біз де жеңіспен қарсы алуымыз керек,— деп жалынды сөз сөйлейді. Жауынгерлерді тапсырмаға аттандырар алдындағы осындай бір — екі жиынға мен де қатысқанмын. «Қанға қан! Жанға жан! Сталин үшін!» деп Степан Петрович ұран тастап, партизандар уралаған кезде менің де делебем қозып кетті. Жаңа жылдың алдынан — ақ партизандар қатарына қосылушылар көбейе бастаған, кейде біртіндеп, кейде екі — үш адам болып келіп қосылып жатты. Лагерьде жеркепелер де көбейіп, қыстың көзі қырауда кəдімгі əскери жаттығу оқуы жүргізілді. Бұрын қолына қару ұстап көрмегендерді жауынгер етіп шығару үшін ертеден кешке дейін қуалайды. Соғыстың алдында екі жыл əскер қатарында қызмет еткен Абан сияқты солдаттар қазір кішігірім командир болып жаңа келгендерді үйретіп жүр. Жаңа жылдан кейін біздің отрядқа бір бала жігіт қосылды. Аты Прохор екен. Жұрт та, мен де оны Прошка дейміз, жігіт дейтін де еш нəрсесі жоқ, кəдімгі бала. Ең мықтағанда жасы он бесте болар, өзі талдырмаш, сүйегі де шитік кішілеу. Қушық сопақ бетті, тұмсық ұшы қайқылау, үстіңгі ерні дүрдиіп ілгері біткен де, астыңғы ерні кейін шегініп, тісіне жабысып, аузынан су ағып кететіндей екі езуі салбырап тұрады. Қабағы қалың көзін сəл сығырайтып, аузын ашып, көрген нəрсесіне таңырқап қалған — нағыз сəби кескін. Прошканы қазан — ошақ жаққа менің қасыма беріп қойды, өзі бір тіл алғыш жақсы бала екен: отын жарады, су тасиды, от жағады, картоп аршиды. Неге жұмсасаң да тындырымды, үндемей жүріп істей береді. Мені жатырқай ма, əлде мінезі тұйық па, кісімен жөндеп сөйлеспейді, сəби жүзіне терең ұялаған реніш бар сияқты. Əлде үлкендерден бөліп, түнгі жорыққа қатыстырмай қазан — ошақтың басына қойғанына ренжи ме екен? Түрткілеп сыр тартып көрсем де ашыла қоймады. — Əке — шешең бар ма? — Бар. — Олар қайда? — Анда,—деп қолын сілтей салды да, содан кейін: — Деревняда,— деп анықтады. — Олар қорықпай сені қалай жіберді?
— Мен олардан сұраған жоқпын. Содан кейін мен де шұқылай бермедім, сөйлескісі келмесе қайтейін, қаршадай болып алып, тас түйініп ішін бермейді. Сонда да Прошканы жек көрмедім. Тіпті бала енді. Қыршын жасын аяймын. Он шақты күн өткен соң Прошканың өзі сөз бастады. — Тетя Надя. Мені неге тапсырмаға жібермейді, а? Сіздің ойыңыз қалай, а? — Сен əлі кішкентай...— деп қалып, ренжітіп аларымды сезіп тілімді тістей қойдым да.— Сен əлі жассың ғой,— дедім. — Мен неге жас боламын,— деді Прошка ренжіп.— Мен биыл он алтыға шығамын. — Енді... Он сегізге дейін əскерге алмайды ғой. — Жоқ, партизандардың заңы басқа. Мұнда шалдар да, балалар да соғысады. Жоқ, партизанның жөні басқа,— деді кəдімгі кексе адамша маған түсіндіріп.— Жас адам жауға қарсы соғыспасын деген заң жоқ. Менің ойымша мұның себебі басқа. — Қой, одан басқа не себеп болсын. Қазір соғыса білетін үлкендер де жетеді ғой,— деп жұбатқан болып едім, оған Прошка иланбады, өзінің басқа бір күдікті ойы бар екен. — Олар маған сенбейді,— деді Прошка жасырын бір сыр айтқандай даусын төмендетіп. — Неге сенбейді?— дедім мен таңырқап. — Надя апай, менің сізден үлкен өтінішім бар. Істейсіз бе?— деді жалынышты дауыспен. — Қандай өтініш? — Сіз орындайсыз ба, Надя апай? Сіз жақсы кісісіз ғой,— деп жалынды Прошка.
— Ал, орындайын, қолымнан келсе... Айта ғой. — Сіздің күйеуіңіз командир ғой. Сіз оған айтыңызшы. — Маған сенсін, жарай ма? Meн алдамаймын. Мен адалмын, Надя апай. — Сені арам деген біреу бар ма? Оның не?— дедім таңырқап. — Ешкім арамсың деп айтқан жоқ. Бірақ ішім сезеді... Олар маған сенбейді. Баланың сөзіне басым қатып кетті. — Неге сенбейді? Айтшы өзің түсіндіріп,— дедім. Прошка əлденеден қысылғандай іркіліп қалды. Не шикісінің барып білгім келсе де, баланы мазалағым келмей, мен де үндемедім. Сəлден кейін қиналып тұрып сырын айтты: — Менің əкем немістерге қызмет істеп жүр. Мүмкін естіген шығарсыз. Усачев. — Усачев пе?— деппін шошып кеткендей. — Ол ақымақ, онда ақыл жоқ, Надя апай,— деді Проша ызалана ышқынып,— Ол қашан да ақымақ болатын. Ол бізді сабайтын. Иə, иə, сабайтын. Мен оның сабағанына ренжімеймін, бірақ жауға қызмет істегенін кешпеймін. Кешпеймін. Неге ол сөйтті екен, а? Неге сөйтті екен, Надя апай? Оған мен жауап бере алмадым. Екеуміз үлкен жеркепенің ішінде ас пісіруге əзірлеп картоп аршып отырғанбыз, мен де аңғармай қалыппын, Прошаның бармағы, қолындағы жартылай аршыған картобы қып — қызыл қан. — Ойбай — ау, қолыңды кесіп алыпсың ғой,— дедім. Проша тіпті қолын кесіп алғанын байқамаған екен, түсінбегендей маған одырая қарады, содан кейін қолына көзі түсті де орнынан көтеріле беріп, пышақты жерге лақтырып жіберді. Онсыз да кем иегі кейін шегініп,
астыңғы ернін тістеп алған Прошка кемсеңдеп, жылап жібере жаздап өзін əзер ұстап тұр, бір — екі рет көз жасына əлі келмей өксіп алды. Содан кейін қан сорғалап тұрған бас бармағына қарады, оның не қылған, қайдан шыққан қан екенін түсінбей тұрған сияқты. — Əкел, қолыңды таңын берейін,— деп мен де орнымнан тұрдым. Проша менің не айтқанымды ұқпағандай маған таңдана қарады, содан кейін қолына көзі түсіп: — Мен бармағымды кесіп алыппын,— деді ақырын. Мен бармағын таңып жатқанда алқымына кептелген өксігін сыртқа шығарғысы келмей булығып, солқылдап бір — екі рет ауыр күрсініп алды. Байғұс баланың соншама қиналғаны жаныма батып кетті. Қиналғаны сонша тіпті сорғалап тұрған қанын байқайтын да, елейтінде емес. Осы бір үстіңгі ерні дүрдиіп, езуі салбыраған кемиек сəбилік аңқау кескіні алғаш көргенде — ақ жүрегімді жылытып, содан іш тартып бауыр басып қалып ем, Енді келіп ол аяқ астынан кемпірдің үйіне келген сайын үрейімді ұшырған Усачев полицайдың баласы боп шықты. Мен соны түсіне алмай далмын. Жоқ, тіпті екеуін қабыстыра алмаймын. Сондықтан да əуелгі сəтте мен оның əкесі туралы еш нəрсе ойлағаным жоқ, тек баланың қиналғаны қатты жаныма батты. Прошаның томсырайып, үнсіз қалып тұрғанын біраздан кейін байқадық, өз ойыммен əлек болып баланың қорғансыз халін ұмытып кетіппін. Мен үндемей қалған соң секемшіл жарым көңілін тағы бір сенімсіз сұқ көз қарап өткендей жүдеп қалыпты. Байқаусызда масқара сырын ашып алып, енді содан жер болып тұрған түрі бар. Мен не айтарымды білмей састым: жұбаныш айтайын десем тағы да бір жарасын тырнап алам ба деп қорқамын, бірақ үндемегенім одан да ауыр тиетінін сездім. — Прошка, сен бекер күдіктенесің... Сен қиналма...— Сонан соң аяқ астынан ой тауып, тіпті өзім қуанып кеттім.— Саған неге сенбесін? Сенбесе партизан отрядына қабылдай ма? — «Сені əлі сынаймыз» деді Носовец. Ол маған сенбейтін сияқты,— деді Проша төмен қарап.— Сосын кухняға жіберді. Сенбеген соң жіберді.
— Кухняда жүргендерге сенбейді дегенді кім айтты? Мен де кухняда жүрмін ғой. — Сіз əйелсіз ғой,— деді Проша томсырайып. Кенет мені кемсітіп алғанынан қысылғандай:— Сіздің кішкентай балаңыз бар ғой,— деп қосып қойды. ...Мына соғыстың əлі де мен түсініп болмаған сұмдықтары ашылып келе жатыр. Мені ғана от басы ошағымнан, ауыл — аймағымнан ажыратты ғой десем, менің қасіретім берегіректе жатқан сияқты, бұл соғыс əке мен баланың арасына кіріп кетіпті, екеуі бір — біріне мылтығын кезеген қанды майданның екі жағына шығыпты. Екеуінің табысатын жағын мен көре алмадым. Араларында мұп — мұздай болып, түсі суық ажал тұр. Қасымбекпен сөйлесуге уəде беріп, өзімше Прошканың көңілін алдарқатқан болдым. Əрине Қасымбекке айтамын. Баланың күдікшіл көңілін жүдетпей тым болмаса жаттығу ойындарына қоссын, мылтық атуды үйренсін. Қайдан білейін, ар жағында бір нəрсесі болмаса, ол қарсылық жасамас, Носовецке де өзі айтып түсіндірер. Өз басым ол кісіге бата алмаймын. 7 Екі саным ұйып қалыпты. Екі бүйірімді жылытып екі нəресте тыныш қана ұйықтап жатыр. Екеуінің ұйқысын бұзбайын деп отырып ұзақ сонар ойға түсіп кетіппін. Сырласатын серігің болмағасын, кісі өзімен — өзі сөйлескеннен, өз ойын қармай береді екен — ау. Келіншектер ауыздары жабысып ұзақ сөйлесіп қалғанда Қамқа əжемнің: «əңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер», шаруаларыңа барыңдар»,— деп зекіп тастайтыны есіме түсті. Мен де сол, өткенімді ақтарамын деп қазіргі уайымымды ұмытып кетіппін, екі баланың ұйқысын бұзбай, ақырын тіземнен түсіріп жерге жатқыздым. Көзім үйреніп қалған болар, таң бозарып атқандай маңайым айқындалып, жеркепенің іші көріне бастады. Əр жерде қарауытып бір нəрселер жатыр, орнымнан тұрып əр қарайғанды сипалап қарап жүрмін. Бұрын қойма болған нəрсе ғой: ескі жəшік, жəшіктің сынығы, темір — терсектер. Бір — екі ескі қапшық пен брезент тауып алдым, балалардың астына төсеуге жақсы болды. Бір құс мылтығы жатыр, қолына неміс
автоматын түсірген партизан кейін алармын деп осында тастай салған болар. Тамақтан өтетін бір нəрсе іздеп едім, ондай ешнəрсе табылмады. Қайдан табылсын. Орман ішіндегі партизанның күн көрісі соңғы жылы тіпті қиындап кеткен. Алдыңғы қыста кейде азық — түлік үзіліп қалғанмен, онша мықты тапшылық көрмеп едік, төңіректегі ел — жұрттан талғажау қыларлық нəрселер табылып тұратын. Партизандар түнде немістер жоқ деревняларға барып ұн, картоп, ол — пұл тағамдар əкеліп тұратын, кейде мал əкеліп те соятын. Кейін партизан көбейді де, деревнядағы азық азайып кетті. Қарынымыз ашып, көзіміз бозарып отырғанда Қасымбектің бір айтқан сөзі есімде қалыпты. Азық — түлік қарастырайын деп бір үйге кірсе, қартаң əйел айтыпты: «Сендер келесіңдер, өз адамдарымыз ғой, деп барымызды сендерге береміз, немістер келеді, қолда барымызды олар өздері сыпырып алады, осы біздің қалай тірі жүргенімізге қайранмын» депті. «Маңайдағы деревнялар тақырланып бітті» деген Қасымбек. Алыстан бір нəрсе іздеуге партизандардың аяғы жете бермейді. Онда əр бөлке нан ер азаматтың құнына түсуі мүмкін, онда да жеткізе алсаң... Тауып алған қапшықтарымды балалардың астына төсеп, дұрыстаңқырап жатқызғым келді. Бұл өзі бұрын қойма болған зілмəнке, адамның исі сіңбеген, азынап тұр: жалаңаш, бір бұрышқа бір кезде шырша бұтақтарын төсеген, оның да қылқаны төгіліп, сабақтары сорайып, жамбасқа батады. Соның үстіне брезент төсеп балаларды жатқызып, кенеп қаппен қымтап тастағым келді. Жатқан жерінен көтерем деп Дулатымды оятып алдым. Ол қыңқылдап жылағысы келіп дыбысын шығарды да, менің қолымда екенін сезіп, тез тыйылып, тұмсығын жылы кеудеме тыққысы келіп, маңдайымен өңірімді сүзгілей береді. Қалың пальтомның омырауын ағыттым. Дулат... Дулат жаным. Есімін папасы қойған. Мен жатқан медпункттің жеркепесіне бес — алты адам жиналып қауқылдасып отырды. Іштерінде Носовец, Николай, Абан, дəрігер мен медсестра Шура да бар. Содан бір уақытта балаға ат қоймақ болысты. Бəрі жиналып Носовецке қарап еді, ол: — Баланы тапқан анасы ғой. Біз қиналған жоқпыз. Ендеше есімін де анасы қойсын,— деп кесіп тастады. Мен қапелімде қысылып қалдым, күні бұрын ойламаппын.
Ер бала ғой. Есімін əкесі қойсын,— дедім. Қасымбектің өз ойы бар екен. Есімі Дулат болсын,— деді ол. Сосын «Дулат» деген сөздің мағынасын орысшалап түсіндіріп алып:— Бұл өзі дуылдаған майданда туды ғой. Жүрген жерін дуылдатып жүрсін. Қазақтың Дулат деген жақсы ақыны да бар еді. Жəне Дулат деген ағам да болған,— деді. Осыдан кейін жұрт шынында да дуылдап кетіп еді. Абан флягісінің тығынын ағытып, дабырлап сөйлеп, жағалай кружкаларға құйып жатыр. — Осы оқиғаға арнайы сақтап жүрген олжам еді. Бұл немістің жаманы емес, орыстың нағыз ақырып тұрған самогоны,— дейді.— Самогон болғанда да, өздерің білетін первая — нағыз бетінің қаймағы, тура сүзіп алған. — Ендеше Дулат үшін ішеміз,— деп Носовец кружкасын көтерді.— Біз енді оны орысша Димка деп атаймыз, тілге жеңіл болу үшін. Əкесі сияқты жауынгер азамат болсын. Оның сөзін бəрі қостап дуылдап кетті, Абан келіп нəрестенің құлағына: «Дулат! Дулат! Дулат!» деп үш қайтара айқайлады. — Қазақтың осындай əдеті бар. Бала өз есімін жаттап алу керек,— деп өзгелерге түсіндіріп жатыр. Қазақ пен орыстың дəстүрін араластырып осылай ат қойылған бала ғой бұл. Бір баланы қайда қоярға білмей жүргенде, тағдыр əкеліп тағы бір баланың салмағын мойныма артты. Ол Светаның қызы — кішкентай Света. Алда қалай боларын бір құдайдың өзі білсін, ал осы күнге дейін бұл екі баланың азабы маған оңай болып тұрған жоқ — аяққа оралғы, мойынға байланған тас сияқты боп та көрінеді. Бір ойлап қарасам осылардың маған демеуі де аз емес тəрізді. Қалың орманның ішіндегі қараңғы үңгірде жападан — жалғыз қалсам қайтер едім, көңілім алып — ұшып, алақтап елегізіп... Əзірге дыбысы естілмей, айнала тұтасып төнін келе жатқан қалың жауды мына қараңғы жеркепеде жалғыз тосуға, сірə, дəтім шыдар ма еді. Екеуі, тірі жан иесі болған соң, кісіге кəдімгідей қарап тіпті өздерінің уайым – қайғысымен — ақ алаң қылып, көңілімді қорқынышты ойдан
бұрып əкетеді. Дулат жылы кеудеме тұмсығын тығып алып, тінтінектеп емшегімді іздейді, екі жасқа таяп қалса да емшектен айырған жоқ едім. Əзір емізгім келмей жоғарырақ көтеріп кеудеме қысып, самайынан иіскедім. Тоқта... құлағыма бір үн келеді. Қысқа ғана «Гуһ», «гуһ» етіп алыстан талып жеткен жұмсақ дауыс — бір алыптың «уһ» ден күрсінгені тəрізді. Құрғырды танып қалдым, бұл кəдімгі зеңбіректің даусы. Басталған екен ғой. Тұла бойым тітіркеніп, Дулатымды кеудеме қыса түстім. ...Баламды дəл осылай кеудеме қысып алып, қонышымнан қар кешіп қашқаным қайда... Тарсылдан атылған оқтан гөрі жүрегімнің дүрсілі қаттырақ естілген жоқ па еді, сонда. Баланың мысқалдай салмағын сезген жоқ едім, ол кезде өзі де бір жапырақ кішкентай еді ғой, үш жарым айлық қана. Суылдап ұшып жатқан оқтан қалқалағым келіп кеудеме қыса берем, кеудеме қаттырақ қыссам оған оқ өтпейтін сияқты... Ол соғыстың қалай басталғанын, мен ғана емес, командирлердің өздері де білмей қалыпты, осы күнге дейін партизандар лагерін немістер мазаламағанға бойлары үйреніп, бейқамдық жасап алса керек. Немістердің жазалау отряды жақындап қалғанда бір — ақ білген. Бесін болып қалған кез. Дуня апайдың Зойкасын сауып жатыр едім; тарсылдаған атыс естілді. Кейде орман ішінде партизандардың жаттығу үшін мылтық ататындары бар — ды, алғашқы сəтте сол ма екен деп қалып едім, бірақ, бір қолыммен Дулатты кеудесіне қысып, бір қолымен сиырдың əукесін сипап тұрған Прошка шошып кетті. — Надя апай, немістер келіп қалды,— деді даусы қалтырап. — Қой, біздің адамдар шығар жаттығып жүрген. — Жоқ, біздің адамдар емес, немістермен атысып жатыр. Сөйткенше лагерь абыр — сабыр болып, қарбалас басталды. Түнгі тапсырмаға дайындалып дем алып жатқан жігіттер жеркепеден жұлқына шығып, бір қолында мылтық, бір қолдарын шинельдің жеңіне сұғып, киіне алмаған күйі бұлар сүріне — қабына жүгіріп барады. Айқайлап команда берген дауыстар да берекесіз айқай — шуға ұласып абыр — сабыр. Не қыларымды білмей шелегімді қардың үстіне қоя салып, өзім де түсінбей,
бірінші жасаған əрекетім — Прошканың қолындағы балама шап бердім. Прошканың: — Мен алып жүрем ғой, Надя апай,— дегеніне қарамастан, баламды бауырыма тас қылып қысып алып, селтиіп тұрып қалыппын. От алмаған мотордай булығып, қақалып — шашалған берекесіз бытыраңқы атыстар жүйеге түсіп күшейіп, нағыз кескілескен ұрыс басталған кезде барып есімді жидым. Орманның елі шығар ашық беті патырлаған атыс. Мен басында қалақтап қаша жөнелгім келіп, ұмтыла түсіп, кенет алдыңғы жақта ақтағы азаматтардан хабар тосуым керек екенін ұғып, əзер тоқтағам. Прошканың да маған ақыл берер хал — дəрмені бар ма. Бірақ əуелгі бетте мендей емес, батырсынып: «қап, мылтығым жоқ, маған мылтық берген жоқ» деп өкініп, «бəрі бір алғы шепке барам» деп бұлқынып еді. Оқ, оған қоса аспаннан неміс миналары жарыла бастаған соң басылып қалды, қорықпай қайтсын, қанша айтқанмен əлі бала емес пе. Ол түгіл аспаннан жауған бомбаны, жерде жұртты жау жапырақтай түсіріп жатқан оқ боранын бірдей көрген менің өзім жаудың миналары аспанды омырып, төбеңнен қопарыла құлап келе жатқанда тұла бойым қалтырап, қол — аяғымның буыны кетіп қалды. Дегенмен есімді білем — ау деймін... мина арпылдап төбеден құлап келе жатқанда, Прошкаға «жат» деп айқайлап үлгердім. Зілмəнкелер алыстау, екеуміз Зойканың қорасына тығылдық. Төбесі берік болмағанмен қазылған шұңқыр ғой, қанша айтқанмен жер. Бір ғажабы, төбеден ажал төңкеріліп құлап келе жатқанда, қолымда балам барын ұмытып кетсем де кеудеме тастай қысып алып, айырылмаппын. Екі гүрсілдің арасында оң жағымда жер иіскеп жатқан Прошкаға көзім түсіп кетті: мойнын тұқырта бұғып ішіне тартып, бетін маған беріп жатыр екен, өң — түс жоқ, боп — боз. Қыршын жасқа ажалдың тұңғыш шарпуы тигені осы ғой, дүрдиген үлкен үстіңгі ерінімен астыңғы ернін көміп тістеп алыпты, кемсеңдеген аузын əрең ашып: — На... Надя апай... Мен тірімін бе?— деп сұрады. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар» деуші еді, ал, егер өзің осал болып, өзіңнен де осал шықса... онда зор болмасаң да, кəдімгідей естияр болып қалады екенсің. Қыршын жастың қиналғанын көргенде, үлкендігімді сезіп есімді жиып алдым.
— Əрине тірісің. Қорықпа, шұқырда жатқанда дарымайды,— деп жұбаттым. Жас балаға жұбаныш айтам деп, өз көңілімді жұбатып алсам керек, енді тұла бойымды тітіреткен жиіркенішті үрей сейіліп, мен де жан — жағымды пайымдай бастадым. Минометтен атылған миналардың даусы бəсең тартып, алыстап барады да оның есесіне патырлаған мылтық даусы жақындап келе жатыр. «Бұ жерде бұғып жата берсек, немістердің төбемізден түскенін бір — ақ білуіміз мүмкін — ау» деген қорқынышты ой келіп: — Прошка, басыңды көтер, сыртқа шығып жағдайды білейік,— дедім. Тоңқайып шекесімен жер сүзіп, бетін маған бұрып, менің əр сөзім мен қимылымды бағып жатқан Прошка орнынан тұрды. Миналардың даусы алыстағанға ма, алғашқы үрейінен айығып, кішкене өңі кіріп қалыпты. — Мен қатты қорқып кеттім, Надя апай,— деп шынын айтты. — Кім қорықпайды дейсің. Мен де қорқып кеттім. — Сіз де қорқып кеттіңіз бе?— деді Проша, өзіне серік табылғанына қуанып кеткендей. Біз сыртқа шыққанда, ернеуінде жеркепелер жыпырлаған жыра миналар шұрқ — шұрқ тескен шұңқырлардан кəдімгідей қара қотыр болып қалыпты. Атыс тіпті жақындаған түрі бар, оқтар зырқ — зырқ етіп ағаштарға қадалып жатыр. Сөйткенше бір — екі жігіт жүгіріп келді, өздері өрт сөндіргендей асығыс. Біреуі шанаға ат жегіп əлек, біреуі жанталасып зілмəнкедегі заттарды шанаға тасып жүр. — Селтиіп неғып тұрсыңдар! Жəрдем етіңдер!— деп айқайлады бізге. Проша жүгіріп келіп ат жегуге жəрдемдесіп жатыр, баламды қайда қоярға білмей, аңырып тұрып қалдым да, бар бітіргенім қипақтап жан — жағыма қарай бердім. — Неменеге селтиіп тұрсың, ағаш жұтқандай,— деп шана жегіп жатқан адам маған ақыра түсті де, қолымдағы баламды көріп іркіліп қалды. Қапелімде ақыл тауып: — Балаңды жерге қоя тұр да. қимылда,— деді.—
Лагерьді киіндіруге бұйрық болды. Неміс балаң бар деп күтіп тұрмайды. Енді кешіксек қоршауда қаламыз. Тезірек. Құндақтаулы баламды қардың үстіне қоя салдым да, ас үйге қарай жүгірдім, онда азын — аулақ азық — түлік бартын. Сасқанда кісі қайратты болып кете ме, бір қап картопты, жүрелеп отыра беріп, арқама қалай көтеріп алғанымды білмеймін. Жүгіріп барып орта қап ұнды да əкелдім. Əлгі жігіт Прошамен екеуі енді басқа шананы жегіп жатыр. Қайдан шыға келгендерін білмеймін, бес — алты адамның басы құралып қалыпты. — Медпунктті көшіріңдер! Шура қайда?— деп айқайлайды біреуі. — Шура алғы шепте. Тезірек дəрі — дəрмектерін алып шығыңдар. О жақта да қарбалас. Тиелген бір шана кетіп те қалды, енді екінші шананы жегіп жатыр: құдай — ау, тіпті баламды ұмытып кетіппін ғой, Дулатым шырқырап жылап жатыр. Кішкентайымды жерден көтеріп алып, бауырыма қысып алақтап тұрғанымда мына шана да тиеліп болыпты. Құлақшынын мыжырайта киген ақсары жігіт, аттың делбесін қолына жиып алып, жан — жағын көзімен бір шарпып өтіп: — Мініңіз шанаға,— деп маған əмір берді. Бала мен шанаға жалп етіп құлап түстім, басымды көтерсем, көзі жəудіреп Проша тұр екен. Meн оған «шанаға мін» деп айтқанымша, ана жігіт өзінше əмір берді: — Анау сиырды айдап шық та, біздің артымыздан қуалай бер. Бүгінгі күнмен соғыс бітпейді. Ертең де сүт керек, ұқтық ба? Өзі бір саспайтын жігіт екен, содан кейін аттың делбесін қағып қалып, «а ну, поехали» деп, сайды қуалай шананы сырғыта жөнелді. Біз сайдан шығып, бір шалалау жолдың сілемімен ұзай беріп едік оң қапталдан патырлаған автомат даусы естілді. Тағы да зырқ — зырқ еткен оқтар ағаштарға қадалып жатыр, қаңғыма оқтар зың етіп үстімізден өтіп кетеді. Еш нəрсені анықтап көре де алмадым, түсіне де алмадым, əйтеуір тағы да бір соғысқа кіріп баратқанымызды сезем. Ана жігіт ыза боп кетіп, əлдекімді мықтап тұрып боқтап жіберді.
— Сволочтар, оң жақтан орап өтіп кетіпті. Біздің адамдар қоршауда қалмаса қайтсын,— деді ол күйініп. Аттың басын бұрып алып жолсызға салды. Күртік қарға ат омбылай бергенде, шанадан қарғып түсіп, малтыққан атты қамытымен осып — осып жіберді. — Басыңды көтерме! Бұғып жат!— деп, маған ақырды содан кейін. Онсыз да өзі қолымда бала, жайсыз отырған адамға шанаға асығыс тиелген, байланбаған заттар жан — жағымнан соққылап, қарға домалап түспей əзер келе жатқанмын, əйтеуір қисайып бұққан боламын. Оның үстіне шананың сырғанауы да өзгеріп, ат омбылап, іркіп қалып, жұлқылап тартып, аударып кете жаздайды. Алысырақтан естілген тарсылмен қоса, зу — зу етіп төбемізден ұшқан оқ та мазаны алып барады. Қимылсыз, қарекетсіз ажал тосып бұғып жатқан қандай қиын, бар бітіргенім, баламды бауырыма қыса берем, тек «ну, ну» деп кіжінген ат айдаушы жігіттің айқайын естіп, қасымда қара барын дəтке қуат қылам. Бір кезде шана жарға соққандай тоқтап бір жағына қисайып бара жатты, аударылып кете жаздап басымды көтеріп алсам, ат аяғын тырбанып, қисайып құлап барады екен. Ақ құйрық, ақ жал шабдар ат құлағысы келмей тырмысып, ышқынып аяқ серпіп қайрат қылды да, ақыры шамасы келмей қамытымен шананы аудара құлады. Шанадан домалап бара жатып бір қолымда құндақтаулы кебенек, қалай домаласам да айрылмайтын бір əдет тауып алыппын, бір қолыммен жер таянып, қонышыммен қар күреп түрегелдім. Шабдар аттың қолтығынан шүмектеп қан атқылайды, омырауын жуып кетіпті, — жануар жаны шығып баратып тезек тастан жіберді. Ақсары жігіт неғыларын білмегендей бір сəтке ақырып қалды да, содан кейін шырқырап жылаған баланың даусын естіп, маған бұрылып: — Неғып тұрсың?! Қаш тезірек,—деп айқайлады. — Қайда қашам?— деппін сасқанымнан. — Ана жаққа қаш,— деп ол қолымен сілтеді.— Орманның түбіне қарай қаш! Ол сілтеген жаққа қарай емпеңдеп жүгіре бердім, баласы түскір шырылдап жылайды келіп. Оған қарайтын мұршам қайда менде, екі
өкпемді қолыма алып, байпағымның қонышымен қар күреп, жанығып келем. Сүрініп кетсем де, əйтеуір құламаймын, жүрелеп барып, бос қолыммен жер тіреп түрегелем, сілтеген жаққа дұрыс бара жатырмын ба екен, деп ауық — ауық қайырылып артымдағы ізіме қараймын. Ізім қиралаң — қиралаң болса да бағыты дұрыс сияқты. Əлгі жігітті көзімнен таса қылып алдым. Білмеймін үрейім үлкейтті ме, əлде орман ішінің жаңғырығы күшті ме, мылтық даусы патырлап тым қатты естіледі, бірақ алқынып аузыма тығылған менің жүрегімнің дүрсілі одан да қатты. Сонда да шырылдаған баламды кеудеме қыса түсем, əйтеуір дауыс шығарып жатса жаны бар болғаны ғой. Жүнін жұлған тауықтай жапырағы мен бұтасынан айрылған орманның панасы да аз, сойдиған, қадау — қадау ағаштың арасымен жүгіріп келем. Кейде терекке арқамды тіреп, дем алам, шаршады ма, байғұс бала да жылауын қойды. Мен қашқалы бір сағат өтті ме, бес минут өтті ме, білмеймін, өз ойымша өмір бойы жүгіріп келе жатқан сияқтымын. Ақыры атыс сейіліп, патырлаған мылтық даусының жаңғырығы əлсіреп алыстан естілгенін сездім, өкпемнің өшкенін сонда ғана біліп, теректің түбіне шоқиып отыра кеттім, Алдыма өңгерген үстіндегі құндақ тіреп, екі иінімнен дем алып біраз отырыппын. Бір кезде басымды көтеріп жан — жағыма қарасам, жуан қызыл балтыр самырсын ағаштарының арасында отыр екем, жоғары биікте, жайыла біткен бұтақтары отау үйдей қауқиып, бір — бірімен иін тіресе тұтасып көкті бүркеп алған. Төңірегімді шолып өтіп, қолымдағы құндаққа көзім түскенде... құндақтың өкпе тұсы қып — қызыл қан. Жар басында домалап кеткен сарғыш құндақ... құдды сондай мынаның да өкпе тұсы қан. Қай жерде оқ тигізіп алдым? Шошып қарауға жүрегім дауаламай, киттей де болса қорқынышты сағатты алыстатқым келіп, мелшиіп отыр едім, танауымның астынан жып — жылы жылымшы бір нəрсе ағып ерініме келіп тиді. Соның ашқылтым дəмінен тыжырынып еріксіз сүртіп алып едім. Қан... мұрным қанаған екен. Бойымды бүріп алған мұздай қорқыныш ақырындап əзер тарады. Енді тіпті тыныш жатқанға тұншықтырып алмадым ба екен деп тағы күдіктеніп, қолым қалтырап құндақтың бетін аштым, тірі екен. Беті бүрісіп, қатты өкпелегендей аузы кемсеңдеп, өзінің үйреншікті айқайына басты. Қолым
əлсіреп қалған ба, өңірімді ашу да оңай болған жоқ, байғұс баланың қарны ашып қалған екен, солқылдатын келіп сорады; мына жаныққан жанталаста қайбір сүт болсын, ауық — ауық ызаланып бақырып қояды. Əбден ентігімді басып, есімді жинап, төңірегіме көз салдым. Мылтық даусы естілмейді, жолым болып, жаудан қарамды үзін кеткен түрім бар. Төңірек жым — жырт, ымырт үйіріліп, көз байланып келеді. Баламның ар жағына, аз да болса, ел қондырып бетін бүркеп, қалжыраған денем балбырап дем алып, тағы да біраз отырдым. Тек астымнан сыз өтіп, тұла бойым құрысып тоңази бастағанда орнымнан тұрдым. Осы кезде барып орманның ішінде жалғыз қалғаным есіме түсті. Манағы ат айдаған жігіт қайда? Сиыр қуалаған Прошка қайда? Жалпы біздің адамдар қайда? Оларды қай жақтан іздеуім керек? Қай жаққа қарай жүрерімді білмей, состиып тұрып қалыппын, бір қатерден арылдым ба дегенше болған жоқ, тағы да бір қауіп алдымнан көлденең шыға келді — адасу қаупі жауып тұрған оқтан жеңілірек болғанмен, бұ да мені аз қинаған жоқ. «Орманның түбіне қарай қаш» деген ат айдаушының сөзі есімде қалыпты, бірақ орманның ортасы қайсы, шеті қайсы, ен далада өскен мен бейбақ оны он жыл ойласам да, таба алатын түрім жоқ. Миымның жеткен жері, ең əуелі алдымды емес, қарға түскен ізіме қарап артымды анықтап алу. Содан не де болса тəуекел деп, ізімді жалғап сол бағытпен тарта беру. Шамамен бағытымды белгілеп алдым да жүре бердім. Көз байланып қалды, қараңғылық қоюлаған сайын менің үрейім де қоюланып, тұла бойымды құрыстырып барады, оның үстіне түнге қарай аяз да қатайып келе жатыр. Бір жүрем, бір тұрам. Бір кезде саусағыма жып — жылы бір нəрсе тигендей болды, қолым суланып шыға келді. Балам кіш етіп қойыпты. Енді не істеймін?.. Астын құрғатып, жаялық алмастыратын... бар бітіргенім, пальтомның түймесін ағытып, қойныма тығып алдым. Енді қайтейін өз жылуыммен кептірмесем... ...Сол күнгі түн маған ғұмыр бойы таусылмайтындай көрінді. Ауық — ауық тоқтап, ағашқа арқамды тіреп, баламды кеудеме қысып, жүрелеп отырып дем алам, бірақ түнгі аяз байыз таптырып ұзақ отырғызбайды, тағы да бүкшеңдеп жүріп кетем. Қараңғы қалың орманның ішінде бағыт бағдарымды əбден жоғалтып алсам да əйтеуір жүре берем, «адасқанның алды жөн»,— өзіме бара жатқан бағытым дұрыс көрініп еді, біраздан кейін
оған да күмəнім күшейді. «Осы мен кері бара жатқан жоқпын ба» деген ой жүрегімді лоблытады. Алдым қайсы, артым қайсы? Содан кейін тіпті басымды ауыртып, бағытымды ойлауды да қойдым. Жүремін де отырамын, отырамын да тағы жүрем. Кейде отырғанда мызғып кетемін де, аздан кейін тоңып оянам. Қарлы орманның ішінде пана болар еш нəрсе жоқ, тек қимылдау керек, қимылдау керек, мен шаршасам да аяқ шаршатпайды. Бір — екі рет баламды еміздім. Өңірімді ашқанда аяз қарып кетеді, Дулаттың кіп — кішкентай беті мұп — мұздай болып кеудеме тиеді. Өңіріммен бүркеп, тас қылып қымтап алам, аздан кейін кеудеме жел кіріп тоңазыған бойым жылынып исіне бастаймын. Қалжыраған денеме жайбарақат, жылы тыныштық құйылып, өзімді — өзім ұмытып мүлгіп кетем, содан тоңазып барып оянам да қайтадан түрегеліп бүкшеңдеп жүре берем. Март айының басында түн қысқара бастайды деуші еді, мына түн он есе ұзарып кеткен сияқты. Қолымда сағатым жоқ, қанша уақыт өткенін, таңға қанша қалғанын... Маған салса ендігі екі — үш таң ататын мезгіл өткен тəрізді. Аспанда ай жоқ, күңгірт жұқа бұлттың арасынан сирек жұлдыздар көрініп қалады, оған қарап мен еш нəрсе біле алмаймын. Балам төсекке екі — үш қайтара кіш етті. Енді оны қойныма тығып жылыта алмаймын. Құндағының асты, жөргегі қатып қалған, сірə тірі қалатын түрі бар. Əбден діңкем құрығаны ма, əлде тас бауыр болып кеттім бе, білмеймін, қазір баланың қазасын ойлап қайғыратын хəлім жоқ, сүлесоқпын. Бірақ белгісіз бір жіппен байлап қойғандай, құндақтан айрылмаймын, сынған қолыңды қырқып тастай алмайсың ғой, сол сияқты жабысып бұл да менімен бірге келе жатыр. Кейде, бұлттан жылт етіп шыға келген күндей ойым айқындалып кетеді де болған жағдайды ептеп саралаймын. Біздің лагерьге немістер ойда жоқта шабуыл жасады, олар, шамамен деревнялар жақтан, ашық беттен келді. Партизандар соғысқа кірді. Қасымбектің қай уақытта кетіп қалғанын байқағам жоқ, мен сиыр сауып жатқанмын. Біз қашқанда оң жақтан да неміс солдаттары шабуыл жасап келе жатыр еді, біздің адамдар қоршауда қалмады ма екен? Алды қараңғы, мүмкін, орманға тығылып құтылған да шығар. Немістер түнде орманға кіруге қорқады деген сөзді талай естігем. Қасымбек аман ба екен? Аман болса, мені тауып алмай қоймас, байғұс, арсалаңдаған Абан да мені іздемей отыра алмас. Осылай айқындалып арғы — бергіні бағдарлай бастаған ойым сұйылып қайтадан тұманданып кетеді. Бір жоғалтқан Қасымбегім тағы да жоғалып
кететін сияқты. Оның мына жағдайда маған кездесуінің өзі əншейін кездейсоқ баянсыз алданыш болып көрінеді, оның табылғанына, барлығына бұрын да мықтап сенбеген тəріздімін, енді сол алданыш тарқап, баяғы үйреншікті азабым мен жалғыздығыма қайта оралдым. Иə, Қасымбек, сол баяғыдай неғайбіл болып менен алыстап кетті, масқара болғанда, сол түні оның өлі — тірісін ойлап, жанымды қинамаппын. Бірақ жаны құрғырдың да қиналатын еш нəрсесі қалған жоқ. Түнгі орманда жалғыз қалғаныма қорықтым ба? Қорықсам қорыққан шығармын. Бірақ аяз қысқанда қорқынышты ұмытып кетеді екенсің, басқа еш нəрсені ойламай жер тепкілеп, жүгіріп — жүгіріп алам да ақыры, екі иінімнен дем алып, алқынып келіп бір ағаштың түбіне отыра кетем. Содан кейін еш нəрсені анық сезбеймін, ұйқы мен ояудың арасы ма, өлі мен тірінің арасы ма, бір бұлдыр, буалдыр дүниеге кіріп бара жатам. Ондай кезде қалың орман да, қолымдағы құндақ та қарауытып алыстап кетеді. Азап пен мехнаттан, барлық уайым мен үрейден арылтып бұйығы тыныштық бойымды жылытып, манауратып алып кетеді. Рахаттың аяғы бір мезет азапқа ауысады. Мұздай суға кіріп баратқандай болам, одан ол су емес қар болып шығады, жалаң аяқ, жалаң көйлекпен қардың үстінде келе жатам, қымтанғым келеді, бірақ қымтанатын лыпам жоқ. Тоңазып оянып кетем. Бір нəрсемді жоғалтып алғандай көңілім елегізіп, бірақ немді жоғалтқанымды білмей сасам, со кезде барып, бауырыма қысып алған мұздай түйіншегімді сезем. Мұп — мұздай, қатты, ашып қарауға қорқам. Бір кезде тобарсып қатып қалған жеңімді жылытып, қолыма дымқыл тиеді, тағы да кіш етіп қойды. Кеудесінде жаны бар екен. Таңның атуынан күдер үзгенім сонша, мен сол таңның қалай атқанын тіпті білгенім жоқ. Бір кезде барып айналаның жап — жарық екенін байқадым, онда да мұрныма түтіннің исі келгендей болып, алақтап жан — жағыма қарағанмын. Үш жүз қадамдай жерде ағаш арасынан селдіреп шыққан қуқыл түтінді көрдім. Кімнің түтіні екенін де ойламай солай қарай жүре беріппін. Бұ жақтан жау күтпеген бе, жеркепелерге жеткенше мені ешкім тоқтатқан жоқ, тек жақындап қалғанда шолақ тон киген бір еркек алдымнан шығып: — Сен қайдан тап болған адамсың,— деді таңырқап. Бар айтқаным:
— От... от... жылынатын от...— деппін. Одан ар жағында есім кіресілі — шығасылы болса керек, анық біле бермеймін. Кейін бойым жылынып, ыстық ішіп, есімді жиғанда барып, менің тап болғаным, біздікі емес, басқа партизан отряды екенін білдім. Мұнан да бір əйел табылып, жəрдем етіп, мені күтіп есімді жиғызыпты. Өзі жас та болса сөзуар, сампылдап бəрін айтып берді. — Ойпыр — ай, сені көргенде есінен адасып кеткен адам шығар деп едім. Боп — боз болып қатып қалыпсың. Əуелі тіпті қолыңдағының не екенін білмедім. Бір қатып қалған түйіншек. Алайын десем қолың қарысып қалған ба, айрылмайсың,— дейді.— Былай қарасам құндақтаулы бала сияқты. Тіпті шошып кеттім. Мұз болып қатып қалған, қаудыраған бір нəрсе. Шешкен кезде жаялықтарын кəдімгідей сықырлатып аштым. Мұз болып қалған. Ішіндегі бала да мұз боп қатып қалған шығар десем... Кəдімгідей қимылдайды... 8 Соғыс... Тағы да соғыс. Алыстан зеңбірек гүрсілі естіледі. Ол құрғырдың даусына да құлағым көнігі болып алдым, əp снарядтың үлкені мен кішісін ғана емес, қаншалық алыс жақынға түсетінін де ұшып келе жатқан даусынан ажыратам. Шектей шұбатылып, созылып шығатын мына дауысында танимын. Снаряд гүжілдеп ажал төндіріп келе жатса, минаның даусы алдын — ала жаназаңды оқып келе жатқандай азалы. Қазіргі атыс алыстан естіледі, əсіресе, аузы — мұрны бітеулі жеркепенің ішіне снаряд даусы талып жетеді. Құрып кеткір, бір түрлі құлаққа жайлы ұяң гуіл. Ал сол снарядтың астында жатқан адамдарға оның айтары жоқ, олар тура тозақ отының астында. Мына киіздей тұтасып ақырын ырғалып естілген майда гуіл бар ма?.. Тіпті соның ішіне кірмей — ақ жақындап барсаң... Ол жерде біздің партизандар жатыр. Қанша қорқынышты болса да жасырмай, Абан маған жағдайды жақсылап түсіндірген. Осы жолғы немістердің партизандарға қарсы шығарған күші биылғы көктемгі шабуылынан кем болмас деген. Осыдан бес — алты ай бұрын желкесіне шиқандай қадалған партизандардың ізін қалдырмау үшін соншалықты үлкен орманды жау əскерімен ғана емес, техникасымен түгел сүзіп шыққан болатын. Со жолы мың жарымға жуық бригададан екі жүзге жетер — жетпес адам ғана темір сүзекіден сытылып шығып еді, содан қайтадан
толысып бас құраған партизандарға қарсы немістер мінекей тағы да шабуылға шықты. Бұл қоршаудан шығып кету нағыз неғайбіл болса керек. Баяғы Носовец айтатын: «сені мен бізге шегінетін жер жоқ, жеңсек тіріміз, жеңілсек өліміз» деген сөзінің ақырғы шегі осы араға келіп тірелген түрі бар. Өткен жолы көбіміз өліп, азымыз ғана тірі қалып едік, ал бұл жолы... Құлақты тербетіп, алыстан ауыр ырғалған артиллерияның мына гүрілі... аспанды төңкеріп жерге түсіріп, жерді қопарып аспанға ұшырып жатыр ол. Ар жағын ойлауға да қорқам. Ар жағын ойламайтын мына екеуі ғана. Дулат пен Светаның қызы кішкентай Света. Бұларға ұйқысы қанып, тамағы тойса болды, басқа уайымы жоқ, екеуі ойнай береді. Осындайда бір жақсысы ойындары да момын, бала болып асыр салмайды, қолына түскен нəрселерін шұқылап, көбіне үнсіз ойнайды. Кішкене Света үлкен Света сияқты нəзік, денесі жұмыр, бірақ бұ да тумай жатып қар төсеніп мұз жастанған пəлекет емес пе, ауырып — сырқамайды, шидей болып алып мықты — ақ. Өзі де Светаға ұқсаған шикіл сары, басына шаш емес, ақ ешкінің түбіті өсіп келе жатқан сияқты. Кейде Дулат зорлық жасап қолындағы нəрсесін жұлып алса жыламайды, төңірегінен ермек қылатын басқа бір нəрсені іздейді. Жаңа ғана екеуі ескі құс мылтығының екі басын əурелеп ойнап отыр еді, енді оны Дулат жеке меншіктеніп алыпты да, Света қабырғаны шұқылап, содан бір нəрсе іздеп əуре болып жатыр, сірə aнa тентек, менің көзімді ала беріп, тағы да бір ожарлық жасаған — ау деймін. Қанша айтқанмен қыз бала емес пе, Дулаттан төрт — бес ай кішілігі болса да тілі Дулатпен қатар шығып келеді, қазір былдырлап сөйлейді. Жеке сөз, кейде тіпті екі, үш сөздің басын қосып өз ойын жеткізеді, көп сөздері шолақ, не өңі айналып өзгерген болады, онысына мен ғана түсінем. Дулатқа еріп, мені «мама» дейді. Света... Сол Дуня апайдың үйінде бір көрдім де, мен де одан қол үзіп қалдым. Əйтеуір немістің комендатурасында қызмет істеп жүргенін, партизандармен астыртын байланысы барын біліп қалдым да, ал оның ар жағында ол маған өзі туралы қандырып еш нəрсе айтпағанды. Құпия жұмысқа араласқан адамның өмірі де құпия болатын шығар, ол туралы тіпті Носовецтің өзі де көп нəрсе білмесе керек. Оның білетіні өзі түр — түсін көрмеген «Смуглянка» деген сенімді агент қана, ал, Света болса, Носовецтің кім екенін білмейді. Өзінің беріп жүрген ақпарларының Қасымбек пен Николайдың отрядына түсіп жатқанынан да бейхабар, Бұлар
кілең бір жасырынбақ ойнап жүрген адамдар сияқты. Мен бір шетте кімнің қайда жасырынғанын көріп тұрғандаймын. «Айттым ғой, бұғып жатып сен көп білесің» деп Светаның мырс еткені бар еді, сол құпиям сыздап ішіме сыймай бара жатса да сыртқа шығармауға тырыстым. Meн алғашқы партизандар отрядына келген күні Николай жаңа босанған əйелдің үстіне кіре алмады. «Келгісі келіп шыдай алмай жүр» дегенді Қасымбек айтқан, ақыры кешке қарай Қасымбекке еріп о да келді. Мені көргеніне шын қуанып, сағынып қалған адамдай шұрқырасып көрісті, денсаулығымды, хəлімді сұрап бəйек болып жатыр. Менің ойда жоқта төбеден түскендей бұларға тап болғаныма қайран қалып, тамсанып таңырқап қояды, бірақ соның ар жағында шыдатпай баратқан бір сауалы барын білем. Өзі айтар ма екен» деп маған жаутаңдап қарай береді. Еркек намысы деген қызық қой, соны тілімен сұрауға, «қатын жанды» деген сөзден қысылып, көзімен сұрайды. Мен болсам, Николайдың сабырын сынап қинағым келген жоқ, не айтарымды білмей өзім қиналдым. Айтсам бəрін айтуым керек, екі ұшты дүдəмалға Николай тоқтамайды. Ақыры болмаған соң, Николайдың өзі сыр тарта бастады жəне бірден тап бермей орағытып келеді. — Иə, қалай болды өзі. Өзге əйелдерден хабарыңыз бар ма? — Топ болып жүре алмаған соң, бытырап кеттік қой бет — бетімізге,— деп жалтардым. — Светамен қашан ажырастыңыз? Meн неғылсаң да Надяны тастама, аяғы ауыр, жəне танымайтын жерде оған қиын болады, не болса да бірге бол деп едім ғой. Кішкене денесі жұмырықтай түйіліп, кескінінде үміт пен үрей аралас маған қадалып алған, қалай жалтарудың, не айтудың есебін таба алмай қиналдым. — Көп уақыт бірге болдық қой,— деп күмілжідім мен. Кенет, құдай оңдап ойыма бір өтіріктің келе қалғаны...— Менің аяғым ауыр, оған ілесіп жүре алам ба, содан бір жайлы жерге, сенімді үйге орналастырып кетті мені. Арқалап кете ме, қайтсын. — Өзі қайда кетті?— деді Николай жұлып алғандай.
— Өзі... өзі... енді, арғы бетке өтем бе деп... солай қарай жылжи бермек болды. Николай менің сөзіме сенер — сенбесін білмей, бірақ қазбалап қадала беруді ыңғайсыз көріп, қипақтап біраз отырды; содан кейін еркектердің əңгімесі басқа жаққа ауып кетті де мен тыныш қалдым. Əйтсе де көңілім онша тынши қойған жоқ. Дүниеде ақкөңіл адамға өтірік айтудан ауыр нəрсе болмайды екен, Николай қипақтап дəмелі көзбен қараған сайын іштей қиналам, бірақ мен айтатын шындықтың оның көңілін жұбататын еш нəрсесі жоқ. Сондықтан да, не болса да өмір өзі көрсетер, тағдыр айдап кездесе қалса араларын өздері анықтар, бұл бөгде кісі кірісетін жep емес қой деп өзіме тоқтау салып жүре бердім. Бірақ өзгенің құпиясын арқалау деген де адамды əбден күпті қылады екен, Николайды көрген сайын, ұрлық қылған адамдай, қысылатын болдым. Мен жоғалып кетіп табылғаннан кейін тұрмысымыз қайтадан қалпына келе бастаған, аз күнде жаңа қонысты да игеріп алдық. Партизан өмірі кейде қазақтың көшпенді тұрмысын еске салады. Тек айдап жүрген малы жоқ, теңкитіп ақ үй тігудің орнына, үңгіп жерге кіріп кетеді. Біз де жеркепеге кіріп алғанбыз. Бұл бұрынғыдай мықты емес, қабырғасы ағашпен шегенделмеген, темір пеші де жоқ, əйтеуір Абанға рахмет, өзі іскер жігіт екен, бір — екі партизанды ертіп келіп, балшықтан ошақ соғып, бір бұрышын тесіп түтін шығатын мұржа жасап берді, кəдімгідей от жағып су ысытуға жарайды. Ішіне аз да болса жылу кіріп, түтін аралас көңірсіген иіс — қоңсысы бар əжептəуір үй болып қалдық. Кешке таман Носовец келді. — Жаңа қоныстарың құтты болсын,— деді ол есіктен еңкейіп кіріп жатып.— Қалай, жаңа пəтерлерің жайлы ма?— деп қалжың қосып қойды. — Төрге шығып қонақ болыңыз, Степан Петрович. Жақсы келдіңіз, өзіміз де жаңа қонысты майлайық ден жатыр едік,— деп Қасымбек əзілмен жауап берді. Носовец еңкейіп келіп, ошақтың алдындағы кескен томарға отырып жатып, жан — жағына қарап алды. Содан кейін маған бұрылып: — Қалай, хозяйка, əлгі батырың қайда?— деді. — Ұйықтап жатыр.
— Өзінің көп жыламайтыны жақсы екен. Нағыз мықты жауынгер болып шығады, түбі,— деп қысқа мығым тұлғасымен түгел иіліп, отты көседі,— Тоңдырып алған жоқсың ба?— Сауалына жауап күтпей өзі қарқылдап күліп алды.— Мен де орынсыз сұраппын — ау. Ол өзі қардың үстінде туып, мұз төсеніп өскен бала емес пе. Анандай түннен аман қалғаны... Соғыста туған балалар мықты болады. — Оның рас екен, Степан Петрович, анау аяздан кейін тіпті жөндеп ауырған да жоқ,— деп қостады Қасымбек, дауысында қуанышы мен мақтанышы аралас.— Азғантай ғана қызуы болды денесінде, мен өкпесі қабынып кетер ме деп қорқып едім. — Иə — а...— деді де қойды Носовец. Бір байқағаным осы кісі қысыр əңгімені ортан белінен оқыс үзіп тастайды екен де, күлкі жылытқан өңін суытып, тез ғана қатқыл, ойлы кескінге ауыса қояды екен. Ондай кезде сөзге қызып келе жатқан адам, сүрініп кеткендей кілт тоқтап, неғыларын білмей қипақтап, ақымақ кескінмен ыржия береді, бірақ Қасымбектің бір жақсысы ыржимайды, көнтек ерні дүрдиіп, аузын ашып, үндемей отыра береді. Қазір де сөйтіп, ерлі — зайыпты екеуміздің ішімізді жылытып, бала туралы айтып келе жатқан əңгімені пышақ кескендей үзіп тастап, Носовец, өңменіңнен өтетін кішілеу көк көзімен маған бір қарап қойды. Еркектердің оңаша əңгімесі бар шығар деп, мен қыпылықтап, орнымнан тұруға оңтайлана беріп едім: — Жарайды, сеп отыра бер,— деді Носовец, содан кейін Қасымбекке бұрылып: Мен бір жаманат хабар алдым,— деді.— Наш агент Смуглянка засыпалась. «Смуглянка» дегені Света ғой. Ал «засыпалась» деген сөзін анық түсіне алмадым. Бір нəрсенің астында қалып қойған ба? Əйтеуір не де болса бір жамандық. Бірақ анықтап сұрауға бата алмай, жүрегім лүпілдеп, сөзінің артын тостым. — Өте пайдалы, керек агент еді,— деп тоқтады Носовец. — Немене сонда ұсталып қалған ба?— деп сұрады Қасымбек.
— Жоқ, ұстатпай қашып үлгеріпті. Бірақ паналаған жері онша сенімді емес,— деді Носовец қабағын түйіп.— Оның үстіне... баяғыдан шаш ал десе бас алатын ит еді, Усачев тыным таппай іздеп жүрген көрінеді. Ол ит төңіректі жақсы біледі, ол сұмырай түбі таппай қоймайды. Ал, Смуглянканы ұстаса барлық сырымыздың ашылғаны. Носовецтің пісіріп əкелген шешімі барын біліп, Қасымбек сөз аяғын үнсіз тосып отыр. — Басқа амалым жоқ. Оны осында алдыруға мəжбүр болып отырмын. Жол білетін адамдар дайын. Соны сен өзің бастап бар. Өйткені, бұл өте жауапты операция,— деді Носовец. — Е, несі бар. Осында да Смуглянкаға жұмыс табылар, зияны тимес,— деді Қасымбек. — Оның бір қитұрқысы болып тұр — ау,— деді Носовец қиналғандай іркіле сөйлеп.— Ол өзі екі қабат көрінеді. Так что, партизандардың қатары көбейетін түрі бар,— деп ашқылтым күлкімен күліп алды.— Мүмкін балалар бақшасын ашармыз. Қасымбек жүргелі жатыр. Амандық болса, Светамен екеуміз тағы да кездесетін болдық. Əрине Светаны көргім келеді, бірақ оған қуанарымды, не қайғырарымды білмей, жүрегім алып ұшады. Қасымбекке айтсам ба екен, айтпасам ба екен? Бірақ бəрібір кездеседі ғой. Біліп барғаны дұрыс емес пе? — Қасым,— дедім. — Иə? — Қасым, мен саған бір сыр айтайын ба? — Иə, ол не сыр? Шешінген судан тайынбас, енді көзімді жұмып, қойып кеттім. — Сен қазір оны ешкімге айтпай — ақ қой. Смуглянка деген өзіміздің Света.
— Не дейсің?— деді Қасымбек таңырқап, тіпті аузы ашылып кетті.— Сен не айтып тұрсың? Кəдімгі Николайдың Светасы ма? Оны бұрын неге айтпадың? — Айта алмадым. Қасымбек аңырып таңырқап тұрды да, өзінше себеп тауып, өзінше жорыды. — Бір есептен айтпағаның да дұрыс болған екен. Онда Николай шыдай алмай бүкіл құпия ұйымның шырқын бұзатын еді ғой. Ақылың бар екен, Нəзираш. Қасымбек өзінше жорып, өзінше бұрып əкетті де, одан əрі түрткілеп мені қинамады. Қайтейін, не де болса келгесін көре жатармыз. — Meн де мұны Николайға айтпай тұра тұрайын. Болмаса ол өзім барам деп қиғылық салады. Үлкен бір қызық болсын, келіп бір — ақ көрсетейін. Айтпақшы, екі қабат деді ме? Николай тіпті баласының барын да білмейді ғой. Қасымбек Николай үшін қоса қуанып шығып кетті, менің қуанышым мен қорқынышым аралас. Қайран, аңғал еркектер — ай, «Николай баласының барын білмейді ғой» дейді. Соғыс басталып, біз ажырасқалы он ай болғанын ойламайды. Сол түні мен елегізіп ұйықтай алмадым. Апрель айы орталанып, қыстың ызғары қайтып қалса да, ошақтың отын сөндірмей, ауық — ауық тұрып ағаш салып қоям, төсекке кіш етіп қоймасын деп кішкентай Дулатымды тосам. ол оянып кетіп жылайды, оны емізіп ұйықтатқанша да біраз уақыт ұтам, бірақ сырттан еш дыбыс естілмейді. Бір — екі рет аяқ тықырын естіп, Света мен Қасымбек кіріп келе жатқандай басымды көтеріп алдым, көзім ілініп кетсе түсімде екеуі кіріп келе жатады, сөйтіп əлектеніп жатып, ақыры ұйықтап қалыппын. Біреу иығымнан қозғағанда көзімді ашсам, Қасымбек. — Таң атты ғой тұрмайсың ба?— дейді. Əуелгі сəтте жөнді еш нəрсеге түсінбей, басымды көтеріп алып көзімді
уқаладым. Землянканың іші қара көлеңке, Қасымбектің артында қорбиып біреу тұр, басына қалың қара орамал тартқан əйел сияқты. Орнымнан тұра бергенде есіме түсті. Бұл Света болу керек. Қапелімде сасып қалдым. Киімі қорбиған əйел Светаның даусымен: — Саламатсың ба, Надя,— деді. Бар бітіргенім құшақтай алдым. Солай жабысып біраз тұрып қалсам керек: — Ау, қонағыңды күтпейсің бе?— деген Қасымбектің даусын естідім. — Отыр, отыр, Света. Ал, кəне шешін,— ден жатырмын. Ошақтың астындағы отым да сөнуге қалыпты, оны тұтата алмай əлекпін. — Сен соншама əбігерге түспей — ақ қойшы, Надя,— деді Света.— Бері келші, мен сені құттықтағым келіп тұр. Ұл тауыпсың, құтты болсын, сен үшін шын қуаныштымын. Қасымбек ошаққа тамызық салып, əп — сəтте отты маздатып жіберді. Үйдің ішінің əрі кіріп, жан — жағымызды көріп, арқа — басымыз кеңіп қалғандай болды. — Ал, сендер шай ысытып, оны — мұны қамдай беріңдер. Мен барып Николайды шақырып келейін. Ол ғой, қаннен — қаперсіз ұйықтап жатыр. Үйге кіргенше айтпаймын, тура шалқасынан түскендей болсын,— деп Қасымбек есікке қарай ұмтылды. «Тоқтай тұршы» ден айтқым келіп ұмтыла түстім, бірақ аузымнан сөз шықпады, Светаның да қозғалақтап қалғанын байқадым, аңқау Қасымбек біздің хəлімізді аңғармастан сыртқа шығып кетті. Николай мен Светаның кездесуі онша қуанышты болайын деп тұрған жоқ, сол қызық кездесуді қинала күтіп, екеуміз де үнсіз қалдық. Осындайда қиналған адамның алдарқатып, басқа сөзбен алаң қылып əкету менің қолымнан келмей — ақ қойды, айтар сөзімнің жалған болып шығарын білем де, тілім байланып түйіліп қалам. Жаман ой жанын жегідей жеп отырғанда амандық, саулық сұрау сияқты бейкүнə сөздердің өзі маған
көлгірлік болып көрінеді де бар бітірерім, өз дəрменсіздігіме ыза болып, қиналған адаммен қоса қиналу. Қысылғанымнан от көсеп, қазан ошағымды айналдыра бердім. — Неге үндемейсің, Надя? Света қорбиған қалың телогрейкасын шешіп, басына тартқан орамалын жамылып алыпты, енді, дөңбектей колхозшы қатын емес, кəдімгі Светаға ұқсап тұр, тек талдырмаш денесі толысып, қарны шығып, көзі шүңірейе үлкейіп, бетін сепкіл басыпты. Бір əдемі суретті тентек баланың айғыздап бұзғаны сияқты, бірақ сонда да бұрынғы көркем суреттің ізі көрініп тұр, əсіресе шүңірейе, тереңдеп үлкейген нұрлы көзі секпіл басқан бетін бұрынғыдан да нəзік етіп көрсетеді. «Неге үндемейсің, Надя?» Не деп жауап берерімді білмей Светаның бетіне бадырайып қарай беріппін. — Сен, дегенмен, бақытты екенсің, Надя, Қасымбекпен кездескенің. Сен үшін қуаныштымын,— деп кішкене іркіліп қалды Света.— Мен Николаймен кездеспей — ақ қойсам деп едім... Онысы да рас. Жұбаныш сөз айтуға бата алмай, тағы да ұрысқан адамдай үнсіз қалдым. Бұған не дейін? Құрсағындағысы болмаса... мүмкін... Бір қателігін жуып — шайып... Білмеймін. Ар жағының не боларын білмеймін. Қас қылғандай, екеуінің арасына дəнекер болуға жарайтын да шамам жоқ — ау, менің. Қасымбек болмаса... қанша айтқанмен еркек қой. — Қасымбек тым асығыстық жасады — ау,— деді Света отқа жақынырақ келіп отырып жатып, сосын қолын менің иығыма салды. Оны мен жұбатудың орнына, ол мені жұбататын тəрізді.— Бірақ енді бəрібір, бұл əңгімеден қайда қашып құтыласың. Тек сенен бір өтінішім бар, мені оңаша қалдырма. — Неге? — Сен білмейтін сыр жоқ қой. Қиын да болса, сен əңгіменің ішінде бол. — Жарайды,— деппін ойланбастан, əйтеуір Светаның көңілін табу үшін.
Николай есіктен домалана кірді, шинелі мен құлақшынын да кимеген, гимнастеркешең, жалаңбас. Мойнын қайқаң еткізіп, кішкене бетін көтеріп, жеркепені тез көзімен тінтіп өтіп, менің қасымда отырған Светаны көріп, соған қарай ұмтылды. Мен орнымнан тұрып, жолды босатып үлгергенімше, айналып өтіп барып Светаны құшақтап жабысты да қалды. Есік алдында аузы ыржиып, мəз болып Қасымбек тұр. Осы қуанышқа мен де еріксіз елігіп, бір сəтке артындағы шатағын ұмытып кеттім. — Тірі екенсің ғой, тірі екенсің ғой. Жива, родная, солнышко мое,— дейді Николай Светаның басы — көзінен, бет — аузынан түк қалдырмай шөпілдетіп сүйіп жатып,— Светик мой... Николай қанша құшырланып сүйгенмен, Света шалажансар адам сияқты, оны қысып құшақтамайды да, қарсыласпайды да, дегеніне көне береді, бірақ Николай оның салқындығын байқайтын емес, құшағынан босатса да мойнынан қысып басынан сипалап: — Родная моя. Светик мой...— дей береді құштарлығын баса алмай. — Рахмет, Коленька... Рахмет, Николай,— деді Света бойын түзеп. Света орнынан тұрған жоқ — ты, Николай сол отырған жерінен құшақтап алып, сүйе берген — ді, аласа бойлы адамға ол онша қиындық жасаған жоқ — ты, даусынан бір салқындық, жаттық сезді ме, Светаның осы сөзінен Николай оқыс іркіліп кенет əйелінің шермиген түрін көріп түсі бұзылып кетті. Əуелі түсінбегендей алақтап Светаның бетіне қарай берді. Оның үнсіз тұнжыраған қасіретті түрін көріп, астыңғы иегі салбырап көзі дөңгеленіп кетті. Николайдың қатты өкпелеген баладай осы дəрменсіз кескінін көргенде көкірегімде бір жақсы үміт оты жылт ете қалды. Қазір Света еңіреп жылап Николайды құшақтай алса: бір — бірін сағынған ерлі — зайыптылар қосылып жылап, шерлерін тарқатып, қарғыс атқыр қателікті кешіп, қайта табысып кететіндей көрінді маған. Бірақ Света үндемеді, Николайдың да жаңағы бір сəтке жылт ете қалған дəрменсіз кескіні тез өзгеріп, өңі қатайып, қабағы түйіліп түнере бастады. Есік алдында тұрып қалған Қасымбек: — Ал, қанекей...— дей беріп тілін тістеп алғандай іркіле қойды. Оған енді ғана жетсе керек. Жеркепенің күңгірт ауасы да түнеріп, үнсіз
сыздап баратқандай. Өмірімде, сірə, мұндай ауыр тыныштық көрмеген болармын. Бəріміз де жарылатын бомбаны күтіп, бұғып қалған сияқтымыз. Бұ жерде айтылатын сөздің ретін мен таба алмадым, Қасымбек те, ағалық қылуға жарамай үнсіз тұр. — Біздің, сірə оңаша сөйлесуіміз керек шығар,— деді Николай тістеніп. Қасымбек екеуміз есіктен шығып баратқанда Света мені тоқтатып қалды. — Мен оңаша сөйлесуіміз керек дедім ғой. Николай ашу қысқандағы əдетінше, онсыз да қысқа мойнын иығына тығып, астыңғы иегін шошайтып ілгері ұмсынып, қысқан пружинадай ширығып алған. Мен кетер — кетпесімді білмей есік алдында іркіліп қалдым, қазір шығып кетсем Светаға опасыздық жасап, қорғансыз тастағандай көрінеді. — Надя осында болады. Ол менің барлық сырымды біледі,— деді Света қатуланып. — Білгені қалай? Қалайша?— деп бейне жəрдем күткендей алақтап Николай маған қарады. Мен үндемедім. — Сіз менен бəрін жасырып келген екенсіз ғой,— деді Николай қайтадан ызаланып,— Əрине енді, екеуіңіздің құпияларыңыз бір болған соң. — Өтінемін, Надяға тиіспе,— деді Света. Содан кейін сөзін «сізге» көшіріп Николаймен арасын алшақтатып қойды.— Өтінемін, тиіспеңіз. Оның бұған қатысы жоқ. Үшеуміз де аз уақыт үндемей қалдық. Сыздап отырған Николай ақыры сабыры таусылып: — Ендеше өзің — ақ айт. Неміс комендатурасында істепсің ғой. Солардан болған шығар,— деді.
Мен сасқанымнан аңқиып аузымды ашып қалдым, екі көзім Светада. «Ол не дер екен?» Света да қанын ішіне тартып безеріп алған, ай, тайынбас. Тұп — тура: — Иə,— деп қойып қалды алқынып. Николай біреу таяқпен басына салып қалғандай селк ете түсті. Үрпиіп, Светаға шошына қарады. — Мен саған өтірік айта алмаймын,— деді де, безеріп отырған Света іштегі пружинасы босап кеткендей сұлық түсті. Өйтіп «өтірік айта алмағаны» да құрысын. Қастарында тұрған менің өзім есеңгіреп қалдым, Николайға көзім түсіп еді, шошып кеттім. Өң — түс жоқ, қарауытып тұратын қожыр беті ақтаңдақтанып, қанын ішіне тартып ышқынып алыпты. — Сеука!...— деді ысқырынып. Осы бір жаман сөз мені де осып жібергендей болды. Николай сол сірескен күйі орнынан көтерілді де қайрылмай шығып кетті. Екі əйел оңаша қалдық. Света сол сұлық күйі, Николайдың сөзіне селт еткен жоқ, мен болсам оған жұбаныш болар сөз таба алмай іштей қиналып, қипақтағаннан басқа дəрменім жоқ. Ара ағайын, не ортақ дос болып араларына дəнекер болудың орнына, өзімді айыпкердің қатарына еріксіз қосып, бірге қиналам да теріме сыймай тығыла берем. Затымыз əйел емес пе, маған салса, қазір Светамен, шұрқырасып жылап көрісіп, еңкілдесіп отырып бар сырымызды ақтарып, іштегі шерді бір тарқатар едік қой. Бұ жақта Қасымбектен кейінгі ең жақын тартқан адамым осы Света емес пе? Светаның мен үшін Қасымбектен де артықшылығы бар, Қасымбек, қанша жақын болғанмен еркек қой, əйелді əйелдей түсіне ала ма. Енді міне, шер тарқатудың орнына екеуміз де іштей тығылып, кептеліп отырғанымыз мынау. Ойбай — ау, сомпиып отыра бермей, жолдан келген адамға ас қамдауым керек қой. — Менің мұнда келмеуім керек еді,— деді Света. Онысын түсінемін, əрине қиын, бірақ қайда барады?
Одан да қиын жағдайға душар болған жоқ па? — Енді келмегенде қайтесің? Сенің басыңа қатер төнін тұр деді ғой Носовец. — Онысы рас,— деді Света.— Mac болып сенен айрылып қалып, жазықты болған Усачев менің соңыма тура шырақ алып түсті. Бір — екі рет ұсталып та қала жаздадым. — Əнекей көрмейсің бе. — Бұл соғыстан кім тірі қалар дейсің,— деді Света түңілгендей.— Бəрібір, ажал біреу ғой. Онша шешіле қоймасақ та аздап тілге келгесін арамыз жуысып келеді, соған қуандым. — Сен тым күйзеле берме, Света,— деп жұбаныш айтпақ болдым.— Николай, қанша айтқанмен, ақ көңіл жігіт. Ашу үстінде не айтылмайды. Түбі райынан қайтар. Абзалы, осы күнге дейін Светаға мен ақыл айтып көргенім жоқ, ол маған ақыл айтушы еді, байқаймын менің мына сөзім де баланың үлкенге айтқан сөзіндей əсер еткен түрі бар. Ол орнынан тұрып, ошақтың алдына келіп от көсеп жатыр, секпілденіп кеткен жұқа өңі жалыннан қызара бөртіп, маған мойнын бұрды. — Николайдың өзім байқаған мінезі бар. Соған қарағанда, ол райынан, сірə қайтпас. Есік жақтан бүктетіліп Қасымбек кіріп келе жатыр. Шынымды айтсам, оның дəл қазіргі келгенін ұнатпадым, Манағы қалбалақтап қуанып, аңқылдап тұрған Қасымбегім жоқ, бір нəрседен ұятты болып қалғандай, аузына сөз түспей, күйбеңдей береді. Күйзелген əйелді алаң қылып, жұбаныш айта алмаса да, əйтеуір сөзге алдарқату былай тұрсын, о жақта бір масқара ұят бардай, Света отырған жаққа қыпылықтап қарай алмайды. Бар бітіргені маған: — Асыңды болдырсай,— дейді.
Қасымбек кірісімен Света да сөзден тыйылды. Тіпті күйеуіме жыным келді. Еркектік намысы қысып, қылғынып, булығып анаусы кетті, енді жұқпалы ауру көргендей жасқанып, қипақтап мынаусы тұр. Мына сорлы əйелдің басына түскен тауқымет пен қасіреттің бəрінікінен артық екенін ойлайтын біреуі жоқ. — Өзің бара тұршы. Сенсіз де жетісіп отырғанымыз жоқ!—дедім түтігіп. Қасымбек мені өмірінде тұңғыш көргендей бетіме бақырайып қарап тұрды да, кенет бір нəрсені бүлдіріп алған баладай жуасып, ақырын есіктен шығып кетті. Ерге шыққалы күйеуімнің бетіне келгенім осы болар. 9 Ауаны кернеп, ыңырана ырғалып, төңіректі теңселте шайқап тұрған артиллерияның азалы гүрілі іркіліп, іркіліп барып бір — екі лоқсып басылды. Баламды бауырыма тығып алып, окоптың түбіне бұғып жерді денеммен тесіп өтіп, астына кіріп кетердей болып, ондай снарядтың астында да талай жатып көргенмін. Терең қазылған окобың болса, жау оған бұзып-жарып, басып кіре алмаса, артиллерия қанша төмпештесе де, əйтеуір аман қаласың. Бірақ снаряды құрғыр жақын жарылғанда үстіңе аспан опырылып құлап келе жатқандай зəреңді ұшырып, бүкіл тəн де тұтас тиетін, осып кетпесе де жерге жаншып тастайтын бір жалпақ басқұрмен ұрғандай ауаның екпінімен соққылап, есеңгіретіп, есіңді тандырып, құм — топырақпен көміп тастайды. Зеңбірек гүрсілі қайта басталар ма екен деп елегізи құлақ түріп біраз отырдым; соғыс бітіп, дүниеге тыныштық орнағандай, ешбір дыбыс естілмейді. Бірақ бұл тыныштық көңіліңді орнықтырудың орнына қобалжытып. тұла бойыңды суытып, деміңді ішке тартқызып қатер сағатын күттіреді. Артиллерия дайындығы біткен соң атака басталады; қорғаныста жатқандардың төбесінен төмпештеп снаряд жаудырып езгілеп, жаныштап, бұқтырып алады да əскер шабуылға шығады. Ең қауіптісі осы. Жаңағы жер шайқаған зілзала гүрсіл шамырқанған бураның алыстап айбат шеккен зіркілі болса, нағыз тап беретін кезі дəл осы тұс. Баламды кеудеме қысып алып, аяғым жерге тимей талай зырқырап қашқанмын, шыбын жанға пана таппай шырқыраған кездерім де аз емес.
Бірақ жаудың оғы жаңбырдай жауып, ажал қанша жалмаймын дегенмен, жер — ананың панасы мол екен. Тіпті қалың орман, сай — саласын былай қойғанда, бұтасы мен шөбі, кішкентай төмпешігі мен шұқанағының өзі жаныңды талай алғандай алып қалады. Қара жерден кіндігін үзбеген қазақтың қызымын ғой, бозды бұйратта, өлеңдетіп асыр салып, аунап — қунап, жаз бойы киіз үйде ұйықтағанда да жусан мен топырақ исін қолқама сіңіріп өскенмін, бойжеткен кезімнің өзінде де, кейде тіпті, көк майсаға аунағым келіп, аусарым ауып тұратын, бірақ жер жарықтықтың қадірін осы соғыста ғана білген сияқтымын. Үстімнен оқ борағанда шешесінің етегіне тығылған жас баладай, сол жер — ананың бауырына тығыла түсем; тіпті жазық жердің өзінде, бір сүйем болса да, əйтеуір саған қалқа боларлық табылады. Сыздауыт сазына бар тəніңмен жабысып батып кеткің келеді, қара жердің кеудесін жарыңнан бетер ышқына қысатын кезің болады. Жер деген жарықтық тірі екен — оның да тынысы, мейірімі бар, сені қалқалап ажалдан алып қалады. Сепсеңіздер, орыстың осы бір ойпаты сазды, қыраты құмдақты, орман тоғайлы, көгінен бұлыңғыр бұлты арылмаған тұнжыраңқы жерін қимас көз көргенімдей, тіпті өз ұям — өскен мекенімдей жақын тартып кеттім. Қазір соғыс менің ғана үстімде емес, дүниені түгел шарпыған, аспан да, жер де соғыс, соғыста жүрген əйел де жалғыз мен ғана емес, бірақ менің соғысым бір түрлі орынсыз, сөлекет сияқты. Шынында да екі қолыңды байлап қойып, ұрысқа кіргізіп жіберсе өзің қайтер едің? Емшектегі балам екі қолымды бірдей байлап қойғаны былай тұрсын, аяғыма да тұсау. Жұрт əйтеуір тисін — тимесін, қолына мылтық алып атысып жатады, ондайда мен қолыма баламды ұстаймын. Қару алып оқ шығарған адам ет қызуымен аз да болса ажалды ұмытып кетеді де, ал қолына бала ұстаған адам, қарсыласуға дəрменсіз, бір емес, ажалды екі есе тосады; өзіңді де, өзгені де қарусыз қорғаған жаман екен, тұсыңнан зырқ — зырқ етіп өткен əрбір бұралқы оқты санағанда, ажалға қанша мойынсұнсаң да мазаң кетеді. Қиямет — қайым, қиындық дегенің алыстан қарағанда ғана қорқынышты екен, егер басыңа түссе бəріне де көндігіп кетесің, мен де өз жағдайыма үйреніп алдым. Алас — қанас ұрыс басталып кеткен кезде қолымда балам болмаса, бір нəрсесін жоғалтып алған адамдай, елегізимін. Оны көтеріп жүгіруге, қашын бұғуға да машықтанып алғам, баламды көтеріп жүгіріп келе жатып жата кеткенде бір жерін ауыртпаймын, тіпті сүрініп құлап кеткенде де еш жеріне зақым келтірген емеспін. Кеудеме жабысып, өзіммен бірге домалап, өзіммен бірге тұрады.
Кілең соғысып жүрген адамдардың арасында болсам да өз басым, қолыма мылтық ұстап, ұрысқа тікелей араласқан жоқ едім. Жорықта жүргенде бір баланың ауыртпалығы он балаға татиды, оның үстіне, партизан деген халық өз керегін өздері қамдағанмен, кілең еркек — қостың ішінде əйел қолына қарайтын жұмыс та жетерлік екен. Қайта сол жұмыстың көптігі де жақсы болды, əр нəрсені ойлап, сары уайымға салынуға мұрсат бермей, əрі — беріден соң басқаша тіршілік болады дегенді ойлатпай, осы өмірге дағдыланып жіберді. Белім қатайып, аяғыма басып кеткесін: «жаман айтпай жақсы жоқ, соғыста жүргенде қару ұстай білмегенің жарамас, қандай жағдайға душар боларымызды кім білген» деп Қасымбек маған мылтық атуды үйретті. Бұрын атысып көрмесем де, мылтық ұстауға жасқанатын хəлден əлдеқашан өтіп кеткем, ішінде ажал оғы бар түсі суық темірді жатырқағаным жоқ. Кісі өлтіруге көп білімнің керегі жоқ па, қалай, өзі онша қиын да нəрсе емес екен, винтовканың бөлшектерін де, оны көздеп атуды да тез уақытта үйреніп алдым. Кішкентайымнан көзім жіті болатын, нысанаға дəл тигізем. Николай, Абандар жиналып, менің атқанымды көріп, қауқылдасып мақтап, мəз болысты. — «Мықты мерген мыннан шықты. Мылтық атқанда еркектерді беліне қыстырып кететін болды». — «Нағыз снайпер». «Партизандарға да снайпер керек. Надяға снайпер винтовкасын тауып береміз» десіп қошаметтеп, көңілімді көтеріп тастаған. Мақтағанды кім жек көрсін, осыған өзім де кəдімгідей мəз болып, отбасы, ошақ қасы, салпы етек əйел ғана емес, қолыма қару алып көппен бірге соғыса білетін адам болғаныма бойыма жел бітіп, көңілім іріленіп қалған — ды. Ана Шура да, жұрттың жарасын таңатын, жаралыларды бағатын медсестра болғанмен, ұрыс кезінде шепке кіріп кетеді, сауырынан тапаншасы түспейді, мен де енді одан онша кем еместігімді сезіндім. Сол бір көңілім марқайған сəтте, қолымды байлайтын нəрестем барын да ұмытып кетіппін. ...Кейде əлденеге мұңайып, қатты ойланын қалғанда Қамқа əжемнің көкірегін кере «уһ» деп аузын толтырып қатты күрсінетіні бар еді, сол
сияқты мына тына қалған тыныштықта бір — екі зеңбірек «уһ! уһ!» деп ауыр күрсініп алды. Содан кейін дүние қайтадан жым — жырт, меңіреу қалпына түсті, екі баланың да даусы шықпайды. Жағдай деген де баланы өзінше баулып, өзінше үйретеді екен: қысылтаяң кездерде осы балалар бақырып жылауды, не бала болып қыңқылдап мазаны алуды білмейді. Іштері сезе ме, əлде көптің көңіл күйі бұларға да дари ма, əйтеуір жұрт абыр — сабыр боп, асып — сасып жатқанда, немесе қауіп — қатер тосып үнсіз түнергенде бұлар да, өңдеріне үрей жүгіріп, көздері бақырайып, сазарып қалады, көңіл күйіңнің жаман кезін де айнытпай сезеді. Қазір де екеуі, меңің оларды əлпештей еркелетуге құлқымның жоғын сезіп, өздерімен өздері болып отыр. Енді екеуі басқа ойын тауып алған: Дулат шыбықтың сабымен жер шұқылайды, кішкене Света да одан қалыспай, қолында еш нəрсесі болмаған соң, киттей саусағының ұшымен топырақты шұқиды; үн — түнсіз, үлкен іс бітіріп жатқандай, екеуі де осы ермегіне елігіп кеткен. Соғыстың міскіндеріне, кəдімгі бала сияқты, ойнайтын ойыншық қайда. Сырттағы сыбысқа құлақ тігем — зеңбірек гүрсілі тоқтады, басқа дыбыс естілмейді. Иə, дүбірі естілмесе де, нағыз қырғын соғыс енді басталды. Жау солдаттарының қаптап атакаға шығып келе жатқанын өз көзіммен көргендей болам: ала қардың үстінде ақ халат киген адамдарды ажырату да қиын, жүрегің дауалап жау жаққа көз тоқтатып қарағанда ақ қардың үстінде қыбырлап келе жатқан ақ кебін киген денелерді көресің. Жазды күні де жасыл киім киген неміс солдаттарының денесі көкпеңбек болып тұрған жасыл жердің реңінде анық көрінбейді, оны байқау үшін де кəнігі көз керек. Бірақ оқ боратып қаптап келе жатқан жаумен алғаш рет бетпе — бет келгенде... Əйтеуір патырлаған атыстың басталып кеткенін білем. Біз таң ата келіп паналаған кішкентай селдір орманның іші əп — сəтте ызы — қиқы ұрыс даласына айналды. Жаудың қай жақтан, қалай келіп тиіскенін де білмеймін. Аз ба, көп пе? Жайбарақат дем алып жатқан жұрт жалма — жан қаруларын қарманып, шоқалақ, томарлардың түбіне жата қалып атысып жатыр. Атыс басталғанда Шура екеуміз дем алып жатқанбыз, алысырақтан команда берген Қасымбектің даусын естіп қалып, оған қарай тұра жүгіргім келіп көтеріле түсіп, қайта жаттым. Жүгіріп барып қолтығына тығылуға қазіргі сəтте ол менің күйеуім емес, командир екенін, менен бөлек те биік екенін соқыр сезіміммен ұғып, іркіліп қалдым. Қазір оның аяғына оралуға хақым жоқ, осы көптің бірі болып, тек əмірін орындауға тиісті екенімді
сезінем. Жаудың оғы көктемгі жасыл жерге ввик, ввик деп қадалып жатыр. Жалаңаш қалғандай қорғансыздың сезімі тұла бойымды мұздатып барады. Құндақтағы баламды бауырыма қысып алып, қытығы келген адамдай қымсына жиырылып, денемнің əр бүртігі жаудың оғын тосады. Қолымнан келгені, кеудеме тығып жіберіп жасырып қалғым келгендей бар денеммен баламды қымтай берем, оның есесіне өзім панасыз ашық жерде жатырмын. — Шоқалақтың түбін панала! Шоқалақтың... Бетімді бұрып жалт қарасам талдырмаш денелі сары жігіт, тұсыма жүгіріп келіп қалған екен, бір қолымен иығымнан сүйрей жөнелді. Бір қолыммен жер тіреп, бауырымды көтеріп, тұмсығыммен шөп сүзіп, əлгі жігіттің жетегінде емпеңдей жүгіріп, бір томардың түбіне жетіп құладым. О да менімен қатар құлады да, бетіме қарап: — Басыңызды көтермеңіз. Балаңызға сақ болыңыз,— деп ілгері қарай жүгіріп кетті. Бұл жігітті таныдым: анада, қысты күні немістер осындай бір қапылыста тиіскенде мені ат шанамен алып қашатын қайқы тұмсық ақ сары жігіт, кейін талай кездесіп, көріп жүрдім: есімі Саша болатын. Менің табылғаныма бұ да қуанып, арнайы келіп, кешірім сұраған — ды. Басыммен мүк басқан жұмсақ шоқалақты сүзіп баламды кеудеме қысып, қырын жатырмын, тым болмаса өзгелер сияқты етпеттеп те жата алмаймын, денемді дірілсіз қалтыратқан жаман үрей он бойымды құрыстатып алып жібермейді. Бұдан бұрын да, ажал деген құрғырмен бір емес бірнеше бетпе — бет кездесіп едім, бірақ ол сұмырайға кісінің бойы үйреніп кете алмайды екен, маңайымнан тарс — тарс атылған мылтық даусына құлақ тосып, үстімнен зуылдап ұшқан оқтан жасқанып жұмсақ жерге жамбасыммен батып кеткім келіп сығыла түсем. Өз ойымша шым — шымдап жерге батып та бара жатқан сияқтымын, осы алдамшы əсер ажал да құтқаратындай көңіліме жеңілдік əкеледі. Менен алты — жеті қадамдай жерде атысып жатқан партизан басын көтеріп алды, менің де кішкене есімді жиып, төңірекке көз салатындай халге жеткен кезім еді, танып қалдым — жаңағы Саша екен, мылтығының бір жері тістесіп қалған ба, тізерлей көтеріліп, винтовкасын бір тізесіне
қойып затворын сартылдатып, ашын — жауып жатыр. Мылтығын оқтап болып енді жатуға оңтайланғанда, ышқынған жаман даусы шығып жер сүзе құлады. Орнымнан қалай тұрып кеткенімді білмеймін, құндақтаулы баламды да шоқалақтың түбіне жасырып үлгеріп, жер бауырлай жүгіріп қасына жетіп бардым. Аз жүгірсем де алқынып, ентігімді баса алмай, басымды əзер көтеріп оқ тиген партизанға қарадым. Жирен шашты басымен көк шөпті жапырып, жер иіскеп қимылсыз сұлық жатыр, ақырын аударып бетіне қарап ем, ақсары жүзінің қаны қашпаған, көзі жұмулы, бейне бір ұйықтап кеткен адам сияқты, өңі манаурап тұр. Гимнастеркасының кеудесінің алақандай жері қою қызыл қан. Мен шалқасынан аударғанша ақсары жүзінің қаны қашып... жоқ, қаны қашқанын байқай алмадым, тек манаурап тұрған жүзі кəдімгідей сөніп, қуарып кеткен бетінде күл түстес, сұп — сұр салқын сəуле ұйып қалды. Ажал... Біраз қырғынға куə болсам да, ажалды дəл осындай жақын жерден бетпе — бет көргенім, оның түсін көргенім осы еді. Сол бір сəт көз алдыма келе қалса, қазір де сұп — сұр сұрғылт, салқын сəуле денемді суық лебімен шарпығандай өн бойымды құлазытып жібереді. Мен ажалдың ақтық сəтін анық көрдім. Жүзі жайнап тұрған жап — жас адамның əп — сəтте осындай өшіп қалғаны... Жаңа ғана мені оқтан сақтап, ойнақшып жүгіріп келген жас... Шынымды айтсам, осы сəтте мен дəл осы ажалға түсінбедім. Ана жолы мені жоғалтып алғаны үшін қысылып келіп, кешірім сұрағаны көз алдымда. — Мен немістермен атысам деп, сізден көз жазып қалыппын. Есімді жиып енді іздесем жоқсыз. Сіз мені кешіріңіз. Балалы əйелге қамқор бола алмағаным... тіпті ұят болды. Əрине командирден де қысылдым, бірақ бəрінен де сізді жалғыз тастағаным. Ұятын айтсайшы. Сіз енді кешіріңіз... — деп маған жаутаңдап қарай берген. Мінезі елгезек, кішіпейіл болғанмен, қысты күннің өзінде құлақшын астынан ақ селеу маңдай шашын бұрқыратып шығарып қоятын серілігі де бар еді. Қазір де маңдай шашы қобырап кеткен. Астапыралла, шашы дудырап тірі күйі тұр. ...Атысып жатырмын. Қолымда винтовка, жағыммен мылтықтың ағашына жабысып, шүріппесін саусағыммен шірене тартып атамын келіп. Затворды ашып атылған гильзаны ытқытып жіберіп тағы да атамын.
Затворды енді бір ашып — жауып басып қалғанымда мылтықтың даусы шықпады, тек тырс етті. «Мұнысы несі» деп таңырқап, затворды қайтадан ашқанда барып ақылым жетті, бес патрон атылып кеткен екен, қайтадан оқтау керек. Мылтықты қайта оқтағанда аптығуым басылып, ақылым кірді. Шабуыл жacaп келе жатқан жауды анықтап көріп нысанаға іліктіруге пұрсатым болмай, тек əйтеуір бағытым дұрыс, ет қызуымен патырлатып ата беріппін. Кішкене көңілім орнығып, көз тоқтатып алдыңғы жаққа қарап, тізеге жуық көтеріліп қалған көк шөптің арасында қарауытқан адам денелерін аңғардым. Жасыл шөптің реңінде жасыл мундирлерді ажырату да қиын — лап беріп, тұтас көтерілмей бірі жатып, бірі жүгіріп, қоныс аударған шегірткедей, ақырын жылжып келеді екен. Біздің жігіттер де оқты үдемелетпей, сиректеу атады. Жаудың алғашқы айбатынан жасқанған көңілім орнығып, біршама ойым сараланып, енді партизан байғұстың санаулы оғын беталды құла дүз төпей бермей көздеп, өлшеп ату керек екенін түсіндім. Бас көтеріп жүгіргендерін көздеп атып қалам, ол жерге жалп ете түседі. Тағы жүгіргенін тағы да атып қалам, о да мен тарс еткізгесін ұзамайды, жатып қалады. Жауды құлатқаныма мəз болып, кəдімгідей көңілім тасып, ұрысқа елігіп, қасымда сулап жатқан Сашаның тағы бір обоймасын алып мылтығымды қайта оқтадым. Енді оның ажалы туралы да ойламаймын. Бір кезде байқасам, қанша қырып жатсам да жау азаятын емес, мен атқанда жалп ете түскендері тіріліп келе ме, келесі бір сəтте қайта жүгіреді. Тыныш кезде үйренген атқыштығым... менің мергендігім мына араға жүрмейтін сияқты. Жоқ, ол ойын екен шындап келгенде... Құлағыма масаның ызыңындай əлсіз даусы келеді, оны елемей, ет қызуымен атыса беріп едім, кенет əлденеге көңілім қобалжып, елең ете қалдым. Енді қаттырақ естілді — жылаған баланың даусы, менің балам. Қызу атыс үстінде, босанғалы тұңғыш рет балам барып ұмытып кетіппін. Қапелімде жауып тұрған оқтан жасқануды ұмытып, жаңағы өзім паналаған томардың түбіне жүгіріп келсем кішкентайым ayзын жырта, бақырып жатыр. Жамбастап жата кетіп бауырыма қысып алдым, басқа не амалым бар. Оқтың зуылы көбейіп, үдеп барады. Балаңды құшақтап томардың түбінде оқ тосып жату... мен енді оған шыдай алмадым. Баламды көтеріп алып, қайта жүгіріп жаңағы орныма жете жығылдым. Өлген адам да, кейде тіріге қорған болады екен, кішкентайымды Сашаның бүйірінің астына тығып қойдым да қайтадан мылтығыма жармастым. Жаңа кеудеме
қысқанда ана денесінің жылы исін сезіп титімдей көңілі орнықты ма, əлде шаршады ма, сəби де жылауын қойды. ...Дулат енді жер шұқуды қойып, ескі жəшікпен əуре, жəшіктің бұрышын бекітуге қаққан тілдей қаңылтырдың бір шетінен жұлқылап жұлып алғысы келеді. Қаңылтыр оған көнетін емес, бірақ оны елейтін түрі жоқ, барын салып пыс — пыс етіп тартқылайды келіп. Қаңылтыр қолынан шығып кеткенде құлай жаздап шоңқиып отырып қалады да, қайта жармасады. Оқ астында өскенге ме, өзі қайсар — ақ. Оқ астында өскен... Əсірелеп айтылған қызыл сөз емес, тура оқтың астында өсті ғой, бұл кебенек. Күнəсіз періште болғанға ма, əйтеуір содан аман келе жатыр. Ендігісін... ендігісіне үміткермін. Біздің азат болатын күніміз жақындап қалған сияқты, мүмкін соңғы күндер шығар. Бірақ сол соңғы күндердің сыңайы тым бұзылып барады, көбіміздің — ақ соңғы күнімізге айналмаса неғылсын. Мына жеркепеде бітіретін шаруам шамалы, төбе жақтағы саңлауға қарай мойнымды созып, құлағымды тосып тың тыңдаймын, құлағыммен ғана емес, тұла бойыммен түгел тыңдайтын сияқтымын. Қаппайтын иттің жатып алып жалқау ырылдағаны тəрізді, үзіліп — үзіліп, еміс — еміс сарын келеді. Құрғырды танимын, ол соғыстың ырылы, жəне қапқанда да өлтіре қабады. Бұл қым — қиғаш ұрыстың жер астына алыстан талып жеткен демі ғана... ал оқтың астындағылар... Сол алғаш қолыма мылтық ұстаған күні байқадым: ұрыстың ет қызуы өзге нəрсені ойлатпай кісіні еліктіріп алып кетеді екен де басқа нəрсеге қайрылуға мұрсат бермей, кəдімгі бір үлкен, қауырт іс тындырып жатқандай өзеуретіп, қорқыныш, үрей деген пəлелерді ұмыттырып жібереді екен. О кезде адам өмірі, ұшқан құс, жүгірген аң өмірінен титтей артықшылығы жоқ. Көкірегіңді аңшының құмарлығы билеп, саған қарсы мылтық ұстап жүгіріп келе жатқан екі аяқты адам емес, өзі де шабатын қасқыр сияқты көрінеді. Оны өлтіргенге шімірікпей, қайраттанатын жер осы соғыстың даласы ғана болар. Мен сол алғаш ұрысқа қатысқан күні, жау солдатын өлтірдім бе, анығын білмеймін, бірақ қолыма қару ұстап, жауынгерлердің шебінде жатып, оқ шығарып қарсыласқанымның өзі көңіліме бір тостаған көженің буынан əлдеқайда артық жел берді. Жаныңды ылғи қинамаса да, бір нəрсе
тиіп кетсе сыздап қоя беретін бітеу жара сияқты масылдық, сезімнен де со жолы арылдым. Бір мезетте: «Оқты өлшеп атыңдар! Жақынырақ жіберіңдер!» деген сырт жағымнан жүгіріп кетіп бара жатқан Қасымбектің дауысын естіп қалдым. Ғажабы сол, оған қайрылып қарағаным да жоқ, оның орнында Николай ма, тіпті басқа бір командир айқайлап өтсе де маған бəрібір сияқты. Шынымды айтсам, ауық — ауық бақырып жылап жатқан балама да іші — бауырым елжірей қойған жоқ, қолым босап кеткенде бір — екі сипап сұлап жатқан Сашаның денесіне қарай итеріп қоям, кейде тіпті қысылтаяң кезде мазамды алғанына ыза болам. Тек оқтан аман болса... Қалғаны ештеңе емес. Соғыс адамды қатыгез ете ме? Білмеймін. Етсе ететін де шығар. Өйткені қазаны ең аз азалайтын жер де осы соғыс. Оқ тиіп жатқан адамның бетін жабуға да мұрсатың келе бермейді. Əңгіме мұрсатыңның бар — жоғында ғана емес сияқты. Бала кезімнен есімде қалған: біздің жақта бір адамның қазасы рулы елді күңірентіп кететін. Əйелдер шашын жұлып, дауыс қылып жоқтау айтып зарлағанда төңіректегілердің бəрі солқылдап жылап, азалы дауысты, молдалар құран оқып қана тоқтататын. Алыстан келген ағайындар төбенің астынан «ой бауырымдап» ат қойып ауылды күңірентетін. Содан кейін айқаймен ышқынған қасірет қайтадан ішке түсіп, шаң — шұң басылып, қаралы үйдің маңында қатты дауыс шығармай, жұрт аяғының ұшынан басып, күбірлеп жабырқау сөйлесетін. Ондай кезде маған ауылдың адамдары ғана емес, ауылдың үстінде тұлып тұрған ауаның өзі өлімді аза тұтып тұрған тəрізді сезілетін. Бұл арада өлген адамның барлық парызын өтеп жатуға уақыттың жоқ екені рас, бірақ қаза тапқан адамға деген қайғыны да жұрт бойына көп дарытпайды. Өлгендердің ортасында отырып тамақтарын іше береді, тіпті күндізгі қырғын соғыстан кейін кешке қарай бас қосқанда біреудің сондағы сөлекеттігін еске алып, қарқылдасып күліп жатады. Жұрт қайғыны жеке түсірмеуге тырысады екен, минут сайын ажал тосқан мына жақта бұ да бір жан сақтаудың жолы шығар. 10 Партизан деген халықты соғыстан бетер тамақ жағы қинайтын кезі көбірек. Орманның ішінде орып жатқан егінің, жайын жүрген малың жоқ, соншама адамға тамақ тауып беру, қару — жарақ, оқ — дəрі тауып беруде кем қиындыққа түспейді. Онсыз да соғыстан күйзеліп, шаруасы шайқалған
деревнялардан қолға түскен азық — түлік аш бөрідей жалақтаған жігіттердің жұмырына жұқ болмайды. Деревнялар тақырланған соң жігіттер көбіне, бастарын оққа байлап, немістердің обозын тонайды. Ондайда кейде мəз болып, артынып — тартынып жолы болып келсе, кейде қолдарына еш нəрсе ілікпей, адамдарын босқа шығындап, салдары суға кетіп қайтады. «Тіленшінің сүйген асын кім берсін» демекші, партизандар тек қолына тигенін қорек етеді, табанда қолына дəмді дүние іліксе, мəре — сəре болып қаужап қалады. Жыл жарымнан артық осы жортуылда жүргенде, менің де тамағымнан өтпеген нəрсе, ой сірə, жоқ шығар. Бұрын атып естімеген, аузым дəмін білмеген, немістің тағамдарын татып көрдім. Тағам талғап, ұнатпағаныңнан жеритін жағдай болған жоқ əйтеуір, тамақтан өткеннің бəрі талғажау. Немістердің азық — түлігі үзілмей қолына түсіп тұрса да мұртыңды балта кеспес еді — ау, көбіне — ақ қолға түсетін нəрсе аз болады. Партизан дастарханының жəне бір тамашасы — бірі болса бірі болмайды. Аштық қысқанда мініп жүрген, жегіп жүрген жалғыз атты жайратып тастайды. Оны дұрыстап сойып, мүшелеп бөліп жатуды да білмейді; əркім қолына іліккен жерін кесін жып, котелектеріне қайнатып жатқаны. Оған салатын қамыр да, картоп та жоқ, құрғақ еттің өзін қаузайды; кейде тіпті салатын тұз да табылмай қалады. Бірнеше күн тамақтан өтер түйір болмай, аштықтан бұралып көзің қарауытып отырғанда жортуылға шыққан жігіттер, қолдарына өзге ештеңе ілікпей, тəтті пряник немесе аз ғана қант, кəмпит əкелетін кездері де болады. Кəмпитті аузыңа салып қалжағанда аш өзегіңе барған тəтті сол қырындысы кетіп қурап тұрған ұлтабар шектеріңді жыбырлатып бүріп əкетеді, бірақ əйтеуір əр жақтан нəр барып, аз да болса жүрек жалғайсың. Қанша бір қиын күндерде де мені тарықтырмаған марқұм Дуня апайдың қызыл қасқа сиыры Зойкасы еді. Жападан — жалғыз қалған нағыз тар кезеңде паналатқан байғұс кемпірдің өзі өлгеннен кейін де маған медет көмегі тиді. Сол немістер төтеннен төніп, қараңғы қарлы орманда мен адасып кететін жолы Зойканы Проша қуалап кеткен. Қаршадай бала қараңғы орманда қаңғалақтап жүріп, өзіне тапсырылған қызыл қасқа сиырдан айрылмай, о да ақыры, өзіміздің отрядты тауыпты. Көрші партизандар мені өзімізге əкеліп салғанда қатты қуанған адамның бірі осы Проша болды. Көпке дейін айналсоқтап қасымнан кетпей, екі езуі екі ұртына қарай жымқырылып, ыржия күліп:
— Надя апай, сіздің табылғаныңыз қандай жақсы болды. Тіпті жақсы болды,— дей берген. Содан кейін де Проша негізінен менің қасымда болды. Қазан — ошаққа, бала бағуға, сиырды күтуге оны маған арнайы көмекші етіп тағайындаса, жігіт болуға асыққан жастың, əрине, намысына тиер еді; бірақ əйтеуір əдейі бұйрық берілмесе де тіршіліктің орайы солай болды да Проша маған қолғабысын тигізіп, жаны ашып жəрдем беpiп жүріп, өз жағдайына байқаусыз үйреніп кетті. Партизан болу деген қолына қару алып күндіз — түні жауды жапырып қыра беру ғана емес, оның күнделікті ұсақ — түйек, ит ыржың шаруасы, тірлік қамы болатыны, бірі таусылмайтын мұқтажы болатыны шикі жастың ақылына жетті — ау деймін, кейін «маған қару беріп тапсырмаға жібермеді» деп қыңқылдауды қойып, тапсырған шаруаны ықыласпен тындырымды істеп жүре берді.
Дуня апайдың Зойкасын екеуміз де жақсы көріп кеттік. Аяғыңды тəй басқаннан қозы қуалап, мал баласының арасында өскен адамға төңірегіңде тірі тұяқ болмаса, бір жағың ойсырап тұрар еді. Тостағандай көзі дымқылданып, бір нəрсе дəметкендей мөлие қарайтын қызыл қасқа сиыр сол олқымды толтырып жүретін — ді. Əйел заты сауын малына, оның ішінде əсіресе сауын сиырға жақынырақ қой, ал Прошканың Зойкаға деген ықыласы тіпті бөлек, байқаймын бұл ықыласы сонау сиыр айдап қашатын қараңғы түні көкірегіне терең ұялаған түрі бар. Айнала жау, атылған оқ, тұңғиық түнерген қараңғы орман, сол кезде жападан — жалғыз қалған шикі жастың қасындағы жалғыз қарасы осы қызыл қасқа сиыр. Көрінген ағаш пен бұта қараңғыда қарауытып тына қалып, тасадан жау шыға келердей үркітіп, үрей қысқанда самарқау салмақты аяңдап келе жатқан мына көпек сарқылмас мол сабырын бала көңіліне де дарытқан болар. Жауыға тұтасқан қараңғылықта жалғызсырағанда, аяз қысып қалтырағанда бетін сол сиырдың жылы мойнына басып, əукесін қайыра құшақтап, қолтығына тығылып алып — ұшқан көңілі байыз тапқан шығар. Тарыққанда демеу болған мал баласын кейде адамнан бетер жақсы көріп кетесің. Азығымыз таусылып, партизандар Зойканы сойғанда Прошка тіпті қатты қиналды. Көзінен жасы мөлтілдеп, жүгіріп келіп: — Тетя Надя, тетя Надя! Аналар Зойканы сояйын деп жатыр! Естисіз бе, сояйын деп жатыр,— деп жеңімнен жұлқылай берді.— Сіз неғып отырсыз? Неғып тұрсыз? Мен неғылайын, күнде мал сойып жататын қазақтың аулында өссем де, осы сиырды сойғаны жаныма батып — ақ тұр. Бірақ енді неше күннен бері аш отырған адамдарға суалған қысыр сиырды «соймаңдар» деп айтуға... оның үстіне, күйеуім командир болғанмен, партизандардың үлкен шаруасына араласуға хақым жоқ екенін сеземін. — Неғып тұрсыз, Надя апа. Зойканы сояды олар. Зойканы аман алып қалсаңызшы,— деді, бейнебір адамға ара түскендей жалынып.— Тіпті Зойкаға жаныңыз ашымай ма? Зойканы сойған күні Прошканың түнерген қабағы ашылмай томсырайып жүрді, бірақ аштығы құрғыр шыдата ма, ақыры о да қызыл қасқа сиырдың боршасынан дəм татты.
Қызыл қасқа сиыр кеткен соң біздің де күйіміз тайды. Тоғайдан əртүрлі жеміс — жидек тереміз. Тамағың тойғанда ғана ауыздың дəмін алуға жарайтын жидектің қоректігі де шамалы, бірақ көзің қарауытып, өзегің талғанда ар жағыңа аз да болса нəр барады. Орман ішінің, далалы жерде өскен мен білмейтін, жемісінің түрі де көп екен. Олардың жеуге келетіні қайсы, келмейтіні қайсы, ажырата алмаймын да, аузыма салып талмап көріп, тамақтан өткенін жұта берем. Ағашты жердің ашыққан адам үшін ең бір үлкен байлығы саңырауқұлақ жаңбырдан кейін соны тереміз. Оның жеуге жарайтыны, жарамайтыны бар, мен бұ жағынан да сауатсызбын, дала қазақтары саңырауқұлақты жеуге болады деп ойлаған емес. Мұның бір мені қинаған жері, ауызға салып байқай алмайсың, адамды улап тастайтындары көп. Прошка бұ жағынан маған таптырмайтын ақылшы болып алды, мəз болып етегімді толтырып əкелген саңырауқұлағымнан көп болса, қос уысын қалдырады. Əсіресе сұрғылт сисаға ақ бұршақ сепкендей, əдемі саңырауқұлақты лақтырып тастап жатқанда ішім удай ашиды. Проша астыңғы ернін жымқыра тістеп алып, баланың білместігіне күлгендей, мырс — мырс етіп мүсіркей күледі. — «Бұл мухомор ғой, тетя Надя» — дейді əдемі саңырауқұлақты лақтырып жатып. «Өзі өте əдемі ғой» деймін ақталғандай. Əдемісі əдемі. Бірақ алдайды, улы. Ал, мынау погаика, бұ да жеуге жарамайды». Оның есесіне Прошаның іріктеп қалдырған саңырауқұлақтары тəтті болады, суға қайнатып, əсіресе кішкене майың болып қуырып жегенде, тура қойдың өкпесінен аумайды. Көбіне қолғабысын тигізіп қасымда жүргенге Прошаға əбден үйреніп алыппын, оның үстіне үнемі қолымызға мылтық ұстамаған соң өзгелерден бағамыз көмістеу сияқты, тек екеуара теңелеміз. Осы сезімнің өзі арамызды жақындатқан болар, Проша маған əбден сеніп алып, сырын да жасырмайтын болды, əйтпесе, өзім жауынгер партизан санап жүрген намысшыл жас, шешесін сағынғанын тірі жанға айтар ма. Əрине, онысын маған да бірден айта қойған жоқ. Менің əрбір ісімді көргенде «менің мамам сөйтуші еді», болмаса, «менің мамам олай емес, былай істеуші еді» деп бастап, ақыры мамасы туралы біраз əңгімелерін айтып берген. Баланың
сөзіне қарап шешесін тану да оңай емес, өйткені бала атаулының сөзін тыңдасаң бəрінің шешесі бірдей ақылды, мейрімді, көрікті болып шығады. Бірақ, өзімнің түйгенім, бұл баланың шешесі баяғы өзіміздің полктағы төрт баласы бар Ираида Ивановна тəріздес сабырлы, иман жүзді əйел сияқты. Айтпақшы мұның да шешесінің төрт баласы бар екен. Үлкені Проша, бір інісі, екі кішкене қарындасы бар. Төрт жасар кенже қарындасы Аленушканы аузына көбірек алады, одан үлкен тоғыз жасар қарындасы Аграфенаны көбіне мінеп отырады. Ол туралы айтқанда «глупая» деген сөзді көбірек қосады. Мен алғашқыда əлгі «мухомор» деп аталатын саңырауқұлақты көбірек теріп əкелгенде: — «Надя апай, сіз біздің Аграфенушка сияқты екенсіз,— деп күлген.— Ол да орманға барғанда сіз тəрізді ылғи «мухоморды» теріп əкелетін. «Бұл жеуге келмейді, таста» десем болмайды. «Бұл əдемі, жемесең жеме, бəрібір тере берем» ден қасарысады. Сол əдетін тіпті қойғыза алмадым. Ол бар ғой, өзі ерегіспе. Вот глупая». Сөз аяғында уайымды кескінмен мырс етіп күледі. Орыстың «глупая» деген сөзін «ақымақ» деген мағынада ұғушы едім, сол сөзді соншалықты еміреніп, сағынышпен айтуға болатынын енді көрдім. Санька дейтін он жасар інісі бар екен, шешесі сегіз құрсақ көтерген, содан қалғаны төртеу екен, соңғы кезде Саньканы да аузына жиі алатын болып жүр, бір жолы қолындағы прянигін тартып жегені үшін оны мықтап сабап тастанын айтты. Шамасы осы ісі есіне түскенде өкіне ме, «о кезде ол кішкентай еді, ақылы жоқ еді» деп ақтап қояды. Баланың аузына алмайтыны əкесі ғана. Тек бір рет байқаусызда, онда да сол саңырауқұлаққа байланысты, аузынан шығып кетті. «Папаня любит маринованные грибы... и соленные огурцы»,— деп қалды да, аңдаусызда ұят сөз айтып қалғандай, тілін тістей қойды. Аңғармағансып, бөгде сөзге бұрып кісіні ыңғайсыз жағдайдан шығарып əкетуге мен қандай орашолақпын, ондайда анадан бетер өзім қысылам, сөйтіп жүрген жерден бір масқара жасап алғандай, екеуміз де үнсіз қалдық. Абзалы, əкесі туралы сөзді екі жағымыз да жылы жауып қойғанбыз. Мен сол алғашқы жолы, алғашқы күндері, төбеден түскендей, күтпеген
жерден бала атаулының шешесінің атын естігенде, шошып қалғанын байқап, басқа жерде сыр берген емеспін. Осы бір аз ғана уақыттың ішінде туған інімдей жақын болып кеткен балалық көңілінде өзім көрген Усачев полицайға жақындатып. я жанастыра алмай қойдым да, бұл жағдайды онша ойламайтын болғанмын. Бірақ, мен ойламағанмен, Проша ойламай қоя алмайды. Бір күні көңіл түкпірінде тығылып жатқан бір ойын маған айтып қалды: — Мүмкін ол біздің жаққа шығатын болар. «Ол» дегенінің кім екенін түсіне қойдым — байғұс баланың жатса — тұрса ойлайтын арман — тілегі, үміті. Есек — дəме үмітін өшіргім келмей мен де қостадым: — Есі бар адам өз халқынан бөлініп қайда барады. Əрине біздің жаққа шығуға тиіс. Айтуын айтсам да, іші құрғырым сезіп тұр: бұл соғыс қарама — қарсы жаққа жаратқан адамның қайтып қосылуы екі талай, оның үстіне оқта — текте партизандардың аузынан Усачев жайлы естіген сөздерімнен жақсылық нышаны байқалмайды. ...Əлі есімнен кетпейді. Жаз айы, орман ішінде лагерьде тұрғанбыз. Ертеңгілік, Дулатты көк шөптің үстіне еркін еңбектетіп қоя беріп, өзім ас қамдап жатыр едім, Проша жүгіріп келді. Өзінде өң — түс жоқ, қатты қиналғандағы əдетінше астыңғы ернін үстіңгі ерінімен көмкеріп тістеп алған. Түрін көріп шошып кетіп: — Немене болды, Прошка?— деп сұрадым. — Əкелді...— деді ақырын ғана, даусы күрсінген демімен бірге шығып. Қапелімде еш нəрсе түсінбей қалдым. — Нені əкелді? Кімді əкелді? — Оны... Папамды... Алғашқы сəтте мұның қаншалықты жақсылық, не жамандық екенін де
аңғармаппын, əйтеуір үндемей қалуды жөнсіз көрдім де, байғұс баланы қинап қазбалай беріппін. — Өзің көрдің бе? — Өзім көрдім. — Ол сені көрді ме? — Көрген жоқ. Мен сыртынан көрдім. Өздері екі адам. Шалашқа апарып қамап тастады. Екеуміздің сөзіміз осымен үзілді де, үнсіз қалдық. Meн оған жұбаныш боларлық еш нəрсе айта алмадым, сірə бұл жерде мен емес, оқымысты сұңғыла адам тұрса да, балалық жарасын қасығаннан басқа, қандай жылы сөз тауып айтатынын білмеймін. Прошка қазір əкесіне өзгенің де, өзінің де ара түсе алмайтынын, бұлтартпас қатал тағдырдың тақалғанын жан — тəнімен сезіп, астыңғы ернін қырқып алардай жымқыра тістеп, тізесін құшақтап, сіресіп отыр. Еңбектеп келіп ботинкасының тұмсығына жабысқан Дулатпен де ісі жоқ, əншейінде болса, оны жерден көтеріп алып, аспанға атып ойнатар еді, қазір оны көретін де халде емес. Аздан кейін бір нəрсе ойына түскендей, орнынан ұшып тұрып, əлденеден сезіктеніп, жан — жағына алақтап қарап алды да, тезірек басып шалашқа кіріп кетті. Байқап қалдым, тірі жанға көрінгісі келмейді... Сəскеде, ұсталған полицайларға сот болды. Шынымды айтсам, соған қатынасқым келген жоқ еді, мені арнайы шақырды. Проша шалаштан шықпай жатып алды, оған қазір жалғыздықтан басқа еш нəрсенің жəрдемі тимесін сеземін. Партизандар орман ішіндегі кішкене алаң шетіне жиналған. Көк шөпті жапырып алқа — қотан отырып алған, шынтақтап жатқандары, түрегеліп ағашқа сүйеніп тұрғандары да бар. Алдыңғы жақта қызыл жапқан кішкене столдың басында екі томарға көлденең ұзын тақтайды қойып скамейка жасап, үш адам отыр, үшеудің ортасындағы Носовец. Жаздыгүні маңдайын тұқырайтыңқырап кепке киіп жүретін еді, қазір кепкасын шешіп столдың үстіне қойған. Ар жағындағы екі партизан да жалаң бас, бірақ иығынан асырып арқаларына асынған автоматтарын тастамапты. Жұрттың жиналуын тосқан шамасы бар, үшеуі де үнсіз, тек Носовец қана шұқшиып қағазға бір нəрсе түртіп жатыр. Отырған жұрттың алдына таман қиғаштау барып бір теректің түбіне
тоқтадым. Көрейін деп тұрған оқиғаң қаншама жанға жайсыз болса да құштарлық деген пəле жетеледі де, алдыңғы жаққа тым жақын келіп қалыппын. Қасымбек пен Николай да алға таман отыр екен, олар маған қайырылып қараған жоқ, тек менің келгенімді Абан көріп қалып, қасыма келіп: — Отыратын жер тауып берейін, Нəзира жеңгей,— деді күбірлеп. — Жоқ, түрегеліп тұра тұрам. Столдан төрт — бес қадам кейінірек томардың үстінде екі полицай отыр, жеңдеріне байлаған шүберектерін алмаған, əлде жұрт көрсін деп əдейі алғызбаған ба, екі жағында автомат асынған екі партизан. Маған қырын отырса да, бергі шеткісін бірден таныдым, Усачев. Ipi денесін жұртқа көрсеткісі келмей мойнын ішіне тартып, бір уыс болып бүрісіп қалғысы келетін сияқты, бірақ дүрдей денесі құрғыры оған болатын емес, гүжбандай екі иығы қорбиып шығып тұр. Добалдау қоңқақ мұрны төмен салбырап, қою қоңыр мұрты астыңғы иегін көміп, алдындағы Носовецтен назарын жасырып, көзімен жер шұқып отыр. Кішкене далаңқайда, айнала тұтасқан орман сияқты, тұтасқан ауыр үнсіздік бар, оқта — текте еміс естіліп қалатын қысқа — қысқа күбір болмаса, партизандар да үнсіз. Сол ұрланып шыққан келте күбірдің өзі мына үнсіздіктің ауырлығын асыра түседі. Жиналған топ қазір осы екеуін ажалға кесіп, сол үкімді орындайтындарын біліп отыр, басыңқы оққа байлап, күнде ажалдың қақ ортасында жүрсең де бұл өте бір сүйкімсіз нəрсе. Носовец столды қос жұдырығымен опырып жіберердей тіреніп, орнынан мығым көтерілді, оның жуантық тығыз денесі маған тұтас қара тастан құйылғандай əсер етті. Усачев селк етіп, бұрынғыдан бетер жиырыла түсті. Носовецтің кірпігі қимылсыз көк көзі екі полицайдың өңменіне бұрғыдай қадалған. Қанша жау болса да қарсы алдында көз көрген, күні кеше дəмдес болған таныс адамдары тұрғанға қобалжыған көңілін басқысы келді ме, əлде ыза қысып кетті ме, жұтынғандай ұрты қозғалып, жағын қарыстыра тістеніп аз іркілді, алдында жатқан қағаздарын жиыстырып қойды. Носовец айыптау актысын оқығанда Усачев орнында тыныш тұра алмай, теңселіп, жан — жағына жалтақтай берді, ана жігіт тұнжыраған күйі басып тұқыртып жұрттан жүзін жасырып сілейген күйі тырп
етпейді,екеуінің де халін айнытпай сезетін сияқтымын: бұлар қазір бұлтартпас ажалдың қарсы алдында тұр, соғыс жағдайында үкім біреу — ақ. Жүректерінің əрбір соққан дүрсілінен ажалдың минуті жақындап келеді, екеуі де соны тосады. Бірақ ажал біреу болғанмен əркімнің оны қабылдауы əр түрлі болады екен. Қипақтап шыдай алмай тұрған Усачев ажалдың алқымына тақалып қалғанын қаттырақ сезіп, жандəрмен қылып жалтарудың амалын іздеп, аласұрып тұрған түрі бар. Ол айыптау актысының əр тұсында «жоқ, мен оны істеген жоқпын» деп жалтарғысы келеді, бірақ Носовец зекіп қалғанда, ерегістірсем бүлдіріп алармын деген үреймен жым бола қалып оған жалынышты кескінмен жаутаңдап қарап қояды. Қайткен де болса жан сақтайтын саңлау іздейді. Ал, ана жігіт сілейген күйі селт етпейді. Əлде оның алдынан ешқандай саңлау көрінбей, жазмышқа мойынсұнған ба, əлде есеңгіреп, болып жатқан оқиғаның мəн — мағынасын ұғудан қалған ба, əйтеуір бір қалпы болды. Усачев кінəсін мойындауға келгенде көп жалтарды, тіпті бұлтаруға келмейтін жердің өзінде аз да болса айыбын жеңілдететін сылтау іздеп бəйек болады. «Суға кеткен тал қармайды» деген сөздің шын сырын осы арада түсінгендей болдым, жан ұшырып қарманғанмен қолына ілігіп жатқан талы да жоқ, дəлелі дəлел болмаса да əйтеуір бір нəрсе айтып қалады. Айналсоқтап келіп айта беретіні: — Олар енді өкімет қой. Өкіметтің айтқанын істемесең болмайды. Атып тастайды. Олар өкімет болған соң... мен бұйрығын орындадым. Немістер дереу істемесең.., олар тек... Носовец шыдай алмай зекіріп жіберді. — Фашистер өкімет емес, басқыншылар! Ал халықтар,— ол қолымен партизандарды нұсқады.— Солардың бұйрығын орындап жүр ме? Не тантып тұрсың, ұятсыз, сатқын сұмырай... Усачев денесі дүрдей болғанмен, қорқақ сорлы екен, басына таяқпен салып қалғандай селк ете түсіп, мойнын иығына тығып: — Əрине, енді бұлар неміске қарсы соғысып... Дұрыс қой. Бірақ енді... — деп міңгірлей түсті де басылып қалды. Содан құдай тағала сабыр беріп, астыңғы ернін, қою қоңыр мұртымен көме тістеп алып, төмен қарап тұнжырап отырды. Кəмпит сорғандай ұрты
қусырылып жағына жабысқан. Тұла бойым дір етіп, жақсы ма, жаман ба білмеймін, бір сезім жүрегімді түйреп өтті, мынаның түрі шошқадан аумайды екен. Анау қоңыр мұрттың астында дүрдиген көнтек ерін болар, астыңғы иегінің ұшы ілгері ұмсынып біткен кемиек. Сонау, деревняны түгел ататын қырғында, кімнің бетіне байыздап қарауға кісінің мұршасы болыпты, аңғармаған екем, көзім үйреніп, көңілім ұнатқан Прошкамен ұқсастығы, бір түрлі, жүрегімді шаншып өтті. Орманның ішінде, көк шөптің үстінде өткізілген сот кəдімгідей барлық тəртібімен жүріп жатыр. Бірнеше куəлар бар екен, кезегімен шақырылып, көрген — білгендерін айтып, куəлік береді. Носовец атымды атап, мені шақырғанда еш нəрсеге түсіне алмай, алғашқы сəтте дағдарып қалдым, сөйтсем, мен де куəнің бірі екенмін. «Бері, мына жерге келіңіз» деп қайталап шақырғанда ғана, баламды Абанға ұстатып ілгері шықтым. Бұрын сот алдын кім көрген, өзім жауапта тұрған адамдай қысылып, мына отырған, құдайдың құтты күні бірге жүрген жұрттан бөлініп, бөлек боп шыға келген сияқтымын. Оның үстіне Носовец те жүзі сұп — суық болып, қатып қалған бір ырғақты дауыспен: — Гражданка Еділбаева, сот алдында тек шындықты ғана айтуға тиіссіз. Егер жаңсақ куəлік берсеңіз қылмыс кодексінің пəленінші тармағымен жауап бересіз,— деп одан бетер қысып тастады. — Гражданка Еділбаева, мына алдыңызда тұрған екі айыпкерді; Усачев Лука Саввичті, Гуськов Терентий Петровичті бұрын көрдіңіз бе? Жақсылап қарап алыңыз... Менің атым аталғанда екі полицай елең етіп, маған таңырқай қарап, содан кейін көздерін тез тайдырып əкеткен. Анаусын енді таныдым: «Терентий» дегені жас полицай Тереха. Əлгі деревняны қырғаннан кейін Дуня апайдың үйіне қайтып оралғанда, «Он, не могу» деп шошынып, шашын жұлып жылайтын, содан кейін мені атып тастаймын деп кіжінетін. Сол ақсары ұлпа шашты, кішілеу дөңгелек бетті, қайқы тұмсық сары. Бет терісі қалыңдай, өңі есейіңкіреп кеткен бе, қалай, əйтеуір, баяғы мен көрген «ой, мамочка! Что я наделал» деп жер сабайтын, дəрменсіз бала кескіні жоқ, тотыққан жүзі қызара бөртіп, ісіңкілеу қабағының астына жанарын жасырып, төңіректен бөлектеніп түйіліп алған. Мыналарды көргенде ойым əр саққа жүгіріп алып қашып, Носовец сұрақтарын ылғи екі рет қайталауға мəжбүр болды.
Ойым ырық бермей, түгелдей жас полицайға ауып кетті. Ол мені көрмеген, білмегенсіп, жанарын жасырып аулақтанып алса да, менің екі көзім сонда. Мына тұнжыраңқы тұнық түрінен баяғы іші алау — далау болып аласұрған аянышты сəтін, жапанда жалғыз қалғандай жаудыраған дəрменсіз кескінін іздеймін. Ол кескіннің ізі жоқ, менің алдымда, шынында да, басқа адам отырған сияқты. Жеті — сегіз айдың ішінде ол мүлде өзгеріп, есейіп кетіпті, баяғы сезімтал жалаңаш жүрегі де жарасы жабылып, енді ыстық — суық өтпейтін қалың қабықпен қапталған сияқты. Жұмып алған жұдырықтай тас бітеліп қалған мына жігіттің ішінде қазір не хикмет болып жатқанын мен біле алатын емеспін. Бұл Усачев сияқты жан ұшырып жалтармады, мені көргенін де мойындады. Усачев сорлы менен де жан сақтайтын саңлау іздеп, жанталасып бақты. — Мен мұның командир əйелі екенін сезгенмін. Содан əдейі қашырып жібердім,— деді. — Əдейі қашырған жоқсың,— деп Носовец зекіп қалғанда: — Енді əдейі қашырмағанда... қашып кеткенін біліп əдейі іздемедім. Кете берсін дедім,— деп қипақтай түсті де, кенет құтқаратын ой тапқандай қуанып кетті,— Мен бұл əйелді сақтап қалдым. Мына Тереха атпақ болғанда, мен атқызбадым. А? Солай емес пе? Айтыңызшы,— деп маған жалынды. Менің бір жаман қасиетім, кім де болса, торға түскен адамды еріксіз аяушы едім, мына сорлының мына мінезінен тіпті жиіркеніп кеттім. Ана жігіттен Носовец: — Атпақ болғаның рас па?— деп сұрағанда, ол: — Есімде жоқ, білмеймін,— деді. — Неге білмейсің? Есіңнен танып қалдың ба?— деп Носовец қысқанда: — Білмеймін. Мүмкін рас шығар,— дей салды. Бұл жігіт əбден қаныпезер болып қатайып, еш нəрседен шімірікпейтін болған ба, немесе ажалдан да жаман нəрсе жанын қинап, сонымен əлек болып отыр ма, əйтеуір осы топтан да, соттан да, қасындағы тағдыры бір
Усачевтен де бөлектеніп алған. Усачевтың қиянаттап жатқанын да елеген жоқ, берілген сауалдарға да, арғы беттен тіл қатқандай жансыз дауыспен жауап береді. Кішкене уақыт өткен соң сот мəжілісінің бастапқы ширығысы босаңсиын деді. Жұрт қайтадан қисайып, шынтақтап, өзара күңкілдесіп, кейде реті келіп қалғанда соттағы сөзге де араласып кетеді, айыпкерлердің сасқанда берген сөлекет жауабын кекетіп күлісіп алады. Носовец ауық — ауық тəртіпке шақырып қояды. Мен де, мойнымнан ауыр жүк түскендей жауаптан босап, Абанның қолындағы баламды алып жұрттың шетіне таман отырғанмын. Бір кезде жан — жағына алақтап отырған Усачев, мен отырған жаққа көзі адырайып үрпие қарады да, орнынан ұшып тұрып, даусы қарлыға айқай салып: — Прошка... Балам менің... Балақаным...— деп ұмтыла берді. — Отыр, опасыз...— деп Носовец ақырып жіберді. Қасында отырған партизан автоматымен өңменінен нұқып Усачевты шөгертіп тастады. Артыма жалт қарасам қайыңды тасаланып Прошка келіп тұр екен, үстіңгі ерні дүрдиіп, ұртын тістеп алған, өңі шүберектей құп — қу. Сорлы бала шыдай алмаған екен. Мұның да басына таяқпен салып қалғандай болды — ау деймін, көзі адырайып, аузы бір — екі рет кемсең ете түсті де, жалт бұрылып жүгіре жөнелді. Усачев басын таяна теңселе күңіреніп: — Ұлым менің... Ұлым...— деп, кеңкілдеп жылап жіберді. — Ол советтің адал ұлы! Сендей сатқынның баласы емес!— деп Носовец тағы бір зекірді. Мен де отыра алмай, баламды көтеріп шалашқа қайтып келдім. Менің қазір оған керегім бар ма, жоқ па, əлде оның жалғыз болғаны жақсырақ па, ол арасын анықтап біле алмадым, бірақ əйтеуір Прошканы жалғыз қалдыруға дəтім жетпеді. Проша шалаштың іргесіне етпетінен түсіп, бетін қос алақанымен көміп алып, солқылдап жылап жатыр. Менің ішке кірген тықырымды естіп, өксігін ішіне тартып, аз булықты да, шыдай алмай қайтадан жылап жіберді, енді тіпті көз жасына қақалып булығып қалды. Менің де қолымнан келер қайран жоқ, тек шашынан, маңдайынан сипай
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344
- 345
- 346
- 347
- 348
- 349
- 350
- 351
- 352
- 353
- 354
- 355
- 356
- 357
- 358
- 359
- 360
- 361
- 362
- 363
- 364
- 365
- 366
- 367
- 368
- 369
- 370
- 371
- 372
- 373
- 374
- 375