тұңғыш рет көріп тұр. Олардың көбісі өрімдей-өрімдей қыз бен жігіттер, бəрінің де түрлері өрт сөндіргендей, тас-түйін болып алған. Республика басшылары мінбеге кезек-кезек шығып, көсіле сөйлеп жатыр. Бəрі бір ауыздан келісіп алғандай: бұларың дұрыс емес, бұзықтыққа жол бермендер, үйлеріңе қайтындар дейді. Енді біреулері қоқан-лоқы жасап, қорқыта бастады. Қатар-қатар тұрған солдаттар мен милиционерлердің түстері суық. Айқай-шу көбейе түсті, азынаған дауысы халықты үрейлендіріп, өрт машиналары бірінен соң бірі келе бастады. Қайдан келгенін бір құдай білсін, қасқырдай иттері арсылдаған солдаттар қолдарындағы саперлік күректерімен, сойылдарымен жастарды ұрыпсоғуда, ештеңеден тайсалар емес. Ол аз болғандай өрт сөндіргіш машиналар суық су шаша бастады. Түйенің жарты етіндей өңкиген солдат қазақтың бір жап-жас қызын тепкілеп, шашынан сүйрей бастағанда Бекболаттың қаны басына шауып, тұра ұмтылды. Осы кезде көзінің оты жарқ етіп, есі ауып кеткендей болды. Есін жинаса сасық жеркепеде отыр. Беті-аузы ісіп кеткен, көзін ашайын деп еді, басына біреу ине сұғып алғандай тітіркенді. Енді байқады: жалғыз емес екен, темір тордың ішінде топыралған адамдар, бір қызығы, бəрі қазақтар. Бір қыздың жанұшыра айқайлаған жан дауысы Бекболатты селк еткізді. Ол жан-жағына бағдарлап қарай бастады: Өздері қамалған жер кепенің ұзындығы он бес метрге жуық, оның екі шеті кілең темір торлар, сол торлардың бір бетіне жігіттер, енді бір жағына қыздар отырғызылыпты. Ортада сержант шеніндегі оншақты милиционер аласұрып жүр. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. – Оңбағандар! Сендердің бəріңді де қыру керек, ату керек! Қара, бұл жаман қойларға да жан бітіпті, тіл бітіпті, кімнің арқасында адам болғандарыңды білесіңдер ме, өңшең малғұндар! Бекболат оларға жиіркене қарады. Оның орыстар арасында жақын тұтар жолдастары көп болатын. Əкесі көрші селодағы Алексей атты шалмен өмір бойы дос болып өтті. Орыс тілінен сабақ берген Надежда Ивановна қандай əсем жан еді-ау! Ал, мына милиция формасын киген тоқмойындар бүкіл орыс халқына қара бояу жағудан тайынбайды. Иə,
шаш ал десе, бас алатын, өзге тұрмақ туған анасын да аямайтындар осылар. – Бізге қарсы шыққанды көрсетеміз қазір. Бізге сот жоқ, білдіңдер ме, өңшең қойлар! Бекболат шынымен шошынайын деді. Үш милиционер екі қызды тордан зорлап шығарып, елдің көзінше шешіндіре бастады... Қыздардың тай-құлындай шырқыраған дауыстары жүректерді кескілеп жатты. Торда жолбарысша аласұрған Бекболат жанын қоярға жер таппады. Кек, ашу, намыс бойын кернеп, бар екпінімен тепкенде, ескі темір тордың бір шабағы сынып түсті. Бетінің темірге жырылғанына қараған жоқ, барысша атылып, əлгі екі сұмыраймен алыса кетті... Көзіне қан толып кеткен жас жігіт намыс үшін, ар үшін жанын қиюға дайын еді. Сəбит ағасынан жасырын үйренген каратэ əдістерін өмірінде тұңғыш рет қолданып, қорқау қасқырлармен жалғыз арпалысты. Ол сол кезде қаракөз қарындастарының абыройын қорғап қалғанына шексіз бақытты еді, аянған жоқ... ...Бекболаттың ісін тергеу көпке созылмады. Арасы бір аптаның ішінде Бекболат сот залында айыптылар орнында отырды. Сот аяқталар алдында айыптаушы-прокурор сөз сұрады. Ол Бекболатқа бірден ұнамады, одан рақым күткен де жоқ. Жасы елуден асқан кісі болса да түрі жылмыңдаған қаншықтай екен. Жіңішке дауысы шіңк-шіңк етеді. – Мен Бекболат Үйсінбаевтың ісімен мұқият танысып шықтым. Ол жас та болса пиғылы арам, біздің қоғамға жат адам. Оның жазған əр мақаласында ұлтшылдықтың иісі аңқып тұр. Үйсінбаев республикамыздағы мызғымас халықтар достығына іріткі салып, желтоқсан оқиғаларын ұйымдастырушылардың бірі болған. Тергеу кезінде қоғамдық тəртіпке шақырған бірнеше милиция қызметкерлерін өлімші етіп сабаған. Тағы да қайталап айтамын. Бекболат біздің социалистік қоғамның қас жауы, халықтар жауы. Дəл осындай оңбағандар қазақ халқын бүкіл Советтер Одағына ұятқа қалдырып отыр, масқара етіп отыр.
Мен айыптаушы-прокурор ретінде Бекболат Үйсінбаевты 10 жыл бас бостандығынан айыруды талап етемін! Бекболат прокурордың сөзін əрі қарай тыңдаған жоқ, құлағы шыңылдап, басы айналды. Зал ішінен жақындарын іздеді, анасы көз алдында шөгіп барады екен, осыдан бір ай бұрын ғана үйленген жары Ажар екі көзі боталап жылап отыр. Сылқ етіп отыра кетті, іші əлемжəлем, бірдеңе жасауға дəрмен жоқ, сусыз жағада қалған балықтай бұлқынды дейсің, бұлқынды дейсің... Оның сан тарапқа шарлаған ойын «Тұрыңдар, сот келеді!» деген əмірлі дауыс бөліп жіберді. Сот мұрнына түскен көзілдірігін түзеп, қолындағы қағазды оқи бастады. Көзі қарауытып, басы айналған жігіт үкім басын естімеді. – «Бекболат Үйсінбаев жеті жыл бас бостандығынан айырылып, қатаң режимдегі колонияға жіберілсін!» деген қатал үкімді естігенде, есі ауып кеткендей болды. Енді есін бір жиса, түсі сұсты солдат темір торлы машинаға отырғызып жатыр екен... Дүниеде жазықсыз жапа шеккеннен ауыр нəрсе бар ма! Кеш болса да келген шындық болмағанда Бекболаттың қараңғы түрмеде жеті жыл отыратыны ақиқат еді. Құдайға шүкір, ақ ниетті адамдардың арқасында араға үш жарым салып, туған ошағына, жарына оралып, бұрынғы қызметіне де орналасты. Дегенмен, жазықсыздан жазықсыз үш жарым жыл түрмеде отырып, көрген қорлығын есіне алса осы күнге дейін күйініп, жаны аласұрады. Əділет іздеп, соның құрбаны болған, өмір гүлдері мезгілсіз үзілген жан достарын ойласа көкірегі қайғыдан қарс айрылады. ...Тепең-тепең еткен сары автобус «Орбита» шағын ауданына жақындап қалыпты. Жаңағы сары əлі шіңкілдеп отыр, өсекші əйел сияқты аузы-аузына жұқпайды. – Ой, бұл жастарды қойсаңшы, əсіресе біздің қазақтар шеттерінен босбелбеу, жандарын қинағысы келмейді, ішкендері арақ, істегендері қылмыс.
Бекболат əлгінің өзінен де, сөзінен де жиіркеніп, теріс бұрылып кетті... Ол дəл үйінің жанындағы аялдамадан түсіп қалып, жаяу аяңдады. Аяқ астындағы қар қарш-қарш етеді. Екілене соққан ызғарлы жел бетті қарып түскендей... Бекболат 1986 жылдың ызғарлы да, суық желтоқсанын есіне алды. КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ Жұмыстан шыққан бойда Абай алаңына бұрылдым. Қызмет, күнделікті күйбең тіршілік деп зыр жүгіріп, тағы да бір күздің келіп қалғанын дəл қазір аңғарғандаймын. Күн жарықтық жайма-шуағын қаншама төгейін десе де бұрынғыдай жылуы жоқ. Күні кеше ғана жасыл желекке бөленіп тұрған тал-терек атаулы сидаң тартып, сары ала жапырақтар үзіліп-үзіліп түсіп жатыр. Мен отырған ұзын ағаш орындықтың бір шетіне екі бойжеткен жайғасыпты. Алғашқыда оларға онша көңіл бөле қойған жоқпын. Бірақ əлгі екеуі қыз бастарымен темекі тарта бастағанда ішімнен жақтырмай ала көзіммен бір қарап қойғаным рас. Менің бар- жоғымды елеп жатқан олар жоқ, шетелдік темекілерін бұрқыратып, ұзақсонар əңгімеге көшті. Мен де өзіммен-өзім болып, көршілерімді ұмытуға тырыстым. Шынында да менің оларда не шаруам бар. Тартса өздерінің темекілері, құрып жатқан солардың денсаулықтары. Болмашы нəрсеге күйіп-пісіп не болды маған, қазір екі əйелдің бірі темекі шегетін заман емес пе, тəйірі. Бірақ, қанша назар аудармайын десем де екі бойжеткеннің сөздері көңілімді еріксіз бөле берді. – Гүлнар, кейде менің саған күлкім келеді, қай ғасырда өмір сүріп отырғаныңды бір сəт еске алсаңшы. Қалтасының түбі көрініп тұрған жалаңаяқ қайыршы инженерің кімге дəрі соншама, – деді сұңғақ
бойлы келген бойжеткен шегілген темекісінің тұқылын сұқ саусағыман шертіп. – Айман, ұнатамын оны, сүйетін сияқтымын, – деді орта бойлы, иегінің дəл астында ноқаттай меңі бар əдемі қыз. – Біреу сүйемін, махаббат десе жыным келеді, осы неге түсінбейсің, махаббат сонау Қыз Жібек пен Төлегеннің заманында болса болған шығар, – деді сұңғақ бойлы сұлу бойжеткен екілене түсіп. – Қазір ол жоқ, білесің бе, жоқ, бəрі де алдамшы дүние, алдамшы сезім. Бүгінде бəрін тұрмыс, қалта, яғни ақша шешеді. Əлгі түкке тұрмайтын инженеріңді айтып, өлдім, сүйдім дейсің. Сол Маратыңның сыңғырлаған пəтері, зуылдап тұрған машинасы бар ма, айлық табысы қанша өзінің? – Пəтері де, машинасы да жоқ, бір айлығы екінші айлығына жетпей жатады, – дейді орта бойлы бойжеткен мұңайып. – Түсінемін сені, жассың, сұлусың, адам құсап өмір сүргің келеді. Қолдан келсе мына жалпақ дүниені қонышыңнан басып жүргенге не жетсін! Бұл өмір бір-ақ рет беріледі, жас кезінде ойнап-күліп қал, əйтпесе, кейін өкінесің. Қысқасы, мен сені бүгін бір шетелдік жігітпен таныстырамын. Қорықпа, қара күйедей негр емес, араб, сəл қоңыр болғаны болмаса, біздің жігіттерден əлдеқайда артық. Ой, олар шеттерінен мырза, бір түнеп шықсаң болды, шыртылдатып бақандай 500 доллар санап береді. Ал бұл пұл сенің үш айлық табысың. Тартынба, Гүлнар, өкінбейсің. Сұңғақ бойлы бойжеткен жанындағы құрбысын торғай арбаған жыландай арбап отыр. – Дəрігер деген атым, табақтай дипломым болмаса, бір күн жұмыс істеген емеспін. Что, я дура, 20 мың теңгеге бір ай салпақтап жұмыс істеп. Құдайға шүкір, орталықта жасауға толы екі бөлмелі пəтерім бар, не ішемін, не киемін демеймін. Ұрысып жатқан бай жоқ, жылап жатқан бала жоқ, не істесем де еріктімін. Так что, наивный болма, айналаңа қара....
Жыланның тіліндей сумаңдаған əлгі сұрқия сөздерді əрі қарай тыңдау мүмкін емес еді. Құлағым шуылдап, жүрегім шаншып кетті. Меңдуана жеген адамдай мең-зең болып, сұңғақ бойлы қыздың бетіне бажырайып қарадым. Ойпырым-ай, мұны қайдан көрдім осы. Таныс бота көз, таныс сұлу бейне. Иə, иə сол. Қанша жылдар өтсе де онша өзгере қоймапты. Менің досым Бекеннің қызы... Мына дүние не болып барады өзі... Дəл осындай күздің бір жаймашуақ күні болатын. Жұмыс аяқталуға жақындап қалғанда біраздан бері үнсіз тұрған көк телефон шыр ете қалды. Трубканың ар жағынан биязы дауыс етілді. – Сəлемəтсыз ба, маған Думан керек еді? – Сол Думан сізді тыңдап тұр. – Құдай ұрғанда, сенің дауысыңды танымай қалдым емес пе, мен – Бекенмін. Бүгін ғана келдім. Өзіңмен хабарласып жатқаным ғой. – Бекен, келуіңмен. Қайда орналастың? Ауыл аманесен бе? – Думан, «Қазақстан» қонақ үйіндегі 256-бөлмедемін. Жаңалық деген бір қапшық, тез кел, күтемін. Сыртқы киімімді жүре кидім де асығыс төмен түстім. Жайшылықта көрінбей сағыңды сындыратын такси де зарықтырмай дəл жаныма тоқтай берді. – «Қазақстан» қонақ үйіне, – дедім жүргізушіге асығыс үн қатып. Жол үстінде келе жатып Бекенмен қалай танысқанымды есім алып, өзіммен өзім ыржиып күлдім. Осыдан біраз жыл бұрын ақпанның бір қақаған күнінде аяқ астынан Көкшетауға жолсапарға баратын болып қалдым. Ұшаққа билет алып, жолшыбай Жазушылар үйіне соғып едім, бір танысымның кездесе кеткені. Жөнімді айтуым мұң екен, жолыңды жу деп жата кеп жабысты. Құтыла алмайтынымды біліп, екеуміз буфетке бұрылдық. 100-100 грамм коньяк ішкеніміз сол-ақ екен, бір топ көңілі жақын жігіттер сау етіп кіріп келді. Арғы жағы белгілі ғой,
мен сол күні кешке шала мас күйімде Көкшетауға ұшып кеттім. Ұшақтан қалай түскенім, қонақ үйге əрең жетіп, əзер дегенде орналасқаным еміс-еміс есімде. Ертесіне ерте тұрып, жанұшыра қажетті заттарымды іздестіре бастадым. Құдайдың мұнысына да шүкір, дипломатым өзіммен бірге келіпті. Жуынып-қырынып, төменгі қатардағы мейрамханаға түсіп, əмиянымды ашсам, онда бар болғаны əбден тозығы жеткен 500 теңге қалыпты. Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды, бейтаныс қала, бірінші рет келіп тұрмын, бірге оқыған, бірге жүрген бір танысым болса бұйырмасын. Жалма-жан телестудияның осындағы тілшісіне телефон соғып едім, ол екі-үш күннен соң келеді екен. Енді қайттім? Бас шытынап сынып барады, қарын болса аш, əмиян бос. Үйден қырық қадам шықсаң мүсəпірсің деген осы. Лаж жоқ, таңертеңгі асқа бір кесе қант салмаған қара шай ішуге тура келді. Байыз таппай далаға шықтым. Күн аяз, табаныңның асты қарш-қарш етеді. Жолымды жуамын деп жүріп қолғабымды да бір жерге ұмытып тастап кетіппін. Қолым үсіп барады. Лезде мұртым ақ мұз болып қатып қалды. Осылайша салым суға кетіп, дал болып тұрғанымда дəл жанымнан мен қатарлы жігіт өте берді де, кілт тоқтап маған қарады. Мен оған қарадым. Бейтаныс жігіт маған қарап тұрып, миығынан күлді. Жылағым келіп тұрса да, мен де еріксіз жымиған болдым. – Атың кім? – деді бейтаныс жігіт түйеден түскендей. – Думан, – дедім тісім-тісіме тимей сақ-сақ етіп. – Менің атым Бекен. Дəу де болсаң Оңтүстіктің жігітісің ғой, ə? – Иə, Алматыданмын. Журналиспін. Оны қайдан білдің? – Мұртыңнан, киген киіміңнен. Мен де Жетісулықпын, Шелекте өскенмін. Қазір осы қаладағы бір автобазаның директорымын. Жерлесім екенсің, оның үстіне сенің телехабарыңды жиі көріп тұрамын. Қырықтың бірі қыдыр деген, бүгін ғана соғым сойып едім. Жүр, кеттік біздің үйге, қонақ бол. Тартыншақтап көріп едім, бір көргенде-ақ адамды баурап алатын, аузын ашса көмекейі көрінетін жаңа танысым:
– Біз де талай жолсапарда болғанбыз, жағдайың белгілі. Көп сөйлемей үйге жүр, – деп əй-шəйге қарамай, мені дірдектетіп сүйреп ала жөнелді. Бекеннің жұбайы Рыскүл де жайдарлы жан екен, жаны қалмай күтіп жатыр. Қонақ үйге дейін Бекеннің өзі шығарып салды. Кіре берісте: – Думан, сен бірдеңеден қысылып тұрсың, шыныңды айт, ұялма, – деп бетіме тіке қарады. Қысыла-қымтырыла бар жағдайды түгел айтуға тура келді. Бекен рахаттана күліп алып: «Жігіт болған соң ондайондай бола береді. Мə, мына 10 мың теңгені қалтаңа салып қой, кейін бір қайтара жатарсың», – деп бұзылмаған пұлды маған ұсына берді. Бекен екеуміз осылай танысқан едік. Сол таныстық достыққа жалғасып кетті. Əйтеуір не керек, жанымыз да, көңіліміз де жақын, бір-бірімізді іздеп жүреміз. Бекен мені ежелгі əдеті бойынша жарқылдай күліп қарсы алды. –Ой, достым жаңалық көп. Бүгін ғана министрдің қабылдауында болып, облыстық көлік басқармасының дүрдей бастығы болып тағайындалдым. – Құтты болсын, Бекен! Сөзімді Бекен іліп алып, жалғап кетті. –Рахмет, рахмет! Соны жақсылап тұрып жуу керек. Айтпақшы, қыз- қырқынның нағыз ортасында жүр емессің бе, мені қашан бір сұлумен таныстырасың. Қызталақ-ау, біз де пендеміз ғой. Ха-ха... – Кеше ғана уыздай-уыздай екі студент қызбен танысып едім. Ендеше, соларды шақырайық. Меніңше қарсы болмайды, – дедім мен де қарап тұрмай. – Онда неге тұрсың, төменде министрліктің кезекші «Волгасы» тұр. Мін де шап. Қалай өзі, анау еді, мынау еді деп сызылатын қыздар емес пе? Бүгін тойламағанда қашан тойлаймыз. Шалқиық бір, Думан!
Жолым болып қыздар өз бөлмесінде екен. Екеуі де менің ұсынысымды қуана-қуана қарсы алды. Қонақ үйдің бөлмесіне аяқ аттай берген сұңғақ бойлы қыздың түсі бұзылып жүре берді. – Папа! Сен қашан келдің?! – Айман! Сен мұнда қайдан жүрсің?.. Бекеннің дауысы шошына шығып, маған қарады, сонан соң бəрі түсінікті болды дегендей диванға сылқ етіп отыра кетті. Түсі өрт сөндіргендей. Өте суық еді. Мен бөлмеден ытқып шығып, ашық тұрған лифтіге жанұшыра ұмтылдым... Содан кейін Бекенді көрген жоқпын. Көруге, хабарласуға менде бет жоқ еді. Арада бір жыл өткен соң Бекеннің жүрегі ұстап, қайтыс болғанын естідім. Сол оқиғаны есіме алсам бүгінге дейін аласұрып, кірерге тесік таппай қиналамын. Кім біледі, Айманмен кездейсоқ таныспағанымда мұндай болмас па еді. Əлде бұл тағдырдың тəлкегі ме екен. Ал бүгінгі кездейсоқ кездесу сол ескі жараның аузын ашып жібергендей бол ды. Əрине, Айман мені таныған жоқ. Жанында отырған құрбысын алдап- арбап отыр. Орнымнан əрең тұрдым, екі тізем дірілдеп, көздерім қарауытып кетті. Енді бір қарасам, Айман жəне оның құрбысы екі шетелдік жігітпен сөйлесіп, əмпей-жəмпей болып тұр екен... ЖАҢБЫРЛЫ КҮН Күздің бір жылауық жаңбырлы күні еді. Жұмыстан шыққан соң өзім қызмет атқаратын мекеменің дəл жанында созылып жатқан көк базарға соққанмын. Біраз көкөніс алып, ет сататын бөлімге кіргенімде бір таныс бейне жарқ ете қалды. Сиыр етін сатып тұрған əйелді бірден таныдым. Гүлзəкира да «Сен қайдан жүрсің?» дегендей таңдана қарап қалыпты.
– Əпке, сəлеметсіз бе? – дедім келіншектің жанына жақындай түсіп. – Амансың ба, айналайын. Екі арада қаншама жылдар өтсе де ол айтарлықтай өзгере қоймапты. Сəл ғана толысқаны болмаса баяғы əдемі қалпы. Екі көзі боталап, сұлу жүзі ажарлана түскендей. Гүлзəкира сатып тұрған етін жанында тұрған егделеу əйелге тастап, екеуміз халық құжынаған базардың бір бұрышына оңашалау барып тұрдық. – Содан бері тоғыз жыл өте шығыпты. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген осы. Есейіп, үлкен жігіт болыпсың, – дейді Гүлзəкира маған сүйсіне қарап. Өткен-кеткенді айтып, екеуміз біраз тұрып қалдық. – Ел жаққа бармағаныма біраз жылдың жүзі болып қалды. Қазір өзің көріп тұрғандай ет сатып жатқан жайым бар, əйтеуір бір тіршілік жасамаса болмайды екен, – деді ол біртүрлі мұңая сөйлеп. Əпкемнің жаңа ғана жадырап тұрған жүзі көз алдымда жүдеу тартып, сөзден тосылып қалды. – Дəркеш, айыпқа бұйырмасаң, сенен бір жайды сұрасам деп едім, – деді Гүлзəкира үзілген сөзін жалғап. – Сұраңыз, сұраңыз. – Сол жазда сен де тауда болдың емес пе? Осы күнге дейін Құрманғалидың өлімі есімнен кетпейді. Оның не себептен болғаны анықталды ма? Гүлзəкира екі көзі жəудіреп маған қарап қалыпты. Менің жүрегім шым ете түсті. «Ойпырым-ай, Құрманғалиды осы күнге дейін ұмыта алмай жүр екен-ау», – дедім іштей таң қалып. Шынымды айтсам, менен жауап күтіп тұрған келіншекке не деп жауап берерімді, оның құлазып, жетімсіреп тұрған жанын қалай жұбатарымды білмей біртүрлі хал кештім. – Ескі жараның аузын ашқандай болдық-ау, əпке. Құрманғалидың өлімі сол жұмбақ күйінде қалды ғой...
– Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас деген осы. Ой, өтіп бара жатқан жалған-ай... Гүлзəкира ауыр күрсінді... *** ...Оныншы класқа өтіп, жазғы каникул басталып та кетті. Бекташ көкем айтқандай ауылда ит қуып босқа сандалып жүре берер ме едім, бір күні кішкентайдан бірге өскен досым Жайсан: –Дəркеш, давай, бостан-бос сандалғанша шөпшілер бригадасына барып, біраз қолқабыс жасайық, – деп керемет идея айтты. Мен ойланып қалдым. Жайсан мен қайда барсаң да қор болмайсың. Жанында жүр сең ішің пыспайды. Оқымайтын кітабы, газет-журналы жоқ шығар оның. Бəрін ұмытпайды, жатқа соғады, білмейтіні жоқ. – Бұл сөзіңнің жөні бар екен, шөпшілерге барсақ барайық, – дедім мен келісімімді беріп. Екеуміздің пішеншілер бригадасына баруымызға бригадир Жарқынбек көкем де қарсы бола қойған жоқ. Сол күні-ақ ауылдан жиырма шақырымдай қашықтықтағы тау етегіне орналасқан шөпшілерге аттанып кеттік. Біз дəл кешкі астың үстінен түстік. Бригада сарқырап ағып жатқан тау өзенінің дəл жағасына орналасыпты. Дала қосында үш-төрт вагон түр. Жүздерін күн мен жел қақтаған механизаторлардың бəрін жақсы танимыз. Көбісі əскер қатарынан оралған жас жігіттер. Бригадир Жарқынбек көкемнің де қартайып тұрғаны шамалы, үш-төрт баланың əкесі болса да, жасы əлі отызға да жете қоймаған. Шөпшілер бригадасында осы топқа мүлдем ұқсамайтын екі адам барын бірден аңғардым. Оның бірі – жасы қырықтардан асқан, сақалды, түсі суық жігіт ағасы, ал, екіншісі – жасы жиырма бір-жиырма екілердегі қыз еді. Өзі қараторының əдемісі-ақ. Қос жанары боталап, талдырмаш бойы талшыбықтай болып бұралып тұр. Байқаймын, көп жігіттің көзі тамақта емес, əлгі аспазшы қызда... Жататын жерімізге орналасқан соң Жайсан екеуміз тастан-тасқа секіріп, ақ көбік болып ағып жатқан тау өзеніне бет алдық.
– Жайсан, – деймін мен суға ұсақ тас лақтырып, – жаңа ғана көрген қыз бен егде кісі біздің ауылдың адамдары емес сияқты. Сен оларды танымайсың ба? – Қыз дегенің қыз емес – келіншек. Колхозға жаңадан келген бас бухгалтердің қарындасы. Өзін осыдан үш ай бұрын бір жігіт зорлап алып қашып кетіпті. Ол əлгі күйеуін сүймей, екі айдан соң кетіп қалса керек. Ұмытпасам аты Гүлзəкира ғой деймін. Жасы үлкен демесең мынауский, ə? – дейді досым бас бармағын көрсетіп. – Иə, ничего, жігіт біткеннің бəрі шетінен ауыздарының суы құрып, өліп-өшіп отыр ғой, əйтеуір. Ал, анау шалың кім? – Сақалы мен мұрты бар демесең, ол алып бара жатқан шал емес. Жасы қырықтан енді асқан жігіт ағасы, – деді Жайсан да қолындағы жалпақ тасты суға құлашын сермей лақтырып, – Құрманғали ағаның тарихы қызық кісі. Сен білесің бе, ол 12 жыл түрмеге отырып келген адам. – Солай де, – дедім мен – үндемегеннен үйдей бəле шығады деген осы. Сонда қалай, үлкен қылмыс жасаған ба ол? – Өткен жылы əкемнің айтып отырғанын еміс-еміс естіп қалғанмын. Құрманғали бұрын көрші ауылда тұрған құсайды, өзі бізге алыс жамағайын болып келеді екен. Қызға онша икемі жоқ біреу болса керек, жасы отыздан асқанда үйленіпті. Бір жаманы – үйленгеннің ертесіне келіншегі өліп қалған. Сол өлімге бұл кінəлі болып саналып, он екі жыл түрмеде отырған. – Ойпырым-ай, – дедім мен кəдімгідей шошып – туған əйелін өлтіруге қалай ғана дəті барды екен оңбағанның? – Құрманғали өлтірейін деп ойламаған құсайды, – деді Жайсан, – бірақ солай болған. Əкесі қызының жүрек талмасымен ауыратынын біле тұра бар бəлені күйеу баласына үйіп-төгіпті. Іздейтін ешкімі жоқ жетім жігіт сотталып кете барыпты. – Е... Енді түсіндім.
Біз қызықтың көкесін сол түнде-ақ көрдік. Мандолиннің шіңкілдеген дауысы Жайсан екеумізді де оятып жіберді. «Белорусь» тракторын айдайтын Ербол мен Еркін аспаз келіншек ұйықтайтын кішкентай вагонды төңіректеп жүр екен. – Гүлзəкира деймін, саған айтатын бір ауыз сөзім бар еді, – дейді қортық Ербол жалынып, – шығып кетші, нең кетеді, ə! Есікті ішінен іліп алған келіншек оның сөзін құлағына да қыстырмаса керек, есік ашылған жоқ. Енді ұзын тұра Еркін сөйлей бастады. – Гүлзəкира! Бұл менмін – Еркінмін. Саған бірдеңе айтайын деп едім. Ашшы есігіңді, бір мөнетке шығып кетші! Еркін қанша жалынса да Гүлзəкира есігін ашпай жатып алды. Бала кезінен қызба, ұрыншақ Еркін вагонның есігін ашуланып бір тепті. – Əй, аспазшы, сен бүйтіп мұрыныңды аспанға шүйіре берме! Байдан шығып келгеніңді білмейді дейсің бе, жұрттың бəрі біледі сенің қыз емес қатын екеніңді! Айтпады деме – менің басқан ізіме əлі зар боласың. Анау түрмеден келген өзің сияқты кірме біреумен ауыз жаласып қалыпсың, жүдə. Ол шалдан өлсем өлімтігім артық менің. Айқай-шудан Жарқынбай көкем де оянып кетті. – Əй, қос жүгермек! Менен бірдеңе көргілерің келмесе табандарыңды жалтыратыңдар! Осы айқайдан соң түнгі тау бөктері құлақ ұрғандай тым-тырыс бола қалды. Таңертеңгі аста Еркін Гүлзəкираға тағы да килікті. – Сұлу келіншек, ұзынды қалайсың ба, жоқ қысқаны қалайсың ба? Сен көнсең Ербол екеуміз өзара келісе жатамыз. Ха... Ха... Ағаштан жасалған үлкен столдың бір шетінде отырған Құрманғали ұшып тұрып, Еркінді отырған орнынан жұлып алды. – Бұдан былай Гүлзəкираға орынсыз килігетін болсаң – аямаймын! Азар болса қалған өмірім түрмеде өтер. Түсіндің бе? – деді сақалды суық жүзі түтігіп.
Құрманғалидың қарулы қолы батып кетсе керек, Еркін кəдімгідей қиралаңдап қалды. – Қатар болған соң қалжыңдасуға да болмай ма екен? – деді бір қызарып, бір бозарып. – Əзіл ойынның басы-соңы осы болсын. Айтпады деме, аямаймын! Осы оқиғадан соң сырттай қоқиланғаны болмаса, Еркін мен Ербол жым болды. Арада бірнеше күн өте шықты. Таңертеңнен кешке дейін шөп шауып, жинаймыз. Дала қосында күндіз көбінесе Құрманғали мен Гүлзəкира қалады. Екеуінің де жұмыстары бір бастарынан жетіп артылады. Бір үйір жанға үш мезгіл тамақ дайындау оңай емес, аспаз келіншек таңертеңнен кешке дейін сонымен əуре. Ал, Құрманғали болса шөп оратын косилка біткеннің пышақтарын қайрайды, техниканың сынық тетіктерін жөндейді. Көп сөйлей бермейтін біртоға жанның қолы бір босамайды, ісі де тындырымды. Тамыз айының бір күні колхоз орталығына Алматыдан əртістер келгені туралы хабар жетіп, бəріміз улапшулап, ауылға жинала бастадық. Құрманғали концертке бармайтындығын бірден кесіп айтты. Елден бұрын жинала бастаған Гүлзəкира дəл жүрердің алдында айнып, ауылға бармайтын болып қалды. Шынын айтсақ, бұл шешімге бəріміз таңқалдық. Əсіресе, Еркін өзінше күйіп-пісіп жүр. – Құдай бар, менің ішім сезеді. Бұлардың екеуденекеу болып оңаша қалулары тегін емес, – дейді қайтақайта безілдеп. Бір қырдан аса бере Жарқынбек көкем машинаны кілт тоқтатты. – Еркіннің осыншама безілдеуі бекер емес. Шынында да, Құрманғали мен Гүлзəкира неге оңаша қалды? Дəркеш, Жайсан екеуің осыны бір бақылап көріңдерші, – деп біздің қарсы болғанымызға қарамастан машинадан түсіріп кетті. Ұрлық жасағандай аяғымызды аңдып басып, дала қосына жақындай түстік. Гүлзəкира кешкі ас қамдап жүр екен. Құрманғали күндегі əдеті бойынша қарап отырмай ет кесетін үлкен пышақты қайрап отыр.
Олар бізді аңғара қойған жоқ. Шеткі вагонға кіріп, үлкен тесіктен екеуін бақылай бастадық. Көбінесе сөйлеп жүрген Гүлзəкира. Құрманғали анда-санда қысқа-қысқа жауап қайтарып, келіншекті құптап қояды. – Құрманғали аға, үстіңіздегі жейдеңіз кірлеп кетіпті, шешіңіз жуып берейін, – деп Гүлзəкира шылаушын ға буы бұрқыраған ыстық су құя бастады. Құрманғали қарсы келместен жейдесін шеше бастады, төртбақ келген денесі шымыр екен, бұлшық еттері ойнақтап тұр. Гүлзəкира ширақ қимылдап, көйлекті тез жуып тастап, іліп қойды. Сонан соң дастарқан жайып, тамақ дайындауға кірісті. Құрманғали өзі жататын вагонға кіріп, тез шықты. Қолында бір шыны коньяк. Қырлы екі стаканға ішімдікті жартылай құйып, біреуін Гүлзəкираға ұсынды. Өзі коньякті бірден тартып жіберіп, алдында тұрған еттен асап-асап жіберді. Келіншек те ішімдікті орта тұсына дейін алып қойды. Бірте- бірте тау түні қоюланып келеді. Құрманғали мен Гүлзəкира ұзақ шүйіркелесіп əңгімелесті, екеуінің сөзі бірде естіледі, бірде естілмейді. – Құрманғали аға, кеш болып қалды, мен төсек салайын, – деп Гүлзəкира вагон ішіне кіріп кетті. Жайсан екеуміз отырған орнымызда қаққан қазықтай қалшидық та қалдық. Екеуміздің жүрегіміз тайша тулайды. Келіншек үлкен жалпақ матрасты құшақтап шығып, өзі жататын вагонның жанындағы ағаш сəкіге жая бастады. Оның үстіне аппақ ақ жайылғы төсеп, өзі шешіне бастады. Түп-түзу ақ балтырлары жұп-жұмыр екен. Іш көйлекпен тұрса да қос анары дір-дір етеді. Құрманғали орнынан асықпай тұрып, движокті өшірді. Сонан соң Гүлзəкираға бет алды... Көп ұзамай жас келіншектің «Аға, аға» деп құлындаған дауысы шықты. – Жаным, жаным! –Құрманғалидың пышылдаған үні еміс-еміс естіледі... Одан əрі қарауға Жайсан екеуміздің дəтіміз шыдамады, тұра кеп қаштық. Ертесіне Жарқынбек пен Еркін бізді жау қуып келе жатқандай жұлқылап оятты. – Не болды, тез айтыңдар? – деді Еркін темекісін қайта-қайта сорғыштап.
Біз болған жайды қысыла-қымтырыла айтып бердік. – Ə, бəсе, айттым емес пе, бұл тегін емес деп, өлтірейін екеуін де. Еркін тісін қышырлатып, вагонның қабырғасында ілініп тұрған шөп оратын өткір орақты жұлып алып, бірдеңені шұқылап отырған Құрманғалиға тап берді. Осыны алдын-ала сезгендей ол онша сасқалақтай қойған жоқ. Өзіне төніп, тамағын осып жіберуге дайын тұрған долы жігіттің қолындағы орақты жұлып алып, өзін анандай жерге лақтырып жіберді. Орнынан əрең тұрған Еркін сайға қарай ызаланып жүгіре жөнелді. Ол кешке дейін зым-зия жоқ болып кетіп, кешке таман өлерше мас болып келіп, біресе күлді, біресе жылады, сонан соң ұйықтап қалды... Ертесіне бəріміз түк болмағандаый шөп шабуға шықтық... Кешке таман Құрманғали мен Гүлзəкира тау қойнауына сүңгіп, түн ортасында бір-ақ оралды. Арада тағы бір апта өтті. Екеуі күндегі əдеті бойынша тау жаққа кетеді. Кейде таң ата бір-ақ оралып жүрді... Сегізінші күн дегенде колхоз бастығының жүрдек «Уазигін» мінген бас бухгалтер түскі ас кезінде біреу қуғандай жетіп келіп, машинадан асығыс түсті. Оның жүзі өрт сөндіргендей болып қарауытып кеткен. Ешкімге амандаспастан бірден Гүлзəкираға бет алды. – Тез жинал, ауылға алып кетемін! – деді ол тістене сөйлеп. – Көке! Мен ешқайда бармаймын, осында қаламын, – деді Гүлзəкира ағасына үрке қарап. – Құрманғали жақсы адам, мен оған күйеуге шығамын. – Бірдеңе көргің келмесе тез жинал деймін саған! Енді саған жетпегені зек еді! Қоянның көжегіндей қорқып кеткен жас келіншек құйып тұрған тамағын тастай беріп, вагонға бет алды. Керекті заттарын алған Гүлзəкира «Уазикке» қинала əрең отырды. Төрт дөңгелекті көлік қалай асығыс келсе, солай асығыс кетіп, ауыл жаққа бет алды. Бір орнында қалшиып қалған Құрманғали жеңіл машина қыр асып, көзден ғайып болғанша кірпік қақпастан қарап тұрды... ...Ертесіне Құрманғали ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Іздемеген жеріміз жоқ. Төртінші күн дегенде оның мылжа-мылжасы шыққан өлі
денесін теміржолдың шетінен тауып алдық. Дала қосы мен теміржолдың арасы небəрі бес-ақ шақырым еді... Құрманғалидың өлімін жұрт сан-саққа жүгіртті. Біреулер Еркін мен бас бухгалтерді кінəлады. Енді біреулер пойыздың астына өзі түсіп өліпті деп гулесті. Бірақ, оған еш нақты дəлел табылмай, бұл өлім жұмбақ күйінде қала берді... ...Бірте-бірте алыстап, ескі киноның пленкасындай өшіп бара жатқан сол оқиға көз алдымнан лезде елестеп өте шықты. Жанымда тұрған Гүлзəкира да үнсіз қалған. Оның бота көздерінен қос моншақ домалап-домалап түсті. Соны көргенімде жүрегіме біреу біз сұғып алғандай шым ете қалды. Сол кезде баламыз ғой, бұл оқиғаға онша мəн бермеген екенмін. Қуанышынан гөрі қасіреті көп, ғұмыры қысқа махаббат екен ғой бұл. Естен кетпес жеті күн мен жеті түн... Толық шертілмеген əсем күй... Асқақтай барып, күрт үзілген сұлу əн. Қандай өкінішті еді...
Жалған намыс-ай, Құрманғали мен Гүлзəкираны құрбандыққа шалған! – Шаңқай түсте жап-жас жігітпен ауыз жаласып, жараса қалыпсың ғой сен қаншық! Ет біткеннің сасып жатысы анау, сенің көлденең атты біреумен сүйкелесіп тұрысың мынау! Оңбаған-ау, кешке дейін шыдамайсың ба, өліп бара жатырсың ба? Аузына ақ ит кіріп, қара ит шыққан алтылық қартаның валетіндей едірейген біреу Гүлзəкираға айқай салды. Онсыз да жаны жаралы болып тұрған əйелді жазықсыздан-жазықсыз тілдегені жаныма қатты батып кетті. – Əй, қарғаның валеті! Аузыңа қарап сөйле! Көргенсіз-ау, біле білсең Гүлзəкира менің жақын əпкем болып келеді. Жыландай сумаң-сумаң еткен тіліңді жұлып алайын ба, оңбаған! Ашуымның келгені соншама əлгі сұмырайдың жағасына жармаса кеткенімді аңғармай қалдым. Төбет иттей арсылдағаны болмаса əлгі батыр қояннан да қорқақ біреу болып шықты. – Ой, мынау қайтеді-ей! Жынданып кеткеннен сау ма өзі? – деп құйрығын бұтына қысқан күшіктей тұра кеп қашты. – Əпке, тырнағыңа тұрмайтын мына біреу кім өзі? – дедім ызаланып. – Дəркеш, жесір қатынды кім басынбайды. Сыртымнан өзінше ие болып жүрген күйеусымақтың біреуі ғой, – деді мұңайып. – Мені түсінгеніңе, мені қорғай білгеніңе рахмет! Құдай алдыңнан жарылқасын, айналайын! Мен Гүлзəкирамен қоштасып, тысқа шықтым. Далада күздің жаңбыры жылап жауып тұр екен... ƏДЕМІ КЕЛІНШЕК
Сол көркем келіншекпен он бес жылдан соң кездейсоқ кездесіп қалдым. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» демекші, біраз уақыт өтсе де соншалықты өзгере қоймапты. Тұнжыраған қара көздерінде сəл байсалдылықтың белгісі бар, құлыншақтай əдемі денесі əлі де мен мұндалап тұр. Ол мені таныған жоқ, енді ғана тіл қатпақ болып ұмтыла беріп едім, дəл жанымызға кеп тоқтай берген троллейбусқа мініп кете барды. Жылдар бойы жүректің түкпірінде келе жатқан сұлу бейне жарқ етіп, қайтадан жоқ болды. Əдемі түсім үзіліп кеткендей болып, мен аялдамада мең-зең күйі қала бердім. ...Кездейсоқтық па, жоқ əлде ұқсастық па, мен Алмамен автобус аялдамасында танысқан едім. Қызмет атқарып жүрген ғылыми- өндірістік бірлестіктің бөлімшесі ашылып, оңтүстіктегі қалаға қоныс аударуға тура келді. Күздің жаңбырлы жылауық күндерінің бірі болатын. Жұмыстан шығып автобус аялдамасына бет алдым. Көлік күтіп тұрған адамдар онша көп емес екен. Қолында үлкен сөмкесі бар əдемі келіншекке көзім еріксіз түсті. Көп ұзамай-ақ біз күткен көлік келе қалды, автобустың ішінде ине шаншыр орын жоқ. – Ғафу етіңіз, – дедім бейтаныс келіншекке, – сізге көмектесіп жіберейін, жүгіңіз ауыр екен. Келіншек жылыұшырай қолындағы затын ұсына берді. Екеуміз қысыла-қымтырыла көлікке мінгенде, үлкен сары автобус орнынан əрең қозғалды. Бейтаныс келіншек екеуміздің түсетін аялдамамыз бір болып шықты. – Қай үйде тұрасыз, жүгіңізді жеткізіп тастайын, – дедім автобустан түсе бере. – Жоқ, жоқ, рахмет сізге, өзім бірдеңе ғып жетермін. 21-ші үйде тұрамын, алыс емес, – деді əдемі келіншек қарсыласып. – Сіз 21-ші үйде тұрсаңыз, мен 19-шы үйдің тұрғынымын, көршілік парызымды аяғына дейін атқарайын, – дедім күле сөйлеп. Шынында да аялдама мен сұрғылт бетонды бес қабатты үйдің арасы онша қашық емес еді, бейтаныс келіншекті жеткізіп тастап, асығыс
қоштастым. – Рахмет, сізге! Өзіңіз бір қайырымды жан екенсіз, – деп ол əнтек жымиды. Күлгенде екі бетінің ұшына шұңқыр пайда болып, тіпті əдемі болып кетеді екен. Сол жаңбырлы күннен кейін де əдемі келіншекті бірнеше рет көрдім. Көбінесе автобус аялдамасында асығыс кездесіп, бас изесіп амандасамыз. Ол алғашқы кездескендегідей əнтек жымияды, бір көргенде-ақ жіппен байлап-матап сиқырлап алатын əдемі күлкі. Əлі есімде, қаңтар айының алғашқы күндері еді. Сол күні қолым бос болатын, ұсақ-түйек заттар алмақ болып, қалалық сауда орталығына бара қалдым. Кіре берісте баяғы əдемі келіншек қарсы ұшыраса кетті. Қасы-көзі қиылып, ақ маңдайы жарқырап, бүгін тіпті көрікті болып кетіпті. Ол бота көздерінен нұр шашып, менімен жылыұшырай амандасты. Тұңғыш рет ескі таныстардай шүйіркелесе сөйлесіп, хал- жағдайымызды сұрастырып жатырмыз. – Онсыз да көрікті келіншексіз, бүгін тіпті əдемі болып кетіпсіз, – дедім мен шын көңілмен сүйсініп. – Қазақ қыздарының бəрі сіздей-ақ болсын! – Түу, көңілімді біраз көтеріп тастадыңыз ғой, – деді əдемі келіншек сəл күлімсіреген қалпы. – Көңіліңізге рахмет! Айтпақшы, бүгін менің туған күнім. – Туған күніңіз құтты болсын! – дедім жалма-жан əдемі келіншектің қолын алып. – Егер қарсы болмасаңыз, сіздің туған күніңізді өзімізше атап өтейік, – дедім мен батылданып. – Қарсы емеспін, – деді əдемі келіншек. Мен учаскелік дəрігер боп қызмет атқарамын, осы маңдағы бір науқасты қарап шығайын, сонан соң бір жерге барып отыруға болады.
– Олай болса келістік, – дедім. – Мен сізді күтемін. Ол көп бөгелген жоқ. Үш тал раушан гүлін ұсынғанымда əдемі келіншек жас балаша қуанып кетті. – Түу, қандай əдемі гүлдер! Раушан гүлі – менің сүйікті гүлім. Рахмет, сізге! Екеуміз жақын маңайдағы «Қаратау» мейрамханасына бет алдық. – Айтпақшы, осы күнге дейін бір-бірімізді танымайды екенбіз. Атыңыз кім? – дедім мен сəл орнай қалған үнсіздікті бұзып. – Менің атым – Алма. – Ал, мен – Дарханмын. Көп ұзамай екеуміз мейрамхананың оңашалау бір бұрышында түстеніп отырдық. Тамақтанып, ептеп коньяк ішкен соң бойымыз жеңілденіп, əңгімеміз жараса түскендей болды. Күйеуі, баласы бар екен, Алматыдағы дəрігерлер даярлайтын институтты осыдан төрт жыл бұрын бітіріпті. Тағы да елу грамм коньяк іштік. Бойыма керемет бір батылдық кіріп, Алманың қолынан ұстадым. – Алма, саусақтарың қандай нəзік еді, – дедім сізден сенге көшіп. Ол қолын тартып қалған жоқ, жанарынан от шашып, маған еркелей қарағандай болды. Мейрамхананың екінші қабатынан түсе бере Алманы құшақтап еріндерінен батылсыздау сүйдім, əдемі келіншек қарсыласпады... Екеуміз такси ұстап, үйге қарай тарттық. Əдемі келіншектің үйінің жанына келгенімізде сағаттың тілі күндізгі төртті көрсетті. – Дархан, жүр біздің үйге кіріп, шай ішіп кет, – деді Алма таксидан түсіп жатып. – Күйеуің келіп қалып, ұят болып жүрмесін, – дедім ыңғайсызданып. – Қорықпа, – деді ол. – Күйеуім жолсапарға кеткен, келгеннің өзінде өте кеш оралады. Алманың төртінші қабаттағы үш бөлмелі пəтері құстың ұясындай жайлы, жылы екен. Мен төргі бөлмеде қалып, ол жатын бөлмеге еніп
кетті. Əдемі келіншек көп бөгелмей үстіне жеңіл жібек халат киіп шықты. Қара мақпал шашы иығына төгіліп, аққұба өңін ашып жібергендей, қос анары жібек халатты тепкілеп, қарамасыңа қоймайды, жеңіл киімінің төменгі түймесін салып үлгермесе керек, жұмыр келген ақ балтырлары жарқ етті. Екеуміз дастарқан басына жайғасып, шай іштік. Алма жүрек шымырлатар музыка қойды, екеуміз билеп жүрміз, ауық- ауық сүйісеміз, əңгімеміз де ғашықтардың таусылмас жырына айналып кеткендей. Осылайша екі сағат зу етіп өте шығыпты. Жұбайым жұмыста, кішкентай ұлымды балалар бақшасынан мен алуым керек еді, ықылассыз жинала бастадым. Шығар есіктің жанына келгенімде Алма дəл қарсы алдыма тұрып алды. – Дархан, кетпеші! – деді ол менің мойнымнан құшақтап, – кетпеші өтінемін! Алма мені ұзақ құшырлана сүйді. – Əйелім жұмыста еді, кішкентай баламды балалар бақшасынан алатын ешкім жоқ. Онсыз да кешіктім, тəрбиеші қыз ұрсып жатқан болар. – Дархан, кетпеші! – Алма, əлі де жолығамыз ғой, – деп құшағыма құлап тұрған əдемі келіншекпен қоштасып, бетінен сүйдім де шығып кеттім. Ертеңіне Алма автобус аялдамасында кездесіп қалып, менімен селқос амандасты. Екі-үш күннен соң теле фон соғып, кездесейік деп едім, уақытының жоқтығын айтты. Бұдан кейін де оны бірнеше рет көрдім, танымайтын адамша жанымнан өте береді. Жарты жылдан соң олардың басқа қалаға көшіп кеткендігін естідім. Міне, содан бері, арада он бес жыл өте шығыпты. Бүгін Алмамен тағы да ойламаған жерде кездестім. Ескі жараның аузы ашылып кеткендей, кешке қарай ыстығым көтеріліп, ауырып қалдым. Түсімде Алманы көрдім. Екеуміз көктемгі далада гүл теріп жүр екенбіз...
ЖЫЛПОС Қырсық қырық ағайынды» деген рас екен. Дəркешті соңғы кездері сəтсіздік атаулы шыр көбелек айналдырып алды. Ойламаған жерден өзі табандай жиырма жыл басқарған кəсіпорын банкротқа ұшырап, жабылып қалды. Арада жарты жыл өтпей жатып-ақ шаңырақ қорының қоржыны жұқарып түбі көріне бастаған болатын. Əкелерінің арқасында еркін өсіп, жоқшылық-жетіспеушілікті мүлдем білмей өскен ересек ұл мен қыз анау жоқ, мынау жоқ деп қыңқылдайтынды шығарды. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші, соңғы кездері бүлдіршіндей кезінен қосылған жары Рыскүл де ала көзбен қарап жүр. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, адал еңбегімен есейген Дəркеш өз өмірінде адам баласын ренжітіп көрмепті, қолынан келсе жақсылық жасады, ешқашанда онысын міндетсінген жоқ. Мына жалған өмірден ерте озған марқұм əкесі: «Шырағым, жасаған жақсылығыңды сатпа, құдайдан қайтады» деп отырушы еді. Əкенің аузынан айтылған сол нақыл сөз сонау бала кезден бастап, жүрегінде де, миында да мықтап сақталып қалыпты. Ес жиып, ат жалын тартып мініп, азамат болғалы бері айналасындағы адамдардың бəрін өзіндей көріп, іш тартушы еді. Сөйтсе ол бекер екен. Бұл шындықты Дəркеш соңғы кезде анық байқап жүр. Осыдан үш жыл бұрын бұл фəниден озған досы Мұсабек: «Əй, Дəркеш-ай! Сенің түбіңе ақжүректік жетеді. Кімнің-кім екенін білмей, босқа далақтай бересің. Саған салса бəрі дос, бəрі жолдас. Сол жан дос дегендердің кейбіреулері басыңа күн туса – тым-тырақай жан-жаққа қашып кетеді. Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында», деп шырылдаушы еді. Осыдан екі-үш күн бұрын жас кезінен туған інісіндей жақсы көріп, тəрбиелеген, өзінің бұрынғы орынбасары Нұрғалиды кездейсоқ ұшырастырып қалды. Бұрын жаны қалмай, қалбалақтап «Дəке! Дəке!» деп тұратын қызметтесі ыңыранып, өзінше шіреніп, əрең амандасты. Өмірден бар білгені мен түйгені осы болса, оған не дейсің. Дəркеш
көңіліне алса да назар аудармаған болды. Нұрғали жаман-ақ жігіт болсын, құрдасы Бөденді құдай ұрып, қара басқаны ма? Жағдайың қалай деуге жарамады ғой жаман неме. Бұрынғы бас директор олармен асығыс қоштасып, мəшинесіне бет алды, іші астан-кестен, көңілі құлазып жүре берді. – Ойпырым-ай, мыналарға не болған? – дейді іштен налып, жақсылы- жаманды жиырма жылдай бірге қызметтес болдық емес пе? Дəрежем үлкен екен деп өмірімде ешкімге тізе батырмақ түгілі саусақпен нұқыған кезім болған емес. Не жазып қалдым бұларға? Өлі арыстанның құлағында тышқан ойнайды деген осы екенау! Ауыр қорғасындай ой жегідей жеп, Дəркеш қаланың шетіндегі үйіне көңілсіз оралды. Астындағы көлігін таныс жөндеушіге қаратып алайын деп, бүгін үйден ерте шығып кеткен болатын. Сол кеткеннен түске жақын бір-ақ оралды. Үйге кіре берісте бір жамандықты сезгендей жүрегі өзінен-өзі қобалжи берді. Есікті ашқанда жұбайы ботадай боздап қарсы алды. – Дəркеш, Бекташ ағадан айырылып қалдық! – Рыскүл, не деп тұрсың өзің, қашан... – Ағаңның жүрегі ауырып, кеше кешкісін ауруханаға түсіпті, – деді əйелі көзінің жасын сүртіп. – Таңертең қайтыс болыпты, кіші қызы телефон соқты, сені іздемеген жеріміз жоқ... Дəркештің жүрегін біреу алмас қанжармен осыпосып жібергендей ауырып, көзінің алды қарауытып жүре берді. Иегі кемсеңдеп, жанарына жас келді. Жар дегенде жалғыз бауыры еді, құдай соның өзін артық көріпті. Өмірінде бірінші рет өзін тұл жетім сезініп ауыр күрсінді. Дəркеш босап кеткен көңілін тез жиып, бауырын соңғы сапарға аттандыруға кірісіп кетті. ...Ол жүрегі жылап тұрып, туған ағасының жас қабіріне бір уыс топырақ салды. Ақ сəлделі қарт молда күңіреніп, ұзақ құран оқыды. Дəркеш қабір басына жиналған көп адамдардың арасынан досы Найзабекті іздеді, бірақ, ол көзге шалынбады. Ел жақтан келген туған- туысқандары, көрші-таныстар түгел тарап, үй иесі тұман ойға
қамалып, көңілсіз отырған болатын. Біраздан бері үнсіз тұрған телефон безектеп, тұтқаны үлкен ұлы көтеріп, əкесіне ұсына берді. Қоңыраулатып тұрған досы Найзабек екен. – Найзабек, сен қайда жүрсің, қаладасың ба? – деді Дəркештің дауысы қарлығып шығып. – Ия, қаладамын, – деді Найзабек тақ-тақ етіп. Ағаңның арты қайырлы болсын. Өзі өте беделді, мықты азамат екен ғой. Бүгін газетке шыққан көңіл айтудан оқыдым. Небір мықтылар қол қойыпты. Дəркеш сенер-сенбесін білмеді, байқайды досының сөзі көңіл айтуға ұқсамайды, біреуді мақтап, тойда көсілтіп тұрып тост айтып тұрғандай. Найзабектің мына түйсіздіктігіне налып, қайран қалды. – Найзабек, не деп сандалып тұрсың? Көңіл айтуға аяғың жетпей қалды ма? Əлде біздің үйдің қайда екенін ұмытып қалдың ба? Найзабек міңгірлеп, өзінше ақталған болды. Ызаға булығып, тұла бойы қалшылдап кеткен Дəркеш телефонды тастай салды. Күздің салқын түні орта тұстан ауғаны қашан. Бірақ, жігіт ағасы көпке дейін дөңбекшіп көз іле алмады. Қанша ұмытайын десе де Найзабектің аярлыққа толы дауысы құлағынан кетпей-ақ қойды. «Ойпырым-ай! Мына дүние не болып барады өзі! Қайда барсаң да жылпостық пен екіжүзділік сайқалданып алдыңнан шыға келеді. Өтірік күліп тұрып, қатыгездік пен мейірімсіздіктің қанжарын қайрап тұрады. Адал дық, адамгершілік деген асыл қасиеттер бүгінде бес тиын құрлы болмай, аяқ астында тапталып жатыр. Қайда барсаң да арам пиғылды есеп... Адамдар енді өлімге де есеппен келетін болғаны ма?..» Дəркеш өз ойынан өзі шошып кетті. Көз алдына сөзі көлгірсіген, бүйрек беті жылтыраған Найзабектің сүйкімсіз бейнесі елестей берді. Есіне ескі кинолента сияқты өше бастаған студенттік шақтағы бір оқиға түсті... Университетке жаңадан түскен ауылдың аңқау баласына орта бойлы, сөзі де, ісі де пысық курстасы өзгелерден ерекше көрінді. Мінезі де жайдары, бауырмал, іші-бауырыңа кіріп тұрады, өзі көпшіл-ақ. Найзабектің ауылы Алматыдан онша қашық та емес, əрі кетсе бір-ақ
сағаттық жол. Бір жексенбі күні досы Дəркешті үйіне қонаққа шақырды. Ауылдың шетіндегі шолақ көшедегі көзге қораштау көрінетін шағын үйдің алдында Найзабектің əкесі қарсы алып, жылы амандасты. Оң қолы қолтығына дейін кесілген бұрынғы майдангердің үлкен қой көздерінде тұнып тұрған мұңмен қатар ерекше бір мейірімділіктің белгісі сезіледі. Найзабектің анасы осыдан біраз жыл бұрын қайтыс болып, үш кішкентай қыздың шешесіз қалып, бар ауыртпалықтың əкесіне түсіп жүргенін Дəркеш сырттай жақсы білетін. Қонақ студенттің бір аңғарғаны: үйдің сырты қораштау көрінгенімен, іші жинақы, тап-таза, ең үлкені он екі жасқа енді іліккен бүлдіршін қыздардың да үсті-бастары мұнтаздай. Мырзағұл аға лезде-ақ шай дайындап, дастарқан үстін жайнатып жіберді. Үлкен қызының көмектескен деген аты болмаса, барлық істі жалғыз өзі бір қолымен-ақ тыңдырып жүр. Найзабек болса отырған орнынан қозғалар емес, қонақ болып келген Дəркешпен бірге қатарласа сызылып, өзінше мейман бола қалыпты. Жасы алпысты алқымдап қалса да бір үйдің барлық шаруасын өзі көтеріп, жас балаша жүгіріп жүрген досының əкесін Дəркеш іштей аяп, төрде шəниіп отырған Найзабекке жақтырмай қарады. Сол күні көрші үйдің баласы үйленіп, той болып жатыр екен. Дəркеш онша ықыласы болмаса да, Мырзағұл мен Найзабекке еріксіз ерді. Ауылдағы қалыптасып қал ған ескі əдет бойынша той өте кеш басталды. Сырт көз сыншыл келеді емес пе. Дəркештің бір байқағаны, бұл жақтың тойы жиналысқа көбірек ұқсап кетеді екен. Жиналған қауымды сергітер көңілді əн мен биден гөрі сөз басым. Кейбір тілек айтушылар сөйлеген деген осы екен деп жарты сағат бойы ананы айтып, мынаны айтып тұрып алады. Ауызы ауызына жұқпай қақсап қалған асаба тост кезегін Мырзағұл ағаға берді. Ешкім шақырмаса да Найзабек əкесімен жағаласа ортаға шығып, микрофонды алды да көсілте сөйлей жөнелді. Мырзағұл баласының əдепсіздігін аңғармаған болып төмен қарағыштай берді. Дəркештің дəл қарсы алдында отырған орақ мұртты, егде кісі Найзабекке жақтырмай қарап:
–Бесіктен белі шықпай жатып, əкесінің алдын орауын қарашы мына жаман неменің! Əкесі тұрып, ұл сөйлегеннен без, анасы тұрып, қыз сөйлегеннен без деген. Өй, аузыңды ұрайын... – деп бұрқ ете қалды. Дəркеш Найзабектің кейбір жағымсыз қылықтарын кейін де талай рет көріп қалып жүрді. Бойын жиып, тіксініп қалса да, досын жамандыққа қимайтын. Жайшылықта адам баласына артық сөз айтуды білмейтін марқұм досы Мұсабек Найзабекті бір көргеннен-ақ ұнатпады. – Иненің көзінен өтіп кететін тым пысық екен, нағыз жылтырдың өзі, бəрін де есеппен жасайтын жігіт, – деді ол Найзабек қоштасып кеткенде. – Сен де кейде аққа қара бояуды баттастырып жаққанды жақсы көресің, – деді Дəркеш Мұсабекке жақтырмай қарап. – Бір көрген адамды осылайша ғайбаттауға бола ма екен? – Білген соң айтамын, – деді Мұсабек. – Мына досың өліктің өзіне есеппен баратын адам. Соны өз көзіңмен көріп, менің сөзімді есіңе алатын боласың. – Кетші əрі, – деді Дəркеш шошып кетіп, – қайдағы жоқ бəлені айтпай. Дəркеш орнынан тұрып су ішті. Осыдан жиырма жыл бұрын Мұсабектің көрегендікпен айтқан сөзін, Найзабектің бүгінгі түлкі бұлаң қылығын салыстырып, жүрегі мұздап қоя берді. Таң ата бере көзі ілініп кеткен Дəркеш түс көрді. Ат шаптырымдай үлкен кабинет ішінде сен тұр мен атайын дейтін өңшең мықтылар жиналған. Премьер-министр жаңа министр Дəркеш Торғынбаевты таныстырып, жаңа қызметіне табыс тілеп құтты болсын айтты. Сол-ақ екен Дəркешті жоғары лауазымды шенеуніктер қаумалап қоршап алды. Бəрі бүгін ғана тағайындалған министрді құттықтап мəре-сəре болуда. Бұрынғы орынбасарлары Нұрғали мен Бөден де осында зыр жүгіріп жүр. Шешелері егіз ұл тапқандай екі езулері құлақтарына жетіп, «Дəке, Дəке» деп біресе оң жағына, біресе сол жағына шығады. Əшейінде ат шаптырып, жалдалмалы агент жіберсең
де таптырмайтын Найзабек те көптің ортасында талтаң-талтаң басады, досы Дəркеш емес, өзі министр болғандай, асып-тасиды. – Сенің ерте ме, кеш пе мүйізі қарағайдай министр болатыныңды жүрегім сезуші еді. Биікке ұшқан сұңқарымсың, бəйгеде озған тұлпарымсың сен менің! Əкеші бетіңді, жақсылап бір сүйейін, – деп қайта-қайта құшақтап бетін жалап бітірді... ... Дəркеш оянып кетіп, есінеген күйі жаңа ғана көрген түсін есіне алды. Терезеге қарап, өзінен-өзі күлкісі келіп кетті. Сыртта күздің таңы бозарып, атып келеді екен. Арада бір жұма өтпей жатып, Дəркештің Астанада үлкен қызметте отырған жақын туысы дүниеден озды. Марқұмның соңғы өтініші бойынша денесі Кеңсай зиратында жерленетін болды. Соңғы қоштасу рəсімі қаладағы ең үлкен театрда өтіп, халық өте көп жиналды. Дəркеш қаза үстінде көптен бері көрмеген Найзабекпен бетпе-бет ұшырасып қалды. Дəркеш досының екіжүзді жылтыраған бетіне қарауға дəті шыдамай, теріс бұрылып жүре берді. АҚЫН ЖƏНЕ ПЕРІШТЕ КазГУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқитын Назымбек Алматыға жақындағанда тыпыршып орнынан бір тұрды, бір отырды. Алыстағы өңірде аудандық газеттің тілшісі болып қызмет атқарған жас жігіт жасыл желекке бөленген осы бір ару қаланы ерекше жақсы көреді. Алматыға жиналғанда қиялындағы сұлу қызға кездесуге асыққандай керемет бір əсер кешеді, ал, оқуы бітіп елге қайтарда əсем қаланы қимай, көшелерін жарты күн бойы кезіп, Жамбылға жүретін автобусқа əрең мінетіні бар. Қарап отырса Алматыға ат ізін салмағанына аттай бір жыл болыпты, астананы қатты сағынғанын айқын сезіп, алдағы бір айды осы əсем қалада өткізетіндігін есіне алғанда жүрегін бір белгісіз қуаныш билеп ала жөнелді. Кеше Жамбылдан жүретін жүрдек «Икарусқа» əдейі кешірек билет алған болатын. Ұшқыр көлік зулап отырып, таң ата Алматыға жақындап келді. Қызыл автобус үлкен қаланың бір шетіне кіргенде ару қала
таңғы тəтті ұйқы құшағында болатын. Арайлап таң атып келеді, сəуір айының аяққы шенінде Алматы сұлу қыздай ерекше көріктеніп, құлпырып кетеді. Қала сəнді жасыл көйлегін киіп, көше бойындағы алаңшалардағы алқызыл қызғалдақтар қауыз жарыпты. Аққайыңдар таңғы самалмен сыбырласып-сырласып, қатар өсіп тұрған емен мен қарағайларға еркелеп тұрғандай. Назымбек автобустың терезесін ашқанда бозқараған гүлінің жанға жағымды жұпар иісі ішке лап берді. Жолаушы жігіт көліктен түскен бойда өзіне жақсы таныс трамвайға отырып, КазГУ-ге тартып кетті. Журналистер даярлайтын факультеттің сырттай білім беретін бөліміне жеткенде Қазақстанның түкпір-түкпірінен бір топ курстастары жиналып қалған екен. Жыл бойы бір-бірін көрмеген олар шұрқыраса амандасып, біраз əңгімедүкен құрған соң қос-қосқа бөлініп, əдеттегідей тұратын пəтер іздеуге шықты. Шымкент жақтан келген курстасы Тынышбек пен Назымбектің жолдары бола кетіп, Никольский базарының маңында тұратын жалғызбасты орыс кемпірінің үйінен пəтер жалдайтын болды. Өткен жолғы сессияда Назымбектің Тынышбекпен бірге бір ай пəтерде тұрғаны бар. Ұзын бойлы, қара торы келген жас жігіт қазірдің өзінде көпшілікке танылып қалған ақын, сабаққа да зейінді, ең бастысы – тазалықты жақсы көреді. Үлкен бөлмеге жайғасқан соң сырттай оқитын қос студент жақын маңайдағы моншаға барып, жуынып, шайынып алып, ертеңгі болатын оқуларына дайындалуға кірісті. Алғашқы лекциядан соң Назымбек пен Тынышбек түскі үзіліске бірге шықты. Жоғары оқу орнының дəл жанында «Гүлдер» деп аталатын кафе бар, тамақтану орнының тағамдары да дəмді, бағасы да онша қымбат емес, кез-келген студенттің қалтасы көтере алады. Тынышбек екеуі түстеніп, сыртқа шыққанда сырттай жақсы білетін ақынның таныс бейнесі жарқ ете қалды. Жақында Мұқалмас ақынның пышақтың қырындай ғана жаңа жыр жинағы шыққан болатын. Назымбек «Аққулар мекені» жинағын оқып шыққанда таң- тамаша қалды: тұнып тұрған поэзия деп осыны айт. Қазақтың қара өлеңі сұлу бойжеткеннің қос бұрымындай əсем өріліп, бірден өзіне тартып, байлап-матап алады. Жыр жолдарында асқақ рух, өмірге құштарлық жəне мұң мен сағыныш бар. Назымбек кішкентай жыр кітабын қайта-қайта оқып,
өзін бұлақтың мөлдір кəусар суына қанбай қалған жолаушыдай сезінеді. Міне, сол пір тұтатын ақыны бар болғаны таяқ тастам жерде өзіне қарай жайлап аяңдап келеді. Кенет, Тынышбек жеңінен тартқыштай берді. – Назымбек, байқамаған болып, тез бұрылып кетіп қалайықшы, мынау Мұқалмас ақын ғой, – деп сыбырлап үн қатты. Назымбек серігіне мынау не деп тұр дегендей таңғала көз тастады да, ақынға қарсы бет алды. – Сəлеметсіз бе, Мұқалмас аға? Назымбек ақынға ізетпен сəлем берді. – Амансың ба, айналайын, – деп ақын бейтаныс жас жігітпен жылы амандасты. Мұқалмас ақын орта бойлыдан сəл биіктеу, тұлғалы жан болып шықты, жазық маңдай, қыран көздің нағыз өзі. Назымбектің бір аңғарғаны: ақынның жүзі жүдеу, киген киімдері де ескіре бастапты. Оң қолының сұқ саусағын абайсызда кесіп алған болу керек, оны ақ дəкемен орап, таңып алыпты. Мұқалмастың көзі жалт бұрылып, зытып бара жатқан Тынышбекке түсті. – Мына қызталақ, алды-артына қарамай қайда қашып барады? – деді мысқылдай күліп, – бірге оқымайсыңдар ма? – Иə, – деді Назымбек курстасының мына көргенсіздігіне ыңғайсызданып, – бір асығыс шаруасы болып, соған кетіп бара жатыр. – Жолдасың болған соң қорғап тұрсың ғой, бауырым. Оның алып бара жатқан ешқандай жұмысы жоқ, мазамды алады деп, менен қашып барады, – деді Мұқалмас қиналып, – Алғашқы өлеңдер топтамасына сəт сапар жазған мен едім. Əрине, онымды бұлдап тұрған жоқпын, Тынышбектің бесіктен белі шықпай жатып, қулық пен сұмдыққа бейімделе бастағанына қайран қалып тұрмын. Болашағынан үлкен үміт күтуші едім, есегін судан өткізіп алған соң, мені танымаған болып, қашатынды шығарды. Жап-жас болып, дүниені бүлдіретін осылар. Бəрін де есеппен жасайды, дəл қазір менен еш қайран жоқ. Мұқалмас қойшы соны дегендей қолын бір-ақ сілтеп, Назымбекке мойын бұрды.
– Сондай жандарға бола көңіл-күйімізді бұзып қайтеміз, інім. Айтпақшы, атың кім болады? Назымбек қысыла-қымтырыла өзін таныстырып өтті. – Өзіміздің бала екенсің ғой, ауылдан келдім де. Алатау мен Қаратаудың ортасындағы Жуалыны жақсы білемін, жол түсіп бір рет барғаным бар. Бауыржан Момышұлындай ақиық перзентті дүниеге əкелген қасиетті жер. Табиғаты да біздің Нарынқолға қатты ұқсайды, таулы болып келеді. Алатаудың етегінде əлемде сирек кездесетін өсімдік – киікоты өсетіндігін сен білесің бе? Жуалылық апаларыңыз сол киікотымен күбі ыстайды. Күбіге дайындалған қымыздың бал татыған дəмі əлі күнге дейін таңдайымнан кетпейді. Назымбек ақының тамаша өлеңдеріне тəнті болушы еді, дəл қазір оның аңғарымпаздық зеректігіне таң-тамаша болды. Жуалыда болған бір сапарында ақын көп нəрсені зердесіне түйіп қайтыпты. – Мұқалмас аға, уақытыңыз болса кафеге кіріп, дəм татайық, – деді Назымбек ақын ағасына ізеттілік көрсетіп. – Əй, қу бала, жаңа ғана Тынышбек досыңмен бірге тамақтанып шықтың емес пе? – деді ақын күліп. – Сіздің орыңыз бөлек, аға! – Олай болса, еш қарсылық жоқ, – деді Мұқалмас, – ал, інім, баста. Дəмхана ішінде адамдар көп болып шықты. Көбісі университеттің студенттері, аты шулы ақынды танып, жапырыла амандасып жатыр. Назымбек даяшы келіншекті шақырып, тағам мен шарап алдыртты. Дастарқан басындағы орнай қалған үнсіздікті Назымбек бұзды. – Мұқалмас аға, жақында жарық көрген «Аққулар мекені» деп аталатын жаңа жыр жинағыңызды оқып шықтым. Маған өте ұнады. Аудан орталығындағы кітап дүкеніне түскен туындыңыз бір күннің ішінде түгел сатылып кетті. – Ойпырым-ай, ə! Бірден толық сатылып кетті дейсің бе, бауырым. Олай болса, жаныңда отырған ағаңның жаман ақын болмағаны ғой, – деп Мұқалмас жылы жымиды.
– Рас, аға, – деді Назымбек қонағына шарап құйып жатып, – бір күннің ішінде 100 дана кітаптың біреуі де қалмай сатылып кетті. Алматыға жол жүрердің алдында қыстауда мал төлдетіп жатқан нағашы көкем жалыныпжалпайып «Аққулар мекенін» сұрап алып кетті. Қазіргі оқырманды жылтырауық дүниемен алдай алмайсың. Олар жақсы өлеңді іздеп оқиды. Яғни, сіз мықты ақынсыз. – Ой, қу бала, көңілімді бір көтеріп тастадың ғой, – деп жаны нəзік, көңілі сəбидей таза ақын кəдімгідей қуанып қалды, – ауылдан келген аңқылдақ інім, бəрін де еш қоспасыз, риясыз ниетіңмен айтып отырсың. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Рахмет саған, көкешім. Кел, мына шарапты сол үшін алып қоялық. – Мұқалмас аға, біздің ауылдағы кітап дүкенінің сөрелерінде мен мықтымын дейтін небір ақынжазушылардың шығармалары шаң-шаң болып, босқа жатыр. Ешкім сатып алмайды, сіздің жаңа жинағыңыз шағын болып, аз тиражбен шығыпты. Баспада отырғандардың мұнысы қалай? Сіз сияқты ел оқитын ақынжазушылардың кітабын қомақты етіп, көп етіп неге шығармайды? Мына дүниеде жасалып жататын қулық пен сұмдықтан бейхабар аудандық газеттің жас қызметкері көптен бері өзін ойландырып жүрген пікірін ақын ағасына таза көңілімен ақтарып салды. Мұқалмас жанында отырған адал жігіттің ақиқатқа толы сөздерін шын ықыласымен тыңдап, ауыр күрсінді. – Айналайын-ай, – деді ақын тебірене үн қатып, – мына дүниеде көп жағдайда ақты қара басып, небір бəле мен сұмдық жасалып жатқаннан мүлдем хабарсыз, жаның жаңа жауған қардай кіршіксіз таза бала екенсің. Жұрттың бəрі сен құсап ойласа, əлдеқашан іргесі мықты ел болар едік қой. Өкінішке орай, қазіргі заманда тұлпардан есек, бұлбұлдан қарға озып тұр емес пе? Бірақ, бұның бəрі уақытша нəрсе, тұлпардың аты – тұлпар, сұңқардың аты – сұңқар, бұлбұлдың аты – бұлбұл. Ерте ме, кеш пе, халық бəрібір оларды мойындайды, қазір де мойындап жатыр. Мен сияқты ақындарды талғамы таяз, көкірек көзі соқыр, бейшара жандар ешқашан да мұқата алмайды, менің өлеңдерім, жырларым өлмейді. Өзің сияқты оқырманым барда
мен мəңгі жасаймын! Мүмкін, мен сол бір бақытты күнге жетпеспін, ал сөз жоқ, сен соның айқын куəсі боласың. Менің өлеңдерімді бүкіл қазақ іздеп жүріп оқитын кез туады, өздерінше менсінбей жүрген баспалар менің қалың, мұқабасы қымбат безендірілген кітаптарымды таласа-тармаса басатын болады əлі. Шабыттана сөйлеген ақынның көңіл-күйі көтеріліп, жаны жадырап жүре берді. Назымбекті жақын тартып, əлі сиясы кебе қоймаған жаңа жырларын оқыды. Сол күні кафе жастар мен студенттерге толып кетті. Мұқалмас ақын əңгіме-дүкен құрып, екі жас ақынның өлеңдерін тыңдап отырғанда, ішке 18-19 жастардағы еліктің лағындай сұлу қыз имене кірді. Жас бойжеткен құралай көзін жаутаң еткізіп, əлденеге мазасыздана Мұқалмас ақынға көз тастады. Қолындағы кішкентай сумкасын иығына асып, батылсыздана Назымбекті өзіне ымдап шақырды. – Аға, мені айыпқа бұйыра көрмеңіз, – деді ол жанына келген жігітке абыржи сөйлеп, – сізге айтар бір үлкен өтінішім бар еді. – Айт, айт, қарындас, қысылма. – Мұқалмас аға ептеп қызып қалды, – деді бейтаныс қыз ұяң үнмен, – байқаймын, əлі де біраз отыратын сияқтысыздар. Дос бар, дұшпан бар, Мұқалмас аға далада қалып қоймасын, үйіне дейін шығарып салыңызшы! – Сіз кім боласыз, атыңыз кім? – деді Назымбек таңқалып. – Есімім – Тұмартай. Мен де сіз сияқты Мұқалмас ақынның өлеңіне бас иетін оқырманның бірімін. Арқалы ақынды, жыр пірін, қазіргі көңілі қаяу азаматты сырттай шырылдап, қорғап жүрген бір періште деп түсініңіз мені. Өзім-ақ үйіне апарып тастар едім, жолым жіңішке, қыз деген атым бар. Сізге сендім, аға, қош болыңыз! – деп ғайыптан пайда болған ару қыз ізетпен қоштасып, шығып кетті. Мұқалмас ақын мен Назымбек көшеге шыққанда Алматы түн құшағына бөленген шақ болатын. Ақынның көңілі көтеріңкі, шабыттана сөйлеп келеді. Ол бүгін шараптың буына емес, жасыл
құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ақындықты кие тұтатын жастардың кіршіксіз ақ ниеттеріне мас еді. – Бауырым, – деді ол Назымбекті құшақтап, – мына түндей қап-қара болып жүрген қапас көңіліме жарық атаулының нұрға толы сəулесін құйып, жанымды бір жадыратып тастадың. Бүгін мен сені ешқайда да жібермеймін. Қазір такси ұстап, үйге барамыз, құрметті мейман ретінде сені жеңгеңмен, балаларыммен таныстырамын. Жайшылықта зарықтырып, күткізіп қоятын такси келе қалып, ақын мен студент қаланың ортасынан ұзай берді. Мұқалмас ақын Алматының бір шетіндегі екі қабатты тұрғын үйде тұрады екен. Такси дəл үйдің алдына келіп тоқтағанда іштен бір əйел шықты. – Лескүл, – деді бойындағы қуаныш əсері əлі айыға қоймаған ақын айқайлай сөйлеп, – сені қазір Назымбек деген қайныңмен таныстырамын. Өзі сондай бір алтын бала! – Əй, оңбаған-ай, бүгін де ішіп келдің бе? – деген əлгі əйелдің зілді дауысы ақынның сөзін бөліп жіберді, – қонақ шақыру сенің не теңің! Назымбек таксидің ішіне қалай кіргенін білмейді, жаңағы əдемі əсер таспен ұрған бөтелкедей быт-шыты шығып, көңілі құлазып, жүре берді. ...Ертесіне Назымбек басқа пəтерге шығып кетті. *** Келесі жылы Назымбек ойламаған жерден қолын сындырып алып, жазғы сессияға келе алмай қалды. Арада бір жыл салып, сүйікті Алматысына жүрегі алып-ұшып пойызбен келді. Екінші вокзалдан 5- троллейбусқа отырып, «Балалар əлемі» дүкенінің жанындағы аялдамадан түсіп қалды. Көшенің арғы бетіндегі университетке өтпекші болып алға қарай аяңдағанда, көзі Жазушылар одағы үйінің жанындағы қаптап тұрған халыққа еріксіз түсті. Үш қабатты үлкен үйдің ішінен күңіренген азалы музыка үні естілді. Назымбек қаралы топтың жанына келіп, егделеу бір кісіден жөн сұрады. – Қарағым, ақын Мұқалмасты танитын ба едің? – деді жігіт ағасы дауысы қарлығып шығып, – сол ақиық ақын дүниеден озды...
Назымбектің жүрегіне біреу алмас қанжар тығып алғандай шым ете түсіп, көзінің алды тұманданып жүре берді. Еңіреп тұрып жылағысы келді, бірақ, көзінен жас шықпады. Алматыға жаңа ғана аяқ басқан жолаушы жігіт меңзең болып, қаралы топқа ере берді. Қарақұрым халықтың ішінен ақынның періштесі болып, сыртынан қорғап жүретін баяғы əдемі қызды іздеді. Бірақ ол көзіне шалынбады. «МАЙОР» Алматының жібермейтін құрты бар ма, жоқ əлде Тəлтіш көкем айтпақшы тым пысықсынып, жұмысбасты болып кеттім бе, небəрі жарты тəуліктік қашықтықта жатқан туған ауылыма ат басын бұрмағанға үш жылдың жүзі толған екен. Балаларды енеме тастап, Сəлима екеуміз Ыстықкөлге демалысқа жүрейін деп жатқанымызда əкемнен түгімді қалдырмай боқтап жазған хат алдым. Енді ауылға бармай көр. Əкемнің мінезі өзіме жақсы мəлім, жынына тисең осында келіп сабап кетуден тайынбайды. Салимашты əке-көке деп, қысқа қарай шетелдік тон алып беремін деп əрең көндіріп жолға да шықтық- ау, əйтеуір. Үй-іші бізді Меккеден келгендей қарсы алды. Шалғы мұртты, тақыр басты əкем мені келістіріп тұрып боқтап жазған хатын ұмытып кетсе керек. «Өңшең қара тентектерім, келдіңдер ме», – деп біресе жаман немерелерін, біресе мені сүйіп жатыр. Шешемнің де қуаныштан есі шығып кеткен, қара шаңырақ лезде-ақ берекеге толды да қалды. Шай ішіп болған соң əкем мұртын шиырып қойып, жанынан тастамайтын үлкен қара бəкісін байыппен қайрай бастады. Маңырап тұрған ісекті сойып, амандық болса бүгін бүкіл туысқандардың басын қоспақ. Келетін қонақтардың қамымен апам зыр жүгіріп жүр. – Əй, Балташ, анау тентек суларды ұмытпа. Бөдештің дүкенші қатыны керіліп бермей жүрмесін. Алматыдағы ағам келіп жатыр деп жақсылап түсіндіріп айт.
Қапан, мені жақсылап тыңдап ал. Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай, Мыңбай аталарыңа бар. Бүгін кешке кемпірлерімен біздің үйге келсін, айтпақшы «майор» көкеңді де ұмытып кетіп жүрме. – Апа, «майор» көкем аман-есен бе? Не шаруа істеп жүр? – дедім апамның сөзін бөліп. – Көкеңнің мұртын балта шаппайды. Баяғыша малда. Естіген боларсың, бірінен соң бірі, екі қызы бірдей күйеуге қашып кеткен. – Қалай, «майорлығын» қойды ма, апа, көкем? – Ішіп алғанда əлі де баяғыдай «майор» болып, қоқаңдап қояды. Əйтпесе Құлтай – Құлтай бола ма? – дейді апам күліп. Сонау елуінші жылдардың аяқ шетінде бүкіл ауылды шулатқан сол бір оқиғаны есіме түсіріп, еріксіз жымидым. Тау етегінде бұйығып тыныш жатқан кішкентай ауылды «Əскер қатарынан Құлтай келе жатыр екен. Ойпырымай, құдайдың құдіреті шығар, тентек Құлтай адам болып, жақсы қызмет еткені үшін майор шенін алыпты!» – деген хабар дүр сілкіндірді. Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі болып, Құлтай көкемді қарсы алуға шықтық. Ол кезде колхоздың орталығы – «Трудовой пахарь», ал біздің ауылда кілең қазақтар тұрса да «Красный пахарь» болып аталушы еді. Əскерден майор болып келе жатқан туысымызды «Трудовой пахарьдан» шыға берістегі жол үстінде жолықтырдық. Ол кезде көліктің төресі болып саналатын тачанка арбасының жанында мұздай болып киінген Құлтай тұр. Ауылдық Кеңестің бастығы Қайып та, ауылымыздың бригадирі Қалып та, басқа да атқамінерлер майор көкеміздің нөкерлеріне айналған. Құлтай əлде масаңдау ма, əлде тым маңғаздау ма, аман-саулығын жамырап сұрап жатқан ауылдастарын жанына жолатар емес, дəл патшаның нағыз өзі. Сонан соң бригадир Қалыпты қолын шошайтып шақырып алып: «Где здесь «Красный пахарская дорога?» – деді əмірлі үн қатып. Үйіріліп тұрған кемпір-шалдар: «Қайтсін, ауылдан үш жылдай бойы жырақ жүріп,
туған тілін ұмытып қалған да. Біреуден қалған жалғыз тұяқ еді, енді міне елінің атын шығарып, аман-есен оралып отыр, айналайын-ай десеңші!» деп көңілдері босап, көздеріне жас алып жатты. Бəріміз сығандарша шұбаған күйі ауылға бет алдық. Ортамызда – Құлтай майор. Тачанка арба жапырайған қазақы тамның жанына келіп тоқтағанда Құлтайдың шешесі Үлмекен жүгіріп шықты. Шүйкедей кішкентай кемпір: «Жалғызым, құлыным, аман-есен оралдың ба?», – деп баласын құшақтай алды. Құлтай болса селт ететін емес. «Здравствуй, бабушка» деп анасының арқасынан қағып-қағып қояды. Əскерге кетерде ғана қосылған келіншегі Шайкүлге көзінің қырын да салған жоқ. Майор төргі бөлмеге кіре бере гүрс етіп құлап түсті. Үлмекен шошып, қорқып кетті. Шəйкүл жеңешем: «Құлтайжан, бір жеріңді ауыртып алған жоқсың ба?» деп асты-үстіне түсіп бəйек болып жатыр. Құлтай көкем болса: «Валя, Валя, дай воды?» деп қорылдап ұйқыға басты. Ертеңіне ауылдың бала біткені түгел əскерден келген көкеміздің үйінің жанына жиналдық. Майор белуарына дейін шешініп тастаған, қол-аяғын сермеп дене шынықтырудың небір түрлерін жасай бастағанда бəріміз қызыға қарап қалдық. Сонан соң Құлтай үйдің жанындағы бұлақтың тастай суық суына жуына бастады. «Алты жасар бала келсе алпыс жастағы қарт сəлем береді» демекші, ауылдастары Құлтайды пайғамбардай көтеріп, сыйлаудан кенде қалдырған жоқ. Күнде біреуі қой сойып, сыйлы қонақ етіп шақырады. Алтын түстес пагоны жарқыраған көкем алдына қойылған етті тек тарелкаға салып, шанышқымен жейді. Арақ құйылған айғыр стақанды анда-санда төңкеріп қойып, тек орысша сөйлейді. Бүкіл ауылдың əңгімесі тек Құлтай жайында. – Ағайындар-ау, біздің Құлтай бастауыш мектепті əрең бітірді емес пе? Майор болу үшін ең құрығанда əскери училищені бітіру керек, – дейді есепші Бөдеш сəл сауаты бар екендігін білдіріп. – Тəйт, тыныш отыр, – деді оған Сексенбай ақсақал кейіп тастап. – Майор Құлтайдың өзі айтты емес пе, аса қауіпті қылмыскерлерді
ұстағаны үшін офицер атағын берді деп. – Ішің күйсе тұз жала. Ауылымыздан бір майордың шыққанын көре алмай отырсың ба? Сенің батыр атаң əліпті таяқ деп білмесе де патша ағзам кезінде поручик болған. Жақсы қызмет етсең өкімет жерге тастамайды, білдің бе? – деп Тоқсанбай ақсақал да оны қоштай кетті. Батырға да жан керек, Бөдеш тілін тістей қойды. Бұдан соң Құлтай көкемнің майорлығына ешкім де күмəн келтірмейтін болды. Арада бір жұма өткен соң Құлтай майор Байкелді көлінің жағасындағы нағашыларына сəлем бермек болып, жолға жинала бастады. Ағайындардың ұйғарымы бойынша онымен бірге əкем еріп баратын болды да жирен қасқаның артына мені міңгестіріп алды. Қос атты болып, Құлтай көкемнің нағашылары қайдасың деп тартып келеміз. Бір қырды аса бере көрші колхоздағы жылқылы ауылдың дəл үстінен түстік. Біз аттан түсіп жирен қасқа су іше бастаған кезде Құлтай майор жылқышыны өзіне шақырып алып: «Как фамилия?» – деді түйеден түскендей дүңк еткізіп. – Көшербаев, – деді жылқышы сасқалақтап. – Давай, Көшербаев, тез бригадирді шақыр. Майор Тұрғанбаев приказывает деп айт. Шекарашыларға ат қараймыз. Понятно ма? Онда тез бар, шагом марш! Жылқышыда жан қалмай атын тебініп шаба жөнелді. Əкей бірдеңені сезді ғой деймін: «Құлтай, шырағым, жолдан қалмайық», – деп еді. «Молчать! Шекарашыларға ат қараймыз. Майор Тұрғанбаев айтты. Все!», – деп кесіп айтты. Құлтай ешкімге бет қаратар емес. Не болып қалды дегендей бригадирдің өзі шауып келді. Мұздай киінген, жүзі суық майорды көргенде қорқып кетті. – Жайшылық па, қарағым? – деді ол қалбалақтап. – Што, не понятно? Шекарашыларға ат қараймыз. Шай қайнатым уақыт өтпей жатып, жылқышы жігіт- тер небір асауларға құрық салып, əскерге жарайды деген сəйгүліктерді көрсете бастады. Қолтығында құс жастық, қолында қымыз құйылған
зерделі кесе ұстаған Құлтай айналасына өте маңызды жүзбен қарап қояды. Сонан соң «Так, так», деп хром етігінің қонышына салып қойған «Правда» газетін суырып алып, оқи бастады. – Шырағым, əлемде не болып жатыр екен? Бізге де айта отыр, əңгіме болсын, – деді бригадир қымыз құйып жатып. – Ей, ақсақал, саған политика не керек? Одан да жылқыны жақсы бақпайсың ба? Шетінен нашар, армияға жарамайды, – деп майор ашу шақырғанда бригадир сасқалақтап қайда тығыларын білмеді. Дастарқан басына буы бұрқыраған қуырдақ келді. Ас қамдап жүрген кемпір Құлтайға тесіле қарап: «Сонша шіренген кім десем, «Красный пахарьдағы» əлгі Тұрғынбайдың тентек баласы Құлтай екенсің ғой. Өзінше майор болып, қырып барады ғой жүдə, əдірем қалғыр, – деді ернін сылп еткізіп. Құлтай орнынан атып тұрды. – Əй, кемпір молчат! Совет офицерін оскорблять етуге саған кім право берді? Под трибунал пойдешь! Дастарқанның берекесі кетіп, дайын тұрған қуырдақ желінбей қалды. – Айналайын, майор, ашуыңды бас! Оқымаған ауылдың кемпірі не демейді, көңіліңе алма! – деп бригадир де, жылқышы да бəйек болып зыр жүгіруде. Сабасына əрең түскен Құлтай көкем: «Ну, контра» деп атына мінді. Қойшы əйтеуір, «майордың» нағашыларына əрең жеттік- ау. Ойын баласы емеспін бе, бұл хикаяның соңын толық біле бермеймін. Ой, «майор» Құлтайдың сондағы көрсеткен концерті-ай! Ондайды бүгінде кинодан да көре алмайсың, – деп əкем осы күнге дейін көзінің жасы аққанша күліп, аңыз қы лып айтып отырады. Иə, Құлтай көкем қарап жүрген бе? «Бояушы, бояушы десе сақалын бояйды» демекші, нағашыларының ауылында да талай нəрсені бүлдірсе керек. Оның əрқайсысы өз алдына бір-бір күлкілі хикая. «Майор» ең соңында облыс орталығындағы əскери комендатурадан бір-ақ шығып, сотталайын деп тұрғанда, ел болып əрең аман алып қалыпты. Ал, майордың тек мереке күндері киетін бір киер формасын
қайдан алғанын Құлтай осы күнге дейін ешкімге тіс жарып айтпайды, ол біздер үшін құпия болып қала берді. Құлтай көкемнің мойны ырғайдай, биті торғайдай болып, ауылға азыптозып оралғаны əлі көз алдымда. Ертесіне колхоздың бастығы келіп: «Əй, Құлтай, «майор» болғаның жетеді. Енді сиыр бағуға шық», – деп ұрсып кеткен. Келесі күні Құлтай «майор» ұзын қамшысын сүйреткен күйі сиыр фермасына кетіп бара жатты... *** Кешке қарай туған-туыстар төрт көзі түгел болып, біздің үйге бас қосты. Ет желініп, əңгіме-дүкен қызып берді дейсің. Шəмшінің əндері айтылып, ептеп «тентек су» да ішілді. Ең бірінші Құлтай көкем қызып қалды. Ол өзінің қалай «майор» болғанын айта бастап еді, жанында отырған Шəйкүл жеңешем дəл қара санынан мықтап тұрып шымшып алды. – Əй, «майор», жетер көсілгенің. Отставкаға шығатын уақытың болып қалды, – деп Шəйкүл жеңешем Құлтай көкемді қарсыласқанына қарамастан үйіне қарай сүйрей жөнелді. Əкем екеуміз бой жазбақ болып далаға шықтық. – Алматыда не жаңалық? – деп əкем менің жауабымды күтпестен сөзін жалғастыра берді. – Бүкіл жазушылар болып, екі əйел алуға рұхсат бер деп Президентке хат жазыпты деген рас па? Жұрт сөйдеп гуілдетіп жүр ғой. – Əке, сонда қалай, жас тоқал алайын деп жүрсің бе? – дедім əзілдеп. – Ой, қызталақ, тоқал мені қайтсін, шешеңе əрең жағынып жүргенде. «Майор» Құлтай көкеңе жас тоқал алып берейін деп едім. Шəйкүл күн көрсетпейді. Қазір «майор» көкеңнің жағдайы қатардағы рядовойдан да жаман. Əкелі-балалы екеуміз қараңғы түнді қақ жарып, рахаттана күлдік. Іле- шала үй жақтан «мына екеуіне не болды, бала болып кеттіңдер ме, түге. Үйге кіріңдер, шай суып қалды», – деген апамның даусы естілді. – Əй, қызталақ, дегенмен сендердің келгендерің жақсы болды. Басымыз қосылып, бір рахаттанып қалдық, – деп əкем арқамнан
қақты. Бұл оның риза болғандығы еді. Ауылдың шетінде ит үріп, шегірткенің шырылдағаны естіледі. Тау жақтан самал соғып, жез табақтай толықсыған ай жұлдыздар жамыраған көк жүзіне қалқып шыға келді... АУЫЗБАСТЫРЫҚ Мақташ пен Айнаш бір-біріне жақын туыс, оның үстіне екеуі бір ауылдың келіндері болып келеді. Құдай қосқан күйеулері де түйдей құрдас, үстерінен өздері айдайтын шынжыр табанды трактор əрі-бері жүріп өтсе де қыңқ етпейтін жуас жігіттер. Облыс орталығынан əрі ұзап көрмеген Мақташ пен Айнаш аяқ астынан Сарыағаш курортына баратын болып қалды. Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді деген осы, емдеу орнына баратын жолдаманың да орайы келе қалмасы бар ма? Ес білгелі жүргізіп келе жатқан шынжыр табанды тракторларын жекешелендіріп алған екі құрдас ауылдың дəл жанындағы газ құбырын тартып жатқан бір мекемеге келісім-шарт бойынша уақытша жұмысқа орналасқан болатын. Күзде мектепке баратын қарадомалақ балаларына киім-кешек алатын біраз тиынтебен табам деп жүрген Жүрсін мен Тұрсынның үміті есеп алған сəтте су құйған от құсап басылып қалды. Əншейінде айдарынан жел есетін бұл мекеменің де қалтасы шұрқ-шұрқ тесік болып шықты. Бір ай бойы өлермен болып атқарған жұмыстарының ақысына екі жəшік кір жуатын сабын жəне курортқа баратын бір-бір жолдама алып, екілік баға алған оқушылар сияқты шаңырақтарына көңілсіз оралды. – Мақташ, анау күні ішегім түйіліп ауырып жүр деп едің ғой, – деді Жүрсін əйелінің алдында ақталғандай болып. – Сарыағашқа барып емделіп келсең қайтеді, ə? Суы сондай керемет дейді, өткен жолы Қоңқаш жездем сонда барып, аузының суы құрығанша мақтап келді емес пе? Мүмкін Айнашты бірге ала кетерсің, екі жолдаманың реті келіп тұр. Тұрсын екеумізді онда трактормен сүйрелесе де бара алмаймыз, жұмыс деген бастан асып жатыр.
– Несі бар, барсам барайын. Шетінен аш қасқырша жалаңдап жүрген еркектерге мені өз еркіңмен жіберіп, қатыныңнан айрылып қалып жүрмейсің бе? – деді Мақташ күйеуіне қалжыңдап. – Саған кім қарай қояр дейсің? – деді Жүрсін ыржиып, – шынында да барып, ем алып қайт. Үш аптаға қырылып қалмаспыз, апам бар ғой үйде. Жолдаманың реті келіп, күйеуі рұқсат беріп тұрған соң Мақташ тартынсын ба, сол күні-ақ абысыны Айнашты курортқа бірге баруға көндіріп, ертесіне қос келіншек пойызға отырып, Сарыағаш қайдасың деп тартып кетті. Арада зуылдағаннан зуылдап, бір апта өте шыққан. Қанша дегенмен демалыстың аты демалыс, күнделікті бітпейтін күйбелең тірліктен қолдары босап, ем қабылдаған абысындардың жүздеріне қан жүгіріп, тоты құстай таранып шыға келді. Екі-үш күннен бері курорттағы ерігіп жүрген біраз еркек үнемі қосақтасып, бір елі ажырамай жүретін əдемі келіншектерді көздерімен атып, əлсін-əлсін əзіл тастап қояды. Əсіресе, ұзын бойлы жігіт ағасы қара торының көріктісі Мақташқа желімдей жабысып, «қарындас, қарындас» деп өліп-өшіп жүр. Бүгін сонау Алматыдан Мақпал Жүнісова келген екен, қос абысынды концертке шақырып, қиылып тұрып алды. – Мақташ, концертке барғанда не тұр дейсің. Баяғыда екеуміздің педучилищеде оқығанымыз есіңде ме? Шақырған киносына да, театрына да, ресторанына да барып, талай-талай жігіттің аузын аңқитып кетуші едік қой, – деді Айнаш оңаша қалғанда, – теректей серейген мына ұзынтұраның қолынан не келер дейсің. Сен де оп-оңай шағыла салатын жаңғақ емессің, тіс қаққан келіншексің. Неміз кетіп бара жатыр, Мақпалдың концертіне барсақ бара салайық. Бір сағат өтпей жатып əлгі ұзынтұра қортық досын ертіп тағы келді қылқиып. Абысындар бұл жолы кербез қыздар құсап қылымси қойған жоқ. Ойын-сауық біткен соң Мақташтың ғашығы өлердегі сөзін айтып, Айнаш екеуін бөлмелеріне шақырып тұрып алды. Обалы не керек, ұзынтұра мен қортық құда-құдағи күтетіндей-ақ дайындалыпты. Дастарқанның үсті жайнап, майысып тұр, құдай
біледі, құстың сүтінен басқасының бəрі бар. Хамиттің аузы-аузына жұқпай Мақташ пен Айнашты ұршықтай шыр көбелек айналдырып əкетіп барады. Иіліп жастық, жайылып көрпе болғанды, ебін тауып мақтағанды қай əйел жек көрсін, көп ұзамай қос келіншек екі жігіт ағасымен иық тірестіріп, жайраң қағысып отырысты. Хамиттің досы ұялшақтау ма, жоқ жасықтау ма, сыпайыгершіліктен əрі аса қоймады. Ал, ұзынтұра болса ештеңеден тайынатын емес, Мақташты аузына мүлдем қаратып алыпты. Отырған орнында қипақтап байыз таба алмай отырған Момыш далаға шығып сəл серуендеп келейік деген соң ойында ештеңе жоқ Айнаш соңынан ере берген. Екеуі шайқайнатым уақыт бой жазып, ішке ене бергенде Айнаш оқтау жұтқандай тұрған орнында қалшиды да қалды. Хамит пен Мақташ жаңадан ғана қосылған ғашықтардай өліп-өшіп, сүйісіп тұр екен... – Масқара! Бетім-ай! Бұл не қылғаның?! Абысынынан мұндай қылық күтпеген ол бөлмеден тұра кеп қашты... Ертесіне Мақташ Айнаштың бетіне тік қарай алмай жүрді. Өстіп мəре-сəре болып жүргенде ауылға қайтатын уақыт та болып қалған. Кететін мезгіл жақындаған сайын Мақташтың зəресі ұшып, берекесі қаша бастады. Ол абысынының мінезін бес саусағындай жақсы біледі, өйткені, оның аузында сөз тұрмайды. Қазірден бастап бір амалын тауып, аузына қақпақ қоймасаң – ауылға барғанда масқара болып, абыройың айрандай төгіледі. Күйеуі болған жағдайды білсе – аямайды! Кейде момыннан да жуан шығады. Елге қайтуға бір күн қалғанда Мақташ Сарыағаштың дəл түбіндегі Ташкентке шұғыл тартып кетіп, бір керегі болар деп көптен бері сарымайдай сақтап жүрген тиынтебеніне алтын алқа сатып алуға мəжбүр болды. – Айнаш, – деді кешкі астан соң Мақташ қипақтап, – мені шайтан түртіп, болары болды, бояуы сіңді. Өз қолыңмен істегенді өз мойныңмен көтермеске амал жоқ. Ендігі тағдырым – сенің қолында, өлтірсең де, тозаққа итеріп жіберсең де алдыңда отырмын. Кішкентайымнан тұлымшағы желбіреп бірге өскен құрбымсың, əрі
туысымсың. Құдай қосып, жақын абысын болдық. Болған жағдайды елге жайып жіберіп, мені масқаралай көрме! Құрғақ қасық ауыз жарытпайды деген, мынау өзіңе деген ауызбастырығым еді. Алтын алқаны сый ретінде қабылдап, менің көзімдей көріп жүр. Алтын көрсе періште жолдан таяды деген рас екен. Бірнеше күннен бері «Сені ме бəлем, қоя тұр, ауылға барғанда əкеңді танытамын» деп жүрген Айнаштың беті бері қарағандай болды. – Абысын-ау, басқа-басқа, сенен бұны күткен жоқ едім. Өмір бойы еркек кіндігін көрмегендей көлденең атты біреудің құшағына құлай кеткенің қалай? – деді ол қымбат тұратын алтын алқаны алып жатып, –Жүрсіннен əдірем қалсын ол. Қайтейін енді, өз қолыңды өзің кесе алмайды екенсің. Қорықпа, ешкімге тіс жармаймын, екеуміздің арамызда қалған бір сыр болсын. Екі абысынның Сарыағаштан оралғанына да екі аптадан асып барады. Обалы не керек, Айнаш сөзінде тұрды, ауыл тым-тырыс, əзірше сумаңдаған өсек атаулы естілмейді. Ертесіне Мақташ көңілі жақын деген бесалты келіншектің басын қосып, курорттан аман-есен келгенін жумақшы болды. Келіншектердің бастаңғысы енді бастала бергенде біраздан бері кешігіп жатқан Айнаш біреу қуғандай үйге жүгіре басып кірді. Қолында Мақташ Ташкенттен алып берген алтын алқа. Бір бəленің басталарын алдын-ала сезген Мақташтың буын- буыны босап қоя берді. – Абысын-ау, əрине, алтын алқа деген жақсы ғой, ол тақияма тар болмас еді. Бірақ, əлгі теректей серейіп қалған ұзынтұрамен өліп- өшіп сүйіскенің көз алдымнан бір кетер емес. Айтпайын десем, ішіме симай барады. Ешкімге тіс жармаймын деген сөзім бар еді, шыдамадым, сен де кешір, құдай да кешірер, мойнымда қарыз болмасын, мынау алтын алқаңды қайтып ал, – деп Айнаш онсыз да не болар деп анталап отырған қатын-қалаштың көзінше бидонға құйған сүт құсатып бар құпияны лақ еткізіп айта салды. – Бəсе, бəсе, осылай боларын ішім сезіп еді, – деп Мақташ тұрған орнына сылқ етіп отыра кетті, – бүйткенше тірідей көмгенің дұрыс
болар еді, абысын. Енді елдің бетіне қайтіп қараймын. Ойбай- ай,ойбай!... КЕК ҚАЙТАРУ Ергеш осы қаладағы беделді мекеменің əжептəуір беделі бар қызметкерлерінің бірі. Əзілің жарасса атаңмен ойна демекші, Ерекеңнің үлкенмен де, кішімен де қалжыңдаса беретіні бар. Сондай- ақ бұл аңқылдаған ағамыздың емшілік қасиеті бар екендігін елдің бəрі біледі. Онша-мұнша тұмауды, бас, тіс ауруын жанынан бір тастамайтын шақшасындағы насыбайымен емдей береді. Ергештің бөлімінде қатардағы экономистің бірі болып қызмет атқаратын Ұлжан деген келіншек тің бірде бүкіл ұжымды күлкіге қарқ қылған оқиғасы əлі ұмытыла қойған жоқ. Табиғатында ақ-жарқын, қулық-сұмдықты білмейтін, ақты – ақ, қараны – қара деп қабылдайтын Ұлжан мекеменің ең үлкен бастығына бір қағазға қол қойдыруға кірсе – ол тұмауратып отыр екен. – Ұлжан айып етпе, барлық құжаттарды жинап ертең бір-ақ əкеліңдерші, менің тұмауратып отырғаным, – дейді бастық аузын қол орамалымен бүркемелеп, – тұмауымды сендерге жұқтырып аламын ба деп қорқамын. – Науқастанып отырсаңыз мен Ергеш ағайға айтайын, сіз білмейді екенсіз ғой, ол кісінің өзінің насыбайымен емдейтін қасиеті бар, – дейді елгезек Ұлжан, – тез шақырып келейін, құлан-таза айығып кетесіз. – Мына Ергештің пəлесін-ай! Ол өзінің насыбайымен бəріңді емдеп жүр ме? – дейді бастығы мырс-мырс күліп. – Маған сенбей отырсыз ба? – дейді Ұлжан тықақтап. – Иə, насыбайымен бəрімізді шетінен емдей береді. Құлан-таза айығып, дəрігерге де бармаймыз. Ергеш ағаның насыбайы күшті!
Сол күні-ақ бұл əңгіме қаланың жартысына анекдот болып тарап кетті. Сөздің астарын кейін түсінген Ұлжан көпке дейін ұялып, үлкен бастықтан қашқақтап жүрді. Ұлжан өзінің тікелей бастығы Ергештен бір мүшел жас кіші. Солай бола тұрса да екеуі замандас, қатарлас сияқты еркін сөйлесе береді. Бөлме бастығы қарамағындағы қызметкерінің ашық-жарқын мінезін, адалдығы мен тазалығын сыйлап құрақтай ұшып тұрады. Реті келсе біздің Ұлжан нағыз періште деп үкідей үлпілдетіп, еркелетіп отыратыны бар. Əдемі келіншек те Ергештің өзіне адам ретінде, əріптес ретінде қарайтынын жақсы біледі. Сыйлас жандар болғандықтан үй-іші болып андасанда араласып тұратындары бар. Сырт қараған көзге күйеу бала да жаман емес сияқты болып көрінген. Ергеш анық байқап қалды. Ұлжан екі-үш күннен бері біртүрлі мұңайып, өзімен-өзі болып жүр. Күндегі ашықжарқын мінезі қалған, жұмысқа да онша зауқы жоқ. – Ұлжан, соңғы кезде саған не болып барады, қараптан-қарап біртүрлі жүнжіп кеттің ғой. Əлде біреуге ғашық болып қалдың ба? – деді екеуі оңаша қалғанда əзіл-шынын араластырып. – Мен емес, күйеуім біреуге ғашық болып жүр, – деді Ұлжан екі көзін терезеден алмай. – Соңғы кездері өзі тым желігіп, жолсапарға жиі барғыштап кетті. Қалаға оралса – күнде шалбарын үтіктеумен əуре, əбден сылқым болып алды. Мені түк білмейтін ақымақ деп ойлайды. Бəрін білемін, ол біреуге ғашық! Қызметтес келіншектің мына сөздері Ергешке біртүрлі қызық естілді. – Сұлтанның біреумен қыдыратындығына көзің анық жете ме? – деді отқа май құя түсіп. – Көзім жеткенде қандай, – деді Ұлжанның жанары боталап, – кеше ұялмай-қызармай біреудің помадасын бетіне жағып алып келіп тұр. Жолсапарға барғыштығы анау, кейде біреулер телефон қоңыраулатып, мен көтерсем, үндемей тұтқаны тастай салады. Осының бəрі айғақ емей немене? Сұлтанның Ұлжанды ренжітіп жүргеніне Ергеш кəдімгідей ашуланды.
– Үндемей жүріп, талай нəрсені бүлдіріп жүргені-ай мына неменің! Ұлжан, айналайын, соған бола уайымдап, басыңды қатырма! Ол қыдырса – сен де жүр. Сөйтіп, кегіңді қайтар, – деді Ергеш қарап отырмай, əріптесін қамшылап. – Өзім де солай жасаймын деп жүрмін. Жүргеннің, қыдырғанның қандай екендігін көрсетем оған, – деп Ұлжан отырған орнынан тұрып жүре берді. Арада екі-үш тəулік өтіп, Ергеш бұл əңгімені ұмытып та кеткен болатын. Жұма күні жұмыс аяқталардың алдында Ұлжан ойламаған жерден бір ұсыныс айтты. – Ереке, жұмыстан соң біздің үйге жүріңіз, сыбағаңызды жеп кетіңіз. – Ұлжан, үйдегі жеңгеңе хабарласып үлгермеймін ғой, жалғыз барғаным ыңғайсыз болмай ма? – деді Ергеш кəдімгідей қипақтап. – Шақырғанға бармасаңыз, шақырғанға зар боласыз. Мүмкін, сізбен оңаша болғанды қалап тұрған болармын, – деді қызметтес келіншек сықылықтап күліп. Ұлжанның көп əзілінің бірі шығар деген оймен Ергеш соңынан ере берді. Есікті Ұлжанның өзі ашты. Ергеш үйге кірмей жатып өзінен-өзі қуыстана бастады. – Ұлжан, Сұлтан əлі келмеген бе? Балаларың қайда? – Алаң болмаңыз, бүгін Сұлтан болмайды, отырған шығар бір жерде ғашығының бетіне қарап мөлиіп. Ал, балаларды кеше мамамның үйіне апарып тастағанмын. Қысылмай-қымтырылмай шешініп, жоғары шыға беріңіз. Қызметтес келіншек жұмыста қандай пысық болса, үй шаруасына да икемді болып шықты. Лезде-ақ дастарқан жайып, шай қамдап жіберді... Бір-екі рюмка коньяктан соң Ергештің басы ептеп айналайын деді. – Ереке, – деді Ұлжан диванда отырған əріптесіне құс жастық беріп жатып, – сəл мызғып демалып алыңыз. Мен етке қамыр илеп жіберейін. Басы жастыққа тиісімен маужырап отырған Ергештің көзі ілініп кетті. Кенет, біреу бүйірінен түрткендей болды, ол шошып кетіп, орнынан ұшып тұрды. Дəл қарсы алдында үстіне киген жібек халатының
түймелері түгел салынбай оқтаудай түзу ақбалтыры жарқыраған Ұлжан тұр. Қолында бір рюмка коньяк. – Ереке, – деді ол сықылықтап күліп, – өстіп пырылдап ұйықтай бересіз бе? Кек қайтармаймыз ба? – Қайдағы кек? – деді Ергеш шошып кетіп. – Қызық екенсіз, өзіңіз айтасыз да, өзіңіз ұмытып кетеді екенсіз. Мұныңыз болмайды. Кек қайтару керек. – Ұлжан, қой, бала болып кеткенсің бе? – деді Ергеш не тұрарын, не отырарын білмей. – Менің қалжыңбас екенімді өзің де жақсы білесің, тапқан екенсің ақыл тыңдайтын адамды! Екі балаң тұрғанда, өзіңдей əп-əдемі келіншегі тұрғанда əлгі Сұлтан қайда барады дейсің. Мауқы басылған төбет құсап қайтып келеді өзіңе. Біз де жас болдық қой, ондайондайды талай басымыздан кешіргенбіз. Барған жерімізге ішкиімімізді ұмытып тастап кеткен кездеріміз де болған. Жеңгең ақылды ғой, ешкімге жымын білдірмеді... Қой, үйге қайтайын, онсыз да кешігіп қалдым, қартайғанда қайда қаңғырып жүрсің деп жеңгең ұрсып жүрер. – Ереке, еш болмаса тамақ жеп кетсеңізші, қазір нанын сала қояйын, – деді Ұлжан ағытылып кеткен жібек халатының түймесін салып жатып. – Шаңырақтарыңа бірінші рет келіп тұрған жоқпын, шай іштім, рахмет, айналайын, айып етпе. Қазір Сұлтан келіп қалып, екеуміздің əкемізді танытып жүрер. Кек аламыз деп кетік болып қалып жүрмейік, – деп Ергеш дəлізге қарай бет алды. Сонан соң бұрылып, ыңғайсызданып состиып тұрған Ұлжанның маңдайынан сүйді. – Басу айтудың орнына отқа май құйған мен де ақымақпын! Кек деген қызыл көз бəлені ұмыт! Еркектің бəрі – ит. Мүмкін болса, бізді кешіре біліңдер... Ал мен кеттім, есім барда – елімді табайын. «БАС БУХ»
Басқа жерлерде қандай екенін білмеймін, ал біздің ауылдың жеңгейлері жанама ат қоюға келгенде алдарына жан салмайды. Менімен қатар құрдас жігіттердің есімдері шеттерінен адам қызығарлық: Ержан, Ербол, Қайрат болып келеді. Бірақ оларды азан қойған есімдерімен атасаңыз, кім болмасын желкесін қасып, ойланып қалады. Ал, Инелік, Борсық немесе Мылтықбас десеңіз «айналайын- ау, бірден осылай демейсің бе? Олар өзіміздің жігіттер ғой» деп жөнге көшеді. Жеңгелерімнің қырағы көзіне ілінбей жүрген мен едім, дегенмен құтыла алмадым. Лезде əке-шешем азан шақырып қойған Боран деген атым ұмытылып, «Бас бух» болып шыға келдім. Қалай бас бух болдың дейсіз ғой, ол былай болды. Əскер қатарынан оралған ауылдың кез келген жігіті біразға дейін өзін генералдан кем санамайды. Мен де біраз қоқиланып жүрдім де адам болайын деп, облыс орталығындағы құрылыс институтына барып едім, алғашқы сынақтан-ақ мұрттай ұшып түстім. Сайда саны, құмда ізі жоқ боп, осылайша жүре берер ме едім, əкем бір күні шақырып алып: «Осы күнге дейін ит қуғаның жетер, енді адам бол, ел қатарлы жұмыс істе», – деп ақыл айтып басымды біраз миландырып тастады. Бір жақсысы, бұл жағын көкем мықтап тұрып, ойластырып қойған екен. Ертесіне бір қой сойып, бір жəшік арақ алып, колхоздың бастығы мен бас инженерін қонаққа шақырдық. Тоқпағың күшті болса киіз қазықтың өзі жерге кіріп кетпей ме? Екі-үш күн өтпей жатып-ақ судай жаңа машинаға ие болып шыға келдім. Ауылда қалуын қалдым, шопыр болуын болдым, байқаймын енді үйленуден басқа ештеме қалған жоқ. Ақыры үйлену керек болған соң, мен де ай қарап жүргенім жоқ. Былтыр ғана облыс орталығындағы мұғалімдер даярлайтын институтты бітіріп, мұғалім болып жүрген, өзін Қыз Жібектен бір кем санамайтын Күлпашқа біраз қырындап көріп едім, соңғы кездескенімізде: «Үстіңнен үнемі бензин иісі шығып тұрады екен», – деп мұрнын тыржитты. Сонымен есеп 1:0 болды. Бірақ, тайынатын мен жоқ. Бір күні мұздай киініп, толқынды шашымды бір жағына қайырып тастап,
Шымкенттегі əскерде бірге болған досыма тартып кеттім. Қандай «жоспармен» келгенімді білген құдай жолынды ондағыр Білəн іске шұғыл кірісті. Соның нəтижесінде екеуміз кешқұрым көздері күндей күлімдеген, күлкілері қоңыраудай сыңғырлаған қос бойжеткенмен қаланың мынау деген ресторанында шалқып отырыстық. Иегінің астында ноқаттай қара меңі бар қара торы қыз маған бірден ұнады. Байқаймын, Халима да кет əрі емес, жасырынып көзінің астымен қарап қояды. Махаббат дегеніміз ең сараң деген жігіттің өзін мырза етіп жібереді емес пе? Есеп шотын сыртылдатып қаға бастаған даяшыға «Сдачи не надо» деп бес мың теңгені столдың үстіне тастай салдым. Рестораннан шығып, қала орталығындағы паркке кіре бергенімізде оңаша қалған Халима: «Аға, кім болып істейсіз?», – деп сұрағаны. Қай шайтан түртіп, аузыма салғанын білмеймін. «Бір кеңшардың бас бухгалтерімін» дедім шіреніп, бетім бүлк етпестен. Көңілімде ештеңе жоқ, бейкүнə қызға қарап, ішім тыз ете қалды. Ақыры болатын іс болды, енді шегінетін жер жоқ, «бас бух» екенімді дəлелдемек болып, шаруашылықтың қанша қойы, қанша жылқысы, қанша қызылшасы барлығын айта бастадым. Сасқалақтағанда құйрығымен сүңгитін үйрек сияқты түрімді аңғаратын Халима жоқ, əрбір сөзіме иланып, ептеп жымиып қояды. – Қарамағыңызда қызметкерлер көп шығар? – дейді ол жас балаша. – Иə, көп. Кілең қыздар, – деймін ұялмас тек тұрмастың керін басып. «Əй, ақымақ. Бас бухгалтер сенің не теңің? Шопырмын десең аузың қисайып қалатын ба еді? Мынау түріңмен зығырдың майын қайнатып, құйрығыңа құйса да адам болмассың». Өзімді-өзім жегідей жеп келемін. Ертесіне Білəн əңгіменің тоқ етерін бір-ақ айтты. – Қысқасы, сен Халимаға қатты ұнап қалыпсың. Темірді қызған кезде соққан жөн, бүгін алып қашамыз. Ағамның «Жигулиін» сұрап алдым. Əлимаш та біздің жақта. – Болмайды, – дедім ат-тонымды ала қашып. – Неге? Əлде, Халима ұнамай ма?
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266