(с.а.с.) әйел-балаларды есептемегенде, екі мыңдай ізбасарымен Меккеге аттанады. Меккелік мұсылмандар кәпірлердің қысымынан лажсыз тастап кеткен туған жерлерін сағынып қалған-ды. Олар ансар бауырларымен бірге қалаға кіре бере жаппай «Ләббәйкә Аллаһуммә ләббәйк» (Біз құзырыңдамыз, уа, Аллаһ, біз құзырыңдамыз) деп ұрандап, Мекке аспанын жаңғыртады. Бүкіл меккеліктердің назары Пайғамбарымызға (с.а.с.) ауған. Ол Қасуа атты түйесінде отырған-ды. Түйенің бұйдасын Исламның бұлбұл ақыны Абдуллаһ ибн Рауаха (Аллаһ оған разы болсын) жетегіне алып «Жол беріңдер, кәпірлер жұрты, соқтықпа оған...» деген өлеңін оқыды. Аллаһ елшісін (с.а.с.) көруге келгендердің арасында Бәрра Харисқызы да бар еді. Ол іштей Құранда Ибраһим мен Исмаил пайғамбарлардың тілінде келген мына дұғаны оқып келе жатты: «Раббымыз, олардың (ұрпағымыздың) ішіне өздерінен, оларға аяттарыңды оқитын, Кітап пен хикметті үйрететін, оларды тазартатын бір елші жібер. Шынында, Сен аса Үстем, өте Данасың»1. Бәрра «Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне үйленсе», деген арманда жүретін, бұл ойын әпкесі Умму Фадлға айтады. Умму Фадл Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жауабын білу үшін күйеуі Аббасты (Аллаһ оған разы болсын) араға салады. Аббас Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп, балдызына үйлену туралы ұсыныс жасағанда, Аллаһ тағаладан: «Ей, Пайғамбар! Біз саған мәһрлерін берген әйелдеріңді, Аллаһ өзіңе олжа етіп берген күңдеріңді, ...және өзін Пайғамбарға тарту еткен иман келтірген әйелге, егер Пайғамбар оны әйелдікке алуды қаласа, (мәһрсіз үйленуіңе) 1 «Бақара» сүресі, 129-аят. 151
рұқсат еттік. (Бірақ бұл барлық) иман келтіргендерге емес, саған ғана қатысты»1, – деген аят түседі. Осылайша Мәймуна ең ұлы Адам баласымен отау құрған мүміндердің соңғы анасы атанады. Келісімді үш күн аяқталған соң, «Расында, Аллаһ Өз елшісінің (көрген) түсін ақиқатпен растады. (Ей, мүміндер!) Таяуда сендер, Аллаһ қаласа, (шаштарыңды) алдырып тастаған немесе қысқартқан күйлеріңде әл-Харам мешітіне (ешкімнен) қорықпастан емін- еркін кіресіңдер. Аллаһ сендердің білмегендеріңді біліп, одан (Меккенің ашылуынан) бұрын жақын бір жеңісті (Хайбар жеңісін нәсіп) етті»2, – деген Аллаһ тағаланың уәдесіне сай бейбіт түрде сахабаларымен бірге былтырғы умраларын өтеген Пайғамбар (с.а.с.) Меккені тастап шығып, Сариф деген жерге келгенде, Мәймуна анамызбен үйлену рәсімін жасайды. Сөйтіп, Бәрра Пайғамбар (с.а.с.) отбасы мүшелері қатарына кіреді және Аллаһ елшісі (с.а.с.) мен оның арасында ешқашан келіспеушілік болған емес. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәймуна мен оның әпкелері жайлы: «Мүмін әпкелі-сіңлілер Мәймуна, Умму Фадл және Әсма», – деген3. Аллаһ елшісі (с.а.с.) бұл фәнимен қош айтысқанда, Мәймуна елу жаста болатын. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қазасынан кейін оңаша ғұмыр кешіп, қалған өмірін Аллаһқа құлшылық етумен өткізеді. Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін келер ұрпаққа жеткізуге атсалысқан. Ол һижра жыл санауымен 51-жылы дүние салып, Пайғамбарымызбен (с.а.с.) алғаш неке рәсімін жасаған Сарифқа жерленген. Жаназасын әпкесінің ұлы Абдуллаһ ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) шығарған. 1 «Ахзаб» сүресі, 50-аят. 2 «Фатх» сүресі, 27-аят. 3 Ибн Хажар, Исаба: 4/412. 152
Мүміндердің соңғы анасы – Мәймуна Харисқызына Аллаһ разы болсын! Оны және барша мүміндердің аналарын біздерге Аллаһ тағала үлгі-өнеге етсін! 153
III. БӨЛІМ МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ (С.А.С.) ҚЫЗДАРЫ Зәйнәб Руқайя және Умму Кулсум Фатима Заһра 154
ЗӘЙНӘБ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үлкен қызы – Зәйнәб Кубра Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хадиша анамыздан төрт қыз, екі ұл көрген. Өкінішке қарай, ұлдары Қасым мен Абдуллаһ жастай дүниеден өтеді. Ал қыздарының ең үлкені Зәйнәб еді. Сондықтан да ол Зәйнәб Кубра (Үлкен Зәйнәб) деп аталатын. Кейінгі қыздары Руқайя, Умму Кулсум және кенжесі Фатима Заһра, Аллаһ оларға разы болсын! Міне, осылайша Пайғамбардың (с.а.с.) тәрбиесінде төрт қыз өсіп жатады. Уақыт өте келе Зәйнәб бойжетіп, оны Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аталас туысы болып келетін Әбдуманаф әулетінің Әбул-Аси ибн Рабиғ деген жігіті айттырып келеді. Бір жағынан, бұл жігіт Хадиша анамыздың сіңлісі Халәнің ұлы еді. Әбул-Аси мен Зәйнәб бір-біріне бөле болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) келісімін беріп, екеуі шаңырақ көтереді. Бұл жайттың барлығы Аллаһ елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктелместен бұрын болған оқиғалар-тұғын. Отау тіккен жас отбасы Әли деген ұл мен Умама атты қыз перзент сүйеді. Осы кездерде Аллаһ елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктеледі де, Мекке шаһары екіге – иман мен күпірге бөлінеді. Алғашқылардың қатарында болып Зәйнәб та иман келтіреді. Бұл уақытта күйеуі Әбул-Аси сапарда болатын. Сапардан оралған күйеуінен Зәйнәб Исламды қабылдауын сұрағанда, ол бұл мәселені жауапсыз қалдырады. Күн өткен сайын Зәйнәб қайта- қайта иманға келуін талап ете берген соң, Әбул-Аси ақырында: «Сен менің алдымдағы өзіңе және әкеңе деген қадір-құрметтің зор екенін білесің. Бірақ адамдардың мені ата-бабасының дінін өзгертіпті деп қаралауын қаламаймын. Сондай-ақ әйелінің ықпалымен Исламды қабылдады дегендерін де естігім келмейді», – деген жауап қайтарады. 155
Осындай себептерді алға тартқан Әбул-Аси сөз болудан қорқып, хақ дінді қабылдаудан бас тартады. Екі оттың арасында қалғандай күй кешкен Зәйнәб сонда да болса күйеуі иманға келер деген үмітін үзбейді. Бұл кезде кәпір күйеу мен мұсылман әйелдің арасын ажырату туралы үкім әлі келмеген-ді. Осылайша, Зәйнәб күйеуімен Меккеде тұрып жатады. Мұсылмандардың саны артқан сайын күннен-күнге құрайыштар оларға қатты қысым көрсете бастайды. Осы кездерде жас сенімдерін қорғап қалу мақсатында Зәйнәбтің сіңлісі Руқайя мен оның күйеуі Осман (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) Хабаша жеріне қоныс аударады. Ал Зәйнәбтің күйеуі құрайыштың белді өкілдерінің бірі саналғандықтан, оның отбасына дінге қатысты қысым болмаған еді. Күндер өтіп жатады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) құрайыштардың көрсеткен зұлымдығынан бой тасалап, Исламға бейбіт мекен іздеп Мәдинаға қоныс аударады және сонда жаңа мемлекеттің негізін қалайды. Осы жылдар ішінде Зәйнәбтің күйеуін Исламға үгіттеуі нәтижесіз аяқталып, Әбул-Аси иманға мойын бұрмаған күйі қала береді. Уақыт өте келе Ислам және оның туын көтерген мүмін мұсылмандар мен серікқосушы кәпірлер, иман мен күпір арасындағы соғыс – Бәдір шайқасы басталады. Бұл соғыста мұсылмандар теңдессіз жеңіске жетеді. Құрайыштардың талабымен бұл шайқасқа Әбул-Аси да қатысып, мұсылмандарға қарсы соғысады. Ұрыста жетпіске жуық меккелік жауынгерлер мұсылмандардың қолына тұтқынға түседі. Осы тұтқындардың ішінде Әбул-Аси да бар еді. Қолға түскен тұтқындарды туыстары келіп, құн төлеп босатып алып жатады. Солардың қатарында Зәйнәб та күйеуінің бостандығы үшін төлем ретінде біраз мал- дүние жіберген-ді. Жіберген дүниенің арасында анасы Хадишаның тойына тарту еткен мойын алқасы да бар болатын. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзіне іліккен бұл алқа оның жан дүниесіне толқу салады. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жадындағы ширек ғасыр естелігін қайта көтеріп, ол кісінің Хадиша анамызға 156
деген жүрек түкпірінде жатқан махаббатын жаңғыртады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әбул-Аси үлесіне тиген сахабаларға: «Егер қаласаңдар, Зәйнәбтің алқасын, мал-мүлкін және тұтқынын өзіне қайтарып берсеңдер деген едім»1, – деп өтініш білдіргендей сыңай танытты. Бірақ Аллаһ елшісі (с.а.с.) мұны бұйырмайды да, талап та етпейді. Ал сахабалар: «Сен үшін, сенің құрметің үшін, уа, Аллаһтың елшісі!» – деп Зәйнәбқа оның алқасын, мал-мүлкін және күйеуін ешқандай төлемсіз қайтарып береді. Осылайша Әбул-Аси тұтқыннан босаған соң Меккеге қайтады. Бірақ бұл жолы Аллаһтың жаңа үкімінің (мұсылман әйелдің кәпір күйеумен тұруға болмайтындығы) келуіне байланысты Әбул-Асиға Пайғамбарымыз (с.а.с.) Исламды қабылдауын яки Меккеге барғаннан кейін Зәйнәбті қайтаруын талап етіп шарт қояды. Тұтқыннан босап қайтқан Әбул-Аси үйіне келгенде, Зәйнәб қатты қуанады. Алайда көп ұзамай оның қуанышы су сепкендей басылады. Күйеуі Зәйнәбқа: – Жол жүру керек, – дейді. Зәйнәб: – Не қайтадан жолға шығуың керек пе? – деп сұрағанда, Әбул-Аси: – Жоқ, сенің жолға шығуың керек, – деп жауап береді. – Не үшін? – деп таңданған Зәйнәбқа ол: – Бұл менің қолымдағы нәрсе емес, мен әкеңе сені қайтаруға уәде беріп келдім, – деп мән-жайды түсіндіреді. Сөйтіп, Зәйнәб жиналып, Мәдинаға жол тартады. Ерлі- зайыптылық сүйіспеншіліктің иелеріне осылай ақида талабымен айырылысуға тура келеді. Әрине, Ислам ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілікті құптайды және осы нәрсеге шақырады. Алайда ол ақидаға қайшы келмеу керек, бұл мәселеде жалаң махаббаттың өзі жеткіліксіз. Сондықтан да мүмін адамның қанша жақсы көрсе де, кәпірмен 1 Әл-Хаким, Мустадрак: 4/44-45, Ибн Сағд, Табақат: 8/31. 157
бас қосып, тұрмыс құруына хақысы жоқ. Мұсылман отбасында ақида қайшылығына жол берілмейді. Зәйнәб Мәдина сапары барысында жолда қарақшылардың шабуылына ұшырайды. Бұл керуенде Мұхаммедтің қызы бар деп естіген қарақшылар онда едәуір мал-дүние бар деп ойласа керек, керуенді шабады. Қарақшылардың басшысы Зәйнәб отырған күйменің шымылдығын түріп, одан ешқандай мал-дүние таппаған соң, Аллаһтың пайғамбарының қызын Хаббар ибн Әсуәд деген жауыз, сұмпайы азғын найзаның дүмімен ұрады. Дәл сол кезде Зәйнәбтің аяғы ауыр-тұғын. Кейін іштен тиген соққының ауырлығынан түсік тастап, жатырынан жиі-жиі қан кететін науқасқа шалдығады. Болған жайт Пайғамбарға (с.а.с.) жеткенде, ол азғындықтың шыңына шыққан мұндай масқараға не дерін білмей, жан дүниесі күйзеліп кетеді. Ол кісі мұсылмандарға Хаббарды тапқан жағдайда Қағбаның дуалына жабысып тұрса да өлтіруге бұйрық береді. Ал жауыз Хаббар ізін суытып, ұшты- күйлі қарасын батырады. Исламды қабылдаудан бас тартып, сүйікті әйелінен айырылған Әбул-Аси бұл уақытта меккеліктердің есепсіз мал-дүниесін аманатқа алып керуен шығарып, Шам шаһарына жол тартып кетеді. Ұтымды сауда жасап қайтқан Әбул-Асидің керуені жолда мұсылмандардың шабуылына тап болады. Бұл мұсылмандар мен құрайыш мүшріктері арасында бейбітшілік келісімі түзілмеген, екі жақ бірін-бірі қандай жолмен болсын тұқыртып қалуға тырысып отырған Худайбия келісімінен бұрынғы уақиға еді. Зәйд ибн Хариса (Аллаһ оған разы болсын) басқарған 170 жауынгерден тұратын жасақ Әбул-Аси керуенінің күзетін тас- талқан етіп, бүкіл керуеннің мал-мүлкін олжалайды. Керуен күзетіндегі адамдардың қашқаны қашып, құтыла алмағандары қолға түседі. Бірақ Әбул-Аси ұстатпай кетеді. Оны қолға түсірмекке ниеттенген мұсылмандар Меккеге қайтар жолды торуылдағанмен, ол қарасын көрсете қоймайды. Ал қолға түскен керуен Мәдинаға әкелінеді. 158
Сол күні түн ортасында Зәйнәбтің есігі қағылады. Ашып қараса, күйеуі Әбул-Аси. Оны мұсылман боп келді деп ойлаған Зәйнәбтің қуанышында шек жоқ еді. Мән-жайды біле келе, оның мұсылман емес, өлімнен бас сауғалап келгендігін ұғады. Соған қарамай өжеттілік танытып оны тыныштандырып, үйінен пана береді. Таң қылаң бере таң намазына иқамат айтылып, мұсылмандар сапқа тұрып жатты. Кенет арт жақтан: «Мен Әбул-Асиді қорғаныма алдым», – деген әйел даусы естіледі. Бұл Зәйнәб еді. Мұсылмандар аң-таң қалады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) намаз оқып болған соң, сахабалардан: «Менің құлағым шалған нәрсені сендер де естідіңдер ме?» – деп сұрайды. Олар: «Иә, естідік», – деп жауап берді. Пайғамбар (с.а.с.) сонда: «Аллаһтың атымен ант етемін! Менің мұнан хабарым жоқ еді», – дейді. Осылайша Әбул-Аси әйел кісінің қорғанының астында бірде-бір адамның түрткісіне ұшырамай, бүкіл Ислам әскерінің алдында Мәдинада жүреді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) бұл жолы да сахабаларына өтініш ретінде: «Егер қаласаңдар, керуенін қайтарып берсеңдер», – деген лебіз танытады. Сахабалар: «Сен үшін, сенің құрметің үшін, уа, Аллаһтың елшісі!» – деп, Әбул-Асиға бүкіл керуенін мал-мүлкімен қоса қайтарып береді1. Осы күнге дейін мұндай адамгершілік қасиеттері қалыптасқан қоғамның куәсі болмаған Әбул-Аси мұсылмандардың бұл әрекетінен қатты әсер алады. Мұсылмандар тарабынан осыншалықты ізеттілік пен адалдық көрген ол иман келтірмей, мал-дүниесін жиып-теріп, Меккеге аттанып кетеді. Меккеге жетісімен керуендегі аманат мүліктерді бір-бірлеп иелеріне таратып, үстіндегі пайдаларын қоса беріп болған соң: «Енді менде ештеңелерің қалмады ма?» – деп сұрайды. Олар: «Біз саған 1 Ибн Һишам, Сира: 1/157-158; Ибн Сағд, Табақат: 8/32; Әл-Хаким, Мустадрак: 4/45. 159
разымыз», – деп Әбул-Асиді біраз мақтайды. Әбул-Аси: «Менде еш ақыларың қалмады ма?» – деп қайта сұрайды. Олар: «Ештеңеміз қалған жоқ», – дейді. Осыдан кейін барып Әбул-Аси: «Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән расулуллаһ (Аллаһтан өзге құдай жоқ екеніне куәлік беремін және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беремін)» деп иман келтіреді де: «Мен бұл нәрсеге Мәдинада ниеттенген едім, бірақ жұрт мал-дүниесін қайтарып алу үшін иман келтірді деп ойлап қалмасын дедім», – дейді (Аллаһ оған разы болсын). Сосын ол Мәдинаға оралып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдына келіп, өзінің мұсылмандығын жариялап, Аллаһ елшісінен (с.а.с.) өзін Зәйнәбқа қайта қосуын сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әбул- Асиді қуана қарсы алып, оған Зәйнәбті қайтарып береді. Олар араға алты жыл салып барып қайта табысады. Алайда, өкінішке қарай, көп ұзамай Зәйнәб қарақшы Хаббардың соққысының салдарынан көп азап шегіп дүниеден өтеді. Осы өлімге тікелей себепкер болған Хаббар сол бойы таптырмай кеткен еді. Мекке мұсылмандардың қолына өткеннен кейінгі күндердің бірінде Мәдинада Пайғамбарымыз (с.а.с.) мешітте отырғанда, алып денелі бір кісі алдына келіп тізерлеп отырып: «Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән расулуллаһ», – деп иман келтіріп, Аллаһ елшісінен (с.а.с.) кешірім сұрай бастайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оның Хаббар екенін білген соң, жүрегіндегі қызына деген махаббаты бой көтеріп, ескі жараның аузы тырналып: «Зәйнәбті өлтірген осы, Зәйнәбті өлтірген осы», – деп қайталап отырып қалады. Десе де, бұл орында таразы сезім емес, сенім еді. Ислам иман келтірген кісінің алдыңғы күнәларының бәрін жуады, тіпті ол Пайғамбардың қызын өлтірсе де. Сіздер адамзат тарихында патшаның қызын өлтірген біреуді патша үкіметінің кешіргенін естігенсіздер ме?! Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хаббарды кешірген. Өйткені Исламның мақсаты – әсте кек қайтару, өш алу, әлдекімге зұлымдық істеу емес. Ислам – бейбітшілік пен кешірімшілдіктің рәмізі! Аллаһ 160
елшісінің (с.а.с.) қызы Зәйнәбқа Аллаһ разы болып, оны Өз рақымына алсын! 161
РУҚАЙЯ ЖӘНЕ УММУ КУЛСУМ (АЛЛАҺ ОЛ ЕКЕУІНЕ РАЗЫ БОЛСЫН) Осман (Аллаһ оған разы болсын) ие болған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қос нұры Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қыздары Руқайя мен Умму Кулсумнің өмір жолдары өте ұқсас болатын. Бұл екі қыз бойжетіп, оларды құрайыш көсемдерінің бірі Абдулғұзза ибн Абдулмутталиб деген кісі Ұтба және Утайба атты ұлдарына айттырып келеді. Абдулғұзза Ислам тарихында Әбу Ләһәб атымен танымал. Алайда бұл кездерде Аллаһ елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет әлі жүктелмеген, Мұхаммед (с.а.с.) пен Абдулғұззаның арасында ешқандай дұшпандық қарым-қатынас орнамаған-ды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) келісімін беріп, қыздарын осы кісінің ұлдарына ұзатады. Мекке шаһарында Ислам дағуаты басталған кезде Аллаһтың дініне Әбу Ләһәб айрықша қарсылық көрсетті. Оның Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген дұшпандығының ушыққаны сондай, тіпті ол Аллаһ елшісіне (с.а.с.) дағуатын тоқтатпаған жағдайда ұлдарына қыздарын талақ еттіретінін ескертеді. Ақырында Әбу Ләһәбтің ұлдары әкесінің зорлығымен әйелдеріне талақ беруге мәжбүр болып, Руқайя мен Умму Кулсумды үйлеріне қайтарады. Есесіне, Руқайяны Осман ибн Аффан (Аллаһ оған разы болсын) айттырады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қызына осындай мүмін, тақуа, абыройлы, алдында періштелер ұялатын адамның жар болатынына қатты қуанады. Ислам Мекке табалдырығынан аттағалы бері құрайыштардың мұсылмандарға қысымы үдей түседі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) құрайыш мүшріктерінің зәбір-жапасынан қорғануға әлдері келмейтін мұсылмандарға Эфиопия жеріне қоныс аударуға нұсқау беріп, ол ел ешкім зұлымдыққа ұшырамайтын әділ патшаның қол астында екенін ескертеді. Осы Хабаш жеріне алғашқы қоныс аударушы Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қызы мен 162
күйеу баласы – Руқайя мен Осман болады. Бұл әрекетімен Осман Аллаһ жолында Лут пайғамбардан кейін дін үшін қоныс аударған алғашқы мұсылман саналған. Яғни адамзат тарихында Луттан (аләйһис-сәләм) Османға дейін ешкім дін үшін қоныс ауыстырмаған болатын. Руқайя Осман ибн Аффанға (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) тұрмысқа шықты. Екеуі (Осман мен Руқайя) сенімдерін қорғап қалу үшін кәпірлердің қысымынан бас сауғалап Эфиопияға қоныс аударды. Сөйтіп, Осман мен Руқайя Эфиопияны біраз жылдар мекен етеді. Меккеде Хамза, Омар (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) сияқты адамдар Исламды қабылдап, мұсылмандардың саны көбейгеннен кейін кері елге қайтады. Руқайя жат жерде жүрген кезде анасы Хадиша (Аллаһ оған разы болсын) дүниеден өткен- ді. Анасымен бақұлдаса алмаған оның өкініштен өзегі өртеніп, көзіне жас алады. Кейіннен Мәдина қаласына қоныс аудару басталады. Бұл жолы да олар дін үшін елден ауа көшудің алғашқы қарлығаштарынан болады. Бұл қоныс аударулардың бір ғана себебі бар еді: ол – құрайыш мүшріктерінің зорлық- зомбылығынан жас сенімді құтқару. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) меккелік ізбасарлары бұл жолда мал-жандары мен әйел, бала- шағаларын құрбан еткен. Көңілі мен пейілі кең, жаны жайсаң адамдар мекен ететін Мәдинаға қоныс тепкен Осман мен Руқайя ол жерде Абдуллаһ атты ұлды болады. Бірақ ұлдары алты жасқа келіп қалғанда, әтеш шоқып, жарақат орны жазылмастан асқынып, ақыры ажал құшады. Бауыр еті жалғыз баласының бұл өлімі ауыр тиген Руқайя науқастанып төсек тартып жатып қалады. Бұл Бәдір шайқасының кезі еді. Мұсылмандардың барлығы шайқасқа аттанып жатқанда, Османның да олардан қалып қойғысы келмейді. Әйтсе де Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған науқастанып халі нашарлап жатқан Руқайяның қасында қалуға бұйырады. Осы себепті Осман Бәдір шайқасына қатыса алмайды. 163
Көп ұзамай Руқайя көз жұмады. Ұлы мен әйелінің өлімі Османға ауыр қайғы әкеледі. Ол біраз уақыт үйленбей жүріп алады. Дәл осы уақытта Бәдір шайқасында Омардың қызы Хафсаның күйеуі қаза табады. Бар-жоғы 18 жастағы Хафсаның жесір қалуы оның әкесін қатты алаңдатады. Сөйтіп, ол Османға келіп өзінің қызына үйленуге ұсыныс жасайды. Осы орындағы перзентіне деген әке қамқорлығын қарайықшы. Бүгінде біреуге «Менің қызымды ал» деуге қайсымыздың дәтіміз барады. Тіпті бұл істі ұят санап, өз абыройымызды аяққа таптау деп ойлаймыз. Негізінде, бұл қыздарымызға абыройлы, ақыл- парасатты, оған сүйеніш болар күйеу іздеудің озық үлгісі емес пе? Шын мәнінде, бұл біздің қашқақтайтын емес, тікелей араласатын ісіміз болу керек. Мұны түсініп, соған ұмтылған ұлы тұлға Омар еді. Сүйікті жары Руқайяның қайғысынан арыла қоймаған Осман Омарға: «Мен қазір үйленуді қаламаймын», – деп жауап береді. Бұл жауапқа ыңғайсызданып, шамданып қалған Омар болған жайды Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп баяндайды. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оған: «Хафсаға Османнан да жақсырақ біреу үйленеді, ал Осман Хафсадан абзалырақ біреуді әйелдікке алады», – дегенді айтқан1. Нәтижесінде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хафсаға, ал Осман Аллаһ елшісінің үшінші қызы Умму Кулсумге үйленеді. Пайғамбардың (с.а.с.) екі қызына үйленген Осман «Зуннурайн» (екі нұрдың иесі) деген атқа ие болған. Османның шаңырағына Руқайяның орнына Умму Кулсум келіп, екеуі алты жыл тату-тәтті, салауатты ғұмыр кешеді. Умму Кулсум Османмен алты жыл тұрып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) 1 Ибн Сағд, Табақат: 8/82. 164
көзі тірісінде өмірден озады. Аллаһ Өз елшісінің (с.а.с.) қыздары Руқайя мен Умму Кулсумға разы болсын! 165
ФАТИМА ЗАҺРА (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Фатима менің бір бөлшегім: мен оданмын, ал ол менен». Фатима – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кенже қызы еді. Оның дәрежесін көптеген хадис айшықтап көрсеткен. Сол хадистердің бірінде айтылғандай, адамзат тарихында кемел дәрежеге ие болған төрт әйел бар. Олар – Мәриям Имранқызы, Хадиша Хуайлидқызы, Әсия Музахимқызы және Фатима Мұхаммедқызы. Фатима – Ислам тарихындағы дара тұлғалы әйелдердің бірегейі, бүкіл Ислам үмбеті үшін қайталанбас үлгі-өнеге. Ол Аллаһ елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктелуден бес жыл бұрын дүниеге келген. Кішкентайынан пайғамбарлық тәрбиеде ислами көркем қасиеттерді бойына сіңіріп өскен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны қатты жақсы көретін және осы қызының кескін-келбеті, іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, сөз саптауы мен дауыс ырғағы өзіне (с.а.с.) айнымай ұқсайтын. Бойжеткен Фатимаға айттырушылар үздіксіз келіп жататын. Тіпті оған Әбу Бәкір мен Омар (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) да ниет білдірген. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.с.) олардың ешқайсысына ыңғай танытпай, айттырып келушілерді сыпайы түрде шығарып салып отыратын. Сондай-ақ бұл қызда Әлидің де (Аллаһ оған разы болсын) ойы бар еді. Бірақ Әлидің кедейлігі соншалық, қалыңмалға ұсынатын соқыр тиыны да жоқ еді. Сол себепті Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп, бұл жайлы сөйлесуге жүрегі дауаламай жүреді. Ақыр соңында бір күні адамдардың кеу-кеулеуімен Пайғамбарымызға (с.а.с.) Фатиманы айттырмақ боп келеді. Келуін келгенмен, рұқсат сұрап Аллаһ елшісінің алдына кіргенде, оны Пайғамбардың (с.а.с.) мысы басып, келген шаруасы жайлы дәнеңе деп тіс жара алмайды. Біраз үнсіздіктен кейін барып Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі әңгіме бастап: «Фатиманы айттыруға келдің бе?» – деп сұрайды. Әли: 166
«Иә», – деп жауап береді және қолында мәһірге бере қояр мал- дүние жоқтығын жеткізеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) одан: «Бәдірде олжаға түсірген сауытың өзіңде ме?» – деп сұрайды. Әли: «Иә, өзімде», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.) оған сол сауытты сатып, түскен қаражаттың бір бөлігін мәһрге ажыратуға кеңес береді. Сөйтіп, Аллаһ елшісі (с.а.с.) Әлиге кенже қызы Фатиманы ұзатады. Осы сәттен бастап Ислам тарихында ең үздік отбасы шаңырақ көтереді және осы шаңырақта жаннат көсемдері Пайғамбарымыздың (с.а.с.) райхандары – Хасан мен Хусейн дүниеге келеді. Бұл екі ұлдың үлкені Хасанмен Аллаһ тағала Ислам үмбетін ыдыраудан сақтаған. Ал Хусейн шәһидтердің мырзасы, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) сүйіктісі еді. Екі ұлдан кейін бұл отбасыда тағы да екі қыз дүниеге келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) олардың біріншісін Зәйнәб, ал екіншісін Умму Кулсум деп атайды. Сондай-ақ бұл отбасы Пайғамбардан (с.а.с.) тараған жалғыз нәсіл болып қалған. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) Фатиманы жақсы көретіні соншалық, ұзақ сапардан келсе, ең алдымен мешітке түсіп, одан соң Фатиманы зиярат етіп, әйелдерін сосын барып аралайтын. Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбарға (с.а.с.) сөз саптауы, сөйлеуі Фатимадай ұқсас ешкімді көрмедім», – деген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қызының үйіне келсе, қызы әкесін орнынан тұрып қарсы алатын. Ал Фатима әкесінің үйіне келгенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны орнынан тұрып қарсы алып, маңдайынан сүйетін, жанына қатар отырғызып құшақтайтын. Міне, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) өз перзенттеріне мейірімділігі осыншалықты еді. Бірде Аллаһ елшісінің (с.а.с.) Хасан мен Хусейнді сүйіп жатқанын көріп, бір мейірімсіз бәдәуи: «Неге сонша балаларыңды өбектеп сүйе бересіңдер?» – деп таңырқағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): 167
«Аллаһ сенің жүрегіңнен мейірімді алып қойса, қайтейін?!» – деген жауап қайтарған. Дәл осы жағдайдың куәсі болған Ақрағ ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешбірін өмірімде сүйген емеспін», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған жымиып: «Кім мейірім көрсетпесе, мейірім көрмейді», – деген1. Бурайдадан (Аллаһ оған разы болсын) мынадай хадис келтіріледі: Аллаһ елшісі (с.а.с.) бір күні жұма намазында құтпа оқып тұр еді. Сол кезде бірдей қызыл көйлек киген Хасан мен Хусейн апырақ-тапырақ басып мешітке кірді. Олардың енді ғана тәй-тәй басып жүрген кездері болатын, еркін жүре алмағандықтан, аяқтары бір-біріне шалынысатын. Оларға көзі түскен Пайғамбарымыз (с.а.с.) орнынан тұрып келіп, екеуін құшағына алды, қайта мінберге шығып жайғасып, екеуін екі тізесіне отырғызды да: «Аллаһ «Сендердің мал-дүниелерің мен бала-шағаларың алдамшы»2 деп рас айтқан. Мен мына екеуінің шалынысып келе жатқандарын көріп шыдай алмай сөзімді үзіп, мінберден түсіп, екеуін көтеріп алдым», – деді3. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Хусейнді жақсы көргені сондай, оны ернінен сүйетін. Кейін Хусейн өлтірілгенде, сахабалардың бірі: «Мен мына ерінді Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қаншама рет сүйгенінің куәсі болдым ғой!» – деген. Фатима Ислам үмбеті үшін осындай ұлдар тәрбиелеп берген ана болатын. Оларға ілім, ғибадат, әдеп-ахлақ, дін, күрес, сөз өнерін, әдебиет пен поэзияны сіңірген. Хасан мен Хусейнге қараған жан Фатима сынды ұлы тұлғалы әйелдің берген тәліміне көз жеткізеді. 1 Әл-Бұхари, Әдәб: 18; Муслим, Фадаил: 65. 2 «Әнфәл» сүресі, 28-аят. 3 Ән-Нәсәи, Жұма: 30. 168
Сол кездерде жалпы халықтың әсіресе Фатиманың материалдық жағдайы өте қиын еді. Ол үй тірлігінің барлығын өз қолымен істейтін. Ол кездегі үй тірлігі бүгінгі күнгімен салыстыруға келмейтін. Бір күні Фатима тірлігінің ауырлығынан Пайғамбарымызға (с.а.с.) шағым айтпақ боп келеді. Күнделікті күйбең тірліктен оның қолдары күстеніп, жарылып кеткен-ді. Адамзат тарихындағы соңғы пайғамбар, Ислам үмбетінің басында Аллаһ тағаланың өкілі болып отырған Мұхаммедтің (с.а.с.) қызы осындай жағдай кешкен-ді. Фатиманың ойында кейбір тірліктерін жеңілдету үшін әкесінен бір қызметкер сұраймын деген ниеті бар-тын. Бұл жайлы Фатиманың өзі: «Осы ниетпен Аллаһ елшісінің (с.а.с.) алдына келгенімде, өтінішімді айтуға ұялып, ол жайлы тіс жармай шығып кеттім», – деп әңгімелейді. Мінеки, бұл – ойламды қыздың әке алдындағы ибасы. Әйтсе де Пайғамбарымыз (с.а.с.) қызының не үшін келгенін сезген еді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) кейіннен қызы мен күйеу баласының үйіне келіп екеуіне: «Сендерге қызметкерден артық бір нәрсе үйретейін бе?» – дейді. Олар: «Әрине, уа, Аллаһтың елшісі!» – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Күнде жатар алдында Аллаһты еске алыңдар, 33 рет «субханаллаһ» (Аллаһ Пәк), 33 рет «әлхамду лилләһ» (Аллаһқа мадақ болсын), 34 рет «Аллаһу әкбар» (Аллаһ Ұлы) деп айтыңдар. Бұларың сендерге қызметкерден де артық», – деген1. Сондай-ақ Пайғамбардың (с.а.с.) Әли мен Фатиманың үйіне таң намазынан бұрын олар ұйықтап жатқан кезде кіргені риуаят етіледі. Осылай Аллаһ елшісінің (с.а.с.) өзі бұл отбасын кейде 1 Әл-Бұхари, Дағауат: 11; Муслим, Зикр: 80, 81. 169
намазға оятатын. Бұл да пайғамбарлық ұлы тұлғаның кішіпейілділігін айғақтайды. Кейіннен мұсылмандардың мал-дүниесі көбейіп, жоқ- жітіктердің жағдайы түзелген соң, мешіт ауласында жататын үйсіз-күйсіз сахабалар дүниелік қажеттіліктермен қамтамасыз етілгеннен кейін ғана Пайғамбарымыз (с.а.с.) қызына бір қызметкер ажыратып береді. Сол кезде Фатима құлдықтан азат етілгендей күй кешкенін айтқан. Қараңыздар, күйбең тірлікте күң сияқты жағдайда жүрген әйел қалай үлгі-өнеге көрсетіп, қоғамға қандай балалар тәрбиелеп бере алды десеңізші?! Ал қазіргі барлық жағдайы жасалған әпке-қарындастарымыз болмашы нәрсені сылтау ғып, желеуретеді. Оларды Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қызы Фатимадан үлгі алуға шақырар едік. Ол осындай қиын тұрмысына қарамастан, Әлимен бақытты өмір кешкен. Әли Фатиманы құрметтегені себепті оның үстіне ешқашан әйел алған емес. Тек бір жолы ғана үйленуге ниет қылады. Бұл Әбу Жәһлдің қызы еді. Әлидің бұл ойынан хабардар болған Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны шақырып алып: «Аллаһ елшісінің қызы мен Аллаһтың дұшпанының қызы бір еркектің некесінде болуы мүмкін емес», – деген1. Бұдан кейін Әли қайта үйленуге ниет танытпай, өмірінің соңына дейін Фатима оның жалғыз әйелі болып қалады. Әли өзге әйелдеріне Фатима дүниеден өткеннен кейін ғана үйленген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өмірден өтер шағында Фатима әкесін зиярат етіп келген-ді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оны жанына шақырып, құлағына бірдеңе дейді. Мұны естіген Фатима көз жасына ерік беріп жылай бастайды. Жылағанын көрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны жанына қайта шақырып, құлағына тағы да сыбырлап бірдеңе айтады. Мұны естіген қызының жүзіне күлкі үйіріліп 1 Әл-Бұхари, Фадаил асхабин-нәби: 12; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 93 және басқалар. 170
шаттыққа бөленді. Фатима Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдынан шыққаннан кейін оған Айша анамыз ілесе шығып: «Не үшін жылап, неге күлдің?» – деп сұрағанда, ол: «Мен Пайғамбардың сырын жая алмаймын», – деп жауап береді. Яғни Пайғамбар (с.а.с.) сендердің естулеріңді қалағанда, мұны құпия қылып айтпас еді дегенді меңзейді. Бірақ кейін Пайғамбар (с.а.с.) көз жұмған соң, бұл құпияны Айшаға айтып берген. Фатима: «Аллаһ елшісі (с.а.с.) алғаш рет құлағыма сыбырлағанда: «Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) әр жылы маған Құранды басынан аяғына дейін бір рет қайталататын, ал бұл жылы екі рет қайталатты. Осыған қарағанда, менің өлім сәтім таяды-ау», – деді. Мен мұны естіп жыладым. Аллаһ елшісі (с.а.с.) менің жылағанымды көріп, маған қайтадан сыбырлап: «Отбасымның ішінде бірінші боп маған жолығатын сенсің», – деді. Мұны естіп, мен қуанғанымнан күлдім», – деген. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Әли мен Фатимаға, Хасан мен Хусейнге қарап: «Мен – сендерге қастасқанға қаспын, достасқанға доспын!»1 – дегені риуаят етіледі. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Фатима – менің бір бөлшегім: Оған азар берген маған азар береді»2, – деп айтқан. Фатима Пайғамбарымыздан (с.а.с.) алты айдан кейін өмірден өткен. Сол кезде оның жасы небәрі жиырма сегізде болатын. Аллаһ тағала Өз елшісінің сүйікті қызы Фатимаға разы болсын! 1 Ахмад, Муснад: 2/442; Әл-Хаким, Мустадрак: 3/149. 2 Әл-Бұхари, Фадаил асхабин-нәби: 12; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 94 және басқалар. 171
ІV. БӨЛІМ САХАБА ӘЙЕЛДЕР Әсмә Әбу Бәкірқызы Әсмә Умайсқызы Умму Суләйм Сафия Абдулмутталибқызы Сумәйя Нусайба Кағбқызы Умму Харам Малханқызы Руфайда Сағдқызы Ханса Умму Зияд әл-Ашжағия Умму Зуфар Умму Шәрик әд-Дәусия Сумәйра Қайсқызы Умму Айман Атика Зәйдқызы 172
ӘСМӘ ӘБУ БӘКІРҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ӘКЕСІ ЕКЕУІНЕ РАЗЫ БОЛСЫН) «Туылған кезде оны Аллаһ елшісінің (с.а.с.) сахабалары бастарына көтере тәкбір айтып қуанған еді. Аллаһтың атымен ант етемін! Ол туылған кезде тәкбір айтқандар ол өлген кезде тәкбір айтқандардан әлдеқайда артық. Бұл шабандоздың енді жерге түсетін уақыты болған шығар». Әсмә – Әбу Бәкір Сыддықтың (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) Қутайла деген әйелінен көрген қызы. Ал Айша Умму Руман деген әйелінен туылған. Әсмә Айшадан он төрт жастай үлкен еді. Риуаяттар бойынша, Әсмә он жетінші болып иман келтірген. Әбу Бәкір Қутайладан тағы бір Абдуллаһ атты ұл көрген. Әбу Бәкір мен Кутайланың дәм-тұздары жараспай айырылысып кеткен. Қутайла иман келтірмей ширкте қалып қойған-ды. Ал Әсмә ақылды да салиқалы Умму Руманның тәрбиесінде бойжетіп, осы бір өнегелі отбасының тәлімін алады. Ол Исламның алғашқы кезеңдеріндегі құрайыш озбырларының әкесіне көрсеткен зұлымдықтарының куәсі болады. Әсмә қоныс аударудың алдында мұсылман батырларының бірі, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) немере әпкесі Сафияның (Аллаһ оған разы болсын) ұлы, Хадиша анамыздың жиені – Зубәйр ибн Аууаммен (Аллаһ оған разы болсын) тұрмыс құрған. Зубәйрдің әкесі Аууам – Хадишаның ағасы. Көп ұзамай Исламға жаңа қоныс болғалы тұрған Мәдина қаласына қоныс аудару басталады. Қоныс аударушылардың қатарында Аллаһ елшісі (с.а.с.) мен Әсмәнің әкесі Әбу Бәкір де бар еді. Бұл оқиғаны Әсмә еске ала отырып: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) біздің үйге тосын уақытта кіріп келді», – дейді. Бұл кезде Әбу Бәкірдің үйінде екі қызы Әсмә мен Айша ғана отырған-ды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әбу Бәкірге: 173
«Үйіңдегілерді шығар», – деп бір құпия сыр айтпақ болып тұрғандығын меңзейді. Әбу Бәкір: «Уа, Аллаһтың елшісі! Үйде екі қызымнан басқа ешкім жоқ», – деп оларға толық сенетіндігін білдіреді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкірге қоныс аударуға бел байлағандығын және осы сапарда өзіне оның серік болатындығын жеткізеді. Екеуі оны-мұны жол жабдығын реттеген соң, мүшріктерден қауіптеніп, үш күндей Саур үңгірінде жасырынып жүреді. Ізім- ғайым жоғалып, із суытып кеткен Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Әбу Бәкірді іздеп Әбу Жәһл бастаған мүшріктердің бір тобы оның үйіне келеді. Олар келіп Әсмәға: «Әкең қайда?» – дейді. Әсмә: «Қайда екенін білмеймін», – деп жауап береді. Әбу Жәһлдің кіжініп бірнеше рет қайтарған сұрағына Әсмә: «Білмеймін», – дегеннен басқа жауап қатпайды. Ашуға мінген Әбу Жәһл оны шапалақпен тартып жібергенде, сырғалығы жыртылып, құлағындағы сырғасы үзіліп түседі. Соған қарамай Әсмә Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен әкесінің қайда екенін айтпайды. Бір күні оларға кәрілік жеңген, көз жанарынан айырылған Әбу Бәкірдің қарт әкесі келеді. Ішке кірген қария қорғансыз қалған екі немересіне жаны аши қарап: «Әбу Бәкір шиіттей ғып қалай ғана тастап кетті сендерді?! Енді қалай күнелтесіңдер?» – деп аяушылық танытады. Шын мәнінде, Әбу Бәкір Аллаһ елшісін (с.а.с.) Мәдинаға жеткізу жолында қажет боп қалар деген ниетпен бар мал-дүниесін өзімен бірге алып кеткен-ді. Әсмә қарт атасының көңілін тыныштандыру үшін бір шүберекке тас салып түйіп: «Ол бізге мынаны тастап кетті», – деп түйіншекті қарттың қолына ұстатады. Көзі көрмейтін қария оны алтын мен күміске балап, екі қызды уайымдаған көңілі жай табады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Әбу Бәкір үңгірде жасырынып отырғанда, елдің жай-жапсарын оларға Әсмәнің інісі Абдуллаһ 174
хабарлап, Әсмә азық-ауқат апарып тұрады. Әсмә мен Абдуллаһ хабар мен азық-ауқат жеткізіп кеткеннен кейін іздерін өшіріп отыруды бір қойшыға тапсырған-ды. Қойшы олардың арттарынан қойларын айдап өтіп іздерін өшіретін. Бір күні Әсмә үңгірде отырған Аллаһ елшісі (с.а.с.) мен әкесіне ас-ауқат алып шығады. Жолда түйіншегінің ауырлығынан қолы талғандықтан, беліндегі белбеуін шешіп, екіге бөледі де, оның бірімен қайта буынып, екінші бөлігімен түйіншекті байлап асынып алады. Осы үшін ол Қос белбеудің иесі деген лақап атты иеленеді. Әбу Бәкір Мәдинаға жеткен соң, біраз уақыттан кейін Меккеде қалған қыздарын адам жіберіп алдыртады. Бұл кезде Әсмәнің айы-күні жетіп отыр еді. Олар Мәдинаға барған тұста мұсылмандар бүлік іспеттес бір жағдайға тап келеді. Өйткені мәдиналық яһудилер: «Біз мұсылмандарды перзенттері тұрмайтын қылып сиқырладық», – деген қауесет таратқан-ды. Мұның үстіне, іс жүзінде де мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударғалы төрт айдан бері дүниеге келген нәрестелердің барлығы шетінеп, өлі туылып жатады. Кейбір мұсылмандар бұл жайттан қатты тіксініп қалған еді. Әсмәнің да толғағы дәл Мәдинаға келгенде басталады. Туылар бала тірі бола ма, әлде өлі түсе ме деген оймен көп адам осы сәтті бағумен жүрген-ді. Дүниеге келген нәрестенің тірі туылғанын білген мұсылмандар естері шыға қуанып, сәбиді жөргекке салып, бастарына көтере: «Лә иләһә иллаллаһ, Аллаһу әкбар», – деп дауыстап, яһудилерге көз қылып, Мәдинаның көшелерін аралап жүгіреді. Мысы басылған яһудилердің аузына құм құйылып, жер шұқылап қалады. Мұсылмандарға қуаныш сыйлаған Әсмәнің ұлын Пайғамбарымыз (с.а.с.) қолына алып құшырлана иіскеп, құрма шайнап оның таңдайын сылайды және оны Абдуллаһ деп атайды. Бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жас нәресте туылғанда жасаған сүннеті еді. Әсмә осылайша қоныс аударғалы бері мұсылмандар арасында туған алғашқы нәрестенің анасы атанады. 175
Әсмәнің күйеуі Зубәйр ибн Аууам жорыққа мінетін жалғыз атынан басқа ештеңесі жоқ кедей жігіт болатын. Бұл атты Әсмә күтіп, баптайтын. Кейіннен Пайғамбарымыз (с.а.с.) қиын тұрмыстарын ескеріп, оларға Мәдинаның шетінен күнкөріске жарайтын біраз құрма бағын ажыратып береді. Зубәйр атты соғыс өнерін өте жетік меңгерген батыр жауынгер еді. Ұлының да әкесіне ұқсауын қалаған Әсмә Абдуллаһты атқа мінуге жараған кезінен бастап-ақ Зубәйрға қосып шайқастарға жіберетін. Бұл – сол кездегі аналардың ұлдарын ержүректілікке шыңдауының көрінісі. Абдуллаһ ибн Зубәйр осындай ана тәрбиесінің арқасында бірегей батырлығымен және ілімімен танылған төрт Абдуллаһтың бірі болды. Бұл төрттікке Ибн Зубәйрмен бірге, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар және Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас кіреді. Аллаһ оларға разы болсын! Сондай-ақ Әсмә ұлын Айша анамыздың үйіне жиі жіберетін. Осылай Абдуллаһ уақытының көп бөлігін Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйінде өткізетін. Оның бұл үйде жиі болуы себепті Айша Умму Абдуллаһ (Абдуллаһтың анасы) деп аталған. Әсмә Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезіндегі, әкесі Әбу Бәкірдің, Омар, Осман халифалардың (Аллаһ оларға разы болсын) тұстарындағы түрлі жағдайлардың куәсі болған. Ол бүлікшілер Османның үйін қоршауға алған кезде халифаны қорғауға ұлы Абдуллаһты жібереді. Сонымен қатар Әсмә – Муғауия халифалығының да куәгері. Муғауия (Аллаһ оған разы болсын) дүниеден өткеннен кейін халифалық таңдау жолымен емес, мұрагерлік арқылы Язидқа өтетін болғанда, Әсмәнің ұлы Абдуллаһ оған байғат (келісім антын) беруден бас тартып, әділетсіз жолмен құрылған үкіметке қарсы көтеріліс бастайды. Көптеген адам Абдуллаһқа байғат береді, тіпті біраз ғалымдар «ресми халифа Абдуллаһ ибн Зубәйр болды» деген де пікір білдірген. Бірақ ұзақ уақытқа созылған қақтығыстың нәтижесінде умәуилер мемлекеті зубәйрилерді жеңіп, жетпіс үш жастағы Абдуллаһ ибн Зубәйр ең ақырында 176
Меккеге келіп, еріксіз бас сауғалайды. Бұл кезде Әсмәнің көзі тірі, жасы жүзде еді. Жасы жүзге жетсе де, оның бір тісі түспеген және ақылы мен өткірлігінен айнымаған-ды. Тек қарттыққа жанарын беріп, көзі көрмей қалған-ды. Абдуллаһтың соңына түскен умәуилер мемлекетінің айтақтаулы иті Хажжаж қаланы қоршауға алғанда, Ибн Зубәйрдің біраз әскері тайқып шығып, оның жанында біршама адам ғана қалады. Тығырыққа тірелген ұлы ақылдасу үшін анасы Әсмәнің алдына барады. Әсмә одан: – Сен ақиқат үшін күрестің бе, жоқ, жалғандық үшін бе? – деп сұрайды. Абдуллаһ: – Ақиқат үшін, – деп жауап береді. Сонда Әсмә: – Егер ақиқат үшін күрессең, онда ақиқатта тайқымай тұр, – деп бұйырады. Абдуллаһ: – Қасымда ешкім қалмады, – дейді. – Сонда да ақиқаттан тайқыма, – деп нығыздайды анасы. Сонда ұлы: – Менің де естігім келгені осы еді. Бұл нәрседен мені тек сенің разылығың ғана қайтарып тұрған, – дейді. Содан соң Әсмә ұлын құшағына алады. Абдуллаһ үстіне сауыт киіп алған еді. Әсмә оған: – Мынау шәһидтікті қалайтын адамның киімі ме?! – деп тіл қатады. Сосын Абдуллаһ сауытын шешіп, басқыншыларға қарсы ерекше шайқас жүргізеді. Алайда, өкінішке қарай, бұл шайқаста Абдуллаһ ибн Зубәйр шәһид болады. Залым Хажжаж оның өлі денесін дар ағашқа керіп, Меккенің кіре беріс қақпасына ілгізіп қояды. Күн өткен сайын оның денесі ыстыққа шыдамай, бұзыла бастайды. Осы кезде ғана Әсмә дар ағашында керіліп, өлсе де ақиқаттан тайқымай тұрған ұлының қасына келіп, оған дұға 177
қылады. Хажжаж оны сырттай бақылап тұрған. Қарт ана оның ту сыртынан бақылап тұрғанын сезіп, оған: «Туылған кезде оны Аллаһ елшісінің (с.а.с.) сахабалары бастарына көтере тәкбір айтып қуанған еді. Аллаһтың атымен ант етемін! Ол туылған кезде тәкбір айтқандар ол өлген кезде тәкбір айтқандардан әлдеқайда артық. Бұл шабандоздың енді жерге түсетін уақыты болған шығар!» – деп дауыстайды. Анасының ұлын «шабандоз» деуінің мәні Абдуллаһ ибн Зубәйр ес білгенінен бастап, жетпіс үш жасына дейін бар ғұмырын ат үстінде, шайқаста өткізген-ді. Енді, міне, өлгеннен кейін де аяғы жер бетінде емес. Ауыр да зілді сөздерді естіген Хажжаж оны дар ағашынан алып жерлеуге келісім береді. Қарт ана Әсмә ақиқат үшін өзінің жүз жыл өмірін арнап, ұлы Абдуллаһтың қазасынан кейін жиырма күн өтер-өтпесте дүние салады. Аллаһ оған разы болсын! 178
ӘСМӘ УМАЙСҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Сендер от басы, ошақ қастарыңда туыстарыңа қарайласып, бір-біріңе жәрдемдесіп, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жанында болдыңдар. Ал біз болсақ Аллаһ үшін жат жұртта жүрдік». Әсмә белгілі сахабалардың бірі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көкесінің ұлы Жағфар ибн Әбу Талибпен (Аллаһ оған разы болсын) бас қосып, тұрмыс құрған. Әуелгілердің қатарында иман келтіріп, күйеуі екеуі Хабаша жеріне қоныс аударушылардың алғашқы легінің арасында болған. Олар сол Эфиопия топырағынан тікелей Мәдинаның өзіне көшкен. Сол кездегі мұсылмандар – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары (Аллаһ оларға разы болсын) сауапты іс жасауда дәреже тұрғысында бір-бірімен бәсекеге түсетін. Бір күні Омар (Аллаһ оған разы болсын) Әсмәға: «Ей, Хабашия! Мына біз Аллаһ елшісімен (с.а.с.) бірге қоныс аудардық», – деп мақтанады. Мәдиналықтар Эфиопия жеріне қоныс аударған мұсылмандарды «хабашилер» деп атайтын. Сонда Әсмә оған: «Сендер от басы, ошақ қастарыңда туыстарыңа қарайласып, бір-біріңе жәрдемдесіп, Аллаһ елшісінің жанында болдыңдар. Ал біз болсақ Аллаһ үшін жат жұртта жүрдік», – деп, оның сөзіне өкпелеп қалады. Кейін Омардың айтқанына шағымданып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдына келеді. Сонда Аллаһ елшісі (с.а.с.) Әсмәні: «Аллаһ жолында олар бір рет қоныс аударса, сендер екі рет: әуелі Хабаша жеріне, сосын маған қоныс аудардыңдар», – деп 179
жұбатады1. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл сөзіне Әсмәнің көңілі көтеріліп, марқайып қалады. Аллаһ елшісі (с.а.с.) ылғи да жас Исламның алғашқы өкілдеріне, діндерін қорғауда мүшріктермен арпалысып, имандарын шүберекке түйіп жүрген мұсылмандарға жандарына медеу болар сөздер айтып, қолтықтарынан демеп, қайраттандырып отыратын. Әсіресе олардың Аллаһ жолында атқарған еңбектерін елеп-ескеріп, игі істеріне мақтау білдіріп көңілдерін көтеретін. Уақыт ағын судай зымырап өте береді. Мәдинада Әсмә мен Жағфардың отбасында үш перзент тәрбиеленіп жатқан еді. Бір күндері Жағфар қосалқы қолбасшылардың бірі ретінде Мута шайқасына қатысады. Алдыңғы қолбасшы мерт болған соң, Жағфар әскер басшылығын өз қолына алып, Ислам туын мықтап ұстап, қайнаған күш-қайратпен ерен ерлік көрсетеді. Кескілескен ұрыста екі қолы кесіліп, аттан құлап түскенше Ислам туын жерге түсірмей, оны иегімен қысып ұстап тұрады. Ол осы өжет ерлігінің сыйы ретінде «Самғар Жағфар» дәрежесіне қол жеткізеді. Өйткені Аллаһ тағала оның Мута шайқасында кесілген екі қолын жаннатта екі қанатпен айырбастап берген. Ол осы қанаты арқылы жаннаттың өзі қалаған жерінде ұшып жүре алады. Бұл Аллаһтың оған Қияметке дейінгі берген сыйлығы ғана. Ал Қиямет күнгі сыйы неше есе көп болады – ол бір Аллаһқа ғана аян. Мута шайқасында Жағфармен қатар Исламның біртуар батырлары Абдуллаһ ибн Рауаха, Зәйд ибн Харисалар да өлтіріледі, Аллаһ оларға разы болсын! Жағфар шәһид болғанда, Пайғамбарымызға (с.а.с.) оның қазасы жайлы уахи келеді. Бұл жайтты Әсмә Умайсқызы былайша әңгімелейді: 1 Ибн Сағд, Табақат: 281. 180
«Бір күні балаларымды жуындырып, шайындырып, майлап- сылап, жақсылап ас әзірлеп отырғанмын. Үйге Аллаһ елшісі (с.а.с.) жүзі жабырқаулы күйде кіріп, менен: «Жағфардың балалары қайда?» – деп сұрады. Сосын оларды алдырып, құшағына алып жылай бастады». Мұны көріп үрейленіп, қорқып қалған Әсмә: «Жағфар жайлы бір хабар алдың ба, уа, Аллаһтың елшісі?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Иә, ол Аллаһ жолында шейіт болды», – дейді. Әсмә төбесіне жай түсірген қайғылы хабарды естіп, дауыстап жібереді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Олардың жоқшылық көруінен қорықпа, дүние-ақыреттегі қамқоршылары мен боламын», – дейді1. Әсмәні жұбатуға мәдиналық әйелдер жиналады. Пайғамбар (с.а.с.) адамдарға: «Жағфардың отбасына тамақ әзірлеп беріңдер, оларға қайғы келді», – дейді2. Әрине, Жағфар сияқты ерден айырылу Әсмәға оңай тиген жоқ. Кез келген әйелге күйеуінен айырылу аса ауыр, әсіресе Жағфардай күйеу болғанда. Арада біршама уақыт өткеннен кейін Әсмә жер бетінің ұлыларының бірі тіпті Исламда Пайғамбарымыздан (с.а.с.) кейін тұратын кісі Әбу Бәкірге (Аллаһ оған разы болсын) тұрмысқа шығады. Әсмә Әбу Бәкірдің дәрежесін құрметтеп, жетім қалған балаларының осындай ұлы кісінің тәрбиесінде өсуін қалап, онымен шаңырақ көтереді. Бұл некенің нәтижесінде, дүниеге Мұхаммед ибн Әбу Бәкір келеді. Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) дүние салардан бұрын туылған-ды. Әсмә Әбу Бәкірмен ол көз жұмғанша бірге болып, әр кез оның жанынан табыла білген. 1 Ахмад, Муснад: 3/192-194. 2 Ахмад, Муснад: 3/194. 181
Әбу Бәкір жарық дүниемен қош айтысқан соң, Әсмә сүйікті жары Фатимадан (Аллаһ оған разы болсын) айырылған Әли ибн Әбу Талибпен (Аллаһ оған разы болсын) тұрмыс құрады. Оларға Аллаһ тағала Яхия және Аун атты ұл перзенттер сыйлаған. Исламның ұлыларын алақанында аялап, үш арыстың ұрпағын жалғастырған Әсмәға Аллаһ тағала разы болсын! Әсмә Умайсқызынан туылған алты ұлдың бәрі де Исламдағы танымал, ізгі кісілердің сапынан орын алған. 182
УММУ СУЛӘЙМ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Мен өзімді жаннатта көрдім. Онда тұрған кезімде бір сыбдырды естіп: «Бұл не?» – деп сұраған едім: «Бұл – Ғумайса», – делінді». Умму Суләйм мәдиналық Мәлик ибн Надрдың некесіндегі Ғумайса деген атпен танымал әйел еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударып келгенде, Мәлик ибн Надр Шам жерінде болатын. Умму Суләйм күйеуі жоқта Пайғамбар (с.а.с.) алдында куәлік сөздерін айтып, Исламды қабылдайды. Сапардан оралған Мәлик әйелінің жаңа бір дін қабылдағанын естіп, келе салысымен Умму Суләймға жекіп, ашуланып: «Сен дініңді өзгерттің бе?» – деп сұрайды. Умму Суләйм: «Жоқ, дінімді өзгерткен жоқпын. Керісінше, Исламды қабылдап, Аллаһтан өзге құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік бердім», – дейді. Мәлик сөзден тосылып сазарып тұрып қалады. Күндер өтіп жатады. Умму Суләйм күйеуін Исламды қабылдауға қанша үгіттеп, жүрегін жібіткісі келгенмен, мұнысы ешқандай нәтиже бермейді. Күйеуінен титтей де бір нәтиже нышаны байқалмаған соң, ол енді кішкентай ұлы Әнәс ибн Мәликті Исламға баули бастайды. Умму Суләйм кіп-кішкентай ұлына: «Әнәс! «Аллаһтан өзге құдай жоқ» деп айтшы», – дейтін. Әнәс айтатын. Сосын: «Әнәс! Енді «Мұхаммед – Оның елшісі» дегенді қайталашы», – деп бүлдіршініне таухид сөздерін қайталататын. Умму Суләймнің мұнысына ызаланған баланың әкесі Мәлик ибн Надр: 183
«Баланың дінін бұзба!» – деп айқайлайтын. Оның қоқан- лоқысына: «Мен оның дінін бұзып жатқан жоқпын. Шын мәнінде, бұл дін – ақиқат», – дейтін Ғумайса. Мәлик осы бетімен Исламнан бас тартқан күйде өледі. Күйеуінің қазасынан кейін жесір қалған Умму Суләймді белгілі сахабалардың бірі Әбу Талха (Аллаһ оған разы болсын) айттырып келеді. Бұл Әбу Талханың әлі иманға келмеген кезі еді. Сөз салып келген Әбу Талхаға Умму Суләйм: «Уа, Әбу Талха! Сен – ақылды, парасатты кісісің. Айтшы, қалайша ағашқа сиынасың?» – дейді. Әбу Талханың тайпасы ағаштан жасалған пұт-мүсінге табынатын. Умму Суләйм сөзін әрі қарай жалғап: «Бәну нажжардың құлдары қолмен ойып жасайтын сол пұт құдайларыңа от тисе, өзге тұрмақ, өзін қорғауға шамасы келмей өртеніп кетеді емес пе? Расын айтсам, менің де сенде көңілім бар, бірақ саған иман келтірсең ғана тұрмысқа шығамын және сенен күйеуге шыққаным үшін ешқандай мәһр (қалың) талап етпеймін», – дейді. Әбу Талха мен Ғумайсаның арасында бұл әңгіме бір емес, бірнеше рет талқыланып, ақырында, осы келіссөз нәтижесінде, Әбу Талха Ислам жайында көп ой жүгіртіп, оның ақиқатын түсінеді. Иман келтіріп, Умму Суләймді некесіне алады. Осылайша бұл әйел Исламға оның ұлыларынан болған бір азаматты қосады. Ал Умму Суләймнің мәһрі Исламдағы ең құрметті мәһр саналады. Өйткені оның мәһрі ақиқат пен жалғанның аражігін ажыратушы, пендені тозақтан тосып, жаннатқа жеткізуші, онымен бүкіл пайғамбар атаулы жіберілген таухид сөздері еді. Куәлік сөздерімен құрылған бұл отбасын Пайғамбарымыз (с.а.с.) аса қадірлейтін. Шаңырақтарына жиі келіп, Умму Суләйммен сұхбат құратын. Умму Суләйм де Аллаһ елшісін (с.а.с.) өте қастерлеп, ылғи да оның берекетінен пайдаланып қалуға тырысатын. Пайғамбарға (с.а.с.) шаңырағында екі ракағат намаз оқыту үшін оны үйіне жиі шақыратын. Бірде 184
Пайғамбарымыз (с.а.с.) Умму Суләймнің үйінде көз шырымын алу үшін ұйықтайды және ұйықтап жатып терлей бастайды. Сол кезде Умму Суләйм одан аққан терді жерге тамшылатпай жинап алып, оны иіссуына араластырған. Бұл әйелдің Аллаһ елшісін (с.а.с.) қастерлейтіндігі сондай, оның терімен хош иістенетін. Сондай-ақ бірде Умму Суләйм Пайғамбарымыз (с.а.с.) умраға шыққанда, онымен бірге баратын күйеуі Әбу Талхаға ихрамнан шығып, шаш алдырған кезде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шашынан алып келуді тапсырады. Сөйтіп, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) шашын үйіне сақтап қояды. Тек Умму Суләйм ғана емес, барша мұсылмандардың Пайғамбарымызға (с.а.с.) құрметі осындай дәрежеде еді. Бір күні Умму Суләйм Пайғамбарымызды (с.а.с.) үйіне шақырып, ол кісіден шаңырағының берекеті үшін үйінде екі ракағат намаз оқуды сұрайды. Аллаһ елшісі (с.а.с.) намаз оқып болған соң, осы шаңырақтың берекеті үшін Умму Суләйм мен Әбу Талхаға арнап ұзақ дұға қылды. Умму Суләйм Пайғамбарға (с.а.с.): «Уа, Аллаһтың елшісі! Менің бір бұйымтайым бар», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Айт бұйымтайыңды», – дейді. Умму Суләйм: «Балақайым Әнәске дұға қылсаң деп едім», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әнәске арнап: «Аллаһым! Оған мал-дүние, бала-шаға бер және оған береке бер», – деп дұға қылады. Бұл дұғаның мүлтіксіз қабыл болғаны жайлы Әнәстің (Аллаһ оған разы болсын) өзі: «Аллаһ елшісінің (с.а.с.) маған қылған дұғасы қабыл болып, мен ансарлардың ең бай-дәулеттісі болдым. Оған қоса, шөберелеріме дейінгі өз нәсілімнен тараған жүз жиырма ұрпағымның көзін көрдім», – дейтін1. 1 Әл-Бұхари, Саум: 61; Ахмад, Муснад: 3/108. 185
Умму Суләйм Әбу Талхаға тұрмысқа шыққан соң, екеуі бір ұл сүйіп, оны Әбу Ғумайр деп атайды. Аллаһ елшісі (с.а.с.) үйлеріне келген сайын кішкентай бүлдіршін Әбу Ғумайрмен ойнайтын еді. Осы Әбу Ғумайрдың торда ұстайтын Нуғайр есімді бір құсы болатын. Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл үйге келгенде, тордағы құстың өліп қалғанын көріп: «Уа, Әбу Ғумайр! Не істеді Нуғайр?» – деп баланың басынан сипап қалжыңдайды1. Бірде ұлдары Әбу Ғумайр қатты сырқаттанып ауырып қалады. Олар уақыт озған сайын науқасы меңдеген баланың жағдайына алаңдап, мазасызданады. Осы аралықта Әбу Талха егіс алқабын аралап шолып қайту үшін үйінен шығып кетеді. Әкесі үйіне оралам дегенше, бала жан тапсырады. Бұл хабардың Әбу Талхаға оңай тимесін білген Умму Суләйм адамдарға оған бұл жайлы тіс жармауын, ебін тауып өзі жеткізетіндігін айтады. Дүниеде баласын жоғалтқан ананың қайғысынан асар қасірет жоқ шығар. Сонда да болса бұл әйел қайғысын ішіне жұтып, күйеуінің жайын ойлаған-ды. Умму Суләйм күйеуінің оралуына қарай үсті-басын түзеп, киімін ретке келтіреді. Үйіне келген Әбу Талха әйелінің сәнденіп отырғанын көрген соң, баланың жағдайы түзелген екен деп ойлап: «Бала қалай?» – деп сұрайды. Умму Суләйм: «Ол қазір ең тыныш халде», – деп жауап береді. Әбу Талха әйелінің астарлап айтқан бұл сөзін аңдай алмайды. Кеш батып түн кірген соң екеуі жұбайлық міндеттерін орындап, сосын ұйықтап қалады. Таң атып ұйқыдан оянғанда ғана Умму Суләйм Әбу Талхаға ұлдарының өлімін естіртеді. Әйелінің мұнысына ашуланған Әбу Талха Аллаһ елшісіне (с.а.с.) шағынып келеді. Умму Суләймнің сабырлылығына Пайғамбарымыз (с.а.с.) да таңғалады. Аллаһ елшісі (с.а.с.) Әбу Талхаға басу айтып: «Аллаһ сол түндеріңе береке берсін», – деп дұға қылады1. 1 Әл-Бұхари, Әдәб: 81; Ахмад, Муснад: 3/119. 186
Бірақ бұл Ислам әлдебір жақын адамның өлімі жайлы жасыруды құптайды деген сөз емес, керісінше, Ислам ондай жағдайды ашық айтуды талап етеді. Ал бұл әңгімедегі жағдай – күйеуінің көңіліне қаяу түсіргісі келмеген әйелдің игі ниетінен туындаған амал ғана. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл істі құптамаған, тек оған түсіністікпен қараған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Әбу Талхаға «Аллаһ сол түндеріңе береке берсін» деп қылған дұғасы қабыл болып, шын мәнінде де, Аллаһ тағала олардың сол түндеріне береке беріп, дәл тоғыз айдан кейін шаңырақтарында Абдуллаһ атты ұлдары дүниеге келеді. Осы ұлдан туылған он баланың бәрі де Құранды жаттаған қарилар болған. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) берекетін барынша пайдаланып қалуды ойлаған Умму Суләйм ұлы Әнәс жеті жасқа келгенде, оны Пайғамбарымызға (с.а.с.) алып келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мынау – менің балам Әнәс. Бұдан былай ол – сенің қызметкерің», – дейді. Осылай құрметті, мәртебелі басы азат әйел өз баласын кісі қызметіне алып келеді. Мұның астарында «ұлым Пайғамбардың (с.а.с.) үйінде тәрбиеленіп, Ислам тағылымын алсын» деген ниет жатқан-ды. Осы сәттен бастап Әнәс Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қол астында болып, оған бірнеше жыл қызмет етеді. Қызметтегі жылдары жайлы Әнәс ибн Мәлик: «Аллаһтың атымен ант етемін! Аллаһ елшісіне (с.а.с.) мен бірнеше жыл қызмет еттім. Егер мен бір нәрсені өздігімше істесем, ол кісі «мұны неге істедің» деп айтпайтын, ал бір нәрсені істемесем, «мұны неге істемедің» демейтін», – деген2. Міне, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қызметкерімен мәмілесі осындай дәрежеде еді. Шын мәнінде де, Әнәс ибн Мәлик теңдессіз ислами тәлім алып, хадис риуаят етудегі алғашқы 1 Әл-Бұхари, Жанаиз: 41. 2 Әл-Бұхари, Уасайа: 25. 187
жетіліктің ішіне кірді. Ислам үмбетіне мұндай азаматты ұлы ана Умму Суләйм тәрбиелеп берген еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен өзімді жаннатта көрдім. Онда тұрған кезімде бір сыбдырды естіп: «Бұл кім?» – деп сұраған едім: «Бұл – Ғумайса», – делінді», – деген1. Сөйтіп, бұл әйел көзі тірісінде-ақ жаннатпен сүйіншіленген. Аллаһ оған разы болсын! 1 Әл-Бұхари, Фадаилус-сахаба: 6; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 105. 188
САФИЯ АБДУЛМУТТАЛИБҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Мен оған кейін қорықпау үшін қазірден қорқыныштың не екенін үйрете берейін». Сафия Абдулмутталибқызы – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) немере әпкесі, Исламды қабылдаған алғашқылардың бірі. Қайратты да қайсар, ер мінезді бұл әйел Исламды қабылдағаннан кейін қалған бүкіл өмірінде дағуат жолында Аллаһ елшісіне (с.а.с.) жәрдемдесумен өткен. Мұның айқын дәлелі Ахзаб шайқасында көрініс табады. Бұл шайқаста құрайыш, ғатафан, бәну суләйм рулары яһудилермен қол біріктіріп, Исламның тамырына балта шабу үшін Мәдинаға келеді. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) қаланы қорғауда Салман Фарисидің (Аллаһ оған разы болсын) ұсынысымен бұрын-соңды арабтар қолданбаған бір тәсілді пайдаланды. Мұсылмандар Мәдинаның атырабынан үлкен ор қазады. Бірақ ор қаланы түгелдей айналдыра қазылмайды, тек әскердің негізгі өткелі Мәдинаның солтүстік тарабы бөгелді. Өйткені ор қазу оңай шаруа емес еді, оның үстіне, уақыт та өте тығыз болатын. Дегенмен қаланың батыс және шығыс тараптары үлкен-үлкен қой тастармен қоршалған, жау оңайлықпен өте алмайтын тастақ жерлер, ал оңтүстігі таулы аймақ болатын. Мәдинаның оңтүстік-шығысында, бәну құрайзалық яһудилердің үйлері орын тепкен-ді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) яһудилерден Мәдина халқының басына әлдеқандай күн туар болса, қаланы бірлесе қорғауға келісім алған-ды. Шайқас басталмас бұрын осы келісімді тағы бір бекітіп алмақ болады. Яһудилер: «Біз сенімен біргеміз», – деп уәделерін береді. Мұсылмандардың өздеріне үйреншікті емес бұл айла-тәсіліне кезіккен жаудың қалың қолы орға келіп тіреліп, абдырап сасып қалады. Қаншама рет ордан өтуге тырысқанымен, әрекеттерінен еш нәтиже шықпайды. Мұсылмандар ордың бергі бетінде 189
олардың әрбір қимылын көз жазбай аңдиды. Сонда да болса, сақтық шараларын қарастырған Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаның бар әйел, бала-шағаларын қаланың орта тұсындағы бір қамалға орналастырады. Әйелдермен бірге қамалда аурулар, жас балалар ғана болады. Олардың арасында ересек кісілерден жалғыз сахаба Аллаһ елшісінің (с.а.с.) ақыны Хассан ибн Сәбит (Аллаһ оған разы болсын) бар еді. Хассан жүрегі әлсіздеу, соғыс істерінен хабары жоқ кісі еді. Осы себепті Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны қамалда қалдырған болатын. Шайқас қарқынды белең алып, қалың нөпірден қорыққан мұнафықтар бірінші болып мұсылмандар сапынан тайқып шығады, сосын оларға иманы әлсіз мұсылмандар қосылды. Ақырында Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қасында ерік-жігерін жоғалтпаған үш жүздей кісі ғана қалады. Осы уақыт аралығында мүшріктер Мәдинаның оңтүстік-шығысындағы бәну құрайзалық яһудилермен келіссөз жүргізуге кірісіп, бірнеше рет үгіттеудің нәтижесінде оларды мәдиналық мұсылмандарға қиянат жасауға көндіреді. Яһудилер Пайғамбарымызбен (с.а.с.) жасаған келісімдерін бұзғандықтары жайлы тіс жармастан, қамалдағы әйел-балалар мен мал-мүлікті басып алуға ниеттенеді. Бұл жоспарларын жүзеге асыру үшін яһудилер әуелі қамалда күзетшілердің бар-жоқтығын біліп келуге барлаушылар жібереді. Қамалды барлауға келген шолғыншыларды бірінші болып Сафия байқап, сезіктеніп, әйелдермен кеңеседі. Яһудилердің тегін жүрмегенінен қауіптенген әйелдер егер олар қамалда күзет жоқтығын білсе, істің насырға шабатынын жақсы біледі. Ақылдаса келіп әйелдер Хассанға барып: – Бұл шолғыншы тегін жүрген жоқ, барып оны өлтір, – дейді. Сонда Хассан: – Аллаһтың атымен ант етемін! Бұл менің қолымнан келмейді, – деп, өзінің соғыс істерінен хабарсыз екенін жеткізеді. Осы кезде Сафия «мұсылмандар әскеріне хабар жеткізу үшін біраз уақыт қажет, оның үстіне, оларда қамалды қорғауға 190
мүмкіндік бар ма, жоқ па?..» деп жағдайды ой елегінен өткізе келе, тіпті ер адамдардың қолынан келе бермейтін батыл әрекетке барды. Бұл жайында ол өзі: «Киімімнің етектерін жинап, ықшамдап, еркектерше киініп алдым да, шатырдың тіреуін қолыма алып жасырынып тұрдым», – дейді. Осылайша Сафия жасырынып тұрып шолғыншы яһуди жақындап келгенде, күтпеген жерден шыға келіп, оны таяқпен қойып қалады. Бастан тиген қатты соққыдан яһуди есеңгіреп жерге сұлап түседі. Осы сәтті пайдаланған Сафия пышақ алып әлгінің басын кесіп алады. Кесілген басты қолына алған өжет әйел қамалдың төбесіне шығып, оны яһудилер жаққа лақтырады. Мұны істеген әйел кісі екенінен яһудилер мүлдем бейхабар еді. Олар лақтырылған басты көріп, қорқып кетеді. Аллаһ тағала Құранда: «Оларды (яһудилерді) өмірді ең қатты қалайтын (адамдар) ретінде көресің»1, – деген. Бұл жайттан кейін қалған шолғыншылар алды-артына қарамай қашып, қауымдарына келіп: «Қамал толы еркек, біздің барлаушымыз қайтпады, оның басы ғана қайтты», – дейді. Яһудилер жіберген шолғыншылары осындай нәтижемен келген соң, қамалды жайына қалдырады. Осылай батыр да батыл, ержүрек ана белең алған қауіптің бетін қайтарған болатын. Сондай-ақ Сафия өзінің осы қасиеттерін ұлы Зубәйр ибн Аууамның (Аллаһ оған разы болсын) бойына сіңіретін. Зубәйр анасының тәрбиесі жайлы былай әңгімелейді: «Анам мені небір қараңғы түндерде елсіз жерлерге апарып тастап кететін. Бұл кездерде мен бар-жоғы бес жаста едім. Үрейленіп, қорқып жылайтынмын». Сафия адамдардың «Баланың жүрегін аласың ғой» дегендеріне: «Мен оған кейін қорықпау үшін қазірден қорқыныштың не екенін үйрете берейін», – деп жауап қайтаратын. Шындығында да, Зубәйр ибн Аууам қорқыныштың 1 «Бақара» сүресі, 96-аят. 191
не екенін білмейтін біртуар батыр болып өседі. Тіпті Зубәйрдің ұлы Абдуллаһқа: «Мен ешқашан ешкімнен қорыққан емеспін. Аллаһтың атымен ант етемін! Менің бүкіл денемде найзаның ұшы мен қылыштың жүзі тимеген жер жоқ. Тіпті әуретім де сау емес», – дегені хабар етіледі. Міне, Сафия Ислам үшін осындай өжет, қайсар батырды тәрбиелеген болатын. Аллаһ оған разы болсын! 192
СУМӘЙЯ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Сабыр қылыңдар, Ясир отбасы! Шын мәнінде, сендерге уәде етілген (сый) – жаннат». Исламда алғаш иман келтірген әйел адам, ол – Хадиша (Аллаһ оған разы болсын), сондай-ақ Исламда дін үшін алғаш шәһид болған да әйел, ол – Сумәйя. Сумәйяның күйеуі Ясир йемендік еді, басына іс түсіп, Меккені паналап келген-ді. Сол кездегі әдет бойынша басына күн туған адам Меккені паналайтын. Сондықтан да Мекке «Ләиз» (пана беруші) деп аталған. Бұл Аллаһтың үйін паналаған жанға ешкім алакөздік танытып түрткілемейтін. Меккеге келген Ясир бәну махзум тайпасының көсемі – Әбу Хузайфа ибн Муғираның қорғанына кіріп, осы кісінің қызметінде жүреді. Осылайша күн кешкен Ясир бір күні Әбу Хузайфаның есігіндегі Сумәйя деген жас күң қызды айттырады. Әбу Хузайфа келісімін беріп, екеуі тұрмыс құрады. Шаңырақ көтерген бұл отбасында біршама уақыттан соң Аммар есімді ұл дүниеге келеді. Бұл сәби туылғанда, Әбу Хузайфа Ясирдің құрметі үшін оны әйелі екеуін босатып, бастарына азаттық береді. Алайда Ясир сонда да осы қызметін дұрыс деп санап, Әбу Хузайфаның қарамағында қалуды жөн көреді. Арада жылдар өтіп, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Ислам дағуатын бастап, қараңғы араб жазирасына жарық нұр алып келді. Бұл шақта Аммар, есейіп оң-солын таныған жас жігіт еді. Ол Аллаһқа иман келтіріп, Пайғамбарға (с.а.с.) ілеседі. Аммар және оның қатарында діндерін жасырын ұстаған Біләл Хабаши, Сухайб Руми сияқты төменгі тап өкілдері түнде Арқамның үйінде бас қосып, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) дін ілімін үйренетін. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оларға таухидтің, Исламның мән-мағынасын, адамзат өмірінің мақсатын түсіндіретін, Аллаһ оларға разы болсын! 193
Ал Ясир мен Сумәйяның Исламды қабылдауларына ұлдары Аммар тікелей себепші болады. Исламның әділетін түсінген бұл отбасы өздерінің үйреншікті пұт-мүсіндеріне табынудан бас тартып, жалғыз Аллаһқа ғибадат етіп, қорықпастан ақиқатты баршаға жария етеді. Осы сәттен-ақ бұл отбасына мүшріктер тарабынан ауыр азап басталады. Мүшріктер әуелі оларды нәр татқызбай аш тастағанда, олар сабырмен тояттанады. Сосын ұрып-соға бастайды, олар шыдап бағады. Содан оларды қамап тастайды, олар сенімдерінде нық тұрады. Бұларды жазаға тартып, азапқа салудың бастамашысы талай жыл адал қызметін істеген қожалары Әбу Хузайфаның өзі еді. Әбу Хузайфа құлдың тәнін иемденгенімен, оның рухын, жүрегін иемденудің мүмкін еместігін түсіне алмайды. Бірде Әбу Жәһл өз еркімен Ясирдің отбасын азаптау үшін Әбу Хузайфаға келеді. Ол келе сала Әбу Хузайфаға үшеуін қала сыртына алып шығып, шыжыған күн астына байлап қоюға кеңес береді. Ислам дұшпанының бұл «табылған ақылын» мүшріктер мүлтіксіз орындап, Ясирдің отбасын күннің аптап ыстығының астына дар ағашқа керіп байлап тастап, нәр татқызбай, денелерін қамшымен тілгілейді. Ясир отбасының мұндай жағдайға душар болғанын естіген Пайғамбарымыз (с.а.с.) олар азапталып жатқан жерге келеді. Аллаһ елшісін (с.а.с.) көрген олардың жүздерінде қуаныштың нышаны ұялайды. Бірақ Пайғамбарымызда (с.а.с.) ол тұста бұл отбасына араша түсер, мүшріктердің жәбір-жапасына қарсы тұрар дәрмен жоқ еді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оларды төзімділікке шақырып: «Сабыр қылыңдар, Ясир отбасы! Шын мәнінде, сендерге уәде етілген (сый) – жаннат», – деп жұбатады1. 1 Ибн Һишам, Сира: 1/395. 194
Оларға Пайғамбарымыздың (с.а.с.) келіп кеткенін естіген Әбу Жәһл ызаланып, әйел кісі азапқа ұзақ шыдай алмас деп ойласа керек, Сумәйяға келіп: «Мұхаммедке күпірлік қылмайды екенсің, азаптай беремін», – деп жан төзгісіз жәбір көрсетеді. Халі мүшкіл, әлсіз, дәрменсіз болса да, Сумәйя мойымай, Әбу Жәһлге шымбайына батар ауыр сөздер айтып, жүзіқараның бетіне түкіріп жібереді. Оның қайсарлығымен алысуға шыдамы жетпеген Әбу Жәһл қолына найза алып, сүңгісін Сумәйяның кіндік тұсынан ұрып, арқасынан бір-ақ шығарады. Осылайша Ислам тарихында алғашқы рет сенім үшін, дін үшін жан қиылды және бұл алғашқы шәһид нәзік жанды әйел кісі еді, Аллаһ оған разы болсын! Ол ақиқат үшін күресіп, сабыр қылған, мойымаған, шегінбеген, сенімінен таймаған, берілмеген жан еді. Ол жеңілмеді, жеңді! Жеңілген – Әбу Жәһл. Ол заты әйел, қайсар Сумәйяның өжеттілігіне, қайраттылығына төтеп бере алмай, әлсіздік танытты. Қолындағысын батырса да, ойындағысын асыра алмады. Міне, бұл – қаһарман өжет әйелдің тұлғасы. Келесі кезекте Әбу Жәһл Ясирді азаптай бастайды. Ясир де алған бетінен қайтпай, сенімінде нық тұрып, ақыры ауыр соққылардың нәтижесінде жан тапсырып, Ислам тарихындағы екінші шәһид мәртебесін иеленеді. Мүшріктер келесі кезекте Аммарға соқтығып, жас жігітті адам жаны төзгісіз ауыр азапқа салады. Аммар жантүршігерлік бұл азаптардан аздап мұрсат алу үшін Пайғамбарымызға (с.а.с.) қарсы күпірлік сөзін айтуға мәжбүр болады және соңынан жылап-еңіреп Аллаһ елшісіне (с.а.с.) келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аммардан: «Жүрегің не дейді?» – деп сұрайды. Аммар: «Жүрегім орнында», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ештеңе етпейді. Мүшріктер саған қайтадан дұшпандық қылса, тағы да осылай ет», – деп кеңес береді. Сол кезде Аллаһ елшісіне (с.а.с.) Жоғары Мәртебеліден: 195
«Жүрегі иманға орныққан күйде зорлық көргеннен басқа»1 деген Аммардың ісін ақтаған аят келеді2. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аммар ибн Ясирді бірнеше рет жаннатпен сүйіншілеген және Аммар алдына келген сайын әрдайым: «Қош көрілген жақсы келді, қош көрілген жақсы келді!» – дейтін3. Ол Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіндегі алғашқы шәһид Сумәйяның ұлы болатын. Оның анасы бүкіл мұсылман әлеуметі үшін мәңгілік үлгі болып қалды. Осылайша бұрынғы өткен ізгі аналарымыз дін жолында ер кісілермен бірдей қайталанбас асқан қайраткерлік таныта білді. Аллаһ оларға разы болсын! 1 «Нахл» сүресі, 106-аят. 2 Ибн Жәрир, Тәфсир: «Нахл» сүресі 106-аятты қараңыз. 3 Әт-Тирмизи, Манақиб: 35; Ибн Мәжәһ, Муқаддима: 11. 196
НУСАЙБА КАҒБҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Сенің қолыңнан келген кімнің қолы-нан келер дейсің, уа, Умму Умара!» «Умму Умара» деген атпен танымал Нусайба Кағбқызы әл- Мазиния ансарлардың бәну нәжжар руының әйелі еді. Умму Умара Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аудармай тұрып Ақаба келісімінде ансарлық әйелдердің арасынан алғаш иман келтірген. Бұл әйгілі Ақаба келісіміне бар-жоғы екі әйел қатысқан. Сол екі әйелдің бірі – Нусайба Кағбқызы. Уақыт өте Аллаһ елшісі (с.а.с.) Мәдина қаласына қоныс аударып, мұсылмандар мен мүшріктер арасында шайқастар легі басталғанда Нусайба күйеуі Ғазайя және алғашқы күйеуі марқұм Зәйд ибн Асамнан көрген ұлдары Абдуллаһ, Хабибтармен бірге жорықтарға қатысады. Аллаһ оларға разы болсын! Нусайбаның ерен ерлігі әсіресе Ухуд шайқасында көрініс табады. Негізінде, жорыққа шыққан әйелдер жаралыларға жәрдем көрсететін, әскерге ас-су әзірлеп, тағы басқа жағдайларда қолғабыс ететін, бірақ соғысқа араласпайтын. Ухуд шайқасында ұрыстың бастапқы кезінде мұсылмандар басымдылыққа ие болғанмен, садақшылардың өз орындарын тастап кетуі нәтижесінде дұшпан тарабындағы Халид ибн Уәлидтің атты сарбаздары соғыс алаңын орағытып өтіп, мұсылмандардың ту сыртынан соққы береді. Бұл «Аллаһтың семсері» атанған Халидтің (Аллаһ оған разы болсын) Исламды әлі қабылдамаған кезі еді. Осындай күтпеген шабуылдың әсерінен мұсылман әскерінің шебі бұзылып, қосыны бытырап артқа шегініп қаша бастайды. Белең алған аласапыранның нәтижесінде Пайғамбардың (с.а.с.) қасында он-ақ жауынгер қалады. Аллаһтың елшісін (с.а.с.) қорғау үшін аяқтарында нық тұрған бұл ондықтың төртеуін Нусайба Кағбқызының отбасы 197
құраған: өзі, күйеуі және екі ұлы. Бұл ондық Аллаһ елшісінің (с.а.с.) амандығы үшін өз бастарын қатерге тігіп, жандарын салып, тәндерін тосады. Қарусыз жалаң қолмен тұрған Нусайба Пайғамбарымыздың (с.а.с.) басына қауіп туғанын көріп, қапелімде жерден бір қылыш тауып алып, өз жанынан да артық көретін ұлы тұлғаны қорғау үшін дұшпанға қарсы шығады. Мұны көрген Аллаһ елшісі (с.а.с.) қашып бара жатқан бір мұсылман сарбазға: «Ей, соғыспасаң, қалқаныңды соғысатын адамға тастап кет!» – деп айқайлайды. Әлгі сарбаз қалқанын Нусайбаға лақтырады. Қалқанды қолына алған Нусайба Аллаһ елшісін (с.а.с.) қорғау жолында аянбай шайқасады. Осы бір аласапыранның арасында жүріп Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүшріктердің алдын ала қазып дайындап қойған орына түсіп кетеді. Осы сәтті пайдаланып, мүшріктер Пайғамбарымызды (с.а.с.) өлтіру үшін орға қарай жанталаса ұмтылады. Олардың жолдарын тоспақ болған Нусайбаның ұлы Абдуллаһ ибн Зәйд ауыр жарақат алады. Мұны көрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) Нусайбаға: «Нусайба, балаң!» – деп дауыстайды. Ұлына жетіп барған Нусайба оның жарақатын шүберекпен таңып, шапшып жатқан қанды тоқтатып ұлына: «Енді тұр орныңнан! Шайқасқа аралас!» – деп бұйыра айқайлайды. Сол кезде Аллаһ елшісі (с.а.с.) Нусайбаның осыншалықты өжеттілігіне тамсанып: «Сенің қолыңнан келген кімнің қолынан келер дейсің, уа, Умму Умара!» – деген-ді1. Пайғамбарымызды (с.а.с.) қорғау жолында жанталасып жүрген араларында Нусайба бар ондық өздері жаяу болса да, атты әскерге тайсалмай қарсы тұрып, күрес жүргізеді. Кескілескен ұрыс осылайша жалғасып жатқан-ды. Кенеттен бір 1 Әз-Зәһәби, Сиәр: 2/279-280. 198
атты мүшріктің Умму Умараның ұлына ұмтылып бара жатқанын байқаған Пайғамбарымыз (с.а.с.) Нусайбаға: «Балаңды қорға!» – деп жанұшыра айқайлайды. Нусайба баласын қорғауға ұмтылады. Оны көрген дұшпан атының басын Умму Умараға қарай бұрады. Нусайба кейіндеп артқа шегініп кетеді де, мүшрік артқа шалт қайырылып, оның ұлына қарсы шабады. Сол кезде Нусайба жетіп барып, оның атының аяғын шабады да, мүшрік атынан ұшып түседі. Мүшріктің құлағанын көрген Нусайба: «Маған көмекке келіңдер», – деп айқайлайды. Жүгіріп келген ұлы әлгі дұшпанмен қылыштаса кетеді. Осы сәтті пайдаланған Нусайба дұшпанның артқы жағынан келіп, оны шауып өлтіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) соғыс біткеннен кейін: «Қай жағыма қарамайын, сол батырлар бас сауғалап қашқан уақытта, қасымда Умму Умараның соғысып жүргенін көрдім», – деп айтып жүретін. Нусайба денесіне тиген найзалардың ұшы мен қылыштардың жүзін елемей, он үш жерінен жарақат алып, киімі қанға малынғанша қайсарлықпен шайқас жүргізеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) шұңқырға түсіп кеткен сәтте, оны өлтірмекке атын қамшылап, өршелене ұмтылғандардың бірі Ибн Қамия болатын. Ол орға жақындап келіп, Пайғамбарымызға (с.а.с.) найза лақтырады. Сол кезде белгілі сахаба Әбу Дужана (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһтың елшісін (с.а.с.) қорғап найзаның ұшына өз кеудесін тосады. Найза үстіндегі сауытты тесіп өте алмай, сахаба аман қалады. Аллаһ елшісіне (с.а.с.) қарата Ибн Қамияның үсті-үстіне лақтырған найзаларынан сахабалар Пайғамбарымызды (с.а.с.) қасық қандары қалғанша қорғайды. Осы сәтте бұл қауіптің алдын алмаққа Нусайба үстінде сауыты жоқтығына қарамастан, желең көйлегімен Ибн Қамияға қарсы шабады. Ибн Қамияның сілтеген қылышы қайсар әйелдің иығына тиіп, соққыдан Нусайбаның топшысының жігі айырылып кетеді де, жарақатынан қан шапшыған Умму Умара әлсіреп жерге құлап 199
түседі. Мұсылмандар осылайша қан кешіп жүріп Пайғамбарымызды (с.а.с.) мүшріктерден қорғап қалады. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) Мәдинаға келіп, алдымен сұрағаны Нусайбаның жағдайы еді. Бұл кезде Умму Умара жарақатынан қан тоқтамай қиналып жатқан-ды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған ерекше көңіл аударып, жарақатын емдеудің барлық шараларын қарастыруды адамдарға мықтап жүктейді. Ухуд шайқасынан үш күннен кейін Аллаһтың елшісі (с.а.с.) осы шайқасқа қатысқан мұсылмандардың бірі қалмай, тегіс қайта атқа қонуына бұйрық береді. Ислам тарихында бұл жорық «Хамра-ул-әсәд» деп аталған. Ауыр жарақатына қарамастан Нусайба да әскер сапынан орын алады. Бірақ әскер көп ұзап шықпай жатып, Нусайба жарақатының аузы қайта ашылып, әлсіреп жерге құлап түседі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған Мәдинада қалуға кеңес беріп, адамдарға оны емдетуді тапсырады. Мұсылмандар қосыны қала сыртына шығып, Мекке мен Мәдина арасындағы Хамра-ул-әсәд деген жерге келіп, мүшріктердің әскерін күтеді. Бірақ қарсы тараптан жаудың қарасы көрінбеген соң, мұсылмандар жасағы соғыссыз кері қайтады. Бұл әрекеттерімен мұсылман әскері сақтарының сынбағанын, жасымағанын, жасқанбай қашанда болсын соғысқа әзір екендіктерін дәлелдеген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға келе сала, тағы ең алдымен, Нусайбаның жағдайын сұрастырады. Қайсар әйел Нусайба Ислам тарихындағы Байғатур-Ридуан деген атпен қалған ризашылық антын қабылдағандардың ішінде болған, Пайғамбарымызбен (с.а.с.) қоштасу қажылығына қатысқан. Кейінірек Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғұмырының аяқ шенінде Йеменнен Мусәйләмә деген бір алаяқ жалған пайғамбарлық дағуасымен бүлік шығарады. Бір күні Аллаһ елшісіне (с.а.с.) ол былай деп хат жолдайды: «Аллаһ елшісі Мусәйләмәден Аллаһ елшісі Мұхаммедке! 200
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265