Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore GEORGIJ_GULIA_-_OMAR_KhAYaM_TURALY_A_1186_YZ

GEORGIJ_GULIA_-_OMAR_KhAYaM_TURALY_A_1186_YZ

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-08-21 02:35:57

Description: GEORGIJ_GULIA_-_OMAR_KhAYaM_TURALY_A_1186_YZ

Search

Read the Text Version

— Иə жəне аз ақша емес. — Яғни сен əйелдерді осылай құрметтейді екенсің ғой, ақшаңды аямай шашасың ғой? Хұсейін шөл даланың тағысындай тісін шықырлатты. Ол мына адамгершілігі мол деген ғұламаның өтірігін бетіне басып, ақиқатты ашпақшы болып еді. Ең құрмаса оның кəдімгі хайуанмен бірдей екендігін дəлелдемек болды. Шынында да, солай емес пе? Егде тартқан адамның өз теңін білгені жақсы. Өзгені сүйетін жиырма жасар əйелге көз тіккені ненің соры. Егер оның ар-ұяты болса, Эльпиді ақшамен алдамас еді. Ақша — махаббат емес. Əрі ақшаға алданған əйелдің сезімі қайбір опалы дейсің. Əлде олай емес пе? Əрине, осылай! Хайям мырза Хұсейіннің сөзін өзіне ешбір қатысы жоқтай мүлдем селқос тыңдап отыр. Хакім мұнда Эльпидің көңілі үшін ғана отыр — əрі есуас мəжнүн қол көтеруден де тайынбас. Бұл — біріншіден. Екіншіден, осылай деп тілек білдірген Эльпидің өзі-тін, оның тілегін жерге тастауға болмайды. Оның Хұсейінмен көзбе-көз қалғысы келмеді. Болар іс болды, бояуы сіңді, өткенді ойлаудың қажеті жоқ. Эльпи үшін істің беті бері қарап тұр. Сондықтан да Хайям мырзаны ренжітудің реті жоқ. Оны базарда ақшасы мол кез келген саудагер сатып ала алатын еді. Тағдыр оның орнына мына мырзаны жіберіпті, енді Эльпидің өз жағдайына күйінер жайы жоқ. Бəрібір, бұл оған

үйреншікті жай ғой... Хайям мырзаның Хұсейінмен тілдескісі келмейді. Бақталасымен айтысып жатқанды ар көреді. Махаббат — қос жүректің ісі. Махаббат — əркімнің жеке ісі. Бұл жерде үшінші біреудің қандай қатысы бар? Екі еркектің əйел туралы сөз жарыстыруларынан күлкілі əрі кесірлі нəрсе жоқ. Бұл адамдарды кемсітіп, жыртқыш аңға теңгереді. Жоқ, қос жүректің махаббатына араласуға болмайды. — Сен біздің махаббатымызды ойран еттің,— дейді Хұсейін, Омар Хайямға зілмен көз тастап. Хакім үндемеді. Аузына су ұрттап алғандай. — Біз бір-бірімізді сүйеміз. Хакім үнсіз, Эльпи де сөйлемейді. Ол көзімен жер шұқып, төмен қарайды. Əрине, оған бұл əңгіменің түкке керегі жоқ. Мүмкін, бұның да кінəсі бар шығар, бірақ қандай кінə? Оны заң бойынша сатып алды, соған сəйкес ол осы үйдің иесіне тəуелді. Енді оны өзгерту мүмкін емес. Жəне оны өзгертудің керегі бар ма? Шындап келгенде бұл кім? Ұлы əміршінің немесе тағдырдың, болмаса бай адамдардың қолындағы əдемі ойыншық қана емес пе? Эльпи Хұсейіннен: — Өзіңе не керек, соны айтшы?—деп сұрады. Жас сұлудың сұрақ қойысынан-ақ оған ешқандай жауаптың керек еместігі сезілгендей еді. Қысқа қайырылған сөзден, дауыс ырғағынан

оның берік шешімге келгені аңғарылады. Бір махаббаттың орнына жаңасы келеді. Бұл дүниеде бəрі де өзгермелі. Ен əуелі — махаббат. Махаббат деген не? Көңіл қошы ма, əлде табиғи қажеттілік пе? Сірə, көңіл қошы болар. Бұзылған əйелдің де сүюге құқы бар. Ал махаббатты, сезімді ақшаға сатып алуға болмайды. Мұның бəрін Хұсейінге, ессіз мəжнүнге қалай түсіндірерсің. Арам тер болудың қажеті не? Ол нешеде? Жиырма бесте! Ненің не екенін ұғынатын кезі жетті емес пе?! Оның ақ қағазға түскен сызықтай керме қасы керіле қалыпты. Тəтті сүйіс үшін жаралған томпақ, қып-қызыл ерні бұртиып тұр. Ұзын, имек кірпігі əдемі болғанымен өңіне суық рең береді. Сүйріктей саусақтары тал шыбығындай бір-біріне салалана кірісіп, он тырнақ шираз бояуының қанық түрімен жарқырайды. Аққу мойнына құп жарасқан шалқақ басы суық селқостықтың белгісін танытады. Бұл сұлудан не күтуге болады? Нені талап етпексің? Нендей жауап керек? Жауабы маңдайында, ернінде, жанарында. Рум қызының түрінің өзі-ақ «жоқ» дегенін аңғартып тұр. Ал мəжнүн əлі де болса оған үміттене қарайды. Ол хорасан кілемнің үстінде аяғын бүгіп, майысып қана отыр. Ал мəжнүннің сұғанақ жанары қыз аяғының мөлдір бұлақ түбіндегі қайрақ тастай таза, шөл даладағы саумал судай жағымды саусақтарына сұқтанып қалған. — Айтшы маған, саған не керек?—деп қайталады Эльпи. Иə, Хұсейін бұл сұраққа жауап беру керек екенін ұғып отыр. Бірақ не

қажет екенін оның өзі де білмей ме? Махаббаты, ыстық сезімі, таза жүрегі керек! Айтқанынан қайтпайтын бір беткей мəжнүн жүрегінде жатқан сырын ақтаруға мəжбүр болды. — Эльпи, айта алар емеспін... — Менің қожамнан ыңғайсызданасың ба? — Иə. Жəне сенің көзіңді жапқан шелді сылу үшін бірер сөз айтпақпын. Өзіңнің шын досыңның кім екенін біл...— Ол сəл-пəл тыныстап, үн-түнсіз отырған мырзаны елемеген сыңаймен сөзін жалғады.— Бағдатта жұлдызды аспан астында айтқан сөзіңді есіңе салсам қайтеді. — Сал... — Маған «мəңгілік сендікпін» дегенің рас па? — Рас!— Эльпи қабағын да қақпастан жауап берді. — Сен: «Өзіңмен бірге отқа да, суға да түсемін» деп едің. — Рас, айтқанмын. Хұсейін қолын жайды. Бейне есі ауып кеткендей. Эльпидің шындықты бүкпесіз мойындағанына, турашылдығына тан. Оның өз сөзінен тайып шығуына да, естен шығарыппын деп алдаусыратуына да болатын еді. Əрине, болар еді! Бірақ ол айтқан сөздерін мойындап отыр. Жəне оны қожасының көзінше айтты. Мейлі, ендеше, ол ойламаған нəрселерді де есіне салады. Мəжнүн неге болсын басын

тігіп отыр. Оған енді бəрібір. — Сен мені құшып-сүйіп пе ең? — Иə, сүйгенмін. — Мен сенің тəніңнің жылуын сезіндім емес пе? Ол рас дегендей басын изеді. Мəжнүн Хайямға назар аударып еді, ананың жүзінен ештеңе байқай алмады. Ол тіпті басқа бір жерде жүргендей селқос отыр. Енді мəжнүн саса бастады, өркөкіректігі мен қайсарлығын жоғалтып алғандай... — Осылардың бəрін айта отырып, Эльпи, мен саған: «Мына үйді таста, құныңды төлеймін, бірге тұру үшін қолдан келгеннің бəрін де жасаймын»,— демекпін. Бірақ Эльпи оның ақшасының да, үйінің де болмайтынын жақсы біледі. Онда тек сұлу əйелге деген құштарлық қана бар. — Мен ақша жинаймын... Менің бай достарым көп, олар маған көмектеседі, екеуміздің қосылуымыз үшін қолдарынан келгеннің бəрін істейді. Мен сен үшін үй де табамын, біздің де шаңырағымыздың үстінде осындағыдай жұлдыздар, осындағыдай күн, осындағыдай ай жарқырайтын болады. Бұл сөздерден кейін қыз оған жылы ұшырай қарағандай болды. Ақырын ғана: — Мүмкін, солай болар,— деді.

Хұсейіннің қуанышы қойнына сыймай барады. Істің ыңғайы енді орайласатын тəрізді. Жас сұлу мына егде, жоқ, кəрі адамды сүйе ала ма? Жоқ. Бұл — соқырға да белгілі. — Эльпи, сенің жүрегің өзін сүйген жүректі ұмыта алмас. Мен «ұмыта алмас» деп емес, былай деп айтар едім. Бірін-бірі сүйген жүрек бір-біріне мəңгі адал болады. Солай емес пе? Өз жауабымен ол бұны тағы таңырқатты. — Иə. Осы естігені рас болса, енді ештеңенің керегі жоқ. Тезірек оны мына дозақтан шығаруы керек. Хұсейін Хайям мырзаға қарады. Ал ол болса бұрынғысынша тас түйін мелшиіп отыр, бейне басқа жақта жүрген сияқты. Мына жерде айтылып жатқан сөздерді естіді ме екен? — Эльпи!—деп жан ұшыра айғайлады мəжнүн.— Өтінемін, мырзаға айтшы, өзіне заңды түрде ерік беруін сұрашы. Мен осы іске жұмсалатын ақшаны өтеуге əзірмін. Қатты толқыған мəжнүн үнсіз қалды. Енді Хайям мырзаны тілге келтіру керек. Қазір оның үнсіз отыруы күдік туғызып қана қоймай, ызаландырады да. Мəжнүннің қаншалықты сабыр сақтайтынын кім білсін? Ол да ет пен сүйектен жаралған адам емес пе? Тіпті қажет болса қонақта отырғанына да қарамайды. Эльпи үшін бəріне де əзір... Хакім жайбарақат отыр, тіпті дем алған дыбысы да естілмейді.

Нағыз үнді таспұты дерсің. Көздері жартылай жабық, қолдарын айқастырып ұстаған. Мұндайда еріксіз осының өзі керең емес пе? деген сұрақ туады. Мүмкін ол махаббаттан немесе немқұрайлылықтан тас керең қалған шығар? Оның не ойлағаны бар? Ахмет есік сыртында тұр, ойлағаны — сақтық. Жоқ, қожайынды мына есуаспен жеке қалдыруға болмайды! Егер Хұсейін қастандық жасаса қайтпек? Мына ессіз мəжнүннен бəрін күтуге болады. Өйткені махаббаты — оның ауруы, жүрегінің ауруы, жанының ауруы. Ахмет есіктегі жасырын тесікке көз салды. Бүркіттің құм шетіндегі қозыны аңдығаны секілді, ол да көзін мəжнүннен алмайды. Эльпи үнсіз. Үш жүрек қатар соғып тур. Осы бір азапты тыныштық бəріне ауыр тиіп тұр. Олардың жүрек дүрсілі тіпті Ахметке де естіліп тұрғандай. Жəне Ахмет бұл тыныштықты уақытша ғана орнаған тыныштық деп түсінді, оның дауылы əлі артында... Эльпи ешкімге қарамайды. Ол өз ойының тұңғиығына берілген. Не айтар екен? «Егер ол араша сұраса, ғалымың менен қайырымдылық күтпесін. Ал егер сұрамаса ше?..»-Махаббатқа мас болған Хұсейін өз-өзімен осылай сөйлесті. «Несі бар,— деп ойлады хакім,— іс шешілуге тақау. Мына мəжнүн шын ғашық, бірақ одан келіп-кетер пайда жоқ. Оның кемшілігі —

шыдамсыздығында, одан да сорақысы ақымақтығында. Шешім күтіп мəжнүн отыр. Бірақ қандай шешім?..» Эльпи сөзін бастады. Салмақты, асықпайды. Қағаздан оқығандай. Ол бүкіл ғұмырын Каир немесе Бағдатта өткізгендей мүлтіксіз арабша сөйледі. Осылай таза сөйлеуді қалай үйренген? Жə, бұл сұрауға бас ауыртпай-ақ, оның өзін тыңдалық. Ол былай деді: – Қымбатты, Хұсейін, бұрынғы қожамды жек көретін едім, сол үшін көзіне шөп салдым... Оны қалай сүймекпін? Сараңдығы мен дөрекілігі үшін, айуандығы, ашқарақтығы мен маскүнемдігі үшін бе? Мен сондықтан аяусыз жазаландым. Жəне ол екеумізді ұстап алды, сен таяқ жедің. Мен де аяусыз жазаландым. Ол мені сатып жіберді, екеумізді ажыратуға тырысты. Тағдыр бізді Бағдатта қайта қосты. Мен шын сүйдім. Өз жүрегімді, өз сезімімді тыңдадым. Мəжнүн күлім қақты. Ашық аспандағы айдай жарқырап шаттанып тұр. Қанат біткендей желпініп кетті. Ол қазір ұша жөнелуге əзір. Жоқ, Эльпи оны жерге қаратпады, өзінің қожасы хакімнен де ұялмай шындықты бүкпесіз айтып отыр! Эльпи сөзін одан əрі жалғады: — Иə, сен менің тəнімді құштың! Өзің не қаласаң, соған қолың жетті. Ол үшін өкінбеймін...

Мəжнүн стол басынан ұшып тұрып, Эльпиді қолынан жетектеп мына қарғыс атқан үйден атып шығуға əзір... бірақ Эльпи сөзін одан əрі жалғады: — Мен сені алдаған емеспін. Өтіріктің не қажеті бар? Мен білген нəрселердің ішіндегі ен жаманы — өтірік айту. Мен саған сендім, арқа сүйедім. Олай болуы заңды еді. Жұрттан нең кем? Өзіңе қарашы: құдай сені еш нəрседен кем етпеген. Əсіресе əлдебір кеще өзін мəжнүнмін деп мазаңды алған кезде, сені сүймеу мүмкін емес еді. Хұсейін қуанғаннан қолдарын шапалақтап жіберді. Қазір олар осы үйден қол ұстасып шығады, оған енді күмəні жоқ. Бірақ қайда барады? Үйі қайсы? Басындағы баспанасы қайда? Оны кім беріп еді? Жəне қашан? Эльпи: — Мен сенің батылдығын мен жанкештілігіңді құрметтеймін. Кім қиындыққа қарсы шықты? Сен. Сиықсыз сұмның қанды балақ шеңгелінен құтқару үшін күрескен кім? Сен. Өз амандығын ойламай, қауіпті іске бас тіккен кім? Сен. Осының бəрін ұмыту мүмкін бе?—деді. — Жоқ!—деп масаттана дауыстады, айдай ақиқатты естігеніне қуанған Хұсейін. Дегенмен Эльпи сөзін басқаша аяқтады: — Осының бəріне қарамастан, мен сенен бір-ақ нəрсе сұраймын: мені жайыма қалдыр.

Хұсейін бұл сөздің мəнін ұға алмады, бейне ол өзіне емес, басқа біреуге арналғандай сезінді. — Иə, өтінемін, мазамды алма. Неге бұлай дегенімді түсіндірейін: мен енді басқа біреуді сүйемін. Оны талқыға салудың қажеті жоқ. Жүрек көп ретте өзімізге бағынбайды. Мен заңға сəйкес, өзімнің заңды қожаммен қаламын. Енді ғана ол бір нəрсені ұққандай болды. Сол сəт Хұсейін жыландай ысқырына сөйледі. — Сен не деп тұрсың? Қайтала, не дедің?!. Оның даусы бұйыра əрі жалбарына шығады. Бірақ Эльпи ешбір тіл қатпастан орнынан тұрып, қанаттас қабырғадағы жасырын есікке еніп кетті. Хұсейіннің оның соңынан қарауға да шамасы келмеді. Бір нүктеден көз алмай, тілін жұтқан адамдай мелшиіп отырып қалды. Ол не ойлап кетті екен? Кенет оның басы сылқ етіп төмен түсіп кетті. Мығым иегі кеудесіне тірелді. Хұсейіннің бүкіл денесі селкілдеп ала жөнелді. Ол жылап отыр. Жылап емес, боздап отыр! Ер адамдарша үнсіз егіле жылайды. Хакім алақанын соқты: бір, екі! Осы кезде Ахмет келіп кірді. Қызметші хакімнің қобалжыған жүзі мен ұнжырғасы түсіп кеткен бақытсыз мəжнүнді көрді.

— Ахмет,— деп бұйырды хакім,— шарап пен тамақ əкел! Қызметші басын иді де, шығып кетті. 6. Бұл бөлімде тосын қонақасы жөнінде əңгімеленеді Хұсейін əлі басы салбыраған күйі сұлық отыр. Жігіттік намысын жоғалтып үнсіз өкінді. Бөлмеде жезден жасалған əдемі əрі биік шырағдандар жанып тұр. Олар исфахандық зергерлердің қолынан шыққан. Шираздық кілемдер жаздың өзінде ызғары кетпейтін тас еденді жылытатын секілді. Бұл үй хакім үшін арнайы салынған болатын. Жоғары мəртебелі бас уəзір Низам əл-Мүліктің бұйрығымен тұрғызылғандықтан, бұл үйге қазына ақшасын аямай бөліп еді. Бірақ əшекей-өрнегі аз. Ол тұруға, жұмыс істеуге, ойлануға ыңғайлы, бірақ сырт көзге-қораш көрінеді. Сірə, құрылысшылар бұған мəн бермесе керек. Үй тұнған ағаш арасына салынғандықтан, жасыл жапырақтардан көрінбейді де. Үйдің екі қабаты бір-бірімен ағаш сатымен жалғастырылған. Оған мөлдір сулы мəрмəр хауызы бар дəліз

арқылы көтерілуге болады. Терезелері биік, бірақ тар. Сондықтан да үй іші қара көлеңке, салқын болып тұрады. Сəулетші осы үшін бар тəжірибесін сарқа пайдаланған секілді. Ахмет ақ дастарқанға құмыра толы шарап пен жеміс əкелді. Сосын, аппақ қардай дөңгелек нан қойды. Осының бəрін мəжнүн жаққа қарамай, асықпай жүріп істеді. Хакім нанды бөлді де, бір үзімін мəжнүнге ұсынды — ұсынылған астан бас тартуға болмайды. Мəжнүн, Ахмет ойлағандай емес, нанды аузына салып шайнай бастады. Нəрсіз, дəмсіз нəрсені аузына салған адамдай тұшынбай отыр. Ал бұл атақты исфахандық жылы нан ғой. Осы бір тыныштық үстінде хакім: — Жердегі өмір шексіз, ол мəңгілік,— деді. Тағы да бөлмеде тыныштық орнады. Ахмет шеткерілеу шығып қақиып тұр. Мəжнүн əлі нанын шайнап отыр. Мəжнүн меңіреу адамдай мелшиіп отырғандықтан, хакім өз ойын басқаша жеткізуге тырысты. Ол: — Өмірдің шегі жоқ: оның басы да, аяғы да, шекарасы да жоқ...— деді. Исфахан базарының жүк тасушыларына дейін білетін бұл ақиқат Хұсейінге арналып еді. Енді мəжнүн көпке мəлім ақиқатқа орай өз

тарапынан үн қатуы мүмкін емес. Өйткені мынаны ұғынған жөн: егер саған біреу бірді бірге қосқанда — екі болады деп отырса, оның басқа бір нəрсені меңзегені! Яғни жұрттың бəрі білетін нəрсені айтып отырса, оның бір сыры болғаны да. Əсіресе оны дастарқан басында айтса не болмақ? Мүмкін, сол арқылы негізгі мəселеден аулақтатқысы келетін шығар. Бірақ махаббат тікенек емес пе? Оны жүректен суырып тастау оңай ма? Жоқ, хакімнің ұзақ та мəнді əңгіме қозғамақ ойы бар. Мына жағдайда əңгіме-дүкен құрудың керегі не? Эльпидің аяусыз жəне түсініксіз сөздерінен кейін... Хакім сөзін жалғай берді. — Адамзат, тіпті бір ғана адамның өмірі қас-қағым сəтті бейнелейді. Ол шексіздіктің шексіздігінде, тынымсыз қозғалыс толқынының арасындағы жарық сəуле тəрізді. Дəруіштердің айтып жүргендері осы емес пе? Керуен сарайындағы ең сорлы дəруіш те солай дейді. Əлбетте, бір адамның өмірі — түндегі немесе күндізгі жарықтағы бір сəттік жарқыл. Бұл — бір ғана сəт, жалғыз ғана жарқыл. Бұл жауыр болған ақиқат кімге керек? Дегенмен қазір хакімге мəжнүннің бір ауыз сөзі қажет. Дəл қазір хакім үшін ақиқат емес, Хұсейінді сөйлету керек болып отыр. Бар мəселе осында. Мəжнүн бір сəт өзінің аш екенін сезінді. Мұндай жағдай көбіне-көп

көңіл күй бұрқасынынан кейін байқалатын. Шынын айтқанда, осы күндердің бəрінде асқа тəбеті болмады. Əрі аштықты сезінбеді. Енді, міне, үстіне Эльпи бір құмыра суық су құйып, бүкіл тұла бойы қалтырап, есі ауысуға айналған сəтте оның тамақ ішкісі келді. Ал дастарқан мəзірінен көз тұнады: аппақ ақ қардай дастарқан үстінде жеміс, ақ нан мен агат түстес шарап тұр. Тəбеттің оянбасқа шарасы қалмағандай... — Достым менің,— деді хакім мəжнүнге.— Осы үйге көңіл қошын сыйла: дəм тат, ашқарын əркез аспен жұбанады. Шарап құйылды. Ол мың құбылып ойнайды, қолдың өзі еріксіз ыдысқа қарай созылады. Мəжнүн де қолына ыдысты алды. Еріндері саз ыдыстың салқын ернеуіне тақала берді. Мəжнүн шараптан ауыз тиді. Онан соң сіміре ішті де, Ахметке: — Аямасаң, тағы құй,— деді. Ахмет сол сəт қонақ ыдысын қайта толтырып үлгерді. Мəжнүн мұны да ішіп салды. Жүрегі енді орнына түскендей. Ол: — Хайям мырза, сенің сөзіңнен ұққаным мынау: өмір шексіз, сол өмірде адам кішкентай жəндік іспетті,— деді. — Дəл солай емес,— деп Хайям түзете сөйледі.— Мен адам əмірі зауза қоңыздың ғұмырындай ғана деп отырмын. — Яғни біздің өміріміз қысқа ғой?

— Иə, құрметті Хұсейін, өте қысқа. — Бұл арқылы не айтпақсың?— Мəжнүн əсем Эльпиді иеленген ғұламаға қадала қарады. Дегенмен оның қаншалықты əсем екенін бажайлап білген де теріс емес... — Айтпағым,— деді Хайям,— қас-қағым сəтті ұста, өзіңнің көңіл қошыңмен өмір сүр, өміріңді өксітпе. Əсіресе орайы келмеген махаббаттан. — Түсінемін,— деді мəжнүн.— Сен маған сабырға кел дейсің ғой. Сен секілді байлар кедейлердің көңілін аулауға шебер. Əуелі, оларды сыпырып аласыңдар да, сонан соң бір шыны бұлақ суымен немесе шараппен алдандырмақ боласыңдар. Хакім асықпай оң қолын көтерді. Алақаны кенет оңға, онан солға бұрылды: бұл арқылы ол мəжнүн сөзінің терістігін аңғартқысы келген тəрізді. Хұсейін ащы жымиды. Бірақ болған іске көнгендей сыңайы бар: екі ұртын толтырып тамақ алып, оны шараппен жүргізіп отыр. Мына тамаша шарап қайдан əкелінген? Шынын айтса, мұндай шараптың дəмін татып көрмепті. Мүмкін, бұл сұлтанның қоймасынан əкелінген болар? Жəне мұны қалай салқындатты екен? Əлде жақын жерде бұлақ бар ма? Əлде қойманың салқындығы сондай, не қойса соны суытатын шығар. Бəріне Алла жар болсын. Бар мəселе қазір шараптың жақсы əрі

салқын болғанында емес пе? Омар Хайям түсінікті ұғымдарды айта отырып, өзінің не айтпақ болғанын ұғындырмақшы. Шарабын ұрттап қойып сөйлеп отыр: — Міне, Хұсейін, сен менің алдымда отырсың. Мүмкін, сен менен екі есе жас боларсың. Ал өмірдегі тəжірибең екі есе аз. Қазір мен не айтсам да — ақиқат, оған күмəнің болмасын. Жəне оны шын жүректен шықты деп біл. Сен, əрине, маған өкпелеп отырсын, мүмкін, кектенетін де шығарсың. Менің де саған жайыла салуыма негіз жоқ — көңіл қалар талай нəрсе істедің. Неге? Бұған өзім жауап берейін. Омар Хайям ернін ыдысқа тигізді — бір ұрттады, екі, үш ұрттады. Омар Хайям жас мəжнүннен көз алмайды. Ол болса жасы үлкен адам сөзін амалы жоқтықтан тыңдағандай сыңай танытады. Бірақ тыңдамасқа шарасы жоқ. — Біз көп жағдайда қарапайым ақиқатты ұмытқандықтан бақытсыз боламыз. Біз оларды санамызда керегі жоқ, құнсыз зат ретінде ұстаймыз. Неге? Неге біз сол қарапайым нəрселерді байқамаймыз. Соларды еске салғанда неге өкпелейміз? Мəжнүн бір нəрсе деп қарсы шықпақшы болып еді, бірақ хакім оны ыммен тоқтатты. — Ойымды аяқтауға мұрсат бер... Неге мен саған өмірдің шексіздігі, белгісіз бір субстанцияның шексіз өмірі туралы айтып жатырмын.

Өйткені гректер баяғыда-ақ əлемнің барлық жандысы мен жансызы субстанцияда деп тұжырымдаған болатын. Жəне неге біз өмір сүрген сəттің қас-қағым мерзімі туралы айттым? Мен мəңгілік пен əлемді, əлем мен біздің қысқа ғұмырымызды жалғадым. Оның барлығы...— хакім сəл ғана үзіліс жасады.— Оның барлығы мынада: егер сен Эльпи есімді жас əйелді сүйетін болсаң, ойлануға, философ болуға, ақылгөй дана, шешен немесе істің байыбын ұғатын есті жан болуға тиіссің. Сен мені ұқтың ба? Мəжнүн басын изеді. (Оның араб тілін білгендігінен-ақ сауатты екендігі білініп тұрды. Жалпы сауаттыны шала сауаттыдан, немесе сауатсыз адамды ажырату аса қиын емес.) Ол: — Жалпы сенің ойың түсінікті, бірақ маған бір нəрсені ұғыну қиын болып тұр...— деді. — Ол не, Хұсейін? — Осының барлығы неге қажет?—Ол мына əңгімені жəне қонақасыны айтып тұр еді. Омар Хайям күлді де, шарапты аяғына дейін алып қоюды өтінді. — Мен бұл сұрақты күтіп едім. Менің сөздерім бір-ақ нəрсеге бағытталған... Мен сенің бір ғана қарапайым нəрсені жақсылап ұғып алуыңды қалаймын. Біздің өмір қысқа. Өкінішке орай, өте қысқа! — Онда тұрған не бар?

Хакім басын шайқады, ол бейне есіне бір жайсыз жағдай түскендей мұңайып қалды. — Осы қысқа мерзімге,— деді хакім, өзіне-өзі айтқандай ақырын ғана,— біз өзіміздің қайғымыз бен қуанышымызды сыйғыза білуіміз керек. Біз сүйіп те, жерініп те, қызықтап та, қоңылтақсып та үлгеруіміз керек. Көп нəрсені көруге, көтеруге тура келеді. Маңдайымыз қатпар- қатпар əжімге толады. Жүрек барған сайын бəсеңдеп, бəсеңдеп соғады. Ми күнделікті тіршіліктен шаршайды. Жыл өткен сайын тізелеріміз қалтырап, жанарымыз тозады... Мен үйден шығамын, жер басамын, кенет өзімді ғажайып бір жанарды басқандай сезінемін... — Жанарды дейсің бе?— деп мəжнүн таң қала сұрады. — Иə, Хұсейін, ғажайып тамаша жанарды... — Оны қалай түсінуге болады?—Хұсейін шарапты өзі құйып алды да, басына бір-ақ көтерді. Көңіл күйі барған сайын көтеріліп, денесі жеңілденіп бара жатқан секілді. — Тура мағынасында түсін. Мен ғажайып көзді басып келе жатқандаймын. Сен де сол ғажайып көзді басасың. Біздің барлығымыз тамаша көз үстінде адымдап келеміз. Мəжнүн бұл сөзге таң қалды, ыдысты ысырып қойды, тамақты да ұмытты. Ол ернін тақыр орамалымен сүртті де, қарғып тұратын адамдай екі тізесін ұстай берді.

— Біз? Екеуміз бе? Көздің үстімен?.. Ғажайып көздің үстімен?...— деді ол ақырында үзіп-үзіп. — Иə, нағыз шынайы, нағыз ғажайып көздің үстінде жүрміз. Олар бірде жылайды, бірде күледі. Олар Эльпидің апалары, құрбылары, ата- бабасы, ата-анасы.— Хакім еңкейіп, сыр айтқандай: — Əйтеуір, біреу бір кезде оның да көзін басады,— деп сыбырлады. — Əсем Эльпидің көзін бе?— деді мəжнүн оқыс. — Иə,— деді хакім аяусыз. — О, Алла!—Хұсейін көкке қолын созды, онан соң бетін басты. Осылайша минутқа жақын қозғалыссыз отырып қалды. Хакімнің де жайы мəз емес. Бірақ не шара, өмір деген — осы. Оны өзгерту қолынан келмейді. Бұл — анау мөлдір көктен бəрін көріп, бəрін біліп отырған Алланың жұлдыздай жарық, əдемі көздерді арашалау үшін, əділетті қайта орнату үшін ешбір əрекет жасалмай отырған жасағанның ісі. — Міне көрдің бе?— деп сөзін жалғады хакім.— Тіршілігіміздің сиқы — осы. Біздің əлем жəне онымен бірге біз де жұпынымыз, ал бəрін жаратушы Алла тағала қандай қатал. Міне, сенің ұнжырғаң түсіп кетті. Менің де күйім жоқ. Біздің екеуміздің де жүрегіміз қазір өмірде жоқ көздерге деген аянышқа толы, екеуміз де мына əлемдегі əділетсіздікті білеміз...

— Бұл сұмдық қой,— деп күрсінді мəжнүн, боп-боз жүзінен қолын алып. — Бір бұл ғана болса ғой...— деді хакім.— Төңірек тола əділетсіздік! Мұнда мені шақырған кім? Анау!— Хакім саусағын аспанға шошайтты. — Мені қуғындайтын кім? Анау! Қисапсыз жан азабын тарттырған кім? Анау! Сонда не үшін? Хакім бүкіл денесімен мəжнүнге бұрылды. Ал ол болса түймелі жыланды арбаған үндінің ұлы сиқыршысындай одан көз алмайды. Омар Хайям «неге?» деген сұраққа жас жігіттің өзі жауап берсе деп ойлады. Хакім шарап құйды жəне оны құрметпен қонағына ұсынды. Мəжнүн оны ықыластана қабылдады. Олай істемеске оның шарасы қалмады, хакімнің сөзі жүрегіне жетті, бірақ оның əңгімені неге қарай бұрып əкеле жатқанын ұғына алмады. — Неге екенін білмеймін,— деп мəжнүн ағынан жарылып еді: — Неге екенін мен де білмеймін,— деген жауапты естіп таң қалды. — Мұндай жағдайда ақиқаты қайсы, шындығы қайсы?—деп жас жігіт бастырмалатып сұрақ қойды. Омар Хайям жымиды, ерніне ыдысты апарып: — Ақиқат тереңде,— деді. Сөйдеді де шарапты жұтып салды. Ол Хұсейінге де шарапты алып қоюға кеңес қосты. Ахметке де Хакім əзілдеген тəрізді. Мəжнүн осылай

деп ойлады. Бірақ бəрі ол ойлағандай емес еді. — Міне, жағдай былай болып тұр,— деді Омар Хайям.— Біз екеуміз санаулы жылдар ғана өмір сүреміз. Эльпи де солай. Сонда қалай, осы азғана жылды бір-бірімізді уландыруға арнаймыз ба? А!.. Шынымен, құрметті Хұсейін, сенің мына өмірді əдемі өткізгің келмей ме? Біздің топыраққа айналатынымыз əркімге-ақ аян емес пе? Ең қорқыныштысы мынада, бұл сөзім үшін кешір мені, сүйікті Эльпидің көзі де бұдан қашып құтыла алмайды. Антұрған өлім аузын топыраққа толтырады. Əрі ешқандай аяушылық болмайды... Хакім өз сөздерінің мəжнүнге жеткен-жетпегенін байқағысы келіп дамыл жасады. Ал ол болса шарап толы ыдысқа қадалып қалған, үндемейді. Хакім жаққа қарамай тыңдап отыр. Оның ту сыртында ыдысы бос Ахмет қозғалыссыз тұр. — О, Алла!—деп Омар Хайям ақырын ғана тіл қатты.— Не болып барады өзі? Біздің ғұмырымыз аспанда айқын сызылған, ал біз шөлдің аш қорқау қасқырларындай шайнасамыз. Өзіміздің де, басқалардың да өміріне у шашамыз. Менен естігеннің бəрін Эльпидің өз аузынан естісең екен деп тілеп едім. Бұл сенің егіле бермеуің үшін керек. Оның да көңілі жай болсын деп едім. Хұсейін ащы күрсінді. — Сен жассың, сені əлі сүйетін болады. Сен нағыз мəжнүнсің жəне өмірде жолың болады.

Хұсейін шараптың бір тамшысын төгіп алмайын дегендей ақырын көтерілді. Ыдысты аяғына дейін сіміріп, оны бұрышқа лақтырып быт- шыт етіп сындырды. Орамалымен ернін сүртті. Шытынаған жанары отша жанып, ап-анық етіп: — Махаббатыңа да, ғылымыңа да лағынет жаусын!—деді. Сосын, үйден жүгіре шықты. Кəдімгі құтырған ит тəрізді. Жəне алыстан: — Біз əлі кездесеміз! Мен, мен...— деген сөздері талып жетті. Хакім иығын көтерді де, қолындағы нанды мыжғылаған күйі Ахметке бұрылды. — Мүмкін, менікі дұрыс болмаған шығар, Ахмет! Ə!.. Ахмет үндеген жоқ. 7. Мұнда хакім мен Эльпидің кеңесі туралы баяндалады Кеш тыныш əрі жылы екен: аспанда ай жарқырайды, балкон сыртында, ашық аспан аясында кипаристер қараяды. Шегірткелер шырылдап əндетеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл ғашықтар аңсайтын кеш еді. Осындай кештерде ғана тілмен жеткізе алмайтын нəрселерді ұқтыруға жəне жүректі лүпіл қақтыруға болады. Егер кенет мына үлкен ай ғайып болса қайтер еді? Егер кенеттен шегірткелер шырылдауын тоқтатса, ал кипаристер асқақ бастарын төмен исе ше?..

Эльпи онда не болатынын көз алдына елестете алмайды. Бірақ жанды нəрсенің бəрін жаратқан құдай ғашықтарға жайлы болу үшін тағы бір нəрсе ойлап таппайды дейсің бе? Хакім оны сөзбен шымшып өтті. Ол: — Махаббаттың өзі жеткілікті емес пе? Оны басқаша ерекше түрлендірудің қажеті не? Нағыз махаббаттың өзі күн секілді шұғыла шашып тұрады. Оның алдында ай нұрының өзі көмескі тартады,— деді. Эльпи өзінің үлкен бота көздерін хакімге қадады. Дегенмен мына кипрлік румийканың əдемілігінде сөз жоқ! — Не ойлап отырсың?—деп Эльпи еркелей үн қатты. — Дəл осы минутта ма? — Иə, дəл қазір! Ол екі ойлы, əлде турасын айтқан жөн бе? Оның нəзік саусақтары кеудесінде қимылсыз жатыр. Бірақ қолдың осы бір əсем қимылында тағдырға мойынұсынғандықтың көлеңкесі де жоқ. Сəл ғана дірілдеген саусақтардан нəзік бір ойнақылық аңғарылғандай. Сəлден кейін оның жанары Эльпидің қызыл-күлгін түске боялған тырнағына ауды. Бұл аяқтың ешбір мүкісі жоқ, тіпті өкшесінің өзі бегім əйелдікіндей теп-тегіс, қызғылтым. Оның көзін базарда-ақ қытықтаған осы аяқ емес пе еді. ...Бағдаттың күл сатушы көпесі де осы аяқты əбден

мақтап баққан. Ол Эльпиге шындықты жайып салды. Ол: — Мен сенің қолың мен аяғыңның ғажап үйлесімділігі туралы ойладым. Олардың əдемі болғанына не жетсін! Онсыз əйел заты көп нəрседен ұтылар еді. — Көз ше?—деп сұрады Эльпи. — Көз əркез тартымды. Ол нəзік те сергек сезім тазалығын көрсетеді. Əйел үшін, ең алдымен, қол мен аяқтың үйлесімділігі қажет. Эльпи əйелдер жөнінде бұлай айтқаны үшін торсаңдап қалды. Қолын кеудесінен алып, тізесіне қойды. Көзін төмен салды, қара кірпіктері қайқия қалды. Румийка өзінің қолы мен кірпігінің сырлы сиқырын жақсы білетін секілді. — Сен əйелдер жайлы əлдебір жансыз нəрсе хақында айтқандай сөйлейсің. — Жоқ, мен əйелдің бойындағы өзіме ұнайтын нəрселер туралы айтып тұрмын,— деді Омар Хайям.— Жəне олар сенде бар болған соң ғана сөз етіп едім. — Рас па?— деп Эльпи ойнақылана сұрады. Жəне бұлайша «рас па?» деген сөзді ойнақы етіп жеткізу кез келгеннің қолынан келе бермейтін. Бірақ хакім сыр бермеді, бұл Эльпидің ызасын келтіре бастады: мына

еркектің өзіне селқос қарайтынына күйінеді. Шарабын асықпай ұрттап, сақалын сипайды, ара-тұра Эльпиге көзін сығырайта қарап қояды... — Дегенмен айтшы, сенің əйелдерің қайда?—деді ол. — Менің əйелдерім жоқ. — Əйелің ше? — Əйелім де жоқ. — Сен мұсылмансың ба? Өзің Аллаға сенесің бе? Хакім мырс етті. Сосын, ойланып қалды. Мысқылдап езу тартады. Мұның оған қандай қажеті болды екен? Діннің бұл жерде не қатысы бар? Мына сұлу əйел... Азғантай ғана əйел ақылы сол сұрақтарға жауап іздейді. Ол: — Егер жартылай мұсылман болсам ше?— деді. Эльпи қатты таңданды: Ондайлар бола ма? Ол басын изеп, болады дегендей сыңай танытты. — Жартылай дегенің не? Сені жарты тұрғысынан қалай есептеуге болады? — Оны сондай білгің келе ме? — Əрине.— Эльпи қолымен тізесін құша берді. Оның жылан іспетті икемді саусақтары көз алдында тұр. Қарай береді, қарай береді. Қатты ұнайды-ақ... — Жартылай құдайдан безген деп есептей беруіңе болады,— деп, Омар

Хаям қалған шарабын тауысты. — Мырзам, не деп кеттің? Ол əр сөзін бөліп-бөліп: — Жартылай діннен безген... жартылай...— деп анықтай түсті. Эльпи мұны толық ұға алмады: ойыны ма, шыны ма? — Ал мен өз тəңіріме сенемін,— деді ол,— Ол əркез менің жанымда. Егер ол болмағанда ібіліс құрған талай тордан тірідей шыға алмас едім. Ол болмағанда сенің жаныңнан табылуым да екіталай еді. Омар Хайям қандай қызыл шираз шарабын құйды да: — Міне, өзің-ақ əңгімені мені көптен ойландырып жүрген нəрсеге əкеліп тіредің,— деді.— Əуелі, ішелік. Ол Эльпиден көзін алмай отырып, шарабын сораптады. Оған да бас шұлғып, мен секілді іш дейді. Екеуі де ыдыстағыларын тауысып қойды. Эльпи іштей: оның жартылай діннен безгені қандай жақсы болды, əйтпесе ол тек қана шербет ішер еді. Əсіресе сені Махаббат дейтін ханша торуылдап, еркіңді билеп алған сəтте тек қана шербет ішуден артық азап бар ма. Басқа уақытта шербет пе, шарап па бəрібір болар еді. Тіпті судың өзімен де шектелуге болады. Жоқ, оның «жартылай...» болғаны қандай жақсы. Дегенмен өзі жұмбақ жан: əйелдері, тіпті əйелі де жоқ, ішетіні шарап жəне өзін жартылай мұсылманмын дейді. Жəне мұны дəл Исфаханның өзінде айтады!—деп

ойлады. Хакім оның аппақ, нəзік қолын алып сипалады да, ақырын болғанымен анық етіп: — Эльпи... түсіндірші... Шыныңды айтшы... Ұғындыршы маған: сен неге мені қаладың?—деді:—Неге ана əдемі де жас Хұсейінмен кетпедің? Сен оны қаласаң да менің жіберетінімді білдің ғой. Бəрі сенің шешіміңде екені белгілі-тін. Түсінші мені: мен сенен екі мүшел үлкенмін!.. Хұсейіннен баймын, бірақ сен үшін оның пəлендей маңызы жоқ болар. Мен мынаны білгім келеді: Эльпи, менің жанымда қалуыңда не сыр бар? Маған жауап бере отырып, мынаны берік ұғын, мен сені ешқашан қорлап ұстамаймын, төленген ақша құнын да сұрамаймын, өзіңді сүйетін Хұсейінге кез келген сəтте кете аласың, өз бостандығың өзіңде. Эльпи: — Менің де саған айтар сөзім бар. Мен де көп нəрсені ұға бермеймін, — деді. — Мəселен нені?— деп ол таңданыс білдірді. — Сенің қазіргі жауабың көп нəрсені ұғындырар. Эльпи оған ынтызар көзбен қарады, əдетте мұндайдан кейін еркектердің еркі кетіп, естері шығатын. Шынайы мəжнүн оған əркез бағынышты: ол мұндай сəтте жылан арбаған қоян тəрізді. Шыны —

сол. — Мен саған ұнамаймын ба?— Эльпидің қос жанары — қос жебе, олар Омар Хайямға қадалған. Ол əлдене деп айтуға оқтала берді. Бірақ анау сөзін жалғады: — Саған ұнамайтыным айдан анық болды. Бірақ мен мынаны түсінбеймін. Егер сен мені ұнатпасаң неге сатып жібермейсің, не қызметші етпейсің? Екінің бірі: не мен əйелмін, не үй жинауға немесе тамақ əзірлеуге жарайтын қызметшімін. Мен мұнда бір күн емес, біраздан бері жүрмін, бірақ кім екенімді білмеймін. Оны білуге тиіспін! Ол осы тұрғыда желпіне біраз сөздер айтты, бір қызынды, бір суынды. Көрікті əйелге тəн назбен еліттіріп, жүректі лүпіл қаққызды. Мүмкін, Эльпи махаббат үшін жаралған болар, мүмкін, алмас зергерлер оны ыстық жүректі, нəзік сезімді, махаббатқа адал, махаббатқа іңкəр жан етіп қырлаған болар. Бұл жайдан-жай қойылған сұрақ емес. Шындыққа шындықпен жауап беру керек. Бұл өмірде махаббат қана жоғары бағалануға тиіс. Оны о дүниеге өзіңмен бірге əкете алмайсың. Махаббатты несиеге алуға болмайды. Егер бұл махаббат шынайы болса, уыстан шығарып алмау керек, əйтпесе кейін опық жейсің. Ол Эльпидің қолын əлі сипап отыр, ал сұлу қыз бір ауыз сөз естуге құмар. — Мен осыншама шыдамды еркекті көрген емеспін...

— Солай ма? — Немесе осыншама салқын... — Мүмкін... — Əлде сенің обсерваторияңда гаремің бар ма? — Менің ешқандай гаремім жоқ,— деді ол. — Ендеше, мен саған ұнамайды екенмін!—деп Эльпи дауыстап жіберді де, көз жасына ерік берді. Омар Хайям таңданып, əбігерге түсті. Əділін айталық, одан мұндай қылықты күтпеп еді. Иə, оның кеудесінде ынтызар жүрек бар екен. Мұндай сезімнің кəнизəкта болуы таңдандырады. Ол сол сəтте-ақ өзінің ойының терістігін түсінді. Бала кезінен-ақ Эльпи біреулердің ойыншығына айналған жоқ па? Мына қоғамның күштілері оны аяды ма? Өзіне тең адам санады ма? Кім оның көңіліне қарады? Адам деп сыйлаған жан бар ма? Ақыры, оны осындай болуға мəжбүр етті. Одан ерекше бір нəрсені талап етуге болмайды. Жəне талап етіп керегі не... — Жақсы...— деді ол. Эльпи кез жасын көлегейлеп сырт бұрылды. — Жақсы,— деді Хайям.— Сөзіме құлақ сал. Омар Хайям оның өксігі басылған соң, шарап ұсынды. — Жоқ, Эльпи, сен маған ұнайсың. Мүмкін, уақыт оза келе ақымақтық жасап, саған ғашық болып та қалармын. Міне, сондықтан да

сенің жаныңды жаралап ноқайлықпен алғым келмеді, əрі саған өзімнің иелік ету құқымды көрсетуді жөн көрмедім. Маған əйел бейнесіндегі тірі жан емес, шынайы əйел керек. Оның жан дүниесін түсінгім келеді, оны аймалай отырып, кəусарына қанғым келеді. Шынымды айтсам, мен адамның жан дүниесін бағалайтындардың қатарына қосылмаймын. Əр нəрсенің сыртқы қабығы болады. Шыдамдылық көрсете отырып, сенен мен жауап сезім күтуге еркім бар ғой деп ойладым. — Бар,— деді Эльпи сыбырлап. — Менің қызметшім болғандықтан да ғана сүйгеніңді қаламаймын. Эльпидің жүрегін мұздатқан мұз бірте-бірте еріп барады. Ол Эльпиді райдан қайтарып, бір нəрсеге иландырған секілді. Хакім Эльпиді құшағына тартып еді, ол қарсылық білдірмеді. Бейне бір өлшеп-пішілгендей жарасты денесі жақындай түсіп, көбелектей қона кетуге əзір. Оның тəні дем алысынан да жеңіл тəрізді. — Сен менің еркімді биледің,— деді ол күрсініп. Оның беті Хайямның бетіне тиді. Бұның жібектей жұмсақ сақалын сипалады.—

Осындай сақалы бар еркектердің мінезі де жұмсақ деседі. Жанарында бұған деген қылаусыз сенім. Бейне өзіне қамқор болуын өтінгендей жəудірейді. Ай биіктеп көтеріліп барады. Эльпи есік аузында тұр, табалдырықтан аттап мына бөлмеге кіруге, асты бөлісіп жеуге де жəне махаббат жалынымен шарпуға да əзір. Зайендеруд өзенінің сазына шыққан көгалдай аспан да көк түске боялып барады. Кипаристер одан сайын қарайып, қасқая түскен. Кешкі табиғаттан самал леп еседі жəне осы сəтте шырақтардың жанбағаны қандай жақсы— əйтпесе олар ғажайып сəтті, сағаттарға созылып кететін сəттерді сейілтер еді. Шегірткелердің шырылы жақыннан əрі анық естілді. Ол биікке көтерілген сайын барлық жанды нəрсені тыныштық пен бейқамдық сезімі билегендей. Аспан мен жер ынтызар қос жүректей бір мезгілде бір-біріне ұмтылады, одан əлем сұлулана, тартымдырақ бола түскендей. Омар Хайям Эльпи құшағында тұрса да, аспанды, аспан астындағы жерді қызықтай түседі. Енді бағанағы тамақ алдында қойылған сұраққа жауап іздеудің қажеті жоқ еді. Бірақ адамның аты — адам, ол əркез өз ойын қанағаттандыратын жауап күтеді. Бұл бір ауру іспетті. Ол: — Эльпи, Хұсейінді емес, мені таңдаған себебіңді айтамын деген жоқ

па едің?—деді тағы да. Эльпи күліп жіберді. Тістері маржандай жарқ ете түсті. Мойны аппақ қар секілді, көздері Зайендеруд суындай тап-таза. Эльпи бейне бір сынап секілді сусиды, ертегілерде айтылатын өлілерді тірілтетін тіршілік суындай. Оның бүкіл тұла бойы кішкентай көгалда тыңдалған тəтті əндей тартымды. Ондай əн дəрі секілді емдейді, ондай əн шөл мен өлім қаупін жеңеді. Қыз шираздың қызыл далабы жағылған ернін бұған тақады да: — Сен ақылды адамсың, сөйте тұра түкке тұрмайтын нəрсені сұрайсың. Менің сүйгенім өзіңсің, соны сезбейсің бе, мен сенің киіміңнің ар жағынан басқа əйелдер байқай бермейтін нəрселерді аңғарамын. Сенің жүрегің махаббатқа толы, ал басың — пайғамбардың басы!.. Сондықтан да мен басқаны қаламаймын, махаббатты жаспен өлшеуге болмайды ғой? Омар Хайям оның сөзін əбден орынды деп тапты. Ол махаббатты аңсаған Эльпидің ернінен сүйді, анардай қатты алмасын ұстады. Ол əсем айға бір қарады да, махаббат лəззəты мол жас əйелдің еркіне алаңсыз берілді... 8. Мұнда Омар Хайямның бас уəзірімен кеңесі жөнінде əңгімеленеді

Ұлы мəртебелі бас уəзір Низам əл-Мүліктің көңіл күйі өте жақсы еді. Қара сақалын асықпай салалайды. Жанары шуақты, мейірлі. Өзі қатқыл жастықтың үстінде отыр, алша гүлінің жапырағына ұқсас күлгін дастарқан уəзір мен Омар Хайямның ортасына тас еденге төселген. Бұл кезде күн де жылы, шырақтың да жарығының қажеті жоқ. Даналар сөзін қадірлей білетін Бұхара, Балқы мен Самарқант сынды қалалардан алысқа даңқы ұзаған Омар ибн Ибрахим есімді ғұламаны ұлы əміршінің сарайына шақырған жоғары мəртебелі уəзір болатын. Бүгін ол ғұламаны жанынан шығарғысы келмей отыр. Ғалым өте кіші пейіл: ол уəзір сөзін бар ынтасымен тыңдайды. Өзінің жанашыр қамқоршысына назар сала отырып, шегірткелердің шырылына да құлақ түреді, əрі кең дəлізге түскен ай жарығы мен көлеңкелердің ғажайып көрінісін де бақылайды. Сүттей жарық айлы аспан астында күллі əлем гүлінің жұпары аңқыған Исфахан қаласы жүзіп бара жатқандай сезіледі. Ай да бүгін ерекше көз тартады. Ол кіл жасыл жақұт арасында аппақ ақықтай жарқырайды — осы бір май түні қандай көркем десеңші! Бүкіл əлем Исфаханның сұлулығын қызықтасын дегендей Зодиак та ақырын жылжиды. Мəртебелі бас уəзірдің діні берік жəне пайғамбар жолынан əсте тайып көрген емес. Сондықтан да не чанганың, не барбаттың үні

естілмейді, кəнизактар да былқылдаған билерімен еркектер жанарын арбамайды. Газелдердің тəтті сөздері де естілмейді. Бəрі қарапайым. Қара нубилік еркектерге қызмет көрсетіп жүр. Ол көлеңке жақтан келуге тырысады, ай мен Мəлік-шахтың нұр сəулелі бас уəзірі арасында тұруға сескенеді. Нубилік ұзын, кипаристей солқылдап тұр, əрі нағыз үндеместің өзі... Ай сəулесі Хакімнің жүзіне түсті. Оның көздері кең ашылған, сақалы байлауыш сияқты бір самайынан екінші самайына жетіп жатыр. Нубилік шербет толы ыдыс, жұқа ернеулі екі пиала, кептірілген жүзім, қантқа бөктірілген миндаль əкелді. Мəртебелі уəзір ыдысқа қолын тигізіп, ыдыстың салқын лебін сезінді де іштей: «Бұл өте жақсы болды» деп ойлады. Сонан соң ол құлға қарады, бұдан бір нəрсе жетпейді дегенді ұғынуға болатын-ды. Нубилік оны түсінбеді. Нені ұмыттым дегендей дастарқанды шолып шықты, бірақ бəрі де əкелінген сияқты. — Тағы да?— деді уəзір. Нубилік уəзірдің ымын түсінбеді, орнында тапжылмай тұр. Жоғары мəртебелі уəзір жымиды да қойды. Омар ибн Ибрахим Хайям адамдардың кейбір əлсіздігіне кешіріммен қарайтын кең пейіл жанның күлкісімен жақсы таныс. — Омар,— деді ол жай ғана,— мына топасқа дастарқанға не

жетпейтінін айта қойшы... Омар Хайям дастарқанға көз салды: ол ай жарығымен өзгеріп, күлгін тартып барады, ал Зодиак болса Исфаханға өзінің барлық жұлдыздарының нұрын төгеді. Ғалым да дастарқан мəзіріне не жетпейтінін бажайлай алмады. Ет пе? Бірақ оған жеміс пен шербет əкел деп тапсырылды ғой! ЬІдыс па? Тарелка, пиала, құмыра да орнында... Көмекке уəзірдің өзі келді. Ол: — Мен анық ескерткен секілдімін, дастарқанға шарап жетпейді!— деді. Нубиліктің аузы ашылып аңтарылып тұр. Уəзірдің шарапты жек көретінін қызметшісі жақсы біледі. Енді неменеге керек бола қалды екен? Уəзір сөзін жалғай берді: — Əңгіме-дүкен шарап үстінде өрбиді. Солай емес пе? Нубилік мырзаның ашуынан қорқып, ал ғалым сыйлағандығынан үндемеді. — Мен жауабыңды күтулімін,— деді бас уəзір. — Дастарқан сəні — əңгімеде,— деді Омар Хайям. — Дұрыс айтасың,— деп қостай жөнелді мəртебелі тақсыр.— Əңгіме-сұқбат — ақыл-ой таразысы. Дегенмен?

Ол осы сəт көлеңкеде тұрған жəне сол көленкеге сіңіп кеткендей үнсіз тұрған нубилікке көз салды. Ол өзінің көлеңкесімен бірігіп кеткендей екен. Жансыз бейне. Құлға лайықтысы сол-дағы. Шербет ней мендальдан артық не бар?—деді Омар Хайям, уəзірдің көңілінен шықпақ болып. Басқа біреуге арналғандай болған бұл сұраққа уəзірдің өзі жауап берді: — Тəуірі — шарап. Солай дейді ғой. Ол нубилікке ишарат білдірді. Көп ұзамай тақта үстіне бір құмыра қызыл, бір құмыра ақ шарап қойылды. — Ақындар шарапты сүйеді,— деді уəзір. — Солай ма?—Омар таңдана сұрады. — Əлде олай емес пе? Омар иығын қомдап қойды. Ол өлең шығаратындарды аз білетінін айтты. Иə, ақындар шарапты жек көрмейді деседі, өйткені ол жүрек қылын қозғап, қиял сезімін оятатын болса керек... Ғалым уəзірдің сол көзін қыса қалғанын анық көрді, сонан соң сирек мұрт астындағы жуан ернін жымқыра қойды. — Сені ақындарды сырттай біледі деп айтудың өзі ұят қой?— деді ол жымия. Мəртебелі тақсыр шарап пен өмір туралы, шарап буынан туған

бақыт пен оның елесі туралы əлдебір рубаиды оқыды. — Сенікі ме?— деп ол хакімге сұрақ қойды. — Мүмкін,— деп жауап берді Омар. Уəзір не дерін білмей қалды. — «Мүмкін» дегенің не? Сен бұған күмəн келтіресің бе? Əлде өзіңнің рубаиларыңды білмейсің бе? — Мен ақын емеспін,— деп салмақты жауап берді ғалым.— Менің мамандығым — математика мен астрономия. Жəне философия. — Ал өлеңдер ше?— деді уəзір. — Бос уақыттағы ермек,— деді ғалым. Уəзір таңданып қолын жайды. Шарап қуюды бұйырды, оны нубилік лезде орындады. — Менің арманым өлең емес,— деді Омар қатқыл үнмен. — Сонда не?—уəзір шербетке ернін тигізді де, пиаланы орнына қойды.— Не, Омар? Хакім шарапты ішті де, пиаланы жоғары ұстаған күйі ағынан жарылып: — Менің ойымды əрі барлық болмысымды обсерватория туралы ойлар билеген. Тек қана — сол!—деді. Ғалым айға қарады. Ол мына суық тас еденге төселген дастарқандай аппақ, бұлт арасымен жүзіп барады.

Адамның ақыл-ойы қыр-сырына жете бермейтін Зодиак та шоқ жұлдыздарымен бұлт арасында сырғиды. Сол сəт уəзір тағы бір рубаиды жатқа оқыды. Төрт жолы бірдей ұйқас төрттағанда əйел, оның махаббаты мен тəн сұлулығы жырланған. Уəзір тағы да көзін сығырайтып қонағының əлдебір қылмысынан хабардар жандай күлімдеп қояды. — Бұл кімнің сөзі болды екен?—деді уəзір. — Мүмкін менікі болар,— деп Омар екі ұшты жауап берді.— Дегенмен бұл жерге мен өлең жазу үшін емес, астрономиямен айналысу үшін келдім.— Бұл сөздерден кейін оның тілі шешілді.— Біздің заманда бар нəрсені математика мен философия билеп тұр. Тек солар ғана адамзаттың ақылы мен еркін биікке көтереді. Уəзір қызу пікірталасын тудыратын сөзді іркіп қалды. Бірақ шербеттен ауыз тиді де: — Ал поэзия ше?—деп ескерту жасады. — Поэзияның өз орны бар. Атақты Фирдоуси мұны бүкіл ғұмыр бойы дəлелдеп өтті. Дегенмен менің ұстазым Ибн Сина сезімнен гөрі ақылдың толысуына ықпал ететін философия мен медицинаға ден қойды. Ибн Сина өле-өлгенше маған үлгі болып қала береді. Осы сəт терраса төбесіндегі алебастрдан жасалған тор көздерден түскен ай жарығы жылжып келіп хакімнің бетіне түсті: оның жүзі

албырап кетіпті, тұла бойындағы жалын көзіне тұнғандай. Уəзір Хайям деген есім алған Омар ибн Ибрахимді астанаға — Исфаханға шақырғаны жөн болғанын ұқты. Егер жас жігіттің қолынан бір нəрсе келетін болса, ол өз ойын осында, Исфаханда жүзеге асырады. Осындай уақытта обсерватория салуға кім қаражат береді, тіпті Хайямның кіндік кескен Нишапурын былай қойғанда, мұндай ғимарат Бұхара мен Самарқандта да əлі жоқ. — Омар, рубаи жазасың ба, жоқ па, ол жағын білмеймін,— деді уəзір. — Жəне білгім де келмейді. Сен жассың, ал мен болсам кəрілікке тұсалып тұрмын, бойымдағы жұлдыздай жарық нəрселердің көмескіленіп бара жатқанын сеземін... Өкінішті, өкінішті-ақ, бірақ солай, көмескіленіп барады... Уəзір нубилікке сірке су жəне қуырылған балапанның төсін əкелуді бұйырды. Əрине, суылтылғанын. Мейлі, дастарқан үстінде қып-қызыл боп қуырылған тестер жата берсін, мүмкін, тəбет оянар... Құл айтқанын екі етпеді... Хакім қуырылған төстің бірін қолына алды. Ол жеп отыр, тамаққа зауқы болмаса да, əйтеуір, ойсыз қаужаңдайды. — О тақсыр, мұнда астрономия мен математика, сондай-ақ философияны дамытуға өз үлесімді қосуға келіп едім,—деді Омар.— Мен қолымды биікке өзіңнің қамқорлығыңмен ғана созып отырмын, ол

жігеріме жігер қосуда. Сондықтан да ұлы əміршіні поэзия үшін бір динар да жұмсамайтыныма сендір, мен бір-ақ нəрсеге қызмет етемін: ғылымға, тек қана ғылымға! — Мұның мақтауға тұрарлық,— деді уəзір езу тартып. Сонан соң шербет құйылған пиаланы алып, жүректегі жалынын басты.— Бірақ кімнің жүрегінде поэзияның биік мұраты болса, ол—ауру. Тіпті нақтырақ айтсақ, ол — жанкешті жан. Бұл пікірге Омар қызу қарсылық білдірді. Мүмкін, мұны ол ұлы əміршінің құлағына поэзия құдіретті күш, ол ғылыммен пара-пар, кейде одан да асып түседі деген пікірлері шалынбаса екен деген тілектен айтқан болар. Өйткені ұлы мəртебелі Мəлік-шах бəйіттер мен қасыдаларға деген сүйіспеншілігіне қарамастан, өзінің жеке обсерваториясы болғанын, сарайда жеке меншік ғалымдары болғанын қалайды. Əрі істі ойдағыдай жүргізу үшін астрономияның сəулетті, барлық тұрғыдан жаңа тұрпатты обсерваторияда зерттелуін қалайды. Міне, динарлар мен дирхемдерді сол үшін жұмсайды. Омар ақырын сөйлесе де, сөздері уəзір құлағына жетіп отыр. Ал ол

болса хакім сөзін жайбарақат тыңдайды. — Мəртебелім, математиканың да, мəселен, алгебра мен алмукабаланың да өзіндік поэзиясы бар. Таза геометрия да сондай. Архимед, Евклид осындай математикалық поэзияның əдемі үлгілерін қалдырды. Уəзір сірке су қосылған миндальдың дəмін татты. Ол алдында отырған өзінен отыз жас кіші қонағына қызыға көз салады... Ақылға бай, күш-қуаты да мол, ғылымға сенімі берік... Осындай іске басын тіккендер ғана күрес даласында, ғылым жəне поэзия саласында ғажайып ерлік жасамай ма? Ол мына Хайям есімін алған Омарды Самарқандта кездескенінде-ақ ұнатып еді. Ұлы мəртебелі Мəлік- шахтың сарайына əкелген де өзі. Осында, Исфаханда, бас уəзір өзінің таңдап алған адамы жөнінде қателеспегенін ұқты. Омар сөзін жалғай түсті: — Менің осы постулатты шешкім келеді. Оны дəлелдеуге болады жəне дəлелдеуді қажет деп білемін. — Рас па?— деп уəзір таңданып қалды. — Иə, иə!—деді, уəзірдің өз сөзіне көңіл аударғанына қуанған Омар Хайям.— Мен мұның бəрі туралы анда Нишапурда жүргенде-ақ ойлап едім. Онан соң Бұхарада. Онан соң Самарқандта. Мен ұлы ғалымдармен əңгімелестім... Математиктер мен философтардың трактаттарын

оқыдым... Түсіме ылғи параллель сызықтар енді. Мен қазір оларды шешудің оншалықты оңай емес екенін түсінемін жəне параллель сызықтар мəселесін шешу — жай бір есепті шешкенмен пара-пар еместігін де ұғамын. — Жарайсың,— деді уəзір.— Сенің ойыңды осындай нəрселер бөлетіндігі жақсы екен. Бірақ мен сенің дым ас алмай, əрі шарап ішпей отырғаныңа назаланамын. Қонақтың дəм алмауы кімді болса да қынжылтпай қоймайды. Мейлі, ол сұлтан болсын, тұрандық хаған, ғалым немесе бір үзім наны бар дəруіш болсын, бəрібір. Мынаны білгенің жөн: осы шарап тек қана сен үшін əкелінді. Бұл — менің өз əдетімді бұзуым... Уəзір пиаланы қолына алып, айдың толық жүзі шыны үстіне түсетіндей етіп көтере ұстады. Осы сəт толған ай кесе ішінен шыға келгендей əсер қалдырады. Мəртебелі тақсыр пиаладан көз алмай: — Ұлы тақсыр нені тілейді? Ол сенен жəне сенің көмекшілеріңнен нені күтеді? Аспан кеңістігіндегі жарықтардың орналасуын тауып- анықтауды ма? Əрине, солай. Бируни ғалым айтқан Жердің айналу заңдылығын анықтауды да? Əрине, солай. Жұлдыздарға қарап ауа райын болжауды ма? Дəл солай. Дəлдігі жоғары астрологиялық гороскоптауды ма? Əрине. Басты нəрсе осы... Бұған сен не дейсің? Сарайдың жұлдызшысы өзінің тікелей міндеттерінен алшақтап кеткен

жоқ па? Мен мұндай ескертпені ұлы мəртебелінің аузынан естімегеніңді тілер едім,— деді. Осы сөздерді айтып болған соң бас уəзір пиаланы түбіне дейін көтерді, орамалмен ернін, сақалы мен мұртын сүртті. Хакімде үн жоқ. Малдас құрып отырған күйі тізесіне қолын тіреді. Жауап қайтаруға асығар емес. Бас уəзір айтқан сөздерді егжей- тегжейлі сараламақ сияқты. Ай бірте-бірте оңға қарай жүзіп барады. Ол алебастрлы терезенің тор көздерінің тасасынан бірде көрініп, бірде көрінбей кетеді, көрінген кезде бəдəуидің шөлде жанған жүз алауындай жарық болып кетеді. Омар ибн Ибрахим жоғары мəртебелі уəзірге жауап беру үшін ұзақ ойланды. Ол қасында жас достары — математиктер мен астрономдар Əбуррахман Хазини, Əбу-л-Аббас Лоукари, Əбухатам Музафари Исфизари, Меймуни Васети отырғандай сезінді. Жас шағындағы, Нишапурдегі жəне қазіргі егде тартқандағы қарсыласы — Газали де мəртебелінің жанында отырғандай боп елестеді. Қазір бас уəзір еститін жауапты естісе, олар не дер еді? — Егер бір араб ертегісіндегі бақытты Алладиндай болсам,— деді ақырын Омар,— жəне обсерваторияға жетерлік динар таба алатын болсам, мен былай деп жауап берер едім: мен астрологиядан гөрі маңыздырақ мəселемен айналысар едім...

— Немен, Омар? — Шынайы ғылыммен. Хайямның жүзіне айдың сəулесі түсті, сондықтан бас уəзір ғалымның сөзін ғана естіген жоқ, оның жанарының жарқылын да анық көрді. Ал көздер, даналардың айтуынша, адам жанының айнасы. Бас уəзір нығарлап: — Ұлы мəртебелінің бас астрологынан мен мұндай сөздерді естімеген болайын,— деді. 9. Мұнда Балқыдан келген жас ақын жайлы жəне оның Омар Хайямнан не естігендігі туралы əңгімеленеді Хакім обсерватория ішіндегі бөлмесінде ас ішетін. Сондықтан да Əли есімді ақылды қызметкері хакімнің мазасын алмауды қадағалайтын. Бірақ Балқы қаласынан келген ақынмын деген жас жігіт тезірек кездестір деп дес берер емес. Ол өзінің осы кездесу үшін жүздеген фарсанг жол жүріп келгенін жəне ұлы ақынды көрмесе, тұрған орнынан тапжылмайтынын ескертті. Арада түсініспеушілік болмасын деп, Əли əңгіменің қандай ұлы ақын туралы екенін алдын ала анықтап алмақ болды. Өйткені обсерваторияда, өзінін білуінше, ұлы ғұламалар бар, ал ұлы ақын бар дегенді естуі — осы. Мұны Əли əдейі Балқыдан келген жас жігітті

алдарқату үшін айтты ма, əлде шын сөзі ме, ол жағы белгісіз. Əйтеуір, ол обсерватория ғылыми орта, мұнда ақылды ойлар пісіп жетілуге тиіс деп ойлайды. Жас жігіт айтқанынан қайтпайтын жан екен. Жел қаққан жүзі оның көп уақыт бойы шыжыған күн астында жүргенін аңғартады. Жəне алыстағы Балқыдан келдім, керуенге ілесіп дүниенің жақсы-жаманын көрдім деуі шындыққа саяды. Аузыма құм толды, көзімді шаң торлады дегені де рас секілді. Күннің көзін шаң басып, күндіздің өзі түндегідей қараңғылыққа оранды. Суырған құм бетті, қолды, əйтеуір, керуен жолындағы жанды нəрсенің бəрін ұрғылады. Мұндай сəттерде тəжірибелі жол бастаушылардың түйелері құмға шөгіп, адамдар олардың ығын паналайды. Ондай кезде түйе мен адам біртұтас жанды денеге айналады. Осы ғана адам өмірін құтқарып қалады дегені де ақиқат сияқты. Жас жігіт тістелген, тесілген, күйген секілді ізге толы қолдарын көрсетті. Мұның бəрі əдейі істелген жоқ, ыстық ауа, ыстық құмдар мен тастардың қалдырған белгісі. Ал боран басылғанда бейне бір таң атып келе жатқандай көрініс пайда болады: қара мұнар жайлап жерге шөгеді, бірте-бірте мұнар арасынан күн көзі сығалай бастайды. Жəне лезде қайтадан жер бетін күйдіре жөнеледі, сол сəтте жерді ысыған табаға ұқсатуға болады.

— Өмірдің жəне өлімнің не екендігін білу үшін бəрін өз басыңнан кешіру керек,— деді жас жігіт.— Мен бірінші рет осындай алыс сапарға шықтым. Оның өзінде əкеме ілестім. «Қауіпті жолда не бар саған? Қалада тұра тұр, күш-қуатың толысып, өз-өзіңе келгенше шыда» дегеніне көнбедім. Иə, мен көнбедім. Мен ұлы ақынды көруге, оның өлеңін тыңдауға асықтым. Əли: — Жол азабын сол үшін шеккенің бе?—деп сұрады. — Иə,— деп, жас жігіт мақтана тіл қатты. — Екі-үш өлеңді есту үшін бе? — Жоқ. Құзырына құлдық ұратын Омар Хайяммен сөйлесу үшін келдім. Əли оның сөзін түзеткен болды. — Мұнда құзырына құлдық қылатын адам жоқ. Бізде ұлы мəртебеліден де биік хакім жұмыс істейді. Сен мені ұқтың ба? — Мейлі, сенің айтқаның-ақ болсын. Бірақ мен оны көруім керек! Мына Балқыдан келген жас жігіт шектен тыс қайсар жан екен. Оның күн мен желден қызарған көзінде лапылдаған от бар. Əли өзінің мынадан құтылмасын ұқты. Мынау есіктен қусаң, — терезеден кіретіннің нақ өзі. Алыс жолдан келгенімен жас жігіт таза киінген, былайша айтқанда, қонымды киінген. Шапаны ауқатты адам екендігін

аңғартады, ал кебісі күміспен əдіптелген. — Сенің əкең керуен басы ма еді?—деп, Əли оған сенімсіздікпен қарады. — Жиырма түйесі бар жол бастаушы,— деп, жас жігіт мақтанышпен жауап берді.— Менің əкем соншалықты кедей, соншалықты бай да емес. Барын балаларына береді. — Қаншау едіңдер? — Төртеуміз,— деген жауап естілді.— Жəне төртеуі де ұл. Əли неге екені белгісіз, қуанып кетті. — Сендерді Алла жебесін! Егер балаларының бəрі сен секілді қайсар болса əкең бақытты екен! Ол есік алдында тоса тұр деді де, өзі хакімге беттеді. Омар Хайям кілемде жалғыз отыр. Алдында қуырылған құрма: ойланған сəтте оларды кемірген жақсы. Кеміріп отырып ойлана беруге, ойлана отырып кеміре беруге болады. — О, аса құрметті хакім,— деп, Əли хакім бөлмесіне кіре қолын қусырып, ізет білдірді. Хакім басын бұрып қарағанымен, ойы алыста еді. Мұны жақсы білетін Əли тағы да Омар Хайямның назарын аударуға тырысты. — Тыңдап тұрмын, тыңдап тұрмын,— деп Хайям тіл қатты. Əли бұл сөздерді өзіне емес, басқа біреуге айтылған шығар деп

ойлады. Ол: — Сені Балқыдан келген бір ақын көргісі келеді...— деді. — Не? Əли сөзін қайталады. — Ақын?—деп сенбегендей хакім қайта сұрады. — Иə, ақын. — Əли, ендеше, оны керуен сарайына жібер. Ол, сірə, обсерватория мен кірешілер тоқтайтын үйді ауыстырып алған ғой. Ол бір уыс құрма алды. — Жоқ,— деді Əли. Хакім оған таңдана қарады. — Не дейсің? Əлде мен сөзімді анықтап айтпадым ба? — О аса қадірлі хакім, жер жанатының дəм-тұзын тата бер... — Мен түсініксіз сөзді ұнатпаймын,— деді хакім. — Нені? — Түсініксіз сөзді ұнатпаймын деймін! Адам секілді ұғынысайық. Сен мүфти емессің ғой! Əли əңгімені тездетті: — Жас жігіт Балқыдан келіпті. — Дүниеде босып жүргендер аз ба?—деді хакім. — Ол бір ғана мақсатпен келіпті...

— Қандай? — Бір ғана мақсаты бар. О хакім, сені көргісі келеді! — Не үшін! — Айтқан жоқпын ба, оны ақын деп. — Бұдан гөрі ақылы кем жұлдыз санаушы əкелгенің жөн еді. Бізге ақынның не керегі бар? Əсіресе маған? Əли өз айтқанынан қайтпады. Балқылық ақынның қайсарлығы оған ауысқандай. Əли: — Ол күн шыжғырған жермен жүріпті, аузына құм толыпты, көзін шаң басыпты. Керуен басшыларының бірі ақынның əкесі екен. Ол баласы үшін еш нəрседен аянбапты. Саған келгенде ұялмасын деп баласын басы-аяғына дейін киіндіріпті... — Менің көзім бəріне үйренген, Əли. — Ол сасыған су ішіп, шіріген тамақ жепті. Даланың қорқау қасқырларына жем бола жаздапты... — Мұның асыра айтқандық болар, Əли... — Ол саған жетуге асығып, талай өлімнен аман қалыпты. — Əлде керуеншілерде ажал жоқ па? Өлең үшін қауіпке бас тігу ақымақтық, өлеңсіз өмір сүруге болады. — Дегенмен, хакім, сен онсыз өмір сүре алмайсың ғой. — Өлеңсіз бе?

— Иə!— деп Əли нық жауап қайтарды. Омар Хайям сұқ саусағымен құрмаларды араластырды. Осылай үн- түнсіз ұзақ отырды. — Мүмкін, жас жігіт аспан жұлдыздары туралы білгісі келетін болар?— деді ол сəлден соң. — Жоқ. Ол тек қана — ақын. Хакім əлі де ойдан арыла алмай отыр. — Мүмкін, оған обсерваторияны көрсету керек шығар? — Жоқ, оның тек қана өлең туралы əңгімелескісі келеді. — Қандай əпенде!— деді хакім.— Шақыр оны. «Ұзақ жолда өлең үшін осыншама қорлық көріпті,— деп ойлады хакім.— Егер адамзаттың жартысы бірдей ақын болғысы келсе, онда нағыз ақыр заман болар еді». Ол алыстан келген қонақтың алдынан шықты. Жас жігіт хакімге тұра ұмтылып, оның қолынан өбті. Омар Хайям отыруға ишарат етті. Əли бір құмыра шербет жəне бір құмыра шарап əкелді. — Мен бұл құрметке татымаймын!—деп, жас жігіт орнынан тұруға ұмтылды.— Ұлы ақынның оң жағына қалай отырмақпын? — Отыр, отыр,— деді хакім ақынды тоқтатып,— Кəне, жағдайды анықталық, егер арамызда ұлы ақын болса, онда сенің-ақ айтқаның


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook