Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Аян Нысаналин - Отамалы

Аян Нысаналин - Отамалы

Published by Макпал Аусадыкова, 2023-01-09 10:08:26

Description: Аян Нысаналин - Отамалы

Search

Read the Text Version

Аян Нысаналин Отамалы Белгілі қаламгер Аян Нысаналиннің бұл жинағына қазақ əдебиеті мен өнерінің шоқтығы биік тұлғалары жайлы əдеби-сын мақалалары, естеліктері еніп отыр. Кітапта оқырман қауымға қызықты көптеген деректер, мəліметтер келтірілген. Аянға хат Қадірлі қаламдас інім Аян! Мен өзіңмен соңғы рет қашан жүздескенім есімде жоқ. Əйтеуір біраз мезгіл өткен секілді. Үлкенге сəлем беріп, кішінің ахуалын біліп жүретін қазақтың адамгершілік дəстүрін сақтайтын көргенділер азайып бара жатыр-ау. Баяғы бала күнімізде анам марқұм өзі көңіліне жақын тұтқан жандар айына бір рет келіп, аман-түгелді біліп тұрмаса, өкпелеп, əлгі кісі біздің үйдің мүддесін сырттай сатып, қылмыс жасағандай ашуланатын. Ол кезде телефон дегенің жоқ. Аймақтың əр тұсына шашыраған ауылдардан атпен, түйемен “Оңғарсынның отбасына сəлем берем” деп, əдейілеп ара қонатын жерден келіп, қона жатып əңгіме шертісетін. Мен ес білгелі біздің үй бай болып көрген емес. Сəлем беруге келгендердің бас-басына мал сойып, қазан-қазан ет асып жататын дəулетіміз жоқ еді. Тортасын айырған сары майға піскен күрең бауырсақ, май мен ірімшік, құрт исі сонадайдан мұрныңды қытықтайтын сүр ет – осының бəрі сəн-салтанатымен біздің үйді берекелі шаңырақ дегізетін. Жылына екі рет əдейілеп қонаққа

шақырысу өз алдына бір мейрам болатын. Қазір “заман қиындап кетті” дегенді желеу етіп, кім өліп, кім тіріліп жатқанына да көңіл бөлмей, өзімізге өзіміз жетпейтін жанталасу заманына тап болдық. Жақында Қазақстан жазушыларының кітабын қарап отырып, “Жас” деп жүрген біраз қаламдас бауырларымның жарты ғасырлық жасқа жетіп қалғанын көрдім де, ойланып отырдым. Солардың ішінде сен де бар екенсің, Молдахмет, Дулат, Қажығали, Сəбит (Баймолдин), Төлеген, Ақселеу, Төлен... Бұлардың əрқайсысы – мен үшін топырағымыздағы рухани тірлігімізбен қоса елдікті, көргенділікті ұстап тұрған бір-бір алтын қазық. Өзіңді де осы талантты топтың санатында көремін. Рас, қазіргі жын қағып кеткен заманда əдебиетпен, халықтың мəдени тірлігімен кемелді, көрегендікпен айналысып отырған қоғам да, адам да болмай қалды. Құдайды ұмыттырып, əр ұлтқа өз болмыс, өз тарихын өртеткен күндердің өзінде де халқымыздың тілін ұстаған жалғыз түйір құт мешіті Қазақстан Жазушылар Одағы болып еді. Оның басында Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев сынды тума таланттар отырған кезде əдебиетімізде жарық жұлдыздай жастар өсіп, қазақтың қасиетті қара сөзі мен киелі жыры өз үнін əдеби əлемге жеткізіп еді. Өйткені Жазушылар əлемінің басында отырған сол ағаларымыздың өздері шынайы таланттар еді ғой. Ал шынайы таланттарда ғана көңіл кеңдігі, көрегендік, соңында келе жатқандардың арасынан жылт еткен жақсыны көрсе, қызғанышсыз қол созу, қамқорлық жасау, жүрегі жарыла қуану секілді қасиеттер болады. Əдебиет, өнер əлемінің тағдыры шалағай жазушысымақтардың, шалағай өнер қайраткерлерінің қолымен шешілуінен артық қасірет болмайды. Бұл, сайып келгенде – халық өнерінің трагедиясы. Шынайы өнерге жылтырақ өтімділік, алып-сатарлық түп тамырымен жат. Қоғамымыз бұл күндері осындай өтпелі кезеңді бастан кешіріп отыр. Бұл – шын таланттар үшін қауіпті кезең. Əдебиет, өнер қорығында жабысы мен жорғасын, ешкісі мен есегін, қаршығасы мен қарғасын қатар қойып, олардың əрқайсысының қадір-қасиетінің иісі мұрнына бармайтындарды қорықшы қоюдан артық қылмыс жоқ.

Атақ, жұмыс, лауазым – дүниеден бəрін сатып алуға болады. Тек табиғат-ана ғана сыйлайтын талантты сатып алуға болмайды. Əдебиет пен өнерді жасайтын осындай таланттар. Амал жоқ, қазір бəрін ақша мен сауда шешетін дəуір туып тұр. Аян, сенің елу жылдығың да осындай өлара тұсқа келіп тұр. Баяғыда қазақ елі дүлдүл ақын, жырауларының отыз, қырық жасын да тойлап, атап өтеді екен. Біз сияқтылар елуге ентелеп жеткен кешегі күндерде үкімет, қоғамды былай қойғанда, жазушылар одағының өзі бір ауыз не жақсы, не жаман сөзін айтуға жарамаған. Ол өз алдына, тіпті “елуге келген ақын-жазушыларды атап жатудың қажеті жоқ” деп жоғары жақтан əдейілеп шешім шығарғандар да болып еді. Мұның бəрі өткінші жəй ғой. Ойлап қарасаңыз, ақынның жеке басына, талантына қосып-алар құдіреті жоқ, бірақ ұрпақ, замандастарды қадірлісін құрмет тұтуға баулыр халықтық салт қана. Ат шаптырып, атан жарыстырып ақынын көтермелер қоғам болмаса да, Тіршілік – мəңгі майданда тыңдадым өмір наз үнін. Жарқырап тұрар қайдан да туған жер – Темірқазығым, – деп о баста өзің жырлағандай, көл-көсір ықылас, ілтифатын алдыңа жайып салар халқың бар. Есіңде ме, анау бір жылы бір жолыққанда: (онда сен бəрімізге де Ана- бесік болған “Лениншіл жас” – “Жас алаш” газетінде əдебиет пен өнер бөлімін басқаратынсың) – Сендер, ер-азаматтар, замандас іні, қаламдас бауыр бола жүріп, бізді де бір қыдыртпайсыңдар. Əбішке Маңғыстауыңды, Оралханға Қатонқарағайды, Бексұлтанға Талдықорғанды көрсет дегеніме пəлен жыл болды. Мəніс біледі дейтін сен де Шымкентке шақырмайсың, Аян, – дегенім? Көп ұзамай Тұрсынай екеуің мені Шымкентке алып бардыңдар. Ол аймақта менің тұңғыш болуым еді. Студенттермен

кездесіп, Қожа Ахмет Иассауи зиратына тəу етіп, сенің дүниеге шыр етіп түскен жерің Жетімтаудың баурайындағы қос бұлақ басында тыныстап отырдық. Содай сен айтып ең: – Фəриза, əрі заманы бір қаламдассыз, əрі əпкесіз, сізге ер-тұрманын күмістеп соқтырып ат, жарқылдаған машина мінгізер едім. Бірақ менің жəне мына қасыңызда қошаметтеп жүрген өнерлі іні-сіңлілеріңіздің қолында байлық та, билік те жоқ екенін сіз жақсы түсінесіз. Мен мына бауырларыммен ақылдасып, Қаратаудың бір сілемі сонау жеке тұрған тауды сыйлаймын. Қараңызшы, өзі сонша биік те, аласа да емес, бірақ бойында белгісіз бір құпия құдірет бардай сезіледі. Сол тауды бұдан былай шымкенттіктер “Фəриза тау” деп атайтын болады... Маған бұдан артық сыйдың қажеті де жоқ еді. Өзіңді мақтай беру ыңғайсыз. Тағы да сенің өз жолдарың ойыма оралып отыр: Аяқ жерге, төбе көкке тигенмен, Кірпіктерім көкжиекке сүйенген. Далаң қандай əнді үкілеп, күй емген! Қазақ елі, сені мəңгі сүйем мен. Айналайын, туған жерім, киеңнен, Сенің шалқар шарапатың тигеннен! Ақындық – киелі қасиет. Кие деген де кез-келген маңдайға түстене бермейді. Елдіктің, адамгершіліктің, өнердің киесі қонған құйқалы топырақ қана өз перзентінің бойына уызына жарығандарда болатын кеңдікті, тамырынан сіңірер тектілікті дарыта алады. Көргенділік асып-тасқан байлықпен келмейді. Біздің балалығымыз соғыс кезіндегі, онан кейінгі жоқшылық жылдарда өтті. Байлық дегенді түсімізде де көрген емеспіз, ол жайлы армандаған да емеспіз ғой. Күні кеше өзіңе жақындауға жасқанып, еңбек жолын жаныңда жүріп бастаған өндір жастар бүгін мал мен мансапқа оранып, түу десе түкірігі

ауада қалықтап жүрген заманда, біздің ақымақтар санатында бас- аяғымызды бүтіндей алмай жүруіміз де сондықтан шығар. Сол дəуренді енді қайдан іздерміз?.. Қайғым əжім салған кезде жүздерге із. Келер ме деп əскердегі көкеміз, Жол қарайтын біздерміз, Сол дəуренді енді қайдан іздерміз? Отқа оранған əке түске жиі енді, Ешкімге де тілемес бұл күй енді. Ұңғыларда атылмаған оқ болса, Алдыменен бізге келіп тиген-ді... Отқа оранған əке түске жиі енді. Өмірбаян сол өртеңге жазылды, Өткізіппіз талай қыс пен жазыңды. Өркешінде өрге тартқан өмірдің Құшағымыз таңға қарай жазылды, өмірбаян сол өртеңге жазылды. Өзің осылай суреттеген жылдардың жетімектеріміз біз. Сол жүдеу көңіл, жоқшылық жылдар қалдырған таңбадай сезіміміздің, ықылас- ниетіміздің, өмірге көзқарасымыздың тұрақтылығы да, əкемізден “қара қағаз” келмесе де, көрші бала Бекболаттың əкесіз қалғанын көріп, көзіміздің жасы іркілетін жанашырлық та күні бүгінге дейін жанымызға бедер боп жабысыпты. Бүгінгі жұрт түк болмағандай қарайтын махаббат сезіміміз де біз үшін қасірет боп өткен еді. Бітіріп бір өзгеше баққа да рай Бұл қала жас жаныма жаққан арай. ... Мен уыз махаббатымды жоғалтқан соң,

Кеткемін бетім ауған жаққа қарай, – деп, бүкіл тірлікке нүкте қойылғандай сезініп, енді бірде: Ғашықтар үшін таусады Ынтызар бұлбұл бар əнін. Махаббаттардың зəу шағы шақырып, кетіп барамын. Ғашықтар үшін таң күліп, Күретамырларға қан жүріп, Махаббаттармен мəңгілік жатады өмір жаңғырып! – деп, қуана құлап, жарқ еткен сезіміңнің құдірті дүниенің тұтқасын ұстағандай күйге түсіруі де сол жылдардың аңқау да, адал тəрбиесінің бедері шығар. Жақсы көру де – киелі қасиет. Оның басты тіні – тұрақтылық. Пікірі мен сезімі қырық құбылған адамда өмірлік өзекті принцип те болмайды. Жақсылықты көре білу, сүйсіне білу де – адамдық болмыстың негіздері. Сені, сенің талантты замандастарыңды даралайтын да осылар. Менің бір таңқалатыным – солардың бəрі далалық ауылдарда жалаңаяқ өскендер. Қазақ табиғатының жəй көзге көріне бермес бояу-болмысын жан дірілмен сезіне де – сол дала сіңірген қасиет болса керек. Маған сенің өлеңдеріндегі суреттер де қатты ұнайды. Тіршілік сəнін ырғап-жырғауын-ай, Оянған таң алдында қырғы ауылды-ай! Күн лаулай көкжиектен көтерілді, Құлпырған қауырсыны қырғауылдай.

Бар өлке емен-жарқын нұрға тұнып, Балауса шөптегі шық сыр ма тұнық. Өзеннің иір-иір иінінде Билейді өрімталдар ырғатылып. Көрініс көңіліңді биіктетіп, Өмірді көрсетеді сүйікті етіп. Мөлдір көл, мөлдір аспан, мөлдір дүние, Тұр құйттай жүрегіңе сыйып кетіп. Немесе: Қашанғы сəуле себелер, Көкжиек өртеп күн батты. Қоңырқай құба төбелер Шегіртке мұңын тыңдатты. Қарлығаш қанат қалықтай Желпінді баппен бақша-бау. Ертедегі алыптай Бір белде рəт жатсаң-ау. Сонан соң аспан біртіндеп, Шам-шырақ жаға бастайды. Тылсым көп өмір шіркінде Тамызық ойға тастайды. Қырдың бояулары-ай! Мен де қыр түлегі болғасын ба – əр ноқатына дейін жанымда жаттаулы. Бірақ мен өлеңмен сурет салуға шорқақпын. Өзінің қолында жоққа қызыққыш келетін адамзат болмысына тəн

көрсеқызарлық. Көрсеқызар деген онша тəуір қасиет емес. Бірақ қасиет. Жұлдыз – масақ. Ора-ора Ай орағы тауысты. Түн бояуын сора-сора Таң сəріге ауысты. Шықтың жасы пора-пора, Бозаң тартып тау үсті, ... Ойлар өрді қора-қора, Сезім – ғашық қауышты. Осы өлеңге қалай қызықпайсың! Қалай сүйсінбейсің! Қысып, қусырып, қала қапырық, Нəзік жатады жанды жапырып. Жүйке жұқарды, түтіліп шүйкедей, Тынбай бір күйбең үйкеліп күй кедей. Мысық мияуы, иттің ырылы, Естілгендей ме өкпе сырылы. Үнсіз жеп жатыр жегі жемір үн, Жүйке тозды-ау, озды өмірім. Енді кетердей сəлге үзіліп, Аулақ, жүз күдік, оян, жүз үміт! Өкше тықылы, судың шорылы, Кілең естіліп көрші қорылы.

Жə, жə!.. Амал жоқ, жеңдір сабырға: Ауыр тұрмыс та, жұқа қабырға. Есік. Желдеткіш. Еден сықыры. Бəрін көреді желке шұқыры, Кір шалған жоқ, бірақ, түк арды, Жүйке жұқарды. Жүйке жұқарды... Керемет өлең! Сенің суреттерің де қырғауылдың қанатындай құбылып барады. Мұндай өлеңдердің біреуін жазбаса да, ақынмын деп еңкейе алмай жүрген біз секілділерге сабақ қой! Халқымыздың басына келген зауалдай болған 1986-1987-жылдарда “Жалын” баспасының жабық бəйгесіне түскен “Зерде” деген шағын повесті оқып, кейін оның авторы сен екеніңді білгенде, таң-тамаша қалып, сүйсінгенмін. Өзіңе кейін айттым да ғой деймін?.. Сенің ел, жер жайлы, дара тағдырлар жайлы жазылған тағылымды əдеби мақалаларыңды оқып жүретінмін. Өлең жазғыштың бəрі ондай мақалаларды жаза алмайды. Көркем очерк жаза алмайтындар да екі-үш адамның ауызша тілдескенін сызықшамен тізбелеп, шығармалар жинағын шығарып, əдебиет сарайының төбесінде тайраңдап жүр. Бірақ олар сенің “Зердең” не əдеби мақалаларың тектес дүниелердің біреуін де жаза алған емес. Аян бауырым, мен саған көпшілік қоятындай бір-бірімізге моральдық немесе материалдық тəуелділігіміз жоқ екенін өзің білесің. Баяғыда бір қазақ: – Бəріміз де əкемізді сабайтын едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды көріп тұрғаным осы! – деген екен. Мақтаудың да түр-түрі болады. Менің бұл айтып отырғаным мақтау емес, шындық. Ақын үшін елу – үлкен белес. Алжудың басы емес, əрине. Бірақ алып- ұшқан сезімнен ақыл мен парасат басым, айға ұмтылар алапат күйден даналығы басым тұрар тұстың басы екені рас. Сол тұста тұрсың, бауырым!

Анау жылықолынан дəм-тұзтатқан анаңөткенжылыдүние салған. Сонда қолдарынан жетектеп жүрген екі перзентің – Арай мен Нұржайна – бұл күнде қазақ топырағының бір-бір азаматы болар жасқа жетті ғой деймін?! Мұның бəрін айтып отырғаным – осылардың əрқайсысы адамды есейтер детальдар. Сенің соңғы жылдары оқта-текте мерзімді баспасөз беттерінде көрініп қалатын өлең-жырларың да əлгі айтқан парасатты ойларыңа куə. Жаңа кітабың соңғы екі-үш жылда қолыма түскен емес, шамасы шықпаған болуы керек. Əйтпесе, жаңа шығармаң жарық көргенде, қуана сыйлайтының бар еді. Қазір кітап шығарудан гөрі екі əйел алу оңай болды ғой деймін. Əрине, бұл жалпыға бірдей принцип емес. Баспадағылардың бабын тапқандар баспа басшыларының шəртиген шығармаларынан ауысқан қағазға том-том етіп шығармалар жинақтарын шығарып та үлгерді. “Құдық суының ащы-тұщысын білу үшін құдықты сарқа ішудің қажеті жоқ” дегендей, сол газет-журнал беттеріндегі өлеңдерінің өзінен жаңа бір деңгей, жаңа мазмұн байқап қалам. Қалт-қалт етіп күн көріп, қайран қазақ! Біздер үшін қиямет сайран да азап. Заман желі қаңбақтай айдағанда, Қалыпты-ау туған жерде – қайран да аз-ақ. Жетім қозы тасбауыр маңырайды, Қайтқан қойға өрістен жамырайды. “Қайран қазақ!” күйі əлі күңіренеді, “Қайран қазақ” əні əлі аңырайды. Кім тозаққа шынымен төзер еді, Шүберекке жан түйіп безер еді,

Ата-жұрттың жібімей тас емшегі, Тулақ болған топырақ безереді. Рахман нұрын бəрібір көк төгеді, Көсегенің көгеріп көктегені. Қарлығаштар, аман бол, қарлығаштар, Оралатын сағынып көктемені. Уақыт та көрсетті себі шетін, Сенісетін кез келді, сенісетін. Жылқы мінез, халқым-ай, шұрқырасып Өбісетін, қайтадан тебісетін. Маңдайдағы жұлдызым: жалғыз Отан, Жайып жатар құшағын аңдыз жотаң. Адасқанды табыстар аруанаға, Боздамасын шалғайда жалғыз ботаң!.. Қайран қазақ, ұштасып нұрға таңың, Қашан сені мен ырғап-жырғатамын... Тамып кеткен ыстық көз жасың едім, Қалай оны оп-оңай құрғатамын?! Шынайы ақын-жазушының мұңы мен күлкісі, кейбіреулер ойлайтындай, өз қара басынікі ғана емес. Жалғыз өзі олқы жерінің бəрін дүниемен толтырып, жеке басының жыртық-тесігін бүтіндеп, айналасында түйсігі мен түсінігін жетілдіре алмай, əйт десең, аттана шабатын, қырық пышақ болып қырылысқан аталастары, қандастары жүргенде, қағанағы қарық күн кешетіндер – халықтық тұлғалар емес.

Ақын – туған топырағының, туған ұлтының барометрі болғанда ғана шын ақын. Қайран қазақтың кейуана күйін көшіріп, қашан ғана қуанышқа бөлеймін деп уəйім шекпеген ақын ақын емес. Қазір ел ішінде бастарын екі елі шүберекпен таңып алған кім көрінгенді жинап, көшеге шыққандарды ғана халық үшін іс тындырып жүр деп қабылдайтын болды. “Аш құлақтан тыныш құлақ” деп, ондайлармен басшылар да есептесетін болды. Осының бəрі жүйкеңді жейді. Ел тағдырын, таланттар тағдырын кім көрінгендер шешетініне ызаланасың. Сенің баспаға тапсырған, бірақ əлі жарық көрмеген жинағыңның “Жүйке” деп аталуы да кездейсоқ емес-ау. Жаным қандай шаршады, Нəзік үміт үзіліп. Жастығымның бар шағы, Өтті алдымнан тізіліп. Бақ па, сор ма маңдайда? Сүйдім жəне сүйіппін. Қалды кетпей таңдайда Кермек дəмі күйіктің. Досқа создым қолымды, Көбісі сырт айналды. Кесті жəне жолымды Еріксіз тіл байланды... Жарақаттан сау жер жоқ, Кеткен жақсы-ау көз іліп. Күздің күні жауар боп, Тұр ызғары сезіліп.

Бұл өлең – сенің, сенің ойлы замандастарыңның, тіпті бəріміздің жанымыз, тəніміз. Сырт көзге ақынның жеке қасіреті боп көрінетін жан күйзелісі басқалардың жүрегіндегі бітеу жараның аузын аша алса, міне, халықтық дүние дегеніміз осы болмақ. Аян! Сенің творчестволық өсуіңнің басты себебі осы жасқа келгенше биліктен бөлек, билік құрғандарға бауыр не балдық болмай, өз тіршілігіңмен жүргеніңнен деп топшылаймын. Кəріліктен көмескі сөнген көзі, Асыл əжем жүз беске келген кезі. Біздің үйде бар еді құрсау шəйнек, Сынып, жамап бəріне көнген өзі. От басының қызығы суынбайды, Бала ойында əлдене туындайды. Сексеуілдің шоғына бүйір қызып, Ақ құманның шүмегі шуылдайды. Қай қиырға адырна атты толғап, Менде ерік жоқ жүретін қатты талғап. Құрсау көңіл, құрсау жан, құрсау шəйнек, Құрсау-құрсау дүниені жатты жалғап. Мен пір тұтқан құлады ту қалықтап, Түсе ме енді тіршілік шүу қалыпқа?! Қатал тағдыр мені де құрсаулады, Асау ой мен сезімді бұғалықтап...

Сенің осы өлеңіндегі құрсау тірліктің орта тіршілігі сенің ойыңды балға мен төстей шыңдап, шым-шытырық өмірдің шаң-тозаңынан үнемі тазалап келе жатқан секілді. Өнер иесінің билік пен мансапқа ұмтылуы – оның бойындағы талант көздерінің біткенін білдіретін бірден-бір көрсеткіш. Билік пен мансап жүрген жерде тəуелділік жүреді. Ал тəуелділік бір күні болмаса, бір күні адалдығыңнан тайдырады. Сөйтіп екіұдай сезім, екіұдай өмір кешу басталады. “Ішімнен біліп тұрмын, бірақ басекеңнің көңілінен шықпайды” деген қағидадай тірлік кешу осы. Бұл – творчестволық тұлға үшін қылмыс. Сондықтан Құтқардым мен құрдымнан аға-ініні, Араша кім болады, ал, өзіме?! – деп өзегіңді өртей берме! Жер аударылып кеткенше жаныңды емдер туған топырақ бар. Өзің де жазыпсың ғой: Туған жер, сенің қандай сиқырың бар?.. Мен де бір күн білемін тынарымды. Мүжіліп шынар сынды сынарымды. Жібек жел. Жалбыз жаға. Бала бұлақ. Қарсы алып тарқатады құмарымды. Күреңсе. Раң. Ырғай ырғалады, Долана, итмұрын мен шырғанағы. Жарқ етіп жарық дүние жанарымда, Мұң емес көңілімде нұр қалады. Жаңартып бұл кездесу жан, сананы, Сан сурет шығады алдан самсап əлі.

Шеңгелдің титтей қызыл қауашағы, Сəл самал тербеп кетсе əн салады. Туған жер, қандай сенің сиқырың бар?.. – деп... Ендеше “құлдық сезімді лақтырып” тастап, “тағдырдың соққысынан шекесі шодырайған” халқыңды жүрек-жырыңның жылуымен емде, жан-дертіңнен сəулесімен баста! Сенің аман жүргеніңді, өз биігіңде жүргеніңді тілейтін ел-жұртың, апа- қарындас, аға-інің бар. Жастықтың ен жайлауын жайлап едім, Көктемнің сезіп тағы майда лебін. Сыр шертіп тұрған бағзы қайыңдар жоқ, Кешіккен махаббатым қайда менің? Қиялым, оны онша ұстама енді, Толқытып тебіренетін тұсқа келді. Боз көйлек, тесік қалта арманшыл жас, Құмартып құшты талай қыпша белді. Күндер де сенсіз қанша дөңгеледі, Біртіндеп ұяң үміт сөнген еді. Жүрегім бұрылады жолайрыққа, Тұрғандай күтіп біреу дөңде мені. Қалды ма қызық-шыжық жалпы өткенде, Отырдым ойға шомып қалт еткенде. Еһ, дəурен, ыстық демің күйдіреді, Балтырлар ақ сазандай жарқ еткенде...

Бір түрлі шымырлайды құйқа қандай, Жаралы жанды емдеп шипа таңдай. Əлдекім қырау басқан самайымды Жып-жылы алақанмен сипағандай. Сол жылы алақан – халқыңның алақаны ғой. Адамзат алақаны Адамзаттың тым шет-шексіз ұзақ ғұмырындағы кəкір-шүкірді елемей, кембағалдар, бишеқорлар мен жарлы-жақыбайларды жарылқап, маңдайдан сипайтын алақаны ұдайы жұмсақ, жылы бола бермегендей. Арман мен бақыт құстары пыр-пырлап ұшып, кімнің басына қонарын əлі күнге дейін білмей жүрген сықылды адасып. Не деуге болады? Адам табиғаты басынан тылсым. Оның тал бойында шарпысып жатқан сезімдердің бəрі де бар: жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, қатыгездік пен ізет, кішілік пен кісілік, ұсақтық пен ұлылық, кісəпірлік пен имандылық. Асқан ақыл-ой асқарына тартқанда, ол арбадан атом ғасырына дейін қилы-қилы ғұмыр кешті. Оның ұзақ-ұзақ өмірінде қызықты құбылыстар, оқыс оқиғалар мен сұмдық сілкіністер аз болған жоқ. Тіпті Х-ХХ ғасырлар аралығында тамаша тұлғалар: атақты ақын-жазушылар, рухы биік революционерлер, сұңғыла суретшілер, сайыпқыран сазгерлер, дарабоз даналар, ғұлама ғалымдар, əйгілі əскербасылар пен саңлақ спортшылар болды... Ғасырлар қойнауына саяхат жасағанда небір ғаламат ғажайыптар ойға оралады. Ұдайы су аяғы құрдым бола бермейді. Бұлақ басынан лайланса, аяғынан тұнады. Төрткүл дүниенің төрт құбыласы елеңдеп, үшінші мыңжылдықты тағатсыз күтті. Адамзат балауыз шамдай таусылып, аяқталған ХХ ғасырды əрқалай қабылдды. Зымыран уақыт қандай- қандай заулайды. Басқа даңғаза өз алдына, тіпті кей басылымдар оның аяқталуына пəлен апта қалды деп жар салды. Ұзын салқар өмір көшінде алағай да бұлағай, жақсы да, жаман да алқын-жұлқын жайлар

кездесіп заманалар шыңға тартты. Бірақ, болашақ темірқазығын бетке ұстаған ұлы керуен тоқтамай іркіліссіз тек алға кетіп барады. Алайда, осындай əредік-əредік ұзақ-ұзақ мерзімде, яғни бұл өткен мыңжылдықта кім қандай із қалдырып өтті? Əрине, қай кезде де тұлғаның аты тұлға. Қаншама тарих тегершігін кері кейін айналдырғысы келгендер де табылғанымен, ол көткеншектеп шегінбейді, уақыт ақ сағымы адамзат алыптарының биік бекзат болмысын ешқашан көлегейлей алмайды. Ендеше, ұзын-ырғасы мың жылға созылған мəңгіліктей мезетте қайран қалдырған əлеуметтік- қоғамдық құбылыстар, ойға ой мен сезім қосатын оқиғалар, сəулелі сананы сарсылтқан сілкіністер аз болған жоқ. Шаңды шаңға ұластырған қанды шапқыншылық, рауаннан бастап кемеңгер кемелдікке дейін адам баласы соншама апайтөс асқарлар асты. Ол феодалдық, капиталистік жəне социалистік қоғамдарды (формация) бастан өткеріп, бауыр басқан жерден ғарышқа көтеріліп самғағанша жер бетінде жағаласып, жұлқысып, баз кешіп, отаршылдық қамытын сыпырып тастап, бостандығын шектейтін бұғауды быт-шыт етіп үзіп, тəуелсіздік туын желбіретіп жоғары көтерді. “Біз де сіздердей болғанбыз. Сіз де біздей боларсыз” пиғылы қандай! Жиырмасыншы ғасырдың бел ортасындағы оныншы жүзжылдықта аламан-тасыр арман, ғажайып ғаламаттарға толы өтті. Ұлы Тұран топырғаныда əлі Қорқыт ата мен оның ұғымтал шəкірті Əбунəсір əл- Фарабидің рухы Қыдыр кейпінде кезіп жүрді. “Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманды” көксейтін бəрі. Викингтер ұрпағы алғаш рет Еуропадан Атлант мұңайған мұхитын кесіп өтіп, Лайф Эриксон Америка жағалауларына жол тартып, жаңа құрылық ашқаны бүкіл адамзатқа жұмбақ күйде қалды. Араб халифаты солтүстікке ауыз салып, Испания мен Сицилияны жаулап алды. Көшпеліліремен бірде тату, бірде қату болған Киев Русі одан ары күшейіп, дай-дай қызық дəурен сүрді. Бірақ, 1015 жылы І-Владимир əулие дүние салып, ел қара жамылса, Римде ІІ-Николай кардиналдар кеңесетін алқада папа сайлануын мақұлдады. Өмір-өзен өрекпіп өрге тарта берді. Бірте-бірте теріскейден тықсырылып, селжүктер Кіші Азияға қарай қоныс аудара бастады. 1071 жылы Ван көлінің маңайында Алып Арыстан бастаған сары даланың сарбаздары Византия əскерінің тас-талқанын шығарып,

жеке-дара билік құрды; Ирак пен Сирия көшпелілер тұлпарларының тұяғы астында тапталды. Санжар, Тұғырылбек, Алып Арыстан тұсында селжүктер мемлекеті нығайып, мейманасы толып, өгей өлкеде өктемдік жүргізді. Егер Еуропада Ұлы І-Кнуд біріккен Англия, Дания мен Норвегияның королі болып тұрғанымен бытыраңқылыққа ұшыраса, Сырдарияның төменгі ағысындағы түріктер (оғыз-түрікмендер) Кіндік Азияның Оңтүстігінде көшіп-қонып жүріп, жан-жағына көз аларта бастағандай. Түздіктер бастауында Селжүк тұрып, мұсылман дініне кіру рəсімін жасаса, Бағдатта “Низамия” медресесі ашылып, ескі құрылықтан оңтүстік шығысқа қарай бірнеше мəрте крест жорығы жалғасты. Бұл ғасырда дала мəдениеті барынша марқайып, адамзат рухы Өрлеуі осы өмірден бастау алды. Дала ренессансы! Оны айтқанда кейбір кейапат ұрып, кергігендердің алдында көлгірсіп, көмейімізге тас тығылғандай ауыз ашпай қалатынымыз неліктен? Бар дауыспен жар салатын кез емес пе? Орта Азия оқымыстылары Ерте Өрлеуге жанкештілікпен өлшеусіз үлес қосты. Оған Əбу Əли əл-Құсейн ибн Сина мен Əбурайхан Мұхаммед ибн Ахмет Бирунидің өмірге келіп, тіршілік танымының сан саласында олардың мəңгі жарқын жұлдыздай із қалдыруы зор ықпал етті. Авиценна (980-1037-ж.ж) 156 еңбек жазып, медицина, геометрия, математика мен астрономия ғылымдарымен шұқшия шұғылданып, уақыт сарғайтқан қыруар қолжазбаларды қарастырып, ащы маңдай терін төгіп, көз майын тауысты. Бируни (973- 1051 ж.ж) болса Галилей, Коперник, Гауес, Ломоносовтардан əлдеқайда бұрын аспан əлемінің беймəлім сырларын ашып, тұңғыш тұлға ретінде тəлімгерлік танытты. Егер аталмыш аралықта рухи орталық Қиыр Шығысқа қарай ауысып, онда Махмуд Қашғари мен Жүсіп Баласағұни тіршіліктің жұлдызды жолына жарыса шықса, демек, біздің халықтарымыздың мəдениеттен мешеулеп қалмағанын көрсетеді. 1029 бен 1038-жылдар шамасында туып, оңды-солды танып, парасат патшалығына билік құрғанда Махмуд Қашғари “Түрік тілдерінің сөздігін” (“Диуану-лұғат ит-түрік”) жасады. Оның əкесі Қарахан əулетінен Құсайын бин Мұхаммед Бараған əмірі Бағра ханның (Харун бин Сүлейман) немересі болып

танылды. М.Қашғари өз тілістанында 110 жер-су аттарына тоқталып, 40 ел мен тайпаға түсініктеме береді. Ал, Жүсіп хас Хажип Баласағұни (1021-жылдар шамасында дүниеге келген) Орта Азияның атақты ақыны болып, соның елең-алаңының өзінде “Құт қайнарларын” замандастарына өнеге етті. 1069-жылдары жазылған бұл поэмада Ə.Фирдоусидің “Шаһнамесінің” ықпалы аз емес. Месневи түрімен жазылса да шығарма өлшемі мұтакəріпке жатады. Ж.Баласағұни алғаш рет түркі поэзиясына арузды енгізіп, түздіктер тіршілік танымын жыр тілімен жеткізді. Біз бұнда қайта-қайта Тұран топырағы мен туылған тұлғаларды айтып отырғанымыз, ол – ортақ үйіміз. Тұрпаннан Дунайға дейін көшпелілердің дəуірлеп тұрған тұсы бұл. Соның айғағындай осы кезеңдерде үлкен ұғымға ортақтастырып, бүкіл баспа өнерінің қарлығашындай болып, хұснихат (каллиграфия) пайда болды. Бұл уақыттың қазақ тарихы үшін де ерекше маңызы бар. Тағы да мəселе тектануға тіреледі. Мұхамеджан Тынышбаевтың көрсетуінше, Х ғасыр жазушысы, Византия императоры Константин Порфирордың Таматарихтан (Тмутаракань) Күншығысқа қарай Қуан өзенінің бүкіл бойын “Қазақия” деп атайды. Г.Эверс араб жылнамашысы Масуди (956 ж. қайтыс болды) Трапезундқа келетін саудагерлердің осы елді “кəшек” деп ен тағып, арабтың басқа бір жиһанкезі Ибн əл-Варди “косогтар” немесе “қазақтар” екенін еске салады. Левшин парсының 1020 жылдар маңайында өмір сүрген атақты ақыны Фирдоуси өзінің Рүстем поэмасында “Қазақтар мен қазақ хандары” туралы толғайтынын атап өтеді. Шығыс поэзиясында (басқа жанрларда да бар) парсы əлемі бізге бір табан жақын болғандықтан оның əфсаналары, жəдігерлері мен мұрағаттары ежелден аралас-құралас болатын Тұран мен Иран арасында атам заманнан түрлі-түрлі байланыстар барқадар өркендеп, жалпы жаптас жатқан жұрттың бір-біріне көз алартқаны сиреді. Адамның асыл мұратын асқақ жырлаған Əбілқасым Фирдоуси (940- 1030 ж.ж) ақындар шаһары Қорасанда туып, үлкен өмір мектебінен өтті. Оның “Шаһнаме” эпопеясы кеңістікті көктей өтіп, сан ұрпаққа өнегелік тəрбие беріп келеді. Жақсылық пен жамандық, тұлға мен

тобыр, бақыт пен сор тайталасып дəл ондай туынды берген жоқ еді. Бұл кезеңде Низами, Дехлеви шығармашылығы шарықтап, өнер шырғалаңына ұрынбай, шабыт шабандозындай көсіле шабуға зор ықпал жасады. Гете мен Чернышевский Ə.Фирдоуси еңбегін аса жоғары бағалап, поэзия пірі тұтты. “Шаһнаме” тарауларын қазақшалауда Ораз молда, Сералы мен Тұрмағамбет аз үлес қосқан жоқ. М.Сералин “Рүстем мен Зухрабты” тəржімалауда елеулі еңбек сіңіріп, парасаттылық парызын аса абыроймен атқарып шықты. Бұдан Əбілқасым Фирдоусидің қазақтардың төл суреткеріне айналғандығы байқалады. Олар бір-бірін білді ме, білмеді ме, Əбілқасым Фирдоусидің рухи інісі Омар Қайым (Хайям, 1040-1123 ж.ж) Шығыс жыры шоқ жұлдыздарының бірі болумен қатар, даналықтың дара тұлғасына айналды. Ол аспан əлемі мен жер бетіндегі құбылыстар туралы ұдайы толғанып, жаратылыс жұмбақтарының қыр-сырына үңілді. Біз Омар Қайымды тек ақын ғана деп танимыз. Ол жұлдызнама жайында жазып, Наурыз туралы толғанып, қырандар мен тұлпарлар хақында хикая шертеді. Бұл орайда танымы мен түйсігі жағынан ол түздіктердің тыныс- тіршілігіне өте-мөте етене жақын тұр. Ақын бұрыннан поэзияда бар төрттаған (рубай) жанрын тұрақтандырып, өмірдің бар саласын қамтып, өгейлік пен бауырмалдық, бес күн жалғанның қысқалығы мен уақыт шебердің ұсталығы, пенденің лап етпе сезімі мен көнтерілі төзімі жайында жырлап, табиғатына нəзік нақыш, даналық дарытып, биік болмыс бітірді. Дүниеге шыр етіп түскелі білімнің жарық биік шыңына ұмтылған адам баласының аңсары жан-жақты ағартудың сан-саласына ауды. Бұл аралықты жоғарғы оқу орындарының ғасыры десе де болатындай. Ескі Еуропада бірінен кейін бірі Болон, Сорбонн жəне басқа да университеттер ашыла бастады жаппай. 1127 жылы Қытай астанасын (Кайфын) көшпелілер жаулап алса, Мысырды күрді Салах Аюбид əулетінің негізін салып, ормандар мен батпақ арасында Мəскеу (саз мекен) бой көтеріп, Батыста Палестинаны азат ету сылтауымен крест жорығы одан əрі жалғасты. Германия

императоры І-Фридрих Барборосс, ағылшын королі арыстан жүректі І- Ричард пен Франция королі І-Филипп Августің біріккен қолы жекпе- жекте тауы шағылып, қатты жеңіліп, маңдайы тасқа тигендей кейін қайтып, өз отандарына оралды. Оның үстіне Алмания императоры жортуыл кезінде өзенде тұншығып өлді, қанды шеру аяғы қасіретпен бітті. Алыстағы тұманды Альбион, күнбағыс алқабы теңіздей толқып тұрған Нормандтар жері мен Балтық бойында батырлар жыры бабалар рухын оятып, ауыздан ауызға аңыз болып тарады. Бұл біздің түгел түркі халықтарының біразына ортақ асыл қазына болып есептелетін “Алпамыстың” алғашқы нұқасының пайда болуына тұспа-тұс келеді. Мəңгілік “Манас” та асыл мұраға айналып келе жатты. “Менің Сидім туралы”, “Нибелинг туралы”, “Ролланд туралы” жəне өзге де ерлік эпостарының дүниеге тұсауы кесілді. Азияда да, Еуропада да түптің түбінде қаһармандық қайнарларында қайырылып, пақырлық қалып, бауырлыққа ден қойғызды. Ел еңсе көтерсе – рухы асқақтайды. Ол бойға бесік жəне батырлық жырларымен бірге біте қайнасып дарыды. Ал, қай діннің болса да жергілікті жерде тамыр тартып, кең қанат жаюы оңайлықпен жүзеге аспайтын қаракет. Парсы мемлекетінде Қазанхан (1271-1304 ж.ж), Алтынордада Өзбек ханның (1312-1342 ж.ж) тұсында ислам бүкіл елге қылыштың жүзімен күштеп енгізілді. Егер, ұлан-байтақ далада өз уағыздаушылары болмаса, арты насырға шауып, екі талай аяқталуы мүмкін еді. Софылық ілімнің барынша пайда болуы да осы аласапыран кезеңге сəйкес келеді. Өмірге жыр мен инабаттың жарық жұлдызындай болып, Құл Қожа Ахмет Иассауидің Сайрамда (Испиджап) 1103 жылы кесенелері де осы топырақта мəңгі тыныс тапты. Орыстың белгілі шығыстанушы оқымыстысы М.Е.Массон: “Қожа Ахмет Иассауидің заманында Орта Азияға шығыстан келген мұсылман емес халық қытайлардың (қарақытайлардың) шапқыншылығына ұшырады. Олар əуелі Шу бойын басып алып, онда орныққан соң (1137-1141 ж.ж), ал, 1141 жылы Қатауан даласында самарқандықтар мен селжүктердің сұлтаны Санжардың (1118-1157 ж.ж) біріккен қолын ойсырата жеңді. Қарақытайлар өздері басып алған жерлерде мемлекет құрды. Олар бірте-бірте мұсылман

дініне шек қойғандықтан, ислам өзінің бұрынғы беделінен айырыла бастады” деп жазды. Бұларға тарих тағлымы мен арнайы құжаттар болмаса шəк келтіруге болар еді. Бірақ, деректер бұра тартқызбайды. “Ахмет Иассауи Сайрам шаһарында біздің заманымыздың 1103 жылы дүниеге келеді. Тегі – жергілікті түркі тайпаларының бірі. Баж кəсібімен күнелткен. Əкесі – Ифтихар, баласы – Махмұттың ұлы Ибрагим (Ыбырайым) сол Сайрам шаһарында жерленеді. Ахметтің, шешесі – Қарашаш ананың бейіті де осы қалада, – деп толғайды атақты кесенені түгел зерттеп, кітап түзген халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедов. – Түркістан қаласында Ахмет Иассауидің қызы Гауһар мен күйеу баласы Əли қожаның қабірлері, Бабарабтың мешіті жəне басқа да көптеген ескерткіштер бар. Бұл аз болса осы салада пайымды пікір айтып келе жатқан ғалымдар Ғ.Айдаров, Ə.Құрышжанов, М.Томановтар да толассыз ойды қуаттап, “Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде” (1971 ж.) бұған жан бітіре түседі: “Қожа Ахметтің əкесі Ибрагим (Ыбырайым) бин Махмұт бин Ифтиқар жергілікті түрік тұқымдас халықтардың ішінен шыққан қарапайым диқан болған.Ахметтің өзі қазіргі Сайрам қаласының маңайында туып, сол кездегі атақты Арыстанбаб пен Жүсіп Хамадани шайхтардан білім алған. Ол əуелгі өз елінде (Арыстанбаб), сонан соң Бұхарада (Жүсіп Хамаданидан) оқыған. Ол əуелгі өз елінде (Арыстанбаб), оқыған. Оқуға жетік, білімге зерек болған... Бұхара сопыларының (нақшбандилердің) қоғамын басқарған”. Біз əлі өз тарихымызға ұдайы түртпектеп дүдəмалмен қараудан айырылмай келе жатырмыз. Марқұм Əнуар Əлімжанов Қожа Ахмет Иассауи өзбек ақыны деп ойда жоқта жаңалық ашады. Ау, ол кезде қазақ, өзбек жəне қарақалпақ болып онша жіктеліп, бөліне қойған жоқ еді. Баба мазары əлденеше рет шапқыншылыққа ұшырап, жасау- жиһаздары тоналды. Алтын Орда ханы Тоқтамыс та оны талан-таражға ұшыратты. Бес күн жалғанды тəрк еткен шайыр “Даналық кітабында” терең дүниетанымын бұлжытпай білдіреді: “Ой, омарта, сезім сəуле, көңілім кəусар, Атым Ахмет, Түркістанда елім менің!”. Енді оның Оңтүстік өлкесінде туғанына еш талас жоқ. Оның үстіне “Парасат кітабы” бірнеше мəрте қазақша жарық көріп, рухи айналымға

түскені төбені көкке жеткізеді. Құданың құдіретімен бүкіл ақындық қуаты ашылып, Низами (Низамиддин) Əбу Мұхаммед Ілияс ибн Жүсіп Гəнжауи (1141-1203 ж.ж) ғаламат ғұмыр кешті. Оның қаламынан туған “Жеті ару”, “Қысырау мен Шырын”, “Лəйлə мен Мəжнүн” жəне “Ескендірнаме” бес тармақтары позэия көгінде жаңа бір жарқын жұлдыздың жанғанын паш етті. Құдай қосқан қосағы қыпшақ қызы Əппаққа деген оның сүйіспеншілігі өлең жолдары болып от түскен өзегінен өрілді. Негізінен Низами эпик ақын. Ол сол шығармашылық шарапат шұғыласымен кейінгі шайырлар буынының тез қалыптасуына зор ықпал етті. Кешегі қымбат құндылықтармен көзайым көрісу де бір ғанибет. Көкжиек көмкерген көз ұшында қою шаң көтеріліп келеді. Егер, бұрынғы жаугершілік заман болса, Қарауылтөбелерге от жағылып, қара құрымдай қаптап келе жатқан дұшпан қолынан сайын далаға алдын ала белгі хабар берер еді. Келешекке тесіліп балбалдар, бəдіздер, жартастағы жазулар мен суреттер, көне қорғандар мен қамалдар, тілсіз төбелер жатыр көсіліп. Ұлы дала толғанып, тағы да мəңгілік жырын тербетеді... Таразылай келгенде, бұл ғасырды шаңды шапқыншылық жылдары немесе Шыңғысханның (1155-1227 ж.ж) жұлдызды заманы десе де болғандай. 1206 жылы оны қаһарлы қаһан етіп, ақ киізге отырғызып, ұлы хан сайлады. Рəсімге қатысқан он екі бидің ішінде шежірешілер Шəккəрім Құдайбердіұлы, Мəшһүр Жүсіп Көпей атап өткендей, Үйсін Майқы мен Қоңырат Саңғыл (Сеңгеле) болған деседі. Азиы қақпасына ауыз салудан бұрын 1215 ж Темужин əскері Ханбалықты (Бежин) басып алды. Ұлы Жібек жолында Отырар, Сауран, Сығанақ, Иассы жəне өзге де кенттер көркейіп, гүлдену дəуірін бастан өткеріп жатты. Олар Иран, Орта Азия, Монғолия жəне Қытаймен тығыз қарым-қатынаста болып, сауда-саттық жасап тұрды. Тіпті, Отырар даңқы Күлтегін мен Білгеқаған жазбаларында да кездеседі. Тұрарабад, Тұрар, Тарбанд, Фараб атауларына ие болғанымен бəрі бір қала тарихымен тікелей байланысты еді. Шаһар адамзат шежірсіне өз атын алтын əріппен жазды.

Бір кездері қос мүйізді Ескендір Зұларнайынға берілмей жарты жыл төтеп берген Тир секілді Отырар да алты ай бойы арыстандай арпалысып, жолбарыстай жағаласып, қамал ел есітіп, көз көрмеген сұмдық қаһармандық танытты.1219 жылы көктемде жер сілкінткен 200 мың Шыңғысхан шеріктері құдіретті қолбасылар Сүбедей, Жебе мен Тоныжар бастап, қаланы қоршауға алды. Тұйықтар мен алаңқайларда ханакалар, мешіттер мен медреселер жетіп артылатын, жер жүзіндегі ең бай кітапхана да осында болатын. Ұлы қаһан қабағынан қан жауып, балалары Үгедей мен ағатайға тентек тобырларды жуасытуды тапсырып, сырттан қарауылдап, қолына шырт түкіріп отырды. Қала қорғаушылары ақырғы демі қалғанша жағаласып, аянбай шайқасты. Қайырханға көмекке шекарадан елу мың, басқа өңірлерден он мың əскер көмек беруге аттанды. Бірақ қолбасылардың бірі Қараджа Хаджиб сатқындық жасап, қарсыластар жағына шығып кетіп, Отырар отқа оранды. Шайқасушы күштер тең емес еді. Қаншама ерен ерлік көрсетіп, текетірес тұрғанмен Арыстың Сырдарияға құятын сағасында өркендеп, жалы күдірейген кент күйреді. Əлі күнге дейін мəдени қабаттарды аршып, қанша қазғанмен қор қазынасы орасан кітапхананың өзі ғана емес, жұрнағы да жоқ. Жувейни “Əлем жаулаушысының жылнамасында” тағы да көптеген деректер келтіреді. Бір армян саяхатшысының мəлімдеуінше, одан кейін де Отырар қайта орнына келіп, тіршіліктің қара қазанын қайнатқанымен күйі кетіп, шаруа шаңырағы шайқалып, тек тылсым төбеге айналды. Еуропа елшілері мен жиһанкездері Марко Поло, Пиано Карпини, Вильгельм де Рубрук пен Руи Ганселес де Клавихо жазбаларында сонша сүмірейтіп, қирап, құлазыған қала, қыран ұшып, құлан жортпас қу медиен дала деп суреттегенмен өмір оты өшкен жоқ болатын. Өртеңге қайтадан қызғалдақ өсті. Ел еңсе көтерді. Шығыстан шұбалған шапқыншылық Дунайға қарай ауысты. 1241 жылы Бату Венгрияны түгел жаулап алса, соның алдында ғана Александр Невский шведтер мен неміс қосындарын Чуд көлінде қирата жеңді. Ізінше моңғол əскерлері кері оралып, Еділ бойында Сарай қаласының іргесін көтеріп, Алтынорда хандығының негізін қалады. Оны əр кезде Бату (1227-1256 ж.ж), Береке (1256-1266 ж.ж), Мөңке-Темір (1266-1280 ж.ж), Туда-Мөңке (1280-1288 ж.ж), Төле-Бұқа (1288-1290 ж.ж), Тоқты

(1290-1312 ж.ж), Өзбек (1312-1340 ж.ж), Жəнібек (1340-1357 ж.ж), Бердібек (1357-1359 ж.ж) билеп-төстеді. Пешенеге жазылғаны солай ма, əлде тағдырдың қақаған қара дауылынан ыққан түріктердің бір бұтағы Ертұғырыл бастап, ғасыр аяғына таман Кіші Азияға қарай ойысты. Алты жүз жылдан астам түкіргені түйме алтын, қақырғаны қойма алтын болған Осман (Оттоман) империясы Анамекенге табан тіреді. І Осман Қази, Найзағай І Баязит, ІІ Мехмед Фатих, І Селим Жауыз, ІСүлеймен Канунн, ІІІ Селим, ІІ Махмуд, ІІ Əбділхамит, IV Мехмед, Вахидеддин Еуразия кеңістігі үстінде қандастардың қайқы қылышын жасындай жарқылдатты. Егер ғасыр басында алып құрлықтың оңтүстік шығысында Дени сұлтандығы құрылса, жүз жылдық аяқтала Мысыр мамлүктері Акраны басып алды. Тұран түлегі Бибарыс бастаған Мансұр айлағында крест жорығымен келген фран Цузардарды күйрете жеңді. Бұл кездегі адамзаттың рухи өмірі де көшпелі алтындай бір орнында тұрған жоқ. ХІІ ғасыр аяғы мен ХІІІ ғасыр басында өмір сүрген А.Иүгінеки (Əдіб Ахмет ибн Махмұт Иүгінеки) “Ақыл айнасы” поэмасы арқылы өзі зағип болса да замандастар жүрегіне терең жол салды. 494 жолдан тұратын шығарма одан кейін араб жазуымен ұйғыр, араб жəне түрік тілдерінде жарық көрді. Түркістан төңірегіндегі Жүйнек, Самарқанд саласындағы Югнак, Ферғана өлкесіндегі Юғнақ оның есімін еске түсіреді. Бұлардың шығармашылығы түгел түрік əлеміне ортақ. Тағы да өкінішке қарай, редалқасы Ш.Айтматов, М.Тұрсынзаде, Б.Кербабаев, Р.Ғамзатов, Ə.Нұрпейісов жəне басқалар болып есептелетін Мəскеудегі “Художественная литература” баспасы 1972 жылы “КСРО халықтарының поэзиясы” деген жинақты жарыққа шығарды. Онда бəрі бытысып жүр. Баласағұн да, А.Иүгінеки де өзбек ақыны айдарын алыпты. Тіпті Əбу ибн Сина тəжік болып тіркеліпті. Бұл əлде құрастырушылардың қасақана білмей əбестік жасағыны ма? Телітентек болса бір сəрі. Білдей рухи ұстындар өстіп көлденең көк аттының қанжығасына қашанға дейін байланып кете береді? Ол кезде Кіндік Азия залықтары жеке-жеке отау тігіп, енші алып, бөліне қойған жоқ еді əлі. Ол ешкімнің қаперіне кірмегені таң қалдырады. Осындай-

осындайда əфсаналар, жəдігерлер мен мұрағаттарға барынша мұқият абай болайық деген мəселе туады. ХХ ғасыр басында француз ғалымы И.Кастаньенің жазғаны еріксіз ойға оралады. “Қазақ жазирасының қарапайым күмбездері мен ғимараттары Самарқанд пен Бұхараның көк тіреген зəулім мұнаралары мен сəн-салтанатты сарайларының көлеңкесінде көрінбей қалғаны болмаса, көнелігі мен ғылыми маңызы жағынан анағұрлым артық”. Енді Көз жауын алатын небір асылдарымызды ардақтайтын кез келді емес пе?! Болашаққа бет бұрған ұлы өмір керуені жолай қарайғанға қайырылып ешқашан тоқтаған емес. Адамзат ұдайы ұзақ кедір-бұдыр жолдан өтіп келеді. Ешуақытта ол тақтайдай түзу болған емес. Əсіресе, бұл ғасырда Еуразия кеңістігі бір-біріне қарайлап күн кешіп жатты. Бұл жүзжылдықтың бірінші ширегінде шығысты батысқа ашқандар өкілі, сауатсыз болса да жадымен зейіні зерек Марко Поло жетпіс жаста дүние салды. Осман империясы құлашын одан сайын кеңге сермеп, Балкан түбегіне түйілді. Бұрын Адрианополь (Едірне) құлап, Византия қалт-құл өмір сүріп жатса, Болгария мүлде бағыныштылық бұғауын киді.Франция мен Англия арасында 100 жылдық соғыс тұтанып, Қособада серб королі Лазарь І Мұраттан ойсырай жеңіліп, қару күшін мойындауға мəжбүр болды. 1380 жылғы Куликово шайқасына іле-шала Тоқтамыс Мəскеуді жаулап алып, əлімжеттік жасады. Əмір Темір Дели сұлтанатын талан-таражға ұшыратты. Жиырма жеті елді қан қақсатып, қою шаңға бөктіріп, ол саяси сахнаға шықты. Адамзат Шыңғысханнан кейін бұндай алапат шапқыншылықты бастан кешпеген шығар-ау. Аса діндарлардың дүрдараз əрекетке баруына байланысты ғасыр ортасында Еуропаны дендеген оба індетін Азиядан келген атжалмандарға жауып, жерден жік шығарып, крест жорығын жасаушылар тағы да Күншығысқа қарай өңмеңдеді. Соған қарамастан сондай бір шуақты шақта арабтың аса атақты жиһанкезі ибн Баттута қан базары қайнап жатқан Алтынорда өмірін суреттеп, тамсана қайран қалды. Оның есесіне көне шаһар Құмкенттен шыққан ер Едіге (1352-1419 ж.ж) Барысқылы (Броскла) өзенінің бойында 1399 жылы Тоқтамыс пен Литва князі Ойтопыттың (Витовт) біріккен қалың қолын быт-шыт

талқандап, дəурені өтіп бара жатқан Алтынорданың абыройын аспандатып, қай асырды. Оның: Құмкент шəрі қасында Баба Түкті Шашты Əзіз Мені сонда тауып ап, Едіге деп ат қойғанда Едіге атым құрысын Мен, мен дүрмін, мен дүрмін, Менменсіген мінезден Тəубе қылған ер дүрмін, – деуіндей бар. Ол Тоқтамыстың қызы Жанбикені алған еді. М.Тынышбаевтың көрсетуінше, Ер Тарғын – Едігенің сегізінші ұрпағы. Ал, оның одан бұрынғы үрім-бұтағы Сүйінбикені айтпай кету тіпті мүмкін емес. Ол Қаһарлы Иванға (Иван Грозный) дейін Қазан хандығында билік құрды. Бір кездері атақ-даңқы жұмыр жер бетінде дабырайып алысқа кеткен Алтынорда келе-келе Қазан, Сібір, Астрахан хандықтары мен Ұлы Ноғай ордасына қырық ру болып бөлініп кеткенімен əдебиеті мен өнері өлшеусіз өсті. Құтып, Лутфи, Р.Хорезми, С.Сараий жəне басқалар əр түрлі жанрларда қалам тартып, мəдениет марқаюына азды-кем үлес қосты. Үнемі халық қамын жейтін Асанқайғы да осы дəуірдің дауылпазы. 1910 жылы Қазанда шыққан “Шығыс бес елінің тарихында” Қ.Халиди Аягөзи оны (яғни Асанқайғыны) Майқының неменесі десе, қоғам жəне мемлекет қайраткері А.Асқаров та өз кітабында соны қуаттайды. Ақындар абызы өз шығармашылығына қарағанда бірінші Жəнібектің кезіне (1342-1357 жылдардағы Алтынорда ханы) сəйкес келетіндей. Сонда XIV, XV ғасырларда қазақ тарихында үш Жəнібек өмір сүрген болып шығады. Əбілғазы Баһадүр хан “Түрік шежіресінде” Шибан əулетін таратып келіп, Əбілқайырдың (1413 жылы туған) екінші ұлы Қожамұхаммедтің Жəнібек атты

келесаулау баласы болғанын айтады. Ол 1556 жылға дейін Астраханды билеп, кейін Кавно-Каунаста өмірден өтеді. Екінші Жəнібек (Əбусағит) шамамен 1460-1475 ж.ж) тұңғыш қазақ хандығын құрысады. М.Тынышбаев та, басқалар да бұларды бір-бірімен шатастыра береді. Біздіңше, Əз Жəнібек атанғаны да осы Барақтың ұлы Жəнібек (Əбусағит). Əрине, адамзат өркениеті əрқалай күн кешкенімен оның мəдениеті марқайып, тəжірибесі толысып, есейе түсті. Енді рыцарлар өмірі ешкімді қызықтырмаса, сəулетте көк тіреген Готиканың дəурені өтіп бара жатты, Еуропада Қайта Өрлеу белең берді. Италия əдеби тілінің негізін қалаған Алигьери Данте (1265-1321 ж.ж) “Алла əжуасы” мен “Жаңа тұрмысын” жазса, Д.Боккачо “Декамеронда” Д.Алигьери өмірін суреттеді. Франческо Петрарка (1304-1374 ж.ж) Лаураға арналған махаббат лирикасынан лағыл шашты. Əгəрки, туған топырағы Флоренциядан қуылған Данте “Алла əжуасында” бас кейіпкер, өз нақсүйері Беатричаға тамұқ тіршілігіне ортақ күй кешкізіп, кейбір құдайын ұмытып, мейманасы асқандарды, бай-манап пен тоғышарларды тозақ отына шыжғырып, тəубаға келтіреді. Оның замандас інілері Д.Боккачо да, Ф.Петрарка да көзбен көріп, көңілге түйгендерін көркем бейнелеп, кесек-кесек дүниелер қалдырды. Бір арудың меңіне бүкіл Бұхара мен Самарқандты ақ жүрекпен сыйлауға құмбыл Хафиз (Шамседдин Мұхаммед Хафиз 1325-1390 ж.ж) өзінің “Бəйіттерінде” əдемі əуіз, бұлбұл бақтар мен ай жүзді аруларды жырлап қана қоймай, рухи байлықты асқақ азаматтық əуенгеайналдырды. Батыс ақындар əулетенің сұқтанатыны əлі күнге Шираз шырайы емес, тұрғындардың қилы-қилы тұрмыс-тіршілігі мен талай-тағдыры болатын. Қалай десек те, бұлар сол дəуірдегі адамзат ақыл-ойының алыптары бола білді. Əлгі ізашарлар өзінен кейінгі толқындарға құнарлы топырақ дайындап кетті. Əрқашанда бейбітшілік пен соғыс бір-бірінің аңысын аңдып жүретіндей. Кішігірім қақтығысуларды есептемегенде адамзат Темірлан заманынан кейін төрт жүз жылдай үлкен соғысқа бармай, бейбіт қатар өмір сүруге болатынын көрсетті.

Шынында да, замандас болып есептелетін Данте, Хафиз, Əмір Темір мен Едігелер адамзат үшін кім еді? Біреулері тіршілік тізгінін тұқырта ұстаса, басқалары рухи өмір айнасы бола білді. Алайда, дəурен ешкімнің басында мəңгі тұрған жоқ. Бəрі-бəрі көк кенересінен құйрықты жұлдыздай ағып өтіп жатты. Не егілді? Не орылды? Төрткүл дүние қанша дөңгеленгенмен таң атуын, күн батуын қойған жоқ. Адам баласы бақыт пен сор арасында адасып, жұлдызға қарап жол тапты. Бұл ғасырда қияндағы құрлықтарды ашуға құлық ауды. Əуелі Генуя теңізшісі Христофор Колумб (Дон Крестобальт Колон) Американы “Индия” деп жаңылысса да түбі қайыр болып, жаңа елдер мен халықтар өркениетті еуропалықтардың аузының суын құртып, таң қалдырды. Америго Веспуччи Оңтүстік Американың жағалауларына жетіп, Венесуэланы “Кіші Венеция” деп атады. Көкбурыл теңіздің тағы бір көкжалы Васко до Гама Португалиядан шығып, михнатпен шаршап-шалдығып Индиядан бір-ақ шықты. Алайда, қашан да жақсылықтардың жолы ауыр. Чех реформаторы Ян Гус өртелсе, Жанна д’Арк Орлеанды азат етіп, ағылшындар Нормандияны тастай қашты. Мəскеу Алтынордаға салық төлеуден бас тартты. Еуропа жүрегінде кітап бастыру да алғаш жүзеге аса бастады. Рим империясының императоры, Венгрия мен Чехияның королі І-Сигизмунд (1368-1437 ж.ж) қайтыс болса да, ескі құрылық мемлекеттерінде қоғамдық-əлеуметтік жандану өріс алды. Фрацуздың бірінші лиригі Франсуа Вийонның (1431-1463 ж.ж) кездейсоқ жоғалып кетуі ешкімді төбеден жай түсіргендей етпей, өмір өзені мамыражай аға берді. Соның алдында ғана төңірегіне топтасқан ғалымдармен бірігіп, Ұлықбектің 1048 “жұлдыздар кестесін” жасауы ерлікпен барабар еңбек болатын. Барша адамзат аясында алғаш Қазақ хандығы мен мемлекеттігінің пайда болуы тарихта таңбаланды. Мұхаммед Хайдар Дулати “Рашидтер тарихында” (1543-46 жылдары Кашмирде жазылды) оны 1465-1466 жылдарға сілтейді. Керей мен Жəнібек (Əбусағит) құрған жас мемлекет Қозыбасында бытыраңқы түркі тайпаларының басын қосып, шаңырақ көтерді. Оның алдында Дешті Қыпшақта бірталай өзекті оқиға мен өзгерістер болып өтті: 1457 жылы Түркістан төңірегінде жоңғар-ойрат қонтайшысы Өзтемірмен қанды шайқас

болып, Əбілқайыр майдан алаңын тастап, Қосөзен Жиделібайсын жаққа бас сауғалады. 1458-59 жылдары Уəйіс хан балалары ағайынды Есенбұға мен Жүніс (Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің нағашысы) Моғолстан тағы мен тəжі үшін тайталасып, текетірес қару күшімен шешілді. Не дегенмен, қаз-қаз тұрып, бұғанасы бекіген қазақ хандығы бірте-бірте ежелгі мекені Сыр бойына қарай жылыстады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының айтуынша, Жиренше (шамамен 1422 ж. туған) шешен туылып, сол ғасырдың алпысыншы жылдарының соңына таман əз Жəнібекпен тəуіп-қандауырды таныстырып, алдынан өтеді. “Шипагерлік баян” тапсырыспен содан кейін жазылады. Сонда рет- ретімен қазақ хандарының тізімі былай: Жəнібек, Бұрындық, Қасым, Тоғым, Ақназар, Сығай, Тəуекел, Есім, Жəңгір, Тəуке, Болат, Əбілмəмбет, Абылай. Əлем картасында Қазақ хандығы тіркелді ме, жоқ па? Бірақ, он төртінші жүз жылдықтың екінші жартысы Кіндік Азияда бір мəртебелі мемлекет бой көтеріп, бұғанасы беки түсті. Қай қоңсысы болса да оныменен санасатын болды. Қасым ханнан бастап, ол Түркістанды астана ретінде қазақтың кіндік қаласы етті. Егер Кіндік Азия туралы сөз қозғала қалса, он төрт жүзінші жылдар соңына ала дүниеге келген Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулати жайында кімде-кім болсын айтпай кете алмайды. Заһираддин Мұхаммед Бабыр мен тарих атасындай болған ғұлама ғалым туралы жақ ашпай кету мүмкін емес. Олар тек бөлелер ғана болып қалмайды. “Бабырнама” мен “Тарих-и-Рашиди де” ұлт хақында терең толғамды түйіндер көп кездеседі. Бабыр “қазақ болып жүргенде”, “қазақтың”, “қазақи күндерде” деген ұғымдарды жиі қайталайды. Ол Оңтүстік өлкесін байыпты баяндап, қырмызы қыр, жесе тіл үйіретін қауын-қарбыз, миуа, қырғауыл мен құралай жайында жүрек тербейтін жылы-жылы сөз айтады. X, XVI ғасырларда ғұмыр кешкен алпыс ақынның шығармашылығына тоқтап, топтап төрелікке жүгіндіреді. Əбдірахман, Жəми, Əлішер Науайы жəне басқалар туралы тұңғыш лебіз білдіреді. Əсіресе, еңбек сүйгіш қарапайым адамдар жайында айтқанда жорғадай тайпалады.

Ал, Мұхаммед Хайдар Дулати мырзаның “Рашидтер тарихының” маңызы мен мəні зор екенін ірі мамандар мен оқымыстылар əлі айтудан жалыққан жоқ. Онда Орта Азия, Ауғанстан, Қашғария, Тибет пен Үндістан туралы құнды-құнды құжаттар, дəйекті деректер мен мол мағлұматтар бар. Бабыр да, Дулати де падишаһтықпен қатар əйгілі əскербасы һəм ірі қоғам қайраткерлері болып өтті. Сөйтсе де, поэзия олар өмірбаянының өзегіндей. Оян, Заһираддин Мұхаммед шаһ Бабыр, Серпіл, Заһираддин Мұхаммед шаһ Бабыр. Жердің бүкіл жұмағын тəрік етіп, Тəуба қыл, Заһираддин Мұхаммед шаһ Бабыр, – деп тебіренді ол шабытты шақтарында... Қазір нарықтық қатынастардың ми батпағына белшеден батып отырғанда сол кезеңдерге тіл бітер ме еді? Шын ден қойса, тарих тағлымы көп жайды үйретеді. Біздің санамыз саңырау, көкірегіміз көр, құлағымыз керең болған жоқ əлі. Апайтөс аспан тіреген шыңдарға өрмелеп бара жатып, төтен шыңырауға қараса, асқарпаздың (альпинист) басы айналып, жүрегі лоблиды. Өткен өмірге көз жібергенде əркім-əркім сондай күйді бастан кешетін шығар. Əйтпесе, бəрі тірі болса он сегіз мың ғаламда адам əулетінен жер қайыспай ма? Басын бұлт аймалап, көкірегін күн сүйген биіктерде тек қана ақиық қырандар еркін самғап, теңбіл барыстар мен марқасқа құлжалар ғана жортады. Самғау сезімінен жұрдай қарға-құзғын байғұстар кір- қоқыстың маңайын мекендеп қалатыны маңдайына жазылғаны содан. Дер кезінде атақ-даңқы жер жарған Алтынорда мүлде кіші-кіші хандықтарға айналып кетті. Шайбани əулеті Бұхара, Балық, Самарқанд, Ташкент пен Хорезмді қаумалап, біріктіріп, хандық құрды. Константинопольде зұлмат зілзаладан 13 мың адам өліп, баспанасыз тұрғындар жапа шекті. Осман империясының сұлтаны І-Селим (Жауыз) Аракстың (Арағыс) жоғарғы ағысында І Исмайл Сефевиді Ойсырата жеңіп, артынша Мəмлүктерді бағындырса, парсы патшасы ұлы І-Аббас

астананы Казвиннен Испаһанға көшірді. Испан конкистадорлары жауыздықпен Америка тұрғындарына тізе батырды. Дегенмен, Мехико, Буэнос-Айрес іргесі осы уақытта қаланды. Португалия ашкөзденіп, Қиыр Шығыс жаққа ұмтылып, алыс аралдарды отарлай бастады. Мəскеуде 1538 жылы Елена Глинская (Мамайдың қызы, қаһарлы IV Иванның анасы) өліп, ғасыр аяғында Бория Годунов патша тағына отырды. Еуропаны Жерұйық, Қайырымды қалалар көлеңкесі мен елесі кезіп жүрді. Томас Мор, Лютер Мартин, Томас Мюнцердің қайраткерлігі қоғамдық-əлеуметтік ойды бір биік белеске көтеріп тастағандай еді. Мишель де Монтень, Эразм Роттрдамский, Франсуа Рабле көркем ойдың көшін бастаса; пошта (байланыс), глобус (географ Бехайм) пен сағат (ұста Петер Генлейн) ойлап табылды; ХІІІ Григорий папа күнтізбекке түзетулер енгізді. Керемет көріпкел, ғажап ғұмырлы жұлдызгер Нострадамусты (Мишель де Нотр-Дам 1503-1566 ж.ж.) да осы дəуір тастүлектей түлетті; “Виктория” кемесімен жерді айналып шығу сапарында Фернанд Магеллан 265 адамның біразын жоғалтып, 18 адаммен Испания жағалауларына қайтып оралып, Николай Коперник күн жүйесіне бір тоқтам жасатты. Темір тұяғы Бабыр Панипаттағы шайқастан кейін ұлы Моғол əулетінің негізін салды. Бұның бəрі, қай жеңістің де оңайлықпен келмейтінін көрсетеді. Кей-кейде шақшадай басқа көктегідегіден жер шамшырақтары көп пе деген күпір ой келеді. Орта ғасырдың Ренессансына ұйтқы, мəдениет марқасқалары Леонардо да Винчи (1452-1519 ж.ж.), Рафаэль (1483-1520 ж.ж.), Микеланджело Буонаротти (1475-1564 ж.ж.), Питер Брейгель (1525-1569 ж.ж.), Тициан (Тициано Вечеллио 1477-1576 ж.ж.) мен Камоэнс (1524-1580 ж.ж.) жоқ жұлдыздарының жарығы беймарал əр қалай нұр себеледі, себезгілеп таң сəулесін шашты. Əлем тарихында алғаш мəрте қазақ хандығы дүниеге келіп, оңаша отау тігіп,тұсау кесті. Оның пайда болуын зерттеушілер Г.Хворос (1451 ж.), Б.Ахметов пен Чулошников (1455-1456 ж.ж.), ал, кейбіреулер (1450 ж.) немесе (1456 ж.), С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов (1470 жылдарға) сілтесе, Алатау шатқалынан шыққан Шудың төменгі ағысындағы Қозыбаста шаңырақ көтерген жас мемлекеттің орнауы 1456 жылға

табан тіретіп, тарихымыздың атасы Мұхаммед Хайдар Дулати 1456- 1466 жылдарды меңзейді. Тап қай күні қада қағылғанының дəл мерзімі құжат жүзінде қалмаған соң, əрине, уақыттың ары-бері көктайғақ болып сырылуы мүмкін. Шынтуайтында, өмір шындығы мынандай: 1457 жылы ойраттың қонтайшысы Өзтемірден Түркістан төңірегінде қатты ойсырай жеңілген Əбілқайыр майдан даласын тастап, бас сауғалап, қашып шықты. 1458-59 жылдары Уəйіс ханның ағайынды балалары Жүніс пен Есенбұға тұл қала жаздаған тақ пен тəж үшін текетіресте қанды судай шашып төкті. Бұндай қиямет-қайым қиянкескі ақырзаман жағдайда кім жаны ашып, жарылқап, жер бөліп бере қоюы неғайбіл деп ойлаймыз. Біздіңше, мамыражай тыныштық орнап, күйзелген халықтың қолы өз аузына өзі жеткені 1460 жыл деп тоқ етерін айтудың қисыны келеді. Əйткенмен, “жау қайда деме, жар астында, бөрі қайда деме, бөрік астында”. Мəскеу тұтқынында жүрсе де бұл тұста ұлттық таным топырағына тың парақтар қосқан Қадырғали Жалайыри болатын. Ол “Жылнамалар жинағында” Тəуекел ханның (1586-1589 ж.ж.) інісі Ондан Сұлтанның баласы Ораз-Мұхаммедке дейін таратып əкеліп, үш бөлімнен тұратын еңбегінде баға жетпес байламдар жасап, шежірелерді сара саралайды. “Жамиғат-тауарихтың” туындыгері шағатайша жазып, өзі туралы “Дүниеде көп елдерде болдым, көп оқыдым” деп мəлімет қалдыруды да ұмытпайды. Ханзада Ораз-Мұхаммедті он алты жасында аң аулап жүргенде воевода Данил Чулков алдап, қолға түсіріп, жоғарыға жөнелтеді. Ата-бабаларымен ақсүйектер ордасына қызмет еткен Жалайыри де амалсыз бірге кете барады. Қолжазба кітабын Борис Годуновқа арнап жазғанымен онда төрелер тұқымы мен қазақтарға қатысты құжаттар көп. Оны тəптіштеп оқыған Шоқан Уəлиханұлы шежіре шығарманың шынайылығын аса жоғары бағалайды: “Мазмұндау жағынан бұл еңбек ғажап ересен. Бұнда Əбілғазы мен Шайбанинамеге қарағанда тəмсіл аз. Бастауы мен Бориске арнауы жаттанды таптауырын болса да, түсінікті тілмен жатық жазылған, тоқ етерін айтқанда, бұл татар марапат-мадағының ең əдемі ескерткіші. Сөйлемдер мен орамдардың кереметтігі сондай, мыңғырған мысалдар қазақтар арасында əлі күнге дейін кеңінен тарап келеді”. Қалай айтқанда да, бұл ғасырда да ел-жұрт басына ауыртпашылық аз түскен жоқ. Сонда да, Əз-Жəнібек (Əбусағит) 1460-1480 ж.ж.), Қасым

(1511-1528 ж.ж.), Ақназар (1538-1580 ж.ж.), Есім (1598-1645 ж.ж.) биліктері тұсында халық жаппай тұтас күйзелістен шығып, еңсе көтерді. “Қазақ хандығы кезінде 1584-1585 жылдары қазақтан ноғай тайпасы бөлініп, Қобанға көшті, жүз мың ноғай екіге жарылды,– деп қабырғасы қайысады академик Манаш Қозыбаев.– Осы азалы жылы халық өзінің түбі – Алаш екенін айтып зарлады”.Осының бəрі аздай, он бесінші жүзжылдықты аяқтай келе Шығыс Дешті-Қыпшақ көшпелілері Қосөзен арасын (Маураннақыр) жаулап алуға əлсіз талпыныс жасады. Ақыры Тəуекел бүкіл Орта Азияға билік орната алмай, келісім бойынша, Ташкент екі жүз жылға, айтулы мерзімге дейін Ферғана мен Түркістан (Қасым сұлтан 1498 жылы оны Қазақ хандығының астана бас кенті етіп жариялады), бұған дейін Шайбани ұрпақтары иемденіп келген Сырдың орта ағысындағы екі жағалауды мекендеп, отырықшылықты кəсіп еткен аудандар Қазақ хандығының құрамына енген болып есептеледі. Тұспалсыз тура айтсақ, осы аралықта тағы бір тұлғаға тоқталмай кету мүлде мүмкін емес. Ол – Низамаддин Əлішер Науайы (1441-1501 ж.ж.) өмір мен өнер мектебінен өтіп, араб-парсыша біле тұрса да тұңғыш түріктер тілінде (шамасы, шағатайша) ғазалдар, мұхаммасылар, төрттағандар, қыталар, тұйықтар мен Бестармақ поэмаларын жазған ақын. Биліктің биік тұғырындағы тəтті дəмін қанша татса да туған жырға деген терең сүйіспеншілігін бəсеңдетпей, шығыс халықтары тілдерінің арасында түрікшенің мəртебесін көтере аспандатып, оған зор маңыз береді. Бұл жағынан ол бертінгі кіші інісі Шоқанмен қандай үндес: “Түркі тектес халықтардың ішінде поэзиялық қабілеті жағынан қазақ бірінші орын алады деуге болады. Біздің шығысты зерттеуші ғалымдарымыздың арабтар туралы айтқан сөзі қазақтарға дəл келеді. Қазақтар да бəдəуилер сияқты өлеңші жəне ақын... Дала көшпелілерінің поэзия мен шынайы сезімге бейім болуына өмір бойы табиғат құшағында жүруі – жасыл майса дала, ашық мөлдір аспан, көші-қон көп тұрмыс əсер етпесіне кім кепіл?! Саф алтын көшпелі деседі. Қайта өрлеу дəуірі бірте-бірте Фарғанистанға (Еуропа) ауысып бара жатыр еді.

Халық қандай қазымыр! “Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” дейді бір мақалда. Қашан да қысқа һəм нұсқа қайырып, тоқсан сөздің тобықтай түйініндей кесіп, кемеңгерлікпен тауып айтады. Данышпан!.. Бұнша адам нəсілі рымшыл болар ма? Əр жаңа жүзжылдық, яғни мыңжылдық табалдырық аттарда қайдағы бір ақырзаман хақында қауесет қатты жүріп, жер жүзін тіліне, дініне, діліне қарамай бір үрейлі елес-лақап немесе құбыжық ұзынқұлақ кезіп кетті. Бүкіл адамзат асқар ойының шыңына шығандаған сайын ол болса болжам, сəулеңке сəуегейлік пен көрбілте көріпкелдік көбеймесе ешқашан азайған емес. Есіміз қашан кіреді? 1600-да ешқайсынан кем соқпады. Бірақ, одан тіршілік тегершігі тежеліп, аспан айналып жерге түспеді, не жік шықпады. Қанды қақтығыстар, ойлантатын оқиғалар, қауіпті қоқан- лоққы азаймай, үдей түсті. Ғасыр отының ішінде өртеніп, дүмше діндарлардың кесір-кесапатынан өршіл ойлары үшін Джордано Бруноның тəкаппар тұлғасы одан да асқақтап тұрды. Мəскеуде Б.Годунов өлсе, Шығыстағы шаңды жорықтар үстінде атақты Акбар мен Аббас жантəсілім етті. Одан ілгерішіл өмір сағаты тоқтап қалған жоқ. Ресейде он алты жасар Михайл Романов əулетінің негізін қалап, ұрпақтары үш жүз жылдан астам үстемдік құрды. Семен Дежнев Азия мен Америка арасындағы бұғазды ашса, Гринвичте тұңғыш рет обсерваторияның ірге тасы бой көтерді. Жарық пен түнек солай итжығыс түсіп жатқанда, Түріктердің қайқы қылышының қарымы Крит (1669 ж.) аралдарын жаулап алуға жəрдемдессе, ізінше І Петр Азау теңізін тапа талтүсте талапайға түсірді. Дүние жаралғалы бері талай-талай қасқаларды таңдай қақтырып, таңырқатқан əлемдегі ең биік сарқырама Ниагардың да бағы жанып, жұлдызы жарқырады. Сантьягодағы зəре-құты алған зілзала мен Лондондағы жаһанды жалмаған жалмауыз өрттің бұған, əрине, қатысы шамалыдай зардабы тез ұмтылғандай. Иогани Кеплер, Галилео Галлилей кеңістікті көктей өтіп, қаншама қиындықтарға қарамастан жырақ жұлдыздар жұмбағын шешуге тырысты, алма ағаш түбінде Ньютон бүкілəлемдік тартылыстар заңын зерделеп отырғанда, Френсис Бэкон мен Бенедикт Спиноза қоғамдық ғылымдарға қозғаушы күш қосты. Енді əйгілі əдебиетшілердің заманы туып келе жатты. Еуропа Батысында Мигель де Сервантес “Дон Кихотты” бітірсе (1605-1615 ж.ж.), Альбионда Шекспир, Испанияда Лопе де Вега мен Педро Калдерон де Ли Барка, ал

Францияда Мольер мен Жан Расин эллиндер Эсхил мен Аристфаннан кейін соншама шабыткерлер шоғыры шартараптаншұғыла шашып, драматургия дəуіріне қыран қанатын дарытты. Бейне бір күллі əлем алып құрылыс алаңына айналып кеткендей. 1613 жылы Солтүстік Америкада Квебек салынып, Сантьяго мен Бомбей одан сайын көркейе түсті. Азияда Калькутта (Қалқұтта) қаласы бой көтеріп, қазық қағылды. Бұнда 1811 жылы У.Теккерей, 1861 жылы Т.Рабиндранат (Тхакур Рабиндронатх) дүниеге келді. Ыстамбулда Көгілдір мешіт есік ашты. Шығыс шұғыласының астында Жаһаншаһ əмірімен əлем сегіз кереметінің бірі – Тəж-Махал жиырма жыл бойы тынымсыз жұмыстан соң сұлулық сиқырымен тіл байлантып, жаға ұстатқан сыңғыраған келісіміне келді. Бұл махаббаттың мəңгі нысанындай ерен ескерткіш ғажап ғаламат қаз-қалпында асқақтап тұр əлі. Оны салдырған Түркістан сəулеткер шебері Иса қанша көз майын тауысып, сүйіспеншілігіне сызат түсірді екен? Оны көргенде біз пақырда жан қалмағандай, үкідей ұшып, жүрегімізді қолымызға алып, шырақты айналып, паруанадай күн кешкеніміз бар еді. Сəулетте Барокко тəсілі салтанат құрса, сурет өнерінде Фламанд Рубенс Питер Пауел, Нидерланд Рембрандт Харменс Ван Рейн, грек Эль Греко, Қайта өрлеу кезеңінің рухи туын іліп əкетіп, қолдан түсірмейді. 1666 жылы Парижде Табиғаттану ғылымының Академиясы есік ашып, көрермендерін қарқ қылды. Қайда болса да қазақ даласы өз қазына байлығымен дұшпандарының көзқұрт қызғанышын оятатын, оңаша отау тігіп, шаңырақ көтеріп, уық шанышқалы бері біздің халқымыз не көрмеді? “Еңсегей бойлы Ер есімнен” кейін де бұл елде үш хан өзгерді: Есім (1598-1645 ж.ж.), Жəңгір (1645-1680 ж.ж.) мен Тəуке (1680-1718 ж.ж.). Басынан жағасы жайлау, кеңқолтық жаралған соң амал бар ма, биік асқақ рухқа зар болатынбыз, алайда қиналған сəттерде ата-бабалар аруағы желеп- жебеп, келіп-кетіп жүргендіктен бе, көк бөрі бейнеленген байрақ жығылмады. 1465 жылы қаазқтар 1 миллион 100 кісіні құраса, кейінгі уақыттарда да шаңды қосқан шапқыншылықтарға душар болып, жасанды қырғындардағы қиын-қиын құрбандықтарға қарамастан өсім байқалып отырды. Тарих төріне шыққан қазақ хандығы да күннен күнге қанат жайып, бұғанасы беки түскендей. Бұл ғасырдың басында

Түркістан қаласына астанасын ауыстырған жас мемлекет қиырға ұшатын қырандай қомданып, дүр-дүр сілкініп, таулар мен далаға бауыр басып, түтінін түзу түтетті. Ежелден оларға түз тіршілігі таңсық емес еді. Қай кезде де, бостандық үшін ұлт-азаттық күрес ешқашан тоқтаған жоқ. Егер, украинада Богдан Хмелницкий Запорож қазақтарының басын қосып, поляк шляхтичтеріне ауыр соққы берсе, Ресейде Степан Разин басшылығымен шаруалар көтерілісі белең беріп, қазақ мемлекетінің бір əлсіреген тұсын малданып, қалмақ қонтайшысы Батыр 1643 жылы Жетісуға тарпа бас салды. Орбұлақта болған ерлік шайқаста Салқам Жəңгір түмен-түмен қара құрттай қаптаған қолға ат төбеліндей аз күшпен уақытша қарсы тұрса, оған Самарқанд аталығы Жалаңтөс баһадүр 20 мың əскермен қосылып, қаскөй жауды күйретіп, қатты тойтарыс берді. Ол Кіші жүздің төртқара руынан еді. Əйгілі Əйтеке бидің үлкен атасы ержүрек қолбасылығымен айрықша көзге түсіп, Нұрата атырабын жайлаған қандастарына қамқорлық жасап, зор беделге ие болған еді. Қорасан мен Балық үшін болған соғыста да ерекше қаһармандық танытып, оған жүз мың əскермен Жəңгір қатысып, Жалаңтөс жеңіс дəмін татқызды. Самарқандтағы салдырған “Ширдар” (1619-1636 ж.ж.) мен “Тіллə-Қари” (1647-1660 ж.ж.) медреселері сəулет өнеріне баса көңіл бөлгенін білдіреді. Қазақтың біртуар азаматы қиын-қыстауда халқына қалтқысыз қызмет етті. Əрине, түгел дерлік тəспіге тізіп, желбезектен ілгендік емес, осы орайда Əбілғазының өзі мен сөзіне соқпай өту тіпті сөкет. Ол түп- тұқияннан беріге дейін шежіре түзіп қоймай, Баһадүр хан Тұранның оңтүстігінде билік етіп, қазақ əміршілерімен тығыз қарым-қатынаста болды. “Түрік шежіресінде” (1663 ж.) бүкіл Шыңғыс əулетіне тоқталып, зəулім бəйтеректің бұтағындай зəузаттың бүге-шігесіне шейін бажайлап сипаттайды. Баз бір тұстарында мақалдап, жайдақтатып кеткені болмаса тарихи тамыры тереңге тартып, түзу түзілгендей. Аталмыш еңбекте өзінен бұрынғы тарихшылар, жылнамашылар мен шежірешілер əсері бар. Солардың көлеңкесінде қалғаны болмаса, бұл дау-дамайсыз құндылығы аса жоғары қымбат қазына. Оны бар-бар академия, институт ұжымы жабылып бітіре ала ма, жоқ па, əй, қайдам. Біздің өткенімізге жіті үңілсек, негізінен Махмуд Қашқари, Рашид-ад-

дин, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, Əбілғазы жəне басқалардың жазбаларына сүйенетініміз заңды жай. Өйткені, олар дерек көздеріне біз бейбақтардан гөрі бір табан жақын тұрып, ақиқаттың ала жібін онша аттатпайды. ...Озмышта жазмыш жоқ. Балаузыздай жанып өлімсіреп таусылуға айналған ғасыр аяғында жақын жұмыр жер тұрғындары 2 миллиардқа жетіп жығылды. Ол сан сапаға айналғанда қандай күш болар еді?! Жə! Сонымен қара қылды қақ жарған əділ қазы уақытпен əмпей- жəмпей сырласып, ғасырлар қойнауына саяхаттаудың соншама ұзарып кететін түрі бар тəрізді көрінгенімен барлығы да сабақты ине сəтімен дегендей аяқталып келе жатқандай. Ол да бір абың-күбің ел басынан қиқу кетпеген заман еді... Мағрыпта да, Мəшрүкте де алуан-алуан патша, император, король, хан мен шаһтар жиі ауысса, бес күн жалған кімге опа бергендей? І Петр кең дүниенің əпшісін қуырып, аспандағыны арбап, жердегіні жалмап, бодандарының екі аяғын бір етікке тықса да ажал құрығынан құтыла алмады. Алайда, өткен ғасырдың аяғында айдынды Азауды (Азов) алып, кемелер құрылысын жанталаса жедел қауырт қарқынмен жүргізіп, Балтық пен Қара теңізге атадан мұра қалған бəсіресіндей шұқшиды. Полтава түбінде швед королі ХІІ Карлды тас-талқан етіп, солтүстік Пальмирадағы Нева жағасында Санкт-Петербургтің іргетасы қаланып, жас қала Ресей астанасына айналды. 1718 жылы Жаңа Орлеан салына бастаса, 1784 жылы Владикавказ (қандай зұлымдық! “Тек бөліп ал да билей бер”), Шығысты игер деп Владивосток тұрғызылды. (Теке тек аты өзгертіліп, Орал аталды, т.б.), Одесса бой көтерді, Пасха аралы ашылды (1722-1723 ж.ж.). Орыс-парсы, үш рет орыс-түрік (1768, 1787-89 жəне 1790 ж.ж.), орыс-швед (1789 ж.) соғыстары зор зиян-зардап əкеліп, халық қара жамылды. Ереуілге шыққан париждіктер Бастилия түрмесін басып алса, мұсылман əлемінде жік туып, Араб шөлінде Мұхаммед Инб Əбді Əлі Ваххаб арнайы ағым құрып, мызғымай келе жатқан тұтастыққа сызат түсірді (1740 ж.) Алғаш рет француз физигі əуе шарымен көкке көтеріліп, Икардың (қанатты адам) арманын жүзеге асырды. Ағартудың дəм-тұзын татып, дəніккен адамзат өміріне суатқыш жəне мақта жинайтын мəшине мен қызыл құлақ доллардың

пайда болуы үлкен серпіліс туғызды. 1777 жылы АҚШ-та бірінші Ата заң қабылданып, артынша Францияда сондай құжат тіркелді. Бұның бəрі дегенмен жоңғар (ойрат) – қалмақ шапқыншылығының аясында елеусіз қалар еді. Қазақтың қас дұшпаны 1599-1750 жылдарда 150 мəртеден аса қайта-қайта момақан азат сүйгіш дала мен тауларға басып кірді. Жойқын жаугершілік зардабы мен зобалаңынан халық үстінде қасірет-қайғы бұлты үйіріліп, енді-енді ұлт болып, ұйып қалыптасып келе жатқан жас мемлекетте “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан” соң 3 миллион 300 мың тұрғыннан 2 миллион 200 мың кісі қалғаны қабырғаны қайыстырып, ішті удай ашытады. Ондай нəубат пен зауал еш халықтың тағдырында болған емес. Бұндай қиын-қыстау қысталаңда сұға бергенге бұға бермей, дала демократиясы туып, соның айғағындай жəне айнасындай “Жеті жарғы” заңдар жинағы өміршеңдік танытты. Əз Тəукені А.Левшин ежелгі спартандардың білгір заңгері Ликургпен салыстырып, сұңғыла сипаттайды. Қандастары алапат өртке шалдыққанда қанатымен су сепкен қарлығаштай шыр-пыр болған Қарлығаш би Төле, Қаз дауысты Қазыбек пен Əйтеке азаттықтың асыл мұратын жүзеге асырып қана қоймай, соншама азып-тозған елді бірлік пен тірлікке шақырып, еңсесін көтерді. 1726 жылғы Ордабасы кездесуі келешекке батыл бетбұрыс болғандай. Оның алыстан алаулаған оттары ұшқындап, бір түрлі үміт сəулесін оятып, маздатқандай еді. Қазыбек, Əйтекедей көсем өткен, Əлдібек, Айтбай, Майлы шешен өткен. Жолы үлкен, жасы кіші Төлебидің, Əйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен,– деп толғанды Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы “Даналарға” (1881 ж.) атты өлеңінде сол дүрбелең аласапыранды өзек ете отырып. Көңіл дүрбісін салып, екі арада елшілікке жүрген жас Қаз дауысты Қазыбектің: Біз, қазақ, мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Басымыздан құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басымыздан сөз асырмаған елміз. Достықты сақтай білген елміз, – дейтін елдік пен ерліктің, тіпті өрліктің даусындай саңқылдап естіледі. Сол жылдары Шығыс Қазақстан мен Батыс Жоңғария қатты зерттеле бастады (И.Униковский, Г.Путилов). Орыс-қазақ қарым-қатынасында аздап жылымық пайда болғанымен батыстан самұрық, шығыстан аждаһа зымиян сайқал саясатымен қазақ жеріне жиі-жиі көз алартатынды шығарды. 1752 жылы Қытай императоры Цянь-Лун Маңғұлия мен Шығыс Түркістанды аса қатал жауыздықпен жаулап, сыналап сұғына кірді. Бостандық жолының шырғалаңы мен шытырманы ұдайы көп. Сол үшін шыбын жанын қиып, Робеспьер, Сен-Жюст, Марат, Дантон мен Бафер құрбан болып кете барды. Адамзаттың мейлінше көбеюін шектеп, санын біржола тұрақтандырып, табиғи сұрыптауды ту еткен ағылшын экономисі Томас Роберт Мальтустың теориясы да тіршілік тұтқасын ұстағандарға қалың ой салып, сананы сарсаңға түсірді. Сол аяда Иоганн Себастьян Бах (1865- 1750 ж.ж.), Георг Фридрих Гендель (1685-1759 ж.ж.), Вольфганг Амадей Моцарт (1756-1791 ж.ж.) саз сəулетінің салтанатын асырып, ішкі- сыртқы əшекеймен əдіптеп, əуен əлемін əрлеп, асқақтата көтеріп əкетті. Вольтер Мари Аруэ (1694-1758 ж.ж.) Жан Жак Руссо (1712-1778 ж.ж.), Готхольд Эфрайм Лессинг (1729-1781 ж.ж.), Ден Дидро (1713-1784 ж.ж.), М.В. Ломоносов (1711-1765 ж.ж.) жəне көптеген ақыл-ой алыптары əртүрлі тақырыптарға анықтамалар шығартып, асқақ азаматтық тұрғыдан көрінсе, Англияда Даниель Дефо (1660-1731 ж.ж.), Джонатан Свифт (1667-1745 ж.ж.) пен Роберт Бернс (1759-1796 ж.ж.), Ресейде А.Н. Радищев (1749-1802 ж.ж.), Арменияда Саят Нова (Арутюн Саядан (1712- 1795 ж.ж.), Францияда Пьер Огюстен Карон де Бомарше (1732-1799 ж.ж.) қалам қайратын танытып, замандастар өмірін жарқын жырлады.

“1670 пен 1825 жылдар арасында Антилов аралына алыс Африкадан 5 миллиондай негр зорлап əкелінді. Олардың ішінде 1825 жылы Вест- Индияда құлдық қамытын кигендері 2400 кісі болса, қара түстілер Кубада 36%, ағылшын бөлігінде – 81%, Ямайкада – 85% жетті. АҚШ халқының 16%-ін солар құрады”. 1846 жылғы 7 сəуірде атақ-даңқы жағынан Гете жəне Шиллермен меңзелдес ғұлама ғалым ғарыш пен ғалам байланыстарын нəзік сезініп байланыстырған Александр Гумбольдт (1767-1859 ж.ж.): “Адам өмірінің мəселелері оңайлықпен шешілмейді. Бір қалыпты дағды, ескі міндеттемелер, есуастық үміттер алды көлденеңдеп шектеспейді” деп жазды. Олармен қанаттас қаншама сарабдал суретшілер өмір сүрді. Жартылай қыпшақ, жартылай славян мұрасы “Игорь жасағы туралы жыр” Спасско-Ярославль ғибадатханасынан табылып, көне құндылықтарды байытқан үстіне байытты. Əйтсе де, Құдай ешкімнің басына бермесін, қазақ тарихы қанмен жазылып келді. Орыс патшалығының отарлау саясаты ілкі қадамдарынан бастап, ішмерездікпен өте жасырын құпия жымысқы түрде жүргізілгені мəлім. Арбады, алдады, сатып алды. Егер, Аляска құнын 1867 жылы 7,2 миллион долларға айырбастап жіберсе, Қазақстанға мəймөңкелеп, мысықтабандап, тіпті, қарумен қоқан-лоққы көрсетіп, қорқытып, үркітіп, емін-еркін енді десе де болғандай. Айрандай ұйып, сабындай бұзыла беретін өмір-ай. Қап тауындағы Шəміл имам бастаған азаткерлердің бас көтеруі ширек ғасырға созылса, Сапар Мəтенқызы, Исатай-Махамбет, Сырым Датұлы, Кенесары-Наурызбай, Есет Көтібаров, Жаңқожа Нұрмұхаммедұлы ұлт- азаттық көтерілістері əртүрлі сипатпен əлсін-əлсін тұтанып, жалыны ұлан-байтақ даланы оқтын-оқтын шарпып отырды. Соған қарамастан отарлау шеңбері тарылып, бұратана аталған тұрғын халық бəрі бір құлдық қамытын киді. Омбы (1716 ж.), Жетіашар (Семей – 1718 ж.), Өскемен (1720 ж.), Орынбор (Орск – 1735 ж.), Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы қамалдары, Зайсан (1868 ж.), Орал (Ырғыз), Торғай (1845 ж.), Жаңа Петро (Маңғыстау – 1834 ж.), Александров (Ақтау – 1834 ж.), Қазалы, Қосарал (1848 ж.), Верный (1854 ж.) бекіністері орнады. 1853 жылы əскери отарлауда генерал В.Перовский мұрындық болып, Ақмешітті алса, Шығыстан В.Черняев Əулие Ата мен Шымкент шаһарына қансыраған қырғидай тиді. 1868 жылы құрылған қоныс аудару комитеті де сол саясатты қолдап, қолшоқпарға айналды.

Ғаламат ғасыр ортасынан Азияға қызығушылық қоздап, Шығыстануда күрт жанданыс басталды. Бұл кездейсоқ құбылыс емес еді. Франуцз, неміс, ағылшын жəне орыс зерттеушілері ұлт-азаттық қозғалыс пен түз тіршілігіне лажсыз қатты ден қойып, əлем жұртшылығы алдында тағы да шындыққа ақ жол ашты. Бұған дейін Н.Рычковтың “Қырғыз-қайсақ даласына сапар” (1771 ж.) жолжазбалары жарық көрсе, Э.Эверсман мен Е.Мейендорф, Н.Я.Бичурин, А.Левшин, Байронның нақсүйері Клер Клермонттың “Владимир мен Зара”, Г.Зелинскийдің “Қазақ” жəне “Дала” поэмалары, В.И. Дальдың əңгіме-хикаяттары, Я.Ханыков, В.В. Вельяминов-Зернов, А.Дюма-əке, А.Янушкевич, Б.Заславский, барон В.Г. Тизангаузен, Ж.Верннің толғаныстары көшпелілер аума-төкпе өмірін жан-жақты қамтып, көркемдік келісіммен көрсетті. Шоқанның досы Г.Потанин: “Қазақтар сергек, денсаулығы мықты, өмірге құштар халық, олар ойын-сауыққа əуес, шымқай бояулы əлем-жəлем киім- кешекті ұнатады. Тіршілікте той-томалаққа құмартып, соған бейім тұрады. Жеке дара жарыс өнері мен жасау жиһазда қазақтарда, бəлкім, француздарға ұқсайтын əсірелік сезімін тəрбиелейтін шығар. Афиндықтар сияқты жаңалық десе ішкен асын жерге қояды” деп құмбыл болса, орыс штабының капитаны Е.К. Мейендорф та ондай табиғи қонақжайлықты құптап жағасын ұстады: “Қазақ даласының ауа райы тамаша, əуе шыныдай таза. Онымен тыныстағандар соншама қатты рахаттанады. Қазақтар көкірек ауруымен мүлде ауырмайды. Олар өз елінде Ресей мен Бұхараны жуадай жусататын оба індеті дегенді тіпті білмейді”. Арада қаншама алай-түлей уақыт өтсе де, қандастарымыз, сірə, əй, аз өзгерген болар-ау. Ақырын берсін, ата- бабалар аруағы қолдап, нəбилер мен əулиелер, баптар мен машайықтар желеп-жебеп, қол күшімен, найза ұшымен ұлан-байтақ жерді қасықтай қанын төгіп, жан беріп, жан алып, қорғап қалды. “Қасқа жолды Қасым”, “Ескі жолды Есім”, Əз-Тəуке мен Абылайхан қоғамдық-əлеуметтік қайраткерлігімен қоса ақыл-парасатын туған ел-жұртының игілігіне жұмсады. Бүгінгі бостандықта талай ұрпақтың көз жасы, маңдай тері мен қаны, қадыр-қасиеті мен бүкіл бекзат болмысы ұштасып жатыр. Бар кезеңдердегі буын үшін тəуелсіздік туының бізге аса қымбат

болатындығы, бəлкім, сол себепті шығар. Ол кешегілер, бүгінгілер жəне келешектегілер, ұзақ армандайтын арай! Азаттық арайы!.. Қай жерде де өмірдің аты өмір. Адам туады, кемелденеді, қартаяды. Бақилыққа озады. Бұл толқынның жағаны теуіп келуі мен қайтуындай мəңгі құбылыс қашан да жалғаса береді. Бəрін-бəрін бір уақытқа теліп, үйме-жүйме тоқайластырып жатқандай жатбауыр күй билейді. Оған араға ғасырлар салып, тура биде туған жоқтай төреші болғанда бүйректің бүлкілдеп бұра тартпағаны ақиқат ажарына ақау түсірмейді. Сонда деймін-ау, XVII ғасыр адам зердесінде неменемен ерекше есте қалды? Əр кезеңнің өз жүгі бар. Оған басқаны қосақтамай, ары-бері өткенге көз жібергенде бұл əрекет əлде бір ұпай жинап қалайын деген ниеттен тумайды. Əрине, тарихтан артық беретін тəлімді тағлым болмайды. Сол өршеленген өртке көктем құсының қанатымен су сепкендей сəлге де əлеуметтік демеу бола ма деген ой. Əйтпесе, біздікі де керқұшақ жетпейтін шынарды айқара аймалағандай, небір қазымыр ойға шалдырмайтын биіктер, кеңістіктер мен теңдіктерге құлаш ұрып талпыну тышқан тіршілік. Дегенмен... Нағыз хас суреткерлердің шырқаған шындық пен періштедей аппақ ар алдында тайсалмай, ақиқат айтқаны қандай! Сайыпқыран ұлы сазгер Людвиг Бетховен өз заманында Наполеон Бонапарт туралы қысқа қайырады: “Ол ешкімнен де артық емес, қарапайым ғана адам! Енді жеке жандардың құқын табанға таптап жүр... Шектен тыс билеп- төстеуші (тиран) болады”. 1804 жылы Францияның императоры ретінде бүкіл ен Еуропаны көктей өтіп, содыр Ресейге соқтырды. Соңы Ұлы Отан соғысына ұласып, Бородино шайқасында беттің арын шүберекке түйіп, басын бəйгеге тігіп, Бас басқышының қалған өмірін алыстағы Əулие Елена аралына аяқтауға мəжбүр етілді. Соның алдында ғана патша ауылында лицей ашылып, оны əр кезде А.М. Горчаков (кейіннен премьер-министр), К.Кюхельбекер, А.А. Дельвиг, А.С. Пушкин өзге де ақсүйектер əулетінің мұрагерлері бітіріп шықты. Егер Н.М. Карамзин Санкт-Петербургта “Еуропа хабаршысы” журналын ширек ғасырдан астам уақыт жариялап тұрса, “Тайм” жəне “Нью-Иорк” газеттері жарық көрді. Ағылшын-америка, жапон-қытай, орыс-иран, ағылшын-ауған,

қайтадан екі рет орыс-түрік, Қап тауындағы соғыстар өрті жердің əр нүктесін шарпыды. Гайти, Нидерланды, Мексика, Грекиа, Перу, Боливия, Уругвай, Бельгияда тұңғыш тəуелсіздік таңы атып, ту көтерілді. Альбионды тырысқақ (20 мың адам өлді) тығырыққа тіресе, Ирландияда аштықтан (1 млн. кісі) қырылды; Хонда аралында (Жапония) жер сілкінуден 27 мың жанның жаны жаһаннамға аттанды. Бұланайдағы Эверест шыңы бағындырған ағылшынның қарапайым инженерінің атымен аталса, Суэц каналы арқылы теңіз жолы қатынастары қатарға қосылып, 1897 жылы Ресейде жалпы халық санағы өтіп, француздар ағайындар Люмерлер кинемотографтың кіндігін кесіп, швед Альфред Бернхард Нобель (1833-1896 ж.ж.) динамитті ойлап тапты. Өлгеннен соң жыл сайын оның атындағы халықаралық сыйлық берілетін болып белгіленді. Еуропаның дүрсілдеп соққан жүрегіндей Парижде бүкіл дүниежүзілік көрме ашылып (1889 ж.), тұрғындар бірте-бірте бауыр баса бастаған Эйфель мұнарасымен бірге қиырлардан ел құлағын елеңдетті. Шəміл имам бастап, отыз жылға созылған шешен мен дағыстан бұлғағы отаршылыққа басылған қарғыс таңбасындай таулықтардың қанында əлі қайнап жатыр. – Дəуір даусын білдіретін қатарынан қара үзіп шыққан жеке дара жандар ғана емес, ұжымдық сезім соны сипап ала бастаған жоқ па? Жер басып жүрген жұмыр басты пенде кімге құлақ қойды? Рухани өмір базары ешқашан тарқаған емес. Сонда... – Иə, бұл дəуірде қай кездегіден де гөрі ақын-жазушылар, аспандағы аққумен əн қосқан ғажап сазгерлер, кереметтей қылқалам иелері еңбек етіп, шабыт шарықтауы ең-ең биік шың шегіне жетті, Джордж Ноель Гордон Байрон, Адам Мицкевич, Иогани Вольфанг Гете, Виктор Гюго, Уильям Мейктс Теккерей, А.С. Пушкин, Чарль Бодлер, Генрих Гейне, Ханс Кристиан Андерсен, Л.Н. Толстой, Ф.М. Достоевский, И.С. Тургенев, Гюстав Флобер, А.И. Герцен, Уолт Уйтмен, Н.В. Гоголь, Шандор Петефи, Чарлз Диккенс, Дюма-əке, Марк Твен, Вальтер Скот, И.А. Крылов, Стендаль (Анри Мари Блейль) В.Г. Белинский, Тарас Шевченко, Эрнст Пиодор, Амадей Гофман, М.Ю. Лермонтов, Эдгар Аллан По, Онере де Бальзак, В.А. Жуковский, Жорж Санд, Ги де Мопассан, Н.С. Лесков, Поль Верлен, Н.Г. Чернышевский, Пера Биш

Шелли, И.А. Гончаров, Фридрих Шиллер, Г.Р. Державин, Артур Рембо жəне басқа ой мен өнер жұлдыздарын санап тауысуға бола ма? Олардың əрқайсының дарын деңгейіне қарай көркем əдебиетте айтарлықтай айрықша маңызы бар. Бірінен бірі жүзіктің көзінен өткендей. Бөлек-бөлек тілі, əртүрлі ділі болса да бар адамзаттың рухани байлығы мен қазынасын арттыруға үлкен үлес қосқан ұстындар бұлар. Алманиядағы Людвиг Ван Бетховенге Австриядан Иожеф Гайдн, Иоганн Штраус, Франц Шуберт, Польшадан Фредерик Шопен, Италиядан Джопкино Россини, Ресейден Петр Ильич Чайковский мен Модест Петрович Мугоргский, Венгриядан Ференц Лист пен Иоганнес Брамс сағынышты сазды нəшті қайырымдарды құйқылжытып үйлесімді үн қосты. Ит арқасы қиянда жатқан қазақ даласы жалпы адамзат өркениетінен оңаша оқшау қалғандай болғанымен ол да келер күн көкжиегіне қарай ұмтылып ғұмыр кешті. Соны өз көзімен көріп, көп жайттарға куə болған поляк революционері, əйгілі ақын А.Мицкевичтің “Ағалар” поэмасы бас кейіпкерінің прототипі Адольф Янушкевич бауыр еті езіле жаздады: “Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі топ текетірестің куəсі болған адам. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры естімеген ділмарларға таң қалып қол соққанмын. Ал, бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда бар өнерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жылы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады. Сонысымен өзімді тəнті етті. Сонда бұлар тағы жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мүлде мақұрым қалып маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа жазылмаған халық осы ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тəңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке өгей болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына шарықтай көтеріліп, жарқырап сəуле шашатын болады”. Қандай сəуегей! Алайда, қиырдағы қырға шыққандардың барлығы бұлай ақ жүректік танытпайды. Олар қайда жүрсе де тырнақ астынан кір іздеп, отырыс- тұрысынан отаршылдықтың иісі мүңкіп, теріс пиғылы қалай да көрінп тұрады. Он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарында Алтай атырабын мұқият қаза зерттеген П.Чихаев қазақтарды арзан жұмыс

күшіне қажетті екінші қатардағы (категория) адамдар деп суреттеді. Бодандық бұғауындағы бұратаналарға дəл осылай мұрнын шүйіре қарап, шамшылдықпен төңтеріс мінез көрсететіндер, бірен-саран некен-саяқ емес, жыртылып айырылады. Сол астамшылық пиғыл жойылмай əлі жалғасып келе жатқандай. Қазіргі баз бір саясаткерлердің өзі Қазақстанды өгей баласындай көріп, өзекке теппей, амалсыз, тек шикізат көзі деп қараудан айнымай отыр. Өз алдына отау тігіп, тəуелсіз мемлекет болған əлдекімнің шымбайына батып, дөңбекшіп, құс төсегінде шіреніп жатқызбайтындай. Бізбен де санасып, есептесетін кез келген жоқ па?! – Солайы солай. Шүкір! Ел болып етек жауып, қанша өзара қырық пышақ болып, əлдекімдердің айтақтауымен ру ру, жүз жүзге бөлініп, тұлғалар дағдарысқа ұшырап жатқанымен байырғы тұрғындар арайлы үміттен күдер үзген жоқ əлі. М.М. Сперанский Омбыда генерал- губернатор болып тұрғанда даланы билеу құқығы өзгеріп, ұлттық-сана, əдет-ғұрып пен дəстүр-үрдістерден жұрдай болған жұрт қай жағалауға жететінін бағамдай алмай, 1822 жылғы “Сібір қазақтары туралы Заң” көшпелілерге ашық күнде төбеден түскен жайдай тиді. Састырды. Абдыратты. Абыржытты. Сол кездерде жарық жұлдыз болып, дарабоз дарындар дүниеге келді. Күй атасы Құрманғазы домбыра үнін дауылпазға айналдырса, Махамбет жырлары асқақ жауынгерлік рух шашып, жасындай жарқылдады. Шоқан мен Ыбырай ағартушылық шырағын асқақ ұстап, жалаудай жоғары көтерді. Абай жарлы- жақыбайлардың сойылын соғып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, атаның баласы болмай, адамзаттың асыл мұраттары асқарынан көрінді: “Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?..” “Жақсы-жаман көргенің Ойлай берсең у екен” – күңіреніп, ол өз бармағын өзі шайнады өткен өміріне пайыммен қарап, өжеттеніп парасат ұрығын сеуіп.

Бұрынғыдай емес, сөз қадірі артып, еттен өтіп, сүйекке жететін болды. Біржан, Ақан сері мен Сегіз Сері тыңдарманның қамыққан көңілін жұбатып, əнмен əлдиледі... 1896 жылы ұзақ үзілістен кейін біздің дəуірімізге дейін тұңғыш рет 776 жыл бұрын басталған Олимпиадалық ойындардың оты қайта тұтанып, оның жаңа сипаттағы негізін қалаған Пьер де Кубертен мырзаның (1863-1937 ж.ж.) жүрегі өлгеннен соң Олимп тауына жерленді. “О спорт! Сен қуанышсың! Сен күрестің жəне осы күрестен лəззат алуды аңсағандар үшін əмсе мереке-мейрам əкелесің. Қанды қалай қыздырасың. Жүректі тайдай тулатып, жиілете соқтырасың. Сенің өміріңе бағынып, үн қосудың өзі қандай қуаныш, қандай ғанибет. Сен көкжиекті кеңейтесің! Алысты айқындайсың. Жүгірген сайын мəреге тақай түскен жандарға күш-жігер бересің. Жұртқа қуаныш, лəззат, көңілділік, шаттық əкеле бер, спорт!” деп бүкіл қырғиқабақ ұлттар мен ұлыстарды ол бейбітшілікке шақырды. Ертеңіне елеңдеген түзде алыс таң сарыны естіліп, сəрідегі əлжуаз сəуле себезгілегендей. Қош, ХХ ғасыр! Адамзат өркениеті тарихындағы алтын парақтар сол айшықты қалпында қала беретініне күмəн жоқ. Бақ болсын, сор болсын пенденің пешенесіне жазылғаны солай шығар. Біз соған ақ жарылқап шын ризашылық пейілімізді айта отырып, көңіл кірін кетіріп, ешнəрсені іркіп қалғымыз келмейді. Құлағың болып есітіп, көзің болып көріп, ауыз болып бейпіл сөйлегенімізді адамнан да, жалғыз Алладан да жасыра алмайтынымыз хақ. Шындықты шыжғырып бетке айтқанның айып шамы бар ма? Олай болса асау толқынды ой теңізі қалай-қалай толқиды? Біздің көбіміз сенің перзентіңбіз. Өн бойындағы күллі кінəрат маған, саған, оған да тең. Мəңгі мұрат сені өтіп сүйіп тек, (Құдіретің болса егер үйіп-тек).

Тұлпар-тағдыр шашасына шаң жұқпай, Біздің ғасыр бара жатыр биіктеп. Толқын мен толқын арасында бар болғаны адамдар дəнекер бола алады. Кейінгі кезде заманалар зердесінде тоқылып, ұлт ой санасында сəулеленіп, жан тереңінен сүзіліп, екшеліп келе жатқан халық мақал- мəтелдері, нақылы мен шешендік сөздері кім көрінгеннің қанжығасына байланып, оп-оңай қолжаулыққа айналып бара жатқандай. Дəл Абайдай өзіне дейінгіге де, өзінен кейінгіге де сұңғыла сын көзімен қарап, барын бар, жоғын жоқ деп қаймықпай батыра жазып баға берген ешкім болған емес. Ол ғасыр табалдырығын аттап тұрып, өткенге салауат, қолдағыға қанағат еткен болар тəубасынан жаңылмай. Шыжбақай шəуілдектер қаншама шабаланғанмен көлікті көш ілгері тарта бермей ме?.. Əрқашан “ит үреді, керуен көшеді”. Онсыз да беймаза уақыттың тынышы кетіп тұр еді. Дүрліккен төрткүл дүние екіге жарылудың алдында тұрған болатын. Жарық пен түнек, жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат алмасып өтпей ме? Дауыл алдындағы толасты пайдаланып, ІІ жазғы Олимпиада ойындары өтісімен динамитті ойлап тапқан адамның дүниеден озған күні – 10 желтоқсанда Нобель сыйлығының (1901 жылы белгіленді) төлбасы иегерлері анықталды: Неміс дəрігері В.Рентген, голланд химигі Я.Вант- Гоффу, дəрігер Э.Фон Беринг, француз ақыны Француа Арман Солди- Прюдом, халықаралық Қызыл айшықтың негізін қалағандар швейцар Анри Дюнан мен француз Фредерик Прассидің кенет еңбегі еленіп, жұлдызы жанды. Дегенмен бірінші дүниежүзілік соғыс дүмпуге жақын тұрған болатын. 1914 жылы Балқан түбегіндегі Сараевода Австро-Венгрия тағының мұрагері Франц Фердинандқа қастандық жасалып жер құшты. Соны сылтау етіп, Еуропа елдерін түгел өрт шалды. Егер Бірінші дүниежүзілік соғыста адам басы сайын 287 мың 599 франк шығын болып, 65 милионнан астам боздақ қыршынынан қиылды. 1917 жылғы төңкеріс жер бетінің астаң-кестеңін шығарып, ақтар мен қызылдарға бөліп, əлемдегі əлеуметтік теңсіздікті одан арман тереңдете түсті. Ең əуелі К.Маркс пен Ф.Энгельс ілімімен қаруланған Ленин-Сталин


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook