Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Тоқтырхан Тұрлыбек «Өмірдің сегіз сәті»

Тоқтырхан Тұрлыбек «Өмірдің сегіз сәті»

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-17 11:31:20

Description: Тоқтырхан Тұрлыбек «Өмірдің сегіз сәті»

Search

Read the Text Version

– Ұнауы ұнайды ғой, бірақ мен оны бас бухгалтермін деп алдадым қара басып. Білəн қарқ-қарқ күліп алды да: –Өзің екенсің ғой бəрін бүлдіріп жүрген. Бірақ қиналатын ештеңе жоқ. Нешауа десе қойды қасқыр жемейді. Бір амалын табармыз Əлимаш екеуміз. – Мүмкін, Халимаға бəрін түсіндіріп, айтармын, кешірім сұрап дегендей. – Қой, сен мынау түріңмен артық қылам деп тыртық қып аларсың. Енді біраз уақыт «Бас бух» болуыңа тура келеді, шыда, батыр. Сонымен не керек, Халиманы алып қашып келіп, айды аспаннан бір- ақ шығардым. Ауыл бір шулап қалды. Өтірігім қашан шығады деп ұстараның жүзіндей қылпылдап жүрмін мен бейбақ. Кеше сиыр фермада есепші болып жұмыс істейтін Тілеуқабыл құрдасымнан керек еді деп, есеп шотын сұрап алған болатынмын. Ымырт жабылғанша түк түсінбесем де, шотты əрі-бері ұрғылап, бірдеңе есептеген болып отырамын. Апам болса үй-ішінде əрі-бері жүгіріп жүрген кішкентай іні-қарындастарыма «Шуылдамаңдар түге, көкелерің жұмыс істеп отыр емес пе?» – деп əлсін-əлсін ұрсып қояды. Əпкем де, көкем де, тіпті əкем де аяқтарының ұшымен басып, сыбырлап əңгімелесетін болды. Өстіп, «бас бух» болып жүре берер ме едім, төртінші күні гараж меңгерушіміз Қоңқаш көкем ардың-күрдің етіп, үйге айшай жоқ кіріп келді. Маңдайымнан суық тер бұрқ етіп, есеп шотты баруырыма қысқан күйі қайда тығыларымды білмедім. – Əй, батыр, – деді ол түйеден түскендей дүңк еткізіп, – шот қағысың жаман емес қой, жүде. Бухгалтер болып кеткенсің бе өзің? Біз баяғыда қатын, тойс келіншек алғанда екінші күні жұмысқа жүгіріп едік. Ал, сен болсаң бір апта бойы жұмысқа шықпай үй күшік болып жатып алдың. Осы күнгінің жастарында мысқылдай ұят болса көзім шықсын. Қысқасы, жарты сағаттың ішінде гаражда болатын бол, əйтпесе, анау су жаңа машинаңды алып қойып, көзіңе көк шыбын үймелетемін.

Қоңқаш қалай кірсе солай шығып кетті. Абыройым айрандай төгіліп, жерге кіріп кете жаздадым. Асып-сасып жұмысқа киетін комбинезонымды шала бүлініп іздей бастадым. – Іздеп жүргенің мынау емес пе? Келіншегімнің нəзік үні құлағыма жеткенде кескен томардай сылқ етіп отыра кеттім мен байғұс. Бірдеңе дейін десем үнім шығатын емес. Халима жаныма келіп: – Əй, бас бухгалтерім-ай! Босқа қинала беріп қайтесің. Таңертең Əлимаш бəрін түсіндіріп айтып кеткен. Екеуміз оңаша бөлмеде отырып алып, ішегіміз түйілгенше күлдік сенің қылығыңа. Кешке тез орал, мен сені күтемін, мақұл ма? Жерден жеті қоян тапқандай орнымнан ұшып тұрдым, басып тұрған ауыр жүктен құтылғандай бойым жеңілдеп сала берді. Халиманың бетінен шөп еткізіп сүйдім де, комбинезонымды жалма-жан алған күйі гараж жаққа зыта жөнелдім. Қай қудың таратып жібергенін кім білсін, бастан кешірген бұл хикаям бүкіл ауылға белгілі болды. Одан кейін қаншама заман өтті. Білдей бес баланың əкесі болсам да «Бас бух» деген лақап аттан құтылар емеспін. Өзгелерді қойшы, соңғы кездері құдай қосқан қосағым да: «Əй, бас бух» дейтінді шығарды. Өзім тілеп алған ауру болған соң шыдап келемін, əйтпесе шара жоқ. Иə, басқа жерлерде қандай екенін білмеймін, ал біздің ауылдың жеңгейлері жанама ат қойғанға шеттерінен шебер. Сенбесеңіздер, келіңіздер, бір жанама атқа ие болмай кетпесеңіздер, қорада бордақыға байланып тұрған ісегімді беріп жіберемін. ҚАРЫЗ АҚША Балықбай түбі түскен шелектей даңғырлап қалған ақкөңіл адам. Астындағы жалғыз атын жолдасына көп ойланбастан тастап жүре беретін нағыз мырзаның өзі де Балықбайдай-ақ болар. Өзінің ақ ниеттілігіне байланысты болса керек, əрдайым шаруасы жүріп, тасы

ылғи жоғары өрмелеп тұрады. Бір күні көршілес тұратын Сағызбай деген жігіт Балықбайдан 500 доллар қарыз сұрап келді... Ол бұл жігіттің кейбір суық жүрісінен ептеп хабары бар еді, бірақ өзіне сенім артып келіп тұрған соң көңілін қалдырмай сұраған ақшасын көп ойланбай бере салды. Тумасынан адам баласына сенгіш Балықбай көршісінен ақша алғандығы туралы тілхат та алған жоқ. Уəделі бір ай өтті. Сағызбайдың алған қарызды қайтарып беретін түрі жоқ. «Жағдайы болмай жүрген шығар, қайда барар дейсің, құдайы көршіміз ғой», – деп Балықбай да онша мəн бере қоймады. Арада жылжып тағы да екі ай өте шықты. Көрші жігіттің қарызды жақын арада қайтарып беретін түрі байқалатын емес. Жарты айдай уақыт өткізіп барып, Сағызбайды Балықбайдың өзі іздеп баруға мəжбүр болды. – Ау, батыр, берген уəдең қайда? Бір ай емес, бақандай үш жарым ай өтіп барады. Əлгі 500 долларды қайтарып бер. «Судың да сұрауы бар» деген, қарағым, – деді ол амандықтан соң. – Қайдағы ақша? Сіз мені біреумен шатастырып тұрсыз, көкесі, – деді дастарқан басында жалғыз шоқиып шай ішіп отырған Сағызбай екі беті былш етпестен. – Шырағым-ау, не деп кеттің өзің? Қалжыңның да орны бар, мен сенің қатарың емеспін. Қарыз алғаның рас болса, оны қайтарып бер, əйтпесе ұят болады, көрші адамдармыз, – деді Балықбай кəдімгідей шошынып. – Ақсақал, бүйтіп мəймеңкөлеп басымды қатырмаңыз. Мен сізден қарыз ақша алсам – көзім шықсын! Енді мені мазалай бермеңіз. Есік – анау! – деді Сағызбай түсін суытып. Үстіне жай түскендей болып есеңгіреген Балықбай өзінен-өзі қорланып, басын шайқай берді. – Бəсе, бəсе... Осы баланың сау сиырдың боғы еместігін іштей сезуші едім. Ойпырым-ай, ел аманда, жұрт аманда пейілі қандай жаман еді! – деді шошына күбірлеп. – Дүниеде балаң сияқты біруден бостан-босқа сөз естіген қорлық емей немене?

Сағызбайдан əбден көңілі қалған Балықбай бұдан соң көршісін іздеп барған жоқ, ол да түк болмағандай бой көрсетпеді. Бірде Балықбай қаңғалақтап жүріп базарға бара қалды. Кіре берісте кішкентайынан бірге өскен, əскер қатарында бірге болған Сағынтайдың кездесе кеткені. Екі иығынан екі кісі мінерліктей ер тұлғалы құрдасы бүгінде дүрдей полиция полковнигі. Бір қалада тұрып жатқандары болмаса екеуінің кездеспегеніне біраз уақыт болған екен. Көп ұзамай-ақ Балықбай мен Сағынтай базардың бір бұрышында шай ішіп, əңгіме-дүкен құрысып отырды. Əңгімеден- əңгіме шығып, Балықбай баяғы қарыз ақша хикаясын құрдасына айтып берді. – Бала кезіңде алдап-сулап, кəмпитіңді жеп қоюшы едік. Аузы ашық, аңқау досым, сол əдетіңді əлі қоймаған екенсің-ау! Мына жүлік сені кəдімгідей қатырып, тұзға отырғызып кеткен екен, – деді полковник досы басын шайқап. – Айтпақшы, мен сен тұратын ауданға ішкі істер бөлімінің бастығы болып қызметке ауысқанмын. Қайдағы бір мұрынбоқ балаға алданып жүрген досыма қол ұшын бермесем болмас. – Бəсе, сөйтсеңші, құрдас! Ақшасы құрып кетсін, бəрінен де өзіңнен кіші балаға алданып, сөз есіткен жаман екен, мына жалғанда, – деді Балықбай екі көзі жыпылықтап. – Так-так, – деді Сағынтай кесеге ыстық шай құйып жатып. Тілхатың жоқ, ақша бергеніңе ешкім куə емес, жағдайың қиын. Ол қызыл көз бəлеге дəлелдеп көр енді. Айтпақшы, əлгі ішің кепкір көршіңнің əйелі қандай адам? – Ұяты бар бала сияқты. – Бетінің қызылы бар де. Ол – жақсы. Олай болса, сен былай жаса,– деді полковник. – Мен саған диктофонымды берейін. Сен алаяқ көршің жоқта əйелімен жайлап сөйлесіп, сөзін байқатпай жазып ал. Алаяқ көршің қарыз алғанын еш болмаса қойнында жатқан қатынына айтқан болар. Байым сізден қарызға ақша алды деген бір ауыз сөзді жазып алшы, қалғанын өзім жайғастырамын...

Балықбай өз өмірінде дəл осылайша қиналмаған болар, сірə. Полковник құрдасы берген диктофонды қалтасына салып алып, көршісі Сағызбайды екі-үш күннен бері сырттай торауылдап жүр. Жас та болса талай бəлені көрген көршісі бірдеңені сезгендей үйінен шықпай жатып алды. Бүгін де Балықбай түс қайтқалы бері Сағызбайды аңдып отыр. Күн ұясына қонақтай бере көршісінің ауыр темір қақпасы жайлап ашылып, үй қожайыны «Жигулиін» айдап шықты. Соңынан еріп шыққан əйеліне асығыс бірдеңе айтты да, үлкен жолға түсті. Қызыл көз бəле біраз жерге алыстап кеткенде, Балықбай кəнігі барлаушыша қалтасындағы диктофонды іске қосып, қақпаны қақты. Есікті Сағызбайдың үрлеген шардай домаланып қалған келіншегі ашты. – Амансың ба, келін? Сағызбай ініме келіп едім, шақыра қойшы, айналайын! – деді Балықбай түк білмегенсіп. – Үйге кіріңіз, аға. Сағызбай қазір ғана жол жүріп кетіп еді. Амандық болса ертең келіп қалар. Шаруаңызды маған-ақ айта беріңіз, – деді жас келіншек сызылып. – Рахмет, келін! Мен үйге кірмей-ақ қояйын, кеш болып қалды. Осыдан үш ай бұрын інім менен 500 доллар қарыз алып еді. Сапардан оралған соң əкеліп тастасыншы, сол ақша құрығыр өте керек болып тұрғаны. – Мақұл, айтайын. Сансызбай сізден алған ақшаны əлі қайтармаған екен ғой. Туған інісі бірдеңе бүлдіріп қойып, қатты қиналғанымызда сіз қол ұшын беріп едіңіз. Келген соң береді ғой, айыпқа бұйыра көрмеңіз! – Рахмет! Қош болып тұр, айналайын, – деп асығыс қоштасқан Балықбай тысқа біреу қуғандай ытқып шықты. Ол үйіне бармастан бұрын мəшине қоятын гаражына бұрылып, диктофонды тексеріп көрді. Жаңағы сөздер сол қалпында жазылыпты. – Жарайсың, Балықбай, тапсырманы мүлтіксіз орындапсың, – деді полковник досы диктофондағы сөздерді тыңдап болып. – Енді

Сағызбайды сағызша шайнаймыз, тырп ете алмайды. Үшінші тəулікте аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Балықбай мен Сағызбайды өзіне шақыртты. – Қайрақбаев мырза! – Сіздің мұныңыз қалай, ə! Қиналғанда біреуден жалынып-жалпайып 500 доллар қарызға аласыз. Бірақ, оны қайтаруды мүлдем ұмытып кетесіз, – деді Сағынтай Сағызбайға қайтер екен дегендей сынай қарап. – Полковник, мырза! Бұл кісі ақ сақалымен, үлкен басымен маған көптен бері жала жауып жүр. Енді сізге де аяғы жеткен екен-ау! Ол неғылған қарыз? Түсінсем, бұйырмасын! – деп Сансызбай безгектей жөнелді. – Қайраңбаев, бұл соңғы сөзіңіз бе? Қарыз алғаныңызды мойындағаныңыз дұрыс болар еді. Əйтпесе, елді алдап, алаяқтық жасап жүргеніңіз үшін жауапқа тартамыз. – Бүйткен қоқан-лоқың маған бір тиын, полковник! Босқа жала жапқаныңды қой! Мені жауапқа тартамын деп қорқытқыңыз келеді. Оған дəлеліңіз қайда? – деп Сағызбай отырған орнынан ұшып тұрды. – Ə, сізге дəлел керек екен ғой. Ендеше, тыңдаңыз, Қайрақбаев мырза! – деп Сағынтай диктофонды іске қосты. Өзіне қарсы қойылған айғақты естігенде Сағызбайдың салпиған ауызы сағызша созылып кетті. – Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе деген осы. Ой əкеңнің.., – деп əйелін келістіріп тұрып бір боқтап алды. Сонан соң еркек басына қарамай өгіздей өкіріп жылап қоя берді. – Ағатайлар, кешіріңіздер мені! Құдай атып, шай тан түртті деген осы. Мен бір шіріген жұмыртқамын! Құлдарың болып өтейін, аяқтарыңа жығылайын! Мені аямасаңдар да, артымда қалған төрт бірдей жас баламды аяй көріңдер! Ботадай боздап отырған көршісін Балықбай біртүрлі мүсіркеп, аяп кетті.

– Сағынтай, мына итті абақтыға қамамашы! Мұны емес, анау шиеттей балаларын аяп тұрмын, – деп досына жалтақтап қарай берді. – Əй, осы ақ жүректігің бір күні түбіңе жетеді, – деді полковник қолын бір сілтеп. – Мұндай арам шырмауықтарды аяп керегі жоқ. Түбіріне балта шаппаса болмайды. Бірақ, сен айтқан соң амал бар ма?.. Буынсыз жерден пышақ ұратының-ай кейде сенің... ТАУЫҚТЫҢ «КЛАССИГІ» Дəркенбай мінген сары автобус тепең-тепең етіп, алға қарай тартып келеді. Бет алысы «Үлгілі» кеңшарының тауық фермасы. Жас тілші жол үстінде келе жатып, таңертең ғана редактормен болған əңгімені есіне алып, еріксіз жымиды. – Дəркенбай, – деді редактор мұрнына түсіп кеткен көзілдірігін түзеп қойып. – Өткен жолы «Бірлік» кеңшарындағы тауық фермасының кемшілігін быт-шыт етіп сынап қайтып едің. Енді «Үлгілінің» тауық фермасын қатырып тұрып мақтап жазып кел. Анау-мынау емес аудан əкімінің өзі дұрыс деп жатыр. Бір мекиен бір айда 36 жұмыртқа табады екен. Соны асықпай зерттеп, тəжірибесін мықтап жаз, басқаларға үлгі болсын. Мə, мына фотоаппаратты ала кет, суретке түсіріп аларсың. Аудандық газеттегі жалғыз фотоаппаратты редактор кім көрінгенге бере бермейді. Əлі сары тұмсық жас тілшіге үлкен сенім артқаны бұл. Оқуды жаңа ғана бітіріп келген беті, жылап жатқан бала, ұрсып жатқан қатын жоқ. Дəкең көп ойланбастан «Үлгіліге» тауық фермасы қайдасың деп тартып кетті. Кішкентай сары автобуста тепеңдеп келе жатып, Дəркенбай сонау алыстап кеткен балалық шағын есіне алып, өзіне-өзі күлкісі келді. Иə, бəрі де тауықтан басталып еді... Алтыншы класта оқып жүргенде аяқ астынан қағынып ақын болғысы келіп, «Мектебім», «Туған жер», «Көктем», «Дала» деген өлеңдерін түйдек-түйдегімен Алматыдағы «Қазақстан пионері» газетіне жіберіп жатты. Алғашқы өлеңдерін жібергеніне үш күн өтпей жатып, ақсақ

пошташы Сейілбай əкеліп беретін газеттің төртінші бетіне жалма-жан үңіле қарады. Бірақ, өзі «мынауский» деп жазған өлеңдері əлі басылмаған екен. Ертесіне газетке тағы шұқшиды, аты-жөні де жоқ, өлеңдері де жоқ. Өстіп, дал болып жүргенде бір күні Дəркенбай Тұрғынбаевтың атына шекесіне «Қазақстан пионері» деген жазуы бар көк конвертті хат келді. Ол асығыс, аптыға хатты ашып, оқи бастады. «Құрметті Дəркенбай, – деп басталыпты хат. – Сенің өлеңдеріңді алдық. Бірақ, көркемдігі төмен болғандығы үшін газетке басудың реті келмеді. Оның үстіне бұрын жазылған тақырыптарды көп қайталайды екенсің, тың тақырыптарды жаз. Əрине, саған көп оқып, көп үйрену керек. Дегенмен таудай талабың бар екен, жазып, хабарласып тұр. Сəлеммен: əдебиет жəне өнер бөлімінің меңгерушісі Рəзия Қонақбаева». Дəркенбай алғашқыда сəл ренжігенмен, хаттың соңғы жолдарын оқығанда төбесі көкке сəл-ақ жет пей қалды. Басына Бекташ ағасының «Темірді қызған кезде соқ» деген сөздері сап ете қалып, жазылмаған тың тақырыптарды жалма-жан іздей бастады. Наурыздың бас шені болатын. Күн жылынғалы бері ауладағы тауықтар қыт-қыт етіп, жұмыртқалай бастаған. Дəркенбайдың көзіне апасы ерекше жақсы көретін қара тауық түсе кетті. Өзі де жақсы көретіндей тауық, күнде жұмыртқа табады, жұмыртқалары да жұп-жұмыр. «Міне, тың тақырып деген осы. Тез өлеңге қосу керек, тез. Мұндай тақырыпты бүгінге дейін бірде бір ақын жазбаған шығар. Қатып кетті деген осы». Дəркенбай жерден жеті қоян тақпандай қуанып кетті. Құлшынып тұрған ақынға өлең деген сөз болып па? Əп-сəтте-ақ бір өлең дүниеге келді. Сондағы шатпағы мынау еді: Қыт-қыт етесің, Өзің бір пəле екенсің Күнде жүкті боласың, Күнде тұқым табасың.

«Тауық» деп аталатын өлеңін тез қағазға түсіріп, сол күні-ақ Алматыға салып жібереді. Өлеңді жазған оңай да, шығару қияметтің- қияметі болып шықты. Күнде газет бетіне қарайды, бірақ шығатын түрі жоқ. Өзінен де, өлеңнен де түңіліп жүргенде бір күні шекесінде «Қазақстан пионері» деген жазуы бар тағы бір хат келді. «Құрметті Дəркенбай! «Тауық» деген өлеңіңді алдық. Мұндай ұятсыз өлең жазуға болмайды, поэзия кім көрінгеннің ойыншығы емес. Сəлеммен: əдебиет жəне өнер бөлімінің меңгерушісі – Рəзия Қонақбаева», – деп жазылған хатты оқығанда Дəркенбайдың басынан біреу балғамен соғып жібергендей болып есеңгіреп қалды. Сөйтіп, осылайша поэзиядан жолы болмай салы суға кетіп жүргенде Бекташ ағасы басқаратын тауық фермасына аудандық газеттің тілшісі келе қалмасы бар ма. Ауданның маңдайалды тауық фермасы туралы озат тəжірибе бетін жазу ойы бар екен. Тілші ағасы екі күн жатты. Əрине, Дəркенбай ол кезде озат тəжірибенің не екенін білмейді, ал тілші мен Бекташ ағасы екеуінің он тауық жеп, он бөтелке арақты босатқанын анық біледі. Көп ұзамай-ақ Бекташ көкесі мен оның тауықтары туралы жазылған үлкен мақала аудандық газеттің бір бетіне тұтас жарияланды. Бұдан кейін де тілші ағасы тауық фермасына жиі-жиі келіп тұратын болды. Бір келгенде Дəркенбай тілші ағайға өзі жазған өлеңдерін оқып берді. Əсіресе, баяғы «Тауық» деп аталатын өлеңі тілшіге қатты ұнады. Көзінен жасы аққанша күліп, «Молодец, жарайсың», – деп арқасынан қақты. Тілші, газетіне бастыртамын деп бір топ өлеңдерін ала кеткен, сөзінде тұра білді сабаз. Көп ұзамай-ақ Дəркенбайдың екі-үш өлеңі жарқ етіп, ауылды бір шулатты. Содан бастап, Дəркештің бағы жанып кеп берсін. Аудандық, облыстық газеттерде, тіпті «Қазақстан пионерінің» өзі өлеңдерін, мақалаларын басып тұратын болды. Тоғызыншы класта оқып жүрген болатын. Жаңа оқу жылының басында Айнаш деген қыз көрші ауылдан өзі оқитын мектепке, оның ішінде 9 «Б» класына ауысып келмесі бар ма? Дəркенбайдың Бекташ көкесі айтатындай нағыз бет біткеннің сұлуы. Кластағы ұл біткеннің

бəрі əлгі қызға ғашық болып қырылды да қалды. Дəркенбай да Айнашқа ғашық екендігін білдіріп, жата қалып өлеңдетіп хат жазды. Ғашықтық туралы хаты: Қиылған қасың, Нешеде жасың? Танысуға болар ма екен, Бос болса басың? – деп шұбатылып кете береді. Бұл хатты кім көрінгеннің қолына беруге болмайды, Айнаштың өзіне тікелей тапсыру қажет. Алдын-ала жасалған жоспар бойынша хатты əдебиет сабағы кезінде Айнаштың оқулығының арасына қыстырып салып жіберу керек болатын. Ғашықтық дерт бойын өртеген Дəркенбай сөйтуін сөйтті-ау, бірақ оны мұғалім Қатима байқап қалып, хатты қалтасына салып алды. Сол-ақ екен басы бəлеге қалды Дəркештің. Тай түгілі бас қайғы болып, ғашықтығы жайына қалды. «Өзі комсомол мүшесі, өзі мектептің қабырға газетінің редакторы бола тұра, қыздарға ғашықтық туралы хат жазады. Бұл не деген масқара!» – деп анаусы да, мынаусы да саусағымен нұқып, көзіне көк шыбын үймелетті дейсің. Ол аздай ертең комсомол жиналысына салмақ. Бүйтіп тірідей көзге күйік болғанша тезірек көзімді құртайын деп, Дəркенбай көрші ауылдағы əпкесі Күлпаштың үйіне қашып кетейін деп жатқанда мұғалима Қатима мен оныншы кластың зіңгіттей-зіңгіттей төрт оқушысы жетіп келіп, оны дірдектетіп, мектеп директорының кабинетінен бірақ шығарды. Зəресі зəр түбіне кеткен Дəркенбайдың бір аңғарғаны: директор онша ашулы емес, жанында отырған бейтаныс жігіт те жайдары. – Міне, мектебіміздің маңдайалды оқушысының бірі, əрі қабырға газетінің редакторы Дəркенбай Тұрғынбаевтың өзі де келді, – деді директор орнынан тұрып. – Дəркеш, мына ағаңа жақсылап сəлем бер, ағаң аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. Сен Алматыда өтетін «Қазақстан пионері» газетінің мерекесіне баратын болдың. Жарқынбай ағаң сені өзі ертіп апарамын деп отыр.

Сенер-сенбесін білмеді. Бірақ, бəрі рас болып шықты. Сол-ақ екен, Дəркештің «атағы» бүкіл ауылға дүркіреп жүре берді. – Ойпырым-ай, не дейсің, Тұрғынбайдың қалқан құлақ баласы Алматыға баратын болыпты. Иə, өңшең газет тілшілерінің үлкен жиналысына қатысады екен өзі. Анау-мынау емес, комсомолдың бірінші хатшысымен барады екен. Алматыға жүргенше бүкіл ауылдың əңгімесі Дəркенбай жайлы болды. Əрине, Дəркештің ғашықтығы талқыланатын комсомол жиналысы болмай қалды. Ал, мұғалима Қатима болса Дəркенбайды ең үміт күтетін шəкіртімнің бірі деп жер-көкке сыйғызбай мақтайтынды шығарды. Бұрын мұрнын шүйіріп қарамайтың ең сұлу қыздардың өздері сыртынан қызыға қарайтын болып жүр. Жолға жүрердің алдында айдай сұлу Айнаштың өзі: «Дəркенбай, екеуміз мəңгі-бақи дос болайық» деп хат жазып, сонау алпысыншы жылдардың бойжеткендеріндей кестелі орамал сыйлапты деген сыбыс шықты. Дəркенбай бүкіл ауылды шуылдатып, астанаға шікірейіп аттанып кетті. Оны редакцияның кіре берісінде əдеміше келген, жылы жүзді əпкей қарсы алды. Дəркенбай қарап тұра ма, тақ-тақ етіп өзін таныстырып жатыр. Пəленше облыс, пəленше аудандағы, пəленше атындағы мектептің 9 «Б» класс оқушысы Дəркенбай Тұрғынбаевпын дегенде редакция қызметкері мырс етіп күліп жіберді. – Ə, Дəркенбай сен бе едің, танимыз сені. «Тауық» деген өлеңнің авторы өзің емессің бе? Баяғы «Тауықтың» авторы осы бала екен ғой, молодец, – деп екінші редакция қызметкері арқасынан қағып қойды. Қалған қызметкерлер де мəз-мейрам. Бəрі де бұрыннан білетін жандардай амандасып, жағдайын сұрап жатыр. Кейін таныса келсе, олардың бəрі қазақтың мықты-мықты балалар ақындары болып шықты. Алматыға барған бұл сапарында Дəркенбай тауықтың «классигі» атанып қайтты. Ал, келесі жылы құласам таудан құлайын деп университеттің журналистер даярлайтын факультетінен бір-ақ шықты. Міне, оны да аманесен бітіріп, қазір көрші аудандағы газетте дүрдей тілші болып қызмет етіп жатқан жайы бар.

«Үлгілі» кеңшарындағы тауық фермасының меңгерушісі Қойшыбай да өзінің Бекташ ағасы сияқты түбі түскен шелектей даңғырлап қалған ақкөңіл жан екен. Дəркенбай барысымен он тауықты бытырлатып сойып тастады. Екі күннің ішінде екеуі бес-алты қылмойын бөтелкені домалатып тастап, əңгімені армансыз соқты-ау. ...Жазған мақаласы редактордың көңілінен шықты. – Бала, өзің молодец екенсің. Өмір бойы тауық фермасында жұмыс істеген мамандай жан-жақты талдап, жақсы жазыпсың. Міне, озат тəжірибе деген осылай болуы керек. Əсіресе, тауықтың қалайша бір айда 35 жұмыртқа табатынын ашып беріпсің, – деп лездемеде жатып кеп мақтады. Иə, редактор Дəркенбайдың Бекташ көкесінің жиырма жылдан бері тауық фермасының меңгерушісі, ал өзінің бала кезден тауықтың «классигі» екендігін қайдан білсін. БЕРІЛМЕЙ ҚАЛҒАН СӨГІС Құдайдың аты – құдай. Берем десе бере салады да аямай. Сорлатам десе сорлата салу да оған түк емес. Осыдан жарты жыл бұрын ғана директордың креслосына қолы əрең жеткен Қойбағар бүгін ойламаған жерден партиялық сөгіс алып, үстіне жай түскендей есеңгіреп қалды. Баяғыда əкесі сауысқаннан сақ болу керек бұл заманда, бір шоқып, екі қара деп отырушы еді. Иə, абайламаса сүрініп кетіп, тұмсықты бұзып алу түк те емес екен. Осыдан үш күн бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жайбағыс басқаратын шаруашылыққа сап етіп келе қалмасы бар ма? Екеуінің сонау жалаңаяқ студент кездерінен бері таныстықтары бар еді. Талай рет студенттердің «конягі» – портвейнді бірге ішіп, қыз- қырқындарға да бірге барғандары бар. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» демек ші, оқу бітірген соң екеуі де ит жортса жетпейтін, құс ұшса келмейтін осы алыс, шалғай ауданға тап болды. Жайбағыстың студент кезінде-ақ ептеп пысықтығы бар еді, келген екі-үш айдың ішінде ай қарап, жұлдыз санап жүрмеген

екен. Көп ұзамай-ақ облыстағы айтқаны жүріп тұрған үлкен бір дөкейдің қызын алып, дүркіретіп тұрып той жасады. Сол-ақ екен Жайбағыстың картасы жүріп кеп берсін. Жас келіншегі екеуінің бал айы өтпей жатып-ақ бас зоотехник болды. Екі жыл өтпей жатып, бір совхозға директор болып, жайлы креслоға қонжия кетті. Тоқпағы күшті болса киіз қазықтың өзі жерге кіреді деген рас екен. Арада екі- үш жыл салып, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып шыға келді. Ол бұл креслода да ұзақ отырған жоқ. Жайбағыс, тойс Жөкең бүгінде райком, яғни бірінші хатшы. Азуы алты қарыс, түкірсе түкірігі жерге тимейді, бүкіл аудан ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында. Обалы не керек, құйрығы жерге тимей анда-мұнда шапқылап бір совхоздың бас зоотехнигі болып жүрген Қойбағарға қол ұшын беріп жіберіп, асыл тұқымды қой совхозының білдей директоры болып шыға келген. Хатшы, парторг, зоотехник төртеуі шаруашылықты аралап болған соң ауданның бірінші басшысын үйіне шақырды. Ыстық шайдан соң өңшең ығай мен сығый преферансты сызуға кірісті. Жайшылықта жылжи қоймайтын Қойбағардың қолы жүріп кеп берсін. Бас зоотехниктің ымдағанын да, аяқ басқанын да аңғармай бірінші хатшының да, парторгтың да бар ақшасын көк тиынын қалдырмай сыпырып ұтып алды. Таңертең бірінші хатшы директормен салқын қоштасып, асығыс жүріп кетті. Арада екі тəулік өтпей жатып, совхоздың жүк таситын машинасы мен оқушылар тасымалдайтын автобус шаңқай түсте соғысып қалып, бір шопырдың басы жарылса, екінші шопыр қолын сындырып алды. Құдай оң болғанда автобус ішіндегілер аман-есен, əйтеуір. Қойбағар ертесіне райкомның бюросынан бір-ақ шықты. Сол бюрода «Көксай» совхозының директоры жұмыста жіберген жауапсыздығы мен немқұрайдылығы үшін сөгіс алып шыға келді. Құдай бір айналдырса шыр айналдырады деген шын. Күздің жылауық бір күні облыстық активтің жиналысы болатын болды да, ауданның бүкіл бетке шығар қаймағы облыс орталығына аттанды.

Қонақ үйге орналасып, Жайбағыс пен Қойбағар дың көшеге шыққан беті сол еді, дəл қарсы алдарынан баяғыда Алматыда бірге оқыған Сəлиманың кездесе кеткені. Хатшы да пенде ғой, көзі бірден Сəлимаға түсті. Ал, Сəлима болса Қойбағарға өзі сүйкеніп, өліп-өшіп барады. Өзі қарға аунаған түлкідей құлпырып кеткен, аузы-аузына жұғар емес, бəрін айтып жатыр, бір емес екінші күйеуімен ажырасып үлгеріпті, қазір жалғыз тұрады екен. Ұзын сөздің қысқасы, Сəлима қара бояумен баттасқан көздерін төңкеріп қойып Қойбағарды қонаққа шақырып, қиылып тұрып алды... Ертесіне бірінші хатшы директормен басын біреу зорлағандай əрең изеп, салқын амандасты. Актив біткен соң Қойбағар ауылға келсе, бір мая шөп өртеніп кетіпті құдай ұрып. Күн құрғатпай жатып, директор тағы да бюроға шақырылып, екінші сөгісті алып қайтты сүмірейіп. Қойбағар осылайша үсті-үстіне «нокдаун» алып, есеңгіреп жүргенде бірінші хатшы құйындай болып, тағы да ойламаған жерден жетіп келді. Сол күні бүкіл елді аузына қаратқан бір қарияның үлкен тойы болып, хатшы мен директорды қоярда қоймай шақырған болатын. Алла тағала, оң көзімен бір қарамаса біттің дей бер. Ардагердің тойында бəрі бірауыз болып келісіп алғандай Қойбағарды екі аяғын жерге тигізбей мақтады дейсің кеп. Қалай білмей жүрген, Қойбағар данышпан екен, білгір екен, нағыз ел ағасы екен. Директордың жанында отырған бірінші хатшы елеусіз болып жайында қалды. Сол күні Жайбағыс директордың үйіне бармай, совхоздың қонақ үйіне түнеп шықты. Екеуі таң атпай жатып, отарларды аралауға шықты. Іздегенге олқылық түк емес, сыныққа сылтау табыла кетті. Қошқардың аты қошқар емес пе? Жануарлар қой дегенді қайдан білсін. Құдай ұрғанда, қарауыл қалғып кетіп, оншақты асыл тұқымды қошқар жас тұсақтарға қосылып кетіп, шеттерінен қуып жүр екен... Хатшы жата кеп ашуланып, директор болса ыржалаңдап күле берді. – Жынданып кеттің бе, неге күлесің? – деді райкомның секретары.

– Жолдас хатшы, мына қошқарлардың арқасында үшінші рет сөгіс алайын деп тұрмын. Қолыңда тұр ғой, сол сөгісіңді бермей-ақ қойсаңшы. Өзім-ақ арыз беріп, жұмыстан босанайын. – Не деп көкіп тұрсың? Оны бюро шешеді. Ертең таңертең сонда бол. Хатшы «Уазигінің» есігін тарс жауып, асығыс жүріп кетті. Таң атпай жатып ерте оянған Қойбағар қырынып, киініп бюроға жинала бастады. Онсыз да жуан мойынын қылқындырып, тоқпақтай галстугын байлап жатқанда үнсіз тұрған кішкентай радиоға үн бітіп, мыңқылдап сөйлесе де, аса маңызды хабар бере бастады. Қойбағар қаққан қазықтай қалшиды да қалды. Мəссаған... Осындай да болады екен-ау... Партия тарқап кетіпті... Қорыққаны ма, жоқ əлде қуанғаны ма Қойбағар ас бөлмеде шай қамдап жүрген жұбайы Мəриямға айқай салды. – Мəриям, естідің бе? Астапыралла! Шошып кеткен Мəриям ас бөлмеден жүгіре шықты. – Қойташ, жайшылық па, не болып қалды? – Сұмдық, КПСС, тойс партия тарқап кетіпті. – Қазір менің райкомға баруым керек. Маған партиялық сөгіс беру керек еді, жұмыстан алу керек еді бүгін. Енді не болар екен? Қызық болды-ау өзі. О, құдайдың құдыреті, мұндай да болады екен, – деп біресе қол сағатына, біресе аузы ашылған жұбайына қарап, «үф» деп жанында тұрған орындыққа отыра кетті. СОЛДАТТЫҢ ЕСКІ МАЛАҚАЙЫ Алматыда оқып жатқан кенже қызына барып келуді Ордабай көптен бері ойлап жүр еді. Бірақ, шопанның қолы тиген бе, бұл кетсе колхоздың бір отар қойы қырылып, өліп қалатын құсайды да тұрады. Əйелі болып, інісі болып астанаға барыпкелуге əрең көндірді-ау, əйтеуір. Сонау бір жылдары

Ордабайдың бүкіл туған-туысқандары біздің тұқымнан да бір герой шықсын деп қозыларының біразын ағаларының отарына қосып, əр жүз қойдан бақандай 140 қозы алғаны бар. Өкінішке орай, герой бола алмады, оның есесіне аудандық газеттен бастап, республикалық басылымдарға дейін «Красный пахарь» колхозының маңдайалды аға шопаны Жапсарбаев Ордабайдың атын шулатты дейсің кеп. Сол жүз қырық қозының арқасында сонау Мəскеуге Халық жетістіктері көрмесіне барып қайтты біздің Орекең. Содан кейін алыс жолға екінші рет шығайын деп тұр. Бұл сапары да Меккеге жиналғаннан бір кем соққан жоқ. Əйелінің қызына деген сəлемдемесі тұп-тура екі қапшық болды. Күнде киіп жүрген түлкі малақайы мен саптама етігін киейін деп еді əйелі баж ете қалды: – Ойбай-ау, кенже қызыңа кетіп бара жатқан жоқсың ба? «Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды» демекші, адам құсап киінбейсің бе, анау құндыз бөркіңді міндетті түрде ки. Осындайда кимегенде қашан киесің оны? Не керек, бүкіл туысқандары Ордабайды улап-шулап аудан орталығындағы теміржол бекетіне дейін шығарып салды. Ордабай пойызға отыруын отырды-ау, бірақ, бұл көк қасқаң жолда кездесетін əрбір бағанаға тоқтайтын болып шықты. Мынау тұрған Алматыға тасбақаша аяңдап, бір тəуліктен асқанда əрең жетті. Қырсыққанда дəл ымырт үйіріле бере маңдай тіреді сабаз. Көппен бірге Ордабай да домаланып пойыздан түсе берген. Кеше көп болып байқамаған екен, заттар салынған екі қапшық ішіне тас салып қойғандай ап-ауыр. Вокзалдан шыға берісте қызы тұратын құдасының адресін сұрастырып көріп еді, біраз жер болып шықты. – Автобусқа сенсеңіз, бұл Алматыда арам қатасыз, дұрысы, такси ұстаңыз, – деді бір иман жүзді келіншек. «Үйден қырық қадам шықсаң – мүсəпірсің» деген осы, сүйретіліп, таксидің кезегіне келді. Өзі қойшы болып істейтін колхозда айлық жалақыларын үш-төрт айда бір-ақ рет беріп, кезек жыландай шұбатылып жатушы еді. Таксидің де кезегі сондай болып шықты. Аяқ астынан кіші дəрет қысып,

Ордаштың берекесі қашты. Қызына деген сəлемдемесін тастап кетейін десе, тани қоятын ешкім жоқ. Сөйтіп, дал болып тұрғанда жаңа ғана таксиге мін деп кеңес берген келіншекті танып, шешесі ұл туғандай қуанып кетіп бұйымтайын айтты. – Сөз болып па, ата, баратын жеріңізге барыңыз, мен сізді күте тұрайын, – деді келіншек келісім беріп. Ордабай вокзалдың ішінде əжетхана бар екендігін, оған ақша төлеп кіретіндігін білген де жоқ, оны сұрап жатуға уақыты да жоқ еді, бір қараңғылау бұрышқа тұра кеп жүгірді. Бойы жеңілдеп, əлгі қараңғы бұрыштан шыға беруі мұң екен, қарсы алдынан екі жігіт шыға келді, біреуі жалма-жан басындағы құндыз құлақшынын жұлып алып, тұра қашты біреу қуғандай. Ордабай тез есін жия əлгі екеуінің соңынан тұра жүгірді. – Айналайындар-ау, өзіміздің қаракөздер екенсіңдер, кенже қызыма келе жатыр едім, ұят болады ғой. Бөркімді қайтарып бере көріңдер. Құндыз бөрікті ала қашқан жігіттің ұяты бар болып шықты, тоқтай қалды: – Болмадыңыз ғой, ақсақал, қайтып алыңыз бөркіңізді, – деп малақайын қайтадан басына кигізе салды. Ордабай таксидің кезегіне қайтып келсе екі қапшығын тастап кеткен келіншек оны сабырсыздана күтіп тұр екен. – Ата, кешіктіңіз ғой, сізге бола екі таксиден қалып қойдым. – Айналайын, айып ете көрме! Қараңғы бұрыштан шыға бергенімде екі жігіт қарсы алдымнан шығып, біреуінің құндыз бөркімді ала қашқаны. Мен қарап тұрайын ба, тұра жүгірдім соңдарынан. Дегенмен, ұяты бар екен, бөркімді қайтарып берді əлгі жігіт. – Ата, басыңыздағы құндыз бөрік емес, солдаттың ескі малақайы ғой. – Шырағым-ау, не деп тұрсың? Ордабай жалма-жан басындағы бөркін жұлып алды. Шынында да солдаттың мыжырайған, əбден ескірген малақайы.

– Қап, мына екі жүгермекті-ай! Мені алдап қатырған екен-ау, – деп санын бір-ақ соқты. Осылайша əлемжəлем болып тұрғанда таксидің де кезегі жетті. – Шырағым, Мамырға дейін ала кетші, – деді басына ескі солдат малақайын мыжырайтып киіп жатып. – 300 теңгең бар ма, апарайын, – деді таксист шалға ыржиып. – Ойбай-ау, мынау тұрған жерге осыншама пұл сұрайсың ба? Бұл кемпірім екеуміздің қой соңында жарты ай бойы салпақтап алатын жалақымыз ғой. – Олай болса автобуспен бар, – деді таксист маған бəрібір дегенді білдіріп. – Мейлі, айтқаның болсын, аман-есенімде қызыма жетіп алайын. Əйтпесе, мына қаланың қулары тыр жалаңаш қалдырып жүрер. Такси Мамырға қарай аңыратып келе жатыр. Ордабай жол үстінде келе жатып, кемпірін, бүгін қолды болып келе жатқан құндыз бөркін ойлады. – Түймекүл түсінер, ұрыспайтын шығар не болыпты. Əлі күйеуге шықпаған үш қызым бар емес пе, аман болса солардың бірі құндыз бөрік кигізер əкелеріне, – деп өзінөзі жұбатты Орекең. «ЭСЕВИО» Кейбір қыздар бір рет күйеуге шығуға зар болып жүрсе менің туған балдызым үшінші рет тұрмысқа шығып жатыр. Оның үстіне мына ауыз ашып, көз жұматын күйіп тұрған қымбатшылықта мейрамханада дүрілдетіп той жасамақ. Сонау ит өлген жерге кімнің барғысы келсін: күн суық, жұмыстан жібере қоймас, оның үстіне сіңлің бірінші рет күйеуге шығып жатқан жоқ деп біраз қиқандап көріп едім, ептеп ақимасы бар жеңгейлерің: «Жар дегенде жалғыз ғана бауырымның тойына бармай көрші, екі аяғыңды бір етікке тығып, қаңғыртып жіберемін» деп зəремді алды.

Батырға да жан керек, бірден билет алу үшін əуежайға қарай зымырадым. Сыныққа сылтау табыла кетіп, баратын жағымызға билет болмай шықты. Мен бұл жөнінде Қалимашқа қуана-қуана телефон соғып едім, ол трубканың аржағынан: «Өл, тіріл екі билет тап, болмай жатса теміржол бекетіне бар, шаруаңды бітірмей төбеңді көрсетуші болма!» деп шұғыл бұйрық берді. Ана кассаны бір сығалап, мына кассаны бір сығалап, түк бітіре алмаған соң, теміржол бекетіне тартып кеттім. Мұнда да бірін-бірі итермелеген халық. «Мен болсам балдызымның тойына кетіп бара жатырмын, күннің көзі қырауда, мына адамдардың бəрі қайда бармақшы» деп кəдімгідей ренжіген күйі ұзыннан-ұзақ шұбатылған кезекке мен де тұрдым. Сол қалшиып тұрғаннан ет пісірім уақыт тұрып, кассаға да жеттім-ау, əйтеуір! – Айналайын, ертең Ақтөбеге жүретін пойызға екі билет бере қойшы. – Купеге билет жоқ, жай вагонға аласыз ба? – деді кассир қыз тақ-тақ етіп. – Қалқам, жай вагон болмайды, анау Эсевио дегендерің болмаушы ма еді, ең қымбат вагон, – дедім сасқалақтап. – Эсевио емес, СВ деңіз, – деді билет кесуші күліп. – Оған екі билет табылады. Шұжықтың ұзыны, сөздің қысқасы жақсы демекші, Қалимаш екеуміз мінген жүрдек бірдеңеден құр қалатындай болып, екі өкпесін қолына алып аңыратып-ақ келе жатыр. Бірақ, жұбайымның қабағы қатулы: азынап тұрған екі кісілік купеге, суықтан бүрісіп, тоңып отырған маған алма-кезек қарап, түріңкі еріндерін жыбырлатып-жыбырлатып қояды. Ішім сезгендей шыдамы ұзаққа созылмады, тиісетіні, қажайтыны баяғы мен: – Əй, мынау «Эсевиоң» азынап тұр ғой. Иесі бар ма қараң қалғырдың? Бəледен машайық қашыпты дегендей екі құлағымды тарс бекітіп, қос жанарымды жұма қойдым. Кеше теміржол бекетіне оралғанымда

билетті қалай алғанымды айтып, балаларымды бір күлдіріп алғанмын. Əсіресе, кенже ұлым Дəурен ішегі қатқанша күлді. – Ну папа, даешь ты. Сен прямо Қожанасырсың, – дейді күлкісін баса алмай. Көрдің бе, қатын деген нағыз дұшпан. Қаңғалақтап жүріп, шатастырып айтқан сөзімді өзіме қарсы қолданып отыр. – «Сұмырай келсе су құриды» дегендей алған ор нын қарашы! Мына азынаған вагонда суықтан үсіп өліп қалатын шығармын. Қалимаш əлі өзімен-өзі. Суы қайнаған самаурынша бұрқылдап- бұрқылдап қояды. Үйреншікті əдеті емес пе, қайда барар деп мен отырмын. Мен билет алдындағы сатушымен болған екеуара сөзімізді есіме алып, өзімнен-өзім күлкім келді. «Мұртқа өкпелеп жүріп, сақал шығыпты» демекші қырықтан асып, табақтай бір дипломның иесі, төрт баланың əкесі болсам да орысшам бір оңбай-ақ қойды. Бас-көзіне қарамай бірдеңе деп қойып қалып, қарап тұрамын. Сонау бала кезімде əкем мені адам болсын деп бір-екі жыл орысша оқытқаны бар. Ауылымыздағы бастауыш мектепті бітірген бес-алты баланы совхоз орталығындағы орыс мектебі қайтадан төртінші класқа қабылдады. Мектеп пен ауылдың арасы біраз жер. Екі ортада үлкен сай бар, бірде бəріміз жата кеп асық ойнап, екінші сабаққа əрең үлгердік. Орысшамыз шамалы, құрдастарымның ішіндегі пысықтауы мен едім. Класс ішіне топырлап кіріп, амандық жоқ, саулық жоқ сүмірейіп тұрмыз. Мұғалім маған қарап: «Дайрабаев, почему опоздали на урок?» – деп сұрады. Мен мұрнымды бір тартып қойып: «Мы пешком приехали», – дедім. Сол-ақ екен тақтаның жанындағы мұғалімнің өзі мырс етіп, бүкіл класс ду етіп күліп жіберді. Бұлар неге күледі деп біз аң-таңбыз. Біз қайдан білеміз, «приехали» мен «пришлидің» мəнін кейін түсіндік ғой. Ептеп орысша білген соң балалардың арасында беделім əжептəуір. Біз оқитын мектептің дəл жанында азық-түлік жəне өндіріс заттары аралас дүкен бар еді. Бүкіл құрдастарымның қалталарындағы тиын- тебендерін жинап алып, сауда жасайтын «коммерсант та» баяғы

менмін. Бір күні бар тиындарымызды жинап, тəтті тағамдар, екі шөлмек сусын алатын болып келістік. Арамызда Арыстан деген бала бар болатын, соған апасы оншақты жұмыртқа беріп жіберіпті. Ол сол жұмыртқаларды дүкенге өткізіп, түрлі-түсті қаламдар алып берші деп жата кеп жабысты. Бүкіл нөкерімді ертіп, дүкенге кірдім де, таң қиған мұрнымды бір тартып қойып, орысшам онша келіңкіремесе де саудамды бастап кеп жібердім. – Двесто грамм печенье дай міне, двесто грамм «Ирис» дай міне, двесто грамм пряник дай міне, два бутылка лимонад дай міне и светной карандаш, который стоить 26 копеек дай міне. Сатушы əйел күліп қойып, мен берген тиындарды есептей бастады. Бəріміз у-шу болып, дүкеннен көңілді шықтық. Түрлі-түсті қаламдар салынған қорапты арыбері қарастырып тұрған Арыстан: – Түу, Қиқым қандай бəлесің, орысшаға судайсың ғой өзің. Тіпті «который» деген сөзді де үйреніп алыпсың, – деді таңқалып. Қалқиған құлаққа əбден сіңбей, кəуек сияқты бас дұрыс қабылдамай орыс тілін көсілтіп сөйлеп кету қиынның қиыны болып шықты. Оны білдей студент болып жүргенде де қатырып кете алмадық. Екінші курста оқып жүргенде бір күні кезегім келіп, азық-түлік дүкеніне бара қалдым. Онда «сосиска» деп аталатын шұжық сатылып жатты, өзін талай жегенбіз, əрі арзан, əрі дəмді, студенттерге таптырмайтын ас. Кезекке тұрып, шұжықты енді ала берейін дегенде құдай тас төбемнен ұрып, орысша қалай аталатындығын ұмытып қалып, əрең жеткен кезектен сытылып шығуға тура келді. Кетіп қалайын десем шұжық құрғырды көзім қимай тұр, қайтадан кезекке тұрдым. Шегінетін жер жоқ, неде болса алға жылжып келемін. Мақау адамдай қалшиып тұрған маған көз тастаған сатушы: «Молодой человек, что вам надо? Говорите?» – деді. – Мне два килограмм сиски дай. – Ха, ха.

Елдің бəрі қыран-топан күліп жатыр. Бірдеңені, бүлдіргенімді сезіп, мен тұрмын. Бүгін де ашуы келсе екі аяғымды бір етікке тығып жіберетін Қалимаш жас кезінде «қатқанский» қыз болатын. Екеуміз бір жоғары оқу орнында оқитынбыз. Анда-санда бетпе-бет кездесіп қалып жүрдік. Соңғы бір-екі кездескенімізде маған қарап күлетінді шығарды. Сөйтсем, ол мені сосиска сатып алған күннен бері білетін болып шықты. Мен орысшаны оңдырмаймын, Қалимаштың қазақшасы шамалы. Сөйте тұра махаббат деген шайтан екеумізді үйлендіріп бір- ақ тындырды. Одан бері қанша уақыт өтті, құдайдың бере салған үш- төрт қара домалағы бар, бір ғажабы бəрі де менің аузымнан түсіп қалғандай, өзімнен аумайды-ау, аумайды. Қалимаш баяғы күлегеш ақсары қыз емес, қазір тепсе жерді ойып жіберетін қатын, тойс бəйбіше. Бұрынғыдай шүлдірлемейді, қазақша сөйлесе түбін түсіріп сөйлейді, əсіресе ұрысқанда кішкентай тесіктің өзіне кіріп кете жаздайсың. Біреуден ілгері, біреуден кем, əйелдің айтқанына, нарықтың қыспағына көніп дегендей жүріп жатырмыз. Шартарапқа кеткен ойымды: «Əй, Қиқым мына «Эсевиоң» азынап кетті ғой. Жайшылықта дауысың жер жарады, неге үнің шықпай қалды? Айтпайсың ба, анау бездельник жолсерікке, ол неге от жақпайды? Суықтан қатып өлеміз бе, ойбай-ау!» – деген ащы даусы бөліп жіберді. Енді орнымнан тезірек тұрмасам от шығып кетуі мүмкін. Жолсерікке айтып, мына «Эсевионы» тезірек жылытпаса болмас, суықтан менің де аяқтарым серейіп қалды. – Əңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді, – дедім өз-өзім. Ойлай берсең ой түбіне жеткізген бе? Ең бастысы – балдызым бұдан былай байға тимей-ақ қойса жақсы болар еді. Мүмкін, бұным мысық тілеу болар, бетінің қызылы барда байға шыққысы келсе тие берсін. Тек түкірсең түкірігің жерге түспейтін желтоқсан айында шықпасыншы, шайтан алғыр. Басқа мезгіл құрып қалғандай қыста үшінші рет байға тиіп отыр емес пе? Күннің көзі қырауда қайта-қайта əрі-бері шапқылай берген оңай дейсің бе? Əрине жалғыз болсаң əңгіме басқа.

– Əй, жолсерік жолдас, қайдасың? Өлтіресің бе бізді шетімізден, жақпайсың ба отыңды. Мына «Эсевиоң» азынап кетті ғой тіпті. Қарсы ұшырасқан жолсерік менің айқайымнан кəдімгідей сескеніп қалды. –Аға, «Эсевио» деген не?», – деді көздері жыпылықтап. – «Эсевионың» не екенін қазір түсіндіремін мен саған! Жүр, купеге кіріп, сөйлесейік. Безобразия! СТАЛИННІҢ МҮШТЕГІ Көк есек бірдеңеден құр қалғандай ақырыпақырып жіберіп, үйдің маңын азан-қазан қылды. Қарғаның миы айналып түсетін шілденің ыстық аптабына қарамай үстіне қара костюм киіп, жарқыратып медальдар тағып алған біреу əлгі есектен домаланып түсе берді. Бірден таныдым – Құрмаш көкем. – Ассалаумалейкум, көке! Есегіңізді ақыртыпбақыртып қайдан келесіз? – дедім туысқанымның алдынан шығып. – Өй, қызталақ. Қайдан келесің дейді маған. Алматыдан келгеніңе екі- үш күн болып қалды. Осында көкем бар еді, соған сəлем беріп шығайын дейтін сыңайың жоқ, сонан соң сақалды басыммен, үлкен жасыммен өзім келе жатырмын, – деп Құрмаш көкем мені кəдімгідей ұялтып тастады. Көкемнің соғыста болғаны бар, онда да екі жыл еңбек майданында болыпты. Оның соғыста көрсеткен ерліктерін тыңдағанда аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Көкірегімен оқ тосып, дзот жапқан кейбір көзсіз батырлар менің көкемнің шаңына да ілесе алмай қалады. Құрмаш көкем, мен, апам үшеуміз шай ішіп отырмыз. – Дəркеш, – деді көкем кесесін апама ұсынып жатып. – Өткен жылы газетке мұғалім Бөрікбайды өкіртіп тұрып мақтап жазыпсың. Дұрыс-ақ дейік, ол да бөтен емес, туысқаның ғой.

Дегенмен, мен саған бір табан болса да жақынмын. Мені газетке неге жазбайсың осы? Соғыс ардагері десең – соғыс ардагерімін, еңбек ардагері десең – еңбек ардагерімін. Үйдегі жеңгең Қалимаш та батыр ана, бытырлатып он үш бала туып тастады. Бақырыпшақырып бала оқытқан да сөз болып па, тəйірі? Ұшып келе жатқан ажал оғын кеудесімен тосып, қыпқызыл өрт кешіп жүріп жасаған ерлігім мен батырлығым бір қалың кітап болады біле білсең. Əрине, оның бəрін айтып, онсыз да ашып жүрген миыңды ашытпай-ақ қояйын. Дегенмен, əлі ешкімге тіс жарып айтпаған бір асқан ерлігімді жария етпесем болатын емес. Оның маған керегі жоқ, бірақ, ертеңгі тарих үшін қажеті бар, – деп көкем бір қопаңдап қойды. – Иə, иə, сен таңданба. Сенің Құрмаш көкең Сталиннің өзімен кездесіп, оның мүштегінен темекі шеккен солдат. Сен осыны жаз. Енді бір айналып келгенде мен боламын ба, болмаймын ба, кəрі қойдың жасындай жасым қалды. – Көке, қайдағыны айтып, көңілімді босатпаңызшы, сіз жүз жасайсыз. Жаңағы айтқан сөзіңіз рас болса, мынауыңыз сұмдық жаңалық екен. Иə, Сталинмен кім көрінген жүздесе бермейді, – дедім көкемді қамшылап. – Қайным-ау, ептеп сүтке су қосатының бар еді. Сталинде нең бар, басқа ерліктеріңді айта берсеңші, – деді апам күмəндана сөйлеп. – Түу, осы сені-ай! – деп Құрмаш күйіп-пісіп, – сақалды басыммен өтірік айтып мені жын ұрып па? – Анау-мынау емес, Сталиннің мүштегімен темекі тартқан қазақты тыңдайық, – дедім апама көзімді қысып, – шынында да тарих үшін бір керегі болып қалар. – Олай болса, мұқият тыңда, бауырым, – деп көкем бір желпініп койып, əңгімесін бастады. – Сталинград түбіндегі қырғын шайқасты өздерің де жақсы білесіңдер. Біресе айбынды қызыл əскер жеңіп, біресе немістер жеңіп, нағыз ит жығыстың өзі болып тұрған. Бір күні кешқұрым мені полк

командирі шақырды. Не болып қалды деп жүгіріп келсем, ол мені тағатсыздана күтіп отыр екен. Өзі бір түйенің жарты етіндей төңкеріліп қалған ірі орыс болатын. Терісі қандай кең болса, жаны да сондай кең сабаз еді. Неге екенін білмеймін, полктағы мың солдаттың ішінен мені алабөтен жақсы көретін. Анда-санда мені өзіне оңаша шақырып алып, жағдайымды сұрап, жүз грамм спирт беріп қоятыны бар еді батьканың. Бүгін полк командирінің қабағы қатулы. Соғыс кезіндегі темірдей қатаң тəртіпке көшіп, бірден шақырған шаруасына көшті. – Гвардия сержанты Құрмаш Қыраубаев, өзің де жақсы білесің, қазір жағдай өте күрделі болып тұр. Мына бұралқы ит сияқты фашистер құтырынып барады. Сол суолыштарды сабасына түсіріп, күйрете соққы беріп, құдайын танытып қоймасақ болатын емес. Бұл оңбағаңдар несімен күшті, немістердің құпиясын білу өте қажет қазір. Қысқасы, бүгін Миколла екеуің «тіл» əкелетін боласыңдар. Қобландының ұрпағысың, саған үлкен сенім артып отырмын, гвардия сержанты. Миколла əлі жас ғой, өзің бас-көз бол. Иə, полк командиріміз кім көрінгенге сенім арта бермейді. Жарықтық Қобландыны айтқанды жаным тебіреніп кетті. – Құп болады, жолдас полковник! – деп орнымнан қарғып тұрдым. Ымырт жабыла Миколла екеуміз «тіл» əкелуге аттанып кеттік. Мен алда, Миколла артта жер бауырлап алға жылжып келеміз. Жолымызға бөгет болған сым темір қоршауды қиып тастап, немістердің шебіне өттік. Дəл сол кезде оңбаған иттер байқап қалды ғой деймін, автоматтан атылған оқ қарша борап кетті. Кенет, оң құлағым тыз ете қалды, оған қарап жатқан мен жоқ. Кейін білдім ғой, неміс жендеті атқан оқ дəл құлағыма тиіп, тесіп өтіп кетіпті. – Құрмаш-ау, – деді апам оның сөзін бөліп, – басқа білмесе де мен жақсы білемін ғой. Сомадай жігіт болып қалғаныңда боза ішіп, мас болып Оңғаш құрдасыңмен төбелескенің есіңде ме? Сонда төбелестен ақысы кетіп бара жатқан құрдасың құлағыңды оңдырмай тістеп алып, шұнақ болып қалдың емес пе?

– Түу, Айнаш-ай! Сенің адамға сенбейтінің жаман. Тістеген мен оқ өткеннің арасы жер мен көктей ғой. Тістегеннен дəл осындай тесік пайда бола ма екен? – деп тесік құлағын көрсетіп, Құрмаш əңгімесін қайта жалғады. – Мұндайда өліп бара жатсаң да қарсы оқ атуға болмайды. Арнайы əзірлеп қойған кездікті оңтайлап, көз ілеспес жылдамдықпен лақтырып кеп жібердім. Кездік немістің дəл жүрегіне қадалған болу керек, əлгі тарсылдаған автоматтың үні өшті. Өстіп аман-есен қаланың бір шетіне де жеттік-ау, əйтеуір. Миколла екеуіміздің көзіміз үлкен терезесінен жарық төгіліп тұрған үйге түсе кетті. Дəл есіктің алдында серең-серең етіп, немістің екі солдаты жүр. Ойланып жатуға мұрша жоқ, Миколла екеуміз сілеусінше атылып, əлгі «хондый хохтар дың» бастарын бұрап-бұрап жібердік те, қаруымызды кезенген күйі үйге баса-көктеп кірдік. Стол үстінде жазу жазып отырған неміс генералының көзі шарасынан шығып кете жаздады. Оған қарап жатқан Миколла екеуіміз жоқ, дорбадай аузына, жайнамаздай орамалды тығып жіберіп, екі қолын артына қайырып байлап тастадық. Өзі де бордақыға қойған шошқадай тым семіз екен, далаға шығарып, қол шанаға əрең таңып байладық та, алға қарай жер бауырлап жылжи жөнелдік. Біздің шепке нəйеті жүз қадамдай қалғанда немістер жағынан шу шықты. Білдей генералынан айырылып қалу оңай ма, ит абалап, фашистер шаңқылдап жатыр. Құдай басқа салмасын, автоматтар тарсылдап, зеңбіректер гүрсілдеп қоя берді дейсің. Жан арпалысқан осы сəтте Миколланың тайқұлындай шырқыраған дауысы шықты. Атаңа нəлет неміс оңбағандар дəл көздеп атқан екен. Жыландай ысқырған снаряд Миколланың оң аяғына тиіп, жұлып кетіпті. – Мені тастап кет, алаң болма! Жеңіс үшін жан пида, жолдас гвардия сержанты! – дейді Миколла ыңырсып. Көзін жəудіретіп қалай тастап кетемін? Бір қолыммен Миколланы сүйретіп, екінші қолыммен түйенің жарты етіндей семіз генералды сүйрелеп, өліп-талып, біздің шепке де жеттім-ау, əйтеуір...

Мен алып келген «тіл» өте маңызды болып шықты. Фашистердің бар құпиясын біліп алған соң əкелерін танытып, аяусыз соққы бердік емес пе? Қырылғаны – қырылды, аман қалғандары тентек қойлар құсап топ-топ болып тұтқынға түсіп жатты. Арада екі-үш күн өткен. Ұмытпасам, түскі мезгіл еді. Тамақтан соң бой жазып отырғанбыз. Кенет «Смирно!» деген команданы естіп, орнымыздан қарғып-қарғып тұрдық. Жалт қарасақ, бір топ маршал- генералдар қоршап алған Сталин біз жаққа жақындап келеді екен. Өз көзімізге өзіміз сенбей қалшидық та қалдық. Иə, Сталиннің өзі. Өзіне тəн маңғаз жүріс... Аузындағы мүштегі көзіме оттай басылды. Сталиннің жанында біздің полк командирі де жас балаша жүгіріп жүр. Олар дəл менің жаныма келгенде аялдап тоқтай берді. – Жолдас Сталин, əлгі неміс генералын əкелген гвардия сержанты Құрмаш Қыраубаев осы болады, – деді біздің батька мені көрсетіп. Сталин менің арқамнан қақты. – Жарайсың Құрмаш. Немістерді тас-талқан етіп сенің арқаңда жеңдік. Енді фашистерді тілін салаңдатып, Берлинге дейін қуамыз. Солдаттың бəрі сендей-ақ болсын! Иə, Сталин кім көрінгенді мақтап, арқасынан қаға бермейді. Төбем көкке сəл-ақ жетпей қалды. Қуанғаным да бар, сасқалақтағаным да бар, махорка салған дорба шамды іздей бастадым. Қырсыққанда ол таусылып қалған екен. – Гвардия сержанты, байқаймын, махоркаң таусылып қалған сияқты. Менің мүштегімнен бір-екі сорып жіберсең қайтеді? – деп өзінің кəдімгі атақты мүйіз мүштегін маған ұсына берді. Ұлы қолбасшы үлкен басын кішірейтіп ұсынып тұрған соң ыңғайсыз ғой, көңілі қалмасын деп мүштегін бір-екі сорып, «Рахмет, жолдас Сталин!» – деп өзіне қайтарып бердім. «Өлі арыстанның құлағында тірі тышқан ойнайды», – деп халық бекер айтпайды. Қазір кім көрінген Сталинді жамандай беретін болды ғой. Рас, темірдей қатты, қатал еді. Бірақ, адамгершілігі де бар еді. Оған мен куəмін, өліп қалған жоқпын, көзім тірі.

– Айнаш, есіңде ме, – деді Құрмаш көкем апама қарап – 1949 жылы біздің бригада əр гектар қызылшадан 1000 центнерден өнім алып, бүкіл Қазақстанды шулаттық емес пе? Келесі жылы сонау Мəскеуге Халық жетістіктері көрмесіне барғанымда Сталинді кездестіріп қалдым. Мені бірден таныды, жарықтық. – Құрмаш, өтірікті қалай-қалай соғасың? – деді апам шап ете түсіп. – Озат қызылша өсірушілердің слетіне екеуміздің облыс орталығына барғанымыз есімде. Мəскеуге көрмеге барғаныңды бүгін естіп отырмын. – Түу, Айнаш, саған не дейін? Мені қартайған шағымда əбден суайт етіп бітірдің ғой. Иə, екеуміз слетке бірге барғанбыз. Сонда сен əлгі саудагер Ошақбайдың арбасына мініп, ауылға кеттің де, мен қалада қалдым емес пе? Сол күні күн қарғаның миы айналатындай ыстық болды. Мен шай ішпек болып шайханаға бұрыла бергенімде қарсы алдымнан мұздай киінген екі жігіт шыға келді. – Қыраубаевсың ба? – деді ұзын тұрасы амандықсаулық жоқ. – Иə, Қыраубаевпын, – дедім сасқалақтап. – Түу, сені іздемеген жеріміз қалмады. Бүгін Мəскеуге үлкен көрмеге жүресің. Сталин жолдастың өзі шақырып жатыр! – деп екеуі мені ай- шай жоқ дырылдатып сүйрей жөнелді. – Мыналарың қызық болды. Еш болмаса ауылға хабар берейін, – деймін мен. – Ол жағына алаң болма, өзіміз хабарлаймыз, – деп олар көнбей қойды. Ұзын сөздің қысқасы – сол күні Мəскеуден бір-ақ шықтым. Өңшең ығай жəне сығайлармен бірге көрмеде болды, Құрекең. Ұмытпасам, 7 ноябрь – Октябрь мерекесі болатын. Мен де сен тұр, мен атайын дейтін өңшең мықтылармен бірге парадқа қатысып, мінбеде тұрған Сталиннің жанынан қолымды бұлғап өттім. Жарықтық, тегіннен-тегін қырық жыл патша болған жоқ қой, мені бірден таныды. Сталин шалғыдай қалың мұртын бір сипап қойып, маған қолын бұлғады. Сонан соң оң жағында тұрған Жуковқа бірдеңе деп айтып жатты...

Құрмаш көкем өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай келістіріп тұрып айтады емес пе? Апам екеуміз оның əңгімесін кəдімгідей ұйып тыңдап қалыппыз. – Малдың өрістен қайтатын уақыты болып қалды, үй жаққа қайтайын, – деп шүйкедей шал орнынан біреу қуғандай тұра берді. – Құреке, қазанға ет салып қойдым, дəм татып кет, – деді апам да орнынан көтеріле беріп. – Айнаш, көңіліңе рақмет! Бірақ, малдың алдынан өзім шықпасам болмайды. Кенже ұлым да үйде жоқ еді, ана ант ұрып кеткір ала бұқа қатын-қалашқа көнбей жүрер, түбің түскір. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Дəркеш, бауырым, сонау ит өлген жерден күнде келе бермейсің. Ертең шешең екеуің бір-бір қойдың басын мүжіп дегендей, біздің үйге қонақ болып кетіңдер. Соғыс жаңадан басталғанда Құрмаш көкең екі жыл бойы аэропланмен ұшып, немістердің əкесін танытып, бомбалаған адам. Сондағы асқан батырлығым үшін анау- мынау емес Жуковтың тікелей өзінен алғыс алған аэропланшымын. Құрмаш көкемді ауланың сыртына дейін шығарып салдым. – Інім, осының бəрін жақсылап тұрып жазып ал. Ол мен үшін керек болмаса да тарих үшін қажет. Оны менен де артық білесің, оқыған адамсың ғой, – деп Құрмаш аға шарбақта байлаулы тұрған есегінің шылбырын шеше бастады. Көкемнің сөзін жұлқынып, тізгінін босатып алған көк есек бұзып жіберді. Екі құлағы салбыраған жарықтық бір-екі мөңкіді де, ақырып-ақырып жіберіп, кешкі ауылды азан-қазан қылып қаша жөнелді. – Қап. Мына салпақ арам қатқырдың қорлығын қарашы, ə? Шайтан түртіп кеткен бе, антұрғанды! – деп Құрмаш көкем көк есегінің соңынан тұра кеп жүгірді... АУЫЛДАН КЕЛГЕН РОМЕО Келмеске кеткен Кеңес дəуірінде жоғары білім алу үшін күндізгі, кешкі жəне сырттай оқытатын бөлімдерде оқушы едік. Ең жауапты

жазғы сессия жақындап, тықыр таянып қалған кез болса керек. Өзіміз сияқты бір тілші ағайын күндіз білім алатын студенттен «Сізге сессияға дайындалу үшін қанша уақыт керек?» – деп сұрақ қойыпты. Онсыз да миы қатып жүрген жігіт көп ойланбастан мұрнын шұқылап, «Он күн жетіп қалады» деп жауап беріпті. Қадалған жерінен қан алатын журналист бұл сауалды кешкі бөлімде оқитын шашы жалбыраған қызға қойыпты. Таң сызат бермей жұмысына асығатын, апақ-сапақ кеште оқуына жүгіріп, əбден есі шығып жүрген студент: «Бес күн болса жарап жатар еді» деп асығыс жауап береді. Бастаған ісін аяқтамақ болған тілші Қазақстанның бір қиыр шетінен келген, сырттан оқитын студентке баяғы сауалын қайталапты. Əлгі батырдың пəтерге орналасып, оқу аудиториясына енді ғана бас сұққан кезі екен, ол алақ-жұлақ етіп: «Емтиханды қайда тапсырып жатыр, қазір-ақ тапсырып тастайын» депті. Дəркеш те ойланбастан-ақ емтиханды тапсыруға əзір студенттердің қатарына жатады. Аудандық газетте қызмет атқаратын біздің батыр амандық болса, ұлттық университеттің журналистика факультетінің үшінші курсын бітіріп, шікірейіп ауылға қайтпақшы. Бақылау жұмыстары, зачет, емтихан деп мұрыннан су кетіп, зыр жүгіріп жүрсе де, қарап жүрмей, Таңат досы айтпақшы, бет біткеннің сұлуы керемет қызбен танысты. Аты да əдемі – Айгүл! Алма жеп өскен Алматының бойжеткені аршыған жұмыртқадай аппақ, тал шыбықтай бұралған сымбатты денесінен бір мін таба алмайсың. Көп жағдайда астананың сұлу бойжеткендері мұрындарын шүйіріп, тəкаппар болып келеді, ауылда өскен, орысшасы шамалы «мəмбеттермен» менсінбей сөйлесетіні жəне бар. Айгүлдің де қазақшасы шамалы, бір жақсысы, шамасы келгенше Дəркеш түсінетін тілмен сөйлесуге тырысады. Көркіне жігіт біткен ғашық болатын сұлу болса да, өзін қарапайым ұстайды, мінезі де ашық-жарқын. Ауылдағы «келін ал, келін ал» деп күнде миын шұқитын апасының сөзімен айтқанда – құдайдың өзі бере салған алтын қыз. Айгүлмен алғашқы танысқан күндердің бірі болатын. Абай жəне Абылайхан көшелері қиылысқан жердегі Ұлттық кітапхананың оқу залына сəл кешірек келген Айгүлден Дəркеш көшедегі ауа райын сұрады.

– Ой, жаман, – дейді Айгүл кішкентай əдемі қыр мұрнын тыжырайтып – прямо, жаңбыр құлап тұр. Жігіт қалалық бойжеткеннің қызықтау шыққан жауабына күліп жіберді. – Неге күлесің? – деді Айгүл бұртиып. – Жаңбыр құламайды, жауады. – Солай ма, – деді бойжеткен əнтек жымиып, – есте болсын, жаңбыр құламайды, жауады. Дəркеш, қарсы болмасаң, екеуміз өзара келісім жасайық: сен мені қазақша үйрет, ал мен сені орысшаға үйретейін. Байқаймын, орысшаң совсем шамалы екен, кеше екеуміз автобуста келе жатқанда саған əбден күлкім келді. Егде орыс шалына орныңды беріп, əдептілік жасағаның өте орынды. Бірақ «Дедушка, садитесь, я пешком постою», – дегенің тіпті жарамайды. Қанша дегенмен, сен КазГУдің журналистика факультетінің үшінші курс студентісің ғой. Қыз бен жігіттің əзілі жарасып, қосарлана күліп жіберді. Екеуі оқу залынан шыққанда жаңбыр басылып, күннің көзі шығыпты. Жауыннан кейінгі көктемгі Алматы сұлу арудай құлпырып, түрленіп шыға келген. Аудандық газеттің қызметкеріне қарағанда, Айгүлдің бақуатты жанұядан шыққандығы бірден байқалады. Бойжеткен күнде тоты құстай таранып, түрлі-түсті киініп, əдемі болып келеді. Бүгін де үстіне бүрмелі ақ көйлек киіп, құлпырып кетіпті, құлыншақтай сымбатты денесі қайта-қайта ұрланып қарамасыңа қоймады. Дəркештің үстінде баяғы сұр костюм, бірінші курста оқып жүргенде алған қара шалбары да тоза бастапты. Ол еліктің лағындай əдемі қыздың жанында өзінен-өзі қуыстанып келеді. Айгүл де бір сəт үсті-басына сын көзбен қарағандай болды. Дəркеш қысылып, маңдайы тершіп қоя берді. – Айгүл, үсті-басыма былайша қарай бермеші, ауылда бұдан басқа да киімдерім бар. Жақында Таңат досым əкеліп береді, – деді ол біресе айдай сұлу Айгүлге, біресе аяғындағы мыжырайған ескі топлиына қарап.

Жанында үлбіреп келе жатқан сұлу бойжеткен күмістей сыңғырлап күліп қоя берді. Дəркеш одан да бетер ыңғайсызданып, терлеп кеткен маңдайын сүрткілей берді. – Рас айтамын, Айгүл. Таңат досым кеше келуі керек еді, неге екені белгісіз кешігіп жатыр, – деді жігіт ақталғандай болып. – Осындай да ұқсастық болады екен-ау, менің папам да мамаммен танысқанда дəл осылай депті, – деді Айгүл күлкісін əрең басып. – Ну что же, енді Таңатты күтеміз... Сөзінің соңын əзілге бұрған Айгүл жігітке еркелей-наздана қарады. Дəркештің бойынан үлкен жүк түскендей, бүкіл денесі жеңілдеп сала берді... Кеңес дəуірінде сол кездегі ақшаның кəдімгідей құны бар болатын. Қалтаңда он сомың болса, сенен асқан бай, жомарт адам жоқ, сүйген қызыңды кездесуге ұялмай шақыра бересің. Жуалыдан келген Ромео бір күні Айгүлді «Арман» кинотеатрына киноға шақырды. Екеуі балмұздақ жеп, біраз серуендеген соң, Дəркеш билет алмақ болып, ұзыннан-ұзақ шұбатылған кезекке тұрған. Кезегі келіп, билет алайын десе, қалтасындағы Лениннің басы бейнеленген қып-қызыл ондық сомы жоқ, жанталаса олай қарады, бұлай қарады, жер жұтып қойғандай əлгі құдай атып кеткір ақша зым-зия. Жігіттің маңдайынан тері бұрқ етіп, кезектен сытылып шықты да, өзін күтіп тұрған Айгүлге: «Қазір келемін», деп қашпақ болсаң – зымыра дегендей, аялдама жаққа зытып кеп берді... Осы оқиғадан соң, Дəркеш Айгүлді көрсе тұра қашатын болды. Қарауға, бір ауыз сөз сөйлеуге бет жоқ. Ең жаманы, екеуі бір жоғары оқу орнында оқиды, факультеті басқа болса да, кейде сыртынан көріп қалады, ондайда біздің батыр тазы қуған қояндай зыта жөнеледі. Айгүл де өжет қыз екен. Бір күні оқу ғимаратынан шыға берісте «қашқынды» тыпыр еткізбей ұстап алды. – Дəркеш, қызық жігіт екенсің, – деді Айгүл таңқала қарап, – өзің киноға шақырасың, өзің қашып кетесің. Одан кейін де мені көрсең тұра кеп қашатыныңды қалай түсінуге болады? Саған не болып жүр өзі, жөндеп түсіндіріп айтсаңшы?

Дəркештің шегінетін жері қалмай, бар шындықты міңгірлеп айтуға тура келді. – Бар болғаны осы ма, – деді Айгүлдің ақ жүзіне қан жүгіріп, – бəрін түсіндіріп айтпадың ба? Во тебе на, ауылдан келген Ромео. Сұлу бойжеткен сықылықтап күліп жіберді. – Айтпақшы, Таңат досың келді ме? – деді Айгүл күлкісін əрең басып. – Иə, келген, – деді жігіт сасқалақтап. – Онда досың əкелген əдемі костюміңді киіп, сағат кешкі 6.00-де өзің қашып кеткен «Арман» кинотеатрының алдына кел, сені бүгін ата- анаммен таныстырамын, байқа, тағы да зытып кетіп жүрме... ...Біздің Дəкең сессияны ойдағыдай тапсырып, оның үстіне облыстық газетке қызметке ауысып, ауылға көңілді оралды. Əке-шешесінде ес жоқ, ол келген күні ақ мүйізі қарағайдай бір қошқарды сойып тастап, кəдімгідей дүрілдетіп той жасады. Бригадирдің көмекшісі болып жұмыс істейтін Шотбай сəл қызыңқырап қалып: «Құдайдың мұнысына да шүкір, біздің əулеттен де бір адам беделді қызметке ілікті-ау, əйтеуір. Анау-мынау емессің, бауырым, сенің алдыңда совхоздың директоры тұрмақ, райкомның өзі зыр жүгіретін болады. Қисық бас Ордашқа көмекші болып, қашанғы салпақтаймын. Айт бастықтарға, мені тезірек бөлім меңгерушісі етсін! – деп оған шұғыл тапсырма беріп жатты. Ертесіне Дəркеш əкесі екеуі шөп шабуға жиналды. Көк есек жегілген арбамен əкелі-балалы тепеңдетіп тартып келеді. – Балам, сенің жасыңда өзім бір рет емес, екі рет үйленіп тастап едім. Келіншек алатын түрің бар ма былай? – деді əкесі сұрақты төтеден қойып. – Үйлену мəселесі осы бесжылдықтың жоспарында бар, көке, – дейді Дəркеш ыржиып. – Жөн, жөн, үйленгенің дұрыс, – деді əкесі қалың мұртын сипап. – Қашанғы сүрбойдақ боласың. Айтпақшы, болашақ келін қай жердің қызы, əке-шешесі бар ма?

– Құдалыққа дайындала беріңіз, көке. Келініңіз Алматының қызы, атааналары да жақсы адамдар. – Əрине, құдалыққа барған дұрыс қой, – деп сəл ойланып қалған отағасы сөзін жалғады. – Қазақта теңтеңімен, тезек қабымен деген сөз бар. Қаланың ақ саусақ қызы ауылға сіңіп кете ала ма, бізге дұрыс келін болып кете ме? Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған дұрыс, балам. Ақыры келіншек аламын деп құлшынып отырсың, саған бір əдемі қалыңдықты өзім тауып берейін, оған қалай қарайсың? – Мынауыңызды ойланған жөн екен. Онша-мұншаны жақтыра бермейтін менің əкеме ұнап қалған қандай қыз ол? – деді Дəркеш қулана күліп. Осы кезде таңертеңгі сауыннан қайтып келе жатқан əкесінің құрдасы Төлеутайдың қызы Қаламқас қарсы ұшырасып, ізетпен сəлем берді. – Жаңағы айтқан қыз осы, – деді əкесі сыбырлап. – Əке, бұл болмас. Қаламқас – сауыншы ғой. Ал, мен болсам жорналиспін. Өзіңіз білесіз, қалада сиыр ферма жоқ. Қаламқас үшін маған сүт фермасын ешкім де ашып бермейді. Төкең шарт кетті: – Сенің анау кəуектей басыңда тауықтың миындай ақыл жоқ. Өзінше мұрнын шүйіріп, Қаламқасты менсінбейді бұл жаман. Алдымен сол қыз саған қарай ма екен? Біле білсең, ол бала тек ферма ғана емес, совхоздың маңдайалды сауыншысы, білдің бе? Өзі алтын асықтай, екі балтыры балпақтай, білдің бе? Дəркеш əкесінің сөзіне мырс етіп, бірте-бірте ұзап бара жатқан Қаламқасқа ұрлана қарады. Шынында да əке сөзінің жаны бар екен. Төлеутайдың сауыншы қызының екі балтыры оқтаудай түзу əрі сұлу екен. Бір арба шөп шауып, оралған беттері жаңа ғана. Үлкен кесеге құйылған қымызды төңкеріп тастап, шөлін басқан Төкең таңертеңгі əңгімесін қайтадан бастады.

– Дəркеш, ақылың болса Төлеутайдың қызын ал, өзі сондай жақсы бала. Шешесі Ұлтуар да керемет əйел, қазақ атамыз: «Анасын көріп, қызын ал» деп бекер айтпаған ғой, – деп Қаламқастың екі аяғын жерге тигізбей мақтай жөнелді. Жаңа ғана жайдары отырған Дəркештің анасы Төлеутайдың əйелі мен қызының атын естісімен жақтырмай тырысты да қалды. – Əй шал, жасың жетпіске жақындағанда алжиын дедің бе? Жас кезінде Төлеутайдың келіншегін аузыңның суы құрып мақтаушы едің, енді оның қызын мақтай бастадың ба? Қол-аяғы алтын болса да, балам оның қызын алмайды, білдің бе?! Самауырындай бұрқ ете қалған кемпір алдындағы қымызын сапыра бастады. Сөзден тосылып қалған Төкең: «Балам қымыз іш, қымыз іш» деп шақшасын алып, насыбайын ата бастады... Ертесіне апасы Дəркешті жəне немере ағасы Өркенбайды ертіп, шұғыл түрде Алматыға құдалыққа аттанып кетті.

Екінші бөлім Əзіл-шыны аралас... «ЕРТЕҢ ҚАУЫН ЖЕЙМІЗ...» Егер нағыз Қожанасырларды көргілеріңіз келсе, біздің ауылға келіңіздер. Ауылдастарымның екісінің бірі – əпенді. Соның бірі – менің Мұсылман көкем. Өзі кəнігі диханшы. Жасы алпыс тан асып, немерелі болып отырса да əлі бала сияқты. Келістіріп мақтай білсең, шын көңілмен бір атым насыбай берсең ала жаздай көк тер болып өсірген қауындарбызын таратып жіберуге бар. Мұсылман көкемнің тағы бір əпенділігі: өзбек ағайындар сияқты қораз төбелестіру десе ішіп отырған асын тастап жүре береді. Біреулер атбегі болса, ол таптыра бермейтін əтешбегі, мықты төбелесетін қоразды бірден таниды. Іздегенін тапса бітті, жата кеп қолқа салады, бермей гөр, саған қауын-дарбыз тұрмақ тас та жоқ. Бəрі жақсы ғой, құдай Мұсылман көкемнің қырсықтығын ешкімге бере көрмесін. Ол жағы Дəуірбай атамның Сəуірбай деген інісінен де асып түседі. Атамыздың інісі өмір бойы үйленбей өткен əулие кісі. Жасы алпыстан асса да кейде қырсығып, тамақ ішпей қоятыны бар екен Сəуірбайдың. Сондай кездерде «Майлап берсең де, жүздеп берсең де ішпеймін деген соң ішпеймін», – деп өкпелеп, теріс жатып алатын құсайды атамыздың інісі. Баласының қырсық мінезі сол кездегі тоқсан жасар Əйгерім əжейге жақсы белгілі. Ол Сəуірбайдың сыбағасын алып, кенжесінің жақсы білетін жеріне тыға қояды баяғы. Осындайда ел əбден ұйықтады-ау дегенде көйлек-дамбалы ағараңдап, аяғын мысықша еппен басып, тығып қойып қойған тамақты тауып алып, тықыр-тықыр еткізіп жеп

отырған алпыстан асқан шалды көз алдыңызға елестете беріңіз. Ауылдағы ұсақ малды кезекпен жаю баяғыдан қалыптасқан əдет ғой. Кезек Мұсылман көкеме келгенде ауылдағы үлкенкіші оның көңілін табуға тырысады, əйтпесе шатақтың көкесін көреді. Кешке мал өрістен қайтқанда бір қойдың аяғы сынып қайтады, не болмаса үшті- күйлі жоғалады сол күні. Бізге жақын туыс болып келетін Арбакүл апамның қолы сəл сараңдау кісі. Қойдың бір кезегі келгенде Мұсылманға сақтап қойған жылы-жұмсағын жөндеп бермей қырсығына ұшырап қалса керек. Сол күні көкем бір жазықсыз тоқтыны ерінбей жайдақ таудың ең биік жеріне сүйреп шығарып, домалатып жіберіп, жазым қылғаны бар. Мұсылман көкеме не дейсің, оған сот жоқ, сөз де өтпейді. Өйткені, ол Сəуірбай атасына тартқан. Міне, осы оқиғадан соң бəріміз оның қой бағатын кезегіне алдын-ала дайындала бастаймыз. ...Жұмыстан шаршап оралсам, өңшең қара сирақ балаларым шуылдап қарсы алды. – Көке, көке, қашан қауын-қарбыз жейміз? Елдің бəрі қарық болып жатыр. – Биыл оны ұмытыңдар, болмайды. – Мұсылман атамнан сұрамайсың ба? – деді олар қыңқылдап. – Əй, өткен жылы Мұсылман аталарың əлгі мықты төбелесетін қызыл қоразды сұрағанда бəрің жылапеңіреп бермей қойған жоқсыңдар ма, енді ол бір тілім де қауын бермейді, өңшең шуылдақтар. Балаларым да Мұсылман аталарының мінезін жақсы біледі. – Қап, – деп өкіністі олар сандарын ұрып, – мұндай боларын кім білген? Қауын-қарбыз есімізден тарс шығып кетіпті ғой. Енді қайтсек екен? – Көке, көке, – деді ең кенжем Қуанышбай мұрнын тартып қойып, – давай, Мұсылман атам қой баққан күні аяғы сынған қара қасқа тоқтыны сойып, оны мейманға шақырайық. – Ой, қалқан құлақ, жарайсың, басың дұрыс істеп кетеді кейде, мынауың таптырмайтын ақыл.

– Бөртай, – дедім телевизор көріп отырған ініме айқайлап, – сен аяғы сынған тоқтыны сойып, етін жайғай бер. Ал, мен Мұсылман атаң мен сол үйдегі апаңды меймандыққа шақыруға кеттім. Жеңешеңе айт, тығып қойған үнді шайын шығара берсін. – Ура! Ура!, – деді өңшең қара сирақ балаларым үйді басына көтере айқайлап, – Мұсылман атам біздің үйге қонаққа келеді! Ертең қауын жейміз, ертең қауын жейміз! ТІЛІН ҰМЫТҚАН СОЛДАТ Құнанбайдың менен үш жас үлкендігі бар. Бірақ, екеуміздің көңіліміз жақын. Ол оныншы класты бітірген жылы қарауыл болып істейтін Мамыт шалдың Мираш деген қара қызына өлердей ғашық болды да қалды. Күнде жата қалып, Мирашқа ғашық екендігін білдіріп хат жазады бұрқыратып. Екеуінің арасындағы хатты ары-бері таситын пошташы баяғы менмін. Екеуі осылайша Лəйлі мен Мəжнүн болып жүргенде, көрші ауылдағы Үмбетбай сиыршының баласы Мирашты бір түні алып қашты да кетті. Сол күні Құнанбай көкем өмірінде бірінші рет қызыл шарап ішіп, мас болып: «Дөкеш, тоқтат мынаны, шыр көбелек айналып барады», – деп түк жазығы жоқ біздің үйдің қабырғасын тепкіледі-ай келіп. Махаббаттан жолы болмаған соң «əскерге кетем, əскерге кетем» деп қоқаңдағанды шығарды. Ақыры армияға кетіп тынды. Арада екі ай өткен соң құрдасым Тұран екеумізге жазған хатын алдық. «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты бауырларым Дəркеш жəне Тұран! – деп бастапты хатын Құнанбай, – Аман-есен əкери қызметімді атқарып жүрмін. Бірақ, əскер деген оңай шаруа емес екен. Тіліңді салақтатып қуады дейсің, анаусы да, мынаусы да қоқаңдайды командирмін деп. Қит етсең кезексіз наряд беріп, ел ұйықтағанда еден жуғызып қояды екі көзіңді бозартып. Сендерге айтарым: лəжі болса əскерге құмар болмаңдар!

Сəлеммен: қатардағы жауынгер Құнанбай Дайрабаев.» Міне, сөйтіп хат жазған Құнанбай үш жыл Венгрияда əскерде болып, аман-есен оралып отыр. Ертеректе Құлтай деген көкеміз майордың бір киер парадтық формасын ебін тауып қолға түсіріп, ауылға «майор» болып келіп, бүкіл елді қырып жібере жаздағаны бар еді. Құдайға шүкір, Құнанбай «майор» болып келген жоқ, бірақ əскерде болған үш жылдың ішінде ана тілін мүлдем ұмытып қалыпты. – Ойбай, Құнанбай, Венгрияда жаныңда еш болмаса бір қазақ болған шығыр? – дейміз бəріміз шуылдап. – Нет, – дейді сержант Құнанбай. – Қырғыз, өзбек ағайындар болмады ма? – Нет, – дейді сержант Құнанбай. –Башқұрт пен татар ше? Сонда қалай бір де мұсылман баласы болмаған ба? Олардың бəрі əскерге бармай ма? – деді Құнанбайдың ағасы Дөненбай сенер-сенбесін білмей. – Əй, Құнанбай бала кезіңде ептеп суайттығың бар еді, сүтке су қосып отырған жоқсың ба? – Нет, – деді сержант Құнанбай. –Понимать-понимаю, но говорить не могу. Сəткүл шешей дастарқан басына жаңа ғана піскен бауырсақ əкеліп шашты. Құнанбай бір бауырсақты қолына алып, «Ой, какой сары домалақ» дегенде анасы: «Шет жерде жүрген қиын екен, жүдə. Адамның басына салмасын. Балам бауырсақтың өзін ұмытып қалыпты. И, айналайын, аман-есен келгеніне құдайға мың да бір шүкір», – деп көңілі босап, ақ жаулығымен суланған жанарын сүрте бастады. – Қойыңыз апа, жыламаңыз, балаңыз өзіңіз айтпақшы аман-есен оралып отыр емес пе? Ал, қазақшаны əлі-ақ үйреніп кетеді, – деп бəріміз жұбатып жатырмыз апамызды. Дөненбай болса інісіне жақтырмай бір қарап қойды. Күні кеше ғана ортамызда сайрап, қыздарға хатты өкіртіп жазып жүрген Құнанбайдың қазақшаны өзі айтпақшы «совсем» ұмытып

қалғаны бəрімізге қиын болды. Құнанбайдың қазақшасы шамалы, біздің орысшамыз оңып тұрған жоқ. «Все хорошо, дорогой! Бауырсақ кушай, арақ кушай», – деп білгенімізді айтып жатырмыз. Өстіп отырғанда Тоқсанбай жəне Жүзбай атам келіп: «Ой, батыр келіп қалдың ба, ат-көлігің аман-есен бе?», – деп сəлем берді ақ сақалдарымен. Құнанбай болса сасар емес: – Здравствуйте, товарищи деды! – деді сержант орнынан ұшып тұрып, оң қолын шекесіне дейін көтеріп. – Ойбай-ау, баламыз шүршүт болып кеткен бе? – деді қос қария таңқалып. – Мұның іздірəсті, қай сасқаны? Əрең шыдап отырған Дөненбай осы сəтте бомба болып бұрқ етіп жарылды. – Бояушы, бояушы десе сақалын бояйды деген. Көрсетейін мен саған, қазақшаны қалай ұмытып қалғанды! Ол орнынан ұшып тұрып, қабырғада ілулі тұрған бұзау басты солдат белдігін алып, інісіне тұра кеп ұмтылды. Жаңа ғана сымдай тартылып, шіреніп отырған Құнанбай зып етіп, үлкен столдың астына кіріп кетті. Сол-ақ екен Құнанбайға қазақша тіл бітіп, сайрай жөнелді. – Көкетай-ау, столдың астына қуып тығатындай соншама не жаздым? Артыңнан ерген жалғыз ініңді өлтіріп тастайтын түрің бар ғой, көке! Сабыр сақтап, ашуыңды бас! Қой, бүйтіп сүйегіме таңба салма! Сержант столдың астында бүк түсіп, жан дауысы шығып айқайлап жатыр. Дөненбайдың ашуын əрең басып, Құнанбайды столдың астынан шығарып алдық жабылып жүріп. Көп ұзамай дастарқан басына қайта жиналып, отырыс қыза түсті. Енді бір қарасақ сержант Құнанбай «Қайран туған жер, Қайран Дөненбай көкем, қайран достарым! Бəріңді сағындым!» – деп қазақшаны көсілтіп отыр баяғыша. Жастар жағы əн айта бастады. Құнанбай да қосылып, небір əндерді аңыратты- ай кеп. Дөненбай көкем: «Е, енді бəрі де жөнге келді» деп қалың қара мұртын маңғаздана бір сипап қойды.

ОНЫНШЫ ШІЛДЕХАНА Құнанбай көкеміз лəжі болса əскерге құмар болма деп хат жазса да, Тұран ешкімді тыңдамастан əскерге кеткен болатын. Солдат болып, екі жыл ептеп өмір көрсе де сол баяғы қалпы, басына қосып келген ақылы шамалы болып шықты. – Əкем: «Мені бақпай-ақ қой, оқуға түсіп адам бол» дейді, менің ешқайда барғым келмейді. Ал, түстім дейін Шынжыркүл əпкем істейтін мал дəрігерлер даярлайтын институтқа. Кейін кім боламын? Мүйізі шықса жүр ғой Тəлтіш ағам, сол оқуды бітіріп, осы күнге дейін веттехник болып. Одан да шопыр боламын, сонан соң көп ұзамай келіншек алатын шығармын. – Қалай өзі, былай сөз байласып жүрген қызың бар ма? – деймін елеңдеп. – Əзірше жоқ. Қыз біткеннің бəрі тұрақсыз. Əскерге кеткенше бəрі өлдім-талдым дейді, көзің таса бола бере байсыз қалатындай болып, шеттерінен күйеуге қашып кетеді, – деді Тұран күрсініп қойып. – Өзің де білесің ғой, бізден бір класс төмен оқыған Тезеккүл бар емес пе еді. Екеуміз былай жүріп дегендей, мені жылап-сықтап, сенің жолыңда өлемін деп, əскерге шығарып салғаны есіңде болар. Сөйткен Тезеккүлім үш айдан соң дүкенші Бөдештің тракторист баласына қашып кетті емес пе? Киноға қарасаң – махаббат, кітапты ашып қалсаң – өліпөшіп жатқан махаббат, ал өмірде бəрі бос сөз. Əйтпесе, Тезеккүл күйеуге қашып кетер ме еді? Менің апамды сонау аштық кезінде көкемнің бір қап ұнға сатып алғанын өзің де жақсы білесің. Екеуі ұрсысып қалса анам: «Мен саған махаббат болып күйеуге шыққан жоқпын», – деп бұрқылдайды. Ал, көкем болса: «Əй, кемпір, мен махаббат-сахаббатыңды білмеймін. Сол кезде бір қапшық ұнға сатып алмасам аштан өліп қалатын едің ғой», – деп күліп отыра береді.

Шынында да, көкем дұрыс айтады. Апам да қызық. Сол кезде аштан өліп қалса, қайтер еді, ə? Қанша айтқанмен махаббат деген жақсы ғой, бірақ, ол жоқ. Махаббат болса Тезеккүл күйеуге қашып кетер ме еді? – Тезеккүл, махаббат деп қақақтап қоймадың ғой, – дедім Тұранның сөзін бөліп. –Егер келіншек аламын десең «мынауский» бір қыз бар. Аты – Рыскүл. Жақында оқу бітіріп келген, өзі медбике. Давай, саған алып қашайық, бір қызық болсын. Бəрібір оны көп ұзамай-ақ біреу алып қашып кетеді. «Ясная поляна» ауылының бойдақтары шеттерінен жалаңдап жүр. – Сенің есің дұрыс па, көрмеген, білмеген қызды қалай алып қашамын. Керек болса өзің алып қаш, – деді Тұран қолын бір-ақ сілтеп. Сол күні бір топ бірге өскен құрдастар болып, Тұранның аман- есен келгендігін «жудық». Əскердегі жасаған небір «ерліктерін» айтып, біраз мақтанған Тұран қызып, бұлғақтап қалды. – Жігіттер, – дедім бір қызық ой айтып. – Давай, Тұранға келіншек алып қашайық, өзі де үйленемін деп құлшынып отыр. – Кімді? – деді жігіттер алақ-жұлақ етісіп. – Рыскүлді. Əлгі кіші доқтырдың оқуын бітіріп келген қызды. – Қыз дайын болса, машина дайын, – деді бас зоотехниктің шофері Санат. – Осы «Ясная полянаның» жігіттері шеттерінен оңбайды. Ауылдың қыздарын түгел алып қашып бітті. Енді Рыскүлді аш қасқырларша торауылдап жүр. Бермейміз бұл қызды оларға. Одан да Тұранға алып қашамыз, – деп Нұржан мен Сман да қоштай кетті. «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей тез қыз алып қашудың «жоспарын» сызып жібердік. Тұран болса əлі былқ-сылқ, жуық арада айығатын түрі жоқ. Сөзіміздің бірін ұқса, бірін ұқпайды. – Жігіттер, кімге қыз алып қашайын деп жатырсыңдар. Мен де сендермен бірге барамын, – деп айқайлап қояды.

Сонымен, Нұржан Рыскүлді бүгін кешке ауыл клубында болатын үнді фильміне шақыратын болды. Олар кинодан шыққан соң Санаттың «Уазигімен» зу етіп жетіп барамыз. Қалыңдықты машинаға тез отырғызамыз да «той үстінде тəтті күндер» деп əндетіп, Тұранның үйінен бір-ақ шығамыз. Бəрі де əзірше ойдағыдай сияқты. Нұржан мен Рыскүл біз жоспарлағандай киноға кіріп кетті. «Қалыңдық жігітіміз» машинаның ішінде қаннен қаперсіз ұйқыны сойып жатыр. Біз отырмыз аш қасқырдай жалаңдап, кинодан шығатындарды күтіп. Ішекше созылған екі сериялы кино да бітті-ау, əйтеуір. Əне, Рыскүл мен Нұржан да көрінді қылтиып. Зу етіп, жандарына тоқтай қалдық. Ештеңеден хабары жоқ Рыскүл күнде мініп жүрген «Уазикке» еркін мінді. Тұранның үйі таяқ тастам жерде, əндетіп тартып кеттік. «Балаңызға келіншек əкелдік. Құтты болсын!» дегенде, кемпір мен шал қалбалақтап естері шығып кетті. Мұндайда ауылдың жеңгелері алдына жан салмайды ғой, қалыңдықты машинадан түсіріп, басына орамал салып та үлгерді. Бұл жағынан біраз жинақтаған тəжірибеміз бар, қызды алып қашуымыз бірінші рет емес. Мұндайда қай қыз болмасын асау тайша тулайды дейсің, қолыңды тістеп, өзіңді теуіп, сүйген жігітім бар еді деп, жылап-сық тап, есіңді шығарады. Ал, Рыскүл болса тұп-тура əкесінің үйіне келгендей томпиып қана отыр. Оның есесіне «күйеу жігітті» əрең түсіріп алдық, қазір ауызғы бөлмеде əкесінің құны қалғандай ұйқыны соғуда. Қорылы қандай қатты еді, иттің. – Байқаймын, жігіттер, Таластың суы сирақтарыңнан келмей отыр. Мені кімге қалыңдық етіп əкелдіңдер? Ол батырдың өзі қайда? Рыскүлден бұл сөзді күткен жоқ едік. Бір-бірімізге қарадық. Күйеуің мынау еді деп əкеліп көрсете қоятын Тұранның түрі болса анау. – Сені Тұранға... Əскерден келген ұзын бойлы жігіт ше... Соған, – дедім мен міңгірлеп. – Анау ауызғы бөлмеде қорылдап, ұйқыны соғып жатқан ұзынтұра ма? – Иə, иə. Сол. Дəл өзі... – Күйеуге жарыған екенмін онда.

Бізде үн жоқ. Бəріміз қаққан қазықтай қатып қалдық. Таң ата бере Тұранды жұлқылап, басына салқын су құйып əрең ояттық. – Оу, батыр, құсың құтты болсын! – дейміз шуылдап. – Енді келіншегіңе өзің ие бол. – Қандай құс? – дейді Тұран ұйқысын аша алмай есінеп. – Қайным-ау, есінеп əлі отырсың ба? Келіншегің екі көзі мөлдіреп өзіңді күтіп отыр емес пе, – деп жеңгесінің бірі Тұранның қара санынан оңдырмай шымшып алды. Күйеу жігіт сонда ғана барып есін жинады. – Келіншегі несі? Мен бе үйленген? Қашан? – Сен, – дейміз біз ыржыңдап. – Маубас-ау, қалыңдығыңа бар. Əйтпесе, кетіп қалып жүрер. – Көрсетемін сендерді үйлендіргенді! Қара бұларды əскерден келмей жатып, келіншек əперіп. Алып кетіңдер, өздерің алыңдар, – деп Тұран айқай салды. Қараймыз, қалжыңы емес, шыны. Бізге тістеніп таптап береді. Санат, Сман, Нұржан төртеуміз үйден тұра қаштық. – Ей, мынаны жын ұрып кеткен бе, – дейміз бірібірімізге қарап. – Ойынның арты отқа айналып жүрмесін, түрмеден бір-ақ шықпайық осы. Сау басымызға өзіміз бəле тауып алдық. Бүкіл ауыл болып Тұранға «үгітнасихат» жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ, естімеген елде көп демекші, күйеу жігіт көнер емес. – Махаббатсыз үйленбеймін. Біреудің көз жасына қалатын жайым жоқ, – дейді бедірейіп. – Бұл үйдің табалдырығынан аттап шықпаймын. Қайтып келген қыз атанар жайым жоқ, – деп қыз отыр қасқайып. Үш сағатқа созылған «келіссөз» өз жемісін беріп, бүкіл ауылдың ақ сақалдары мен қара сақалдары Тұранды келіншек алуға əрең көндірді. ...Көп ұзамай-ақ ауылды бір дүркіреткен той болды. Ауыл тұрғындары бұл оқиғаны ұзаққа дейін ауыздарының суы құрып айтып жүрді.

Тоғыз ай, тоғыз күннен соң Рыскүл Тұранға қошқардай ұл тауып берді. Нəрестенің шілдеханасында қызыңқырап қалған құрдасым: «Жігіттер, сол жолы мені удай мас қылып, келіншек əпергендерің қандай жақсы болды. Əйтпесе, Рыскүлді көрші ауылдың жігіттері алып қашып кетер еді. Онда Рыстай сияқты келіншек, Нұрлан сияқты ұл қайда маған» деп бəрімізді ду күлдірді. Міне, содан бері арада жиырма жыл өтіпті. Бүгінде құрдасым Тұранның тоғыз баласы бар. Бəрі сатырлаған ұлдар. Жақында ауылға барғанымда Рыскүлдің ай-күні жақындап отырған болатын. Бүгін Тұраннан хат алдым, əйелі тағы да ұл туыпты. Құрдасым шілдеханаға шақырып жатыр. «НӨМІР КЕРЕК ПЕ, ӨМІР КЕРЕК ПЕ?» Белгілі жазушылар Мұса Рахманбердиев пен Серік Байқонов, араларынан қыл өтпейтін достар. Сексенінші жылдардың ортасында Мұса «Қазақ əдебиеті» газетінің очерк жəне публицистика бөлімінің меңгерушісі, ал Серік Қазақ теледидары қоғамдық-саяси Бас редакциясының бөлім бастығы болып дүркіреп тұрады. Бірде Серік «Сал үстіндегі маусым» деген серия лы телехабарлар жасап, Сырдария өзені өңірінің əлеуметтік жəне экономикалық өзекті жайларын жан-жақты көтереді. Кезекті бір шығармашылық лездемеде оған лайықты баға беріліп, мақтаудан кенде болмайды. Жақсы сөз қай жүректі болмасын жайма шуаққа бөліп жібереді емес пе? Серіктің асығы алшысынан тұрғандай болып, Сырдың суы тізесіне келмей, Алматының көшесімен алшаңдай басып келе жатқанда, дəл қарсы алдынан досы Мұса Рахманбердиев ұшыраса кетеді. Аман-саулықтан соң Мұса да Серіктің хабарын жата кеп мақтай жөнеледі. – Сен нағыз қазақтың Песковысың, – дейді ол қызақыза. Осындай мақтаудан соң Серік Бойқонов қалай шыдасын, əлгі хабарын шұғыл түрде «жуып» жібереді. Екі дос біраз шырқап, қоштасарда Серік керемет бір идея айтады:

– Давай, Мұса, біздің елге барып қайтайық. Мен саған тұнып тұрған нағыз табиғатты көрсетемін. Өзің де сексеуіл жайында проблемалық очерк жазамын деп жүрсің ғой. Ал біле білсең, сексеуілдің көкесі біздің жақта. Ішінде ептеп қызуы бар Мұса да досының ойын қолдай кетіп, жолсапарға бірге баратын болып келіседі. Серік пен Мұса арада бір апта өтпей жатып, Сыр өңірі қайдасың деп тартып кетеді. Серік Мұса досын өзінің туған ауылы «Авангардта» біраз аунап- қунатып алған соң, Шиелі аудандық партия комитетіне бас сұғып, келген шаруаларын айтады. Райкомдағылар аты белгілі екі жазушы- журналиске арнайы жолбасшы жəне құммен еркін жүре алатын «Камаз» автомашинасын бөледі. Еркін жүріп-тұрып қалған Серік райкомның жауапты қызметкерін өздерімен ерткісі келмей, сан түрлі сылтау іздейді. – Серік, абайла, – дейді Мұса, – Құмның ішінде адасып кетіп, өліп қалып жүрмейік. Сондықтан да жолбасшыны алғанымыз жөн болар. – Қорқатын ештеңесі жоқ. Бұл өңірді талай-талай жаяу кезгенмін, бес саусағымдай жақсы білемін десем артық айтқандық болмас. Тіпті, адасып кеткеннің өзінде, менің жұлдызға қарап, жол табатын қасиетім бар, – деп желпінді Серік. Айтқанынан қайтпайтын Сəкең, əлгі райкомның жауапты қызметкерін бір амалын тауып, тастап кетеді де, арнайы бөлінген «Камазбен» жолға шығады. Мұса досы ауылына күнде келіп жатқан жоқ. Қоржынын мықтап толтырып алған Серік Байқонов əрбір шақырым сайын тоқтап, алыстан арнайы келген жан досы үшін, топырағында аунап өскен туған жері үшін, аузын ашса көмекейі көрінетін ақ көңіл жандары үшін, тұнып тұрған табиғаты үшін үсті-үстіне тост көтерді. Қызыл сөзге Мұса батыр да дес берген бе? Оның да көңілі асып-тасып, сөзді түйдек-түйдегімен ағытады.

Мұндай кезде уақыт дегенің де тым жүйрік қой. Лезде ымырт үйіріліп, олар құмның ішінде кəдімгідей адасып кетеді. Серіктің бұл аймақты бес саусағындай жақсы білетіндігі, жұлдыз санап жол табатындығы жайына қалды. Түннің бір уағында үлкен шамдарын жарқыратып жандырған бірнеше машина адасқан жандарды жанжақты қоршап алды. Кəдімгідей қызу болса да, Серік əлгілердің рұқсатсыз киік аулап жүрген браконьерлер екенін біле қояды. Иə, шаш ал десе нағыз бас алатын осылар. Олар кездейсоқ кездесе кеткен көк аттыларды онша жарата бермейді. Мұны да өте жақсы білетін Серік «О, құдіретті құдай, өзің сақтай гөр»! – деп мылтықтарын кезеніп, өктем-өктем сөйлеп тұрған бұзық жандарға қарсы жүреді. Біреуін көке деп, енді біреуін жезде деп, сендер жақсы, біздер жаман деп, қалған төрт бөтелке арағын беріп, алдап-сулап баскесерлерден əрең құтылады. – Мыналар кімдер? – дейді əлі мастығы айыға қоймаған Мұса. – Саған дауысын көтеріп сөйлеуге кім право берді оларға? Давай Серік, машиналарының нөмірлерін жазып ал. Алматыға барған соң шетінен əкелерінің кім екендігін танытамыз. – Тсс, – дейді Серік – саған нөмір керек пе, өмір керек пе? «ЖАН ЖАРЫН КҮТІП ƏЛІ ОТЫР...» Сəтсіз аяқталған сексеуіл сапарынан соң Мұса мен Серік Қармақшы ауданына бармақшы болып, жұбын жазбай пойызға бірге отырады. Бұл екі достың Қожанасырдан артық жері шамалы, көлік ішінде бір- бірінен көз жазып қалып, Серік Жосалы теміржол бекетінде түседі де, Мұса жирен мұртын тікірейтіп, қақиғаннан-қақиып Талдыөзектен бір-ақ шығады. Көп жолаушылармен бірге пойыздан түсіп, жан- жағына қарайды. Жанынан бір қалмайтын ұзынтұра досы Серік Байқонов – жер жұтып қойғандай ұшты-күйлі жоқ. Осылайша

алаңдағаннан алаңдап, Мұса етпісірім уақыт тұрып қалды. Бірақ, Серік жақын арада көрінетін емес. Неде болса баратын жеріме өзім-ақ тарта берейін деген оймен жанынан өтіп бара жатқан жас келіншектен жөн сұрайды. – Біздің ауданда сіз айтқандай совхоз жоқ, – деді келіншек таңқалып. – Сонда қалай болғаны, – деді Мұса сасқалақтап, – бұл қай аудан өзі, айналып кетейін? – Сіз Талдыөзек ауданында тұрсыз, аға. – Ə, солай ма еді? Қап, енді қайтсем екен? – деп қара санын бір-ақ соғады Мұса. Журналистік өмірінде талайды көрген Мұсекең, бұл жолы да онша сасқалақтай қоймады. Болары болды. Битке өкпелеп, тоныңды отқа тастай алмайсың. «Əй, Серік, Серік, саған не дейін? Бір əдемі келіншек бетіңе күліп қарап еді, есің шығып, жаныңдағы жалғыз досыңды ұмытып кеттің. Енді менің сүмірейіп тұрысым мынау. Əлгі мен жазатын сексеуілдің жағдайы анау болды. Он күн бойы босқа салпақтап, газетке жариялайтын бір дүние алмай келгенімді құдайым да, бас редакторым да, сірə кешіре қоймас. Айтпақшы, Ұлы жеңістің 45 жылдығы жақындап қалды емес пе? Соғыстан күйеулері қайтпаған жесірлер туралы очерк жазу көптен бері ойымда бар еді. Меніңше, ондай кейіпкерлер кез-келген ауылда табылып қалады», – деп ой түйген Мұса аудан орталығына жақындау ауылға жаяу-жалпы тартып кетеді. Үлкен ауылға кіре берісте бір қариямен жүздесіп, жөнін айтады. – Ондай кемпірлер біздің ауылда толып жатыр. Мысалы, Қалимаш жайында жазуыңа əбден болады. Үйі анау тұрған тоқал там, – деп жөн сілтеп жібереді ақсақал. Құдай оңдағанда Қалимаш əжей үйінде екен. Біреу газетке жазайын деп құлшынып тұрса аянсын ба, көзінің жасын төгіп-төгіп алып, соғыстан оралмаған күйеуі туралы сызылтып тұрып айтып береді. – Əже, осы ауылда өзіңіз сияқты жесір қалған кімдер бар? – дейді Мұса қоштасарда.

– Күлпаш пен Əлиманы жазуыңа болады, шырағым. Екеуі де онша алыс тұрмайды. Кез-келген баладан сұрасаң да үйін тауып береді, айналайын, – дейді кемпір. Мұса бірінші болып Күлпаш апаның үйіне бас сұғады. – Солай де, шырағым. Сонау ит өлген жерден арнайы келген екенсің, – дейді шүйкедей қара кемпір. – Келгенің өте жөн. Бірақ, Қалимашты газетке жазбағаның жөн болар. Оған бəрібір, өзің үлкен ұятқа қалып жүрерсің. – Неге, апа? – дейді Мұса таңқалып. – Балам, Қалимаштың күйеуінің соғыстан оралмағаны рас. Ол жайлы бүкіл ауыл біледі. Бірақ, ол албасты күйеуінен қара қағаз келген соң бір емес, екі бірдей байға тиіп алды емес пе? Соңғы байы жақында ғана өлді, өзі жақсы адам еді, жаны жəннатта болғыр. Жазатын болсаң мені жаз газетке, балам. Қайта-қайта байға шыққан кемпірді қайтесің əлдеқандай қылып. Қара кемпірдің жазғандарын қойын кітапшасына түртіп алған Мұса, көп ойланбастан Əлима əжейдің үйіне келді. – «Қырықтың бірі қыдыр» деген. Өзің бір жүзі жылы бала екенсің, жоғары шық, қонақ бол, – дейді үй иесі ақ пейіл танытып. Шай үстінде Мұса келген шаруасын айтады. – Шырағым, кəрі қойдың жасындай өмірім қалғанда біреуді жамандап қайтейін. Дегенмен, жасырыпжабатыны жоқ. Қалимаштың жағдайы сондай, ол жағын өзің де естіпсің. Анау құдай атып кеткір Күлпаштың да оңған қылығы шамалы. Ол беті қара көлденең көк атты біреуден біреу емес, екі бірдей бала туып алды. Отырмын ғой мен құдай алмай- ақ. Не күйеуге тиген жоқпын, не бала туған жоқпын. Қыздай тиген Рысбегімнен қалған жалғызым аман болсын. Соның тілеуін тілеймін, қарағым. Құдайға шүкір, он немерем бар. Ешкімнен кем емеспін, не ішем, не кием демеймін. Əй, дегенмен Рысбегімнің орны бөлек қой, жігіттің нағыз төресі еді ол. Рысбекті өлді дегенге əлі де сенбеймін. Бір күні есікті айқара

ашып, кіріп келетін сияқты, – деп Əлима əжей ағыл-тегіл жылап алады... ...Осыдан көп ұзамай-ақ «Қазақ əдебиеті» газетінде Мұса Рахманбердиевтің «Жан жарын күтіп əлі отыр» деген очеркі жарық көрді. ШІЛДЕХАНА Миллиард пұт астық береміз деп, басымыздағы қалпағымызды аспанға лақтырып, қырылып қала жаздайтынымызды əлі ұмыта қойған жоқ шығарсыздар, ағайын. Тың өлкелерінде астық ору басталысымен «Қазақстанның астығы Отанға!» деп газет біткен жата кеп шуылдайтын, орылған астық бастыруға үлгермей қар астында қалғанша теледидар мен радионың қақсаған жағы бір сəтке сөнбеуші еді. Қазақ теледидарының қоғамдық-саяси Бас редакциясының ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі Серік Байқонов бастаған шығармашылық топ «Ақбидай» бағдарламасының арнайы тапсырмасымен бір ай мерзімге Солтүстік Қазақстан облысына жолсапарға аттанады. Шаруа қамымен анда-мұнда шапқылап, арада он шақты күн де өте шығады. Серік бастаған жігіттердің жолсапарға деп алған қаржылары да таусыла бастап, журналист ағайындар қара су ішіп, қатқан қара нан жеуге жақындап қалады. Елдің арқасында анда- санда бір тойып тамақ ішіп алуға да мүмкіндік жоқ, кез-келген ауылда орыс ағайындар басым, арпаның ішінде өскен бидай сияқты қазақтың өзі орыс болып кеткен. Өзінің де, жігіттердің де онша жағдайы болмай жүрген Серік Байқонов бір күні ары ойлап, бері ойлап, бір амал тапқандай болады. – Жігіттер, саспаңдар, амандық болса ертең қарындарыңды бір тойғызамын. Тіпті, жүз грамм ішіп қалуымыз да мүмкін, – дейді Сəкең жігіттерге.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook