жақындатып тартқылауға тырысып, Сүлеймен Бақырғаниға (əкесі) телісе де, бұл деректің əлі де күмəнді, дүдəмалдау шикі жағы көп. Шоқан “Қашғар күнделігінде” келтіргендей, Əнуар ана Арыстанбаптың алтыншы ұрпағы сиыр жайып, падашы болып жүрген күйеуіне (яғни Айтқожа – Зеңгі баба) түстін апарып жүрсе, оның ұстазы Сүлеймен Бақырғани, кейбір дерек көзіне сүйенсек, 1186 жылы опат болса, Айша бибінің əжесі Ұлықпатша мен туған бауырлары Ерқұбы, Ғабділмəлік, Əлиасқар да пəниде болып, бақилыққа аттанғандар. Бұдан, біз тіз-тірнектеп там-тұмдап жинаған мағлұматтарға қарағанда, махаббат шынарының он үшінші ғасырдың екінші жартысында ғұмыр кешкені байқалады. Бұл əлі ұлы далаға шаңды-шаңға қосып, жалпақ жазираны қанға бөктіріп, мың қолдар шапқыншылық жасамай тұрып, бірде Санан, енді бірде Қарахан əулетінің жеңіп, кейде итжығыс түсіп, хорезмшаһтардың нағыз дəуірлеп, төрт құбыласы сай шырқау шағы. Қарлұқтар мен қыпшақтар да оқтын-оқтын бір-біріне алакөзденіп, бас көтеріп қақтығысып жатса, қарақытайлар қиыр шығыстан, арабтар қайта-қайта оңтүстік батыстан шүйлігіп, өзара текетірес бір сəт бəсеңдемейтін. Бір таңданарлығы, В.В. Бартольд бұл кезең туралы “Қарақытайлар мен Хорезмшаһтар” деген зерттеуінде түбегейлі тиянақты тоқтамай, неге екенін қайдам, Қарахан əулеті жайында жалаң жадағай айта отырып, қасірет құрсауындағы қалыңдыққа қатысты негізгі мəселелерді айналып өтеді. Сонда Арыстан мен Айшабибі арасындағы ғажайып махаббат хикаясы қалайша орта жолда үзіледі? Көкіректе шемен болып қатқан сыр ағыл- тегіл шертілмей ме?.. Сол көктем санаға өшпестей із қалдырыпты. Жазғытұрымға салым Асқар Сүлейменов, Аман Сейітқадіров (орыс тілді жазушы) үшеуміз Айшабибіге тəу етіп, сол атақты ауылдан кештетіп Таразға (ол кезде Жамбыл) оралған бетімізде біздер аялдаған мейманхананың бөлмелері жас жұпар иіске толтырып, гүл жауғандай десте-дестеге толып кетіпті. – Əкелген кімдер? – дегенде кезекші келіншек: – Əлгіде бір топ қыз-жігіт келіп кетті,– деп бəйек болып қалды. Бұл ілтипат бізге емес, махаббат əулиеханасының періштедей перизаттарына білдірілген құрметтей көрінеді. Əлі күнге дейін сол
сапар жүректе жаңғырығып қайта-қайта еске түседі. Жұлдызды түндер жəудіреп, аспан шырақтарының астында махаббаттың мəңгі ескерткішіне содан бері талай мəрте ат басын бұрдым. Кеудені біртүрлі асқақ рух кернеп, бір ғажайып күй билеп, ой қаумалайтын. Арманнан келген ару тағдыры толқытатын шығар. Олай болса, бұл дəуірдегі Қарахан əулетінің соңғы тұяғы қандай ғұмыр кешті? Алыстан арып- ашып келіп, махаббаты үшін ерлікке барған арудың арғы тегі кім еді деген мəселенің əлі басы ашық. Алайда шындық шырайына шіркеу түсірмеудің орнына кейбір тарихшылар өз зерттеуін тұлыпқа иіген сиырдай өз зерттеуін жалаң ауызға құрады. Егер Сатұқ Бура Қарахан екі ғасырға жуық өмір сүрген əулеттің нағыз түп негізін қаласа (бұдан бұрын бірінші болып Білге Құл Қазыр сондай əрекетке барды), Жүсіп Баласағұни (шамамен 1021-?) мен Махмұд Қашғари (1029-1038 жылдар арасында туған) да бұл қоғамдық құбылыс пен құрылыстан қалыс қалған жоқ. Түбі бір түрік əлемін аңсап, 110 жер-су атын, 40 ел мен тайпа, 262 мақал-мəтел 242 бəйіт түзген “Диуани лұғат ат-Түрк” туындыгері тыңға тұңғыш түрен салса, хас Хаджип ақын он үш мыңнан тұратын “Құт қайнарлары” кітабында сол кездің рухи тыныс-тіршілігін танытты. Қарахан əулетінің шығыс тармағын билеген кіші ұсақ-түйек əміршілер Арыстан тегін аталса, батыс бөлігін билеушілер Бура тегін, илек лауазымын иеленді. Махмұд Қашғаридің өзі көрсеткендей, “Қаһания хандары Қара деген лақаппен аталады. Мəселен, Бура Қара қаһан деген сияқты”. Тарихтың талмауыр тұсында недəуір маңыз атқарған бұл əйгілі əулет өзінің арғы тегін Əбілқасым Фирдаусидің “Шаһнама” дəуірнамасындағы кесек кейіпкердің бірі Афрасиабтан (Алып Ер Тоң) тарататынын да ескерусіз қалдырмау керек екенін айту міндет. “Қазақстан тарихы” да, “Қазақ Кеңес анықтамалығы” түк жаңалық қоспай, тіпті Қытайдағы қазақ қаламгері Нығмет Мыңжан да “Қазақтың қысқаша тарихында” “1212 жылы Қарахан əулетінің соңғы өкілі Қылыш Арыстан ибн Қылышты Хорезмшаһтың əмірімен өлтірілгенін” тəптіштейді. Бұны С.Г. Кляшторный, Т.И. Сұлтанов та өз кітабында жоққа шығармайды. Айшабибі тақырыбына қайта-қайта қадалып қайырылғанда бұл тағы бір есте тұтатын жай. Қанша қазбалап жазғанмен, аңыздағы аруды Сүлеймен Бақырғани мен Зеңгібаба
айналасынан алыстатпай қарастыру қалай? Қарахандар кезеңіне тоқталғандар Таразға қарай жол тартқан қасіретті қалыңдық туралы лəм-мим деп жақ ашпайды. В.В. Бартольд Сүлеймен Бақырғани, яғни Хакім Ата, Хəкім Қожа хақында Залеман жəне Комаровпен ашық пікірталасқа түскенімен Айшабибі жөнінде бір ауыз жарытымды сөз айтпағаны қалай? Шоқан да Əнуардың Зеңгібабаға артынан түстік апарып жүретіні жайында айтып, бас-басына балаларының ныспысын атап кетеді. Ол генерал М.Г. Черняевпен əулиеатада болғанда Айшабибі басына зиярат етпеуі жəне мүмкін емес, əрине. Ш.Уəлиханұлы неге алыс-алыс əпкесі туралы толғана жазбады? Біздің замандасымыздың ерте орта ғасырда өмір сүрген қыпшақтың аяулы қызын С.Бақырғани мен Зеңгібаба қанатының астында көргісі келетін талпынысы түсінікті. Бірақ бəрінің жөн-жосығы бар емес пе? Ешкім ешнəрсені қызғанып отырған жоқ. Академик А.Н. Бернштам, Алтынорда дəуірін бүге-шігесіне дейін зерделеп зерттеген, көптеген қазба жұмыстарына кеңесші болған А.Ю. Якубовский, одан қалса 1885- 1886 жылдары Тараз топырағындағы мұрағаттар мен жəдігерлерді зерттеуге ұйытқы болған Н.Пантусов Айшабибі атын онша атамайтыны ойға қалдырады. Тек Қарахан дəуірінің ескерткіштеріне тоқтала келіп, білікті зерттеушінің бірі Бабаған қатын кесенесін ХІ ғасырға (Саманидтер заманы) жатқызатыны неліктен? (Айшабибі мен Бабаəже қатын бір-бірімен ажырамас тұлғалар). Оны айтқанда да марқасқа маман ғимаратта Қапқаз сəулет өнерінің ықпалы бар деп жаңсақ жұмбақ əлемге жетелейді. Күтушісі Бабаəже болғанда Айшабибінің ғұмырын бері сырғытқанда не ұтамыз? Қанша құйма құлақ болғанмен бір мəмілеге келіп, ұтырлы уəжге тоқтау уəжіп. Бұндайда қарапайым есеп-қисап көп нəрсені аңғартып, сілемдерге сілтейді. Əгарки, Қожа Ахмет Иассауидің туған жылы шамамен ХІ-ХІІ ғасырлардың түйісі десек, оның ұстазы Арыстанбап, дау жоқ, оған бір табан жақын тұрмай ма? Айтқожа (Зеңгібаба) оған алтыншы ұрпақ туажат болып қосылса, орта есеппен арасында 200 жылдай мерзім жатыр, яғни ол бертініректе дүние есігін ашып, “Өзбекстан анықтамалығында” жазылғандай, 1259 жылы қайтыс болғаны жобаға келеді. Ал сопылық сарын сардарының шəкірті Сүлеймен Бақырғанидың дүние салғаны 1186 жылы болса, шынында, Айшабибінің бесікте іңгəлап жатқаны қай кез? Ендеше аңыз-əфсанаға мейлінше иек артпай, ақиқатқа келгенде мүлде ақсап,
мүлт кетіп, жаза баса беретінімізге жол болсын? Ш.Уəлиханұлы, Ə.Дибай, В.В. Бартольд ел аузында қалған-құтқан ұзынқұлақ сөзге аса мəн беріп, түйсік таразысы солай қарай ауытқи беретіні қаперге кірмегені ме сонда? Ақ махаббаттың жұлдызды жолында басын бəйгеге тіккен арудың өгей əкесі Зеңгібаба қай жылы туған болып есептеледі? Бəрімізді толғандырған тақырыпты ешкім ат үсті таратып бере алмайды. Ендеше осы орайда сəл де болса сəуле себездететін іргелі ізденіске бастайтын мəліметтерге ғана сүйенуге мəжбүрлік туады. Тарих ары тазаның алдында шындық пен уақыт бетіне қаймықпай тура қарауды үйретеді. Осыдан біраз бұрын белгілі маман И.Шəмшатов арнайы құптайтын мақала жазып, онда Алтынорда мен Қазақ мемлекеттілігіне қатысы бар үш Жəнібекті бір-бірімен шатыстырады. (Өкінішке қарай!) Амал қайсы, араласуға тура келеді. Алайда анау дұрыс, мынау бұрыс деп қыздың жиған жүгіндей бəрін текшелеп орын- орнына қойып жанашырлықпен əділқазылық жасап жатқан ешкімнің жоқтығы қатты қарын ашырады. Ертегідегі ұдайы бір жағын ғана шалатын соқыр түйедей əр нəрсені бір бұтып-шатып тарихнамаға күмəнді тіл бітіру кімге пайда береді? Онсыз да осал түсіп, опық жеп жүргеніміз аз ба? Алыс та, қалыс та адамдар жазғанда оқтын-оқтын оған лайықты баға берілмей ме? Тарих қалаған кісі тақымға салып, əр жағынан тартқылай беретін көкпарға ешқашан сорпасы қосылмайтын зат. Зерек зерделі зерттеуді одан сайын тереңдетіп, қай тақырып болса да əділдік таразысына тартып отыру кемшін бізде. Əрине, тарихқа талас көп. Оған барған əркім жаңалық ашқансып, жалаңтөстеніп білек сыбанып шыға келеді. Бірақ оның да обал-сауабы бар емес пе? Шындық шырайына шіркеу түсірмегенде ғана ақиқаттың ала жібін аттатпайды. Ал геология-минералогия ғылымдарының докторы Ə.Байбатшаның “Қазақ даласының ежелгі тарихын” (“Санат”, Алматы, 1998 жыл) жазуын əркім əртүрлі қабылдады. Неге? Теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаев тарихқа барғанда оған біреу тоңтеріс қарады ма? Дəрігер генерал Санжар Аспандияровқа ше? Телегей теңіз білім мен біліктілік кімге де күмəн келтірмейді. Басқа басқа, Ə.Байбатша əкесі мен баласының арасын 1000 жылдан аса уақыт салар ма еді? Қараша мен Бəйдібек ұлттың ұюына ұйытқы болып, дəулет пен сəулетті серік еткен тарихи тұлғалар. Жазбагердің
жобасынша, Қараша би шамамен біздің дəуірімізге дейінгі 530-604 ж.ж. ғұмыр кешсе, Бəйдібек араға аттай мың жыл салып, біздің заманымыздың шамамен VI-VII ғасырларында өмір сүрген болып шығады. Сөйте тұра, Ə.Байбатша, жазушы Е.Тұрысов “Бəйдібек” атты деректі хикаятында Қараша ұлы ХІ-ХІІ ғасырлар тұсында өмір сүрген деген мəліметі де ақиқаттан алшақ. “Жас Алаштағы” бір мақаласында да Ғ.Елшібай дерек-дəйексіз бабамыздың бертінірек ғасырларда (VI- VII ғ.) ғұмыр кешкенін айтады. Өзгелерге құлақ асу қайда? Жазбагер Күмісжан Байжан “Жамбыл елінің жайсаңдары” (“Сын”, Алматы, 2003 ж.) атты кітабында тайға таңба басқандай етіп, оның 1356 жылы (Хижраның 131 жылы) туып, 1419 жылы дүние салғанын бір шама- шарқынша дұрыс жеткізгендей көрінеді. Біздіңше де, бұра тартуға мойын бұрғызбайтындай, бұл Бəйдібек уақытына бір табан жақын келетіндей. Сонда майдан қыл суырғандай бола қалған жағдайда, кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс? Қалай дегенмен, ол өз атасы Майман Майқыдан (Ол Шыңғыс ханның замандасы) үлкен емес. Қай кезеңнің болса да тарихын тек аңыз аясында түзуге болмайды. Неге екенін қайдам, біздің қара қылды қақ жаратын мамандарымыз соған тым əуес, негізгі тақырыптан ауа жайылады. Б.Əбділдаевтың да байыптылық пен тыңғылықтылығына еш күмін жоқ. ХХ ғасыр басында төңкерістен əлдеқайда бұрын “Туркестанские ведомостиде” қыз əулие туралы Ғалиасқар Калинин (?) мақала жазыпты. Бұнда да даусыз мағлұмат аз. Ал “Кастанье кітабында” Айшабибінің Измайыл Атаның қызы екені айтылады. Қайсысы сенімді? Əрқашан бізді халықтың табанына кірген шөгір маңдайға қадалсын деген ой мазалайды. Айшабибіні алақанға салып, қалай аялап, əспеттесе де жарасады. Оны Сүлеймен Бақырғаниға немесе Зеңгібабаға қимай отырғанымыз əсіре əбестік болар еді. Айшабибі тақырыбы тұқыртпай қиялға қанат бітіреді. Қанша қазбалап жазғанмен, Б.Əбділдаевтың аңыз аруын Сүлеймен Бақырғани мен Зеңгібабаға тели беретіні қалай? Күн көзін қолмен көлегейлемейтіндей, ақиқатты ешкім бүркей алмайды. Айшабибінің Қарахан əулеті өкілдерінің кейінгі біреуіне тұрмысқа шыққаны шындық. Сонда кімге? Тараздықтар мен онда келген қонақтар түгел табынатын Қарахан əулие мазары қашан жəне
кімге арнап салынды? Бұның бəрі болашақ зерттеулер мен ізденістер жауап беретін сауалдар. Егер анық-қанығы болса, біздің ұлттық тарихымыздың кейбір ақтаңдақ беттері айқындала түсер еді. Біздің де тілегіміз сол. Тарихқа əркімнің де таласы болатыны содан емес пе?!. ...Əйтсе де, толқындарын жарға ататын тіршілік тоқтаған жоқ. Махаббаттың мəңгілік жыры аяқталмайды. Қасіретті қалыңдықтың денесін жерге тапсырғанда күн бұзылды. Керімсал ішін тартып, ышқына-ышқына басылды. Бірауық терең тамыр тартқан тал-терек мұңайғандай жамыраған жапырақтары үнсіз аһ ұрды. Тау үстінде бұлттар тұнжырап тұрып-тұрып, қыстығып, өкпесін жазғандай əлдеқайда маңып бара жатты. Əлденеден секем алып, бұтақтан-бұтаққа ұшып қонған құстар қайта құйқылжытты. Өзен өкіріп, асау арғымақтай шапшыды. Қыз сəукелесі бір батып, бір шығып суда алыстай берді. Көкірегі күрсініске толы түз тынысы кеңейіп сала бергендей. Патшайым Біздің бүкіл ұлттық байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, обыр құлқын қылғытып жатқанда бөркімізді аспанға атып, құр бос ерте алақайлап, айдалада далақтап жүрген жоқпыз ба осы? Сауысқанның сақтығы керек-ау шамасы? Жəне ешкім емес, қоңсыны құдай қосады. Жанағанына зəр шашып, жыртқыш екі басты самұрықтай ажалды жез тырнағымен шеңгелдеп, ашулы ақикөз аюдай батыс-теріскей көршіміз əлсін-əлсін əпербақан əлімжеттікпен əлсіздерді түртпектеп, сыныққа сан сапалақ сылтау іздеп, қанды көзін жиі алартып, керегесін кеңейтті. Алтынорда ыдырағаннан кейін бірте- бірте күш алып, біраз ұлыстар мен ұлттарға тізе батырып, оспадар отаршылдық қамытын кигізді. Шығыс бүйірден ашқарақ аждаһа елді қадалып қан қақсатты. Бірақ, бұлардан қайсы біреудің тұрмысы ғажап түзеліп асып-тасып жетісіп, шүу қарақұйрық қара үзіп кеткені байқалмайды. Шықпа жаным шықпа деген ілекер ілдалда үмітпен олар
да, басқалар да жалмауыз жаһандану жағдайында күн кешіп келеді. Адамзат өркениеті ұзақ та ауыр жолдан өтті, өте береді. Венесуэла Президенті Чавес шаптығып, Оңтүстік Америкадағы Бразилияға сапарында Ватиканның жаңа папасы Бенедит XV-ның бір ағат сөйлеуіне байланысты бұл құрылықтағы үндістердің жаппай қырылып- жойылғаны үшін еуропалықтар тұтас халық алдында кешірім сұрауы қажет дегенінде мəніс көп. Əне-міне дегенше уақыт үдеріп келешек көкжиегіне тартып барады. Өмір-өзен өте-мөте өрекпіп жатыр. Əлемде өтіп жатқан кіші-гірім оқиғалар қоғамдық-əлеуметтік сала мен кездейсоқ құбылыстар ешнəрсені де айналып өтпейді. Солардың аясында Ресейде де өзгерістер, өсу мен өшу, ілгерілеу мен көткеншектеу, іркілістер мен ізденістер аз болған жоқ. Кезінде оны кім билемеді? Татар да, неміс те, жебірелі де, гүржі (грузин) де тəж киіп, таққа отырды. Əйтеуір, бір шүкіршілігі, үлкен шаңырақ əлі күнге дейін шайқалып құлап ортасына түсіп кетпей, əдірем қалмай келеді. Əркімнің соншама əкесінің құны қалғандай, биік билікке ұмтылатыны несі? Негізінде, көрші ақысы деген бар емес пе?.. Ал, 1762 жылғы 29 маусымда Сарайдағы ішкі бүліктен кейін патшайым болып таққа тақымы тиген Ұлы Екатеринаның орны əлі үңірейіп тұр. Оны қанша саққа жүгірткенмен Петр І-ден кейін Екатерина Алексейқызы (1729-1796 ж.ж.) Отан қамын ойлап, ел бағына біткендей. Қарапайым кедейлене бастаған прусс генералының отбасында дүниеге келіп, пешенесіне отыз жылдан аса жат жұртты билеу жазылған келіншек шоқындырылғанша София-Августа-Фредерика, бекзада Ангельт-Цербская Балтықтың оңтүстік жағалауынан 1744 жылғы қыста жасау-жабдығымен Петербургке ұзатылды. Алғашқыда Нева жағалауында қапас тордағы тотықұстай қайта-қайта қапаланып күй кешті, патша көңілі көп қалып, ғазиз басын тауға да, тасқа да соқты. Жар қызығына онша жарымады. Бірте-бірте Сарай төңірегіндегі сарсылтқан өсек-аяңға құлағы үйреніп, еті өлді. Ертелі-кеш жаны жұбаныш іздеп, тақ пен тəж түске кіретін болды. “Мені күстаналап, құлақ құрыш етін жемейтін құдайдың бір күні жоқ,– деп мұң шақты Екатерина.– Төңірегімде өсек-аяң өрбіп жүрді”. Сондай бір толас сəтті пайдаланып, ақсүйектерге арқа сүйеп, басын бəйгеге тігіп, төңкеріс жасап, штат қызы билік басына келді.
Қиыр Шығыс қаламгері Всеволод Никанорұлы Иванов орыс астамшылығы мен шамшылдығын жасырмай, “Фике патшайым” хикаятында ақиқаттың ала жібін аттай алмайды. “Бəрі тап-тұйнақтай кешіп-пісілді: Тап бүгін Екатерина сенімді əскермен өз орнында істі бітіру үшін Петергоф пен Орениенбаумға аттанады,– деп жазды тарихшы-жазушы.– Ақырында ол жалғыз өзі билеп төстейтін ұлы елдің қожасы болды. Енді отыз бес миллион халыққа ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бірінші шіріген байдың өзі. Бір қасын кере көтеріп, тəкаппар сөйледі”. Шындығында, əйел патшаны бірінші болып көкке көтеріп, “Фелица” (латынша felix – бақытты) мадақтамасын жазған Гаврила Романұлы Державин болатын: Сол үшін Преображен полкінің бұрынғы қатардағы жауынгері алтын күлдеуіш пен 500 червонецпен ақшалай сыйлық алды, 1784-1788 жылдары губернатор, 1791-1793 жылдары Бас кеңсе хатшысы, 1801-1803 жылдары Əділет министрі қызметін атқарды. Айтпақшы, Екатерина Екінші күйеуі Петр ІІІ-ні тыбыр еткізбей, оны үйқамақта ұстаған басқаларды да аз жарылқаған жоқ. Ағайынды бес Орловқа графтың атақ беріп, оған қоса Александр мен Григорийге 50 мың рубль ақша, 1000 шаруаны меншігіне ұсынды. Дашкова ханымға 25 мың теңге босатылып, Əулие Екатерина орденімен марапатталды. Адмирал Талызин омырауына ең жоғарғы орден Андрей Первозванныйды тағады. Болашақ генерал-фельдмаршал капрал Г.А.Потемкин Таврический атағын иемденіп, таныстыққа кең жол ашылып, əртүрлі сылтау-себептермен 15 мың кісі құлдық қамытын киеді. Соған қарамастан ол 1776 жылы патшайымға төсегін босатып берді. Келер жылы қыркүйекте 150000, екі жылдан кейін несиеге 75000 рубль алса, зейнетақысы 75000 еді. Оған 1783 жылы тағы да қазынадан 100000 рубль тиді, тарту-таралғыдан кенде етпей, бірнеше миллионға Сарай сатып əперілді. Жəне Бас қолбасшылықтан бас тартайын дегенде ақыл қосты: “Барлық кездейсоқтыққа көлденең қарсы тұрып, өз парасатың мен жаныңды шынықтыр, Сіз төзім арқылы жеңетінімізге сенімді бола беріңіз!”. Ол туралы патшайым жəне бірде: “Оһ, бұл адамның басы саф алтын! Ол бас жəне диюдай арбайды” деп айтып салуы нысанасыз атылған оқ емес. Екатерина ІІ бұған қарап төңірегіне өңкей жағымпаздар мен жандайшаптарды жинап алды деген
ой тумайды. Патшайым сұмдық еңбекқор еді. Мемлекеттік істермен мұқым айналысты. Келген хаттардың көбісіне өзі жауап жазды. Қолы қалт еткенде əдеби шығармалар тудырып, сахна өнеріне көп көңіл бөлді. Əйтсе де көпке жағу оңай ма? Жаңа туындыларды үзбей қадағалап отыруы өз алдына, мəдениет дамуына аянбай ат салысты. Бəлкім, сол қадыр-қасиеттері замандастарына қозғау салып, шабыт та берген шығар. Бетің бар, жүзің бар демейтін жазбагердің атақ-даңқын дабырайтқан “Фелица” ордасының басталуы да оқыс: Қырғыз-қайсақ ордасының Патшайымы тəңір тектес! Ақыл-ойлар қордасының Ізгі ізі мəңгі кетпес Шығандауға ол жарады Ханзадаға жап-жас əлі, Қыдыр кезген сол араны Гүлге таныс тау-тас əні, Билеп рух, парасатты Кеңес тыңда сара сəтті. Басына бақ қонған Штеттиннің қаншырдай қатқан қызы сары қарын тартып байсалды бəйбіше бола бастап, билік емін-еркін тиген соң сайқал саясаты барынша пайдаланды. Обалына не керек, оның уақытында Ресейге қару-жарақ күшімен, қоқан-лоққымен, алдап-арбаумен Солтүстік Қаратеңіз, Қырым, Кавказдың теріскей жағы түгел, Батыс Украина, Белоруссия, Литва жерінің біраз бөлігі қосылды. Тарихи Текенің Уральск, Ақжайықтың Орал өзені болып аталуы да осы тұс. Əр кезеңде И.А. Крылов, А.С. Пушкин, В.И. Даль, Л.Н. Толстой, В.Г. Короленко жəне басқалардың табаны тиген топырақтың ежелгі атауын өзгерткенде “əй” дер ажа, “қой” дер қожа” болмағаны өкінішті, əрине. Кейін əбден дəндеп алған олар Үйшікті Гурьев, Ақмешітті Перовск, Шымкентті Черняев,
Майлыкент-Түлкібасты Ванновка деп атай салуы өзекке өрт түсірді. Бұл жағынан орыс патшайымы отарлаудың қыр-сырын тісқаққандықпен меңгеріп, содырлық пен сойқандықты одан əрі дамыта түсті. Ұшы-қиырсыз қазақ даласы қыспаққа ұшырап, жан- жақтан – батыс, теріскей мен шығыс тараптан қусырылып, қос өкпесі тарыла бастап, талапайға түсіп келе жатты. Сан ұрпақ кеудесінде əлпештеп келген азаттық деген ұлы ұғым көзден балбұл ұшты. Соңынан құтырып, А.И. Солженицын, В.В. Жириновский, М.С. Горбачев жəне өзгелердің аузына келгенін оттап, сандырақтағаны сол көксеудің көкейін тесіп, ұлы көш-керуенге шəуілдеп үрген қандендердің қылығын көз алдына елестетеді, Қазақ мемлекеттілігі мен кең байтақ жерінен əйтеуір бір ши шығарып қалайын деген қара ниет пен қараулықтың нəтижесі. Іргемізді бекітіп, етек-жеңімізді түретін кез жеткен жоқ па? Бұлар неге оқтын-оқтын тиісіп, сол сорақы саясатты аңсай береді əлі? Сонда “бөлшекте де билей бер” деген қарасы батқыр науқанның қыр соңынан қалмағаны ма? Əрине Екатерина туралы қаңқу сөздер, тарихи əңгімелер, əзіл-оспақ аз емес. Кезінде оны А.С. Пушкин, П.А. Вязенский, Д.Давыдов жəне өзгелер қызыға жинап, өңдеп бастырған болатын. Соның біреуі былай өрбиді: А.Н. Голицын кнəздің айтуынша, бірде Суворов сарайға түстікке шақырылады. Бір қызу əңгімеге беріліп кетіп, астан түк ауыз тимейді. Бұны байқап қалған Екатерина мəнісін сұрайды. – Əмірші-анамыз, ол біздің ұлы тақуа ғой,– деп Суворов үшін Потемкин жауап береді.– Бүгін айт, қой, енді сан жамырап, жұлдыздар туғанша тамақ ішпейді. Патшайым қолбаланы шақырып алып, құлағына сыбырлайды, ол сəлден кейін шағын құтымен қайтып келеді, онда Гауһар орден жұлдызы бар еді, билеуші əйел оны Суворовқа ұсынып тұрып, мəзірді бөлісуіне болатынын жеткізіп қояды. Əр заманның өз құрқылтайлары мен сұрқылтайлары, иманы мен ибасы, əдебі мен əдеті болады. Қоғамға ерсі қылықтар жаппай Ресейде де етек ала бастады. Жүгенсіздік жайлады. Биліктегілердің мейманасы асқаны сонша ой-пікірге пысқырып та қарамай, еркектер мен əйелдер көрер көзге қойындасып сапырылысып жатты. Жігіттік пен серілік ерлікке
барабар саналатын күйге жетті. Зинақорлық дағдыға еніп, оны ұйымдастырушылар тіпті мемлекеттік мекемеге айналғандай еді. Қаншама жаман болса да үрдістің аты үрдіс. Етегіне намаз оқымайтын шығар ешкім. Сөйтсе де, Елизавета сияқты Екатерина да нақсүйер ұстап дəнікті. Егер Елизавета атбегі Бироннан Курляндия герцогін жасаса, Екатерина Понятковскийден Польша королін шығарды. Елизавета ресми түрде екі ығай мен сығай сай тасындай іріктелген жігіттер – Разумовский мен Шувачовты таңдап, төбесінен құс ұшырмай қамқорлық білдірсе, оның кейінгі əріптес-келіні одан оқ бойы озды. Зады, Екатерина ІІ қым-қиғаш қарама-қайшылыққа толы тұлға. Бəлкім, дəлдүріштік болар, өзінің əдебиет жанрларында қалам тартпаған тақырыбы жоқ. Өнер өкілдеріне ұдайы қамқорлық білдіріп, желеп-жебеп отырды. Француз ағартушыларының алдында тақ тұрды. Мəселен, Дидромен хат алысып, Петербургқа шақырып бірталай мəселенің басын қайырған да болатын. 1765 жылы Екатерина Екінші Дени Дидроның бүкіл жеке кітапханасын сатып алуға пəрмен берді. “Сіздің Дидро – айрықша адам, онымен əңгімелесуден соң бүйірлерім мыж-мыж болып, көкала торғайдай көгеріп шыға келеді. Мен онымен сұхбат үстінде арамызға қалқа етіп стол қоюға мəжбүр болдым” деп шағынды патшайым бір хатында ағартушының қол ишарасынан секем ала шамырқанып. Санкт-Петербург Академиясының мүшесі Дидро 1773 жылы Ресейге келіп, жарты жылдан астам мезгілде орыс өмірімен танысты. Патшайымның жақсы досы бұқарамен қоян-қолтық араласып, оқытып, білім беріп, ағартушылық жұмысын кеңінен жүргізді. Көп ұсыныстарының бірінде шаруалардың шектелген құқын жоюға кеңес берді. Бірақ, бұған билік селт етіп құлақ асты ма? Өкінішке қарай орыс патшайымы Сена жағасында болған теңдік төңкерісін тұншықтыруға белсене араласты. Ресейде еркін ойға тиым салып, бүлікшілердің бойын аза-қаза тұрғызды. А.Н. Радищевтің “Петербургтан Мəскеуге саяхат” жазбалары Е.И. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінен зиянды деп тапты. Ол нəйеті ереуілге жел беріп, қатысқаны үшін башқұрт аулының старшинасы Азыналинді баласы Салауат Жолаймен бірге мұрнын кесіп құнтитып, құлағын кесіп шұнтитып алыс Эстониядағы бір аралдағы абақтыға апарып жазалады. Бұдан артық тағылық бола ма?
Əрқашан ашық та кесек сөйлейтін Николай Салтыков оның бір ашынасы Зубов туралы көңлі толмайтындығын айтқанда: “Несі бар! Жас жігіттерді тəрбиелеп, мемекетке қолбала дайындап жатырмын” деп Екатерина беті шімірікпей, өзіне шық жуытпайды. Жұрт не десе, о десін, 1754 жылы ол шала бала тауып, ана атанды. Гу-гу əңгіме басталып, оның əкесі кім екендігін замандастар мен зерттеушілерге əлі күнге құпия болып келеді. Жаратылысы ма, жоқ əлде басқалай себеп- салдары бар ма, Екатерина бір пəс нақсүйерсіз қалуды қаламайтын. Оның ағайынды Зубовтарға назары ауғанда біреуі жиырма екіде,ал, енді біреуі он сегіз жаста болатын. Қаншама қамқорлық білдіріп, жатып жастық, жайылып төсек болып, шыр-пыры шыққанмен патшайымның сүйіктілері оның да көзіне шөп салып жүрді. 1780 жылы Римский- Корсаков Брюс ханыммен, 1789 жылы Дмитриев-Мамонов қысыр жыландай Щербатовамен көңіл көтеру үстінде қолға түседі. Одан Екатерина Екіншінің еркектерге деген зауқы қайтқан емес. Қоғамдық ортадағы түрлі қауесетке қарамай, Григорий Орлов (1762-1772 ж.ж.), Васильчиков (1772-1774 ж.ж.), Т.Потемкин (1774-1776 ж.ж.), Заводовский (1776-1777 ж.ж.), Зорич (1777-1778 ж.ж.), Римский-Корсаков (1778-1780 ж.ж.), Ланской (1779-1784 ж.ж.), Ермолов (1785-178 ж.ж.), Дмитриев- Мамонов (1786-1789 ж.ж.), П.Зубов (1789-1796 ж.ж.) бір-бірін алмастырып, төсек жаңғыртып жататын. “Ойнас оттан ыстық”. Сонша жігіт-желеңмен жүріп, қолғаптай ауыстырған патшайым бұл шындықты, əрине, білмеуі мүмкін емес. Солардың ішінде, əсіресе, Александр Ланскойдың кездейсоқ қазасы оның қабырғасын күйретіп кетті. Не деген нəпсі! Бұл ашынасына мемлекеттен 92 миллион қаржы- қаражат жұмсалды. “Менің ең жақсы көретін досым қайтыс болғанда орны толмайтын қайғыны көтере алмаймын деп ойладым,– Бұл өліммен бетпе-бет келгенде Екатеринаның көкірегі қарс айырылды.– Əлсіреп, ұнжырғам түскені сонша бір ауыз жылы сөзден еңіреп жылап жібермес үшін адам əлпетіне тіктеп қарай алмаймын... Не болатынын білмеймін... Ешуақытта мен бұндай бақытсыз болған емеспін”. Қайтсін-ай!.. Жанын жылытатын ет жақынынан айырылып, басына қасірет бұлты үйірілді. Ол бұдан кейін де жүрегі шер-шеменге айналып, он екі жыл өмір сүрді. Екатерина ІІ-нің мейірімі түскен ашыналарын жарылқаудай-ақ жарылқады. Г.Орлов тым жайбасар жалқау болса да күллі орыс артиллениясының қолбасшысы етіп
тағайындалды. Зорич те өң түгіл түсіне кірмеген көл-көсір байлыққа ие болды. Польшада 500000 рубль тұратын мөлтек жер сатып алып, нақты 500000 рубль қолына тиіп, өзге де игіліктердің иесі атанды. Бұлар қазынаға оңай түскен жоқ. Билік – үлкен өнер. Соның биігіне ұмтылып, сол деңгейде қалған Екатерина Алексейқызы келін болып түсіп, өзін жат жұрттықпын деп санамай, келген жеріне судай сіңіп, тастай батты. Шарапаты арқасында тақ пен тəжді өзіне қызмет еткізді, елді ел қылды. Оның заманында отыз жылдан астам уақытта артық-кем кеткен тұстары болған шығар. Бірақ, кежегесі кейін кеткен жұрттың көсегесін көгертіп, қатарға қосуға бар күш-жігерін жұмсады. Əрине, жан жұмбағы аз емес. Марина Цветаева: О, ақындар, ақындар! Əйелдердің жалғыз ғана нағыз нақсүйерлері! – дегенді кімге қарап айтты? Дүлдүл мен бұлбұл (Жорж Занд пен Полина Виардо жəне басқалар) Көктемнің қара нөсері мен найзағай нұрына емін-еркін мелдектей шомылып, жаратылыс тазарып, балбырап қаз-қалпына келгенде қос- қостан көк кенересінде кербез келіншектей керіліп, құлпыра сан құбылып тұрған кемпірқосақты кім көрді? Бір құдай болмаса, бұларды ешкім қосақтаған жоқ. Екеуі екі əлемнің тетігін ұстап, тəтті тіршілік тірегіне айналды. Өмір-өзен асау ағыстарында аралас-құралас күн кешіп, тарихтары тараптар мен тораптарда тоқайласып, талғам мен талақ таразысына түсіп, жарық дүниеге біреуінен кейін біреуі бір мүшелден астам уақытта келіп, тіршілікті шайқап өтсе де ұлылыққа ұмсынып, тасып, асып кетпей, əулие өнерге қылау түсірмей, ынты- шынтымен қызмет етті. Олардың заманы ортақ, дос-жарандары ортақ, парасат-пайым патшалығы ортақ еді. Көкірегінен азған кейбір келесаулардай кердеңдемей, алғашқы кездескенде-ақ бір-бірін алыстан таныды: керіскедей келіскен келіншекке он екіде бір гүлі ашылмай,
оңды-солын енді танып келе жатқан қырмызы қыз қылымсымай құшақ жайды. 19 бен 36! От пен су шарпысқандай. Суреткер Жорж Занд пен жас əнші Полина Виардоның өнер өлкесіндегі тағдырлары солай шоғысты. Жас аралары недəуір кереғар қашық бола тұрып, олар қалай үндестік пен үйлесім тапты екен?! Жаһани жазушы!.. Бірін-бірі сыртынан жақсы біле тұрып, бұлар тұңғыш ұшырасқанда бəлсінбей тұрмыс тауқыметін жеке тартып келген Аврора Дюпен Жорж Занд лақап атымен зиялы қауым аузына недəуір ілініп қалған қаламгер болатын. Отыз жасында арман қалаға келіп, шатырда тұрса да бара- бара басқа бір рухы əлемнің табалдырығын аттағанда алда үлкен атақ- даңқ күтіп тұрғанын білген жоқ. Ол табандылық жəне төгілген ащы маңдай тер арқылы өз дегеніне жете бастады. Мойындағаны сол емес пе, тісқаққан тəжірибелі белгілі баспагер Латуш бастапқыда Бальзакты еске түсіреді деп бұның “Индианна” (1832 ж.) романына мұрнын шүйіре қарап, кейіннен жазып жаңылғанын айтып, ант-су ішіп жалтарды: “Жорж, жұрт көзінше кешірім өтініп, алдыңда тізе бүгейін. Кешегі дөрекілігімді ұмыт, осы жарты жылда морт сынып, шарт кеткеніңді де ұмыт. Түні бойы Сіздің кітабыңызды мұқият оқумен өткіздім. О, менің балапаным, қандай ризамын саған!”. Əлбетте, бұған дейін де француз əйелдері шама-шарқынша қалам тартып, қара сөз көрігін қыздырып жүргендері аз емес еді. Бірақ, қарқарадай Виктор Гюго, Оноре де Бальзак, Александр Дюма-əке жəне сол деңгейлермен қатар тұрып, қажырлы еңбек етіп, ұлы мəдениетте мəңгілік із қалдыру кімге жеңіл тиеді? Соншама батылдығы жетіп, əйел басымен сөз сайысына шықты. Нəзік жан өкілі бола тұрып жүрегінің түгі бар екен. Ежелден еркектер еншілеп алған əдебиеттің сиқыр əлеміне есік ашып, желбіретіп ту тікті. Вольтер, Мольер, Расин мұрагері болудан қаймықпады. Бір əріптесі хатында келе-келе Жорж Занд есімі көркемсөз тарихында Бальзак, Дюма-əке есімдерімен қатар аталатына меңзегенде ақиқат ажарын ашып, шындықтан шығандамайды. Жаратылысы солай болған соң, кейде лапылдаған сезім отына
пəруанадай шарпылып, əйел əлсіздігін көрсетіп қалған шығар. Қаршадай ұлы Морис пен қызы Соланжды жетектеп, қайдағы бір қиял дүниесін құшырланып іздейтін жас əйел досқа күлкі, дұшпанға таба болмау үшін қасақана еркіндікке ұмтылып, алғашқы күйеуі Казимир Дюдеванмен жолы айырылды. Сұлу жыныс өкілінің бас бостандықты қызғыштай қорғап, Парижге табан тірегенде ойы онға, санасы санға бөлінгеніне тек уақыт куə-дүр. Талайды шабындырған қала оны бетке қағып жатырқамаса да көпке дейін көшке ілесіп, дүрмекке сіңісе алмай жүрді. Париж! Сүйікті де сүйкімді Сена! Тоңтеріс шарпаң мінез танытпай, бауырына тартты. Еуропа жүрегі болып есептелетін бұл шаһарға бақыт іздеп келгендер аз ба? Бұнда көктемгі жыл құсында жан-жақтан нанталаптар ағылды. Ол өзінің ұзақ ғұмырында нені, кімді көрмеді. Айқара құшағына азуын айға білеген ақындарды, жұлдызы жарқырап келе жатқан жазушыларды, сайыпқыран суретшілерді, майталман музыканттарды, сəнқой сылқым сұлуларды сиқырымен тартты. Онда Мольер мен Рабле, Вольтер мен Дидро, Гюго мен Бальзак, Тургенев пен Мицкевич, Жанна д’Арк пен Бонапарт, Шопен мен Лист, Дюма-əке мен Делакруа, Ван Гог пен Гоген, Байрон мен Гейне табанының мөрі жатқандай. Жақұт жаға əлі ғашықтық жырын шертіп тұрған секілді. Жорш Занд та санаткерлер санына қосылды. Біреу оны “біздің заманымыздың ең əйгілі əйелі” десе, тағы бір қаламдасы қуаттай қолпаштап іліп əкетті: “Бұл əйел – біздің дəуіріміздің құйып қойған Жанна д’Аркі, желеп-жебеуші жұлдызы һəм болашақ болжамгері” (В.Г. Белинский). Тағдыр тақсіретін тартып қалсын ба, нартəуекел əупірімдеп жүріп бірнеше кітап жазды. Ересен еңбекқор еді. Көзкөргендердің көбісі оны тығыншықтай тəпелтек, қабағы үнемі түксиіп жүретін тана көзді, кісіге абдырай қарайтын өңі шикіл, мойны мен алқымын ерте əжім торлаған деп суреттесе де келіншек бір көрімге тартымды болатын. Басқа басқа, ал, Альфред де Мюссе оның ішкі жан қыртыстарын бір кісідей жақсы білетін: “Алғаш көргенде ол өзінің жиі- жиі сиқын кетіретін сыптай еркек костюмінде емес, үстіндегі əйел көйлегінде ұшырасты. Өзін де атақты ару əжесінен мұраға қалған (Напалеон генералының қызы – А.Н.) əйелге тəн биязы бекзат болмысын көрсетті. Жүзінде жастық іздері қалыпты, қою қара шашы
көлеңкесі астындағы жалт-жұлт еткен көздері нұрланып, өңменіңнен өтіп кетердей сиқырлап, жүрегіңді жаулап алады. Маңдайында шексіз ойлар табы жатқандай. Үзбей шылым шегіп, аз тіс жарса да сөзі тастай, дархан бай жан-дүниесі мен өмірге құштарлығы еркектердің еріксіз назарын аудартқызатын”. Бұлар, Занд пен Виардо, танысқалы бері бір-бірін көзден таса еткісі келмейді. Бұрынғы құдай қосқан қосағынан мүлде заңды ажырасқан соң Жорж біржолата əдебиетке берілді. Өрбіген өсек-аяңға қарамай, шеберлік шыңына қарай жол тартты. Көп ұзамай бас бостандығы өзіне тиген келіншек қыр соңынан қалмаған Просиер Мериме жəне басқа бөрік кигендердің қырындауына қарамастан əлдеқайда жас Альфред де Мюссенің етегінен ұстап, Венецияға сапар шекті. Бұл аса сымбатты ақын, прозашы, драмашы жігіт туралы сырлас сыншы Сент-Бевтен талай мəрте жылы лебіз естіген еді. “Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған” болса да екі қошқардың басы бір қазанға симай, кикілжің қайта-қайта шаужайға орала берді. Аурушаң, шікəмшіл һəм кірпияз Альфред тұтқиыл тегеурінге төтеп бере алмады. Ол осы əйел ықпалымен мүлде құлантаза өзгеріп, ешқашан бұған дейін де, одан кейін де махаббат пен бақыт дəмін тамсанып татпағанын амалсыз мойындайды. “О, өлу қорқынышты, өстіп сүю қорқынышты. Тілегің қандай, менің Жоржым, саған деген тілек!.. Мен өліп барамын. Қош бол!” деп Мюссе үздігіп, Париждегі шатыр астына оралып, бес уақыт намазын үзбегендей, жазуға бар ынта-шынтасымен берілген əйелмен біресе қосылып, біресе ажырап михнат кешкенде Жорж Занд өз тарапынан оған басу айтады: “Біз бұдан екеуміз де арылуымыз қажет”. Əрине, уақыт – емші. Ара арасында, шынтуайтында, Париждегі мəдени-сауықтыру орталығы болған шаңырақ шабыт ұясына айналғандай. “(Полина) бізге жиі кіріп-шығып кетеді, кеше құлдыраңдаған құйтақандай Луйзеттамен түстеніп аттанды... (Полина) мүлде түпкілікті өз денсаулығын күтуге ден қойғандай көрінеді... Күн сайын атпен сейілдеп, кешкі 8 немесе 9 сағатта ұйықтауға жатады. Жақында (ол) Куртавнельге кетеді,– деп жазды анасы баласына. Артынша басқа жаңалықты да қуана хабарлайды: “Полинаның кантатасы – ғажап жауһар. Екеуінің ымы-жымының бірлігі емес пе, септесіп газет шығарып, құрбысын бас кейіпкер етіп,“Консуэло”
(жұбаныш, алданыш – исп.) “Рудольштадт ханым” романдарын жазуға бел байлады. Жорж Санд Консуэлоның бір сəтін былай береді: “Консуэло бар-бар сезімінің ең күштісі енді бостандыққа құштарлық, бостандыққа қажеттілік еді. Сондықтан ол бостан кеңістікке жүгіріп шығып, жасанды қалың бұталар мен сүрлеулер сыңайына қарай, одан да кең көсілген орасан аллеяларды көріп, алабөтен лəззат алды”. Əншінің меццо-сопрано даусына риза болған Шопен 1848 жылғы көктемде тым тəнті екенін білдіреді: “... Мен ғажап Виардо ханымды көрдім; ол өтінбесем де, концертінде менің мазуркаларымды орындап, маған сонша ілтипат пен қошемет көрсетті”. Бұдан жəне өзге құжаттардан Жорж Зандтың да, Полина Виардоның да таныстары мен достарының ортақ екенін байқалып тұр. Тағы бірде 1844 жылғы 6 көкекте Виардо құрбысына: “... Мен ойша барымды салып, Сізді еске түсіретін кішкентай портрет салдым” деп қиылды. Егер бір кеште Виардоның үйінде Герцен, Бакунин, Лист, Россини, Мюллер- Штрюбинг, Ребер, Фманка, Том, Сен-Сенс, Дамке, Штокгаузен, Рубинштейн, Шефер, Делакруа, Коро, Доре, Лакфе, Сартори бас қосса, 1864 жылғы жазда Баден-Баденде А.Г. Рубинштейн мен В.А. Чекунованың үйлену тойындағы қонақтар арасында П.Виардо, И.С. Тургенев жəне басқалар болса, Жорж Зандтың Ноандағы атақонысында аталған меймандар біразының жолы сан рет түйісті, мəжіліс ұзаққа созылып, отырыс жарасты. Алдыңғы ғасырдың қырықыншы жылдарының екінші жартысында шығармашылығында сары майдан қыл суырғандай етіп жазатын Иван Сергейұлы Тургенев те аса мазасызданып, қам жейді: “Сүйікті Куртавнель ...Осы жазда ол туралы жиі ойладым... Гүлзар құрылысы бітті ме? Жорж Занд ханымды көресіз бе?” Ендеше, толғандыратын ортақ ой, ортақ мақсат, ортақ мəселелер болғаны ғой бұл. Біз əлдеқалай табылған ұғымды сырттан күштен таңуға неге құлшынып тұрамыз? Бұл құлаққа сіңісіп кете ме, жоқ па. Ресей БАҚтары таласа-тармаса оны (Тургенев) “еуропадағы орыс”, “орыстағы еуропалық” деп атап та жіберді. Қалай дегенде де Ескі Еуропа елдерінің өкілдері Парижге ат басын тіреуге асығып тұратын Г.Гейне, А.Мицкевич, Ф.Шопен, И.Е. Репин құрылық жүрегінде талай мəрте болып, ой кешті, шабыт шыңырауынан сусындады. Тағдырдан теперіш көріп, махаббат машақатын тартқан
поляк композиторы Ноанға бауыр басып, Аврира Дюпеннің ыстық құшағынан пана тапты. 1838 күзде олар шағын Майорка аралына келіп, теңіз табиғатын тамашалайды. Бұл екеуіне де көтеріңкі көңіл күй сыйлағандай. Жаратылысынан əсершіл Жорж Занд тамылжып тұрған төңірекке сұмдық сүйсінеді: “Ақын, əйтпесе суретші армандағанның бəрін табиғат осы жерде шеберлікпен жасап қойғандай... Ешуақытта өзімді Ла-Картухта болған сағаттай сонша ғажайып сезінген емеспін”. Оған елгезек Фридерик Шопен де қоштап, үн қосқандай: “Мен Пальмадамын – пальма, самырсын, алоэ, апельсин, лимон мен анар ағаштарының аясында рахаттанып жүрмін. Асман көкшіл түске боялыпты, теңіз – торғын, ал, таулар – қоңырқошқыл. Ауа ьал татиды. Күндіз күн нұрын аямай төгіп тұр, бəрі жаздағыдай жеңіл киініпті: Қапырық. Түнде сағат сайын əн шырқалып, гитара ойнап жатады. Атшаптырым балкондардан жүзім жапырақтары араб дəуірін бастан өткерген қабырғаларға салбырап қалыпты... Қала мен бұндағылардың бəрі Авфриканы елестетеді... Қысқасы, өмір ғажап!” Сонда тіршілік күйкілігінен бұл бақыт та баянды болмағандай. Парижге оралғаннан кейін араға əзəзіл араласып, тағдыр түйістірген жолдар екі айырылады. Көп ұзамай, Отанына сағынышы сарғайып, “Париж – қалауыңша, барлығы” дейтін Шопен дүние салады. Жорж Занд болса өмірінің бесінге таянып келе жатқанын сезінгендей балалары мен немерелерін əлпештеп күн өткізуге кірісті. Жорж Занд қазасына қабырғасы қайысып қайғырмаған кемде-кем. Виктор Гюго қабір басында аяулы жанды жер қойнына тапсырып тұрып тебірене жалынды сөз сөйлесе, Ресейден оған Ф.М. Достаевский қамығып қосылды. Жасы ұлғайғанын сезген И.С. Тургенев те жаһани жазушының көз жұмғанына жүрегі жарылардай достық сезімін білдіріп, жамбасы тиген жанға қаралы көңіл жамылды. Көкейде шешілмеген мəңгі сауал қалды. Жарық дүние үшін жекпе-жекте өлім бе, жоқ өмір жеңді ме? Жер жүзінде ойлы оқырманы, қара орман халқы бар адам мəңгілік ұмытыла ма?! *** Тургенев пен Виардо!
Бойында шығыс қаны буырқанған жиырма бестегі жігіт жартылай сығанның жиырма бірдегі жас келіншегін құлай сүюі ортада талай тілді қышытып, түрлі-түрлі алыпқашпа əңгіменің тұздығына айналды кезінде. Бұл аяулы тұнық сезім туралы жазыла-жазыла шақырып жауыр болғандай. Жиырма бестің сағынышты жүрек жыры таусылған ба əсте? Полина Виардо мен Иван Сергейұлы Тургеневтің терең сүйіспеншілігі, жазушының əншіге деген мəңгі махаббаты ұшан-теңіз əңгіме арқауы. Кейбіреу бұны саудайының ісіндей көруі мүмкін. Əйтпесе ол үзідігіп тұрмыстағы əйелге бес жүзден астам арман мен үмітке толы хат жазып, соңынан салпақтап қырық жылдан аса жүрер ме еді? Бұрын олар бірін-бірі білді ме, ол арасы беймəлім, алайда,əншімен оны тұңғыш таныстырғанда аяғы мұңлы хикаяға ұласатынын ешкім ойламағаны ықтимал. Петербургке өнер сапарымен келгенде: “Бұл – орыстың жас байшыкеші, атақты аңшы, осал ақын” дегенді еске алады Полина 1843 жылы қарашадағы Нева жағасындағы оқиғаны. Орыс БАҚторы француз əншісінің “Солтүстік Пальмираға” келгенін лепіріп жарыса жазып жатты. А.Полежаев өлең арнады. Тіпті “Иллюстрация” журналы К.П. Брюлловтың “Сомнамбулдағы” Əмина кейпінде бейнеленген суретін басты. 1840 жылы ол көкек айының басында өзінен он тоғыз жас үлкен Луи Виардоға тұрмысқа шығады. Тойға Бальзак, Ламартин, Гейне, Сент-Бев, Делакруа, Ламайне, Мицкевич қатысып, жас əншінің мəртебесін көтеріп, қызық думанның ажарын кіргізуге күш салады. Жұлдызы жаңа жарқырап келе жатқан көкөрім пері үшін бұл үлкен ілтипат. Ал, мұңлық И.С. Тургенев оны қандай ғашық көзбен көрді? “Шарасы үлкен көзі, сонымен бірге жүрегіңді дір еткізіп жұлып түсетін көзқарасы, шашы таңқаларлықтай алтын-күлгін түстес болатын... Мен оны қайтіп ұмыта алайын. Алғаш рет көрген сəттен бастап, оның сезім шұғласына шомылып... мүлде бос сахна, ол шымылдықтың ар жағындағы оң жақтан басында гүлтəжі бар шыға келді – сол қатерлі кезден бастап, оған басыбайлы ұмсынып қалшиып қалды”. Базбіреулердің үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан жазушы жүрек отымен арманына қарай құшақ жайды. Енді бар байлығы: əдеби арманы, тіршілігі, жастығы мен көктемдерінің барлығын гүл орнына тікен шықса да махаббат жолына құрбан еткендей. Бұдан былай қарай
сүйген жанына қол созып, гүл-гүл ұсынып, ұзақ тар жол, тайғақ кешуден өтеді. Бұл күйді біреу түсінді, біреу түсінбеді. Сол кездегі мəдени ортаға өте жақын Авдотия Яковлевқызы Панаева (Головочаева) қызғаныштан жарыла жаздағандай, іштей біртүрлі шоқ-шоқ деп табалап, мысқылдағандай етіп жұқарта жеткізеді: “... Бір күні кешке бізге Тургенев лепіріп алып-ұшып келді. – Мырзалар, бүгін сондай бақыттымын, сірə, дүниеде менен бақытты басқа адам жоқ шығар,– деп қолды-аяққа тұрмады. Тургеневтің келуі Белинский, Боткин жəне басқалар ойнап отырған преферанстың тоқтап қалуына əкеліп соқты. Боткин Тургеневті тақымдап, тезірек ол өз бақыты туралы айтуын қолқалады, басқалар да елеңдеп елегізіп қалды. Сөйтсе, Тургеневтің басы ауырып, сақинасы ұстап, Виардо самайын əтірмен сылаған екен. Тургенев келіншектің саусақтары самайын сипалап, жанасқандағы өз сезімін баяндап жатты. Белинский ойын тоқтағанын жақтырмайтын, сөйлеп тұрғанға сұсты қабақ түйіп, шыдамсыздана дауыс көтерді: – Ойынды жалғастырамыз ба, мырзалар, əлде картаны араластырайын ба? – дегенде ойын қайта жалғасты, ал, И.С. Тургенев бөлмені ерсілі- қарсылы кезіп, өз бақыты жайында жақ жабар емес. Белинский кілт кідіріп күрсінгендей Тургеневке: – Сіздің махаббатыңыз сияқты бұндай өткінші сезімге сенуге бола ма? – деп көкірегі терең қарс айырылды”. Қанша күстаналағанмен бұл əсіре əуейілік пе? Барлық машақатты махаббатқа сілтеп қоя салуға болар еді. Алайда, сүйіспеншіліктен кінəрат іздеу əбестік. Сонан кейін бəрін пайымдай келе И.С. Тургенев Виардо отбасымен бірге Еуропаның біраз елін аралады. Ең соңында бұндай көшпелі өмірден жалыққандай, ол Париждегі Виардолар тұрақжайының қасына жайғасты. Полинамен екеуінің арасына аламысық жүгіріп, кірбің түсіп, ызғар соққан кез де аз болған жоқ. Дегенмен, сүйіспеншілік дерті қаулап, одан сайын арта түсті. “Ася”, “Алғашқы махаббат”, “Қызыл су” хикаяттары жазылып, сүю мен күюдің таңсық тақырыбы ынтызар жүректерге жол тартып, əйел
теңдігі, махаббат мөлдірлігі, талғау мен таңдау алдында тұрған тұлғалар байыпты бедерленеді. Бұл жағынан И.С. Тургенев туындылары Жорж Занд шығармаларымен үндесіп, кейде қабысып жататыны дау туғызбайды. Əсіресе, француз əдебиетін, оның Виктор Гюго, Дюма-əке, Ги де Мопассан, Густав Флобер, Жюль Верн жəне басқаларды жеке дара жақсы білгендіктен орыс жазушысы бұл ортада өзін еркін сезінді. Ой мен өнер адамдарының жанын жазбагерден артық кім біледі? XVIII ғасырдың екінші жартысының бірінде И.С. Тургенев Полина Гарция-Виардоға көлгірсімей жақауратып жүрек сырын жеткізеді: “Сізге арнаған сол сезімдерімді бек жақсы білесіз, ол тек қана менің өліміммен бітеді”. Өмір деген солай. Күрделі. Бұралаң да бұлтарысты соқпақтар ұдайы асыл мұратқа жеткізе бермейді. Бұл үшін Полинаны жазғырғандар да жетіп артылады. Жеңілтектік жасады деп Иван Сергейұлының соқа басын айыптағандар да аз емес еді. Бірақ бəріне жауапты ұлы Махаббат! Қазір ғой дүниенің бəрі оп-оңай болып кеткендей, үйлену мен үйлесу, арбасу мен ажырасу. Бытық-шытық бірнəрсе əйтеуір. Ойран ботқас шығып, шығыс пен батыстың ішек-қарны араласып, жаһандану жан- жағын жалмап келе жатқандай. Кіші көгілдір экраннан ату-асу, қатігездік пен қанішерлік, зинақорлық пен зұлымдық зорлықпен тықпаланып, дүмбілез талғам таңылады. Иə, бар салада уақыт өзгеріп жатыр. Жаңа қарым-қатынастар қалыптасып, бұл құбылысқа ешкім көзжұмбайлықпен енжар қарай алмайды. Бұл шығыс бір батагөйінің сөзіне жан бітіргендей: “Ұрпақ санасына Еуропа мен Американың мəдениетін сыбырлап сіңіре берсе, барлық құндылықтардың соларға тəуелді болатынын, мінез-құлықтың да тəуелді болатынын, нəтижесінде сана биігін батыстың ұғым матап алған дүбəра буын өсетінін дəлелдеді”. Бүгінгі таңда біз қастарымызға сонша еліктеп, солықтайсыңдар деп батыра айта аламыз ба? Қыздар неге кіндігі мен мықынын ашып жүреді? Жаппай темекі тартуға кім қарсылық танытады? Азған қоғам ба, адам ба? Жігіттер құлағын қойып, мұрнына сырға тағатын болып жүр. Бұларға кім батыстың ең жақсы қадыр-қасиетін үйренбе деп жатыр? Шынайы Шығыс шырғалаңынан шығып, кең қанат жайып келе жатқан жақсылық пен ізгілік нұрына кім қалай ұмтылады? Əрине, дəстүрдің де озығы бар,
тозығы бар. Жалпы, адамзат өркениеті бір аймақ, бір ел, бір құрылыққа ғана тəн емес. Ол көшпелі алтындай бір атажұрттан бір атажұртқа сусиды. Тек соны ұмыта беретініміз ақылға сия ма? Адам баласына қоңыр індет əкеліп, қиын-қыстау күн туғызған қанішер Адольф Гитлердің өзі “Шығысты жаулап алған соң, ол елдердің адамдарына күні-түні музыка тыңдата беру керек. Ми тынықтырмай музыка тыңдай берген адам мəңгүрттеніп, қой секілді айдағаныңа жүреді” дегенді неге айтты? Біз соның астарын аңдап, парасатқа салып паймыдадық па? Бір- бірімізден бірде алшақтап, ал, бірде жақындап жүрсек те түбінде адамзатқа ортақ асыл мұрат ұшпаққа шығарады. Ата-бабамыздың уақыт сынынан өтіп, қанымызға сіңген құндылықтардан неге жиренеміз? Рас, ол замандағы санадағы биязылық, иман мен ибаның шашасын шаң шала қойған жоқ еді. Əлем ғашықтық хикаясының небір əкесін білетін. Жүністің Зылихаға, Мəжнүннің Лəйлаға, Фархадтың Шырынға, немесе Петрарканың Лаураға, Ромеоның Джульеттаға ынтықтығына шəк бар ма? Сезімдері қандай тұнық! Тургеневтің Полинаға өліп-талып ғашық бола жүріп соларды білмеуі мүмкін емес. Əйтсе де, бұл екеудің араласып-құраласып қарым-қатынас жасап жүргенін əркім əртүрлі қабылдады. Ағысқа қарсы жүзіп, қоғамға қайшы іс-əрекет жасау қаншама қиыншылықтар туғызды. Қалыптасқан жағдайды біреу түсінді, біреу теткіді. Бұған дейін ерлі-зайыптылар артынан көлеңкедей ілесіп жүру болып па еді? И.С. Тургеневтің оған батылдығы мен ерік-жігері жетті. Мақұл, əнші бойынан титімдей де ақау көрмей, жазушы оған ес-түссіз ғашық көзбен қарағанның өзінде суретші əулеті əуелден міншіл де сыншыл келмей ме? Орыс қылқалам құдіреттерінің бірі Илья Ефимұлы Репинді бұл жағынан кінəраттау қиын. Ол куəлік етеді: “Қоңырау қағылды!.. Мен мүлде Иван Сергейұлын танымай қалдым – оның жүзіне қуаныштың қызғылт нұры жүгіріпті! Демде қалай жасарып кеткен! Ол есікке қайта-қайта ұмтылды – Виардо ханымды қайда отырғызуды білмей қысылып күйбеңдей берді. (Мен тіл білуіме қарай). Алдында қысқа ғана не айтып, не қоятынымды ойлап жаттығып алғамын... Виардо ханым, шынында да, сылқым келіншек екен, онымен мəжіліс құру қызық əрі көңілді болып шықты. Алайда, оған тіке тесіле
қараудың қажеті жоқ – беті сиықсыз, ал, көзі, даусы, жүріп-тұрғандағы қылығы қандай!.. Иə, бұл перизат еш жоғарғы жауһар... Дəл солай: бұл ең жоғарғы жауһар!..” Тургеневтің тағы бір қаламдас замандасы М.Е. Салтыков Щедриннің: “Сан алуандық мағынасында, Париж көшелерінде серуендеу кез-келген көрмеге барудан кем түспейді” деп айтқанын жаңғыртқандай, Францияда көп тұрған тағы бір орыс суретшісі Алексей Петрұлы Боголюбов (А.Н. Радищевтің жиені) негізінен өз əріптесінің пікірін қостап, кездесулерден кейін көкейінде бір түрлі əсер қалдырады. Ұзақ болса да көзкөргеннің байқап, түйгенін келтіре кеткен артық емес. “Бəрі... сиықсыз сұлу, əдемі əйелге сонша ынтызар болып, онымен өткізген ғажап сəттермен салыстырғанда түк емес... Ол ақырғы деміне дейін бақытты болатын. Басқа ұрғашыға онша зауқы соқпады, оған зар бола тұрып, мүсіркеп өзінің ықыласы мен сүйіспеншілігін сыйлағысы келгендер бекер жазғырады. Виардо ханым оған берген ой мен жүрек лəззат мезеттерінің алдында – ақша ешнəрсеге тұрмайды... Иван Сергейұлын жақын біліп, ол бүкіл ғұмырын арнап, əспеттеген əйелді тыңдағанын көргенде: біздің ресейліктердің бар əжік-күжігі мен қауесетіне қарамай, ол өзінше бақытты болды, туа бітті өз өзімен қалған бұндай екі кемеңгер тұлғаларды бейпілауыз сан-саққа жүгіртетін адамдар болғанын айту лəзім,– дейді ол суретші-теңізші жазбаларында.– Виардо ханым онша тартымды болмаса да, сыптай сұңғақ, тіпті емге артық қырым ет жоқ, оның испан сығандарына тəн табиғаты ма, қартайғанша көмірдей қап- қара сүмбілдей шашы, ақыл-парасат толы шаралы нұрлы көздері мен аққұба өңі болды. Үлкен аузы рабайсыз əлпетін кетіріп тұрса да, ол əн айта бастағанда, бет-бейнесіндегі кемшілік жайында сөз ұмтылып, аса аруақтанып шабыттанып кететін: сондай сұмдық сұлу, сахнагер болғаны сонша қол шапалақтау мен сүйсіністен театр сілкініп, сахнаға гүлдер жауып, шымылдық түсіп келе жатқанда қошемет айқай-шу астында сахна падишасы маң-маң маңғаз басып жасырынады. Полина Виардо мен үшін əрқашан бар-бар сахна рахаттарынан да жоғары тұратын...” Генрих Гейненің “сирек ұшырасатын ғаламат”, “құмарлықты оятатын əні, əсіресе, ол аузын кең керек ашып, м маржандай тізілген əппақ тістерімен сондай қатігез тəтті күлгенде көрсе” дейтіні содан, əрине. Ешкім сөз бен сұлулық салыстырып һəм таластырып жатқан жоқ. Қалай дегенде де, Полина Гарция Виардо екі от: махаббат пен
отбасы ортасында алмағайып күн кешті. Оны поэзиядағы Лорд Байронмен теңегендер де болды. Өзі де ерекше еді. Сол кездегі саңлақ сазгерлердің туындыларын түгел нəшіне келтіріп орындап шықты. Айта берсе, ол А.Моцарттың “Жаназасын” шырқағанда сүйсінбеген жан қалмаған шығар. Қанша дегенмен, өмір заңы қатал да қатігез. ХІХ ғасыр француз əдебиетіне орасан көп берді. Полина Виардо сол ортада тəрбиеленіп, өнеге алып өсті. Кезінде И.С. Тургеневтің мəдени өмірге қызу араласып, ат салысқаны аян. Ол əншіні əспеттеп қана қоймай, шын мəнінде əдебиеттер арасында алтын көпір бола білді. Жюль Верн (1828-1905 ж.ж.) алпыстан астам қиял-ғажайып ғылыми-танымдық роман, хикаят, əңгімелер жазып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Қиялгер қаламгер Кенесары Қасымов қозғалысын арқау етіп, “Жансыз” туындысына қалам тартты. Сырттай болса да ойша топшылап ұлттық-азаттық көтерілісінің халықтық сипатын ашып көрсетіп, патша сарайындағы дүрбелеңді де барынша байыпты баяндайды. Ол И.С. Тургенев басшылығымен орысшаға аударылып 1876 жылы жарық көрсе де көп уақытқа дейін Ресейде шығарманы оқу зиянды деп тиым салынып келді. Феофар-хан өзіне ерген серіктерімен бірге жазаланып тынады. Ж.Верн тақ шайқалуын шынайы суреттеп, оқиғаға жанды құбылыс ретінде жоғарғы баға береді. Біз қанша махаббат-сахаббат, үй болу, шаңырақ көтеру деп өліп-талсақ та бұған француздар жүрдім-бардым қарағандай “Махаббатта қашан да жолым болмады. Сүйіспеншілік те, батырлық та жасай алмадым, өзгенің де жүрегін жаулай алмадым, жеңімпаз да, не болмаса Дон Жуан да болу қолымнан келмеді дей тұра Стендаль (Анрид Мари Бейль) “Махаббат туралы” біртүрлі кітап туғызып, оған төрт тараптан өз көзқарасын білдіріп, толғау жазды. Ғұмыры үйленбей өткен жанды бұған не итермеледі? И.С. Тургеневтің досы Густав Флобер де отау тікпей шығармашылық үстінде өмірден өтті. Сонда қалай?! Иə! Жас қартаяды. Гүлдер солады. Жүзден əр таяды. Теңіз тартылады. Жазмыштан озмыш озбайды, жер жыртығын жамаған ешкім жоқ. Бұлардың Жорж Занд, И.С. Тургенев пен Полина Виердоның ортақ достары мен таныстары бірінен кейін бірі фəниден бақилыққа аттанып жатты. Ф.Шопен, Г.Берлиоз дүние салды. Бизе мен Флобер көз жұмды. Дүниеде адам баласына біткен ең үлкен жүрек те соғуын тоқтатты.
Бірақ, қай жерде жүрсе де И.С. Тургенев Полинаға деген ыстық сезімін ақырғы демі біткенше суытпай алып өтті. Ой, арман-ай!.. Дəулескер О, ғажап! Құймақұлақ, сақ, қырағы көз болса бүкіл қазақ даласы əн салып, күй тартып тұрғандай, оған ақ пейілдей етіп көгілдір кеңістікті құдай берген шығар. Немесе халық туындыларының ең үздіктерінен өмірдің өзіндей кең тыныс сезілетіні неліктен? Қуаныш пен қаіретте, бақыт пен кембағалдықта, кісəпірлік пен мүсəпірлікте туған ел- жұртының жыртысын жыртып, мұң-мұқтажы мен бар-жоғын түгендеп, жоқшы болған ой мен өнер рухи көсемдер иелері мейір-шапағатқа бөленіп, уақыт өте келе төрге озды. Ұлан байтақ өлкенің Батысынан Құрманғазы, Дəулеткерей мен Махамбет, Арқадан Тəттімбет пен Абай, Қаратаудан Ықылас пен Майкөт, Жетісудан Сүйінбай мен Жамбыл шығып, шабыт шыңына шығандады. Сол шоқ жұлдыздар арасында Дина Нұрпейісованың орны бөлек, дара тұр. Өнер қонған ел өзегі өртеніп, қос ішекте шаттығы мен шерін жапалы жүрекке жеткізіп, боздағы бозторғайға үн қосып, айдындағы аққу сұңқылымен бірге бебеулеп, ару анамен қосылып аңырайтын домбыраны кие тұтып, қасиетіне бас иді. Тоғыз жастағы Динаны əкесі Кенже күй атасы Құрманғазыға теліп, темірқанат тірнектей əдемілік əлеміне баулыды. Балғын бала күйшінің ортасы думаншыл, əн-күй құдіретін нəзік түсініп, барынша рухи өмірді əспеттеп, серік етіп, сахарадағы саф алтын қайнардай дарын көзін ашуға ұдайы құмбыл болып тұратын. Еспе желмен құм сыңсып, сібірлеп атқан таңмен сексеуіл сыланып, жапырақтар жамырап жататын түз тіршілігі қандай тылсым сиқыр! Боз далада Бозторғай жағын безеп, бота боздап, қой қоздап жазға салым жайлауға шыққан ауыл мəре-сəре болып күн кешті. Керемет көркем көрініс кеудеде күмбірледі. Сол алғашқы əсер ғұмыр бойы көз алдында таң шығындай мөлдіреп, қиял құсын қалықтатып, балауса ойын шарықтатты. Филология ғылымдарының докторы Нысанбек Төреқұл сол бір сəттің сағынышын былай береді: “Дина
домбырасының бұрауын келтіріп, сəл ойланып, бір күйді шерте жөнелді. Бас жағы ойнақылау, қозы-лақ қуалап, зыр жүгіріп жүрген балалар. Жас төлдің маңырағаны, қой қайырып жүрген қойшылар, ауыл итінің үргені, абыр-сабыр шақ. Күйдің орта шенінен бастап зарлы сарын, жетім баланың өксігі, қасқырдың ұлығаны, апыр-топыр дыбыс, қасқырдың қойға шапқаны, жетім қозының енесін жоқтап маңырағаны... Дина осылайша күйін аятады да, Жəкеңе бұрылды. Бұл күйдің аты – “Көгентүн” деп аталады. Оның таралу себебі былай: – Кербез деген абысыным болды. Кербез десе кербез еді, шіркін! Өзі сұлу, сымбатты, тіке сөйлейтін, айбатты келіншек болатын. Күйеуі біздің Нұралыдан бес жас үлкен еді”. Нұралы Нұрпейісов – Динаның ері. Құнарлы топыраққа түскен дəн қодырең болса да бəрібір өнбей қоймайды. Нарынға жалғасатын Бекетай құмында тұлымшағы желбіреп, емін-еркін еркетотай өскен Динаның жастайынан пір тұтып, құлағына құйғаны Құрманғазы, Дəулеткерей, Мүсірəлі, Əлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма мен Бала Майсаң туындылары болатын. Бұл тегеурінді топ кімге болса да ықпал етпей қоймайтын. Қызықтыратын. Құмарттыратын. Құмбыл ғашық етіп, қиырға қанат қақтыратын. Құштар көңілге шабыт тамызығын маздатып, тылсым от тұтатып кететін. Үлкен күй мектебінің сезімтал шəкірті ұлы ұстаздар тəлімін көкейге түйіп өсті. ХХ ғасырдың ортасынан асып бақилыққа аттанған да Д.Нұрпейісова өміріндегі жұмбақ аз емес. Ол əуелгіде Құрманғазыға шəкірт ретінде жүрсе де кейіннен ашына болып, арасындағы баласы недəуір есейіп қалғанда суға кетіп қаза тапқаны құпия күйінде кетіп барады. Шындық шырайына шіркеу түспегені ғанибет, əрине. “Дина күй желісі мен қағыстарды дəл сақтап, оның құрылысындағы барлық ерекшіліктерді бұзбай, өз қалпында бере білетін”,– деп жазды зерттеушілер. Академик Ахмет Жұбанов та бұған жан бітіре түседі: “Мен осыған дейін Құрманғазының тікелей өзін болмаса да, оның шəкірттерін көрген Қали мен Оқаптан асқан домбырашы жоқ шығар деп ойлаушы едім. Бірақ Динаны тыңдағанда оның оң қолының жылдамдығы, жалпы ойлау шеберлігін көріп, таң-тамаша қалдым. Динадай шебер домбырашыны осы уақытқа дейін көрген емес едім... Күздің қытырым самалында
желге қарсы жүгіріп, шат көңілді, алаңсыз оқып жүрген қыздарын көріп, Динаның көңілі босады”. Бұл өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасынан ауған кез. Алпысқа таянған кейуана тұғырына қайта қонды. Шабыт шалқарын шалқытты. Күй атасының ел аузында жүріп айтқан арманы қандай! “Егер Динаның оң қолын, менің сол қолымды бір адамға берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді”. Тыңнан түлеген дəулескер күйші халқына қалтқысыз қызмет етті. Д.Нұрпейісова шығармашылығында Құрманғазының тəкаппар өршілдігі, Дəулеткерейдің терең сыршылдығы жатқаны қапысыз аңғарылады. Əр кездерде туған “Ана бұйрығы”, “Əсем қоңыр”, “Байжұма”, “Боз шолақ”, “Бұлбұл”, “Делегат”, “Домалатпай”, “Еңбек ері”, “Жеңіс”, “Жігер”, “Кербез”, “Көкөніс”, “Қарақасқа ат”, “Қосалқа”, “Меңдіқара”, “1916 жыл”, “Өттің дəурен”, “Сауыншы”, “8-Наурыз”, “Тойбастар” т.б. шеберлік шыңының əрқалай шақтарында туса да біртұтас көркемдік келісімін əкеліп, рухи көкжиекті кеңейтті. Суреткер көзінен қандай құбылыс қақас қалады? Бұларда халық өмірінің бір ғасырға жуық өзгерістері, өсу мен өшу, шырқау мен құлдырау мезеттеріндегі кейбір көкейкесті мəселелер көрініс табады. Күле кіріп, күңірене шығып, білдірмей текеметіңді тіліп отыратын құдай ұрған антұрғандарды емес, тіршілікті түгел тəрк етіп, тал бойында кісəпірлігі мен мəңгүрттігі жоқ ел-жұртының елгезек жасампаз өмірін күй тілімен өрнектеді. Егер кейбіреулер ағымға ергенде туған “Партия” жəне “Сталиннің” өміршеңдігіне күмəн келтірсе, өнерге қатысы аз науқаншылдық пен маусымшылдықтың себеп-салдарынан пайда болып, əкімшіл-əміршіл жүйенің айтқанына көніп, айдауына жүргенде дүниеге құлықсыз келгеніне көз жетеді. “Күй кітабында” қауесет құжат пен дəйексіз деректерге сүйеніп, “Ақселеу жаңсақ пікір келтіреді” дейді күй анасының немересі Балжан Жұрынбайқызы. “Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қапас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қапас пен Динадан Нұрпейіс атты ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қапас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шəпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дəстүр бойынша, Дина оны “Жəпек” деп атайтын болған. Кейбір деректерде Жəпек деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында
қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, əйтеуір, бір тізім алу науқаны басталғанда дəстүр бойынша, аталарының атын атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің атануының сыры осында. Жəпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған. Динаның əсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған” десе, оған үзілді-кесілді қарсы шығып, “Дина 18-19 жасында Мақат баласы Нұрпейіске тұрмысқа шығады. Нұрпейістен кейін Нұралыға атасады” деп дауға нүкте қойғандай Б.Жұрынбайқызы. Бертініректе жетпіс бестің жотасына шығып, 1955 жылы қайтысболса да, Дина Нұрпейісованың есімі төңірегінде талас бар əлі. Бізге аңыздан гөрі ақиқат қымбат. Бұл жағынан Дина мен Жамбыл тағдырлас. Екеуі де құмырсқаның илеуіндей қайнаған өмір ортасынан шығып, үкімет өктемдігінен біреуі жырлауға, енді біреуі күй тартуға мəжбүр болды. Төңкеріске дейінгі де, кейінгі де əлеуметтік-қоғамдық құбылыстарға куə болған қос қария ұлт мəдениетінің кірпияздық қасиеттерін ту етіп, оған қылдай қылау түсірген жоқ. Бір-бірімен əзіл-қалжыңы жарасып, өгейсімей күй кешті. Қиянат пен қолпаштың не көкесін көрген Жамбыл өз тұрғыласын бір қақпаймен қағытып өткенде еріксіз езу тартқызады: Көп болды Дина сені көрмегелі, Орден ап, өрге шауып өрлегелі. Сен дегенде көңілдің ілгіші бар, Келдің бе сол ілгішті жөндегелі?!. Бүйтпесе, Жамбыл Жамбыл болар ма еді? Жыр мен күйдің қос құдіреті кездескенде де арқын-жарқын кінəратсыз риясыз қылық көрінеді. Екеуінің де жасы егде тартып, өмір екіндісіне жақындағанда бір- бірімен əңгімесі жарасып, əмпей-жəмпей болып, əзілі əзіл, қалжыңы қалжыңға ұласып, сағынысып отырады екен. Жəкеңнің Динаға деген ыстық ықылас сезімі ұзақ сақталып, бір қағытпаның аясында
шектелмейді. Жыр дүлдүлі шығармашылығына 75 жыл толу мерейтойы аталып өтіп жатады. Халқы ақсақал ақынды əспеттеп, Альпінің аржағынан Ромен Роллан, Күнгейдегі алып елден Рабиндранат Тагор сымхат жібереді; басқалармен бірге оны қазақтың зиялы қауым өкілдері құттықтайды: бұлбұл көмей əнші Күлəш, таңғы талшыбықтай мың бұралған сұлу биші Шара ілтипат білдіреді. Музыканың аса білгір майталманы Ахмет Жұбанов та келеді. Бірақ көңілі қоңылтақсып, олардың бəрінен қайта-қайта дəулескер күйшінің жайын сұрап, қазбалай берген құсайды. Тек оны көргенде ғана: “Иə, тоты құстай таранып, аққу құстай сыланып, ойың кімде? Əттең, жиырма бесімде кездеспедің-ау”,– деп өкініш-өкпесін жеткізеді. Д.Нұрпейісова да оған өзінің сөзге қара жаяу еместігін білдіреді: “Ойым сенде. Сен сəулетті жігіт болдың, мен сəукелелі қыз болдым, бізде енді арман жоқ”. Қос қарттың қалай қауышқанының куəгері болған Кенен Əзірбаев айтады: “Сондағы Жəкеңнің қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Екі ғашық сағынысып табысқандай құшақтасып, жамырасты да қалды. Арада жөн сұрасқан қалжың сөздер айтылып жатты. Қонақ үйге кіргізіп, қос қарияны отырғыздық. Сонда Жəкең Кавказ сапары туралы біраз айта келіп: “Сен қасымда болғанда ғой, тіптен қызық болады екен! Грузиндердің жүз жасаған кемпір-шалдарын көретін едің”. Іле-шала: “Өзің ғой ертпей тастап кеткен”,– деп назданыпты Дина. Əрине, арғымаққа əңгінің жүгін артпайды ешқашан. Қазір шаң түсте ши шығарып, Жамбылдың да, Динаның да шығармасынан қам шикілік іздейтіндер əр кезде заманға емес, адамға шүйліге бастады. Əрдайым тұлға тұлғалығын жасайды. Немесе біреу біреу үшін тер төгіп, еңбектеніп жататын кез емес. Асыл нəсіліне тартады. Ненің не, кімнің кім болғанын терең ұғынған жан ғана солай қазып сұңғыла сөйлеуге құқы бар. Иə, өмірге кім келіп, кім кетпей жатыр. Дина Нұрпейісова халқының кешегі дархан күйшілік дəстүрін бүгінгі күнге дейін жалғап, уақытқа алтын көпір бола білді. Сонысының өзімен ол өнеріміздің жəне бір ірі өкілі ретінде қалып, көсегесі көгерді. Қай той-томалақ, қай тамаша думан болсын, Дина Нұрпейісова күйлері орындала қалса, өзеуреп өре түрегелгенде үлкен мəн-мағына жатыр. Ол өзекке өрт түсіріп, қайрат-жігеріңді қайрап, елпектемей ертеңге елгезек қарауға үндейді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында шалғай-шалғай сібір-ібірді шарлап, түздіктер тіршілігінен кітап түзген Аткинсон (Томас-Вильям) жалғандыққа баруға жүрексініп, жазбасына жаңылмай түсіреді: “Халықтың қаһармандық тарихын жырлаған ақынын малшылар зер салып тыңдап отырды, мүмкін кезінде Гомердің өзі бұндай ықыласқа бөленбеген де шығар. Қазақ ақыны өз халқының ортасында, гректердің арасындағы Гомер сияқты, əжептеуір беделге ие болып тұр. Шайыр тау мен даланың əдемілігін, жүйрік аттардың сұлулығын жырлағанда, оны тыңдаушылар сабыр сақтады, сілтідей тынды, ал ұрыс-соғыс туралы жыр басталысымен олардың бет-жүздерінде толқудың нышаны пайда болды”. Не болса да боямасыз өткен шақпен біздің бəріміз үшін ақ жарылып айту бек мүмкін. Бірақ анау деу, мынау деу қиянат болар еді. Дина Нұрпейісова дала дидарындағы қадау-қадау дара тұлға тұлғалардың бірі, қайталанбайтын құбылыс. Оның күйлерінің жеке-жеке нақты туу тарихы, ақиқаты мен аңызы қатар жүреді. Қай тақырыпқа барса да ол бар-бар туындыларына қазақ өмірін алтын арқау етеді. Қазір біздің елімізде сызылтып скрипка, күмбірлетіп күйсандық тартып, классикаға келеңсіз қол арту дағдыға айналып келеді. Рас, ұлттық өнер өкілдері бұл салада топ жарып та жүр. Дегенмен халық мұрасы, оның ішінде əн-күйлердің əлемдік маңызы əлсіреп, ұмытыла беретіні көңілге көп кірбің түсіреді. Кезінде Əміре Қашаубаев даланың іңкəр даусымен бүкіл шікəмшіл батысты қайран қалдырған жоқ па еді? Əлі де даңғаза дүние дəмді дыбыстар мен сиқырлы сазға ділгір. Біздің еліміздің өнер өлкесінде игерілмей жатқан бұл көл-көсір байлық қаншама. Халыққа сол қыруар қазына қай кезде жəне қашан қайтарылады? Біздіңше, олардың барынша насихаты жетпейді. Ендеше уақыт алдындағы қарыз бен парыз аз емес. Күй өнерінің бағы жанып, қайнар көзі ашылып, күткен күн келеді.
Арман айшықтары Зəузатқорлар 1. Ғұндар (Хундар) Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді, Ой артынан ойлар келіп кетеді. Түн баласы көр көзінен жас төгіп, Күншығыстан бір пайғамбар күтеді... Ерте күнде отты күннен Ғұн туған, Отты күннен от боп ойнап мен туғам. Жүзімді де, қысық қара көзімді Туа сала жалынымен мен жуғам. Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар, Мен – күн ұлы, көзімде күн нұры бар. Мен келемін, мен келемін, мен келем, Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар. Мағжан. Тарихтың терең қойнауында көшпелілер тұлпарлары тұяғынан ұмытылмастай із қалды. Қою құйын шалықтап, шаңы шаңға қосыла ұшып шұбаған құмдауыт жолдарға жұлдыздар жақұттай шашылып, қаңбақ ұшқан қырларына дейін марғау ырғалған уақыт керуенінің күміс қоңырауы сыңғырлап, күймелердің сықыр-сықыр сиқырлы үні келеді. Қаншама кейбір кіші-гірім кінəраттары болғанымен ХХ ғасырдың соңғы ширегінде əупіріммен сəл ертеректе жарық көрген Қазақ кеңес анықтамалығы негізгі мəселеде шындық шырағын жағып, ақиқаттан онша алыс кете алмапты: “Ғұндар түркі тайпаларының түп
атасы екені Қытай тарихында ашып айтылған. В.В. Бартольд, А.Н. Бернштам, т.т. ғалымдар да солай дейді. Олар Ғұн мен Оғыз екеуі бір ел деп дəлелдейді”. Маңызды мəліметтер мен сарғайған қағаз беттерінде шежіредей ширатылып Ғұн, Ғын, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ – Ғұн, Тағ – Ғұн, Шан-жун, Гой-фан, Хань-июнь жəне басқа да атаулармен аян ежелгі жауынгер тайпалар керегесі ағаштан киіз үйлерде тұрып, түндік арқылы көкпен тілдесіп, табиғатпен үндесіп, асқар-асқар таулар аясындағы жусанды жазықтарды ен жайлап, ошақ отын маздатып, түтін түтетті. Олардың отар-отар қойы, үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі қисапсыз болатын. Келешек көкжиегіне жол тартқан көшінде арбалар мен күймелер бар еді. Жігіттер асау желмен жарысып, тор көз сауыт киіп, оқшантайдан жебе суырып, садақ тартты; бойжеткендер бой сылап, аймен шағылысқан ақ білектеріне білезік салып, құлақтарына сырға, бұрымдарына сыңғырлатып алтын-күміс шолпы тақты. Бұл түсініктің тобықтай түйіні: “Атқа мініп садақ тартқан, қуыс үйді паналаған жұмыр басты жандар түгелімен Ғұндарға бас иіп, тізе бүгуге тиісті”. Шалқы (Шилха), Өрғұн (Орхан), Өмір (Амур) өзендерінің тентек толқындарындай тіршілік арнасына сыймай толқып жатты. Бұндайда жабайы жағалауларда жолбарысша жортып, айбарлы арыстандай апшыған көшпелілер селін қалай тоқтата алады? Дегенмен, дүйім жұрттың қорқыныш сезімін туғызып, зəресін зəр түбіне жіберіп, құтын қашырып, жүрегін əбден шайлықтырып, түн ұйқысын төрт бөліп, төбе шашын тік тұрғызып, үрейін ұшыратын Ғұндар кім болып еді? Құмық зерттеушісі Мұрат Əжі сəл сыңаржақтау кітабында қысқа болса да оған теріс тұжырым жасағанды тұқыртуды жасырмаған екен: “Орал ойпаттарында жергілікті угорлар мен сарматтарды қосып алып, II-IV ғасырларда қалыптасқан түркі тілдес хұндардан тұратын көшпелі халық хұндардың Батысқа қарай жөңкілуі (IV ғасырдың 70- жылдарынан бастап) халықтардың ұлы көшіп-қонуына ықпал етті. Бірқатар герман мен басқа тайпаларды бағындырып, көптеген елді ойрандап, жермен-жексен етіп, жортуыл жасаған рулардың басын біріктіріп, құдіретті одақ құрды. Аттиланың тұсында оның қуаты орасан артты. Хундардың батысқа ұмтылуы Қаталун қырғынынан кейін
(451 жыл) тоқтады. Аттила ажалынан соң (453 жыл) бұл тайпалар одағы ыдырап кетті”. Туындыгер қисынға қарамай, парасат таразысы мен ғылыми дəлдіктерден ауытқып, аталмыш көшпелілердің аталған аймақта мүлде ешқашан болмағанын ескермей, құр қиялға ерік бергендей. Ал, ІІ Птоломейдің айтуынша, екінші ғасырдың ортасында Қап тауына қоныстанғаны құжаттарда қатталып қалады. Бұл Қытайдың Хань əулеті билеген кезеңнен біраз кейін. Бір хатта: “Крурана, үйсін, хужие (бəлкім, юэужи) елдерін жəне олармен көрші отырған 26 елді бағындырып, оларды түгелдей хұндарға қостық, сөйтіп садақты халықтарды бір елге айналдырдық” деп қыр көрсетіледі. Шынында да шығыстағы Қияңқы-Хуанхэ – Сары өзеннен бастап, батыстағы Босфор Киммерийскиге дейін кең байтақ өлке ешкімнің тақиясына тар келмейтін. Желдей есіп, селдей көшіп жүрген тайпаға енді кім тосқауыл болсын! Əбдіқадыр Дəуітбеков “Түркілер – ақсүйектерде” (Шымкент, 2002 жыл) де біржақты пікір айтқандай: “Оңтүстік-Шығыс Азия Өртөс жерінен Ғұндардың тынымсыз шабуылына ұшырап тұрды. Олар өз даласына заттай құндылықтарды ғана емес, сонымен қатар Вьетнам, Лаос, Тай, Бирма қыз-қырқындарын əкетіп отырды. Жат жұрттықтардың əйелдеріне əуестік із-түзсіз кеткен жоқ – бірнеше ұрпақтар ауысқаннан соң Ғұндар аласа бойлы тəпелтек, қоңырқай өңді, қысық көз, көмірдей қара шашты болып шықты. “Ғұн” атауы əлем картасында кеңінен тарап жатыр”. Обалына не керек, қырдың соңғы ханзадасы, қазақтың ғажайып ғалымы Шоқан Уəлиханов та бұл тақырыпқа мүмкіндігінше қайта- қайта қайырылып айналып соғып, қалам тербетті. Тегі чуваш Н.Я. Бичурин (Иакинф), Л.Н. Гумилев, Мұрат Əжі, тағы басқалар байырғы бұл халықтың тағдырын сан қырынан сөз етіп, зерттеу нысанасына айналдырды. Сөз жоқ, даланың еркебұлан ұл-қыздары тауға арқасын беріп, Көк тəңірге мінəжат етіп, қайсарлық қанатында ер көңілді болып өсті. Махмұт Қашғари бұл көшпелілер терістік-солтүстік жақты мекендейді деп сілтеме жасаса, тайпаның оңтүстік жағы бодандық бұғауын киіп, басқа руларды сіңіріп, өздері де сіңісіп, аралас-құралас күн кешті. Əл-
Бируни һəм Ауфидің бағамдауынша (бірі бірінің аузына түкіріп қойғандай), Ғұндар (Күн) бұрын Алтай атырабында, Өп (Обь) өзенінің бойында, Байкөл баурайында көшіп-қонып жүрген еді. Терістік шұғыласы мен ызғарынан қаймыққандық қана емес, көшпелілердің тегеурінді толқынына төтеп бере алмай, Цинь Ши-хуанди шығыстың бөлшек-бөлшек иеліктерін тізе бүктіре бағындырып, жалпықытайлық əулетке өзін жеке дара билеуші жариялап, беймаза солтүстік көршілерінен бір мезгіл тыныс табу үшін басында уақытша болса да қамзау етіп, ұзақтығы төрт мың шақырым, биіктігі он метр, əрбір 60- 100 метр сайын бақылау мұнарасы бар ұлы қабырға тұрғызуға пəрмен берді. Бұнша ысырапқорлығын айыптағандар да табылды. Қамал- қорған ұзақ уақыт дамыл, тыныштық бермесе де ауық-ауық ық-панаға айналғандай əйтеуір. Келе-келе қытай ұлы қабырғасы əлемнің сегізінші кереметі болатынын ол уақытта шақшадай басы шарадай болып жүргендер қайдан білсін. Ғажап құрылыстың үшмыңыншы жылдың табалдырығында сыр беріп, əр жер, əр жері шытынап шөге бастағаны да аз алаңдатпайтындай. Сонымен Ғұндардың мейлінше күшейіп, көршілеріне көз алартып, үстемдік құра бастауы Мүде (209-174 ж.ж.) Тəңірқұты (Шаньюй) кезі. Билік басындағы хан басқару жүйесін одан əрі жетілдіріп, жанашыр қамқор, керегінде қатыгез де бола білді. Өмір өнегесін тартты. Кеудесіне нан пісіп келе жатқан дунху патшасы елшілерін жіберіп, астындағы аяулы атын, қойнындағы сүйікті қатынын қолқалағанда бір сөзге келмей беріп жіберуі көргендікпен қоса кемеңгерлік, əрине. Қанағатсыз қоңсы өріс сұратқанда табанда тұрып алып Мүде: – Жер – ел мен мемлекеттің тірегі емес пе? Жоқ. Енді болмады. Соғысамыз! – деуінің өзі неге тұрады? Тəңірқұты қанша тəкəппар болса да ең алдымен ел тыныштығын ойлады. Əйтпесе, ағайындар арасында мінуге тұлпар, ілуге қыз табылмай ма? Ию-қию болып, басы бірікпей, қырық ру құрама ұлттар мен ұлыстардан тұратын Қытайды (Шын) айтқанына көндіріп, айдауына жүргізген Ғұндар шығысқа қарай қыран көзін тігіп Курил (Көрел) жəне Жапон аралдарына жетіп, ат басын ірікті. Тамғасы мен туына күн (көз)
аясын алу содан шықты ма екен, кім біледі? Қайткенмен Күн мен жердің нəзік байланысын сəулелі сезіммен ұғынған көшпелілер дүниетанымы қайран қалдырады. Сонан соң жаңаша жыл санаудың алғашқы бес ғасырына дейін Еуразия кеңістігін көктей өтіп, ұлардай шулатып, Батысты бөріктірді. Көшпелілеркөсемі Еділ Ғұндарды бастап, Шығыс пен Батыс Румды тыбыр еткізбей, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Қашан да қызғаныштың қызыл иті арттан құлғанаша түсіп, қапталдасып, қыр соңынан қалған ба? Адамзат өркениетіне үлкен үлес қосқансып, басқаларға басына қарайтындар Шығыс пен Орталық Еуропаның жазықтарын баянды бақыт іздеп, қоныс еткен Ғұн зəузатқорларын қорлап, жабайылар да, тағылар да солар деп сан саққа жүгіртіп, олардың қолбасшысы Еділдің алдында бетпе-бет пұшайман болып, дəрменсіздік танытқан герман тайпалары Еңіл, даттар Артала, испандар Аттила, қытайлар Этил есімімен қырық құбылтты. Еуропалықтардың шамшылдығы мен астамшылдығы қазір де жиі-жиі байқалып қалады. Дегенмен Рим жазбагері Ромуль анда-санда тілін тістесе де ақиқаттың ала жібін аттап өте алмайды: “Скифия мен өзге елдерді билеп-төстеген кім болса да бұндай қысқа мерзімде дəл Аттиладай ұлы шаруалар тындырғаны кемде-кем. Оның патшалығы мұхиттағы аралдарға дейін айқара созылып жатыр. Ол скифтерді ғана емес, римдіктерді де салық төлеуге мəжбүр етті. Əскери күшінің құдіреттілігі сонша ешқандай халық оған қарсы тұра алмайды”. Оның аузына кім түкірді? Əр кезеңде оны мойындау Еуропада да тоқтаған емес. “...Грек жылнамаларында Аттила соғыста .... əдістерді қолданған, стратегиялық тəсілдерді жетік білген. Ол қарақшы емес, ұлы қолбасшы, көреген көсем” дейді ағылшын жазбагері Давид Николле өзінің “Аттила и орды кочевников” атты кітабында (Лондон, 1997 ж.) ол туралы шетелдерде 700 тарта еңбек шыққанына сілтеме жасап. Тəуелсіздік алғалы бері түзіліп келе жатқан тарихымызға біз неге сондай салдыр-салақ қараймыз? Осы күнге дейін қалайша назар аударылмаған бұған. Хұнды керісінше оқыса неге Нұх болып шығады. Бұларда қандай байланыс бар? Осыдан сəл бұрынырақ “Мəдени
мұраға” байланысты халқымыздың зиялы қауымымен басқосуда еліміздің кезіндегі бас хатшысы Иманғали Тасмағанбетов бірнеше жыл бұрын Еуропа жүрегінен аттай қалап, Мұстафа Шоқайдың шығармаларын əкелгенін жəне оның əлі күнге ешкім қолға алмай, зерттемей жатқанын базына етіп айтқан еді. Сең қозғалған жоқ əлі. Тарихшылар да, басқа саланың мамандары да селт етпей отырғанына өзіміз болмасақ кім кінəлі? Бұндайда өліарада VI ғасырдың əдеби туындысы болып есептелетін “Гетика” еріксіз мойын бұрғызады. Онда “шет-шеті жоқ шабындықтан омартадай аздаған ғана гүл жинадым” дейтін Иорданның өзі Əділді əспеттегенде сезіміне селкеу түсірмей, күнді қолмен көлегейлей алмайтынын білгендей: “Жарық жалғанда халықтарды тітіркендіру үшін, барлық елдерге үрей сеуіп, қауіп-қатер туғызуға жаралған өзіне тəн орасан таным-түсініктері бар, барлығын кіріптар ететін жігіт еді, оның əр қимылынан тəкаппарлық танылып, ілгері-кейін қараған көз қарасынан, дене қозғалысынан асқақ құдыреттілігі аңғарылатын. Соғысты сонша сүйіп тұрса да кəдімгі қарапайым қадыр-қасиетімен баурайтын, парасаты аса күшті, кембағал мүсəпірлерді мүсіркеп, өзі бір мəрте сенген кісіге ақырына дейін мейірімді болатын. Сырттай пəкене тəпелтек көрінгенімен, кең кеуделі, қазан бас, кішкене көзді, сəл-пəл ақ араласа бастаған сирек сақалды, тыжырындыратын терісі бар бұзау тұмсық болғанымен болмысының бекзаттығы байқалып тұратын. Туа бітті өзімшілдігі бетке ұрса да килі қылыш ұстағанда əрқашан əруақтанып кететін”. Арада көп уақыт өтсе де француз тарихшысы А.Тиерри де Аттиланың адамзат өмірінде алатын орнын мəжбүрлікпен мойындайды: “Аттила аты адамзат тарихында А.Македонский мен Ю.Цезарь қатарынан орын алады”. Күн шығыстан шыққандығы болмаса əділ, кейінгі Шыңғысхан мен Темір жоғарғы аталған жаулаушылар жауыздығынан артыққа барған жоғына көз жетеді. Шырылдап шындыққа келгенде көз жұмбайлықпен əлдекімдер бұнымен Батыс пен Шығыс арасына шек қойып, сына қағып адамзатты əділетсіз қақ жаруындай сыңай танытады. “Асыл пышақ қап түбінде жатпайды” бəрібір.
Ерте Орта ғасырда дүйім дүниені дүрліктірген Рафаэль Сантидің “Римді құтқару” атты сыршырайы өкінішке қарай, сирек көрсетіліп, көбінесе құпия қорда сақталып келеді. Онда “мəңгі қаланы” құтқару үшін император Валентинаның тапсырмасымен Рим папасы І – Левтің Əділдің алдында бас ұрып келуі суреттеледі. Шындық па? Шындық! Арада 1500 жылдан астам уақыт өткенде оның несі жасырын? Əрқашанда жалған намыс жарға жығады. Бұл мəңгі есте ұстайтын жай. Бəрібір ол оқиғалар заман мен адамзат зердесінде өшпей тұр. Ертедегі испанның “Менің Сидім туралы жыр”, француздың “Роланд туралы жыр”, германның “Хильдебрант туралы жыр” жəне Батыстың басқа да батырлық баяндарына елдік пен ерлікті толғау тəн болса, сондай “Нибелунгтар туралы жыр” тікелей Ғұндардың Бұрғұндар мемлекетін жойып жіберу жорығы жайында тебірене сөз қозғайды. Ер мен жер, зұлымдық пен сүйіспеншілік, тұлға мен тобырлар тағдыры талқыға түседі. Бір қызығы, академик Əлкей Марғұлан Қарақалпақстанда сапарда болып, əкеліп жариялаған “Алаңқай батыр” дастанында да осы халықтардың ұлы көші-қонының жаңғырықтары жатыр. Қандай үндестік? Айдаһардай мықтыны, Ат үстінен тайдырды. Ығыстырып Бұрғұнды (бургунд), Қонысқа малды жайдырған, Азаулы көлді жайлатып, Сусындап шөлін қандырған. Бұдан байқалатыны – Еділ патшадан бұрын да Ғұндар мен Бұрғұндар талай-талай шайқас даласында қақтығысқан секілді. Дастандағы деректердің əлем əдебиетіне сəйкес келетін тұстары көп. Бірін-бірі толықтырып, тірілтіп жатқандай. Гетенің “Шығысты тəңір мейірімен жаратқан, Батысты да сол дарақтан тартақан” дейтініне жəне жан біте түскендей ме, қалай? Қырым қырқаларындағы көне қорымдарды қазғанда археологтарға көшпелілердің ізі сайрап жатқанын көрсететін
көптеген мəлімет кездесті. Мəселен, бүгінге дейін Эрмитажда сақталып, 1820 жылы Күл-Обадан табылған заттар ертеде тіршілік еткен тайпалар өмірінен сыр шертеді. Сарыарқадан көшкендер атамекенге сағынышын мəңгі бірге ала кеткендей. Еуропаны өрнектейтін Өлеңті, Шідерті өзендерінің кездесетіні кездейсоқтық па? Ұлытаудағы Арғанаты таулары тізбегіндегі сақталған сыры беймəлім бəдіздердің Қапқаз теріскей жоталарында жұмбақ күйінде жатуы да шешуін күтеді. Бұл дала өркениетінің қызық қалдықтары. Көшпелілер қонысқа жайлы жерлер құбылысын аспан əлемімен бағдарлай отырып, сəйкестендіргені емес пе? ...1976 жылы күзде Байкөл қыраттарын аралағанымызда көп атаудың сол көне заманнан қалғанына тағы да көз жетті. Ғасырлар сөйлеп кетсе, Ғұндар ғұмыры адамзат ұзақ тарихымен салыстырғанда тым қысқа. Əртүрлі себеп-салдармен жер бетінен жойылып кеткен халық қаншама? Бірақ, оларға бұндай қауіп төнбесе де бірде əлсіреп, енді бірде күшейіп арпалысты. Олар ұдайы белдеуден ат кетірмей, қолдан садақ түсірмей, соғыстан көз ашпағандай. Қытайлармен жиі-жиі үш жүз жылдай жаға жыртысып, жаудай жағаласты. Тіпті əзəзілдің тіліне еріп, азғыруға көніп өз қандастары үйсіндер, қаңлылар, қыпшақтармен де қырқысып, қырғиқабақ болып өтті. Ақырында Ұлы даланы тастап, ескі құрылық тайпаларына тиісті. Мажарстандағы Үлкен жəне Кіші Қыпшақ даласы Ғұндар ғұмырының жалғасындай. Бұның бəрі суға кеткен адамның тал қармауына мүлде ұқсамайды. Бұл от пен судың ортасындағы шарпыста қалып, ажал аузында тұрып, ылажсыздан жан-тəсілімде айдаһар жұтатын көжектей болмай жазмышта жанталасқан өмір үшін қиянкескі күрестің нағыз əкесі болатын. Əрине, аңыздан тарих жасалмайды. Өткір ұстараның қылпылдаған жүзінен өткендей ғұндар күрделі күй кешті. Тіршілік толқындары туырлығы дəуірлердің қолы дауылмен желпілдеген кəдуілгі көшпелілер ұрпағын жырақ жағаға тепті. Ғұндар тарихы қызық əрі тұңғиық. Тек түйіршіктерден саф алтын жиналатындай шаң басқан шежірелер мен жылнамалар жиынтығында жасырын жатқан күл-қоқыстан аршып алып, бүгінгі тарихи ғылыми айналымға түсіру кезек күттірмейтін мəселе. Ұлы дала мен Русь
қарым-қатынасын недəуір бүге-шігесіне дейін зерттеген Л.Н. Гумилев, К.Н. Иностранцев жəне басқа оқымыстылар олардың угордан шыққан гундармен қосылып, жаңа түп-тамырын таратып, батысқа қарай жылыстағанын қадап айтады. Бұл бүкіл Еуразияны аяғынан тік тұрғызған көшпелілер тақырыбы тарихи əдебиетте əр қырынан суреттелсе де діттеген жеріне жеткізілмей келеді. Əлі де болса оған салқындықпен атүсті қарау етек алып жүр. Мəскеудің “Армада” баспасы 1997 жылы шығарған Анатолий Соловьевтің “Аттиласы” да соның кебін киіп, көркемдігінен гөрі тиімділігін көздегені байқалады. Ал, Америка жазушысы Томас Костейннің “Ғұндар” романы (бастапқы аты “Түн мен таң”, 1956 ж.) бірсыдырғы шабытты жазылса да оқиғаны жеңіл қарпиды. Əйтсе де оның эпилогын бере кету артық емес шығар. *** “Мен “Ғұндарда” бізге тарих жеткізген ұлы жаулаушы Ғұндардың императоры Аттиланың өмірі мен өлімі туралы нақты дəйекті жайлардан онша ауытқымағанымды көрсеткім келеді. Бəлкім, оқырманды “құдай қамшысы” аталған атақты адамның ажалынан кейін не болғаны қызықтыратын болар. Аттиланы лаулатып орасан отқа өртегеннен соң оның ұлдары мен əскербасылары арасында билікке таласқан аяусыз, ымырасыз күрес басталады. Еллах жеңіліп, оны Паннониядағы Нетада жағасында өлтірді. Аттиланың басқа баласы Теңізық Дунай бойынша созылып жатқан империяның бір бөлігін бірнеше жыл ұстап тұрды. Бірақ, Аттила жаулап алған көптеген провинция мен мемлекет бірте-бірте Ғұндардың қол астынан сыпырылып шыға бастады. Аттиланың əскері шетінегеннен бір жыл өткенде Валентиниан императордың қабылдауына келген Аэций өлтірілді. Римді қорғау үшін асыл тастармен безендіріліп қынынан шықпаған қанжар Шалон түбіндегі шайқас жеңімпазының кеудесіне қадалды. Бір жылдан кейін өзге қастандық жасаушылар су жүрек Валентинианның көзін жойды. Бұдан соңғы билік үшін күрес Гейзерих бастаған вандалдардың Римді алуымен аяқталды.
Гонория ханым Италияға оралғанымен оны күйеуге ұзатып, ол тарих беттерінен мүлде жоғалды. Шығарманың ойдан шығарылған кейіпкерлері жайында мүлде аз айтуға болады. Микка Медестий қайыршылық етпесе де қоңыртөбел көпес болып өлді. Тергестің қонақжай көңілді əйел иесі өзінің төртінші күйеуіне дəн риза еді. Хартагер бірнеше қара құлын тапқызғанмен олардың бір де біреуі шапшаңдығымен де, шыдамдылығымен де оған жете алмады. Автор Рориктің денсаулығы түзелмеген себепті жазық халықтарының тəуелсіздік үшін шайқасын Николан мен Ильдико бастады деп топшылайды. Жəне олар сүйіспеншілігі мен ынтымағы ежелгі ұзақ бақытты ғұмыр кешті...” Өте ертеде Каспийдің Күңгір, Хазар, Ғұн теңізі аталғанын ілуде біреулер ғана біледі. Жалпы ғұндардың жолы ұзақ жалғасып жатыр. Сібір бағыты. Өптің бір саласы Арғұт – Күнобат, Тянғұн қаласы (Алтай өлкесі), Кунгөртұғ қаласы (Тува), Янғұн қаласы (Кемер уəлаяты), Арғын (Өмірдің бір саласы), Амғұн (Өмірдің бір саласы), Арғұн жоталары, Нарасұн қаласы (Чита уəлаяты), Приарғұньск (Чита уəлаяты), Күнарма (Іркіт уəлаяты), Күнгесалақ көлі (Таймыр), Дөпкүн көлі (Таймыр), Қайдусүн өзені, Индигарканың бір саласы, Ортьяғұн өзені, Тураның бір саласы, Сунтар өзені, Қолыманың бір саласы, Арғы өзені, Өмір уəлаяты, Арман өзені, Магадан уəлаяты, Арман қаласы, Магадан уəлаяты, Арму өзені, Уссуридің бір саласы. Кіндік Азия бағыты: Сейхун өзені (Сырдария), Жейхун өзені (Амудария), Баласағун қаласы, Арганаты таулары, Роғун (Тəжікстан), Гунт (Тəжікстан), Шарғұн қаласы (Өзбекстан). Қапқаз бағыты: Хұнакент өзені, Арғын өзені, Арғын қаласы (Ичкерия), Гұніб қаласы (Дағыстан), Хұнзағ (Дағыстан), Сунжа өзені. Еуропа бағыты: Карсұн қаласы (Мордовья), Күңгір қаласы (Пермь уəлаяты), Шахунья қаласы (Новгород уəлаяты), Суна қаласы (Киров уəлаяты), Гундуровка қаласы (Донецкінің бұрынғы аты), Кунья қаласы (Харбков уəлаяты), Хунгария (Венгрия), Хунедоаре (Румыния), Бургундия провинциясы (Франция), Кунео қаласы (Италия), Хунар өзені (Испания), Ла-Лагун өзені (Испания), Сагунто қаласы (Испания).
Есімдер: Чугунов, Бела кун, Арғыновтар, Богун, Драгунский. Сөздер: – драгун, Кун, чугун, стригунов. Қытай бағыты – Сунгари өзені (Өмірдің бір саласы), Гун-Нарийн (Монголия), Гунгашань таулары (Қытай), Дунфон хун (Қытай), Хунань провинциясы (Қытай), Хуньчун қаласы (Қытай), Куньмин (Қытай), Цианхун қаласы (Қытай), Цзыгун қаласы, Цинькун қаласы, Арғын – Юци қаласы (бəрі Қытай), Кунтева (Солтүстік Вьетнам). Корей бағыты: Чхунну қаласы (Оңтүс.Корея), Сунчхой қаласы, Чхунихон қаласы, Кунсон қаласы (бəрі Корея). Жапон бағыты: Ячуни аралы, Ионачуни аралы. Бирма бағыты: Рангун қаласы, Ламнихун қаласы (Тайланд), Кхутхан жоталары – Тайланд. Үнді бағыты: Ярхун (Пəкстан), Гуна қаласы (Индия), Гунтур қаласы (Индия). Скандинавия бағыты: Бренейсун (Норвегия), Кристиансунн қаласы (Норвегия), Фарсуни қаласы (Норвегия), Трсунген қаласы (Норвегия), Хунневан қаласы (Швеция), Сундеволь қаласы (Швеция), Гуньверн жоталары (Гренландия). Америка бағыты: Ла-хунта қаласы, сөз: хунта (Чили). Австралия бағыты: Кохуна қаласы. *** Мильоны – Вас. Нас – тьма, и тьмы Попробуйте, сразитесь с нами! Да, скифы – мы. Да, азиаты – мы, С раскосыми и жадными очами! А.Блок. – Бізде осы табиғаты тасыр тарихшылар аз емес. Бірақ неге ұлттық тарих жоқ.
– Құрастырып жатыр ғой əлі. – Қашанға дейін?.. Кездейсоқ бейресми ортада құлағымыз шалған (естігенге жазығымыз бар ма?) екеудің бұл əңгімесінен кейін жүрекке қалай ас батады? Ойға ой, сезімге сезім жамалады. Адамзат пен ата-бабамыздың өткен небір ауыр жұлдызды жолдары елестеді. Жылнамалар, шежірелер, ғылыми кітаптардан көз майы таусылды... Биіктік пен кеңістікті бірдей бауыр басып, тел өскен түздіктер тіршілігі кімді болса да ертеден қызықтырып келеді. Жазғытұрым жайлауға шығып, қоңыр күзден бастап қойнау-қойнауды паналап, көзден бұл-бұл ұшып, тырна тəтті тырауының қанатында кетіп бара жатқан көктемді қуып, ендіктер мен бойлықтарда емін-еркін көшіп жүріп, өшпейтін дана өркениетін жасаған халық биіктерге ханбалығындай өрлеп, ұрпақ шашты, өніп-өсті. Кеңістікке симай, көршілерімен алысты-жұлысты, ұлы өмір үшін айқасты. Теріскейде Солтүстік Мұзды мұхит пен оңтүстікте Тəңіртаулар арасын мекендеген көк еркесі сақтар, кейін скифтер болып тарих қойнауларынан қылаңытты. Олар бара-бара, келе-келе өзімен туыстас, тілдес һəм ділдес басқа тайпаларға сіңіп, тереңнен бермен қарай тамыр тартады. Басы биіктерден басталған бастаулардың сонша сағынышты сағаларға құймауы мүмкін бе? Арғы-бергі адамзат өмірінде (Цицеронның айтуынша) “тарих атасы” атанған Геродот (б.з.д. V-IV ғасырлар) өзінің тоғыз тəңірияға (муза) бағышталған үлкен тараулардан тұратын ересен еңбегінің Төртінші кітабында: “Скифтер тайпасы – сақтар бастарына тығыз киізден жасалған шошақ қалпақ, бұттарына шалбар киеді, өздері жасаған садақтары, қысқа найзалары жəне ерекше айбалталары (сагариялары) болған. Сақтар деп амиргийя скифтерін атаған” деп одан сайын қаузап, қазбалай түседі: “жиырма сегіз жыл бойы скифтер бүкіл Азияны билеп-төстеді”. Сөйтсе де, біздің заманымызға дейін 339 жылы скифтер патшасы Атейдің 339 жылы ІІ Филипптен ойсырай жеңілуі көп уақыт бойы оларды есеңгіретіп тастады. Бассақтар (массагеттер) көсемі Тұмардың парсы патшасы Кирдің басын алып, тəубасына келтіретінін де грек тарихшысы көркемдікпен
кестелеп, алға тартып, ақылгөйлеріне құлақ аспаған өркөкірек Дарий жорығының ұлы далада абырой əпермей, шегінуіне шолу жасап, Эллада мен оның қоңсыларына қайта-қайта қайырылып, халықтанудың құпия беттерін ашады: “Бассақтар киім-кешегі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас. Олар ат үстінде де, жаяу да шайқасады; соғысудың екі тəсілін де тамаша біледі: садақтар жəне найзаларға мұстақам, қарапайым айбалталары да бар. Барлық заттары алтын мен жезден тұрады... Олар ешнəрсе екпейді, Арағыс (Аракс) өзенінің бықып жататын балықтары мен жан-жануарлардың өнімін талғажау етеді. Олар сүт ішеді. Тəңір тұтып, жылқыдан құрбан шалып, тек Күнге табынады. Бұның мəні үдемелі қозғалысты қажет ететін құдайға да жылдам жануар керектігіне саяды”. Геродот Эллада біздің заманымызға дейін 594 жылы келген дала данышпаны Анахарис туралы да егжей-тегжейлі айтып кетеді. Күн шығыс пен батысты айқарған сақ-скифтер (сколоттар) көшіп-қонып, өгіздер жегіп, арбаларда тұратыны да көзден таса қалмайды. Қара теңіздің (Понт) солтүстігін жайлаған ел туралы өзі көріп-білген шындықты енді қалай жеткізсін! ІІ ғасырда Рим жазбагері Климент Александрский де қаймана еркін тіршілікке тəнті болып хабардар етеді: “Сақ əйелдері атпен қасақана қашқан болып, зымырап бара жатып, кəдуілгі еркектерше артына бұрылып садақ тартады”. Бұдан осы күнге дейін қыз-келіншектерін еркін ұстайтын ата-бабаның əдет-ғұрпы көрінбей ме? Тəңірдей табынатын əулие Ұмай болмаса да ежелгі сақ анасы құдайы қонағына ақ тілегін жасырмайды: Жер бетінен көрінер тау сілемі, Ақша бұлттар көк жүзінде қалықтап. Аралықты талай таулар бөліп тұр, Алыс-ақ жол, білсек егер, нарықтап. Сізге мəңгі ұзақ ғұмыр тілеймін, Қайта айналса, абзал еді-ау, шарықтап.
Бізге жырақтағы жұлдыздардай көмескілеу жарығын себезгілеп себетін ақын жаны өз көңіл күйіннен де қалыс қалдырмайды: Батыстамын мен, Орнықтым осы араға. Бықыған аң мен құс, Тұр, əне, босағада. Құдайдың ханшайымымын, Жаратқан жар болар. Жылжыман бұл топырақтан, Мен емес қар болар. Тартылды сырнай, Көңілге шаттық құйып. Үмітім көкке өрледі, Патшам перзент сүйіп. Сөйтіп, Таң патшалығы тұсында үш ғасыр шамасында 50 мың шумақ жыр жазылып, ал, Иуан хандығы дəуірлеп тұрған кезінде екі жүзден астам ақын-жазушылар шығып, отыз мың шумақтан тұратын төрт мың жол өлең құралды. Мəселен, қыпшақ ақыны Сағидолла 1272 жылы дүниеге келіп, “Таудағы доста еске алуда”: Əсілі ол асылзада тұқымы еді, Өмірді өткізген-ді болып ғаріп. Үйінің сау жері жоқ,шұрық-шұрық Кимеді бүтін киім иіні жарып, – деп толғады. Əрине, өкінішті. Уақыт шаңынан аршып алар қаншама өзекжарды өлеңдерді тозаң басып қалды. Ал, тарихты ше? Бір құжатта қытай императорының жарлығымен көшпелілердің 533 тақырыптағы 13 862 түрлі кітабы өртелгені қатталғаны айтылады. Соған қарамастан,
тарихшыларымыз жүдə селт етер емес. Ғұн-сақ-скиф-үйсін, т.б. тайпалық бірлестіктер мен одақтар не дейді? Ұлы даладағы үнсіз жатқан құпия қорғандар, көне қорымдар мен обалы көп обаларға қашан тіл бітеді? Бұл тұрғыдан ағылшын зерттеушісі Шарон Турнер (1768- 1847 ж.ж.) айды аспанға шығарғандай. “Англо-саксондардың тарихында олардың арғы тегі сақтардан (Sakai ytvtct Sacae) тараған деген тұжырым қалыптасқан. Кезінде сақтар Каспий бойынан шығысқа қарай жылжып, Бактрияға ғана емес, сонымен қатар батысқа қарай Армения жерінің өте шұрайлы бөлігіне қоныстанған. Ол заманда, Страбонның айтуынша, əлгі аймақ Сакасина (Sakasina) деп аталыпты. Плиний əлгі аймаққа қоныстанған сақтарды Сакассани деп атаған. Бұл атау дыбысталуы (айтылуы) жағынан Сақа-суну (Saka-syny), яғни сақтың ұлдары (ұрпағы) деген атауға ұқсайды. Біздің ойымызша, бұл бір ұғымның екі түрлі атауы,– дейді ол күмəн қалдырмай. – Бұл этимологияны алғаш ұсынған Горопиус Беканус (Cozopis Becons) да аталмыш пікірді құптаған. Əдетте бұндай мəселелерге əркім-ақ күдікпен қарап, талқыға салатыны бар. Ал, біздің Камден (Camden) болса, əлгі этимологияны толығымен қолдаған болатын. Менің өзім де біздің арғы тегіміз жөніндегі жоғарыда аталған пікірді ең ойға қонымды дүние деп ойлаймын. Себебі – екінші ғасырда Страбон мен Плинийден сон Птолемей де сақтардан бастау алатын скифтердің саксондар (Saxones) аталғанын атап өтеді. Демек, бұл пікірдің дұрыстығын жəне аталмыш саксондардың да арғы тегінің Сақа- сунудан немесе сақтардың ұрпағынан тарайтындығын дəлелдей түседі”. Сонау Альбионның тұманды жағалауындағы жазбагер 1827 жылы жазып, солай деп жатқанда Есік, Берел, Бəйгетөбе, Талас ескерткіштері тұрған біздің топырағымыздан шыққан мамандар қалғып-мүлгіп отыра бере ме? Сол Шарон Турнер Кемпел мырза сапарнамасына сілтеме жасап, бұлтарып, бұлғалақтамайтын тұжырым келтіреді: “Плутарх жазып кеткен Араксис (Araxs) өзенінен өткен соң, осы өзен мен Кура аралығында Қарабақ деген əдемі аймақ жатыр. Бұл – ежелгі сақтардың елі. Плиний мен Страбон жазып кеткен скифтердің жауынгер тайпасы, яғни біздің байырғы бабаларымыз саксондардың дəл өзі болуы керек”.
Түйінді көкейтесті мəселелерде біздің тарихшылар қорқақтап жүргенде ағылшын, неміс, венгр, дат, т.б. елдердің оқымыстылары оқ бойы озып кеткендей. Алғырлық танытып, алды ораған Шарон Турнерге, əйтпесе кім не дейді? “Осыған қарағанда байырғы заманда бір-біріне тиіп тұрған көршілес елдердегі туыстас тайпалардың көпшілігі о баста бір бəйтеректің діңінен тараған бұтақтар болуы кəдік. Сондықтан парсылар да, сақтар да, олармен көршілес тайпалар да үлкен Скиф семьясынан тараған яфет немесе яфеттер тұқымдары болуы ықтимал” дейтін пайымды пікір патуасыздың өзін тақ тұрғызбай ма? Жеме-жемге келгенде біздің ауызды қу шөппен сүртетін жөніміз жоқ. Егер бұрын аз зерттеліп келген көшпелілер тарихы енді бір жақтан Үнді, қытай, кəріс пен жапон деректеріне сілтеу жасалып сүйенсе, екінші тараптан араб-парсы құжаттарымен салыстырылып қарастырыла бастаса қандай сөкеттігі бар? Орталық Қазақстан мен Оңтүстік Сыр бойындағы қалаларды қайта оралтуға орасан маңдай тер төгіп, көп еңбек сіңірген академик Əлкей Марғұлан да олардан қалыс қалмапты: “Соңғы жылдары жүргізіп жатқан зерттеулер бойынша, монғол дəуіріне дейінгі Отырардың қалдығы бірнеше қаттауға бөлінеді. Оның ескі заманғы астыңғы қаттауы Ғұн, Үйсін, Қаңқа (Канғой) заманын суреттейді”. Бұл ғұлама бастаған ғалымдар тобының қай салада болсын жүргізген тындырымды ісі бəрекелді дегізеді. Иə, солай екен деп арқаны кеңге салуға тағы да болмайды. Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Брежнев қамқорлығының арқасында қияндағы Украинадан алдырған оқымыстысымақ біреуге білдірген Ермахан Бекмахановтың бетің бар, жүзің бар демейтін қайсар мінезі неге бізге тəлім түйгізбейді? “Сіз Əлиев жолдас “жалған ғалым”,“жалған профессор” болып тұрып, Қазақстан тарихы туралы не білесіз? Қысқасы, сіздің сөзіңізді топшылағанда, мүлде ешқашан “Қазақстан тарихын” парақтамағаныңыз байқалады. Ғылым кім көрінген көлденең көкаттының келіп, алдарқататын ауласы емес, Сіз оқымысты атағын жамылып жүрген бейсауа жансыз!”. Сөз сүйектен өтпей ме? Егер Ғұн атауы əлемнің кейбір жер-су аттарында мəңгілік қалса, сақ пен скиф те ойып орын алудан одан осал соқпайтындай. Ауғанстан мен Иран арасындағы бұрынғы Сақстан (қазір Сейстан), қырымдағы
Скифия қаласы мен Сақ көлі, Египеттегі Саккара, Жапониядағы Сакисима, оқымысты Саккери (Милан), жазушы Саккерти (Флоренция), XV ғасырдың бірінші жартысындағы өзбек ақыны Саккаки аттары мен есімдерінде қандай сыр жатыр? Сақтардан кейінгі Скифтер, Сарматтар, Саврамат, Аландардың тарихта ізі бар болса, олар қайда сіңіп кетті? Еуразия кеңістігіндегі түркілердің басқа тайпаларына тағдыр қосып, қазір асау қанында ойнап жатпасына кім кепіл? Академик А.П.Окладниковтың емешегі қалайша езіледі? “Ежелгі Түрік Сібірі Шығыстан гөрі Батыспен тығыз байланысты. Оның мəдениеті бұрынғы ойлағандай емес, одан гөрі бай əрі шымқай. Байкөл, Ангара, Лена жағалауларында Батыс пен Шығыстың көне мəдениеті тоғысып, айырылысып жатты, өз кезеңіне тəн аса құдыретті мəдениет ошақтары өмір сүрді, əрине, оларды есептемей Еуразия тарихын толықтай түсіну мүмкін емес еді. Байкөл бойындағы түрік қалаларынан табылған қазбалардан шыққан жол Дөң мен Дунайға тура төте тартатынын байқаймыз”. Орыстың ірі ғалымының жүрегін жаулаған қазбагерлер ашқан жаңалықтар болатын. Əсіресе, адамзат өркениетіне қосылған скифтердің аң айшықтары (Звериный стиль) жаратылысы бөлек құбылысқа жатады. Бұл өнердің шебер туындыларымен скифтермен əртүрлі деңгейде қарым-қатынас жасаған қоңсы елдердің барлығы емін-еркін пайдаланды десек артық айтқандық емес. Көшпелі болған үлкен юэужилер, түркілер, үйсіндер мен қаңлылар жан сұлулығының нұрлы қайнарларынан сусындады дəйім. Зергерлер бас киім, белдік, қару-жарақ пен ер-тұрманды безендіргенде алтын мен күмісті, темір мен жезді ғажап пайдаланғаны күмəнсіз. Арыстан мен жолбарыс, қасқыр мен таутеке, түйе мен жылқы, самұрық (көкжөре, қанкерде) мен бұлан (қандағай), арқар мен марал тағы басқа тағылар жекпе-жегі шебер шекіліп, көшпелілер бай дүниетанымының көріністеріндей керемет дамып, ғұн, сақ, скиф, үйсін тайпалары дəстүрді дəстүрдей, жаңалықты жаңалықтай іліп əкетті. Бұл тіпті бертінге дейін жалғасты. Бұларды батыс жиһанкездері мен саяхатшылары Рубруквис, Марко Поло, Карпини, Клавихо да түсіндіре алмайды. Мəселен, ертедегі көшпелілердің түрлері болып саналатын өзбек ұлысының құрамында
манғыт, жалайыр, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ, қалмақ, дүриян, үйсін, қият, керейіт, қарлық, құсшы, кенегес, барақ, күрлеуіт, бүркіт, меркит, тана, ұйғыр, татар, мажар, башқұрт, таңғұт рулары кіргені мəлім. Сол жамыраған бұлақтар бара-бара қандай айдындарға құйды? *** Ешқашан жоқтан бар жасалмайды. Кезінде көшпелілер қай жақтан қыспақ көрмеді? Сөйтседе Батыстың Шығысқа көзқарасыəліжөндепоңалмайкеледі. Оларменұрпақтарының басына тағдыр тауқыметі мен тақсыреті қалай түсті; алып бəйтеректің бір бұтағы қырға тамыр тартып, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға” ұшырап, отаршылдық қамытын киді. Ғасырлар ұзақ, ғұмыр қысқа. Əйтпесе, Грек-Бақтияр (Греко-Бактия) мемлекетін талқандап, көш елі (Құшан) қуатты империясын құрған юэгжилер қайда кетті? Біздіңше, санаға сыздықтап сығалаған сайқал саясаттың салдарынан бұл байтақ ата-бабаларымыз өздеріне бір табақ жақын ұлы жүздер құрамына кірген деп жорамалдауға əбден болады. Бұған қытайда шыққан “Шыңжан тарихи сөздігі” де жан бітіре түскендей: “Қазақтың арғы тегі – сақтар, ұлы үйіжылер, үйсіндер, қаңлылар, аландар, хұндар...” Бұнда тайпалардың рет саны сəл өзгергені болмаса деректер мен құжаттар шындық шырайын шіркеу шалдырмайды. Бүгінгі түрік халықтары өзінің түп-төркінін іздегенде баз біреулердей ақиқаттың ала жібін аттамай, кім болса да көлгірсіп, бет алды лағып тұрарлықтай қымағаны абзал. ... Əне бір жылы Қазақстан мəдениетінің Өзбекстандағы күндеріне барғанда Қашқариядан өтуге келе жатып, Үйсін аулының үстінен өткеніміз есте. Ұлы Жібек жолы “Үйсінтауды етектеп, Шəлкөдеге жеткен (Қашқардан шыққан) “кіре керуен”... керуенсарай Кегенге бір тоқтап, одан ары қарай Алматы – Ташкентке бет түзеген”. ...Соны түсінген венгр ғалымы Арминий (Герман) Вамбери қаһармандық жасағандай қызық қорытынды жасайды. “...Шығыс ежелден поэтикалық қиялдың елі болған жəне қоғамдық өмірде тағылықтың белгілері неғұрлым көп сақталса, яғни мəдениеттілігі барған сайын жас болса, поэзия мен оның түрлеріне деген əуестік, əмсе
аса əсірелеу мен ойдан шығаруға құмарлық солғұрлым күштірек болады. Сондықтан да қырғыздың (қазақтың – А.) киіз үйінде тұратын адамдардың Париж – Лондандағы көзі ашық қоғам мүшелерімен салыстырғанда поэзияға бейім болатыны таңқаларлық құбылыс емес...”. Қай заманнан да рухи туыстық іздеу асыл мұраттай əсер қалдырады. Батыс пен Шығыс арасындағы үзіліп қалған байланыстарды қалпына келтіргісі келіп, бүкіл тапқан-таянған халықтар ой інжу-маржанын сүзіп, көңіл көкжиегін кеңейткен Иштван Мендоки Қоңыр атын алып, ақырғы тынысын сонау Мажарстаннан шығып Алатау аясындағы Кеңсайдан табуы шын мəніндегі ойландыратын оқиға. “... Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, башқұрт, т.б. өлеңдерін аудару үстіндемін. Жұмыс нəтижесі қарқынды,– деп ол қазақ əріптесіне жазған хатында қуана хабарлады. – ...Кешікпей мажар тілінде жарық көргелі жатқан Момышұлы Бауыржан батыр ағамыздың “Ұшқан ұя” еңбегін редакциялап баспаға дайын еткіздім”. Азаттық үшін ажал аждаһалары мен һəм аюларымен алысып, аса ауыр жолдан өткен, Алтай, Пияз (Памир) бен Тəңіртаулар төңірегін мекендеген Азия көшпелілері, соның ішінде ғұн, сақ (скиф), үйсін тайпаларының үрім-бұтақтары басқаларменсалыстырғандапəнайысебептерменұмытқалып, мардымсыз аз зерттелсе де тыныс-тіршілігі таңғажайып. Бұл бағытта аңыздарды тарихи ақиқатқа айналдыруға тырысса да марқұм Ə.Бүркітбаевтың ізденістері аяқталмай қалды. Сəл сыңаржақтау пайымдаса да Шань Бошуан “Қазақтың этногенезіне жаңаша талдау” деген мақаласында бұрынғы өз айтқандарының тігісін жатқызғандай қайта оралады: “Қазақ этногенезі екі мың жылдың алдындағы үйсіндер ғана емес. Қазақтың арғы тегі – Хань патшалығы кезіндегі Яньца – Аландар, Оңтүстік – Солтүстік патшалықтар кезіндегі Hejie-Хы жие жəне олардың ұрпағы Таң патшалығы дəуіріндегі Қыса түркілері”. Шетелдің бірен-саран ғалымдары болмаса, бұл құбылыстың жартас пен сына жазулары, аңдар патшалықтарының (звериный стиль) табиғатын түсіндіруге біздің бұл саладағы мамандығымыздың тісі батпай отыр əлі. Тарих ғылымдарының докторы Н.Мұхаметханұлы да
оған үзілді-кесілді ынты-шынтымен қосылмаса да жұмсақ рай танытады: “Үйсін мемлекеті Орталық Азия тарихында аса маңызды рөл атқарады. Өйткені, ол – Қазақстан территориясында құрылған ең алғашқы мемлекеттік құрылым. Үйсін мемлекетінің қоғамдық құрылым жүйесі (ол кезде қоғам бола қойды ма екен?) Хұн империясының мемлекеттік жүйесін жалғастырды жəне дамытты. Сондай-ақ, өзінен кейінгі Қазақстан аумағында құрылған көшпенді немесе жартылай көшпенді елдерге мемлекеттік үлгі-өнеге көрсетті. Басқаша айтқанда, Қазақстандағы мемлекеттіктің алғашқы үрдісін қалыптастырды”. Осы күйі қаз-қалпында ешкімнің аяғы аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Бəрі де өсіп-өну, өркендеу, алмасу, арбасу үстінде жетіледі. Алдияр уақыт дəргейіндегі көшпелілер ұбақ-шұбақ керуені келешекке бет алып бара жатса, онда кешегі күннің де кейбір жағымды-жағымсыз көріністері шаң береді. Əйтседе, бірде жеңіліс, ал, бірде жеңістен тұрмайтын өмір бола ма? Бұлар біздің халқымыздың ұзақ жолы тақтайдай тегіс, түзу болмағанын байқатады. Əйтеуір ХХ ғасырға тұяғы ілініп, жаңа үш мыңыншы жылдардың табалдырығын аттаған қазақтардың алдында да талғап, таңдайтын көкейтесті мəселелер көп. Сол шындықтың шет жағасын шабыт шұғыласына бөленген шайыр болмаса кім жеткізеді? Əманда ақын жүрегі құбыланамадан болашақ бағдар-бағытын сездіріп тұрады. Арада, бəлкім, жиырма ғасыр, одан да көп уақыт өткенде өмір өтінде шалғайына жабысқандармен шамырқана шырмалып шарпысып жүріп, Мұқағали Мақатаев неге шыр-пыр болады? Мен – Үйсінмін, қауға берсең қауға бер, Қан ағызып, үйренгем жоқ жаулап ел. Дауы да жоқ, жауы да жоқ тып-тыныш, Бауырларым, біздің асқақ тауға кел. Мен – Үйсінмін, мал бақ десең мал бағам, Еш жамандық көргенім жоқ қауғадан. Мен – Үйсінмін! Ұлы жүзбін, ұлымын,
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272