социалистік қоғамның алғышарттарын жасағанымен жаңа жас мемлекет толарсақтан келетін қан үстіне орнатылды. Қазақ халқының саны 1916 жылы 5 миллион 650 мың болса, 1921 жылы бұл көрсеткіш 4 миллион 800 мың деңгейіне құлдырап, кері кетті. Ал, 1931-32 жылдардағы қолдан жасалған аштықта екі миллионнан астам қандастар ай аман, жұрт тынышта набыт болды. Бұрынғы КСРО-да қуғын-сүргін зардабынан 43 миллион кісі құрбандыққа шалынып, тақсірет тартты. Онда əкімшіл-əміршіл жүйенің де жетілмеген шикілігі емес пе? Тіпті Я.М. Свердлов, М.В. Фрунзе, Ф.Э. Дзержинский сықылды қызыл қырандардың қазасы да халық қайғысын ауырлатпаса, жеңілдеткен емес. Герберт Уэлстің айтуынша, адамзат соңғы 100-150 жылда сұмдық секіріп, қоғамдық-əлеуметтік, рухани жəне əлеуметтік салада шырқау жетістіктерге жетіп, заманалар заңғарына көтерілді. “Оқу ордаларының есігі кімге болса да ашық һəм ақысыз болуы; жұртқа жалпы оқу жайылуы. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқуы; қазақ тілінде орта мектеп, университет ашуы; оқу жəне өз алды автономия түрінде болуы; хүкімет оқу ісіне кіріспеу; мұғалімдер, профессорлар өзара сайлаумен қойылуы; ел ішінде кітапханалар ашылуы” деп жарық жалғанға жар салып шықты алашордалықтар. Бұлар кімдер еді? Асыл азаматтар соңына қалбыр байлап, шам алып түсті. Ғалихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тілеуханов, Тұрмұхаммедов, Ғабдулхамид Жүндібаев, Ғазімбек Бірімжанов жəне өзгелердің ізгі ниеті өздерінің түбіне жеткізді. Шəһəрім Құдайбердіұлы Шыңғыстау шатқалында жазықсыз атылса, Міржақып Дулат айдалып, Ақтеңізде ажал тапты. Соңы 1937-38 жылдардың ылаңына ұласып, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сəкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгірұлының артына құлғанаша түсіп, ұсталып кетті. (Кімнің сүйегі қайда қалды?). Жақсылар мен жайсаңдар зобалаңға ұшырап, айдалды, дарға асылды, атылды, қынадай қырылып, қоғадай жусады. Сөйтсе де өртеңге өскен гүл шешек атып, ұрпақтар көкейін тескен ұл-қыз тірмізік тіршілікке талпынып, бұғып жасқаншақ қанат жайды. “Екі шоқып, бір қарағаннан” аман қалғандар қантөгіс қақтығыстың алға шебіне тоғытылды. Жан басына шаққанда майданға аттанған басқа ұлттар арасында қазақтар үшінші орын алды. Мəншүк
пен Əлия, Талғат пен Нүркен, Төлеген мен Қарсыбай, Бауыржан мен Қасым, Рахымжан мен Бақтыораздың жүрек жұтқан батырлығы ауыздан ауызға аңыз болып тарады. Бұл халық жанында қашаннан қаһармандық пен сұлулықтың нұрлы қайнарлары сарқылмағанын паш етті. “Қазақ – аса күрескер халық. Аламан мерекеде көзге түскен, жауырыны жерге тимеген балуандар даңқы шартарапқа тарап, аты аңызға айналған, – деп қағазға түсірді өбектеген бір пара беймаза ойының ұштығын бір жазбагер.– Əр отбасы ұл туылса, одан балуандық дəметкен. Тынымсыз жаттығуға негізделген күрес өнері ұлт тынысына айналған. Əр ауыл, əр ру өз ақынымен, шешенімен, əнші-жыршысымен қатар, өз балуандарын да мақтан тұтқан. Олар – əр ауылдың қадірлі қонағы”. Қазір біз неге оларды сонша ет жүрегіміз езіліп, сағынышпен қимастық жəне аяушылық сезімдермен еске аламыз? Солардың шет жағасын көріп-сезінгенмен ХХ ғасыр бізге əзірейілдей көрінген жоқ. Ол өз жақсылығымен де, жаманшылығымен де өтті. Оның шарапатын көргендер, жаңа қазақтар, күннің күнінде уақыт алдында есептесіп, жауап беретін шығар. Он тоғызыншы жүзжылдықта Зигмунд Фрейд, Фридрих Ницше, Г.В. Плеханов, Асқар Сүлейменов адам жаратылысына жаңаша көзқарас қалыптастырса, əйел ғалым Мария Кюри-Складовская қатарынан екі рет жыл аралатып, физика мен химия саласынан Нобель сыйлығын алды; Д.И. Менделеев, Р. Амудсен, А.Эйнштейннің жемісті ізденістері ғылымның ғажап ғұмырын ұзарта түсті. Атақты ақын-жазушылар Л.Н. Толстой, Осиф Уайлд, Эмиль Золя, А.П. Чехов, Жюль Верн, Генрик Сенкевич, Эмиль Верхарн, А.А. Блок, Гийм Апполинер, Ярослав Гашек, Ованес Туманян, Марсель Пруст, Анатоль Франс (Анатоль Франсуа Тибо), С.Есенин, Джон Голсуорси, В.Маяковский, Артур Конан Дойль, М.Горький (А.Пешков), Райнер Мария Рильке, Джек Лондон, Ромен Роллан, Рабиндранат Тагор, Федерико Гарсия Лорка, Герберт Уэльс, Франц Кафка, Редьяр Киплинг, Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй, Антуан де Сент-Экзюпери, Борис Пастернак, Эдуардес Межелайтис, Жорж Сименон жəне көптеген əдебиет өкілдері əр жанрда үлкен қалтқысыз қызмет етті. Суртешілер И.И. Левитан, Тулуз-Лобрек, Поль Гоген, Пол Сезанн, Ван Гог, Эдгар Дега, Пьер Огюст Ренуар, Амадео Модильяни, И.Е. Репин, Клод Моня, Пабло Пикассо өнер өлкесінде өрге тартты.
Дзуппе Верди, Эдвард Григ, Антонин Дворжак, Дмитрий Шостакович, Александр Прокофьев, Аарам Хачатурян сазгерлер əулетіне қосылып, əуен əлемін əуелетті; Феллини, Куросава, Эйнштейн, А.Вайда, Ч.Чаплин мен Миклош киноның көсегесін көгертті. Гитлер рейхсканцлер болғаннан кейін көп ұзамай Берлиннің опера алаңында тағылықпен кітаптар өртелді. Бұдан артық адамзат алдында қылмыс бола ма? В.М. Молотов пен Иохаим Риббентроп келісім-шартқа бітімгершілікпен қанша қол қойғанымен майда-шүйде қақтығыстардан соң екінші дүниежүзілік соғыс біраз ел мен жерді отқа орап, жалынымен жалмады. Қай кезеңдер де Қазақстанға қыңыр келді. Оның астанасы Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана болып өзгере бергенмен ешқайсысы халыққа құтайған жоқ: Орынборды олқысынып, Қызылорданы қомсынып, Алматыға адырайып, Астанаға астамшылықпен аспандап қарау əдеті қалмапты əлі. Əйтпесе, қазақтар да біртуар перзенттерден кенде емес: Тұрар Рысқұлов Монғол Республикасын құрысып, кіндіккентін Улан-Батор (Қызыл батыр) қойса, тағы бір ұлан Мұстафа Шоқай үлкен саясаттан амалсыз шеттетілді. Тегі тұрмыс бақ пен сордан тұрса, Хиросима мен Нагасаки қасіреті жер-анаға қосымша қайғы болып жамалды. Тың мен тыңайған жерлерді игеру құт-береке əкелудің орнына тусырап жатқан топырақты мүкамбара етіп тоздырып жіберді. Адамға ажал уын себетін Невада, Семей, Азғыр, Лоб Нор пайда болды. Байқоңыр табиғаттың тарту күшін жеңіп, ғарышкерлер (оның ішінде қазақтар Тоқтар Əубəкіров, Талғат Мұсабаев та бар) жұлдыздарға аттанды. Əлімсақтан бəрі ғаламшарда тағдырлас екенін көрсетті. Дегелең таулары, Ақжайық алқабы, Возрождение (қайдан?) аралдары, сайын Сарыарқа даласы сол кешегі отарлау саясатының сарқыты. Соның себеп-салдарынан қазақ даласының көзі ашылмай келе жатыр əлі. Жапа шеккен жазира үстінен мұң бұлты арылар ма екен? Бар уақытта да ұлттың арманы мен үміті: рухы мен намысы сөнген емес. Əрине, ол əрқалай көрініс тапты. Ұлы ұстындар иығындағы Жамбыл мен Дина, Қажымұқан мен Иса, Мұхтар мен Орал, Ғабит пен Айша, Сəбит пен Мұқан Төлебаев, Дінмұхаммед Қонаев пен Əлкей, Ғабиден мен Қаллеки, Қаныш пен Күлəш, Қасым мен Əміре, Сүгір мен Нұрғиса, Мұқағали мен Олжас өткен өмір мен өнер жолдары
қазақтарда да мəдениет марқасқалары бар екенін əйгілеп тұр. Алдымен “Қазақ батырлары” апталығы хабарлағандай, тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы (төрағасы Ш.Уəлиханов) қасындағы беделді зиялы қауым өкілдері академиктер Ə.Хайдар, З.Қабдол, М.Қозыбаев, партизан-жазушы Қ.Қайсенов қатысқан топ соңғы мыңжылдық пен жүзжылдықтың ең үздік тұлғаларын атап өткенде оларға маңдайынан шертіп жүріп тоқтады. Сонда мыңжылдық марқасқалары: Құл Қожа Ахмет Иассауи, Əз Жəнібек (Əбусағит), Мұхаммед Хайдар Дулати, Төлеби, Қаз дауысты Қазыбек, Əйтеке, Абылайхан, Құрманғазы, Шоқан мен Абай; соңғы ғасырдың ғажап ғұмырлары: Ə. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Дина, М. Əуезов, Қ. Сəтбаев, Б. Момышұлы, Д. Қонаев, О.Сүлейменов, Н.Назарбаев, Т.Əубəкіров болып шықты. Тарлан тарих ешкімге ешқашан қиянат жасатпайды. Кімде болса халық алдындағы еткен еңбегіне қарай қайнаған ортадан өз орнын ойып алуға лайық. 1986 жылғы ызғарлы желтоқсан жаңғырығы жанды қариды. Бəлкім, сол жастардың ерен ереуілі тəуелсіздік таңының тез атуына ықпал етті ме, кім білсін?! Бір замандастың шиебөрідей шулатқан шығармасы жайында Константин Симонов: “Сіздің кітабыңызда мəселенің қойылуы, қалай болса солай шыр айналатын құйтырқылыққа көнбейтін тарихқа көзқарас, орыс зиялысы маған, тіпті қаршадайынан өз халқының ащы да тұщы да болса тарихына құмбыл қарапайым адам ретінде жаныма жақын жəне қымбат” деуі көп жайды аңғартады. Бұл рух А.В. Затаевичті жаяу-жалпы жүріп, екі жарым мыңға тарта əн-күй жазып алып, Н.Г. Хлудовтың сурет салуына жетелегендей. Айналайын тау мен даланың қадір-қасиеті таусылған ба? Үш мыңыншы жылға өтерде жер бетіндегі адам саны алты миллиардты құрады. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына сенсек, біз он бір милионнан асады екенбіз. Оған да шүкір! Көкшіл байрағын көтеріп, барыс бейнелі Қазақстанның тəуелсіздік алған күні кеше ғана еді. Кеуде кере еркін демалғанмен қиын нарықтық қарым-қатынастар қаншама шаужайлап, тұқыртса да ертеңге елеңдеген ел еңсесі езілмейтін шығар енді. Сол тілек тəуба еткізеді. Бұны жазу барысында шымкенттіктер ішінде (кітапханашылар, жазбагерлер, дəрігерлер, студенттер) əлеуметтік сараптама жүргізілді. Шынтуайтында XV-XX ғасырлар аралығында Адамзат өмірінде небір ғажап тарихи тұлғалар ғұмыр
кешті. Сонда олар соңына қандай жарқын із қалдырып, қалай еңбек етті? Сауалнамаға қатысқандардың көбісі Шыңғысханды бірінші, Леонардо да Винчиді екінші, ал, Ұлықбекті үшінші сатыға қойыпты. Зəу сайтан басқа да ой-пікірлер болуы əбден мүмкін. Əйтеуір, жансарайындағы сыр сүрленіп сақталмай, үш мыңыншы жыл табалдырығын жарқын жүзбен аттағанға не жетсін! Алдияр уақыт көрсетеді əлі. Егемен ел болып, жас Қазақстан мемлекетінде жаңа қоғам құрудың қам-қарекетінде жүрміз. Демократия желінің астында қашанға дейін желпілдей беруге болады. Бізге тəуелсіздік не берді, енді не береді? Оны болашақ биіктері белгілейді... Армысың, ХХІ ғасыр! Жаһанжыр Əр заманның бір құрқылтайы, бір сұрқылтайы болатыны əлімсақтан аян деседі. Ақындар атасы əлі адамзат санасы сəби кезінде, құдайлар мен қаһармандар дəуірінде (б.з.д. 12-8 ғасыр) өмір сүріп, еңбек етті; поэмалары ауыздан ауызға көшіп жатталып, ұрпақтан ұрпаққа өшпес мəңгі өнегедей шамшырақ болып келе жатыр. Оның ұшқан ұясы мен туған топырағына талас əлі толастамай, гректің бірнеше қаласы оны өз төл түлегі санайды. Кейде оны зағип ақындар жиынтық бейнесі десе, енді бірде оның бұдан отыз бес ғасырдан астам бұрын ғұмыр кешіп, елдік пен ерлік, сұлулық пен қаһармандықтың асқақ жыршысы болғанына ешкім дүдəмал емес. Ол Троян соғысы тұсындағы Афинының шым-шытырық оқиғаларын негізгі тінге алып, бостандық пен бақыт үшін күресті ту етіп, адам мінезінің асығы мен жасығы, асылы мен масылы, жеңісі мен кемісі, сүйініші мен күйініші – күллі реңкімен жанның кішкентай құбылыстарына дейін өлең тілімен өрнектеп, жыр жаратылысын жарқыратты. Қазақша аударылмағаны болмаса, атақты “Одиссея” мен Илиададан басқа Гомердің бірқатар шағын шығармалары рухани келешек кеңістігіне кең қанат жайып, не ықылым заманнан бері оқырмандардың қаншама буынын алтын
қайнарымен сусындатып келеді. Олар орыс жəне басқа көп тілдерге бірнеше мəрте тəржімаланды. Қазақ ұғымына оның есімі ғұмырдың өзіндей (Гомер-ғұмыр) ғажап болып естіледі. Адам баласы ой алыптарының ішінде сəл болмаса ұмытылып кете жаздаған Гомер ныспысын орта ғасырда қайта жаңғыртқан Кіндік Азияның аса ғұлама ұлы ғалымы Əбу Райхан əл- Бируни алғаш атап, ізгілік ілтипат жасады. Сол сол екен, Тұран топырағына оның есімі етене жақын бола түсті. Əлі бұл кезде бізде жыраулық, ақындық пен шешендіктің тамаша дəстүрлері тұтас қалыптаса қоймаған еді. Өткен ғасырдың ортасына таман Абылай ханның шөбересі, ғылым көгінде құйрықты жұлдыздай ағып өткен 21 жасар Шоқан Шыңғысұлы Ыстықкөл мен Қашқар сапарында мəңгі “Манастың” бір тарауы “Көкетай асын” жазып алып, Гомер шығармаларымен салыстырып, тұңғыш телегей-теңіз халықтық мұраның атақ-даңқын аспандатып, төбесіне хан көтерді. “Манас” – бір кезеңге жəне бір адамның – Манас батырдың төңірегіне топтастырылған барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, жағрапия, дін жəне салт-сана, əдет-ғұрып жөніндегі түсінік-танымдарының энциклопедиялық жинағы. “Манас” – бүтін бір халық шығармаларының жемісі, дала иллиадасы десе де болғандай. Содан бері Эллада алтын бесігінде тербеліп, тұсау кескен тұлғасы биік туындылар көшпелілердің рухани жан серігіне айналып, дала кезіп кетті. Əрине, Гомер əлемін əркім өзінше ашады. Оның кіші əріптестерінің бірі Эврипид: “Біз ізашардың ұшан-теңіз қазынасының қиқымынан күн көріп жүрміз” десе, əр кезде өмір сүрген Софокл, Аристофан, Гесиод пен Пиндар ұдайы ұлы ұстаздың аңыздары мен ақиқатына жүгініп, жұлдыз жарығын жарқыратып, үлкен беделіне бас иді. Ағылшын, 1907 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Р.Киплинг “Гомер жер бетіндегі бүкіл аңызды білген” деп марапаттады бір өлеңін бағыштап.
“... Ақындар – ойшылдар арасындағы аламанда шаппай бəйге алады. Көктен шынайылық, қисын арқылы іздегендердің бəріне жарамсақ табиғисыздық қатер төндіреді. Қасақана Гомер пəлсафа тарихының дəрістерінде өз орнын алады. Адам туралы ақиқат шындық үйлесім арқылы адамға жетелейді – міне, поэзия неге үйретеді” дейді Андре Моруа “Монтеньнен Арагонға дейін” атты кітабында. 1961 жылы француз жазушысы Андре Стиль “Юманите” газетінде Мұхтар Əуезовтің “Бақтығұл барымтасы” (“Қараш-Қараш”) повесінің Парижде аударылып шығуына орай мақала жариялады. Неге екенін қайдам, ол қазақ жазушысының шығармашылығын грек ақынының кең құлаш қарымы, бейнешілдігі жəне эпикалық қуатымен қарайластырып тұжырымдайды. Бұл əсіре-қызыл сөз емес. Бəлкім, творчествалық терең тамырластыққа меңзеп отырған шығар. Қалай болғанда да А.Стиль ой-пікірін тарыдай шашып жіберетін қаламгердің шоғырына жатпайды. Бұл ең алдымен ұлы даладай дарынын əлем мойындаған М.Əуезовтің дүниежүзілік деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Кейіннен Мұхтар Əуезов те қарыздар қалмағандай өзінше кемел ой толғайды: “Бірақ қазір мен Гомер туралы Платон айтқан бір жайды еске салайын. Ол Гомер ақын бүкіл Элладаны тəрбиеледі деген. Ал, тек Элладаны ғана тəрбиеледі ме екен сол Гомер? Көрермендер біздің ішкі дүниемізге, жан-жүйемізге əсер етіп, адамдық қалпымызды тəрбиелейді. Ең зор шындық осы емес пе? Осыны қайтіп ұмытар едік? Біз көп кездерде, Гомер өз дəуірі адамының дүниетану, дүниесезіну ерекшеліктерін бейнеледі деп сөйлей де, жаза да жүреміз. Сонда бізді оған құмар етіп тартатын тек қана соныға құмарлық, қызыққыштық қана ма? Тек қана таза күйдегі эстетикалық нашалану ғана ма? Əлде “ескі жырды” оқи отыра, біз соның ішінен жаңа ырғақ, сарын тауып, танып, бүгінгі күнімізге керек бір нəрсені ала отырамыз ба? Əрине, ала жүреміз. Ендеше, бүгін де Гомер біздің замандасымыздың ойын, сезімін, жанын да тəрбиелеуге қатыса жүреді емес пе?” Қазақ поэзиясының хас жүйрігінің бірі Қасым Аманжолов та уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, осы орайда аз базынасын білдіргісі келгендей:
Көп шығар көрмеген жер, дүние кең Сонда да тау бар ма екен Көкшемен тең?! Берсе де Гейне – Рейнін, Гомер Парнас, Көкшемді мен айырбас етем бе екен?! – дейді əлдеқандай бəсекелесін жарысқа шақырғандай ақ жарылып. Саяси тоқпақтың ара-арасынан жылт еткен сəуле іздеген шабытты шақтарында оның жұлдыз жауған жолдары жыраққа тартатын. Тəлім түйгізетін ұмытылмастай ұзақ. Бері келе, қызық өзі, Сүлеймен Стальский мен Жамбыл Жабаев “ХХ ғасыр Гомері” атанғаны да жайдан-жай емес деп ойлаймын. Мен ешқандай Америка ашып отырғаным жоқ. Қазір қит етсе қиыншылық пен ауыртпалық алға тартылады. Бұрынғы КСРО, ендігі ТМД елдерінде грек тілін оқыту түгіл, адамзат өркениетіне өлшеусіз үлкен үлес қосқан ел əдебиеті, соның ішінде Гомертану өгейсіп қалып келеді. Бұлай етуге ешкімнің де дəті бармайды. Өз алдына түтін түтетіп, шаңырақ көтеріп, тəуелсіздік алған Қазақстанда Грек мəдениетінің орталығы жұмыс істейді. Қалай? Қайтіп?.. Біз болашақта ол мəдениетке оралатын шығармыз əлі! Абадан Аристотель мен Александр Уақыт мұнары тау тақылеттес ұлы тұлғаларды көлегейлеп, ешқашан ұмыттыра алмайды. Оның үстіне адам – аса күрделі ғаламат құбылыс. Тасқа шекиді, бұзау терісіне жазады, еске сақтайды. Ол от, су мен топырақтан жаралса да бойында бəрі де бар: нəзіктік пен қатыгездік, махаббат пен зұлымдық, ерлік пен ездік, даналық пен даңғойлық. Қаршадайдан патша көңлі биікте еді. Бейне бір атақ пен даңқ, бақыт пен байлық оның қанжығасына жерге шыр етіп түскенде бірге
байланған шығар. Аз ғұмырында түгел көріп үлгерді. Жас Александр армансыз-ақ болар. Адамзаттың бірінші ұстазы атанған Аристотельден жан-жақты тəлім алып, тұлпар тағдырын тұралатпай, тіршілік тұғырына көтерілді. Жер бетіндегі бар білімнен хабардар болып, мөймілдей мейірі қанып сусындады. Əсіресе, кейіннен бүкіл болмысына айналған əскери ойынға ынты-шынтымен берілетін. Баз біреулерді бей-жай қалдыратын рухани өмірге де оның бүйрегі бұратын дəйім. Балауса бозбала өз көлеңкесінен үркетін асау Буцефалды (Бұқабас) бас білдіргенде қаймана жұртқа дейін жағасын ұстаған болатын. Əкесі жалғыз көзі ІІ Филлип қызы Клеопатра тойының үстінде қастандық құрбаны болып, ол нəйеті жиырма жасында басына бақ қонып, таққа отырды. Əркім əрсаққа жүгіртіп, бұл қанды қасіретке Олимпиаданың, əйтпесе парсы патшалығының тікелей қатысы бар деп алыпқашты сөз жүгірткенімен тек қанішер Павсаний тақсірет тартты. Александр толарсақтан қан кешіп жүріп, əкеден қалған иелігін кеңейтуге жанталасып, жаулармен жолбарыстай жағаласты, талай мəрте көзсіз ерлікке барып, жүрекжұтқандық үлгі-өнегесін көрсетті. Бəлкім, төсегіне сұп-суық аждаһаны (питон жыланды) алып жататын шешесі Олимпиаданың салқынқандылығы дарыды ма екен? Бірақ, куəгерлер оның тым қызба, қызуқанды, қандай бір қиын қатерлі шайқастарда ол өзін аямай отқа да салып, жан алқымға таянғанда, ауыр жекпе-жекке шығып, алғы шепте сегіз рет жараланып, денесінде тыртықтан сау-тамтық жоқ болғанын айтады. Алыстағы аңызақ Азияға табаны тиіп, толқындары тулап, дөңбекшіп жатқан теңіз жағасында əлдекіммен қасақана ерегіскендей, аққайнарға найза қадап, нөкерлері мен қосындарын қайран қалдырып, күйті келіп, қансонарда томағасын сыпырған қаншеңгел қырандай шығысқа қырағы көз тікті. Сонда қос мүйізді Ескендір Зұлқарнайын не ойлады екен? Əрине, бір тұтам қамшы сабындай қысқа жалған тылсым сыры кімді болса да толғандырмай тұрмақ емес. Дүниеден ерте ме, кеш пе бəрі де өтеді. Азуын айға білеген патшалардың да, мына бес күн жарықта бары-жоғы белгісіз пұшайман күн кешкен пақыр пенделердің де
ақырында баратын жері біреу (Бəрінің алдын жарық қылсын!) Ешкім ол жаққа береке-байлық пен қыруар қазынаны арқалап кетпейді. Əркім пешенесіне жазылғанын көріп, өмір қамытын арқалап өтеді. Патшазада адам нəсілінен жаралып тұрып, құдай кейпінде қалғысы келіп, өзін тек Тəңірінің тұяғы дегенге иландырғысы келді. Астамшылық жасады. Тіршілік заңын пенде түзбейді. Өмірдің өткінші екенін ол да пайымдаған болар-ау. Бəрі бір өзекті жанға өлім бар емес пе? Патша сарайындағы өмір бір сыдырғы қалпында өз арнасында ағып өтіп жатты. Тақ төңірегіндегі құйтырқы сайқал саясатты Александр жастайынан жадына тоқып өсті. Ел мен əскер басқаруға ерте араласып, машықтанып, тіршіліктің қиын-қиын əртүрлі түйін-түйткілдерін шешуге қатысып, ат арытып, арып-ашып келген елшілерді қабылдады. Əке мен баланың кеңірдегіне кесе көлденең тұрған өркөкірек эллада өркениетінің өзінше өрнектеп дамып, ешқандай сырт күшке иілмеуі тиіс еді. Тіпті қаусырма жақ, айыр көмей атақты Демосфеннің өзі Александрды кемсітіп, “Арыстан күшігінің тұлыбы” деп шенеді. Кейіннен сол жəне қосымша қылықтары үшін Антипатр оның тұқымын тұздай құртып тынды. Əкенің жиі-жиі жорықтарда жүруі жас жігіттің ешкім бетін қақпай, өзімшіл өркеуде болып, ат жалын тартып мінуіне адуын ықпал еткендей. Оның бүкіл жастығы Сарай мен Миезда арасында өтіп, ата-ана құшағынан шыққаннан кейін ұлағатты ұстаз алдын көрді. Миездағы ақсүйектер баласына арналған білім ошағы сол кездегі бар-бар тар ұғымнан аулақ болатын. Əрине, шəкірттер не киіп, не ішем деген жоқ. Алаңсыз ғылымның сан саласымен əмбебап сауат ашып, алыс арманға асықты. Егер болашақ патшаның ақтық деміне дейін көз қарашығындай қастерлеп алып өткен Гомер, Эсхил, Эврипид пен Софоклға деген ыстық сүйіспеншілігі болса, ең алдымен ұстазының балауса бойға еккен гүлшешек дəнегі. Қалай болғанда да тақ мұрагері үстінен құс ұшырмай, еркебұлан болып ержетті. Ол кезде Кіші Азиядағы елдердің бəрі қуатты Парсы мемлекетінің қарамағында жартылай тəуелді күн кешіп жатыр еді. Бұл Батыс үшін, əсіресе, билік сахнасына көтерілген кішкентай Македонияның көзіне шыққан сүйелдей болып көрінді. Іштей əскери дайындық жүргізіле бастауының осындай мəні бар.
Қашан да томаға тұйықтықты тəрік ететін тарлан тарихты уақыт жазады. Тұлға қанша тыраштанғанмен оның парықты парақтары бəрі бір қайталанбайды. Алақандай Македония шынында да деміне нан пісетін Александрдың тақиясына тарлық етті. Алыс аптапты Азияға аттанарда ол да түн баласы төсегінде аунақшып, кірпігі талай таңға дейін айқаспай шыққан шығар. Кім біледі? Бірақ, сыртқы жұртқа жанының əлем-жəлем күйін білдірмегені хақ. Қандай болғанда да жұмыр басты пенде болғанына көз жетеді. Замандас жылнамашылар мен тарихшылар көзбен көріп, қолға ұстатқандай етіп, ұстазы екеуін келістіріп кейіптейді. Аристотель: “Оның кішкентай көзі жылтырап тұр, шашы сирек, аяғы əлжуаз жіңішке, қозы қарны бар еді: əлгінің үстіне ол əрдайым қанша малынып киініп жүрсе де сұмдық сараң болатын: жылы майға шомылып, содан соң оны үстеме бағасымен сатудан да тайынбайтын. Бəлкім, тілін төсеп сөйлейтін мүкістігі бар шығар”. Александр: “... Орта бойлы болса да денесі ірі əрі мығым көрінетін, адымдары серпімді қуатты еді. Сирағы қысқа болғандықтан қарапайым кəдімгі өмірдегідей емес, отырғанда сорайып көрінетін”. “Маңдайын жауып желбіреген шашы оның кескініне бір түрлі арыстанның айбатын беретін. Біз оның бəрі айта беретін нұрлы сұсты көзқарасы мен əп-сəтте қан ойнап шыға келетін денесінің əппақ екеніне дейін білеміз”. “Оның аузынан барша денесіне дарып, киім-кешегіне дейін сіңген жағымды жұпар иіс келіп тұратын”. “Соңғы кезде ол тек парсы мəнерімен жүретінді шығарды: алтын зерлі белбеумен қынаған күлгін-ақ нымшаны иығына іліп, маңдайын лентамен орап алатын. Жəне ол ұзын желбегей, қызыл асықтан келетін кең балақ шалбар кимегеніне шүкір”. Аристобулдің айтуынша, ол он екі жыл сегіз ай патшалық құрды. Өте насаты тартым, іскер, əбжіл жəне жүзіктің көзінен өткендей өткір болатын. Оның мінезі өте тəкаппар жəне өзімшіл еді. Басын бəйгеге тігіп, қандай болса да үлкен қауіп-қатерді сүйетін жəне құдайларды қатты қадірлейтін. Ол таққа отырысымен жақын арадағы жауларын
мұқап, іргесін бекітті. Алда беймəлім Азия тұрды. Оған жету үшін жан- жақты шыныққан шымыр болу керек еді. Қос мүйізді Ескендір үнемі бірге атпаздар (шабандоздар), жұдырықтасушылар (боксшылар), семсерлесушілер, палуандар, жүзгіштер мен əр түрлі өнер иелерін ертіп жүрді. Шаршы топта өзі де топ жарған, олардың ешқайсысынан құралақан емес болатын, əмбебап дайындықпен өтті. Аш құшағыңды, Азия! Адамзат тарихында не кездеспейді? Біздің дəуірімізге дейінгі 334 жылдың көктемінде Ескендір Зұлқарнайынның қосыны алғаш рет Парсы жеріне табан тіреп, шығысқа қарай жорыққа шықты. Македония əскері шайқастарда шындалып, əбден от пен судан өтіп, шарболаттай шыныққан болатын. Бұл кезде жас қолбасшының қарауында 30 мың жаяу жауынгер, 5 мың атты əскер жəне 160 кеме бар еді. Парсы патшылығы Македониядан отыз есе үлкен, əскері қисапсыз, кемелері төрт жүзден асып жығылатын. Александр Македонский шығысты бетке алғанда қазынада небəрі жетпіс талант қалғанын көріп, жерге қараса, Дарып, елдің айтуынша, жиырма миллион алтын теңгені аяғының астына сақтап, үш жүз миллионын жастық астында ұстайды екен. Тек Персеполь мен Суз қоймаларында 235000 талант ақша барлығы қатталған. Сонша байлық бас айналдырмай қоя ма? Бұқара халықтың көз жасы мен қасіретінен жиналған дəулет болса да Ахеменидтер əулетінің күні батып келе жатыр еді. Алғашқы Герника жағасында жеңілгеннен кейін парсы патшасы ішке кетіп жаңа күш жинады. Бүкіл иелігіне жар салып, құлақ естіп, көз көрмеген қарулы жасақ ұйымдастырып, соңғы пəрменді соққыға дайындалды. Мəселен, македондықтарға қарсы Исс ұрысында қиырдан келген қаңғыбасты үйрету үшін қанша айласын асырып, табандылықпен шайқасқанмен қарашаның қалың ортасындағы жекпе-жек екі сағатқа ғана созылып, аяғы қасіретпен аяқталды. Тек қана қолға түскен
олжаның өзі қыруар болатын. Дарып қарақан басын майдан даласынан алып шыққанда: “329 музыкант пен бишілерді, 277 бармағынан бал тамған аспазды, гүлтəж түзетін 46 қызметші, 13 сүт дайындайтын, 70 шарап құюшы, 17 шарап жасаушы, 40 опа-далап жасайтындарды дұшпан қолына тастай қашты. Ал, түскен алтын мен күміс құймалары шектен тыс еді. Сонда қалай? Пинар мен Пайя өзендері аңғарындағы айқасқа парсылар 30 мың жалдамалылар мен 60 мың таңдаулы сарбаздарын қос қанатқа қарсы қойды. Бар-жоғы Дарыптың 600 мың əскері жеңіліске ұшырап, тағы да шегініп шыға келді. Бұл, əрине, санның сапаға айналғаны дегеннен басқаға ауыз бармайды. Жалпы, қызылбастар басынан жаугершілікке жүрдім-бардым қарайтындай. Ұлы Кіршаштың бассақтарының (массагетінің) патшайымы Тұмар ханымнан жеңілгеннің жаңғырығы жүректерде жазылып жатқан болатын əлі. Ахеменидтердің жəне бір өкілі Тұран топырағына басқыншылық жасап, маңдайы тасқа тиіп қайтқаны, егер зерде қысқа болмаса, есте мəңгі сақтайтын нəубет. Дулығасына қасиетті құстың қос қауырсынын үнемі тағып жүретін Ескендір Зұлқарнайын Азияға терең бойлаған сайын өзін мығым ұстады. Боранды айлы түнде айдалада жортқан абадандай айбат шегіп, көптеген мекен-жайды тізе бүктірді. Жерорта теңізінен Тынық мұхитқа дейін, Солтүстік Мұзды мұхиттан Парсы шығанағына дейін созылып жатқан құрлықты жаулап алу оған оңай тиген жоқ. Кəрі-құртаң, ақсақ-тоқсақ адамдарды алмастырып, ұдайы оларды жаңадан толықтырудың жайы кезекте тұрды. Адам баласы сана-сезімінің əлі сонша сəбилігі ме, ұлы Александр қанша құдіретті қолбасшы болса да, жол-жөнекей қайда барса да, табиғаттың тылсым күштері тұқыртып, оның қыр соңынан қалмай, қат-қабат отырды. Қапырық пен қауіп-қатері мол құрлыққа дендей енген сайын жолайрықта торып, кейде жазғытұрым қарлы құйын ұйтқып, қаһарлы найзағай ойнап, қалың қара нөсер құйып, табанда бұндайды бастан кешіріп, үйренбегендерді əбіржітіп, əптер-тəптерін шығаратын. Ол үлкен шайқастар алдында балгерлер, жұлдызшылар, жаурыншылар мен көріпкелдерді жинап, мейлінше кең мəслихат өткізіп, айтқандарына ұйып, кəдімгідей ден қоятын. Сондағы бір бақсының іс- əрекеті:
“Құстардың ұшу бағытын бақылап, тау үстіндегі жарқ-жұрқ еткен күн күркіріне ұмсынып, алдына бүркіт, қарға, жапалақ пен тотықұстың сүйектерін шашып тастайтын”. Александр Африка құрсағындағы Көрбала шөліндегі Сива гүлзарларында орналасқан Күн Құдайы Аммонға зиярат етуге кетіп бара жатқанда нөкерлерімен судан қаталап, шөлден шөліркеп тұяқ серпер шақ қалғанда екі қарға мен екі жыланға тіл бітіп, төте жол көрсету оқыс оқиға болғанмен алыс аңыз ақабасындай. Ол жиырма беске толып, қыркүйек ішінде Тигр өзенінен өтерде Ай тұтылып, басқыншылардың тасыған көңілін су сепкендей басқаны да кейбіреулерге кездейсоқ құбылыстай көрінеді. Қырандар, ұзақтар, қарлығаштар оны мұңайғанда тыңайтып, қайғырғанда жұбатып, жанашыр болып жүргеннің өзі көп жайды аңғартады. Қанша патша болып, көзі тірісінің өзінде пайғамбар атанып, жалғыз жаратушының жердегі сүйген перзенті десе де, оған да адамдарда бола беретін күллі қасиеттер тəн еді. Өткеніне өкінбейтін өмір сүрді. Бірнеше жар құшып, Бактрияның сарабы (əкімі) мен скифтің ай мен күндей ханзадасының қызы Роксананы (Жұлдызша) құлай сүйіп, жастық пен махаббаттың отында күйіп-жанды. Отын оттап, суын сулаған ел əдет-ғұрпын, салт- санасы мен үрдіс-дəстүрін қабылдап, шығыс сəн-салтанаты шұғыласына шомылды. Екі мəрте күйрей соққы жеп, ашынған парсылар жағы есі кіргендігі соңғы күшін сарқып, 40 мың атты жəне 100 мың жаяу əскер, 20 орақ- күйме, 15 қару-жарақты пілді қарсы шығарды. Гавгамеладағы ақырғы айқас көп тағдырды шешіп, тағы да белді бекем буған тəуекелдік жеңіп, қиырдан қабір басып келгендердің жұлдызы жанып, асығы алшысынан түсті. Əлі бейғамдық бұғауындағы Дарып бойкүйездік ұйқысынан оянып, тұтқынға түскен бала-шаға, əйелі мен шешесіне 10 мың талант ұсынып, Кіші Азияның біраз жерін қайтарып бергісі келсе де Александр менмендікпен мардымсып бас тартып, бопсаға толы хат жолдады. “Менің əкем Сіздер масаттанып, айдап салған қанішерлердің қолынан қаза тапты. Сен, Дарыптың өзі спартандықтар мен басқа да эллиндердің қолтығына дым бүркіп, маған қарсы шығу үшін қаражат
жібердің, ақырында, мен эллиндерге сыйлаған байқұт заманның қиюын кетіріп, жалдамыларына жел беріп, менің дос-жарандарымды азғырдың. Солардың бəрінен кейін парсылардың қасиетті құқын аяққа таптап, ырықсыз таққа отырған адамға қарсы соғыс ашудан басқа амалым қалған жоқ. Енді əділ шайқаста сенің əскербасыларың мен сатраптарыңды жеңгеннен соң, ал қазір – сені мен сенің əскери күштеріңді күл-талқан еткеннен кейін өзімдікі деп атайтын бұл жерге өмірбақи мəңгі құдайлардың рақымы түсіп, мен қожа болып отырмын. Маған қарсы шығып, пұшайман болғандарға өзім-ақ қамқор боламын. Сонымен, Азияның əміршісі енді менмін, сенің де бас ұрып келгеніңді талап етемін. Егер сен соқа басыңнан қауіптенетін болсаң, сенген өкілдеріңді жібер, оларға еркін жүріс-тұрысыңның мəнін айтып, түсіндіріп, кепілдік беремін. Менің алдымда шешең, əйелің мен бала- шағаң туралы өтініш айтасың; басқа да тілектерің жерде қалмайды. Егер сен тағы да маған хат жіберсең, онда “Азия патшасы” деп қара. Мен саған тең емеспін, сенің иелігіңдегі бəрінің əміршісімін. Жазатайым құлдық ұрмасаң, тақсыр ағзамды күстəнəлағаның болып табылады. Зəу сайтан кімнің əміршісі екеніне күманданып жəне бір рет басқа пиғылды болсаң, ашық майданда шайқасуға шақырамын. Бас сауғалауды ойлама! Жерге кіріп кетсең де тауып аламын”. Үзіп-жұлқып, тиіп-қаша соғысып, оны Отанынан мүлде қол үздіріп, азық-түліксіз аштан қатырайық деген ақылға құлақ аспаған Дарып енді ғана елуге шыққанда өз опасыздарының сатқындығынан қаза тапты. Бүкіл Азия билігі Ескендір Зұлқарнайынның қолына көшті. Бұдан жолай бар елді мекендер құр құлшылық етіп, үн-түнсіз бас ұра берді деген ұғым тумайды. Ана жерде де, мына жерде де өшпенділік оты тұтанып, басқыншыларға қарсыласып жатты. Теңіз жағасындағы Тир қаласы сегіз ай бойы жаумен жұлқысып, қаһарман қамал қарсы тұрып, жуғарамда оңайлықпен тізе бүкпеді: бəрі бір алушы жеңіп, шаңырағы шалқасынан түскен шаһар үстінде македондықтар жеңіс
жалауын желбіретті. Алайда, қоршауға кеткен қайрат-жігер, күш-қуат пен уақыт зая болатын. Дарып жеңілгеннен кейін түрлі кедергілер мен тосқауылдарға қарамастан қос мүйізді қолбасшының əскері Гиркан (Каспий) теңізін жағалап, солтүстікке бағыт алды. Мараканданы (Самарканд) жаулап, шалдыққан сəйгүліктерінің терін алып, Яксарт (Сырдария) бойынанбір-ақ шықты. Əйткенмен, оның қалақұмарлығы төңірегіндегілерді түгел қайран қалдыратын. А. Македонский жаулап алған жерлерінде жетпіс қала тұрғызды. Солардың некен-саяғы ғана өзі негізін салған иесінен кейін мəңгі ескерткіш болып қалды. Келе-келе дүниежүзінде атақты қоры бай кітапханасы мен шамшырағы (маяк) бар Мысырдағы Александрияның алғашқы қадасын өзі қақса, өзгелері əр түрлі атпен əлі өмір кешіп келеді: Ариядағы Александрия (Қырат- Гират), Арахозиядағы Александрия (Қандағар), Маргияндағы Александрия (Меру-Мерв), Оқатын Согдианасындағы Александрия (Термез), Яксарттағы Александрия Эсхата (Ходжент). Македондықтар өздерімен бірге ежелгі эллада мəдениетін ала келді деседі. Дегенмен бұнда да озық ойлы, түзу түтін түтетіп өніп-өскен ұлы Тұран топырағын емін-еркін жайлап отырған алдыңғы қатарлы ел бар еді. Жорық жұмбағы Бұл Азия жорығында ұлы Александр жеңілістің кермек дəмін татқан жоқ. Ол құдайлардың кезеңі өтіп, қаһармандар өмір сүре бастаған қарсаңда ғұмыр кешті. Жеңімпаз əскер Ахеменидтер əулеті билеген үлкен патшалыққа ойсырата күйретіп соққы беріп, көне Грекия мəдениетін табанға салып таптағаны үшін өш алуды сылтауратып, бейбіт ел шетіне бүйідей тиді. Жолында не болса да қоғадай жапырып, жайпап келе жатқан жаулаушылар Сырдан өтпей, аспан құшқан Күндікүш (Гиндикуш) асып, жиырма жеті шыңды артқа тастап, оңтүстіктегі бес өзен өлкесіне қарай қыстың көзі қырау көкөзекте бұрылды. Бұл – уақыт пен жорық жұмбағы. Оған жақында шыққан “Қазақтар” анықтамалығы жобамен түсінік береді.
“Александр Македонскийдің бұйрығы бойынша, Сырдарияда Александрия Асхата (Шеткі Александрия) деп аталған қала салынды. Сақтар өзеннің екінші жақ бетінен гректерді садақтан атқылайтын. Ал, Александр көшпелілерді катапультпен атуға бұйырып, оларды шегінуге мəжбүр етті, сонан соң əскерімен қуғындай түскен-ді. Алайда, қуғындаймын деп жүріп жеңіліске ұшырай жаздаған грек əскерлері қалаға қайта оралды. Александрдың өзі де дəл осы уақытта не ауырып қалды, не жарақаттанды. Осылайша, Александр Македонскийдің Яксарттың (Сырдарияның) арғы бетінде тұратын сақ тайпаларын талқандап, өзіне бағындырамын деген ойы сəтсіз аяқталды”. Əлбетте, бұның бəрі жорамал. Ескендір Зұлқарнайынның Скифияны шаппауының тылсым сыры бұдан да əрі тереңде жатыр. Біріншіден, оның əскерінің басым көпшілігі гректер емес, македондықтар тұрды. Басқа да тайпалардың өкілдері болғанына дау жоқ. Екіншіден, ол кезде бақайшағына дейін қаруланған Македония əскеріне қарсы тұратын əлемде басқа күш болмайтын. Үшіншіден, Александрды не болса сонымен алдаусырата салатын тұлға емес. Ол Азияға қайыр сұрап келген жоқ. Ешкімнен жүрегі шайлықпаған жас патшаның жабайылар елін жауламай, түстікке үдере тартуының бізге беймəлім басқа да себептері бар. Бəлкім, Еуропа скифті өкілдерінің пəтуаға клуі себеп болды ма? Жоқ, көшпелілер қанатты шабуылға шығып, жанқиярлық ерлікпен басқа өз жерін қорғауға орасан қаһармандық көрсетті ме? Ол жағы мүлде құпия күйінде қалды. Ең алдымен оның қайыненесі сақ ханзадасы болғаны еске алынбайды. Оның ұшы-қиырсыз далаға дендеп сұғына енбеуіне біреулер ауырып, жараланғанын алға тартады. Бірақ, жауыннан да, дауылдан да беті қайтпаған жас қолбасшының қимылы түсініксіз түсіндіріледі. Түу Батыстан келген көкбөрінің солтүстіктен меселі қайтуы, оңтүстікке кілт бұрылуының себеп-салдары мен астары тым əріде жатыр əйтеуір. Ой жетіп, көз көрмеген ойкеменді, жердің қиыр шетін көруді армандаған Александр Македонский жаңа тұрпатты əскерімен Үнді еліне аттанғаны ақиқат. Оған əлеуетті қарсылықты Гидасп (қазір Джелам) өзенінен өтерде радж Пор көрсетті. Ендігі Азия патшасының артында: “Барлық жер отқа оранып, ажал құсып, құлаққа ұрған танадай құлазып, бір кезде гүлденген аймақтар шөлге айналды. Ауылдар
үстінде тазқаралар қалықтап, жықпыл-жықпыл жартастарда жыландар ғана” қалды. Македон грек-парсы қолына қарсы тұратын радждың қарамағында отыз мыңдай жаяу, 5 мыңдай атты əскері, 300 күйме, 200- дей үйретілген піл бар еді. Бұндайда кейде бəрін күш шешпейді. Қай кезде болсын шапқыншылық жұртқа жұт əкелгеннен басқа ешнəрсе бермейді. Əрбір жеңістен кейін тəңірияға (муза) тағзым етіп, той-томалақ өткізу əрқашан оның қанына сіңген əдет еді. Ондайда дене шынықтырудың əр түрінен жарыс ұйымдастыру қалыптасқан қағида болатын. Ол Батыс пен Шығыс арасына алтын көпір тартып, Еуропаны Азияға некелестіруді аңсап, адамзат тарихында ең тұңғыш рет тілі, ділі мен жынысына қарамай, əр қиырдағыларды татуластырып, мəдениеттерге дəнекер болуды арман етті. Сондықтан да өзі бас болып, он мың ақсүйек тұқымы мен жауынгерін жергілікті қыздарға үйлендіріп, төбесіне бір мезетте отау көтеріп берді. Өлерінен үш жыл бұрын 324 жылы өзі Дарыптың үлкен қызы Статираны, ІІІ Артаксеркстің жиені Парисатисті неке қиып алып, Гефестионға парсының бұрынғы патшасының қызы Дрипатия бұйырды. Шығыста бұл салтанаттың орны айрықша бөлек еді. Сөйте отыра қарсы келгендерге рақымсыз болатын. Дастарқан үстінде ашуға беріліп Ескендір сүтанасы Ланиканың бауыры, бір кезде өзін ажалдан арашалап қалған Клитті ай-шайға келтірмей ыза буып, кездейсоқ найзамен өз қолынан өлтіріп, қатты аза тұтқаны аса адамгершіліктің нышаны. Аристотельдің жиені тарихшы Каллисфенді азаптауды қалай түсіну лəзім? Немесе өзіне қастандық ұйымдастырушыларға деген қатыгездік ше? Персияға оралғанда Гефестионның қазасы да ол үшін орны толмас, қабырғасын қатты қайыстырған зор қайғы еді. Ол отыз үш жасында Вавилонда безгектен асқынып дүние салды. Басының іргесі кеуек ұлы империя тез арада бытыраңқылыққа ұшырап, оның жамбасы жерге тиісімен жеке-жеке ыдырап бөлініп кетті. Ескендір Зұлқарнайынның гауһар табытымихнатпен Александрияға əкелініп, содан əлі күнге дейін із-түзсіз жоғалды. Əлі күнге дейін А.Македонский табыты табылмауының төңірегінде дау-дамай көп. Ол тылсымға толы. Бəлкім, ол да алтын-күміспен апталып, небір жауһарлармен əдіптелген шығар. Кейіннен Мысырға
билеуші болып, əулет негізін қалаған Птолемейдің оны Бабылдан ешкімге сыбысын білдірмей Жерорта теңізіне қарай жасырын алып кеткені мəлім. Осыдан үш мың жыл бұрын оны Август императордың өз көзімен көргені ақиқат. Біреулер Перғауындар сияқты ол да Александрия қаласының астында десе, ал біреулер Ніл өзенінің қайыр басқан табанында деп жорамалдауға бейім. Бірақ, бұл жұмбақ жуық арада шешіле ме? Соған қарамастан, шарқ ұрып іздестіру тынымсыз жүргізіліп жатыр. Жасы сексенге тақаса да Египет қазбагері (археологы) Фавзи Фахарани бастаған топ оны табуға шындап бел шеше кірісті. Кім біледі, “Үмітсіз – сайтан” деген. “Егер Александрды жерге жіберген құдіреті күшті ұлы Құдай тез арада өзіне шақырып əкетпегенде, келешекте жер бетінде жаралғандар үшін бір заң болар еді, бір ғана құқық болар еді, бір ғана өкімет болар еді, өйткені, олар ымы-жымы бір дүниеде өмір сүрген болар еді,– деп жазды Херонеядан шыққан Плутарх.– Ол халықтардың салт-санасын, əдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігін сапырыстырып, баршаны бауыр басқан бүкіл жерді Отан деп санауға үндеді. Əманда адал ақ ниет адамдар бір-бірін туыстай сезініп, зұлымдарды өз ортасынан аластайтыны кəдік”. Қол жетпес неткен қиял! Көп жылдар мен ғасырлар өткеннен кейін тағы бір заманның ерен өкілі Наполеон өз сүйсінісін жасырмайды. “Ат төбеліндей жауынгерлермен ол жер шарының біраз бөлігін жаулап алды, алайда оның іс-əрекетінде жанартау атқылап, əлде бір күллі əлемді су алып кеткендей болды ма? Жоқ, бəрі мұқият есептеліп, таразыланып, тəуекелмен жүзеге асып, біліктілікпен басқарылды”. Қалай болғанда да ол тарихи жəне əдеби ірі тұлға. Адамзат өмірінде Ганнибал, Цезарь, Еділ, Шыңғысхан, Əмір Темір, Напалеон, Гитлер, Сталин сияқты əртүрлі өшпес із қалдырған қолбасшылар аз емес. Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайын сол қатарда заңғар тартып, жарқырап тұр. Оның биік бейнесіне тамаша тарихшылар, ақиық ақындар қайта-қайта қайырылып, қалам тартса құштарлықпен қатар туған халқына қалтқысыз қызмет ету ізгі мұратының көрінісі. Əдебиет пен өнердің ұзақ өркендеу жолында Низами, Əмір Қысырау, Əбдірахман Жəми, Əлішер Науайы оның образына қызыға оралып,
шабыт шақырды. Абай “Ескендір” поэмасын жазды. Шығыс жырының жұлдыздары бестармақтарының бірінде біздің дəуірімізден əлдеқашан бұрын өмір сүріп, қатарынан қара үзген аса дарабоз əскери дарынға сүйіспеншілікпен соғып, қиялына қанат бітірсе, қазақ көркем ойының көшбасшысы шынайы шығармашылығында парасаттылық пен парықсыздық, мəңгілік пен мезет, тұлға мен тобыр табиғатына кемеңгерлікпен ой жебереді. Ұлттың бас ақыны ежелгі ертегілердегідей негізгі кейіпкерін қиын- қыстау күндерден алып өтіп, таңдау алдында қалдырады. Ескендір елде алмаған хан қоймады, Алған сайын көңілі бір тоймады. Араны барған сайын қатты ашылып, Жердің жүзін алуға ой ойлады. Қанішер қаһарлы хан ашуы көп, Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп. Сол күнде қошеметші айтады екен Ханның ханы, патшаның патшасы деп. Атағы талай жерге оның жетті, Жердің жүзін алуға талап етті. Есепсіз əскер ертіп, жарақтанып, Есіткен елдеріне жүріп кетті. Алдынан шыға алмады ешкім мұның, Бəрін де алды, қорқытты жолдағының. Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ, Жер жүзін жеке билеп алмақшының. Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бəрін ішті. Адам, хайуан бəрі де бірдей шөлдеп, Басына құдай салды қиын істі. Сандалды сары далада су таба алмай, Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай? Қызметкердің бəрін де өлтірмекші Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай. Егер, Ə.Науайыда табытта жатқан бір уыс топырақ бар қол дүниеқоңыздықтың түп тамыры қайда екенін көрсетсе, Абай поэмасындағы қу бас мына пəнидің опасыздығын паш етіп, ауыр ойға қалдырды. Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті, Құдайым көрсетті деп бұл бір істі. Бекерлік екен менің бұл ісім деп, Қолын алып, жұртына қайта көшті. Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл əңгіме, Мұны бір өзге сөздің бірі деме. Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін, Тоймас толар деп қайғы жеме. Қу өмір жолдас болмас, əлі-ақ өтер, Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер. Ұятың мен арыңды малға сатып, Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер. Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп. Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар Антұрғаннан құдайым сақтасын деп. Ақылсыз өзін мақтап былжырайды, Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды? Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды? Қаншама халықтың көз жасына қалды дегенмен, Ескендір Зұлқарнайын Батыс пен Шығыс мəдениеттерінің бір-бірін байытып, өзара ықпал етуіне алғаш игі талпыныс жасап, бар ғажап ғұмырын соған сарп етті. Тарих, əдебиет пен өмірдің орасан тəжірибелері адамзатты тек рухани асқарларға шақырады!..
Құдірет Бисмиллəһир-рахманнир рахим! Ұзақ уақыт ұйып отырып, жүз беске келген əжем намаздан кейін қарасирақ немерелеріне “Тəуба! Иə, Алла, бергенің мен көрсеткеніңе шүкір! Біз – құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбетіміз” деп ұдайы үйретіп отыратын. Бұл сөздің мəніне онда онша терең түсінбей де үңілмей балалықпен асық атып, лақ-қозы қайырып, жүрдім-бардым тыңдап жүре беретініміз еске түседі. Оның үстіне мектеп қабырғасында басқаша тəрбиеледі. Дінсіздікке баулыса да одан кəпір болып кеткеніміз жоқ. Сөйтсек, бұл жарық жалғанға келу мен кетудің арасында адам жаратылысының өзінде шексіз жұмбақ бар екен. Жұмыр басты пенде тал бесіктен жер бесікке дейін пешенесіне жазылғанын көретін болып шықты. Бұндайда ойды ой оятады. Америка жазбагері Майкл Хорт “100 кісі жəне тарих” деген кітап шығару үстінде компьютерге жүгінеді. Күмəнданған достарының төрт көзі түгел тəжірибесін қайта-қайта қайталағанда да бар мəліметтерді талдаған есеп-қисап мəшинесі №1 адам етіп, Мұхаммедті айнытпай көрсетіп береді. Сонда бүкіл адамзатқа бергі жиырма ғасырда соңғы пайғамбардан артық рухи қызмет жасаған тұлға болмағаны емес пе бұл. Қазір ислам діні өмірге оп-оңай енгендей болып көрінеді. Барлық жаңалық сияқты ол да “тар жол, тайғақ кешуден” өтті. Ұзақ сапарда өлген əкесі Абдолланы көрмей, шешесі Əминадан алты жасында айырылған бала Мұхаммед əуелі атасы Əбді əл-Мүттəліб қолында тəрбиеленіп, кейіннен Хəшімдер əулетінің бас көтерері, немере ағасы Əбу Тəліптің қамқорлығымен ержетеді. Бір аңызда көшпелі Бану Саад тайпасының арасында алты айлығынан асыраған сүтанасы Халиманың қолында жүргенде төрт жасар балаға екі ақ киімді періште келіп, ішкі жан сарайын аппақ қармен тазартып, жүрегіндегі қара дақты сылып тастап, оны қайтадан қаз қалпы, сап-сау күйінде қоя бергені айтылады. Қалай болғанда да, туған-туысқандарының мейір-шапағатына қанша бөленгенімен көзі жəудіреп, Мұхаммед жастайынан жетімдіктің тақсыретін аз тартпады. Алайда, ол ақиқаттың ала жібін аттамай, сымбатты науша болып өсті. Оны көрген замандастары бала жігіттің ер
көңіл, ойшыл, тым тартымды болып естиярлыққа қадам басқанын бірауыздан қостайды. Ол 570 жылғы 29 тамызда Піл жылы дүниеге келеді. Көшпелі бəдəуилердің өзара қарым-қатынасы күрделі еді. Шапқыншылық пен басқыншылық жиі қайталанып тұрса да, сауда- саттыққа төселген Араб шөлінің көшпелілері күнкөріс қамымен ұзақ- ұзақ жолға шығып, тіршілік күйттеп, талғажау қамдайтын. Данте, Шекспир, Лютер, Руссо, Кромвель, Наполеон туралы жазған ағылшынның аса тарлан тарихшысы Томас Карлейль де (1795-1891 ж.ж.) бұл туыс тұлғаны айналып өте алмайды. “Зерек баланы серіктестері “Əл-Əмин” – ақ жүрек, сендіреді жəне сенімді ақтайды дейді екен. Олардың байқауынша, Мұхаммед бос сөзге ыңғай бермеген. Сөзге сараң ол үнсіз қаларда қалай жақ ашпаса, іштен “түлен түрткенде” сөз ағынына солай тосқауыл қоймаған. Мəйектей ойға логиканың сəулесін жан-жағынан төккен: кеудесі зерделі, шынайы жігіт; сүйе білер, күйе білер жігіт; Мұхаммедтің сұлулығы туралы, оның қараторы ойлы кескіні туралы, қараңғыда жарық шашар қара көзі туралы естімеген құлақ аз”,– дейді ол “Қаһармандар мен тарихтағы қаһармандық” атты кітабында. – Маған оның маңдайынан тік түскен тамыры əсіресе ұнайды – ашумен булыққанда қарайып ісінетін тамыр. Осы лыпып тұратын қаракөк тамыр жалпы Хəшім əулетінің нышаны болса, Мұхаммедте, əсіресе, көзге ұрардай боп байқалған (Аударған – Асқар Сүлейменов). Бұл кезде Меккедегі Қағбаның айналасында 360 тас құдайлардың мүсіндері тұрды. Шаңды шаһарды иіріп жатқызатын құрайыштардың сорпаның бетіне шығарлары соларға құлшылық етіп, егіз қозыдай бір- біріне ұқсаған, ешкімге опа бермес мимырт күндер өтіп жатты. Жиырма бесінде жесір қалған Хадишаға қосылып, жасы жер ортасынан асқанда бəрін көріп, біліп, іштей жіпке тізіп жүрген Мұхаммед өзінің ет жақын бауырларынан өкілдер жинап алып, мəжілісте өз ойын жария етті. “Мен Мұхаммед ибн Абдоллах, тегім араб, затым құрайыш, маған аян болған ілімді адамдар арасына таратуға ықырармын, маған ерер қайсың бар?”. Бұл тыныш ағып жатқан өзен иірімдеріне тас лақтырғанмен бірдей еді. Пұтқа табынатын меккеліктерден тыныштық кетіп, түн баласына
қапырық құс төсекте дөңбекшіп шығатынды шығарды. Мүшіріктер (көпқұдайшылар) кəдуілгі дағдысымен Қағбаны айналып, бұрынғысынша ырым-жырымен жасап, сырттан бақылап, жаңа діннің елесіне елтіді. “Мəжусилер отқа, мысырлықтар Күн мен бұқаға, бабылдықтар жұлдызға, христиандар əзіз бен хауарилеріне табынатын. Исламда бұлар жоқ, төте адамзаттың жаратушысы Аллаға табынады” деп жазды бір кітапта сол кездегі қым-қуыт заманды суреттеп. Мұхаммед Хира тауындағы үңгірге оңаша кетіп жүріп, бір Алланың барына жерлестерінің көзін жеткізуге тырысты. Қайдан. Бұл азапты жолда ол талай-талай мазақ-күлкіге ұшырап, не былапыт сөздердің əкесін естіп, боқтық-нəжістің астында қалып, сан мəрте тұщы етіне ащы таяқ тиіп, зорлық пен қорлықтың құрығынан құтылмай, жоқ- жітіктің əуселесін көрді. Көктегі қисапсыз жұлдыздар жарығы, жұмыр жердің Күнді айналуы, тіршілік иелерінің тынысы жаңа бір нұрлы шақтарды тілеп тұрғандай. Қағба төңірегіндегі ұрлық пен қарлық, маскүнемдік пен дарақы майрампаздық, зұлымдық пен зинақорлық, құмарпаздық пен өсімқорлық қоғамдық құрылыстың құлдырауына əкеліп соғып, адамдар арасындағы жағдай төзгісіз еді. Уақыт тымырсық қапырық ауаны сергітетін Алтынкүрекке зəру болатын. Мұхаммед пен оның жақтастары бастапқыда қанша абыржып, абдырағанмен келе-келе соны айқын сезді. Сала Аллаһу алейһи уə сəлламның қайта-қайта уағыздарында “мен адамдардың азғырушысы емес, ақылшысы болуға жіберілгенмін” дейтіні тегін емес. Ол буынсыз жерге пышақ ұрмай, аңысын аңдып, оңды-солына көз жіберіп, төрт тұстықтағы көршілерінің өмірін салыстыра таразылап, сабырмен саналарға сəуле түсіруге нық шешім қабылдады. Пұтқа табынушылардың сеніміне сызат түсірудің оңай еместігін біле тұрып, расул көз көріп, құлақ естімеген қадамға барды: Бірнеше уахидан кейін исламды кеңінен уағыздай бастады. Алғашқы мұсылмандар Хазірет Əбу Бəкір Сыдық қамыққанда қолқанат болып, жабыққанда желеп- жебеді, жаны құлазығанда қуат берді. Қазіргі таңда жер бетінде олардың саны бір миллиардқа жетеғабыл болып отырса, оның қанша ауыр соқтықпалы-соқпақсыз жолдан өткенін көрсетеді бұл. Құбылып тұрған заман желі қай жақтан соқты деуге де болмайды. Пайғамбардың Меккеден Мəдинаға қоныс аударған Хижра жылынан
бері (622 жылы) ислам басынан жақсылықты да, жамандықты да көп өткерді. Алтынорда ханы Өзбек мемлекеттік идеологияға айналдырса, Парсы патшалығы Қазан хан тұсында оны түгел дерлік қабылдап тынды. Дүние жүзі құрлықтарында ол қанат жаймаған жер жоқ десе болғандай. Сонда исламның өзіне тартатын қандай сиқыр құдірет күші бар? Түбінде түп-тұқияны болмаса А.С.Пушкин неге “Құранға еліктеуді” жазды? Л.Н. Толстойдың оған бүйрегі бекерден бекер бұрды ма? (“Мені мұсылман деп санауларыңызды сұраймын”). Иван Буниннің “Мен Құранды оқып таң қалдым!” дейтіні неліктен? Құрайыштардың қуғын-сүргіннен бой тасалап, ат төбеліндей топтың (он бір еркек, төрт əйел) Қызыл теңіз арқылы Хабашстанға жасырын аттануы да тарих беттерінде түзіліп қалыпты. “Əл-уəлид, Əбу Жаһил, Əбу Субиси жəне Мұхаммедтің басқа да жаулары мұсылмандарға қарсы сөзбен байбалам салумен ғана шектеліп қалған жоқ” деп жазды В.Панова мен Ю.Бахтин “Мұхаммед пайғамбардың өмірі” атты ғұмырнамалық шығармада. Азаттық үшін арпалысқан адамзатқа керегі не? Дін қақтығыстары онсыз да бірде анау, енді бірде мынау арадан қылаң беріп, бүкіл алапат жойқын қуатын ішке бүгіп жатқан жанартаулардай жарқылдайтын қантөгістер жалғасып, оқтын-оқтын бұрқ ете қалғанына кім кінəлі? Ақыры Мұхаммед Мұстафа (Ахмед, Маһмуд, Мұстафа) жасампаз ілімі қанша қиыншылық көрсе де жеңіп шықты, оның алғашқы азаншысы Білəл Хабештің көзге жас алдырып, жан тебірентетін даусы жар салып жатқандай. Əлжуаз дəн құнарлы топыраққа түсіпті, Мəдина, оның ішінде Мұхажірлер мен Енсарлар исламның жер бетінде жасыл туы желбіреп, терең тамыр тартуына көп септік тигізіп, игі ықпал жасады. Иба мен иманнан тұратын дін еркіндігін күйттеген жаңа ағым өзінің бастапқы адамдар арасындағы сүйіспеншілік, бірлік пен тірлікке үндеп, соғыс пен шапқыншылық түбіне түбегейлі балта шауып, жетімдер мен жесірлерге қарайласып, жəбір-жапа шеккендерге қолұшын беру мұратынан айнымай, алалап ешкімнің түс-түсіне қараған жоқ. Ой мен сезім салтанат құра бастады. Бір қасиетті хадисінде пайғамбар: “Жер бетіндегі ғұлама данышпандар аспандағы жұлдыздарға ұқсайды. Жерде де, суда да жұлдызға қарап жол табуға болады. Жұлдыздар көрінбесе жолаушылар адасуы мүмкін” десе, екінші бірінде тағы да қайта-қайта пысықтайды: “Сендердің
əрқайсыларың шопан сияқтысыңдар, өйткені өз қол астындағыларға жауаптысыңдар. Патша – бұқарасына, ер – əйеліне, əйелі – үйіне, қызметші – қожасының малына, бала – əкесінің мүлкіне жауапты. Демек, барлығың да жауаптысыңдар”. Бұл өміршең рухи қазына емей немене?! Немесе: “Қой – береке, түйе – қадырлы, ал, жылқының жолына қияметке дейін жақсылық төселіп қойылған. Олар қызметшілерің, достарың. Оларға жақсылық жаса. Егер оларды қиыншылық жағдайда көрсең көмектес”. Қарапайым да ұғынықты! Қоршаған ортаны сақтау, жан-жануарларды дос-бауыр тұтып, сұғанақтыққа бармай, табиғатпен нəзік қарым-қатынасты көз қарашығындай қастерлеп, таза ұстаудың көкейкесті мəселелері қалай- қалай қамтылады. Қасиетті Құран Кəрім мен хадистерде тіршіліктің түгел саласы тілге тиек етіледі. Олар жайдан жай ма? Сөз жоқ, Алла елшісі өмірінің шарықтау шегі – Миғраж түні. Ол тоғызқат аспанға пырақпен ұшып барып, өзінен бұрынғы пайғамбарларды көріп, əділеттің жолы ақ екенін танып, түсінеді, парасатпен пайымдайды. Аспан мен жерді ай қарып, керемет көріністерді бастан өткерген пайғамбар бейнесін Физули шабытты жеткізеді: Шек бар ма мына Ғажайып өмір дəреметіне, Пырақ мініп, тай болдың небір кереметіне. Қонды саған ұлылар бақыты бас аманыңда, Тоғыз қабат ұлан-ғайыр көк жатты табаныңда.
Басынан біртоға, сабырлы да салауатымен төңірегіне өнеге-тəрбие үлгісін шашқан адамзаттың асылзаты көшелі кісі болып, келешекке көш тастады. Оған Қасиетті Кітапта: “Мұхаммед (ғ.с.) шын мəнінде сен, əлбетте, ұлы мінезге иесің...”, “Алла-Тағаланың елшісінде көркем өнеге бар” деп жоғары баға берілген. Исламның тууы мен гүлденіп, өркендеуі арасында ғасырлар жатыр. Бұл діннің кереметі мен хикметі аз емес. Оған əркім əрқалай келеді. Қаншама артықшылығын мойындап тұрғанмен Батыс астамшылықпен жəне шамшылдықпен қарауын тоқтатқан жоқ ешқашан. Бірақ, оның ішінде де құдайға қарағандар сирек те болса кездеседі екен. Гетенің шығысқа, соның ішінде Араб əлеміне сүйіспеншілігін қалай түсіндірген уəжіп? Əлі жиырма беске толмаған жігіт құран аудармасымен алғаш танысқанда-ақ тылсым дүние табалдырығын аттағандай күй кешті. Көл-көсір дүниемен жан-жақты танысып, парасаты толысып, өзін терең толғандырған мəселеге толқи қалам тартты: Бұл дүниеге таудан асып, таң келеді нұрланып, Теңдесі жоқ шексіз құдірет, саған Сəлем беремін! Торғын көкті жамылып, көк керемет тұр жанып, Жан-жүрегім сəулеленіп, ынтызар боп өтемін. Бүкіл менің сезімімді ырықтан тыс билеген, Ұлы ұстазым, басымды идім, сен де түсін мені шын. Бір Аллаға жүз ат беріп, тағзым еткен күйде мен, Жүрегімде əрбір атын
қастерлеймін сен үшін. Əзəзілдер əлемінің бар-бар құйтырқысын білетін ұлы ақын таң шығындай таза тіршілікке мойынсұнып, өмір мəңгілігін сырбаз сипаттайды. Құранның əр аятын жаттап алып, Күнəсіз əр адымын аттап анық. Дұға оқып, ары таза əр мұсылман, Сыйласар, күн кешпейді жоққа налып. Ұжданын аулақ ұстап жалғандықтан, Əлимасы дəруіштің əн шалқытқан. Бұлыңғыр тіршілікті нұрға бөлеп, Мəңгілік Құран сөзі жан балқытқан. Көп көріп, көп жасаған Гетенің екі ұрпақ жасындай уақытта көкжиекте көлеңдеген көркем көрініс емес, шынайы шындыққа көзі жетеді. Ақылман ақсақал ақтарыла сөйлеп, ағынан жарылып күллі жан- тəнімен соған құлшылық еткендей. Ұлы кітап – Құранға, Иландың ба, шырағым?
Болмасын оған күмəнің! Мұхаммед айтқан əрбір сөз, Бойыма таққан тұмарым, Шарапқа қалай қарайсың? Жоқ оған ешбір құмарым. Періштелер ұшып жүр Деген сөзге сендің бе? Жалған емес бұларың. Алла біреу дегенге, Бөгелмей айт, көндің бе? Көндім, сендім, шын арым? Еуропа жүрегіндегі неміс ойшылы бəрін-бəрін салыстыра келіп, исламның бұқараның ой-санасы өсуіне, адамдардың бір-бірімен мейірбан, бауыр, жолдас болуына ешкімді алаламай зор жəрдем тигізетініне сенеді. Сол ұлы сенімге ұийды. Ол жападан-жалғыз емес еді. Дүние жүзін шыр айналып, көңіл құсы шартарапқа құйқылжыған адмирал Кук өзіне алданыш таппады дейсіз бе? Оның ақыры исламның аясына келіп паналауы кездейсоқтық па? Бүкіл əлемді ой өрісі мен өресінің аса асқақтығымен таңқалдырған Иммануил Кант көз жұмғанда ұлы философтың дипломы ішінен өз қолымен жазған “Бисмиллаһир рахманир рахиим” деген аят шыққанда жұрт жағасын ұстағаны жалған емес. Əлемдегі ең ауыр боксшы, былғары қолғап шебері Мұхаммед Əли өзінің Касиус Клей ныспысынан бас тартып, мұсылмандар қатарына кіруі де ұдайы болып жататын оқиғаға жатпайды. Əйтпесе рок жұлдызы Майкл Джексонның ислам дінін қабылдауы қалай? Американың Томас Глойтонның жүрегі жарылғандай болып, шын пейілмен көлгірсіз айтатынындай бар: “Мұсылмандардың арасында нəсілдік кемсітушілік, адамның түр- түсіне, тіліне қарайтын төтенсөз жоқ екен. Намаз үстінде Президент те, кедей де тең дəрежеде, екеуін бір-бірінен ажырата алмайсың. Мен сондықтан да ислам дінін қабылдадым”.
1969 жылы 20 шілдеде Америка астронавты Нойл Армстронгтың Айға алғаш табаны тиді. Оның бойында да жер бетіндегілер сияқты арман, мұрат, үміт пен күдік, періште пəктік пен парықсыз пəруайсыздық, күнə мен кінə бар еді. Кенет тосын сиқырлы саз естиді. Сол ұзақ жанын əлдилеген əуенді он төрт жыл өткенде Мысыр мен Түркияда қайта тыңдағанда таңқалмасқа шарасы қалмайды. Сөйтсе, ол азан екен! Қысқасы, Н.Армстронг та мұсылман болып, көкірегі көріктенді. Қайткендеде ислам əлемініңмүмкіндігі шексіз. Оның араға жылдар салып, Тұран еліне тармыр тартуы қайталанбайтын құбылыс. Біз бұл орайда басқа мысал жоқтай Абай мен Шəкəрім қажының жалғыз Алла алдындағы адалдығы мен азаматтығын жиі-жиі ауызға алатынымыз ай мен күндей ақиқат. Ал, Құл Қожа Ахмет сонау алағай да бұлағай неғайбыл замандарда алды ораған жоқ па?! Кеңістікті көктей өтіп, уақыт пен құтты мекен арасында ғажап ғұмыр кешіп, алға тартқан ұлы көште жүрек Темірқазығын іздеп, мəңгі мият тауып, көсегесі көгерген ата-бабалардың адал сенімі ешқашан ешкімді алдамайды. Барған сайын исламның көкжиегі кеңейіп, мəртебесі биіктеп артып келеді. Əйтеуір үлкен жол үстінде, жалғыз Жаратқан, жар бола гөр!!! Тау тұлға Қай заманда да адамзат қасиетті төрін қаңыратып бос қалдырған емес. Əлсін-əлсін оған құдайдың сүйген құлдары толқын-толқын болып келіп-кетіп жатады. Тіршілік заңымен табиғи сұрыптаудың көкесі сол шығар. Қалай дегенде де мəдениеттің ірі марқасқа ұлы ұстындарының өмірге жарқын өрнек қалдыруының өзі қашан да үлкен құбылыс болып тарих парақтарына тіркеледі. Дүниеге шыр етіп келгенде (1861 жыл 7 мамыр), бір отбасының он төртінші перзентінің пешенесіне бүкіл халық өмірінің айна-қатесіз айнасы болу парызы жазылыпты. Он екіде бір гүлі ашылмаған кезінен қойылған Раби (Күн) есімді бала келе-келе тұтас ел-жұрт ойының
көреген көсемі, алға тартқан уақыт керуенінің кемеңгер көшбасшысы болып, алып азаматқа айналыпты. Рабиндранат Тагор! Берісі барша күншығыста бұл есімнің алдында ізетпен иіліп, тақ тұрып, құлдық ұрмайтындар кемде-кем. Оның өз жөн-жосығы мен жоралғысы бар. Сондай əлеуметтік-қоғамдық ортада тегі атақты ақсүйек болса да жас Рабиндранат ата-ана əлпеші мен, оң қабаққа зəру, қаншама құштарлық құшағында жүрсе де өгей, жатбауыр кісікиік болып өсті. Соған қарамастан ет-жүрегі елжіреп, ағалары Диджендронат, Шотендронат, Джотириндронат пен əпкелері Саудамини, Шорнокумаридің жан-жақты дарабоз дарындылығы мен əмбебап кең өрісті өнерпаздығы арқасында ол адамзат мəдениетінің алтын қайнарынан мейірі қана сусындап, майдан қыл суырғандай, көп қадір-қасиетін бойына ерте сіңірді. Сарвасати (ғылым мен өнер тəңіриясы) сəулесімен Шамбаладан шашыраған шұғыла Рабиндранат Тагордың үнді əдебиеті мен өнерінде ірі тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етті. Туған халқы оны көзі тірісінде əспеттеп, көріпкел деп те, пайғамбар деп те атады. Бұндай ыстық ықылас-ілтипат пен зор құрметке бұдан бұрын ешкім лайықты болған жоқ еді. Егер заман шілтерін серпіп, буалдыр уақыт бұғауын бұзып шықпаса бір ұлттың өкіліне басқа бір ұлттың өкілі мойын бұрып, барынша ұйып, терең сүйіспеншілігін білдіре бермейді. “Үнді халқының рухани мəдениетінің даналыққа толы, əрі алуан түрлі, ұлан-ғайыр аясында Рабиндранат Тагордың тамаша тұлғасы ғажайып жарқырап көрінеді. Шет жұрттың бұғаудан босар шақтағы Үндістанның құдіретті де қуатты бейнесіндей оның тұлғасы Батыс пен Шығыс мəдениетінің тұтаса тоғысқан бір əлеміндей, асқар алып шыңындай,– деп жазды Мұхтар Əуезов. “Тагордың кемеңгерлігі” атты мақаласында. Бұл – Тагор əлем əдебиетінің санаулы ғана классиктерімен терезесі тең халде, соған бара-бар күйде деген сөз. Оның атақ-даңқы шартарапқа жайылуы да осыдан. Бүкіл жұмыр жер оның Отанына айналды”. Бұған заңғар суреткердің інісі, үнді əдебиетінің алыбын қазақшалауға елеулі еңбек сіңірген Сафуан Шаймерденов қосылып, жүрек
толғанысын ізетпен білдіреді: “Тагор қалдырған көп мұрадан əзірге қазақ тіліне үш кітап аударылды. “Күйреу” (1958 ж.), “Гəуірмаһан” (1964 ж.) романдары мен “Алтын сағым” (1960 ж.) жинағы менің аудармамда жарық көрді”. Қандай бақыт! Мен Калькуттадағы Тагордың туған топырағында болып, тəу еткендердің бірімін. Бірақ уақыт өткен сайын оның онсыз да тау тұлғасы биіктей береді. Бұланай мен Үнді мұхитының арасында күн кешкен ғажайып ғұмыр бертініректе жұмыр жердің ұлы кіндігінде еді. Несін айтасың, кемел кезінде Р.Тагордың мейманасы аспай, шектен тыс таспай, уəлі ауыздан шыққан лағыл лебізі шартарапты шарпып, естіліп жатты. “Кейде біздің саябаққа Калькуттадан белгісіз ғажайып құстар ұшып келетін. Олар қанат қозғалыстарын мен танып үлгергенше ұшып кетіп, бірақ өзінің ұясынан əлдебір ит мұрны өтпейтін қалың жыныстардан əсем əуен əкелетін еді,– деп жазды ол жас кезіндегі сезімталдық сəттерін еске алып.– Осылай өмірдегі біздің тылсымға толы жолымызда əлдеқандай бейтаныс жырақ өлкеден періште ғайыптан келіп, өзінің жүрек тілімен сөйлесіп, көкіректегі көру көкжиегімізді кеңейтеді. Бұл қонақ кездейсоқ келіп, оны тағатымыз таусыла шақырғанмен қолға қайтып қонбайды. Алайда соншама сұрқай тіршілігіміздің аясынан ұшып бара жатып, олар қырмызы гүл айшықтарын қалдырады, содан бастап, күндер мен түндеріміз əлгілердің тарту-таралғысымен керемет кенен баийды”. 1875 жылы 18 қаңтарда жасөспірім Рабиндранат алқа-қотан жұрт алдында алғашқы жырын оқып, тұсаукесер “Кешкі қайырымдар” (“Шонддха шонгит” 1881 ж.) жыр жинағынан бастап, ұлт жүрегінде ұлы ұйытқыдай ұйып қалды. Содан бері ол сексеннен асып, дүние салғанша əкесі Дебендронат Тагор мен анасы Шарода Дебидің ұлы болып қана қоймай, тиіп-қашып оқыса да, күллі он сегіз мың ғаламдағы адамзаттың парасат патшалығын билеп, ұлы перзентіне айналды. Ол мыңдаған жыр мен əйгілі əңгімелер, жүздеген хикаяттар мен романдар жазды. Əдебиеттің көп жанрында тер төгіп, мəңгі өшпес із қалдырды. Оның “Алтын Бенгалиясы” мен “Джанагамананы” Үндістан мен Бангладеш мемлекеттерінің Əнұраны болып
қабылданды. Р.Тагор салған суреттерден де қарапайым үнді адамдарының жасампаз тыныс-тіршілігі сезімтал сəулеленіп сезіледі. Ол бұны көрмей кетті əттең. ...Алыс Алатау аясындағы Алматыда Үндістан тəуелсіздігінің жарты ғасырына орай фотосуреттер көрмесі ашылды. Қағылез денесін күн қақтаған еңбеккерлер, маңдайын мезгіл əжімдеген ардагерлер, бақыт құшағындағы жас жандар, табиғат пен адам үйлесіп, сиқыр сəуле біртүрлі жүрекке құйылып жатыр. Əсіресе Үндістанның Қазақстан Республикасындағы бұрынғы Төтенше жəне өкілетті елшісі Раджив Сикри мырзаның қойған еңбектерінен осынау алып елдің орасан тынысы сезіліп, құрылықтар мен құрылықтар, адамдар мен адамдар, ғасырлар мен ғасырлар бір-біріне тіл қатқандай. “Ақтұңғиық” ақ таңмен ашылып, “Тауыс” тотықұстай таранып, жаратылыс сан алуан айшықты ажарымен жан баурайды. Шіркін, соның бəрін Тагор көрсе еді! Ол армандаған азат Отан тағы бір жаңа қырынан біздің көз алдымыздан өтті. “Еркін іс-қимылға ерік-жігері жете бермейтін, құдай ұмыт қалдырған біздің еліміз қандай бақытсыз,– деп жазды ол сонда да, жаны ауырып, 1893 жылы қаңтар айында.– Ойлап-пішіп, сезіну қабілеті, құштарлығы əлсіреп, сарқылып барады. Тəуекелшіл, қиял-ғажайыпқа толы нағыз толыққанды өмір əмбеге беймəлім. Еркектер мен əйелдер көлеңкедей у- шусыз сыбдырсыз қыбырлап, ауқаттанып, күнделікті күйбеңмен тіршілігін атқарып, шылым шегіп, есінеп-ұйықтап, самбырлап тоқтаусыз ауыз жаппайды. Біз барлығы туралы балалар кейпінде баз кешіп, күйбең күйде сезіміміз құмға сіңген судай құрдымға кетіп жатыр. Парасатпен пайымдап, күреспен қыз-қыз қайнаған өмірге талпыныс сондай жетпейді!..”. Артынша осы жанын жегідей жеген ордалы ойларын мықтап шегелегендей: “Маған мына ғұмырды сүсініс жəне сеніммен бір адамдай өмір сүріп, фəниге аттану жетіп жатқандай, сөйтсе де əлдебір əзəзілдің алдарқатқанына əуейіленбей, тəңірдің бергеніне шүкір”. Ол отызында ой ордасын бұзып, қырқында əдебиет қамалын алды. 1913 жылы оған “Құрбандық жырлары” (“Гитанджали”) үшін Азия құрылығында ең тұңғыш рет Нобель сыйлығы берілді. Орыс
классиктерінде жан шынайылылығы бетке ұрып тұрса, француздарда – парасат шынайылығы, Тагорда сезім шынайылығы басым болатын. Одан ешкім ат-тонын ала қашпайтын еді. Ондай болмаған жағдайда еңбегі еш, тұзы сор. Рабиндранат Тагор барша адамзат асыл қазынасының мұрагері еді. Оның Бернард Шоу, Герберт Уэльс, Уйяльм Йитс, Джон Голсуорси, Ромен Роллан, Альберт Эйнштейн, Синклер Льюс, Томас Манн, Альберт Швейцар, Карл Чапек, Николай Рерих, Махатма Ганди жəне басқа атақты адамдармен дос-жарандығы мен тамыр-таныстығы көп жағдайды аңғартып тұр, əрине. “Мен енді ғана Орталық Азиядағы экспедициядан оралдым, екі жыл бойы үн-түнсіз кеткеннен кейін Сізге жүрек сəлемін жеткізіп отырмын. Азияның əртүрлі түкпірінен мен Сіздің есіміңізді қайта-қайта қатты құрметтеп, ыстық ілтипатпен айтып мінəжат ететінін естідім, сөйтіп, Сіздің кемеңгерлігіңізді лайықты бағалағаны жанымның ең тереңінен жаңғырығып, бойымды ғаламат қуаныш кернеді,– деп жазды жиһангез, əмбебап ғалым, қылқалам шебері Н.Рерих көп хаттасуының бірінде.– Сіздей мəдениет марқасқасы бар Индия бақытты. Дүние жиіркенішпен ыдырап жатқан біздің күндерімізде Сіз сияқты Рухани басшылар əлемнің бірден бір тірегі болып қалады”. 1919 жылы Р.Тагордың “Ұлтшылдық” деген мақаласымен жақын таныса келіп, оған сілтеме жасап, Р.Роллан Еуропа жүрегінен оны сөзбе-сөз келтіріп, қуаттайды: “Бел шешетін кез келді. Бұл тек қана қылды қақ жарған əділдіктің мəселесі емес, бұл адамзатты құтқарып қалу мəселесі. Еуропаның жеңілгенін əйгілеп, əлемді шарпыған сұмырай соғыстан кейін, Еуропаның өз-өзін құтқара алмайтыны аян болды. Оның ойы Азия ойына зəру, өйткені ол да Еуропа ойымен тығыз байланыста ұтып шығар еді. Бұл – адамзат асыл ойының екі жарты шары. Егер оның біреуі сал болып, қатып-семіп қалса, бүкіл дене дертке ұшырайды. Біздің салауатты дамуымыз үшін Одағымызды қайта қалпна келтіруіміз қажет”. “Басқаша айтқанда,– дейді ол қайтадан.– 1813 жылы Гете француз өркениеті мен мəдениетін күстаналаудан бас тартқандай, Тагор да британ мəдениетін мүлде өкшелеп, аластаудан аулақ тұр.
Бұның өзі Рабиндранат Тагордың үлкен жүректі ақылман суреткер екенін көрсетеді. Ол қай тақырыпты алып, қалай жырласа да қарапайым адамдардың еңбек пен ерлігін, күйініші мен сүйінішін, арман мен мұратын əспеттеп өтті. Тіпті шетелдің бір үнжариясы оны “Үнді Толстойы” деп те атады. Қалай дегенде де Рабиндранат Тагор адамзат ақыл-ойының алқара көк айдынына ақ желкенін керіп, жауапкершілікпен батыл шықты. Оның шалқар шабыты шығармашылығының тағлымы да зор болып қала беретіні сондықтан. Ол заманалар заңғарынан күні бүгінгідей ұрпақтарға үн қатып тұрғандай əлі. “Қазақ халқының жарық жұлдызындай ақыны Жамбылға Үндістан халқынан бауырластық сəлем,– деп құттықтад ол жиырмасыншы ғасырдың Гомерын ұлы мерейтойымен алып құрылық құрсағынан.– Ол бақытты қазақ халқының өмірін терең толғана жырлауымен өз заманының ұлы ақыны болып қалды”. Неміс ойшылы граф Герман Кейзерлинг үнді халқының мұң-зарына жіті құлақ қойған ұлы суреткердің орнын əлдеқашан айқындап бергендей: “Рабиндранат Тагор жазатайым мен бұрын соңды ұшыратқандардың ішіндегі аса асыл адам. Оның əлемдік даңқынан əлдеқайда ұлы, Үндістандағы алатын орны əлдеқайда жоғары. Көптеген ғасырда біздің жер бетімізде ондай адам болған емес... Мен білгендердің арасында ол ең əлемге əйгілі, ең таңғажайып тұтас тұлға, ең ұлылардың ұлысы”. Бұл аз болса, тағы бір лебіз сүйсіндіреді. “Саяси қайраткер болған жоқ. Бірақ ол үнді халқының тағдырын жүрегіне тым жақын қабылдап, төлтума өлең-жырларының піл сүйегінен тұрғызылған мұнарасында біржолата тома-тұйық қалмау үшін оның бостандығына тым берілген еді. Кəдімгі даму ырғағына кереғар, ол кемелденген сайын өзінің көзқарасы мен дүниетанымында байсалды тартты,– деп ағынан жарылды Жауһарлал Неру.– Жер жүзінің əр қиырында үлкен адамдармен сан кездестім. Алайда мен кездестіргендердің ішінде екі ұлы перзент, Ганди мен Тагор болғанына имандай да күмəн келтіре алмаймын. Олар соңғы ширек ғасырда
əлемдегі екі ең ұлы тұлға болып қалады деп ойлаймын. Уақыт өте келе ол мойындалатынына сенімім мол”. Махаббат миуасы Бұл “ар-ұжданның ұлы сақшысы” кабигуруге (ұлы ұстаз) берілген биік баға өз құнын жойған жоқ əлі. Тагордың мəңгі есімі келешектің көркем көкжиектеріне қарай қуатты қанаты талмайтын қырандай самғап барады!.. – Ғашық болып көрдіңіз бе? Жігіт ағасына ұзақ барлай қарап еді, уақыт тозаңы қанған қайратты қара шашы ішінара бурыл тартып, тікірейіп тұр екен. Көзі нұрланып, от шашты. – Иə!.. Екеудің əңгімесінен. Жақында шет ел сапарынан оралып келе жатып, Ташкенттен Алматыға жеткенше бейнетаспадан бейтаныс жігіт қайта-қайта құлақтың құрыш етін жей сұңқылдап: Бақытты бол, Берілме қайғы-мұңға. Бақытты бол! Махаббат айдынында, – деп үздіге берді.
Осы біз қарақан қара басымызды көп күйттеп, ұлы ұғымды жербауырлатып алған жоқпыз ба деген беймаза ой туды. Ешқашан махаббат əлдекімнің қуыршақ қолжаулығы болған емес. Отқа ұмтылған пəруана қанатын күйдіріп алады. Адам сезімі күрделі, бояуларға бай, реңкке толы екеніне ешкім дау айта алмайтынына көңіл көзі жетеді. Бірақ ата-бабаларымыз қос қабаттап қайғы-қасірет десе де қайғы-мұң демеген шығар. Махаббат та айдын бола ма? Ол жұмбақ жүректің жалқы сыры емес пе? Homo sapiens ұзақ үлкен даму жолынан өтті. Матриархатты да, патриархатты да бастан кешірді. Дəуірлер сапырылысып кетті. Адамзат алтын қайнарға қайтадан бас қойғандай. Арман. Үміт. Мұң. Сағыныш. Күдік. Қызғаныш. Бұлар қанша өңін айналдырғанмен тіпті аз өзгергендей. Əрине, жарық дүниеде тіршілік иесі үшін күрмеуі көп көкейкесті мəселелері шашетектен жетіп артылады. Біреуді құлай беріле жақсы көріп, хор қызына балап, сүю, ғашық болу табиғи құбылыс болса да оның қасиетті қозғаушы күші жан иірімдерінің тұңғиығында жатыр. Бұлар жұмыр жер бетіндегі түр- түсіне қарамастан бар халыққа тəн ғаламат ғаламшар. Қозы мен Баянның, Тристан мен Изольданың, Мəжнүн мен Лəйлəнің, Ромео мен Джульеттаның, Жүсіп пен Зылиханың, Қалқамен мен Мамырдың, Кебек пен Еңліктің күллі кедергіге қарамастан бір-біріне іңкəрлігі, ынтызарлығы мен құштарлығы жаратқан жарлығы жазмыштай болса да адами бақыт үшін аспандағы айға қол созғандай. Олар бізге аңыздар, əфсаналар мен тəмсілдерден келген жоқ, өмір өзегінен өрілген өрімдер. Қара аспанды қанша су алғанда да ғашықтар хикаясы мəңгілік таусылған емес. Ол кешегіден бүгінге, бүгіннен келешекке жалғаса береді үзілмей. Оған ішінара мұрын шүйіріп, жүрдім-бардым ат үсті қарайтындар қатты қателеседі жəне оны тек жалаң ақындар қиялынан туды деген сыныққа сылтау іздеу болып табылады. Махаббат – құдірет! Ол екі жанның бір бағытқа қарап қосылуы, үндесуі һəм үйлесуі. Америка антропологтары (қазбагерлер) У.Джанконяк пен Э.Фишер 166 дəстүрлі қауымның деректері мен мəліметтеріне сүйеніп, оның 147-інде ана сүтімен қанға сіңген мəдениетте екеніне сенімді, 18 қауымдастықта дерек болмаса, 1 ғана теріс нəтиже көрсетіпті. Көп халықта ұқсастық басым, айырмашылық жоқтың қасы. Психолог Дэвид алты құрылық, бес аралдағы 37 елден іріктеп 10 мың еркек пен əйелге
сауал бергенде “махаббат бір-бірімен тығыз байланысты, үйірсектік” деп жауап алған. Оны сенімділік, тұрақтылық, кəмелеттік пен мəйін мінез əдіптейді. Əйтсе де бұның жан жаратылысын тап басқан ешкім жоқ. Сексеннен асқан британдықТеда Таула 1958 жылдан бері өзі өліп- өшіп сүйіп, қазір жетпіс үшке, яғни алты мүшелге аяқ басқан Хилда Кларкпен жарты ғасырдан кейін некелесіп отау көтерді. Жас ерлі- зайыптылар буалдыр болашаққа солай жұптасып қадам басты. Бұдан тұрмыс-тіршілікте оның жас, жағдай таңдамайтыны көрінеді. Махаббат, о, махаббат. Мəңгілік махаббат! Сенің ауыр ақ жолыңда қисапсыз адам басын бəйгеге тігіп, шыбын жанын шырқыратып, дар мен от алдында да қас қақпай қасқайып құрбан болып, уақыт желіне қаймықпай кеуде тосты-ау. Əлимсақтан сені адамзат алақанына салып əспеттеп келе жатыр əлі. Əлем əдебиетінде қажырына қайраты, ажарына ақылы, парасатына пайымы сай қаншама ақ маңдай бұраң белдердің бекзат бейнесі жасалды. Бұл ортақ Тарлан тарихтың қай кезеңінен болса да шаң береді. Сонау Петрарканың Лаурасы, Низамидің қыпшақ қызы Əппағы, Дантенің Беатринасы, Хафиздің түрік сұлуы, жетпіс төрттегі Гетенің он тоғыз жасар Ульрикасы, Бальзактың Евасы, И.С. Тургеневтің ғұмыр бойы аққу арманы болған Полинасы (қырық жыл бойы отбасы, бала-шағасы бар əйелдің соңынан салпақтап жүру жазмыш па?) Құр қиялдан туды ма? Мүмкін қашан да ақындар маһаббаты айрықша болып келетін болар. Араб шайыры Қайыс ибн Мулаубахтың Мəжнүн дейтін лақап атымен санада сəулелі із қалдырғаны аз ба? Тициан, Рафаэль, А.Рублев, Рубенстің қыз- келіншектері, бибілері, ханымдары, перизаттары, ханшайымдарына қарағанда неге сілекей шұбырып, мейір қанып, көз қуанады? Періштелер мен хор қыздарын көрген ешкім жоқ болса да, сұлулық пен əдемілікті, ажарлық пен көркемдікті соларға теңеуі бекер ме? Ғұлама Леонардо да Винчи атақты “Джокондасын” салып бітіргенде кербез келіншек енді қандай тілегің бар депті-міс. Сонда сұңғыла суретші тəмсіл айтып құтылыпты. Ертеде бір қария дүниеден баз кешіп жатып ержеткен үйелмелі-сүйелмелі үш баласын шақырып алып: – Шырақтарым, бес күн жалғанда күнкөрістің күйбең тіршілігімен жүріп сендерге не кəсіп игеруге, не білім алуға мойын жар бермеді. Мен өлген соң омалып ошарылып отырып қалмай ел аралап, көріп,
біліп, кəіп игеріңдер,– деп аманаттапты. Шартарапты кезіп жүріп, ең үлкені шебер ағаш ұсталығын, ортаншысы саудагерлікті үйренсе, кенжесі ауылда қалып жапырақтар сыбдырын, бұлақ сылдырын естіп əуейілікке түсіпті. Жылын берерде кездесуге уағдаласқан ағайындар сөз байласып сол уəдеде тұрыпты. Үлкені жол үстінде келе жатып дөңбек ағашты қимай, одан сұлу қыздың мүсінін жасапты. Саудагер оны үлде мен бүлдеге орап, малындыра киіндіріпті. Ең кішкентай іні құлағына сыбырлап оған жан кіргізген екен. Бауырлар енді ару кермиық қызға таласып, қырық пышақ болып төбелеседі. Ішіндегі естиярлауы тұрып, əбден сілікпесі шыққаннан соң: “Біз ақымақпыз ба? Төрелікті қыздың өзіне берген мақұл” дегендей мəмілеге шақырыпты. Сонда бойжеткен: – Ағалар, бəріңізге рахмет. Біріңіз ағаштан мүсінімді жасадыңыз, екіншіңіз сықа киіндірдіңіз. Менің қалауым – маған жан бітірген жігітте,– деп төбелеске тоқтау салыпты. Соны айтып қылқаламның құдіреті кейіпкеріне үнсіз жымиып қараған екен. Əманда біреуге қаңсық, біреуге таңсық болып тұрады. Ұлы адам кімге, неге меңзеді? Бұл ішің білсін əлуай болғанда да зор тəлім түйгізеді. Ешкім де ақындар махаббатының айрықша болатынын жоққа шығармайды. Əрине, сұлу жыныс өкілін жан-тəнімен жақсы көріп, кейде сезім сергелдеңіне түсуге кез-келген жұмыр басты пенденің құқы бар. Дегенмен... Бəлкім, ол жалқы бастың шер-шеменін, көңіл-күйін жиынтықтап жалпы ұғым, түсінік-танымға ұштастырып, іштей қаузап, көкейге күй болып қонып, жыр болып ұшып, жүректің жіңішке жолына жеткізген соң ба, бір айшықты алапат сезімге бөлеп, тəтті қиял мен мұзға батырып, арманның əлди əлеміне құлаш ұрғызып, таң шығын белуардан кешіп жүргендей кір-қоқыс ойлардан тазартатындықтан ба? Асқағырақ, тереңірек, күштірек болған соң шынайы сезім құлпырып тақ тұрғызады. Бұл орайда алдымен орыста А.С. Пушкин, қазақта Абай ауызға түседі. Ол былтыр Ресейде Абай, Қазақстанда Пушкин жылы өткендіктен емес. Өмір талай ғашық ғұмырларды онсыз да біледі. Алайда, бұл екеуінің ой мен сезім жарқылдары енжар қалдырмай, бүйрек бүлкілдеткізеді.
Лицейдегі тұрғыластары “маймыл” деп келемеждейтін Саша есейе келе орда бұзар шағына дейін сүрбойдақ болып жүріп қыз-келіншектерге қырғидай тиді. Е.Н. Орлова (Раевская), М.Н. Волконскаяға (Раевская) бірнеше өлең арнады. П.А. Осиповаға қырындаса, А.Н. Вульфтің өзі ойы кетіп, əрі-беріден соң күйеуге шықпай кəрі қыз болып өмірден өтті. Е.Н. Вревская (Вульф) да назардан тыс қалмады. Е.Н. Ушаковаға 3 өлең жолдаса, оның сіңлісі Елизаветаға бір өлең бұйырды. А.А. Оленинаға жеті арнау жіберілсе, Е.М. Хитрова (Кутузовтың қызы), Д.Ф. Фикельмон (Долли), А.О. Смирнова (Россет), сол А.С. Пушкин көңіл аударған сұлулардың ішінде жүрді. Үйленерден сəл бұрын ол В.Ф. Веземскаяға жүрек сырын жайып салды: “Алғашқы махаббат əрқашан сезімталдықтың шаруасы: ол шыли аусарлау болса, солғұрлым өзінің ғажап əсерін есте қалдырады. Екіншісі, байқайсыз ба,– сезімнің мəселесі. Оны одан да арағырақ салыстыра беру болар еді. Бірақ оған мүлде уақытым жоқ. Менің Наталиге үйленетінім (бұны жақшаға алып қояйын, жүз он үшінші сүйіспеншілігім) оңтайынан шешілді. Əкем беретін 200 жан шаруаны ломбардқа саламын, ал, сізді, қымбатты ханшайым, менің бас құдағиым (өкіл шеше) болуды өтінемін”. Алайда, тағдырға дауа бар ма, ауырып қалуына байланысты оны Е.П. Потемкина алмастырды. Отбасын құрғаннан кейін бойындағы оңтүстіктің ыстық қызуқандылығы бірте-бірте басылып, сабасына түсейін дегендей. Сөйтіп жүріп ол бұған дейін, шамасы ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде А.П. Кернге арнап, “Есімде ғажап сəт менің де” жазды. Бұл өлең – орыс махаббат лирикасының төресі. Жазатайым жекпе-жекте А.С. Пушкин өлгенде “поэзия күні сөнді” деп күңіренген орыс қоғамы ақын қаламынан шыққан шығармаларды, соның ішінде осынау жауһар жырды да іліп алып, рухани құндылықтай хан көтеріп кетті. “Есімде ғажап сəт менің де” қазақ поэзияның бір ұстыны Қуандық Шаңғытбаев өзінше сөйлетті. Ақын Исраил Сапарбай да ана тілінде балама іздеуге талпынды. Біз де қарап қалуды жөн санаған жоқпыз. Қ.Шаңғытбаев: Шіркін-ай, өткен со бір сəт,
Ғайыптан маған жолықтың. Көрініп кеткен түске ұсап, Тəуіріндей əзіз көріктің. Даңғаза шудан қажыдым, Үмітсіз мұңға толып күн. Естіліп удай нəзік үн, Түсімнен шықпай торықтым. Сапырып жылдар дауылын Өшірді отын үміттің. Есімнен шықпай нəзік үн Көркіңді асыл ұмыттым. Күндерім өтті бұлдырап, Мекен боп жапан түнез дүз. Көңілсіз, жарсыз, көз құрғап, Өмірсіз, жарқын тілексіз. Оянар көңілім жетті сəт, Ғайыптан тағы жолықтың. Көрініп кеткен түске ұсап Тəңіріндей əзіз көріктің. Кенелді көңіл, болды шат, Өмір де, жарқын тілек те. Қызық та, жас та, махаббат Оралды қайта жүрекке. И.Сапарбай:
Есімде əлі таңғажайып сол бір сəт: Ғажайып жақтан келдіңіз-ау, сірə, сіз... Бой талдырар тəтті елестей мөлдір шақ Шықтай таза шырайлы жүз күнəсіз. Əл-дəрменсіз алмағайып күрсінмен Мезі тірлік, меңдеткенде пенделік. Үлбір үнді тілдескендей тылсыммен, Түсіме де жүрдің ылғи сен келіп... Жылдар өтті. Алай-түлей дүрбелең Ұясына жайдай тиді үміттің... Сенің үлбір үніңменен бірге мен Періште өңді бейнеңді де ұмыттым. Бұлың бұлдыр, алдарқатпа, анықсыз, Бұлттан сауып су ішкендей бұл көңіл... Бағытсыз да парықсыз да, шабытсыз Өлексе өмір-өтіп жатты күндерім. Жанға жалау, дəтке қуат, көңілге ем: Міне, алдымнан тап болдыңыз тағы Сіз, Тəтті елестей ілуде бір көрінген Тəнтіліктің нəрісіз һəм əрісіз! Жүрек емім... таба алмаған жан адам, Махаббатым бақытыма балаған. Тəңірім де, өмірім де қалаған Бəрі, бəрі қайта оралды жаңадан!..
Қатар қойса қос аударманың жетістіктері мен кемшілігі жетіп артылады. Əйтсе де ол басқа əңгіме жүгі. Ал, осы өлеңді аударуға Кəкімбек Салықов аз күш жұмсамапты. Алайда шымырлық жетпейді, арқауы бос. Қалай дегенмен Наталья Николайқызы Гончароваға үйлену А.С. Пушкинге қанат бітіріп, шабытына шабыт қосқандай. Ол көптен бері жоспарлап жүрген ойын жүзеге асыру үшін 1833 жылғы күзде Пугачевтің ізімен Орынбор мен Орал даласын екі-үш күн аралап Болдиноға ат басын бұрды. Бұнда ол əйелін айналып, еркелете толғанып, бірде “періштем”, енді бірде “перизатым” дей отырып, шығармашылыққа мықтап ден қояды. Қыркүйектегі қазақ сахарасының бір пұшпағы оған дем бергендей, ұмтылмастай əсер қалдырғандай. Уақыт пен кеңістік!.. Онымен бірге тек қана тектұр тағдыр пешенесіне жазған данышпан дарындар ғана мəңгі өмір сүріп (əрине, шығармаларымен), келешек көкжиегіне қарай көктей өтеді. Өз дəуірінің озық ойын, көксеген асыл мұраты мен арманын асқақ айшықтаған А.С. Пушкин сондай ғаламат тұлға! Əдебиет алтын ғасырының жаны қандай жомарт. Ағыл-тегіл етіп, бір кезеңде шүпірлетіп үйіп-төгіп ақылман азаматтарын сақылықпен бере салыпты: Францияда, Бальзак, Польшада – Мицкевич, Ресейде – Пушкин. Олардың уақыты бір ғана емес, бір заманның, бір жылдың төлдері, түйдей құрдастар əрқайсысы əртүрлі əлеуметтік-қоғамдық құбылыстар қазанында қайнаса да көркемдік ой Олимпіне əрқалай суреткерлік соқпақпен көтеріліп шығандады. Солардың ішінде Александр Сергейұлының қысқа ғажап ғұмыры арнайы сөз етуді керек етеді. Егер Пушкин мен Мицкевич бір əйелге ғашық болса, Бальзак нақсүйерін алыс Польшадан тапты. А.С. Пушкин бір ұлы жаңа əдебиеттің бастау қайнарында тұрып қана қоймай, ұйытқысы болып, барша адамзат ақынына айналды. Пушкинтану барған сайын кең етек жайып, көкжиегін кеңейтіп келеді. Ақын кешегі ұрпақты қалай толғантса, бүгінгі буынды да солай рухи оятып, терең тебірендіреді, ертеңгі өсер жас өркенге де сондай көркемдік кеңістігі ұлан-ғайыр əлемінің соны тың қырын аша береді. Иə! А.С. Пушкин шығармашылығы шалқар, тереңі əлі танылмаған теңіз табиғатымен тақілеттес, марқасқа мінездес, махаббатының мəн-мазмұны бай.
Сондықтан жолай соның бір тармағы – ақын мен қазақ даласының дəнекер байланыстарын сөз етудің өзі де бір ғанибет. А.С. Пушкиннің шығысқа деген сүйіспеншілігі мен махаббатының тартылыс күші оның шығармаларының ұзынырғасында жақұттай шашылып жатыр. Атасы І Петрдің арабы Абрам Ганибалдың жер аударылып, Байкал сыртында əскери бекіністер салуға басшылық жасап, өз дос-жарандары декабристер қозғалысына қатысып жапа шегіп, “Сонау Сібір түкпірінде” тауқымет тартып азап кешуі бəрі-бəрі қосылып келіп, оны бұл тақырыпқа қайта-қайта қалам жұмсауға итермеледі. Пушкиннің Пугачев көтерілісі төңірегінде көп толғануының өзінде де осындай- осындай су асты мұзтауындай (ңөң – О.Əубəкіров) себеп-салдардың салқыны жатқандай. Еуразия кеңістігі – əуелден орыс ойпаздарының жанды жері, осал тұсы. Шаруалар көтерілісінің шынайы шежіресін жасауға Пушкин 17 тамызда Нева жағасынан күнгейдегі Орынборға қарай ұзақ сапарға аттанды. Бір айдан кейін ол Еділ мен Жайық арасында жалыны жапанды шарпыған оқиғалар сорабымен жүріп өтті. Дарқан даламен бетпе-бет дидарласып, түздің тұрмыс-тіршілігімен етене жақын танысты. Бұл кездейсоқ емес еді. Пушкин үшбу сапардан бұрын да ұшы-қиырсыз қырды мекендеген көшпелі ел жайында көп есітіп, бес саусақтай жақсы білген деуге негіз толық. Соның алдында ғана “Литературная газетада” А.Крючковтың “Қазақтар жортуылы” атты хикаятына пікір жарияланған болатын. 1832 жылы Пушкин достарының бірі жазбагер А.И. Левшиннің “Қырғызстан қазақ, немесе қырғыз-қайсақ ордасы мен даласының дидары” атты жинақ жарық көрді. Қазақтар хақында бірқатар мағлұмат беретін құнды еңбекті оқымауы да мүмкін еместей. Левшин кітабындағы кейбір көріністер мен суреттер сонылығымен ғана емес, ақын үшін таптырмас құбыланамадай, көңіл көкжиегін ашуға көп септік тигізуі ықтимал. Александр Сергейұлы қазақтар арасында үш күндей болған кезде дала тақырыбына аса қызығушылық танытып, азаттықты аңсаған бұратана халық тағдырына алаңдап жанашырлық білдіріп жүрегіне азаматтық жүк артты, жол серіктерінің біреуіне махаббат дастаны. “Қозыкөрпеш – Баянсұлу” хикаясының қысқаша мазмұнын жаздырып алдырады. Бұған қазақтың қарт қаламгері Қалмұқан Исабаев күмəн келтіріп, бекер байбарақтатып жүр. Пушкинтанушы ғалым Л.В. Иодзалевскийдің архивтен тапқан деректері бұның шын екенін куəландырады емес пе?
Ол Оралдан Болдинға оралған сəтінде де көкейге түйгендері мен уыздай əсерінен көпке дейін арыла алмай творчествосының тағы бір мəуелі күзін осында өткізіп, алты аптада “Пугачев тарихын” жазып, өзекті өртейтін өлеңдер өрбітіп, сыршыл суреттер салды. Қолжазбаларының базбір беттерінде ұшырасатын қазақ қарты мен сəйгүлік сұлбасы соны айғақтайды. Бір қызығы, Пушкиннің сурет салу мəнері мен машығы, нақышы мен ықпалы Лермонтов, Доставский мен Шоқанға айны-қатесіз көшкендей. Қолтаңбадан анық байқалатын нəзік нобайлар, ішінара шындықты шекіген штрихтар, бедерлі байқаулар мен сырлы сызықтар сілемі еріксіз соған сілтейді. Бұл ой кернеуі бар үлкен үрдіс. Бергі біздің күндеріміздің өзінде 14 жасар Надя Рушеваның суреттері де Пушкин қанатты қаламының табиғатын танып, азғантай қызғалдақтай ғұмырында таңғаларлық туындылар бергені сол өнеге- тəрбиенің арқасы. Бұдан тəңіриялардың (муза) қай қайсысы ұлы ақынды тосырқатпағаны танылады. Кемеңгер дана кеңістігі керіліп, алақұйын сезімі арбасып, ақын үлкен оймен алғы күнге асығып аттанып бара жатты. Арма, махаббат!.. Орыс өмірінің энциклопедиясындай “Евгений Онегин” романының бір тұсын “Татьянаның қырдағы əні” деп төл мəдениетімізге құйқылжытып жеткізген Абай да махаббат машақатын бастан өткізді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс ағасұлтанның баласы да сөйтіп пұшайман болады екен. Салт-сана бойынша он бесінде Қаз дауысты Қазыбектің Ділдаға үйленіп, ол сүйіспеншіліктің қадір-қасиетін қаршадайынан ұқты десе де жарасып тұрғандай. Ара-тұра “Дала уəлаятында Көкбайдың атынан жарияланған өлеңдерін қайтадан бəсін беріп, өз атына аударып алғаннан соң жасөспірім жасындағы “Иузи – раушан, көзі – гауһарды” мансұқ еткендей, бағыт-бағдарламалық өлеңін жұртқа ұсынды: Ғашықтық құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нəпсі үшін болады сол. Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, Мен не болсам болайын, сен аман бол.
...Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар, суыр – үміт үзсе, Дəмеленсе өртенер күйіп-жанып. Алғашқы махаббат оған да оңай тиген жоқ. “Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар” деп сүйіспеншілікке биік талап қоятын қазақтың бас ақыны соқтықпалы соқпақсыз қияли-қайымнан өтіп, адами қарым-қатынасқа замана заңғарынан зарыға, зарлана қарады. Əмбебап əйгілі жазушы Мұхтар Əуезов дəуірнамасында Тоғжанды тұңғыш рет ағасы Асылбектің отауында ғашық көзбен көреді: “Сылдырлаған шолпысы, əлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы əшекей сырғасы, бастағы кəмшат бөркі, білек толған неше білезіктері – баршасы бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сəні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіңішке қасы да айдай болып қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттің жебесіндей”. Тағы да: “Орташа келген қырлы мұрны енді анық көрінді. Қырынан қарағанда біртүрлі сүйкімді екен. Жұмсақ жұмыр иегінің астында жұқа ғана бір толқындай боп, нəзік бұғағы білінеді. Жылтырап таралған шашы қап- қара қалың өріммен, ерекше аппақ, нəзік мойнына қарай құлап түсіпті. Үлкен де, кіші де емес, əшекей сырғасы діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұр. Əлденеден, белгісіз себептен Тоғжан пішіні қызара түсіп, қайта сұрланады. Толқын қайтып тұрған ұяңдық па, басқа ма? Əйтеуір өзінше, өзгеше тыныс алып, лүпіл қағып тұрған бір сезім бар”. Кейіннен “Шын ғашық мен саған!”, “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы”, “Сүйсіне алмадым сүймедім”, “Кейде есер көңіл құрғырың”, “Ғашықтың тілі – тілсіз тіл”, “Махаббат, достық қылуға” жəне басқа да көптеген өлеңін жазған Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы
махаббатқа деген адалдықты азаматтық, адамдық, тіпті ақындық тұрғыдан соған лайық мінез, іс-əрекет, қимыл көрсетеді. Абай – нəзік жыныс өкіліне тек ұрғашы деп қарамай, іңкəр ғашық, жақсы əдемі жар, əйел, асыл ана ретінде Құран Кəрімдегі “Жұмақ аналардың аяғының астында” деген қағиданы басшылыққа алған сыңайлы. Оның айналасындағы Зере, Ұлжан, Айғыз, Күңке, Нұрғаным, Ділда, Əйгерім (Шүкіман), Еркежан, т.б. бір-бірін толықтырып, қазақ қыздарының тұтас галереясын жасап, бүкіл болмысын танытқандай. Бекзаттық пен биязылық, имандылық пен ибалылық, ұлылық пен ұяттылық, асқақтық пен ақылдылық – бəрі айналып келгендей. Көз қарашығындай қастерлейтін қасиеттер. Ақын солардан үлгі-өнеге түйді. Бейнебір қазақ жанына қос қанаттай қаһармандық пен сұлулық басынан туа біткендей. М.Əуезов те өз бас кейіпкерін сираттың қыл көпірінен өткізбесе де темір жол, тайғақ кешуде талай сын тезіне салады. Бөжейдің қаралы көшінде Абай Тоғжанмен жəне бір жүздеседі: “Судыраған қара жібек биқасаптан əдемі жеңіл шапан киген. Басында жап-жаңа қара кəмшат бөрік. Мойнында əсемдеп, кең ораған құбылма түсті торғын шəлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дəл көп жұлдыз арасындағы шолпандай. ...Ақ маңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр. Сырттап бара жатқан Тоғжанның артынан көрінген мүсіні де өзгеше екен. Атқа отырысының өзінде де бір нəзік еркелік пен соншалық биязылық, мықтылық та бар сияқты. Жылтырап өрілген жуан бұрымдарының ұшында үлкен шолпы ырғала түсіп, шылдырап барады. Сонау сағынышты көктемде көңіл өртеген, одан беріде көзін жұмса əрдайым құлағына шылдырай түсіп, былдыр етіп: “Есіңде бармын ба?” деп кететін осы шолпының осы үні”. Ғашық жар таңдаудағы ақын асыл мұраты қандай?! Əлбетте, етегіне сүрініп, қабынып жүретін ерке, шолжаң əйтеуір шүйкебас біреу емес, арудың аруы, парасаттының парасаттысы, Пушкин айтқандай, сұлулық тəңіриясы.
Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын. Кəмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?! Аласы аз қаа көзі айнадайын, Жүрекке ыстық тиіп салған сайын. Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, Тісі əдемі көріп пе ең қыздың жайын. Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ. Піскен алма секілді тəті қызды Боламын да тұрамын көргендей-ақ. Егер де қолың тисе білегіне, Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе. Бетіңді таяп барсаң тамағына, Шымырлап бу енеді сүйегіңе. Шіркін, Шығыстан туған Шолпандай-ау. Кімнің болса да əуесін келтіріп, кеудесінде мүлгіп ұйықтап жатқан өлі сезімді оятады. Абай соны Тоғжан, оның алыс құрбылары арқылы сезінді. Қазақ өмірінің артықшылығы қыздарын бұлғақтатып пəренсаз, еркетотай, еркін өсіріп, бастаңғы, ойын-сауық. Онда да ай астында əткеншек теуіп, ақсүйек ойнауды бір мезеттік көңіл көтеруден жоғары қойып, сəн- салтанатқа ұласатын қызық-шыжығы көп түз тіршілігінің кең тынысы деп ұққанына тіреледі. Бұл қысқа шашы ұзындарды қазіргі батыстағыларға жөн-жосықсыз еліктеп-солықтап тылтитып шалбар киіп кіндікке дейін жалаңаш ашып, темекі тартып, жүгенсіз жүрсін деген сөз емес.
М.Əуезов сол əдет-ғұрып, салт-сананы жалаң бейнелемей көркем суреттер арқылы сенімді түрде көз алдына келтіреді. Екі ынтық айлы түні жастардың той-томалақ жиыны үстінде əткеншек теуіп ұшырасады: “Тоғжан жүзі айға қарсы келгенде Абай өзгеше бір нұр көрді. Бетіне жұқалаған қызыл сəуле беріп, іштегі терең сырдан, дос көңілден белгі етті. Сағынған сүйгенінің жанына жаны ұмтылып, айырылмасқа, кетіспеске серт еткендей. Қазіргі əсем əнмен үйлескендері бауырға кіріп, жабысып тұрып құшқаннан да жақынырақ, күштірек сияқты. Ырғағы көп сезімді сұлу əнге екеуі де бар шындығын тапсырып, бар сырларын бөледі”. Бүгінгідей ұлттық құндылықтарымыз құнсызданып, рухымыз бен ұнжырғамыз түсіп, тұлға дағдарыспен тығырыққа жиі тіреліп, отырған зайғы заманда бар-бар өркениеттен томаға-тұйық қалып құдай берген өз болмысыңды сақтап қалу оңай емес. Бұл көптің, көпшіліктің, күллі халықтың көп күш-жігерін қажет етеді. Егер махаббат өмірдің құрамдас бір бөлшегі болса, оның қадір-қасиетіне жететін уақыт келді. Ол мəңгі өлмейді. Абайдың боранда ауырып адасып келіп, əлдеқашан жұртқа ұзатылып кеткен Тоғжанның үйіне кітап болатыны бар. Сонда сары қарын əйелдің бүй дейтіні көкіректі қарс айырады. “Тағдыр бізді қоспады. Тым құрыса осы жолы сау келсең... Уаз кешкен болар ем. Өміріміздегі бар ұзақ арман ауыр зар бұл жолы да сені маған ауыртып əкеп, тоқтамын салды. Енді сүйген көңіл қайтары жоқ. Бірақ, серігім сабыр болсын дедім. Осы күйде өзімізге тиым салған күйде өмір бойы жеткізбеген арман еріп кетсін. Көрге бірге, имандай таза арманым боп кетсін. Асығыңмын, сол асық күйде көзімнің жасын жұтам да кетемін, жаным!” Бұны бөгде біреулер түсінбеуі ықтимал. Көрініс өмірдің өзінде болды ма, жоқ, жазушы ойынан туды ма дəлелдеуді қажет етпейді. Сүйіспеншілік қисыны соған сілтейді. Көңіл қалауына дауабарма? Біз орыс пен қазақөмірінсалыстырғанда анау озық, мынау тозық дегенмен ада-күде аулақпыз. Шығыс пен Батыс арасына шекара тартпасақ та ұяң мен ұялшақ махаббатқа бақай есептік жəне қарадүрсіндеу сезім шырыны қарсы тұрып келеді десек артық айтқандық емес. Адамзаттың
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272