жеткен мəресі осы! Соған қарамастан Қазақстан телеарналары табиғатымыз бен тұрмысымызға жат əуейі де əулекі фильмдерді барынша кеңінен насихаттаудан тиылмай келеді. Күнделікті санаға қатыгездікті көрсететін ату-асу, төсекқұмарлық пен зинақорлықты дəріптейтін туындыларды сіңіре берген соң пиғыл, іс-əрекет өзгермегенде қайтеді? Жаналғыштай мысықтабандап жақындап келе жатқан жаһанданудың себеп-салдарына терең үңілетін кез келетініне имандай сенемін. Қырда Татьяна мен Тоқжан əлдеқашан қауышты. “Ұзақ кеш бойында бір жанып, бір тоңазыды. Үзілместей үнсіз жастарын қат-қат тамшылатты. Ішімен Татьяна əнін соншалық нақыштап, көп қайырып, құпия қайырып, айтып кетті...” Сона бір кезде Хауа Ана тиым салған жемісті жеген махаббат миуасы уылжып сыңсып тұрғандай əлі. Татьяна мен Тоғжан жəне олардың сіңлілері тұрғанда сүйіспеншілік сезімі көмескі тартып жұлдыздары сөне ме? Ол өмірбақи жарқырай береді. Жаса, мəңгі махаббат! Немесе бір қазақ ақыны сонша зарығып, жүрек сырын төгер ме? Махаббат – бір тікенек, Жүрекке барып қадалад. Бақытсыз ғой бұл жүрек, Тамшылап одан қан ағар. Тез жазылмақ бұл жара, Бал тілімен сүйсе жар. Сүймесе жүрек, дариға, Өлер жүрек, қансырар. Махаббат – бір тəтті у, Ішер жүрек болар мас. Дүниедегі у мен шу Мас жүректі оятпас.
*** Махаббат – бір тəтті у, Ішер жүрек, төгер жас! Аян Жауһарлар жарығы (немесе қазақ дастандарында қыз-келіншектер бейнесі қалай кейіптеліп жүр?) Қаншама сонау əлімсақта қанға біткен дағдымен нəзік жандылар өкілі еркектің бір қабырғасынан жаралды десек те, əйелдер əлемінің тылсым сыры аз емес. Əрине, қоғам дамуының қай кезеңінде де құдай қосқан қосағыңның, сүйген жардың, отанаңның орны бөлек, ойсырап тұрады. Заманалар бойы рухани азық болып келе жатқан қазақ жыры, толғау мен дастандарының қайсысын алсақ та, бəрінде халық жаны қаһармандығы мен сұлулығын əспеттеп айшықтайтын ерлік пен елдік паш етіліп, ақаусыз жымын білдірмей мəңгі бірге өріліп, жер құрсағынан тап-таза сүзіліп шыққан мөлдір нұрлы қайнарлардай бүйрегіңді бүлкілдете үздіктіріп, жасампаз жарасыммен жарысып жатады. Небір сəукеле киген сұлулар, ақ маңдайы күмістей жарқыраған арулар, ақ жаулықты аналар бейнесі жүрекке ұялап, бекзат болмысымен тəнті етеді. Тұлымшағы таң самалымен желбіреп, бəйшешектей бой түзей бастағаннан бастап қыз баласы көз құртына айналып, жанды сəулелі сезімге бөлеп, əлдебір ұяң үмітті оятып, шұғылалы шақтарға шақырады ынтызар етіп. Оларды дүниедегі ең аяулы асыл заттарға теңеп, ұлы ұғымдардың түбіріне үңілтеді. Сабағынан үзілмей майысқан гүл, желмен мың бұралып, билеген талшыбық, сағағы сұлу сəйгүлік пен айдында мамырлаған аққу құсқа дейін қалдырмай əздектеп маржандай тізеді, меруерт моншақтай шашып таң шығын кешіп келе жатқан тəңіриедей төбесіне хан көтереді. Қызғалдақ қыз, бүлдіршін бойжеткен он бесінде толықсып, толған айдай пəк перизат үкілі үмітті əлдилеп, алыс арманға
талпындырып, жүрек нəзік саусағын жаяды. Ғажап ғұмыр галереясы көзге оттай басылып көңіл көкжиегінен кербез көлбеңдейді. Сарытап сағыныш, мəңгілік мөлдір мұң, ыстық ынтызарлық, қызу құштарлық, тəтті тілек туындап, сезімді сиқыр сурет арбайды. Буалдыр сағымға оранып, көкіректегі қоламтаны көсеп, тұлғаны тұман тұмшалап, аспанға бұлтты жүзін, айлы түн астында аққайыңдар тербеліп, жұмбақ жұлдыздар жымыңдап, қызыл-жасыл қызық дəурен дөңгелейді. Шіркін, бір көзқарастан түсінісіп, қас-қабақтан танып-білу қандай түйсік құдіреті! Бұлармен өткенді аңсап, келмеске кеткенді көксеп отырған ешкім жоқ. Əр қадам бес күн жалғанға келген соң жұмыр басты пендеге зор жауапкершілік жүктейді. Қыз көру, құда түсу, ұрын бару, келін түсіру, бет ашу, құрсақ тойы жігіт сұлтанына, оның əке- шешесі, əулетіне ауыр сын болғанымен, қыр қыздарының өтетін үлкен мектебі. Тəлім-тəрбие төркіні, өнеге өрісі. Сөйте тұра Шығыстың, көбінесе қазақ ертегілері, дастандары мен басқа да ауыз əдебиетінің нұсқаларында жезтырнақ, мыстанкемпір, таулақ, сайтан, албасты, хор қыздары мен періштелер бейнесінің бəрі неге ұдайы əйел бейнесінде суреттеледі? Əлде ібілістерді көрген бар ма? Қазақ мақал-мəтелдерінің өзі алдыға таудай талап қоятындай: “Қыз өспей ме, көкейіңді теспей ме?”, “Қыз өссе – елдің көркі...”, “Қызға қырық үйден тыйым”, “Қыздың жолы – жіңішке”, т.б. Бізге Қыз Жібек пен Төлеген, Баян Сұлу мен Қозы Көрпеш, Назым мен Қамбар, Ақжүніс пен Ер Тарғын жəне басқалар əпсаналар мен аңыздардан келген жоқ. Оларды өмірдің өзі тудырды. Қаныңды қыз-қыз қайнататын қимас кейіпкерлермен бірге Мəжнүн мен Лəйлі, Фархад пен Шырын, Мұңлық-Зарлық, Шаһризада ғашықтық хикаялары соны бір əлем ашқандай əсер қалдырады. Қалқаман – Мамыр, Еңлік – Кебек – сол мəңгі махаббат жырларының жалғасы. Халықтың əн мен күйлері дала еркетотайларын қалай үр қызындай əспеттейді. Бұл іңкəрлікті жаратылыстың керемет көрінісі, асау жел ызыңы, құстардың құйқылжыған үні, сəнді тал жапырақтарының сыбдыры, тастан тасқа еркелеп секірген бал бұлақтың сыңғыры жүрекке жеткізгендей. Дүние кемпірқосақ көкорайдай құлпыра түскендей. Көзайым жанды көргенше күйіп-жанып, аптығып жауқазын жас жігіттің жүрегі түкті болса да, көңілі күпті. Бұл жолда байбатша мырза
дүние-мүліктің бетіне қарамай, тек есіл-дерті – сүйіспеншілік пен құмарлық. Алайда “Қыз Жібектің” туындыгері (Жүсіпбек Шайқысламұлы нұсқасы) көркемдік кілтін бірден қолға ұстата салмайды. Əуелі көш қызығын сипаттайды: Қазыналы қырық нарға Жібектен арқан тарттырған. Əсемдіктің бəрін де Бұл жиһаннан арттырған. Дүрия бешпет белсеніп, Бұл дүниені кең салып, Алтынды қамшы қолға алып, Абжыландай толғанып, Бұралып кетіп барады, Жын соққандай теңселіп. Дастанның белгісіз иесі сұлулыққа көз сүріндіріп, əсемдік əлеміне табындырып, жүрек лүпілдетеді. Бұндағы қырмызы қыздар жүзіктің көзінен өткендей жұтындырып, бірінен бірі асып түседі. Халықтық таным-ұғымдарға сай жеті, қырық киелі сандары жиі ұшырасып, ортақ ойға орайластырып, жетелеп отырады. “Алпамыста” баһадүрді мыстанкемпір 40 қыз-келіншекпен қарсы алып, қырық құлаш зынданға салдырса, “Қыз Жібекте” хас сұлудың айдында жүзген аққуларындай алтауы суреттеліп, жетінші Қыз Жібектің анасының кейпін кестелейді. 46 нарға жүк артқан арулар мен 40 күйме сəн-салтанаты қалай сүйсіндірмейді? Түздің тамаша табиғатымен үйлесіп, үндесетін нəзік жандар жаратылысы өзгеше жарасыммен жарқырайды. Жастық пен қарттық қойындасып, келешекке кетіп бара жатқандай. Кейуана болса да, əлі сынын бермей, бетінен əр таймаған бəйбіше жас дəурен қызығын қайта кешкендей. Оны топ жұлдыздар арасынан байқамай
қалу мүмкін бе? Бейнелеу күшімен, шынында да, Қыз Жібектің шешесі осы дегізгендей. Сары алтыннан жабдығы, Бір жүз он түйе қазына Қызыл алтын сандығы... Көркі Раушандағыдай, Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері Əлгі қыздан салдығы. Айдың өткен нешесі, Ай қараңғы кемесі. Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері Ілкі қыздан мүшесі. Асылдай болып есіліп, Нұрдай болып шешіліп, Ақ маңдайы жарқылдап, Танадай көзі жалтырап, Алтынды кебіс сартылдап, Көшті тартып барады. Жібекті тапқан шешесі. Берсе тəңір жігітке, Ертесі мен кеші не? Төлеген жігіт сұлтаны болса, Қыз Жібек – бұла өскен дала аруы. Оны кім болса да, ғашық көзбен көретіндей. Ақын-жырау кейіптегенде
бояуларды баттастырып жақпай, шым-шым сезім иірмекке иіріп, келістіріп кестелейді. Жиһаннан асқан сəулеті, Лəйлі-Мəжнүн болмаса, Өзгеден артық келбеті. Үш қызы бар қасында-ай, Кебісінің өкшесі Бұхардың гауһар тасындай. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап. Алтын шашбау шашында, Қыз Жібектің шаштары – Қоғалы көлдің құрағы, Көз сипатын қарасаң – Сегіз бейіш ішінде Хорлардың жаққан шырағы. Дүрі – гауһар сырғасын Көтере алмай тұр құлағы. Қыз Жібектің ақтығы Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы Айбалтаның сабындай. Төсінде бар қос анар Нар бураның санындай.
Оймақ ауыз, құмай көз, Іздеген ерге табылды-ай. Өткірлігін байқасаң, Ұсталар соққан кетпендей. Нұр тұқымын еккендей Бір ауыз сөз сөйлескен Мұратына жеткендей. Тірісі түгіл, Жібектің Өлігіне адам қайырылып, Бетінен келіп өпкендей, Қыз Жібекті Төлеген Ақылменен танып тұр. Көз мейірі қанып тұр. Бейіштен жанған шамшырақ, Көзі ойнап жанып тұр. Белі нəзік талып тұр. Тартқан сымнан жіңішке, Үзіліп кетпей неғып тұр? Қазақтың тұрмыстық, иə батырлық дастандарында болсын, қыз кейіпкерлерге ешкім сараңдық танытпай парасат-пайыммен пішіледі. “Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы” Баян, “Қобыландыдағы” Құртқа, “Қамбар батырдағы” Назым, “Алпамыстағы” Гүлбаршын, “Ер Тарғындағы” Ақжүніс ел үшін еңіреген ер жігіттерге сенімді серік болып қана қоймай, сүйгендері үшін қандай құрбандықтарға дайын күйінде есте қалады. 1821 жылғы жазға салым А.Негри бастаған елшілік керуені Орынбордан Бұхараға сапар шекті. Орыс əскери штабының офицері Е.К. Мейендарф талай жазбаларының негізінде “Орынбордан Бұхараға
саяхат” атты кітабын іле-шала неміс жəе француз тілдерінде бастырды. “Ер Тарғында” Ақжүністің Қарт Қожақты иліктіріп, тіл қататыны бар: Ай, Қарт Қожақ, Қарт Қожақ! Атыңның басын тарт Қожақ! Менің немді сұрайсың? Бұхар барсаң, қолаң бар, Қолаңды көр де, шашым көр. Зергер барсаң, қасында Алтыннан соққан түйме бар, Түймені көр де, басым көр! Молдаға барсаң, қасында Қиюлы жатқан қалам бар, Қаламды көр де, қасым көр! Имран барсаң, пісте бар, Пістені көр де, мұрным көр. Əр шаһарға қарасаң, Құрулы тұрған күзгі бар, Күзінгі көр де, көзім көр! Самарқанд барсаң, сандал бар, Сандалды көр де, тісім көр! Ұсталарға барсаң, қасында Тартулы жатқан сымдар бар, Сымды көр де, қолым көр! Тоғайға барсаң, тоғайда Домаланған қоян бар, Қоянды көр де, жоным көр! Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр! Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де, бетім көр! Мен Қырымның ішінде, Ақшаханның қызы едім, Атам менен анамның, Асыранды қазы едім. Қойда бағлан қозы едім, Жылқыда шапқан боз едім. Қытай менен Қырымнан Тамам жақсы жиылса, Аузындағы сөзі едім. Менің немді сұрайсың? Бұл уақыт болғанда, Бұл заманның шағында, Жылап тұрған көзім бар, Жалынып тұрған сөзім бар, Өксіп тұрған жасым бар, Əуре болған басым бар, Алғанымнан айырма, Мені өзіңе қайырма! Бұл үзіндіні кездейсоқ етісіп, Е.К. Мейендорф кітабында келтірсе, соның ықпалымен француз жазушысы Проспер Мериме (1803-1870 ж.ж.) А.С. Пушкинді қайран қалдырған новелла жазып, дала дүлей- мінезіне еліктеп Италия ақыны Джакомо Леопарда (1798-1837 ж.ж.) баллада тудырады. Альпіні асқан Ақжүністің əні ескі құрлық Еуропа құлағын да елеңдетеді. Тамаша теміржолшы һəм тарихшы М.Тынышбаевтың қорытуынша, Ер Тарғын – Едігенің ұрпағы. Бұнда тарихи шындықтың өмір шындығына айналғанын қазбалап жатудың өзі артық. Басында жыр, толғау мен дастандар шиыршық атқан шағын оқиғадан бастау алып, келе-келе айдынданып, айбынданып, ұлттық сипат дарытқандай. Халық өмірінің əр кезеңдерін қамтиды.
Бұлардың əрқайсысында Отаншылдық рух күшті, туған жер мен елге деген тартылыс күші мен махаббаты басым. 1927 жылы Мəскеуде болашақ академик Қ.И. Сəтпаев алғысөзімен бастырған “Едіге” мен “Орақ-Мамай”, “Қарасай-Қази”, т.б. мен Мұрын Сеңгірбекұлы (тек бұрыннан жазылып келе жатқандай Сеңгірбаев емес!) жырлаған “Қырымның қырық батыры” да сол үлкен үрдісті дамытып- жалғастырып əкетеді. Осы орайда “Мəдени мұра” бағдарламасының аясында Ұлттық Ғылым академиясы М.О. Əуезов атындағы Əдебиет пен өнер институтының бір топ ғалымдары əзірлеп берген “Бабалар сөзі” (100 томдық) “Хикаялық дастандарының” да халықтануда атқаратын мəнінің зор маңызын айта кету орынды, əрине. Ауыз əдебиетінің түрлі-түрлі туындыларын орындайтындарда зерек зердемен бірге қаншама қиял, озық ой мен сүйіспеншілік сезімдері жатады. Олар əдебиеттегі əсірелеу, теңеу, бейнелеу, жиынтықтау тəсілдерін қалай-қалай қолданады? Бүлкілдеп аққан бастаулар сырлы əуенімен айбарақтамай-ақ алыс айдынды сағынышты сағаларға құяды. Мінəйі мінез, қиын-қилы қызық қылық, биік бекзат болмыс дарытқан қазақ қыздарының бейнесі қандай қанық! Олар келе-келе Абай, Мағжан мен Қасым өлеңдеріне, М.Əуезовтің “Қаралы сұлу”, “Қарагөз”, “Айман-Шолпан”, Б.Майлиннің “Шұғаның белгісі” С.Мұқановтың “Ботагөз”, “Сұлушашы”, Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан” жəне басқаларға ұласты. Шығыс пен Шахаризада Жарықтық жер – қаншама белдеулер мен бойлықтарға бөліп, шекара тартып, тосқауыл қойғанмен жаппай адамзаттың ортақ атажұрты. Тағдырлас. Сонау Абыл мен Қабыл заманынан бері зұлым күш айрандай ұйып отырған қауымды ала тайдай бүлдіріп, жарық дүние қақ жарылып ара қатыс барған сайын күрделене түсті. Батыс пен Шығыс арасында көзге көрінетін де, көрінбейтін де мəңгілік майдан жүріп жатыр, оған сыни сына қағушылар кейбірінің құдайы жарылқап, тағы да əлжуаз əлем быт-шыт болып дүрліге жаздады. Жер жүзіндегі əртүрлі табиғи апаттар (дауыл, зілзала, сел, т.б.) аздай-ақ, өркениеттер
қақтығысы қан-төгіспен жалғасып келеді əлі. Сəл сылтау себеп- салдардың өзі жетеді, бес күн жалған қауға тиген өрттей лап ете қалайын деп тұр. Даттың перуайсыз бір басылымындағы Аллаһтың соңғы елшісіне салынған сайқымазақ суреттің соншама ұшындырып ушықтырғанының ұшқыны біраз Еуропа елдеріне дерттей дендей еніп, төрткүл дүниені дүр сілкіндірді. Қалғып-мүлгіген ислам əлемі дүрк етіп тік көтерілді. Алайда күштілердің дүмі қашанға дейін диірмен тарта беретіні беймəлім. Əрі-сəрі күн кешу үшін азаматтың ғазиз басына үлкен сын. Пайғамбар жасынан асқан біздің буын ұлттық қадыр-қасиеттің шет жағасын көріп қалса да беймаза ой үстінде. Жастарымыздың жасампаздығы келешекке сендірсе де көбіміздің, əсіресе, қыздар жағының еліктеу мен солықтаудан ары бара алмай жүргеніміз жанға батады. Біз əйтеуір біреудің қолтығына кіріп кете жаздаймыз. Қаншама тыраштанып Еуразияға ұмтылсақ та ол тек түсімізге кіреді. Біздің болмысымыз əуелден бөлек. Алматыдағы биік мінберден Шығыс бір батагөйінің айтқаны ақылға сиып, көкейге қонады: “Ұрпақ санасына Еуропа мен Американың мəдениетін сыбырлап сіңіре берсе, барлық құндылықтардың соларға тəуелді болатынын, мінез-құлықтың да тəуелді болатынын, нəтижесінде сана биігін батыстық ұғым матап алған дүбəра буын өтетінін дəлелдеді”. Шынында да, бір ұрпақ жасындай уақытта жер бетіндегі жалғыз үстемдікке ұмтылған алпауыт Америка не істемеді? Қырғиқабақ соғыс өртін тұтатып, оның жалыны Корей түбегін жалмағаны кеше емес пе еді? Қан қақсаған Вьетнам байғұстар қандай құқай көрмеді? Ауғанстанның астаң-кестеңін шығарып, бейбіт халықты қырғанның обалы мен сауабы кімге? Қособада ежелден тату келе жатқан қоңсылас словактар мен хорваттар қырқысып, шырқы бұзылып, шаңырағы шайқалды. Парсы шығанағынан маза кетіп, ақыры Ирактың түбіне жетіп тынды. Мойнына қан жүктегендер жазаланбай ма сонда? Жүгенсіздік пен жетесіздікке тиым салынар күнқашанкеледі? Айдалада жатып, қайманаелдердің ішкі ісіне араласып күшпен тəртіп орнатқанси беретін АҚШ-қа неге жалтақтаймыз? Жаппай тегеурінді емес, өте бəсең əлсіз қарсылық білдіріледі? БҰҰ, ЕО неге қолжаулық болып бұға береді? АҚШ жоқ-барды сылтауратып, Солтүстік Альянс күштері Югославияның тоз-тозын шығарды, Таяу Шығыс елдеріне ес
жиғызбай, демократия (қандай демократия!) əкелмек түгіл өз қотырын өзі қасып жатқан халықтарды өзара қырқыстырып, ұрыншақтықпен өзіне ұнай бермейтін мемлекеттерді қырына алып, қоқан-лоққы көрсету əлі тиылатын емес. Халықаралық қауымдастықтың аузына құм құйып, өзім білермендікке салына беруге бола ма? Абыржу қашан тиылады? Қырғиқабақ соғыс саясаты құрдымға əкетіп бара жатқаны неге бейқам қала береді? Əйтеуір, болашақ буалдыр екені алаңдатады.Шыққыр көз не көрмеді?” дейтін еді жарықтық əжем (кей- кейде қамығып). “Неге өйтеді екен?” дейтінбіз байыбына бармай. Сөйтсек... Біздің ел-жұртымыз тағдыр тақсыретін тартудай-ақ тартты. Зұлымдық пен зұлматтың құрбаны болып, жер бетінен өшіп кете жаздады. Өмірдің қияметқайым өткелдерінен өткендердің өкілдеріне “Мың бір түн” қалай өнеге беріп, қандай тəлім түйгізеді? Қанша жаһандану десек те, біз Батыс пен Шығыс қыз-келіншектерінің арасына шарасыз шек қойып отырғанымыз жоқ. Рас, қазіргі қазақ қыздарының кейбірінің əйел теңдігі осы екен деп əдептен озып, бейпіл батысқа еліктеп, солықтап шылым шегіп, тылтитып шалбар киіп, мықынына дейін кіндігін ашып жүретінін көретін жағдайға жеткеніміз ұшпаққа шыққанмен бірдей. Өкінішті, əрине. Түу болмысынан біткен бекзаттық, биязылық, кісілік пен кішілік, ибалық пен инабаттылық қайда? Бұрынғыдай найзағай отына жаныған ұлттық ар-намыстан бірте-бірте айырылып бара жатқан соң қаракөз қарындастарымыз кез- келген құрылық өкілдерінің құшағында кетіп бара жатады. Ұзағандар ішінен, бəлкім, жылап-сықтайтын шығар ел мен жерді сағынып. Одан не үміт, не қайыр?!. Қандай ауыр тауқымет болса да, халқымыз қыз баласын бауырларының көзін бақырайтып қойып,түнгі көбелекке айналсын деп бетімен жіберді ме? Бұнда ешкім кежегесінен кейін тартып, кешегіні көксеп отырған жоқ. Қайткенде де жүрегі жаралы пұшайман жетімдердің көзін жəудіретіп қойып, жеме-жемге келгенде тіпті қыр асырған емес. Жалмауыз жаһандану жұмырына жұтылып кетпеудің лажы қайсы? Елімізде ана тілінің хал-ахуалы мүшкілденіп, шатқаяқтап тұрғанда асыл құндылықтардың аса қажеттілігі неге ұмтыла береді? Уақыт қаншама күрделеніп бара жатқанына қарамастан Батыстың баз біреулері Шығысқа шекесінен шікірейіп мұрнын шүйіріп қарауды қоймай келеді əлі. Қайда қарасаң да қазылып жатқан
Қорқыттың көріндей арандатушылық, астамшылық пен шамшылдық шырмауықтай шырматылып қалыс қалмайтындай. Осындайда сенімге селкеу түсіп, буалдыр болашақ біртүрлі секем алдырады. ...Сол қысқы кештер қандай еді? Арыстанды – Қарабастың асау желі тоқал там бұғатында ызыңдап, жаяу борасын сай-салада ашынған бурадай асыр салады. Ханзада əпкем айтатын ертегілерге ұмсынып, үйме-жүйме сарыауыз балапандай шүпірлейміз. Əжем жарықтық көнекөз кебежеге арқа сүйеп басын анда-санда изеп қойып, өш алардай уақытты зырқыратып ұршық иіреді. Мал жайғап болған соң төргі бөлмеде ауыл ақсақалдарын сақаша иіріп, пайғамбар жасынан асса да көзіне енді-енді көзілдірік іліп, біздің көкем діни хиссалар оқып, қарттар əжім-əжім жүзінен тарам-тарам жас ағып отыратыны таң қалдыратын. Солардың ішінде мен естіген ең ғажап əн – “Бесік жыры”. Қандай өміршең, қандай мұңды! Шындық бет-жүзіңе қаратпайды. Хан ба, қара ма талбесікте тербеліп жатқанда нəрестеге бəрі бір секілді, даңғаза дүние таң шығындай мөлдіреп, періштедей бал-бұл жандырады. Оның құлағына əлгі əспет əуенмен бірге ұлы дала жыры келеді, қайдағы-жайдағы сағыныш сарыны еміс-еміс талып жетеді. Сайын сахара, түз тебініндегі тарпаң тұлпарлар тұяғының дүбірі, бозала таңда титтей ноқаттай болып таңдайынан əуез төгетін бозторғай, түгел тіршілік сəби сезімін қытықтайды оятып. Мені анам айтып, Ханзада əпкемнің аузынан жазып алған “Бесік жыры” əлі күнге дейін əлдилеп тұрғандай: Əлди, əлди, ақ бөпем, Ақ бесікте жат, бөпем. Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін Байқасқаның құйрығын, Жіпке тізіп берейін. Құйрығындағы сатпағын, Быламық қылып берейін.
Оның тұзын кім татар? Жеңгелері татар. Сейітхан деген туыпты, Ту биені сойыпты. Аталары жиналып, Атын Сейітхан қойыпты. Қара қасқа атты Қамбар-ай, Қараның бегі хандар-ай, Сейітхандыкіне түсе кет Шай самауырын іше кет! Қанша қонақ келсе де, Есебін оның табады. Сейітхан күтіп алады. Сейітхан деген бір кісі, Арабаның тіркісі. Шаудан қалпақ басында, Ханның қызы қасында. Саудырайды теңгесі, Теңгесінен бермесе, Өкпелейді жеңгесі. Əлди бөпем, ақ бөпем, Ақ бесікте жат, бөпем. Жылама, бəлем, жылама, Уыз дəмін тат, көкем. Жұрт сүймесе сүймесін, Өзім сүйген бөпешім. Қандай тұтқыр зерде! Ана əлдиі жалғаса беретіндей.
Көп сарылып, тағатсыздана күткенде “Мың бір түнге” де кезек келді ақыры. Бір табан жақын Шығысқа бүйрегіміз бұрып тұрғандықтан ба, қазақ қауымы басынан оны жатжерлік деп жатырқамай, неге туған топырағын тосырқамай қарсы алады? Шығыс шырайлы сөзі мен сазы нəзік жүрек қылын шертеді. Қайдағы бір алыс елдер көзге елестеп қазына тиеген керуен маң-маң басып сары сағым арасында көгілдір көкжиекке сіңіп бара жатады. Қою оқиғасы бірінен кейін бірі қызықтырып ынтықтыра түседі. Кейіпкерлердің жат топырағы бізге аңғарылмайтындай. Əрдайым жалмауыз жауыздықпен жекпе-жек күрес жеңіспен аяқтала бермейді. Жаналғыштар, қанішерлер, қаптесерлер түрлі-түрлі тəсіл қолданып, түлкібұлаңға салып, жатыпатар мүлəйіп, жыртқыштығын жасырады. Қаныпезерлік пен қаталдық, зауал мен зұлмат, зұлымдық пензымияндық қайда жүрсе де тамыр жайып, əлімжеттік пен көтензорлық жасайды. Астыртын аяқтан шалып, аярлық жасап, ауыр күнəға батып, мойынға қан жүктейді. Ал, қаршадайдан санамызға сіңіп, төл туындыға айналған “Мың бір түн” мəңгілік өмір жыры, Х ғасырдағы əл-Масғуди мен Мұхаммед ибн Ысқақтың (Надым) айтуынша, əуелде парсының “Хезар əфсанасынан” бастау алып, араб, түркі, грек, үнді, ауған халықтарының арасына тарап, даналықты паш етіп, келе-келе көлемі ұлғайып, 1500 баспа табақ болып, тоғыз томмен аяқталатын шоқтықты шығарма анау-мынауды шалғайына жабыстырып, жалын сипатабермейді. Табиғатына тіс батпайды. Сегіз топ ертегі мен олардан тарайтын хикаялар аз емес, сан алуан. Көрінген көкаттының бұл туындының шалғынына ат шалдыра бермейтіні сондықтан. Əдетте қара қылды қақ жарғандай, өзін пайымды пікір айтып жүрмін деп санайтын В.Г. Белинский ол туралы: “Шығыстағы махаббат тəн құмарлығын дəріптейді” деген жаңсақ ой түйеді. Оны тек арабтардың қанжыға байлап беріп, арғы астарын түсінбей, асығыс атүсті тұжырым жасайды. Мейлі, əркімнің ар-ұяты, ақыл тезі төреші. Таяз таным да кей кейде ой-түрткі. *** Шəкірт шағынан-ақ көкірек көзі ерте ашылып келе жатқанын сезген жарықтық Абай Шығыс шайырлары мектебінен тез өтті. Əфсана мен тəмсілдер өз алдына рухи құндылықтар мөлдір теңізіне терең сүңгіп,
көркемдік айдынында еркін жүзді. Оның жаратылысы жақын тума ой мөлдір тамшыларын қабылдап, одан ерте жетілуі, жан жұмбағы, əрине. Иузи – раушан, көзі – гауһар, Лағилдек бет үші ахмар. Тамағы қардан əм биһтар, Қашын құдірет қолы шигə. Өзəң гүзəллəра рахбар, Сəңе ғишық болып кəмтар, Сүлейман, Ямшид, Искандəр Ала алмас барша мүлкигə, Мүбəдə олса ол бір кəз Тамаша қылса йузма-йуз. Кетіп қуат, йумылып көз, Бойың сал-сал бола нигə? Əйтпесе, бұл тақырыпқа ол кездейсоқ қалам тартты? Шығыс сарыны оның ғақлияларында да тұнып тұр. Ұлы ақын бұл əлемдер арасына ешбір шекара қоймай, мəдениеттер мəйегіне ден қойып, тел емді. Батыс батсайы күнінің нұрына шомылып, аспан астында үндесіп, Байрон, Гете, Мицкевич, Крылов, Пушкин, Лермонтов жəне басқалардың қысылып-қымтырылмай қазақша сөйлегені қандай! Жырақтағы жарық жұлдыздар бір-бірімен іштей ұғыса жымыңдасып тіл табысқандай. Бұдан Абай, Рудаки, Фирдоуси, Низами, Саағди, Омар Қайым (Хайям), Жəми, Науайы шығармашылығына шұқшиып, шамшылдық пен шалағайлық танытып, оларды мүлде тəрік етті дейтін ой тумайды. Шығыс шайырларымен терең тамырластығын бес саусақтай біле тұра, Батыс əдебиетіне бет бұрып, ұлттық ұғымтанудың айдыны мен айбынын асырып, асқақ рухты одан сайын биіктетті. Не шықты? Алақандай Македония тарлық етіп, əлем жартысын Букефал тұяғының астында қалдырып, жойқын жортуыл жасаған қос мүйізді Ескендір Зұлқарнайын Еуропа мен Азияны қойындастырып
қаншама біріктіремін дегенмен арман аңсары орындалды ма? Жас патша сардарларын күштегендей парсы перизаттарына үйлендіргенде не көздеді? Құр қиялдың қалай аяқталғанын тарлан тарих біледі. Мейманасы асқанға тосу болады ма өзі? Уақытқа жүгінсек, Шығыстану бар да, Батыстану неге жоқ. Ғылым адамзатқа ортақ емес пе? Əлі күнге Еділдің есімі естілгенде əлдекімдердің тыжырынып, ешкікөзденіп шыға келетіні несі? Əлде... Қанша қастерлеп, бəйек болғанмен қасқырлар орманға қашып, айға қарап ұлитын дағдысын қоя ма? Отаршылар мен оның қолшоқпарлары əйтпесе не істемеді? Үндістан өткен ғасырдың ортасына дейін Ұлыбритания тепкісінде езіліп, Ібір- Сібір аз ұлыстары мен ұлттарының зеңбірек зіркілінен үрейі ұшып, жалпақ Ресейдің айтқанына көніп, айдауына жүріп, біртұтас кəрістер мен осетиндердің солтүстік пен оңтүстікке амалсыз бөлініп, Курил аралдарының кейбір қатысты бөлігі Жапонияға қайтарылмауы ненің салдары. Сасық саясаттың исі мүңкіп тұрған жоқ па? Басқа атаулар табылмай қалғандай, Владивосток, Владикавказ, Павлодар, Грозныйдың əліге дейін мұрты бұзылмай тұруының мəнісі қандай? Қандықолдардың күншығыс даласы мен қаласында қалдырған сойқандық іздері аз ба? Жаһандануға жанталаса кіріскен Батыс қоғамының да қарыштап қара үзіп кете қойғаны шамалы. Адам баласы өркениет Отаны тек бір өңір емес. Иман, əдеп, иба мен ар-намыстан айырылып, бірте-бірте құлдырап, іштен іріп-шіріп, өзі қазған орға өзі қалт-құлт етіп құлауға жақындап қалғанын сара көкірек сарапшылар сирек болса да анда- санда айтып жүр. Бар-бəрін уақыт көрсетеді. Бомбейде туып, Англия азаматы атанған Редьярд Киплинг (1865-1936 ж.ж.) Нобель сыйлығын алып тұрып, астамшылықпен былай жаза ма? Запад есть запад, а Восток есть восток, И с мест они не сойдут. Пока не предстанет Небо с Землей На страшный господень суд...
Но нет Востока, и Запада нет, что – племя, родина, роз, Если сильный с сильным лицом к лицу у края земли встает. Жүрек қалауы болмаса кім түртеді? Əр жолдың астарында бұқпантайлап отаршылдық пиғыл аңқып тұр. Орыс тілінде жазатын қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтың пешенесіне уақыт уағызын жаңадан асқақ айту жазылғандай: Нет Востока, И запада нет, Нет у неба конца. Нет Востока, И запада нет, Два сына есть у отца. Нет востока, И запада нет, Есть Восход и Закат, Есть большое слово – Земля! Бұл суреткерлерді бір-біріне қарсы қою емес. Асыл мұраттар асқарларына меңзеу ғана: Тек екі тіршіліктаным мен өркениетті салыстырып, əлденеге көз жеткізетіндей қарекет. Ежелгі Эллиндік Египетте Клеопатра, немесе теріскей қоңсыдағы ұлы Екатерина тоят түнінен кейін небір боздақ жігіттердің басын шапқызғанда айызы қанып, қарағайдай мүйізі шықты ма? Əруақытта тойымсыз жан нəпсі мен құлқынның құлы болып қалады. Аңыз айтады. Қатігез хан баласының кездейсоқ қазасын кім естіртеді? Қалақтай домбыраның күмбірлеп тұрған көмейіне қорғасын құйылды. Өмір мен өлім
текетіресі жалғасып жатыр əлі. Сонда адамзат аясындағылар дүниені қақ жарып, Батыс пен Шығыс деп бөлгенде не аңсады? Кітап кілті тіпті қарапайым десе де болғандай: “Апа, жездемнің серті бойынша, күн шықпай өлуіңіз керек. Аз ғана қалған өміріңіздің ішінде көп айтатын ертегілеріміздің бірін айтып, артыңда қалатын менің мейірімді қандырсаңыз қайтер еді? Ол сөзің менің жүрегімде мəңгі қалсын” деген Дүниязада өтінішімен ашылады. Адам баласының бойында бола беретін тамам қорқақ, қарау, аяр, астам қара күштерге əлсіз талмау тағдыры қыл үстінде тұрған Шаһаризада ақыл-парасаты мен сұлулық салтанатын қарсы қояды. Ұдайы бір əйелдің мекерлігі қырық есекке жүк бола бермейді екен. Тіршілік қандай тəтті! Өмірдің тар жол, тайғақ кешуі сананың сират көпірінен де өткізеді. Пенде кей кейде отқа ұмтылған пəруанадай парасат терезесінен себездеп тау сəулесі рахман нұрын шашыратып, ұяң үмітке талпындырады. Бірте-бірте махаббат сезімі оянып, өмірге құштарлық артқанын қаперсіз адам байқамай да қалады. “Мың бір түннің” ұзын ырға өзегінде жұмыр басты пендеге тəн қам-қарекеттің бəрі де бар: мықтылық пен осалдық, мейірімділік пен мерездік, қайырымдылық пен қатігездік, пəктік пен парықсыздық, даналық пен дүниеқоңыздық, сұлулық пен тұрпайы ұсқынсыздық қоян-қолтық бетпе-бет келіп, баз бірде итжығыс түсіп шарпысып жатады. Көк пен жер, ауа мен топырақ, от пен су арбасқандай. “Менің бұл кіріп отырған үйімнен əлденеше жүздеген қыз о дүниеге сапар шекті. Мен де солардай жарық дүниеге қош айтатын жанның бірімін. Бұрынғылардан айрықша – менің жанымды қалдыр деп тілемеймін. Атамыздың қартайғанда көрген көзінің ағы мен қарасындай екі қыз едік. Артымнан ерген жалғыз сіңлім Дүниязада бірге келіп, есік алдында қалды. Сонда өзім өлгенше дидарын көріп отыруға рұқсат етіңіз”,– дейді бас кейіпкер. Ол жалғанның жасампаздығына сендіреді: “Ей, ұлы бақытты патшам, əлемнің алуан түрлі əңгімесін айтып, Сізбен бірге отыз үш ай өмір өткіздім. Барлық əңгімеде болған уақиға өмірден бақыт, игілік іздеп өліпті. Сіздің алдыңызда осынша əңгімені өмір үшін айттым. Бір түннен кейін келетін өлімді мың бір түнге ұзаттым. Өмірді көксеген кісі өз басы
мəңгілік қалуға емес, келешек өмірінің өркендеуі үшін көксейді. Мен сол тілегіме жеттім. Олар – мына үш бала. Бұлар екеумізден өрбіген бұтақ, ашылған гүліміз. Мəңгілік өмір сүретін адам болған емес, болмайды да. Айтқан сертіңіз бойынша, мені өлтіріңіз. Сізге ұзақ жасап, бақытты өмір иесі болуыңызға тілегіммен бірге, осы үш нəрсені аманат етем. Пəк жанды сəбилердің əкесі – Сіз, анасы – мен. Бұған əділет тəңірісі куə”. “Патша ана мен балаларды қоса құшақтап, өкіріп жылап жіберді”. Соншама ұзаққа созылған ғұмырлы хикаялар аяқталып, жақсылық тас жүректі жібітті. Көңіл күдігі тарап, жан тазарды. Көк күмбезде күн күркіреп, кемпірқосақ керіп, нұрлы нөсер төгіп-төгіп өткендей. Тіршілік таңы себездеп атып келе жатты. Əмірші де ет пен сүйектен жаралған адам екен. Емеуірін білдірді: “Жауыздық дүние қараңғы түндей батып, адамдық өмір атқан таңдай жарқырасын! Енді адам өлтірмеске ант етемін. Өлім жазасы тек адам өлтірушілерге ғана болсын!” деді де патша беліндегі қылышты шешіп, төнген өлімді жеңіп шыққан Шаһаризаданың қолына ұстатты. Бұларды тек тəн құмарлығын оятады деп кім айтты? Мəңгілік өмірдің нағыз салтанат құруы емес пе? Онысы ең соңында екеуара сыр-сұхбат құрғанда да аңғарылмай ма? “Шаһрабоз: Құрметті Шаһаризада, тап осы əңгімелердегі уақиға өмірде болғаны рас па? Шаһаризада: Ұлы бақытты патшам, бұл мен айтқан осы сияқты көп əңгімелер халықтың ұшқыр қиялы... Жоқ кісінің ойында дүниеде жоқтың бəрі болады. Олар дүниедегі кедей болса да, ой өрісіне ұшан- теңіз бай”. Əлбетте, “Мың бір түн” жылдар, ғасырлар, ұзақ уақыт бедерінде толығып, толысып Шығыс пен Батыс халықтарының назарынан бірде- бір рет тыс қалып көрген емес. Ол қазақшаға да бірнеше мəрте тəржімеленді. Үзінділерін есептемегенде, ХХ ғасыр ортасында Əбдіқадыров оны төрт кітапқа сиғызып ықшамдап майын тамызып жеткізді. Араға елу жылдай салып, марқұм Қалтай Мұқамеджанов оған қайта оралды. Бірақ, ешкімнің көңіліне келмесін, болбыр шыққандықтан, оның бұрынғыдай əсері онша болған жоқ. Неге? Оны зерттеушілер зерделеп айтатын кез келгендей. Қ.Əбдіқадыров
Шаһаризадамен сырласып, біршама жылын сарп еткенін тұспалдап, қимай қоштасады: Қош айттым Шаһаризадаға елу бесте, Шыдадым не айтса да мың бір кешке. Персі, араб, түрік, моңғол түрлі тілден Жібін ап қазақшалап тіктім кесте. Кəрі ауыз қалжыраса қақпаладым, Былдырап кейде сөзін жас баланың... Дін, сауда, патшалардың мадағынан Халыққа, əділетке тартпаладым. Сабындап, шашын тарап, кірін жуып, Ғасырда жиырмасыншы киіндіріп. Алқапты колхозданған қыдыруға, Жөнелттім машинамен сүйіндіріп. Қазір барған сайын күрделеніп өмір өзгеріп жатыр. Жүректерге сəуле жүгіртіп, мəңгілік жасарып, жаңғырып келе жатқан Шаһаризада шырқыраған шындыққа, өмірді сүюге шақырып тұрғандай əлі. Сарамжол Қашанда да бір кем дүние бəрібір қолды байлап, рухи кембағалдық байқалып тұрады. Дала көшпелілерінің өркениетінде бесік жырынан артық əн де, əуез де жоқ. Ол бұл жағынан кемтарлық көрмеді. Адамзат мəдениетінің алтын бесігінде тербеліп өсті. Homo Sapiens түрлі-түрлі тарихындағы алғашқы ақын əйел атанса жұмыр басты пенденің жанынан гөрі тəн сұлулығын барынша жарқырата көрсетуді асыл мұрат
тұтып өтті. Аты да затына сай. Сапфо (псипфа – “мөлдір”, “айқын”, “нұрлы”). Орта дəулетті дөңгелетіп əкететін көрікті пысық қыз болмаса да, бір көрімге тартымды Сапфо (шамамен б.д.д. 612-572 ж.ж.) əдебиеттің əспет ынтызар əлеміне ұмтылып, 42-Олимпиада жылы туған ол айналадағы əсемдікті жырмен айшықтап, тыңнан түрен салды. Күллі адам баласы көкжиегіне көз сүзіп қанша үңілгенде де атын алтын əріппен жаздырып, ұрпақтар санасына ұлы сезімдер сəулесін түсірген нəзік жыныс өкілдері саусақпен санарлықтай. Біреулердің айтуынша, аузы айдай, көзі күндей хор қызындай сұлу болмаса да аққұба, шағын бойлы, нұрлы жанары танадай жарқырап жалт-жұлт етіп тұрады екен. Оң-солын таныған Сапфо рухи өмірге талпынып, алыс іңкəр арманына құшақ жайды. Махаббат мұңлы мақамдарының майталманы Овидий (Публий Овидий Назон) оның аузына: “Егер тасбауыр табиғат маған сұлулықты қимаса, бұл ойсыраған олқылықты мен ақыл-парасатыммен толтырамын. Мен тығыншықтай тəпелтек-ақ болайын, бірақ, есімімнің өзімен бүкіл елімді айқарып құша аламын. Анау айтқандай, ару болмасам да, Кефай қызы (Андремада) Персейге ұнады ғой” деген сөз салғаны құпия қоламтасын көсегені емес пе? Əкесі Скамандроним мен шешесі Клейданың қызы басқа балаларына қарағанда еті тірі болып қағілез өсті. Шынында да, сөз сайысында Сапфомен тарихта шамалап болса да иық тірестіруге ұмтылатын ұрғашы іздеу бекершілік (Страбон) еді. Əдетте қарсы жыныстың өкілін еркектің бір қабырғасынан жаралды дегенмен олардың бір-біріне естен тана құлай беріліп құмарта ғашық болуы анда-санда сирек кездесетін құбылыс. Бұл дерт Сапфоны да айналып өтпегендей. Оның көңілі өз бауыры Харакстың əйелі Родопаға (жеңгесі, не келіні) ынтызарлығы қатты оянады. Одан əрі аңыз бен ақиқат қатар өрбігендей. Ажарлы ару ақыры Эллададан аластатылып, Мысырды паналайды. Күндердің күнінде ысымалы балғын аяғын суыту үшін Ніл суына балтырын батырып жағада отырғанда бір сандалын бүркіт іліп алып, құрбандықты байқап тұрған Амази перғауынның қарсы алдына қалдырып ұшып кетеді. Нөкерлер патша пəрменімен ұлы өзенді жағалай жүріп, ай мен күндей жас келіншекті Сарайға салтанатпен жеткізеді. Ертегіге ұқсас тағдырдың одан əргісі тылсым тұңғиық. Кəнизактар тобына қосылса да əйтеуір перғауынның нақсүйер перизаты болғаны анық. Жаны бар сөз секілді. Ал, Сапфоның көп ұзамай күйеуі мен қызы бірінен кейін бірі қайтыс
болған соң мінəйілер мектебінде дəріс алған бойжеткен жанын жегідей жеп жүрген жырға біржолата басыбайлы ден қояды. Өзекті өртейтін өлеңдерінен тарайтын тəтті уыт ешкімді де бейжай қалдырмайды. Мөлдір махаббатқа тəнті тұратын ақын Лесбос қыздарына арнайы оқу орнын ашып əдемілік əлеміне тəрбиелегенде ол мият тапты ма? Есімдерінің өзі елегізетін Аттида, Иорга, Телезинна жəне тағысын тағылар оның шəкірттері еді. Опа бермес өмірде онша жолы болмаса да сырдың сылқым келіншегі махаббат жыршысы ретінде заманының заңғар биігіне көтерілді. Құж-құж құздарына тек қана шақырайған күн көзіне шімірікпей тура қарайтын һəм жасқанбайтын қырандар қонатын айдын ортасындағы аралдағы жартас мызғымай мелшиіп қалыпты. Он бесінде толысып туған ай сəулесі суда дірілдеп сиқырланып құбылады. Көк кіндігіндегі жер серігінің нұры əппақ жап-жарық екен тым. Шалғайдағы шатқалдан əлдебір түн құсының үні келіп тұр: үні уілдеді, жарқанат жалпылдап ұшты, сай-сүйекті сырқыратып байғыз сұңқылдады, ебіл-дебіл шашын жайған сəндітал сыңсыды. Ту сыртта қалған қаланың жасыл желегі жапатармағай жамырап, бозамық бейуақтағы бақтардан бұлбұл сайрады ма-ау, солармен сырласып сандуғаштар жарыса жөнелгендей, тылсым тəтті тіршілік дəмді дыбыстарға толып кетіпті. Аңсары ауып, армандайтыны осындай оңаша сағынышты сəттер емес пе? Əй, дүние- ай!.. Шабытты шақ шамырқандырды. Көптен бері емін-еркін жыр оқымағаны ойына оралды. Қаймыжықтана тербеліп жатқан теңізден сезімді сергітіп салқын леп есті. Тыншу екен. Жас келіншектің күйіп- жанып дел-сал болған денесі сəл сергиін депті. Қайдағы бір қиял құшағындағы Сапфо сол айналадағы үлкен əлемнің құйтақандай бөлшегіне айналып кеткендей. Кеудесіне күйзеліс күйі еніп көп күрсінетін болып жүр. Сондайлардың бірінде күйініп: “Қасірет жұрты бұл. Егер жалған мүлтіксіз жақсы болса, онда тəңірлер түгелімен ажал құшар еді” дегенін қағып алып, іліп əкетіп, таратып жіберіпті. Мейлі ғой. Сонда жұрт жайына қарамай аузымен жүретін болғаны ма? Əй, өмір-ай! Ол сүйіспеншілік отына пəруанадай шарпыла өртеніп, ғашық болып көрмегендей, шөлдегенде сілекейі бал татып, тілінен шəрбат бермегендей жүдə, қызғаныш қызып итінің жүрмейтін жері жоқ-ау, ə, көпшілік құрметінен кенде ме еді? Бұның бейнесін алтын ақшаға
шекіп, төбесіне хан көтерді. Ешкім қарадан шықты деген жоқ. Бойы біртүрлі ауыр тартса да əлі күйге сондай бір мөп-мөлдір қас-қағым сезім лыпып қанат бітіргендей. Ет-жүрегі елжіреп елпілдеп кететіні неліктен екен? Бір шабытты шақта шумақтар еркелеп еркін туып еді: Отырса егер ұмсынып, естіп лəззат лебізді, Бақытқа жан табынса көрінеді тəңірдей. Тəрік етпей ешқашан бар сезімді ең ізгі, Тамылжыса таң бірдей. Күміс күлкі сыңғырлап, бой балқыса елжіреп, Тоқтап қала жаздаса сондай сəтте жүрек те, Сені көрсем керемет мұң мұнары селдіреп, Тəуекелде дір етпе. Тіл байланып кеудені жалын шарпып өткендей, Сағыныш та саябыр сарғаяды санадай. Көз қуаныш қашықтан дауыс талып жеткендей, Құлаққа ұрған танадай. Ештеңе емес михнатты тіршілікті тек кешкен, Ішкі нəзік байланыс үзілгендей өңірмен. Бозарды түс қайтейін бетер болып көк шөптен, Қоштасқандаймын өмірмен. Ежелгі Египетте ерлі-зайыптылар қимас қылығын бір-біріне ерке назбен білдіріп, тұңғиықтан тіл қатқандай! Күйеуі: “Сүйіктімнің ерні – раушанның қауызы, кеудесі – махаббат алмасы, қолдары – қақпан, ал, маңдайы – тұзақ”. Келіншегі: “Көзім танадай жарқырап тұр, өйткені саған ұдайы шөліркеймін. Жалғыз жаратқаннан күндіз-түні жалбарынып тілейтінім тек сенің аман-саулығың. Бұларды қыз-қыз қызу құшақта есінен тана жастық буына мас болып, басынан небір ғажайып махаббат маусымын өткерген аса сезімтал Сапфо білмейді емес. Бес күн жалғанда бұйырған жар қызығын сипаттауға сөз жете ме? Бүлдіршін балиғатқа толып, əсем де əдемі əлемнің табалдырығын
тоздырып, өзін сұлу сағым ішінде жүрендей сезінетіні қандай! Адам қайтсе бақытты бола алады? Буырқанып, бұрсанып, темір болат құрсанып батырлар да өтеді бұл пəниден. Бармағын тістеп бағландар да аттанады қимай-қимай. Ешқашан жазмыштан озмыш болған емес. Қалайда маған ғашықтар ғұмыры бір тұтам болатындай көрінеді де тұрады. Байырғы Грекияның поэзиясы өзінің тамаша жұмсақтығы, түрінің ұстамдылығы, қатаң қалып пен қағидаттылығымен марғасқа ұлы көркемдік қуаты жəне қарапайымдылығымен ерекшеленсе, соларға мұрагерлік етіп, дəстүрді жалғастырып əкеткен Сапфо жанының жұмбағы жасампаз жырларында жатыр. Көнекөз көзайым дүниедегі таңсық əлемді жеткізіп жатқандай. Кездейсоқ көктен шұға жаумай, ешкім шүлен тарқатпай, тіршілік тіні бара-бара ширығып ширатылудың орнына боржып, босаңси беретіні неліктен екен? Кісі ақысын жемей, жамандық атаулыға мойын бұрмай, ешкімнің ала жібін аттамай да бұйығы тып-тыныш биязы күн кешу де бек мүмкін. Момақан жатқан су бетіне тас лақтырса не болар еді? Мамыражай өмірдің қандай қызығы бар? Əсілі, жер бетіндегі аз күн жалғанда биік асыл мұратқа жету үшін бұлар тым тапшылық етпей ме? Тіршіліктің бұйырған тұз-дəмін татып, өмірдің біраз қызық-шыжығын көрген адамзат тарихындағы тұңғыш арзу ақын əйел тағдыры өзгеше өрілген тұлға мəңгі сезім сиқыры алдарқатып арбап алыпты оны. Махаббат жыры! “Эрос құдіретті күшімен мені қайтадан құрсаулап барады, бұл қуатты құбыжықта жұмақ та, тозақ та бар” деп жүрегі лүпілдеген жанның əманда көктемнің жас исіне елтіп, жарғақ құлағы жастыққа тиді ме түге? Талай лақап таратылып (кімнің аузына қақпай қойып жатыр?) бұл туралы əртүрлі алыпқашпа əңгіме гулеп желдей есетін шығар. Əйтпесе, “Сапфо, дау жоқ, барлық уақыттың ұлы жыр данышпандарының санатына жатады. Оның жүрек жырлары сезімқұмарлық поэзияның озығы, оған қаншама еліктеп-солықтаса да үздік үлгі ешкімге жал-құйрығын сипатпайды” дейтін Г.Лихтың танымына кім дау айта алады? Ол сопышыл, ділмарлық ұстазы Гимерий Афинскийдің (біздің дəуірімізге дейінгі 350 жылдар) сөзіне қайта жан бітіргендей: “Сапфо күйеу жігітке көйлек-көпшек, төсек- орын дайындайды (əрине, жырларымен), əлі қаймағы бұзылмаған қыз- қалыңдық сұлулығын дəріптеп паш етеді, неке сарайына күймемен Афродитаны жəне онымен бірге алда үйлену тойына шырақтар
лаулатып келе жатқан Эрос хорын ілестіріп əкеледі”. Адамзат өркениетіне көп үлес қосқан Грекия даналары да оны əрқалай қабылдады. Сократ “Махаббаттағы ұстазы” атаса, Платон “Оныншы муза (тəңірия)” деп илікті. Туған топырақ түтіні тосын тəтті. Жан-жақ тағы жасыл жамылған жатаған жоталар жанарын суырып кете жаздайды. Көктеңбіл теңіз қашап болса да қысы-жазы дөңбекши толқып тебіреніп жатады. Алыстағы алқаракөк аралдар қиял құсын əлдеқайда шартарапқа құйқылжытып шарықтатады шағаладай шарқ ұрғызып. Көп жылдар бедерінде Лесбос (Митилини) аралындағы бəйшешек бойжеткендерге арнайы оқу орнын ашып, мектепте əдет пен əдепке (поэзия, эстетика мен сурет салу сабақтары, т.б.), əсемдік əлеміне баулығанда тек өз қарақан басын ойлады ма?! Мəдени ошақ ой мен сезім отын жақты. Қай-қайдағы қиыр болашақтың буалдыр бейнесін дүрбімен қарағандай жақындатқысы келді. Сүйді. Күйді. Алайда, өгей өмір өксітіп опа берді ме? Маңдайын тауға да, тасқа да соқты. Неке құдайы Гименейге сиынып, əмпей етіп, неге шақырды екен? Қаншама шегершінге шырмауық жапырақтары мен өркендеріндей болып оралмайын десе де қатыгез уақыт өз дегенімен еркіне қойды ма? Махаббат мəйегінен гөрі зұлымдық зары зықысын шығарып, меңдуана жегізгендей гүлтікен болып жауқазын жанына қадалыпты. Бұлардың барлығын тереңіне шым батып ойлап кетсе, жүрегі қан жылайды. Күйінішін күйттемей, ауық-ауық мауқын басып, ауан əуезесін əшекейлеп, көңіл күйін кестелеп, өмірін өрнектеп өлең өрді. Өзегі өртке толып, оны салқын сезім селімен басқысы келіп, пəруана қанаты ыстық керімсалға күйгенше көгілдір кеңістікке талпынды. Сор болып сіңлілерінің табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын деп елпілдеп жүргенде өзі бұндай бұлқан-талқан аласапыран жайды бастан өткеріпті. Əулие махаббат тəңіриясына табынғанда енді қайтеді? Тағы да жасын сезім атойлатып жастық желі тілге оралды. Қыздар хоры: Таяу қалды қалыңдық, қарсы алуға шық енді! Кешкі жұлдыз қатерлі... Зұлымдықтың бар нұры.
Жігіт болсаң егерде жөндеп ұста жүгенді, Қызы үшін қам жейді ата-ананың əрбірі! Жігіттер жыры: Жұлдыз сондай меймандос! Көктің жарық сəулесі, Кірді өңің өзгеше сертте тұрған сəтіңде. Қыдыр кезген түнде бұл жүрек тулап, беу, несі, Аллаһ жар бол жандарға ескен желдің өтінде. Қыздар хоры: Қызғалдақтай қалыңдық гүлзардағы бейне бір, Жел аймалап, күн сүйіп, түнгі шықтан нəр алып. Бəпік басып өтті өмір желіккенмен кейде құр Не істейді періште тек пəктіктен жаралып! Жігіттер жыры: Жайды өркенін жүзімдер мəпелеген бақтағы, Мықты тіреу іздейді шырмауықтай шырмалып. Шегіршінге шынайы ұмтылатын шақ тағы, Кім болса да қалтарыс несібеден құр қалып. (Қалыңдыққа): Таза болсаң əманда демеу əке-шешеңе, Солар сені өсірді, өсиетін орында. Бойжеткен соң бұлғақтап көрді жігіт нешеме, Төрт құбылаң түгел сай: жасауыңнан қорынба! Құдайым-ау, бұл өзіміздің қыз сыңсуы еес пе? Бəдік айтыстың бір түріндей кейбір нышандардың шалығы жатқандай. Ай астында алтыбақан теуіп, қыз бен жігіт сырласып бір-біріне жүрек сөзін
айтпайтын ба еді? Соның нақ өзіндей. Адамдардың уылжыған уыз сезімі қалай-қалай астасып үндеседі.? Іші шиша Сапфоға өзінен жастау ынтық Алкейден гөрі басқа замандастары Архилах мен Гиппонаксқа иліктің деп жазғыруға кімнің жүрегі дауалайды? Бəрін бір ғана патша көңіл біледі. Алдияр уақыт асқанды да, тосқанды да сабасына түсіріп, барлығын орын орнына қояды. Нақақтан нақақ күйетін некен-саяқ тұзы жеңілдер болуы кəдік. Баз біреулер күрделі мəселенің байыбына бармай, қаңқу мен лақап сөздерге еріп, сан-саққа жүгіртсе де Сапфо ғажап ғұмыр кешті. Ол өмірге ынтызар ғашық болатын. Сондықтан да нəзік жандардың бекзат болмысын жырлады. Адам мен табиғат, өмір мен өлім, үміт пен күдік алтын арқау болып тартылып, мəңгілік мұра кешегіден бүгінге, бүгіннен болашаққа жол жалғасып үзілмей келеді əлі. Адам баласының көп буыны Сапфоның сүйіспеншілік лағыл лирикасын қарайғанда жүрегіне талғажау етті. Филлип Екінші алыс жорыққа аттанғанда оның əйелі Олимпиада (Ескендір Зұлқарнайынның шешесі) қойнына түсі суық аждаһаны алып жатып, Сапфо жырларын жастанып жиі-жиі мұқият оқитыны айтылады. Содан кейін де мөлдір сағыныш пен тұнық сезімге толы толғақты туындылардан қаншама ұрпақ рухи нəр алып, тəрбиеге тірек, өнегеге өзекке айналдырды. Жіңішке жүректерге жеткен жырлар жан жібітіп, асыл сезім оятады. Оған деген оқырман құштарлығының мəңгілік екенін байқатады бұл. Адамзат өркениеті содан бері тастан пергаментке, пергаменттен қамысқа, одан қағазға көшіп, ұзақ жолдан өтті. Ғасырлар түнегін жарып, əйел ақын əуезесі əлдилейді: Қордаланды Ай, Құс жолы шаңытады, Ол да сөніп... түн ауды тұмшалаған. Беймазалық қайтеді тұмса маған... Не бойлайды тəңірдің таңы тағы? Сөйткен Сапфо қайта-қайта жан сырымен бізді неге елегізете береді? “Мен құлай сүйдім, күйінгенім сонша көп кісіні жалғыздық төсегіме шақырып едім, бірақ, жаратқан қайғы-қасіретімнің жоғары
түсіндірмесін жіберді... Мен Киприданың баласы өзінің қатігез жебесімен жаралағандармен шынайы құштарлық тілімен сөйлестім... Өз жүрегімді лəззат шыңырауына лақтырғаным үшін мені күстаналай берсін, алайда, тоқ етерін айтқанда кем дегенде өмір құдіретінің құпиясын білдім! Асыл мұратқа мəңгі шөліркейтін менің көлеңкем Галестің салтанатты сарайына енді, жап-жарыққа қарыққан көздерім атып келе жатқан тəңірдей махаббаттың арайын көрді!” Сəулеңке Күннің кері шағылысқан шұғыласы – сəулеңке. Адам ажары арайланғанда да сондай сиқыр сəуле таратады. Алыс нəзік нұрмен бірге бізге де сонау тарих қойнауына кеткен көне замандар сұлулығының сəулеңкесі себездеп жетіп жатқандай... Əйел затын еркектің бір қабырғасынан жаратпағанның өзінде (əфсанада айтылғандай) бəрібір басқа орайда адам баласы оны ойлап тапқан болар еді. Мейлі, қазақ ұғымындағы ең бір жағымсыз жандар: мыстан кемпір, жезтырнақ, таулақ, сайтан солай жанама бейнеленіп, суреттелсе де, онда жер үстіндегі бес күн жалған сұлу жыныс өкілінсіз біртүрлі бос кеуек, қызық шыжықсыз өтетініне кімнің күмəны бар? Соншама тырысып, жұлдыздарға қарап жауырын ашпай-ақ, халық зердесінде көкжиектегі кемпірқосақтай құлпырып тұрған алуан-алуан арулар, сансыз сұлулар, амазонкалар (тақтай төстер), қаһарман жауынгер қыз-келіншектер мен перизат періштелер құр қиял-ойдан туған жоқ. “Əлемді əдемілік сақтап қалады” деген ұлы суреткер дəуір тынысын тап басқандай. Шынында, олар (қыз-қырандар) дүниеге қай кезде келді, бойжеткенше бұлғақтап қайтіп өсті, тарау-тарау тағдыр мен өмір өткелектерінде олар қандай күрделі күй кешті?.. Хауа ананың сіңлілері мен қыздары туралы бізге ақиқаттан гөрі аңыз көп жетті. Адамзат пешенесіне жазылып, талай қызғалдақ қыздар бойжетіп, ұйпадарлы ұрпақ мəпелеп өсірсе де, мəңгілік із қалдыра бермепті. Ал, Нефертити орнының жөн-жосығы бөлек. Бұл бекзат бейне там-тұм болса да тарихтан анда-санда шаң беріп, жанды арбап,
күні кешегідей жаулап жатыр əлі. ХХ ғасырдың 1912 жылы Амарна көне кентінің орнын қазғанда құм арасынан алтындай жарқырап, атам заманғы тұңғыш бəдізшілердің бірі Тутместің ісмер қолынан шыққан патша мен патшайымның кішкентай мүсіні гауһар жəне жауһармен көмкерілмесе де, көзге оттай басылып, əлем БАҚ-тарын дүр сілкіндіріп, шулатып тынды. Майталман мүсінші бар-бар хас шеберлігін жұмсап, кейіпкерлеріне жан бітіріп, кімді бейнеледі? Көкейде адамзат балаң кезінде де соншама шеберлікке жеткен екен-ау деген қайран қаларлық сауал тұрады? Бұл өлкеде өнердің керемет гүлденіп, өркендеп, қасаң һəм қатқыл қағидалар жұмсарып, тіпті мансұқталып, іргелі ізденістер барынша өзіне ақ жол ашқан кез еді. Ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде рухы биіктей асқақтап, рауан сезімдері мен ойларына қағілез қанат бітіп, ішкі жансарай құлпыра бай реңк алып, сиқырлы бейнелеу құралдары нəзіктік пен қаһармандықты ту етіп көтерді. Ежелгі Египет топырағындағы табыттар мен түрделер, Пирамидалар астындағы атшаптырым дəліз қабырғаларында кездесетін лала гүлдер һəм түрлі- түсті тұрмыстық бұйымдардың көптеп табылуы соған меңзейді. XVIII əулеттің IV Аменхотен перғауыны билікті қолға алғаннан кейін, біздің дəуірімізге дейінгі 1361 жылы, Нефертитиге үйленіп, қаскөй қастандықтан көзі жұмылғанша аттай он алты жыл өмір сүрді. Қаптап кеткен олардың саны қисапсыз еді: Тефнут тəңірияның көз жасы – шық пен жаңбыр; Нехбет – Ніл иесі; Осирис – құнарлылық құдайы; Нəйт – соғыс тəңіриясы; Геб – жер құдайы; Шу – ауа құдайы; Сешат – құснихат тəңіриясы. Қаншама құдірет иелерінің қайсысы күшті? Солардың бəрін бір жүйеге түсіріп, Эхнатон (Атонға жақын) патшаның өзі жаңа есім алып, мемлекет астанасын Ахетатонға (қазіргі Тель-эль Амерна) көшіріп, тек жалғыз Жаратқанға жалбарынатын жарлықпен бұрын-соңды болмаған діни төңкеріс жасады. Ашық күні найзағай ойнағанмен бірдей оқиға еді бұл. Бұндай тіршілік түйткілдерін шешетін шешуші қадам қауымда мейманасы асып, бел алып тұрған абыздарды (.....) қалай тыныш ұйықтатады? Əйтсе де бұл үрім-бұтақ қарғысқа ұшырап, тағдырдың қара таңбасы басылғандай. Эхнатон діни төңкерісін аяғына дейін жеткізбей қастандықпен өлтірілді. Тутанхамон да боздақ күйі жап-жас болып соның кебін киді. Күйеу баласы
Сменкара да абайсызда ақыретке аттанды. Нефертитидің өмірі де уақыт сағымына сіңіп, құпия қалды. Дегенмен, патша патшалығын істеді. Əдебиет пен өнер кең өріс алып, үстемелей дамып, шабыт шұғыласы шалғай шартарапқа шапақ шашты. Тарпаң тұлпарлардың тұсауы шешіліп, жыр жасампаздықты жыр етті. Сондай бір тұста əулетті əйгілеген əнұран (гимн) туды: “Сен, Атон, аспанның қиыр бір шетінен алаулап шыға келесің,– бүкіл жанды жаратылыстың бастау көзі сен. Бірте-бірте көк кіндігіне көтеріліп, сұлулықты паш етіп, таңғажайыппен толтырасың төңіректі. Жер үстіне шырқау биіктен күлімсіреп қарағанда сенің сəулең жаратқан дүниені аймалайды. Қаншама қашық болсаң да рахман нұрың топыраққа қуат пен құнар құйып, үйлесіп жарасқанда барлығы бүршік жарады. Батыс тұңғиығына батқанда жер жүзіндегі тіршілік түгел тыныстап, қараңғылық құшағына алады... Əлем əуезге бөленеді. Таңертең қайтадан көкжиектен көрінгенде жерден қасірет бұлты сейіледі. Екі ел – жоғары жəне Төменгі Ніл – сенің балаусаңнан қуаныш құшағына енеді. Бəрі оянып, жуынып-шайынады, киініп мінəжатпен саған қарай алақан жаяды. О, Қуат көзі, айнала ащы тер төгіп, еңбекке кіріседі. Кең өріске бар-бар жан-жануар рахаттанып, көкмайсада жасыл желекті үзіп, қозы-лақ асыр салады. Ұядан ұшқан балапандар мəз-мəйрам масаттанып, қанатымен тербейді. Сен нұрландырған жол шартарапқа кетіп жатыр. Көз алдыңда қайықтар қалқып, балықтар шоршып, сиқыр сəулең теңіз түбіне дейін жетіп, айнадай жарқыратады. Дүниеге келген əрбір пендеңе тіршілік-тыныс беріп, нəрестеге несібе сыйлап, əрқайсысын əздектейсің... Сен – өзіңе ешнəрсе тең келмейтін жалғыз – Жаратқансың! Тек қана Сен жалғыз дара жүрек əмірімен жерді жараттың. Адамдар өмірін сақтау үшін жер құрсағынан сен жаратқан Ніл ағып шығады ұдайы. Иə, сен ғана көктен сонау төмендегі алқаптарды нəрлендіруге Нілді бағыттап отырсың. Қыруар шаруаңды аяқтау үшін жыл маусымдарын алмакезек ауыстырып, қысты қатқақты, жазды аптапты етіп, қойғаның қандай. Бар – бəрін бақылап тұруға өзің көк кіндікті жараттың. Күллісі сағам ұмсынады, жарықтық, Күн! Сен менің жүрегімдесің – ол қасиетіңді төл перзентің Эхнатон тəрізді ешкім білмейді. Жерді жаратқалы бері оны өз ұлыңа, Жоғарғы жəне Төменгі Египеттің патшасы, патшалардың
патшасы Эхнатон үшін арнағансың, оның жəне патшайым Нефертитидің ғұмыры ұзақ болғай”. Əлде матриархат дəуірі таяп тұрғасын ба, ол кезде аналар, əсіресе, Египет аналары əсіре əспеттеліп, атақ-даңқын дабырайтып көкке көтерді. Не болса соған жармасып, тақырыпты тайыздатып, кездейсоқ қалам тербей бермейтін Геродоттың (б.з.д. 484-45 ж.ж.): “Египет əйелдерді ғаламат құрмет тұтқаны сонша, оның перзенттері əкесінің емес, шешесінің намына жазылғанды мəртебе санаған” деуінде қаншама шындық жатыр. Олар əрқашан сұлулықты пір тұтып, əлемді аузына қаратқан əсемдіктің алдында құрдай жорғалады, үстінен құс ұшырмай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмады. Ертегідегілердің сөйтіп балаңдық шақты бастан кешіре жүріп, махаббат күшіне табынғандығы сонша, өлімді өмір жеңетін жасампаздықты жақтады. Осирис жазатайым бауырының қолынан қаза тапқанда оның əйелі Исида сүйіспеншілігінің арқасында отағасы қайта тіріліп, құдай қосқан қосағымен шат-шадыман ғұмыр кешеді. Бұл жағынан біздің “Қозыкөрпеш – Баянсұлуға” қандай ұқсас! Ғашықтар ғұмыры қашан да қызықты, ғибратты. Арай елі Египеттегі Нефертити (“Сұлу келе жатыр, жаңа есімі Нефер – Неферу – Атон”) тəлімді тіршілігі де соған саяды. Оны мүсінші қалай-қалай бейнелейді? Аршын төс. Кермеиық. Кербез десе кербез. Келісті кескін бізге қас қақпай, кешеден бүгінгі күнге тесіліп қарап тұрғандай. Ажары ашық таңдай, жазық маңдай, алма мойын, қалам қас хас ару. Жүрек лүпіліне толы кеудесі сəл көтеріліп басылып, көтеріліп басылып болар-болмас дірілдейтіндей. Аузынан інжу-маржан шашылып, лебізі бал татиды. Таң шығындай таза мұңы мөлдірей қалыпты. Көркем келіншек қызық қылықпен нəзік назданатындай ыстық демі сезімді қытықтап барады. Ол өзінен көп кейін туған Леонардо да Винчидің “Мона Лизасына” да, Рафаэльдің “Сикстин бекзадасына” да ұқсамайды. Өйткені, ол – Нефертити! Эллинде əдемілікті əспеттеу, көне Римде жан сұлулығына табыну адамды қалай асқақтатады! Үйлесім мен үндестік қандай! Зиялылық пен зайырлық ше? Асыл мұрат айшықтары осындай. Сыйқырлады сұлулық сəт шалығы, Еркелете бермейді өмір, иə. Еліттіріп ертегі патшалығы,
Табыстырды біздерді тəңірия. Күрделі кез, сені де салды тезге, Тіршіліктің тербетіп толқындары. Найзағайдың жорығы қалды көзде, Бекзат бейне болмаса олқы бəрі. Сембейді екен ешқашан лала гүлі, Теңбіл-теңбіл айдын да теңіздегі. Еркіндікті аңсайды дала ұлы, Əлпештеген арманы ең ізгі еді. Бір бойжеткен кетпейді есімдегі, Саған ұқсас тағдыры заңғар тартып. Мұнартқандай келешек көшіндегі, Асау уақыт уағыз аңғартады. Қарап қыран қиырға балапаны, Ержетіп ұл Ұрымда, қыз Қырымда. Тұр сезіліп жып-жылы алақаны, Жаса, ару, мəңгілік ғұзырында! Тəйірі, Нефертитиді суреттеуге тіл жете ме? Ақыл-парасатын қайдам, оның Олимптің сұлу тəңіриясы Афродитаның өзін таңдай қақтырып, жолда қалдыратын сымбаттылығы өте сирек кездесетін құбылыс. Парасат падишасының тобықтай түйін түйгізетін түгел тəлімі мен тіршілігі көңіл тоғайтады. ХХІ ғасырдың тікаяқ адамдарына байырғы əдет-ғұрыптардың аса анайы көрінуі де мүмкін. Өз əкесімен некелескен он бір жасар қызы Анкесенаман жесір қалып, əлі балиғатқа жетпеген өрімдей перғауын Тутанхамонға тұрмысқа шығып, боздақ он сегіз жасында ажал құшқан күйеуін жоқтауы да қасірет-қайғыдан қара
жамылған хас сұлудың күйінішті көңіл күйін жеткізгендей: “Аһ, менің бауырым, аһ, менің жұбайым, оян, оян, сен сырқат шығарсың, ұйықтағандай қалыппен қорқытқың келеді. Басыңды көтер жоғары. Ғайыптан пайда бол, пайда бол!”. Бертініректе біздің дəуірімізде өмір сүрген Батыс саяхатшылары Карпини Джованни де Плано, Рувруквис Виллем, Марко Поло, Клавихо Рюн Гонзалес те жəне басқалар Шығыс көшпелілері əйелдерінің тағдыры мен тұрмыс-тіршілігін тамсана жазды. Берлин, Лондон, Мəскеу, Нью-Иорк, Париж мұражайлары сол жақтың мəңгілік мұрағаттары мен жауһар жəдігерлеріне толып тұруы жайдан жай ма? Обалына нешік, ежелгі Египетті жан-жақты зерделі зерттеуге құлшыныс білдірген ағылшын, француз, неміс оқымыстылары болатын. Олар, сөз жоқ, бұл салада алды орап тұр. 1922 жылы Картер мырза мен Г.Г. Карнарвон лорд ашқан Тутанхамон табыты ғылыми ортада қаншама дау-дамай, айқай-шу тудырды. Ғасырлар бойы тоналмай, алтынмен апталып, күміспен күптелген ескінің ескерткіші көне дəуір көз қарашығындай сақталып, бізге жеткеннің өзі қандай қымбат қазына! Бұл жағынан Есіктен табылған үйсіннің қыршын шаһзадасымен бірге шыққан мүлкамандар да мəдени өмірде үлкен төңкеріс жасаған жоқ па? Мысыр ғана емес, қазақ жері де адамзатқа қасиетті асыл мұраларды бауырына басып, жасырып жатқанын көрсетеді бұл. Ұзақ уақыт бойы күн нұрындай сіңген үлкен үрдіс лезде ұмытыла ма? 1881 жылы бір перғауынның дəріленген денесін кемеге тиеп Луксордан Куфтаға жеткізгенше Ніл жағалауынан алыс сапарға шығарып салған шаруа əйелдері легінің үсті-үстіне азаюдың орнына көбейе түскені біраз ойға қалдырады. Бұнда Ана махаббатымен қоса əдет-ғұрып, салт-сана мен дəстүр-үрдістің халық өміріне терең тамыр тартқанын дəлелдейді. Кейде тарих тірілмейді. Қай кезде болса да Нефертитидің аты Нефертити. Бірақ, оның кейінгі ғұмыры тылсым тұңғиығына тіреледі. Сұлулыққа кім сұқтанбайды? Соңынан ол қандай күн кешті? Ана бір жылы Күншығыс елінде ұйымдастырылған көрмеде мамандар Джоконданың кербез кеудесі мен алма мойын алқымын өлшеп, соған сай жапон тілінде сөйлетіп, келіп-кеткендерді ізетпен қарсы алып, шығарып салу рəсімін жасағанын оқығанда қайран қалғанымды
жасыра алмаймын. Бəлкім, сондай сабақты сəт болып, Нефертитиді ескі египетше сөйлете қалса, кім біледі, лебізі балшырын, нұрлы жүзді жан көз алдында тұрар ма еді, шіркін!.. Перғауындар заманы енді келмеске кетсе де, ертедегі əйелдер əлемі сонша неге ынтықтырады? Адам арайланып келе жатқан таң сəулесіне қызықпайтын ба еді?!.
Тұран тəңіриясы Кір өзіне емес, бассақтардың жеріне құда түскенін Тұмар түсінді. Оның ашқарақ меселін қайтарды. Геродот Ұлы дала төсінде тіршілік көші мəңгі тоқтаған емес. Қырқысты. Татуласты. Лаулады. Бықсыды. Көшті. Өшті. Құлазыды. Гүлдеді. Қайта түледі. Гуледі. Содан бері де бұл Тұран топырағы үстінде қанша таң атты, қанша күн батты. Аңқылдай соққан желмен ақселеу бойжеткендей ырғалып, боз жусан балапандап кермек исін көкшіл мұнар көмкерген көкжиекке сіңіп, жұлдызды жырақтарға əкетіп жатыр. Арғымақтар мен жампоздар тұяғы һəм табаны астында аунап түсіп, уақыт пен кеңістік ерлік жырын шертеді. Ешқашан да өмір отының өнегесі өшпейді. Ата-бабалар рухы ұмытылар ма, сірə? Екі жарым мың жылдай бұрын ғұмыр кешкен Тұмар патшайымның тарихы мен бяаны шынымен басталған да, аяқталған жоқ əлі. Ол келе-келе көңілі күпті, жүрегі түкті баһадүр батырлар жалаңтөстігі мен жанқиярлығына жалғасты. Тұмар тұлғасы туралы тарлан тарихта қысқаша қайырып, сирек жақ ашпады: “Сақтар көсемі Ішбақайдың ұрпағы. Мəдидің шөбересі, аты аңызға айналған Сыпыра ханның немересі немесе қызы”. Егер кейбір шындықты өз “Тарихында” Геродот жазбаса, бəлкім, біз ол туралы ештеңе білмеуіміз де кəдік-ау. Бұған да шүкір! Таратқалы отырған ойранды оқиға Еуропаның алақандай елінен Шығысқа қарай басталған қос мүйізді Ескендір Зұлқарнайынның қанды жорығынан екі жүз жылдай бұрын болған шайқас. Табиғаты қызық тіршілік түзілімінде ғажайып сыр аз емес. От пен су, жер мен көк, топырақ пен жел шарпысуынан жаралған дүниеде былайғы қаймана жұрт байқай бермейтін нəзік байланыс бар екеніне көо соқыр болмаса көкірек көзі жетеді. Жұлдыздар жайбарақатта неге жымыңдайды? Жер үстінен бұлттар керуені боздай көшіп, əлдекім қаһарынан қап-қара дуайпат дауыл тұратынының себебі не? Қандай
хикмет? Мұхиттар мұңаяды. Өзендер өкінеді. Тұман тұмшалайды. Шынарлар шайқалады. Ай мен күн бұзылады. Солардың бəрінде де бір бұлжымайтын заңдылық жатқандай. Қазақта тұз-дəмі жараспай қалса, біреулердің өзара жұлдызы қарсы деген сөз бар. Егер жырақтардан жақауратып нұр себетін ғарыш шырақтары құпиясының бүге-шігесін білмесе ондай ұғым бекерден бекер айтыла ма? Əрине, ештеңені ешкім күштеп таңбайтыны ақиқат. Алайда бұл саладағы не ықылым заманнан бері мəңгілік келе жатқан түрлі-түрлі қоғамдық-əлеуметтік қарым- қатынастар: елдер мен елдер, құрылық пен құрылықтар хақында тарлан тарихшылар, жүрек жұтқан жиһангездер өздерінің жылнамалары, жоспарлары мен шежірелерінде тайға таңба басқандай етіп айтып кетсе, бұра тартуға бола ма? Геродот (б.д.д. 484-425 жылдар) пен Плутархты (б.з.д. 127-45 жылдар), одан кейінгі жауырыншы жылнамашыларды кім мансұқ ете алады? Əрдайым қаншама көлегейленгенмен шырқыраған шындық сол күйінде қалады. Бір- бірімен ауылы аралас, қойы қоралас бір жақта жатқанымен Иран мен Тұранның бір-біріне жұлдызы қарсы болып, іштей бəсекелесіп өткені бір тұтам өтірікті өрге бастырмайды. Ендеше ертеде ұлы дархан пейіл даланы емін-еркін ен жайлаған соң, скиф пен ғұн тайпаларының ұрпақ шашып, кең өріс көкжиек көкжиек көксеп өсіп-өнгені аян. Олар жер бетінде мəңі өшпес із қалдырды. Жалпы өркениет өскіндерін өркендетіп, қандастарын бірлік пен тірлікке үндеп, Тұмар патшайым билеген заманның көмескі зері біздің ғана емес, адамзат зердесінде еміс-еміс болса да сақталып қалыпты! Сонда Тұмар кім?.. Тарих тереңіне тартады, əрине. Тұтас Тұран топырағын қысас ашкөз қаскөйлерден қорғап қалған қырдың қаһарман қызы хақында мағлұмат тым тапшы. Мардымсыз. Шежіренің сарғайған беттері де сыр шертпейді? Ерлік жырын жаздыруға неге құлықсыз болды екен? Ұрпақтар зердесінде сақталғаны да сирек. Құнтталмағаны қалай? Тұлпарлар тұяғымен жазылған тарихымыз қайта қарастырылып жатқанда бұл мұқият оралуды керек етеді. Ешкімнің аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Байырғы қазақ жұрты заман қанша құбылғанымен оыс топырақта туды. Өсті. Қырандай қиырға қарады. Уақыттың қытымырлығына қарамастан, патшайым халық жадында ұдайы жаңғырып, жүдə жатталып қалған ежелгі ерлермен қатар тұрып,
есімі алтын əріппен жазылған ересен ерекше тың тұрпаттағы тамаша тұлға. Көшпелілерді қаншама қырына алса да грек тарихшысы бұны сүйіспеншілік сəулеңкесіндей табандылықпен атап өтеді. Халық қамын жеген қыз. Қаһарман. Қайраткер. Қалай қарағанда да ұлы ұғымға саяды. Құлан жортып, қыран ұшқан кер дала ешқашан қас дұшпанға тəкаппар төсін бастырған емес. Əлімсақтан қатар қоңсы болып келе жатқан Иран (Ерлер елі) мен Тұран (Көшпелілер елі) арасындағы бір- біріне жұлдызы қарсы бақталастық бəсеке тек жер дауының айналасында туындайтын көкейкесті мəселенің бірі деп қарастырудың жөні жоқ. Қашан да даладағы көшпелілер мəдениеті сұғанақ қызыл көздердің құртына айналып, құмарттырып, қызғаныш отын оятып отырды. Рухы биік халық өмірі өркениетке бастайды. Сақ қорғандары мен қамалдарының құпиясы, скифтердің аң айшықтары кездейсоқ қайдан келді? Тек қойын құрттап, айран ұрттап күн кешкен түз түлектерінің мəңгілік мəдени мұрасы көзге неге оттай басылады? Олар тəуелсіздік десе төбесінен жай берді. Қалай болғанда да парсы патшасы əуелгі жеңіс буына əулекілене масаттанып, əз ұя Азияның біраз мемлекетін бағындырып, Грекияны талқандап, жаулап алғаннан кейін қисапсыз қалың əскер қара құрттай қаптап, теріскейдегі Кіндік Азияға қарай жөңкіді. Адамзат тарихының атасы Геродот қолбасшы Гарпачтың Таяу Шығыстағы елдердің біразын басып алып, тып-типыл етіп, тізе бүктіргенін тəптіштесе, Екінші Кіршаш Орта Азияны түгел жаулап алып, қаһарлы қылышынан қан тамып, Тұран ойпатына сұғына еніп, бассақтар (массагеттер) мен сақтардың патшайымы Тұмарға жеңгетай жіберіп, кісі салды. Бұл біздің дəуірімізге дейін, тіпті Ескендір Зұлқарнайыннан да бұрын 530-жылдың жаз бойы (шілде мен тамыз арасы) еді. Себебі, Кіршаш (Кир) есімі одан кейінгі қилы-қилы құжаттар мен дерек көздерінде кездеспейді. Ол аждаһадай жалаңдаған ажалға өзі арандады. “Бірақ Кир өзіне емес, бассақтардың ұлан-ғайыр жеріне құда түскенін Тұмар түсінді”,– деп жазды тағы да сол Геродот оқиғалар тамырына үңіліп.– Оның меселін қайтарды”. Тұран топырағындағы құлақ естіп, көз көрмеген бұл қанды қырғынның аяғы қылышпен келген қызылбастардың күйреп ойсырай жеңілуімен бітті. Геродотқа қайта жүгінсек, ол былай дейді: “Сонымен бассақтар жеңді. Парсы əскерінің басым көпшілігі шайқас даласында қырылды.
Кіршаштың өзі өлтірілді”. Дегенмен бұл өлкеде ол кезде кішігірім қақтығыстар бұрын да аз болмайтын. Ел мен жерін қорғауда көшпелілердің таң қаларлықтай бірауызды ұйымшылдық танытып, жанкешті жанқиярлық жасауы ұлыстың кейінгі ұрпақтарына зор тағлым түйгізеді. Ол Отаншылдық сезімінің ұшқыны. Ақыры бақайшағына дейін қаруланып, жасанған жау ыза мен кек, намыс пен арға шарболаттай қайралған найза мен қарша жауған жебеден өлім құшып, жігер мен қайрат мұқалмай жасындай жарқылдады. Қанағатсыз əбден құнығып, тойымсыз қомағай көрсеқызар патшаның басы қанға тұншықтырылды. Содан бассақтардың басына қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнады ма? Оған дейінгі жəне кейінгі буындар басқыншылық пен жаугершіліктің не əкесін көрді. Түйткілі көп ұзынсалқар тіршілік кезінде шығыстан батысқа, қайтадан батыстан шығысқа қарай асау арнада талай буырқанып, “Ұлы көші-қонды” өзегінен өткізген көшпелілер көші бір сəт тоқтап қалған жоқ үдеріп. Көптеген қымбат-қымбат қазына байлығы мен қызық-қызық ғажайып құпиясын тымпиып ішке бүккен төбелер, қорғандар мен қамалдар қаңырап құлазып қалды. Ата-бабалардың арыстандай арпалысқан айбары мен айбыны тігірсіз ұрпақтарына мардымсыз мағлұматтарда жұлым-жұлым болып жетті. Жиырма бірінші ғасырдың басында өркениетті өмірге өршелене дəмеленіп, үлкен үміт үзеңгісіне аяқ салып отырған бүгінгі буын сол қаһармандық салт-сана, əдет-ғұрып пен дəстүр тəлімін тегі ұмыта ма? Əмсе, Тұмар тақырыбы, оның аса күрделі уақыты бір туынды, бір жанр аясында шектелмейді. Бұл тарихи тақырыпты қаузай қопарып жүрек жұтқан батылдық танытып, тұңғыш рет бағзы заман хикаяларын шертіп, жан бітірген марқұм Болат Жандарбековтың əлі лайықты бағаланбаған “Сақтар” дилогиясында шындық шырайына шіркеу түсірмей, махаббатқа мəйін мінездеме береді. З.Қыдыралина “Томирис” поэмасын, Шаһимардан осы адас пьеса жазып, Д.Стамбекұлы толғау тудырып, жазбагер М.Барманқұлов қысқа қайырымдар қайырса, тарихшылар Ə.Хасенов пен Б.Албани өз еңбектерінде Тұран көшпелілері тəңіриясының қаһармандығын қал- қадари паш етеді. “Қазақтар” анықтамалығы аз болса да Тұмар ханымға тоқталып, назар аудартады. Демек, бұл бағыттағы сең сөгіле бастағандай.
Қос мүйізді Ескендір Зұлқарнайын Ахеман əулетінің əптер-тəптерін шығарып, əбден əбігерге түсіріп, тобасына келтіріп, бүкіл парсы топырағын табанына таптап, жұлдызды түндерді жамылып, Яксарт жағасына жетіп, жүрегі шайлыққанға дейін шамасы екі ғасырдай бұрын болған бұл оқиға əркімді масаттандырып, мақтаныш сезімін оятады. Тұмар патшайым аяулы атамекенді көз қарашығындай қорғап қана қойған жоқ, астамшылықпен келген басқыншыларға мəурітімен күйрете соққы беріп, елінің асқақ рухын асқақ биік көтеріп, жеңістерге жігерлендірді. Керек болса, ол да қалжа жеген анадан туып, тұяғымен жер тарпыған тұлпар тізгінін ұстады, жер құшып, бақыт бесігін тербетіп, перзент сүйді. Əсіресе оның тақтайтөс перизаттардан тұратын атты əскері дұшпандарға қорқыныш ұялатып, үрейін ұшырып, қашақтарды қашыра тітіркендіріп тұрған жойымпаз күш еді. Сары жебелі садақ тартуға ыңғайлы болсын деп бір анарын кесіп күйдіріп, ер үстінде əбден машықтанған сұлу жыныс өкілдері кілкіндей хас жауынгердей қанына қатып қарайса, қаһармандықпен жасындай жарқылдап, арыстандай айқасып, жолбарыстай жағаласып, қабыландай ғажап қайсарлық көрсетті. Қазір соншама сонау ертеде болған аяусыз қанкешудің бар-бəрін қаз- қалпында көз алдына келтіру мүмкін емес шығар. Қаншама қыршын қызғалдақтар өмір өртеңінде қайта қаулады. Талай түн мен күн беймаза күй кешкізіп, найза мен қылыш белден, арғымақтар белдеуден кетпеген заманда Тұмар патшайым бас болып, елі мен жерін аман-сау сақтап қалу үшін аса қайрат қажырлық пен санаткер сабырлылық керек ететін қарсы қарымта қимылға барғаны байқалады. Өңмеңдеп келе жатқан Кіршашқа Тұмар патшайым қатты қолқа салып, парасат пайымға жүгінуді тілейді. “Басқа елдің қажеті жоқ, бірақ көгілдір күмбезді көгі бар бетегелі боз даламызды біз ешкімге де бермейміз”,– дейді ол мəмілеге шақырып. Ту-талақайы шығып, дегбірінен айрылған парсы патшасының тар маңдайы тасқа тимей қайтпайтын еді. Тайыз таным ұрдажық əлімжеттік əрекетке итермелеп, қара күш көрсетуді көздейді. Дала аруы сондай оқшау қимыл- қозғалыстан сақтандырады: “Мидия патшасы! Райыңнан қайт! Босқа əбігерленіп қара тер болып салдырып жатқан көпіріңнің қара басыңа пайдаға не зиянға шығатынын алдын ала болжау мүмкін емес.
Бұныңды доғар да, өз патшалығыңды биле, біздің өз жерімізге иелік етіп, тіршілік еткенімізді көп көрме. Əлбетте, бұл кеңесімді құлаққа ілмей, өзім білермендікке салынып, арамыздағы тату-тəтті қарым- қатынастарымызды бұзарсың. Бассақтар жеріне басып кіруге соншама құмар болсаң, арам-тер көзбояушылық жасап, көпір салмай-ақ қой. Біз үш күншілік қашықтыққа шегінеміз, сен өзеннен жайбарақат өт. Ал егер сен өз жеріңде бетпе-бет кездесуді қаласаң, онда біздің айтқанымызды істе”. Отан қорғау қай кезде де азаматтық парыз. Бассақтар патшайымы соны бес саусақтай жақсы біліп, əдеп пен əдеттен аттамағаны қандай! Сол шақта Үстіртте аң аулап, құлан қуып, киікті кимелеп, саят қызығына түскен басқа бір сақ əміршісінің əйелі Зарина да ең алдымен қоңсылар татулығын ойлап, жер тағдырына алаңдап, өзін құрбандыққа шалып, құбылысқа немқұрайды қарай алмайды. Кикілжіңге киліккен екі жақты да басын бəйгеге тігіп, бейбіт бітімге шақырады. Өмір өнегесінің бұдан артық үздік үлгісі бола ма? Күнгейдегі қызылбастар жерінен кеудемсоқтықпен келген жау жасақтарын қу медиен шөлге бастап əкеліп, тығырыққа тіреп, көзсіз ерен ерлік көрсеткен шырақтың да қырдағы қаһармандығы сахара сайын батырлық жырының алтын қайнарындай. Тұран топырағы ондай-ондай елі үшін еңіреген ерлердің толыққанды тұлғасын тəрбиелеп, ұйпадарлы ыстық ұядан ұшырды. Ал Тұмар патшайым сол жердің отын оттап, суын ішті. Ерлік үрдісімен емізіліп ержетті. Сондай сүйіспеншілік пен махаббат арқасында ашкөз ата жаудан да қыңбайды. Бұл бұрын кісі естіп, көз көрмеген өжеттікті сезінген парсы əскербасысы Крез Комбисұлы Кірге қайта-қайта құйтырқы ақыл қосады: “Патша ағзам! Зевс құдай мені құзырыңа тəуелді қылып бергелі қолымнан келгенінше қауіп-қатерден жан-тəніммен қорғауға ант-су ішкем. Тіршіліктен түйген ащы кермек тəлім бір басыма жетерліктей. Егер сен өз басыңды да, əскерлеріңді де жазмышқа тəрк етпей ажалсыз деп білсең, менің кеңесімнің саған зияны бола қоймас. Ал жазатайым өзіңді қарапайым ажалды пенделердің үстінен əмір жүргізетін ет пен сүйектен жаралған жай адам санасаң, алдымен мынаны көкейіңе түй. Аумалы-төкпелі өмір тұрлаусыздығы сол – жалғыз бір жан мəңгі бақытты бола алмайды. Алдымыздағы тəуекел іске келсек, менің
пікірім сенің жақсыларың мен жайсаңдарыңның діттегенімен бірме-бір сəйкес келе бермейді. Жауды өзеннен өткізіп, жерімізге аяқ бастырсаң, төбемізге əңгіртаяқ ойнататын қауіп-қатерді басыңа тілеп алғаның. Жеңілсең – мемлекет мүлде біржолата жойылады, жеңіске жеткен бассақтар жалт беріп кері қайтпаса, иелігіңе тереңдеп енері – басқа киген бөріктей. Өзің жеңіске жеткенмен, жауды туған топырағында жер жастандырып, талқандап, өлімсірете өкшелей қуғандағыдай жеңіс бола алмайды”. Қалай дегенмен, бассақтардың күні туып, жауды жеңді. Жасампаздық пен жеңімпаздық салтанат құрды. Тұмар патшайымның да тұлғасы одан сайын тартымды болып биіктей түсті. “...Қапшығынан Кіршаштың басын суырып алды. Ол патшаның жартылай жұмылған көзі мен көгеріп кезерген ерніне барлай байыппен қарап, ұйпа-тұйпа шашынан ұстап тұрып, баяу күрсініп, құмығыңқы дауыспен үн қатты: – Əлем əміршісі, сен шын мəнінде қатерлі қас дұшпан едің. Мен сені, лайықты қарсыласым, ең қымбатты сүйіктімнің қанына тұншықтырамын. Тұмар ханым Кіршаштың басын жоғары көтеріп тұрып, Фархадтың қолынан месті алды. – Бассақтар! Патшайымдарың сөзінде тұрды. Сен, парсылардың патшасы, қанға шөліркеп келіп едің, енді мейірің қанғанша іш! Сөйтіп, Тұмар ханым Кіршаштың басын мөймілдеген қан толы меске сүңігітіп жіберді”. Тарихи роман осылай аяқталды. Ол туған топырақ үшін қандай ауыр болсын құрбандықтарға дайын еді. Айқаста күйеуінен, тұтқынға түскен баласынан айрылды. Бірақ Отан дейтін ұлы ұғым бəрінен де қымбат болатын. Азаттықтың ақ таңы əлі алыс еді. Нақсүйер Адамзаттың тым ұзақ тарау-тарау тарихында ондай қайталанбайтын сайқал сұлу да нəзік жыныс өкілі болды ма, жоқ па бұны жер басып жүрген ешқандай жұмыр басты пенде айтып бере алмайды. Алайда, ол
өмір сахнасындағы өз ойынын от шығармай шебер алып шығып, əлем аңызындағы ең əйгілі əйелдердің біріне айналды. Адамның бар-бар қысқа ғұмыры бақ пен сордан түзіледі десек, тіршіліктегі бұйырған тұз-дəмін лайықты тауысты. Не киіп, не ішемін демеді: кебін кигенше үлде-мен бүлдеге оранды, сəн-салтанатты жақсы көрді, кесірленіп кесе көлденең тұрғандардың көмейіне құм құйды, тақ пен тəждің арқасында емін-еркін дəурен сүрді. Ешкім оны хор қызына баламайды. Періште де, пері де емес. Əйтсе де аңыз бен ақиқат араласа жеткен лебіздерде биік билік басына ерте келген қызға тəңіриядай тамсанбаса да қалыс қалып жек те көрмейді. Оның етжеңді, құс тұмсық, тапал, баланың жұмыр білегіндей иегінің кемиек екенін суреттейді. Кім біледі, көзкөргендердің қателесуі екіталай. Біреуі асыра, ал, біреуі басыра бейнелейді. Батыс пен Шығысты күштеп некелестіріп, ойкуманаға дейін мызғымайтын ұлы мемлекет құруды аңсаған аса жойымпаз жаугер Ескендір Зұлқарнайын Бабылда қыршынынан қиылғаннан кейін (небəрі отыз үш жас) тез ыдыраған орасан патшалықта талас пен бөліс басталып, мəйіттің топырағы кеппей жатып, жас билеушінің бала кезден тай-құлындай тебісіп бірге өскен Лаза Птолемей өз қалауынан ежелгі Египетке көз сүзіп, жаңа бір əулеттің іргетасын қалады. Ол басқа əскербасылардан жасырып, ұлы Александрдың жауһар мен гауһар өрнектеген табытын Александрияға əкеліп қойғаны айтылады да із-түзсіз жоғалып кетеді. Оны ең соңғы рет Юлий Цезарь көрді деген қауесетті де құлақ шалды. Əлде бұл тағдыр тəлкегі ме, сол Птолемей Сотердің (“құтқарушы”) он екінші ұрпағы Клеопатра VII (б.д.д. 69-30 ж.ж.) есімі зерттеушілерді енжар қалдырмай келеді əлі. Көне Грекияның орасан ойпазы Плутарх (б.д.б. 45-127 ж.ж.) бəрін екшей келіп, елу адамның ғұмырнамасына тоқталып, сол салыстырмалы теңдесі жоқ еңбегінде кейбір күрделі мəселелердің себеп-салдарына үңіліп, айшықтап таратады: “Бір бұл əйелдің сұлулығы өзіне тəнті етіп, таңдай қақтыратындай емес еді, дегенмен, қарым-қатынасы, жүріс- тұрысы айрықша болатын, сондықтан түр-тұрпаты сирек ұшырасса да, бұлтартпайтын ой тұжырымдарға сəйкес əрбір сөзімен, əрбір қимылымен ерекше əсерге бөлеп, жанды баурап, жүректерді түпкілікті жаулап алатын. Дауыс əуезесі бойды балқытып, бипаз бұлбұл үніндей
естіліп, тəтті тілі де əңгіме ыңғайына қарай нақпа-нақ үйлесіп, көп ішекті саз аспабында сиқырлы болатын... Кез келгенмен тез түсінісіп, тек анда-санда ғана тілмəш арқылы сөйлесіп, өзі жиі-жиі жат жерліктер – эпиоптар, троглодиттер, жөйттер, арабтар, сириялықтар, индийліктер, парфяндармен емін-еркін араласа беретін...” Балғын бойжеткен атасы негізін қалаған атақты Александрия кітапханасына барғыштап, мəдениеттің уызына жарып, рухи құндылықтарды терең бойға сіңіріп, мемлекет пен халық, тобыр мен тұлға һəм билік басындағылардың қыры мен сыры мен мінез-құлқын, өресі мен өрісін, пайымы мен пиғылын зейін қоя зерделеп, үркердей зиялыларды қадыр-қасиетімен төңірегіне топтап, үйрену баспалдақтарынан бас айналдырарлықтай жылдам өтті. Оның қолтығына жел беріп, дым бүркіп жүрген не еді? Клеопатраның өзімшілдігі өз алдына, жан-жақты білімдарлығы, парасат патшалығына лайық жаратылысы бөлек жан болатын. Оқыста ой оралғанда: “Бір əйелдің мекерлігі қырық есекке жүк болыпты” деген Шығыс даналығы еріксіз еске түседі. Солай ма, əлде басқалай ма, əйел əлемі өзіне тарта берді. “Əкесі жағынан əйгілі” ақсүйек тұқымы ойына келгенін істеді. Бұл мекерлік пе, аярлық па, əлде құшаққұмарлық па, жоқ шынымен шынайы махаббаттың өзі ме? Бойжете бастағаннан бəрі де Клеопатраның тал бойында ұштасып, ыңғайға қарай тартымдылығы көз тартып, жаны жарқ-жұрқ етіп, жанартаудай жарқылдап жататын. Əйтпесе ықыласы ауған еркеккіндіктілерді Цезарьдан бастап, қалай айтқанына көндіріп, айдауына жүргізеді? Бұлғақтап өскен бұла бойжеткеннің шыли шікамшыл еркелігін кім көтеретін еді? Əкесі өлісімен балиғатқа жаңа жеткен ұрғашы сол əулеттің ақылға қонымсыз заңымен он алты жасында он үштегі жарыместеу, денсаулығы əлжуаз інісі Дионис – Птолемей ХІІ-ге тұрмысқа шығып, қосамжарланып таққа отырды. Жарық шалғанға Венера теңіз көбігінен, Клеопатра кілем орауынан шықты. Қол астындағы бұратана елдерден ақша өндіруді сылтауратып, Египетке келген оң-солына зəр шашып тұрған күшті Римнің императоры, құдіретті қолбасы Гай Юлий Цезарды иліктіріп, толған айдай толықсыған келіншек ел-жұртын жанымен де, тəнімен де қорғап құрбандыққа шалынғандай. Сенімді құлы Апполодарға кілемге оратып, Клеопатра өзін Цезарьға тарту-таралғы
еткізеді. Оны қарсы алып, қошеметтің көкесін көрсетіп, Ніл бойымен екі ай жүзіп, төрт жүз кеме көл-көсір сый-сияпатпен һəм сəн- салтанатпен олар қайтып Александрияға оралады. Серуен сергіткендей. Клеопатра іле-шала Римге келгенде қисапсыз асыранды құралай еріп, күркіреген қабыландар қолбала күйі жетекте жүрді. Өзі алтын күймеге тақ орнатқызып, сан мыңдаған нөкерімен кербездене керілді. Билеуші де оған қарыздар болып қалмағандай жарлығымен Шолпан ғибадатханасына нақсүйерінің алтын мүсінін қойғызып, айды аспанға бірақ шығарды, Тибр жағасындағы зəулім жайлы тұрғынжайға жайғастырып, үлкен сый-сияпат жасатады. Алпысты алқымдаған əміршіден Клепатра ұл тауып, есімін Птолемей-Цезариан қойғызды. Қарсыластары соны пайдаланып, əртүрлі өсек-аяң таратып, ақыры 44 жылғы 15 наурызда ол сенатта қастаңдықпен өлтіріледі. Артынша жауласушы топтар арасында шөре-шөре пұшайман күй кешкен келіншек қара жамылып асығыс Египетке оралады. Бірақ, көздеген мақсатына жетпей қоймайтын Клеопатра маңдайы тасқа тигендей болса да патшалықтан күдер үзбейді. Көп ұзамай, айла-шарғымен Римнің тағы бір əскербасы Марк Антонийді бас игізіп, жас күйеуге шығады. Одан үшем көріп (Александра, Клеопатра мен Птолемей), дəурен сүріп, дүниені беймарал сапыра шайқап, айналаның астаң- кестеңі шығып жатса да көзге ілмеді. Антоний болса оның ныспысын жауынгерлерінің қалқанына қашаттырып, алтын теңге соқтырады. Шығыстағы жеңісінен кейін абыройы асқақтаған Антоний оған Кипр, Киликия мен Финкияның тарту-таралғы жасады. Мысыр патшайымы махаббат машақаты мен мерекесі үстіне тіпті мейманасы асып, масайрады; бірде мəйін мінез танытса, енді бірде жауырынан сипатпай, ешқандай қылбұрау құрық түспеген асау тарпаңдай тулап қиғылық салды. Масаң күйінде құлағындағы дүниедегі ең қымбат сырғаны жұлып алып, ертінді шарапқа салып, сіміріп ішіп қойып, еркетотай тіпті шектен шыға жүгенсіздік көрсетеді. Кейде түнде өзі күң болып, Антонийге теңізші киімін кигізіп, бейуақтағы Александрияны қайыршылардай аралап, қаланы басына көтеріп, даңғазаға айналдырып, əптер-тəптер ететін. Бұндай ерсі қылықтар дағдыландырып, əбден мезі болған александриялықтарға ұнай қоя ма? Сондай сəттерді жіпке тізіп, сарайдың жəне бір серкесі əтек Потин арандатып, наразыларды ұйымдастырып қарсы айдап салғанмен
жазалауға ұшырап кете барады. Болашақ бəсекелесінің қарындасы салихалы Октавияға үйленуге мəжбүр болса да Антоний құмары тарқамай, тіпті өзін қанжармен жарып жіберіп, Клеопатра құшағында көз жұмады. Асқанға да тосқан болып, сазай тартады. 31 жылғы 2 қыркүйекте (б.д.д.) Акциум мүйісіндегі айлақта болған теңіз шайқасында мүлде жеңілген Клеоптра жағы өзін улы жыланға шақтырып, бақилыққа аттанып, өгей өмірдастанға леп белгіге бергісіз нүкте қояды. Əрине, билік жүрген жерде безбүйрек зұлымдық пен қаскөй қатыгездік болмауы мүмкін емес. Тақ пен тəж жолы – тар жəне тайғақ. Онымен бірге қулық-сұмдыққа да найза бойламайды. Ішіне шынатақ айналмайтын Клеопатра сол үлкен мектептен өзімшіл өркөкіректікпен өтті. Бір емес, өзінің екі бауырын тажалға тосып, кіші төңкерісші Помпейден жерініп, Цезарь қастандықтан қаза тапқаннан (бұл топтың арасында атақты ділмар Цицерон да болатын) кейін Антонийдің де түбіне жетіп, туған сіңлісі Арсиноэға да көлеңкесі түспей, араша болудан əдейі бой тасалап, бəрінің басын жұтып, ақар-шақар болып жататын əйел əлемін айшықтап əйгіледі. Бірде ақылмен, ал, енді бірде айла-шарғы арандатумен əккі болған ол анаған да, мынаған да тұзақ құрды. Текті əулеттің тұяғы сөйтіп адамзат тарихында қарама- қайшылықтарға толы күрделі тұлға болып қалды. Бұл “Еркек əйелді шөл далада келе жатып кенезі кепкен жолаушы секілді сүйеді. Оның ынтығын басқаннан өзге дүниелерге назары ауып кететіндігі сондықтан. Ал, əйелдің махаббаты ашық далада келе жатып ыстық күннің көзінен қалқа іздеген сапаршыны еске түсіреді. Басына қалқа, жанына қажетін тапқаннан кейін де оның махаббатының бір сəт кемімейтіндігінің себебі осындай” деген қытай даналығына жан бітіре түскендей ме, қалай? Əсте, əйел жаны нəзік, тұңғиық. Оған ешкім күмəн келтірмейді. Бір бойжеткеннің бойынан Баянның биязылығын, Қызжібектің қырмызы мен қылықтылығын, Ақжүністің ақ жанын, Назымның назеркелігін іздей беретініміз сұлулыққа іңкəрлікті меңзейтіндей. Бастапқыда адам баласының екінші жартысын мүсіндегенде жаратқанның солай күрделі əрі нəзік етіп бейнелегені сезімге сəуле жүгіртеді. Ал, енді айналада əдемілік анталап таң шығындай мөлдіреп тұрғанда арбалмай көр! Хош иісті шөп пəркі мен
жасыл желек жапырағында жаңбыр тамшылары қалай жақұттай жанып, меруерттей жарқырайды зер шашақтар төгіліп. Миуа қалай уылжиды! Нəркес көзді сұлу қалай назданады! Паһ, шіркін! Əйел жанының əсемдігі, шашының емес ақылының ұзындығы Хауа ана заманынан бері жыр мен сырға тектен тек арқау болып келе жатқан жоқ. Арада ғасырлар өтсе де Клеопатраның есімі ұмтылмайтындығында заңдылық жатыр. Тұмар ханым, Жанна д’Арк жəне басқалар мақұл. Сондай-ақ болсын, Клеопатра қандай ұлы істер атқарды? Қалай дегенде де қылықты келіншектің құрығы ұзын болып шықты. Ырғын еркектің көңілін табу оңай ма? Жалпы, Клеопатраның келбеті келісті. Оның тылсым тұлғасы, жұмбақ жаны, өрекпулерге толы өмірі мен тамаша тағдыры осы күнге дейін əлі бұрынғы-соңғыларды неге мазалап қатты қызықтырып келеді? Əдебиетте оның бейнесін алдымен У.Шекспир, Б.Шоу жасады, өнерде П.П. Рубенс, Д.Тьеполо бұл тақырыпқа арнайы қылқалам тартты. ХХ ғасыр ең үздік саңлақ сахнагерлерінің бірі Элизавет Тейлордың бірнеше сыйлық алған “Клеопатра” фильмінде кейіптегені танымды тереңдете түскендей. Қазақ қыз-келіншектерінің бүкіл болмысын нəзік біліп, шебер бейнелейтін сарабдал суреткер, академик, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов “Қозыкөрпеш – Баянсұлу”, “Қызжібек”, “Ақансері – Ақтоқты” драмаларын, “Ұлпан” романы мен аналар жайындағы топтама əңгімелері, Əппақ, Майра, Күлəш туралы толғамдарын тудырған Жаһани жазушы құпия қойындəптерінің бір бетінде Клеопатраны аяп, уəйім жегізеді, опындырады. Өзекке өрт түсіріп, ой толғайтындар тек жалғыз солар ғана ма? Қазақ қаламгерлері Зейнолла Шүкіров, Дəуітəлі Стамбеков, Сауытбек Əбдірахманов, Темірақын Жақып жəне басқалар əр кезде, əр жанрда бұл тақырыпты толғап, айналып кете алмады. Қайран Ғабең тағы бір тұста: “Əйелге еркектің, еркектердің таласы талай жазылды. Əйелдің еркекке таласы əлі жазылған жоқ. Бұл тақырыпты мен ептеп сезінсем керек: арнаулы тақырып етпегенмен бір сүрлеуге қоса кету дұрыс болар” деп ақтарыпты жан сырын.
Базбірде билік безбүйректік пен бойкүйездікке бастайды. Солай, құлағы тыныш, əрине. Қарақан басын қанша ойласа да Клеопатра қыр соңынан құлғанаша қалмаған құдіретті Римнің құрған қақпанына тап болды. Екіұдай күй кешті. Акциум айлағында болған ақырғы шайқаста Август жасағынан мүлде жеңіліп, тақ пен тəж қараң қалып, өмірден опа таппай баз кешті. Қолында өлшеусіз билігі бар нысапсыз əйелдің ашкөз араны барған сайын ашыла бастағандай еді. Тегеурінді тақымына қарамай асау арғымақ жалт етіп тастап кетті. Даңқы дүрілдеп тұрған Рим мен тізе бүккен Грекия, Египет арасына салқындық сызаты түсіп, сына қағылды. Саяси сахна жабылып, бұл оқиғалар Клеопатра қазасын тездетті. Арттағыларға аяқталмайтын ақиқат пен аңыз қалды. Сəукеле Ешқашан нағыз тарих тек бірақты түзілмейді. Оның есімі дала көшпелілерінің сана сұлулығын ертеден сəулелендіріп келе жатқаны болмаса, сына тастардағы жазулар түу əріден бастау алғанның өзінде қолға ұстатқандай дерек көзі мен мағлұматтар аз. Сондықтан ол туралы ақиқаттан аңыз көп. Ғашығын іздегендер қисапсыз, бірақ мөлдір махаббат жолында шыбын жанын шүберекке түйіп, құрбан болу жалғыз Айшабибінің маңдайына жазылғандай. Сəл-пəл өзгергені болмаса, дала самалы сондағыдай гулейді, құстар əні сондағыдай алтын бесікті тербетеді, адамдар туып, ат-жалын тартып мініп ержетеді. Түз төсінде төл асыр салып, ботақан аяғын апыл-тапыл басып, құлыншақ аңыраған желмен жарысып, қырмызы гүлдер ашылып, дүние бір шырайланып, думанға толады. Па, шіркін!.. Уақыт пен кеңістікті көктей өткен көшпелілердің тұлпар тұяғымен жазылған тарлан тарихында ай десе аузы, күн десе көзі бар небір арулардың өмір сүргені ыждаһатталып қағазға түспесе де, жүректерде жаңғырығып жатыр. Дəуірлер мен дауылдар мүжіген керемет кесененің қас бетіндегі кестеленген ой мен сезім айшықтары соның ұшқындарын ғана жеткізеді. ...Күз. Бұлт. Неткен аруана жер!
Тіршілік толқындары мəңгі тоқтамайды. Бала кезде айналаның бəрі тап-таза, мөлдір, қулық-сұмдықсыз пəк көрінетін. Ақсақалдар сырттағы Көктөбеге шығып алып, жантайып жатып, “жығылсаң жер көтереді” деп ауылда балаларды бір-бірімен күрестіретін еді. Сөйтсе, бұнда да тəрбиенің үлкен мəні бар екеніне кейін көз жетіп жүр. Арман сүрлеуі жетелеп, жолдарға, олар заңғылдарға ұласып, асыл мұрат биіктеріне бастайды. Оны да қыста қалың қарды омбылап, көктемді іздеп келе жатқандай күй билеп, Шалғайдағы Шыршықтан шыққан қоңыраулы көш қарақошқыл жартастарды артта қалдырып, жасыл əлемді қақ жарып, қараағаштар көлеңкесін ұзарта бастаған бесін əлетінде ойға құлап, қапырықта тау өзенінің жағасына тоқтап, алқалы топ “уһ” деп бір дем алғандай қоналқыға аялдады. Күн төбеден ыстық табада шыжғырғандай кенезе кеуіп, əншіні қуырып барады. Шаш шаһарының ұлпа таңы кете қоймапты əлі. Жолай Шым қамал мен Исфиджап та күптігей көңіл толқынын баса алмағандай. Серіктері Кəусар суға бас қойды. Қыз жаны беймаза күй кешіп, əлденеге қабаржып, алаңдай береді. Жалбыз бен сыз иісі қоюлана түсіп, шағыр жусанның кермек дəмі қолқа атты. Сəнді талдар иығына қалың түскен майда жапырақтарын жамыратып, Тəңіртау жақтан соққан самалға сыбдыр қаға сылаңдап біртүрлі сыңсығандай. Сəукелелі жас сұлу су жағалап кетті, бас киімін шешіп, жеңілденіп, көк барқыт қамзолының түгі күн сəулесімен сан құбылып, жалт-жұлт етеді. Ол жайлап жуынып-шайынғанда шəйі көйлегі судырап бүрмелі етегі төгіліп тізесін жапты. Күз күнінің кемпіршуағының шоқтай қызуы балғын денесін одан сайын балбыратып, сары майдай сарытап сағынышын ерітіп жібергендей. Салқындағысы келді. Қалың қамыс тасалап, үпелегі үлбіреп, өрекпіген өзеннің арғы бетіне қарады. Жарлауыттан жайпауыт іздеп, мөлдір суға айнадай үңілуге шақ қалғанда, күнге шағылысқан аппақ білегіне оқ жылан атылып, оратылады... Аңыз бойынша, Айшабибі солай ажал құшады. Ал ақиқат қандай?!. Егер шынымен Зеңгібабамен (Айқожа) ілік-шатысы болса (кей деректерде Айшабибі сол кісінің өгей қызы дейді), оны əлі де байыпты зерттеп, арақатысты аша түскен абзал. Шəкірті Тынжы (сиыр) малының атасын өлер алдында ұстазы Сүлеймен Бақырғани шақырып алып, əйелі Əнуар ананы аманат етіп тапсырып, батасын береді. Қыз əжесі
Ұлықпатшаның да мазары Ташкенттен батысқа қарай 30 шақырым қашықтықта жатыр. Ат тұяғын тай басатындай, С.Бақырғани болса Құл Қожа Ахмет Иассауидің тəлім-тəрбиесін алып, Ислам дініндегі сопылық сарынды тереңдетер үрдісті ілгері жалғап əкеткен ақын. Оның қаламынан туған ошақтың үш бұтындай “Бақырғани”, “Хазірет Мариям”, “Ақырзаман” көне қыпшақ тілінде жазылған жəдігерлер. Жеме-жемге келгенде бұл кезде, яғни С.Бақырғани 1186 жылы қайтыс болғанда Еуразияның біраз бөлігін шұғыл шабуылымен шаңға бөктірген Шыңғыс хан мемлекеті де нығаю жолында болатын. Сол үшін оны баз бір ғалымдардың Алтынорда əдебиетінің өкіліне жатқызуы жаңсақ. Бұлар дүниеқоңыздық сасық байлықтан бас тартып, тылсым тағдыр мен тəтті тіршіліктің қызық-шыжығын тəрк етіп, баянсыз күйбеңгершіліктен баз кешіп, таза тақуалықты уағыздайды. Қолдан келсе кембағалдар мен мүсəпірлерге рахымшылықпен көмектесу азаматтық парыз. Құдайдың құдіреті Хор қызындай болып, маңдайына күн тимей бұлғақтап өскен бойжеткен Айшабибі (Бибіғайша) мүлде беймəлім бекзат бейне. Ол Низамидің аппағындай қыпшақ жұртында туып өсті. Келешек келін болып түсетін жері де Қарахан əулетінің қасиетті топырағы. Айша (өмірге құштар, іңкəр – арабша) өмірін зерттегендер оның ХІІІ ғасыр аяғына таман дүниеге келіп, тым ерте қайтыс болғанын айтады. Бұл аса күрделі кезеңдер көшпелілер өзара дай-дай болып, нақты əлі бір дінге беріле мойынсынып болмаған еді. Бірде Айшабибінің кесенесін Темір əмір өз балдызына салдырды десе, енді бірде Зеңібабаның өгей, С.Бақырғанидің бел қызы деп сан-саққа жүгіртіп, бір мəмілеге келмеуінің мəнісі осында жатқандай. Ш. Уəлиханұлы, В.В. Бартольд жəне басқа зерттеушілер Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата, Сүлеймен Ата, Бақырғани Ата), Зеңгібабаны айтқанда тақырыпты онша тереңдетпей төңіректеп, бетінен қалқып, жеңіл-желпі сырғытыпөте шығады. Əсіресе, неміс текті орысоқымыстысы күллі Кіндік Азия мен Қазақстанның даласы мен қаласын, Ташкент (Шаш), Исфиджап (Сайрам), Түркістан (Иассы) мен Таразды түгел қамтып, оның ішінде айрықша Қарахан əулеті жайында жан-жақты толғап, бүге-шігесіне дейін тəптіштеп жазса да (тек V-томның өзінде 30 рет), Айшабибі хақында тиянақтап қиуын келтіріп, ауыз толтырып лебіз білдірмей, ат үсті ой айтатыны өкінішті, əрине. Жазбагер Б.Əбілдаев қанша
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272