қалғанына бес күн болыпты. Iшетiн ас, жағатын отыны жоқ, шуылдап жылап отырған балалардың үстiне кiрiп барды. Үй тiршiлiгiнiң iсiне икемi жоқ адам, оларға жəр-дем көрсетудiң есебiн таппады. Атын доғарып, қораға байлады да, темiр жолға жақындау шетте, қисайып тұрған бiр бағананы кезi шалып едi, соған барып, жұлып алып, иыққа салып алып келiп, күйретiп отын қылды. Құдықтан су əкеп, құмыраларын толтырды. Екi пешке бiрдей жағылған от қабырғасына қарыс болып тұрған қырауларды ерiтiп, үйдi тұманданған бу басты. Үлкен пештiң қуысына барып бұйығып жатқан балалар бастарын көтердi. Қажымұқанның жолға алған наны, бiр кесек етi əлдеқашан тас болып қатып қалған. Оны ендi қыза бастаған пештiң ернеуiне қойып, жiбiтiп балалар-ға азық еттi. Əкелген жарты қап бидайын да қол диiр-менге тарта бастады. Үздiксiз арбакештiк кəсiп осы күндерден басталды. Мишаның көршiлерi сол маңдағы үйлерге – ат-арбалы дəудiң келiп жатқанын, отын-сусыз отырған аурулы үйге iстеген қайырымын, мұзды қарда қатып тұрған сынық бағананы тоңымен қопарып жұлып алғанын ертегiдей етiп, маңайларындағыларға таратып жатты. Қоңсы отырған үлкен саудагерлердiң үйi қала айналасындағы орманнан сатып алған отынын əкеле алмай, тонаушылардан қорқып отыр едi, алып арбакештiң хабарын естiп, сөйлесуге келдi. – Қанша отының бар? – деп сұрады дiлгерлiгiн айт-қан байға. – Он текше метр. Текшесi бұзылған соң түгел тасып алмаса, ұрлап алып кетедi. Қасына өзiмнен бiр көлiк қосам, қорама əкелiп үйiп беруiңе қанша сұрайсың? – Сұрағанымды бересiң бе? – Сөйлесiп көремiз. Жұмыс таба алмай жүрген адам көп, сенiң көлiгiң болған соң айтылып отырған жағ-дай ғой. – Сол көп адамды неге жалдамадың? – Бəрi де тоғайға баруға қорқады. Болмаса мен ақша аямас едiм. – Отыныңды əкеп берсем маған да ақша бергiң келе ме? – Əрине.
– Мен ақшаға отын тасымаймын. – Неге? – Ақшаның мөрiн танымаймын, жүзден артық сан бiлмеймiн. Ауылдан келген адам екенiмдi көрiп отырсың. Тонаушының ортасында тұрған бəлеңе басқа кiсi баруға қорқатын болса, менiң жаным екеу емес... Мынау ауырып жатқан əйел, аш-жалаңаш төрт баласы... осыларды аяп ауылыма қайта алмай қалдым. Өз үйiмде де екi бала, бiр қатын менiң қолыма қарап отыр. Тонаушысы бар тоғайда отыныңды əкелу үшiн менiң құнымды төлейсiң! Саудагер кеңкiлдеп көзiнiң суы аққанша күлдi. – Неге күлесiң? Мен өлiп қалсам екi үйдегi алты бала, екi қатын аштан өлетiнiн көрiп отырсың ғой. – Сен өз балаларыңды айта берсейшi, бұл үйдегi-лердi қайтесiң? – Неге? – Бұлар менiң туысым – орыстың балалары ғой. – Олай болса бұларға неге жəрдемдеспейсiң? – Сексен миллион орыс бар, оның қай кедейiнiң баласын асырарсың? – Сен сексен миллионды асырама, бiр үйдiң баласына тарыққанда жəрдем ет. Менiң ақшам да жоқ, малым да жоқ. Достық – орыс, қазаққа бөлiнбейдi. Жəр-дем ету – менiң адамшылық мiндетiм. – Дұрыс, оныңа ендi айтатыным жоқ. Ендi сұрайтыныңды айт. Əзiлiңдi қойып не алатыныңды сұра. – Құнымды бер деп айттым ғой саған. – Қанша тұрасың? – деп тағы күлдi бай. – Қанша тұрғанда онша қымбат емеспiн. Бiр қап ұн бер, төрт тақта шай бер. Отының бiткенше атыма жем, шөп, өзiме тамақ бер. Ең артынан бiр шана отынды осы үйге түсiрiп берем, оған таршылық етпейсiң.
Бай шошып кетiп: – Сен жұмыс iстейтiн адам емес екенсiң! – деп үйiне кетiп қалды. Бiрақ ертеңiне қайта келiп, сұрағанының бiразын берiп, отынын тасытты. Қажымұқан осындай кəсiппен екi айдай қалада болды. Бидайын мүлiкке айырбастаған Борсықбай шаш етектен пайданың астында қалып, қалған бидайын тағы жеткiзiп беруге палуанға жалына бастады. Өзi де үйiне керек-жарағын апарып тастағалы жүрген Қажымұқан кiре ақысына балаларына киiм-кешек алып, алты қап бидайын əкеп бердi. Қар ери бастағанда Борсықбай екi көлiктi өзi қосып, сатылатын бидайды түгел артқан жолы, елу қап бидайды тонаушылар жолда тартып алды. Бұл жолы астық тартқандардың iшiнде үлкен баласы мен Борсықбай өзi де бар едi, он шақты адам тұрпатынан қорқатын палуан, қолында кiшкене темiр айыры бар шалдан қорқып, бетiн қарға басып тырп ете алмай калды. * * * Жанға көрсетпей тыққан ұраларын ашып, түнде қаптаған бидайларды тиеп, ауылдан алты шақырым жердегi қалың шырпыға кiре бергенде, таң саз берiп келе жатыр едi. Мол қып тиеген шөптiң арасына он қап бидай салып, күрең атын алдына салған Қажымұқан, жуан шыбыртқысын жанына қойып, қалғи түсiп келе жатты. – Палуан, айдаңқырап отыр, осы бiр шырпыдан тез өтiп кетелiк, – дедi əлденеден сезiктенген Борсықбай ортадағы шанада отырып. – Мен барда не қорқатының бар, Борсықбай, шырпыда не бар дейсiң, тəйiрi... – Сонда да болсаң, баяу кеттiң, айдай түс, палуан. Ол «шүу» деп делбесiн қаға бергенде, «мə...» деген ешкiнiң даусы шыққандай болды. Селк етiп шошып кеткен палуан жол жиегiне қарай бергенде, бұта арасынан созылған айырдың сабы шошайып шананың үстiне келiп қалды. Айырдың ашасы сайын сығыстыра түйреген тышқандар, құйрықтары салбырап, Қажымұқанның тұмсығына таянып
келiп қалды. «Ок!» деген жуан үнi бiр шықты да, жол жиегiндегi омбы қарға етпеттеп түсiп құлай кеттi. – Қажымұқан! Шыбыртқыңды сiлтей гөр?... – деген Борсықбайдың қарлыққан даусы бiр шығып, ырсылдап, пысылдап барып, бұтаның арасына жоқ болды. Палуан əнтек басын көтере бергенде, тышқан тiзiлген айыр əлi алдында «у» деп, аударылып, төңке-рiлiп тұр екен. Тұлыбын басына орай түсiп, етпеттеп жата қалды. Қайтып қарауға шамасы келмей, таң əбден атқанда басын бiр-ақ көтердi. Бiр жерде бебеу қағып Борсықбай, бiр жерде баласы жатыр екен. Қайыс белбеумен байланған матауларын шешiп босатып алды. – Ой, сорым бар басым-ай, өздерi айыр, балтадан басқа құралы жоқ бес-ақ адам екен, шыбыртқыңды қалай көтере алмай қалдың? – Ой, жалған-ай, қолыммен де қарға тұншықтырар едiм ғой, бiр айыр тышқан басымда ойнап тұрғанда, не iстеуге шамам келсiн! Менiң сiлемдi сол құртты ғой... – Сорлы-ау, өлген тышқаннан да кiсi қорқа ма?.. – Қорықпай қайтесiң, құлағы калқайған бəледен... Үшеуi қарға малтығып үйлерiне жеттi. Борсықбай мен баласын байлаған тонаушылар езiп тастаған екен, үйiне келе төсек тартып жатып қалысты. Тоналған лауларды iздетiп қуған кiсi де болмады. Қажымұқан үйiне келiп: – Патима, күрең атты Борсықбайдың бидайы жетелеп кеттi. Үйге қашан келер екен жануар... – деп мырс-мырс күлдi. Оның қандай күлкi екенiне Патима түсiнбей қайран қалды. * * * Осының алдында алты қап бидайын қалаға апарған жолы, Борсықбайдың ашыққан көп туысының бiрi, палуанның шанасына мiнiп, қалаға бiрге барды. Жоқшылық жүдеткен жiгiт: – Палуан аға, бұл күн көрiсiмiз немене болып бара жатқанын байқайсыз ба? Бұл ақтар деген аштық, жалаңаштық, жұмыссыздықтың көзi болды. Барымызды сыпырып алып, өңкей ұры-қарының өресiн өрбiттi. Ақырғы сөлiмiздi байлар мен саудагерге сорғызды. Кəсiпорындарын құйын
соққандай құртып бiттi. Он екi мүшемiз аман отырып, еңбек таппай ашығу деген не сұмдық! Адамшылық мейiр дегеннiң жұрнағы қалмай бара жатыр. Бiр атадан өрбiген жиырма шақты түтiн едiк, еңбегiмiздi сүлiктей сорып байыған Борсықбай, бiз жүдеген сайын қанауын қалыңдатып барады. Балалар ашыға бастағанына үш айдан асып барады. Ақ сақалынан жасын сорғалатып, əкем əлденеше рет барса да бiр пұт астық қарасуды бiлмедi. «Өлгендерiңе мен жауапты емеспiн» дейдi. Бұл астықты қалаға ұрлап сатып, алтын, күмiс, асыл бұйымды үйiне кiрелеп жинап жатыр. «Уа, ағайыным, сендер тұрғанда кiмдi жалдамақпын. Өздерiң iстеп, керегiңдi жеңдер!» деп жұмысын iстетiп едi, ендi өлiп бара жатқанда аузымызға су тамызбайды. «Жоқтан» басқа айтары жоқ. Бiз ендi қаңғыруға қалдық. Бiр пұт астық табыла ма деп қалаға кетiп барам. – Адамгершiлiгi жоқтан тартып алып неге жемей-сiңдер? – Оны ойлағанымызға да көп болды. Бiрақ қайда жымқырғанын бiлмеймiз. Осындай қалаға апаруды бiздiң бiрiмiзге беретiн болса, əлдеқашаң бөлiп алған болар едiк. Кiсiнiң шамасы келмейтiн сiзге тасытып жүргенiн көрмейсiз бе? Өзiн сатып та бiтiруге айналды бiлем. – Ала алсаңдар, он шақты үйiңдi жазға шығаратын бидай бар сияқты. – Ендiгi қалғанын сiз апармасаңыз, өздерiнен тартып-ақ алар едiк. – Мен болмасам, өздерi де апармай, тыққан жерiнде шiрiтедi. Қайда тыққанын бiлсем айтар едiм, бiлмеймiн. Бiрер жiгiтiмен өздерi қаптап, шанаға тиеп болған соң үстiне бiр-ақ мiнем. Ендi қалғанын қар кетпей қалаға жеткiзетiн түрi бар. Менi бар екен деп қорықпай-ақ қойыңдар, менiң тышқаннан қорқам дегенiме сенбейтiн адам жоқ. Өлген тышқанды iстiкке шаншып көрсетсеңдер, мен өрт шығып жатса да тырп етпеймiн. – Палуан аға, онсыз да күн көрер едiк қой. Халықтағы барды Колчак жинап алды. Аяқ жететiн жерде ендiгi бар астық осы қоңыздың көмбесiнде. – Ендеше, алып қалыңдар. Мүмкiн, шырпы, ортасынан тосқандар солар шығар. Ертесiне таңертең палуанның күрең аты шанасын сүйретiп ауыл ортасында жүгенiн көрiп бiреу жетектеп əкелiп бердi. Бидайдың қайда қалғанын ешкiм бiлмейдi.
– Мұның бидайын қайда апарды екен? – дегендерге: – Оны күрең аттан сұрамасаңдар, мен қайдан бi-лейiн? – дедi палуан. Палуан арбакештiк кəсiбiн Совет өкiметi түгел орнағанша iстедi. Түрмеде бiр жыл отырып, қызылдар босатқан Миша, армияға көмектесiп, Азамат соғысы аяқталған кезде келдi. Соған шейiн тапқанын екi үйдiң баласына тең бөлiп берiп отырды. – Палуан, арбакеш, жүк тиеушi болып ендiгi iстеуiң жараспас. Күшiң бойыңда, Семейде цирк ұйымдасып жатыр, соған бар, – дедi қалалық советтiң председателi.
Оңтүстiкке сапар Күтiмсiз кiлемдей ажарсыз өңiн кiр, қоқыс қаптаған кəрi дүниенi, Совет өкiметi өмiр көктемiнiң көгалына сiлкiп-сiлкiп жiбердi. Шаң-тозаңнан арылған дүние күннен-күнге құлпыра бердi. Қайнар көзiн шылау басқан өмiр аршылып, арнасы таси бастады. Халықтың iшiнде қайнаған тапқырлық, жiгер-күш, iскерлiк тасыған өмiрдiң керегiне кiрпiш болып қалана бердi. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келген нан қайғысы жо-йылып, сəн-салтанаттың, бiлiм мəдениеттiң қазаны қайнай бастады. Қақпасына қабаған ит байлап, жан есiгiнен қарамаған қаңқайған сарайларға, мойнына қызыл орамал байлаған, тоты құстың балапанындай, жас жеткiн-шектер болып, мектеп-интернаттар ашылды, сауық-сайран толқыны үдей бердi. Осындай қуанышты күннiң бiрiнде Патима жеңгей ауырды. Циркте күресiп жат-қан Қажымұқанды телеграмма берiп шақыртып алып: – О, өмiр шыңына еркiн ұшқан бүркiтiм, қызығына тоймайтын күндерiңдi бөлгенiме өкпелеме, жаным сүйiп қосылған жарым едiң, бiрге өткен өмiрiме өкiнi-шiм болмады. Ендi тағдырдың өлшеген мөлшерi сар-қылып, қош айтысар сағаты келген сияқты. Екеумiздiң отасқан өмiрiмiздiң ескерткiшi, мына екi баланы тапсырғалы шақырдым. Осыларға бiлiм алғызып, өз қатарына қос. Өмiрiңнiң онан басқа құбылысына менiң қатынасым ендi болмайды. Жањанда жаным сүйген досым, сол достасқан жүрегiм молама бiрге көмiлмек. Қалған өмiрiң бақытты болсын. Қош, сүйген жар! Осыны есiткен палуанның шойындай қатқан денесi сығыла түсiп, отқа қақтаған темiрден шыққан ылғалдай, көзiнен жас тамшылады, жарының маңдайын жалпақ алақанымен сипап отырып, аузы күбiрлеп, бiр нəрсе айтты. Онысына түсiнген ешкiм жоқ. Қалайда, бiр жүз отыз килограмм тартатын ауыр денесiне тағы сондай салмақ келiп қосылғандай болды. Патима – варшавалық, поляк қызы, Қосылдым тағдыр жазып дəмi-тұзы.
Қош айттым жылап тұрып қабiрiне, Көгiмнiң сөнгендей боп бiр жұлдызы. Советтiң құдiреттi ақшасы шығып, үш сомы – қой, жиырма сомы – жылқы болып қалған кез едi. Патиманың кəдесiн түгелдеп, байырғы қазақ əдетiмен жерледi. Үш-төрт ай балаларының қасында болып, оқуға орналастырды да, Шардақтағы ағайындарға тапсырып, Ташкентке билет алды. * * * Цирк өнерiнiн кейбiр үзiндiлерi өзбек халқының салтына атам заманында сiңiскен. Күлдiргiш, мейрампаздық дегендер циркке тəн ойындар. Оның көпшiлiгi тұрақты үйде емес, далада ойналатын көшпелi түрде, Совет өкiметi орнасымен Ташкентте цирк ұйымдастырылды. «Ат ойын» аталатын бұл мəдениет ошағы алғашында ұсақ-түйектен құрастырылса да, жиырма төртiн-шi жылдарда Европа, Азияның белгiлi палуандары бас қосып, салдарлы ойындар өткiзе бастады. Сауыққой өзбек халқы бұларды қуанышпен қарсы алды. Елдiң «бел күресiмен» марғұландық Озар палуан қатынасты. Күндердiң бiр күнiнде белгiсiз бiреу келiп килiктi. Цирктiң алғашында перде киiп шығып, бiрер күннен кейiн бетi ашылып қалатын палуандары сиреп жығылып бiтiп, «Қара маска», «Қызыл маска», «Көк маска» деген үш палуаны қалды. Палуандардың iшiнде ерекше көзге түсетiн «Қара маска», «Черный Замук» болатын. Оның жаратылыс бейнесi де ғажап кiсi едi. Алдымен көзге ерекше көрiне-тiнi – бойы, өзге палуандардан жарты кездей артық, тайқы маңдайы, қоңқайған мұрны перде iшiнде шодырайып көрiнетiн. Қарнының өсiп кеткенiнен бе, əлде жаратылысы солай ма, жауырыны қушықтау сияқты едi. Бойына қарай сапта болғанында үнемi алда жүрдi. Цирк алаңын айналып шыққанда, ұзын сирағы көл шетiнде жүрген көкқұтандай сидаңдап қызық көрiнетiн көпке шейiн: – Мұны жығатын кiсi бола қоймас, қылағай нардай, мына тұлғаны аунатып тастау деген кiмнiң қолынан келсiн! Алдына қоятынының өзi де сонан шығар, – десiп жүрдi көпшiлiк. Маскалы ұсақ денелi палуандардың маскасын шырқыратып сыпырған да сол болды. Солай бола тұра аңғырттығы аяқ алып жүргiсiз болатын. Шақ денелi палуандарды ұстай бергенде, екi аяғының арасынан өтiп кетiп, оның мойнын сырттан орап
қысып алатын. Кейде сол палуан қысқан бойы төсенiшке жетелеп əкелiп дөңбектей гүрс еткiзгенде сұлап-ақ қалатын едi, бiрақ жауырыны жерге тимейтiн. Кейбiр палуандар, дəу қолынан ұстап тұрғанда, қарнына теуiп жiберiп, босап кететiн. Соларға балпылдап бiрдеңелер айтып жүргенiн, жұрт қыран-топан күлкiге батып, қызық болатын. Əсiресе кемпiр-шалдар, «Черный Замуктың» жығылмауын тiлейдi. Өйткенi шайханада кездескен бiреуге ол: «Мен мұсылманмын, Африкадан келген араб едiм» дептi. Оны түрiк тiлiнде, түсiнiктi қылып айтыпты. Сондықтан оны бiреу иықтап бара жатқанда: – Иə, хазiрет шер бабам, жар бола гөр! – деп, бiрлi-жарым қарттар үн шығарып қалады. Төрешi: «Жауырыны түгел тиген жоқ» дегенде: «əп, бəрекелде, солай болу керек» десiп қуанатын. Сол дəуге «шер баба» жəрдем етпеген күн де тақалды. Үстiнде барқытпен əдiптеген үлкен түйе жүн шекпенi, шыт көйлегiнiң жағасы алқы-талқысы шыққан, басына қоқанның қара ала тақиясын киген, қолында кiшкене чемодан бар бiреу, палуандардың күресi басталарда кiрiп келдi. Оның бойы «Черный Замуктан» аздап аласа болса да, мойны, дене төртпақтығы онан басым едi. Ол цирктiң адамдарына орысша бiр-екi ауыз сөз қатты. Бiрi жүгiрiп директорға кеттi. – Сiздi кабинетке шақырып жатыр, – дедi директорға барған кiсi. – Бұл да палуан болу керек, түрi соған ұқсайды, – дедi аңырайысып қалған көптiң бiрi. – Түрiне қарағанда маңғұл сияқты ма, қалай... – Ња... Совет өкiметi қонақ үйiнiң есiгiн, жүдə кəтта ашып қойды, əр түрлi халық күн сайын келедi, бабаларымыздың балалары көрмеген адамдарды көрiп жатырмыз... Мұны көрсеткенiне де шүкiр! Мұның топысы (тақия) өзбек сияқты, шекпенi қазақ сияқты... Тiлi орысша сөйлеп қалды, кiм екенiн құдай бiледi де... – Директорды сұрап келдi, кембағалдардың қабағын жамыла бастаған байлардың бiрi болса да ғажап емес. Олар мұндай жерден де тиын шығатын тесiк табады... Палуандар күндегi əдетiмен күресiн аяқтады. Көп-шiлiктiң алдына
директор өзi келiп, жаңа хабарын жариялады: – Құрметтi цирк көрушiлер, өздерiңiз күнде көрiп жүрген Ташкенттiң мемлекеттiк циркi көз алдарыңызда күн санап өсiп келедi. Тiптi кейiнгi екi айдың iшiнде қаншама жаңа адам қосылғанын көрдiңiздер. Бүгiн бiздiң жұмысымызға көрiк беретiн, спорт қоғамының көптен күткен, iздеп жүрген мейманы келiп отыр. Онымен қуана көрiсiп, көп отырып сөйлестiк. Бiз – цирк коллективi, өзiмiздiң есептегi кiсi ретiнде, қатынастыруға тартсақ та, ол халық өкiлi ретiнде, сырттан қатынасқысы келдi. Бiз, амалсыз, онысына да көндiк. Ол өздерiңiз көрiп жүрген барлық күрес түрлерiмен күресiп, күш өнерiнiң барлық түрiн көрсетедi. – Астапыралла!.. Барлық күш өнерiн көрсетедi дейдi... Бұлардың сиқыр сияқты ғажайып өнерлерiн халық арасында жүрiп қалай үйренген болды екен?.. – Сөздi бөлмеңiз, мен айтып болайын. Халық өкiлi болып қатынайтын палуан, осындағы елуден асатын палуанның бəрiмен күреспей, еленiп, екшелгендерiмен күреседi. – Болмаса, тамашаның үлкенiн көремiз екен... «Еленiп, екшелген» болса, майда-шүйделерi екен дə... – Ой, лақылдама! Өзiң осы уаққа шейiн диқандардың қырманын да көрмепсiң. Еленiп, өкшелсе – түбiне құмы, бетiне – шөбi шығып, дəнi қалады! Əне, бұл палуан солармен күреседi. – Директор жолдас, ол «Қара маскалы», «Черный Замукпен» күресе ме, бiзге соны айтшы? – Онымен бүгiн-ақ күрескiсi келiп едi, бiз рұқсат етпедiк. – Неге? – Алыстан келген кiсi, поезда сегiз күн жүрген, демалсын, моншаға түссiн дедiк. – Болмаса, жаңа ғана алдыңыздан өтiп, директорға кеткен кiсi екен. Сегiз күн поезда жүрсе, қайдан келген болды екен? Өте ұзақ жер.
– Ендi атын айтып қой, директор око!.. – Оның атын ең соңғы палуанды жыққан соң өзi айтады. Ал жықпаса айтпаған күйi кете бередi. Күрес қатынасында оның аты «Дала бүркiтi». Маскасыз, əр кезде ашық қатынасады. – Атын айтпаған палуанды көруге ынтыққан көңiл-мен көпшiлiк тарады. Ертеңiне цирк көрушiлер дүмей бастады. Кезек күрестiң бiр-екi жұбы өткен соң: – Ендiгi күрес, Орта Азия халықтарының палуаны: «Дала бүркiтi» мен «Көк маска», Лев!.. Күрес француз үлгiсiмен... Уақыт жиырма минут... – деп бөлiп-бөлiп айтты. «Көк маска» – шақ денелi палуан, жеңiл басып, ортаға шықты. Цирк көрушiлердiң арасынан бiреу тұрды да, сыртқы киiмiн сыпырып тастады. Ондай адамның өз арасында отырғанын ешкiм байқаған да жоқ едi. Ол кешегi көрiнiсiнен мүлде өзгерiп кетiптi. Басына өткен кеште киiп келген көнетоз қоқан тақиясы, үстiне киiп отырғаны жалпақ-жалпақ қызыл, сары жолағы бар бұқаралық ала шапан екен, шабу-қолтығы мол, əдiптеп, өңiр жағасына өрме ала жiбектен көмкерме салыпты, қусырып байлайтын, шашақты ұзын бауы бар. Ол үстiндегi шапанын шешкенде жылтыр қара матадан iстелген тұтас майка, трусиi, балтырына жабыстыра киген жұқа мəсiсi, жуан бiлегiне кептей киген жұқа биалайы болды. Кеше ұйыса шыққан сақал-мұрты бар едi, оны шашымен қоса қырғызып тастапты. Оның жай отырғанда су қуйғап местей болбыраған денесi, саздаған қобыздың қылындай ширап, жалпақ төбесi тұжырған ағаштай дөңгеленiп, салбыраған бұғағын басқан мойны басымен тұтасып кеткендей, кеуде-сiнен бөксесi қысыңқы келiп, бейне бiр екi аяғымен тiк тұрған арыстан сияқты едi. Аяғын мереке маршындағы əскерше басып, «Көк масканың» жанына барып қададай тiп-тiк тұра қалды. – Əке, қарап жiбер! Ендi «Дала бүркiтi» осы кiсi болды ма? – Қой, оны сахарадан келген жай адам сияқты айтып едi, бұл өмiр бойы осы цирк ғылымымен сүйек қатырған бiреу сияқты. Көрмейсiң бе, əне, өгiз көтерген Озар палуанды... Ол француз күресiн бiлмеген соң, бұлармен күреспей қойды. Мұның түрiне қарағанда тажалдың күресi болса да тоймаймын деп тұр!
– Болмаса, цирк адамдарды көп келсiн деп, өзде-рiнiң бiр палуанын осылай еткен... Бұл мейрампаздардан қулық артыла ма? – Қой, бiз бұларды екi айдан берi көрiп келемiз. Сонан берi күштiлерден төрт палуан қосылды, оның бəрi күрес басталарда алдымыздан өттi. Өзiнiң кескiнiне қарашы, ернiнде кезет бар, түйенiң құлағындай құлағы шұнтиған палуан көрген емеспiз... Мейлi, кiм десе де тұлғасы алып екен, күнде үп- үлкен көрiнетiн «Көк маска» нарға қосақтаған ботадай болып қалды. Цирк көрушiлер осындай сөзбен отырғанда: – Сөздi қой, екеуi қол алысып жатыр, бұрын бiрiн-бiрi көрмеген, – дедi бiреу. Онысы цирктiң дəстүрi бо-йынша бұрын күреспеген палуандардың сəлем жəне ризалық ишараты едi. «Көк маска» аздап бойын еңкiштеп, шынтағын бүктеп, қолын алдына икемдедi, «Дала бүркiтi» тең бас-қан аяғының бiрiн əнтек iлгерi жылжытып, қолын бүйiрiне таяды да тұрды. Бiрнеше секунд өткен соң оң қолын созып, «Көк масканың» бiлегiн қағып жiбердi. Олардың сабыр минуттерi бiр-бiрiне кезек беру болатын. Үлкен палуанның «Көк масканың» қолын қағуы – «қимылда, кезек сенiкi» дегенi едi. Маскалы палуан бойын жазыңқырап жiберiп, бiр аяғының ұшын көте-рiңкiреп барып, мойнына кенедей жабысты. Саусақтарын iлмектеп алып, ауыр дененi еңкейте келiп, иықтан асыра атып ұрмақ болды. Мойнын қапсыра ұстаған күштi қол, оны талай iстеген. Бiрақ ысылған, əдiстi палуан, қолын орынды iлiктiрсе де, сəтi түспей қалды. Жауырынына жабысқан төс, желденген ұрттай томпа-йып итерiп жiбергенде, қолы жазылып, өзi ат қаққан жаяудай ұшып кеттi. Ызаланған «Көк маска» қайта ұмтылып, иегiне басын тiрей, бiр қолтығынан алып, бұрай шалқалатпақ болды, бұл да болмады, қолтықтаған қол желкесiнен сығып, шөккен түйедей бүк түсiрдi. Бiрақ «Дала бүркiтi» еңкейiп, қол жұмсамады. Белгiлi уақыттан сегiз минут өткенде: – Мiне, өз адамдары дедiм ғой, осынша жойқын күшiмен оны жыққысы жоқ! Көрерсiң, Бүркiттi Лев жеп қояды... Не жығылады, болмаса жыға алмай тарайды, – деп лепiрдi ызаланған бiреу. Палуан жуан мойнын бұра, сөйлеушiге бiр қарап қойды. – Өзi бiздiң тiлiмiзге түсiнсе керек, ашулы көзiмен қарайды. Ашулансаң
соның маскасын сыпыр! Соның дидарын екi айдан-берi көре алмай iшiмiз пысты... Аз ғана тыныстап, қайта алысқан палуандар, аяқ, қолдары кейде бүгiлiп кейде жазылып, таласқан бурадай қағысты. Қолтыққа iлiнген мойындар шегедей бұралып, бiрде оңай, бiрде əзер дегенде босап жатты. «Көк маска» көз iлiкпеген бiр кимылында «Дала бүркiтiнiң» қолтығына баулаған қамыстай iлiктi, оның тепкiленген аяғы, тырбаңдаған қолынан ешқандай жəрдем болмай, қысылған күйiнде келiп, кiлем ортасына шалқасынан түстi. Төрешi үңiле қарап, ысқырып қалды да: – Он төрт минут, қырық секундте «Көк масканы» «Дала бүркiтi» жықты. Жығуы əдiл, ешбiр қағида бұзылмай, еркiн күшпен жықты! «Көк маска» орнынан тұрып, көпшiлiкке басын идi де, маскасын өзi сыпырып, жыққан палуанның қолын ұстап тұрып, тапсырды. Үлкен палуан масканы алды да қолын сүйдi. – Маскасы ашылған, сегiз жыл «Лева» деген құпия атпен келген – Якуб Жапаридзе, ашып маскасын ал-ған Қ.М. «Дала бүркiтi!» – Ей, ортақ, «Қ.М.» кiм екенiн айтып жiбер, көп жасағыр... * * * Цирк ойыны күннен-күнге қыза түстi. «Дала бүркi-тiмен» күресетiн жиырма үш палуанның он тоғызы жығылып, төртеуi қалды. Маскалыдан байырғы дəу «Қара құлып» қалды. – Ленин бабамыз бүкiл əлемнiң құпиясын ашқанда, бiр ғана осы кiсi жүзiн перделеп жүр. Бүркiт əкə, осы кiсiнiң дидарын бiр көрсет, береке тапқыр, – десiп айқайлайды көрушi жастар. – Жүгермектер, неге асығасыңдар? Мұсылман би-шара, жығылмасын! – Бетiн көремiз, ата. Əйелдер тастап жатқан паранжаны ол бетiнен тастамайды. Бүркiт əкəм ашып берсiн... Ташкенттiң күнi ыси бастады. Əсем бақ iшiндегi сырахананың отырғышы босамайды. Столының үстiн сыраға толтырып алған төрт дəудiң орнын
күтiп екi жiгiт келе қалды. – Əй, көп сөз неге керек? Мен ғой сенiң осы «Қара маскаңды» Одессада сыпырғаныма жиырма бес жыл өттi. Қайта киiп жүргенiңде, Бакуда бiр жалаңаштадым. Орынборда бiр ашып бердiм. Ақмоласын айтпай-ақ қояйын. Ұялмай келiп тағы кигенiң қалай? Болмаса, сенiң маскаңды өзiң беруге қарап тұрмаймын, өзiм сыпырып алам да, жұртқа тарихыңды айқайлап тұрып айтам. Əсiресе, өзiң арменсiң, «мұсылманмын, арабпын» деп жүргенiндi айтам-ау... – Қой-əй!.. Құлағын жапон жеген шұнақ! Жынданба. Сен томырықтанып жүрiп, цирктiң қызығын кетiрiп аласың. Менi жықпа. Жақында Қызылордаға барамыз. Сондағы күрестiң аяғында жыққан боларсың... – Қой... «Өзбек өз ағам» дейдi, бiздiң қазақтар. Осы туысқаныма бетiңдi ашып көрсетпей, қалай Қызылордаға алып барам. Қой... – Ойбай, «Дала бүркiтi» осы екен ғой... – Қазақ екен ғой. – Солай екен, мұның атын бiлу керек екен. – Палуан түгел жығылған соң, атын айтам деп едi ғой. – Ол қашан жығылып болады? Көрмейсiң бе, əне, дəудiн «жықпа» деп отырғанын. Сыраның да ақшасын сол төлеп отырған сияқты. Өстiп сыраны берiп жығылмай кетедi де, атын айтпайды. – Болмаса Аxунбабаевқа барып айтамыз. Ол шақырып алады да сый- сыяпатын iстеп, суретiн газетке бастырады. Мұның аты да, заты да мəлiм болады да қалады. Онан кейiн өзiн қонақка шақырамыз. Өзiмiздiң «Палуан атамыз» болады да қалады. – Бұл – табылған ақыл. Өзбекстанның сүйiктi Юлдаш əкəсы бар өмiрiн жұмысшы, диқандардың арасыңда өткiзген, Ташкент ойпаты, Ферғана аңғары, Самарқанд, Бұхара құмдағы, Хорезм жазығында ол бармаған қала, қыстақ, ол кiр-меген театр, клуб, шайхана, жеке диқандардың кiшкене күркесi қалған жоқ. Ол
əңгiмелеспеген қарт, ол еркелетпеген бала қалмады. Ол Орта Азияның сүйiктi əкесi болды. Мемлекеттiң үлкен күрделi жұмысынан бастап, жеке семьяның мұң-мұқтажына шейiн оның алдына ақтарылып отырды. Ол халық сырының үлкен сарайы едi. Соған келiп, цирк көрушiлерiнiң сыры да айтылды. – Құп болады, ұлдарым. Кешке циркке өзiм барам, – дедi Ахунбабаев. * * * Бұл күнi цирктiң жарнамасында «Дала бүркiтi» үлкен дөңгелек тақтайды төсiне қойып, шалқасынан жатыр. Үстiне сығылыса адам мiнген бiр жарым тонналық машина тақтайдың ортасында тұр. «Тоқсан пұт жүк артқан машина палуанның төсiнен өтедi!» деген. Баланың басып өткенiне безек қағатын адамдар: – Мүмкiн емес! Қандай жаны бар адам төсiне тақтай қойып, машинаның астында жатады?.. Жан-жағына тас па, темiр ме, бiр бəле қойып, машинаны өткiзедi де жiбередi. Əне, саған, төсiнен өткiздi! – дестi, суретiне үңiлгендер. – Мейлi, көргенде бiлермiз... Цирк iшiнде ине шаншырлық ашық жер қалмаған, сығылысқан адам. Ойын алаңын қоршаған тақтайға жағалай қойған столдарда республиканың басшылары, қолына дəптерiн ұстаған, фотоаппаратын мойнына асқан тiлшiлер қаптап жүр. Солардың арасында қоқан тақиясын басына киген, үстiне жазғы жұқа жiбек шапан киген Юлдаш Ахунбабаев отыр. Осы көркем өлкенiн атасындай болған оның құрметi үшiн, соншалық көп адамның бiрi дыбыс шығармайды, бəрiнiң көзi орталық алаңда. Екi қабат қалың тақтайды, сегiз адам əзер көтерiп, алаңның екi қабырғасына сүйеп қойды. Цирктiң үлкен есiктерi екi жақтан бiрдей ашылып, жүк машина көзi жайнап келiп, iшкi есiкке тоқтады. Директор қосалқы есiктен ала шапан киген палуанды ертiп шығып, жайыл-ған кiлемнiң ортасына əкелдi. Ол оң қолымен кең кеу-десiн басып, көпшiлiкке айнала қарап басын иiп: «Бұл – менiң үлесiм» деген ишаратын бердi. Өзiне отыздан аса жыл жолдас болған ала шапанның (Парижде кигi-зiлген) бауын шешiп, жұмысшының бiрiне бердi де, үнсiз шалқасынан жатып, екi қолын
керiп, шынтағын жерге тiреп, алақанын жайды. Жұмысшылар қалың матрасты қабаттап, бiлегiнен бiраз биiк етiп төсеп салды. Соның үстiне қималы үлкен дөңгелек тақтай қойылды. Айналма алаңға биiктiгi бiлектiң бойындай машина өтетiн кешiр салынды. Машина гүрiлдеп келiп, үстiне толы цирк көрушiлер мiн-генде, мейiрiмдi Юлдаш: – Жүдə қиын iш екен дə... – деп көзiн жанындағы жолдасына аударды. Машина дөңгелек тақтайдың шетiн басқанда екiншi шетi метрдей көтерiлiп, сықырлай бас-тағанда, көп көздер жұмылып, машина екiншi есiктен шыққанда барып ашылды. Төсi мен бiлегi соншалық салмақты үстiнен өткiзген палуан, қималы тақтайды жарып, астынан шыға келдi. Ол көпшiлiкке басын иiп, тəжiм еткен кезде бау-бау гүлдер құшағын толтырды. Ертеңiне Ахунбабаев палуанды кеңсесiне шақырып алып, бастан-аяқ жаңа киiм, ақшалай мол сыйлық берiп тұрып: – Палуан око, Ташкенттi əр уақытта өз мекенiм деп санаңыз, жас ұрпақтар сiздi мəңгiлiк «Палуан-бабам» деп санайтын болсын, – дедi. Газеттер: «Қазақ палуаны, əлемдiк күрес чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов» деп суретiн басты. Жаз ортасында цирктiң палуандары Қызылордаға барды. * * * Екi айға созылған күрес қызығын күннен-күнге үдете бердi. Ауылдан қалаға келген адамдар ат, түйесiне бiр-екi күндiк шөбiн арта келiп: – Осындағы Қажымұқанның күресiн көрейiк деп, кемпiр-шалдарымызды да ала келiп едiк. Қалада пəлендей жұмысымыз да жоқ. Қажымұқанды көрiп барған кiсiлер оның дене бiтiмiн, ерен күшiн, көрсететiн өнерiн сөйлегенде елдiң жанын ерiтiп, ауыз суын тамшылатып болды... Рельс иедi дей ме, үстiнен түйе жеккен арба, кiсi мiнген машина жүргiзедi дей ме... Құдайдың берген қуаты-ай, мұндай да адам туады екен ғой!.. – Ол əлгi бiр қу суды көбiрек iшедi дейдi ғой... Сататын үш-төрт бойдақты айдай да келдiк. Ыңғайы келсе дəм татқызып кетемiз. Тiптi ретiн таппасақ жатқан үйiне апарып берейiк. Ауылдың үлкен-кiшiсi қонаққа алып келiңдер деп қалды. Енi екi жылдық, ұзыны үш жылдық қазақ даласының қай
аулына жетедi Қажымұқан! Ауыл адамдары осылай кеңеседi, Сарқырама арығының жағасына топталып алып. Таудай палуанның талайын жықты. Ендiгi қалғаны екi палуан: Ташкентте маскасын сыпырып алған «Черный Замук» Қызылордаға келген соң қауын, жегеннен бе... күшейiп кетiп, маскасын аларда, он минутта жыққан Қажымұқан, жетi сайын бiр алысса да шамасы келмей қойды. Кейде мұрны шодырайып Қажымұқанды қапша арқалап алып, тастайтын құдық iздеп жүргендей, цирктiң айналасын орала жүгiредi. Қажымұқан кеудесi қысылғандай ыңқылдаса, ақ қалпақ, сусар бөрiктi қазақтардың «ой, құдайлап» мазасы кетедi. Кiлем үстiне əкеп ұрам дегенде, қолынан бұлт етiп шығып кетiп, дəудi жуан бiлегiмен желкеден сылқ еткiзiп берiп жiберiп, тiзерлетiп шөктiре қояды. – Əп, бəрекелдi, сөйтшi, көп жасағыр, – дейдi, жүректерi орныққан ауыл адамдары. Шоңқайып отырған дəудi Қажымұқан олай тартады, бұлай тартады. Иығына мiнiп бiраз отырады. Əзер деп шалқалатып алып арқасын жерге тигiзiп, қарнына мiнiп отырып: – Əй, жауырыны жерге тидi ме? – деп төрешiден сұрайды. Ол еңкейiп, айнала қарап: – Сол жақ жауырын жерге тиген жоқ! Уақыт бiттi! – дейдi де, ысқырығын шырылдатып: – Қырық минут, Қажымұқан мен «Черный Замук» жығыса алмады. Ер-теңгi күресте «Қызыл маска», «Қоян» мен «Қажымұ-қан», – деп аяқтайды. – Уа, Қажымұқан! Осыны жыққаныңды көремiз деп-ақ көз майымыз таусылды... Бiздi əуре қыла бермей, жығатын болсаң жықсаңшы, шырағым, – деп айқайлайды шалдар. – Қайтейiн, ағалар... Ол ағаш болса арқалап барып, Сырдың суына тастар едiм, ол да жер жүзiн шарлаған палуан көрiнедi, – дейдi, сорғалаған терiн сүлгiмен сүртiп отырып. – Рас, шырағым, рас... Өзiн де құдай сомбалдап жарата салған екен...
Мынау əлпетiмен далада көрiнсе, боз қасқасын кiм шалмас едi, – десiп, қарттар ожырая «Черный Замукқа» көздерiн сүзедi. Əйтеуiр, сөйтiп əуреленiп жүрiп оны да жықты. Жыққан сайын, шапан, шекпен дегендер қардай борап, əйелдер шыт-бəтестен көйлек тiгiп кигiзедi. Қажымұқанның тамшылап тұрған терiн ақ орамалдарымен сүртiп, кейбiр ырымшыл келiншектер маңдайына байлады. – Қарағым, өмiрлi болар ма екен, палуанның аяғы-ның арасынан өткiзiп алайыншы, – десiп, кемпiрлер баласын сүйреп жүредi. Палуан да солардың көңiлiн аулап: – Көп жаса, балам... Тыпа-тыпа! – деп, қалтасын кеулеп, кəмпит пе, мəмпеси ме, бiрдемелер берiп жiбе-редi. «Қызыл маска» жығылмай қойды. Денесi Қажымұқанның жартысындай-ақ кiп-кiшкентай. Етi қағаздай аппақ. Маймылдай ойнап, сынаптай домалап тұрған бiреу. Қажымұқан қанша қарманса да қолына түспейдi. Күштi бiлегiнiң еттерi бiлеуленiп, желкесiне сала бергенде, ол талтая басқан жуан балтырдың арасынан жылмаң еткен қояндай зу ете қалып, бетiн бұрғанша, артынан секiрiп, мойнын қысып алады. – Сонан дорбасы мойнынан түсiп қалған аттай тулайды кеп-кеп, тулайды кеп-кеп... Еңкейiп сiлiккенде, аяғын қолтығына қармақтай iлiп алады. Бүйi тигендей жұлқынып жүрiп, қолын босатып, бiлегiнен ұстап, бауырына баса бергенде, қарнына теуiп жiберiп, босанады да қашады. Кейде соны қуам деп жүрiп, өзi сүрiнiп жығылып та қалады. «Қызыл маска» жұлдыздай ағып келiп, жауырынына жабыса қалады. Жатқан жерiнде, қолтығына қолын сұғып жiберiп, зiлдей ауыр дененi дөңбектей аударып тастайды. – Ах, қапы кеттi-ау, ерiм! Жауырыны жер қауып-ақ қалған шығар, – десiп қарттар орындарынан ұшып тұрысады. Бiрақ олай болмайды, бураның санындай жуан аяқтар қайың доғадай иiлiп, басын жерге қадай тiреп, қарны томпайып, жауырыны жерден жарты кездей көтерiлiп кетедi. Мойнын қолымен итерiп, балтырын аяғымен тепкiлеп жатқан «Қызыл масканы» екi бүйiрiнен қысып алып, шаппа тұзақтың шыбығындай ытқып түрегеледi. Шеңгелiнде бауша қысылып жүрген «Қоянды» жерге атып ұрады. Ол да, аяқ-басы арқасынан бiрiгiп, дөңгелек шеңбер болады да қалады. Сол иiлген күйiнде бiлегiне iлiп алып, кiлемнiң ортасына алып келгенде, көз iлеспей ытқып кетедi.
Қажымұқан шаршайды, шын шаршайды. Палуан ажырасқан соң аузын қымқыра, мұрнынан шығарған демi гуiлдей шығып, темiршiнiң көрiгiндей, танауын желпiлдетедi. «Қоян» ойнақтап кетiп бара жатқанда, əлдене есiне түскендей, көзiн сығырайтып қарап, күрсi-недi. Мүмкiн, елуден асқан жас елеулi ауырлық артып, өзiнiң сондай жас кезiндегi қылықтары есiне түсер. «Қызыл масканың» ашылмаса да жас екенi, айла, əдiс-өнерiне жетiлгенi iстерiнен көрiнедi. Жығысты көруге ынтыққан, күнде келуден мезi болған көпшiлiк арық жағасындағы үйеңкi ағаштардың көлеңкесiнде Қажымұқанның жықпай жүргенiн əр саққа жүгiртiп, қауқылдасып алады. – Қажымұқанның «Қызыл масканы» жықпай жүр-генiнде бiр мəн бар екен, – дейдi олар: – «Қоян» бiр қа-ладағы байдың жалғыз баласы көрiнедi. Қажымұқан-мен күресiп жатқанын естiп, əкесi хат жазыпты дейдi: «Жалғыз еркем едi, жыға көрме. Не тiлесең соны бе-рейiн», – дептi. Шамасы, көп ақша алған сияқты-ау. – Япыр-ай, ə... Еркiн күшiн ақша үшiн бөгегенi ме?.. Бiз соның жыққанын қызық көрiп күнде барамыз, сонымызды ақшаға сатқаны бола ма... Қой, олай болмас, ол халықтың айрылмас төлi. Өскенбай ертең қонақ етемiн деп, бүгiн базардан құнан қой алды. Екi шөлмек көк суын бұрын алып қойған екен, заводтан төрт шелек сыра алам дейдi. Сонда келгенде айтайық. Соның ақшасына қызығып жүрсе, оныкiнен екi есе қылып жинап берейiк. Ендi əурелемей жық делiк. Сол сөз айтылды да. Қораның ортасында тiгiлген алты қанат ақ үйдiң айналасына су себiлiп, iргесiн белдеуiне шейiн түрiп тастаған. Онда ешқандай жасау жоқ, үйде бос жер қалдырмай киiз, кiлем, оның үстiнен таза көрпе, көрпешелер төсеп, ақ жастықтар көлшiктегi ақ қудай iргеде томпайысып жатыр. Үйдiң iшi лық толған кiсi, төрдiң алдында ақ жiбек көйлегiнiң жағасы алқы-салқы болып Қажымұқан отыр. Оң-солында ақсақалдар, оған таяу домбырасын безiлдетiп Əлiбек жыршы, əр мекемеден шақырылған қызметшiлер, тiлшiлер. Құдық суына салып қойған кеспектен құйып, шəйнекке толтырылған салқын сыра кесе-кеседе көпiршiп тұр. Төрден босағаға шейiн жалғастыра жайылған дастарқан ас, жемiске сытылып, төрт жерден табақ үйiле қуырдақ қойылған. Үлкен екi қазанның бiрiнде палау, бiрiнде ет асылып, алаудай от жағылып жатыр. Үйiткен бас, тамған май,
көңiрсiген иiс бүтiн орамның, көшеден өткен кiсiнiң танауын атады. – Ал, палуан, ала отырып əңгiмелесейiк. Айтпақшы, əлгi бiр тентек су бар екен ғой, құдық суына салынып қойып едi... Алып кел, бала. – Палуанға стаканға құй. – Мен бiр-ақ əуре болайын да, сол құрғырды сорпа кесе болса, соған құй. Үлкен кесе мөлтiлдей толтырылып, ұқыпты қол алдына еппен қойып бердi. – Əрқашан амандықпен жүз көрiп тұру үшiн! Ал, жұттық. – Жыршы, бiр-екi ауыз толғай отыр. Ей... Алалай да бұлалай, Ер атамас сынамай. Бiр туманың нарындай, Сырда жүзген жайындай. Əр ананы қуантып, Туа бермес бұл ағай, Барлық елде белгiлi, Араб, Иран, Үндiнi, Қысқартып айтсам, жер жүзi, Қажымұқан – қазақ палуаным Бiлмей қалды кiм мұны? – Рақмет, шырағым! Рас, бiлмейтiн жан жоқ. Бiрақ осы бiр «Қызыл маска» түйемен ойнаған мысықтай мойныңнан түспей қойды... Бiз «қашан жығады» деп, соза-соза мойын омыртқамыз мүжiлiп болды! Сонысы болмаса кем туды деп айта алмаймыз. Жырыңа қалай айтсаң да сыятын
сияқты. Төге бер... Соны қосып айтшы ендi, палуанның күш-қытығына тисiн, Əлiбек: Қарашадан хан туар, Таза айырдан нар туар. Атағы қалып заманда, Айта жүрер адамға, Ел iшiнен ерекше Қасиеттi жан туар. Ерекше туған, палуаным, Күштен де үзiк салмағың. Əлемнiң алуан дəулерiн Көтерiп ұрып дөңбектей, Бұрқыраттың шаңдағын. «Қоян» десе қояндай Қол орамал болғандай, Жабысқан нарға мияудай, Он сегiз күн ойын боп, Жармасып жүр, ей, аллай... Бұлшық еттi сом бiлек Ермек етсе Қажекең,
Сен қимылда ертерек! Күлге аунатшы «Қоянды», Жиылған көптен бiр тiлек... – Палуанға жабыса бiткен бiлек, бөлiнiп айтқаныңды iстей ме? Қажымұқанға қоса айтсайшы. Бiлек iсте-месе, жүрек iстер. Тiлегiмiздi осы отырған тұтас тұлғаға айтайық. Палуан сөйлеген қартқа томсырая бiр қарап, дəу кесенi екi жағынан ұстап, сiмiрiп жiберiп, табақ жие-гiнде тұрған қасықты қуырдаққа көмейлете көсiп, қалжыңға басады: – Мен оны жығар едiм, ақшасын алып қойдым ғой... – Шырағым, оны қайтесiң?.. Палуан қулықпен одан сайын томсырая түсiп: – Ақша керек қой. Күнiне бiр қой, бiр шелек тұқыл шарап iшем. Оның үстiне қатын алғалы жүрмiн. Сондай жалынғандардың ақшасынан жинамасам, қайдан алам? Əр палуанды жыққаным үшiн жүз сом, күш өне- рiн көрсеткенiм үшiн жүз сом бередi. Күнде жығып отыратын палуан табыла бере ме? Күнде төсiме тас сыйдырып, машина өткiзiп отырсам көк өкпе болып өлем ғой... – Айналайын-ай, сен дүние үшiн қам жемесейшi... Күнде жүз сом табылмаса, күнде халық қасыңда емес пе. Ол таусылмайтын тау, сарқылмайтын көл ғой! – Рақмет, аға! Оныңыз рас. Осы халық күнде қасымда болмаса, мен əлдеқашан өлiп қалмас па едiм... – Бəрекелде, халықтың қасиетiн түсiнбейтiн жан көп. Халыққа сүйенгеннiң қайғысы болмайды. Сөйтiп, «Қызыл масканы» қашан сыпырасың? Соны айтшы өзiң! – Бүгiн...
– Билетке жүгiрейiк. Бiр, екi, үш... Киiз үйде отыз жетi. Там үйдегi кiсiлердi санап, билеттi тұтас кестiрiп алам... – Шырағым, тəуiрлеу жерiнен болсын, iргеде шуылдаған баланың арасында қалмалық! – О не дегенiң, ақсақал, жүдə, алдыңғы ложалардан аламын. * * * Күрес уақыты алпыс минут болып, күндегiден өз-гердi. Күнде Қажымұқан күресер алдында цирк дирекциясына барып шығатын едi, оны қойды, бұрын өткен ойындарға аздап көз салатын едi, бүгiн көзiн тарс жұ-мып, қалғып отыр. Цирк кiсiлерi жиналатын жақтан бiреу Қажымұқан отырған ложаға жүгiрiп келiп, құлағына сыбырлап едi, насыбайын еңкейе түкiрiп тастап: – Не надо! – дей салды. «Қызыл маска» бiр түрлi көңiлсiз шықты. Қажымұқан отырған жерiнде шешiнiп, күресетiн кiсiсiне өкпелескен баладай бiр қырын барды. Төрешi күндегi əдетiмен: – Француз күресiнiң əлемдiк палуаны атағын ал-ған Қажымұқан Мұңайтпасов «Қызыл маскамен» ақыр-ғы рет күреседi. Уақыт алпыс минут, – деп бөлiп-бөлiп айтты да, үскiрiгiн шыр еткiздi. – Уа, тəңiрiм, жар бола гөр... – деп, кемпiр-шалдар тiлек тiлестi. – Қайдан бiлейiн, əлгi бiр бəле суды көп iшiп жiбердi ме... өзi қалғып отырды, – деп Өскенбай қауiптендi. «Қызыл маска» күндегiсiнен гөрi жылдам қимылдады. Үлкен палуан сүрiнбедi де, қарнын да теп-кiзбедi. Бiрақ қолына түсiре алмай, жиырма минут өткiздi. Бiр уақытта ол тақымынан өтiп артынан келiп мойнына жабысқанда екi бiлегiнен бiрдей шап берiп ұстап, қолын қайыра алдына түсiрiп алып, қимылдатпай екi минут қолын соза ұстап тұрды. «Қызыл масканың» аппақ денесi пiскен нандай қып- қызыл болып, тұрған жерiнде ауытқи бастады. Төрешi үскiрiгiн мыңқ еткiзiп, жақындай бердi. Кiлем ортасына қисайта салып, кеудесiн ауыр денесiмен басты. Еңкейе қараған төрешi «болды» дегендей, үскiрiк шалды. Қажымұқан ұстаған қос бiлегi көпке шейiн ақ шүберек орап қой-ғандай болып, қаны жүрмей қалды. «Қызыл маска» – Қажы Мұрат Дəулеткереев деген қырымдық екен, ол
кейiнгi кезде өзiн «Қажымұқанның баласымын» деп жүрдi.
Мiнəйiм жеңгей Түн ортасы ауғанда үйiне барған мемлекет қайрат-керi: – Анасы, бiр шəйнек шайың болса кабинетке кiр-гiзiп бере қал, жүдə шаңқап кеттiм, – дедi кеңсе киiмiн шешiп, үй киiмiн киiп жатып. – Дадасы, мейманханаға кiрiп ауқат қылмайсың ба? Сiздi күтiп қанша уақыт отырдық. Он екiде қайтармын деген едiңiз, њазiр екi. Əлиям ауқатқа раяңыз жоққа ухшайды... – Бањардың лалалары ашылған уақтида, бұлбұл ауқатты ұмытар дер едi, мен њəм шул, анасы... њаят бањары – танња ғұмырнiң њаммасынан қызық болып кеттi. Њаммаки тылсыми ойлап тұр замри, Ашарда ел бiла мен достықтари (А. Нован). Жұмбағын жер жүзiнiң ашқан күнде, Iстемек менiң қолым елмен бiрге. «Гəп шұнақа, анасы, дүниенiң жабық есiгiнiң бəрi ашылып, њамма халық еңбек еткен уақытта, мен њəм солармен бiрге жұмыс iстеймiн деп хазрети Қызир айтыпты. Сол Қызир – партия ағзалары болса керек. Бiрақ демалмасам, ауқат iшерлiк халiм болмай қалды. Кəтта шайнекпен битте чай келтiр...» Бұл – Аxунбабаевтың көп қайталайтын өмiрiнiң бiр күнi. Шайын iше отырып, стол үстiнде жатқан газет, журналдарды да қарап шықты. «Қызыл Өзбекстан» газетiнiң бетiндегi колхоз өмiрiн оқып отырып, ойына көптен бармаған Ферғана аңғарының бiр түкпiрi түсiп кеттi, «Ə... ол кемпiрдiң баласы қайда болды екен?..». Ол үй Юлдаштың баспашылармен күресiп
жүрген кезде жатқан жерi едi, таудың бiр жырасын мекендеген жесiр кемпiр болатын. Соның Мұталлаб деген сегiз жасар баласы бар едi, ойына түсiп отырған сол бала. – Мейлi, ертең Ферғанаға барып, сол бишараларды да сұрастырып қояйын. Арбакештiк, жұмысшылық... жасымда көрген кедейлiк, өмiрде жақсылығын көрген өмiрiм аз емес. Теңiздей көмектерiне бiр-бiр тамшы жəрдемiм жетсе...» деп ойлады. Ол ертелеп кеңсесiне барып, жолға машина əзiр-леттi. Бiрақ тағы бiр жəрдем ету килiгiп, түске шейiн бөгедi. – Ранс əкə, сiзге кiруге бiр кiсi сұранып тұр, – дедi жəрдемшiсi. – Кiргiзе ғой. Өзi кигiзген биқасап шапанын киiп (оның өзi тозыңқырап та қалған едi), басына ақ қалпақ киiп Қажымұқан кiрiп келдi. – Ассалаумаликум! – О... Палуан баба, ар ма! Кəне, қайырлы қадам болсын! – Юлдасжан, қайырымды өзiң ұйымдастырмасаң, қайыр менi iздеп баратын емес!.. – Не болып қалды? – Қартайдым. Қартайғанда қатын алдым. Сақалым қауқайып, жастармен жұлқыласып жатудан ұялып, күрестi тастадым. Менiң бағатын малым, оратын егiнiм сол едi, онан айрылған соң, не болғаны өзiңе мəлiм. – Құп. Аяғы түсiнiктi болды. Ескi заманның қарттары: «Жас əйел – тозған дененiң тыңайтқышы» дейдi екен, сiз де сөйтiп жас алдыңыз ба? – Қыз емес, саудырап қалған кемпiр де емес, өзiмдi өлгенше күтуге жарайтын, отызға келген əйел. Мына сiздерге көршi Шəуiлдiр ауданында туыстарым бар. Соның бiрi өлiп, екi жас баламен қалған əйел едi, мұным. «Əрi қашқаным, əрi жарысқаным» деп, əрi қатын алғаным, əрi жетiм балаларды асырағаным. Бишара менi де құр қол қоймай, екiқабат. Ұл тапса
Айдархан, қыз тапса Дариға қоям. Бұрынғы балаларымды шешесi өлген соң мемлекет асырап едi. Ендi кезбе жүрiстен құтылдым, өлгенiмше өзiм асыраймын. Жолдас, Юлдаш бауырым, құдай маған ерекше күш берiп, жарылқаймын деп азапқа салып қойды. – Е, ол не дегенiңiз? – Ол ма, оным – қырық кiсiнiң күшiн бергенде, қырық кiсiнiң асын iшетiн етiп жаратыпты. Несiбемдi жазғанда, жай кiсiлердiкiн жазбай, үнемi ет, қант-шай, кəмпит, тұқыл шарап жазып, оны жетерлiк етпептi. Күрестi қойған соң, атала қатықсыз көже сияқтылармен былықтырып жiберiптi. Киiм-кешек, көрпе-төсектi мүлде ойламапты. Тегi, жаратқан да мендей қартайған ба, қайдан бiлейiн, жарықтықты... Сенi мейiрiмдi, өкiмет бастығы еттi. Тағдырдың ағаттығын жөндеп бер. Өзiңнен шыққан соң Қазақстан өкiметiне де барам. Бiр құдайдың ұмыт қалдырған несiбемдi екi елдiң өкiметi түзеуге құдiреттерi келер деп ойладым. Ахунбабаев қарқылдап күлдi... Күле отырып, бөлiм бастықтарын жинап алды. Палуанның сөзiн айтып, оларды да күлдiрiп, бес мың сом ақша бөлiп, оны заттай берудi тапсырды. Кереует, көрпе, жастық, үй iшiнiң киiм- кешегiн түгелдеп, Юлдаштың өз қолынан екi мың сом ақша алып: – Бұл таусылып қалса, қайтып келейiн бе? – дедi. – Күнi-түнi келсеңiз де бұл есiк сiз үшiн ашық, палуан баба. Қажымұқан үлкен тай жүк алып, Ақтөбе колхозына келдi. Əйелi ұл туып, атын Айдархан қойды. Ол бала елу бесiншi жылы он алтыда. Оны тапқан Мiнəйiм жеңгей. Баланың тұлғасы бiраз əкесiне ұқсап, түрi мен мiнезi ұқсаңқырамайды. Мiнəйiм жеңгей онымен қоймай, бiраз жыл кейiн, екiншi Қажымұқанды туды, оның аты Жанəбiл... Ол елу бесiншi жылы жетi жаста болатын.
Отан соғысының бiр күнi Айдың аяқталған кезi. Түн тастай қараңғы. Бейбiт-шiлiк жағдайда, ерте жататын қарттар мен балалардың ұйықтайтын да мезгiлi əлдеқашан болған. Бұл түнде сол ерте жататын қарттар мен балалар егiс даласынан ендi қайтып келедi. Мұндай түндерде шамдарын маздата жағып, қаймақты сүтпен қою құйып шай iше отырып, ертегi айтатын қарт аналар, қалың төсектi көптен жиыс-тырған болатын. Елең-алаңнан кетiп, қысқа түннiң ортасында келетiн. Бестi дөненiн бөлген жылқыдай, сұйылып қалған үй iшiнiң жұмыстан қайтқан жандарына ас əзiрлесiп отыратын олар. Мезгiлiнде мамасын ембесе жылайтын балаларға да сабырлылық, пайда болған. Қарт аналардың қасықпен ұрттатқан сүттерiн қылқ-қылқ жұтысып, қолына ұстат-қан тоқашын қажап, былдырлап бiрдемелер айтып, кейбiр кемпiрдi көшпелi бұлттың арасынан түскен күндей жадыратып, кейбiреуiн: – Ой, жасаған-ай... елге түскен ауырлықты қызыл шақа балапандай бұл да бiледi! Ағасының үйде жоғын, жеңешесiнiң жұмыста екенiн сезгендей, ың деп жылауды бiлмейдiк – деп, ала бұлттың төкпе нөсерiндей көзiн сығып алды. Үй арасында əке-шешесiнiң бiрi арқаламаса, жылап тұрып алатын ерке балалар, ендi сол түн күзетке кемпiрлердiң жүгiрткен көмекшiсi болып алған. – Жұматай, Құндыз шешеңнiң шелегiн сұрап əкеле ғой, су əкелiп алайын. – Балапан, ит үредi, далаға шығып қарашы, атаң мен жеңешең келе ме... – десе, құлындай құйындатып, шапқылап кетедi. Шыңдаған темiрдей қатып алған еңбек адамдары, селеу сақалды қарты, буыны қатпаған жас баласы, «əйел мен еркек тең бола ма... шаршадық» дейтiн əйелдер, үйге келгенде шаршағандық сезiм бiлдiретiн «уњ» – деген дыбыс шығаруды ұмытып кеткендей, аяқтарын ширақ басып, үндерiн көтерiңкi шығара келедi. Табалдырықтан аттай, айтылатын сөз: – Асыңды бер. Күртешемдi жая сал, терлеп малшынып, денемдi мұздатып кеттi.
Бұл – Отан соғысы күндерiнiң үзiндiлерi. Осындай күннiң бiрiнде бесiншi кластың оқушысы Есалы жұмыстан күндегiсiнен ерте қайтып, сүт қатқан кеспе көжесiн дайындап отырған Жаңылға қуана келiп, мойнын құшақтай отырып, бүгiн iстеген жұмысын айтты: – Апа, мен бүгiн ертеден кешке шейiн палуан атамның қасында жұмыс iстедiм. Ол менi өзi тандап алды. Бригадир атама айыр тауып бере алмаған соң, ол арық жағасындағы қураған талдың, жуандығы менiң балтырымдай бiреуiн жұлып алды да, бұтақтарын балтамен кестiрiп, айыр жасады. Оны атамның қасына Тiлеу екеумiз көтерiп апардық. Оған басқарма: – Сiз несiне келдiңiз? – деп едi, ол қырын қарап, жерге бiр түкiрдi де: – Үйдегi жататын жерiмнен су шығып кеттi. Ендi соғыс бiткенше, балалар үйге келгенше мен егiс даласында болам. Онан да маған беретiн жұмысыңды айт, – дедi. – Қырманда болыңыз, – дедi басқарма. – Онда не iстеймiн? Жұмыс жоқ қой?! – Комбайнға бөлген төрт-бес қарт отыр. Түске шейiн бау тасылып, жұмыс болады. Жетпiстен асқан сiзге түстен кейiнгi жұмыс та жетедi. Атам қабағын түйдi де, ағаш айырының үстiне отырған басқарманы айырмен көтерiп тастап: – Мен саған базарға салған аттай, тiсiмдi қаратып, жасымды санатқызғалы келгенiм жоқ! Маған екi пар өгiз арба, қасыма Есалы мен Тiлеудi бер, бұлар айырдан қалған бидайды жинап отырсын. Түске шейiн қырманды толтырып алсақ, түстен кейiн қырманды аудартасың ба, комбайныңды сүйретесiң бе, ықтияр өзiңде... – дедi де, Тiлеу екеумiздi ертiп, аңызға қарай жүре бердi. Басқарма қайтып үндеген жоқ, бригадирге: – Мына кiсiнiң арбакештерiн бер де, сусынын мол қылып қасына жеткiзiп берiп отыр, – деп басқа жұмысына кетiп қалды. – Апа, деймiн... атамның ағаштан сындырып алған айырының тармағы
уықтың ұзындығындай! Өзге адамның үш-төртеуi бөлiнiп көтеретiн шөмелесiнiң екеу-үшеуiн түйреп, арбаға бiр-ақ салады. Оның орнын тазалауға он бала тырма ұстадық. Арба тиейтiн əйелдердiң бəрiн босатып, ораққа жiбердi де, бiр бригаданың арбасын өзi тиедi. Күн батқанша қырман тау болып үйiлдi. Күн бата орылған бидай қалмай, табелшi атама отыз еңбек, бiзге бес еңбектен жазды... – Үйiне сенiмен бiрге келдi ме? – Жоқ, апа, қырмандағы бидайды комбайнға бер-гелi қалып қойды. – Жарықтық-ай, өзi де шаршаған шығар?.. – Шаршаған жоқ, апа. Қырманға келе жатқанда жолда көпiрге дөңгелегi кiрiп кеткен арбаны бiр қолымен көтерiп шығарып жiбердi. – Неше мес қымыз iштi екен, жарықтық?.. – Менiң iшкенiмдi де iшкен жоқ, апа... Түсте үлкен кесе көже мен бiр күлше нан жедi. Қырманға келген соң, бiр кесе суық шай iштi. – Ендi қарт адамға, қырмандағылар қайт деп айтпады ма? – Айтты, апа. – Нар жолында жүк қалмайды! Мына бидайды шошайтып қойып үйге несiне барам? Аша ағашыммен комбайнның көмейiне тығып жiберейiн, – дедi. – Онда, бiр күнгi көмегiнде керемет күшiн көрсе-тейiн деген ғой атаң. – Апа, олай емес. Атам ертең де барады, егiс бiт-кенше iстеймiн деп отыр. Маған: – Балам, ертең де менiмен боласың. Ертең екiншi бригадада жұмыс iстеймiз, – дейдi.,. Сөйтiп, Шiлiктiң шыжыған ыстық күнiнде колхозда он бес күн жұмыс iстеп, үш жүзден аса еңбеккүн тауып, колхоз үйiне əкелiп берген екi арба астықты үйiне түсiрмей, үй жанындағы жолдың жағасына түсiрiп, темiр
жол станциясына кетiп бара жатқан машинаны тоқтатып, толтыра тiккен жүн қаптарды қарбызша лақтырып салды да: – Элеватордың бастығына айт: «Гитлер-фашистермен күресiп жатқан балаларыма адал еңбегiммен тап-қан бiр күлше нандай сəлемдемем – осы машинаңа сал-ған бидайды тез жеткiзсiн! Қабының сыртына: «Қарт палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтан» деп жазсын. Талай алып палуанның тəкаппар жаурынына жер иiскет-кен кəрi күш. Отанымыздың қасиеттi топырағын жаудың лас аяғынан тазартқанша еңбек майданында iстей тұрады...» Қозым, шофер, қанды майдандағы қањарман өрендерiме солай жазыңдар! Алғашқы еңбегiне деп берген үлесiн маңдан қорына жiберiп, палуан колхозға көмегiн үдете түстi. Үйiлген бау, үлкен шөмелелердi мықшыңдап көтере алмай жат-қан жастардың қасына келiп: – Балам, былай тұр, – деп, салалы айырмен бiр көтерiп тастап, қыртыстанған кең маңдайынан шыққан тердi саусағымен сыпырып тұрғанын көрiп, аяғандар: – Денесiне құйылған қорғасындай бiткен күштi неге жұмсаса да бəрiбiр екен ғой. Мен осы кiсiнi: «Өзiнiң үйренген күресiнен басқа, қара жұмысқа ыңғайсыз шығар» – деушi едiм. Мына түрiмен қай жұмыс болса да шақ келтiретiн емес, – дейдi жанында жұмыс iстеп жүрген бiреу. – Е, солай екен. Мен бiрер күннен кейiн бұрлыққан бурадай шөгетiн-ақ шығар деп едiм, бой беретiн емес, қайнатқан құрыштай, шынығып барады, – дейдi екiншi бiреу, ұстаған құралының сабына сүйенiп, ұзағырақтан қарап: – Тап осындай он адамы болса, он машина, он тракторы болса, өзгенi керек қылмай-ақ, бiр колхоздың жұмысы өзiнен-өзi-ақ жүрiп жатар едi, – дейдi тағы бiреу. – Атам келiп, ауыр жұмыстан мойнымыз бiр босады, көп жасағыр! Iстей тұрса жақсы болар едi... Қайдам, темiр, тасын арқалап тағы бiр күнi бiр жаққа кетiп қала ма?.. – десiп, əйелдер əңгiме етедi. Ұзамай солардың айтқаны келдi. Палуан атасы темiр, тасын арбаға артып кетiп қалуға ыңғайы келiп-ақ қалды.
Майданда бiр қол, бiр аяғын майыстырып алған Жақып ауылға келдi де, екi балдақ, бiр таяғын саптап, орден, медальға омырауын толтыра салдыратып, палуан атаға сəлем беруге барды. – Ассалаумалайкум! – дедi жауынгер, оң қолындағы таяқты сол қолымен топшысына сүйей, балдақты талтита, бойын төмендетiп, қолын созып. – Сау бол, шырағым! – дедi палуан, ауыр денесi отырған жерiнен серiппедей көтерiлiп, созған қолын жоғары көтере, балдақ-малдағымен қыса құшақтап, маңдайынан шолп еткiзiп сүйiп, төр алдындағы төсекке отырғызды. – Омырауыңдағы жалтырауықтар жаңқа да болса бiрдеңе сындырғандарға берiлетiнiн бiлем. Маған ендi жаудың жеңiлгенiн айт, – дедi, амандықтың көпшiлiкке ортақ əдетiн айтып болған соң. – Айтайын, ата. Баса бiлген жау қаша бiледi екен, ата, Əрине, олар ысыра салатын ағаш емес, зеңбiректiң тұмсығы танауын қажаған соң шегiнiп барады. Катюша да бетiн аз шымшыған жоқ. Автоматты қойшы, жеткен жердегi табан аттың сирағын тiлгiлейтiн шыбырт-қы ғой ол... Көбiрек керегi танк пен самолет. Ол екеуi көп болса тазылы бүркiттей, бiрi жерден, бiрi көктен, қашқан жаудың тақымын кергiзiп, сiңiрiн созғызады-ақ... – Дұрыс айтасың, балам, қашқан қасқырды қалыңға мойын бұрғызбау үшiн бүркiт керек. Соны көбейтудi ел де көп ойлайтын болды. Соның бiреуiн мен ұшырсам деп ойлап жүрмiн. – Оныңызға тiлектеспiн, бiрақ ауырлау ғой сiзге. – Батырым-ау, қанша ауыр болса да оны мен көтер-меймiн, құрыш қанатымен өзi ұшып кетедi... Ақшасы қанша тұрар екен? – Ауыр деп отырғаным сонысы ғой. Бiр самолет жүз мың сомсыз соғыла қоймас. Палуан сол қолын жоғары жазып жiберiп, көтерiп, тоқпақтай түйiлген бұлшық етiн жоғарылы-төмен ойнатып, оң қолымен шеңгелдей тұрып: – Осы бiр түйiншектерде жүз мың сом қалай қалмады екен? Əлi салмақты жатыр! Тегi, бiр шын тебiренсе – екi жүз мың жатқан сияқты өзiнде.
Миллиондар жиналатын сарқылмас кен – халыққа барайын. Сол күннiң ертеңiнде Есалыны ертiп, үлкен боз атқа арба жегiп, темiр, тасын артып, Шəуiлдiрге қарай бiр-ақ тартты.
Қазықұрттың баурайында Үлкен боз атқа жегiлген жеңiл арба Қазықұрт та-уының батыс жақ бөктерiмен Шымкент–Ташкент арасындағы тас жолға қарай ойысып келе жатты. Атты айдап келе жатқан он үш-он төрттегi жас бала. Арбаның дəл ортасына малдасын құра отырған алып бейнелi, айбары зор, келбетi кесек жатқан бiр адам. Арба жеңiл де болса елу пұт жүкке мыңқ етпейтiн мықты едi. Осының үстiнде көлемдi жүк болмаса да, салмағы жағынан едəуiр болатын. Ат айдаушы бала мен ұсақ-түйек темiрдi есептемегенде, алып бейнелi кiсi бiр жүз жиырма екi килограмм тартады, қысқалау сабы бар балға он алты килограмм, арбадан тұмсығы шығып келе жатқан рельс екi жүз сексен сегiз килограмм, əрқайсысы он килограмм келетiн бiр буда шыбық темiрлер де бар. Олар да соның үстiнде. Шынжырын, тақтайын, тағы-тағыларын қосқанда, үстiндегi екi адамнан басқа, жарты тоннадан асатын салмақ едi. Қос аттың жүгiн тартатын боз ат болмаса, жай атқа бұл жүктi сүйреп жүру қиын да едi. Боз аттың бұл жүктi дамылсыз сүйрегенiне ай жарымнан аса уақыт өттi. Шыжыған шiлденiң аяғын ала Шымкенттен шығып едi де, Шəуiлдiр, Шаянды, Арыс, Бадамды, Мақтарал, Кировты, Сарыағаш, Келестi, Бостандық, Қаратасты аралап, Қазықұрт колхозына қонып, Шарапханаға ат шалдырып алып, Шымкентке қайта оралайын деген бетi осы болатын. – Жолдың айрылатын жерiне жақындадық, ата. Шарапханаға соғамыз ба? – дедi бала. Үлкен кiсi жамбасыңдағы кенеп қаптың бұрышын бармағымен мыжғылап қойып: – Балам, мына бiр шөбi бар төмпешiкке бұрылшы! Атты шалдырып, қапшықтағыны санап көрейiк. Мөл-шерге келсе, Шымкентке тiке-ақ тартып кетермiз. Бала айтқан жерiне бұрылып, атын доғарды. Үлкен кiсi арбадан қапшықты
алды да, брезент шекпенiн төмпешiктiң үстiне жайды. Қапшықтың аузын шешiп, түбiн сiлкiп жiбердi. Жабағы жүндей түйдектелген қағаз ақша шекпеннiң үстiне төбе болып үйiлдi. – Əй, балам, мынау ақшаның жүз сомдығын бiр бөлек, елу сомдығын бiр бөлек, ұсақтарын өз алдына шығара бер. Мен санап буа берейiн. Ақшаның көпшiлiгi жүз сомдық едi, ұзақ отырып санап, он мың сомнан буа бердi. Буманың он бiр бөлiгiн қапқа салғанда бес мың сомдай ұсақ ақша қалды. – Балам, осыны орамалыңа түйiп, шешеңе апарып бер. Iнiлерiңнiң керегiне жаратсын. Ал, балам, ендi сен жазуды жақсы жазасың ба? – Жазамын, ата. – Қалам, қағазың бар ма? – Бар. – Қағаз, қаламыңды ал да, мен айта берейiн, сен жаза бер. – «Отан қорғау комиссарына! Қазақ халқының жетпiс бес жастағы палуаны: Қажымұқан Мұңайтпас ұлынан туысқандық жəне жолдастық тiлек. Қаныпезер қара ниеттi жаудың елiмiзге тиiп гүлденген еңбе-гiмiздiң тыныштығын кетiргенiне үш жыл толып, төртiншi жылға айналып барады. Қанды майдандағы қањарлы үндi күн сайын есiтемiн. Қанды не үшiн төгетiнiмiз де түсiнiктi. Қазақ халқының ерiктi ел болуына көмектескен орыс халқы өрттiң жалынына түстi. Украиналық жан қиысқан досым Поддубныйдың елi де жау тебiнiнде жатыр. Ұлы елдiң жау қолына беретiн бөгесiнi болмаса, ол өрттi бiз де əлдеқашан көрген болар едiк! Ұл- қызымның үздiксiз еңбегiн көрiп отырып, мен де жай отыра алмадым. Жетпiс бес жасымда айыр ұстап, шөмеле көтерiп, қырман басқаным олқы көмектей көрiндi. Менде басы артық мал, құнды көлiк өмiрi болып көрген жоқ. Қандай бағалы қазына болса да бағынатын күш болды. Соның арқасында – «Əлемнiң палуаны!» деген ат алдым. Менiң сарқылмас қазынам – халық. Суалған көлдiң жалтырындай күшiмнiң сар-қындысын көрсетiп, жүз мың сом ақша жинадым. Самолетпен келген жау самолетпен жойылсын!
Қартай-ғанда жалаңаш кеудеме тас сындыртып, иығыммен рельс иiп, тiсiммен жүктi арба сүйреп, қыртыстанған шекемнен ащы тер шығарып тапқан қаржыма бiр самолет соқтыр. Отан соғысының ер жүрек армиясына мiнгiзген атым болсын! Тiлегiмдi қабыл ет! Көп жаса, коммунист партиясы!». Осы хатты жаздырып, қайталап оқытып, төс қалтасына салды да: – Балам, атыңды жек. Шымкентке тiке тарт. Бұл ақшаны банкiге өткiзейiн, – дедi.
Қайғысы мен қуанышы Алматының ат шабатын алаңы көгорай шалғынға мейлiнше бөленген кезi едi. Мұнда шалғынды жапыра жағалай тiккен аппақ жұмырткадай киiз үйлер. Есiлден, Нұрадан, Тобылдан, Ертiстен, Жетiсудан, Сырдан, Жа- йықтан, Жемнен, Сарысудан, Талас бойынан келген қазақтар мен Москвадан, Ленинградтан, Фрунзеден, Ташкенттен келген қонақтар араласып, алаң лық толулы. Колхоз, совхоздардан жиналған бəйгенiң сəйгүлiк-терi құлақ қайшыласып, жер тарпып, кермеде байлаулы тұр. Қала мен атшабардың алты километрлiк арасы тiзбектеле жүйткiген машиналар будақталған шаңды көкке көтерiп бара жатыр. Алып даланың атақты ғалымы, аты мəлiм жазушысы, ел сүйiнген еңбек ерлерi, алтын жұлдызды батырлары, жан азығы əншi-өлең-шiлерi осы жиынға түгел келген. Ағаш сайын iлiнген радио көмейлерi əн-күймен Алатаудың аңғарын жаң-ғыртып тұр. Бұл – Ұлы Отан соғысының өртi сөнер кезiнде болып жатқан Абайдың жүз жылдық тойы едi. Осы тойдың ойыны өтiп жатқан алаңның ортасында астына ақ киiз төсеп, күрестiң төрешiсi Қажымұқан отыр. Жанына топталған жауырындары қақпақтай сом денелi палуандар. Əкесiнiң алдында əдеп сақтаған баладай, қолдарын уқаласып, үнсiз тұр. Алып кеудесiн кере түсiп, палуандарға көзiн сығырайта қарап: – Əй, шеткi тұрған, балам атың кiм? – дедi. – Орынбет, Қажеке... – Орынбет, оң жағыма кел. – Кеуделi жiгiтiм, сенiң атың кiм? – Төлеп, Қажеке... – Сол жағыма шық. – Жоталарың шамалас, күштерiң де тең болар, жақындаңдар маған. Күрес –
төбелес емес! Қабақтарыңды жадыратыңдар. Мə, труси, майка. Өзiмiздiң үйге барып, киiмдерiңдi шешiп, осыны киiп, белдерiңдi байлап келiңдер. – Əй, екi бала, анау бүктеулi тұрған үлкен кiлемдi көтерiп келiп, ортаға жайыңдар. – Ақсақал-ау, қазақша күрескен соң, көгалға күресе бермей ме?.. – Бұл топыраққа аунасатын топас байдың тойы емес; мəдениеттiң атасы – Абайдың тойы! Үлкен кiсiнiң сөзiн қайыру ұят болады, барыңдар! Кiлем жайылып, палуандар күрес киiмiн киiп келiс-тi. Палуандардың атасы орнынан тұрып, екеуiнiң та-ранған құстай бойларына қарап: – Сен белбеуiңдi босатыңқыра. Күрестерiңде тiзе, тобықты қағысу болады да, аяқты шалысу болмайды. Мен көрмеген күрес жоқ. Белдi қатты байлау – «ұстаған қол еркiн ұстай алмасын» дегендiк. Күштi қол ұстаса қабырғаңды бiрден сындырады, сондықтан еркiн ұстайтын болсын. Мiне, ендi дұрыс болды. – Сенiкi тым бос. Көтергенде сырылып кетсiн, дейсiң. Күштi қолдан түсiп кететiн сынап емессiң! Босат! Ал екеуiң қол алысыңдар. Бəрекелдi... – Айдархан, ағаларыңның күресiне қарап тұр, қазақ күрес деген осы. Мiнəйiм, Айдарханын ерте келiп, Абай тойында бас бəйгенi алып қайтқан палуан, аулына барған соң, мектептiң спорт ойынында жетi жасар Айдарханы түйiс ойынында он төрт жасар баланы жеңiп шығып, үлкен той жасады. Сол тойдың артынан, көшпелi бұлттай бiр кесек қайғы да тап болды. Құйрық, жалы төгiлген, жалпақ торы атқа мiнген почтальон палуанның үйiне түсе қалып, сəлемiн берiп, тiзесiн бүктi де, кең дорбасына қол салып жiберiп, сүргiштеген хатты алып бердi. Палуан ашқысы келмегендей, қолына бiраз ұстай отырып: – Есбол, ей Есбол, мына хатты оқып жiбершi. Минскiден келiптi, кiм жазды екен? – дедi. Бала отыра қалып оқи бастады.
– «Құрметтi Мұңайтпасов Қажымұқан! Сiздiң Отан сүйген таза жүрегiңiздi толқынтқандай бiр хабар жiбе-руге тура келдi. Отан үшiн күресте мұнан да үлкен қайғыны жасырғанымыз жоқ. Сiздiң жетпiске келген алып тұлғаңызды ауырлатқымыз келмесе де, амалсыздан айтамыз. Сiздiң ұлыңыз – Мұңайтпасов Хайболла Қажымұқанович бiз тұрған Н. қаласын власовшыл бандиттерден қорғаушылардың бiрi едi. Ол Отанына шын берiлген адал жүректi азамат едi, қайтпайтын өжет батыр едi. Өз мiндетiн атқара жүрiп, жау тобымен шайқаста, үлкен ерлiкпен қаза тапқан көшесiнiң атын Мұңайтпасов қойдық. Сiздiң тəрбиелеп өсiрген ұлыңыз – Белорус халқының ортақ ұлы – қайғыңызға ортақтаспыз. Қуанышты күнге жетуiңiзге тiлектеспiз! Қызыл Армия бөлiмiнiң штабы...» Палуан ешбiр кимылсыз ұзақ отырды. «Бауырымдаған» бiреулердi қолымен түртiп, үн шығартпады. Жанында жатқан үлкен орамалын алып, меруерт тасындай домаланған көз жасын сүрттi де: «Өлмейтiн бiр жан жақ, керегiнде өле де бiлу керек! Орынды өлiм өмiрдiң есiгiн ашады. Қозым, саған рақмет! Жатқан жерiң тор-қа болсын, аяулым...», – деп басын тiк көтердi. «Ертеңiне, бұрынғы əдетiмен Айдарханын ертiп далаға шығып, жас балаларды жанына шақырып алып, ауыр темiр көтертiп, бiр-бiрiмен күрестiрiп, спорт өне-рiн үйретiп жатты. Сол сағатында Қажекеңе тағы бiр қуаныш хабар келiп жеттi. – Палуан ата, сiз соқтырған самолеттiң ұшқышы келе жатыр деп, ауданнан көп адам Темiр станциясына жиналып жатыр. Солар сiзге жiбердi менi... – деп бала жiгiт қолын қусырып, басын идi. Палуан станцияға барғанда күткен поездың келуiне əлi он минут уақыт бар едi. Аудан басшылары, əлденеше колхоздан келген колхозшылар, темiр жолдың жұмысшылары, мектеп оқушылары өздерiнiң құрметтi палуанын машинадан көтерiп алды да, соның маңайына шоғырланып тұра қалысты. Темiр станциясына жүйткiген поезд да келiп жеттi. Теңiздей толқыған жұрт та көк вагондарға қарай ойыса бердi. Вагонның бiрiнен қара торы жас жiгiт шығып келедi. Оның үстiнде ұшқыштар формасы. Жұрттың алдында тұрған палуанның созылған күштi қолы вагонның тепкiшегiн бастырмай
əлгi көрiнген ұшқыш жiгiттi тiк көтерiп алды. Көктегi дауылдың бұлтындай ұйтқыған майданда жауға Қап тауындай салмақты көрiнген қара сұр жiгiт, бұл созылған қолда бесiк баласындай болып жеңiлейiп кеттi. – О, елiмнiң айбары, көктiң қыраны, ұшқыш ұлым, сенi де көрдiм мен. Поездан түскен жауынгер төмендегi тапсырманы оқыды. – «Лейтенант – Қажытай Шалабаев, елге қайтып Қазақстанға бар. Даланың алып палуаны, құрметтi атамыз Қажымұқан Мұңайтпасовқа сəлем бер! Жауыз дүниенiң жазалаушысы, езiлген елдiң қорғаушысы Совет Армиясынан жалынды сəлем жеткiз! Адамшылық өмiрдi терең түсiнген, адал жүректi мыңдаған ұл-қызын өсiрген қазақ халқына, Қажымұқан сынды палуанға алғысымызды жеткiз! Ел басына түскен ауыр күнде көмекке берген құрыш қанаты, аспан əлемiнiң жой- қын арпалысына он сегiз рет қатынасқанын айт. – Жауыз фашистi жайрат! – деп едi, ол бұйрығы орындалды. Оның адал еңбегiнен құралған қаржыға соғылған самолет Аманкелдi батырдың атындағы авиация шоғырында аман-есен тұрғанын айт. Халықтың қањарынан туған бұл болат сұңқар, барлық əлемде бейбiтшiлiк орнағанша аслан күзетiнде дайын тұрады. Қанаттарына кiр жұқпайды. Өзi берген болат сұңқардың күтушiсi де, ұшқышы да өзiң екенiн баянда! Қамқор қартымызға, аяулы атамызға Аманкелдi атындағы авиация тобынан жалынды сəлем!»
Ұзақ сапарға «Ақтөбе» колхозының шығыс-түстiк бетiн ала дүңкиген үлкен төбе тұр, оны ел: «Бұзық» деп атайды. Ол сол манайдағы Ақ төбе, Қоңыр төбе, Қарауыл төбе, Қызыл төбелердiң қоразы сияқты айрықша болып көрiнедi. Бұзықтың айналасында көп жерге шейiн пiлдiң қабырғасындай сай-сай болып, жүзiм егiстiгiнiң орны жатыр. Кəрi құлақ қарттардың аңызына қарағанда бұл аймақты бiр кезде «Мейiз қаласы» деп атапты. Колхоз ұйымдасып, Ақ төбе арығы қазылғанда, жер астынан iшiне алты пұт тары сыятын екi көзе шығыпты. Оны жұрт – бiр кезде шарап ашытқан əлдекiмнiң ыдысы болар десiптi. Бiрнеше жүз жылдар бұрын бұл ара бау- бақшалы көркем қала болған екен деседi. Сол қаланың шетiн ала Бөген өзенiнiң жиегiнен салынған қорған бұзылып, «Бұзық» атаныпты. Соның ұшар басына шығып, əр кез отырып келетiн палуан бүгiн тағы сол шоқыға шығып отыр. «Ауылға келiп ойыныңызды бiр көрсетiңiзшi. Сiздiң дидарыңызды көруге ынтық болатын да күн болар!» деген жерге кейiнгi кезде бармады. Айдарханға денең қатаяды деп, тұзды май жегiзiп, спорт ойынын үйретiп отыратын едi, онысын да қойды. Осы төбенiң басында да көңiлсiз отыратын. Немересi – Абдоллаұлы Шабданға: – Сонау қарауытып көрiнген қырқа, бабам Қобыланды айтқан: Қараспан тауын жайлаған, Қалың қыпшақ елiмде, – деген жерi... мына, «Бұзық» бiр кездерде əлденеше қабат тұрғын үй едi, бұл да құлап төбе болды. Бабаң – мен, жер жүзiн аралаған қазақтың Қажымұқаны едiм, мен құлап төбешiк боламын. Сонда бұл жердiң тарихын айтатын да кiсi табылмас саған. Сондықтан менiң айтқандарымды зердеңе тоқып ал! Күндердiң күнiнде «қайран атам айтып едi» деп жүрерсiң. Мен өзiмнiң адамгершiлiк мiндетiмдi де, əкелiк мiндетiмдi де атқардым. Сен де ер жеткенiңде тек адам ғана болмай, халыққа пайда келтiретiн даңқты адам болуды ойлан, шырағым! Жүр, балам, кетейiк, – деп үйiне келдi.
Үш-төрт жастықты үйе жастанып, кеудесiн көтерiп жатып ұйықтайтын палуан, күн батып бара жатқанда ұйқысырап: – Уа, Қадиша, қолыңды бершi! Бер қолыңды!.. – деп оянды. Кешкi малдың жайғастыруында жүрген əйелi оның не деп сөйлегенiне елең еткен жоқ. Ол басын көтердi де, айнала қарап алып: – Шабдан, боз атты алып кел, арбаға жек, – дедi. Бабасының бұйрығына тiл қайтармайтын немересi жоңышқалыққа тұсап қойған атты алып келiп, арбасына жектi. Күн бата туатын ай арқан бойы көтерiлiп те қалған едi. Өзi жолға киетiн киiмiн киiп: – Мiнəйiм, уа, Мiнəй... Көрпе-төсегiңдi арбаға сал, Есбол, Есалы, Айдархан төртеуiң арбаға мiн... – Жетi түнде қайда барамыз, палуан? – Оны неғыласың сұрап? Мен шығатын қақпаға жақындайық. Алдында Қараспанға барамын дегенiн естiп жүрген Мiнəйiм абыржып жүрiп, үй iшiн арбаға тиеп, балаларын мiнгiздi. – Шабдан, сен малдарды айдап Темiрланға жеткiз, бiз бара берейiк, – дедi де кетiп қалды. Оның Ақтөбеден көшiп кеткенiн көршiлерiнiң көбiсi бiлмей де қалды. Жақын тумасы Мəмiш келiп: – Палуан-ау, түн iшiнде мұның не? – дегенде: – Ұзақ сапардың адамы күн-түн демей, жететiн жерiне осылай жылжи бередi. Менi iздесеңдер Темiр-ландағы Ленин колхозына келiңдер! – деп, «шүу!» дедi де, жүрiп кеттi. * * * Түнгi салқында ұта жүрiп, күн көтерiле Арыс–Түр-кiстан каналының тоғаны басталатын жердегi «Күн-төбе» колхозына келдi. Ауылдың балалары: – Палуан атам келдi, – десiп қаптай жүгiрдi.
– Палуан, сапар қайырлы болсын! – десiп, үлкен кiсiлер де айналасына тола бастады. – Жартылай көшiп, қалай келе жатқаныңыз, бұл? – Тiптi, түгел келе жатырмын. Сол ауылда жүрген Арыс ауданының басшы қыз-меткерiнiң бiрi кездесiп, көпшiлiк қоршалап тұрған палуанға сəлем бердi. – Жақсы кездестiң, қарағым. Темiрланға барған соң, атымды тынықтырып алып, барамын ғой деп келе жатыр едiм. Баруын барам, айтарымды əзiр-ақ есiңе салайын. Арқада, Есiл жағасында туып едiм, Сырда Арыс жағасында өлем. Жөргекке ораған жер мен кебiнге оралған жерiмнiң арасы алыс болды, өкiнбеймiн. Қазақ даласының алысы жоқ. Бiздiң ауыл Арыста, Есебi жоқ алыста. Тұлпар болсаң, Тайбурыл, Барыңды бүгiн қарышта!.. – деп бабамның қоныс еткен жерi... Жұрттың жүрегiндей менде де бiр жүрек болды, менiкi екеу болмады деп оған да өкiнбеймiн. Жалпы жүректiң жалғыз ғана ойлағаны болды. Ол – халық. Халықтан зəредей көңiлiме қаяу түскен уақытым болған жоқ, қандай тiлегiм болса да халық орындады. Өмiрiмде елдiң дүбiрiн есiтпеген күнiмдi күн деп санамаған едiм. Өлген соң да жүрген аяқтың дүбiрi естiлiп тұратын даңғыл жолдың жағасында болса екен мекенiм деп едiм, келешек өмiрде ұрпақтарымның құжынап көп жиналатын жерi, Арыс–Түркiстан каналының сағасына келе жатырмын. Аудан басшылары Ленин атындағы колхоздың орталығынан бау-бақшалы төрт бөлмелi үй салып, iшiне кiргiздi де, жазда өзен жағасына тiгiп отыратын киiз үй көтерiп бердi. – Ал, ақсақал, үйiңiзге кiрiңiз. Өмiрде керегiңiз орындалды. Жетпiс бес жыл бойы шыныққан денеңiз, ауру-сырқаудан аман келген денсаулығыңыз осы қа-лыпта болса, ендi бiр он-он бес жылсыз ажалға өзiңiз де мойынсұна қоймассыз, – дедi.
Ленин атындағы колхоздың колхозшылары палуанның келуiне ерулiгi деп үлкен той жасады. Жаңа қонысы қайырлы болып, қырық сегiзiншi жылдың ортасында Мiнəйiм ұл туды. Қарт кенжесiне үлкен той жасады. Түрi – Қажымұқаннан айнымайды, сойып қаптап қойғандай. Бала қырқынан шығып, буыны бекiне бастағанда, қауын пiсiп, оңтүстiктiң көңiлдi күндерi келдi. Жас нəрестенiң атын – Жанəбiл қойған. – Палуан – Айдарханға ұйқастырып Əзiмхан қоя-лық та, дегендерге: – Жоқ! Жанəбiл – Əзiрет Əлiмен алысқан менiң бабаларым қыпшақтар болған. Той төбеде майдандасқан қорғанының орны төбе болып жатыр. Соның атын қоям. Өзен жағасындағы көгалға тiккен киiз үйде қымыз iшiп болған палуан: – Айдархан мектебiне кеттi ме? – дедi. – Оқу əлi басталған жоқ, мақтаның алғашқы ашыл-ғандарын теремiз деп кеттi, оны неге сұрадың? – Жай, Жанəбiлдi емiзiп болсаң, маған бершi. Баланы қолына ұстап, көзiн сығырайта қарап, бiраз отырды да, сəбидiң төбесiн құшырлана иiскедi. – Менiң күшiм осында болады, iсiм бола ма, жоқ па, онысын өзi бiледi... Мə!.. Үйден шығып, арбаға жеттi де, қолын божыға қарай соза берiп: – Ох! – дедi. Жанындағы баласы қолтығынан сүйегенше, ауыр дене жерге шөгiп, ұзақ сапарға аттанып та кеттi. 1951–1956, Алматы.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244