Адам баласы көбіне түймедейді түйедей қылуға бейім болғаны секілді мұндай істерді де қиындатып, «пілді» барынша үлкейтіп, орындап бітіру мүмкін еместей қылып елестетеді. Мұндай ауқымды істерді орындауды қиындататын ең басты мәселе – нәтиженің бірден болмауы. Адам бірнеше қадам жасағаннан соң бірден нәтижесін көре алмаған кезде ол нәтиженің болатындығына сенімі де сөне бастайды. Онымен бірге қорқыныш та пайда болады. Солайша мақсатына жетуді мүмкін еместей көре бастайды. Мұндай қорқыныш пен үмітсіздіктен арылып, ауқымды тапсырманы аяғына дейін жеткізіп, «пілді» толықтай жеп тауысудың ең дұрыс жолы – оны кішкене «кесек еттерге» бөліп, күнделікті бір бөліктен «жеп отыру». Әрбір бөлігі бір күнде орындалуы мүмкін көлемде әрі бірте-бірте бізді алға қойған мақсатқа жақындата түсетін болуы шарт. Ол үшін бұл бөліктер SMART қағидасына сай бөлінген болуы қажет: •Specific – нақты; •Measurable – өлшеуге болатын; •Achievable – қол жетімді; •Relevant – маңызды; •Time bound – уақытпен шектелген. Осылайша ауқымды істі күнделікті (апталық) орындау қажет кішкене бөліктерге бөлу арқылы оңай аяқтай аламыз. Жалпылама түрде тапсырманы орындау қажет деп қана қоймай, күнделікті белгілі бір бөліктерін орындауды мақсат тұтамыз.51 2. «Швейцариялық ірімшік» Ауқымды істерді орындауға мүмкіндік беретін екінші бір жол – «Швейцариялық ірімшік» деп аталатын әдіс. Бұл әдіс бойынша әрекет еткенде пілді кесек еттерге бөлгендегідей
белгілі бір тәртіппен қадам баспай, ауқымды істің кез келген мүмкіндік болған тұсынан аз-аздан орындап отырады. Солайша құдды бір ірімшікке тесіктер жасағандай немесе кішкентай бөліктен тістеп-тістеп жегендей азайтып отырып, соңында барлығын жеп тауысу жеңіл болады. Күнделікті (апталық) орындалатын істің мөлшерін белгілеп, бос уақыттарда жасап қоюға болады.52 3. «Құрбақаны жеп қою» Өмірде ауқымды тапсырмалармен қатар көлемі жағынан кішкене ғана болғанына қарамастан, орындалуы жағымсыз не жалықтырушы істер де болады. Көбіне мұндай істер көп күш пен ақыл-ойды талап етпейді. Осындай көлемі шағын ғана, орындалуы ұзақ уақыт пен көп күш алмайтын, бірақ жағымсыз көрінетін істерді «құрбақа» деп атайды. «Құрбақа» сипатындағы істердің ең басты белгілері: •Орындау бізге жағымсыз не жалықтырушы болып көрінеді; • Ондай істі бірден орындауға құлшындыратын себеп табу қиынға соғады; •Ал шындығына келгенде еш қиындығы жоқ. Әдетте, мұндай шағын істер алдымен «түске қарай», одан соң «түстен кейін», одан кейін «кешке жақын», ақыр аяғында «ертең» деп кейінге қалдырыла береді. Осылай «Еріншектің ертеңі бітпес» дегендей, күннен күнге, аптадан аптаға шегеріліп жалғаса береді. Сол шағын ғана істерді неге дәл қазір орындай алмайтынымызға көптеген сылтаулар ойлап табамыз. Уақыт өте келе біздің «құрбақамыз» «пілге» айналып кетуі де ғажап емес. Солайша ол іс енді көбірек күш пен ұзағырақ уақыт талап ететін болады. Көбіне өзімізді қолға алып, кішкене ғана бір қадам жасайтын шақта ойымыздағы «жасау не жасамау» деген талас- тартыс үшін ең қарапайым шешімдерді де қабылдай алмай
жатамыз. Бар күшімізді алатын іштегі күрес жалғасқан сайын әрекет етіп алғашқы қадамды басуға деген қауқар қалмайды. Испандықтарда мынадай мақал бар: «Күнделікті таңертең бір құрбақадан жеп отыр». Мұндай істерді атқарудың ең тиімді жолы – күнделікті таңертең бір шағын жағымсыз істі орындап отыру. Күнімізді шағын ғана істі тамамдаумен бастау арқылы күн ұзаққа жақсы көңіл-күйде жүруге мүмкіндік аламыз. Бір күнде «бір құрбақаны» жеңу арқылы жеңістің дәмін татып, көңілді жүреміз. Басқа «құрбақалардың» кезегі келесі күндері келетіндіктен, оларды ойлап қам жемейміз. Ал егер кейінге қалдыра беретін болсақ, әрдайым «құрбақа» көз алдымызда тұрып, бар көңіл-күйімізді бұзатын болады. «Құрбақаға» теңелген шағын істерді уақыт оздырмай тындырып алудың пайдалары: •Күні бойы өзіңді жеңімпаз сезінуге мүмкіндік береді; •Мазасыздық сезімінен арылтады: «құрбақаны» «жеп қойған» соң ол көз алдымызға келіп, көңіл-күйді бұза алмайды; • Уайым мен үрейді азайтады: жағымсыз іспен айналысып жатпағанын ұғындырады; • Бар күшті күмәнға, уақытты уайымға шығындамай, тезірек шешім қабылдауға мүмкіндік береді; •Шағын істердің ауқымды жұмысқа айналып кетуінің алдын- алады.53 • УАҚЫТТЫ ЖОҒАЛТПАУ
Уақытты ұрлаушылар – жүйелі түрде дұрыс ұйымдастырылмаған істер. Уақыт ешкімге жетпейді, тіпті қарап жатқан жалқауға да, мамық төсекте жатып, күні бойы теледидар көретін адамға да. Алайда ешкім уақытының қайда кетіп жатқанын есептемейді. Ақшасын қайда жұмсағанын соңғы тиынына дейін айтып бере алуы мүмкін. Ал уақытының қанша бөлігін шығармашылыққа, білім алуға жұмсағанын, қанша бөлігінің бос өткенін, неліктен көп уақытын теледидар мен жол «жегенін» кім айта алар екен? Ал адамзаттың ысырапқа ең көп жол беріп жатқан мәселесі – уақытты пайдалану тұрғысында. Уақыт ысырабы деген мына үшеуінен тұрады: еш нәрсе істемеу, істеу керек нәрсені істемеу, істемеу керек нәрсені істеу. Питер Дракер осындай уақытты жоғалтуға алып келетін жайттарды санамалап береді: уақытынан ұзаққа созылған жиналыстар, ақпарат және байланыс жүйелерінің жұмысының ақсаңдауы, қажетсіз телефон қоңыраулары, газет-журналдар оқу, шамадан тыс жұмысбастылық, жүйесіз басқару және жеткіліксіз ұйымдастыру, күтпеген қонақтар, шешім қабылдау барысында күмәндану, қателік жасаудан қорқу, жұмысты маңыздылығына қарай дұрыс реттемеу, жұмыс барысындағы қажетсіз үзілістер, ұжымдық әрі жұмыс орнындағы іс-шаралар, толыққанды ойланбай және жоспар құрмай жұмысқа кірісу, бір істі аяқтамастан басқасына ауысу, маңызы әлдеқайда төменірек істерге байлану.54 Сонымен бірге бірқатар ішкі факторлар да адамның уақытынан айырылып қалуына әкеліп соғады: бір уақытта бірнеше істі бірден атқаруға тырысу, уақытты дұрыс есептемеу, істі кейінге қалдыру, нашар ұйымдастырушылық, дұрыс тыңдамау, барлық істі жалғыз орындауға тырысу, «жоқ» деп айта алмау, кейбір істерді басқаларға бөліп бермеу, жауапкершілікті дұрыс бөле алмау, асығыс шешім қабылдау, күйзеліс, жоспар құрмай тек есте сақтау қабілетіне сену.
Осы және өзге де өмірімізде кездесетін уақытымызды «жұтып қоятын» жайттарды анықтап, олармен күресіп, тамырымен жоюға тырысып, алда өмірімізге қайта бас сұғуына жол бермеуге барымызды салуымыз қажет. Себебі уақытын басқара алған жан ғана өмірін басқара алады. Жеңіске жетушілер уақытын өз қолына алады. Ал жолы болмаған бейшаралар уақытын басқалардың талан-таражға салуына жол беріп қойып қол қусырып отыра береді. Сондықтан уақытымызды ешкімге ұрлатпауымыз қажет әрі өзіміз ешкімнің уақытын ұрламауымыз керек. Надан, ақымақ, ойсыз адамдармен бірге уақыт өткізбеуге барынша тырысу қажет, себебі одан уақытымыз ғана емес, жүрегіміз де «өледі». Жетістікке жеткен атақты адамдардың өміріне көз салар болсаңыз, сахарада жүрген жолаушының суын үнемдегеніндей олардың өз уақытын үнемді пайдаланғанына куә боласыз. Сіз – өз уақытыңыздың қорғаушысысыз. Ал уақытты ұрлаушылар қорғаушылармен таласқа түседі. Соңында міндетті түрде біреуі жеңіске жетеді. Не сіз ол ұрлаушыларды жүгендеп ұстап отырасыз, не олар сізді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын болады. Уақытын жоғалтқанның өкініші Өмір – әр адамға тек бір рет қана берілетін өте бағалы әрі шектеулі нығмет. Соған қарамастан, адам баласының ең көп алданып, бос өткізетін нығметі де – осы «уақыт». «Ғасырға серт! Шынында, адам баласы зиян ішінде. Тек иман келтіргендердің, соған сай игілікті істер атқаратындардың, бір-біріне ақиқатты насихаттайтындардың және бірін-бірі сабырға шақыратындардың жөні бөлек».55 Уақытқа серт етумен басталған бұл сүреде иман ету, ізгі амал жасау, шындық пен сабырды үгіттеумен өткізілмеген
уақыт ысырап етілгенмен тең болып, қасіретке себеп болатындығы айтылған. Сонымен бірге, уақыт тұрғысынан алданып жататын адамдардың көп екенін де осы сүреден аңғаруға болады. Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде осыны былай түсіндіреді: «Адам баласы туылған күнінен бастап, шашына ақ түсіп, қартайғанға дейін Алланың разылығын табу жолында бетімен жер сүзіп, шапқылап жүрсе де, қиямет күні сол істегенін өте аз көріп, одан да көп істеген болсам ғой дейді».56 Мүмін адам ұзақ өмір сүріп, ғибадатпен, қайырлы, ізгі амалдармен күн кешіп, соның жолында көп қиындыққа төзсе, ақыреті үшін өте үлкен қазына сауап жинаған болар еді. Бірақ ақыретте ақиқатты көргенде, парыз бен нәпіл ғибадаттарға беріліп жатқан сауаптар мен олар арқылы қолы жететін нығметтерді білгенде қайта оянып, әлгі істеген ғибадаттары мен ізгі амалдарын тым аз көре бастайды. Көбірек істемегені үшін өзін-өзі айыптайды. Бұл жөнінде бір риуаятта былай делінеді: «Сыйы мен сауабын арттыру үшін дүниеге қайтарылуды армандайды».57 Тағы бір хадисте қиямет күніндегі өкініш төмендегідей баяндалады: «Жаннат халқы басқа нәрсеге емес, тек дүниеде Алланы зікір етпей өткізген сәттеріне ғана қасірет пен өкініш сезінетін болады».58 Қиямет күні Алланың құзырына жиналған кезде біздің бұл дүниеде өмір бойы өткізген уақыттарымыздың барлығы да ол жақтағы уақытпен салыстырғанда бір күннен аз болатындығын Алла Тағала Құранда былай баяндайды: «Олар: «Бір күн немесе күннің бір бөлігіндей аз ғана уақыт тұрдық. Алайда нақты айта алмаймыз, оны уақыттың есебін білетіндерден сұрасаң болар еді», – деп, жауап береді».59 Олай болса, бұл дүние тіршілігі бізге еңбектеніп, ақыреттік өмірге азық жинауымыз үшін берілген қысқа ғана мерзімнен
тұрады. Әр секундтың қадірін біліп, оны ақыретке әзірлену жолына жұмсаудың жолдарын ойлау керек. Олай болмаған жағдайда уақыт текке кеткен болады. Ал уақыттың босқа шығындалуы – ең үлкен өкінішке душар етер жайттардың бірі. Уақытты қалай болса солай шығындап, өмірін текке өткізгендердің ақыреттегі бейшара халін баяндайтын мына аят қандай ғибратты десеңізші: «Тозақта олардың шыңғырған ащы дауысы шығып: «Уа, Раббымыз! Садағаң кетейік, бізді мына тозақтан шығара гөр (дүниеге қайтаршы)! Бұрын-соңды істеген теріс істерімізден бөлек игілікті істер атқарайық!» – дейді. Сонда оларға: «Сендерге ақылға салып, ойланатын адам емін-еркін ойланып, ғибрат алатындай (һәм өзінің жаратылыс мақсатына қарай әрекет етіп, біраз игілікті істі тындырып тастайтындай) жеткілікті ғұмыр бермедік пе?! Онымен қоймай, сендерге ескертуші ретінде пайғамбар да келген еді. Енді азаптың дәмін татыңдар! Залымдардың медеткері болмайды», – делінеді».60 Пайғамбар (с.а.с.) бір күні: – Өлген соң өкінбейтін ешкім болмайды, – деді. Сонда сахабалар: – Ол нендей нәрсеге өкінеді, уа, Алланың Расулы? – деп сұрады. – Өлген адам жақсы мұсылман болса, амалдарын одан да арттыра түспегеніне, ал жаман адам болса, сол жамандығынан бас тартпағанына өкінеді, – деді.61 Барлық нығметтер секілді уақыт ысырабының да басты себебі өлім атты ақиқатты тиісінше түсіне алмаудан туындайды. Өйткені нәпсінің бойында жаратылысынан бері фәнилікті мойындамау қасиеті бар. Сол себепті адам баласы өзін қашан да өлімнен алыс көреді. Алайда әрбір жан иесі үшін белгіленген ақтық дем бар. Мұны жою және дүние
өмірін белгілі бір уақыт жалғастыру мүмкін емес. Уақыт Алланың заңы бойынша белгіленген арна бойынша аға береді. Дүние өмірінде барлық нәрсені сатып алуға азды-көпті мүмкіндік бар, бірақ өткен уақытты ешқашан... Ең маңызды уақытымыз болған ақтық демімізді беретін сәтте иман мен кәлимә-шәһәдәтпен Жаратушымыздың құзырына шыға алу үшін өміріміз бен уақытымызды ысырап етпей, тиімді пайдалану бей-жай қарамауымыз қажет ең маңызды міндеттеріміздің бірі екенін естен шығармаған жөн. Алланың құзырында өкінбейтіндей етіп бос уақыттарымызды игілікпен толтыруды мақсат тұтуымыз қажет. Үш топ та өкінді Зұлқарнайын әскерімен жолда келе жатып «аяқтарыңа ілінген нәрселерді жинай жүріңдер» деп әмір береді. Әскері бұл әмірді естіген кезде іштерінен бір бөлігі «Көп жүрдік, қатты шаршадық. Түн ішіндеміз, оған қоса аяғымызға ілінген нәрселерді жинап босқа қиналамыз ба, еш нәрсе жинамаймыз» деген шешімге келіп, еш нәрсе жинамайды. Екінші бөлігі «Қолбасшымыз бұйырған екен, әмірге бағынайық, аз ғана болса да жинайық. Өйткені қолбасшыға қашанда мойынсұну керек» деп аз ғана жинайды. Үшінші топ болса «Қолбасшымыз еш нәрсені босқа әмір етпейді. Міндетті түрде бір нәрсені біліп айтқан болу керек, әмірін орындаймыз» деп бүкіл қаптарын бетіне дейін толтырады. Таң атқан кезде бүкіл әскер түнде алтын қойнауынан өткендерін түсінеді. Аяқтарына тиген нәрселердің алтын екенін ешкім аңғармаған екен. Сонда әмірді тыңдамай еш нәрсе алмаған бірінші топ: – Қап, неге алмадық! Қолбасшымыздың сөзін неге тыңдамадық? Ең болмағанда біреуін алғанымызда ғой... – деп өкініп қалады. Екінші топ та өз-өздерін сөге бастайды: – Қап, біраз тағы алуымыз керек еді. Қалталарымызды, қаптарымызды аузына дейін толтырып алуымыз керек еді... Тіпті үшінші топ та өкініп: – Керексіз, пайдасыз заттарымызды тастағанда бұдан да көбірек жинайтын едік, – дейді.
Міне, осы мысалдағы секілді ақыретте де барлық адам өкінеді. Кәпір болған адам: – Неге иман етпедім? Сенгенімде, ең болмаса, жәһәннәмға түссем де, иманымның арқасында соңында бәрібір жаннатқа кірер едім. Мәңгілік тозақтан құтылар едім, – деп өкініштен өзегі өртенеді. Мұсылман болғанымен сауабы аз кісі: – Бұдан да көп сауапты істер жасауым керек еді. Бұдан да көп нығметке қауышар едім, – деп сан соғады. Мұсылман болып, сауабы көп болған кісі болса: – Қап, бұдан да жоғары дәрежелерге көтеретіндей көбірек ғибадат жасауым керек еді, көбірек садақа беріп, көбірек ораза ұстап, көбірек сауап жинайтын амалдар жасауым керек еді, – деп өкінеді. «Электрондық тәуелділік» Біз көптеген электронды құрылғылардың бізді ісімізден алаңдата беретін кезеңде өмір сүрудеміз. Егер жағдайды өз қолыңызға алып, өзіңіз басқармасаңыз, күні бойы қарша жауған электронды хабарламалар мен телефон қоңырауларының астында қалу қаупіңіз бар. Электронды поштаның жұмыс тиімділігі мен жетістікке жетуіңізге соншалықты кері әсерін тигізуінің себебі сіз қандай да бір жаңа хабарлама немесе жаңалық оқыған сайын ағзаңыздан қанға дофамин атты химиялық құрамы кокаинге ұқсас ынталандырушы гормон бөлініп отырады. Бұл сізге уақытша рақаттану сезімін сыйлайды және сіз санаңыздың түбінде оның қайталануын қалайтын боласыз. Бұл сезім электрондық пошта, смс, Whatsаpp, Messenger арқылы хабарламалар, телефон қоңырауларын алған сайын жалғасын тауып отырғандықтан, сізді қайта-қайта хабарлама қарауға немесе өзіңіз хабарлама жіберуге итермелейді және сіз бар күніңізді соған арнайтын боласыз. Осылай жалғаса берсе, жақын арада есірткіге тәуелді адамдай болып, одан бас тарта алмайтын жағдайға жетесіз. Егер сіз теңертең бірден хабарламаларға жауап беріп, дофамин гормонының бір мөлшерін қабылдап ағзаңызды үйретіп алған болсаңыз, күні бойы келетін хабарламаларға
бірден жауап беруге деген құштарлыққа қарсы тұра алмайсыз. Күніңізді хабарламаларды тексеріп, хаттарға жауап берумен бастасаңыз, бұл іске күніңізді толықтай қалай арнағаныңызды байқамай да қаласыз. USA Today журналында жарияланған бір мақалада үнемі компьютерден не телефоннан хабарламаларды қарай беру адам миын шаршататындығы жазылған. Нәтижесінде электронды хабарламаларға деген тәуелділік адамның IQ көрсеткішін сағатына 1%-ға төмендетіп отырады. Әрбір сағат өткен сайын адам ақымақ бола бастайды. Сонымен күннің соңында сіз 10% ақылыңызды жоғалтатын боласыз. Күн аяқталғанда адам миының шаршағаны соншалық – әдеттегі шешім қабылдау қабілетінен айырылады. Бара-бара сіздің ақылыңыз төмендей береді. Таңертеңгімен салыстырғанда шынында да сау ақылдан айырыла бастайсыз. Жеңіл тапсырмаларды орындаудың өзі қиынға соға бастайды. Егер сіз аталған жайтқа назар аудармасаңыз, тәуелділікке тап болып, құдды нашақор адамдай жұмысыңыздан алаңдап, басқа іске көңіліңізді бөле беретін боласыз. Бірқатар зерттеулерге қарағанда, орташа есеп бойынша, адам күнделікті электронды құрылғыларын 145 рет тексереді және оған үш жарым сағатын жұмсайды екен. Дәл осы жайт тайм-менеджмент бойынша сарапшы Джулия Морганстернді Don’t check your email in the morning (Күніңізді электрондық поштаңызды тексеруден бастамаңыз) атты кітап жазуға итермелеген. Егер сіз электронды поштаңызды қарауға тым көп уақыт жұмсайтын болсаңыз, ол сіздің мансабыңызға кері әсерін тигізіп, толыққанды жұмыс істеуіңізге мүмкіндік бермейді.62 Осыдан қазіргі замандағы технологияның дамуымен қатар келген мұндай қасірет тек біздің уақытымызды алып қана
қоймай, санамызды улап, ақылымызды кемітіп, миымызды шаршатып жатқанын ескеруіміз қажет. Бар жылдамдығымен алға ұмтылып, дамуға тырысып жатқан ғасырымыздың алдымызға қойған мүмкіндіктерін тек өзімізге пайдалы тұсынан ғана қолдануды үйреніп, жиренетін жерінде кеш болмай тұрып бас тартуға бар күшімізді салуымыз қажет. Болмаса, «батыстың цивилизациясын аламыз деп, канализациясына түсіп кетпейік».63 Технологияны дұрыс қолдану Технология – уақытпен жарыстан туылған өнім. Аз уақытта көп істі жеңіл түрде атқаруға тырысу. Технологияны дұрыс пайдалану адамның адамдығына байланысты. Мысалы, жүргізуші мас болса, көліктің қаншалықты мінсіз болғанына қарамастан, апатқа ұшырау ықтималы көп. Сондықтан алдымен адамды түзету керек. Мәселені адамның бойында шешу керек. Ол технологиялардың көмегімен әп-сәтте қалаған мәліметімізді таба аламыз. Бірақ ондай мүмкіндік бар екен деп, оқуды, білім алуды бір жаққа ысырып қоюға болмайды. Олай тез қол жеткізіп, бір көз шалып шыққан мәліметтер білім бола алмайды, тез ұмытылады. Әсіресе, балаларды бұл дерттен құтқару керек. Балалар технологияның құлына айналса не оған тәуелді болса, ата- анасынан алыстап, тіпті бөлініп кетеді. Ал ата-ана да сол технологияға байланып қалатын болса, олар бір-бірінен және балаларынан бөлініп кетеді. Солайша бір отбасы технологияның құрбанына айналады. Осындай қасіреттің алдын алу үшін технологияларды дұрыс әрі жылдам пайдаланып үйрену қажет болмақ. Тиімді пайдалана білетін болса, технологиялар өте пайдалы әрі адамның уақыт үнемдейтін, жұмысын жылдамдататын бірден-
бір көмекші құрал бола алады. Ең бастысы, осынау заманауи құрылғыларды ақылмен қолдануды әдетке айналдырмақ керек. Адамның уақытының берекесін қашыратын негізгі жеті фактор 1. Телефон, электрондық пошта, СМС Уақытты жоғалтудың ең бірінші әрі басты себебі – телефон, электрондық пошта, смс секілді күнделікті кедергілер. Бұлардың барлығы сіздің көңіліңізді негізгі жұмысыңыздан басқа жаққа аударып, маңызды жайттарды ойлануда миыңызда іркіліс пайда болуына әкеліп соғады. Тіпті телефонды қойып, поштаны жапқаннан соң да жұмысқа қайта кірісу қиындап, бірқатар уақыт алады. Мұндай кедергілермен күресудің жеті жолы бар: Телефон мен пошта секілді хабарласу құралдарын тек жұмыс бабымен ғана пайдаланыңыз. Қызмет барысында қажет болған жағдайда да жұмысын барынша тезірек бітіруге тырысу керек. Жұмыс уақытында жеке мәселелерді талқыламаңыз. Жұмыс уақытында байланыс құралдары тек қана қызмет бабымен пайдаланылатындығына бойыңызды үйретіңіз. Қазіргі таңда бұл жайт әсіресе смартфондарға қатысты екені белгілі. Электрондық хабарламаларды маңыздылығына қарай саралап қойыңыз. Телефон соққан адаммен сөйлеспес бұрын кім екенін анықтап алыңыз. Белгісіз қоңырауларға жауап берерде қызығушылығыңызды баса тұрып, қандай мақсатпен қоңырау соққанын сұрап біліңіз. Күнделікті жоспарыңызда сізді ешкім мазаламауы қажет уақыт арнап қойыңыз. Смартфон мен байланыс құралдарының құлына айналмаңыз! Олардың дыбыстарына елеңдей бермеңіз. Дұрысы, ондай ескертпе дыбыстарды мүлде өшіріп тастаңыз.
Егер өзіңіз хабарласқан не хат жіберген болсаңыз, сізге қайта хабарласа алатын немесе жауабыңызды ала алатын уақытыңызды алдын-ала ескертіңіз. Сөйлесу мен хат жазуға арнайы уақыт бөліп, барлығын бірден бітіріп алуға тырысыңыз. Күні бойы ол істермен айналысып отырмаңыз. Телефон қоңырауларын алдын-ала жоспарлаңыз. Қызметтік кездесудегідей талқыланатын тақырыптарды алдын-ала белгілеп қойыңыз. Телефонда талқыланған жайттарды қағаз бетіне түсіріп отырыңыз. Сонда қайта сұрауға қажеттілік болмай, уақыт үнемдейсіз. 2. Күтпеген қонақтар Ең жиі кездесетін уақытты жоғалтатын себептердің екіншісі – күтпеген қонақтар. Олар сіздің айтарлықтай уақытыңызды алуы мүмкін. Бұл қонақтар сіздің әріптестеріңіз не сырттан келген таныстарыңыз болуы мүмкін. Олар қалаған уақытында келіп, сіздің көңіліңізді жұмысыңыздан басқа жаққа бұрып әкетіп, ойлау жүйеңізді бұзып, жұмыс өнімділігіңізді төмендетеді. Кейде мұндай қонақтар сағаттап үзіліссіз әңгіме айтуы да мүмкін. Мұндай уақытты ұрлаушылардан сақтану үшін мына төмендегі бес кеңеске назар аударыңыз: Сізді ешкім мазалай алмайтын уақыттар белгілеп қойыңыз. Ол уақыт жайлы айналаңыздағыларды хабардар етіп, төтенше жағдайлардан басқа уақытта мазаламауын ескертіңіз. Келген қонаққа уақыттың аздығын, жұмыстың көптігін айтып жағдайыңызды түсіндіріңіз.
Бос әңгімелерді доғаруды үйреніңіз. Талқыланып жатқан жайттың нүктесін қойып, қонағыңызбен қоштасып, жұмысыңызға оралыңыз. Қонақтарды қабылдайтын арнайы уақыт белгілеңіз. Кездесулер жайында алдын-ала келісіп алуға тырысыңыз. Әріптестеріңізге де белгілі бір уақыттарда есігіңіз ашық болатынын хабарлаңыз. Басқалардың уақытын ұрламаңыз. Басқаларға күтпеген қонақ болып бармаңыз. Жұмыстарыңыз болатын болса, сыпайы түрде рұқсат сұраңыз. Мұнда да алдын-ала келісіп алғандарыңыз жөн. Егер сіз өз жұмысыңыздың өнімділігін арттырғыңыз келсе, айналаңыздағы адамдар сізді басқалардың уақытын ұрлаушы ретінде санамайды ма, соны сұрап біліңіз. Шынайы жауапты естуге дайын болыңыз. Олар сізге қалай жауап бергеніне қарамастан, өзіңізді ақтамаңыз. Үнсіз тыңдап, алғысыңызды білдіріңіз. Кейін айтылғандарды қорытындылап, өзіңізбен жұмыс істеуге тырысыңыз. 3. Жиналыстар Уақытты ұрлаушы үшінші жайт – жоспарланған не жоспарсыз жиналыстар. Дұрыс жоспарланбаған әрі сапалы түрде дайындық жасалмаған жиналыстар адамның өте көп уақытын босқа өткізеді. Қате түсініп, жиналыстарды зиянды нәрсе ретінде көруге болмайды. Кез келген жұмыстың дұрыс жүруі, пікір алмасу, мәселелерді талқылап, шешім табу, жұмыс барысын қадағалау үшін жиналыстың маңызы орасан зор. Сонымен бірге жиналысты дұрыс өткізе білу қажет. Жиналыстың тиімділігін арттыратын сегіз жол бар: Жиналыстың ұзақтығын алдан ала белгілеңіз. Алтынға бергісіз уақыттың босқа өтуінің зиянын есептеу үшін
жиналыс уақытын барлық жиналысқа қатысушылардың санына көбейтіп есептеу қажет. Сонда нағыз жоғалған уақытты көруге болады. «Жиналыс жасауға қажеттілік бар ма?» деген сұрақ қойылу қажет. Алып бара жатқан қажеттілігі болмаса, одан бас тарту қажет. Егер қандай да бір қызметкердің қатысуы міндетті болмаса, оны жиналысқа шақырмау керек. Күн тәртібін белгілеп қойыңыз. Жиналыс жасау қажет болғанда оның мақсаты мен өткізілу ретін нақтылап алу керек. Талқыланатын сұрақтардың тізімін жазып алыңыз. Ол мәселеге байланысты жауап беретін, үн қосатын қызметкерлерді белгілеп қойыңыз. Жұмыс бабымен жеке сөйлесулерде де осылай жасаған дұрыс. Талқыланатын сұрақтар қағаз бетіне түсіріліп дайындалғанда жиналыстың қаншалықты тез әрі тиімді өтетініне өзіңіз көз жеткізе аласыз. Жиналыстың басталу және аяқталу уақытын қатаң белгілеңіз. Уақытында басталғанымен, аяқталмайтын ұзын- сонар жиналыстың пайдасынан зияны көп. Кешіккен адамдарды күтпеңіз. Бір адам үшін уақытында келген басқа қызметкерлерді жазалауға болмайды. Алдымен маңызды сұрақтарды талқылаңыз. Әрбір сұрақты талқылап болғанда қысқаша қорытынды жасап отырыңыз. Барлық көзқарастарды ортаға сала отырып, шешім шығарыңыз. Басқа тақырыпқа өтпей тұрып, талқыланған мәселені барлығының түсініп, келіскеніне көз жеткізіңіз. Қабылданған шешімге байланысты атқарылатын істерге жауапты адам тағайындаңыз. Жауапты адам мен атқарылу мерзімі белгіленбеген жағдайда талқылап, шешім шығарудың құрғақ сөз күйінде қалатынын естен шығармаңыз. Жиналыстың маңызды жайттарын қағаз бетіне түсіріңіз және қатысушыларға жиналыстың қарарын таратып беріңіз. Бір тәуліктің ішінде қағазға түсіріліп, қызметкерлерге берілген жағдайда істің өнімділігі арта түспек.
4. Оқыс жағдайлар Уақытты ұрлайтын келесі фактор – оқыс жағдайлардың орын алып, оны түзетуге тура келуі. Енді ғана жұмысқа бар ынтаңызбен кірісе бергенде кенеттен оқыс жағдайлар орын алып, сіздің бірнеше минутыңызды, не бірнеше сағатыңызды, тіпті одан да көп уақытыңызды алуы ғажап емес. Мұндай жағдайлар орын алғанда төмендегі әрекеттерді жасаған жөн: Әрекет етпес бұрын ойланыңыз. Барлық сәтсіздіктің себебі – ойланбай жасалған әрекет екенін есте ұстаңыз. Салқынқандылық сақтай отырып, болған жағдайды толық анықтаңыз. Шешімін табу үшін мәселені анықтап алу қажет. Жауапкершіліктерді бөліп беріңіз. Мүмкіндігі бар адамдарға бөліп берген кезде әр адам шамалы ғана уақыт пен аз күш жұмсай отырып, жағдайды орнына келтіре алады. Болған жайды қағаз бетіне түсіріңіз. Осылай ету парасаттылық пен сабырлылық сақтауға көмектеседі. Мәліметтерді жинақтаңыз. Құрғақ болжамдармен шектелмей, нақты деректерді анықтай білу – кез келген мәселенің шешімін табудың басты жолы. Әдіс-тәсіл ойлап табыңыз. Егер қандай да бір қиындықтың орын алуы қайталана беретін болса, барлығы түсініп қолдана алатындай түрде оның шешім жолы мен әдіс- тәсілін ойлап табыңыз. Мұндай төтенше жағдайлар әркімнің басында болуы мүмкін болғандықтан, іштей және сырттай ондайға дайын болған жөн. 5. Істі кейінге қалдыру
Бесінші уақыт ұрлаушы фактор – істі кейінгі қалдыру әдеті. Бұл әдет адамның уақытын ғана емес, өмірін де ұрлайды. Одан құтылу сіздің бүкіл өміріңіздің өзгеруіне жағдай жасайды. Бұл әдеттің тамырына балта шабатын жеті тәсіл бар: Қағазға жазып жоспар құрыңыз. Мұқият дайындалыңыз. Әрбір әрекетіңізді алдын-ала ойластырыңыз. Тапсырмаңызды әрбір қадамына дейін анықтап жоспарлаңыз. Жұмысқа кіріспес бұрын барлық қажетті құрал- жабдықтарыңызды сайлап алыңыз. Кейін алаңдамас үшін алдын-ала дайындап қойған жөн. Алғашқы қадамды бастаңыз. Көбіне алғашқы 20% әрекет жұмыстың нәтижесінің 80%-ына қол жеткізеді. Басын бастап алсаңыз, ары қарай жалғастыру жеңіл болады. Алдағы тапсырмаңызды бөлімдерге бөліп алыңыз. Кейде ауқымды жұмысты бөлімдерге бөліп алып, аз-аздан орындап отырып алға жылжу ол тапсырманы аяқтаудың таптырмас жолы бола алады. Жұмыс уақытыңызда бес минуттық үзілістер арнап, ол сәттерде қысқа уақытта жасалатын істеріңізді бітіріп алуға пайдаланыңыз. Солайша жалпы жұмысты жайлап бөліп- бөліп аяқтайтын боласыз. Жұмысты кейінге қалдыруға бейімділіктен арылу үшін алдымен жеңіл әрі көлемі шағын істерден бастаңыз. Бұл алғашқы қадам жасап алып, кейіннен қиынырақ істерге кірісуге мүмкіндік береді. Кей-кейде керісінше ең ауыр істен бастау да қажет болады. Ең көп уақыт алатын жұмысыңыздан бастап атқаруға өзіңізді көндіріңіз. Оны аяқтаған соң басқалары анағұрлым жеңіл болатындығына көзіңіз жетеді.
6. Бос әңгімелер Бос әңгіме жайлы сөз қозғалғанда тек қана бетпе-бет сөйлесулер емес, онлайн түрде орын алатын әңгіме-дүкен де қамтылады. Бұлар адамның ұшан-теңіз уақытын алады. Бірқатар есептерге қарағанда, адамның жұмыс уақытының 75%-ы басқалармен сөйлесуге жұмсалады екен. Өкінішке орай, бұл уақыттың тең жартысы жұмысқа еш қатысы жоқ бос әңгімелермен өтеді. Осылайша мұндай әңгімелер жұмысқа арналған уақытты ұрлауда. Мұндай әдет сіздің мансабыңызға өте зиянды болуы мүмкін. Көптеген адамдар өз уақыттарымен қоса басқа жандардың да уақыттарын босқа құртады. Олар өз мүмкіндігінен төмен дәрежеде жұмыс істегендіктен қажетсіз әңгімеге көп уақыты болады. Бұлай уақытты бос шығындамас үшін төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз: Адамдармен сөйлесу үшін арнайы уақыт болады. Әріптестеріңізбен жұмыс арасындағы үзілісте немесе жұмысты аяқтаған соң сөйлесе аласыз. Егер сізбен жұмысқа қатысы жоқ әңгіме бастап келе жатқанын байқасаңыз, сыпайы түрде жұмыс істеуіңіз керектігін ескертіп, әңгімені тоқтатып, жұмысыңызға оралыңыз. Көбіне мұндай сөз сұхбаттасыңызды да жұмыс істеуге итермелейді. Нәтижеге көңіл бөліңіз. Егер сіздің қызметіңіз ақыл-ойды жұмыс істетуді қажет ететін болса, әріптестеріңізбен сұхбаттасу көп уақыт талап етуі мүмкін. Ортаға шыққан мәселелер мен олардың шешімдерін табу жайлы сөйлесуіңіз қажет болады. Алайда барлық сұхбаттардың мұраты белгілі бір нәтижеге жетуге бағытталуы керек. Уақытыңызды соңғы
футбол жарысын талқылап немесе бір жыл бұрынғы демалысыңызды суреттеп бос әңгімемен шығындамауыңыз қажет. Өзіңіз секілді әріптестеріңізбен сұхбаттарыңыз бен пікірталастарыңыз сіздердің ортақ жұмыстарыңыз жайында болғаны жөн. 7. Сенімсіздік Уақытты ұрлаушы факторлардың санатындағы ең соңғысы – сенімсіздік және соған байланысты туындаған жұмысты кейінге қалдыру әдеті. Сенімнің жоқтығы сіздің қаншалықты көп уақытыңызды ұрлауы ықтимал екенін елестете де алмауыңыз мүмкін. Шектен тыс хабарламалар мен сөйлесулер, келісімдер мен артық істердің себебі де осы. Сенімсіздік себебінен өз уақытыңызбен қоса айналаңыздағы жандардың да уақытын бос шығындайсыз. Сенімсіздік – жұмысты кейінге қалдырудың ең басты себептерінің бірі. Ол тек уақытты ғана емес, қаражатты да шығындайды әрі жүйкеңізді жұқартады.64 Шешім қабылдаудың төрт түрі Уақыттың дұрыс белгіленбеуі шешім қабылдау уақытына да кері әсерін тигізеді немесе керісінше дер кезінде қабылданбаған шешім көп уақытты шығындайды. Жұмыс барысында шешім қабылдаудың төмендегідей төрт түрімен ұдайы кездесетін боласыз:
Сіз өзіңіз ғана қабылдай алатын шешім. Оны сіз басқа адамға тапсыра алмайсыз, себебі оған тікелей сіз жауаптысыз. Сондықтан одан қашып құтыла алмайсыз. Басқа адамға тапсыруға болатын шешімдер. Басқа адамдарға тапсыра алатын шешімдер де болады. Айналаңыздағы адамдарды (әріптестер, балаларыңыз) жетілдірудің тиімді жолдарының бірі – оларға жұмыс тапсыру, олардың да ойланып шешім қабылдауына жағдай жасау. Өз мойныңызға алуға болмайтын шешімдер. Қателік кеткен жағдайда салдары өте қауіпті болуы ықтимал: адам өміріне, жұмыс орнына немесе қаржылық жағдайға зияны тиетін. Мұндай шешімдерді қабылдауға ешқашан кіріспеңіз. Міндетті шешімдер. Олардан бас тартуға болмайды. Әрекетсіздік немесе шешім қабылдамау зиянын тигізетін жағдайда қабылданатын шешімдер болады. Ал шешім қабылдаған жағдайда оң нәтижелері де көп бола алады. Есте сақтаңыз: егер еш нәрсе сіздің шешім қабылдауыңызға итермелемесе, мұндайдан бас тартуға болады. Қабылдауымыз қажет болатын ең маңызды шешімдердің бірі – қай уақытта әрекет етуіміз қажеттігі. Уақыт қайда жұмсалады? Тайм-менеджмент сарапшысы Майкл Фортиноның айтуы бойынша, адам өз өмірінде 7 жыл жуынатын бөлмеде, 6 жыл тамақ ішумен, 5 жыл кезек күтумен, 4 жыл үй тазалаумен, 3 жыл жиналыста өткізеді. Жоғалтқан затын іздеуге бір жыл, түрлі қажетсіз хаттарды оқуға алты ай, бағдаршамда күтуге алты ай, тіс тазалауға 120 күн кетеді. Ең таңқаларлығы, отбасына уақыт бөліп, жұбайымен сөйлесу үшін күніне төрт минут, балаларының жағдайын білуге 30 секунд қана уақыт арнайды.65 Өткен қателіктерден сабақ алу
Ғапылдыққа салынып, пайдасыз істермен айналысып, асыл уақытымызды босқа шығындап қойып, сан соғып, бармақ тістеген кездер қайсымыздың болса да басымыздан өткен болуы мүмкін. Пенде болғандықтан, адамның қатесіз, күнәсіз, кемшіліксіз болмағы мүмкін емес. Алайда пендешілікті сылтау етпей, ерекше ақылды болып жаратылғанын ескеріп, адам баласы мұндай қателіктерінен сабақ ала білуі қажет. Және өзіне берілген ерік-жігерін қолданып, алған сабағына сай амал етіп, ол қателігін болашақта қайталамауға тырысуы қажет. Алла Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Нағыз мүмін бір ұядағы жәндікке өзін екі рет шақтырмайды».66 Бұл хадис ақылға салып ойланудың, мұқият болудың және өткен қателіктерден сабақ алудың маңыздылығын көрсетуде. Олай болса, өткен қателіктерден сабақ алу мүміннің міндеті деуге де болады. «Бүгінгі ақылым болғанда кешегі жіберген қателіктерімді жасамас едім, алайда кешегі қателіктерімді жасамағанда бүгінгі ақылым болмайтын еді» деген сөздің де жаны бар. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» демекші, адам «көре-көре көсем болады». Дәл солай уақытты дұрыс пайдалануды үйрену жолында да әртүрлі кедергілер кездесіп, шалыс басатын тұстар да болуы ықтимал. Сондай сәттерден не өмірімізде өткен бұрынғы қателіктерден нағыз ақылды әрі мүмін адамға жарасардай сабақ алып, болашақта ондай қателіктерге қайта ұрынбауға нақты бекініп, жігерімізді шыңдап, алға қарай ұмтылуымыз қажет. «Әрбір адам өз қателігінен сабақ алады, ал ақылды адам өзгенің қателігінен сабақ алатындығын» ескеріп, тек өзіміздің басымыздан өткен жайттардан ғана емес, таныстарымыздың да
қателіктерін сараптау арқылы өзімізге өмірлік сабақ алу жолдарын қарастырсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Ой шашыраңқылығы Уақытты қажетсіз істерге жұмсаудан туындап, ары қарай уақытты жоғалтуға алып келетін зиянды жайттардың бірі – ой шашыраңқылығы. Осы күні қайда қарасақ та мен мұндалап тұратын жарнама тақталары, дүкен терезелері, ілінген суреттер, түрлі-түсті кітапшалар, журналдар, теледидар, кинотеатр және интернет беттеріндегі көріністерден және құлағымызды еріксіз жаулап алған дауыстардан туындайтын ой шашыраңқылығы белең алуда. Мұның барлығы кейде өз еркімізбен, кейде еркімізден тыс осындай жайттарға уақыт бөліп, көңіл қойып, мән беріп, өмірімізден орын алуға рұқсат бергендігіміз үшін туындауда. Асыл уақытымызды осындай қажетсіз әрі зиянды дүниелерге сарп етуіміз мидың шаршауы, зейін шашыраңқылығы мен ұмытшақтыққа алып келіп отыр. Зейін адам баласының түсіну, қабылдау, үйрену, есте сақтау және жаттау секілді қызметтеріне жауап береді. Ал зейін шашыраңқылығы орын алатын болса, аталған қызметтер өз қалпында дұрыс жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. Солайша адамда ұмытшақтық, қалжырау және зейін шоғырландыру қиыншылығы туындайды. Ой шашыраңқылығы басқа ағзалардың да жұмысына кері әсерін тигізіп, есте сақтау қабілетін баяулатып, жүйені толықтай істен шығаратын компьютер вирусы іспетті әрекет етеді. Адам теледидар көруге, радио тыңдауға, интернетке, әлеуметтік желілерге, газет-журнал қарауға қажеттен тыс көп уақытын жұмсайтын болса, тек уақытын ысырап етіп қана қоймай, миын шаршатып, өзін ой мен зейін шашыраңқылығына душар етеді. Ал мұндай жағдаймен бетпе- бет келген қызметкер жұмысын атқару барысында, тәлімгер болса білім алу жолында қажетті мәселелерге зейінін шоғырландыруда көптеген келеңсіздікке тап болады. Солайша
ол адамның қанша тырысып баққанымен, ісін өнімді атқаруы мен жаңа мәліметтер үйреніп пайдалы білім алуы өте қиынға соғады әрі көп уақыт талап ететін болады. Аталған жайтқа көз жеткізе түсу үшін қазіргі заманның адамы мен өмірлері тарих сахнасында қалған бұрынғы өткен кісілердің білім алу, есте сақтау және жұмыс атқару сапасын салыстырып қарай аламыз. Өткеннің адамы күніміздегі адамның жұмысы мен білім алуын жеңілдете алатын технологиялар, заманауи жүйелер мен түрлі мүмкіндіктерге ие болмай-ақ замандастарымызға қарағанда анағұрлым көп жетістікке жете білген. Мысалы, әлемге әйгілі тіл білгірі Джузеппе Гаспаро Меццофанти 38 тіл және 50 диалектте мүдірмей сөйлейтін болған. Осындай ой шашыраңқылығынан ада болған Пайғамбарымыздың сахабалары мен Ислам ғалымдары мыңдаған хадистерді және Құранды жаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізе алған. Мысалы, Әбу Һурайра (р.а.) 5374 хадис, Абдулла ибн Омар (р.а.) 2630 хадис және Әнәс ибн Мәлик 2286 хадис риуаят еткен. Мұның барлығы да – сау ақыл мен дұрыс зейін қоя білудің, ой шашыраңқылығынан амал болудың жемісі. Ал бүгінгі күні үлкендер мен жастар ғана емес, бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндердің өзі компьютер және телефон ойындары, теледидар мен интернетке шамадан тыс байланып отырғаны үшін бір шумақ өлең жаттауы қиынға соғатын болған. Балалардың жаңа технологияларды үлкендерден жақсы меңгергеніне қуанып, алданып отыра бермей, оларға зиянын тигізіп жатқан тұстарын анықтап, одан барынша алшақтатып, тек пайдалы нәрселерді ғана бере білуіміз қажет. Өткеннің адамының мұндай таңқаларлық жетістігінен үлгі алып, «болмасаң да ұқсап бақ» деп біз де соған қарай бой түзеуге тырысуымыз қажет. Ол үшін уақытымыз барында миымызды шаршататын, санамызды жаулап алатын, жадымызды толтыратын қажетсіз нәрселерге уақыт шығындамауды үйренуіміз керек. Заманауи технологиялардың тек пайдалы
тұсын қолданып, зиянды жағынан барынша аулақ болғанымыз жөн. Солайша маңызды істерімізге зейінімізді толықтай шоғырландыруды үйреніп, жұмысымызды дұрыс орындап, өнімділігімізді арттырып, қысқа уақытта да орасан зор жетістіктерге жету мүмкіндігіне ие бола алмақпыз. Өзіңе қатысы жоқ істен аулақ болу Тайм-менеджмент сарапшысы Стивен Ковидің The seven habits of highly effective people (Жоғары нәтижелі адамдардың жеті әдеті) атты кітабында «әсер ету шеңбері» және «уайымдау шеңбері» деген екі түсінік бар. Адамдарда көбіне уайымдау шеңбері әсер ету шеңберіне қарағандай ауқымды болып келеді. Алайда сіздің өміріңізге ешбір әсері болмаған әрі сіздің де оған әсер етуіңіз мүмкін емес жайттар жайында уайымдаудың, тіпті білудің не қажеті бар? Өмір қазынасы өте аз. Маңызды істер өте көп. Бір-бірінің ішінде орналасқан шеңберлер тәрізді әрбір адамның жүрегі мен асқазаны шеңберінен, тәні мен үйі шеңберінен, аудан мен қала шеңберінен, отан мен мемлекет шеңберінен және Жер шары мен адамзат шеңберінен бастап күллі жаратылыс пен дүние шеңберіне дейін бір-бірінің ішінде орналасқан шеңберлер бар. Әрбір шеңберде әр адамның белгілі бір жауапкершілігі болуы мүмкін. Алайда ең кіші шеңберде ең үлкен әрі маңызды әрі үздіксіз жалғасатын міндеті мен жауапкершілігі болады. Ал ең үлкен шеңберде ең аз әрі уақытша әрі кейде ғана кездесетін міндеті болуы мүмкін. Осылайша шеңбер үлкейген сайын керісінше міндеттер азая түседі. Алайда үлкен шеңбердегі жайттардың адамды қызықтыруынан негізгі міндетін ығыстырып қойып, пайдасыз, мағынасыз әрі қажетсіз істермен уақыт өткізеді. Өмір деген құнды қазынасын босқа сарп етеді. Соншалықты құнды өмірін құны көк тиын болатын нәрселерге жұмсайды. Жоғарыдағы түсіндірмеде адамның өміріндегі істер маңыздылығына қарай сараланып көрсетілген. Адам баласы өзі үшін маңызды болған әрі тікелей міндеті мен жауапкершілігіндегі істерді алғашқы кезекте орындап, соған көбірек уақытын жұмсап, маңызы жоқтың қасы болатын артық істерге қайран уақытын шығындамауы қажет.
Адам тіпті дүние тіршілігі үшін деп ғибадатқа уақыт таба алмадым деген күннің өзінде көбіне өзіне қатысы жоқ артық істермен айналысады. Ең қажетті істерін тастап, мың жылдап өмір сүретіндей ешбір қажеті жоқ мәліметтерді білумен уақыт өткізеді. Танымал әртістің өмірінен хабардар болу мен шет елдегі дауылдың қаншалықты шығынға ұшыратқанын білу сияқты артық мәліметтерден бас тарту оңайға соқпаған кезде әлемде мағлұматтардың аса үлкен жылдамдықпен артып жатқанын және бәрін біліп үлгере алмайтыныңызды ескеріп, өзіңізді жұбатыңыз. Осы тақырыпта мына мысалды да ой саларлық көріп отырмыз: бір еліне танымал дана кісі өз елінің әдеті бойынша неке жүзігін оң қолына тағып жүріп, кенеттен сол қолына тағуды бастайды. Оны көрген таныстары, сыйлайтын адамдары мұның мәнісін сұраумен болады. Бір жолы солардың біреуі бұл ісінің қандай да бір хикметі бар-жоғын білгісі келгенде әлгі дана кісі «Адамдардың арасындағы бос істермен айналысушыларды анықтағым келді» деп жауап берген екен. Иә, расында да адамдардың осындай қажетсіз, өзіне қатысы жоқ бос істермен шұғылданып уақыт кетіретін кездері аз емес. Жалқаулық та уақытты өлтіруші Уақытты босқа өткізетін, уақыттан ұтылдыратын себептердің бірі – жалқаулық. Жалқаулық – адамның алға ұмтылып, биік шыңдарды бағындыруына кедергі жасайтын кесел. Жалқаулық – тәнге рақат сыйлап, жанға жара салатын дерт.
Сонымен қатар жалқаулық пен еріншектік – арлылық деген асыл қасиеттен жұрдай қылатын жаман әдет. Арлы адам – ешкімнен қол жайып ештеңені сұрамайтын, өзге біреудің көлеңкесінде өмір сүруді қаламайтын жан. Сонда бұл – жалқау адамда ұяттың, намыстың болмайтындығын аңғартса, хакім Абайдың 38-ші қара сөзі де: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады»67 деу арқылы осыны дәлелдеп тұр. «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» деген нақыл да дәл айтылғандай. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бұрынғылардың сөзін келтіре отырып айтқан мына түсіндірмесінде жалқаулықтың зияны мен одан арылу жолдарын көре аламыз: «Кедейлік үш ағайынды болады: үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы. Кежірліктің тамыры желкеде болады. Кежір кісінің желкесінен тартып, қаңтарып қойған қырық қаңтаруы болады. Бірі жіберсе де, бірі жібермей, ішетұғын астан, алатұғын олжадан құр қалдырады. Жалқаулықтың тамыры жерге отырарлық дүнбенің алақан аясындай айналасында болады. Орнынан қозғалып тұрғысы келмейді, шайқалып отыра береді. Ұйқының тамыры шынтақта болады. Ұйқышы болатұғын қу шынтағын жерге тіреп жата береді. Тілалғыш, елгезек болып үйрен, кежірліктен құтыласың. Тіпті дәнеме қылмасаң да, жаяу аяңдап, олай-былай жүріп үйрен, жалқаулықтан құтыласың! Дүние-ақыреттің бірі болмаса, бірінің уайымын ойлап: «Қалай қыламын, қайтіп есебін табамын?!» – деген ойға түс, ұйқышылықтан құтыласың. Бұл үшеуінен құтылсаң, әр нәрсеге жетеді. Бұл үшеуі: бірі желкеңнен тартып, біреуі дүнбе құйрығының жерге қарай жабыстырып, бірі шынтағыңнан қисайта құлатып жібермей, табандап жатқан соң,
қолың қайда жетсін?! Өзіңнен-өзің құйрығыңнан кейін қарай кетіп, қор боласың».68 Осылайша жалқаулық атты кесел адамды жұмысынан тежеп, істен алшақтатып, қол қусырып отырғызып, қарап жатқызып, қайран уақытын бос өткізеді. Сондықтан уақытты өлтіруші болған мұндай дерт пен дұшпаннан арылуға тырысу қажет. Жарым Кердең-кердең жүресің сен, не таптың? Мен айтайын – айнымайтын жар таптым. Күндіз-түні жар қойнында жатамын, Естімеймін уын-шуын жан-жақтың. Қанша құшсам-дағы сусын қанбаған, Жан жарым бар, неге керек мал маған! Жұрттың бәрі-ақ: «Оңбаған жан!» – дей берсін, Жан жарым бар, неге керек ар маған?! Жарым күншіл, көз салдырмайд жан-жаққа, Жібермейді жұмысқа да мансапқа. Сондай ерке, оны құшып, керіліп, Күндіз-түні күңірене бер тек жат та. Әкем маған: «Сауда қылып, мал тап!» – дейд, Жарым маған: «Мал деген не, тек жат!» – дейд. Елім маған: «Елге еңбек қыл!» – дегенде, Жарым маған: «Жатқан адам бекзат!» – дейд. Жар айтқан соң, жаннан жақын көрген жар, Жардың тілін алмауға не дәтім бар?! Тілін алдым – үйден, елден айырылдым, Бірі де жоқ – мал да, ел де, намыс, ар. Жар жат дейді, жатамын да жатамын, Mac адамдай бос ойға ылғи батамын. Ашылғанда ұйқыдан көз, бар ісім - Қылжалаңдап, жоқты-барды шатамын. Әрине, енді мені мақтар пенде жоқ, «Жап-жақсы еді, жар аздырды-ау!» – дейді көп. Жұрт сөзі не? Жан жарымның қойнында Жата берем: «Жаным, жаным, жарым!» – деп.
Бұл жарым кім? Тапшы қәне. – «Денсаулық?» Сен дейсің ғой: «Алма бетті, ақ жаулық...» Жоқ, жолдасым, адасасың, айтайын: Жарым менің – аты шулы жалқаулық! Мағжан Жұмабаев Жалқаулық зынданына түсуіміздің себебі не? Адам өмірі іс-әрекеттен тұрады. Ынта-жігері мен талпынысы – адамның сенімді көлігі. Бар талпынысымен ынталанып өмір майданына шыққанда ең қауіпті дұшпаны үмітсіздік кесе- көлденең алдынан шығады. Сөйтіп, оның күш-қуаты әлсірейді. Алайда адам баласы үмітсіздің тек шайтан екенін біліп, Алладан үміт үзбеу керектігін есінде ұстап, бұл жауға қарсы тұра білуі қажет. Одан кейін әділдіктің орнын оңай тартып алатын мансапқорлық бас көтеріп, талпынысты тоқтатып тастайды. Ал Алланың құлы болған адам баласы барлық ісін мансап-атақ үшін емес, Ұлы Жаратушысы үшін атқаруы тиіс. Содан соң асығыстық атты жау шығып, қаз-қатар байланысып жатқан реттіліктен секіртіп, талпыныстың аяғын тайдырады. Алайда асығыстықтың да шайтаннан екендігін ұмытпай, сабырлы қалыптан таймай, іс-әрекетін байыпты түрде әрі тұрақты орындауға тырысқан жөн болмақ. Келесі кезекте өз құқын қорғайтын және басқалардың да құқын сақтауға міндетті, жаратылысынан ибалы пенденің арманын сан-саққа жүгіртіп басқалардан өзгешелену және өзімшілдік сезімі қарсы шығады. Мұндай дұшпанға қарсы адамдардың ең абзалының басқаларға ең көп жәрдемі тиетіні екендігін біле отырып, қарақан бастың қамын ойлап өзімшілдікке салынбай, айналасындағыларға көмек қолын созған дұрыс екендігін алға тарту қажет. Одан соң басқаның еріншектігі мен жалқаулығын пайдалану әдеті шабуылға шығады. Алайда адам өз ісін атқаратын тұста
басқалардың жұмысын жасаған-жасамағанына қарамастан, тек Аллаға тәуекел ете отырып, өз жауапкершілігіндегі істерді барынша толыққанды орындауы тиіс. Содан кейін әлсіздік пен өзіне сенімсіздіктен пайда болатын және істі атқаруды бір-біріне сілтеу деп аталатын салғырттық дұшпаны кезігеді. Бірақ мұсылман жан керісінше өзінің ісін дұрыс атқарып, басқаларға сілтеп қоюдан аулақ болуы тиіс. Себебі адам өзі тура жолда болса, адасқандар оған кесірін тигізе алмақ емес. Ендігі кезекте Алланың ісіне араласу дейтін дінсіз, имансыз дұшпан шығып, талпынысты көр етеді. Мұндай дінсіздік пен имансыздыққа қарсы тұру үшін Алла Тағала бұйырғандай тура болып, Оған қарсы шықпау қажет болмақ. Мұнан кейін бүкіл машақаттың қайнар көзі, күллі азғындықтың ұясы рақатқұмарлық келеді. Адамның талпынысын тұсаулап, пақырлық зынданына құлатады. Алайда адам баласы керісінше рақатқа еңбек ету арқылы қол жеткізілетінін ескеруі қажет. Себебі адамға өз еңбегінің ғана қарымтасы беріледі. Адамның жан рақаты машақаттың ішінде. Табиғаты тынымсыз адам баласының рақаты тек еңбек пен бейнетте. • БОС УАҚЫТТЫ БОС ӨТКІЗБЕУ Адам баласының немқұрайлылығы мен ұмытшақтығы себепті көп жасайтын қателіктерінің бірі – уақытты ысырап ету. Өмір – Алла Тағаланың әрбір жаратылыс иесіне тек бір рет қолдану үшін ғана берген және белгілі бір уақытпен шектеген
өте құнды нығметі. Сондықтан уақытты оның құнына сай амалдарға жұмсау шарт. Технологияның өмірімізде ойып орын алған заманында бос уақытымыздың артуы себепті Исламның бұл мәселедегі ақыл- кеңестері мен бағыт-бағдарларының маңызы арта түскеніне сенеміз. Жалған дүниенің ләззатына берілген адамзаттың жан тыныштығынан айырылуы бос уақыттарын қалай өткізгеніне байланысты туындап отырғанында дау жоқ. Себебі қолы бос адам бірден өзіне пайдалы іс таба қоймаса, уайымға салынып, күйзеліске ұшырайды және одан арылу үшін зиянды істермен айналысып, ойып-сауыққа беріледі. Ойын-сауық болса, адамды бірте-бірте азғындыққа жетелейді. Сондықтан уайым-қайғы азғындыққа жол ашушы болып табылады. Олай болса, дініміздің бұл мәселе төңірегінде де адамзатқа айтары бар екендігі талассыз. Бос уақыт түсінігі Исламда «уақытты бос өткізу» деген түсінік жоқ. Құран аяттарында да, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде де уақытты бос өткізбеу керектігі бұйырылған. «Инширах» сүресінде «Әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар»69 екендігі баяндалады, артынша «Ендеше, бір істі бітіріп босаған соң, бірден басқа іске кіріс»70 деп әмір етіледі. Яғни, бір міндеттен, бір құлшылықтан, бір жұмыстан босап, қиындықтан соң жеңілдікке қол жеткізгенде «іс тынды» деген оймен рақатқа беріліп кетпей, қайтадан тер төгіп еңбек етіп, басқа құлшылыққа, басқа іске кіріс, қызмет ет, парыз амалды орындасаң, нәпіл құлшылыққа көңіл бөл, намазды аяқтасаң, дұға етуді баста, солайша қиындықтың артынан еретін жеңілдіктер арта түссін және әрдайым көптеп шүкір етушілерден боласың.
Аятта бізге бір істен басқа іске ауысу арқылы демалу керектігі көрсетілген. Мұны «жұмыс істеу арқылы демалу» деп атауға болады. Алла Елшісі (с.а.с.) мүміннің аптадағы мейрам күні ретінде сипаттап кеткен Жұма күні жайлы айтылған аятта бос уақыттың қалай өткізілуі қажет екендігі турасында маңызды жайт тілге тиек етіледі: «Уа, иман еткендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу (құтба тыңдап, намаз оқу арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ. Намаз өтелген соң жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер».71 Бұл аятқа назар аударар болсақ, мейрам күнге қатысты екі маңызды жайттың айтылғанын көре аламыз: Жұмыстан толықтай бір күн бойы алыстап кету емес, тек намаз уақытында уақытша тоқтатып қою. Намаздан соң жер бетіне тарап, Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелерді іздеуді жалғастыру. Яғни, сатушы саудасына, ғалым ілім ізденуіне, шәкірт дәрісіне қайтып, мақсатына жету жолында тер төгіп, Алладан ісінің нәтижелі болуын сұрайды. Тек бос уақыт өткізбеуі керек. Аятта Алла Тағала Өзі білдіргендей, жұма күні болғанына қарамастан, адал еңбекпен ризық табу жолына түсуге рұқсат етілген. Тіпті мешітте қалып ғибадат етумен уақыт өткізетін сахабалардың өздері де Алла Елшісінің сүннетін орындау үшін жұма намазынан соң базарға бет алып, онда біраз уақыт болғаннан соң қайтадан мешітке оралатын болған.72 Адамзаттың ардақты ұстазы – Пайғамбарымыз (с.а.с.) ешқашан қолы бос отырмаған. Айша анамыз (р.а.) бұл жайлы «Үй ішінде қолы бос отырғанын ешқашан көрмедім» деген.73
Олай болса, мұсылман баласы яһудилер мен христиандар секілді толықтай бос уақыт өткізетін апталық демалыс не мейрам күнінен аулақ болуы қажет.74 Олардың қасиетті кітаптарында сенбі күні жұмыс істеуге тыйым салынғандығы белгілі. Себебі олардың сенімі бойынша, Алла Тағала көктер мен жерді алты күнде жаратқаннан соң шаршап (біз Алланы мұндай нұқсандықтан пәктейміз), жетінші, яғни сенбі күні демалған.75 Сондықтан ол күні жұмыс істеуді харам санаған. Алла Елшісі (с.а.с.) көптеген хадистерінде адамдарды бос уақыты мен денсаулығының қадірін білуге үндейді. Имам Бұхари риуаят еткен бір хадисте былай делінген: «Адамдардың көбі қадірін білмейтін екі нығмет бар: денсаулық пен бос уақыт».76 Басқа бір хадисте былай делінеді: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: өлмей тұрып өмірдің, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!»77 Бұл кеңестердің барлығы уақытты бос өткізбей, барынша тиімді пайдалану үшін айтылғанын көре аламыз. Осындай ескертулерден сабақ алған ғалымдардың бірі Алла Тағаланың адамды жақсы көрмеуінің бір белгісі оның уақытын босқа өткізуіне жол беруі деп атаған. Алла ондай адамдарды ең құнды нығметтен мақұрым қалдырған. Адам баласы әрдайым қайырлы іспен айналысып, бос уақыт қалдырмай, сол арқылы нәпсі мен шайтанға еш мүмкіндік бермеуі керек.
Бос отырған адам қажетсіз сандырақтарға кіре бастайды. Сөйтіп, бос мылжыңымен өзіне де, өзгелерге де зиянын тигізеді. Сол себепті әзірет Омар (р.а.) ұлдарына мынадай ескерту жасайтын: «Таңды атырған соң бәрің сан-саққа тараңдар, әркім өзіне бір іс тапсын. Бір жерде үймелеп отырмаңдар. Өйткені бір жерге жиналып отырсаңдар, бір-біріңмен келіспей қалып, араларыңда реніш шыға ма деп қорқамын».78 «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы – шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойына түрлі жамандық салып, азғыра бастайды. Күнәға итермелейді. Сол себепті мұсылманның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс. Шайтан адам баласындағы бостықтың орнын толтырады. Ал адам бір жұмыспен айналысқан уақытында бос болмағандықтан, шайтанның оған жол табуы қиындайды. Солайша жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді. Жамандық ойламағандықтан, жамандық жасаудан да аулақ бола алады. Бiр хадисте уақытты бос өткізудің немесе ешбір пайдасы жоқ істермен шұғылданудың шайтанның адам тәубе етпесі үшін тапқан айласы екендігін баяндайды: «Алла Тағала Адамды (а.с.) жаратып, перiштелерге және әзәзiлге оған сәжде етудi бұйырғанда, әзәзiл тәкаппарлық жасап пейiштен қуылған уақытта: – Әй, Раббым! Сенiң құдiретiңе ант етiп айтамын. Адам баласының кеудесiнде жаны бар екен, азғырғаным азғырған, – дедi. Алла Тағала: – Ей, малғұн! Құдіретім мен ұлықтығыма ант етемін. Егер пенделерім тәубе етіп истиғфар айтса, күнәларын кешіремін, – деді.
Алла Тағала Құранда «Күнәларды Алладан басқа кiм жарылқайды?! Сондай-ақ олар (мүмiндер) iстеген iстерiне бiле тұра қасарыспайды»79 деген. Осы аят түскенде Iбiлiс (қарғыс атқыр) әскерлерiн бар даусымен айқайлап шақырған екен. Сонда алай-дүлей болып, басына топырақ құйылып кетедi. Шөлдегi, көлдегi барлық жердегi қызметкерлерi келiп: – Әй, жетекшi ұлығымыз, саған не болды? – деп сұрайды. Шайтан- малғұн: – Құранның мына бiр аяты түстi. Ендi адам баласының бiрде-бiрiне кесiрiмiз тимейтiн болды, – деп мұңаяды. Қызметшілерi: – Ол қайсы аят? – деп сұрағанда, жоғарыдағы аятты оқып бердi. – Яғни, бұл аяттың мағынасы – мүмiндер iстеген iсiн мойындап, Аллаға әрдайым истиғфар айтып, тәубесiне келiп, тәкаппарлық көрсетпей өзiн төмен санап, ғибадаттарының қабыл болуын Алладан сұрап жүредi деген, – деп түсiндiредi. Қызметшiлерi: – Олай болса, бiз оларға пайдасы жоқ, сауапсыз iстердi көрсетемiз. Сонда олар өздерiн «тура жолдамыз» деп ойлап тәубе етпей, истиғфар айтпай жүре бередi, – дедi. Шайтан (қарғыс атқыр): – Ондай болса, дұрыс екен, – деп көңiлi жай тауып, қуанып қалады».80 Арадағы бос уақыттарды тиімді өткізу Ғалымдардың «Аср» сүресіне байланысты түсініктемелерінен уақытты жоспарлауда ең пайдалы істі таңдау қажеттігін, әрдайым аса пайдалысын іздеуге тырысудың маңыздылығын көре аламыз. Бұл бос уақытымызды жоспарлауда маңызды қағидамызға айналуы тиіс. Көлік не кезек күтіп тұрғанда, жолда кетіп бара жатқанда, дастархан дайындалып жатқанда, серуенге шығып демалып отырғанда немесе бір адамды күтіп тұрғанда күнделікті бес-он минут бос уақыттарымыз болары анық. Олардың барлығын қосқанда бір күннің өзінде біршама уақытқа жетіп қалады. Өміріміздің әрбір сәтінен есеп беретіндіктен, уақытты жоспарлағанда осындай арадағы бос
уақыттарды да барынша тиімді пайдалануды ойластыруымыз қажет. Әрдайым жанымыздан табылатын кішкене кітаптарды оқу, жатқа оқылатын дұғалар, зікірлер айту, Алланың құдіреті мен жаратылыстың хикметі жайлы ой жүгірту секілді пайдалы істермен айналысуға дайындығымыз алдын-ала жасалуы қажет. Бұл бос уақыттарда нақты қандай іспен шұғылдану қажеттігін әр адам өзі таңдайды. Бастысы, сол арадағы бос уақыттарды да жоспарлап, тиімді пайдаланудың маңыздылығын ұғынып, дайындығымызды жасауымыз. Арадағы бос уақыттарды жоспарлаудың маңыздылығы мен нәтижесіне көз жеткізе түсуге төмендегі мысал септігін тигізбек: Бір күні ұстаз сыныпқа кіріп, оқушыларын ойлы көзқарасымен шолып өткен соң «Бүгін біз уақытты жоспарлау тақырыбына тәжірибе жүргізетін боламыз» деді. Үстеліне жақындап барып, астынан үлкен бос банка алып, үстелдің үстіне қойды. Содан соң үлкендігі жұдырықтай тастарды алып, сыйғанынша банкаға салды. Салып біткен соң оқушыларына қарап: – Банка толды ма? – деп сұрады. – Иә! – деп жауап берді оқушылары бірауыздан. – Тексеріп көрелік, – деген ұстазы үстелдің астынан ұсақтау тастарды алып, банкаға салды. Банканы қозғалта отырып, ұсақ тастардың үлкен тастардың арасынан өтуін қадағалады. – Ал енді банка толды ма? – деп қайта сұрады. – Меніңше, әлі толмаған сияқты, – деп бір оқушы сенімсіздеу жауап қатты. – Дұрыс айтасың! – деп ұстазы үстелдің астынан бір шелек құм алып, банкаға сала бастады. Банканың аузына дейін құм салып толтырды. Тіпті тастар көрінбей де қалды. – Қалай ойлайсыңдар? Мына банкаға тағы бір нәрсе сия ма? – деп шәкірттеріне тағы сұрақ қойды. Түрлі болжамдар мен ұсыныстар айтылып жатты. – Жақсы, – деп күлімсіреген күйі ұстазы банкаға су құя бастады. Банканың аузынан асып аққанша су толтырды. – Енді толғаны анық, – деді оқушылар.
– Бұл жасаған тәжірибенің мағынасы нені меңзейді?! – шәкірттеріне көз жүгіртіп шығып, ұстазы түсіндіре бастады, – егер дұрыс жоспар құруды үйренсек, істерді маңыздылығына қарай кезегімен орындасақ, қысқа уақыттың ішінде көптеген іс атқарып үлгеруге болады. Үлкен тастар – ең алдымен мән беріліп, уақыт бөлінуі қажет маңызды істер. Керісінше жағдайда, банканы алдымен құммен толтырар болсақ, басқа тастар сыймай қалатыны секілді, маңызды істерге уақыт тапшылығы туындауы ықтимал. Адам баласының өмірі осыған саяды. Дәл осы мысалдағыдай, алдымен орындауымыз қажет істеріміздің арасында бос уақыттар болып тұрады: бір істі бітіріп екіншісін бастамастан бұрын, күту, демалу уақыттары. Ақылды адам уақытын мұқият жоспарлау арқылы әрбір сәтін тиімді пайдалана алады. Мысалдағы толғандай көрінген банканың ішіне толықтай жайылған суды ниет ретінде есептейік. Уақытты тиімді пайдалануда алдымен асыл ниет пен одан соңғы дұрыс әрекет біздің бір күн ішіндегі әрбір сәтіміздің пайдалы өтуіне жағдай жасайды. Осындай ізгі ниетін ту еткен жан жұмыс үстелінен тұрып, үзіліске бет алғанда тілімен зікір айтып жүре алады, аяқ-киімін киерде, жолда кетіп бара жатқанда, көлік күтіп тұрғанда, көлікте жол жүріп бара жатқанда, т.б. сәттердің барлығында уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік таба алады. Осылайша әрбір сәтімізді, мейлі ол тас мысалындай ұзақ уақыт болсын, құм мысалындай қысқа ғана сәт болсын, жоспарлау арқылы тиімді өткізе алмақпыз. Бастысы, уақытты жоспарлауда осы жайтты назарда ұстап, күнделікті әдетімізге айналдырып, бос уақыт өзкізбеуге тырысуымыз қажет. Жолдағы бос уақыттар Ұзақ жолға шыққанда немесе қаланың ішінде кептелісте тұрғанда босқа сабырсызданып, шағымданып, өзгерту мүмкін болмаған жайтқа шамданғанша, сол уақытты ақылмен тиімді өткізуге тырысыңыз. Аудиокітаптар, әртүрлі сабақтардың жазбасын, Құран мен уағыз тыңдап, кітап не журнал оқып,
адамның еркінен тыс өтіп кетіп жатқан уақытты тиімді пайдалануға болады. Жолда атқарып тастауға болатын шаруалар: Кітап оқыңыз немесе аудиокітап тыңдаңыз. Жолда көлікте кетіп бара жатқанда оқитын шағын кітап алып жүріңіз (немесе қазіргі уақытта кітаптың электрондық нұсқасын телефоннан оқуға да болады). Қажетті адамдарға қоңырау шалып, «құрбақа жеп алыңыз». Тіл үйреніңіз. Кішкене қағаздарға жаңа сөздерді жазып алып, жолда жаттаңыз. Қағазға не кітапқа қарауға мүмкіндік болмайтын жүріп бара жатқан уақыттарда тіліңіз зікірде болсын. Мардымсыз көрінген уақыттың өзі маңызды Біле білгенге уақыт – зор мүмкіндік. Адам әрбір мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалмаса, «қолын мезгілінен кеш сермері» анық. Себебі бізге мардымсыз көрінген уақыттың өзі аса маңызды әрі көп нәрсеге әсер ететіндей бола алады. «Уақыт адамзатпен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды» деп түйген халық нақылын мына бір ой да аша түседі: •Бір жылдың қадірін білем десең, сыныпта қалған оқушыдан сұра. •Бір айдың қадірін білем десең, нәрестесін сегіз айлығында босанған келіншектен сұра. •Бір аптаның қадірін білем десең, апталық газет шығаратын редактордан сұра. • Бір сағаттың қадірін білем десең, бір-бірін асыға күткен ғашықтардан сұра.
• Бір минуттың қадірін білем десең, пойызынан қалып қойған жолаушыдан сұра. • Бір секундтың қадірін білем десең, жол апатының алдын алуға үлгермеген жүргізушіден сұра. • Бір милисекундтың қадірін білем десең, әлемдік жарыста күміс жүлде алған желаяқ жүгірушіден сұра!81 Бір минут деп өте шықпа! Бір минут ішінде: • «Фатиха» сүресін 5 мәрте қайталап оқи аласың, әрі осы үшін саған 7000 жақсылық жазылады. •«Ықылас» сүресін 15 мәрте оқи аласың, онымен Құранды бес рет оқып шыққандай сауап аласың. • «Субханаллаһи уә бихамдиһи» зікірін 100 мәрте айта аласың, әрі күнделікті күнәларың кешіріледі. • «Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ» зікірін 40-тан аса қайталай аласың, ал бұл жаннаттың байлықтарының бірі. • «Астағфируллаһ» деп 100 мәрте айта аласың. Яғни, Алладан күнәларыңның кешірілуін сұрайсың. Истиғфар айту – күнәлардың кешірілуіне, дұғаның қабыл болуына, жаннатқа кіруге, қуатты болуға, бәленің алдын алуға, өміріңнің жақсаруына себепкер болады. •Алла Елшісіне (с.а.с.) 20 мәрте салауат айтуға болады. Бір салауат айтқанға он жақсылық беріліп, он күнәсі кешіріліп, дәрежесі онға көтеріледі. • «Субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллаһил-азим» зікірін 50 мәрте айтуға болады. Бұл екі сөз тілге жеңіл, Аллаға ұнамды, ақыретте таразыда ауыр тартады. •«Лә иләһә иллаллаһ» деп 100 мәрте айтуға болады. Ал бұл – сөздердің ең ұлысы. • «Субханаллаһи уәлхамду лилләһи уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбәр» деп 25 мәрте айтуға болады. Бұлар – Алланың алдындағы ең ұлық болған төрт зікір. •Бір минут ішінде екі алақаныңды жайып, Алладан керегіңді сұрап, дұға ете аласың.
Ислам және уақыт • ИСЛАМ ЖӘНЕ УАҚЫТ Бүгінгі мұсылмандар көбіне уақыт мәселесіне салғырт қарайтындығын көруге болады. Алайда алғашқы мұсылмандар дініміздің негізгі қайнар көздерінде келген уақыттың маңыздылығын көрсететін мәліметтерді толықтай ұғынғандықтан, уақыт мәселесіне асқан жауапкершілікпен қараған. Ислам әлемінің алғашқы тарихшыларының бірі Табаридің «Тарихул умәм уәл-мулук» атты танымал кітабында «Әл-Қаулу физ-заман мә һууә» (Уақыттың не екендігіне түсініктеме) тақырыбында сексен беттік бір бөлім арналып, уақытқа қатысты зерттеулер жүргізілгені назар аудартатын жайт.82 Құран Кәрімде уақыт мәселесіне назарымызды аудару үшін уақытты түсіндіретін әрі еске салатын жайттар алғашқы беттерінен соңғы беттеріне дейін жиі кездеседі, арасында әртүрлі уақытқа серт етілген аяттарды да көруге болады. Осы
тақырыптағы аяттар мен хадистерді қатар қарастырғанда мына мәселеге көз жеткізе аламыз: Дініміздің негізгі екі қайнар көзі жылдық, айлық, апталық, тіпті күндік өмірімізді жоспарлауға байланысты көптеген егжей-тегжейлі жайттарды шебер баяндауда. Күніне оқылуы бұйырылған бес уақыт намаздың өзі уақытымызды жоспарлауды мақсат тұтуда. Олай болса, діннің әмірлерінің көбі адам баласына уақытын барынша тиімді пайдалануды үйретуде, тіпті негізгі мақсаты да сол деуге болатындай. Құран Кәрімде уақыт Құран Кәрімде уақыт түсінігі әртүрлі сөздер мен сөз тіркестері арқылы келеді. Қазақ тіліндегі «уақыт» сөзінің өзі араб тілінен енгені белгілі.83 Ал сол «уақыт» сөзінің араб тіліндегі мағынасы «бір іс үшін белгіленген мерзімнің соңы» дегенге саяды.84 Яғни, белгілі және шектеулі мерзімді білдіреді. Құранда бұл сөзді қолдану арқылы адамның белсенді өмір тіршілігінде сөздің тәжірибелік жағы мен күнделікті қолданыстағы мағынасы маңызды екендігін көрсетуде. Адамның күнделікті тіршілігінде уақыттың маңызы артқан сайын уақытқа байланысты қолданылатын басқа да сөздердің саны арта түседі. Басқа да мағыналарымен қатар уақыт мағынасына да саятын «ғасыр» сөзі Құранда 1 рет, әлемнің бастауынан соңына дейінгі кезеңді қамтитын «дәһр» сөзі 2 рет, белгісіз әрі ұзақ уақыт мағынасындағы «хуқуб», «ахқаб» сөздері 2 рет, бір- біріне жақын кезеңді білдіретін «қарн», «қурун» сөздері 20 рет кездеседі. Бұл аталған соңғы сөз тек қана өткен дәуірлерді сипаттау үшін қолданылған. Шектеулі мерзімді білдіретін «уақыт» түбірінен 13 түрлі сөз келеді. Уақыт сөзінен соң «сағат» сөзіне көп орын берілген. 48 рет кездесетін бұл сөз «уақыттың бір бөлігі» мағынасына саяды. 40 жерде қияметті білдіреді, 8 жерде уақыт және шектеулі мерзім мағыналарында қолданылған. Уақыттың одан да аз ғана сәтін білдіретін «ән» сөзі көпше түрде «әнә» болып 3 жерде кездеседі. Одан да қысқа уақытты білдіретін
«ләмһул-бәсар» (көзді ашып жұмғанша) тіркесі 2 жерде өтеді. 35 рет кездесетін «хин» сөзі бір нәрсенің пайда болған уақыты дегенді білдіреді. «Әбәдият» (мәңгілік) мағынасындағы сөздер («әбәд» түбірінен 28 рет, «хулд» түбірінен 87 рет және «сәрмәд» түбірінен 2 рет) 117 рет кездеседі. Мұның көп кездесуі адам үшін маңыздылығынан екендігін көре аламыз. Себебі Құран Кәрімнің негізгі тақырыптарының бірі ақыреттегі мәңгілік өмір екені белгілі. Мәңгілікті еске салатын сөздердің жиі кездесуі табиғи жайт, тіпті қажеттілік десе де болады. Уақыт сөзінің синонимдері деуге келетін және кейде белгілі, кейде белгісіз мерзімді білдіретін сөздермен қатар, саны жағынан олардан әлдеқайда көп жыл, ай, күн, түн, күндіз секілді әр алуан ұзақтықтағы шектеулі, басы мен соңы бар және адам өмірімен тығыз байланысты түрлі уақыт кезеңдерін білдіретін сөздер кездеседі. Олардың қайсысы адам баласы үшін маңызды болса, сол сөз көп қолданылғанын көруге болады. Байқағанымыздай, Құранда ең көп «йәум» (күн) сөзі кездеседі. Құран Кәрімде уақытты еске салатын сөздер өте көп. Мұндай сөздерді Құранның әрбір парасынан кездестіруге болады. Және әр парада кездесетін сөздердің арасында сан жағынан айтарлықтай айырмашылық жоқ дей аламыз. Құранда айтылған уақыттар Құранда аталған уақыт түрлері Жоғарыда айтылғандай, Құранда ең көп «күн» сөзі кездеседі және уақыт ұғымынан пәк болған Алла Тағаланың құзырында да «күннің» бар екендігі айтылып өтіледі: «Раббыларыңның
құзырындағы бір күн сендердің есептерің бойынша мың жыл сияқты».85 Осылайша сипаты мен ұзақтығында өте үлкен айырмашылық болса да, Алланың құзырында да «иләһи күннің» бар екендігіне назарымызды аударуда. Иләһи күннің бар екендігінің нақты айтылуы «иләһи жыл» және «иләһи күнтізбе» де болатындығын ұғындырып тұрғандай. Құрандағы бұл ишара бізге күнтізбе мәселесінің маңыздылығын түсінуге септігін тигізбек. Ол жайында аяттар көптеп кездеседі және анық жазылған. Жоғарыда да атап өткендей, өткен дәуірлерді білдіретін «қарн», «қурун» (ғасыр, ғасырлар) сөздері 20 жерде кездесуімен қатар, 21 жерде «ай» (шәһр) сөзі, 30 жерде «жыл» сөзі (сәнә, ам, хижәж және хауләйн сөздері арқылы) өтеді. Төмендегі аятта бір жылда 12 айдың болатындығы айтылып, қамари (ай бойынша) жыл санауы негізге алыну қажеттілігі ескертілуде: «Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны – он екі, олардың төртеуі – харам айлар. Міне, ең дұрыс үкім, әрі мінсіз жүйе (есеп) – осы. Ендеше, бұл айларда (яғни, қасиетті айларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы) өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар».86 Ал мына бір аятта күнтізбеде қамари санауды қолдану керектігімізді нақты бұйыруда: «(Уа, Мұхаммед!) Олар сенен жаңа туған айлар жайлы сұрайды. Сұраушыларға: «Олар адамдарға уақытты, сондай-ақ қажылықтың уақытын көрсетеді», – деп айт».87
Діни жоралғыларда Құрандағы күнтізбе өзгертілмеуі қажет Жоғарыда аталған аятты қамари жыл санауға негізделген күнтізбе қолдану керектігін көрсетуші мағынасында ғана емес, басқа түрлі күнтізбе пайдалануға салынған тыйым ретінде де түсінуге болады. Аяттағы «бұл айларда өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар» сөйлемін астарлы мағынада «қасиетті айлар жөнінде, оларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар» деп түсінуге де болады. Осылайша аяттың мағынасынан ең кемінде діни мәселелерде басқа күнтізбе қолдануға тыйым салынғандығын ұғына аламыз. Тіпті олай өзгерту адамның өз-өзіне жасалған зұлымдық ретінде сипатталған. Тағы бір келтіре кететін аятта «нәсий» деп аталған қамари жыл санауын мазаққа айналдырып, діни мәселелерде күн санауын қолдануды негізге алған надандық дәуіріне тиесілі әдетті «күпірлікте шектен шығу» деп суреттеген: ««Нәсий» (яғни, қасиетті айларды кейінге шегеру) әдеті – күпірлікте шектен шығу, одан басқа түкте емес. Күпірлік қылғандар солай істеу арқылы адасқан үстіне адасуда. Сөйтіп, олар Алланың (дау-дамайды, соғысуды харам еткен) қасиетті айларының санын толтырып, Алланың харам қылғанын өздеріне адал етіп алу үшін қасиетті айлардың бірін бір жылы жай айға жатқызса, келесі жылы қайтадан қасиетті айға жатқызады. Олардың мұндай сорақы қылықтары (шайтан тарапынан) «безендіріліп» өздеріне сондай керемет істей көрсетілді. Алла (ондай күпірлікте табандаған) кәпір қауымды әсте тура жолға салмайды».88 Сондықтан діннің әмірлерін орындауда басқа күнтізбе қолдануға Құранда тыйым салынған. Бір айдың кезеңдерге бөлінуі Уақыт түсінігінің қалыптасуы мен өмірлік маңызы бар істерді өз уақытында дұрыс атқара алу үшін жылдың айларға бөлінуі
жеткіліксіз болмақ. Олай болса, ай да бірнеше кезеңдерге бөлінуі қажет. Құран Кәрімде «апта» сөзін білдіретін арабша «усбуғ» сөзі кездеспейді. Тек қана сенбі мағынасындағы «сәбт» сөзі жеті рет өтеді. Бұл сөз барлық жерде яһудилерді сипаттайтын асхабус-сәбт (сенбі күнінің халқы) тіркесімен жазылған.89 «Сәбт» сөзі араб тіліне ибрани тілінен енгендігі және жеті күндік уақыт, яғни бір апта мағынасына келетіндігін ғалымдар атап өткен.90 Мұсылмандар надандық дәуіріндегі «арубә» сөзінің баламасы ретінде енгізген және «апта» мағынасында да қолданылатын «жұма» сөзі Құранда аптада бір рет оқылуы парыз намазды бұйырған аятта бір рет кездеседі.91 Осылайша Құран Кәрімнің тарихта өткен барлық мәдениеттерде орын алған жеті күндік апта жүйесін де атап өткендігін көре аламыз. Себебі жұма күні сол кезеңнің тұрақты күнтізбесінде де жеті күнде бір рет келетін. Бір күндік уақытты кезеңдерге бөлу Құран Кәрімде уақытқа назарымызды аударғанда ең көп мән берілгені – күндізгі уақыт. Мұның екі түрлі жолын көре аламыз: «Күн» мағынасына келетін «йәум» сөзі ең көп қайталанған. Бұл сөз әр алуан түрлерінде (жекеше, екілік, көпше, белгілі, белгісіз) 475 рет кездеседі.92 Бір күннің өзі түн және күндіз болып екі бөлікке, одан соң олардың әрбірі бірнеше бөліктерге бөлініп, егжей- тегжейлі атап өтіледі. Бұл бөлімдер көптеп қайталанып, бір күннің әртүрлі кезеңдері мен олардың маңызы тұрғысында түсінік қалыптастырып, назарымызды аударады. Араб тілінде «ләйл» (түн) сөзі күннің батуынан бастап таң алдындағы екінші шапақ атқан сәтке дейінгі кезеңді
сипаттайды. Ал басқа уақыттың барлығы «нәһәр» (күндіз) деп аталады. Күндіз бен оның кезеңдері Күннің жартысы саналған «күндіз» (нәһәр) сөзі 57, екінші жартысы болған «түн» (ләйл) сөзі 92 рет айтылады. Күндіз бен түн сөздерінің қайталану санына қарағанда, айырмашылық көп болып көрінгенімен, күндіздің кезеңдерін сипаттайтын сөздерді қоса есептегенде арадағы айырмашылық азая түседі. Оларды да жеке-жеке атап өтейік: Күндіздің алғашқы кезеңі саналған таң уақытын білдіретін «субх» сөзі 7 рет, «ғудуу» 15 рет, «букра» сөзі 9 рет және «фәжр» сөзі 6 рет кездеседі. Күндіздің басқа да кезеңдерін білдіретін «духа» (сәске) сөзі 6 рет, «тулу уш-шәмс» (күннің шығуы) тіркесі 2 рет, «захира» (тал түс) сөзі 1 рет, «фәләқ» (таң) сөзі 1 рет, «тарафәйн-нәһәр» (күндіздің екі шегі) тіркесі 1 рет, «әтрафун-нәһәр» (күндізгі уақыттың тараптары) тіркесі 1 рет, «дулукуш-шәмс» (күннің батуға таяуы) тіркесі 1 рет өтеді. Бұлардың барлығын қосқанда 50-ді құрайды. 57 рет кездескен «нәһәр» сөзіне қоса есептегенде күндізгі уақытқа байланысты сөздердің саны барлығы 107 болмақ. Түн және оның кезеңдері Түн дегеніміз күннің батуынан бастап таң алдындағы екінші шапақ атқан сәтке дейінгі кезең екендігін жоғарыда атап өттік. Жалпы бір жыл бойынша есептегенде түннің уақыты күннің жартысына тең болады. Сондықтан түнгі уақытқа да бей-жай қарамай, барынша тиімді өткізу үшін оның да маңызын ұғынуға тырысып, оқып-біліп, зерттеулер жүргізіп, ретке келтіру қажет. Құран Кәрімде күндіз секілді түнді де бірнеше кезеңдерге бөліп қарастырған. Олардың әрбірі аяттарда бірнеше реттен аталып өтіледі: «Ишә» (қараңғы болған уақыт) түбірінен 13 сөз, «асил» (кеш) сөзі 7 рет, «анәул-ләйл» (түнгі сәттер) тіркесі 3 рет, «ғурубуш- шәмс» (күннің батуы) тіркесі 2 рет, «ғасиқ» (қатты қараңғылық)
тіркесі 1 рет, «ғасиқул-ләйл» (түннің алғашқы қараңғылығы) тіркесі 1 рет, «хинә тумсун» (кеш болғанда) тіркесі 1 рет, бұлардың барлығын қосқанда түннің кезеңдерін сипаттайтын сөздердің саны 28 болады. Мұны 92 рет кездескен «ләйл» сөзіне қоса есептегенде барлығы 120 болмақ. Күндізгі уақыттардың да, түнгі уақыттардың да мұндай кезеңдерге бөлініп Құранда аталуы көбіне-көп намаз уақыттарын анықтап, түсіндіруді мақсат тұтқан. Тіпті күннің белгілі бір уақыттары күнделікті бес уақыт парыз намаздың уақыттарын білдіру арқылы сол намаздардың атаулары да оқылатын уақытының атауымен аталып кеткен. • ЕРЕКШЕ ҚҰНДЫЛЫҚҚА ИЕ УАҚЫТТАР Адам атаның Жерге түсуімен басталған адамзат тарихының алғашқы кезеңдеріндегі адамдардың мың жылдап ұзақ өмір сүргендігін білеміз. Ең бірінші адамның пайғамбарлығымен Жаратушыға құлшылықты бастап кеткен сол жандардың мыңдаған жылдар бойы ғибадат жасап, мол сауапқа кенелуге мүмкіндіктері болған. Ал кейінгі уақыттарда адам баласының өмір сүру ұзақтығы әлдеқайда қысқарғанын көрудеміз. Тіпті ең соңғы Пайғамбар Әз Мұхаммедтің (с.а.с.) кезеңінде де адамдардың ғұмыр жасы ұзақ дегені жүз жылдың шамасында болған. Соны ойлаған Алланың Әз Елшісі (с.а.с.) бұрынғы үмбеттермен салыстырғанда өз үмбетінің өмір сүру ұзақтығы қысқа болғандықтан, құлшылық ету уақыты да азырақ, соған сәйкес сауабы да кемшін болатынын уайымдап қам жеген. Сүйікті Елшісінің уайымы мен тілегін білген Раббысы
ақырзаман үмбетіне аз уақыттың ішінде көп сауапқа ие болатын мүмкіндіктер сыйлаған. «Қадір түні мың айдан да артық»93 деген «Қадір» сүресінің аяты осыны сүйіншілеп, осынау бір қасиетті түнде құлшылық жасау арқылы, 83 жыл 4 айлық ғибадаттың сауабына кенеле алатынымыз жайлы қуанышты хабарды жеткізген. Соңғы үмбет болғанымызбен қатар ерекше үмбет етіп, Алла Тағала бізге Қадір түнімен қоса басқа да қасиетті түндер мен күндерді сыйлаған, осынау дамыған заманға жеткізіп, бұған дейінгі ешбір уақытта болмаған мүмкіндіктер тарту еткен. Сондай уақыттардың барлығы – біз үшін қысқа уақытта көбірек сауап жинап үлгеретін, дұғаларымыз қабыл болатын зор мүмкіндіктер. Құран аяттары мен хадистерде бір уақыттың басқа уақытқа қарағанда артықшылығы бар екені айтылады. Осы арқылы адамдар өмір атты қазыналарын ең тиімді жолмен қолдануға және уақыт тұрғысынан көп нәрсені ұғынуға шақырылады. Кейбір айлар мен кейбір күндер, тіпті кей сағаттар басқа уақыттарға қарағанда ерекше болады. Аз уақытта көбірек пайда тауып, өмірді табысты қылу үшін сол құнды уақыттардағы мүмкіншіліктерді пайдалану керек. Уақыт құндылығы: жылдың кейбір айлары мен күндерінің және күннің кейбір уақыттарының ерекшеліктері Адам баласы өмірін сезіне білуі үшін ғұмырының әр күнін бір сарында өткізбеуі тиіс. Исламда кейбір айлар мен кейбір күндерге, тіпті кей сағаттарға басқаларына қарағанда ерекшелік берілген. Ал бұл ол уақыттардың басқаларына қарағанда дәрежесі тұрғысынан айырмашылығы бар екендігіне ар-ожданымызда қалыптастыратын сенімімізге байланысты. Міне, осындай сенім мен түсініктің қалыптасуына Құран Кәрім мен хадистерде айтарлықтай көңіл бөлінгенін көре аламыз.
Құран Кәрімде Алла Тағала жылдың әр күнін, күннің әр сағатын біркелкі қылмаған, олардың кейбірінің қадірі жоғары екендігін білдірген. Бұл хабарлар кейде анық айтылса, кей жерде астарлы түрде білдірілген. Кей жағдайда ол уақыттарға ант етіліп, барынша назарымызды аударады. Құранда уақытқа қатысты астарлы түрде айтылған жайттар хадистер арқылы айқындала түседі. Бұл тұрғыда тақырыбымызға дәлме-дәл сай келетін мысалдардың бірі – «Фәжр» сүресі. Бұл сүреде анық айтылғанын да, астарлы жеткізілгенін де, ант ете отырып келтірілгенін де көре аламыз. Сүренің бастапқы аяттары келесідей: «Таң шапағына серт! Және (мүбәрак) он түнге (серт), Жұпқа және таққа (серт), Соңына қарай ағып бара жатқан түнге (серт! Қиямет сөзсіз, орнайды!). Міне, осынау анттарда сау ақыл иесі үшін, мықты дәйек бар емес пе?!»94 Бір тәуліктің таңертеңгі уақытынан бастап беретін «фәжр» сөзінің мағынасы белгілі. Ал одан ары ант етілген астарлы мағынадағы аяттарды Алла Елшісі (с.а.с.) былай түсіндірген: «Он түн дегені – зулхижжә айының алғашқы он күні. Жұп дегені – Құрбан айт күні, тақ дегені – Арафа күні».95 Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Буруж» сүресіндегі Алла Тағаланың ант еткен уақыттарының белгілі бір күндер екендігін атап өткен: «әл-йәумәл-мәшһуд – Арафа күні, әш-шәһид – Жұма күні...»96 Уақытқа қатысты тағы бір анық айтылған хабар «Қадір» сүресінде кездеседі. Ол сүреде Қадір түнінің мың айдан да қайырлы екендігі баяндалады.97 Олай болса, уақыттың әрбір күні, әрбір сағаты бірдей емес. Кейбір сәттердің қадір-қасиеті басқаларынан көш ілгері тұрады. Аз уақытта көптеген пайдаға кенеліп, сапалы ғұмыр кеше алу үшін осындай құнды уақыттарды тиімді өткізуді үйрену қажет. Құран мен хадисте мақталып айтылған уақыттар – осы қадірлі де қасиетті сәттер.
Құран тек қана Қадір түнінің не жылдың санаулы күндерінің маңызына назарымызды аударып қана қоймай, Рамазан айын да ерекшелеп атап өтеді: адамдарға тура жол көрсетуші, ақиқат пен жалғанды ажыратушы теңдессіз жолбасшы болған Құран Кәрім сол айда түскендігін баяндайды.98 Рамазанның басқа айлардан артықшылығы мен үстемдігі хадистерде жиі айтылып өтеді. Хадис кітаптарында кездесетін оразаға байланысты тақырыптарда осы жайтты көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар хадистерде «үш айлар» деп аталып кеткен ережеп, шағбан, рамазанның қасиеті, рамазаннан соң келетін шәууәл айының алты күні, зулхижжаның алғашқы он күні, оның ішінде Құрбан айт күні, мухаррам айы және ондағы Ашура күні әдеттегі күндер мен айлардан ерекшеленіп көрсетілген, бұл уақыттарды барынша тиімді пайдалану қажеттігі, кейбір уақыттарда ораза ұстаудың артықшылығы атап өтіледі. Қамари айларда әр айдың алғашқы күні, әййәмул-бид (жарық күндер) деп аталған 13, 14, 15-інші күндері ерекшеленіп, ол күндері ораза ұстау сүннет саналған.
Одан да ары нақтылап қарайтын болсақ, аптаның да маңыздылығын көруге болады. Аптаның барлық күні бірдей дәрежеде емес. Кейбір күндер басқаларына қарағанда ерекше саналады. Әсіресе, жұма күні – ең қадірлі күн. Дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстау – сүннет әрі басқа күндері ұсталған оразадан сауабы артық. Ал бір күнді қарастыратын болсақ, күннің сәресі уақыты басқа уақыттарынан маңыздырақ. Маңызды уақыттардың анық айтылмауы Уақытын тиімді пайдалану қажеттігін толықтай түсініп, тәжірибе жүзіне өткізе білген жандарды одан ары құлшындыра түсу үшін әрі сол уақыт тұрғысында үнемі ояу жүруіміз үшін дініміз қадір-қасиеті мен маңыздылығы жоғары екендігін баяндаған күндер мен уақыттарды белгілі бір шектеулер қойып нақты білдірмеген, яғни сол өте құнды мезгілдердің уақытын жасырып қойған. Мысалы, мың айдан да қайырлы екендігі білдірілген Қадір түнінің жылдың қай түніне сәйкес келетіндігі нақты айтылмаған. Рамазанның соңғы он күнінің ішінде болуы мүмкін екендігі білдірілген. Дегенмен шариғи дәлелдердің әркелкілігінен ғалымдардың да бұл жөнінде әртүрлі көзқарастары кездескен.99 Бұлай белгісіз болған тек Қадір түнінің уақыты ғана емес. «Жұмада бір сағат бар. Мұсылмандардан кімде-кім сол сағат ішінде намаз оқып, Алладан қажетін сұрайтын болса, Алла оған міндетті түрде береді»100 хадисінде айтылған уақыт та нақты білдірілмеген. «Сағат» деп былайғы жұрт алпыс минуттық уақытты түсінеді, ал хадисте келген «сағат» сөзі «аз уақыт» деген ұғымды білдіреді. Бұл уақыт аз болғандықтан, оны дұрыс әрі ұтымды пайдалану керек. Дүние тіршілігі үшін өтетін күндер мен жылдар осы аз ғана сағатқа арзымайды.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236