Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Published by Jannat Firdays, 2022-01-23 13:33:45

Description: Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Search

Read the Text Version

құлады. Аюдың жұлын омыртқасы үзілген еді, ол ақыра өкіріп, алдыңғы аяғымен далбасалап шөпте домалап жатыр. Иттер оның қимылсыз артқы аяғына жармасты, Горохов үлкен бір оқты сол жақ бүйірінен қадалтты. Бірнеше минуттан кейін бұрқыраған қаны шөпті жуып, алып дене қимылсыз жатты. Бір-бір құшақ отын алып, Горюнов пен Костяков та жетті. Бәрі аюды қоршап алып, оның орасан дәулігіне таңырқасты: ол өздеріне таныс кәдімгі коңыр аюдан бір-жарым есе үлкен екен, азуының ұзындығы он сантиметрден асады. – Осы жолы оңай құтылған екенбіз! – деді Горюнов. – Жарылған бір қоржын мен иттің жарақатынан зорырақ садақа беруге тура келетін еді. Шынында да, аю аласұрып жүріп аяғымен Белуханы бүйірден періп қалған екен, қанталап шыға келіпті. Қазір ит жеңіл жараны өзі жалап, емдеп жатыр. – Алда бұл бізге сабақ! Заттардың жанында мылтығын сайлап біреу қалуы керек қой, – деді Ордин. –Алып жыртқыштың арқасына балта қадау сәті ылғи түсе бермейді. – Оның табанына бір түссең, тірі кете алмайсың! – деді Горохов аюдың терісін сыпыруға кірісіп. Ордин аюдың тұрқын өлшеп, қас қарайып суретке түсіре алмағанына өкінді. Заттарды басқа жерге көшіруге тура келді, себебі аю етінен сүйкімсіз бір иіс шығып отырғызбады. Бірақ ол иіс иттердің етке мелшектей тоюына еш бөгет болған жоқ. Түн мазасыз өтті. Иттер қайта-қайта шәуілдеп тынған жоқ, олардың неменеге абалағанын айыруға түн ортасына таман алаңқайды тұмшалап тастаған соқыр тұман мүмкіндік бермеді. Жүз қадамдай жерде қалған өлімтіктің тұсынан сылпылдаған жүріс, ырылдаған дыбыс, күтірлеген сүйек үні келіп, бәзбір түнде жортар жыртқыштар мәре-сәре болып жатты. Алагеуімде Горохов аюдың сүйегін ғана тауып, бұл жақындай бергенде тура тартқан екі үлкен қасқырды көріпті. 101

Ол күні желдің әсерінен тұман ерте сейіліп, жиһангездер терістік-батыс бағытындағы жолын әрі қарай жалғады. Қайтар жолда ала кетпек оймен аю терісін Горохов баурайдағы екі ағаштың арасына керіп жайып кетті. Көлі бар тағы да екі алаңқайдан өтті, екіншісіндегі тұнбадан түзілген ақ төбеден бу көптен бері атылмаса керек, айналасын қына басып кетіпті. Үшінші алаңқайға шыға бергенде қарсы жақтан адамдардың даусы естілді. Алайда иттер абалай қоя беріп еді – дауыс бірден сап болды. Алаңқай арқылы кішірек көлді айналып өтетін соқпақ жол жатыр, жағадағы дымқыл топырақтан аяғында жұмсақ торбас бар адам ізін оңай айыруға болады. – Мыналар ма, тас дәуір адамдары емес, – деді Горюнов. – Тегі, олар әлі де жалаңаяқ жүрген шығар. – Аяғына кигендері терістіктің тұрғылықты халқынікі сияқты болса, оларға туыс боп шығады ғой, ендеше, олармен кездесуден тайқақтамау керек, – деп нығарлай түсті ойын Ордин. Қамысы қарсы алдағы алаңқайды көлегейлеп тұрған көлді айналып келесі бетке шыққанда төбесі түтіндеген жап-жасыл адыр көзге түсті. Төбе маңында адамдар жүр, біреуі биікке шығып, алаңқайды шолып тұр. Көл сыртынан келе жатқан жиһангездерді көріп, ол қалғандарына хабарлады оны, сөйткенше болған жоқ, отыз адамнан құрылған жасақ алқапты ала тізіліп, бұларға қарсы жүрді. Жақындағанда барып байқады, бәрі де қаруланған екен: әрқайсысы оң қолына ұзын найза ұстапты, сол қолында – садақ, арқасында жебеге таққан қауырсын көрінеді. Жиһангездерге жүз қадамдай қалғанда жасақ қалт тоқтап, зады, көсемі болуы керек, жолмен келе жатқан біреуі қолын көтеріп, айғай салды. – Анау не айтып тұр? Қай тілде сөйлейді өзі? – деп сұрады Горюнов Гороховтан. 102

– Чукот тіліне ұқсас сияқты, – деп жауап берді Никита. – Бейбіт адам болсаңдар, екі қолдарыңды да көтеріңдер деп бұйырады. Жиһангездер қолын жоғары көтерді. Жасақ сол замат қайта қозғалып, көсемінің белгісімен отыз қадамдай жақын келіп тағы да қалт тоқтады. – Неткен адамсыңдар, біздің жерге қайдан және не үшін келдіңдер? – деп сұрады көсемі. – Оларға айт, біз түстік жақтан Үлкен жерден келген ақ адамдармыз де, мұздардың ортасындағы мына кішкентай жерді көргелі келдік де, – деп тапсырды Горюнов. Горохов оның айтқанын аударды. – Онда жақындаңдар, ақ адамдар, бірақ біліп қойыңдар, біздің бәріміз де қаруланғанбыз әрі көппіз, – деді жасақ басшысы. Әр қимылды қадағалап кадала қалған отыз жұп жанардың ұшында жиһангездер көсемге жақындай берді. Горюнов алға шығып, оған қолын ұсынды. Көсем оң қолын әуелі маңдайына қойып, содан жүрегіне апарып, ақыр аяғында ғана мейманның қолын қысты. Осы ғадетін ол қалғандарға қайталады. Сол- ақ екен, жасақ айнала шеңбер жасап, келгендерді алқа-қотан қоршап ала қойды; қолына қару ұстап иық тақаса тұрған жауынгерлер біріне-бірі сыбырлап, жатжерліктердің киімі, етігі, қоржыны, беліне қыстырған балтасы мен арқасына асынған жалтырақ таяғы туралы айтып жатты. Жауынгерлердің бәрі белуарына дейін жалаңаш, бұтында тері шалбар, аяғында теріден жасалған жеңіл торбас. Беті, иығы, кеудесі толқын, шеңбер, нүкте тәрізді таңбалардан көрінбейді. Әрқайсысының мойнында қасқыр тістерінен тізген алқа бар, оның алдыңғы жағында ұп-ұзын аю азуы екі-үштен тағы тұр. Жылтыр қара шаштары еңбегінің тұсына түйіліп, арасына бірден, екі-үштен бүркіт қауырсыны қыстырылған. Денелері бұлтық-бұлтық бұлшық ет, жүздері қараторы, аздап атжақты, көздері қап-қара, қыр мұрынды бәрі. Үстіңгі екі 103

күрек тісі қызылмен боялып, онысы күлгенде кісіні өзгертіп жібереді екен, ауыз бейнебір екі дөңгелек тесік сияқты болып кетеді. Тегі, бұл тайпа дұшпанына дес бермейтін Жаужүрек болса керек, тек қарулары қарапайым: найзаларының ұшы жылтыртас, жебесінің басы сүйектен, беліне қыстырған балтасымағының басы тас та, сабы ағаш. Арқасында жебе салған қорамсақтан басқа дағарадай көн қалқан бар. – Сіздің халықты, мынау жерді қалай атайды? – деп сұрады Горохов Горюновтың тапсыруымен. – Менің халқым – онкилондар. Мына жер де біздікі, бабаларымыз жаулап алып берген. Менің атым Амнундак, онкилондардың көсемімін. Ал мына сендерді және жерлеріңді қалай атайды? Бұған, бұл секілді және бірсыпыра сауалына жауап алып, мұнда ақ адамдар қандай себеппен, қай жолмен келгенін білгеннен кейін: – Ит арқасы қияннан санаулы-ақ адам келген екенсіңдер, онкилондардың қонағы болыңдар. Менің тұрағыма жүріңдер, – деді көсем. Осыны айтты да ол бұрылып жолға түсіп жүре берді, жиһангездер соңынан ерді, жауынгерлер екі жақтан қапталдай, артынан тізіліп келе жатыр. Олар Гороховтан киім-кешек, қару-жарақ, мұз жолы, үлкен жердегі тұрмыс туралы сұрай бастады. Сірә, олар үлкен жер жайында атадан балаға ауысып жалғасып келе жатқан аңыздардан бірдеңе білсе керек. Горохов олардың сауалына әрең жауап беріп үлгеріп келеді, оның үстіне чукотшаға ұқсағанымен, онкилондар тілінің едәуір өзгешелігі бар, сондықтан бірін- бірі олар кейде түсінбей де қалады. Жаңағы жасыл төбе онкилондардың тұрағы – жалпақ жертөле болып шықты. Көсем есік тәрізді тері ілінген кірер ауызға кеп тоқтады да, пердені көтеріп, меймандарға ішке кір деп ымдады. Кірер ауыз аласа болғандықтан бәрі де еңкейіп енді. Жертөленің орта тұсында от жанып, оның үстінде 104

шанышқы сияқты таяқта әлденеше кесек ет шыжғырылып жатыр. Орта тұсқа арасы алты метр төрт бұрыштап қойылған төрт аша, олардың басы жуан үргілермен матастыра байланған, жоғарырақ жіңішкерек бөренелерден бұралған шатыр тұр. Шатырдың ортасынан төрт бұрыштап қиылған тесік – әрі терезе, әрі түндік. Төбедегі төртбұрышқа тізілген сырғауылдардың әрқайсысына бір басын жерге қадап сыптаған ұзын бөренелер тірелген. Сөйтіп, жертөленің нобайы айнала бұрышталған крест болды да шықты. Оның үш тармағы жатар орын, төртіншісі әр алуан мүлік қоятын қойма және есік, төрткүлденген орта тұсы ас үй әрі қонақ бөлме. Сырты тұтас қалың шыммен жабылып, қаулап шөп шығып кеткен. Баспана жалпы жаман емес: кең де жылы, бірақ күңгірт. Жертөлеге енген соң көсем меймандарын кірер ауызға қарама-қарсы төрткүл жаққа алып келіп, аяғын астына басып аю терісіне алдымен өзі отырды да, оңы мен солына оларды жайғастырды. Жауынгерлер оттың айналасына отырысты. Көздері жертөленің күңгірттігіне үйренген кезде жиһангездер көлегейлеп қойған бүйір бөлмелерден топырласып меймандарға таңырқай қараған балалар мен әйелдерді көрді. Олар бірте-бірте отырған жауынгерлерге жақындай берді. Әйелдер тыр жалаңашқа жақын, тек ұзындығы қарыс сүйемдей ғана күрең тәніне жақын қоңыр тері ғана белін қынап, кіндігінен төмен жауып тұр. Жастарының белдемшелері қызыл, сары және қара таспалармен кестеленіп, әшекейленген. Белдемшеден басқа олардың кішкентай ақ, сұр, қызыл, жасыл тастардан тізген алқалары бар, сондай білезіктер қары мен білегінде де жүр. Апайтөсіне, жонарқасына, қарнына, қолына, аяғына және бетіне қиялдағы гүлдер мен жапырақтарды толқын жолдармен, иір-иір өрнектермен салған әр алуан таңбалар жалаңаштықты онша байқатпайды. Таңбасы екі аяққа сақинадай оралып, жоғарылай келіп ирелеңдеп мықын мен кіндікке шығып кеудеге жеткенде мойнын созып бір-біріне қарап қалт тұрып қалған екі жыланды 105

бейнелейтін көсемнің әйелі әсіресе айрықша назар аудартты. Оның қолынан шыққан кішкене екі жылан білектерін орап барып жауырынына тоқтаған. Оның тотыққан тәніндегі қаракөк жыландар үрейлі әсер қалдырады. Еркектеріне қарағанда әйелдерінің жүзі жылы, бет пішіні әсем, тіпті кейбіреуі әдемі де, дене бітімі түп-түзу сүмбідей, артық ет жоқ, кілең бір құлын мүшелілер. Балалардың бәрі тұттай жалаңаш, екі жыныстың да жасөспірімдері әйелдердікіндей белдемше тағып алған. Қыздарының белдемшелері кестелі. Бұлардың шашы кішкентай-кішкентай бұрымға бөлініп өрілген, ал ер балалардікі еңбегінің тұсына апарып түйілген. Әйелдердің шашы қос бұрым боп өріліп, омырауына бос тасталады екен де, түрлі-түсті тастармен безендіріледі екен, бойжеткендердің шашы төрт бұрым боп өріліп, шекесіндегі екеуі кеудесіне, желкесіндегі екеуі арқасына қоя берілген. Амнундак жылан таңбалы әйелге ым қағып еді, ол былғарымен тысталған сандықтан шағын ағаш тостағандар алып шығып, оларды ашада ілулі тұрған торсықтағы сүттен шүпілдете толтырып, бірінен кейін бірін көсемге ұсынды, ол меймандарына таратты. Үй иесі ақырғысын өзіне қалдырып, ерніне тигізе беріп, әсем бір қимылмен басқаларға іш деп ишарат жасады. Тостағандардағы бұғы сүті болып шықты, аздап ашуға айналған, бірақ аса дәмді, көптен мұндайды көрмеген жиһангездер оларды басына бір-бір-ақ көтерді. Тостағандарды тағы да толтырған әйел шанышқыдан шыжылдап үйтіліп жатқан етті алды да сүйек пышақпен кесек-кесек етіп бөліп, ағаш астауға салып көсемге берді, ол оны бір-бір кесектен қонақтарына таратты. Олар ет жеп, оны сүтпен жылжытып отырғанда Амнундак жертөле тұрғындарына арнап бірдеңе айтып еді, шапшаң сөйлеп кеткендіктен Горохов ештеңе ұға алмай қалды. Горюнов 106

көсемнен әлгінде не айтқанын түсіндіруді өтінді. Горохов аударып үлгеретіндей ақырын сөйлеп Амнундак мынаны айтты: – Бұғының жайылымы үшін чукчалармен арада ұзаққа созылған соғыстан әбден зықысы шыққан біздің халқымыз – онкилондар көп жылдар бұрын сол бір содырлы адамдардан аулақ кетуге бел байлапты. Әуелі мұз үстімен таяу аралдарға жетіп, жертөле қазып ап, тыныш тұрмыс құра бастапты. Бірақ жазы да, қысы да көктемі де тұман болып, жыл он екі ай тұманы ашылмайтын ол жер ұнамапты. Кісі шетінеп, бұғы қырыла бастапты. Сөйтіп жүргенде құстардың көктемде әрі терістікке қарай ұшып, күз күйлі қайтқанын жұрттың көзі шалады. Құстар ұшып жатқан жерге өзіміз неге бармаймыз деп ойлайды олар. Бірде бел байлағанында – теңіз жібермейді, екіншіде су шала қатып, мұзды боран бұзып кетіп, қыруар халық, қаншама бұғы қарық болады. Қыстың нағыз қақаған шағын күтіп, алдымен барлаушылар жібереді. Мұз мықтап қатады да, тұтас козғалған бұлар осы жерді келіп табады. Ауыр жолдың азабынан халық аз қалады – мұнда аман жеткені елу бола ма, болмай ма – ол жағын мен білмеймін. Ол тұстағы көсем ауру атаулының бәрінен емдеп жазатын ұлы бақсы болыпты, осы жердің жолын халыққа сол көрсетіпті. Өлерінің алдында ол бұл арада Үлкен жерден ақ адамдар келгенше алаңсыз-мұңсыз өмір кешесіңдер депті. Ақ адамдардың қолында аспан әміршілеріндегідей алыстан атып түсіретін нажағай мен жасын жүреді деп және ескертіпті. Үлкен жерден келген алғашқы ақ адам – сендерді көргенде қарт бақсының сол сөзін еске алған едік. ҚҰРМАЛДЫҚ БЕРУ ЖӘНЕ ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТУ – Көсемге айтыңыз, – деді Никитаға Горюнов. – Біз ең бейбіт адамдармыз, ешкімге де қияғымыз бен тұяғымыз 107

тимейді. Бізді де мұнда терістікке ұшқан құстар алып келді. Сол құстар жаздай жайлайтын жерді ғана көрсек дейміз. Көре сала өз жерімізге қайта ораламыз. Горохов бұл сөздерді аударып берді. – Ал қолдарыңда алыстан жайрататын әлгі нажағай мен жасын бар ма? – деп сұрады Амнундак. Осы сауалды бергенде бәзбірдеңені алаңдай күтіп отырғандардың көзі жатжерліктерге қадала қалды. Горохов Горюновқа аңтарыла қарап еді, ол былай деді: – Біздің қарулар қиядағыны қағып түсіретін нажағай мен жасын емей немене? Ол жайында онкилондар бәрібір біледі. Бізді құдайдың өзі жіберген деп біліп, қастық бірдеңе ойламасы үшін кезі келіп тұрғанда солай деп, тағы бір абыройымызды асырып алайық. – Иә, нажағай мен жасын бар бізде! – деді көсемге Горохов. Топырлап тұрғандар елеңдесіп, күбір-сыбыр ете қалысты. Жиһангездерге жақын отырғандар өз-өзінен ысырылып, шалқая берді. – Аспанның өзі жібергеніне көзімізді жеткізу үшін нажағай мен жасындарыңды көрсетіңдерші әуелі, – деді көсем. – Бірақ бір өтінерім – онкилондарды өлтіре көрмеңдер. – Жасын оты адамдарға тимес үшін тысқа шығайық, – деді Горюнов. Көсем маңғаздана көтеріліп, есікке қарай беттеді, оған жиһангездер мен оларды құрмет тұтып, өздерін жырағырақ ұстаған жергілікті жұрт ерді. – Құрмалдыққа арнаған бұғыны ап келіңдер! – деп әмір берді Амнундак. – Құдайы садақа үшін оны ақ адамдар атып түсірсін. Бірнеше онкилон жертөленің сыртына қарай жүгіріп кетіп, үп-үлкен, солтүстіктікі сияқты ақ бұғыны алып келді, бір сұмдықты сезгендей жануар өкіріп, төрттағандап жүрмей келеді. Гороховтың нұсқауымен ол жертөледен екі жүз 108

қадамдай жердегі қазыққа байланды. Жиһангездер мылтықтағы жарқыншақ оқты әдеттегімен ауыстырып, бір дүркін атып еді – бұғы мұрттай ұшты. Мылтық гүрс еткенде онкилондардың бәрі құдіретті жатжерліктерге тағзым етіп, тізерлеп жата-жата кетті. Амнундак орнынан көтеріліп, осында тұрғандардын бәрі еститіндей етіп, дауыстай сөйледі: – Ұлы бақсы айтатын аспан жаушылары сендер екеніне енді көзіміз жетті. Сыйлы қонағымыз болыңдар, мына баспанамыз, азық-түлігіміз, киім-кешегіміз, бұғыларымыз – неміз бар, соның бәрі сендердің қарамағыңда, жұмсай беріңіздер бәрін де! Бүгін кешке бақсымыз тәңірімен тілдесіп, аспан жаушыларын сыйлы қонақ етіп қарсы алғанымызды айтып, онкилондарға мархамат етуін тілеп табынатын болады. Сөзін тәмамдап Амнундак қолын маңдайына қойып, жүрегіне апарып меймандарға басын иді, барлық онкилон соны қайталады. Оған дейін бұғының жансыз денесі әкелініп, көсемнің аяғының астына тасталды. Жануардың бүйіріне төрт жерден қадалған оқ орнын көрсетіп, ол тағы да сөйледі: – Құрбан малына төрт жай оғының төртеуі де тиіпті. Ал әйелдер, мұның етін енді кешкі тәуапқа қамдаңдар! Жауынгерлер бақсыны біздің тұраққа шақырып келсін. Жертөлеге қайта кірген соң сый-құрмет онан әрі жалғасты: бұғының сүр еті мен сүтіне қоса су жаңғағының жемісінен жасалған ұннан пісірген шелпек пен қуырған бидайық баданасын берді. Нан, шай, темекі дегендерді онкилондар атымен білмейді екен, қоржыннан алып ұсынған кепкен нан мен шақпақ қантты қолдан-қолға түсірмей иіскеп көріп, дәмін татып таң-тамаша қалысты. Тамақтан кейін Горохов пен Ордин тартқан қорқор оларды тіпті айран-асыр етті. Көршілерін түшкіртіп, жөтелтіп берекесін кетірген түтінді ақ адамдардың шімірікпестен жұтуы онкилондарды біраз үрейлендірді де. Олардың отқа ілген бақыр құманы тіпті 109

керемет таңырқатты; онкилондардың ыдыс-аяғы ағаш пен балшықтан жасалыпты, суды қыздырылған таспен жылытып, етті соған пісіреді екен. Өздерінде де аз болғандықтан жиһангездер қантсыз берген шайды татып көрген онкилонның ешқайсысы да ұнатқан жоқ. Бір кесе шайды әрең тауысқан Амнундак торсықты нұсқап, анадағы ас әлдеқайда дәмді екен деді. Балталар мен аңшылық пышақтарын да олар қызыға қарады, сипап жүзін байқап, жалтырап тұрғанына, онкилондардың тас балтасы мен сүйек пышақтарындай емес, берік әрі дәл ұратынына таңданды. Амнундактың ымымен әйелі сандықтан тұрпайылау жасалған бір темір пышақты алып берді, түгел тот басқан бұл дүниені олар аса асыл мұра есебінде сақтағаны байқалып тұр. Оны меймандарына көрсетіп, көсем былай деді: – Біздің бабаларда осындай пышақ, балта, найза мен жебенің ұшы болған, бұларды өздері жасай білмей, якуттардан айырбасқа алса керек. Мұнда келген соң ол бұйымдар бірте- бірте сынып, бүлініп пайдалануға жарамай, ақыры онкилондар құралды қайтадан тас пен сүйектен жасауға кірісті. Меймандардың аяғына басын салып жатқан Крот пен Белуха алғаш онкилондарда үрей туғызды. Сосын Горохов бұларда ит неге жоқ деп сұрап еді, Амнундак былай деп жауап берді: – Біздің бабалардың чукчалармен қырқысы осы бір касқөй мақұлықтың қырсығынан басталыпты. Бабаларымыз бұғы өсірген ғой, бұғыға шаба берген соң ит ұстамаса керек. Теңіз жағасында тұрып бабаларымыз бұғы өсірумен, морж, балық, итбалық аулаумен айналысқан, баспананы теңіз ағызып әкелген ағаштан құрап салған. Өстіп өмір сүріп жатқанында чукчалар келеді: оларда ит көп те, бұғы жоқ. Бізді олар балық аулайтын, аң қағатын жерімізден тықсыра бастайды, итке балық жетпей қалса, бұғымызды тартып әкетеді. Осыдан келіп соғыс басталады. Чукчалар көп те, біз азбыз. 110

Әлсізге ықпақ керек, әрине. Осылай біз ол арадан кетіп, осында келдік. – Осында қанша онкилон тұрады? – деп сұрады Горохов. – Күллі осындағы халқыңызды айтамын, – деп қолын бұлғап отырғандарды нұсқады. – Бұл тектес тұрақ бізде жиырма, – деп күлді Амнундак. – Әрқайсысында бір ру, жиырма-отыз адамнан. – Басқа қоныстар қайда? – Әр жерде. Бұғыларға жайылым керек, сондықтан кісіге де, бұғыға да жер тарылтып, бір араға сығылыса беруге болмайды ғой. – Әр руда да сен секілді көсем бар ма? – Жоқ, онкилондардың басты көсемі менмін! – деп мақтана айтты Амнундак. – Менің тұқымым ең үлкені. Алайда әр мекеннің өз басшысы – рубасы бар. Шынында да, мына жертөленің тұрғындары әйелдер мен бала-шағаны косқанда алпысқа жетіп жығылады екен. Басқа мекендерде жуық мәнінде жиырма бестен адам тұрғанда Санников жерінде бес жүз отыз онкилон бар екен деп, ойша санап шықты Горюнов. Ас ішіп, әңгіме құрумен уақыт озып, күн де кешкірді. Күн ұясына қонар алдында жертөле маңына бұғылар табынын айдап келіп саууға кірісті. Жиһангездер қарап тұр, сауынға қыз-келіншектер түгел қатысты, ағаш шелегін сүйреп ұрғашы бұғылардың бірінен соң бірін сауып жатыр, Тегі, табында ең кемі екі жүз тұяқ бар. Табын түнде алаңқайда түнеп, ит- құстан сақтанып, жауынгерлер кезек-кезек күзетіп шықты. Ымырт үйірілген соң бәрі жертөлеге қайтып кірді. Бірнеше шақырым жерде бөлек тұратын бақсы да келді. Бұл ұзын бойлы, тыриған арық, жағы суалған шал екен, түксиген қабағының астынан өткір көзі тінте қарайды. Куннің мамыражай жылылығына қарамай үстіне жүнін сыртына қаратқан ұзын тон киіпті, жағасынан беліне дейін тағылғап қайыста жезден, темірден жасалған нетүрлі сылдырмақтар 111

саусылдап, әбден қажалып ақжем болған таяқша салбырайды, сірә, барлығы да баяғыда құрлықтан бірге келіп, бір бақсыдан бір бақсыға мирас болып қалып отырса керек. Қолында қызыл, қара қайыстармен кестеленіп, темір сылдырмақ тағылған шағын даңғыра бар. Түгі түсіп бітуге тақалған шошақ бөркі шашын басып, көрсетпей тұр. Көсемге иіліп сәлем беріп, киімі оғаштау адамды көргенде, абалап қоя берген иттер мен жатжерліктерге тінтіне қараған бақсы лаулап жанған оттың басына барып оқшау отырды. Даңғырасын жерге қойып, бірдеңелерді өзінше күбірлеп, саудыраған қу сүйек саусақтарын отқа қақтады. Берген белгісі бойынша әйелдер тостағанмен сүт ұсынып еді, алғашқы ұрттамын отқа бүркіп, бақсы оны ішіп алды. От үстіндегі істікте кесек-кесек боп бөлінген бұғы еті үйтіліп жатты. Оның қасындағы дөңгелек ағаш ыдыста отқа қыздырылған тастар әлсін-әлсін салынып, бұғы сорпасы мен бидайық ботқасы пісіп тұр. Бір әйел екі таяқпен қызған тасты сорпаға салып, сорпадағыны отқа алып қойып күнұзақ сонымен әуре боп жүр. Ұсақ туралған ет пісті-ау дегенде оттан алынып, сорпа құйылған аяққа салынып, тәп-тәуір жасалған шанышқымен қоса көсем мен бақсыға және меймандарға берілді. Сорпаның дәмін татып көріп жиһангездердің онда атымен тұз жоқ екеніне көзі жетті. Сорпаға салғалы қоржындарынан тұз алып еді, онкилондар тәтті бірдеңе ме деп оны да қолдан-қолға түсірмей қағып әкетті. Татып көріп түкірініп, мынау ап-ащы нәрсемен ақ адамдардың сорпаны бүлдіретініне таңырқасты. Сорпадан кейін үйткен ет пен су жаңғағынан жасалған шелпек берілді, кешкі ас бір-бір тостаған сүтпен тәмамдалды. Ыдыс-аяқ жиналғаннан кейін, жанып болған от басқа жерге ысырылып, орта тұстан бақсы ойнап, құдайға құлшылық қылатын алаң тазартылды. Жертөле күңгірт тартып, шоқтың қызыл сәулесімен ғана сол жарық болып тұрды. 112

Кешкі астың үстінде Амнундак бақсыға ақ адамдардың онкилондар жеріне қалай келгенін, бұлардың кім екенін, не істеп, не қойғанын, бұғыны қалай атып түсіргенін айтты. Бақсы басын изеп қойып, ара-арасында сауал бере отырып, үнсіз тыңдады оны. Кешкі астан кейін тәуеп етер алдында ол үйден иттердің шығарылуын талап етті. Ол тілегі орындалган соң сыпырып-сиырылып тазартылған алаңға, алқа-қотан қоршаған жұрттың ортасына отыра кетіп, беліне байланған былғары дорбасынан бір шөкім ақ ұнтақты алып алақанына салды да, тілімен бір-ақ жалады. Мұнысы кептірілген улы атқұлақ деді Горохов жиһангездерге, камчадал коряк және басқа халықтар өзінше ләйлітіп масаң тартқызар наша ретінде қолданады. Біраз уақыт сөніп бара жатқан оттың шоғына меңірейе телміріп отырды да, бақсы даңғырасын алып қағып жіберіп еді, саусақ астында қатты тартылған ішек естілер-естілмес үн шығарды. Үн бірте-бірте үдеп, оған қосылып, бақсы баяулата әндетіп кетті, әуелі көмейден қырылдай ақырын шыққан дауыс бірте-бірте екпіндеп түйдектеле түсті. Дауыс пен даңғыра дүрілі үйлеспей, ара-арасында өксіген, еніреген үн мен жеке сөздер жарықшақтанып шығып кетеді. Бақсы әуелі оттан көз алмай, алды-артына теңселіп отырды да, жыны буған кезде атып тұрып бір орында шыр айналды, даңғырасын жебей қағып, еңіреп екпіндеп кетті. Шыр айналғанында ұзын тоны, сылдырмақ таққан белдігі мен таяғы иығынан ысырылып, бірінің үстіне бірі кигізілген конус болып, шошақ бөркіне ұқсады да қалды. Даңғыра ұстаған қолы төбесіне көтеріліп безек қақты, даңғыра шырқ үйіріліп, селкілдеп, секіріп, билеп, қатты күмбірлеп кетті. ЬІшқына өксіген айқаймен ән кенет кілт үзіліп, сылқ ете қалған қолынан даңғырасы ұшып кетіп, бақсы жерге сұлап түсті де, есінен танғандай сұлық жатты, осы қалпын бұзуға ешкімнің дәті бармады. Екі езуінен көбік бұрқырап, еті қашқан бетінен төмен ағып жатыр. Көрермендердің бәрі тылсым 113

тыныштыққа батып, жаңа ғана айғай-сүрең кернеп кеткен жертөле мүлгіп, мазаң үнсіздік басты. Әлгі әзірде бақсы әніне абалап үй сыртынан ауық-ауық үн қосып тұрған байлаулы иттер де сап тынған. Бес минут өткенде бақсы орнынан тұрып, ұсына берген бір тостаған сүтті бірден басына көтерді де, әлсіз үнмен бірер ауыз сөз айтты. Ол сөзі табан аузында-ақ тыңдаушыларын толқытып, сыбыр-күбірді көбейтіп жіберді. Көсем оның сөзін дауыстап қайталап шықты да, Горохов аударып берді. – Аспан рухы онкилондар жұртын үлкен қайғы-қасірет күтіп тұр депті бақсыға. Амнундак қолын көкке көтере беріп еді, бақсы белгі беріп оны қайта түсіртті. Көрермендер қатарын қуанышты күбір кеулеп кетті, көсем оны былай түсіндірді: – Бақсы айтады, жатжерліктер онкилондардың мекенінде болған кезде ешқандай зобалаң әзір тумауы мүмкін. Рухтар осылай дейді. Бақсы баяу көтеріліп, көсем мен жиһангездерге қатар қоштасу ишаратын жасап, екі жауынгердің ортасында, шығып жүре берді. Ол кетісімен жертөледе гу-гу әңгіме басталды. Жиһангездер де өзара күбірлесіп отыр. Бақсы ойынының нәтижесі бұлай болар деп олар ойлаған жоқ-ты. Бір жағынан ол бұлардың онкилондар арасында болғанда қауіп-қатерді білмеуіне жағдай жасаса, бір жағынан осы халықпен жіпсіз матастырып тастады. Қайғы-қасіретті маңайлатпаудың кепілі ретінде ұстап, онкилондар бұлардан өлмей айырылар ма енді. Рас, бұлардың жоспарында Санников жерінде қыстап шығу бар болатын, бірақ келер көктемнің басынан әрі қалмауы керек еді ғой. Онда онкилондар жібере ме, жібермей ме? – Бізге белгілі аңызды қайталаған айлакер бақсының өз болжамына жаңағы түзетуді тегін енгізбегенін түсіну қиын емес, – деді Горюнов. – Қу шал нажағай мен жасыны бар 114

адамдар дос ретінде онкилондарға пайдалы да, қас ретінде аса қатерлі екенін жақсы біледі. – Қоя берсек, осынау ғажайып жердің жолын біліп алған бұлар көп боп келіп, чукчалар сияқты онкилондарды айдап шығады, деп ойлайды ғой, – деп Ордин оның ойын айқындай түсті. – Дұрыс айтасыз! – деді Костяков. – Жүздеген жылдар басқа дүниеден бөлініп қалған бұл адамдардың, бар ғой, қазір әлемде не болып жатқанынан түк түсінігі жоқ, өткені туралы естелікпен ғана өмір сүріп жатқан бір жұрт. – Не болса да біз бұларға жуық маңда кетеміз деп ауыздан да шығармайық, – деді Горюнов. – Иә, онда олар бізді тұтқынға алып, қамауда ұстауы кәдік, – деп қостады оны Ордин. – Бері қойғанда қыр соңымыздан қалмай, емін-еркін жүруімізге бөгет жасауы мүмкін, – деді Костяков. – Бірге тұрып, жақын таныса келе сәуегейліктің бәрі сандырақ екенін, оларға ешқандай қауіп-қатер төнбейтінін айтып түсіндірерміз, көзін жеткізерміз. Көсем ылғи жатжерліктердің әңгімесіне құлақ тігумен болды, ақыр аяғында ол орнынан тұрып, барлық тұрғындар естісін дегендей дауыстап сейледі, басқалардың әңгімесі бірден тыйыла қалды. – Онкилондар, жауынгерлер мен әйелдер! Жаңа бақсы не айтқанын, оған аспан рухы не дегенін бәрін есіттіңдер. Ақ меймандар әзір бірге тұрғанда бізге ешбір бәле жоқ. Сондықтан олардың бізбен қалуын өтінелік. – Иә, иә, сұрайық соны! – деген дауыстар жан-жақтан жауып кетті. Көсем меймандарға бұрылып иіле түсіп тағы сөйледі. – Ақ адамдар, тәңірінің жаушылары, онкилондар жұрты сендер қалсын деп сұрап тұр. Сендер онкилондарды бақытсыздықтан сақтайсыңдар. Біз сендерге бәрін де береміз, қажет пе – жақсы жай аласыңдар, азық-түлік мол, қыс түсе 115

жылы киім әзір, қалаған ең сұлу әйелдеріңді қосамыз – әйтеуір ештеңеге мұқтаж етпейміз. Көсеміміз құсап тұрасыңдар. – Бәрін, бәрін де береміз, тек бізбен қала гөріндер! – деп жамырады ерлер мен әйелдер даусы қосылып, меймандарға жалынышты кейіппен жан-жақтан қол жаяды бәрі. Орнынан тұрып Горюнов жауап берді: – Жақсы, қашан өздеріңіз жібергенше, конақ болып сіздермен қалуға келісеміз. Бірақ біз жерлеріңіздің бәрін көруіміз, сіздер көрсетуіңіз керек. Бұл сөзді Горохов аударғанда қуанышты айғай-шу жертөлені басына көтерді. Көсем әрбір мейманның алдына екінші мәрте бас иіп, қолын маңдайына ұстап, жүрегіне апарды, мұның себебін кейін сұрастырып білсе, «арам ойсыз, адал жүректен!» деген белгі екен. – Жақын арада бізде көктем тойы болады, – деді ол содан соң. – Оған тайпаның жас әйелдері мен бойжеткен қыздары түгел жиналады, қаласаңдар сонда келіншек таңдап алуларыңа болады. Сендердің келіншектерің алыста қалды, – деп қолын түстікке қарай сермеді. – Ал адамға әйелсіз тұру көңілсіз. – Міне, біз күйеу жігіт болып та шыға келдік! – деп ыржиды Горохов. – Ал бұл енді біздің аяғымызды мықтап тұрып тұсайды, – деді Горюнов. – Жарайды, бәрін де келешек көрсетер! – деп пәлсапамен түйді сөзін Ордин. КИЕЛІ ТАС Жатжерліктердің калуға келісім бергенінен қуанып шулаған онкилондардың көңілі тынған тұста қайта от тұтатты, ал Амнундак меймандарын әңгімеге тартты. 116

– Сендер біздің жерді түгел көрсек дедіңдер. Оның қандайлық қатер екенін білесіңдер ме? Ормандарда әр алуан жыртқыш аңдар жүреді. – Олардан біз қорықпаймыз – өзімізге шапқызбай, жыртқыш аңның кез келгенін жасынымызбен жайрата саламыз, – деген жауап алды ол өз сөзіне. – Орманда азулы аңнан басқа ақымақ адамдар да жүреді, олар жыртқыштардан әлдеқайда қауіпті. – Мынасы қызық екен! – деді Ордин жолдастарына. – О не, олар да онкилондар ма? Олар неге қатерлі? – Жоқ, олар онкилондар емес. Олар тағы адамдар, біз солармен ұдайы соғысулымыз. Және өздері аса әлеуетті, жекпе-жекке келгенде біз белдесе алмаймыз. «Вампу» деп атаймыз оларды, бұл «жалаңаш адамдар» деген сөз. – Қайда тұрады олар? – Олар ма, әрменірек, біздің жердің шығыс жағында. Орманда жасырынып жүріп, жауынгерлер аң аулауға кеткенде біздің мекендерге шабуыл жасап, кемпір-шал бала-шағаны бауыздап, әйелдерді алып кетеді. Қатты қорқамыз біз олардан. Жасырынып жатып дәу шоқпармен, найза, пышақпен дүрсе қоя берсе, сендердің әлдерің жетпейді. – Соншалық көп пе олар? – Қанша екенін білмейміз. Бабаларымыз келгенде осы жер түгел солардың мекені еді дейді ғой. Олармен ұзақ соғысып, шығысқа қарай тықсырған көрінеді. – Олардың да баспанасы бар ма? – Жоқ, қыста олар үңгірлерде тұрады, жазда ұя салған құс сияқты ағаш басында жүреді... – Өткен жолғы саяхатта көргеніміз, міне, солардың ізі болды ғой, – деп қалды Горюнов. – Олардың тірі тәңірісі бар, ашулы да алып құдайлары, – деп сөз жібін әрі созды Амнундак. – Оларға ылғи құрмалдық шалады. 117

– Онысы не құдай болды екен? – Біздің жерден тұмсығында мүйізі бар алып аңды көрдіңдер ме? – Ә, мүйіз тұмсықты ма? Иә, көргенбіз. – Олардың құдайы онан әлдеқайда үлкен. Мүйіздік орнына олардың басында бесінші аяқ бар, әлде қол ма екен, әйтеуір өзі ұп-ұзын болғанымен ыңғайлы. Сол қолымен ол ағашты түбірімен қопарып, адамды да ұстап алып, жерге атып ұрады да, қалған төрт аяғымен таптайды кеп. – Міне, аңның көкесі! – деп қайран қалды Горюнов. – Ол аңның аузынан екі үлкен тіс сойдиып шығып тұрады, олары аюдың азуынан әлдеқайда ұзын әрі толық. – Бәлкім, піл болар! – деп топшылаған Горюнов. – Мамонт емес пе екен? – деп жорамалдады Ордин. – Солтүстіктен піл не алады? Жүні бар ма екен өзінің? – деп сосын ол Горохов арқылы көсемге сұрақ қойды. – Иә, ол сабалақтау, жүні қызыл. – Қой, мамонттың жүні қызыл ма еді? – деп күмәнданды Костяков. – Суреттеріне қарап жүні қара ғой деп ойлап жүруші едім. – Жоқ, ол дұрыс емес, – деп кесіп айтты Ордин. – Сібірден табылған өлігіне қарағанда, жүні қызыл-күрең немесе жирен... Ал мамонтты вампулар қалай үйретіп алып жүр десейші? – Әлгі аң сол тісімен жер қазып, жеуге тамыр қопарады, – деп сөзін жалғастырды көсем, – қыста қарды күреп, шөп тауып азықтанады. Олардың сол тістері бізге аса қажет, одан тамаша пышақ, найза, жебе жасалады. Бірақ біз оларды сирек соғып аламыз, себебі жабайы адамдар өз құдайын қатты қорғайды. – Ендеше вампулармен, олардың үйімен танысу тіпті қызық болды ғой, – деп қуанып кетті Горюнов. – Мен сендерге бәрін де айттым, – деді Амнундак. – Сендер енді тағы адамдарға жалғыз баруға болмайтынын 118

білесіңдер. Жалғыз барсаңдар жайратып салып, жеп қояды, ал онкилондар үшін бақытсыздық басталады. Біз сендерді қорғаймыз. Сендерге еріп тағы адамдарға барлық жауынгерлер барады. Оларды жою үшін қырғын соғыс бастаймыз. Вампулар мен олардың құдайын жер жастандыруға сендердің нажағайларың жәрдемдеседі. – Жазалау экспедициясы... – деп мырс етті Ордин, – жендеттері біз ғой. Онша абыройлы іс емес екен. Алайда онкилондардың көңіліне көсемінің сөзі қона кетті. Шамасы, олардың вампуларды осылайша жек көруіне бұлтартпас себебі болса керек. Әрине, ондай қанқұйлы көршілерді қырғын соғыстың қырсығынан құрлықтан кеткен тайпа жақсы көре қоймайды. Вампу туралы бар білгенін сарқып, Амнундак меймандарға жатар орын әзірлейтін уақыт болғанын ескертті. Жертөледен кірер ауызға қарама-қарсы оның өз отбасымен жататын бөлегінің жартысын тазалап, әйелдер жерге бұғы мен аю терілерін төсеп, бұғы жүні салынған жастықтар тастады. Бұл бөлікті үй мүлкі салынған сандықшаларды араға қойып, көсем отбасы жатқан жақтан бөліп тастады да, Амнундак меймандарының енді тынығуын өтінді. Жертөленің бүйірдегі қалған екі бөлегінде онкилондар жатып та үлгерген еді: ерлері тыр жалаңаш шешініп, киімдерін басына жастанып, қаруларын қасына қойды. Бір жауынгер кірер ауызда қарауылда қалып, үшеуі оны ауыстыру үшін от басына шешінбей жатты. Қарауылдағы адам жертөлені жылыту үшін отты жаңартып, ауық-ауық отын әкелу үшін тысқа шығып тұрды. Бұғы табынын күзететін жауынгерлер де біріне-бірі дыбыс беріп алмасып отырды. Түн тыныш өтті. Онкилондар таң атқасын тұрды. Бәрінен бұрын әйелдер оянып, отты дүрілдете жағып, ет қуыруға, сорпа пісіретін тас қыздыруға кірісті, қалғандары дала салқын болған соң киініп, бұғы саууға шықты. Олардың кигені өзгеге ұқсамайтын бір тері киім: шалбары мен кеудешесі тұтас, 119

омырау тұсында үлкен тілік бар. Әйелдер әуелі аяғын сұғып, киімнің кеуде жағын көтереді де, қысқа жеңдерді кие қояды. Жертөлеге қайтып келген соң жеңіл қимылмен күртешесін иығынан ысырып тастаса, бар киім аяғының басына түсе қалады. Терінің үстінде жатқан жиһангездер байқатпай әйелдердің қалай шапшаң киініп-шешінгенінен, қоңыр тәндері отқа шағылып, тыр жалаңаш дерлік шаруамен қалай шұғылданып жүргенінен көз алған жоқ. Жиһангездердің бір байқағаны – төрт бұрымы арқылы әйелдерден шапшаң айыруға болатын бойжеткендердің бұлар жаққа жиі көз тастап, өзара сыбыр-күбір сөйлесіп күлісетіні. Сұлулардың мазасын алып жүрген мәселе, соңыра көктем тойында жар таңдағанда жатжерліктердің қалауы қайсысына түсетіні екенін аңғару қиын емес. Онкилон қыздарын үш жолдасының қалың сақал-мұрты мен ақ жүзі ынтықтыратынын Горохов естіп те алды. Онкилондардың бет-аузында түк жоқ десе де болады, тек шалдарға ғана селеу мұрт пен бес тал сақал шығады. Якут болғандықтан Горохов та бұл жөнінен онкилондарға ұқсас, өңі де солардай қараторы. Сондықтан ол онкилон қыздарын онша қызықтырмайды. Әйелдер ас қамдап болғанша еркектер асықпай киініп, сонан соң қару-жарағын қарап шықты. Жертөленің біресе ана, біресе мына бұрышынан балалар даусы шығып, кейде сәбидің жылағаны естіледі. Сәби жыласа-ақ болды, ас қамдап жүрген әйелдердің бірі емізгелі тұра жүгіреді. Біртіндеп жұрттың бәрі де тұрып, ертеңгі тамаққа бас қойды. Баяғы бірыңғай дастарқан мәзірі – пісірген, қуырған ет: тек сүт торсықтың салқын сүті емес, ыстық еді: су қосып, аздап жаңғақ ұнын сеуіп сорпаға ұқсатып берді оны да. Бетінде кесек майлар кілкіген сүт-сорпа әжептәуір дәмді болып шықты. 120

Ертеңгі ас үстінде көсемнен онкилондар Санников жерінде қанша жыл тұрады деп сұрады. Бұл жұртта ешқандай жазба жоқ екенін, бабаларының өмірі туралы мағлұмат ұрпақтан- ұрпаққа аңыз есебінде әсіреленіп жететінін жиһангездер біліп алған. Алайда онкилондарда тұрпайылау болса да шежіре бар болып шықты. – Төрт жүз жылдан астам тұрады, – деп жауап берді сәл ойланған Амнундак. – Анық білу үшін бақсыға баралық, соның үйінің жанындағы тасқа әрбір жыл белгіленіп отырған. Ас ішіп болған соң жанында көсем мен оншақты жауынгер бар жиһангездер үлкен жолмен орманды басып батысқа қарай тартты. Жол-жөнекей Амнундак оларға беті білдіртпей жабылған қамбаны, яғни үстіне жіңішке сырғауыл салып, бұтамен, жапырақпен жапқан тереңдігі екі метрден асатын төртбұрыш ұраны көрсетті. Осындай орларға анда-санда өгіздер, жылқылар, мүйізтұмсықтар құлап, онкилондар оларды найзамен, жебемен мүрдем кетіріп, олжа етеді екен. – Аң жүретін сүрлеулерде мұндай ұралар көп десе де болады, жол бастаушысыз жүрсеңдер, сендер де түсіп қалуларың кәдік, – деп ескертті көсем. – Біздің алдымыздан ит жүгіріп отырады, – деп қарсылық білдірді Горюнов. – Олар мұйізтұмсық пен өгізіңізден есті, ор кездессе иіскеп тоқтай қалады да, белгі береді. – Онкилондарға ит аса пайдалы болар еді, – деді Ордин. – Ол аң аулауға да, үй күзетіне де, тағы адамдармен соғысуға да керек. – Сіздің иттер өсіп-өніп, бірнеше жылдан кейін күзетшіміз болады! – Осы сөзді Амнундактың сеніммен айтқаны сондай, меймандары бір-біріне қарап, еріксіз жымиып қойды. Ұзамай үлкен жолдан бұрылып, олар бақсының жертөлесі тұрған шағын алаңқайға шықты. Бақсының баспанасы да көсемнің жертөлесіне ұқсас екен, бірақ әлдеқайда кіші, себебі онда өзінен басқа бір ғана шәкірт пен күтуші егде әйел тұрады. 121

Алдын ала хабарландырылып қойса керек, бақсы меймандарды табалдырықтан қарсы алып, кірер ауызға қарама-қарсы құрметті орынға енгізді. Баспананың іші өзінше бір анатомиялық музей: төрт аша түгел, бұрыштағы үргілер сықастыра ілген құрмалдықка шалынған бұғы, өгіз, жылқылардың басы, құрметті орында мүйізі карағайдай мүйіз тұмсықтың бас сүйегі тұр. Меймандардың жайғасуы-ақ мұң екен, күтуші кемпір кеше жатжерліктер нажағайымен жайратып салған садақа бұғының миы мен тілінен жасалған тағам әкеліп қойды. Құрмалдыққа шалынған жануарлар етінің дәмді жері ылғи осылай құдайдың қызметшісі деп бақсыға жіберіледі екен. Меймандарының онкилондар өмірінің жылнамасы жазылған тасты көрмек ниеті барын Амнундактан білген бақсы оларды ілгері батысқа қарай бастап жүрді. Сүрлеу ұзамай аңғар жиегінен бір-ақ шығарды. Бұл арада да ұшар басы бұлтқа сүңгіген адам аяқ баса алмас жып-жылтыр қара базальт құз тап болды. Сол күні аңғар үстін торлаған бұлтпен түнере түскен тік жардың етегі – басқа жердегі сияқты жоғарыдан құлап, қына басқан тас жарықшақтары. Солардың арасынан салмағы бірнеше жүз тонналық алып жартас айырықша көрінді. Оның айналасы тастан аршылып, үлкен шеңберге ұқсастырылып тазартылған. Осы жартастың түбінде құлшылық етіп, құрмалдық шалатын көрінеді. Садақа болған жануарлардың сүйегі қара тастың етегін көмкеріп, ақ жолақ боп орап, үйіліп жатыр. – Бұл тас біздің бабалар осы жерге келген жылы түсіпті, – деп баяндады Амнундак. – Сондықтан мұны тәңірінің жіберген сыйы деп білеміз. Жыл сайын қысқы түннен соң күн көзі көрінген кезде осы араға жиналып құдайға құлшылық етіп, құрбан шаламыз. Осынау оқиғаны бақсы тасқа бір сызық салып, белгілеп қояды. Сол сызықтарды есептесендер, біздің бұл арада неше жыл тұрғанымыз шығады. 122

Ол осыны айтып меймандарды жартастың түстік жанындағы жылтыр бетіне алып келді, онда қатты бір құралмен тіке тартылған таяқшалар сызылыпты, әр оныншы сызық өзгелерінен ұзын, демек, санап шығуы қиын емес. Бақса, онкилондардың Санников жерінде тұрғанына төрт жүз жиырма төрт жыл болыпты. – Амнундак бұл тас көктен құлады дегенде, ағып түскен алып жұлдыз болды ғой, тегі, деп қызығып калып едім, – деді сыбырлап Ордин. – Мынау әншейін ғана базальт екен ғой, әрине, бұл анау құздан құлап түскен. – Анау не айтып тұр? – деп сұрады бақсы. Горохов оған ақ адам мына тасты аспаннан емес, анау таудан құлап түскен деп тұр деді. Бақсы оған ұнатпай қарап, басын шайқады. – Бабаларымызды осында бастап келген ұлы бақсы бұл тастың қалай құлағанын өз көзімен көріп, бірінші болып тәуәп еткен оған. – Таудан тек уақ тастар ғана құлайды, – деді бақсының сөзін қолдаған Амнундак, – ал мынау біздің үйімізден де үлкен. Мұның астында бес бұғы жатыр. Осы жерге келгендердің құдайға берген құрмалдығы деп басып қалды бұл тас оларды. Көктің жазмышы солай. Киелі тастың етегінде осылай әңгіме-дүкен қызып жатқанда жырылып кеткен Костяков оларды әңгімелесіп тұрған қалпында таспен қоса суретке басып та алды. Содан соң Амнундак меймандарды құздың етегіне бастап келіп, бұрын вампулар тұрған үлкен үңгірді көрсетті. Тас түсер алдында осы баурайда онкилондардың вампулармен үлкен шайқасы болыпты. Онкилондар вампуларды жеңіп, шығысқа қарай тықсырып тастапты. Тіпті осы оқиға да таспен сабақтастырылады. Үңгірде шіріген шоқпар, сынған найза, түтеленген тері, шағылған сүйек, үйілген күл жатыр. 123

Жалпы, сүйек шашылған мына үңгір, бұлтқа сүңгіп түксиген қара құз, алып қара тас, оның төңірегінде үйіліп жатқан сүйек-саяқ көңілді құлазытып, жиһангездер жертөлеге барар жолдағы жасыл орманға жетуге асықты. Амнундак үйінің алдындағы алаңқайда жұмыс қызыпты да кетіпті – онкилондар тұтқын қонақтарына жертөле салуға кіріскен. Жауынгерлер мен әйелдер жұмыстан бел жазар емес, бірі төрт құбыланың төрт ашасына жер қазып жатса, бірі ағаш кесіп, бөрене сыптап әуре, бірі балта даусы естілген орман жақтан сырғауыл тасып жүр, ал әйелдер төбеге жабатын шым ойып жатыр. Құрылысшылардың қаншама жан салғанына карамастан жұмыс барысы баяу, себебі тас балта, сүнек пышақ, шақпақ сүргі ағашқа онша батпайды. Баған-діңгекке деген жуан бөренелер қанша уақыт алғанына қарап тұрды-тұрды да, Горюнов жолдастарына ұсыныс жасады. – Кәне, онкилондарға ақ адамдардың жұмысты қалай істейтінін бір көрсетіп жіберейік. – Және көрсеткенде қандай! – деп жанығып кетті Горохов. Төртеуі де балталарын әкеп жұмысқа кірісіп кетті, жаңқалар жан-жаққа ұшып, ұрған сайын балта ағашқа тереңдей кіріп, тас құралмен онкилондардың бір күн істейтін шаруасын бұлар ширек сағатта-ақ тындырып тастады. Ақ адамдардың балтасы бөренеге тиісімен-ақ онкилондар өз ісін тастай беріп, бұларды қаумалай қоршап, таңдай кағып тамсанумен, жұмыстың шапшаңдығына қайран қалып, мадақ айтумен болды. Бақытына қарай жұмсақ жер кездескен әйелдер әуреленіп пышақпен қазып, қолмен топырағын уыстап шығарып, таяз төрт шұңқыр әзірлегенше бұлар төрт ашаны, оның үстінен жүргізетін үргілерді сыптап, сақадай-сай етіп үлгерді. – Қап, бұрғының болмағанын қарашы, мынаны тесіп, мықты бір сына жіберсек қой, аша мен үргінің басы қалай керемет ұстасар еді! – деп өкінді Горохов. 124

– Қашау болғанда да екеуі жақсы қиюласатын еді! – деп қостады оны Горюнов. – Иә, әрине, ол жақсы болатын еді, жазатайым жер сілкінсе, мынау ашаның басынан көлденең ағаш шығып кетіп, басып қалуы кәдік, – деп қауіп айтты Ордин. – Мұнда жер сілкінуі де мүмкін бе? – деп сұрады Костяков. – Тіпті әбден мүмкін. Біз әлі сөніп біте қоймаған көне жанартау кратерінің түбінде тұрған жоқпыз ба, көлдегі анау ыстық қайнарлар – соның белгісі. – Кәне, Никита, сұрашы, мұнда жар шайқала ма екен? – деді Горюнов. Күмәнді қуаттаған жауап алынды: онкилондар анда-санда жердің шайқалғанын сезініп тұрады, бірақ сілкініс онша күшті емес, залалы жоқ. Қариялар бұрынырақта қатты жер сілкінгенін біледі, содан үйлер түгелге жуық құлап, жүгіріп шыға алмаған жиырма шақты адам астында қалған. – Олай болса, біз бағанды жылжымас үшін тағы бір сырғауылмен бастырып тастайық, – деді Ордин. Түске дейін төрт ашаны орнатып, үргінің басымен ұштастыра бекітіп те үлгерді. Түскі астан кейін жиһангездер төбеге жаяр сырғауыл кесіп әкелу үшін онкилондармен орманға кетті. Жуандығы жеңді білектей сырғауылды кесу үшін онкилондар бір сағаттан артық уақыт жұмсайды, ал бұлар болса, оны бес-ақ минутта құлатып тастайды. Кешке қарай қажет ағаш әзір болып, алаңқайға сүйреп шығарылды. Бұл күні ақ адамдардың келгені жайындағы хабар онкилондардың барлық мекеніне тарап үлгерді де, кешке қарай жатжерліктерді көргісі келген жақын жердегі жауынгерлер ағылып келе бастады. Жиһангездер жұмыстан кейін тынығып жатқан жертөле әп-сәттің арасында тарылып шыға келді. Бірақ шеттен келгендер шетін мінез көрсетпей өздерін жақсы ұстады, жертөле тұрғындарына, меймандарға сауалдар беріп, әсерлерін ортаға салды. Амнундактың тілегі 125

бойынша балта мен пышақ қолдан-қолға өтіп, келгендердің жұмысты жапыра жылдам істейтіні, онкилондардың бір аптада әрең бітіретін жертөлесін бұлардың бір-ақ күнде салып боп қалғанын әңгіме етті. Тек кешкі астан кейін ғана жертөле босады, меймандар қоналқаға алаңқайдағы оттың айналасына жайғасты. Көп жауынгерлердің келуін пайдаланып ертеңгі күнді мүйізтұмсық аулауға арнасақ деп ойлады Амнундак. Ондағы үміт артқаны, әрине, ақ адамдардың нажағайы. Әйтпесе орға мүйізтұмсықтар аз түсіп жүр, ал оның қалың терісіне онкилондардың найзасы мен жебесі өтпейді. Мүйізтұмсықтың терісі дегенің теңдесі жоқ қазына, одан жасалған қалқан вампулардың шоқпарын денеге дарытпайды. МҮЙІЗТҰМСЫҚ АУЛАУ Келгендердің көптігі арқасында жаңа жертөленің тіреулерін қою ширек сағатта ғана бітті. Жертөле төбесін шыммен жабуды әйелдерге қалдырып, Амнундактың бастауымен жиналған жауынгерлер жатжерліктердің алдында ғана кездестіретін бір үйір мүйізтұмсығы жүрген шығыс жаққа аңға шықты. Жиналған жүз шамалы адам орманды жиектеп, мүйізтұмсықтар жайылып жатқан тайшаптырым алаңқайды қоршап ала қойды. Көсем мен жиһангездер аң айдалмақ сүрлеуге жақындап кеп тұрды. Барлығы орын-орнына тұрып болған соң Амнундактын берген белгісімен онкилондар ағашты шоқпармен қағып, әскери жырларының айғай сүреңіне басып кеп жөнелді. Қаннен- қатерсіз жүрген мүйізтұмсықтар қапелімде қайда барарын білмей, алаңқайдың бірде ана шетіне, бірде мына шетіне атылып, қайда барса қарсы алған ызы-шу, ысқырықтан тайқып шыға берді. Ақыры аңшылар күзеті тұрған жерге тақап барды. Төрт мылтық гүрс етті. Еркек мүйізтұмсықтың тізесі бүгіліп барып атып тұрды да орманға жете беріп сылқ түсті. Қарсы 126

127

бетке ұмтылған ұрғашысы мен баласы мылтық атылған соң шоқтан шыққан окилондардың қоршауына кезікті. Дұшпанын енді көрген ол айғай-сүрең мен жауға жебеге қарамай қарсы келген онкилонның бірін мүйізімен аспанға атып тастап, қоршауды жарып орманға кіріп жоқ болды. Сірә, туғанына көп болмаған баласын екі шаптан тістеп, иттер ұстап қалды. Жүгіріп жеткен онкилондар оны найзалатып өлтірмегенде, иттерге де оңай соқпайды екен. Мүйізтұмсықты соғып алу небәрі ширек сағатқа ғана созылды, тек бір адамның ғана аяғы сынды, бірақ бұл сәтті аңшылықтың салтанатына көлеңке түсіре алған жоқ. Жаралыны жас мүйізтұмсықтың заматта сыпырылған терісіне салып, екі сырықпен бақсыға әкетті, осында ем жасайтын жалғыз тәуіп те сол екен. Қалғандары мүйізтұмсықты союға кірісті. Жарты сағатта алып жануардың қаңқасы мен ішек- қарнындағы қан-жыны ғана қалды, басқасын пышақ үстінен үлесіп, бәрі мекендеріне алып тартты. Түске тармаса келген жиһангездер жаңа баспанасының бітіп қалғанын бір-ақ көрді: жетпей тұрғаны – тек төсеніш терілер мен ақжаулық қана. Төсеніштерді Амнундак өз жиғанынан берді, ал ақжаулық таңдау енді үш күннен кейін болатын көктем тойына қалдырылды. Оған дейінгі уақытты пайдаланып, жиһангездер күртікте қалған базасына барып, Никифоровтың хал-ахуалын біліп қайтуға бел буды. Үлкен жасауылсыз екі-ақ жауынгермен жібер деп Амнундакты көндіру үшін үгіт көп керек болды. Ертеңіне ертемен жақынырақ танысу үшін жолды ойпаттың батыс беткейінен таңдап ап жиһангездер жүріп кетті. Сан тарау бұғы сүрлеуі түскен поляр қайыңы шоғының жиегін жағалап жүріп келеді. Тас қырқа мен қамысты құрақ арасындағы мүкті алқапта бақташылары бар Амнундак тұқымының бұғылары жайылып жүр. Солтүстік бұғылары – онкилондардың сүт пен ет, тері алатын бірден-бір үй малы. Аң мен құс және балық аулау 128

малынан түсетін азық-түлікке азын-аулақ үстемесі ғана, ал көлден алатын су жаңғағы мен әйелдер алаңқайдан қазып ап жүретін бадана тамырлары оларға өсімдік дәмін алу үшін керек. Вампулардың беймаза көршілігі ғана заты бейбіт бұл жұртты жауынгер етіп қойған. Әйтпесе вампулар аулап, құртып бара жатқан жабайы жануарларды бұлар қорғап жүреді, сондықтан қуғын-сүргіні шамалы ойпаттың түстігінде хайуанаттар көбірек сақталған. Вампулар болса, аң қуып, онкилондар жеріне басып кіріп, үй бұғыларын да қырып кетеді. Онкилондардың вампуларға өшпенділігін өршітіп, жаугершілік өмір салтын қалыптастырған басты себептердің бірі де осы.Оның үстіне вампулар қолайы келсе-ақ, онкилондардың қыз-келіншектерін ұрлап алып қашады. Әйел байғұстар қашып құтыла алмаса, алғашқы қауымның ауыр тұрмысына төзе алмай, жабайылардың дөрекілін көтере алмай құса болып өледі. Әрине, бұл жағдай онкилондар мен вампулардың арасында келісімге орын қалдырмай, бітіспес жаулыққа ұласты да, екеуінің де соғыссыз отырған күні болған жоқ. Ойпаттың бұл шеті төбеден төніп тұрған жақпар базальт жар екен, адам тіпті шығамын деп ойламастай. Құз қабаттары көпіршіген, кейде қоқсыған базальтпен алмаса отырып, әредік қалың, болмаса алты қыры бар тас бағандар дөңкиіп, таутекелерге баспана болған үңгірлер қарауытады. Шамасы, бағзы заманда Санников жерін түгел алып жатқан жанартау жан-жағына лава шашып, ұзақ тұрған тәрізді. Әсіресе, сөніп бара жанартаудың ақтық тынысы сияқты ыстық арасандар атқылап тұрған ойпаттың орта тұсы қатты бүлінгенге ұқсайды. Лава тасқынының кейбір тұсы ақ, қызыл ақық халцедон тәрізді түрлі-түсті моншақ тастармен өрілген. Ол тұсқа келгенде жатжерліктерді ертіп жүрген онкилондар мынау түрлі-түсті тастардан қыз-келіншектердің алқасы тізілетінін, ал ірі кесектерінен найза мен жебенің ұшы жасалатынын 129

айтты. Бірақ бұның жұмысы көп, сондықтан олар пышақ пен найза ұшын көбінесе сүйектен жасайды. Сіле қатырған ұзақ жүріс те шумақталып, күннің ұясына кеш қонғанының әрі ұзақтығының арқасында күртік түбіндегі базаға да жетті-ау. Никифоров от басында шыжғырып, ет пісіріп отыр екен. Ол жолдастарымен еріп келген екі онкилонға таңырқай қарап, көз алар емес. Ал олар болса, қар апанға тіккен шатырға, жасыл орманның арасынан қардың ортасында тұруды артық көрген адамға таңырқайды. Оларды ит қамаған үңгір де қызықтырды. Мұзбен жүретін көлігін айтып қоймасын деп нарталар мен байдарканы бұлар жасырып қалды. Онкилондар ақ адамдар бар ғұмырын қардың ортасында өткізіп, иттерді жүк артатын көлік ретінде пайдаланады екен деген ойда қалды. Түнге қарай онкилондар орманды алқапқа кетті де, жиһангездер шатырға қонды. Таң рауандай кірер ауызда жатқан иттер арсылдап қоя берді. Никифоров қарап жіберіп, алпамсадай аюдың сүлдесін көрді. Ол артқы аяғымен шабаланған иттерді жасқап, алдыңғы аяғымен тері мен бас сүйек және сақтық ет салынған қойманың аузындағы тақта мұзды құлатып жатыр. Казак жолдастарын оятып, мылтық алып сыртқа ата шықты. Әдеттегідей қалың тұман ойпатты құндақтап тастаған, оқ тиіп кетпес үшін иттерді шақырып алуға тура келді. Адам даусын ести сала аю артқы аяғымен тік тұрып бұларға бетеді. Елең-алаңда, тұман арасынан ол тіпті зор болып көрінді. Шатырмен арасы екі-үш қадам қалғанда екі оқ аюдың кеудесіне қадалды. Теңселе беріп гүр етті де, аю тура күркенің аузына құлады. Никифоров бір жаққа жалт беріп әрең үлгерді, ал Горюнов қараңғыда Горохов пен Ордин мылтығына оқ іздеп жатқан шатырдың түкпіріне тайқып кетті. Жандалбасалаған жыртқыштың аяғымен мұз жақпарлар жан-жаққа ұшып жатыр, иттер ұлып, оларға үңгірден тағы отыз дауыс қосылды. Шатырдағы жағдай қыл үстінде, аю сәл ілгері жылжыса, енді барар жері жоқ 130

адамдарды түкпірден аяғымен тартып алады. Бақтарына қарай Никифоров абдыраған жоқ, мылтығына жарқыншақ оқты патрон салып, оңтайлы бір сәтте азулы аңды басып қалды. Аяғын бірер серіпті де аю жантәсілім етті. Ызы-шу мен мылтық даусына қолына алау ұстаған екі онкилон да жүгіріп жетті. Бәрі жабылып күркенің аузынан аюды сүйреп алды. Жыртқыш тіпті алпамсадай екен, онкилондарды қайран қалдырды. Олар аю аулауға үлкен жасақпен ғана шығатын, соның өзінде бірер адам өліп, иә жараланып қайтатын. Сондықтан да оларда аю азуы жоғары бағаланып, көп аңшылар оны алқасына тізеді. Таң ағара бастады, ұйқы бұзылды, бәрі аюдың терісін сыпырып, етін бұзуға кірісті. Никифоров иттеріне көп ет жинап, аю терісін жаңа жайына төсеу үшін жиһангезден алып кетпек болды. Сондықтан олар артынан іле барамыз деп онкилондарды үгіттеп, мұны тура көсемнің үйіне жеткізуді өтінді. Ондағысы жасауылдардан бір күн бөлек жүріп, вампулар мекенін барлау еді. Оларды Амнундак ұсынғандай, соғыс жағдайында емес, жай бір көруге құмартты. ВАМПУЛАРМЕН ТҰҢҒЫШ ТАНЫСТЫҚ Аюдың басын еттен арылтып, қоймаға жасыруға тиіс Никифоровты жалғыз қалдырып, жиһангездер ойпатты жиектей отырып терістік-шығысқа бет алды. Алғашқы сапардан таныс жерлерді көктей өтіп, түске тармаса олар бір ашық алаңға шықты. Оның дымқыл топырағынан көлге таяу тұста өгіз бен жылқы тұяғына қоса жалаңаяқ адам ізін тапты. Бұл онкилон ізі емес, себебі олар аяқкиімсіз жүрмейді. Және мынау табанның таңбасы тым үлкен, башпайлары әдеттегіден әлдеқайда ұзын, бірінші және екінші башпайларының арасы едәуір алшақ. Терістік-шығысқа қарай кеткен ізге иттерді салып жиһангездер тағы да екі алаңқайдан асып, үшіншісіне 131

жақындағанда шуылдаған дауыстар есітті. Иттерді қарғысынан жетелеп, орман бауырына абайлай жетіп жазыққа көз тастап еді: вампулар жүр. Сегіз адам шөпте жатқан бір қараны айналып билеп жүр, онысы соғып алған ірі хайуан болса керек. Вампулар түгел тыр жалаңаш, денесі қоңырлау, түкті. Жалбыраған шашы иығына түсіп, бет-аузын келте сақал- мұрт басқан. Бір қолына қысқа найза ұстап, бір қолында – шоқпары, бір орнында секіріп, аяғын алға, артқа сілтеп, қолын сермеп билеп жүр. Би ырғағымен «Ой-го-го!», «Ай-ду-ду!» деп бірер сөзді әлсін-әлсін қайталап, айғайлай береді. Би он минутқа созылды, сосын вампулар олжасын айнала қоршап, терісін сыпыра бастады. Қызығы, енді келді: әрқайсысы қаны сорғалаған жылы еттен кесіп-кесіп алып қарбыта асай бастады. Қарны тойғасын ғана олар олжасының қолын қол, жілігін жілік етіп, қара кесек тұсын кесіп алып теріге орап, жетеуі алаңқайды басып, шығысқа қарай жөнелді, сегізіншісі қалған етті күзетіп орнында қалды, төбесінде екі бүркіт оған қайта-қайта шүйіліп қалықтап жүр. Жүресінен отырып ап етке құныға түскен күзетші төрт кісі мен екі иттің ту сыртынан білдіртпей жетіп келгенін байқамай қалды. Крот ыр-р ете қалғанда ғана жалт қарады. Әуелі ол тұра-ақ зытпақшы еді, бұрын көрмеген, онкилондарға еш ұқсастығы жоқ адамдарға аңтарылып, олардың кезене ұстаған жылтыр таяқтарына, қасына ерген қасқыр сияқта екі мақұлығына қарап, пышағын түсіріп алып, қолында бір кесек еті, қорыққанынан қалшылдап отырды да қойды. Тереңге орналасқан кішкентай шүңірек көзі оның аласа маңдайын екі доғаға ұсатып көрсетеді, аңқиған аузынан аппақ тісі ақсиып, кесек азулары байқалады, қысқа иегі жүзіне тағылық таңбасын тепкізіп тұр. Ұзынша ақ таяқша өткізілген танауы делдиіп, мұрны жапырайып жатыр, құлағы ұп-ұзын, сүйектен дөңгелетіп жасаған сырғасымағы оны созып иығына түсіріп тұр. Мойнында аю мен қабан тісінен тізілген алқасы бар. 132

Вампу мен жиһангездер бірнеше минут бойы үн-түнсіз бір-біріне карасты да қалды. Кенет тағы адам атып тұрып, жартылай бұзылған өгіз етін бір-ақ аттап, дұшпан жоқ жақпен кеудесін алға төсеп ата жөнелді. – Қап, айырылып қалдық-ау! – деп өкінді Костяков. – Ұстап алып қолын байлап бірге ала кету керек еді. – Оңайлықпен байлата қойса! – деп күлді Горюнов. – Бұлшық еті мен тісі қандай екенін көрдіңіз бе? Біздің оған төртеулеп әліміз жетпейтіні хақ. Ол біреуіміздің желкемізді үзіп, не кеңірдегімізді орып кетер еді. – Ұстаған күнде де оны қайда апарамыз? – деп сұрады Ордин. – Тұтқында ұстап байқап, тілін түсінуге тырысар едік, мінез-құлқын зерттер едік. Көне тас дәуір адамының тілі мен мінез-құлқын зерттегеннен қызық не бар. Әне, қаруы қалыпты, қараңыздаршы. Вампу найзасы мен шоқпарын шөпте қалдырып кетіпті. Найзасының ұзындығы бір метрдей, сабы түп-түзу ақ қайың, сәл үңгіген ұшына өрескел сомдалған ұзынша шақпақ тас қыстырып, түсіп қалмас үшін оны көн қайыспен шандып бекітіп қойған. Шоқпары әлгіден жуыр ағаштың түп жағы, сыпталған түбірінің жуандығы түйілген жұдырықтай. Шоқпардың ұзындығы жетпіс сантиметрдей, әлеуетті қолда, әсіресе, қол төбелеске таптырмайтын қаһарлы қару мұнымен кісінің басын күлпәрше ғып, өгіз иә жылқыны талдырып түсіруге болады. Бұрынырақ кеткен вампудан қалған басқа шоқпардың басына үшкір, қырлы шақпақ тас байлаған, онысы ірі хайуанның басына тисе, тесіп өтетін түрі бар. Өгіз өлімтігінің бір жақ қабырғасының еті тұтас сылынып, алдыңғы, артқы аяқтары шауып алыныпты. Алайда жерде әлі де жарты еті мен басы жатыр. Әлгі адамдар, сөз жоқ, өз олжасына қайта оралуға тиіс. 133

– Меніңше, олар мұнда оралмайды: қашқын көргенін айтып үрейлерін ұшыруға тиіс, – деген болжам айтты Горюнов. – Бәлкім, олар бізді көруге, болмаса аулап алуға әдейілеп оралар да, – деді Костяков. – Жасырынып күте тұрайық, сөйтіп олардың тұрағын көріп алайық, – деп ұсыныс жасады Ордин. – Егер олар бізді ізімізге түсіп тауып алса ше? Сірә, олар тәжірибелі ізші болуы керек, – деді Горюнов. – Із тастау үшін әуелі батысқа өтейік, содан орман ішімен айналып екінші жақтан шығалық. Осы ақылға көніп, ет пен қаруға тимей, жиһангездер алаңқайдың терістік бетіне қайта жасырынды. Тегінде, тұрақтары онша алыс болмаса керек, бақылаушылар алаңқайдың шығыс бетіндегі бұта қозғалып, арасынан барлаушының дудар басын шалып қалды. Өлексеге екі бүркіт қонып, шоқып жатыр, екеуі бөлек жатқан ішек-қарынмен отыр. Бұдан вампулар алаңқайда еш адам жоғын бірден байқаса керек, бұта арасынан отыз шақты адам қаптап шыға келді, арасында оншақты әйелдері де бар. Олар жүгіре басып өлексеге келді. Бірінен кейін бірі жалп етіп ұшқан бүркіттер алаңқайды шыр айналып, төбеде әлі қалықтап жүр. Вампулар өлексені айналып, еттің мұрты бұзылмағанына, қару-жарақтың орнынан қозғалмағанына қарап, қарадай үрей шақырған қашқынға күлісіп жатқан сияқты. Шамасы, олар оған бірдеңе елестеген, онкилондар болса етті тастап кетпек былай тұрсын, күзетшісінің де жоқтауын бір-ақ асырады деп тұрса керек. Қашқын ақталып керемет адамдардың қай арада қалай тұрғанын көрсетіп, иттің қандай екенін түсіндіріп, оның даусына салып үріп те қойды. Сонан соң ғана бірнеше адам өлексенің төңірегін тінтіп, жиһангездердің ізін тапса керек, сол кеткен жаққа беттеді. Қалған вампулар етке айналып, қалың ми сүйегін сындырып, ішек-қарынды аршып алды. Оны арқалап әйелдер кері тұрақтарына оралды да, еркектер із кесіп кеткендердің соңынан жүгіріп, жолдасының зәресін 134

ұшырған бейтаныстарды қуып жетуге жанталасты. Алаңқайда өгіздің қабырғасы мен омыртқасы ғана қаңқайып, бүркіттер шоқитын да ештеңе қалмады. – Мұнысы жақсы болды! – деп қуанып кетті Костяков. – Еркектері кетті, біз енді тұрақтарында қалған әйелдеріне қонаққа барамыз. – Еркектері қайтып келіп сыбағамызды берсін деймісің?! – деп мырс етті Горюнов. – Бәрібір бізге енді алға жүруге болмайды: олар біздің онкилондар тұрағына баратын жолымызбен тартып, олай барсақ, беттесіп қаламыз. Онан да тұрақтарын көріп алып, түстіктен айналып кетейік. Тағы адамдар тұрағындағы тұрмысты көру ниеті сақтықты жеңіп, сүрлеуге түсіп, төртеуі де шығысқа қарай тартты. Жерге тамған қан ізі оларға әйелдер жүрген жолын нұсқап тұр. Көп кешікпей алдан айғай мен күлкі естілді, олар тасаланып келіп шағын алаңқайдың ортасынан тағылар тұрағын тапты. Уақытша ма, әлде жазғысы ма, әйтеуір жалғыз теректің түбінен тұрақ теуіпті. От жанып жатыр, айналасында әр жастағы әйелдер мен балалар отыр. Әйелдерінің бойы ерлерінен едәуір аласа, бірақ олардан сымбаттырақ, түгі де аз, әсіресе кеуде жағы жалаңаштау. Оның есесіне шашы ұзын, бірақ қобырап жатыр, танауына өткізген таяқша мен астыңғы ерніне, құлағына тағылған ақ дөңгелекшелер болмаса, жүзі жылырақ көрінгендей, қоңыр мойнында алқа ағараңдайды. Киім дегеннен бірінде де тұлдыр жоқ. Балаларының шашы да, түгі де аздау. Етті таяқшаға шаншып, отқа сәл ғана ұстап, вампулар жеп жатыр. От басына тақау үлкен тас жатыр, соған салып, үстінен екінші таспен ұрып, әйелдер миды шағып, борпылдатып сора бастады. Айғай-сүрең салып, мәз боп күліп, бәрі кәреге батып жатыр. Әбден тойып алып әйелдер қалған етті бұтаққа іліп, екеуі теріні жерге төсеп, шақпақ қырғышпен оның шөлі мен қан- 135

жынын сыли бастады. Басқалары от басына көсіліп, көңілі жайланып мызғуға кірісті. Балалар да бірін-бірі қуалап асыр салып жүр: біреуі шөпке аунап, мәре-сәре болса, біреуі маймылға ұқсап, ағашқа шығып, айғай салады. – Ал біз шыға келсек қайтеді? – деп сұрады Костяков. – Олар ғой қорқып, тым-тырақай қашады, біз тұрағын көріп, коллекцияға қару-жарағын, үй заттарын аламыз. – Олар қашпай, корғанысқа көшсе ше? Кексе әйелдердің өзі жиырма шақты, әрқайсысының күші біздің кез келгенімізден артық, – деп қарсылық білдірді Горюнов. – Мылтықты аспанға атсақ, қорқып тұра қашары шәксіз. Бұлай да бір тәжірибе жасап көру қызық көрінді де, жиһангездер қаруын кезеп бұта арасынан шыға келіп, тұп- тура тағылар тұрағына бет алды, иттер төрт тағандап ойнап жүрген балаларды аңның өзінше бір түрі ме деп абалай қуды. Мұның әсері мықты болды. Әйелдер атып тұрып, от пен теректің айналасына топырлады, алдында ғана қашқыннан есіткен ғажайып адамдарға қарап, аузын ашып аңырды да қалды бәрі. Балалардың иттен зәресі ұшып, қашып келіп әйелдердің артына тығылды. Алайда әйелдер есін шапшаң жинап, найза мен шоқпарға жармасты. Біреуі ырылдаған екі иттің ортасында құлап қалған баласына ұмтылды. Әйел найзамен шанышқанша Горюнов иттерді шақырып алып үлгерді. – Көріп тұрсыңдар ғой, қашу бұлардың қаперінде жоқ, қайта бізге атқалы найзаларын оңтайлап, көтеріп алды, – деп ескертті Ордин. – Кешігіп қалмай, атуға тура келер. Егер біз кері бұрылсақ, қорықты деп ойлап, артымыздан тап беруі мүмкін, – деді Костяков. – Иә, ойынды бастауын бастаған екенбіз, енді ұтып шығу керек, – деді Горюнов. – Екі оқты әйелдердің басынан асыра атып, екеуін сақтықта ұстайық. 136

Костяков пен Ордин атып қалды, әсері адам айтқысыз болды: өздеріне қаратқан жылтыр таяқтан жарқ етіп шыққан от пен түтінді көріп, гүрс еткен дыбысты есіткен бойда әйелдер найзалары мен шоқпарларын тастай беріп, тізерлеп жата кетті де, зар еңіреп жалбарынып, жалына қолын жайды, балалар өкіріп қоя берді. – Жарайды, мұны мен күткен жоқ ем! – деп дауыстап жіберді Костяков. – Олар тұра қашып, біз қалағанымызды алатын шығармыз деп ойлағанмын. – Енді оларға ептеп жақындап, құдай болып көрінуіміз ғана қалды, – деп ұсыныс айтты Ордин. – Қай құдай, олардың найзасы мен шоқпарын қымқыратын құдай ма? Одан да алдымен мылтықты оқтап алалық. Мылтықтарын оқтап алып, жиһангездер салмақпен басып тізерлеп жатқан әйелдерге жақындады. Он-ақ қадам қалғанда, балалар дүрбелең туғызып, үрейленіп орманға қарай тұра қашты. Бірінен соң бірі әйелдер де солардың соңынан тартты. Орнында бетін жерге төсеп, тұла денесі дірілдеп, бір ғана әйел қалды. Жақындап келіп жиһангездер оған үңіле қарады. Оның арқасын қысқа сирек түк басыпты, табаны мен алақанында ештеңе жоқ. Табанының терісі қалыңдығы мен қаттылығы жөнінен мүйізге ұқсайды, үлкен башпайы басқаларынан бөлек оқшау тұр, арқасына қарағанда балтыры мен білегінің жүні қалың. Алдынан қарағанда түгі аз, беті мен кеудесі тіпті тап-таза, бірақ сақал-мұрт болмаған соң кем иегі еркектерге қарағанда көзге көбірек ұрады, оның есесіне көзінің үстіндегі доға білінер-білінбес. Алайда ат жағы, шүңірек көзі, таяқша өткізілген жапырайған мұрны, дөңгелек ақ сүйекпен дүрдите тартылған ерні сұлулықтың ауылын онан алыстатып тұр. Сабын, тарақ дегенді ғұмыры білмей қобырай дудыраған шашының арасында шөп сабағы ма, жапырақ па – әйтеуір жоқтан өзгенің бәрі жүр. Ал бұлшық еттері әйелдің әлеуетті екенін аңғартып-ақ тұр. 137

Бейшара әйел ақыры тыншыды, бақса, оның бір аяғы мықты қайыспен терең қағылған қазыққа тас қып байлап тасталған екен. Оның басқа әйелдермен неліктен бірге қашпағанының себебі енді айқындалды. Зайыры, ол бірдеңе үшін жазаланса керек. Екі шоқпар, екі найза, май баттасып, қанмен күреңіткен дөрекілеу ағаш аяқ пен қырғыш алып, оған әйелдің мойнындағы алқасын қосып ала кетуге айналғанда, бәрін Горюнов кідіртті. – Мынауымыз тұп-тура тонау болып шықты. Әйелдерді өлердей қорқытып, аз ғана мүлкін сыпырып алып кеткеніміз жөн болар ма екен? – Ой, бұл бас пайдасы емес, ғылым үшін ғой, – деп қарсыласты Костяков. – Дегенмен жақсы емес. Орнына бірдеңе қалдырып кету керек. Қоржындарын ақтарып, кішкентай айна, шыны моншақ, сынық бәкі мен дәрінің темір қалбырын алып, оған екі бос гильзаны қосып, әлі де көзін жұмып жатқан әйелдің қолының қасына тастады. Содан сон білдіртпей басып орманның бауырына барып жасырынды да, бақылауға кірісті. Біраз уақыт құлаққа ұрған танадай тыныш болып тұрды. Содан соң әлгі әйел басын көтеріп, бейсауат адамдар кеткеніне, өзіне еш залал келтірмегеніне көзі жетіп, айнала бір қарап алды да, екі саусағын аузына салып, ұзақ ысқырды. Жауап ретінде орман жақтан да ысқырық естіліп, ұзамай әйелдер жүгіріп бірінен соң бірі келе бастады. Олар жақындағанша жаңағы әйел жерде жатқан, жалтырап көз тартатын заттарды көріп, бірақ бас салуға қорқып, қолын соза беріп, күйдіріп кететіндей тартып алып, әуре болды. Ақыры, жеңсігі жеңіп, заттарды кезек-кезек ұстап, аудара қарап, иіскеп, таңдана шыңғырып жіберді. Жүгіріп жеткендер де оларды қолдан-қолға түсірмей, айғайласып, дауласып жатты. Алқасынан айырылған әйел шыны моншақты мойнына 138

сала беремін дегенде, екі әйел кеп таласып тартты да, жібі үзіліп моншақтар жерге домалап кетті. Бәрі үйме-жүйме болып, моншақты теріп, қолына түскендері оны аузына тығып, әлек-шәлегі шықты. – Біздің сыйлығымыз бәле боп жабысып, әйелдер өзара төбелеспесе жарайды ғой, – деп күлді Горохов. Алайда жиһангездер олардың дауы мен бөлісінің ақырын күткен жоқ, вампуларға жолығып қалмас үшін түстік-шығысты бетке алып тартып берді. Түнде бір алаңқайға қонуға тура келді де, Амнундактың қосына ертеңіне түске таман жетті. Ол ертемен әр бағытқа жоқшылар жіберіп, ақ адамдар адасып кетті ме екен, әлде уәдесін бұзып, тайып тұрды ма екен, – деп қауіптеніп отыр еді. Меймандардың қолынан вампулардың найзасы мен шоқпарын танып, олардың қайда болғанын білгенде, бейқамдықтары үшін қатты кейіді. Онкилондар төртеуден-төртеу вампулардың жеріне аяқ басуға ешқашан тәуекел етпес еді деп ескертті. Жаңа жайын өздері жоқта сақадай-сай етіп қойса да жиһангездер ол күні көсемнің жертөлесіне қонып шықты. Бастан-аяқ онкилондарша тұрмас үшін олар осы жолы базадан шай-қант, киім-кешек, ыдыс-аяқ ала келіп, дұрысырақ өмір сүруді ойлады. ЖАР ТАҢДАУ ТОЙЫ Келесі күні онкилондардың көктемнің кемел тууын, жыл құстарының келуін, солтүстік бұғыларының бұзаулауын атап өтетін көктем тойы болуға тиісті. Алаңқайға алакөбеден-ақ барлық мекеннен ағылып жауынгерлер келе бастады, үйде тек кемпір-шал, бала-шаға мен бұғы күзеткен бақташылар ғана қалды. Келгендер орман жиектей ру-руымен жайғасып, от жақты, әйелдер ас қамдап, ерлер жарысқа қажет қаруларын сайлады. Бір ошақтан бір ошаққа қыдырып, жаңалықтарын ортаға салысты. 139

Онкилондарға жазылмыш бақытсыздықты жуықтатпас үшін бірге қалуға келіскен, қолында нажағайы мен жасыны бар жатжерліктерді көру үшін жауынгерлер топ-тобымен Амнундактың жертөлесіне кезек-кезек кіріп-шығып жатты. Алғашқы күндердегідей емес, әңгіме енді еркінірек өрбитін болды, себебі Горохов ұмыта бастаған чукча тілін есіне түсіріп, басқалары да бірдеңе түсіне бастады. Жертөленің бұрынғы өз тұрғындары шығып кетті де, көсемі бастаған бір ру тұтас келіп, үйдің екі бүйірі мен босағасына жайғасты, алдыңғы қатарға ерлері малдасын құрып, артқы жағында әйелдері түрегеп тұрды. Құрметті орында отырған Амнундакқа, бақсы мен жатжерліктерте ру көсемі өзінше тарту-таралғы әкеліп, бұлғын мен түлкі терісін, түрлі-түсті тастардан жасалған моншақ және тас балта ұсынды – соның сыбағасына қыран- қауырсынын алып, өз шашына қыстырды. Жалпы, рубасыларының жасын шашына қадаған осы қауырсынын санап білуге болады екен. Олардың кейбіреуінің шашы бурыл тартқан, бірақ күш-қуаты әлі нығыз сияқты, шашындағы жиырма-отыз қауырсынына қарап тұтас бір желпуішті көз алдыңа келтіресің. Жағалата сұрай отырып жиһангездер мұнда рубасылық атақ мұрагерлікпен берілмейтінін білді: әр ру өз адамына батылдығы мен батырлығы, аң аулау мен соғыстағы ақжолтайлығы үшін ғұмыр бойына немесе қартайып тұғырдан түскенге дейін көсемдікті береді. Қартайып қайраты қайтқан көсем биліктен өзі бас тартып, жаңа басшы сайлатады да, сол мекеннің құрметті адамы болып қала береді. Көсем қазаға ұшыраған жағдайда жедел жаңасы сайланады. Сол сияқты күллі онкилондардың көсемі деген атақ та мұрагерлік бойынша берілмейді: оны рубасылары өз ортасынан сайлайды. Айтқандай, бүл құрметті ғана атақ: басқа рубасылар сияқты бұл да өз тұқымын басқарады, тек руларындағы арасы дау- дамайды ғана шешіп, бірлесіп аң аулау, тағыларға шабуыл жасау шараларын белгілейді. Ал дау дегеніңіз, ара-тұра бұғы 140

жайылымы мен қыз алып қашу төңірегіндегі болмаса, аса сирек. Жертөледе бірге тұратын әрбір ру өзінше кішігірім коммуна, үй-орманы да, мал-мүлкі де, жиған-тергені де түгел ортақ. Әйелдер асты бірге істеп, теріні бірлесіп илейді, киімді бірігіп тігеді, жеміс-жидек, қозықұйрық теруге де бас қосып шығады, ерлер де солай: табынды бірге бағып, күзетеді, қару-жарақты қосылып жасайды, аң қағу, балық аулауға, тағылармен соғысқа қатар аттанады, отын-суды бір жүріп әзірлейді. Он тоғыз ру жатжерліктермен жүз көрісіп, жертөлесіне кіріп-шыққан соң меймандарын Амнундак алаңқайға келгенде бақсы данғырасын қағып, тойдың басталған белгісін берді. Әйелдер, қыздар, жеткіншектер және жақын мекендердің азын-аулақ кәрі-құртаңы жертөленің екі жағына орман барқынын жиектей отырды. Бір шетте ерлер ру-руымен жасақ құрып, сапқа тұрып жатыр. Екінші белгі берілісімен жасақтар әскери би орындап бірінен соң бірі көсемнің алдынан өте бастады, қолдарында найза, садақ, дулыға, арқаларында жебе толы қорамсақ. Биінің түрі найзаны лақтырып қағып алып, садақ тартып, секіре беру, барлық жасақтағы қимыл бірдей, сәнін келтіріп тұрған сонысы ғана. Биіктігі екі метр, жуан теректің түбірінен ойылып, мүйізтұмсықтың көнімен асты-үсті түгел қапталған, үстінде бірнеше тесігі бар барабанды тоқпақпен соғады екен кеп, әскери әуенінің түрі содан шыққан дүңгір. Бұндай барабан әр руда бар екенін соның көмегімен жедел маңызды хабарлар телеграф сияқты тайпаға әп-сәтте тарайтынын жиһангездер енді білді. Барабанның қатты күңгірт үні бірнеше шақырым жерге жетеді. Би кезінде жиһангездерге онкилондардың әскери күшін санап білуге мүмкіндік туды, олар төрт жүз – төрт жүз елудің аралығында екен, әр руда жиырма-отыздан жауынгер бар. Бақташылар мен кемпір-шал қатын-қалаш, бала-шағаны қосқанда тайпада мың екі жүз – мың жарым адам болып 141

шығады, бұл Амнундактың бастапқы сөзі бойынша әр руда жиырма-отыз жан бар деген сөзімен санағандағыдан әлдеқайда көп, бақса ол тек жауынгерлерді ғана айтқан екен, қалғандарының санын тіпті білмесе керек. Іле биден кейін найза лақтыру мен садақтан ату жөнінен жарыс басталды. Найза лақтыру үшін алдымен биік екі қазыққа ұзын қайыс арқан керді. Оған қырық қадам жерге келіп бір ру бір рудан кейін қатар түзеп, бүкіл жауынгерлер арқаннан асыратындай етіп бір-бірден найза лақтырды. Үш рубасыдан тұратын төрешілер алқасы межеден асқан, аспаған найзаларды түгел санап шықты. Найзалары арқаннан ең көп асқан ру жеңімпаз деп танылды. Садақтан ату жөніндегі жарысты бастар алдында найза ұшына жабайы жылқының терісін ілді, жон арқадағы қара жолақ нысана болып белгіленді. Әр ру нысанадан елу метр қатар түзіп, жауынгерлер бір-бір оқтан шығарды. Қара жолаққа тиген жебе ғана есепке алынып, көп тигізген ру жеңімпаз деп танылды. Оның құрметіне барабан гүрс-гүрс қағылып, көрермендер айғайлап қошемет көрсетті. Сонан кейін күрес басталды. Екі рудан кезектесіп бірдей адам бөліп, қарама-қарсы сап құрды; одан екі-екі адамнан шығып белдеседі де, барабан бес-он мәрте біркелкі қағылғанша бірінің жамбасын бірі жерге тигізеді. Тағы да қай жығысы кем ру жеңімпаз саналады. Күрес біткеннен кейін төрешілер алқасы жарыстың түр-түрі бойынша жеңіп шыққан рулардың атын Амнундакқа хабарлады, сосын барлық рубасыларымен бірге жинаған ұпайына қарай рулардың орнын анықтады. Осыдан соң рулар дөңгелене сап құрып, ортасына Амнундак шықты да, әлгі орындарды жариялады. Алдыңғы он орынға ие болған рулар айғай-қиқу салып мәз боп қалды да, қалғандары ұялып жерге қарады. Көсем өз орнына оралғасын рулар әскери биді қайта бастады, бұл жолы жеңгендері алға шығып, жеңілгендері артқа ысырылды, ал көрермендер тек алдыңғыларға ғана қошемет көрсетті. Жеңіліс тапқандар енді 142

бір жылдаң соң ғана қарымта қайтара алады, сондықтан бұл жарыс жауынгерлердің ұдайы жаттығып, денесін шынықтыруын, әскери рухын биік ұстауын талап етеді. Әйелдер ет қуырып, сорпа мен шелпек пісіріп қойған еді, онкилондар биден кейін көлеңкеге отырып, асқа бас қойды. Рубасылар меймандармен бірге Амнундактың жертөлесіне жиналды, олар ас үстінде де жарыстың нәтижесін талқылап, жеңілгендер сәтсіздігінің себебін айтып, ақталып жатты. Бәрі де түскі астан кейін жатжерліктердің нажағай мен жасынын көрсетуін өтінді. Екі сағаттан кейін жас жігіттерді жар таңдау жарысына шақырып, барабан қайта дүмпілдеді. Бойдақ жауынгерлер әр руда екі-үштен ғана екен, енді олар ру-ру болып емес, түгел қосылды жарысқа. Әуелі найза лақтыру қайталанды, өз кезегімен әркім үш найзадан лақтырды: содан сон садақ тарту басталды, әркім үш жебеден атты. Төрешілер тәртіпті бақылап, тигізгендерді белгілеп тұрды, содан соң нәтижесіне қарай жеңімпаздар реті айқындалды. Егер бір орынға екі, үш адам бірдей ілігетін болса, жеңімпаз белдесіп ұстасу арқылы анықталды. Ақыр аяғында реті де айқындалды, сол тәртіппен сапқа тізілгенде үміткерлер қырық жеті болып шықты. Барабанның жаңа дабылымен көрермендер арасынан жасы жетіп, жар таңдауға жарап қалған қыздар көтерілді. Үйдегідей үстіне не болса соны іле салмай, әйелдерге ұқсап олар да тойға қызыл-жасыл жіңішке таспамен кестеленген жеңіл тері шалбар мен кеудеше және торбас киіп келіпті. Бұрымдарын гүлмен безеп, басына шеңбер-гүл киіп алыпты. Бірақ көрімге келгенде олар киімін сыпырып тастап, жас жауынгерлерге өрнек-таңбасының әсемдігін, сымбат-мүсінінің мінсіздігін көрсету үшін жалғыз ғана белдемшемен шықты. Олар рубасылары отырған көсем үйінің қарсысына келіп сап түзеді. Амнундак орнынан тұрып былай деді: 143

– Қыздар, бізге тәңірінің жаушысы болып қолында нажағай мен жасыны бар ақ адамдар келгенін есіттіңдер ғой. Бабаларымыз айтып кеткен бақытсыздықтан онкилондарды сақтау үшін олар бізбен бірге тұрмаққа келісті. Ештеңеден мұқтаждық көрмесі үшін біз оларға баспана, азық-түлік және жар-жолдас тауып беруіміз керек. Бұлар қалыңдықты сендердің ортаңнан таңдайды. Қалауы қайсыңа түссе де, ризалық беріңдер. Мен сөйлеп болдым. Бұл сөзге қыздар қайран қалған жоқ, себебі мұндай хабар мекен-тұрақтарға бұрын-ақ тараған. Төртеуіне жары болу бұйырып тұрған қыздар тойға келе-ақ, жатжерліктерге ынтыға қарап, көз айырмай қойған. Дегенмен кейбір қыздардың жас жауынгерлер арасында сүйіп, көңіл қосқандары да болатын, олар қонақтардың таңдауы түсе қоймас деп жұбатты өздерін. Сондықтан Амнундактың сөзіне қыздар қатарынан бірауызды жауап қайтты: – Таңдаса таңдасын, біз бәріміз де ризамыз! – Мына аралдағы жағдайымыз аяқ астынан қиындайын деді-ау, – деп дал болды Ордин. – Әйел алып онкилондарға байланып қалатын болдық. Не істейміз? – Меніңше, онкилондарды ренжітіп алмас үшін көңілін жықпай, достық қарым-қатынасымызды үзбеуіміз керек, – деді Горюнов. – Сонда шынымен-ақ таңдап қыз аламыз ба? – деп аңтарылды Костяков. – Біз былай жасаймыз, – деді Горюнов. – Бұларға біздің елде үйленетін жігіт пен күйеуге шығуға келіскен қыз бірімен- бірі жақын танысуы керек, сондықтан олар жарты жылдай немесе бір жылдай бір түндікте бірге тұруы керек, сол мерзімнің ішінде олар бір-бірін етене жақын біліп, ортақ өмірін ұнатса, үйленуіне болады дейік. – Тамаша! Міне, мынауыңыз табылған ақыл! – деп қуанып кетті Ордин. – Осы ұсынысты енді көсемге айтып, біз өз еліміздің дәстүрі бойынша таңдаймыз қалыңдықты дейік. 144

Жиһангездердің қалай шешкенін Горохов Амнундакқа жеткізді де, ол келіскен сыңай танытып, оны сөзімен де білдірді: – Ақ адамдар, мен сендердің қалауыңа келешекте жар боп ұнайтын қыздарды тартамын. Жиһангездер орнынан қымсына көтерілді, қысылмасқа да жөн жоқ: қарсы алдында қылымсып, құлын мүшелі елу қыз қатар түзеп тұр, дені үріп ауызға салғандай, таңдау да оңайға түсер емес. Амнундакка еріп, олар әуелі сапты сүзіп шықты, сұлуларының алдына келгенде әрқайсысы-ақ бір-бір толқып алды. Бірден таңдап үлгерген Горохов қана болды. Ол қу орта бойлы бір қызды анадайдан көздеп тұр екен, жанына жетіп барып: – Мен осыны қалаймын! – деп қолын созды. Жүзін қолымен жауып сықылықтаған қыз саптан шығып, Гороховтың қасына кеп тұрды. Таңдау бірінші түскен қыз сол болды да, құрметіне барабан соғылды. Қалғандары саптың шетіне шыққанымен ешқайсысын түстеп көрсетпеді. Бұған қайран қалған Амнундак: – Ақ адамдарға біреуі ғана ұнағандай біздің қыздар шетінен ұсқынсыз болғаны ма? – деп сұрады. – Жоқ, қайта қарап тұрғандай сұлулары тіпті көп, – деді Горюнов, – сондықтан таңдау қиын соғып тұр. Оның үстіне біз таңдайтын қыз өз қалауымен емес, сенің бұйрығыңмен разылық береді-ау деп қорқамыз. Бізде ерлері алдымен жар етуге таңдаған қызының келісімін алады. – Ә-ә, демек, сендерді алдымен қыздың таңдағанын қалайды екенсіңдер ғой. Онда, жақсы! Таңдауға құлықтыларын қазір түгел шақырайын. Ал, қыздар, мына ақ адамдар сендер шетінен сұлу деп таңдауға жүрексініп тұр. Олай болса, ақ адамға жар болуды қалайтын қыздар алға шықсын. 145

Қыздар арасынан әзіл-күлкі естілді, кейбіреулері бірден алға шығуға батпай, салмағын бір аяғынан екіншісіне ауыстырып тапыршып қалды. – Ал не тұрыс! – деп дауыстады Амнундак. – Сонда ешқайсыңның да қонақтарға косақ болғыларың келмегені ме? Ашуланып олар онда кетіп қалуы кәдік. Өйтсе біздің жұрт бақытсыздыққа тап болады. Осы сөз әсер етті де, қыздардың жартысынан астамы жайнаң қағып алға шықты. Сол қарбаласты пайдаланып жиһангездер қалағанын көрсетіп те үлгерді. Горюнов пен Ордин жертөледе бірге тұрғаннан-ақ көзі түскен көсем руының қыздарын таңдады, ал Костяков көзін ойнақшытып өзінен айырмаған құлын мүшелі, қылықты қараторы қызды қалады. – Бұл таңдау бітті, – деді дауыстап Амнундак. – Ендігі кезек онкилон жауынгерлерінікі. Қалаған қыздарын ертіп кейін ысырылған жиһангездермен бірге көсем де өз орнына оралды. Қыздар киінуге рұқсат алып, әйелдердің құттықтау қошеметінің қанатында өз руларына жүгіріп кетті де, ізінше қалап қосылған жатжерліктермен қатар құрметті орынға отыру үшін қайтып келді. Қыздардың қалғаны қатарын қайта түзді. Барабан қайта дүңгірледі. Қиғашырақ тұрған жас жауынгерлердің арасынан жарыста бірінші орын алған біреуі шықты да, асықпай-саспай қыздар қатарын жағалай бастады. Оны әзіл-күлкімен қарсы алып, тіпті әр қыз дерлік «Мені алшы, мені!» деп жанықты, себебі жас жауынгерлердің маңдайалдысының жары болу арман ғой, сондықтан бойжеткендер оны ашық айтудан жалтарған жоқ. Оларға жігіт те әзілмен жауап беріп, әрқайсысына әр алуан сылтау тапты: «Сен тым сұлусың» (сиықсызына), – деді біреуіне, «сен бүкірсің» (оқтай тіп- тікесіне), – деді екіншісіне, келесісіне: «көзің қитар» деді, 146

«тісің кетік» деді – не керек, бәрін ыза ғып, көпті күлкіге батырды. Сапты сүзіп келіп ол мен мұндаламай, жанарын төмен салып тұрған бір қыздың қарсы алдына кеп иығынан қағып қалды да: «Сен маған ұнайсың!» деді. Дір ете қалған қыз саптан атып шығып тұра жүгірді, алаңқайда оқтай зулаған оның соңынан жігіт тартты. – Мұнысы қалай? – деп Амнундакқа қарады Горюнов. – Қалап алған келіншегі онан неге қашады? Әлде ол жігітті ұнатпай ма? – Ғұрпымыз осындай. Қыз таңдаған жігіт қуып жетіп ұстап алса ғана оны жар етеді. – Жарыстың жаңа бір түрі де! – деді Ордин. – Жоқ, бұл – дәстүр, – деп ежіктеді көсем, – және аса ақылды әдет: қыз желең – жүгіру жеңіл, ал жігіт киімімен, қолында қаруы бар – қорбаңдап жүгіру оңай емес. Қыз қаламаса, оны қуып жететіндер некен-саяқ. Таңдаған жігіт ұнамаса, иә басқа сүйгені болса, қыз өлсе де жеткізбейді. – Бәрінен бұрын мынасы тамаша екен! – деді Ордин жолдастарына, сосын көсемге қарап:– Сонда қалай, қызды қуып жете алмаған жауынгер әйелсіз қалуы керек пе? – деп сұрады. – Жок, ол әйтеуір біреуін қуып жетіп ұстағанша таңдай береді. — Қыз қанша уақыт қашқалақтауы керек, бір күн бе? – Жоқ, әлгі әскери би шеңберімен бір ғана айналуы керек. Әне, қараңдар, ол ұстап та алды! Шынында да, жаңағы жауынгер ұстаған қызын бұрымынан жетелеп келеді де, бикеш жұртқа көз ғып жігітті қолынан ұрған болады. Әйелдер мен қалған қыздар мұны қалжыңдаса құттықтап жатыр. Көрім жерге келіп, жауынгер мен қыз бір шетте қатар тұрды. Барабан тағы да дүмпілдеді. Екінші жігіт те қыздарға тақалды. Жеңімпаздардың екіншісі болғандықтан бірінші 147

сияқты, бұған да ынтығушылар көп еді. Алайда ол сапты сабырмен шолып бара жатып, ләм-мим деп үн қатқан жоқ. Саптың шетіне шықты да ол қыздардың зығырданын қайнатып ыза ғып кері оралды. – Ол қашанға дейін таңдай алады? – деп сұрады Костяков. – Сапты үш қайтара сүзуіне болады, одан әрі жол жоқ, – деп жауап қатты Амнундак. – Бұл жаужүрек батыл аңшы, қыздарды қасақана ыза қылғысы келіп жүр. Қараңдаршы, қыздардың қалай ашу шақырғанын! Расында да, жауынгер екінші жолы да ешқайсысын атаған жоқ. Қыздар ыза боп, «мені ал!» деудің орнына, бет-аузын қисайтып оны келекелей бастады: «Тайып тұрсаң да жарайды! Бар, вампуларға бар, сабалақ әйел ал! Түксіз қыз саған ұнамас!» деп те салды. Келеке-күлкіге бір де мән бермей, жауынгер үшінші жолы да маңғаздана басып, үнсіз өтіп бара жатты да жалт бұрылып, соңғы қыздардың бірінің жауырынына салып қалды. Қыз қапелімде абдырап қап, атып шыққанымен, зымырап кете алмай жиырма қадамнан соң-ақ жігіттің қолына түсті. – Қуын қарай гөр! – деп басын шайқады Горохов. – Жүгіре алмасын деп әдейі олардың дегбірін алды. – Міне, бұл табылған ақыл! – деп күлді Костяков. – Бұлай өзін менсінбейтін қызды да қолға түсіреді ғой. – Бұл жолы өзі де солай болды ма деймін, – деді Ордин. – Қараңдаршы, ол алдындағы қыздай көз ғып қарсыласпайды, бірақ қуанбайды да. Қалғандардың әзіл-қалжыңына жауап қатпай, иіні түсіп қыз жауынгердің соңынан еріп барады. – Өзіңнен көр, ашық ауыз болмау керек еді, – деді Горохов. Үшінші жауынгер саптың алдындағы қыздардың бірін тандады. Онысы тіпті жүйрік екен, алғаш қарасын көрсетпей кетті де, айналымның ақырына келгенде сүрініп кетіп, көптің 148

көзінің сұғына орай көк шөпке серең ете қалды, орнынан енді атып тұрайын дегенде бұрымы жігіттің уысына түсті. Ол оны мардамсып жетелей жөнелді, Шамасы, қыз қасақана құлаған, бұл да келісімнің бір түрі болса керек. Төртінші жауынгер қыздардың қасынан үш рет өтті, ешкімді қаламай, көсемнің алдына кеп басын иді. – Сенің үйленгің келмей ме? – деп сұрады таңданған Амнундак. – Жоқ, ұлы көсем! Бірақ біздің көрші мекенде бір жас жесір бар, маған сол ұнайды, әйелдікке соны берсеңіз екен. Ол да қосылуға разы. Жесірдің рубасысы жігіт сөзін растады да, Амнундак келісім берді. Бесінші жауынгерге екі рет жүгіруге тура келді, себебі алғаш таңдаған қызы ұстатпай кетті, екіншісі бірден маған көз салмаған жазығың үшін деп, оны әбден әурелеп, шеңберді толық айналып, тек ақтық қадамда ғана қалжыраған болып тоқтай қалды. Алтыншы жігіт бесіншіге ұстатпай кеткен қызды таңдап еді, ол жарты шеңберге жетпей-ақ қолға түсті. Қасынан өтіп бара жатқанда қыздар оған қалжыңдап: «Ей, желаяқ, қалайша шапшаң қалжырай қалдың!»деп айғайлады. Осылай әр-алуан амалмен таңдау жалғаса берді, қыздар қатары сирей түсті. Сан сағатқа созылған бұл ойын көрермендерін де, қатысушыларын да жалықтырған жоқ. Қыздар аяғынан тік тұрғанына көп болса да, оңайлықпен беріспеді, жүгіргенде желдей есті. Кейбір жауынгерлерге екі рет, тіпті біреуіне үш рет жүгіруге тура келді. Соңына қарай қыздар санаулы ғана қалып, таңдау тездеді. Үш жауынгерден қашып құтылған ең ақырғы қыз, жұртты аң-таң етіп, соңғы жігітке де ұстатпай кетті. Шақыртумен келген оған көсем: – Күйеуді қаламайтының не сенің? – деп сынай қарады. – Тайпаны жаңа жауынгерлермен толықтыру үшін әр қыз 149

жар болуы керек. Сен болсаң табаны күректей төртеуінің меселін шақтың. Бұны не деп білмек керек? – Жақсы жауынгерлер қараған жоқ, жаманын мен қаламаймын, – деп қыз өзін тәкаппар ұстап жауап берді. – Сонда қалай, келесі көктемді күтпексің бе? – Мен мына ақ адамға жар болсам деп едім, – деп ойламаған жерден бір-ақ қойды тәкаппар қыз таң-тамаша болған Ординді нұсқап. – Таңдауын алды ғой ол, – деп жақтырмай қалды Амнундак. – Бұл ұлы көсем, екі әйел алуына болады, – деп қыз да қаймығар емес. – Мен мұны сенің сөзің қамшы боп қалаған едім, бұл басқаны тандады. Ендеше, мен екінші әйелі болайын. Қыздың табандылығы мен тәкаппарлығы ұнап кетті де, Ордин ынғайсызданса да разылығын берді. Қыз киіміне жүгіріп барып кеп, оның қасына қатар отырды. Жас жұбайлар сап түзеп барабан даңғырымен шеру тартып Амнундак пен рубасылардың алдынан өтті; күйеуге шыққанының белгісі етіп қыздар осы екі ортада төрт бұрымын екеу етіп қайта өріп ала қойған. Олар өткенде қалыңдықсыз қалған жалғыз жауынгер жұрттың арасына кіріп жоқ болды, ол жазғанға жарды тағы да жыл он екі ай күту керек. Жиһангездердің нажағайы мен жасынын онкилондарға көрсететін де кез келді. Тәуір нысана табылмаған соң жылқы терісін әкеп тағы ілді. Онкилондарды айран-асыр етіп атқыштар нысанадан екі жүз қадам тұрды, бұл садақ тартушылардан төрт есе артық деген сөз. Екі бүйірден жарты шеңбер жасай орналасқан онкилондар жатжерліктердің жылтыр таяққа не істеп, не қойғанын, содан соң жағына қалай төсегенін қалт жібермей қарап тұрды. Гүрс еткен үн, бұрқ еткен түтін бәрін бір селк еткізді. Сонан соң топырлап, бірін-бірі басып озып бәрі нысанаға қарай тұра жүгірді де, барып бірден оқтан түскен шұрық тесіктерге саусағын тықты. Көпшілігі таңырқап, теріні тесіп өткен оқты іздеп, алаңқайға 150


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook