Шайхан Жандаев Өмір өткелдері Əңгімелер мен хикаяттар Бұл кітапқа өмірден ерте өткен қарымды қаламгер Шайхан Жандаевтың қаламынан туындаған деректі хикаяттары мен мазмұнды ойға толы əңгімелері топтастырылған. Мұндағы “Жауырыны жерге тимеген” деп аталған хикаятта қазақтың атақты балуаны, халықаралық дəрежедегі спорт шебері, халықтық күрес федерациясының президенті болған Əбілсейіт Айхановтың күрестегі өмір жолы, туып-өскен ортасы, бай спорттық өмірбаяны, ұлттық күрес өнерін дамытудағы ойпікірлері балуанның өз аузынан баяндалады. Жинаққа енген өзге шығармаларында да автор өз ұлтының жетістігіне мақтанып, кемшілігіне жаны ауыратынын анық байқатып, тебірене сыр шертеді. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. ЖАУЫРЫНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕГЕН Хикаят ТАУ САМАЛЫ «Алмақтың да салмағы бар» деген. Көңілі кең даладай дархан халқыма өзімнің өмірбаянымды, спорттық жолымды əңгімелеп берейін. Мен де ет пен сүйектен жаратылған пендемін. Адам болған соң қуанышты, өкінішті сəттері де таразы басына түсіп жатады ғой. Осының төрелігін өздеріңіз айтарсыздар. Əлемнің талай елін араласам да, өзімнің кіндік қаным тамған Екі Ашаға жер жетпейтін сияқты. Қайда жүрсем де, туған ауылымды сағынып жүремін. Мен жер жанаты Жетісудағы Жоңғар Алатауынан бастау алатын Үлкен Басқан мен Кіші Басқан өзендерінің түйісер тұсына орналасқан осы Екі Ашада 1938 жылы көкек айының 15
жұлдызында дүниеге келіппін. Өмірдің заңы қатал. Біздің балалық шағымызға Ұлы Отан соғысы тұспа-тұс келген соң не шара? Əлі есімде. Үш жастан енді аса берген шағымда əкем Рүстем атқа мінгізіп, ауылды аралатты. Ақсақалдармен, ақ жаулықты аналармен қоштасты. Əр үйден тары көже ішіп, ірімшіктен дəм татқаны еміс-еміс көз алдымда. Əке алдында отырып, айдарынан жел ескен сəбиде ес бола ма, қоштасып, мейірлене сүйіп жүре бергенінде жер тепкілей еңіреп, əбден қалжырағанша жылап, титықтап ұйықтап қалыппын. Қазір ойлап қарасам, секемшіл бала көңіл əкенің мəңгі оралмасын сол кездің өзінде сезгендей сияқты. Қарғыс атқан қырғын соғыс мені əкесіз өсірді сөйтіп. Шешем Рақиланың айтуынша, менің сегіз айлық кезімде біздің семья Екі Ашадан Қаракөз деп аталатын мал жайылымына көшіпті. Қазір бұл жер Талдықорған облысының Ақсу ауданына қарайды. Мен алты ағайындымын. Ең үлкеніміз – Ажар əпкем, Нұрсейіт, Əлсейіт, Байсейіт, мен – Əбілсейіт, қарындасым – Базар. Осыншама жаннан қазір тірі калғаны Байсейіт екеуіміз ғана. Басқалары тіршілік күйбеңімен жүріп көз жұмып, мəңгі тыныштықта ұйықтап жатыр. Базарлы балалық шағым Қаракөзде өтті. Ағаларым колхоздың қошқарын бағушы еді. Ал əпкем Ажар сол кезде есімі ауданға танымал тракторшы болатын. Ажар денелі, сом алып тұлғасына қайраты сай қарулы да еді. Жыл он екі ай бойы жұмыстан қолы бір босамайтын. Екі рет Сталиннің суреті салынған орден таққанын білемін, медальдары да көп болатын. Бала кезімізде солармен ойнап отыратынбыз. Əке орнына əке болған Ажар əпкеме мен өмір бойы қарыздармын. Сол Ажар күн-түн демей, білек сыбанып, бел шешпей еңбек етсе де, топты семьяның көрген бейнеті аз емес. Əпкем күзде тракторын МТС- ке жөндеуге келсе, колхоздың бухгалтері оның жыл бойы атқарған еңбек ақысын есептейді. Сонда Ажар əпкем берешекке белшесінен батып шыға келеді. Əділдік пен билікті таздың басына сирек өскен шаштай аз ғана атқамінерлер алған заман-ай десеңізші. «Бастан құлақ садаға»
дегендей, əпкемнің жаз, күз бойы ішіпжеген тамағының қарызына күн көріп отырған жалғыз қара сиырды төлеуге мəжбүр болдық. Ал мұның тарихы да ұзақ-сонар бір əңгіме. Қара сиырды нағашы апам беріпті. Бір сауғанда бір жарым шелектей сүт беретін деп шешем ылғи жыр етіп айтып отыратын. Қара сиыр біздің семьямыздың бар байлығы мен құты еді. Бұл жануардың бір ерекшелігі жыл сайын ылғи еркек бұзаулайтын. Онда топты жан Басқан өзенінің аяғына қарай Лепсіге жақын орналасқан, аяққа құйған астап шағын Қаракөз ауылында едік. Бұл араның қысы қатты. Қары белшеден келеді. Қысы аязды. Бораны да керемет. Екі бөлмелі жер үйдеміз. Жылы үйде жұт жоқ дегендей, ағалы-інілілер құшақтасып жататынбыз. Шешем Рақиланың Күнжұман деген бауыры көрші тұратын. Оның Кəрім, Баймолда, Қанабек деген үш ұлы болды. Кəрімі ауыл советтің төрағасы болып қызмет атқарды. Баймолдасы – мұғалім, ал маған тетелесі Қанабек мектепте оқитын. Ұстазымыз Баймолда аң құмар болатын. Жүйрік тазы ұстап, қансонарда біздерді таң атпай ертіп шығатыны əсте ұмытылмайды. Қанжығасы майланып кейде қасқыр, бірде түлкі, қоян ұстап қайтқанда, əр тазысын келістіре мақтап, жыр етіп айтып отыратын. Сол жылы қаңтар айы боранмен басталды. Əлгі Күнжұман ағамыздың үйінің алдында қатпайтын тұма бар еді. Біздің қара сиыр соған өзі барып су ішіп қайтатын. Түскі шайға енді отыра бергенде Қанабек біздің үйге жүгіріп келді. Ентігіп, алқынған. Маңдайдан бұршақбұршақ тер сорғалайды. – Апа, – дейді менің шешеме. – Кара сиырды көп ит талап жатыр. Жыртық құрсаулы кеселер алынбай қалды. Табандалған пималарымызды қоңылтаяқ киіп бəріміз де сыртқа атып шықтық. Сөйтсек, бізден бұрын Баймолда аға атқа мініп жеткен екен. Мұғалімнің көп иттері көк бөрі – қасқырларды қуа жөнеледі. Байекеңнің айтуынша, үштөрт қасқыр қара сиырды жан-жақтан қоршап алыпты. Ақылды жануар-ай, тұс-тұстан анталаған бөрілерді
жолатпай жанталасып тұр екен. Салт атты адамды, үйден қолдарына айыр, күрек ұстап, айғайлай, аттандап шыққан дауысты естісімен қасқырлар тым-тырақай қаша жөнеледі. Жайшылықта, апам кейде ашуланғанда, қара сиырға «мəлік келгір» деуші еді, енді өзі де тұмаға қарай жанұшыра жүгіріп келеді. Бəріміз жылап-сықтап қара сиырға жеттік. Өзі де есеңгіреп, мүлдем қорқып қалған екен. Қос жанары шарасынан шығып кетердей. Дір-дір етеді. Көп болып үйге алып келдік. Қораға байламай, екі бөлмелі үйдің біріне орналастырдық. Жануар үш күн бойы тізе бүкпеді. Шөп пен суды аузына да алмады. Мен қара сиыр өліп қалады деп жылап жүрмін. Ауылда Азя дейтін адам дəрігері бар еді. Сол келіп дəрі еккен соң, қара сиырдың беті бері қарады. Қашан бұзаулағанша сүт беретін сол қара сиырды ауылдың əпербақан белсенділері Ажар əпкемнің ішкенжеген тамағы үшін деп ақыры алып тынды ғой... Мен үш жастан кейін əкемді көре алмадым. Мені жеткізген, кейін төрткүл əлемге танытқан шешем мен Ажар əпкем жəне ағаларым еді. Қара сиырдан айрылсақ та, Ажар бізді жарғақ құлағы жастыққа тимей асырады. Екі қап бидайды екі қолтығына қыса көтеріп, үйге дейін он шақырым жерден түсірмей əкелген қайсар əпкемнен маған да бір қайрат дарыған ба деп те қаламын, кейде. Үлкен ағай Нұрсейіт те сұрапыл соғыстың тақсіретін тартып өсті. Ол кезде қалай оқысын, мал бақты, арық қазды. Жұмыс десе қажымайтын азамат еді. «Тамақ іш» деп шақырмасаң, оны ешкім оңайшылықпен тоқтата алмайтын. Өзінің семья құрудан да бағы жанбады. Екі рет үйленді. Кейін қой бағып жүріп, таулы Жасылкөл, Шатырбай деген жайлауға көшіп бара жатқанда жалғыз өзі бір отар қоймен елсіз далада қалады. Қар аралас жаңбыр жауғанда қоғам малын тастамай, үш күн, үш түн арпалысып, мал соңынан қалмайды. Содан суық тиіп ауырады. Ұзақ уақыт емделгенімен, көп ұзамады. Шаруа адамының артында балалары, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Грамотасы қалды. Одан кейінгі Əлсейіт деген ағайымның еті тірі еді. Сол кезде оны Ақсу ауданының үлкен-кішісі танитын. Сөзді кестелеп, дестелеп шебер
сөйлейтін. Өзінің қолтаңбасы да ғажап келісті болатын. Жота тоғанның егініне түсіп, қамалған сиырын қайтарып үйге келе жатқанда биік жардан құлап, суға кетіп көз жұмды. Ал Байсейіт ағай маған Ажар əпкеммен бірге əке орнына əке болған жан. Жас кезінде астық бастыратын молотилканың дəу тасын атпен айналдырып жүргенде басы айналып құлайды. Сонда Тəжібас деген ақсақал құлағынан жұлқып, қаршадай баланы лақтырып жібергенде, тымақтай ұшып түседі. Сонда тұмсығы бұзылған Байсейіттің құлағы естімей қалады. Ол да жетімдікті көп көрген. Мына бір көрініс есімде қалыпты. Басқан өзенінің салалары: Қаракөз, Тектұрмас, Қара тоған, Қос ағаш, Қасқалдақ, Қожамберлі деп аталатын. Қасқалдақтың қамысы керемет қалың, ну еді. Қыста таптырмайтын отын. Қожамберлінің бас жағында Бес кемпір деген тұма болды. Аңыз бойынша, ол бес кемпірді жұтса керек. Əлгі тұма тайыншаны да тартатын. Бірақ қандай ғажабы бар екенін кім білсін, əбдебір тылсым күш əлгі тайыншаны сыртқа шығарып тастайтын. Сол маңның топырағы аппақ болатын. Сонымен тұрғындар үйдің сыртын ақтайтын. Қаракөздің жан-жағы көкорай шалғын. Жазда өзен суы құрғап иірім- иірім болып қалушы еді. Сол «Қаракөз» бен «Кең қарын» колхоздарының аралығында, Қос ағаш өзенінің жағасында қос қыздың бейіті бар. Дөңгелете салынған, алыстан қарағанда құдды сəукеле сияқты. Бұл ара тұнған тарих қой, шіркін. Жері қандай құнарлы. Сиырдың сүті қаймақтай маңызды болатын. Жартасы мен үңгірлері де көп. Суы терең емес жерлерден балықты қолмен ұстай беретінбіз. Осы арадан Байсейіт балықты қап-қап аулайтын. Бір күні ағайдан ферма меңгерушісі Төлеу Тұяқов балық сұрайды. Ол бір қап балық беріпті. Бірақ оған Төлеу қанағаттанбай: – Сен маған анау дəу сазанды бер, – дейді. Онымен қоймай Байсейітті қорлап, балықпен ұрыпты. Қорлыққа шыдамаған ағайым сол кезде дəу сазанды суға қоя береді. Құтырынған Төлеу Байсейітті атпен қуады. Сонда Əлиша кемпір кездесіп, ағайымды көп үңгірдің біріне жасырады. Шешем ұзақ күн шарқ ұрып баласын іздейді. Таба алмайды. Байсейіт үңгірден түн ортасында бір-ақ шығады. Ертеңінде Рақила
ауданға барып Төлеудің қорлығын айтпақшы болады. Сонда Төлеу шешемнің алдынан шығып, өлердегі сөзін айтып, аяғына жығылып кешірім сұрайды. Байсейіттің көрген қорлықтары осы мазмұндас болып келеді. Ол Қарағандының ФЗО-сында да оқыған. Қанша айтқанмен, бұл қала жұмысшылар мекені ғой. Байсейіт Қарағандыдан есейіп оралды ауылға. – Сарқандта тапқан еңбекақыңа ақша береді, – деген сөзді мен өзім тұңғыш рет Байсейіттен естідім. Алғашқы тың игерушілердің бірі атанып, «ДТ-54» тракторымен жер жыртқан да осы Байсейіт ағам. Қазір пенсияда, Талдықорғанда тұрады. Қарындасымның есімі Базар еді. Ауылдың апайтөс азаматтары Ұлы Отан соғысына аттанар шақта: Қош құлыным, сен бесікте қаласың, Қан майданға қарсы туған баласың. Сілкіндіріп шырылдаған дауысың, Европа мен Азияның арасын. Қош құлыным, келе алмасам оралып, Əкем қайда кетті деме жоғалып, Менің тамған əрбір тамшы қанымнан Миллиондаған батыр шығар құралып, – деп ұзақ өлең шырқайтын. Əкем бесіктегі осы кенже баласы – Базарды Жаудыркөз деп атаған екен. Жас кезінде сəбидің кеудесіне суық тиіпті. Кейіннен жазылды. Бірақ мен Алматыда оқуда жүргенімде қайтадан ауырады. Аяулы қарындасым молланың сия қарындаш езген ішірткісін ішіп ұйықтап, мəңгілік көз жұмады. Міне, біз əкесіз өсіп, елде Ұлы Отан соғысының сұрапыл тауқыметін осылай тарттық. Шешем Рақила ұзын бойлы, денелі кісі еді. Қырық бірінші мөлшерлі мəсі киетін. Шашын көлеңкесіне қарап тарайтын. Алты баласын
қызғыш құстай қорғап өсірді. Ондай қамқорлыққа, аналық кіршіксіз сезіміне, балаға деген шексіз махаббатына менің тілім жетпейді. Əрі шеше, əрі əке орнына əке болған ардақты анам өзімнің қолымда болды. Өзім туралы бір ауыз сөз айтсам, жас кезімнен жоқшылық, таршылық көріп естім. Төбелес дегенді суханым сүймейтін. Бала кезімде асықты жақсы ойнайтынмын. Ол баланы мергендікке, қолдың шеберлігіне тəрбиелейтін үлкен өнер екен. Осы кезге дейін асық ойнап жатқан балаларды көрсем, балалық шағым есіме түсіп, қызығып кетемін. Балалық шақты ойға алсам, мына бір сурет көз алдымнан кетпейді. Мен Қаракөзде Балтабек Жақсылықов, Сəруақас Дəнегожин, Əбіл Кенжебековтермен бірге оқыдым. Əбіл Рақымбек деген басқарманың туған інісі еді. Рақымбектің əйелі Лиза үлкенді-кішімен əзілі жарасқан от ауызды, орақ тілді жан еді. Атқа мініп келе жатқан қайындарын көрсе: – Əй, салақтап қайдан келе жатырсың? – деп əдейі тиісетін. Ал менің аттасым Əбіл де еті тірі, пысық əрі шымыр болатын. Өзі көп білетін. Бір күні асық ойнап, суға түсіп, одан кейін əбден жалығып кеттік. Сонда балалардың бірі: – Давай, совет жауынгері мен неміс солдаты болып екіге бөлініп соғыс ойнайық, – деді. Əбіл, Исатай, Қанабек, Манабек, Балтабек, Сəдуақас, Анарбек деген чечен баласы, Құсайын, Омархан – бəріміз қолма-қол екіге бөлініп, ойынды бастап жібердік. Қаруымыз – сары топырақ. Жентектеп алып бір-бірімізге лақтырамыз. Сары топырақ – «оғымыз» таусылған соң жекпе-жек айқасқа шықтық. Мен бір баланы алып ұрып жығып жатқанымда, селолық Совет төрағасының баласы Исатай үстімізге секіріп түсті. Оң қолым қайрылып қалды. «Ой» дегенімше болған жоқ, Манабек те Исатайдың үстіне қонжиды. Əбілдің зеректігін қараңыз, қолма-қол жүгіріп келіп, бəрімізді ажыратып, орнымыздан тұрғызды. Қолым тізеден төмен түсіп салбырап қалыпты. «Өлдім» деп ойладым. Анадай жерде Жамағат деген мұғалім мен Рақымбек қармақ салып тұрған. Əбіл соларды көрсетіп:
– Ана екі кісіге ешнəрсе білдірмейік, – деп бізді ауылға қарай бастады. Осы екі аралықта Манабек біздің үйге барып: – Селсоветтің ұлы Əбілсейіттің қолын сындырды, – депті. Ескі көпірден өтіп келе жатқанда алдымыздан шешем Рақила шықты. Бұрқыратып келеді. Қолында кетпен. – Соғысқа кеткен адамның баласын кім өлтір деген? Кəне, Исатайы қайсы, көрсетші, – деді шешем. Исатай тұра қашты. Қайдан жеткізсін. Шешем мені Молдабай шалға алып келді. – Əлгі жынды немерең қайда? Қазір өзім қолыммен өлтірейін, – деді қатуланып. Сонда Молдакең: – Рақыш, сəл сабыр етші. Ол итті өзім-ақ өлтірейін, – деді. Сонда ғана шешем сабасына түсті. Ауылда оташы жоқ еді. Шешем мені арқалап Кең қарынға тартты. Ауылдан сегіз шақырымдай жердегі Асыл базға тақалып қалғанда: – Тəте, менің көзім қарауытып, басым айналып кетті. Кішкене дем алайын, – дедім. Көк шалғынға көкорайға біраз жатып жан шақырғандай болдым. Тағы да жолға шықтық. Біраз жүрген соң ақбоз ат мінген, сақалы аппақ бір жолаушы кездесті. Шешем ол кісімен ізетпен амандасқан соң: – Көпті көрген үлкен қария екенсіз. Мына баланың қолы шықты ма, жоқ əлде сынды ма, білмеймін. Қолыңыздан қандай көмек келеді? – деді. Əлгі ақсақал: – Жоқ, қолымнан ешнəрсе келмейді, – деп əрі қарай жүріп кетті. Он бес, əлде жиырма қадам өтті ме, өтпеді ме, қайта айналып соққанда қанжығадағы күшікті өзіне берді. Сонда қария: – Ауылда Күнжұманның үйін білуші ме едің? Сол үйге кел, балаңның қолын салып берейін, – деді. Біз ауылға қайтадан оралдық. Əлгі үйге келсек, ақсақал шай ішіп болып қалған екен. Қолымды ұстап тұрып шынтақтап басып қалғанда жаным сая тапты-ау. Суық тер бұрқ ете қалды. Ақсақал қолымды орамалмен орады. Шешемнің риза болғаны сондай, қариға бір қап бидай берді.
Əлгі Əбіл қолым екінші рет шыққанда да көмектесіп еді. Бірінші Басқан өзені мен «Жаңалық» колхозының аралығындамыз. Шешеме қой сауғызып бола бергенде Əбіл мен Балтабек, Сəдуақас үшеуі ат мініп жетіп келді. Балалықты қойсаңызшы, əлгілер: – Кел, давай, жарысайық, – деді. Ат ағашта бір ат байлаулы тұрған. Үсті-басы ақ көбік тер. Соны шешіп мініп алдым, аяғын баспайды. Тізгінмен қатты тартып қалғанымда əлгі ат тұра шапты. Қарсы алдымыз қалың тал. Тізгінді тартып-ақ келемін. Біраздан кейін əлгі ат мөңкісін келіп. Сол кезде ертоқымнан асып түстім. Бір қолыммен жер тірей құлағанымды білемін. Балалар қасыма жеткенше опына жыладым. Кейін білсем, əлгі мен мінген жылқы Тəсібек деген ағамыздың жаңа үйретіп жүрген шу асау құнаны екен. Əбіл мені ертіп сол Тəсібектің үйіне алып келді. Тəсібек те шешемнің мінезін білуші еді, содан қаймықты ма, кім білсін, биесіне міңгестіріп сегіз шақырым жердегі кəпəйға тартты. Осындағы Бибəтіш деген оташы үйінде екен. Қанша жанталаса, жұлқына тартынсам да, Тəсібектің темірдей қарулы қолдары жібермеді. Сол Бибəтіш əжеміз шыбын жанымды шырқыратып сынықты орнына түсірдіау, əйтеуір. Осының бəрін егжей-тегжейлі неге айтып отырсың дейсіз ғой? Кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтарыма балалық шақты ізденіспен өткізіңдер, білімге ұмтылыңдар, егер ес білгенге дейін сырқатқа шалдығып қалғандар оның қасіретін өмір бойы тартасыңдар дер едім. Мен əлгі қолымның екі сынығының зардабын көп көрдім... Өзімнің ұстаздарым туралы да айта кетейін. Қаракөзде оқып жүргенімде бізге Жамағат Бейсебаев деген мұғалім математикадан, физикадан, химиядан сабақ берді. Мен осы пəндерді өте жақсы көретінмін. Сабырлы, білімді ұстаз Жамағатқа мен көп қарыздармын. Ол спортты да жанындай жақсы көретін. Сабақтан қолы сəл босаса, ауылдың қаратабан балаларын жинап алып, оларды жүгіртетін, секіртетін. Шахмат, əн-күй үйірмелерін де ашқан осы кісі. Бізге шаңғы мен коньки үйреткен де Жамағат еді.
Əлі есімде, алтыншы класта оқитынбыз. Жамағат ағай көршілес «Жаңа таған», «Жота тоған», «Жаңалық» колхоздарының оқушылар шақырып, үлкен спорт жарысын өткізді. Сонда мен биіктен секіруден бірінші орын алдым. Жеңіске деген жігердің қасиетін сол жолы ұққан сияқтымын. Менің қимас ұстаздарымның бірі – Жамағат ағай. Екінші үлгі етіп, мақтан тұтатын мұғалімім – Николай Степанович Серебрянников. Зырлаған өмір ағынының осы кісімен таныстырғанына да көп рахметімді айтамын. Тың жəне тыңайған жерлерді игеру басталғанда біздің семьямыз Қаракөзден «Энергия» совхозына көшіп келді. Қаракөзде жетіжылдық мектепті тəмамдағаннан кейін орта дəрежелі білім беретін оқу орнына қолым жетпей, едəуір қарайып та қалып едім. Бұл – соғыстан кейінгі халықтың ес жиған елуінші жылдардың ортасы еді. «Энергиядағы» орта мектептің сегізінші класында əр колхоздан жиналған 56 оқушы болды. Əрине, бұл бір класқа сабақ беретін мұғалімдерге өте ауыр еді. Қазір айтып жүргеніміздей, əлгі 56 балаға аттестация өтті. Бұл сынақтан өте алмайтындар, сөз жоқ, жетінші класқа сырғиды. Мен де бір саты төмендеп қалдым. Сонда Қарағанды қаласында ФЗО-дан оқыған Байсейіт қана маған арашашы болды. Сонда ғана мен алғаш рет туыс жанның, жанашыр адамның қамқорлығын балалық жүрегіммен сезіндім. Хош деңіз, сонымен сегізінші класта оқып жүрмін. Міне, оған да қырық жылға жуық уақыт өткен екен. Математикадан сабақ беретін Сəрсекенов деген ұстазым мені мақтады: – Балалар, сендер бəрін Əбілсейіт Айхановтай оқысаңдар жаман болмайсыңдар. Есеп білмеген – есек. Ал математика бар ғылымның анасы. Ана сүтіне жарымаған əсте адам болмайды. Математиканы меңгере алмасаңдар, басқа пəндерді үйрене алмайсыңдар, – деді. Сол ұстазым өз пəнін балаларға жан-тəнімен түсіндіретін. Киімдері, бет-ауызы аппақ бор болса да, оны елең қылмайтын. Қай тақырып болса да, оны ынта-жігерімен құлаққа құйып беруші еді. Күнделікті сабақты ойдағыдай меңгерген соң, бір мезгіл спортқа да ден қоя бастадым. Шаңғыдан қара жаяу емес едім. Ауылда озып шығып,
аудандық жарысқа бардым. Сарқандта өткен жарыс əлі есімде. Қашықтық – он километр еді. Қарсыластарыма қарасам, кілең спорт костюм кигендер. Шаңғылары да жүзіктің көзінен өткендей. Менің үстімде – ала-құла киім. Қарадан қарап сағым сынып қалды. Сол күні аспан шайдай ашық болатын. Күмістей жарқыраған ақша қардан жүз ұялады. Жанарыңды тіктеп қарай алмайсың. Нар тəуекел деп жиырма шақты өрім жас аламан бəйгеге түстік те кеттік. Мұндайда ой-қиялда шек болмайды екен. Шіркін-ай, «Энергияның» балалары менің мына көсілісімді көрмеді ғой деймін. Жарты жолдан асқан соң əлгі қарқын бірте-бірте басылған сияқты. Тамағыма бір өксік тірелгендей болды. Тіпті, құрғап қалғандай. Мана менің тілеулестерім шөлдесең керек болады деп қалтама екі-үш түйір құрт салып беріп еді. Əлгіні тамсанып едім, көп-көрім əл берді. Ия, сəт деймін. Бағана озып алдыма шығып кеткен баланы біразға дейін өкшелеп отырсам да ентігіп, шаршап барамын. Əбден болдырдым. Теректей сорайған мені тəштек балалар да артқа тастады. Ар-намыстан жарылып ұялып барамын. Ауылға қайтып оралғанда, көпке дейін жолдастарымның беттеріне қарай алмай жүрдім. Əсіресе, қыздарға тіке қарау қандай қиын еді. Тек қана сегізінші класс емес, ол кезде кеудесі бұлтиып қалған ересек қыздардың өзі мені табалап тұрғандай еді. Сол сəттегі пұшайман болған күйім күні бүгінге дейін əредік түсіме де енеді. Менің бағым бар екен. Сол жылдары біздің мектеп ке Николай Степанович Серебрянников деген мұғалім келді. Бұл өзі бұлшық еттері бұлт-бұлт ететін, денелі, əрі сымбатты адам болатын. Құдайымыз жарылғап, ол кісі дене тəрбиесінен сабақ берді. Əскери адам екені бірден білінеді. Өзіне де, бізге де бір тыным бермейді. Əр қашықтыққа жүгіреміз. Акробатикадан үйретеді. Мен спорттың ең алғашқы əліппесін Николай Степановичтен үйрендім. Өзі де нағыз жайсаң жан еді. Қыстың қақаған сары аязында тақыр басы күнге шағылысып жалаңбас жүретін. Соны көріп біз қайран қалатынбыз. Мектепке кіре берісте: «Если хочешь быть здоровым, занимайся спортом» деп жазылған ұран да бірден көзге шалынатын. Оны да жаздырған – Николай Степанович. Жамаулы күпəйкені төсеп
жіберіп, акробатиканың сан алуан тəсілдерін жасаймыз. Қалың төселген сабан үстінде сальто жасаймыз. Сабан мекені құлағымызға, көзімізге кіреді. Оған қарап жатқан біз бар ма? Сонда дене тəрбиесі сабағына ерекше бір шабытпен құлшына кірісуші едік. Негізгі пəндерді ақсатпай оқып, ұзақ күн бойы төккен тер зая кетпеді. Оныншы класта оқып жүрген кезім. Сарқандт ауданында жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік ең алғашқы фестиваліне арналған керемет жарыс өтті. Онда бой да, ой да есейген. Бірақ ана жылы шаңғыдан ең соңғы орында калғаным естен кетер емес. Сол сəтсіздіктің есесін бір қайтарып, жерлестер алдында мəртебем өссе екен деп мен де осы жарысқа келіп едім. Онда əліме қарамай, өзімше бесаспаппын. Жүгір десе жүгіремін, секір десе секіремін, жалғыз өзім «Энергия» колхозының бар сенімін мойныма артқандаймын. Олай деп дандайситыным сальтоны мектепте Николай Степанович қана жасайды. Одан кейінгі орында – мен. Фестивальде топпен акробатика жасаған біздің мектептің оқушылары еді. Қас кағым сəтте еліктің лағындай қыздар төбемде ойнақшып кетті. Бұл мың бұралған, ұстара жүзіндей лыпылдаған сəттерді суреттеу əсте мүмкін емес. Бірнеше қабатты қайыспас қара нардай көтеріп тұрдым. Осы аса жауапты көріністің шарықтау шегінде əлгі көбелек қыздар «Бейбітшілік» деген сөзді жазды. Сарт-сұрт соғылған шапалақтан тау жаңғырықты. Лүпілдеген жүрек мəйкіден шығып кете жаздады. Еңбек жанды. Осы көріністен бас бəйгені жеңіп алдық. Көңіл көтеріңкі. Əне-міне дегенше басқа да жарыстар басталып кетті. Баяғы балалық шақтың бал дəурен кезінде жалама тасты суға лақтырып қаймақ жалатушы едім. Онда ең көп ұпай толқын санымен есептелетін. Сонда балалар мені қолпаштайтын. Енді міне көпшілік қаумалаған соң ядро дегенді серпуге дайындалып тұрмын. Бұл өзі, сырт қарағанда, онша қиын да емес сияқты. Алақанға сиып кететін құйма шойынды лактырсаң болғаны, бітті шаруа. Бірақ қалай құлаштап серпісең де əлгі бəле он шақты қадамнан аспайды-ау, аспайды. Мен осындай сынға түстім. Ең ақырғы талпыныста құйма шойын II метрге жетті. Бұл бар болғаны екінші орын еді. Оған да ризамын.
Ендігі сынақ ұзындыққа секіру. Спорттың бұл түрінен онша сескенбеймін. Ауылда жүргенде армансыз жаттығып едік. Соның пайдасы тиді. Құйындай жүйткіп лып ете түскен сəттен соң қолдарына ұзын өлшегіш ұстаған екі жігіт 5 метр 35 сантиметрді дауыстап айтып жатқанын естіп қалдым. Бұл көрсеткішке бірде-бір спортшы жете алмады. Тағы да бірінші орын. Адам жаны табиғатынан ізгілікке, жақсылыққа құштар ғой. Сол жолы тек қана жеңіске жете бергім, ауылдың командасына ұпай қоса бергім келді. Бірақ əр нəрсенің өз шегі болады. Биіктікке секіруден де сынға түстім. Нəтиже – I метр 55 сантиметр. Бұл жүлделі үшінші орын еді. Мен Сарқандта болған екі-үш күн ішінде едəуір есейіп қайттым. Сол жылы енді кəмелеттік аттестат аламыз деп жүргенде үркердей шоқталған бір топ жас Талдықорғандағы облыстық жарысқа аттандық. Бұл қаланы тұңғыш көруім. Жасыл желек жамылған ауасы таза шағын қала маған өте ұнады. Біздің ауданның спортшылары кілең аппақ атластан киім киген еді. Күннің өткір сəулесімен жарқ-жүрқ етіп көз қарықтырады. Парадтан өткенде жанкүйерлер бізді де қол соғып қошеметтеп жатты. Облыстық жарыста біздің акробатшылар командалық бірінші орынға шықты... НАР ТƏУЕКЕЛ Талдықорғаннан үйге келсем, ауыл іші гу-гу. – Рүстемнің баласы облыстан бірінші орын алыпты. Жұрттың бəрі мені жаңа көргендей, қолымды қысып, жан-жақтан құттықтап жатыр. Балалық шақтың əсері болар, төбем Жоңғар Алатауына екі-ақ елі жетпей қалды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Біз облыс орталығында жарыста жүрген кезде оныншы класта оқыған құрбы-құрдастарым кəмелеттік аттестаттарын алып жан-жақка тарап кеткен екен. Ал мен болсам, олармен коштаса да алмай қалдым. Өрекпіген көңіл су сепкендей басылды. Жан дүнием ала жаздай құрған сауықсайраны, қызығы кетіп қалған жайлаудай құлазыды.
Колхоз басқармасы да күнде маза бермейді. – Əбіл, адам күші жетпей жатыр, мая салуға шық, – дейді. Онда тынығуға да мұрша жоқ. Қолға айыр ұстап маяшы болып шыға келдім. Жас кезден жұмысқа машықтанғандықтан болар, мақтанғаным емес, кез-келген қарулы жігіттердің өзімен бəсекеге түсетінмін. Сондағы шөптің қалыңы-ай. Айырды шөмелеге құлшына салып, құшырлана көтергенде ақсақалдар риза болып, сүйсініп қалушы еді. – Жігіт болсаң, Əбілдей бол! – Қарулылығы тура əкесі Рүстемдей! – Күші өгіздің күшіндей! – деп мақтайтын олар. Қариялардың бұл мадақ сөздері мені жадырата алма- ды. Есіл-дертім – алдағы болашағым. Кім боламын? Алда мың тарау жол жатыр. Соның қайсысына түсу керек? Ақыл – алтау, ой – жетеу. Үй іші: – Тракторшылар даярлайтын оқуға бар. Бұл мамандық – нағыз ауылдың қолы. Ақшаны да күреп табасың,– деді. Ал өзіммен бірге өскен жігіттер Қанат Досқалиев, Төкен Орысбаевтар: – Давай, Алматыға тартайық. Сонда барып бағымызды бір сынайық. Жоғары оқу орнына түсе алмасақ, ауылға қайтып оралармыз. Жұмыс бізден қашпас, – дейді. Ол кезде елдің жағдайы енді-енді оңала бастап еді. Астық молайып, қарын тоғайса да, ақша жағы қинайтын. Бірде өз ойымды ең алдымен Төлепберген деген туыс ағайға айттым. Ол өзі аңқылдаған, ақ көңіл жан еді. – Айналайын, Əбіл, қазір жоғары білімсіз қия баса алмайсың. Оқимын деп талпынғанын өте дұрыс. Рас, қаражат жағы өте қиын-ақ. Мен саған екі қап бидай берейін. Соны сат. Арғы жағын көре жатарсың, – деді. Осы бір ауыз жылы сөз мені қанаттандырып жіберді. Енді туған ағайым Байсейітпен ақылдасайын. Ол бірден намысқа басты:
– Сен, немене, жұрттан астық сұрап жүрсің. Мен сағат екі қап бидай тауып бере алмаймын ба? Енді бұдан былай ондай сұрампаздық əдетіңді қой! – деп өзіме ұрсып та алды. «Ашаршылықта жеген құйқаның дəмі кетпес» дегендей, бидай жəне жүгері сатып ескі ақшамен санағанда 800 сомды қалтаға басып Алматы тарттық. Қолға ұстаған үлкен чемоданды бауырсаққа, жентке, ірімшікке, құртқа толтырып алғанбыз. Молалы станциясынан поезға отырдық. Қасымда Қанат Досқалиев пен Төкен Орысбаев. Екеуі де ауыл шаруашылығы институтына оқуға түспекші. Ал мен əлі толқып жүрмін. Толқитын себебім, аудандық оқу бөлімі маған ҚазПИ-дің математика факультетіне арнайы жолдама беріп еді. Екіншіден, осыдан бірер ай бұрын аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, айдарымнан жел ескен болатын. Сонда «Шіркін, спортшы болсам!» деген бір ой қылаң еткен-ді. Əлгі сапарлас достарыммен ақылдассам. – Сен неде болса дене шынықтыру институтына бар. Қазірдің өзінде бесаспап спортшысың, мына серейген бойыңмен бассаң да, белдессең – жығасың, жарыссаң кімнен де болсын озасың, – деп мені қолпаштап қояды екеуі. Нар тəуекел! Документтерімді осы институтқа тапсырдым. Спорт түрінен күресті таңдадым. Онда Петр Филиппович Матушак – кафедра меңгерушісі. Қабден Байдосов – оқытушы. Абитурент атанған оқу орнына əр облыстан келген жігіттермен бірге күресіп, алдағы емтиханға бірге əзірленіп жүрдік. Дайындығым жаман емес сияқты. Қасымдағы жаңа таныстар да: – Əбіл, сен өзіңді институт студентімін деп есептей бер, біздің бəрімізді баудай түсірерсің, – деп қояды. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Бұған көк дөнен көңіл бір көтеріліп қалады. Əйткенмен күдік те бар. Көптен күткен сынақ та басталды. Еркін күрестен мен Сокол деген бірінші разрядшы палуанмен белдестім. Шынымды айтсам, онда мен еркін күрестің тəсілдерін еркін білмеуші едім. Бар сенетінім – қара күш, жанбасқа салу. Соколың мысықтай жылдам екен. Өзі де бұлшық
етті, денелі болатын. Қалай алып ұрсам да, көпір жасап, балықтай бұлт етіп, жаурынын жерге тигізбейді. Белдесу аяқталған соң мені Петр Филлипович шақырды: – Сен өзі бұған дейін күресіп көрдің бе? – деді. – Күрестім. – Қандай түрімен? – Қандай түрі екенін өзім де білмеймін. Күрестім, – деймін қайсарланып. Содан соң мені Байдосов шақырды. Бұл жолы өтірік айта алмадым. – Ағай, бұрын күресіп көрмеп едім. Енді күресемін. Осы бүгінге дейінгі дайындықта қарсыласымның бəрін жықтым. – Ə, олай болса, біз сені қабылдай алмаймыз, қаласаң, документіңді спорттың басқа түріне ауыстыр, – деді ол майда тілмен. «Жазған құлда шаршау бар ма». Енді документімді акробатикаға ауыстырдым. Бұл пəннен қабылдау сынағы Максим Горький паркінің ашық алаңында өтетін. Үстімде баяғы Талдықорғанға барғандағы аппақ атлас форма, жарқ-жүрқ етіп сорайып паркке бардым. Бір топ жігіттер мен қыздар жаттығып жатыр. Əлгілерді сырттай қарап тұрғанның өзінде жүрегім зу ете қалды. Олардың жанында менің акробатшы болып жүргенім өзімді-өзім құр босқа алдау екен. Қарадан қарап акробатшы болудан да үмітімді үздім. Үн-түнсіз бұрылып жатақханамыз – кең зал ішіне келіп шалқамнан түстім. Ой дегеніңіз қиянды шарлайды. Қанат пен Төкен документтері дұрыс болмай, ертеңінде-ақ ауылға тартып кеткен. Сырыңды айтып, жан дүниеңді ақтаратын бір дос жоқ. Тамаққа ащы өксік тірелгендей. «Алматыға несіне келдім, мұнда менің кімім бар еді сенетін. Ауылда қалып, трактордың оқуына түспей, – деп өзіме-өзім ұрсып жатырмын. – Əй, Əбілсейіт-ай, аңғалсың, аңғалсың-ау!» Жанымда Семейден келген Жанғожин деген жатқан. Бұл өзі Совет Армиясы қатарынан азаматтық борышын атқарып қайтқан сақа жігіт еді. Оның да жолы болмай қалған-ды. Əлгі бір
мезгілде «Ура» деп айғайлап өзіненөзі атып тұрды. Мен аң-таңмын. «Мынауың жынданып кетті ме?» Басымды көтердім. – Мен енді шаңғы мамандығына документімді тапсырамын. Оған қайтсем де түсемін. Емтиханы оңай. Жиырма рет қолмен тартыласың. Ұзындыққа секіруден – 5 метр, биіктікке секіруден – 1 метр 40 сантиметр нəтиже көрсетуің керек. Содан кейін ядро серпесің, үш километрге жүгіресің, бітті шаруа! – дейді ол. Айтып тұрғандарының бəрі ақылға сиып тұр. Ойласам, соның бəрі маған да келетін сияқты. Сөйтіп, екеуіміз документімізді қайтадан ауыстырдық. Сынақтардың ішінен ең қиынға түскені жүгіру болды. – Ойбай, қолыңды түсірме, ербеңдете бер, тоқтама, – деп Жанғожин анда-санда айғайлап қояды. Біраздан соң кеудем ашылып, денем сергіді. Көмбеге екінші болып іліктім-ау. Секіру, тартылу, суға жүзу, ядро серпу, жүз метрге жүгіру мен үшін онша қиынға түспеді. Физикадан емтихан тапсырғаным да есімде. Бұл пəннен өзіме-өзім əбден сенімді едім. «Қырсыққанда көжеге де тіс сынады» дегендей, Құдай атып сұрақтарына жауап айта алсамшы. Есебін дұрыс шығардым. Жанымда отырғандардан сұрауға арланамын. Оқытушыға шынымды айттым. – Мына билеттің сүрақтары тап қазір есіме түспей тұр. Ал есептерін шығардым, – дедім. Əлгі де жылдам екен: – Онда емтихан қағазын əкел. «Қанағаттанғысыз» деген баға қоямын, – дейді. Қолымдағы қағазды тастап бұрылып шыға беріп, қайта оралдым. – Апай, мен физикадан «екілік» алуға тиісті емес едім. Бұл сұрақтар оқулықта жоқ. Тағы бір билет алайьшшы. Оны білмесем, өз обалым өзіме. Ұстаз келісті. Билетті қайтадан алсам, бəрі де білетін сұрақтар. – Ал, бірден айта берейін бе? – дедім. – Жоқ, барып дайындал, есебін шығар, – деді ол. Тулаған жүрек орнына түскендей болды. Əлгі сұрақтардың бəрін тақылдатып айтып бердім. Сонда оқытушы: Мен саған жақсы баға қоя алмаймын, – деді. Енді мен күшейейін.
– Неге қоймайсың, ауызша сұрақ беріңіз!– дедім. Бірнеше сұрақ қойды. Бəріне де жауап бердім. Кейін білсем, бұлардың бəрі де əлгінде ғана өзім айта алмаған билеттің сұрақтары екен. Оқытушы маған өте риза болып «бестік» баға қойды. Хош деңіз. Меніңше, дүние жүзінде қазақтың «ұзынқұлағынан» жүйрік ешнəрсе жоқ шығар. «Бойы екі метрге жуық бір алып бар, өзі жылдам, сальто жасайды екен» деген хабар институт ректоры Хамзе Мұхаметжановқа да жеткен екен. Бір күні мені сол кісі шықыртты. Өзі бөлмеде емес, институттың аула жағындағы есіктің алдында тұр екен. Сəлем бердім. – Аты-жөнің кім? – Əбілсейіт Айханов. – Сальто жасайсың ба? – Жасаймын, аға. – Ал онда жасап көрші. Жастық шақтың желігі шығар, анадай жерден жүгіріп, шыр көбелек айналып, екі аяқпен асфальт үстінде дік ете түстім. – Жақсы, – деді ректор. – Əне, ана тұрған гараж. Соның төбесіндегі тақтайға секіріп қолыңды жеткізе аласың ба? – Жеткіземін. Тағы да жүгіре жөнеліп тақтайға саусағымды тигіздім. Жігіттер мен қыздар тегін концерт көргендей дуылдасып, даурығып кетті. – Мынауың өзі дайын атлетші ғой. – Атлетшің не, баскетболшы десеңші. – Өзі де бір болатын жігіт екен, – десіп мені қолпаштап жатты. Кейін келіп қарасам, əлгі секірген жердің биіктігі кем дегенде 3,5 метр екен. Ректордың сынағынан сүрінбей өттім. Сонымен шаңғы бөліміне оқуға түстім. Енді қыркүйекте алғашқы сабақ басталады. Оған дейін ауылға барып қайту керек. Баяғы 800 сом да, жент те, құрт та бəрі біткен. Енді үйге қалай жетемін? Жатақханада жеңіл атлетика бөліміне түскен
қарағандылық бір жігіт бар еді. Содан қарызға деп 50 сом сұрадым. Əлгі тілеуің бергір, менің меселімді қайтармады. Əлгі ақша Молалы станциясына баруға ғана жетті. Жаяу-жалпылап, реті келген көлікке мініп үйге де келдім-ау. Шешем, əпкем, ағаларым менің институтқа оқуға түскенімді естіп мəре-сəре болысып қуанып жатты... Көп ұзамай студенттік өмір басталды. Атақты шаңғышы, Олимпиада чемпионы Иван Гараниннің жаттықтырушысы Владимир Филимонов ол кезде шаңғы бөлімінің төртінші курсында оқитын. Оның күнделікті кəсібі – таңертең ерте тұрып, Кеңсайға барып жаттығатын. Соған еріп мен де жүгіріп жүрдім. Құтты бір көлеңкесіндей соңынан қалмаймын. Сонда Филимонов: – Ох, ты, казах, ты будешь чемпионом! – дейтін еді. Осылай студенттік өмірдің алғашқы күндері өтіп жатты. Онда біздер Тимирязев көшесіндегі жатақханада тұратынбыз. Шаңғышылар палуандармен көрші болатын. Сабақтан, жаттығудан қол босаса, ермегіміз – қол жығыстыру. Бəрін де шақ келтірмей, тегіс жығатынмын. Борис Аргунов деген якут жігіті бір күні: – Əбіл, ҚазГУ-дің спорт залында қазақша күрестен республика біріншілігі өтеді. Оған Алматыдан екі команда қатыспақшы. Соның біреуіне ауыр салмақтан палуан жоқ. Сен соның орнына түс. Мен бапкерге айтайын, – деді. Мен бірден келісімімді бердім. Онда салмағым 75 килограмм еді. Балық жеп, су ішіп дегендей, салмағымды өсіре бастадым. Мұндайда уақыттың өтпейтін əдеті. Республикалық жарыс қашан басталар екен деп əбден мазам кетті. Бір күні көптен асыға күткен сəтті сағат та соқты. Алғашқыда бірнеше жігіттерді жыққаныммен, финалға жете бере семейлік Сидельниковтан жəне қарағандылық Аманжоловтан ұтылып қалдым. Тұңғыш рет қатысқан Қазақстан біріншілігінен үшінші орынға шықтым. Жүлдеге спорт костюмін алдым. Сондағы қуанышымды осы күнге дейін ұмытпаймын. Жарыс аяқталған сон Петр Филиппович Матушактың өзі келіп арқамнан қағып: – Ертең сағат төртте маған жаттығуға кел. Енді сен күрес бөліміне ауысасың, – деді. Ұстаз айтқан уəдесінде тұрды. Содан бері менің
палуандық өмірбаянымның жаңа беттері басталды. Өз өмірімде мен үшін 1957 жыл өте ерекше. Бұл жылы алғаш рет спорт деген қасиетті де киелі сөздің түптөркінін бар болмысыммен сезіндім. Сол жылы кəмелеттік аттестат алып Алматыға институтқа түстім. Маңдай терді бұршақтатып төгіп, күн-түн демей жаттығып, өзімнің қолымнан не келетінін, күні кеше өзіме сенбеген жандарға соқырға таяқ ұстатқандай дəлелдеп бердім. Соның ең бастысы – ауылда қалған ардақты анамның, Ұлы Отан соғысынан оралмаған əкем Рүстемнің, туғантуысқандарымның, барша жерлестерімнің алдында ұятқа қалмай көздеген мақсатыма бір табан болса да жеткендігім еді. ШЕЖІРЕ ЖЫЛДАР Содан соң-ақ қар көк мұз болып дегендей, тер төккен күндер сабақталған жіптей бірімен-бірі жалғасып жатты. Іздегенім де осы еді. Бұл екі аралықта көп жайды аңғарып қалдым. Бапкердің айтатыны – кіл жанашырлық. «Ұтылып қалсаң да сақ бол», «Қарсыласыңның қапысын тап», «Мен сенен мол үміт күтемін». Жақсы сөз – жарым ырыс. Талпынып, талаптанып-ақ жүрмін. Петр Филиппович бір-ақ кесіп айтады. Одан əсте қайтпайды. Күн сайын кілең өңкиген «тұлыптарды» жығып жалығып та кеттім. Шаршап-шалдығып ұйықтасам, түсіме Қажымұқан бабам кірді. Шалғыны белуардан келетін жайлауда отыр екенбіз. Жиналған жұрттың бəрі палуан атаның əңгімесін ұйып тыңдап отыр. Мен де аузымды ашып қалыппын. Бабаның əр сөзін қағып алғым келеді. Бірде ол сыртқа шыққалы оқталып маған көзі түсті. Басымнан сипап: – Балам шаршадың ба? Рас, қажыдың ғой. Қарағым, «Күш атасын танымас» деген. Күрес – үлкен өнер. Ол əркімнің ермегі емес. Əлден жалықсаң, əу баста менің жолымды неге қудың? – деп маған сынай қарайды. Жанары қандай қанжардай өткір, өңменімнен өтіп кетті. Кірерге қуыс таба алмай қысылып кеттім. Бірдеме деп жауап қайтарайын десем, аузыма сөз түспейді. Алқынып, тынысым тарылып қалды. Дем ала алмай қалдым. Сол сəтте оянып, көзімді аштым. Не
болды дегендей, өң мен түстің арасында мəңгіріп қалған жай бар. Маңдайдан бұршақбұршақ тер тамшылайды. «Ух» деп ауыр тыныстадым да, Қажымұқан бабадан айрылып қалғаныма өкініп, қайтадан көзімді жұмдым. Қайдағы ұйқы. Таң атқанша дөңбекшіп, əбден шаршап талықсыған соң ғана көзім ілінді. Дəл сол күні сабаққа баруға енді жиналып жатқанымда ауылдан шешем келді. Мені талай жылдан бері көрмегендей мейірлене құшақтап, айналып-толғанып жатыр. – Жаным-ау, бойың Алматының терегіндей серейіп кетіпті ғой. Өзің күнде күрес-күрес деп əбден жүдепсің. Өңің сынық қой. Əлде ұйқың қанбаған ба? – деп менің көңіл-күйімді тамыршыдай тап басты. Соны айтты да, қоржынының аузын шеше бастады. Кішкене бөлме ішін ауылдың таңсық дəмді тамақтарының исі алып кетті. Жолдастарым да қутың-қутың етеді. – Апа, апа, – деймін мен. Түнде түсімде Қажымұқан бабамды көрдім. Менің басымнан сипап аталық ақылын айтты. – А, Құдай, не дейсің? Жарықтықтың тура өзі ме? Тəуба, тəуба, ауылға барысымен шал-кемпірлерге шай берейін, – деп шешем балаша мəз болып қалды. – Бабаңның өзі басыңнан сипаса бақытты болады екенсің, құлыным. Ұзағынан сүйіндірсін... Бұған едəуір марқайып қалдым. Өз өмірімде студенттік бес жыл мен үшін өте ерекше. Бес жыл менің қанатымды қатайтты, өзінің құпия сырларымен мынау ғажап тіршілікке құштар етті. Кең байтақ еліміздің, дүниежүзінің көрікті қалаларын, асыра айтсам, əлемнің төрткүл бұрышын адақтаған жылдарым, бақытты шақтарымды қалайша ұмытармын. Мен қазір алпысқа келген шақта бар болмысыммен, қуаныш-қызығымен, өкініш-ренішімен есте қалған əр белдесуді еске түсірудің өзі бір ғанибет екен. Əрине, олардың бəрін жіпке тізіп айтып шығу мүмкін емес. Тек солардың кейбіреулеріне тоқтала кетейін. Бұл құштарлық дегенге дауа жоқ. Күреске деген көзсіз ғашықтық мені тез ширатты. Жаттыққаныма толық бір жыл толмай жатып Одақ көлемінде өткен ірі-ірі белдесулерге қатыса бастадым.
Менің Москваны тұңғыш рет көруімнің сəті 1958 жылы түсті. Қайран, Москва! Есімің бала кезден жүректе жатталған, Кремльдің суреті көңілде сақталған астанаға алғаш рет табан тірегенде керемет толқыдым. Осы мен рас Москвадамын ба деп жан-жағыма балаша қараймын. Мұнда «Крылья Советов» спорт сарайында жастар арасында Бүкілодақтық біріншілік өтпекші. Соған қатысып, Москва жұртшылығының алдында палуандық өнерімнің тұсауы кесілмекші. Өте жауапты сын. Өзің Отаныңның астанасын енді ғана көрсең, осында тұңғыш рет кілемге шықсаң, теңіз толқынындай толқымай көр. «Құйқылжыр көңіл шіркін шартарапқа». Абай атам көл-көсір сезімді төрт-ақ сөзге сыйғызып, қалай дəл тауып айтқан десеңізші! Мен Москвада алғаш болғанымда осындай күй кештім. Онда салмағым 87 килограмм еді. Менің бапкерім де, барлаушым да Петр Филиппович. Ол алғашқы қарсыласың түрікмен палуаны Тахиров деді. Жаттығуда басқаларға білдірмей Тахировты іздеймін. Өзі де бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен нағыз шой қараның өзі екен. Қимылдарына көз ілеспейді. Бұдан бұрын Фрунзеде, Ташкентте, Бакуде мұндай жігіттердің талайын көріп едім. «Сенен келген құқайды көрермін» деп өзіме-өзім қайрат беріп, ертеңгі белдесуді күттім. Төрешінің ысқырығы естілісімен-ақ ортаға келіп, Тахировпен қол алыстым. Жүрісі маңғаз, жанары от шашады. Дəстүрлі барлау. Ə дегеннен менің мысымды басып тастағысы келген Тахиров əдіс- айласынан еш нəтиже шығара алмаған соң, кəдімгідей жуасып тайсалақтап қалды. Менің кілем үстіндегі қимылымның өзі сырт қараған адамға тіпті қызық. Қашанда келсең кел дегендей, қарсыласыма аяғымды беріп аңғал-саңғал жүремін. Осылай аңқау кейіп танытып оңтайлы сəтте Тахировты айқара құшақтап, оң жамбасыма салып, қырқа шалғанда, ол оңбай таза түсті. Москва жанкүйерлері маған қошамет көрсетіп кең зал ішін жаңғыртып жіберді. Отанымыздың астанасында өзімнің тұңғыш рет жеңіске жеткенімді мен осы күнге дейін ұмытпаймын. Келесі қарсыласым ленинградтық палуан, сүйкімді əрі əдемі, қыз тұрсын жігіттің өзі ғашық боларлық Анатолий Албул еді. Ол əлем Кубогының жеңімпазы. Маған қарағанда, атақ-даңқы жер жарады.
Оның дүниені дүрілдеткен айбынынан қаймықпай, шабуылды өзім бастадым. Бұл Тахировтай емес екен, оңтайлы тəсілге алдырмайды, не шалдырмайды. Қайта, қапысын тауып қарсы шабуылға шығып, біраз ұпайын асырып алды. Тіс қаққандығын, тəжірибесінің молдығын аңғартты. Əйтеуір, абырой болғанда, Албул мені таза жыға алмады, тек ұпай санымен ұтып кетті. Ал күреске осының өзі-ақ жетіп жатыр. Сөйтіп мен Отанымыздың астанасынан тырнақ алды жеңіске ие болғаныма қанағаттанып, Алматыға оралдым. Сол жылы қыркүйек айында Тбилисиде ССРО-ның жеке командалық біріншілігі өтті. Ол жылдарда Кавказ палуандарының есімдері өздерінің айбынды тауларындай асқақ естілетін. Соған дейін қазақстандық жігіттерден олардан басым түскен палуан жоқ еді. Тəуекелдің жел қайығына мініп, Тбилисиге бет алдық. Грузиндер астанасы маған өте ұнады. Қаланың архитектуралық ансамблі де өзгеше екен. Бұл жарысқа қазақстандықтардан менен басқа Қабден Байдосов, Макс Қызекенов, Василий Пугачев, тағы басқа бірнеше палуандар қатысты. Осы жолы Кавказ палуандары, ССРО спорт шеберлері Арутюиян мен Гобиджешвилиді таза жеңіп, өз жерлестеріме олардың да ет пен сүйектен жаратылғанын, оларды да жығуға болатынын айқын дəлелдедім. Өзім Одақ бойынша сегізінші орынға шығып, тұңғыш рет бірінші разряд алдым. Шеберлік осылай шыңдала түсті. Бұрын тер төккен жаттығуды қиынсынушы едік. Одан да көкесі зорлармен кездестік. Мыңдаған шақырым жол жүріп келіп, енді тыныға бергенде тағы да телеграмма жыл құсындай жетеді. Осылай да осылай. Пəлен жерде белдесу. Тез кел. Сонда бəрінен де əуе бекетінде, вокзалда жол тосқан қиын екен. Шаршап-шалдығып, жанарға ұйқы енді келгенде: – Ал, тұрыңдар, самолетке отыру басталды! – дегенді естисің. Қалғып- шұлғып аттандап шаба жөнелесің. Бұған шыдамасаң, күреспен қоштаса бер. Сондай жедел тасқынның бірінде Новочеркасскіде «Буревестник» ерікті спорт қоғамы Бүкілодақтық Орталық Советінің біріншілігі өтеді
деген хабар келді. Бұл 1959 жылдың сəуір айы еді. Тағы да Гурам Гобиджешвилимен кездестім. Ол өткен жолғы ұтылысының қарымтасын қайтармақшы болып қара терге түсті. Бұл белдесу тең аяқталды. Одан кейін Белоруссия палуаны Николай Аксеновтан ұпай санымен ұтылып қалдым. Бірақ жүлделі үшінші орынға іліктім. ССРО спорт шеберлігінің нормативін орындадым. Күрес күн өткен сайын өмірімнің жарық жұлдызды темірқазығына айналды. Қазақша айтқанда, қылыштай қылшылдаған шағымдағы менің ең негізгі кəсібім оқу жəне күрес болды. Осы екеуінсіз тірлік маған қаңырап қалған бос дүние сияқты көрінді. Палуан атаны түсімде көруім маған ерекше күш қосып, жігер берді. Балыққа су қалай қажет болса, мен күрессіз өмір сүре алмайтын дəрежеге жеттім. Бір ғажабы белдесуде кілең жеңістің қуанышты сəті əсте болмайды. Қарсыласыңнан ұтылуың да заңды. Сонда бойыңдағы намыс отының денеңді шоқша қаритынын айтсаңшы. Зығырданың қайнап, тұла бойға ыстық қан шапшып, кілемге шыққан əлгі досыңмен қайтадан белдесуді аңсайсың. Мен сол жылы Гобиджешвилимен Тбилисиде тағы да белдестім. Қызу қанды жерлестері қаншама жанығып даурықса да, мен оның жауырынын кілемге тигіздім. Сол жылы Ереванда армян палуандары Шагинян мен Арутюнявды да жеңіп, күреске деген шабыт одан сайын қанаттанып еді. Осындай сезіммен айдарымнан жел есіп жүргенімде, 1960 жылдың да сəтті сағаты соқты. Бакуде ССРОның командалық біріншілігі өтетін болды. Ə дегенде ленинградтық Задорожный кездесті. Өмірде қандай мың тарау жол болса, еркін күрестің де тəсілдері аз емес. Əрине оны айту оңай қысылтаяң сəтте сол білгеніңді жүзеге асыру өте қиын шаруа. Мен атам қазақтың «палуандікі-балақтан» деген ұлағатты сөзін əрдайым қасиет тұтамын. Түсіне білген адамға мұның мағынасы ұшан- теңіз. Мақтанғаным емес, мен үнемі қарсыласыма аяғымды беремін. Оның аяқтан ұстауын тілеймін. Қарсыласым сирақтан шап берсе жең оңынан тұрды де. Оны əсте құтқармаймын. Задорожный да бірден аяққа ұмтылды. Құдай берді. Өзім де осыны күтіп тұр едім. Сəті түсті. Лып етіп жалт бұрылып оны өткізіп жібердім де, қарсыласымның сирағынан ұстап жоғары көтеріп кілемге етпетінен түсірдім. «Сабақты
ине сəтімен» дегендей, одан кейінгі айла-тəсілдер өзіме белгілі еді. Əріптесімнің жауырыны кілемге тиді. Келесі қарсыласым бұдан айбынды. ССРО-ның бірнеше дүркін жəне əлемнің чемпионы Борис Кулаев болатын. Күрестің өз тəсілі бар десек те, əр белдесуді жүргізудің құйтырқысы болады. Алғашқыда əдіс- айлаңның бəрін жарқырата ашсаң, орта жолда қаласың. Діттеген жеріңе жете алмайсың. Мен осыны ескеріп, Бористен өзіме қажетті ұпайымды асырып алдым да, оны əбден діңкелетіп болмашы басымдықпен ұттым. Сол жылдары əлем жəне Олимпиада ойындарының чемпионы, москвалық Александр Иваницкийдің атағы дүрілдеп тұрған. Бар күшімді соған сақтап едім. Құдай тілеуімді берді, ақтық белдесуде сонымен кездестім. Саша əлемдегі күрес өнерінен жан-жақты хабары бар, мол тəжірибелі, бесаспап палуан еді. Талай-талай ұзақ түндерде мен онымен бір белдесуді армандаушы едім. Онымен «ойша күресіп», өзімше сан қилы тəсілдерді қолданып, əбден титықтап ұйықтайтынмын. Енді міне, сол арманның сəті түсіп тұр. Əдетте біз театр не кинодағы жұлдыздарды мақтағымыз келсе, оларды ерекше талант иесі, əйтпесе айрықша дарын дейміз ғой. Ал күресті де өнер деп бағаласақ, Александр да осы саланың өте үздік саңлақтарының бірі еді. Ол кілем үстінде сенің əр қимылыңнан-ақ қандай тəсіл қолданатыныңды сезетін. Сəл ағат қозғалысыңды байқаса, сені оңайлықпен жібермейді. Осындай палуанмен бетпе-бет кездесуге шыққанда көңілімде күдіктің болғанын да жасыра алмаймын. Иваницкий кілемге мені менсініңкіремей, тəкаппар кейіпте шықты. Қол алысып болғанымыз мұң екен, бірден аяққа жармасты. Мен одан тап мұндай қас қағым сəттегі оқыс қимылды күтпеп едім. Едəуір уақыт бір аяқпен секеңдедім де қалдым. Темірдей құрсау бір босатпай-ақ қойды. Александр «сені осылай діңкелетемін» дегендей, аяғымды жіберетін емес. Өзі де мұнан артық басқа тəсіл қолдана алмады. Қақпанға түскен жыртқыштай қатты ашуландым. Ол ақырында ешнəрсе шығара алмайтын болған сон мені «құрсаудан» босатты. Бір минуттан астам уақыт бойы менің аяғымды көтеріп, əрі сан алуан тəсіл қолданамын деп жанталасқан Александр лезде алқынып қалды.
Соны пайдаланып, жеделдете-жеделдете артына шығып, құшақтай лақтырып, ұпай санын біршама асырып алдым. Тəжірибелі палуан бұдан кейін қаншама əрекет етсе де, таразы басын теңестіре алмады. Шалғысы «тасқа тие» берді. Мен бұдан кейін де Сашамен талай күрестім. Екеуіміз бес құрылық қалаларына да бірге сапарға шығып жүрдік. Арамыздан қыл өтпейтін дос та болдық. Сонда бір байқағаным – ол шыншыл да əділ еді. Жалған сөйлеуді жаны сүймейтін. Кейіннен Александр Иваницкий өзінің спорттық өмір жолынан «Шешуші белдесу» деп аталатын кітап жазды. Саша осы жинағында мен туралы да өз пікірін білдіріп, жылы лебізін арнапты. Осы бір кішкене мысалдың өзінен оның адалдығы, адамгершілігі көрінсе керек. Бакудегі біріншіліктен жеңіліссіз қайтып, мерейім тасыды, көңілім көтеріліп, мəртебем асқақтады. Бойым биіктеген сайын ойым да өсті, күш толысып, шеберлік шыңдала түсті. Күні кеше əй Əбілсейіт дейтіндер енді біздің Əбіл ғой, Əбеке, Əбеке, – деп қолын ұсынып, анадайдан амандасатын болды. Мен халықтың көл-көсір қошеметіне, ананың мол мейіріміндей сүйіспеншілігіне бөлендім. Сол бір атақ- абырой, бақ қонған шақта əлдебіреудей кісімсіп, көсемсіп, əсте де шешенсіген емеспін. Қайта, керісінше, халық алдындағы, Отан алдындағы азаматтық борышымды ақтау үшін алдымда тұрған зор жауапкершілік жүгінің бес батпан екенін бар болмысыммен сезіндім. Өз еліме бергенімнен гөрі берешегім көп деп ұқтым. Мен қазақ палуандары арасынан тұңғыш рет Чехословакияға барып халықаралық жарысқа қатыстым. Еркін күрестің ақжолтай туын асқақтата желбіретіп, үнемі көш басында жүргенімді əрдайым мақтан етемін. «Ел сенімін нар жігіт көтереді» деген. Жат жердің, шет елдің топырағын алғаш рет басқанымда мені барша қазақ халқының сенімін арқалағандай сезім биледі, ішкі жан-дүниемді жанар таудай лықсып атылған толқынды иірімдер керемет тебірентті. Праганың жасыл желекке малынып, толықсыған арудай құлпырып, гүл жайнап тұрған кезі. Қала қандай сəнді, көшеден бейсауат жатқан бірде-
бір қоқыс көрмейсің. Чехословак ағайындардың бас қаласының көрік- келбетіне қатты сүйсініп, алған əсерден біразға дейін айыға алмай, ертеңгі күнді күтіп, қонақ үйдің жұмақтай бөлмесіне оралдым. Жеңіл тамақтанып, ертеңгі күрес басталатын беймаза күнді тостық. Онда шетел палуандары сөз бола қалса аузымызды ашып қалушы едік. Олардың əрқайсысының атақ-даңқтары да жер жаратын. Əлем біріншілігі мен Олимпиада ойындары кілемінің шаңын қаққан Куббат, Резняк, Гейтман, Кмент сынды палуандардың қай-қайсысы болсын «Сен тұр, мен атайын» дейтіндердің нақ өздері. Осы сабаздар тұлғаларының өзі таудай еді ғой. Сырттай қарап тұрып-ақ көзің тояды. Мен осы сапарда Рим Олимпиадасында бесінші орын алған венгр Резнякті, кейіннен əлем біріншілігінде екінші жүлдеге ие болған чех жігіті Кментті – барлығы алты палуанды жеңіп, ақтық айқасқа жолдама алдым. Финалдағы менің қарсыласым – чехословакиялық алып Богумил Куббат болды. Бұл Рим Олимпиадасында күміс медальді жеңіп алған мықтылардың бірі. Оның салмағы 140 килограмм. Ал мен жарыс алдында өлшенгенде таразы тілі 87 килограмды көрсетті. Онда бойым 1 метр 93 сантиметр болатын. Бұдан бұрынғы белдесулерде бəсекелесімнің тұлғасына сырттай көз салған едім. Нағыз алып қара нар дерсің. Ана денемен қалай күреседі деп өз көзіме өзім сенбедім. Бірақ ол бір жарым центнерге жуық ауыр салмағына қарамастан, кілемде өзін сақ ұстайды екен. Қапысын тауып, реті келсе аянатын түрі жоқ. Менімен кездесудің алдында ол өз қарсыласын өте əдемі жеңді. Зəулім спорт сарайының ішінде ине шаншыр орын жоқ, араның ұясындай гу-гу етеді. Əр тілде сөйленген сөздер, құлақ жаратын ысқырық, дабыл даңғыры, айғай, шу бір сəт толастамады. Бастапқыда мұндай жаңғырық біразға дейін басымды зеңгітіп жүрді. Кейіннен оған да етіміз үйренді-ау, əйтеуір. Балпаң-балпаң басып Богумил шықты ортаға. Дəстүрлі қол алысудан кейін ол артына қарай бір-екі қадам шегінді де, қос қолымен бүйірін таянып тұрды да алды. Осы тұрыстан мен «Келсең кел, əуселеңді көріп алайын» деген сөздердің мазмұнын түсінгендей болдым. «Бұған қандай
айла-тəсіл қолдану керек, абай болмасаң, бұл оңдыртпайды». Дəл осы сəтте менде бұдан басқа ешқандай ой болған жоқ. Сырттан айғайлап жатқан өзіміздің палуандар мен бапкерлердің сөздері де құлаққа жетпеді. Бір-біріміздің «тамырымызды» басып жүрміз. Кілемнің шаңын бұрқ-бұрқ етіп шығаратын алдың-жұлдың алыс жоқ. Екеуіміз де сылбырмыз, бірақ сауысқандай сақпыз. Күрес жанкүйерлері, əрине, бұған риза емес. Ал кім ұтылғысы келеді? Сарай іші ысқырыққа тұнып қалды. Үзіліс алу үшін бес минут бес жылдай ұзарып кеткен сияқты. Бір кезде төреші бір минуттық демалыс берді-ау, əйтеуір. Қас қағым уақытта ауыз шайып, тер сүртініп жан шақырып алдық. Бапкерлердің айтатыны баяғы ескі əн. «Абай бол, қапы қалма. Шаламын деп өзің түсіп қалма». Үзілістен кейін қайтадан ұстастық. Куббаттың қимылы сылбыр. «Қонақсың ғой, əуелі сен бастасайшы» дегендей. Осы сылбыр жүріс өзімді де жалықтырып жіберді. Екінші бес минуттың тең жарымындай мерзім өте бергенде, «Қайран бабам, өзің қолдай гөр» деп нар тəуекелге бел будым. Богумилды көптен сағынып жаңа көргендей қаусыра құшақтап көтеріп қайыра лақтырғанда ол қос жамбасымен кілемге түсті. Дуылдап отырған кең сарай іші сол сəтте не болып қалды дегендей, сілтідей тынды. Бір қарасам, совет палуандары мен бапкерлері бірін- бірі құттықтап жатыр екен. Өз көзіме өзім сенбей мен тұрмын. Осының бəрі өң мен түстің арасында өткен сияқты. Қалай қуанбайсың, қалайша мақтанбайсың! Қазақша айтқанда, бұл менің жат жұрттықта кілең түйе палуандармен алғаш рет бетпе-бет кездесуім еді. Біреу емес, екеу емес, қатарынан жеті нарды тізе бүктіріп, шетелден ең бірінші алтын медальді Қазақстанға апару менің еншіме тиді ғой! Спорттық өмірімде Прага мəңгі есте қалады. Өйткені ол менің тұңғыш алтын медальіме қуана қол соғып, болашағыма ақжолтай тілеу тілеген қала. Қасиетті қазақ жерін, алтын Алматыны есіме түсірген Прага, мен сені əсте ұмытпаймын! Сен маған əлемнің басқа қалаларына жол аштың, келешегіме бағыт-бағдар сілтедің.
Дəл осы 1961 жылы Германияның Лейпциг қаласында белгілі антифашист Вернер Зееленбердердің атындағы жүлде үшін халықаралық жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылды. Бұған да жер- жерден ең таңдаулы палуандар жиналды. – Ал Əбіл, бұл турнир саған үлкен сын! Осы жолғы сынақтан сүрінбей өтсең, ССРО құрама командасының мүшесі болып қабылданасың, – деді бапкерлер. Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ шығар, сірə. Жауапкершілік жүгінің бес батпан ауыр екенін жантəнімен сезініп, бар өнерімді салып-ақ бақтым. Ақтық айқасқа еш жеңіліссіз жеттім. Финалдағы қарсыласым Рим Олимпиадасының чемпионы болгарлық палуан Станчев еді. «Тегін кісі таз бола ма» дегендей, бұл тығыршықтай, домалақ, толықша келген жігіт екен. Бұлшық еттері бұлт-бұлт етіп, жойқын күш иесі екенін бірден аңғартады. Күрестің сан қырлы тəсілдерін жетік меңгергені де сырт көзге бірден байқалады. Амалын тауып қапы қалдырмасаң, бір ғана қара күшке алдырмайтыны көрініп-ақ тұр. Маған дегенде кілең «ақ мылтықтар» кездеседі. Тағдыр маған осындай сый-сыбаға əзірлеген соң амалың қанша. Кілемге толқып шықтым. Күресте бес қаруың сай болмаса, онша алысқа ұзай алмайсың. Төрттағандаған палуанға да қарсы қолданатын əдістер сан алуан. Мұндайда менің сүйсіне жасайтын тəсілім – «растяжка». Оның мəн- мағынасы мынада. Етпетінен жатқан қарсыласыңның оң аяғын екі аяқпен мықтап қатты қысып аласың да, сол қолыңды сол қолтығына кіргізіп, оң қолдың шынтағымен қарсыласыңның мойынын баса, екі қолды қосып аударып тастау. Мен бұл тəсілді көп жарыстарда қолдандым. Бұл айтуға ғана оңай, жасалуы өте қиын жəне ол əркімнің қолынан келе бермейді де. Егер осы тəсілді дұрыс қолдана білсең, əріптесің бұған ешқандай лаж таба алмайды. Станчев та алғашқыда сауысқандай сақ қимылдады. Енді қандай амал табу керек? Ретін тауып үш ұпайды асырып алдым да, шабуылды үдете түстім. Төрешілер болгар палуанына ескерту жасап, оны төрттағанға отырғызды.
«Енді реті келді-ау» деп ойлаймын. Ысқырық естілісімен-ақ əлгі тəсілді жасауға жанталастым. Ол да тыпырлап көнетін емес. Сəлден кейін екі қолым қосылды-ау. Ышқына дем алып, Станчевті аудара лақтырдым. Еңбегім еш кетпеді. Алтыннан алқа тақтым. Алматыға екінші рет қуанышпен оралдым. Бірде бапкерлерім: – Əбіл-ау, 1961 жыл сен үшін алтын жыл болды ғой,– деп əзілдеген еді. Ол қалжыңдарының да жөні бар. Мақашқалада тұңғыш рет село спортшыларының спартакиадасы өткен болатын. Сонда Орджоникидзе қаласының өкілі, жастар арасында ССРО чемпионы атанған Наниевті, армениялық Мкртчянды жеңіп едім. Одан кейін ВЦСПС біріншілігінде чемпион атандым. Осылай, шежіре жылдар өз жылнамасын жазып, сырғып өте берді. ҰМЫТЫЛМАС СОЛ БІР КЕЗ Ең соңғы курстамын. Күрес, күрес деп күндіз-түні құс ұйқылы хал кешіп, анда-мұнда шапқылап жүргенде уақыттың қалай тез өткенін аңғармай қалыппын. Бір бөлмеде қара нан мен қара суды қылдай бөліскен досжолдастарым сенбі, жексенбіде қыпша бел аруларды қолтықтап киноға, театрға кетіп жатса, мен қоржындай үлкен қапшықты иығыма іліп спорт залға тартамын. Бөлмеге келсем, қолымнан кітап түспейді. – Біздің Əбекең қашан əлем чемпионы атанғанша үйленбейтін шығар? – Ой, оның жүрген жерінің бəрі қыз-келіншек емес пе? – Ана қолындағы құраннан көзін бір алмайды, дəу де болса ол қазір қай қызға үйленетіні жөнінде бал ашып отыр, – деп олар бөлмені жаңғырта күлкіге көмеді кейде. Мұндайда шыдай алмай өзім де жымиып: – Бəрің де оттапсыңдар! Алдымен өздеріңді жөндеп алсаңдаршы! – деп қарсы уəж айтамын. Бірақ кей-кейде бөлмеде жалғыз қалғанда қалың ойға шомамын. Əлгі қулар сөздерінің жаны да бар. «Осы азапты тірліктің не кажеті бар?
Қой, мен де ел қатарлы бір сəт сергиін. Күрестен алған осы атақ- абыройың да жетер!» Енді бір ой айтады: «Əбеке, құр бекерге асығыпаптықпа. Палуандық жолда сенің шыққан белестерің əлі де болса төбешіктей ғана. Сонда оның асқаралы асулы шыңдарына кім шығады? Осы екеуін таразыға салып салмақтап, салыстырсам, соңғысы жөн сияқты. Бірақ «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, менің күрестен басқаға алаңдамаған көңілім бір-ақ күннің ішінде айран-асыр болды. Наурызда Алматыда нағыз көктем басталады. Күннің нұрлы өткір сəулелері бойыңды балқытып, қол бұлғап далаға шақырғандай. Түске қарай кітап оқудан əбден жалығып кеттік. Қасымда Рахат деген, ауылда бір мектепте оқыған досым бар, екеуіміз қала асханаларының бірінен жүрек жалғамақшы болдық. Рахат тағамдарды столға қойып жатқанда, қасық, шанышқы алайын деп ұмсына бергенімде қолым нəзік те жұмсақ алақанға тиді. Денем болмашы ток ұрғандай дір ете түсті. Жалт қарасам, қарсы алдымда толықша келген бір қыз тұр. Ұшқын атқан жанарынан «ағай-ау, толып жатқан қасықтарды көрмей, менің алақанымды тапқаныңыз қалай?» – деген сұрақты оқығандай болдым. Қара торы жүзіне қызыл шырай жайылып, өңі бал-бұл жайнап кетті. Қапелімде не айтарымды білмей, сасқалақтап: – Кешіріңіз, қарындас, кешіріңіз, – дей беріппін. Сол сəттен бастап жүрегім алып-ұшып, көңілде бір тоқтық пайда болды. Түстікті қалай ішкенім есімде жоқ, сонау төргі жақта отырған төрт қызға анда-санда ұрланып қарай беремін. Біреуінің өңі таныс сияқты. Таныс деймінау, өзімнің жақын қарындасым Сара. Қолыма енді ала берген шайды қайтадан орнына қойып: – Рахат, Сараны қара, ана жерде тамақ ішіп отыр,– деппін. Досымның осы қарындасыммен жиі-жиі кездесетінін сезуші едім. Ол қызараңдап қалды. Екеуіміз тездете тысқа шықтық. Төрт қыз жұптарын жазбай жанымыздан өтіп бара жатқанда, Сара келіп менімен амандасты. Ауылдың амандығын, жаңалықтарын айтып болған соң, құрбыларын шақырып таныстыра бастады.
– Бəти. – Күлəш. – Кəмаш. Бағанағы қасыққа таласып қалған қыздың есімі Кəмеш екен. Күректей қолыммен нəзік саусақтарын қысыңқырай біразға дейін босатпадым. – Өздерің бір-біріңе ғашық болып қалғаннан саусыңдар ма? – деп Рахат əзілдеп жатыр. Кəмəштың өңі тағы да арайланып сала берді. Назды жанарымен қолымды, жіберсеңізші деп жалбарынады. – Ағай-ау, жолыңыздан қалдыңыз ғой, – деп қыздар да шыр-пыр. Кəмаш жатақханасының қай жерде екенін анықтап алып оның нəзік саусақтарын босаттым. Сол күннен бастап мен бұрын-соңды болып көрмеген басқа бір ыстық сезім əсеріне бөлендім. Кітап оқысам да, тұрсам да, отырсам да, көз алдыма Кəмаштың ботадай мөлдір жанары, нұр ойнаған бейкүнə келбеті елестейді. Сол сəбидей албырт бейне күндіз-түні есімнен шықпады. Күнделікті жаттығу кезінде де əлгі алаулаған нұр кескін мені өзіне келші деп шақырып тұрғандай. Алғашқы сəтте екеуіміз киноға барып жүрдік. Өзі менің туған жерім Екі Ашадан екен. Жерлес болып шыға келдік. Кинодан қол ұстасып, қолтықтасып жатақханаға қайтқанда əңгімеміз бір жараспай-ақ қойды. Екеуіміз де үнсізбіз. Құдай маған бой мен ойды бере салған да, сөзге дегенде сараңдық жасаған. Жайшылықта күнде жатар алдында кеудемде небір асыл сөздер маржаны құйылады. Ал Кəмаштың алдына келсем, əлгінің бір ауызы да еске түспейді. Бірақ маған осы үнсіздіктің өзі рахат сияқты. Үндемей Кəмашпен осылай жүре бергім келеді. Əйтеуір сөз болсын деген оймен: – Қалай, кино ұнады ма? – деймін. – Қыздың тағдыры өте аянышты екен, – дейді Кəмаш. Екеуіміз бұдан арыға бара алмаймыз. Осыдан кейін тағы да үнсіздік жайлайды. Біраз жүргеннен кейін Кəмаш:
– Аға, əңгіме айтыңызшы, жұрт осы сізді атақты палуан дейді, сол рас па? – Қайдан, сорайған адамнан еш уақытта палуан шықпайды, – деп мен өтірік жалтарған боламын. Сөз төркінін басқаға аударып: – Қазір госқа дайындалып жатырмын. Институттағы ең соңғы емтихандарды жақсы бағаға тапсыру керек. Содан соң жарыс басталады, – деймін мен. Əңгімеміздің ұзын ырғағының түрі осы. Осылай Кəмаштың жатақханасына жетеміз. Біраз дейін үнсіз қолын қысып тұрамын да, мен де кейін қайтамын. Уақыт зымырай етіп жатты. Екпіні тау суындай қатты, студенттердің зəресін ұшырып, жандарын мұрын ұшына келтіретін емтихандар да артта қалды. Институтты ойдағыдай бітіріп, диплом алып шықтық. Өзім Алматыда қалған соң, бір бөлмелі үй де тиді. Ол кезде бұл мен үшін өте үлкен байлық еді. Таң алаң-елең атқанда тұрып, күн бата сүріне-қабына пəтеріме жетіп жығыламын. Жаттығу əбден қажытады, əрі жалғыз адамның жеке үй болғаны қиын екен. Күнде Кəмашқа айтамын деп іштей жаттаған сөздерім алдына барғанымда іріген сүттей бір қабыспайды-ау. Торғайдай пыр етіп ұшады да кетеді. Не сиқыры бар екенін кім білсін, талай-талай түйе палуандардан қаймықпаған жүрегім Кəмаштың алдына келгенде май ішкендей кілмиеді. Бір күні нар тəукелге бел буып тікелей, төтесінен тарттым: – Кəмаш, менің жай-күйім болмай жүр. Екеуіміз қол ұстасып, бір семья құрайық. Деніміз сау болса, ел қатарлы үй болып кетерміз? – дедім. Ол үнсіз қалған соң батылданып сөзімді əрі қарай сабақтадым. – Əрине, семьялық өмір саған да оңайға түспейді. Мен апталап, айлап жаттығуда, немесе əртүрлі жарыстарда жүремін. Спортшы деген сондай халық, кең даланың қаңбағы сияқты. Сонда сен жалғызсырайсың ғой, жалығасың ғой. Егер жалғыз өзің қорықсаң, қасыңа ауылдан апамды алып келемін... Кəмаш осы сəтте күліп жіберді.
– Əбеке, аңқаусыз-ау, аңғалсыз. Осы бір ауыз сөзіңізді тоғыз айдан бері күтіп жүрмін ғой, – деп Кəмаш мені құшақтай алды... Біздің шағын отауымыз 1962 жылы қыркүйектің 9 жаңасында жеке шаңырақ көтеріп, түтін түтетті. Ұланасыр той жасамасақ та, осы қуаныш-қызыққа барлық туған-туыстарым, жақын дос-жолдастарым жиналды. Сондағы анамның айтқан сөздері əлі есімде. – Айналайын, жарық жұлдызым, Əбілжаным, құлыным, кызығым, Кəмаш! Осы бүгінгі тойға өліп-талып жеткен де бар, арамыздан мəңгілік кеткен де бар. Біздің шаңырақтың иесі соғысқа кеткенде Əбілім үш жастан жаңа ғана асып, аяғын əнтек-тəнтек басып қалып еді. Əкесі майданда шайқасса, біз ауылда жоқшылықпен, шолақ белсенділердің озбырлығымен айқастық. Аңырап қалған аналар қаңырап қалған елде осы балалар жетсін деп бір үзім нанды алдымен əкесіз қалған жетімдердің аузына салдық. Əбілімді арқалап жүріп шөп шаптым, егін ордым, мал бақтым, сиыр саудым. Шүкір, осы бергеніңе де тəуба. Сендер бақытты, шаттықты, халқыңа қалаулы, еліңе елеулі болыңдар, қос қарлығаштарым. Үйге ұрыс кірсе – ырыс кетеді деген ата-бабамыз. Екеуің ынтымақты болыңдар. Туған-туыстарыңа, дос- жолдастарыңа мейірімді болыңдар. Алдарыңнан күн шығып, арттарыңнан ай тусын. Отауларың ордалы семьяға айналсын, құлындарым, – деп бата беріп еді. Осылай, үйлену тойы да өтті. Ертеңінде барлық туғантуыстарым, дос- жолдастарым мені Ригаға шығарып салғалы аэропортқа келді. Кəмаш мені қимай тұр. Жібек орамалын анда-санда жанарына апарып қояды. Байсейіт ағай да бұрқылдап жүр: – Дəл бүгін кететінің бар, онда несіне үйлендің? Тойды келген соң бірақ жасамай. – Жə, болды, Құдайдың жазуы осы болса, оған қандай шара бар? – деп апам оны тиып тастады. – Ал ботам, жарық жұлдызым, жортқанда жолың болсын. Қажымұқан бабаң серік болсын! – Əбеке, өзіңе сендік. Алматыға чемпион болып оралыңыз, – деді Кəмаш та жыламсырап.
– Айтқаның келсін, Кəмаш, тап осы сөзің үшін чемпион болмасам да боламын, – деймін. Кəмаштың үні дірілдеп шықты: – Олай деп астамшылық айтпаңызшы?.. Алып əуе кемесі жайлап көтеріле берді. Сонау қол бұлғап қараңдаған топтың арасында көздері жаутаңдаған апам мен Кəмаш та бар еді... Сол Ригадағы белдесу оқта-текте есіме түссе, əлі күнге дейін ішім удай ашиды. Қабырғам қайысып, тіпті, жылағым да келіп кетеді. Өйткені əр жеңістің, əр ұтылыстың жөні бөлек қой. Бəрін де басынан бастайыншы. Көтеріңкі көңілдің əсері ме, жоқ əлде бұла күштің нағыз толықсыған кезі ме, кім білсін, əйтеуір алғашқы үш күн ішінде белдескен қарсыластарымның бəрін жықтым. Енді ССРО чемпионы атануға небəрі бір-ақ қадам қалған.
Қадам деймін-ау, тіпті, ол менің қанжығамда байлаулы да еді. Бұл жолы менің кездескен палуаным эстониялық Тиит Мадалвее болатын. Бұл да екі иығына екі бала отыратындай денелі, төртбақ, қарулы жігіт. Əлгі ертегілерде айтатын «ертеден шапса төске озар» дейтіннің нағыз өзі. Жəне де кең сарайда отырғандардың бəрі Тиитке жанашырлар. Ол кілемге шыққанда кең сарай іші шапалақ дуылынан жарылып кете жаздайды. Кеше бір белдесуін көргенімде маған оның өжеттігі, қайсарлығы, ақтық демі қалғанша қарсыласына берілмейтіні ұнаған еді. Қалай болғанда да, ең алғашқы сəттен оның меселін қайтарып тастауым керек. Мен осылай бекінгенмін. Белдесу басталысымен-ақ жыланша арбап, оң аяғымды ұмсына бердім. Ол да осыны күтіп тұр екен, қызыл көрген қырандай аяққа бірден шүйілді. Атыла бергенде мен де қаусыра құшақтап басымнан асыра лақтырып, ұпай алдым. Сонда аңғардым, денесі қорғасындай ауыр, салмақты екен. Əлгіден кейін ол кілемді айналып қашқақтай берді. «Қашқан жауға қатын ер» дегендей, шыбын жанын тығарға жер қалдырмай қуып жүріп ұпай санын жетіге жеткіздім. 1962 жылғы ССРО чемпионы атану үшін маған осы да жеткілікті еді. Өйткені белдесудің аяқталуына санаулы минут қалған. Кім білсін, жастық шақтың мастығы ма, жоқ, əлде, Кəмашқа мақтанғым келді ме, сол сəтте маған Тиитті таза жығу керек деген ой сайтандай сап ете түсті. Енді көздеген мақсатымды жүзеге асыруым керек. Бұл, бұйрықсыз дегенге шынында да еш дауа жоқ. Осы қайтеді екен деп аяғынан қағып едім, қарсыласым ауыр салмағын билей алмай шайқалақтап қалғанда, тағы да белінен қайшылай ұстап, қайырып көпір жасай лақтырдым. Тиитті таза жеңдім, деп ойлағанымша болған жоқ, төрешінің ысқырығы естілді. Сарай іші дуылдасып, даурығып кетті. Төреші Тииттің қолын көтерді. Енді өкін, мейлі жыла, еңіре, бітті шаруа. Мадалеев ССРО чемпионы, мен екінші орында қалдым. Осы жиырма төрт жасқа келгенімде əсте де мұндай өкінген жоқ шығармын. «Байқа, абайла, сақ бол» деген бапкер ақылын да тыңдамадым-ау. Құдай-ау десеңізші, жеті ұпай да жететін еді ғой. Қолыма түсіп тұрған алтынды басқаға беріп алдым. «Енді Кəмаштың
бетіне қарай қараймын. Ел-жұртқа қалай көрінемін», – деп өзіме-өзім ұрсамын. Сол күні жарыс аяқталған. Жігіттердің бəрі қала аралап кетті. Мен төсек тартып жатып қалдым... Алматыға оралсам, Кəмашымның өңі сынық, қабағы қатулы. Гүл шоғын ұсына беріп: – Жаным-ау, сыртқаттанып қалғаннан саумысың, – деймін. Сол-ақ екен, Кəмаш жас балаша солқылдасын. – Əбеке, баяғыда қариялар келіннің аяғынан дегенді айтушы еді. Сіздің бірінші орын ала алмағаныңызға мен кінəлімін, – дейді кемсеңдеп. Соңда ғана барлық мəн-жайға түсіндім. Мейірлене құшақтап, бетінен сүйіп: – Кəмаш, бұдан былай ондай ырым-сырымды қалтаңа салып қой. Менің бірінші орын алмауыма сенің ешқандай қатысың жоқ. Бар кінə өзімде. Енді мұндай сөзіңді естімейтін болайын, – дедім. Екеуіміз осыған келістік. Сол жылы күзде үш бөлмелі пəтер алдым. Ауылдан шешем көшіп келді. Мен бұл жолы да үйге көп тұрақтай алмадым. Жел айдаған қаңбақтай Американың Огайо штатының Толидо қаласында өткен əлем біріншілігіне аттандым. Осындай ұлы дүбірден қалмағаным қуанышты болса да, қосалқы команданың қатарында жүруім жаныма қатты батты. Дегенмен əлемге əйгілі палуандарды көзбен көріп, олардың əдіс- тəсілдерімен танысудың өзі мен үшін үлкен өмір мектебі еді. Жəне де Қазақстанның бір пұшпағындағы шағын Қаракөзден шыққан адамның Америкаға сапар шегуінің өзі де дəтке қуат. Расында да біз білмеген, біз көрмеген ғаламаттар көп екен. Маған əсіресе 62 килограмм салмақ бойынша əлем чемпионы атанған жапондық палуан Ватанабе өте ұнады. Бұл жігітті жойқын танкпен теңеген дұрыс шығар. Басқаша теңеу таппайсың. Ол артқа шегіну дегенді əсте білмейді. Тек қана алға, алға қарай ұмтылады. Айлатəсілді керемет қолданады екен. Жанбасқа алған кезде оны бір-ақ қолымен жасайды. Қол күшін жұмсамай-ақ аяққа өтіп қарсыласты иығына оп-оңай салып алады.
Еркін күрес техникасының шексіздігін мен сонда осы жапон палуанынан көрдім. Оның өнеріне қатты сүйсіндім. Екінші есте қалған бір жігіт 78 килограмм салмақ дəрежесінде сынға түсіп əлем чемпионы атанған ирандық Имам Хабиби. Бұл да маған жақсы əсер қалдырды. Жыланша үзіліп, мысықша секіретін қас шебер. Жəне де əрбір əдіс-айланы өте сезімталдықпен жасайды екен. Ол Оган деген түрік палуанымен белдесті. Имекеңнің бір ғажабы шабуылға шыққан қарсыласын қалай болғанда да амалсыз қорғануға мəжбүр етеді. Бұл дегеніңіз үлкен өнер ғой. Ирандық жігіт кілемге шыққан беттен-ақ бір тоқтамай шабуыл жасап жанбасқа алып, екі минут бір секунд ішінде əріптесінің жаурынын жерге тигізді. Американың Толидо қаласында өткен əлем чемпионатында кілемге шықпасам да, мен күрес өнерінің өзімен беймəлім сырларын көңіліме түйіп оралдым. 1963 жыл. Жаңа жылды семьямызбен қарсы алып, мəре-сəре болып жатқанда Москвадан тағы да телеграмма келді. «Тез жет, Токиоға барасың». Апам ежелгі əдетімен айналып-толғанып, «Жортқанда жолың болсын» деп ақ батасын жаудырып жатыр. Америкаға атақты палуан Александр Медведьтің қосарласы болып барсам, енді осы сапарда кілемге өзім шығамын. Бұл да екінің біріне келе бермейтін зор сенім. Сонымен біз аязы мен бораны сақылдаған ақпан айында Жапонияның астанасына бет алдық. Жолшыбай Делиде, Тайландтың астанасы Бангкокта, Қытайдың шекарасындағы Гонкконг əуе бекеттерінде сəл аялдап, Токиоға жеттік. Жолдастық кездесу Маэбаси қаласында өтетін болды. Мұнда біздермен бірге дзюдошылар да келген еді. Жапондықтар күрестің бұл түрінен бет қаратпайды. Мен Жапонияның атақты палуандарының бірі – Каваномен күш сынастым. Сырттай естуімше, бұл жігіт мейлінше жылдам, құстай ұшқыр. Əдіс-айлаға да мығым болса керек. Кілемге шыққан беттен-ақ жамбасқа алуға оңтайлы келе кетті. Сөйтіп 45 секунд ішінде таза жеңіске жеттім.
Екінші күні Кобе қаласындағы кездесуде Владимир Литвин, Нодар жəне Зарибек ұтылып қалды. Гиви Мчедашвили қарсыласымен тең түсті. Ал Гурам жəне мен, Анатолий Албул, Медведь төртеуіміз жеңіске жетіп команданы құтқарып қалдық. Үшінші белдесу Иокогама қаласында өтті. Бұл жолы мен салмағы 100 килограмм Тагахимен кездесіп, оны кілемге таза түсірдім. Ақырғы жарыс Токиода. Мен онда осы елдің ең мықты палуаны Сасакиге қарсы шықпақшымын. Таразыға алшенгенде, ол – 88, мен – 96 килограмм болдық. Сасаки саспай, сақ жүрді. Шабуылға шығуынан қорғанысы көп болды. Мен оны ұпай санымен ұттым. Токио сапарындағы осы жолдастық кездесуде совет палуандарының мерейі үстем болды. Елге осы жеңіспен жігерленіп қайттық. Сол жылы ССРО халықтарының III жазғы Спартакиадасы өтті. Осы жауапты сынға өте тыңғылықты əзірлендім. Əсіресе өткен жылы болмашы жерден қапы қалдырған Тииттен қарымта қайтаруға өте құштар едім. Бірақ оған дейін жету үшін де бұршақтата тер төгуге тура келді. Қырғызстандық Владимир Фомин, өзбекстандық Ефим Колтунов, москвалық Батраз Борукаевтар оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. Бұл үшеуін де кілемге таза түсіріп, Тиитті күттім. Былтырғы жеңістің ыстығы əлі басылмаған екен. Мадалвее мені шу дегеннен тықсырмақ болып шабуылға шықты. Шынында да, қарсыласыңа алғашқы сəттен басымдылық тізгінін беріп қойсаң, оны жеңу өте қиын. Соны аңғарып, мен өзімнің күні бұрын ойластырған жоспарым бойынша, батыл шабуыл бастадым. Есін жиғызбай жеделдете-жеделдете ұпай санын асырып алдым. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, былтырғыдай көзсіз «ерлікке» бармадым. Əлгі артықшылық маған жеңіс əкелді. Сөйтіп мен 1963 жылы ССРО халықтарының III Спартакиадасының жəне ССРО біріншілігінің чемпионы атандым. Бұл сапардан оралғанда Кəмаш жайдары жүзбен қарсы алды. Екеуіміз де үнсіз жымиып қоямыз. Ару жүзіндей алаулаған алқызыл гүл біздің жинақы дастарханымызға айырықша сəн берді, шағын бөлмеде жұпар исі аңқиды...
Баяғыда біреу тентек баласының ес жиып, есепші болып жүргенін көріп сырттай сүйсініп: – Құда қаласа, баламның осы атқа мінгені мінген шығар, – деген екен. Сол айтпақшы, мен де алыс сапарлардан қалмай, жолаушылауды ата кəсібіндей дəстүрге айналдырып алдым. Ендігі бағыт – Стамбул. Бұл елдің палуандары бала кезден құлаққа ертегіаңыздардай естілетін. «Əр елдің заңы басқа» десек те, Түркияда күреске деген ілтипат өте ерекше. Мұнда жас балғындар он үш жастан бастап мектепте күрес сабағын міндетті түрде өтетін көрінеді. Бұл ғасырлар бойы келе жатқан бұлжымас тəртіп. Сондықтан болар түрік палуандары əлемде өте жоғары бағаланады. Оның шет жағасын Америкадағы сапарда көзіммен көріп, таңдай қағып тəнті болып едім. Бір ғажабы түрік палуандары классикалық жəне еркін күреспен шұғылдана береді. Осы екеуінен де чемпион атанғандар мұнда толып жатыр. Стамбулға аттанбас бұрын Москвада жарты ай бойы тер төктік. Қасымда Алматыдан Алексей Семкин бар. Талай жерге бірге барып, жат елдің дəмін бірге татқан сыралғы достың қасымда болуы үлкен көмек еді. Астанадағы жаттығудан қан сорпамыз шықты. ССРО құрама командасының аға бапкері Александр Михайлович Дякин өзіне де, өзгеге де тыным бермейтін жан еді. Сол ежелгі дағдысымен біздерді отқа салған темірдей шыңдап алыс сапарға аттанған болатын. Күміс қанатты əуе алыбы жолшыбай Киевке, Венаға сəл бөгелді де, Стамбул қайдасың деп тіке тартты. Қала бізді тұнжыр қабақпен қарсы алды. Көк аспан жүзі түнеріп, ақ жаңбыр бір толастамай-ақ қойды. Ертеңінде жаттығу жасайық деп бір залға барсақ, əлгі аңғал-саңғал болып шықты. Мұндай қонақжайлылық күтпеп едік. Байқауымша, мұндай қолайсыз жайға өздері де ұялды білем, ертеңінде жарыс өтетін сарайда жаттықтық. Мен жаттығу кезінде ауыр салмақ бойынша сынға түсетін Александр Иваницкиймен белдесемін. Бұл мен үшін өте пайдалы. Өйткені əлемнің екі дүркін чемпионынан тəлім аларлық, үйренерлік өнеге аз емес еді. Ойлап қарасаң, өмірдің өзі бір қуаныш, бір өкініш қой. Мен де күтпеген жерде сондай ренішке тап болдым. Жаттығуда күресіп жүріп, оқыс
қимылдап оң аяғымды қатты жарақаттап алдым. Алғашқыда оны онша елемеп едім, кейін ол жан шыдатпай сырқырайтын болды. Маған кілең жеңіс əперетін қайран оң аяқ осылай, бір-ақ күнде сыр беріп алды. Сонау жерден əдейі күресуге келген соң кілемге шықпай қалу тым ұят- ақ. Алған бетімнен қайтпадым. Мен осы күнге дейін түрік палуандарымен əсте белдеспеп едім. Бұл жолы алғашқы күресетінім Гиоседцин Илмаз еді. Бұл жұмбақ жігіт, біздің қырандарға да, бапкерлерге де беймəлім болып шықты. Белдесу басталып кетті. Əдеттегідей, оң аяқты беріп алдаусыратуға дəтім шыдамай, сақтана күресіп жүрмін. Оңтайлы сəтке келгенде оны қапы жібермей қайыра лақтырып екі ұпай алдым. Күресіп жүріп өкініп жүрмін. Он екі мүшеңнің біреуі сыр берсе, палуан үшін бұдан артық қорлық жоқ шығар, сірə. Илмазды тағы бір аударып тастауға ғана шамам жетті. Содан кейін бір минуттық үзіліс алдық. Екінші кезеңде түрік палуаны кілемге ширығып шықты. Бірде ол мені лақтырамын деп əрекет жасағанда тепе-теңдігін сақтай алмай, жығылып қала жаздады, осы сəтте оң аяқ сырқыраса да, қамшыны аянбай бастым. Түрік палуанын етбетінен түсіргенімді қайтейін, осындайда оң аяқтан қайран болмаған соң. Оңтайлы сəтті босатып алдым. Илмазды ұпай санымен ғана ұттым. Ертеңінде кіммен кездесетінім əлі белгісіз. Жартылай ауыр салмақта отыз үш жастағы Хамит Капланның есімі жер жаратын. Нар тəуекел, не де болса сол мықтымен белдесуге құштар едім. Бірақ оның сəті түспеді. Түріктер Илмаз кеше қапы қалды деді ме, кім білсін, екінші күні оны тағы да маған қарсы шығарды. Илмаз ə дегеннен қатты кетті. Оң аяғымның осындайда сыр бергеніне ренжіп едім, енді шегінетін жер жоқ болған соң мен де барымды салдым. «Шіркін-ай, таза түсірсем, жарар едім» деп қоямын. Оң аяғым ауырмаса, оның əуселесін көрер едім. Бірінші кезеңнің аяқталуына шамалы уақыт қалған. Илмаз жанталаса қимылдап мені басынан асыра лақтыруға əрекет жасай бергенде тез қимылдап сол аяқпен қырқа шалдым. Ол мұны күтпеп еді, шалқасынан
құлап кілемге таза түсті. Алғашқы жеңіс маған осылай қиыншылықпен келді. Алпыс үшінші жыл да мен үшін жемісті болды. Токио мен Стамбулдан олжалы қайтып, жаңа жылды – 1964 жылды өз семьяммен бірге қарсы алдым. Бұл кезде апам мен Кəмаш менің таусылмайтын сапарыма əбден үйреніп алып еді. Олар енді: – Жолға əзірлене бермейсің бе? – деп қалжыңдайтынды шығарды. Расында да ертеңінде телеграмма келді. Ендігі сапар – Иран. Москва манындағы Подольск қаласында дəстүрлі жаттығуды өткізіп болған соң, алдымен Ереванға ұштық. Мұнда «Динамо» ерікті спорт қоғамы Орталық Советінің біріншілігі өтіп жатқан болатын. Сол жарысты тамашалап, осында бірер күн жаттыққан соң, автобуспен Иранға бет алдық. Бұл сапардың мақсаты да Стамбулдағы сияқты осы жылы қараша айында өтетін Токио Олимпиада сы алдындағы соңғы барлаудың бірі еді. Осы сыннан сүрінбей өтсем, Олимпиада ойындарына қатысамын ба деген арман да көңіл қалтарысының бір бұрышында бұғып жатқан. Екі-үш күн тынығып қаланы араладық. Стамбулға қарағанда, Тегеран маған өте ұнады. Үйлері де, көшелері де сəнді екен. Жұма күні көптен асыға күткен жарыс та басталды. Күрес жанкүйерлері өңештері жыртылғанша даурығысады, Тегеранда да Стамбулдағыдай айғай-шу, кең сарай іші темекінің түтінінен көрінбейді. Бірден қолқаңды қабады. Кейде құсқың да келіп кетеді. Бірақ амал қанша, бəріне де лажсыз көнесің. Бес елден жиналған осы дүбірлі жарысқа өткен жолы Американың Толидо қаласынан көрген атақты палуан Хабиби бас төрешілік етті. Алғашқы күнгі қарсыласым Амери деген мықты екен. Бұл кезде оң аяқтың сырқырауы əбден жазылған. Өзімеөзім сенімді едім. Белдесу басталып, ұстасқан беттен аяқтан қағып аударып тастап бірнеше ұпай асырып алдым. Амери содан қатты қаймығып қалды білем, ол кілемнің ортасына жуымай қашқалақтай берді. Қарсыласым ширақ тəсіл жасатпай діңкелетті. Оны сирағынан ұстап ортаға қарай сүйрей-сүйрей
шаршадым. Не керек, оны сəл ғана ұпай басымдылығымен ұттым. Оған өз басым риза емеспін. Əрине, спортта үнемі жеңіске жетемін деу кімге де болсын артықтау жəне қиындау шығар. Кейде сəтсіздіктен де қашып құтыла алмайсың. Дегенмен күшің де, əдіс-тəсілің де асып тұрғанда, қарсыласыңды ұпаймен жеңу өзіңе қорлық та сияқты. Ертеңінде кілемге шықпай бос болып, жексенбі күні тағы да ирандық палуан Мойзопермен күш сынастым. Сабаздың бойы да келісті екен. Жерлестерінің алдында жеңіске жетемін деп аянбай барын салып-ақ бақты. Сонда да шалғысы тасқа тие береді. Мен ұпайды бірінен соң бірін асырып жатырмын. Бір рет ирандық палуанның жаурынын кілемге тигізіп те едім, бірақ оны төреші көрмей қалды. Тағы да мен əріптесімнен айқын басым түстім. Енді үшінші сында болгарлық Мұстафаевпен белдесетін болдым. Оны да Толидодан білемін, көзге қораштау көрініп еді сонда. Қарсыласымды менсініңкіремей шыққандықтан ба, жоқ əлде шаршағандықтан ба, бұл жолы Мұстафаевқа қарсы ешқандай əдіс-айла қолдана алмай пұшайман болдым. Болгарлық палуанмен тең түстім. Өкінгеннен де пайда? Күрес осындай қуаныш, ренішімен қызықты. Бұдан кейінгі жылдарда да күрестен қол үзген жоқпын. ССРО кəсіподақтарының біріншілігіне жəне ауыл-село спортшыларының бəсекелестерінде бірнеше рет биік тұғырдан көріндім. Екі рет еліміздің Кубогын ұтып алдым. 1966 жылы Индия – Қазақстан матчтық кездесуінде жеңіске жеттім. 1967 жылы ССРО халықтарының IV Спартакиадасында мен тұңғыш рет ауыр салмақта сынға түстім. Осы жарыс алдында кезекті жаттығуда мойнымды ауыртып алғаныма қарамастан, тек қана əлем жəне XVIII Олимпиада Ойындарының чемпионы Медведьтен ұтылып, алтыншы орынмен қанағаттандым. Қазақстан құрамасында 12 есепті ұпай əпердім. Осыдан бастап менің спорттық өмірімде тоқырау процесі жүре бастады. Табиғаттың төрт маусымы кезек-кезек мəңгі алмасып жататынындай, менің өмірімде де көгілдір көктем мен жанға жайлы шуақты жаз
аяқталып, қыраулы күз бен ызғарлы қыс басталды. Тірі адам, жаны сірі пенде бəріне де көнеді екен. ТОҚЫРАУДАҒЫ ТОРЫҒУ Сырт қараған адамға менің спорттық өмірім кілең қызықпен өткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Шындығында солай ма еді? Мен бұл арада күн сайын шелектеп төккен терлеріммен өрледім деп əсте айта алмаймын. Азамат атанып, өмірдің өлшеусіз ұзақ даңғыл жолына түскеннен бері мен туған халқымның мəртебесін асқақтатып, соның туын əрдайым желбірете берсем екен деп армандап едім. Өзімнің аспаған асу- белестерімді артымдағы үлкен көш керуен – жастар легі үйренсе екен деп қиялдап едім. Осы орайда тағы да бір бүкпесіз, ешқандай қайырмасыз жəне нүктесіз ақ көңілдің ешкімге айтыла бермейтін иірімдерін жасырмай ақтарсам, мен өзімнің барлық саналы өмірімді тек қана күреске арнаған жанмын. «Жаңа ғана үйленіп едім, ауылдан қарт анам көшіп келіп еді, семьямда тығыз шаруа болып тұр» деп басшыларға бір ауыз тілек айтпаған, өтініш, өкініш білдірмеген жанмын. Мен өзімнің тұла бойы тұңғышым Қадырсейіттің дүниеге келгенін 1963 жылы маусымның 7 жаңасында Алматыда Орталық стадионда күресіп жатқанда естідім. Қай азамат өзінің семьясын, өмірде бір-ақ келетін əке деген ардақты есімді естуді армандамайды? Сол күні өз семьямдағы жағдайды біле тұра маған кілемге де шықпауға болушы еді. Мен сонда өзімнің тұңғыш сəбиімнен Қазақстанның мəртебесін жоғары көріп едім. Бұрын да, қазір де мен үшін Айхановтан гөрі туған халқымның атақ-даңқы, абыройы биік тұратынын айтқым келеді. Бəз біреулер осы Əбілсейітте ешқандай арман жоқ шығар дейді. Жұмыр басты, екі аяқты пенденің армансыз өтпегені бар ма? Менің де мақсат етіп қойған жоспарларым көп еді. Соларды жүзеге асыра алмай армандамын. Соны ішке бүкпей сыртқа да шығарайын. Менің əділдік іздеп, шындықтың шегіне жетемін деп шырылдап, жазықсыз жапа шегіп бейнет көргенімді екінің бірі біле бермейді. Ол
кезінде «Қазақ əдебиеті» жəне «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланды да. Сонда да, жұртшылыққа өзімнің кейінгі еңбек жолымды да айта кетейін. Кейде жалғыз өзің оңаша қалғанда ойыңа қай-қайдағы оқиғалар түседі екен. Өткен спорттық жолымды жай ғана шолып өтсем, мен əлемнің жер-жерінде 72 рет халықаралық белдесулерге қатысыппын, солардың бірдебіреуінде жауырыным жерге тимепті. Қаншама атақты палуандарды жықтым. Сонда да өзіңді дүние-жүзіндегі ең күштілердің қатарына қосып жүріп, жеме-жемге келгенде солардың қатарында болмау мен үшін əсте орны толмайтын, өзекті өртейтін өкініш. Бұл орайда өзімнің бірде-бір əлем біріншілігіне жəне Олимпиада ойындарына қатысып күресе алмағанымды айтып отырмын. Менің алпысыншы жылдардағы жер жаһанды кезген ұзақ сапарым халқыма ұнаса да, республикалық спорт басшылығында отырған кейбір жолдастарға, біраз бапкерлерге жақпай қалған сияқты. Бала-шаға емеспін, талай-талай жаттығу, белдесулерден тəжірибе жинақтап, есейген шағым емес пе, бұл кезде бозөкпе боз-балаларға арман болып елестейтін асуларды алып, өмірдің кейбір нəзік иірімдерін аңғаратын халге жетіп едік. «Əлем Айханов деп қол соғады. Көк теңіз Айханов деп күңіренеді. Айханов қайда? Айханов Америкада, Индияда, Токиода, Стамбулда, Тегеранда, Лейпцигте, Прагада, Улан-Баторда... Айханов қазір шетелде жүр. Осы «шетелде жүр» деген екі-ақ ауыз сөз талай-талай марқасқа жайсаңдардың жүрегін бүлк еткізуші еді. Абайсызда жол кесіп өтетін қара мысықтың тырнағындай өткірдің жүзі көре алмаушылардың кеудесін сұққылайтын. Мен оны Алматыда, мейлі жат елде жүрейін, айқын сезіндім. «Олай болса Айхановты тоқтатайық». Тырнақ астынан кір іздеп, имансыз, жансыз жүретін адамдар жеке басының атақ-абыройы үшін қандай əрекетке барады десеңізші! 1967 жылы ССРО халықтарының IV Спартакиадасында мойнымды ауыртып алғаныма қарамастан, алтыншы орын алып, Қазақстан құрамасына 12 ұпай əпергенімді жоғарыда айттым. Міне, осы сапардан
Алматыға оралысымен «Айханов өзінің спорттық жолын аяқтады» деген қаңқу сөздер əр жерден естіле бастады. Сыбырлаған сөз құдекеңнің де құлағына шалынады дегендей, ол маған да жетті. Жəне де сол кезде республиканың дене тəрбиесі мен спорттың бас басқарушысы марқұм Кəркен Ахметовтың да құлағына жеткен сияқты. Сол кісі мені бір күні өзінің қабылдауына шақырды. Ойымда ешнəрсе жоқ, тағы да халықаралық жарыс өтетін шығар деп жетіп бардым. Амандықтан кейін күнделікті күрестің жайы, оның болашағы сөз болды. Біздің бұл əңгімемізге екеуімізден басқа, сол жылдардағы мемлекеттік жаттықтырушы Хайс Байынғалиұлы Аққалиев қана ортақ болатын. – Əбілсейіт, сен Қазақстан күресіне өлшесе баға жетпейтін үлес қосқан жігітсің, – деп бастады сөзін марқұм Кəкең. – Біз осы отырған үш азамат халқымыздың келешегін де ойлап, ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан күрестің де ертеңгі болашағын ұмытпауға тиістіміз. Мен сенен мол үміт күтемін. Сен Қазақстан құрама командасының бас бапкерлік тізгінін өз қолыңа ал. Соған дайын бол. Соны айту үшін шақырып едім, – деді. Расын айтсам, сол арада осындай оқыс шешімді күтпеп едім. «Əр кəллада бір қиял» дегендей, мен əлем біріншілігіне, Олимпиада Ойындарына қатысуды əлі де болса армандаушы едім. Халқым алдында күрестің ең соңғы нүктесін қойған жоқпын деп ойлайтынмын. Күтпеген жерден қойылған тілек мені аяқ астынан абыржытып тастады. Сонда да: – Олай болса, менен көп үміт күтсеңіздер, мен сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын, – дедім. Бұлай деп айтқан себебім, əдетте спорттың түр- түрінде «ойнаушы-бапкер» деген сөз бар. Бір жағынан, жастарды жаттықтырып, оларға бас-көз болып өзім де күресіп жүрсем, оның ешқандай сөкеттігі жоқ деп ойладым. Осымен тарқастық. Өзіммен-өзім қабырғаммен кеңесіп, ойланып-толғанып күй кешіп жүр едім. Менің бір жаман мінезім мұндай толғақты мəселелерді не апама, не Кəмашқа əсте тіс жарып айтпаймын. Осы үш адамның арасында болған ауыз екі əңгімені бірге жүрген дос-жолдастарыма да
жарияламадым. «Еркін күрестен Қазақстан құрама командасының бас бапкері бола қалсам, алғашқы жұмысты қалай бастау керек?». Мені күндіз-түні толғандырып жүрген мəселе осы еді. Арада екі-үш күн өтпей жатып мені тағы да Кəркен Ахметов бөлмесіне шақырды. Өңі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Ұрсысуға қара таба алмай отырғаны жүзінен білініп-ақ тұр. Шын көңілден көрсететін ежелгі дəстүрмен ағалап берген сəлемімді салқын алды Кəкең. Ол ызбарлана айбатын шашып, маған дойыр қамшысын басып-басып жіберді. – Əбілсейіт, сен əлі аға бапкердің қызметіне кіріспей жатып жанжал, төбелес шығарып жүргенің не? Кей жігіттерге тізе көрсетіп, басымдылық айбатын шегетін көрінесің. Осы да жігіттік пе? – деп көзін ақшитты. – Аға, бұл қалай? Мен ешкіммен жанжал шығарған жоқпын, төбелескен де емеспін, – дедім. – Жоқ, сен жалтарма, бұлталақтама. Күні кеше Қабден Байдосовпен төбелесіпсің. Біз де бұл жерде ай қарап отырған жоқпыз. Бəрін де білеміз, бəрін де сеземіз. Жігіт болсаң, ағыңнан жарыл, шыныңды айт. Өзімнің туған ағамдай сыйлайтын басшым қадалған жерінен қан алмай тынбайтын кенедей жабысып отыр. Ал бұрын Қабден Байдосов екеуіміздің арамыздан қыл өтпейтін. Оның өзіне, көзіне де шөп салған емеспін. Əлгі сөзге керемет таң қалдым. Ал сол жолғы үшеуіміздің əңгімемізде Қабден болмаған. – Аға, кешіріңіз. Егер мен Байдосовпен төбелессем, сіз оны шақыртыңыз. Бетпе-бет сөйлесейік. Егер ол Əбілсейіт маған осылай деді, əйтпесе менімен төбелесті десе, мен өзімді өмір бойы ақтамай-ақ қояйын. Кəкең бұл уəжге тосылып қалды. Түймені басып хатшы қызға Аққалиевті шақыртып алды. Еңді ертең біз төртеуіміз кездесетін болдық. Тағы да таң атып, тауық шақырған соң, адамдар бəзбаяғыша таңғы сағат 9-да кенсеге жиналғанда Кəкең, Аққалиев, Байдосов жəне мен
бетпе-бет жүздестік. – Əй, жігіттер, мен бір нəрсеге түсінбеймін. Сіздердің бұларыңыз не? – деп Кəкең бəрімізге ортақ сұрақ қойды. Үшеуіміз үнсіз отырып қалып едік, Қабден: Аға, не болды? – деді. Сіздерге не жетпейді осы? Тоқалдан туғандай бірбірлеріңмен қырқысып, ұрсысып жүресіңдер. Тіпті, төбелесуге де барасыңдар? – Қалай?! Кімдер ол төбелескен? – деді тағы да Қабден. – Сен ешнəрсе білмегендей жалтарма. Алдыңғы күні Əбілсейіт мен енді аға жаттықтырушы боламын деп саған озбырлық көрсетіпті. Екеуің төбелесіпсіңдер ғой. Оны менен неге жасырасың? – деп Кəкең де тақымдап болмады. – Мұны кім айтты? Екеуіміздің арамызда ондай қақтығысатындай ешнəрсе болмады, – деп Қабден таң қалды. Осы кезде əңгімеге Хайс араласты. – Қабден, қойсаңшы, маған мұны өзің айттың ғой, – деп шала жанған отты көсеп-көсеп жіберді. – Ты, что, қашан мен айттым? – деп Байдосов даусын көтеріп шыға келді. Біздің осы əңгімемізді жай ғана сырттан абайлап қарап отырсаң, сценарийі дап-дайын сахналық көрініс сияқты. Оқиға желісі нанымды, кейіпкерлері де сайдың тасындай іріктелген. Тап осы кезде Хайс қарап отырмай күйтабақтың екінші жағын алмастыра қойды: – Арамызда Феликс Примильский болған. Тəрізі бұл əңгімені сол айтқан сияқты,—деп шүмшуірді жанып жатқан отқа тағы бір сұққылады. Шым-шытырық бір жұмбақ. Шешімін тапқызбайды. Түлкібұлаң сөздердің төрелігін Кəкеңнің өзі айтты.
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177