да болады), немесе өткен күн оқиғаларын еске түсіреді. Кейде алда болатын оқиғаны меңзеуі мүмкін. Адамдар неғұрлым білімді болса, солғұрлым қызықты түстер көреді деп тұжырымдапты ұлы ұстаз. Бажайлап қарасаң, түстердің ешбір көріпкелдігі жоқ, ол қарапайым ғана құбылыс деген екен ұстаз тағы бірде. Бірақ қандай дана адам түстің сырын аша алады? Мəселен, Омар Хайямның түсіне неге кезінде өзіне қамқорлық көрсетіп, алгебрамен айналысуына көмек жасаған ұлы би, имам Əбу Тахир кірмеді? Неге бүгін түсіне Бухараның билеушісі əмір хаған Шамса əл-Мүлік кірмеді? Ол да бұл үшін аз жақсылық жасаған жоқ. Омар Хайямның ғалым ретіндегі даңқы да осы Бұхарадан шықты. Жоқ, Омар Хайямның түсіне Самарқандағы билердің биі Əбу Тахир де, бұхаралық əмір де енген жоқ. Оның түсіне тұран қызы енді... Омар Хайям түс көрген уақытын да анық біледі: таңғы талмау шақ. Тауда тұратын үнді ғалымдары жүйке мен мидың күші дейтін күш хакімді Самарқанда өткізген тəтті күндерге жетектей жөнелді. Сол жылдардағы бұхараның билеушісі мен ақылы дария самарқандық кадидің көмескі бейнелері шымылдық сыртынан көлбеңдеп өте шыққан тəрізді болды. Олар хакімнің санасына із тастамады. Сол бір жүйке мен ми күші Омар Хайямды төсектен көтеріп алып, су бетімен жүйткіте жөнелгендей еді. Бірақ бұл жүзуден гөрі қалықтап
ұшуға жақын-ды. Оның көмейіне тəтті бір нəрсе кептеліп қалғандай: бұл не? Аузынан шығып кете жаздаған жаны ма, əлде өкпені кернеген саф таза ауа ма? Осы бір қалықтау бірнеше минутқа ғана созылды. Ақыры, сол бір жүйке мен ми күші жайлап əкеліп ақық түсті шөпке топ еткізді. Бірақ бұл кəдімгі жасыл шөп емес, ақық шөп секілді. Əрбір қылтанақ шөп осы бір бағалы тастан жаралғандай. Өзі сынбайды-ау. Кəдімгі шөп секілді майысып, иіледі. Осы бір рақат сезімге батқан хакімнің бақыты еселене түскендей болды. Ол жанында жатқан баяғы тұран қызын көрді. Ол ет пен сүйектен емес, оттан жаралған əйел секілді. Иə, от секілді қарып түседі. Əрі өз махаббатымен сені ыстыққа суарылған темірдей шыңдай біледі. Кімде-кім оның махаббатын сезінетін болса, өле-өлгенше соның құлы болып қала бермек. — О мырзам!—деп, Шырын есімді тұрандық сұлу əндете сөйледі! Хайям сол сəт дүниедегі Алла жаратқан əйелдердің ең сұлуы тұран əйелінің тізесінен өпті. Сол кезде ол бар болғаны жиырма үште еді. Өзі епті, жайран секілді көрікті, өтімді еді. Сол арқылы тұран даласының талай қызының жүрегіне жол тапты. Ақыры, осы бір сұлулықты сыйлағаны үшін Аллаға рақметін жаудырып, жас сұлудың төсіне бас қойды. Ол сүт емес, шарапқа ұқсас
бір нəрлі сөл жұтып жатқандай сезінді. Рақат сезіміне бөленген Шырын Омар Хайямның мойнына ақ білегін артыпты. Бірақ бұлар қолдан гөрі солқылдаған жүзім сабағына ұқсар еді. Жəне Шырын оның жанарының ар жағынан бірдеңе көріп отырғандай тесіле қарайды... Хайям ессіз еліткен. Қыздан: «Қайдан келдің, сүйкімді Шырын?» деп сұрағысы келеді. Бірақ сұрай алмайды, тек еріндері ғана жыбырлайды. Ол: «Қаншама жыл өтті, сен баяғы бір гүлсің. Мұның сыры неде?» дегісі келеді. Бірақ айта алмайды: тілі икемге келер емес... Міне, Шырын тілегі де орындалды. Хакім оянып кетті. Оның көзі бірден жасыл кипаристерге түсті. Сондай-ақ көгілдір аспанды, жақын маңдағы таулардың жақпар тастарын, сол шыңдарға түскен күн нұрын көрді... Бұл бір ғажайып түс-тін. Оның мəнін ұғу үшін аспан жұлдыздарының осы түнгі орналасу тəртібін анықтау керек. Аспан жұлдыздарының бұған қатысы жоқ екенін білсе де, хакім мұны сол сəтте-ақ жүзеге асырмақ болды. Дегенмен адам болған соң кейде біліп тұрғаныңа қарамастан, керісінше қимылдайтын əлсіз минуттар болады ғой... 27. Мұнда Омар Хайямның есінен мəңгі кетпейтін қасіретті кеш туралы əңгімеленеді
Хакім үйінен шығып, өзенге қарай беттеген кезде ай тас төбеде тұр еді. Осы жасқа келгенше ол ай жарығына ренжіп көрген емес. Əттең, айдың дəл бүгін жарық болғанын қарашы! Əрине, махаббат айсыз бола ма? Бірақ ол мерзімінен бұрын емес, дəл қажет уақытында шығуы керек. Хакім ширақ басып, нық адымдап келеді. Орта бойлы, сындарлы, сымбатты, қайратты жігіт ағасы. Өзі жұрт көзіне түспеуге тырысып, таса жерді қуалай жүреді. Эльпи оны əрең жіберген. Хакім: — Менің обсерваторияда түнегенім жалғыз бұл емес қой,— деп сылтау айтқан болатын. — Əлденеге жүрегімнің қобалжып тұрғаны...— деді Эльпи. Ол екі ойлы күйде тұр. Енді бір қас-қағым сəт болса, оның кетпеуі де мүмкін еді, бірақ Эльпи оны бір сүйді де, кері ысырылды. — Бар,— деді ол ақырын ғана.— Мен сені түні бойы күтемін. Омар шығып кетті. Өзен беті ай сəулесімен шағылысып күмістей жылтылдайды, ол бейне бір ерімей қалған көк бояу секілді көрінеді. Омар Хайям жағалауды бойлап жүріп келеді. Түнгі мезгілде əсте бұл жерде жан баласы болмайды. Белгісіз бір күш хакімді алға жетелейді жəне ол осы сəт түрік қызы Айшадан басқа ешкімді де ойламайды. Хакім жиырма жасында қалай толқыса, қазір де солай толқып қобалжиды. Мүмкін, одан да қаттырақ толқитын шығар. Ол үйде күтіп отырған Эльпиді де
ойлады, бірақ бұрынғыдай қынжылмайды, тіпті аса қысылмайды да. Биік саз дуалдар ішінен иттер үріп жатыр. Кейбіреулері тек қана ырылдайды. Мүмкін, түсінде ырылдап жатқан болар. Хакім ай нұрына бөленген өзеннің ағысына қарсы адымдай түсті. Міне, лашық та көрінді. Бұл — кедейлік пен жоқшылықтың ордасы. Бірақ осы көзге қораш үйдің ішінде ақық тас бар деп кім ойлаған. Хакім тұт ағаштың діңіне жабысып тұра қалды. Нағыз мəжнүн секілді есіріктеніп барады, бірақ сақтықты да ұмытпайды. Ол іштей: «Мына құлайын деп тұрған лашықтың бұрышында есік бар. Оның ар жағында тағы бір есік болуға тиіс. Қателесуге болмайды. Айшаға сол екінші есік апарады. Бірақ ол шешем көршінікіне қонады деп ескерткен жоқ па? Неге? Келісіп алғаны ма? Шешесі мұның арты неге апарып соғатынын біле тұрып, лағыл тасын тасаламағаны ма? Əлде барлық түрік қыздары осындай жеңілтек пе? Мүмкін, жоқшылық осыған мəжбүр еткен шығар?.. Қазір ол туралы ойлаудың қажеті шамалы... Омар Хайям есімді адамның қашанғы жолы бола берер дейсің!.. Мына көгершін үнді көгілдір өзен де қашанғы күмбірлеп аға берсін. Хайям, шынымен, жүз жасағың келе ме? Мына қабырғаның ар жағында Айшаның өзі тұрғанда ойлануға бола ма?..» деп толқып тұр. Хакім алға бір адым аттады, тағы да аттады, тағы... Бұл —
сілеусіннің аяқ басысы. Бұл — нағыз мəжнүннің жүрісі. Ара-тұра ай бетін кіреуке шалып қараңғылана қалады да, іле-шала қайта жарқырап шыға келеді. Маңайдың бəрі жап-жарық болып ай нұрына малынады. Үстіне тоқыма шапан киіп, басына ақ жібек сəлде салған хакімнің жүзі де ай сəулесінен ақшыл тартып, құйма ескерткіш тəрізді көрінеді. Аспаннан төгілген ай нұры хакімнің зығырданын қайнатты. Ол қазір қараңғылықты тілейді... Есік алдында сəл бөгелді. Тың тыңдап жан-жағына құлақ түрді. Мына үйдің ішінде жаңа ғана ентіге жүгіріп келген бір адам тұрғандай сезілді. Шынымен-ақ ана жұқа ағаш кедергінің ар жағында басқа біреудің жүрегі дəл өзінікіндей дүрсілдеп соғып тұрғандай көрінеді. Омар Хайям есіктің ағаш тұтқасын өзіне қарай тартып қалды. Есік ашылып кетті. Ешбір сықыр естілмеді. Есікті қос саусақ сиятындай етіп қана ашқан-тұғын. Осы сызаттың ар жағынан мускус пен жасмин иісі келеді. Ол сол хош иіспен кең тыныстап еді, аздап басы айналғандай болды. Дəл осылай көптен бері толқымап еді. Əйелдер оны батыр, тіпті менменшіл етіп жіберіп еді. Оған бəрі əдемісің, сымбаттысын дейтін. Жəне өз сөздерін бұның дегеніне көніп дəлелдейтін. Бірақ бүгін ол қорқатын сияқты. Дəл қазір қызбен тұңғыш рет кездескелі тұрған бозбаладай қобалжулы.
Ол тағы да тың тыңдады: айнала тып-тыныш, иттер де алыста үреді, өзен де қалыпты ағады, ал қала терең əрі бейбіт ұйқы құшағында. Есікті қаттырақ тартып қалды да, ай жарығы қараңғы бөлмеге түсті. Дəл табалдырық үстінде ақ жібек мата жамылған сұлу мүсінді Айша тұр екен. Бұл ақ жібекті де, бағдат əтірі мен Хорасан матасын, Нишапур ақығы мен Хорезм жібектерін де сыйлаған хакімнің өзі еді. Айшаны қор қызы десе де болғандай, көруге көз керек, сұлуға қызықпау қиын еді. Хакім бөлмеге кірді де, Айшаның алдына тізерлей құлады. Сосын, Айшаның белінен құшақтап, ішінен сүйе бастады. Айша бейне бір өзін емес, басқа біреуді құшып, басқа біреуді сүйіп жатқан секілді селт етпей тұр. Ал Омар Хайямның сүйген жері оттай қарып, ыстығы жібек матаның ар жағына өтіп жатыр. Омар Хайямның қолы ақырын-ақырын төмен жылжып барады. Міне, қолы тізеден төмен түсті, балтырына жетті. Дəл қазір Айша қашып кететіндей қатты ұстап алыпты. Енді қыздың аяғын алма-кезек сүйе бастады. Аяғының əр башпайын бірнеше қайталап бір-бірлеп сүйді. Екеуі осылай, Айшадан басқа байлығы жоқ көзге қораш, сұрықсыз лашық үйде кездесіп еді. Сəлден кейін есін жиған Омар есікті жапты, ал Айша шақырылмаған бейсауат қонақтар кірмеуі үшін есіктің ағаш күршегін салып қойды.
Бөлме бұрышында əлсіз шырағдан жанып тұр. Оны да хакім сыйлаған болатын. Айдың сүттей арығынан соң көз қараңғылыққа үйреніп, хакім бөлмедегі заттарды ажырата бастады. Оның көзі, ең əуелі төсекке түсті. Бұны патша төсегі десе де болғандай. Кен, жайлы, көпсіген үлкен жастықтардан жасмин иісі аңқиды. Төсеніштердің ақтығы шырағданның əлсіз жарығымен-ақ байқалады. Иə, ол аппақ қардай, қар болғанда Дамавенд тауының ұшар басындағы қардай таза екен. Омар Хайям шағын, дөңгелек столды көрді: оған шарап пен тұрандықтар жейтін жеміс қойылыпты. Сондай-ақ стол жанында екі көпшік жатыр. Хакім: — Айша, мен өте бақыттымын,— деді. — Мырзам,— деді батылданған Айша.— Шарап ішіп, жеміс жеп əлденіп ал. Сөйдеді де өзі күліп жіберді. Жəне күлкісі хакімге күміс пен қола қосылып құйылған қоңыраудай сүйкімді естілді. Ол мəжнүнді стол басына шақырды. Көпшікке жайғасып отырған соң Айша: — Мен ептеп қорқамын,— деді. — Мен де,— деді хакім күбір ете түсіп. Кенет алаңдап: — Бұл жерге ешкім келіп қалмай ма?—деді.
— Кім келуші еді?—деп жауап берді Айша.— Өзің мен анамнан басқа адамның бұл табалдырықтан aттayғa қалай дəті барады? Ал шешем болса қонаққа кеткен. — Шешең бəрін біле ме, Айша?—деді Омар Хайям. Бұл сұрақты неге қойғанын хакімнің өзі де түсінбеді. — Шешем маған: нағыз еркек секемшіл келеді деген.— Ол тағы да исфахан қоңырауындай сыңғырлап күлді де: — Мен неге болса да бел байладым, еш нəрседен қорықпаймын,— деді. Хакім тағы да: — Мен өте бақыттымын,— деді. Ал іштей: «Бұл сөздерді кім үйретті екен?» деп ойлады. Айша шарап құйды. Екеуі асықпай шараптың дəмі мен хош иісін сезіне, бір-біріне телміре, үнсіз ұғыса қарап отырып алып қойды. Ол: «О, Алла, сенің осы жақсылығыңды немен қайтарар екенмін. Менің барлық күнəларым мен күнəкар істерімді, дінге қарсы ойларым мен өлеңдерімді біле тұрып, мұсылманның мұсылманына ғана лайық сый тартып отырсың» деп ойлады. Сол сəт өзі ойына өзі қарсы шықты. Егер жоқшылық болмаса, сұлу Айшаның еңбекқор анасы Тұран даласынан осында келер ме еді. Ендеше, бұл сый — жоқшылықтың жемісі.
Хакім ойға берілді. Көңілін түйткіл еткен сұраққа жауап іздейді. Жəне əдеттегідей бұл жолы да əйел көмектесті. Айша: — Сен аспан кеңістігі мен жұлдыздарыңды ойлап отырсың ба?— деді. — Неге олай дедің?—деп таңдана сұрады хакім. — Сен басқа не ойлаушы едің? Менімше, сенің жүрегіңді солар ғана жаулап алған. — Өз сөзіне сенімдісің бе?— деді ол, сыртқы киімін шешіп жатып. Онысын бұрышқа, тақыр жерге тастады. Шалмасын да бір жаққа лақтырды. — Сен де шешін,— деді хакім Айшаға. Айша: — Сабыр ет,— деді. Хакім үшін Айшаның əр сөзі заң. Ол қыздың білегінен ұстай алды. — Маған ұғындыршы, Айша? Ашуланбай түсіндірші. Мен неге дəл қазір, осы түнде, осында сенің жаныңда өзімді ерекше бақытты сезінемін? Мүмкін, сенің бір сиқырың бар шығар? — Мүмкін,— деді Айша. — Жоқ!— деді хакім.— Егер сен арбай алсаң: тек қана көзіңмен, тəніңмен арбайсың. Тек қана аяктарыңмен, кербез қозғалысыңмен, сымбатыңмен, сөзіңмен, ақық тістеріңмен, қан қызыл ерніңмен ғана
арбайсың. Бұл сөздерді мен Исфахан ақындарының өлеңдерінен алып отырмын, ал олар бұдан да əдемі сөздер табар еді. Ол менің қолымнан келмейді... Мен ертең не боларын білмеймін,— деп сөзін жалғады хакім,— бірақ бүгін өте бақыттымын. — Бізге бұл аздық ете ме?—деді Айша. — О, Айша!—деп тебіренді Омар Хайям.— Сен менен гөрі ақылдырақсың. Мен сенің жаныңда қайдағы бір маубаспын! Құйшы, ішейікші, Айша. Мейлі, жер теңселсін, мейлі аспан жұлдыздары билесін, мен соны тілеймін! Айша анасының ескертпесін есте ұстап, əдепті, елгезек отыр. Шешесі ескертпеген күнде де ол осы көрікті еркекті өкпелетпес еді. Айша: — Бұл түн біздікі жəне оны қалай өткізем десең де еріктісін,—деді. — О, тəңірім!—деп, Омар Хайям жас Айшаның ақылына тебіреніп кетті.— Не сен мен ойлағандай данасың, не тəжірибелі, мекер əйелсің. Хакімнің бұл сөзіне қыз былайша жауап берді: — Көп кешікпей бəріне көзің жетер. Ол сəтті жақындату да, алыстату да өз қолыңда. Омар Хайям оның аса тəрбиелілігі мен ізеттілігіне тағы тəнті қалды. Ыдысын көтеріп: — Мен бүгін өте бақыттымын, осы түнде қандай болсаң, ғұмыр
бойы сондай болып қала бер, сүйікті Айша,— деп тебіренді. Хакім осылай деп Айшадан көз алмаған күйі сылқылдатып шарабын жұтты. Қыз үстіндегі жібек киімді жұлып тастауға батпады. Ол қыш құмыраны қолына алып, біраз қызықтап отырды. — Айша, бір кезде бұл да мəжнүн болған. Мен оның көзін көріп тұрмын. Жəне сүйетінін айтып сыбырлаған ернін де елестетемін. Мүмкін, бүл сұлу қыз болған болар? Ол да біреуді сүйген шығар. Оны да сүйді-ау біреу. Əрине, шебер оны мына құмыраға айналдырғанша,— деді. Айшаның көздері шарасынан шығып кетті, ол бір нəрседен қорғанған адамдай қолын кеудесіне басып, бүрісіп қалды. — О! Неткен қорқынышты сөздер!—деді ол үрейленіп. Хакім құмыраны жерге тарс еткізіп қойды. Тіпті сындырып ала жаздады. Кенет жер теңселіп кетті. Əлдеқайдан ащы айқай естілді. Бар пəлеге осы бір бақытсыз құмыра кінəлы секілді. Хакім де, Айша да үнсіз қалды. Шу үдей түсті. Өзі өзеннің ар жағынан шығып жатыр. Бейне бір қараңғы түнде күн күркіреген іспетті. — Бұл не?— деді Айша үркектеп. Омар Хайям тың тыңдады. Жоқ, есік сыртында, далада бір нəрсе болып жатыр. Бірақ не? Шу біресе ұлғайып, біресе басылады. Бұл күркіреген күн емес. Жер
де сілкінген жоқ. Бұл — одан қорқынышты бір нəрсе. Бұл сансыз адамның күңіренген дауыстары. Жəне осылай тек жаны қиналған адам ғана айқайлайды. Бірақ түнгі аспан астында не болып жатқаны екеуіне беймəлім еді. — Мен қорқып тұрмын,— деді Айша. Ол: «Мүмкін, тоғанды су бұзып кеткен болар, соның асау толқыны шығар келіп қалған?..» деп ойлады. — Шынымен-ақ, топан суының қаптағаны ма?— деді Айша дірілдеп. Хакім: — Мен қазір бəрін біліп келейін,— деді. Омар Хайям есікті ашты. Көгілдір жарық көз ұялтады. Хакім жан- жағына көзін сығырайта қарады. Жұлдыздар да орнында. Аспан тып- тыныш, ол Зайендеруд өзені жағасындағы көгалдай жасыл-көк түске малынып тұр. Ал жерде не болып жатыр? Омар Хайям киініп сыртқа шықты. Алыста, өзеннің арғы бетінде өрт жалыны лапылдайды. Алау біртіндеп биікке өрлеп барады. Жəне сол жақтан жағаға соққан теңіз толқынындай шу естіледі. Хакім өрттің сұлтан сарайы жақта болып жатқанын аңғарды. Бағдарлап қарап еді, жанып жатқан сұлтан сарайы емес, оның ар жағындағы үй екенін байқады. Кенет хакімді үрейлі ой селт еткізді: жанып жатқан бас уəзір
Низам əл-Мүліктің үйі емес пе? Дабырлаған дауыстар да сол жақтан шықпай ма? Кеше азан-қазан: ұйқылы-ояу жұрт сыртқа жүгіріп шығып, бір нəрсе деп айғайлайды, біреулерді шақырады, біреулерге жауап береді... — Əне, тағы жанды!—деді жуан дауысты біреу. Хакім тағы да от жалынын көрді. Бірақ бұл өзеннің ар жағындағыға қарағанда шағындау еді. Омар Хайям бұл өрттің қайдан шыққанын білгісі келіп, өзенге қарай тұра жүгірді. Кенет ол басын ұстай алды: мына жанып жатқан обсерватория емес пе? Тездету керек! Қалаға жетіп, не болып жатқанын білу керек. Мына өрт неден шықты, адамдар неге күңіренеді?!. — Айша,— деді ол лашыққа оралып.— Исфаханда тосын бір нəрсе болып жатыр. Менің кетуім керек. — Мен де бірге барамын,— деп Айша кесіп айтты. — Жоқ!— Хакім оны құшақтай алды.— Менімше, сенің осында қалғаның абзал. Жеті түнде қайда барасың? Ал мен мəн-жайды білемін де, қайтып ораламын. Бұған Айша қарсы сөз айта алмады. — Мен сенің бақытыңа сенемін,— деп ыдыс толы шарапты ұсынды. — Мен де сенемін, Айша.
Омар Хайям шарапты тауыса ішті. Айшаны құшты. Бірақ көз алдында өрт тұр, құлағында түсініксіз айғай-шу... Кенет біреу есікті қақты, іле: — Мырзам! Мырзам!—деген дауыс естілді. Бұл есікші Ахметтің даусы еді. Хакімді бүгінгі түні қайдан іздеу керектігін сол ғана білетін. Омар Хайям сыртқа шығып, есікті жапты. — О мырзам!—деп Ахмет жылап жібере жаздап тұр.— Бақытсыздық, үлкен бақытсыздыққа душар болдық! Кенет хакімнің тұла бойы мұздап кетті. Ол: «Адам өмірі қыл үстінде тұр, өлім қылышы аяусыз орады. Қыл темірге қарсы тұра ала ма?» деп ойлап үлгерді. Хакім кеудесіне қолдарын айқастырды. Сосын, жұлдызды аспанға көз тігіп, жайбарақат: — Мен сені тыңдап тұрмын, Ахмет. Бəрін рет-ретімен баянда... Тыңдап тұрмын...— деді. Ахмет тағы гөй-гөйге басты. — Үлкен бақытсыздық, мырзам! — Ахмет!—хакімнің даусы сұсты əрі қатқыл шықты.— Мен бəрін білуге тиіспін. Асықпай сөйле. Рет-ретімен айт. Ахмет тыныс алды. Бірақ бəрібір рет-ретімен айтуға қанша күш салса да, ойындағысын түгел жеткізе алмады.
Хакім оның сөзін бір рет те бөлген жоқ. Іс мəнісі былай болып еді: (өздерінің досы əрі ұстазын қорғауға асығып жеткен Васети мен Исфизаридің сөздерінен) асассиндер бас уəзірдің үйіне тап береді. Бəрі белгісіз бір дəруіштің бас уəзірге пышақ салып өлтіргенінен басталады. Сөйтіп, ұлы мəртебелі Низам əл-Мүлік мерт болды. Сонан соң Хасан Саббах деген біреу бастаған асассиндер уəзірдің сарайын өртеп, ұлы тақсырдың сарайын қоршап алды. Есуас Хұсейін өзінің есерсоқ достарымен бірге үйге басып кіріп... Осыған келгенде Ахмет жылап жіберді. — Одан соң қанға боялған Эльпиді көрдім. Ақыры, ол Эльпиді өлтіріп тынды, сонан соң сені іздеді, мырзам... Таба алмаған соң обсерваторияны өртеді. Ызасын өртпен басты... Ахмет еңіреп жіберуге шақ тұр. Хакім үнсіз қалды. Тіпті ол тыныс алмайтын секілді. Жүзі жансызданып, сұп-сұр болып кетті. Ал қос жанары қос алау тəрізді. Ол осылай ұзақ тұрды. Одан көз алмай қараған Ахмет хакімнің маңдайында осыдан бір минут бұрын болмаған əжім пайда болғанын байқады. Бірте-бірте Омар Хайямның алға тігілген жанары өзгеріп, қажыған, қасіретті жанның жанарына айналды. — Не істеу керек! Не істеу керек, мырзам?—деп сұрай береді Ахмет.
Омар Хайям үнсіз... Эпилог орнына. Омар Хайям еліне барған бір сапар жайында Аяғымыздың астында сия түсті жер. Үстімізде сия түсті аспан. Иллюминатордан көрінген жарық бір сөніп, бір жанады. Біздің самолет оңтүстіктің қараңғы аспанында ақырындап төмендей бастады. Кенет төменнен ақ, қызыл, жасыл от моншақтары жамырай көрінді. Минут өткен сайын олар айқындалып, жақыннан жымыңдай бастады. Сия түсті аспан астындағы бұл от өзені — кешкі Тегеранның жарықтары еді. Бірнеше минуттан кейін самолет Мехрабад аэропортының бетон жолымен зымырап келе жатты. Иə! Мен ұлы ақындар жеріндемін, олардың арасында Омар Хайямның есімі ерекше бөлектенеді. Мені осында жетелеп əкелген де — сол. Бұл — Омар Хайямның жері, соның халқы. Біздің заманымыз бен ол тіршілік еткен кездің арасында жүздеген жылдар жатыр. Бірақ Омар Хайям ұмыт болды ма? Оны кім білмейді? Оның уытты, жалынды рубаиына ерімейтін жүрек бар ма? Омар Хайямды бүкіл əлем біледі. Бұл адам тіршілігін математика мен астрономияға бағыштады, өзін Əбу-əли Ибн Синаның шəкіртімін деп есептеді жəне поэзиямен қол бос кезде ғана айналысты. Бірақ оның есімін өлмес даңққа бөлеген поэзиясы болды. Фирдоусиден кейін өзін ақынмын деп атауға
жүрексінген адам үшін бұл нағыз ақындық бақыт қой! Омар Хайям — жасынан тынығу дегенді білмеген жан, оны əркез математика мəселелері толғандырды. Дегенмен ол поэтикалық ізденістері кезінде демалды десек қателеспеспіз. Бірақ бұның да еңбек етудің бір түрі екенін есте ұстағанымыз жөн... Мехрабад аэропорты осы кешкі мезгілде едəуір тыныш екен. Дегенмен үш миллион халқы бар қаланың жақын екендігін еріксіз сезінгендей боласын... Тегеран алдағы күндерде шексіз-шетсіз байтақ шаһарға айналу мұратына көшкен секілді. Оны құм арасындағы үлкен оазис деп те атауға болады. Биіктен Иранның таулары сұрғылт түсті боп көрінеді. Мұндағы өсетін əрбір шөпті баптап, суармаса болмайды. Əрбір тал, əр ағаш жас балаша аялы күтімді тілейді. Тек қана Тегеран емес, Мешхед те, Исфахан да, Шираз да оазис іспетті. Олар сап-сары шөлдегі көк дақтар секілді. Жиырмасыншы ғасырдың жетістігі — автомобильдің қарғыстан басқа алары жоқ. Олар əсіресе Тегеранда көп. Темір толқын қаланың жанды қан тамырларымен толассыз, тоқтаусыз ағылады. Тіпті адамға аяқ басып жүру қиын. Иранның өзі машинаның бес түрін шығарады. «Арии» мен «Пейкандар» əр-əр жерден-ақ көзге шалынып қалады.
Жəне бұл жерде жылдамдыққа да еш шек қойылмаған... Осы темір толқын ағынында ептілік пен сақтық керек, əрдайым қапы қалмай қимылдап қалмаса болмайды. Абырой болғанда, Иран жүргізушілерінің бəрі дерлік осы қасиетке ие. Бұл өнер цирк өнерпаздарының дəрежесіне дейін көтерілуді тілейді. Олар толассыз ағын арасына батыл кіріп кетеді де, Тахте-Дшамшид мен Надери, Тахте- Таву көшелерімен ерсілі-қарсылы зымырап жүреді... Мен оларға қараймын да, таңдай қағамын... Керуен қоныраулары баяғыда-ақ ұмытылған. Иран аспанында самолеттер толассыз ұшады, тас жол бойымен автомашиналар зымырайды, бірақ тіршілік ауыр да қатал. Сол Хайям өмір сүрген жылдардағыдай... Уақыт бəрін өшірмек болады. Оған адамзат мəдениеті мен мұраты қарсы тұрады. Дегенмен Омар Хайям өмірінің көп жайттары анық емес. Ол Нишапурда туып, Нишапурда жерленді. Мен оның ғажайып құлпытасын көрдім, басымды идім. Жан-жағы тамаша бақ, алуан түрлі гүлдер. Мемориал қорықшысы маған сол гүлдердің ұрығын сыйлады, мен оны Абхазия жеріне ектім, сөйтіп, осы ғажап гүл кілемі абхаздықтардың көз қуанышына айналды. Мен өзіммен бірге Омар Хайям жатқан жердің бір уыс топырағын ала кеттім. Бірнеше жыл өткен соң басына теңдесі жоқ құлпытас қою үшін Хайямның денесі осында, Тегеранға əкелінді. Осы жерде мен Əбілфəзіл
есімді бағбанмен кездестім. Ол маған: — Мен оның қабірін аршығанын көрдім. Одан қалғаны — сұр қаңқа ғана екен. Əлгіге қол тиіп еді, лезде күлге айналды. Енді оның денесі тас астында,— деді. Он үшінші ғасырда Нишапур көшпенділер ордасының шабуылына ұшырады. Қала күл-талқан болып қиратылды. Бүкіл халқы бас-басына бауыздалды! Тіпті мысықтар мен иттер-дағы бұл қырғыннан құтылмапты. Содан Нишапур көп қиындық көріп, əрең дегенде есін жиды. Ал одан елу шақырым жердегі кішкентай Нокан деген қалашық өсе келе, Хорасанның астанасы — Мешхедке айналды. Күндіз Мешхед күйіп тұрады. Түс ауа қала тыншу болады. Сондықтан да бос уақытты салқын кинотеатрда өткізген абзал. Нишапурда, Хайям мемориалына кіре беріс жерде келгендерді іші кинотеатрдан да салқын ресторан қарсылайды. Бұл жерде уақыт пен поэзия, өмір мен өлім туралы асықпай ойлануға болады. «Несиеге сенбеппін. Қолма-қол, қазір алғым келеді!» деген Омар Хайям сөзіне еріксіз қосылуға тура келеді. Жас шағында Омар Хайям Бұхара мен Самарқанда тұрды. Жиырма жетісінде алыстағы Исфахандағылардың көзіне шалынды. Мəлік- шахтың бас уəзірі Низам əл-Мүлік жас ғалымды Исфаханға шақырды. Осы жерде Омар Хайям қырық жылдан астам ғұмырын өткізді. Осы
жерде ол: «Қараңғылық пердесінің ар жағында не бар деп, Ойлағанмен болмас мəлім...» дей келіп, терең философиялық мəні бар түйін жасайды: «Сол перде ашылғанда біз көреміз, Күмəнды ойымыздың бос болғанын». Машинамен Тегеран көшесінде келе жатып қалай бұрылуға болады? Мүмкін, қарсы келе жатқан машиналар тасқынын тосу керек шығар. Бірақ онда тектен-текке кешке дейін күтуге тура келер еді. Дегенмен мен бұрылар сəттегі негізгі маневрді байқап қалдым: оң жақ жоныңды беруің керек. Басқаша сөзбен айтқанда, қауіптен қорықпай топқа батыл ену қажет. Ең дұрысы — бүкіл корпусыңмен бұрылу. Балалардың жүгіріп келіп өзенге қойып кететіні секілді. Бұл сəтте қорықпас үшін көзді тарс жұмып алуға да болады. Сөйтіп, жүргізушілердің шапшаңдығына сеніп отыра берген жөн. Бар болғаны — сол! Сөйтіп, сіз ғажайып бұрылыс жасайсыз. Тіпті онда тұрған ерекше ештеңе жоқ секілді... Ал қай жерден бұрылу керек? Кез-келген жерден, қалаған жеріңнен бұрыла бер! Бұл өте ыңғайлы. Ал тəуекел дегеннің жел қайық екені белгілі... Мəлік-шах Омар Хайям үшін обсерватория салып беруді тапсырды. Оның жобасын ғалымның өзі жасап, құрылысқа басшылық жасады. Ол селджүк империясының астанасы — Исфаханда салынды. Қазір ол
обсерваторияның ізі де жоқ. Хайям дəуірінен қалған жалғыз ескерткіш — Джама мешіті, оның мұнарасы жер бетінен отыз бес метр биіктікте. Мен көне құрылыстың архитектурасын жəне қабырғасының қалану тəртібін қызықтау үшін ол жерге барып та қайттым. Исфаханды қоршаған тау мен Зайендеруд өзені сол Хайям заманындағы күйінен өзгермеген. Ал Исфахан болса өсіп, кеңейіп келеді. Халқының саны жарты миллионнан асты. Əрине, Хайям дəуірінде қала едəуір кіші болған. Зергерлік өнердің тамыры көне заманда жатқанында шəк жоқ. Түрлі ыдыстар, құмыралар, үлкен вазалар мен түрлі-түсті балауыздар, күміс бұйымдар көркемдігімен, нəзік өрнегімен таң қалдырады, шеберлердің тамаша талғамына тəнті қаласың. Омар Хайям мен оның ізбасарлары өздеріне қажетті құралдар: астролябия, квадранттарды жасады жəне олар обсерваторияның жоғарғы қабатына қойылды, азимутальдық бөліктерге бөлінген мыс құралдардың да шын шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Біздіңше, олардың бəрі де қарапайым. Алидадаларда окуляр жоқ, сондықтан қате кетуі сөзсіз-тін. Бірақ Омар Хайямның даңқын шығарған сол дəл есептеулер қалай жасалған? Бұған Ташкент обсерваториясының директоры профессор Владимир Шеглов өте қызықты жауап береді. Ол маған: — Омар Хайям өзінің алдындағылар, яғни Архимед пен Птоломей
секілді көптеген тексерулер жасады. Мəселен, мың рет тексеріп, мың рет есептеу жүргізді! Бұл есептеу қате кетуді мың рет азайтты. Міне, көрдіңіз бе, оның сыры өте қарапайым,— деді. Исфахан үстінде Омар Хайям көз тіккен сол баяғы жұлдыздар жымыңдайды. Олар аспан кеңістігінде сол байырғы ретпен қозғалады. Зодиак та сол орнында. Бұл күнде «қараңғылық пердесінің ар жағындағы» нəрселердің біразының сыры ашылды. Бірақ бір перденің ар жағынан екінші перде шығады. Осылай шексіз жалғаса береді. Оны Омар Хайям жақсы білді... Көшедегі тротуарлар бойы адамға толы. Машиналардың темір легі толассыз: аяғыңды қайда басарға білмейсің. Кенет бір велосипед мінген жас жігітті көріп қалдым. Төбесіне дөңгелек поднос қойып алыпты. Подноста алты адамға арналған тарелка мен шұңғыл ыдысқа құйылған тамақ бар. Қолында да сондай поднос, бірақ онда ыдыс-аяқ жоқ. Омар Хайямның жас ұрпағы көп ойланып жатпайды: оның қимылы шапшаң, əрдайым асығып жүреді, оны жер, əлем жаратылысы толғандырмайды. Жас жігіт педальды баса түсті. Оның велосипеді екі машина арасындағы алақандай ашық жерге енді.
Осы аралықтан Алла рақымымен ол екінші бір жердей шықты. Міне, енді велосипедшіні ағыл-тегіл темір тасқын ішінен көремін. Оның подносы да алыстап барады. Велосипедті қолымен ұстамай жүргізіп келеді. Арамыз жүз метрдей. Не болар екен?.. Мен подностан көз алмаймын: машина толқыны арасында жалт- жұлт етіп əлі кетіп барады. Тым сенімді жылжиды. Омар Хайямға Исфаханда ғылыммен шұғылдану үшін тамаша жағдай жасалды (поэзия — іс арасында). Бас уəзір Низам əл-Мүліктің қамқорлығы мол болды. Омардың сенімді серіктері де баршылық-тын, көпшілігі өзі қатарлас ғалымдар еді. Барлығы жиырма жеті жас шамасында ғылым жолына түсті. Əлем жаратылысының сырын ашу жолында бір қолдан жең шығарып еңбек етті. Исфахан ұйқыға шомған кезде жас ғалымдар аспан əлеміне көз тікті, жанарларын түпсіз тұңғиыққа қадады. Құс жолы оларға тек қана ғажайып белбеу болып көрінген жоқ. Олар жердің жұмыр екенін білді. Күн де шар іспетті. Айдың да формасы сондай. Олардың алдында бүкіл ғұмырын еңбек жазуға арнаған, ұлы жазбалар қалдырған Ибн Сина, Бируни жəне Фирдоуси секілді ұлы ғұламалар тұрды. Бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Сондықтан да Омар Хайям мен оның достары түн баласы көз ілмейтін. Ғалым əрі ақын Хайямды параллель сызықтар толғандырды. Ол
параллель сызықтар кезінде Евклид геометриясына негіз болған-ды. «Егер бір түзу екі түзуді қиып өтіп, олармен қосындысы — екі тік бұрыштан кем болатын тұстас ішкі бұрыштар жасайтын болса, онда ол екі түзу созған кезде міндетті түрде өзара қиылысады». Ал бұрыштар екі түзуге тең болса ше? Онда сызықтар параллельді. Жəне олар ешқашан кездеспейді. Тіпті шексіздіктің өзінде де ме? Ал шексіздік деген не? Əлде гректер шексіздік дегенді, шынымен, қабылдады ма? Өлшеуге келмейтін шексіздікті... Омар Хайям өз достарымен бұл мəселені көп талқылайды. Сосын, оны шешуге тырысады. Ал ғалымдар мұны оған дейін мың жыл бұрын шешпек болған еді. Одан кейінгілер де шешпек болған-тын. Лобачевский мен Риман ғылымға келгенше... Өзі анығын білмесе де, Омар Хайям сол екі ғалым зерттейтін жəне зерттеген мəселені шешуге жақын келді. Үшбұрыштардың барлық бұрыштары не үшкір, не мұқыл болуы мүмкін дегенде, ол параллель сызықтар құпиясын шешуге жақындап еді... Тегеран жұлдыздары да Нишапур мен Исфахан, Шираз бен Хамадандағы секілді. Иран үстінде бір ғана аспан. Ол адамды əуезді əңгімеге, ойлануға итермелейді. Сонау Ибн Сина заманынан солай болған жəне солай бола бермек. Ана қараңғылықтың шіріген пердесінің ар жағында не бар?..
«Кейхан» газетінің тілшісі Тегеранның болашағына бəле-бəтерді үйіп- төгеді. Ол өзін «əуесқой-футурологпын» дейді. Дегенмен оның болжамдары нақты фактілерге негізделген жəне тежеусіз дамып келе жатқан Тегеранның тіршілігінен туындайды. Журналист: «Егер алдағы уақытта да қала осылай тоқтаусыз өсе беретін болса, өсуі дұрыс жоспарланбаса, қала мүддесі жеке адамдардың мүддесіне бағынатын болса, онда «опат жақын» деп жазды. Мақала авторының ойынша: енді жиырма жылдан кейін Тегеранда жиырма миллион адам тұратын болады (қазіргі үш миллионның орнына). Тегеранның шекарасы шет жақтарын қосқанда Хамадан қаласына (Тегеранның батысында, үш жүз километр жерде) шығып кетеді. Автомашиналар саны бес миллионға жетеді. Жүргізушілерге жиырма бір жасқа дейін машина жүргізбеуге шек қойылады! Ауа шектен тыс былғанады, су азаяды, сондықтан пайдалануға шек қойылады, жүйкенің жұқаруынан өзіне-өзі қол салу көбейеді. Тағысын тағылар... Көз қуантатын сурет емес, бірақ шындыққа саяды. Тегеран көшелерін аралап жүрген кезімде, машиналардың үздіксіз, тоқтаусыз қозғалысын көрген сəтте, дана Омар Хайямның тамаша сөздері еске түседі: «Тіршілігіңде қуана бер, Хайям!» Егер бірнеше жүздеген жылдар бұрын бұл сөздер жүрекке жұбаныш болса, енді олар, менімше, Хайям стилінде түзету енгізуді қажет етеді ғой деп
ойлаймын. Болашағымыз «Кейхан» газетінің бетінде суреттелгендей сүреңсіз болмауы үшін, заманымыздың кейбір құбылыстарын қайтадан саралап салмақтау керек-ау деймін. Нишапур біздің Ашхабадтан жəне ауғандық Гераттан қашық емес. Мешхедтен бұл жаққа жаңа тас жол тартылған. Жол бойы сізге таулардың үшкір басты шыңдары ілесіп отырады. Мұндағы ауа райы қалыпсыз: жазы өте ыстық, ал қыста аяз отыз градусқа дейін жетеді. Омар Хайям өмірінің соңғы жылдарын Нишапурда өткізді. Кітап оқыды, тіршілік болмысын ойлады. Ғылыми жұмыстардан қол үзген сəт еді. Мүмкін, мұнда жаңа рубаилар жазылған болар. Ол əпкесі мен оның күйеуі Мұхаммет əл-Бағдадимен бірге тұрды. Низами Арузи Самарқанди мынадай əңгіме қалдырыпты: «...Балхы қаласында, құл сатушылар көшесінде, Абу Сада деген əмірдің үйінде Омар Хайям қалы мен қажы Музаффари Исфизари бас қосты. Мен солармен бірге болдым. Сұқбат, көңіл көтеру сəтінде мен худжат əл-хак Омардың «Менің мүрдем жыл сайын екі рет гүлдеп, екі рет жапырақ шашатын ағаштардың саясында болады» дегенін естідім. Бұл сөздер маған тосын боп көрінді, бірақ оның бос сөз сөйлемейтінін білетін едім. Мен Нишапурға келгенде ұлы ғұламаның жер қойнына еніп, жүзі топырақпен жабылғанына біраз жыл болып қалған-ды. Оған шəкірт
ретінде қарыздар едім. Жұма күні Хайямның бейітіне бару үшін жергілікті тұрғынды жолсерік етіп алдым. Жол бастаушы мені Кашленің сол жағындағы Хайра бейітіне алып келді. Хайямның бейіті бақ дуалының түбінде екен. Абрикос жəне алмұрт ағаштарының бұтақтары дуал үстінен созылып, Хайям бейіті үстінде тербеледі. Гүл жапырақтары төгіліп, бейіттің бетін бүркеп тастапты, тіпті топырағы көрінбейді. Балхыда Омардан естіген сөзім есіме түсіп, жылап жібердім, өйткені мен оған тең келетін адамды еш жерден, бүкіл əлемнен көре алмаған едім...» Мынау əл-Байхакидің сыры: «Оның жездесі имам Мұхаммет əл-Бағдади былай деп еді: «Бірде ол алтын тіс шұқығышымен тісін тазалап, Ибн Синаның «Айығу Кітабын» оқып отырды. Жалқылық пен жалпылық жайлы тарауына келгенде кенет тіс шұқығышын қос парақ арасына салып, маған: «Мен өсиет қалдырамын, дəреті түзу адамдарды шақыр»,— деді. Сонан соң орнынан тұрып, намаз оқыды жəне содан кейін тамақ та жеген жоқ, су да ішкен жоқ. Кешкі намазды оқып болғаннан кейін жерге маңдайын тигізіп: «О, Аллам, сен менің шамам келгенше дүниені тануға тырысқанымды жақсы білесің. Менің сені тануым — саған салған жолым. Кеш мені»,— деді. Артынша көз жұмды». Бұл оның өмірінің сексен үшінші жылында болып еді.
XV ғасырдағы жазушы Яр-Ахмет Табризи өзінің «Қуаныш үйі» деген шығармасында Хайям туралы: «Оның ешқашан семья құруға ебі жоқ еді, сондықтан артында ұрпағы қалмады. Одан қалған бар мұра — оның төрттағандары мен көпке жақсы танымал араб жəне парсы тілдеріндегі философиялық шығармалары» -деп жазады. Турасын айталық: аз мұра емес! Омар Хайямның творчествосын зерттеуші белгілі ғалымымыз Магомед-Нури Османов пен ақын Ахмет Табатабай маған Хайям рубаиларын парсы тілінде оқыды. Жəне бір рет қана емес, бірнеше рет оқыған-ды. Сонан соң біз рубаиларының қайсысы ақынның жас шағында, қайсысы егде тартқан шағында жазылғаны туралы əңгімеледік. Бірақ Омар Хайям рубаиларының бəрі бірдей тамаша, қартайып, жүзін əжім басып, жүрегі баяулай соқса да, ақынның жаны жас, көңілі жаз боп қалған-ды. Омар Хайям ғұмыр бойы өлең жазды. Жəне жазбауға болмайтын да еді. Өйткені ол — оның өмірі-тін. Өлеңсіз тіршілік ете алмайтын. Бірақ еш уақытта данқ туралы ойланбаған-ды. Əсіресе ақындық даңқ туралы. Оның күнделікті «нағыз» жұмысы болды: математика, астрономия, философия. Қолы бос кезде ол өзінің гороскопын жасады. Соған қарап ғалымдар оның туған күнін анықтады: 1048 жылдың 18 майы. Бүлікшіл исмаилиттер Низам əл-Мүлік пен Мəлік-шахты өлтіріп,
обсерваторияны талқан еткесін, Омар Хайям іссіз қалады. Содан өзінің сүйікті Нишапуріне оралады. Менімше, бұл оның өміріндегі ең ауыр, ащы жылдар болды. Омар Хайям — егде тартқан шағында да Омар Хайям болып қалды: үлкен ғалым, ақын, іссіз отыра алмайтын мазасыз қалпынан тайған жоқ. Дегенмен мынаған көнбеске шарасы қалмады: ақынның еркін ойлы, озық поэзиясы барлық қараңғы кертартпа күштер тарапынан қысым көрді. Ақынның жаулары оны құдайдан безген деп жар салды. Осы айыптан арылу үшін ол Меке мен Мединеге қажыға баруға мəжбүр болды. Сөйтіп, өмірінің соңғы жылдарында қалы атанды. Ал рубилары қолдан-қолға өтіп, ел арасына тарап жүре берді. Тегеранда маған Омар Хайямның үш жүз сексен екі рубаиы кірген кітабын сыйлады. Иранның көптеген ғалымдары оның алпыс алты рубаиы ғана бар, қалғандары Омар Хайямдікі емес дейді. Мен бұл рубаилардың өзінің құрылымы жағынан совет иранистерінің шығарғандарына жақын екендігіне қуандым. Мен Омар Хайямның бейіті басында тұрып, ойға қалдым: ұлы ақын қанша рубаи жазды? Елу? Жүз? Бес жүз? Мүмкін, бірнеше мың болар? Омар Хайямның өзінің төрт тағандарын ғылыми еңбектерінің шетіне ойланған сəттерінде жазғаны мəлім. Сондай-ақ ақынның өз өлеңдерін іріктеп, жинастырмағаны да белгілі. Осы күнге дейін рубаиларының қолжазбасы табылған жоқ. Ғалымдар Хайям өлеңдерін мұқият екшеп
келеді, мақсат — «нағыз» қолтаңбасын табу. Бірақ ең таңданарлығы жəне ең бастысы — Омар Хайям өлеңдерінің бар екендігі, жер шарының бес континентінде туратын күллі поэзия сүйгіш қауымның оның өлеңдерін жатқа оқитыны. Омар Хайям есімін естігенде жүзі жыли, жымия күліп: «Ұлы ақын!» демегендерін көрген жоқпын. Хайямның биік құлпытасына жақын жерде, гүл жапқан шағын тұғырда ақынның мəрмəр ескерткіші тұр. Ақын онша кəрі емес, бірақ өте дана кейіпте сомдалыпты. Ол бейне: «Неменеге босқа бастарыңды қатырасыңдар? Менің рубаиларым ұнай ма? Ендеше, оқыңдар да, өлеңдерімді санағандарыңды қойыңдар!» деп тұрғандай. Шынында да, он рубаиы кем болса, Хайям кедейленіп қала ма? Хайямсыз өмір сүре алмайтын біздер ғана одан рухани кедейленуіміз мүмкін. Ол əркез бізбен бірге. Ол — əсемдік əлеміндегі, ашығырақ айтсақ, осы өткінші өмірдегі жол бастаушымыз. Онсыз бізге көңілсіз болары, бір нəрсе жетпей тұрары сөзсіз еді. Мен Нишапурда өзіме-өзім: мына ескерткіш кімдікі деген сұрақ қойдым. Жəне ешбір ойланбастан: ақындардың ақыны, ұлылардың ұлысы Омар Ибн Ибрахимдікі, лақап аты бойынша Хайямдікі... деп жауап бердім.
Омар Хайям шарап жөнінде неге көп жазған деп жиі сұрайды. Əлде өзі өте көп ішкен бе? Бұл сұраққа француздың шығыстанушысы Дж. Дармстетер өткен ғасырда-ақ толық жауап берді: «Анық-қанығын білмеген адам парсы поэзиясында шарап мəселесінің көп жырлануына қарап таңданып, əрі күмəнданып қалуы мүмкін... Бірақ Құранның шарап ішуге тыйым салғанын еске алайық. Европаның дастарқан басындағы əндері — маскүнемдер əні. Ал бұл жерде мəселенің төркінін Құранға, сопылыққа қарсылықтан, діни заңдардың табиғат заңы мен ақыл-ойды басып-жаншуына қарсылықтан іздеу керек. Ішетін адам, ақын ойынша — дін қағидаларына көнбейтін, еркін, ерікті адамның символы». Бұны толығымен Омар Хайям поэзиясына кірістіруге болады. Шираз — жасыл желекті қала. Одан Парсы шығанағы қол созым жерде тұр. Бірақ ол теңіз деңгейінен бір мың жеті жүз метр биіктікте жатыр. Шираздықтар исфахандықтар мен мешхедтіктер секілді қала тіршілігіне əбден көніккен. Бірақ мұнда жасыл едəуір көп. Əрине, Иранның Каспий жағалауында жатқан иеліктерін санамағанда. Шираздың жұлдыздары мен Тегерандағыдан гөрі жарығырақ көрінді. Мүмкін, бұл Тегеранның орталық жəне оңтүстік бөлігінің қазан шұңқырда орналасқанынан болар. Сондықтан да оның ауасы Шираздың ауасынан тұнық емес. Ирандықтардың поэзияға табынуы Ширазда ерекше сезіліп тұрады.
Хафиз бен Саадидың тамаша қос мавзолейі бұған айшықты мысал бола алады. Мұндай мавзолейлерді əсте фонтандар, жасыл желек пен музейлер қоршап тұрады. Мен осы ұлы қабірге бас июге бардым. Күн өте ыстық еді. Ауа жанып тұр. Үп еткен жел жоқ. Бірақ гүл мен фонтан ыстықты ұмыттырып, ақындардың нəрлі өлеңдері төгіле жөнелгендей болады, сөйтіп, аптап ыстық өз билігін жоғалтады. Қалай болғанда да Иранның бір тамаша ақыны осылай деп мені иландырды... Тегеранда түс ауа екі-үш сағат тыныштық орнайды. Қалған уақыттың бəрі саудаға бөлінген. Күллі жұрт сауда жасайтын секілді жəне бəрі сатылатын секілді. Сіріңкеден автомобильге, үйге дейін сатылады. Мұнда саудагерлер шығыстық даурықпалар сияқты емес, салмақты, салауатты. Əбден қараңғылық түскенше витрина оттары сөнбейді. Атақты базарда сапырылысқан адам жоқ. Универмагтар салқын əрі қара-құра адам да аз. Кейбір сатушыларға қарап тұрып, оларды сауда ісінен гөрі əлем жаратылысының сырын ойлап отырған адамдарға ұқсатасың. Бірақ бұл тек сырт көрініс қана... Шағын кафелерде адамдар көптеу болады. Жұрт мұндағы салқын су құйылған кальяндарға əуес, соны сыздықтатып отырып, қала жаңалықтарын талқылайды. Маған бір сəт Омар Хайям да осы маңда отырғандай сезілді. Əрине, оған өз стилі керек; салқындатылған ауа, үлкен желдеткіштер, неон шамдары мен Елизабет бульварындағы автомобиль жарыстары Хайямға ұнай қоймауы мүмкін.
Бірақ поэзия күші — нағыз поэзияның күші — тіршілік салтына бағынышты ма? Əлде қалаға қарағанда дала, далаға қарағанда қала поэзияға жақын ба? Егер бір минут осы ойға кідіре тұрсақ, онда біз Омар Хайямға бүкіл дүние жүзінің халқы құштар екенін қалай түсіндіреміз? Жоқ! Тегеран қанша кең құлаш жайып, тауға қарай өрлеп бара жатса да, Хайям поэзиясы керек. Мүмкін, оның өміршеңдігі, философиясының тереңдігі жəне дана ажуасы өткен ғасырларға қарағанда, қазір түсініктірек те, қымбатырақ та шығар... Орыс тіліне Омар Хайям рубаилары бір емес, бірнеше рет аударылды. Əрбір жаңа басылымды поэзия сүюші қауым сөреге тигізбей лезде алып кетеді. Ал біздің Хайям творчествосын зерттеген əдебиетіміз көп те, сан салалы. Шираздың солтүстігінен елу шақырымдай жерде көне парсы патшаларының астанасы Тахте-Джамшид — Персепольдің орны жатыр. Жалаң таулардың ортасында тас қабырғалар мен колонналар состияды. Қаланың ұлан-ғайыр үлкен болғанын құландысына қарап ажыратуға болады. Мен осы шапшаң дамып келе жатқан елді жақынырақ білуге құмарттым. Салынғанына бір жыл ғана болған жаңа көшелерді, кварталдарды ұзақ араладым. Аптап ыстықта гүл өсіру оңай емес
болғандықтан ба, гүлзарлар ерекше көз қызықтырады. Қазіргі Иран — өзінің сан ғасырлық тарихының перзенті жəне ол бүгінімен де қызық. Омар Хайямды өткенге тели салуға болмайды. Ол — дамитын, өлмейтін тұлға, өйткені Хайям поэзиясы — халық поэзиясы. Иранның қай бұрышына, қай жеріне бармаңыз, сізге Омар Хайямның ақылды, ажуалы көзі қарап тұрғандай болады. Сіз сол сəт оның: «Тіршілігіңде қуана бер, Хайям!» деген сөзін міндетті түрде естисіз. Иə, Омар Хайям қазір де тірі. Ол мəңгілік. Ол барлық тірілермен бірге өмір сүреді, алға ұмтылғандармен бірге адымдай береді. Тегеран — Москва. 1973 ж. Сөздік Алидада – геодезиялық жəне астрономиялық құралдардың бұрыш анықтауға қажет айналмалы бөлігі. Əліп – араб алфавитінің бірінші əрпі. Алмукабала – математикалық тəсіл. Асассин – тура мағынасында гашиш құмар адам; бұл жерде жанкешті жендет мағынасында. Астрология – көне жəне орта ғасырда кең тараған. Əміршілердің сарайындағы астрологтар аспандағы жұлдыздардың орналасуын зерттеген, адамдардың «тағдырын болжаған». Барбат – музыкалық аспап.
Газел – екі жолдан тұратын лирикалық өлеңнің түрі. Дабыр – іс жүргізуші, сұлтанның секретары. Суфра – стол, ас қойылатын дастарқан. Динар – алтын теңге. Дирхем – күміс теңге. Джамшид пен Фаридун – аттары аңызға айналған билеушілер. Зороастр, немесе Заратуштра – аңыздағы пайғамбар. Қаба – сырт киім, шапан. Қади – қазы. Қасыд – мадақтау өлең. Мүфти – дін жолын зерттеуші ғалым. Нəдім – сұлтанның немесе шахтың оқыған қызметшісі. Ней – сыбызғы. Пирахан – іш көйлек. Рубаб – музыкалық аспап. Сезам немесе Күнжүт – біржылдық майлы шөптер. Стадия – көне грек өлшемі, 177,6 метрге тең. Сүннизм – исламның негізгі бағыты. Тұран – Амударья өзенінің оң жағындағы аймақ. Фарсанг – бес-алты шақырымға тең өлшем. Xакім – ғалым, дана.
Xаған – түркі əміршісі. Чанг – музыкалық аспап. Шербет – тəтті жеміс шырыны. Шиіт – мұсылман дінінің басты бағыттарының бірі. Оглавление ОҚЫРМАНДАРҒА 1. Мұнда Исфаханда, Омар Хайям үйі жанында болған бір оқиға баяндалады 2. Мұнда Исфахан обсерваториясы туралы əңгімеленеді 3. Мұнда параллель деп аталатын сызықтар жөнінде əңгімеленеді 4. Бұл тарау өткен тараудың жалғасы болып табылады 5. Мұнда Хұсейіннің Эльпимен кездесуі жəне кездесудің мəжнүнге əсері туралы əңгімеленеді 6. Бұл бөлімде тосын қонақасы жөнінде əңгімеленеді 7. Мұнда хакім мен Эльпидің кеңесі туралы баяндалады 8. Мұнда Омар Хайямның бас уəзірімен кеңесі жөнінде əңгімеленеді 9. Мұнда Балқыдан келген жас ақын жайлы жəне оның Омар Хайямнан не естігендігі туралы əңгімеленеді 10. Мұнда жақын достары арасында отырған мəжнүн туралы айтылады 11. Мұнда обсерваторияға қадірменді мүфтидің қалай келгендігі
туралы əңгімеленеді 12. Бұл тарау өткен тараудың жалғасы болып табылады 13. Мұнда Зайендеруд жағасындағы таңғы серуен туралы əңгімеленеді 14. Мұнда ұлы мəртебелінің демалыс сағатында Омар Хайямның Сарайға келгендігі жөнінде əңгімеленеді 15. Мұнда Нишапурдан келген бір қонақ туралы əңгімеленеді 16. Мұнда айдың ерекше айқын жарық болған сəтіндегі түн жөнінде əңгімеленеді 17. Мұнда Омар Хайям мен достарының жұлдызды аспан астында не туралы кеңескені əңгімеленеді 18. Мұнда Хакімнің Зайендеруд жағасында əсем Айшамен қалай көңіл көтергендігі туралы əңгімеленеді 19. Мұнда мəртебелі бас уəзір мен Омар ибн Ибрахим Хайям арасында болған əнгіме сөз болады 20. Мұнда Омар Хайямның бір ғылыми ізденісі туралы əңгімеленеді 21. Мұнда Аламут, яғни Бүркіт ұясы, қорғанында болған кеңес туралы əңгімеленеді 22. Мұнда Эльпидің түбі білер нəрсесін қалай білгені туралы əңгімеленеді 23. Мұнда Омар Хайямның „Джалали\" календарының тағдыры үшін
неге қам жейтіні жөнінде айтылады 24. Мұнда əлдебір қаскөйлер туралы баяндалады 25. Мұнда Исфахан базарында сөз сөйлеген бір дəруіш туралы əңгімеленеді 26. Мұнда Омар Хайямның көрген түсі жөнінде əңгімеленеді 27. Мұнда Омар Хайямның есінен мəңгі кетпейтін қасіретті кеш туралы əңгімеленеді Эпилог орнына. Омар Хайям еліне барған бір сапар жайында Сөздік
Document Outline ОҚЫРМАНДАРҒА 1. Мұнда Исфаханда, Омар Хайям үйі жанында болған бір оқиға баяндалады 2. Мұнда Исфахан обсерваториясы туралы әңгімеленеді 3. Мұнда параллель деп аталатын сызықтар жөнінде әңгімеленеді 4. Бұл тарау өткен тараудың жалғасы болып табылады 5. Мұнда Хұсейіннің Эльпимен кездесуі және кездесудің мәжнүнге әсері туралы әңгімеленеді 6. Бұл бөлімде тосын қонақасы жөнінде әңгімеленеді 7. Мұнда хакім мен Эльпидің кеңесі туралы баяндалады 8. Мұнда Омар Хайямның бас уәзірімен кеңесі жөнінде әңгімеленеді 9. Мұнда Балқыдан келген жас ақын жайлы және оның Омар Хайямнан не естігендігі туралы әңгімеленеді 10. Мұнда жақын достары арасында отырған мәжнүн туралы айтылады 11. Мұнда обсерваторияға қадірменді мүфтидің қалай келгендігі туралы әңгімеленеді 12. Бұл тарау өткен тараудың жалғасы болып табылады 13. Мұнда Зайендеруд жағасындағы таңғы серуен туралы әңгімеленеді 14. Мұнда ұлы мәртебелінің демалыс сағатында Омар Хайямның Сарайға келгендігі жөнінде әңгімеленеді 15. Мұнда Нишапурдан келген бір қонақ туралы әңгімеленеді 16. Мұнда айдың ерекше айқын жарық болған сәтіндегі түн жөнінде әңгімеленеді 17. Мұнда Омар Хайям мен достарының жұлдызды аспан астында не туралы кеңескені әңгімеленеді 18. Мұнда Хакімнің Зайендеруд жағасында әсем Айшамен қалай көңіл көтергендігі туралы әңгімеленеді 19. Мұнда мәртебелі бас уәзір мен Омар ибн Ибрахим Хайям арасында болған әнгіме сөз болады 20. Мұнда Омар Хайямның бір ғылыми ізденісі туралы әңгімеленеді 21. Мұнда Аламут, яғни Бүркіт ұясы, қорғанында болған кеңес туралы әңгімеленеді
22. Мұнда Эльпидің түбі білер нәрсесін қалай білгені туралы әңгімеленеді 23. Мұнда Омар Хайямның „Джалали\" календарының тағдыры үшін неге қам жейтіні жөнінде айтылады 24. Мұнда әлдебір қаскөйлер туралы баяндалады 25. Мұнда Исфахан базарында сөз сөйлеген бір дәруіш туралы әңгімеленеді 26. Мұнда Омар Хайямның көрген түсі жөнінде әңгімеленеді 27. Мұнда Омар Хайямның есінен мәңгі кетпейтін қасіретті кеш туралы әңгімеленеді Эпилог орнына. Омар Хайям еліне барған бір сапар жайында Сөздік
Table of Contents ОҚЫРМАНДАРҒА 1. Мұнда Исфаханда, Омар Хайям үйі жанында болған бір оқиға баяндалады 2. Мұнда Исфахан обсерваториясы туралы әңгімеленеді 3. Мұнда параллель деп аталатын сызықтар жөнінде әңгімеленеді 4. Бұл тарау өткен тараудың жалғасы болып табылады 5. Мұнда Хұсейіннің Эльпимен кездесуі және кездесудің мәжнүнге әсері туралы әңгімеленеді 6. Бұл бөлімде тосын қонақасы жөнінде әңгімеленеді 7. Мұнда хакім мен Эльпидің кеңесі туралы баяндалады 8. Мұнда Омар Хайямның бас уәзірімен кеңесі жөнінде әңгімеленеді 9. Мұнда Балқыдан келген жас ақын жайлы және оның Омар Хайямнан не естігендігі туралы әңгімеленеді 10. Мұнда жақын достары арасында отырған мәжнүн туралы айтылады 11. Мұнда обсерваторияға қадірменді мүфтидің қалай келгендігі туралы әңгімеленеді 12. Бұл тарау өткен тараудың жалғасы болып табылады 13. Мұнда Зайендеруд жағасындағы таңғы серуен туралы әңгімеленеді 14. Мұнда ұлы мәртебелінің демалыс сағатында Омар Хайямның Сарайға келгендігі жөнінде әңгімеленеді 15. Мұнда Нишапурдан келген бір қонақ туралы әңгімеленеді 16. Мұнда айдың ерекше айқын жарық болған сәтіндегі түн жөнінде әңгімеленеді 17. Мұнда Омар Хайям мен достарының жұлдызды аспан астында не туралы кеңескені әңгімеленеді 18. Мұнда Хакімнің Зайендеруд жағасында әсем Айшамен қалай көңіл көтергендігі туралы әңгімеленеді 19. Мұнда мәртебелі бас уәзір мен Омар ибн Ибрахим Хайям арасында болған әнгіме сөз болады 20. Мұнда Омар Хайямның бір ғылыми ізденісі туралы әңгімеленеді 21. Мұнда Аламут, яғни Бүркіт ұясы, қорғанында болған кеңес туралы әңгімеленеді 22. Мұнда Эльпидің түбі білер нәрсесін қалай білгені туралы әңгімеленеді 23. Мұнда Омар Хайямның „Джалали\" календарының тағдыры үшін неге
қам жейтіні жөнінде айтылады 24. Мұнда әлдебір қаскөйлер туралы баяндалады 25. Мұнда Исфахан базарында сөз сөйлеген бір дәруіш туралы әңгімеленеді 26. Мұнда Омар Хайямның көрген түсі жөнінде әңгімеленеді 27. Мұнда Омар Хайямның есінен мәңгі кетпейтін қасіретті кеш туралы әңгімеленеді Эпилог орнына. Омар Хайям еліне барған бір сапар жайында Сөздік
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343