Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Тоқтырхан Тұрлыбек «Өмірдің сегіз сәті»

Тоқтырхан Тұрлыбек «Өмірдің сегіз сәті»

Published by Макпал Аусадыкова, 2020-11-17 11:31:20

Description: Тоқтырхан Тұрлыбек «Өмірдің сегіз сәті»

Search

Read the Text Version

Қалила доптай домаланып, мəшинеден асығыс түсе береді. Директор мінген «Уазик» жын қуып бара жатқандай тұрған орнынан ытқи жөнеледі. Қалила болса джинси шалбарының балағын түріп, бір иығына фотоаппарат салған былғары дорбасын асып, енді бір иығына Əлжан досы сыйлаған американдық кроссовкасын асып, жолдың қою шаңын бұрқылдатып, аудан орталығына қарай əндете тартып кетсе керек. ҚАЛИЛА ҚАЛАЙ САНТЕХНИК БОЛДЫ? Қалила Ленинградтағы мəдени-ағарту училищесін бітірген соң осы атты жоғарғы оқу орнына түседі. Студенттің азын-аулық алатын стипендиясы қайбір жыртықты жамасын. Оның үстіне жалдап тұрып жатқан пəтердің де бағасы удай қымбат. – Қалила, – дейді бір күні Яхия досы, – сабақтан соң бос уақытың жетіп артылады. Мүмкін жеңіл-желпі бір жұмыс тауып аларсың. Ептеп материалдық жағдайыңды жөндеп алар едің, сондай-ақ пəтер алып қалуың да ғажап емес. Досының ақылымен Қалила көп созбастан үлкен қаладағы бір тұрғын үй пайдалану учаскесіне сантехник болып жұмысқа орналасып алады. Алғашқы айларда жас сантехник ретінде ол майлығы мен шайлығы жоқ, тырнақ астынан үнемі кір іздейтін пəтер иелеріне барып жүреді. Омаров бірде түскен тапсырыс бойынша Ленинградтың дəл ортасындағы пəтердің қоңырауын басады. Темірмен шынжырлап тастаған зілдей есікті түйенің жарты етіндей орыс ағайын ашады. Бірнеше бөлмеден тұратын бай пəтері ханның сарайындай болып шықты, екі бірдей ваннасы бар. Құдай атқанда, соның бірінен су ақпай, жұмыс істемей қалыпты. Сантехник істен шыққан тетікті əрі- бері айналдырып көрді, жаңасын алмаса болмайды. Оның үстіне ол шетелде жасалған бөлшек, Ленинград тұрмақ Мəскеудің өзінде табыла бермейді.

– Жаңасын алмаса болмайды, ал мынандай тетік менде жоқ, – дейді Қалила саймандарын жинастырып жатып. – Сен сантехниксің, жөңдеу – міндетің. Əйтпесе, бастығыңа айтып жұмыстан қудырамын, – дейді пəтер иесі бəле іздеп, – бұл азиаттардың қолынан қой бағу ғана келеді. – Əй, буржуй, – дейді Қалила, – Революция бесігі – Ленинградта тұрғанынды есіңнен шығарма. Байқаймын, мызғымас халықтар достығына сына қаққың келеді. Бүйте берсең, басқа жерде сөйлесуіміз мүмкін, абайлағаның жөн болар. Бес бөлмелі пəтерде тайыншадай итің екеуің ғана тұрып жатыр екенсің. Айтпақшы, екі бірдей ваннаның керегі не, итің екеуіңе, біреуі де молынан жетіп жатыр. Маған десең Смолныйдағы Ленсоветке бар. Əлгі тетікті таппай ваннаңды мен түгіл құдайдың өзі де жөндей алмайды, түсіндің бе?! Өзінің тым артық кеткенін сезген үй иесі тілін тістей қойып, сантехниктен кешірім сұрайды. Арада бір жыл өткен соң қазақстандық студент Ленинградтағы айдарынан жел ескен сантехниктің бірі болып, жақсы жұмыс істегені үшін бір бөлмелі комму налдық пəтер алып, өзі де, достары да жарып қалады. Əкесі: «Шошқаның баласы, есің барда еліңді тап» деп ұрсып хат жазбағанда, Қалиланың Ленинградта осы күнге дейін жүре беруі ғажап болмас еді. Əрине, келгені жақсы болды. Деректі киноның майын ішкен мұндай мықты режиссерді қайдан табар едік. Қалекеңнің əкесі Нематулла ақсақалға рахмет! «ШОШҚАНЫҢ ҒАНА БАЛАСЫ...» Ленинградта қызмет атқарып жүрген Қалила шаруабасты болып, туған ауылы Жаңақорғанға үш-төрт жылдай ат басын бұрмай кетеді. Бір күні əкесінен хат келді. Онда: «Иттің ғана баласы, шошқаның баласы, туған жерден безіп, саған не болды? Сен жүрсің Неваның жағасында гуляттап, ал мұнда шешең жүр сағынып, жылап, еңіреп.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген. Əлде, сен Брежневтен артықсың ба? Ол патша болса да, Украинасына жылда барып тұрады. Көп қиқаңды қойып, демалысыңды ал да елге кел. Келмей көр, Ленинградқа барып, көзіңе көк шыбын үймелетіп, сабап- сабап өзім əкелемін! Өй, шошқаның ғана баласы, анау кəуектей басыңда тауықтың миындай ми болса мұрнымды кесіп беремін...», – деп жер-жебіріне жеткізіп жазған. Əкесінің түгін қалдырмай боқтап жазған хатынан соң, онсыз да елді сағынып жүрген Қалила жолға жиналып, ертесіне-ақ пойызға отырады. Жүрдек пойыз Жаңақорғанға жайлап тоқтағанда Қалекең перронда өзін тағатсыздана күтіп тұрған əкесі мен жақын туысын бірден тани кетті. Олар, əрине, басында күнқағары бар кепке, бұтына қысқа шортик, аяғына крассовка киіп, рюкзак асынған Қалиланы бірден тани қоймады. Жүрген көп жолаушылардың бірі болар деп, туған баласының сəлеміне де онша мəн бермесе керек. – Бұл иттің баласы биыл да келмейтін болды, – деді əкесі күйіп-пісіп, – құйрығына пістенің майын қайнатып құйсаң да адам болмайын деді бұл. Шошқаның ғана баласын қайтсем екен, а?! – Нəке, түк көрмес, түйені де көрмес деген рас екен. Адам болмайын деген балаңыз жаныңызда тұр емес пе? Сəлем берсем алмайсыз, сөйте тұра мені жата кеп боқтайсыз, – деді Қалила əкесіне əзілдеп. Сонда ғана барып Нəкең дəл қасында тұрған баласын таныды. – Ау, шынымен-ақ Қалиласың ба? – деді таңғалып, – пошымың не болып кеткен? Киімің құрып қалғандай, бұтыңа не киіп алғансың? – Көке, бұл шортик. Күн ыстықта Ленинградта халық осылай киінеді. Мода! – Бүйткен модаң құрысын, – деді əкесі зілсіз ашуланып, – жүр дүкенге барайық, ит болсаң да, шошқа болсаң да өзімнің ұлым екенің рас, бір шалбар сатып алып берейін. И, жаман неме, кел маңдайыңнан бір иіскейін, шошқаның ғана баласы... «ХАЙЛ ГИТЛЕР»

Ленинград қаласында 1982 жылы «Кісен ашқан» атты дипломдық фильмін беске қорғап, дүркіреп тұрған бір ресторанда банкет жасап жатқан Қалила елден бұрын қызыңқырап қалады. Қызды-қыздымен орыс ағайындарының қыздары аз болғандай, шетелдік бикештерді биге шақыра бастайды. Қалқып жүрген Қалиланың қолына орысша бір ауыз сөз білмейтін, үріп ауызға салғандай əдемі «иностранка» түседі. Үлкен көздері көкпеңбек, қыпша белі үзіліп кетейін деп тұрған сұлуды имене құшақтаған Қалила: – Париж? – дейді екі езуі екі құлағына жетіп. Күндей күлімдеген келіншек басын шайқайды. – Лондон? Шетелдік сұлу жоқ-жоқ дегендей тағы да басын шайқайды. – «Енді қайдансың, періштем?» деген сөздерді айта алмай, Қалила үнсіз телміреді. Сайрап кеп берейін десе тілі құрығыр байланып тұр. Сұлу келіншекте жазық жоқ, құшағындағы жігітке жауап бергісі-ақ келеді, бірақ құдай атқанда бір ауыз орысша білмейді. – Мюнхен, Мюнхен, – дейді ол биязы сөйлеп, қай елден келгендігін білдіріп. – О, Германия, – деп қуанып кеткен Қалила бар білетін немісшесін шелекке құйған айран сияқты ақтара салды: – Хайл Гитлер... Хенде хох... Шнел, шнел!.. – Сұлу келіншек азиялық жас жігіттің иығына асылған қолдарын жалма-жан жұлып алып, түрі боп-боз болып тұра кеп қашады. Ал, Қалила болса «халықаралық қатынастың шиеленісуіне» кінəлі болғаны үшін КГБ-ның қызметкерлеріне үш сағат бойы жауап беріп, түсініктеме жазып, əрең құтылыпты. «АДАЙ» КҮЙІ ҚАЛАЙША АРАША БОЛДЫ?

Өзінің дипломдық фильміне тақырып іздеп басы қатып жүрген Қалила бірде Репин атындағы Ресей императорлық сурет академиясына бас сұғады. Болашақ кинорежиссердің көзі дауылпаз күйші Құрманғазының мүсініне түсіп, жылан арбаған торғайдай қалшияды да қалады. Аты-жөні белгісіз скульптор күйшінің абақтыдан қашып шығып, қолындағы шынжыр бұғауын үзіп, киелі домбырасын енді шерте бастаған сəтін шебер мүсіндепті. Туған елден жырақта жүрген Қалиланың тұла бойы шымырлап кетті, көз алдына қазақтың кең байтақ даласы елестеп, құлағына айбынды күйдің құдіретті үні естілгендей болды. Сұрастырып жүріп, талантымен тəнті еткен дарын иесінің аты-жөнін жүрегіне жаттап алған болатын. Қарағандылық жерлесі сурет академиясы ның студенті болып шықты, аты-жөні Жаубасар Қалиев екен. Көптен іздегені дəл алдынан шықты. Қалила өзінің дипломдық жұмысына тақырып тапқанына қуанып кетті, ертесіне-ақ білегін сыбанып, «Кісен ашқанды» түсіруге кірісті. Көп ұзамай-ақ ленинградтық досы Ержан Абдуллаев скульптор жерлесімен таныстырып, Жаубасар мен Қалила ағалы-інілі жандардай жарасып кетті. Жаубасардың шеберханасына қай мезгілде кірсең де үнтаспаға жазылып алынған «Адай» мен «Сарыарқа» күйі ойнап тұрады. Естіген құлаққа, əсіресе «Адайдың» құдіреті ерекше. Айбынды, тас-талқан асау сезімдер, тұла бойыңды еріксіз билеп ала жөнеледі. Қалиланың бір аңғарғаны: «Адай» күйі мен Жаубасардың мінезінде кейбір ұқсастықтар бар. Өзінен бір мүшел жас үлкен болып келетін ағасы қызу мінезді, жауға жалғыз қарсы шабатын нағыз батыр жігіт. Қатты ашуланғанда тоқпақтай жұдырығын ала жүгіретін жүрек жұтқанның өзі. Бірде Жаубасар сыраның кезегінде тұрып, екі-үш кавказдық жігітпен иық тіресіп, шекісіп қалды. Жалғыз екенмін деп, қаймыққан жоқ. Мысы басты ма, əлгі «батырлар» жым болды. Қалила аузын ашса көмекейі көрінетін ағасы Жаубасарды жаны қалмай құрметтейтін, адуынды мінезінен іштей сескеніп те жүретін... Қалила бірде Нева проспектісінде серуендеп жүріп, екі шетелдік қызбен танысады. Бразилия елінен келген қос бикештің сұлулығына Қалила қайран қалды. Екеуі де қараторының əдемісі, құлыншақтай

сымбатты денелері қарамасыңа қоймайды. Ал, танадай көздері көз емес, нағыз жалын атқан от. Қос сұлудың былдырлаған тілдерін түсініп жатқаны шамалы, бірақ, Қалиланың бір аңғарғаны – екеуі де əрі кет емес. Екі бикештің қыпша белінен ұстаған біздің батырдың басы шыр айналып, жаны балқып жүре берді. Не істеу керек? Нар тəуекел деп, Ержан досының пəтеріне тартып кетейін десе, құрдасының келіншегі, Жаннадан қорқады. Екі езуі құлағына жетіп, мəз-мейрам болған Қалила көп ойланбастан асығыс такси ұстап, Василевский аралындағы Жаубасар ағасының шеберханасынан бір-ақ шығады. Тəуліктің кез-келген уақытында табыла кететін Жаубасар бүгін үшті-күйлі жоқ. Терезе қап-қараңғы, есікте құлып. Жайшылықта біреудің ала жібін аттамайтын Қалила есікті бұзып, ішке кіруге мəжбүр болады. Шарап ішіледі, жалынды жүрекжарды сөздер айтылды, Қалила өзін нағыз қор қыздарының ортасында отырғандай бақытты сəттерді бастан кешіріп, махаббаттың буына мас болды. Кенет, есік тарсылдап қоя береді, екпіні қатты Жаубасардың үлкен жұдырығын көз алдына елестеткен Қалила одан аман-есен құтылудың амалын ойластырып, апыл-ғұпыл үнтаспаны іске қосады. Сол-ақ екен «Адай» күйі құйындата жөнеліп, жартылай жалаңаш екі сұлуды құшақтаған Қалила аспанға шаншылған бір жойқын биді бастап кеп жібереді. Мұндайды күтпеген Жаубасар ашуға булыққан күйі состиып, есік алдында тұрып қалса керек. Дауылпаз күйдің сүйемелдеуімен құйын биді күшейткен үшеуі шеберхана иесінің дəл қарсы алдына жалп етіп құлай отырып, тізерлеген күйлері мойындарын ұсынады... – Əй, жүгермек, тұр орныңнан! Қыздарды да көтер! Сендерге анау- мынау емес, «Адай» күйінің өзі араша сұрап тұрған соң мен не істеймін?! – деп райынан қайтқан Жаубасар амалсыздан мырс етіп күліп жібереді... *** Арада екі-үш ай өткен соң Ленинградта дəстүрлі «Ақ түн – 1982» кинофестивалі өтіп, бақандай 88 қысқаметражды туындының

арасында кинорежиссер Қалила Омаровтың «Кісен ашқан» («Воплощение») деректі фильмінің шоқтығы биік болып, Бас жүлдені жеңіп алады. Інісінің бұл үлкен шығармашылық табысына Жаубасар жас балаша қуанады. – Бүгіннен бастап, тəуліктің кез-келген уақытында шеберханамның есігін бұзып кіруге рұқсат беремін, – дейді Жаубасар ағасы Қалиланың арқасынан қағып, – тек əлгі шоколад түсті сұлу бикештерді ұмытып кетіп жүрме, ерте кел, бауырым... КҮЛМЕ ДОСҚА, КЕЛЕР БАСҚА... Ленинградтан келген Қалиланы əке-шешесі үйлендірмек болады. – Жасы болса жиырма жетіден асып барады. Баламыздың сүр бойдақ болып жүрісі болса мынау, – дейді əкесі, – бұған келіншек əперіп, аяғына тұсау салмасақ болатын емес. Жамал деген пысық апасы ертесіне-ақ бауырын ертіп алып, қыз айттыруға шығады. Қалиланы өзі қатарлы бір қызбен таныстырады. Бойжеткен де, оның əкешешесі де Ленинградтан келген жігітті бірден ұнатып қалса керек. Қанша дегенмен өмір көріп, оңы мен солын таныған, анау-мынау емес, Нева қаласындағы үлкен өнер ордасынан білім алып, қызмет атқарған білдей азамат. Төбе шашының сəл селдірлей бастағаны болмаса, құдайға шүкір, түр-келбеті де ешкімнен кем емес. Бірақ, Қалила мырзаның қиялында басқа бір қыз болып, қарсы ал дында мөлдіреп отырған қарындасты айтарлықтай ұната қоймайды. Əрине, бұл туралы лақ еткізіп айта салуға жəне болмайды, нəзік дипломатия керек. – Қарындас, – дейді Қалила жайлап, – сізбен танысқаныма өте қуаныштымын, тамаша қыз екенсіз... Заманымыз бір, сіз дұрыс түсініңіз, əке-шешем мені зорлап үйлендіргелі отыр. Ленинградта күтіп отырған қалыңдығым бар еді. Əрине, қыздың жолы жіңішке, біреулер сұрап жатса «мен ұнатпадым»

деп айта жатарсыз. Жүрекке əмір жүрмейді, қыз байғұс жігітті ұнатып отырса да ағасының айтқанына лажсыз ғана көніп, көзі жаутаңдап қала береді. – Сызылып қалған əдемі-ақ қыз екен. Өкінішке орай, сүйген жігіті бар болып шықты, – дейді Қалила өтірік өкінген болып. Жамал інісін дедектетіп ертіп, тағы да үш-төрт қызды айттырып көреді. Бірақ, олар да алдын ала жасалған «сценарий» бойынша күйеу жігітке «көнбей» кояды. Жаңақорған жақтан еш нəтиже шықпаған соң Жамал Қалиланы жетектеп Жетісайға алып барады. Айттырып барған қызы он екіде бір гүлі ашылмаған, аршыған жұмыртқадай аппақ, сүп- сүйкімді бойжеткен болып шығып, Қалилаға бірден ұнап қалды. Қанша дегенмен Ленинград көрген жігіт қой, сұлу бойжеткенді шыркөбелек айналдырды. Құдай атқанда қыз оған көнбей қойды. – Аға, – дейді ол жайлап, – соқыр емеспін, көріп отырмын, жігіттің сұлтаны сіздей-ақболар. Бірақ, жүрекке əмір жүрмейді, менің ұнатып жүрген жігітім бар еді. Атаанам да өзіңізді ұнатып отыр, айыпқа бұйырмаңыз, сізден бір үлкен өтінішім бар, біреу-міреу сұрай қалса, ұнатпаған ыңғай таныта салыңыз, мен-ақ жаман атты болайын. – Қалқам-ау, айтқаныңа көнбей қайда барамын, – дейді Қалила бір қызарып, бір бозарып, – күлме досқа, келер басқа деген осы... Өзім қазған шұңқырға өзім түсіп отырмын, қарындас... «ЕНЕМ БОСАНЫП ЖАТЫР...» Қалиланың ауылға келіп, жолы болмады. Көп қыздың ішінен өлердей ұнатып қалған əлгі бойжеткен өзінше қылымсып көнбей қойды. Жуық арада Ленинградқа қайтып кететін түрі жəне жоқ. «Енді ешқайда да бармайсың, шет жерде қаңғығаның жетеді» деп əкесі бар құжаттарын тығып тастаған болатын. Қалила ата-анасынан асып қайда барады, тулаптулап, аудан орталығындағы Мəдениет үйіне қатардағы фототүсіруші болып жұмысқа орналасты. Қанша айтқанмен Ленинградтың мектебі мықты ғой. Қалиланың атағы бір айға жетер-

жетпес уақыттың ішінде бүкіл ауданға дүркіреп, айдарынан жел есіп, əріптестерінің көбісі шаңына да ілесе алмай қалады. Жұрт біткен жаңадан келген фотографқа суретке түскісі келеді. Өзінің пошымы да, киім киісі де өзгеше: басында баяғы Əлжан досы берген күн қағары бар американдық кепка, бұтыңда əбден жуа-жуа ағарып кеткен джинси, аяғында кроссовка. Сөйтіп жүргенде ауданда күріш орағы басталып кетіп, Жаңақорғанның дəл іргесіндегі совхозға Қызылордадағы тігіншілер даярлайтын училищеден бақандай қырық қыз қолқабыс жасауға келді. Солардың арасындағы монтиған əдемі қыз Қалилаға бірден ұнап қалып, сүр бойдақ досымыз Рыскүлмен танысқан күннің ертеңіне-ақ үстіндегі халатымен алып қашып келіп, той жасап та үлгерді. Бірде аудандық ауруханада болып, сурет түсірген Қалекең үйіне кештеу оралды. – Балам, туған енең босанып, перзентханаға түсіп жатыр. Келін екеуміз кешкісін барып қайттық, – дейді Қадиша-Бибі шай үстінде, – Рыскүл тамақ дайындап қояды, таңертең кіріп шық, əйтпесе ұят болып жүрер. Таңертең дайындап қойған тамақты алып, перзентханаға бет алады. Кіреберісте оны қыз-келіншектер бірден танып, шулап қоя береді. – Сəлеметсіз бе, фотограф аға? Кешегі түсірген суретті əкелдіңіз бе? – Жоқ, – дейді Қалила, – мен перзентханаға келе жатырмын. – Келіншек алғаныңыз кеше ғана емес пе еді, – дейді қыз-қырқындар əзілдеп, – мұнда тоғыз ай, тоғыз күн дегенде келеді. Ал, сіз болсаңыз, бір ай өтпей жатып-ақ келіншегіңізді перзетханаға жібересіз. Мықты екенсіз өзіңіз. – Жұрттың əйелі босанса, менің енем босанып жатыр, – дейді Қалила айқай салып, – сол енеме тамақ əкеле жатырмын. Шоу, қыздар, суреттеріңді ертең əкеліп беремін. – Мынау түбі түскен шелек сияқты даңғырлап қалған күйеу балам мені бала туды деп бүкіл əлемге жариялады-ау, – депті осының бəрін ашық терезеден көріп тұрған енесі Сайлау бетін басып, – біреуің

барып, əкелген тамағын ала салыңдар, мен көрінбей-ақ қояйын, ұят- ай! ҚАЛИЛА МЕН ЛƏЗЗАТ Қарғаның миы айналатын ыстық аптаптың өзінде ен даладағы қойшыға дейін қылқындырып галстук таққызған кеңестік мəдениеттің қаймағы бұзылмаған Жаңақорғанда 80-жылдардың ортасында бүкіл елді дүр сілкіндірген екі оқиға болды. Сонау Нева жағалауындағы азуы алты қарыс Ленинградтан оқу бітіріп, дырдай азамат атанған Қалиланың жүрдек пойыздан «жалаңбұт» түсуі, яғни тұңғыш рет шортик киіп келуі жұртты таң-тамаша қалдырып, оның есімі Жаңақорғанның «Гиннес» кітабына жазылды. Арада бір ай өтпей жатып Жаңақорғанның теміржол бекетіне Мəскеуден Алматыға бет алған жүрдек пойыз жайлап тоқтап, ерекше киінген қазақтың бір бойжеткен қызы түсе берді. Киетін киім атаулы құрып қалғандай кəдімгі алты айлық сəби киетін «ползунка» киіп алыпты. Ауданға арнайы жолдамамен қызметке келген суретші Лəззат Сержанованың модадағы бұл жаңалығы Қалиланың шортик киіп келгенінен де асып түсті. Бүкіл Жаңақорғанда гу-гу əңгіме. Керемет бір кинокомедия көргендей үлкеннің де, кішінің де езуінде күлкі. Бірақ, оны елеп жатқан «шортик» пен «ползунка» жоқ. Қалила аудандық Мəдениет үйіндегі «Кинофото» үйірмесінде жетекшілік етсе, Лəззат Пионерлер үйінденгі «Қуыршақ театры» үйірмесін басқарады. «Балықшы – балықшыны алыстан таниды» демекші, екеуі көп ұзамайақ танысып, нағыз Пикассо-Феллини болып шыға келді. Бір күні Жаңақорған теміржол бекетінен жаңа кафе ашылатын болып, оның үлкен қабырғасындағы суретті Қалиланың Ленинградта бірге оқыған досы Қалжан салатын болды. Досы аудан орталығындағы бір

орта мектепте еңбек пəнінен сабақ береді, қолы қалт етіп босай қалса, осындай «халтураны» тауып, күректеп ақша табатын пысықтығы бар. – Қалжан, аман болсақ сен мұндай «туындылардың» талайын табасың. Мына жұмысты Лəззатқа бер. Қанша дегенмен өзіміздің қыз, қаржы жағынан қысылып жүр, – дейді Қалила досына қызыл шарап құйып жатып. – Осы өтінішімді жерге тастама. Кəдімгідей қызып отырған Қалжан Ленинградта небір қызық жылдарын бірге өткізген досының көңілін қимай келісімін береді. – Жұрт демалатын көпшілік орын екен. Адам Ата мен Хауа Анамыздың өміріне арналған триптих салып берейін, – дейді бұл ұсынысқа жас балаша қуанған Лəззат. Қалжан мен Қалила шелек-шелек майлы бояулар жеткізіп, жас суретші өзінің ұлы туындысын жасауға шұғыл кірісіп кетеді. Есігін ішінен тарс жауып алған Лəззат кафенің бүкіл қабырғасын алып жатқан суретін он күннің ішінде аяқтап шығып, жеңіл дем алғандай болды. Майлы бояумен салынған сурет Қалилаға да, Қалжанға да ұнайды. Жас суретші мəз-мейрам. Амандық болса, ертең кафе салтанатты түрде ашылып, оның лентасын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қимақшы. Кешқұрым аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы бастаған бір топ бастықтар суретті көріп, естерінен танып қала жаздайды. Кафенің бүкіл үлкен қабырғасында анадан жаңа туғандай тыржалаңаш еркек пен əйел бір-бірін қуып жүр. – Бұларың кім? – дейді есін əрең жинаған хатшы. – Адам Ата мен Хауа Ана ғой, махаббат құрып жүрген, – дейді, Лəззат жайбарақат. ...Ертесіне қызыл лента қиылып, кафе ашылды. Лəззаттың он тəулік бойы салған суретінің ізі де қалмаған. Бүкіл қабырғаға қойшы мен егіншінің суреті салынып, оның астына «КПСС XXVII съезінің

тарихи шешімдерін жүзеге асырайық!» деген ұранды сөздер жазылыпты. Мұндай жаңалық күтпеген Қалжан мен Қалила Лəззатті жұбатып, үшеуі бір шөлмек қызыл шарапты қылдай бөліп ішіп отырады. – Еңбегім ақталмады деп ренжіме, – дейді екі дос суретші қызға кезек-кезек жалтақтап. – Мəскеу мен Жаңақорғанның арасы жер мен көктей. Олар түсінгенше қайда... Əлі бір ғасыр уақыт керек. – Несіне ренжимін, – деді Лəззат күлімдеп. – Студент кезімде жасаған эскизімнің үлкен полотнода қалай көрінетіндігін үш тəулік бойы тамашаладым. Суретші үшін одан асқан бақыт бар ма?! – Шын айтып тұрсың ба? – деді Қалила орнынан ұшып тұрып. – Честно пионерский! Жас балаша қуанған Қалила Лəззаттің оймақтай ыстық еріндерінен сүйіп-сүйіп алды. БАШПАЙ Қалиланың Жаңақорғандағы Мəдениет үйінде дүркіреп қызмет етіп тұрған кезі. Аудандық мəдениет бөлімінің меңгерушісі бойы бір тұтам, қырсықтығы қырық тұтам Əбілтай Сүлейменов. Жылтыраған қасқа басын жеті тал шашымен жасырған, өзінен лауазымы төмендерге кісімси қарап, саусақтарының ұшын ұстатар-ұстатпастан ала қашатын қызық адам. Алғашқыда қолын ала жүгірген Қалила бірекі рет күйген соң, ернінің ұшымен ғана амандасып, тікелей бастығына онша ұнамай жүреді. Қайта құрудың қайнап тұрған шағы. Алатын жалақысы екі-үш айлап кешігіп, Қалиланың мазасы болмай, бастығының кабинетіне ай-шай жоқ баса-көктеп кіріп барады. Көз қиығын салмастан терезеге қараған Əбілтай:

– Сөйле, – дейді. – Айлығымды беріңіз, – дейді Қалила əңгіменің тоқ етерін айтып. – Ақша жоқ болса, немді беремін, – дейді бастығы сызданып, – сен жұрттан артық емессің, жалақыңды жеп қоймаймыз, ел құсап сен де күт. Кеше ғана бастық пен бас бухгалтердің орталық универмагтан таптыра бермейтін бір зат алғандарын жақсы білетін Қалила: – Өздеріңіз дегенде ақша жарықтық табыла кетеді, біз де ай қарап, жұлдыз санап отырған жоқпыз, біздің де аузымыз бен жұлыны бүлкілдеген кеңірдегіміз бар, – дейді алған беттен қайтпай. – Ақша жоқ дедім ғой саған? – дейді бастық ашуға басып, – өзің қадалған жеріңнен қан алатын бəлелі біреу екенсің. Айттым ғой, жаңа – күт. – Күтуін мен күтер едім, – дейді Қалила жайбарақат, – бірақ бір кісі күте қоймас. Жаңадан бері бар əңгімені селқос тыңдап тұрған Əбілтай селк ете қалады. – Ол қай кісі? – дейді бастық, мына қызыл көз пəле біреуді ертіп əкеп тұр ма, – деп қауіптеніп. Қалила аудандық мəдениет бөлімі меңгерушісінің жылтыраған столына аяғын сарт еткізіп қойып, туфлиінің жыртық ұшынан қылтиып шығып тұрған башпайын жылт-жылт еткізіп: – Күтпейтін кісі – осы, – дейді. Жынданып кетуге сəл-ақ қалған бастық жалма-жан телефонға жармасады. – Алло, алло, бұл бухгалтерия ма? Тұрсын Алмасовна, қайдан тапсаң одан тап, Омаровтың дəл қазір айлығын тауып бер. Əйтпесе, жындыханаға не мен түсемін, не ол түседі, – деп телефон қалақшасын тастай береді. МҰРТТЫ «КЕЛІН» ЖƏНЕ ҚАЛИЛА

Ленинградтан ауылға каникулға келген Қалила дүркіреп өтіп жатқан тойдың үстінен түседі. Халық ақыны Манап Көкеновтың бақан- дай қырық жыл шопыры болған Тоқпан Қаюпов үлкен баласын үйлендіріп жатыр екен. Күйеу бала – Абибулла Қалиланың кішкентайдан бірге тай-құлындай тебісіп өскен түйдей құрдасы. Той қызып, келіннің бетін ашу жақындап қалған. Аршыған жұмыртқадай аппақ, көздері мөлдіреген қалалық қалыңдық Роза шымылдықтың ішінде тізе жазып отыра алмай қатты қиналады. Ауыл жігіттерінен қымсынған жас келін қала көрген Қалиланы жақын тартып: – Қалила, аяқтарым серейіп қалды, аз уақыт болса да ауыстыршы, өлетін болдым, – деп жағдайын айтады. Əлі беті ашыла қоймаған сұлудың өтінішін орындаудан асқан артық бақыт бар ма? Қалекең көп ойланбастан шымылдық ішінде отырған келінді алмастыра қояды. Мен ұрлыққа шыққанда ай жарық болды демекші, осы сəтте көрімдік сұрап, шымылдық сыртын торыған жұрттың бəрін риза еткен бір əйел келін отырған жерге екпіндетіп кіріп келеді. – Келген қадамың құтты болсын, айналайын! Нұрым, бағым, қуанышым бол! – деп жаңа түскен келінге жақындамақ болып еді, ол теріс қарап қашқақтай береді. – Айналайын, ұялма, бетіңді бір көрсетсең болып жатыр. Мен анау- мынау емес, ең жақының боламын, алтыным! Абибулланың туған əпкесімін, жаным! Қуаныштан есім шығып, сонау Кентаудан келіп отырмын, кəне бетіңді аша ғой, қалқам! – деп «келіннің» орамалын тартып кеп қалады. Кенет ыржиған аузының үстін қара мұрт басып кеткен «келінді» көріп, «о, көтек!» деп шалқасынан құлайды. Басындағы ақ орамалды жалмажан тастай беріп, отырған елді қаға- маға Қалила сыртқа тұра кеп қашады...

Роза келіннің беті ашылып, үлкен той басталды. Сонау Нева жағалауынан келгені ескеріліп, Манап ақын бастаған қонақтарға қызмет көрсету Қалилаға сеніп тапсырылады. Қалекеңнің негізгі міндеті – меймандарға ас алғызу, оларды қолпаштап-мақтау, арақ- шарап құю. Төрде – Манап, оның жанында «Ақ Баян» əнінің авторы, белгілі сазгер Бексұлтан Байкенжеев орын алыпты. Қалиланың немере ағасы Əмір Мəжитов та осында. Өңшең ығай мен сығайлар отырған дастарқан басында алуан-алуан тақырып қозғалып, əңгіме-дүкен қыза түседі. Абылайханнан басталған əңгіме Кенесарыға жетіп, Жаңақорғанға қатысы бар Сыздық төрелер тағдыры сөз болады. Майлықожа ақын, Кенжеқожа жəне Құтбай мен Нартайдың өмірінен құйқылжыта сыр ақтарған Манап ақынның əрбір сөзін естіген сайын Қалиланың екі көзі оттай жайнап, аузы бір ашылып, бір жабылып, алға ентелеп, құлағын түре түседі. Қонақтарға арақ-шарап құйған сайын өзінің «сыбағасын» да ұмытпай, кəдімгідей қызыңқырап қалады. Оның үстіне, мына жүрек шымырлатар əңгімелер көңілін босатып, Қалила «Қайран бауырларым-ай!» деп еңіреп жылап жібереді. Отырғандар бұған не болып қалды деп аңтарыла қарап қалған. Қалила болса əкесі өлгендей өгіздей өкіріп, жылауын қояр емес. Ленинградтық студенттің немере ағасы – Əмір кіндік тұсына бойы əрең жететін інісін құшақтап: – Жыламашы, бауырым, жыламашы, – деп жұбатып, өзі де жылап жіберуге шақ жүр... Қалила болса əлі де ботадай боздап отыр. – Мен неге кеш тудым? Бүкіл тарих өтіп кетіпті ғой. Мен оны сонау Ресейден іздеп жүрсем, тарихтың көкесі осында екен-ау, көке-е? Енді мына заманда ештеңені де өзгертуге болмайды, неге ғана кеш тудым, көке-е! – деп Қалила борша-боршасы шығып жылауын жалғастыруда. – Əй, жүгермек, болды енді, босқа еңіреп, боздай берме! Маңдайыңа жазылса, тарихтың көкесі əлі алда, бұйырса көрерсің, – деп Манап ақын Қалиланы жұбатып, жылағанын əрең тоқтатыпты. ОТЧЕТ

Қазақтелефильм» студиясына оператор дың ассистенті болып жұмысқа орналасқан Қалиланың жұлдызы оңынан туып, кинооператор Анатолий Федулов ештеңемен ісі жоқ, мейірімді, ақкөңіл жан болып шықты. – Жұмыс жоқта сені ары-бері несіне салпақтата берейін, қазір боссың, келесі аптада съемкаға келсең болды, – дейді рұқсат беріп. Əйелі мен бала-шағасын ауылға жіберіп, өзі бойдақтық жасап жүрген Қалила шешесі егіз ұл тапқандай қатты қуанады. Бірақ, мəз болып секіруге əлі ерте екен. Түсіріп жатқан фильмінің директоры Оля Ибраева əйел болса да, аюдай ақырып қалған нағыз ұрда-жықтың өзі болып шықты. – Мен ештеңе білмеймін. Күнде таңертең келіп, маған отчет беріп тұрасың, – дейді түйеден түскендей дүңк еткізіп. – Қап, мынаның қорлығын-ай! – деп қынжылған Қалила Мұстафа досын ертіп алып, қаланың ортасындағы Гвардейский көшесіндегі құлайын деп тұрған жалдамалы пəтеріне көңілсіз бет алды. Ертесіне таң атпастан жұмысына келген Қалила қалғып-мүлгіп отырған қарауылды оятып: – Оля Ибраеваны көрдің бе? – деп сұрайды. Қарауыл болса, мына жігіт таң атпай жатып, жын ұрып кеткеннен сау ма дегендей, көзін уқалап, біресе тысқа, біресе сыртылдап тұрған сағатқа қарайды. Бес жүзге тарта қызметкері бар шығармашылық ұжымның бүкіл есігін қағып шыққан Қалила Оляны іздеп жүрген болып, «Қазақтелефильм» студиясының бас директоры Кəрім Танаевқа да кіріп шығады. Ұйқысын қандырып, кофесін ішіп, асықпай түскі тамаққа қарай жұмысқа келе жатқан Оляның алдынан қарауыл сүйінші сұрағандай жүгіріп шығады. – Оля, қайда жүрсің? Сені Қалила таң атпай жатып іздеп келді. Суыт жүрісіне қарағанда өте бір тығыз жұмыс бар ғой деймін, – деді ол

аптығып. – Қалиланы көрдің бе? Жаңа ғана сені табанынан таусылып іздеп жүр еді ғой, – дейді кез-келген қызметкер Олядан сүйінші сұрағандай болып. Студияға кіреберісте езуіндегі темекісін əкесінің құны қалғаңдай үстін-үстіне сорып тұрған фильм директорын Көрім Танаев шақырады. – Оля, сені Қалила шарқ ұрып, іздеп жүр, – дейді ол. – Жайшылық па, əйтеуір? Түске дейін бір кабинетке кіріп ұйқысын қандырған Қалила дəлізге шыққанда Олямен маңдай соғыстырып қала жаздайды. – Əй, Омаров, ты мне надаело, – деп дүрсе қоя береді Оля. – Қызық екенсіз, өзіңіз емес пе, күнде келіп, отчет бер деген, – дейді Қалила аңқаусып. – Бүйткен отчетың құрысын сенің! Бар, құры! Федулов айтқан күні келерсің, – дейді Оля қолын бір-ақ сілтеп. «ОСЫЛАЙ ЖЫЛА ДЕДІМ БЕ, САҒАН...» Талдықорған өңіріндегі Матай деген жерде Оралхан Бөкеевтің повесінің желісі бойынша «Дархан» атты көркемсуретті фильм түсіріліп жатты. Басты рольде ойнайтын Нұрмахан Жантөрин мен Нұржұман Ықтымбаев. Режиссер Ырымбек Əлпиев пен бас оператор Федор Аранышев басқаратын шығармашылық топтың саны отыздан асып жығылады. Матай мен аудан орталығының арасы отыз шақы рым жер. Кезекті съемка аяқталып, болашақ фильмді жасаушылар аудан орталығындағы қонақ үйге жинала бастайды. Осы кезде Жантөрин, Ықтымбаев жəне режиссер мен бас оператор бөлектене бастайды. Өйткені, совхоз

бастығының үйінде қой сойылып, оның еті қазанда бүлк-бүлк етіп қайнап жатқан болатын. – Қалила, – дейді бас режиссер жас операторға бұрылып. – Сен шығармашылық топты бастап, қонақ үйге қайта бер, біз кешірек келеміз. Түннің бір уағында темекі шегуге шыққан Қалила ұзын коридордың бір бұрышында тісін шұқып тұрған Нұржұман ағасын көреді. – Нұреке, – дейді Қалила оған жақындай түсіп, – ағадан сыбаға деген болмаушы ма еді? – Шырағым-ау, жыламаған балаға кім емшек берген? Сыбағаны ет асып жатқан жерден сұрау керек еді, – дейді Ықтымбаев жайбарақат. Келесі күні кезекті эпизодтың бірі ауылдық кеңестің төрағасының үйінде түсіріледі. Қалила бастықтары көзден таса бола бергенде пленкасы жоқ камерамен үйдегі биенің сабасындай жеңгейді отырғызып та, тұрғызып та түсіріп, оны мəз етіп қояды. Күндегі əдеті бойынша сойылған қойдың етін оңаша жемек болған «төрттік» бүгін де топтан жайлап бөліне бастайды. Олар ауылдың шетіне шығып, серуендеп жүргенде Қалила қазан басында жүрген таныс жеңгесіне жүгіріп келеді. – Жеңгей, – дейді ол, – аяқ астынан аудан орталығына жүретін болып қалдық. Бастықтарымыз аудан орталығында болатын түнгі съемканы жоспарлап қойыпты. – Ойбаи-ай, қайным-ау, мынау пісіп тұрған қойдың етін қайтеміз? – дейді əйел оператордың көмекшісінің сөзіне сеніп. – Піскен етке жейтін ауыз табылады, жеңгей. Сыбағамызды алып кетейік, – дейді Қалила ішіне бір қойдың еті сиып кететін кинопленка салатын ыдысты тоса беріп... Түн ауа Қалила темекі шекпек болып, тісін шұқылап, қонақ үйдің ұзын коридорына шыққанда бір бұрышта шылым тартып тұрған Нұржұман ағасымен ұшырасып қалады. – Əй, жүгермек, – депті сонда Ықтымбаев, – жыла дегенде соншама қатты еңіре деп пе едім, саған. Бір қазан етті төңкеріп əкетіп қалғаның қалай?

«ШЕШЕҢДІ ҰРАЙЫН» 1988 жылдың қарға миы айналатын шілдесінде Жаңақорған ауданындағы «Сопаздың сазы» деп аталатын алқапта халық ақыны Манап Көкеновтың 60 жылдық мерейтойы өтетін болып, өңшең сен ат мен тұрайын дейтін мүйіздері қарағайдай-қарағайдай қаламгер ақындармен бірге «Конвас» кинокамерасын құшақтап, «Қазақтелефильмде» еңбек жолын жаңадан бастаған кинооператордың ассистенті Қалила Омаров та келеді. Ақындар айтысы басталып, тойдың нағыз қызған шағы болса керек. Басшыларынан алғашқы өзіндік тапсырма алған Қалила зілдей кинокамерасын штативіне қондырып алып, тосын кадрларды түсіріп алуға құлшына кірісіп кетеді. Бірақ, кинооператордың соңынан тойға келген бүкіл бала-шаға бір елі қалар емес. Балалардың тірі кинооператор мен кəдімгі кинокамераны көрулері осы болса не істейсің! Қалила қайда бұрылса, олар да сонда жүгіреді. Оның үстіне, Сырдың ыстық аптабы айналаны қуырып əкетіп барады. Шыжыған күнге балықтай қақталып, қара терге түскен Қалила көзіне құйылған ащы дымқылды сүртіп тастап, бір əдемі кадрды аңдып, енді түсіре бергенде біреу: – Қалила! Қалила! – деп иығынан жұлқылап тарта бастады. – Бұл кім, ерігіп жүрген? – деп кинооператор суы қайнаған самауырындай бұрқ ете қалды, – əй, жұмыс істеуге мұрша бересіңдер ме осы? Артына бұрылған ол бір топ құрдастарын суретке түсетіндей етіп тізіп қойып, жез мұрты едірейіп, əлденеге мəз болып тұрған туған əкесі Нематулланы көреді. – Əй, Қалила, кəне, бізді түсір! – деп əкесі əмір ете сөйлеп, құрдастарының жанына жайғаса бастады.

«Ит ашуын тырнадан алады» демекші, онсыз да жарылуға шақ тұрған кинооператор əкесіне бас салады: – Əй, Нематулла, сен Омардың баласы болсаң, мен Омардың немересімін! Оның үстіне, анау-мынау емес, «Қазақтелефильмнің» арнайы тапсырмасымен келген кинооператор Қалила Омаров боламын. Сондықтан да маған бұйрық беруге правоң жоқ! Анау шалдарыңды ал да, айтыс көр! – деп жаңа ғана жоғалтып алған əдемі кадрді жалма-жан іздей бастады. – Мына шешеңді ұрайын, не деп кетті? – дейді Нематулла не күлерін, не ашуланарын білмей, – киноға түсіретін түрі бар ма бізді? «АЛМАТЫЛЫҚ РЕЖИССЕР ҚАЙДА?» Амандық болса, бүгін режиссер Қалила Омаров шығармашылық жолсапарға аттанып, өзінің алғашқы тырнақалды деректі кинофильмі «Тəушенді» түсіруді бастамақ. Доптай домаланып жүріп, тиісті шаруаны жалғыз өзі-ақ бітіріп тастап, əріптестеріне ыржия күліп, көңілді көрінуге тырысқанымен іштей əлденеге қобалжып жүр. Айтыскер дүлдүл ақын Тəушен Əбуова туралы фильм Сыр өңірінде, оның ішінде Жаңақорған ауданында түсірілмекші. Ал Жаңақор ған – Қалиланың туған ауылы. Үлкен-кіші тұрмақ, жүгірген күшікке дейін оны жақсы таниды. «Ауылдағының аузы сасық» демекші, аудан басшылары «Бұл кім десек, өзіміздің бала екен ғой» деп онша елей бермеулері де ғажап емес. «Қазақтелефильмнің» бас директоры Кəрім Танаев Қалиламен дəліз ішінде бетпе-бет кездесіп қалады. – Ау, батыр, жолға жиналып жатырсың ба? Өзің біртүрлі көңілсізсің ғой. Кино түсірмей жатып, мұрныңның салбырап кеткеніне жол болсын? – деп қалжыңдай сөйлеген Кəрекең Қалиланың іштей абыржып жүргенін айтпай-ақ түсіне қойды.

– Кəне, менімен бірге кабинетке жүре қойшы, – деп директор режиссерді жетектегендей болып, ішке кірді. Сонан соң, телефон сандарын асығыс тере бастады. – Оқа! Қалыңыз қалай? Біздің Қалила Омаров деген режиссеріміз сіздерге барып, Тəушен ақын туралы деректі кино түсірмекші. Алғашқы сапары еді, сол балаға өзіңіз көз қырын сала жүрсеңіз! Телефон тұтқасын орнына қойып жатқан Кəрім Қалилаға күлімдей қарады. – Ал, жас достым, бар проблема шешілді. Сені облыстық партия комитетінің хатшысы Оңалбек Сəпиев қамқорлыққа алмақ. Мұрныңды жоғары көтер, батыр! Тек алға! Жолшыбай Шымкенттегі шаруаларын тап-тұйнақтай еткен Қалила Тəушен апасымен Жаңақорғанға аман-есен жетіп, болашақ кейіпкерін қонақ үйдің ең мықты үлкен нөмеріне орналастырып жатты. Кішкентай ауылда тосын хабар-ошар тез тарайды емес пе? «Алматыдан кинорежиссер келіпті!» деген сөзді естісімен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қоянбай Қалмырзаев пен аудандық мəдениет бөлімінің меңгерушісі Əбілтай Сүлейменов асығып-аптығып қонақ үйге жетіп келді. Кіреберісте жолыққан Қалиланың сəлеміне көңіл аудармай ентелеген екі дөкей нөмерден Тəушен кемпірді ғана көреді. – Астанадан келген режиссер қайда? – дейді екі басшы жарыса сөйлеп. – «Көрмес, түйені де көрмес» деген осы екен-ау. Астанадан келген режиссердің сəлемін де алуға жарамай, өзін қаға-маға бері қарай өтпедіңдер ме? Əне тұр іздеген режиссерің, – деп Тəушен ыржия күліп тұрған Қалиланы көрсетеді. Бұлай боларын білмеген аудан басшылары бір бозарып, бір қызарып нөмерден шыға береді.

...Арада бір сағат өткен соң аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы арнайы қызметкерін жіберіп, режиссер Қалила Омаров бастаған шығармашылық топты түк болмағандай қалбақтап қарсы алады. «Тəушенді» ойдағыдай түсіріп біткен Қалила Жаңақорғаннан Қалила емес, Қалекең болып аттанды... ҚЫЗҒА БАҒЫНҒАН АККУМУЛЯТОР Бояп, опалап, əдемілемедің бе? Мынауың күнде өзіміз көріп жүрген кəдімгі Тəушен ғой. Отбасы, ошақ қасындағы қаз-қалпы, – деп айтыс ақыны Əселхан айтпақшы, кинорежиссер Қалила Омаровтың алғашқы туындысы – «Тəушен» бүкіл зиялы қауымды елең еткізіп, қарама- қайшы пікірталас туғызғаны рас. Мəскеуден бүкіл Кеңестер Одағына екі рет, Қазақстанда əр ай сайын екі-үш көрсетілген туындысына жас балаша қуанып, малақайын аспанға лақтырып жүрген Қалиланы бірде «Қазақтелефильмнің» бас директоры Кəрім Танаев өзіне шақырып алады. – Қарағым, мені алғашқы қадамдарың қуантып тастады. «Тəушенің» құтты болсын! Иə, мақтаудан кенде емессің, бірақ тым масаттанып кетуден сақ бол, ол өнер адамына онша абырой əпермейді. Кез келген режиссердің бірінші фильмінде кездейсоқтық жағдайлар көп болатындығы да өтірік емес. Өнер адамының нағыз шығармашылық бет-пердесін екінші туындысы көрсетеді. Дос бар, дұшпан бар, нағыз сыналатын тұсың – осы сəт, – деп Кəрекең жас режиссерге халық жазушысы Мəриям Хəкімжанованың портретін сомдауды ұсынды. Қазақ-орыс мəдениеті мен əдебиетінің арасына алтын көпір болған үлкен тұлға – Ыбырай Алтынсариннің бəйбішесі – Айғаным əжейдің тізесіне отырып, еркелеген Мəриям ақын көргені де, көңілге тоқығаны да көп сұңғыла қария еді ғой... Қалила алтынның сынығындай осы бір асыл жанмен тез тіл табысып, болашақ деректі фильмін түсіруге білек сыбанып кірісіп кетті. Сырт көзге бəрі де ойдағыдай көрінгенмен, режиссер өз ісіне іштей

қанағаттанбай жүр. Ақынның шын жансарайын ашудың кілтін əлі де таба алмай жүргенін ол іштей сезеді. Түсірілген кадрлардың табиғи болмысқа, табиғи шындыққа жанаспауы да содан. – Мəриям апай, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Сəкен Сейфуллинді көрдіңіз. Биаға, Сəкен ағаларыңыздың мейір- шапағатына бөлендіңіз. Осы Сізде арман бар ма? – деп бірде Қалила ақынға тосын сұрақ қояды. Алдын ала келісім бойынша бұл сəтті кинооператор Мұстафа Өсеров «Конвос» кинокамерасымен байқатпай түсіріп отырады. – Өткен өміріме разымын! Небір тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы болған зиялы жандармен дəмдес, сырлас болғанымды үлкен бақыт санаймын! Ақынын əлпештеген халқыма мың да бір рахмет! Тек бір ғана арманым бар. Мына төрімнен көрім жақын болып отырған шағымда, сонау Тобыл жағасындағы кіндік қаным тамған Мезгілді көріп, ақ қайыңдарын құшақтасам ғой, шіркін!!! – деп Мəриям Хəкімжанова ағынан жарылып, тамсана көкке қарайды. – Болды, болды! Стоп! Мұстафа! – деп айқайлайды режиссер, – фильмнің басы бар. Кеттік Қостанайға! Бір символ кадр түсірсек жетіп жатыр. 1990 жылдың қақаған қаңтарының бір күні Қалила бастаған кинотүсірушілер тобы Қостанай облысынан бір-ақ шығады. Мұзға құрсауланған Тобыл. Қарға тұншыққан ақ қайыңдар. Айнала аппақ. Міне, Мəриям ақын бір көруді армандаған қасиетті жер – Мезгіл осы. Табиғаттың тіл жетпес сұлулығына Қалила мен Мұстафа сұқтана қарап қалған. Қазақ қыздарының арасында түңғыш кинооператор болсам деп армандап жүрген студия директорының хатшысы Сандуғаш Дүйсенбаева мен сценарий авторы Гүлжахан Қасымжанова қыстың айшықты көріністеріне жас балаша мəз-мейрам болып келеді. Оқшауланып тұрған бір шоғыр аққайыңды автобустың əйнегінен аңғарып қалған Қалила: – Таптым, таптым, – деп шешесі егіз ұл туғандай айқай салады, – Мұстафа, қарашы, анау биік əсем ақ қайыңның ұшар басындағы ұяны

көрдің бе? Мəриям апайдың арман құшқан көз жанарын осы ұяға қаратып, «Атамекен» деп фильмнің бас титрін береміз. Жол жүріп əбден шаршаған шығармашылық топ автобустан, опыр- топыр түсіп, əлгі көріністі түсіруге дайындала бастайды. Белуардан келетін қарды кешіп, құс ұясы салынған қайыңға əрең жеткеңде кинокамераның аккумуляторы суыққа қатып қалған болып шықты. Кинооператор Мұстафа қайтадан қарды малтып, автобустың моторына аккумуляторды қыздырып алып қайта жетем дегенше əлгі қырсық зат қайтадан қатып үлгеріп, кинокамера жұмыс істемейді. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген осы, көзделген жұмыс жүрмей, бұл көрініс үш рет қайталанады. Мұстафа енді не істерін білмей басы қатып тұрғанда Қалекеңе бір идея сап ете қалып: «Сандуғаш! Төсіңді аш» деп тоңып, қалтырап тұрған ассистент қызға тұра ұмтылады. Аузы ашылып қалған жас қыздың есін жинатпай режиссер сыртқы киімінің омырау түймелерін асығыс ағытып, зілдей ауыр, əрі суық аккумуляторды қонжитып, қайта түймелеп: – Алға, съемкіге! – деп бұйрық береді. ...Ақын Марям Хəкімжанованың кіндік қаны тамған жер – Мезгілдегі ақ қайыңның ұшар басындағы ұя осылайша кино кадрларға түсіріледі. – Жарайсың, – депті сонда Қалила алқынып əрең тұрған Сандуғаштың арқасынан қағып, – сенің қойның мотордан да ыстық екен. «ТӨРДЕН ОРЫН БЕРЕЙІК...» Əзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романының желісі бойынша жасаған деректі фильмінің тұсаукесері ойдағыдай өтіп, оның арты шағын банкетке айналып кетеді. «Қазақтелефильм» студиясынан шыққанда айтулы туындының режиссері Қалила Омаров кəдімгідей қызу болатын. Ол автобус аялдамасына келіп үздіксіз ерсіліқарсылы ағылып жатқан мəшинелердің бірін тоқтатпақ болып, теңселген күйі қол көтеріп

тұрады. Көп ұзамай-ақ оның дəл жанына көк темір қорапты «Уазик» екпіндетіп келіп тоқтай қалады. – Бауырым, – дейді Қалила тілі күрмеліп, – үйіме жеткізіп тасташы, екі жағына бірдей төлейін, Россия рублі де бар, доллар да табылады. – Көкесі, біз сізді баратын жеріңізге тегін-ақ апарып тастаймыз, – дейді милиционер жігіт мəшинеден түсіп жатып. Қалила сонда ғана оның қызыл жағалы ағайын екендігін байқап қалып, қашпақ болғанда, «бауыры» білегінен шап беріп ұстап, қолын қайырып, «Уазиктің» артқы есігін ашып, бір топ маскүнемдердің ортасына итере салады. Сол зуылдағаннан зуылдап отырып, Омаров Алматының Сейфуллин мен Ташкент көшелерінің қилысындағы айықтырғыш орнынан бір-ақ шығады. – Жігіттер, – дейді ол темір есікті тепкілеп. – Сендер тапқан екенсіңдер қамайтын адамды. Мен режиссермін, біле білсеңдер бүгін ғана «Махаббат қызық мол жылдар» деген киномды тапсырдым, между прочим. – Əй, данышпан, – дейді оған жақындаған милиционер, – режиссер екеніңді білдік, енді өзіңнің қандай рудан екеніңді айтарсың, мүмкін туысқан болармыз. – Руымды білгің келсе – Қожамын! – Əй, Қожа, – дейді қызыл жағалы ағайын, – өзің нағыз ақсүйек екенсің, сені бақыртып-шақыртып кілең қаралардың жанында тастағанымыз жарамас. Саған төр жақтан орын беріп, жеке камераға қамайық. «МҰСТАФА ҚАШАН ҮЙЛЕНЕДІ?» Қалила өзінің «Нəубет» деп аталатын филь мін түсіруге Түлкібас ауданындағы Састөбе ауылына барады. Кинооператор Мұстафаның 104 жастағы туған əжесі осында тұратын.

– Мұстафа, – дейді Қалила, – əжең көп дəуірді бастан кешірген жан, аштықты өз көзімен көрген кісі, білгені мен көргенін түсіріп алайық. Əрине, жүзден асқан кейуана бірді айтып, бірді бастап кетуі мүмкін. Бір метр кинопленканың 3 доллар тұратындығын менен жақсы білесің, сондықтан да оны үнемдеген жөн. Сені көрген əжең əрнəрсені бір айтып, басымызды қатыруы мүмкін. Сондықтан да камерамен жұмыс істей бастағанда көрпенің жамылғысын бүркеніп, əжеңе көрінбеуге тырыс. – Мотор! – деп команда беріліп, «Конвас» камерасы іске қосылады. – Орынкүл, əже, – дейді Қалила микрофонды ыңғайлап, – сіз Николай заманының куəгерісіз. Аштықты да көрдіңіз, сол туралы айтып берсеңіз. – Шырағым, аштық болды ғой, бірақ мен қиындық көрген жоқпын... Өзім шіріген байдың қызы болып тұрып қайдан ашыға қоямын, – деп əжей бастаған əңгімесін басқа арнаға бұрып жіберді. – Жаңағы Мұстафа қайда кетті. Ол жүгермек келінді қашан əкелмек? Мен өлгенде əкеле ме? – Мұстафа қайда қашар дейсіз, үйленеді ғой. Əже, ашаршылық жайлы айтып беріңізші, – дейді Қалила босқа кетіп жатқан пленканы ойлағанда іші тұздай ашып. – Аштық, аштық, – деп тақылдамашы сен бала! Ол туралы айттым ғой жаңа. Əлгі Мұстафа қайда? Өзінің қатын алатын ойы бар ма? – дейді ақ кимешекті əже Қалилаға жақтырмай қарап. – Стоп, – дейді жарылуға шақ отырған Қалила айқайға басып. – Əй, Мұстафа, сен қашан ғана үйленесің осы! Сен үйленбей мына əжеңнің аштық туралы айтатын түрі жоқ... ЖАЯУ МҰСА ЖƏНЕ ОНЫҢ СЕРІГІ

1992 жылдың күзінде «Қазақтелефильм» студиясына Əбжан Жақсыбеков деген директор болып келіп, айрандай ұйып отырған шығармашылық ұжымның берекесі қаша бастады. Бас редактор Мұса Рахманбердиев, режиссер Қалила Омаров жəне бірнеше жігіт арыздарын жазып, жұмыстан босанып кетеді. Бірақ, «битке өкпелеп, тоныңды отқа тастамайсың». Тірі адам тірлігін жасайды, бір-екі ай жұмыссыз жатқан Қалила бір тірлік жасамаққа бел байлайды. – Саған екі күнде бір жəшік темекі беріп тұрайын, – дейді бір танысы, – соны сат. Маған бір жəшік темекінің өзіндік пұлын берсең жарап жатыр. Үстіндегі пайдасының, қызығын өзің көр. Ертесіне Қалила танысы берген бір жəшік темекіні алып, жеміс- жидек зауытының жанындағы аялдамаға шығады. Үш күннен соң адам көрге де үйренеді деген рас екен. Алғашында ептеп ыңғайсызданған Омаров бара-бара темекі сатудың ұңғылы мен шұңғылын əбден меңгеріп алады. Оның үстіне темекі атаулының қат кезі, бұрынғы кинорежиссердің қолы жүріп, бала-шағасын асырауға жарап қалады. – Темекі алыңыздар, темекі алыңыздар, өте сапалы, өзі арзан, – деп айқайлап тұрған Қалила біреудің өзіне қадала қарап тұрғанын сезіп жалт бұрылса, бұрын ғы бас редакторы Мұса оған таңқала қарап тұр екен. Үлкен көздерінен мейірімділік пен жанашырлық сезімі айқын аңғарылып, өз-өзіне сенбегендей басын шайқапшайқап қояды. – Қалила, көше кезіп, темекі сатып саған соншама не болды? – деді ол ешкім естіп қоймасын дегендей сыбырлап. – Мұсеке, не десем екен? Күнкөрістің қамы ғой. Оның үстіне қызым ауырып қалып, дəрі-дəрмек керек дегендей, – дейді Қалила жерден көзін алмай міңгірлеп. Үш сағаттан соң Мұса темекі сатып тұрған Қалилаға қайта соқты. – Қалила, – деді Мұса, – білесің, өзім де жұмыссыз жүрмін, мынау бір керегі болар деп сарымайдай сақтап жүрген пұлым еді, жағдайың келсе кейін қайтара жатарсың, қызыңа жарат, – деп бір бума ақшаны ұсына берді. Мұса асығып кетіп қалған соң Қалила бұрынғы бастығы

берген ақшаны санай бастады. Бақандай 5000 сом екен. Ал, сол кезде білдей режиссердің айлық табысы 250 сом болатын. Арада екі ай өтпей жатып, Мұса «Қазақтелефильмнің» Бас директоры болып тағайындалып, Қалила бұрынғы қызметіне кайта оралды. Бұлбұлдан гөрі кейде қарғаның жолы болғыштығына бүгінде таңқалмайтын болдық емес пе? 1994 жылдың жазында ойламаған жерден «Қазақстан» теледидар жəне радиохабарларын тарату компаниясының президенті болып Лəйла Бекетова ханым тағайындалып, Шерхан Мұртаза отставкаға кеткен соң бір топ қазақи жігіттер қызметтен тағы да шеттей бастады. Солардың арасында Мұса мен Қалила да бар еді. «Қазақтелефильмнің» бас директоры қызмет орны мен жеңіл мəшинесін тапсырып, Қалила екеуі жаяулатып Абай көшесіне түседі. Дəл осы кезде күн көзі қарауытып сіркіреп жаңбыр жауып тұрады. Онсыз да көңіл-күйлері болмай тұрған Мұса мен Қалиланың дəл жандарынан бір шетелдік жеңіл мəшине зу етіп өте шығып, үсті- бастарын малмандай етеді. Жын қуғандай болып өте шыққан «иномарканың» жүргізушісін Қалила танып үлгереді. – Қап, мына иттің қорлығы-ай! – дейді ол. – Бір кездерде менің ассистентім еді. Қарашы шіренуін! Общым Мұсеке, сіз адам емес екенсіз. Мұса мынаны жын ұрып кеткен бе деп жанында тұрған серігіне мұрты едірейе қарайды: – Əй, сен не деп сандалып тұрсың? – Сіздің сөзіңізге еремін деп, əжептəуір басталған бизнесімді тастап, киноға келдім. Енді жаяулатып, кім көрінгеннің шалшығын үстімізге шашқызып, тұрысы мыз мұнау! Баяғы өзіңіз берген 5000 сомды айландырып əлдеқашан мынандай деген мəшине сатып алар едім. Көлік болғанда, əрине, сіз екеуміз дəл осылай тұрмаған болар едік. Үйіңізге əлдеқашан жеткізіп, Қалдыкүл жеңгемнің шайын рахаттанып ішіп отырған болар едіңіз.

– Тəйірі, сол да сөз болып па, – дейді Мұса, – мəшине деген темір, сынса көрінген жерде қалып қояды. Ал, сен болсаң Мағжан мен Міржақыптарды тірілтіп, өлмейтін кинотуыңды жасадың. Мұндай бақытқа кез-келген жігіт ие бола бермейді. Біреулерге жаяу жүру қорқынышты шығар, біз оған əбден үйренгенбіз, бауырым. Осы кезде № 5-ші троллейбус шиқ етіп тоқтай қалады. Екеуі көппен бірге таласа-тармаса қоғамдық көлікке ұмтыла береді... «СЕН ЖЫҒЫЛМАШЫ, БАУЫРЫМ...» Баяғы Мұса берген 5000 сомды айналдырып, бизнес жасап жүрген Қалиланың жанына судай жаңа «Джип» тоқтай қалып, Ленинградта бірге оқыған досы Əлжан түсе берді. – Ау, Қалила досым, мұның не? Кино қайда? – деді ол амандық жоқ, саулық жоқ. – Кино да жоқ, ақша да жоқ, бала-шағаның нəпақасын осылайша тауып жүрмін, – деді Қалила алақанын жайып. – Жоқ, болмайды, сен кино түсір. Бір кино қанша тұрады, мен-ақ төлейін! Сөйтіп, «Ойна» казиносының директоры Əлжан Абдуллаев ойламаған жерден атақты палуан Дəулет Тұрлыханов туралы деректі фильм түсіруге демеуші болады. Қалила кинооператор досы Мұстафаны ертіп, Тұрлыхановтар əулетіне еріп, Жарма қайдасың деп тартып кетеді. Қазақтың көк байрағын дүниенің төрт бұрышында желбіретіп, атақ-абыройын асқақтатқан Дəулет палуанды, оның əкесі Болатты, бауыры Қуатты Семей жұртшылығы хан көтеріп, жандары қалмай күтеді. Дастарқан болған соң «көк мойын» жарықтықтың қатар жүретіндігі жақсы белгілі ғой. Бір-екі отырыстан соң сəл қызыңқырап қалған Қалила Дəулет замандасының белінен құшақтап, көтеріп, салмағын шамалаған соң «күресемін де, күресемін» деп «шатақ» шығарады.

– Ойбай, көкесі қойыңыз. Сізден жығылып қалып, елге масқара болатын жағдайым жоқ, – деп Дəулет əзілқалжыңға жеңдіріп, Қалила ағасынан əрең құтылады. Жармаға жеткен соң деректі фильмді Түсіру басталып, бұлшық еттері ойнақшыған атақты палуан спорт залындағы кілемде дене қыздырып жатады. Кенет, Дəулеттің де балалығы ұстап кетіп, қажетті көріністерін кинооператорға түсіртіп, ары-бері жүгіріп жүрген Қалилаға: – Өткен жолы күресемін деп едің, кел белдессек белдесейік, – деп тұра кеп ұмтылады. – Көкем-ау, сенімен күресіп, өле алмай жүрмін бе? – деп режиссер тұра кеп қашады. Дəулеттің қолында Қалиланың бəтіңкесінің бауы қалып қалады. ...Түсірген киносы сəтті шығып, шын жүректен разы болған Дəулет режиссер ағасына бейнекамера сыйлады. Алматының спорт залдарының бірінде Дəулет Қалиламен кездесіп қалады. – Көке, кел, күресейік, – дейді ол қалжыңдап, – азар болса бір жығылармын. – Жоқ, – дейді Қалила күліп, – менің бір тұрып, бір жығылып жүргенім жетеді. Ешқашанда сен жығылмашы, бауырым! ЕРЕКШЕ «ƏДЕТ-ҒҰРЫП» Қазақ халқының тарихы мен əдеп-ғұрпын зерттемек болып, тілді өзінше үйренген американдық ғалым қыз бірде Алматыға келіп, бір кездесуде режиссер Қалила Омаровпен танысады. – Нағыз қазақты білгің келсе Қызылордаға жүр, – дейді Қалила, – əлі қаймағы бұзылмаған тілімізді өз құлағыңмен естисің, көз көрмеген нағыз тамаша ұлттық салт-дəстүрімізді өз көзіңмен көресің. Виза жағына алаңдама, бəрін өзім жайғастырамын.

Ертесіне Қызылордадағы облыстық Суретшілер одағының торағасы болып қызмет атқаратын Қайырбай деген ағасына: – Қайырке, бір деректі кинофильм түсіру үшін елге келмекшімін. Жанымда бір топ жолдастарым жəне сонау Америкадан келген ғалым қыз болады. Біздің салтдəстүрімізді зерттеп жүрген шетелдік қызды жақсылап тұрып күтіп жіберейік, – деп алдын ала ескертіп қояды. Қызылордалық ағайындар бұл топты жақсылап қарсы алып, құрметті қонақ етіп күтеді. Бір топ жігіттер қонақ үйіне кетіп, Қалила мен Пола үйде қалады да, екеуі аула ішінде бой жазып серуендеп жүреді. – Қалила мен Пола біздің үйде қонады. Екеуіне жақсылап тұрып төсек салып бер. Ұзақ жолдан шаршап келді, демалсын, – дейді Қайырбай келіншегіне. Оны басқаша түсінген əйелі үлкен залдың төріне екі кісіге арнап үлкен төсек салып қояды. Залдың ішіне кірген қонақ қыз бірге салынған төсекті көріп, кілт тоқтап қалады. – Біздің халқымыздың дəстүрі бойынша ең сыйлы ер кісі мен ең сұлу, əрі жас қызға төсекті бірге салады. Осындай құрметке екеуміз ие болдық. Бірге жатпасақ – салт пен дəстүрді бұзғанымыз, – дейді Қалила қалжыңдап, отқа май құя түсіп. – Ағай, менің сөз байласып қойған жігітім бар. Ол қазір Жапонияда жолсапарда жүр, – дейді Пола көздері мөлт-мөлт етіп. – Сенің жігітің болса менің Алматыда əйелім, үш-төрт балам бар. Бірақ, əдет-ғұрыпты қалай сыйламаймыз? Үй иесі бізге жата кеп өкпелейді, – дейді Қалила қара бұлтты төндіріп. Құлақ естімеген мына тұрпайылау дəстүрге еріксіз мойынұсынған американдық бойжеткен əрі-сəрі болып, шешіне бастайды. «Суға кеткен, тал қармайды» демекші, сол кезде төсек салған жеңгей бөлме ішіне бас сұғады. – Апай, – дейді Пола ақталғандай. – Қалила мені мына төсекке бірге жат деп жатыр. Салт-дəстүрлеріңіз солай екен. Қайырбайдың əйелі жартылай шешініп тұрған Полаға, палуандар күресетін кілемдей болып созылып жатқан төсекке кезек-кезек қарап: «Не сонда, сендер не емессіңдер ме?» дейді таңқалып.

– Жоқ, жоқ, – деп Пола шошып кетеді. – Ондай дəстүрді естіген құлағым керең болсын, – дейді жеңгей, – мына жүгермектің ойдан шығарып тұрғаны ғой. Бұлардың өзі де құрысын, сөзі де құрысын, – деп Поланың білігінен ұстап, жетектеген күйі залдан шығып кетеді... Пола осы оқиғаны ұзақ уақыт бойы ішек-сілесі қатып Америкада айтып жүріпті. ТОР СӨМКЕДЕГІ АРАҚ Қалила Омаровтың атақты «Барып қайт, балам, ауылға» фильмінің алғашқы қойылымы Алматыдағы Кино үйінде өтетін болып, режиссер оған бірнеше таныс тілшілерді шақырады. Құрғақ қасық ауыз жарытпайтындығын білетін ол бұған көптен дайындалып, сол кезде талонмен беріліп, қат болып тұрған үш-төрт бөтелке арақты сары майдай сақтап жүрген болатын. – Мұстафа, – дейді ол, – мен Кино үйіне бара берейін. Үйдегі тор сөмкеде үш шиша қылмойын тұр, қазір Рыскүл бауырсақ пісіріп жатыр. Сол заттарды алған соң Орталық базарға міндетті түрде соғып, тіске басатын бірдеңелер ал. Премьераға таныс үш-төрт журналист келмек. Фильм біткен соң менің жаныма кел, екеуміз тездетіп шағын дастарқан ұйымдастырып жіберейік. ...Фильмнің алғашқы қойылымы аяқталғанда режиссерді таныстары жан-жақтан қоршап алды, туындыға жылы лебіз білдіріп, өз пікірлерін таласа-тармаса айтып жатыр. Құшағы гүлге толған Қалила мырза бірнəрсеге қатты алаңдап, мазасызданып тұр. Базарға жіберген Мұстафа аспанға ұшып кетті ме, жоқ жеті қабат жердің астына түсіп кетті ме, ұшы-қилы жоқ. Тілші ағайындар «Əй, Қалила мырза, уəде қайда? Бірдеңең бар ма?» дегендей режиссерге қарайды, ал ол болса жалтақ-жалтақ етіп, үлкен есікке қарайды. Не істерін білмей əрі-сəрі болып тұрғанда асығып-аптығып Мұстафа кіріп келді. Қалиланың көзі

бірден тор сөмкеге түсті: оның ішінде бар болғаны бір бөтелке арақ қана қисайып жатыр, боларболмас тіске басар бар. – Ойбай-ау, мыналардың серіктері қайда кеткен? – деді Қалиланың жаны шығып кете жаздап. – Менің кінəм жоқ, – деді оператор досына қипақтап, – өзің айтқан үш бөтелке арақ пен бауырсақты алып, сонан соң базарға соқтым. Кино үйіне кіреберісте Мейірман Нүрекеев екі-үш жолдасымен қарсы ұшыраса кетті. – Менің інілерім шетінен молодец, – деді ол ашықжарқын амандасып, – не ойлап тұрғаныңды айтпайақ түсінеді... Аржағын айтпасаң да ішің сезіп тұр ғой... Қалғаны осы... – Жігіттер, тойдан-тобықтай деген, – деді Қалила, – бұйырғаны осы болды, тағы біреулер қағып алып кетпей тұрғанда мынаның көзін құртайық. – Жоққа жүйрік жетпейді, – деп Роман Тоқбергенов бастаған тілші ағайындар Қалила мен Мұстафаның соңынан ере берді... БІР «КАМАЗ» КАРТОШКІ Қалиланың Алматыдағы Жандосов пен Морис Тореза көшелерінің қиылысындағы Қазақ теледидарының «Экран» жатақханасынан жеке пəтер алып, ауылдан жұбайы мен бала-шағасын əкелдіріп, мəре-сəре болып жатқан кезі. Мұндайда пейілі дархан қазақ қалай ғана тыныш жатсын, ел жақтағы қайын атасы Ергеш пен енесі Сайлау сонау Жаңақорғаннан бір қой мен бір қап картошкасын арқалап, балаларына құтты болсын айтып, келіп жатады. Көптен бері дəл осындай молшылық көрмеген, бір жағынан үлкен кісілердің пейілдеріне риза болған Қалила жұмыс аяғына таман белгілі кинорежиссер Аяған Шəжімбаев екеуі ептеп жүз грамдатып келе жатады. Бесінші қабаттағы Қалиланың пəтерінің төменгі жағында пырдай болып шашылып жатқан аппақ-аппақ картошкілерді көргенде, екі дос таң қалады. Əсіресе, Қалекең басын шайқай береді. Өйткені, қайын атасы

мен енесі əкелген картоптан айнымайды екен жарықтықтар. Олар пəтерге кіргенде көздері үлкен бөлменің ең бұрышында сүмірейіп тұрған Қуаныш пен Мұхтарға еріксіз түседі. Екеуінің де көздері жəутеңдеп, мамаларының қолындағы оқтауға қарайды. – Қой, Рыскүл, ашуыңды бас енді, баланың аты бала емес пе? – деп əкесі қызына басу айтып жатыр. – Керек болса, бір емес, екі қап картошка əкеліп берейін. Болмашы нəрсеге жиендерімді жазалама! Шай үстінде мəн-жайға қанық болған екі режиссердің ішектері қатқанша күліп, шашалып қала жаздайды. Рыскүл əке-шешесімен жақын маңайдағы базарға кетіп, Қуаныш пен Мұхтар екеуі үйде оңаша қалады Екеуінің іші пысқан соң балконға шығып, мойындарын қылтитып төменге көз тастайды. Үлкен сұр үйдің жанынан қазағы бар, орысы бар үздіксіз өтіп жатыр. Нематулла атасы мен Қалила көкесінің үйретуінше үлкен адамдарға сəлем беру шарт. – Ассалаумағалейкум, – дейді Қуаныш пен Мұхтар қосарланып амандасып. Бірақ олардың сəлемін елең етіп жатқан ешкім жоқ. – Ассалаумағалейкум, – дейді олар тағы қосарлана айқайласып. Үйдің жанынан өтіп жатқан адамдар болса ауыздарына су толтырып алғандай үндемейді. Мұндай «қиянатқа» шыдайалмағанауылдыңекібаласыамандасуға жарамағандардың желкелерінен картошкамен атқылай бастайды... Қуаныш пен Мұхтардың жасаған «ерлігіне» əбден разы болған Аяған екеуін екі тізесіне отырғызып, кəмпит беріп, маңдайларынан сүйеді. – Қалила мырза, бір «Камаз» картошканы қайдан табамыз? – дейді Аяған əріптесіне бұрылып: – Аяке-ау, оны қайтеміз? – дейді Қалиланың көзі бақырайып. – Мына үйде тұратын көршілеріңді амандасуға үйретуге Қуаныш пен Мұхтарға бір-екі қап картошка түк болмайды, – дейді Аяған жас балаша мəз болып, – ал бір «Камаз» картошкі əбден жетіп қалуы ықтимал...

ӨЗІМ ҒОЙ... Қалила туған ауылы Жаңақорғанға барған сайын баяғыда өзі қызмет атқарған Мəдениет үйіне міндетті түрде соғып кететіні бар. Елге барған бір сапарында «Апатайым, анашым» əнінің авторы, белгілі сазгер Сауран Елеуов пен ескі танысы Мəдениет Тотаев кездесе кетіп, үшеуі тай-құлындай шұрқырасып қалады. Бұл екі жолдасының да орны ерекше бөлек, нағыз сері мен перінің өздері, əзіл-қалжың десе қамшы салдырмайды. Болашақ келіншегі Рыскүлмен таныстырып, бірге алып қашқан жігіттердің бірі – осы Мəдениет болатын. Сауран болса, сызылып келін болып түскен жұбайының бетін ашып берді. – О, Қалеке, Алматыда белгілі кинорежиссер болып, атақ-даңқың жер жарып тұр. Біз оған қуанамыз, басымыздағы малақайымызды аспанға лақтырып, Қалила біздің жолдасымыз деп жата кеп мақтанамыз. Қайда жүрсең де аман бол, əйтеуір. Айтпақшы, Рыскүлдің жағдайы қалай? Балаларың нешеу болды? – деп Сауран мен Мəдениет жарыса қал-жағдай сұрап жатыр. – Қарындастарыңның жағдайы – бес! Балаларымды сұрасаңдар: – өзімдікі төртеу, əйелдікі бесеу болды, – дейді Қалила ыржиып. – Əй, жүгермек, сонда қалай? Бесінші бала қайдан? – дейді Мəдениет таңқалып. – Бесінші – өзім ғой, Мəдениет, – дейді Қалила күліп. Қарындастарың тапқан ақшамды кешке қарай «ревизия» жасап, сыпырып алады. Ал, таңертең жұмысқа кетерімде: «Мə, мынау жолпұлың мен түскі тамағыңа» деп болмашы ғана тиын-тебен береді. Сонда сол қыпшақтың кішкентай қызының бесінші баласы болмағанда, енді кім боламын? «НОУ ПРОБЛЕМ»

Грецияның астанасы Афинада өткен грек-рим күресінің əлем біріншілігіне атақты палуан Дəулет Тұрлыханов Қалила бауырын да ерте барады. Белгілі фототілші Дендербай Егізов пен Қалила Омаров Эгей теңізінің жағасындағы «Пальмара Бич» қонақ үйінде бір бөлмеде тұрып, ақкөңіл ағасымен етене жақындасып, бір-бірімен ағылшынша сөйлесетін халге жетіп қалады. Деректі кинофильм түсіруден қолы қалт етіп босай қалған режиссер інісін сыра алып келуге жұмсайды. – Мистер Умаров, – деп бастайды Дəкең. – Аимсори мистер Егиз-о-ов, – деп Қалекең тік тұрады. – Ту, Ви мистер Умаров? – Ноу проблем, – деп Қалила арзан сыра сатылатын теңіз жағалауындағы таныс дүкеншікке жүгіре бет алады. Осындай бір «Ту Ви» сапарынан кері оралып келе жатқан Қалиланы шайтан түртіп, көңілі айрандай бұзылады. Жерорта теңізінің күзгі мамыражай ауа райы ма, əлде бүгінгі қазақстандық палуан Мұхитар Манукянның тамаша жеңісіне масаттанды ма, əйтеуір Омаров қонақ үйге асықпай, жағажайдағы жүрген жапжалаңаш қыз келіншектерді аралап кетеді. Сұлулығы бір-бірінен өтетін шетелдік бикештермен сырласып, қуанышын бөліскісі-ақ келеді, бірақ əшейінде сайрап қоя беретін тіл құрғыр мылқау. Əрі-сəрі боп тұрған режиссер өзіне жылы ұшырай қараған сұлу жанарды байқап, жалт бұрылады. Бота тірсек, аққұба келіншек құрдасы Мұстафа айтпақшы, нағыз бет біткеннің «қатқанскийі» екен. Мұндайда Қалила қарап тұра ма, көздері күлімсіреп қаракөк теңізді нұсқап: – О’кэй! – деп сөзін бастайды. – О’кэйдің ишарасын аңғарған əйел əнтек жымия ды. Шетелдік сұлу бикештің ары кет еместігін байқаған Қалила батылдана түсті. – Аимсори, экскюзми, – деп келіншекке бір табан жақындай түскенімен, ары қарай ағылшынша білетін сөзі таусылып қалып, біресе жирен мұртын, біресе сирей бастаған маңдай шашын сипай берсе керек. Бірақ, ұялған тек тұрмас демекші, Қалекең өзін келіншекке таныстырмақшы болады. Ол өзін көрсетіп:

– Маgе, in CALILA – дейді де кішігірім қарбыздай тырсылдап тұрған келіншектің кеуде жағын нұсқап: – Маgе in? – деп қарсы сұрақ қояды. Қалиланың мына сөздеріне бикеш таңырқап, көздері бақырайғаны болмаса, өз атын айтар түрі жоқ. Оның екі көзінің атыздай болатындығы заңды еді. Өйткені, бейтаныс жігіт əлдеқандай қылып, көйлегін көрсетіп, «Қалилада жасалған» деп өзінше мəз болады. Басқа зат құрып қалғандай əйелдің кеуде жапқышын қайда жасалған деп қызармай-бозармай сұрап тұр. Теңіз жағасындағы осы бір сəт ұзақ болып көрі ніп, Қалила тұрған орнында қипақтай береді. «Мен бар болғаны өзімді таныстырып, келіншектің есімін сұрадым емес пе? Онда тұрған не бар? Келіншек менен неге үркіп тұр, əлде бірдеңе бүлдірдім бе?» деп іштей мазасызданған Қалиланың мұрнының ұшы терлеп қоя береді. Сұлу бикеш сəлден соң ағылшынша үн қатты: – Мен мұндай елді білмейді екенмін, айыпқа бұйырмаңыз. Алақанын жайған келіншек құмның үстіне шалқасынан жата кетіп, осымен əңгіме бітті дегендей, күнқағар қалпағын сұлу жүзіне жаба салды. Əрине, Қалекең бикештің шетелше былдырлаған сөздерің түсінген жоқ. Сұлу келіншектің таныспай қойғанына Қалила іштей ренжіп тұрса да, сыр бермеген болды. – О’кэй, – деді ол қолын көтеріп, – Ноу, проблем! ҚҰПИЯ Дəулет Тұрлыханов бастаған қазақстандық спорт делегациясы Афинадан Миланға ұшып келді. Осы елдегі Амстердам қаласына сапар шегуге əлі ерте. Іші пысқан Қалила бас-аяғы атшаптырым

келетін əуежайдың ішін аралап көрмек болады. Кім салса да келістіріп-ақ салған екен, кішігірім қала дерсің. Ұлы сөзде ұят жоқ, бір кезде Қалекеңді дəрет қысып зыр жүгіреді. Шыға берісте ішке кіргендердің бəрі қолдарын жуып жатыр. Бір қызығы – суды ағызу үшін шүмекті ағытып əуре болмайсың, қолыңды созсаң судың өзі ағады, қолыңды тартып алсаң, аққанын қоя салады. Қолын жақсылап жуып алған Қалила бұл техниканың құпиясын білмек болып, шүмектің астына басын сұғып, əрі-бер қарайды. Бірақ, ештеңені көріп-түсініп үлгермей бет-аузы, үсті-басы малмаңдай су болады. Кенет біреу жеңінен тартқаңдай болып жалт қараса, Деңдербей ағасы күлімсіреп қарап тұр екен. – Мистер Умаров, – дейді күліп, – үстіңе не болған, судың астынан шыққандайсың ғой? – Ноу, проблем, – дейді Қалила жайбарақат. Жасырақ кезімде Ленинградта сантехник болып істегенім бар еді. Мына буржуйлардың қол жуғыштары мықты екен. Құпиясын біліп алайын деп жатқаным ғой. Біздің Нематулла шалға дəрет алу үшін таптырмайтын зат екен өзі... СПОНСОР Бірде Қалила баяғыда Шерхан Мұртаза алып берген екі бөлмелі пəтерінде көңіл-күйі болмай, бір апта бойы ешқайда шықпай бүк түсіп жатып алады. Былай тартсаң арба сынады, енді былай тартсаң өгіз өледі, жұмыс болса жүрмей тұр. Байқайды, соңғы кезде бөгде тұрмақ, өз əйелі мен бала-шағасына сүйкімсіз болып барады. Қалила біраздан бері үнсіз тұрған телевизорды іске қосқанда көркемсуретті фильм жүріп жатыр екен. Бас кейіпкер дворян жанұясынан шыққан ақсүйек əйелдің тағдырын Қалила өзіне ұқсатады. Бір кездерде дəулеті шалқыған Надежда ойламаған жерден кедейлікке ұшырап, қаржыдан қатты қысылып қалады. Амалдың жоқтығынан шіріген бір бай танысына көмек беруін өтініп, хат

жазып, əлгі мырзаға қызметкерін жібереді. Дүниеге өзі тойса да, көзі тоймайтын купец аузын қу шөппен сүртіп, қызметкерді құр қол шығарып салады. – Кезінде ол оңбағанды батпаққа батып бара жатқан жерінен суырып алып, адам қатарына косып едім, – дейді ақсүйек əйел налып. – Қиын жағдайымды біле тұрып, саусағын қимылдатуға жарамағаны ма? Киноны көріп, көңілі босап кеткен Қалила Ленинградта өткен қызықты студенттік жылдарын, адал да, аңғал достарын сағына есіне алады. Бəрі қара суды бөліп ішіп, қатқан қара нанды тең бөлісіп жеп, баяғы өзі қосымша сантехник болып жұмыс істеп жүргенде алған бір бөлмелі пəтерінде опыр-топыр болып жатушы еді. Құдайға шүкір, бүгінде Əлжан Абдуллаев, Жанболат Сəрсенов, Қайназар Саманов деген достарының айдарынан жел есіп, Алматыда атақтары дүркіреп тұр. Шеттерінен мықты бизнесмен, былайша айтқанда «крутой» жігіттер. Өнерді, оның ішінде жолы болмағыр киноны таңдап алған өзінің жағдайы болса мынау. Басқасын айтпағанның өзінде, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан туындыларын таныстыратын кішкентай ғана кітапша шығаруға қаржы жоқ болып, қолын байлап отыр. Ертесіне көп ойланбастан бал қосқан спирттік ішімдіктер шығаратын «Əділ» компаниясының президенті Жанболат Сəрсеновқа барады. Мекеменінің аты затына сай болып шықты, жақында ғана европалық күрделі жөндеуден өткені көрініп тұр. Қымбат-қымбат жиһаз, сартылдаған компьютерлер, бота тірсек сұлу хатшы қыз. Обалы не керек, Жанболат студенттік кездегі досын отырған орнынан ұшып тұрып қарсы алды. Екеуі шай ішіп, өткен-кеткенді еске алып отырғанда теледидардан Мұқағали Мақатаев туралы хабар беріле бастайды. – Қайран Мұқаң өлеңдерін бастыра алмай жүргенде мынау шуылдақтардың бірі де саусақ қимылдатуға жарамаған еді, енді ұлы ақынның жан достары бола қалыпты. Мен өліп қалғанда сендер де өстер ме екенсіңдер? – дейді Қалила досына қарап, – беретіндеріңді көзім тірі тұрғанда берсеңдерші.

– Ол не дегенің, – дейді Жанболат қалбалақтап, – ондай доссымақтардан бетімізді аулақ қылсын, саған қол ұшын бермесек, мұнда несіне отырмыз? Айтпақшы, жаңа айтқан кітапшаңды бастыру үшін қанша қаржы керек? Счетің бар ма? Қалила алдын ала дайындап қойған қағазын ұсына қойды. Жанболат бас бухгалтерді шақырып: «Мынаны бүгіннен қалдырмай аударып жіберіңіз» деп тапсырма береді. – Тоқтай тұршы, – дейді Қалила Жанболаттың сөзін бөліп, – счетқа ең төмен бағаны жазып едім, тағы қосайын. – Тез алып кетіңіз, – дейді президент қызметкеріне күле қарап, – Қалила досым тағы да бірдеңкені шығармай тұрғанда... «САМОПАЛ» ҚОЖА Хабарда» дубляж режиссері болып қызмет атқарып жүрген Қалила «Лейтенант Қожақ» киносериялын қазақ тіліне аударуға шұғыл кірісіп, туындының дыбысын жазуға белгілі актерлер Шолпан Сіргебаева мен Болат Əбділмановты шақырады. Бұрын бірін-бірі сырттай танитын Қалила мен Болат тез тіл табысып, көңілдері мен əзілдері жарасқан жолдас-жора болып кетеді. Бір күні Болат Қалила досын үйіне қонаққа шақырады. Белгілі режиссер келеді деген соң Болаттың əйелі Айгүл кəдімгідей əбігерге түсіп, қайта-қайта үйін жинап, ет асып, дастарқан үстін гүл-гүл жайнатып тастайды. Дегенмен жүрегі əлденеге əлі толқулы, көңілінде сəл-сəл мазасыздық бар. – Болатжан, – дейді Айгүл абыржып жүргенін байқатып. – Сенің атағы жер жарған қонағың біздің қабырға жиһазы жоқ пəтерімізді менсінбей жүрмей ме? – Қайдам, ол Қожаның не дейтінін, – деп жорта сөйлеген күйеуі онсыз да лапылдап тұрған отқа май құя түседі.

Осы кезде қоңырау шылдырап қоя беріп, есікті асығыс ашқан Айгүл босағада сілейіп тұрып қалады. Шибарқыт кепкасын мыжырайтып киген, жирен мұрты едірейген бір сары орыс: «Сантехника вызывали?» деп əкесінің үйіне келгендей еркін кіріп келе жатыр. Қадірлі қонағын күтіп онсыз да əбігерге түсіп жүрген Айгүл: – Нет! Никакого сантехника не надо, – деп жолын кес-кестеп, есікті тарс жабуға айналады. Айқай-шуды құлағы шалған Болат кішкентай Иманғалиын мойнына мінгізген күйі дəлізге шығады. – Əй, ақ көңіл Айгүлім-ай? Мына қуып шыққалы жатқан сары орысың – қазақтың атақты кинорежиссері Қалила Омаровтың өзі ғой, – дейді Болат жарқылдай күліп. Ұяттан алма беті өрттей қызарған Айгүл «сантехниктен» кешірім сұрап, бетін басқан күйі ас бөлмеге жүгіре беталады. – Қалеке, – дейді Болат Қалиланы төрге шақырып. – Сен «самопал қожа» емесің бе осы? Ең болмаса басыңнан тақияңды тастамай жүрмейсің бе? Ақ құбашаның əдемісі, қара көздері мөлдіреген Айгүл Болатқа шекесі торсықтай Ақнұр есімді ұл туып беріп, Бəкең оны бір ай бойы «жуады». Бірде ол «Хабардан» шығып келе жатып, Қалиламен қарсы ұшырасып қалады. – Көршілер келеді деп, Айгүл қазан асып жатыр еді. Қожеке, кеттік біздің үйге, – деп Болат жолдасын ай-шай жоқ мəшинесіне қарай сүйрелей жөнеледі. – Бөке, рахмет! Ақнұрдың дүниеге келгенін армансыз-ақ жудық қой, – дейді Қалила қарсыласып. – Оның үстіне қазір бір тойды түсіруге кетуім керек еді. Қолым тимейді. – Тойыңа үлгересің. Екі минуттың арысы не, берісі не. Пісіп тұрған еттен ауыз тисең болды, – деп Болат досын иномаркасына зорлағандай етіп отырғызып, «Ақсайға» қарай тартып кетеді.

– Айгүл-жан! Мына «самопал» қожа съемкаға асығып барады екен, – дейді Болат үйге кіре айқайлай сөйлеп. Қамыр жаймасаң жаймай-ақ қой. Піскен еттен əкел, осы ас үйде отырып-ақ ауыз тисін. Айгүл зыр жүгіріп, бабымен пісіп, табаққа салынған етті Қалиланың алдына қоя береді. Асығып отырған Қалила дəмнен ауыз тиеді. Ол келінге рахметін айтып орнынан тұра бермек болғанда бір бөтелке арағын құшақтаған Болат ішке кіреді. – Қалеке, мына жарықтық анау-мынау емес, Қытайдың «жүн-жүн» арағы. Марфуға Айтқожина апайым көрші мемлекеттен бізге арнайы əкеліпті. Аузыңның салымы бар екен, дəмін татып көр, – деп досына бір стақан арақ құяды. Ауыз тигеннің көкесі осыдан басталады. Осы шаңырақты қуанышқа бөлеген Ақнұр үшін, оны туған айдай сұлу Айгүл үшін, шекесі торсықтай ұлды тудырған ер Болат үшін дүркін-дүркін тост көтеріледі. Осылайша шайқап отырып, «жүн-жүн» арағы бітеді, піскен ет те бітеді. Съемкаға асығып отырған режиссер де өз жөніне кетеді. Кешқұрым арнайы шақырылған көршісі Болаттың үйіне бас сұғады. Бір қыл мойынды бұрап ашып жатқан үй иесі: – Айгүлжан, етіңді əкеле бер, жақсылап тұрып бір тост көтерейік, – дейді көңілдене сөйлеп. Ұяттан екі беті қып-қызыл болып кеткен Айгүл төмен қарай береді. – Болатжан-ау? Ет жоқ. Оның бəрін жаңа асығып тұрған режиссер түрегеп тұрып жеп кеткен жоқ па? – дейді жерден көзін алмай. Мəн-жайға енді түсінген Болат рахаттанып күліп алады. – Əй, ақ көңілім-ай? Бір асым етті бір адамға лақ еткізіп бере салған екенсің ғой. Еттің бəрін Қожа жеп кетсе де, сорпасы қалған шығар. Ендеше, əкел сорпаны! Біз сонымен-ақ арақ іше береміз... ҚАЛИЛАНЫҢ ҚЫЗЫ

Режиссер досымның қызы бар, əкесінен бір аумайды, аузынан түсе қалғандай. Тілі де қызық, бірдеңе айтса түбін түсіреді. Сол Айша-Бибі төрт жасар кезінде əке-шешесіне еріп, Жаңақорғанға барады. Бұл кезде Қалиланың туған балдызы ұзатылатын болып, құда-құдағилар, күйеу бала келіп жатқан болатын. Қонақтарды күтетін дастарқан дайын болғанда Айша-Бибі бір топ меймандардың жанына тұлымшағы желбіреп, жүгіріп келеді. – Құдалар, ішке кіріңіздер. Шоколадты дастарқанға қойды, – дейді ол бас құданың қолын тартқыштап. Баланың тілі бал, көңілі жаңа жауған қардай тап-таза. Тұрған халық күлкіге қарық болып, дастарқанға қарай бет алды. Алтын Жамбыл облысындағы Кеңес деген ауылға келін болып түсіп, тойдан соң жуалылықтар бір шеті Алматыдан, енді бір шеті Қызылордадан келген құдажекжаттарды бір үйде арнайы қонақ етіп күтеді. – Ортамызда кіп-кішкентай болғанымен ең бір сыйлы құдашамыз отыр, – дейді Алтынның қайын атасы Бекасыл қария – бұл өзі бір жақсы бала, шоколад же, жүзім мен алма же, айналайын! – Же, же, – деп қоймайсыздар, құдалар. Не, сіздердің ауылда қант жоқ па? – дейді Қалиланың қызы. – Абыр-сабыр болып жүріп, дастарқанға қант қойғанды ұмытып кетіппіз, – дейді бас құдағи. – Түу, кішкентай құдашадан ұят болды- ау! Жақында Қалиланың үйіне бара қалдым. Дастарқан жайылып, оның бір шетінен қылмойын жарықтық орын алды. – Қалила, білесің ғой, мен ішпеймін, – дедім арақ құйылған стақанды кейін ысырып, – бүйрегім ауырады. – Ештеңе етпейді, аға! Кəне, жүз граммнан тартыптартып жіберейік, – деді Қалила мені қыстап. – Папа, – деді осы кезде дастарқан басында монтиып қана отырған Айша-Бибі сөзге араласып, – арақ ішпейтін адамды іш, іш деп

зорлауға болмайды, төсектен құлап жатса, көтеріп салатын жағдайым жоқ... ҚЫЗҒАНЫШ Мұса Рахманбердиев Жамбылға қызметке ауысып кетті де, мен «Қазақтелефильмнің» Бас директоры болып тағайындалдым. Қалила Омаров бізде режиссер болып қызмет атқарды. Бір күні актер Сəбит Оразбаевтың 60 жылдығына орай шақыру билеті келді. Ол Қалила екеуміздің атымызға келіпті. Ойымда ештеңе жоқ, əдемі конвертке салынған жылтырақ шақыру билетті үйге əкеліп, журнал столына тастай салғанмын. Душ қабылдап, залға кірсем, келіншегім сазарып отыр. – Қалила деген кім? – деді ол маған ала көзімен қарап. – Бізде істейді, режиссер. – Ə, түсінікті болды, – деді əйелім көзі жасаурап, – тойға барам деңдер, ұятсыздар. – Сен, не деп тұрсың, – дедім мен күлкім кеп. – Қалила əйел емес, еркек. – Енді аяқ астынан еркек болып қалды де? Қалайқалай соғасың өтірікті, – деп құдай қосқан қосағым бұлқан-талқан болып, бөлмеден шығып кетіп, көз жасын сығып-сығып алды. Осы оқиғадан соң екеуміз екі-үш күн қырғи-қабақ болып жүрдік. Үшінші күні үйге кештетіп келсем, келіншегімнің жүзі жайдары, ашық-жарқын қарсы алды. – Жаңа Қалила телефон соқты, – деді ол əлденеге мəз болып күліп. – Сəбит Оразбаевтың юбилейіне алатын сыйлықты алып қойыпты. Еркекке де осылайша ат қоя ма екен, қазақтар қызық осы. Сол күні қаймақ қатқан қою шай ішіп, адам болып қалдым. СЕРЖАНТ ЖƏНЕ ҚАЛИЛА

Алматының үлкен көшелерінің бірінде жолдасын күтіп тұрған Қалиланың көзіне ерсіліқарсылы өтіп жатқан əртүрлі мəшинелерді тоқтатып, өзінше жол тəртібін реттеп жүрген бойы бір тұтам, қарны қабақтай жол полициясы сержантына еріксіз түсе берді. Өткен-кеткен мəшинелерді реті келсе де, келмесе де тоқтатып, өзінше шіреніп, тексерген болып, жүргізушілерден ең шықпады дегенде кола сусынның бөтелкесіне жанармай құйып алып жатқан «гаишникке» режиссер қайран қалып, басын шайқайды. Бір ғажабы: бұл ағайын шетінен жұтынып тұрған шетелдік «крутой» мəшинелерді тоқтатпай, өзінше честь беріп, əлденеге ыржиып күліп мəз болады. Ұстайтыңдары: шетінен «кəріқұртаң» мəшинелер, жүргізушілерге түксие қараған сержанттың қабағынан қар жауғандай, өзі қолындағы ала таяғын бұлтаңдатып, екі аяғын талтайтып, шіренгенді жақсылап үйреніп алыпты. Жол полициясы жүк артқан бір «КамАЗ»-ды тоқтатып, «шаңын қағып» жатқанда, жанынан үстіне қара табыт пен қара венок тиеген ескі «Запорожец» өте береді. – Бауырым, айырылып қалдың ғой, – дейді Қалила оған жақындап келіп, – қарашы, анау жаман«Запорожец» жол тəртібін бұзып, қайқайып кетіп барады. «КамАЗ»-бен бар «шаруасын» бітірген сержант қорбаңдап жүгіріп, үсті-үстіне ысқырып, əлгі ескі мəшинені тоқтата береді. Табыт арқалаған «Запорожецті» шығарып салған инспектор: – Өзіңіз əжептəуір кісіге ұқсайсыз, мұңыныз ұят емес пе? – дейді бейтаныс жанға өкпелеп. – Əй, шырағым, бекер жасадың, – дейді Қалила түк болмағандай, – табытты бекер алып қалмадың, қажетіңе жарайтын дүние еді ғой... ҚОЛТАҢБА

Аюдай қорбаңдағаны болмаса, режиссер досымыз өте нəзік жан. Сəл суық тисе пысқырып, түшкіріп, мұрттай ұшып, ауырып қалатыны бар. Мұндайда Қалиланың ыңқылы мен сыңқылын, еркелігін көтеретін Рыскүл келініміз. Бір күні аяқ асты сол келіннің өзі тұмауратып жатып қалады. – Қалила, күні бойы мазам болмады, – деді ол жұмыстан оралған күйеуіне, – банкіні қыздырып арқама қойып берші. Мүмкін ем қонып тұрып кетермін. Ес білгелі бері стакан атаулымен ғана бауырлас қан Қалекең банкіні қалай қыздырып қоярын білмей, кəдімгідей сасқалақтайды. Бірақ, күнде қойнында жатқан əйелінің айтқан өтінішін орындамаса жəне болмайды. Қалила нар теуекел деп, отқа жақсылап тұрып қыздырған банкіні қолының күйгеніне қарамастан, бəйбішесінің жауырынына басып кеп қалады. Көзі кіртиіп қоз_ғала алмай жатқан əйелі ойбайлаған күйі жатқан жерінен атып тұрады. Арада екі-үш күн өтіп, Қожанасыр досымыз өзінің «емшілігі» туралы ұмытып та кетеді. Бітпейтін махаббат серияларының кезекті бірін ауызы ашылып, көзі жұмылып көріп отырған Рыскүлді еркелетіп, арқасынан сипап отырған Қалиланың алақанына əлде бір дақтың орны анық сезіледі. – Бұл не? – дейді Қалила сезіктеніп, – сенің арқаңды біреу оңдырмай тырнап алыпты ғой. – Білмеймін, – дейді Рыскүл. – Не болса, соны айтпай кино көрсетші. – Білмегені қалай? Арқаңа быттиып тырнақтың ізі түседі. Ал сен білмейсің, – дейді Қалила тұтығып. – Ұйқысырап отырып, тырнап алыппын, – деп Рыскүл қызғаныштан жарылғалы отырған Қалекеңді əрең дегенде сабасына түсіреді. Бірақ, күдікті дақ Қалиланың есінен кетпей-ақ қояды. Кешкісін ванна қабылдап жатып, өз жауырынына «ұйқысырап» дақ түсірейін десе қолы жетпейді. Көз алдына небір эротикалық суреттер елестеп кеткен досымыздың екі көзі қанталап, Оттеллодай ашуға булығып, ваннадан атып тұрады.

– Əй, қатын, тез бері кел! – дейді жан дауысы шығып. – Не болды, бір жеріңді ыстық суға күйдіріп алғаннан саумысың? – дейді Рыскүл ваннаның ішіне жүгіре кіріп. – Күйдіргеннің көкесін көрсетейін мен саған! Кəне, арқаңды «ұйқысырап» тырнашы. – Ештеңеге түсінбеген жұбайы арқасын тырнамақшы болады. Бірақ жауырынына қолы жетпейді. – Ə, қолың жетпей ме? Кəне, қалай болды, шындықты айт, – дейді Қалила бураша бұрқылдап. – Білмеймін, əйтеуір арқа тұсым ашып ауырады, – дейді келіншегі ештеңені есіне түсіре алмай. – Ашығанның көкесін енді көресің! Қане, жаның барда көйлегіңді шеш! – деп ашу қысқан отағасы бір қызарды, бір бозарды. Əйелі көйлегін жоғары көтеріп, арқасын тосқанда Қалиланың қырағы көздері дөп-дөңгелек жараға түседі. «Оттелло» Рыскүл ауырып қалғанда қалайша банкіні қыздырып, арқасына қойғанын есіне түсіріп, қуанып кетеді. – Рыскүлжан-ау, мынау менің өз қолтаңбам ғой. Өткен жолы арқаңа банкі қойғаным есіңде ме? Оны бірден неге айтпадың? – дейді Қалила мəз болып. – Неге сілейіп тұрсың, көйлегіңді түсір, балалар келіп қалса ұят болады... БІР ТАНЫСТЫҚТЫҢ ТАРИХЫ Бір фильмінен соң бір фильмі шығып, режиссер Омаровтың түкірігі жерге түспей, атағы дүркіреп тұрған кезінде шығармашылық са- пармен Тараз қаласына атбасын бұрады. Баяғыда Ленинградта бірге оқыған досы Якупты жер көр, ел көр деп, өзімен бірге ерте кеткен болатын. Болашақ деректі фильм түсірудің шаруасымен екі-үш күн шапқылаған шығармашылық топ амандық болса ертең кешкісін жүрдек пойызбен Алматыға қайтып кетпекші.

Қалила мен Якуп 2000 жылдық тарихы бар көне қаланы аралап көрмек ниетпен орталық саяжайға бет алады. Сағаттың тілі кешкі сегізден асып жығылса да, шілденің ыстығы əлі қайта қоймаған. Үйден қырық қадам ұзап шықса еркек біткен бойдақ емес пе. Қалиланың шегір көздері қалалық саябақты жалғыздан-жалғыз аралап, қыдырып жүрген еліктің лағыңдай сұлу қызға еріксіз түсіп, шалшық судағы балықтай бұлғақтайды да қалады. Əлгі бейтаныс бикешке қырғидай тиісіп, бас салып танысқысы келіп-ақ тұр, бірақ, іші құрғыр сезеді, ондай номер бұл жолы өте қоймайды. Кенет, қиялы жүйрік режиссер досымыздың басына бір керемет ой сап етіп, жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетеді. – Якуп, – дейді ол жанында еш алаңсыз келе жатқай досының көйлегінен тартқыштап, – дос екенің, Ленинградта бақандай бес жыл оқығаның рас ғой? – Иə, рас, – дейді ештеңенің мəнісіне түсіне қоймаған серігі басын изеп. – Сабақтан соң сантехник болып жұмыс істеп, бір бөлмелі пəтер алғанымды əлі ұмытпаған боларсың. Сол пəтерде үш жыл бойы көк тиын төлемей тегін тұрғаның рас ғой? – Рас, рас. – Ендеше, соның бəрін ақтайтын кезің енді келіп тұр, – деді Қалекең Якупты тоқтатып, – анау ағаш орындықта жападан жалғыз отырған перизатты көр дің бе? Мұстафа досым айтпақшы, нағыз бет біткеннің сұлуы екен. Сол сұлумен дəл қазір таныспасам, лапылдап жанып кететін түрім бар. Ол екеумізді аңғара қойған жоқ. Өзіңше «крутой» болып, батыл сөйле, анау-мынау емес, Ленинград көрген жігіт емессің бе? Ар жағын өзің де ішің сезіп отыр ғой, мен жандарыңнан өтіп бара жатып, қызды қорғаған болайын. Мен бас салғанда, сүмірейіп тұрмайтын бол, қарсылық көрсет, сонда бəрі ойдағыдай болады. – Түу, сенің де ойлап таппайтының жоқ, – деді Якуп ыржиып күліп, мойнымдағы достық парызды орындамасам болмайды. Мен көндім.

Екі қолын қалтасына салып шікірейген Якуп ай-шай жоқ, бейтаныс қыздың жанына жалп етіп отыра кетті. – Сəлем! Өзің үріп ауызға салардай қатқанский қыз екенсің. Давай, танысып қояйық. Менің атым – Якуп! – дейді ол гүр етіп. Өзі де, сөзі де түйеден түскендей бейтаныс жігітке үрке қараған сұлу бикеш отырған орнынан тұра бермекші болып еді, Якуп қолынан дөрекілеу тартып қайта отырғызды. – Не, өзің? Еркекті бірінші рет көріп тұрғаннан саумысың? Қасқыр емеспін, жеп қоймаймын. Танысайық дедім ғой саған! – деп Якуп жас қыздың үзіліп кеткелі тұрған құмырысқа беліне қол жүгіртеді. – Тартыңыз қолыңызды! Өзіңіз барып тұрған ұятсыз жан екенсіз! – дейді қыз ашуланып. Олардың дəл жанынан өтіп бара жатқан Қалила мына «бейбастыққа» шыдай алмай, жалт бұрылады. – Бұл не деген оңбағандық? – дейді Қалекеңнің жез мұрты едірейіп, – он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балаға неге қолыңды сумаңдатасың. Қане, жібер! – Əй, қасқабас! Менде шаруаң болмасын. Мұрның бет болмай тұрғанда табаныңды жалтыратып, тайып тұр, – деп «крутой» жігіт орнынан ұшып тұрады. – Тапқан екенсің, қорқатын адамды! Əкеңнің кім екенін танытайын саған! – деп Қалила досын іштен «түйіп-түйіп» жібереді. «Ойыннан от шықты» деген осы, қолы тым қаттырақ тиіп кеткен болу керек, Якуп кескен теректей гүрс етіп, арықтағы ағып жатқан суға шалқасынан құлап түседі. Бейтаныс қыз баж етіп, адамдар жиналып, əншейінде таптырмайтын қызыл жағалы ағайындар атойлап келіп жетеді... Сөйтіп, ойламаған жерден Қалиланың сұлу бикешпен таныспақ болған жоспары осылайша көкке ұшыпты. «Байтал түгіл бас қайғы» болып, сұлу бикеш жайына қалса керек. Досымыз құлаш-құлаш түсініктеме жазып, өзінен таяқ жеген «крутой жігіттен» қайта-қайта кешірім сұрап, қызыл жағалы көкелеріне

жалынып-жалбарынып, шай-пұл беріп, қалалық ішкі істер бөлімінен таңға жуық əрең босаныпты. Осы оқиғадан соң Қалила қыздарға қырғидай тиісіп, жата кеп танысқанды мүлдем доғарып кетіпті деп естідік. Дұрыс ғой, «батырға да жан керек». «МОНТАЖ БА, ШАНТАЖ БА?» Қалиланың жақсы танысы сəулетші Нұржеке Ахмадиев қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Əубəкіровтың 50 жылдығын бейнетаспаға түсіріп беруін өтініп, батыр ағасымен таныстырады. – Қалила, Нұржеке өзіңнің мақтауыңды бір адамдай-ақ жеткізді. Күнде елуге толып жатқан жоқпын. Жақсылап түсіріп бер, өмірімнің бір жақсы ескерт кіші болсын. Кино өнерінен аздап болса да хабарым бар. Қысқартып, монтаждап дегендей, əдемілеп берсең шексіз риза боламын, – деп Тоқаң тістерін ақсита күліп, режиссер інісінің арқасынан қағады. Тоқтар Əубəкіровтің 50 жылдық тойы Медеудегі үлкен мейрамханада өтетін болып, қонақтар ағылып келе бастайды. Көрнекті өнер шебері Дүйсен Қасейновтің əзілге жүйрік, сөзге шешен адам екендігін Қалила бұрын да естіп жүретін. Үш жүзден астам қонақты Дүйсекең өзіне үйіріп алып, тойды шыркөбелек айналдырып бастап кетті. Бибігүл Төлегенова бастаған өнер жұлдыздары тойға салтанат пен көрік қосып, айналасын ажарлаңдыра түскен. Сонау Мəскеуден келген ғарышкер достарын көргеңде Тоқтар ерекше бір қуанышқа бөленіп, сағымдай бұлдырап, бірте-бірте алыстап бара жатқан жастық шағын есіне алып, жүрегі елжіреп жүре берді. Тəжірибелі кинооператор осы жүрек тебірентер сəтті қалт жібермей стоп-кадр арқылы түсіріп алады. Сонан соң Қалиланың объективі «Сакс Хорус» деп аталатын скрипкашылар тобында өнер көрсетіп тұрған сұлулығы пері қызынан асып түсетін Жəмилə Серкебаеваға жылжып, аяғының ұшынан бастап, оқтаудай түзу балтырларын,


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook