Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Шынар Әділова - Тайм- менеджмент

Шынар Әділова - Тайм- менеджмент

Published by Макпал Аусадыкова, 2022-06-17 04:34:04

Description: Шынар Әділова - Тайм- менеджмент

Search

Read the Text Version

Бұл кезеңдердің әрбірінің адам өмірінде өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан да адам баласы мәнді де мағыналы өмір сүруді қаласа, осы кезеңдерге тиісінше көңіл бөліп, уақытын жоспарлап, барынша тиімді өткізуге тырысқаны жөн. Осы орайда аталған әрбір кезеңде адамның уақытын қалай жоспарлау қажеттігі жөнінде тоқталып өтпекпіз. Әл-мисақ атты рухтар әлемінде жаратылған адам жаны бұл дүниеге жіберілу сәтін күтеді. Алла Елшісі (с.а.с.) хадисте былай дейді: «Шын мәнінде, әрбірің ана құрсағында қырық күн бойы ұрық тамшысы түрінде қалыптасады, сонан соң ол сонша уақыт ұйыған қан түрінде және сонша уақыт бір кесек ет тәрізді болады. Содан кейін періште жіберіледі де оған үрлеп жан ендіреді. Және ол төрт нәрсені: оның ризық-несібесін, ажалын, амалдарын және оның бақытты не бақытсыз болатынын жазуға бұйрық алады».185 Осыған орай, ана құрсағында титтей ғана ұрық тамшысы ретінде пайда болғанынан бастап ана болашақ сәбиінің жаны үрленіп, тағдыры жазылғанша барынша көп дұға етіп, тағдырының оңынан, ісінің ізгісінен болуын тілегені дұрыс. Ана құрсағына біткен балаға төрт айдан соң жан берілгеннен кейін оның бұл дүниедегі тіршілігі басталып-ақ кетеді. Бұл кезде ол әлі жарық дүниені көре қоймағанымен, анасы арқылы дүниеде болып жатқан жайттар, оның ішінде уақыт та оған өз әсерін тигізбек. Осы тұста әлі дүние есігін ашпаған балалары үшін болашақ ата-ананың жауапкершілігі басталып кеттіге саналады. Болашақ әке баласын көтеріп жүрген анасына баланың дұрыс жетілуі үшін қажетті жағдай жасауға міндетті болса, ана өзіне асқан жауапкершілікпен қарап, екі жүректі тасып жүргенінің байыбына бара білуі қажет. Сырттағы анасының не істеп жүргені іштегі балаға да әсер ететіндіктен болашақ ана құрсағында бала болған тоғыз ай он күндік кезеңін дұрыс өткізуі тиіс. Уақытын барынша жоспарлы қолданып, баланың дұрыс жетілуіне, сырттан

зиянды әсер алмауына, толыққанды демалып, құнарлы тағамдардан қажетті қорегін ала алуына жағдай жасауы қажет. Сәби дүниеге келгеннен кейінгі уақытта да жануарлар мен құстар сияқты басқа жаратылыстардай бірден өзін-өзі алып кете алуы мүмкін болмағандықтан, оның өмірінің алғашқы кезеңдеріне ата-ана жауапты. Әкесі көбіне түздің адамы болғандықтан, баланың күнделікті күтімін анасы атқаратыны анық. Анасы баласының дүниедегі алғашқы күндерінен бастап сәбиінің өмірінің әрбір сәтін дұрыс өткізуі үшін уақытын жоспарлы түрде тиімді пайдалануға міндетті. Осы тұста бала дүниеге келгенде уақытқа байланысты арқарылатын шараларға да тоқталып өткенді жөн көрдік. Адам баласының ең алғашқы асы ана сүті берілмей тұрып, Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті бойынша, өмірге іңгәлап келген сәбиге тахник жасалады, яғни құрманы ауызда жұмсартып, оның сөлін сәбидің таңдайына жағып дәм таттырады. Ал сәбидің ана сүтін емуі Құранның көрсетуі бойынша екі жылға созылады. Құранда осылай уақыттың белгіленуінің өзі сәби үшін ана сүтінің қажеттілігімен қоса, оған бөлінген уақыттың да маңыздылығын көрсетуде. Ары қарай сәбидің дүниеге келгеніне жеті күн толғанда Алла Елшісінің «Әрбір сәби ақиқасымен тұсауланған. Жетінші күні оның атынан ақиқа құрбаны шалынып, шашы алынады және аты қойылады»186 деген мына бір хадисіне орай шаралар жасалады. Баланың атын қойғанда нәрестеге ат қоятын адам баланың оң құлағына – азан, сол құлағына – қамат айтады, содан соң есімін үш рет қайталайды. Жаңа туылған сәбидің үлпілдек шашының атымен «ақиқа» деп аталған құрбанды перзент сыйлағаны үшін Аллаға шүкір ретінде шалады. Сәбидің шашын алып, алынған шаштың салмағына тең мөлшерде алтын не күміс садақа етіледі. Алла Елшісінің Хасан мен Хусейн туылғаннан кейін жетінші күні немерелерін сүндетке отырғызғанын ескеріп, баланы сүндетке отырғызудың да ең абзал уақыты туылғанына жеті күн болған кезең

екендігін көре аламыз. Абдуллаһ ибн Аббастың риуаяты бойынша, жетінші күні қыз баланың құлағын тесудің де сүннет екенін білуге болады.187 Орайы келгенде жетінші күні баланың шашын алуға байланысты бірнеше жыл бұрын Германияда болған оқиғаны айта кетейік. Бір мұсылман отбасында кішкентай сәби дүниеге келеді. Ата-анасы шамасы келгенше мұсылманша жөн-жоралғысын жасайды. Жеті күннен кейін баланың шашын алып, соның көлеміндей етіп садақа таратады. Содан бірнеше күн өткеннен кейін анасы баланың денсаулығын дәрігерге тексертуге алып барады. Баланы қарап жатқан дәрігер: «Баланың шашын өздеріңіз алдыңыздар ма? Әлде осылай туылды ма?» деп сұрайды таңқала. Сонда анасы: «Өзіміз алдық» деп жауап береді. Дәрігер өзінің таңқалуының себебін былай деп түсіндіреді: «Жақында дәрігерлер жаңадан туылған баланың шашын 40 күннің ішінде алатын болса, онда көру қабілеті жақсарып, шашы қатайып, ой-санасы кеңейетіндігін және басқа да пайдаларын анықтады. Ал шаш алуды жеті күн толғанда жасаса, онда әлгінде айтқан көрсеткіштер ең жоғары нәтижелерін береді. Бірақ бұл жаңалықтың ашылғанына 50 күндей болды. Әрі ешкімнің әлі хабары жоқ. Сіздер қайдан білесіздер?» деп сұрайды тағы да таңқалған күйде. Баланың анасы: «Бұны бізге Пайғамбарымыз Мұхаммед бұйырып кеткен. Мұсылмандарда бұл бала туылғанда жасалатын кәдімгі дәстүрлі әдеттердің бірі» дейді. Дәрігер әлі таңқалған түрін өзгертпей: «Ал сіздердің пайғамбарларыңыз қайдан білген?!» деп қайта сұрақ қояды. «Пайғамбарымыз осыдан 14 ғасыр бұрын өмір сүрген. Сол кезде айтқан сөзі бізге жетіп, біз оны күнделікті өмірімізде салт-дәстүр ретінде қалыптастырып, орындап жүреміз» дейді сәбидің анасы. Сонда дәрігер басын шайқап, аң-таң қалған екен. Міне, бұл оқиғадан осы секілді сүннет бойынша келген жоралғыларды дәл сүннетте айтылғандай түрде және уақытылы орындаудың қаншалықты маңызды екендігін аңғаруға болады. Әрбір іс-шараның ең абзал уақытын білдіріп кеткеніне қарап, адамның туылған сәтінен бастап уақытты жоспарлы қолданудың маңыздылығына көз жеткізе түсеміз.

Баланың сәби кезінде атқарылатын істерді сүннет бойынша атап өттік. Анасы баланың сәби кезеңінің соңына дейін толық емізуге тырысуы керек. Осы кезінен бастап балаға байланысты күн тәртібін белгілеп үйренген жөн. Баланың ұйқысын қадағалауға, тұрақты түрде бірдей уақытта ұйықтатуға және емізуге тырысқан жақсы. Бала сәби кезеңінің соңына дейін жүруді үйренеді, жайлап сөйлей бастайды. Осылардың уақытына сай баланың өз еркімен отыруын, еңбектеуін, тәй-тәй басып жүруін қадағалауға тырысу керек. Және алғашқы сөздерін қадағалап, ең бірінші сөзі дініміз бойынша құпталғандай «Лә иләһә иллаллаһ» болуына көңіл бөлген жөн. Екі жастан асып бүлдіршін кезеңге аяқ басқанда да сол кезеңнің ерекшеліктеріне сай ата-ана баланың тәртібі мен уақытына көңіл бөлуі қажет. Айналасын танып білуге құмартқан баланың сұрақтарына байыппен сабырлы түрде жауап беріп, ненің не екенін үйреткен абзал. Сөздерді дұрыс қолданып, сөйлемдер құрап, өз ойын айтып үйренген шағында қысқа сүрелер мен дұғаларды жаттата бастаған жөн. Одан біраз есейгенде діни түсініктер мен терминдерді үйретіп, баланың санасына сіңіре беруге болады. Бұл кезеңде баланың санасы мен есте сақтау қабілеті ақ парақтай таза болғандықтан, Құран, хадис жаттататын болса, бірден қабылдап, тез арада есіне сақтап ала алады. Қарап отырсақ, Ислам әлеміне танымал көптеген ғұламалардың балалық шақтағы уақыттарын бос өткізбей, кішкене жасынан бастап діни білімге ден қойғандарына, Құран жаттағандарына куә боламыз. Оқу, есеп, грамматика, логика секілді ойлануды қажет ететін ілімдерді сәл есейгенде қолға алу керек. Бұл тұрғыда баланың уақытын жоспарлауға әлі де ата-анасы көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отыруы тиіс. Баланың уақытын босқа пайдасыз дүниелермен өткізуіне жол бермей, рухани жан дүниесін әрі ақыл-ой, зеректігін дамытатын істермен шұғылдандырып, қажет кезінде сергіп ойнауына да жағдай жасап күнін жоспарлап бергені жөн.

Оңы мен солын ажырата бастаған тәмииз жасына келген бала көп нәрсені үйреніп, түсініп, қабылдай алатын болады. Соны ескерген Алла Елшісі (с.а.с.) «Жеті жасына келгенде балаға намаз оқуды бұйырыңдар»188 деген. Сонда жеті жас – балаға намаз оқуды үйрете бастау қажет уақыт. Бала балиғат жасқа толғаннан бастап намаз оқып кету үшін оған ертерек осы жеті жастан бастап үйрете беру керектігін ескерткен. Әйтпесе, оған дейін еш нәрсе үйренбеген не қабылдамаған бала балиғат жасына толған күні парыз болған ғибадатын бірден бастап кетуі қиянға соғады, тіпті мүмкін емес деуге болады. Сондықтан ата-ана бұл мәселеде қырағылық танытып, бұдан былай баланың күн тәртібі мен уақыт жоспарына бес уақыт намазды қосып үйретуге тырысуы қажет. Рамазан айы келгенде немесе аптаның ішіндегі күндері ішінара балаға ауыр тимесе, ораза ұстауға баули берген дұрыс. Бұл жаста бала жақсылық пен жамандықты ажырата бастайтындықтан, діни тұрғыдан жақсылық, ізгілік саналған нәрселер мен жамандық, зұлымдық есебіндегі жайттарды ұғындырған абзал. Адамдағы ең абзал қасиеттердің бірі саналатын ұят сезімі де осы жастан бастап қалыптаса алады. Осының барлығына ата-ана барынша көңіл бөліп, үйрету мен түсіндіруді баланың күн тәртібіне енгізіп қойғаны жөн. Мураһиқ жасы – балиғатқа толғанға дейінгі кезең. Балиғатқа толу жасы (қыз балада 9 жастан басталса, ұл балада 12 жастан басталады) адамға байланысты әртүрлі болатындықтан, ең кеш уақыты саналған 15 жас есепке алынған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Балаларыңыз жеті жасқа келген шақта намаз оқуға бұйырыңдар. Олар он жасқа келгенде намаз оқымаса, ұрыңдар. Төсекте олардың жатын орнын бөлек жатқызыңдар»189 деген. Бұл хадистегі «ұру» деген сөз он жастан ары қарай намазды толық оқытуға барынша көңіл бөліп, маңыздылығын

түсіндіріп жеткізу қажеттіген ұғындырса керек. Және осы жастан бастап балалардың жыныстық ерекшеліктеріне көңіл бөліп, тәртібі мен уақытын соған сай қадағалау қажеттігі туындайды. Бұл жас аралығы көбіне өтпелі кезең ретінде танылған. Ата- ана осы кезеңде баланың тәрбиесі мен күн тәртібіне аса мұқият көңіл бөлуі қажет. Бір жағынан күн тәртібін өз бетінше жасауына, уақытын өзі жоспарлауына мүмкіндік беріп, екінші жағынан сырттай қадағалап отырғаны жөн. Өтпелі кезеңде әртүрлі жағымсыз әдеттер мен қылықтар байқалуы мүмкін болғандықтан, баланың сол өтпелі кезеңнен дұрыс шығуына жіті мән беруі қажет. Осы кезеңде бала өз күшімен уақытын дұрыс жоспарлауды үйрене алса, оның мойнына жауапкершілік жүктелетін алдағы өмірінде де уақытын тиімді өткізу әдеті қалыптаспақ. Жастық шақтың алғашқы кезеңі бозбала мен бойжеткеннің балиғатқа толған жасымен тұспа-тұс келеді. Ал балиғат жасына жеткен жеткіншекке бес уақыт намазын үздіксіз оқуы, Рамазанда ораза ұстауы, қаражаты жеткен жағдайда зекетін беріп, қажылыққа баруы парыз болып саналады. Сондықтан бұл жастағылар уақытын жоспарлағанда осы міндеттеріне қарай икемделуі қажет. Бір күндік уақытын жоспарлау барысында күнделікті оқылатын бес уақыт намаздың уақыттарын назарға алуы тиіс. Басқа істерін соған қарай реттеп үйренгені жөн. Бір жылдық уақытын жоспарлау кезінде Рамазан айының парыз оразасын есепке алуы қажет болады. Осылайша балиғат жасқа толғаннан бастап адам баласының уақытын жоспарлауы ең алдымен діни міндеттеріне байланысты болғаны абзал. Жастық шақтың бастапқы бірнеше жылдарымен адамның мектептегі кезеңі аяқталмақ. Жалпы мектеп партасында отырған жылдарында алдымен ата-ананың көмегімен, кейіннен өз күшімен уақытты жоспарлауды әрі соған сай тиімді пайдалануды үйренуі қажет. Бұл адамның өмірінің кейінгі кезеңдерінде аса қажет болады. Мектеп кезінен күн тәртібіне үйреніп, сабаққа дайындалатын, кітап оқитын, ата-анаға

қолғабыс ететін, демалатын, достармен бірге болатын уақыттарын жеке-жеке белгілеп, реттеп қоюға дағдыланғаны жөн. Осы арқылы бала оқуда озат, ата-анаға көмекші, достардың арасында сыйлы болып өсіп жетіле алады. Ал жастық шақтың одан кейінгі кезеңі адамның жоғары білім алуға ден қойған кезіне сай келеді. Бұл кезеңде уақытты жоспарлауды маңызы бұрынғыдан да арта түспек. Жоғарғы оқу орнының қабырғасында берілген жылдардың ішінде барынша жан-жақты білім алып, үлкен өмірге жалғыз аяқ баса алатындай дәрежеде рухани және ғылыми түрде дайындалуы қажет. Бұл кезең арнайы осы қажеттіліктерін үйренуге мүмкіндік пен уақыт берілген шақ болып саналады. Бұл кезең өтіп кеткен соң тиімді пайдаланбағанына өкініп, сан соғып қалмас үшін уақытын жоспарлы қолдана білуі аса маңызды. Өзінің таңдаған ісінің білікті маманы болып шығу үшін толыққанды білім алумен қатар, барынша қосымша ізденіп білімін шыңдай түсуі қажет. Одан кейінгі жұмыс пен үлкен өмірге рухани тұрғыдан әрі адамдық жағынан бейімделу үшін діни әрі танымдық, жан-жақты жетілуіне септігін тигізетін кітаптар оқып, ой-өрісін кеңейте түсуі маңызды. Бұлардың барлығына шектеулі уақыттың ішінде үлгере алу үшін уақытты жоспарлаудың қажеттілігі бұлтартпас жайт. Жастық шақтың бел ортасынан кейінгі кезеңі – адам баласының өз бойын өзі алып жүре алатын, бір істің маманы болған, бір отбасының іргесін қалаған жан атанатын шағы. Бұл кезеңде адам үшін уақыт бұрынғыдан да қысқа, ал орындау керек іс бұрынғыдан да көп болып көрінеді. Расында да солай, жас ұлғайып, жауапкершілік артқан сайын атқару керек істер де көбейе бермек. Және мұның бәрін де үлгеру үшін уақытты жоспарлы қолданудың қажеттілігі мен маңызы артқан үстіне арта түседі.

Кемелдену жасындағы адамның жастық шақтың соңғы кезеңдерінде басталған жұмыс және отбасылық міндеті жалғасын таба бермек. Тек жас үлкейген сайын өмірде өз орнын қалыптастырған жан болуға талпынғаны дұрыс болады. Қазақтың «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген сөзі осы жастағы жандарға қарата айтылғанын көре аламыз. Отыз жасында кемелденуге аяқ басып, қырқында белгілі бір нәтижелер мен жетістіктерге жетуі, одан кейін елуге келгенде ел ағасы ретінде беделге ие бола алуы тағы да уақытын дұрыс пайдалануына байланысты болмақ. Ал жасы алпысқа жетіп, «Пайғамбар жасына» келдім деген жандардың балиғат жасына толғаннан бастап атқарып жүрген ғибадатын еселей түсіп, «ертеңгі күнге» қамданғаны абзал. Себебі Алла Елшісі (с.а.с.) «Алла Тағала алпыс жыл ғұмыр берген пендесінің ешбір сылтауын қабыл алмайды»190 деген. Сонымен қатар бұл жас «балам – балым, баламның баласы – жаным» демекші, жанындай болатын немере сүйіп, оған да Пайғамбардай (с.а.с.) мейірімділік танытып, қызығына тоймай отыратын шағы деуге болады. Кәрілік кезеңіне жеткен жанның сол жасқа жеткізген Раббысына шүкір етіп, құлшылығына барынша көңіл бөліп, өскелең ұрпаққа дуалы аузымен асыл өсиетін айта отырғаны өзіне жарасар іс. Аманат болған жанын Иесіне тапсырып, о дүниелік болған уақытта жуындырылып, кебінделіп, жаназасы оқылып, жерленуі артында қалған ұрпағына міндет болмақ. Осыдан соң адам үшін қабір өмірі басталмақ. Қияметке дейін бәрзах әлемінде күткен соң, қиямет күні Алланың құзырына жиналып, есеп беріп, соңғы тұрағы болатын жаннат не тозаққа кірумен адам жанының өмір сүру кезеңдері

ақырғы нүктесіне барып тоқтайды. Ал бұл соңғы кезең мәңгілікке жалғасын таппақ. • ӨМІРЛІК МАҚСАТ ҚОЮ Мұсылманмын деген жанның алға қойған үлкен мақсаттары болып, ол сол жолда тер төгуі тиіс. Мақсатына жете алмаса да, еңбегінің сыйын Алла Тағала міндетті түрде береді. Қаншама жандар өмір садағының алтынға бергісіз құнды уақыт атты оқтарын бостан босқа ауаға атып, ысырап етуде. Дәл кішкентай балалардың ойыншыққа алданып, уақытын өткізуі секілді. Сондықтан да негізгі нәрсені шетке ысырып қойып, қиялдың соңынан қуалау – өмірді босқа кетіріп, құр алақан қалдырады және жүректі қараңғылық астына көміп тастайды. Америкалық танымал тайм-менеджмент сарапшысы Стивен Кови өмірге деген екі түрлі көзқарасты атап өтеді: Реактивті – айналада болып жатқан жайттарға тәуелді болып өмір сүру, былайша айтқанда «ағыспен жүре беру». Проактивті – өзінің қалауынша өмір сүру, болып жатқан оқиғаларға белсенді түрде атсалысу. Мұндай көзқараспен адам өз өмірін өзі ретке келтіре алумен қатар, әрбір әрекетіне жауапкершілікті өз мойнына алады. Адамның мақсаты мен міндетінің арасында төмендегідей айырмашылық бар: Мақсат – адамның өмірден алары, жетістікке жетіп бағындырар шыңы. Міндет – адамның өмірге берері, артынан қалдырар ізі.

Стивен Ковидің The seven habits of highly effective people (Жоғары нәтижелі адамдардың жеті әдеті) кітабындағы екінші әдет – ең соңғы нүктеден бастап ойлану. Яғни, автор өзіңнің жаназаңды елестетіп көруге кеңес береді. Сен туралы адамдардың қандай ойда болғанын, артыңнан қандай пікірлер айтқанын қалайсың? Осы сен үшін өмірдегі ең маңызды жайт болып табылады. Осы арқылы күнделікті әрекетіңді жоспарлап, шешім қабылдағанда да осы жайтты негізге алып отыруың қажет. Солайша өзің үшін өмірлік мәні бар мақсатыңа қарай жол тартқан боласың. Мақсатсыз өмір – адам баласы үшін ең ауыр қасірет Өмірлік мақсатын анықтаған, қандай шыңдарды бағындырғысы келетінін анық білетін адамдардың саны өте аз. Бұл ащы шындық нақты мақсатын белгілемеген адамның жанын жегідей жейді, құтын қашырып, ынтасынан айырып, өмірдің қызығынан құр қалдырады. Ондай жанға өмірде еш нәрсе септігін тигізе алмайды. Мақсатсыз өмір адамды күйзеліске ұшыратады. Мотивациясыз адам тіпті уақытын қалай және неге өткізіп жатқаны туралы ойланбайды да, бұрын қалай өмір сүріп келсе, солай жалғастыра береді. Адамдардың көбіне өмірдің ағысымен ғана өздері ешбір күш жұмсамай өмір сүре беру тән, осылайша өзгеру сәті келіп, саналары соны сезген кезге дейін жалғасады. «Ол ешқашан өз өмірін өз қолына алуды қаламаған адамдардың бірі болатын. Оның өз-өзіне соқтығысып, жай ғана ағыспен жүре беретіндігі, өзінің сәтсіздіктеріне әрдайым түрлі сылтаулар тауып, жауапкершілікті өз мойнына алудан бас тартатындығы өкінішті шындық еді... Көптеген адамдар дәл осылай өмір сүреді. Құдды бір өзі өмір сүрмей, жай ғана өмірдің жанынан өтіп бара жатқандай. Бір

күннен екінші күнге ауысып кете барады. Олардың жетістікке жетсем деген өмірлік армандары жоқ деуге де келмейді. Бірақ ол армандары өздерінің жалқаулығы мен әрекетсіздігін ақтап алуға тырысқан сылтауларының құрсауынан шыға алмауда. Солайша армандарына қол жеткізудің мүмкін екендігін енді ойлай бергенде өздерін сендіріп алатын сылтаулары жолдарына кесе-көлденең тұра қалады. Мұндай жандардың алдында әрдайым кедергілер тұрады да қояды: жыл мезгілі сәйкес келмейді, шұғыл түрде көлігін жөндеу қажет болады немесе алдыңғы күні қатты шаршаған еді. Олар осылай деуде, алайда бар шындық олардың жолында тұрған жалғыз кедергінің өздері екендігіне келіп тіреледі». Чак Норрис Жолы болмаған бейшара ағыспен өмір сүріп, қолайсыз жағдайларды айтып өзін ақтаумен болады, ал табысты жан саналы түрде армандарын жүзеге асырады. Тайм-менеджмент барша мүмкіндіктерімен сондай жан үшін әмбебап құрал болып табылады. Себебі өмірдің өлшемі ұзақтығында емес, оны сіздің қалай өткізгеніңізде. Барлығы ойдан басталады Әмбебап қағида: сіз уақытыңыздың көп бөлігінде не ойласаңыз, соған айналасыз. Жолы болмайтын жандар не жайлы ойланады? Соңынан қалмайтын қиындықтар жайлы ойланады. Және оған кінәлілерді іздеумен болады. Ал табысты жандар мақсатына жету жолындағы әрекеттері мен туындаған мәселелердің шешімі жайлы ой жүргізеді. Олар әрдайым «не ойласаң, сол болады» деген қағиданы естерінен шығармайды.

Адамның уақыт бөлетін істерінің бірі ойлану болғандықтан, не ойлайтынына аса мән беруі қажет. Ойлану арқылы адам баласы көп жайттың басын ашып алуына болады. Ең алдымен, ақиқатқа, Жаратқанның ұлылығына, жаратылысқа ой жүгіртіп, тәфәккур ету (терең ойлану) адамды Аллаға жақындата түсіп, мол сауапқа кенелтеді. Одан соң ойы мен біліктілігін шыңдай түсіп, өз ісінде жетістікке жетуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар «жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жақсы ой да адамды жақсылыққа жетелей түседі. Себебі Алла Тағала құлы Өзі жайлы қалай ойласа, сондай болып қарым-қатынас жасайтынын айтқан болатын. Адам баласы ойымен не тілімен шүкір етіп жүретін болса, Алла жақсылығын арттыра түсіп, керісінше шағымданудан шаршамайтын жанға азабының қаттылығын көрсетіп, бар жақсылықтан мақұрым қалдыратынын да Құранда айтып өтеді.191 Ибн Қайюм ең ізгі әрі пайдалы ойдың Алла және ақырет үшін екендігін айтады. Сондай ойлардың да түрінің көп екендігін айта келе, бесінші түрін былай баяндайды: «Уақытты дұрыс пайдалану, уақыт өрісі мен алдымыздағы міндетке бар зейінімізді шоғырландыруға күш салу жайында ойлану қажет. Себебі ақылды адам – әрдайым уақыттың маңызын есте ұстаған жан. Егер ол ойдан ауытқитын болса, барлық қызығушылығынан айырылады. Өйткені қызығушылықтар уақыт арқылы ортаға шығады. Ал уақытты жоғалтатын болса, оның орнын толтыру мүмкін емес». Күнделікті бітпейтін тірліктер, алаңдатушы жайттар, теледидар мен байланыс құралдары, адамдармен сұхбат біздің санамызды жаулап алғаны соншалық – бір сәтке тоқтап, не

істеп жүргеніміз бен айналамызда не болып жатқаны жайлы ойлануға мүмкіндік бермеуде. Ойлану мен пікірлеуге қаншалықты көп уақыт бөлсеңіз, соншалықты біліміңіз тереңдеп, ақылыңыз арта түседі. Солайша сіз барынша саналы түрде шешім қабылдап, жиі қателікке ұрынбайтын боласыз. Ал адам баласы әрбір ісін ой елегінен өткізіп, әрдайым өз- өзіне есеп беріп отыруы қажет. Мұсылман адам ақыретте есепке тартылатынын есте ұстап, әрдайым өзін есепке тартып жүруі қажет. Күнделікті ұйқыға кетер алдында бір ауық осылай есеп беруге өзіне уақыт арнағаны дұрыс. • МҰСЫЛМАННЫҢ УАҚЫТЫ БАРЛЫҒЫНА ЖЕТЕДІ Барлығына үлгеру үшін уақыт іздеуді қойыңыз. Сіз оны бәрібір таба алмайсыз. Себебі сіз уақытты жоғалтып алған жоқсыз. Сіздің құзырыңызда күнделікті Алла берген 24 сағат қана бар. Сол уақытты қажетті, маңызды, өмірлік мәні бар, сізді мақсатыңызға жақындата алатын істерге арнап, басқа нәрсеге уақыт шығындамауыңыз қажет. Уақытты тиімді пайдалану үшін басты назар аударуымыз қажет болған мәселе бар. Өмірдің қай кезеңінде болмасын, ерік-жігері бар әрбір жанның ісі нәтижелі, өмірі берекелі болу үшін маңызы аса зор жайтқа көңіл бөлінуі тиіс: қажетті істерді уақытында атқаруды үйрену, күнделікті істерді рет- ретімен күн тәртібіне енгізу. Жоғарыда да атап өткендей, бос уақыт өткізбеу, әрбір сәтте пайдалы істермен шұғылдану қажет. Ал бұл істерге қандай нәрселер кіретінін қалай

анықтау қажет? Тек қана мамандық бойынша жұмыс істеу ме? Әрдайым білім алу ма? Әлде отбасына көңіл бөлу ме? Не ғибадат ету ме? Немесе құлқынның қамы мен құмарлықтардың құлы болу ма? Тарихта ешбір ажал аузында жатқан жанның соңғы сөзі «Жұмыстағы кеңсемде көбірек уақыт өткізгенімде ғой!» деген өкініш болған емес. Бір ауық осы соңғы сөздер көбіне қандай кейіпте болатындығын ойланып көрейік. Кітабымыз Ислам діні тұрғысынан болғандықтан, мұсылман жанның көзімен қарайық. «Көбірек ғибадат жасай алғанымда ғой». «Құлшылыққа ерте құлшынғанымда ғой». «Отбасыма көбірек уақыт бөлгенімде ғой». «Ата-анамды ренжітпегенімде ғой». «Ата-анама көбірек жақсылық жасағанымда ғой». «Балаларыммен көбірек уақыт өткізгенімде ғой». «Туған-туыстармен араздаспағанымда ғой». Жалпы осы секілді көрініс шығатынын көре аламыз. Енді өзіңіз үшін ең қадірлі нәрселердің тізімін жазып қарап көріңіз. Тізімнің басында не жазылғанына көңіл бөліңіз. Отбасы? Ата-ана? Жұбайыңыз? Бала-шағаңыз? Алла Тағала? Денсаулық? Дүние? Жұмыс? Достар? Дін? Рухани өмір? Үй? Көлік? Рақат? Демалыс? Ал сіз уақытыңыздың көп бөлігін не нәрсеге жұмсап жүрсіз? Тізімнің басында жазылғандарға аптасына қанша уақыттан бөліп жүргеніңізді саралап көріңіз. Тізімді бастап тұрған жайттар мен сіздің уақытыңыздың көп бөлігін жұмсап жүрген істер сәйкес келмеуі мүмкін. Мұның ең басты түсініктемесі – сіз өзіңіз үшін шынайы маңызды нәрселерге уақытыңызды дұрыс бөле алмай жүргеніңіз. Мұның мынадай себептері болуы мүмкін. Отбасының нәпақасын табу жолында жұмыс істеген уақыт отбасы үшін жұмсалған уақыт болып табылады. Иә, адам

отбасын асырау үшін жұмыс істегені дұрыс. Тіпті ол – Алланың ер адамның мойнына жүктеген міндеті. «Ер адамның қолына қарап отырған әйелі мен бала-шағасын аш- жалаңаш етіп нәпақасыз қалдыруы күнә ретінде оның бір басына жеткілікті болып табылады».192 Алайда күн ұзаққа жұмыста болып, үйге келгенде теледидар, компьютер, телефон, газет-журнал қараудан бас алмайтын кісінің әрекеті «отбасым үшін тер төгіп жүрмін» деген сөзімен толық ұштаспайды.  Жұмыстағы істерді атқару отбасында «жұмыс істеуден» жеңілірек болуы мүмкін. Жұмыс барысында атқарылатын тапсырмалар нақты әрі түсінікті болады. Және ол тапсырмаларды толық бітіріп, нүкте қоюға мүмкіндік бар. Ал үй ішінде олай емес. Атқарылатын істер бітпейді, оларды толықтай басқару мүмкін емес және әрдайым өзгеріс үстінде. Бірақ адам бұл жауапкершілігін де есінен шығармай, дұрыс атқаруға міндетті.  Жұмыс жайлы қоғамда қалыптасып қалған қате түсінік. Жұмыс барысындағы міндеттемелер астынан бас көтере алмайтындай дәрежеде болуы мүмкін. Жұмысқа тиесілі уақыттан бір минут та алмай, отбасына бөлуге уақыт табуыңыз күтіледі. Бірақ мұның мүмкін еместей өте қиын екендігін түсіну керек. Осылай уақытын жұмыстан асыра алмай жүрген жанды «адамдардың жаманы» ретінде сипаттаудан аулақпыз. Ол – тек қана жан-жақтан үстемелеген жауапкершіліктеріне уақыт жеткізе алмай қыспақта қалған пенде. Бұл түсіндірме мәселенің басын ашып береді, бірақ адамды ақтап алуға келмейді. Олай болса, отбасына, жақындарға, рухани өмір мен денсаулыққа уақыт бөлудің жолын қарастырып көрелік:

Ең алдымен өмірлік мақсатыңызды белгілеп алуыңыз қажет болмақ. Ол үшін мынадай бірқатар сұрақтарға жауап беру керек: Өмірдегі мақсатыңыз қандай? Не үшін өмір сүріп жатырсыз? Қандай тұлға болып қалыптасқыңыз келеді? Мақсатыңызды белгілеген басты құндылықтарыңыз қандай? Бұл сұрақтарға жауабыңыз дайын болған соң екінші кезектегі сұрақтар тізімі алдыңыздан шығады: Сеніміңізге негізделген әрекетіңіз қандай болмақ? Құндылықтарыңыз өміріңізде қалай көрініс таба алады? Мақсатыңызға жету үшін қалай өмір сүруіңізге болады?  Құндылықтарыңызға сай қандай істер атқаратыныңызды белгілеңіз. Бірқатар істер қосуыңыз қажет болады. Мүмкін кейбір әрекеттерден бас тартуыңызға тура келеді. Құндылықтарыңызды күн тәртібіне енгізіңіз және соған сай әрекет етіңіз. Жаңа өмірге аяқ басу жолында табандылық танытыңыз.193 Енді берілген осы формуланы қолдана отырып, мұсылмандық жауапкершіліктің шеңберіндегі мынадай жайттарға уақыт арнауды үйренуіміз қажет болады: Рухани: құлшылық, Исламды түсіндіру, Алла Тағаланы еске алу, өзімізге есеп беру. Қоғамдық: отбасы, туған-туыстар, достар, жалпы адамзат. Әлеуметтік: тіршілік, жұмыс істеу, адал ризық табу. Ақылдық: білім алу, дінді үйрену, мамандық иесі болу. Тәндік: демалыс, денсаулыққа мән беру, көңіл көтеру. Дүние мен ақыреттің арақатынасы Адамзатты жоқтан бар еткен Раббымыз бізді бұл дүниеге белгілі бір мақсатпен жібергені анық. Ол мақсаттың ең ұлысы – Оған иман келтіріп, жаратқандығы үшін алғысымызды білдіріп, өзімізді және әлемді тани отырып, Алланы барынша

тани түсіп, басымызды иіп құлшылық ету. Сонымен бірге біз бұл жалғанда азды-көпті мөлшерленген ғұмырымызды кешетін болғандықтан, Жаратушымыз бізге дүниенің қызылды-жасылды қызықтарын да көруге мүмкіндік берген. Ең бастысы – құстың қос қанатындай етіп тепе-теңдікті сақтай білу. Қалайша құс атаулы бір қанаты жоқ не кем болса ұша алмайтыны секілді бұл дүниедегі адамның да тек бір жақты өмір сүріп, толыққанды бақытқа жетуі неғайбыл. Сондықтан дінді ұстандым деп әсірелікке салынып, дүниеден баз кешіп кеткен де дұрыс болмайды. Ал дүниеге беріліп, ғибадат атаулыны ысырып қою тіпті қасірет болмақ. «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақыреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағанындай, сен де өзгелерге жақсылық жаса. Бұл жерде лаң салып, бүліншілік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді»194 деген Алла Тағаланың сөзінде айтылғандай да, мұсылман жан өзіне берілген қолындағы мүмкіндіктерді пайдаланып, ақырет қамын жасауы тиіс. Сонымен бірге дүниедегі несібесін де ұмытпай, адал ризық тауып, кеудесін тік көтеріп өмір сүруіне жағдай жасағаны жөн. Және осы екі жол арқылы да айналасындағыларға жақсылық жасауға тырысқаны дұрыс. Дініне берік мұсылман өзге адамдарға қолымен де, тілімен де зиянын тигізбей, керісінше, бауырына күлімсіреп қараудың өзін садақа біліп, жан-жағына мейірім шуағын шашып жүретін болады. Мұндай мүмін бай-бақуатты болар болса, мұқтаж жандарға қол ұшын созуды қасиетті борышы ретінде санап, көмек керек болған жерден көмегін аямайды. Ақырет үшін амал

Абайдың «Ақылдыға иман – парыз, имандыға ғибадат – парыз» дегеніндей бұл дүниеге адам баласы Алласын танып, оған құлшылық ету үшін жіберілген. Расында да, адам баласының тек қана осы мақсатпен жаратылғандығы Құран аятынан да белгілі. Алла Тағала адамды жаратқанда екі нәрсе беріп, қайтарымына тек бір нәрсе сұрайды. Яғни, алғашқы сыйы ретінде бізді жоқтан бар етіп, бұл дүниеге жіберіп, бұл дүниеде де бар қажеттілігімізді өтеп берген Раббымыз біздің бұл дүниеде Өзіне құл болуымызды талап етеді және екінші берері ретінде осы құлшылығымыз үшін ақыретте мәңгілік жаннатын тарту ететіндігін уәде етеді. Асылында, Жаратушысы адамға күнделікті санап берген 24 сағатының барлығын тек қана құлшылықпен өткізуді бұйыра алар еді. Алайда Алла теңдессіз мейірімімен бізге күнделікті бір сағат намаз оқуды, жылына бір ай ораза ұстауды, мүмкіндік болғанда жылына бір рет зекет төлеп, өмірде бір рет қажылыққа баруды ғана міндеттеді. Енді әрбір мұсылманға міндетті болған осынау амалдарды орындау үшін ең алдымен Алланы танып, діни білім алу, одан соң парыздардың жанына қосымша ғибадаттар орындау және әрдайым «мұсылман» деген атқа сәйкес әрекет ету қажет болады. Мұсылманға парыз етілген амалдардың барлығы белгілі бір уақыт аралығын ғана алады. Жағдайы жеткен адамға өмірінде бір рет атқару парыз болған қажылыққа бар болғаны екі аптаға жуық уақыт кетеді. Қаражаты нисап мөлшеріне жеткен мұсылман беруі міндеттелген зекетті өтеу айтарлықтай уақыт алмайды. Жылына бір ай Рамазанда ұсталатын парыз ораза бар. Алайда ораза ұстағанда адам оған арнайы уақыт бөлмейді де, яғни аузы берік адам ол үшін уақытын арнап еш нәрсе істеуі міндетті емес. Ал күнделікті бес уақыт намаз

дәретімен қоса алғанда бір сағат уақыт алады. Сонда адамның қалған 23 сағаты өзге тірліктеріне жетіп артылады. Ал мұсылман жан өмірінің әрбір сәтінде «мұсылман» болып қалуға тиісті. Қалған осы 23 сағатында адамның мұсылмандығын көрсететін – оның көркем мінезі. Адамдармен қарым-қатынасы, қоғамда өзін ұстауы, жұмыста жауапкершілігі, әріптестерімен арақатынасы, отбасындағы ұстанымы – бәрі- бәрі мұсылманның көркем мінезінің көрсеткіші болады. Сондықтан да ақыретте таразыда ең ауыр басатын осы көркем мінез екендігі айтылса керек.195 Адамға берілген күнделікті 24 сағатты 24 алтынға балауға болады. Бізге біреу күнделікті тегіннен-тегін 24 алтын сыйға тартып, оның 1 алтынын сол беруші үшін жұмсауымызды талап етсе, қалған 23 алтынын өз қалауымызша жаратуға берсе, сол бір алтынды оның бастапқы иесі үшін жұмсамай сараңдық етуіміз қаншалықты адамгершілікке жат екенін түсінуге болады. Дәл сол сияқты 23 сағатын мына жалған дүниеге жұмсап, ал сонау мәңгілік дүниеге бір сағатын қимаған адамның қаншалықты адамгершіліктен безгендігін аңғаруға болады. Сондай-ақ мың кісі қатысатын, мыңнан бір ғана ұтыс мүмкіндігі бар лотерея ойынына табысының жартысын салуды жөн санап, ал ұтары жүзден тоқсан тоғыз ықтимал «мәңгілік қазына» атты ұтысқа табысының жиырма төрттен бірін бермеу соншалықты ақымақтық екенін түсіну қиын ба? Сондай-ақ намазда рух, жүрек, ақыл-ой сияқты сезімдер тынығады, әрі шаршататындай ауыр жұмыс емес. Намаз оқыған кісінің бейкүнә істері құлшылық болып есептеледі. Осылайша бүкіл өмірін ақыретке пайдаланып, баянсыз күндерін мәңгілік өмірге айналдырады. Яғни, бес күндік қысқа ғана фәни дүниеде өмірін мәңгілікке арналған істермен өткізіп, сол арқылы мәңгілік өмірге ие бола алады. Ал енді жұмыстан не оқудан босай алмайтынын желеу етіп, сол бір сағатының өзін өзіне парыз етілген намазына қимаған жан үшін айтарымыз – қалаған адам қажетті уақытын әрдайым таба алады. Мысалы, бір жолы басқа адамдарды

күттіріп қойып темекі тартып отырған кісінің «15 минут темекі тартып болайық, күте тұрса еш нәрсе болмайды» дегенін естіп, адамдардың намазға қарым-қатынасы мен жауапкершілігі дұрыс болса, осылай 10-15 минут уақыт табылары сөзсіз екендігі ойға келді. Ақырет күніне иманы бар мұсылман амал дәптерін жақсылықтарға толтырып апару үшін өмір атты салымын ең тиімді саудаға салуы керек. Алдынан шығатын ізгі амалдардың барлығын дұрыс бағытта пайдаланып, оларды Алла жіберген мүмкіндік ретінде көруі тиіс. Адамдардың дін мен қайырымды амалдарға мойын бұрып қарамайтын болып бара жатқанына алданбау қажет. Сонымен бірге, тәкаппарлық пен менмендіктен барынша сақтану керек. Өйткені нәпсі мен шайтан әрдайым «Сен тым көп ізгілік жасап жібердің, бәрі сен сияқты мәрт болса ғой, шіркін!» деп құлағыңа сыбырлайды. Егер біреу ешқандай себепсіз қайырымдылық амалдардан қол үзіп кетсе, жаннатқа кірген күннің өзінде қоржынында сауабы аз болатындықтан, төменгі мәртебелерде орын алады.196 Алла Елшісінің хадистерінен де «Өмірдің өткінші әрі бос қиялдары, ләззаттары мен қызықтарына, уақыттың орынсыз өтуіне себеп болатын нәрселерге алданбаңдар, Алланың разылығы жолында ауыр, қиындыққа толы, шаршататын болса да, ертеңгі күніңе және адамзатқа пайдалы істер атқарумен өмір сүріңдер!» деп айтқысы келгендігін аңғара аламыз. Америкалық қара нәсілділердің көшбасшысы Букер Вашингтонның мына бір сөзі бізге көп жайтты

ұғындыратындай-ақ: «Мен жетістіктің бағындырған шыңдармен емес, соның жолында кездескен кедергілермен өлшенетінін білдім». Мұсылман адамның ақыретте жетістікке жетуі де осылайша есептеледі. Адамның әрбір амалының сауабы оның қиындығына қарай өлшенеді. Қиындығы артқан сайын сауабы да арта түседі. Ізгі амал жасау жолында тер төгуі, жанын салып тырысып бағуы мен алтын уақытын соның жолында сарп ету арқылы жетістікке жете білмек. Алла Тағала әркімге әртүрлі қабілет пен мүмкіндік бергендіктен, көбіне оның жеткен жетістігіне қарай емес, сол мүмкіндіктерін қалай пайдаланғанына, қаншалықты тырысып бағып, тер төккеніне қарай сауап жазады. Сондықтан ақыреттік амал үшін адамның барын салып тырысуы мен оған көбірек уақытын арнауы маңызды. Исламда адал ризық табу үшін тер төгудің маңызы Алдыңғы бөлімдердегі ғибадаттың маңыздылығын көрсеткен түсіндірмелерден Ислам діні тек қана құлшылық етуді әмір еткендей көрініп, қате түсінік қалыптаспауы қажет. Себебі дініміз жұмыс істеп, еңбек етуді, кәсіп үйреніп, мамандыққа ие болуды және халал жолмен ризық табуды ғибадат санатына жатқызып, бұған ерекше мән береді. Адал ризық табу жолында жұмыс істеуге байланысты аят-хадистерді көптеп кездестіре аламыз. Төмендегі бірнеше хадис бұл мәселеге назарымызды аударары анық:  «Адамдардың ең абзалы – дүниелік істерге де, ақыреттік амалдарға да уақыт бөлген мүмін».197  «Сенімді әрі турашыл мұсылман саудагер қиямет күні шейіттермен бірге болады».198  «Дүние табуда шектен шықпай әрі селқостық танытпай орта жолды ұстаныңдар. Себебі әрбір жан өзіне тиесілі болғанға

қол жеткізеді».199  «Алладан қорқатын тақуа адам үшін байлықтың ешбір зияны жоқ. Тек тақуа жанға денсаулық байлықтан да артық».200 «Беруші қол алушы қолдан жоғары».201 Ислам ғалымдары «Муззәммил» сүресін адал ризық табу үшін жасалған сауда іссапарының жиһад жасау дәрежесінде маңызды екендігіне дәлел ретінде келтіреді. Құран аятында түнгі құлшылыққа тұра алмайтын кешірімді себептерді төмендегіше санамалап өтеді: «Араларыңда науқастардың болатынын, кейбіреулеріңнің Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтынын, енді біреулердің Алла жолында соғысқа шығып, бел шешпей жортуылдап жүретінін Алла біледі. Ендеше, Құраннан өздеріңе жеңіл тиетіндей мөлшерде оқыңдар».202 Әзірет Омар (р.а.) жиһадтан кейінгі абзал амалдың адал ризық табу жолында табан тоздыру екендігін аятқа қарай отырып былай түсіндіреді: «Маған өлім келетін жағдайлардың арасында Алла жолындағы соғыстан кейінгі ең ұнамдысы – мен бір таудың екі төбесінің арасында Алланың ризық- несібесін іздеп жүрген сәтімде ажалдың жетуі. Себебі Құранда «Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтындар» деп ерекшелеп атап өткен».203 Бұл аятты түсіндіру барысында ғалымдар Пайғамбарымыздың мына бір хадисін де келтіре кетеді: «Кімде-кім мұсылман өлкелерінің біріне азық-түлік апарып, оны сол жердің бағасында сататын болса, бұл ісі Алланың алдында жоғары дәрежеге жетуіне себеп бола алады. Себебі Алла Тағала «Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтындар» деген болатын».204 Адал ризық табудың «адамның өз еңбегіне»205 байланысты екендігі жазылған Құран Кәрімде дүниелік істермен де шұғылдануға назарымызды аударатын жайттар көптеп кездеседі. Бір аятта «Бұл дүниедегі несібеңді де

ұмытпа»206 делінген. Басқа бірінде «Дүниеде де, ақыретте де жақсылық бер»207 деп сұрағандар мақталады. Келесі аятта жер бетінде тіршілік бастау алғаннан бері барша пайғамбарларға адал ризық табу үшін жұмыс істеу бұйырылғандығы анық айтылады: «Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп- ішіңдер, әркез игі істер істеңдер. Мен еш шүбәсіз, сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді білемін».208 Еңбек етіп, маңдай терімен адал ризық табудың маңыздылығын көрсету үшін тағы бір хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ешкім өз еңбегімен тапқан нәсібінен асқан қайырлы ризыққа кенелген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт (а.с.) өз қолымен еңбектеніп тапқан ризығын жейтін».209 Яғни, жоғарыдағы Құран аятымен де астасып жатқан бұл хадисте пайғамбарлардың да ризық-несібесін табу үшін еңбек еткендігін көрсетіп, «Алланың жолында болдым екен» деп, дүниеден баз кешіп, қол қусырып қарап жатуды дініміз құптамайтындығын жеткізеді. Тіпті Алла Елшісінің «Ертең қиямет болатынын білсеңдер де, қолдарыңда тұрған бұтақты егіп кетіңдер»210 деген сөзі қандай жағдай болмасын еңбек етудің маңыздылығын нақтылап көрсетіп кеткендей. Сонымен қатар дініміз адамға өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Жұмысын адал атқарып, дұрыс жасауын міндеттейді. Тағы бір хадисте былай делінген: «Ең жақсы табыс – берілген жұмысты жан-тәнімен орындап, жұмыс берушіні құрметтей отырып, қол жеткізген табыс. Жұмыс берушінің заңды талаптарын адал орындаған жұмысшы қиямет күнінде садақа берушілермен тең болады».211

Ислам діні мұсылман жанның кедей болып, мүсәпір халде өмір сүруін талап етпейді. Ешқашанда ондай түсінікте болған емес. Әзірет Омар (р.а.) пақырлық пен жалқаулықты, уақытты босқа жүрумен өткізуді жек көретін. Тек дініміз жүрегі Алла деген мұсылманның сол жүрегіне дүние атаулы кіріп кетпеуін қадағалайды. Дүние мұсылман адамның жүрегінде емес, қолында болу керек. Адам мен байлықтың арақатынасы кеме мен судың мысалындай. Кеменің сыртында болған су (теңіз, мұхит) оған пайдалы әрі маңызды. Себебі ол кемені діттеген жеріне алып баратын бірден-бір қажетті нәрсе. Ал сол су кеменің ішіне кірсе, оны құрдымға ұшыратып, су түбіне батырады. Сол секілді дүние адамның қолында болса, оның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайды, басқаларға көмек қолын созуына мүмкіндік береді, екі дүниелік мақсатына жеткізе алады, алайда ішіне, яғни жүрегіне кірсе, оның түбіне жетеді. Дініміз кедейліктің ауыртпалығынан айырыла алмай, қайыр тілеп күн көргенше өзінің маңдай тер, адал еңбегімен ризық табуын құптайды. Бір хадисте осы жайт нақты баяндалады: «Араларыңнан кімде-кімнің арқасына бір құшақ отынды арқалап жүріп сатуы және осылайша ар-намысын сақтап қалуы Қиямет күні жүзінде қара дақ болып көрініп тұратын жұртқа алақан жайып қайыр тілегеннен әлдеқайда жақсы».212 Сондықтан мұсылман баласы адал еңбек етіп, өмірде жетістікке және мол табысқа жетуге тырысқаны жөн. Ең бастысы, жетістігі мен табысына масаттанбай, әрдайым оған жеткізген Алла екендігін есінен шығармай, шүкірін ұмытпауы қажет. Сонымен бірге жағдайы мен мүмкіндігі болғанда зекет- садақасын беріп, басқаларға қол ұшын созып, қолғабыс етуге тырысқаны дұрыс. Өйткені хадисте «Адамдардың ең қайырлысы

– өзгелерге ең көп пайдасы тиетіні»213 делінген. Ал адамдарға ең көп пайда тигізе алу дүние-мүлкі өзінен артылған болуын қажет етеді. Хадисте бай-бақуатты болып, дүние-мүлкін Алла жолында жұмсаған жанға қызығушылықпен қарауға рұқсат етілгендігі және оның жаннатқа алғашқы кірушілерден болатындығы айтылған.214 Мұсылман жан өзге дін өкілінің қол астында болмауы керек. Сондықтан қызметте де мұсылман емес біреудің қарамағында жұмыс істемегені абзал. Сол үшін мұсылмандар дүниелік істерде де табысты болып, жетістікке жетіп, үмбетті алға сүйреуге талпынғаны жөн. Ақиқатында, адам өз өмірінде талай белестер мен асуларды бағындыра алады. Сол мақсатына жетіп, толағай табысқа, үлкен жетістікке қол жеткізу үшін мұсылман баласы уақытын ысырап етпей ұтымды әрі тиімді пайдалана білуі қажет. Ғибадат-құлшылықтарда уақыттың мөлшері мен төтеп берген қиындыққа қарай сауапқа кенеліп, жетістікке қол жеткізілетін болса, дүниелік табысқа қол жеткізу барысында адамның жұмсаған уақыты емес, қол жеткізген нәтижесі маңыздырақ. Сондықтан көп уақыт жұмсаудың орнына, уақытты тиімді пайдаланып, аз уақыттың ішінде көп нәтижеге қол жеткізетіндей өнімді еңбек етудің жолын қарастыру қажет. Міне, осы үшін де Ислам белгілеген шекаралармен қатар, заманауи тайм-менеджмент ережелері таптырмас құрал болып көмекке келеді. Ең алдымен, хадистерде айтылған табысты болудың кілттерінің бірі таңғы уақыт екендігін көре аламыз. Алла Елшісі (с.а.с.) былай дұға ететін болған: «Уа, Алла! Үмбетімнің ішінде таң атар-атпас адал еңбекке кіріскендердің істерін берекелі ете гөр!»215 Пайғамбар (с.а.с.) дұғасы қабыл болатынын

ескеріп, күнделікті тірлігімізді таңертең ерте бастауды әдетке айналдырғанымыз жөн. Сонымен қатар Алла Елшісі (с.а.с.) бірқатар хадистерінде де бұл жайтты тілге тиік етіп өткен: «Ризық іздеуге ертерек шығыңдар, себебі істі ерте бастау – берекет әрі үлкен табыс әкеледі».216 «Таң атқаннан кейін ұйықтап жату – ризықтың келуіне кедергі».217 Олай болса, Құран Кәрімде де, хадисте де мүміндердің тек ақыретін уайымдап қана қоймай, осы дүниесінің де қамын ойлап, адал ризық табу жолында тер төгуі талап етілген. Тек қана адамның өмірінің мақсаты мал табуға айналып кетпеуі қажет. Себебі адам «тамақ үшін өмір сүрмей, өмір сүру үшін тамақтанатындығын» есінен шығармауы тиіс. Дүниенің өткіншілігіне байланысты хадистердегі ескертулер тарихта кездескендей қате түсінікке ұрындырмасы үшін соңғы кезеңнің ғалымдары «Дүниені қолмен емес, жүрекпен тәрк ету» керектігін айқындап, ақыретке пайдасы жоқ, тек нәпсі қалауларының соңына түскен істермен ғана айналысудың зияндылығына назарымызды аударуға тырысқан. Ал жалпы алғанда, Алла разылығы үшін жасалған әрбір іс маңызды, қажетті болып табылады, уақытты босқа өткізуге жатпайды. Адамның жұмысы үш нәрсені қамтыса адамға нағыз бақыт алып келеді: жалақы, сүйікті ісі және қайырымдылық. Осылардың барлығын ұштастыратын жанына жақын жұмысын тауып, адал жолмен еңбек етуге жұмсаған уақытының әрбір сәті адам баласына екі дүниелік толағай табыс алып келмек. Білім алуға уақыт арнау

Ислам діні ер кісіге де, әйел адамға да білім алуды міндеттейтіні белгілі.218 Құранның ең алғашқы түскен әмірінің өзі «Оқы» делінгендіктен, білім алу мұсылман жанның ең басты міндеті болып саналады. Мұнда да Алла Тағала нақты нені оқу керектігін айтып белгілеп бермегендіктен, дініміз пайдалы әрі қажетті білімнің барлық түрін құптайды деуге болады. Алла Елшісі (с.а.с.) Құраннан үйренген тәлімімен әрдайым «Раббым, ілімімді арттыра көр»219 деп дұға ететін болған. Мұның өзі білім алудың дінімізде қаншалықты маңызды орын алатынын көрсете алады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) тек дұға етумен шектелмей, әрқашан амалын да жасай білген. Ең алдымен уахи арқылы сусындай отырып, Жәбірейіл періштеден (а.с.) де көптеген жайттарға қанық болған. Сонымен қатар сахабаларымен және айналасындағы жандармен сұхбаттасып, ақыл-ойын пайдалы мәліметтермен толтырып отырған. Алла Елшісінің «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді»220 деген сөзі білім алудың маңыздылығын көрсетіп, ілім жолындағы жанды сүйіншілеуде. Имам Ағзам Әбу Ханифаның мына бір өсиетінен білім алудың кезек күттірмей ең алдымен атқарылуы қажет іс екенін ұғына аламыз: «Ең алдымен білім ізденуге тырыс. Кейін дүниелік несібеңді алу үшін жұмыс жаса. Содан кейін ғана өмірлік жар табуға әрекет жаса. Ал егер бірінші дүниелік несібеңді, байлықты көздесең, білім алуға уақыт таппай қаласың және білімсіз тапқан байлық сені сараңдыққа жетелеп, көзіңді шел басады». Күн сайын өз-өзін жетілдіріп отыру қажет Бос уақытты тиімді өткізуге жетелейтін, адамның санасында қалыптасуы қажет қағидалардың бірі – адамның жеке

дамуына байланысты. Алла Елшісі (с.а.с.) мүміннің білім деңгейін, рухани байлығын күн сайын арттырып отыруға тырысуы қажеттігін ескерткен. Айша анамыз (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Мені Аллаға жақындататын ілімімді арттырмай бір күн өмір сүрсем, ол күнді жақсылықпен өткізбедім деп есептеймін».221 Мәғрифәтуллаһтың (Алланы тану) шыңына шыға алған Пайғамбарымыздың күн сайын Аллаға деген жақындығын арттыратын ілім алуға мүмкіндігі болса, басқа адамдар үшін бұл мүмкіндіктің аясы тіпті кең болмақ. Себебі Алланы тану тұрғысынан біздердің олқылықтарымыз бен пайғамбарлардың кішігірім кемшіліктерін салыстыруға мүлдем келмейді. Мағынасы осыған ұқсас тағы бір хадиске назар аударсақ: «Тақуалыққа жетудің жолдарының бірі – білмеген мәселелеріңді де үйренгенше білім алуды жалғастыру».222 Басқа бір риуаятта аталған жайт төмендегідей қысқа да нұсқа жеткізіледі: «Екі күні бірдей болған – зиянда... күн сайын дамып отырмаған кері кетеді».223 Өмірдің әрбір кезеңдерінде адамның әрдайым тұрақты түрде білімін жетілдіріп отыруының қажеттілігін ағысқа қарсы жүзген адаммен салыстыруға болады. Ағысқа қарсы жүзген адам жүзуін жалғастырмай тоқтап қалатын болса, кері кететіні белгілі. Сол секілді адам баласы білім алуын тоқтатып қойса, оның бұған дейін жеткен дәрежесіндетұрақтап тұра алмайды, міндетті түрде кері кетеді, себебі алдыңғы мәліметтер бара-бара ұмытыла бастайды. Нағыз пайдалы білім материалдық білімдер мен рухани білімдерді бірлестіре отырып меңгеріледі. Ілімнің бұл екіжақтылығы қос қанат сияқты. Сіз өмірде бір қанатпен ұшқан құс көрдіңіз бе?.. Алдымен білуіміз міндетті мәселелерді үйрену

Пайғамбарымыздың хадистерінде әрбір мұсылманның білуі парыз саналатын мәселелер аталып өтіледі. Оларды түсіндіру барысында ғалымдар арасында әртүрлі көзқарастар кездескенімен, көпшілігі иман, ғибадат, көркем мінез, қарым- қатынас әдебі, белгілі бір мамандық, үйленетін жандар үшін отбасылық мәселелер мен бала тәрбиесінің қыр-сырлары жайлы мағлұматтарды білу парыз екендігін құптаған. Алла Елшісі (с.а.с.) дұрыс әрі пайдалы білім алудың маңыздылығын білдіріп кеткен. Әрдайым пайдасыз білімнен Аллаға сиынып, дұға ететін болған. Алайда «мына білім пайдасыз» деп нақты айтқан емес. Демек, білуіміз парыз болған білімді толыққанды үйреніп болмай, «қажетті білімімді толықтыруға кедергі жасайтын барлық білімнен Аллаға сиыну керек» деген түсінік қалыптастыруымыз қажет деген сөз. Себебі ешбір пайдасы жоқ артық мағлұмат адамның санасына шоғырланып, жадын толтырып, зейінін қажетті дүниеге арнауына кедергі жасайды. Алла Тағала білім алуды әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз еткенін хадистен білеміз. Ал бұл парыз өз кезегінде парыз-айн (әркімге жеке парыз) және парыз-кифәя (жамағатқа жалпы парыз) болып екіге бөлінеді. Өзін мұсылман санаған әрбір жан өзі үйренуі керек жайттарға діни білім жатады. Мұсылманның мойнында діни міндеттемелері бар болғандықтан, соларды атқаруды үйрену үшін білім алу парыздан да маңызды парыз болып саналады. Ал діни білім өз алдына «қорғаушы» және «толтырушы» болып екіге бөлінеді. Қорғаушы білім – мұсылман баласын әртүрлі жат жолдар мен адасушылықтан сақтап, өзгелердің жетегінде кетуден қорғап қалатын мағлұматтар. Толтырушы білім – адамның жанын рухани байытатын, жүрегін мейірімділікпен толтыратын, дін жолында табандылыққа баулитын тағылымды-өнегелі мәліметтер. Мұсылман адам ең алдымен өзіне жеке парыз

болған осы екі түрлі біліммен сусындауға тиіс. Ал парыз- кифая аталған, жалпыға міндеттеліп, жамағаттың ішінен бір не бірнеше адам білсе жеткілікті болатын мәліметтерді адам өз табиғаты мен қажеттіліктеріне қарай үйреніп біле алады. Алла Тағаланың адамдарға берген зейін қабілеті мен бейімділігі әр алуан болып келеді. Адамдардың осындай қабілеті мен талаптарының нәтижесінде түрлі мамандықтар пайда болған. Қоғам тәртібінің жалғасуы үшін түрлі мамандықтар мен оның мамандары, әлбетте, қажет. Мамандық таңдау барысында назар аударылатын басты мәселе – халал мен харам шегіне абай болу. Әрбір мұсылман Алла Тағаланың өзіне берген мүмкіншіліктерін ең жақсы түрде пайдалануы тиіс. Кімнің қай салаға қабілеті болса, өзін сол бағытта дамытуға жігер жұмсауы керек. Мысалы, ілімге қабілеті бар адам пайдалы іліммен айналысып, сол салада жоғары дәрежелерге жетуге талпынғаны абзал. Басқару қабілеті бар адам соның іліміне бейімделумен қатар, өз жауапкершіліктерін де үйренуі керек. Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздену Әлемдегі ең көп жалақы алатындардың 20%-ы өмір бойы білім алуға уақыт арнайды. Олар әрдайым білім қорларын толтырып, біліктіліктерін шыңдай түседі: кітап оқиды, жаңа білім алады және онысын тәжірибе жүзінде іске асырады. Олар кемелдену жолында өз-өздерін аяп қалмайды.

Fortune 500 тізіміне кірген бір компанияның басшысының төмендегідей сөзі бар: «Бәсекеге қабілеттілігімізді сақтап қалудың бірден-бір шынайы жолы – үйренуге деген қабілеттілік және сол үйренген нәрсемізді бәсекелестерімізден бұрын тәжірибе жүзінде іске асыруымыз». Шведтік психолог профессор Андерс Эриксон жетістікке жеткен қызметкерлердің жаңа білім алуға күнделікті екі сағаттан, аптасына бес күн уақыттарын арнайтындығын анықтаған. Бір аптада 168 сағат бар. Білім алуға тек қана он сағат уақыт арнау арқылы жаңадан жұмыс бастаған қызметкерлер де үлкен жетістікке жетіп, мансап баспалдағымен жылдам жоғарылай түскен. Жаңа білім мен біліктілікке қол жеткізу арқылы олар нәтижеге жету қабілетін арттыра түскен. Жолдастары әртүрлі кештерде, спорттық шараларда, үйде теледидар алдында көңіл көтеріп жүрген уақытта олар күнделікті екі сағаттан уақыт тауып, ұдайы білім алып, өздерін жетілдірумен болған. А.Эйнштейннің мынадай сөзі бар: «Артық қордың әлемде теңдесі жоқ күші бар». Артық білім қоры да дәл осылай. Адамның істеген ісінің ғана емес, істемеген нәрсесінің де салдары болуы мүмкін екенін айтып өттік. Және кейде әрекетсіздіктің салдары біз ойлағаннан да қатерлі болуы ықтимал. Өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтын, уақытын жолдастарымен әңгіме-дүкен құрумен, көңіл көтерумен өткізетін, бар мүмкіндікті пайдаланып жұмыстан сытылып кетуге тырысатын, шамадан тыс демалысқа көңіл бөлетін жан бұл ісінің жағымсыз салдарымен жақын арада бетпе-бет келуге дайындала бергені дұрыс. Егер ол білімі мен біліктілігін жетілдірмесе, уақытын тиімді пайдалануды білмесе, тапсырылған жұмысты уақытында атқармаса, мұндай әрекетсіздік пен уақытты бос өткізудің салдары оның мансабына кері әсер ететінін білуі керек. Табиғи заңдылық: «Егер үлкен нәтижеге қол жеткізгің келсе, үлкен күш жұмсап тер төгуің керек».

Неміс философы Гетенің мына бір сөзі ой саларлық: «Табиғат әзілді қабылдамайды: ол әрдайым шындықтың жағында, әрдайым шынайы, әрдайым қатал, оныкі әрдайым дұрыс, ал қателіктер мен адасушылықтар адамдардан. Оны бағалай білмеген адамды ол ұнатпайды. Тек қана таза жүректі, шыншыл, алғыр жанға жеңілдік беріп, өз құпияларын ашады».224 Иә, тым философиялық әрі материалистік түсінік қалыптастыруы мүмкін. Алайда асыл дініміздің призмасымен қарап, көп жайтты ұғына аламыз. Алла Елшісінің «Екі күні бірдей болған адам зиянда»225 дегеніндей, адам баласы өзін жетілдіріп, білім алып, біліктілігін арттыруға тырысумен болмаса, бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегу қаупі бар. Сондықтан қазірден бастап күнделікті, апта сайын, ай сайын білім алуға уақыт бөлуге бекініңіз. Күн тәртібін реттеп, жоспар құрып, білім алуға уақыт бөліңіз, ол үшін арнайы орын да дайындап қойыңыз. Өміріміздің маңызды кезеңдерінің бірі – біз әдет бойынша «бос уақыт» деп атайтын өз құзырымыздағы уақыттарымыз. Бір аптада 168 сағат бар. Орташа есеппен алғанда адам күніне 8 сағаттан аптасына 5 күн жұмыс істейді (40 сағат), 8 сағатын (ең көбі) ұйқыға жұмсайды (56 сағат), 5 сағат уақыты жуынып, киінуге, тамақ ішуге, жолға кетеді (35 сағат). Осының барлығын қосып есептегенде 131 сағатты құрайды. Арғы жағында әлі де 37 сағат «бос уақыты» қалады. Мұсылман баласының күнделікті бес уақыт намазына тиесілі бір сағатын тағы қосыңыз. Соңында 30 сағат қалады. Өкінішке орай, адамдардың көбі бұл уақыттарды теледидар қараумен, көңіл көтерумен, жолдастарымен әңгіме-дүкен құрумен өткізеді. Алайда адамның жетістікке жетуі немесе көштің соңында жүруі дәл осы өз құзырындағы уақытын қалай өткізгендігіне байланысты өлшенеді. Сіз ол уақытыңызды көңіл көтерумен өткізе аласыз немесе болашағыңыз үшін маңызды істерге жұмсай аласыз.

Бос уақыт адам өміріндегі қосымша мүмкіндігі ретінде саналады. Оны ақылмен пайдаланатын болса, жеке басының құндылықтарын айтарлықтай дәрежеде арттыра алады. Егер сіздің жұмыс тәртібіңіз қазіргі қоғамда қалыптасқан әдетке сай болса, сіздің құзырыңызда күнделікті төрт сағат бос уақыт болады. Бұл уақыттарды сіз өз қалауыңыз бойынша пайдалана аласыз. Ал демалыс күндері бұл уақыт 16 сағатқа дейін артады. Осы уақыттарыңызды қалай пайдаланғаныңызға байланысты сіздің келешек өміріңіз бен болашақтағы жетістіктеріңіз анықталады, жалпы көп жайт соған байланысты өзгере алады. Егер сіз осы қосымша мүмкіндігіңізді ақыл-ой мен білім- біліктілігіңізді арттыруға пайдаланатын болсаңыз, оған дейін жинақтаған қорыңызды жетілдіре түсіп, таңқаларлық жетістіктерге қол жеткізуге жол ашасыз. Әлемдегі ең көп жалақы төленетін мамандардың 20%-ының қатарына кіретін адамдар өздерінің бос уақыттарын тиімді түрде пайдаланады. Олар өмір бойы білімін жетілдіруге жіті мән береді. Солайша білімі мен біліктілігін арттырған сайын жалақысы да өсіп отырады.226 Сіз де аптасына 10 сағат бос уақытыңызды білім алуға арнауға қазірден бастап шешім қабылдаңыз. Жетістікке жеткен жандар бос уақыттарын қалай өткізетінін біліп, солардан үлгі алыңыз. Оқығанды көңілге тоқып, білімді жетік меңгере алудың тағы бір жолы ретінде ғалымдар мынадай кеңес береді: «Көп кітап оқыма, бір кітапты көп оқы». Кітапты жақсы түсіну үшін мұның берер пайдасы мол екенін ақылды адам жоққа шығармасы анық. Отырардың тумасы Әл-Фараби бабамыз Аристотельдің кітаптарын 100 реттен аса оқыған деседі. Нәтижеде Батыс Аристотельді түсіну үшін Әл-Фарабиге жүгінді. Әрине, көп оқумен барлық адам Әл-Фараби сияқты

ғалым болып кетпес. Бірақ ғалым болғандардың барлығы – кітапты көп оқығандар. Жақындарға уақыт бөлу Өз уақытыңызды кіммен және қалай өткізетініңіз сіздің бақытыңыз бен жетістігіңіздің 85%-ына әсер етеді. Әңгіме- дүкен құруға арналған уақыт пен жұмысқа, шығармашылыққа не білім алуға арналған кезеңдердің арасында айырмашылық болары сөзсіз. Жетістікке жетуге және мансапта жоғарылауға қажетті істер отбасы бақытына қауышу мен жақындармен жақсы қарым-қатынаста болуға керекті әрекеттерден түбегейлі өзгеше болады. Отбасында болсын, достардың ортасында болсын ынтымақ пен татулықтың орын алуы оған да арнайы уақыт бөлуді қажет етеді. Жақындарыңызға уақытында оларға қажетті уақытты бөліп үйреніңіз. Себебі бұл кейінге қалдырылатын уақыт емес. Құранда Алла Тағала «Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Сондай-ақ жақын туыстарыңа, жетімдерге, кедей-кепшікке, жақын көршілеріңе, алыс көршілеріңе, (сапарлас немесе жақын) жолдастарыңа, (елінен жырақта жүрген) мұқтаж жолаушыға және қоластыларыңдағы құлдарың мен күңдеріңе жақсылық жасаңдар»227 деп мұсылман баласының қоғам алдындағы жауапкершілігін тізбектеп береді. Дін мұсылман баласы мүмкіндігінше осы аталған жандарға уақыт бөліп, міндетін орындауы тиіс. Отбасына арналған уақыт Үй ішіндегі сіздің бақытқа толы ғұмыр кеше білуіңіз сіздің жақсы көретін әрі сізді жақсы көретін жандарға байланысты болмақ. Сіздің өміріңіздің қаншалықты мәнді әрі бақытқа толы

болуы өмірлік жарыңызды, досыңызды не жолдасыңызды дұрыс таңдауыңызға тікелей байланысты. Адамдармен қарым-қатынасыңыздың сапасын арттырудың бірден-бір жолы оларға көбірек уақыт бөлуге келіп тіреледі. Адамдармен қарым-қатынастағы көзбе-көз тілдесуге бөлінген уақыттың орнын еш нәрсе баса алмақ емес. Дініміздің белгілеген ережелері бойынша отбасы мүшелерінің әрқайсысының бір-бірінің алдында белгілі бір жауапкершіліктері бар. Ең алдымен, өмір сыйлаған ата-ананың алдындағы ешқашан өтелмес парызымыз бен қарызымыз бар. Оны Алла Тағала Құранда да атап өткенін білеміз.228 Соған сай осы міндетімізді орындау үшін оларға уақыт арнап, көңіл бөлу қажет болмақ. Аятта ата-анаға жақсылық жасаудан кейін туған-туыстарға кезек береді. Сондықтан жақын туыстардың алдындағы жауапкершілікті өтеуге де уақыт бөлу маңызды. Алла Тағала жұп етіп жаратқан ерлі-зайыптылардың арасындағы жауапкершіліктер мен міндеттердің жөні мүлдем бөлек. Әйеліне «аманатым» деп қараған ері оның алдындағы міндеттерін орындауға уақытын дұрыс бөле білуі тиіс. Ерін «жаннатым» деп бағалаған әйелі де жарының алдындағы жауапкершіліктеріне мұқият болып, оны разы етуге барша мүмкіндіктерін пайдаланып, жеткілікті уақытын арнауы қажет. «Адамның бір қызығы бала деген» демекші, балалы болуды кімнің болса да қалайтыны ақиқат. Алайда оның өзіндік жауапкершілігі де жоқ емес. Ол жауапкершілік – балаға тәрбие беру. Ал бала тәрбиелеу бір күндік іс емес. Жалпы адамды тәрбиелеу көп уақыт алатыны белгілі. Құран Кәрімде Мұса пайғамбардың (а.с.) өз қауымын Алла Тағаланың әміріне бағынбаған соң, Сина сахарасында ары-бері 40 жыл бойы жүргізгені айтылады.229 Бұл оқиға қазақтың «елу жылда ел жаңа» деген тамаша сөзін еске түсіреді. Яғни, Алла Тағала

әлгі күнәһар қауымды тәрбиелеуді мақсат тұтты. Ақыры шөлдің шыжғырған ыстығынан қайраттанған қауым тарихқа Дәуіт пайғамбардай (а.с.) қайратты ұл сыйлады. Ол өз қауымы жіберген қателікті жөндеді. Міне, бұл – тәрбиенің жемісі. Сіз де балаңыздың тәрбиелі болғанын қаласаңыз, оның тәрбиесіне көңіл бөліңіз. Кімде-кім өз уақытын баласының тәрбиесі үшін жұмсаған болса, онда ол ертеңгі күні тәрбиесіз баланың келтірер зардабынан аман болады. Осылардың барлығына көңіл бөлу мен уақыт арнау мәселесінде адам тепе-теңдікті сақтауға мұқият болуы керек. Ешкімнің ақысын ешкімге жегізбеу керек. Барлығына қажетті уақытын бөле білу керек. Адам жұмысы үшін отбасына уақыт бөле алмай немесе отбасы үшін жұмысына уақыт бөле алмай жүрген жоқ. Уақытын дұрыс пайдаланбай, ысырап еткені үшін уақыт бөле алмай жүр. Шынайы бақытқа қол жеткізу үшін отбасы мен жұмысқа арналған уақытта таразының басын тең ұстай білу өте маңызды. Жұмыс барысында жұмсалған уақыттың сапасы маңызды болса, барлық бақытты әрі есте қаларлық сәттерді бастан кешіретін отбасы ошақ қасындағы жақын жандарыңызға арнаған уақытыңыздың мөлшері маңыздырақ. Сіздің түздегі жұмысыңыз ішкі жан дүниеңіздегі құндылықтарыңызбен сәйкес болғанда ғана шынайы бақытты бола алмақсыз. Көптеген адамдар, әсіресе, ер кісілер, олар үшін отбасы ең басты құндылық әрі барлығынан қымбат екендігін айтады. Олар тек қана отбасына жайлы өмір сыйлау үшін тер төгіп жүргенін қайталаумен болады. Алайда күн ұзаққа жұмыста болып, кешке үйіне оралғанда теледидар көрумен, демалыс күндері достарымен ойынға жиналумен уақыт өткізеді. Жақында жасалған зерттеулердің нәтижесі бойынша, отағасы әр баласымен орташа алғанда күніне сегіз минут уақыт өткізеді екен. Жұмыс пен отбасына бөлінген уақыттың арасындағы мұндай теңсіздік адамды күйзеліске ұшыратады. Дөңгелектерінің бірінің

тепе-теңдігі бұзылғанда қатты теңселе бастайтын автокөлік секілді өмірде осындай тепе-теңдікті сақтай алмау адамды қуаныш пен үйлесімділіктен айырады. Кез келген қарым-қатынаста әрбір істің өз уақытында атқарылуы мен әрбір сөздің өз уақытында айтылуы аса маңызды. Айналаңыздағы жандармен қарым-қатынасыңызды реттеу – жеке істеріңізге уақыт арнаудың ең жақсы жолдарының бірі. Отбасымен және жақындармен қарым-қатынасыңызды жақсартудың тиімді жолдарының бірі өзіңізге «Алты ай ғана өмірім қалған болса не істер едім әрі уақытымды қалай өткізер едім?» деген сұрақ қойып көру. Бұл өте жақсы сұрақ. Өз әрекетіңізді қалай өзгертер едіңіз? Нені қосып, нені алып тастар едіңіз? Өміріңіздің соңғы алты айын қалай өткізер едіңіз? Мұндай жағдайда жауаптардың барлығы дерлік жақын жандарыңызға қатысты болады. Ренжіскен адамдармен татуласуға, өзіңізге қымбат жандармен көбірек уақыт өткізуге тырысасыз. Мұндағы маңызды ереже: сұраққа жауап іздегенде не істеймін деп шешсеңіз соны орындауға бірден кірісіңіз. Уақыт оздырмастан жақсылық жасап, ізгілікке бет бұруға тырысыңыз. Барлығы да кеш болуы мүмкін уақытты күтпеңіз. Себебі өміріңіз алты айдан да аз қалған болуы мүмкін. Біле алмайсыз! Бақытты өмірдің сыры отбасымен көбірек уақыт өткізуде жатыр. Бұл қалай болмақ? Үйде болған кезіңізде уақытыңыздың 100%-ын отбасыңызға арнаңыз. Теледидар мен компьютерді өшіріңіз. Смартфоныңызды алыстау жерге қойыңыз. Кітапты жауып, газетті бүктеп қойыңыз. Сізді алаңдататын барлық артық нәрседен құтылыңыз. Назарыңызды толықтай өз өміріңіздегі ең маңызды жандарға аударыңыз. Олардың жанында отырып, жүрек қағысын

сезінуді ғана шынайы қарым-қатынас деп атауға болады. Өзіңізді толықтай жақындарыңызға арнап, олармен сөйлесіңіз, сөздерін мұқият тыңдаңыз, уайымдарын түсінуге тырысыңыз. Сізбен сөйлескісі келген жанды тыңдағанда басқа істерді доғарып, тек қана оның сөзіне құлақ салыңыз. Сол сәтте сіз үшін әлемдегі ең маңызды жанның сол екенін көрсетіңіз. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға қажетті ең негізгі сипат – адамдарда сенім мен құрметті оята білу. Айналаңыздағы жандар сізге сеніп, құрметтей алса, олармен қарым-қатынаста ешқандай мәселе туындамайды. Ал егер сенім мен құрметтен айырылып қалсаңыз, қарым-қатынасыңыз да құрдымға кетті дей беріңіз. Бұл бар болғаны уақыттың еншісіндегі жайт. Назар аударуымыз қажетті қағида: сіз адамды тыңдай білсеңіз, сізге сенім артатын болады. Сұхбаттасыңызды тыңдай білуіңіз бен араңызда жақын әрі сенімді қарым-қатынас орнауының арасында тікелей байланыс бар. Өзінің «Достардың көңілін жаулау және адамдарға әсер ете білу» атты кітабында Дейл Карнеги былай жазады: «Адамның табиғи қажеттіліктері мен қалауларының бірі – өзінің маңыздылығын сезіну».230 Әйеліне берген уәдесі... Әлемге әйгілі Брайан Трейсидің семинарларының бірінде қатысушылардың бірі өзінің қызықты оқиғасымен бөліскен. Үйленгенде әйеліне күнделікті кешкі сағат 6-да үйге келетіндігіне және онымен бірге кемінде екі сағат уақыт өткізетіндігіне уәде берген. Кейіннен балалары болған кезде отбасына арналған уақыты үш сағатқа дейін артқан. Демалыс күндері одан да көп уақытын бөлген. Табысты кәсіпкер қызмет бабымен басқа жақтарға кетуге тура келгенде күнделікті уақытты санап, сағат сандарын қосып, үйіне оралған кезінде сол уақытын отбасына арнап отырған. Қызмет баспалдағының бастапқа кезеңдерінде берілген бұл уәдесі оның бүкіл өмірін өзгертеді. Сөзінде тұру үшін кәсіпкер барынша тиімді жұмыс атқарып әрі ең маңызды істермен шұғылдануды үйренеді. Жұмыс орнына біраз ертерек келіп, бар күш-жігерін салып жұмыс істеп, тірлігін

уақытында бітіріп, тура сағат 18:00-де үйінде болатын. Бұл кәсіпкер өз саласының білікті маманы әрі табысты жетекшісіне айналады. Ерен еңбегі үшін жалақысын арттырып, мансабын өсіре түседі. Уақыт өте келе бай адамдардың қатарынан табылады. Осылайша оның әйеліне берген уәдесі өміріндегі маңызды шешімдерінің біріне айналады.231 Сіз де солай жетістікке жете отырып, жан жарыңызға да тиісті уақыт бөле аласыз. Жұмыста өткізген сағат саны емес, уақытында атқарылған істің көлемі маңызды екендігін естен шығармаңыз. Ал өмірлік серігіңізге арнайтын уақыттың мөлшері қымбатырақ. Әйеліңізге көңіл бөліп, дұрыс уақыт арнай біліңіз. Сонда әйеліңіз сіз оны үлде мен бүлдеге орамасаңыз да, сіздің жаныңызда өзін бақытты сезініп, сіздің де разы болуыңыз үшін аянбайтын болады. Ана мен бала Бір күні жолдасы жан жарын мейрамханаға кешкі асқа шақырады. Бірақ әйелі ұсыныстан бас тартып: – Мен сенің басқа бір әйелді шақырғаныңды қалаймын, – дейді. Түк түсінбеген күйеуі: – Сен менің жар дегенде жалғыз некелі жарымсың. Мен сені мейрамханада бірге тамақтанайық деп шақырып жатырмын. Ал сен басқа әйел шақыр дейсің. Мен ондай еркектерден емеспін. Қалай басқа әйелді шақыр дейсің? Кімді айтып тұрсың сонда? – дейді. Сонда әйелі: – Мен сенің өз анаңды шақырғаныңды қалаймын. Сендер бірге тамақтанбағалы, қыдырып, бірге уақыт өткізбегелі көп болды ғой, – деп сүйікті жұбайымен бірге қыдыру үшін өзінен гөрі енесін жоғары қойып, парасаттылық танытты. Мұны естігенде күйеуі қатты таңырқады әрі әйеліне разы болды. Бірден анасына қоңырау шалып, мейрамханаға кешкі асқа шақырды. Анасы алғашқыда өз құлағына өзі сенбеді. Шақыруды қуана-қуана қабыл алды. Жұмыс аптасы аяқталғанда жұманың кешінде анасын алып кетуге үйіне барды. Бойында біраз толқу бар. Анасы сыртта күтіп тұр екен. Оның да толқып тұрғаны байқалады.

Екеуі әңгімелерін айтып, сыр бөлісіп ұзақ отырды. Ана мен бала болып сөйлесуді екеуі де сағынып қалған екен. Әсіресе, ана көңілі жадырап, мәз- мейрам. Ол үшін ең керемет күн болғандай. Тіпті мұндай үлкен мейрамханада болмаса да, жерде отырып ұлымен бірге тамақтанғанның өзі оған зор бақыт сыйлайтын еді. Анасын үйіне апарып салып тұрып: – Анашым, тағы да міндетті түрде осылай бірге тамаққа барамыз, – деді. – Тек бір шартым бар. Келесі жолы мен шақырамын, – деді шексіз қуанышта тұрған ана. Үйіне барғанда кездесулерінің қалай өткенін сұраған әйеліне «Тамаша! Өзім ойлағаннан да керемет өтті» деп жауап қатты. Көп ұзамай анасы жүрек талмасынан қайтыс болды. Мұның кенеттен болғаны соншалық – анасы үшін еш нәрсе істей алмады. Ұлы қатты қайғырды. Арада біраз уақыт өткенде анасы екеуі барған мейрамханаға шақырту алады. Тамақ толықтай төленіп қойған екен. Шақырудың жанында бір хат бар еді: «Мұның ақысын алдын-ала төлеп қойғанмын. Алайда бара алатыныма сенімді болмадым. Дегенмен екі адамға арнап төледім. Біреуі – саған, екіншісі – әйеліңе. Сол кеш маған қаншалықты қуаныш сыйлағанын саған айтып жеткізе алмаймын. Сені қатты жақсы көремін, ұлым». Теледидар болғым келеді Бірде мұғалім мектеп оқушыларына мынадай тақырыпта шығарма жазуды тапсырды: «Құдай тілектеріңді орындап жатса, кім болғыларың келер еді? Неге айналар едіңдер?» Үйге келіп, кешкісін шығармаларды қарауға кірісті. Барлық шығармаларды алаңсыз қараумен болар ма еді, кенет қолына көңіл-күйін бұзған бір шығарма іліне кетпегенде. Көңіл-күйі нілдей бұзылды да, жылап отырып қалды. Артынша күйеуі келіп кірді, әйелі ебіл-дебілі шығып жылауда екен. – Не болды? – деп сұрады күйеуі. – Оқышы, – деді ол, бір баланың шығармасына қол созып. «Құдай Тағалам, мен Сенен бүгін ерекше тілекті өтініп көрмекпін: теледидарға айналдыршы. Мен оның орнына барып тұрсам деймін. Біздің

үйдегі теледидардың ғұмырындай өмір сүргім келеді. Ерекше орынды иемденіп, отбасымды айнала жинап алғым келеді. Мен сөйлеген тұста сөзімді бөлместен және сұрақ қоймастан тыңдаулары үшін. Үнемі басты назарда болу үшін. Ол (теледидар) бұзылғанда қалай жұмыс жасаса, менімен де дәл солай жұмыс жасағанын қалаймын. Үйге кештетіп келген, тіпті, шаршап келгеніне қарамастан, әкеммен бір ортада болғанды тіледім. Менің шешем көңілін орнықтыру үшін алдыма келіп, мұңайған сәтінде менімен оңаша қалсын. Ара-тұра ата-анам барлығын бір шетке ысырып қойып, аз уақытқа болса да менімен бірге болсын дедім. Құдайым, көп нәрсені сұрамай-ақ қойдым... Маған тек кез келген теледидардың ғұмырындай өмір сыйлашы». – Сұмдық-ай! Байғұс бала! – деп күйеуі қатты дауыстап жіберді. – Қандай ғана ата-ана болды екен?! Ал әйелі болса, әлі де жылау үстінде былай деді: – Бұл шығарма біздің ұлдікі болатын... Бір сағат уақытыңды сатып алсам... Әкесі жұмыстан келгенде есік алдынан 5 жасар ұлы қарсы алды. Дереу: – Әке, сағатына қанша ақша табасыз? – деп сұрайды. Өзі де шаршап келген әкесі ұлының сұрағына ашуланып: – Онда шаруаң болмасын! – деп жауап қайтарады. Ұлы берілмей: – Айтыңызшы, білгім келеді, – деп қайта сұрағанда, әкесі ызаланып: – Екі мың теңге! Ал не істейін деп едің!? – дейді. Сонда ұлы: – Маған бір мың теңге қарыз ақша бере тұрасыз ба? – деп сұрайды. Әкесі одан әрі ашуланып: – Сенің онсыз да толып жатқан ойыншықтарыңа беретін ақшам жоқ. Мазамды ала бермей, бөлмеңе бар, – дейді. Ұлы еш жауап қайтармай көзі жасаурап бөлмесіне кетеді. Әке ашуы басылар емес, «Бес-ақ жаста бола тұрып ақша сұрауға қалайша дәті барады?!» деп қояды. Бір сағат өтіп, ашуы басылғанда, ұлын босқа ренжіткенін, баланың ақшаны не үшін сұрағанын да білмейтінін ойлап, «Мүмкін шынында қажет болып тұрған шығар?» деп ұлының бөлмесіне кіреді. Төсекте жатқан ұлына жақындап: – Ұйықтап жатырсың ба? – деп сұрайды. Баланың: – Жоқ, – дегенін естіп:

– Сұраған мың теңгеңді ала ғой. Саған ұрсып тастағаным үшін ренжіме. Жұмыстан шаршап келген едім, – дейді. Ұлы төсегінен ұшып тұрып: – Әке, рахмет! – деп, әкесінің қолынан мың теңгені алып, жастықтың астынан мыжылған ақшаларды шығарады. Әкесіне жәутеңдеп қарап қойып, ақшаларды санай бастайды. Мұны көрген әкесі қайта ашуланады: – Ақшаң бола тұрып неге менен сұрадың? Сенің балалық ойындарыңа уақытым жоқ! – деп ұрыса бастайды. Сонда баласы: – Иә, айдың басынан жинаған ақшам болды, бірақ олар жеткіліксіз еді, – дейді де, ақшалардың бәрін уыстап жинап әкесіне созады, – Міне, екі мың теңге... Әке, менімен әңгімелесуге бір сағат уақытыңызды сатып алсам бола ма?.. Әйел адамның уақыты Уақыт мәселесі адамның жас мөлшеріне, әлеуметтік жағдайына, жынысына, түр-түсіне қарамастан, барлығына бірдей маңызды. Қай кезеңнің қандай адамы болмасын, осы маңыздылықты түсіне алған жағдайда ғана жетістікке жете алған. Дегенмен бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін әйел заты осынау жауһардан да құнды уақыт мәселесіне ерекше көңіл бөлуі тиіс. Неге десеңіз, ер адам жұмыстағы уақыты мен бос сәттерін ғана жоспарлауы керек болса, нәзік жандыларға үй тірлігіне арналған уақытын егжей- тегжейлі жоспарлап, барлық ісіне үлгеруі қажет болады. Әрине, жоғарыда түсіндірілген тайм-менеджмент ережелері әйел затының да уақытын жоспарлап, тиімді пайдалануына септігін тигізетін құралдар болып саналады. Алайда үйінің отынымен кіріп, күлімен шығатын, қазан-ошақ басында тірлігі басынан асатын отанасының уақытын барынша өнімді пайдалана алуы үшін бірқатар қосымша жайттарға да көңіл бөлгені жөн.

Ең алдымен, әйел кісі бір ісі артық болуы қажеттігін ұғына отырып, ерте тұруды айнымас әдетіне айналдырғаны абзал. Ендігі кезекте іс жүзінде бір ісін артық орындай алуы үшін алаңдатушы факторлардан бойын аулақ салуы қажет. Мұндай факторларға бастапқы тарауларда атап өткен уақытты ұрлаушыларды жатқызуға болады. Әсіресе, әйел адамның уақытын көп ұрлайтын артық әңгімелер, қажетсіз телефон қоңыраулары, шамадан тыс хат алмасулар, әлеуметтік желіде отыру, бітпейтін телехикаяларды көру секілді пайдасыз әдеттерді мүмкіндігінше қысқартуды үйрену керек. Сонымен қатар төмендегідей кеңестерді де тізбектеп өтпекпіз: «2 минут аксиомасы» – орындалуы екі минуттан көп уақыт ала қоймайтын жылдам атқарылатын істерді бірден орындап тастауды әдетке айналдырыңыз. «Ең жақсы іс – уақытында жасалған іс».  «5 секунд ережесі» – атқарылуы қажетті ісіңізге бес секунд ішінде бірден кірісіп кетіңіз, әйтпесе ол іс кейінге қалдырыла беретін болады. Ал жұмыс өз-өзін атқармайтынын есіңізде ұстаңыз.  Уақыт үнемдеуге қолайлысын таңдаңыз: үй шаруасында, тамақ әзірлегенде өзіңізге ауырлық салмайтын, уақытыңызды тым көп шығындамайтын жолдарды қарастырыңыз. Әзірленуі жеңіл әрі жылдам тағам түрлерін таңдаңыз. Оларды да дәмді етіп ұсынуға тырысыңыз. Ал демалыс және мереке күндері көбірек уақыт бөліп арнайы тағам түрлерін жасап үй ішіңізді қуантыңыз.  Қарапайымдылықты ұстаныңыз. Перфекционист болудың қажеті жоқ: ісіңізді мүмкіндігінше қажетті дәрежесінде орындасаңыз жеткілікті, мінсіз болуы міндетті емес. Үй шаруасында көмекке келетін заманауи технологияларды тиімді пайдалануды әдетке айналдырыңыз.  «Жоқ» деп айтуды және жұмысты үлестіріп беруді үйреніңіз.

 Қажетсіз жүріс-тұрыстарды азайтыңыз. Ағылшындар «тегін тамақ деген нәрсе жоқ» дейді. Яғни, олардың айтуы бойынша, ең азы уақытыңызбен болса да, барлығының құнын төлеуге тура келеді.232  Бірнеше істі қатар атқаруды үйреніңіз. Мүмкіндік болған жағдайда және бір-біріне кедергі келтірмейтін болса, бірнеше істі қатар орындау уақытты үнемдеудің ең тиімді жолдарының бірі болып табылады. «Бүгін істер ісіңді ертеңге қалдырма». Ісіңізді соңғы сәтіне қалдырмаңыз. Істі кейінге қалдыру уақытты ұрлаумен қатар, ол істі бұрынғысынан да қиындата түседі әрі орындауға деген құлшынысты өлтіреді. Дініміздің тәлімі бойынша, ер адам үшін ең маңызды жан – анасы, әйел адам үшін – күйеуі болу керек. Сондықтан тұрмыстағы әйел адам өмірлік жарының разылығын алу жолында аянбай тер төгіп, уақытын арнап, барлық ісіне үлгеруге тырысуы қажет. Осы тұрғыдан да маңызы зор болғандықтын, өзіне көңіл бөлуге де уақыт арнағаны жөн. Дос таңдау Уақытты тиімді пайдалануға қатысты маңызды алғышарттардың бірі – жақсы дос таңдау. Достың адам өмірінде атаулы орны бар және әсері орасан зор. Құран мен хадистерде бұл туралы көптеген ескертулерді таба аламыз. Адам өмірінің Алланың алдында есеп беруді ауырлататындай зиянды өтуіне және мәңгілік азапқа душар болып өкініштен сан соғып қалуына достардың себеп болатындығы төмендегі аяттарда суреттелген: «Сол күні залым: «Әттең, дүниеде әлгі пайғамбармен бірге бір жолға түскенімде ғой! Қап, әттеген-ай, өзіме де обал жоқ! Пәленшені дос тұтпай- ақ қойсамшы! Маған жеткен тағылым-насихатқа толы Кітаптан мені алыстатып, адастырған сол», – деп, аһ ұрып, бармағын шайнайды».233 Сонымен қатар Алла Тағала мұсылман баласына кімдермен дос болу қажеттігін де көрсетіп берген: «Мүміндер мүмін бауырларын былай қалдырып, кәпірлерді дос

тұтпасын. Кімде-кім солай істесе, Алламен (һәм Оның хақ дінімен) байланысын үзген болады».234 Құранның тәлімінен тағы да ұғынуымыз қажетті жайт бақай есеппен дос болмай, адалдық пен шынайылықты ту етуіміз: «Ол (қиямет) күні дүниедегі барлық достар (яғни, бір-бірін тек дүниелік мақсатта дос тұтқандар) біріне-бірі қас дұшпан болады. Ал тақуалардың жөні бөлек, (олар қай кезде де бір- біріне шын жанашыр дос болады)». Сондықтан жанымызға дұрыс жолдас таңдауымыз қажет болғанындай, өзіміз де турашыл дос болуымыз керектігін ескеруге тиіспіз. Адамның досы мен жолдасының оның діні мен ақыретіне маңызды әсері бар екенін жоғарыдағы аят-хадистерден көре аламыз. Сонымен қатар дүниелік істерінде жетістікке жетуіне, уақытын тиімді пайдалануына жанындағы достарының тигізер әсері де орасан зор. Адамның досы жетістікке жетуге талпынатын жан болса, ол да өздігінен соған қарай бой түзей алмақ. Және дос-жарандары уақытын қандай іспен шұғылданып өткізер болса, ол да солармен бірге болары сөзсіз. Оқи отырып демалу, жұмыс істей отырып тынығу Исламда бос уақыт және ештеңе істемей өткізетін демалыс деген түсінік жоқ. Сондықтан дініміз адам жанының да шаршайтындығын қабылдаған соң тынығу мен демалудың ерекше бір түрін ортаға қойған. Ол – жұмысты ауыстыру арқылы тынығу. Жұмыс істеп шаршаған адамның өзі басқа іспен шұғылдана отырып демалуы керек. Бұл мәселедегі басты қағида «Бір істі бітіріп босаған соң, бірден басқа іске кіріс»235 аятына негізделгендігін жоғарыда атап өттік. Олай болса, қазіргі кезеңде мұсылмандарға осы жайтқа мән беріп, міндеттідей көргені абзал болмақ. Құран Кәрім рухынан, мұсылмандар тарихынан үлгі ала отырып, «оқи отырып дем

алу», «жұмыс істей отырып тынығу» қағидасы шеңберінде уақытын жоспарлауды үйрену аса маңызды. Құдды бір батыстықтардың «көңіл көтере отырып үйрену» жолын жаппай қағидаға айналдыруға тырысуын да үлгі етуімізге болады. Соңғы кездерде жасалған ғылыми зерттеулерге қарағанда, мида әртүрлі істер үшін әртүрлі бөлімдер жұмыс істеп шаршайды және басқа бір іс мидың басқа бір бөлігінің қызметіне байланысты. Сонда басқа бір іске ауысқан уақытта мидың алдыңғы бөлімі тынығатын болады. Осылайша Алланың Кітабы мен Оның Елшісінің келуінен он бес ғасырдай уақыт өткеннен соң тағы бір мұғжизаға көз жеткізіліп отыр. Аталған жайт бүгінгі күні қалыптасып үлгерген демалу мен тынығу әдетіне қарама-қайшы әрі өзгеше көрінуі орынды. Алайда мәселені дұрыс түсініп, қабылдай алуымыз үшін тарихта тек Ислам ғұламаларының ғана емес, Батыстық ғалымдардың да осы қағиданы ұстанғандығын айта кеткен жөн. Ислам ғалымдарының хадистерден сабақ ала отырып, істі ауыстыру арқылы тынығуды қағида еткендігіндей, ғылыми жаңалықтарымен танылған Ньютонның жұмыс істеу әдеті шығыстық әріптестерін еске түсіреді. Оның бір мысалына көз жүгіртейік: «Басқа танымал ғалымдар секілді Ньютон да қол жеткізген атағына еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында жеткен. Оның еңбекқорлығы соншалық – шаршағанда демалу үшін бір істен басқа іске ауысатын болған».236 Тынығу барысында осы қағиданы ұстанғандар көп болған. Американың атақты заңгері Хейл жайлы төмендегідей мәлімет бар: «Бірнеше жыл күніне он алты сағаттан жұмыс істеген. Заң тақырыбынан шаршағанда пәлсапа мен математикамен айналысып өзін тынықтыратын».237 Бір сарындағы жұмыспен үзіліссіз ұзақ уақыт айналысудың зиянды жақтары да болуы мүмкін. Бұлай жұмыс істеу әдетке айналар болса, мидың шаршауынан туындайтын ауруларға

әкеліп соғуы ықтимал. Сондықтан жұмыс түрлерін ауыстыру арқылы тынығуды елеусіз қалдырмаған жөн. Мұнда жұмысты ауыстыру дегенде толықтай басқа іспен шұғылдануға ауысу емес, уақытша миды демалдыру үшін күнделікті айналысатын істерде кезек-кезек түрлі жұмыстарды жасап отыру меңзеледі.

Өткеннен – өнеге, ұлыдан – ұлағат • ПАЙҒАМБАР ӨМІРІНДЕ УАҚЫТ «Мұсылманмын, Мұхаммедтің үмбетімін» деген әрбір жанға «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақырет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар»238 деген Алла Тағаланың сөзіне сәйкес Пайғамбарымыздың бойында барлық жағынан өнеге бар екені айқын. Исламның уақытқа қатысты көзқарасы арқылы оны лайықты түрде пайдалана отырып, адам өмірінің ең жоғары дәрежеде берекелі өтуіне жағдай жасау үшін түрлі ережелер мен тәжірибелік жайттарды көрсеткен соң ардақты Пайғамбар (с.а.с.) өмірінен уақытқа байланысты қағидалар мен тәртіптерді келтіруді жөн көрдік. Осылайша жоғарыда аталған қағидалар тек қана сөз жүзінде қалмай, тәжірибе жүзінде қолдануға болатынын сүннеттен көре алмақпыз.

Пайғамбарымыздың өміріне қарасақ, оның өз уақытын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені ол барлық істеріне үлгерген. Парыздарды былай қойғанда, нәпіл құлшылықтардың өзі өмірінің соңына дейін өз уақытында орындалған, әрі еш үзілмеген. Бұған қоса, ертелі-кеш жасаған дұғалары, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, өзіне келушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері (науқастар, қабірлер т.б.), халықпен жүздесуі, ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа т.б.), барлығы да оның жоспарына сыйып отырған. Бұл істердің барлығына уақыт табылған. Бұл нені көрсетеді? Бұл күндік жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, уақытты қаншалықты тиімді қолданғанын көрсетеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) күндізгі уақыттарды ғана емес, түнгі уақыттарды да мүмкіндігінше пайдалы өткізуге тырысқан.239 Үш қағида Алла Елшісінің уақытты пайдалану тұрғысында қатаң ұстанған үш қағидасы бар: Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүмкіндігіне қарай істерін күндерге бөле отырып, апталық уақыттарға бөле отырып күндік жоспар құратын. Барынша сол жоспарға сәйкес әрекет етуге тырысатын.  Әрбір ісінің өзіне арналған белгілі бір уақыты болатын. Оған қарама-қайшы әрекет етпейтін. Уақытты бос өткізу деген нәрсе тіпті ойға да алынбайтын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) күнделікті және апталық істерін осы үш қағидаға сүйеніп ретке келтіріп, соған сәйкес әрекет ететін. Апталық уақыт Ибн Аббас (р.а.) жеткізген бір риуаятта аптаның әр күнінде атқарылатын істер тізімі айтылады: «Жексенбі – егін егу және құрылыс бастау күні, дүйсенбі – жолаушылық күні, сейсенбі – қан алдыру күні, сәрсенбі – сыйлық қабыл ету және сыйлық

сыйлау күні, бейсенбі – басшының құзырына бару күні, жұма күні – неке қию және отбасы күні, сенбі – аңшылық күні».240 Бұл риуаят әйгілі сахабаның сөзі болғанымен, әлсіз деп те баға берілгендіктен, ешқандай әмір ретінде рөл атқармайды. Сондықтан бұл риуаятты тура орындау қажет, аптаның әр күнінде сол істерді атқару керек деген үкім шығару қажет емес. Тек қана мүмкіндігінше істерімізді аптаның күндеріне байланысты белгілі бір жоспарға сәйкестендіріп орындау қажеттігі қағидасын ұғынуға келеді. Себебі бұл қағиданың дұрыстығы жөнінде Пайғамбардан (с.а.с.) жеткен сенімді риуаяттар кездестіре аламыз. Мысалы, Алла Елшісінің «Әр дүйсенбі күнін білім алуға арнаңдар»241 дегені бар. Алла Елшісі (с.а.с.) жұма күнінің мейрам ретінде өткізу керектігін айтумен қоса, мұртты қысқарту, тырнақ алу, ғұсыл құйыну секілді тазалық істерін тұрақты түрде жұма күні орындап, мұсылмандарға да сол күнде атқаруды кеңес ететін.242 Қан алдырып хижама жасатқысы келгендерге дүйсенбі, сейсенбі және бейсенбі күндері жасауын кеңес етіп, басқа күні жасаудан тыйған. Сонымен қатар, қамари айдың 17, 19, 21-жұлдыздарында хижама жасауға кеңес бергені де бар.243 Мұндағы ең маңызды жайт – осы хадистердің аясында әркім өз жағдайына қарай зиярат, сауда-саттық және жұмыс барысына байланысты істерін белгілі бір күндерге байланысты жоспарлап, ойына келгенде жұмыс істеп, қалаған уақытында қыдырып, жалқаулық танытудан бойын аулақ салып, уақытын барынша тиімді пайдалануға тырысу қажеттігі. Күнделікті тұрақты және кенеттен ортаға шығатын істер Пайғамбарымыздың өмірінде уақыт тәртібіне байланысты мәселенің ең көбі бір күннің жоспарына қатысты болған. Бұл жайтқа көзімізді жеткізе түсетін Алла Елшісінің күнделікті тұрақты түрде қайталанып отыратын істерін жеткізген риуаяттар баршылық. Күнделікті істері екі түрлі негізде болған: аКенеттен ортаға шығатын шұғыл істер; ә) Тұрақты түрде қайталанатын істер.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook