Доқтырхан Тұрлыбек Өмірдің сегіз сəті Танымал тележурналист, саңлақ сатирик, көркемдікті қаламына тиек еткен жазушы Доқтырхан Тұрлыбектің жанды дүниелері, жаңа хикаяттары мен повестері, əзіл-сықақтары «Өмірдің сегіз сəті» болып кестеленеді. Бірінші бөлім Хикаяттар мен əңгімелер ӨМІРДІҢ СЕГІЗ СƏТІ Шаш қойып, кəдімгідей бозбала болып қалған кезімде теледидардан бір көркемсуретті фильм көрдім. Ұмытпасам, «Қырғызфильм» студиясының туындысы болатын. Бұл фильмді бастанаяқ тəптіштеп айтып басыңды ауыртып қайтейін. Менің пайымдауымша оқиға XVII ғасырдың аяғында өткен болу керек. Бір-бірін шын сүйетін батыр жігіт пен жас ару қара ниетті адамдардың жауыздығынан қосыла алмай мерт болады. Фильмнің соңында Дүйсен мен Ақмөр о дүниеде кездеседі. Жан-жақты ақ тұман тұмшалап алған. Бір-бірін іздеп таба алмай жүрген адамдар. Солардың арасында үстеріне ақ жамылғы жамылып алған Дүйсен мен Ақмөр де жүр. Олар бір-бірімен бетпе- бет кездесіп қалады. Бірақ, танымай екеуі екі жаққа өте береді.
– Ақмөр! – Дүйсен! Күңіренген дауыс, мұң болып тұнған сағыныш... Бүгінде жасым қырыққа таянып, мына жалған өмірдің жақсы мен жаманын, қуанышы мен өкінішін көрген жігіт ағасымын. Соңғы кездері осы фильмді есіме жиі алып, жүрегім сыздап қоя береді. О дүние емес, осы жарық дүниенің өзінде шын бақытын, махаббатын таба алмай адасып жүрген бейбақтар қаншама десеңізші! Ал, кейде алтынның қолда барда қадірі жоқ демекші дүниедегі ең бір аяулы жанымызды бағалай білмей өкініштен мұз шайнап, запыран құсамыз. Бірақ, кеш, тым кеш... (Пойызда жолыққан жолаушының əңгімесінен) БІРІНШІ КЕЗДЕСУ Бүгін «Қайраттың» кезекті ойыны болғандықтан Орталық стадионға бармақ болып, Абай даңғылымен ағылып жатқан автобустың біріне отырдым. Салонда жолаушылар онша көп емес екен, көзім алдыңғы жақта тұрған орта бойлы, əдемі пісте мұрнының астында меңі бар сұлу қызға еріксіз түсті. Өзі еліктің лағындай сүйкімді екен. Жер бетінде əдемі қыз-келіншек көп қой, бірақ мына баланың болмысы ерекше, қара торы жүзінде ерекше бір жылылық бар. Бір сиқырлы сезім билеп-матап, бейтаныс бойжеткенге қарағыштай бердім. Қайран, осындайда бірге қызмет атқаратын Серік деген досым болса қысылмай-қымтырылмай мына қызды шыр көбелек айналдырып, танысып, кездесуге де шақырып үлгерер еді. Ал, менің мұндайда тілім байланып, мақау болып қаламын. Бұл жолы нар тəуекел деп бекініп: – Қарындас, бұл автобуста абонемент тесе ме, жоқ əлде билет ала ма? – дедім бəрін біліп тұрсам да жорта білмеген болып. Бойжеткен мені басқа қаладан келген біреу ғой деп ойлаған болу керек:
– Аға, бұл 128-ші маршрутты автобус қой, билет аласыз, – деп сыпайы ғана жөн айтты. – Рахмет! Мен жүргізушіге барып билет алдым. Мұндайда уақыт та зуылдап кетеді емес пе? Əне-міне дегенше мен түсетін аялдамаға да жетіп қалдық. Шиқ етіп автобустың есігі ашыла берді. Өзімен-өзі болып монтиып тұрған бейтаныс қарындасқа қимастық сезіммен соңғы рет қарап, көліктен түсіп қалдым. Көңілім бір түрлі құлазып сала берді, баға жетпес асылымды жоғалтып алғандай бей-жай кешіп, Орталық стадионға қарай көңілсіз бет алдым. ЕКІНШІ КЕЗДЕСУ Арада жарты жылдай уақыт өте шықты. Сол баяғы егіншілік ғылыми- зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарып жатырмын. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демекші, бір бөлімде еңбек ететін əріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Əсіресе, Молдабек жəне Нұрлан деген жігіттер маған бір табан жақын жүреді. Екеуі де аузын ашса көмекейі көрініп тұратын ақкөңіл жігіттер. – Дəркен, – деді бірде Нұрлан жұмыс күні аяқталарда, – бүгін кешке ептеп көңіл көтерсек қайтеді? Менің қатқанский бір таныс келіншектерім бар, солар қонаққа шақырып жатыр. Ептеп көңіл көтергенді кім жек көрсін. Мен көп ойланбастан келісе кеттім. Алматының бір шетіндегі көшеде тұратын үш құрбы құда- құдағиларын күтетіндей-ақ жақсы дайындалыпты. Молдабек пен Нұрлан отырыстың нағыз гүлі екен, əзіл-қалжыңымыз жарасып, басқосуымыз қыза түсті. Байқап отырмын, аяқ-қолы балғадай əдеміше келген қараторы келіншек алғашқы сəттен бастап-ақ мені «қамқорлыққа» ала бастады. Мені көптен білетін жандай көп ұзамай- ақ «Сізден», «Сенге» көшті. Ашық-жарқын мінезімен мені шыр көбелек үйіріп алып барады.
Шағын топ сол кеште өте көңілді отырдық. Əн шырқалып, небір күйлер шертілді, орын-орынымен айтылып жатқан əзіл мен қалжыңға да шек жоқ. Мұндай жақсы отырыста кім арақ-шараптан тартына қойсын. Жайшылықта ішімдік десе ат-тонын ала қашатын мен бейбақ та біраз сілтесем керек... Ертесіне көзімді ашсам, қараторы келіншектің қойнында жатырмын. Бұдан кейін де Дариғамен бір-екі кездесіп, киноға бардым. Қыстың бір күні ол үйіне қонаққа шақырды. – Дəркен, жалғыздан-жалғыз болып состиып отырғанымыз жарамас, жақсы білетін бір жолдасыңды ерте кел. Менің үріп ауызға салатындай бір əдемі көршім бар, – деді ол қоштасарда. – Міндетті түрде келіңдер, – біз күтеміз. Уəделі сенбі күні Сəкен деген досымыз екеуміз Дариғаның пəтерінің қоңырауын бастық. Есікті əдемі қыз ашты. Бірден таныдым – баяғы 128-ші маршрутты автобуста көрген қыз. Таңқалғаннан аузым ашылып қалса керек, не кірерімді, не кірмесімді білмей состиып тұрып қалдым. – Жоғары шығыңыздар, – деді бейтаныс бойжеткен – есіктің алдында тұрып қалдыңыздар ғой. – Сəлеметсіз бе? – дедім жерден жеті қоян тапқандай əлденеге қуанып. – Мен Сізді танимын. Есіңізде ме, екеуміз автобустың ішінде кездескенбіз. – Солай ма еді, аға. Бəрі де мүмкін. Есімде жоқ, сіз қалай ұмытпағансыз. –Ол əнтек жымиды. Күлгенде тіпті ажарланып, əдемі болып кетеді екен. Сол кеште екі оттың ішінде отырғандай хал кештім. Дариға жаны қалмай асты-үстіме түсіп-ақ отыр. Ал, менің есіл-дертім оның əдемі көршісінде. Жұрттың көзін ала бере ұрланып қарай беремін. Өмір деген қызық қой. Кейде өмірде білмейтін, танымайтын бейтаныс жанмен ойламаған жерде кездесіп, ол сол сəттен бастап, бір аяулы
жаныңа айналады. Жаңа ғана танысқан Рысбала алғашқы көргенде-ақ жүрегіме шоқ тастап кеткен еді. Оның маздап жанып жүргеніне көп болды. Бұл тағдырдың көп тəлкегінің бірі болар, мен үшін бұрыннан қымбат жанмен осындай жағдайда кездесіп отырмын. Ойпырай-ə, дəл осылай болар деп кім ойлаған, Дариға екеуі екі бөлмелі пəтерде бірге тұратын болып шықты. Құдайы көршілер бір мекемеде қызмет атқарады екен. Сəкенге де Рысбала бірден ұнады. Дəл қарсы алдымда əнтек жымиып отырған бойжеткенді қараптан-қарап отырып, өзім ертіп келген досымнан қызғана бастадым. Түн ауа Дариға төсек сала бастады. Тыпыршып жата алмадым. Темекі шегемін деп сылтаулатып, ас үйге шықтым. Рысбала өзімен-өзі үрпиіп столдың бір шетінде отыр. Екі көзі ісіп кеткен, жылаған сияқты. – Рысбала, саған не болды? – дедім шашынан сипап. – Жəй, əшейін, – деді ол күрсініп, – досыңыз біртүрлі дөрекі жан екен. Мен оны батылсыздау құшақтап, ернінен сүйдім... Ол мені итермеді... Екеуміздің де жүрегіміз дүрсілдеп соғып тұрды. ҮШІНШІ КЕЗДЕСУ Көп ұзамай-ақ 8 наурыз мейрамы келіп қалды. Жұмыс орнынан шығысымен бір букет гүл мен шампан алып, Қалқаманға тарттым. Өткен жолғы қонақтықтан кейін бірінші рет келе жатырмын, жүрегім əлденеге мазасызданып, атша тулайды. Сол кездесуден кейін Дариға бірнеше рет жұмысқа телефон соққан. Мен сан түрлі сылтау айтып, кездесуден қашқақтай бердім. Шынымды айтсам, бүгін екі қолымды өкпеме алып, Рысбала үшін келе жатырмын. Қос көрші үйде болып шықты. Мейрамдарымен құттықтап келгеніме олар кəдімгідей қуанып қалысты, əсіресе Дариға мəз-мейрəм. Мен гүлді Рысбалаға ұсындым. Дариғаның жүзі көз алдымда жүдеп сала берді, бірақ, сыр бермей, шай қоймақ болып, ас үйге шығып кетті.
– Дəркен, мұныңыз қалай? Гүлді көршіме бермедіңіз бе? – деді Рысбала, – ыңғайсыз ғой. – Рысбала, – дедім тұншыға сыбырлай үн қатып, – қалай түсінсең, солай түсін, мен сен үшін келдім. Ол үндемей қалды. Жүрегім сезеді, Рысбала да қылпылдап тұрған өткір ұстараның жүзінде тұрғандай жағдайда жүр. Оны шын жүректен жақсы көретінімді ол сезбейді емес, сезеді. Бірге тұрып жатқан құрбысының да көңіліне қарап, жаны бір сəтке тыныш таппайды. – Рысбала, ертең жұмысқа қашан барасың? – дедім сəл орнай қалған тыныштықты бұзып. – Сағат он бірде. – Көршің ше? – Ол таң атпай жатып жұмысына кетіп қалады. – Олай болса мен келемін... Шай ішкен құрлы болған жоқпын. Қос құрбыммен асығыс қоштасып, қайтып кеттім. Дариға мені состиып шығарып салды. Таңертең сағат тоғыз болмай жатып, таныс пəтердің қоңырауын сабырсыздана бастым. Есікті əлі ұйқылы-ояу Рысбала ашты. Жан жарын ұзақ жылдар бойы көрмеген жауынгерше ішкөйлекшең тұрған əдемі келіншекті бас салдым. Дүние шыр көбелек айналып жүре берді... ТӨРТІНШІ КЕЗДЕСУ Бүгін Рысбалаға телефон қоңыраулаттым. – Рыстай, сені сағындым, кездесейікші, – дедім үздіге сөйлеп, – көршің жоқ па?
– Жоқ, əпкесінің үйіне кеткен, – деді Рысбала. Оның қысылып жатқанына қарайтын мен жоқ, жүрегім алып-ұшып барады. – Сағат екіде үйде бол, келемін. – Мақұл. Жақсылы-жаманды өмір көрген жігіт ағасы болсам да соңғы кездері бозбалаша желкілдеп кеткен жайым бар. Іштен сеземін, көп нəрсені бүлдіріп жүрмін. Бөлек тұрып жатыр деген атым болмаса, Шымкенттегі əйеліммен əлі заңды түрде ажырасқан жоқпын. Рысбаламен бір пəтерде тұрып жатқан Дариғаның жағдайы болса анау. Бірақ, ештеңе ойлағым келмейді. Бар есіл-дертім – Рысбалада. Оған шын құлағаныма, шын сүйетініме бір құдайдың өзі куə. Осы бақытымды, осы қызығымды артық көре көрме деп Алла тағалаға күнде жалынып-жалбарынамын. Асығыс такси ұстап, Қалқаманға тарттым. Рысбала мені тағатсыздана күтіп отыр екен. Екеумізде де үн жоқ. Есімді жисам біреу тарсылдатып есік қағып тұр екен. Ол шалқасынан ашылып, баса-көктеп Дариға кіріп келді, бет əлпеті өрт сөндіргендей. – Ой, жүзі қаралар! Қарашы, бұлардың не істеп жатқанын! Бəсе, жүрегім бірдеңені сезіп еді. Опасыздар! Шеттеріңнен өлтірейін бе осы! – деп ол бізге жаралы жолбарысша атылды. – Дариға! Қой, ұят болады: Мен саған бəрін түсіндіремін. Сəл сабыр сақташы, – деп ақ жамылғыны жамылған күйі бөлменің бір бұрышына тығылдым. Рысбаланың да есі шығып кеткен. – Қара мұның ұяла қалуын! Мауқы басылмаған ит төбет! Сен де үндемей жүріп, қу қаншық болып шықтың. Оңбағандар! Ол долдана жылаған күйі бөлмеден шығып кетті. Рысбала екеуміз асығыс киініп, тысқа қарай зыта жөнелдік. БЕСІНШІ КЕЗДЕСУ Мені ойламаған жерден үлкен бастығымыз шақырды.
– Інішек, – деді ол қысқа амандықтан соң тікелей шақырған шаруасына көшіп, – Таразда бізге мекеменің бөлімшесі ашылды, ал, мамандар болса өте зəру, сондықтан сені үш-төрт айға жолсапарға жіберуді жөн санап отырмыз. Оған дейін пəтердің де бір мəселесі болып қалар. Ұйғарым сондай болған соң мен қайда барамын, ықылас онша болмаса да жолға жинала бастадым. Бұл хабарды естігенде Рысбала біртүрлі үрпиіп қалды. Қазір өзінің жағдайы да онша болмай жүр, Дариға екеуі қырғиқабақ. Мекеменің есептегі пəтері болған соң оны бөле салу да оңай шаруа емес. Өткен жолғы оқиғадан соң Рысбаланың үйіне мүлдем бармай кеттім. Екеуміз қашып-пысып, əр жерде кездесіп жүрміз. Менің де əйеліммен ажырасуым тым ұзаққа созылып кетті. Оның үстіне ойламаған жерден тап бола кеткен жол сапары да көңілге қаяу болып тұр. Рысбала мені Алматының екінші теміржол бекетінен шығарып салды. Осы темір жол бекетінен талай-талай сапарға шығып жүрсем де, бірінші рет біртүрлі қимастық сезіммен қарадым. Сол күні аспанды қара бауыр бұлт тұмшалап, күздің жаңбыры сіркіреп тұрды. Пойыз орнынан қозғала бергенде Рысбала ауыр күрсінді. – Тезірек кел, – деді ол артымнан қол бұлғап, – мен сені күтемін! Таразға келісімен тиісті шаруама бел шешіп кірісіп кеттім. Осы сапарымда бұрынғы əйеліммен заңды түрде ажырасу жөнінде түбегейлі шешім қабылдаған болатынмын. Бірақ, ойлағаным жүзеге бірден аспайтын болды. Ол басқа қалаға қоныс аударып кетіпті. Күндер сағызша созылып, бір ай өте шықты. Рысбаламен күнара телефон арқылы хабарласып тұрамын. Амандық болса енді екі-үш күннен соң Алматыға барып қайтпақ ойым бар. Ертең жол жүрейін деп отырғанда Мəдібек деген ескі танысым үйіне қонаққа шақырды. Ұмытпасам, əйелінің туған күні болатын. Шақырылған қонақтар көп болды, көбісін тани бермеймін. Үлкен ас желініп біткен соң, аузы- аузына жұқпай тақылдап қалған асаба жігіт үзіліс жариялап, екі иықты жұлып жейтін би басталды. Жеке басым мұндай би тұрмақ, кəдімгі вальсті жарытып билей алмаймын, көңілді топтан шеттей
бердім. Үлкен бөлменің бір бұрышында өзіммен-өзім тұрғанмын. Кенет, біреу иығымнан түрткендей болды. Жалт қарадым, бет-аузын аямай бояған бойжеткен маған күлімсіреп қарап тұр екен. – Жетім бала құсап, бір бұрышта жападан-жалғыз тұрғаныңыз қалай, жүріңіз билейік, – деді ол ескі танысындай еркін сөйлеп. – Айыпқа бұйырмаңыз, мен мұндай биді білмейтін едім, – дедім ыңғайсызданып. – Оның білмейтін ештеңесі жоқ, екі қолыңызды арыбері сермеп, секіре беріңіз. Əлгі қыз ай-шай жоқ мені көңілді топқа жетелей жөнелді... Туған күн кеші түн ауа тарады. Мəдібек екеуміз далаға шықтық. Солтүстіктен екілене соққан жел дене тоңазытады. Құрдасым кəдімгідей қызу, менің де ішімде ептеп от бар. – Əй, маубасым-ай! Қыз-келіншек көрсең, тұра қашатының-ай, осы сенің! Өзімізге қарамайды, əйтпесе, ұпайымызды жібермеген болар едік, – деді ол арқамнан қағып, – Соқыр емеспін ғой, анау Мария саған өлердей ғашық болып қалды. Айтпақшы, ол сұлу сенің жатақханаңның жанында тұрады, шығарып сал, өкінбейсің, құшағыңа өзі құлайын деп тұрған қыздан айырылып қалма, ашық ауызым... ха, ха... Бүгінгі отырыстан көңілді шыққан қонақтар қоштаса бастады. Кəдімгідей былқылдап қалған Мария мені бірден қолтықтап алды. – Аға, енді қашып кете алмайсыз, мені шығарып саласыз. Қорықпаңыз қасқыр емеспіз, жеп қоймаймыз. Мария мен тұратын жатақхананың жанындағы көп пəтерлі үйде жеке өзі тұратын болып шықты... – Үйге кіріп, шай ішіп кетіңіз, – деді Мария пəтерінің алдына келгенімізде.
– Рахмет, Мария! Кеш болып қалды, жатақханаға қайтайын, – дедім ыңғайсызданып. – Шақырғанға келмесеңіз – шақырғанға зар боласыз, – деді Мария күліп. – Жігіт адамның қыз құсап сызылғаны жараспайды. Жүріңіз, дəмнен үлкен емессіз ғой. Мені құртатын көңіл жықпастық, бұл жолы да сол əдетіме салып, жетектегі бұзау құсап, Марияның соңынан ере бердім. Бір бөлмелі пəтер құстың ұясындай жайлы екен. Үй иесі лезде шай қамдап жіберіп, шетелдік қымбат коньяктің тығынын ашты. Сол күні Марияның пəтерінде түнеп қалдым... Ертесіне бір тығыз жұмыс шығып қалып, Алматы сапары кейінге қалды. Жұмысбасты болып жүргенімде тағы екі ай өтті. Бір күні Мария менен екіқабат болып қалғанын айтты... АЛТЫНШЫ КЕЗДЕСУ Бүгін жұмысыма Марияның жездесі келді. Есіктен кіріп, бірден төрге шықты. Байқаймын, өзі де мығым, сөзі де мығым, жұпыны келген кабинетіме менсінбей қарады. – Сыбырлағанды құдай да естиді деген. Бəрін де естіп жатырмыз, – деді ол сыздана сөйлеп – Ақыл айтатын бала емессің, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек, жігіт. Жолда жатқан балдызым жоқ. Марияны ренжітсең түбі жақсы болмайды, біздің құрығымыз ұзын, аспанға ұшып, жердің түбіне түсіп кетсең де тауып аламыз. Солай, болашақ бажа, ойлан! Қиқаңды қой! –Марияның жездесі сес көрсетіп, есікті тарс жауып шығып кетті. Не істерімді білмей басым қатып отырғанда Алматыдан Рысбала телефон соқты. – Дəркен, бірдеңе болып қалды ма? Біртүрлі селқоссың ғой, дауысың да қарлығып шығып тұр, – дейді ол шыр-шыр етіп.
– Рыстай, босқа мазаланып қайтесің? – дедім мен өтірік сылтау айтып, – бəрі жақсы, тек жұмыс ауырлау болып, шаршап жүргенім ғой. – Дəркен, мен бастығымның қабылдау бөлмесінен рұқсатсыз телефон соғып отырмын. Бүгін «Алатау» пойызымен Таразға жүремін. Алтыншы вагон, күтіп ал, – деп телефон тұтқасын қоя берді. Жығылған үстіне жұдырық демекші, Рысбаланың бұл келісі маған оңайға тиейін деп тұрған жоқ. Өзім жатқан жатақханаға апаруға болмайды, кез келген уақытта Марияның жетіп келуі мүмкін. Шатақтың көкесін сонда көресің. Не істерімді білмей басым қатып отырғанымда, қаланың бір шетіндегі санаторийде бас дəрігер болып қызмет атқаратын танысымның телефон қоңыраулатпасы бар ма? Жағдайымды айтып, жата кеп жабыстым. Сабаз сөзге келген жоқ, жағдайымды бірден шешіп берді. Таң ата келетін пойыздан Рысбаланы күтіп алып, санаторийге тартып кеттік. Санаторийде төрт күн бірге болдық. Анда-санда Рысбалаға көзімнің астымен ұрланып қарап қоямын. Менің мұнда не бүлдіріп жүргенімді ол қайдан білсін. Алдағы күндердің не болатындығын ойласам өзімнен-өзім шошып кетемін. Бесінші күні Рысбаланы Алматыға шығарып салдым. Ол бірдеңені сезгендей маған жаутаңдап қарай береді. – Дəркен, саған не болып жүр? – деді ол менің құшағыма тығыла түсіп, – Түнде ұйықтап жатқанда жиі-жиі шошынып оянасың. Байқаймын, соңғы кезде ішімдікті де көп ішетін болыпсың. Абайлашы, бірдеңеге ұрынып қалып жүрмеші! Аман-есен келші Алматыға! Мен не деймін, балшыққа əбден батып жүрген адаммын, көңілім алай-дүлей, шындықты айтуға тағы қорқамын. Жұмыстағы қиындықтар туралы міңгірлеп бірдеңе айтқан болдым. Осы кезде пойыз да орны нан жайлап жылжи бастады. Вагонның кіре берісінде состиып Рысбала тұр, перронда состиып мен қала бердім. Жылдамдығын күшейте түскен пойыз қимас аяулымды ала қашып, шығысқа қарай бет алды. ЖЕТІНШІ КЕЗДЕСУ
Тыпырлауға шамам келмей қалды, еріксіз Марияға үйленуге тура келді. Бірақ, бұл қалада қалмайтынымды кесіп айттым. Ит екеш ит те өлігін көрсетпейді демей ме? Алматыға келіп, үлкен бастығыма болған жағдайды жасырмай айтып, мамандар бара бермейтін түкпірдегі бір қалаға сұрандым. Ол мені түсініп, ауыр күрсінді. – Бауырым, – деді ол менімен қоштасарда, – бүгіннен бастап еңбек демалысыңды ал, сен келгенше бəрін реттеп қоярмын. Тек, өзіңе мықты бол, қолмен істегеніңді мойныңмен көтере біл! Уақыт емші, бəрін емдейді! Тек бір нəрседен сақ бол! Тентек суға құмар болма! Онымен жаныңның жарасын жаза алмайсың. Ойламаған жерден жетіп келгеніме, Рысбала жас балаша қуанды. Бірақ, өрт сөндіргендей менің түрімді көріп, қуанышы су құйған жалындай басылып қалды. – Рысбала, отыр, сенімен сөйлесетін бір əңгіме бар, – дегенімде тұрған орнында селк етіп шошып кетті. – Рысбала, – дедім оның жүрегін ауыртқым келмей, – сен мені кешір, əйеліммен ажыраспайтын болдым, оның аяғы ауыр. Кешір мені... Рысбала тұрған орнына сылқ етіп отыра кетті. Оның жүзіне қарауға дəтім шыдамады, жылыстап есіктен шыға бердім... СЕГІЗІНШІ НЕМЕСЕ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ Күндер зулап, арада бір жыл өте шықты. Бір түкпірдегі кішкентай қалада тұрып жатырмыз. Дүниеге кішкентай нəресте келген. Қызым сүйкімді, мені керемет жақсы көреді. Көбінесе көңілімді сонымен алдаймын. Əйтпесе, Мария екеуміз мүлдем жат жанбыз. Бір- біріміздің бағымызды байлап жүргенімізді екеуміз де іштей жақсы білеміз. Ал, Рысбала көзден кетсе де, көңілден бір кетпей қойды. Бақыт құсымның алақаныма енді қайтып қонбайтындығын жақсы білемін, осыны ойласам жаным жабырқап, жүрегім жетімсіреп қоя
береді. Түсімде ылғи Рысбаланы көремін, екеуміз көктемгі далада гүл теріп жүреміз. Бір күні жұмыс орнына келіп, өз көзіме өзім сенбедім. Қабылдау бөлмесінде Рысбала отыр. Тұрған орнымда қаққан қазықтай қалшиып тұрып қалдым. Ол да екі көзі боталап, орнынан тұра берді. Хатшы қыз бізге аңтарыла қарап қалыпты. Тез есімді жиып, қалбалақтаған күйі Рысбаланы кабинетке шақырдым. Мен көрмеген бір жылдың ішінде ол сəл жүдеу тартып, аялы көздерінің астына қара көлеңке түсіпті. Орнай қалған үнсіздікті Рысбала бұзды: – Дəркен, мен бəрін де білемін. Бірақ, араларыңа от жағуға келген жоқпын. Тек, құдай үшін өтінемін, өтірік айтпашы! Сенің бетіңді бұдан былай көрмеймін деп өзіме талай ант беріп едім. Қандай құдіретті күш екенін білмеймін, сонау жердің түбінен сені бір көру үшін өзім келіп отырмын. Қорықпа, бүгінгі кешкі пойызбен қайтып кетемін. Қолың бос болса шығарып сал, енді бұдан соң екеуміз кездеспейміз. Біреуден естігенше, өзіңнің білгенің дұрыс, тұрмысқа шықпақ ойым бар. Мына еркекті қатын асыраған қиын заманда бақа басты біреу болса да арқа сүйемесе болмайды екен. Жақсы-ақ адам, бірақ, жүрекке əмір жүрмейді, оны өмір бойы сүйе алмай өтермін. Сенің жөнің бөлек еді, қолым жетпеді. Бір жүректі бір жүрекке зарықтырып қойған жалған-ай! Рысбала ауыр күрсінді. Баяғы Тараз қаласындағы сияқты түн ортасында Рысбаланы шығарып салдым. – Қош бол, Дəркен! – деді Рысбала вагонға көтеріліп, – Қош бол! – Қош бол, Рысбала, қош бол, қайда жүрсең де аман бол, жаным,қош... Пойыз орнынан қозғала берді. Ол бірте-бірте жылдамдығын арттырып, дүниедегі ең қымбат жанымды біржолата алып қашып бара жатты... Жападан жалғыз перронда состиып ұзақ тұрдым. Кенет біреу жеңімнен тартқандай болды, теміржол бекетінде күні-түні жүретін бір аяғы жоқ бейшара жан екен. – Бір жартылық ішуге қалайсың? – деді ол ыржиып.
– Қарсы емеспін. – Олай болса, 150 теңге бере қой. Мен сұраған пұлын бердім. Теміржол бекетінің бір бұрышындағы сынық орындықта сынық стаканмен арақ ішіп отырып, Рысбаланы есіме алдым. Қос жанары жаутаңдап, қоштасқан сəті көз алдымнан кетер емес. Ауыр күрсіндім. – Оу, жерлес қатты тұнжырап кетті ғой, неге сонша қатты күрсіндің? – деді бөтелкелес серігім арақ құйып жатып. – Махаббат туралы ойлап отырмын. – Е, түсінікті болды. Махаббат деген қиын, басымнан кешкенмін ондай жағдайды. Надя мені тастап кеткен, оны керемет жақсы көруші едім. Ех, Надя, Надя, не істедің сен... Енді ойла не, ойлама не, кететін бақыт кетті, ол қайтып оралмайды. Кел, тағы бір тартып жібер, қайғыңды ұмытасың. Ұсынған арақты сіміріп салдым. Үйге түннің ортасында оралдым. Шешінбестен ауызғы бөлмедегі диванға қисая кеттім. Түсімде Рысбаланы көрдім. Екеуміз тұман басқан Алматының көшесінде бетпе-бет кездесіппіз. Мен жылап жіберуге шақ қалып, оның ақ білегінен шап беріп ұстап алдым. – Рыстай, амансың ба? Күнім-ау, қайдан жүрсің? Сені де көретін күн бар екен-ау! Бірақ ол мені танымады. Бұл кісіні қайдан көрдім дегендей таңқала қарап, жанымнан өте шықты. – Рысбала! Бұл менмін – Дəркенмін. Тоқтай тұршы! Шынымен мені танымадың ба? Өз даусымнан шошып ояндым. Таң бозарып атып келеді екен. Басым сынып барады, кезерген еріндерімді жалай бердім... ЖАҺАНДАҒЫ ЖОЛАУШЫ
Ат бір баспаймын деген жерін үш рет басады» деген рас болып шықты. Дархан жанына жалғыз ұлы Дəуітті ертіп, алыстағы Германияның Кельн қаласына үшінші рет сапар шегіп келе жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын тай-құлындай шапқылап жүрген баласы ойламаған жерден науқасқа ұшырап, Дархан мен жұбайы Нəзтайдың есі шығып кетті. Екеуі зыр жүгіріп жүріп, Алматыдағы ең мықты профессорларға көрсетті, көп адамның шамасы келе бермейтін ауруханаларға да жатқызып көрді. Бірақ, еш ем қонбай, Дəуіт көз алдарында гүлдей солып бара жатты. Əйелі екеуі не істерін білмей, дал болып жүргенде, құдай сəтін салып, Германиядан бір топ білікті дəрігерлер тəуелсіздігін жаңадан алып жатқан Қазақстанға тəжірибе алмасуға келіп, таныс профессор жолдасы арқылы ұлын соларға көрсетті. Егде тартқан неміс профессоры күннен-күнге сөніпсеміп бара жатқан Дəуітті мұқият қарап, басын шайқап, жанындағы қазақ əріптесіне неміс тілінде өз пікірін айтып жатты. Неміс тілінен бейхабар Дархан Кельн деген сөзден басқасын мүлдем ұққан жоқ. – Дархан, – деді таныс профессор – неміс дəрігері барлық анализдерді мұқият тексеріп, Дəуіттің дертін анықтап отыр. Саған бұрын да айтқанмын, ұлың ақ қан ауруына шалдыққан. Бұл дертті медицина тілімен ликимия деп атайды. Науқас біршама асқынып кетіпті, бізде мұндай ауруды емдеуге қазір жағдай да, мүмкіндік те жоқ. Тезірек Германияға апарып, ем қолданбаса болмайды. Жанымда отырған неміс дəрігері де солай деп отыр. Мына қиын заманда шетелде ем алу оңай шаруа емес, оған қыруар қаржы қажет, ал, қаржыны Денсаулық сақтау министрлігі квота арқылы бөледі. Ол болса қазір қас-қалдақтың қанындай. Мен қолдан келер көмегімді аямаймын. Бірақ, маған сеніп қалма, тас түскен жеріне ауыр, зыр жүгіруіңе тура келеді. Президент əкімшілігіндегі ағаңа бар, осындайда қол ұшын бермегенде қашан береді ол. Емханадан шыққан Дархан Денсаулық министрлігіне жүгірді. Екі-үш кабинетке кіріп еді, ақша жоқ деп, қол қусырып шығарып салды. Жалғыз ұлы үшін отқа да, суға да түсуге даяр Дархан онша жақтыра
бермейтін, бүгінде ысқырығы жер жарып тұрған шенеунік туысқанына баруға мəжбүр болды. Президент əкімшілігіне кіру – нағыз қияметтің өзі екендігін кім білген. Үш күн əрібері сандалып жүріп, əрең дегенде қабылдауға ілікті-ау əйтеуір. – Əшейінде жанымнан танымайтын адам құсап өте шығасың. Жайша келдің бе? – деді көкесі сызданып. – Ылғи жеті қайнаса сорпасы қосылмайтын біреулермен жүресің, жасың елуге келсе де басыңда түйірдей ақыл жоқ, айта бер шаруаңды, менің уақытым тапшы, жарты сағаттан соң бастыққа кіруім керек. – Аға, өкпеңіз орынды, ары кетсе үш атадан қосылатын жақын туысқаным екеніңіз де рас. Құдайдың берген мінезі, адам баласына онша жұғымым жоқ, басқа біреу болса, сіздің жаныңыздан жылт- жылт етіп шықпай қойған болар еді, мен ондайға бара алмаймын. Сыртыңыздан сыйлаймын, не болса соны айтып, сізді босқа мазалағым келмейді. Бұл жолы ашпаған есігім, кірмеген тесігім қалмаған соң, сізге келуге мəжбүр болып отырмын. Оның өзінде өзім емес, жалғыз ұлым үшін келдім, – деді Дарханның дауысы жалынышты шығып. – Ұлыңа не болды? Бірдеңені бүлдірді ме? Бүгінгі жастар тыныш жүре алмайды, біреуге соқтықпаса іштері ауырады олардың. – Жоқ, қорықпаңыз, балам ештеңе де бүлдірген жоқ. Ол – қатты науқас. – Ə, солай ма еді. Менен қандай көмек керек? – Баламды емдету үшін Германияға апаруым керек болып тұр. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігінен квота алу керек. Олар болса, қаржы жоқ деп ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр. Мүмкін болса, қол ұшын беріңіз, – деп Дархан барлық жағдайды қысқаша түсіндіріп өтті. Шенеунік ағасы қол сағатына, сонан соң алдында еңсесі түсіп отырған туысқанына қарады. – Сен былай жаса, – деді ол жүре сөйлеп, – ертең министрдің бірінші орынбасарына бар, шаруаңды шешіп береді. Ал, жақсы, қош бол, мен асығыспын.
– Рахмет, жақсылығыңыз Құдайдан қайтсын! Əлдеқандай жағдай болады деп үлкен кабинетке қорқа-қорқа кірген жігіт ағасы қуанып шықты. Тоқпағы күшті болса, киіз қазық та жерге кіреді деген осы. Иə, қай заманда да, күшті күштілігін көрсеткен. Бұл жолы да солай болды, барлық мəселе бір телефон қоңырауымен шешілді. Осылайша Құдай сəтін салып, Дархан жалғыз ұлын Германияға бір емес, екі рет емдетіп қайтты. Бүгін баласы екеуі алыстағы Кельнге үшінші рет сапарға шықты. Алматыдан көтерілген ұшақ Кельн қаласының əуежайына таң ата келіп қонды. Қыркүйек айы енді басталса да, күн кəдімгідей салқын, жаңбыр сіркіреп жауып тұр. Əкелі-балалы жандар ұшаққа тапсырған қол жүктерін алған соң, такси ұстап, үлкен қаланың ортасындағы Халықаралық ауруханаға бет алды. Бір шеті мен екінші шеті атшаптырым жерді алып жатқан емдеу орны Дарханға жақсы таныс. Екі жылдың ішінде ептеп неміс тілін үйреніп қалған журналистке ұлын орналастыру онша қиынға соға қойған жоқ. Дархан ұсынған құжаттарды қабылдап алған дəрігер əйел жолдамаға, сонан соң əкелі- балалы жандарға кезек-кезек көз тастап, бөлім меңгерушісіне кіріп кетті. Көп ұзамай-ақ ұлын екі жыл қатарынан емдеген таныс профессор шықты. – Аман-есен жеттіңіздер ме? – деді орыс тілін жақсы білетін неміс дəрігері. – Дархан мырза, сіз əкелген құжаттан бір қате кетіпті. Ұлыңыз мұнда 25 тəулік ем алуы керек. Ал, берілген квотада 13 күн деп көрсетіліпті. Онсыз да ұзақ ұшып, шаршап келдіңіздер. Балаңызды орналастыра берейін, сіз де қонақ үйіне жайғасыңыз. Ертең Қазақстанмен хабарласып, болған жайды түсіндіріп айтыңыз. Қосымша 12 күнге квота берсін. Онсыз ем толық аяқталмай қалады. – Жақсы, жақсы, – деді іші қылп ете қалған Дархан сыр бермей. Көңілі күпті жолаушы ұлын орналастырған соң, өзі аурухананың маңайындағы таныс қонақ үйге жайғасты. Жеңіл душ қабылдап, креслоға отырып, қол сағатына көз тастады. – Мұнда сағат күндізгі бес, – деді ол іштей күбірлеп.
– Ал, Алматыда түннің қақ ортасы. Денсаулық министрлігімен ертең хабарласармын. Шешініп, ұйықтамақ болды, бірақ ұйқысы келер емес. Дархан сырт қараған адамға сабырлы көрінгенімен, өте уайымшыл, күйгелек адам. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, аяқ асты квотадан бір шикілік шығып тұр. Əрине, ертең жалынып-жалбарынып, Денсаулық министрлігіне телефон соғады. Мəселе дұрыс шешілсе жақсы, ал, квота жоқ десе, жағдай не болмақ? Мейлі, ол жағдай ойдағыдай шешілді дейік, үйден алып шыққан қаржысы қайтар билетке, 13 күндік қонақ үйге жəне ішер тамағына əрең жетеді. Қалған 12 тəулікте қайда тұрады, қалай күн көрмек? Дардай бас директор деген аты болмаса, бүгінде телестудия босқа қаңырап тұр. Өзінің де, бүкіл ұжымның да жалақы алмағандарына бір жылдан асып барады. Алматыда көзі жаутаңдап қалған жұбайына ақша сал деуге дəті қайтіп барады. Өйткені, бар жиғантергенін осы сапарға деп сыпырып алып кеткен болатын. Жанын жегідей жеген осы жайларды ойлап, Дархан көпке дейін дөңбекшіп ұйықтай алмады. Абырой болғанда, жайшылықта орнында отыра бермейтін министрдің бірінші орынбасары қызметінде болып шықты. Басқа құрылықтан телефон соғып тұрған отандасының сөзін мұқият тыңдаған министрдің бірінші орынбасары: «Сізді түсініп тұрмын, абыржымаңыз, бұл, əрине, өте қиын мəселе, дегенмен, оны дұрыс шешуге барымды саламын» деп, үлкен жанашырлық танытқанда Дархан іштей қуанып, кəдімгідей қанаттанып қалды. Телефон орталығынан шыққан Дархан ауруханаға қарай құстай ұшты. «Ең бастысы – квота мəселесі дұрыс шешілді, он екі тəулік деген не тəйірі, зу етіп өте шығады. Азар болса вокзалда түнермін», – деп өз- өзімен күбірлей сөйлескен Дархан қадамын жылдамдата түсті. Министрдің бірінші орынбасары үлкен азаматтық танытып, квота мəселесі дұрыс шешілгенде, Дарханның арқасынан бір ауыр жүк түскендей болып, тұла бойы жеңілдеп сала берді. Əне-міне дегенше, он үш тəулік те зуылдап өте шыққан. Дархан екі аптаға жуық тұрған қонақ үйден заттарын алып, көшеге бет алды.
Бөтен қала, бөтен ел. Алматыдан ұшарда асығып-аптығып жүріп, қолшатырын да ұмытып кетіпті. Ерегіскендей үш тəулік бойы жаңбыр үздіксіз жауып тұр. Əкесі марқұм: «Үйден қырық қадам шықсаң – мүсəпірсің» деп айтушы еді. Дархан осы сөздің астарын дəл қазір ұққандай. Кеше баласы екеуіне қайтар жолға билет алып қойған, былғары əмиянындағы ақшаны санап көріп еді, болмашы тиын-тебен қалыпты. Күндегі əдеті бойынша ұлының жағдайын білген соң, баратын жері, асатын тауы жоқ жаһандағы жолаушы амалдың жоқтығынан үлкен шаһардың теміржол бекетіне баратын автобусқа отырды. Құдай бəле-жаласынан сақтаса, қаққан шегедей болып, қақиып отырса да сонда түнеп шықпақ. Алматының вокзалындағы сияқты мұнда адам көп болмайды екен. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан пойыздар бір тыным таппайды, оларға асығыс мініп, жан жаққа аттанып жатқан жолаушылар да көзді-ашып жұмғанша жоқ болады. Күні бойы зыр жүгірген Дархан вокзал ішіндегі орындықтың біріне жайғасқанда өзінің қатты шаршағанын сезді. Маужырап, ұйқысы келіп, көзі жұмыла берді. Кенет, біреу бүйірінен түрткендей болып, көзін ашса, екі неміс полицейі өзіне төне қарап тұрғанын аңғарды. Олар қатқылдау сөйлеп, Дарханды орнынан тұрғызды. Алматыдан келген қазақтың немісшесі қай бір оңып тұр дейсің, шала-шарпы түсінгені: вокзалда отыруға, түнеуге болмайтын болып шықты. Ұзынтұра полицей: – Құжаттарың бар ма, қай елдің азаматысың? – деді түсін суытып. – Қазақстан, Алматы. – Пакистан! Онсыз да не істерін білмей, еңсесі түсіп отырған Дарханның сөзін дұрыс ұқпаған қос полицей оны дірдектетіп, вокзалдың полиция учаскесінен бір-ақ шығарды. Немістер Дарханды екі сағаттай ұстап, əбден əуреледі. Кəдімгі қылмыскер сияқты əр қырынан суретке түсірді, саусақтарының таңбасын алды, компьютер арқылы тексерді. Байқайды, өзін көптен бері ұстатпай қашып жүрген ниеті бұзық біреумен шатастырып отыр, мына түрлерімен абақтыға қамап тастаулары да ғажап емес. Іші сезіп
тұр, полицейлерге бəрібір. Қазақстан мен Пакистанды ажыратуға өресі жетпей жатса амал не? «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, Дарханның түркелбеті пакистандықтан бір аумайды: көзі шүңірек, шашы бұйра, шалғы қара мұртты, құс мұрын болып келеді. – Мен пакистандық емеспін, Қазақстан! Біздің Президент – Назарбаев! – деді Дархан ойын немісше əрең жеткізіп. – Кельнде Қазақстан елшілігінің консулы бар. Соларды шақыруларыңды талап етемін. Құдайдың мұнысына да шүкір, полицейлердің біреуінің сəл де болса түйсігі бар болып шықты. – О, Қазақстан! Назарбаев! – деп жедел бір жаққа телефон соға бастады. Арада бір сағат өтпей жатып, Қазақ елшілігі консулынан ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған екі жас жігіт құйындатып жетіп келді. – Аға, – деді өзін Саматпын деп таныстырған жігіт, – есіміңізді бүкіл Қазақстан танитын белгілі қаламгерсіз. Жағдайыңызды өте жақсы түсініп отырмын. Сізді консулға алып кетуге де болар еді, бірақ, ол өте тар, жүріптұруыңызға өте ыңғайсыз. Егер қарсы болмасаңыз, Кельн қаласының сыртында босқындар лагері бар, сізді уақытша сол жерге орналастырайық. Əлі де кеш емес, қала мен лагерьдің орталығы небəрі 30 шақырым, көлік деген ағылып жатыр, ұлыңызға күнде келіп тұрасыз. – Мен келістім, босқындар лагері деген жаман аты болмаса, вокзалға қарағанда тəуір ғой. Бір жылға қоянның терісі де шыдайды. Оншақты тəуліктің ішінде мені құдай алмас, – деді Дархан келісімін беріп, – қазір апарып тастаймын десеңдер де қарсы емеспін. Босқындар лагері үлкен жолдың шетіне орналасыпты. Бытырлай салынған бір қабатты үйлер біраз жерді алып жатыр. Лагерьге кіре берісте неміс солдаттары консулдың екі қызметкері мен Дарханның құжаттарын тексеріп, ішке кіруге рұқсат берді.
Немісше судай ағып тұрған қос дипломаттың мұнда жиі-жиі атбасын бұратындығы айтпаса да аңғарылады. Лагерь бастығының кабинетіне кірген олар көп аялдамастан тез шықты. – Дəке, – деді Самат – елге кеткенше осында орналасатын болдыңыз. Жататын орын мен үш мезгіл тамақ тегін. Жуынып-шайынатын орын да бар. Лагерьдің бастығына жағдайыңызды түсіндіріп айттым, – сізді күнде қалаға жіберіп тұратын болды. Енді жайғаса беруіңізге болады. Біз кеттік, аға. Жұмысымыз бастан асып жатыр. Қош болыңыз! Мына қызылкөз бəледен құтылдық-ау дегендей, олар асығыс аттанды. Лагерьдің егде тартқан қызметкері Дарханды қатар-қатар орналасқан бір қабатты үйлердің біріне алып келді. Үлкен бөлме іші кішігірім спорт залына ұқсайды. Есік жаққа жақындау тұрған бос төсекке жайғасып жатқан Дарханға бастарына сəлде орап алған парсы, ауған тəсілдес адамдар мынау кім дегендей, оқырая-оқырая қарап қойды. Кешкі астан соң бөлмедегілердің бəрі намазға жығылды. Өмірінде намаз оқып көрмеген Дархан олардан оқшау бөлініп, шоқшиып жалғыз қалған. Кешкі намаздарын оқып болып, беттерін сипаған сəлделілер жаңа келген жолаушыны жақтырмай, ала көздерімен қарап, бірекеуі «Кəпір» деп теріс айналып кетті. Қанша шаршаса да, көршілерінен сескенген Дархан жөндеп ұйықтай алмады. Таң ата көзі енді ілініп кетіп еді, азан айқайы оятып жіберді. Дəреттерін алған мұсылмандар жаппай таңғы намаздарын оқи бастады. Келмей жатып, көзге шыққан сүйелдей болған жалғыз қазақ жуынып- шайынып, дастарқан басына отыра беріп еді, бір сəлделі ауғандық оны иығымен итеріп жіберді. Неге екені белгісіз, əкесін өлтіргендей үлкен өшпенділікпен қарайды. Сөйтіп, Дархан таңғы тамақсыз қалды. Енді мұнда бір түн қалса, өзінің аман қалмайтындығын іштей сезген ол заттарын тез жинастырып, қашпақ болсаң зымыра демекші, лагерьден байқаусыз шығып кетті. Электричкаға отырып, қалаға жеткен соң, ауруханадағы ұлына соғып, емдеп жатқан неміс профессорға жолықты. Бір қуаныштысы, Дəуіт құлан-таза айығып келеді. Соны көңілге медеу тұтып, ауруханадан көңілді шықты. Ол көшеге шыққанда сіркіреп жаңбыр жауып тұрған
болатын. Неміс қаласы қабағын қарс жауып, жауын жылап жауып тұрса да, Дархан онша көңіл аудара қойған жоқ. Кеш болса жақындап келеді, жападанжалғыз қалған, қайда түнері де белгісіз, жат жерлік жолаушы ол туралы да ойлағысы келмеді. Баратын бағыты белгісіз болса да, аурухананың дəл жанындағы автобус аялдамасына келді. «Бəле қайда, табан астында» демекші, жол тəртібін бұзып үлкен жылдамдықпен жүйткіген қара «Мерседес» алдында кетіп бара жатқан «Аудиды» қағып, аялдама маңы опалаң-топалаң болды да қалды. – Өй, шешеңді... Көзіне қарамай ма, мына шошқа! – Шынында, мынаның көзі соқыр ма деймін, қап, жапжаңа машинаның быт-шытын шығарды-ау. Шешеңді... Дархан жанында өзара қазақша сөйлесіп, «Аудидың» артынан оңдырмай соққан жүргізушіні шешесінен келістіре боқтап тұрған екі неміске жалт қарады. Өзі Оңтүстіктің қазағы болса да, кейбір жерлесте рінің шешеден басып боқтай беретіндігін онша жарата бермейтін. Бала кезінен бері талай естіген ұятсыздау боқтық сөз өмірінде бірінші рет құлағына сондай ыстық естілді. Көптен кездестірмеген бауырларын көргендей, əлгі екі неміске тұра ұмтылды. – Қазақстаннан келген неміссіңдер ме? Қос неміс оған жалт қарасты. – Дəл үстінен түстің, – деді егде неміс Дарханға жылы ұшырай қарап, – өзің қазақсың ба? – Иə, қазақпын. Анау жын қуған жүргізушіні келістіріп боқтағандарыңа қарағанда, Оңтүстік Қазақстанның немістері болуларың ғажап емес, – деді Дархан күле сөйлеп. – Дəл таптың, – деді егде неміс – біздің туған жеріміз Оңтүстік Қазақстан облысы. Шымкент қаласының жанындағы Сайрам деген ауданды білесің бе? – Білгенде қандай, жасырақ кезімде аудандық газетте жұмыс істегенмін, – деді Дархан таңырқап. – Сендер қай ауылда тұрдыңдар? Мен ол өңірді бес саусағымдай жақсы білемін.
– Біз ұзақ жылдар Ленин колхозында тұрдық, – деді егде неміс жерлесіне жақындай түсіп. – Осында көшіп келгенімізге үш жыл болып қалды. Ел-жұрт аман ба? – Сол колхоздағы Карл деген механизаторды жақсы танушы едім. Өзі бір қолы алтын жігіт болатын. Ол туралы кезінде аудандық газетке суретін басып, үлкен мақала жазғаным əлі есімде, – деді Дархан. – Осыдан үш жыл бұрын Алматыдан Шымкентке жолсапарға келгенімде Карлды арнайы іздеп барғанмын, ол досым да Германияға көшіп кетіпті. – Мəссаған! – деді егде немістің көзі жайнап. – Карл менің туған інім. Ол да осында, Кельн қаласының шетінде тұрамыз. Менің атым – Вольф, жанымдағы мына жас жігіт менің туған жиенім. Қарындасым мен күйеу балам басқа ат құрып қалғандай есімін Борис деп орысша қойыпты. Біз оны Борис демей, Бөрібай деп атаймыз. – Нағашымның айтқаны дұрыс, – дейді отыздар шамасындағы жас жігіт күліп. – Мені Борис десе ешкім біле бермейді, ал, Бөрібай десе ауылдың күшігіне дейін таниды. – Өзіңді көріп, алыстағы Қазақстандағы туған ауылымызды көргендей болып қалдық қой, бауырым. Кельнге қашан келдің? Аурухананың маңайында жүргеніңе қарағанда, бір жақын адамыңды емдетуге алып келген сияқтысың, – деді Вольф жөн сұрап. – Жалғыз ұлым бар еді, ол көптен бері сырқат. Қазір анау тұрған ауруханада ем қабылдап жатыр. Алматыда тұрамыз, мұнда келгенімізге екі аптадай болып қалды. Құдай қолдап, ұлым айығып кетсе, оншақты күннен соң елге қайтамыз. – Дархан, – деді Вольф – байқаймын, сен бірдеңеге қысылып, абыржып тұрсың, еңсең түсіп, мұрның салбырап кетіпті. Мазалап жүрген жай болса, қысылмай айт, біз қазақ жерінде туып, нанын жеп, суын ішіп өскен немістерміз. Қазақтардың жақсылығын əке-шешеміз де, біз де көріп өстік. Елді-жерді, бірге өскен достарымызды қатты сағынамыз. Ауылды аңсағанда қазақша сөйлесіп, жақпаған адамдарды шешесінен боқтап алатын əдетіміз бар. Мен сенің балаң жатқан үлкен ауруханада бас дəрігердің шаруашылық жөніндегі орынбасарымын.
Дархан қысыла-қымтырыла болған жайды айтып берді. – Бəсе, сенің бірдеңеге қатты қиналып тұрғаныңды бірден сезіп едім. Бауырым-ау, сен де басыңа сəлде орап алып, анау араб пен парсылар құсап тоңқаң-тоңқаң етіп, намаз оқи бермедің бе, – деді Вольф күліп. – Əй, аңқау қазағым-ай, өзбек акаларым болса қазір оларды шыр айналдырып, өрік-мейізін сатып отырған болар еді. Сөз орайы келген соң əзілдеп жатқаным ғой. Құдай басқа салмасын, тілін, салт-дəстүрін білмейтін бөтен елде, бөтен жерде кім болмаса да, аяқ астынан мүсəпір болады да қалады. Əңгіме сенің намаз оқығаның- оқымағаныңда емес, иман əр адамның жүрегінде болғаны жөн. Қазақтың арасында өскен соң, қазақ десе жанымыз қалмайды. Өткен жылы Алматыдан бір қазақ келді деп естіп, арнайы іздеп барып, қазақша амандассам, əлгі сабаз өзінше шіреніп, орысша жауап береді. Шынымды айтсам, ашуланғаным сонша, шала қазақты сабап-сабап алғым келді, теріс бұрылып жүре бердім. Қой, мына тұрысымыз не, əңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер демей ме қазақ, кеттік біздің ауылға, қалғанын ертең көреміз, бір мəнісі болар, уайымдама, інім. Олар сүліктей қап-қара «Мерседеске» отырып, қаланың үлкен базарына соқты. – Дархан, етті сағынған боларсың? – деді Вольф машинадан түсіп жатып. – Қазақ пен қасқыр ет жеуден дүние жүзінде бірінші орын алады емес пе, – деді Дархан əзілдеп. – Біз де ет жеуден қазақтан қалыспаймыз, ол жарықтықты жемесек, ауқат ішкен құрлы болмаймыз. Бірақ, бұл немістердің еті семіз болғанымен, түк дəмі жоқ. Даланың шүйгін шөбін, исі бұрқыраған жусанын жемеген соң, еттің дəмі қайдан болсын. Дала етінің дəміне не жетсін! Əсіресе, қазы мен қартаны, қымызды сағындық. Оларды бұл жерде тек түсіңде ғана көресің, – деді Вольф тамсанып. Вольф алдын-ала телефон қоңыраулатып қойған болу керек, екі қабатты үлкен коттедждің алдында үлкені мен кішісі бар бір топ
неміс ағайын Дарханды алыстан келген туған құдаларындай құшақ жайып қарсы алды. – Ойпырым-ай, тау мен тау жалғаспайды, адам мен адам кездеседі деген осы екен-ау! Қазақстанда жүргенде сені телебізірден көрген сайын «Мына жігіт менің досым, мені газетке жазған» деп мақтанып отырушы едім. Сені елден тым шалғай жатқан Германиядан көремін деп кім ойлаған. Жас балаша арсалаңдаған Карл Дарханды біраз уақыт бойы құшағынан босатпай қойды. Карлдың жұбайы Ира да жаны қалмай қалбалақтап амандасып жатыр. – Карл, өзіміздің ауылдың немістерін түгел шақыр, мен қазанға ет сала берейін, айтпақшы, үйде арақ бар ма, жоқ болса, Бөрібайды дүкенге жібер, қайным күнде келіп жатқан жоқ. Айтпақшы, оншақты жұмыртқа ала келсін, қамыр жақсы жайылады. Ауылдағы ақ жүректі жеңгелерінен бір айнымайтын Ираға Дархан іштей сүйсіне қарап, өзін аузын ашса көмекейі көрінетін ақ көңіл ағайындарының арасында отырғандай сезінді. – Ира маған қарағанда нағыз қазақ. Қазақ мектебін бітіргендіктен бе, кейбір салт-дəстүрді кез келген қазақтан кем білмейді. Əсіресе, мейманның келуі – ол үшін нағыз мереке, барын шашып тастайды. Кеше келсем, үйде өзімен-өзі мұңайып отыр. «Сұлуым-ау, саған не болған, тым жабырқаусың ғой, кім сені ренжітіп жүрген?» деймін əзілдеп. «Қазақстанды сағындым, ауылды сағындым, кел, екеуміз қосылып қазақша əн айтайықшы» дейді келіншегім көзінің жасы мөлт-мөлт етіп. Шынымды айтсам, осында көшіп келгелі бері бірінші рет қазақты көріп тұрмыз. Елді, жерді, ауылды, тумаса да туған дай болып кеткен қаракөз ағайындарды қатты сағынып жүрміз. Телебізірден Қазақстан туралы көрсетіп жатса, жұмысымызды тастай салып, тұра жүгіреміз. Түсімде ылғи ауылды көремін. Түу, көңілім босап кетті ғой. Ел аман ба, жұрт аман ба? Соны айтшы, – деді Карл толқи сөйлеп. – Ауруын жасырған өледі емес пе, Карл, – деді Дархан ауыр күрсініп. – Қазір елдің, əсіресе, ауылдың жағдайы онша мəз емес. Өткен жылы баяғы өзің еңбек еткен колхозда болып қайттым. Іргетасын сен
қалаған жөндеу шеберханасының қалқиған төрт қабырғасы ғана қалыпты. Қолдағы бар 30 трактор, 40 автомашина, оншақты комбайн кімге жетсін. Жекешелендірудің көкесі осы деп біреуі моторын, енді біреуі дөңгелегін бөлшектеп алған жайлар көп кездеседі. Өзіңе Ленин ордені салтанатты жағдайда тапсырылған Мəдениет үйін ауданның бір пысық жігіті небəрі 20 мың теңгеге сатып алыпты. Сен, сенбе, кезінде қыруар ақшаға салынған үлкен мекеме сендердің ақшаларыңмен салыстырғанда небəрі 150 дойчемаркаға сатылып кетіпті. Алғашқы болып, немістер көшіп еді, енді қазақтар қалаға үдіре көшуде. Дəл осындай қиын жағдай бүкіл Қазақстанды шарлап тұр. Шайтанның ғана үміті болмайды, елдің жағдайы тезірек жақсарып кетсе дұрыс болар еді. Мамандығым журналист болған соң, елді жиі аралаймын. Əр сапардан жүрегім ауырып қайтады, Карл! Сен сұрама, мен айтпайын. – Дүниеде не жаман, бүтін дүниені бұзып, тас-талқанын шығарып жатса, сол жаман, – деді Карл басын шайқап. – Шынымды айтсам, осында көшіп келгеніме қатты өкінемін. Қиын кезде ауылды тастап кеткеніміз дұрыс болмады. Ата-бабаларымның тарихи Отаны Германия болғанымен, менің туған жерім, өскен елім – Қазақстан. Əрине, мұнда жастарға оңайлау тиеді, олар тез сіңіп кетеді. Ал, мен сияқты егде немістерге қиынға соғып жүр. Өйткені, біз неміс болып туғанмен, қазақ болып кеткен немістерміз. Өмірге көзқарасымыз да, тіршілігіміз де өзгеше. Маған салса, туған ауылыма ертең-ақ көшіп кетер едім. Карл мен Дарханның əңгімесін үйге сау етіп кіріп келген бір топ неміс бұзып жіберді. – Бауырым, аман-есенсің бе, ат-көлігің аман ба? – деп алпыстан асып қалған неміс Дарханмен қазақша құшақтасып амандасты. – Алыстан алты жасар жолаушы келсе, алпыстағы шал сəлем береді демекші, сенің келгеніңді естіп үйде отыра алмадық, – дейді жанындағы кемпірі бетінен сүйіп. – Ел қалай, ауыл қалай, балам? – Рахмет, апа! Ел өз орнында. Социализмнен жабайы капитализмге өту біраз қиынға соғып жатқаны болмаса, қалғаны дұрыс. Ең бастысы,
халық аман. – Шырағым, басқа білмесе де, біз жақсы білеміз. Қазақ деген халық үстінен түйе жүріп өтсе де былқ етпейтін шыдамды, мейірімді халық. Көш жүре түзеледі демекші, құдай қаласа, бəрі де жақсы болып кетеді. Біз алыста жүрсек те, қазағымызға тілектеспіз. Кейуана үлкен көкшіл көздеріне іркіліп қалған жасты көрсеткісі келмей, теріс бұрылып кетті. – Қайтсін, – дейді Карл əзілдеп, – Мария апай төркінін сағынып, көңілі босап жатыр. Ау, бəйбіше, шайыңды тезірек дайындасаңшы. Қазақтардың еттен бұрын шай ішетіндігін ұмытып кеткенсің-ау шамасы? – Қазір, қазір, міне, дайын болып қалды, сəл шыда, шыдамсыз сары шал, – деді ас үйінде шай қамымен жүрген Ира айқайлап. – Дархан, естідің бе, мына бəйбіше мені шал дейді. Ерегіскенде жас тоқал алмасам. – Қазір алсаң да қарсы емеспін, еншіңді өзім бөліп беремін. Бірақ, тоқал аламын деп тоңқаңдап қалма, шал. Ерлі-зайыптылардың жарасымды əзілі айналасын бір жадыратып тастады. Шай ішіліп, дастарқан басына буы бұрқырап ет келді. Қойдың еті үлкен екі табаққа салынып, ежелгі қазақ дəстүрі бойынша мүше- мүшесімен қойылғанда, немістердің ортасында отырған жалғыз қазақ таң қалды. – Бас қоймадың деп өкпелеме, інім, – дейді Карл. – Қорамда қойым болса, сен келген бойда бата сұрап, жайратып сойып тастар едім, мына жамбасқа разы бол. – Ира, – дейді Мария апай, – алыстағы қайның келіп, бар шеберлігіңді салыпсың, етке салған жаймаң сұлу қыздың тамағындай үлбіреп тұр. – Ира, анау қылмойындарың қайда, түгел құй, Дархан бауырымның құрметіне бір тартып жібермейміз бе.
– Қазір, қазір, – деді Ира сасқалақтап. – Қара басып, ұмытып кетіппін ғой. – Сұрап ішпесек, беретін түрің жоқ қой, байқаймын, бірте-бірте нағыз неміс болып барасың, сараң болма, сұлуым, кең болсаң, кем болмайсың. – Əй қайдам, сараңдық сенен шықпаса, менен шыға қоймас. Арақтың анау-мынауы емес, тазасын əкел деп Бөрібайды дүкенге жұмсаған мен емеспін бе? Саған салса, поляктардың сасық арағын беруден тартынбайсың. Қара мұны! – Сенікі дұрыс, сұлуым. Қойдым, бəледен машайық қашыпты деген. Əдемі əзіл-қалжыңнан басталған кездесуде талайталай ақ тілек айтылып, отырыс қыза түсті. – Ира, – дейді Карл мойнын созып, – кеше ғана кел екеуміз қазақша əн айтып, елге деген сағынышымызды басайық деп мені əбден қинап едің ғой. Қайныңмен қосылып, бір əн айтып берсеңші. Кезінде ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, бүкіл ауданды дүрліктірген Мария апай да сендерден қалыса қоймас. – Несі бар, айтсақ айтамыз. Кел, қайным, басталық. Мына отырған ағайынның он екіде бір гүлі ашылмаған қыз кездерін, сұлу бойжеткендерге қырыңдаған сері жігіт кездерін естеріне түсірейік, – деп Ира «Арыс жағасында» əнін бастады. Өзіңмен Арыстың, Бойында таныстым. Жайнаған гүлдей құрбым сен, Жағада тұрдың сен. Неміс əйелінің əжептəуір дауысы бар екен, əсем əнді ерекше сағынышпен шырқады. Делебесі қозған Дархан: Жаз еді күлкің де, Қайдасың бұл күнде,
Сені іздеп арманым, Сыр бойын шарладым, – деп əннің қайырмасына қосыла кетті. Əн аяқталғанда дастарқан үстінде отырған ағайын сəл үнсіз қалды. Көбісінің көзі жасаурап, сағыныштың ыстық құшағына беріліпті. Құлақ ұрғандай орнай қалған тыныштықты Мария апай бұзды. – Ира, кел, екеуміз Шəмшінің «Бақыт құшағында» атты əнін айтайық, қалғандары бізге қосылсын. Ал, кеттік. Екеуі əнді асқақтата бастап, қайырмасына келгенде дастарқан басында отырған үлкен мен кіші əсем əнге қосыла кетті. Кел билейік, кетпе менің қасымнан, Қызғалдағым таң нұрымен ашылған. Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған. Сол кеште Карлдың қара шаңырағында қазақ əні біразға дейін қалықтап тұрды. Сағат кешкі онға таяғанда, немістер орнынан тұрып, Дарханмен қимастық сезіммен қоштаса бастады. – Балаң құлан-таза айығып кетсін! – Өзің елге аман-есен жет. Көз көргендерге бізден дұғай-дұғай сəлем! – Өзіміздің ауыл болса түннің ортасына дейін əңгіме шертіп, шерімізді тарқатар едік, əн айтар едік. Мұнда сағат оннан асқан соң, ит екеш ит те жөндеп үре алмайды. Амал жоқ, тəртіп солай. Аз уақыттың ішінде туған бауырларындай болып кеткен немістермен Дархан қимай қош айтысты. Келген қонақтарды шығарып салған Карл, Вольф жəне Дархан үлкен үйдің ауласында темекі шегіп, біраз əңгімедүкен құрып тұрды. – Ауылда жүргенде дəл осы уақытта қырмандағы астықты тазартып, қоймаға құйған соң, бүкіл колхоз болып, қарбыз-қауын жинауға кірісуші едік. Дөңкиіпдөңкиіп жатқан қарбыздарға қолың сəл қатты тиіп кетсе, қарс айырылып жарылып кететін. Тіл үйіретін дəмі қандай десеңші! Құмда өскен бал татыған қауынның дəмі осы күнге дейін
аузымнан кетпейді. Ондай тəтті қауын мен қарбызды еш жерден кездестіре алмайсың. Мына немістердің қарбызын кессең – қып- қызыл, бірақ, түк дəмі жоқ. Помидорлары да сондай, – деді Карл қолындағы темекісін құшырлана сорып. – Дархан, біз алыста жүрсек те қазақтың салт-дəстүрін ұмыта қойған жоқпыз. Кел демек бар, кет демек жоқ. Көңіл сиса, бəріміз сиямыз, үй осы, жай осы, күнде ет асып бермесек те, аш қалмайсың. Балаң жазылып шыққанша қысылмай-қымтырылмай осында бол. – Карл, – деді Вольф əңгімеге араласып, – оны өзің де жақсы білесің. Біздің ата-анамыз Қазақстанға жер аударылып, қазақ ауылына тап болғанда, Дүйсен деген атамыз кішкентай тоқалтамындағы екі бөлменің бірін соларға беріп, өзі, əйелі жəне шиеттей бес баласы бір бөлмеде тұрып жатыпты. Жаны пейіште болғыр сол атамыздың мейірімділігін, адалдығын бүкіл ауыл аңыз етіп айтып отыратын еді. Бір биеден ала да, құла да туады емес пе? Бірде ауылдың бір тентек жігіті əкемізге «неміссің» деп орынсыз тиіссе керек. Осыны естіген Дүйсен атам əлгі ағамыздың екі аяғын бір етікке тығып, қатты ұрысыпты. – Аузым менікі деп оттай берме! Бұлар да адамның баласы, бөтен емес, өзіміздің Кеңес өкіметінің немістері. Ақымақ, оқыдым, шоқыдым дейсің, осыны да білмейсің. Соғысты ашқан – Гитлер. Мықты болсаң, Гитлерге барып, соны боқта! Бұдан былай менің үйімдегі немістерге тиіссең, əкеңнің кім екендігін танытамын, ұқтың ба? Енді көзіме көрінбей, жоғал, ит неме! – деп əлгі жігіттің иттерісін басына қаптапты. Осы оқиғадан соң, алып-қашпа əңгімелер пышақ кескендей тыйылып, қазақтар мен немістер бір атаның баласындай араласып кетіпті. Дархан, жақсы адамға əрдайым бір орын табылады емес пе? Карл екеуміздің үйімізде бір ай жатсаң да ешкім сенің қолыңды қақпайды, қабақ шытпайды. Мына неміс менен құтылғанша асығып тұр деп жаман ойлап қалма. Егер қарсы болмасаң, менде бір нақты ұсыныс болып тұр. Біздің ауруханаға уақытша аула қызметкері болуға қалай қарайсың? Қанша дегенмен, шаруашылық жағын басқарамын, Алматыға қайтқанша бір шағындау бөлме тауып беруге де
мүмкіндігім бар. Жасыратыны жоқ, қаржы жағынан да біраз қысылып жүрсің, атқарған жұмысыңа біраз тиын-тебен төлер едік. Осы ұсынысым саған ыңғайлы сияқты. – Менің бұл інім бүкіл Қазақстан танитын белгілі азамат. Дүрдей үлкен бастықтың үй сыпырып жүргені ыңғайсыз болып жүрмей ме? – деді Карл ағасының сөзін жақтырмай, – одан да Дарханның үйде болғаны дұрыс. Германияға аула сыпыру үшін келген жоқ, сенің де шығармайтының жоқ осы. – Вольфтің айтып тұрғаны дұрыс, сен босқа қысылма, Карл, – деді Дархан. – Қазақ атамыз: «Есектің құйрығын жуып, мал тап» демей ме? Мен қара жұмыс десе шіренетін қазекеңнің қатарына жатпаймын. Үй тазалау, тамақ пісіру деген жұмыстар бала кезімнен жақсы таныс. Оншақты күн аула сыпырды екен деп, ешкім үстімдегі тонымды шешіп алмас. Оның үстіне əрі-бері сандалмаймын, күнде ұлымның жағдайын біліп тұрамын. Қиналып жүргенде артық ақша көптік етпейді. – Шынында да, мына сөзіңнің жаны бар. Олай болса, келістік. Енді демалайық, – деп Карл қадірлі қонағын үйіне қарай бастады. Дархан ертесіне кішігірім қаладай болатын үлкен аурухананың білдей бір аула қызметкері болып шыға келді. Жаһандағы жолаушының басты міндеті – ауруханаға кіре берістегі дəлізді күніне бір рет жақсылап шампуньмен жуу, өзіне бекітіліп берілген аула ішін сыпырып таза ұстау, сəндік ағаштардың артық өскен бұтақтарын реттеп отыру. Сырт көзге ақсаусақ болып көрінетін бауырымыз бұл жұмыстарға онша қинала қоймады. Таңертеңнен бері күйбеңдеп жұмыс істеп жүрген Дархан бірте-бірте алыстап кеткен балалық шағын есіне алды. Əкесі мен анасы күні бойы колхоздың ауыр жұмысында, таң атпай кетіп, қас қарая бір-ақ келетін. Бастауыш мектептің төртінші класында оқитын қарадомалақ бала үйелмелі-сүйелмелі болып өсіп келе жатқан үш бірдей кішкентай қарындасына қарап, анасы келгенше бір тыным таппайды; отын жарады, су əкеледі, үйдің іші мен айналасын тазартып, айнадай жарқыратып қояды. Нағашы атасы əкеліп берген сары самаурынды қайта-қайта қайнатып, кешке
жұмыстан шаршап-шалдығып оралатын əке-шешесін күтіп отырады. Осындайда көктемнен бастап, қоңыр күзге дейін қызылша алқабынан шықпайтын, ауыр жұмыстан қолдары күс-күс болып кеткен анасы күні бойы шаршағанын ұмытып: «Құдайдың бере салған қара тентегі, сен болмасаң қайтер едім, өркенің өссін, құлыным!» деп айналып-толғанатын. Бала кезінен қалыптасып қалған сол əдеттен жасы елуден асса да айырылғысы келмейді, ол жұмыстан үйге оралғанда төрт бөлмелі пəтер мұнтаздай болып таза тұруы керек, егер сəл нəрсе ыбырсып жатса, білекті сыбанып кірісіп кететіні бар. Мұндайда құдай қосқан қосағы Алтынай бажылдайды да қалады. – Сендей шыдамсыз еркекті көрсем көзім шықсын! Тоңқаңдап еденді тазартып, ыдыс-аяқ жуып жатқаныңды біреу-міреу көрсе, ұят емес пе? Менің шаруама араласпа деп саған қашанғы айтамын. Бұдан былай ас үйге жолама! – деп айқай салады. Отағасы болса əйелінің айқайынан үндемей қашып құтылады. «Ауру қалса да, əдет қалмайды» демекші, арада біраз уақыт өткен соң, ыдыс-аяққа қалай араласып кеткенін өзі де аңғармай қалады. Күйеуінің дəл осындай «пысықтығын» көріп қалса, əйелі: «Қатынның шаруасына араласпа деп саған қашанғы қақсаймын!» – деп тағы да айқайға басады. Ата-аналарының осындай зілсіз айқайларына əб ден үйреніп алған кіші қызы Динаның: «Папа, сіз өткен өміріңізде əйел болған жоқсыз ба?» деп əзілдейтіні бар. Дархан алғашқы күні кешке дейін бір тыным таппады. Күн ұясына қонақтап, айналаны қара шымылдық көмкергенде ғана өзіне бөлінген кішкентай бөлмеге оралып, жеңіл-желпі тамақтанып, душ қабылдады да, төсекке қисайды. Сол жатқан қалпы ұйықтап кетті. Ертесіне əдеттегідей ерте оянды. Германияға келгелі бері дəл түндегідей алаңсыз ұйықтамаған еді, бойы сергек, өзін тамаша сезінді. Кеше кешкісін дайындап қойған бутербродын жеп, ыстық кофе ішіп алған соң, ертелеп өзіне бекітілген ауланы сыпырып, сəндік ағаштардың артық өскен бұтақтарын кесе бастады. Ауруханаға кіре берістегі
үлкен дəлізді шампуньмен мұқият жуып жатқанда жинақы киінген, орта жастардағы келбетті ер кісі бас изеп, жылы амандасып, дəл жанынан өте берді. Кешке таман Вольф келіп жолықты. – Нағыз стахановшының өзі екенсің ғой, сенің мына қарқыныңнан адам қорқады, – дейді ол əзілдеп. – Мынау бір азият дəл осылайша жұмыс істей берсе, біз жұмыссыз қалатын шығармыз деп кейбір аула қызметкерлері сенен кəдімгідей сескеніп жүр. Олардың шынында да қорқатын жөні бар, кеше 8 сағаттың орнына 12 сағат жұмыс істепсің. Сұмдық қой! Дегенмен, уəденің аты – уəде. Мына 120 дойчемарканы қалтаңа салып қой. Адал еңбегіңмен, маңдай теріңмен таптың. Жарайсың, бауырым! Ертесіне күндегі əдеті бойынша ерте тұрып, дəлізді шампуньмен тап- таза етіп жуып жатқанда, жүзі таныс неміс бас изеп амандасып: «Гут, азият!» деп бас бармағын көрсетті. Осылайша он екі күн сырғып өте шықты. Құдай қаласа, ертең кешке Дархан ұлымен бірге Алматыға ұшпақ. Бүгін түс қайта ем қабылдап жатқан ұлына кіріп шыққан. Дəуіттің өзіне тəн нұрлы жүзін көргенде Дархан құдайға шүкіршілік жасады. Таныс неміс профессоры ұлының анализдерін көрсетіп, өз баласы құлан таза айығып кеткендей шын көңілімен қуанып, «Гут, қазақ, гут!» деп Дəуіттің арқасынан қағып, əкелі-балалы жандармен жылы қоштасты. Дархан рахметін айтып, дəлізге шыққанда Вольф күтіп тұр еді. – Қалай, көңілің орнына түсті ме? – дейді Вольф əдеттегідей жайдары сөйлеп. – Міне, құдай сəтін салып, барлық қиындық артта қалды. Енді келін түсіруге дайындала беруге болады. – Вольф, рахмет, аузыңа май! Бəріміз тек қуанышта, тойда жолығайық! – деді Дархан толқып. – Өзің де жақсы білесің, қазақта: «Орамал тон болмайды, жол болады» деген сөз бар. Бас дəрігеріңе кіріп, бір ауыз рахметімді айтып, бір сувенир сыйласам деп едім. Бұған қалай қарайсың? – Айтып тұрғаның өте дұрыс. Бас дəрігеріміз өте бір инабатты, кішіпейіл адам. Бірге кіріп шығайық.
Бас дəрігердің қабылдау бөлмесіндегі əдемі неміс қызы қандай шаруамен келгендерін біліп алған соң, лып етіп бастығының кабинетке кіріп кетті. Ол көп бөгелген жоқ, қабылдауға келіп отырған Вольф пен Дарханға ішке кірулерін өтінді. Бас дəрігердің кабинеті онша үлкен болмағанмен, өте жайлы екен. Былғары қара кресло дан көтеріліп, қол ұсынып, жылы амандасқан бас дəрігерді Дархан бірден таныды. Күнде таңертең жұмысқа ерте келіп, өзімен жылы амандасып, «Гут, азият!» деп өте шығатын неміс. Дархан тілі жеткенше немісше рахметін айтып, Қазақстанның көрікті сұлу жерлері, көркем табиғаты бейнеленіп, қазақ, ағылшын жəне неміс тілінде жазылған түрлі-түсті кітапты сыйлағанда, бас дəрігер жас балаша қуанып: «Сізді бір жерде көрген сияқтымын, мүмкін Халықаралық симпозиумдардың бірінде кездескен болармыз», – деді. Дархан өзінің кім екенін түсіндірмек болып еді, Вольф оның сөзін қағып алып кетіп, алдында тұрған қазақтың қайдан келгенін, кім екендігін айтып жатты. – Ғафу етіңіз, сіз екенсіз ғой, – деді бас дəрігер күле сөйлеп, – бəсе, сізді бір жерден көрген сияқтымын. Күнде таңертең көріп жүретін аула қызметкеріне мүлдем ұқсамайсыз. Шынымды айтсам, танымай қалдым. Атқарып жүрген жұмысыңызға сондай разы болып, бүгін сізді аға аула қызметкері етіп тағайындауға бұйрық дайындап отыр едім. Əрең шыдап тұрған Вольф мырс етіп күліп жіберді. Оған бас дəрігер мен Дархан да қосылды. – Қап! – дейді ішек-сілесі қатып күлген бас дəрігер. – Сізді Бас директор болған соң, амалдың жоқтығынан жіберіп тұрмын, өте өкінішті-ақ. Бізге де жақсы кадр керек, қайтеміз, енді амал жоқ. Гут, қазақ, гут! Дархан мен Дəуітті Карл, Вольф жəне Борис шығарып салды. Сол күні ауа райы кенеттен суытып кетіп, қар аралас жаңбыр жауды. Бірақ, оны елеп жатқан Дархан жоқ. Алматыдан келген жігіт ағасын неміс
бауырларының ыстық ықыласы, ақ пейілдері лүпілдеп соққан жүректерінің жылуы ерекше бір жайма-шуаққа бөлеп жіберді. *** Арада оншақты жыл зу етіп өте шықты. Кеше кешкісін ел жақтан Дарханның бала кезінен тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрдасы Келдібек келген болатын. Шай үстінде ауыл жаңалықтары жайлы біраз əңгіме соққан досы үлкен қаланың бір шетінде тұратын баласының үйіне жинала бастады. – Айтпақшы, – деді Келдібек қоштасып жатып. – Жақында Тараз қаласында кіші доқтырдың оқуын оқып жатқан кенже қызым Шымкент қаласының дəл іргесінде жатқан ауданның бір ауылына күйеуге шықты. Сарқырап ағып жатқан өзеннің жағасына орналасқан бұл ауыл Кеңес заманы кезінде Ленин атындағы колхоз атанып, атағы дүркіреп тұрса керек. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған өмір құрдымға кеткен кезде Германияға көшіп кеткен бес-алты үй қайта оралыпты. Құдамыз сол неміс ағайындармен көңіл жақын болғандықтан, тойына шақырды. Шетінен аузын ашса көмекейі көрінетін аңқылдап қалған немістер екен өздері, қазақша сөйлегенде түбін түсіреді. Еркегі бар, əйелі бар құда-құдағимен бірге зыр жүгіріп жүр. Құда күткендерін көріп, таңғалғаннан бəріміздің аузымыз ашылып қалды. Құдамыздың немере інісі нағыз жарыл қазақтың өзі екен. Мен де мақтанғанда желдей есетіндердің бірімін, бірақ, құдамыздың туысымен салыстырғанда жіп есе алмай қалдым. Ол біздің ауданнан мүйіздері қарағайдайқарағайдай пəленше əкім, пəленше əртіс, ақын-жазушы, ғалым шыққан деп мақтанғанда, отырған орындығымыз теңселіп кеткендей болды. – Құда, қанша мақтансаң да, біздің ауданға жете алмайды екенсіңдер, – дедім мен де қалыспай. – Бір шеті мен екінші шеті небəрі 60 шақырымға созылып жатқан біздің кішігірім ауданнан 22 ақын- жазушы, 10 академик, 10 генерал қияға қанат қаққан, қалғандарын айтпай-ақ қояйын. Бүкіл исі қазақ танитын Дархан Дəуірұлын біздің ауылдың азаматы деп отырсың. Ол менің кішкентай кезімнен тай- құлындай тебісіп өскен құрдасым, досым. Сол құрдасымның жас
кезінде сендердің ауданға біраз жыл қызмет атқарғаны өтірік емес, рас. Бірақ Дархан біздің ауданның, біздің ауылдың түлегі. Айналайын, құда, бізге де мақтанатын жақсы адам керек. Қалғандарында шатағым жоқ, сендер меншіктеп алған Дархан Дəуірұлын өзімізге қайтарып берші, садағаң болайын. Сенің атың аталғанда, менің жанымда отырған ұзынтұра сары неміс отырған орнынан ұша жаздап, шыр-пыр болды да қалды. Аты кім еді, ұмытып қалыппын, жаңа ғана тілімнің ұшында тұр еді. – Карл емес пе? – деді Дархан елең етіп. – Иə, иə, дəл өзі. Əйелі де сондай жақсы адам, қазақшаға судай ағып тұр, əнді аңыратқанда, бəріміз далада қалдық. – Жаңалықтың көкесі сенде екен ғой, құрдас, – деді Дархан шешесі ұл туғандай қуанып. – Айтпақшы, ауылға қашан жүргелі отырсың? – Құдай қаласа, ертең жол жүремін, кешкі пойызға билет алып қойғанмын. – Олай болса, билетіңді қайта тапсыр. Елге менің көлігіммен бірге барамыз. Сонау Германиядан қайта оралған досыма сəлем бермей, тым-тырыс жатқаным жарамас. Сенің айтқаның дұрыс болды, – деді Дархан аяқ асты шешім қабылдап. – Опырым-ай, ə! Неміс досыңды айтып едім, бір орныңда тыпыршып, отыра алмай кеттің ғой, құрдас, – деді Келдібек қайран қалып. – Сөзіңе қарағанда Карл деген анау-мынау неміс болмады ғой. – Иə, Карл тегін неміс емес. Ондай ақ жүректі адамдар жер бетінде өте аз. Амандық болса, ертең ол туралы жол үстінде айтып, құлағыңның құрышын қандырамын. Ертесіне Дархан мен Келдібек ертелетіп, арайлы Алматыдан шырайлы Шымкентке аттанып кетті. ҰЛЫМДЫ ІЗДЕП ЖҮРМІН
Түсіме жарты жыл бұрын жол апатынан қайтыс болып, қыршын кеткен ұлым кіріпті. Ақтұманды далада адасып жүр екенмін. Айналаның бəрі əппақ, меңіреу тыныштық орнаған. Мылқау үнсіздікті жанұшыра айқайлаған менің қарлыңқы даусым əлсін-əлсін бұзады. Кенет, біреу дəл қарсы алдымнан қараңдап, ақтұман қақ жарылып ашылды да жаныма, Арман жақындай берді. Түсі бір түрлі суық, өзі бірдеңеге қапаланып тұрған сияқты. – Көке, мұнда қайдан адасып жүрсің, – деді ол сабырлы қалпын сақтап, – жүріңіз, мен сізді үлкен жолға дейін шығарып салайын. Ұлым қолымнан ұстап, үндемеген күйі жетектеп қара жолға алып келді. Қайдан тап болғанын кім білсін, күнделікті мінетін жеңіл мəшинем сол жолдың шетінде тұр. – Көке, – деді Арман біртүрлі мұңайып, – ары қарай өзіңіз кетерсіз, маған баруға болмайды. Бұдан кейін енді кездесеміз бе, жоқ кездеспейміз бе, оны бір құдайдың өзі біледі. Көңілімде жүрген бір сөзім бар еді, соны айтайын. Кім өзінің туған əкесі мен шешесін жамандағанды жақсы көрсін. Бірақ, амал не, мамам екеуің мансап пен қызметті əрдайым бірінші кезекке қойдыңдар. Одан кейінгі сыйынатын құдайларың – дүние мен ақша болды. Мансап пен қызметтің қолдың кірі екендігін, дүние мен ақшаның кəдімгі боқ екендігін осы күнге дейін түсінбей келесіңдер. Біздің үйде үш бірдей шетелдік жеңіл мəшине барлығы сендер үшін мақтаныш еді. Менің түбіме жеткен сол төрт дөңгелектің бірі емес пе? Теміртерсек, байлық деген не, солардың орнына соңымнан ерген үш бауырым болғанда ғой, шіркін! Иə, олар болғанда шаңырағымыз мазарға айналмай қуаныш пен шаттыққа, береке мен бақытқа бөленер еді-ау! Қайран-ай десеңші! Іні-қарындастарым болғанда жалғыздан-жалғыз жетімсіреп жүрер ме едім? Мамам екеуің де жер ортасына келгенде қайғыдан шөгіп қалмаған болар едіңдер. Бірақ, айттым не, айтпадым не, тым кеш, көке, тым кеш. Қош, бол! Ащы шындықты айтып, бетімді шыжғырдың деп сөге көрме! Иə, енді
біз кездеспейміз, мен мүмкін құдайға керек болған шығармын. Қош бол, көке! Өкпелеме маған! – деп Арман ақтұманға кіріп жоқ болды. – Арман! Тоқташы құлынтайым, соңымнан ерген жалғызым! Əкеңді осылайша еңіретіп-жылатып кеткенің бе? Ағыл-тегіл жылаған күйі баламның соңынан тұра жүгірдім. Бірақ, ол артына бұрылған жоқ... Түсімнен шошып ояндым. Əйелім баласының өлгеніне əлі де сенбей суретіне телміре қарап отыр екен, бүгін бұрынғыдай ауық-ауық күрсінбейді де. Жүрегіме біреу біз сұғып алғандай ауырып, жаңа тəулік енді басталса да айналамның бəрі қаңырап бос қалғандай болып, бүкіл дүние жетімсіреп қоя берді. Көңілім өзінен-өзі біртүрлі алаңдап, қызметіме ықылассыз жинала бастадым. Уайым мен қайғы жанымды жегідей жеп, өтіп жатқан уақытқа да онша зер салмаған екенмін. Көктем күшіне кіріп, көшедегі өрік ағаштары гүлдеп үлгіріпті. Бұрын осы сұлу көріністерге қарап тұрып, жүрегім ерекше бір нұрға бөленуші еді, ал, бүгін бүкіл əлем сұп-сұр түске айналып кеткендей. Қызмет мəшинемнен түсіп, жұмыс атқаратын мекемеге жаяу бет алдым. Таза ауада бой жазып, бүкіл тұла бойымды басып тұрған зіл ауыр ойды ысырып тастағымақ келді. Бірақ, оным бос əурешелік екен, түнде көрген түсім сол қалпында елестеп, денем түршігіп қоя берді. Өзімнен-өзім сенделіп келе жатып, əбден қурап, құлайын деп тұрған үлкен қара ағашқа көзім еріксіз түсті. Өзімді енді өсіп-өнбейтін, жапырақ жайып көгермейтін сол кəрі қара ағашқа теңеп, көңілім біржолата құлазып кетті. Бірте-бірте қорғасындай болып ауырлап бара жатқан ойымды біреудің: «Сəлеметсіз бе, Қайсар аға?» – деген даусы бұзып жіберді. Тез есімді жинап алдым, дəл қарсы алдымда сымдай тартылған жап- жас жігіт тұр екен. – Амансың ба, қарағым, – дедім ұсынған қолын алып. – Кімнің баласысың? Айып ете көрме, танымай тұрмын, айналайын. – Біздің кішкентай ауылдан шыққан үлкен ғалым, академик деп əкем сізді үнемі үлкен мақтанышпен əңгіме етіп отырады. Мен Ерубайдың
баласымын. Өзімнің атым – Асқар. Амандық болса биыл университетті бітірейін деп отырмын. Сізді көріп, амандасқанды жөн көрдім, уақытыңызды бөлгеніме кешірім сұраймын, – деді бейтаныс жас жігіт өзін таныстырып. – Еш оқасы жоқ, танып сəлем бергеніңе рахмет! Жасың ұзақ болсын, балам! – дедім түсімді жылытып. – Айтпақшы, қай факультетті бітіргелі отырсың? – Болашақ физик-математикпін. Ұстаздарым жоғары оқу орынын бітірген соң аспирантураға қалғаның жөн болар деп отыр, – деді жерлесім жөнін айтып. – Пəлі, онда екеуміз əріптес болып шықтық, – дедім жымиып. – Айтпақшы, əкең қандай, аман-есен бе? Ерубайды көрмегелі қай заман! Асылды да көрмегелі көп болды, денсаулығы жақсы болып кетті ме, ауырып жүр деп естіп едім? Жаңа ғана жадырап тұрған жігіттің аққұба өңі соңғы сөзді естігенде біртүрлі қуарып сала берді. – Анам осыдан екі ай бұрын қайтыс болған. Естімеген екенсіз ғой,– деді Асқар мұңайып. – Солай ма еді, шырағым! Айып ете көрме, шынында да естімеген едім, арты қайырлы болсын! «Қайран, Асылым! Сенде бұл өмірден өтіпсің-ау жұлдызша ағып өтіп», – дедім іштей ауыр күрсініп. – Иə, апам жақсы адам еді. Сізді ел азаматы деп сыртыңыздан мақтаныш тұтатын. Алғашқы рет кездесіп тұрса да, мені біртүрлі жақын тұтып, анасына деген жүрек түбіндегі сағынышын айтып тұрған жас жерлесіме қарап тұрып, кенет бір үлкен ұқсастық тапқандай болып, өзімнен-өзім селк ете қалдым. Жаңа ғана тұла бойымды билеп алған аянышты ойламаған жерден пайда болған таңдану сезімі жеңіп бара жатты. «Ойпырым-ай! Алдымда тұрған жігітті қайдан көрдім осы?!» – дедім іштей күбірлеп. Есіме сонау студент кезімде түскен бір сурет сап етіп түсе кетті. Асқарға тағы да ұрлана көз тастадым. Құдайдың құдіреті, көше
үстінде ойламаған жерден кездестірген мына жігіт сол суретімнен айнымайды-ау, айнымайды. Жүрегім аузыма тығылып, есімнің шығып кеткені соншалық, мені біреу қуып бара жатқандай Асқармен асығыс қоштасып, жұмысыма қарай дедектей жөнелдім. Жұмыс кабинетіме қалай кіргенімді де білмеймін. Хатшы қызды асығыс шақырып, бүгін ешкімді қабылдамайтынымды шегелеп тұрып ескерттім. Жұмыс істемек болып, алдымда жатқан қағаздарды қарастырып көріп едім, оным бос əурешілік болып шықты. Көңілімнің алаңдауы күшейіп, жүрегімнің соғысы жиілеп кетті. Бір қуаныш пен бір қорқыныштың жетегінде отырып, сағым құсап, бірте-бірте бұлдырап алыстап бара жатқан жастық шағымды, жүрегіме мұң болып ұялап қалған алғашқы махаббатымды есіме алдым. Мен мектепті бітіргенде Асыл əлі бесінші класта оқитын. Əкелеріміз соғыста бірге болғандықтан жиі- жиі араласушы едік. Тұлымшағы селтиген бота көз кішкентай қызды өзімнің туған қарындасымдай жақсы көруші едім. Асылдың да маған деген көңілі ерекше алабөтен болатын-ды. Бес жылдай Мəскеуде оқуда, үш жылдай Ленинградта аспирантурада болып, арада талай жылдар өте шықты. Кандидаттық ғылыми дəреже қорғап, Алматыға қызметке жаңадан ауысып келіп жатқан бетім еді. Бірде орталық почтаға барып, өзіме хат-хабар қарап тұрғанмын. Ту сыртымнан біреудің тесіле қарап тұрғанын сезіп, жалт қарадым. Сол-ақ екен мөлдіреп тұрған бір əдемі бойжеткен жаныма жақындай беріп, «Қайсар аға!» деп мені құшақтай алды. Сонда ғана барып оның Асыл екенін таныдым. – Айналайын-ау, шынымен-ақ Асылмысың?! Амансың ба, көкем? – дедім сұлу бойжеткенге сүйсіне қарап. – Түу өзің қандай сұлу болып кеткенсің. – Кішкентай қыз өспей ме, көкейіңді теспей ме? – деді Асыл əзілге басып. Сегіз жылдан соң Асыл екеуміз осылай кездесіп едік. Алғашқыда аға- қарындастай болып жүрсек те, бұл қарымқатынас бірте-бірте шынайы сезімге айналып бара жатты. Арада жарты жылдан соң екеуміз тұрмыс құрмақ болып, ата-аналарымыздың алдынан өтіп, бата алуды жөн көрдік. Сол жылы Асыл шетел тілдері институтының үшінші
курсының студенті болатын. Ол сабақтан сұранып, ауылға бір апта ерте баратын болды, араға екі-үш күн салып, мен де елге жүрмекші едім. Ойымда ештеңе жоқ, уəделі күні жолға жинала бастадым. Теміржол бекетінде мектепте бірге оқыған құрдасым Келдібектің кездесе кеткені. Аузын ашса көмейі көрінетін құрдасым түбі түскен шелек құсап даңғырлап, елдегі бар жаңалықты айтып жатыр. – Айтпақшы, ауылдағы тауық фермасының қарауылы Қуандықты білесің ғой, – деді Келдібек ауылдың тағы бір жаңалығын бастап. – Сол шалдың Ерубай деген баласы бар. Сен оны танисың, бізден үш класс төмен оқыған, қазір ауылда менімен бірге шопыр болып істейді. Өзі үндемей жүріп бəле екен, осыдан үш күн бұрын Үмбетбайдың Алматыда оқитын Асыл деген қызын алып қашып кетті. – Не деп кеттің, – дедім сенер-сенбесімді білмей. – Асылды алып қашып кетті дейсің бе?... – Жаңа айттым емес пе, ол баланы бала емес бəле деп. Асылды аудан орталығына апарып тастаймын деп, үйінен бір-ақ шығарған. Сол түні- ақ қыздың бар шаруасын бітіргенге ұқсайды, қыз байғұс жылап- жылап қалыпты. Өзі үріп ауызға салардай қатқанский қыз еді. Ештеңеден хабары жоқ ақкөңіл жолдасым бар жағдайды айтып, əңгімесін алаңсыз соғып тұр. Біреу басымнан балғамен соғып жібергендей мең-зең хал кештім, ішім қызғаныштан өрт болып жанып барады. – Келдібек, жүр буфетке барып арақ ішейік, – дедім. – Көптен бері кездесіп тұрғанымыз осы ғой. – Қарсылық жоқ, – деді ол сойдақ-сойдақ тістерін ақситып күліп. Буфеттен шыққан соң Келдібекті пойызға дейін шығарып салып, өзім перронда қалып қойдым. – Қайсар, неғып тұрсың, тезірек вагонға мінсеңші, – деді ол қолын созып. – Мен ауылға бармайтын болдым, елге сəлем айт. Қош бол! Билетімді қақ бөліп жырттым да, шұғыл бұрылып жүре бердім. Осы кезде пойыз да орнынан қозғала берді.
– Қайсар, саған не болып қалды? Əлде маған өкпелеп қалдың ба? Түсінсем бұйырмасын! Келдібек соңымнан жанұшыра айқайлады. ...Арада бір ай өткен соң ойламаған жерден Асылдың өзі мені іздеп келді. Ол маған біртүрлі состиып қарап тұрып қалды. Аз уақыттың ішінде жүдеп-жадап кеткен, тек бақырайған көздері қалыпты. Ол мені бас салып құшақтап, жылап жіберді. – Қайсар, мені кешір! Естіп жатырсың ғой, жағдай осылай болды. Құдай кішкентай ғана бақытын екеумізден аяды, қайтемін енді. Өлтірсең де алдыңа келіп тұрмын, не істесең де еркің. Мен не деймін, бəрін іштей сезіп тұрмын. Бірдеңе деп жұбатайын десем, аузыма сөз түсер емес. – Қарғаға қор болған аққуым-ай! – деп құшағыма құлап тұрған келіншекті аймалай бердім... Асыл екеуміз он тəулік бірге болдық. Екеуміз де махаббаттың бас айналдырар шарабынан тартынған жоқпыз. Екеуміз де бір-бірімізге ессіз берілдік... Он бірінші күні Асылды теміржол бекетінен шығарып салдым. – Қайсар, – деді Асыл қоштасарда, – мен оқуымды облыс орталығына ауыстыратын болдым. Құдайдың пешенеме жазғаны осы болар, тағдырдың тəлкегіне көнбей қайда барамын. Иə, білемін, сен мені сүйесің. Бірақ, сенің теңің емеспін. Қайсар деген атың бар, досқа таба, дұшпанға күлкі болма! Мен де сені өмір бойы жақсы көріп өтемін, сенімен болған он күнім бүкіл ғұмырға жетеді. Мені енді көрмейсің, сен де мені іздеме! Бұл соңғы кездесуіміз екеуміздің! Ол жылап тұрып, мені соңғы рет сүйді. Осыны күтіп тұрғандай-ақ пойыз орнынан қозғала берді. Ең соңғы вагон көзден ғайып болғанша перронда қалшиып жалғыз тұрдым. Шын бақытымнан айырылғанымды, енді онымен ешқашанда жолықпайтынымды алдын- ала біліп, бүкіл ішкі дүнием астан-кестен болып кетті.
Тірі адам тіршілігін жасайды емес пе? Үш жылдан соң астанада тұратын бір үлкен шенді-шекпендінің жалғыз қызына үйлендім. Сол- ақ екен тасым өрге қарай өрмелеп жүре берді. Отау тіккенімізге екі ай өтпей жатып, қаланың ортасындағы үш бөлмелі, барлық жасауы бар жайлы пəтерге көштік. Көп ұзамай-ақ докторлық ғылыми дəрежемді мерзімінен бұрын қорғап, білдей жас профессордың бірі атандым. Атақ-даңқ, ағыл-тегіл дүние кімнің басын айналдырмаған. Бірте-бірте маған да желік пайда болып, ыңыранып сөйлейтін болдым. Ғылымға деген дарын мен қабілетімді атаққұмарлық пен дүниеқоңыздық бірте- бірте жеңіп, осы екі жаман қасиеттің құлына айналғанымды өзім де аңғармай қалдым. Қазір де өте беделді ғылыми орталықтың дүрдей бастығымын, бəрі де ашсам – алақанымда, жұмсам – жұдырығымда. Соңғы кезде ғылымға берілген біраз адал достарым теріс бұрылып кетті, ал дарынсыздар мен жағымпаздар əлі де есігіме тыныштық бермейді. Иə, қамшының қысқа сабындай өмір болса өтіп барады. Қарап отырсам елудің қырқасынан асып, ел ағасы болыппын. Бірақ, ғылым əлемінде тындырғаным шамалы екен. Сырт көзге мүйізі қарағайдай академиктің бірімін. Өңшең дарынсыз, жүрген бір бос кеуде деп басқаларды сынағанда алдына жан салмайтындардың біреуімін. Осы жылдардың ішінде өзім шұғылданып жүрген ғылым саласының дамуына не үлес қостым осы? Түкке тұрмайтын нəрселерге малданып, алтынға пара-пар уақытымды босқа өткізіп алыппын. Өткен күнге көз жүгіртсем адам баласына жасаған жақсылығым саусақпен санарлықтай екен. Адамдар соңғы кезде бір-біріне қайырымсыз, мейірімсіз, тасбауыр болып бара жатыр деп айқайлайтынның біреуі өзіммін. Көп заттың тұтқасын ұстап тұрсам да, кімге қол ұшын бердім, кімге көмектестім? Басқасын айтпай-ақ қояйын, жарты күндік жердегі туған ауылыма бармағаныма, атабабаларымның басына құран оқытпағаныма он жылдан асыпты. Бар үмітім, қуанышым, өмірімнің жалғасы жалғыз ұлым еді, Алла Тағала оны да менен артық көріпті. Енді өкін, өкінбе не! Қазір даңғарадай үйде жұбайым, итім үшеуміз тұрып жатырмыз.
Көптен бері мазалап, жанымды жегідей жеп жүрген ауыр ойымды кабинетке имене кірген хатшы қыз бөліп жіберді. – Қайсар Елубаевич, айыпқа бұйырмаңыз, мына хат сіздің атыңызға келіп еді, сол кезде ұлыңыз қайтыс болып, жұмыста болған жоқсыз. Соңынан мен ұмытып кетіппін, ол үшін сізден кешірім сұраймын! – деп Жамбылдың суреті салынған конвертті ұсына берді. Хат Асылдан келген екен. Асығыс ашып оқи бастадым. Маржандай тізілген таныс əріптер көзіме оттай басылды. «Амансың ба, Қайсар! – деп басталыпты хат. – Менің бұл сəлемдемемді алып, таң-тамаша қалуың ғажап емес. Саған хат жазу маған оңайға тиген жоқ. Мың ойланып, мың толғанып, осы жолдарды қағаз бетіне түсіруді жөн деп шештім. Уақыт неткен жүйрік еді! Екеуміздің бір-бірімізді көрмегенімізге жиырма екі жыл болыпты. Əйтеуір, сыртыңнан əрқашанда тілектеспін! Мен бейбақтың қолынан басқа не келеді. Ал маған келетін болсаң, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей қоңыр өмір кешіп жатырмын. Бір өкініштісі, соңғы кезде денсаулығым сонша болыңқырамай жүр. Үш айдан бері облыс орталығындағы онкология ауруханасында жатырмын, екі апта болды тамағымнан ас өтпейді, құр су ішемін. Бəрі көңілімді жұбатып, алдағылары келеді. Ал, өзім болсам тұз-дəмімнің таусылып келе жатқандығын іштей сеземін. Артымда бес – ұл-қызым қалып барады. Олардың қызығы маған, сірə бұйырмас болар. Мені қойшы, көретін қызығымды көрдім ғой, соңымнан қалып бара жатқан құлындарымды ойласам көкірегім қарс айырылады. Заман болса мынау, ауыл тіпті жүнжіп кетті. Əсіресе, Алматыда оқып жүрген Асқарымды ойласам жанымды қоярға жер таппаймын. Қайсар! Өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатып, ешкімге тіс жармаған құпия сырымды айтпасқа амалым қалмады. Сен оны білуге тиіссің. Асқар сенің ұлың! Құдай бəле-жаладан сақтаса, биыл оқуын бітіреді. Өзіңе тартқан, өте дарынды бала. Бір қызығы: Асқар да болашақ физика-математика маманы. Жүрегі бірдеңені сезе ме, ылғи сені сұрайды. Біздің жерлесіміз, үлкен ғалым деп сыртыңнан мақтаныш тұтады. Осындайда оңашада ешкімге көз жасымды көрсетпей сығып-сығып аламын. Жалған-ай десеңші! Бұл менің ең соңғы өтінішім болсын! Тұңғышымды өзіңе аманат етіп тапсырдым, бөтен емес, өз қаның ғой,
сыртқа теппе, қамқор болғайсың! Қош, сау бол! Сəлеммен, Асыл». Хатты оқып болған соң шай қайнатым мезгіл есімді жия алмай отырдым. Жүрегім қан қақсап, қоңырауды үстінүстіне басып, хатшы қызды шақырттым. – Мəшине қайда? Тез келсін! Менің əмірлі де қатқыл даусыма хатшы қыз таңдана қарап қалыпты. Көп ұзамай асығыс төмен түстім. – Ұлттық университетке тарттық! – дедім артқы орындыққа тез отырып. – Жылдамырақ жүр! Мына кісіге бүгін не болған дегендей шопыр бала біресе маған, біресе мəшине атаулы быжынап кеткен жолға қарады. Жоғарғы оқу орнына кіре берісте таныс профессордың бірі менімен бетпе-бет кездесіп қалды. – Қайсар Елубаевич, мұнда жайша жүрсіз бе? – деді ол менімен амандасып. – Ұлымды іздеп жүрмін... Əріптесім маған біртүрлі таңдана қарап қалыпты. Осы кезде лып етіп лифті келе қалды. Мен оның қызыл түймесін басып, асығыс жоғары көтеріле жөнелдім... АҚЛАҚ Кешегі жауыннан кейін ақбөкендер мекені – ұшы-қиыры жоқ шексіз дала ұйқыдан оянған ару қыздай сергіп, құлпырып шыға келген. Айнала жасыл шалғын мен гүлге оранып, күннің шыққанына қуанған көбелектер бір-бірімен жарысып, қалықтап ұшып жүр. Өзінің туыстас ақбөкендермен бірге жайылып жүрген Ақлақ осы сұлу көріністердің бəріне қуана қарап, жас балаша секіріп-секіріп қояды. Киіктің лағы жаңбырдан кейінгі əсем далаға, мейірім шуағын төккен күнге, қалықтап ұшып жүрген көбелектерге керемет бір еркелеп қарайды.
Осы бейбіт көріністерді дүрс ете қалған бір зат тың жағымсыз даусы бұзып жіберген. Сол-ақ екен, ақбөкендер үйірі шошына елең етісіп, үрпиісе қалды да, бірін-бірі итермелеген күйі беттері ауған жаққа дүркірей жоса жөнелісті. Алғашқыда не болғанын онша аңғармаған Ақлақ үйірлестеріне қосылмай таңдана қарап қалған болатын. Ақбөкендерді соншама қатты қорқытып шошытқан нəрсе – жүйіткіп келе жатқан төрт дөңгелекті зат болып шықты, өзінің үсті ашық, онда қолдарына темір тұтқа ұстаған адамдар отыр. Иə, адамдар! Ақлақ туған бауырларын көргендей қатты қуанды. Жосыла көшіп, тұяқтары күннің сəулесімен жарқ-жұрқ етіп қашып бара жатқан киіктерге: «Ау, бауырлар, қорқау қасқыр көргендей сендерге не болды соншама қорқып? Бұлар адамдар ғой, адамдар! Олар нағыз қайырымды жандар, мені ажалдың аузынан аман-есен алып қалған солар!» – деп соңдарынан айқай салғысы келді. Осының бəрі қас қағым сəтте болған еді, енді бір қараса əлгі төрт дөңгелекті зат жанына таяп қалған екен. Ақлақтың тез аңғарып қалғаны: қолдарына темір тұтқа ұстаған адамдар бір жыл бойы өмір сүрген кішкентай ауылдың тұрғындарына мүлдем ұқсамайды, түстері суық, көздері қанталап кеткен, ауыздарынан будақ-будақ етіп түтін шығады. Бəрі де бір ауыздан келісіп алғандай сұқ саусақтарымен Ақлақты шұқып көрсетіп, келекекелемеж қылғандай кəдімгі қара қарға құсап қарққарқ күледі. Алғашқыда шын қуанған Ақлақтың тұла бойын бір үрей билеп, бірте-бірте алыстап бара жатқан ақбөкендерге қарай тұра кеп қашты. Бірақ, əлгі адамдар соңынан қалатын түрі жоқ. Жердің апшысын қуырып, өкшелей қуып келеді. Адам атаулыдан тек жақсылық көрген Ақлақ əлі де болса оларды жамандыққа қимағандай. Ой, жалған ай! Дүние кезек деген осы болар шамасы. Былтырғы ақпанның қақаңдаған қара суығында тағдыры қыл үстінде тұрғанда адамдардан қалқан, жылы ұя тапса, енді сол адам атаулыдан зəре-құты қалмай қорқып, жанталаса қашып келе жатқаны мынау. Қолға бір түссе жаны аман қалмайтындығын жүрек құрғыр сезіп келеді. Ақлақ шырылдаған жанын шүберекке түйіп, қашып келе жатып, өзі өскен ауылды, сондағы мейірімді адамдарды есіне алды. Аман қалған киіктердің айтуына қарағанда, өткен доңыз жылы ақбөкен атаулыға өте ыңғайсыз, қиын жыл болса керек. Мұндай
түтеген ақ боран мен қылышынан ызғар тамған сары шұнақ аязды талай жасаған ата киіктердің өздері де бұрын-сонды көрмепті. Сарыарқадағы ақбөкен біткен ата-мекендерін тастап, оңтүстікке қарай дүркірей ауып, көшуге мəжбүр болады. Сол азапты сапар үстінде киіктердің жартысына жуығы аштық пен суықтан қырылып, жол бойын өлік қаптап кеткен екен. Ақпанның бір қара суық күні кішкентай ауылдың шетінде дүниеге шыр етіп келгені Ақлақтың əлі есінде. Сондағы анасының көздері боталап, өзіне ерекше бір іңкəрлікпен қарағанын, əлі шуы түсе қоймаған денесін мейірлене жалағанын өмір бойы ұмытпайтын шығар. Тағдыр тауқыметінен əбден шаршап-қалжыраған анасы байғұс өзегін жарып шыққан тұңғышына уыз сүтін беруге де, тіпті тұяқ серпуге де əлі келмей сол жерде жанын тапсырып, көз жұмды. Дүниеге келмей жатып жетім қалған құралай кішкентай аяқтарын тəй-тəй басып, анасын жоқтап, маңырап-жылап тұрғанда, оны ауылдың балалары көріп қалып, бір жылы затқа орап, үйге əкеліп еді- ау сонда! Асыл айтып керегі не, оны бүкіл ауыл болып жақсы көретін. Бала біткен таласып, кішкентай аялы алақандарымен маңдайынан сипайтын, үлкен де, кіші де бар жылы жұмсағын аузына тосып, қатты еркелетуші еді. Ауыл адамдарының бұған «Ақлақ» деп ат қойып, мойнына тұмар таққанын ол қалай ұмытпақ. Осылайша алаңсыз бір жыл зу етіп өте шыққан. Бірде ауыл шетіне қозылармен бірге шығып жайылып жүргенде өзінің қандас туысқандары – ақбөкендерді көріп, аңтарыла қарап тұрып қалды. Ақлақ киіктер сияқты еркіндікті аңсады ма, жоқ əлде қаны тартты ма, өзі де білмей, соларға ілесіп, өзін бауыр басып кеткен кішкентай ауылдан, мейірімді адамдардан ұзай берген. Осы күнге дейін кішкентай ауылды ойласа Ақлақтың жүрегі сағынышқа толып, елжіреп қоя береді. Ақлақтың ойын тарс-тарс еткен үрейілі, əрі құлақ тұндырар дауыс бұзып жіберді. Сол-ақ екен құйрық жағы тыз етіп, етін біреу кесіп алып, тұз сепкендей ашып қоя берді. Жанталаса қашып келе жатып, артына бұрылып қарады, төрт дөңгелекті зат мінген адамдар жанына таяп қалыпты. Аспанға қарғып, ауа қармап алған Ақлақ жұлдызша
ақты. Тақтайдай теп-тегіс даламен зымырап келе жатқан адамдар да жанталасып қалар емес. Əлгі тарс-тарс еткен қорқынышты үн тағы да естіліп, кенет тұла бойы ұйып кеткендей болды. Бар күшін жинап алға ұмтылғысы келді, бірақ бүкіл бойынан күш-дəрмен кетіп, аяқтары дірілдеп, Ақлақ омақаса құлады. Денесінің ауырғанына қарамастан тағы да күш-қажырын бойына жиып, есін жинағанда оған əлгі адамдар жан түршігерлік кейіппен төне қарап тұр екен. Төртбақ, бұжыр-бұжыр бетті келген біреуінің қолында жүзі қылшылдаған өткір қанжар. Ақлақ тітіркеніп бүкіл тұла бойы қалшылдап қоя берді. Ол «Адамдар-ау, не істегелі тұрсыңдар?! Менің не жазығым бар еді сендерге?! Сендердің қолдарыңнан тек жақсылық пен мейірімділік келмеуші ме еді, бұларың қалай? Шынымен-ақ мені құрбандыққа қиғандарың ба?» – деп жанұшыра айғайлағысы келді. Əлгі төртбақ, бұжыр бетті, түсі суық адамның еш нəрседен тайынатын түрі жоқ. Екі көзі қанталап, қолындағы алмас қанжарымен Ақлақтың тамағынан шалып кеп жіберді. Ақлақ қырылдай ышқына дем алып, соңғы рет аспанға қарады. Аспан шайдай ашық екен. Əне, түк болмағандай қос көбелек бір-бірін қуып ұшып барады. Дəл құлағының түбінен шегірткенің шырылдағаны естілді... ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЫЗҒАРЛЫ КҮНІ Бекболат қызмет орнынан шығып, автобус аялдамасына келгенде əдеттегідей көлік күтіп тұрған халық көп екен. Сағат алтыдан енді ғана аса бастаса да қараңғылық бірте-бірте қоюланып келеді. Желтоқсанның ызғарлы қара суығы онсыз да берекесі қашып тұрған жолаушылардың екі аяғын бір етікке тығып, қысып барады. Зарыға күткен автобус та көрініп, аялдамаға тоқтай бергенде адамдар бірін- бірі баса-көктеп, лап берісті. Қалың нөпірдің дəл ортасына түскен Бекболат та ескі көліктің бір бұрышына ілікті-ау, əйтеуір. – Ойбай, аяғымды жаншып кеттіңіз! – Абайламайсың ба, қабырғамды сындыратын түрің бар ғой! – Автобус ұнамаса, такси ұста!
Бұның бəрі Бекболаттың күнде естіп жүрген сөздері, еті əбден үйреніп кеткен. – Бүгінгі жастарды қойсайшы, шеттерінен ұятсыз! Біз бұларды жаудан қорғадық, олар үшін суға да, отқа да түстік. Ал, олар болса орын беруге жарамайды, əй, иман жоқ бұл жастарда... Шіңкілдей шыққан жіңішке дауыс бейқам тұрған Бекболатты елең еткізді. Ол үрейлене жалт қарады, иə, қателеспеген екен, дəл соның өзі, баяғы айыптаушы прокурор, Бекболаттың құлағы шуылдап, басы шаншып ауырды. Еріксіз бүкіл əлемді дір еткізген сол атақты желтоқсанның ызғарлы күндерін көз алдына елестетті. ...Сол жылдың желтоқсаны қанша ызғарлы болса да Бекболат ерекше бақытты еді. Осыдан үш күн бұрын дүниедегі ең аяулы жаны Ажармен бас қосып, Алматының дəл іргесінде жатқан ауылдағы əкесінің қара шаңырағына келін етіп түсірген болатын. Анасы қуаныштан көзіне жас алып, келіні мен баласының бетінен шөпілдетіп сүйе берді. Үлкен бақыттан есі шығып кеткен, қайтақайта сүрініп құлап кете жаздайды. – Ұзағынан сүйіндірсін, бақытты болыңдар, айналайындар, Алла тағала сендерді тіл мен көзден сақтасын, құдай осы қуанышымды көп көрмесін! – дейді біресе күліп, біресе жылап. Күйеу жігіттің жүрегіне анасының соңғы сөзі дық ете қалған, сөйтсе ана жүрегі сезген екен ғой бір пəлені. Бекболат ертесіне той қамымен қалаға келген. Өзі қызмет атқаратын газет редакциясына кіріп шықты. Содан соң республикалық радиоға соқпақ ойы бар еді. Бейбітшілік жəне Абай көшелерінің қиылысында оны ерекше тосын оқиға қарсы алды. Бүкіл көлік тоқтап қалған, халық деген құмырсқаның илеуіндей. Қолдарына «Лениндік ұлттық саясат жасасын», «Əр мемлекеттің өз көсемі болсын», «Қазақты – қазақ басқару керек» деген ұрандары бар жастар «Елім-айды» күңіренте айтып, үлкен алаңға ағылып барады. Бекболат та қызық көріп, көпшілікке ілесе берген. Аумағы атшаптырым алаңға халықтың осыншама көп жиналғанын Бекболат
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266