. Ендеше, Құраннан өздеріңе жеңіл тиетіндей мөлшерде оқыңдар. Алайда қандай жағдайда болмасын, намазды кемеліне келтіріп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Зекетті толық беріңдер, сонымен қатар, (мал- дүнилеріңнің бір бөлігін Алла разылығы үшін дін жолында және мұқтаждарға жұмсау арқылы) Аллаға көркем қарыз беріңдер».143 Риуаяттарға қарағанда, мына ең соңғы келтірілген аят сүренің басындағы түнгі құлшылықты әмір еткен аяттардан кейін 8 айдан 10 жылға дейінгі аралықтағы біршама уақыт өткен соң түскен. Мұнда түнгі құлшылық мәселесінде бірқатар жеңілдіктер берілген. Әсіресе, аурулар, адал ризық-несібе іздеп жұмыс істейтіндер, жиһадқа шыққандар секілді себепті жандар түнгі құлшылықтан (тәһәжжуд намазы) босатылуда. Ғалымдардың аятқа қатысты түсіндірмелеріне қысқаша тоқтала кетпекпіз:  Түнгі құлшылық алғашқыда Пайғамбарымызға нақты әмір етілген. Бір топ мұсылмандар да Алла Елшісінің ізінен

еріп, әмір ретінде қабылдап, орындаған.  Бұл әмір кейіннен толығымен үкімін жоймағанымен, бірқатар жеңілдіктер берілген. Нәпіл намаз саналып, мүмкіндігі болмаған жандар босатылған.  Түнгі құлшылықтың төмендегідей пайдаларын айтуға болады: •Түнде құлшылық жасаған әлдеқайда әсерлі болады. • Түнде тұрып құлшылық жасау ертеңгі күнгі ауыр жұмыстарды ойдағыдай орындауға дайындық іспетті болады.  Құран Кәрім қияметке дейін келетін барлық адамдарға түсірілгендіктен, қазіргі күннің мұсылмандары да бұл түнгі құлшылықты орындауды жалғастырғаны абзал.  Пайғамбарымыздың сүннетін орындау дінде жоғары мәртебе саналғандықтан, бұл мәртебеге қол жеткізгісі келген мүміндер үшін түнгі құлшылық аса маңызды. Әрбір көкірегі ояу мүмін үшін ең биік мәртебе саналған «Алланың махаббаты мен разылығына қол жеткізу» мақсатына жету жолын Алла Тағала Құранда сүннетті орындаумен байланыстырған: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт».144  Ауыр әрі жауапкершілігі мол міндет саналған дінді жаю ісіне өзін арнаған жандар үшін түнгі құлшылықтың орны тіпті ерекше болуы қажет. Аяттан көргеніміздей, Алла Елшісі (с.а.с.) «алып жүруі ауыр уахиге», діни міндетіне дайындық мақсатында түнгі құлшылыққа бұйырылған. Дін жолында жүруді мақсат тұтқан жандар дәл Пайғамбарымыз (с.а.с.) секілді бұл шартты орындап, өзін тәртіпке салып, міндетіне дайындалуы қажет.  Түнгі құлшылық тәһәжжуд намазы мен Құран оқуды білдіргенімен, ол уақытта Аллаға жақындата түсетін басқа да амалдарды орындауға, әсіресе ғылыми зерттеулермен

айналысуға әбден болады. Кейінгі тарауларда да айта кететініміздей, артынан көптеген еңбектер қалдырған үлкен ғалымдарымыз түнде құлшылық етумен бірге білім алып, зерттеулер жасап өткізгенін көруге болады. Түнгі құлшылықтың уақыты Құран аяттарының түсіндіру жолынан ғалымдар түнгі құлшылықтың уақытын төмендегідей бөліп қарастырған: Түннің жартысы, Төрттен үші, Үштен екісі, Төрттен бірі. Бұл уақыт мөлшеріндегі ең үлкен айырмашылық көбіне жыл мезгілдеріне немесе географиялық жағдайларға қарай әрдайым өзгеріп отыратын күндіз бен түннің арасындағы ұзақтыққа байланысты болмақ. Адамның өмір сүру шарттарының өзгеруі де назарға алынуы қажет жайттардың бірі саналады. Жалпы түсінік қалыптастыру үшін белгілі бір мекенде жылдың ең ұзақ түні мен ең қысқа түнін алып, есептеп көрсетуге болады. Ең ұзақ ояу болу уақытын ең ұзақ түнмен, ең қысқа ояу болу уақытын ең қысқа түнмен алып қарастырайық: Жылдың ең ұзақ түні (Алматы қаласы бойынша) желтоқсан айының 22-жұлдызында 13 сағат 32 минутты құрайды. Оның төрттен үші – 10 сағат 9 минут. Олай болса, демалыс пен ұйқыға 3 сағат 23 минут қалады. Жылдың ең қысқа түні маусым айының 22-жұлдызында 6 сағат 44 минутқа созылады. Мұның төрттен бірі – 1 сағат 41 минут. Бұл жағдайда ұйқыға бөлінген уақыт – 5 сағат 3 минут. Бұл есептеулер түн ең ұзақ болған мезгілдегі ең азы қанша уақыт демалысқа бөліп, ең көбі қанша уақыт түнгі құлшылықпен айналыса алатынымызды көрсетуде. Мұнда есептелген құлшылыққа арналған уақытты түннің үштен екі немесе төрттен бір бөлігіне дейін қысқартуға болады. Мұнда

уақыт күн батқаннан бастап есептелгендіктен парыз болған ақшам мен құптан намаздары да осы уақыттың ішіне кіреді. Одан кейін әрбір адамның жеке қалауы мен мүмкіндігі бойынша, түнде тұрып оқылатын тәһәжжуд намазы мен басқа да түнгі құлшылықтарды атқаруға болады. Түнде тұрудағы мақсат Түнде ең алдымен құлшылық ету үшін тұру қажет. Яғни, намаз бен Құран оқу үшін. Түнде тұруды араб тілінде «қиямул-ләйл» тіркесімен атайды. «Қиям» сөзі Құранда кейбір жерде намазды білдіру үшін қолданылған.145 Олай болса, мағынасы түнгі намаз дегенге саяды. Алайда бұл сөзде тек қана ғибадат мағынасымен шектеуге де болмайды. Мына төмендегі аятта сәжде мен қиям бірге айтылады: «Сондай-ақ, олар түннің бір бөлігін Раббыларына сәжде етумен әрі қиямда тік тұрып өткізетін жандар».146 Мұндағы «сәжде» сөзі намазды білдірсе, «қиям» сөзі «ояу болу» сияқты одан басқа да мағынаға келетінін айтқан ғалымдар бар. Олай болса, түнде тұрған адам намаз бен Құран оқумен қатар ғылыми зерттеулермен де айналыса алады. Бұхари осы мәселеге дәлел болатын риуаяттарды жинақтап, түнде іліммен айналысу тақырыбына екі бөлім арнаған.147 Әзірет Омардан (р.а.) келген бір риуаяттан оның түнде іліммен шұғылдануды намазға теңестіріп, оған көп көңіл бөлгендігін көреміз.148 Бірқатар ғалымдар бұл риуаяттан «Ілім алу үшін түнде ояу болу нәпіл намаз оқу үшін оянғанмен тең бола алады» деген үкім шығарған.149

Тек Алла Елшісі (с.а.с.) мен оның асхабы ғана емес, артынан қалдырған еңбектері арқылы тарихта аттары мәңгі қалған белді Ислам ғалымдары түндерін үшке бөлген: Демалыс, Ғибадат, Ілім алу. Ілім алу бөліміне көбірек уақыт бөлген бұл ұстанымды түсіндіру үшін белгілі хадис ғалымы табиғин Мухаммед ибн Шихабиз-Зухри жайында айта кетуге болады. Ол күнделікті ұстазынан жаңадан үйренген мәліметтерді кейінге қалдырмай есте сақтап қалу үшін қалайда сол түні қайталап шығатын болған. Бұл әрекеті жаңадан алған білімін барынша дұрыс әрі толық үйреніп алуына септігін тигізетін. Әз-Зухри (124/741 ж.қ.б.) күндіз ұстазынан жаңадан естіген хадистерін түнде үйіне барғанда әйеліне айтып беріп, қайталайтын. Бір күні үйіне әдеттегіден кеш оралғандықтан, әйелі ұйықтап қалған болады. Сонда да әйелін оятып: «Маған пәленше риуаят етті, оған түгенше риуаят еткен, ал оның Пайғамбардан естуі бойынша былай деген» деп хадисті енді жатқа айта бастағанында көзін әрең ашып, уқалап отырған әйелі «Бұл риуаяттан маған не пайда?» деп наразылығын білдіреді. Сонда Әз-Зухри былай деп жауап берді: «Білемін, бұл сенің қажетіңе жарай қоймас, алайда бұл хадисті бүгін бірінші рет естідім, біреуге айтып беріп, қайталауым қажет».150 Ілім алу уақытын түннің соңғы бөлігіне, яғни сәресі уақытына сәйкестендіру кеңес етіледі. Себебі былай делінген: «Түннің соңғы бөлігінде адамның ұйқысы ашылады. Себебі ол уақыт – міндеттер мен жақсылықтардың бөлінетін уақыты. Бір топтың нәсібі аз, бір топтікі көп болады, ал бір топ тіптен мақұрым қалады».151 Түнгі құлшылық және отбасы Пайғамбарымыз (с.а.с.) уақыт мәселесінде адамға тағы бір жауапкершілік жүктейді: мүмін адам уақыт мәселесінде жеке басының істерін ғана жоспарлауы жеткіліксіз. Бұл мәселені

отбасына да түсіндіруі қажет, уақытқа қатысты пайдалы әдеттерді олардың да бойына сіңіруіне жағдай жасауы керек. Бұл жөнінде Алла Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде түнде құлшылық үшін тұруға байланысты Дәуіт пайғамбардың (а.с.) мысалын келтіреді: «Алланың пайғамбары Дәуіттің түнде отбасын оятатын уақыты бар болатын. Ол уақытта отбасын оятып, былай дейтін: Уа, Дәуіттің отбасы, тұрыңдар да, намаз оқыңдар. Себебі бұл уақытта Алла сиқыршы мен үшір алушыдан басқаның барлығының дұғасын қабыл алады».152 Пайғамбардың (с.а.с.) Рамазанның соңғы он күнінде отбасын түнгі құлшылыққа тұрғызғанын Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен.153 Алла Елшісі (с.а.с.) отбасында әйелі не ерінің бірі тұрған кезінде екіншісін де түнгі құлшылыққа оятуына да талпындырған: «Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және әйелін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен адамға Алла рақым етсін! Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және күйеуін оятқан, егер де ол тұрмаса бетіне су сепкен әйелге Алла рақым етсін!»154 Риуаяттардан түнде құлшылыққа тек ері мен әйелі бір-бірін оятумен ғана шектелмеу керектігін көреміз. Себебі Алла Елшісі (с.а.с.) күйеу баласы болған Әлидің үйіне барып, есігін қағып, оны және қызы Фатиманы оятып, намаз оқуларын бұйыратын.155 Бұл әрекеті тұрақты түрде қайталанбағанымен, Алла Елшісі (с.а.с.) мұнысымен түнгі құлшылықтың орны мен оған басқаларды да құлшындырудың қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп кеткен. Неліктен түнгі құлшылыққа мән берілген? Жоғарыда келтірілген аяттар мен хадистерден екі жайтқа назар аудара аламыз:  Түнгі уақытқа қатысты аяттар күндізгі уақытқа қатысты аяттардан саны жағынан әлдеқайда көп: «ләйл», яғни түн сөзі 92 рет, «нәһәр», яғни күндіз сөзі 57 рет келеді.

 Түнде тұрып құлшылық етуге байланысты әмір Пайғамбарымызға пайғамбарлықтың алғашқы кезеңдерінде түскен. Яғни, түнгі уақытты жоспарлауға байланысты және түннің төрттен үш бөлігіне дейінгі ұзақ уақытын ояу өткізуді әмір еткен «Муззәммил» сүресі түсу реті бойынша 3-сүре болып табылады. Демек, алғашқы иләһи әмірлердің бірі түнгі уақытты жоспарлау мен тиімді пайдалану болған. Ал күндізгі уақытты жоспарлау мәселесін мұншалықты айтып өткен аят түспеген. Бұл жайтты түннің адам өміріндегі маңызымен түсіндіруге болады. Жетістікке жету жолында да, жеңіліс тапқанда да адамға өмір бойы әсер ететін жайттардың бірі – түнгі уақыты. Түн адам өмірінің жартысына тең болғандықтан, оған бей-жай қарап, ғапылдыққа түсу қаупі бар. Сонымен қатар Алла Тағала Құранда анық білдіргендей, түнде іліммен шұғылдану, пікірлеу, ғибадат жасау анағұрлым сауапты әрі әсерлі болмақ. Иләһи әмірмен түнгі уақытын жоспарлап, дұрыс өткізген жан күндізгі уақытын да барынша тиімді пайдаланады деген сөз. Себебі түнгі уақытты тиімді өткізу асқан ерік-жігер мен күшті талап етеді. Құдды бір қиын істі бағындырған адамға жеңілін атқару қаншалықты оңай болатын болса, түнгі уақытын дұрыс пайдаланған жан күндізгі уақытынан құр қалмасы анық. Осы хикметке сай былай деуге болады: пайғамбарлықтың бастапқы кезеңінде-ақ Алла Тағала Пайғамбарға уақытын тиімді пайдалануды үйрету үшін қиямул-ләйлді әмір еткен. Пайғамбарымыздың адам нанғысыз жетістігінде түнгі уақытын жоспарлы қолданып, құлшылықпен өткізуінің пайдасын көрмеу мүмкін бе?! Сондықтан ақыретте жетістікке жетуді қалаған немесе Исламның қайта жандануы үшін тер төгуге бел буған жандар

Алла Тағаланың құзырында соншалықты әсерлі болған түнгі құлшылыққа құлшына бет бұруы керек емес пе?! • ДЕМАЛЫС УАҚЫТЫ Жылдық және апталық демалыс күндері болғаны секілді күнделікті тынығу уақыты да болатыны белгілі. Құран Кәрімде күндізгі уақыт толықтай жұмыс істеп ризық табуға арналғандығы айтылған аяттардың болғанына қарамастан, басқа бір аятта түскі уақытты тынығу уақыты ретінде сипаттайды.156 Олай болса, күнделікті тынығу уақыты дініміздің басты қайнар көзі Құранда да орын алғанын көре аламыз. Демалыс пен тынығуға қажеттілік Алдымен дініміздің мереке мен демалыс түсінігі қате ұғынылмауы үшін Исламда адамның шаршайтындығын ескеріп, тынығуға қажеттілігін қабылдайтынын айта кету қажет. Алла Елшісі (с.а.с.) «Жүректі ара-арасында тынықтырып тұрыңдар»157 деген болатын. Бір мәртесінде саңлақ сахабалардан Ханзала мен Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарымызға келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Ханзала мұнафық болды. Сенің жаныңда сезінгенімді сырт жүргенде сезе алмаймын, дүниелік істерге араласқанда сенің қасыңдағы толайым күшті сақтап қала алмаймын», – деп өкінішпен мұңын шағады. «Бірде бұлай, бірде олай... – деп, пендеге тән құбылма мінезге түсіністікпен қараған Пайғамбарымыз (с.а.с.) сөзін жалғап былай дейді: – Егер үнемі менің жанымдағыдай және ғибадат үстіндегідей қалыптарыңды сақтай алсаңдар,

періштелер жолдарыңа қанаттарын төсеп, тіпті сендермен қол алысып амандасар еді».158 Бұл хадис адам баласының пайдалы іс болған күннің өзінде, ешқашан бір жұмыспен үздіксіз айналыса алмайтындығын, қалайда шаршап-шалдығатындығын ескертіп отыр. Әзірет Әлидің де «Жүректеріңді демалдырыңдар, ол да тәндерің секілді шаршайды»159 дегені бар. Жан тыныштығына арналған уақыт Мүлгіген тыныштықта жалғыз өзіңіз өткізетін уақыт сіздің өміріңізде маңызды орын алады. Бұл ерекше кезеңді рухани дамуға, Жаратқан мен жаратылыс жайлы ой жүгіртуге арнау қажет. Мұндай кезеңдердің тұрақты түрде өміріңізде орын алуының көмегімен сіз өз өміріңізді түбегейлі өзгерте аласыз. Қай заманда болмасын, адам баласының ең үлкен мұраты жан тыныштығына қол жеткізу болатын. Барлық діндердің басты мақсаты адамдарға жол көрсету арқылы рухани тыныштық пен бақыттың шыңына шығуға жағдай жасауға келіп тіреледі. Дәл сол секілді саф алтындай таза болған ата дініміз де адам рухының осы қажеттілігіне баса мән береді. Тіпті құлшылықтар соған негізделген десе де болады. Құлшылық ету арқылы Алламен оңаша қалып, оған жақындай түсіп, рух өз қалауына жетіп, жүрек орнығып, көңіл жай тауып, жан тынышталмақ. Пайғамбарымыздың тек қана Алламен байланысқа арнаған уақыты болатын. Пайғамбарлыққа дейін де Хира үңгіріне барып, оңашаланып, Жаратқанмен байланыс құратын болған. Пайғамбарлықтан кейін өзіне міндет болған түнгі ғибадат уақытында барлығы ұйқыда болған мүлгіген тыныштық кезеңде

Алла Тағалаға құлшылығын жасап, дұғасын айтып жалбарынып, байланыстың жібін мықтай түскен. Тақуа әрі ғалым әйелдерден болған Рабия Адауия түнгі құлшылыққа тұрып, Жаратқанға былай деп тіл қататын: «Барлық жан баласы өзінің сүйіктісінің жанында тәтті ұйқыда жатыр. Ал мен өзімнің сүйіктім болған Саған келдім, Сенімен оңаша болуды қаладым». Осылайша Алламен байланысқа уақытын арнап, жан тыныштығына кенелетін. Демалу мен тынығудың жолы, уақыты мен орны «Ислам уақытты бос өткізуді құптамайды» дегенді демалуға толықтай қарсылық ретінде түсінбеу қажет. Қасиетті Құран Кәрімде демалу мен тынығу тақырыбы арнайы тілге тиек етілген. Тіпті ең абзал демалыстың қайда, қай уақытта, қалай болатындығы да баяндалған. Құран Кәрімде де айтылғандай, демалудың ең тиімді жолы – ұйқы. Ұйқының демалу мен тынығу жолы екендігін төмендегі аят былай баяндайды: «Ол Алла сендер үшін түнді жамылғы, ұйқыны тынығу, ал күндізді ұйқыдан оянатын әрі жан-жаққа тарап, тіршілік ететін уақыт қылды».160 Құран Кәрімде де көрсетілгендей, адам денесінің тынығуы үшін басқа көңіл көтеру, демалу жолдарынан гөрі ұйқының әсерлірек әрі пайдалырақ екендігін көре аламыз. Алла Тағала Құранның көптеген аяттарында демалатын уақыттың түнгі мезгіл екендігін көрсеткен. Солардың мысалы ретінде төмендегі екі аятқа назар аудара аламыз: «Тынығып дамылдауларың үшін түнді, айналаны еркін көріп, тіршілік етулерің үшін күндізді жарық қылып жаратқан Алла».161 «Ол сендерге деген шексіз рақымымен бірінде дамылдап, тынығуларың, енді бірінде тіршілік етіп, Өзінің кеңшілігінен несібелеріңді

табуларың үшін һәм Өзіне әрдайым шүкіршілік етерсіңдер деп түн мен күндізді жаратты».162 Сонымен қатар Құранды адамзатқа барлық тұсынан жол көрсетуші етіп түсірген Ұлы Жаратушымыз демалудың орнын да атап көрсеткен: «Алла сендерге (өздерің әрі малдарың үшін) тұратын әрі тынығып дамылдайтын үйлер (қора- жайлар) салуды нәсіп етті».163 Олай болса, толыққанды демалудың орны – үй, уақыты – түн, жолы – ұйқы арқылы болмақ. Түнгі және күндізгі ұйқылар Жоғарыда келтірілген аятта демалудың жолы ұйқы екендігі көрсетілгенімен, ұйқының уақыты айтылмайды. Адам болмысына және әдетіне қарай түнгі мезгіл ұйқының уақыты ретінде қалыптасқан. Ал Құранда олай «күндізді тіршілік ететін уақыт» ретінде сипаттағанымен, «түн – ұйқы уақыты» деп айтылмаған. Тіпті бір аятта «Түнгі және күндізгі ұйқыларың әрі Оның кеңшілігінен ризық-несібелеріңді табуларың да Оның айқын дәлелдердің бірі»164 делінген. Бұл аяттан күндіз ұйықтауға болатындығы көрінгеніндей, түнде де тіршілік етіп ризық-несібе табуға болатындығы айқын айтылады. Бүгінгі күні ауысыммен жұмыс істеушілердің жұмыс тәртібіне назар аударатын болсақ, осы жайттың іс жүзінде көрініс тапқанына куә боламыз. Құран Кәрімде жоғарыда аталған жайтқа қаншалықты мән берілгенін түскі ұйқы жайлы сөз қозғалған аят арқылы көз жеткізе түсеміз. «Нұр» сүресінде келген бұл аятта демалу мезгілі ретінде әрі ұйқы үшін күндіз бір ауық уақыт бөлудің маңыздылығы баяндалады: «Уа, иман еткендер! Қоластыларыңдағы құлдарың мен қызметшілерің һәм араларыңдағы балиғатқа толмаған жас балалар мына үш мезгілде жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын: Таң намазының алдында, түскі уақытта тынығып алу үшін киімдеріңді шешкендеріңде және құптан намазынан кейін. Міне, осы үш мезгіл

сендердің ұятты (яғни, абиырларыңның ашылып қалуы әбден мүмкін болған) шақтарың. Ал бұдан өзге уақыттарда сендер үшін де, олар үшін де бір-біріңе рұқсатсыз кіріп-шығудың айыбы жоқ». Аятта түскі уақыт тынығып алу үшін ұйықтауға арналған мезгіл екендігі ишарат етілген. Мұны «қайлулә» деп атайды. Алла Елшісі (с.а.с.) түнгі құлшылыққа тұруды жеңілдететіндіктен, бұл ұйқыға аса мән берген. Риуаяттарға назар аударар болсақ, Алла Елшісі (с.а.с.) көбіне бесін намазынан соң, жаздың ыстық күндерінде бесін намазының алдында,165 жұма күндері жұма намазынан кейін166 ұйықтағандығы белгілі болады. Бұл тақырыпта кездесетін Құран мен хадистен алынған мәліметтер мен Алла Елшісінің сүннеті бізге бірқатар жайттың басын ашып береді. Түнде түнгі құлшылық арқылы түнгі уақытты тиімді пайдалану қажет болғанындай, күндіз қайлулә ұйқысы арқылы тынығуға да уақыт бөлген жөн. Қайлулә әсіресе ауа райы ыстық болатын мезгілдерде аса маңызды. Өмірдің барынша пайдалы өтуіне септігін тигізе алады. Аталған жайттың Құранда да сөз етілгеніне қарағанда, күндізгі ұйқының жан-жақты (денсаулық, жұмысқа қабілеттілік, уақытты тиімді пайдалану, отбасымен қарым-қатынас, тәрбие, т.б.) пайдалары бар екендігі айқындала түседі. Түнгі ұйқы Пайғамбар (с.а.с.) түннің бірінші бөлігінде құптан намазынан кейін ұйықтаушы еді. Құптаннан бұрын ұйықтағанды ұнатпайтын. Сосын түннің екінші бөлігінде тұрып намаз оқитын, одан кейін қайта жататын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Алла Тағалаға ең ұнамды намаз – Дәуіт пайғамбардың намазы. Алла Тағалаға ең ұнамды ораза – Дәуіт пайғамбардың оразасы. Ол (Дәуіт пайғамбар) түннің жартысына дейін ұйықтап, үштен бірінде құлшылық жасайтын да сосын алтыдан бірінде қайта ұйықтайтын. Және бір күн ораза ұстаса, бір күн ұстамайтын»167 деген.

Хадисте айтылған Пайғамбарымыздың ұйықтауы мен ұйқыдан тұру әдетіне зер салсақ, дененің демалуына, ағзаның тыныстауына және күш-қуат жинауға ең тиімді әдіс екенін аңғарамыз. Сондықтан біз де сүннетті үлгі ете отырып, құптан намазын оқып бірден ерте жатуға дағдыланғанымыз абзал. Бұл сергектікпен қатар мол сауапқа кенелтеді. Қайлулә ұйқысы Күндіз Пайғамбарымыз (с.а.с.) ұйықтап алатындығын жоғарыда айтып өттік. Қайлулә – күн тал түстен ауысқан шақ. Қайлулә ұйқысының пайдасы мен мөлшері жайында төмендегі тұжырым бірқатар мәлімет береді: «Бұл ұйқы (қайлулә) әрі өмірді, әрі ризықты берекелі етуге себеп болады. Себебі жарты сағат қайлулә ұйқысы екі сағаттық түнгі ұйқыға пара-пар. Демек, адам өміріне күн сайын бір жарым сағат уақыт қосып отыр. Әрі өлімнің кіші бауыры атанған ұйқыдан бір жарым сағат ұрлап алып, ризық- несібе табу үшін жұмыс істейтін уақытына қосып беріп отыр».168 Алла Елшісінің мына бір хадисінен бұл ұйқының тағы бір маңызы мен қажеттілігін байқаймыз: «Ораза ұстау үшін сәресіден қуат алыңдар. Ал тәһәжжуд намазына тұру үшін түскі ұйқыдан күш алыңдар (қайлулә)».169 Сонымен қатар ғалымдар басқа да аяттарға назар аудара отырып, қайлуләны тек қана ұйқы ретінде түсінбеу керектігін де атап өткен: «адам ұйықтамаса да, күндізгі ыстық шегіне жеткен уақытта, күннің тас төбеден ауған шағында бір ауық тынығу қайлулә болып саналады».170 Ұнамсыз ұйқы Таң атқан соң күн найза бойы көтерілгенше ұйықтаудың сергектікке, ас қорыту, жүрек пен жүйке жұмысына және басқа да денсаулыққа кері әсерлері бар. Бұл – дүние және ақырет ісінен шалғытатын ұйқы. Сонымен қатар күнмен таласып ұйықтаудың зияны жайлы да ескертілген. Ғалым

сахаба Абдулла бин Аббастың (р.а.) баласының таңертең ұйықтап жатқанын көріп «Тұр, ризық-несібе бөліп беріліп жатқан уақытта ұйықтағаның не?!» деуі Алла Елшісінің таңғы уақыттың берекеге себеп болатынын айтып, дұға еткендігін білгеніне орай ескертуі екенін көре аламыз.171 «Екінтіден кейін ұйықтап, мазасыздық сезген адам өзінен көрсін»172 деген хадиске қарағанда екінтінің соңғы уақытынан ақшам намазына дейін күн батуға бет алған шақта ұйықтаудың да ұнамсыз екендігін байқаймыз. Бұл уақытта ұйықтаған жан оянған кезінде не болып жатқанын, күннің қай уақыты екенін ұғына алмай, дел-сал болып тұрады. Қазақ халқы да осындай хадистерден тәлім ала отырып, «бейуақта ұйықтама» деп бұл уақытта ұйықтаудан тыйған. Сонымен, күн шығып жатқанда және батып жатқанда ұйықтау – зиянды әрі адам табиғатына жат, ұйықтап тұрған адамды мең-зең қылатын жағымсыз құпталмаған ұйқының түрі. Аз ұйқы Тақырыбымызға қатысты мәселелердің бірі – аз ұйықтаудың кеңес етілуі. Алла Елшісі (с.а.с.) бірқатар хадистерінде аз ұйықтау керектігін ескертіп өтеді: «Адам ұйықтағанда шайтан оның желкесіне үш түйін байлап: «Түн ұзақ, ұйықта», – дейді. Егер адам ұйқыдан оянып Алланы есіне алса, бір түйіні шешіледі. Тұрып дәрет алғанда екіншісі, намаз оқығанда үшіншісі шешіліп, адам таңертең сергек тұрады әрі жақсылыққа қол жеткізеді. Керісінше жағдайда адамның еңсесі түсіп, солғын жүреді және жақсылықтан мақұрым қалады».173 Алла Елшісі (с.а.с.) таңға дейін ұйықтап жатқан бір адам туралы айтылғанда «Шайтан оның құлағына дәрет сындырып кеткен»174 деген. Сонымен қатар әзірет Сүлейменге (а.с.) анасының мынадай насихат айтқаны жеткізіледі: «Балам, түнде көп ұйықтама, себебі көп ұйқы қиямет күні адамды кедей қылады».175

Дініміздің ұстанымы мен өсиеті саналатын төмендегі үш жайтқа әрдайым да назар аударуымыз қажет болмақ: аз тамақтану, аз ұйықтау, аз сөйлеу. Бізден бұрын өткен ізгі жандар тіпті халал шеңберінде болса да, осыларды барынша азайтуға тырысатын болған. Осыншалық білімге қалай қол жеткіздіңіз? Өз дәуірінің ең үлкен имамы болғандықтан, Нұғман ибн Сәбитті халық «Имам Ағзам» деп атап кеткен. Ол ақылды, парасатты, кемел ойдың иесі еді. Терең білімі мен тақуалығы жан дүниесін байытып, айналасына сәуле шашқан шамшырақтай болатын. Жан-жақтан шәкірттер ағылып келіп, ұлы ғалымнан сабақ алуға тырысатын. Атағы мен абыройы мұсылман елдердің бәріне тарап, сол кезеңнің үлкен ғалымдары да оның білімін мойындап жатты. Бір күні халық «Осыншалық білімге қалай қол жеткіздіңіз?» – деп сұрағанда, Имам Ағзам былай деп жауап берген екен: «Төрт нәрсе арқылы: әуелі кездескен қиындықтарға есекше шыдамдылық таныттым, ғалымдардың артынан бір елі қалмай итше ерумен болдым, мысықтар секілді білім табалдырығының айналасынан шықпадым, соңғысы таңға дейін қарғаларша көз ілмедім». Атақты имам жауабында бір жағынан терең білімге қалай қол жеткізгенін айтса, екінші жағынан өзін осы жануарларға теңеп, қарапайымдылығын көрсеткен еді. Иә, білімге қол жеткізу үшін өте маңызды төрт қасиет керек-ақ: сабыр, білімділерге үйірсектік, табандылық және аз ұйықтау. Дұрыс емес ұйқы адам денсаулығына зиянды Әлеуметтік жағдайы орташа және кедейлікте ғұмыр кешіп жүрген жандар өз-өздеріне қиянат жасауда. Олар ұзақ уақыт жұмыс істегенімен қоймай, кешқұрым үйіне оралғанда 5-7 сағаттап теледидардың алдында телміріп отырады. Көздері көк жәшікке қараудан шаршағанда ғана ұйқыға жатып, 5-6 сағат қана демалады, одан кейін тұра салып қайтадан теледидар қосады.

Толыққанды демалмағандықтан, олар жұмыста уақытын босқа өткізеді және ұйықтап қалмау үшін құрамы кофеинге толы кофе мен энергетикалық сусындарға жүгінеді. Ағзасына қосымша қуат қажет болғандықтан, адамдар шамадан тыс тамақтанатын болады. Орта сыныптағы адамдар бар күшін салып сирек жұмыс атқарады және өз мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды. Себебі олар оған жетпей шаршап қала береді.176 Ұйқының тиімділігі үшін: • Ұйқының бір қалыптылығы. Күнділікті бір уақытта ұйқыға жатып, бір уақытта ояну. Адам ағзасы осылай бір қалыпты әрекет етуге дағдыланып, ұйқыға кету мен ояну оңай болады. •Ұйқының ұзақтығының оңтайлылығы. Өзіңіз үшін ең дұрыс ұйқы ұзақтығын белгілеп алыңыз. • Ұйықтауға ыңғайлану. Тезірек ұйқыға кететін жолдарды қарастырыңыз. • Дұрыс ояну. Ұйқыдан ояну үдерісін жүйелеу қажет: мысалы, әртүрлі қоңыраулар қою арқылы. Қанша уақыт ұйықтау керек? Бұл сұраққа Құран Кәрімде де, хадисте де нақты әмірлер мен кеңестер табу мүмкін емес. Бүгінгі күнгі медицина ғылымдары ең азы бес сағат, ең көбі сегіз сағат арасында ұйықтаған жөн екендігін айтады. Алайда нақты мөлшерін белгілеп беруден тартынады. Себебі бұл адамның жасына, денсаулығына, қызметіне және әлеуметтік жағдайына байланысты. Бірқатар зерттеулердің нәтижесінде адамның тамақтану тәртібі мен ұйқы мөлшері арасында тікелей байланыс бар екендігін алға тартады. Көп тамақ жеген көп ұйықтау қажеттілігін сезінеді. Алайда екеуі де адамға айтарлықтай зиянын тигізері сөзсіз. Күннің ыстық болуы мен ауа райының өзгеруі ұйқы мөлшеріне әсер ететіндігі секілді, адамның қалыптасқан әдеті мен ерік-жігері

демалуға арналған уақыттың азайып-көбеюіне өз әсерін тигізеді. Қай уақытта ояну қажет? Жаратылыста біздің тағдырымыз бен әл-ауқатымызға, қуатымызға қатысты заңдылықтар бар, бұл адамның ұйқыдан тұру уақытына тікелей тәуелді. Ақыл мен біздің ағзамыздың өмірлік тонусы біздің ұйқыдан тұру уақытымызбен жүйелі байланысты құрайды. Сондықтан біз аталмыш қарым-қатынас мәселелерін егжей-тегжейлі талқылаймыз. Түнгі сағат 2-3 кезі Егер адамның дені сау болып, психикалық тұрғыдан ешқандай қиындығы болмаса, әрі түнгі сағат 2-3 кезінде тұра алса, ол өзін-өзі тану жолында көп қабілеттілік танытады. Осы уақытта күн белсенділігі әлі де өте әлсіз, ал ай біздің санамызға жұмыс жалғастыруда жеткілікті күшке ие болады. Нәтижесінде ақыл бейбітшілік пен тыныштық күйге енеді. Мұндай таңертеңгі уақыт Алла Тағаланы еске алып, құлшылық жасауға өте тиімді рухани сәт болып саналады (тәһәжжуд намазының уақыты). Таңғы сағат 3-4 кезі Таңғы сағат 3-4 кезінде тұрған адам өзінің рухани табиғатын дамыту мен түсіну үшін қажетті күш-қуатты жинақтай алады. Бұл уақытта тұрған кезде рухани тәжірибемен айналысу ұсынылады. Аталмыш таңғы уақыт тек осы мақсаттарға арналған. Осы кестені ұстанған адамдар мен күн сайын таңертеңгі намазды оқитын адамдарды үлкен тосын сый күтіп тұрады, бұл кезеңде адам жан дүниесінің терең құпиялары ашылады. Айтылған сырдың жалғыз шарты – олар рухани адамдармен көбірек қарым-қатынас жасауға тырысуы керек және ар- ұждандары күнәмен ластанған адамдармен қатынасты мүлдем азайтуы шарт. Таңғы сағат 4 пен 5 кезі

Егер адам әрбір күнін таңғы сағат 4 пен 5-тен бастаса, оптимист болуға өте қабілетті келеді. Дәл осы уақытта жер әлемі оптимистік күйге енеді. Барлық әнші құстар тыныштық әлемінде тербеліп, түрлі дауыспен құбылтып, ән салуды бастайды. Мұндай уақытта белсенділік танытып, оянған адамдардан жақсы ақындар, дарынды адамдар, сондай-ақ жай ғана оптимист адамдар шығуы мүмкін. Таңертең ерте тұру адам жанына әрқашан қуаныш сезімін сыйлайды. Айтылған уақыт сондай-ақ әлі де белсенді қызмет үшін арналмаған. Алайда осындай рухани сәттердегі уақыт аралығында тұрып, діни кітап оқып, ғибадат етуге әрі барша адамзат үшін дұға тілеуге болады. Таңғы сағат 5 пен 6 кезі Таңғы сағат 5 пен 6 кезінде ұйқыдан тұратын адамдар өте сергек болып, һәм өмір бойы батыл болуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар кез келген ауруды жеңуге жеткілікті күшке ие болады. Сіз таңғы сәтте рухани тәжірибемен айналысуды жалғастыра аласыз. Ең маңыздысы – Құран, хадистер мен дұғаларды жаттауға немесе кейбір тиісті ақпаратты есте сақтауға мүмкіндік туады. Осы уақытта күн мен ай да әлі белсенді емес, сондықтан ақыл кез келген ақпаратты қабылдауға өте сезімтал және жадында сақтауға бейім келеді. Таңғы сағат 6 мен 7 кезі Егер кімде-кім 6-дан 7-ге дейінгі уақытта оянса, күннің шығуынан кейін тұрған болып саналады. Бұл дегеніміз – олар уақыт заңдылығын мойындамайды, алайда көп ұйықтамауға да тырысады. Олардың тонустары өздері қалағаннан біршама төмен болады, ал жасаған істері нашар болмаса да, айқын болмайды. Осы кезде төсектен тұрған адам физикалық және психикалық тұрғыдан қосымша күш-қуатқа қол жеткізбейді. Адам Жер оянудан бұрын ерте тұрып, өзінің ақыл-ойын ретке келтіруі тиіс (күн уақыты бойынша 6-ға дейін). Тек осы жағдайда ғана ауа райы бізге магниттік дауылдармен байланысты барлық мазасыздық түрлерін тудыра алмайды.

Осылай ету арқылы адам Жердің бүгінгі көңіл-күйіне бейімделеді. Ол таңғы сағат 6-да әлі ұйықтап жататын болса, мұндай бейімділікті сезінбейді. Сондықтан кімде-кім сағат 6-дан кейін тұратын болса, нағыз оптимист болуы мүмкін емес, өйткені оның қуанышы табиғи әрі шынайы емес, жасанды болады. Сағат 7 мен 8-дің арасы Егер адам сағат 7 мен 8 арасында оянса, оның психикалық және физикалық тонусы төмен болатындығына кепілдік беріледі. Мұндай күйде өз уақытын бекерге өткізеді. Сондықтан ол адамның бүкіл күні қарбаласқа толы болып, табысты болуы үшін жеткілікті энергиясы жетпейтіндей сезінеді. Кім осы уақытта тұрса, басы ауырып, тәбеті жоғалады, иммунитеті төмендейді, пассивтік өмірлік позицияны ұстанады, асқазанның қышқылдығы азаяды және бауыр ферменттерінің тапшылығына душар болады. Сағат 8 бен 9-дың арасы Егер энергия жеткіліксіздігін жеңу үшін әр күн сайын әрекет ететін болса, онда сол адамда шамадан тыс тәбеттің артуы, жүйкесінің шаршауы, жоғары қан қысымы, абыржу, қышқылдың артуы, ағзадағы қабыну процестері байқалады. Егер адам сағат 8-9-дың арасында төсектен оянса, сол сәтте өзінің мінезінің кемшілігін жеңе алмайды, түрлі зиянды әдеттерге бой ұрады. Сондай-ақ осы уақытта тұру адам өміріне үлкен қиындықтар әкеліп, созылмалы және ауыр аурулар, көңіл қалдыратын түрлі сәтсіздіктерге тап келеді. Аталған топтағы адамдар болған жағдайларды дұрыс бағалауға әрі тиімді шешім қабылдауда қиындық көреді. Олар өмірде дұрыс таңдау жасай алмайды және олардың өміріндегі ештеңені өзгертуге күші жетпейді. Сағат 9 бен 10-ның арасы Адам сағат 9 бен 10-ның арасында оянса, өмірінде депрессияға душар болып, өмір сүруге деген қызығушылығы болмайды. Оның көңілі жиі қорқыныш пен сенімсіздікке, ашу- ызаға лық толады. Ал бақылаусыз әдеттер, бақытсыз

жағдайлар, тез үдемелі ауыр ауруларға, ерте мүгедектiкке немесе ерте қартаюға душар етеді. Біз өзіңізбен бірге көріп отырғандай, бүгінгі ғылым бізді тәһәжжуд намазына, түнде ғибадат етуге әрі таңғы намазды оқуға бұйырған Алла Тағаланың шексіз даналығын көрсететіндігін дәлелдей түсті. Сондай-ақ біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) бізге әрбір күнді қалай өнімді бастау керектігін және уақытты тиімді өткізу қажеттілігін, сонымен бірге күшті иммунитетке ие болып, әрбір ісімізде берекетті болудың тамаша жолдарын көрсеткен. Бұл Ұлы Жаратушының нұрлы тәрбиесін алған Әзиз Пайғамбарымыздың жай адам болмағандығын тағы да дәлелдей түседі. Себебі қарапайым адам бұл табиғаттағы заңдылықтар туралы және біздің биоырғағымыздың ерекшеліктері жайындағы терең мағлұматтарды қайдан білсін? 177 Дұрыс оянуға арналған қосымша кеңестер Адамдардың көпшілігі таңғы ұйқының тәтті шырынын бұзғысы келмей жата тұрғанды жөн көреді. «Тағы бір бес минут, тағы бір он минут» деп ұйқысын соза береді. Ақыры, мең-зең боп, бәрібір ұйқысы қанбай, ұйысып тұрады. Сөйтсе, көп адам осылайша денсаулығына дерт жамап алатын көрінеді. Сенесіз бе, адам өз еркімен, табиғи түрде оянар кезде ағзасы бір сағат бұрын дайындала бастайды екен: дене қызуы көтеріліп, қалың ұйқының құшағынан ажырай бастайды. Бұған қоса, күні бойы сергек жүруіңізге көмектесетін ағзаңыздағы дофамин белсенділік танытып, «іске қосылады». Оятқышын қайта-қайта кейінге ысыра берген адамда бұл процесс үзіліп-үзіліп, табиғи ырғақ бұзылатын көрінеді. Ұйқыдан кеш тұрған адамның мең-зең болып, ашушаң келетіні

осыдан. Мұның сыры – қайта жастыққа бас қойған адам ағзасы қалың ұйқының құшағына шым батуға тырысады екен. Сол себепті, ғалымдар ерте тұрудың пайдалы екенін айтып отыр. Бір оянып, бір ұйықтап, өң мен түстің арасында жатқан адам төсектен тұрғанда тез шаршап, тез шалдығатын көрінеді. Таңғы ұйқыдан оятқыштың уақыт аралығын 10 минутқа қойып, үш мәрте оянып, қайта ұйқыға кеткеннің орнына тастай қатып, жарты сағат ұйықтағаныңыз денсаулығыңызға пайдалы. Ғалымдар бұдан құтылу үшін кестеден ауытқымай, уақытында жатып, уақытында ұйқыдан тұруға кеңес береді. Бір уақытта жастыққа бас қойып, бір уақытта оянған адам өзін әлдеқайда сергек сезінеді. Тек ерік-жігеріңізді жанып, өз-өзіңізді қолға алып, ынта танытсаңыз болды: ағзаңыз сонда ғана белгілі бір уақытқа бейімделіп, әдетінен жаңылмайтын болады. Уақыт жағынан ұтып қана қоймай, күш-қуатыңыз артады. Таңғы намазын ұдайы оқып, құлшылығын қаза қылмаған мұсылмандар жүрек ауруынан аман болады әрі ұмытшақтық секілді дертке де бой алдырмайтын көрінеді. Ғалымдардың тұжырымы осындай. Иорданиядағы Кардиологтар қауымдастығы қан-тамыр ауруларының басты себептерінің біріне ұзақ ұйқыны (сегіз сағаттан көп) жатқызып отыр. Ұзақ ұйықтаған адамның жүрек қағысының жиілігі минутына 50 қағысқа дейін төмендейді екен. Ал бұл өз кезегінде қан айналымына кедергі келтіріп, жүрек бұлшық етінің әлсіреуіне алып келеді. Нәтижесінде адамның инфаркт немесе инсульт алу қатері жоғарылайды. Бұған жол бермес үшін, ғалымдардың пікірі бойынша адам аз уақытқа ұйқысын қиып, жиі оянғаны жөн. Төрт сағаттық ұйқыдан кейін кем дегенде 15 минутқа ұйқыдан тұрып, лажы болса, қандай да бір дене қозғалысын жасағаныңыз дұрыс. Алла Елшісінің сүннеті бойынша түнгі тәһәжжуд намазы немесе парыз болған таң намазына тұруымыз Иорданиялық ғалымдардың осы кеңесіне дәлме-дәл сәйкес келеді. Алла Тағала бізге өмірде ауру мен бақытсыздықты болдырмаудың жолдарын көрсетіп, пендесіне тиімді мүмкіндіктер берген.

Бірде бір ғалым кісі ерте жастан ұлына Құран Кәрімді оқып үйретіп, бір күні ұлынан: «Құрандағы «Кәһф» сүресінің құпиясын білгің келе ме?» – деп сұрайды. Бұл сүренің 107- 110-аяттарының мәнін түсінуің қажет, сонда күн сайын таңертең азан үнін естіп, сергек оянатын боласың. Бұл үшін бір шартты орындауың қажет. Ол – ұйықтар алдында көзіңді жұмып, аталған аяттарды жадыңа сақтап, қайталауың шарт». Жас жігіт әкесінің өсиеті бойынша күнделікті қоңыраудың дауысын естігенде тез арада таңғы намазға оянатын болады. Сонымен қатар көптеген ғалымдардың өмірлерінде қолданып, «оқыған кезде қаншалықты кеш ұйықтасам да, түнгі намазға сергек ояна алуыма көмектесетін» деген төмендегідей дұға бар: «Аллаһуммә әйқизни фи әхаббил әуқат, уәстә’милни би әхсәнил амәл» (Уа, Алла, мені өзіңе ең ұнамды уақытта оят, Саған ең ұнамды амалдарды жасауымды нәсіп ет.) Бұл ретте ұйқы алдында Ұлы Жаратушыны еске алып, дұға, зікірлерді қайталаудың маңызы орасан зор екендігін ескеруіміз қажет. Себебі Алла Елшісі (с.а.с.) «Алланы еске алмай ұйықтаған адамды Алла жазалауы мүмкін» деген болатын. Осы себепті түннің бір уағына дейін компьютерде не телефонда отырып, болмаса кітап оқып, яки бос әңгімемен уақыт өткізуге болмайтынын есте ұстағанымыз жөн. Күнделікті ерте жатуға дағдыланбасаңыз, ағзаңыз шаршап, қалпына келе алмай, келесі күнге жеткілікті күш-қуатты жинай алмайтыныңыз анық.178

Мұсылман және уақыт • АДАМНЫҢ УАҚЫТ ІШІНДЕГІ ЖОЛАУШЫЛЫҒЫ Құран Кәрім адам өмірін басты бес кезеңге бөліп қарастырған: балалық шақ, жастық шақ, кемелдену, егделік, кәрілік. Мұндай кезеңдерге бөлу әр дәуірдің адамдарына тән болғанын көре аламыз. Ал дініміз болса, осылай бөліп қарастыру арқылы белгілі бір мақсатты көздеуде: өмірдің әрбір кезеңіне тиісті міндеттер белгіленген. Адам баласы қай кезеңде өмір сүріп жатқан болса, сол кезеңде атқаруы тиіс міндеттерін орындап, сол кезеңнің ерекшеліктеріне сай өз нәпсісін тәрбиелеп, өмір сүру тәртібі мен жағдайын ретке келтіруі қажет. Құран тілімен айтар болсақ, мүмін боялуы керек «бояудың» (аятта «сибғатуллаһ» сөзімен берілген179) адамның өмірінің әр кезеңіне байланысты азды-көпті ерекшеліктері болады. Адамның өмір жолында табиғи түрде сырт көрінісінің өзгеріп отыратыны секілді рухани жағынан мінез-құлқы мен жан-дүниесінің жақсы жаққа өзгеруін қадағалауы қажет. Өмірі ғапылдықта бір сарынды өте шықпасы үшін мұқият болып, қырағылық танытып, толыққанды дайындықпен әрбір кезеңді дұрыс өткізуі қажет. Әйтпесе, 50- 60, тіпті 70-80 жасқа келгеніне қарамастан, бүгінгінің

адамдарының көбі өзін жастай көріп, нәпсі қалауларының соңына түсуден әлі де арыла алмай жүрген жайы бар. Ал Алла Елшісі (с.а.с.) егде тартқан жандардың әлі де жас секілді нәпсісіне беріліп жүруін құптамай, оларды «адамдардың жаманы» ретінде сипаттаған.180 Адамның жас ерекшеліктері мен өмірінің кезеңдері Құран Кәрімде көптеген жерде әл-мисақтан (әлімсақ, рухтар әлемі) бастап ана құрсағындағы түрлі сатылар, балалық, жастық, егделік, кәрілік, қабір әлемі мен ақыретке дейінгі әр алуан кезеңдерді атап өтеді.181 Күнделікті өмірдегі құқықтық (фиқһ) және тәрбиелік тұрғыдан маңыздылығы мен қажеттілігі себебінен аяттарды негізге ала отырып, діни қайнар көздерде адам өмірін бес кезеңге бөледі: балалық шақ (туфулият, сабәуәт) – 0-15 жас арасы; жастық шақ (шәбәбәт) – 15-30 жас арасы; кемелдену (куһуләт) – 30-60 жас арасы; егделік (шәйхухат) – 60-80 жас арасы; кәрілік (һәрам, әрзәлул-умр) – 80-нен кейін.182 Балалық шақтан басқа кезеңдерді анықтау барысында ғалымдар арасында әртүрлі көзқарастар болған. Дегенмен олардың арасындағы айырмашылықтар айтарлықтай көп емес және көпшілік ғалымдардың көзқарасы жоғарыдағы белгіленген жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Балалық шақты маңыздылығына байланысты өз ішінде әртүрлі кезеңдерге бөліп қарастырады: 0-2 жас – сәби (сүт ему кезеңі), 2-7 жас – ғуләм (бүлдіршін кезең), 7-10 жас – тәмииз жасы (оңы мен солын ажырата бастаған кезең), 10-15 жас – мураһиқ жасы (жасөспірім, өтпелі кезең).183 Тек балалық шақты ғана емес осылай одан кейінгі кезеңдерді де ары қарай нақтылап бөліп қарастыруға болады. Жастық шақтың кезеңдерін екіге бөлуге болады: 16-20 жас – бозбала-бойжеткен, 20-30 жас аралығы – жас. Кемелдену жастарын бөлетін болсақ: 30-40 жас – орда бұзар, 40-50 жас – қамал алар, 50-60 жас – ел ағасы.184


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook