Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore GEORGIJ_GULIA_-_OMAR_KhAYaM_TURALY_A_1186_YZ

GEORGIJ_GULIA_-_OMAR_KhAYaM_TURALY_A_1186_YZ

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-08-21 02:35:57

Description: GEORGIJ_GULIA_-_OMAR_KhAYaM_TURALY_A_1186_YZ

Search

Read the Text Version

— Мен мына шираз шеберлерінің қолынан шыққан затты қадірлі Зейд ибн Хашимге ұсынамын. Оның қанжарды алмауына да болады. Қанжардан бас тартты деп оған ешкім өкпелемейді. Ал егер оны қолға ұстайтын болса, сабына дейін кімнің жүрегіне сұғатынын біз бірлесіп шешеміз. Сіздер мені ұқтыңыздар ма?—деді. Жас асассин орнынан тұрып, қанжарды ұстап, оның жүзінен сүйді. — Мен мұны қажетті жерге сұғамын,— деп нық үнмен тіл қатты Зейд... Хасан Саббах бұл сөздерді естімеген тəрізді. — Ал енді,— деді ол— келісімге сəйкес бұдан əрі не болатынын шешелік. Мен біздің іс-қимылымыздың барысын айтып берсем деймін. Жақсы ма? Барлығы «жақсы» деп үн қосты. Хасан Саббах жоспарын асықпай баяндады. Түймедей де түйткілі қалмай, бəрі де əбден ойластырылған тəрізді. Зейд ибн Хашим бір сөзді қағыс жібермей тыңдады. Өйткені қанжар басқаға емес, өзіне берілді ғой... 22. Мұнда Эльпидің түбі білер нəрсесін қалай білгені туралы əңгімеленеді Көк төрінде тек жұлдыздар ғана жымыңдайды. Бөлмедегі шырағдандар да өшірілген, бөлме іші аспан түсті бояуға бөгіп тұр.

Төнірек түгел Эльпидің ақ жүзінің шуағымен нұрланған сияқты. Барқыттай жұмсақ тегіс тəні аппақ-ау, аппақ. Бағдат əтірі мен жасмин гүлінің жұпары тұла бойына сіңіп қалғандай. Омар Хайям: — Менің саған бір нəрсе айтқым келеді,— деді. Ал Эльпидің еш нəрсені естігісі келмейді. Мұндай түнде сөздің не қажеті бар? Əлде тіршілікте бақытты сəт көп пе? Осындай бал сəттер бола берер деймісің? Тіпті мұндай түнде ойға берілудің өзі күнə. Эльпи өз тілінде өлең оқып, оны арабшалады. Бұл ұйқысыз түндер, махаббат, ессіз сезім мен ыстық құшақ туралы өлеңдер еді. Бала аузынан шығатын былдыр сияқты. Бірақ өлең Эльпидің өзін елітетін секілді. Ол бақыт құшағында... Түн, шарап пен махаббат. Жаны бұдан басқаны қаламайды. Дəл осы минуттарда əлем жаратылысының сыры туралы ойлау — нағыз ақымақтық. Ол жұмбақ бір түкіргеніне де татымайды. — Сен не дедің?— деді Омар Хайям оның сөзін бөліп. — Сенің əлем жаратылысының жұмбағы деп жүргенің — түкірікке татымайды,— деді Эльпи сөзін күле қайталап. Хайям күліп жіберді: жақсы айтылған сөз. Мұны ұмытып қалмаған жөн. Əрине, Эльпидікі дұрыс: мұндай кеште басқа бір нəрсе туралы ойлау — күнə. — Бірақ мен сені өкпелетуге тиіспін.— Кенет Омар Хайям ашуланған кейіп танытты.— Шын айтамын! Хакім тағы не ойлап тапты екен?

— Тыңдашы, мырзам,— деп өтінді Эльпи.— Аямашы мені, жанымды жараласаң да өзің біл. — Олай істей алмаймын,— деді ол. — Бірақ өкінішке орай, сені ренжітуге тура келіп тұр. Оны сенен жасыра алмаймын. Амал жоқ, бəріне көнген Эльпи емес пе? Хакім теріс қарады, ұялғаны болар. Өзі жөткірініп қояды. Сөзді неден бастарын білмейтін тəрізді. Сонан соң өзін зорлағандай етіп бір- ақ ауыз сөз айтты. — Эльпи... Эльпи мамық, кең төсекте қозғалыссыз жатыр. Ол тыңдауға əзір, бірақ көзін көктен алмайды. Ал хакім болса айтар емес. Ақыры, Эльпи: — Мен бəрін де білемін. Сен мені алдадың ғой,— деді ақырын ғана. Хайям селк ете түсті. — Сен не дедің? — Сен басқа біреуге ғашықсың,— деді Эльпи жай ғана. Омар да аспанға, жымыңдаған сансыз жұлдыздарға көз салды. Шынымен, қорқақ болғаны ма? Өзіне-өзі кіжінді. Қорқақтық еркекке жараспайды. Ештемеден қорықпай аспан төріне көз тіккен адамның қорқақ болғаны ма? Өмір мен өлімнің нарқын білетін адамды қорқақ деуге келе ме? — Айтпай-ақ қоюыңа болады,— деді Эльпи.— Мен бұны бір жұма

бұрын аңғарғанмын. Сенің ерніңнен басқа бір дəм сездім, əрі сен мені бұрынғыдай емес, басқаша сүйдің. Иə, содан бері бір апта өтті. Хакім аузын аша алмай қалды. — Айтшы, сенікі дұрыс емес деші,— деді Эльпи, бірақ даусы салқын, салмақты. Хайям аузына келген сөзін айта алмай, ерні икемге келмей əуреге түсті. — Айтшы, сен өтірік айтып тұрсың деші!—деп Эльпи бұйыра сөйледі. Осы сəтте ғана ол: — Жоқ, сенікі дұрыс,— деді. Хайям аударылып түсіп, қолын жастанып, шалқалай жатты. Сосын Эльпиге емес, бейне бір жұлдызға айтқандай, сөзін сабақтай берді. Өзінің айтқандарынан бір рақат тапқандай, Омар Хайям бəрін еш бүкпесіз баяндады. Ол Зайендеруд өзені жағасындағы Айшамен болған сонау ыстық минуттарды сөз етті. Тіпті Эльбрус тауының қарындай аппақ дастарқан, шарап пен шербет, көкөніс пен ет, сондай-ақ махаббатқа мас болған сəттердің қызығын айтып тауыса алар емес. Бəрі көз алдында. Бұл бір жүректі шынайы шаттық, махаббат билеген тамаша сəттер еді. Маңайда жан жоқ, екеуі ғана!.. Махаббаттарына тек қана Зайендеруд куə...

Кенет ол сөзін кілт үзіп, əлденеге құлақ түре қалды. Төңірек тамылшыған тыныштық құшағында, аспан жарықтары да тынши қалған тəрізді. Тек шегірткелердің шырылы ғана естіледі. Эльпи: — Сонан соң,— деді жай ғана. Ол етпетінен жатқан Эльпиге бетін бұрды. Ал Эльпи болса жана ғана бір фарсанг жер жүгіріп келгендей алқына демалады, ауыр тыныстайды. — Айта бер,— деп қайталады ол. Ол Эльпидің ерні мен маржан тістерін көрді. Қос анарының ұшы тіп- тік. Ай сəулесі өпкен ақ тəні ақшыл көк сəуле шашатындай. Осы ақ көк сəуле арасынан ара-тұра арудың қара ноқат кіндігі көзге шалынады. — Айта бер,— деп сұрады Эльпи. Айрылып қалмайын дегендей бұның иығынан ұстай алды:—Айта бер... Өтінемін,— деп жалынды.— Айт! Ештеңені жасырма... Омар Хайям қолын маңдайына тигізіп көрді, тершіп кетіпті. Тордан шығуға талпынған құс сияқты, Хайямның жүрегі де кеудесін жарып шығардай дүрсілдейді. — Қажеті қанша?— деді ол. Бірақ Эльпи жалынып, бұйырып болар емес. Ол қажет болса балқып кетуге бар. Тек естісе болғаны. Жас əйелдің бұл қылығы Омарды

еліттіре түсті. Оған қосыла хакімнің қызуы да көтеріліп бара жатқан тəрізді. Сол сəт Хайям қайтадан Айша туралы, Зайендеруд жағасындағы дастарқан басында болған оқиғалар туралы əсірелеп, қиялымен өсіріп айта жөнелді. Эльпи де қиялына қанат беріп, жөпелдемелетіп барады. Дегбірін алып, жыланша мойнына оралды, құлағына сыбырлап қояр емес. «Оны сүйдің бе?» «Иə, сүйдім». «Айша оған жауап қайтарды ма?» «Иə, қайтарды». «Айша махаббатқа машық па екен?» Хакім ешқандай анайылық нəпсіқұмарлық болмағанын айтты. Оған Эльпи сенер емес. — Түнге дейін болдыңдар ма?— дейді Эльпи. — Жоқ, күндіз кездестік. Айнала жап-жарық-тын... — Сөзіме құлақ сал,— деп, Эльпи орнынан шұғыл көтерілді.— Оны осында ертіп əкелші. — Неге?— деп Хайям таңданып қалды. — Оны көргім келеді... Онда тұрған не бар... Мен қызғанбауға уəде берейін... Хайям бұған амалсыз кенді. Эльпидің тілі күрмеліп, талмаусырап ұзақ жатты. Біраздасын: — Шарап,— деуге ғана шамасы келді.

Омар Хайям жан-жағын сипалап жатыр. Қолына құмыралардың бірі түссеші. Ақыры, бірі ілінді-ау. Көзі қарауытып, түк көрер емес. Бірте-бірте жанары қалпына келді. Жұлдыздар да жымыңдаса қалыпты. Терезеден түскен сəуле ғана шырағдан қызметін атқарып тұр. Эльпи шарапты ішіп салды. Сонан соң: — Жаным енді кірді ғой,— деп күрсіне тіл қатты. Эльпи гректердің еркекке арналған бір өлеңін жатқа оқыды. Бұл өлеңді жартылай азиаттық, жартылай европалық Милет пен Кипрдің əйелдері айтқан болар. Одан соң Эльпи өлеңді араб тіліне шала-шарпы аудара бастады. Кенет ол: — Айша менен əдемі ме? Шыныңды айтшы, көріктірек пе?—деді. Омар Хайям көлгірсуді ұнатпайтын. Өйткені ол — адал адам. Алдауы мүмкін, бірақ ары таза. Сұлуырақ, жасырақ дегенде не тұр? Омар Хайям ешкімді құмарлығын басу үшін сүйген емес. Бұл адамға тəн қасиет емес қой. Иə, нағыз махаббаттың «жақсырақ» немесе «жаман» болуы мүмкін емес. Махаббаттың аты махаббат! Бұл — Алланың сыйы, көктің сыйы. Эльпи оның əр сөзін аңдып, зейінмен тыңдап отыр. Сəлден кейін

оны өзі де қоштады. — Сенікі дұрыс. Мұны осында, сенің жаныңда жүргенде ұқтым. Бұрын маған бəрі басқаша көрінетін. Иə, махаббат деген мақта бумасы немесе алтын секілді сатылатын зат емес пе еді? Оны сатуға да, сатып алуға да болады ғой. Солай екенін өзім де білетін едім. Бірақ сен, мырзам, менің көзімді аштың. Сен мені күң болуға мəжбүр еттің. Бірақ бұл — жаныма жағатын күңдік... Осы бір ашық айтылған ақиқат сөз хакімді тебірентіп жіберді. Ол қуанғанынан үстін-үстіне шарап жұтты. Егер қажет болса махаббат туралы өлең оқиды. Бірақ тек қана парсыша. Эльпи парсы тілінен хабардар ма екен? — Бəрібір емес пе,— деді Эльпи.— Сенің даусыңды естігеннің өзі не тұрады. Омар Хайям өлең оқи бастады. Шираздық ақындар секілді əндетіп оқыды. Бірақ ол үшін маңыздысы əуен емес, мəні. Əрі өлеңді Эльпи үшін емес, өзі үшін оқыды. Ол бүгін поэзияға іңкəр, бүгін поэзиясыз өмірдің тұрлаусыздығын ұқты. Егер өлең болмаса адамдардың күйі не болмақ? Онда Алла осыған ұқсас тағы бір тамаша нəрсе ойлап табар ма еді! Жəне адамдар поэзияға қандай құштар болса, оған да солай қызықтырып қояр еді. Ол өлеңін ұзақ оқыды. Мəнерлеп, баппен оқыды. Асығып-аптыққан

жоқ. Даусы құлаққа жағымды, біреумен асықпай сұқбаттасып отырған тəрізді. Бірақ кіммен? Эльпи бір емес, бірнеше мағынасы бар, тұспалы көп сөздердің мəнін қайдан ұқсын. Əншейінде тұйық көрінетін мырза өлең оқығанда өзгеріп сала берді. Əрі бұл өлеңдердің өзінікі болуы да ғажап емес... Омар Хайям демін алып, шарап жұтқан сəтте, Эльпи ақырын ғана: — Бұл сенің өлеңдерің емес пе?—деп сұрады. Ол тура жауап бермей, өлеңге əуесқой жандар көп қой дей салды. Сондықтан да өзімдікін басқалардікімен шатастырып аламын деп күлді. — Бірақ сен өлеңді жақсы көресің ғой, иə? Мойындасаңшы. — Жақсы көремін. — Аспандағы жұлдыздарыңнан да артық көресің бе? Ол не дерін білмейді, əдеттегідей шындықты ғана айтқысы келеді. Əрине, егер мүмкін болса. Бұл жер сарай да, базар да емес. Басқа біреудің сөзіне құлақ түретін тыңшылар да жоқ... Сол себептен айтуға да болады. Ол: — Саған не десем екен, Эльпи? Жұлдыздар — менің жұмысым, менің өмірім. Оларсыз өмір сүру мүмкін емес. Ал өлеңсіз бір күн де тіршілік ете алмаймын. Өлең де өмір. Сен мені түсінесің бе? Міне, біз нан жейміз, немесе cу, шарап, кейде шербет ішеміз. Бұл да өмір ғой, солай

емес пе? Өлең де сондай. Адам онсыз өмір сүре алмайды. Өмірді Фирдоусисіз елестету мүмкін бе? Менімше, мүмкін емес! Адам ауамен бірге поэзияны да сіміреді. Мəселен, сен ақындарсыз өмір сүре алар ма едің? — Сүре алар едім!—деп жауап қатты Эльпи. Омар Хайям Эльпиді одан əрі сөйлетпей, алақанымен аузын басты. — Үндемеші, Эльпи. Ойланбай сөз айтпа. Жоқ, Фирдоусисіз өмір сүруге болмайды! Поэзия мен өмір — бір тұтас. — Мүмкін,— деді Эльпи, сосын, аяқтарымен аспанды нұсқап:— Мына жұлдыздар секілді ғой?—деп жəне сұрады. — Ғажап сілтеме,— деп, Омар Хайям Эльпидің аяғын асықпай құшырланып сүйе бастады... — Əйелсіз өмір сүру мүмкін бе?—деп ол өзінен-өзі сұрайды да:— Жоқ, мүмкін емес,— дейді,— Поэзиясыз өмір сүру мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Яғни адамның басын жұлып, жүрегін суырып алуға болмайды. Өйткені оларсыз өмір жоқ! Адамнан поэзияны тартып алу деген сөз — оның қолқасын суырып алу деген сөз. — Мүмкін, солай болар,— деді Эльпи.— Ол жағын сен жақсы білесің ғой. — Мен,— деді хакім — махаббат пен нан, махаббат пен шарап, махаббат пен ауа арасына тепе-теңдік белгісін қоямын. Əрине, хайуан поэзиясыз өмір сүреді... Оған бір кесек ет пен бір жұтым су болса

болғаны. Ал адамға не керек? — Бұған жауап бере алмаймын,— деді Эльпи керенау сөйлеп.— Бірақ мен сенің не айтсаң да дұрыс айтатыныңа дағдыланып келемін. Тіпті сен мені сатып, немесе басқа біреуге сыйласаң да, саған өкпелемес едім. Өйткені сенің айтқандарыңның бəрі шындық. Махаббатымның саған қол байлау болғанын қаламаймын. Махаббат жеңіл болса жақсы, ал ауыр болса күйік. — Сен солай ойлайсың ба? — Сен ше? — Менімше, нағыз махаббат əркез жеңіл. Ол əрдайым сенімен бірге, тəніңде, жаныңда жүреді. Нақ поэзия секілді. Эльпи бипаздап Омар Хайямның сақалын сипай бастады. Сосын алақанын хакімнің күнге қызған тастай ыстық маңдайына басты. Рауандап таң атып келеді. Терезеден алагеуім сəуле түсті. Аспан сарғыштау түске боялған. Жұлдыздар да біртіндеп сөне бастады. Көп кешікпей мүлдем сөнеді. Бірақ осы сəт басқа жұлдыз жанады: ол — Эльпидің көзі. Бұл екі жұлдыздың жарығы өзіне тартпай қоймас... 23. Мұнда Омар Хайямның „Джалали\" календарының тағдыры үшін неге қам жейтіні жөнінде айтылады Бірде хакім жоғары мəртебелі бас уəзірмен астрологиялық болжамдар туралы сұқбаттасқан еді. Сонда Омар Хайям сұрақ қоюға

рұқсат сұраған-тын. Бас уəзір Низам əл-Мүлік: — Сұра қымбатты хакім – деді. Əңгіме бақ ішінде болды уəзір көз жасындай мөлдір сулы хауыз жанындағы мəрмəр орындықта отырған. Ал хакім Омар Хайям қамыстан өрілген, көтеруге жеңіл, ағаш саясында демалуға ыңғайлы үш аяқты тоқыма орындыққа жайғасқан-ды. Бақ ішінде сан алуан түсті тоты құстар ұшып, қалың ағаш жапырағын тасалаған торғайлар шырылдап əн салады. — Құлағым сенде,— деді уəзір.— Ойыңды батыл айт, мұнда құстар мен екеумізден басқа тірі жан жоқ. — Ешқандай жасырын сырым жоқ,— деді Омар Хайям. Уəзір аспанға қарап, риясыз күліп: — Солай болсын делік, қымбатты хакім... Онда достық көңіл үшін маған рубаиыңды сыйларсың?—деді. Хакім уəзірге бірден жауап қайтарған жоқ. Оның үстіне ресми түрде ұлы мəртебелі тақсырдың жұлдыз санаушысы деп есептелетіндіктен, ол тек сол мəселемен айналысуға тиіс еді. Бірақ бас уəзірдің тікелей араласуы арқасында ғылыммен шұғылдануға мүмкіндік алды. Жұлдыз санаушының қызметіне сұлтанның көңілі толмаған кезде де, Низам əл- Мүлік араша түсіп, ылғи хакімді қорғап сөйлейді. Бірде сұлтан: «Алла атымен ант етейін, жұлдыз санаушы біздің төзімімізді сынап

жүргендей көрінеді. Мен оның көріпкелдігін мақұлдаған сайын ынталанып, қажырлылықпен алға ұмтылуға тиіс қой»,— деді. Оған Низам əл-Мүлік: «Оныңыз əбден дұрыс, тақсыр. Қымбатты хакімнің бос белбеулігі үшін маған ұрсыңыз!»— деді. «Саған ба?»—деп Джалал ад-Дин Мəлік-шах таңданып қалды. «Мен өзің қарсы болмас деген ниетпен, оған сенің құрметіңе жасалып жатқан «Джалали» календарына көбірек назар аудар деген едім». «Ə, солай екен ғой,— деп есіне түсірді сұлтан.— Иə, сен маған ол календарь жөнінде айтқан болатынсың. Ал сол календарь қайда?» «Астрономиялық таблицалармен бірге өзіңе тарту етіледі». Сұлтан қабағын түйді. «Сонда біз жаңа календарь бойынша өмір сүреміз бе?» «Иə,— деді уəзір.— Өйткені ол анық əрі жаңа, сондай-ақ сенің билік ісіңе əбден сай келеді». «Ал оған аналар не демек?»—деп, сұлтан өзінің жауларын меңзеп есікті нұсқады. «Олар үйреншікті істерінен танушы ма еді,— деді уəзір.—Олар үшін бізде жаңа календарь жасалды ма, немесе уақыт ескіше жүре бере ме, бəрібір емес пе?» «Ойлану керек екен»,— деді сұлтан.

Бас уəзір оң қолын кеудесіне қойып, басын иді. Сұлтан мен уəзір арасында жаңа календарь туралы əңгіме баяғыда болған еді. Бірақ одан бері өзгергені шамалы. Хакім Омар Хайям мен оның қызметкерлері календарьға жаңа-жаңа өзгерістер мен анықтаулар енгізіп бітер емес, олар, əйтеуір, ерте ме, кеш пе сұлтанның өздерін алдына шақыртатынына үмітті... Бас уəзір хакімге не жаңалық айтпақ? — Менің ойымша,— деді ол.— Ұлы мəртебелі тақсырдың жұлдыз санаушысы болғандықтан оқта-текте болса да, əміршінің көзіне түсіп қойғаның абзал. — Сен ұлы мəртебелі тақсырды меңзеп отырсың ба? — Иə,— деді уəзір.— Ол — бəріміздің əміршіміз. Хакім орнынан тұрды. — Жоғары мəртебелім,— деді ол ақырын үн қатып,— астрология туралы менің пікірімді жақсы білесің ғой. Менің осы салада қаншама жолым болғанмен, кез келген адамның тағдыры аспанда емес, осында,

жерде шешіледі. Дəл солай екендігі үшін ант ішіп, бəс тігуге бармын! Низам əл-Мүлік шайқалған суға қарап отыр. — Жарықтар жерді айналып қозғалады,— деп, сөзін сабақтай түсті хакім.— Ол — табиғат заңдылығы. Хакімнің соңғы сөзі уəзірдің құлағына тосын естілді. Ол езу тартып, оң самайын қасып қойды. — Табиғаттың?— деп ол, көңілі толмаған кейіппен үн қатты.— Сонда Аллаға не қалдырмақсың? — Көп қой, мəртебелім: əлемнің, бүкіл тірі жанның жаралуы. Шындығында, солай ғой? Тек қана солай! Əлде бұл аз ба? — Аз,— деді уəзір.— Əрі оны Газзали дəлелдеп жүрген жоқ па? — Мəртебелім...— Хакім жұдырығын түйді.— Осы адамның атын естігенде тұла бойым тітіркенеді. Қасиетті Кітапты бетке ұстап, барлық жұртты мешеу, діннен безген деп жар салудан оңай нəрсе жоқ. Бірақ кітап қаншама қасиетті десек те, кітап күйінде қала береді, ал өмір өз дегенін істейді, оның өз заңдылықтары бар. — Бəрібір Аллаға үлесті аз қалдырасың,— деп, уəзір өз дегенінен қайтпады.— Мұны Газзали үнемі айтады. — Мен тағы да қайталаймын: одан оңай нəрсе жоқ. Жəне ондай ғалымның басы еш нəрсеге ауырмайды. Оның бар қолынан келетіні: сақалын желпілдетіп ақыл айту ғана... Уəзір суды қызықтап қарап отырғанымен, хакімнің бірде-бір сөзін

қақас жіберген жоқ. — Ал енді шыныңды айтшы, мəртебелім, дүниеден сақалын желпілдетіп қаншама адам өтпеді? Олар ғылымға түк пайда берген жоқ, қайта залалдары көп болды. — Мен сені түсінемін, құрметті хакім, дүниені Алла жаратқанмен, дүние осы күнге дейін өз заңымен жүріп келеді ғой. — Табиғат заңымен,— деп хакім қосып қойды. — Солай-ақ болсын делік... Бірақ Алланың үлесі қандай болмақ? Уəзір мұны шын ниетімен сұрап тұр. Өйткені бұл мəселеге келгенде ол хакімнен басқаша ойлайды. Мүмкін, ана Газзали көп нəрсені бұрмалайтын шығар. Газзалиде ғалымға тəн мінез жоқ шығар, нағыз ғалым жазалау керек деп байбалам салмас болар? Иə, Газзалидің ұлы тақсырға Омар Хайямды даттап, жер бетіндегі жын-перілердің ордасына айналған Исфахан обсерваториясын жермен-жексен етуін сұрап, шағым жазғаны өтірік пе? Егер бас уəзір болмаса, ол дегеніне жетер ме еді. Өйткені Газзали жалғыз емес. Оның мыңдаған шəкірттері мен пікірлестері бар. Мұндай жағдайда асқан сақтық, байқағыштық, көрегендік қажет. — Мəртебелім...— Хайям тоқыма орындыққа қайта жайғасты. — Мен мұны басқа ешкімге емес, тек қана өзіңе айта аламын. Мұны тек тоқығаны мол адам ғана ұға алады.— Хакім сəл тыныстады.— Түн сайын мен аспанды зерттеймін. Қиялыммен хрустальдай таза кеңістік

шатырына дейін көтерілемін. Сөйтіп, мен Кун мен Айдың Жерді айналатынын жəне Жердің өз шеңберінде қозғалатындығын зерттей келе, мынандай қорытынды жасадым: табиғаттың бір ғана заңы жоқ, олар көп, бірақ олар бір-бірінен туындап жатады. Яғни бірі — бірінің салдары. Атақты ұстазым Əбу-Əли Ибн Синаның пікірінің дұрыстығына көзім жетті. Тек сол ғана шындықты айтты, мен оның сөзін ғылым ісімен дəлелдедім. — Газзали сені құдайдан безген деп айыптайды... — Сол ғана ма? — Алланың барлық ісіне қарсы дейді. — Онысы жала! Онысы өтірік! — Газзали: əлемге қауіп төнулі. Омар Хайям бізді құдайдан безуге бастап барады деп жар салуда! — Онысы жалған,— деп қарсылық білдірді хакім.— Мен: əлемді Алла жаратқан деп айтамын жəне сол ойға берікпін.

— Содан соң? — Алла ұлы іс істеді... Мəртебелі мырза бір беймəлім өлеңді оқыды. Жатқа оқыды. Онда Алланың жерді, аспанды, теңізді жаратқаны, оған жан бергендігі жəне сол Алланың өлім тудырғаны туралы айтылған екен. Неге? Өзінің қолынан жасағанын құрту үшін бе? Ақылды адам солай істей ме?.. Уəзір өлеңді оқыды да, хакімге қарады. Ол Омар Хайям не айтар екен деп бағып тұр. — Сенікі ме?—деп уəзір қатқылдау сұрады. Омар Хайям үнсіз. — Мен сенен сұрап тұрмын ғой, құрметті хакім? — Иə, менікі, мəртебелім,— деді Омар. — Сен оны біреу-міреулерге бердің бе? — Жоқ. — Ендеше, ол маған қайдан келді? — Соны біле алмай тұрмын. — Мен тауып əкеліп бер деп, ешкімге тапсырма берген жоқ едім. — Ендеше, менің дұшпандарым əкелген болар. — Оларды Газзалидің өзі жіберіпті. — Өлеңді өзім үшін ғана жазамын,— деді хакім.— Ұлы Фирдоусиден кейін өлең жазудың өзі ақымақшылық қой.

— Сенің даңғой емес екеніңді білемін.— Мəртебелі мырза жылы ұшырай, жанашырлықпен сөйледі.— Сенің жауларың тыныш жатыр деп пе едің? Олар сенің қаныңның шашылуын аңсайды. Оны білесің бе? — Солай ма? — Ендеше, өзіне қарсы жұмсайтын қаруды оларға неге бересін? — Бұл менің еркімнен тыс болады. Сен де солайсың, мəртебелім,— деп хакім қосып қойды. Уəзір тосын бір нəрсе естігендей селк ете түсті. Ол қолын кеудесіне айқастырып ұстады да түнеріп: — Ал «сен де солайсың» дегеніңді қалай түсінуге болады?— деп сұрады. — Білмеймін. Бірақ сенің жауларың менікінен де көп. Олар да сенің қаныңның шашылуын аңсайды. Мұны мен саған талай рет айтқанмын, ұзақ өмір сүруіне, тақ жанында аман-сау жүргеніңе тілектеспін. Ол бəріміз үшін керек. Уəзір тыз ете түссе де, тез басылды. Сақалын салалады. Тамағы кеберсіп кеткендей жөткірінді. Жəне бұрыннан белгілі іс туралы айтқандай салмақпен: — Оның рас: менің жауларым аз емес! Өкініштісі сол — бəрінің менің еркімнен тыс болуы. Бірақ шегінуге жол жоқ! Үлкен мемлекетті басқару үшін бас тікпесе болмайды. Бізден жоғарыда ұлы тақсыр тұр,

одан жоғарыда Алла. Бізге екеуінің де жанары қадалған. Əрі қол астымыздағылардың мыңдаған көздері де бізді аңдиды. Олардың ішінде ақылдылары да, Хасан Саббах секілді қарақшылары да бар. Оның бар есіл-дерті — мені көрден көру. Бірақ оның қолы қысқа. Біздің бағымызға орай, ол соншалықты қызба, есірік екен. Оның сандалған сөзіне кім сенеді! Кім?! Хакім осы сəтте үнсіз қалғанды жөн деп тапты. Ал календарь не болмақшы? Міне, сол календарь мəселесін сөз ету керек... Жоғары мəртебелі бас уəзір өз қызметінің жұрттың бəріне бірдей ұнай бермейтінін жақсы білетін. Оның, билік жүргізуіне көңілі толмайтындар да бар. Бірақ Мұхаметтің (с.ғ.с.) іліміне жұрттың бəрі риза ма? Əлде жұрттың бəрі оны бірдей құрметтей ме? Құдайдан безгендер мен дінсіздердің үрім-бұтағы түгел құртылып бітті ме? Тоты құстар кенет дүр етіп көтерілді. Бақ үстінде айнала ұшып, көрші ағашқа келіп қонды. Тоты құстың сары ауыз балапандары сондай көп екен, өздері кішкене қанаттарын əлсін-əлсін қағып, шырылдап, шиқылдап азан-қазан болып жатыр. Уəзір таңырқағандай раймен хакімнен: — Келісіп алғандай бірге дүр көтерілгенін қарашы. Бірақ біз олардың қайсысының дауыс беріп, белгі еткенін байқаған жоқпыз ғой. Олардың біреуі, əйтеуір, топ басшысы болуы керек емес пе?— деп сұрады.

Хакім, шынында да, олардың бір белгі бойынша ұшуы керек екенін айтты. Бірақ қандай? Жəне қалайша? Дыбыстап па? Қанат қағып па? Əлде басқа бір əдісі бар ма? Ол өзінің мұнымен арнайы шұғылданбағанын, бірақ бас уəзір қажет деп тапса кейінірек, ойланып барып жауап беруге болатындығын айтты. Уəзір қолын сілтеді. — Ақымақ құстарға бола басымызды қатырмай-ақ қоялық. Одан басқа да шаруалар шаш етектен. Дəл осы сəт календарь туралы əңгімені қайта бастаудың реті келіп еді. Оны хакім асқан əдеп-ізеттілікпен жасады. Ол əр сағаты алтынмен өлшенетін жоғары мəртебелінің көп уақытын алғанына, маңызды мемлекеттік істерден бөлгеніне ғафу өтінді. Жəне «Джалали» календарының тұрмысқа енуі мемлекеттік маңызды іс болғандықтан ғана айтып отырғандығын ескертті. Мейірімі мол, ақылы ұшан-теңіз бас уəзір «Джалали» календарының құрастырылып, жəне бірнеше рет тексерілгенін білсін де. Оған қосымша астрономиялық таблицалар жасалды жəне көне ғалымдардан, соның ішінде Птоломейден қалған көптеген деректер тексерілді. «Джалали»— өте-мөте нақты, дəл календарь. Істің тетігі мынада: мұнда бір көктемдегі күн мен түннің теңесуі мен екінші көктемдегі теңесудің арасы нақпа-нақ өлшенген. Бұл кейбір қателіктердің алдын алады. Отыз үш жылдың ішінде —

жеті жыл сайын төрт рет кəбиса жыл, бес жылдан соң, бір рет тағы да кəбиса жыл қайталануға тиіс. Жылдардың осылай ауысуында болымсыз ғана, он сегіз-жиырма секунд қана алшақтық болады. — Секунд?— деп сұрады уəзір. — Иə, мəртебелім. — Соншама дəлме-дəлдік өте қажет пе? Хакім: — Ұлы мəртебелі сұлтан дəлме-дəл календарь жасауды тапсырды. Біз оған бар ниетімізбен кірістік. Жəне өзіміздің ұлы қамқоршымызды, яки сізді, ұятқа қалдыра алмаймыз,— деді. Уəзір тағы да хауыздың таза суын қызықтап кетті. Тереңдігі тізеге жететін судың тұнықтығы сондай, түбі тегіс көрініп жатыр. Хауыз тұнығына түсіп, салқында дегендей жалт-жұлт етіп көз қуантады. Шілденің шыжыған ыстығында оның суы жанның рақаты, шипасы. — Жақсы,— деді уəзір.— Мен ұлы тақсырмен жаңа календарьды тезірек енгізу жөнінде сөйлесіп көрейін. Сен оны «Джалали» деп атадың ба? — Иə, мəртебелім. — Оның жөн екен, бірақ қадірлі хакім, календарьды енгізудің біраз қиындықтар туғызатынын түсінесің ғой? — Барлық қиындықтарды айналып өту жолы өз қолыңда емес пе?

— Оның қолында,— деп, уəзір аспанды нұсқады. — Мен сені өз əңгімелеріммен шаршатып жібердім білем,— деді хакім.— Ғафу өтінем, енді уақытыңды бөлуге... Хакімнен екі мүшел үлкен болса да, Низам əл-Мүлік көзге жас көрінеді. Ойы сергек, бой-басы жинақы, иықтары мықты, аяқтары берік. Хакім жоғары мəртебелі бас уəзір əлі талай жақсы істерді жүзеге асырар деп ойлады. Уəзір орнынан тұрып, хакімді ертіп хауыздың екінші жағына беттеді. Ол асықпай бір қалыпты аяңдайды. Əлдебір ой жетегінде секілді. Уəзір хакімді хауыз шетіне алып келді. — Түбін көріп тұрсың ба?— деп сұрады ол. — Иə, көріп тұрмын. — Ол мөлдір ме? — Иə. — Ал судың тереңдігі қандай? Тұнық па? — Өте тұнық, мəртебелім. — Ал енді төбеңе қара. Хакім басын шалқайтып еді, көгілдір аспанды көрді. Ол Исфахан үстіне жабылған ғажайып шатыр тəрізді. Бұл көкейіңде суретке басқандай сақталып қалар көркем көрініс еді. — Сен мына хауыздың түбін көріп, аспан шатырын қызықтадың.—

Уəзір хауызды нұсқап, сонан соң қолын көкке көтерді. Ол салтанатпен ақындар секілді əндете сөйледі.— Осыдан саған не ой келді? Не түйдің? Хакім бірден не айтарын білмей абыржып қалды. Ғалымды текке қинамас үшін оған мəртебелі уəзірдің өзі жауап берді: — \"Бірінші ой — Алланың ұлылығы туралы болуы керек. Екінші ой — оның таусылмас күші туралы болуға тиіс. Ал үшінші ой — бəрі де Алланың жазуымен болмақ — бүгін де, ертең де, ғасырлар бойы да солай бола бермек! Осы сөздерді айтты да, жоғары мəртебелі уəзір хакіммен қоштасты. 24. Мұнда əлдебір қаскөйлер туралы баяндалады Хұсейін бүгін нағыз достарының ортасында отыр. Бүгін қанша сөйлесе де, қанша тыңдаса да өз еркі. Əңгіменің басы əпербақан, қызба Хұсейіннің Али ибн Хасанның үйінде айтқан сөзін қайталауынан, яки ашынасын тартып алған Омар ибн Ибрахимнің жанын жаһаннамға жіберетінін мəлімдеуінен басталды. Ол Зайендеруд өзенінің арғы бетіндегі обсерваторияның иесі, əрі жұрт ұлы тақсырдың нəдімі десетін адам туралы айтып отырғанын ескертті. Нақтылап айтқанда, мына тобырды қарақшылар деп атауға болар еді. Бірақ осында талқыланып, қабылданатын шешімдер біреулерге ұнайтын. Сондықтан да бұл ретте оларды «қарақшылар» деп атау артықтау болар. Бұл жас жігіттер ең қаныпезер, нағыз бас кесер

исмаилиттер. Олар тым қызба əрі қатыгез еді. Тіпті Хасан Саббахтың өзі олардың мұнысын жақтырмайтын. Хұсейін хакімнің атын атаған кезде, жұрт Асқабақ деп атап кеткен, денесін жүн басқан жас жігіт: — Оны не үшін жазаламақсың?—деп сұрады. — Ол менің сүйіктімді тартып алды. Тартып алған жоқ, сатып алды. Сүйкімді Эльпиді. Рум қызын. Асқабақтың басы үлкен, сабалақ қасы салбырап көзін жауып тұрады. Көзі жапалақтың көзіндей дөңгелек, адамға ішіп-жей қарайды. Беті безеу-безеу, шұп-шұбар. Ол езуін қисайтып, кекете күлді. — Əйелді басқаша қалай тартып алушы еді? Əрине, ақшамен. — Жоқ,— деп қарсылық білдірді Хұсейін.— Менікі екенін біле тұрып тартып алғаны жаныма батады. — Егер сенікі болса, ала бермейсің бе?—деді Асқабақ дұрысын айтып. — Ол оңай шаруа емес,— деді Хұсейін. — Неге? — Өйткені ол Эльпиді қамауда ұстайды. Жүзгіш жəне Құс аулаушы деген лақап аттары бар екі бас кесер Хұсейінді қолдай жөнелді: олар кім болса ол болсын, əйтеуір, біреуді бауыздауға құмар. Ал лақап есім алуға көнбеген Жафар ибн Жафар

өзінің басқа ойы барын білдірді. Ол — тарамыстау келген жас жігіт. Көзі ұясынан шығып кетердей бадырайып тұр. Жасына жетпей маңдайын əжім айғыздаған. Талпақ мұрны мен тарамыс қолының тамырлары шодырайып көрініп тұрады. Ол Хұсейіннің сөзінен жүрегі айнитынын айтты. «Қайдағы бір жезөкше мен оның кəрі көңілдесі туралы əңгімелеудің не қажеті бар?» Мəжнүн оған қарсы сөйлемек болып еді, ананың қату қабағын көріп, тосылып қалды. «Мұның не тағы?!» деп тұрғандай еді оның жанары. «Осындай қысталаң уақытта көңірсітетін əңгіме ме бұл? Əлде əйелдердің бəрі бір жаққа ауып кетті ме? Эльпиден өзге əйел құрып қалып па? Қайдағы бір рум қатынына бола осынша дабыра жасаудың не керегі бар? Мейлі, ол рум əйелдерінің тəңірісі-ақ болсын делік». — Текке бас қатырудың не керегі бар?— деді Жафар ибн Жафар қырылдап.— Оның орнына пайдалы іспен айналысу керек. Оның əкесі атақты зергер еді. Жафардың өзі де мыс пен темірден түйін түйеді. Бірақ көбінесе əкесіне көмектеседі. Ал өзінің зергерлікпен тікелей айналысуға уақыты жоқ, басқа маңызды іске алаңдай береді. Исфахан исмайлиттерінің арасында ол қатыгез мінезімен əйгілі. Сондықтан да Жафар ибн Жафардың мəжнүнді тоқтатып тастағаны түсінікті еді. Оның түсінігінде мəжнүн адам емес, бір əпенде, əпербақан бейшара. Болғаны — сол. Əрі бұл ойын мəжнүнге де, басқаларға да

естірте шегелеп айтты. Жафар белбеуінен Дамаск имек қанжарын алып, оны сабына дейін жерге бойлата сұғып жіберді. — Біздің əңгімемізді кімде-кім жария ететін болса, осы пышақ соған қадалады. Тура сабына дейін бойлайды,— деді ол түнеріп. Исмаилиттердің бас қосқан мəжілістері ылғи осылай сес көрсетуден басталады. Жəне сөздерін іс жүзінде дəлелдейтін əдеттері бар. Олар қажет болса əкесін де, бауырын да қолдары қалт етпей бауыздайды. Осындай темірдей тəртіптің арқасында олардың құпиялары еш уақытта сыртқа шықпайтын. Мəлік-шах пен бас уəзірдің жансыздарының исмаилиттердің іс-қимылдарын үнемі біле

бермейтіні содан еді. Олардың қан ішерлік істері жайлы əңгімені жай дақпырт деп ойлайтын. Ал исмаилиттердің жасырын бас қосуы, кеңесуі сұлтан мен бас уəзірге сырттай кіжінуі үздіксіз болып жатты. Жафар ибн Жафар Хұсейінге: — Қазір сенің өміріндегі ең басты нəрсе не?— деп сұрақ қойды. — Эльпи,— деді анау ойланбастан. Жафар қара бұлттай түнеріп сала берді. — Асқабақ, мынаған ақыл қосшы,— деді ол. Асқабақ мыңқылдап қазір махаббат — тек қол байлау деген сияқты бірдеңе айтты. Оның даусы жіңішке, өзі кекеш-тін. Жұрт күлмес үшін сөздерін созып, өлеңдетіп айтатын. — Қаншама сұлу болғанымен рум қызы саған Күн мен Айды алмастыра алмайды,— деді Асқабақ.— Мұны біліп қой, Хұсейін. Біз, əуелі, өзіміздің мақсатымызды жүзеге асырып алайық. Сонда рум қызы емес, бүкіл Каир аяғымызға бас ұрады. Естимісің, Хұсейін! Хұсейін кескен томардай дөңкиіп қалыпты: бір саусағы да қимылдамайды, тыныс алмайды, нағыз өлік дерсің. Достарынан ол мұны күтпеген тəрізді. Иə, бұларға өзінің қайғы-шерін айтуға келіп еді, олар жұбатудың орнына даттап, кінəлап шыға келді. Бəріне қолды бір сілтеп кету керек шығар. Бірақ ант ішіскен қанды көйлек достарсыз қалай өмір сүрмек? — Түсінсеңдерші, қазір мен өлік секілдімін,— деді Хұсейін тілі

күрмеліп.— Сонда кім өлтірді дейсіңдер ғой? Мені өлтірген — жұлдыз санаушы ғалым. Ол Эльпиді де, мені де қорлап жүр. Сендер секілді қаншама достарым бар, сонда да көз жасым құрғамай, ел-жұртқа күлкі болып жүргенім бе? Сендерге керегі сол ма? Асқабақ пен Жүзгіш оны жұбатқан болып еді, екеуін Жафар ибн Жафар тыйып тастап, Хұсейінге: — Маңқасын жеңіне сүрткен су мұрын бала секілдісің. Бетіңе біреу түкірсе, жүре сүртіп кете бересің,— деді. Хұсейін қайғыдан қан жұтып үнсіз отыр. — Егер не істеріңді білмесең ақылыма ден қой,— деп сөзін жалғады Жафар.— Əр сөздің мағынасын ұқ. Бірақ ана жезөкшені ұмыт. Ол жағынан біз көмек бере аламыз. Жүзгіш пен Асқабақ сенікі дұрыс дегендей бастарын шұлғып шыбындап отыр. — Былай болсын... Жафар сөзін үзіп тың тыңдады. Сонан соң достарын жанына жақын отырғызып, сабына дейін кіріп тұрса да, пышақты тағы да басыңқырап қойды. — Ол...— деді Жафар, сұқ саусағын аспанға шошайтып.— Ол қимылдайтын сəт туды дейді. Мүмкін, бүгінгі түн, мүмкін... — Кімге қимылдау керек?— деді Хұсейін, еңсесін көтере алмаған

күйі. — Саған да!— деп тістене сөйледі Жафар.— Оян, Хұсейін! Сен мені ұқтың ба? Хұсейін ауыр күрсінді. Ол бəрін ұққан сыңай танытты. Ал, шындығында, осы сəт оның көз алдында Эльпи тұр еді. Ол Эльпиді ғана көріп отыр, ал Жафардың даусы алыстан талып естілгендей болады. Енді болмаса басы жарылып кетердей Жафар басын ұстай алды. Сөйтіп, əрлі-берлі жүре бастады. — Біздің өміріміз шарықтау шегіне жетуге жақын. Енді ол бұрынғы арнасынан шығып, жаңа арнаға түседі. Қасиетті Кітапта не жазылған?.. «Ол — аспан мен жерді ақиқат жаратушы». Қажетті кезде ол: «Бол!»— дейді. Сол сəтте бəрі дайын болады. Сендер ұқтыңдар ма мені? Иə, бұл сөзді бəрі естіді. Тіпті Хұсейін де. Оған əсіресе «бол» деген сөз ұнады. Ол бүкшиген денесін жазып, тіктеліп отырды. Артынша шарап пен су ішті. «Бол!» Ол жерге қадалған қанжарға қарап əлдене деп күбірледі. Мұндай пышақ тек қана жерге кірмейді ғой. Кеудеге де қадалуы мүмкін. Дұшпанның жексұрын кеудесіне! Тағы да Жафар ибн Жафардың өктем даусы естілді: — Біздің барлығымыздың бойымызда қан бар, барлығымыз да өзімізді туған жеріміздің адал ұлы санаймыз. Жəне бізді қасиетті

Кітаптың күші желеп-жебейді. Бірақ сүннит мүфтилері айтып жүрген күш емес, басқа, біздің талап-тілегімізге жетекші болған өзгеше күшті айтып тұрмын. Əлде Исмаил бізге Алла атымен «Бол!» деп айту үшін өмір сүрген жоқ па? Бұл жай сөз емес!.. Хұсейін, сен не ойлап тұрсың? — «Бол!» деген сөзді,— деді Хұсейін ағынан жарылып. — Тамаша!—деп Жафар сөзін жалғай түсті.— Мен онымен сөйлестім, көсемімізді айтам. Шөлді жердегі Исфахан үшін Зайендеруд суы қандай қажет болса, оның əңгімесі де біз үшін сондай қажет. Ол: «Біздің қатарымызда қорқақтар жоқ па?»—деп сұрады. Мен: «Жоқ!»— дедім. Расында, солай ғой. Əлде мен қателесіп тұрмын ба? Жүзгіш даусы жер астынан шыққандай күңгірлеп, дəлдірлеп: — Жоқ, сен қателескен жоқсың. Ол да қателеспеген. Менде дамаск болатынан соғылған он қанжар тығулы жатыр. Ширазда соғылған қанжарды да қайрап қойдым. Олар дамаскінікінен кем емес. Оллаһи, шыным! Керней үні шықса болды, мен дайынмын. Əрі мен жалғыз емеспін. Біз тек қана Алла сөзін күтіп отырмыз. Біз сол «бол!» деген сөзді күтудеміз,— деді. Бұдан соң олар жұқа жаппа нан жеп, шарап, су ішті. Біразға дейін сөйлеспей отырысты. Ал бейшара мəжнүннің іші қыж-қыж қайнайды. Оның есіл-дерті — «Бол!» деген сөзді есту. Соны күтеді. Иə, осы сөз естілсе болғаны...

Жафар ибн Жафар енді басты мəселеге ойысып, істі егжей-тегжейлі талқылай бастады. Оның əке-шешесі алыста, Эльбрус тауының жықпылдары арасында тұрады. Исмаилдің қасиетті күресіне қатысам деп, өскен ортасынан бөлініп шыққан, туған жерін тастаған өзі ғана. Өйткені мұны ол өмірінің басты мақсаты деп біледі. Əрі бүкіл əлем жұртшылығының мақсаты да осы емес пе деп ойлайтын. Ең басты нəрсе: Бостандық. Адамға одан артық не керек? Жер ме? Шаруа өмір бойы шөлден не күтеді? Суды. Оны қалай алуға болады? Мінəжат етіп пе? Бірақ қанша мінəжат еткеніңмен, Алла мен Мұхамметке (с.ғ.с.) табынғаныңмен, сұлтан мен оның уəзірлері не бермек?.. Ештеңе де! Ал бұл жайлы Исмаил не деп еді?.. Достары Жафар ибн Жафарды үнсіз тыңдап отыр. Құрметтейтіндерін білдіріп сөзін де бөлмейді. Айтқандарын ой елегінен өткізеді. Əрине, мұндай сөзді олар бұрын Жафардан да, басқа исмаилиттерден де талай естіген-ді.

— Міне, сен,— деп Жафар Хұсейінге бұрылды,— сол бір жезөкше əйел үшін бəріне бас тікпексің! Алла жар болсын! Кімді сүйгің келсе соны сүй! Ешкімнің сенде шаруасы жоқ. Бірақ мəселе мынада: сен оны, ол сені сүйеді. Бірақ екеуің де өмірден еш үміті жоқ құлсыңдар. Түсіндің бе? — Иə. — Сол өмір ме? Сол да махаббат па? — Жоқ,— деп жауап берді Хұсейіннің орнына Жүзгіш. — Ал енді мынаны көз алдыңа елестетіп көр. Екеуін де еркінсің делік. Сені ешкім түрткілемейді. Оны ешкім зат ретінде сатып алмайды. Сен мұны көз алдыңа елестете аласың ба? — Аздап,— деді Хұсейін. — Неге аздап? Неге екенін Хұсейін де, Жүзгіш те, Асқабақ та білмейді. Əр түрлі адамдар болады: біреулер айтқанды қағып алады, ал енді-біреулердің ақпа құлағынан ағып кетеді. — Мəселе мынада,— деді Жафар.— Біз құлдық өмірге əбден үйреніп алғанбыз.— Ол достарының кеудесін кезек-кезек нұқып шықты. Жүзгіш үнсіз. Асқабақ келіскендей басын шұлғиды. Хұсейін де не «иə», не «жоқ» деп кесіп айта алмайды. Жафар орнынан атып тұрды. Ашуланғаны сондай, жұдырығы

түйіліп кетіпті. — Нағыз құл сендерсіңдер!—деп шаптықты өзінен-өзі.— Өйткені сендер мұны қазірдің өзінде ашық мойындауға қорқып тұрсыңдар. Сонда неден қорқасыңдар? Əлде біреу айтып қояды деп ойлайсыңдар ма? Шынымен, біздің арамызда ондай адамның болғаны ма? Əлде мен сатқын болармын? Мүмкін, Асқабақ шығар? Əлде сенсің бе, Жүзгіш? Немесе есі кеткен мəжнүн бе? Айтыңдаршы? Кім? Хұсейін: — Анықтап алған жөн болар. Мəселен, мені кімде-кім түртпектеуді ойласа, оның жанын жаһаннамға жіберемін. Мен ондайға көнбеймін, естисіңдер ме?— деді. Жафар қарқылдап күлді. Күлді де: — Бақытсыз сорлы, сен баяғыдан-ақ құл екеніңді білмеймісің! Иə, əупірім заманнан! Туғаныңнан. Оны жасырудың қажеті не? Сен сұлтанның ғана емес, нəпсінің де құлысын. Əйелдің қос алмасына бола құлдығыңды да есіңнен шығармақсың. Иə, иə, иə! Дау айтам деп əуре болма! Жафар жемтігін көрген жолбарыстай айбаттанып тұр. Бірақ кімге секіреді, кімнің қанын шашады? Мына достарының ба? Хұсейін тұнжырап иығын қиқаң еткізді де, нан үзіп алды. Осы бір əпербақанмен сөз таластырғаннан не пайда? Əпербақанның жайы белгілі емес пе?

— Ал сен ше?— деп Жафар Жүзгішке бұрылды.— Мүмкін, уəзірлермен сөйлесерсің? Зайендерудтен балық аулап, үй ішін асыраудың қиын екендігін жеткізерсің, ə? — Оның рас, өте қиын. — Сөзің де сүреңсіз!—деді Жафар зілді үнмен.— Айтқан сөзің оттай қарып түсуі керек! Ал сен ше? Аузыңдағы сөзіңді айта алмай ылжырап отырсың. Жүзгіш əлдене айтып ақталмақ болды: — Мен айтқан жоқпын ба... Яғни өз қалауымша өмір сүре алмаймын ғой... Аштық дегендей... Жоқшылық тағы бар... — Қайыршылық десеңші. — Мүмкін, солай шығар. — Ақымақтар!—деп Жафар күйініп кетті.— Ақымақтар! Сендер еш нəрсеге үйренбепсіңдер.— Ол еңкейіп ыдысты алды. Оны түбіне дейін төңкере ішті. Сонан соң жерге қадалған пышақты суырып алып, астына салып отырған жастықты жұлып алды.— Қараңдар! Мынаны антұрғанның өзі делік. Оның кім екенін сендер біліп отырсыңдар. Атын атауға аузым бармайды, жүрегім айниды. Иə, сонымен мынаны сол делік! Жафар жастықты жоғары көтерді. Оның көздері қанталап, жастықты осып-осып жіберді де, төбеге атты. Құс жүні жауып кетті.

Аппақ мамық. Бейне Эльбрусқа қар жауып жатқандай. — Көрдіңдер ме?—деп, Жафардың тістері сақ-сақ етеді. — Əрине, көз алдында болғанды көрмеу мүмкін емес қой. — Мұның бəрінің не екенін сендер енді ұққан боларсыңдар? Үнсіздік. — Міне, осылай, тек осылай ғана сарайдағыларды жазалау керек. Естеріңде болсын, біздің басты жауларымыз обсерваторияда емес, сарайда. Осылай, тек қана осылай жаулармен сөйлесу керек! Жафар орнына отырды. Бетінен моншақтап тер ағады. Əрең дем алады. Қарша жауған мамық жүнді тіпті елер емес. — Зығырданым қайнап тұр,— деп мойындады Жафар ибн Жафар. Сөйдеді де, жанарымен жер шұқып отырып қалды. Хұсейін ыдысына түскен мамықтарды сүзіп отыр. Жүзгіш пен Асқабақ та сонымен əуре. — Ішіп жіберсек пе екен?—дейді Жафар, еш нəрсе болмағандай. Көңілі енді ғана сабасына түскен тəрізді.— Бəрі де ойлағандай болады. Жаңағы мен айтқан сөз көп кешікпей айтылады жəне оны сендердің де құлақтарың естиді. Ең бастысы — сонда сендердің сасып, қапы қалмауларың.— Сонан соң Хұсейінге қарап: — Сүйіктіңнің опасыздығы үшін жазаланатын уақыты қашық емес. Ең негізгісінен бастау керек. Ұқтың ба мені?— деді.

Хұсейіннің ойында бір-ақ нəрсе: «Эльпи, Эльпи, Эльпи...» — Естеріңде болсын,— деп ескертті Жафар ибн Жафар,— қанжардың екі жүзі бар. Жəне екеуі де өткір. Отырғандар бір-біріне қарасты: бұнысы несі? Қорқытқаны ма?!. 25. Мұнда Исфахан базарында сөз сөйлеген бір дəруіш туралы əңгімеленеді — Мен сендерге бір нəрсе айтсам деп едім!.. — Ақырынырақ айтуға болмас па екен? — Жанымды ауыртып, жүрегімді тілгілеген сөзді айтпай тұра алман! — Оны айқайлап айтпаса да болады ғой? — Мен айқайлап тұрмын ба? Тек сөзімді жұрттың бəрінің естуін тілеймін. — Біз тас керең емеспіз. — Жұрттың бəрі түсінсе деймін! — Түсінбейтін ақымақ емеспіз. — Айтқанымды жадыларына тұтса деймін! — Бұның енді нағыз басынғандық... — Мен ешкімнен де қорықпаймын! Исфахан базарының ет сататын қатарында тұрған дəруіш бой берер емес. Өзінің сол көзі қыли екен. Үстіндегі киімі жұлым-жұлым, мыж-

мыж. Қолында аса таяғы бар, бүкіл базарды басына көтеріп айғайлайды. Ет сатушылар — орнықты, ауқатты халық. Олар дəруіштің сөзін елер емес, қойларын сойып, қасабын жасап, арқа-жарқа. Бірақ көпшіліктің аты көпшілік қой: оларға бəрі қызық, бəрі ермек. Сондықтан да дəруіштің сөзін тыңдаудан қашпайды. Тəрізі, мына дəруіштің айтары бар секілді, əйтпесе осылай бақырар ма еді! Кейбір қасаптар жұмыстарын доғарып, дəруішті қоршай бастады. Қасаптың бірі дəруішті тыйып тастағысы келіп еді, бірақ онысынан еш нəрсе шыққан жоқ: өз шашын өзі жұлуға даяр дəруіш даурығып жұрт назарын аударып алыпты. Қасапшыларға көкөніс сатушылар қосылды. Бəрі: «Əулие адам болар, тыңдау керек» деп ойлайды. Соншама не болып қалды? Неменеге анталайсыңдар? Дəруіштің тамағын жырта айғайлағанын көрмекпісіңдер? Немесе аса таяғын сілкілегенін бе? Шығыстан жылан арбаушы келсе бір сəрі. Ол — ойын- сауық болар еді. Немесе Мекке мен Мединеде болған қажы келсе, əр түрлі ғажайыптар туралы əңгіме айтып, көңіл сергітер еді. Ал мына дəруішке не керек? Құр байбалам сала бергенше, айтарын неге айтпайды? Қалай болғанда да базардың аты базар. Исфахан базарындағылар да

ойын-сауық тамашалауға, алып қашпа өсек-аяң естуге құмар. Өйтпей ше, ол үшін ешкім ақша сұрамайды ғой... Зор денелі, қолында лөкет пышағы бар жас қасаптың бірі дəруіштің жұлым-жұлым болған жеңінен тартқылай бастады. Дəруіш: — Саған не керек?— деп безектеді. — Бірдеңе айтқың келсе, айт,— деп жауап берді қасап.— Құр айғайың құлақты жарар болды ғой. — Əй, сен кімсің?—деп дəруіш шырылдайды. — Али ибн Хасан! Аты-жөнім — осы! — Мейлі, солай-ақ болсын, бірақ онымен не айтқын келеді? — Сен де өзіңнің кім екеніңді айт, білгіміз келеді. — Асықпа. Бəріне де үлгересің.— Дəруіш асай-мүсейлерін асына бастады. Аса таяғымен жерді қойғылап:— Сен құмды шөлдегі боранның не екенін білесің бе?—деп сұрады кенет. — Білмедік делік. — Сен Тұран аязының не екенін білесің бе? — Білмедік делік. — Сен өлексе жеп көрдің бе? Хасан бетін тыржитып: — Жоқ, жеген емеспін,— деп мойындады. — Ал мен мұның бəрін білемін. Оның бəрі мына жерімде тұр! Дəруіш

мойнын үш рет қойып-қойып қалды. Жəне қатты ұрғаны сондай, тілі аузынан салақтап шығып кетті. Дəруіш жұдырығын түйіп кіжінеді. Тағы да жыны ұстап, құтырына бастады. Оның неге қалшылдайтынын, кімге қаһарын төгетінін жұрт қайдан білсін. Ал біреуге кіжініп, ашуланғаны соқырға да аян. Тіпті төбелесуден де бас тартпайтын секілді. Ақ ниетті дəруіштің осылай істеуі мүмкін бе? Күжірейген қасап жат жұрттық қонақтан жөн сұрамақ болды. Дəруіштің əлденеге қобалжып тұрғанын байқаған қасап, оған құрмет көрсете ілтипатпен тіл қатты. — Уа, əулием,— деді қасап.— Неге осынша күйзелдің? Ойыңдағыны айтып салып, көңілді сергіткен əлдеқайда жеңіл емес пе? Əрине, егер бізді сондай рақымға лайық деп тапсаң. Дəруіш жең десең жеңге ұқсамайтын жырым-жырым шүберекке тершіген бетін сүртті. Сосын: — Таң қаларлық ештеңе айтпаймын,— деп күңк етті.— Су беріңдерші, сонан соң айтайын. Біреу суы бар ыдыс ұсынды. Оған дəруіш көз салған да жоқ. Жұрт дəруішті айнала қоршап отырды. Мұнда қасап та, көкөніс сатушы да, əр түрлі хикаяға əуес базардың оннан-мұннан келген қаңғыбастары да бар.

— Мен Бұхараның өзінен келемін,— деп бастады сөзін дəруіш.— Керуеншілер ілестірмеді. Сондықтан да тозақта күйген күнəкар секілді құм арасында жаяу жүрдім. Ащы су іштім. Тұщы суға да қандым. Арпадан жасалған нан жедім, оның тəттілігін айтып жеткізе алар ма екенмін. Дүниені аралап көргім келді. Сол көргендерімді баяндайын. Оған біреу тағы да су ұсынды. Дəруіштің тамағы кеберсігені айтпай- ақ сезіліп тұр. Мүмкін, бұл қатты толқығанның, не шыжыған ыстықтың əсері болар. — Сендерге былай дегім келеді: дүниеде мейірімді адамдар көп.— Дəруіш бұл сөзді ерекше екпінмен айғайлап айтты.— Бірақ мынаны да ескерте кетейін: арамдықтан басқаны ойламайтын арамзалар да аз емес. Ол қаныпезерлер құм арасында да, адамдар арасында да өріп жүр. Біліп қойыңдар: олар адам кейіпті қорқау қасқырлар! Дəруіш осы үлкен мемлекеттің қалалары туралы əңгімеледі. Бұхара мен Самарқант—нағыз асыл ақықтар. Одан Хиуа да қалыспайды. Нншапур мен Балқы жер жаннаты. Исфахан мен Бағдаттың көркіне лайық теңеу табу қиын болар-ау. Алла дүниені үйлестіріп жаратқан: əдемі əдемінің, ұсқынсыз ұсқынсыздың жанында тұрады. Өмірдің өзі — теңестіру. Сол сəт Кітаптың мына бір сөзі еске түседі: «О, Алла! Сен біздің жолымызды оңғартып, түзу соқпаққа салған соң, сол жолдан тайдыра көрме. Бізді рақым-шапағатыңнаң айырма, жарылқаушы

иеміз!» Өмір де үйлесімді құралған: бұл — Алланың рақымы. Сондықтан да Алла үшін біз қиыршық құм ғанамыз жəне оған əркез алғысымызды жаудырып, мінəжат етеміз. Дəруіш сөзін жалғай түсті: — Міне, сен жүріп келесің делік. Бір фарсангтан кейін, бір фарсанг қалып жатыр. Əр аттаған сайын Алланың қайырымды ісінің ізін көресің. Сол сəт бақытты тіршілік, бақуатты тұрмыс туралы ойлайсың. Бірақ қаныпезерлер мен қарақшылар үлкен жолдың үстінде сол үйлестікті бұзбақ болады. Жолға шығып көріңдер, Алланың өсиетін орындаңдар. Ол Кітапта: «Төрт ай бойы саяхаттаңдар жəне Алла атына кір келтірем деп ойламаңдар. Сонда Алла кəпірлерді жазалайды» деген. Мен Кітапта айтылған нəрсенің бəрін басымнан кешірдім, талай азапқа шыдадым. Қазір оның бəрі менің қай жерімде тұр дейсіңдер ғой? Дəруіш өз желкесін өзі қойып қалып еді, тағы да тілі салақтап шығып кетті. Жиналғандар оның сөзіне таңдана құлақ түрді, батылдығы мен құлақ жарған ащы даусына тəнті қалды. Дегенмен жұрт Дəруіштің не айтпағын білмей аңтарылып тұр. Ол не айтпақ, əңгіме бетін қайда бұрмақ. Мүмкін, ол исламның ақ жолын ұстанатын адамның тағдырға мойынсұнуы керектігін айтар, əлде басқа бір тосын нəрседен хабардар

ете ме? Мүмкін, ол елде қаныпезерлердің көбейіп кеткені үшін үкіметке наразылығын білдірер. Жиналған жұрт қатары көбейе түсті. Дəруіштің сөзін артта тұрғандар одан алыстағыларға жеткізіп жатты. Дəруіш: — Мен дүниені кездім. Үндістанның ақылды жыландарын, ай бойы көрде жатып, одан тірі шығатын адамдарды көрдім. Мен екі басты, төрт аяқты адамдармен кездестім. Өміріңді бір ғасырға ұзартатын жапырақты шайнадым. Жалын боп жанатын су, жер астынан атылан от көрдім. Бірақ мен бір ғана нəрсені айтпақпын: біздің елімізден асқан ел, ұлы тақсыр басқарып отырған біздің өкіметтен əділ, күшті өкіметті көргенім жоқ! Бұған жиналған жұрт едəуір таңданып қалды. Əрі олар: өкіметті мақтағысы келсе, неге соншама байбалам салды екен деп ойлады. Соған бола базарды басқа көтеріп айғайлаудың қажеті не? Өкіметтің жақсы екенін, ал оның жауларының бəрі қаныпезерлер екенін кім білмейді? Мұндай сөз үшін жұртты базарға жинаудың қажеті шамалы. Оны ұлы тақсырдың сарайы жанында да айта беруге болады. Дəруіш жиналған жұрттың ыдырай бастағанынан өзінің діттеген жерден шықпағанын сезді. Содан ол бар даусымен: — Мұнымен менің не айтқым келеді?—деп қайта жар салды.

Осы сөзді естісімен тарай бастаған адамдардың біразы енді не айтар екен дегендей кібіртіктеп қалды. — Көңіл қойып тыңдаңдар,— деді дəруіш, су құйылған жаңа бір ыдысқа қолын созып жатып.— Мен бəрін көремін жəне көп нəрсені білемін. Менің құлағымның сақтығы сонша, құмырсқалардың жүргенін де ести алады. Оны аз десеңдер даладағы қылтанақ шөптің сөл жиғанын да көремін. Мен періштелердің даусын естимін. Жəне бəріне алдын ала ескеріп қояйын: біреулердің балтасы бас шабуға дайын, біреулердің қисық пышағы қайраулы тұр, талайларды жаншып кетер тастар да баршылық. Жұрт шуылдасып-дуылдасып кетті. Арттағылардың итеруімен жұрт дəруішті тықсырып тастады. Дəруіштің тынысы тарылды. Ол қолымен белгі беріп, жұрттан кейін шегінуін өтінді. Буған едəуір уақыт кетті. Тек содан кейін ғана дəруіш сөзін одан əрі жалғады: — Мұсылмандар, біліп қойыңдар. Құранда: «Алла ісіне сенбейтін, əулиелерді сабайтын жəне əділдікке шақыратын жандарды ұрып- соғатын адамдарды ауыр жазалау керек!» делінген. Бұл — өте əділ сөз! Дəруіш иығына ілген кір дорбасынан бірер кепкен жүзім алып шайнай бастады. Бұл оған əл бергендей еді. Ол енді бұрынғыдан да қатты даурығуға басты. Артқы жақтағы шу сөз естіртпеді. Алпамсадай қасап жұрттың тынышталуын талап етті.

Дəруіш: — Құдай ісіне бағышталған сапарымда мен не көрдім? Мен сол туралы айтпақпын: гүлденген жер мен Алла берген билікті адал, əділ жүргізіп отырған ұлы тақсырдың қол астындағы бақытты елді көрдім. Тəртіп пен əділет, адалдық пен ақылды істі көрдім. Өткен күндердің сүреңсіз тіршілігі мен қаныпезер істерінен не қалды? Түк те қалған жоқ! Мəртебелі мырза, біздің қамқоршымыз бас уəзірге Алла ұзақ та бақытты өмір берсін! Ол ұлы тақсырдың билігінің дұрыс жүріп, үкімінің сөзсіз орындалуы үшін аянған емес.— Дəруіш осы араға келгенде демін алды.— Бірақ ұлы тақсыр мен жоғары мəртебелі уəзір тілегендей ме бəрі? Мен сендерден сұрап тұрмын: бəрі сондай ма? Біреу: — Бəрі ойлағандай бола бермейді,— деп дауыстады. Тағы біреу: — Тек ұжмақта ғана бəрі тамаша болуы мүмкін!— деді. — Тура, əділ айтылған сөз. Бұдан не туындайды? Мəселе мынада: керуен жолдарында, қала көшелерінде, қан базарларда жүрген қаныпезерлердің ісіне қашанғы шыдауға болады? — Шыдауға болмайды!—деді алпамсадай қасап. — Мұсылмандар, дүние не болып барады?!—Дəруіш тағы жұдырығын түйіп айғайға басты.— Уа, мұсылман, төңірегіңе назар салып көрші! Бəз біреулер ұлы пайғамбар Мұхаметтің (с.ғ.с.) өсиеттерін

тəрк етіп, қалалар мен керуен жолдарында қарақшылық жасайды. Мен оларды да көрдім: олар бізге билік жүргізу үшін дүниені қанға бояуға əзір. Неге? Əлде өкіметіміз жаман ба? Əлде біз оның қайырымын əрдайым сезінбей жүрміз бе? Жасырып пышақ қайраудың қажеті не? Қарақшылардың дала мен шөлді кезіп адам тонап, кісі өлтіруі үшін қажет шығар? Жұрт тына қалды. Өздеріне бағышталған сұрақ жайсыздау тиіп тұр. Ұлы мəртебелі сұлтан мен оның уəзірлеріне сенімсіздік көрсету не абырой əпермек? Қажеті қанша? Бірақ дəруіш кімді айтып тұр жəне неге осыны айту үшін базарды таңдап алған? Топ ішінен біреу: — Ол туралы өзің не ойлайсың?—деп айғайлады. Дəруіш зымияндана күліп, кеудесіндегі киімін жыртып жіберердей жұлмалады. — Мен Аллаға қызмет ететін бейшарамын, жердің биті ғанамын. Құмның қиыршығы десем де артық емес. Міне, мен кіммін! Ал енді титтейімнен үйренген дағдыммен ақиқатты айтайын. Мен айтып отырған қаныпезерлерді өздерің де жақсы білесіңдер, олар Хасан Саббахтың асассиндері. Оның жалдамалы бас кесерлері. Оларға тек қана өкімет билігі керек. Жəне олар Аллаға құлшылық етеді деп ойламай-ақ қойыңдар, тек жұрт көзін алдау үшін ғана Аллаға

жалбарынады. Жұртты оң-солын білмейтін жас бала құсатып алдағылары келеді. Оған күмəндарың болмасын! Олардың жүрегінде аяушылық жоқ жəне өздері ұлы тақсыр мен оның уəзірлерін ит етінен жек көреді. Шындығына келсек, бізге де емешектері езіліп тұрғаны шамалы. Жұрт арасында толқу пайда болды. Бəз біреулер бəле-бəтерден аулақ болайық деп тарай бастады. Қазір мына дəруіш асассиндерді балағаттай бастады, біраздасын керісінше сайрауы да мүмкін. Мұндай істен аулақ болған жөн. Бұл жерде ұлы мəртебелінің сенімді көздері мен тыңшысының жоқ екендігіне кім кепіл? Жəне олар мемлекет туралы айтылған осы бір түсініксіз сөздерді тыңдаған адамдардың бет-бейнесін есте сақтап қалуы да мүмкін. Сондықтан да пəледен аулақ болғанға не жетсін... Дəруіш əбден лепіріп кетті: заңды өкіметтің жауларына лағынет айтып, ұлы тақсырдың данышпандығын дəріптеді. Өзін тыңдағандардың бəрін асассиндер мен Хасан Саббахты қарғауға

шақырды... — Ал сен оларды өз көзіңмен көрдің бе?— деп сұрады қасап дəруіштен. — Кімді? — Асассиндерді? Дəруіш қарқылдап күлді. — Мүмкін, олар сенің дəл желкеңде, болмаса тұмсығыңның астында тұрған болар,— деп жауап берді ол.— Олар бит секілді, көзге көрінбейді, бірақ оңдырмай тістейді. Қасаптың бір нəрсе айтқысы келіп еді, бірақ үндемеген дұрыс болар деп тапты. — Егер жұрттың бəрі жан-жағына зейін салып қарап жүретін болса, міндетті түрде асассиндерді көрер еді. Оларды ұстап алып, жендеттерге тапсыру керек. Мен олардың қаныпезерлігін жақсы білемін. Дəруіш үндемей қалды. Ол өзінің айтқысы келгенін түгел айтқанын аңғартты. Жұрт тарай бастады. Олар қазір ғана естіген сөздері туралы пікірлесіп бара жатты. Ал дəруіш не істеді дейсіңдер ғой? Ол сол жерде біраз қозғалмай тұрды. Сонан соң қарнының ашқанын сезді де, ірі қараның ішек-қарны асылып жатқан қазандық жаққа қарай

беттеді. Базардың адам жоқ жағына түзге отыруға барған дəруішке белгісіз бір мырза жақындап, жолын кес-кестеді. — Мен сенің сөзіңді естідім. Ол туралы бас уəзір де хабардар,— деді белгісіз мырза.— Жоғары мəртебелі мырза мына ақшаны саған аштығың мен шөліңді басу үшін беруді тапсырды. Осындай сөздер айтып, əлгі бейтаныс дəруішке бір уыс күміс тиын ұсынды. Дəруіш ризашылығын білдіріп, əлгі мырзаның қолын сүйді. — Кешке жоғары мəртебелі бас уəзірдің үйіне кел, қайырымды адам, — деді бейтаныс.— Осман ибн Əбубəкірді сұра. Ол — менмін. Сосын, құдіретті Алла не бұйырса, соны көріп, соны естисің. Дəруіш басын иіп, ақша ұсынған қолды тағы бір рет сүйді. — Біздің ұлы мəртебелі мырзамызға Кітаптағы: «Сенің қолыңда — бақ бар. Дүниенің бəрі саған бағынышты!» деген сөзді айта бар,— деді дəруіш. — Сөзіңді жеткіземін,— деп уəде берді де, Омар ибн Əбубəкір сапырылысқан базар адамдарының арасына еніп кетті. Дəруіш алақтап жан-жағына қарады. Өздерін ешкімнің көрмегеніне көзі жетті. Енді оның қуырылған ет пен ішек-қарын иісі шыққан қазандық жаққа барғысы келмеді. Ол бастапқы ойынан айнып, ет пен күріш, тұздалған балық, құрма, жаңғақ майын сататын жерге қарай

бұрылды. Ол жылдар бойы езген тағдыр ауыртпалығынан белі бүгілген адамша қиралаңдап аһылап-үһілеп келеді. Аппақ сақалы да желп-желп етеді. Базар бұрынғысынша гу-гу. Қасаптар қойдың бүйрегі мен сиырдың арзан ішек-қарнын сатып алуға шақырса, көкөніс өсірушілер қышқыл, ащы жəне тіл үйіретін тəтті шөптерін мақтайды, оңтүстіктен келгендер жаңғақтары мен кептірілген балық жəне басқа да теңізден ауланған нəрселерін алға жаяды. Дəруіш дəмхана ішіне көз салып біраз табалдырықта тұрды. Оның алғыр көзі кім, шынымен, тамақ ішіп отыр, кім демалып отыр, ал кім келіп-кеткендерді бағып отырғанын бағдарлайды. Дəруіш бет-əлпетін қанша өзгерткенімен, үңіле қараған адам оның Аламут қорғанындағы Хасан Саббах мырзаның үйіндегі мəжіліске қатысқан асассин Зейд ибн Хашим екенін таныр еді. 26. Мұнда Омар Хайямның көрген түсі жөнінде əңгімеленеді Бұл бір тəтті түс еді. Мұндайды Хорасанда шербеттей тəтті түс дейтін. Жəне Египет қантынан қайнатылған шараптай масайтатын түс еді бұл. Ұлы ұстаз Ибн Сина Тұран хағанының қол астындағы адамдармен болған бір əңгімесінде, адамның көрген түсі не болған, не болатын шындықтың бейнесі депті. Яғни түс не жүзеге асады (мұндай


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook