тəрізді. Жан-жақтарында ұйысқан қалың ағаш. Екі аттам жерде Зайендеруд өзенінің көгілдір суы жағаны жалап, көпіршіп ағады. Биікте аспанның көрпе көлемінен аспайтын бір үзігі тұр. Көкпенбек, аптап шашқан аспан. Шөп үстінде дастарқан жайылған. Керегінше шарап пен жеміс қойылған. Жеміс пен қуырылған ет те мол. Көкөніс пен ет. Əрине, ең молы — шарап. Мұндайды табу оңайға түспейді. Жұқа ыдыстардың да шебер қолдан шыққандығы аңғарылады. Өздері есепсіз көп. Өйткені хакім думанының қызған шағында ыдыстарды тасқа шаққанды ұнатады. Сынған қыштардың жан-жаққа ұшқанын жақсы көреді. Қыштар тарсылын естігенде Омар Хайям рақаттанып күледі. Ыдыстар сынған сайын оның көңілі де көтеріле береді... Айшаның жасы қаншада? Мүмкін, он сегізде болар? Оның шешесі обсерваторияның төменгі қабатын сыпырады. Ол өте кедей əйелді. Жалғыз қызы бар. Айшаның көзі үлкен, бірақ мұңды көрінетін. Хакім оны «түрік қызының көзіндей» дейді. Жəне: — Түрік қызының көзі — əлемдегі ең əдемі көз,— деп көтере сөйлейді. Мұндайда Айша бір қызарып, бір бозарады. — Мен өте кəрімін бе?— деп сұрайды Омар Хайям. Ол үндемей қалады. — Иə, өте кəрі болармын,— деп хакім оның орнына өзі жауап береді.
— Жоқ, онша кəрі емессің,— дейді қыз, қызарған үстіне қызара түсіп. —Алла сенің сазайыңды береді. — Не үшін, Айша! — Эльпиді алдағаның үшін... Ол Айшаны бауырына тартты: «Басқа біреудің махаббатын қайтеді екен?..» — Мен барлық əйел атаулыны сүйемін,— деді Омар Хайям. — Барлығын дейсің бе? Сонда қалай болғаны?—деп Айша таңданады. — Əлбетте, бəрін. Онда тұрған не бар. Ол Айшаны сүйе бастады. Айтқанына иланбасқа шарасы қалмағандай, оның сүйгені буынын босатып еркін алып барады. — Мен сені де сүйемін,— деп анықтай түсті Хайям. — Ал Эльпиді ше? — Оны да. Омар Айшаға шарап ұсынды. Өзі ыдысына ернін тигізіп, бір ұрттады да қойды. Сонан соң Омар Хайям Айшаға да шарапты алып қоюға кеңес берді. Өзі сіміре ішті. Қасында Айша отырғанда ішпеуге бола ма?.. Ол: — Айша, мынадай келісті аяқты көргенім жоқ. Қайдан алдың?— дейді.
— Алладан. — Ал мына төсті ше? — Алладан. Омар Хайям ойланып қалды. Бірақ ұзақ ойланған жоқ. Осындай минуттарда ойға берілудің өзі күнə емес пе? Қасында Айша бар ғой. — Алла сенің сазайыңды береді,— дейді Айша қатқыл үнмен. Хайямның еш нəрсе естуге құлқы жоқ. Бұған Алланың қандай қатысы бар? Басқа əйелдер туралы да айтудың не керегі бар? Өмірде ішпеуге, сүймеуге бола ма?.. — Сен Эльпиге не дейсің?—деп, Айша сөз суыртпақтағанын қояр емес. — Ештеңе де демеймін. — Қорыққаннан ба? — Жоқ. Жөні — сол. Ол менің барлық əйелдерді жақсы көретінімді біледі. — Кəрілерін де ме? — Мен олай дегенім жоқ қой. — Тіпті сұлу еместерін де ме? Ақсақтарын да ма? Хайям үндемей қалды. Сəлден кейін: — Бір сөзбен айтқанда, əйелдерді жақсы көремін. Алла оларды қалай жаратса, солай қабылдау керек.
Омар Хайям Айшаның шиедей қызыл еріндеріне сұқтана қарап, қуырылған етті ұсынды. Ол етті жеп, артынан шарап жұтты. Бұл бір күшті шарап секілді. Əйтеуір, оған солай сезілді. Ал Хайям болса ыдысты түгел көтеpiп ішті де, тасқа соқты. Жүздеген жарықшақ жан- жаққа ұшты. Ол Айшаға көз салып: «Жоқ, мен Айшадан сұлу жанды көрген емеспін» деп ойлады. Мұнысы өтірік емес-ті. Ол əркез бір əйелді сүйсе, соны ғана сұлулық тəңірісі деп біледі. Өйткені əркез құлай сүйеді. Омар əйелдерді олардың адалдығы мен тұрлаусыздығы, сұлулығы мен тəкаппарлығы, суықтығы мен ыстық сүйісі, тіпті алдап кететіндері үшін де жақсы көреді. Ол құлай сүйеді, бірақ онысы тыз етіп тез өте шығады. Əрбір алдамшы сүйіс оның жанын жаралағанымен, көп кешікпей ұмытып кететін. Өйткені махаббат емшісі уақыт қой! Шектен тыс уайымға салынуға, Алла көрсеткен мерзімнен көп қайғыруға болмайтыны оған əбден белгілі... Хакім еңкейіп, Айшаның ернінен ұзақ-ұзақ сүйді. Енді болмаса жүрегі жарылып кететін сияқты.... Айшаның шашы иығына төгілген. Шашынан Эльпидікіндей мускус пен жасмин иісі келеді. Омар еріксіз: «Мынадай қымбат əтірді қайдан алды?» деп ойлайды. Ол қап-қара
қолаң шашты көтеріп, ақ тамағын иіскеп сүйіп жатыр, меруерт тасының қабығындай кішкентай құлағын да сүйеді. Бір сəт Хайям: — Сен кешке маған келсеңші?— деп сыбырлайды. — Білмеймін... — Мен обсерваторияда боламын. Жападан-жалғыз қаламын. — Уəде бере алмаймын. Айшаның көзі жартылай жұмулы. Ол, шынында, өтірік айтып тұрған жоқ: уəде бере алмайтыны рас. Хакім өзінің алыста, Самарқантта қалған алғашқы махаббатын есіне түсірді. Ол да мына Айшаға ұқсайтын еді. Тіпті аумайды десе де болғандай. Жəне ол да «білмеймін» деп айтуды жақсы көретін. Өзі он бесінші көктемін ғана қарсы алған балғын жас еді. Бейне өз зергерін күткен өңделмеген ақық тəрізді болатын. Мүмкін, Алла оған қазір де сондай тамаша сый тартып тұрған болар?.. Шарап пен шаттықтан Айшаның жүзі балбұл жанады. Бетінен қаны тамып тұр. Өзі Хайямға көз салудан қымсынатын тəрізді. Оның көздері алысқа, аспан кеңістігіне қадалған. Мүмкін, одан да əріге болар? Бірақ одан əрі не бар? Хакім орнынан лып етіп тұрды да, орамалын суға малып, мойнын сүртті. — Махаббаттан жүрегім жарылып кетер ме екен,— деп əзілдеп
қояды өзі. Жаны — жаз, көңілі — көктем. — Су ішкім келеді,— деді Айша Омар Хайямға қарамастан. — Бұйыра бер!—деді Хайям, ол не айтса да орындауға əзір екенін білдіріп. Омар үлкен қыш құмғанды алып, кішілеу ыдысқа су құйды. Содан кейін пиалаға толтыра құйып, жас сұлуға ұсынды. Екеуі де ыдыстарын қолдарына алды: Хайям — шарабын, Айша — суын жұтты. Омар Айшадан ыдысты күл-талқан етіп сындыр деп өтінді. Ал Айша болса не істерін білмей екі ойлы тұр. Омар қолындағы пиаланы тасқа атып ұрды. Сонда барып Айша да ыдысын көтере берді... — Бұл не, жоралғы ма?— деді Айша. — Иə, жоралғы. — Қандай? — Кімде-кім ыдыс ішіндегіні түгел тауысып, оны сындырса, мəңгі махаббатқа бөленеді. — О, Алла!—деп дауыстап жіберді Айша.— Яки мен сені мəңгі-бақи сүйіп өтеді екенмін ғой?! — Енді ше, əлде күдігің бар ма еді? Айшаның көзінің аясы кеңейіп сала берді. Жанарында нағыз мəжнүнге тəн жалын жанғандай... Омар Хайям осы жалынды көрді де, жас жігіттей мəз болды. Айшаны өзен жағасына жетелей жөнелді. Екеуінің жүректері бірге соғып тұрғандай, тыныстары да араласып
кеткендей, бүтін бір денедей бір-біріне жабысып құшақтасып өзен жағасында тұр. Айшаның бойы одан едəуір қысқа екен. Əрі қауырсындай жеңіл, нəзік. — Мына өзен ағысының жылдамын байқадың ба?— деп сұрады хакім. — Иə,— деді Айша. — Сен мұның осыдан жеті мың жыл бұрын да осылай аққанын білесің бе? Ол: — Жоқ, білмеймін. Неге тұп-тура жеті мың жыл дейсің. Одан не аз, не көп болуы мүмкін ғой,— деді. Хакім адамзаттың осыдан жеті мың жыл бұрын ғана жаралғанын түсіндірді. Жəне мына Өміроты деп аталатын өзеннің осылай аталуы да тегіннен-тегін емес, ол үнемі бір-бірін ұққан жүректердің махаббаты мен бақытының куəсі болып келеді. — Солай ма еді,— деп Айша таңдана қарады. Бұл ой Айшаның басына бірде-бір рет келген емес. — Сен мынаны білесің бе?—деп сөзін жалғады Омар Хайям.— Ол бізден кейін де дəл осылай аға береді. — Солай болар,— деді Айша. Шынын айтқанда, өлім мен мəңгі өмір туралы ой да оны ешқашан мазаламаған еді.
Омар мұны түсінді де, іштей Айшамен келісті. Расында, өткенге өкініп, алдағы немесе таяуда болатын нəрселерді ойлай бергеннен не шығады? Омар Хайям: — Бірақ мен қазір өлім туралы ойлап тұрғаным жоқ. Ол кімге керек? Мен адамдар бір-бірін мəңгі сүйсе екен деймін. Жəне олар мəңгі сүйетін де болады!—деп сөзін жалғады. Ол Айшадан бірнеше адым кейін шегінді де, оны басынан-аяғына дейін сүзе қарап шықты, сосын іштей: бұл қыз Алла жаратқан əйелдердің ең əдемісі деп шешті. Көзі боталаған мұндай сұлуды бұрын- соңды ол көрген емес. Аллланың бұған неге рақымы түсіп, осынша сұлу жанды жолықтырды екен?.. — Айша, біреулер саған ғажайып сұлусың деп айтты ма?—деді ол масаттанған күйі. — Иə,— деді ол. — Кім? — Айттыра келгендер. — Сені айттырды ма? — Айттыруға тырысты... — Дегенмен сен күйеуге шықпадың ғой? — Жоқ.
— Неге? — Білмеймін. Мүмкін кедейлігімнен болар. Омар Хайям ойланып қалды. Кедей? Айша кедей ме? — Сен нағыз сұлудың өзісің,— деді ол.— Сенің бойыңда ханшаның қаны бар. Жай емес, текті ханшаның қаны бар. Айша мырс ете түсті. Ауыр күрсінді. Күрсінді деуіміз бұл жерде артықтау болар. Əйтпесе мынандай бітім, мынандай ерін, мынандай аяқ пен мойын барда қайғыруға бола ма? Қайғысы құрысын! — Мырзам,— деді Айша, жиырмадан асқан, махаббатқа майталман əйелдей қылымси сыңғырлап.— Саған еріп осы көгалға неге қашып кеткенімді түсінбеймін. Қазір байбалам салып іздеп жатқан шығар. Оған шүбəм жоқ. — Кім іздейді?— деді Омар. — Шешем іздейтін болар. — Тағы кім? — Үлкен ағайым бар. — Тағы кім? — Басқа кім іздеуші еді. — Сондай болғанын қалар ма едің? — Нені? — Есеп бергенді? Біреулерге, мəселен, күйеуіңе.
— Мүмкін. Əйелдер қамқоршысының болғанын тəуір көреді. — Əйелдер деймісің!—деп дауыстап жіберді Омар Хайям. — Иə. Онда тұрған не бар? — Мен қағыс естіген жоқпын ба? — Жоқ! Омар Хайям əзер-əзер күлкісін тежеп, өзін салмақты ұстауға тырысып бақты. — Сендер, əйелдер, мықтының мықтысысыңдар. Біз сендердің шынашақтарыңа да тұрмаймыз. Қулықтарыңа құрық бойламайды. Əрі ақылдан да кенде емессіңдер. Төзімдеріңде шек жоқ. Кең пейілсіңдер. Адалсыңдар. Əсіресе махаббатқа. Ендеше, сендерге қамқоршы көздің қандай қажеті бар? Жоқ, оның сендерге қажеті жоқ. Ол — сендердің намыстарыңа тиетін нəрсе. Оны өздерің əдейі еркектерді ақымақ қылу үшін ойлап таптыңдар. Иə, иə, дəл солай! Шынын айтқанда, Айша еркектерді алдаймын-ау деп ойлап көрген емес. Əсте адам уылжыған жас шағында алды-артын ойлай бермейді. Есеп, ақыл-айла есейіп, ес тоқтатқасын келеді. Қазір Айшаға сымбатты, ақылды, егде Омар ұнайды. Ол сонау алыс күндерді айтпағанының өзінде, бір сағаттан соң немесе ертең не болатынын ойламайды да. Ол тек махаббатына сенеді. Сондықтан да көп нəрсені ескермейді. Ол өз махаббаты үшін бəріне əзір: ақылды сезім жеңді деген осы да!
Омар Хайямға жас құрбысы əлденеге толқулы тəрізді көрінді. Ол Айша үшін тым кəрімін-ау деп ойлады. Бүлдіршіндей жас қызға нендей жақсылық жасай алады? Үйлене ме? Бірақ бұл оның ой-жоспарына сай келмейді. Хакім оған өзін ғана бере алады, бірақ бұнысы да ұзаққа бармайды. Байлығын берер еді, қолында ол да жоқ. Эльпиді ол сатып алды. Эльпи өзін не күтіп тұрғанын жақсы біледі: бүгін сүйгенмен, ертең жерінуім мүмкін. Бұның ертеңге дейін өз махаббатын сақтайтынына кім кепіл? Ешкім. Əрі мұндай істе кепілдік ету жөн бе? Ол қажет те емес қой. Ол Айшаны қайтадан көгалға əкелді. Екеуі тағы да көк шөпке жайғасты. Айша үн-түнсіз Хайям не десе соған көне береді. Осы бір ақылы кеніш, сақалды еркек Айшаның еркін алғандай. — Айша,— деді Омар Хайям,— мен сені сүйетін секілдімін. Маған сенің шие еріндерін ұнайды. Мен сенің балғын жастығыңды сүйемін. Қыз оның сөзін мойнын бір жағына қисайта отырып тыңдады. Беті Хайямның иығына тиіп тұр. — Сен менен басқа біреуді сүйемісің деп сұрарсың да. Онда тұрған еш сөкеттік жоқ. Сенен жасырмай-ақ қояйын: иə, басқа біреуді де сүйемін. Бірақ сені де сүйемін. Айтшы, сен үшін не істейін? Қыз сəл ойланып барып: — Ештеңе де,— деп жауап берді.
Хакім қолын пиалаға созды. Бірақ одан бұрын Айша үлгерді. Ол шарап толы ыдысты ұсына берді. Екеуі бір-біріне сөз айтпастан ыдыстағыларын тауыса ішті. Хайям ыдысының түбіне үңіліп біраз тұрды да, тасқа соғып быт-шытын шығарды. — Менің тамақ жегім келіп тұр,— деді Хайям кенеттен.— Аш бөрідей ашығулымын. Маған бір кесек ет əперші. Өзіңе ұнағанын. Естимісің, Айша? Айша таңдап ет ұсынды. Кенет Хайямның түсі бұзылып кетті. Қабағы түйіліп, еттен де бас тартты. Айшаның үрейі ұшып, бəйек болды: — Саған не болды, мырзам? — Ештеңе де. — Ауырып қалған жоқсың ба? — Иə. Бірақ немен ауырдың деп сұрай көрме. — Сұрамайын,— деп Айша мойынсұна тіл қатты. — Сұрамасаң сұрама,— деді Омар Хайям.— Мен қазір өлім туралы ойлап тұрмын. Айша селк етті. Енді болмаса көз жасына ерік бергелі тұр. — Тек өлімді айта көрмеші! Хайям Айшаны құшақтай алды. — Мен жалпы өлім туралы ойланып тұрмын,— деп ұғындырды
Хайям,— жəне оны ойлағанда күлкім келеді. Мен бізден кейін осы көгалда отыратындарға қызығамын. Иə, өмір өтер, менің топырағымнан көзеші шарап ішетін құмыра жасайды. Айшаның бойын үрей биледі: махаббат шатыры астында қайдағы бір өлім туралы айтқаны несі?! Омар Хайям кенет артына жалт бұрылды. Дəл біреу атын атап шақырғандай елеңдейді. — Саған не болды?—деді Айша. — Сол, дəл соның өзі. Қазір ғана жалт ете түсті. — Сол дегенің кім? — Өлім!— деді Омар Хайям. 19. Мұнда мəртебелі бас уəзір мен Омар ибн Ибрахим Хайям арасында болған əнгіме сөз болады Жұма күні, исфахандықтар таңғы түстерін көріп жатқанда, жоғары мəртебелі Низам əл-Мүлік Омар Хайямды шақыруға кісі жіберіп еді.
Құрметті хакімді аса маңызды əңгіме үшін ұлы мəртебелі тақсырдың өзі шақырады деп тапсырды. Сол бір таңғы сəтте хакім сұлу румийканың құшағында жатыр еді. Қызметші жоғары мəртебелі шақырады дегенде, Хайям не болып қалғанын түсіне алмай аңырып қалды. Бірақ бір сағат өтпей жатып-ақ хакім Омар ибн Ибрахим бас уəзірдің алдында отырды. Өңінде асып- сасу жоқ, байыпты қалпы. Бас уəзір қос қолдап сақалын сипады. Бұл — уəзірдің көңіл күйі жақсы деген сөз. Бұл — оның жүрегінде бейбітшілік, көңілінде тыныштық деген сөз. Бұл — ақыл-ойы əбден толысып кемелденген, көзі көреген адам. Ол алыстағыны көреді. Ойы да ұшқыр. Өзінің құрылуы, қалыптасуы мен даңқы үшін, талай ғылымдар мен талантты шеберлердің баспанасына айналғаны үшін Бағдат академиясы осы кісіге қарыздар. Исфахан обсерваториясы да ұлы мəртебелінің бел баласы емес пе? Осыған кеткен шығынға жоғары мəртебелі болмаса, ұлы мəртебелі тақсыр рұқсат берер ме еді?.. Низам əл-Мүліктің осы істерін жиі-жиі еске алғанның айыбы жоқ... — Үндістан туралы не білесің?—деді кенет бас уəзір. Шынын айтқанда, хакім аздап ыңғайсызданып қалды: əңгіме неге Үндістан туралы болып отыр? Əлде ол жақтан қауіп төнді ме? Мүмкін, ол елдерге жорық даярланып жатқан шығар? — Ол алыстағы ел ғой,— деді уəзір.
— Иə, дəл солай. Үндістанда болған көпестер əр түрлі тамашаларды əңгімелейді. Енді ше? Онда өлгендерді тірілтіп, тірілерді өлтіре алатын көрінеді. Онда жыландарды аса құрметтейді екен. Маймылдарың үй жануарлары іспетті өріп жүреді. Сиырлары жолды жаулап алған көрінеді, бірақ ешкім оларды айдап-қумайды дейді. — Əрине, əрине,— деді уəзір.—Үндістан біраз адамдардың түсіне кіреді екен. Əлде Үнді елінің байлығы мен барлығы жөніндегі əңгімелерді естімеп пе ең? Хакімнің уəзір сөзіне қосылмасқа шарасы жоқ: өйткені оның əр сөзі шындыққа жанасымды, мұның өзі жоғары мəртебелінің терең білімін аңғартпай ма?.. — Саған бір сусыннан ауыз тигізгім келіп отыр,— деді уəзір екіұштылау етіп.— Əрине, бұдан бұрын дəмін татып көрмесең. — Ол сусыныңыз үндінікі болғаны ғой?—деп сұрады хакім. — Иə. — Шараптай күшті болар? — Керісінше, ол су секілді, бірақ хош иісті. Біреулер оны «та», біреулер «ча», кейбіреулер «са» деп атайды. «Ча»—қытай сөзі, ал «са» деген цейлон тіліндегі сөз сияқты, иə болмаса басқа бір ұғымды білдіреді.
Жоғары мəртебелі уəзір алақанын соқты: артынша есік ашылды, екі құл күміс құмыра мен аппақ үнді, қытай сазынан жасалған тостақ, піл сүйегімен жиектелген шағын стол əкелді. Тапал стол екеуінің ортасына қойылды. Екі құл бүйірлі құмырадан пиалаларға сары түсті сұйық құйып, оны уəзір мен хакімнің алдына жылжытты. Сəлден кейін хакім бу араласқан хош иісті сезді, бірақ оның дəл қандай иіс екенін анық ажырата алмады. Уəзір бал мен қант сепкен жүзім əкелінгенше тұра тұрыңыз деп хакімге кеңес берді. Жəне бұл «ча» деп аталатын сусынды ұрттап ішкен жөн екенін ескертті. Ол онша ыстық та, немесе аса салқын да болмауға тиіс. Бұл сусын адамға күш қосып, ішкі органдардың ылғалын қуады — тынысты ашып, ас қорыту мен қан айналымын жақсартады. Алыстағы елдің мұндай сусыны жөнінде хакімнің құлағына талай сөз жеткен, бірақ ішіп көрмеп еді. Білгендер «ча»-ның бір жұтымының өзі бір торсық тамаша шираз шарабына парапар десетін көрінеді. Сосын салқындатуға қойылды. Уəзір: — Құрметті хакім, айтпақшы, мен басқару жүйесі деп атауға келетін бір еңбекті тамамдауға жақынмын...— деді. — Басқару жүйесі?—деп хакім таңданып қалды. — Иə, басқару жүйесі. Əрине, мен шағын шаруашылықты емес,
мемлекетті айтып отырмын. Істің мəнісін түсіндірейін...—Уəзір ыдысқа саусақтарын тигізіп көрді де, қолын тез тартып алды. «Ча» əлі ыстық екен.— Мемлекет — билік жүргізушінің ақылымен басқарылады. Басқарушының ақылы Алла тілегіне байланысты, өйткені ол барлық заттың көзі мен шегі ғой. Қасиетті кітапта біздің өмір сүруіміздің негіздері көрсетілген. Тірілер де, өлілер де сол заңға бағынады. Өмір күрделіленіп, мемлекет күшейіп, өзінің билігін кеңейткенде, билеуші мен оның халқының алға қойған міндеттерді орындауы үшін басқару жүйесі керек. Хакім басын изеді. Ол да саусағын ыдысқа тигізді. Оған ыдыс едəуір салқындағандай болып көрінді. — Іш,— деді де, уəзір сусынға ернін тигізді. Хакім ұрттап көрді. Онан соң тағы бір рет ұрттады. Жоғары мəртебеліге еліктеп, беймəлім сусынның иісін сезіне асықпай сімірді... — Қалай екен?—деп сұрады уəзір. — Бұдан шарап жақсы,— деп шынын айтты Омар Хайям. — Үстірт ой қорытуға асықпа,— деп кеңес берді уəзір. — Бұл сусынға үйрену керек.— Сонан соң мырс етіп күлді де:— Əрине, егер əркез таба алсаң. Əрі құны да қымбат,— деп сөзін жалғады. Хакім «ча» деп аталатын сусынды аз-аздап ұрттап іше бастады. Ал уəзір:
— Саған бір сұрақ қойғым келіп отыр. Ол кітабымның ең маңызды жері болмақ. Оның үлкен дау-дамай тудыратынына шүбə келтірмеймін. Ал жауларым, ең алдымен, қарақшы Хасан Саббах, мені бұрынғыдан да бетер сыбайтын болады. Бірақ іс бітті: кітапты дайын деуге болады, енді оны халыққа жеткізуіме ешкім қарсы болмас деп ойлаймын. Біздің мемлекетті басқару оңай емес екені өзіңе белгілі ғой. Ол жарты ғаламды алып жатыр. Жəне онда əр түрлі халық өмір сүреді. Солардың ішінде қарақшыларымен Хасан Саббах та бар. Діннен безгендер мен қарақшылар да Алланың үмбеті. Бұған не дерсің. Қалағаныңның бəрін табасың. Осыған сəйкес өз тəжірибемді ортаға салып, билеушілерге кеңес бермек болдым. Хакім бəрі түсінікті жəне əділ дегендей басын изеді. — Бірақ саудадан гөрі жерге шұқиғанды тəуір көретін шаруалардың өздерін өзгелермен тең ұстағаны жөн ғой деп ойлаймын. Мұныма не дейсің?
Омар Хайям үнсіз отыр. — Мен былай деп ойлаймын,— деп сөзін жалғады уəзір.— Адам болу дегеніміз не? Өзінің қолы мен жеріне сену деген сөз. Менімше, диқанды қанауға болмайды. Бұл қасиетті Кітапқа жəне шариғат жолына қайшы келеді. Мұнда бір шек болуға тиіс. Өйтпеген жағдайда ана Хасан Саббахпен келісу керек те, біздің еліміздің қалыптасқан заңдарын бұзған жөн. Мұныма не дейсің, хакім? Омар Хайям қолындағы ыдысын жерге қойды. Мəртебең өскен үстіне өсе берсін,— деп бастады сөзін хакім,— сен мені əркез өзіңнің ұтымды ақыл-ойыңмен, орынды ісіңмен таң қалдырып келесің, мырзалығыңа өз басым мəңгі қарыздармын. Сен айтқан əрбір сөз — жаныма шипа, жүрегіме дəру. Мен сенің сөздеріңнен асқан кемеңгерлікті сезінемін. Ал кітапты халыққа таратам дегенің біздің мемлекетіміз үшін аса пайдалы болатыны айдан анық. Жоғары мəртебелі уəзір хакімнің сөздерін ықыласты тыңдап отыр. Өйткені хакім өзі ойлаған нəрсені доп басып айтты. Əрі хакім — көңілінде көлеңке болса, онысын ешқашан жасырмайтын адам. — Сен елді ақылмен басқарып отырсың — оған сенің ақ шаштарың куə,— деді Омар Хайям қызуланып.— Күн ұзақ жерге еңкейіп, еңбек еткендерге назарыңды салуыңның өзі — сенің ұлы көрегендігіңнің
белгісі. Жоғары мəртебелім, адам жер бетінде қанша жыл өмір сүреді? Бірер ғасыр ғана емес пе? Мейлі, екі-үш есе көп болсын делік. Тіпті төрт есе-ақ көп болсын. Бары — сол. Иə, бары сол ғана! Өкінішке орай, бұл — Алла бұйрығы, ал оны өзгерту ешкімнің қолынан келмейді. Біздің мемлекетіміздің тұрғындарының төрттен үш бөлігі құм мен қоқыс арасында бүкшеңдеп еңбек етеді. Тері моншақтап жүріп нан тапқанды ең жоғарғы бақыт санайды. Бірақ соның өзін біреулер оның аузынан жарып əкетіп жүрген жоқ па? Дөрекілікпен, катыгездікпен тартып алады. Əрі: «Бұл сенің мырзаң үшін керек»,— дейді. Ол аздай: «Ал мынауың ұлы əміршің үшін қажет»,— дейді. Оған қоса: «Мынау сенің тыныштығыңды күзетіп, ерлік жасап жүргендер үшін»,— дейді. Ал ол бар болғаны шаруа емес пе? Бір-ақ адам. Бір ғана ғұмыры бар. Бір ғана жүрегі бар. — Міне, мен де сенен осы туралы сұрап тұрмын, хакім. Омар Хайям не дерін білмей қолын жайды. — Егер сен менен бүкпесі жоқ шындық естігің келсе, айтайын. — Маған керегінің өзі сол ғой,— деді уəзір нығарлап. Омар Хайям сəл ойланды да: — Мен аспанға көп қараймын. Жарықтардың қозғалысын зерттегеніме көп уақыт өтті. Мен қиялыммен ең соңғы нүктеге — көктің күміс шатырына жеттім. Əрине, ар жағы тұңғиық. Кейде маған
адамдардың өмірінен гөрі аспан жарықтарының тіршілігі түсінікті тəрізденеді. Аспан шатырының ар жағындағы тұңғиықтан гөрі жанымызда жүргендердің жайы жұмбақ. Иə, солай!—деді. Бас уəзір оны зейін қойып тыңдап отыр. Жасы едəуір кіші болса да, ғалымды уəзір ерекше құрмет тұтады. Бір сөзбен айтқанда, хакімнің сөзіне уəзір əркез мəн беруші еді. Омар Хайям өзінің ойын төмендегіше өрнектеді: «Тіршілікте Алладан дана, Алладан ұлы əрі қайырымды ешкім жоқ. Бұл — ең басты мəселе. Сонан кейін ғана өзімізге жəне өзіміз секілді адамдарға көз жүгіртуіміз керек. Осындай салыстырулардан кейін мен: жер бетінде адамға жарытымды жағдай жасау керек деген ойға келемін. Уəде — ас болмайды! Иə, уəдені малдануға болмайды». Хакімнің соңғы сөздерді нық айтқаны сонша, бас уəзір елең етті. «Ча»-дан ұрттап қойып, хакімнен көз алмай қарап қалыпты. — Маған жұмаққа барасың деп уəде береді! Тамаша делік! О дүниеде қамсыз өмір сүресің дейді. Болсын! Маған о дүниеде хор қыздарының махаббатына бөленесің дейді. Жақсы! Дегенмен, жоғары мəртебелім, кітап жазып жатқан соң білгенің жөн: жер бетінде тіршілік барда о дүниенің құны бес тиын! Жанымда сұлу əйел тұрғанда о дүниелік хор қызын қайтейін. Құрғақ уəдеден бір ұрттам шарап артық. Кеңістікті зерттей отырып, мен осындай қорытындыға келдім.
Уəзір оның сөзін бөлген жоқ, жаратпаған сыңай да танытпады. Ол қолындағы ыдысты жылытып отырғандай қыса ұстап алыпты. Жəне бұл əңгіменің хакімге жаққанын ұқты, ойындағысын ашық айтқанына қарағанда солай сияқты. Шыншылдықты қадірлеу керек... — Сондықтан,— деп сөзін жалғады Омар Хайям,— маған сенің біздерді асырап-сақтайтындардың тағдыры туралы ойланып, оған назар аудартуға тырысқаның түсінікті. Егер шаруаның сеніміне ие болса, мемлекет ұтпаса — ұтылмайды... Бұрын қалай еді? Көне кітаптар не туралы сыр шертеді? Ел бір орталықтан басқарылмайтын. Шетелдіктер келіп тонап кететін. Мырза қызметшісін тонаса, көпестер адал адамдарды алдайтын. Оған ешқандай даналықтың қажеті жоқ. Ұлы мəртебелі тақсыр өзің арқылы ақылды да көреген кеңесшісін тапты. Сөйтiп, мемлекетте тыныштық пен тəртіп орнады. Керуен жолдары ашық, көпестерді өлтіру мен тонау тоқтатылды. — Ал Хасан Саббах ше?—деп түксие сұрады уəзір. — Оларды тез арада жеңу үшін жəне ол секілділердің жолын кесу үшін, жер өңдейтін шаруаның, таңның атысынан күннің батысына дейін жез соғатын зергердің жайын ойласу керек. Қарапайым адамға көңіл бөлінсе, жаудың қолындағы қылышты қағып түсіру оңай. Сондықтан да, мəртебелім, сенің жоқшылық, аштық пен зорлық- зомбылық көрген шаруа қамын ойлағаныңды əбден дұрыс дер едім.
Осы үш ұғымды олардың өмірінен алып тастаса, онда көп нəрсе өзінен- өзі оңалар еді... — Сен солай ойлайсың ба, хакім? Омар Хайям сөніп бара жатып қайта жанған оттай жалындап жүре берді. Ол: — Əсіресе зорлық, мəртебелім! Барлық кесір мен қырсықтың көзі — сол! Семья мен мемлекеттің, мемлекет пен бүкіл əлемнің жайы да соған байланысты! Мен бірде Тусте болдым. Сонда қамал қабырғасына қонған қарғаны көрдім. Ол əлдеқалай сүйекке ілініп қалып қалған сасық ет кесегін шұқып жатты. Мен: «Бұл кімнің сүйегі екен?» деп ойладым. Мүмкін, ол Тустың бұрынғы ұлығыныкі болар? Уəзір селк ете түсті. — Сен не деп кеттің, хакім?— деді ол тыжырынып. — Мен шындықты айтып тұрмын,— деп үн қатты Хайям,— тек қана шындықты. Сенің назарыңды мынаған аударғым келеді. Кедей де, сұлтан да — о дүниелік. Сонда мына əлем кімге қалмақ? Тек қана болашақ ұрпаққа. Басқа ешкімге де емес! — Оның рас,— деп қостай сөйледі уəзір. — Өзіңнің кітабыңа ақыл-ойға арнап бір парақ қос, барлық дəрелседегі ұлықтар зорлықтан асқан қорлық жоқ екенін білсін. Жер өңдеп, тер төгетін адамды сыйлайтын болсын. Осыны ескерсең, ұлы
кітабыңның мəртебесі аса түспек. Міне, менің айтайын дегенім — осы! Үлкен зал ішінде ызың естілмейді. Тас төбеге көтерілген күннің шуағы тау жақпарларының үстінен бері асып, үйге төгілді. Сəулелер жез шырақтар мен вазаларда секіріп ойнайды, тар терезелерді өрнектеген шырмауық шөпке түсіп, көк жасыл жалынға айналады. — Иə,— деді уəзір үнсіздікті бұзып,— сен жақсы айттың. Ең бастысы — ашық, адал айтқаның. Өз ойыма беку үшін сенімен кеңесіп едім. Жазғаныңа сенбесең жаның жай таба ма? Солай емес пе? — Дəл солай,— деді хакім. — Ақыл-кеңесіңе рақмет. Менің ойымша, кітабым пайдасыз болмас, бітірісімен саған оқуға беремін. Хакім сенім көрсеткені жəне жанға жайлы кеңеске шақырғаны үшін рақмет айтып кетуге дайындалды. Бірақ уəзір оны тағы кідіртті. Ол хакімнің иығына қолын салып тұрып, жатқа рубаи оқыды. Рубаи тыңдаушыларын көгалға, бикештің алма төсін аймалауға, шарап ішуге шақырады. Ақын жер бетінде жүргендердің барлығы да біреулердің көзін басып келе жатады деп тұжырымдайды. Мүмкін, бұл талайларды арбап, талайларды бақытқа кенелткен сұлудың көзі болар? Уəзір рубаиды оқып шықты да, хакім не айтар екен дегендей үнсіз қалды. Бірақ ол өз ойымен болып кетіпті.
— Кəне, қалай екен?—деп сұрады уəзір.— Бұл рубаилар саған ұнай ма? Уəзір жауап тосып тұр. Ол бұл тамаша рубаилар өзінікі екенін хакім мойындар деп ойлаған. Омар Хайям немқұрайды түрмен: — Маған да ұнады. Əсіресе сенің оқыған ырғағың,— деді. — Бұл сенің рубаиларың ғой,— деді уəзір. Омар Хайям көзін тайдырып əкетті. — Мен ақын ба екем?— деді ол қызарақтап.— Мен ақын ба екем? 20. Мұнда Омар Хайямның бір ғылыми ізденісі туралы əңгімеленеді Обсерваторияда Омар Хайям жақсы көретін бір бұрыш бар еді. Егер обсерваторияны оң жағынан айналып өтіп, шарбақ жанындағы жалғыз аяқ жолмен жүре берсе, ол кипаристер өсіп тұрған жерге тіреледі. Кипаристер сап түзеген сарбаздардай қабырғаның сол жағында жайқалып тұр. Олардың ығында өрік пен алмұрт, жүзім өседі. Бұл бір жəннат жер еді, сондықтан да хакім: «Егер мəңгі ұйықтайтын жер таңда десе, мен осы жерде, гүл мен шөп, жүзімдік арасында жатар едім»,— деп күлетін. Бұл Зайендеруд өзенінен бастау алатын үш арықтың ортасындағы масаты кілемдей құлпырған көкорай жер еді. Шынында да, нағыз
жұмақ осындай-ақ болар. Ол ақынды ғана емес, ғылым үшін пəни жалғанның қызығынан безген ғұламаны да шабыттандырып жібереді! Хакім осы жерге дастарқан жайғызып, жайласып жату үшін кілем мен жастық алғызды. Таңертеңгі асты да өз қалауы бойынша дайындатты. Иə, ол кəдімгі мерекелік дастарқан жасатты. Мəселен, қойдың қуырылған сан еті мен көбік шашқан шарап, күріш пен шафран қосылған құс жəне ып-ыстық тандыр нан əкелінді. Мұның бəрі шарапсыз жүрмейтін ас қой. Сондықтан да алдын ала суытылған, қою əрі тəтті қызыл шарап алдырылды. Хакім досы Исфизариден чанг ала келуін өтінді. Ол ғұлама чангте едəуір ойнайтын жəне бір сыдырғы даусы да бар. Хакімнің достарының бəрі таң қалды: жұма күні таңертеңгі асты таза ауада ішейік дегеннің ар жағында не сыр жатыр? Оған хакім: — Біз дастарқан басында-ақ жұмыс істей береміз. Қағаз- қауырсындарыңды əзірлеп алыңдар,— деді. Міне, осылай жаздың жайма-шуақ бір күнінде олар обсерватория бағындағы көгалға жиналып еді. Хакім Омар Хайямның жақын əріптестері — Əбуррахман Хазини, Əбу-л-Аббас Лоукари, Меймуни Васети жəне Əбу-Хатам Мұзаффари Исфизари келді. Оларды Омар Хайям жақсы көретін жəне олардың болашақта танымал ғұлама болатындарына сенетін.
Омар Хайямның қонақтарын аса таңдандырған нəрсе — шарап болды. Өйткені олар мұндайды бұрын-соңды татып көрмеп еді. Біреу- міреу шарап ішпесе, шербет ішер деп, ол да əкелініп қойылған. Бірақ ғалымдар түгелдей «бəрібір барарымыз — тамұқ» деп, бірауыздан шарап ішетіндерін білдірді. — О, құрметті хакім,— деді Хазини.— Мұның бəрі жақсы ғой, бірақ мына дастарқан не үшін жайылды, соны түсіндірші? — Түсіндірейін,— деді хакім. Сая болса да, бұл жер едəуір ыстық екен. Дегенмен арықтарда сылдырлап су ағып жатыр, ыдыстарға суық шарап құйылды, төбеде құстар əн салады. Хакім достарын жайластырып, өзі құмыра жанына келіп тізе бүкті. Өйткені ол шарап құюшыға жүктелетін қастерлі қызметті басқаға тапсыруға əркез жүрексінетін. Ол: — Мырзалар, біз тамақ жеп, шарап ішеміз, бірақ бір маңызды тақырып төңірегінде əңгіме-дүкен құратынымызды ұмытпағайсыңдар. Сондықтан да қағаздарың мен қаламдарыңның қол астында болуын сұраймын. Қажетті нəрселерді түртіп қойыңдар, ойларыңды қағазға түсіріңдер — бəрі соңында керек болады. Ал мына жерді таңдағанымның себебі бар: жаңа іс əркез мерекелік дайындықты қажет етеді. Əрине, егер оны ойдағыдай мереке етіп аяқтағың келсе,— деп
қосып қойды. Ғалымдар бір-біріне қарасты: бұдан олардың бұл істен мүлдем хабарсыз екенін, қазір еш нəрсе де ұғып отырмағанын аңғаруға болатын еді. Хакім еттен дəм татты да, шараптан жұтты. Сосын көзі жайнап Алланың сыйлаған осы бір сəтінде ризалық білдіргендей аспанға тесіле қарады. Тамақ үстіндегі əңгіме ғалымдардың ойын бір жерге тоғыстырып, өздеріне етене жақын тақырыпқа ауыстырды. Əңгімені Омар Хайямның өзі бастап еді. Ол білмекке құштарлықтың əркез ғылымды дамытуға тигізетін ықпалын жақсы білетін. Ал құштарлық өмірдің өзі секілді шексіз, ендеше, ғылым да шексіз дамиды ғой? Бұл не деген сөз? Қарапайым нəрсені алып қаралық: көне заманда-ақ адамдар бірді бірге қосса — екі болатынын білген-тін. Бірақ білмекке құмарлық оларды одан əрі тереңдеп баруға ұмтылдырды. Сөйтіп, екі екіге көбейтіле басталды. Осылай жалғаса берді. Олар одан да əрі тереңдей берді. Олар түбір табу мəселесіне кірісті. Сондықтан да бүгін біз квадраттар түбірге тең, квадраттар санға тең, ал түбір санға тең деп тұжырымдап жүрміз. Одан əрі барсаң, түбір мен сан квадратқа тең деп айта аламыз. Оны тек қана тұжырымдап қоймаймыз, дəлелдей аламыз! Көрнекі дəлел деп осыны айт! Нағыз геометриялық дəлел! Алмукабаланың
тағы бір басқа тұжырымы туралы да осыны айтуға болады: квадраттар мен сандар түбірге тең. Яғни сандар, түбірлер мен квадраттар туралы бүтін бір ғылым пайда болды. Бірақ бұл да оның шегі емес, сондықтан да текше метрге көшуге мəжбүр болдық. Астрономняны алайық... Осы сəт хакім сөзін үзіп, философия секілді қызықты, тамаша ілім — астрономия үшін алып қоюды сұрады. Сонан соң жабайы құс пен шафран салынған күріштен дəм татыңдар деп өтінді. Мұны ол осы отырыстың иесі, басшысы ретінде айтты. Мұндай отырыстарды басқаруда ол алдына жан салмайтын. Ол сөзін қайта жалғады: — Птоломей сынды көне Египеттің ғалымы аспан жарықтары мен əлемнің жаралуының ілімін құрды. Сөйтіп, ол барлық нəрсе Жерді айналады, – деп шындыққа жанасымды ой айтты. Солай емес пе? Бірақ мың жыл өткен соң, Бирунидің айтуы бойынша, Сиджихи Жер орнында тұрады, бірақ өз осінде ұршықша иіріледі деп жорамал жасаған көрінеді. Мұны Бирунидің өзі де қайталады! Одан əрі тыңдаңдар. Бируни Птоломейді мадақтай отырып, өзі мүлде кереғар ойға тоқтайды. Күн орнынан қозғалмайды, ал жарықтар оны айнала қозғалады, оның ішінде Жер де бар,— деді. Хакім достарын бір шолып шықты: жүзі бал-бұл жанған, бейне бір
жеті қат аспан үстінде тұрғандай көңілді. Ол əркез пікір жарыстырғанды ұнататын да, қалыпты, жаттанды нəрсені қайталай беретіндерді жаратпайтын. Егер біз бір-біріміздің айтқанымызды қайталай берсек, ғылымды кім алға жылжытады дейтін ол. — Мүмкін, бұның кемшін жағы да бар шығар,— деп, сөзін жалғай түсті Омар Хайям.— Ойды айтып қана қойған аз, оны тəжірибемен дəлелдеу керек. Бируни осыны істемеді. — Əділ сөз,— деді Васети. — Қалай болғанда да, бұл — болашақтың ісі. Мен былай дер едім: ой ешқашан жатпауға, ұйықтамауға тиісті. Иə, иə! Біз осыны жария ету үшін жиналып отырмыз. Келісесіңдер ме? Сұрақ бəріне ортақ-тын. Жауап қату үшін көп ойланудың қажеті не? Ұйыған ой — өлген ой. Исфизари жуан шекті тартып еді, көгал үстінде біркелкі, жуандау дыбыс қалқып жүре берді. — Бұл «иə» дегенім ғой,— деп, ғалым үн қосты. — Ыдысымызды көтерелік!—деп қалды хакім. Бес қол бірден жоғары көтерілді. Мұны олар бəріміздің бір ұрттамын қалдырмай теңдей алып қойғанымызды көктегі тəңірі көрсін дегендей оймен жасаған сияқты. Ағаш басында отырған құстар дүр көтерілді. Жерге ақ жəне күлгін жапырақтар жауа бастады. Дастарқан үстіне хош иісті теңгелер жауып
кеткендей болды. Хакімді біраздан бері маңызды ой мазалап жүр. Ол қазір соны айтты... Ол көне грек жазбаларын, сондай-ақ Əбу-л-Хасан Сабит ибн Курра Əл-Харани жəне ибн əл-Хайтамның жəне басқалардың кітаптарын тапқанын сөз етті. Ол Архимедтің сөздерін достарының есіне салды, əсіресе мынасын: «Кез келген тұнба сұйық қозғалмайды, ал оның формасы шарға ұқсайды». Омар Хайямның пікірінше, бұл тұжырым назар аударуды қажет етеді, өйткені ол аспан кеңістігіндегі жарықтардың формасын анықтауға септігін тигізеді. Архимед, деді хакім, аспан кеңістігінің құрылымы туралы кітап жазды, онда аспан жарықтарының айналуы айтылады... — Ол жөнінде Прокл де жазған,— деп ескертті Лоукари. — Өте дұрыс. — Көп адамдар жазған,— деп қосты Васети. — Мүмкін,— деді хакім. — Меніңше,— деді Васети.— Птоломейдің тұжырымын теріске шығаруға тырысып көруге болады, бірақ дəлелдеу мүмкін емес-ау. — Неге?— деді хакім селт етіп. — Ол — ғұлама ғалым. Текке сөз айтпаған адам. Ол өз ісінің құдайы ғой! — Дегенмен де...— Хакім қуырылған құсты алып, оған қызықтай
қарады. Хазини Аристотельді, тіпті Фирдоуси мен Ибн Синаның өзін құдай қатарына қосуға үзілді-кесілді қарсы шықты. Шынайы ғылымда əсірелеу деген болмауға тиіс. — Сенен тəуір асассин шығар еді,— деді Васети күлімсіреп. — Неге шықпасын?— деді Хазини күтпеген жерден. Бірақ мұны олардың бəрі қалжың деп ұйғарды. Шынында, əлем жаратылысының сырына бас ұрған Хазиниден асассин шығуы мүмкін бе? — Мен қазір өз ойымды аяқтаймын,— деді хакім,— сендерді көп қинай бермейін. Жəне өзімді де... Мəселе мынада, Архимед Жер мен Ай арасындағы қашықтықты анықтауға ұмтылды. Ол Ай мен Меркурий, Меркурий мен Шолпан, Күн мен Марс арасындағы қашықтық стадиясын көрсетті. Тағысын тағылар толып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, грек тəуекелге бел буды. Біздің қолымызда осы қашықтықтың өлшемдері бар. Мен олардың бірі соншама дəлме-дəл деп айта алмаймын. Омар Хайям осы сəт өзінің еске сақтағыштық қабілетін тағы бір рет танытты. Ол Архимед айтқан сандарды еске түсірді. Мəселен, Жер мен Ай орбитасына дейін — 554 мириад стадия мен 4130 бірлік; Ай мен Күн орбитасына дейін — 5026 мириад стадия мен 2065 бірлік; одан
Шолпан орбитасына дейін — 2027 мириад стадия жəне 7165 бірлік; одан Марс орбитасына дейін — 4054 мириад стадия мен 1108 бірлік; одан Юпитер орбитасына дейін — 2027 мириад стадия жəне 5065 бірлік; одан Сатурн орбитасына дейін — 4037 мириад стадия мен 2065 бірлік... Бұдан кейін хакім грек өлшемін фарсанглар санына ауыстырды. Достары оның айтқандарын əрең ілесіп жазып отыр, олар бұл сандармен мектептегі кездерінен-ақ таныс. Бірақ бұл сандарды тексеру немесе ақиқаттығына шек қою ойларына кірген емес. Əуелгі ойын айтып болған соң хакім негізгі əңгімеге көшті: — Мырзалар, мен жаңағы сандарды естеріңе əдейі түсірдім. Егер біз осы қашықтықты өзімізше анықтауға тырыссақ, одан келіп-кетер зиян бар ма? Бұған не дейсіңдер? Хакім дастарқанға төніп, құс етін жей бастады. Өзі малдас құрып отыр. Үстінде жібектен тігілген көк желең бар. Омырауынан қардай аппақ көйлегі көрінеді. Хакім қырық бес жастағы кісідей емес, қунақ, қуатты. Бірінші болып оны Хазини қостады. Жүздеген жылдар бұрын аспан жарықтарына дейінгі қашықтық өлшенді. Оны қайта өлшегенде тұрған не бар? Қазір қолда жақсы құралдар бар, жинақталған білім де мол... Оның сөзін Васети бөлді... — Хазини, Ибн Синаның айтқанын есіңе түсір. Ол қазіргі ілім бұрынғылардың білімінің қорытындысы деген жоқ па еді.
— Мүмкін, философияда солай болар, бірақ астрономияда Архимедтен кейін де көптеген қызықты істер қалды. Менің өз ойымды айтқым келеді, сондықтан бəрін қайта бір өлшеп көрелік. Лоукари мен Исфизари тексеру үшін оның тəсілдері мен əдісін ойластырып алған жөн ғой деді. Бар қиындық осында. Ілімді білімділікпен меңгерген жөн. Басқаша болуы мүмкін бе? Ал білім мен қабілет жеткілікті ме? — Осы жөнінде кеңесейін деп едім,— деді де, хакім құстың етін жеп, шарап жұтты. Лоукаридің ойынша, əуелі түзуді, яки гректерше айтқанда, базисті анықтап алған жөн. Осы түзудің өлшеміне бүкіл жұмыс нəтижесі тəуелді. Ал қазіргі астролябия мен квадраттар бар кезде бұрыш өлшемдерін анықтау қиын емес. Хакім басын изеп, оған қосылатынын білдірді. — Мен қазір қалаларымыздың картасын көз алдыма келтіріп отырмын,— деді Лоукари.— Мəселен, Исфаханды, оның солтүстігінде жатқан Савас қаласын алайық. Онда ғалымдар жетерлік. Немесе оңтүстіктегі Ормуз делік. Болмаса Ормузға жақын Кишті алайық. Немесе Шираз делік. Исфаханның оңтүстігіндегі Нишапур немесе Балқыны алайық. Тіпті Бұхара немесе Самарқандты да сөз етуге болады. Қалалардың өзімізден неғұрлым қашық болғаны абзал, онда
солғұрлым қателікке аз ұрынамыз. Хакім тағы да басын изеді. — Ал өлшем əдістері қандай болмақ?—деп сұрады Васети. — Кəдімгідей. — Керуендер көмегімен бе? — Одан басқа қандай жол бар? — Басқасын білмедім,— деді Васети. Осы минуттарда қызу айтыс ду ете түсуге шақ тұр еді, бірақ хакім оған жібермеді. Ол көңілді дауыспен шарап алуды өтінді: бұдан кейін бəрі де айқындалып, сабасына түседі дегендей сыңай танытады. — Шарап біздің досымыз ғой?—деп сұрады ол.— Солай емес пе? Ғалымдар бұны бір ауыздан қоштады. — Олай болса — махаббат үшін ішелік! Барлығы ыдысты төңкеріп ішті. Өйтпегенде ше: кім махаббатты жек көрсін? Оған кім қарсы болмақ? Хазини кімдікі екенін айтпастан бір рубаи оқыды. Оның мазмұны мынаған саяды: мына өмірді сен үшін қанша гүлдентсе де, оған алданба. Өйткені сен секілді талайлар келіп, талайлар кетеді, өзіңнің бақытыңа ие бол, əйтпесе біреулерге жем болады... Хакім саусағын безеп досына сұс көрсетті. Ол өз өлеңін өзіне оқығанды ұнатпайтын. Жəне бұндайда бір қылмысы ашылған жандай
қызарып кететін. — Жарар, жарар,— деді хакім,— қадірменді Лоукари айтқан нəрсеге оралайық... Əрине, базистің керегі анық... Ал өлшемге келсем, былай... — Омар Хайям ойланып қалды.— Оны қарапайым əдіспен жүргізу керек. Мысалға керуенді алалық. Ол сағатына қанша фарсанг жол жүреді? Оны анықтауға болады. Жолда ол қанша сағат жүрді? Оны да анықтау қиын емес. Сөйтіп, біз базистің екі шеткі қашықтығының арасын білеміз. Лоукари, бұл дұрыс қой деді. Бірақ бұл нүктелер бір-бірінен қашықтаған сайын қате де көбейеді, нақтылап айтқанда, сандық мəні азаяды. — Дегенмен нүктені сол меридианнан, бір жерден алса ше?—деді Васети.— Бұл өлшеуді жеңілдетеді ғой. — Яғни солтүстіктен оңтүстікке қарай ғой?—деді хакім. — Немесе керісінше,— деп тіл қатты Васети. — Көре жатармыз.— Хакім əлденеге алаңдайтын сияқты. Ол:— Келіңдер, осы бастамамыз үшін алып қоялық. Оған жұмсалатын қаржыны ұлы мəртебелі тақсырдан сұрайтын боламыз. Бұған не дейсіңдер, мырзалар? Осы іске бас тігеміз бе? Лоукари ыдысын көтерді. Васети де көтерді.
Хазини де, Исфизари де сөйтті. Ал Омар Хайям жалындырғанды ұнатпайды: ыдысты басына бірақ көтерді де, бұтаның арасына атып ұрды. — Ал енді чангке ерік берейік!—деп ол көңілдене үн қатты.— Мынадай бақта музыка тыңдағаннан артық не бар?! Ол еңкейіп, суға қолын малды да, маңдайына басты. — Біз ренжісіп қала жаздадық қой,— деді ол күлімсіреп.— Ал өмір ғажап-ақ! Тіршілік қызығына не жетсін шіркін! Бұған не дейсің, Исфизари мырза? Исфизари жауап орнына чангты алып, ішегіне қол салды. 21. Мұнда Аламут, яғни Бүркіт ұясы, қорғанында болған кеңес туралы əңгімеленеді Егер Исфаханнан солтүстікке қарай жүре берсеңіз, тау ішінен неқилы адамдарды кездестіресіз. Олар əлбетте Аламут қорғанын көрсетіп жібереді. Бірақ оған жетудің өзі қиямет шаруа. Əуелі, мынадай сұрақтың астында қаласың: сен кімсің? Ол қорған саған не үшін керек? Кімді іздеп жүрсің? Сен ол жерге шақырылдың ба, əлде өз бетіңмен іздеп жүрсің бе? Сүннитсің бе, шиітсің бе! Шиіттердің ішінде исмаилиттер бар ғой, олардың арасынан саған кепілдеме беретін кімді білесің? Қойшы, əйтеуір, Аламут қорғанына кіру де, аты шулы Хасан Саббахпен тілдесу де қиынның қиыны. Олар өздерін Исмаил
пайғамбардың ізбасарлары, нағыз діндар, бостандық үшін күресуші шиіттерміз деп атайды. Хасан Саббах онысын жасырған емес. «Сүнниттердің бізді жаншығаны сонша, тыныс алудан да қалдық. Еркін дем алатын тек сұлтан мен оның уəзірлері, олардың қол шоқпарлары ғана»,— дейді ол. Бұл сөздерді Хасан Саббах халыққа таратты, оларды байлармен күресуге шақырды... Сондықтан да Мəлік-шахтың Хасан Саббахты қаскүнем деп айтуына негіз бар секілді. Ал бас уəзір оны қарақшы дейді. Хасан Саббах та өз есесін жібермейді. «Бүркіт ұясынан» ол сұлтан мен оның уəзірлерінің атына лағынет жаудырды. Хасан Саббахтың бар ашу-ызасы бас уəзір мəртебелі Низам əл-Мүлікке бағытталды. Сарай ақындары Хасан Саббахты тісі ақсиған, тапал, сиықсыз, құдайдан безген қанішер етіп суреттейді. Оның басы үшін көп алтын, күміс тігілді. Ал Хасан Саббах болса қабырғасы қалың, жан-жағы ор «Аламут» қорғанына тығылды. Сөйтіп, ол қауіпсіз жер тапты. Ал дəруіш болып киінген оның жендеттері адам өлтірумен айналысты, оны өздері «исмаилиттер кегі» деп атады. Асассиндер халықтың үрейін алды, сондықтан да олардың аяусыз, қаһарлы қимылдарымен санасуға тура келді. Хасан Саббах шаруа адамдарды өз жанына бостандық ұранымен топтастырды. Ол: «Адам бостандықта болуға тиіс,— деді.— Ислам адамды қанамауы керек, қайта оны қанаттандыруы керек. Сүнниттер
өздеріне көп кеңшілік жасап алды, ал олардың мүфтилері — қанау құралы,— деді. Осы секілді сөздерді Хасан Саббах көбірек айтатын жəне оның дəмді сөздері жұртшылық көңілінен дөп шығып жататын. Мұның бəрін бас уəзір білмейді деймісің? Жоқ, ол мұның бəрін жақсы білетін, сондықтан да мемлекет шыңырауға құламас үшін, зорлықтың күшеймеуі жəне өзара қырқысуды жою үшін ол билік жүргізудің жаңа жолдарын іздестірді. Низам əл-Мүлік көреген-тін, бірақ қалыптасқан мемлекет жүйесін басқа бір арнаға бұру тіптен де оңай емес. Əрине, ол бəрін де түсінеді. Егер олай болмаса Исфахандағы қымбатқа түскен обсерватория мен Бағдат академиясы гүлденер ме еді? Дегенмен бас уəзір қанша мықты болса да, оның үстінен ұлы мəртебелінің билік жүргізетінін ұмытпаған жөн. Хасан Саббах арық еді. Бойы ортадан жоғары. Қысқа қара сақалы астынан үшкір жұтқыншағы көрініп турады. Күнге күйіп, жел тиген жүзінде қисық, түссіз көзі бар. Ол бір қалыпты, қарлығыңқы дауыспен сөйлейді. Əрі даусын ешқашан көтермейтін. Бірақ үнінде бір қорқынышты, адамның мысын басатын зіл бар. Бұлай тек қана бəрін өлшеп-пішіп қойған адам ғана сөйлей алады. Ең бастысы — ол басын неге болсын тіккен жан. Оның екі əйелі бар-тын. Бірақ оларды ешкім көрген емес. Жəне олардың қайда тұратынын да ешкім білмейді. Балалары да бар.
Оларды да ешкім білмейді. Жəне осы бір жұмбақтың соңында үрейлі бір нəрсе бар секілденетін. Кез келген жанкешті адам секілді Хасан Саббахтың да өзіндік əдеті, өзіндік тосын мінезі бар-тын. Солардың бірі мынау: ол барлық ісін түнде бітіріп, күндіз сенімді қарауылдарының қоршауында демалатын. Бұнысы асассиндердің көсемін ерекше тұрықтағы, ерекше тағдырлы адам етіп көрсететін. «Бүркіт ұясы» биігінен Хасан Саббах маңайындағының бəрін көріп отыратындай қимылдайтын. Сенімді адамдар оған Самарқанттан, Бұхарадан, Балқыдан, ыстық Шираздан жəне Исфаханнан хабарлар жеткізеді. Осы хабарлардың негізінде Саббах Мəлік-шах пен бас уəзірдің біршама тынышталғанын, сақтықтары кемігенін, көптен соғыс көрмеген халық етек жиып, есін жиды деп ойлайтындарын білді. Кімнің ойына Мəлік-шахқа қарсы шығу келсін, мұндай бас бұзардың, соңына кім ерсін деген ойда тəрізді екеуі. Ақыры, осы сауалға Хасан Саббахтың өзі жауап берді. Күндердің бір күнінде ол жақын сыбайластарын жинап алды. Олар солтүстікке əр түрлі жолмен аттанды да, тауда, белгіленген жерде кездесіп, сол жерден қорғанға беттеді. Ұзақ та ұқыпты тексерулерден кейін олар кілем төселген үлкен залға жіберілді. Хасан Саббах сыбайластарын үнсіз, бас изеп қарсы алды. Барлығы
жиналып, орын-орындарына отырған кезде асассиндер басшысы: — Кеше мен бір құсты бақыладым. Ол бақта отырып, əн салды. Бұтақ биікте емес, қол созым жерде-тін. Ол бар пейілімен əндетті. Мені байқамады. Тіпті назар да салған жоқ. Осылай ұзақ əндетті... Бүгін жаңбыр себелеп, көрші таудан бұлт көшіп келеді, қалың жаңбырға ауысуы мүмкін. Ал кеше ауа райы сондай жылы еді. Гүл иісі аңқып тұрған. Сондықтан болар, əлгі құс өз əніне өзі елітіп төтенше шырқады. Хасан Саббах үнсіз қалды, ортаға шербет пен нан қойылғаннан кейін, сөзін жалғады: — Мен оның əнін ұзақ тыңдадым жəне біраздан кейін зығырданым қайнады. Əр нəрсенің өз шегі бар: тіпті сұлулықтың өзі жүрегіңді айнытуы мүмкін. Мен енді кетуге айналғанда əн де үзілді. Құсқа жақындап келдім. Сонда не көрді дейсіңдер ғой? Ол жағалай отырған сыбайластарын шолып шықты да, өзіне-өзі: «Бұлар менің адамдарым. Бұларға сенуге болады»,— деді. Жанары Зейд Ибн Хашимге тоқтады. Ол боп-боз əрі арық, жанары жалындаған жас асассин еді. Зейд тамаққа қолын да тигізген жоқ, тек шербет ішіп отыр жəне өз ойымен өзі. «Осы емес пе екен?» деді іштей Хасан Саббах, сосын, сөзін былайша қайырды: — Сонымен бұтақ жанына келгенде не көрді дейсіңдер ғой? Ұйқтаған құсты көрдім. Өз əнінен өзі шаршағандықтан ұйқтап
қалыпты. Иə, иə, дəл солай болыпты. Мен сонда өзіме де, ойша сендерге де: қазір Исфахан сарайындағылар ұйқтап жатқан жоқ па? деп сұрақ қойдым. Сөйттім де, қолымды созып, ешбір қиналыссыз құсты ұстап алдым. Ол қанат қағып ұшуға талпынды, бірақ кеш еді... Хасан Саббах шербет құйылған ыдысты басына көтере ішіп, іштегі жалынын басты. Ол ешкімге назар салған жоқ. Бірақ бəрі Саббахтың не айтпақ екенін іштей ұқты. Отырғандардың жасы үлкені, зергерлікпен едəуір қоң жинаған шебер Салех ибн Качи бірінші болып сөз алды. Тегі исфахандық, Мəлік шахқа көрші, əрі сарайдың іс жүргізушісі оның шырағдандарын үнемі сатып алатын. Өйткені оның қолынан шыққан шырағдандарға əркім- ақ таңдана қарайтын еді. — Сенің мысалыңда,— деді ол көсеміне,— үлкен шындық бар. Əлбетте, құс кеудесін кернеген қуанышқа мастанып ұйықтады. Оған алтын күн мен гүл жұпары əсер етті. Жəне ол өзіне төніп тұрған қауіпті сезбей алаңсыз ұйықтады. Ол сені көрген де болар, қауіптенген де шығар. Дегенмен ол ұсталып қалды.— Салех ибн Качидің даусы шыңылтыр, жіңішке, бірақ сөзі ойлы.— Сенің мысалыңды толығымен адамға ауыстыруға болады. Бірақ біз құс пен Мəліх-шахтың арасындағы алшақтықты түсінуіміз керек. — Ол оңбаған!—деп, асассиндердің түнерген көсемі исфахандықтың
сөзін бөлді. — Бұның жөні басқа,— деді есті Салех ибн Качи.— Оңбаған адам құс қана емес, жай адамға қарағанда да əлдеқайда өзгеше. Құс əсіресе Мəлік-шахпен байланысты істе мысал бола алмайды. Құс көп, ал сұлтан — біреу. — Дұрыс айтасың!—деп дауыстады Хасан Саббах. Балқыдан келген Саадат қандай пікір айту керектігі жөнінде ойланып жатпады. Хасан Саббахтың емеуріні екі ойлы болуға жол бермейді. Ал исфахандық сақ болуға үндеді. Саадат Салех ибн Качимен құрдас, екеуі де елуде. Бірақ мінездері бөлек. Исфахандық төзімді əрі ойланып-толғануға бейім болса, Саадаттың ойынан гөрі қолы мен аяғы жылдам қимылдайды. Ұзақ та ауыр керуен жолы оны шаршатса да, қызбалығы басылмаған. Ол əдеттегідей қимылдап қалуға құмар. Оның болжамы барынша қарапайым: ұзақ күтіп, ұзақ телміріп кеткен жоқпыз ба? Исфахан сарайындағылар емес, асассиндердің өздері ұйқтап қалуы мүмкін ғой. Сондықтан асассиндерді сарайға шақырып, тəртіпке көндіретін күнге жеткенше қимылдап қалу керек. Басқаша болуы мүмкін емес! Хасан Саббах басын изеумен отыр. Өйткені ол Балқыдан келген Саадаттың əр сөзіне риза. Шынында да, қынынан суырылмаған қатжарды тот басады деген сөз рас қой.
Мынаны ескеру керек,— деді исфахандық зергер,— біздің ісімізде мүлт кету — өліммен тең. Құр далбаса, сəтсіздік біраз адамдардың, тіпті қызба адамдардың өзінің еңсесін басып тастайды. — Мұның да жөн,— деп келісті Хасан Саббах.— Бұдан бір ғана қорытынды шығады: мүлт кетірмей соғу керек! — Егер бір адам туралы сөз болса бір жөн,— деп исфахандық қарсылық білдірді — ал бүкіл мемлекетке қол көтергенде қалай болмақ? — Онда тұрған не бар?—деді Хасан Саббах.— Өзім ешқандай өзгешелік көріп тұрғам жоқ: Мұнда да мүлт кетпеу керек. Исфахандық иығын қиқаң еткізді де, басқаларды тыңдайтынын айтты. Дегенмен басқалар өз ойларын ортаға салуға асығар емес. Бұл шуылдап сөз жарыстыратын іс емес. Бəрі үнсіз, мұрындарын тартқыштап, пысылдап, сақалдарын салалайды. Осы сəт Хасан Саббахтың үнсіз ымын ұққан жас жігіт Зейд ибн Хашим сөз алды. Ол əлдебіреуге сұс көрсеткендей жуан жұдырығын түйіп, өршелене сөз бастады: — Мен мынаны айтқым келеді: бұл жерге біз бекерге жиналған жоқпыз. Жеңістің бір алғы шарты — батылдық. Онсыз ойлағанымызға жете алмаймыз. Онсыз бір адым да аттау мүмкін емес. Істің екінші бір түйіні — тəуекелде. Онсыз тағы да ештеңе істей алмайсың. Билік
тəуекелшілерге тиеді. Əрине, тақты əкең немесе басқа біреу дайындап қойса бір сəрі. Сондықтан да күшпен алғың келсе — тəуекел ету керек. Кімде-кім өзінің дініне қызмет істеп, жауларын талқандағысы келсе, онда өзіне-өзі: мен батырмын, сондықтан да тəуекелге бас тігемін деуге тиіс. Зейд қос жұдырығын түйіп сес көрсетті. Отырғандардың көбінің жасы одан үлкен-тін, бірақ олардан ығатын бұл жоқ. Өз ойын ашық айтты. Ол тəуекел етуге шақырды. Оны қалай түсінген жөн? — Оның қиындығы жоқ,— деді Зейд.— Біз бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып, оларды таптап, баса-көктеп кетеміз. Ең бастысы — уақыт ұту керек, батылдық пен бірлік танытқан жөн. Жиналған көпшілік оған таңдана қарасты. Бұл Зейд деген кім жəне өмірінде ол қандай іс тындырды? Осы залда отырғандардың ешқайсысы да оның кім екенін де, немен аты шыққанынан да бейхабар. Мүмкін, оны Хасан Саббахтың өзі білер. Осы сəт барлығы дабырласып, шуласып кетті: біреулері исфахандық зергермен келіссе, басқалары Балхыдан келген адамның сөзін жақтады. Бірақ ешкім: Зейд дұрыс айтады деп тура қоштай алмады. Бұған қарап жас жігіт ешкімнен қолдау таппады деуге болмас. Жоқ, мүлдем олай емес! Оны қорғайтын адам да бар. — Бізге шарап əкел,— Хасан Саббах қисық қылыш асынған адамға қарады. Ол есік алдында бəрін тыңдап, бəрін көріп тұр еді. Оны өзі
секілді бас кесердің бірі алмастырды. Кешікпей шарап əкелінді. Құмыраға құйылған шарап салқын əрі дəмді екен. Жиналғандардың біреулері шарап ішсе, екіншілері шербетке ден қойды. Отқа үйітілген құс əкелініп, аумағы үш құлаш үлкен ыдысқа салынды. Əрқайсысы бір- бір кесек құс етін алып жей бастады. Хасан Саббах шарабын ішіп, белбеуіне қыстырылған орамалға мұрнын сүртті де: — Біз неге жиналдық? Көңіл көтеру үшін бас қоспағанымыз бəрімізге аян! Барлықтарың батылдық пен тəуекел жасау керектігі жөніндегі сөзді естідіңдер. Мұны нағыз еркек қана айта алады! Осы «Бүркіт ұясында» қашанғы отырамыз? Менің ішім пысты. Ал сендердің ше? Жəне қашанғы күтеміз? Бір жыл, екі, үш жыл ма? Он жыл ма? Ғұмыр бойы ма? Əлде бізге екі өмір берілген бе? Біз өз ісіміздің жемісін тіршілігімізде көрмейміз бе? Мен сендерге нағыз ыңғайлы сəт осы демекпін. Біразымыз қайыр-садақаға алданған секілдіміз. Ондайлар жалтақ келеді. Ал жалтақтармен сөз қысқа. Менің жоспарым бар. Оны сендерден жасырғым келмейді. Бірақ оны айтпас бұрын бір нəрсені ескерткім келеді. — Айт,— деді, біреудің гүжілдеген даусы. — Иə, иə!— деп, оны басқалар қостай жөнелді. — Бір ғана шартым бар,— Хасан Саббах сұқ саусағын жоғары
көтерді.— Бір ғана шартым бар... — Тыңдап тұрмыз!— десті көп дауыс. — Шарт мынадай, достарым: егер аса маңызды бір нəрсе айтсам, барлығымыздың келісіміміз болмайынша, қорғаннан ешкім аттап шықпайды. Бұған бəрі келісті. — Ал енді тыңдаңдар.— Хасан Саббах соғыс алаңында не болатынын түсіндіргісі келгендей алдындағы жерді босата бастады. — Біз еш қиналмай-ақ Рей қаласын басып алар едік! Əрине, қаласақ. Немесе басқа бір қаланы да алған болар едік. Жеңісті Балхыда немесе Бұхарада салтанатпен тойлар едік. Бірақ оның бізге керегі бар ма? деген сұрақ туады. Мəлік-шахтың əскерімен соғысу үшін бе? Əлде Низам əл-Мүліктің бізді жаншып тастағанын қалайсыздар ма? Əлде біз сол үшін күресіп жүрміз бе?.. Жоқ, бізге ол керек емес... Барлығы ең негізгі, ең қажетті сөзді естуге ыңғайланды. — Біз өлтіре соққы беруіміз керек. Бірақ қашан? Жара ісіп, іріңі жарыларда ма? Иə, кейбіреулер солай деп ойлайды. Бір жыл ма, əлде екі жылдан соң ба? Кім дəл мерзімін көрсете алады? Оны білген жақсы- ақ болар еді! Дегенмен соққыны əзірлеу барысында өздерін біздің досымыз деп жүрген қарақшылардан аулақ жүріңдер дегім келеді! Бізге қажет болса өлімге де бас тігетін есті де көзсіз батырлар керек.
Үлкен жолда жолыққан қан құмар қарақшыларға біздің арамызда орын болмауға тиіс! Бұл бəріне түсінікті ғой?.. Енді бұдан əрі не істейтінімізді ойласалық. Хасан Саббах қолын сілкілеп даурыға сөйледі. Бұнысы — барлығың құлағыңды тік, көңілге тоқы деген сияқты. Ол бір мысал келтірді: мына үй жанып жатыр делік. Оны қаскөй зұлымдар өртесін. Отты бір бұрышынан тұтатсын делік. Онда үйде ұйқтап жатқандар не істейді? Олар ыс иісінен оянады да, əлі от бармаған жағынан қашып шығады. Бірақ былай да болады: үйді тура ортасынан, дəл жатын бөлмеден жағады. Онда не болмақ? Онда үйді басқан қалың түтінге қақалып, сыртқа шығу оңай болмайды, сөйтіп, өртегендер мақсатына жетеді. Хасан Саббахтың мысалының қаншалықты нанымды екенін айту қиын. Бірақ асассиндер көсемі өзін жұрт ұқты деп ойлады. Шындығын айтқанда, ол осында, «Бүркіт ұясына» өз басымен ойлаудан гөрі, басқа біреулердің сөзіне бағатын сыбайластарын шақырған болатын. Уақытты тəлгікелесу мен нандыруға жұмсаудың қажеті қанша? Онысы нағыз ақымақтық болар еді. Өйткені олар үшін Хасан Саббахтың өзі ойлап қойған. Енді ойды жүзеге асыратындар керек. Иə, солар керек! Исфахандық зергер өрт деген сөзді қалай түсіну керектігін сұрады. Астананы ма, əлде о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін бүтін елді ме?
Көсем оның өзінен: — Ал сен қалай деп ойлайсың?—деп сұрады. — Меніңше, астананы болар,— деп жауап қайтарды исфахандық. — Анығырақ айтсаңшы? — Шынымен-ақ, Сарайды ма?! — Соның өзін,— деді Хасан Саббах маңызданып. Жəне:— Білесің бе, бауырым, жақсы қасапшы өгізді сойғанда пышақты жамбасы мен ішіне салмайды ғой. Неге олай істейді? Хайуанның тəулік бойы аласұруы үшін бе? Қасапшы дəл кеңірдектен осады, хайуан сол сəтте-ақ жан тəсілім етеді. Сен мені ұқтың ба? — Əрине. Мұның ұғатын несі бар. Бірақ мынадай сұрақ туындайды: егер соққыны Сарайға, яғни ондағы басты тұлға Мəлік-шахқа берсек, онан кейін не істейміз. Уəзірлер, əскерлер, кеңесшілер мен жандайшаптар бар. Оларды қайтеміз? Бұған Хасан Саббах: — Мұның дұрыс. Бұл сұрағың орынсыз емес. Оны да ойлаған жөн. Бірақ басты кескенде не болатынын білмейсіңдер ме? Қолды емес, басты! —деді. Білмейтін несі бар. Бірақ мемлекетті сиырмен немесе өгізбен теңестіруге болмас. Əрине, исфахандық зергер жоспарға қосылады. Сəтсіздікке ұшырамас үшін жоспарды əбден ойластыру керек. Ол қайталап айтты: ойламаған сəтсіздіктер болмас үшін!
Жиналғандар исфахандық зергердің сөзінің жаны бар екендігін, жоспарды əбден ойластырып алу керектігін көсемдеріне аңғартты. Оған Хасан Саббахтың өзі де қосылды. — Мен,— деді ол.— Жас досымыз Зейд Ибн Хашимнің сол жағыма отыруын қалаймын, оны бəрі естіп, ұққаны абзал. Біздің қасиетті күресіміздің жүзеге асуын қаласа, сол үшін өзінің көмегін аямайтын болса ғана отырсын. Барлығы жас асассинге бұрылды. Ол біраз қозғалмай отырды. Көсем сөзінен соң ойланып қалған тəрізді. Сонан соң орнынан тұрды да, үнсіз барып Хасан Саббахтың сол жағынан орын алды. Ол көсемнің көзіне тура қарады. Зейд Хасан Саббахты құрметтейтін жəне шексіз сенетін. Хасан Саббах басын төмен иді. Бейне басын тік ұстаудан шаршаған тəрізді. Көсем асығар емес. Əбден ойласуды қажет ететін іс қой — бұл. Артық сөз абырой əпермейді. Дұрыс ұғынылмаған сөздің залалы көп. Шыдамдылық керек. Əр сөзді бағдарлаған жөн. Əр сөз зердеге қонып, көңілде сақталуға тиіс. Өйткені ауыр да жауапты істе мұны əркім басшылыққа алуы керек. Хасан Саббах шамасы жеткенше мойнын артына бұрып, күзетте тұрған адамның қолынан қанжар алды. Ол қаруды бəрі көрсін дегендей биікке көтерді де:
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343