Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Тахауи Ахтанов "Шырағың сөнбесін"

Тахауи Ахтанов "Шырағың сөнбесін"

Published by Макпал Аусадыкова, 2022-01-19 05:27:09

Description: Тахауи Ахтанов Шырағың сөнбесін

Search

Read the Text Version

берем. — Ол ақымақ. Онда ақыл жоқ... Ақыл жоқ болған соң... Мамам да айтқан...— дейді Проша əр сөзін көз жасымен қоса жұтып, ықылық атып, қылғына сөйлеп. Мен ие деймін? Не деп жұбатам? Осындайда сөз таба алмай тығылып қалам. Менің құтыла алмай қойған жəне бір жаман əдетім бар: біреу қиналғанда оған демеу болар сөз айтудың орнына соның кебін өз басыма киіп қайғысын да өзімдікі етіп аламын. Мына баланың жанының жарасы менің ішіме түсіп, жегідей жеп барады. Əкесі қанша жау болса да əлі аузынан ана сүті кеппеген бала оны салқын оймен түйіп, өзінен бөліп тастай алмайды. «Жүрегі қарс айрылды» деген сөзді естуші едім, соның мағынасы миыма жаңа жетті, мына баланың жүрегі қақ ортасынан айрылып жатыр. Проша сотқа бастап — аяқ қатысқан жоқ, сол келген беті болар, сондықтан əкесінің сорлы мінезін көрген жоқ. Егер көрсе қорқақ əкесінің жиренішті мүсəпір мінезі оның опасыздығына қоса намыскер жастың жүрегіне өмір бойы тырналаса кетпейтін бір жеркенішті əсер қалдырар еді. Жұбатуға шамам келмесе де қасында болғаным Прошаға аз да болса жеңілдік əкелді ғой деймін. Əйел деген жарықтықтың қанша айтқанмен аналық жылуы бар, кімге болса да жұмсақтау ғой, егер қасында еркек отырғанда қасіретін намысы тұншықтырып, жарылып кетер ме еді қайтер еді, менің алақаныма жұмсарып жібиін деді. Бетін бүйіріме басып, көйлегімді ыстық демі мен көз жасы қатар сулап, іштегі отын шығарып біраз солқылдап жылап алды. Біз отырғалы біраз уақыт өтті. Прошаның да іші сезетін шығар, ендігі сот бітіп полицайларды ататын жеріне алып бара жатқан болар. Носовецтен естігенмін, партизандарды сапқа тұрғызып қойып, оларды көп алдында атады. Əдетте атар алдында өздеріне көрлерін қаздырып алады. Бір ғажабы, қай жағы атса да, атылатын адам қарсыласпай, үн — түнсіз өз көрін қазып шығады. Құлағымды тосып тың тыңдаймын, əзір мылтық даусы естілген жоқ. Біраз уақыт өтті. Усачев пен полицай Тереха көрлерін қазып болып, самсаған мылтықтың қарсы алдында, өздерінің өлімнен де ұяты күшті, масқара ажалын тосып тұр ма екен? Қаншама қақ ортасында жүрсең де, қашан көзің жұмылып кеткенше

ажал деген сұмырайға бойың үйреніп кетпейді, құрғыр қорқынышты ғой, бірақ мынадай өлімнің қасында бетпе — бет келген жаумен айқасып өлген ақ өлім... ғой, өз адамдарың өңменіңе оқ таяп, кешірімсіз сазарып, саусақтарын мылтық шүріппелеріне басып тұрғанда, ондай ақ өлім тіпті қол жетпес бақыт болып та көрінетін шығар. Шынымды айтсам бұл оқиғаның боларына күні бұрын хабардар едім. Носовец кейбір істерін менің көзімше Қасымбекпен ақылдаса беретін, бір кеште осы жайлы əңгіме болған, оның сондағы асықпай отырып шегелеп айтқан сөздері айнымай есімде қалыпты. — Біз жаумен жаман соғысып жүрген жоқпыз. Əрине бұдан да мықтырақ соғысуға болар еді. Партизандар қатары да молырақ болуы мүмкін еді. Біздің бір ескермей жүрген үлкен олқымыз бар. Біз əлі жауға қызмет істеп жүрген опасыздарды дұрыстап жазалаған жоқпыз. Есіңізде болсын, Еділбаев, бұл біздің үлкен кемшілігіміз. Мұның астында қандай мағына жатқанын байқайсыз ба? Жаудың тылындағы халық немістің емес, біздің Совет үкіметінің күшін сезетін болу керек. Маған бір жақсы ой келді. Бірнеше полицайларды ұстап əкеліп, осында сот құруымыз керек. Түсінесің бе?— деп ол Қасымбекке тесіле қараған əрбір айтқан ойын саған бұлтартпай қабылдатқысы келіп бетіңе тесіле қарайтын əдеті бар. «Білемін, сен қу жалтармақсың ғой» деп тұрғандай оның өңменіңнен өтетін көк көзінен мен айыпты адамдай қысылып қипақтап қалатынмын.— Полицайларды, əрине, қапысын бағып жолын тосып атып тастауға да болады. Бірақ... арнайы сот құрып, үкім шығарып, заң жолымен атсақ... Байқайсың ба?— Носовец өзінің сəтті табылған ойына сүйініп, өңіне күлкі жүгірді.— Онда біз үкіметпіз. Заңымыз бар. Күшіміз бар. Оның халыққа қалай əсер ететінін білесің бе? А? Солай, жолдас Еділбаев. Əр нəрсенің түп — тамырына көз жүгірту керек. Сондықтан полицайларды ұстап əкелуге арнайы операция ұйымдастыруымыз керек. Анау, Усачев сволочты қолға түсірсек екен. Ол бұрынғы белсенді ғой, сондықтан оның қылмысы екі есе ауыр. Усачевы құрғырдың атын естігенде мен шіміркеніп қалдым. Шынымды айтсам оған жаным ашымақ тұрмақ бүйрегім де бұрмайды, тек оны осы араға əкеліп атпаса екен деп тіледім ішімнен. Прошканың осы халін сол сөзді естігенде — ақ көз алдыма елестеткенмін, бізге ұстап əкелгенше сол құрғырды біреу қисайта салса екен деген үміт — тілегім де ішімде жүрген.

Бірақ өз ойымды Носовецке айтуға бата алмадым: екі араға салып Қасымбекті қинауға да... Носовецтің жоспарын оның да бұздыра алмайтынын ішім сезді. Біраз нəрсені ақылға салып түсінгім келсе де затым əйел болғанға ма, ақылымды əлсіздігім, жанашыр сезімім жеңе берді. Соғыстың қатал заңына аяныштың əлі келмейді екен. Мұнда жүрегіңді тастай қылып жұмып алмасаң ит талағандай ырық — жырығы шығады, Соны білемін, бірақ қолыңнан келмеген соң білгеніңнен не пайда. Носовец маған сом темірден соғылғандай болып көрінеді. Осы əсерім дұрыс — ау деймін, соңғы кезде жұрт оны темір комиссар деп атайтын болды. Бұл өзі, мен əлі ұғынып болмаған үлкен шындыққа, бұлтарысы жоқ жападан — жалғыз шындыққа көзі мықтап жеткен адам, соны жұрттың бəрі түгел ұғып, қалтқысыз қабылдағанша тыншымайтын сияқты. Өзінің сенген нəрсесіне шек келтірмейтін адам ең бақытты жан, ондай адамның көңіліне күмəн дегенің ұрланып кіре алмайды, сондықтан да ол күшті, өзгеден өктем болмақ. Қашан да өзіңдікінің дұрыстығын сезініп, бір демің жоғары тұрмаса өзгелерді қалай бағындырмақсың. Өз бойымда болмаған соң ба, Носовецтің осы бір бітеу жаралған тұтастығынан қаймығамын. 11 Meн осы землянкаға жасырынғалы, топшылауымша бес — алты сағат уақыт өтті, шамасы түс қайтып, күн де еңкейген шығар. Манағы талып естілген атыс бірде күшейіп, бірде талмаурап барып үзіліп, қайтадан естіледі; соған қарағанда орман шетіне бекінген партизандар бірден шегініп кетпей, неміс шабуылын əзірге тежеп қалған түрлері бар. Атакаға шығып, лап берген жаудың алғашқы қарқынын бір тойтарып тастауға шамасы келсе, екпіні бір қайтып қалған жау жылжып, үңгіп кірмек болып көп шығынға ұшырап берекесі қашады. Соғыс даусынан аңғарғаным дұшпан осындай халге душар болған сияқты еді, мүмкін тіпті тойтарыс берер, енді жылжымас деген тəтті үміт те көкірегімді жылыта бастады, кенет атыстың іргеме жақындап қалғаны сонша тіпті бұршақтай шашылып пытырлаған автомат пен дүрсілдеген пулемет дауыстарының жігі ажырап естіледі, əрі кеткенде үш — төрт жүз метрден алыс емес. Соғыс тура менің үстіме келер ме екен, əлде бір бүйірден жанап өтер ме екен? Ойым əр саққа жүгіріп, үміт оты бір тұтанып, бір сөнеді, əйтсе де көңілі түскірім сезеді: көбелек қуып келе жатқан жау бұл орманды партизандардан арылтпай, сірə тыным таппайды,

бірақ партизандардың да бұл орманды тастап кететін ойы жоқ. Өздері əр шұқырын жатқа білетін орманның ішінде қашқақтай ұрысып, тереңге тартып, із адастырып, əрі — беріден соң немістердің өтіп кеткен жеріне қайта оралып естерін тандырмақ. Биылғы көктемгі қырғында, партизандар көп шығынға ұшыраса да, осындай əдіспен жан сақтап қалған — ды. Олардың осындай түлкі құйрық соғысына еруім қиын болғандықтан екі баламен осы үңгірде жатырмын. Соғыста жүргендерге қарағанда үңгірде тығылып жатып күту онша қиын емес — ау, тек азық жағы көбірек қинайды. Əсіресе биыл қырық үшінші жылдың жазы өте ауыр болды. Ел де əбден титықтаған, өздері аштан ісіп — кеуіп отыр, қолға ілінер еш нəрсе жоқ. Майдан жақындаған соң немістердің əскері қоюланып, күзеті күшейіп, олардың обозын тонау да қиындап кетті. Осы қалың орманның ішінде біз дəмін татып көрмеген шөп те қалмаған шығар. Саңырауқұлақ пен жеміс — жидек табыла берсе жақсы ғой, ол түгіл қымыздықтың өзі кездесе бермейді. Кішкене су кездессе барып тартамыз, бірақ бұл жақтың суларында қамыс қоға аз болады екен, далада өсетін тəтті тамырлар да жоқ. Кейде көзің қарауытып кез келген жапырақ пен шөптің сабағын шайнайсың, олардың жеуге жарамайтын сабағы ішек — қарныңды бүріп, жүрегіңді айнытып құсқыңды келтіреді. Аш өзекке лоқсығанда ішіңді сыртқа айналдырып шығарғандай суырып, көзіңнен жасың парлап, құрсын айтары жоқ, ит азапқа түсесің. Аштық шіркін қарата ма, кейде партизандар командирлерінің бұйрығын аттап көлік етіп жүрген жалғыз аттарын да сойып алады, орыстардың жылқы етіп жемейтіні жайшылықта екен. Дулатым екіге жуықтаса да емшектен айырғаным жоқ, тамақтан өтетін түйір таппай қалған кезде өз сүтіммен асырап келем. Оған енді міне, кішкентай Света қосылды. Ал Светаның бізге келгелі өмірі тіпті қиын болды. Тіршілік ауыртпалығын айтпаймын, оған мен де төзіп келем ғой, Николаймен екеуінің арасы барған сайын нашарлай берді. Анау да бір кіп — кішкентай болып алып жібімейтін пəле екен ,тіпті темір шегедей қатып қалды. Алғашқы күні бір жаман мінез көрсетті. Кешке қарай Света екеуміз оңаша отыр едік, мен кейіген соң, Қасымбек те, өздері оңаша болсын деп, үйге онша жолай қоймаған, бір кезде зілмəнкеге Николай кіріп келді. Қайтып оралғанынан үміт етіп бетіне

дəмелене қарап едім, көңілім басылып қалды, сол манағы қалпы сызданып тұр, қайта бұрынғысынан да ісініңкіреп кеткен сияқты. — «Əйтсе де біз екеуміздің оңаша сөйлесетін сөзіміз бар сияқты. Жүр, сыртқа шығайық»,— деді ол Светаға. «Ендеше мен сыртқа шыға тұрайын» деп екеуінің оңаша сөзінен үміт етіп оңтайлана беріп едім: — «Жоқ. Біздің сыртқа шығып сөйлескеніміз дұрыс» деп Николай мені тоқтатып тастады. Света қорбиған сырмақ күрткесін иығына ілді де, үн — түнсіз Николайға еріп сыртқа шығып кетті, мен неғыларымды білмей аңырып тұрып қалдым. «Жылды кісінескенше, адам сөйлескенше», мүмкін екеуі сөйлесе келе ұғынысар деген əлсіз үмітім, Николайдың безеріп тұрған түрі көз алдыма елестегенде, сөніп қалды, жаңағы ісініп кеткен кескінінен жақсылық күтуге болмайды. Бір жамандықты сезгендей жүрегім мұздап, сасқанымнан не дəрмен қыларға білмей аз уақыт селтиіп тұрып қалыппын, содан сыртқа жүгіре шықтым. Екеуінің қай жаққа кеткенін де білмей қалыппын. Құдай оңдап, сыртта Проша кездескені; ол менің жау қуғандай аласұрған үрейлі ұсқынымнан шошынып көзі бақырайып кетті. — «Не болып қалды, Надя апай? Түріңіз қашып кетіпті ғой. Не болды?» дейді үрпиіп. — «Жаңағы... Николай... Николай мен Света қалай қарай кетті?» Проша олардың кеткен жағын сілтеп, менің соған бола неге сонша үрейленгеніме түсінбей таңырқап қала берді. Көктемгі дымқыл орманның ішінде қарайып кеткен ескі жапырақты етігімнің тұмсығымен күреп жүгіріп келем. Əлі көк шықпаған, ағаш, бұталар сидам, орман іші ашық болғанмен əлгі екеуі көрінбейді, «əлде басқа жаққа бір жыраға бұрылды ма» деп алақтап жан — жағыма қараймын. Алдымда кішілеу сай бар екен, соның ернеуіне келгенде ылдида тұрған Николай мен Светаны көрдім, олар мені байқаған жоқ.

Екеуінің не сөйлесіп үлгергендерін білмеймін, менің естігенім Светаның: — «Жарайды. Білгеніңді істей бер» деген сөзі ғана. Николай бір — екі қадам шегініп, пистолетінің қорабын ағыта бастады. Сайға қалай домалап, жүгіріп түскенімді өзім де білмей қалдым, даусым да қаттырақ шығып кетсе керек, Николайдың қолы пистолеттің қорабында қалды, солай бүйірін таянған күйі маған таңырқап үрпие қарады. Мен келе Светаны құшақтай алдым. Сіресіп тұрған Светаның денесі бірден босаңсып, əлсіз қолымен менің мойныма асылды, аяғының да буыны кетіп, бар салмағымен мені төмен қарай тартып барады. Екеуміз жұмсақ дымқыл жерге отыра кеттік, Светаны қорғаштап бауырыма қыса беріппін. Ентігімді басып қайта бұрылып қарағанымда Николай сайдың қабағына шығып барады екен, шымыр денесі сірескен күйі артына қарамай, дік — дік басып əрі қарай асып кетті. Светаның қаны қашып, бетіндегі секпілдері баттиып, ерні кезеріп, өңі əбден жүдеп қалыпты. Ажалы құрғырдың кейде алдындағы қорқынышынан, артындағы қорқынышы күштірек болады, жаңа ғана ет қызуы, ерегіспен оқтан тайынбай тұрған қайсар Света, басына төнген ажалдың бар салмағын енді ғана сезіп, оның сұмдық үрейін де бойына енді сіңіріп, əлсіреп қалды. Құшағыммен сезіп отырмын, бір — екі рет денесін қалтыратып тұла бойында діріл жүгіріп өтті. Тұңғыш рет көкірегімде үлкендік сезім оянып, Светаны оттан құтқарып алған баладай бауырыма қысып, иығынан сипаймын. Сірə, бірінші рет менің панамды сезгені осы болар, Света да менің құшағымнан босанып кетуге асықпады. — «Сен үлгермегенде ол атып тастайтын еді» — деді аздан кейін, жайымен сұлық қана. Осы оқиғадан кейін Николай, əйтеуір мен білгенде, Светамен тілге келген емес, бір отрядта жүріп екеуі қайткенде де бір — бірімен кездеспеудің, кездесе қалса бір — бірін байқамай өтудің амалын табады. Света тұрсын ол менімен де, тек кездесін қалғанда бас изегені болмаса, тілдесуден қалды. Светаны қалай жалғыз тастаймын, көбіне екеуміз бірге болған соң, Николай енді бұрынғыдай қолы бос кезінде біздің зілмəнкемізге келін карта ойнап, мəслихат құру былай тұрсын, тіпті бас сұғуды да қойды, Қасымбек те екі əйелдің ортасында не бітірсін, бөлектене

бастады. Өңшең бойдақтардың ішінде жалғыз ерлі – зайыптының жүргені ерсі екен, өзім де оның еркектердің арасында көбірек болғанын жақсы көрем. Света мен Николайды татуластырғым келіп талай ойландым да, бірақ соның жолын таба алмай — ақ қойдым. Николай деген, бұрын адам сияқты елгезек, кейде бір — ақ жарқын мінезі болушы еді, енді суға салып, шиелеп байлап тастаған қайыстай түйілді де қалды. Оны шешетін айласын таба алмай, Қасымбекке қыңқылдап көріп едім, о да еш нəрсенің ретін келтіре алмады, «осындай нəрседе араға түсудің өзі қиын»,— деп қиналды. Бұл жағдайды, егжей — тегжейіне дейін тінткілеп, оңашада көп ойланам, бірақ өзім де дұрыс шешімін таба алмай қиналам. Ес білгелі құлағыма сіңген қасиетті бір ұғым бар — ақ некемен қосылған жұбайыңның көзіне шөп салу үлкен қылмыс. Еркек намысы деген қиын болады, еріңді масқара қылып жерге қаратпа. Осы күнге дейін осы сенімім, осы өзгермес шындық көңілімде қобалжып көрген жоқ — ты. Бірақ Светаның жағдайы бөлек қой, мына жан алып, жан беріп жатқан заманда адамның бір оғаш басқан қадамы, қасіретті қателігі... Ау, бəріміз де сағат сайын өлім күтіп, оқтың астында жүрміз ғой... Бірақ өмір деген құрғыр ажалдың аузында, оқтың астында жүрсең де сол өмір екен, қолың тиіп кетсе ойын — күлкің, əзіл — оспағың, түк болмағандай, қайтып оралады; бір — біріңе ренішің, өкпе — назың, ұрыс — керісің, о да қабаттасып жүреді, əркімнің құдай берген мінезі мен бойына сіңген ұғымы, бұ да қалмайды. Қандай тірлікке салсаң да адам пенделігін істемей қоймайды екен, жай кезде болса бір сəрі — ау, дəл мына жағдайда келіп еркек намысы насырға шауып, онсыз да қиын тірлігімізді тіпті ауырлатып жіберді. Айтып отырмын ғой, тіпті сыпсың сөз, өсегің де сумаңдап қалмайды екен. Света мен Николайдың арасындағы жағдай сыбыр — күбір сөз арқылы жетті ме, əлде ерлі — зайыптының арасы күрт үзілгесін өздері аңғарды ма, əйтеуір бұл жағдай партизандарға да жеткен тəрізді, мен оны жұрттың томсырайған түрінен танимын. Светамен ешқайсы танысып, біліскісі келмейді, бойларын аулақ ұстайды. Əрине, осы бір жағдай болмаса олар, жаудың қақ ортасында жансыз болып, астыртын жұмыс жүргізіп, партизандарға керек ақпар беріп тұрған мықты барлаушы Смуглянкамен танысып білісуге, тіпті оны көруге қандай құштар болар еді, қазір оны

білсе де білмегенсіп, көрген жерде байқамағансып жүре береді, Светаның халін əбден сеземін, бірақ тағы да сол, оған жұбаныш айтар, жəрдем етер қайраным болмай, оның қасіретін көкірегіме құйып алып, қосарлана қиналам. Біреудің Светадан теріс айналып кеткені де, не айыптай қараған сұқ көзі де жүрегіме қылқандай қадалады, кейде шап етіп ондайлардың бетінен алуға аз — ақ қалам. «Бұл əйелдің ерлігі, еңбегі кімнен кем? Қай сағатта, қай минутта ұсталарыңды білмей, қалың жаудың қақ ортасында осының істегенін істеуге қайсыңның жүрегің дауар еді?» деп шақылдап ұрысқым келеді. Бізге келген соң көп ұзамай, майдың басында Света босанды. Байғұстың шеккен азабына орай тағдырдың рахымы түсті ме, толғағы менікіндей ауыр болған жоқ, оның үстіне күннің жылынған, лагеріміздің де жау шабуылынан саябыр тапқан кезі болатын. Светадан жасым кіші болса да бұрын босанып, оны — мұны біліп, көзқарақты болған менің де көмегім тиді. Партизан өмірінде де кейде қолың босап қалатын тіпті зерігіп ішің пысатын мезгілдер де болады, тапсырмаға шығып, жортуылға қатыспайтын Света екеуміздің ондай уақыттарымыз көбірек: ондайда əңгіме шертеміз, өткен — кеткенді еске аламыз, баяғы өзіміздің полктың əйелдері есімізге түседі. Арада сонша ұзақ уақыт өтпесе де, солардың біразын ұмыта бастаппын, мына зобалаңы құрғыр ұмыттырмай қоя ма. Елизавета Сергеевна мен Алевтина Павловна бірге кетіп еді, байғұстар қазір қайда жүр екен. Ұрысқақ Муся қаза тапты ғой. Алевтина Павловнаның қолында баласы бар еді — ау, бір жерді паналап жан сақтаса жақсы ғой. Менен гөрі көзі қарақты, оң — солын біліңкірейтін Светаның да олардан хабары жоқ. Ираида Ивановна екі баласын жоғалтып, екі баласымен жолда қалып қойып еді. Мына сапырылысқан соғыстың ішінде қаңғалақтап бір жерде жүр ме екен? Олармен енді қайтып қауышуымыз екі талай. Света екеуміздің қайта ұшырасып, одан ерлерімізбен кездесуіміздің өзі таңғажайып нəрсе, бірақ бұл кездесу маған қайыр болғанымен, Светаға қайғы болды. Айттым ғой, қасында қара демесең менің кісі қайғысына жұбаныш, медет болар септігім шамалы, Света өз қайғысын өзі арқалады да, соны қайыспай көтерді. Сонау сай бойында мылтық кезегеннен кейін ол Николаймен тілге келген емес. Əрине Николайдың да сөйлескісі жоқ, бірақ кім біледі, кездесіп қалғанда айыбын сезіп бұны түсініп, жалынышты

кейпімен жаутаңдай қарап, бір ауыз жылы сөз дəметіп, тіл қатысудың амалын іздесе, еркек намысы қанағаттанып, көңілі жібіп, беті бері қарар ма еді, Света өйткен жоқ. Күйеуінен көңілін бірден үзіп тастады да, онымен арасында түк болмаған, жай таныс адамдай қаннен — қаперсіз жүре берді, Николайға сірə осы мінезі қаттырақ батты ғой деймін. Біраздан кейін Светаның келгендегі мінезінің өзгеріп кеткенін аңғардым: босанғаннан кейін бір қатерден құтылып, көңілі орнына түсіп, денесі сергіді ме, əлде жан дүниесінде күшті өзгеріс болды ма, енді бастапқы жабырқау, бұйығы халінен серпіліп, зіл басқан еңсесін көтеріп алды. Баяғы жақсы күндердегісіндей жылы шырайлы, майда қоңыр нəзік мінезді Светам қайтып оралғандай қуанып едім, аңғарыңқырап байқасам бұрынғы балғындығы мен ұяңдығы жоқ, өз мінезіне өзегі қатайып өзгеріп оралған сияқты. Hұp ұялаған жұмсақ жүзі өткірленіп, өңіне қатқылдық кірген, ішкі пружинасын қаттырақ бұрағандай ширатылыпты. Николайға көрсеткен мінезін өзгелерге де көрсететін болды. Байқамағансып кемсіткендерді бұ да байқамайды, айыптай қараған сұқ көздерге айылын да жимайды, тіпті елемейді; ондайда аналардың өздері қорланып қалады екен. Əдепкіде Светаның айыбын бөліп арқаласып, жүзім төмендеу болып жүрсе, енді досым үшін көңілім іріленіп, мен де марқайып еңсемді көтеріп алдым. Осының бəрін Света əдейі ерегіспен істесе, онда мінезі ерсі болып, өзі кішірейіп қалар еді, бірақ зорланбай өзінен өзі солай боп шығып жатқан соң, өзгелерден биіктеп іріленіп кетеді. Соны сезген төңірек те Светаға қырын көзқарасын қойып, беттері түзелді. Босанып есін жиып, өзіне келгеннен кейін, тұрмыстың ауырлығына қарамастан Света қайтадан түрленіп, ажарланып кетті. Қаңсып жүрген сүр бойдақ партизандар емес пе, енді кейбіреулер бұл келіншекке тамсанып, ұрлана көз тастайтынды шығарды, бірақ одан əріге бата алмайды. Светаның басы бос та, бос емес те сияқты, сондықтан екі ұдай дүдəмалдықтан аттап өте алмай ма, олар да осы келіншектің өздеріне бөлегірек тұрған биіктігінен қаймыға ма, не де болса əйтеуір батып сөз айтпақ тұрсын, қысыр қалжыңмен барлау жасап, сүйкенушілер де болған жоқ. Оларды тежеген осы соңғысы шығар, болмаса безіп кеткен Николайға бола іркіле қоймайтын батыл жігіттер де баршылық қой. Жəне нəпсі дегенді соғыс елей бермейді, қайта таяу тұрған ажал оны өршітіп жібереді. Бəрін ұмыттыратын да, барлық жараны жазатын да уақыт қой. Уақыт

өткен сайын алғашқы айнудың уыты қайтып, əрқайсы сабасына түсіп, қимастық жеңін, Николай мен Светаның арасы қайтадан жақындасар ма екен, мүмкін тіпті табысар ма екен деген көңіл түкпірінде бұғып жатқан əлсіз үмітім болып еді, ол үмітім сөніп барады. Светаға осы ойымды білдіруге жарасын қасығандай ыңғайсыз көріп, бата алмаушы едім, ақыры шыдай алма тіл тартып көрдім. — Шынымды айтсам əуелі менің де сондай ойым болып еді. Бірақ қазір енді...— деп Света іркіліп қалды. — Неге? Николай сондай қатал жігіт емес қой. О да жібір. — Оған күмəнім бар. Ол өзі тым намыскер. Бірақ өзімнің көңілім қалды. — Көңілім қалдысы қалай?— деп таңырқап Светаның бетіне бажырая қараппын. Света маған баланы мүсіркегендей жылы шыраймен сəл жымия қарап, бір күрсініп алды, дүниеде осындай көзқарас жаман, өзің алдыңдағы адамнан өреңнің төмендігін сезіп, кішірейіп қаласың. — Сонда немене менің көңілім ешкімнен қалмауға тиіс пе? Ренжуге де хақым жоқ па? — Əрине, енді... Бірақ Николайдың айыбы жоқ қой. — Əрине, айыпты менмін. Менің өзімнен басқа ешкімге ренжуге қақым жоқ. Сонда астын бүлдіріп алған қаншық сияқты аяғына жығылып, етігін жалауым керек пе?— Адамға дөкір сөз айтып көрмеген сыпайы Светаның аузынан «қаншық» деген сөзді осымен екінші рет естідім. Екеуінде де өзгеге емес, өзіне ғана теліп айтты, бұ жолы да, сонау орман ішіндегідей беті безеріп кетті. Meн үрпиіп шошына қарап қалсам керек: — Сен түсінбейсің ғой, Надя,— деп мүсіркегендей сəл езу тартты, безерген беттің жымиғаны да жаман болады екен. Жоқ, Светаның ашынып айтқан бір ауыз сөзінен көп нəрсені түсініп қалдым. Бұрын байыбына жетіп ойламаппын, шынында да айыпты адам мен айыптаушы адамның арасында қандай теңдік болмақ. Бірі өмір бойы

өзін қорсынып жүрсе, бірі кешіргенін бұлдап, жарылқағандай ерсініп жүрсе... сұғанақ көздерге сырты бүтін көрінгеннен басқа не пайда. — Мұндайды бүтіндеу үшін өте күшті махаббат керек,— деді Света аздан кейін, көңілім басып ойлана сөйлеп.— Ондай махаббат менде жоқ. Егер ондай махаббат болса ақылыма əл бермей шашымды жұлдырып, еңіретіп аяғына жығар еді ғой. Ондай махаббат Николайда да жоқ болып шықты. — Неге, Николайдың сен дегенде шығар жаны басқа емес пе еді?— дедім мен.— Тек əншейін намысы буып... еркек емес не? Болмаса ол сені əлі де жақсы көреді. Қимайды. — Мүмкін. Бірақ нағыз махаббат намыстан да аттап өтеді. — Еркек намысы деген оңай ма, ойбай — ау. Оның үстіне кілең жігіттердің арасында жүрген соң... Олардың кекесінді көзқарасының өзі намысын шабақтап болады ғой. Еркектің сыры белгілі ғой, ол тек содан қорқып жүр. Болмаса, құдай біледі, ол сені жақсы көреді. Соны менің ішім сезеді,— деп Светаға бар білген шынымды айттым. — Оны да білемін,— деді Света байыппен.— Мен көп ойланғанмын. Сенімен орман ішінде ажырасқаннан бері мені не ойламады дейсің. Николай да сол ойлаған жерімнен шықты. Ойлап қарасам ол өзгелердікінен сұлу əдемі əйелді қолына түсіріп, соны жақсы көріп, иə, жақсы көріп, жұрттан қызғанып қызғыштай қорып жүрген адам екен. Енді сол аяныштысын ит жыртып кеткен соң іші күйіп өлердей болып жүр.— Светаның өңіне ащы мысқыл ойнап шыға келді.— Meн сұлу əйел емес — адаммын. Шын жақсы көрген адам ең алдымен, сол адамның қасіретін түсініп, қайғысын бөлісу керек емес пе? Светаның мына сөзіне мен қатты тоқырап қалдым. Менен білікті ересек, оның үстіне қасіреті қатты толғантқан əйел... менің алдымнан бір терең шындық ашып отыр. Сол шындықтан мықтап ұстанғым келіп, ойыммен қарманам, бірақ қолыма ілікпей уысымнан шығып кете береді. Менің ана сүтімен бойыма сіңген ұғымымда əйел еркектің құдай қосқан қосағы, басыбайлы, өмір бойы еншісіне тиген адамы, басқа ұғым болады деп ойлаған да жоқ едім. Еркек бас, үйдің иесі, бала — шағаның иесі де сол. Қамқа əжем де «шапылдап еріңнің бетінен алушы болма» деп

үйреткен. «Əйел теңдігі» деген де мен үшін, мен үшін ғана емес — ау, бүкіл қазақ əйелдері үшін, көңілі қалған адамына қосылудан əріге онша ұзап шыққан емес. Ал, өзім көрген орыс əйелдерінің теңдігі біздікінен молырақ болғанмен ерінің жалақысын қолына алу, ерлерімен бала бағу, жаялық жуу тəрізді үй — іші от басындағы жұмысты бөлісуден əріге бармайтын сияқты еді. Мына Светаның айтып отырғаны басқаша, ол тіпті еркектік, ұрғашылық шаруасынан да биігірек. Сонда ерлі — зайыпты адам қанды көйлек дос болған екі ер азамат сияқты терезесі тең... бірін — бірі сыйлайтын, түсінетін... қасіреті болса қақ бөлісетін... тоқта... тоқта... мына ойы түскірі мені қайда алып бара жатыр? Солда мен Қасымбекпен теңмін ден жүрсем кем болғаным ба? Бұрын ойламаппын — ау, енді ойласам ар жағы аңырайып ашылып барады. Ол үлкен, мен кіші жас жағын айтпаймын — ау, ол қамқоршы мен соның қамқорындағы пенде, ол күшті мен осал. Əрқашан да оның бір демі үстем, мен оның ығындамын. Тіпті бір ауылды аузына қаратқан Қамқа əжемнің өзі «еріңнің бетіне келме», «еріңнің сағын сындырма» деп үйреткен жоқ па; өзі үстем бола тұрып, еркектің үстемдігін о кісі құлағымызға сіңірген. «Əйел жолы жіңішке»— өзім ес білгелі бұл сөзге қарсы дау айтқан қазақ əйелін көрген емеспін. Əйел аяғын қия баспауға тиіс. Əрине қазақ əйелінің бəрі бірдей етегіне намаз оқып отырмаған шығар, бірақ ондайда іс насырға да шаба бермейтін, байлары қамшының астына алып, тарсылдатып сабап алады да бітісіп кете береді. Қатын қоя берген қазақ, кейін көбеймесе, əзірге азғантай. Дегенмен күйеуінің көзіне шөп салу масқара. Ал, ондай істі еркектер істесе, масқарасы тұрсын мақтаныш. Өзім көрген орыс əйелдерінің ішінде кейбіреулері «мен күйеуімнің опасыздығына төзе алмаймын» деп мақтана паш етіп, күйеулерінің аяғын қия бастырмай, əр қадамын аңдып əлек болатын. Аңдығаннан кейін — ақ адалдықта қандай қасиет қалатынын білмеймін. Светаның осы бір сөзі менің кішкене миыма сыймай басымды шырдай қатырды. Бірақ қиын да болса еліктіріп əкетіп барады. Сол ойды қуалап келе жатып, адасып қалып, ауытқып кете берем. Дегенмен бір нəрсенің ұштығынан ұстаған сияқтымын. Əрине, бұл «мен тең болам» деп еріңнің əр қадамын, істеген ісін, сөзін өлшеп, есеппен теңесетін теңдік емес, бұл бірін — бірі жақсы көрген екі адамның ақыл ойының теңдігі, түсінісуі... Мəссаған, тек сонда ғана қалтқысыз, шындап сыйласуға болады екен — ау. Николай Светаны шынымен сүйіп, дос, жолдас жақын адам деп сыйласа, жұрттың кекесін мазағына бір түкіріп, тіпті қосылмаса да, оның қасіретін түсініп, білуге тырыспас па? Ал, Света болса, ішінен сезеді, сұқ көздерге,

ішінен жегідей жеп жатқан жан жарасымен жалғыз алысып келе жатқан жоқ па? Тірі болса бұл азабы бүгінмен бітпейді ғой, сонда қасындағы жары қайда? Meн бір ұзын сонар ойға түтіп кетіппін. Светаның бір рахаты, сенімен іштей сөйлесіп отырғандай ойыңды бөлмейді ғой, кенет ұйқыдан оянғандай басын көтеріп алып: — Света, дұрыс айтасың. Дұрыс,— дегенде ол селт ете қалды. — Нені?— деп таңырқай қарады да, менің ойымды түсініп, «а — а» деп езу тартты. — Шын жақсы көрген адам... қасіретке түскен қосын жалғыз тастамау керек. Əйел мен еркек етек басқа да... былай терезесі тең дос, бір — біріне серік, сүйеніш болуы керек емес пе? Meн сені түсінемін,— дедім. Светаның не түсінгенін білмеймін, жаман орысшаммен бытып — шатып жеткізгенім осы болды. Ар жағымда сайрап тұр, бірақ оны мен орысша түгіл қазақша айтып та жеткізе алатын емеспін, əйтеуір сонда да Света бір нəрсені ұқты — ау деймін. — Бір — бірімізді түсінген сияқтымыз,— деді де сол жымиып езу тартты.— Орман ішінде бала емізіп отырған екі қатынның əңгімесі тым алыс философияға алып кетіпті ғой,— деп күлді содан кейін. Светамен арамыздағы осы əңгіме мені біраз толғантса да, шынымды айтсам, Қасымбектен терезем тең, өріс — өрем деңгейлес, деген ой мені бұрын да онша мазаламайтын, кейін де көп толғанта қойған жоқ — мені қинағаны осы отрядта жүрген өзге жұртпен теңелу болды. Иманды болғыр Дуня апайдың үйінде балпиып жатып алғанда онша қиналмаушы едім, ал мына жаумен жағаласып жорықта жүрген адамдарға, он жерден командир əйелі болсаң да, салмақ салу тіпті ыңғайсыз екен. Əрине салмағың жалғыз күйеуіңе емес, көпке түсетіні белгілі, ондайда біреудің болмаса біреудің сұқ көзіне ілінесің. Дүниеде, өзгелерге масыл болып жұрттың сұқ көзіне іліккеннен асқан қорлық бар ма, осыны ішім сезіп, елегізіп, лагерьге келген күннің ертеңінен — ақ мына жұртқа масыл болмаудың амалын ойлап, жан — жағыма алақтап екі қолыма жұмыс іздедім. Осындайда атам қазақтың айлакерлігінің бір пайдасы тиді. Босанған

соң шуы кеппей жатып — ақ, белін түрме белбеумен тас қылып таңып алып, орнынан тұрып, малын сауып, қазан — ошағына қарап, шаруасына кірісіп кететін қазақтың əйелі емеспін бе, мен де бауырымда балам бар екен деп балпиып отырғаным жоқ, оның үстіне өмірдің өзі — ақ мені іске араластырмай қоймады. Үй — күйсіз, орман паналап жорықта жүрген еркектердің, бір мен емес, мен сияқты он шақты əйелге жетерлік тіршілік мұқтажы болады екен. Еркектер кір — қоңын өздері жуғанмен, жыртық, тесігін жамау қолдарынан келе бермейді. Күнде жорықта жер бауырлап еңбектеп, бұқпантайлап жүргенде шөгір мен шөңге, бұтаның тікенегі киімді қоя ма, қазан — ошақты былай қойғанда, осы əркімнің жыртық, тесігін жамаудың өзі бір басымнан асып жатыр. Жəне партизан өмірінде қат емес нəрсе жоқ, көбіне тігетін машина жіп те болмай қалады, мұндайда да сол қазекемнің мұқтаждық үйреткен жоқты бар қылатын өнерінің пайдасы тиді; бір жапырақ шүберек болса соны суыртпақтап, ширатып жіп жасап алып тіге беремін. Əуелгі кезде, командирдің əйелі, оның үстіне жөргекте баласы бар, деп партизандар маған ұсақ — түйек жұмысын айтуға бата алмаушы еді, бірақ бір кемедегі сияқты жорықтағы өмір де үлкен мен кішінің айырмасын азайтып, адамдардың арасын жақындастырып жібереді екен, партизандар маған да тез үйреніп алып, еркектердің ебедейсіз қолынан келмейтін істерін іркілмей əкелетін болған. Ондайда, рахмет жауғырлар, «ой, Надя, сен болмасаң біздің күніміз не болмақ», «сен болмасаң қолымыз кесіліп қалғандай» деп қолпаштап, жарым көңілімді марқайтып кетеді. Əсіресе бір бағамның көтерілген жері болды. Партизандар ашыққан кезде біреу ғайыптан бір қап бидайды қолға түсіріп лагерьге алып келіпті. Алғашқыда қуанып қалған партизандар, орман ішінде оны тартатын диірмен жоқ, неғыларын білмей қатты састы. Біреулер «қайнатып жесек қайтер екен» деп дағдарып, шыдамағандары шикі бидайды шымшып ауыздарына салып талмап жатыр. «Диірменнің де, қайнатудың да керегі жоқ, қазір пісіріп берем» дедім де, таяқтың басына шүберек орап былғауыш жасап алып, бидайды қуырып жібердім. Быртиып, қызара бөрткен ыстық бидайды күрт — күрт шайнап жұрт мəре — сəре болды да қалды. «Ой, мынау не деген тəтті» деп маған алғысты жаудырып жатыр. «Как у тебя здорово получается? Бізге де үйретші» деп жалынады.

Өстіп, баламды көтеріп жүріп — ақ партизандарға кəдімгідей сіңісіп алдым, өзімнің орным, істейтін толып жатқан шаруам бар, қажеті келіп қалғанда «Надя қайда?» деп іздеп жатады. Тек қоныс ауыстырғанда, немесе лагерьге дұшпан төтеннен шабуыл жасаған кездерде ғана өзгелерге ауыртпалығым түседі, бірақ біздің партизандар оған да үйреніп алған. Талайды көрген солдаттардан естуіме қарағанда — майдандағылардың да бəрі бірдей жаумен бетпе — бет соғыспайды екен, біразы штабта, обозда, тылда сол соғысқандардың жабдығымен жүретін көрінеді. Соған қарап, тікелей соғыспасам да сол соғысқандарға қолғабысым тиетінін көріп масылдық сезімнен айыққанмын. Жоғалып кетіп Қасымбекпен қайта қосылған өмірім оқып келе жатқан кітаптың жыртылып қалған біраз бетін амалсыз аттап өтіп ар жағынан жалғаған сияқты болды ма қалай, əйтеуір əдепкіде үзіліп қалған, жетпей тұрған бір нəрсесі болды. Үш — ақ ай отасқан жас келіншек пен жас күйеу, қызығы басылмай жатып бір — бірінен айрылып қалып, енді келіп, аяқ астынан баласы бар, үйлі — баранды ерлі — зайыптар болып табыстық. Осы бір хəліміз екеумізге де тосындау көрініп, оның үстіне аздап жатырқасып та қалған екенбіз; соны білдіртпеу үшін, алғашқы күндері бір — бірімізге артығырақ ықылас көрсетіп, орынсыз елпектейтінімізді де байқадым. Күйеуіме деген бұрынғы жақындығым, ол жайлы бұрынғы білген — түйгенім өзгеріп кеткен бе, əлде екеуміз де өзгеріп кеткенбіз бе, əйтеуір бір-бірімізді қайтадан танып келе жатқан сияқты болдық. Екеуміз қайтадан ұшырасқаннан кейін ортамызда бала тұрды. Сəбидің алғашқы қызыл шақа шарана кезінде, Қасымбек балаға онша ықыласты болмады, менің көңілім үшін баланың бетіне қарап кішт — кішттеп ыржиғанмен, ар жағында осы бір ғайыптан пайда болған қызыл шақаны іштей жатырқап тұрғанын сезетінмін. Содан кейінірек сəби адам бейнесіне кіріп, бет — бедері айқындалып, бетіңе қарай ыржиятынды шығарғанда Қасымбек тіпті өзгеріп кетті. Баласын қолына алып, сілкілеп күлдіріп, соның езу тартқанына мəз болып, «көрдің бе, көрдің бе?» деп мені жұлқылап, қуанышқа кенеліп қалатын болды. Əсіресе, алғашқы кезде қолы босап кетсе — ақ баласымен əуре, жас сəби күн өткен сайын тосын бір мінезі мен қылығын танытып отырады ғой, Қасымбек соның əр қылығын өзі ғана көріп, шешесі көрмей қалатындай «мынаң қарашы, қарашы» деп менің мазамды алады, «көргенмін, білемін» деп қайрылмасам кəдімгідей ренжіп қалады. Əрине, көбіне екеуміз баланы бірге қызықтап, қосыла мəз боламыз. Қасымбек мені сүймей, баласын аймалай береді деген қызғаныш

жоқ кеудемде, оның баласына деген ықылас — мейірімі менің де ішімді жылытып қоя береді. Күйеуім қазекеңнің көп еркегі сияқты, кəдімгі балажан болып шықты. Абзалы, балажан еркекті əйелі де жек көрмейді ғой. Кішкентай Дулатжан ата — анасына ғана емес, белгісіз түзде жортып отбасы ошағының жылуын аңсап жүрген еркектерге де жақсы ермек болып алды. Өтіп бара жатқан біреуі қайрылмай, оны еркелетпей кетпейді, кішкене сəбиді көргенде партизандардың түзде тотыққан суық жүздері жылып қоя береді. Ылғи кісі өлтіріп, өздері де сағат сайын ажал тосып, ыстық пен суыққа, жақсылық пен жамандыққа қатып алған сұсты еркектердің сауыстанып кеткен жүректеріне, кішкентай қорғансыз сəби бір тамшы жылу тамызып еткізеді. Байқаймын, сын сағаттарда қанша ауыртпалық — əлегі болса да, мына қарғыс атқыр, мұздай суық, сұрқай өмірдің ортасында жылтыраған кішкентай нəзік шырақ... бəрінің көзін тартып көкіректерінде мейірім отын тұтататын сияқты. Қолы босап кеткендері — ақ Дулатпен əлек болып, оны секіртіп, атқылап қағып алып, баладан бетер өздері мəз болып жатқанын көрем. Қасымбек жұрт көзінше, төңіректей беруге ұялғанмен баласын сүюге ұялмайды. Енді ол маған деген ішкі сезімін тікелей білдіруге қысылып, осы бала арқылы жеткізіп жататын сияқты, не де болса, əйтеуір екеуміздің ықылас — пейіліміз осы кішкентай нəрестенің балғын тəнінің үстінде түйіседі. Бұл бала екеуміздің жақындығымызға бұрынғыдан басқаша, бөлекше бір сипат мағына берді; əлі сыр мінез болып, сырына қанықпаған, жаңа ғана үйренісіп келе жатқанда соғыс ажыратып, жатырқатып тастаған екі жастың арасын бірден жалғастырып, бір ұя қылып, кіндігін біріктіріп жіберіп еді. Сөйтіп, аяқ астынан үй болып кеттік те, бір — біріміздің артық — кемдігімізді, жақсы — жамандығымызды, бір — бірімізге деген ықыласымыздың да көп — аздығын ойлауға пұрсатымыз болмаған. Оны жəне ойлатпайтын да нəрсе бар: ол соғыста жүрген адам өмірінің баянсыздығы. Күдерімді үзген кезде күйеуім ғайыптан кездесіп еді, бір күні ғайыптан жоқ болатын сияқты көрінеді де тұрады. Осы бір берекемді қашырған жылымшы күдіктің өткір уытын уақыт қайтарған сияқты еді — ол құрғыр үшті — күйлі жоғалып кетпесе де, жанымды онша қинамай жарымайтын да жазылмайтын сыздауық сияқты бір бүйірімде тыныш қана жатып алған — ды. Жүрегі түскірдің қатерді күні ілгері сезетін пəлесі бар ма, уақыты жеткенде мүлгіп жатқан күдігім оянып, жарылмаған жарам сыздап қоя берді.

Биыл жазда партизан өмірінде кездесе бермейтін бір тамаша отырыс болып еді. Тапсырмаға кеткен бір топ қолдарына біраз тамақ та, арақ та іліктіріп, олжалы қайтқан екен. Азықтың тапшы кезінде қытымырлық жасамаса бола ма, Қасымбек азық — түлікті есепке алып, шашау шығармай, тығып тастап, ішімдікті де ешкімге татырмай отырғанда Носовец келе қалды. Əншейінде салмақты, сабасынан шықпайтын мығым кісі осы жылы ішіне сыймай баратқан бір нəрсесі бардай сабырсыздау көрінді. Сөзі де жылдамырақ, даусы да қаттырақ шығады, «мұның бəрі əншейін, сендер білмейсіңдер, үлкен нəрсе алда» дегендей тапсырманың орындалуын да бұрынғыдай тəптіштеп сұраған жоқ, Абанның қызына баяндап жатқан сөзін сабырсыздау тыңдады. Содан кейін: — Өте жақсы. Бірақ үлкен іс енді келе жатыр, жігіттер. Орел мен Курск түбінде біздің əскер жауды талқандап үлкен шабуылға шықты. Бұл үлкен жеңіс. Ал, жолдас Еділбаев, қолға түскен олжаңды ортаға сал. Жеңісті тойлаймыз бүгін,— деді. Іштеріндегі ең үлкен жəне қатал да салмақты кісінің көтеріңкі көңіл күйі өзге жұртты тіпті қыздырып жіберді. Партизандар бір — бірін жеңіспен құттықтап, дабырлаған қуанышты дауыс орман ішін басына көтеріп, кəдімгі бір дырду басталып кетті, кейбіреулері уралап айқайлап та жатыр. Жұрт қызыл əскер тура қасымызға келіп қалғандай қуанды, ешкімнің ертеңгі күнді ойлағысы келетін емес, олжадан келген азғана азық — түлік мен арақ — шарап ортаға түсті. «Жеңіс үшін!», «Жауды құрту үшін!» алғашқы стакан, кружкалар құтылып кетті. Əншейінде шиыршық атып ширығып, қабағы ашылмай жүретін солайдың да осы жолы тығыны ағытылып кетті. Сырлы кружкадағы арақты қылқылдатып көтеріп тастады да, жұдырығының сыртымен аузын сүртіп, жұрттан ұялмай екі саусағының арасында бас бармағын шығарын екі танауын кезек иіскетті де: — Раз пошла такая иьямка, режь последний огурец,— деп қалды. Біреулер қарқылдап күліп, жұрт мəз болып жатыр. Менің бір байқағаным, соғыстағы адамдар аз нəрсеге қуаныш, жоқ нəрсеге күліп мəз болысып жатады; бұ да бір іш құсаға алдырмаудың, адамның ақылы емес, соқыр сезімі тапқан амалы болу керек. Жаздың жайлы кешінде көк майсаның үстінде жұрт дөңгелене отырған — ды, кейбіреулері шынтақтап жатқан — ды, бірақ қыза келе көбі орындарынан тұрып кетті.

Света екеуміз кенеп қапшықты сілкіп — сілкіп, дастарқан қылып жайып соның үстіне ас дайындап жүрміз. Қайнатып, пісіріп жатқан ешнəрсеміз жоқ, бірақ немістерден түскен нан, сүр май, колбасаларды турап, қарық қылып тастадық. Партизандар ішіп те, жеп те жатыр. — Эх, шіркін өзіміздің орыстың арағы болар ма еді! — деп арман қылады біреулері, сіміріп тастап кружканы жерге қойып жатып. — Арақты айтасың, самогон болса де, шіркін. Немістің арағы мейіріңді қандырмайды. — Мына құрғыр кісіні ала алмай жатыр. Шайынды ішкендей əншейін. Əйтсе де, немістің арағы да осыларды «алды — ау» деймін, гүжілдеген жұрт енді əнге басты. Ішу жағына келгенде біздің Абан да орыстардан қалысатын емес, əншейінде дабырлақ жігіт тіпті даңғырлап кетті. — Жеңіс үшін! Енді Нəзираны елге қайтаратын кезіміз жақындап қалды. Менің жеңгемнің елге аман — сау жетуі үшін!— деп, көптің гүжілін басып, айқайлай тост көтереді, енді бір — екі ұрттағаннан кейін мені ауылға да жеткізіп салатын түрі бар. Арақ ішпесем де жұрттың буына кəдімгідей қызып қалған түрім бар, ауылға жетпесем де жарты жолда бара жатқандай, уайым — қайғыны ұмытып, дүниеге нұр жүгіріп арқа басым кеңіп барады. Əдетте қатқыл өңі сирек, өзім қаймыға беретін Носовецтің жағасы жайлау дархан болып алған. — Құйсаң құйшы. Партизанға күнде той бола бермес,— деп, кəдімгідей ыржиып кружкасын тоса береді. Қасымбектің алдында отырған Дулаттың қолтығынан түрткілеп, қытығын келтіріп, күлдіреді. Содан екі саусағын ашалай шошайтып: «мүйізді теке, мүйізін шошайтып, сүзеді сені...» деп баланы үркітіп ойнатып өзі де мəз болады. Кенет күлкісін тыйып: — Біздің орнымызды басатын осылар,— деп үлкен бір ой айтып тастады.— Жорықта туып, шынығып өскен нағыз мықты солдат осы болады,— деп мақтап Дулаттың арқасынан қағып қойды.— Солай ма, жігітім?

Жұрттың бəрі көңілді. Ең аяғы Кузьмич дейтін ақшұнақ шал да көңілденіп алыпты, өңі жылтырап, əркімнің бетіне жымия қарап рахаттанып отыр. Осы бір ат жақты, жұқа кең танауы делдиген пісте мұрынды кішкене шал біздің отрядқа биыл көктемде келген. Сақал — шашы мамықтай аппақ, жұрт оны «Кузьмич» десе де, мен өзімше «Ақшұнақ шал» деп атап кеткем. Менің осы жұртқа, сыртыма шығарып айтпайтын, іштей қойып алған аттарым болады. Өзі баяғы лагерьге жау тигенде мені ат шанамен алып қашатын, кейін менің көз алдымда қаза тапқан Саша деген жігіттің əкесі екен. Баласы қаза болғасын үйінде отыра алмай, «баламның орнын басамын» деп біздің отрядқа келген. Содан обозда, көбіне екеуміз бірге боламыз. Басында «қолыма қару алып, жұртпен бірге соғысамын» деп қиғылық салып еді, Қасымбек: — Отағасы, обоз да соғыс,— деп тыйып тастаған. — Əрине, обозсыз соғыс болмайды ғой... Бірақ баламның кегін өз қолыммен қайтарсам деп едім...— деп шал қинала тұрып тəртіпке бағынған. Баласының көз жұмған сəтінде қасында болғаным үшін бе, өзі мені кəдімгідей іш тартып жақсы көріп кеткен, ылғи «қызым» деп сөйлейді, Дулатты да еркелетіп, ермек қылып алды, оны «немерем» дейді. Онша көп сөзді кісі емес, баласының қаза тапқан жағдайын да, мен бір айтқан соң, қайталап сұрамады. Өзі бір шаруаға мұқият адам екен, «қызым, əжетке жарамайтын нəрсе болмайды» деп сабақты жіпті жолда қалдырмайды. Терісі жұқа беті де қызғылт, көзі де тамырланып қызарып жасаурап тұрады, содан ба, өңінде жаңа ғана жылап басылғандай қасіреттің ізі бар. Бір кружканы тастап алды ма, білмеймін, байқамай қалдым, қазір бетіне əдемі қызғылт нұр жүгіріп, жасаураған көзі жылтырап, осы жұрттың бəрін жақсы көргендей, сүйсіне қарап, жымиып отыр, осындай бір өңінің жылтыраған кезін Дулатты еркелеткенде байқап қалушы едім. Арақ ішпесе де, Светаның да көңіл күйі жаман емес, жұртқа қабағын ашып, жайдары қарайды. Николайдан да жүзін тайдырмайды. Жалпы Света, Николаймен кездесуге құштар болмаса да, кездесіп қалған жерде қашқақтамайды, қысылып, қипақтап, тезірек кетіп қалуға тырыспайды; Николай ол үшін осы көптің бірі ғана сияқты. Өз басыма түссе қолымнан келмейтін Светаның осы іштей ірілігіне қызығамын. Николай əрине, бұрынғы əйелінің ол мінезіне онша қызықпайтын болар, өйткені ондай

кездесулерде Света қысылмайды, ол қысылады — іштей булығып, сіресіп ширыға береді. Қазір де байқаймын, Светаның осында қаннен — қаперсіз бірге отыруы — шиыршық атқан жігіттің ішкі пружинасының екі — үш бұрамын артық бұрап жіберген сияқты, даусы да, күлкісі де қаттырақ шығады. Света жаққа қарамауға қанша тырысқанымен көзінің қиығы түсе береді, а — ай, қанша тыраштағанмен Николай Светаны қимайтын сияқты. Осындай жұртты түгел жадыратқан жақсы кеште екеуі өкпелерін қиып табысып кетпес пе екен, деген алдамшы үміт жылт ете қалады кеудемде. Күйеуім де өзіме тартқан ғой деймін, əзірге біріміз Николайға, біріміз Светаға ақыл айтып екеуін иліктіріп жанастыру қолымыздан келмей — ақ қойды. Партизандар қосылып «Катюшаны» шырқайды. Сонау Батыс Белоруссияда, əдемі усадьбаның ішінде, полк командирлерінің əйелдерімен бірге тұрған бейбіт кезім, жаңа түскен жас келіншек кезім көз алдыма келіп тұра қалды. Осы əнді алғаш рет сонда, əйелдердің бас қосқан отырысында естігенмін. О да бір заман еді — ау. Күні кеше ғана сияқты еді, одан бері... Əнге Николай да қосылған, əсіресе «Пусть он землю бережет родную, а любовь Катюша сбережет» деп қайталап айтатын жеріне келгенде, өзге жұрттан қаттырақ шыңғырып айтады. Осы бір жұрттың бəрін жарқыратып, арқа басын жазып тастаған жақсы кеште сол бір жаман сезімнің қайдан келгенін өзім де білмей қалдым. Жаздың ұзақ күні еңкейіп, ұясына жақындап қалған, жұрттың хормен айтқан дауыстары бет — бетіне бытырап берекесі қаша бастаған соң, «қазақша бір əн салып бер» деп Носовец маған жармасқан, «кəне, Надя» деп көпшілік те оны қостай жөнелген. Мен қапелімде не айтарымды білмей қысылып, ойланып қалып едім: құлағыма шырылдаған Парашканың даусы келді. Иə, иə, кəдімгідей естідім. Өзге жұртты білмеймін, өзім анық естідім. Өңім бұзылып сұлқ түсіп кетсем керек, кеукеулеген көп іркіліп қалды. Жолың болғыр Абан «əуелі мен айтып берейін» деп, таяқты домбыра қылып сабалап, бір əнге басып кетті. Мен оның не айтып жатқанын тіпті білгенім де жоқ, Абанның жуан даусының арасынан, бəкімен тіліп өткендей шырылдап құлағыма Парашканың даусы келеді, даусына ілесе күлім көзі дөңгеленіп, томпақ беті жылтырап өзі де көрінді... Енді бір сəт: жарқабақтың басында шешесінің мойнынан құшақтап алып, сəби көзіне үрей кіріп, шошынып: «ағатайлар, өлтірмеңдер. Əн салып берем...»— деп шырқырағаны...

Тіпті жаман болып кеттім. Кейде көп ойлаймын, біраз байқағаным да бар: кілең ажалдың ішінде жүрген кісі əрбір өлген адамға таусыла қайғырып, діңкесін құртып жатпайды; əйтсе оқ астында өмір сүре алмас еді. Адам қайғырмайын да демейді, бірақ жүрек деген шіркіннің өзі көтере алмайтын қасіретті ішіне жібермей, жан сақтау үшін қымтанып алатын қабығы бар ма қалай. Мен де əрбір ажалға сарқылып қайғыра бермеймін, менің жүрегім де жанымды қинай бермей қымтанып алады. Бірақ менің жүрегімнің сол қабығының жыртық — тесігі көп — ау деймін, кейде осындай оқиғалар кіріп кетіп, біз сұғып алғандай жанымды шығарады. Қанша ойламайын десем де кішкентай əнші Парашка, ебін тауып маған бір соқпай кетпейді. Сонау жарқабақтың басына шыққанға дейін бұл дүниеде ажал барын білмеген ақ періште, оның адам баласынан жауы болмайтын. Сəбидің өзі көрген адам атаулы, ең аяғы үйіне түскен неміс солдаттары да, оның əні мен мінезін қызықтап, əлпештеп, еркелетуді ғана білетін. Мылтық кезеген бір сəтке ғана шошынып сəбидің аппақ ақылы жамандық дегеннің не екенін түсіне алмай кетті. «Ой, мама, больно...» оқ тигенде барып тəн ауырғанын сезді. Мынау ызғар тепкен қатал дүниеде жылтыраған бір шырақ өшті. Көзім, ақшұнақ шал Кузьмичке түсті. Өзі, сағаттап отырса да, бір қалпынан өзгермейтін адам, сол жымиған күйі өзгелерге қарап отыр. Көптің көңіл күйіне ғана емес, əннің ырғағына да беріліп баяу ырғалып, ақ, ұлпа сақалын шұлғып қояды, жұқа жүзі қызара бөртіп алған. Кенет... самайынан бұрқ ете қалған қызыл қан сақалын жуып кетті. Көзімнің алды бұлдырайды. Неміс солдаты аяғынан сүйрей жөнелгенде, басы қайрылып, сақалылымен қар күреп барады. Кузьмичтің көз алдымда бұлдырап кеткен бет жүзі қайтадан айқындалып келеді. Жасаған — ау, сол жар басында көппен бірге атылған ақ сақалды шалдан аумайды екен. О да осындай аласа бойлы, ұлпа ақ сақалды... мойны қайырылып... сақалымен қар күреп... Кузьмич маған өлік сияқты елестеп кетті. Иə, қазір тірі, тіпті жымиып отырғанмен ертең... бүрсігүні... көңілім құлазып барады. Мына мəз болып əн салып, билеп жүрген жігіттер... анау ұясына кіріп бара жатқан күннің өміріндей ғана өмірі қалды ма екен бұлардың? Шыққыр көзім көріп келе жатыр: ертең бір соғыста осылардың көбі — ақ жансыз дене болып сұлап жатады. Қасымбекке көзім түсіп кеткенде жүрегім зу етіп, мұздап қоя берді.

Баяғы орман ішінде қырылған солдаттарды жерлеп жатқанда беті қарауытып талақ болып ісініп кеткен бір өлік... соны Қасымбекке ұқсатып шошып кетіп едім, енді сол келіп көз алдыма тұра қалды... Көзім қарауытып басым айналып кетті, құдай оңдап, қызып алған жұрт менің хал — жағдайымды байқаған жоқ. Еңсем түсіп, қаншама езіліп отырғанымды білмеймін, есімді əзер жинадым, бірақ осы бір жаман сезімнен айығып кете алмадым. Мен бұл сезімнен кейін де біржола айығып кете алғаным жоқ. Əсіресе Қасымбек жайлы. Əрине, соғыста жүрген адамның бəрі неғайбіл ғой, бұрын да қорқыныш күдігім болатын, бірақ қарсы алдымда тірі отырған күйеуімнің өлік болып елестегені... Айдың — күннің аманында сап ете қалған осы жаман елес... жаман ырымды жақсылыққа жори алмай жүргенімде шын шошынатын кезім алда екен. 13 Сол күнгі мəжілісте көппен бірге қызынып, жұртпен қосылып əн салып, би билемесе де, билегендерге қолын шапаттап, дауысын көтере қошаметтеп, ішімдіктен де есесін жібермей балаша мəз болған Носовецті танымай қалып едім, күн бата жұрт дуылдаңқырап кеткенде барып қайта таныдым. Ол лекілдеген көңіл күйін пышақ кескендей тыйып, жеңілдеп кеткен денесіне қорғасын құйып алғандай салмақтанып, мен білетін Носовецтің өзі болып шыға келді. Манадан бергі ішкенінің қайда кетіп қалғанын құдай білсін, «сөйлесетін үлкен шаруа бар» деп Қасымбек пен Николайды оңашалап алып кетті. Дуылдаған жұрттан оқшау шығып, өздері оңаша кеңес құрып алды. Содан тойға қайтып оралып: — Ал, жігіттер, ойнадық, күлдік, болды. Соғыс əлі біткен жоқ. Қазір жата қалып, дем алыңдар,— деп, əлі де і біраз гуілдесетін ойы бар партизандарды таратып жіберді. Ішіп алған еркектің жайы белгілі емес пе, жұрт риза болмай ренжіп, күңкілдеп, бірақ амалы жоқ тарай бастады. Абан қипақтап Носовецтің қасына келіп: — Кішкене отыра тұрсақ қайтеді, Степан Петрович?— деп еді. — Мен сені отырғызармын...— деп зілсіз зекіп тастады.— Бүйтіп іше

берсек жеңісімізді де ішіп қоярмыз. Бар дем ал, түн ортасында күзетке барасың. Қызулықтың өзі бас қосқанда бола ма қалай, енді кежірленіп, аяқтарын əзер басып, зорлық күшімен тарап баратқан жұрттық мастығы да тарап кеткен сияқты. Носовец дастарқанды жинастырып жүрген Света екеуміздің қасымызға келді. — Иə, Смуглянка, демалып, аздап есіңді жинадың ба?— деді ол Светаға қадала қарап. Көз байланып қалған кез еді, жүзін аның көре алмадым, бірақ кеудеңнің ішіндегі пəлені көргісі келгендей кішілеу көк көзін өңменіңнен өткізе қадайтын əдеті болатын, сол кескіні болар деп топшыладым. Жайбарақат қысыр сұрақтың ар жағында Носовецтің басқа бір шаруасы жатқанын сезіп Света да үнсіз күтіп қалды. — Несі бар, дем алып болсаң, іске кірісетін де уақыт жетті. Дайындала бер, мəн — жағдайды ертең сөйлесерміз,— деп, қоштасқаны болар, Светаның иығына қолын салды да, бұрылып кетті. Дулатымды ұйықтатып, ірге жаққа салып, күркенің ішінде жатып қалып едім, əлденеден ұйқым қашып, əлгіндегі жаман елестер мен жаман сезім, қанша ұмытайын десем де, ерегіскендей оралып соғып мазамды ала бергені. Əлден уақытта күркеге бүкшеңдеп Қасымбек кірді. Қараңғыда мені басып кетермін дегені болар, қолымен жер сипалап, пысылдап демалып, еңбектеп келеді. Есіктің саңлауынан көріп жатырмын, қос тізерлеп шарта жүгініп отырған күйі белбеуін ағытып, гимнастеркасын басынан сыпырып шешіп жатыр. Содан жайғасып отырып, пысылдап етігін де шешті, түнгі күзетті тексеруді басқа біреуге тапсырып жайғасып жатайын дегені болар. Жамбастап жата беріп, маған қарай қолын созғанда салқын саусағы бетіме тиіп кетіп селк ете қалдым. — Ұйықтап қалған екенсің ғой. Шошытып алдым ба,— деді Қасымбек. Маған ұйқы қайда, көріп жатып неге шошығанымды өзім де білмей қалдым. Жаңағы бір құрғыр əсер — Қасымбектің саусағы өліктің саусағындай бетіме мұп — мұздай болып тиді. Бір түрлі өзіме өзім келе алмай, күйеуімнің сөзіне де жayaп бермей үнсіз жатырмын. Қасымбек менің хəлімді аңғармай, өзінің əңгімесін айтып кетті: енді темір жолды.

көпірлерді бұзуға, жаудың эшелондарын қиратуға бұйрық келіпті. Шамасы қызыл əскер үлкен шабуылға шығатын болар, жаудың артынан қару — жарақ, əскер келетін жолын қиып тастау керек,— дейді, өзі кішкене қызып алған, маған бəрін тəптіштеп айтып жатыр. — Ертең тапсырмаға шығамыз. Бірінші топты өзің бастап бар,— деді Носовец. Əлденеге жүрегім мұздап қоя берді. — Қауіпті емес пе?— деп сұрадым жұлып алғандай. Қасымбек өзі көңілді, күліп жіберді. — Бүгін көрген қоқай деп пе едің. Əрине енді, тапсырманың аты тапсырма ғой. Қауіп — қатерсіз бола ма. Тəуекел қыл да тас жұт деген. Талай тапсырманы орындап жүрміз ғой,— деп менің жауырынымнан құшақтады. Білмеймін, не пəле болғанын, əйтеуір көңілім бір орнына түспей — ақ қойды, күйеуім менің илікпеген денемді қос қолымен құшақтап өзіне қарай тартып алды. Аузынан арақ исі шығады. Ал, менің хəлім... Аңқау Қасымбек ар жағында қалтқысы жоқ, ертеңгі қауіпті ойламайды. Ертең өзім көріп жүрген көп өліктің бірі болып сұлап жатса... Апырау, мен не боп кеттім, шошынып қалған жүрегім қашан орнына түседі құрғыр. Қасымбек мені қаттырақ қысып алып, бетімнен, көзімнен сүйіп жатыр, демі де жиілеп, құшырланып барады. Екеуміз қайта кездескелі жыл жарымнан асты ғой, өмірдің қанша қауіп — қатер қиыншылығы болғанмен ерлі — зайыпты екі жас қарап жүре алушы ма еді, тағы да менің аяғымды ауырлатып аламыз ба деп қорықсақ та, амалдап есебін табушы едік, осы жолы мен Қасымбекке жіби алмадым. Бұрын осындайда құштарлығымды əзер тежеуші едім, қазір екеуміздің арамыздан мұздай бір сызық тартып қойғандай тəнім жиырыла берді. Бір кезде өн бойымды дір еткізіп бір жаман сезім қарып өтті: астапыр — аллау, екеуміздің арамызға, баяғы Қасымбекке ұқсас өліктің елесі кіріп кетіпті. Қараңғыда мазаңды алған үрей — сезімдер жарқырап күннің көзі шыққанда ертеңгі тұмандай ыдырап кететіні бар ғой — таң ата көппен

бірге үйреншікті тіршілікке кіріскен соң алаң болып біраз сергіп қалған сияқты едім. Қасымбектен ертерек оянып шай — суымды қамдадым. Қазақша, сүт құйып күрең шай ішетін заман қайда, əйтеуір ішіңе ыстық барсын деген далбаса ғой. Шайдың орнына ұсақтап турап, кəдімгі сəбізді қайнатамын, əрине сəбіз шай болып жарытсын ба, бірақ əйтеуір күреңітіп қара судың түсін өзгертеді, аз да болса дəмі бар. Кешегі тойдан Света екеуміздің жымқырып қалған нəрселеріміз де жоқ емес — ті, соның шетінен шымшып шығарып ертеңгі асымызды іштік. Абзалы, Света екеуміздің партизандардың там — тұмдаған болымсыз қорегінен кішкене бір нəрсені қымқырып қалғанымызды сезсе де, жұрт оған ренжімейтін, қайта өз қолдарындағы тойғызбай, тек қоңқылдата беретін кішкентай несібесінен бір үзімін ауыстыруға тырысатын. Əсіресе Кузьмич шал, соның нені қорек қылатынын білмеймін, əйтеуір қолында бір нəрсесі болса екі баланың аузына тосады. Бергенін ішім жақсы көріп бара жатса да: — Оныңыз не? Өзіңіз жесеңізші, тіпті тамақ ішпейсіз,— деп кейіген болам. — Сəби жесін, қызым. Сəбиге қорек керек. Маған еш нəрсе етпейді. Кəрі адамның жұтқан тынысы да тамақ,— дейтін. Түс қайта Қасымбек жолға қамданды. Үлкендігі кір сабындай, түрі сары шақпақ тастарды санап, қапшықтарына салып жатыр, бұрын да көргенім бар — мұның атын тол дейді, кəдімгі жарылатын дəрі. Осы шақпақтармен темір жолдың көпірін бұзып, эшелонды қиратуы керек, соған қарағанда күші жойқын бір пəле болар. Қасымбек тəптіштеп санап тық — тық еткізіп бірінің үстіне бірін қойып жатқанда, осы құрғыр жарылып кетер ме екен деп қыпылықтап болдым. Абан Қасымбекпен бірге барғысы келіп сұранып еді, күйеуім оның бетін қайтарып тастады. Абанды неге ренжіте беретінін білмеймін, реті келген жерде, оны өзіне ертпей қалдырып кетуге тырысады. Кешке қарай Қасымбек, қасына екі ғана партизан ертіп тапсырмаға кетті. Бұрқ ете қалса тау қопарып тастайтын алапат дəріні кішкене қапшықтарына сықап арқаларына таңып алған, сəті түсіп көпірді бұзып, эшолонды қиратып қайта ма, əлде арқалаған дəрілерін бір жерде жарып алып...

Сол түні мен ұйықтай алмадым; қанша ұйықтайын деп көзімді жұмып, қыбыр етпей жатсам да ұйқым келмеді, əлденеге көңілім құлази береді. Көзімді тарс жұмып алсам да, жарылғыш дəрі арқалап, қараңғыда кетіп баратқан адамдардың қарауытқан көлеңкелерін көрем де еріксіз аунап түсем. Тақа болмаған соң, ұйықтап жатқан Дулатымды бауырыма қысып, мойнынан, тамағынан құшырлана иіскеймін. Жас сəбидің тəтті исі тұла бойымды түшіркендіріп, көңіл алаңымды басса да, ұйқым келетін емес. Бір бүгін емес, бұрын да Қасымбек түнделетіп талай тапсырмаға барып жүретін, онда да елегізіп, қобалжушы едім, бірақ бүгінгі мазасыздығым бөлек. Адамның бойына сіңіп қалған жаман иістей кешегі жаман сезім көңілімді жайлап алған. Сол бір бет — бедері ісініп, ескіріп кеткен өліктің елесі Қасымбекке ұқсап та, ұқсамай да, кейде тіпті тура өзі болып, көз алдыма келе береді. Осы елестен арылу үшін Дулатымды бауырыма қысып көзімді тарс жұмып алам. Сөйтіп, өрелі таңды көзіммен атқыздым. Түндегі ыстық — суығымен бірдей қарып қалтыратқан үрейім күндіз үлкен уайымға айналды. Қасымбектер оралған жоқ. Менің хал — жағдайымды сезеді ғой, Абан байғұс та бір — екі рет келіп, əңгімеге айналдырып алаң қылып кетті. Сөз арасында «Қасекеңдер түнге қарай оралар, тапсырманы таң алдында орындаса, күндіз бір жерде тасаланып... бас бағып жатады ғой» деп менің көңілімді жұбатып қояды. Өзім де білем, көбіне түнгі тапсырмаға барған партизандар, күндіз дұшпан көзіне түсіп қалмау үшін бұғып жатып, келесі күні кешке, не түнге қарай қайтып оралатын. Өне бойы сарқыла бермей, күдігімді көңіл түкпіріне тереңірек жасырып тығындап, аз ғана қобалжып күтуге үйреніп алған сияқты едім, бүгін сол тығынның кенеуі кетіп қалған, қанша бұралап тықсам да тұрмайды. «Апыр — ай, мұндайым жоқ еді, осы бір шошынғаным, жамандыққа көрінбесе игі еді» деген ой келеді де, үрейімді одан бетер үрлей түседі. Осындайда кісіні алаң қылатын қасындағы серігі ғой, қас қылғандай Светаны да Носовецке шақырып кеткен, ол əлі оралған жоқ. Проша бала бір жылдың ішінде сүйегі қатайып, соқтауылдай жігіт болған, бүгінде менің қасымнан кетіп, жауынгер партизандар қатарына қосылып, тапсырмаға шыға бастады. Менің маңымдағы ақшұнақ шал Кузьмич қана. Бұ да бір сөзге жоқ, үндемейтін адам, күйбеңдеп шаруасын істейді де жүреді, жаңа жұмыс табылмаса о жер, бұ жерін жөндеп арбасын əурелеп жатқаны. Өйтсе де, осы шалдың жылуы сөнбейтін жұқа өңіндегі мейірімі мен сабасынан шықпайтын сабыр — шыдамы адамның көңілін

орнықтырады екен. Қасымбек аман — есен оралды деген хабар күн батқанда барып құлағыма тиді. Ол алдымен мұнда соқпай Носовецке кетіпті. Отряд үлкейген соң Носовец те үлкейген, қазір оның штабы бізден бөлек жерде. Жақсылық хабарды естігенде қуанып, жүрегім алып — ұшып, жоқ шаруаны қамдаймын деп əбігерге түстім де қалдым. Шай қайнатып, ас даярлап мəре — сəре болатын... Котелекке сақылдатып су қайнатам... қалтамның түбіне тығып сақтап жүрген жалғыз сəбізім бар, соның жартысын турап шай шығаруым керек. Алдыңғы күнгі тойдан қалған сарқыт, кешеден бері тамағымнан өтпей қойған бір жапырақ сүр май, қатып қалған бір тілім наным бар — оны қалтамнан бір шығарып, бір тығамын. Осындайда, мардымсыз болса да, кішкене бір əбігерге түсіп істейтін ісіңнің жоғы жаман екен, қуанышымның өзі де берекетсіздеу — көңілім ала — бұртып, байыз таппай елегізи берем. Қасымбек көз байлана келді. Қараңғыда бет əлпетін анық көре алмасам да, денесінің зілдей болып келгенін бірден сездім. Тым қажып, шаршап келген түрі бар, менің бетіме назар салмастан, күркенің алдына сылқ етіп отыра кетті. Еңсесін көтермейді, қатып қалған қара нан мен сүр майды қарбытып асап, ұзақ шайнады. Тізесіне өрмелеген Дулатпен де ісі болған жоқ. Əкесі дұрыстап тамақ ішсін деп, баланы көтеріп алдым, Қасымбек əлі де төңірегіне назар аудармай, сəбіз шайды сораптап ішіп отыр. Өзі аман келгенмен, не де болса бір жамандықтың болғанын сеземін де, шұқылап сұрауға бата алмаймын. — Қасымдағы екі жігіт қаза тапты,— деді шешініп жатып. Жүдеп келгені де сол екен ғой. Қарғыс атқыр соғысы құрғырдың шығыны болмай тұра ма, жалмап жатыр ғой күн сайын. Адам біткеннің бəрінің қазасына шыбын жаныңды шыжғыра берсең, бұл арада соғыспақ түгіл, жай тіршілік қылуыңның өзі қиын. Екі жігіттің қазасы көңіліме қаяу салса да, күйеуімнің тірі келгеніне шүкіршілік қылып жатырмын, бірақ Қасымбектің қатты қайғырған түрі бар. Басқа түссе кісінің білмейтін пəлесі болмайды екен, ажалға да, ажалдың қасіретіне де сыралғы сұңғыла болып алдық қой, қара нанды қақ бөліп жеп жүрген талай жақын жолдаспен де қоштастық, менің бір байқағаным, мұндағы еркектер жолдастары өлгенде күйзеліп, күйреп қалмайтын, үнсіз ғана ызасын ішіне тығып ширыға беретін сияқты еді. Қасымбектің көкірегінде басқа да бір зіл жатқанын ішім

сезеді де, соны сұрауға шынымды айтсам қорқамын. Meн күтпеген жерден Қасымбектің өзі сөйлеп кетті. — Тапсырманы орындай алмадым,— деді күрсініп. — Тапсырманың бəрі бірдей орындала бере ме. Бұрын да сəтсіздіктер болып жүрді ғой,— дедім көңілін жұбатқым келіп. Қасымбек менің сөзімді елеген жоқ, болған оқиғаны бастан аяқ айтып жатыр, бұрын маған тапсырмаға барғандағы қауіп — қатерін айтпай, сұрасам, «пəлендей ештеңе болған жоқ» деп жалтара салушы еді, қазір тіпті еш нəрсесін іркіп қалмай тəптіштеп түгел баяндап жатыр. Бұлар орманды, сай жыраны сағалап жүріп отырып, күн бата өздері бұзуға тиісті көпірінің маңына барып жетеді. Бір кішкентай орманның шетіне жасырынып, көпір төңірегін бақылап көреді, көздеріне ештеңе іліге қоймайды, сірə қарауыл жоқ сияқты. Содан өздері істі асықпай, қапысыз дұрыстап тындыратын болдық — ау, деп қуанып əбден қараңғы түскен соң көпірге қарай жылжиды, əйтсе де сақтық жacaп, біреуі оқ бойы ілгері жүріп отырады. Алдыңғы жігіт көпірге тақап қалғанда жақыннан атылған автоматтың оғы турап түседі. Сол арада атыс басталып кетеді, бұлар қаша атыс салып, алдында өздері паналаған бір шоғыр ағашқа жете бергенде екінші жігіттің қара құсынан оқ тиіп етпетінен құлайды. Немістер де азғантай, екі — үш адам болса керек, бұлар кішкене болса да орманға иек артқасын, енді қуғындауға бата алмапты. — Бірақ енді тапсырманың аты тапсырма емес пе, тірі қалған бір адам орындау керек қой. Егер мына көпірде күзет күшті болса біздің тағы бір нысанамыз — батысқа қарай үш шақырым жерде сайдың үстінен салған жəне бір кішілеу көпір болатын. Содан Буздиннің арқасындағы толды алдым да солай қарай жүгірдім,— дейді Қасымбек. Өзінің сөзі де бір түрлі, бір ауық маған айтып жатқан сияқты болса, бір ауық өзіне айтып жатқан сияқты, оның қатерлі əңгімесінен гөрі дауысындағы бір ызғар тұла бойымды суытып барады.— Екі өкпемді қолыма алып емпеңдей беріппін. Сол көпірге қалай жеткенімді де білмей қалыппын. Күзетші бар ма, жоқ па деп қарап жатуға да мұршам болмады. Екі адам қаза тапты, енді үшінші адам тапсырманы орындау керек. Жəне ол екеуі менің аңғырттығымнан қаза болды. Құдай оңдап бұл көпірде күзет жоқ екен. Эшелонның да келетін уақыты болып қалған. Содан асығыс — үсігіс толды көпірдің үстіндегі рельстің астына орналастырдым да енді запалдан шығып тұрған

қысқа шнурға жалғайын десем... қолымда түк жоқ. Жүз метрлік бикфорд шнуры алғашқы қаза тапқан жігіттің мешогінде қалыпты. Сасып жүріп оны ойламаппын да... Қасымбек үндемей қалды. Ар жағын сұрауға менің жүрегім дауамайды. — Үш адамның екеуі қаза болып тапсырма орындалмағаннан гөрі, үшіншісі де өліп, тапсырманың орындалғаны дұрыс болатын еді,— деді бір кезде кенет даусы солып қалғандай ақырын ғана. — Неге? Сенің шнурың болған жоқ қой,— деппін шошып кетіп. — Бəрібір тұтатуға болатын еді. — Сонда өзің қайтпексің? Менің сөзімде мағына жоқ, шошыну ғана бар. Сол жағдайда оны түсініп жатқан мен де жоқпын, дауысымның қалай шығып кеткенін өзім де білмей қалам. — Ана екеуі тапсырманы орындаймын деп қаза тапты ғой,— дейді Қасымбек. Енді қаза тапса мен қайтейін, əрине өкінішті, оның маған несін айта береді, құдай сақтап өзі аман келді ғой, деп шүкірлік етіп, көңілім алып — ұшып жатып күйеуімнің сол сəттегі хал — жағдайын да, мына айтқан сөзінің мағынасын, сұмдық зіл салмағын да түсіне алмаппын. Қауіп — қатерден жүдеп келген күйеуімнің тоңазыған бойын жылытқым келіп Қасымбекті құшақтай алып едім, жансыз дене тəрізді сұлық жатқан күйі илікпеді, мойнына асылған қолымды буынынан ұстады да, алып тастағысы келді — ау деймін, қозғамады. Бірақ қозғалып кеткен көңіл күйін тоқтата алмады: — Поезд келіп қалғанда жарып жіберейін деп оқталып едім... Эшелон дүрсілдеп үстімнен өтіп барады... Тұтатайын деп тағы да екі рет оқталдым... Дулатжан... сен... есіме түсіп кеттіңдер,— деді Қасымбек даусы бұзылып. Қасымбектің сөзінің мағынасы маған енді ғана жетті. Эшелон келіп қалғанда дəріні өз қолымен жарып... көпірдің астына мойнын тіреп, дəріге

от қойғысы келіп қолын созып, үстінен дүрсілдеп поезд өтіп барады... Зəрем ұшып денем қалшылдап кетті. Гүрс етіп жарылған дəрімен бірге денесі борша — борша болып... Тұла бойым қалшылдап Қасымбекті құшақтай алдым. Мына дене борша — борша болып шашылып жатса... қысып келіп құшақтаймын күйеуімді. Қол — аяғы түгел орнында екеніңе көзімді жеткізгім келгендей бар денеммен жабыса түсем. Жасаған — ай, əйтеуір тірі. Бір ажалдан қалған екен, соған əлі де сене алмай өне бойын, аяқ — қолын сипалай берем. Ажалға баратын күні қай — қайдағы қырсық жабысып меселін де қайтарып жіберіп едім, көңілі құрғырым да бір жаман ырымға бастап, кежірленіп алып еді, айрылып қала жаздаппын ғой. Құшағымды жазсам күйеуімнен айырылып қалатындай сезініп, бар тəніммен жабысып тас қылып қысып алыппын. Кішкене аптығуым басылғанда барып байқадым, Қасымбектің тəнінің бір бұлшығы бүлк етпей сұлық жатыр, менің аймалағаныма тіпті жібитін емес, ар жағыммен бір пəлені сеземін: бұл еркектің əйелге суығаны емес, əзірге мен түсіне алмаған басқа бір жамандықтың салқыны сияқты. 14 Соғыс сірə менің үстіме келмей жанап өтті — ау деймін. Атыстың дауысы басылғалы да біраз уақыт болды. Келіп те жақындаған болар, жоғарыдағы кішкене саңылау қараңғыланып барады. Күз келіп қалды ғой, жеркепенің іші салқын, сыртқа шығуға қорқып, балаларды бір — екі рет бұрышқа тосып алдым. Жау əскерінің соққысына шыдай алмай, біздің адамдар сірə шегініп кеткен болар. Олардың шегінгенде қайда баратынын мен білмеймін, əйтеуір əдеттерінше бір орманнан бір орманға тығылып, сай сағалап, із адастырып жан сақтайтын шығар. Қайтып оралып мені іздеп келуге оларға дұшпан мұрсат берер ме екен. Абан: «тірі болсам оралып соғам» деп еді, Абан байғұстың іздеп келетініне сенем — ау, бірақ оның «тірі болатынына» сену... Бұл тасада істің ақырын күтіп тыныш жата беруге болар еді — ау, тек тамақ жағы... Үшеуіміздің бар қорегіміз қол басындай қатып қалған қара нанды, өзім де татпай, екі сəбиге де татырмай қаралы күнге сақтап отырмын, əзірге əйтеуір қарындары ашып қыңқылдағанда емшек беріп қоям. Аузына көк тимесе мал екеш малдан да сүт шықпайды ғой, аш

əйелдің де сүті мардымды болмайды екен, оның үстіне жастан асып кеткен талыстай екі бала емген соң... іштен шыққан өз балаң о да қиын, талдырмаш нəзік, тауықтың сары ұлпа балапанындай кіп — кішкентай Света көзі жəудіреп қарағанда — бұ да оңай емес маған. Өзімдікіне тартып, өгейсітіп алдым ба деп оған да қиналам. Бала деген де бəле ғой, Дулат өз шешесіне басқа біреудің ортақ болғанын сезе ме, қызғанышы да бар. Meн Светаны емізе бастасам — ақ, о да жалмажан екінші емшегіме жармасады. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деп қақпайлап қоям. Жас жарымға жетпеген баланың жадында не тұрады, өзге аналыққа теліген жетім қозы сияқты, анасынан ажырағалы үш ай болған кішкене Света да маған бауыр басып кетті. Бірақ сонда да осы баланы өгейсітіп алмайын деп, бір жағынан нəзіктігін аяп, оны көбірек емізем. Жаздағы, партизандар Орел, Курск далаларының түбіндегі үлкен жеңісті тойлаған сол кештен кейін Носовец Светаға тапсырма берді. Партизандарға, ендігі жерде темір жолды, жау эшелондарын қиратуға жоғарыдан бұйрық келген екен. Содан, темір жол станциясында астыртын жұмыс істеп ақпар беріп тұратын адам керек болыпты, Носовец Светаны станцияға тілмаш етіп орналастырмақшы болған. Бұрын бір рет əшкереленіп қалғанмен одан бері жылдан артық уақыт өтіп, ол кездегі немістер ауысып кеткен. Светаны енді ешкім тани қоймас, деп түйген Носовец тек Света баласын алып кеткісі келгенде ойланып қалды. Шекесін қасып: — Кім біледі. Содан бері келе жатқан бірлі жарым полицайлар бар. Кейбіреулері жүзіңді танымаса да «Смуглянканың» екі қабат екенін біледі. Сен қашқанда олар екі қабат əйелді іздеді ғой, сөйтіп, бала олардың есіне кей нəрсені салуы мүмкін. Сірə сенің баласыз барғаның дұрыс болар. Жалпы заман қандай, заң қандай, қол — аяғыңның тұсаусыз болғаны жақсы ғой,— деген Носовец. Сонымен ақылдаса келіп, «көп болып көмектесеміз ғой» деп Светаның баласын маған қалдырған. Света баласына онша елжірей қоймайтын, екеуміз көбіне бірге болдық қой, сонда баласына керемет бір мейірімі түсіп, құшырланып сүйіп жатқанын, немесе ерекше еркелетіп, əлпештегенін көрген емеспін; іштен шыққан баласына менсінбей, тек құдай салған аналық борышын өтеп жүрген адам сияқты көрінген. Шынымды айтсам, баласының шыққан тегін

ойлап, жатсына ма екен деген де ойым болған. Енді, Носовец «баланы қалдырамыз» дегенде түсінің өзгеріп кеткенін байқадым, «еш нəрсе етпес, өзіммен бірге ала кетсем қайтеді?» деген сөзді, Носовецтің бетіне жалына қарап екі — үш қайыра айтты, содан қашан жүріп кеткенше қызын қолынан түсірмеді. Светаны баратын жеріне дейін сыртынан бақылап, шығарып салу Николайға тапсырылыпты. Оның қандай сын екенін білмеймін, Қасымбекке: «өзің — ақ шығарып салмадың ба» деп едім: «мен де соны айтып едім, Носовецтің шешімі солай болды» деді ол. Носовецтің ішіне кіріп — шығу, мен түгіл еркектердің де қолынан келе бермейді, мүмкін бұрынғы əйелінің қандай қатерге бара жатқанын Николай өз көзімен көрсін деді ме екен. Света кішкентай қызының көйлек — көншек, бұйымтайын ақтарып, түйіншегін бір шешіп, бір буып біраз əлек болды. Біздің хəлімізде жүргенде балада қандай киім — кешек болушы еді, екі əйелдің жаялықтан, қолға іліккен боз бен бомазидан көктеп тіккен көйлек — дамбалы ғой, «сұлуынан жылуы» деп оның жарастығына, сəніне қарап жатқан біз жоқ. Жазды күні балаларымыз жалаңаяқ жүрген, Света түйіншегінің арасынан шинельдің шалғайынан тіккен қалың шұлықты шығарып: — Күн суытып кетсе мынаны аяғына кигізерсің,— дейді. Менің қарсыласқаныма қарамай «түн салдық ғой, оранғыш болар» ден басындағы орамалын да қалдырды. — Менің пальтом да қалсын. Ертең күз келгенде балаларға жамылуға... Ана деген сорлы, əйтеуір тұла бойында бір нəрсесі болса бəрін қалдырғысы келіп алақтай береді. Əдеттегі өзінің кісі мазасын алмайтын, ұстамды, бұйығы сабырынан еш нəрсе қалмапты, «Надя, енді өзің бас — көз боласың ғой» деген сөзді бірнеше рет айтқанын ұмытып қайталай береді, «егер сəті түсіп сіңісіп кете алсам, алдырармын» дейді. Менен гөрі қайратты, көзі де қарақты Светаға ылғи менің күнім түсуші еді, іштен шыққан сұр жылан ананың діңкесін құртады екен ғой, осы жолы Светаның күні маған түсті; көзі дөңгеленіп, маған жалынышты кескінмен қарайды. Николай, белдеуге байлаған жapay құнаннан тықыршып, тағаты таусылып асығып тұрған, ол: «ал енді, жүрейік» дегенде Света қызын

көтеріп алып екі бетінен сүйді де, бауырына қысып кішкентай баланың бетіне бетін тақап жабысып біраз тұрды. «Кешір, мені» деген сөзін естіп қалдым. Содан кейін жолынан қалып баратқан адамдай бетін де бұрмастан баланы маған ұстатты да, қош айтыспастан, бұрылып жүре берді. Ұмсына түсіп іркіліп қалдым, жүрісі əдеттегісінен өзгеше, денесі ауырлап кеткендей аяғын сылбыр басып, еңсесі салбырап, кішкене бойы қақиып, қадамын нық — нық басқан Николайдың соңынан еріп, кетіп барады, артына қайырылып қарамады. ...Дулат есейіңкіреп қалды, оның үстіне ер бала ғой, емізгенде, қолқамды суырып ала жаздайды, кішілеу кезінде сүт шықпаса емшегімді тістеп алатын əдеті бар еді, ұрып қойғызғанмын; кішкентай Света ондай емес, жайымен ғана талмап емеді. Байғұстың ар жағына бір нəрсе барып жатыр ма, білмеймін, сүт шықпаса да емшектен аузын алмайтын əдеті бар. Осы баланы емізгенде кейде сол Светаның жаутаңдап жалына қараған кескіні көз алдыма елестеп кетеді. Содан қайтып Светаны көрмеймін деп кім ойлаған, əрине, соғыс болған соң күдігім болды ғой, бірақ ауыр күндері тағдырлас болған досымды енді қайтып көрмеймін ғой, деген үзілді — кесілді ой менде болған емес. Өзіңнен білікті, жəне бір демі жоғары адам өзіңнен бұрын өледі дегенге кісі сенбейді екен. Мына соғыста алдымен өлетін адам болса ол мен едім: дəм — тұзым таусылмаған соң қаңғалақтап осы жерге жетіппін. Алғашқы кезде Света сəтті орналасты деген хабар алынған, тіпті бізге неміс эшелондарының қай уақытта өтетін расписаниелерін де бере бастаған екен. «Молодец Смуглянка! Жұмысқа кірісті» деп Носовец масаттанып мақтап, содан кейін, «тек оның қазіргі есімі басқа» деп Қасымбекке қарап жұмбақтап, көз қысып қойғанын да көргенмін. Бірақ айға жетпей жатып «Света ұсталды» деген хабар да жетті. Естуімше, бұрын көрген бір сұмырай немістерге жеткізіпті, бұ жолы Смуглянка қашып кете алмаған, содан бес — алты күннен кейін «дарға асылды» деген де хабар келді. Кейін Носовецтің тағы да: «молодец Смуглянка. Ешкімді ұстап бермеді» деген сөзін естідім. Бұ жолы ол төмен қарап, түнеріп отырып айтты. «Света ұсталыпты» деген хабарды естігенде қатты шошып кетіп, солқылдап жылап алдым да, содан «мүмкін ебін тауып құтылар, не құтқарар» деген алдамшы үміт емексітіп, бірақ оған сене алмай, əрі — сəрі болып жүрдім де, қаралы хабар жеткенде, үміт үздірген аурудың

үзілгеніндей, жылай алмай қалдым. Сөйтіп Светамен де қоштастым, дұрысырақ айтсам қоштаса да алмай қалдым. Баласын маған ұстатты да, «қош» деген сөзді айтуды да ұмытып бұрылып жүре берді. Ұмсына түсіп оқталдым да, бірақ біреу етегімнен тартып қалғандай, «қош» деген сөзді мен де айта алмай қалдым. Светаның аузынан соңғы естігенім баласының кеудесіне бетін тығып тұрып, «кешір мені» деген сөз болатын, ол сөзді маған да, ар жағында асыға күтіп тұрған Николайға да айтқан жоқ, сонда іштен шыққан баласынан сұраған кешірімі екен ғой. Баласына онша жібімей жүргенде, мен ойлаған арам ойдың тура келгені — ау. Емірене бергенде өз баласынан өзі тіксініп қалып... көңілі екіге жарылып, екі ұдай сезім арпалысып өмір сүрді ме екен? Светаның «кешір мені» деп жайымен ғана булығып айтқан даусы құлағымда қалды. Іштен шыққан сəбиіне ананың ақ сезімі елпілдеп төгіліп келе жатқанда шым еткізіп у тамызып жіберген бір нəрсе болған ғой сірə. Сол көңіл аласы баласынан ажырасар сəтте есіне түсіп, жанын қуырып, айықпас өкінішке айналды ма екен? Іштен шыққан сəбиіне іркіп қалған мейірі, сарқып бере алмаған махаббаты ана мойнында өтелмес парыз болып кететінін сезді ме екен сонда? Светаның өзі кетіп, көзі қалды қолымда. Ауыр жүгімді ауырлатса қайтейін, сайып келгенде, тағдыр деген сұмырай, ауыртпалығын үйе берсе оны ауырлаудан да қалады екенсің. Қазір маған екі баланың салмағы да, бір баланың салмағы да бірдей сияқты. Светадан ажырасқалы үш айдан асты ғой, қазір осы балаға да үйреніп алдым, тіпті бара — бара Дулаттан айырмасы болмай кетеді — ау деймін. Света барда Николай біздің кухня жаққа жоламаушы еді, ол кеткен соң жері кеңіп қалды ма, енді келіп тұратын болды. Дулатқа да мейірімі күшейіп кеткен: «мынаны балаға бер, балалардың қарны ашады ғой» деп қолына іліккен бір нəрсесін əкеліп береді. Дулатты ойнатып, ермек қылып біраз айналсоқтап отырып кетеді. Николай Топорковтың беделі қазір аспанға шығып кетті. Үлкен жерден, жоғарғы жақтан указ күтіп жүр, жақында оған Совет Одағының Батыры деген атақ берілетін көрінеді. Шынында да осы кіп — кішкентай жігіт жүрек жұтқан батыр болып шықты. Кішкентай адам шақар болады ғой, бұ

да сондай, тас кенедей жабысып қадалған жерінен қан алады. Оның шаршап қалғанын да көрген емеспін, қашан көрсем де тап — тұйнақтай болып, шиыршық атып ширығады да жүреді. Жұртқа да қатал, тық — тық еткенде төбелерін ойып жібере жаздайды, бірақ өзін де аямайды. Өзін аямаған, өзіне қатал адамның қаталдығын жұрт ренжімей, қиналмай көтереді екен, қайта, қарауындағы партизандары командирін керемет мақтаныш етеді. «Мазасыздығы бар, бірақ өзі үшін емес, жұрт үшін бəйек болады, мұндай командирің болса, қор болмайсың» деп айтып жүреді. Николай басында, Қасымбек сияқты, əр түрлі топты бастап тапсырмаға шығып жүретін, кейін іріктеле келе, өзіне керек жігіттерін сайлап алды, олар да өзі сияқты батыр жігіттер. Николай небір қауіпті тапсырмаға өзі сұранып барып, небір қиын, құтылмас жағдайға түскенде де тапсырманы тындырып, аман келеді. Естуімше сонда өзгелерден бетер өжеттік көрсететін Николайдың өзі көрінеді. Командирі отқа түсіп жатқанда қарауындағы солдаты жанын аяп қалмайтын соғыстың жазылмаған заңы бар, сөйтіп, бұлар шетінен тайсалмайтын батыр болып, Николайдың тобын «өжет топ» деп атап кетті. Ең бір ауыр тапсырма болса «мұны тек «өжет топ» қана орындай алады» дегенді талай естігенмін. Жұртты мақтауға сараң Носовецтің өзі, бұларға келгенде мақтау сөзін аямай, «Өжет топтың» ісін үлгі етіп, өзгелерге көлденең тартып отырады, Николайды да қолпаштап, еркелетіп ұстайды. Жалпы бір аңғарғаным, соғыста жүргенде батыр адамның мерейі өзгелерден биік болады екен де, өздері ерке бала сияқты еркін болады екен. Мақтағанды кім жек көрсін, Николайдың өз мерейіне риза болып, жұрт қолпаштағанда көңілі семіріп қалатынын байқаймын, бірақ осы жігіттің ішінде бір құрысып қалған тамыры жазылмай — ақ қойғандай, арқа — басы кеңіп, көңілі шалқып, еркінсіп кеткен жерін көре алмай — ақ қойдым. Тапсырмадан қайтқанда партизандар, бейне бір аңнан қайтқандай, не үлкен сайыс, жарыстан келгендей қызынып, кеу — кеулесіп, бастан кешкен оқиғаларының əр жерінен бір бөлшегін үзіп алып, сапырылыстырып айтысып, кейбіреулерінің оғаш мінезі, келеңсіздігіне қарқылдап күлісіп, гуілдесіп жатқанда, көппен бірге қыза түскен Николай бойын жазып кете алмай ауық — ауық тыйылып қала беретін. Сəлемі түзу болғанмен Николай менімен онша көп жуыса бермейтін, енді келіп қолы босаған кезде қазан жаққа үйірсектеу болып, мені төңіректейтінді шығарды. Бірақ менімен де пəлендей жазылып сөйлеспейді, көбіне Дулатты айналдырып, соны қызықтай береді. Бір күні,

қолына басқа еш нəрсе түспеген соң азғана жеміс — жидек теріп əкеліпті, соны екі баланың аузына кезек салып қызықтап отыр екен. Бұрын Дулатты ғана айналдырып, кішкентай Светаны көрмегендей боп елемейтін еді. Бірақ мен де аңғарғанмын, Дулатты əурелеп, ойнатып жатқанда көзінің бір қиығы кішкене қызда болатын. Бір рет ұзағырақ қадалған көзқарасын ұстап алғанымда, ұрлық қылғандай қысылып қалып, ұялған тек тұрмас деп, Дулатты көтеріп алып секіртіп, арсалаңдай берген. Байқаймын, сірə, тырнақтай қыздың бетінен шешесіне ұқсастық іздейтін тəрізді. Оны көп іздеудің керегі жоқ кішкентай Света ұлпа шашы үрпиіп, сап — сары боп үлкен Светаның аузынан түсе қалған, дөңгеленген көзі де шешесінің көзінен аумай көкпеңбек аспандай мөлдіреп тұр. Мен келген соң Николай əдетінше қысылып «маған... маған...» деп сұраған кішкентай Светадан теріс айналып, уысында қалған екі түйір жемісін Дулаттың аузына тықты да, əдетінше оны көтеріп алып секірте берді, неге екенін білмеймін, жыным ұстап кетті. — Оның несін əлпештей бересің. Мейірімің тасып баратса ана əке — шешесі жоқ қу жетімнің неге маңдайынан сипамайсың?— дедім. Николайдың қапелімде сасып қалғаны сонша Дулатты қолынан түсіріп ала жаздады. — А что?.. А что...— дей берді. — Ол Светаның баласы. Света сенің əйелің емес пе еді? А што дейді ғой. Маңдайына сарт еткізгендей болдым — ау деймін, Николай бірден есін жия алмай «а штосын» қайталап айтты. — А што?.. Біздің арамыз əлдеқашан үзілген. Бəрі біткен. — «Үзілген»... Əрине үзілді. Енді үзбеймін деп шашыңды жұлсаң да Света жоқ саған,— дедім тұлданып,— Сен оның кім екенін, қандай адам екенін білген жоқсың.

— Оның қандай адам екені белгілі болған,— деді Николай сызданып. — Бəрібір сен білмейсің. Оның қандай адам екенін сен білген де жоқсың. Білдің бе? Ол бəрімізден артық болатын. Ол менен де, тіпті сенен де артық. Сен батыр болсақ, о да батыр. Ол тіпті бəріңнен батыр. Мықты болсаң қалың жаудық қақ ортасында жүріп көрші өзің. Əнекей, ақыры қаза тапты. Ызаланып жылап жібердім, əйелдің көз жасы кімді де қаймықтырады ғой, Николай жауап қайыра алмай қипақтап қалды. Долданып алған əйелдің тоқтауы оңай ма, ондайда азғантай орысшаң да көбейіп кетеді екен, баяғыдан бері ішімде кептеліп жүрген ызамды бір шығарып, төпеп жатырмын. — Кеше дарға асылғанда тіпті болмаса сүйегін əкелуге де жарамадың. Жақсы көргенің сол ма? — Мен неге жақсы көрем?— деді Николай дыз етіп. — Жақсы көресің. Жақсы көрдің... Мен білмейді дейсің бе. Тек жұрттың қаңқу сөзінен қорқып Светаға жолай алмадың. Өтірік қиқайып кердеңдеп жүрдің. Жаудан қорықпайсың, оқтан қорықпайсың. Ақымақтардың сөзінен қорқасың. Осында да Дулат үшін емес, мына кішкентай Света үшін келіп жүрсің. Светаның көзі деп, соның исіне келіп жүрсің. Сəбидің маңдайынан сипауға менен ұяласың. Николай менің шапылдағаныма шыдай алмай бұрылып жүре берді, əншейіндегідей аяғын қаздаңдап баспай, ауырлау аяңдап барады. Содан кейін Николай мен жүрген қазан — ошақ жаққа соқпайтын болып кетті, Дулатты да еркелетуді қойды. Ағаттығымды кейін байқап, біраз өкіндім де: тым нəзік нəрсеге добалдау кетіп қалыппын. Николайдың көкірегінде кішкентай сəбиге деген тұтанып келе жатқан ұшқынды оғаш мінезіммен өшіріп алған сияқты болып, қиналып жүргенімде, бір күні Николайдың өзі келді. Бұ жолы онша қысылмай сөзін сыр қылып айтты. — Білесің бе, Надя... Ленинградта Светаның шешесі бар. Күйеуі де жоқ. Света оның жалғыз қызы еді ғой. Аман болсақ, осы баланы сол əжесіне апарып тапсырсам деп едім. Сен былай... көз қырыңды салып жүр.

15 Қасымбектің жолы сəтсіз болып, тапсырманы орындай алмай қайтқан түнгі өзімді шошытқан хал — жағдайының шын мағынасын мен кейінірек түсіндім, бірақ сол түні бір жамандықты жүрегім сезіп, тіксініп қалып едім, жамандығы құрғыр жалған бола ма, қателеспеппін. Сол күннен, дұрысырақ айтсам сол түннен бастап Қасымбектің ішінде, бұрынғы дүниесі аударылып төңкерілгендей бір өзгеріс болды. Мінезі де өзгеріп, онсыз да көп сөйлемейтін адам бұрынғысынан да тұйықталып, қабағына бір мазасыз ауыр ойдың салқыны ұялап қалды. Кішкене жадыраған кезде жазылып кететін сол кірбеңі құрғыр, езуінен күлкі табы өшпей жатып жүзін қайта торлап алады. Адамның өзі де түсініп болмаған, тек жанын жегідей жеп жүрген күйзелісті шұқылап, түрткілесең себебін өзі де айта алмай, одан бетер қиналып, бекерге ыза болатыны белгілі ғой, содан себебін ашып сұрай алмай, өзімше сыртынан топшылап тон пішемін. Сол сəтсіз тапсырмадан қайтып келген күні кеште Носовецпен екеуінің арасында қиын əңгіме болғанын естігенмін. Қаттырақ сөзге де келісіп қалса керек, Носовец «командирліктен алып тастаймын» деген сөзді айтып қалыпты. Бірақ ондай сөзден дəл осынша өзгеруі... Соғыс кезінде ешкім тежеп жатпайтын: «Мен сені трибуналға берем», «Қорқақсың, қазір келіп атып тастаймын». «Осыдан бір қадам шегінсең жоям» деген басқа ұрғандай қатты — қатты сөздер балағатқа араласып, телефонның кабелін солқылдатып кетіп жататын; бір ғажабы осы сөздердің қаһары қанша қатты болса зəрінің қайтуы да сонша тез болатын. Жаңа ғана аямас қатты сөз айтысып, сарқыла керілдескен адамдар ұрыс бітісімен құшақтасып бір — бірін иықтарынан соққылап балаша мəз болысатын, əлгі айтылған сөздерден иненің жасуындай көңілдерінде қылау қалғанын байқағаным жоқ. Соған қарағанда Қасымбектің белін қайыстырып жүрген Носовецтің қатты айтқан сөзі ғана болмауға керек, Носовец батырып айтса айтқан да шығар, тым қатты кісі ғой, сірə осының ар жағында басқа бір сыр жатқан сияқты. Бірақ оның байыбына баруға менің пұрсатым келіп, миым жетіп жатқан жоқ, сыртқа шығарып ешкімге айтпасам да іштей шырылдап күйеуіме ара түсемін: осы күнге дейін жаман атағы шыққан жоқ, қайта тындырымды батыр командирлердің бірі болып келген жоқ па, тіпті басқасын қойғанда, өз жауынгерлерін шашау шығармай, жауға берілмей тылда соғысып, осы ормандағы партизан отрядын құруға ұйтқы болған да

сол емес не? Өзге жұрт осының төңірегіне жиналды ғой. Бұл, əрине, менің дəлелім, бірақ соғыстың дəлелі басқа. Ол қаныпезердің қанша еңбек сіңіріп, ерлік көрсетсең де, сенің бір осалдығыңды кешпейтін, өзінің қатал заңы бар. Мұнда жалғыз ғана бағаланатын нəрсе — батырлық, ажалдан қорықпау, ақылың Аплатондай болса да төніп келген ажалдан қаймығып жалтарсаң, онда сенің құның жоқ. Мұндағы кісіні шын қорлайтын, ең жаман сөз «қорқақ» деген сөз. Жұрт өзі сағат сайын шыбын жанын ажалға тосып жүрген соң, өзге біреудің жан сауғалап жалтарғанын кешпейді. Қасымбекке жұрттың қырын қарағанын өз басым аңғарғаным жоқ, сонда да ол өзі — өзінен қорланып... жаман күдікке күпті болып жүрді ме екен? «Екі адам қаза тауып, тапсырма орындалмағанша... үш адам түгел қаза тауып тапсырманың орындалғаны дұрыс еді ғой» деп еді Қасымбек сол түні. Енді байқасам бұл өз сөзі емес, естіген сөзі... айып есебінде бетіне басылған сөз болды ғой. Сол сөзге мойынсынып, өз ойы қылып маған айтыпты. Сонда екі адамды шығын қылып түк бітірмегенше, үш адамды шығын етіп жаудың эшелонын қирату... тіпті оп — оңай есеп екен — ау бұл... Ешбір есепке келмейтін, есесі толмайтын адамның ажалын да мына соғыс қарапайым, қатал есепке салып қойғаны ма?.. Бірақ менің миыма ондай есеп кірмейді. Менің көз алдыма тек көпірдің астына тығыл тірел, жарылғыш дəріге қолын созып, өзімен бірге жарып жібергісі келіп, жанталасып тұрған Қасымбек елестейді. Аман келгеніне қуанам... Ал күйеуім болса, осы амандығына өзі қуанбайтын сияқты. Соғыстағы адамның əрбір ұрыстан аман келгені ұлы той, жұрт ертеңгі қатерді есінен шығарып, кішкентай қуанышқа мəз — мейрам болып, жоқ нəрсеге қарқылдап күлісіп жатқанда, ол да əдетінше ыржиып езу тартқан болады, бірақ сол күлкісінің ар жағында сап — салқын бір нəрсе бар сияқты, түрін көргенде тіксініп қалам. Екеуміз, тіпті баламызбен үшеуміз, жыл жарым партизан отрядында бірге болып талай ажалмен бетпе — бет кездесіп, от пен судан өтіп, көн болып кеткен денем ыстық пен суыққа көндігіп алса, қауіп пен қатерге жүрегім де қасаң болып кетіп еді. Қасымбектің ұрысқа кеткен сағаттарын да, жүрегім алып ұшпай, сабырмен тосатын болғанмын, енді сол сабырымнан айрылып, осы бір тапсырмаға шыққан сапарын, тіпті алғашқы күндердегіден бетер көңілім ұйтқып, мазасыз тостым.

Қазір бұлар орындайтын тапсырмалар да қиындап барады, бірнеше эшелон қиратқаннан кейін немістер де қарап отыра ма, сақтығын арттырып, жол бойындағы күзеттерін күшейтіпті, енді біздің жақтан да шығын көбейе бастады. Сол тапсырмаға Қасымбек төрт адам болып кеткен, төртінші етіп қастарына Прошаны ерткен. Содан Проша жалғыз қайтқанда жүрегім мұздап қоя берген. «Пpoшa, өзгелері қайда?» деп сұрағанымша болмай, бала жүгіріп келіп мені құшақтай алғанда бір жамандықтың төбемнен төніп келе жатқанын сезіп іші — бауырымды аяз қарып өткендей тұла бойым салқындап қоя берді. Əлі бала ғой, жөн — жосығыңды қайдан білсін. — Білмеймін, тетя Надя. Олар сірə қаза тапты ғой деймін. — Не дейсің?— деппін бар айтқаным. Басыма таяқпен салып қалғандай есеңгіреп отырып қалсам керек, содан бір кезде кішкене үміт сəулесі қылаңытқанда: бала «білмеймін» деді ғой, ашық айтпай тұспалдап тұр — ау, «Апыр — ай, жаңсақ болғай» деп Прошаның бетіне қарадым. Ол мұрнын қайта — қайта тартып, көзі жыпылықтап жыларман болып тұр екен, менің кескінімді көріп, тоқтамай жылдам — жылдам сөйлеп кетті. Қашан баланың аузынан ақтық жаман сөз шыққанша амандықтың бір қисыны бола ма деп дірілдеген үмітімді үзбей мен де тыңдап қалыппын. — Біз осыдан шықтық қой. Содан өзіміз дəрі қойып... бұзамыз деген көпірге бардық. Бізді қараңғыда ешкім көрген жоқ. Біз де ешкімді кездестірмедік. Сонда да тасаланып сай — жылғамен жүріп отырдық. Командир... Қасымбек Каресович өзі бастап жүрді. Оның соңынан мен жүріп отырдым. Командир «топталмай, тек көз жазып қалмай бір — біріңнің қараларыңды көріп отыратындай жерден жүріңдер» деген. «Алды — арттарыңа қарап отырыңдар» деген.— Проша қалай жүріп, қалай бұққандарына дейін тəптіштеп əңгімесін созып кетті. Мен оны асықтырмадым, қайта оның əңгімесінің созыла бергенін, жаманат хабарға жеткенше созыла бергенін, тіпті сол хабарға жетпей қойғанын тілеймін, мүмкін күдер үздірмейтін бір хабар айтар деген алдамшы үмітім де бар.— Содан біз сол жылғаның үстінен салған кішкентай темір жол көпіріне жеттік. Со кезде таң бозарып атып қалған. Содан анау Павленок айтты: тіптен жарық болып кетпей тұрғанда, толдарды орнына құрып, шнурды тартып алайық деді. Сосын командир айтты, Қасымбек Каресович қазір құруға болмайды деді. Эшелон бес қырықтың шамасында келеді. Бір

жиырма минут қалғанда ғана құрып күзетіп жатамыз деді. Бүгінде немістер жолды мықтап күзететін болған, ерте құрсаң олардың патрульдері келіп, толды алып тастайды деді. Рас екен, біз жатқанда патрульдер арлы — берлі екі рет өтті. Көпірдің тұсына келгенде əдейі тоқтап, қарап тексеріп шықты. Содан біраз уақыт өткен соң командир, Қасымбек Каресович, «поезд келетін мезгіл болып қалды, ал, кеттік» деді. Содан көпірге жетіп арқамыздан қапшығымызды шеше бергенде жау патрулінің қарасы көрінді. Командир ана екеуіне «патрульді бөгеңдер» деп бұйрық берді де, өзі толдарды алып рельстің астына тығып жатыр. «Бұл көпір менен бір рет аман қалып еді, енді құтыла алмайтын шығар» дейді. Мен толдарды əперіп тұр едім, командир, Қасымбек Каресович, басын көтеріп атысып жатқан жаққа қарады, мен де қарап едім, жау жақындап қалған екен. Сосын командир, Қасымбек Каресович, тез отрядқа жет, тапсырма орындалды ден хабарла» деді. Мен кетпеймін, бірге болам деп едім», маған қатты ақырып жіберді. «Тез жөнел! Бұйрықты орындамасаң атып тастаймын! Жылғамен кет!» деді. Сосын мен жылғамен жүгірдім. Олар атысып жатыр. Бір кезде гүрсілдеген дауысты естіп артыма қарасам, орман ішінен бір ұзын состав, поезд шығып келе жатыр екен. Паровоздың түтіні будақтайды. Содан поезд кішкене көпірге келіп қалды. Мен бəрін қарап жаттым. Тіпті паровоз көпірден өтіп бара жатыр еді... Бір пəленің жақындап келе жатқанын сезіп, жүрегім аузыма тығылып барады. Проша қорс — қорс еткізіп мұрнын тартып, үстіңгі ерні дүрдиіп, ұрты кəмпит сорғандай жағына жабысып, іркіліп қалды. Зəрем ұшып, бажырайып баланың бетіне қадалып қалыппын, ішімнен ар жағын айтпай тұра тұрса екен ден тілеймін. Проша қылғынып бір — екі жұтынып алды, енді сөйлемесе жылап жіберетін түрі бар. — Өзі бір ұзын состав екен. Анық көрдім паровоз көпірден өтіп кетті. Сол кезде... сол кезде тек гүрс ете қалды. Қап — қара түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді. Бір тарсыл — гүрсіл болды да кетті. Вагондар құлап жатыр... құлап жатыр. Соңғы вагондар алдыңғы вагонның үстіне артылып кетеді де құлайды. Паровоз да құлады. Біздің адамдар келер ме екен деп қарап едім... ешкім көрінбеді. Содан шаң — тозаң басылғанда қираған вагондарды айнала жүгіріп жүрген немістің екі — үш солдатын көрдім. Біздің адамдар көрінбеді... Білмеймін... Прошаның əңгімесі осымен тоқтады. Алқынып аузыма тығылған жүрегім не əрі, не бері кетпей, кептеліп кеңірдегіме тіреліп қалған сияқты,

тырп ете алмай сол кеңірдегімнен ілулі тұрғандай хəлім бар. «Өлді» деп ойбай салайын десем, мына бала анық айтпады, анығын өзі де білмейді; «өлмеді» деп үміт етейін десем, айтуына қарағанда дəл ана жерден аман кететін қисыны жоқ, бірақ сонда да қашан көзім жеткенше көңілі құрғырым «өлдіге» қимайды. Соғыста, тіпті одан да қиын құтылмас пəлеге кездескен адамдардың құтылып кететін таңғажайып жағдайлары бола беретін. Ақыры жаманат хабар анықталды. Күні бойы үмітімді үзіп жалғап, өшіріп əбден ит сілікпемді шығарған болу керек, енді келіп маған арнайы естірткенде көзімнен жас шықпай қалды. Бір түрлі дүние құлазып, мына сұрықсыз өмір одан бетер сұрқай тартып, бір жиренішті сезім — жалғыздық пен қорғансыздық сезімі тұла бойымды кеулеп, құлазытып бара жатты. Көңіл айта келген үш — төрт еркек те осы сұрғылт дүниеде өздері де сұп — сұр болып менен алыстап кетті. «Қасымбек Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, ерлікпен қаза тапты. Капитан Гастеллоның ерлігін қайталап өз жанын құрбан етті. Халық оны ұмытпайды». Селк ете қалдым. Бұл Носовецтің даусы. Жаңа Носовецтің қарасын көргенде комиссар арнайы келе жатқан соқ — ақ, жаманат хабардың расқа шыққанына көзім жетіп, шошынып буын — буынымнан жан кетіп қалған. Оның мына сөзіне неге селк ете қалғанымды білмеймін, əлде өлім деген сұмдыққа сонша əдемі сөз қосқанына — ащыға бал тамызғандай тітіркеніп қалдым ба... Бір кезде байқасам жалғыз өзім отыр екем, жұрттың қалай тарап кеткенін де аңғармай қалыппын. Шамасы есіттіргеннен ойбай салып, шыңғырып жылаған əйелге басалқы айтып жұбатуға келген кісілер, мен, көзімнен жас шықпай, бедірейіп үнсіз қалған соң, өздерінен өздері ыңғайсызданып, қипақтап аз отырып, біртіндеп тарап кеткен болар, мазасын алмасын дегендері шығар, екі баланы да ала кетіпті. Өзім сірə, табиғатымнан тас бауыр, қатыгез боп жаралған пəле болармын, қазақтың əйелі сияқты ойбайымды салып, шашымды жұлып, кеудеммен жер соққылап дауыс қылудың орнына безеріп, үнсіз отырып қалыппын. Енді келіп есімді жиғанда алдымен өзімнің хəлімді ойладым. Шынымды айтсам бұл ажал өзім күтпеген жерден, тура төбеден түскендей болған жоқ. Соңғы кезде үдеп кеткен күдігім мен қобалжуымды былай

қойғанда, жұрттың бəрін сыпыра жалмап жатқан мына сұмырай соғыс өзімді ала — бөле ажалдың тура əдетінен суырып алып, ол аз дегендей аспаннан түскендей күйеуімді тауып беріп, бауырыма баламды бастырып, төрт құбыламды түгелдеп алшақтатып қояды дегенге сенбеуші едім: енді келіп сол артығын алып кетті. Əлі де алмағаны бар шығар бұл жауыздық... «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деуші еді, Қасымбектің қазасының салмағы да маған кейінірек барып жетті. Күн асқан сайын күйеуімнің орны үңірейіп барады. Күйеуім қасымда жүргенде оның қадірін білмеген сияқты болып көрінем де, көкірегімді өкініш билейді. Менің бар едім, салмағымды ауырламай қиын кезде де қабағын шытпай көтеріп еді. Жаудың тылында, партизан болып соғысу — салт басты, сабау қамшы ер азаматтың өзі əзер шыдайтын қиямет нəрсе. Қасымбек болса бір қолымен соғысып, бір қолымен жөргектегі баласы мен əйелін сүйретіп жүрді. Ол ғана ма? Күйеуім қасымда жүргеніне мəз болып, мен оның халін, ар жағында не болып жатқанын ойламаған екем. Біздің Қасымбекке түсетін салмағымыз, тек жорық үстіндегі ауыртпалық, тіршіліктің салмағы деп ойлаушы ем. Күйеуімнің балажандығына ішім жылып, мəз болатынмын. Жаның қалмай жақсы көретін бал мінезді киттей балаң мен əйелің көздері жəудіреп қасыңда тұрғанда басыңды оққа байлап соғысу... Менің өзім қандай болып едім? Күйеулері алыста, көз кермес жерде соғысып жүрген елдегі əйелдердің хəлі менің қасымда ойыншық екен. Күйеуіңді құдайдың құтты күні өз қолыңнан, алыстағы көз көрмеген майданға емес, көріп жүрген тікелей соғысқа, ажалға аттандырып тұрсаң... Мен өз хəлім, өз қорқыныш, күдігіммен əуре болып Қасымбектің ішінде не болып жатқанын ойламаппын да. Ұрысқа кірген адам алдымен жаумен соғыспайды, өзімен, өз ішіндегі ажалдың үрейімен соғысады. Барлық қажыр — қайратын, жан қуатын жұмсап, ең əуелі сол сұмырайды жеңіп алады. Қасымбекке осы екеуі аз болғандай, қиналған сəтінде баласымен екеуміз барып шаужайына жармасқан екеміз — ау. Қанша батыр болсаң да көзі жəудіреген кішкентай сəбиің мен қорғансыз əйеліңді қалың жаудың ішінде қалдырып, басыңды оққа байлау... Соғыста жүргенде көп нəрсені ойлап басымды қатыpa бермейтінмін, ой деген пəле қай — қайдағыңды қоздырады да шықпайтын шырғалаңға салып қояды, сөйтіп жүріп Қасымбектің де халін ойламаппын. Өзін жоғалтып алып, оның халін енді ғана түсініп келем. Баламыз екеуміздің

күнделік тұрмыстағы масылдығымыздан «артымда қалса қайтем» деген уайымы анағұрлым ауыр болған екен ғой оған. Қатын — баласы елде қалған еркектерге ештеңе емес — ау, ал əйелің мен кішкентай сəбиіңді қанжығаңа байлап жүріп соғысу деген... Артыңдағы оқ астында жатқан қатын — балаңа қайрыласың ба, я болмаса алдыңдағы алқымыңнан алған жаумен соғысасың ба? Өзге жұрт əйтеуір, басқа түссе «өзекті жанға бір өлім» деп тəуекел етеді, ойлап қарасам, тағдыр бұған тəуекелін де түгел бермеген екен. Баласын еркелетіп сүйе беретін, сонда оның көңілінде не тұрғанын аңғармаппын — ау мен жетесіз. Осы баланың есін білмей жатып жетім қаларын іші сезіп, бар мейірімін сарқып бермек болғаны ма екен? Түнгі тапсырмадан қайтқанда белін шешпестен төсектің шетіне отыра қалып, ұйықтап жатқан Дулатты кеудесіне қысып алып, құшырланып иіскейтін. «Түн аспай баласын сағынып қалыпты» деп соған мəз болатынмын. Содан кейін, қара көлеңкеде маған телміре қарап, мені бір бейне бала сияқты шашымнан, маңдайымнан, бетімнен сипалап қоятын. Құр сипалай бергенше құшақтап, қысып сүйгенін жақсы көріп тұрсам да, күйеуімнің маған бата алмай, жасқана аялағанына көңілім марқайып, іріленіп қалатынмын. Қойнындағы жары болсам да, мені əлдеқандай көріп еркінсіп кете алмайды — ау, деп ойлаушы едім; енді күйіс қайырып, қайтадан ойлап қарасам оның сыры басқа екен. Түнгі соғыста басына қатер төніп, жаны алқымға тірелген сағатта панасыз көр бала екі жетімек қайда қалады деп үрей билеп, ышқынып... енді аман — есен қайтып оралғанда əлгінде ғана жетім қала жаздаған баласын енді айрылмастай бауырына қысып алып, жесір қала жаздаған əйеліне шүкірлік етіп, аянышпен қарағаны екен ғой ол. Жыл жарымнан артық қақ ортасында жүрген соң соғыс деген сұмырайдың да мен білмеген сыры қалмады. Тұла бойыңдағы қажыр — қайратың мен жігер күшіңді түгел бермесең қанағат қылмайтын қомағай мінезі бар оның, бейне қызғаншақ қатын сияқты көңіл алаңыңды ол көтермейді де, кешпейді. Я, жаумен соғысасың, я көңіліңдегі алаңмен, ішіңдегі үреймен соғысасың. Қасымбек болса, біз келіп қосылғаннан бергі жыл жарым екеуімен қатар соғысыпты. Жұрттың басында бір қиындық болса, салмағымды ауырламай қиын кезде де қабағын шытпай көтеріп еді. Жаудың тылында, партизан болып соғысу — салт басты, сабау қамшы ер азаматтың өзі əзер шыдайтын қиямет нəрсе. Қасымбек болса бір қолымен соғысып, бір қолымен жөргектегі баласы мен əйелін сүйретіп жүрді. Ол ғана ма? Күйеуім қасымда жүргеніне мəз болып, мен оның халін, ар

жағында не болып жатқанын ойламаған екем. Біздің Қасымбекке түсетін салмағымыз, тек жорық үстіндегі ауыртпалық, тіршіліктің салмағы деп ойлаушы ем. Күйеуімнің балажандығына ішім жылып, мəз болатынмын. Жаның қалмай жақсы көретін бал мінезді киттей балаң мен əйелің көздері жəудіреп қасыңда тұрғанда басыңды оққа байлап соғысу... Менің өзім қандай болып едім? Күйеулері алыста, көз көрмес жерде соғысып жүрген елдегі əйелдердің хəлі менің қасымда ойыншық екен. Күйеуіңді құдайдың құтты күні өз қолыңнан алыстағы көз көрмеген майданға емес, көріп жүрген тікелей соғысқа, ажалға аттандырып тұрсаң... Мен өз хəлім, өз қорқыныш, күдігіммен əуре болып Қасымбектің ішінде не болып жатқанын ойламаппын да. Ұрысқа кірген адам алдымен жаумен соғыспайды, өзімен, өз ішіндегі ажалдың үрейімен соғысады. Барлық қажыр — қайратын, жан қуатын жұмсап, ең əуелі сол сұмырайды жеңіп алады. Қасымбекке осы екеуі аз болғандай, қиналған сəтінде баласымен екеуміз барып шаужайына жармасқан екеміз — ау. Қанша батыр болсаң да көзі жəудіреген кішкентай сəбиің мен қорғансыз əйеліңді қалың жаудың ішінде қалдырып, басыңды оққа байлау... Дүрсілдеп поезд келіп қалғанда көпірдің ернеуіне иығын тіреп, рельстің астына құрып қойған дəріні сипалап, жаны мұрнының ұшына тіреліп, сол бір шиыршық атқан сəтінде ет қызуымен жарып жібермек болып ұмтыла бергенде... есіне баласы мен əйелі түсіп кетіп... Гүрс етіп аспанға ататын мұп — мұздай ажалды қолымен ұстап тұрғанда ол бір өліп тірілді. Сол түні оны ажалдың салқыны шалды. Сол салқынды бойынан шығара алмай — ақ кетті ғой азаматым. Қасымбектің бір айтқан əңгімесі есіме түседі. «Адам деген қызық нəрсе ғой, кейде түсінбейсің» деп бастап еді ол. «Кейде бір қорқу дегеннің не екенін білмейтін, жауып тұрған оқ қыбына кірмейтін адамның аяқ астынан қоян жүрек болып кеткенін көресің. Тіпті қорықпайтын нəрседен қорқып, қаңғыма оқ зың етсе жата қалып, қиырдан самолет көрінсе шұңқырға тығылып... берекесі кетеді. Білмеймін, адамның бір жаман шошынатын, жүрегі шайлығатын кезі бола ма екен? Ондай сорлылар аман қалмайды, абыройынан айырылып, қаңғалақтап жүріп қаза болады» деп еді. Астапыр — аллау, Қасымбектің өзі осындай халге душар болды ма екен? Бір адам шошынса, шошынатындай жағдайда болды ғой. Бір өліп

тірілген адам екінші қайтып өлімге беттей ала ма? Со жолы Қасымбектің ішінде болған бір өзгерісті сезіп едім де, себебіне жете алмап едім. Ажалын қолына ұстап, аспанға атылайын деп тұрған... ет қызуымен бірден атылып кетпеген соң екінші қайтып оған жүрегің дауай ма? Қатер деген құрғырдың сол сəтіндегі үрейінен, өтіп кеткеннен кейінгі үрейі əлдеқайда жаман. Қасымбектің қабағына айықпайтын бір кірбең терең ұялап алыпты, ішінде де бір зіл жатқанын сезетінмін, енді байқасам, сол ажалды қолына ұстаған сəтінен кейін үрей деген жексұрын күйеуімнің бойына кеулеп кіріп кеткен екен. Оның үстіне екі адамды өлтіріп алып, тапсырманы орындайтын жерде жанын қия алмай жалтарған үшін бір жағынан ары қажаса... Апыр — ау, бір жолы байқадым да, тек жай ғана таңырқап қойған екем — ау. Орман ішінде осы лагерьде тұрғанда аспанда жаудың самолеті көрініп, «воздух» деген айқай шықты да, жүгіріп кете жаздап өзін əзер іркіп, «шық тезірек» деп маған ақырды. Содан екі баланы көтеріп алып, мені дедектетіп қазулы шұқырға алып келді. Осы кезде барып асықпай жайбарақат қимылдаған жұрттың сабырын байқап, кейбіреулері алақандарының астынан аспанға қарап көздерімен көктегі самолетті іздеп тұр екен, Қасымбек ыңғайсызданып қалып еді. Сонда денесінен діріл сезгендей болып едім, өңі де қуарып кеткен — ді. Бұрын талай орындап жүрген үйреншікті тапсырмасына барғанда да алдында тұрған ажалды ғана көріп, зəресі кетіп, өзімен өзі алысып азап шекті ме екен? Дəл қазіргідей көз алдымда, қабағында бір түңілгендіктің белгісі бар еді — ау, мен оны жамандыққа жоруға қорқып, əншейін жай кірбең шығар деп жүруші едім. Бізді де əлпештеп, еркелетуін қойып алған, кенеуі кетіп, қожырап кеткен көңілін босата бермейін дегені болды ма екен шамасы — баласы түскір сүйген сайын қимастығын қоздырып, бекіте алмай жүрген буынын босата береді ғой. Тек соңғы тапсырмаға кететін күні, менің көзімді ала беріп, Дулатжанды бір түрлі ышқынып сүйді де, тез жерге түсіріп жіберді. Meнімен қоштасқан да жоқ... Бұл жерде «сен кеше батыр — ақ жігіт едің, апыр — ай бүгін жүрегің шайлығып қалған екен» деп ешкім маңдайыңнан сипамақ тұрсын, кешірім жасамайды. Оның үстіне өзің көптің бірі емес, командир болып қарауыңдағылардың алдында қоян жүректік көрсетсең масқараның үлкені сол. Осының бəрін Қасымбек білмей жүрді дейсің бе, бірақ ол бір шайлыққан жүректің енді қайтып орнына түспейтінін, рабайда түсе қалған күнде де ұзақ уақыт керек екенін де білетін. Соғыс оған уақыт берген жоқ. Абыройсыз болмаудың, қор болмаудың жалғыз жолы — оның алдына тек

қана ажал тұрыпты. «Бұл көпір енді менен құтыла алмас» депті Прошаға. Соғысқа кіргелі тұңғыш рет соншалықты жүрегін ұшырып, жанын ит қорлыққа салған көпірге өшігіп кетті ме екен? Не де болса ажалы сол көпірдің басында болды. «Ажал тартады» деуші еді қазақ, сол көпірдің түбіне бұрын шала өлген жанын сүйретіп қайта барыпты, енді сол ит жанның сілімтігін алып қалмайын дегені ме екен? Жаны ғана емес, сол көпірмен бірге аспанға ұшып, күл болып кеткен тəні де сол топырақта қалды. 16 Өлімсіреген күңгірт сəуленің де жарығы əр түрлі болады екен. Аузы — мұрны бітеу, есік — терезесі жоқ қараңғы жеркепенің жоғарыдан жылап түсетін жарығы əлі жеткенше ұлғайып болған — ау деймін. Мана бір оянғанда төңірегім тас қараңғы еді енді зілмəнкенің іші кəдімгідей кеугімденіп қалыпты. Қараңғылық бұрыш — бұрышқа сырылып, күңгірттеніп, қабырғалар көрінеді. Бұл үңгірде бұдан артық жарық болмайды, сондықтан да ертеңгі уақыт па, əлде мен көбірек ұйықтап қалып, сəске не түс таянып қалды ма, ажырата алмадым, бірақ əзір екі бала ояна қойған жоқ, соған қарағанда уақыт ұзай қоймаған шығар. Аш балалардың ұзағырақ ұйықтағаны да пайда. Əйтеуір бір əдет те, əйтпесе уақыт есептейтін мен қай шаруамнан қалып бара жатырмын, қайта күткен адамға уақыттың көбірек өткені олжа емес пе. Екі жылдан асты — өткізе алмай жүргенім осы уақыт. Қойны — қонышым қуанышқа толып, жастықтың буына мас болып, көңілім алып — ұшып күннің, айдың қалай өтіп кеткенін білмей қалатын шағымда əрбір азапты күнім мен сағатымды өткізе алмай қиналатын жағдайға түстім. Өмірдің есігін жаңа ғана ашқан жас адамның жауының уақыт болғаны да ақылға сыймайтын нəрсе ғой. Уақыт бəрін жалмап жатыр. Кейде, соғыс тым болмаса бір күн ерте бітсе қанша адам тірі қалар еді деп ойлаймын. Бірақ соғыстың əзір бітетін ойы жоқ. Жалмап жатыр. «Жақындап қалды, ұзамай келіп қалар» деген майданның өзі бізге жетпей — ақ шаршатты. Ол майданды біз күткелі қашан, мен отрядқа келген алдыңғы жылдың ақырынан құлағымыз елеңдеп күтіп келеміз. Енді осы келіп — ақ қалды деп еді... одан бері де талай шығынға ұшырадық. Біздің отрядтың да сілімтігі шығып еді, əдейі əскер жіберген жаудың шабуылына қайдан төзсін, басқа бір жаққа жалтарып кетті ғой, тек қоршауға түсіп қалмаса.

«Біздің отряд» деймін, демегенде қайтейін, екі жылға жуық бірге болып осылардың ішіне əбден сіңісіп кеттім. Өліп тұрамыз, жаңарып тұрамыз, бірақ əйтеуір əріден келе жатқан қара шаңырақ сияқты сол отряд болып қала береді. Мен келгенде отрядта жүз қаралы адам бар еді, олардың қатары сиреп Николай Топорков, Абан Бұдашев сияқты жиырма шақты жігіт қалды. Көбі кейінірек келгендер, тіпті жаңадан келгендері де бар, солардың алдында енді мен көненің көзі сияқтымын. Қасымбек қаза тапқаннан кейін мені бір тыныштау жерге паналата тұрамыз ба, дегендер де болып еді, бірақ майдан жақындап, жау əскері қалыңдап кеткен бұл маңайдан тыныш жер табылмады. Оның үстіне Абан мен Николай мені отрядтан қалдырғылары келмеді, содан маған көзі үйреніп кеткен көпшілік онша қарсы бола қоймады. Соңғы кезде партизандардың мазасы кетіп, маған екі баламен оңай болып жүрген жоқ, əйтеуір көптеп көмектесіп, амалдап келе жатырмыз. Сасқан кезде біреуі бір баланы көтеріп алды, бір баланы өзім көтеріп жүгірем. Бұл екі жетімек те тумай жатып көргені сол болғасын бəріне көндігіп алған. Жұрттың жанының қысылғанын бұлар да сезе ме, жүгіріп баратып құлатып, не бір жерге соғып алсаң да қыңқ етіп жылауды білмейді, тек маймылдың баласындай кісінің бауырына жабыса береді. Орман ішінде лагерьде тұрғанда төбемізге жау самолеті келіп қалып, «воздух» деп айқайлағанда, жұртпен бірге өздері шұңқырға қарай жүгіреді, Дулат окоптың ернеуіне келіп, жата қалып домалап түседі, одан екі елі қалмайтын кіп — кішкентай Света үрпиіп, дəл шұқырдың ернеуінде тұрып қалады. Қасымбек қайтыс болғалы екеуінің салмағы мен үшін бұрынғыдан да ауырлап кетті. Бірақ ойлап қарасам, бір жағынан менің біраз қасіретімді жеңілдетіп тұрған да осы екеуі. «Осы екеуі» деймін, іштен шықпаса да, кішкентай Светасы түскірді Дулатымнан бөліп тастай алмаймын, тіліме бірге оралады. Қасымбек қаза болғанда шашымды жұлып жыламасам да, əлде сол жыламағанымнан ба екен, білмеймін бір зіл салмақ мені басып бара жатты, тіпті денемнің де ауырлап кеткенін байқадым. Тірі жанмен тілдескім келмейді, бір — екі рет Абан қазақшалап жұбаныш сөздер айтып, көңілімді демегісі келіп еді, менің түрімнен шоши ма, сөзінен жаңылып, ыңғайсызданып, қипақтап отырып кетіп қалатын болды. Мен болсам бейне бір меңіреу далада қалғандаймын, Абанның сөзінің де мағынасы жоқ, төңірегімде қарауытып жүрген адамдардың тірліктерінің де мағынасы жоқ. Ертең не болам дегенді де ойламаймын, өйткені ертеңгі күнде де ешбір

мағына жоқ сияқты. Кеше ғана тірлік үшін тырбанып, бір жағы жаумен соғысып, бір жағы қатын — баласының қамын ойлап, алдағы күннен үміт етіп жүрген Қасымбек не болды? Аңсаған арманың, тағатсыз күткен жақсы күнің, тыпыршыған тірлігің көзді ашып жұмғанша жоқ болады. Қасымбек те көз жұмғанша тырбанып, сол алданышпен кетті, əбігерден айықпай, өздерінше бір нəрсе тындырдым, не тындырам деп жүрген мына жұрттікі де, бүгін болмаса ертең жоқ болатын сол алданыш емей немене. Менікі де сол. Дəл осылай ойладым ба сол кезде, əлде осылай сезіндім бе, cipə солай сезінген болармын, ондай шақта менде жүйелі ой қайдан болсын, тек тұла бойым құлазып, дүние сұп — сұр болып, азынап баратқанын білем. Бір күн бойы екі балаға да қарамадым, кейде маңымда жүргенін байқаймын, кейде, еркектер алдарқатып алып кете ме, көзіме түспейді, оларды іздеп алаң болуды да қойып алған сияқтымын. Кіп — кішкентай болса да баланың іші де бір нəрсені сезеді — ау деймін. Дулат келіп қыңқылдап мазамды алмайды. Бір — екі рет өрмелеп мойныма асылғанда итеріп түсіріп жіберіп едім, əдетінше қайта жармасып, жылап мазамды алудың орнына, үндемей жүре берді, бірақ сонда да шешесінің бір үлкен қасіреті барын білгендей, мені төңіректеп кетпей қойды. Көзі жаутаңдап маған қарап қояды. Содан бір кезде: — Папам қашан келеді?— деп сұрады. Қалай тіріліп кеткенімді, баламды қалай құшақтай алғанымды өзім де білмей қалдым. Бауырыма қысып алып, екі бетінен жабысып сүйе беріппін. Бір кезде ағыл — тегіл көз жасым екеуміздің бетімізді шылқытып, жуып кеткенін байқадым. Мына ажалдай азынаған сұп — сұр суық дүниеде жылтыраған жалғыз шырағымды өшіріп ала жаздаппын ғой. Кешеден бері баламды елеусіз жалғыз қалдырғаным үшін жүрегімді үрей билеп, енді қолымнан шығарсам айырылып қалатындай көріп жабысып қалдым, ауық — ауық ышқынып даусым да шығып кетеді. Осы бір үрей мені қайта тірілтті. Енді қашан кеудемнен жаным шығып кеткенше осы сəбидің өмірі үшін алысатынымды сездім. — Иə, сөйтіп өзімнің үйреншікті тірлігіме қайтып оралдым. Қасымбек қаза тапқанмен аспан құлап жерге түскен жоқ, партизандардың өмірінде де елеулі өзгеріс болған жоқ, күн сайын қазаға ұшырағандардың бірі болып бұл дүниеден кете барды; тек менің ғана сүйенген жарым омырылып түскендей бір жаным үңірейіп қалды. Əйтеуір кеудеден жаным үзіліп

шыққанша тырбана беруге үйренген машығым бар, жүгім екі есе ауырлап кетсе де тырбана бердім. Тек бір осындай оңаша қалғанымда, өткенім мен кеткенім көз алдыма қайтып оралып, ойы құрғыр іші — бауырымды осып — осып жіберетіні бар. «Қасымбек капитан Гастеллоның ерлігін қайталап, өз жанын құрбан етті, біз оны мақтан етеміз» деді Носовец. Осалдығым шығар, менің жүрегімде мақтаныштан қасіретім басым. Ерім Гастеллоның ерлігін қайталапты, бірақ менің балама əкесін бұл дүниеде ешбір адам қайталай алмайды. Менің жоғалтқан жарымның орнын ешкім толтыра алмайды. Жеп жатыр, мына соғыс, жалмап жатыр. «Жеңіс» деген жалғыз ауыз сөзге жеткенше əлі қаншасын жалмайтынын бір құдайдың өзі білсін. Бірақ қанша құрбандық, қанша шығын керек болса да мына қозғалып кеткен соғыстың машинасы соған жетпей тоқтамайды, алдыңғылардың құрбандығын ақтау үшін соңғылар да құрбандыққа барады. Екі жауынгерін құрбан етіп, ажалмен бетпе — бет келгенде қатын — баласы есіне түсіп кетіп, бір тайқып қалған Қасымбек, жүрегі қанша шайлықса да екінші рет тайқып кете алмады, өзін құрбан етті. Өйтпесе енді қайтып жер басып жүре алмас еді. Осының бəрін түсінетін — ақ сияқтымын, бірақ бəрібір ет жүрегім қан жылайды. Ойсыраған олқымның орнын ешбір дəлелмен де, уытты сөзбен де толтыра алмаймын. Бұл обыр соғыстың ресми тілінде адамның ат — есімінен гөрі сан есебі көбірек айтылады: «Он бес адам қаза тапты», «отыз адам шығын болды». Биыл көктемде немістер партизандарды үлкен орманнан қуғанда ондай цифрлар тіпті көбейіп кетті. Көрші бригаданың мың екі жүз адамынан жүз жиырмадай ғана адам тірі қалыпты деп естідім, ең шығыны аз деген біздің отрядтың да бестен бірі ғана қалды. Осылардың барлығы цифрмен есептеледі. Қиын соғыста он шақты адамын беріп құтылса—«шығынымыз аз болды» деп қуанып қалмаса да, кəдімгідей көңілдеріне тоқ санайды. Сол он шақтының əрқайсысы біреудің бір Қасымбегі, Светасы емес пе? Он екіде бір гүлі ашылмаған қыршын жас Проша да соңғы соғыста қаза тапты. Қасымбек қазасынан кейінгі мені қатты қинаған осы баланың ажалы болды. Кəмпит сорғандай қусырылып тұратын екі ұрты бұрынғыдан бетер қусырылып, дүрдиген үстіңгі ерні жұқарып күрек тісіне жабысып, боп — боз болып солып қалған жансыз бет — бейнесін көргенде... қанша қырғынды көріп келе жатсам да осы бір өлім маған тіпті түсініксіз, жаратылысқа жат — сорақы болып көрініп, тұла бойым мұздап қоя берді. Көзімнен жас шықпай Прошаның өзіме сонша таныс бетінен титтей болса


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook