Iлгерi ентелеген көпшiлiктi кейiн шегiндiрiп, тəр-тiпшiлер көбейдi. Алаң кеңiп, адам көбейе түстi. Поп пен хазiрет бəйгенi бөлiп алуды тоқтатып, күресетiн кiсiнiң кiм екенiн бiлiп алуға кiрiстi. – Хазiрет əпендiм, ендi қалай болады? Бөлiнiп тұрамыз ба, бiрге тұра беремiз бе? – Ендi қалай... Господин поп. Рас, мұсылман мен христиан күрескен соң, əлбетте, бөлiнiп тұру керек. – Күресетiн жас кiм, қай ұлт екен? – Қазақ. – Хазiрет əпендiм, есiңде бар ма. Бiр кезде екеумiз Россияның халықтарының қайсысының қандай дiнде екенiн сөз қылдық. Сонда сiз – «қазақ халқының жүзден бiрi ғана намаз оқиды. Оның өзiн де кiтапқа сəйкес дұрыс оқымай, «ақ қойдың келдесi, қара қойдың кел-десi» – деп бұзып оқиды. Сондықтан оларды мұсылман деп айтса да болады, айтпаса да болады, – деп қазақ пен татардың айтысынан бiр ауыз өлең айтқансыз; маған түсiнiктi болу үшiн тəржiмалап та берiп едiңiз.. Ол: Қазақта көп болады батыр деген, Батырлар бермегендi тартып жеген. Көшпелi ел, салып қойған мешiтi жоқ, Қазақты бiр тауаятта кəпiр деген, – деп едiңiз. Мұндай дiнi белгiсiз адам үшiн несiне бөлi-немiз. Рас, кəпiр екен – ол да орыс. – Болмаса, өзiнен сұрап анықтайық, – дедi хазiрет. – Ибадулла, бiлiп қайт! Мүптi келiп: – Малай, жазарға керек... Сен қайсы дiнде?
– Мен ондайыңды бiлмеймiн, қазақпын. – Хазiрет əпендiм, бiлми, – деп қайтып келдi. – Əлбетте оқымаған кiсi бiлмейдi. Юрий господин, ол ендi қазақ болғаш њар хəлде мұсылман, – дедi хазiрет. – Кiм болса да күресе берсiн, – дедi поп. – Фамилияңды айт, дуанбасы жазып қой деп жатыр, – деп жəрдемшi келдi. – Мұқан. – Бұл əкеңнiң аты ма, өз атың ба? – Əкем Мұңайтпас, оны қайтесiң, күресетiн өзiм, өзiмдi жазсаң болды. – Кəне, əзiрлен, малай. Ендi күресесiң. – Мен əзiр тұрғалы қашан. – Киiмiңдi шешпейсiң бе? – Мен киiмiмдi шешiп су кешем бе? Осылай-ақ күресе берем. – Оның болмайды. Мына палуанша шешiнiп күрес. Мiне, сен кисiн деп палуанға лайық майка, шолақ дамбал да алдырдым, – деп Сымғат дүкеншi бала алып келген, қағазға ораулы киiмдi ұсына бердi. – Жарайды, қолына ұстап тұр, палуанға арналған киiм болса, – палуан болғанда киермiн. Əзiр күресе тұрайын, – деп бурадай шабынып тұрған Добрый-Рабыйға келiп ұстаса кеттi. – Əне, қарт үшiн бiр секундтық iс. Алады да, соғады, – дестi бiреулер. – Илањи, құдайым, сақла шул малайны, – дедi бiр татар кемпiр. – Əне, iлiк сiлкуiнен қалды, фəхир, – дедi бiреуi. – Малайның белбеуi үзiлдi, – дедi балалар.
– Құшақтады белiн. Ендi көтередi, – дедi бiреу. – Үзген темiрдей қолын босатты, – дедi бiреу. – Қарт қисайды, жата, жата да ата... – дедi бiреу. Қарт палуанның бiр əдiсi осы жата қалып атып жiберетiн. Оны кейбiреулер «жығылды» деп босаңсып қалатын. Ондай əдiстi бұрын балалардан көрген Мұқан қисая бергенде белiнен қапсыра құшақтап, бөксесiн тiзесiмен қағып жiбердi. – Əне, қарт дөңбекше көтерiлiп, малайдың иығында кеттi, деп айнала тұрғандар шу ете қалды. Құшақтаған қолы жазылып қарт бiр-екi ұмсынса да, қолы бала палуанның белiне оралмады. – Ұр, қарбызша жерге, – дедi бiр шал. Палуан көтерген күйi төрт-бес адым басты да Добрый-Рабыйды үйiрiп барып тiкесiнен жерге қоя салды. – Бала жыға алмады, – дедi дуанбасы, – Жыға, алмаса жығады. Қайта күрестiремiз, – дедi мүптi. – Мен жығылдым, – дедi қарт. – Мен күшiммен босанғаным жоқ, бала босатты. Өзiмнен күшi басым бiр жас шыққаны үшiн мен бақыттымын. Жаурыным өмiрi жерге тимеген едi, – сол жерге тимеген күйi қартайдым. Ендi мен күрестi қойдым, дей келiп: – Россияның құрметтi əлеуметi! Менi жоқшылық көгендеп, палуандық ғылымын оқытпады. Мүмкiн, мен Едiл бойын ғана емес, дүние жүзiнiң палуанын жығар едiм. Ендi мына жас күштi тəрбиелеп, əлемдiк атақка ие етуге көмектерiңдi сұраймын, – дедi қарт палуан көпшiлiкке айнала қарап. Файзулла мен Сергей халықтан жиналған бiр қалта күмiс пен бiр орамал толған қағаз ақшаны Сымғаттың қолына бердi. Көпшiлiктен оқшау шығып, су жиегiндегi құлаған ағаштың үстiне қатар отырған қос палуанның қасына қолына елден жиналған ақшасын ұстап Сымғат келдi. Оның артынан ере келе жатқан дүрмектiң арасынан оза
ұмтылып, бiр кемпiр: – Сымғат, кемпiрлер жинаған сыйлықты да ал, ақ-шасы аз болса да, сақина жүзiктерi көп. Бəрi таза күмiс. Бет орамал, бiлезiктерi де бар. Бiздiң сыйлығымызды да палуанға бер. Үлкен палуанның кемпiрi, қызы бар шығар. Баланың шешесi, жеңгелерi бар шығар, – деп түйiншегiн Сымғаттың қолына ұстатты. – Мына менiң де сыйлығымды қалдырма. Қыс бойы Қабанкөлдегi қоймасын күзеткенiм үшiн бай сыйлаған бешпент едi. Бер палуанның бiрiне. Рақатына кисiн, – деп қарт татар қара сəтен камзолын ұсынды. Барқыт тақия, үш-төрт аршын жыртынды мата, шетi бедерлi шыт орамал, толып жатқан ұсақ-түйек заттарды құшақтап шекесiнен терi тамшылаған бiреу əкелiп екi палуанның ортасына алып ұрды. – Мiне, саған, Сымғат, халық сыйы. Қайсысына берсең де ықтияр өзiңде. Тағысын тағы əкеледi. Көп-шiлiк палуандарды орай жиналғанда, мырзалар жұртта қалған сынық қададай шошайысып, бес-алты ғана адам қалды да арбаларын шақырып, əлдеқайда тараса бастады. Көптiң қызығын көргiсi келген жастарына көңiлсiз көздерiмен қисая қарасты да, атшыларына «айда» деп иек қақты. Палуандардың алдын айналдыра қоршаған көптiң арасынан мойнына кiшкене күй шанағын iлген, жұпыны киiнген, екi баласын қасына ерткен қарт алаңға шықты. Шалдың мойнындағы күй шанағы балаларды қызықтырғандай бiр түрлi едi, көрiп жүрген əн-күй құралының бiрiне де ұқсамайды, не төрт бұрышты емес, не үш бұрышты емес. Əлдеқандай жұқа тақтайдай иiп, көнмен қаптап, бетiне неше алуан сым шектен желi тартқан. Жиек-жиегiнен бұрайтын құлағы бар. Оны қалай бұрап, қалай күйге келтiретiнi өзiнен басқа кiсiге түсiнiксiз болатын. Бiрақ шалдың тарамыстанған кəрi қолы тигенде сол ебедейсiз жабайы құрал қуаныш, қайғының алуан түрлi үн ырғағына келе беретiн. Қарт ортаға келiп, күй сандығын қолына алды да, бұрын құлақ естiп жаттықпаған жаңа күйiн тарта бердi. Соның алғашқы үнi – күрiлдеген күннiң, шатырлаған нажағайдың үнi сияқтанып келiп, ортасы уiлдеген желдiң тулаған толқынның жақпар тастарға соққан шуылындай жойқын дыбысқа айналды. – Бұл тартып отырған қандай күй? – дедi бiреу.
– Күш күйi. – Жыры қайда? – Онысы да бар. Екi баланың жiңiшке əдемi даусы күй құралына қосарланып тайдай iлесе жөнелдi: Толғанса күштер, Туласа күштер. Тулайды теңiз тасынып. Толқыннан шыңдар, Шыңғырып тулар Тулады кеме асылып. Долданып дауыл, Шыңдары ауыр, Қолтықтап ұшар биiкке, Құлайды жарлар, Жылайды сұмдар, Тарылып демi жиекте. Күштердiң күшi Iстердiң iсi, Адамнан асқан iс, кəне?! Құрғатқан көлдi,
Жайнатқан шөлдi, Өмiрдiң адам ұстазы. Еңбекшiл ерлер, Төгiлген терлер, Өзгертер əлем өңiрiн. Адамдық күштер, Ғажайып iстер Орнатпақ бақыт өмiрiн. Шақырайғаң күнге қарап, екi көзiн тарс жұмып, музыканың үнiне балқыған қарт аңыратып тарта бердi. Ол екi баланың қосылып тұрған сарынынан шығып, əлдеқандай сақылдаған күлкi, шартылдап соғылған шапалақ сияқты бiр үнге басып, тарамыстанған саусақтары күй құралының бетiне тартылған көп шектердiң əр саласына бiр жүгiрiп, қиялы əлемнiң аңғарына қарай самғай ұшқан қырандай шарықтады. Сырнайшы шалды жамбастай отырысқан бiрнеше қарттар терең ойға түсiп, кең дүниенiң ұзақ кенерелерiне қарасып, сақалдарын сипап, «ой-қой» десiп, əлдеқандай булыққан аңсауларын сыртқа шығарғандай болды. Ағаш үстiнде көзiн айырмай қадала қарап отырған жас палуан жақындап келiп, жанқалтасынан елу тиындық күмiс ақшаны күйшi қарттың алдына тастай салды. – Күйiңiз жақсы екен... бақытты болыңыз, – дедi Добрый-Рабый, орнынан тұрмай-ақ, жанындағы тоз- ған қамзолының қалтасын кеулеп, бiр сомдық сөлкебайды лақтырып жiбердi де: – Асыл қазына, – күтiлмеген жердiң iшiнде, кенеуi кеткен елдiң iшiнде жатыр. Тарта түс, қартым! – дедi. Ағашқа сүйенiп, шеткерiрек тұрған қызметкерлер киетiн киiмдi бiреу, жақындай түсiп:
– Қарт, айбаттап тұрып миллəт күйiн тартып жiбер, – деп жиырма тиын күмiсiн екi баланың ортасына қарай лақтырып жiбердi. Оны балалар шалдың алдына тастаймыз деп, тартып отырған күй құралының шанағына түсiрiп алды да, күй сарынын бұзып жiбердi. Қарт жұмған көзiн ерiксiз ашып, жақындаған қызметшiге бажырая бiр қарап; «Миллат дейлар миллат дейлар, Миллат үшiн бiт дейлар, Миллат күйi – бiрлер үшiн, Көп туғанға жетмилар», – деп, бiр ауыз өлең айтып, күй сандығын жанына қоя салды. Қолындағы ақшаларын палуандарға беруге асығып тұрған Сымғат тең бөлдi де, қатар қонған бүркiттей, ағаш үстiнде отырған екеуiнiң алдына қойды. – Туғандарым, бұл көптiң сыйы. Мiне, бес жүз сексен екi сом, жетпiс тиын ақша. Екеуiңе тең бөлiндi. Қарт палуан еңгезердей болып ұшып тұрды да: – Əлеумет, құрметтерiңiзге құлдық. Бұл ақша мына жас палуанды оқыту қаржысына жұмсалсын. Мен осындай қаржының табылмағанынан қартайғанша мүгедек болып, бойыма бiткен өрен қайратымды шарықтата алмай ел iшiнде қалдым. Керексiз уақытта табылған кеннiң керегi қанша? Бұл дүние осыған берiлсiн, – деп қалтаны қасындағы Мұқанға қарай ұсынды. – Мен күштi молдадан алғаным жоқ. Құлағымды жұлып, жанымды таспадай тiлген соң, көрмегенiм молда болсын деп кетiп қалғам. Нағашы атам мен өзiмнiң бабам оқымай-ақ – Лук, Ернақ палуан атаныпты. Маған ақша төлеп оқудың керегi жоқ. Онда барған соң тағы бiреуi дүрелеп жүрер. Онан да жасың болса келiп қалған, бала-шағаң бар сен ал, – деп өз үлесiн де қосып Добрый-Рабыйдың алдына барып екi қолын бiрдей қысты Мұқан. – Сен алып оқуға кетсең едi, – деп қарт, Мұқанға қарады жасаураған
көзiмен. – Жоқ-жо-жок, сен ал, – деп бала палуан дiзесiн бүгiп, қолын қысып тұрып алды.
Батрак – Акмолинский Қазан қаласында бiраз тұрған соң, Мұқанның Омбыдан шыққан талабы өзгердi. Оған кездейсоқ, тап бол-ған мына жағдай себеп болды. Сабан тойы тарауға жақындағанда, үлкен қаланың бiрiнен көшпелi цирк Қазанға келдi. Оның күлдiргiш, даршыларынан басқа сегiз палуаны бар едi. Алғашқы ашылған күндерiнде өзiнiң қатарлары Файзолла, Сымғаттармен Мұқан да келiп көрдi. Тiзген нарлардай жалаңаш дəулердi көрiп, аузынан суы ағып екi жағына екi жұдырғын нықырта тiреп, көзi сығырайды да қалды. – Малай, не iстеп отырсың? Еңсеңдi түсiрiп, қор-қып отырғаннан саумысың?.. – дедi, жақында отырған жолдасының бiрi. Мұқан оның сөзiн елең қылмай бейнебiр қалғып отырған жандай, үндемедi. – Неге үндемейсiң? – деп бүйiрiне түрттi, сөйлеген жолдасы. Ол жайлап басын көтерiп, жолдасына қарады да: – Бұлар кiмдер өзi? – дедi, орталық алаңды айналып, бойларына қарай сапқа тұрған палуандарға иегiн көтерiп. – Бұлардың кiм екенiн қазiр көресiң. Цирк ежелгi дəстүрiмен ұсақ ойыннан бастап, дене шынықтырудың алуан түрiн, ат ойынын, күлдiргiштерiн көрсеттi. Мұқан оның бəрiне де қызықпады. – Əлгi дəулерi қайда кеттi? Күресiн қашан бастайды, ащы iшектей созып, iшiмдi пыстырды ғой, – деп жанындағыға қарады. – Малай, асықпа, ендi болады. Көрiп отырғаныңның бəрi қызық емес пе? – Несi қызық?.. Бiздiң ауылдың балалары ойнайтын алтыбақан, аткеншек, сырықаяқ деген ойындары ғой манадан берi көрсеткендерi.
– Аттар ше? – Сол да ойын ба, тəйiрi... Ауылда көкпар шауып, талайлардың аяқ-қолы сынып жатады. Əжем: «Атқа мiнсең жай жүр жығылып жазым боласың» – деген. Ат-ты арбаға жегiп жүрмесе, секектеп мiнгендi жек көрем. Үзiлiстен кейiн орталық алаңды сыпырып үлкен кiлем жайылды да, жетi- сегiз адам көтерiп, арбаның бел темiрiне кигiзген дөңгелегi сияқты бiр затты алаңға əзер жеткiздi. – Малай, мiне, ендi палуандар шығады. Осы сегiз адам көтере алмаған шойынды қазiр бiр адам-ақ көте-едi. Күштiң қайда жатқанын көресiң... – деп, қолын уқалап қойды қасындағы бiреу. – Көтерсе несi бар... Бұл сегiз адам: «Сексенi жиналып циркке шығатын батырлар» ғой. Күресiн көрсетсе екен, – деп жағын таянып, көз алмай қарап отыр Мұқан. Темiрдi көтерген палуанды көруге ынтығып отыр-ғанда, ботинкасының тұмсығы жарты көз, басына сəукеле киген, қолына жуан қурайдан таяқ ұстаған бiреу шығып, жан-жаққа қарап басын қылмың-қылмың ет-кiздi. – Мұнысы несi? Темiр көтеретiн палуан осы ма?.. Мұқанның сөзiн естiп қалғандай-ақ. Ол «мен» дегендей, мойнын созыңқырап, басын шұлғып қойды. – Қой, бұл сыпырғыш та көтере алмайтын сорлы ғой! – дедi Мұқан. Күлдiргiш жуан таяғын ала, Мұқанға қарай ұмтылды. Орнынан атып тұрған Мұқанды жолдастары ұстай алды. Ол таяғын бiлемдеп, төнiп келдi де, аузын қисаң-кисаң еткiзiп, үндемей, көзiн бадырайтты. Жұрт қыран топан күлкiге батты да қалды. – Бұл не? Менi ұрмақшы ма? – Құдай сақтады... ұрмады. Ұрғанда сенi сiлейтiп салар едi, малай... – Қой, ол ұрып кiмдi қиратады. Құлағынан ұстап, лақтырып жiбермеймiн бе!
– Оны лақтыра алмайсың. Осындағы сегiз палуанның əкесi осы, сенбесең ана темiрдi қалай көтергенiн қара, – дедi күлкiге батқан жолдасы. Ол қурай таяғын Мұқанға қарай бiр-екi бiлемдеп, лақтырып тастады да, темiрге үңiлiп, айналдыра бiр қарады. Бiлiк темiрiне қолын созып-созып, басын шайқады. Бас киiмiн шешiп, тағы қолын созды. Үһiлеп, маңдайын орамалымен сүртiп, сыртқы киiмiн тастады. Аяғымен дөңгелектi теуiп қалды да өзi шалқасынан құлады. Жұрт тағы күлкiге батты. Мұқанның күлiп отырғандарға ызасы келдi. – Сендер осының несiне күлiп отырсыңдар? Мұның күресi қайда? Мына жүргенi бiздiң ауылдағы «айқұлақ, нан-кемпiр» деген ойын. Оны балалар ойнайды. Мен цирк дегендi – палуан етiп шығаратын, үйрететiн мектеп десем, бала-шағаның ойыны екен. Орынборға барсам да көретiнiм осы ма? – Əрине, цирк болған соң осы. – Ендеше, мен бармаймын. * * * Мұқан ынтыққан күрес те басталды. Ол күрес күн сайын ойынның кейiнгi жағында болып жүрдi. Французша күрестер мəнiн түсiнбеген Мұқанға қызық көрiнбедi. Əлi жеткенi алып ұра салатын жедел қимылы жоқ сияқты. Күреске шыққандар сом бiлектерiмен бiрiн-бiрi соғып өтедi. Бiрiн-бiрi арқаға салып ұрса да, «жауырыны түгел жерге тимедi» – деп, қайта алысады. Бiр жұп палуан күрестерiн бiрнеше күнге созып, бiрiн-бiрi əзер жығып, не жығыса алмай кетiп жүрдi. Жұрт көбiнесе қызық көретiн ұсақ- түйек ойындарды Мұқанның көргiсi жоқ. Күзге қарай спорт оқуына орналастырмақ болып жүрген баспахана жұмысшылары Мұқанның цирк өнерiмен таныса бергенiн тəуiр көрiп күнде ойынға əкеле бердi. Өзiнiң ақылшы ағасындай болған Сымғат-қа бала палуан күреске түскiсi келетiнiн айтса да, ол мақұл көрмедi. – Сен əлi асықпа. Бұл күрестiң əдiсiн бiлiп алмай күресуге болмайды. Бұл бейтаныс палуандардың iшiнде сенiң жанашырың жоқ. Сен жықсаң да олар өздерiнiң атағы үшiн «жығылған жоқ» деп дауласады. Саған алдымен ұстаз керек, ол ұстаз болатын адам бұл жерде жоқ, оған сенi алып барамыз.
Əзiрше күреске көзiңдi үйрете бер, күрес ешқайда қашпайды, – дедi. Жұмысшылардың жатақханасының бiр кiшкене бөлмесiнде жатқан Мұқан көпке дейiн ұйқысы келмей, Сымғаттың «ұстаз керек» деген сөзi əкесiнiң бала ке-зiнде айтқан бiр сөзiн ойына түсiрдi. Ол: «Қарағым, өзiң аман-есен өскен соң, жауырыны жерге тимеген Ержан палуанға апарып, батасын алып, ұстаздық кеңесiн əперем» деушi едi. «Сол батаны, сол ұстаздық кеңестi мен түнеугi қарт палуан Добрый-Рабыйдан неге алып қалмадым екен?» деп өкiнiш еттi. Алуан түрлi оймен шатасып ұйықтаған оның түсiне əжесi кiрдi. Есiл өзенi тасып, оның жиегiн алуан түрлi зəулiм жемiс ағаштары көмкерiп кетiптi. Бұтақтарын майыстыра салған мəуелерден шiрне тамшылайды... Елдегi өзi бiлетiн адамдардың бəрi мəз-мəйрам болып, сол бақтардың арасында ұлы-жиын тойда жүр екен. Өзi көрген Қызылжар, Омбы, Қазан қаласының адамдары да сол жиынға қаптай келiптi... Сапар байдың үйiнде əңгiме еткен палуандар, циркте көрген палуандар бiр алаңда тiзерлесiп отыр. Басында қарағайдай мүйiзi бар дəу, ортаға шығып күресетiн кiсi сұрайды. Оған ешкiм шықпайды. Сонда: «Ендеше, бас палуанның бəйгесiн алдыма əкеп байлаңдар! Мен күреспей алам...» деп гүрiл-дейдi, мүйiздi дəу. «Қой, ол болмайды... жалпақ елден күресетiн кiсi шықпаушы ма едi, шығады, сабыр ет...» дейдi ала атқа мiнген ақсақалды қарт. Сол кезде: – Əже мен күресейiн, – дедi Мұқан. – «Сен Қабанкөлге барғанда белдескен ұлы палуан сенi өкiл балам деп едi ғой. Ендi сол атаңның рұқсатынсыз, ешкiммен күреспе! Сен албырттығыңды қой, сол атаңнан үйрен!» – деп, қатты айқайлап жiбердi əжесi... Сол айқай өзiн ұйқыдан да оятып жiбердi. Көзiн ашып тұра келсе, күн шығып, жұмысшылар жұмысына кетiп жатыр екен. Көңiлi бiр түрлi жадырай қалыпты. Ойланып отырды-отырды да, «Адамның өңiнде ойланғаны түсiнде бiр түрлi болып көрiнедi екен ғой», – дедi. * * * Күреске ынтыққан Мұқан Добрый-Рабыйдың селосына iздеп барып, қартпен сəлемдестi. Оның қызы мен баласы алыстан өз туғандары келгендей қуанысты. Қартқа жақындап отырған Мұқан қалаға цирк
келгенiн, оның палуандарын, солармен күрескiсi келетiнiн айтты. Оның көбiсiне қарт түсiнбей басын изей отырып тыңдады, анық түсiнгенi оқуға баланың баратыны анық болып, Дядя Иванға ұзақ отырып хат жазғызып бердi. Мұқан осы кағазға менiң күреске түсуiме ризалығын да жазды деп ұғынып, өте қуанышпен ертеңiне түнде-летiп Қазанға қайта келiп баспаханадағы өзi жататын бөлмеге қонып шықты. Ертемен жанындағы жолдастары жиналып: – Малай, сен қайда кеттiң? Сенi қашып кеттi деген лақап тарап, бiздiң қашпады дегенiмiзге мырзалар сенбей жатыр. – Кiм оны шығарып жүрген? – Сен кеткен күнi Камал байдың күймесi сенi екi рет iздеп келдi. Байлар өзара кеңесiп, көптеген бəйге тiгiп сенi цирктiң палуандарымен күрестiрмек болса керек. Сенiң қайда кеткенiң белгiсiз болған соң, қашып кеттi деп өсек таратқан солар көрiнедi. – Сымғат ағай қайда? – Ол байдың жiберген кiсiлерiне: «Бiз оны оқытпай ешкiммен күрестiрмеймiз. Байлар бəйгеге деген ақшасын картаға салып ойнай тұрсын əзiрге», – дедi. Өзi кешеден берi Қазан қаласының түкпiр-түкпiрiн қоймай сенi iздеп жүрген болар, екi күннен берi жоқ. Сымғат кешке шейiн келмедi. Цирктiң басталатын мезгiлiнде өзiмен үйiрсектенiп жүрген төрт-бес жiгi-тiмен Мұқан келдi. Бұл күндерде цирктiң табысы үшiн ермек күрестен жұрт мезi болып, келудi сиреткен едi. Бүгiн орынның көбi бос, тақырға шыққан тарыдай, шашыранды сирек адамдар əр жерге келiп отырыпты. Сұйылған көрушiлердi қайта жинауға цирк басқарушылары да бiр жаңалық табуды көздеген кез едi. Ойынның көбiн терiс қарап өткiзген Мұқан, палуандар ортаға шығып, байырғы ермек алыстарын бастады. Бұған iшi пысып, зығырданы қайнап отырған Мұқан «Сым-ғатпен ақылдаспай күреспесiн» дегенiн ұмытты да, орнынан атып тұрып, ойын басқарушының қасына барды. Ойын басқарушы Сафронов анда-санда көзi шалып жүрген алып тұлға қасына барған соң, бас-аяғына көз жүгiрттi де, күрестiң бiр кезегi аяқталғанша оны алдыңғы орындықтың бiрiне отырғызып қойды. – Кəне, не айтпақшысың? – дедi, жиырма минут алысып жығыса алмай
алқынған екi палуанын демалуға отырғызған басқарушы мұның қасына келiп. – Мына палуандармен маған күресуге бола ма? – Оһо... Бiзбен күресетiн мықты келiп қапты! – деп, ентiгiн əлi баспаған екi палуан елең етiп орындарынан тұрып, бастықпен сөйлесiп отырған Мұқанның қасына келдi. «Сендер даурықпа» дегендей, бастық қолын палуандарға қарай сiлтеп қойды да, күрескiсi келген жiгiттiң жайын сұрай бердi. – Жасың қаншада? Мұқан түйткiлденiп, күрмелiп тұрды да: – Отызға жақындап қалсам керек... – дедi. Онысы шын жасын айтса күреске қатыстырмай тастай ма деген қауiп едi. – Қой, сен жиырмаға жетсең де жарар едi, – дедi басқарушы, бет- бейнесiнен балалықтың iзi əлi кетпеген Мұқанға тесiле қарап. – Ол менiмен жасты, он тоғызда, – дедi Мұқанға ерiп келген бала. – Я, мен алжаспасам керек. Сен жасыңды неге жасырасың? – Мен жасырғам жоқ. Жасты үлкейтiп айтқан жақсы дейтiн əжем. Жасым жиырмадан асып кеттi, анау əшейiн айтып отыр, күрестiрсең болғаны. – Сонымен ежiкелесiп тұрудың қанша керегi бар! Күрескiсi келсе берi жiбер, қазiр-ақ күлге аунатқан күшiктей етiп жiберейiн, – дедi палуанның бiрi күле сөйлеп. – Сен лепiрме! Күлге кiмнiң аунағанын кейiн көремiз, – деп бастық палуанға қабағын түйе бiр қарап, – сен қазандықпысың? – дедi Мұқанға. – Жоқ Ақмоладан келдiм. – Қырғыз? – Иə.
– Ендеше, бiлдiм. Орныңа барып отыр. Ойын бiткен соң сөйлесейiк. * * * Келесi күнгi цирктiң жарнамасы керемет қызық болып шықты. Сапта тұрған сегiз палуанның карсысында жұпыны киiмдi бiр бала тұр. Басында жиектi ши қалпақ, белiнде жуан арқаннан белбеуi бар – «Көшпелi цирктiң сегiз палуанымен қазақша белдесiп күресетiн жас палуан – Батрак- Акмолинский» деп жазылған. Бұл хабар цирктiң қайта қағылған дабылындай болды. Тозаң басып бос тұрған орындықтар халыққа толды. Типографияда басылып, бiр данасы iлулi тұрған жарнаманы көрiп Сымғат қатты ренжiдi. Оған Добрый-Рабый: «Сiздерден менiң тiлегiм: баланы өз орталарыңнан шығарма. Егер байлардың қолына түссе, бұған қабаған итiм деп қарайды. Олар бiрiмен бiрi бақталас, сауда үшiн де, жер үшiн де, жүйрiк ат, жақсы шана үшiн де, əшекейлi үй, думанды бал үшiн де қырқыспай жүрмейдi. Бұл олардың қолына түссе есуастандырып мас болғанша iшкiзiп, бақастасқандарын ұрғызып, өшiн алады. Жазатайым бiр оқыс жаманшылық болғанда бұған жəрдемдесетiн кiсi табылмайды. Бұл менiң бiр кезде басымнан өткiзген жағдайым. Цирк Қазанда болмай тұрмайды. Оның күресiне, оқуынан өтпей бұл қызығушы болмасын. Өйткенi – жас, күшi болғанымен ойы толған жоқ. Албырт күш əр уақытта апатқа килiктiредi. Цирк айналасына топтанған кiсiлер: өз күшiне се-нiп, өзiмдей бiреуден жығылмаймын деп, күрестi кəсiп еткендер. Олар сол кəсiптi үйiрлесiп, бiрiне-бiрi ұстаз болып, бiрiн-бiрi сүйеп өсiргендер. Сондықтан бiрiн-бiрi əр уақытта да сүйейдi. Олардың бiреуiн жығу – сол топты өзiне қас қылып алу болады. Бұл жағдайды да мен басымнан өткiздiм. Кейiнгi кезде олар тiлек етсе де мен бармайтын болдым. Бала алдымен үйретушi тауып, үйрене жүрiп жаны ашитын дос таппай күресудiң керегi жоқ. Петроградта дядя Иван деген палуандардың ұстазы болып отырған кiсi бар. Соған осы баланы жеткiземiн десеңдер, бiр үйдiң жанындай бiрлiгi бар жұмысшылар, сiздердiң қолдарыңыздан келедi. Ол менi талай рет шақырып, талай мейiрiмдi хаттар жазған кiсi едi. Сол кiсi баурынан балапан ғып өргiзуге аңсаған адамның бiрi осы бала» – деген. Туғандары тұратын ауылға барып, кеш қайтқан Сымғат, асыға жүгiрiп
циркке келдi. Цирк лық толған адам. Орынсыз жүздеген адамға билет сатылып, кiсiнiң көптiгiнен цирктiң iшiне бас сұғуға болмайды. Қолына жарнаманың бiрiн шиыршықтап ұстай, цирктiң өз адамдары кiретiн жағына келдi. Олардың арасынан, əлдеқалай бiр таныс адам тауып, Батрақ палуанның ағасы болып цирктiң iшiне кiрдi. Алдыңғы ложаларға қатын- баласымен келiп орналасқан Қазанның байлары мен саудагерлерi бар едi, солардың даурыққан үлкен шуының үстiнен келiп шықты. Палуандар өздерi кiретiн есiктiң алдында, күрес алаңына қарай бiрiн-бiрi нықтай, мойындарын созып қарап тұр. Ысқырық үстi-үстiне шалынып, орындарынан тұ-рып кеткен жұртты тыныштандыра алмай, ойын басқарушы жүр. Цирктiң қатарындағы палуанның бiрi Семен əлдекiмдi балағаттап, белiне байлаған қайысты шешiп, лақтырып жiбердi. Алаңды айнала қоршаған керте-кертенiң iшiнде, үстiне цирктiң жұмысшылары киетiн кенеп шапан киiп, белiне мақтадан ескен жуан арқаннан белбеу байлаған Мұқан отыр. Ертерек алаңға жеткiсi келген Сымғатты, есiк алдына тұрып алған палуандар, төбесiнен күркетауықтай одырая қарап, бадырайған саусақтарымен кеудесiне қағып жiбермей қойды. Цирк iшiндегi көп шу басылған кезде, алдыңғы ложаның бiрiнде отырған Камал бай шалқая қарап: – Сафронов əпендiм, сiз бұл Батрак палуанмен жасасқан шартты көрсетiңiз, – дедi. – Қандай шарт, мырза? – Күреске түскен батрақ, цирктiң ақылы қызмет-шiсi болмаған соң, төлейтiн еңбек ақысы көрсетiлген шарты болуы керек. – Өйтетiн бiз тiлек етiп шақырғанымыз жоқ, өзi келiп күреске түсемiн деп ұсыныс жасады. Бiз тек қызық үшiн, сол тiлегiн қабыл еттiк. Өзiмiзше ойлағанымыз: ол палуандармен түгел күреспекшi. Жықса оған 25 сом, жығыса алмай, мерзiмдi уақытын өткiзсе 10 сом, жығылса ештеңе берiлмейдi. Ұтыс төлеуi (25 сом, 10 сом) – ойын түгел аяқталған соң төленедi. – Оњо... Ойыңыз ұзақтап орала алмаған екен! Ол бiздiң кiсiлер асыраған қозы. Сен циркiңе кiргiзiп сор-ғың келiптi. Мен сандығы толған кассаңа салатын құлып та табамын! Мiне, көрушiнiң бiрi мен. Егер малай
күреспесе, циркiңнiң шаң басқан ложасына он сом төлеп отырмаған болар едiм. Солай ма, туғандар? – деп айнала қарады. «Солай, солай... əдейi сол үшiн ғана келдiк!.» деген дауыстар гу ете қалды. – Əне, басқарушы əпендiм! Олай болса, бiздiң Батрак жыққаны үшiн жүз сом алуға тиiс, қазiр маған берiп қой сол жүз сомды! – Əзiлiңдi кейiн айтарсың мырза. Бұл терi жинаған қоймаңыз емес, цирк. Камал байдың бетiне ашу қаны үйiрiлiп, орнынан атып тұрды. Палуандардың нық басқан зiлдей аяқтары қозғала бастағанда, Сымғат керегеден кiрген мысықтай сүңги атып, алаңға шықты. Келе Мұқанды қолынан ұстап, басқарушының қасына келдi де, гүрiлдеген көпшiлiкке қарай алақанын жайып: – Сабыр! – деп қысқа ғана үн қатты. Цирктiң алдыңғы қатарларында аздап толастау болса да, шеткi жақтағы бiрiнiң иығынан бiрi қараған жастар шуылын қоймады: – Ендi екiншi палуан шықсын! – Батрак-Акмолинскийдiң бүгiнгi күресi бiттi осымен, ендi басқа палуандар күреседi. Сымғаттың араласқанына жиiркенгендей Камал бай терiс қарай өзiнiң ложасына отырып едi, Сымғат басқарушыға келiп: – Сафронов мырза, сiздiң циркiңiз көпшiлiк үшiн, бiздер үшiн көңiл көтеретiн орнымыз екенiне дау жоқ. Кейде сiздердi көрудi аңсап əлеумет атынан шақыртып та отырмыз, сiздер келiп те тұрасыздар, оларыңызға рақмет! Бiрақ естияр бiреумен сөйлесiп алмай, баланы күреске қатынастырғаныңыз жарамаған iс. Сiз оны салдарлы палуан сияқты көпшiлiкке жариялап та қойыпсыз. Мiне, жарнамаңыз, – деп қолына шиыршықтап ұстаған қағазды жазып жiбердi. – Ендi не айтпақсыз? – деп басқарушы ыңғайсызданғандай болды. – Сiз мына көпшiлiкке хабарлаңыз, бұл бала ендi күреспейдi. Мұның күресiне əкесi рұқсат етпейдi, – деңiз.
– Мұның əкесi қайда? – Əкесi көп. Аулында да бар, осында да бар, Словоянка селосында үлкен əкесi бар, бiр əкесi мен, Камал бай орнынан қарғып тұрды. – Мiне, «Есектi мiне бiлмеген отынан қалдырады» деген осы! Басың дүние есебiне жетпеген соң, жiберген күймеге бұл баланы салып жiберуiң керек едi. Iстете бiлген кiсiге мұның əр күнi сендей қорғасын ұясын шұқылағандардың жүзiнiң тапқанын табады. Ей... кепкен бас! Не iстерiн де бiлмейдi... Əкесiмiн... Акмоладағы қой баққан бiр қазақ қатыны, Қазандағы қарын терушi татар үшiн бала тапқан ендi!.. – Господин Камал, сiздiң тiлiңiз кəдiмгi адам тiлi, сiздiң қаттап буған терiлерiңiздiң арасынан шығып тұрған тиынның құйрығы емес бұл бала! Сiз мiнуiн бiлетiн есек үйiңiзде көп болуы мүмкiн, бiздiң баспаханада есек жоқ. Əрбiр екi аяғымен жер басқан адамға, адамдық мейiрiмi бар кiсi əке болуға хақысы бар деп ойлаймын. Ну, сiз мiне бiлген есектерден емес. Қалай да бұл малай сiзге есек бола алмайды! – деп, Мұқанды ертiп, Сымғат цирктiң жұмыс бөлмесiне кiрiп кеттi. – Мұқан, бұл қай балалығың? Ешкiмге ақылдаспай өз бетiңмен келiп, күреске түсе кеткенiң неғылғаның? Өзiң əке деп санаған Добрый-Рабый мұныңды естiсе қатты ренжидi. Ол тапсырып кеткен маған өкпелейдi. – Сымғат ағай, ол саған өкпелемейдi. Мен алдыңғы күнi оған барып, күреске түсетiнiмдi айтып, рұқсатын алып келдiм. – Е, сенi жоғалтып, Қазанның көшесiн ақтарып жүргенде сонда кеткен екенсiң, ғой. Рұқсатты қалай сұрадың? – Өзiмнiң бiлетiн тiлiммен, орысша айттым. Мен орыстың «борьба» дегенiн ұмытып қалып «поступок, күрес» дедiм. Ол «күреске түссең, жақсы», – деп қуанып кеттi. Рұқсатты сөзбен емес тiптi қағазға жазып бердi. – Қағаз кəне? – Үйде. – Алайда қартты қатырған екенсiң, малай. Ол оқуға түседi деп қуанған. Сен «Қарағымның əкесi оқымай да хан болған» дегеннiң көбiн келтiрiп күреске
түсе бермексiң... Мұқанның Қазанға қалай келгенiн, Добрый-Рабыймен қалай танысқанын, қарт палуанның бала туралы айтқанын толық түсiнген цирк бастығы ойланып қалды. Оның жазып берген қағазын оқып көзiнен жас аққанша күлiсiп, келiсiмге келдi. Ойынның аяғында көпшiлiкке «Батрак-Акмолин-скийдiң күресi туралы ертеңгi жаңа жарнамада хабарланады» дедi. Келесi күнi цирк басшылары Сымғатпен кеңесе келiп: көпшiлiктiң назарын аударып, келушiлердi ерекше көбейтiп отырған күрестi қалайда дамытудың жолын iздедi. Халыққа өтiрiкшi болмау жағын ойлап, ақылдасу үшiн ертеңiне қарт палуанға күйме жiберiп шақыртып алды. Хабарландыруға: «Қазандағы көшпелi цирк мұндағы жұмысын аяқтар алдында өзiнiң көрушiлерiне заманымыздың жас палуандарының атасы – Добрый-Рабыйды көрсетудi жөн деп тапты. Оның рұқсатынан кейiн, сiздерге уəде еткен Батрак-Акмолинский қазақша бес палуанмен, французша екi палуанмен күреседi. Соның дайындығы үшiн циркте Акмолинскийге екi күн француз күрестерiнiң əдiсi үйретi-ледi», – деп жазды. Бұл хабар қала халқын цирк кассасына ерiксiз дүмете түстi. Цирк басшылары көпшiлiкке берген уəдесiн орындады. Жойқын күштi жас баланы көрген цирк басқарушысы өз тарапынан Дядя Иванға хат та жазды.
Ұлы Петрдiң қаласында Тұманды аязда боз қырау басқан есiктi татарша орама жағасы бар, мақталы ұзын шапан киген екеу келiп қоңырау тетiгiн басып тұрды. – Сiзге кiм керек едi? – дедi iштегi жiңiшке əйел даусы. – Дядя Иван Лебедев мырзаға кiретiн едiк, – дедi сыртта тұрғандар. – Сабыр етiңiз, рұқсатын алайын, – деп тағы бiр есiктi шырылдатып, əйелдiң, əрi кеткен дыбысы естiлдi. Əлден уақытта есiк ашылып: – Кiрiңiздер, – дегендей басын изедi орта жастағы əйел. Екi кiсi əйелге ерiп, қабырғасына айнала сурет салған кең бөлмеде жеке отырған кiсiге келдi. Қыстыгүнi жалаңаш денесiне жадағай ала шапан киген кiсi келген екеудi орнынан тұрып есiк алдынан қарсы алды. Оның ұсқыны да, мiнезi де, сөйлеген сөзi де келушiлерге бұрын кездескен адамдарынан əлдеқайда өзгеше көрiн-дi. Ол тiл қатпастан бұлардың қолдарын сыға ұстап, ақпен тыстаған креслоларға отырғызды да: – Қайдан келдiңiздер? – дедi жуан саусақты қолымен қарнын қапсыра құшақтап тұрып. Қазан қаласынан келiп едiк, мырза, – деп жауап қайтарды асығыс сөйлейтiн аласа бойлы қара кiсi. – Сауда қылып жүрмiсiңдер? – дедi, басын кекшите. – Жоқ, мырза, бiз ол кəсiптiң адамы емеспiз. – Ендi неге келдiңдер? – Сiздiң оқуыңызға бала əкелдiм.
– Охо... Қазандағылар мұндай оқуға кiсi жiберудi қашаннан берi ойланып жүр? Қандай сүйкiмдi сөз естiп отырмын, – деп ол орнынан тұрып, отырған екi қонағының алдына қарай жайлап басты. – Қазандағылардың ойлайтын ойы көп екенiн өмiр-дiң өзi көрсетiп келедi. Бiздiң Петр қаласынан оқитынымыз көп. Мейрiмiңiзден үлес алсақ əзiрге бiрiн əкелiп отырмыз. – Менi тағы қуантқаныңды қарашы... Татар ма, ұлты кiм? – Мейiрiмдi Петр қаласы, осындай сұрауды бермесе екен деп құдайдан күнде тiлеймiз. Дядя Иван əфəн-дiм. Бұл кiм де болса, сiздiң мектептiң заказымен туған адам. Едiлдегi Добрый-Рабый деген қарт палуанды бiлесiз бе? Бұл соның жiберген кiсiсi. – Ə... оны неге бiлмеймiн. Иван Васильевичтi айтасыз ба? Мен оны бiлем. Неше рет хат жазып келтiре алмаған кiсiм ғой Ол нағып мұнда кiсi жiберетiн болды... Бұл орыс па? – Бұл орыс та емес, татар да емес – қазақ. – А, солай болса, Добрыймен қандай байланысы бар мұның? – Қандай байланысы барын сiзге жазған хатында айтқан болар. Алдымен сiз мынаны оқыңыз, – деп аласа бойлы татар қойнынан сия қарындашпен iрi жəндiк-тiң сүйегiндей iрi əрiппен сойдита жазған хатты қолына бердi. «Ұлы дəрежелi, Дядя Иван Лебедев мырза, қанша хат арқылы шақырғаныңызда бара алмағаным үшiн кешiрiм сұраймын. Сiз шын жүрегiңiзбен хат жазған едiңiз. Бара алмадым. Себебi – бұл күнде қаржысыз адам – қанаты жоқ құс сияқты емес пе? Ол қайда бармақ... Екi қанаты жоқ түгiл бiр қанатына оқ тиген құс та жорғалап мекенiнен шыға алмайды. Мен де, сондай-ақ, туып өскен Едiл бойының тоғайынан шыға алмай қалдым. Болмаса бəрiңiздiң өрбiген бесiгiңiздей, Москва мен ұлы Петрдың қаласын бiр көрiп қайтудың өзi əр адамның арманы емес пе! Сондықтан менiң мiндетiмдi орындайтын бiр баланы көп жылдан берi арман етушi едiм. Сiз маған жазған бiр хатыңызда «балаңды жiбер» деген екенсiз. Я, мен баласыз емеспiн. Тəңiрдiң берген екi қыз бiр ұлы бар едi. Бiрақ əкеге тартып ұл, шешеге тартып қыз туа бере ме? Ұлым етiкшi, қыздарым егiншi болып кеттi. Бiр қап картопты күшенiп көтеретiн баламды
сiзге несiне жiберейiн. Ол менен туғанымен етiкшiнiң баласы болды. Сондықтан өзiм сияқты, жолымды ұстайтын бiр бала тауып алу арман болып едi. Ол тiлеуiмдi тəңiр бердi, – мына бiр қазақтың баласын жiберiп отырмын. Мүмкiн қадарынша, тiлегiмдi қабыл етiп мектебiңiзге алуыңызды сұраймын. Я, құрметтi Дядя Иван, замана адамды да ала-құлаға бөлiп, сиырдың бүйрегiндей бөлшектеп, «ұлтың кiм?» дейтiн əдет шығарды. Осының қанша пайдасы барына көп халық түсiнбейдi. Мен де түсiнбеймiн. Мүмкiн сiз – көзiңiз ашық адам болғандықтан түсiнетiн шығарсыз. Сондықтан бұл кiм? Орыс пен қазақтың қандай байланысы бар? – дерсiз: менiңше, ақыл мен күштiң атасы жоқ. Екеуi де елдiң сыбағасы. Баланың күшi менен гөрi басым жатыр. Мұндай жасымда менiң күшiм бұл мөлшерде болған жоқ едi. Көп жылдар бойы ауыр жүк көтерумен, талай күштiмiн деген кiсiмен, азулы аңдармен күресе келе, кейде жығылып, кейде жығып жүрiп Добрый- Рабый қосымша атым шығып едi. Менiң белiм-дi ұстаған оның жап-жас қолы, отыз төрт жыл ұстас-қан қолдың бəрiнен де салмақты тидi. Сондықтан мен адам баласына «атаң кiм?» – демейтiн ұлы Россияның алып туған күшi деп түсiндiм. Сондықтан қорытылмаған құрышты сiздiң мектепке жiберiп отырмын. Əлбетте, қартайғанда сiздiң алдыңызға барған осы тiлегiм орындалар деген үмiтiм күштi», – деп жазыпты, Мұқанның алғашқы күреске алған «батасы» да осы хатта. Қарт палуанның хатын креслода шалқая отырып оқыған кiсi жалпақ қағазды бетiне ұстап, бiраз ойланып отырды да, орнынан балаша секiрiп тұрды. Есiкке таяу креслода отырған Мұқанға келiп, шабынған арыс- тандай шап берiп ауыр денесiнiң салмағын сала екi иығынан басты. Оның не ойлағанына түсiнбей кəперсiз отырған жiгiт, «мұнысы несi?» дегендей орнынан атып тұрды. Ауыр креслоның арқалығы Дядя Иванның қарнымен Мұқанның жауырынының арасына қыстырылып, арқалаған шөптей қопаң ете қалды да темiрдей бiлегiнiң тегеурiнiн сала қайта отырғызбақ болған кiсi екпiнiнен иығынан асып алдына түстi. Екi пұттық емен креслоның салмағы мен тоғыз пұттық Дядя Иванның дүмпуi үйдiң еденiн бiр солқ еткiздi. Иығын нығырақ қозғаған Мұқан асылған кiсi аунап-ақ кеткен шығар деп едi, ол жүктен секiрген мысықтай адым жер алдына барып дiк ете қалды. – Ей, мұнша тулағаның не? Өзiң үркек екенсiң ғой...
– Е, өзiңiздiкi не?.. Жай отырған кiсiнiң иығына мысықша секiрiп... – Мектепке түсетiн кiсiден емтихан алу керек. – Ол не дегенiң, емтиханың не? – Күшiңдi байқау... – Күш байқаған кiсi тышқан аулаған мысықтай, үндемей келiп бас сала ма екен? Белiңе қайыс байла да алдыма кел. Күштi сонан соң байқайсың. – Оның болбыратып, қазақша араласырып, жуан дауыспен айтқан сөздерiн қазандық татар жайлап түсiндiрдi. Дядя Иван балаша сақылдап күлiп, өзiнiң қызмет столына отырып трубкасын толтыра салып темекiсiн тартты. – Мұның мектепке төлейтiн ақшасын кiм бередi? – Қанша төлеу керек едi, мырза? – Жылына бiр жүз елу сом. – Мұның өзiнен басқа, креслоға қосып сiздi көтерген күшiнен басқа ешнəрсесi жоқ. Келу қаражатын, бiразға жететiн тамағына деген ақшаны Қазандағы Каримов мырзаның типографиясының жұмысшылары жинап берiп едi. Мектепке де деп аздап ақша берген. Бiрақ өзiңiз көрiп отырсыз, бұған мендей сегiз кiсiнiң тамағы керек. Оның жүз елу сомын сiзге берсе, өзi аш қалады. Сондықтан бұған төлеу пұлын арзандатсаңыз қайтедi? Дядя Иван аузындағы трубкасын жұлып алып, жерге бiр түкiрiп жiберiп, татарға майлы көзiн қыса қарады. – Сен Қазанның базарынан шабата саудалап отырсың ба? Бұл мектепке қазына көк тиын бермейдi. Осыған қызмет iстейтiн ондаған адамға мен топырақ берем бе?.. Бiр жылдық ақшасын төлеуге тиiстi, онсыз болмайды... – Жарайды, мырза жарайды. Ертең ақшасын алып келейiн. – Ақшасы болса, өзiң келмесең де болады. Мұны мен мектепке алам. Мұның бiр аты – Батрак-Акмолинский...
* * * Сымғат Мұқанды жатқан үйiне апарып, ұзақ сөй-лестi. Жатқан үйi Яушев деген байдың Петроградтан алатын ұсақ-түйек заттарын дайындап отыратын бiр саудагердiң үйi едi. Қазандағы дүкеншiсiнiң хатын ала келiп, сонда тоқтап қалды. «Егер көбiрек жататын болсақ, бiр орын тауып алармыз», – деп едi. Ендi Сымғат бөгелмей қайтатын болған соң, Мұқанға бiраз кеңесiн айтты: – Малай, мүмкiншiлiгiң болса, сол мектептiң жатақханасына орналас. Саған əр уақытта орыстармен бiрге болғаның жақсы. Олардың көбi қулық, арамдық дегендi бiлмейдi, ол бiр жағы, ал екiншi жағынан олардың жақсы əдетiн үйрену өте керек. Жатақханада жату аз ғана қаржының үнемдi болуына да жақсы. Қандай бiлiм алсаң да орыс тiлiнде аласың, ол тiлдi солармен бiрге жатсаң, тез үйренесiң. Орыстың тiлi арқылы тiптi шетелдiң кiсiлерiмен сөйлесесiң. Осы мектептi аман-есен бiтiрсең, осы күшiң бойыңда тұрса сен жер жүзiн аралауың анық. Жер жүзiндегi елдердiң палуанымен кездесуiң де мүмкiн. Сонда олармен орыс тiлiнде сөйлесетiн боласың. Зинњар бұл үйде көп жатушы болма! – Е, мұсылманның үйi қайта тəуiр болмай ма? Мына бiр кемпiр: «Мұсылман екен, айбат малай екен, шəп малай екен», – деп iшi-бауырыма кiрiп тұрады. Осында жата берсем не болады? – Сен, малай, мұсылман, кəпiр дегенге зинњар құлақ салушы болма, Мұсылмандықты таратып отырған өзiң Қазанда көрген хазiрет. Оған мешiт соғып берген байлар. Айтқан сөзi, оқыған дұғасы сол байлардың малын көбейту жайында. Ал мына кемпiрдiң «мұсылманы» да ақша. Сенi оқығалы келдi деген соң «ақшасы көп қазақтың байларының баласы екен» деп отыр ғой ол мыстан. Ақшаң таусылса сенi мұсылман демейдi. Ертеңнен бастап бұл үйге келушi болма. Мұның бiр жаман жерi, мен кеткен соң, қолыңдағы ақшаны – «қысылып қалдым», деп қажетке алады да бiр ай өткен соң пəтер пұлың, тамағың, деп өзiңдi үйiнен қуып жiбередi. Сен бұл кемпiрдiң аузы күбiрлеп не айтатынына түсiнесiң бе? – Е, алла-алла демей ме? – Еш уақытта алла демейдi. Алпыс тиын, алты сом, алпыс тиын, алты сом дейдi. Мен Қазанның татарымын ғой. Мен бұлардың тiлiн жақсы бiлемiн.
– Ой, тоба-ай, ə... Мен асты... асты... дегендi алдалап отыр екен десем, алпыс тиын дейдi екен-ау. Мен ондайды Қазанда да есiттiм. Олар осындай алпыс тиын деп айтушы ма едi?.. – Əрине, бəрiне хазiрет үйреткен. Бұлардың алда дегенi – ақша дегенi. Астапыралла дегенi – алты сом алпыс тиын дегенi. Алла əкбар дегенi – ала бер дегенi. Зинњар жуушы болма деп қағазға орап, iшкi бешпентiне тiгiп алған ақшаны Мұқанға санап бередi. Ол бес жүз жиырма бес сом ақша едi. Соны берiп отырып: – Малай, бұл жер сенiң қазағыңның даласы емес. Тойғанша жей беретiн қойдың етi де аз. «Тартып iшсең тай қалады. Қойып iшсең қой қалады, қоймай iшсең не қалады?» деген. Тартып iшiп, тарықпайтыныңды ойла. Мен келер жылы тағы бiр келiп, қаржы əкеп беремiн, – дедi Сымғат. Ертеңiне Дядя Иванның мектебiне шейiн шығарып салып, Сымғат Қазанға қайтып кеттi. * * * Мұқан Дядя Иванның конторына кiрiп, жүз елу сом ақшаны төлеген соң, мектеп басқарушы оны ертiп, үлкен бiр үйге кiргiздi. Үйдiң iшiндегi ертегiде Қап тау-ының диюлары сияқты толып жатқан жалаңаш дəулер, неше алуан кереметтi iстеп жатыр екен. Мұқан аузын ашып, сiлейiп тұрды да қалды. Дядя Иван да жақындап барып тоқтады. Үй зəулiм биiк, екi жүз өгiзге қора болғандай кең сарай екен. Мұқан айнала бiр қарап алды. Онда ағаштан iстеп былғарымен қаптаған ат та тұр. Салбыраған жуан арқан да тұр. Аспанға асып қойған үлкен-үлкен темiр шығыршықтар да тұр. Екi пұттық балға тұр. Асылып секiретiн шарбақ темiр де тұр. Қатарлап тiзген тастай тақтай үстiне қойған кiрдiң тастары да тұр. Сүймен болғандай жұмыр темiрлер, ұзын-ұзын рельстер жатыр. Таудай опырып-опырып алған сандықтай кесек тастар жатыр. Жуан-жуан жұмыр темiрге кигiзген шойын дөнгелектер жатыр. Орталықта үлкен кiлем жаюлы. Сегiз қанат үйдi үстiне тiккендей дөңгелек қалың тақтай тұр... Екi жалаңаш дəу кiлемнiң үстiнде қаратерге малынысып, аюдай арпалысып жатыр. Бiрiн-бiрi алып ұрады да, арыстандай бас салады. Жатқан дəу аунап түсiп, атып тұрып, басқан дəудi жуан бiлекпен жауырынынан сылқ еткiзiп берiп
жiбергенде, ыңқ етiп етпетiнен түсiп жатыр. Бiр бүйiрдегi үлкен есiк ашылып, ұзын рельске жиырма адамды мiнгiзiп арқалаған бiреу кiрiп келiп, үйдiң iшiн бiр айналып, адамдарды түсiрiп, рельстi жапсарға апарып атып жiбердi. Жалаңаш дəулердiң бəрi де сол дəуге қарап баржиған алақандарын томп-томп соқты. Аузына ысқырық тiстеген бiреу барып оның қолын ұстады. – Жарайсың, Дубный, – деп Дядя Иван да қасына барды. Ол үндемей басын изеп, шетке шықты да, он сегiз пұттық ауыр рельспен 20 адам басып қызартқан жауырынын ақ сүлгiмен ысып-ысып жiбердi. Алысып жатқан екi дəуi жеңiсе алмай айрылып, олар да дядя Иванның қасына барды. Нендей ауырды арқалағанын кiм бiлсiн, соның iшiнде жүрген кiсiнiң терлемегенi жоқ, бəрi де суға малшынған қайыстай балбырасып тұр. Жапсарда iлулi тұрған ақ орамалдарын алып, терлерiн сүртiп, үш аяқты емен отырғыштарға аюдай күжiрейiсiп, айнала отырды. Директордың жəрдемшiсi ысқырық тiстеп жүрген кiсi едi. Дядя Иванның қасына келiп сол күнi өткiзiлетiн программасын баяндады. Оның сөзiн тыңдап болып: – Мен сiздерге жаңа серiк қосқалы келдiм, соны көрсетейiн. Мұңайтпасов азамат, берi кел! – дедi. Көргендерiн көңiлiне орналастыра алмай, бəрiн де түсiнде көрген елестей көрiп бұл үйдiң iшiн айнала қарап тұрған Мұқан оның даусын естiмедi, жуан тас бағанаға сүйене қарап, сонау бiр шеттегi, үстiн жонған сандықтай төрт тас тиеп, жететiн қайыспен қосып байлап, қаңтарып қойған арбаға қайран қалып тұра бердi. Дядя Иван алдында тұрған бiр палуанға: – Барып алып кел. Ол мүмкiн сендерден шошынып та тұрған шығар, – дедi. Жiберген кiсiсi барып күле сөйлеп: – Аманбысың, азамат. Сенi мырза шақырып жатыр, – деп, сығымдай ұстау əдетке айналған күштi қолымен оң бiлегiнен қыса ұстады. Арбадан əлi көзiн айырмаған жiгiт қысқан қолды сiлкiп жiбердi. Тепкiшек таста тұрған палуан үй еденiне доптай ұшып, дiк түстi. Кешегi өзiне iстегенiн айтып, күшiнiң көптiгiн мақтап, əңгiме қылып
тұрған директор: Əне, Коляны қағып жiбердi, – дедi. – Онысы қалай? Өзi тентек пе екен? – Жоқ. Бейнесi ондайға сəйкес емес. Ол кең даланың асау жiгiтi. Өзi əлi бала, он тоғызға биыл шықты. Денесi бұрын қатты ұстауды көрмегендiктен тосырқағандық. Өзi Едiлдегi Силовян Иван Васильевичпен кү-ресiп көзге түсiптi. –Оны жығып па? – десiп тұрғандар таңырқай сұ-рады. – Əңгiме оның жығылу, жығуында емес, менiңше оны жығатын ешкiм жоқ. Бiрақ көп палуандарды көре жүрiп, бiрiн менiң мектебiме ұсынбайтын қарт палуанның ықыласы осы балаға түсуiнде. Оның маған жазған хаты көп ойға қалдырды. Оны кейiн өздерiңе оқырмын. Күшiнiң жойқындығы туралы Киевтен барған цирктiң меңгерушiсi таңдана жазыпты. – Оны өзiнен сұрау керек екен? – Оншалық əңгiмелесуге əзiр тiлi жетпейдi. Бiраз тiл үйренген соң сұрай жатармыз. Əзiрше бiрiншi ережесi бойынша сынақтан өткiзейiк, – дедi директор. Барған палуан қасына қайта жақындамай, қолымен нұсқап, дядя Иванды көрсетiп, ертiп келдi. Отырған палуандар орындарынан тұрып, амандасты. Тек Дубный орнынан тұрмай, Мұқанның қолын қыса ұстап, қасындағы орындықты тартып отырғызды. Оның қысқаны қатаңдау болса да сiлкiп жiбермей, қол күшiн сезбеген кiсiдей жанына отырды. Отырғандар өзара сөйлесiп, жеңiл сынақты қазiр-ақ бастамақ болды. Тақтай үстiнде бес пұттық тастан он қадақтық тасқа шейiн қатар тұрған тастарды көрсетiп: – Осы тастардың қайсысын екi қолыңа екеуiн ұстап көтере аласың? – дедi директордың жəрдемшiсi. – Мен мұның бəрiн де көтере алам. – Сен «бəрiн көтеремдi» қой. Оқушы алдымен он қадақтық екi тасты көтерiп үйренедi. Жарты пұттық екi тасты шынашағымен көтерiп, екi
пұттық екi тасты екi қолымен көтеретiн болып мектеп бiтiрген палуандар жаман палуан болып табылмайды. Ал сен бар да, қадақты мiсе тұтпасаң, жарты пұттық екi тасты көтер. Мұқан тас тұрған тақтайдың жанына барып жағалай қарады. Бəрiнiң де көлемi үлкен емес сияқты. Осының екеуiн көтерудi оқу деп отырған палуандарды «шамалы адамдар» екен ғой деп ойлады. Сығырайған қысық көзiн бiр пұттық тастан жоғары қарай салды да, парлап қойған тастарды ұстап-ұстап көрдi. Алғашқы екi пары əшейiн-ақ зат сияқты көрiндi. Үш пұттық екi тасты «əзiрге осы жарар» дегендей тақтайдан жеп-жеңiл жұлып алып, екi жағына шелек ұстаған кiсiше тұрғандардың алдына келдi. – Көтергенiң осы ма? – Ендi қалай? – Жоқ, бұлай көтеруге болмайды. Дубный, сен көтерiп көрсет мынаған! Ол тұрып тақтайға барды да, екi пұттық тасты екi қолына ұстап, бiлегiн бүгiп жiберiп лып еткiзiп оң қолымен көтердi. Екi тас екi қолына сырға сияқты iлiнiп, үш басты кiсiдей болды да қалды. Сол бойымен тұрған адамдарды айналып шықты да, жерге тастай бердi. – Мiне, осылай көтередi, – дедi жəрдемшi. – Е, ондай кiшкене тасты көтермейтiн несi бар, – деп Мұқан екi пұттық тасты ұстай салып, бiрiн қолын бүктей тiк жоғары көтердi де, екiншiсiн көтере алмай бiлегiне соғып алды. – Таста, келмей жатып, қирап құрисың, – дедi Дядя Иван. Ызаланған Мұқанның қара терi бұрқ ете қалып: «мұны мен қалай көтере алмадым?» деп қайғырды. – Бұзауынан көтерiп үйренген жай кiсi, палуан көтере алмайтын атан өгiздi көтередi. Ауырды көтеру үшiн оның əдiсiн үйрену керек. Екi пұттық тасты Дубныйдай көтеру үшiн бұл мектепте екi жыл оқу керек. Əдiссiз көп күш – каналсыз далаға аққан қардың суы сияқты. Не шөгерiп үйретiлмеген түйе сияқты, ондай түйелер не жүктi қиратады, не өзiн қиратады. – дедi мектеп басқарушы.
– Дубныйдың серiгi келдi. Бұл да мектепке келгенде осындай асау едi. Үйрене келiп палуан болды. Екi жыл үйренсе бұл па осындай болады, – дедi жəрдемшi. Оның сөзiне шала түсiнiп тұрған Мұқан: – Мен екi тасты көтеру үшiн екi жыл жүрмеймiн. Ертең тап осылай көтерiп берсем бола ма?.. – деп, алдында тұрған, төрт пұттық екi тасты сиырдың топайындай жұлып алып тақтайға қарата атып жiбердi. – Мынау бiр перi ғой, өзi.. Тастың тұтқасын сындырасың. Орнына жайлап қою керек, – деп күзетшi шал баж ете қалды. Иə, Мұқан Дядя Иван мектебiне осылай түстi. Бұл мектептiң мақсаты орыс палуандарына французша күрестiң əдiсiн үйрету болды. * * * Тұманды ауа сиреп, ашық күннiң сəулесi жер бетiне тегiс түйiр жердiң буы бұрқырап, тамылжып, көктем де жеттi. Қыстай қысылып спорт сарайының iшiне симаған Мұқан алаңға шығып, бiраз сабағын сонда өткi-зетiн болды. «Келiншектiң бетiн кiм ашса сол ыстық» дегендей, Петербургтен алғаш алдына барған Дядя Иван өз ағасындай ыстық көрiндi. Ол мектепке келген сайын өзiнiң туысы келгендей болып қалушы едi. Бiрақ кейiнгi кезде ол сирек келетiн болды. Палуандар тас көтеру, темiр бұрау, күрестiң неше алуан түрi кеудеге қойып тас сындыру, рельске мiнгiзiп кiсi көтеру, тiсiмен тiстеп арба тарту, шалқасынан жатып үстiнен ат арба жүргiзу сияқтыларды үйрендi. Осының бəрi қара күштiң өктемдiгiмен орындалып жатты. Бiрақ шамалы күштi палуандар Мұқан iстей алмайтын бiраз өнер көрсетедi. Олардың қолында үнемi кiтап болды. Кей уақытта кiтапқа қарап тұрып жаңа бiр ойын шығарды. Жаюлы тұрған кiтабына қанша қараса да Мұқан түгiне түсiне алмады. Соған ызаланып оқығысы келiп, орысша əлiп-пенi сатып алып, өзiмен бiрге жататын Семен деген палуанға: – Досым, осыны маған үйретшi! – дедi. Ол қуанып қарсы алды. Түннiң көп уақытын өткiзiп, бес əрiп үйреттi. Бiрақ Мұқан «А» деген əрiптен басқасын түнде үйренсе де, күндiз ұмытып қалып, бiрiне-бiрiн шатастырып, дыбыстың түсiн миына бiр үйлестiре алмай-ақ қойды. Семен «үйретпей қойман», деп-ақ соңына түстi. Мұқаннан сұрағанда, «а» деп аузын бiр
ашады да, қалғандарын үйренiп жүрген күресiнiң бе, ойын құралдарының ба атын айтып шатастырды. Ақырында: – Семен, сен менi əурелемешi. Маған мынауың жүз пұт тас арқаланғаннан ауыр, тағы да кiтаптың iшiнде тышқанның суретi бар екен. Тегi мен бұл кiтапты оқып молда болмай-ақ қояйын, – деп кiтапты Семенның төсегiне қарай лактырып жiбердi. Өзi төсегiне жатып алып, өкiнiштi ойларға кеттi. – «Жасымда неге оқымадым. Əкем құлақтан тартатын молдаға неге бердi екен? Осындай мектептi қазақтар неге ашпайды екен? Адам баласы болған соң бiр тiлде неге сөйлемейдi екен? Жасымнан орыстармен бiрге өссем тiлдi жақсы бiлер едiм-ау... Неғып бiздiң ауыл осы қаланың қасында болмады екен... Оқуды өзге үйренгенде, мен неге үйренбедiм...» Ой елесiн қуа-қуа талып, əзер ұйқтады. Ертемен тұрғанда бiр түрлi көңiлсiз тұрды. Ойына əлдеқайдағы Сарытеректiң даласы, əкесi, өзiн бауырына басқан əжесi түсiп, ауылын аңсады. Бүгiнгi өтетiн сабақтар оның сүймейтiн сабағы едi, – ағаштан қарғу, темiрге асылу, жiп сатыға өрмелеу – физкультура сабақтары болатын. Соның бiрсыпырасын ойнап үйлестiре алмай, қаратер болып отырғанда, көптен көрмеген Дядя Иван келдi. Оның Дядя Иванды көрiп жылағысы келiп кеттi. Сəлемiн берiп, қолын ұстап тұрып: – Аға, менi осы бəледен құтқаршы, – дедi. – Неден? – деп Дядя Иван оның жəбiрленiп тұрған бетiне қарады. – Мен күресiңнiң бəрiн үйренейiн, кiмдi жық десең соны жығып берейiн. Рельсiңдi иейiн, шыбық темiрдi бұрап берейiн. Елу пұт жүктi арбаңды тiсiммен тартайын. Сегiз пұт кесек тасыңды кеудемде сындырайын, ал осы бiр баланың ойыны менi жүдеттi, бала сияқты ағаш аттан секiртiп, əткеншек, дардың арқанындай шығыршықты салбыраған бəледен менi құтқаршы. Мен соны оқымай-ақ қояйыншы, – дедi жыламсырап. Дядя Иван ежелеп сұрап, түсiндi де, қарқылдап кеп күлдi. – Мұның саған қанша қиындығы болды? – Өзi бiр жатқан ұсақ-түйек екен... Талай рет қолымды ауыртып, аяғымды сындырып ала жаздадым.
Дядя Иван оның бетiне тесiле қарап тұрып: – Жарайды, бұларды iстемей-ақ қой. Бiрақ сағаты бiткенше iстегендердi қарап тұр, – дедi. * * * Хат танымайтын Мұқанға палуандық өнердiң ең ауырларын үйренуге тура келдi. Ең жеңiл дегенi – лом темiрдi мойнымен иiп, үш пұттық екi тасты екi қолымен жоғары көтеру едi. Ауырлары: он екi пұттық рельске жиырма бес адам мiнгiзiп иығымен көтеру, кеудесiне қойып төрт пұттық тасты балғамен ұрып уату, екi ат жеккен арбаның, қайыс божысын бiлегiне iлiп тоқтату, кеудесiне тақтай қойып, пар ат жеккен жүктi арбаны үстiнен жүргiзу. Елу пұт жүгi бар арбаны тiсiмен тарту, оған қосымша французша күрестiң алуан əдiсiн үйрену болды. Оның бəрiн кiшкене бөлшектен үйренiп, екi жыл iшiнде шегiне жеткiзу керек едi. Оған Мұқанның шыдамы жетпедi. Бойына бiткен алып күшке жүктеп, уақытпен санаспады. Күнi-түнi үйренетiн залдан шықпай, қара терге малынып, ауырды көтерiп үйрене бердi. Қол-аяғын жаралап, жосадай қанға батқан күндерi көп болды. Бар ынтасын салып, үйренiп жатқан оқушының оқыс iстерiне мектеп басқарушысы де кешiрiм бердi. Албырт мiнездерi Дядя Иванға бiр түрлi ұнады. Тiлеген уақытында нұсқау берiп күрес өнерiн үйретудi жетекшi палуандарға тапсырды. – Мына қара дəу бəленi қайтем? Мектеп залына тыныштық болмайтын болды... Iшiне кiредi де, жинаулы темiрдi, тастарды көтередi, лақтырады. Өз-өзiнен жұлынады да жатады. Жинаған орнына бiреуiн де қоймайды. Мезгiлсiз аттарды қорадан алып шығып əуре-лейдi. Мен ол шашып кеткен ауыр бəлелердi қалай орнына қоймақпын? Уа, мырзам, тегi бiр құдайдың бəле-сiне қалдым. Сарайдағы рельстi сұрап едi, мен – рельс қойған бөлменiң кiлтiн жоқ, дедiм. – Қайда дедi ол. – Жоғалып қалды, – дедiм мен. – Неге жоғалтасың? – деп шабынған бурадай үстiме кеп төндi. Тарпа бас салып езiп тастай ма екен деп үрейiм ұшты. Бетiме сығырая қарап тұрды
да, тəңiр жарылқап тимедi. Жынданып барып, құлыпты жұлып тастады. Iшiнен рельстi алып шығып, гир тастарын байлап көтерiп, маған: – Үстiне мiн! – деп ақырды. Мен қорықканымнан мiндiм. Залдың iшiнде олай-бұлай жүрiп, менi түсiрдi де, құдай жарылқап, қайтадан орнына апарып қойды. Онымен қоймады, шалқасынан жатып, екi пұттық бiр тасты кеудесiне қойып маған: – Ұр балғамен! – дедi. Мен бiр пұттық балғаны қалай көтерем, қашқаннан қашып сiзге келiп отырмын. Бұл мейрам күнiн бiлмейтiн, демалысты бiлмейтiн, не деген қарғыс атқан?.. Тiлегiм болсын сiзден. Менi осы жұмыстан босатыңыз. Мына монғолың менi бiр күнi өлтiредi, – деп жылады. Оған Дядя Иван iшек шiлесi қатып күлдi. Күлiп болып: – Қазiр қайда өзi? – дедi. – Соның iшiнде. Жинап қойған тас, темiрдi шашып, жынның ойнағын салып жатыр. Дядя Иван күзетшiнi ертiп, мектеп залына келгенде терге малшынған Мұқан заттарды орнына жинап, терiн шүберекпен сүртiп тұр екен. Ерiнбей еңбек iстеп, өз өнерiн үйренiп жатқан оқушыға Дядя Иван сөз айтпады. Тек: – Мұңайтпасов, мұның қалай, мейрамда неге демалмайсың? – дедi. Мұқан жалт қарап, сəлемiн берiп: – Ағын су көлге құймай дамылдай ма, мырзам. Мен сiздiң мектептi бiтiрмей мейрамды қайтем. Жылда жүз елу сом төлейтiн менiң ақшам қайда? Екi жыл деп жүрем бе сол, Дубный биыл бiтiрем дейдi, мен сонан қалмай үйренiп шығам, – дедi ентiге отырып, шаршаған кейiп-пен. Дядя Иван оның тершiген қоңыр жүзiне аса бiр мейiрiммен тесiле қарады. Дубный Мұқанмен жасы қатар, кемеге жүк тиеушi болып жүрген жерiнен, айрықша күштiлiгi көзге түсiп, шақыртып алынған жiгiт едi. Ол тұрмысы да мiнезi де өзi сияқты Мұқанға достық көмегiн аяусыз көрсеттi. Бұрын цирктерде бiраз болып, тəжрибе алған Дубный, кесеқ күштi құрбысын өзiне серiк етiп шығаруға ынтықты. Үйренiп жүрген өнерiнiң негiзгi мақсатын сауатты, ақыл иесi Дубный даладан барған Мұқанға түсiндiре бердi.
Келешекте Россия мемлекеттiк күш тұлғасына өкiл болуға ешкiмнiң шегi жоқ Дубныйдың Мұқанға айрықша мейiрiмi түскенiне басқа палуандар таң қалатын. – Сен қазiр Россияның дара туған палуанысың. Осы қазаққа қаншама уақытыңды бөлiп əуреленесiң. Сонда ол сендей палуан болып шыға ма? – десiп сұрайтын жұрт. Оған Дубныйдый түсi суи қалып: – Маған дара туған күштiсiң деп көп кiсi айтады. Ол дұрыс емес Менiң жаратылысым сүймейтiн осындай дөрекi мақтаулар. Менiңше: даралық əсiресе саналы адамға жараспайды. Мүмкiн, санасыз жаратылыстардан – тау шоқысы, жеке шыққан дене теңдесi жоқ, ертегiдегi алаңғасар-алып сияқты дəулерге жарасатын да шығар. Ал ғалым, ақын, батыр, палуан сияқты адамдардың даралығы жараспайды, Олар халық алдында қызмет iстеушiлер. – Егер таудың шыңы сияқты дара жаратылған болса, оның жанына жан жуымай нендей сыры, қасиетi барын адам ұқпаса, даралық қасиетiн кiм мадақтап, көпке кiм жеткiзбек? Тегi, қасиеттi зат, əсiресе адамдағы қасиет дара болмай жұп болғаны, жұп қана емес – көп болғанын тiлер едiм. Адам адамнан үйренедi. Мен осы теңдес күш кездескелi үйретiп те, үйренiп те жатырмын. Бұл күштiң сағымы менiң талай саңылау қалған жерiмдi бiтедi, Менiң күшiм оның да илеуiн жеткiзген болар. Бұл дара болмағанның пайдасы. Оның күшi шегiне жете ашылған жоқ, өз күшiме теңесiп, күрес əдiсiн түгел үйренген соң, мен онымен күрес-пеймiн, – дедi. Мұқан мектеп өмiрiнiң алғашқы күндерiнде Дубныйдың əрiден ойлаған достық сырына түсiне алмай жүрдi. «Ешкiмнен жығылмаймын» деп сенген күшi Дубныйдан кем жатқанына ызаланды. Дубныйды алып ұрып жерге түсiрсе, ол сынаптай бұлт етiп астынан шығып кетедi де, өзiн бүктеп бас салады. Еркiне жiбермей аунатып, жауырынын жерге тигiзедi. – Бұл дұрыс жыққан жоқ, – деп дауласып та көрдi. Көрiп тұрғандар: – Дұрыс жықты, сен бұл күрестiң əдiсiн əлi бiл-мейсiң – дедi. Ызаға булыққан Мұқан. Мектептi тастап та кеткiсi келдi. Онысы да үйлеспей,
«қашып кеттi» деп айтады деген оймен басылды. Арманы Дубныйды бiр жығу болып, күн-түнi күрестiң əдiсiн ойлайтын болды: «Қалған өмiрiмдi осы мектепте өткiзсем де, осыны жықпай қоймаймын», деген қорытынды жасады. Соңғы кезде Мұқанның балғын денесi болаттай шыңдалып, күш күннен-күнге толыса түсiп едi. Дубныйдан жығылуы да қиындап бара жатты. Ең кейiнгi бiр күресi сағаттан астам созылып жығыса алмай айрылысып кеттi. – Бұл менi жығады. Бiлмей жүрген бiр əдiсi бар едi, оны үйрендi. Ендi Иван бiреу емес – екеу. Бұл жаратылыста жеке болмасын деп, мен үшiн арнап жаратқан серiгiм, – дедi Дубный. – Онда мұның аты «Черный Иван» болсын. Бiз мұнан былай солай атайық, – дестi серiктерi. Арманына жақындағанын сезiп, Мұқан бiраз сергiгендей болды. Ұлы Россияның қазақ палуаны мектепке түскенiне бес ай толып, алтыншы айға аяқ басты. * * * Тəжiрибе жұмысына дайындалуға мектеп дирекциясы бұйрық бердi. Палуандар əр қалаға бөлiнiп, тiзiм жасалды. Алтыншы айдың аяғына таман мектеп сарайына көп адам жиналды. Бұрын келмейтiн сағаттарының бауы салбыраған жуан қарындар, шағаладай ақ киген шендi кiсiлер келдi. Дядя Иван ойынды өзi басқарып, оңаша бөлмеде палуандарды сапқа тұрғызып, бiрiншi орынға Дубныйды қойды да, екiншi етiп Мұқанды тұрғызды. Күрестiң жиырма төрт палуаны алпамсадай тiзiлiп спорт залына кiрдi. Мұқан мектепке түскенде жайылымдағы жылқыдай денесiнiң олпы-солпысы көп едi. Оқудағы алты ай жаратқан аттан сұлулап, сымға тарт-қан күмiстей түзеп жiбердi. Iшi тартылып, арыстандай кең кеудесi керiлiп, мойны жуандап, жауырыны қақпақтай, көзге түсiп, бiлектiң бұлшық еттерi теңiз бетiнiң бұйрат толқынындай бiлемделiп тұратын болды. Кең ышқырлы қара трусидiң қырын көмкере байлаған жалпақ қара жiбек белбеу əбден жарасып кеттi. Палуандарды келген кiсiлердiң алдынан қатар қойып: – Ұлы дəрежелi мырзалар, ханымдар! Ұлы Россияның қара күштерiнiң алып бейнесi, бiздiң мектептiң оқушылары алпамсадай жиырма төрт жас палуанымыз спорт залынан тəжiрибе жұмысына шыққалы отыр. Бiрiншi
Дубный, – дедi Дядя Иван. Қолдар шарт-шұрт соғылды. Палуан бiр қадам iлгерi шығып басын идi. – Екiншi – Мұңайтпасов Мұқан. Мұны бiздiң оқушы палуандар Черный Иван деп атайды. Дене мөлшерi, күш мөлшерi тең болғандықтан жарасымды қойылған есiм деп, таласпадық. Қолдар соғыла бастап едi, сағатының бауы салбыраған жуан қарынды бiреудiң: – Фамилиясы қалай? – деген даусымен соғылған қол бөлiнiп кеттi. – Мұңайтпасов, – деп Дядя Иван қайталады. – Қай ұлт? – дедi сөйлеген кiсi зiлдене. – Қазақ. – Қайдан келiп калған?.. Кiм жiберген?.. – Самара палуаны Иван Васильевичтiң жiберген кiсiсi. – Оның екiншi орында тұруы қалай? – Күш орны солай, мырза. – Ғажап екен, – дедi даусын бəсеңдете түсiп. Келген кiсiлер еркек, əйел болып өздерi əлденелер айтып сөйлесiп кеттi. Мұқан қозғалмай орнында тұра бердi. – Ортаға шықсын, – деген дауыс көбейдi. Ортада тұрған Дядя Иван қолымен нұсқап Мұқанды шақырды. Кеудесiн кере, кердеңдей басып, палуан ортаға шықты. Əлi толып жетпеген жас жiгiттiң денесi көпшi-лiкке ұнады. Қол соғу ұзаққа созылып бiр жас қыз қолындағы гүлiн Мұқанға əкелiп бердi. Мұқан гүлдi Дядя Иванға ұстатты да, өзi орнына барып тұрды. Палуандарды түгел таныстырып болған соң ойындарын бастады, бұл жолы Мұқанның үлесiне тигенi – рельстi ию мен, жиырма бес адам мiнген арбаны, жиырма бес метр жерге тiсiмен тартып апару өнерiн көрсету едi. Ол ойдағыдай орындалды.
Алтын сағаттың бауын салбыратқан манағы жуан қарын – бес қаладағы цирктiң қожасы едi. Ол ойынды көрiп болып, Мұқанды алдына шақырып, жиырма бес сом сый бердi де: – Мұнан былай көпшiлiкте айтатын атың Черный Иван болсын, – дедi. Сондықтан Қажымұқан менiң атым, Көрмедiм маған деген елдiң жатын. Оқыған ұлы Петр қаласынан Палуандық əлi есiмде, алған атым. Сол күресте үш палуанды жығып, Дубныймен жығыса алмай айрылды. Палуандарды тəжiрибе жұмысын өткiзетiн Одесса қаласындағы мектепке аттандырды. Мұндағы сынақ қорытындысында Дубныйдан Мұқан үнемi жығылғанын қойып, теңелгенiн көрсеттi. * * * Мың тоғыз жүз қырық бiрiншi жылы үлкен емен ағаштың саясында, өзiнiң өткiзген өмiрiн ертектей етiп айта отырып, Дубный досын еске түсiрген палуан: – «Ол менiң бауырым едi. Екеумiз көп жыл бiрге жүрiп, көп елдi бiрге араладық. Жан қиысқан жолдас болдық. Менi палуандыққа шынықтырған ұстазым сол едi. Қайран досты Парижға барған сапардан кейiн көре алмадым», – деп даусы қалтырап шығып едi. – Ол не дегенiңiз, Қажеке? Ол кiсi əлi тiрi ғой, барып көруiңiзге болады, – дедiм. – Ол қазiр қайда екен? – деп қуанып кеттi. – Украинада болуы керек. Сұрастырсақ табуға болады ғой. – Ойқай, сондай досты ендi бiр көрiп, қолын ұстап екi ауыз сөзiн естiген қандай тамаша болар едi. Тұлғасы адам баласының сұлуы едi. Ондай күштi
адам туа бередi дейсiң бе. Осы заманның Рүстем-Дастаны сол едi ғой... Россияның əр қаласынан келген қырық палуан ай жарым жатып күрестi. Солардың алды: Дубный, екiн-шiсi Мұқан болып аяқталды. Сондағы iрiктелген төрт палуанның бiрi болып Мұқан Петроградқа қайтып келдi, Петроградқа жиналған қырық палуанның отыз тоғызын жығып, бiрiмен жығыса алмай кеткен Дубный бас бəйге мен үлкен күмiс медаль, Мұқан отыз сегiзiн жығып, екеуiмен жығыса алмай екiншi бəйге мен кiшi күмiс медаль тағып қайтты. Дядя Иван палуандарының табыспен қайтқан ал-ғашқы адымына той жасады. Он бес күн дем алғызып, «Отанға ұят келтiрмейдi» деп төрт палуанды тəжiрбие жұмысына Гамбургтегi мектепке жiбердi. – Онда барған соң, өнерлерiн көрiп үйрене берiңдер. Күрестiрген кезде сақа палуандарын жықпай, қайтып сендермен күреспейтiндей етiп сығып тастай берiңдер. Ал мектепте оқып жүрген оқушылары мен шетелден келiп жүрген мықтысынғандарын сау жiбермей, доптай ұшыра берiңдер. Бұл күндегi немiстердi билеп отырған серкесымақтары терiс тəрбиеленген бала мiнездi келедi, аз ғана табысы болса конфет ұстаған сəбидей тасынып, қайтып қолынан шықпайтындай өңештерi жыртылғанша айқайлайды, Аз да болса жеңiлiс көрсе өзiнен қуат кеткендей қынжылып азапқа түседi. Палуандарын жығып, жəбiрлемей-ақ, өнерiн үйренiп қайта берсеңдер де болады. Өздерiңе өздерiң өте сақ болыңдар, – дедi Дядя Иван. – Оқушыларының жығылғанына жəбiрленбей ме? – Өзiмшiлдiгi күштi ел ғой. Тiптi шетелдiктердi кiсi деп санамайды олар. Атақтылары сау болса кiшiлерiн өлтiрсе де елең қылмайды. – Сонда немiстiң үлкенiн жығуға болмай ма? – дедi Мұқан. – Өздерi Россияның палуандарын жығып қайтамыз деп келедi əлi. Күштi сонда көрсетерсiңдер. Сен, рельс иiп, жетпiс пұттық тасты тiсiңмен тартатыныңды көр-сетпей-ақ қой. Өздерiнiң ең күштiсiнiң көтергенiндей-ақ ауырлықты көтер. – Ал бəрiңе айтатыным, бейбастақтық бiздiң елдiң салты емес. Россияның байырғы əдетiн, салқын қанды сабырлығын ұстай бiлiңдер. Қызба мақтаншылық əр уақытта ұятқа шақыртушы болады. Естерiңнен осыны
шығармаңдар... – дедi тəрбиешi. * * * Гамбургте үш ай болып, Россия палуандары Петроградқа қайтарда циркте немiстердiң атақты палуандарының өнер көрсететiн үлкен ойыны болды. Олардың программасында күрес жоқ, тек күштерiн көр-сететiн: аюмен күресу, өгiзбен сүзiсу, атты қолына iлiп екi жаққа тарту, сом темiрдi мойнына салып иiп тастау сияқты едi. – Фон-Кениг, екi қолына екi аттың тiзгiнiн iлiп, оларды екi жаққа айдағанында орнынан қозғалтпай тас-тайды, қазiр сол ойынын көрсетедi, – дегенде немiстер: – Хаил! – деп шу ете қалды. Үстi-басын қайыспен шандып тастаған екi атты əкелiп, екi адам ұстап тұра қалды. Еңгезердей немiс сыбанған күйi келiп, аттардың құйрығына тақап, шығыршық өткiзген жалпақ қайысқа екi бiлегiн iлiп, артқы аяқтарына аяғын тақай талтая тұрды. Қоңырау шылдырлап, қамшы шарт ете қалды. Екi ат та екi жак-қа сүйрей тартты. Фон-Кенигтiң қапсыра iлiнген қолы екi аттан, қимылдауға мұршасын келтiрмедi. Көрушiлер шуылдап қолдарын соққанда цирктi жаңғырықтырып жiбердi. «Мынаны көрдiң бе?» – дегендей əдемi костюм киiп көзiн жымита қарап отырған орысты, аузына жуан трубка тiстеген ұзын бойлы немiс бүйiрден түртiп қалды. Ол түрткен қолды шап берiп ұстай алды да, қышқаштай қысып жiберiп, мойнын бұрып бетiне қарады. Немiстiң аузындағы трубкасы жерге түсiп, iшi ауырған кiсiдей бет-аузы тыржиып, орнынан ұшып түрегелдi. Орыс оның қолын аздап босатып: – Бүйiрiме неге түртесiң? – дедi орнынан қозғалмай. – Ананы қара дегенiм ғой... – дедi немiс мiңгiрлеп. – Онда не бар? – Орыстарда осындай күштi палуан бар ма? – Бiзде ме... асау арыстанның аузын айырып, жабайы пiлдiң құйрығынан
ұстап тоқтатындар толып жатыр. Түйенi қолтықтап, өгiздi өңгеретiндер бар. Аттың қозғалатын аяғын тiреп тұрып, басын тұқыртып қайыспен тартып қозғалтпаған күштiлiк пе екен!.. – Ал сенiңше қалай? – Құйрығынан ұстап тоқтату керек. Екеуiнiң тiлiн əзер аударып жеткiзiп отырған бiреу, құйрығын деген орыс сөзiн түсiндiре алмай, əбден дал болды. Мұқан түсiндiру үшiн немiстiң шалбарының артын бұрап көрсеткелi қолын сала бергенде, ол қарғып түсiп, қасында отырған əйелдiң аяғын басып кеттi. Əйел елдi даурықтырып, шу көтердi. Төтенше полицей келiп дауды сұрастырды. Түсiне келе атты құйрығынан ұстап тоқтату керек деген оған да таң көрiнiп, цирктiң басқарушысын шақырды. Оған да таң көрiнiп: – Ондай адам қайда? – дедi. – Россияда. – Кiм деген адам? – Ондай толып жатыр. – Сен тоқтата аласың ба? – Мен де тоқтатам. – Екi атты ма, бiр атты ма? – Екi атты тоқтатам. – Ал ортаға шық. Мұқан сөзге келмей-ақ костюмiн шешiп ортаға шықты. Қораға кеткен аттарды қайта алып келдi. Отырған көрермендер өзара сөйлесiп таңырқасуда. – Ал құйрығынан ұстап тоқтата қой. – Қайыстарын алып тастаңдар.
– Тұра берсiн. – Жоқ тұрмасын. Сендер шығыршығынан ұстадың деп мойындамайсыңдар. Аттың басын да адамға ұстатпай, бос қоя берiңдер! – Рушланд қолыңды жұлып əкетедi... – Онда жұмысың болмасын. Бiрақ аттың құйрығы жұлынып, бiр жерi майып болса менен құнын дауламайтын боласың. Сондықтан қолыңнан тiлхат бер. – Қолың жұлынып кетсе бiз де жауапты емеспiз. – Əбден болады. Цирктiң басқарушысы қойын дəптерiнiң екi тарақ қағазына екi тiлхат жазып, бiрiн Мұқанның қолына ұстатып, екiншiсiне қол қойдырып өзi алды. Оған шейiн даурығып отырған жұрт бiрiнен-бiрi сұрап, егестiң не туралы болып жатқанын, орыстың оқушы палуанының қойған шартына қайран қалысты. Үстiндегi қайыстары ағытылып, айқасып тұрған екi атың құйрығын бiлегiне орап тұра қалды. Қоңырау сылдырағанда шыбыртқы шарт ете қалды. Еркiн тұрған аттар жұла жөнелгенде еңкейе берiп тартып қалды. Екi аттың басы да секең ете түскенде əйелдер: – «Рушланд капут» десiп көздерiн жұмды. Шолақ құйрықты бiлегiне орай екi құйымшақты түптете ұстаған қол сiлкiп жiбергенде, шоңқайған төбеттей аттардың бөксесi түйiсе шоқиып отырып қалды. – Мiне, атты осылай тоқтату керек. Бұл ат қана. Пiлдi құйрығынан ұстап бүк түсiретiн орыстар Россияда толып жатыр, – дедi ұстаған жерiнiң қылшығы қолына жабысып шыққан Мұқан шоңқиған аттарды орнынан тұрғызып жатып. Ойламаған күштi көзiмен көрген немiстер орындарынан ұшып-ұшып тұрып, сiлейiп қатты да қалды. – Мынаны мойнына салып ие де аласың ба? – дедi бiр немiс, отырған орнына кетiп бара жатқан орысқа, екi кезден кесiлген сом темiрдi көрсетiп. – Бұл баланың ойыншығы. Мен ол үшiн мойнымды кiрлетпеймiн, – деп бiрiн қолына ұстады да, шыбықтай иiп, доғалатып тастай салды. – Оның не! Тиiстi ойынға дайындалған темiрдi неге бүлдiрдiң? – дедi цирк
басқарушысы қынжыла кеп сөйлеп. – Мынауың, иiп көр дедi ғой? – Оны қолымен имейдi, – мойнына салып иедi, – деп бастық өз желкесiн қолымен көрсеттi. Мұқан темiрлер тұрған тақтайдың қасына барып бiрiн қолына ұстады да: – Бұл баланың ойыншығы. Бұл үшiн күш жұмсаудың керегi жоқ, – дедi Мұқан бiр жуан темiрдi көрсетiп. – Бiздiң палуандар мойнына мынадай құрыштарыңды галстук қылып орайды – деп бiрiн мойнына салып, екi бұрап галстук қылып орап тастады. Таңданған цирк басқарушысы басын шайқап, отырған көпшiлiкке қарап, əлдененi айтып, Мұқанды қолынан ұстап тұрып, айнала отырған елге көрсеттi. Ойын тарқап, келесi күнi палуандар Россияға қайтты. Бiрақ не болса соны дəрiп-теп жазатын немiс газеттерi бұл туралы ешнəрсе жазбады. Жазбаса да көздерiмен көрген көпшiлiк ертегiдей аңыз етiп айтып, елге тарата бердi. – Орыстың күштiлiгi бiзден артық. Бiздiн палуандарымыз күштен де əдiстi көп қолданады деген бiреу-лердi полицейлер саяси айыпкер есебiнде қамап тастады, – дестi жұрт. * * * Петербургке қайтып келген соң мектеп кеңесiнiң мəжiлiсi болып, мектеп бiтiрген палуандарды өнердiн əр түрiне қарай бөлдi. Шетелдiң циркiне жiберуге төрт кiсiнiң атын атады. Атақты Дубный, Сiбiрдiң Димитрий Мартыновы, Сахалиннiң Иван-Қоренi, ең кiшiсi Мұқан едi. Сөз алған Петербург циркiнiң қожасы: – Осыған Россияның iшi де жарайды ғой, соны шетке шығарып қайтемiз, – дедi. Кеңеске араласып отырған Дубный: – Егер Мұқан шықпаса, шетелге мен де бармаймын. Оның шықпайтын себебiн түсiндiрiңiздер! – дедi.
– Шетке шыққан Россияның əрбiр азаматы, Отанның арын көздiң қарашығындай сақтауы керек. Ең арысы жатпен күрескен жетi жасар баламыз болса да жеңiп шығуы керек. Сондықтан шетке шығаратын палуан сенiмдi болуы өте қажет. Ұлы орыс халқының намысына кiр келтiрмейтiн шексiз берiлген саналы адам болуы керек. Оның күшi көп болса да, сауаты жоқ. Сауатсыз күштi адам, қауын берiп үйреткен пiл сияқты. Ондайларды қауын, қарбыз берiп, əркiм ертiп əкетуi мүм-кiн, шынын айтқанда ол орыс емес. Оның дiнi – мұсылман. Мұсылмандар тез азғыш келедi. Сендердi Европаның бiраз мемлекетiн аралатып алған соң, Париж, Стамбул, Индия, Кабулға шығарамыз. Сонда əлдекiмнiң алдауына iлiнiп, абырой алатын жерде жығылып жүрсе, не «мен мұсылман едiм» десе қайтесiң? – деп Дубныйға қарады. Бастықтың сөзiн зығырданы қайнай отырып тыңдаған Дубный орнынан атып тұрып: – Бұл ондай адам емес. Сенiң мұсылман, кəпiрiң мен ұлтқа бөлiнуде жұмысы жоқ. Ол қазiрде орыс тiлiн үйрендi. Пiкiрiн толық түсiндiре алатын болды. Бiз Германияға барғанда оның ұлтын сұрағандарға: – Қазақ, – десек, ол: – Мен Россияға барған соң қазақ болам, əзiрге ұлтым да, атым да орыс. Əжем: – «Ер ұлт үшiн тумайды, жұрт үшiн туады», «Үйде ауылдың намысын, түзде елдiң намысын ойла», – дейтiн. Патшалығымыз орыс елi болған соң, немiстердiң менi де орыс дегенi дұрыс. Мен оларға орыстың күшiн көрсетем, – дейтiн. Оның айтатын мынадай ертегiсi бар: – «Баласымен екеуi ала өгiзбен ағаш таситын бiр отыншы бар едi. Ала өгiзi екi өгiздiң жүгiн бiр өзi тартатын күштi болды. Баласы ала өгiздiң тартқан ағашына таң қалып: – «Əке, осы құдайды күштi дейдi жұрт, сол құдайдың күшi бiздiң ала өгiздiң күшiнен қалай?» дептi. Оған əкесi ренжiп: – «Əлде адал құдай, əлде арам құдай, көрмеген құдайды ала өгiзге теңемешi», – дептi. Бiздiң қазақ құдайды көзiмен көрмесе сенбейдi, – дейдi. Осындай адамды мұсылман деп шектенуге бола ма? Бiз, кейбiр сатылып жығылатын палуандар туралы əңгiме қылғанымызда: – «Ол арын асқа сатқан айуан- дағы. Ондайды адам деп бола ма? Бiр адамға күшiн сатқан кiсi бiр күн күн көредi. Көп үшiн қызмет еткен кiсi өмiрi аш, жалаңаш бола ма?.. Елдiң намысын қорғап ел үшiн адал еңбек iстесең, олар ас та, ат та, киiм де, ақша да болады. Мен Қызылжардағы адамдарды өлгенiмше ұмытпаймын. Олар
менi көрiп қуанып, көзiнен жасы аққан Едiлдегi Добрый-Рабыйды, Қазан қаласындағы iшер асын бөлiп берiп, менi оқуға жiберген жұмысшыларды, туған ағамдай мейрiмдi болған ақылшым болған Дядя Иванды өмi-рiмде ұмытпаймын. Олар маған халық, үшiн күшiңдi жұмсап, абыройын сақта деген болатын. Мен сатылып жығылғанша өлгенiмдi артық көремiн», – дейдi. Осындай адамға шүбəлануға бола ма? Ол сондайлық намыс-қор. «Бiр кiсiден бiр кiсi жығылған өлiм емес пе. Алғаш-қы күрес үйрене алмай жүргенде сенен əрдайым жығылып жүрдiм. Соны намыс қылып өлгiм де келдi. Кейде ашуым келiп, сенi паршалап тастағым да келушi едi. Бiрақ ойлана келсем, менiң жығылғаным сенiң достығыңнан қымбат емес, тек үйренуiм керек екен, үйрендiм. Ендi Россия палуандарын жығам деп келгендердiң əкесiн танытам. Кердеңдеген мақтаншақ, шетелдiң тəкаппар палуандары қолыма бiр тиетiн болса, бүйiрiн төсекке тигiзбейтiндей етiп сыйлаймын», – дейдi. Осындай адамды ұлты орыс емес деуге бола ма? Бұл Отанға ұят келтiрмейдi. Егер ол бармайтын болса, менi тiзiмнен шығарып тастаңдар, мен де шетелге бармаймын. Палуан болмасам – жұмысшы болып та күн көруге болады, – дедi, қатты ренжiген кейiппен өрен палуан Дубный. Цирктiң қожасы Жаровтан басқасының Мұқанға келтiретiн шегi жоқ едi, Дубный жақтаған соң, бастық та үндемей қалды. Мектептiң ұсынысы бекiдi. Қажымұқанмын қазақта күшiм асқан, Палуандықтан айтайын бiраз дастан. «Орыс палуан» атанып он екi жыл, Жиырма төрт патшалықтың жерiн басқам.
Парижде Эстония, Латвия, Австро-Венгрия, Польша, Швейцарияны аралап, талай күрестi көрген Мұқан əбден шынығып жауырыны жерге тимеген атақты палуан болды. Талай палуанның атағын естiп, кездесуге құмарт-қан болса, талай палуандарымен күресiп те, кездесiп те жүрдi. Туған даласын сағынған жiгiт: «Болып өстiм несiбем менiң түзден, Кiм бар екен елiнен күдер үзген. Есiме туған елiм түскен уақта. Жас домалап түседi екi көзден», – деп өлең айтатын болды. Денесi толысып, жасы отыздан асты. «Ендi елге қайтпаса болмас», – деп жүргенде Дубный Ригадан бiр топ палуандарымен келдi. Оны көргенде туысқанын көргендей қуанатын Мұқанның əдетi едi, екеуi сайрандап, əңгiмелерiн соқтырды. – Мұқан, ендi ұзамай Парижге жүремiз. Онда жер жүзiнiң атақты палуаны түгел қатысатын болыпты. Бiз күресiп көрмеген Францияның – Паушины, Италияның – Струментi, Австралияның – Роз-Бакиi, Германияның – Фон- Кенигi, Ганс-Каваны, Англияның – Лон-Пулы, Түрiктiң – Қара Мұстафасы, Қажығалиi, Индияның – Прохфы, Японияның Сар-Кеккиi1 – келмекшi екен. Солармен күресiп, дүние жүзiлiк палуандар алдында күшiмiздiң мөлшерiн көремiз, – дедi. Кездесе алмай жүрген палуандарының атын естiп, Мұқан қатты қуанды. Сағынған елдi де ұмытып жүретiн күндi асыға күттi. Ертеден кешке дейiн аңсаған, күнi-түнi ойлаған зат түске де кiрмей қоймайды ғой. Күреске ынтыққан Мұқанның түсiне кiретiн де сол күрес. Тiптi адамнан бөлек бiреулермен жұлқысып, аю-арыстандармен алысып жүргенi түн бойы. Кейде айқайлап, төсегiнен ұшып тұратын да əдеттерi
болды. Ояна келсе, ешнəрсе жоқ, жанындағы жолдастары: – Саған не болды? – деседi. – Түс көрдiм. – Не түс? Қара аюмен алысып, бас терiсiн сыпырып тастадым. – Онда, ертең шошқаның етiн жейсiң, жата ғой, – деп күлiсетiн. – Жоқ əлгi Парижға қашан жүремiз осы? – Франция өкiметi ағылшынның палуандарына рұқсат бермей кешiктiрiп жатқан көрiнедi. – Онда, ағылшындардан қорыққаны ма? Француздар қорықса, бiз-ақ күресемiз ғой. – Олар палуанынан қорықпайды, досым, жансызынан қорқады. Ағылшындар бiр жаққа қайыршы жiберсе де, қасына шпионын қосып жiберетiн əдетi бар ғой, сонысынан қорыққан болар. – Сонда шпион палуанмын деп келе ме? – Палуанмын деп те келедi. Палуандарды басқарушымыз деп те келедi. Тiптi сол палуандарының бiрiне қызметшi болып та жүре бередi. – Сен барған соң шпионды сезсең маған айтып қой. Мен бiр ыңғайын тауып елiне сүйегiн қайтаратындай қылайын, қайтып палуан арасында жансыз жүрмейтiн болсын. Орыс палуандарына күмəндануы болмаса да, ағылшын, түрiктермен келiсiп алғаннан соң барып бұларға да рұқсат етiлдi. Дубный, Мұқан, Мартынов, Иван-Корень төртеуi дүние жүзiлiк күреске түспек болып ал-ғашқы рет Парижге жүрiпа кеттi. Туған елден келген палуандарды тосып алған Россия елшiлiгiнiң кiсiлерi, қонақтарды алдын ала лайықтаған орындарына орналастырып, тиiстi
құрметiн iстеп, демалғызды. Басқа елдiң палуандарын өз өкiлдiктерi дəрiптеп, суретке басып, бойының ұзындығын, жауырынының кеңдiгiн көрсетiп, салмағын айтып жарнамалар таратып үлгерген едi. Сол кездеп Франциядағы Россия өкiлдiгiнiң мəдени байланысын басқарып отырған Степан Николаевич Отан намысын барлық өмiрден жоғары ұстайтын кiсi едi. Екi сөзiнiң бiрiнде: «Россияның таласқан итi де жеңiп шыққанын тəуiр көрем», – дейтiн. Сонымен қатар мəдениеттi, ұқыпты адам едi. Россия палуандары қатынасатын жарыс хабарын ал-ғаннан жар құлағы жастыққа тимей, шетелден келген палуандарды қалай да бiр сылтаумен барып көрiп, киген киiмдерiн, күтiмiн бақылап, суретiн басқан жарнамаларын алдырып отырды. Палуандар келетiн күнi, олардың жататын жатақханасына жарнамаларды жағалай жапсырып тастар едi. Палуандардың көзi ерiксiз соларға түстi. Олардың iшiнде аса əшекейленiп iстел-гендерi немiстiкi болатын. Онда үлкен етiп, екi басты самұрықтың суретiн салып, екi жақтауын емен ағаштың жапырағымен көмкерiп, үш палуанның суретiн бiрге салыпты. Ортадағы суреттi өте үлкен етiп көрсетiп, астына – Анс, – бойы төрт кез, иығы бiр жарым, салмағы – он бiр пұт, – деп жазыпты. Екi жағындағысының бiрiн Фон-Кениг деген де, екiншiсiн – Ганс Каван деп жазыпты. Бұл үшеуiнiң ортасына жер шарының суретiн салып, бейне бiр футбол ойнап жатқан тəрiздi етiп келтiрiптi. – Иə, бiраз салмағы бар екен, – дедi Иван Корень баяулау дауыспен. – Ол не? – дедi, чемоданынан бiр затын қарап əуреленiп жатқан Мұқан. – Мына бiр немiстiң палуанын айтамын. – Неше пұт екен? – Он бiр пұт. – Он сегiз пұт темiр иығында шелек көтеретiн иiн ағаш болып жүр емес пе. Оның он бiр пұтына соншалық неге таңырқанасың? – Темiр, темiр де, бұл əрекет жасайтын адам емес пе? – Адам болғанда, он бiр пұт түгелiмен күштiң салмағы емес қой, оның iшiнде кебiсi де, iшкен асы да бар ғой. Қобырап тұрған денесi шындап сығылса қу сүйегi қалмай ма? – деп, барбиған бармағымен чемоданын жапты Мұқан.
– Сенiң де күшiңдi көрермiз, Черный, – деп күлдi Иван. – Көрiнiп келетiн түйедей үлкендi көтерiп соғуға жақсы. Жердiң жарығынан шығатын тышқандай палуанның кiшкенесi жаман. Мен үлкенге таңырқамаймын да, одан қорықпаймын да. – Е, айтпақшы сенi тышқаннан қорқады дегенi рас па? Əне, төсегiңнiң астында тышқан жүр... – Ей, айтпа, ондай жаман сөздi... – деп елең еткен Мұқан еңкейiп, темiр төсектiң астына бiр қарап қойып, – мен онан қорықпаймын. Құрғырдың шиқылдағынынан қорқам. Тегi, соның дыбысын есiткiм келмейдi, – деп тұрды да қабырғадағы суреттердi қарады. Олардың арасындағы биiк жарнамаға көзiн сығырайта қарап, «Мынау бастарына қызыл сəукеле киген орақ мұрындар кiм? Көйлектерi қалай ұзын. Қай елдiкi, жазуын оқып жiбершi, Иван», – деп Кореньге қарай бұрылды. – Олар сенiң туысқандарын, мұсылмандар. – Қайдағы пұсырман! Мұндай ұзын көйлек, басына сəукеле киген пұсырман бола ма? – Болады. Бұларды түрiктер деп атайды. – Е, мұның Қажығалиi қайсы екен? – Ортада тұрғаны. Мына екi жағындағысы Қара Мұстафа, Мырза Ахмет деген палуандары. Астындағы арабша жазуын Оқымайсың ба? – Мына толып жатқан шимайдың қайсысы арабшаң? – дедi бiр жазуды сұқ қолымен нұсқап. – Арабша жазу сол. – Ей, арабша дегенiң құмға басқан құмырсқаның iзiндей қиқы-жиқы бiрдеме екен ғой. Мұнымен түрiктiң палуанының кiм екенiн айыруды маған құдай бұйыртпады. Бұйыртпаса бұйыртпасын, шиырмен басымды қатырмай-ақ, өздерi келiп қолыма тиер. – Мүмкiн, оны сен көрмессiң. Сенiмен күреспес те.
– Қалай көрмеймiн. Олар күреспесе Парижге шош-қа тағалағалы келе ме? – Олардың пайдалы жерiнде дiншiлдiгi күштi. Егер сен, өктем шыға бастасаң, олар «мұсылманбыз» деп күреспей қояды. – Бел ұстасқан күш əкесiн танымайды дейдi, əжем. Əкесiн танымайтын күрес, пұсырманды (бұл Мұқанның өз тiлi) не қылсын. Мен жығылып құдайдан иман сұрамаймын, – дедi қабағын түйiп. * * * Палуандар моншаға түсiп, киiмiн ауыстырған соң олардың тұлғаларымен танысуға Степан Николаевич келдi. Ол өз елiнен келген азаматтарды сағынған бауырмалдықпен қарсы алды. Ел тұрмысын, өз бастарының хал- жайларын, жолай көрген қиыншылықтарын сұрады. Əңгiмелесе отырып: – Мына күресетiн палуандарыңның аты-жөнi, тұл-ғасымен таныстыңдар ма? – деп жарнамаларға қарай мойын бұрды. – Я, көрiп жатырмыз. – Түрiн көрiп, толқыған жүрек жоқ па? – Сурет көрiп шошитын кiсiнiң күресте несi бар... Бiздiң Миша (Мұқанды жолдастары солай атайтын) «Олардың салмағының жартысы картоп пен су, онысын сығып таста, сүйегi жеңiл болады» дейдi. Сескенген кiсi соны айта ма, мырза? – Ол қайсысы? – деп қатар отырған палуандардың бетiне қарады. – Мынау, – деп Дубный қасында отырған Мұқанға бетiн бұрды. Степан Ниқолаевич мейiрiмдi шыраймен қадала қарады. Бұл қай ұлттан? – Киргиз. – Бiз «Киргиз» деп Орал өзенiмен Қытайға жеткенше ен даланы алып жатқан елдi айтамыз. Оның өзi ұлтқа көңiл бөлмегендiктен айтылған сөз. Болмаса, онда қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек деген ұлттар бар.
Осылардың қайсысынан? – Қазақ. – Қай жердегi? – Есiл бойындағы Сарытерек болысынан. – Ендi түсiнiктi. Нағыз қазақтың өзi екенсiң. Ол орта жүздiң жерi ғой. Мен бiр кезде Ақмола облысында, Торғайда болғаным бар. Қазақ шыншыл, ақпейiл, меймандос ел. Ешкiмнен Жасқанбай жаңаны жақтағыш ел. Оның Шоқан, Ыбрай сияқты орыс ғылымын сүйген кiсiлерi болған. Бiлдiм ендi. Мұқанға жақындап, мектептен үйренiп шыққан өнерлерiн сұрай бастады. Ол əңгiмесiнiң аяғында күле сөйлеп: – Мына палуандардай жарнама жасап, суреттерiңдi көрсетiп, мақтанамыз ба? – дедi. Үндемей қалған палуандарды бiр шолып, Дубный: – Соның керегi қанша? Бiз суретiмiздi көрсетiп мақтанбай-ақ құдiретiмiздi көрсетсек болмай ма? «Өзiн өзi мақтаған өлiмнiң аз-ақ алдында» деп, мақтаншылық елiмiздiң салты емес. – Ал басқаларың не айтасың? Сен айтшы, қазақ, Мұқан Мұңайтпасов. – Дубный дұрыс айтады. Жарнама жазып, көрсеткен аюды алып ұрып, жыға берсем, жарнаманы көрген елдiң өзi жазбай ма? – Мен де соны ойлап едiм. Түстерiңдi көрсетпей-ақ, күштерiңдi көрсете бер. Бiрақ көп ұлтта Россияны бiр костюмге тықпай, кавказ, украин, сибирьлiктер ұлттық киiмдерiңмен көрiнiңдер. Тек намыстарың бiр болса болады, – дедi Степан. Сөйтiп, əр ұлттың сырт киiмiн дайындатты. Мұқанға қазақтың түйе жүн шекпенi табылмады, сондықтан, басына ақ түбiт қалпақ, үстiне Бұхардың жiбек шапанын кигiздi. Дүние жүзiнiң палуаны жиналған Париждың циркiне Мұқан ала шапанмен кiрдi. * * * Халықаралық палуандардың күресiн басқаратын аралас комиссия, алғашқы екi жетiнi сол палуандардың қара күшiн көрсетiп көпшiлiкке таныстыруды
ұйғарды. Капитализмнiң тұңғиығына бойлай кiрiп паңдан-ған Европа мемлекеттерiнiң дипломаттары феодализм-нiң жетегiнде жүрген Россияға ұсақ-түйек мiн тағып, күлгiсi келетiн едi. Палуандардың жарнамасын жапсырып, суретiн көрсете алмай отырғанын «бишаралық» деп түсiндi олар. Келгендердiң қонақ үйi болып отырған мемлекет – Франция болса, ол алдыңғы көрiнiске Россияны ұсынды. Россия жағынан комиссияның мүшесi болып кiрген Степан Николаевич бұл ұсынысты ашықтан ашық қабылдамады. – Бiз қоғам құрылысы мен мəдениетiмiз жағынан Европаның бiраз елiнен кейде қалғанымыз рас. Палуандарының бейнесiн көрсету үшiн кешегi iлiнген жарнамалар Берлин, Лондон, Стамбул сияқты қалалардан басылып келген. Бiз ондай жарнама əкелген жоқпыз. Оның үстiне – Англия, Германия сияқты дүниеге бел-гiлi елдердi аралаған атақты палуанымыз жоқ. Темiр қанат бүркiттiң балапанындай жаңа ғана түлеген жас палуандарымыз көпшiлiктiң алдына кейiнiрек шықса да болады. Олар дүние жүзiлiк күресте сыпыра жығып, жүлде алғалы келген жоқ, өскен елдердiң өнерiнен үлгi алғалы келiп отыр. Россия палуандары ең артынан көрiнсе де болады, оған ренжiмеймiз, – дедi. Мақтаншақ дипломаттар кеуделерiн керiп, бiр-бiр жөткiрiсiп, шiрене түстi де, бұл тiлекке қарсы болмады. «Орыс дегендер тек соғыстағы өлермендiктерi болмаса, бiз сияқты мəдени-техникалық күштердi қайдан бiлсiн», – дестi iштерiнен. Бiрақ бұл ойлары көпке бармай, күрес басталғанша, өзара шектенгендей көрiнiстер байқалды. * * * Күрес басталды. Палуандар Париж халқына кеше алуан күштiң кереметiн көрсеттi. Аузын арандай ашып, ырылдаған арыстанды аяғынан ұстап лақтырып жiбергендерi болды. Кей бiр үйдей үлкен өгiзбен сүзiсiп, ерiксiзден ұлыған иттей шоңқайтып отырғызып кеттi. Екi пұттық гирдiң тасынан бесеуiн болат шынжыр-ға қосақтап алып жеңiл шардай төбесiнде ойнатқан пал-уандарды көргенде көрушiлердiң есi шығып кеткендей шулады. Бiлектей темiрдi мойнымен, сом темiрдi тiсiмен майыстырғандарға
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244