Енді үйге қарай келе жатыр. Жақындай беріп бізге бас изегендей сол ишарат жасады. Бізді жаратпай жүр ме, əлде өздері жаратылысынан пейілге сараң жандар ма, ол арасын айыра алмадық, бірақ қайсысы болса да бізге жайлы тиіп отырған жоқ. Қас қарайған кезде барып бізді үйге шақырды. Ондық шамның жарығымен тамақ іштік. Хозяйка, алдымызға бір — бір тілім нан қойды да, шөгеннен май шыжғырып қатық еткен капуста көже — щи құйды. Əйелі оттан шыққан шөгенді столдың үстіне қойып жатқанда барып, үй иесі бізге адам сияқты зер сала қарап алып: — Иə, қай жақтан жүрсіздер?— деп сұрады. Біз жөнімізді айттық. Шуриктің жағдайын естіп, мүсіркеп маңдайынан сипап қойды. — Иə, иə... Кішкентай балаға обал болған екен. Станцияны бомбалағанын осы арадан біз де көрдік. — Батя, мен де көрдім. Самолетті көрдім,— деп кіші баласы сөзге араласты.— Ой, тіпті қызық болды. Гүрс — гүрс ете қалғанда... Əкесі ұнатпай бір қарап қойып еді, кішкенесі жым болды. Үй иесі биік қабақты, үлкен үшкір мұрынды, ірі жүзді кісі. Суалыңқы жағы мен шықшыты шығыңқы кең иегіне бір жеті ұстара тимеген болар, сақалы өсіңкіреп кетіпті, бірақ сары сақалдың өскені бадырайып біліне қоймайды екен. қолы да күректей, қолындағы сорпа ішіп отырған қасығы шай қасықтай көрінді маған. — Кішкентай балаға обал болған екен,— деп басын шайқап қойды үй иесі. – Əкең... əкең айыпты ғой бəріне. Үйі — ішін мұнда əкеліп несі бар еді? — Соғыс болатынын қайдан білген,— деді Света сөзге қаймыға араласып. — Неге білмейді. Офицер болғасын бəрін білу керек,— деді үй иесі мұртын сипап.
— Менің папам офицер емес, командир, — деді Шурик ұнатпай. Қызыл армияда офицер болмайды,— деп түсіндірді үй иесінің бетіне қарап. Үй иесінің «офицер» деген сөзі біздің де құлағымызға түрпідей тиген еді. — А — а, солай ма? Біз ондайын əлі біле алмай жатырмыз, — деді үй иесі езу тартып.— Сірə, түбі, большевиктердің көп нəрсесін біле алмай қалатын шығармыз. Сіздің əскерлер қашып келе жатқан көрінеді ғой. Сөзінде кекесін бар, бізді əйел деп басынғаны болар, кекесінін жасырмақ түгіл, айызы қанып, ащы мысқылмен бізге бір қарап қойды. — Жасаған құдайға мың да бір рахмет,— деді əйелі қолын бүріп маңдайына тигізіп шоқынып жатып. — Өзіміздің жиған – тергеніміз өзімізге бұйыратын болды ғой. Əлгі бір колхоз деген пəлесіне жеткізбей — ақ, жасаған құдайдың рахымы түсті ғой. Арғы жақтан келгендер буынып — түйініп кетіп жатқан көрінеді. Света екеуміз бір — бірімізге қарадық... Тұла бойымыз мұздап қоя берді. Келімсек, кіріптар қонақтың баққаны үй иесінің қабағы емес пе, жаңа үйге кіргеннен — ақ үй иесінің ажарын баққанмын. Қанша түксиіп, қабағын түйгенмен шүңірек көзінің бір тереңінде шыдамсыз жарқыл бартын, не де болса бір жақсылық хабарды асыға күткен адамның кескіні. Сол күткені кім екенін енді білдім. — Арғы беттен келгендер кім?— деп сұрады Света түсінбей. — Е, советтен келгендер ше. Осында сельсовет дей ме,парт ячейка дей ме, əйтеуір көбейіп кетіп еді. Келіп алып жалаң аяқ, жақыбайларды құтырта бастаған,— деді хозяйка. — Олар да енді сендер сияқты зытып барады. Тентіреп жүрген мазасыз қонақты үй иелері сұқ көзімен атса да, біз оған дайын едік, бірақ дəл мынадай үйге түсеміз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірген жоқ — ты. Содан есеңгіреп қалдық па, Света екеуміз тілімізді тістеп алғандай үндемедік. Үндегенде не айтамыз, біздің сөзіміз райынан қайтаратын жандар емес бұлар, мына сөздері де жай бір ашу үстінде, немесе кездейсоқ қиянат көріп ренішпен айтылып жатқан нəрсе емес, əріден, түбінен шыққан сөздер.
Иə, біздің жан сақтаушыларымыз да бүгін — ертең келіп қалар осы араға. Ал, қонақтар, сендер ертерек кетіңдер. Қолға түсіп қаларсыңдар. Онда бізге де сөз келіп жүреді. Басына күн туған адамға қол ұшын бермеген де жаман. Бірақ... — Иə, ерте жатыңдар да, ерте тұрып кетіңдер,— деді əйелі.— Немістер сендерді онша жақсы көрмейтін болар. Бала ойы сөз мағынасына жете алмай, бірақ іші бір жаманатты сезгендей Шурик көзі жыпылықтап үй иелеріне кезек қарап отырған — ды. — А, олар сіздерді жақсы көре ме?— деп сұрады ол, кенет таңырқап. — Оларың кім? — Немістерді айтам. Фашистерді. Сіздер соларға жақсыздар ма? Сіздер бізге жақ емессіздер ме?— Шурик бұрынғыдан бетер таңырқап, үй иелеріне, қасындағы өзі шамалас сары баланың бетіне үрпие қарады. — Біз бе? Біз...— деп сары бала не айтарын білмей қипалақтап, сосын əкесінің қабағын көріп, қоя қойды. — Жə, сендердің ақылдарыңа сыятын нəрсе емес ол,— деп үй иесі екі баланы тойтарып тастады. Содан кейін əйеліне əмір етті,— Шоланға қонақтарға төсек сал. Исі аңқыған жас шөптің үстінде жатырмыз, ортамызда Шурик пыс — пыс етеді, Света да ұйықтай қоймаған тəрізді, бірақ екеуміз бір — бірімізге тіл қатпаймыз, ішім сезеді, оның хəлі де менің хəлімдей болар. Көкіректе бір зіл бар. Содан соң... Содан соң... жирену ме, жек көру ме?.. Əйтеуір тереңнен туындап келе жатқан жанға жайсыз бір сезім бар. Бір — бірімізге айта алмай... айтқымыз келмей жатқанымыз да сол болар. Арғы беттен соғыс келеді. Біз сияқты қатын — қалаш, бала — шағасын елге қайтарып, қолына қару ұстаған, əскер қатарындағы ер азамат соғысқа кетті. Жолшыбай көргеніміз де сол — соғысқа аттанып бара жатқандар, жау қолына түсіп қалмайық деп кейін шегінуге қам қылғандар — өзгеден бұрын өзі мініп кеткісі келіп вагонға таласып, қанша керілдесіп, қырқысып жатса да олар бір жақтың адамдары, арғы беттен жау келсе иін тіресін бірге қарсы тұратынына өз басым шəк келтірмеймін. Мен үшін, жалғыз мен үшін
ғана емес шығар, дүние қазір қақ айрылып екіге бөлініп, ана жақтан келе жатқан қатыгез, қаныпезер дұшпандар, мына жақта біз... Қазір мынау қараңғы шоланның ішінде қапсағай ірі денелі, үлкен үшкір мұрынды, шүңірек көз шаруа елестейді көз алдыма. Көктен күткені жерден табылған қуанышын жасыра алмай, биік қабағының астынан бояуы сұйық көкшіл көзі табалай, мысқылдай жылтырайды. «Арғы бет», «бергі бет» деп жүргенімде, арғы беттен күткен жауымның бірі осы болғаны ма? «Бергі бетте де» жау болғаны ма? Бала кезімнен аңқаулау едім, біраз нəрсенің бақайшағын шағып, байыбына бармаппын да, біраз нəрсені аңғармаппын — ау. Қас пен досты мен таңдап алғаным жоқ. Менің дұшпаным арғы беттен өзі келді, дұрысырақ айтқанда келе жатыр. Менің ғана дұшпаным ба? Бəріміздің дұшпанымыз ғой енді. Қасымбек солармен соғысып жатса, мен солардан қашып баратсам, менің де дұшпаным болмай қайтеді. Ал, мына үй иесі? Елін шауып келе жатқан дұшпанды азат етушідей асыға күтіп отыр, оның дұшпан көріп отырғаны біздің жақтың адамдары. Демек, дос пен қасты бұл өзі таңдап алған. Қора жайлы, шаруасы бүтін, Совет өкіметінің қолы батқан адамға ұқсамайды. Əлде қолдағы малының баянсыздығын сезіп, «ертең алады — ау» деген күдігі ме екен, мұны арғы бетке бір — ақ ырғытқан. Бай — кулактарды кəмпескелеп аластағанда мен тым жастау болдым да, еш нəрсенің байыбына бара алмағанмын, жəне біздің ауылда үлкен бай болмады да, ондай істі көзіммен де көрген жоқпын. Кейін мектепте тап тартысы жайлы сабақ өткенде де, мұғалім түсіндірген, кітапта жазылған қағиданы сартылдатып айтып беріп емтихан тапсырғанмен, соның ар жағында тұрған дəйекті өмір, арпалысып тартысқан тірі адамдар көз алдыма елестей қоймайтын. Иə, иə, мына кісіні өзінің туған елінен бөліп тастаған нəрсе... не де болса күйгелек ыза, азға ренжіген шырт етпе ашудан əріде, тіпті өзінің табиғатында жатқан астары қалың өшпенділік сияқты. Ана көзқарасы ма?—Ол бітісетін адамның көзқарасы емес. Тағы да көз алдыма үй иесі елестеді. Стол басында тарамыс ірі денесін кішірейткісі келгендей құнысып отыр; екен тағы мылтық ататын солдаттардың дəл солай бүкжиіңкіреп алатынын көріп едім. Қырпуы алынбаған мол мұрты астыңғы ернін көміп, биік қабағының астында нысанаға дəл қадалғандай мысқылды суық жарқыл бар. Неге екенін
қайдам, тұла бойым мұздап кетті. Үй иесінің осы бір кескіні ауық — ауық көз алдыма келе береді, көзімді тарс жұмып алған сайын анық елестейді. Арқа жағымды мұздатқан бір жаман сезім тұла бойыма шым — шымдап жайылып, демімді ішіме тартып, төргі бөлме жақтан естілген əр тысырға құлақ түрем. Шоланнан сыртқа шығатын есікте қылаңытқан кішкене ғана саңылау бар, ал оң жақтағы төргі бөлмеге апаратын есік көрінбейді; о жақ түпсіз қараңғы. Осы қара тұңғиық арамызды қақ бөліп тұр. Денем тітіркеніп демімді ішіме тартып тағы да тың тыңдадым. Тысыр еткен дыбыс жоқ, тым-тырыс. Света да іштен тынып жатыр — ау деймін, пысылдап — ұйықтағаны естілмейді, тек Шурик қана ақырын пыш — пыш етеді, бірақ ұйықтаған баланың түрі емес. Қыбыр етпей жатыр еді, кенет аударылып түсті де, ақырын ғана сыбырлап сұрады: — Ол біздің жақтікі емес пе? Он не за нас? 14 От маздап жанып кетті. Бөгде жұрттың назарын аударатын бықсыған түтін жоқ. Көңілімді орнықтырған сол ма, əлде маужырап бойыма тарап келе жатқан рахат жылу ма, əйтеуір қайғы — қатерді ойламай балқып отыра бергім келді. Таңның да реңі кіріп, қызыл шырайланып, ағаш аралары селдіреп орман іші кеңіп қалған. Алаңсыз көңілмен мына ертеңгі саф таза рахатты бойыңа сіңіріп отыра берсең, шіркін қандай жақсы, тек қолтық астым солқылдап мазамды алып барады. Жүрегімнің сазғанын сəлден кейін барып түсіндім. Орнымнан тұрып, алдымен орман ішін айнала шолып шықтым, əзірге қыбыр еткен қара көрінбейді. Света кеткен жаққа ұзағырақ үңілемін, бұта — бұтаның түбін, ағаш — ағаштың арасын көзім талғанша тінтемін. Апыр — ай, қонып қалса да ертерек тұрып келмей ме екен. Əлде сол жаққа таман өзім барып қайтсам ба екем? Бағыты осы мына теріскей жақ болатын. Осыдан екі жүз қадамдай жүрсең орманның шеті көрінеді. Одан əрегірек барсаң... Бірер шақырымдай жердегі деревняға сайды қуалап тіке баруға да, немесе орман ішімен орағытып баруға да болады. Бұ жақтың бір рахаты əйтеуір тасасы көп... Сол алғашқы жолда түнеп шыққан күннің ертеңіне кешке қарай үлкен станцияға жетіп жығылғанбыз. Тіпті станцияның қарасын көргенде
поездан қалып қоятындай өкпемізді қолымызға ала ұмтылдық. Алдымыз озып кетіп, артымыз шұбатылып қалып қоя береді. Ұрысқақ Муся бажылдап айқайлап арттағыларды қуалайды, қалып қойғандарға жəрдем етуге ілгергілерді бөгейді. Алевтина Павловна қан сорпасы шығып келе жатыр екен, шыдай алмай менде бір пəс Вовка командирді арқаластым. Өзі тым сыпайы адам ғой, беруін беріп қалса да, іле — шала: — Сіздің аяғыңыз ауыр ғой. Сізге ауыр көтеруге болмайды екен ғой. Ғафу етіңіз. Өзім көтерейін,— деп бəйек болды. Осылай шаршап — шалдығып бір станцияға жетіп едік... бейбіт кездегідей мұрты шағылмай бүп — бүтін тұрған станцияны жəне жолда тұрған бір — екі составты көріп, есек – дəме көңіл тағы да алып — ұшып, аптығып жетіп едік... ол көңілімізде су сепкендей басылды. Алдыңғы жақта тағы бір көпірді бұзып кетіпті. Ең бір сөзуар əйелдердің де тілі байланып, салымыз суға кетіп, жарты сағаттай отырдық та, жаяу — жалпылап əрі қарай жүре бердік. Алғашқы да ет қызуымен байқамаппыз, келесі күні ертеңгілік оянғанда қол — аяғымыз салдырап, қозғалтпай қалған екен, орнымыздан əзер көтерілдік. «жазған құлда шаршау бар ма», арқамызға батпандап жүк артқандай ауыр денелерімізді сүйретіп ілгері қарай жүре бердік. Мүмкін өзің, жеке басың болсаң, əй дүние құрып кетсінші, деп бір күн жатып дем алар ма ең, бірақ көппен бірге болған соң... Көптің жеке адамға деген бір киесі бар қайдам, жұрт кетіп бара жатқан соң сен жаның шықса да қалмауға тырысасың. Əуелі маған осылардың бəрінің күші менен артық, іштеріндегі жалғыз осалы мен сияқты көрініп, «жұрттың шырқын бұзбайын, жалғыз қалмайын» деген бір ой еріксіз жетелей беріп еді, ал кейінірек байқасам, бұлардың көбінің — ақ хəлі менен артық емес тəрізді. Ішіміздегі соқтауылдай, ірі шымыр денелі күлегеш Мусяның өзі қиралаңдап аяғын əзер басады. Алевтина Павловнаның айтары жоқ, ақсары жүзі тотығып күреңітіп, көз төңірегі ойылып түскендей шүңірейіп, жұмсақ ұлпа ерні солып, кезеріп кеткен, бастығымыз Елизавета Сергеевна да шүңкейіп əрең келеді, біреуден жəрдем сұрағандай жалынышты кескінмен жан-жағына қарап қояды. Бір шаршамаса, шаршамайтын ұрысқақ Мусяны да көріп келем, ай мəз емес, бұрынғы қайқайып тұратын ұрысқақ ерні жуасып тісіне жабысып қалыпты. Енді бақсам мен сияқты бұларды да еріксіз жетелеп келе жатқан көпшілік екен. Сонда, бəрімізге бірдей үнсіз
əмірін жүргізіп келе жатқан көпшілік кім? Бақсам, ол біздің өзіміз. Ал, əрқайсымыздың өзімізге салса, дəл осылай титықтап, көзіміз қарауытқанша жүре алмас едік, тым құрыса жиірек аялдап, көбірек дем алар едік. Сонда бəріміздің басымыз қосылғанда үстімізге аруақ көтеріле ме? Осы жəйтті əрі — бері ойлап, менің шаршаған ойым түбіне жете алмады, тек əйтеуір осы көппен бірге болғым келеді — сонда ойым да орнықтырақ, көңілім де тоғырақ болатынын білем. Біздің арба сатып аламыз деген талабымыз оп — оңай орындала қоймады. Білмеймін, кілең əйел болғанға ма, шаруалар бізбен үлкен саудаға барғысы келмей тайқақтай береді; сөйтсек ақшаға да сенімсіз қарайды екен. Содан қолда бар дүниесымағымызды жинап көріп едік, ол ат арбаның құнына маңайламады. Қиналғанда ақыл тапқан Алевтина Павловна болды. Ол құлағындағы алтын сырғасы мен қолындағы алтын сақинасын шешіп алып, содан кейін түйіншегін шешіп көк жібек көйлегін шығарды. Əйелдер оған үнсіз қарап тұр. Алевтина Павловна көйлегін бүктеді де үстіне сырғасы мен жүзігін қойды. Содан соң көз айналасы тереңдеп, жағы суалыңқыраған əсем жүзін көтеріп бізге қарады. — Менде бары осы,— деді ол ақырын ғана.— Ал, ортамызда мəстек болса бір көлік болмаса біз ешқайда жете алмаймыз. Өздерің біліңдер, əйел қарманса əйтеуір бір нəрсе табады. Əйелдер аз уақыт не істерге білмей үнсіз қалды. Ұзатыларда қолыма Қамқа əжем салған алтын балдағым бар еді, оны кішкентай кезімде апамның қолынан көретінмін, екі бірдей анамның көзіндей көріп жүрген дүнием еді, қайтейін, қия алмай қанша қиналсам да дəтім шыдамады, шешіп алып Алевтина Павловнаның сақинасының қасына қойдым. Ол жанарын көтеріп менің бетіме қарады, үндеген жоқ. Бірақ адамның тұла бойын жылытып жіберетін бір көзқарас болады ғой... Осыдан кейін басқа əйелдер де сақина, сырғаларын шығара бастады. Бұлардың қай — қайсы да үлде мен бүлдеге оранып жүрген əйелдер емес, көбісі — ақ командирге тиіп иығы енді бүтінделген, өмірінде бір жылтырағы, қия алмай, қинала-қинала шығарады. Жұрттың соңын ала күлегеш Муся да бүткіл полк əйелдерінің көзінің жауып алған алтын жалатқан күміс білезігін шешті. Қолы қалтырап ортаға қойды да, теріс
айналып кетті. Қорс — қорс етіп мұрнын тартты да, ақыры шыдай алмай жылап жіберді. Бірақ еш əйел, тіпті ұрысқақ Муся да, оған кейіген де, күлген де жоқ. Кілең əйел болсақ та саудадан онша ұтылған жоқпыз. Жылқы баласын мен де аздап танушы едім, ұрысқақ Муся тіпті жетік боп шықты, аттың аузын ашып тісіне дейін қарады. Қамыт, ызбройын түгендеп, арбаның да о жер бұ жерін қарап тексеріп, оң аяғы арбаның доңғалақ күншігін майлайтын майына дейін таптырып алды. — Немене, жаман арбаң мен жауыр мəстегіңе əкеңнің құнын алдың. Байғұс қатындарға тұла бойындағы жалғыз жылтырағын жұлып беру оңай деп пе едің. Сасық қайысың мен қара майыңды аяйсың ба? Əкел!— деп апшысын қуырды. Арба тауып алған соң адам болып қалып едік. Арқалаған ол — пұл затымызды арбаға тиеп, бала-шағамызды да арбаға мінгізіп, кейде шаршаған кезде екі — үштен мініп, əйелдер де аяқ суытып алатын болған. Мені аяғы ауыр деп арбаға көбірек мінгізеді. Енді кəдімгідей жүрісті де өндіріп, күніне жиырма шақты шақырым жолдың басын қайырып тастайтын халге жеттік. Тек Белорус ормандарының ішінде құмы түскір жиі кездесіп қалады, сол ғана көлікті қинап кетеді, Ондайда арбаны өзіміз итереміз. Əйелдер де алғашқыдай емес, жүріске үйреніп алды. «Сұрай — сұрай Меке барады», орыстар «тіл Киевке апарады» дейді екен, біз де сол алдымыздағы үлкен қалаларды бағдарға алып сұрау салып келеміз. Біз сияқты қаша көшіп баратқандар да жиі ұшырасып қалады, ондайда қара болып бір жүреміз. Үлкен жолдар тиышсыз, жау самолеттері жиі — жиі шабуыл жасайтын көрінеді, кейде дұшпанның танкілері мен мотоцикл мінген əскерлері де өтіп кетеді дегенді айтады. Біз сол көбіне орман арасымен өтетін жіңішке жолмен келеміз. Бəріміздің күніміз қараған жалғыз атымызды баладан бетер əлпештеп бағамыз. Орыстың келіншектері оған «Вася» деп ат қойып алды. Тоқтаған жерде сол «Васяның» алқымына бастарын сүйеп, мойнынан сипап еркелетіп тұрғаны. Көк шөпті жұлып əкеп: — Мə, Вася, же, жей ғой,— деп аузына тосады. — Ой, ты хороший мой. Какой ты красивый,— деп атты сипалап, асты-
үстіне түсіп жатқан əйелдерге ұрысқақ Муся кейіп тастайды. — Хайуанның мазасын алмаңдар. Соншама мекіреніп немене. — Қайдағыны айтады екен — ау. Мекіренгені несі,— деп күлегеш Муся сылқ — сылқ күледі. Шынында да сылап — сипағаннан хайуан тоқ болмайды — атты түнде кезек-кезек күзетіп, арқандап жаямыз. Жолдағы бір колхоздың басқармасынан бір қапшық сұлы сұрап алып едік, мойнына ілетін дорбамыз болмаған соң əйелдер шөпті қос уыстап көсіп алып аттың аузына кезек — кезек тосады. Бірақ əйелдің уысы не жарытсын, күлегеш Муся ақыл тауып басынан қызылды — жасылды гүл өрнегі бар бəтес орамалын шешіп алып сұлыны соған салып аттың аузына тосты. «Вася» ерні жыбырлап сұлыны жегіш — ақ екен, сұлы таусыла бергенде орамалды қоса асап жіберді. Муся орамалын аттың аузынан əзер суырып алды, бірақ не пайда, орамалдың ортасы ырым — жырым. Күлегеш Муся байғұс тағы да солқылдап жылап отыр. Бұ да бір заман екен. Онша арып — ашып жүдемей, көп əйел əзіл — қалжыңы, ептеген ұрыс — қағысы аралас тым жақсы келе жатыр едік. Жаяу жүріске де аяғымыз үйреніп жаттығып қалғанбыз, ойымыз тезірек барып, тыныштау бір қаладан поезға мініп кету. Неміс те қашанғы шабуыл жасай берер дейсің, біздің əскер де оны тоқтатып кейін қарай қуатын кезі жақындап қалған шығар, деп ойлаймыз. Əр нəрсе басында қиын ғой, қазір енді кəдімгідей көшіміз түзеліп, жол азабына көндігіп алғанбыз. Аман — есен елге жетсек, мұның бəрі əншейін... Иə... О да бір заман екен. Жаңылмасам, арба сатып алғаннан кейінгі үшінші күн болар. Орман ішіндегі бір кішілеу хуторға түнеп ерте аттанып кеттік. Ерте жатып, жақсы дем алып, құр атқа мінгендей тынығып қалған екенбіз. Күн жаңа шығып келеді. Бұ жақтың шөбі қандай, сарғаю дегенді білмейді ғой, орман арасындағы алаңдарда көкпеңбек болып жайқалып тұрғаны. Əлі кеуіп болмаған түнгі шық осы көк кілемнің үстіне шашып жіберген сансыз моншақтай жылтырайды. Əйелдер де тыңайып сергек оянған, көңілді келе
жатыр. — Осы «Васяға» сұлы берілді ме, бүгін?— деп сұрайды Маруш. Жай сұрақ емес, бір астары бар сияқты. — Жоқ, берілген жоқ. Күлегеш Муся жем беруші еді ғой,— дейді Валя дейтін келіншек іліп алып. — Жолдастар, осы біреуге бұралқы ат тағуды қойсаңдаршы, — дейді Елизавета Сергеевна өзінің ағалығын танытып. – Жəй Муся деңдер. Болмаса Мария Петровна деңдер. — Ах, Мария Петровна, —дейді арбаның үстінде баласын емізіп келе жатқан Наташа.— Мен арбаны тоқтатайын, Васяға жем беріп аласың ба, қайтесің? — Несімен жем береді? Орамалын жегізіп қойды ғой, — дейді Маруш. Орамал қайғысы ұмыт болса керек, күлегеш Муся сылқ — сылқ күледі. — Етегі бүтін емес пе, енді етегімен берсін. Кəне тоқтатайын — болмайды Наташа. Жұртпен бірге күлегеш Муся да сықылықтап күледі келіп. — Əй, қатындар — ау, жаяу жүріп келе жатып күле бермеңдер, тез болдырып қаласыңдар,— дейді Маруш езу тартып. Алғашқы бір екі күнде біз тоқ шауып қызыл май қылып алқындырып алған ат сияқты шаршап — шалдығып, тез болдырып қалғанда сыр бермеген осы Маруш болды. Қаншырдай қатып алған бір сылым артық еті жоқ сұңғақ денесі, қара торы қағілез жүзі сол ширақ, сергек қалпынан ауған емес. Біз шаршап — шалдығып талып жеткен жерге құр атқа мінгендей тың келеді. Мінезі де сол орнықты қалпынан ауған емес, əсіресе, бір нəрсе айтар алдында сəл ғана тепсініп, шығатын мысқылмен езу тартатын кескіні бар — ау титтей өзгерген жоқ – баяғы сол «Шығыс Мадоннасы». — Ішіміздегі жалғыз болдырмайтын сенсің ғой, — дейді Алевтина
Павловна Марушқа күле қарап. – Бір сылым артық майың жоқ. Бірақ оған бола кердеңдей берме, бізде сенімен теңеліп келеміз. Артығымыздың бəрін сылып бердік. — Иə, майдан арылып келеміз. — Енді күйеулеріміз кездессе ғой, қу сүйегімізді құшақтайды. — Еркек деген қу сүйекті кеміретін ит емес. Енді бізге қарамас та. Əйелдер осылай қалжың айтып қарқылдасып күліп келе жатқанда, бетін арбаның артына беріп баласын ұйықтатып отырған Наташа: Қыздар — ау, ана келе жатқандар кім? Кілең мотоцикл мінген біреулер ғой,— деді. Бəріміз ошарылып кейінгі жаққа қарадық. Сонау үш — төрт шақырым жердегі орман көмкерген қыраттан бері қарай жеті — сегіз мотоцикл ызғытып келеді екен. Түрлері əскери адамдар сияқты болғанмен біздің көзімізге тосын, жат көрініп, бəріміздің көкірегімізге үрей жүгірді; өз көзіміз мотоцикл мінген қызыл əскерді көрген жоқпыз — ды. — Біздің əскерлер ме екен?— деді Валя қобалжыған сенімсіз дауыспен. — Жоқ, мынау біздің əскер емес. Тезірек орманға тығылайық. Арбаны айдаңдар!— деді Алевтина Павловна. — Орманға тезірек жетейік! — Не де болса сақтық керек. Құдай оңдап жол да орманға тақап қалған екен, жүз қадамдай — ақ жер қалыпты, атты тұс — тұстан сабалап орманға қарай жүгірдік. Енді сол жүз қадам жер жеткізсейші, артымызға қарай-қарай жүгіреміз. Мотоцикл деген жел аяқ қойсын ба, басқа жолға бұрылмастан, тура желкемізден төте салып жақындап келеді. Өліп — талып орман ішіне де іліктік. Бірақ... — Жолдан бұрылып қашыңдар! Бұта — бұтаны паналаңдар!— ден айқай салады Алевтина Павловна.
— Ay, арбаны қайтеміз? Балаларды қайтеміз?— деді ұрысқақ Муся. Осы кезде мына дүрлігістен зəре — құты қашқан балалар жылай бастады. — Бəрібір арба құтыла алмайды. Балаларға тимес. Сендер қашыңдар! Қашыңдар!— деп айқай салды Алевтина Павловна. Өкпелерін қолына алып жүгірісіп келе жатқан əйелдер тым — тырақай орманның ішіне қойып кетті. Етегім далақтап мен де жүгіріп келем, жүгірмегенде қайтейін. — Алевтина Павловна, сақ бол! Балаларға көз қара бол,— деп айқайлайды біреуі қалың ағаштың ішіне кіріп баратып, кім екенін айыра да алмай қалдым. Қайда, қалай қарай қашып баратқанымды да біле алмай тұла бойымды жаман бір жымысқы үрей билеп, ес — түсімді білмей ышқына — ышқына жүгірем. Тер жуып, удай ашып баратқан көзім де еш нəрсені анықтап көрмейді, тек əйтеуір бетімді бір нəрсе осып — осып кетеді, соны ғана сезем. Бір кезде біреу аяғыма тұзақ салып, қатты тартып қалғандай құлап баратқанымды білдім. Дымқыл жердің жасыл көк шөптің исі келеді мұрныма. Ішім ауырады. Көзім ашиды. Жеңіммен көзімді сүртіп, бауырымды көтеріп еңбектеп тұра беріп едім, арт жақтан шаңқылдаған дауыстар естілді. Еркек дауысы. Ентіккен жүрегім лүпілдеп алқымыма келіп тірелгендей еңбектеп көтеріле берген күйі буын — буыным қалтырап бір жамбасыма құлай кеттім. Енді шаңқылдаған еркек даусына шырылдаған əйел дауыстары араласты. Алевтина Павловнаның дауысын танып қалдым, оның даусының мұндай ащы екенін бұрын білмеппін — ау. Мына біреу шырылдаған Наташаның даусы. Қалтыраған буынымды əзер билеп, тізерлеп бойымды көтеріп, бұтаның саңылауынан дауыс шыққан жаққа көз тастадым. Сонша өлім — өшкендегі жүгіргенім жетпіс – сексен қадамдай — ақ жер екен, бəрін анық көріп тұрмын, жасыл форма киген жеті — сегіз неміс солдаты арбаны қоршап алыпты. Наташа арбаның үстінде, бір солдат оған жерге түс дей ме, əйтеуір бір нəрсе деп шынтағынан тартады, енді біреуі қолындағы баласына жармасады. Наташа баласын бауырына тас қылып қысып алған, құлындағы
даусы құраққа жетіп шыр — шыр етеді, арбаға жабысып қалғандай түсетін түрі жоқ. Енді бір солдат əйелдермен ісі жоқ, бір нəрсе іздегендей арбаны ақтарып жатыр. Алевтина Павловна да Вовкасын көтеріп, бауырына қысып алған екен, оған да келіп бір солдат жармасты. Бауырындағы баласын жұлып алмақ боп алысып жатыр. — Вовка, жаным, қорықпа! Ешкімге бермеймін,— деп, даусы тарғылданып Алевтина Павловна жан ұшыра айқайлайды. Екі солдат Валяның бір жасар ұлын шыңғыртып қолынан тартып алды, біреуі бақырып жылаған баланы көтеріп, қолымен тербеп, «бай, бай» деп жұбатпақ болады, екіншісі қос тағандап жер тіреп, ышқына тартынған Валяны əрегірек əкеткісі келіп ырс — ырс етеді. Осы азан — қазан айқастан оқшауырақ бір солдат ауыз гармонын ойнап тамашалап тұрған, ол Валяның баласын жұбата алмай əлек болып тұрған солдатты көріп мазақтағаны болар, қарқылдап күліп, бір нəрсе деп сөйледі. Содан кейін Валяны алып кете алмай ырсылдаған солдатқа да бір нəрсе айтып күлді де, қос тағандап сіресіп тұрған Валяны арт жағынан теуіп жіберді. Арбаның тасасынан Алевтина Павловнаның төбесін көріп қалдым, байғұс шырылдап əлі алысып жүр, əзір Вовасы қолында шығар деймін. Наташаны ақыры арбадан сүйреп түсірді. Осы кезде қырық — елу қадамдай жақынырақ жатқан бір əйел орнынан тұра арбаға қарай жүгірді, Шабалаңдап сөйлеп барады. Ұрысқақ Муся. — Бұл не масқара! Қаран қалғыр кілең, адамсыңдар ма, хайуансыңдар ма? Баладан, жас баладан неге ұялмайсыңдар? Өңшең ұятсыз! Көргенсіздер! Жаңағы Валяны теуіп жіберетін неміс қайтадан ауыз гармонын ойнай бастап еді, ұрысқақ Мусяны көріп неге мəз болғанын құдай білсін, гармонын аузынан жұлып алып, қарқылдап тұрып күлді де, бауырындағы автоматын сыңар қолымен көтеріп, Мусяға қарай дыр еткізіп бір дүркін атып жіберді. Муся біреу кеудесінен қойып жібергендей, шалқалақтап барып, кенет алға ұмтылғандай ілгері қарай етпетінен құлады; бір — екі рет дөңбекшіп, аударылып түскендей болды. Ана солдат қарқылдап күле түсті де, кенет қадалып қалғандай оқыс тыйылып, теріс айналып кетті. «Мамалап» жүгіріп бара жатқан Люсяны көріп қалдым.
Менің көзім қарауытып кеткендей болды. Басқа солдаттар да қарқылдап күледі. Біздің əйелдердің шарылдаған даусына мотоциклдің тырылдаған қатқыл гүрілі жалғасты. Енді бір байқап қалғаным арт жақтан тағы бір топ мотоциклшілер ағызып кеп, ошарыла тоқтады. Соңғы топ жеткенде мына солдаттар аяқ астынан сасқалақтап, біздің əйелдерді қоя беріп асығыс бойларын түзей бастады. Соңғы келгендердің ішінен біреуі, шамасы командир болар, бұрынғыларға ақыра өктем сөйлеп бір нəрсе айтып жатыр. Алдыңғылары айыпты кескінмен мотоциклдеріне ырғып мініп тез жүріп кетті. Ол топ ұзай бергенде соңғылары да қозғалды. Арбаның қасындағы əйелдер құтылғанын не құтылмағанын білмей, əрқайсы тұрған — тұрған жерлерінде сілейіп қимылсыз қалған. Бұта — бұтаның тасасынан шыққан əйелдер арбаға қарай жүгіріп барады. Мен де солай қарай барайын деп түрегеліп бұтаның тасасынан шығып едім, бір — екі қадам аттағаннан кейін буынымнан əл кетіп арбаның қасына əрең жеттім. Жүгіріп бұрын жеткен əйелдер арбада қалған байғұстарды құшақтап, манадан бері тас қылып қысып тастаған үрей құрсауы үзіліп кеткендей еңіреп жылап жатыр. Естерінен тандырған қорқыныштан, көрген қорлық пен азаптан жылайды. Ірі тұлғалы Валяның бүкіл жардай денесі селкілдеп, өксігін баса алмай кеңкілдеп солқ — солқ етеді. Екі — үш əйел ұрысқақ Мусяның басына үймелеген, біреуі мамалап бақырған Люсяны əзер ұстап отыр. Енді өзге əйелдер де есін жиып осылай қарай жапа — тармағай жүгіріп келеді. Мусяның денесін тығыз қоршап алды да, кейінірек жеткен маған еш нəрсе көрсетпеді, Тек «маму убили, маму убили» деп ышқына жылаған Люсяның даусын естимін. Жыламай тұрған жалғыз Алевтина Павловна ғана, бір түрлі өңі түтігіп, қарауытып кеткен бе қалай, бізді көрмей əлдеқайда алысқа қарап, етегіне жабысқан Вовасының басынан ақырын ғана сипалай береді. Аз ғана жылап — сықтап мауқын басып алған соң əйелдер қайта дабырласты: — Қыздар — ау, енді не істейміз? — Не істегені несі? Жүрмейміз бе?
— Біз жаудың тылында қалып қойыппыз ғой. — Апыр — ау, біздің əскер қай жағымыздан өтіп кеткен? — Біз орман сағалап, бұғып келе жатқанда өтіп кеткен. — Қой, біздің əскер келетін шығар əлі. Мен білсем бұл барлаушылар ғана. Алға жіберген шолғыншы отряды. — Енді қайттік, құдай — ау? Əйелдер бірін — бірі і тыңдамай, бірін — бірі бастырмалатып жамырай сөйлеп кетті. Басалқы айтып, билік жүргізетін адам жоқ. Елизавета Сергеевна болса мəңгіріп қалған, көзі жаутаңдап əркімнің аузына бір қарайды. Бірақ қанша шуылдасқанмен іштерінен пəтуалы сөз айтып тиянаққа тірейтін адам табылмаған соң, бастапқы «енді не істейміз» деген сұраққа қайта оралып, тоқырап қалды. Əйелдердің дабырасы басылған соң Алевтина Павловна: — Ал енді жүрелік, — деді. — Жүргенде... Мария Mаксимовнаны қайтеміз? Жерлемейміз бе? — деді Елизавета Сергеевна алақтап. — Қабірді қалай қазасың. Күрек жоқ қой. — Қалай бетін жасырмай тастап кетеміз? — Мария Максимовнаның денесін арбаға салыңдар.Жолшыбай күрек табылған жерде жерлерміз,— деді Алевтина Павловна. Өлікті көтеруге жүрексініп, əйелдер қипақтап тұр. Бір – біріне: — Ал, ал, ұстасаңдаршы, дейді де шегіншектей береді. Ақыры болмаған соң Валя мен күлегеш Мусяны шақырып алып, Алевтина Павловна өлікті арбаға көтерісіп салып, ыңғайлап жатқызып, бетін жапты да, өзі арбаға мініп Вовкасын алдына алып атты делбемен қамшылап жүріп кетті. Қалған əйелдер де еңселерін көтере алмай, үнсіз
шұбатылып, арба соңынан ерді. — Мына жолмен біз қайда барамыз? Артымыздан тағы да немістер келсе қайтеміз?— деді күлегеш Муся. — Иə, басқа бір, оқшау жолға түсейік. Алевтина Павловна үндеген жоқ. Атты анда — санда шыбықпен бір ұрып қойып, арбаны айдап келе жатыр. Тек аздан кейін барып тіл қатты. — Сендер өңшең əйелдер топырламай, ана орманның ішімен жүріңдер. Жолдан жүз қадамдай қашық ұстасаңдар болады ғой. Тек арбадан көз жазып қалмаңдар. — Ay сонда... — Егер сендерге бір нəрсе болып қалса... — Арттан тағы да жау əскері келіп жүрсе... — Одан да арбаны орман ішіне бұрсайшы. Заты əйел болған соң, əйтеуір сөзге араласпай қала ма, əйтпесе шешіп айтып, жөн сілтейтін біреуі жоқ. — Орман ішінде жолсызбен арба жүре ала ма? Басқа бір жолдың реті келсе көрерміз. Ал, барыңдар енді топырламай,— деді Алевтина Павловна жеки сөйлеп. Біз жолдан шығып орманға кіріп баратқанда: — Арбадан көз жазып қалмаңдар. Бірақ Мусяға ұқсап көмекке келем деп ақымақ болмаңдар,— деп дауыстады. 15 Бала кезімнен естіген «уды у қайтарады» деген сөздің мағынасының көп екенін маған соғыс үйретті. Осы бетіммен аман — есен елге жетсем, бұл жағдай жау солдаттары мен алғаш рет кездескен, зəремді зəр түбіне жіберген ең бір қорқынышты оқиға болып, мүмкін көз алдымнан кетпей
қояр ма еді, бірақ тағдырдың маған келешекте тарттырған тауқыметтерінен кейін бұл жəйт өткінші елес, тіпті ойыншық сияқты көріне бастады; кейінірек ойлап қарасам, бізді осыншама есімізден тандырып, зəре — құтымызды қалдырмай қалтыратқан сұмдық оқиға — ана неміс солдаттары үшін ойда жоқта тап болған бір ермек болса керек. Мотоциклмен ызғытып келе жатқан көңілді солдат тар бір топ жас келіншектердің үстінен шыға келсе, мұндай сəті келген шаруаны қапы жіберсе солдат бола ма; ертең жолдастарына несімен мақтанады? Жол — жөнекей қолға түскен олжаны оңай малданып, апыл – ғұпыл мауықтарын басып, бой суытып болып жолдарынан қалмай тезірек жүріп кеткілері келген шығар. Бірақ осы бір оп — оңай олжаның шырқын бұзғаны, құрғырлардың кішкене балалары бар екен, жəне балаларын бауырына қысып алып айырылмайтындарын қайтерсің. Бұған біреулері ашуланады, əрі қызық көріп күледі. Төтеннен келген үрейден, қанша зəреңді алғанмен, кісі тез — ақ айығып кетер еді — ау, бірақ мына оқиғаның аяғы тұтасқан қалың жамандыққа, арылмас қорқынышқа ауысып мынау əшейінде ақжарқын, сөзуар əйелдердің тілін байлап, еңсесін басып келе жатыр. Біз жаудың қақ ортасында қалдық... Ол тұрмақ бір рет қолына да түсіп шықтық... Ендігі хəліміздің бар сұмдығы бойымызға зіл боп тарап, басқан сайын аяғымызды ауырлатып, еңсемізді төмен тартады... əйелдер біреу — міреу адасып қалмасын деп жұбымызды жазбай, орман ішіндегі ойлы — шұңқырлы, бұталы — томарлы жолсызбен келеміз. Кейде бір жалғыз аяқ соқпақ кездесіп жүрісіміз түзеле бастаса — ақ, ол түскір қиғаш алып кетеді де; анда — санда қылаң етіп көрініп келе жатқан арбамыздан көз жазып қалмау үшін, қайтадан төтелейміз. Бір мезгілде үлкен жолдан бұрылып, қиғаштау көрінсе де бір жіңішке жолға түсіп, сағат жарым жүргеннен кейін орманның шетіне таман отырған орманшының ескіріп жапырайып қалған ағаш үйіне жеттік. Орманшының өзі дүкеннен керек — жарағын алуға, əрі мынадай неғайбіл кезде хал — жағдайды білуге, осы арадан он шақты шақырым жердегі үлкен селоға кетіпті. Үйінде екі кішкене баласы мен əйелі қалған екен, əйелі отыздың шамасындағы қараторы ажарлы кісі, менің бір байқағаным бұ жақтың жергілікті халқында қара торы адам аса сирек кездеседі, байғұс біздің хал — жайымызды білген соң жаны ашып, асты — үстімізге түсті. Оның күйеуінің қашан келері белгісіз болған соң, əйелдер өзіміз күрек алып Мусяға қабір қаздық. Бұрын бір кішкентай істі бастар алдында «өйтсек қайтеді», «жоқ бүйтсек қайтеді» деп əрқайсымыз əр жаққа тартып,
талқыға салатын əдетіміз бар еді, бұ жолы Алевтина Павловнаның бір ауыз сөзіне даусыз жығылып, жұмыла кірісін кеттік. Орманды жердің топырағының бет жағы дымқыл болғанмен ар жағы қатқылдау екен, кеудеге дейін қазып едік, əйелдер: «тереңірек болсын», «бетін жаба саламыз ба, дұрыс болсын» деп бірін — бірі қамшылап, ақыры кісі бойына жеткіздік. Жеті жасар Люся қабір қазғандармен араласып, топырақ лақтырған күрекке жаутаң — жаутаң қарап, алаң болып ана қазасын ұмытып кеткен сияқты еді, бірақ шешесін қабірге түсірер кезде «мамалап» ышқына жылап шешесінің денесіне жармасты. Ықылық атып, қылқынып қалған баланы əзер ажыратып, Мусяны қабірге түсірдік. Орманшы жағына пышақ жанығандай, үлкен қыр мұрынды, сопақ беті дөңес шот маңдайынан иегіне қарай сүйірлене түскен ақсары кісі екен, жирен мұрты бар, ол біз тамақ ішіп болған соң қайтып оралды. Кілең əйелді көріп биік қабағының астына терең жасырынған шүңірек көзі жыпылықтап таңырқап қалды. Астыңғы ернін қымқырып, аузын сылп еткізіп сөйлегенмен даусы жұмсақ, түрі именшек, сірə, момындау адам сияқты. Оның алып келген хабары жақсылық емес: жау əскерінің екпіні қатты, толқын — толқынымен қаптап өтіп жатқан көрінеді, тіпті біраз ілгерілеп кетсе де керек. Сонымен шығар тесігіміз бітеліп, немістердің қақ ортасында, жаудың тылында қалып қойғанымызға көзіміз əбден жетті. «Бүгінгі бізге кездескен жаудың байқаусызда өтіп кеткен ұсақ тобы шығар, алдымызда біздің əскер тұрған шығар» деп көңілге талшық еткен үміт сəулесі өшіп, ендігі жағдайға тіпті көңілімен де көндіге алмай, əйелдер сөзден қалды. Байқаймын, жол — тұспалын білмейтін көрбала жалғыз мен емес, осы отырған əйелдердің көбісі үшін — ақ болашағын ойлаудың өзі қорқынышты сияқты. Əншейінде үндемейтін Света осы жолы өзгеден бұрын есін жиып, ақылға келді. Ол орманшыдан: — Біздің алдымыз қалай? Орманы көп пе?—деп сұрады. Орманшы астыңғы ернін қымқырып, алдыңғы жақты шолып өткендей көзін шүйіріп, кішкене іркіліп, ойланып барып жауап берді. — Алдарың біраз жерге дейін жалаңаштау болады. Бір — бірімен
жалғаспаған ұсақ шоғыр тоғайлар болмаса, тұтас орман көп жерге дейін кездесе қоймайды. — Ал енді, жаудың тылында, қоршауда қалғанымызға көзіміз жеткен жоқ па? Ендігі тірлігіміз не болмақ, қандай қам қыламыз, соны ақылдасып алуымыз керек емес пе? — деді Света. Даусы да ширақ, осы топтың ішіндегі ең еті тірісі өзі сияқты, осынша уақыт бірге жүргенде Светаның мұндай пысық екенін білсемші. Бұрын біреу сөз бастаса əр қайсы өз ақылын өткізгісі келіп жамырай жөнелетін əйелдер, бұ жолы сөзге араласуға асығатын емес, «сен не дейсің», дегендей қабақтарымен бір — біріне қарап, ақылды өзгеден тосады. Қипақтаған көптің назары, ақыры Елизавета Сергеевнаға қарай ауысып еді, бірақ ол байғұс ұрысқақ Муся қаза болғаннан кейін желі шыққан доптай солып қалыпты; бастық екенін ұмытып, көптің тасасында шүңкиіп үнсіз отыр. Ішіміздегі жалғыз еркек орманшы, бізге жаны ашып жаутаңдай қарап, астыңғы ернін қымқырып, оқта — текте аузын бір сылп еткізгені болмаса, ақыл қоса алмады. — Сіздің ойыңыз қалай, Алевтина Павловна? Қайткенде де бір шешімге келуіміз керек қой,— деді Света, шамасы өзге жұрттан жөн — жосық сілтейтін пəтуалы сөз күтпеген сияқты. Алевтина Павловна, баяғы бұлаңдаған сұлу келіншектің паңдығы мен назды еркелігінің ізі де қалмаған, кəдімгі қарапайым көп əйелдің бірі болып, Вовкасын бауырына қысып, бір шетте отырған; ол Светаға іркіліп барын жауап берді. — Сен дұрыс айтасың, Света,— деді Алевтина Павловна, баласын алдынан түсіріп жіберіп, өзі көтеріліңкіреп отырды.— Иə — а, бір шешімге келмей болмайды. Жаудың қоршауында қалғанымызға енді көзіміз əбден жетті ғой, көңіл алдарқататын еш нəрсе жоқ, осы кезге дейінгі күніміз бір бөлек еді, ендігі күніміз бір бөлек, құрбылар. Соны ойлаңдар. Бүгінгі көргенімізді құдай енді қайтып көрсетпесін. Əсіресе баланың... Сəбидің көзінше жармасқаны.. Білмеймін, егер бір нəрсе болса тірі қалар ма едім?.. Əлде... Өлімнен де жаман нəрсе болады екен. — Бұл бүртігі ғана, желегі əлі алдында емес пе? — деді Валя. — Иə, о да мүмкін,— деді Алевтина Павловна...— Жаман айтпай жақсы
жоқ. Енді тек жамандықты ғана күтуіміз керек. Басқа не істейтінімізге көзім жетіп отырған жоқ, ал, менің бір анық білгенім,— біз енді мына тұтас тобымызбен жүре алмаймыз. — Сонда қалай?.. Сонда...— Елизавета Сергеевна сөзін жұтып тұтығып Алевтина Павловнаның бетіне панасыз кескінмен үрпие қарады. — Менің ойымша да Алевтина Павловнаның айтып отырғаны дұрыс,— деді Маруш өзінің байыпты қалпын өзгертпей. — Сонда қалай, тарап кетеміз бе? — Əрқайсымыз бет — бетімізге кетеміз бе? — Жоқ, ол болмайды ғой. Қолға түсіп қалсақ қайтеміз? — Басымыздың ауған жағына кете берсек. Мен жол да білмеймін. Əйелдердің шулап басылғанын сабырмен тосып, Maруш сол орыс əйелдерінен мақамы бөлек байсалды даусымен қайта сөйледі. — Ий, ыдырап бөлек — бөлек кеткеніміз жөн. Қолға түссек те біртіндеп түсеміз. Немістерді бірден қарық қылмаймыз. Біреулер ащы күлкімен мырс — мырс езу тартты, күлегеш Муся сықылықтап күліп жіберді. Топырағың торқа болғыр Мария Максимовна тірі болғанда осы арада бір тыйып тастар еді, қалған əйелдер оған еш нəрсе деген жоқ. — Маруштікі запыраны аралас қалжың ғой. Бірақ оның да жаны бар,— деді Алевтина Павловна.— Біз мына тобымызбен ешқайда сыймаймыз, қолға да тезірек түсеміз. Екі – үш адамнан бөлінуіміз керек. Содан əркім өз шамасы келгенше қам жасайды. Ал, біз сияқты баласы бар əйелдер ұзаққа бара алмаймыз. Орман тасасындағы хуторларды сағалап, біздің əскер қайтып келгенше жан бағамыз. Ал, бастыларың өздеріңше қаракет етіңдер. Алевтина Павловнаның бұл сөзі командирдің шешіміндей болып шыққанға ма, əлде өзге орайының жоқтығынан ба, əйтеуір ешкім дау айта алмай ақыры осы сөзге тоқырадық. Екі — үш адамнан топқа бөлінгенде де ши шығарарлықтай еш нəрсе болмады, əркім өздері бұрыннан — ақ
орайлас екен, сол ыңғаймен жұптаса кетті. Менің ыңғайласым басынан — ақ Света ғой, бірақ мынадай жағдайда қалай көрер екен деп бетіне қарап едім, жайымен езу тартып басын изеді. Тек бастығымыз Елизавета Сергеевна ғана серік таппай жетімсіреп əркімнің бетіне қарай беріп еді, соны сезген Алевтина Павловна: — Елизавета Сергеевна егер баласы бар, қиын болады демесеңіз, екеуміз бірге болайық,— деді,— Басқа түскенді бірге көрерміз. Елизавета Сергеевна қуанып кетті. Өз баласы болса амал жоқ қой, бірақ мынандай жағдайда кім бала жетелеп жүре алады, Люся мен Шурикті əйелдер орманшының үйінде қалдыруға ұйғарып еді, олар онша ықыласты бола қоймаса да, көнді. Люся, жаңа ғана жерленген шешесінің қасіретімен өзге сөзге алаңдар жайы жоқ, ал Шурик қалғысы келмей көбірек қипақтады. Өз анасы болмаған соң батып та айта алмай, көзі жəутеңдеп, аз да болса үйреніп қалған Света екеумізге қарай береді. – Апатайлар, мені ала кетсеңдерші.,. Meн өзім жүре алам ғой,— деп жалынды бір кезде. Meн не қыларымды білмей босап кетіп едім, Света əйтеуір сөз тауып, алдарқатып жұбатып жатыр: – Жоқ, біз алысқа барамыз. Сен шаршайсың. Люся екеуің осында қалғандарың жақсы. Кейін сені елге поезбен апарады. Оған дейін мамаң да келіп қалар... Екі — үш адамнан қос болып оңай бөлінсек те ажырасып кетуіміз онша оңай болған жоқ. Сонша күн жұбымызды жазбай бірге жүріп, үйірсек боп қалғанбыз ба, дəл кетер жерге келгенде əйтеуір сылтау тауып айналсоқтай береміз; оның үстіне бұрын əжептəуір қара болған соң көңілге де тоқтау көрінетін, енді екі — ақ адам болғанға елегізиміз бе, қалай. Люся шешесінің қабірінің қасында қалуды жек көрмесе де ажырасар кезде бізді қия алмай жылап қоя берді. Шешесінің қазасы, үйреніп қалған таныс адамдардан ажырап жат жерде қалуы — жеті жасар балаға бір күннің ішінде осал жүк болсын ба. Шыдай алмай Люсяны бауырыма қысып, содан кейін шашынан,
маңдайынан сипап ойымдағы бар жақсы, жұбаныш сөздерімді айтып жатырмын. «Сен мұнда жалғыз қалмайсың ғой, қамқор болатын адам бар. Кішкене шыдай тұр, қарағым, бұ жердегілер де жаман кісілер емес, əлі — ақ бауыр басын өз баласындай болып кетерсің, аман болса, папаң да сені іздеп тауып алмай қоймас. Мамаңның артында қалған жалғыз шырағы сенсің ғой, сол шырағын сөндірме, айналайын, сен аман бол». Мен сөйлей бастағаннан — ақ Люся тез жұбанып, жылағанын қоя қойып еді, енді байқасам бір түрлі көзі адырайып түк түсінбегендей маған таңырқай қарап қалыпты. Сөйтсем мен қазақша сөйлеп тұр екем ғой, бала не айтқанымды түсінбей дағдарып қалыпты. Бірақ сөзімнен болмаса да көзімнен бір нəрсені ұқты — ау деймін, қоштасарда менің мойнымнан құшақтай алды. 16 Көтеріліп келе жатқан күн сəулесі алдымен ағаш бастарын шалып, қайыңның жапырақтары мен қарағайдың қылқанды бұтақтарын алтын жалатқандай нəзік сарғыш нұрға малып, бусандырып келеді. Сəлден кейін мол шұғыла орман ішіне ойып кіріп, ағаш басынан жерге дейін қиялай тіреп кілең бір бозаңытқан күміс арқауларын қаптата тартып тастады. Төңірегім кеңіп, айналам жадырап ашылып келеді. Шіркін біздің даланың таңы да ғажап болушы еді — жусан мен боз, көде бір түрлі сергіп, тазарып оянатын, шығыстан күннің құлағы көрінгенде— бүкіл даланың жалпақ бетіне сəл ғана қан тепсінгендей сұйқылтым қызғылт нұр шалатын; қыраттардың баурайында, сай мен жылғаларда жиегін пышақпен кесіп алғандай тұп — тұнық қою қара көлеңке жатады. Сонау, көз ұшындағы көкжиекке дейін жердің беті — ондағы қарайған дүние, қыбырлаған Мал ап — анық мөлдіреп тұрады. Аздан кейін о да осындай рахатқа балқып, ақырын бусанып келе жатады. Орманның тамашасы күндізгі ыстықтағы саясы, кешкіліктің рахаты дала ғой, алысың айқындалып, дүниең кеңіп жүре береді. Қайран туған жер! Сені де көретін күн болар ма екен? Арамыз бөлініп қалды. Ортамызда өткел бермес дариядай жау бар, дария деймін — ау, маған енді туып өскен ел — жұртым теңіздің ар жағындай елестейді. Кішкентай болса да үміт жетелеп, əйтеуір жақындай берейікші деп шығысқа қарай жетелеп келеміз. Менің үмітім де теңізге салған жел қайық
сияқты, жөнді ескек, желкені жоқ, қалт — құлт етіп шексіз теңізден алып шыға ала ма? Ай, қайдам... Тек үмітсіз сайтан демесе. Осындай жалғыз қарақан басың болса да бірсəрі ғой. Бірақ осы мен шынымен — ақ екеумін бе? Екеумін дейін десем... көзіммен көріп, қолыммен ұстаған еш нəрсем жоқ, құрсағымда жатқан дүниені өз тəнімнен бөліп алып, тірі жан бейнесінде көз алдыма елестете алмаймын. Кейде жас нəрестені көз алдыма елестеткім келсе де түр — түсі, мүсіні ұстатпайды, түсте көргендей бұлдырап кете береді. Ал жалғызбын дейін десем... жоқ, жалғыз емеспін. Оны анық білем. Бүйірімді жылытып, бір жан иесі жатыр, қыбырлап тіршілігінен хабар беріп қояды. Қазір ішім білініп келеді. Кейде менің бір өзім ағаштың айыр бұтағы сияқты екіге бөлініп келе жатқандай боп та сезінем. Бұрын басымда болып көрмеген əрі қызық, əрі жат сезім. Ішімде жатқан осы кішкентай өмір өсе келе бөлініп шыққанда тұла бойымдағы біраз нəрсемді өзімен бірге ала кететін сияқты — сонда мен де екіге бөлінем. Қызық — ау, көп бала тапқан аналар қайтеді екен, қайта — қайта бойындағысын бөліп бере ме екен? Аналық сезім деген сөзді көп естуші едім, шынымды айтсам, сол сезім қазір менде бар ма, жоқ па, ол арасын анық білмеймін. Бар дейін десем баланы қолға ұстағандай, құшырланып, иісін сезгендей исініп тұрған еш нəрсем жоқ. Бірақ сезімнен құр алақан да емеспін — бүйірімде қыбырлап қойып, ұйықтап жатқан осы бір жан иесіне деген көкірегімде жылу бар. Мүмкін көктем кезінде жеміс ағашы бүртік жарғанда осындай халде болатын шығар деп те ойлаймын. Со кезде қабығы жұмсарып, баяу тыныс алғандай бусанып тұрады ғой... Қазақ екіқабат əйелді «аяғы ауыр» деп бекер айтпаған екен, аяғының ауыр, жеңілін əсіресе жүрген адам біледі, күн асқан сайын аяғым шынында да ауырлап келеді. Кешегіден бүгін көбірек шаршаймын, ертең бүгінгіден де көбірек аритынымды біліп, меселім құриды. Осындайда өз денемді өзім ауырлаймын. Оның үстіне іштегі жатқан, бар денемді ауырлатқан... Арық атқа қамшы ауыр. Иə, оған кейде ыза болам. Сəтсіз сағатта пайда болған балам емес, сорым сияқты, қырсыққа біткен баласың ғой, деп қарғап та аламын, бірақ ұзамай райымнан қайтам. Қанша арып талсаң да, денеңнің қай мүшесі артық, оны қалай кесіп тастарсың?
Света екеуміз əйелдерден бөлініп кеткелі екі жұмаға жуық уақыт өтіпті. Содан бері бір жерде тұрақтап аялдаған жоқпыз, əйтеуір шығысқа қарай жылжып келеміз, күніне он — он бес шақырым болса да ілгерілей береміз; жолды да анық біле бермейміз. «Сұрай — сұрай Мекеге барады», ал, алда — жалда сұрайтын адам кездеспей қалғанда мықтап ұстап алған бір нысанамыз бар — ол күннің шығысы. Адамды бір-біріне жол танытады дейді ғой, сол рас — ау деймін, осы полктың əйелдерін мен бұрын біраз — ақ білетін сияқты едім; қанша айтқанмен əжептəуір уақыт бірге тұрдық қой. Сөйтсем олар жайлы білгенімнен білмейтінім көп екен. Көрші тұрып күндегі көретінің кітаптың мұқабасы сияқты, адамның сырты ғана, жақын дос, сырлас болмаған соң, ішін ақтарып, тереңдеп кіре алмайсың. Əрқайсының үйреншікті тіршілік — дағдысы, белгілі мінезі болатын, содан жазбайтын. Мысалы Мария Максимовна жайлы білгенім — «ұрысқақ Муся» ғана. Осы айдар қылып тағып қойған бір сөзге бүкіл Мария Максимовна түгел сыйып кететін, басқаларды білмеймін, əйтеуір мен үшін солай еді. Менің білетінім қашан да бажылдап ұрсысып жатқан Муся, бетіне тірі пенде келе алмайды, одан артыққа оны сынап көрген адам жоқ. Енді бақсам одан да басқа қасиеттері бар екен Мария Максимовна марқұмның. Алевтина Павловна да бұлғақтаған ерке келіншек қана емес пе еді? Өзінің ажарының, күйеуінің дəрежесінің артықтығын көңілге мықтап түйіп, жұрттың бəрінің алақанында болғысы келмейтін бе еді? Тек күйеуінің қызмет дəрежесі үлкен Елизавета Сергеевнаға ғана кішілік көрсетін. Бірақ өз басының одан анағұрлым артықшылығын біліп, ізет, ілтипатының ар жағында астыртын ащы мысқыл жататын. Енді байқасам бұл мінезі заманының түзу кезіндегі еріккен келіншектің сəндікке киген киімі сияқты екен, қиын — қыстау кезеңде ішіміздегі ең төзімдіміз де, ең ақыл табар тиянақтымыз да сол болып шықты. Елизавета Сергеевнаны басынан ұнатпап едім: əкім болғысы келіп сонша тыштаңдаған, əйелдің ішінен шыққан бюрократ, өр көкірек, тыраш нəрсе болатын. Əсіресе жұртты менсінбей тепсініп тұратыны — ақ... Қасына баруға қаймығушы ем. Мұның да сыртқы жылтырағын соғыс сыпырып алғанда ар жағынан қорғансыз, керек десең мүсəпір əйел шыға келді. Еркектер осалдықты жек көреді, бірақ əйел халқы олай емес. Ал, мен болсам Елизавета Сергеевнаның мүшкіл халін көргенде жаным ашып, аяп, бұрынғыдай емес, тіпті жақын тартып кеттім. Абзалы адам өзінің алла
тағала жаратқан табиғи кейпіне түскенде бір — біріне жақынырақ көрінеді — ау деймін. Мен өзім бала кезімнен кісі жатырқағыш едім, Қасымбекке еріп осы жаққа келгенде де айдалаға келгендей болғанмын. Біраз уақыт ешкімге жұғыса алмай, төңірегімді түгел дерлік жатырқап жүрген жайым бар еді, енді сол бітеу төңірегім бірте — бірте ашылып, біраз қатар — құрбы əйелдермен танысып, біраз сіңісіп кетпесем де кəдімгідей үйірге қосылған құнан — тайдай үйренісе бастап едім. Кешегі қиын күндерде де... «көппен көрген ұлы той»... бəріміз бірге келе жатқанда көңілі құрғыр да орнықтырақ еді, мінекей бытырап кеттік. Өзге əйелдер қайда жүр екен, байғұстар қандай халде екен? Менің ендігі жалғыз сүйенішім Света... Апыр — ау, кешікті — ау, күн сəскеге көтеріліп барады, аман болса игі еді. Соншама зарығып күткен Светамның келгенін байқамай қалыппын, тек қырық — отыз қадамдай жақындап келгенде ғана көзім шалды. Қуанған да, қорыққан да бірдей ғой, селк ете қалдым. Иə, өзі... əдетінше аяғын жұмсақ басып келе жатыр, ақсары шашын ағаш арасынан күн шалып қалғанда жарқырап көрінеді. Мен базардан шешесі қайтқан баладай орнымнан тұрып қарсы жүгірдім, сол жүгіріп келген екпініммен құшақтай алдым. — Апырай, аман — есен келдің бе? Түу, кісіні осыншама қорқыттың ғой, өзің бұ дүниеде бар екенсің,— деп аймалай берем. Бірақ Света үндемейді, денесі де бір түрлі бос, менің құшағыма тірілмей, былқ — сылқ етеді. Сəлден кейін менің құшағымнан сытылып шықты да, шалаштың қасына келді. Света маған көзі кіреукелене қарайды, кішкене қызып қалған сияқты. Сыпайы қалпынан аумайтын, ұяң келіншектің мұндай мінезін бұрын көрген жоқ едім, шынымен — ақ қорқайын дедім. — Жылағым келіп отыр,— деді Света маған көзін қадай шүйіле қарап. — Жылағың келсе мауқыңды басып жылап ала ғой,— деп жауырынынан сипадым. — Жоқ жылай алмаймын,— деді ол. (Көріп отырмын, мына көз
жылайтын көз емес).— Ал, жылағым келеді, жылағым. Бірақ жылай алмаймын. Ақтарылып бір жылаған адамда арман бар ма екен? — Осы саған не болған, айтшы,— дедім Светаға бір жағы кейіп, бір жағы жалынып. — Маған ба? Болары болды,— деді ол езу тартып. Осы бір езу тартқаны — ақ жаман — езуінде күлкі, көзінде ызғар. Жəне əлденеге ашынып, ерегіскендей кісінің көзіне қадала қарайды, бұрын өйтіп бедіреюді білмейтін ұяң — ақ келіншек еді. Мына деревнясы түскірден оны басқа біреуге айырбастап жіберген сияқты. Аз уақыт мені жаңа көргендей қарап отырды да. — Мен саған айтайын. Сен тек... не ойласаң да ішіңде болсын. Жарай ма? Мен үндемедім. — Жарайды енді. Тыңдай бер,— деді содан кейін. Светаның бір пəлеге ұшырағанын біліп отырмын. Coнысын маған айтпай — ақ қойғанын тілеймін ішімнен, бірақ неге екенін білмеймін, «қой» деп жəне айта алмадым. «Менен гөрі оған қиын ғой, ендеше өзінің еркі білсін» деп ойладым. — Кеше мен немістердің қолына түсіп қалдым,— деді Света. — Иə, қалайша?— дедім шошып кетіп. Света маған жауап қайырған жоқ, қабағын шытынып, аз уақыт үнсіз отырды да, маған емес, басқа біреуге айтып отырғандай сөзін бастап кетті. — Кеше деревняға жақындап барып, бой тасалап бақылап көріп едім. Көзіме еш нəрсе түсе қойған жоқ. Ұзағырақ бақылауға шыдамым жетпеді, шынымды айтсам, сол немістер бар болса да, көрінбесе екен деп тіледім. Құр қол қайтқым келген жоқ, тіпті немістер болса да амалдап сытылып шығып кетермін деп ойладым. Əйтсе де бой тасалап, ең шеткі үйге жетіп есігін қағып ем ар
жағынан бір неміс солдаты шыта келді. Сасқанымнан шалқамнан құлай жаздадым. Ол да мені көріп мені көріп таңырқап қалды. Көзін адырайтып қарады да, «о — о, зер гут фрау» деп дауыстап жіберді. Содан көзінде бір жымысқы күлкі ойнап, алды — артына, жан — жағына қарап сасып қалды. Сөйткенше мен де есімді жия бастадым. Енді қалай құтылудың амалын ойлап, дал боп тұрмын. Ал, ол оңаша орын іздеп əлек. Адам, мұндайда тіпті əккі, зерек боп кетеді екен, оның кірпігінің қимылына дейін қапысыз бағып, бəрін түсініп тұрмын. Кенет ол жоғы табылғандай, əлденеге қуанып, рахаттана жымиып қойды. Байқап қалдым, көзі қораның түкпіріндегі үйген пішенге түсті. Содан кейін білегімнен шап беріп ұстай алды да, мені солай қарай сүйрей жөнелді. Құтылатын болсам, ендігі құтылатын жағым тасада емес, көшеде екенін сезіп мен көшеге қарай тартынам. Ол орысша түсінбесе де мен əдейі сампылдап орысша сөйлеп басын қатырып, қолымнан келгенше алаң қылмақпын. Біреу — міреу көрер, жəрдем етер дедім де. «Мен бұл деревнянікі емеспін. Бір құрбыма соға кетпек едім. Өзім асығыспын. Жолың болсын, жіберші», деп ол түк түсінбесе де сөзді төпей бердім. Əйелдің сөзі кімнің болса да миын ашытып жібереді ғой, əлгі солдат мені босатып жібермесе де, тартыншақтап, шегінген маған ілесіп көшеге шығып кеткенін байқамай қалды. Солдатпен алысып келе жатып, бір жеңіл машинаның қасыма келіп тоқтай қалғанын да байқамай қалдым. Солдат мені қоя беріп, бойын түзеп, тартылып тұра қалып: «Хайль Гитлер» деп машинаға сəлем берді. Машинаның ішінде үш — төрт əскери адам отыр. Іштерінде сұңғақ бойлы, биік қыр мұрынды, бас бітімі сұлу біреу бар екен, шамасы бастығы болу керек. Мен неміс офицерлерінің шенін ажырата алмаймын ғой, бірақ бастық адам көрініп тұрады ғой. Мынау тым тəкаппар екен, өзгелерінен шені ғана емес, қай жағынан да жоғарымын дегенді кескіні айтып тұр. Сол офицер мені бастан — аяқ бір шолып өтті, жоқ, шолып өтті деген əшейін сөз, тура көзімен мені шешіндіріп шықты, тіпті сасқанымнан екі қолыммен кеудемді қымтап баса қалыппын. Бірақ көзін тез тайдырып əкетті, қасындағылары тіпті байқамай да қалды ғой деймін, қайтадан өзінің тəкаппар кескінін киіп алып, қасындағысына керенау ғана бір
нəрсені күңк етті. Онысы солдатқа «əйелді алып жүр» деп əмір берді. Ашық қара машина ақырындап ілгері қарай жылжи берді. Осы кездегі солдаттың сықпытын көрсең. (Света ащы бір мырс етті де, сөзін қайта жалғады). Əуелі төбесінен жай түскендей көзі жыпылықтап, мелшиіп тұрып қалды. Содан есі кіріп, қабағын тарс түйіп, маған ашулы ызамен қарады да, «жүр тезірек! Бас аяғыңды!» деп ақырды. Мен қасақана жай жүрдім, қайда асығам. Солдат автоматын кезеп ұстап алған, қабағы ашылмайды, біреуге кіжініп сөйлеп келеді. Meн болсам, бір оттан құтылып, өртке тап болдым ғой деймін, алдымда қандай пəле тұрғанын құдай білсін. Шамасы кеңсе болу керек, солдат мені бір үлкен үйге айдап əкелді. Жаңағы қара машина да сонда тоқтаған екен, жəне бір — екі мотоцикл бар. Калиткадан кіргенімізде, үш — төрт адамның қоршауында жаңағы немістің начальнигі есіктің алдында тұр екен. Маған көзі түсіп кетіп, əуелгі сəтте бір таныс адамын көріп тілдескісі келгендей ишарат танытып, іркіліп қалды; бірақ жүзін бұрып əкетпей бетіме жылы шыраймен тіке қарап аз тұрды да, содан кейін көзін төмен қарай сырғытып басымнан бақайыма дейін бір шолып өтті. Жаңағы көзқарасы, тек бұл жолы тиянақтылау, жұмсақтау қарады. Иегімен нұсқап мені есікке қарай өткізіп жіберді, ішке кіріп баратып та сол көзқарасты жауырыныммен сездім. Мені коридорға кірер ауыздағы кішкентай бөлмеге кіргізіп, есігін жауып қойды. Бөлменің ішінде сия төгіліп, сызылып айғыздалып біткен бір шағын стол мен сықырлаған екі орындықтан басқа жиһаз жоқ. Жалғыз терезе қора жаққа шығады екен, терезенің əйнегі мен жақтауы да кір. Бұрышқа таман, дені арғы бөлмеге кеткен голланд пешінің бір бүйірі қараяды, от жағып, күл шығаратын аузы осы бөлмеде. Басыма төнген қатер мен жаман ой меңдетіп жібермесін деп, бөлменің бұрыш — бұрышын тінтіп отырмын: еден жуатын шүберек, шелек, сыпырғыш тұр бір бұрышта шүберек əлі кеппеген, су, шамасы, үйді осыларға даярлап жақында ғана жудырып шықса керек. Терезе қораға қарайды екен. оң жақта көшеден кіретін қақпа. Қорада автоматын арқалап, сақшы жүр, есебін тауып қашып кетудің жолы жоқ сияқты. Амалым құрып сықырлауық орындыққа отыра кеттім де, əлгі кірлі столға шынтағымды артып дем алдым. Кіріп — шығып жатқан
адамдардың аяқ тырсылын естіп, алғашқыда елеңдеумен болып едім, бірақ мені ұмытып кеткендей, ешкім есігімді ашпады. Столдың үстіндегі шынтағыма басымды қойып, көзімді жұмып, тынығып отыр едім, ұйқы арсыз емес пе, көзім ілініп кетіпті. Есіктің сықырынан шошып оянсам бөлменің іші кеугім тартып қалған екен, қаpa көлеңкеде автомат асынған бір солдат кіріп келеді, жақындап келгенде байқадым, баяғы сол солдат. «Жүр» деп мені алып шықты. Қораға, одан көшеге шықтық. Қайда баратқанымызды да білмеймін, қақпайлап өзі əкеле жатыр. Ауыл адамдары үйді — үйіне ертерек тығылып алған — ау деймін, көшеде бірен — саран солдаттар болмаса, басқа жан жоқ. Солдаттың қабағы əлі ашылатын емес, түнеріп алған, мені айдап əкеліп бір кішкентай моншаға кіргізіп жіберді де өзі ауызда күзетіп қалды. Кішкентай моншаның ішінде керосин шам жанып тұр, қара көлеңке. Қарсы алдымнан егде тартқан, аласа бойлы əйел түрегелді. — Сен кімсің? – деді ол бетіме қарап,— орыспысың?» Мен не дерімді білмедім. Содан кейін əйел күйбеңдеп теріс айнала беріп: «Мына моншаны саған жақтырған екен ғой»,— деді. Оның дауысында кекесін бе, жиреніш пе, əйтеуір не де болса менің жүрегіме инедей қадалған бір нəрсе бар. «Иттердің көрмейсің бе, арам ісінің өзін қолын жуып алып істегісі келеді. Жуып бермесең, орыстың қатынын менсінбейтін болған — ау, бұл хайуандар». Өзім де басыма түскен қорлық пен дəрменсіздіктен ызаға булығып келіп едім, мынау əйелдің жиіркеніші шарамнан асырып жіберді. «Қайт дейсің маған? Еркіммен келіппін бе?» деп еңіреп жылап та жібердім. Тіпті өксігімді баса алмадым. «Не дейсің маған? Нe істей алам?» Əйел де байғұс көңілшек екен, маған қосылып ағыл — тегіл жылады. Екеуміз ұзақ жыладық, бірақ істейтін шара таба алмадық. Солдат мені қайтадан айдап əкеліп, манағы қамаған босағадағы
бөлмеге қайрылдырмай, əрідегі бір есікке кіргізді. Өзі тұңғыш рет қабағы ашылып, маған қарап жымысқы күлімсіреді де, есікті жауып шығып кетті. Бөлменің ішінде жан жоқ, екі шырақ қатар жанып тұр. Бұрын кеңсе болған бөлмеге аз да болса үйдің жылуын бергісі келгендей, ескі диванның үстіне шүберек жауыпты. Ортадағы столдың үстінде не барын білмеймін, шамасы графин, бутылкалар бар — ау деймін, оның үстін де қобырайтып ақ шүберекпен бүркеп тастапты. Мен не қыларымды білмей дағдарып тұр едім — төр жақтағы есік ашылып, жеңіл халат киген, жалаң бас, сымбатты біреу шыға келді, мұның манағы машина үстіндегі офицер екенін таныдым. Қара қоңыр шашын бір жағына қисайта, жылтыратып тарап қойған, денесі қағылез, бойы əжептəуір ұзын екен. Манағы тəкаппар кескінімен маған қысқа ғана көз тастап өтті де, тез ғана өңін жылытып ала қойды. — Қайырлы кеш, фрейлен,— деп басып сəл иіп езу тартты. Күні бойғы қорқыныш пен қорлықтан титықтап қалсам керек, бір ауыз жылы сөзге еріп кетіп: — Қайырлы кеш, офицер мырза,— деп немісше жауап қайырғанымды білмей де қаппын. — О, фрейлен немісше біледі екен ғой,— деді ол жүзі жадырап маған қабағын көтере қарап. — Жоқ. Тіпті аз білем,— дедім сасып. — Қайтеміз ендеше Сіздің білген жеріңізге дейін ғана сөйлесерміз. Дұшпаныңның не де болса мылтығын кезеп, ашық келгені жақсы екен, манадан бері талай дүниені ойлағанмын, жасыратыны жоқ, бұлардың аман жібермейтінін де білдім. Əйел залымның сезбейтіні бар ма, манағы машина үстіндегі алғашқы көзқарасынан — ақ бұл офицердің пиғылын танып қалғанмын. Шарасыздан қандай қорлыққа да мойынсұнып, не де болса жиіркенішпен қарсы алуға іштей қамданып — ақ едім, алдымда алысар жау емес, əйел затына қызмет етіп, тал жібектей майысып сызылған кавалер тұр.
Мені алып келіп диванға отырғызды да: «Егер флейлен рұқсат етсе, кешкі астың уақыты болды, ас алсақ қайтеді»,— деп сыпайы қимылмен столдағы жапқышты сыпырып алды. Екі күннен бері нəр татпаған, байғұс басым, ішке кіргеннен — ақ, астың исі мұрныма келіп, жүрегім сазып тұр еді, столдың үстінде сіресіп тұрған тағамды көргенде көзім жайнап, тамсанып қойғанымды да білмей қалыппын. Ана жырынды офицер менің хəлімді сезсе де, сезбегенсіп: «Сізге қандай шарап құяйын» деп сұрады да, мен үндемей қалған соң, «Сізге француз коньягін құяйын. Парижден алып шыққанмын» деді. Өзің білесің ғой, коньяк дегенді атын естігенім болмаса, мен ішіп көрмегенмін. Шарап сияқты қызыл болғанға ішіп жіберсем, бірден аш өзегіме түсіп кетті ғой деймін, үйдің іші дөңгеленіп, айналып жүре берді. ... Света тоқтап қалды. Манадан бері əлденеге ашынғандай, бар əңгімесін түгін қалдырмай ежіктеп айтып келді де, осы арада іркіліп қалды. Жанарын төмен салып, бұйығып қана үнсіз отыр. Ар жағының не болғанын ішім сезеді. Светаның бойына еркектер көз салса – ақ көздері кілегейленіп шыға келетін бір пəле бар. Оның басқа жұртқа назар салып, сиқырлық жасағанын көрген емеспін, бірақ жаратылыстан нəзіктігінен бе, əлде əйел жанының бусанып тұрған бір лебі ме, əйтеуір еркекті өзіне еріксіз тартып алады. Сонысы сор болып ана неміс те тап бола кеткенін қарасайшы. Өзін қинап ар жағын айтпай – ақ қойса деп тіледім. — Үлкен пəлеге ұшырадым ғой – деді Света басын көтерместен. — Немене, зорлады ма сені? – деп қалдым. Сұрамайтын – ақ нəрсем еді. Аузымнан шығып кетті. Света салбырап отырған басын көтерместен қиғаш бұрылып маған қарады. Көзқарасы бір түрлі: «Ал түкір бетіме» деп тұрған сияқты. — Менің өзім қаншық болып шықтым, — деді ақырын ғана. — Не дейсің? – деп қалдым таңырқап. Тағы да өкіндім, қиналған жерін
қазбалай беріп нем бар еді. Света басын көтерместен қайта сөйлеп кетті. Сірə, ішіндегісін түгел ақтарып, өзін — өзі шабақтап алмай тоқтайтын түрі жоқ. — Сол офицері құрғыр еркектік шыдамсыздық жасап, маған қаттырақ қол салса... онда қарсыласар едім, айқайлап алысар едім... адам бір ашынып, өшігіп алса неге болса да төзеді ғой. Мына құрғыр титтей де дөрекілік жасамады. Орынсыз жерге қол да жүгіртпеді. Менің ойымды қағаздан оқып отырғандай — бір қия баспады. Тіпті сыпайы. Сыпайы болғанда орынсыз ебелектеп, не ыбылжып тұрған жоқ, кəдімгі табиғи қалпы. Өзі баттитып көрсетпесе де, осы адамның өзіңнен өресі көп жоғары екенін біліп, ығында кеткеніңді білмей қаласың. Ал, жымиғаны бар — ау, сенімен əлдеқашан сырласып, бəрін ұғып қойған адамның езу тартысы. Сен айтушы едің ғой, «қалауын тапса қар жанады» деп, бұ да сол қалауын тапты ма, білмеймін, онша қыстамай — ақ біраз ішкізіп жіберді. Шырақтың қара көлеңкесі қалтылдаған көмескі сəулесі кісіге бүгінгі халін ұмыттырып, өң мен түстің арасындағыдай бір күйге түсіреді екен. Қара көлеңкеде қарулы еркектің білегі мойныма жұмсақ оралып, ақырындап өзіне тартып үлкен кеудесіне сіңіріп бара жатты... Света екі шекесін қос қолдап қысып, төмен қарады. Менің көз алдыма ұрысқақ Мусяны атып тастайтын солдат елестеді: о да осы, Света айтқан офицер сияқты, ұзын бойлы, сымбатты болатын, өзге солдаттар əйелдерге əукесін салып, сасып — пысып жатқанда, ол қарқылдап күліп алып, ауыз гармонын ойнап тұра берген. Светаға «тоқташы енді» дегенімше оның өзі де іркіліп қалды. Қос тізесін қапсыра құшақтап алып, иегін тізесіне тіреп көзі мұнарланып бұйығып отыр. Айтылмаған əңгімесі алқымына тіреліп, көз алдынан тізіліп өтіп жатыр. Мұнарланған анау көгілдір көздері, сөніп қалған отты, я қарсы алдындағы мені көріп отырған жоқ, «кешегіні» көріп отыр. Бет əлпетінен танып қалдым, қазір тағы сөйлейді, маған айта ма, я мына қалың орманға айта ма, бұл енді ақтарылып болмай тоқтамайды. Бірақ ақтарылғанмен арыла ала ма? — Білмеймін, сол өзі адам ба, əлде адам бейнесіндегі сиқыршы сайтан ба. Бұрын өмірімде көрмеген бір халге түстім.
Света кенет қабағын түйіп, сəл бөгелді де содан кейін менің бетіме қарады. Жаңағы: «ал, топырақ шаш, түкір бетіме» деген қарасы. — Meн «дүниенің бəрін ұмытып кеттім» дедім ғой. Coған сеніп отырсың ба? Жоқ, адам еш нəрсені мүлдем ұмытып кете алмайды екен. Николай да ауық — ауық көзіме елестеп кетеді, орман ішіндегі сені де есіме алып қоям, қойынымда жатқан адамның кім екенін де білем. Тəтті тағамға ащы тамызғандай, осылардың есіме түскенін ұнатпадым. Көкірегімде бас көтерген əлсіз ұятты бойымды жайлап алған ыстық құмарлық тұншықтыра берді. «Жарайды, кейін, ертең... бір орайы болар...» құшырланып жатып осы сөздерді дауыстап та айттым ғой деймін. Осыдан кейін мені қаншық емессің деп айтып көрші. Мастығым ертеңгісін тарады... Тұла бойым жеңілдеп, тазарып ояндым, көзімді ашып алсам — таң атқан екен. Сонда да бұйығып жата тұрғым келіп еді, бірақ анау, бойына дарытпай, əскери адам ширақ қой, тез тұрып киіне бастады. Ауызғы бөлмеге шығып күзетші солдатты шақырып алды. Бұйрығыңызға əзірмін, полковник мырза» деді солдат. «Столға екі адамға шай даярла». Шені полковник екен. Əскери формасын киіп алған соң көзіме соншалықты жат болып көрінді. Қарсы алдымда соғыс басталғалы үрейімізді алған жасыл мундир отыр. Түннің сиқыры будай тарап кетті, арамызда ешқандай жақындық болмаған сияқты, енді қайтадан көкірегіме үрей кіре бастады. Полковник те түк көрмегендей, бойын аулақ салып, жай ғана сыпайы отыр, тек сəлден кейін менің көзімдегі үрейді көріп, жылы шыраймен жымиып, езу тартты, бірақ күлкісі пышақ кескендей тыйылып, ойы өзге жаққа бұрылып кетті. Алдындағы суып баратқан кофесін бір – екі ұрттап қойды. Тағдырдың келемежін қарасайшы, кешегі маған жармасатын солдат, ас-су əкеліп күтуші болып жүр. Есіктен кіріп келе жатып, полковниктің желкесінен маған қылмыңдай қарап, көзін қысып қояды, онысы «бəрін білемін» дегені. Рұқсат сұрап жас офицер кірді, полковникке тіл қатар алдында, о да маған жалт етіп бір қарап қояды, көзінде бір жымысқы ұшқын жылт ете қалды, — «бұ да түнде не істегеніңді білем» деп тұр. Осындайда өзіңе өзің нағыз жезөкше болып көрінеді екенсің.
Жас офицер бөгде адам болғанға іркіліп қалып еді, полковник: «Баяндай бер. Түндегі ұрыстың жайы немене?» деді. «Партизандардың шағын тобы екен. Жаралы біреуін қолға түсірдік» деді офицер. — «Кім екенін анықтадыңдар ма?» — «Бұрын осы деревняда сельсоветтің председатель болған. Ал өзі тіл қатпайды». — «Бip адамның тілін шығара алмағандарың... жалқаулықтарың ұстады — ау, ə» деп полковник ащы мырс етті. — «Қандай тəртіп болады, полковник мырза?» Полковник тəртіп беруге оқтала берді де, менің үрпиген түріме көзі түсіп: — «Э — э... кейін тəртіп берермін» дей салды. Ертеңгі астан кейін менімен жылы қоштасты, тіпті кəдімгідей қимастық білдірді. «Мынадай тамаша кеш үшін сізге көп рахмет, фрейлен. Əттең тек қызмет бабы қинап тұр. Ілгері жүруіміз керек. Амал қанша. Қош болыңыз». Содан солдатты шақырып алып, «фрейленге, азық — түлік бер» деп əмір етті де, басын иіп шығып кетті. «Тамаша кеш» үшін қанша рахмет айтса да, түндегі менің қойнымдағы адам бұл емес. Бұл емес екенін тəніммен сездім. Түндегінің бəрі сорақы рахат түс сияқты, таң ата оянып кеттім. Бірақ көресім əлі алдымда екен. Үйден шыға бергенде қораның ішінде скамейкада отырған адамға көзім түсті. Түрінен жан шошығандай — бір аяғы ағаштай сіресіп жер тіреген, балағын қақ айырып, балтырын таңған марлеге қызыл — қошқыл қою қан ұйыпты. Бет аузы көнектей боп
ісіп кеткен, езуінде, мұрын астында да қан ұйып қатып қалыпты. Жаралы аяғына салмақ салмайын деп тұтқын ұзын скамейканың үстінде бір жамбастап қисайып отыр. Алғаш қарағанында сау мүшесін, бет бедерін қалдырмай мылжалап тастаған тірі өлік сияқты еді, кенет ине шаншып алғандай селк ете қалдым: тұтқынның ісіп кеткен қабағының астынан титтей боп сығырайып жалғыз көзі маған қадалып тұр екен. Бір сəт орнымнан қозғала алмай қалдым. Түндегі мылтық даусын ұйқылы — ояу жатып мен де естідім. Не атыс екенін түсінбей, бірақ секем алып оянып бара жатыр едім, полковник ояу екен, менің елегізгенімді біліп, «еріккен солдаттардың ісі ғой, еш нəрсе емес», деп бауырына қыса түскен. Атыс ұзап естілмей кетті. де... менің тəтті ұйқым онша бұзылған жоқ еді...
Сыртқа шықсам, қақпаның аузындағы сақшыдан өте алмай он бес — жиырма адам көшеде шоғырланып тұр: көбі қатын — қалаш, бала — шаға да бар, шамасы сельсовет председателінің тағдырын білуге келгендер болса керек. Бала көтерген бір əйел еңкілдеп келіп жылайды, бес — алты жасар баласы шешесінің етегіне жармасқан, көзі шарасынан шығып кетіпті, байғұс балада зəре жоқ. Сол адамдардың алдынан қалай өткенімді... Арсыз адам, жерге кіріп кетпейді екен. Өттім. Буыным қалтыраса да өттім əйтеуір. «Ұяттан бір нəрсе қалған екен. Қып — қызыл болып кеткенін қарашы» — деді бір əйел. Онысына да рахмет, аяғаны болар. Света ащы мырс етіп, езу тартты, бірақ езуінен күлкі емес мүсəпірліктің табын көрем. Ол тағы да үнсіз отыр. Əңгімесін айтып болды ма, болса, бұл ақтарылғаны байғұсқа жеңілдік əкелген жоқ. Өңінде, өңінде ғана емес – ау, бүкіл тереңінде арылмас бір күйзеліс тепсінеді. Сол күйзелістің ар жағынан не қыларын білмей дағдарған, сасқан адамның дəрменсіз ажары көрініп келеді. Бір қолын таянып, бір қолымен жер шұқып біраз отырды, ішін жегідей жеген мазасыз ойы барын сезем. — Мен үлкен бақытсыздыққа ұшырадым. Екі қабат болып қалдым, — деді Света бір түрлі қарлыққан дауыспен, басын көтерместен. — Қой, қайдан білесің, бекер шығар,— дедім. Сасқаным ба, жұбатқаным ба, білмеймін. — Əй, бекер болмас. Білмеймін, бірақ солай сияқты. Əйел екенімді, бойымда құштарлық бар екенін, масқара болғанда бүгін түнде ғана білдім ғой. Естуім бар еді, сірə солай сияқты. Ерекше болатын көрінеді ғой, өзің сезген жоқ па едің? Мен «оны» кейінірек барып түсіндім — содан бері қайталанып көрмеген ерекше лəззат есімде қалыпты. Сірə, Света да... сол сəтті кешкен екен ғой. «Иə, солай», деп қоштағаным оған қуаныш болмас, «жоқ олай емес, бекер» деп алдарқатқанымнан да жеңілдік шамалы. Ал, кейюге... мен сірə, Светаға ұрсып көргенім жоқ, ұрыса да алмайтын шығармын, бірақ
туған шешесі болса да қазір кейігеннен не пайда? Істеген іс болса, оның жазасы күні бұрын артығымен кесілген. Жұбаныш айтайын десең, — сөзің жалған боп шығады, жалған сөз жарасын одан бетер ушықтырады. Мен үндегенім жоқ. Кейде үндемеген де жақсылық. Светаның не ойлап отырғанын білмеймін, оның хəлі мені қинап барады. Лəззаты мен қасіреті араласқан осы бip масқара түн уақыт оза келе ұмыт болар еді, шыбын жаны құрғыр шықпаған соң, тəн жарасы сияқты, жан жарасы да түбі бір жазылады ғой. Бірақ ішіндегісін қайтеді? Не де болса қалап тиген жары Николайдан сонша сақтанып келгенде... Тұла бойы тұңғышы мұның қиын — қыстауда əйелдік осалдық жасап алған ең масқара сағатын өмір бойы есіне салатын болса?.. Білмеймін. Ар жағына менің ақылым жетпеді. Мүмкін, өмірдің өзі бір қисынын табатын шығар. Адам баласын өмір бойы арылмайтын азапқа салу, нағыз үлкен қиянат сол емес пе? — Ал, Нəзира,— деді Света басып көтеріп менің бетіме тіке қарап.— Біраз уақыт жолдас болып, бір-бірімізге үйренісіп қалып едік. Сөге — жамандама. Енді екеумізге ажырасуға тура келіп тұр. Қош бол. Meн сасқанымнан аузымды ашып, бақырайып Светаның бетіне қадалып қаппын. — Қош болғаны қалай? Сонда?.. Екеуміз... — Мен өз жөнімді табуым керек. Сенің де жолың болсын. Төбемнен жай түскендей тіл қата алмай қалдым. Менің осы хəлімді Света сезді ғой деймін, жүдеу тартқан қатқыл өңі жұмсарып: — Саған жалғыз қиын болатынын білем, үйренбеген, білмеген жерің ғой, бұл жақ,— деді.— Бірақ менің хəлімді түсінсеңші сен. Жаңағының бəрін ақтарғаннан кейін, мен сенімен бірге жүре алмаймын. — Соны маған несін айттың, ішіңде жата бермей... Бақытсыздық адамды тез есейтеді екен, Света маған кəдімгі көпті көрген кексе адамдай мүсіркей қарады: мұңлы көзі «сен əлі біраз нəрсені түсінбейсің ғой» деп тұр.
— Айтпасам одан да жаман болар еді. Жə, мен саған басшы болып жарытпаспын. Мир не без добрых людей. Бір орайы болар саған да. Сен, түсін, Нəзира. Мен енді сенімен бірге жүре алмаймын. Қош бол. Света түйіншегін тез буып алды да жүріп кетті. Соңынан ұзақ қарап тұрдым. Жаңағы келгендегісіндей емес, жүрісі ширақ, орманға тереңдеп алыстап барады. Ағаш арасынан түскен күн сəулесінен ақсары шашы жарқ етін қалады. Артына қайрылып қарай ма деп елең етем, бірақ артына қайрылып қарамады. Meн жалғыз қалдым.
ЕКІНШІ БӨЛІМ 1 Сарайдың ішінде үйген пішеннің ішінде жатырмын. Үрей мен аяз бірдей қарып, тұла бойым тітіркеніп, тісім тісіме тимей дірдек қағам. Бұл сарайдың ішінде мен жатқан үйдің иесі Дуня апайдың «Зойка» деп аталатын мына көнек қызыл қасқа сиырымен екеуміз ғана. Біз Дуня апай екеуміз есіктен қапыл — құпыл кіріп келгенде жамбастап жатқан Зойка тыпыршып орнынан атып тұрын, бас жібін жұлқи бізге оқтала бір қарады да, менің артымда келе жатқан иесін танып, тыныштала қойды. Бұл жануардың барлық қорқынышы сонымен тынды, қазір қаннен — қаперсіз салқын шөпті күрт-күрт күйсеп тұр. Мен болсам жүрегімнің дірілін ұзақ уақытқа дейін баса алмай, ауық — ауық жиіркенішті суық діріл тəнімді мұздатып өн бойымды қарып өтумен болды. Ол сырттағы аязбен ішіне кіріп келгенде бетім мен қолыма қылқандай қадалған мұп — мұздай шөптен бе, əлде деревняға ойда жоқта келіп қалған неміс əскерінен бе, əйтеуір үрей мен ызғар аралас безгек діріл біразға дейін жанымды жай тапқызбады. Бірақ пішеннің іші жақсы ғой, қысты күні де денеңді қыз — қыз қайнатып жібереді, ұзамай — ақ тұла бойыма жылу тарап, сірескен буын — буыным босаңсып, жайбарақаттана бастадым. Тек əттең мына бір тосын жағдай болмаса, соңғы екі айдан бері бойым үйреніп қалған кемпірдің жылы пешінің үстіндегідей балбырап жата беретін түрім бар. Тəнім жылығанмен көңіліме жылу кіретін түрі жоқ. Алғашқы соқыр үрей мен дірілден айыққан сайын көкірегіме орнықты үлкен уайым ұялап келеді. Соғыс басталып, жау тылында мен тентірегелі жарты жылға иек артыпты, содан бері жақсылықты да, жамандықты да, қауіп пен қатерді де көріп — ақ келем, неге болса да етім өліп, үйреншікті болып кететін кезім болған сияқты еді, бірақ ажалдың қатеріне адам үйрене алмайды екен. Білмеймін, əлде мен солаймын ба. Мен жатқан деревняға неміс əскерлері келіп орналасты. Бұл өзі үлкен орманның шетіне жақын, əзірге жау аяқ баспаған мекен болатын. Осы арада бір жайлы үйге орнығын екі ай жаттым. Күнін анық білмесем де,
шамасына қарағанда босанатын уақытым да таяп қалды. Енді сол бұрын басымнан кешпеген ауыр сағатты қорқынышпен күтіп жүргенде мынадай халге душар болдым. Дұшпанның айбаты жылы орнымнан қуып шығып, кемпірдің қызыл қасқа сиыры Зойканың сарайына əкеліп тықты. Ендігі күнім не болмақ? Олар бірер күн тұрып кететін болса, аяқ астынан толғағы түскірім келіп қалмаса, шыдармын — ау. Егер ұзақ тұрып қалса... Өз аяғыммен басқа жаққа қашып кете алмаймын. Ылғи бұға беретінім «түрің бөлек» деп түбімді тексере ме деп қорқамын. Түрімнің бөлектігі, немістерді білмеймін, тіпті орыстардың өзінің арасында күдік туғызатын, енді оның үстіне тығылып жатқан жерімнен табылсам, жығылғанға жұдырық деп, күдіктің үстіне күдік жамап алмаймын ба. Немістер келіп қалғанда Дуня апай да, мен де зəреміз кетіп сарайға қарай жүгірдік. Қазір ойлап қарасам, бəлкім, осы ісіміз асығыс, ағаттық болды ма екен? Мүмкін, немістер мəн беріп, елей қоймас иа еді? Шамасы, өзіне сенімсіз нашар адамның далбасасы болса керек, бір істі істеп алып, артынан «апыр — ай, басқаша істесем жақсы болар еді ғой» деп опық жейтін айнымалы мінез тауыппын. Егер жасырынбай, сол үйде тұра бергенде, Дуня апайдың қай нағашысы едім демекпін? Қайтейін, ойы құрғыр он саққа жүгіреді. Қайсысын қармасам да көңілге жұбаныш əкелер бірі жоқ. Оның үстіне сырттағы немістердің шаңқылдап сөйлеген дауыстары, қадамдарының тықыры да, тура мені іздеп жүргендей үрейімді шабақтап, зəремді алады. Немістер бұл дүниеде менің бар — жоғымды білмейтініне, үстірт болса да бір қарап кеткен сарайын енді қайтып келіп тінтпейтініне қанша сенейін десем де, көңілі құрғыр қобалжи береді. Бір — екі ай тыныш жерде бұғып жатып, қауіп — қатерді жатырқап қалғанмын ба... Əйтпесе бұдан да қорқынышты сағаттарым болып еді ғой. Оңым мен солымды танымайтын, енесінің емшегінен адасқан соқыр күшік сияқты қараңғыны қармап қалған, дəрменсіз сағаттарым қайда? Оған қарағанда қазіргі хəлім қанша қатерлі болса да шүкірлік емес пе? Сонау орманның ішінде жападан — жалғыз қалған сағаттарым... Əрине қазір де жалғызбын, бірақ ондағы жалғыздықтың жөні басқа болатын. Айға жуық полктың көп əйелдерімен бірге қашып келе жатқанда жағдай қанша ауыр болса да жалғыздықты сезінбеп едім. Көптің бірі болдым да, қазақ айтпақшы, «көппен көрген ұлы той» деп жүре бердім. Не де болса көппен көргеннің жеңілдігі болады екен. Одан Светамен тағы да айға жуық бірге жүрдім. Қасымда серігім болды, серік емес — ау, басшым болды. Жетекке ерген тайыншадай соңынан еріп, тағдырымды соның мойнына артып
жетелеген жағына жүре бердім. Енді аяқ астынан Светадан айрылып, қалың орманның ішінде жалғыз қалғанда... Сондағы бір ғажабы — алдымен өзімнің мүшкіл хəлімді ойламаппын. Светаның айтқан хикаясы, ақыл ойымды билеп, оның аяқ астынан душар болған қасіреті тұла бойымды жайлап алды да, содан арыла алмай əлек болып отыра беріппін. Біреудің қасіретін ішіме түсіріп алып, жарыса ойлап, жарыса қиналып арамтер болатын жаман мінезім бар екен — бейне бір Света қасіретін маған тастап, «мə, мынаны талғажау ете тұр» деп, өзі кетіп қалған сияқты. Мен сонымен алаң болып отырып, етегінен ұстаған жалғыз жолбасшымның кетіп қалғаны, ендігі мүшкіл хəлімді біраз уақытқа дейін тіпті ойламаппын да. Өзімше, оның халін əбден — ақ түсінген сияқтымын. Ол өзінің бар масқарасы мен іш құсасын, түгін қалдырмай, алдыма ақтара салды. Бірақ түсінгенмен оны не ақтауға, не даттауға керек пе, ол арасына ақылым жетпейді. «Бақытсыздық» деген нəрсе жамандық пен жақсылыққа бөлінбейтін, адамға төтеннен келген алапат па екен, əлде заты əйелдің осалдығы ма, білмеймін, əйтеуір менің өз басым Светаны айыптай алмадым, бар тапқаным тек қинала бердім. Сол деревняда түнеген үйінің жанында, жақын адамының, азаматының ажалын тосып, түнеріп тұрған топтың көз алдынан жеpгe кірердей боп қызарып өтіп бара жатқан Светаның кескіні көзіме елестеп, жүрегімді шабақтап... Жəне Светаның жұқа өңінің қызарғаны қандай, қып — қызыл қап ғой. Бейне қалың топтың, ызғарлы сұқ көздерінің алдынан лас тəніңді жалаңаштап айдап баратқандай... Құрсын... Осы елес көз алдыма келгенде — сол өтіп баратқан Света емес, менің өзім сияқты қиналам. Жиіркене айыптай қараған əрбір сұқ көзді көргендей болам да, қарап отырып жердің астына кіріп кеткім келеді. «Мен жалғыз қалдым ғой. Meн жападан — жалғыз қалдым». Бала кезімдегідей еңкілдеп жылағым келді, бірақ көзімнен жас шықпады. Мүмкін, іштей егіліп, көз жасым сыртқа шықпай ағыл — тегіл кеудеме құйылып жатты ма, əйтеуір, осындай жібім тарқап босаңсыған халде біраз отырыппын. Қорыққанда қарекет қылудың орнына, көзінің жасына сыйынатын кəдімгі жас баланың халінде болдым. «Тіпті енді қайттым, не тіршілік жасаймын?» дегенді ойлауға да шамам жетпеді. Тек бір көкірегімді кеулеп, қампиып өсіп келе жатқан үрей, қорқыныш бар. Мынау
жасыл орман, жайнаған төңірек те емес, ну мекиен шөлде, керуенімнен адасып, жалғыз қалғандай жайым бар. Қайда барарымды, қалай қарай жүрерімді білмеймін. Жалғыз қармаған талым Света уысымнан шығып кетті, енді «ойбай» салып, қанша талпынсам да оған қолым жетпейді, Орманнан шықсам мені тарпа бас салып ұстап алатындай... оқыс үрей ауық — ауық кеудемді осып өтеді... Орманнан шығуды айтам — ау, əрі — беріден соң осы орманның іші де маған нанасыз, үрейлі болып бара жатты. Бүйірімді тепкілеп жатқан СОЛ. Жан иесі... Кешеден бері бар — жоғын ұмыттырып, тыныш жатырм, оянып кетті. Ол өзімен бірге менің меңіреу болып қалған көңілімді де оятып жіберді. Жападан — жалғыз қалдым десем екеу екенбіз. Қасымда серігім бардай көңіліме бір тəтті сезім кіріп еді, бірақ тəттіге у тамызғандай ілесе уайымы құрғыры да келе жатыр. Мұның маған қандай серіктігі болмақ? Көз қара дейін десем көре де алмаймын, аяғыңды ауырлатқан азабынан басқа... Бір ғажабы менің халімдегі адамға уайымның өзі ем, манадан бергі мəңгіртіп жіберген үмітсіз жалғыздық төзімі серпіліп, көкірегімде тыпыршыған талпыныс оянып, бір жағынан шым — шымдап ішім де жылып келеді. Сонау бала кезімдегі бір елес. Одан бері он жылдан асты... Əлсіз шырақ сөніп, анам қараңғы түнекте қалардай қорыққанымда, «оның шырағы сенсің ғой» деген Қамқа əжемнің даусы... Менің құрсағымда да бір шырақ жылтырап жанып келеді. Оны өшіріп алсам... Көкірегімді үрей биледі, бірақ бұл үрей басқа, ол маған қайрат, жігер əкеле жатыр. Ойым əбден сараланып болмаса да алды — артымды болжауға жағдайым келіп қалды. Құрсағымда титімдей жан иесі барда мелшиіп қарап отыра алмаймын, қайткенде де қарекет жасап, бір қараға жетуім керек. ...Бір қараға жетуім керек. Бірақ сол қара қайда? Светаның кеткен бағыты анау, ол бір нəрсені білетін шығар, сол бағытпен мен де қаңғалақтап кете берем де. Сол бір қараға жеткізер. Екі айға жуық тентірегенде менің ұстаған құбылам шығыс. Оны күндіз күнге қарап, түнде аспандағы жұлдызға қарап та ажыратуды үйрендім. Қанша бұлталақтап, ирек — ирек жол салсақ та бағдарымыз осы шығыс болатын. О жақта жау барын, жəне жаудың бар күші де, қырғын соғыс та сол жақта екенін білсек те, ұрық шашарда ешбір бөгетке қарамай, өзеннің өріне жүзетін балықтар сияқты біз де солай қарай жылжып келе жатқанбыз. Менің ендігі ойым да алдым от болса да солай қарай жылжи беру.
«Сенің түрің бөлек, бірден көзге түсесің» деп Света мені ылғи тасаға жасырып, деревняға өзі кететін, содан үркек болып жаман үйреніп қалыппын. Орнымнан тұруға қанша оқталсам да сескене берем, жау көзіне түсіп қалам ба деп қорқам. Ал, шынымды айтсам өзім араласып кəнігі болмаған ел — жұрттан да сескенетін түрім бар. Қайран қалың қазағымның арасы болса... Бұрын тіпті құлақ естіп, аяқ баспаған жеріңе барсаң да, əйелдерге мұңыңды шағып жағдайыңды айтсаң «беу, алда байғұс — ай», деп еріндерін сылп еткізіп, көңілшектері көзіне жас алып... Ал, мына халықпен əлі сыр мінез болып көрген емеспін. Кеше айға жуық ауыр сапарда полктың əйелдерімен бірге болғанда аз да болса оларды түсініп, кішкене жақындасып қалғандай едім, біразының тіпті кəдімгі қазақ əйелдеріне ұқсас мінездері болатын. Бірақ енді олар өзім сияқты командир əйелдері, жəне «айлас қатын мұңдас» дегендей жолымыз да, азабымыз да ортақ еді, ал, жалпы халықпен менің жөнді араласым болған жоқ. Жəне сол білдім деген əйелдерімнің өздерінің ар жағында несі барын... əсіресе іш тартқаным, тіпті жақсы көрген адамым Света емес пе еді? Олжадан түскен атқа тақымың үйренгенде ойда жоқта оқыс мөңкіп аударып тастайтыны болатын, бұ да аяқ астынан əзірге менің миым жетпеген тосын мінез көрсетті. Енді ойланып қарасам Светаның мінезі маған шынында да тосын көріне бастады. «Қара ешкіге жан қайғы» болып тұрғанда ол сол жан қайғысын ұмытып, аяқ астынан ар қайғысын арқалап, жеке кетті. Бір азапты екеу етіп алды. Мен оны түсінетін де, түсінбейтін де сияқтымын. Менің түсінетінім жұрттың бəріне түсінікті, ондай халге ұшыраған ұяты бар əйелдің жан азабы оңай болмайды, əрине қиналады. Бірақ... «ораза, намаз тоқтықта» деп қазақ айтушы еді. Мынадай алапат ішінде, шырқыраған шыбын жаныңды қоярға жер таппай жүргенде... Білмеймін. Өз басына түсіп көрмеген соң. Неге екенін білмеймін, о кісіні өзімше, іштей «кемпір» дей саламын да, ал көзінше инабат қылып Дуня апай деймін. Жасы алпыстан асқан, менің Қамқа əжемнің өкшесін басып жүрген адам. Орыстар үлкендерге өз атына əкесінің атын қосақтап екеу қылып айтатын əдеттері емес пе, бұл кісінің есімі Евдокия Герасимовна екен. Менің жаттықпаған жалпақ тілім сол екі есімнің, тым болмаса, біреуінің нəшін келтіріп айта алмады. Бір — екі рет шатастырғаннан кейін кемпір «сен менің əкемнің атын қарасин қылып жібереді екенсің, одан да «Дуня апай» деп атай бер» деген.
Бұл кісіні алғаш\" көргенде «əй сірə, тұзымыз жарасып кете қоймас» деген ойға келгенмін. Қаңғып келген түрі бөлек əйелді ұнатпай қалды, жүзі суық, көк көзі шатынаңқырап тұр. Ұзынша сопақ беті төрт бұрышты, терең əжім тіліп өткен бет бедерінің де қыры сынбаған, толыспаған тарамыс тұлғасы да қатаң — қысқасы, бір қарағанда түрі кісіге түрпідей тиетін адам екен. Əсіресе екі езуінен төмен қарай қиғаштай тартылған екі терең сызығының астынан ащы мысқылы мен ашуы тепсініп тұрғандай, соған орай ащы даусы омырылып шығады. Алғашқыда қатты тіксініп қалдым. Бұрынырақта болса бұрылып жүре беретін едім, бірақ Светадан ажырасқаннан кейін, екі айға жуық жалғыз тентіреп, мен де оңды — солымды танып біраз нəрсеге ысылып қалғанмын. Талай жақсы да, жаман да адамды көріп, бір қабағын қарс жауып алған хозяйкаларға бір түнеп кететін бетсіз болып алғанмын, бұрынғы бұйығылығымнан арылып, осындайда іштей ерегесе кететін мінез тапқанмын. Сондықтан да үй иесінің қыртысы жазылмаған қатқыл ажарынан қаймыға қойғаным жоқ, алдымен бір түнеп кетуге сұрандым. Кемпірдің қабағына қарап «кет» дейді ғой десем, ол салқын даусымен ықылассыз ғана «жарайды» деді. Күн кешкіріп қалған мезгіл еді, кішкене үйдің бір бұрышында сүмірейіп мен отырмын, құдай оңдап, кемпір сыртта шаруасын істеп жүр, болмаса, келмей жатып ұрысқан адамдай екі əйелдің тыртысып отырғаны қандай жаман. Үйге бір — екі рет кіріп шықты. Тіл қатыспасақ та уақыт өткен сайын бойым үйреніп келе жатқан сияқты. Шамасы өмір бойы шаруа қуалап шандыры шыққан байғұс болар, қанша шау тартса да, қимылы пысық, сол сергек қимылымен асын қамдады. Картоп аршығанда жəрдем етейін деп едім: — Өзім — ақ аршимын. Бүгін қонақсың ғой,— деді. «Бүгін қонақсың ғой дегеніне қарағанда, ертең де маған кет дей қоймас» деген бір үміт жылт ете қалып еді, кемпір одан əрі тіл қатқан жоқ, Əйтсе де өңі жұмсағырақ болды. Оның қатқыл өңін керосин шамның жарығы жұмсартты ма, əлде менің титтей де болса жылу іздеген көңілім жұмсартты ма... Мен де күдікшілмін, құдайдың берген кескіні мен мінезіне кім кінəлы, үндемей — ақ қойсын. Тек сүр майға қуырған ыстық картоп алдымызға келген де ғана: — Сен қай қиырдан, қай құдай айдап келіп жүр біздің жаққа?— деді.
Meн тілім жеткенше жөн — жосығымды айтып түсіндіріп болдым. Кемпірдің іші — бауыры елжірей қоймаса да, əйтеуір ден қойып, ықыласпен тыңдады. «Тіпті алыстан келген екенсің ғой, байғұс», ден аяныш білдіргендей болды, одан ар жағын қазбаламай «шаршаған шығарсың» деп төсек салып берді. Таң қараңғысынан ішкен ертеңгі астан кейін, мен қипақтай бастадым. «Енді қайда барам?» Майдан шебінен елге жететін дəрменнің менде жоғы былай тұрсын, денем ауырлап күннен — күнге жүруім де қиындап барады, оның үстіне қылышын сүйретіп қыс та таяп келеді. Ендігі бар мақсатым — қол-аяғым жеңілдегенше ұзағырақ паналайтын жер іздеу. Ондай үйді тауып беретін таныс қайда, сондықтан да «осы паналатпас па екен?» деп Бас сұққан үйімнің иесіне жаутаңдап қарай беретін жарамсақ əдет тауып алдым. Мына кемпір түріне қарағанда жалғызбасты адам болар, орайы келіп — ақ тұр, бірақ қанша жаутаңдасам да өңі жылымай — ақ қойды тіпті, менің қампиып қалған қарынымды көрмеген де сияқты, əйтпесе бір аяныш білдірер еді ғой. Қайтейін бір бұйырғаны болар да, ертеңгі астан кейін кемпірге рахметімді айтып жүрмек болдым. — Қайда бармақсың?— деп кемпір зекіп тастады. Шынымды айтсам анадан туғалы зекіген дауыстың құлағыма майдай жаққаны осы болар, көзім жаутаңдап кемпірге қарай беріппін, сірə жанарым дымқылданып кетсе керек. — Ана қарыныңды сүйретіп қайда бармақсың. Қардың үстінде босанайын деп пе едің?— Кемпірдің зекігені құлағыма жағып барады.— Мені бір мойнына крес салмаған дінсіз деп пе едің. Жарайды, қал осында. Біздің деревнямыз үлкен жолдан аулақта. Əзір неміс келген жоқ, кім біледі, құдай сақтап келмес те. Мен кемпірге тағы да алғысымды жаудыра бастап едім, ол тыйып тастады. — Сенің осында қалғаныңа мені бір қуанып тұр ғой дейсің бе, жарайды, бұйырғанын көрерміз. Сонымен осы кемпірдің үйінде қалып қойдым. Өзі бір əйел затында сөзге сараң кісі екен, бұрын сумаңдаған сөзшең əйелдерден басымды ала
қашқандай болушы едім, енді мынаның үндемегені қинады. Бір үйде екеуден — екеу, ұрысқан адамдай. Құдай оңдап əйтеуір кемпір сиырымен, тауығымен, шошқасымен əлек, олар да бір бабын таптырмайтын жəндіктер екен. Оның үстіне ылғи бір жаққа кетіп қалады. Жасы келіп қалған адам неге жалғыз тұрады? Туған — туыс, бала — шағалары қайда? Əлде бəрінен айрылып қу бас болып қалған байғұс па? Өзі айтпаған соң жөн-жосығын сұрауға бата алмаймын, паналатқанына риза болып, тып — тыныш жата бермей нем бар. Тек сырттай топшылағаным кім де болса, жақын біреуі бар сияқты. Ол — пұл тағамдарын қамдап шүберекке түйіп алып екі — үш күнде бір жаққа кетіп қалатын əдеті бар. Неше түрлі тəтті нан, жұмыртқа пісіріп, сары майы мен бар дəмдісін салуына қарағанда базарға сатуға апармайтыны көрініп — ақ тұр. Мен орыс пешінің үстінде жоғарыдағы қуыста жатам, кешке от жаққанда тіпті ысып кетеді, аунақшып-дөңбекшіп біраз уақытқа дейін ұйықтай алмаймын. Бірақ əйтеуір осында келгелі ұйқыға кенде емеспін. Басымды қатырған көп уайымға, алдымдағы белгісіз болашағыма бұрынғыдай қайғырып, күні бұрын бекер күйзелмеуге тырысамын. Алдым қараңғы. Қайтейін. Тағдырдың салғанын кезінде көрерміз. Бұрынғы өміріммен де арам мүлде үзіліп қалды. Ауыл, ел — жұрт, Қамқа əжем... бар жас өмірім... бəрі көз жетпес алыста, енді ол өмір келмеске кеткен сияқты. Бірақ кейде бір ауыл өмірі қайта тіріліп, жамырап келіп көз алдымда тұра қалатыны бар, жəне қас қылғандай құрт қайнатып, ет пісіріп жатқан, ие дастархан басында жайғасып отырған нағыз алаңсыз бейқам тірліктері елестеп зығырданымды қайнатады. Менің мына хəліммен олардың шаруасы жоқ. Тіпті алаңсыз... Қасымбек... Енді о да алыста. Түн ішінде апыл — құпыл шала қоштасып, соғысқа кетті. Жөндеп сөйлесе де алмадық. Енді ойлап қарасам — екеуміздің бірге тұрған өміріміз де шала сияқты. Оңаша отау тігіп отасқан уақытымыз да азғантай, шолақ екен. Ерлі — зайыпты етене адамдардай бір — бірімізге үйренісіп те болмаған тəріздіміз, кейде тіпті қыз дəуренімнен айырылып, əйел болғанымды ұмытып та кетем. Құрсақты болсам да күйеуіме үйрене алмағанмын ба, қалай. Басына күн туғанда өзгенің бəрін ұмытып кете ме екен? Шынымды айтсам қазір Қасымбек емес, қара басымның қамын көбірек ойлаймын. Тек бір рет қана жаным ышқынып...
Орыстың қалың орманының ішінде қаңғалақтап жүріп қырылған əскерді көрдім. Бір селоның адамдары жay кеткен соң, қаза тапқан біздің солдаттарды көміп жатты. Неге екенін білмеймін, жүрегім алып ұшып соған мен де бардым. Жұрт жиналып үлкен апан қазыпты. Сол апанның ернеуіне ағаш арасында, далаңқайда сұлап жатқан əскерді əкеліп жатыр. Біреулер қанар қапшықтан носилка жасап соған салып əкелсе, біреулері екі аяғы, екі қолтығынан екеулеп ұстап жайша көтеріп келеді. Бір кеспелтек сары жігіт өліктің екі аяғын қапсыра құшақтап екі бүктеп, иығына артып əкеледі де сылқ еткізіп тастай берді. Бір əйел, дəті шыдамады ғой деймін, «байқасайшы деп еді, «енді олардың еш жері ауырмайды» деп, жаңасын əкелуге бұрылып жүре берді. Біреулер апанның ішіне түсіп, өліктерді қатарынан тізіп қоя бастады. Осы бір сұмдық көріністен басым айналып, кейде тіпті көзім қарауытса да, байланып қалғандай кете алмай тұрмын, қарауға қорықсам да қарамай кетпей тұра алмаймын. Шошына тұрып зəрем ұшып əр өліктің бетіне қараймын. Ұрыс екі — үш күн бұрын болыпты; өліктер ескіріп, иістене бастаған, беттері де қарайып кеткен — түрлерін ажырату қиын. Сонда да жүрегім аузыма тығылып, көргенде жан түршіктіретін бедері кетіп ісініп талақ боп кеткен өлі беттерге, қарай берем. Əрбір талақ беттен Қасымбектің бет – бедерін іздеймін. Кішкентай ұқсастық нышанын тапсам, о жолға хəлімді айту қиын. Өлікті көмудің ешбір ерсілігі жоқ, қайта парыз ғой, бірақ осы бір ауыр оқиға маған сұмдық жаман əсер етті де, көп уақытқа дейін көз алдымнан кетпей қойды. Жəне бір жаманы, осы елес қайтып оралған сайын Қасымбектің де өлі бейнесі көз алдыма елестейтінді шығарды. Бедерінен айрылып, көнектей боп ісіп кеткен талақ бет көз алдыма келіп тұра қалады да, тұла бойым тітіркеніп, жүрегім шаншып өтеді. «Уды у қайтарады». Басыма түскен тауқыметім ақыры, бұл елесті де ұмыттырды. Қарадан қара басыңа пана таппай шыбын жаның шырқырап жүргенде өзгені ойлауға мұрсатың болмайды екен, енді Қасымбек те, «онымен кездесем — ау» деген ой да менен алыстай бастады. Қасымбекпен қосылуым ата — баба салған жолмен алаңсыз келе жатқан бейбіт өміріме көлденең килігіп, шырқын бұзып кеткен төтенше оқиға болып та көрінеді кейде маған. Елде тудым, елде өстім, сол елдің ішінде балалы — шағалы болып, не де болса елмен бірге көретін орайым бар емес пе еді? Ал, Қасымбектің етегінен ұстаған мына тірлігім, бүйірден шыққан бұтақ
сияқты сол өмірімнің негізгі арнасынан бөлек тұрған жоқ па? Енді өмірімнің сол бөлшегі де менен бөлінін артта қалды. Сөйтіп анадан туғалы он тоғызға толмаған аз өмірім омырылып үшке бөлінді. Үшіншісі қазіргі неғайбіл хəлім. Алдыңғы екеуін дүлей соғыс қылышпен шапқандай кілт үзіп тастады да, өзімді қаңбақтай домалатып белгісіз жаққа алып кетті. Бара — бара ойым шабандап алдымда тұрған қараңғы болашағыма көз жүгіртуді де қойдым, бір күнім өтсе соған ризамын. Осылай тіпті мəңгіріп кетер ме едім, қайтер едім. Тек... көңіліме уайым салып, талпыныс беретін ішімдегім. Енді ұйықтап кетсем де ұмыттырмайтын болды, ауыр түс көріп, бүйірім сыздап оянып кетем. Əуелгі кезде құрсағымды кеулеп өсіп келе жатқан бөлек денені, терінің астынан ісініп шыққан бітеу жарадай, жатсынып, жатырқайтын кездерім болушы еді, қазір оған тəнім үйреніп алды. Денем ауырласа да іште жатқан осы жан иесінің өзіме етене жақындығын сезінем. Кенет, ойда жоқта құрсағым босап қалса оның орны үңірейіп, тəнімнің бір мүшесінен айрылып қалғандай елегізитін түрім бар. Бұл екі адамның бірігіп біреу болғаны ма, əлде бір адамның қақ бөлініп екеу болғаны ма, ол арасын ажырата алмаймын, əйтеуір не де болса бүйірімнен шыққан бір бұтақ, сияқты, мен оны өзімнен бөліп тастай алмайтынымды білем. Іштегі нəрестем қимылдап, бүйірім мен кеудемді қоса жылытып келе жатқанда салқын ақыл килігіп тұла бойымды тоңазытын өтеді. Ол қазіргі мүшкіл хəлімді алдыма көлденең тосып, еріксіз ертеңгі күнімді — болашағымды ойлатады. Содан барып кемпірдің кішкене үйінде, жылы пештің үстіндегі ұйып тұрған бұйығы рахатым іркіттей іріп жүре береді. Бұрын басымнан кешпеген босанар ауыр сағатым — ол өз алдына бір қорқыныш. Ол сағатым сəтті болған күннің өзінде... Құрсақты күйімде төзсе де жас баламен масыл қылып мына кемпір мені қашанғы ұстамақ, алда — жалда ол ұстағанмен дұшпаның тыныштық бере ме? Осы ойлар мені мазалай берді, бірақ қиын ойлар қанша қылқандай қадалса да, менде қарекет жасар дəрмен жоқ. Осының бəрі өзімнің, осалдығым екенін сеземін, бірақ құрғырды сезгеннен келер жеңілдік жоқ екен, ақыры деп — сал болып, басым қаңғырып тоқтаймын. Мүмкін осының бəрі жазмыш шығар. Əр нəрсенің
себебі болады деуші еді. Ойда жоқта кездескен бір себеп адамның тағдырын түгел төңкеріп жіберетініне де көзім жетті енді. Қасымбек со жолы демалысқа келмесе... Мен оған ұшыраспасам... Кейде ойым алай — дүлей ұйытқып, кейде бойым да, ойым да жалқау тартып, меңіреу халге түсіп осы үйде тұра бердім. Кемпірім де мені сөзге алдарқатып, алаң қылып жарым көңілімді жұбатарлық жылы сөзді онша айта қоймайды, мойнына байлап алған қара тасты амалсыз көтеріп жүрген адам сияқты. Бап таңдайтын, ықылас іздейтін хал менде жоқ, қашан қуып шыққанша төзе бермекпін. Бірақ кемпір қуып шықпады, екеуміз томсырайып жүріп — ақ бір — бірімізге үйрене бастадық. Көзім үйрене келе байқасам Дуня апайдың өңі қатқыл болғанмен пəлендей тікірейіп тұрған еш нəрсесі жоқ сияқты, əлде сүйкеле келе қыры жұмсарды ма, бастапқыдай бет əлпеті, көзқарасы маған түрпідей тимейді, дегенмен ер бітімді кесек жүзінде, сүйегі арсиған ірі тұлғасында жұмсақтық та шамалы. Кішкентайымнан кісінің жүзіне тіке қарамайтын əдетім бар еді, күнім түскен, танымайтын жат əйелдің алдында тіпті именшекпін, маған сөз айтуға оқталғанда маңдайымнан тарс еткізетіндей тіксініп, жасқана күтем, бірақ əйтеуір ондай қатты сөз айтқан емес. Затың əйел, оның үстіне халың мүшкіл, біреуге кіріптар болcaң қам көңіл болмағанда қайтесің, кемпірдің бетіне ұрлана қарап мейірім іздеймін. Егер бұл кісінің мейірімі болса ол тас қобдидің ішінде жатқан болар, сыртына тепсініп шыққанын аңғармадым. Тіпті кісіге жаны ашып айтқан сөзінің өзін кейіңкіреп, зекіп айтады. Мен кейде жөндеп тамақ ішпесем: — Немене, төренің əйелінше тіксініп отырғаның... Қазір саған тамақты екі есе ішу керек. Ішіңдегің де сорып жатқан жоқ па? Оған да тамақ керек. Қарашы мұның астан жеркенуін,— деп кейіп тастайды. Менің пештің үстінде бұйығып жатып алғаным да кемпірге жақпай қалды. — Қарашы пештің үстінде шалжиып жатып алғанын. Өзің бір балпиып жата беретін жалқау нəрсе боларсың. Сыртқа шықпасаң да үйдің ішінде қыбырлап жүр. Қимылдасаң қол — аяғың жеңіл болады. Жеңіл босанасың. Жатпа шалжиып,— деп кейіді. Менің өрісім үйдің іші ғана, сыртқа шығуға кемпірдің өзі рұқсат
етпеген. Күндіз бір жаққа кетсе де сыртымнан құлыптап, «қысылсаң, шоланда шелек тұр» деп ескертіп кетеді. Содан күйбеңдеп, үйдің ішінде, шоланда жүретін болдым. Бірте — біте үйдің ұсақ — түйек шаруасына араластым. Ас пісіру, ыдыс жуу, от жағу... шаруаға араласқан соң кəдімгідей сергиін дедім. Алдамшы əсер болса да, əйтеуір, осы үйдің шаруасына ортақ бір адам сияқты жиіркенішті масылдық сезімі бұрынғыдай қинамайтын болды. Əне, селоның орта тұсынан бері қарай бір еркек келе жатыр. Ел болғасын... жəй бара жатқан біреу шығар. Неге екенін қайдам, тіксініп қалдым. Мүмкін жолдағы бір үйге бұрылар, не өтіп кетер, деп едім, бірақ қарышты қадамына қарағанда жолшыбай бір жерге қайрылатын түpi жоқ. Деревня тұрғындарынан түрі бөлек пе, қалай... Жеңіне байлаған жалпақ шүберегі бар, «не де болса сірə немістердің қызметіндегі адам болар» деген секемшіл ой келіп, терезеден екі қадам шегініп кеттім. Ол біздің үйге қарай бұрылды. 3 Үсті жалпақ орыс пешінің қуысындағы түкпірге тығылып жатырмын. Жамбасым ұйып қалды, аунап түсейін десем... аунамақ түгіл қыбыр етуге болмайды маған. Көрпе — жастықтың тасасында, қараңғы қуыста лебімді ішіме тартып құлағыммен ғана емес, бүкіл денеммен қыбыр еткен дыбысты бағам. Манағы сыртта көрген кісі есіктегі құмандай қара құлыпты көріп бірден кетіп қалмады, жас қарды күрт — күрт басып терезеге келе жатты. Мен шегіншектеп барып шоланға шығып кеттім, əдейі жабық үйдің терезесінің алдына келгесін үңіліп ішке көз тастайтыны анық қой. Жас қарды басқан қадамның жұмсақ тықыры жөнді естілмей, терезе алдындағы кісінің кеткен — кетпегенін анық біле алмай шоланда ұзақ тұрып денем тоңазып қалды. Кеште қайтып оралғасын осы оқиғаны кемпірге айтып едім, ол ойланын қалды. Бұл үйге келе қоятын бейсауат адамның орайы жоқ екен, Дуня апай əжептəуір күдік алды. Сірə, сонша тіміскілеуіне қарағанда ол тағы бір айналып соғатын болар, сақтықта қорлық жоқ деген ойға келіп кемпір мені пештің қуысына тығып тастады. Айтқанындай — ақ кешікпей біреу дүңкілдетіп есік қақты. Дуня апай
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375