жүгірді. Өз бас киімін аспанға лақтырып, ұшып бара жатқанда оқ тигізген Горюновқа бәрі ауыз ашып көз жұмды. Осы кезде Ордин көзі түстік жақта орман үстінен терістікке ұшып бара жатқан қаздарды шалды. Ол жалма-жан патронын жаңартып, онкилондар нажағайыңды тағы неге көздеп тұрсың деп сұрағанша болған жоқ, аспанға қаратып гүрс еткізді – ортасына бір қаз сол замат топ еткенде көрермендер қиқу салып, не істерге білмей қалды. Ақыр аяғында Амнундак бұғыны алып кел деп әмір берді. Ортаға алып келіп қоя берген бұғы орманға қарай жалт беріп еді, жиырма қадам жібермей Гороховтың оғы жалпасынан түсірді. Жатжерліктердің кұдірет-күшін байқау осымен аяқталды. Ақ адамдарға жақындығын мақтан тұтып, өздерін өр ұстаған сүйіктілерін ертіп, олар күллі тайпанын қошеметімен Амнундак үйіне бет алды. Алаңқайдың әр тұсында от лаулап, кешкі ас қамдана басталған. Ас күткен ерлер мен қыздар от айналып билеп жүр. Кешкі астан кейін көсем жиһангездердің жаңа үйіне көшуін өтінді. – Енді бәріңнің де жарың бар, өзіміз әрең сыйысып отырған біздің жертөледен жаңа үй кең де жайлы болар. Келіншектер от жағып, ас әзірлегелі алдымен жүгіріп кетті. Қасында көсем бар жиһангездер, күзетші қойып, өздері ру- ру болып жерге төсеген терілерге қисая бастаған онкилондарға қарап, алаңқайда аз аялдап қалды. Әудемнен соң Амнундак меймандарын есікке дейін әкеп салды. Жертөлеге кіріп ортада алаулап жанып жатқан үлкен отты көрді. Оның жарығы қабырғаға жайылған қарағайдың қарамай иісі аңқып тұрған жаңа үйдің төрт бұрышына түгел түсіп тұр. От басында үйде киер лыпасы – белдемшелерін ғана байлап бес қыз отыр. Қызу әңгімесін қалаулылары келгенде кілт үзіп, олар оттан кері ысырылып отырды. Жертөле кісі тұратын қалыпқа кәміл келіп қапты: ашаға сүт толы торсық, құман мен қазан ілінген, таяқтың басында жол 151
күрішкесі мен ағаш аяқтар тұр, жерде сорпа пісіретін екі ағаш ыдыс пен ет шыжғыратын істіктер, отқа қыздырар тастар жатыр үйіліп. Үйдің үш жақ жақтауының астына қарағай бұтасы тасталып, үстіне бұғы терісі төселген. Кірер ауызға тамызық отын үйіліп, су құйылған ыдыс тұр. Кісі аузы-мұрнынан шығып, әбден ыс болған Амнундактың жертөлесінен кейін мынау кең де таза үйде еркін тыныстаған жиһангездер от басында отыра тұрып, темекі тартқысы келді. От басына жайғасып олар қыздарды шақырып, қатар отырғызды. Үйреніп үлгерген азын-аулақ сөздері еркін әңгімелесіп кетуге мүмкіндік бермей, олардың ымдасып, қолын шошайтып түсінісуіне тура келді. Ең алдымен олар сүйіктілерінің атын біліп алды: Горюновтікі – Мату, Костяковтікі – Папу, Гороховтікі – Раку, ал Ординнің біріншісі Анну, екіншісі және Анну болып шықты. – Мәссаған керек болса! – деді ыңғайсызданып қалған Ордин. – Екі қызды бірдей қосақтап, екеуінің де есімін бірдей ғып беруін көрмейсің бе бұ құдайдың. Екеуі қатар қарамауы үшін бұларды қалай атасам екен, ә? – Анну – бірінші, Анну – екінші деп ата! – деп ақыл қосты Горохов. – Бұларша ол қалай болады? – Анну-эннен және Анну-нгирэк, – деп жауап берді Горохов. Екі Анну да келісім белгісі етіп басын изеді. – Мұның тым ұзақ, қысқартыңқырауға болмай ма? Мен мынаны Аннуэн деп атаймын, – деп Ордин бірншісін көрсетіп еді, ол басын иді. – Ал сен – Аннуир! – деп екіншісінің білегінен ұстағанда ол да келісім білдірді. – Сіз бұларды жай ғана бірінші, екінші деп атасаңыз да болады, түсінеді ғой бұлар, – деді Горюнов. – Жоқ, неге? Анну деген әдемі есім, ал әлгі нгирэк дегеніңді сүрінбей, мүдірмей айту мүмкін емес. 152
Горохов осы сөзді аударғанда Ординнің есімдерін әсем деп танығанына қыздар сүйсініп қалды. Олар орыс сөзіне құмарта құлақ түріп, кейбірін түсінген де сыңай аңғартады. «Бірер аптадан кейін ұдайы сұқбаттасу барысында бірін-бірі толық түсінісетініне» әсіресе, орыстар жағы сенімді. Әңгімелесе отырып олар жатар орындарын да бөлісті. Кірер ауызға қарама-қарсы төргі қабырғаны жерге аласа қазық қағып екі бөлді де, ерлер орналасты. Оң жақ, сол жақ бүйірге шымылдық орнына тері ұстап әйелдерді жатқызды. Иелерінен екі елі қалмайтын Крот пен Белуха кірер ауызға жайғасты. Келіншектер отқа отын әкеп салып, орын-орындарына барып жатты. Жертөле іші жым-жырт. ВАМПУЛАРМЕН ШАЙҚАС Онкилондардың айғай-шуынан жиһангездер алақарақта шошып оянды. Абыржыған Аннуир ауызға келіп, мойнын сыртқа созды да, жайсыз хабар естіп еңіреп қоя берді. – Түнде вампулар біздің тұқымның тұрағын шауыпты. Көсем оларға қарсы жорық жариялады. – Жарайды, басқа лаж жоқ, жолдастар! Киіну керек, жорық бізсіз болмайды, – деді Горюнов киім-кешегін ұстап тұрып. – Некелесе салып, соғысқа аттанған қызық екен!.. – деп күлді Костяков. – Кигіз, Папу, сауыт пен дулығаны, әпер маған қалқан мен алмас қылыш, жас батыр майдан кіріп, салмақшы ұрыс. Әрине, осынау ексім жырдан ештеңе түсінбеген ол ұйқысын еркін аша алмай, жазмыш жарына тек жыпылықтап қарай берді. Оның күліп тұрғанын көріп, өзі күліп, орыс сөздерін бұзып былай деп сұрады: – Огне жигать, кушай варить? 153
– Дұп-дұрыс айтасың! – деп күліп жіберді көрпеден басын қылтитқан Ордин. – Ол жорық алдында жақсылап тұрып тамақтанып алу керек екенін тамаша түсініп тұр... Аннуэн, Аннуир! От жақ, ет ас, сүт пісір! Аннуир бетін қолымен басып табалдырықта жылап отыр еді. Ординнің дауысын естіп әуелі абдыраңқырап қалды да, ізінше-ақ бәріне түсініп, түнде сөнген оттың қоламтасын қопарып қызыл шоқ іздей бастады, қалған келіншектер де төсегінен тұрып, белдемшелерін байлай сап от тұтатуға көмектесті. Амнундак келгенде жиһангездер жуынып болып, от алаулап, істікте ет пісіп тұр еді. Амандасқан соң от басына келіп отырған ол сөз бастады: – Ақ адамдар, біздің жұртқа алғашқы бақытсыздық тап келді. Бүгін түнде вампулар біздің ең алыс мекенімізге басып кіріп, шалдар мен бақташыларды өлтіріп, балаларды байлап, бұғыларды айдап алып кетіпті. Бұл сөзді естіп Аннуир өксіп-өксіп жылады. Вампулар оның төркінін шауып, ата-анасын өлтіріп, інілері мен сіңлілерін алып кеткен. – Осынша шапшаң бұл хабарды кім жеткізді? – деп сұрады Горюнов. – Әскери барабан жеткізді. Бақташылардың бірі аман қалып, бізге хабар берді. Мен вампуларға жорық жарияладым. Күллі жауынгер қазір осы арада, біз вампуларды аяусыз жазаламақпыз. Дұшпанымызды жазаласуға нажағай мен жасын иелерінің бірге баруын жауынгерлер қиылып сұрайды. – Әрине, біз бәріміз бірге барамыз! – деп келісімін шапшаң берді Горюнов. – Тек тездетіп ауқат жасайық. Орнынан қуана көтеріліп Амнундак: – Ақ адамдар келісті деп қазір-ақ хабарлайын жауынгерлерге! – деді. – Олар қуанатын болды. 154
Бірер минутта бұл хабар онкилондарға жетіп, алаңқайды қуаныштың айғай-қиқуы жаңғырықтырды. Әйелдер де аса разы болған тәрізді. Аннуир жылауын қойып көзін қолымен сүртіп тұрып Ординге: – Жорыққа мен сенімен бірге барамын, – деді. Ет шыжғырылып жатқанда жиһангездер мылтықтарын тазалап, оқшантайларын толтырып, жолдың керек-жарағын қоржынға тығып әлектенді – себебі жорық бірнеше күнге созылуы мүмкін еді. Келіншектер күйеулерінің қам-қарекетіне қарап аңырған да қалған, соның қырсығынан бірер іскектегі етін күйдіріп алып Раку табан аузында Гороховтан сөгіс есітті. Ас ішіліп, артық ет пен шелпек қоржынға салынып, жиһангездер сайланып жертөледен шықты. Ойпат үстін ұдайы торлап тұратын соқыр тұман оларды да құшағына алды. Тұманнан от жарығы да, әрлі-берлі жүрген адамдардың сүлбесі де көмескі көрінеді. Басқа түскен пәлені бастан-аяқ хабарлап, алыстан қатты соғылған барабан даусы келеді. Амнундак қару-жарағын түгел асынып өз үйінің табалдырығында тұр еді, ақ адамдарды көріп қолын сілтеп қалды. Жорықтың басталғанын әйгілеп және оның хабарын көрші мекендерге жеткізіп, таяу тұрған барабандардың бірі даңғырлап қоя берді. От басындағы адамдар асығып-үсігіп, ру-руымен сапқа тұрып жатыр, алда жауынгерлер, артта жүк көтерген әйелдер мен өз тұрақтарына қайтуға бет алған жасөспірімдер. Әрине, Амнундак тұқымының әйелдері үйінде қалмақ, бірақ бәрі ерлері мен балаларын аттандырғалы тік көтеріліп далаға шықты, бәлкім, бұл ет жақынымен ақтық көрісуі де болар. Қоштасу тым қысқа болды. Әйелдер жылаған жоқ, тегі, сүйіскен түрі болуы керек, ерлерінің мойнына асылып бетіне бетін тақасты. Барабан даңғырымен Амнундак пен ақ адамдар бастаған жасақ жорыққа жол тартты, ерткен екі иті вампулардың ізіне түскенде көп пайда келтіруі тиіс. Жедел басып тұп-тура жиырма бес шақырым жердегі тоналған 155
мекенге тартты. Ормандар мен алаңқайлар алмасып, біртін- біртін қоштасып, әйелдер саптан жырылып, өз мекендеріне бұрылды. Тұман сейіліп, күн жарқырап, шыжи бастады. Ойран-топаны шыққан мекенге жеткенде түске дейін әлі біраз уақыт барды. Вампулар өртеп кеткен жертөленің іші жанып, шаңырағы ортасына түсіпті, кей жерде шым астынан жалын тілі жылт ете қалады, күйген тері мен жүннің иісі кеңсірік жарады. Алаңқайдың шөбі тапталып, кей тұсында қан ұйып жатыр. Әр жерде алып кетуге ауырсынып, басын кесіп бауыздап тастаған шал-кемпірлердің мәйіті. Шашылып жатқан сынық найза мен жебе, жыртылған киім, қираған ыдыстың жұрнақтары. Астан-кестені шыққан тұрағын көрген әйелдер зар еңіреп, алаңқайды басына көтерді, бәрінің де өзегі өрт – бала- шағасы мен жақын-жұрты түгел жау қолында. Жауынгерлер үн-түнсіз, алаңқайда олардың түнерген жүзінен, от шашқан көзінен кек қайтарғанда еш мейірім жасамайтыны айқын білініп тұрды. Амнундак аз-кем тынығып алуға ишарат білдірді. Аман қалған басын таңып алған бақташы орманнан келіп шапқыншылық жайын бастан-аяқ баяндады. Еркек кіндіктің көбі тойға кетіп, қайрат көрсетер кісі аз қалғанын алдын ала білсе керек, сірә, түн ортасына таман вампулар алаңқайды қоршап алып, аяқ астынан бақташыларға тарпа бас салады да, екеуін сойылмен ұрып өлтіріп, біреуін талдырып тастайды. Ол есін жиса, бәрі күл-талқан: жертөле өртеніп жатыр, бұғыларды айдап кеткен, алаңқайда тек өліктер ғана қалған. Таңертең бақташы тонаушылардың қай бағытқа кеткенін анықтап алыпты. Оның аман қалған себебі бұтаның қасында тұр екен – қараңғы мен тұманда вампулар оны таба алмапты. Қазалы рудың әйелдерін күл болған жұртында қалдырып, қалың жасақ тағылар мен бұғылардың ізіне түсіп, терістік- шығысқа қарай жөнеді. Иттер алда жүгіріп отырды, мұның өзі ілгері қарай шапшаң жылжуға жағдай жасады, ал тағылар 156
торуыл құрса, есті мақұлықтар табан аузында-ақ тауып берер еді. Оның үстіне жүк арқалаған әйелдер қалып, жауынгерлердің тез жүруіне жағдай туған, сондықтан олар ауық-ауық жүгіріп алып та отырды. Төңірек тып-тыныш: тек жұмсақ аяқкиімнің жеңіл дүрпілі мен жүрек дүрсілі ғана естіледі. Алаңқайдың ашылар жақ бетінде тұрған дәу теректің түбіне келіп, иттер жоғары қарап арс ете қалғанша олар осылай екі сағат жеделдете жүрген еді. – Ағаш басында торуыл тұр! – деп сыбырлаған Амнундак орман бойлап алаңды қоршауға бұйрық берді. Сол-ақ екен, Белуха каңқ ете қалды – бақса оған ағаш басынан атқан тас тиіпті. Жиһангездер жапырақтың қозғалған тұсын шалып қап, басып жіберіп еді, гүрс еткен үн алаңқайды жаңғырыктырып, онкилондар жебесі терекке жауып кетті. Жауап ретінде ағаш басынан өкірген ащы дауыс шықты да, бұтақтарды сындыра-мындыра екі қара дене жерге күрс етті. – Ағаш басында бұлар екеу-ақ болғаны ма? – деп сұрады мылтығын оқтап жатып Горюнов. – Жоқ, олар торуылға бесеуден кем шықпайды, – деп жауап берді Амнундак. – Қазір көресің. Ол бір бұйрық беріп еді, бірнеше жауынгер шоққа сүңгіп кетті. Ағаш басы тып-тыныш. Қозғалып кетсе-ақ, өздерін дұшпанға ұстап берерін вампулар сезсе керек. Сондықтан онкилондардың біразы ағаш басына жаудыртып жатқан жебеге мән бермей, ағаш тасасына, жуан бұтақтарға жабыса түсті. Міне, осы ағашқа таяу бауырдан шырпы-шылан кұшақтап, онымен найзадан бетін қорғаштап бірнеше онкилон шықты. Шырпыларын теректің түбіне үйіп от қойды да, замат тайып берді. Қу шырпы лезде түтіндеп жана бастады. Жоғарыда дұшпанының бар қимылын бақылап отырған вампулар жапырақ арасынан өрт салушыларды байқамай қалыпты. Шырпыдан қою түтін көтеріліп, жалын теректі жанай бастағанда ағаш басынан тағы да өкірген дауыс естіліп, бірнеше 157
найза отқа топ етіп түсе қалды. Онысына от өрши түсіп, көзі ашылған шырпы сытырлай жанып, ағаш басындағылардың жағдайы қыл үстінде қалды. Вампулар ағаштың ұшар басына көтеріліп еді, сирек жапырақтың арасынан нысанаға бірден ілікті, тағы бір дүркін атылған мылтық екеуін қағып түсті, біреуі жерге күрс етіп, екіншісі бұтаққа ілініп, басымен төмен салбырады, бірер минутта оның тәніне оншақты жебе қадалды. Соңғы вампу ағаштың екінші бетіне шығып, ұзын бұтақтың ұшына дейін жорғалап барды да, төрт метр биіктен жерге секіріп түсіп қаша жөнелді. Алаңқайда онкилондар оның алдын орап, жебемен қарсы алды да, ол жиекке жетпей мұрттай ұшты. Амнундак алғашқы қауым өгізінің мүйізінен жасалған тұрбадан ысқырып беріп еді, алаңқайдың жан-жақ жиегінен жауынгерлер жүгіре шығып, көсем мен ақ адамдардың жанындағы жасақ жеткен ағаштың түбіне жиналды. Ағаш басынан құлаған үш тағыда жан жоқ, үшеуінде де оқтың жарақаты бар, сонда да тіріліп кетеді деп сескенді ме, онкилондар бәріне де найза бойлатты. Бәрі де жиһангездердің саяхатта көрген тағысынан айнымайды: жүндес, бұлшық етті, кескіні хайуан тектес, шашы дудар-дудар, шамасы, соғыс қимылына орай бетін қып-қызыл қынамен бояса керек, онысы өздерін тіпті жексұрын көрсетіп тұр. Ешкім қалмады ма екен деп көз жеткізу үшін бір онкилон ағаштың басына шығып, одан вампулар қалдырып кеткен шоқпарлар мен найзаларды алып, жанып бітуге таяған отқа лақтырды. Алғашқы айқас онкилондар үшін еш шығынсыз жеңіспен бітті. Енді тікелей шығысқа тартқан ізбен жасақ ілгері жылжыды, тағылардың тұрағы, тегі, ойпаттың осы жақ шетінде болуы ықтимал. Торуыл қайтып кездескен жоқ, сірә, алғашқысының өзі дұшпанның жақындағанын хабарлау үшін қойылған бақылау күзеті болса керек, ит біліп қап, ол ойын да жүзеге асыра алмады. 158
Және бірнеше шақырымды әп-сәттің арасында жүріп өтті. Аласа ормандар жиек жақын қалғанының жаршысындай еді. Бұталы тоғай басталғанда, жасақ сәл аялдап, тың тыңдады – алдан айғай-шу, тоқылдаған дыбыс шықты. Арнайы жіберген барлаушылар бауырға дейін барып, осы сүрлеу тірелетін үңгір тұрағы екен, аузына қойтастар қойып, бекініс жасап жатыр деп хабарлады. Мәлімет алысымен, Амнундак онкилондарды үшке бөліп, біріне Ординді бас қып, бұта- бұтаны паналап терістіктен келуді, Костяков бастағанына түстіктен тиісуді тапсырды. Бұл жасақтардың екеуі де жарты шақырым кері шегініп, ағашсыз танаптан тез жүгіріп өтіп, жар жағалай отырып тағылар тұрағына екі бүйірден тиюі тиіс. Үшінші жасақ сол сүрлеумен шоқтардың бауырына жетіп, бірден үш жақтан дүрсе қоя беру үшін анау екеуінің тақалғанын күтіп жатты. Вампулар жұмысын жан салып-ақ істеп жатыр: қақпақ тастарды қалап үңгірдің аузын қоршап болуға таяу, торуылшыларына сеніп, қарауыл қоймай, олар дұшпанының жақындап қалғанын да сезген жоқ. Шамасы, қорғанды таңертеңнен бері жасап жатса керек, қабырғасы казір кеудеге кеп қапты. Жиырма шақты адам үйінді арасынан тегіс тақта тастарды таңдап әперіп тұр да, қалғандары қалап жатыр. Сол тас әперіп жүргендер кенет ағашсыз танаптан жүгіріп бара жатқан онкилондарды көріп қалды. Жалма-жан жанұшыра айқайлап, олар көтерген тасымен қорғанға жүгірді. – Көзге көрініп тұрғанында ату керек оларды, – деді Горюнов. – Бұл оларды абдыратып, кескілескен айқаста қарсылығын азайтады. Тоғай мен вампулардың арасы төрт жүз қадамдай жер. Горюнов пен Горохов атып қалды. Нажағай шатырлағанын естіп, дұшпанын көре алмай дал болып тоқтай қалған вампулар жан-жағына жалтақтап, айқайласып қорғандағылармен хабарласты. Кейбіреулері көтеріп келе жатқан тастарын тастай беріп, тым-тырақай қашты: біреуі қорғанға, біреуі бұтаға жүгірді. Қорған ішінен айуандай өкірген ащы дауыс шықты. 159
Бұтаға қарай жүгірген вампулар онкилондардың оғына ұшты: тірі қалғандары бауырды жағалай қашып еді, онкилондар түп ізіне түсіп аттатпады. Қорған қабырғасынан ешкім көрінбей, алдын ала жіберген жасақтар екі жақтан жақындап қалғанда Амнундак шабуылға белгі берді. Қашқан тағыларды қуып кеткені болмаса, оның жасағы түгел тас үйіндісін басып өтіп, қорғанға тұра ұмтылды. Қабырғаға қырық қадамдай қалғанда вампулардың басы қылтиып, шабуылшыларға тас пен найза жауып кетті, бірнеше онкилон құлап түсті, бірақ жақыннан екі дүркін атылған мылтық үні вампулардың жан даусын шығарып, құтын қашырып, бас көтертпей тастады. Осы кезде екі жақтағы жасақтар да жетіп, жар мен қабырға арасындағы саңылаудан қорғанға кіріп, тура бағыттағы жауынгерлер секіріп түсіп, қоян-қолтық айқас қызды да кетті. Ординнің алтыатары әлсін-әлі зәресін ұшырып, вампулар қорғана алмады. Бірнеше минуттың ішінде бәрі де бітті: өлгендер мен жараланғандар атшаптырым алаңды жауып кетті: қабырғадан секіріп түсіп, қашып құтылмақ болған ондаған вампу түп ізіне түскендердің оғына ұшты. Қорғанушылардың қатарында ерлермен бірдей соғысқан әйелдер де қаза тапты. Жиһангездер үңгірді аралап, түкпірде ұйлығып бір жерге топырлаған бірнеше кемпір мен отыз шақты баланы тапты, бәрі де қалш-қалш етіп, өкси шыңғырды. Өздерінің қолды болған балаларын тауып алу үшін онкилондар бұл тобырды далаға біртіндеп алып шықты. Өз балаларын тану онша қиынға түспейді: себебі олар сәл ақшыл да, денесінде түк жоқтың қасы. Ал вампу балалары ұстағанды тырнап, қолын тістеп пәле қылды. Қолды болған балалар тобырдың ортасында екен, бәрінің бет-аузы көгеріп, қанталап кеткен, «қонақжай» қожалары ұрғаны аздай, тістелеп тастапты. Қолды болғаны он үш еді, содан жеті қыз бен екі ұл ғана табылды, төрт ер бала жоқ болып шықты. Қанына қарайған онкилондар үңгірден алып шыққан вампудың барлық ұл балаларын 160
бауыздап тастады. Олар осынысын кемпірлер мен қыздарға да жасамақ еді, жиһангездер Амнундактан қырғынды енді доғаруын сұрады. Үңгірдің бұрыш-бұрышын қарап жүріп олар бір қараңғы түкпірден қол-аяғын байлап, үстіне тері үйіп тастаған әйелді тапты. Жарыққа алып шыққанда байқады: бұл онкилон келіншегі екен, вампулар оны көктемнің басында ұрлап әкетіпті, бейшара терілердің астында тұншығуға шақ қалыпты, үсті-басы көгала қойдай, соққан таяқ пен қайыстың іздері қанталап тұр. Өзіне-өзі келген соң ол күн құрғатпай қинап, ұрып-соққанын, әсіресе, тәні бақадай жалаңаш деп күліп, әйелдердің қатты қорлағанын айтты. Жаңағы әзірде шабуыл басталғанда кемпірлер қол-аяғын байлап, терімен бастырып тастапты. Сондай-ақ үңгірден вампулардың онкилондардан ұрланған қару-жарағы, ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орны сияқты керек- жарағын тапты. Кемпірлер мен қыздарды үңгірден қуып шығып, вампулардың айқас алаңында қалған шоқпарлары мен найзаларын үйіп өртеп жіберді. Оған дейін барлаушылар ұрланған бұғы табынын да тауып алды, вампулар баға білмейтін және бәрін бірден сойып жеп тауыса алмайтын болған соң, жануарларды қайыспен бұта-бұтаға байлап тастапты. Жеп үлгерді ме, әлде андап келе жатқанда айырылды ма – вампулар әкеткен бұғыдан бірнешеуі жетпей шықты. Онкилондар сазайын тартқан тағылар тұрағынан кешкісін ғана кетті. Орнында ажалын өз ордасында тапқан вампулардың өлігі қалды, тұрағы алынысымен жараланғандары да бауыздап тасталған-ды. Опат болған бесеуін, қатты жараланған алтауын көтеріп алып онкилондар қайтар жолға түсті, жеңіл жаралылары өзі жүріп келеді, олардың арасында жауырынына найза тиген Ордин де бар. Олар жасақтың орта тұсында келе жатыр, аман қайтқан бұғылар, құтқарылған балалар, өз иесін тапқан 161
бұйымдар да солармен бірге. Сондықтан баяу жылжып, түнге қарай ғана олар тоналған тұраққа келді. Аналар құтқарып алынған балаларымен қуана қауышты. Ординнің қолын таңулы көріп, көзіне жас алған Аннуир оны құшақтай кетті. Кеше ғана жар таңдап қосылған осы мекеннің бір қызына опат болған күйеуін зембілге салып алып келді. ОНКИЛОНДАР МОЛАСЫ От айнала жайғасқан жауынгерлер бір-біріне және әйелдерге жорық пен ұрыстан алған әсерлерін айтып, айқастың кейбір көріністерін көз алдына келтіріп, аз ғана құрбандықпен тағылардың тұтас бір тұқымын құртуда басты күш болған ақ адамдардың нажағайы мен жасынын мақтап жер-көкке сыйғызбады. Онкилондардан шығын шынында да аз еді: бұлардың опат болған бір жауынгерінің орнына он вампу өлтірілді және ұрланған мал-мүлкі түгел қайтарылды. Бұрынғы соғыстарда мұндайды көз де көрмеген: бір онкилонның орнына екеу, ең көп болғанда үш жабайы жер құшатын. Енді аузы күйген вампулар көпке дейін бұларға бата алмайды. Амнундак пен жиһангездер, Аннуир және тұтқыннан құтқарып әкелген әйел бар – бәрі бөлек оттың басында отыр. Аннуирға жорық жайын бақайшақтап Горохов ауыз жабатын емес. Тілін там-тұм түсініп қалған онкилон әйелден вампулардың тұрмысы туралы бірдеңе білгісі келетінін сездірді Горюнов. Оның айтуынша, тағылардың бір тұрағы өз алдына тұтас отбасы, сондықтан жеке еркектер мен әйелдердің арасында берік байланыс жоқ. Барлық әйел барлық еркектің еншісі, ал балалар бәріне ортақ. Кейде жігіт ұнатқан әйелімен орманға қашып кетіп, бөлек тұратын көрінеді, ал қалғандары бұған көнбей, оқиға ердің ажалымен, келіншектің үңгірге қайтарылуымен тынады. Ерлердің өмірі аңшылықпен, шоқпар, найза, қырғыш жасап, ас ішіп, аяқ босатумен, ал әйелдердің күні отын дайындап, тері сыдырып, қайыс тілумен өтеді – 162
бас ісіп, мұрын қанап жатқан жұмыс жоқ, от басында, күн көзінде көсіліп ұйықтау бар бітіретіні. Етті әдетте қанын сорғалатып шикі жейді, кейде отқа да ұстаған болады, ал аңшылық сәтті аяқталса, қызылға шеңбірік атқанша тояды. Тақа ет табылмаса, күнұзақ аш жүреді немесе тамыр қазып, қарасүйір жинап, ірі құрт, болмаса бақа ұстап қорек етеді. Оттың айналасында қатар тізіліп, аяғын отқа беріп тақыр жерде не тері үстінде ұйықтайды. Олжалы аңшылықтан, тоя ішкен тамақтан кейін сілесі қатқанша от айнала билеп, кейде болмашы бірдеңе үшін төбелесіп тарасады. Тастың, ағаштың, судың рухы деген бірдеңелерден зәресі қалмай қорқады да, түнде өлтірсе де жалғыз шықпайды. Аю мен басында бесінші аяғы бар алып бір хайуанға табынады. Тісі найзадай ол мақұлыққа әйелдер саңырауқұлақ теріп, тамыр қазып беріп жүреді. Кешкі астан кейін жауынгерлер ұйықтап, әйелдер әдет бойынша өлгендерді жоқтап жылауға кірісті. Өлгендерді қолына найзасы мен садағын ұстатып, тізесін қалқанымен жауып, оттың қасына қойған әйелдер бұрымын тарқатып, алқасы мен білезіктерін алып тастап, бетін қолымен басып, опат болған жауынгердің ерлігін мадақтап ұзақ сонар жоқтау айтты. Өлгендердің басында жоқтау жыр айтып отырып, олар алға да, артқа да теңселіп егіледі. Олардың жылауына салып Крот пен Белуха ұлып еді, есті мақұлықтар адамның қайғысына ортақтасып жатыр-ау деп ойлады онкилон әйелдер. Жиһангездер иттердің ұлуын қойғызып, мұңлы жыр әуенімен ұйқыға енді. Келесі күн әдеттегісінше қалың тұманмен құндақтала туып, от жарығы көмескі ғана жылтырады. Әйелдер таң атқанша жоқтау айтып, енді ас камдауға кірісті. Қыруар жауынгерді тамақтандыру үшін оншақты бұғы сойылыпты. Тұман айығып күн көтерілгенде шәкіртін ертіп бақсы да келді. Өлгендерді зембілге салып бүкіл жасақ үн-түнсіз орманды басып, батысқа қарай аяңдады, олардың айқаста опат болғандарды жерлеуге 163
апара жатқанын бар мекенге хабарлап, ауық-ауық дүңгірлеген барабан үні шығарып салды. Қаралы шеруге әйелдер мен балалар ермей қалды. Тұрақтан он шақырым жүріп ойпаттың батыс жиегіндегі тас үйілген төбеде тұрған онкилондардың басты моласына жетті. Әр мола үстіне тас үйілген төмпешік сияқты, басына ұшын көкке қаратып найза шаншып қойған. Көне төмпелер басылып, шанышқан найзалары қисайып, кейбіреулері құлап та қалған. Ең ескілерінің басында еш белгі жоқ, тасын қына жауып қалған. Мәйітті жерге қоя тұрьп, жауынгерлер қабір қазуға кірісті. Уақ тастарды екі жағына лақтырып, тереңдігі метрге таяу ұзынша шұңқырлар әзір болған соң, өлгендерді аяғын түстікке қаратып бөлек-бөлек соған салды. Қолын жанына салып біріне садақ, екіншісіне жебе толы қорамсақ ұстатып, найзаны басына жастап болды да, жаңағы сыртқа шығарылған таспен бетін жасырып, топырақпен көміп тастады. Вампулардың үңгірінен жинап алынған балалардың басы мен сүйегін бір қабірге сап көмді, бірақ басына еш белгі қойған жоқ. Жерлеу кезінде бақсы моланың ортасындағы бір шоқыға шығып ап, даңғырасын қағып, даусын қаттырақ шығарып әлдене айтып тұрды. Шамасы, жас қабірді жын-шайтан иектемей, мәңгілік болғандардың мазасын алмай, аулақ жүрсін деп жалбарынса керек. Қабір қазыспаған жауынгерлер моланы айнала қоршап, найзаларына сүйеніп үнсіз тұрды. Қабірлер жабылып болған сон жауынгерлер бір кісідей қолын көкке көтеріп, бетін сипады да өксік бір зар шығарды; бес жүз көмейден шыққан осы үн жартасқа жаңғырығып, төңіректі тітіркентті. Осыны үш қайталады да, жасақ жиекке шегініп, тынығуға жайғасты. Жағдайды пайдаланып жиһангездер ойпаттың ернеуін жағалап көрді. Тұман айыққан, сәскелік күн шақырайып қара құздарға шағылып тұр. Текше-текше тастармен сатылап көкке бойлаған найза шыңдардан бас айналады, жақпар 164
жарықтарынан қар ағарып, кей тұстан су атқылап тұр. Кейде сонау қиядан мұз құлап, құлама жармен сырғып келе жатып уатылады да, жерге былш ете қалады. Зеңгір аспанда іліп әкетер таутеке лағы мен бұғының баласын шолып, екі қыран қалықтап жүр. Ауа да тұп-тұнық, тып-тымық, осынау тау жыныстарының ортасындағы қызыл, жасыл, сары қына жамылған төмпелер ақ басты қап-қара заңғар құздар мен жасыл орман арасында бұлтсыз аспанның астында көңілді тіпті көтеріп те тастайтындай. Жанындай сүйіп, әр пұшпағы үшін жаумен жағаласып, аясында еркелеп еркін өскен осы бір жасыл алқап пен көк орманнан қап-қара құздың астына енді өлілер. Осы ойдың өзі-ақ көз алдыңа: «Мәңгілік тыныш дүние мұнда», – деген сөздерді отпен жағып, алаулатып тұрғандай. Жардың астыңғы жағынан молаға қарама-қарсы аузы дәу тастармен қоршалған үңгірді көрді жиһангездер. Бұрын бұл үңгірде вампулардың үлкен бір ордасы болғанын айтты Амнундак. Осы арада керемет айқас болып, көп онкилон қаза табады. Тағылар тобырын тірі пенде қалдырмай, түгел қырып, үңгірдің манындағы тастармен опат болған өз жауынгерлерінің басын бекітеді. Оларды мұнда жерлеген, тірі қалған онкилондар жаралыларын алып кетуге әрең жетеді. Содан бері вампулармен шайқаста мерт болғандар тек осында әкеліп жерленеді. – Көрдіндер ғой, ақ адамдар, – деп сөзін тамамдай тұрып Амнундак сансыз төмпелерді нұсқады: – Біздің тайпаның қанша ержүрек ерен жауынгерлері вампулардың қолынан ажал тапты. Біздің оларды не үшін осынша жек көретінімізді енді түсінерсіңдер. Олардың біреуі біздің жерде тірі тұрса, біз тыныш өмір сүре алмаймыз. Үңгірде адамның басы мен сүйектері бейберекет шашылып жатыр. Вампулардың өлігін үңгірге үйіп, жеңіске жеткен онкилондар жеріне кеткеннен кейін аюлар мен қасқырлар, қарақұстар кәреге батып қалғаны көрініп тұр. Сүйекке қарап, 165
ол оқиғаға да бірнеше ғасыр өткенін аңғару қиын емес, себебі сүйек қозғап қалсаң, күл боп кетеді. Бірақ шашылып жатқан найза ұштары мен пышақтар, қырғыштар жақсы сақталған, жиһангездер алғашқы қауым адамдарының бұл бұйым- дарынан тұтас коллекция жинап алды. Сөйтіп, бұл үңгір екінші мола боп шықты. Қаралы қараңғы түтінмен ысталған іші сыз, сүңгілері салбырап, көңілді құлазытқан бір қапас. Жиһангездер үңгірді қарай жүріп сонау алғашқы қауымның жартылай адам, жартылай жыртқыш пенделерінің тұрмысы қандай қаратүнек болған деп ойламай қалған жоқ. Жыртқыш аң сияқты бірде аш, бірде тоқ олар күнкөріс үшін мына қолапайсыз қарулармен күресіп, ашулы аю мен қатерлі қабыланнан тартып алған қараңғы үңгірлерде жан сақтап, ұзақ поляр түнінде ызғырық суықтан дірдектеп, қаудырлаған көп теріге оранып, өлмешінің күнін кешкен ғой. Бар уақытты ас жеп, қару етер шақпақ тас қайраумен алғаны және даусыз. Оларға қарағанда тас дәуірдің тағы да бір адамдары әлдеқайда жоғары, бақытты, көңілді өмір сүріп жатқаны бірден көзге ұрады, бұлардың киім-кешегі, ыдыс-аяғы, рулық дәстүрлері мен тойлары бар және жасыл алқап пен орман арасында жүреді; жарық, жылы үйлерде тұрады, ас-суын түрлендіріп, тері илеп, сүйекті ұқсата біледі, үй малы – табын-табын бұғы ұстайды. Онкилондар мен вампулардың түр-тұлғасын, әсіресе, бас сүйегін салыстыру адамзат өз дамуында палеолит дәуірінен неолит дәуірін бөліп тұрған ондаған мың жылдың ішінде қандай алыс кеткенін айқын көрсетеді. Осынау жырақтағы Санников жерінде, оны өзге дүниеден бөліп тастаған мұздардың арқасында әлдеқашан құрып, жойылып кеткен алғашқы қауым адамы хайуан құсап тірі қалған. Барлығы өзгеріп, барлығы жетілген жерден жырақ жатқандықтан, олар дамудың тым төмен сатысында қалған. Вампулардың тіршілік-тынысы бұл аралдар мұз қоршап құрлықтан бөлінген кездегі қалпында қалған, ауа райы да 166
сол күйінде, азық жеткілікті, онкилондар келгенше тұрмыс тәсілдерін жетілдіруге түрткі болар тіпті себеп те табылмаған. Амнундактан жиһангездер вампулардың онкилондардан ол-пұл үйрене бастағанын да білді, бұрын олар оттың не екенін білмей, қысты ыстық қайнарлар төңірегінде тастан қалқа жасап өткізеді екен. От жағуды үйренген соң олар қысты қар мен ызғырық суықтан жақсы қорғайтын үңгірлерде өткізе бастаған. Әлі де шикі жегенімен, етті отқа аздап шыжғыратын болған, ағаштан жобалы ыдыс жасап, теріден көрпе, қысқа шекпен тігетін болған. Сүйектен найза сүңгісін жасай бастағанымен, әліде берігі берік шақпақ тасқа көбірек құлықты. «Вампулар қаруына шақпақ тасты қайдан алады?» деген Ординнің сауалына Амнундак жауап бере алмады: онкилондарға бұл жағы белгісіз еді, олар сүңгіге көбінесе сүйекті пайдаланып, кейде ойпаттың базальт ернеуінен, халцедон бездері мен ақ не қызыл ақықты қолданатын. Ақық тастардан сүңгі жасауға уақыт көп кетеді, сондықтан әдетте оны ұзақ поляр түндеріне сыбаға етеді. Базальтта шақпақ тас жоқ, демек, вампулардың иелігіндегі құз-жарларда әк пен бор сияқты құрамында шақпақ тас бар басқа да жыныстар болуы керек деген болжам ойға келеді. Бұл – вампулар жеріне дендей еніп, жаңа саяхат жасау керек деген сөз. Үңгірді қарап болып жиһангездер мен Амнундак жасаққа қайтып келді. Жауынгерлер үйді-үйіне таратылды да, бір бөлігі сүрлеу қуалап бытырай тартты, түстік жақта тұратындары Амнундакпен бірге аңғар жиегін жағалап жолмен жылжыды. Осы сәтті де орынды пайдаланып, жиһангездер жаңа орындармен танысты. Жалпы біркелкі болғанмен, жол- жөнекей әр жердің өзіндік ерекшеліктері де көзге түсті: бірде жар бас айналдырардай биіктен тік құлаған құз қабырға болып келеді де, етегінде көлкіп еріген қар жатады, ол ауық-ауық төбеден сырғыған көшкінмен жаңғырып тұрады; бірде жар биіктігі әр түрлі сандық тастардан сатылай биіктеп, 167
текшелерінде көмескі жұлдыздай жалт етіп, жоқ болып таутекелер жүреді, бірде су мен жел мүжіп, адам мен айуан мүсіндес етіп тастаған жартастары түнере төніп түксиген құз қабырғаларының арасындағы құлазыған қуыстар етектен басталып, сонау көз жетпес биікке дейін бойлап кетеді. Бірақ бұл қуыстарға таутекелер болмаса, адам кіріп, жоғары өрмелеуі екіталай. Әр тұста бейнебір құбыжықтың тырсиған бүйіріндей алып тастар оғаш шығып, үстінен тамшылап су ағып тұр. Бір жерде жүз метрлік биіктегі, тік жардың бір жарықшағынан шың басында еріген қар суы атқылап, жан- жақтағы тау жыныстарына шашырап жатыр. Қайда көз салсаң да сол баяғы балқып қатқан бірде тығыз, бірде көпіршіген, бірде коқыс базальт, әредік түрлі-түсті тастардың соған жабысқан бездері жалтырайды. Қыз-келіншектердің әшекейі, қару-жарақтың тетігі ретінде онкилондардың аса бағалайтыны да осы без тастар. Бір жерге келгенде екі жүз метр биікте қаннен-қаперсіз жақпар тас жиегінде төмендегі екі аяқтылардан еш күдік алмай, емін-еркін жүрген таутекені Гороховтың көзі шалып қалды. – Жауынгерлеріңнің қайсысы анау таутекеге тигізе алады жебесін? – деп сұрады іле Горохов. – Жебеміз оған жетпейді! – деп басын шайқады Амнундак. – Ал біздің жай оғымыз жетеді, кешкі асқа сол таутекені атып түсірейін бе? Амнундак жақпар тас пен екі ортаны көзімен өлшеп көріп, тағы да басын шайқады. – Ал, Никита, мақтануын мақтандың, енді онкилондар алдында масқара болып, мазаққа қалып жүрме! – деді Горюнов оған ескертіп. Горохов мылтығын оқтап алып, тізерлеп отыра кетті де, қозғалмас үшін құлаған бұтаны таяныш етіп, нысанаға кішкентай қоңыр дақ болып түсіп тұрған таутекеге кезенді. Амнундак 168
пен жауынгерлер атқышты алқалай қоршап алды. Якут ұзақ көздеп басып қалды, гүрс еткен үн жаңғырығып, төңіректі тітіркентті. Қоңыр дақ шайқала түсіп, ілгері ұмтылды да, төмен құлдырады. Оқшау шыққан тастарға мүйізімен соғылып, допша секіріп, бүгілген аяғы мен аппақ таңы әр жерден бір жарқ етіп, ақыры таутеке құз етегіне келіп гүрс етті. Онкилондар қиқулап олжаға қарай тұра-ақ ұшты. – Ақ адамдардың нажағайы қияндағыны қағып түсіреді, онан ешкім де құтыла алмайды, – деп мойындады Амнундак. – Онкилондарда осындай он нажағай болса, қыста күн көрінбей кеткенге дейін жер үстінде бірде-бір вампу қалмас еді. Жол-жөнекей жауынгерлер жасағы бірінен соң бірі бөлініп, ормандағы өз тұрақтарына бұрылды да, соңғыларымен қоштасып, таутекенің басын беру үшін бақсы лашығына соққан жиһангездер жатағы тұрған алаңқайға шықты. Күні бойы бірге жүрген Аннуир алаңқайға шыға-ақ тайпасының ғұрпы бойынша күйеуін өз үйінің табалдырығында басқа әйелдермен қатар тұрып қарсы алу үшін тұра жүгірді. АҢДЫҒАН АЛМАЙ ҚОЙМАЙДЫ Жиһангездер бір аптадан артық өз жертөлесінде болды, вампуларға барып қайтқаннан кейін біраз тынығып, онкилондардың тілін үйренуді ойлады, онысы келіншектермен әзіл-қалжың айтысып отыратын оларға қиын да түскен жоқ. Алаулаған от басында аузына темекі салып не қолына бір шыны шай алып, ойнап-күліп отырып-ақ әйелдерге орысша үйретіп, аптаның аяғына қарай олар бірін-бірі тәп-тәуір түсінетін дәрежеге жетті. Көршіден шыққан күлкіге кейде Амнундак жетіп келеді, оны көргенде әйелдер әдеп сақтайды, ал жиһангездер де беделін түсірмеуге тырысады. Маусымның басы болып қалған, күн көкжиектен көп аумайды, бірақ түн ортасына қарай ойпаттың теріскей қиырына 169
еңкейіп, екі сағаттай аппақ бұлт я буалдыр тұман пердесіне кіріп кетіп, ымырт үйіріледі. Әдетте жиһангездер бұл мезгілде ұйқы құшағында жататын, бірде жертөледен шыққан Горюнов осы құбылыстың үстінен түсіп, жолдастарын шақырды. Әйелдерден сұрап білсе, бұл ылғи осылай боп тұрады екен, сол төңіректен «сорпа пісіп жатқан ыдыстан немесе құманнан шығып жатқандай жерден бұрқылдап бір бу шығады» деді олар. Әрине, бұл жиһангездерді қатты қызықтырып, олар қайткенмен де вампулардың жеріне өтіп, мұның сырын анықтауға асықты. Бірақ алдымен базаға барып, Никифоровтың халін білу керек. Жертөледе қалған Аннуэннен басқасы бұл сапарға түгел қатысты. Жападан-жалғыз жатса да Никифоров зеріккен жоқ екен, иттерді ашықтырмай, күтумен қатар ол қысқа отын-су дайындап, ашық күндері ұзынша етіп осып, арқанға тізіп ет қақтаумен уақыт оздырған. Алайда ол еті түскірді күндіз бос қоя беретін иттерден ғана емес, жыртқыш құстардан да қорғауға тура келген. Ермек іздеген казак жаюлы етке тарпа бассалған тентек құстарды атып та түсіріп, итке азық болар деп арқанға іліп қойыпты. Күртік әжептәуір шөгіп, беті мұз болып қалыпты, сондықтан жоғары көтерілу үшін балтамен шауып, баспалдақ жасау керек екен. Казак оған да ерінбей, баспалдақ жасап ап ауық-ауық жотаға шығып, теңіздің жағдайын қарайтын көрінеді. Жиһангездер Санников жерінде өткізген бір айдың ішінде теңіз қатты өзгерген: ашық су айдыны көсіліп, бермен кеп қалыпты. Қазір ол тіпті жақсы көрінеді. Тек тұман жиі, кейбір желді ашық күндері ол айықса-ақ, көз ұшында көкжиектен Қазандық аралы көрінеді, бірақ онда әлі қар жатса керек, алашабыр тұсы әредік қана көзге түседі. Өздері өмір сүріп жатқан жерінің шалғай шетін көрмеген әйелдер жоғарыға шығып, қар мен мұз ғана жамылып көсіліп жатқан шалқар жазыққа көзі түсіп, шошып қалды. Шеті де, 170
шегі де жоқ осынау қу медиен құла түзде жылдың басым бөлігін қар ортасында еткізетін ақ адамдарды аяп та кетті. – Е, сендер сондығынан да аппақ екенсіндер ғой, – олар. – Қалай, Аннуир, сіздің жерден кетерде менімен түсіп, бірге еріп барасың ба? – деп сұрады Ордин. Аннуир басын қайта-қайта шайқады. – Жоқ, о жақта тым суық, қар мен мұздан басқа түк жоқ. Қарашы, бізде жаз, жылы, анда – қыс. – Онда мен сенсіз кетемін де, жесір қаласың ғой. – Жоқ, сен де кетпейсің! Сендердің бәрің де бізбен қаласыңдар, Амнундактың айтуы осылай. Өздерің уәде де беріпсіңдер... Жоғарыда олар ұзақ болған жоқ: мұзды алқаптан соққан өткір жел жеңіл киінген келіншектерге сұп-суық болып көрінді. Сондықтан олар төмен түсіп, от басына жайғасқанда қуанып кетті. Сол оттың айналасында олар түнеп те шықты. Қырлы өңірге осы саяхаты үшін келіншектер сыйлыққа айна мен моншақ алды. Жиһангездер және оны базада қалған қазынасынан әрең іздеп тапты. Осы жолы олар Амнундактың тұрағына барғанда онкилондарға сыйға тарту үшін жоғарыдағыдай айна мен ине, жалтырақ түйме, жылтыр лента, жез сақина, жасанды тас қондырған сырға, көсемнің бәйбішесіне деп маржан моншақ сияқтылардың бәрін алды, олары, әрине, әйелдердің есін шығаруға тиіс. Ерлерді де риза етіп, Амнундакты вампулар жеріне тереңдеп сүңгіп саяхат жасауға сенімді жасақ қосып беруге желпінтсін деп бірнеше пышақ, балта, қол ара сияқты құрал-саймандарды қоса ала келді. Тұраққа келіп тағы да үш күн тұрған соң, ұзақ сөйлесіп Амнундакты ойпаттың терістік бөлігіне саяхат жасауға көндірді. – Сендердің жасындарың құсты да, аңды да, адамды да жайрата алғанымен, вампулар – асқан айлакер, – деп 171
ескертті ол, – торуыл жасап та, тұман жамылып та тұтқиылдан тарпа бас салуы мүмкін. Сондықтан мен сендердің ұйқыңды да, мүлкіңді де күзететін, жолдың қауіпсіздігін барлайтын маңдайалды он екі жас жауынгер беремін. Ертеңіне жақсы жарақтанған он жеті адамнан тұратын жасақ жолға шықты. Аннуир Ординнен өзін ерте жүруді өтініп, онкилондардың мазағына, әйелдердің қорқытқанына қарамастан найза, садақпен қаруланып алды. Оның жаңа жерлер көргісі келді, ал Ордин өзін ынтыға сүйген, өзіне де өте ұнайтын әйелді түбінде құрлыққа бірге ала кету үшін осы бастан саяхатқа үйрете беруді ойлады. Алғашқы күні олар вампулар талқандап кеткен тұраққа жетіп тоқтады. Жертөле қалпына келіп, өмір өз арнасына түсіпті: әйелдер шаруамен күйбеңдеп, балалар асыр салып ойнап жүр, тек вампулар бірін қалдырмай жайратып кеткендіктен кемпір-шалдар көзге түспейді. Осында түнеп шығып, жиһангездер әрі терістікке қарай тартты. Көлді алқаптар ормандармен алмасып, барған сайын ағаш сиреп, жабайы жануарлар аз ұшырасуға айналды. Қоналқаға бір алаңқайдағы көл жағасына тоқтады. Көлдін ортасы әрбір он минут сайын көпірши көтеріліп, бұрқылдап басылып тұрды. Суының жылылығына қызығып кеткен жиһангездердің жақсылап бір шомылып алғысы келді. От тұтатып, кешкі асқа басқалар ет турағанша олар қосыннан сәл ұзап, шапшаң шешінді де суға қойып кетті. Су сылдырына жалт қараған жауынгерлер үрейлене атып тұрды. Ғұмыры жуынбайтын монғолдар сияқты судан жиіркенбегенімен, судың суықтығына орай оған көп жуымайтын Солтүстіктің басқа халықтарындай бұлар да көлге шомылудың не екенін білмейтін-ді. Сондықтан олар өзіне сеніп тапсырылған ақ сиқыршылар балыққа, болмаса итбалықка айналып, онкилондар жерінен кетіп қалғалы жүр деп ойлады. 172
– Анну, анаған қара, сенің күйеуің мен басқа да сиқыршылар қазір ғайып болады – олар көлге кірді, – деп айғайлады біреу. Ас әзірлеп жатқан Аннуир атып тұрып, жағаға жүгірді, күллі онкилондар соның соңынан ерді. Жиһангездер тек бастары ғана қылтиып, суда жүзіп те жүрген-ді. – Міне, олар итбалыққа да айналып үлгерген. Қараңдаршы, әне, қараңдаршы! – деп айғайлады жағаға жиналғандар. Азын-аулақ бірдеңе біліп, ептеп мәдениеттене бастаған Аннуир алғаш үрейленіп қалғанымен, Ординнің жүзін танып көңілі тынып, онкилондарды енді келекелеуге кірісті. Кейін қыз жерлестерінің тағы да таңырқауына тура келді. Жиһангездер жағаға шыққан соң үсті-басына қардай аппақ бірдеңе жағып, денесін ысқылай бастағанда сабын туралы түсінігі жоқ онкилондар айран-асыр болды. – Мынаны қара, бұл сиқырлардың үстінде су қатып мұзға айналады екен! – деді олар бір-біріне. Сабын қолдануды біліп алған Аннуир оларға істің мән- жайын тағы да түсіндірді. Алайда олар ақ адамдар киініп от басына оралғанда ғана басылды, сонда да өзгеріс ештеңелері жоқ па екен деп ұрлана қарап қояды. Жұрт кешкі асқа отырғанда сабын алып шомылып келгелі Аннуир да қосыннан аулақ жүгіріп кетті. Малту білмегендіктен әріге бармай, көлдің шетіне таман жуынды. Келген соң жауынгерлер енді оны келеке ете бастады. – Күйеуіңдей ақ болам деп, қармен ысқыланып шықтың ба!? Апырай, суға қалайша қорықпай түстің ә, су перісі аяғыңнан тартып, тереңге батырып әкетеді деп те ойламағаның-ау! Бірақ қанша әлектенгеніңмен баяғы қап-қара қалпыңда қалыпсың ғой, – деп қалжыңдады тайпаластары. – Суға түскенде сондай қорықтым, қашан шыққанша бәзбіреу аяғымнан тартып, әне-міне ала жөнелетіндей көрінді де тұрды, – деп артынан Ординге Аннуирдің өзі де мойындады. Онкилондардың бәрі сияқты ол да суда, 173
орманда, үңгірде жын-пері жүреді, жел мен тұманның да өз иесі бар дегенге сенетін. Тек тәуір дегеннің бәріне еліктеу сезімі ғана оны суға түсірген-ді. – Келесі жолы көлге сенімен бірге барамын. Сен алдымен суда итбалық сияқты қалай жүзуді үйретесің маған, – деді ол Ординге. Қоналқа кезінде шала мүжілген сүйек пен туралған ет тастайтын онкилондарға үйреніп алған Крот пен Белуханы жанына ап екі жауынгер күзетке тұрды. Жауынгерлер иттің абай үшін жақсы екенін бағалап, осылай қарай ауғанда бабаларының бұл мақұлықтардың бірнешеуін ерте келмегеніне өкініш те білдіре бастаған-ды. – Осылар қасқырды ұстап алып, қолға неге үйретпейді екен? – деп сұрады бірде Горохов. – Қасқыр ешқашан да қолға үйренбейді, – деді оған Горюнов. – Қаншық қасқырды ұстап алып итпен ұйықтыруға болар еді. Ал, өкінішке орай, біздің иттердің арасында бірде- бір қаншық жоқ екен ғой. Бұл ұсынысқа онкилондар күмәндана қарады, алайда қасқыр ұстау онша қиын емес дегенді айтты. Терістік бағыттағы жолға тағы бір күн кетті. Орман барған сайын сиреп, шөптің шүйгіндігі кеміп, өгіздер мен жылқылар оқта-текте ғана ұшырасып, көзге түскендері аса сақтық байқатып, маңына жолатпады, Шамасы, вампулар әбден зәрезап қып, адамға деген сенімнен айырса керек. Оның есесіне вампулардың найзасы мен шоқпарына былқ етпей, қайта үрейлерін ұшыратын мүйізтұмсықтар жиі кездесті. Екінді кезінде енді бір алаңқайға шыққалы тұрғанда иттермен алға кеткен барлаушылар вампулар жүр деп жасақты тоқтатты. Бауырдағы бұталарды тасалап, жасақ жан-жақты шолды. Алаңқайда жайылып бірнеше өгіз жатыр, біреуі күйіс қайырып оқшауырақ тұр. Тұп-тура соны бетке ап, арт жағынан бес-алты вампу еңбектеп келеді. 174
Өгізге жиырма қадамдай еңбектеп жақын келген вампулардың алдыңғысы лып етіп көтеріліп, екі найзаны бірінен соң бірін лақтырып үлгірді, қалғандары найзаларын кезеп шанышқалы өгіздің екі бүйірінен кеп тиді. Найзаның бірі сауырына қадалып етінен өткен өгіз әрі шошып кетіп, әрі ауырсынып өкіріп жіберді де, дұшпандарын байқап қап, басын тұқыртып шаңырақ мүйізімен жайқай тұра ұмтылды, вампулар жалт беріп үлгерді де, жүгірген бетімен өте шыққан жануарға бүйірінен тағы да екі сүңгі қадады. Бірақ тас сүңгі қалың теріге терең бойлай қоймаса керек, табан аузында найза түсіп қалды. Құтырынып кеткен бұқа жалт бұрылды да, күтпеген жерден бір аңшыны мүйізімен іліп ап едәуір биікке атып жіберді, алайда басқа вампулар өгізге үсті-үстіне найза атып, жаралыдан назарын аудара берді. Шабуыл жан-жағынан болғанын байқаған жануар табындастары сияқты басқа төнген пәледен қашып құтылуды жөн тапты, білем, алаңқайды басып тұра-ақ тартты. Соңынан тұра қуған вампулар қанша желаяқ болғандарымен де ілесе алмай қалды. Лақтырған бірнеше найза бар пәрменімен өңкілдей шапқан өгізге тіпті әсер де еткен жок. – Олжаның сәті түспеді оларға! – деді Горюнов. – Енді олардың көз алдында өгізді атып түсірейік, әрине, өзіміз үшін. Өгіз бұлардан екі жүз қадамдай жерде шапқылап барады, артында отыз қадам шамасында төрт вампу келеді, бесіншісі құлаған жерінде жатыр. Кеудесін алға төсеп, дудар шашы желмен желпілдеп қарыштай жүгірген вампулардың қолында бір-бір найзадан ғана қалған. Олар өгіз қансырап, әлі құриды, сонда қуып жетеміз деп ойласа керек. Кенет шауып келе жатқан өгіз мұрттай ұшты. Қуудың қызығына түсіп байқамады ма, әлде мылтық үнін есітпеді ме, вампулар, әйтеуір, не болғанын түсінген жоқ. Қуаныштан қиқу салып, құлаған өгізді қоршап ап, кәдімгі жеңіс биіне кірісті өздерінің. 175
– Зәресін алмай болмас бұлардың! – деді Ордин. – Әйтпесе еттен құрамай қабамыз. – Иә, жалпы теріскейге қарай жолымызды аршып алуымыз керек, зытсын бұлар өз үңгірлеріне. Горохов мылтығын көтеріп, гүрс еткізді. Вампулар әуелі орнында тас боп тұрып қалды да, ізінше зәресі ұшып зар илеп, кері тұра қашты, өгіз сүзген жаралысы да орнынан сүйретіле тұрып солардың соңынан ақсаңдап тартты. Алаңқайға ата шыққан онкилондар вампуларға мылтық даусымен үндесіп жетсін деп әскери ұранын шақыра ұмтылды. – Осы арада түнейміз! – деп шешті Горюнов. Ет бар, енді келуге вампулар батпайды. Онкилондар өгізді сойып, жіліктегенше жиһангездер алаңқайдың ортасынан көлшік, дәлірек айтқанда ешқайдан келіп құятын жалғасы жоқ тоған тауып алды, жаға жарының тіктігіне қарағанда өзі терең де тәрізді. Қоналқаға олар соның маңына орналасты, қарақұс пен қасқырға жем болсын деп қалған етті бой-бой етіп тіліп, далаға тастады. От алаулай жанып, бәрі де ас қамдаумен айналысып кетті. Ордин котелогін алып көлге барды, су тым төмен болғандықтан оны көсіп алу үшін жерге етпеттеп жатуға тура келді. Ол еңкейіп қолын соза беріп еді, су қарсы көтерілгендей болып, котелокті кейін асыра берді. Көтерген котелоктің магниті тартқандай су да жоғарылап келеді. Су көтеріле-көтеріле ақыры кемерге толып жағамен теңесті. – Көлдің суы көтеріліп кетті! – деп дауыстап жіберді атып тұрған Ордин. Бұл дауысқа жүгіріп жағаға келген жұрттың бәрі кемеріне толған көлге қайран қала қарады. – Заттарды буып-түйіп, бұл арадан аулақ кету керек, – деген ұсыныс айтты Костяков. Онкилондар өзара күбірлесіп, бәзбір құбыжықтың басы көлден қылт еткелі тұрғандай суға соқыр үреймен үрке қарады. Аннуирдің жүзіне үрей мен күлкі алма-кезек қонақтады, 176
алғаш қорыққанмен Ординге қарап жымиып тұрғанын көріп ол да ыржиды. Оны ақ адамдар бәрін де біледі, қолынан келмейтіні жоқ және оның үстіне ештеңеден қорықпайды деген ой әбден баурап алған. Онкилондар қашуға бел байлағанша, көлдің суы бірте-бірте тартылып, алғашқы арнасына да түсті. Горохов та уһ деп бір кең тыныс алды. – Әйтеуір, төмен түсті ме, қорыққан болар, шамасы! – деп міңгірледі ол. Жер астында көзі бар көлдердің бұл және бірі екеніне көзі жеткен Ордин, Горюнов, Костяковтар күліп жіберді. Бұл көлдің астында су толы апан ауыз болуы керек, бу мен газ ауық-ауық қысқанда су сонымен жоғары көтеріледі де өзге көлдердегідей атқыламай, таудың бір тесігінен басқа жаққа ағып кететінге ұқсайды. Осы тұжырымның анық- қанығына жету үшін тағы да бақылау жасауға тура келді де, Ордин қалтасынан сағатын суырды. – Жануарлардың су ішкенде бұл көлді қалай пайдаланатынын енді білдім, – деді Горюнов. – Су ернеуіне толғанын тосады екен ғой олар. – Иә, құлама жар кемерді көріп, суға баратын таптаурын сүрлеуді таппай мен де таң қалдым, – деп қостады оның пікірін Ордин. – Ал кей жануар танауының астынан төмен түсіп кеткен суды іше де алмай қалатын шығар. Қашан қайта толады деп күтеді-ау, жазған! Күту, шынында да, көпке созылды: су қайта көтерілгенше бұлар етті пісіріп, жеп те болды, яғни табандатқан бір сағат өтті арада. Ойпаттың терістік бөлегіндегі бу мұнарына оранып күн жасырынғанда со жақтан қою тұман қаптап, бірден көз байланды. Түнге жетерлік отын бар еді, оттың басы жарық та жылы болды. Осынау таңғажайып жердегі көлдер, олардың мезгіл-мезгіл көпіршіп қоятыны хақында әңгіме сабақталды, оның сырын онкилондар су иесінің ойыны деп 177
түсіндірді. Олар терістік жақта Мыңтүтін деген алқап бар, оның кез келген жерінен түтін шығып жатады, топырағының ыстықтығынан шәркелі аяқтың өзі күйе жаздайды дегенді айтты. Рас, онда бұлар өзі болмаған, бірақ бұл жайды Амнундактың атасы бастап вампуларға тиген үлкен айқасқа қатысқан қариялардың аузынан есіткен. Бұрын вампулар қысты сол алқапта өткізеді екен. Әңгімені орман жақтан қасқырдың ұлыған даусы үзіп кетті, оған шабалана үріп иттер жауап қатып жатыр. – Қасқырлар алыс емес – иісті сезуін көрмейсің бе, тас қапқырдың! – деді Горохов. – Бір не екі қаншық қасқырды қолға түсірудің сәті, міне, енді туды! – деді Горюнов. Бұл қиын емес деді онкилондар. Қыста олар бұғыға шапқан бөрілерді түнде отпен қамалап ұстайды екен. Қасқыр түсіретін таспадан тоқыған торы да бар, әдетте мұны түлеген кезінде қаздарға құрады екен. Олар енді қасқыр ұстауға сайлапты. Түнге деген отынның арасынан май қарағайын таңдап алып, жарты метрдей етіп жаңқалап найзаның басына бекітіп байлады да, бәріне жететін етіп отқа қойды. Бұл кезде қасқырлар өгіздің қалған етіне қарық болып, түн жамылып емін-еркін жайлап жатыр еді. Ол жақтан ырылдаған дыбыс, күтірлеп сынған сүйек шықыры келеді. Май қарағай жақсылап тұтанған соң онкилондар мен жиһангездер бір-бірден ұстап, бір қолына найза не мылтық алып, жыртқыштар қан базар жасап жатқан жерді қоршап алды. Алауын жерге тақай оңды-солды жарқылдатып, қасқырлар от құрсауда қалған жерді тұс-тұстан қусыра түсті. Ұзамай тұман арасынан құйрығын қысып, тісін сақылдатып, самсаған оттың арасынан сытылып кетер саңылау таба алмай дағдарған сұр жыртқыштардың өлексеге үймелеген үлкен ұясы көзге шалынды. Жанталасып, ұлып, біріне-бірі шауып апыр-топыр болған жыртқыштар бір кезде екеу-екеуден жан- жаққа атты. 178
Алайда құтылғандары аз болды: онкилондар лыпып найза шаншып, алау таяқпен тұмсықтан соғып, кері ысырды. Бір жауынгер жарып өтпек болған қаншық қасқырға тор тастап та үлгерді. Қасқыр оған бірден оралып ұшып түсті. Тірі қалғандары өлексеге қайта оралып, біріне-бірі ұйлығып, қалшылдап, тісін сақылдатып, қашуға тіпті қарекет те жасай алмай тұрды да қалды, бірнеше оқ бәрінің де жайын тапты. Алауын көтеріп онкилондар енді әр жерде қалған жаралы қасқырларды жайратуға кірісті, олардың арасынан тағы бір қаншығын тауып, басын киімімен тұмшалап, төрт аяғын байлап, найзаға салбырата көтеріп алып жүрді. Ұрылған қасқыр он бір екен, бәрін де жинап от басына алып кеп терісін сыпыра бастады. Ұсталған әрбір қаншық қасқыр үшін үш қазық кағып, екеуіне таңылған алдыңғы, артқы аяқтарын байлап, үшішісіне қайысты тістеп қиып тастамас үшін қарғылап мойнынан байлап қойды. Осы бір өзіндік өрнегі бар аңшылықтан кейін от айнала жатып жұрт ұйқыға кірісті. Әдеттегідей қарауыл қойылып, олар қасқырларды күзетті, Крот пен Белухадан сақтады. Дәрменсіз дұшпанынан есе қайтарғысы келіп ызыққан екі ит ұзаққа дейін тыншыға алмады. МЫҢТҮТІН АЛҚАБЫ Ертеңгі ас үстінде соқыр тұман арасында отырып олар қаншық қасқырларды қалай бірге ала жүру мәселесін талқылады. Біреу оларды кезектесіп көтеруді, біреу өгіз терісінен зембіл жасап соған сап сүйреуді ұсынды. Ең оңай әдісі – оларды өз аяғымен жүгіртіп отыру, ал ол үшін не шынжыр, не сым жоқ, қайыс бауды тісімен қырқып тастайды. Ақыры қайыстан қарғы жасап, тұмылдырық кигізу еске түсті. Қарғыға қайыс өткізіліп, ол Горохов мылтығының шомполының ұшына байланды. Сөйтіп, қасқырлар кісі қасында жарма киген өгіздей бүкеңдеді де отырды. Бір 179
онкилон жетектеп, екіншісі артынан қуалап келеді. Әуелі азулы аң бұған бағынғысы келмей жатып та алды, содан оларға иттерді қосып еді, бөкседен бір тістеуі мұң екен, құйрығын қысып алып меңтеңдей жөнелді. Тұман сирей олар терістікке тартты. Өсімдік барған сайын аласарып, қурап қалған көлемі едәуір кәрі тоғай кездесті, алаңқайда селдір шөптің өзі жоғалып кетіп, күнге өңген базальт қана көзге ұрады. Бірнеше шақырымнан кейін жұқа түтін шалқып жатқан жердің жарығына тап болды. Ордин еңкейіп, қолын жарыққа тығып жіберіп еді, тереңнен шығып жатқан тым ыстық лепке шыдамай іле тартып ала қойды. Әрі жүрген сайын әлгіндей жарықшақтар жиілеп, ауа ыси бастады, жиһангездер жақсы жағылған моншаға кіргендей болды, ал бу дегенің төңіректі түгел тұман торғынымен орап тастағандай. Онкилондар күртесін іле-ақ шешіп, бағанадан бері белуарынан жоғары жалаңаш келеді, жиһангездер де шыдай алмай солардың істегенін істеді. Ең соңында Аннуир де кеудеше-шалбарын шешіп, белдемшемен қалды, онысына едәуір ыңғайсызданып, отты көп жаққан үйдей ыстық болып кетті деп ақталып та жатыр. Тұманы қалыңырақ тұс айрықша назар аудартты: оның ортасында бір емес бірнеше жарықтан бу атқылап, дем ысқыра шығып жатыр. – Міне, бұл нағыз фумарол! – деді дауыстап Ордин. Әрірек барған сайын қара лаваның жалаңаш жотасында шұрқ- шұрқ тесік көбейіп кетті. Бүкіл жер тұтасымен бықсып, түтіндеп жатқан сияқты, топырақ қызуы аяқкиім табанынан- ақ сезіле бастады. Бірер шақырым жер жүріп, дем алу және әр жақ, бер жақты шолу үшін тоқтағанда көз алдарынан көрініс берген бір суретке таңданып, таңырқасып қалды. Төрт құбыладан түгел бу шапшып аспанға тік атылып, самсаған сұр діңгекшелердің жеңіл сәулесіне кемпірқосақ ілініп, дірілдеді де тұрды. Бейнебір көзге көрінбейтін қаланың мың сан 180
мұржасынан аязды аспан кеудесіне тік шаншылып түтін ұшып жатқандай. Осы боз бағандардың арасынан батыста да, терістікте де, шығыста да ойпат аңғарынынң жар-құзы қарауытады, қай жағына барсаң да бес-алты шақырымнан алыс емес. Анда да, мында да күнге шағылып қары жалт- жұлт еткен алашабыр шыңдар. Бір жағынан мынау ақ қар мен ақ баған, екінші жағынан анау қара құз бен қара топырақ ойламаған жерден қойындасып, қарама-қарсы екі түс ілуде бір кездесетін тұтастық түзіп тұр. Жер жарығының бірінен естілген гуіл мен қатты ысқырық ұйып тұрған тыныштық қаймағын әлсін-әлсін бұзады. – Түтіндеген қап-қара шөл! – деп Горюновтың даусы шығып кетті. – Міне, Мыңтүтін алқабы деген осы! – деді Ордин. Жын-шайтанның мекенжайы! – деді онкилондардың егделеуі. – Түтіндеп жатқан – жер астындағы солардың оты. Жасақ адамдары осынау сирек суретке әртүрлі сезіммен қарады, ақтары ынтыға үңілсе, қараторылары соқыр сеніммен секем алып, теріс айналуға бейіл. Алдағы аумақтырақ бу бағаны бұларды тағы да баурады. Бу диаметрі небары алты метрдей ғана көлшіктен шығып жатыр, оның суы дәл бір қазандағыдай бұрқ-сарқ қайнайды. Горюнов қоржынынан бір кесек шикі ет алды да, қайысқа байлап оны суға сала қойды. Шапшып қайнаған су оны батырып жіберіп, әрлі-берлі домалатып, бетіне теуіп әп-сәттің арасында пісіріп шығарды. – Қоналқаға таптырмайтын жер екен! – деді Ордин. – Отын жоқ, бірақ ас пісіретін әзір қазан бар, шайға да қайнаған суың дайын. Жол-жөнекей терістікке қарап олар осындай көлдердің ұлылы-кішілі тағы бірнешеуін кездестірді: ең кішісінің диаметрі бір-екі метр ғана, олар беті көпіршіп баяу қайнайды да, ал үлкендері бұрқ-сарқ етіп, шашырай шапшып, беті әлем- тапырық болып жатады. Көлдердің құлама кемері аппақ, 181
қар сияқты бірдеңе жабысып қатқан да қалған. Бірақ қайнап жатқан судың ернеуінде қар қайдан болсын, тырнап алып, ауызға салып көріп еді – тұз, бірақ тым ащы, дәмі де нашар екен оның. – Тұз бөліп жатса, суы ащы болғаны ғой, яғни шайға жарамайды, – деді Горюнов. Суын татып көріп еді – аздап көрмек дәмі бар екен, бірақ ішуге әбден жарап жатыр. Қайнаған көлдер мен түтіндеген тесіктердің арасынан өтіп, ойпат аңғарына таянғанда олар жайпақ үлкен шұңқырға тап болды, диаметрі шамамен екі жүз қадамдай да, тереңдігі он бес-жиырма метрдей бар. Түбі дөңгелене шұқырайып, алып бір тостағанды көзге елестетеді, бірақ суы жоқ. Буалдыр түтін арасынан үңіліп, шұңқыр жарықшақтарынан ана жерде бір, мына жерде бір көгілдір от жарқылдап шығып жатқанын байқады. Ордин оны жақын барып көрмек оймен төмен түсіп кетіп еді, ізінше аузы-мұрнын басып қайтып келді. Күкірт пен хлордың ауаны пеш жаққандай ысытып жіберген буынан тұншығып қала жаздадым деді ол. Дүрбімен қарап шұңқырдың қап-қара түбінде күкірт пен мұсатырдың қалың қатпарлары жолақтанып, ақ, сары боп әр тұста жалтырап жатқанын байқауға болатын еді. – Ал Павел Николаевич, – деді жоғары шығып кең тыныс алған Ордин Костяковқа. – Санников жерінің әлі толық сөніп болмаған жойқын жанартаудың кратері екенін енді сіз де жоққа шығара қоймассыз. – Әлбетте ғой. Жан-жақтағы анау базальт құз-жарлар, түстіктегі, гейзерлер мен көпіршіген көлдер, терістіктегі, қайнаған көлшіктер мен фумаролдар, мынау улы шұңқыр құйттай да күмән қалдырған жоқ, – деді оның сөзін растап Горюнов. – Бірақ онкилондар бұл арада төрт жүз жыл, ал анау жабайы адамдар мен жануарлар одан да көп өмір сүріп 182
жатыр. Мұның түстік жартысында өсімдік тіптен көп, демек, жанартау баяғыда сөнген емес пе! – деп Костяков пікір таластырды. – Онда күмән жоқ, алайда жанартау оз әрекетін түстіктен терістікке қарай аударып, бірте-бірте доғарғаны да айқын болса керек, оның белгілері бұл жақта әлі көп. Бәлкім, вампулар түстік жақта тұрғанда мұнда лава атқылап жатқан шығар. – Онкилондар оны көре алмай қалған, – деп Ордин бұл пікірді нақтылай түсті. – Сондықтан олар қайдағы жоқ «жерасты рухының» түтінін ғана біледі. – Ал осы жанартауың күндердің күнінде ұзақ ұйқысынан оянып, апат әкеп жүрмей ме? – деп сұрады Горюнов. – Ол әбден мүмкін. Шын мәнінде сөнген жанартау деп тұтас бір геологиялық дәуір бойы қозғалмай, бірте-бірте қирай бастағанын айтады. Ал қалғандары жөнінде кепілдік беруге болмайды, ең дұрысы, оларды ұйықтап жатқан деу орынды, ұйқыдағының оянып кетуі ықтимал ғой. Біз сөнді деп жүрген жанартаулардың кенеттен атқылап қоя берген мысалдарын білеміз. Кратерінде қалың орман өсіп, кезінде оған бас көтерген құлдардын көсемі Спартак бой тасалаған Везувийді еске түсіріңдерші. Ол тауды жаңартау деп ешкім санамаған, о жөнінде аңыз-ертегі, де жоқ. Кенет біздің дәуірдің жетпіс тоғызыншы жылы ол оянып кетіп, Геркуланум мен Помпеяны жермен-жексен етіп жіберген жоқ па және содан бері ол бір тыншыған емес. – Ал Мартиникадағы Қасқатау ше! – деп Горюнов және бір оқиғаны есіне түсірді. – Он сегізінші ғасырдың ортасына дейін ол ұйықтап жатқан, оның бұрынғы қылығы жайында жергілікті түз тұрғындары түк те білмеген. Содан ол бірте- бірте қимылдай бастаған, ал оянуының өзі бір жарым ғасырға созылған, ақыры жиырмасыншы ғасырдың басында ғана дүр сілкініп, тұтас бір қала Сен-Пьер мен отыз мың адамның өмірін бірнеше минуттың ішінде-ақ жалмап жіберген. 183
– Мұндай мысалдарды екі Америкадан да, Зонд аралдарынан да, Камчаткадан да көптеп келтіруге болады, – деп тағы сөз қосты Ордин. – Мына жанартаудың оянуы онкилондарға апат болады ғой, – деді Костяков. – Ол жанартаудың қай тұстан қайта атқылауына байланысты ғой. Егер ол қазірдің өзінде қу тақыр әрі елсіз ойпаттың терістік бөлегімен ғана шектеліп, дүмпуі аз болса, онкилондар жанартаудың жанында тыныш өмір сүре береді. Ал дүмпу түстік жақтан басталса, әрине, оңдырмайды. – Маған мынау фумаролдардың, қайнаған көлдердің, гейзерлердің көптігі жанартау дүмпуі осы ойпатта бүгін-ертең емес, кез келген сәтте басталып кететіндей көрінеді де тұрады, – деді Ордин. – Онкилондардың осындай жағдай ойпатта жүздеген жыл созылып келеді дегені жай сөз. Олар бұл маңға айында бір, жылында бір келе ме, жоқ па – ендеше, айтқандарыңа да сенуге болмайды. Бұл арада дұрыс барлау, бақылау қажет. – Жарайды, біз тұрғанда Санников жерінде түк те болмайды, тас боп қатқан тіршілік иелерімен ол жүздеген жыл жасай берсін деп тілейік те, – деп көңіл аулаған болды Горюнов. Тымырсық шұңқырды айналып өтіп, баяғы бір базальттан тіп-тік не текше-текше болып көтерілген құз қабырғалы ойпаттың терістік аңғарына да келді, сырт көзге мұның биіктігі мың метрден аласа сияқты емес. Өсімдік атаулының ең ақыры қынаның да жоқтығынан жап-жалаңаш құз қабырғалары көңілді құлазытып жіберді. Айналаға қарап тұрып барлаушылар тағы бір таңғажайып суретке тап болды: қара құздың етегінен онша қашық емес бу бағандары тұтасып, Мыңтүтін алқабының аппақ қабырғасы созылып жатыр, бұл міз бақпас бірдеңе емес, ұдайы толқып, теңселіп, жалында аласа күннің алау нұрын ойнатып, бір орыннан екіншіге ауысып шұғыла шашып тұр. 184
Бір жерде қара құздың етегіндегі аппақ жолақ жолаушылардың көзіне түсті. – Қызық, мынау жоғарыдан құлаған қар болды ма екен? – деп таңырқады Горюнов. – Жоқ, бұл қар емес, жер бетіне шығып қалған ақ тау жынысы болуға тиіс, – деді Ордин дүрбімен қарап. – Және өзі біреу шұқып жегендей түгел шұрқ-шұрқ тесік, вампуларыңыз шақпақ тасты осы арадан алып жүрмесін? Бәрі сол араға ұмтылды. Бақса, базальт мұнда ойпаттың түбінен үш-төрт метр жер үстіне шығып, екі жүз – үш жүз метрдей созылып жатқан жұмсақ мәрмәрдің үстінде жатады екен. Мәрмәрда кейде бөлек, кейде ұясымен, кейде қабатымен орналасқан шақпақ тастар бар екен, соны аламыз деп вампулар найзаның сүңгісімен, қырғышпен мәрмәр бетінің дал-дұлын шығарыпты. – Міне, керек болса жаңалық! Жанартаудың пайда болуын анықтауымызға керегінің өзі осы ғой, – деп қуанып кетті ақ қабырғаны тексеріп шыққан Ордин. – Мен жаман-жәутік болса да мынаның жоғарғы бор қабаты екенін дәлелдейтін тасқа айналған жәндіктер тәрізді бірдеңелер таптым. Оларға қарағанда бұл жанартау Солтүстік Сібірдің әр тұсында мына базальттар балқыған жер дамуының үшінші дәуірінен бұрын пайда болмаған сияқты. Мұнан да тәуір деректер табылып қалар – іздеу керек. Осыны айтып Ордин құздың бір тереңірек қуысына кіріп, балғамен жұмыс істей бастады, қалғандары етектегі, ақ құмның арасын қазуға кірісті, тасқа айналған ұлу сауытын тауып алып көрсеткенде және не екенін түсіндіргенде оны іздеуге тіпті онкилондар да атсалысты. Міне, балғасының тоқылдауы басылып, қуыстан Ордин сөйлей шықты. – Тереңде жойқын жұмыс жүріп жатыр, Сәл тыныштық сақтап, жарға құлақ төсеп, тыңдаңыздаршы. Әсіре мен шыққан қуыстан бәрінен де жақсы естіліп тұр. 185
Горюнов пен Костяков қуысқа кіріп, қабырғаға құлақ төсеп еді, түу тереңнен кейде келте қайырылған, кейде ұзаққа созылған дүмпуді есітті, бейнебір алыста жер астында алып бір ұста жұмыс істеп, ауыр балғамен жұмсақ бірдеңеге солқ- солқ ұрып жатқандай. Тау жынысы сәл дірілдеп, ақ қабырғадан мәрмәр түзейтін әк шпатының кристалдары ауық- ауық сырғып түсіп жатты. – Сонау тереңде тәуір-ақ жұмыс жасалып жатыр! – деді қуыстан шыға берген Горюнов. – Есен-сауымызда осы арадан тайып тұрсақ қайтеді? – деп сұрады үрей аралас үнмен Костяков. – Сіз мұны жанартаудың жақында атқылауының белгісі деп ойлайсыз ба? – деп күлді Ордин. – Егер біз бұл арада бұрын да болып мына үнді есітпесек, шынында да мұны жерасты дүмпуінің белгісі деп ойлауға болар еді. Тіпті сондай белгі болғанның өзінде үрей шақырар түк те жоқ – жанартаудың оянуы аптаға, айға, жылға да созылуы мүмкін. – Тіптен Қасқатаудағы сияқты жүздеген жылға созылуы да ықтимал, – деп қостап қойды Горюнов. Жателдіктердің не жайында айтып тұрғанын білген соң онкилондар қуысқа кезек-кезек кіріп, қосүрей боп шығып жатты. Бүгін олар жер астында жын-шайтан бар дегенге қай күндегісінен де қатты иланды. Мына дүмпулер, қабырғаның шайқалуы, шұңқырдағы жылтыраған от, мыңтүтін, қайнаған көлдер, өсімдік дегеннің атымен жоқтығы – бәрі-бәрі жиналып келіп, зәре-құтын қашырып, олар осынау қатерлі жерден шапшаң кетейікші деп сұрап тұрып алды. Күн кеш еді. Терістіктің биік құздарының тасасына күн жасырынысымен ойпаттың бұл бөлегін ымырт басты. Оның үстіне батыстан қара бұлт шығып, тұманның қалың болатынынан хабар бергендей. Тұман мен қараңғыда жолдан оп-оңай адасып, шұңқырға не қайнаған көлдердің біріне қойып кету де кәдік. 186
Шынында да, жардан бір шақырым шығып үлгертпей, аспанды бұлт торлап, сіркіреп жаңбыр жауды, жауынмен суыған қалың бу тұманға айналып, төңіректі түгел құндақтап алды, көзге түртсе көргісіз қараңғылық лажсыздан бағанағы қарғыс атқан шұңқырдың басына қонуға мәжбүр етті, бір жақсысы, ет пісіріп, шай ішуге отын іздетпейтін қайнап жатқан суы бар. Жателдіктердің саспас сабырлылығы онкилондарға да әсер етіп, олар да көл жағасына жата қап найзаның ұшына шаншып не қайысқа байлап, қайнап жатқан суға ет пісірді, бірақ әлденеден үрейленіп, өзара сыбырласып сөйлесті. Горохов тіпті сорпа пісіріп те ішті, етке тұз салып, суға сәл ұн сеуіп, котелогін суға ортан белінен салып қойып еді, адам айтар емес ас боп шықты. Бәрінен бұрын көлге жеке салғанға қарағанда котелоктегі ет тұзы татып, тым-ақ дәмді болды, шай да мейір қанып ішерлік дәрежеге жетті. Кешкі астан кейін қарауыл қойып онкилондар жаңбырдан қорғанып, үстіне қалқандарын ұстап бір жерге ұйлығып жатып ұйықтады. Жатар алдында олар жерге найза қадап, үстіне өгіз терісін жауып жат елдіктерге күрке жасап берді. Алайда жиһангездердің түнде күндізгі көгілдір отты көргісі келді де, ешкімді оятпай ақырын басып шұңқырға қарай тартты. Тереңнен сыздықтап шығып жатқан жылудың арқасында ойпаңды тұман басқан жоқ еді, сондықтан ол түбінде айқыш- ұйқыш өрілген көгілдір оттары бар дәу қара шұңқыр болып көрінді. Оттар да біресе сөніп, біресе лапылдап, бір орыннан ілезде екінші жерге көшіп керемет қызық суреттерді көз алдыңа келтіреді. Оны жақсырақ көру үшін төртеуі де шұңқырдың ернеуіне жата қалып еді – кенет астынан бірдеңе дүмпігендей болды – жер шайқалып кетті. – Жер сілкінді! – деп дауыстап Костяков атып тұрды. Алайда оның қайта жатуына тура келді, өйткені жер теңселіп, тік тұруға мүмкіндік бқлмады. Құлақка қатты гуіл келді, ойпаңдағы оттар дірілдеп, жалп етіп сөніп, жалт етіп қайта 187
лапылдап тұрды. Ойпат аңғары жағынан гүрс еткен үн естілді, әр тұстан алып тастар сынып, құлап жатыр. Қараңғы ымырт, қалың тұмандағы осынау үндер үлкен үрей туғызды. Жүз қадамдай ғана жерде тұрған қосын жақтан дүбірлеген аяқ дүбірі, үрейленген айғай-шу шықты, ояна келіп қасында Ордин мен өзге ақ адамдардың жоқ екенін көрген Аннуир зарлап қоя берді. Онкилондар бұларды қасақана қауіп-қатерге тастап, ақ сиқыршылар тайып отырған екен деп ойлады. Кісілердің ыза-шуына үн қосып иттер мен қасқырлар қосыла ұлыды. Соқыр сенімдегі сорлылар әбден абыржып, не істеп, не қоярын білмей, дал болды. Жердің сілкінісі сәл саябырлап, аяқпен тұрып-жүруге жарағанда жиһангездер жеті қараңғыда дабыра шуымен-ақ оңай табылатын қосынға қарай тұра жүгірді. Ақ адамдардың келуі бәрін бірден тыныштандырды да, Горюнов қайда барып келгенін айтқанда онкилондар сәл ұялып қалды. Аннуир жалма-жан Ординнің мойнына асылып, жасты жүзін оның кеудесіне басты. Осы оқиға барлығының ұйқысын шайдай ашты. Сол сәтті пайдаланып Горюнов онкилондардан бұрын бұндай жер сілкіну болып па еді деп сұрады. Бақса, бұл құбылыс оларға бұрыннан таныс көрінеді, кейде әсіресе, қыс күндері жер сәл дірілдеп, жертөле бөренелері сықырлап, төбеден топырақ түседі екен. – Міне, қазір де дәл солай болды, – деді Горюнов. – Жоқ, бұл тіпті бөлек! – деп қарсы дау айтты онкилондар. – Аяқ басып тұра алмайтын болып жердің бұлай шайқалуын бұрын көрген емеспіз. Сондықтан зәре-құтымыз қалмай, оның үстіне сендердің жоқ боп кеткендеріңді көріп, қатерлі жерге әдейі әкеп тастаған ғой, енді жерді шайқап тұрған жын- шайтан жарылған тұста шыға кеп бізді жер асты патшалығына ертіп әкетеді екен ғой деп қатты қорықтық – деді олар. Жердің сілкінуі қайтып қайталанған жоқ, жиһангездер өз күркесіне оралды. Бірақ оны да жөндеп алуға тура келді: алғашқы дүмпуде-ақ найзалар қисайып қалып, тері Аннуирдің 188
үстіне жалп етіп, шошытып оятқан еді. Онкилондар енді жатып ұйықтауға батпады, оттың болмауы жоқка нанатын олардың үрейін алып, ол аз дегендей ойпаттың түстік бетінде күн күркіреп, тіпті берекесін кетірді. Жалпы, күн күркіреу деген Санников жерінде тым сирек құбылыс, ал бұл жолы бұлт бұрқ-сарқ етіп қана қоймай, нажағай әлсін-әлсін шатырлап, биік құздың басын жарқ-жұрқ еткізіп, жалтылдады да тұрды. Небір айқастан тайлықпаған өжет жауынгерлер біріне-бірі жабысып, қашан таң атып, жел қуып аспан тұманнан айыққанша ұйлығып тұрды да қойды. Сөйтіп олар таң атқанда барып бір-ақ ұйықтады. ВАМПУЛАРДЫҢ ҚҰДАЙЛАРЫ Жаңбырдан соңғы сап-салқын, тұмансыз, желкем таң олардың қайтар жолға ертерек шығуына жағдай жасады. Оған, әсіресе, онкилондар қатты қуанды. Алайда жолға шығар алдында алыс сапарға ауқаттанып, ет пісіріп алу үшін қайнаған көлді тағы бір пайдалануға тура келді. Кетер алдында оған онкилондар бірнеше турам ет тастап, үш мәрте тағзым етті. – Жауынгер жерасты рухына түнде еш залал істемей, тек қорқытып қана қойғаны үшін алғыс айтып жатыр, – деп түсіндірді мұны Аннуир. Таныс көлдер мен жарықшақ жерлерге тоқтамай, жасақ түске тармаса Мыңтүтін алқабынан өтті. Алғашқы есімдіктерді көргенде онкилондардың жүзі әдеттегідей жайнап сала берді. Көсемнің әмірімен жатжерліктерді қатерлі алқапқа ертіп әкелгенде олар зор құрбандыққа рауа болып, бұдан да жаманын күткен сыңайы көрініп тұр. Бірақ олардың басқа құрбандық беруіне тура келді, орманды алқапқа табаны тиісімен жатжерліктер жағдайды және бір пайдаланып, «басында бесінші аяғы бар» жануарларын көру үшін вампулардың мекеніне соға кетпек болды. Сұрастыра келгенде ол алып жануарлар қатерлі жазыққа жақын жайылады екен. 189
Жасақ амалсыз түстік-шығысқа бұрылды, алға итпен үш бақылаушы жіберді. Таныс суреттер алдан қайта самсады: көлді алқаптар ағашы қалыңдап биіктей түскен орман танабымен алмасты. Алты шақырымнан кейін «таяу алаңқайда «құдайлар» жайылып жүр» деген хабар беріп, жасақты барлаушылар тоқтатты. Орманның бауырымен сақ жүре отырып әлгі жануарларға жақын жерге жетті. Орманның шетінен жүз қадам жерде төрт ірі хайуан көрінді, олардың піл тұқымдас екенін айыру онша қиын емес. Түстен кейінгі қайтқан күннің шуағымен шөпке тойып жусап тұр бәрі. Тұмсығын салбыратып, қысқа құйрығымен, ұзын құлағымен шапақтап, тұрған жерінен міз бақпайды бірі де. Олардың үсті-басын ұзын, бірақ сирек қызыл-күрең қылшық басқан. Екеуі үлкен де, екеуі кішірек. Кішіректерінің әсіресе азуы өзгеше келте әрі тіп-тік, ал үлкендерінің азуы ұшына қарай қатты иіліп жоғары қарап тұр. – Мұның мамонт екенінде шүбә жоқ, – деді Горюнов. – Мына кереметтердің еркін жүргенде қалай жүгіретінін көру керек екен, – деді Костяков. – Біз ғой пілдерді тек зоологиялық бақшаның айналымға келмейтін қоршауында ғана көрдік. – Жүгірткен, әрине, қызық. Бірақ бұларды қалай көндіреміз?! – Меніңше, мылтық даусынан шошуға тиіс. – О жағы күмәнді, өйткені олар отты қарудан бейхабар. Оның үстіне біз осы маңда жақын тұратын күзетшілерінің көңілін аударып аламыз ғой. – Мылтық даусынан мамонтқа қарағанда сол вампуларың қаттырақ қорқатын шығар, себебі олар мұның құдіретін аздап көрді емес пе. – Тынышталайық, кімді айтсаң сол келеді, әне! – деді Горюнов қарсыдағы орман шетін қолымен нұсқап. Алаңқайға еңгезердей екі вампу мен иығында жүгі бар бала шықты. Мамонттарға таяп кеп жүгін жерге түсірді де, 190
тізерлеп отыра қалып олар бірнеше мәрте тағзым етті. Олар жақындағанда ұйқыдан оянған мамонттар вампуларға тақап кеп, тұмсығын бұлғап-бұлғап жіберіп, қорсылдаған сияқты бір дыбыс шығарды. Табынып болып вампулар қабын ашып жүгін жайды: онысы іші толы түрлі тамыр-шөп екен. Алдына қойған тамырларды тұмсығымен іліп ап мамонт аузына сүңгіте бастады. Вампулардың бірі әйел екен, ол өзі әкелген тамыр- шөппен жас мамонттарды жемдеуге кірісті, ал бала мен еркектің үлесінде үлкендері. Жануарлар әкелгенді жеп бітіріп, қатты қорсылдап тағы да талап етіп, вампуларға тұмсығын созды, ол бейшаралар қайтадан тағзым етті де, қапшығын алып бар пәрменімен бауырға қарай тура жүгірді. Костяков көргісі келген қызық енді болды: мамонттар жер солқылдата желіп, тұмсығын созып жиырып, құлағы мен құйрықсымағын шаншып алып вампулардың соңынан салды. Тегі, бұл олардың сыйлығына алғысы болса керек, әйтпесе вампуларды әп-сәтте қуып жетіп, таптап-ақ тастар еді, ал бұлар бауырға дейін ғана желіп барып, терең көмейден бір зор үн шығарып жайбарақат кері қайтты. Мамонтқа табыну және азық беру көрінісіне бар жасақ ынтыға қарады. Вампулар көзден таса болғанда онкилондар мамонттардың бірін атып бер деп жиһангездерге жалына бастады. Себебі мамонттың терісі оларға қалқан боларлық зат ретінде жоғары бағаланып, ал азуы найза мен жебенің ұшына қадап, пышақ жасауға таптырмайды екен. Мамонтты олар ілуде бір болмаса аулай алмайды, өйткені вампулар өз құдайын қатты қорғайды да, соғыс кезі болмаса аулатпайды, аулауға арнайы шыққанның өзінде де ежелгі жануарлар найза мен жебеге міз бақпай, құтылып кетеді. Ал қазір жағдайды пайдаланып қалу керек – жателдіктердің қолында қырып- жоятын қаһарлы қару бар. Онкилондардың тілегін Ордин де қостады, өйткені оның бұл жануарды дәл қасынан көріп, өлшеп алғысы келді. 191
Костяков бала күнінде бір жерден оқыған пілдің тұмсығы өте тәтті тамақ деген мағлұматты есіне түсіріп, олардың ұсынысын қоштады. – Вампулар құдайын өлтіргеніміз үшін кек қайтарады ғой, – деді Горюнов. – Қарауылдары бүкіл ордасын көтеріп, бізге бас салады. – Меніңше, олар мылтық даусын естіп әрмен қашуға тиіс. Алайда ғылым үшін, әрі сенімді серіктерімізді разы етіп неге болсын бас тіккен де дұрыс қой, – деп жауап берді Ордин. – Мынау алыпты жарқыншақ оқпен жайрата алмаймыз, ал жараланса-ақ ол құтырып кетеді, сосын арты қиынға соғады. – Мәселе онда емес – екі-үш оқты бір-ақ қадалтамыз. Осынау сирек әлі қолға үйреніп кеткен жануарды өлтіруге Горюнов көрінеу бейілсіз келісті, бірақ өзі атқан жоқ. Онкилондардың қуанышы қойнына сыймай, ақ адамдар нажағайының вампулар құдайына әсері қандай екенін ынтыға қадағалады. Қайта қалғымақ ниетпен бір бүйірлей жақынырақ тұрған қарт мамонтты Ордин мен Костяков бірдей атты. Жануар теңселіп кетіп, ілгері ұмтылды, жалт бұрылып, қатты бір өкірді де тізерлей құлады, содан соң бар денесімен бір бүйіріне сылқ ете қалды. Мылтық даусынан шошып кеткен қалған үш мамонт қалтарысқа қарай аз ғана жүгіріп барып тоқтады да, құлаған жолдасының орнынан тұрып, өздеріне қосылуын күтіп, артына бұрылды, жолдасын шақырып терең көмейден тартып ащы үндер шығарды. Аңшылар мен онкилондар әлі де болса жантәсілім аяғы мен тұмсығын сермеп жатқан жаралы мамонттың жанына келді, жануар кісілерді көргенде басын әлсіз ғана сәл көтеріп, іле әлі құрып, ауыр бір тыныс шығарып, жерге сылқ еткізді. Оның кішкентай қара көзінде құныкерлеріне деген кінә ұшқыны жалт етті. Ізінше осы жанары да сөніп, жануар тыныш тапты. Ордин рулеткасын алып мамонттың тұрқын 192
өлшей бастады. Костяков көмектесіп, оның айтқанын жазып тұрды. Олардың бұл қарекетіне өлімтікті қоршап алған онкилондар таңырқай қарап, мұны ақ адамдардың өлген құдайдың рухына рақым ете гөр деген дұғасы деп ұқты. Иттер уақытын далаға жібермей, осы екі ортада үлкен жарадан шөпке ағып жатқан қанды жалауға кірісті. Тұрғысы келмей жатқан серігін қоршап алған бейтаныс екі аяқтыларға, аңырып, қырық қадамдай жақындап кеп тұрған үш мамонтты жұмыспен айналысқандары да, жай көрермендер де аңдамай қалыпты. Олардың жақындағанын әуелі иттер біліп абалап тұра ұмтылды. Адамдар жалт қарап, мамонттардың тарпа бас салғанын күтпей не бауырға қарай қашарын, не қарсы шабарын білмей аңтарылды да қалды. Иттер он қадам жақын барып, құйрығын екі бұтының арасына қысып, бата алмағанымен, жан даусы шыға шабаланып тұр. Мынау шәуілдеп ығыр еткен жер кенедей сотқарларға жануарлар жоғарыдан таңырқай қарайды. Ақыры иттің үргені мезі етсе керек, олар маң басып, алаңқайдың келесі шетіне барып, ағаш бұтағын сындырып алып жей бастады. Онкилондардың жүрегі орнына түсіп, Ордин өлшеп, сипаттамасын жазып бітірген соң мамонтты сойып, терісін түсіруге кірісті. Бұл кезде мылтық атылғаннан кейін іле вампулардың ізімен жіберілген барлаушылар оралып, келесі алаңқайдан тағылардың жаңада ғана тастап кеткен тұрағын тапқанын хабарлады. Горюновтың енді соны көргісі келіп, Горохов пен барлаушылардың біреуін ертіп алып, қалғандарына етті тапсырып жүріп кетті. Тағылар тұрағы шағын алаңқайда өскен мәуелі бәйтеректің түбінде екен. Ағаштың айналасындағы шөп тапталып қалған, жерде бірнеше аң терісі жатыр, олақ жонылған ағаш аяқтар мен екі ауыр шоқпар және бірнеше найза көрінеді. От еркін сөнбепті, үстінде жартылай күйген еті бар істіктер жатыр. Мылтық даусынан зәресі ұшып кешкі асын тауыспай да кетіпті әр жерде мүжілген сүйектер жатыр, бұтақта жылқының тұтас 193
саны ілулі тұр. Жылқы саны екенін шөпке төселген терісінен- ақ аңғаруға болады. Тұрақты шолып шығып, вампулар жасаған бұйымдардың үлгісі ретінде бір аяқты алып Горюнов кетуге ыңғайланып еді, онкилон оған вампудың «ұясына» қара, бәлкім, құдайлардың күзетшісі отырған шығар деп ағаштың басын көрсетті. Алайда оның жорамалы негізсіз еді – онда болса вампулар қару-жарағы мен істіктегі етін қайдан тастасын. Айтқандай, олардың жоғарыдағы тұрағы иесіз боп шықты. Сондықтан оны Горюновтың көргісі келіп, үшеуі бірдей өрмелеп ағаштың басына шықты. Ұя ұшар баста жуан бұтақтардың жан-жаққа тарар тұсында екен. Бұтақтарға тұтастырып жіңішке бөренелер төсеген де, үстінен үстелге ұқсатып сырғауылдар жайған, онысын жауыннан қорғау үшін шырпы мен талдан тоқып қалқа жасаған. Вампулардың төсегі мен көрпесі болған терілер соның астында жатыр. Екі шоқпар, тері сақпан, лақтыратын бірнеше уақ тас – баспананың алғашқы қауым адамдары түнде жортар жыртқыштан қорғанар бар жарағы осылар. Жапырақ арасынан жан-жаққа жасалған саңылаулар төңіректі, оның ішінде мамонттар жайылатын алаңқайды қарап отыратын жер екен, Горюнов та солай қарай көз тастап, олжасының айналасында тұқжыңдасып жатқан онкилондарды көрді. Меймандар ұядан төңіректі шолып отырғанда орманнан бір вампу шығып, жан-жағына абайлап қарап алды да, жасырынып жатқан тайпаластарын қол бұлғап шақырды. Сол- ақ екен, бұта арасынан бір әйел мен екі бала шыға келіп, төртеуі ағаш түбіне беттеді. Оларды байқап қалған Горохов сәл үрейлене күбір етті. – Құдайлардың қарауылы қайтып келеді! Не істейміз? Атсақ па екен? Жалма-жан қорамсағынан оқ алып, садағының адырнасын тарта берген онкилонды қолын сілтеп қап Горюнов тоқтатты да: 194
– Қозғалмай отырып вампулардың не істейтінін бақылай тұрайық! – деді Гороховқа. – Ал олар ағашқа өрмелеп жүрсе ше? – Күндіз мұнда оларға түк жоқ, тамағы және төменде жатыр. – Бұл арадан қалай кетеміз енді? – Мылтық атып шошытамыз!.. Қап, тәйірі алғыр, мылтығымның төменде қалғанын қарашы! – Мәссаған! Олар тауып алып бүлдіреді ғой оны. – Бүлдіруіне жібермеспіз, сіздің мылтық осында емес пе. Менің мылтығым ағаштың екінші жағында қалған – демек, таба алмауы да мүмкін. Ағаш басындағы әңгіме кезінде олар үстелдің саңылауынан теректің түбіндегі тұрақты бақылап жатты. Вампудың үй іші ағаштың түбіне кеп от айнала жүресінен отырды: әйелдің емшекте сәбиі бар екен, он екілердегі ер баланың мұрнына өткізілген таяқша іспетті әшекейі бар екен, алты жас шамасындағы қыз ондайдан әзір аман сияқты. Күйіп кеткен етті көріп еркегі бірнеше үзік-үзік үн шығарды, баласы онысын түсінді де бауырға жүгіріп кетіп, бір құшақ шырпы алып келді. Әйел қоламтаны көсеп, шоғын жылтыратты да үстіне тамыздық тастап отты үрлеп жақты. Кішкентай қыз істіктегі етті алып, сыртын сыпырып тастап, сау қалғанын жеуге кірісті. Еркек үйіліп жатқан сүйектің арасынан шақпақ тас алып оны пышақ етіп жылқы санынан кесек еттер кесіп ап әйелге лақтырды, кішірегін табан аузында өзі қылғытып жатты. Әйел етті істікке шаншып беріп тұрды да, бала апарып отқа тықты. Кенет жерде жатқан бала шарылдап қоя берді де, әйел оны көтеріп ап, екі аяғынын арасына отырғызып, аузына дертіп тұрған қап-қара емшегін салды. Ойламаған жерден еркек жұмысын доғарып, тың тыңдай қалды, сосын саусағымен мамонттар алаңын нұсқап, дүңк етіп бірдеңе айтты, әйел де елеңдеп басын көтеріп, балалар атып тұрды. Шамасы, вампулар алаңқай жақтан шығып 195
жатқан онкилондардың айғай-шуын есітсе керек. Еркек шақпақ тасын тастай беріп, алаңқайда не болып жатқанын көру үшін жоғары шыққалы ағашты айналып кетті. Айнала беріп ол бұтақта ілулі тұрған Горюновтын мылтығын көрді де, үрейі ұшып айғайлап жіберді, әйелі мен балалары да жүгіріп келіп ағашқа ғайыптан ілініп қалған жалтырақ таяққа таңырқай қарасты. Таяқтың жылан емес екенін, үн шығарып, орнынан былқ етпейтінін көріп, еркек оған батылдана қол созды, әйел үрейленіп оны ұстай алды да, жанжал шықты: ақыры, вампу қатынын итеріп жіберіп, қолы қалш-қалш етіп, бұтақтағы мылтықты алды да, денесіне дарытпай ұстап от басына әкеп малдасын құрып отырып қарай бастады. Әйел мен балалар ғажайып заттың шағып алмайтынын, тізеде тыныш жатқанын көрген соң жақын келді. Вампу бірте-бірте батылданып, жалтырақ стволды сипап, дүмін байқап, аузына үңіліп, тіпті оны үрлеп көріп, шүріппесін козғап еді – кенет мылтық гүрс ете қалды. Әйел шыңғырып шалқасынан түсті, сәби домалап бір қолын отқа тығып ап шырылдап қоя берді, балалар жалт беріп, еркек мылтықты лақтырып жіберді. Енді бір сәтте балалар безе жөнеліп, нәрестесін көтеріп ап, тегі, миы айналып кетті ме, басын бір қолымен ұстап әйел де зарлап-қақсап солардың соңынан жүгірді. Вампу жүгіре түсіп барып тоқтай қалды. Бәрі тып-тыныш, от жайбарақат жанып тұр, өздерінің зәресін алған зат ағаштан бірнеше қадам жерде жатыр. Вампу бір аттап, екі аттап кері қайта бастады, қайтсін, кешкі асы бір емес, екі рет үзілді, оттағы ет және күйіп барады. Отқа төніп кеп іскектегі етке қолын соза беруі-ақ мұң екен, оның төбесінен тағы да жай түсіп, бірдеңе отты ұрып, шоғы жан- жаққа ұшты. Енді еркектің де зәре-құты қалмады, жан даусы шыға бақырып бауырға барып не істерін білмей тұрған әйелі мен балаларына қарай жүгірді. Еркектің қашып келе жатқанын көрісімен олар да бұта арасына сіңіп жоқ болды. 196
– Бұлар енді көпке дейін келе қоймас, – деді отқа жарқыншақ оқтың бірін жіберген Горохов. – Бұдан былай бұл ағаш мәңгі сиқырланған боп қалады. Онкилон көзінен жас аққанша қарқылдады. Горюнов та күлді. Үшеуі де дереу ағаштан түсіп, мылтықты кеп алды, онкилон алдын ала ұяны өртеп, шоқпар мен найзаларды төмендегі отқа тастады, Горохов болса іскектегі етті ағаштың шоғырмағына қадап, жылқының санын теректің түбіне сүйреп әкелді де, сүйектердің арасынан адамның бас сүйегін тауып алып жіліктің басына кигізді, сосын көздің орнына бір-бір көмір қыстырып, төбесіне вампулардың пышақ орнына ұстап ет кесетін шақпақ тасын қойды. – Қайтып келердей болса, олар осының бәрі қайдағы бір сиқырдың күші деп ішегін ішіне тартары хақ, – деді ол. – Және мылтық үнінен бұрынғыдан да бетер қорқатын болады. Мамонттар алқабына қайтып оралған қылжақбастар жасақты өздеріне көмекке жиналып жатқан әбігердің үстінде көрді. Бірінші, екінші атылған мылтық даусын есіткен Ордин мен Костяков бұлар вампулардьң шабуылына ұшыраған екен деп, ет мүшелеп жатқан онкилондарды тік көтеріпті. Қандай гәп болғанын білгенде мылтық оқиғасына барлығы ду күлді. Алаңқайда от жағылып, Аннуир ас әзірлеп жүр: мамонттың тұмсығы тамаша тәтті тағам болды, ал қой етінен жасаған бифштекс отта аз жатқаннан ба, қатқыл пісті. Алайда кейін бұл тағамдарды қанша қайталасаң да ет жетерлік еді. Мамонттың терісі мен азуын, етін арқалаған аңшылар ертеңіне тура Амнундактың тұрағына тартып, оған кешкісін бір-ақ жетті. Онкилондардың көсемі жойылып кеткен жатжерліктерді іздеуге үлкен экспедиция сайлап қойған екен. Бұрын-соңды мұндай күшті болмаған жер сілкіну онкилондарды қатты қорқытыпты. Кейбір жөртөледе төбеге жайған сырғауыл ашаның басынан шығып кетіп, шым құлап ұйқыдағы бірнеше баланы басып қап, біраз адамды жаралапты. Үйінен атып 197
шыққан үрейлі онкилондар ағаштардың теңселгенін көріп, жардан гүрс те гүрс құлаған тастардың дүңгірін естіп, жерге аяқ басып тұрайын десе тұра алмай, құлай береді. Содан соң бұл арада тіпті қариялар көріп білмеген құбылыс – нажағай шатырлап, шелектеп жауған жаңбыр жертөлеге оралуға батпаған адамдарды малмандай су етіп, есікті шайып кеткен, су төсек-орын мен киімдерді бүлдірген. Бұл апатты жақындағы вампулардың шабуылымен салыстыра келіп онкилондар ақ адамдардың келуіне байланысты бабалары болжап айтып кеткен бақытсыздық шынымен басталды деп ойлайды. Ал ол адамдардың қайда жүргені белгісіз, келер-келмесі екіталай, жер астынан шыққандай жалт етіп еді, солай жоқ болмасына кім кепіл. Барабан белгісімен шеткі тұрақтан шыққан жасақ Мыңтүтін алқабынан ешкімді және таппай келді, оған Амнундак қатты абыржып, із-түссіз кеткендерді енді вампулар иелігінен іздеу керек, бүкіл жауынгерлерді ол сол үшін жинап жатыр еді. Жоғалып кеткендердің қайтып оралуы бәрінің де көңілін орнына түсіріп, мамонттың терісі мен азуы, еті тұтас тайпаның қуанышын қойнына сыйғызбады. Жиһангездердің ойластырып салған жақсы жертөлесі жер сілкінуден тіпті бүлінбепті де, сондықтан онда өз үйін жөндеп біткенше көсем тұқымының тең жарымы екі күн қонып шықты. ҚАСИЕТТІ КӨЛ Қиын-қыстау күндері онкилондарды тастап кетпеген жатжерліктердің аман-есен оралуы құрметіне қасиетті көлдің басында құдайы құрмалдық берілуі тиіс деді Амнундакқа бақсы. Жиһангездер бұл көлге ойпаттың бүкіл суы құятынын сұрап біліп, оның қайда кетіп жатқанына көз жеткізуге жағдай жасайтын мына оқиғаға қуанып қалды. Құрмалдық олар келген соң екі күннен кейін белгіленді. 198
Басы Амнундак болып бар рудың жауынгерлері мен жиһангездер таң ала қарақтан түстік-батысқа тартты; жасақтың соңында құрбандық ақ бұғыны жетелеп, оның екі жағында бақсы мен шәкірті даңғыра қағып, жол бойы дұға оқып келді. Екі алаңқай мен аралық ормандардан өтіп, екі сағаттың шамасында ойпаттың ең шетіне орналасқан кішігірім көлге де жетті. Оның екі жақ жағасы қара базальт құздың үлкенді- кішілі қой тастары арасынан сылдырап келіп көлге су ағып жатыр, ал қалған екі жақта тура көлдің өзінен аңғардың биіктігі жүздеген метр базальт жары тік көтеріліп, соның шыңы мен аспанның бір пұшпағының суреті айдын айнасына түсіп тұр. Осынау терең шыңырауға жазда ғана сәске түсте күн терістік-шығыста тұрғанда бір-екі сағат түседі де, кейін көл ұдайы көлеңкеде тұрады. Биіктігіне бас айналар қап- қара құздар, жағаның қап-қара кемері, қап-қара су – бәрі- бәрі қосылып көңілді құлазытып жіберді, онкилондардың көлді қасиетті деп жүргені де осынысынан болса керек. Судың шетінде басқа жартастардан биігірек тұрған біртегіс тақта тас құрмалдық шалатын жер екен, бақсы шәкіртін алып соған шықты. Амнундак, жиһангездер мен жауынгерлер сол тақта тасты жарты шеңбер жасап айнала тұрды. Даңғырасын алып бақсы оны баяу қаға бастады, төніп тұрған құздардың жаңғыртуымен көлдің екінші бетін күмбірлеген кеп үн кеулеп кетті. Жаңғырықтың не екенін білмейтін онкилондар оны үн қатып жатқан рухтар деп түсінді. Тәуеп етіп болып бақсы халцедоннан жасаған мұқият қайралған қысқа өткір пышағын суырды. Сабы сүйек, бұрандамен безендірілген бұл пышақ сыртқы түріне қарағанда қанжар тәрізді және ылғи осындай қанды құрбандыққа ғана ұсталады. Шәкірт бұғыны мүйізінен ұстап басып, басын жерге тұқыртты да, бақсы желкеден қатты соғып, сылқ еткізді. Өлген бұғының үстінде тағы да даңғыра қағылып, дүңгірлей жөнелді, сөйткенше болған жоқ, екі онкилон төрт қу бөренеден құрған жеңіл сал алып кеп тақта тастың шетінен суға түсірді. Оған онкилондардың 199
көмегімен шәкірт бұғыны салып, жағадан итеріп жіберді. Бақсы даңғырасын қағып, ерні жыбырлап, күбірлеп, сыбырлап дұға оқумен болды, бірақ бір дыбыс сыртқа шыққан жоқ, себебі қасистті көлдің жағасында қатты сөйлеу күпірлік көрінеді. Білінбейтін бір ағынмен сал баяу ғана көл ортасына сырғып барады. Ақыры ол жардың етегіне де қалқып барып, бір орнында шыр көбелек айнала бастады. Көсем мен жауынгерлер үн-түнсіз салға телмірген де қалған. Кенет қап-қара толқыннан қатты шу шығып, көл шайқалғандай болды да, салдың маңынан бейнебір алып бірдеңе тереңнен суды жұтып жатқандай ойыс шұңқыр шыға келді. Шұңқыр бірте-бірте тереңдеп, шуыл күшейіп, пысылдап, иірімде шыр айналған сал тереңге тартқан сумен толқынға көміліп жоқ болды, бөренелердің басы, бұғының мүйізі бір жалт етіп, шұңқыр жабылды да қалды. Бірер минут сол жерде иірім дөңгеленіп тұрып ғайып болды да, айдын айнасы қайта қалпына келіп, көл түк көрмегендей көрермендер алдында бәз қалпынша тұнжырады да жатты. Сал қара суға шым батып кеткенде ғана даңғыра қағуын тоқтатқан бақсы үні жарықшақтанып сыбырлай сөйледі. – Қасиетті су құрмалдығымызды қабыл алды! Көлге қайта тағзым етіп ол тақта тастан түсті де, жасақ келген жолымен кері тартты. Жиһангездер де енді пікір алмасуға мүмкіндік алды. Ойпаттың суы қайда кетіп жатқанын көл көз алдына жайып салды. Бар су бірте-бірте осы араға жиналып, бірден теңізге барып құятын жер асты каналына сарқады екен. – Бұл көлді қалайша қасиетті санайсыздар? – деп сұрады Горюнов қайтар жолда Амнундактан. – Бабаларымызды осы жерге бастап келген бақсы солай депті. Көлді ол өзі тауып, жағасында рухтармен сөйлескен екен, олар біздің жұрттың болашағын айтып беріпті. Өлерінде 200
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344