Мен сенімен бұл істе (пайғамбарлықта) ортақ емеспін бе? Жердің жартысы маған, жартысы саған. Бірақ құрайыштар маған зұлымдық қылады». Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған мынадай мәтінде жауап хат жазды: «Аллаһ елшісі Мұхаммедтен жалғаншы Мусәйләмәге! Тура жолға ілескендерге сәлем болсын! Шын мәнінде, жер Аллаһтікі. Оны пенделерінің қалағанына мұра етеді. Істің ақыры тақуалардың пайдасына (шешіледі)»1. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл хатты Мусәйләмәге жеткізуге ансарлардан екі кісіні аттандырады. Бұл екеудің бірі – Нусайбаның ұлы Хабиб ибн Зәйд (Аллаһ оған разы болсын) еді. Хат қолына тиген Мусәйләмә оны оқып ашуға мініп, Хабиб ибн Зәйдтен: – Сен Аллаһтан өзге құдай жоқтығына куәлік бересің бе? – деп сұрайды. Хабиб: – Иә, – деп тіл қатады. Мусәйләмә: – Мұхаммед Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік бересің бе? Хабиб: – Иә, – дейді. – Ал менің Аллаһтың елшісі екендігіме куәлік бересің бе? – деп сұрайды Мусәйләмә. Хабиб ибн Зәйд: – Мен мұндайды естімеппін, – деп жауап қайтарады. Мусәйләмә оған осы сұрақтарды қайта-қайта қояды. Ал Хабиб ибн Зәйдтің қайтарған жауабы алғашқысынан айнымайды. Зығырданы қайнаған Мусәйләмә оны азаптап, жәбірлей бастайды. Әр кезде Хабиб «Менің Аллаһтың елшісі екендігіме куәлік бересің бе?» деген сұраққа келгенде: «Мен мұндайды естімеппін», – деумен болады. Азғын Мусәйләмә оған зұлымдықтың шегінен шыққан түрін көрсетеді. Әуелі бір құлағын, сосын екінші құлағын кесіп алады. Сұрағын әр 1 Ибн Һишам, Сира: 4/329. 201
қайталаған сайын мұрнын, қолын, екінші қолын кесіп, осылайша өр әйелдің ер ұлын ақиқат үшін шәһид болғанша азаптайды. Аллаһ оған және анасына разы болсын! Бұл хабар Пайғамбарымызға (с.а.с.) жеткенде, ол кісі қатты ашуланады. Ұлының осындай азғындық тәсілмен өлтірілгеніне зығырданы қайнаған Нусайба Мусәйләмә не өліп, не өлтірілгенше жуынбауға қасам ішеді. Осы уақыт аралығында Аллаһтың елшісі (с.а.с.) дүниеден өтеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзі қайтқаннан кейін имандары әлсіз далалық арабтар діннен шыға бастайды. Умму Умара өз антынан таймайды. Жаңа сайланған халифа – Әбу Бәкір (Аллаһ оған разы болсын) Исламнан қайтқандарға қарсы әскер шығарады. Бұл шайқастар легіндегі қарсыластардың ең қатерлісі Мусәйләмә бастаған бүлікшілер тобы еді. Оларға қарсы аттанған екі дүркін мұсылман әскері жеңіліс тауып қайтқан соң, Әбу Бәкір үшінші ретте бұл екі әскер тобына Халид ибн Уәлидтің (Аллаһ оған разы болсын) басшылығындағы жасақты қосып аттандырады. Халифа әйелдерден тек Умму Умараның ғана жорыққа шығуына рұқсат береді. Сөйтіп, ол ішкен қасамын орындау үшін мұсылман әскерінің қатарында Мусәйләмәге қарсы жүргізілген Ямама шайқасына ұлы Абдуллаһ ибн Зәйдпен бірге қатысады. Мұсылмандар мен діннен қайтқандардың арасында кескілескен қырғын шайқас басталады. Өзінің егде тартып қалған жасына қарамастан, Нусайба ақиқат жеңісі үшін қолынан келгенін аямайды. Бұл шайқаста оның Ухудта алған жарақатының аузы қайта ашылып, біраз әбігерге түседі. Алайда Нусайба бұған қарамастан, өз жанынан артық көрген Пайғамбарға (с.а.с.) қарсы келген, бауыр еті ұлын кескілеп өлтірген Мусәйләмә азғыннан кек алу үшін жанын салады. Ұзаққа созылған шайқастың соңы мұсылмандардың жеңісімен аяқталып, Мусәйләмә өлтіріледі. Ұрыс аяқталған соң Абдуллаһ анасын Мусәйләмәнің мәйітіне алып келеді. Оның өлігін көрген өжет әйелдің көңілі жай тауып, Мәдинаға кері қайтады. Жол 202
бойы аузы ашылған жарақатынан қан кетіп әбден әлсіреген Нусайба Мәдинаға келе салысымен, шәһидтік жолмен жан тапсырады. Аллаһ оған разы болсын! 203
УММУ ХАРАМ МАЛХАНҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Мен үмбетімнен бір адамдарды Жасыл теңіздің бетінде патшалар сияқты сәкілердің үстінде көрдім». Умму Харам – Умму Суләйм Малханқызының сіңлісі. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Умму Харам отбасымен достық қарым-қатынасының тереңдігі сондай, кейде ол (с.а.с.) Умму Харамның үйінде ұйықтап та қалатын. Әл-Бұхаридің «Сахих» кітабында мынадай хадис келтіріледі: Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) Умму Харамның үйінде ұйықтап тұрғаннан кейін жымиып күледі. Умму Харам: «Не үшін күлдің, уа, Аллаһтың елшісі?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.) оған көрген түсін айтып береді: «Мен үмбетімнен бір адамдарды Жасыл теңіздің бетінде патшалар сияқты сәкілердің үстінде көрдім». Умму Харам бұл сәтті қалт жібермей: «Уа, Аллаһтың елшісі! Дұға қыл, мен солардың ішінде болайын!» – дейді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оған: «Сен олардың алғашқыларынан боласың», – деді1. Бұл түс мұсылмандардың Жерорта теңізін алатындықтары жайлы сүйінші хабар еді. Ол кезде арабтар Жерорта теңізін Жасыл теңіз деп атайтын. Уақыт өте келе Муғауия ибн Әбу Суфиянның тұсында мың жауынгерге теңестірілген Ғұбада ибн Самиттің (Аллаһ оған разы болсын) басшылығындағы соғыс кемелері Кипр аралын алу үшін теңізге түсіріледі. Бұл кемеде Ғұбаданың әйелі, біз әңгіме етіп отырған Умму Харам да бар еді. Умму Харам кемеге мінгенде бойын шаттық билеп, күліп жібереді. Неге күлгенінің мәнісі сұралғанда, ол: 1 Әл-Бұхари, Жиһад: 3; Муслим, Жиһад: 160 және басқалар. 204
«Аллаһ елшісі (с.а.с.) рас айтыпты. Ол кісі (с.а.с.): «Мен үмбетімнен бір адамдарды Жасыл теңіздің бетінде патшалар сияқты сәкілердің үстінде көрдім», – деп айтқан еді», – деп жауап береді. Кемелер Кипрге жетіп, әскер аралға аяқ басады. Умму Харам да әскер қатарында атқа қонғанда, астындағы арғымағы тулап кетіп, жерге басымен жығылады. Осының салдарынан сол жерде көз жұмып, оған топырақ Кипр жерінен бұйырады. Жасыл теңіз жорығына қатысып, Кипр жеріне жерленген алғашқы мұсылман әйел осы Умму Харам еді. Аллаһ оған разы болсын! 205
РУФАЙДА САҒДҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Оны Руфайданың шатырына апарыңдар». Бұл әйел Ислам әскерінің жорықтардағы алғашқы емдеушісі болған. Руфайда алғашында Бәдір шайқасынан бастаған. Мәдинада мешіт ауласында шағын ғана шатыр құрып, емдеу ісіне қажетті дәрі-дәрмек, дәке сияқты заттарын жинап, сол шатырды кішігірім әскери госпитальға айналдырып, жаралыларды күтіп, олардың жарақаттарын таңып, көмек көрсететін. Ал Ухуд шайқасында Руфайда әскери госпиталін Ухуд тауының етегіне, соғыс алаңына жақынырақ жерге апарып орналастырады. Осы шайқаста Руфайданың шатыры жаралыларға лық толады. Кейіннен оған бұл істе қолғабыс ететін жәрдемші әйелдер де табылады. Шатыр Хандақ шайқасында да құрылған-ды. Ал бейбіт күндерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешітінен жай алатын. Руфайда емдеген ержүрек жауынгер сахабалардың бірі – Сағд ибн Муғаз (Аллаһ оған разы болсын). Сағдтың Хандақ шайқасында иығына садақтың жебесі тиіп, жарақатынан көп қан кетеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Оны Руфайданың шатырына апарыңдар», – деп айқайлаған еді. Шатырына әкелінген Сағдты Руфайда күтіміне алып, қолынан келген жәрдемін аямайды. Соғыс аяқталғаннан кейін де сахабаның беті бері қарай қоймайды. Сол күндердің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) Сағдты зиярат етпек болып, Руфайданың шатырына келеді. Келсе, Сағдтың жарақатының асқынғаны сондай, одан аққан қан шатырдың сыртына шығып жатыр екен. Сағд ибн Муғаз осылайша Исламды қорғау жолында мерт болады. Аллаһ елшісі (с.а.с.) сахабаларға: 206
«Сағд ибн Муғаздың өлімі себепті Рахманның аршы шайқатылды», – деген1. Руфайда тек Сағд қана емес, жарақат алған барша мұсылман жауынгерлерге бәйек болып, олар үшін аяғынан тік тұратын. Шатырының бар шығыны, азық-ауқаты мен қажеттіліктері Руфайданың өз мойнында болатын. Ол Пайғамбарымыз (с.а.с.) арқа сүйеген әйелдердің бірі еді. Міне, бұл – нағыз мұсылман әйелдің өнегесі. Аллаһ оған разы болсын! 1 Әл-Бұхари, Манақиб әл-ансар: 12; Муслим, Фадаил әс-сахаба: 123-125. 207
ХАНСА (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Егер таңертең, Аллаһ қаласа, аман-есен тұрсаңдар, жауларыңа қарсы жігерлене шабыңдар! Соғыстың қызғанын көрсең-дер, оның ортасына кіріңдер. Құрмет-абыроймен жеңіске жетіп, мәңгілік бақи мекенге қол жеткізіңдер». Ислам тарихында тіпті Исламнан да бұрын танымал атақты ақын әйел. Хансаның есімі – Тумадир. Хансаны Пайғамбарымыз (с.а.с.) тіпті араб халқының даңқты ақыны Имрулқайстан жоғары қоятын. Бір риуаятта хабар етілуінше, Ади ибн Хатим: «Имрулқайс – біздің бірінші ақынымыз», – дегенде, Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Керісінше, Ханса оның алдында тұрады», – деген. Ханса поэзиясының шоқтығы оның жәһилият кезінде ағасы Сахрды жоқтап шығарған жыр шумақтарында көрінеді. Әлі күнге дейін араб поэзиясында осы жоқтаулардың алар орны ерекше. Оның жоқтауларында «Төңірегімнің бәрі жылап-сықтаған адамдар болмағанда, өз-өзімді өлтірер едім» деген мағынадағы өлең жолдары кездеседі. Ханса бұл жыр шумақтарына жүрегінің мұң-шерін, көңіл зарын арқау еткен. Ал Ислам дәуірінде Сағд ибн Әбу Уаққастың (Аллаһ оған разы болсын) парсыларға қарсы жүргізген Қадисия шайқасында Ханса төрт бірдей ұлын ұрысқа шығарып салып тұрып: «Балаларым менің, шын мәнінде, сендер өз еріктеріңмен дінге кіріп, өз ықтиярларыңмен қоныс аудардыңдар. Одан өзге құдай болмаған Аллаһпен ант етейін! Сендер – бір әйелдің ұлдарысыңдар. Ешқашан әкелеріңе қиянат жасаған емеспін, нағашыларыңды да ұятқа қалдырған жоқпын. Тектеріңді былғамадым, нәсілдеріңді өзгертпедім. Сендер кәпірлерге қарсы соғыста Аллаһ мұсылмандар үшін әзірлеген сыйды білесіңдер ме? Біліп қойыңдар, бақи мекен фәни мекеннен қайырлы. Аллаһ тағала: 208
«Ей, иман келтіргендер! Шыдаңдар! Сабырлылық танытыңдар! Мығым болыңдар! Аллаһтан қорқыңдар! Әрине, құтыларсыңдар»1, – деген. «Егер таңертең, Аллаһ қаласа, аман-есен тұрсаңдар, жауларыңа қарсы жігерлене шабыңдар! Соғыстың қызғанын көрсеңдер, оның ортасына кіріңдер. Құрмет-абыроймен жеңіске жетіп, мәңгілік бақи мекенге қол жеткізіңдер», – деп өсиет айтқан. Міне, осылайша ағасының өліміне соншалық көз жасын төккен Ханса өз ұлдарына соғыстың ортасына кіріп, өліммен бетпе-бет келуге насихат етеді. Осы шайқаста оның төрт ұлы бірдей бірінен соң бірі шәһид болады. Ұлдарының қазасы жайлы хабар жеткенде Ханса: «Әлхамдулилләһ! Мұны мен Аллаһтың алдында алға тартамын және олармен бірге жаннатта жинауын Аллаһтан үміт етемін», – деген. Аллаһ оған разы болсын! 1 «Әлі Имран» сүресі, 200-аят. 209
УММУ ЗИЯД ӘЛ-АШЖАҒИЯ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Уа, Аллаһтың елшісі! Біз өзімізбен дәрі-дәрмек алып шықтық, жаралыларды емдейміз, садақшыларға жебе ұзатып тұрамыз, әскерге тамақ әзірлейміз, оларды жігерлендіреміз. Осылай Аллаһ жолында жәрдем көрсетеміз». Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге Хайбар жорығына бар-жоғы алты-ақ әйел қатысқан. Бұл әйелдер «соғыс – әйелдердің ісі емес» деп үйлерінде қарап отырмай, Аллаһ дінінің үстемдігі, ақиқаттың жеңісі үшін аз болса да үлес қосуды қалап аттанған-ды. Мұны естіген Аллаһ елшісі (с.а.с.) оларды алдына шақыртып: «Сендер кімнің рұқсат етуімен шықтыңдар?» – деп сұрайды. Умму Зияд: «Біз Аллаһ елшісінен ашудың белгісін байқадық», – дейді. Олар: «Уа, Аллаһтың елшісі! Біз өзімізбен дәрі-дәрмек алып шықтық, жаралыларды емдейміз, садақшыларға жебе ұзатып тұрамыз, әскерге тамақ әзірлейміз, оларды жігерлендіреміз. Осылай Аллаһ жолында жәрдем көрсетеміз», – деп жауап береді. Ерікті әйелдердің жауабын тыңдаған Аллаһ елшісі (с.а.с.) олардың Аллаһ жолындағы көмегін қабыл алып, әскер сапында қалуға рұқсат етеді. Әйелдер бұл қанды қырғын шайқаста дұшпандарды жеңіп шығу үшін қандай орасан үлес қосты десеңізші! Олар өз еріктерімен бастарын қатерге тігіп, ерлермен бірге соғысқан. Осылайша ержүрек аналар кейінгі ұрпаққа ұмытылмас өнеге қалдырған. Әйелдердің бұл жорықтағы үлесін бағалай білген Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хайбар қолға алынғаннан кейін шайқастан түскен олжаларды үлестіргенде оларға жауынгерлермен бірдей мөлшерде үлес ажыратып, бұл 210
жорықтағы қызметтерін қылыш ұстаған сарбаздар ісімен теңестіреді. Мұсылмандар толарсақтан саз кешіп, ауыздықпен су ішкен сондай бір Исламның жағдайы сын көтермейтін тұста Умму Зияд сияқты мұсылман әйелдер ерлермен бірге тізе қосып шайқасқан. Олар үй тірлігі және бала тәрбиесімен ғана шектелмей, өздерінің әйел заты екендіктеріне қарамастан, Ислам жеңісі үшін қолдарынан келген үлесін аямаған. Мұсылмандардың осындай ынтымағы мен бірлігінің арқасында Аллаһтың діні жер бетіне тарады. Аллаһ тағала Умму Зиядқа және онымен бірге болған сахаба аналарымызға разы болсын! 211
УММУ ЗУФАР (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Сабыр етем, шыдаймын, уа, Аллаһ-тың елшісі! Аллаһқа мені бұдан айықтырмауын сұрап дұға қыл». Умму Зуфар Хадиша анамыздың күтушісі болатын. Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктеліп, адамдарды Исламға үндей бастағанда өз ханымының күйеуі жалған сөйлемейтін, ақиқатқа ғана шақыратын адал кісі екенін білетін Умму Зуфар Аллаһқа иман келтіріп, жаңа сенімді қабылдайды. Умму Зуфардың көп жылдардан бері мазалайтын ұстамалы жүйке ауруы бар еді. Осы ауруы ұстағанда Умму Зуфар есінен танып жығылып, қалтырап-дірілдеп қатты қиналатын. Науқасы жанына батқан ол бірде Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп, Аллаһтан өзін бұл дерттен айықтыруын сұрауды өтінеді. – Менің ұстамалы жүйке ауруым бар. Мені бұдан айықтыруын сұрап Аллаһқа дұға қыл, уа, Аллаһтың елшісі! – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: – Қаласаң, (науқасыңа) сабыр қыл, саған жаннат бұйырады. Егер қаласаң, сені айықтыруын сұрап Аллаһқа дұға етейін, – дейді1. «Жаннат» деген сөзді естігенде, Умму Зуфарға жанын жегідей жеп, қор қылып жүрген сырқаты дәнеңеге тұрмай қалады. Ол жаннатты аңсап, оған жету жолында барлық қиыншылыққа төтеп беретін Исламның алдыңғы буын өкілдерінен болатын. Бір хадисте: «Аллаһ тағала періштелерден: «Құлдарым Менен не тілейді?» – деп сұрайды. Періштелер: «Олар Сенен жаннатты сұрайды», – дейді. Аллаһ тағала: «Олар оны көрген бе?» – деп сұрағанда, періштелердің әрқайсысы: 1 Ахмад, Муснад: 2/431. 212
«Аллаһтың атымен ант етемін! Уа, Тәңірім! Олар оны көрмеген», – деп айтады. Аллаһ тағала: «Егер олар оны көрген болса, не істер еді?» – деп сұрайды. Періштелер айтады: «Егер олар оны көрген болса, оған жетуге барынша күш салар еді және оған бұрынғыдан да үлкен табандылықпен ұмтылар еді. Сондай-ақ оны әуелгіден де көбірек қалар еді», – дейді»1, – делінген. Міне, Умму Зуфар періштелер осылай деп сипаттаған пенделерден еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған жаннатты уәде еткенде, сұрай келген өтініші болмашы нәрсеге айналып: – Сабыр етем, шыдаймын, уа, Аллаһтың елшісі! Аллаһқа мені бұдан айықтырмауын сұрап дұға қыл, – деп өтінеді. Бірде белгілі ғұлама сахаба Абдуллаһ ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) шәкірті Ата ибн Әбу Рабахқа: «Саған жаннаттық бір әйелді көрсетейін бе?» – деп Умму Зуфарды көрсетіп, Ибн Әбу Рабахқа оны мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) арасында болған әңгімені айтып берген-ді. Міне, Абдуллаһ ибн Аббастай ғұлама сахабалар өз шәкірттеріне Умму Зуфар сияқты әйелдерді өнеге етіп айтатын. Шынында да, түсінген адамға бұл әйелдің әңгімесі өнеге қылуға, үлгі етуге тұрарлық емес пе?! Ол жаннатты аңсап, оған жетудің жолында жанын жегідей жеген науқасқа да сабыр қылуға бел шешкен. Уақытша ауыртпалықты көтеріп, Аллаһтың мәңгілік сыйына ұмтылған. Бүгінгі күні болмашы қиыншылыққа шыдамай, жаннат жолынан тайқып кететін мұсылмандарға осындай мәңгілікке ұмытылмас нәзік жандар үлгі болмақ. Әсіресе әйел-қыздарымыз үшін олар аса қастерлі өнеге болмақ. Мұсылман ұрпаққа осындай өшпес із қалдырған Умму Зуфарға Аллаһ разы болсын! 1 Әт-Тирмизи, Дағуат: 129. 213
УММУ ШӘРИК ӘД-ДӘУСИЯ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) Қастерлі дініміздің алғашқы қарлығаш-тары – бұл әйелдерге Аллаһ разы болсын! Меккелік құрайыш тайпасының бәну амр ибн луәй руынан шыққан әйелі Умму Шәрик әд-Дәусия Акар әд-Дәуси атты кісінің некесінде болатын. Ислам атты жас сенім осы бір аядай ғана қалада озбырлар тарабынан тегеурінді теперіш көріп жатқанына қарамастан, Умму Шәриктің жүрегіне иман нұры ұялап, Исламға кіреді. Бұл қайраткер әйел өз сенімін жасырып, қол қусырып қарап отыруға дәті шыдамай, дағуат жолында айла-тәсілге көшіп, құрайыш әйелдеріне жасырын барып, оларды астыртын бір- бірлеп Исламға үгіттей бастайды. Умму Шәрик Исламның уағыз, насихатсыз қанат жая алмайтынын түсініп, меккелік мүшріктер бұл дін өкілдерін жан төзгісіз ауыр азапқа салып отырған қиын уақытта осындай ерлікке барады. Бұл жайттан хабардар болған мүшріктер оны қуғын-сүргінге ұшыратып, өз араларынан аластатады. Исламға қарсы тосқауыл қою ниетіндегі дін дұшпандары еркектермен қатар әйелдерден де қауіптенетін. Бұл қауіптің нәтижесінде олар Сумәйяны (Аллаһ оған разы болсын) өлтіріп, Умму Шәрикті қуғынға ұшыратқан. Мінеки, Исламның өркендеу жолында, оның сара жолының салынуы үшін мұсылман әйелдер де өз үлестерін қоса білген. Қастерлі дініміздің алғашқы қарлығаштары – бұл әйелдерге Аллаһ разы болсын! 214
СУМӘЙРА ҚАЙСҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) Қайғысына ортақтасқан сахабалар Сумәйраға басу айтып, жұбатып жатты. Десе де, бұл әйелдің қайта-қайта ұмтыла сұрағаны Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жай-күйі болатын. Ақиқат дінін таратып, адамзатты қараңғы түнектен сәулелі жарыққа алып шығу міндетімен Аллаһ елшісі Пайғамбарымыз (с.а.с.) араб жазирасына Ислам дінін алып келгенде, оған (с.а.с.) иман келтіріп Аллаһқа бойсұнған жас мүміндердің арасында Сумәйра Қайсқызы да бар еді. Сумәйра иманы берік, ұстанымы нық, ақиқат жолына түскен ержүрек жан болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүмін-мұсылмандар үшін тек Аллаһ елшісі ғана емес, сонымен қатар сенімді дос, арқа сүйер аға, ізетті іні, жанашыр туыс еді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) сенімді жаңа қабылдаған жас мүміндер құрайыш мүшріктері тарабынан тепкі көріп, көңілдері құлазып, жандары жабырқаған сәтте ылғи да жандарынан табылатын. Оларды өзінің жылы-жұмсақ сөздерімен жұбатып, бауырына басатын, енді біреулерін жадыратып жігерлендіретін, көңілдеріне маздаған үміт отын жағатын, рухтарын қайраттандыратын. Мұсылмандар Пайғамбарымызды (с.а.с.) сүйіп, құрметтейтіні соншалық, ол үшін өздерін құрбандыққа тігетін. Аллаһ Өзінің елшісіне (с.а.с.) деген олардың махаббатын Құран Кәрімде: «Пайғамбар мүміндерге өз жандарынан да артық»1, – деп келтірген. Осындай ыстық ықыласты жүрегінің түкпірінде сақтаған Сумәйра Қайсқызы Ухуд шайқасында Аллаһ жолында күресуге жолдасын, бауырын және баласын шығарып салады. 1 «Ахзаб» сүресі, 6-аят. 215
Мұсылмандар мен құрайыштар арасындағы бұл шайқаста бүлік туып, жау тарабынан «Мұхаммед өлді» деген жалған хабар тарайды. Бұл суық хабар мұсылмандарға жай түскендей болады. Жанкештілердің жалған сөзі әсер етіп, мұсылман әскерінің сағы сынып, осының салдарынан мұсылмандар шегініп қаша бастайды. Ал кейбіреулері қасық қаны қалғанша арпалысып шәһид болып жатады. Шәһидтердің қатарында Сумәйраның күйеуі мен ұлы да көз жұмады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жайлы тараған жалған хабарды естіген Сумәйра қатты қобалжып, жанын шүберекке түйіп, аяғы-аяғына тимей, соғыс алаңына жетіп келеді. Жиһад майданында Сумәйраны бұл жалған қауесеттен тыс күйеуі мен ұлының қаза тапқаны туралы қаралы хабар күтіп тұрған-ды. Қайғысына ортақтасқан сахабалар Сумәйраға басу айтып, жұбатып жатқанда, бұл әйелдің қайта-қайта ұмтыла сұрағаны Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жай-күйі еді. Ол жанындағылардан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қайда екенін сұрастырып, алып-ұшып сол жаққа бет алады. Іздестіре келгенде, Аллаһ елшісінің (с.а.с.) аман-сау, тірі екендігін өз көзімен көрген Сумәйра қуаныштан толқып, көздеріне жас толып: «Жолыңда ата-анам құрбан болсын, уа, Аллаһтың елшісі! Сен тірі болғаннан соң, басқа қиыншылықтар түк те емес!» – деп алып-ұшқан жүрегін басады. Әлбетте, өмірлік серігі мен ұлынан айырылу Сумәйраға оңай тимейді. Алайда Сумәйра Ақырет күніне үмітпен қарап, олармен жаннатта кездесетіндігіне толық сенген болатын. Мұсылмандардың халі сондай бір ауыр, қыл үстінде тұрғанда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өлімі сахабаларға орасан қайғы тудырар, тіпті бауыр еті баласын жоғалтудан да ауыр тиер еді. Міне, бұл – Сумәйраның жүрегіндегі Аллаһ елшісіне (с.а.с.) деген сүйіспеншіліктің дәрежесі. Аллаһ оған разы болсын! 216
УММУ АЙМАН (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) Ол Пайғамбар (с.а.с.) қуанса – қуанатын, мұңайса – мұңаятын. Умму Айман Пайғамбарымыздың (с.а.с.) анасы Әминаның күтушісі болатын. Өмірлік серігі дүниеден қайтқанда, Әмина анамыз Пайғамбарымызға (с.а.с.) жүкті еді. Жүкті кезінде Умму Айман оның басы-қасынан шықпай, қолынан келген қамқорлығын аямайды. Айы-күні толып, жарық дүние есігін ашып, өмірге Аллаһтың елшісі (с.а.с.) келеді. Жас нәресте туылысымен-ақ Умму Айманның және басқа да әйелдердің жұмсақ алақанында күтіледі. Тағдырдың жазуымен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жасы алтыға толғанда анасы Әмина дүниеден қайтады. Ханымына құрақ ұшып қызмет ететін Умму Айман жетім қалған жас баланы Әминаның көзіндей көріп, жанын жабырқатпай, өз тәрбиесіне алып, бар аналық мейірім-жылуын төгіп, аялы алақанында әлпештейді. Аллаһ елшісін (с.а.с.) бауырына басып құшақтап, маңдайынан емірене иіскегенде, Умму Айман оған туған анасындай болып кететін. Умму Айман Пайғамбарымыздың (с.а.с.) анасынан кейінгі анасы еді. Аллаһ елшісі (с.а.с.) есейіп, ержетіп, Хадиша (Аллаһ оған разы болсын) анамызға үйленгенде де, Умму Айманды есінен бір сәт шығармай, үнемі оған жәрдем беріп тұратын. Кейіннен Аллаһ елшісі (с.а.с.) Умму Айманды Зәйд ибн Харисаға (Аллаһ оған разы болсын) тұрмысқа беріп, олардың бақытты шаңырақ құруына бірден-бір себепкер болады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) екінші анасы Умму Айманды көзі тірісінде-ақ жаннатпен сүйіншілеп: 217
«Жаннаттық әйелге үйленгісі келген адам Умму Айманға үйленсін», – дейді1. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) бұл ұсынысын Зәйд ибн Хариса қабыл алып, Умму Айманның жасы өзінен әлдеқайда үлкендігіне қарамастан, онымен шаңырақ көтереді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін мұсылмандар Мута жорығына аттанып, осы ұрыста Умму Айманның ержүрек арысы Зәйд ибн Хариса ерлікпен қаза тауып, шәһид болады. Күйеуінің өліміне ақылды да байсалды Умму Айман сабырлылық танытады. Ол қандай жағдай болсын Аллаһтың елшісі (с.а.с.) алып келген ақиқат үшін, Ислам үшін бәріне де төзіп бағатын. Аллаһ елшісі (с.а.с.) мен Умму Айманның арасында ана мен баланың махаббатындай бір-біріне жіпсіз байланған ыстық ықылас пен мейірімнің лебі әрқашан есіп тұратын. Ол Пайғамбар (с.а.с.) қуанса – қуанатын, мұңайса – мұңаятын. Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) мазасы кетіп сырқаттанып жылаған кішкентай сәбиді қолына ұстап тұрып, жаны ашығаны соншалық, көздеріне жас алады. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жылағанын көрген Умму Айман оған қосылып жылайды. Оның мұнысына Пайғамбарымыз (с.а.с.): – Аллаһ елшісі жаныңда емес пе? Сен неге жылайсың? – дейді. Сонда Умму Айман: – Аллаһ елшісі жылап тұрғанда, мен қалай жыламайын, – деп көз жасына ерік берген екен2. Аллаһ елшісі (с.а.с.) өмірінің соңына дейін Умму Айманды назарынан тыс қалдырған емес. Көзі тірісінде ылғи да хал- жағдайын сұрап, жиі зиярат ететін. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болғаннан кейін бірде Омар ибн әл-Хаттаб Әбу Бәкір Сыддыққа (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) келіп: 1 Ибн Сағд, Табақат: 8/224. 2 Ибн Сағд, Табақат: 8/225. 218
«Аллаһтың елшісі (с.а.с.) көзі тірісінде Умму Айманның халін жиі сұрап барып тұратын. Біз де оны зиярат етіп барып қайтайық», – деп екеуі оның үйіне келеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) достарын көрген Умму Айман көңілі босап, көзіне жас алады. Оған: «Неге жылайсың? Пайғамбардың (с.а.с.) Аллаһтан алар сауабының қайырлы екенін білмейсің бе?» – дейді. Сонда: «Әлбетте, білемін. Әрине, Пайғамбар (с.а.с.) үшін Аллаһтың берері қайырлы. Бірақ мен уахидің тоқтап қалғанына жылаймын», – дейді Умму Айман. Умму Айманның бұл жауабы Әбу Бәкір мен Омарға Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге жүрген күндерін естеріне түсіріп, әсерлендіріп, көздеріне жас келтірген1. Аллаһ елшісі (с.а.с.) дүниеден өткеннен кейін Әбу Бәкір, Омар ибн әл-Хаттаб және басқа да сахабалар (Аллаһ оларға разы болсын) Умму Айманға ерекше құрмет көрсетіп өткен. Умму Айман Осман ибн Аффанның (Аллаһ оған разы болсын) халифалығы тұсында көз жұмған. Аллаһ оған разы болсын! 1 Муслим, Фадаил әс-сахаба: 103; Ибн Сағд, Табақат: 8/226. 219
АТИКА ЗӘЙДҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) «Кім шәһид болуды қаласа, Атикаға үйленсін». «Атика» сөзінің өзі «әдемі, көрікті, ажарлы» деген мағыналарды білдіреді. Атына заты сай болған Атика өз ғасырының сұлулық падишасы еді. Ол сұлулығына қоса, өте әдепті, ақыл-парасатқа ие, сонымен қатар ақындық өнері бар бойжеткен болатын. Осындай қасиеттерге ие Атика жастайынан көпшіліктің назарына ілігіп үлгереді және ол әйгілі Зәйд ибн Амр ибн Нуфайлдің қызы еді. Атиканың әкесі Зәйд ибн Амр Аллаһ елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктелуден бес жыл бұрын дүниеден өткендіктен, Ислам дәуірінің куәсі болмаған және оны қабылдамаған. Соған қарамастан Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінің бірінде Зәйд ибн Амрдың Ақыретте жалғыз өзі бір үмбет болып тірілетінін айтқан. Сондай-ақ ол кісі (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Жаннатқа кіріп, Зәйд ибн Амрды көрдім», – дейді1. Бұл хадис Зәйд ибн Амрдың өзі пұтқа табынушылық дәуірінде өмір сүрсе де, жаннаттық екенін білдіреді. Өйткені ол ата- бабасының пұт-мүсінге табынатын дініне ілеспей, ақиқат іздеп жер бетін шарлаған-ды. Хақ дінді іздеу мақсатымен ол христиан дінінің өкілдеріне келіп, бұл дін жайлы сұрастырады. Олар: «Бұл дінге кірем десең – кір, бірақ біраз адасуға тап боласың», – дейді. Зәйдтің көңілі толмай: «Мен өзім адасушылықтан қашып жүрмін», – деп кетіп қалады. Сосын дәл осы мәселемен яһуди дінбасыларына келіп, олардың діндері жайлы сұрастырады. Олар: 1 Ибн Кәсир, әл-Бидәя: 2/262; Ибн Хажар, Фатхул-бәри: 14/301. 220
«Бұл дінді қабылдаймын десең, ерік өзіңде, алайда сен біраз Аллаһтың ашуына ұшырайсың», – дейді. Бұл дін де Зәйдтің көңілінен шықпай: «Мен өзім Аллаһтың ашуынан қашып жүрмін. Одан да маған Аллаһтың разылығына жететін дінді нұсқаңдар», – дейді. Оған бір ынсапты адамдар: «Онда саған Ибраһимнің (аләйһис-сәләм) таза дінінен басқа дін сай келмейді», – деп кеңес береді. Сол тұстағы арабтар: «Біз бабамыз Ибраһимнің дініндеміз», – дей тұра, бұл тура жолға пұт-мүсіндер ғибадатын араластырып, ақиқаттан адасқан болатын. Зәйд: «Ибраһимнің таза діні қандай? Қалай ғибадат етеді, қайтіп намаз оқиды? Шариғаты не?» – деген сұрақтар береді. Кеңесшілер: «Бұл діннің жөн-жоралғылары ұмыт болған. Бізде ол жайлы мәлімет жоқ», – деп жауап қайтарады. Зәйд сол кезде: «Аллаһым! Өзің куә бол! Мен Ибраһимнің таза дініндемін», – деп иман келтіреді. Сосын ол Шам шаһарынан Меккеге қайтып келе жатып жол бойы иіліп сәжде қылып: «Раббым, мен Өзіңе қалай ғибадат етуді білмеймін. Менен қабыл ал», – деумен болады. Ибн Амр Меккеге келген соң құрайыштарды Аллаһтың бірлігіне шақырып, оларға өз білгенінше таухидті үйретуге тырысады. Әдетте құрайыштар қажылық не умра кезінде: «Ләббәйка аллаһумма, ләббәйк. Ләббәйкә, лә шәрикә ләкә, ләббәйк. Иннәл-хамдә уән-ниғмәтә, ләкә уәл-мулк, лә шәрикә ләк» (Біз құзырыңдамыз, уа, Аллаһ, біз құзырыңдамыз! Сенде серік жоқ. Мадақ пен нығмет және патшалық Саған тән. Сенде серік жоқ), – деген сөзге «лә шәрикә ләкә иллә шәрикән һууа ләк, тәмликуһу уә мә мәләк» (Сенде Өзіңе ғана тән болған серіктен басқа серік жоқ. Сен оған және оның иелігіндегіге иелік етесің), – деп қосатын. Ал Зәйд ибн Амр осы ширк сөздерінен адамдарды қайтарып: 221
«Сенде серік жоқ» деген жерде тоқтаңдар», – дейтін. Осындай Исламның келуінен бұрын таухид орнаған отбасында жаннатпен сүйіншіленген ондықтың бірі – Сағид ибн Зәйд (Аллаһ оған разы болсын) пен біз әңгіме етейін деп отырған Атика дүниеге келеді. Атика жастайынан ағасы мен жеңгесінің қолында тәрбиеленіп, олардан ислами тәрбие алып, иман келтіреді. Атиканың жеңгесі, Сағид ибн Зәйдтің әйелі – Омар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) қарындасы Фатима Хаттабқызы болатын. Омар Фаруқтың Исламға кіру тарихында айтылатын оның қарындасы мен күйеу баласы – осы кісілер- тұғын. Сағид өз отбасымен Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін бойжеткен Атиканы көптеген белгілі адамдар айттырып келе бастайды. Атикаға алғаш сөз салғандардың бірі – Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһ (Аллаһ ол екеуіне разы болсын) болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Әбу Бәкір Мәдинаға қоныс аударған шақта, екеуі Саур үңгірінде жасырынып жатқан кезде азық-ауқат жеткізіп, хабар әкелетін Әбу Бәкірдің осы ұлы еді. Абдуллаһ та сұңғақ бойлы, келісті жігіт еді. Атика келісімін беріп, екі жас бас қосып, шаңырақ көтереді. Атика мен Абдуллаһтың арасында үлкен сүйіспеншілік орын алып, бұл сүйіспеншілік оларды кейбір дүниелік және ақыреттік істерден тоса бастайды. Абдуллаһ сауда істеріне араласуды, жиһадқа шығуды қояды, көбіне-көп уақытын әйелімен бірге өткізуге тырысатын. Олар Әбу Бәкірдің қолында тұратын. Әрине, әке баласының мұнысын байқап жүрсе де, кеңшілік танытып үндемейтін. Бір күні Әбу Бәкір жұма намазына шығып бара жатып, ұлы Абдуллаһтың намазға әзірленбеген күйде әйелінің бөлмесінде отырғанын байқайды. Бірақ үндемей үйден шығып кетеді. Жұма намазы оқылып болған соң үйіне келсе, ұлы әлі әйелінің бөлмесінде отыр екен. Әбу Бәкір баласын шақырып: «Ей, Абдуллаһ! Жұма намазын оқыдың ба?» – дейді. Абдуллаһ абдырап: «Жұма намазы оқылып қойды ма?» – деп таңырқайды. 222
Әбу Бәкір ашуланып: «Енді сені намаздан да тосты ма? Оны талақ қыл», – деп бұйырады. Абдуллаһ сүйген жарын қимаса да, өзінен үлкен ағаттық кеткенін түсініп, әкесінің сөзімен Атиканы талақ қылуға мәжбүр болады. Әйтсе де әйелімен айырылысқан күннен бастап ол есеңгіреп, сүлесоқ күй кешіп қалады. Оның Атикаға деген сағынышы күннен-күнге арта түседі. Әбу Бәкір бұл бұйрығымен үлкен сүйіспеншіліктегі махаббат иелерін ажыратқысы келген жоқ, ниетінде мұндай нәрсе мүлдем болмаған да еді. Ол тек бұл жастарға өмірлік сабақ танытатын бір ғибрат көрсеткісі келген-ді. Абдуллаһтың әлгіндегідей іс- әрекеттері, дініне тосын келіп жатқан соң ғана әкені осылай етуге мәжбүрлейді. Әрбір мұсылман әке немесе ана өз перзентіне тек жақсы нәтиже әкелетін, оның пайдасына шешілетін нәрсені істейді емес пе?! Тақуалықтың шыңына шыққан Әбу Бәкірдей мұсылман әкелер Аллаһтың әмірін барлық нәрседен, соның ішінде перзент көңілінен жоғары қойған-ды. Бір күні Әбу Бәкір түн ортасында үйдің шатырына шығып, таһажжуд намазын оқиды. Намазын аяқтаған соң, шатырдың арғы бұрышынан естіліп жатқан дауысқа құлақ түреді. Қараса, ұлы Абдуллаһ әйелін сағынып, оған жыр жолдарын арнап жатыр екен. Табиғатынан көңілі жұмсақ Әбу Бәкір ұлының бұл халін көріп, оған жаны ашып кетеді. Сосын Абдуллаһты шақырып алып: «Әйеліңді қайтарып ал», – дейді. Абдуллаһтың қуанғаны сондай, қызметкер құлын шақырып: «Сен Аллаһтың дидары үшін азатсың», – деп, оған бостандық береді. Міне, бұл – сол кездегі сұлулықты бағалап, сүйіспеншілікті қадірлей алатын мұсылманның көрінісі-тұғын. Осылайша Атика өзінің сүйікті күйеуіне қайта оралып, жүректер жай тауып, көңілдер орнығады. Сөйтіп, отбасы қайта өзінің бұрынғы ыстық сезімге толы қалпына кіреді. Бірақ бұл жолы олардың сезімдері Аллаһтың әмірлерін орындауға кедергі болмады. Абдуллаһ жиһад істеріне араласып, Меккені алу 223
жорығына, Хунайн, Таиф шайқастарына қатысады. Өкінішке қарай, Таиф шайқасында Абдуллаһтың иығына садақ жебесі тиіп, ауыр жарақат алады. Жарасынан қан шапшып тоқтамай, қаншама емдеуге әрекет жасалғанмен, нәтижесіз шығып жатты. Асқынған жарақаттың аузы қайта-қайта ашылып қатты азаптаумен болды. Ақыры осы жарақат оның өлімінің себебіне айналды. Оның иығына тиген садақ жебесін Әбу Бәкір сақтап қойып, ол таифтық бәну сақиф руының адамдарын жинап, олардан: «Мына жебе кімдікі?» – деп сұрайды. Олардың араларынан бір кісі шығып: «Менікі», – дейді. Жебенің иесі Таиф шайқасынан кейін Исламды қабылдаған болып шығады. Сонда Әбу Бәкір оған: «Аллаһтың атымен ант етемін! Ол сенің қолыңмен жаннатқа кірді. Ал сен оның қолымен тозаққа кірмейсің», – деген. Сүйіктісі көз жұмар алдында Атика оның жанынан бір елі ұзап шықпай, оның қас-қабағын бағып бәйек болып, ылғи да қасынан табылды. Дүние саларынан бұрын Абдуллаһ әйеліне қимастықпен қарап: «Мынау Хаит бағын саған қалдырамын. Егер менен кейін тұрмыс құрмасаң, осы бақ сенікі», – дейді. Бұл Хаит бағы қисапсыз өнім беретін. Осы бақты Абдуллаһ өзінен кейін тұрмысқа шықпау шартымен Атикаға қалдырады. Арысынан айырылған Атика Абдуллаһты жоқтап тамаша жоқтаулар шығарған. Оның өлең жолдарының бірі мынадай мазмұнда еді: – Ант етем! Ыстық боп қалар көз жасым Сен үшін, ал денем шаңнан арылмас. Яғни саған деген көз жасым құрғамайды және сенен кейін ешкімге сәнденіп, сұлуланбаймын деген мағынада жырлаған. Осы сөзінде тұрып Атика Абдуллаһтан кейін ұзақ уақыт ешкімге тұрмысқа шықпайды. 224
Арада біршама уақыт өтіп, әлемге ақиқаттың жарық шамын әкелген Аллаһтың елшісі (с.а.с.) дүниеден өтеді. Күйеуінің қазасынан кейін Атиканың көңілі жүдеу тартып, еш нәрсеге зауқы соқпай, өзін айттырып келушілерге мойын бұрмайтын. Осылай күндер өтіп жатады. Бір күндері оған адамзат тарихындағы ұлылардың бірі, сол тұстағы Ислам үмбетінің халифасы, мүміндердің әміршісі – Омар ибн әл-Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын) сөз салып келеді. Атика халифа Омардың бұл ұсынысына: – Сен сияқты ерлердің меселі қайтарылмайды. Бірақ мен Абдуллаһтан кейін ешкімге тұрмысқа шықпауға қасам ішкенмін. Оған қоса қолымда өзінен кейін тұрмыс құрмау шартымен күйеуімнен мұраға алған Хаит бағы бар, – деп ыңғай таныта қоймайды. Омар оның айтқан бұл уәжін құптамай: – Сен өзіңе Аллаһтың халал қылған нәрсесін қалай харам етесің?! Саған пәтуа сұрау керек, – дейді. Атиканың: – Кімнен пәтуа сұраймын? – дегеніне, Омар: – Мұсылмандардың қазысы, адамдардың білгірі – Әлиден сұра, – деп кеңес береді. Әли Атиканың мәселесіне: – Бақты Әбу Бәкірдің отбасына қайтарып бер де, өзің күйеуге шық, – деп пәтуа береді. Осылайша Атика қолындағы бақты Әбу Бәкірдің отбасына қайтарып, бірнеше шартпен Омарға тұрмысқа шығуға келісімін береді. Атика Омарға: «Сен – мінезің өте қатал, қызғаншақ кісісің. Менің саған қояр бірнеше шартым бар. Біріншіден: маған қол жұмсамайсың. Сосын мені ешқандай құқығымнан тоспайсың және мешітке жамағат намазына барудан қайтармайсың», – дейді. Омарға бұл үш шарттың әсіресе соңғысы ауыр тисе де, қабыл алып, оған үйленеді. Екеуі бас қосып, шаңырақ көтерерде Айша 225
(Аллаһ оған разы болсын) Атикаға бір кездерде оның Абдуллаһты жоқтап: «Ант етем! Ыстық боп қалар көз жасым Сен үшін! Ал денем шаңнан арылмас», – деп айтқанын есіне салып: «Ант етем! Шаттықта қалар жанарым Ал тәнім сәнденіп ашар ажарын», – деп қалжыңдайды. Атика мен Омардың жұбайлық тұрмыстары баянды болып, бақытты ғұмыр кешеді. Атика Омардың ең жақсы әйелдерінің бірі атанады. Тек көбіне Омарды Атиканың жамағатпен намаз оқуға мешітке шығуы аздап қынжылтатын. Ал Атиканың әдептілігі сондай, күйеуімен келісіп қойған шарты болса да, әр барған сайын мешітке Омардың рұқсатынсыз шықпайтын. Ол Аллаһтың үйін өте жақсы көретін, оның жүрегі мешітке байланған еді. Ол Омармен оның өмірінің соңына дейін бірге ғұмыр кешеді. Бір күні мұсылмандар мешітте таң намазына сап түзеп жатқан- ды. Онда Атика да бар-тұғын. Намазға тәкбір айтылып болған кезде кенеттен Файруз Әбу Лулу деген кісі халифаға қастандық жасап, оған алты рет пышақ салады. Оның бірі кіндік астынан тиеді. Осы соққы оның өліміне себепші болады. Ауыр жарақат алған Омар өмірінің соңғы күндерінде Атиканың үйінде жатып көз жұмады. Діні үшін, тақуалығы үшін, ел ісіне жауапкершілігі үшін, әділдігі үшін, ақиқат жолындағы күресі үшін Омарды құрмет тұтатын Атика оны жоқтап, қастандықтың құрбаны болған күйеуіне жыр жолдарын арнаған. Омардың қазасынан кейін де Атиканы айттырып келушілердің легі басталады. Атика ешкімге келісімін бермей, бәрін сыпайы түрде қайтарып отырады. Бірде оны ұлы сахабалардың бірі Зубәйр ибн Аууам (Аллаһ оған разы болсын) айттырып келеді. Тұрмысқа шығу ойында жоқ болса да, Зубәйр ибн Аууамның көп үгіттеуімен Атика оған тұрмысқа шығуға келіседі және оған да Омарға қойған шарттарын қояды. Зубәйр Атиканың бұл 226
шарттарына көніп, екеуі бас қосады. Зубәйр ибн Аууам өте кеңпейіл, ашыққол, дәулетті кісі еді. Атика үшін Омармен кешкен тәркідүниелік, жұпыны өмірден кейін молшылық пен кең тұрмыстың есігі ашылады. Зубәйр да Атиканың аталмыш үшінші шартына қынжылыс білдіретін. Өйткені ол өте қызғаншақ адам- тұғын. Сұлу да сымбатты Атиканың қайсарлығымен бұл шартқа, амал жоқ, көнсе де, әр кез сұлу әйелі мешітке шығарда оның қызғаныш сезімі оянатын. Атиканың мешітке шығуын тоқтату үшін бірде Зубәйр бір қулық ойлап табады. Мешіт маңында «Сақифат бәну сағида» деп аталатын бір бастырма болатын. Бір күні Зубәйр сол бастырманың артына барып жасырынып, Атиканың мешітке қарай өтуін тосып тұрады. Атика өте бергенде, жылдамдата келіп, оның ту сыртынан құшақтап, сосын жібере салып, жүзін көрсетпей қашып кетеді. Ызаланған Атика: «Бері кел, ей, Аллаһтың дұшпаны! Қолың кесілгір!» – деп айқайлап қалады. Зубәйр түк болмағансып үйіне келіп отырады. Әдеттегісінен ертерек оралған Атикаға дәнеңе білмегенсіп: «Неге ерте қайттың? Намазға бардың ба өзі?» – деп сұрайды. Ашуланып, ызаға булыққан Атика: «Аллаһтың атымен ант етейін! Адамдар бүгінде бұзылыпты. Мұнан кейін мешітке шықпаймын», – деп, осы жайттан кейін үйінің ең түпкі бөлмесіне кіріп намаз оқитын болған. Қай уақытта, қай кезде болсын мәселе ар-ождан, абыройға келіп тірелгенде, мұсылман әйелдері сол үшін бар нәрседен бас тартатын. Нағыз мұсылман әйел ар-абыройына дақ түсуінен осылай сақтанатын. Атика мен Зубәйрдің бір-біріне деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Екеуінің бақытты өмір кешуі мұсылмандар арасында үлкен бүлік тудырған «Жәмәл» шайқасы бас көтергенге дейін жалғасады. Осы «Жәмәл» шайқасында Зубәйр ибн Аууам Әли ибн Әбу Талибқа (Аллаһ оған разы болсын) қарсы шыққан Айша Әбу Бәкірқызының басшылығындағы әскердің ішінде болады. Бірақ шайқасқа қатыспай, кері қайтып кетеді. Зубәйр қайтып келе 227
жатқанда, соңынан Амр ибн Журмуз деген кісі аңдып, оны қапыда қастандықпен өлтіреді. Әлиге жағыну үшін Амр ибн Журмуз оған Зубәйрдің басын алып келеді. Оның бұл ісіне күйініп кеткен Әли адамдарға: «Оның тозақта болатынын ескертіңдер!» – дейді. Сахабалар арасындағы ерек тұлға, жарық жұлдыз Зубәйр ибн Аууам осылай өлтіріледі. Зубәйр өлтірілген соң адамдар: «Кім шәһид болғысы келсе, Атикаға үйленсін», – деп айтатын болды. Ал Атика үшін үш бірдей арыстан айырылу оңайға соқпайды. Зубәйрдің өлімінен кейін оңашаланып қалады. Десе де, оны айттырып келушілердің аяғы толастамайды. Бір күндері оны халифа Әлидің өзі айттырып келеді. Атика оған: «Сен сияқты ердің беті қайтарылмас, бірақ бір аласапыранда шәһид болсаң, тағы бір арыстан айырылып қан жылап қалам ба деп қорқамын», – дейді. Атика ыңғай бермеген соң, Әли оны қыстамайды. Тағы бір күндері оны Пайғамбар (с.а.с.) отбасының мүшесі, ұлы тұлғалардың бірі Хусейн ибн Әли (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) айттырып келеді. Атика оған да Әлиге айтқан жауабын бергенде, Хусейн: «Мен саған шәһидтік іздеп келіп тұрмын», – дейді. Атика оған келісімін беріп, тұрмысқа шыққан соң, екеуі біраз уақыт тату-тәтті жұбайлық өмірді бастарынан өткереді. Алайда көп ұзамай Карбала деген жерде мұсылмандарды ақиқатқа қайтару үшін өзін осы күреске арнаған Хусейн шәһид болады. Осы жорықта Атика да бар еді. Оның көзінше қаскөйлер тарабынан Хусейннің басы шабылып, өлтіріледі. Осылайша Атика тағы бір арысты жоқтап қан жұтып қалады. Ол осыншалықты ауыр қайғыны көтере алмастан, көп ұзамай дүниеден қайтады. Аллаһ оған разы болсын! 228
V. БӨЛІМ ХАЛИФА САРАЙЫНДА ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР КЕШКЕН ӘЙЕЛДЕР Фатима Абдул-Мәлик ибн Маруанқызы Уммул-Бәнин Абдул-Азиз ибн Маруанқызы Зубәйда Жағфарқызы 229
ФАТИМА АБДУЛ-МӘЛИК ИБН МАРУАНҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАҚЫМ ЕТСІН) Ол өзінің бар мал-мүлкін, бұйымдарын, қымбат бағалы киімдерін мұсылмандардың ортақ қазынасына өткізіп, күйеуінің талабына сай өмір сүруге көнді. Фатиманың әкесі – умәуилер мемлекетінің халифасы Абдул- Мәлик ибн Маруан. Бұл кісіге белгілі сахаба әйел Умму Дарда: «Әңгіме айтуда және кісіні тыңдауда сенен асқан жан көрмедім», – деген. Ал белгілі ғалым Шағби ол жайлы: «Мен сұхбат құрған адамдардың ішінде құрметке лайық біреу болса, ол – Абдул-Мәлик», – деп айтқан. Сондай-ақ Ибраһим ибн Ади Абдул-Мәлик ибн Маруанның басынан өткен бір оқиғаны баяндай отырып, оның салмақтылығы мен ұстамдылығына таңырқап: «Мен Абдул-Мәликтің басына бір түн ішінде төрт бірдей іс түскенін көрдім. Сонда да оның реңі өзгерген жоқ. Сол түні Ирактың әмірі Ғұбайдуллаһ ибн Зияд пен Хижазда Хубайш ибн Дәләжә өлтіріліп, Рим патшасымен достық келісім бұзылды және Дамаскіде Амр ибн Сағид оған қарсы шықты», – деген. Абдул-Мәлик ибн Маруан басына бір түнде осыншама іс түскенде, міз бақпай, мәселелерді ақыл-парасат таразысына салып шешетін. Бұл – нағыз мұсылмандар басшысының бейнесі. Халифа Абдул-Мәлик сөзге шешен, әсіресе, әдебиет өнеріне өте жетік болатын. «Байсалды сөйлесе де, қалжыңдаса да, тілді шұбарлап бұзбайтын төрт адам ғана бар» деп көрсетеді ғалым Асмағи. Ол көрсеткен бұл төрттікке: Шағби, Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи және Ибн Қариалармен қатар Абдул-Мәлик ибн Маруан да жатады. Фатима осындай өрелі халифаның отбасында дүниеге келіп, әке тәрбиесінде бойжетеді. Сондай-ақ Фатиманың 230
ағасы Уәлид ибн Абдул-Мәлик те айтулы адамдардан болған. Десе де, ол ел басқаруда әділдікті сақтамай, халыққа біраз зәбір- жапа көрсеткен. Уәлид Һижра жыл санағы бойынша 96-жылы қаза тапқаннан кейін халифалықты Фатиманың тағы бір ағасы Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик иеленеді. Сүлеймен Уәлидке қарағанда, елге жайлы, әділ, саясат ісіне жетік тұлға еді. Сүлейменнің әділ жолды ұстануының бір айғағы оның әділетті халифалардың қатарынан саналатын Омар ибн Абдул-Азизді өзіне уәзір әрі кеңесші етіп алуынан байқалады. Фатиманың әкелері бір, шешелері бөлек он алтыға тарта ағасы болған. Ал Фатима анасынан жалғыз еді. Әкесі Абдул-Мәлик ибн Маруан бұл қызын қатты жақсы көріп, бауырына басып, оның тәрбиесіне баса назар аударған. Содан да болса керек, Фатима кішкентайынан ғалымдардың тәрбиесінде тәлім алып, Құран, хадис, фиқһ, поэзия, әдебиет ғылымдарын жетік меңгеріп өседі. Оған қоса Фатима хас сұлулардың бірі-тұғын. Мысырдың уәлиі Омар ибн Абдул-Азиздің әкесі Абдул-Азиз дүниеден қайтқанда, оған немере іні саналатын Абдул-Мәлик ибн Маруан оның баласы Омарды Дамаскіге шақыртып өз қолына алады. Омар ибн Абдул-Азиз осылайша жастайынан халифа сарайында тәрбиеленіп есейеді. Ержеткен Омарға халифа Маруан қызы Фатиманы қосады және ол Омар ибн Абдул-Азиздің қызына күйеу болғанына қатты қуанады. Халифаның қызына үйленген Омар еш нәрседен таршылық көрмей, сән-салтанатта өмір сүреді. Арада біршама уақыт өтіп, Абдул-Мәлик дүниеден қайтқанда, оның орнын ұлы Уәлид ибн Абдул-Мәлик иеленеді де, Омар ибн Абдул-Азиз Мәдинаның уәлиі болып тағайындалады. Сол кезде Омардың жасы бар-жоғы жиырма бесте болатын. Омар ибн Абдул-Азиз Мәдина жеріне әділдік орнатып, тез арада халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп үлгереді. Мәдина халқы оны қатты жақсы көріп, құрметтейтін. Омар өте тақуа, ғибадатшыл еді және ол сұлулықты ұнататын. Жүрісі паң, киімдері қымбат бағалы, әтірінің иісі алыстан сезілетін сырбаз кісі еді. Тіпті сол кездерде- 231
ақ «Омардың жүрісіндей» деген мәтел айтылатын. Сол тұста Уәлид ибн Абдул-Мәликтің оң қолы Хажжаж ибн Юсуф деген бір озбыр уәзір болатын. Хажжаждың істеген талай былықтары, халыққа көрсеткен зұлымдығы, әсіресе, Ирак жеріне жасаған қиянатына Омар ибн Абдул-Азиздің құлағы қанық еді. Оның осындай озбырлығы мен кемшілік-айыптарын мінеп, Омар халифа Уәлидке хат жазады. Хат мазмұнында: «Мен Хажжаж Мәдинаға келсе, күтіп алмаймын, егер ол қажылыққа келсе, бірден Меккеден қайта берсін», – деген сөздер бар еді. Омар ибн Абдул-Азиздің бұл хатының хабары Хажжажға жетіп, ол іштей Омарға тісін қайрап жүреді. Ұзамай Хажжаждың Уәлидті көп үгіттеуінің нәтижесінде «турасын айтып, туғанына жақпаған» Омар Мәдинаның уәлилігінен алынады. Уәлид ибн Абдул-Мәлик оны Дамаскіге шақыртады. Омар ибн Абдул-Азиз Мәдинаны тастап шығып бара жатып егіле жылайды. Күйеуінің мұнысына Фатима: – Не үшін жылайсың? – дегенде, ол: – Мен Мәдина өзінен қашықтатқан адамдардан болып қалудан қорқамын, – деп жауап береді. Бұл сөздің астарында «Ол – (жаман) адамдарды (ұстаның) көрігі темірдің татын кетіретіндей (өзінен) аластайтын Мәдина»1 деген хадис жатыр еді. Омар ибн Абдул-Азиз қаладан шығарда осы хадисті есіне алып, қобалжулы күйге түседі. Сол кезде ақылды да салиқалы Фатима: – Қам жеме, Аллаһ бізбен бірге! – деп оған басу айтады. Фатима мен Омар ибн Абдул-Азиз осылайша қайта Дамаскіге оралады. Уәлид ибн Абдул-Мәликтен кейінгі халифалық тақ мұрагері Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик еді. Сүлейменнің мұрагерлігін жоймақ ниетпен Уәлид елдің жақсы-жайсаңдарын, ақсақалдары 1 Әл-Бұхари, Фадаил әл-Мәдина: 2. 232
мен көсемдерін құзырына жинап, оларды оған қарсы үгіттейді. Уәлидтің бұл пиғылына Омар да, Фатима да қарсылық танытады. Омар ибн Абдул-Азизден қауіптенген Уәлид бір күні оны астыртын шақырып алып, адамдарына бір бөлмеге қаматып, есік- терезесін сылатып тастайды. Кешіккен сайын хабарсыз кеткен күйеуін іздеп Фатима дал болады. Ары-бері шапқылап, Уәлидтің әйелі Уммул Бәнинді араға салып жүріп, Омардың қайда жатқанын іздеп тапқан Фатима есікті аштырса, ол дем жетпей, өлудің сәл-ақ алдында жатыр екен. Фатиманың осындай жанашырлығы мен қамқорлығының арқасында Омар ажал аузынан қалады. Сүлейменнің халифалық мұрагерлігін жоймақ боп жүрген аралықта Уәлид ибн Абдул-Мәлик қайтыс болады. Оның орнын Сүлеймен ибн Абдул-Мәлик иеленісімен-ақ, Омарды өзінің уәзірі әрі кеңесшісі етіп сайлады. Омар ибн Абдул-Азиздің уәзірлікте бірінші кіріскен ісі халифаны үгіттеп жүріп, бір кездерде Хажжаждың жәбіріне ілігіп, абақтыға жабылған көп адамды түрмеден шығару болады. Бір риуаяттарда Хажжаждың қуғын- сүргінінен абақтыға жабылған адамдардың ұзын саны сексен мыңға жеткен делінеді. Халыққа жайлы, әділ халифалық құрған Сүлеймен ибн Абдул- Мәликтің ғұмыры қысқа болады. Сүлейменнің өлімінің себебі ол бір күні мешітке жұма намазына шығар алдында үстіне жасыл мақпал шапан киіп айнаға қарап, өз-өзіне қатты сүйсініп: «Аллаһтың атымен ант етейін! Мен – жігіт патшамын», – деп тамсанады. Шын мәнінде де, оның жасы бар-жоғы отызда еді. Намазға шығып құтпа жасап, көпшілікке имам боп намаз оқып, үйіне келе сала науқасқа шалдығады. Қатты ауырып, көп ұзамай дүниеден озады. Өмірден өтерінде оның алдына бас уәзірі Ража ибн Хайуа кіреді. Ража ибн Хайуа Сүлейменді өзінен кейінгі мұрагерлікті Омар ибн Абдул-Азизге қалдыруға көндіріп, оған осы мазмұнда бір бұйрықнама жаздырып алады. Ража осыдан 233
кейін көптің алдына шығып, қолындағы бұйрықнаманы көрсетіп тұрып: «Міне, халифаның өсиеті, қолы қойылып, мөрі басылған. Енді ол орнына тағайындап кеткен адамға байғат беріңдер», – дейді. Адамдардың бәрі кезектегі тақ мұрагері Язид ибн Абдул- Мәликке байғат беріп жатырмыз деп ойлап жапа-тармағай байғат береді. Ража ибн Хайуа адамдардың бәрінен байғат алып болғаннан кейін, мешіттің артқы жағында отырған Омар ибн Абдул-Азиздің қасына келіп: «Әс-сәләму аләйкә, уа, мүміндердің әміршісі!» – дейді. Бұл адамдарға да, Омарға да күтпеген жағдай еді. Қатты таңырқап қалған Омар сасқалақтап, абыржып қалады. Адамдардың барлығы оны құттықтап, тіпті кезектегі мұрагер Язидтің өзі келіп қолын алады. Абдыраған Омар орнынан тұрып мінберге шыға алмаған соң, адамдар оны жабылып көтеріп шығарады. Ол сөйлемекші болып еді, оған да шамасы келмейді. Әрең есін жиып, Сүлеймен ибн Абдул-Мәликті арулап жерлейді. Жерлеу рәсімін аяқтаған соң, үйіне қайту үшін мініс көлігін сұрайды. Адамдар оған жаратылған сұлу сәйгүлікті әкеліп алдына тартады. Омар: «Оны алып кетіңдер», – деп орнына қашыр алдыртып, қашырға мініп үйіне келеді. Өңі қашып үйіне келген оған қызметшісі: – Сізге не болған? Бір уайым шегіп тұрсыз ғой, шамасы? – дегенде, Омар: – Менің басыма түскен іс Шығыс пен Батыстың арасын мекен еткен Мұхаммед үмбетінің әрбірінің менде құқығы бар екендігін білдіреді. Мен ол құқықтарды шағым алмай орындауым керек. Ендеше, қалай уайымға түспейін, – деп жауап береді. Омар ибн Абдул-Азиз халифа болып сайланғаннан кейін қолындағы өзінің бар мал-мүлкін, тіпті алдыңғы халифалардың жолына төселетін кілемдерді сатып, пұлдап, мұсылмандардың ортақ қазынасына қосуды бұйырады. Өйткені алдыңғы халифалар 234
жер басып жүрмейтін. Керек болса, халифа Бағдаттан Меккеге қажылыққа барғанда да жол бойы аяғының астына кілем төселіп отырған деген де әңгімелер айтылады. Омардың алғашқы халифалық күндері басталады. Бір күні ол қауырт жұмыстармен ары-бері шапқылап жүріп, бесіннің алдында үйіне келіп, тынығып көз шырымын алу үшін бөлмесіне кіріп жатады. Бір кезде оған баласы кіріп: – Әке! Не істейін деп жатырсың? – деп сұрайды. Әкесі: – Балам, мен аздап шаршадым, сәл тынығып алайын деп едім, – дегенде, баласы: – Әке, сен ұйықтап тұрып шағымдарды қараймын дегенше амандығыңа кім кепіл бола алады? – дейді. Баласының бұл айтқан саналы сөзіне дән риза болған Омар ұлын құшақтап тәнті болып: – Әлхамду лилләһ! Дініме жәрдемдесетін осындай білімді ұлды берген Аллаһқа сансыз шүкір, – деп сол заматта-ақ адамдарға жар салдырып, оларды арыз-шағымдарын тыңдауға қабылдайтындығын хабарлатады. Сөйтіп, алдыңғы умәуи халифалардың кезінде зұлымдық көрген адамдардың мәселесін қарап, елдегі жағдайды ретке келтіреді. Әйелі Фатима Омарды халифалығымен құттықтап келеді. Әңгіме барысында Омар ибн Абдул-Азиз оған: «Фатима! Маған өте ауыр іс жүктелді. Егер менімен бірге қалуды қаласаң, бұдан кейін саған тиісінше уақыт ажырата алмаймын. Сондай-ақ молшылық өмірден де бас тартуыңа тура келеді. Егер бұған төзе алмасаң, өз үйіңе қайта беруіңе болады», – деген сөздер айтады. Күйеуінің бұл ұсынысын қабылдаған Фатима өмір бойы үйренген сән-салтанаттан, молшылықтан, рақат өмірден бас тартып, тақуа күйеуімен қалуды таңдайды. Оған қоса Омар ибн Абдул-Азиз Фатимаға: «Егер менімен қалуды қаласаң, қолыңдағы бар мал-мүлікті, сәндік бұйымдарыңды, інжу-маржан асыл тастарыңды 235
мұсылмандардың ортақ қазынасына өткізгін, бұл нәрселер оларға тиесілі», – деп оның үстіне қарап: «Мына киімдерді де мұсылмандардың қазынасына тапсыр, бұлар сенікі емес. Менің олардың халал екендігіне күмәнім бар», – дейді. Фатима күйеуінің айтқанын екі етпей оның барлық бұйрығына бойсұнып, өзінің бар мал-мүлкін, бұйымдарын, қымбат бағалы киімдерін мұсылмандардың ортақ қазынасына өткізіп, күйеуінің талабына сай өмір сүруге көнеді. Кейіннен Омар ибн Абдул-Азиз дүние салғаннан кейін халифа тағына отырған Язид ибн Абдул-Мәлик Фатиманың қазынаға салған бар мал-мүлкін өзіне қайтарғысы келгенде, Фатима оларды алудан бас тартады. Ол бұйымдарын қайтарып алмаған соң, Язид оларды умәуилер шаңырағына тиесілі әйелдерге таратып береді. Тақуалыққа, тәркі дүниелікке шақырған күйеуіне мүлтіксіз бойсұнған Фатиманың өмірінде келер ұрпақ үлгі-өнеге аларлықтай осындай ғибрат белестері көп болады. Өмір бойы зәредей таршылық көрмеген, көзін ашқалы молшылықта күн кешкен Фатима бар мүліктен бас тартып, тақуалықты таңдап, қандай жағдайда да күйеуіне бойсұнып, оған өмір бойы серік болуды жөн көрген. Ол қаламағанның бәрінен теріс айналған. Нағыз мұсылман әйелінің бейнесі осындай. Бір күні Омар ибн Абдул-Азиз үйіне кірсе, әйелі Фатима киімін жамап отыр екен. Омар оған: – Сүлейменмен бірге жүрген күндеріміз есіңде ме? – дейді. Фатима: – Иә, есімде. Бірақ бүгінде сен ол күндерге қарағанда құдіретті емессің бе? – дейді Омарға. Бұл сөзімен Фатима: «Ол кездерде сен уәзір едің. Сонда да біз молшылықта едік. Ал бүгінде халифасың. Қалай өмір сүрем десең де, еркің өзіңде емес пе», – дегенді меңзейді. Сол кезде Омар: 236
– Ей, Фатима! Мен Раббыма күнәкарлық қылуға ұлы Күннің азабынан қорқамын, – деп жауап береді. Оның бұл сөздерінен әсерленген Фатима көзіне жас алып, күйеуі үшін Аллаһқа жалбарып: «Аллаһым! Оған тозақ отынан пана бол», – деп дұға қылады. Халифаның отбасы бола тұра, олар осындай жоқшылықта өмір сүреді. Дамаскінің суықтарында бой жылытар жамылғы таппағандарын былай қойғанда, кей кездері Фатима жүрек жалғауға ештеңе таппай, аштықтан ішегі шұрылдайтын күндерді де басынан өткізетін. Ол осылай абыржыған кезде: «Біз бен халифалықтың арасы Шығыс пен Батыстың қашықтығындай. Аллаһтың атымен ант етейін! Бізге халифалық келгелі бері қуаныш көріп, қабағымыз ашылмады», – дейтін. Бірде қызметкері кіріп, Фатимадан тамақ сұрайды. Фатима оған бұршақ ұсынғанда, қызметшісі: «Күнде бұршақ жейміз бе?» – деп назаланады. Оның бұл қынжылысына Фатима: «Балам-ау, сенің қожайыныңның да тамағы осы ғой...» – деген екен. Сондай-ақ Фатиманың алдына бір әйел кіріп, оның үстіндегі әбден тозығы жеткен киімді көріп: – Ей, Фатима! Мұсылман әйел күйеуіне сәнденуі керек емес пе?! – дейді. Сонда Фатима: – Әйел күйеуіне ол ұнататын нәрсемен сәндене ме, жоқ ұнатпайтын нәрсемен сәндене ме? – деп сұрайды. Әлгі әйел: – Әрине, күйеуі ұнататын нәрсемен сәнденеді, – дейді. Сол кезде Фатима: – Ол осыны ұнатады, – деп айтқан. Тағы бірде Фатима Омарға: «Сен адамдардың бәріне әділдік қылып, маған ғана әділетсіздік жасайсың. Адамдардың бәріне құқығын беріп, ал 237
маған ұйқысыз түндеріңнен басқа ештеңе бермейсің», – деген болатын. Омар ибн Абдул-Азиз уәзірі Ража ибн Хайуаға: «Ей, Ража! Менің нәпсімнің қалағанына жететін бір қасиеті бар. Мен Абдул-Мәликтің қызы Фатиманы қаладым, оған қолым жетті. Сосын әмірлікті қаладым, Мәдинаның әмірі болдым. Сосын халифалыққа көңілім шапты, оны да иелендім. Енді бүгін нәпсім жаннатқа жетуді қалайды», – деген. Бір күні Омардың жүзім жегісі келіп, оны Фатимаға айтады. Сатып алуға ақшалары жоқ еді. Өйткені Омар ибн Абдул-Азиз халық қызметі үшін өзіне бар-жоғы екі-ақ дирһам жалақы тағайындаған-ды. Фатима Омарға білдіртпей, Бағлбек деген жердің уәлиіне өздеріне жүзім жіберуін сұратып адам жібереді. Әкелінген жүзімді Омардың алдына тартқанда, ол мұны қайдан алғандарын сұрайды. Жүзімнің қайдан келгенін білген Омар Фатимаға қарап: «Аллаһтың атымен ант етейін! Омардың нәпсі қалауы үшін мұсылмандардың көлігін шаршатыпсың ғой», – деп қынжылыс білдіріп, жүзімді жеуден бас тартады. Бағлбектің уәлиіне хабар жіберіп, ендігәрі бұлай ететін болса, орнынан алынатындығын ескертеді. Омар ибн Абдул-Азиз қайтыс болғанда, халифа отбасы мүшелерінің бірі Мәсләмә ибн Абдул-Мәлик келеді. Омардың үстіндегі көйлектің әбден тозығы жеткен-ді. Мәсләма халифаның бас жағында жылап отырған Фатимаға: – Мүміндердің әміршісінің үстіндегі көйлекті ауыстырсаңдар қайтеді, – дейді. Фатима үндемейді. Осылай деп бірнеше рет қайталаған Мәсләмә Фатима жауап қатпаған соң: – Ей, Фатима, тұр! Маған көйлек берші, өзім-ақ ауыстырайын, – дейді. Фатима орнынан қозғалмайды. Мәсләмә талабын тағы да бірнеше рет қайталап: – Адамдар мүміндердің әміршісіне осы күйінде кіре ме? – дегенде ғана Фатима: 238
– Аллаһтың атымен ант етейін! Оның мұнан басқа киімі жоқ, – деп жауап береді. Бірде Ата ибн Әбу Рабах деген ғалым Фатимадан: «Омар қандай еді?» – деп сұрайды. Сонда Фатима: «Ол мұсылмандар үшін өзін түгелдей бағыштады. Кешке мұсылмандардың ісімен айналысып отырғанда, қазына шамын жағып отырса, оны аяқтаған соң ол шамды өшіріп, өз ақшасына сатып алынған шамды жағатын. Түнімен Аллаһқа жалбарынып көз жасын төгетін. Таңның атуымен ораза болатын. Бір күні мен одан: «Уа, мүміндердің әміршісі! Түнімен жылап-еңіреп шығасың, саған не боп жүр?» – деп сұрадым. Ол: «Ей, Фатима! Сен өз жөніңді біл, ал мені өз жайыма қалдыр. Саған тәлім ретінде айтайын, мен көз жүгіртіп, осы үмбеттің жауапкершілігін арқалағанымды көрдім. Олардың кедей- кепшіктерін, аш-жалаңаштарын, мүсәпір-ғаріптерін, адасқандарын, абақтыға түскендерін, бала-шағасы көп, жағдайы төмендерін, тағы басқа жер бетінің түкпір-түкпіріндегі осы сияқтыларды есіме алдым және осылардың барлығынан Аллаһ тағаланың мені сұраққа алатындығын аңдадым. Аллаһ елшісі (с.а.с.) мені олардың (үмбетінің) арасында айғаққа тартатынын ойладым. Сөйтіп, Аллаһтың үзірімді (уәжімді) қабыл алмауынан қорықтым. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) қатарында айғағымның қабылданбауынан қорықтым. Өз-өзіме жаным ашып, көзімнен жас сорғалады. Жүрегім қан жылап, жаным шырқырады. Осыларды ойлаған сайын қорқынышым арта түседі. Қаласаң – өнеге ет, қаласаң – жайына қалдыр», – деді. Омар ибн Абдул-Азиз «Қандай да бір іс жасамаңдар, Біз сендерді көріп тұрамыз»1 деген аятты қайталап, көз жасын көл қылып жылайтын. 1 «Юнус» сүресі, 61-аят. 239
Бірде Фатима Омардан неге жылай беретінін сұрағанда, ол Аллаһ тағаланың «Бір топ жаннатта, ал бір топ тозақта»1 деген аяттарын айтып, «Өзімнің қай топтан екенімді білмеймін», – деп жылай-жылай есінен танып жығылған. Фатима Омар ибн Абдул-Азиз жайлы Муғира деген кісіге: «Ей, Муғира! Намазы мен оразасы Омардан артық кісілер болса болар, бірақ мен Аллаһтан қорқуда одан асқан ешкімді көрмедім. Үйге келсе, көзі жұмылғанша жылайтын. Есінен танғанша жалбарынатын. Оның үздіксіз қылатын дұғасы: «Аллаһым! Сен кешеуілдеткен нәрсені жеделдетуді және Сен жеделдеткен нәрсені кешеуілдетуді ұнатпауым үшін мені шешіміңмен разы қыл және тағдырыңда маған береке бер!» деген сөздер еді», – деген. Омар ибн Абдул-Азиздің тұсында зекет малын алатын кедей- кепшік болмай қалды. Зекет беру үшін жат жерлерден адам іздеуге тура келетін. Ол бар болғаны екі жыл бес ай халифалық құрды. Тәркі дүниелігімен әйгілі Мәлик ибн Динар: «Адамдар: Мәлик тәркі дүние адамы дейді. Шын мәнінде, тәркі дүниелік қылған – Омар ибн Абдул-Азиз. Оған дүние өзі келді, ал ол одан бас тартты», – деген. Ибн Жәузидің «Сира» кітабында Мұхаммед ибн Абдул-Мәлик әпкесі Фатимадан Омардың науқасының қалай басталғанын сұрайды. Сол кезде Фатима былай деп жауап қайтарған: «Аллаһтың атымен ант етейін! Мен оны Аллаһқа деген қорқыныштан өлді деп ойлаймын. Сол түні мен оның: «Бұл – Ақырет мекені. Оны жер бетінде астамшылық және бұзғыншылық қаламайтындарға арнаймыз. (Істердің) соңы тақуалардың пайдасына»2, – деп жатқанын естідім. Осылай деп түні бойы қайталады. Таң атқан кезде оның қасына Мәртәд деген 1 «Шура» сүресі, 7-аят. 2 «Қасас» сүресі, 83-аят. 240
қызметкерді қалдырып, тысқа шықтым. Қайтып келсем, Мәртәд бөлменің сыртында тұр екен. Одан: «Неге шықтың?» – деп сұрадым. Ол: «Мүміндердің әміршісі маған тысқа шығуды бұйырды», – деді. Ішке кірсем, бұл дүниемен қош айтысқан екен». Міне, осындай ұлы тұлғаның қасында сабыр қылып бірге болған жан жары Фатима еді. Аллаһ оған рақым етсін! 241
УММУЛ БӘНИН АБДУЛ-АЗИЗ ИБН МАРУАНҚЫЗЫ (АЛЛАҺ ОҒАН РАҚЫМ ЕТСІН) «Оны барша адамдар шешен, фиқһ білгірі, халал мен харамды айыра алушы адам ретінде сипаттаған». Уммул Бәнин – мүміндердің әділетті әміршілерінің бірі халифа Омар ибн Абдул-Азиздің әпкесі. Олардың әкелері Абдул- Азиз Мысырда жиырма жылдай уәлилік құрған. Уммул Бәнин мен Омар ибн Абдул-Азиздің халифа Омар ибн әл-Хаттабпен (Аллаһ оған разы болсын) нәсілдік туыстықтары бар. Асим ибн Омар ибн әл-Хаттаб – бұлардың нағашы аталары. Ал көкелері Абдул-Мәлик ибн Маруан еді. Уммул Бәниннің күйеуі – осы Абдул-Мәлик ибн Маруанның баласы Уәлид ибн Абдул-Мәлик болған. Ал Омар ибн Абдул-Азиздің әйелі Уәлидтің қарындасы Фатима Абдул-Мәликқызы болатын. Ағайынды адамдардың бұлайша өзара қыз алысып, қыз берісуі халифалық тұқымның таза сақталуы үшін істелетін. Әлбетте, бұл – Ислам шариғаты рұқсат ететін ғұрып. Умәуилер үкіметінің негізін салған Уәлид ибн Абдул-Мәлик, жалпы әділетсіз болғанымен, өз халифалығының тұсында көптеген игі істі атқарып кеткен. Соның қатарында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешітін кеңейтіп, қайта салдырған. Ол Құранды көп оқитын. Тіпті ол бірнеше күнде бір хатым қылатын еді деген де әңгіме бар. Нақ осы Уәлид ибн Абдул-Мәликтің тұсында Ислам кеңінен қанат жайған. Үнді елі мен түркі жұрты және Испания Ислам мемлекетінің қарамағына өткен. Бұл әңгіменің арқауы болып отырған Уммул Бәнин Абдул- Азизқызы – осы Уәлид ибн Абдул-Мәликтің әйелі. Ол фиқһ ғылымы білгірлерінен деп есептелетін бірегей әйелдердің бірі және хадистанушы, шешентілді, ақыл-парасаты жоғары, қолы ашық жомарт жан еді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қаласында 242
дүниеге келіп, сол жерде тәлім алып тәрбиеленген. Бойжетіп, айтулы сұлулардың бірі болған Уммул Бәнинді бірде Меккеге қажылық жасап келген Уәлид ибн Абдул-Мәлик оның дақпыртын естіп, арнайы Мәдинаға келіп айттырады. Әкесінің келісімін алып, Уммул Бәнинді өзімен Шамға әкеледі. Уәлид пен Уммул Бәнин бас қосып отау тіккеннен соң, Аллаһ тағала оларға Абдул- Азиз, Айша және Мұхаммед деген перзенттер сыйлайды. Аяғының астында жатқан дүниеден теріс айналып, ғылымға біржола ден қойған Уммул Бәнин жастайынан Құранды жаттап, хадистердің басым көпшілігімен зейінін зерделеген. Ол табиғиндер қатарына жататын бірнеше атақты ғұламалардан дәріс алған-ды. Шам шаһарының хадис жеткізушісі ғұлама имам Әбу Зурға: «Уммул Бәнин Абдул-Азиз ибн Маруанқызы: одан хадистер риуаят етілді және одан Ибн Абала хадис риуаят етті», – деп, оның ілімдегі дәрежесіне сілтеме жасаған. Ал ғұлама, мухаддис Әбу Наср ибн Макулла Уммул Бәнинді: «Оны барша адам шешен, фиқһ білгірі, халал мен харамды айыра алушы адам ретінде сипаттаған», – деп дәріптейді. Бұл әйел ғибадаттан жалықпайтын, Аллаһтың айнымас құлдарынан еді. Ол кейде өзінің бас қосып сұхбат құратын әйелдеріне: «Мен сендердің әңгімелеріңді ұнатамын, бірақ намазға тұрсам, сендерді ұмытып кетемін», – дейтін. Сол тұстағы ең бай мемлекеттердің қатарына жататын, бүкіл мұсылмандар халифасының сарайында тұрғанына қарамастан, Уммул Бәнин дүниенің сән-салтанатына қызықпай, ілімге көңіл бөліп, уақытын дұрыс пайдаланып, фиқһ, әдебиет және тарихи деректермен шұғылданған Исламдағы ірі тұлғалардың бірі болады. Ол Аллаһ тағаланы жиі зікір етіп, Құран тыңдауды ұнататын. Құран аяттарын тыңдаған сайын жүрегіне қорқыныш кіріп, денесі тітірейтін. Оның: 243
«Сәнденушілер жүректерінде Аллаһтың қорқынышынан әдемі ешбір нәрсемен сәнденген емес», – деген сөзі бар. Уәлид ибн Абдул-Мәликтің тұсында мұсылман әскерлері Ислам дінін әлемге тарату мақсатында жан-жақты күрес жүргізіп жатқанды. Уммул Бәниннің әдеті әр аптада бір ат сатып алып, біршама уақытқа жететін азығымен қосып, оны бір жауынгерге сыйлайтын. Осындай ісімен ол Ислам әскеріне әр жұмада бір жауынгер қосатын. Бұл арқылы Уммул Бәнин Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Кім бір жауынгерді дайындаса, ол Аллаһ жолында соғысқан болып саналады»1, – деген уәдесіне сай, Аллаһ жолында күрестің сауабын алуды қалайтын. Оның тағы бір сүйікті істерінің бірі құл босату еді. Өйткені сол кездегі қоғамда белең алған өзекті мәселелердің бірі адам құлдығы болатын. Осыған байланысты да Ислам құлдарды азат етуге көп үндеген. Бірте-бірте Ислам қоғамын құлиеленушіліктен біржолата арылту үшін құл азат етуді көптеген күнәның өтемі етіп көрсеткен. Ислам құл азат еткен адамдарды тозақ отынан құтылумен марапаттайды. Міне, осы мәселеге Уммул Бәнин де белсене атсалысқан. Ол Аллаһ тағаланың құл азат етуге шақырудағы мақсатын жақсы түсінген. Өзі құралпы елдің бетке тұтарлары құлдары мен күңдерінің санын арттырып жатқанда, Уммул Бәнин әр жұмада бір құл азат етіп, оған қоса азат етілген құлға оның қоғамға қиналмай сіңіп кетуі үшін біршама мал-дүние ажыратып беретін. Нағыз мұсылман, тақуа әйелдегі Аллаһқа берілудің көрінісі мінеки, осындай еді. Тақуалық дегеніміз – құрым киім киіп, ел кезіп дәруіш кейпінде қоғамға масыл болу емес, керісінше, қолынан келгенше адамзат қоғамына пайдасын тигізу. Уммул Бәнин мен Уәлид ибн Абдул-Мәликтің өмір жолдары залым Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи және оның інісі Мұхаммед ибн Юсуфтармен тұспа-тұс келеді. Хажжаж Иракта, ал інісі 1 Әл-Бұхари, Жиһад: 38; Муслим, Жиһад: 135 және басқалар. 244
Мұхаммед Йеменде уәли еді. Умәуилер мемлекеті осы екеуіне көп арқа сүйейтін. Десе де, ағайынды бұл екеуі елге жайсыз болып, қарапайым халыққа тура төрелік, әділ билік жүргізбейтін. Қара халықтың көпшілігіне әсіресе Хажжаждың тізесі қаттырақ батып жүретін. Олардың зұлымдығын, елге көрсеткен жәбірін естіп-біліп жүрген Уммул Бәнин мұсылмандар қазынасы мен халифа үйіне харам мал-дүниенің кіруінен сақтанып, күйеуіне бұл залымдардың іс-әрекетін қатты ескертетін. Ислам тарихы туралы жазылған кітаптарда келтірілген деректер бойынша, Йемен уәлиі Мұхаммед ибн Юсуфтың халыққа зәбір-жапа көрсетіп, адамдардың мал-дүниесін әділетсіз жолмен тартып алған да кездері болған. Бірде Хажжаж ибн Юсуф Меккеге қажылыққа барғанда, онда йемендік бір кісіні жолықтырып, одан өлкелерінде билік жүргізіп отырған інісі жайлы пікірін сұрайды. Бұл йемендік кісі иманды, ақиқатты ашық айтатын батыл адам болып шығады. Хажжаж әлгі йемендік кісіден: – Басшы ретінде Мұхаммедке қалай қарайсың? – деп сұрайды. Йемендік әдейі жалтарып: – Мен оны алып тұлғалы, нар кеуделі басшы деп білемін, – деп жауап береді. Хажжаж: – Мен сенен бұл жайлы сұрап тұрған жоқпын, керісінше, оның адамдармен қарым-қатынасы қандай? Адамдар ол туралы не айтады, қандай пікірде? Сол туралы білгім келеді, – дейді. Сол кезде йемендік мұсылман: – Мен оны залым, озбыр, Жаратушыға бойсұнбаушы, жаратылғанға бағынушы басшы деп білемін, – дейді. Ел құлағы елу деген бұл әңгіме адамдар арасында таралып кетіп, келе-келе Уммул Бәнинге де жетеді. Келер жылы Уәлид пен Уммул Бәнин Меккеге қажылық жасап барады. Халифа қажылық міндеттерін орындап болған соң, Меккеде біраз аялдауды жөн көріп, біршама уақыт сонда қалады. Осы сәтті 245
пайдаланып, сол аймақтың әкімқаралары халифа Уәлид ибн Абдул-Мәликке жағынып қалу үшін тарту-таралғыларымен келіп, оған сәлем беріп жатты. Олардың қатарында Мұхаммед ибн Юсуф әс-Сақафи да Йеменнен көптеген сый-сияпат әкелген- ді. Оның зұлымдығын көп естіген Уммул Бәнин, ол әкелген сыйлықтармен бірге халифа сарайына харам мал-дүниенің кіріп қалуынан қорқып, күйеуі Уәлидтің алдына келеді. Рұқсат сұрап ішке кірген Уммул Бәнин қулыққа басып: «Мен сенің Мұхаммед әкелген сыйлықтарды маған беруіңді қалаймын. Өйткені мен йемендік бұйымдарды ұнатамын», – дейді. Уәлид ибн Абдул- Мәлик Мұхаммедке: «Әкелгендеріңді маған емес, Уммул Бәнинге апар», – деп хабар жібереді. Мұхаммед ибн Юсуф әкелген сыйлықтарын халифаның өзі көргенін қалап, бұған разы бола қоймай: «Әкелген сыйлықтарымды мүміндердің әміршісі өз көзімен көрмейінше, оны ешкімге жібермеймін», – дейді. Бұл сөзден хабардар болған Уммул Бәнин күйеуінің алдына қайта келіп, әңгімені төтесінен қойып: – Уа, мүміндердің әміршісі! Сен Мұхаммедтің сыйлықтарының маған жіберілуін бұйырған едің. Әңгіменің ашығын айтайын, маған ешқандай тарту-таралғының қажеті жоқ, – дейді. Сонда Уәлид: – Онда менен оны неге сұраттың, ей, Уммул Бәнин?! – деп таңырқайды. Уммул Бәнин: – Уа, мүміндердің әміршісі! Менің естуімше, Мұхаммед ибн Юсуф адамдардың мал-дүниесін зорлықпен тартып алуға дейін барған. Ол адамдарға шамалары келмейтін міндеттерді жүктеп, зорлық қылған. Әлімжеттік жасап мәжбүрлеген. Ал өзіне қарсы шыққанды сорлатқан. Мен оның мал-дүниесінің үйіме кіруін қаламаймын, – дейді. 246
Бұл сөздерді естіп ашуланған халифа дереу Мұхаммед ибн Юсуфқа тарту-таралғыларымен келуге бұйрық береді. Сый- сыяпатымен артынып-тартынып Мұхаммед те жетеді. Аңдап қараса, шынында да, өте құнды, бағалы заттар екенін көрген Уәлид ибн Абдул-Мәлик: – Ей, Юсуфтың ұлы! Естуімше, сен бұларды жұрттан тонап алыпсың ғой, – дейді. Тосын сұрақтан зәре-құты қалмаған Мұхаммед: – Аллаһ сақтасын, уа, мүміндердің әміршісі! Мен бұларды тек адал жолмен таптым, – деп қипақтайды. Уәлид оның сөзіне күдікпен қарап, оған ант беруге бұйырады. Мұхаммед ибн Юсуф сөзінің растығын дәлелдеу үшін қасам ішеді. Уәлид оның қайта ант беруін талап етеді. Ол қайта ант береді. Сосын халифа Мұхаммедтің Қағбада қара тастың жанында тұрып әкелінген мал-дүниенің адал жолмен табылғандығына елу рет қасам ішуді бұйырады. Мұхаммед ибн Юсуф оның айтқанын бұлжытпай орындап, елу рет қасам ішеді. Осыдан кейін ғана халифа оның тарту-таралғыларын қабыл алады. Уммул Бәнин тақуа, ғибадатшыл болуымен қатар, мемлекет саясатына, ел ісіне тікелей араласып, үкіметте әділеттің орнауына атсалысып, кей кездерде күйеуіне ақыл-кеңес беретін. Уммул Бәнин әсіресе залым Хажжаж ибн Юсуфтың кім екенін күйеуіне түсіндіргісі келіп, көп әрекеттерге барып жүреді. Хажжаж ибн Юсуфтың зұлымдығы сондай, оның тек есімін ғана естумен адамдардың жүрегіне қорқыныш ұялайтын. Іс жүзінде де Хажжаж Ислам қаймақтары Сағид ибн Жубайр, Абдур-Рахман ибн Ашғас, Абдуллаһ ибн Зубәйр ибн Аууамдардың қандарын мойнына жүктеген болатын. Яғни ол өз тұсындағы маңдай алды ғұлама Ибн Жубайрді, тіпті ұлы сахабалардың бірі, ұлы сахабаның баласы Абдуллаһ ибн Зубәйрді өлтірген. Алдына кесе- көлденең тұрған жанды аямау залым Хажжаждың табиғатына тән еді. 247
Бір күндері Хажжаж ибн Юсуф халифа Уәлид ибн Абдул- Мәликке жолықпақ болып келеді. Ирактан Шамға келген Хажжаж халифаның қала сыртына серуенге шығып кеткенін естіп, соңынан барады. Оларға таяп келген Хажжаж атынан түсіп, халифаның алдына жаяу барып, Уәлидтің қолын сүйіп амандасып, барынша жағынудың жолын жасайды. Амандық- саулықтан кейін әңгіме барысында халифа ат үстінде, ал Хажжаж ибн Юсуф жаяу жүріп келе жатады. Хажжаж үстіне қабат-қабат сауыт киген, қолында қылыш, найзасы, бес қаруын түгел асынып алған еді. Оған жаны аши қарап, халифаның: – Атқа мінсейші, – дегеніне, Хажжаж: – Мені қоя беріңіз, уа, мүміндердің әміршісі! Мен сіздің қызмет жолыңызда өз күресімді арттыра түсейін. Өйткені Зубәйр мен Ашғастың ұлдары мені өзіңе қызмет етуден көп тосып қойды, – деп жағымпаздана ілтипат білдіреді. Хажжаждың бұл сөзінің төркіні Абдуллаһ ибн Зубәйр мен Абдур-Рахман ибн Ашғас өле-өлгендерінше, Хажжажбен алысып, арпалысып өткенге саяды. Ақырында халифаның көп үгіттеуімен Хажжаж атына отырып, жол бойы екеуі әңгіме-дүкен құра келе, халифа сарайына жетіп, үйге кіреді. Халифа Уәлид ибн Абдул-Мәлик Хажжажды қонақ бөлмесіне отырғызып, өзі киімін ауыстырмақ болып, ішкі бөлмеге өтеді. Киімін шешіп, жеңіл жейдесін ғана киіп, қайта келіп жайғасып отырып, әңгімелерін жалғайды. Осы аралықта күйеуінің ешқандай күзетсіз, бес қаруы сай бір адаммен жалғыз отырғанын Уммул Бәнин естіп, қауіптене бастайды. Ол қызметкер әйелін жіберіп: «Қасыңызда отырған, бүкіл қаруын бойына асынған мына бәдәуи кім? Неге оның қасында күзетсіз отырсыз?» – деп сұраттырады. Уәлид ибн Абдул-Мәлик әлгі қызметкер әйелге: «Оған айтып бар, бұл – Хажжаж ибн Юсуф», – дейді. Сөйтіп, халифа Хажжажға бұрылып: 248
«Не әңгіме болып жатқанын білесің бе? Әйелім әрі немере ағамның қызы Уммул Бәнин: «Мына қасыңызда қаруын түгел бойына асынып отырған бәдәуи кім? Неге күзетсіз отырсыз?» – деп сұратыпты. Мен оған: «Қорықпа, бұл – Хажжаж», – дедім деп мұнысымен өзінің Хажжажға сенетінін жеткізгісі келеді. Уммул Бәнин қызметкерін күйеуіне қайта жіберіп: «Сіздің Хажжажбен мұндай жағдайда отыруыңызды мүлдем қаламаймын. Өйткені ол Аллаһқа бойсұнушы, ақиқат жақтаушыларын өлтірген. Осындай ұлы адамдарды өлтірген жанмен оңаша қалуға қорықпайсыз ба? Мен үшін сіздің жаныңызда өлім періштесінің болуы Хажжаждың болуынан жақсырақ», – деп айтқызады. Мұны естіген Хажжаж Уммул Бәниннің халифаны өзіне қарсы қоюынан қауіптеніп: «Әйелдердің сөзіне көңіл аудармай-ақ қойыңыз, уа, мүміндердің әміршісі! Әйел деген – райхан, қаһарман емес. Оларға сырыңды ашып, айла-тәсіліңді айта берме. Өйткені олардың ойлары келте, шешімдері әлсіз және оларға алдыңда арашашы болуға жол берме, олармен көп отырма. Бұл сіздің ақыл-парасатыңыз бен қадір-қасиетіңізге кереғар келеді», – дейді. Бұл Хажжаждың әйел жайлы білдірген ойы еді. Оның бұл сөздерінен Уммул Бәнин хабардар болады. Хажжажбен сұхбатын аяқтаған соң, Уәлид ибн Абдул-Мәлик Уммул Бәнинге кіреді. Бірақ Уммул Бәнин күйеуіне еш нәрсе деместен, тек: «Уа, мүміндердің әміршісі! Мен Хажжаж ибн Юсуфтың қадір- қасиеті жайлы көп естігенмін. Мен оның алдыма кіріп, маған сәлем беріп шыққанын қалаймын», – дей салады. Ертеңіне Хажжаж ибн Юсуф Уәлид ибн Абдул-Мәликке келгенде, халифа оған: «Уммул Бәнинге кіріп, сәлем беріп шық», – дейді. Хажжаж: «Кірмей-ақ қойсам қайтеді?» – деп қашқақтайды. Бірақ халифаның қайта бұйыруымен оның алдына кіруге мәжбүр болады. Алдына барып кіруге рұқсат сұраған оны 249
Уммул Бәнин қызметкерлеріне: «Күте тұрсын», – деп бұйырып, ұзақ уақыт бойы сарылтып күттіріп қояды. Көп уақыт өткеннен кейін ғана кіруге рұқсат береді. Хажжаж ибн Юсуф кіріп сәлем бергенде, Уммул Бәнин шымылдық артынан оның сәлеміне жауап қайтарады, бірақ отыр демейді. Хажжаж тік тұрған күйі абдырап состиып қалады. Сәлден соң ғана Уммул Бәнин тіл қатып: «Бәрекелді, Хажжаж! Сен мүміндердің әміршісіне Абдуллаһ ибн Зубәйрді өлтіргеніңді міндет қыласың ба? Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабасының ұлы, ғибадатшыл, Аллаһқа бойсұну үшін уақытын арнаған, «Қос белбеу иесінің» (Әсма Әбу Бәкірқызының) ұлы, Мәдинада алғаш туылған мұсылмандар сәбиі...», – деп, осылайша Абдуллаһ ибн Зубәйрдің қадір-қасиеттерін санамалап келіп: «Ал сен кімсің?» – дейді. Осылайша бұл әйел бір кездерде өз күйеуіне қарсы шыққан, өмірінің соңына дейін аттан түспей, соғыс жүргізген Абдуллаһ ибн Зубәйрдің Исламдағы орнын жоғары бағалап, ол батырға саяси тұрғыдан емес, ақида көзқарасымен қарайды. Мінеки, Уммул Бәниннің білдірген бұл пікірі – оның ақыл-парасатының кемелділігінің дәлелі емес пе? Сосын Уммул Бәнин сөзін әрі қарай жалғап: «Сен мүміндердің әміршісіне Абдур-Рахман ибн Ашғасты өлтіргеніңді міндет қыласың ба?» – деп Абдур-Рахманның қадір- қасиетін сөз қылады. Сосын Хажжаждың басқа да өлтірген адамдарының дәрежелерін тілге тиек ете келіп: «Ал сен кімсің?» – деп Хажжаждың теріс істерін, жиренішті қылықтарын, азғындығын айта бастайды. Тіпті оның атышулы жаман адам екенін, түр-тұрпатының ұсқынсыздығын бетіне басады, мінезінің кесірлігін айыптайды. Аяғынан тік тұрған бойда Хажжаж қалшиып тұрып қалады. Сосын Уммул Бәнин: «Сорың құрсын! Ей, Юсуфтың ұлы! Аллаһтың атымен ант етейін! Егер Аллаһ сенің Өз жаратқандарының ең кесірлісі екенін білмегенде, сені Қағбаны тас атқышпен атқылау сияқты бәлеге 250
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265