Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore кітап Ғасыр 24.11.15 жыл БСМП

кітап Ғасыр 24.11.15 жыл БСМП

Published by Макпал Аусадыкова, 2022-06-24 06:37:22

Description: кітап Ғасыр 24.11.15 жыл БСМП

Search

Read the Text Version

Алматыда болған кейінгі жылдардағы жер дүмпулерінен қорқып қалған адамдар осы тревогадан соң, басында естері шығып анда мында жүгіріп мәнтіреп қалушы еді. Артынан осы ағамыздың әр бөлімше қызметкерлерімен өткізген азаматтық қоғанысқа қатысты дәрісінен соң, бола қалған жағдайдағы әр адамның баратын жері анықталып, әр бөлімшеден жауапты адамдар бекітіліп, ендігі тревогаларға қатысты қимыл қозғалыстың барлығы алдын ала белгіленген жоспар бойынша, қалыпта жағдайда атқарылатындай дәрежеге жеттік. Әр қызметкер қауіпті жағдайдағы іс қимылын түн жарымында оятып алып сұрасаңда, сартылдатып айтып беретіндей дәрежеге жеттік. Міне, бұл Ағамыздың маңдай тері мен қажырлы еңбегінің арқасында жеткен жетістігіміз. Осы айтылған құжаттардың негізінде аурухана бас дәрігері Манат Тұрарұлы Сейдуманов, бас дәрігердің шаруашылық жөніндегі орынбасары Нұрлан Қалжанұлы Нұрлыбек және Аман Жамантаев бірлескен авторлық топтың 2013 жылдағы №1 «ҚазҰМУ хабаршысы» журналында «Төтенше жағдайларда медициналық қызмет көрсетудің қауіпсіздік негізі» тақырыбындағы мақаласы жарық көрді. Бұл мақала қазірде басқа медициналық мекемелер үшін басшылыққа алар әдістемелік үлгі санатында қолданыс табуда. Аман ағамыз өзінің негізгі қызметімен қатар 2011 жылдың төртінші тоқсанында жаңа ашылып пайдалануға берілген аурухананың құжаттау және құжаттаманы басқарудың ережесін, істердің жиынтық номенкулатурасын, іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықты, ведомствалық мұрағат және сараптау комиссиясының қажетті де заңнамалық құжаттарын дайындап, құзырлы органдармен келістіріліп, бас дәрігердің қолымен бекіттіріп өндіріске енгізген азамат екенін де білеміз. Аман ағамыздың мінезі де нақты іспен жауап беруге дағдыланып қалған немесе әскери адамдардың мінезі сияқты турашыл. Қызмет барысында кейде болып жататын, берілген тапсырманың нақты орындалу мерзіміне сәйкес келмей қалуы сияқты мәселерді жаны сүймей, кейбір асықпай қозғалатын жігіттерді жерден алып, жерге салып жатқанын талай көрдік. Сонымен қатар, ол ағамыз өз жұмысын бес саусағындай біліп тұрғаннан болар, анау мынау сырттан келетін комиссияларға да мойынсына қоймай, өзінікін айтып, дәлелдеп шығатын әдеті бар. Сол мінезге байланысты бір әңгіме. Өткен жылдың соңына таман аурухананы аккредатациядан өткізуге келген бір топ комиссия мүшелері, азаматтық қорғаныс саласының құжатын тексерейік деп Амант ағамызды шақыртыпты. Ағамыз әр құжатты қатталған реттілігімен жайып салып, көрсетіп жатса комиссия мүшелері үйреніп қалған әдеттеріне басып, «ананы айтыңыз, мынаны айтыңыз» - дың астына алған көрінеді.

Көп сөзді жаны сүймейтін, оның үстіне қатталып қағазда дайын тұрған цифрларға қарамай, шұқшиып сұрақ қойғыш комиссия мүшелерінің мінезін жаратпай қалған ағамыз бұрылып алып, қолын бір сілтеп, есікті тарс жауып, кете барған екен. Құдай сақтағанда, дәл сол кезде осы комиссия мүшелерімен отырған Нұрлан Қалжанұлы мәселенің барлығын жуып, шайып, ағамыздың барлық жоспарға қатысты атқарып жатқан жұмыстарын, қатталған құжаттары негізінде жіпке тізгендей етіп көрсетіп беріпті. Келген комиссия мүшелері барлық қағазбен танысып болған соң ағамызды қайта шақыртып, ол кісіге ризашылықтарын білдіріп, тіпті азаматтық қорғанысқа қатысты іс жоспары мен атқарылған істер тізімін басқа ауруханаларға үлгі етіп көрсету үшін электрондық жүйелеріне көшіріп алыпты. Бұл жөнінде осы келген комиссия мүшелері аурухананы аккредитациялауға байланысты өткен қорытынды жиналысында да атап өткені есімізде. Міне бұл Аман ағамыздың қызмет барысындағы бейнесін ашатын бір ғана мысал. Шаруашылық саласының аса жауапты бөлімі ол еңбек және техникалық қауіпсіздік саласы. Бұл саланы Аман ағамызбен бір күні, бір жылы жұмысқа қабылданған Бейбіт Илашұлы Қапашев басқарады. Бұл да бір ауыр саланың бірі болып саналады. Ол сөзімізге дәлел ретінде осы Бейбіт бауырымыз келіп, еңбек және қауіпсіздік саласының тізгінін ұстағанға дейін (аурухана ашылған уақыттан бері), алты бірдей азамат осы қызметті атқарам деп келіп, ешқайсысы тұрақтай алмай кетіп қалған екен. Бейбіт шыныда да, жаны жайсаң, өр мінезді, ісіне де сөзіне ұқыпты азамат. Оның үстіне: «жаратушы біреуге берсе молынан береді»- деген сөз тура осы азаматқа қаратылып айтылған ба деп қаламын кейде. Өйткені Бекеңнің еңбек және қауіпсіздік инженері деген лауазымынан басқа толып жатқан нағыз қазақтың бұрыңғы серілеріне тән өнерлерінің өзі қаншама!. Қазіргі таңда, мына тәуелсіздігімізді алып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманымызда қазағымыздың тілі мен сөз өнерін дәріптеп жүрген азаматтар қатары басқа салада мүмкін жетерлік шығар. Ал дәл медицина саласында дәл осы Бейбіт бауырымдай әр сөзге мән беріп, интонациясын келтіріп, қазақтың тіл өнерін рухтандырып, тыңдаушының арақасын жыбырлататындай дәрежеде жеткізе білу, кемде кем құбылыс. Оның үстіне бұл азаматтың ағып тұрған ақындық қасиеті де бар екен. Ол екеуміздің бір жолы кәрі Алатаудың бөктерінде, таудың тасқынды суының бойында, бұрыңғы қазақтардай сары қымызды сапырып отырып бірнеше сағатқа дейін айтысқанымыз есімнен кетпейді.

Ия! «жақсының жақсылығын айт, нұры тассын»- деген осындайдан шыққан болар тегі. Айтпақшы, осы Бейбіт бауырым бір жылдары (қай жылы екені ойымда жоқ) «Алматы қаласының ең үздік аудармашысы» - деген атақты да жеңіп алған болатын. Бейбітпен Аман аға екеуі алғаш қызметке орналаса сала, жеті күннің ішінде, осы аурухананың азаматтық қорғанысы, техникалық және еңбек қауіпсіздіктеріне байланысты бас аяғы сегіз нұсқаулықты ойластырып шығарып, күнделікті қызмет бабында қолданысқа ұсынған болатын. Онаң кейінде талай-талай құжаттарды өздері қиыстырып, басқа мекемелерге үлгі болатындай дәрежеге жеткізгенін көзіміз көріп, сол игілікті істерінің куәгері болып келеміз. Ал енді, Бейбіттің күзетші жігіттерінің қатысуымен біздің республика тұрмақ, басқа елдерде іздеуде жүрген ұрылар мен қылмыскерлерді ұстаудағы еңбектерінің өзі бір детективті оқиғаларға толы кітапқа арқау бола алады. Бұл жинақтың мақсаты мен міндеті мүлдем басқа болғандықтан, ол жөнінда баяндап беру кейінгі қалтырылды. Нұрлан Қалжанұлы басшылық жасап отырған бөлімшеде осы аты аталған азаматтардан басқа толып жатқан мамандық иелері бар. Олардың әрқайсысы өз орнында және әрқайсысының өзіндік қасиеті мен шеберлігі бар азаматтар. Солардың бірі Совет Дүйсенбекұлы Құсайынов. Мамандығы ғимаратты қамту шебері. Мамандығы айтып тұрғандай, бүкіл ғимарат ішіндегі қисыны кетіп тұрған жиһаз, есік, терезе, кілт, құлып деген сияқты ұсақ түйектің барлығына осы азаматтың «шебер қолы» тиген деп айтсақ өтірік болмас. Оның жанында үнемі ілесіп, ақыл қосысып, көмектесіп жүретін тағы бір жігіттің аты жөні Балданов Жақсылық. Осы азаматтармен қатар, аурухана ғимаратының жарығы мен электр жүйесінің бір қалыптылығын жайлылап жүрген электрик Ержанов Бауыржанның да атын айтып кетсек артық болмас. Себебі, осы азаматтардың күнделікті атқарып жүрген жұмыстарын көріп, байқап жүргендіктен, осы мамандардың қызметіне байланысты осы уақытқа дейін аурухана көлемінде ешқандай келеңсіз жағдайлардың орын алып көрмегендігін білетіндіктен айтамызда. Сонымен қатар, орайы келіп тұрғанда осы аурухананың ашылуынан бастап жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеп келе жатқан, әр уақытта айтылған тапсырманы қалт еткізбей орындап, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген Бейбіт Тілеужанұлы Иманбековтің де еңбегін атап өткеніміз жөн болар.

Осы азаматпен бірнеше рет басқа клиникаларға немесе аэропортқа ауыр науқастарды апара жатқан кезде жол жөнекей, өзі рөлде отырсада реті келгенде артта отырған маған бұрылып қарап, науқастың хал күйінің қалай екенін сұрап, біліп отыратын мінезінің өзі Бейбіттің өз жұмысына, өз міндетіне қалай беріліп, адал қызмет арқарып жүргенін көрсетіп тұрғандай. Жалпы ұжым дегенді бүтіндей бір тірі организм деп қарастыратын болса, сол организмнің өз қызметін дұрыс атқарудағы әр ағзаның маңызы мен рөлі қандай болса, жоғарыда аты аталған азаматтар мен азаматшалардың да біздің мекеменің аяғынан тік тұрып, көтеріліп, биік тұғырлардан көрінуіндегі үлестері де соншалықты дәрежеде болды деп толығымен ауыз толтырып айтуымызға болады. Келешектеде бұл үрдіс жалғаса береді деп сенеміз. Бухгалтерия. Алматы қаласындағы ірі, халыққа көп салалы медициналық қызмет көрсететін аурухананың бүкіл есеп-қисабын ыңғайға келтіріп, кірісі мен шығысын сәйкестендіріп отыру осы саланың қандай білгір маманына болсын оңайға тиетін шаруа емес екені белгілі. Ол тұрмақ бір отбасының кіріс шығысын қалыпқа келтіре алмай, шарадай басы шақшадай болып жүрген талай-талай тепсе темір үзетін азаматтарды көзіміз көріп жүр. Оның үстіне қазіргі уақыттың нарық заманымен қатар келуі осы сала қызметкерлерінің өз жұмысына қырағылықпен қарап, әр тиынның табылу көзі мен жұмсалар тұсын егжей-текжейлі сараптауы қажет екендігін алдыға тартты. Жалпы бұрынғылардың «Жылқы құлыннан, ақша тиыннан» - деп айтатын сөзі, дәл қазіргі уақытта да өзектілігін жоғалта қоймай, керісінше ақша санамаған мекеменің табан асты құрдымға кетуі мүмкін екендігін меңзеп тұрғанға ұқсайды. Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бұрыңғы жылдардағы сияқты, өткен жылды да табысты аяқтауында есеп-қисап бөлімшесі қызметкерлерінің де үлесі ерекше. 2013 жылдың соңында аурухана бас бухгалтері Гүлнар Құрбанқызы Ибраеваның Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің естелік медалімен марапатталса, өткен 2014 жылдың соңында Қазақстан республикасының Ұлттық Бизнес орталығы ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Кәсіби еңбегі үшін»ғ және «Еңбектегі қажырлығы үшін» медалдарымен марапатталуы көңілге қуаныш ұялатып, 2011 жылдың желтоқсанынан аурухана қызметінің кірісі мен шығысын сауатты да үнемді есептеу сенімді қолда екендігін тағы да бір дәлелдеп тастағандай болды.

Мына суретте берліген мақтау қағаздары мен сертификаттар Гүлнар Құрбанқызының өз ісіне қалай беріліп, қызметін жасайтының айтқызбай-ақ айғақтап тұр емес пе? Сонымен қатар, алғаш аурухана ашылмастан бұрын, яғни, 2010 жылдың қыркүйек-қазан айларында әкімшілік-жетекші құрамжинақтала бастаған. Сол кезеңнен 2012 жылға дейінгі аурухананың қаз-қаз басқан қадамының есебін жүргізген бас бухгалтер Гүлнар Серікқызы Балтабекованың да осы ұжымы сіңірген еңбегі есімізде. Осы тұста 2010 жылдың қараша айынан күні бүгінге дейін бас экономист қызметін зор мәртебемен атқарып келе жатқан аурухананың экономикалық жетістігін қамтамасыз етіп отырған беделді әріптесіміз Динара Нұрсоветқызы Оспанбаеваны атап өткеніміз жөн болар. Сонымен бірге, есеп –қисап жұмысының жілігін шағып, майын ішіп отырған бас бухгалтердің көмекшісі Дария Ахметқызы Тәжібаеваның, Нұржан Капанқызы Иманбекованың, Динара Данабекқызы Маханбетованың, Рузанна Зейнолдақызы Масаева, Зинат

Хамитқызы Бақытжанованың, Нағима Хамитқызы Бегалиеваның, Айсұлу Кеңесбайқызы Жалбиеваның, Мақпал Берікқазықызы Жұматаевалардың еңбектерінің ұшан теңіз екендігі баршамызға аян. Осы нәзік жанды қыздардың арқасында біздің мекеме ешқандай дағдарысқа ұшырамай, қызметкерлер уақытымен еңбекақысын алып, келешекке қарай нық аяқ басуда. Кадрлар бөлімшесі Ұжымда қызмет атқаратын барлық мамандардың жеке бастарына қатысты құжаттарын қалыпқа келтіріп, әр қызметкердің өз міндетін белгіленген тәртіп бойынша атқаруын қадағалайтын кадрлар бөлімін басқарып отырған жас маман Назерке Уалибайқызы Дауленованың да еңбегі ерекше. Бұл тұста әрине, аурухана ашылған сәттен бері кадр бөлімінің бастығы қызметін абыройлы атқарған білікті маман Әлия Қабиқызы Омарованың сіңірген еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Осымен қатар, кадр бөлімінің инспекторлары Мақпал Берікқазықызы Жұматаева және жас маман Айжан Ғазизқызы Дүйсенбековларда өз еңбектерін жемісті атқарып келе жатқан мамандар. * Іс жүргізу * 2011 жылдан метролог-инженерлігімен бірге референт-хатшылықты қатар алып келе жатқан Айжан Оразалықызы Молдабаеваға іс құжаттарының сауатты да талапқа сай жүргізілуі сеніп тапсырылған. Айжан Оразалықызы өз ісіне берілген, әр тапсырманы дер кезінде орындай қоятын ұқыптылығымен қатар, компьятерлік техниканық құлағында ойнайтын, нағыз іскер маман ретінде өзін көрсете білген, келешегінен үлкен үміт күттіретін қызметкер.

Қабылдау бөлімшесі Қай емдеу мекемесінің болмасын халыққа көрсетіп жатқан қызметтерінің сапасы мен жеделдігі сол аурухананың есігінен аттаған бетте немесе науқастарды қабылдау бөлімшесінен көзге түсіп тұратыны белгілі. Әр аурухананың табалдырығын аттаған кезде ұлы орыс халқының «Театр нчинается с вешалки» - дейтін нақыл сөзінің өміршендігі қайран қалдырады. Расында да, емханаға алғаш келіп тұрған адамның ең алдымен көзіне түсетіні ең алдымен сол ғимараттың ішкі, сыртқы тазалығы болса, содан кейінгі көңіл аударатыны науқасты қарсы алып қабылдайтын дәрігерлер мен мейірбикелердің жанына дерті батып келген адамға деген мейірімділігі болса керек. Сол қызметкерлердің әр науқасқа дұрыс қарап, қолынан келгенше көмекті аямай, уақытымен тексерістен өткізіп, кезек күттірмей қажетті емді бастап кетуін ұйымдастыру бір қарағанда онша қиыншылық тудырмайтын мәселе болып көрінуі әбден мүмкін. Шын мәнінде қабылдау бөлімшесіндегі күнделікті таусылмайтын қарбаласты бір арнаға салып, жүйелеп отыру оңайға түспейтін шаруа екенін сол үлкен қазанның ішінде бірге қайнап жүрген мамандар ғана жақсы түсінеді деп ойлаймын. Шұғыл түрде, аса ауыр жағдайда жеткізілген науқасқа уақыт жоғалтпай алғашқы көмекті көрсете отырып, оның қандай диагнозбен келгенін анықтауға қатысты нақты тексерістерді жүргізуді ұйымдастыра білудің өзі бұл жұмыстың аса жауапты екендігіне мысал бола алады. Оған енді дәл осындай халде келіп түсіп жатқан аурулардың тәулік бойындағы ұзын санының 250-300 –ге жетіп жығылатынын есепке алатын болсақ қабылдау бөлімшесіндегі мамандардың жұмысын аздап болса түсінгендей боламыз. Біздің аурухананың жедел жәрдем көліктері келіп тоқтайтын негізгі кіре беріс есігінен басталатын қарбаластың өзі сырттан қарап тұрған адамға жеке бір дүниені, күнделікті көшеде көрніп жүретін бейжай қалыптағы бейбіт тіршіліктен басқа, үрейі мен үміті аралас тылсым дүние болып көрінуі мүмкін. Дәл осы қабылдау бөлімшесінде науқас адамның өмірін сақтап қалу үшін жанталас басталып, сол науқасқа алғашқы дәрігерлік шұғцл көмек түрлері көрсетіліп, диагноздары анықталып, ары қарайғы емдеу шараларының жобасы анықталады. Жалпы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөлімшесіне 2012 жылы 55857 адам медициналық жәрдемге мұқтаж боп келсе, 2013 жылы бұл көрсеткіш 60 235адамды, ал 2014 жылы 63 300 науқасты құрады. Мұның 70,4%-ы жедел жәрдем көлігімен, ал 25,5%-ы өз бетінше келіп қаралып, ақ халаттылар көмегіне зәру болған. Жоғарыда көрсетілген сырқат жандардың 2013 жылы 17 240 науқасы, ал 2014 жылы 16 193 науқасы ауруханаға жатқызылып, емделіп шыққан.

Осы ұжымның барлық жұмысыны үйлестіріп басқарып, бір жүйеге келтіріп отырған бөлімше меңгерушісі, жоғарғы санатты хирург маман Ғалымжан Кеңесұлы Баймағамбетов. Медициналық көмектің көрсетілу сапасын бақылау және медициналық қызметкерлерді бір аумақтық кеңістікте шоғырландыру мақсатымен хирургиялық және терапиялық науқастарды бір жерден қарап, тексеру үшін қабылдау бөлімшесінен біртұтас блок және осы қабылдау бөлімшесінен кеңес-диагностикалық орталығы ашылды. Қабылдау бөлімшесінде аурухана ашылғаннан бері қызмет атқарып келе жатқан, тәжірибесі мол бір топ травматолог дәрігерлер қызмет атқарады. Олардың қатарында жоғарғы санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, ауруханадағы жалғыз комбустиолог Дармен Қуатұлы Жамашев, жоғарғы санатты дәрігерлер - Әсет Кулатайұлы Рысаков, Жангелді Ғазизұлы Сулейменов, Рашид Газизұлы Чачидзе Берік Мұратжанұлы Досановтар бар. Осы азаматтардың күнделікті атқарып жатқан қызметтері есебінен талай науқастар аяғына тік тұрып, бүгінгі күніне өз отбасына аман – есен оралып, бала шағасымен бірге бақытты күн кешуде. Жалпы, адам баласының сіңірген еңбегін әр адамға силаған денсаулық шамасымен өлшейтін болсақ, бұл азаматтардың қай қайсысы болсын «алтын қолды дәрігер» деген атақты әбден лайық тұлғалар деп білеміз. Келешекте де

бұл мамандардың ары қарайда қажырлы еңбегін ары қарайда жалғастырып, талай-талай жандардың өміріне араша болып қалатынына кәміл сенеміз. Қабылдау бөлімшесіндегі күнделікті тоқтаусыз конвейер принципінде атқарылып жатқан жұмыстардың дұрыс жүйеге түсіп, тыңғылықты атқарылуы осы бөлімшенің дәрігер мамандарынан бастап, кіші медицина қызметкерлеріне дейін бірін- бірі жарты сөзден түсініп, үйлесімді қимылдауымен тығыз байланысты. Осы тығыз да, үйлесімді қызметті ұйымдастырып отырған ең алдымен бөлімше меңгерушісі Ғалымжан Кеңесұлы болса, одан кейінгі айтылған тапсырмаларды орындап, әр адамның қимылын үйлестіретін осы бөлімшенің аға мейірбикесі, жоғарғы санатты мейірбике, 30 жылдан астам еңбек стажы бар Нұргүл Үсенқызы Бодауова. Сонымен қатар, қабылдау бөлімшесі мейірбикелері Бағила Сембекқызы Абенова, Нүргүл Шазданқызы Ашимова, Зура Садыққызы Арзуева, Гүлнур Тлеуханқызы Какижанова, Жанар Өмірбекқызы Абирова, Салтанат Изатбекқызы Тауасарова, Асел Машанқызы Тілеубаевалар, медбраттар - Үмітжан Изизжанұлы Асанов, Адилбек Тлеуғалиұлы Молдашев, Сабыр Рахымбердіұлы Смайловтар және шаруа бикесі Дарушева Роза, кіші шаруа қызметкерлері Латипа Тенелбайқызы Ешанова, Лаззат Абдыхалыққызы Жайшылықова, Гульжан Ақанқызы Мейірбаева, Қымбат Қарлыбайқызы Аманжолова, Құралай Тажбагамбетқызы Амирханова, Жұлдыз жолдасқызы Бижанова, Аделят Магамбетқызы Турсунова, Жадыра Оралтайқызы Текесбаевалардың да қабылдау бөлімшесі аясында атқарылып жатқан істерге қосып жатқан үлестері өте зор. Сонымен қатар, бұл ұжым жыл сайыңғы жаңа жыл қарсанында өткізіліп тұратын балмаскарад конкурстары мен ауруханана бөлімшелері арасында өткізілетін спорттық ойындар спартакиадасының тұрақты жүлдегерлері. Биылғы 2015 жылды қарсы алу конкурсында «ең үздік күлкілі жанр» және «үздік ән орындаушы» жанрлары бойынша үздік атанып, гранпри жеңіп алды. Аурухананың ашылу құрметіне қарсы өткізілген спартакиаданың екінші орынды иемденді. Міне, бұл жетістіктер бөлімшенің қалыптасқан дәстүрі мен қызметкерлер арасындағы ауыз біршіліктің, өз ара силасымдылықтың өте жоғары екендігін көрсетеіп тұрғандай. Осы қалыптағы бұл бөлімше мүшелерінің алар биіктері әлі алда екеніне сенімдіміз.

Травматология бөлімшесі. Дәл осы тұста, өзім ішінде жүріп куә болған бір оқиғаның есіме түсе кеткені. Өткен жылдың қыс айында жасы 92-ден асқан бір әжейді травматологтар жамбас сүйегінің сынып қалуына байланысты оталауға алмақшы болды. Ота шұғыл түрде жасалатындықтан, мен ондай жағдайда жасалатын алдынала әрекеттердің бәрін жасап, жақын туыстарының келісімін алып дегендей, әжемізді 3-4 сағатқа реанимация бөлімшесіне жатқызып отаға әбден дайындап, ақыр соңында операция столына алдық. Үйреншікті операциялық жағдай. Жігіттер өз жұмыстарын мінсіз атқарып, жіті қимылдауда. Бірақ жіліктің ұсақ бөлшектеніп сынып кетуіне байланысты оталау уақыты әдеттегіден көпке созыла бастады. Сонымен қатар, ашық қалған тіндердің қанауы да күшейіп, нәтижесінде қария адамның қан қысымының төмендеуі байқалды. Бұған қоса науқастың тері түсі де бозғылт тартып, басы айнала бастағанын айтты. Мен дереу түрде қанын алдыртып, зертханаға қан құрамын анықтауға жібердім. Мұның барлығына әрі болғанда 10 минут қана уақыт кетсе де, уақыт шіркін ондайда жылжымай қояды емес пе. Ақыры қан құрамының сараптамасы келді-ау, әйтеуір. Көрсеткіштердің өте төмендеп кеткені анықталған соң басқа кезекші дәрігерді шақыртып, науқасқа қан және қан препараттарын тез арада құюды жүктедім. Науқастың алып жатқан наркозы регионалдық анестезия түріне жататын болғандықтан, сұраққа еркін жауап беріп, ауырғаны немесе ауырмағаны жөнінде анық жауап білдіріп жатты. Сөйтсе- дағы менің жаным мұрынымның ұшында. Егер де ота орыны одан әрі қанай беріп, қан қысымы төмендейтін болса науқасты аппаратпен дем алдыруға көшіру қаупі туа бастады. Жанымдағы анестезистка қыз да дегбірсіздену үстінде. Әншейінде жарқылдап күліп, көңілді жүретін мінезі жоғалып, өңі боз тартып, операция үстелінде жатқан апамның түріне ұқсай қалыпты. Мен травматологтарға науқастың жағдайын баяндап, тезірек аққан қан тамырларын тоқтатып, мүмкін болғанша отаны аяқтауларын сұрастырып жатырмын. Әлден уақыттан соң травматологтар қимылдарын саябырсытып, шуруптарын түгелдей сүйекке қадап болып, орнына келтірілген сынықты рентген аппараттың көмегімен бірнеше қайтара тексеріп, ақыр соңында әйтеуір, жұмсақ етті жайлап тігуге кірісе бастады. Мен оларға «Жігіттер, тездетіңдер! Енді он бес-жиырма минуттың ішінде қан кетуі тоқтамаса,

науқасты аппаратқа аламыз»,-деп жатырмын. Сол сөзім әсер еткендей, травматологтар ақыр соңында операциясын аяқтап тыңды. Бұрыннан келе жатқан хирургтар «аппарат» десе қатты қорқатын әдеті. Онысы дұрыс та. Әсіресе, дәл осындай жасы егде тартқан адамды, аппаратқа алатын болсақ, оны қайта өзінің дем алысына келтіру өте қиынға соғады. Теория тұрғысынан аппаратқа алу қажеттігі туындап тұрса да, практикалық тұрғыдан келгенде жасы ұлғайған адамдарды аппаратқа алып дем алдыра бастасаң бітті, олардың ағзасы сол аппаратқа үйреншікті болып алады да, қайта өзін дем алдыру үлкен мәселеге айналады. Кейде сол бойында аппараттан шықпай жан тәсілім етіп жататын кездері де кездесіп жатады. Сонымен, әлгі апамызды анестезисткам бар, қабылдау бөлімшесінің қыздары бар, бәріміз жабылып, лифтімен реанимацияға алып түстік. Онда келген соң төсекке жатқызып, мониторлардың барлығын қосып, қан қысымы мен қан құрамын қайта сараптамадан өткізіп, қан құйып, бас-аяғы үш сағат ішінде әуре сарсаңға түстік те қалдық. Қайта алынған қанның құрамы негізінде тағы да 4 доза қан және 1 литрге жуық жаңадан мұздатылған плазма құюға тура келді. Оның барлығы әрине, үлкен адамның қолындағы тамырына емес, арнайы қойылған катетер арқылы бұғана үсті тамырына құйылады. Ақыр соңында әлгі әжей есін толық жинап, тілі анық шығып, жан- жағына қарап, көрші жатқан науқастармен хал-жай сұрасатындай жағдайға келіп алды. Таңертең ақ таңнан ерте келіп, апамды көрсем, төсектен басын көтеріп, екі қолын, екі аяғын кезек қимылдатып физзарядка жасап жатыр екен. Сөйтсем, өзінің айтуына қарағанда соғыс кезінде тылда еңбек етіп, әбден қиыншылыққа төзіп, қатайып алған екен. Өзі әңгімешіл екен. Бір сөзінде тіпті «Сталинді көргенмін», - деп те қояды. Жалпы ескі адамдардың организмі көнбіс, шымыр келеді емес пе?! Сонымен, әлгі апамды аман-есен травматология бөлімшесіне ауыстырған соң барып қана, бір «үh!» дегенім бар. Осыған ұқсас жағдайлар біздің ауруханада күнделікті кездесіп жатады. Мына әңгіме қылып отырғаным сол жайттардың біреуі ғана. Ал сол бір жағдайдың өзінде дәрігер мамандардың жүйкесіне қаншама ауыртпашылық түсіп, денсаулықтарына қаншама зиян келіп жатады десеңізші! Алайда, онымен есептесіп жатқан ешкім жоқ. Біздің таңдаған мамандығымыз осы болған соң, алдымызға келген әр науқастың денсаулық жағдайын жөндеуге бар күшімізді сарп етуге міндеттіміз. Сол үшін ант бергенбіз. Бар болғаны осы! Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, дәрігер маман үшін ең керектісі де, қажеттісі - өзінің қарап, емдеп жатқан науқасының аман-есен жазылып

шығуы. Міне, сонда ғана атқарған қызметіңнен ләззат, рахат көре аласың. Бұл бір өлшемге келмейтін, дәрігерлердің өздеріне ғана аян тылсым дүние... Алдымызға келетін пациенттердің жасына байланысты тағы да бір жайдың ойыма түсе қалғаны. Бірде, тағы да сол травматология бөлімшесінде жамбас сүйегінің ұршығы орынынан тайып кетуіне байланысты 96 жастағы ақсақалға ота жасалынды. Бұл жолы науқас жоспарлы түрде портал арқылы түскендіктен егжей- тегжейлі тексеріліп, керек анализдерінің барлығы алынып, алдын-ала қажетті мамандардың барлығына көрсетілді. Ота жасаудан бір күн бұрын науқас реанимация бөлімшесіне ауыстырылып, оның барлық жүйелеріне жоспарлы түрде коррекциялау жүргізілді. Нәтижесінде, оталау еш қиындықсыз тез арада жасалынып, ақсақалдың сынған жамбас буынының орнына титаннан құйылған жасанды буын салынып берілді (эндопротезирование тазобедренного сустава). Науқас отадан соң тағы бір түн реанимация бөлімшесінде болып, ертесінде профилді бөлімшеге ауыстырылып жіберілді. Артынан 5 тәуліктен соң атамның жағдайын біліп қайтайыншы деп, травматология бөлімшесіне іздеп барсам, ақсақал орнында жоқ. Жігіттерден сұрастырсам, кеше ғана ақсақал үйіне өз аяғымен кетіпті деседі. Жалпы дәл осындай жасы ұлғайған қария адамдарға жасанды ұршық қою Алматы қаласы тұрмақ, бүкіл республика бойында сирек кездесетін жай. Сондықтан да, 96 жастағы қария адамның буынын ауыстыру біздің травматологтар үшін республикадағы өзінше бір рекорд болып тіркелініп, тарихта қалды. Оның үстіне жаңағы ақсақалымыз бірнеше орденнің иегері атанған, Ұлы Отан соғысының ардагері болып шықты. Көпшілік клиникаларда мұндай науқастарды отаның ауырлығын, науқастың жасын есепке алып, операцияны жасамауға тырысады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы жылдардағы деректеріне сүйенсек, жамбас сүйегінің сынуынан немесе шығып кетуіне байланысты төсек тартып қалатын науқастардың 80 пайызға жуығы дер кезінде ота жасалмаған жағдайда әр түрлі қосалқы дерттердің қабаттасуы салдарынан (гипостатикалық пневмония, терінің ойылуы, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары) 3-4 айдың ішінде өмірмен қоштасады екен.

Кейінгі жылдардағы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған квотаның арқасында эндопротездік оталардың саны жылдан-жылға артып, көптеген адамдар аяқтарынан тұрып, емделіп жатыр. Нәтижесінде травматолог мамандар жеке адамның денсаулығын ғана қалыптастырып қоймай, олардың туған-туыстарының да науқасты қарауға жіберетін алтын уақыттарын үнемдеп, олардың жұмыс істеп, қоғамға пайда келтіруіне жағдай туғызуда. Дәл осы тұста, травматология саласының білгір маманы В. Г. Семеновпен қатар қоян-қолтық қызмет атқарып жүрген жоғарғы санатты дәрігер, травматолог Руслан Исаұлы Назимов, жоғары санатты дәрігер Димшит Исрафилұлы Джульфаев, бірінші санатты дәрігер Ахмет Анварұлы Даврешов, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғарғы санатты дәрігер Дәрмен Қуатұлы Жамашев, травматолог дәрігер Бауыржан Айбек және бөлімшенің аға мейірбикесі, жоғарғы санатты мейірбике Алуа Нұрғазымқызы Қошамбекова мен жоғары санатты мейірбикелер: Сәния Абдулланқызы Ғайсина, Гүлнара Жұмабекққызы Бердалиева, Бұлбұл Шаяхметқызы Оразаева, Гүлнара Мерекеқызы Ташенова, Гүлнұр Қуанжанқызы Жадағаева, Гүлнара Григорьевна Текчебаева, Бақытгүл Сұлтанғазықызы Алмасова, Айқын Хабдулақызы Муганова, Сауле Әділдәқызы Нүсіпова және мейіраға Матвей Александрович Кобзев, Ольга Анатольевна Смирнова және Гүлбаршын Сабыржанқызы Мырзамұратова, Гүлбану Алмасқызы Беримовалардың еңбектерін атап айта кеткеніміз жөн болар. Осы абзал жандардың арқасында бұл ұжым үлкен жетістіктерге жетіп, толағай табыстарға кенелуде. Жалпы қалыптасқан дәстүр бойынша аурухана дәрігерлері жыл сайын алдыңғы қатарлы шет ел медицина орталықтары мен ауруханаларында білімдерін жетілдіріп, практика жүзінде науқастарға көмек көрсетудің қыр- сырына қатысты тәжірибелерін алмастырып отырады. Білімін жетілдіру мақсатында көптеген мамандар дүние жүзінде алдыңғы қатардағы медициналық көмек көрсету үлгісін көрсетіп отырған Оңтүстік Кореяда болып қайтты. Сол жақтан олар жоғары мамандандырылған медициналық көмектің стандарттарын игеріп, күнделікті жұмыс барысында қолдана алатын жағдайға жетіп, өз ортамызға оралған соң аталмыш әдістің қыр-сырымен бүкіл ұжымды таныстыруды қолға ала бастады.

Осы уақыт аралығында Оңтүстік Кореяда 3 хирург, 2 реаниматолог, 3 гинеколог маман білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы көп салалы 6 клиникасымен ұзақ уақыт бойындағы практикалық қарым-қатынас орнату жөніндегі келісім шартқа қол қойды. Ол жақтан да өз кезегінде білгір мамандар біздің ауруханаға келіп, оталарға қатысып, мастер кластар өткізіп, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндамалар жасауды әдетке айналдырды. Өткен жылдары Австрия, Украина, Ресейден келген мамандар ғылыми конференциялар мен мастер кластар өткізіп, соңынан барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырды. Осыдан кейін аталмыш елдердің ғылыми-медициналық орталықтарындағы мамандармен ұдайы қарым-қатынас орнатылып, қажетіне қарай, кейде тіпті аптасына екі-үш мәртеге дейін, онлайн режіміндегі конференциялар өткізіліп отыратын болды. Дәл сондай мақсатта өткізілген конференциялардың қатарына 2014 жылдың қараша айында болған Алматы қаласындағы сән және дизайн колледжіндегі жарылыстан кейінгі жарақаттанған балаларды емдеу барысындағы клиникалық талқылау мен емдеу процесіне қатысты атқарылған тікелей скайп арқылы жүргізілген конференцияларды жатқызуға болады. Бұл жүргізілген конференциялардың уақытымен ұйымдастырылуы дәл сол кездегі жарақат алып, емделіп жатқан балалардың тезірек оңалып, айығып кетуіне үлкен көмегін тигізді. Тіпті бір науқастың жағдайы төмендеп, сепсиске дейін жеткен кезде Санкт-Петербург қаласындағы Джанелидзе атындағы әскери клиника мамандарының берген ақыл-кеңесі науқастың осы жағдайдан аман-есен шығып кетуіне үлкен септігін тигізді. Бұл тұста, тікелей эфирлік байланысты ұйымдастырып, мамандармен келісіп, екі жақтың дер кезінде пікір алмасуын ұйымдастырған зор алғысымызды білдіреміз. Жалпы ауруханаға келіп түсіп жатқан науқастардың жағдайын, ауруларының қаншалықты асқынғандығын ескерсек, осы келіп қаралып

жатқан науқастардың 96 пайызға жуығы жоғарғы стандартқа сәйкес шұғыл көмек алады. Сол себепті де біздің клиникада күніне 25-ке дейін ота жасалынады. Олар арнайы жоғарғы стандарттық көмек көрсетуге сай жарақтандырылған операциялық залдарда жүргізіледі. Ол блоктардың барлығы да бірдей залалсыздандыру режимі сақталынып, әр операциялық блок отаға қажетті құрал-жабдықтармен, анестезиологиялық аспаптардың соңғы үлгісімен толықтай қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, барлық 9 оперблоктың әр қайсысында болып жатқан операциялық әрекеттердің барлығы бейнеқұралдардың көмегімен орталықтандырылып, барлық оперблокта бір уақытта жүріп жатқан операциялардың барысын бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Қажетті жағдайда отаның жасалу барысы таспадағы бейне көшірме көмегімен қайталанып, осы науқасқа қатысты өткізілетін консилиумдар мен конференцияларға қатысушылардың назарына ұсынылады. Оған қоса аса ауыр жағдайда жүргізілген операциялардың жасалу барысы бейне бақылауға түсіріліп, телеэкраннан көрсетіліп қана қоймай, интернет жүйесіне де қосылып, қажет бола қалған жағдайда шет елдердегі немесе еліміздің басқа қалалары мен клиникаларындағы білгір мамандармен операция үстінде тұрып-ақ ақылдасып, онлайн режімінде отаның жасалу тәсілі мен науқастың денсаулық жағдайындағы өзгерістерді қалыптастыру шараларын ақылдасуға мүмкіндік берді. Осы инновациялық жетістіктердің арқасында аса күрделі жағдайда жасалынатын оталардың саны артып, көптеген науқастар басқа қалаларға немесе шет елдерге баруға уақыт кетіріп, шығынданып жүрмей-ақ өз ауруханамызда жатып оталанып, аман-есен үйлеріне шығарылып жатыр. Осы тұста бір айта кететіні, бұл науқастардың басым бөлігі тұрған мекен-жайларына байланысты осы ауруханаға қарасты емес жерлерден, тіпті басқа қалалар мен облыстардан болып келетіндігі. Бұл қазіргі уақыттағы медицина саласының әр науқас өзіне керекті емделу орынын өзі таңдауы қажет деген ұстанымға дәлме-дәл келіп отырған заңды үрдіс. Бұл үрдістің пайда болуы бір жағынан нарық қатынасы кезінде туындайтын басты заңдылық аясында болса, екінші жағынан әр мекеменің болсын, әр маманның болсын қызметін алдыға сүйрейтін үлкен стимулдық фактор болып табылады. Бұл заңдылықты да ұжым мүшелері жете ұғынып, әр науқастың жағдайы мен көңіл-күйіне барынша назар аударуды әдетке айналдырған. Жалпы, жоғарғы дәрежедегі медициналық көмек көрсету мақсатында жасалынған оталардың саны былтырғы жылы 457-ге дейін көбейсе, биылғы жылы бұл меже 518-ге дейін артты. Соның ішінде біздің және С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ кафедра қызметкерлерімен бірігіп

жасалынған эндоскопиялық әдіспен атқарылатын оталардың саны жылдан- жылға арта түсуде. Порталдық денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесі аясында жоспарлы оталауға еліміздің түкпір- түкпірінен науқастар келіп, әр түрлі дәрежедегі операцияларын жасатуда. Бұл құбылыс әсіресе травматология саласында аса байқалады. Травматология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғарғы санатты дәрігер В. Г. Семенов бастаған травматология бөлімшесі дәрігерлері кафедра қызметкерлерімен бірлесе отырып, порталдық ота жасауды, оның ішінде жамбас сүйек буынын ауыстыруды былтырғы жылы 107% , немесе белгіленген межеден артық орындаған болса, биыл тіпті ол көрсеткіштен де асып түсіп, жалпы эндопротез салу бойынша ота жасау 115% орындалды. Сонымен қатар, травматология бөлімшесінде атқарылған қан шығарылмай жасалатын оталар саны да жылдан-жылға артып отыр. Бұл тұста әсіресе тізе буынына эндоскопиялық әдіспен жасалынатын артроскопия операциясының орындалу көрсеткішінің 126% орындалғанын мақтанышпен айтуға болады. Осы тектес жаңа инновациялық технологиялармен байланысты атқарылатын оталар тікелей таспаға түсіріліп, үлкен аудиторияларда мастер класс есебінде бірнеше мәрте көрсетілініп, қан аз шығарып жасалатын операциялардың қыр-сырын жас мамандарға, студенттерге үйретуде ерекше маңызды болды. Бұл тұста әрине, осындай аудиторияларды ұйымдастырып, заманауи үлгідегі мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып жүрген С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ травматология кафедрасы қызметкерлерінің де еңбегін атап өтпесе болмас. Осы тілге тиек етіліп отырған науқастарға ота жасаудағы жетістіктерден басқа да клиникаға алғаш түскен кезде қабылдайтын, оларға жылы қабақ танытып, алғашқы көмектерін дер кезінде көрсетіп, бөлімшеге жатып емделуіне жағдай жасап, операцияны жасағанға дейінгі уақытта еңбек сіңіріп жүрген Жангелді Ғазизұлы Сүлейменов, Берік Мұратқанұлы Досанов, Коянбаев Ерик Борисович, Чачидзе Рашид Газизович, Дәрмен Қуатұлы және т.б. көптеген азаматтардың бұл жетістіктерде сіңірген еңбектері өте зор. Шынтуайтына келгенде, осындай берекелі ұжымның ғана жұмысы алдыға басып, өркендейтіні анық. Дәл осындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, біріге қимылдаған еңбектің жемісі де ерекше болатыны да осыдан шығар. Жаңа үлгідегі аспаптар мен құрал-жабдықтардың болуы- бұрын бұл клиника тұрмақ еліміздің басқа қалаларында да өте сирек жасалынатын оталарды жасау мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұл оталарды жасаудағы ҚазҰМУ

хирургия, гинекология, травматология, урология, анестезиология және реаниматология кафедрасы қызметкерлерінің сіңірген еңбектері атап өтуге тұрарлық. Осы бір тұста мекеме басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты М. Т. Сейдумановтың: «Қазіргі заман ғылым мен технология заманы, осы екеуін егіз алып жүрмеген мекеменің келешегі жоқ»,-дейтін ғылыми- практикалық конференциялар мен семинарларда айтатын сөзі ойыма түсіп отыр. Бұл расында да, осылай екендігі күнделікті көз алдымызда өтіп жатқан, ұжым мүшелерінің атқарып жатқан істерінен-ақ көзге көрініп тұр. Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы хирург мамандары жақын және алыс шет елдерге шығып білімдерін байытып қана қоймай, ота жасаудың жаңа озық әдістерін де меңгеріп, үйреніп келуде. Соның нәтижесінде аса күрделі жағдайларға жиі әкеліп соқтыратын асқазан-ішек жолдарынан қан кетуді тоқтатудың жаңа эндоскопиялық әдісі қолға алынып, көптеген науқастарға жасалынды. Бұл отаның тағы бір ерекшелігі, науқастың денесіне еш тілік түсірілмейді және де басқа ағзалар еш зақымданбайды. Соның нәтижесінде ең алдымен лапаротомиялық оталау кезінде жиі кездесіп қалып жататын операция үстіндегі қан кету қаупінің мүлде жойылғандығы. Егерде оталау кезінде болатын асқынулар ішіндегі қан кету көрсеткішінің үлесі 70% деңгейден жоғары екендігін ескеретін болсақ, бұл жетістік жалпы осы аурухана үшін ғана емес, республика деңгейінде қол жеткізіп жатқан үлкен жетістік деп айтуымызға толық негіз бар. Абдоминалдық хирургиядан басқа да урология, травматология, гинекология салаларында да лапароскоптық әдіспен жасалатын оталардың саны күннен-күнге арта түсуде. Жамбас, тізе, шынтақ буындарын ауыстырудың жаңа әдістері меңгеріліп, эндоскопиялық әдістердің көмегімен жасалатын ота түрлері әрі қарай жетілдірілуде. Сонымен қатар, аурухана травматологтары кафедра қызметкерлерімен тізе қоса отырып, иық буынын жасанды буынмен алмастырудың жаңа әдістерін ойластырып шығарып, оны іске асыру жолдарын нақты қолға алуда. Біздің аурухананың ауыз толтырып айтардай тағы да бір жетістігі - ол алыстан толқынды тербеліс көмегімен (дистанционная ударно-волновая литотрипсия) атқарылатын литотрипсия емдеу әдісі. Басқаша айтқанда, қан шығармай жасалынатын бұл оталық әдіс көмегімен бүйректегі тас ұсақталып, ағзадан шығарылып тасталынады. Қазіргі уақытта Алматы қалалық жедел шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасы қолданып, іске асырып отырған жаңа технологиялық жетістіктер, еліміздің қай ауруханасы үшін де айтуға тұрарлықтай дәрежедегі жетістік болып табылады. Қол жеткізген жетістіктер мен жаңа әдістердің орындалу тәсілдері бейнеэкрандау көмегімен үлкен аудиторияларға шығарылып, ҚазҰМУ студентері мен білімін толықтыруға келген дәрігер мамандардың, ғылыми

қызметкерлердің назарына үнемі ұсынылып отырады. Бұл жаңа инновациялық техниканың көмегімен атқарылатын мастер кластық дәрістердің келешек мамандар үшінде, осы салада жұмыс істеп жатқан хирург дәрігерлер үшін де берері мол, ұтымды, озық тәсіл екендігі баршамызға белгілі. Нейроинсульт бөлімшесі.Барлық дүниежүзі елдеріндегі сияқты біздің еліміздің халқы үшін де жүрек-қантамырлары аурулары мен ми қан айналысы бұзылу дерті (инсульт) адам өмірін қысқартудағы аса қауіпті факторлардың біріне айналып үлгерді. Бүкіл реанимация бөлімшесінде, ауыр жағдайда жатып көз жұмған науқастардың 70% пайыздан астамы дәл осы аурулардың әсерінен жарық дүниемен қоштасады екен. Және де төрт жыл ішіндегі анестезиолгия және реаниматология бөлімшесінің қызметін сараптау барысында белгілі болғаны осы, дәлірек айтқанда жүрек-қан тамырлары жүйесі (артериялық қан қысымы, ИБС, инфаркт) мен ми қан айналысы бұзылуымен түсіп, көз жұмған науқастардың жас шамасы жылдан- жылға көбейіп бара жатқандығы. Әрине, бұл белгілі болған деректер бізді де, ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген ғалым мамандарды да ойланту үстінде. Біздің ойымызша, бұл үрдіс ең алдымен қала халқының күнделікті стресске көбірек ұшырайтындығы, қаладағы тіршілік ағысының жылдамдығы, ауаның таза еместігі, тіпті мына техникалық шарықтау заманындағы әр түрлі аспаптармен күні кешке дейін бір орнында қозғалмай отырып айналысуы сияқты сан алуан факторлардың ықпал етуімен тығыз байланыста болуы әбден мүмкін. Бірақ, бұл тек жорамал түрінде, теория қалпында ғана айтылатын жайт. Шындығына келгенде, ғылыми-техникалық прогрестен шалғай орналасқан ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын түбегейлі тексеріп, зерттеу нәтижесін таза қала тұрғындары денсаулық көрсеткіштерімен салыстырып жатқан ешкім де жоқ. Мүмкін, келешекте іске асырыла жататын шаруа болар. Ал, бүгінгі таңда бізге белгілісі жүрек-қан айналу және ми қан айналысы бұзылуымен байланыстағы науқас түрлерінің жылдан- жылға белең алып, көпшілік жағдайда жасы ұлғаймаған, еңбекке жарамды адамдардың кембағал болып қалуына, немесе басқа жақын-жуықтарының көмегіне мәжбүр болып жататындығы. Бұл экономикалық тұрғыдан келгенде де қоғамымызға үлкен нұқсанын келтіріп жатқан мәселе. Дәл осы келтірілген себептерді негізге ала отырып, біздің ауруханада бас дәрігердің тікелей ат салысуымен 2012 жылдың ақпан айында нейроинсульт орталығы ашылды. Бұл тұста пайда болған мәселенің мән- жайына қанық Денсаулық сақтау министірлігі мен Алматы қалалық

Денсаулық сақтау басқармасы басшыларының да ықпалы ерекше болғандығын атай кетуіміз керек. Қашанда болсын жалаң идеямен, немесе тек қана құр цифрмен шаруаны түбегейлі шешіп тастау мүмкін еместігі секілді, осы кездердегі жоғарғы айтылған лауазымды мекеме басшыларының көрсеткен қолдауы ең алдымен қала халқының денсаулығын нығайтудағы оңды шешім болды деп есептейміз. Аталмыш бөлімшені ашпас бұрын арнайы сынақтан өткен төрт бірдей маман невропатолог дәрігерлерді Қазан қаласына оқуға жіберіп, ол мамандар көрші мемелекеттегі алдыңғы қатарлы медициналық ауруханалардың инсульт ауруын емдеудегі іс- тәжірибесі мен алгоритмдік емдеу әдістерін, осы салада қолданылатын жаңа инновациялық үлгідегі аспаптармен жұмыс жасауды меңгеріп, арнайы аттестациялық комиссияның сынағынан өткеннен соң ғана, өз ауруханамызға келіп, осы тың бастаманы ары қарай жалғастырып, нейроинсульт бөлімшесінің толық қанды жұмыс істеп кетуіне барынша ат салысты. Әуел бастан 30 төсектік болып ашылған бұл бөлімше алғашында Медеу, Бостандық, Алмалы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетіп, алғашқы жылдың өзінде 578 науқасты қабылдап, емдеп шығарған болса, 2013 - 2014 жылдары нейроинсульт бөлімшесінде ем қабылдап шыққан науқастардың саны екі есеге дейін көбейді. Өте ауыр халдегі науқастар реанимация бөлімшесінде, қазіргі заманауи техникалық жабдықтармен жабдықталған арнайы палаталарда ем қабылдап, жағдайы жөнделіп өзіне-өзі келген кезінен бастап, сол реанимация құрамындағы интенсивті терапия палатасына ауыстырылып отырады. Сонан соң ғана науқас негізгі профильдік бөлімшеге немесе реабилитациялық емдеу шараларын жүргізетін бөлімшеге ауыстырылады. Бұл тұста науқастардың неврологиялық жағдайларының қалпына келу дәрежесі ескеріліп, оларды ұдайы бақылауда ұстау принципі емдеу сатысының барлығында қатаң сақталатынын айта кеткеніміз жөн. Барлық емдеу және диагностикалық шаралар, арнайы комиссия бекіткен стандарттық протоколдар негізінде жүзеге асырылып отырады. Бөлімшенің алғаш ашылуынан бастап, осы кезеңге дейін бірнеше мәрте Қазақ-Ресей медициналық университеті кафедрасымен бірлескен ғылыми- практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, нәтижелері республикалық және шетел басылымдарында жарық көруде. Бұл мәселелерге қатысты мәліметтер мен көрсеткіштерге әр бөлімшенің осы уақытқа дейінгі жұмысына есеп беру бөлімінде тереңірек тоқталатын боламыз.

Осы тұста, тағы бір айта кететіні жедел шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасындағы нейроинсульт орталығының атқарған қызметінің деңгейі жылдан-жылға еселеніп, қала бойынша 2013-2014 жылдарды оң нәтижемен аяқтаған белді бөлімшеге айналғаны. Жыл бойында мекеменің бас дәрігері атына, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы және аурухананың арнайы сайтына жазылып жататын алғыс сезімге толы жылы лебіздер осы бөлімше қызметкерлерінің мәртебесін асыруда. Демек, бұл бөлімше қызметкерлерінің жасап жатқан қызметі жаңалықтан қорқып, бас сауғалағаннан гөрі, халыққа пайдалы істің қандай бейнеті болсын, бірігіп көтеріп, әрекет қылса түбі еңбек пен білімнің алмайтын қамалы жоқ екендігіне дәлел болып тұрғандай. Орайы келіп тұрған сәтте айта кетуге тура келіп тұр. Бұл оң нәтижелерге ең алдымен мекеме басшысының іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығы өз ықпалын тигізген болса, екіншіден жаңа әдістерді қолдана отырып күрделі оталарды жасап, науқастың жағдайын қалыптастырып жүрген мамандардың біліктіліктері мен жаңалыққа құштарлықтары себеп болуда. Осы тұста нейроинсульт орталығының тыныс- тіршілігіне қатысты барлық шараларды ұйымдастырып отырған бөлімше меңгерушісі, бірінші санатты дәрігер маман Равиль Тұрсынұлы Баратовтың және дәрігерлер Гречаная Татьяна Сергеевна, Бахтияр Алимжанұлы Бавдиновлар мен бөлімше аға мейірбикесі Бота Тоқтабайқызы Наншыбаева және мейірбикелер Фарида Бақболатқызы Сембаева, Шынар Қосдаулеқызы Оразалиева, Еңлік Рұсланқызы Құдайберген, Ақерке Мұқанқызы Манасбекова, Асел Масимбайқызы Байдилбаева, Айгүл Нұрсұлтанқызы Серікбаева, Мадина Абылакимқызы Ақатова, Жанат Жорабайқызы Бекбосынова, Гүлназ Қожахметқызы Джапарова, Суханова Ирина Николаевна, Ардақ Мұратханқызы Алимжанова, Сауле Мақсұтова, бөлімше шаруашылық ісі жөніндегі жауапты қызметкер Кащенко Любовь Николаевна және басқа кіші медицина қызметкерлерінің еңбектері өте зор. Бір сөзбен айтқанда, осыдан кейін жұмылған жұдырықтай болған ұжымның бірлесе қолға алған еңбегі әрқашан да жарқырап көрініп, өз жемісін беретініне кәміл сенетін болдық. Алматы қалалық ЖШМКК ауруханасы қажетті мамандармен толығымен қамтамасыз етілген. Біздің ұжым дәрігерлері қай жағынан қарағанда да заманауи тұрғыдағы мекемеде қызмет жасап жатқандарын мақтан етеді. Мүмкін бұл мекеменің көліктік қатынасқа ыңғайлы, орталықта

орналасуынан немесе ауруханадағы қызметкерлердің жұмыс істеуіне қажетті жағдайдың толығымен жасалғандығынан да болар. Бүгінгі таңда, ауруханадағы дәрігерлердің басым көпшілігі жоғарғы санатты маман болса, ал осы ауруханада орналасқан кафедра қызметкерлерінің барлығында бірдей ғылыми дәрежесі бар. Сонымен қатар, кафедра меңгерушілерінің барлығы медицина ғылымдарының докторы, профессорлар. Көптеген қалалық немесе облыстық ауруханаларда дәрігер немесе басқа мамандардың жетіспеушілігі сезіліп жатса, біздің ауруханада керісінше, жұмысқа тұру мәселесі арнайы құрылған комиссия мүшелерінің шешімімен ғана жүзеге асады. Ақылы бөлімше. Аурухананың алғаш ашылуынан бастап ұйымдастырылған ақылы бөлімше арнайы келісім шарт негізінде науқастарға қызмет көрсетеді. Кей жағдайларда егер де пациент қамсыздандырылған болса, бөлімше медициналық қамсыздандыру келісім шарты негізінде өз қызметін көрсетеді. Бұл бөлімшедегі науқастардың түрі әр салалы болғанымен оларға көрсетілетін диагностикалық тексерістер жан-жақты толыққанды жүргізіліп, жатар жерлері мен палата іші барынша үй жағдайына жуықтатылып жасалынған. Бұл бөлімшеден жазылып шыққан науқастар, ауруханада жатпаса да осындағы мамандарға қайта-қайта келіп қаралып, тексеріліп отыруды әдетке айналдырған. Яғни, адамдар тұрғылықты мекен-жайына қарамастан, науқастана қалған жағдайда өз таңдауы бойынша осы бөлімшеге келіп, емін жалғастырып, сауығып кетіп жатады. Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы ем қабылдап жатқан науқастарға ерекше ілтипат көрсете отырып, олардың дертін ғана емес, жан-дүниесін де жадыратуға бар күш-жігерін салатын мейірімді ұжымға айналуда. Бұл бағыттағы семинарлар дәрігерлер мен орта және кіші буынды медицина қызметкерлері арасында ұдайы өткізіліп тұрады. Ауыр науқастарды, әсіресе төсек тартып жатқан науқастарды дұрыстап күту,

олардың дене тазалығын сақтап, ұзақ уақыт бойында қозғалмай жату себебінен болатын дене ойықтарының (пролежни) алдын алу мақсатында жүргізілетін кешенді шаралар ойластырылып, қолданысқа енген. Әсіресе, бұл шаралар неше тәуліктеп жататын реанимация бөлімінде қатаң бақылауға алынып, осы шаралардың орындалу уақыты арнайы журналдарға тіркелініп, кезекшілік ауысу кезінде қолдан-қолға тапсырылып отыру әдетке айналған. Бұл ұжымда «әр науқасты өз туысыңдай қарау» принципі қатаң жолға қойылған деп айтсақ асыра айтқан болмас едік. Алда-жалда бір науқастың денесінде бармақтың басындай ойық немесе терінің сырылып қалуы байқалған болса, бұл бөлімше көлеміндегі үлкен келеңсіздік болып қаралып, тиісті қызметкерлер осы мәселе бойынша бөлімше меңгерушісіне жазбаша түрде түсініктеме беруге тура келеді Бұл бөлімшеде қызмет атқаратын мейірбикелер мен дәрігер мамандар арнайы құрылған комиссия шешемі бойынша қызметке қабылданған ең үздік, өз ісінің нағыз кәсіби мамандары. Бөлімше меңгерушісі - кейінгі он бес жыл бойында медицина саласында үздіксіз қызмет атқарып келе жатқан, жоғарғы санатты дәрігер Эльмира Оразбекқызы Затыбекова. Білікті маманның басшылығымен осы бөлімшенің емін қажет етіп, арнайы іздеп келіп емделетін науқастардың көңілін тауып, жадыратып, сонымен қатар емдік шараларын да уақытымен орындап, күндіз-түні қызмет атқарып келе жатқан бір топ қызметкерлердің ішінен, бөлімше аға мейірбикесі, 31 жылдан астам еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты мейірбике Нүрзия Нүсіпқызы Алиеваны, жиырма екі жылдан астам еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты мейірбике Елизавета Жолдыбайқызы Абдильдинаны, жиырма бес жылдан астам еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты мейірбике Садат Гамзакқызы Айдынованы, он төрт жылдан астам еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты мейірбике Нұрлыхан Жұманқызы Райымқұлованы, он жеті жыл еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты мейірбике Талшын Ықласқызы Саутбаеваны, жиырма жылдан артық еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты мейірбике Сания Әбілмәжитқызы Тергеусізованы, он сегіз жылдан артық еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты мейірбике Сабира Әбілмәжитқызы Тергеусізованы және басқа да қызметкерлердің еңбегі айтуға тұрарлықтай. Осы жандардың адал еңбектерінің, науқастарға деген кең пейілдерінің арқасында бөлімше әу баста 44 төсектік болып ашылғанымен, шын мәнінде бұл бөлімшедегі науқастар саны 50-ден кем болып көрген емес.

Бұл жөнінде: «Біздің бөлімшеде бір мәрте ем алып кеткен пациенттер ары қарайда бізбен ұдайы қарым-қатынаста болып, керек бола қалған жағдайда әдейілеп келіп, жатып емделіп кетеді», -дейді осы бөлімше меңгерушісі, жоғарғы санатты терапевт дәрігер Эльмира Оразбекқызы. Расында да науқаспен дәрігер арасындағы қалыптасқан сенімділік пен білімділікке негізделген қарым- қатынас қана осындай көрсеткіштерге жетелеуі мүмкін. Өзі жас болса да науқастардың жүрегіне жылу ұялатқан Эльмира Оразбекқызының атқарып жатқан қызметінің аса зор екендігін осыдан-ақ түсінуге болатын сияқты. Бүгінгі таңдағы аурухананың барлық қызметкерлерінің атына арналған жазбаша алғыстар легі науқаспен оны емдеп, қарап жатқан медицина қызметкерлері арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты дәрежедегі шынайы екендігіне мысал бола алуда. Токсикология бөлімшесі . Аурухана құрамында бүкіл Алматы қаласы халқына қызмет көрсететін токсикология бөлімшесі жұмыс жасауда. Бөлімше меңгерушісі жоғарғы санатты дәрігер, өз жұмысын қыр-сырына дейін меңгерген таптырмас маман Тойбаева Гүлмира Мұратқызының басшылығымен бөлімше қызметкерлері бір кісідей күндіз-түні әр түрлі жағдайда уланып түсетін жандарға бірнеше жылдар бойында үздіксіз өз көмектерін аямай көрсетіп келеді. Жақында ғана табиғи газбен уланып түскен бес адамнан тұратын бір отбасы адамдары осы бөлімше және барокамера қызметкерлерінің жұмыла кіріскен қимылдары мен білгірліктерінің арқасында аман-есен қалып бас аяғы үш күннің ішінде үйлеріне аман-есен оралды. Осы айтылған жайға ұқсас жағдайлар екі күннің бірінде кездесіп жатады десек артық айтқан болмас едік. Көпшілік жағдайда адамдардың мұндай халге жетуіне өздерінің кінәлі екендігі анықталып жатады. Арақпен немесе дәрі ішіп уланып түсіп жатқан адамдардың беті бері қарағаннан соң мекеме штатындағы психиатр, психолог мамандар олармен жеке әңгіме жүргізіп, науқас санасындағы ауытқушылықтарға коррекция жасауды қолға алады. Әрине, мұндай жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан кейбір жағдайларда аман-есен жазылып шығып кеткен адамдардың қайтадан түсіп жататын кездері де жоқ емес. Ондай науқастардың көбі басшылардың келісімімен психиатриялық немесе наркологиялық диспансерлерге емін жалғастыруға ауыстырылады. Міне, бұл айтуға жеңіл, бірақ іс жүзінде қыр-

сыры мол токсикология бөлімшесінің атқарып жатқан қызметінің бір қыры ғана. Ал, көзге көріне бермейтін әр науқасты аман алып шығудағы арпалыстардың, ұйқы көрмейтін түндердің жасырылып жатқан сырлары қаншама десеңізші. Бір ғана, байқамай сірке суын ішіп қойған аяғы ауыр келіншектің өмірі үшін болған арпалыстың өзі кішігірім бір кітапқа арқау болар деп айтсам артық болмас еді. Менің не айтқалы отырғанымды барлық медицина қызметкерлері жақсы түсінеді деп ойлаймын. Сол науқастың ауруханаға түсе қалған сәтінен бастап, аман- есен үйіне шығарылып, өзі қаралып жүрген емхана қызметкерлерінің қолына табыс етілген уақытына дейінгі бас дәрігерден бастап, оның емдеу ісі жөніндегі орынбасарларының, бөлімше меңгерушілері мен кеңес беруге келген мамандардың сәт сайынғы мазасыз тірлігінің өзі жалпы науқастарға деген бұл ұжымның қаншалықты беріліп, қызмет көрсетіп жатқанының дәлелі емес пе. Бүкіл бір Алматы секілді ірі мегаполисте тұрып жатқан халыққа токсикологиялық тұрғыдан шұғыл көмек көрсетіп жатқан жалғыз мекеменің бұл бөлімшесіндегі мамандардың барлығы өз істеріне берілген, білімді және қандай ауыр жағдайдағы болмасын науқасқа дер кезінде жоғарғы дәрежелік медициналық көмекті көрсете алатын, тәжірибелі жандар. Олардың қатарында бөлімше меңгерушісі, жоғарғы санатты дәрігер, он тоғыз жылдан астам дәрігерлік стажы бар Гүлмира Мұратқызы Тойбаева; отыз төрт жылдан астам дәрігерлік стажы бар, жоғарғы санатты дәрігер Батима Үсенқызы Ахметова; он алты жылдың еңбек стажы бар, жоғарғы санатты дәрігер Талғат Дауытханұлы Шакиров; жиырма бес жылдан артық дәрігер болып қызмет атқарған, жоғарғы санатты дәрігер Вера Михайловна Чеглакова, он тоғыз жылдық еңбек стажы бар, жоғарғы санатты дәрігер Берченко Маргарита Анатольевна; тоғыз жыл еңбек өтілдігі бар, бірінші санатты дәрігер Бауыржан Әскербекұлы Аймбетов; жоғарғы санатты дәрігер Ерлан Оңғарбекұлы Оңғарбек; жас дәрігер мамандар Марат Толыбайұлы Жұмағұлов; Бахтияр Бахытжанұлы Текесбаев, жиырма тоғыз жыл дәрігер болып қызмет атқарып келе жатқан, жоғарғы санатты маман Жұлдыз

Серікбайқызы Жетібаева; он екі жылдық еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты маман Гульмира Калжашқызы Джаркимбекова және жиырма сегіз жылдық еңбек стажы бар, жоғарғы санатты мейірбике, токсикология бөлімшесінің аға мейірбикесі Сандуғаш Қаликбергенқызы Сембаева және басқа тәжірибесі өте жоғары, білікті мейірбикелер мен кіші медицина қызметкерлері бар. Осы токсикология бөлімшесіне түскен ауруларды емдеп, қажетті диагностикалы шараларын жасап жүріп-ақ уақыттың қалай тез өте шыққанын байқамай қалатын кездеріміз қанша болды. Бір науқаспен алысып, ертеңінде оны өз бөлімшесіндегі дәрігерлерге аман есен табыстаған соң, сыртқа шығып алып, «УХ» - деп бүкіл кеудеңді толтыра дем алғандағы жайшылықта кір, лас деп жүретін қала ауасының қасиетті болып көрініп кететінін айтсаңшы. Бірнеше күн далаға шықпай, қапасқа қамалып қалған адамдар ғана өстіп далаға шыққанда, еркіндікке шыққандай болып, рахаттана, кеудесін кере бір дем алатын шығар. Нейрохирургия бөлімшесі. 2013 жылдың аяғында барлық нейрохирургиялық оталардың ұзын саны 52 ғана болса, биылға жылы 282-ге дейін жетті. Осы көрсеткіштердің артуына барлық еңбегі мен білімін аямай жүрген дәрігер азаматтардың қатарында Ерлан Мақанұлы Рахадилов, Виктор Сергеевич Караваев, Карабай Шахазиндаұлы Медетбеков, Самат Қадыров, Абдыбек Азиханов секілді білікті нейрохирург мамандар бар. Әсіресе, бұл жігіттердің қай уақытта түскен науқас болмасын протоколға сәйкес тез арада барлық диагностикалық тексерістерін жасап, науқастың бас сүйегі мен миын компьютерлік томографияға түсіріп бас аяғы 15 минуттың ішінде науқасты операция блогына көтеріп үлгеретіндері таң қалдырады. Кейде олардың жылдамдығы біздің реаниматолог жігіттердің де жылдамдығынан екі есеге артық па деп ойлап қаласың. Алайда, жігіттердің осындай жылдам қимылдары көмегімен талай- талай өлім аузында келіп түскен арыстай азаматтар аман қалып, өз отбасына аман-есен оралып жатыр. Осы жігіттермен әрқашанда тізе қосып қимылдайтын, өз жұмыстарын қыр-сырына дейін меңгерген бөлімшенің бірі нейрохирургия бөлімшесі. Бұл бөлімшені басқарып отырған медицина ғылымдарының докторы, профессор В.В. Крючков. Осы азаматтың бөлімше тізгінін қолға алған уақытынан бастап, портал бойынша миға, жұлынға жасалатын оталардың саны артып, белгіленген межеден былтырғы жылы 135%, 2014 жылға 143% дейін асыра орындауға қол жетті. Бұл тұста В.В Крючков келгенге дейін де операциялық блоктардың техникалық

жабдықталуы жағынан ешқандай да кемістік болмай, порталмен келіп жататын науқастарға ота жасау атқарылып келген болатын. Алайда, осы маманның келуімен көптеген жас мамандар алыс және шетелге білімдерін толықтыруға жіберіліп, бас аяғы екі-үш ай арасында нейрохирургиялық операциялардың қыр-сырына қанығып, қайта өзімізге оралғаннан соң ғана барып, порталдық жүйемен ота жасау көрсеткіші жоғарылай бастады. Бұл тұста мүмкін «адами фактор» деген ұғымның әсері де жоқ емес болуы керек. Біздің мамандықтың тағы да бір қиын жері, үнемі шығарға жаны аз қалған, түсініксіз науқастармен арпалыс. Қазақ атамыз «Оқыстан келген жау жаман»,- деп бекер айтпаған ғой. Міне, нейрохирургия бөлімшесінің жігіттері - осы бір өлім мен өмір арасындағы майданның нақ ортасында жүрген азаматтар. Олар сырт көзге жұп-жуас, қой аузынан шөпті әзер алатын азаматтар болып көрінуі мүмкін. Ал шындығында, жұмыс жағдайында, яғни, алдарына ауыр науқас келген кезде мүлдем өзгеріп сала беретін жандар. Ондайда олардың қимылдары шалт болып, көздері от шашып, скальпелдерін ойнақшытып, дегендеріне жетпей қоймайтын батырларша қайраттанып алады. Ондай уақыттарда тек өз жұмысыңды жасап, үндемей тұрудан басқа амалың қалмайды. Ұзын сөздің қысқасы, бұл бөлімше жігіттері шетінен осындай, «сен тұр, мен атайын» - дегендей, сертке лайық азаматтар. Осы жігіттермен қатар тізе қосып, қызмет жасап жүрген жандардың қатарында бір топ мейірбикелер де бар. Олар: бөлімше аға мейірбикесі, 36 жыл медицина саласында қызмет жасап келе жатқан, жоғарғы санатты маман Гаухар Мақсұтқызы Успанова, жиырма бес жыл еңбек өтілдігі бар, жоғарғы санатты мейірбике Бақытгүл Қасымбайқызы Абдилдаева, мейірбике Шолпан Жиенбайқызы Джанабылова, бірінші санатты мейірбике Гүлзейнет Қабланбекқызы Жаңаберген, екінші санатты мейірбике Мөлдір Жұманқызы Жұманова, мейірбике Қарлығаш Бахытжанқызы Юсупова, бөлімше шаруашылық ісі жөніндегі жауапты қызметкері Нәзира Санаққызы Құдайбергенова және т.б. кіші медицина қызметкерлері бар. Ота жасау бөлімшесі.Аурухананың оперблоктарының барлығы еуропадағы атағы шыққан компаниялардың техникаларымен жабдықталған. Оның үстіне әр оперблоктың қабырғасын қаптаған материалдардың түсі бір- біріне ұқсамаған, әр оперблок өзінше бір әлем. Расында да ауруханадағы барлық тоғыз оперблоктың әрқайсысында жүргізілетін оталардың түрі де әр түрлі. Мысалға, бірінші және үшінші

оперблоктарда гинекологиялық және шұғыл оталар жасалынса, үшінші қабаттағы блоктарда жоспарлы немесе порталмен келген травматологиялық және нейрохирургиялық науқастарға жасалатын оталар іске асырылады. Ал, төртінші қабаттағы операциялық блоктарда жоспарлы түрде жасалынатын хирургиялық және урологиялық салаға тән оталар жасалынады. Оперблоктардың қабырғасын қаптаған түрлі- түсті материалдар белгілі мөлшерде күміс иондарынан тұратындықтан, жоғарғы дәрежедегі бактерицидтік қасиетке ие. Дәл осындай материалдармен қапталып, аурухананың басқа бөлімдерінен үш зоналық қорғаныспен жарақтанылған оперблоктар саны Алматы қаласын айтпағанның өзінде бүкіл республика клиникаларында өте сирек кездеседі немесе тіпті жоқтың қасы десек артық айтпаған болар едік. Әр операциялық блокта өзіндік автономды желдеткіш желісі бар. Ол желдеткіштер мен жылыту көздері арнайы құрылғылар арқылы бақыланып, қажетті ауа температурасы мен ылғалдығының бір қалыпта сақталынып отыруын қамтамасыз етеді. Әр операциялық үстелдің қасында науқасқа арналған персоналды жасанды дем беруге арналған аппараттар және мониторлармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, наркоздың тереңдігін бақылайтын құрылғылармен қоса, шприц насостар мен инфузоматтар орналасқан. Бұл құрал- жабдықтардың барлығы аурухана ашылу қарсанында еуропалық өндірушілерден сатылып алынған, халықаралық сертификатқа ие соңғы инновациялық құрал-жабдықтар болып табылады. Жалпы операциялық блоктың жұмысы үйлесімдігі жоғары механизмге ұқсас барынша жылдамдатылған, әрі қауіпсізденген. Науқасқа ота жасауға қатысты керек-жарақтың түгелі бар. Бұл бөлімшеде ешқашанда бір аспаптың жетіспей қалуы немесе бір аспаптың істемей қалуы сияқты проблемалар болып көрген емес. Бөлімшенің осындай дәрежеге дейін жетіп, қалтқысыз қызмет жасап отыруында әрине ең алдымен осы бөлімшені басқарып отырған жас хирург маман Ардақ Рашитұлы Умирбеков және өз ісінің нағыз маманы, жоғары санатты мейірбике оперблок аға мейірбикесі Ғалия Жақсылыққызы Алмабаева және жоғарғы санатты мейірбикелер, тәжірибесі аса зор мамандар Фатима Мүборсиқызы Бадалова, Корчагина Ирина Александровна, Айтолқын Бексұлтанқызы Бектұрғанова, Кенжахан Исмайылқызы Тоқаева, Гулмира Полатқызы Аюпова, және опермейірбикелер Мариям Джамазақызы Шахун,

Гүлбанум Ахметжанқызы Сопиева, Лала Мехбалықызы Гейдарова және т.б. мамандардың күнделікті атқарып жатқан қызметтерінің арқасы. Осы жандардың ұдайы да үйлесімді қимылы көмегімен ауруханада жасалынған операциялардан соңғы асқынулардың мүлде болмауына қол жеткізіп отырмыз. Бүгінгі күнге дейін осы 9 операциялық блоктарда 12 000-нан аса операциялық шаралар жасалып, оның 1 200-дейі эндобейне- лапароскопиялық техникаларды қолданумен, 5 000-дайы әр түрлі эндоскопиялық айла-шарғылар (манипуляциялар) жүзеге асырылды. Төрт жыл ішінде асептикалық, антисептикалық себептерге байланысты бірде-бір көңіл алаңдатарлық кемшіліктердің болмауы осы бөлімше қызметкерлерінің жоғарғы білікті маман екендігіне дәлел болып тұрғандай. Жансақтау бөлімшесі.Жақында реанимация бөлімшесіне аса ауыр жағдайда түскен бір науқастың ауруханадан шығарында: «Менің өмірімді аман-есен алып қалған сіздердің дәрілеріңіз емес, сіздердің маған деген пейілдеріңіз», - деген бір ауыз сөзінен кейін мен де, менің қасымда тұрған аға мейірбике де біразға дейін ойланып қалғанымыз бар. Ол өзі былай басталған оқиға еді. Шындығында да, бұл науқас бізге келгенде, дем алысы қиындап, барлық дем алуға қатысатын бұлшық еттері паралич болып, жұтына алмай, тіпті жұтыну тұрмақ, көзін де өз бетімен аша алмай түскен еді. Ешкім ауруды, немесе дерттің бір түрін «маған осы дұрыс болар еді», - деп қалап алмайды ғой. Егер де қалап алатын болса бұл азаматтың қалтасы бәріне де жететінін біз артынан білдік.

Солай бола тұрса да, Алла тағала бір жерінен болмаса бір жерінен тартып, адам баласын тең қылып ұстауға тырысатыны да рас шығар. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, науқас бөлімшеге келіп түскен минуттан бастап, қажетті диагностикалық және емдеу шараларының бәрін жасап, мұрынға арнайы түтік арқылы ылғалданған оттегін жіберіп, мониторлардың барлығын қосып, аса маңызды жүйелерінің қызметін бақылауға және оның бұзылыстарын қалыпқа келтіруге кірісіп кеттік. Мұндай кездерде біздің бөлімшенің мейірбикелері жай ғана жүрмейді, ұшып жүре ме деп ойлап қаласың. Аузыңнан шығатын сөздің жартысын айтып болмай жатып, әлгілер саған керек затты қолыңа ұстата қоятынын қайтерсің. Кейде тіпті ұялып қаласың. Неше түрлі ойлар кетеді де: «Мен солай жай сөйлейтін болып қалғанмын ба? Жоқ әлде мейірбикелердің барлығы метеор сияқты болып кеткен бе?» - деген секілді. Бір жағынан біздің аға мейірбикеміз Бақыт Ендебаевнаның, командирлерге тән дауысы барлық мейірбикелер мен санитаркаларды әбден жаттықтырып қойған ба, қойшы әйтеуір әп- сәтте әлгі науқасымызды тексерістен өткізіп, барлық керекті мамандардың басын қосып, консилиум да жүргізіп үлгердік. Осы қарбаластың арасында науқастың жай-күйін көріп қайтуға келіп- кетіп жатқан басшылардың да қойған сұрақтарына жауап беріп, көңілдерінен шығуға тырысып-ақ жатырмыз. Бірақ, бір өкініштісі, науқасымыздың жағдайы женілдеудің орнына, ары қарай төмендеп бара жатқандай. Қадағалап отырған сараптамамыз да тыныс жолдарының дұрыс еместігін көрсетіп, медицина тілімен айтқанда гипоксиялық ауытқулардың белгісі пайда болғандығын көрсете бастады. Науқастың өздігінен дем алуының ауыр екендігін ескере отырып, оны жасанды дем алдыру аппаратына қосып, маскі арқылы дем алдыруға кірістік. Дәл солай, бірнеше сағаттар бойында жасаған әрекеттерімізге қарамай науқастың жағдайы төмендеуін жалғастыра берді. Алдымен тырнақтары көгеріп, артынан қанның құрамындағы оттегінің шамасы азайып дегендей. Ақыр соңында, бірнеше дәрігерлер мен кафедра қызметкерлерінің басын қосып, қайтадан консилиум өткізіп, соның шешімі бойынша ауруды алдымен интубациялық түтік арқылы, соңынан трахеостомиялық түтік арқылы дем алдыруға көшірдік. Ары қарай бірнеше тәулік осылай арпалыспен өтіп, науқастың бізге келіп түскеннен кейінгі 11-ші күні ғана беті бері қарап, аппаратсыз өзі дем алатындай халге жетті.

Сонан соңғы екі-үш тәуліктен кейін, трахеостомиялық түтігі алынып, мүлдем өз бетімен дем алуға көшірілді. Науқастың сөзі қалыптасып: «ана мейірбикенің маған қарағаны ұнайды, мына дәрігердің маған керегі жоқ», - деп кісі таңдайтындай қалыпқа әбден келіп алды. Ақыр соңында науқас емделу профилі бойынша неврология бөлімшесіне ауыстырылып, күніне екі мәрте аға мейірбике екеуміз тамақтағы жарасын таңуға барып тұрдық. Сондай бір қарау кезінде науқастың: «Қазақтың қазысын сағындым, жей алмасам да иісін искегім келіп жатыр» демесі бар ма. Дертке ұшырап, жаны күйзеліп жатқан адамның, оның үстіне өзі басқа ұлттың өкілі бола тұрып, тұшпара немесе котлет сияқты басқа тағамдарды айтпай тура біздің қазақтың қазысын айтқан кезде жүрегім жылып кетті де, үйдегі жеңгелеріңе жұмыстан келе сала соғымның қазысын асқызып, ертеңінде ертемен салып ұрып әлгі науқасыма алып келдім. Ұзындығы шамамен 40-50 см болатын жуан қазы болатын. Өзі қалауынша кесіп алсыншы деген оймен пышақты да ала келгем. Өзім күнделікті таңертеңгілік қарбаластың көп екендігін айтып, шаруа бастылық әдетіммен палатадан шығып кете бардым. Содан, түске жақын қолым босай қалып, төртінші қабатқа көтеріліп, науқастың жатқан палатасына кіріп барып едім, өз көзіме өзім сенбейтін жағдайдың куәсі болдым. Әлгінде әкеліп берген қазымның тең жартысы жоқ болып кетіпті. Мен бұл қалай болды деп сұрап үлгергенше пациентім: «Не надо так удивляться, Бекболат. Я его сам съел»,- дегені. Мен ары қарай да сасқалақтауымды жалғастырып: «Сіз қазы тұрмақ судың өзін әрең жұтушы едіңіз ғой» - дегенімде, ол «Да, действительно я последние три года не то что казы, вообще кусочек хлеба не мог глотать. Это какое-то чудо», - деп өзінің де қуанышы мен таңданысын жасыра алмады. Осыдан кейін барып өзіміздің қазағымыздың қазы-картасы мен кең пейілінің кұдіретіне қалай сенбейсің. Сол күннен бастап науқас бұрынғыдан да сақайып, бірнеше жылдан бері тұра алмаған орнынан ешкімнің демеуінсіз өз күшімен тұратындай болды. Арада бір-екі күн уақыт салып науқас үйіне шығарылды. Демек, адамның дертін емдеуде тек қана дәрі-дәрмек емес, емдеуші ұжым мүшелерінің науқастарға деген оң қабағы, жылы пейілі мен шын көңілден шыққан жанашырлық сөзі де үлкен көмек бола алады екен. Осы орайда дәл осы принциптерді ұстап, өз қызметін адал атқарып жүрген жандардың қатарына Ғабит Сабыржанұлы Ибраев, Марат

Сарсекұлы Мұратбеков, Бахтияр Өмірғалиұлы Бектұрсынов, Бэлла Нурманжанқызы Баженова, Ринат Рақымжанұлы Құрбанов, Марат Ажықанұлы Сатеков, Олег Евгеньевич Чипурнов, Александр Александрович Мищенко, Бақытжан Ізбасарұлы Абдықадыров, Надежда Николаевна Манацкова, Лаура Сарсенқызы , Жанат Болатұлы Бектұрсынов, Жанболат Серікжанұлы Баедилов, Рақымжан Көбейұлы Наеков, Жалали Тосынұлы Бостанчиев секілді дәрігер реаниматологтарды жатқызуға болатындығын айта кеткім келіп тұр. Аты аталып отырған мамандар күндіз-түні кірпік қақпай, 18 төсектік реанимация бөлімшесіндегі науқастардың өмірін сақтау үшін өліммен алысып қана қоймай, аурухана көлемінде емделіп жатқан бүкіл науқастардың арасындағы жағдайы төмендеп кеткен науқастар бола қалғанда дер кезінде шұғыл реанимациялық көмекті көрсетіп, басқа бөлімше дәрігерлерімен қоян- қолтық бір бағытта қызмет атқаруда. Сонымен қатар, Ғабит Сабыржанұлы, Бэлла Нұрманжанқызы, Ринат Рақымжанұлы, Марат Сарсекұлы, Бахтияр Өмірғалұлы, Бақытжан Ізбасарұлы, Александр Александрович Мищенко, Марат Ажықанұлы секілді өз ісін жоғарғы дәрежеде меңгерген мамандар ауруханада атқарылатын шұғыл және жоспарлы түрдегі оталарға науқастарды бастан аяқ дайындап, қажет бола қалған жағдайда олардың ағзаларындағы ауытқушылықтарды қалпына келтіре отырып, анестезиологияның соңғы технологиялары көмегімен әр түрлі әдіспен наркоздарды да өткізіп жүрген, қолдарынан іс келетін анестезиолог мамандар. Бөлімшенің төрт жыл ішіндегі қызметіне баға беру барысында сол берілген наркоздардың арасында регионалдық әдіспен іске асатын анестезиологиялық манипуляциялардың көбейіп отырғандығына көз жеткіземіз. Соның ішінде спинальдық, басқаша айтқанда жұлынға берілетін, эпидуральдық және арнайы портативті УЗИ аппаратының көмегімен атқарылатын белгілі бір мүшеге ғана берілетін анестезиялардың (проводниковая анестезия) саны артып келеді. Алғашқы аурухана ашылған жылдардағы бұл әдіспен атқарылатын наркоздар саны барлық жыл бойында атқарылған анестезиологиялық әдістердің тек 15% пайызын құраған болса, кейінгі жылдары, дәлірек айтатын болсақ 2014 жыл берілген жалпы анестезиологиялық іс-тәсілдер ішіндегі региональдық (спинальдық, эпидуралық, проводниктік) әдіспен атқарылған наркоздар деңгейі 45% дейін көтерілді. Тіпті кейбір нейрохирургия және травматология секілді салалардағы оталардың 65-70% осы әдістің көмегімен атқарылатын болды. Бұл әдістің тиімділігі ең алдымен сол ота болатын аумақты ғана жансыздандырып қоймай, ағзаның басқа жүйелеріне еш ауыртпашылық түсірмеуімен ерекшеленеді. Алайда, бұл әдістерді меңгеріп, ешқандайда

науқастың басқа жүйелеріне салмақ түсірмей жоғарғы кәсіби тұрғыда атқару осы салада қызмет атқарып жүрген екі анестезиологтың бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Біздің анестезиология және реаниматология бөлімшесіндегі мамандардың көбі осы әдістердің барлығын меңгерген, өз ісіне жауап бере алатын, білгір азаматтар. Осындай берекесі тасыған бөлімшені ұйымдастыруда бөлімшенің бұрынғы меңгерушілері Сүлейменов Рашит Бейсембекұлының, Жайылбаев Ақылбек Шындалиұлының, Сиезбеков Мұрат Мендауғалиұлы және Руслан Ахметұлы Алиевтердің көп еңбек сіңіргенін атап өткеніміз жөн. Қай істі болсын бастаудың қиын екенін, әсіресе медицина саласында тың бастаманы көтеріп оны жолға қоюдың ерекше қиыншылықтары болатынын басқа болмаса да дәрігер мамандар жақсы түсінеді. Бұл азаматтардың дәл осындай аппақ парақтан басталған жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының анестезиология және реаниматология бөлімшесінің аяғынан тік тұрып кетуінде, онда қызмет жасап жүрген мамандардың білімін жетілдіруде, тіпті қажет болғанда шетелдерге дейін оқуға жібертіп, әр науқастың диагнозы мен емдеу әдісіне байланысты күнделікті лездемелерде талқылау жасап, С.Ж. Асфендияров атындағы анестезиология және реаниматология кафедра қызметкерлерімен біріге отырып, конференциялар мен семинарлар, мастер кластар өткізу сияқты толып жатқан жұмыстардың атқарылуы мен ұйымдастырылуында үлкен еңбектері сіңген азаматтар. Оның үстіне, бұл жұмыстың басқа жұмыстан бір ерекшілігі аурухана көлемінде ауыр болып түскен науқастардың жай-күйінен хабардар болып қана қоймай, олардың дер кезінде бөлімшеден бөлімшеге ауыстырылуына дейін жауап беретіндігінде. Дер кезінде дұрыс диагноз қойылуы себебінен талай-талай науқастардың уақытымен реанимацияға ауыстырылып, ондағы

дәрігерлермен, мейірбике және басқа күтуші персоналдардың көмегімен аман-сау қалып, аяғынан тік тұрып кететіндіктеріне куә болып жүрміз. Сол себепті де, демалыс немесе түнгі уақыттарда, бөлімшедегі барлық науқастарды қадағалап, жоспарланған анестезиологиялық әдістерді атқарып, ауруларды отаға дайындау, ауруханаға келіп түсіп жатқан науқастарға алғашқы көмек көрсету сияқты жұмыстардың барлығын ұйымдастырып, басшылық жасау тәжірбиелік еңбек өтілі көп, жоғарғы санатты мамандарға тапсырылатыны белгілі. Басқа ауруханаларда да дәл осындай үрдіс қалыптасқан болуы керек. Осы тұста бір айта кететіні, бұл жұмыстардың бәрін үйлестіріп, сонымен қатар, бөлімшедегі науқастардың да емдік процестерін бір ағымда жалғастыру барлық мамандарға бірдей беріле бермейтін қасиет болуы керек. Оның үстіне реаниматолог мамандардың жұмысы да басқа дәрігерлердің жұмысынан өзгешелеу, шығармашылық еркіндікті қажет ететін, өнерге жуықтау болып келетіні де шындық. Солардың арасынан өзін-өзі тоқтатып, жан-жағына қарап, көпшілікпен тіл табысуға бейімділік танытатын адамдар ғана мұндай жауапты жұмысты атқара алады. Бұл да реанимацияның ешқайда жазылмаған көп қағидаларының бірі ғана. Міне сондай азаматтардың бірі, осы салада 45 жылдан артық аянбай еңбек еткен, әкесінің атына заты сай, қай жағынан болса да сыйлы ағамыз Марат Ғазизұлы. Марат Ғазизұлы шын мәнінде осы бөлімшеде алғашқы күннен бастап қызмет атқарып келе жатқан, медицина саласының үздігі, жоғарғы санатты дәрігер анестезиолог-реаниматолог. Ағамызды біздің ұжымның барлығы адами қасиеттеріне қарап бағалап, әр маман сол кісіден үлгі алуға, жанында көбірек жүріп, ақыл-кеңесін алуға құштар болып жүретіні де шындық. Осындай анестезиология саласының ардагерлерімен тізе қосып еңбек жасап жүргенімізді бізде мақтан тұтамыз. Марат Ғазизұлының әкесі де барлық саналы ғұмырын медицина саласына арнаған, Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жараланған адамдарға көмек көрсете жүріп, бірнеше жерден жараланған, Отан үшін, өзі сүйіп таңдаған мамандығы үшін жанын қиюға дайын азамат болған екен. Әрине, дәл осы тұста атам қазақтың «Атадан ұл тумай ма, Ата жолын қумай ма?» - деген, мағыналы да, ұлағатты сөзі еріксіз тіліңе оралады. Бұл келтірілген жәйттер, о баста Ақылбек Шындалиұлы, Рашид Бейсембекұлы сияқты ақтаңгер азаматтардың құрап, қалыптастырып кеткен реанимация және анестезиолгия ұжымының тыныс-тіршілігіне қатысты бір үзінділер ғана. Осы ұжымда күні бүгінге дейін қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан әр дәрігердің ісі мен еңбегі өз алдына бір-бір кітап болатындай жағдайы бар.

Ал мына қолжазба жалпы аурухана жөнінде болғандықтан, бөлімшенің тыныс-тіршілігінен қысқа түрде ғана мағлұмат беруге тырыстық. Әр уақытта да, әр медициналық мекеменің алтын діңгегі саналатын, барлық атқарылатын шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, әр науқасқа қажетті ем-шараның барлығын сағат, минутынан қалдырмай орындап отыратын, алақандары аялы да, мейірімді жандар мейірбикелер. Өз басым бас дәрігер болып жүрген жылдары да, қазіргі көпшілікпен бірігіп қарапайым дәрігерлік қызметімді атқарып жүрген кезімде де, осы сөздің шындығына әбден көзім жеткен адаммын. Бұрындары аудан көлеміндегі дәрігерлерге қатысты үлкен жиындарда үнемі бір тіліме оралып тұратын «жетпіс пайыз» - деген сөзім бар еді. Сол сөздің шығу тарихы өзім аса сыйлап, туған қарындастарымдай көріп кеткен осы мейірбикелерге қатысты. Олардың қаншалықты аурухананың немесе өздері қызмет атқарып жүрген мекеменің жұмысын қалай атқарып жүретініне байланысты айтылған сөз еді бұл. Кейінен тіпті кейбір замандастырым мені «жетпіс пайыз» деп, өздерінше жанама ат беріп, қағытып та жүретін. Содан бері, құдайға шүкір дейміз, менің де, менің жанымдағы қызметтес азаматтардың да мейірбикелерге қатысты «пайыздық» көз қарасы еш өзгерген жоқ. Жоқ, бұл бір жағынан әзіл болып көрінгенімен, қызмет бабына келгенде расында да солай. Тіпті кейде бөлімшеде жүрген кезде дәрігерлердің емес, мейірбикелердің, әсіресе аға мейірбике Бақыт Енгебайқызының ерекше құлаққа жағымды дауысын естігенде, тіпті бұрынғы пайыздық деңгей одан әрі жоғарылап кеткен бе деп те ойлап қаласың. Бүгінгі таңда анестезиология және реанимация бөлімшесінде ұзын саны 20 мейірбике қызмет атқарса, оның ішінде 14 мейірбике бес палатадағы науқастардың күндіз-түнгі бірдей үздіксіз қаралуын, дер кезінде осы науқасқа қатысты емдік шаралар мен диагностикалық шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді. Ал, алты мейірбике аурухана көлемінде атқарылатын барлық анестезиологиялық шаралардың атқарылуына, кенеттен түсе қалған науқастарға реанимациялық көмек көрсетуге және барлық операциялық блоктардағы аппараттармен, аспаптардың қалтқысыз жұмыс істеуін қадағалайды.

Бұл мамандардың барлығы да анестезиолог мамандармен қоян-қолтық бірлесе қызмет жасай отырып, жалпы бөлімшеге жүктелген міндеттің әр минут, әр сағат сайын еш кедергісіз орындайтын нағыз аялы алақанды, ақ жүректі азаматтар мен азаматшалар. Бұл жандардың көпшілігі жоғарғы санатты мамандар. Олардың қатарында: Абирова Бақыт Енгебайқызы, Даубаева Қорлан Алпысбайқызы , Нұргазиева Нұржамал, Завялова Татьяна Валентиновна, Бегимов Ұлан, Дуалатова Асем, Кожасанов Дастан, Төрегелдиев Фархат, Ялгашев Жайлау, Юсупова Шолпан, Имағамбетова Сара, Лекерова Нұргүл, Копесова Меруерт, Өленбаева Бибігүл, Юи Светлана, Айнұр Асланова, Ахметчеева Жадыра, Жадыра Шөкелова, Түндикбаева Эльмира, Алиева Жамила, Аңсарова Алинура ,Нусипова Лаиля,Омарова Аижан, Капашева Лилия,Малаева Айгул, Абирова Думан, Ағыбаева Назира, Елубаева Света, Рябухина Людмила және т.б. басқа да өз ісінің шеберлері бар. Осы аталған жандардың маңдай тері мен білімділіктерінің арқасында талай жандарды емдеп, қанша уақыт төсекте танылып жатса да, денесіне бір сызат түсірмей, сол науқастың да, оның жақын туыстарының да алғысына бөленуде. Реанимация бөлімшесінің жұмыс істеу принципі кей тұста кітапта жазылғандай бір сызықтың бойымен жүре беретін паровоздай емес, керісінше сол уақыттағы жағдайға байланысты мүлде басқаша өріс алып, сағат сайын өзгеріп тұрады. Мысалға, бір уақытта бөлімшеге келіп түсетін науқастардың саны көбейіп кеткенде, болмаса кезекші реаниматологтар басқа жұмыспен айналысып жатқанда, тіпті жүрекке жабық түрде массаж жасау, жасанды жолмен науқасты дем алдыру (маскімен, аппаратпен), науқастарды интубациялау, оларға трахестомиялық түтік қою секілді толып жатқан ем- шараларды атқарар кездегі мейірбикелер мен мейіриелердің көмегі күнделікті дәрігерлердің көмегінен еш кем соқпайтынын да күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз. Мысалға, мен қанша жыл еңбек өтілім болса да дәл осы мұрын арқылы асқазанға түтік қоюды бір дұрыстап меңгере алмай-ақ қойдым. Мүмкін бұл алдын ала «науқастың бір жеріне зақым келтіріп алам ба, немесе бір жерін қанатып алам ба?- деп жүрексінуден де болар. Ондай кездері Шолпан, болмаса Бибігүл, ал операцияда тұрсам Айжан, Нұргүл, - деп қыздардың қабағына қарасам болды, әлгі қарындастарым менің жағдайымды түсіне қояды да, бір минутқа жеткізбей әлгі түтікті қояды да тастайды. Дәл осыған ұқсас жағдайлар реанимациялық шараларды атқару кезінде де жиі-жиі кездесіп жатады. Бұл енді береке-бірлігі жарасқан ұжымда, мамандардың бір-біріне қол ұшын беруге әрдайым дайын тұратындығына мысал бола алады деп ойлаймыз.

Таяуда Фархат екеуміз кезекті науқасқа трахеостомия қоймақшы болып, дайындалып жаттық. Қолымызды заласыздандырып, ота жасалатын орынды кәсіби тазалық жағдайына сәйкестендіріп, науқасты ауырғанын сезбейтіндей етіп жансыздандырып, енді теріге тілік салмақшы болып скальпелді қолға ала бастағанымда Фархат: «Жолдас дәрігер! Сағат тілі он екіге барғанша күте тұралық»,-демесі бар ма. Мен мұндайда оның айтқанына бағынатын әдетіммен, бір минуттай шамасында тұрып қалдық. Содан соң: «Ал, бастадық!» - деген Фархаттың командысынан кейін, түтік қоюды бастадық та кеттік. Қимыл барлығы өлшеулі, артық қозғалыс жоқ. Аз уақыттың ішінде науқастың кеңірдегіне түтік қоюды аяқтап, жеңілдене бастаған сәтте Фархат тағы да: «Бүгін біз рекорд жасадық, трахеостомиялық трубканы екі жарым минуттың ішінде қойып шықтық» - деді. Сөйтсем, ол үнемі трахеостомия қоярда уақытқа қарап, бәрін есептеп жүреді екен. Бұндай жылдамдықта трахеостомия қою бұрын соңды біздің мекемеде болып көрмеген екен. Жалпы 2013 жылғы жылдық есебіміз бойынша 37 науқасқа трахеостомиялық түтік қойылса, өткен 2014 жылғы қорытынды бойынша бұл көрсеткіш 64- ке дейін артты. Трахеостомиялық түтік қойылған науқастарды профилді бөлімшелер бойынша жіктей келгенде ең көбі нейрохирургия және травматология бөлімшелеріне қатысты болып шықты. Тағы да бір көңіл аударатын мәселе, былтырғы жылы терапия бөлімшесіне қатысты бір ғана науқасқа түтік қойылса, биыл осы бөлімше науқастарының 9-на трахеостомиялық түтік қойылып, әр түрлі мерзімге дейін реанимация бөлімшесінде ем қабылдаған. Олардың басым көпшілігі тыныс жолының созылмалы түріне шалдыққан (ХОБЛ) науқастар болған. Дәл сондай диагнозбен жатып шыққан бір науқас таяуда өз аяғымен бөлімшеге келіп, мейірбикелерге, кіші медицина қызметкерлеріне деген қағазға түсірілген алғысын аға мейірбикенің қолына өз қолымен табыстап кетті. Шын мәнісінде, ол науқастың жағдайы өте ауыр болған соң басында 4- 5 күнге дейін, арнайы интубациялық түтікше арқылы дем алдырып, артынан трахеостома қойып, 22 тәулік өткеннен соң ғана барып, аппараттан шешіп, өздігімен дем алдырып, терапия бөлімшесіне ауыстырып жіберген болатынбыз. Осы трахеостомамен байланысты тағы бір жағдайды әңгімелеп берейін. Бұрын естуші едім, қазір көзімізбен көріп те жүрміз. Бір тойға немесе қонаққа барғанда бір адамдар көп сөйлеп немесе арғы-бергіні қозғап уақыт алып тұрып алған кезде, ішімнен «Әй, осы дәу де болса не мұғалім, болмаса журналист немесе соның маңында жүрген біреу болар», - деп ойлаушы едім.

Ал енді, ішімнен ойлап отырмын: «Осы кітапты оқып отырған адам біз туралы не ойлайды екен»», - деп. Тегі «Біреуге күлме, өз басыңа келеді» - деген сөзде бекер айтылмаған болды-ау. Сонымен, демалыс күндердің бірінде қанға сіңіп қалған әдет бойынша науқастарды қарап, жігіттермен амандасып болған соң үшінші қабатта орналасқан компьютерлік томография жасайтын бөлмеге қарай бара жатсам, алдымнан бір жас қазақтың баласы кездесе қалып, «Ассалаумагалейкум!», - деп амандасып жатыр. Әлгі баланы танымадым. «Әй, шал болды деген осы, сәлем берген адамдардың бәрін танымай жатсам, ұят қой тіпті. Мынандай жұмысты доғарып, елдің көзіне түсе бермейтін жұмыс іздеу керек екен», - деп те ойлап үлгердім ішімнен. Екі көзім ана балада. Амандасқаны дұрыс. Бірақ қөзінің бір жағы тартылып, сәл жұмылғаны байқала ма, қалай? Оның үстіне маған амандасып тұрып, баспалдақтың жиегінен бір қолымен ұстап тұрғанын көріп тұрмын. Әлгі баланың сәлемін алып, жанынан өтіп бара жатып, тамағына қарап қалсам, дәл тамақтың астында трахеостомадан қалған тыртықты көзім шалып қалды. Әлі бітіп үлгермеген. Сол кезде барып бұл баланың ауру тарихы ойыма сарт етіп түсе қалғаны. Өтіп бара жатып қайта бұрылып, жағдайын сұрап әлекпін. Есі дұрыс, сөйлегенде тілі аздап күрмелгені болмаса. Сонымен, бұл бала бізге белгісіз жағдайда ес-түсінен айырылып түсіп, басынан ауыр соққы алғанына байланысты нейрохирургиялық ота жасалынып, ауыр кома жағдайында, трахеостомиялық түтік арқылы жиырма күнге дейін бізде жатып кеткен болатын. Жарақаты өте ауыр болғанына байланысты ота да ауыр, әрі ұзаққа созылып, одан кейінгі бірнеше тәулік бойында қан қысымы төмендеп, арнайы дәрілердің көмегімен ғана ұстап, әр кезекшілікте болған дәрігерлер, бүгін бе, ертең бе дейтін жағдайға дейін жеткен. Ми қызметін тексеру кезінде жасалынатын ЭЭГ тексеру қорытындысы баланың жағдайының өте нашар, ми қан бұзылысының ауыр және оның тіршілік белгілерінің жоқ екендігін көрсеткен. Алайда әке-шешесінің көз жасы көмектесті ме, жоқ әлде баланың өзінің «су ішерлігі» болды ма, шамамен он бесінші тәуліктен бастап, науқастың кірпігі қимылға келіп, еріні жыбырлап, тіршілік белгісін бере бастады. Осыдан кейін біз де жанталасып, науқастың жанына жеке қарау ұйымдастырып, түтік арқылы берілетін тамағының құнарлылығын арттырып, кафедра қызметкерлерімен бірігіп оның салмағына сәйкес ккалориялық мұқтаждығын санап, ағзаға қажеттілікті туғыздық. Соңынан жаңағы бала нейрохрургияға бөлімшесіне ауысып кетті. Біз оны ұмытып,

басқа науқастармен айналысып кеттік. Енді міне, аяғынан тік тұрып, сәлем беріп тұр. Осыған ұқсас жағдайлардың көбінде науқасқа күш-қайрат, жігер беретін, тіпті сауығып кетуіндегі басты себеп, дұрыс тамақтану мен дұрыс күтім екенін ұғынады екенсің. Осы тұста бөлімшенің кіші медицина қызметкерлері Абирова Думан, Рябухина Людмила, Алабаева Нәзира, Анар, Малаева Айгүл, Елубаева Советхандардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Осы жандардың дамылсыз еңбектері мен жанкештіліктерінің арқасында дәл осы жап-жас студент бала секілді талай науқастар аяқтарынан тік тұрып, талай-талай адамдардың алғысына ие болып жүрміз. Әсіресе, мұндайда бөлімшенің барлық шаруашылығы мен керек жарағына иелік етіп, түгендеп, жоқ-жітігі болса жамап, науқастардың аппақ төсеніші мен тазалығына дейін көңіл аударып жүретін бөлімшенің шаруашылық жөніндегі басшысы Капашева Лилияның еңбегін қалай атап өтпеске. Ақ таңнан келіп, қызметіне кірісіп, үйіне кештетіп қайтып жүретін бұл қарындасымыз әсіресе тексеру келерде ерекше есі шығып, үйге де кетпей қалатын кездері жиі болып қалады. Ондай кездері туған әпкесіндей болып кеткен, бөлімше аға мейірбикесі Бақыт Енгебайқызы екеуі, жандарына Жадыраны қосып алып, түн жарымына дейін бітіп болмайтын журналдарды толтырып жатқанын талай көрдім. Ондайда: «Осы қағаздың бітетін күні болар ма екен?» -деп, қыздарға жанымыз ашып, қиналып та кететін кезіміз жиі болады. Иә, не істейсің енді. Жұмыстың аты жұмыс. Айналдырып келгенде, бір бөлімшедегі қызметкерлердің бірауыздылығы мен бірлігі қандай қиыншылықты болса да жеңіп, жасап жатқан еңбектерінің таза екендігін дәлелдеуге негіз болады екен. Бөлімшедегі жастар қай қоғамдық жұмысқа болсын ат салысып, аурухананың атынан қала көлеміндегі әр түрлі спорт түрінен жыл сайын өткізілетін спартакиадаларға жиі қатысып тұрады. Біздің аурухана құрамасы былтырғы жылы медицина мекемелері арасында өткізілген волейбол жарысынан екінші орынды, ал футболдан үшінші орынды жеңіп алды. Мұндай жарыстарда үнемі қатысып көзге түсіп жүрген Фархат, Дастан, Нұргүл, Меруерт, Айжан, Жадыра секілді азаматтарымыз бен азаматшаларымыз талай-талай жарыстардың қорытындысы бойынша жүлдегер атанып үлгерді. Оның үстіне аурухананың қоғамдық кәсіподақ ұйымының төрайымы Мариям Қапарқызының тікелей үйымдастырумен өткізілген бөлімше аралық жарыстарда жыл сайын жүлделі орындарды иемденіп келеміз.

Жалпы бірлігі жарасқан ұжымда атқарып жүрген жұмыстарының ауырлығына байланысты әзіл-қалжыңның да қатар жүретіні белгілі. Бұл секілді жанды жадыратар әзілдердің біздің бөлімше секілді психологиялық тұрғыдан ауыр саналатын бөлімшелерде бір есептен болғаны да дұрыс шығар. Осыған қатысты мекеме басшысы таяуда бір сөзінде: «Мен кейде бейнекамералардағы көріністерге қарап отырып, реаниматолог дәрігер болып кеткім келеді» - дегені бар. Бір жағынан сын, бір жағынан шындық. Сын дейтінім жұмыс орынында әр мекеменің өз этикасының сақталуы керектігі, ал шындық дейтініміз үнемі өлім мен өмір арасында жүрген науқастармен ғана айналысып жүрген адамдарға бір уақыт эмоциялық тұрғыдан болса қайта шынықтырудың қажет екендігі. Жалпы бөлімше аясында атқарылып жатқан практикалық жұмыстардың барлығы ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып, мақала ретінде ғылыми баспаларда үнемі жарық көріп отырады. Осы уақытқа дейін бөлімше қызметкерлерінің күшімен 18 мақала жазылған болса, С.Ж. Асфендияров атындағы анестезиология және реаниматология кафедрасы қызметкерлерімен қосылып 5 мастер класс өткізілді. Дәл осы тұста оқу-ағарту саласындағы толып жатқан қағаз жұмыстарымен қатар, бөлімшеде жатқан науқастарды емдеу ісіне белсенді араласып, анестезиологтар жетпей жатқан кезде наркозға барып, таңертеңнен тыным таппай құрақ ұшып жүретін анестезиология және реаниматология кафедрасы қызметкерлерінің аты-жөнін қалай атап өтпеске. Олар: анестезиология және реаниматология кафедрасының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, бірінші санатты дәрігер анестезиолог-реаниматолог Жанат Алиакбарқызы Абдымолдаева, оқу ағарту саласында 19 жыл қызмет атқаратын, анестезиология және реаниматология кафедрасының ассистенті, жоғарғы санатты анестезиолог-реаниматолог Динара Саметқызы Джаркенбекова және осы аталмыш кафедра ассистенті, білікті маман, дәрігер реаниматолог Анара Мұратқызы Мұратовалар. Осы кафедра қызметкерлерінің қатысуымен реместип, трамин, циклодол, пропофол сияқты препараттарды сынақтан өткізіп, ғылыми тұрғыдағы қорытындылар алуға қол жеткіздік. Осы айтылған жетістіктерге қоса наркоз алып жатқан науқастарға «ВIS» мониторлық әдістерді қолдана отырып, ағзадағы анестезиялық препараттардың деңгейін анықтауға қол жеткіздік. Нәтижесінде, наркоз препараттарын бұрынғыдай қалай болса солай жұмсамай, әр науқасқа шақталған мөлшерде ғана жіберіп, үнемдеуге мүмкіндік алдық. Бұл экономикалық тұрғыдан да өте пайдалы әдіс болып табылған соң, күнделікті қолданысымызға еніп отыр.

Келешекте кафедра қызметкерлерімен бірігіп, жаңадан шығып жатқан тромболитикалық препараттардың әсерін сараптауға және ауыр сепсис кезіндегі плазмофорез, УФО әдістерінің тиімділігіне қатысты бірнеше ғылыми жұмыстарды атқаруды қолға алмақшымыз. Бұл зерттеу жұмыстарына, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студентерінің де жұмылдыратындылығын айта кетуіміз қажет. ГБО бөлімшесі.Анестезиология және реаниматология бөлімінің құрамдас бөлімінің бірі болып саналатын гипербариялық оксигенация (ГБО) бөлімшесі аурухана ашылған кезден бастап, осы уақытқа дейінгі аралықта қаланың үш ауданына қарасты 250 мың халыққа қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар, бұл бөлімшенің емін қабылдауға басқа аудандардан немесе басқа елді мекендерден келетін науқастарға жағдай толығымен жасалған. Кей жағдайларда науқастар барокамералық емді ақылы тұрғыда алып, өз денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алған. Бөлімше екі «БЛКС» маркілі екі барокамерамен және басқа да кейінгі инновациялық үлгідегі барлық қажетті техникалық құрал- жабдықтармен жабдықталған. Бір ауысымда бұл камералар жиырма адамды қабылдай алатындай мүмкіндікке ие. Оған келетін таза оттегі аурухананың өзіне қарасты оттегін шығару станциясынан арнайы түтіктер арқылы келіп, әр барокамераға таратылған. Бөлімшеде істейтін мамандардың барлығы жоғарғы санатты, өз қарамағындағы барокамералармен жұмыс істеу режімін тыңғылықты меңгерген. Барокамерада істейтін дәрігер-маман Марат Сарсекұлы Мұратбеков, аурухана ашыла салысымен, 2011 жылдың қыркүйек, қазан, желтоқсан айларында аурухана бас дәрігерінің ұсынысымен Мәскеу қаласындағы дипломнан кейінгі білімді жетілдіру академиясында оқып, барокамера жұмысын толық меңгеріп келді. Сол уақыттан бері бөлімше қызметкерлері басқа бөлімше дәрігерлерімен бірлесе отырып, көптеген науқастардың аман-есен жазылып шығуына еңбектерін сіңіріп келеді. Жалпы, таза ауа оның арғы жағында таза оттегі адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуіне ең қажетті элемент болып табылады. Адам су ішпегенге немесе бірнеше күнгі аштыққа шыдаса, ал оттегіне келгенде шыдау, шыдамау деген ұғымдар мүлдем жоғалады. Оны дәрігер тұрмақ мектеп жасындағы қай бала болсын әбден миына сіңіріп үлгерген. Ал енді осы элементтің әр түрлі себептермен ағзаға әдетегіден аз мөлшерде келіп түсуі, адам өміріне тікелей қауіп төндіріп, тез арада қайта қалпына келместей өзгерістерге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.

Бұл тұста барлығы ағзаға қаншалықты мөлшерде оттегінің жетіспей қалғандығына байланысты болмақ. Сол себепті барокамералық емдеу кезінде науқастың дертіне, жасына, жыныстық ерекшеліктеріне байланысты өз дозасы есептелініп шығарылып, бірте-бірте белгіленген қысыммен камераға беріледі. Барокамералық емді қабылдаудың көптеген ауруды емдеуде өте пайдалы екендігін тағы да естеріңізге сала кетсек артық болмас. Бұл ең алдымен мидың қан айналысы бұзылған кезде пайда болатын дерттер (инсульт, транзиторлық ишемиялық атака), бауырдың әр түрлі дәрежедегі функциясының бұзылуы, созылмалы тыныс жолдары аурулары, әр түрлі гинекологиялық дертке ұшырағанда және т.б. аурулар кезінде. Солардың ішіндегі ағзаның экзотоксикалық улануы кезінде бұл әдістің көмегі өте зор болып табылады. Таяу күндері ауруханаға иіс тиіп уланған бір отбасын аман алып қалуда барокамералық емнің септігі аса маңызды болды. Солардың ішіндегі жас келіншектің аяғы ауыр болып шықты. Уақытымен көрсетілген барокамералық емнің арқасында ана да, жатырда жатқан бала да еш ауытқушылыққа ұшырамай үшінші тәулікте үйіне шығарылды. Демек, бұл бөлімшеде осы емнің түрін қажет еткен науқасқа қатысты жағдайдың барлығы толығымен жасалынған, бөлімшенің техникалық жарақтануы еуропалық елдерден кем тұрмайтын мамандарының барлығы өз аспаптарының жұмысын бес саусағындай меңгерген қызметкерлер. 2014 жылдың қыркүйек айнынан бастап осы барокамерада қосымша қызмет атқарып келе жатқан Марат Ажықанұлы Сатбековтың келуімен бұл бөлімше қызметі тың серпін алғандай болды. Осы азаматтың және мейірбикелердің еңбектері арқасында еш уақытта орындалып көрмеген науқастардың барокамералық емді қабылдау жоспары артығымен орындалып, өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтауға мүмкіндік алдық. Сөздің реті келгенде айта кетуіміз керек, мекеменің алғаш ашылған 2011 жылы барокамералық емді 345 адам қабылдаса, 2012 жылы 588 науқас, 2013 жылы 625 науқас, ал 2014 жылы 765 адам қабылдаған екен. Яғни, бұл жылдан-жылға науқас адамдар бұл емдік әдістің ағзаға аса пайдалы екендігін түсініп, барокамералық әдісті көбірек қабылдай бастағанын көрсетеді. Ал, бөлімше қызметкерінің атына бірде-бір мәрте арыз-шағым түспей, керісінше үнемі алғысқа толы хаттардың көптеп

келуінің өзі аталмыш бөлімше қызметкерлерінің өз атқарған жұмыстарына деген көзқарасын, пейілін білдіртіп тұрғандай. Аталмыш бөлімше қызметкерлері жылда өз білімдерін жетілдіру мақсатында, қысқа мерзімді семинарларға қатысып, өз жұмыстарындағы жетістіктері жөнінде 6 мақала жариялап үлгерді. Гемодиализ бөлімшесі.Аурухана ашылған уақыттан бастап осы күнге дейін қала халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан бөлімшенің бірі болып есептелетін экстракорпоральды детоксикация бөлімшесі. Алғаш іске қосылып, науқастарды қабылдай бастаған бірінші күннен-ақ бұл бөлімшенің қызметі бір сәтке де тоқтатылып көрген емес. Алғашында Алматы қаласының үш ауданына бірдей қызмет көрсеткен аталмыш бөлімше бүгінгі таңда Алмалы және Жетісу ауданы халқының емдеудің осы түріне мұқтаж болған барлық науқастарға көмегін көрсетуін жалғастыруда. Бөлімшенің алып жатқан аумағында гемодиализ жүргізуге арналған үш аппарат, плазмофорездік әдісті іске асыруға арналған екі «Гемофеникс» аппараттары және осы қондырғыларға қажетті материалдармен қамтамасыз ететін, аумағы 20 м3 жайды алып тұрған су өндіру қондырғысы және жасанды тыныс алуға арналған респиратор «Savina», басқа да қажет бола қалған жағдайда мониторлық бақылауды қамтамасыз ететін қондырғылар орналастырылған. Бөлімше құрамындағы «Гемофеникс» аппараты мембраналық принциппен жұмыс істейтін Алматы қаласы бойындағы жалғыз аппарат болып табылады. Қалған ауруханалардағы плазмофорез аппараттары центрифугалық принципте жұмыс істейтін болғандықтан, атқарылатын процедураның сапасына қатысты бірталай кемшіліктердің орын алып қалуы әбден мүмкін. Ал, мембраналық әдіске негізделген аппараттардың атқаратын жұмыстарында бұған ұқсас кемшіліктер болмайды. Бір сөзбен айтқанда, бөлімшеге қарасты аппараттар мен қондырғылар кейінгі технологиялық жетістіктер негізінде құрастырылған әлемдік брендтік компаниялардың өнімі болып табылады.

Биылдың өзінде мембраналық центрифуганың көмегімен 21 адамға сеанс жүргізіліп, барлық жағдайда оң нәтиже алуға қол жеткіздік. Гемодиализ апппараттарының көмегімен жылына орта есеппен 2056 сеанс өткізіліп, жоспарлы диализ алып жүрген көптеген науқастардың жалпы жағдайының жөнделіп, ал 39 науқастың мүлдем есептен алынып, дерттерінен құлан-таза жазылып кетуіне себеп болды. Осы аппараттардың көмегімен былтырдың өзінде екі науқастың бүйрегі алмастырылды. Гемодиализ қызметін жасанды бүйрек қызметіне жүгінген бүйректің созылмалы дертіне шалдыққан науқастардан басқа, жаңадан бүйрек қызметінің жетіспеушілігіне ұшыраған адамдар да алуда. Бұл науқастардың барлығына көмектерін аямай көрсетіп жатқан бөлімше құрамында 2 дәрігер маман, 3 мейірбике, 3 кіші медициналық қызметкерлер бар. Бөлімше меңгерушісі Қоразов Бектібай Разахбергенұлы жоғарғы санатты дәрігер, осы салада 20 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келе жатқан, өз ісінің білгір маманы. Сонымен қатар, дәрігер маманның оң қолы болып, гемодиализ алуға келген науқастардың гемодинамикалық өзгерістері мен жай күйлерін үздіксіз бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда алғашқы көмектерін көрсетіп жүрген, көп жылдық стажы бар мейірбикелер Шолпан Бүркітққызы Рамазанова, Айнұр Ерденова және кіші медицина қызметкерлері бар. Бұл қызметкерлердің барлығы аурхананың алғаш ашылған күнінен бастап тұрақты жұмыс істеп келе жатқан мамандар. Аталмыш бөлімшенің ашылу мерзімінен бері қарайғы жұмысынан арнайы бөлінген тарауда толығырақ мағлұмат беретін боламыз. Урология бөлімшесі.Аурухананың ашылу мерзімінен бастап осы уақытқа дейін өз қызметін үздіксіз атқарып келе жатқан байырғы бөлімшелердің бірі болып саналатын урология бөлімшесінің тыныс- тіршілігі мен өткен-кеткені, осы мекемеде қызмет жасап жүрген абзал жандардың дәрігер санатындағы өрлеу тарихы, өз алдына жеке бір кітапқа арқау болатындай, мәнді де жастарға үлгі болуға тұрарлықтай өнегелі. Ең бастысы бұл бөлімшенің осы төрт жыл уақытындағы сіңірген еңбегінің өзі ауыз толтырып айтуға жарарлықтай мағыналы екендігі.

Бөлімше 25 төсектік болып есептелінгенімен, онда жатып емделетін науқастардың саны жылдан-жылға артып отыру себебінен, әр төсектің айналысы күшейіп, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша әр төсектің бір науқасқа пайдалану уақыты орта есеппен 6,5 дейін жеткен. Бұл көрсеткіш бөлімшелер арасындағы ең жақсы көрсеткіш болып есептеледі. Ал жалпы қала бойынша дәл осындай клиникалардағы әр төсектің айналым көрсеткіші орта есеппен 10,5- 11,0 болып келеді. Демек, стационарлық бөлімшелер үшін ең маңызды болып саналатын бұл көрсеткіштік шама бөлімшедегі әр төсектің барынша тиімді пайдаланатындығын, әр науқасқа қажетінше дұрыс көңіл бөлініп, олардың тез арада бекітілген стандартқа сәйкес емін алып, соның нәтижесінде науқастар аз уақыт арасында сауығып, олардың орыны осы бөлімше дәрігерлерінің еміне зәру басқа науқастармен тезірек ауысып тұратындығын көрсетеді. Қазіргі нарық заманындағы талаптың өзі де, осы келтірілген бөлімше қызметінің дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетіп тұрған жоқ па? Нарық заманы демекші, бөлімше мемелекеттік тапсырыс бойынша мойынына алған арнайы медициналық көмек көрсетудің түрлерін 2014 жылы 104% орындап шықты. Ал, бөлімшеге жүктелген жоғарғы дәрежедегі медициналық көмек көрсету 100% орындалды. Біздің медицинада бір қызығы дәрігерлердің немесе бүкіл бір бөлімшенің атқарып жатқан жұмыстары статистика түрінде ғана беріліп, сандық жүйемен ғана көрсетіліп, ары қарай осы сандық шамалар өз ара салыстырылып, немесе басқа осы тектес бөлімше көрсеткіштерімен салыстырмалы түрде сарапталып кете береді. Ал адамдардың жекеленген еңбектері, немесе әр маманның, айталық әр урологтың, әр мейірбикенің атқарып жатқан жұмысы осы қаптаған санның ар жағында қала беретіндігі. Былтырғы жылғы жоспарланған 103 трансуретральдық әдіспен қуық асты безінің отасыны (ТУР) және жаңадан сатылып алынған жоғарғы технологиялық қондырғымен атқарылатын 71 бүйректегі немесе зәр шығару жолдарындағы тасты алып тастау (лазерлық литотрипсия) оталары түгелімен жоспарға сәйкес орындалды. Бұл оталардың орындалуы барысында науқас ағзасында бірде бір асқынулар тіркелмеген. Осы оталарды техникалық орындалуында урология бөлімшесінің меңгерушісі жоғарғы санатты дәрігер Амиров Ғани Қондыбайұлының еңбегі зор. Бөлімше меңгерушісі хирург- уролог Ғани Қондыбайұлы Амиров тек қана бөлімшеде жатқан науқастарын қарап, оларға жоғарғы санаттағы оталарды жасап қана қоймай, ауруханалардың барлық бөлімшелеріндегі уролог маманның қарауын қажет еткен науқастарды да қарап, дер кезінде көмегін беріп, қол ұшын созып отыратын азамат.

Осы атқарылған оң бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде жыл қорытындысы бойында бөлімшенің өлім-жітім көрсеткіші 0,2 шамасында ғана болғандығы белгілі болды. Осы айтылған оң нәтижелі жұмыстардың барлығы бір ғана адамның қолынан келетін шаруа емес екендігі белгілі. Жалпы бөлімшеде бүгінгі таңда 21 медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың арасында 7 дәрігер урологтар бар. Есенқұлов Бағлан Жамалбекұлы, Хуров Тахир Исхарұлы бірінші санатты уролог дәрігерлер, инновациялық технологияларды жақсы меңгеріп, қуық асты безінің қатерсіз ісігін және несеп жыныс жолдарының тастарында қолданатын оталарды жақсы жасап келе жатқан болашағы бар жас мамандар. Абитбеков Кемелбек Мейірбекұлы, Құтбергенов Бекбосын Оңласынұлы, Адилов Бауыржан Нұрланұлы еңбек жолын жаңадан бастаған жас дәрігерлер. Болашағы тікелей өздеріне байланысты. Бөлімше қызметінің дұрыс атқарылып, жылдан-жылға жақсы жетістіктерге жетіп отыруында әрине кафедра кызметкерлерінің еңбегі зор. Бұлар: медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ урология кафедрасының профессоры Әшім Тоқсанбайұлы Тоқсанбаев, ассистентер м.ғ.д. Хамзин Әділжан Ақжігітұлы, м.ғ.к Танекеев Руслан Өтенұлы, м.ғ.к. Асубаев Азамат Ғалиұлы, м.ғ.к Лавров Юрий Васильевич, м.ғ.к Ташенов Әділбек Сабырбекұлы. Бұл бөлімше мамандары жыл сайын білімдерін байыту мақсатында әр түрлі семинарларға қатысып, бөлімше аясында өтетін мастер кластарға қатысуды әдетке айналдырған. Бөлімше меңгерушісінің оң қолы болып саналатын аға мейірбике Байманапова Салтанат Жалдыбайқызы үнемі науқастардың емін дұрыс алып, уақытымен тамақтанып, керек кезіндегі диагностикалық ем-шаралардың орындалуын қамтамасыз етіп отырады. Аға мейірбикенің мойнындағы ауыртпашалықты бірге көтерісіп, бөлімшенің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген аялы алақанды мейірбикелер қаншама. Омурахунова Меруерт Сейтекқызы, Мырзабаева Динара Алтынбекқызы, Солтанбекова Жадыра Калибекқызы, Ноғайбаева Акбота Сабыржанқызы. Кіші мейірбикелер Калиева Бағлан Абдималикқызы, Абдыкадирова Панигул Бейсенқызы, Тышқанбаева Жұмагүл Кенжебекқызы.

Жалпы осы заманда қай маңызды сала болмасын, оның ішінде әсіресе медицина саласы алдыңғы қатарлы ғылым жүйесінің көмегінсіз және жаңа инновациялық тұрғыдағы құрал- жабдықтармен қамтылмай, алдыға жылжи алмайтыны белгілі. Дәл осы орайда бір жағынан, қасында жүрген жас мамандарға білгенін ұғындырып, екінші жағынан қандай бір ота жасаларда оған ғылыми тұрғыдан мән беріп, науқастың денсаулығын қалпына келтірудегі жаңа инновациялық технологиялардың қажеттілігін дәлелдеп келе жатқан, урология саласының тарланы, медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ урология кафедрасының профессоры Әшім Тоқсанбайұлы Тоқсанбаев ағамызды қалай атап өтпеске. Әшім Тоқсанбайұлының басшылығымен және де кафедра кызметкерлерінің еңбегінің нәтижесінде урология бөлімшесінің дәрігерлері өздерінің білімдерін жетілдіріп коймай, казіргі заманға лайықты инновационды технологияларды меңгеріп, оталарды жасауды үйреніп оны іс жүзінде асыруда. Әшім Тоқсанбайұлы барлық саналы ғұмырын ғылымға, медицина саласына арнап келе жатқан ұлағатты ұстаз. Ғалымның 200-ден астам мақалалары мен ғылыми еңбектері өз еліміздегі және шетел баспаларында жарық көріп, елімізде өткізіліп отыратын ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарларды баяндалып отырады. Сонымен қатар, Әшім Тоқсанбайұлы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы ашылған мезеттен бері осы ауруханаға келіп түскен ауыр науқастардың барлығын қарап, кеңесін беріп, керек болған жағдайларда бөлімше дәрігерлерімен бірге ауыр оталарға қатысып отыруын жалғастырып келе жатқан, қолынан скальпелі түспеген уролог маман. Ақтаңгер азамат, ғылымнан да және өмірден де ойып тұрып өз орынын алған Әшім Тоқсанбайұлының қараша айындағы жарылыстан соңғы ауыр халде түскен балаларды емдеп, оларға

дер кезінде ота жасауда сіңірген еңбегі аса зор болды. Жарақаты ауыр алғашқы бала біздің аурухананың реанимация бөлімшесіне келіп түскен сәтінен бастап бөлімше меңгерушісі Ғани Қондыбайұлы мен профессор Әшім Тоқсанбайұлы бірігіп, балалардың диагнозын анықтауға бағытталған консилиумдардың барлығына қатысып, өз ойларын ашық білдіріп отырды. Дәл осындай сын сағаттарда практика және ғылым саласын бір арнаға тоғыстырып жүрген азаматтардың маңдайы жарқырап көзге түсетіні белгілі емес пе. Міне, сол майталман ағамыздың білгірлігі арқасында кезекті науқастың сол бүйректің тінінде жарылғыш заттың темір қыйыршығы бар екендігі анықталды. Ота кезінде сол қиыршық алынып тасталды. Бүйректен кетіп жаткан қан әрең тоқтатылды. Ота кезінде бүйрекке ішкі стент катетер және бүйрек маңайына дренажды түтіктер койылды. Ота өте күрделі жағдайда өтті. Жоғарыдағы аталған ауруға диагноз кою, ота жасау, барлығы профессор Тоқсанбаев Әшім Тоқсанбайұлы басқаруымен өтті. Урологиялық отаның алдында ауруға өкпенің, көкталақтың, асқазанның, ішектердің жарақатына байланысты хирургтармен күрделі операциялар жүргізілді. Осы кезде аурудың гемодинамикалық көрсеткіштерінің төмен түсуіне байланысты науқасқа гемотрансфузия жүргізілді. Ота 8-9 сағат ішінде жасалды. Сонынан науқастың жағдайы біршама жақсарғанымен, бірнеше күн өтпей жатып дене қызуы қайта көтеріліп, қан құрамында сепсиске тән белгілер пайда болғаны анықталды. Дәл осы тұста практикалық салада жүрген реаниматолог, хирург мамандармен бірігіп тізе қосып, өздерінің сан салалы ғылыми тұрғыда жинақтаған білімдерін ортаға салып, қажырлы еңбегімен көзге түскен С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ кафедраларының қызметкерлері, атағы белгілі профессорлар Әшім Тоқсанбайұлы Тоқсанбаев, Венера Қарыпбекқызы Исраилова, Нұржамал Әсенқызы Жанталиева, Урология ҒО-ның бөлім меңгерушісі, қалалық Денсалуық сақтау басқармасының бас урологі, м.ғ.д. профессор Мақажанов Марат Абзалұлы басы- қасында жүрді. Артынша көптеп жасаған еңбектің қорытындысындай болып, баламыздың дене қызуы түсіп, тәбеті ашылып, жадырап сала берді. Осындай сын сағаттарда «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» - деген қанатты сөздің өміршеңдігіне таң қаласың. Себебі, бұл сұрапыл Ұлы Отан соғысына қатысты айтылған сөз болса да, оның мағынасын бүгінгі күнге дейін өзекті қылып келе жатқан дәл осындай асыл жандар емес пе? Иә, біріне бірі жалғасып, бірінің артынан бірі ілесіп, шөл даланы қиып кетіп бара жатқан кеуендей болып, бір ұрпақтың ерлігін бір ұрпақ қайталаған мәнді дүние-ай десеңізші.

Қандай ауыр жағдай да болмасын мына жарық дүние осы мәнін, осы сәнін жоғалтпаса екен деп тілейік, ағайын. Хирургия бөлімшесі. Ал енді ақырындап, өзімізге өте жуық, ғұмыр бойында қос қол ұстасып өтетін қос ғашықтардай қатар сүріп келе жатқан хирургия бөлімшесінің тыныс-тіршілігіне де бір тоқталып өтейік. Бұл тұста басқа бөлімшеқызметкерлерінің құлақтарына алтын сырға және де, реаниматологтардың жұмысы шынында да ең алдымен хирургтармен байланысты екені бәрімізге де белгілі ғой. Тіпті осындайда хирург мамандармен жарастығымыз жөніндегі неше түрлі жағдайлар да ойға түсіп кетеді. Жастау кезімізде өзімнің туған жерім Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданына облыстық Денсаулық сақтау бөлімінің жолдамасымен анестезиология және реаниматология бөлімшесін ашуға жіберілдім. Іс сапар мерзімі 3 ай деп көрсетілген. Қуана-қуана жұмыс істеп жүрген Үржар ауданынан сол туған ауданыма кете бардым. Ол кезде марқұм шешемнің үйі, яғни қарашаңырақ, тура сол аудандық аурухананың түбінде болды. Бара сала белсене жұмысқа кірісіп, айналасы екі айдың ішінде сол кездегі бас дәрігер Сырым Сайдақметұлы Сайдақметовтың қолдауымен 6 төсектік анестезиология және реаниматология бөлімшесін ашып тастадық. Науқастар көп. Ауруханадан шықпаймын. Үйге барып шешемнің шайын іше сала ауруханаға қайтып келемін. Науқастарыма қарап, емдеп дегендей. Сол кездері шалғай болып саналатын Ақсуат ауданына көп дәрігер мамандар бара бермейді. Әсіресе хирург, анестезиологтар. 30 төсектік хирургия бөлімінде бір ғана хирург істейді. Тәжірибесі өте жоғары, хирург болып істегеніне сол кезде отыз жылдан асып кеткен Амантай Бекенұлы деген ағамыз. Екінші хирург оқуға кетіпті. Сонан кейін мен. Жас маман. Институт бітіргеніме бес жыл ғана болған.

Айтайын деп отырғаным дәл сол кезде мен өз басым көп тәжірибе жинақтадым. Жалғыз ғана анестезиология немесе реаниматология саласы бойынша ғана емес, жалпы хирургия саласы бойыншада. Себебін айтайын, әлгі Амантай ағам біраздан соң маған сеніп, басында палатадағы науқастардың жараларын таңып, артына ұсақ-түйек жараларды тілгізіп үйретіп, артынан тіпті анау-мынау грыжаларды да «Өзің жаса», -деп беріп қойып жүретін болды. Бұл тұста шынын айту керек, сол аудандық ауруханада дәл сол кезде қызмет істеген операциялық мейірбикелер мен анестезисткалардың да қолынан көп нәрсе келетін. Мысалға Нұргүл, Райхан, Клара, Айман дейтін қыздар жай ғана соқыр ішктің немесе балаларда көп кездесетін шапқалта грыжаларының қалай жасалынып, қалай тігу керектігін жатқа біліп тұратын. Ал Айнаш деген менің кәсіби анестезисткам қандай адамға қандай наркоз беру керектігін менен бұрын анықтап, науқастың асқазанын жуып, әбден дайындап, керек етсеңіз өзі-ақ интубациядан басқа наркоздарды бере беруші еді. Ол кезде ингалияциялық наркозды көп қолданамыз. Фторотан. Сақтағыш клапан арқылы шыққан наркоздың әсері болар бәріміз операциядан көңілді шығамыз. Сөйтіп жүріп ағамыз ауырып-сырқап қалғанда немесе қалаға бір семинар, болмаса конференцияға кеткен кездері операциялардың аса ауыр түрлері болмаса көбін қыздармен бірігіп өзіміз жасай беретін болып алдық. Наркозды Айнашқа бастап берем, әрі қарай әлгі қарындасым «Полинарконмен» наркозын бере беретін. Мен операция жасап жатып, науқастың қан қысымын, басқа да параметрлерін сұрап қоямын да операциямды жалғастыра беретінмін. Арасында науқастың қарашығына қарап қоюды да ұмытпайтынмын. Сөйтіп, хирург ағайындармен қоян-қолтық қызмет жасап жүргенімде, алты ай оқуға кеткен екінші хирург Мұрат Көсембайұлы келді де, әркім өз жұмысымен айналысатын болды. Сол кездері бір қызығы отаға түскен адамдарда сондайлық көп қосалқы аурулар болмайтын да, жаралары тез жазылып, үйлеріне шығып кетіп жататын. Ол неден екенін әлі күнге дейін ұқпаймын. Ондайда әдеттегідей «Ауа райынан болар», -деп қоямыз. Жай ғана. Сонымен, өзімнің туған ауылыма «үш айға ғана», -деп келіп алып, бақандай бір жыл төрт айдан соң ғана негізгі жұмыс істейтін ауданыма әзер қайтқаным бар. Міне бұл хирургияның құдіреті емей немене. Хирургияның тыныс-тіршілігінен сыр шерту үшін осы бөлімше жігіттерінің атқарып жатқан қызметі мен жасап жатқан оталарының түрін немесе осы мекеменің белгілі бір статистикалық көрсеткіштерін біліп қана қоймай, осы бөлімшеде бұрыннан қызмет істеп келе жатқан аға буынның өткен, кеткенінен хабардар болып, осы азаматтардың еліне, халқына сіңірген еңбегінде екшелеп, бағалай кеткен де дұрыс па деп ойлаймын.

Бұл бөлімше тегіннен, бұрынғы шұғыл көмек көрсету ауруханасы кезінде де қала халқының тең жартысынан астамына қызмет көрсетіп, талай- талай науқастардың алғысына бөленген киелі де, қасиетті қарашаңырақ. Оның солай екенін осы күнге дейін өзімізбен қатар жүріп қызмет істеп келе жатқан, ескі аурухана кезінде де осы салада істеген қызметкерлер үнемі айтып, естеріне алып отырады. Сол азаматтардың бірі де, бірегейі болып саналатын, барлық саналы хирургияға қатысты еңбек жолын тек осы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасымен байланыстырып келе жатқан, жоғарғы санатты хирург, денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы Рүстем Владимирұлы Қадырбаев. Өз ісінің жоғарғы маманы Рүстем Владимирұлы осы аурухананы қайта жаңғыртып, жаңадан салу идеясын ең алғаш қолдап, сол бағытта маңдай терін төккен азаматтардың бірі. Аурухана бас дәрігерінің жанында болып, осы мекеменің озық үлгідегі жабдықталуы мен қажет мамандармен қамтамасыз етілуінде де көп ой қосқан маман. Аурухананың өткені мен бүгініне қатысты деректер қажет болған кезде де дәл осындай азаматтардың есімі ауызға бірінші түсетіні де сондықтан болар. Бүгінгі таңдағы жаңа жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының хиругия бөлімшесі 45 төсектік, 5 хирург маман, 15 мейірбикелер мен 6 кіші мейірбикелер жұмыс істейтін бірлігі жарасқан бөлімше. Бөлімше меңгерушісі Асқарбек Мошқалиұлы Якубов хирургия саласында ашқан жаңалықтары үшін төрт авторлық куәлігі бар, отыздан артық мақалалары мен ғылыми туындылары жарық көрген, жоғарғы санатты хирург маман. Алғаш ұйымдастырылған уақыттан бері бөлімшенің барлық игі істерінің басы-қасында болып, ең алғаш бөлімше ашуда еңбек сіңірген азаматтардың бірі, сол кездегі бөлімше меңгерушісі Сәбит Бекұзақұлы Рахов болды. Аз уақыттан соң бөлімше меңгерушісі қызметін, қырық жылдан астам хирург маман ретіндегі еңбек өтілдігі бар, аса тәжірибесі жоғары, жоғарғы санатты маман хирург Сапарбек Азешұлы Азешов атқарды. Алдыңғы кезде бастау алған бөлімшенің қалыптасуына қатысты көп мәселелер, Сапарбек Азешұлы басшылық еткен жылдары түбегейлі қалыптасып, бөлімше білгір де білімді мамандармен жасақталды. Бөлімшенің жылдық, тоқсандық көрсеткіштері жақсарып, хирургиялық белсенділік артты. Сапарбек Азешұлы осы уақытқа дейін бөлімше құрамында хирург санатында қызмет атқара отырып, ауыр оталарды жасап қана қоймай, артында келе жатқан жас мамандарды тәрбиелеп, олардың біліктілігін арттыруда да көп еңбек сіңіріп келе жатыр.


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook