Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Асыл аналар

Асыл аналар

Published by Макпал Аусадыкова, 2021-01-18 04:18:10

Description: Асыл аналар

Search

Read the Text Version

АСЫЛ АНАЛАР Арабшадан аударып құрастырған: З. Аман 1

УДК 28 ББК 86.38 А-89 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДІН ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ДІНТАНУ САРАПТАМАСЫНАН ОҢ ҚОРТЫНДЫ БЕРІЛГЕН ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ САРАПТАУ КОМИССИЯСЫ МАҚҰЛДАҒАН А-89 Асыл аналар/ Құраст. З.Аман. – Алматы: «Кәусар- саяхат» ЖШС, 2013. ISBN 978-601-7016-46-3 Бұл кітапта әр заманда өмір сүріп, Ислам тарихында өшпестей із қалдырған, ардың туын асқақтатқан, өз дәуірін иман нұрымен айшықтаған асыл аналарымыздың өнегелі өмірінің жарқын беттері сөз болады. Еңбек қалың көпшілікке арналған. УДК 28 ББК 86.38 ISBN 978-601-7016-46-3 © «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2013 2

ПІКІР Қазақ жерін мекендеген халықтардың Ислам дінін ресми де, жүрек қалауымен де қабылдағанына он ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті. Ислам дінінің қазақ дүниетанымындағы орны ерекше. Алайда кеңес идеологиясының дін атаулыға қарсы болып, сана-сезімнен мұсылманшылықты аластату әрекеттері өз нәтижесін бергені тарихтан мәлім. Соған қарамастан қазақ халқы өз менталитетінің айнымас бөлігі деп білетін мұсылманшылықты еш шеттеткен емес. Бірақ Ислам дінін жетік білуші қауымның жойылуы, қудалануы ел ішінде Ислам сеніміне қатысты көптеген бұрмалаушылықтың етек алуына негізгі себептердің бірі болды. Тарихи қалыптасқан ахуалға байланысты Ислам діні жайындағы ақпараттарды бөліп-жарып не мардымсыз берудің нәтижесінде теріс түсініктер қалыптаса бастағаны да рас. Сондай- ақ ел ішінде іріткі салу мақсатын көздеушілер Ислам дінін көбіне қасақана бұрмалап, адамзат өркениетін дамытуға кедергі болар кереғар көзқарас қалыптастырушылар қатарының бар екенін мойындау қажет. Осы тұрғыдан «Асыл аналар» жинағын қазақ қауымына ұсынуды дер кезінде болып отырған шара деп атар едік. Бұл жинақ Ислам дінін зерттеуші араб ғалымдарының еңбектері негізінде құрылған. Аталған еңбекте Ислам дінін алғашқы болып қабылдаушы аналардың өнегелі өмірі мен үлгі аларлық істері жайында мағлұмат беріледі. «Асыл аналар» кітабы өзіне бірнеше міндет алып, оны ойдағыдай орындай алғанын атау керек: 1) Ислам дінінің әйел затына деген көзқарасын, ұстанымын таныту. Келтірілген өмірбаяндық мағлұматтардан мұсылман әйелдің мұсылман ер-азаматпен құқық тұрғысында тең екенін көреміз. Ислам діні бойынша, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстанған әйел адам өз отбасында да, қоғамда да сыйлы, қадірменді; 3

2) Бұл жинақ арқылы қазіргі қоғамдағы жасөспірімдерге үлгі боларлық істер жайында мәліметтер беру. Яғни балалардың өздеріне үлгі болар биік тұлғалы адамдарға еліктеп, дұрыс тәлім- тәрбие алу үрдісін жүргізуде жинақтың көптен-көп септігі тиері сөзсіз; 3) Аталған жинақ белгілі дәрежеде араб тіліндегі түпнұсқадан еркін аударма түрінде жасалған. Осы тұрғыда құрастырушы- аудармашының еңбегі зор. Кітаптың тілі жатық, қазақтың ұғым- түсінігіне жақындатылып берілген; 4) Жинақтағы мұсылман аналардың өміріне қатысты мәліметтердің тарихи негіздемесі сақталған. Яғни бұл кітаптағы мағлұматтарды тарихи, шежірелік тұрғыда да қолдануға болады. Қорыта айтқанда, «Асыл аналар» жинағы қазіргі қоғам адамдарына өнегелі тәлім-тәрбие беру ісіне атсалысар еңбек деп білеміз. Пікір жазған А.К.Ахметбекова, филология ғылымының кандидаты, доцент 4

АЛҒЫ СӨЗ Жалпы, қоғамымыздың жартысын әйелдер құрайды. Ол (әйел) – ана, ол – жар, ол – перзент, ол – әпке-қарындас. Ер адам әйелді тәрбиелесе, әйел балаларды – қоғамның болашақ мүшелерін тәрбиелейді. Әйелдердің қоғамдағы рөлі мен орны жөнінде жазылған бұл еңбек адамзат тарихында аттары алтын әріппен жазылған ардақты аналарымыздың өмірінен үзік-үзік сыр шертетін тарихи тәмсілдерден, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі әңгімелерден тұрады. Осы еңбекті тәмамдауға мүмкіндік берген Аллаһ тағалаға шүкірлік етіп, қолдап-қуаттап көмек көрсеткен азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Жинаққа негіз ретінде әз-Зәһәбидің «Сиәр аъләмун-нубәлә», Ибн әл-Әсирдің «Усдул-ғаба», «әл-Кәмил фит-тарих», Ибн Сағдтың «әт-Табақатул-кубра», Ибн Хажардың «әл-Исаба фи тәмйизис-сахаба» және Ибн Кәсирдің «әл-Бидәя уән-ниһая» сияқты тарихи кітаптары пайдаланылды. Кітапқа оқырманның ой-желісін әңгіме арнасынан бөлмеу мақсатында кейбір қысқартулар енгізілді. Мысалы: – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) аты аталған кезде әрбір мұсылман «салла Аллаһу ъаләйһи уә сәлләм» (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) деп тілек-дұға айтуы тиіс. Біз оны «(с.а.с.)» деп, ықшамдалған түрде бердік және Аллаһтың елшісіне пайғамбарлық міндет жүктелуден бұрынғы уақиғаларда ол кісіге қатысты «(с.а.с.)» дұғалығын келтірмей, оны айтуды оқырманның еншісіне қалдырдық. – Пайғамбарлардың бірінің есімі аталғанда, «аләйһис-сәләм» (оған сәлем болсын) деп тілек-дұға айтылуы қажет. Олардың есімдері өте көп кездесетіндіктен, әңгіменің басында ғана «аләйһис-сәләм» деген сөзді келтіріп, кейінгісін оқырмандардың еншісіне тастадық. 5

– Дініміздің алғашқы қарлығаштары – сахабалардың бірінің есімі аталған кезде «ради Аллаһу ъанһу(һа)» (Аллаһ оған разы болсын) сөзін айту керек. Жинақта сахабалардың да аттары өте көп ұшырасатындықтан, оларға қатысты өрбитін әңгімелерде де уақиғаның басында ғана кейіпкерге тілек-дұғалық жазылып, олардың мәтінде кездесетін есімдеріне дұға айту оқырманның өзіне қалдырылды. – Сахабалардан кейінгі буын өкілдерінің есіміне қосылып айтылатын «рахимаһу Аллаһ» (Аллаһ оған рақым етсін) деген дұғалыққа да сахабаларға қатысты қолданған тәсіліміз пайдаланылды. Әңгіме арнасында келген Пайғамбардың (с.а.с.) хадистері түсінікке жатық болу үшін өз аясында өрбітіліп, кеңейтіліп жазылды және хадистердің сенімді-сенімсіздігіне қатысты оқырман көңілінде күдік-күмән туындамауы үшін сілтеме арқылы олардың түпнұсқасы көрсетілді. 6

КІРІСПЕ Ең әуелі ғаламдардың Раббысына мадақ! Одан соң Аллаһтың ардақты Пайғамбарына, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын! Адамдар әйелдің құқықтары төңірегінде таласқа түсіп, Исламға, оның әйелге берген игіліктеріне қарсы шабуыл жасап отырған бүгінгі заманда осы тақырыпты таңдауымыздың себебі, шын мәнінде, Ислам дінінің әйелді қандай нығметтерге бөлеп, оған деген қоғамдық көзқарасты қалай өзгерткеніне тереңірек үңіліп, көз жүгірту. Мұны жалаң баяндама түрінде емес, әңгіме- қисса, әйелдер жеткен жоғары дәрежелерді анықтап беретін тарихи мысалдар арқылы көрсетуді жөн көріп, тарих қойнауына бойладық. Исламға дейін тарих сахнасындағы әйелдің рөлі қандай еді? Мәселен, гректерде әйел баласын басыбайлы саудаға салатын. Ал римдіктер үшін әйел заты қалтарыста қалған, барлық дүниеден мақрұм еді. Оны ақылының, ой-өрісінің келтелігінен деп санайтын. Француздарға келер болсақ, Исламның келуі былай тұрсын, тіпті бертінде ғана 1586-жылы бұл елде «Әйел адам ба, жоқ әлде басқа бір мақлұқ па?» деген тақырыпта конференция өткізіліп, ұзақ әрі қызу тартыстың нәтижесінде «Әйел – адам, бірақ ол тек еркектің қызметі үшін ғана жаралған» деген байлам жасалды. Француз төңкерісіне дейін ол мемлекетте әйел баласы ешкім болып саналмайтын. Революция орнағаннан кейін де заң бойынша әйел ешқандай келісімшарт түзуге (сатуға, сатып алуға, меншік иесі болуға т.с.с.) құқылы емес-тін. Бұл жағдай 1938-жылға дейін өзгеріссіз қалды. Ал ағылшындарда 1805-жылдарға дейін мемлекеттің заңы бойынша ер адамға өз әйелін сатуға рұқсат етілетін. Бүгінгі күні өркениет сатысының шыңына шығып отырған америкалықтарда ХХ ғасырдың басына дейін әйел және әйел құқығы аяққа тапталып келген. Олар 1920- жылы ғана әйелге өз құқығын берген. 7

Тарихи шындық – осы. Бұл елдерде әйелдерге өз құқығын алу үшін ғасырлар бойы төзуге, тер төгіп қайғылы күрес жүргізуге тура келді. Ал Ислам ше? Ислам әйелге әуелден-ақ терең көзқараста болды. Адамзат баласы Исламнан өзге әйелдерді барынша құрметтеген ешбір дінді басынан өткізбеген. Бұл құрмет Ұлы Жаратушымыздан бастау алады, бұған қасиетті Құрандағы «Ниса» (әйелдер) сүресі мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жақсылықты әуелі анаға жасауға нұсқаған өсиеті дәлел. Әйелдің басты қасиеті – арлылық, ол – әйелдің қазынасы. Осы қағиданы ту етіп ұстап, әрдайым арлылықтың үлгісін көрсеткен аналарымыз тарихта аз болмаған. Олардың өнегелі өмірі – барша мұсылман әйелдеріне үлгі, сондықтан бүгінгі және кейінгі ұрпақ асыл аналар салған сара жолмен жүруге міндетті және бұл – әлдеқайда қайырлы, дүние мен ақырет бақытына жеткізетін тура жол. Аллаһ тағала: «Ей, адамдар! Сендерді бір жаннан жаратқан және одан (ол жаннан) жұбын жаратқан, сондай-ақ ол екеуінен көптеген ер-әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар»1, – деген. Яғни мұнда әйелдің Адам ата (аләйһис-сәләм) заманынан бергі адамзаттың анасы екенін ескертті. Басқа аятта: «(Еркектердің әйелдердегі құқықтары) сияқты әйелдердің де (ерлерде) белгілі құқықтары бар. Еркектер олардан бір дәреже үстем»2, – деген. Еркектің әйелден бір дәреже артықтығы – оның нәпақа табуында. Бірақ еркек пен әйел шариғат пен заң алдында бірдей. Ал Пайғамбар (с.а.с.): «Мүміндердің ішіндегі ең иманы толық, мінез-құлқы жақсысы – өз отбасына (әйеліне) жұмсағы»3, – деп айтқан. 1 «Ниса» сүресі, 1-аят. 2 «Бақара» сүресі, 228-аят. 3 Әт-Тирмизи, Иман: 6; Ахмад, Муснад: 6/47, 99. 8

Демек, әйел құқықтарының бірі – оған күйеуінің жақсы қарым-қатынас жасауы. Ер адамның жеке басының жақсы болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар оның өз әйеліне де қарым-қатынасы түзу болуы тиіс. Аллаһ тағала: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне қамқоршы. Олар жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарады, намаз оқиды, зекет береді және Аллаһ пен Оның елшісіне бағынады»1, – деген. Бұл аяттан ұғарымыз – Аллаһ тағала иман келтіруде, сенімде, ғибадатта, ислами көзқарасты қалыптастыруда әйелге ер адаммен бірдей міндет жүктеді, еркектермен қатар әйелдерге де қатысты шариғат үкімдері бекітілді және жомарт, кеңпейіл Аллаһ тағала әйелден түрлі игілікті аямады. Оған жақсылықтың – ғибадаттың есіктерін айқара ашты, ардақтап, құрмет үстіне құрмет көрсетті. Әйелге аңсаған, сағымға айнала бастаған арманы – еркіндік пен отбасылық құқықты сыйлады, келісімшарттың кез келген түрін түзе алатын болды (сатады, сатып алады, меншігіне алады, иелік етеді т.с.с.). Ислам әйелге өз басына өзі жауап беретін жеке тұлға ретінде қарады. Мейлі қыз, мейлі әйел болсын, ол тек өзінің разылығымен ғана тұрмысқа шығады, күштеп күйеуге берілмейді. Бірақ, өкінішке қарай, дәл қазіргі уақытта қоғамымызда қыз алып қашу, бақай есеппен тұрмысқа беру сияқты жаңа жәһилияттың белең алуының куәсі болып жүрміз. Ашып айтуымыз керек, мұндай әрекеттердің Исламға еш қатысы жоқ! Бұл – адамдардың үлкен қателігі. Бұл – олардың әйелдерге қатысты әділетсіздіктері. Бәлкім, мұны баз біреулер «Ислам елдерінде осындай, әйелде ерік жоқ, Ислам қалауы осылай» деп бөсуі мүмкін. Ал біздің айтарымыз: «Жоқ, олай емес!!!» Керісінше, Ислам әйелге ғажап та ұлы дәрежелер берді. Амал нешік, Аллаһ тағала әйелге берген сол игіліктер мен нығметтер 1 «Тәубе» сүресі, 71-аят. 9

сақталмай отыр. Тіпті Исламның мамыражай бейбіт күнінде әйел құқығын таптауға қайта орала бастағандаймыз. Алайда хақиқи Ислам әйелге табиғи жаратылысына сай жеңілдіктермен шариғат міндеттерін жүктеді, отбасы есігін ашты, күйеуінің үйіне жауапты етті, еркектен отбасылық көркем мінез-құлық талап еткеніндей, одан да отбасында әдепті болуды талап етті. Отбасын құру, бейбіт қоғам қалыптастыру мәселелерінде, бала тәрбиесінде әйелге ер кісімен бірдей жауапкершілік жүктеді. Ислам әйелге заң алдында теңдік берді. Ол қоғамда әйел болғандығы үшін кемсітілмейді, құқығына қол сұғылмайды және зұлымдыққа ұшырамайды. Әйел үйде отырып-ақ күйеуі мен балаларына ақыл-кеңес береді. Қазақтың «қабырғаңмен кеңес» дегені осыған саяды. «Әрбір ұлы еркектің артында әйел тұрады...» деп сондықтан айтылса керек. Мұның айқын дәлелі – «Худайбия» келіссөзінде мүміндердің анасы Умму Сәләманың (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымызға (с.а.с.) ақыл-кеңес беруі еді. Оқиға төмендегіше өрбіген болатын. Мүшріктермен түзілген келіссөздің кейбір шарттарын мұсылмандар өздерінің құқығын таптау деп ойлаған-ды. Ең бастысы, олар умраға ниет етіп, ихрамға кіріп отыр. Келісімшарт бойынша олар сол жылы умра жасамаулары керек болатын. Сондай-ақ мұсылмандарға ауыр тиген шарттардың бірі кімде-кім Меккеден қашып шығып, Мәдинаға келсе, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны мүшріктерге қайтарып беруге тиіс болғаны еді. Дәл осы келісімшарт аяқталған кезде меккелік мұсылмандардың бірі Әбу Жәндәл (Аллаһ оған разы болсын) кәпірлерден қашып, Худайбияға келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны мүшріктерге қайтарып береді. Мұның соңы сахабаларды Мәдинаға қайту үшін құрбан шалып, шаш алдыруға бұйырған Пайғамбардың (с.а.с.) әміріне жауап қатпауға апарып соқтырады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйелі Умму Сәләманың алдына қапаланып, қабағы түсіңкі кіреді. Мән-жайды сұрап білген Умму 10

Сәләма бұл істі жеңілге санап, Пайғамбарымызға (с.а.с.) өзі бастап сахабалардың алдында құрбан шалып, шашын алдыруға кеңес береді. Оның кеңесімен Пайғамбар (с.а.с.) солай жасағаннан кейін ғана сахабалар келіссөздің қайтарылмас шешімге айналғанына көзі жетіп, жапа-тармағай құрбан шалып, шаш алдырып, ихрамнан шығуға кіріседі. Кейіннен Аллаһтың елшісі (с.а.с.): «Олардың маған бойсұнбағандықтары үшін құрып кетулерінен қорықтым»1, – деп айтып жүрген. Осы қауіптің алдын алған парасатты әйел, анамыз Умму Сәләма еді. Біз – әйелдердің әр ғылым саласында да табысқа жеткенінің куәсіміз. Ислам әйелді барлық салада өнеге етті. Олардың арасынан хадис, фиқһ және басқа ғылым салаларынан көптеген ғалым аналар шыққан. Бізге әйелдердің дін жолындағы күреске қалай атсалысқаны да мәлім. Мұсылмандарды қорғау, дін тарату, қайырымдылық шаралары, жақсылыққа үндеу секілді істердің барлығы да әйелдердің қажырлы еңбегі арқылы жүзеге асқаны және осы өнегелі дәстүрдің күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқандығы ақиқат. Бүгінгі мұсылман әйелдер Батыстың рухы азып-тозған, адасқан әйелдеріне еліктеп, солардың соңынан ергеннен гөрі Шығыстың мәңгілік үлгіге ие қайраткер әйелдерінің өмір жолын түсініп, соларға ілессе, әлбетте, тура жол табары анық. Біз бұл әңгімемізде салиқалы, арттарына өшпес із қалдырған нәзік жандардың өнегесі, үлгілі істері «әйел тек үй істеріне міндетті» деген түсініктен үстем екенін көрсетуді мақсат еттік. Өкінішке қарай, бүгінгі мұсылмандардың көпшілігінің санасында «әйел тек үй тірлігі, бала тәрбиесімен айналысуы тиіс» деген түсініктің бекіп қалғандығын мойындау керек. Әрине, үй жауапкершілігі – 1 Әл-Бұхари, Шурут: 15. 11

әйелдің негізгі, басты міндеті. Бірақ сонымен қатар әйел де ер адам сияқты қоғамның дамуы үшін үлес қосады емес пе?! Әйелде үлкен қабілет, көп күш-құдірет бар. Ол үшін ғалымның, байдың, патшаның қызы болу шарт емес. Барлық қоғамдық-әлеуметтік деңгейдегі әйелдің өз мүмкіндіктеріне қарай тіршілік істеріне, қоғамдық мәселелерге атсалысуға қабілеті жеткілікті. Өкінішке қарай, кейінгі үмбеттің мүлдем көңіл аудармауы себепті ұзақ уақыт бойы әйелдер ғылым үйренуден мақрұм қалды, сол себепті де күні бүгінге дейін көптеген мұсылман елінде әйелдер өздерінің заңды құқықтарына қол жеткізе алмай келеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында, Исламның дәуірлеп тұрған алғашқы кезеңдерінде көркем мінез- құлық пен дін-шариғат қағидаларын ұстанған әйелдер шынайы бостандыққа қол жеткізе білген. Адамгершіліктің осындай тұнығы лайланбаған, таза, мөлдір қағидалары – қоғам үшін аттап кете алмайтын ұлы қасиеттер. Дегенмен бүгінгі мұсылман әйелдердің Батыс киімдеріне, батыстық сән мен ұғым- түсініктерге, батыстық арзан құндылықтарға қатты еліктеуі бізді назаландырады. Неге бұлай? Ислам мұсылман әйелге басқа өркениеттер бермеген ұлылық пен жақсылық берген, Батыс сығаламаған құндылық есіктерін ашқан. Тіпті қазір де әйелдерді аздыру жолында Батыс елдері қолшоқпар ретінде ақпарат құралдарын барынша пайдаланып отыр. Көптеген мұсылман еліне батыстық оқыту және тәрбие істеріне қатысты бағдарламалар келді. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруда үстемдікке жол беріліп, онда Исламның әйелге берген нығметтері көмескіленіп, қоғамдағы орнының маңыздылығы ескерусіз қалды. Нәтижесінде, осындай бейәдеп бағдарламалар мен ақпарат құралдары әйелдеріміздің азғындалуына ықпал жасауда және мұндай «атсалысулар» әйелді өмірдің қалтарысында қалып қоюға душар етуде. Міне, осының кесірінен әйелдер дінге қатысы жоқ, Батыстың арзан құндылықтарына еліктеуші адам ретінде бағаланатын болды. 12

Шын мәнінде мұсылман әйелдері Аллаһтың тарту еткен дәрежелерімен, Исламның оған үстін-үстін сый еткен нығметтерімен батыстық азғырулардан әлдеқайда үстем тұрады. Ғылым сән-салтанатты қажетсінбейді, ал өркениет болса жоғары мінез-құлықты талап етпей-ақ дами береді. Мықты үмбет – өз идеясын, өз пайым-парасатын, өз мүддесін қалыптастыра алған үмбет. Үмбет біреудің түсінігімен немесе біреудің сөзімен құрылмайды. Үмбет үшін әйелдің орны ерекше. Осы түсінік қазіргі дәуір әйелдерінің арасында қалыптастырылуда, таратылуда және сонымен қатар жойылуда. Әйел болсын, ер болсын кез келген мұсылман біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Пайдалана алмай, қолдана алмай жатқан осы күш-құдіреттерді қарқынды түрде іске қосуға тиіспіз. Бір ғұлама: «Қоғам бір аяқпен секірсе, қалай дамысын?! Үмбет жалғыз еркектермен кемелденбейді. Тұлғалы үмбет екі аяқтап секіреді, яғни еркек және әйелмен», – деген екен. Ислам Батыстың шетке қаққан ұлы негізін нақтылау үшін жіберілген. Әйел баласы тек тәннен тұрмайды, олардың ең басты құндылығы – рухын шетқақпайлауға болмайды. Бүгінгі Батыста әйелдің қоғамдағы орны қандай? Әрине, ғылым мен техникасы шарықтап тұрған Батыста ғалым, саясаткер әйелдердің бар екені бәрімізге белгілі, бірақ олардың арасындағы ең танымалдары кімдер? Олар – ақша үшін сәні былай тұрсын, тәнін сататын фотомодельдер, бай-манаптың қалтасы ғана көтеретін топ- модельерлер, айтқан әнімен, ойнаған рөлімен дүйім жұртты өздеріне тәнті қылатын әншілер, әртістер. Ал Ислам әйелді мұндай өткінші, арзан, уақытша ғана жасайтын нәрселермен емес, ерекше басымдылық арқылы көтермелейді. Мысалы: көркем мінез-құлық, дағуат, фиқһ мәселелері, ой-пікір, поэзия, пайдалы білім, ғибадат... және бұлар тіршіліктің барлық саласын қамтиды. Бұлардың әрбіреуі ерекше үлгі және онда ұлы даналық бар. Ислам түгелдей үмбетті түзету, бүкіл адамзат қоғамын жоғары көтеру, қалыптастыру үшін ең әуелі әйелді осындай 13

маңызды нәрселермен тәрбиеледі. Міне, Исламдағы әйелдердің рөлі осындай! Ендеше, біздің бұл еңбекті бастаудағы мақсатымыз – мұсылман қоғамында ұмытылмас із қалдырған әйелдердің өмір тарихының өнегелі жарқын беттерін көрсету. Мәселен, Умму Һәниді (Аллаһ оған разы болсын) алайық. Ол заманда арабтарда біреуді біреу қорғауға алатын әдет-ғұрып бар-ды. Бұл үшін қорғаушы адам айналасындағыларға беделді, сыйлы, сөзі өтімді, абыройлы болуы керек. Сонда оның қорғанына алған адамы, мейлі жерлесі, мейлі жатжерлік жан болсын, оған сол елді мекенде ешкім зиянын тигізе алмайтын. Умму Һәнидің заты әйел болса да, оның айналасындағыларға абырой, беделі сондайлық, тіпті кейбір мүшріктерді қорғауына алуға жараған еді. Тіпті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі оған: «Сен қорғаныңа алғанды біз де қорғанымызға алдық»1, – деген. Міне, жалпы адамзат қоғамында әйел затының түкке тұрғысыз бұйым секілді саналған сәтінде, Исламда әйел осындай (қаулы шығару, қорғанына алу т.с.с.) дәрежеге ие еді. Ислам үшін күрестегі қайраткерлікке, қадір-қасиетке келсек, Ақаба келісіміне2 қатысқан, шайқастардың бірінде Пайғамбарымызды (с.а.с.) өз денесімен қорғаған Нусайбаны (Аллаһ оған разы болсын) айта аламыз. Сондай-ақ қайырымдылық істеріндегі қажырлылықта Зәйнәб Жахшқызы (Аллаһ оған разы болсын) сияқты ерен тұлғалар қоғамға зор үлес қосты. Айша (Аллаһ оған разы болсын) ол жайлы: «Мен дінде, еңбекқорлықта Зәйнәбтан 1 Әл-Бұхари, Салат: 4; Муслим, Мусафирун: 82. 2 Пайғамбарлықтың 13-жылы қажылық жасауға келген мәдиналық мұсылмандардың үлкен тобы Ақаба атты тау асуында Пайғамбарымызға (с.а.с.) бойсұнуға, мұсылмандарға қаржылай көмек көрсетуге, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға келсе, жәрдем көрсетуге ант берген болатын. 14

қайырлы ешбір әйелді көрген емеспін. Ол өз қолымен тапқанын садақа етіп, Аллаһқа жақындайтын», – деп айтқан. Қазіргі күнде біз білетін және біле бермейтін, тарихта аты қалған, еңбегі мен ерлігіне қарасаң, таңдай қақтырар, еркектер қауымын он орап кететін әйелдер бар. Өкінішке қарай, жанға батып, сан соқтырар келеңсіз жайттардың бірі – қоғамымызда кейбір түкке пайдасы жоқ, іске алғысыз, ештеңемен ісі жоқ, өз уақытын өзі босқа өлтіретін ез еркектердің көбеюі. Өмірдің қалтарысында жай әншейін уақыт өткізіп, ішкілікке салынып, қылмысқа бой ұрып, құмар ойындарынан арыла алмай, «тірінің күнін кешіп» жатқан еркектердің бары да жасырын емес. «Бөріктінің намысы бір» демекші, бұл сөз кейбір еркектердің шымбайына батар... Қалай десек те, бұл – ащы шындық! Олардың мына қоғамға қосып жатқан үлестері қайда?! Сондықтан да «Егер дүниеде бір нәрсе арттырмасаң (үлес қоспасаң), бұл дүниеде артық болып қаласың» деген сөз бекер айтылмаған. Дүниеде орнын таппаған басы артық еркектердің орнына, бүгінгі күндері мұсылман қоғамының белді мүшелеріне айналып, Ислам мәдениетін өркендетуде орасан зор рөл атқарып отырған, үлкен мекемелерді басқарып, Аллаһ жолына дағуат етіп, жас ұрпақ тәрбиесінде және басқа салаларда болсын өмір ағымынан тыс қалмай, белсенді әрекет етіп жүрген әйелдер аз емес! Жоғарыда аты аталғандардан басқа да көптеген әйел өмірге таңғажайып дәрежеде үлес қосып, адамзат тарихындағы мәңгілік, аты өшпес, қайталанбас, естен кетпес ұлы тұлғаларға айналған. Ислам дініндегі әйел дәрежесінің жарқын биігінің тағы бір мысалы ретінде Умму Кәжжә әл-Ансарияны (Аллаһ оған разы болсын) айтуға болады. Арабтарда жәһилият дәуірінде әйелдер бар құқығынан айырылған күйде, үйдің бір бұйымы ретінде ғана күн кешетін еді. Тіпті әйелі қыз туса, кейбір арабтар оны тірідей жерге көметін. Өйткені араб руларының арасында өзара ұрыс-керіс, талас- тартыс үздіксіз жүріп жататын, бірін-бірі шауып, малын 15

барымталап, қыздарын тартып алып кететін. Ал тұтқынға түскен қыздардың тайпалас-туғандары үшін бұл жұрт бетіне қарай алмайтын масқара қорлық саналатын. Міне, осындай қорлыққа ұшырамаудың ең тиімді тәсілі қыз бала туғанда, оларды тірідей жерге көму еді. Біз сөз еткелі отырған Умму Кәжжә жайлы әңгіме надандық дәуірдегі әйел ахуалы мен Ислам келгеннен кейінгі әйел жағдайын таразылайды. Умму Кәжжә кім еді? Ол белгілі сахаба Әус ибн Сәбитпен (Аллаһ оған разы болсын) тұрмыс құрған, ансарлардың беделді ханымдарының бірі болатын. Әус Ухуд шайқасында қаза тапқанда, артында екі кішкентай қызы қалады. Күйеуінің қазасын сабырлылықпен қабылдаған Умму Кәжжә кейде бүлдіршін қыздарын бауырына басып, көзінің жасын сығып алатын. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, марқұм Әустың немере інілері Суәйб пен Арфажа Умму Кәжжәның үйіне келіп, күйеуінен қалған әжептәуір мал- дүниені талан-таражға салып, бір сабақ жіп қалдырмай, түгел сыпырып кетеді1. Умму Кәжжәның: «Бұларың қалай?» – дегеніне, олар: «Сен өзіңнің әншейін бір бұйым екеніңді ұмытпа», – деп жауап береді. Исламның мұндай ақылға сыймас, масқара тірлікпен келіспейтінін жаны сезген Умму Кәжжә Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: – Уа, Аллаһтың елшісі! Мен жесір, қыздарым жетім қалдық. Әкелерінің артында әжептәуір мал-дүние қалған-ды. Ал Суәйб пен Арфажа сол дүние-мүліктен бізге ештеңе қалдырмай алып кетті. Дәл қазір оларды азық-ауқатпен қамтамасыз ететін ешкім жоқ, – деп шағымданады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол екеуін шақыртып: – Мұны не үшін істедіңдер? – деп сұрайды. Олар: 1 Бұл екі кісі дінді жаңа қабылдаған, Исламға дейінгі түсініктен арыла қоймаған мұсылмандар болатын. 16

– Уа, Аллаһтың елшісі! Ағамыздың артында қалған атқа мінуге жарамайтын, қару көтеруге қауқарсыз, дұшпанға қарсы шаппайтын, қоғамда ешқандай орны жоқ, соғыс істеріне шамасы келмейтін қыз балалар ғой?.. Жарайды, біз оларға азын- аулақ ауқатын жеткізіп беріп тұрайық, бірақ мал-дүние бізде қалады, – дейді. Сол кезде осы мәселеге қатысты Ислам жолының негізі салынып, Пайғамбарымызға (с.а.с.) Аллаһ тағаладан: «Ата-ана және жақындар қалдырған нәрселерден ер адамдар үшін үлес бар. Сондай-ақ, ата-ана және жақындар қалдырған нәрселерден әйелдер үшін де үлес бар. Аз немесе көп болсын, бұл бір міндетті үлес»1, – деген уахи келді2. Осылайша Ислам надандық түсінікті жоққа шығарумен қатар әйелдің өз меншігіне иелік етуін орнықтырды. Дәл осындай жағдай басқа бір әңгімеде де айтылған. Оның кейіпкері – Кубәйшә Мағнқызы (Аллаһ оған разы болсын) деген әйел. Ол Исламнан бұрын Әбу Қайс ибн Әсләт деген кісімен тұрмыс құрған. Күйеуі дүниеден өткенде, Кубәйшә кішкентай Хисн деген ұлымен жалғыз қалады. Бірақ Хисн күйеуінің бірінші әйелінен қалған бала болатын. Кубәйшә оған өгейлігін білдірмей, ержеткенше бағып-қағып тәрбиелейді. Ержеткен Хисн Ясриб3 адамдарының надан түсініктерімен әсерленіп, Кубәйшәға келіп қара киім лақтырады. Арабтарда лақтырылған қара киімнің мәні «сенің қолыңдағы мал-дүниенің бәрі менің иелігіме өтеді» дегенді және тағы бір мағынасы «әйел күйеуінің туыстарының келісімінсіз өз еркімен тұрмысқа шыға алмайды» (яғни әйел қайын жұрты кімге берсе, соған барады) дегенді аңғартады. 1 «Ниса» сүресі, 7-аят. 2 Тәфсир Ибн Кәсир, «Ниса» сүресі, 7-аяттың тәпсірін қараңыз. 3 Мәдинаның ескі атауы. 17

Хисн қара киімді лақтырарда оның туған-туыстары ере келеді. Көкірегін ыза кернеп, ашынған Кубәйшә Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Менде мирас қалмады және өз бетімше тұрмыс құру еркі де қалмады», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Аллаһтың әмірін күт!» – деп тапсырады. Сонда Аллаһ тағаладан: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге әйелдерді еркінен тыс әмеңгерлікке алу рұқсат етілмейді»1, – деген уахи түседі2. Осылайша Аллаһтан аят келіп, әйелдер өздерінің орнын тауып, дәрежелерін таныды. Ал келесі мысалымызда мұсылман ерлердің әйелдерге қорған, қамқор болуға қаншалықты көңіл бөлгені, бұдан ешқашан аянып қалмағандығы жайлы айтылады. Бір жатжерлік (басқа дінді ұстанушы) кісі Аммурия деген жерде бір әйелге зұлымдық жасайды. Қиянат көрген әйел сол кездегі мұсылмандардың халифасы Муғтасимнің атын атап: «Уа, Муғтасим!» – деп айқайлайды. Мұны естіген жатжерлік қиянатшы: «Муғтасимнің қолынан не келер дейсің!? Бәлкім, ала атпен келіп саған жәрдем көрсетер», – дейді кекесін үнмен. Ол кезде мұсылмандар ислами тәлім алған, әйелге қандай ізет көрсетуді білетін. Бұдан хабардар болған халифа он екі мың әскермен, барлығына ала ат мінгізіп, Аммурияны бетке алады. Халифа әйелдің құқығын қорғап, кегін алып, әлгі залымды оған құлақкесті құл етіп береді. Сондай-ақ Ислам діні әйелге қоғамдық өмірге араласуды, маңызды істерге атсалысуды үйреткен. Бұған дәлел – имам әл- Бұхаридің «Сахих» кітабында намазға, ғылымға, екі айт мерекесіне, байғат беру, яғни Исламда адал болуға ант беру, дін үшін күрес, қонақ күту, тұрмысқа шығу мәселесінде, тәфсир, 1 «Ниса» сүресі, 19-аят. 2 Тәфсир Ибн Кәсир, «Ниса» сүресі, 19-аяттың тәпсірін қараңыз. 18

емшілік істерінде, рұқсат сұрау мәселелерінде әйел адамға қатысты арнайы баптар арналғандығы. Тіпті Әсмә Язидқызы әс-Сәкуния (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп, әйел мәселесіндегі көпшілікті толғандыратын сұрақтар жайлы ойын ашық, батыл жеткізе білген. Ол: «Уа, Аллаһтың елшісі! Сені Аллаһ тағала еркектер мен әйелдерге бірдей жіберді. Саған иман келтірдік. Біз, әйелдер тобы, кемшін, шектелген күйде, күйбең тіршілікпен үйде отырамыз, еркектердің көңілін жай таптыратын орынбыз, олардың балаларының қызметкеріміз, еркектерге әйелдерге қарағанда көп артықшылықтар берілген. Мысалы: жұма намазы, жамағат намазы, ауру-сырқауды зиярат ету, қажылық жасау, жаназа намазына қатысу және олардың ең абзалы – Аллаһ жолындағы күрес. Уа, Аллаһтың елшісі! Бізге олардікіндей сауап бар ма?» – дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларына бұрылып: «Мына әйел кісінің не айтқанын естідіңдер ме? Дін жайында мұнан артық сұрақ бар ма?» – деген. Демек, Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз құқығын талап еткен әйелді, өзіне тиісті дәрежені сұраған әйелді мақтаған. Сосын ол (с.а.с.) Әсмә Язид қызына: «Жақсылап ұғып ал және басқа әйелдерге де түсіндір: расында, әйелдің күйеуіне бағынуы, оны разы қылуы және онымен келісуі осылардың бәріне (еркектерге берілген артықшылықтарға) тең болады», – деп айтты1. Демек, Исламда әйелді көтермелеу жай көзқарас күйінде қалып қоймай, жүзеге асырылды. 1 Әт-Тирмизи, Жиһад: 5, 19. 19

I. БӨЛІМ ҚҰРАН КӘРІМДЕ ЖӘНЕ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ХАДИСТЕРІНДЕ АТАЛҒАН ӨНЕГЕЛІ ӘЙЕЛДЕР Ибраһимнің әйелдері Сарра және Ажар Ибраһимнің келіні Айюбтың әйелі Мұсаның анасы және Әсия Музахимқызы Билқис Мәриям Имранқызы 20

ИБРАҺИМНІҢ (АЛӘЙҺИС-СӘЛӘМ) ӘЙЕЛДЕРІ САРРА ЖӘНЕ АЖАР «Аллаһым, егер Саған және пайғамбарларыңа иман келтірген болсам және күйеуімнен басқадан ар-намысымды сақтаған болсам, мені мына бұзықтан құтқар». «Демек, Аллаһ бізді құрдымға тастамайды». Бұл – адамзат тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, пайғамбарлардың атасы Ибраһимнің әйелдері Сарра және Ажар жайлы әңгіме. Сарра он алты жасында Ибраһим пайғамбарға тұрмысқа шыққан. Сарра көз тұнар сұлулықтың өзі еді. Тіпті адамзат тарихында ең сұлу әйел Хауа анамызды есептемегенде, одан сұлу ешкімнің болмағаны жайлы айтылады. Сарра Ибраһимге иман келтірген, оның әрі әйелі, әрі ізбасары болды. Ол Ибраһиммен бірге Ирактан Шамға, Мысырға, Палестинаға қоныс аударған. Сарраның дәрежесін ашып көрсеткен уақиға Мысырда орын алған-ды. Ибраһим мен Сарра Мысырға көшіп келеді. Ол жерде бір жауыз, қатыгез патша билік құрып отырған- ды. Ел құлағы елу емес пе, патша өз мемлекетіне бүкіл адамзаттың ең сұлу әйелі кіргенін естиді. Бұл жаңалықтан хабардар болған залым патша есекдәмеге беріліп, зұлым ойға кетеді. Патшаның надандығы сондай, ол әйелге деген құрмет, ар- намыс, абыройға көңіл бөлмейтін, ешқандай жауапкершіліксіз, адамгершілік қасиетке сүлесоқ қарайтын тоңмойын болатын. Арам ойын іске асыру мақсатымен Сарраны иемденгісі келіп, оны алып келуге жұмсаған әскеріне: «Қасындағы еркектен сұраңдар, оған кім болады екен, егер күйеуі болса, өлтіріңдер!» – деп бұйырады. Әскер Ибраһимге келгенде, пайғамбар олардың суыт жүрісін сезеді. Әскерлер: «Мына әйел кімің болады?» – деп сұрағанда, Ибраһим: «Қарындасым», – деп жауап берді. Сосын Ибраһим Сарраға: «Егер сенен сұраса, менің қарындасым екеніңді айт. 21

Аллаһпен ант етем! Бүгінде жер бетінде (ерлі-зайыптылардан) сені мен менен басқа ешқандай мүмін жоқ», – дейді1. Пайғамбар (с.а.с.) Ибраһимнің үш-ақ рет жалған сөйлегенін айтады, ал оның ешқайсысы өз мүддесі үшін емес-ті. Соның бірі – сол залым патшаға Сарраны «қарындасым» деп айтқаны. Ибраһим бұл жерде «Исламдағы, діндегі, имандағы, Аллаһ жолындағы қарындасым» дегенді мақсат тұтқан. Әскер Сарраны алып кетіп, патшаның құзырына әкеледі. Арам ойын іске асырмақ болған залым Сарраға қолын соза бергенде, Сарра Аллаһқа жалынып, жалбарынып жәрдем сұрап: «Аллаһым, егер Саған және пайғамбарларыңа иман келтірген болсам және күйеуімнен басқадан ар-намысымды сақтаған болсам, мені мына бұзықтан құтқар», – деп дұға қылады. Бұл дұғадан біз иман белгісін, арлылық пен намысшылдықтың лебін көреміз. Бұл – Аллаһқа иман келтірген, ар-намысы мен абыройын басына көтере сақтайтын әйелдің дұғасы. Аллаһ тағала оның дұғасын қабыл алумен қатар, бұл тұста керемет бір мұғжиза көрсеткен. Патша Сарраға қолын соза бергенде, ол Аллаһқа дұға қылады да, әлгі залымның қолы қатып-семіп, ешқандай әрекетке келмейді. Қатты қорқып, зәре-құты қалмаған патша Сарраға жалынып өзін босатуын сұрайды. Босатпайын десе, залым патша адамдарына өзін өлтіруді бұйыра ма деп қауіптеніп, Аллаһқа оны босатуын сұрап дұға қылады. Ол босайды. Патша аңтарылып: «Мүмкін, бұл шайтанның ісі шығар», – деп екінші рет Сарраға қолын созады. Сарра қайта дұға қылғанда, патшаның қолы тағы да қатып қалады. Патша Сарраға тағы да жалынып, өзін босатуын сұрайды. Сарра Аллаһқа оны босатуын сұрап тағы да дұға қылады. Ол босайды. Сөйтіп залым патша үшінші рет әрекет жасағанда, Сарра қайта дұға қылып, патшаның қолы семіп, алғашқысынан да бетер болады. Сол кезде ғана патша ынсапқа 1 Әл-Бұхари, Буйуғ: 100. 22

келіп, Сарраға: «Осы жолы мені босатсаң, өзіңе лайықты сый- құрмет көрсетемін», – деп қайта жалынады. Өз басына қатердің төнуінен қорыққан Сарра Аллаһ тағалаға дұға қылып, оны босатуын сұрағанда, патшаның қолы қалпына келеді. Ақымақ, залым патша Сарраға жұмсаған жасақтарын шақырып: «Сендер маған кімді кіргізгенсіңдер, бұл адам емес, шайтан ғой, оны сыртқа шығарыңдар», – деп айқайлап бұйырады. Осылай кұдіреті күшті Аллаһтың кереметімен, қорғансыз, шарасыз әйел Мысырды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған патшаның жәбірінен құтылды. Назар салыңыз, иман мен ар-ожданға қатысты жәрдем сұрағанда әйелдің дұғасы Аллаһ тағала тарабынан бірден қабылданған. Сөйтіп, патша сөзінде тұрып, Сарраны босатып, оған орасан зор сый-құрмет көрсетіп, тарту-таралғы жасап, оған қоса «Ажар» атты тағы бір сұлу күңді қосып береді. Бұл Мысыр патшасының Сарраға жасаған сыйы болды. Тарту-таралғыларымен жанына күңді ертіп, Сарра қайтып келгенше, Ибраһим Аллаһтан әйелінің құтқарылуын сұрап, жәрдем тілеп ғибадатта отырған-ды. Аллаһтың сынағының соңы Сарраның абыроймен үйіне оралуымен бітеді. Ибраһим бұл жерде қоныстанудан қауіптеніп, Палестинаға қайтып кетеді, сол жерде әжептеуір мал-дүниелі болады. Әйтсе де оның бір арманы балалы болу еді. Жасы болса келіп қалды, әлі күнге дейін перзентсіз жүруі көңілін жүдететін, бірақ арманының орындалатынына сенетін. Ибраһим бұл тағдырына назаланып, уәж айтпайтын. Керісінше, Раббысының көрсеткеніне шүкіршілік етіп, берген несібесіне разы болып күн кешетін. Күйеуін сүйіп, қатты қадірлейтін, жаны ашитын, мүмін әйел – Сарра ерінің балалы болуды қалап жүргенін сезіп, оған өзінің күңін тарту етеді. Ибраһим Ажарға үйленіп, одан Исмаил деген ұл көреді. 23

Исмаил туғанда Ибраһим 86 жаста еді деген риуаят бар. Аллаһ тағала қалаған пендесіне, қалаған уақытта, қалаған нәрсесін береді. Аллаһтың бұл тартуына әке қатты қуанады. Исмаил шамалы өскен соң, Ибраһимге кішкентай нәрестесі мен әйелін Араб түбегіне апарып тастау туралы уахи келеді. Ол әйелі мен ұлын алып, сол жаққа жол тартады. Біраз уақыттан соң жан адам тіршілік етпейтін, таулардың арасындағы ойпаң жерге келіп жетеді. Бұл Мекке ойпаты еді. Ибраһим ұлы мен Ажарды қалдырып, өзі кері қайтуға ыңғайлана бергенде: «Сен бізді қайда қалдырып бара жатырсың? Не су жоқ, не үй жоқ. Біз құрудың сәл-ақ алдындамыз ғой!» – дейді Ажар. Ибраһим жауап қатпайды. Кім өзінің қартайғанда Құдайдан тілеп алған жалғызын адам аяғы баспаған, қаңыраған қу шөлге тастайды?! Бұл Аллаһтың бұйрығына жан-тәнімен берілудің әрі жүректің тереңіне бойлаған иманның айғағы еді. Не істерін білмей абдырап қалған Ажар анамыз күйеуінің артынан ілесе: «Бізді мұнда қалай тастамақсың, ең болмаса жақын бір шаһардың маңына апарсаңшы», – дейді. Ал Ибраһимде үн жоқ. Сонда Ажар ерекше бір сөз айтады. Ол: «Ей, Ибраһим! Мұны саған Аллаһ бұйырды ма?» – дегенде барып, Ибраһим: «Иә», – деп жауап қатады. Демек, бұл – уахи. Ал уахиге бойсұнбау, Аллаһтың әміріне бағынбау мүмкін емес. Ол – Ислам. Ал Ислам дегеніміз – Аллаһтың бұйрықтары мен тыйымдарына ешқандай қарсылықсыз, екіленусіз, шүбәсіз, дау-дамайсыз толық бағыну. Сол кезде ғана кемел иман көрініс табады. Бұл – нағыз мүміннің сипаты. Осы тұста бізге Ажар анамыздан Аллаһтың әміріне бойсұну керектігін көрсететін мәңгілік өшпес тәлім қалған. Ол Ибраһимнің жауабынан қорытынды алып: «Демек, Аллаһ бізді құрдымға тастамайды», – деп сабасына түседі. Міне, Ажар анамыздың өнегесі. Егер біз Аллаһтың әмірлеріне бойсұнсақ, Аллаһтың жолымен жүрсек, Аллаһқа бағынсақ, Ол 24

бізді құрдымға кетіп жоғалуымыздан сақтайды. Құрдымға кету – Аллаһ жолынан адасу. Бізге құрмет, абырой, өркениет, күш- құдірет тек осы тура жол арқылы ғана келеді. Егер Аллаһтың жолын ұстансаңыз, кедейлік пен жоқшылықтан, өмір ағымынан артта қалып қоюдан, қоғам тарабынан шетке қағылудан, дүние игілігінен мақрұм қалудан қорықпаңыз. Сіз Аллаһтың жолындасыз, Аллаһ сізді ешқашан жоғалтпайды. Сонымен, Ажар анамыз қалады да, Ибраһим кері қайтады. Анасы мен баласы екеуден-екеу, елсіз, сусыз сахарада күн кешеді. Алып қалған азық-ауқаттары таусылады. Анасының сүті де тартылып, аштық пен шөл қысқан сәби жылай бастайды. Баласының шыңғырғаны жанына қатты батқан ана жүрегі қобалжиды. Адам баласының сезімдерін саралар болсаңыз, ананың баласына деген пәк, таза махаббатына тең келер ештеңе таппайсыз. Бұл, әсіресе, қолындағы баласын жоғалтуға шақ қалып тұрған ананың жағдайында айқын көрініс табады. Осындай жағдайда иен далада, бірдеңе істеуге шарасы қалмаған ананың орнына өзімізді қойып көрейікші. Бауыр еті баласы үшін қиналып не істерін білмей дағдарған ана, әлдебір көмек, жәрдем бола ма деген үмітпен маңындағы төбелерге шығып, төңірекке көз жүгірте бастайды. Сафаға1 шығып, маңайды шолып қарайды. Әрине, бұл кезде Қағба салынбаған, Зәмзәм суының көзі ашылмаған еді. Енді Ажардың жанары сол маңдағы жақын төбе Маруаға түсіп, сол жаққа қарай бет алады. Төбеге шығып, жан- жаққа көз жібереді. Ажар үшінші бір төбеге шығып қарағысы келеді де, баласынан ұзап кетуге қауіптеніп қайтадан Сафа басына шығады. Одан да байыз таппай қайтадан Маруаға келеді. Абыржыған ана екі төбенің арасында ерсілі-қарсылы осылайша жүгіре береді. Ана жүрегінің қысылуынан, абыржуынан, қобалжуынан туған бұл әрекет мұсылмандар үшін оның өзінен 1 Төбенің аты. 25

кейін мәңгілік рәсім болып қалыптасатынын ол өзі білген жоқ-ты. Санаққа алар болсақ, Ажар анамыз Сафа мен Маруаның арасында 7 рет жүгіріп өткен екен. Осылайша Сафа мен Маруаның арасында 7 рет жүгіруді Аллаһ тағала ұлы дін негіздерінің бірі – қажылықтың үрдістерінен етіп, мәңгілік рәсімге айналдырды. Бұл үрдісті орындамай, қажылық толық саналмайды. Біз Сафа мен Маруаның арасында жүгіргенде, мағыналық түрде не істейміз? Сол бір әйелдің әрекетін жаңғыртамыз, сол бір ана жүрегінің іс-әрекетін қайталаймыз. Бұл көріністегі тағы бір ғибрат – адам баласының қарап отырмай әрекет етуі. Ажар анамыз айла-шарасы жоқ болса да, үмітін үзбей, жәрдем боларлық әрекет жасады. Мұсылман да осылайша әрекет етуі керек, бірақ бұл әрекет Аллаһтың әміріне қарсы шығу деген сөз емес. Ажар анамыз өзін Аллаһтың құзырына тапсырып, жалаң тәуекелмен қарап отырмастан, Сафа мен Маруаның арасында ерсілі-қарсылы жүгіре, қолынан келген себепті жасап, нағыз тәуекелге сәйкес іс қылды. Ойланып қараңыздаршы, әйел әрекетін мәңгілік дін негіздерінің бірі етіп бекіткен жер бетінде қандай дін, қандай бірлестік, қандай қоғам, қандай қауым бар? Ал Ислам солай ұйғарды. Қажылықта мұсылмандар бұл аралықта сол әйел қалай жүгірсе, дәл солай жүгіреді, сол әйел қандай әрекет жасаса, дәл сондай әрекет жасайды. Дүниеде біз білетін қандай дін әйелге осындай дәрежеде құрмет көрсетті? Исламның әйелге деген құрметі бұйрықтар мен тыйымдар түрінде, сөз жүзінде ғана емес, іс-әрекет арқылы да бекітіліп, діннің бір бөлшегіне айналған. Ажар анамыз екі төбенің арасында жанұшырып жүгіріп жүргенде, көктен Жәбірейіл (аләйһис-сәләм) түсіп, Исмаилдың (аләйһис-сәләм) қасынан өзінің 600 қанатының бірімен Зәмзәм бұлағының көзін ашады. Міне, осылайша Исмаил мен Ажар анамыз аман қалады. Осы сәттердің бірінде журһум деген тайпа суы бар қоныс іздеп жүрген-ді. Бұлар йемендік таза араб тайпасы болатын. Олар Зәмзәмнің төбесінде құстар айналшықтап ұшып 26

жүргенін көріп: «Біз бұл жерді білеміз ғой, мұнда су жоқ сияқты еді, құстар неге ұшып жүр?» – деп бір кісіні төңіректі шолуға жібереді. Ол барып иен далада шығып жатқан суды көріп келіп, тайпасына хабар береді. Олар келген кезде баласын қолына алған бір әйелдің суды қолымен көсіп, оның құмға сіңіп кетуінен қорқып абдырап: «Зәм-зәм, зәм-зәм...» (жинал-жинал, жинал- жинал...) деп отырғанын көреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер ол (Ажар) оны (бұлақты) жайына қалдырғанда, ол (бұлақ) ағын өзен болар еді»1, – деген. Бірақ ана жүрегі баласын аман алып қалуға себеп болған судың құмға сіңіп кетуінен қорқып, «зәм-зәм» (жинал-жинал) деп тоқтатқан-ды. Қияметке дейін Аллаһтың керемет мұғжизасын айғақтап тұрушы бұлақ осылай «Зәмзәм» деп аталды. Журһум тайпасының адамдары бұлақтың иесі ретінде Ажарға ілтипатпен келіп: «Сен рұқсат берсең, біз осында тұрақтап, мына судан пайдаланғанымыз үшін саған белгілі бір мөлшерде ақы төлеп тұрайық», – дейді. Ажар бұл ұсынысты мақұл көріп, келіседі де, Зәмзәм бұлағы Ажар анамыз бен ұлы Исмаилдың күнкөріс көзіне айналады. Бұл уақытта Ибраһим Саррамен қалған болатын. Адамның бір қызығы бала емес пе?.. Бала сүйіп, аналық сезімге бөленуді қалап, сағымға айналған арманын күте-күте көзі талған Сарра анамыздың да жасы кәрілікке таяған еді. Нақтырақ айтар болсақ, Ибраһимнің жасы жүз жиырмада, ал Сарраның жасы тоқсанға келіп қалған-ды. Бұл кез тарих беттерінде ақтаңдақ боп қалып қойған, азғындықтың шыңына шыққан Лут қауымын Аллаһ тағала жермен-жексен етуге періштелерді жіберген кезең ретінде белгілі. Бұл қауымның бұзықтығы сондайлық, олар әйел мен ер адамның арасындағы әсіл қатынасты жоққа шығарған. Яғни бүгінгі таңда қоғамымызда белең алып бара жатқан нағыз індет, 1 Әл-Бұхари, Әнбия: 9; Ахмад, Муснад: 5/121. 27

адамзат қауымындағы шектен шыққан азғындық – «гомосексуализм» (еркекаралық төсек қатынасы) деген масқара алғаш рет Лут (аләйһис-сәләм) қауымында бас көтерген болатын. Аллаһ тағала мұндай істерден қайтару үшін оларға пайғамбар жіберсе де, алған беттерінен қайтпағаннан кейін, олар тұқымымен құрып кету апатына ұшыраған-ды. Бұл қауым орын тепкен жер Ибраһим қоныстанған мекенге жақын орналасқан Садум қаласы еді. Аллаһтың әмірімен сол қаланы қирату үшін келген періштелер әуелі Ибраһимнің үйіне түседі. «(Мұхаммед!) Саған Ибраһимнің құрметті қонақтарының әңгімесі жетті. Олар (Ибраһимге): «Сәлем», – деп кірді. (Ибраһим де): «Сәлем, бөгде қауым!» – деді»1. Ибраһимнің ерекшеліктерінің бірі – ол кеңпейілділігі, қонақ­жайлылығымен адамдар арасында Әбу Дифан (қонақтардың атасы) деген лақап атқа ие болған. Ибраһим қонақтарды қабылдағанда, оларға арнайы оқшау үй тігіп, ерекше дастарқан жаятын. Әлбетте, бұдан пайғамбарлардың қонақжайлылық үлгісі көрінеді. Періштелер пайғамбардың үйіне түспес бұрын Ибраһим байыз таппай қонақ іздеуде еді, өйткені оның үйіне қонақ келмегеніне жарты айдың жүзі болып қалған. Адам бейнесінде келген періштелерді ажырата алмаған Ибраһим оларды қонақүйге түсіріп, қарсы алып, дастарқанға қақталған семіз бұзау етін тартады. Үй иесі қонақтардың дәмге қол созбағанынан сескеніп қалады. Қонақтар өздерінің періштелер екенін, Луттың қауымын жою үшін жіберілгендіктерін жеткізгенде, ас әзірлеуге жәрдемдесіп жүрген Сарра анамыз бұл хабарды естіп, Аллаһтың бұзық қауымға жаза жолдағанына қатты қуанады. Періштелер бұған қоса Сарра анамызға үш сүйінші хабар жеткізеді. Оның алғашқысы – Ибраһим мен Сарраның Исхақ 1 «Зәрият» сүресі, 24-25 аяттар. 28

деген ұл сүйетіндігі, екіншісі – Яғқуб атты немере көретіндігі, кейінгісі Сарра анамыздың ұзақ жасайтындығы жайлы еді. «Біз оны Исхақпен және Исхақтың соңынан Яғқубпен сүйіншіледік»1. Бұл сүйінші хабарды естіген Сарра анамыз таңданысын жасыра алмай: «Сорым құрысын! Мен кемпір, ал мына ерім шал бола тұрып (бала) туамын ба? Шын мәнінде, бұл – таңғаларлық нәрсе», – дегенде, Аллаһтан үмітін үзгендердің бәріне ғибрат болар: «Сен Аллаһтың ісіне таңғаласың ба? Сендерге Аллаһтың мейірімі және берекесі болсын, ей, (Ибраһим) үйінің тұрғындары. Әлбетте, Ол (Аллаһ) Мақтаулы, Даңқты»2, – деген уахи келді. Расында да, пенденің тоқсанға келіп ұл көріп, немере құшуы – ерекше жайт. Десе де, ғайыптың ісін ешкім болжай алмайды. Сарра мен Ажар аналарымыздың бұл оқиғасы өмірімізде өнеге тұтарлық, келешек ұрпақтарымызға үлгі етерлік, даналық пен ғажайыпқа толы мысал болмақ. 1 «Һуд» сүресі, 71-аят. 2 «Һуд» сүресі, 72-73 аяттар. 29

ИБРАҺИМНІҢ (АЛӘЙҺИС-СӘЛӘМ) КЕЛІНІ «Аллаһым, оларға ет пен суда береке бер!» Ибраһимнің ұлы Исмаил (ол екеуіне сәлем болсын) журһум тайпасының арасында өсіп, кәмелетке толады. Ибраһим жылына бірнеше рет оны көруге келіп-кететін. Бірде Ажар дүние салғаннан кейін, Ибраһим ұлын көруге келеді. Бұл кезде Исмаил журһумдіктердің бір қызына үйленген-ді. Үйіне келсе, Исмаил жоқ екен. Әйелінен жағдайларын сұрайды. Келіні оған: «Таршылықта, қиындықта өмір сүріп жатырмыз», – деп шағымданады. Ибраһим оған: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем айт, есігінің табалдырығын ауыстырсын», – дейді. Үйіне келген Исмаил бірдеңені сезіп: «Сендерге біреу келді ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, бір қария келді. Сені және жағдайымызды сұрады. Мен таршылықта, қиындықта күн кешіп жатқанымызды жеткіздім», – деп Ибраһимді сипаттап береді. «Саған бір өсиет айтты ма?» – дейді Исмаил. Әйелі: «Иә, саған сәлем жолдауымды және есігіңнің табалдырығын ауыстыруды тапсырды», – дейді. Сонда Исмаил әйеліне: «Ол – менің әкем. Маған сенімен ажырасуды бұйырыпты. Сен төркініңе қайт», – дейді. Сөйтіп, онымен ажырасып, басқа әйелге үйленді. Сосын Ибраһим бірде тағы да келіп, Исмаилды үйінен таппайды. Әйелінен жағдайларын, күнкөрістерін сұрайды. Келіні жағдайларының жақсы екенін айтып, Аллаһты мадақтайды. «Тағамдарың не?» – деп сұрайды Ибраһим. Келіні: «Ет», – дейді. «Сусындарың не?» – деп сұрайды. «Су», – дейді келіні. Ибраһим: «Аллаһым, оларға ет пен суда береке бер!» – деп дұға қылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сол күндері оларда дәнді дақыл жоқ болатын. Егер оларда дәнді дақыл болғанда, сол үшін оларға 30

дұға қылар еді. Меккенің көзінде ешкім ол екеуінсіз (ет пен сусыз) қалмайды»1, – деген. Сосын Ибраһим келініне: «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолда және есігінің табалдырығын бекітуді тапсыр», – дейді. Исмаил келіп: «Сендерге біреу келді ме?» – деп сұрайды. Әйелі: «Иә, бір келбетті қария келді. Сені және жағдайымызды сұрады. «Жағдайымыз жақсы» деп айттым», – дейді. «Саған бір өсиет айтты ма?» – дейді Исмаил. Әйелі: «Иә, ол саған сәлем жолдады және есігіңнің табалдырығын бекітуіңді бұйырды», – дейді. Исмаил оған: «Ол – менің әкем. Сені өзімде ұстауымды бұйырыпты», – дейді. Осылай қанағатшыл келін пайғамбардың дұғасын алады және ол дұғаның берекетін Мекке тұрғындары әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Біз Аллаһтың ажыратқан ризығына қанағат танытпай, әркімге бір жағдайын айтып шағымданатын әйелдерге осы Ибраһимнің келінін өнеге етеміз. Ибраһим пайғамбар ұлына ондай әйелден айырылмауды тапсырған еді. «Жоқ деген жоғалар, бар деген оңалар» дейді қазақ. Қашанда жоқты білдірмей, барды ұқсата білген әйел отбасының берекесі болмақ. 1 Әл-Бұхари, Әнбия: 9. 31

АЙЮБТЫҢ (АЛӘЙҺИС-СӘЛӘМ) ӘЙЕЛІ «Заты әйел, көңілі нәзік болса да, тағдырына налымай, болаттай бекемдікпен байсалдылық танытып, сабырмен шыдап бақты». Бұл қиссада тұрмысы қарапайым, жаны жомарт, сабырын сары алтынға айналдырған, оған құдіреті күшті Аллаһ тағала кереметі мен игілігін аямаған Айюб пайғамбардың әйелінің өмір жолы мен тіршілігі жайлы әңгімеленеді. Әңгіме ауыр сынаққа ұшыраған Айюб пайғамбарға қатысты өрбиді. Аллаһтың ауыр сынағына түскен Айюб өмірінің біраз мерзімін тауқыметпен өткізеді. Тәпсір және тарих ғұламаларының айтуынша, ол өте дәулетті кісі-тұғын. Аллаһ тағала оған көптеген нығмет тарту еткен. Оның аумақты жерлері, үйір-үйір малы және қызметкерлері, ірі-ірі сауда көздері болған. Жеті ұл, жеті қыз перзент сүйген, дені сау, бақуатты кісі еді. Шын мәнінде, Аллаһ оған деген нығметтерін аямаған-ды. Сосын Аллаһ тағала оны төзімділікте өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге танытуы үшін сынады. Өйткені ең көп сынаққа пайғамбарлар алынатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ең ауыр сынаққа түсушілер – пайғамбарлар, сосын ізгілер, сосын сол секілділер және сол сияқты»1, – деген. Сөйтіп, Айюб үшін сынақ кезеңі басталады. Оның бар мал- дүниесі таусылып, кембағалға айналады, ұлдары мен қыздары бірінен соң бірі өлім құшады. Сосын Аллаһ оған ауыр бір дерт жіберді. Науқасы меңдеген Айюб жүре алмай қалады. Денесі шіріп, еті жидіп түсе бастайды. Ауруының жұғуынан қорыққан достарының барлығы одан теріс айналады, екі жолдасы ғана 1 Әт-Тирмизи, Зуһд: 57; Ибн Мәжәһ, Фитән: 23. 32

алыстан сөйлесетін. Тіпті туған-туыс, жақын дос-жарандары да ат ізін салмай қояды. Осындай ауыр халде жатқан Айюб пайғамбардың жанында жастанса – жастығы, таянса – таяғы болып қалқайып, жалғыз жан жары ғана қалады. Тумысынан қарапайым, жаны жомарт ұлы тұлғалы әйел ауыр сынақта жатқан күйеуін демеп, әрдайым қасынан табылады, ауыртпалығын бірге көтеріседі. Күн санап жағдайлары нашарлап, азық-ауқаттары таусылып, жоқшылық алқымдарынан алғаны сондай, әйел өте ұзын көз тартарлықтай шашын сатып жан бағуға мәжбүр болады. Бірақ ол мұнысы жайлы күйеуіне тіс жармайды. Бір күні Айюбқа: – Сен неге бұл бәледен айықтыруын сұрап, Аллаһқа дұға қылмайсың? – дегенде, Айюб: – Біз молшылықта, бақыт-шаттықта қанша жыл өмір сүрдік? – деп сұрайды. – Жетпіс жыл, – деп жауап береді әйелі. Сонда Айюб: – Мен молшылықта өмір сүргенімдей сынақ мерзімі өтпейінше Аллаһқа шипа сұрап дұға қылуға ұяламын, – дейді. Өлместің тіршілігін жасап, ауыр жағдайда күнелткен өмірлері осылайша жалғасып жатады. Ал жары заты әйел болса да, қамкөңілдігіне қарамай, тағдырына налымай, болаттай бекемдікпен байсалдылық танытып, сабырмен шыдап бағады. Қашанда әйел ер-азаматтың ар-ожданы, абыройы емес пе?.. Кім де болса ар-ұятының таза, кіршіксіз болғанын қалайды. Десе де, өмірде кез келген әйел бұл пайғамбардың әйелінің ерлігін қайталай бермес. Ол жиырма жылға жуық төсекке таңылып, дерт меңдеген күйеуінің көңіліне қаяу түсірмей, көптің қолынан келе бермейтін өнегенің өрнегін салды. Жан төзбес тауқымет тартқан, сабырлылығы үшін сый алған қарапайым әйелдің ерлігі әрбір жанды таңдандырмай қоймасы анық. Ұзақ жылдар бойы көрсеткен салмақты сабырлылықтан кейін оларға рақымы мен кеңшілігі мол Аллаһтың жеңілдігі келеді. Айюб Раббысына: 33

«Маған шайтан жамандықпен және азаппен тиді!»1, – деп дұға қылады. Айюбқа Аллаһ тағаладан: «Аяғыңмен теп»2, – деген әмір келеді де, Айюб аяғымен жерді тепкенде, атылып су шығады. Аллаһ оған бұл судан ішіп, жуынуды бұйырады. Сөйтіп, Айюб ауруынан құлан-таза айығып, бұрынғы қалпына келеді. Оны көрген әйелі өз көзіне өзі сенбей, күйеуін танымай қалады. Осыдан соң Аллаһ тағала олардың бастарына түскен сынаққа көрсеткен сабырлылықтары үшін қиыншылықтарын Өзінің рақымшылығымен алмастырып, жоғалтқан ұл-қыздарының орнын басқа перзенттермен толтырды. Кейбір риуаяттарға сүйенсек, олардың балаларының саны жиырма алтыға жеткен деген хабар айтылады. Олар қайтадан мол мал-дүниеге ие болады. Көктен оларға қарымта нығметтер келді. Аллаһ тағала оған отбасылық игілігін де қайтарды. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын): «Аллаһ тағала онымен қоса әйелін де осындай үлкен сынақтағы зор шыдамдылығы үшін құрметтеп, оған жастық шағын қайтарды. Ол Айюбқа жиырма алты ұл-қыз туып берді», – деген. Аллаһ тағала: «Біз оның тілегін қабыл алып, ондағы зиянды кетірдік. Әрі Біздің алдымыздан мейірім, құлшылық етушілерге ескерту ретінде оған үй-ішін және олармен бірге солар сияқтыны бердік»3, – деген. 1 «Сад» сүресі, 41-аят. 2 «Сад» сүресі, 42-аят. 3 «Әнбия» сүресі, 84-аят. 34

МҰСАНЫҢ (АЛӘЙҺИС-СӘЛӘМ) АНАСЫ ЖӘНЕ ӘСИЯ МУЗАХИМҚЫЗЫ «Көзайым болып, қайғырмауы үшін және Аллаһтың уәдесінің хақ екендігін білуі үшін оны (Мұсаны) анасына қайтардық...» «Аллаһ мүміндер үшін перғауынның әйелін мысалға келтірді». Мұсаға қатысты бұл екі әйелдің де алатын орны орасан зор. Олар: Мұсаның анасы мен адамзаттың ең кемел әйелдерінің қатарына жататын Әсия Музахимқызы. Ніл өлкесі патшалығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған перғауын Мысырда өктемдік жасап, қысым көрсете бастайды. Бұл зұлымдыққа Исраил ұрпақтары да ұшырады. Исраил ұрпақтарының Мысырға қоныстануының себептеріне келсек, бізге тарихтан Юсуфтың (аләйһис-сәләм) Мысырға құл ретінде сатылып барып, жат жерде үлкен дәрежеге жеткені және әке-шешесі мен бауырларын сол жаққа алдырғаны белгілі. Уақыт озған сайын Мысырда Яғқуб (аләйһис-сәләм) ұрпақтары өсіп- өнеді. Олардың көбеюінен қорыққан Мысыр перғауындары исраилдіктерге қысым көрсете бастайды. Мемлекет ішіндегі осындай өзара шиеленістің нәтижесі Исраил ұрпақтарын қоғамның ең төменгі табы – құлдыққа салып, құрылыс істеріне пайдалануға әкеліп соқтырады. Бұл қысымның шырқау шегі Әсияның күйеуі перғауын билік құрған кезде көрініс табады. Бір риуаяттарда Мысырдағы Исраил ұрпақтарының саны алты жүз мыңға жеткені айтылған. Осы алты жүз мың ұрпақтың түгелдейі дерлік құлдық пен езгіде күн кешіп жатады. Тағы бір деректерде перғауын бір Исраил баласы патшалықтың түбіне жететіндігін түсінде көрсе, басқа бір хабарда Мысыр көсемдері исраилдіктердің күрт өсіп келе жатқанын көріп, болашақта сан 35

басымдылығымен билікті өз қолдарына алатынын ескертіп, бұл жағдай ушықпай тұрып, оны біржақты қылу керек деп перғауынға ақыл-кеңес бергені баяндалады. Қалай болған күнде де перғауын исраилдіктерден туылған ер балаларды өлтіруге үкім шығарады. «Ер балаларын бауыздап, әйелдерін тірі қалдыратын»1. Бірақ ол құлдардың азайып кетуіне байланысты, бір жылы туылғандарды өлтіріп, бір жылы туылғандарды аман қалдыруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, мерзімді жылы туылған ер балалар өлтірілетін болады. Осылайша Исраил ұрпақтары адам жаны түршігерлік ауыр азапты күндерді бастан кешіп жатады. Жаңа туылған нәрестелер аналардың бауырынан тартып алынып бауыздалатын. Мұсаның туылуы осы балаларды өлтіретін мерзімді жылға тура келеді. Перзентім деп соққан ана жүрегі кішкентайын ерекше жақсы көріп, жіпсіз байланып қалады. Баласын өлімге қимаған ана, оны аман алып қалудың жолын қарастыра бастайды. Бірақ бұл жүзеге асуы қиын іс болатын. Тіпті исраилдіктердің өздерінің ішінде қай үйде ер бала туғанын перғауынның адамдарына жеткізіп тұратын тыңшылар бар еді. Жан далбасамен жүргенде ана жүрегіне Аллаһ тағала «Оны еміз, егер оған (бір қауіп келуінен) қорықсаң, өзенге таста...», – деп ой салады. Кішкентай сәби Мұсаны анасы сандықшаға салып, аузын берік бекітіп, Ніл өзеніне тастайды. Пенделік көзбен қарағанда, мұның өзі де баланы өлімге беру еді. Аласұрып, абыржыған ана жүрегін жұбатып, оның көңіліне Аллаһ тағала: «Қорықпа да қайғырма. Біз оны өзіңе қайта қайтарып, елшілерден етеміз»2, – деген ой салады. Бұл аят бойынша Мұсаның анасына қос сүйіншінің хабары аян етілген. Біріншісі – баласының өзіне қайтарылатыны, екіншісі – 1 «Бақара» сүресі, 49-аят. 2 «Қасас» сүресі, 7-аят. 36

оның Аллаһ елшілерінен болатыны. Мұсаның анасы өзінің кішкене қызын өзенге тасталған сандықшаның соңынан ілесіп, бақылау үшін жүгіртіп жібереді. Сандықша ағып келе-келе перғауынның сарайының тұсына жетеді. Сарай әйелдері сандықшаны өзеннен шығарып, ішін ашып қарағанда, ішінде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан кішкене нәрестені көреді. «Оны перғауынның әулеті ұстап алды. Өздеріне дұшпан және қайғы-қасірет болу үшін...»1. Перғауынның сарайы жаққа ағып кеткен сандықты көзбен шығарып салып тұрған кішкене әпкесі болған жағдайдың бәрін бақылап тұрады. Ал үйдегі қалған ана жүрегінің қобалжуын Аллаһ тағала Құранда: «Мұсаның анасының жүрегі боп-бос болып қалды...»2, – деп сипаттайды. Адам ақылы жете бермейтін Аллаһтың даналығының шеберлігін қараңыз. Перғауынның әйелі Әсия баланы үйге алып келеді. Әсия билік басындағы адамның әйелі болғанымен, бұл тұрмысына әсте разы емес-тін. Перғауын Аллаһқа иман келтірген бұл әйелге түрлі қысым-зәбірдің нәтижесінде үйленген-ді. Ал Әсия оған туған-туыстарының амандығына алаңдап, қорыққанынан тұрмысқа шыққан-ды. Күйеуінің өзін «құдаймын» дегеніне сенбейтін. Әсия тұрмысқа шыққанына біршама уақыт өтсе де перзентсіз еді. Өз тәрбиесін сіңіретін бір ізгі бала сүюді армандаған ана бұл мүмкіншілікті уысынан шығарғысы келмей, күйеуіне: – Баланы асырап алайық, бұл бала менің және сенің көз қуанышымыз болсын, – дегенде, перғауын ашуға мініп: – Ол – сенің көзқуанышың, менікі емес, – деп қайтарып тастайды. Әрине, перғауын баланың исраилдіктерден екенін жақсы біледі, әйтпесе кім баласын тапа-тал түсте өзенге ағызады?! 1 «Қасас» сүресі, 8-аят. 2 «Қасас» сүресі, 10-аят. 37

Әйелінің көп үгіттеуімен перғауын оны асырап алуға келісімін береді. Алайда ол бұл баланың өз патшалығының түбіне жететіндігін сезбейді. Мұсаны асырап алған перғауын үйі нәрестеге сүт-ана іздеуде үлкен қиындыққа тап болады. Бала ешбір әйелді ембей қояды, балаға аштан өлу қаупі төнеді. Асып-сасқан перғауын сарайы жан-жаққа ат шаптырып балаға сүт-ана іздейді. Осы кезде Мұсаның кішкене әпкесі келіп: «Баланы емізетін әйелді сендерге мен тауып беремін», – деп, шабармандарды өзінің анасына алып келеді. «Көзайым болып, қайғырмауы үшін және Аллаһтың уәдесінің хақ екендігін білуі үшін оны (Мұсаны) өз анасына қайтардық...»1. Жоғарыда айтқанымыздай, Аллаһтың даналығының шеберлігі сондай, Ол Өз уәдесіне сай ұлын анасына қайтарып берді. Мұса екі үйдің арасында (өз анасы мен Әсияның үйінде) өседі. Мұсаны перғауынның суқаны сүймейтін, бірақ ол сұлу әйелінен асып кете алмады. Тіпті асыранды баланың көзін құртудың сәтін ойлап жүретін. Перғауын үшін бұл сәт Мұса исраилдікке ара түсіп, бір мысырлықты түйіп қалғанда, соққысы қатты тиіп кетіп, әлгі мысырлық жантәсілім еткенде туады. Бұл істеген қателігі үшін Мұса Аллаһқа жалбарынып, тәубе қылады да, Аллаһ оның тәубесін қабыл алады. Бұл болған жайт ел ішіне тарап, перғауынға жетеді. Сарай ақсақалдарының өзін өлімге кескенін естіп, Мұса Мысырдан қашып шығып, Палестинаға бет алады. Жаяу-жалпы Синаны басып өтеді: жалаң аяқ, жалаң бас, азып- тозып, арып-ашып жол жүреді. Сапар машақаты оны ағаш жапырақтарын қорек етуге мәжбүрлейді. Сөйтіп, ол Сина атырабындағы Мәдиянға келіп жетеді. Осы жерде Мұсаға өмірлік серік болған тағы бір әйелдің әңгімесі басталады. Мұса әлденіп алу үшін Мәдияндағы бір құдықтың басындағы ағаш көлеңкесіне келіп отырады. Бұл құдықтан Мәдиян малшылары малдарын 1 «Қасас» сүресі, 13-аят. 38

суғаратын. Айқай-шуы көп, сапырылысқан бұл іс күш-қуат талап ететіндіктен, бірінші кезекті әлділер алатын. Мұса оларға қарап отырғанда, екі қызға көзі түседі. Олар қойларын иіріп, суға жақындай алмай тұрған-ды. «Ол Мәдиян суына келген кезде, (мал) суарған бір топ адамды көрді және олардың арасынан (малдарын) иіріп тұрған екі әйел кісіні көрді»1. Мұса оларға келіп: – Сендер неге малдарыңды суармай тосылып тұрсыңдар? – деп сұрайды. Олар: – Оған біздің шамамыз жетпейді, соңынан суарамыз. Бізге жәрдемдесетін ер кісі жоқ, әкеміз болса – қарт адам, – деп жауап қатады. Мұса қыздарға жәрдемдесіп, олардың қойларын суарып берді. Ол өте палуан денелі, нар тұлғалы, күшті, білекті кісі еді. Әлгі қыздар оның бірнеше ер кісі жабылып атқаратын істі жалғыз өзі-ақ тындырғанын көреді. Мұса қыздардың малын суарып берген соң, ағаштың саясына қайта барып жайғасып, Аллаһқа: «Раббым! Мен Өзіңнің маған түсірген жақсылықтарыңа мұқтажбын»2, – деп дұға қылады. Аллаһ тағала Мұсаның бұл дұғасын қабыл алып, оған Өз жеңілдігін жібереді. Біраз уақыттан соң «Оған ұяла басып екі қыздың бірі келді...»3. Қыз: – Бізге мал суарысқаныңның ақысын беру үшін әкем сені шақырады, – дейді. Мұса онымен бірге үйіне бармаққа жиналады. Жол бойында қыздың артында жүруге ұялып: – Мен сенің алдыңа түсіп шамалап жүріп отырайын, басқа жолға түсіп бара жатсам, тас лақтырып ишара жасарсың, – дейді. Міне, бұл – пайғамбарлар әдебінің көрінісі. 1 «Қасас» сүресі, 23-аят. 2 «Қасас» сүресі, 24-аят. 3 «Қасас» сүресі, 25-аят. 39

Сөйтіп, қыздардың әкесі Шуғайбтың үйіне келеді. Бұл кісі пайғамбар Шуғайб па, жоқ басқа ма – ол туралы риуаяттар әртүрлі. Жөн сұрасқаннан кейін Мұса ақсақалға басынан өткен оқиғалардың бәрін түгел баяндап береді. Сонда Шуғайб: «Сен залым елден құтылыпсың», – дейді. Көпті көрген Шуғайб Мұсаның жүзінен ізгілік пен имандылықтың, адамгершіліктің нышанын байқайды. Сол сәтте қыздарының бірі әңгімеге араласып: «Уа, әкетайым! Оны жалдап ал. Өйткені жалдап алғандарыңның ең жақсысы – күштісі әрі сенімдісі»1, – дейді. Шуғайб ақсақал оған ілтипатпен: – Мен саған екі қызымның бірін некелеуді қалаймын, қайтарымына сен маған сегіз жыл малымды бағып қызмет ет, ал мерзімді он жылға толтырам десең, өзің білесің, – деген ұсыныс айтады. Мұса бұл ұсынысқа келісіп: – Бұл мерзімді өтегеннен кейін кетуіме қарсылық көрсетпейсің, Аллаһтың Өзі біздің осы айтқандарымызға куә, – деп келісімін білдіреді. Көреген қарттың қызына үйленіп, өзіне қызмет етіп, оның өмірінде жаңа белестер басталады. Уақыт зырлап ағын судай өтіп жатады. Уәделескен он жыл мерзімін өтеп, Мұса қайын атасының рұқсатымен анасы мен Әсияны зиярат етуге жары мен екі баласын ертіп, Мысырды бетке алып жолға шығады. Жол бойында оның өмірін күрт өзгерткен бір оқиға орын алады. Сапар барысында олар қарны ашып, шөлдеп, күндіз ыстыққа қақталып, түнде жаурап әбігерге түседі. Бір кезде тау беткейінен бір жарқыраған от көрінеді. «Түнде от жағып отырған пенде болса, от алып жылынайық» деген оймен екі баласы мен әйелін Сина даласының маңайында қалдырып, өзі әлгі отқа қарай барады. Сол кезде Аллаһ тағала Мұсаға: 1 «Қасас» сүресі, 26-аят. 40

«Шынында, Мен – Аллаһпын, Менен өзге құдай жоқ. Маған құлшылық қыл, сондай-ақ Мені еске алу үшін намаз оқы. Әркім әрекетінің қарымтасын алуы үшін Мен құпия етіп отырған Қиямет анық келеді. Ендеше, сені (Қияметке) сенбей, көңілдерінің ауғанына ергендер (Қиямет күніне) сенуден тоспасын. Онда (егер тосқан жағдайда) құрисың»1, – деп тікелей тіл қатады. Міне, осылайша Мұсаның сындарлы пайғамбарлық кезеңі басталады. Аллаһ тағала Өз елшісіне пайғамбарлық мұғжизалар (қолының көз қарықтырар аппақ түске енуі мен асатаяқтың жыланға айналуы) береді. Сөйтіп, от алғалы кеткен жалгер жұмысшы, қарапайым қойшы Аллаһтың бірлігі мен туралығына шақырушы, бүкіл адамзат баласының семіп қалған жүрегін жылытушы, көр болып қалған көздерін ашушы, жалыны мен шуағы мол от, ұлы міндет – Аллаһтың айнымас тура жолын арқалап келеді. Сонымен қатар Мұса пайғамбарға Аллаһ тарабынан екі үлкен міндет жүктеледі. Біріншісі – перғауын мен оның адамдарын туралыққа шақыру, екіншісі – Исраил ұрпақтарын олардың езгісінен азат ету. Тыныш тіршіліктен қол үзген Мұса шындық пен ақиқат жолында күресіп, зұлымдықты түп-тамырымен қопару үшін осындай ауыр, ұлы міндетті қабылдайды. Ал жан жары бұл міндетте оған демеу болып, қолынан келген көмегін аямайды. Олар Мысырға келіп, он жыл бойы көріспеген қос анасының ыстық ықыласына бөленеді. Ақыл мен парасат иелері – қос ана Мұсаның пайғамбарлығына, жүктелген міндетіне иман келтіреді. Мұса Исраил ұрпақтарын езгіден құтқару жолында перғауынмен күресін бастайды. Перғауынның алдына барып, өзінің пайғамбарлығын жариялап, мұғжизаларын көрсеткенімен, тәкаппар патша мойындамай, менмендік көрсетеді. Аллаһ тағала Мұса мен Һарунды жіберіп тұрып: 1 «Таһа» сүресі, 14-16 аяттар. 41

«Екеуің перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шықты. Оған жұмсақ сөз айтыңдар, бәлкім, ол үгіт алар немесе қорқатын болар»1, – деген. Аллаһ тағала тарабынан осындай көркем тәсілмен шақырылған перғауын Оның Раббы екенін мойындаудан теріс айналып, тоңмойындық көрсетеді. Тура жолға шақырудың нәтижесі Мұса мен патшалықтағы сиқыршыларды мереке күні көпшілік алдында бәсекеге түсуге алып келеді. Бәсекеде дүйім жұрт Аллаһтың ұлы мұғжизасының куәсі болады. Бұл ұлылыққа көзі жеткен сиқыршылар бірден тәубеге келіп, сәждеге бас ұрып: «Әлемдердің Раббысына иман келтірдік», – дейді. «Атының сыры иесіне мәлім» демекші, сиқырдың сыры оларға айдан анық еді және Мұсадан көргендері сиқыр емес, ұлы күш екеніне көздері әбден жеткен еді. Міне, осы кезде барып перғауын өзінің патшалық тағының шайқатылғанын сезеді. Сиқыршылардың бұл ісін жайдан-жай қалдырса, адамдардың түгелдей Мұсаға еріп кететінін біліп, ол сиқыршыларды жазғыра бастайды. Ашуға мінген перғауын сиқыршыларға: «Сендер оған бұл жерге келмес бұрын иман келтіріп қойғансыңдар. Бұл – сендердің сиқыр үйретудегі басшыларың», – деп оларды ауыр азапқа салады. Ұлы кереметтің куәсі болған көпшілік жұрт иман келтірсе де, перғауынның зұлымдығынан қорқып, дымдарын шығармай, сенімдерін жасырын ұстайды. Перғауынды тура жолға шақырудан ешқандай нәтиже шықпаған соң, енді Аллаһ тағала Мұсаға Исраил ұрпақтарын Мысырдан алып шығып кетуді бұйырады. Перғауын талай жылдар бойғы майлы шелпегі – тегін құлдардан айырылғысы келмей, бұған көнбейді. Аллаһ тағала тарабынан бір-бірімен жалғасқан мұғжизалар бой көрсетіп жатады. Перғауынның ынсапқа келіп, Исраил ұрпақтарына Мысырдан шығуға рұқсат беруі үшін патшалыққа көптеген 1 «Таһа» сүресі, 43-44 аяттар. 42

рухани және материалдық шығынға ұшырау керек болды. Нәтижесінде, Мысыр екіге бөлінеді. Бір топ – Мұсаға ерген мүміндер (басым көпшілігі – Исраил ұрпақтары), екінші топ – кәпірлер, олардың көпшілігі – тұрғылықты Мысыр халқы. Аллаһ перғауындықтарға бірнеше зұлмат жібергеннен кейін ғана перғауын Исраил ұрпақтарына Мысырдан шығуға рұқсат береді. Алты жүз мың Исраил ұрпақтары бүкіл бала-шаға, мал- жанымен Мысырдан шығып, Палестинаға бет алады. Бұл қоныс аударушылардың ішінде Әсия анамыз да болған деген риуаяттар бар. Ал бір риуаяттар бойынша перғауын оны қоныс аудармаққа жиналғаны үшін қатты азаптап, қинаған. Сонда да алған бетінен қайтпаған соң, таспен ұрып өлтірген. Осылайша Әсия дін жолында шәһид болған. Міне, бұл – ер мінезді әйел үлгісі. Өмірде сәл ғана қиыншылық көрсе, дініне қиянат жасап, әлсіздік танытатын еркектер бар. Ал, бұл – пайғамбарға сүйеніш болған, оған міндетін орындауда жәрдем көрсеткен мәңгілік ұмытылмас үш әйелдің адамзат тарихында салып кеткен сара жолының үлгісі. Аллаһ тағала олардың өнегесін мына біздер – мұсылмандарға мәңгілік өнеге етіп қалдыру үшін оны Өзінің мәңгілік сөзі, ұлы кітабы Құранда: «Аллаһ иман келтіргендерге перғауынның әйелін мысалға келтірді. Сол уақытта ол: «Раббым! Маған жаннатта Өз қасыңнан бір үй тұрғызып бер. Сондай-ақ мені перғауын мен оның істерінен құтқар және мені залым қауымнан құтқара гөр!» – деді»1, – деп баян еткен. Бұл жай ғана мысал емес, бүкіл мүміндер үшін келтірілген әйел жайындағы мысал. Қай дін әйелге осындай құрмет көрсетті?! Иә, Әсия анамыз басындағы патшалық сарайды қаламай, Аллаһқа: «Раббым! Маған жаннаттан үй тұрғызып бер», – деп тілек-дұға қылды. Ол Мысыр халқына билік жүргізіп 1 «Тахрим» сүресі, 11-аят. 43

отырған перғауынға қарамай, Аллаһқа: «Мені перғауын мен залым қауымнан құтқар!» – деп жалбарынды. Ол ақида талабын барлық нәрседен артық қойды. Ол құлдықтағы отбасынан шыққан асыранды баласын дүниенің тұтқасын қолында ұстаған күйеуінен абзал көрді. Ол қолында тұрған дүниемен алданып қалмай, ақыретін ойлады. 44

БИЛҚИС «Оған әрбір нәрседен несібе берілген» Бұл әйел жайлы әңгімеміз шым-шытырық хикаялар мен таңғажайып кереметтерге толы Сүлеймен пайғамбардың (аләйһис-сәләм) қиссасымен тығыз байланысты. Бұл қисса «Нәмл» сүресінде баяндалады. Күндердің күнінде Сүлеймен адамдардан ғана емес, жын- перілер мен аң-құстардан құралған бүкіл әскерінің жиналуына бұйрық береді. Жиылысқа һудһуд (көкек) келмей, Сүлеймен құстарды түгендеді де: «Һудһудты неге көрмеймін, әлде ол жоғалып кетті ме?» – деді». Кешіккен соң, оған іздеу салып: «Расында, мен оған ауыр азап көрсетемін, не оны бауыздаймын немесе маған бір анық дәлел келтірсін», – дейді. Бір кезде көп күттірген Һудһуд келіп, Сүлейменге: «Мен сен білмеген бір нәрсені білдім және саған Сәбәдан анық бір хабар алып келдім», – дейді. Ол әңгімесін жалғап: «Мен оларға патшалық етіп отырған бір әйелді көрдім. Оған әрбір нәрседен несібе берілген және оның орасан зор тағы бар. Оның және елінің Аллаһқа емес, күнге табынатындарын көрдім. Шайтан оларға амалдарын әдемі көрсетіп, жолдан қайтарған. Сондықтан олар тура жол таба алмай жүр. Олар аспандар мен жердегі жасырылғанды сыртқа шығаратын және сендердің жасыратындарың мен жариялайтындарыңды білетін Аллаһқа сәжде етпейді ме? Ұлы Аршының Раббысы – Аллаһ. Одан басқа ешбір құдай жоқ», – деді. Бұл заты әйел болғанына қарамастан, Құранда айтылғандай, ұлы патшалық құруға қол жеткізіп, өте мықты өркениет қалыптастырған, ұлы тұлғалы Билқис деген нәзік жан еді. «Оған әрбір нәрседен несібе берілген». 45

Билқис ғылым-білім, өнерге, атақ-даңқ, абыройға, көрік- сымбат, сұлулыққа, күш-қайрат, құдіретке, ақыл-ой мен парасатқа ие болатын, сондай-ақ қарақұрым қалың әскердің тізгінін қолында ұстаған. Оның ұлылығының айқын сипатын көрсететін астында ғажайып тағы болатын. Һудһудтың сөзін естіген Сүлеймен: «Рас айтасың ба, жоқ өтірік айтасың ба, оны көрерміз, (әуелі) менің мына хатымды оларға алып барып таста да, бұрылып күтіп тұр. Сөйт те, (мұны) қалай қабылдайды (соны) бақыла», – деп жат елге сәлемін жолдайды. Әміршісінің хатын алып ұшқан Һудһуд Билқис сарайына жетіп, хатты сарайдың төбесінен тастайды. Көктен түскен хатқа таңырқаған Билқис хатты ашып қарап: «Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим. Маған астам-шылық көрсетпеңдер. Алдыма бойсұнған күйде келіңдер», – деген жазуды оқып, Сүлейменнің мөрін көреді. Арасы алшақ екі елде (Билқис – Йеменде, Сүлеймен – Палестинада) сұлтандық құрған екі патша ешқашан кездеспеген- ді. Сүлейменнен келген бұл хаттың мәселесін шешуге Билқистің ақыл-парасаты, пайымы жетсе де, елінің жақсы-жайсаңдары мен көреген-көсемдерін жинап, ақылдасуды жөн көреді. «Ей, ақсақалдар! Маған бір ардақты хат келді, ол Сүлейменнен... Менің бұл ісіме қатысты ақыл-кеңес беріңдер», – дейді. Ал кеңесшілері Билқисқа: «Біз – қарулы әскері бар күшті елміз, қалай шешуді өзің ойлап көр», – деп істің шешімін өзіне қалдырады. Елінің мен деген ер-азаматтары бұл әйелдің алдында ешқандай шешім қабылдай алмай, істі өзіне қалдырып отырғаны Билқистің беделінің қаншалықты биіктігі мен ақыл-парасатының кеңдігін тағы да дәлелдеп тұрғандай. Ауыз тұшырлық, көңіл қанағаттанарлық ештеңе ести алмаған Билқис: «Егер патшалар бір елге кірсе, оны қиратады, қадірлілерін қор етеді». Мен бұл кісінің бізді аяққа таптауынан қауіптенемін. 46

Алдымен мен оған сыйлық, тарту-таралғылар жіберіп, тамырын басып көрейін. Елшілер қандай хабар алып келер екен, оны да байқайық. Егер күш-қуаты мықты, әскері көп патша болса, қарсы келмейміз, егер әлсіз болса, қарсы шығып соғысамыз, ал егер ақыл-парасатты, әділетті патша болса, бір ымыраға келерміз», – деп ой түйеді. Мұнда Билқистің патшалық билік саясатындағы айла-тәсілді қолдануының шеберлігі көрінеді. Саяси шешім қабылдау үшін оған алдымен мәлімет қажет болады да, оны тарту-таралғылар жіберу арқылы алуды көздеп, Сүлейменге қисапсыз мал-мүлік, асыл тастар тарту ету үшін елшілерін аттандырады. Ол елге патшайым сыйлаған тартуларды жеткізген елшілер жер-жаһанда теңдесі жоқ, ұлы патшалықтың иесі, ешкім бағындыра алмайтын нәрселерді бағындырған, ешкім құра алмаған өркениеттің төрінде отырған патшаны көреді. Елшілер ханшайымдарының беріп жіберген сәлемдемесін Сүлейменнің алдына тартқанда, ол: «Сендер маған дүниемен көмек бермексіңдер ме? Аллаһтың маған бергені сендердің ұсынғандарыңнан жақсы. Негізінде, сендер сыйлықтарыңа мәз болып жүрсіңдер. Оларға қайтып бар. Мен оларға өздері төтеп бере алмайтын әскермен барамын да, оларды ол жерден кішірейіп қорланған күйлерінде (қуып) шығарамын», – деп қайтарады. Еліне жеткен елшілер көрген-білгендерін, Сүлейменнің қайтарған жауабын айтқан соң, Билқис Сүлейменнің мемлекетіне бағынуға шешім қабылдап, өзінің басшылығымен өкілдерін алып баратындығын айтады. Олардың келе жатқанын естіген Сүлеймен қол астындағы үлкен жындарын жинап: «Ей, жамиғат! Олар маған бойсұнып келуден бұрын оның тағын маған қайсыларың алып келе аласыңдар?» – деді. Жындардан бір мықты: «Мен саған оны орныңнан тұрғаныңа дейін әкелемін. Менің бұған күшім жетеді әрі сенуге болатын жанмын», – деді. Өзінде кітаптан білім болған 47

біреу: «Мен саған оны (көзің жететін шекке қарап) жанарың өзіңе қайтқанша әкелемін», – деді. (Сүлеймен) оның (тақтың) алдында тұрғанын көргенде: «Бұл Раббымның мен шүкірлік етемін бе әлде оны мойындамаймын ба – (осыны) сынау үшін берген кеңшілігі. Кім игіліктерге алғыс білдірсе, өзі үшін алғыс білдіреді. Ал кім оны мойындамаса, ақиқатында, Раббым – Бай (яғни ешкімге мұқтаж емес), өте Жомарт», – деп шүкіршілік білдіреді. Бұл тақ әкелінген соң, Сүлеймен оны өзгертуге әмір беріп, қызметкерлері оны жеңіл-желпі өзгеріске енгізеді. Көп кешікпей патша сарайына Билқис та келіп түседі. Ішке енген патшайым мен жанындағы өкілдері төрдегі тақтан көздерін алмай таңырқап қалады. Таңданыстарын аңғарған Сүлеймен Билқисқа: – Сенің тағың осындай ма? – дейді. Билқис болса: – Дәл өзі сияқты, – деп жауап береді. Сүлеймен келген қонақтарға өзіне Аллаһ тағаланың тарту еткен күш-құдіретін көрсеткісі келіп, оларды түгелдей мөлдір шыныдан құрылған, тіпті еденінің астынан су ағызылып қойылған бір сарайға кіргізеді. Бұл сарайдың шеберлікпен жасалғаны сондай, су шынының үстінен ағып жатыр екен деп ойлаған Билқис кіре бере көйлегінің етегін түреді. Аллаһтың бұл кереметін көрген Билқис ханшайым бұл адам қолынан келмес ғажайып іс екенін түсініп, ғаламат күштің өкілі ретінде Сүлеймен шақырып тұрған бұл діннің шынайылығына көзі жетіп, сол жерде: «Негізінде, мен өзіме әділетсіздік етіппін, енді Сүлейменмен бірге әлемдердің Раббысына бойсұндым», – деп иман келтіреді. Бір риуаяттарда Билқистің Сүлейменге тұрмысқа шыққаны жайлы айтылады. Мінеки, сіздер мен біз билікті Аллаһтың нығметі деп ұғынған әйел тұлғасының көрінісіне куә болдық. 48

МӘРИЯМ ИМРАНҚЫЗЫ «(Аллаһ тағала) Мәриям Имранқызын (мүміндер үшін мысалға келтірді)». «(Аллаһ тағала) Мәриям Имранқызын (мүміндер үшін мысалға келтірді). Ол абыройын сақтаған еді. Біз оған Өзіміздің рухымыздан үрледік. Ол Раббысының сөздерін және кітаптарын растады әрі бойсұнушылардан болды»1. Мүміндерге үлгі болуы үшін Аллаһ тағала Құранда Мәриямды осылай сипаттаған. Мәриям әлемдегі ең құрметті әйелдерден болды. Оның бұл қасиеттерін айғақтаушы көптеген хадис бар. Аллаһ тағала алдында адамдардың мәртебесі әуелі пайғамбарлар (әл-әнбия), содан соң шыншылдар (әс-сиддиқун), одан соң шәһидтер (әш-шуһада), сосын игі адамдар (әс-салихун) дәрежесіне бөлінеді. Мәриям сол пайғамбарлардан кейінгі шыншылдар дәрежесін иемденді. Мұнымен ол шәһидтерден де жоғары тұрады. Ал Исламда шыншылдар дәрежесін иеленген Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлы сахабасы – Әбу Бәкір әс-Сыддық (Аллаһ оған разы болсын). Мәриямның әңгімесі анасынан бастау алады. Зәкәрия пайғамбардың кезінде өмір сүрген Мәриямның анасы Бәйтул- Мақдистің ізгі, діндар, тақуа әйелдерінен еді. Сол тұста Зәкәрия (аләйһис-сәләм) Бәйтул-Мақдистің діни істерін басқаратын. Сондай-ақ Мәриямның әкесі де белді дінбасылардан еді. Бұл дінбасылар Зәкәрияның басшылығында Бәйтул-Мақдис мешітінде оңаша ғибадатханада отыратын. Сол кездегі қалыптасқан әдет бойынша кейбір адамдар Аллаһқа жақындау ниетімен жаңа туылған ер балаларын Құдай үйінің қызметі үшін Бәйтул-Мақдиске атап нәзір ететін. Мұндай Құдай үйіне нәзір етілген балалар «азат» деп аталатын еді. Яғни 1 «Тахрим» сүресі, 12-аят. 49

бұл балалар жастайынан мешітке беріліп, сонда тәрбиеленіп, ержете келе Бәйтул-Мақдистің қызметінде қалатын және дүниелік істерден біржолата босатылатын. Дәл сол сияқты Мәриямның әңгімесі де оның анасының Бәйтул-Мақдиске бала нәзір етуінен басталады. Бәйтул-Мақдисте Мәриямның әкесі Имранның отбасы өте құрметті отбасылардан саналатын. Аллаһ тағала: «Шынында, Аллаһ Адамды, Нұхты, Ибраһимнің отбасын және Имранның отбасын әлемдер үшін таңдады»1, – деген. Бұл аяттан байқағанымыздай, Имранның отбасы Аллаһ тағала тарабынан бүкіл әлем үшін таңдалып қана қоймай, Адам, Нұх және Ибраһимнің (оларға сәлем болсын) отбасыларымен қатар аталған. Бұл осы отбасының қаншалықты дәрежеге ие екенінің айқын дәлелі емес пе!?. Күндердің күнінде Имранның әйелі жүкті болып, құрсағындағы баланы Аллаһ үшін Бәйтул-Мақдиске атайды. «Сол кезде Имранның әйелі: «Раббым, мен Саған құрсағымдағыны азат етіп, атадым. Менен қабыл ал, шынында, Сен – Естуші, Білушісің», – деді...»2. Ай-күні жетіп босанған ананың көңіліне абыржу түседі. Бұл абыржудың себебі оның қыз босануы еді. Өйткені сол кездегі қалыптасқан әдет бойынша Бәйтул-Мақдиске қыз балалар алынбайтын. Аллаһ үйіне атаған баласының қыз болып туылғанына қынжылған ана қайтадан Раббысына: «Раббым, мен оны (Саған атаған нәзірімді) қыз босандым», – деп дұға қылды. Бұл тұрғыда Аллаһ тағала: «Аллаһ оның не босанғанын одан жақсырақ біледі», – дейді. 1 «Әлі Имран» сүресі, 33-аят. 2 «Әлі Имран» сүресі, 35-аят. 50


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook