Ұзамай кішкентай керуен мүйістен теңізге түсіп, тұп-тура терістікке тартты. Үш күн тыныққан иттердің жүрісі нарталарға бір аптаға жетерлік отын сияқты үстеме жүк тиелгеніне қарамастан ширақ-ақ. Жұмбақ жерге арада үш-ақ қонып жетуге болар еді, бірақ боран көтеріліп кетіп, тағы да аяққа тұсау болуы кәдік. Өйтсе үскірік аязда шай қайнатып, ас-су ысытып іше алмайтын жерге түнеу де қиын. Тегіс жермен олар тез жүріп, сең кездескенде шабандап қалып келеді. Кешқұрым қырық шақырымдай жол жүріп сеңгір-сеңгір сеңдер арасынан мұз шоқылардан панасы бар жазық тауып, қоналқаға тоқтады. Шатырды шапшаң тігіп жіберіп, от жағып, ас пісірді, сонан соң қып-қызыл алауы мұз үстінде ойнаған оттың басында сағат шамасы, отырды. Күн батысқа сүңгіп ғайып болды, түстікте алашабыр бұлт арасынан ай көрініп жоқ боп, көрініп жоқ боп жүр, терістікте сарғыш доға мен діңгекке ұқсас әлжуаз солтүстік шұғыласы ойнайды. Ай бұлтқа енгенде ол ап-айқын көрінеді. Ұйықтар алдында Горюнов көкжиекті және бір шолғалы мұз шоқыға шықты. Ай сығалап, қарлы жазықты, төбе-төбе сіреу сеңдерді көгілдір жұмсақ бір нұрға малып тұр. Түстіктен суық жел соғып, көкжиекте қара бұлт түнереді, оның ар жағында Қазандық аралының жотасы қарауытады. Ертеңінде күн түнеріп, түстіктен жел күшейе түсті. Горохов пен Никифоров бораннан секем алып, иттерді қыса айдады. Бірақ мұз біртегіс емес, шақырым сайын мұз шоқылар тізбегі тап келіп, бұрынғыдай болмай, жүріс шабандап кетті. Сұрқай аспанда таң атқаннан бері бір жолақ тұр, бұл – алда кең шалқар жылым жатқанының белгісі. Кешке қарай жылым тіпті жақын қалды, құлаққа толқын шуы келді. Биік бір мұз шоқыдан асқанда қарсы алдан жарты шақырымдай ашық теңіз шыға келді, айдыны – ақшулан толқын, көшкін мұз. 51
Теңіз тіпті көкжиекке дейін көсіліп кеткен. Боран көтеріп кетпесе, ертең енді осыдан өту қажет. Сондықтан байдарқаларды тез түсіріп, жүк тиеуге оңтайлы болу үшін мұздың жиегіне жету керек, жел және түстіктен, теңіз мұзды бұл жақтан бұзар деп қауіп ойлауға болмайды. Қоналқаға олар ашық айдынға жүз елу қадамдай ғана мұз шоқының іргесіне кеп тоқтады, оның өзінде шатыр, нарталар мен иттер әрең сиятын алаңқайды зордың күшімен тапты; бұл – батыс пен түстік жақтан түксиген биік мұзарттар төнген жер, жалпы, бұл ара соңғы соққан терістік желі бүкіл сеңді қуып кеп бірінің үстіне бірін үйіп кеткенінің айғағы секілді. Сең пана болып әрі есік аузынан от жағылған шатыр жылы да жайлы еді. Онысы не керек, түнге қарай жел күшейіп, боран көтерілді. Шатырдан бес-алты метр жоғарырақ қапалақтап, ұйтқи соғып, үйіре борап қар қалай төпеп тұрғаны от жарығымен айқын көрінеді. Желдің екпінімен қалың мұз қақырап, ызыңдаған, ұлыған үндерді сап жұтып, ауық-ауық гүрс еткен дыбыс құлақ тұндырады. – Бұл несі тағы да? – деп гүрсіл алғаш естілгенде шошынған Костяков айғайлап та жіберді. – Мұз жарылып жатыр, – деп жауап берді Горюнов. – Иә, мұз жарылды, – деп қоштады Горохов сабырмен. – Егер жел теріс айналып терістіктен соқса, ол да ықтимал, онда толқын біз тұрған тұсты жиектей ұрып, мұзды сөгіп, көтере бастайды ғой. Ал әзір жел түстіктен – қауіп ойлар жөн жоқ. – Қалай дегенмен де, қорқынышты-ау, Матвей Иванович, – деді Никифоров. – Ойлап қараңызшы, біз ғой шылым шегіп, әзіл айтып қаннен-қаперсіз отырмыз, ал астымызда небары екі-ақ аршын мұз, онан әрі түпсіз тұңғиық емес пе! Аралдар арасы сәл алаңсыздау – теңіз терең емес, жер тиіп тұр. 52
– Астымызда қандай тереңдік барының қажеті не бізге, мейлі жиырма, қаласа жүз метр болсын! – деп мырс етті Ордин. – Мұз жарылса, онда да, мұнда да қарық боламыз. – Дегенмен мұнда қауіптірек, теңіз де, жер де көрінбейді өйткені. – Тоныңа қымтанып ұйықтай қалсаң, бәлкім, бәрін түсіңде көрерсің, – деп қалжыңдады Горохов. – О да дұрыс, әйткенмен жаталық, таң атқанша ұйықтайық, күн шыққан соң көңіл де тыншыр. Алайда олар алаңдап ұйықтады, себебі мұзда жатқанда оның алыс-жақын жарылғанының бәрі жақсы естіліп тұрады екен. Иттер де әдеттен тыс тынымсыз ұйықтап, бірде бірі, бірде басқасы маңқылдап, ырылдап мазаны алды. Горохов әлденеше тұрып, шатырдан сығалап жел бағытын өзгерткен- өзгертпегенін бақылады. Жарық түсіп барлығы оянғанда басу айтқан да сол болды. – Түк те жоқ, жел сол бағытынан соғып тұр, қозғалмай- ақ жата берулеріңе болады. Сәскеге дейін жатты да, қарны ашқан соң барып бір-ақ тұрды бәрі. От жағып, шай қойды. Горохов пен Никифоров иттерге ас құюға кетті. Иттердің қаперінде тіпті түк жоқ, екі сеңнің арасында желдің не екенін білмей бір жерге ұйлығып жатыр бәрі. Боранның беті жаман, бірде бес-он минут басылады да, бірде екпіндеп ұли ала жөнеледі. Оның бір тынған кезінде биік мұзға шыққан Горохов жан-жағын шолып шығып, ысқырып айғай салды. – Алайда, ағайындар, біз жүзіп бір жаққа маңып кетіппіз, айнала – су. Барлығының да зәресі ұшып, оған ілесе әлгі мұзартқа шықты: кеше мұзбен келген түстік жақта қарлы мұнар арасынан жойқын теңіз қарауытады, терістік жағы да су, ал батыс пен шығыс тізбектеліп жатқан сеңгір-сеңгір сеңдер, 53
шетіне тіпті көз жетпейді және ештеңе айырып болмайды. Көп тұруға мұрша келмеді, екпіндей жөнелген жел қапалақ- қапалақ қарымен соққылап, бәрін еңіске қуып шықты. Шатырға оралуға тура келді. – Менің ойымша, біз тұрған мұзды алқап қалған мұз айдынына нашар кіріккен, – деді Горюнов. – Мұз жарылған кезде желдің ырқымен бұл жер бөлініп, теңізге қуып тасталған. – Сонда қай жаққа? – Әрине, солтүстікке, жел қайдан соғушы еді. – Теңіздің бұл тұсында ағым болса ғой, бізді алысқа, батыс болмаса шығысқа да айдап әкетеді. – Әлбетте әкетеді. – Енді не істейміз? – Ештеңе істеуге болмайды. Ауа райы бұлай болып тұрғанда біздің байдаркамен жүзу қатер. Боранның басылуын күтуден басқа лаж жоқ. – Біз тұрған мұзды тағы да быт-шыт қылса ше? – Осыған дейін быт-шыты шықпаған жалпақ мұз алда да аман сақталар деп сенуге болады, тек басқа бір мұзартқа яки сіреу сеңдерге соқпасын де. – Ол үшін байдарқаларды сайлап, оларға керек-жарақты артып қойған артық болмас. – Дұрыс-ақ! – деп құптады Горохов. Таңғы тамақты ішіп алып, нарталардың жүгін түсіріп, олар байдарка құрастыруға кірісті. Құрап болып оларға жүк пен нарталарды тиеді, қалғаны тек шатыр мен төсек орын ғана, оларды да алғаш қатер төнгенде жиып алу қиын емес. Ара- тұра жел саябырлаған сайын олар мұз шоқыға шығып, жан- жақты шолады, бұрынғыдай терістіктен де, түстіктен де теңіз көзге түседі, ара қашықтық – екі жақтан да жүз метрдей жер. 54
Осылай бір күн өтті. Бұрынғысынша боран ұйтқып тұр. Кешкі асын ішіп алып, жанып біткенше оттың жарығымен отырды. Көңіл қобалжулы, кейде аяқ астындағы мұз ойнап тұрғандай сезіледі. Алайда мұзда жаңа жарық пайда болғанын білдіретін гүрсіл таң атқалы естілген жоқ. Шамасы, бөлініп шыққан мұзарт берік болса керек, түнде олар кезек күзетісті – жаман айтпай жақсы жоқ. Жел саябырлап, ара-арасында күңгірт ай да сығалап қояды. Күзет кезегі соңынан тиген Ордин ұйықтап кеткен екен, бетіне шағылған күн шапағынан оянды. Ол көтерілген күн мен көгілдір аспанға таңырқай қарады, күн айығып, жел бәсеңдепті, жаңа қар көз ұялтып жалт-жұлт етеді. Ордин жалма-жан мұз шоқыға шығып, түстікте көкжиекке дейін көсіліп жатқан көк теңізге, оның бетінде шұғыла ойнатқан майда толқынға көз тастады, бұлар тұрған мұз алаңының батыс жағы жарты шақырымдай да, шығысы әлдеқайда келте. Теріскейде су танабынан әрі осылай қарай баяу жылжып келе жатқан алып мұзарт көрінді. Ордин жалма-жан жатқандарды оятты, бәрі жүгіріп жоғарыға шықты. – Бәлкім, шыққан күн бірден көрсетпегенде түстіктің қайда, терістіктің қайда екенін білмей, мен бұрынғыдай теңіз солтүстік жақта деп тұра бермек екем! – деп дауыстап жіберді Костяков. – Иә, біздің жолымыз болды, – деді Горюнов та. – Байдаркамен жүзіп, жүк тиеп, түсіріп жүрудің орнына, шатырда тыпыр етпей жаттық та, боран бізді теңізден өзі өткізіп салды. – Өзеннен салмен өткен сияқты десейші, – деп қойды Горохов. – Және қазына есебінен, ештеңе төлетпей өткізді ғой, – деп күлді Никифоров. 55
– Алда әуейіленбей есте ұстасын деп боран-көкеміз аздап қорқытып алды, – деді Костяков. – Бұл бізді жағаға апарып тірер ме екен, әлде байдарканы түсіруге тура келе ме? – деп сөз қозғады Ордин. – Жағаға апарып тіреуге тиіс. Жүзуге көп те қалған жоқ, жел тұрса мына мұз шоқылар – жақсы желкен. – Әзір ауқаттанып алалық, сосын жолға қамдану керек, – деп ұсыныс білдірді Горюнов. Жел бәсең болғандықтан, экспедицияға аса сәтті паром болған мұз алаңы алға қарай баяу жылжыды. Ас ішіп боп, байдарканы бөлектеп, нарталарды құрып, олар паромның қозғалмайтын бір мұзды алқапқа барып тірелуін күтіп шоқыға қайта шықты. Сағатқа жуық күтті, кенет мұздың шайқалғаны байқалып, шет жағы сөгіліп, сең сынықтары бірінің үстіне бірі шығып қалды. Ақырын соғылғаннан сеңдер елеусіз болып шықты, паром шапшаң сап болды. – Айлаққа әкеп тіреді, – деп айғай салды Горохов. Қолына балта, күрек алып жол аршымақ оймен жиһангездер паромның шетіне шықты да, біртегіс жер тауып алып, қозғалмайтын мұзға әп-сәтте-ақ көшіп алды. Никифоров келекелі бір кербездікпен әлгі келген мұз алаңына тағзым етіп, айғай салды. – Рахмет, жігітім, жеткізіп салғанына! Айтары не, жақсы- ақ серуендеттің! Мұз паромның бағыттан онша ауытқымағанын ескеріп, Горюнов биігірек бір шоқыдан Санников жерін көру, сөйтіп, жолын айқындап алу үшін нарталарды терістікке қарай бастады. Жол алғаш аса қиын болды, бір сеңнен кейін бір сең кезігіп, түске дейін он-ақ шақырым жылжыды. Және бұл сеңгір мұздар қиыр көкжиекті мүлдем көрсетпей тастап қиын қылды. Әйтеуір түс ауа тегіс мұз басталып, көкжиекте мұнар арасынан жұмбақ жердің әлі алыс болса да үшкір шыңдары көзге бір шалынды-ау. 56
– Міне, үшінші күн жүріп келеміз, сонда да бір бар болғыр қарасын көрсетер емес! – деді аса бір өкініш үнмен Горохов. Оның торығыңқы үні қасында тұрған Горюновтың назарын бірден аударып алды. – Көмейіңде бір түйткіл бар-ау, Никита, – деді ол. – Дұрыс айтасың. Күмәндануға айналдым. Әлгі мұзарт бізді теңізді көктей өтіп, осында тегін әкелген жоқ, Матвей Иванович. Маған мұның жер емес, сағым секілді болады да тұрады. Арбап, алдап мұнартып тұра бере ме деп ойлаймын. Алыстап кетіп, қайта алмай жүрмейік. – Сенің ойыңа да қайдағы-жайдағы келеді екен, – деп күлді Горюнов. – Енді бірер күн жүрелікші, ол жер қол созым ғана болады. – Ал, меніңше, ертең ол жерің күмән қалдырмайтындай болып айқын көрінбесе, кешікпей кері қайтқаннан дұрысы жоқ. Горюнов сөзді доғарып, жұмбақ жерге бағыт ұстады. Жұмбақ жер енді терістік шығыстан менмұндалады – зайыры, паром желдің ырқымен немесе ағыспен бұларды батысқа қарай біраз апарып тастаса керек. Жол бағытын өзгертуге тура келді. Тегісірек мұз шапшаңырақ жүруге жағдай туғызып, кешке дейін бұлар отыз шақырымды алып та тастады. Күн батар алдында көкжиек әбден айқындалып, жиһангездер ақ жотаның жон арқасынан тік шаншылған шыңдардың қарауытқан үшкір бастарын дүрбісіз-ақ анық көрді. Енді Гороховтың өзі де тынышталайын деді. Сол бағытпен тағы да екі күн жол жүрді. Бірақ күн бұлыңғыр болып, жер көрінген жоқ, шамасы, жер бауырлай жатқан бұлт оны жауып қалса керек. Ақыр аяғында үшінші күні түскі үзілістен кейін мұз шоқылар түгел таусылып, аппақ қар басқан далаға да табан тиіп, олар жоғары қарай көтеріле бастады. Иттердің жүрісі бірден баяулады. 57
– Аяғымыздың астындағы жер емес пе өзі? – деп дауыстап жіберді Ордин. – Жер болғанда да тап өзі! – деп діттей түсті Никифоров. – Тауға шығып бара жатқанымызды иттерден-ақ байқамайсың ба? Осы кезде сәл сейілген бұлт астынан бірер шақырым алдан биік аппақ жар шыға келді. – Әзір бұл жерде қардан басқа ештеңе жоқ! – деп күңк етті Костяков. – Тау бір жаққа тағы жасырынып қалды. – Әбігерін қарашы енді! Ақ жардың астынан тауды да табамыз. Керек болса қардан басқасы да тұр, әне! – деп Горюнов керуеннен жүз қадамдай жерде қарайып тұрғанды нұсқады. Жалма-жан үшеуі де сол жерге тартты. Құз жартаспен қоян-қолтық айқасқа шығатындай Ордин белінен балғасын шешті. Қарлы жазықта адыр болып оқшау тұрған бұл жартас біртегіс жып-жылтыр еді. Үстін жел жалап, боран сипап жалтыр мұз етіп тастаған. Шапқыны тастың жарығына тығып жіберіп, басып қалғанда бір кесек тау жынысы ұшып түсті. Оны Ордин абайлап аудара қарап: – Міне, бұл базальт болса керек, – деді. – Күтеріміздің өзі осы еді ғой, – деп салды Горюнов. – Зады, бұл жанартау жынысы Мұзды мұхит аралдарынан көп табылса керек, мұның өзі – бұл арада бағзы бір кезде ыстық лава атқылағанының белгісі. – Еһ, шіркін, онда ғой қазіргідей емес, жылы болған бұл ара, ә! – деп өкінген сыңай білдірді Костяков. Базальт кесегі Никифоровпен бірге нарталардың қасында қалған Гороховқа салтанатпен алып келінді. Мұның өзі аяқ астында жұмбақ өлке Санников жері жатқанының ең жақсы дәлелі еді, кім білсін, бұған адам табаны тұңғыш тиіп тұрған шығар. 58
Жылғамен баяу жоғарылай отырып, екі сағат шамасында керуен тағы бір аппақ құлама жардың түбінен шықты. Жар қабырғасы селдір тұман арасынан айқын көрініп, екі жақтан да жылғалана жолды кесіп, көз ұшына сүңгіп барады. Жоғары қарай енді тік көтерілмей, қиғаштай шығуға тура келді. Боран таптаған қардың қатқаны сонша, тіпті ауыр нартаның табан ізі әрең түседі. ЖЕРҰЙЫҚ ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА Аппақ жылғамен баяу бұралаңдай отырып керуен бірте- бірте жоғарылап келеді, кейде өрдің тіпті шегі жоқ сияқты болып кетеді, еңіс-өрді құндақтап алған желең тұман тау жынысын көзден тасалап, қарлы құлама жүз қадамдай төменде буалдыр мұнарға оранып қалып жатыр. – Биік тау деп осыны айт! – деп қалды Горохов иттерді тынықтырып алу үшін жасаған бұрылыстағы бір аялдамада. – Шамасы, біз ашық алқаппен жүрудің орнына, шеткі таулардың бірінің биік жарына тап болсақ керек, – деген болжам айтты Ордин. – Ол әбден мүмкін, жердің түстік беткейі түгел осындай, – деді Горюнов. – Естеріңде ме, біз әуелі алдан шың-тасты тау сілемінің құзар қарлы басын көріп едік қой, зады, көсіліп жатқан сол алыпқа көтеріліп келеміз. – Ғажап жер! – деді Костяков. – Новосибирь мен Беннетта аралдарын көмкеріп жататын құлама жар мен жартасты мүйістердің орнына мұнда теп-тегіс тақтайдай ылди. – Биіктен сырғитын көшкін мұз да жоқ, жалғыз ғана қар, – деп қостады оны Ордин. – Иә, ғажап! Мынау түстік беткей, мұның қары жаз еруі тиіс. Алайда алдында көргеніміздей, мұның қырқасынан тұтас тау тізбегі көтеріледі, онан сырғыған мұз көшкіні ғой, 59
теңізге тура осы баураймен құламақ керек. Ал әзір біз оны көріп тұрғанымыз жоқ. – Осынау таңғажайып оқиғаның бір ғана шешімі бар, мына қарлы қырқаның ар жағында терең аңғар, кең жазық болуы керек, көшкін мұз сонда құлауы тиіс, – деп топшылады Ордин. Одан әрі Шпицбергендегідей орасан мол мұз тасқыны болып бір жерден теңізге құйылуы қажет. – Сонда бұған ұшып келіп жүрген құстарға азық қайдан табылмақшы? – деп таңырқады Костяков. – Тіпті мен онкилондар туралы айтпай-ақ қояйын, олар бар екеніне басынан-ақ шүбәлімін. – Сәл сабыр етейік те, жолдастар, жұмбақтың шешімі енді шалғайда емес, – деп күлді Горюнов. – Жүнжімей алға қарайық. Келесі аялдамада барометр теңіз бетінен сегіз жүз метр биіктікті көрсетті. Тұман біраз қоюланайын деді, соның салқыны ма, Горохов: – Қалай ойласаңдар олай ойла, кері қайту керек, – деп салды. – Ол ненің ақысы? – деп дауыстап жіберді Горюнов. – Көрмейсіңдер ме, түге. Аспанға шығардай, өрмелеп келеміз, шеті-шегіне жете алар емеспіз. Мұндай биік тау болуы тіпті мүмкін емес. – Охо-хо-хо! – деп үшеуі қатар күлді, тіпті оларға Никифоров та қосылып кетті. – Ал тұман ненің белгісі екенін білесің бе? Кигилях тауын еске түсірші, басына кісі шығармас үшін тұмантып қоя бермей ме? – Никита-ау, саған каюрлардың соқыр сенімі жұққан ба деймін. Биік тауда, әсіресе, мынадай жерде тұман түсуі – дағдылы дүние. Оны көрмей жүрген жоқпыз ғой. 60
– Ерік өздеріңде, білгендеріңе бағыңдар, менікі – сақтандыру. Түбі Горохов сорға бастады деп жүрмесеңдер болғаны. Олар әрі аяңдады, ақыр аяғында жарты сағат өткен соң сейіле бастаған тұманның арасынан қар ортасында андағайлап әлі де асқақ бірнеше түксиген шың-құз шыға келді. Бәрі де еркін тыныстап, ендігі жолға жігермен кірісті, қар да босап, баурай жайпақтанғанымен, нарталар омбылай берген соң алға түсіп иттерге із салып отыруға тура келді. Сондықтан өрге шығу шабандап, соңғы жарты шақырым күшке түсті. Барометр тоғыз жүз жетпіс метрді көрсеткен қарлы жотаның жон арқасына шыққанда күн де ұясына еңкейіп қалған еді. Тұман ақ шымылдық болып бар еңіс, бар етекті бүркеп тұра қалған, оның үстінен көкжиекке дейін көсіліп жатқан сіреу мұз, сеңгір-сеңгір сеңімен теңіз көлбейді. Нарталарды қардан қылтиып тұрған тайпақ қара құздың етегіне тастап, бесеуі де қырқаға көтерілді, қарлы алқап осымен көмкеріліпті де, әрі қарай екі қадам жерден терең аңғар басталды. – Міне, ғажап! – деп Никифоров дауыстап жіберді, осы үнімен ол алдынан ашылған керемет суретке деген бәрінің таңданысын білдірген еді. Теңіз деңгейінен мың метрдей биіктікте 79 немесе 80 градус ендікте жататын мәңгі мұз бен қасат қардың орнына жиһангездердің алдынан жаңа бүр жарған жас көктем құшақ жайғандай болды, ал Якутск түбінде, 15–17 градус түстікке қарай мына сәуірдің ортасында қар енді ғана жіби бастады ғой. Құздан төмен қары ағарып түксие түскен тақта тастар саты-саты болып, көкжиекке дейін көсіліп жатқан кең жазыққа қарай сүңгіп барады. Түу төменде жаңа ғана жапырақ жара бастаған орман-тоғайға бөлініп дестеленген жасыл алқап жатыр. Жасыл алқаптың әр жерінен бірде тоғайға кіріп, бірде 61
жазыққа шығып, бұралаңдай аққан бұлақтардың күміс лентасы арқылы бірімен-бірі жалғасып жатқан үлкенді-кішілі көлдер жарқырайды. Алысырақ көлшіктер үстін боз тұман басып мұнартып жатыр. Осынау жасыл алқаптың батысында етегі, тіп-тік жар, асқар таулар асқақтайды, оның найза шыңдары бейнебір алып араның тісі сияқты, онда тақталанып қар жатыр. Ал аңғардың өзінде қар деген атымен жоқ. Күн сол тау шыңдарының тасасына барып батты да, жазықтың үстіне ымырт үйірілді. Алқаптың алыс шалғайын құндағына алған тұманға жасырынып таулар тізбегі көкжиектен әрі асып, терістікке сұғынып барады. Қарсы алдындағы сол тауларға таңырқаған бұлар тұрған жота да терістікке сүңгиді екен. Түстікте екеуі де түйісіп, жасыл алқапты қорғанға ұсап қоршап тұрған тәрізді. Алғашқы минуттардағы үнсіз таңырқау енді ашық әсер алмасуға ұласты. – Ғажайыптың да ғажайыбы ғой мынау, Матвей Иванович! – деп үн қатты Никифоров. – Нағыз жерұйықтың өзі! – деді Ордин. – Мынау ендікке мынадай көк бітеді, мынадай көк шығады дегенге тіпті ой жетпейді. Жазықтың терістік жағы ашық, бейнебір жылылық полюстен есіп тұрғандай, – деді Костяков. – Табиғаты қатал біздің жағалаудан құстардың осылай қарай ұшуы енді түсінікті болды. Онкилондардың да келіп жан сақтауы әбден ықтимал. Ал біз анау нарталармен қалай төмен түсеміз? Ол бар болғырлар бос болса да түсу оңай емес, – деп бір қойды Горюнов. – Әнекей, хайуандар қиналмай-ақ түсіп барады, – деп дауыстады Ордин бірнеше қара қоңыр хайуандарға саусағын шошайтып. Үп-үлкен мүйіздері иіліп кеп басын екі жағынан қоршай біткен жануарлар жиһангездердің аяғы астындағы құздың ернеуіне шыға-шыға келді. 62
– Мыналарың таутеке ғой! Бір-екеуін кешкі асқа атып алса ғой, шіркін! – деді Горохов қызып та, қызығып та кетіп. Айтып ауыз жиғанша жануарлар да адам иісін сезіп, аңтарыла басын көтеріп жоғарыға қарады. Зады, таутекелер адамдарды бұрыннан білетін болса керек, бірер минут аңырып тұрды да, жалт беріп құздан асып жоқ болды. Горюнов жалма-жан дүрбіні алып жіберіп, жаңағы таутекелер тұрған жақпарды көзбен өлшеп көрді: құз ернеуі терістік-шығысқа қарай биіктеп, түстік-батысқа таман аласаратынға ұқсайды, ылдиға осы бағытпен түскен абзал. – Жақпар тасты жағалай түстік-батысқа қарай тартамыз, – деп ол шешімін айтты. Төмен түсетін жалғыз жол болса, ол сонда. – Бәлкім, барлық аңғарды айналуымызға тура келер... – деп шүбәланды Ордин. – Немене, мұнда құс болмаса, адамға деген жол жоғына көз жеткізу үшін айналмақпыз ба, – деп Костяков та кері тарта қалды. – Онда, амал нешік, бір жолға поляр мұздарының арасынан өсімдік дүниесі бай алып аңғар тапқанымызға мәз болып, құрлыққа ізімізбен кері қайтамыз да. Уақыттың қалғанын пайдаланып, жота-жақпарын бойлай отырып олар түстік-батысқа қарай жүрді, ернеу біртегіс емес екен, ол төмендеген тұста түстік баурайдың қары, құлама жардың шетіне дейін барады да, биіктеген тұста құзға немесе үшкір шыңға ұласады. Оларды көргенде Ордин балғасына ұмсынып, бірнеше жартастан жыныс кертіп алып үлгерді. Бәрі де олардың базальт болып шықты: бірі тығыз тұтасы, бірі базальт лавасынан шыққандай көпіршіген қоқысы. – Менің көзім енді жетуге айналды, – деді ол сөзін Горюновқа арнап, – Сіздің Санников жері жанартаудың 63
қалдығы болуға тиіс деп академик Шенкке айтқан болжамыңыз дұрысқа шыққалы тұр. Айнала түксиген тік жарлар қоршап тұрған осынау алып шұңқыр бағзы замандағы зор жанартаудың кальдерасына1 қатты ұқсайды, бізге еңісте де, енді де кездесіп тұрған базальттар соны дәлелдейді. – Аңғардың арғы тегі, солай екенін мынау ендіктегі, өсімдіктер байлығы да айтып тұр, – деп мақұлдады Горюнов. – Алдын ала байлам жасамай-ақ, әрі қарай не боларын аңдайық. Түстік-батысқа бойлаған сайын жар жақтауы аласарайын деді, бірақ ол ойпатқа қарай тағы да тік түсті. Қараңғылық қоюланып барады, бірақ толған ай тас төбеге шығып ап жолды көрсетіп тұр. Тағы да сағат шамасы, өтті. Горюнов барометрге қарап еді – ол теңіз деңгейінен бес жүз метр ғана биіктікті көрсетіп тұр екен. – Меніңше, осы жота жақпарында түнеп шыққан жөн болар, бәрібір ай бізге ана жаққа апарар еңістің жолын айқындап бере алмайды, ал қараңғыда бейтаныс жолмен жүру қатер. – Тегіс бір жер тауып алып тоқталық, – деп келісе кетті Никифоров. – Ал түнде боран көтерілсе ғой, бәрімізді шыңырауға бір-ақ сыпырып тастайды, – деп қауіп айтты Костяков. – Боран болмайды, – деп кесіп айтты Горохов, – аспан ашық, жел жоқ, күн қызармай батты. Зәуде бір шайтан шатастырып жүрмесе... – Шайтанның да мейірімі түскен шығар деп ойлайық та, – деп күлді Горюнов. Жар жақтауынан тегіс жайпақ жер тауып алып, екі құздың аралығына шатыр тігіп ас ішті, бірақ ешқайсысының да ұйықтағысы келмеді. Жұмбақ ойпат табан астында тұрып 1 Кальдера (испанша «қазандық» деген сөз) деп сөнген жанартаудың кратерін атайды, олар тым далиып, судың шаюынан шөгіп, үлкен циркті елестетеді. Кальдералардынң арасында да сөнбеген жанартаулар қонысы жиі жолығады. 64
алып, қиялды баурай берді. Ай сәулесі оның шалғай шетіне шығып, таяу тұсы көлеңке қолтығына кіріп кетті, әредік айна көлдермен бұлақ шолпысы күмістей жалтырап, орман мен даланың күңгірт жүзінен жақсы көрінеді. Жардың шетінде отырып бесеуі де аяқ астында жатқан ғажайып аңғарға ой жүгіртеді; ай нұрына шағылған қарсы алдағы құз тіпті тіп-тік әрі биік тәрізді. Олар ойпат табанынан мың жарым, мың алты жүз метр тік көтерілген-ді. Кенет түн тыныштығын тілгілеп, түу тереңнен бәзбір жануардың мөңірегені, ізінше өкіргені құлаққа шалынды. – Еһе-е, төменде бірдеңе бар, сиыр мөңіреп жатыр, – деп оны Никифоров бірден байқады. – Ал анау өкіріп жатқаны не? Бұғыңның өзі болып жүрмесін? – деп сұрады Горюнов. – Жоқ, ол бұғы да, бұқа да емес. Мына хайуан бәзбір кең тұрбадан гүжілдеп тұрған тақылетті. Тіпті аюдың ақырғанына да ұқсамайды. – Қандай хайуан болуы мүмкін деп бәрі дал болды, бірақ бір де кәсіпкер бұрын-соңды мұндай үн есітіп көрмепті. – Ал анау не? – деп сұрады Ордин ойпаттың ортасында алыстан жұлдызға ұқсас қызыл нүктені нұсқап. Әлгі нүкте біресе лап етіп, біресе сөне қалады. – Бәлкім, бұл осы жанартау кратерінің түбінде сөнбей қалған от болар, – деп қалжыңдады Костяков. – Біреудің жағып жатқан оты емес пе өзі? – Соған келіп те қалар. Демек, мұнда адамдар бар, мүмкін, жоғалып кеткен онкилондар осылар шығар деген болжам жасады Горюнов. Тағы да тылсым тыныштық меңдеді. Бәрі де ойпаттағы жұмбақ оттан көз алар емес. Алыстан барабан дабылы сияқты үн талып жетті. – Дәу де болса, бұл бақсының даңғырасы! – деді Горохов. – Демек, мұнда адамдар бар, от та солардікі. 65
– Адамдар болатын болса, төмен түсер жол да бар деген сөз, – деді Горюнов. – Адамдар құс сияқты әуемен ұшып келіп түсе қалған жоқ қой. – Жол болуы да, опырылуы да мүмкін. Үнсіздік меңдеп және жарты сағат өтті, бәрін ұйқы иектей бастады. Кенет тың бір құбылыс оларды сергітіп жіберді. Ай аспандап, нұрын мол төккеніне қарамастан аңғардың алыс қиыры буалдыр тартып, әп-сәтте тұман шымылдығына кіріп, көрінбей кетті. Тұман пердесі түстікке қарай баяу сырылып барды да, ұзамай бүкіл ойпат мұнарға оранған бозша көлге айналып кетті. Бірте-бірте тұман шудаланып жоғары шығып, жиһангездер тұрған түстік беткейдің жотасына да жетті. Терістіктен дымқыл, бірақ жылы жел тұрып, әудемде жақпар да, қара құз да, шатыр да қою тұманға оранып, ай әрең көрінді. – Ойын көрсету аяқталды, шымылдық түсірілді, тарайтын уақыт болды, – деді Ордин кекесінмен. – Бәлесінен аулақ, шатырға енейік, – деп ұсыныс жасады Горохов. – Қалай ойласаңыз, олай ойла, Матвей Иванович, осының бәрі арбау, мұнар да, мына жер де, орман да, көл де, жазық та, хайуан да алдамшы. Көрерсіз, ертең ояндық бар ғой, қардан басқа бұл арада ештеңе болмайды, сосын қарайламай тезірек қайтуға тура келеді. – Жарайды енді, сәуегейім, ертең көрерміз, – деп жауап қатты оған Горохов. Ұйықтағалы жатқандарымен жөндеп ұйықтай алмады, иттер жақын маңнан бір жануарлардың иісін сезді ме, әлсін- әлсін абалап, мазаны кетірді. САННИКОВ ЖЕРІНДЕГІ БІРІНШІ КҮН Таң ағарғанда тұман айыққан жоқ еді, оның қоюлығынан бес қадам жердегі адамның өзін ұшты-күйлі таба алмайсың. 66
Шатырдың сыртына шықсаң да құздан құлап кетпес үшін сипалап жүру қажет. Жар жақпарын жағалай әрі жүріп төмен түсер жол іздеу үшін күте тұру керек болды. Олар Қазандықтан алып шыққан отынның қалғанын жағып, асықпай ас әзірлеп ішті, иттерін азықтандырып алды. Сағатқа қарап шамаласа, күн шыққанына бір сағаттан асқан, алайда соқыр тұман тұмшалап алып әлі көрсеткен жоқ. Тұман бейнебір ойпаттың алып тостағанына шып-шып толып, тасып төгіліп жатқан айран тәрізді. – Мынау түтіндеп тұрған – сіздің жанартауыңыз! – деп қағытты Костяков. – Бұл түн баласы атқылап шығатын әуелі от лаулап, артынан түтін бықсиды. – Күле түс, күле түс, Павел Николаевич, – деп ойын сөзге шын жауап беруге айналды Ордин. – Айт-айтпа, ойпаттың, жанартаудың өзі, оны ашу да Санников жерін танытқаннан түк те кем емес. – Айтыңдаршы, поляр мұздарының арасында жанартау болуы мүмкін бе? – деп сұрады Костяков. – Неге болмасын, түстік поляр аймағында Эребус пен Террор сияқты сөнбеген жанартаулар күні бүгін де бар, ал сөнгендері қаншама. Мұзды мұхиттан әр кезеңдегі жанартау жыныстарын табамыз, оларды Гренландиядан да, Шпицбергеннен де, Франц – Иосиф жерінен де, тіпті Санников жеріне ең жақын жатқан Беннетта аралынан да ұшыраттық. – Олардың бәрі көне жерлер ғой. – Бәрі емес, мәселен, жанартаулары ылғи атқылап жататын Исландияны қайда қоясың? – Ал бұл жанартаудың ауқымы жағынан басқаларын шаңына да ілестірмейді, – деді Горюнов – Сіздердің болжамдарыңыздың дұрыстығына күмән келтіріп тұрған да осы. 67
– Бұл шынында да орасан үлкен, меніңше, мұның көлденеңі жиырма, көлбеу бағыты қырық-елу шақырым. – Жер үстіндегі белгілі кратерлердің ең үлкенінің көлемі қандай? – Ұмытпасам, Гавай аралдарындағы Мауна-Лоа кратерінің диаметрі төрт шақырым, ал Явадағы Гунунг-Тенгердікі алты шақырымнан сәл ғана аз болса керек. – Міне, көрдіңдер ғой, мына қалпына қарағанда бұл Жерде емес, Айда болуға тиіс жанартау! – деп қосарланды Костяков. – Айда болса ең елеусізі болар еді, себебі онда диаметрі алпыс, сексен, жүз шақырым, тіпті онан да үлкен кратерлер бар. Мысалы, Птоломей кратерінің диаметрі жүз алпыс бір шақырым, Лянгренустікі – жүз елу сегіз. Ал диаметрі жетпіс- тоқсан шақырымдық кратерлер оннан асады. Жалпы Айда барлығы отыз мыңдай кратер бар. – Олардың бәрі атқылаған кезде Ай сұмдық болған шығар! Жиһангездер Айды әңгімелеп отырғанда күн өз шаруасын жайғап жатты; тұман тез сейіліп, түтеленіп жоғары көтерілді де, бірте-бірте ауаға сіңіп жоқ болды. Ұзамай жар жақпары да мұнтаздай тазарып, жолға шығуға да жарап қалды, алайда аңғар әлі жоғары жағы ғана көбіршіктеніп, мұнарда сүттей ұйып тұр. Ернеудің төмен иілуіне қарап олар батысты бетке алып әрі тартты. Не керек, түске тармаса әрі қарай тағы да биікке бастайтын ең аласа тұсқа да жетті. – Егер бұл арадан түсер жол таппасақ, оны ойпаттың терістік жақ шалғайынан іздеуге тура келеді, – деп өз ойын айтты Горюнов. – Ол дегенің азап болады, – деп ақтарылды Ордин, – себебі тамыздықтық та отын қалған жоқ, иттердің ас-суы әрі кетсе үш-ақ күнге жетеді. 68
Анықтап көргелі бәрі жардың жиегіне келді. Барометр теңіз деңгейінен жүз жиырма метр ғана биіктік көрсетіп тұр. Арқанмен жақпар тастан-жақпар тасқа түсіп амалдауға болғандай. – Міне, түсетін жол да табылды! – деп дауыстап жіберді Горюнов оң жақты нұсқап. Бәрі де со жаққа қарады. Қырқадан аңғарға қарай созылып қар жалы жатыр, боран ұйтқып теңіз жақтан жотаның аласа тұсы арқылы айдап кеп тығып тастаған кәдімгі күртік, құз тасасында еру деген оның ойында да жоқ. Жардың ернеуіне дейін жеткен күртік әжептәуір тік, оның оңынан да, солынан да сондай қасат қар ұшырасты, бірақ олардың екеуі де қырқаға жетпей тоқтаған, демек, осы ортаңғымен ғана төмен сырғуға болады. Қардың қаттылығын байқап қарап еді – аяқ төрт- бес елі ғана батты. Еңіс 40 градус, сондықтан нарталарды жегінімен сырғытуға болмайтын еді. Иттерді де доғарып, екі-екіден әр нартаға арқанмен байлап, нартаны екі жақтан демеп, төмен сырғи бастады. Екі нарта төмен түскенше Костяков үш бөлек жегінімен жүрген иттерді жетелей тартқан еді. Иттерді жеке жіберуге болмайтын, жолда аң иә құс көрсе тұра қуып, көз жазып қалу қаупі барды. Бірақ отыз итті еңіспен жетелеу де оңай шаруа емес екен; төменде адамдар мен нарталарды көре салып тұра ұмтылғанда Костяков та мұрттай ұшты. Етпетінен түскен ол түу төменге жеткенше бауырымен қарды бұрқылдата жыртып, аспанға шығарып, жоғарыда да, жерде де қарап тұрғандарды қыран-топан күлкіге батырды. Түсіп болып олар төңіректі шолуға кірісті. Күртістің айналасындағы топырақтың беті жалаңаш екен. Шамасы, мұнда күн жаздың ортасына қарай теріскейден түссе керек, тым төмен түскен шуақ оны жылыта алмайтын сияқты. Қар көпке дейін ерімей, өсімдік еркін бойлай алмайтынға ұқсайды. 69
Ал күртіктен бір отыз қадам шығысымен тақта тастар мен базальт жақпарлар арасында жап-жасыл болып қына, жаңа гүл жарған шар гүлдер жатыр. Одан әрегірек әзір сидаң, бүрін енді-енді жара бастаған бұталар тұр. Жарты шақырымдай жүргенде әлгі ағаштар қалыңдап, жапырағы да жамырай бастады. Оның ту сыртында аласа болғанымен қалың орман қарауытады. Нарталарда қалған-құтқан отынды жинап жағып түстік ас пісіріп, шай ішіп отырып олар әрі қарай қалай жүру жайын ақылдасты. Байдарка мен нарталардың, иттердің керегі енді болмай қалды, өйткені ойпатта не қар жоқ, не жүзуге жарайтын үлкен өзен жоқ. Отыз итті шұбыртып, оның тамағын тауып беру – аяққа қаншама тұсау. Құс көп болғандықтан иттер соны қуып кетіп қаншама әуре-сарсаңға салады, ал байлауда ұстап тұру – экспедицияның үш бірдей адамын осыған бөліп, пайдалы жұмыстан жырып әкету деген сөз. Жексе, қарсыз жерде сүйрелген нарталардың табанынан түк қалмай, мұзбен қайтар жолға жарамайды және иттер босқа титықтайды. Бірден-бір дұрыс шешім артық мүлік пен иттерді, бір адамды қарауыл етіп, осы күртіктің етегінде қалдыру сияқты, мұнда салқын, қалатын кісі бар уақытын аң аулап, өзіне және иттерге азық табуға жұмсайды. Қалған төртеуі жеңілденіп, жаяу Санников жерін аралайды, жинаған коллекциясын әкеліп тастау үшін ара-тұра осы базаға келіп тұрады. Чукот және ламут тілдерін білетін Горохов онкилондармен кездесе қалса сөйлесуге керек, сондықтан заттар мен иттерді күзетуге Никифоров қалатын болды. Оны бұл жағдай біраз күмілжітті, бірақ Солтүстіктің күллі кәсіпкерлері сияқты бірнеше күн немесе бір апта жалғыз қалудан ол қорыққан жоқ, азулы аң кез келсе, мынау бір қора ит маңайлатар ма, солардың қамы үшін күйбеңдеу жұмыссыз зеріктіре қоймас та. 70
Екі күртіктің арасынан орын сайлап, шатыр тікті де, олар күн батқанша заттарды сұрыптауға кірісті. Жаяу ойпатқа ендеп бара жатып, артынып-тартынып ауыр жүк алуға болмайды, сондықтан ең қажеттілерін ғана – азын-аулақ киім-кешек, аяқкиім, оқ дәрісімен мылтық алып, аң аулап, ашық аспан астында түнемек оймен бұларға қазан мен құман қосты олар. Кешке қарай аспанды бұлт торлап қар аралас жаңбыр жауып, шатырда паналауға тура келді. – Күннің мынау райы бізге ақыл салып тұр: қалдырып кететін заттар мен нарталар және байдарка жаз бойы жауынның астында шіріп, бүлінбес үшін бір амал жасауымыз керек, – деді Горюнов. – Қазық пен қабықтан ілдалдалап күрке жасаған жөн, – деп ұсыныс айтты Ордин. – Ол онша жақсы пана болмайды және ағаш үшін алыс бару керек, – деді Горохов. – Ал осы күртіктер не үшін? Осылардың терең қойнауы, тегі, ерімесе керек. Үңгір қазып, барлық затты неге 71
тықпаймыз, әрі құрғақ, әрі салқын, жыртқыш аңнан да қауіпсіз. – Иттерге деп басқа үңгір қазалық, – деп пікір қосты Никифоров. – Бұлар ыстықты ұнатпайды, оның үстіне түнде қамап тастасаң, қашып кетпесіне жақсы. – Түнде ғана емес, күндіз де қамау керек. Аңға шықсаң, екеу-үшеуін ғана ертесің, үйірімен шұбатып жүрмейсің ғой. Бәрін шулатып шұбап жүрсең, бүкіл аңды бездіріп алып, қанжығаңа түк ілінбей қояды, – деп сөзін нығыздады Горохов. – Тіптен дұрыс, тамаша пікір! – деп мақұлдады Горюнов. – Ертең ертемен біз бұны жүзеге асырамыз. Бұл күні кешке шатыр іші салқын болды – жағатын отын жоқ, маңайдан шырпы-шылан теріп әкеп асты әрең пісірді. Сол себепті ұйықтауға да ерте жатты. Азанда аңғардан, тіпті таяу жерден шыққан үн – мөңіреген, маңыраған, өкірген дауыс иттердің шамына тиіп, олар жиі шабаланып, ұйықтап жатқандарды оята берді. – Ылғи мына шәуілдектердің жанында болатын Капитонның көрген күні құрысын да! – деп оянған сайын бұрқ етеді Костяков. – Қарлы үңгірге қамап тастаса тынышталады, – деп жауап қатты Горюнов бір жамбасына аунап түсіп. Таң атысымен іске кірісіп те кетті, балтамен олар күртіктің базальт қабырғаға таяу тұсынан терең үңгір қазды. Қардың үстіңгі қабатының асты жатқанына жүздеген жыл болған тұтас мұз екен, жазда ери қояр деп қауіптенудің де қажеті жоқ. Апанға артық заттар мен екі нартаны және байдарканы дестелеп үйіп, ішке жылы ауа кіріп ерімес үшін, Никифоров жоқта кездейсоқ бір жыртқыш еніп кетпес үшін аузын үлкен тақта мұзбен бекітіп тастады. Оның жанынан иттерге арнап әр жегінге бір-бірден үш шағын үңгір әзірленді. 72
Өз тұрағына орманнан отын мен аулаған аңын тасуға үшінші нартаны Никифоровқа қалдырды. Мұз үңгірді қатты ұнатқан Никифоров ет сақтау үшін бір үңгір, сосын қауіпсіздік қамымен ішіне шатыр тігу үшін және бір үңгір қазбақ болды. Жазатайым жыртқыш тап бере қалса, шатырдай емес, үңгірге бір-ақ жағынан келеді, оны күзетуге екі итті байлап қойса жетіп жатыр, сонан соң қауіп-қатер шамалы. Бұл жұмыс тұтас бір күнді алды, жақын жердегі орманның шетінен барып отын кесіп әкелуге әрең үлгерді олар. ТАҢҒАЖАЙЫП ЖАНУАРЛАР Ертеңгілік бұлыңғыр болғанымен жауын-шашынсыз және тұмансыз еді, сондықтан аңғарды аралап, зерттеуге еш кедергі келген жоқ. Арқасында қоржыны, иығында мылтығы бар төрт жиһангез терістікке бет алып жүріп кетті. Олар иттердің есті, иісшіл деген екеуін таңдап, өздерімен ертіп әкетті; оның біреуі қара да, біреуі ақ біріншісінің аты Крот, екіншісінікі – Белуха. Екеуі де жегін басы. Үшінші жегін басы Пеструханы ертіп жолдастарын шығарып салуға келе жатқан Никифоров таяу күндерге талғажау болса деп ізінше аң қағып қайтпақшы еді. Күртіктен жырақтаған сайын көк қалыңдауға айналды, мүк енді шөпке алмасып, поляр қайыңының шоқтары, жатаған үйеңкі мен жерге жабысқан қызыл шырлы кездесті. Түске тармаса күннің көзі сығалап, өсімдік дүниесін бір серпілтіп тастады. Ішке ендеп кірген сайын шоқтар да еңселеніп, кәдімгі бал қарағайлар мен ақ қайыңдар, қызыл шырпылар алдан шығып, шөп арасында қызыл-жасыл гүлдер көз тартты. Биіктігі үш-төрт метр ағаштардан айналасы алаңқай, әжептәуір қалың тоғайлар түзілген. Осындай тоғайлардың бірінен өткенде қарғылаулы иттер алға жұлқи-жұлқи тартып, ызықты да қалды. Жиһангездер мылтықтарын оңтайлап, абайлап басып тоғайдың шетіне келіп 73
еді, алаңқайда жайылып жүрген үлкен табынды көрді. Шүйдесі өркеш сияқты біп-биік, жон арқасы қап-қара, құйрығы сабалақ қысқа сыпыртқы сияқты бір жануарлар. Біреуі басын көтеріп еді, егізге ұқсас екен, дөң маңдайдағы шаңырақ мүйізі алға қарай иірілген. Жануар бірдеңені сезді ме, мөңіреп қалып еді, бүкіл табын дүр ете түсті. Бөгелуге болмайды, Горюнов жақын жүрген бір бұқаны көздеп атып сап еді, ол секіріп түсіп, тізерлеп жата кетті, қалғандары жалт берді, бірақ тұра қашқан жоқ. Кейбіреулерінің мүйізі қысқа әрі нәзік екен, арасында әр жастағы тайша – тана да жүр. Аңшылар иттерін босатып, жүгіріп жаралы бұқаға келді. Адамдарды көріп табын тым-тырақай қаша жөнелді де, иттер Никифоров атып жаралаған бұзауды ұстап қалды. Кісілерді көре сала жаралы бұқа атып тұрып, ышқына өкіріп қарсы жүрді, өзі қан-жоса болып, басын тұқыртып, үшкір мүйізімен жайғап ештеңеге қарар түрі жоқ. Бір бүйірден абалап келген иттерге ол жалт бұрылғанда бұлар да екі оқты қадап үлгеріп еді, бұқа жерге гүрс етті. Олжасын қоршап алып аңшылар оған таңырқай үңілді кеп. – Қалай десеңдер де бұл біз ойлағандай, мускус өгізі емес, – деді Костяков. – Мұның жүні де қысқа, басы мен мүйізі де басқа. – Иә, бұл мен зоологиялық бақтан көрген тағы тибет қодасына ұқсайды, – деді Горюнов. – Ал мұнда, Солтүстікте ол тұқымдардың бірден-бір өкілі мускус егізі, яғни Оvibos моsсһаtus, – деп сөзге араласты Ордин, – оның өзі де Азияда емес, Солтүстік Америкада ғана. – Сөзіңіздің жаны бар, бірақ бұл қойөгіз емес, оған дау жоқ. – Зайыры, бұл бізге Санников жері тартар жұмбақтың және бірі, – деді Костяков. – Бәлки, бұны онкилондар 74
өздерімен бірге ала келген шығар, оған қол жұмсап, меншік заңын бұзып тұрған болармыз. – Жоқ, бұлар тағы жануарлар, – деді Горохов. Біздің жерде мұндайлар ешқашан болып көрген емес. – Жұмбақты шешу үшін бұл бастың сүйегін тым құрымаса мүйізімен ала кетуіміз керек, – деді Горюнов. – Менің есімде қалғаны, қодастың мүйізі ұшына қарай көбірек иірілген әрі нәзіктеу еді, құйрығы қысқарақ және жүндесті. Осы екі ортада Никифоров туғанына екі-үш апта болған бұзауды сүйрелеп алып та келді. – Міне, бұл керемет дәмді қуырдақ болады, – деді ол. Бұзау етін жемегеніме көп болып еді. – Қосқа қайтып бар да, Капитон, нартаны алып кел, – деп бұйырды Горюнов, – оған дейін біз мына еттерді бұза берейік. Аласа орман танабының артында қара жардан айқын көрініп тұрған аппақ күртікті бетке алып Пеструханы ерткен Никифоров кері қайтты. Қалғандары бұқа мен бұзаудың терісін іреуге кірісті де, Горюнов жануарлардың тұрқын өлшеп, түр-түсін жазып алып жатты. Адамдар олжасының бір бөлегін тастап кетер деп ойласа керек, алаңқайды айналып, төбеде күшігендер ұшып жүрді. Алайда олардың ойлағаны болмады, Никифоров әрі қосқа апарар жүкті жеңілдету үшін, әрі тойындырып алу үшін күллі итті ертіп келіпті. Қоштасарда оған атып алған аңның да, ұстаған жануарлардың да бас сүйегін мұз үңгірге жиып сақтай беру тапсырылды. Төрт жиһангез әрі тартты. Жаңағыдай ішке кірген сайын ағаштар биіктеп, шөп шүйгінденіп сала берді: шынар, мойыл, терек, итмұрын, ырғай, тағы басқалар ұшырасты, кейбіреуі жапырақ жайып, гүл атып қалыпты. Горохов өсімдіктерге қызыға қарады, өйткені Казачьенің төңірегінде, тіпті бүкіл жағалауда мұндайды ол көрмеген, ал түстік жаққа ол барса, ылғи қыста ғана жолы түсетін-ді. 80 градус ендіктің тап 75
түбінде Сібірде Поляр шеңберінен шықпай, мына секілді өсімдіктердің өсуі басқаларын да қайран қалдырды. Барған сайын орман танабы мен далаңқы жер алма-кезек алмасып, қоюлана түсті, екі шоқтың бауырынан бағанадағыдай жайылып жатқан табын ұшырасты. Адамдарды көрісімен- ақ жануарлар тұра қашты. Бұл тағы өгіздерді аулайтын адамдардың бұл ойпатта бар екенін аңғартқандай еді. Алайда олардың отты қаруы жоқ секілді, себебі әлгі жануарлар мылтық даусына тіпті міз бақпайды. Аңғардың жиектен сегіз шақырым жерінде әлгі қара өгіздерден басқа бойы дәл сондай бір қоңыр хайуан кездесті. Біреуі басын көтеріп алғанда Горохов: – Матвей Иванович, қараңызшы, мынау кәдімгі ат қой, – деп айғайлап жіберді. – Ұқсасы ұқсас, сонда бұл үй жылқысы болды ма екен? – Үй жылқысы болуы екіталай, бәрінің түр-түсі бірдей құбақан екен, қыр арқасы шоқтығына дейін қара жолақ, жалы мен құйрығы сидаң, құлағы ұп-ұзын, – деп сипаттап берді оны дүрбімен анықтап көрген Ордин. – Онда бұлар Пржевальский Орталық Азияның бір қойнауынан тапқан тағы жылқыға ұқсас болғаны да, – деді Горюнов. – Ал бұл поляр мұзының ортасы ғой. Тылсым жердің тағы бір жұмбағы десейші бұны, – деді Костяков. – Қане, жақындап көрейікші өздеріне. Орманды сағалап алаңқайды жиектей жүре отырып, олар жылқыға едәуір жақындады. Олар егіз тектілерден бөлек жайылып жүр. Шамасы, айғыры ма, үйірдің басы ма, бір ат басын әлсін-әлі көтеріп, алаңқайды шолып танауы делдиіп, ауаны иіскеді. Кенет кісілерді көріп қап, кісінеп жіберді, онысы есектің бақырғанына да ұқсас. Сол-ақ екен, жиырма шақты ірісі, оншақты құлыны бар, үйір басын көтеріп ап, құйрығын шаншып тұра шапты. 76
– Қап, қолдағы олжадан қағылдық-ау, – деп күрсінді Горохов. – Құлынның еті қандай дәмді десейші! – Қажеті не оның? Бүгінге жетерлік ет бар, басы артық жүктің қажеті қанша. Және жазықсыз жануарларды қыра беріп, обал да. – Ал қоллекция жинайтынымыз қайда? – деп қыстырылды Ордин. – Жабайы жылқы күнде кездеспейді ғой, мүмкін, мұның тұқымдары бөлек шығар. – Жай ғана тағы боп кеткен жылқылар ғой, – деген болжам жасады Костяков. – Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Біздегі аттардың бәрі ақбоз, ал құбақан, бурыл жылқы деген ілуде бір, – деді Горохов. – Тіпті түр-тұрпаты, мүсіні де бөлек, – деп қостады оны Горюнов. – Зады, Санников жерінде әзір ашылмаған табиғи жағдайға орай атамзаманғы геологиялық кезеңнің қазір басқа елдерде құрып біткен жануарлары сақталған. – Құдды Австралияда әлгі тағы ит, кенгуру сияқты қалталылар, қанатсыз құстар және өзге де тасқа айналған тірі жануарлар деп аталатын хайуанаттардың сақталғанындай, – деп түсіндірді Ордин. – Сіз, мұнда мамонт, қылшық жүнді мүйізтұмсық, үңгір аюы және басқа да алғашқы қауым адамдарының тұстастары да өмір сүреді дерсіз, – деп күлді Костяков. – Ол да ықтимал, тек адамдар құртып жібермесе, – деп жауап берді Горюнов. – Санников жерінің қызықтылығы өзінің орны мен түріне қоса тасқа айналған тірі жануарлары сақталуымен де күшейе түседі десеңші, – деп сөзге араласты Ордин. – Анау алаңқайдың ортасынан көрінген көлшімекке баралықшы, су сиырын кездестірмес пе екенбіз, – деп ойын- шыны аралас ұсыныс енгізді Костяков. 77
– Су сиыры тас дәуірдің еншісі емес, – деп түсінік берді Горюнов, – олар Африка өзендерінде қазір де өріп жүр, бұл арадан біз оны таба алмаймыз. Алайда олар көлге жете алмады, оған жақындаған сайын жағасы қорыстанып, бетіне шөп өскенмен, асты мибатпаққа айналып, аяқты терең тарта бастады. Шамасы, бұрын көл едәуір үлкен болғанымен кейін тартылса керек. Сондықтан оның суын татудың да, балығы бар-жоғын анықтаудың да реті келген жоқ. Ал су сиыр туралы сөз қылудың қажеті шамалы-тын, себебі оның алып денесін мына мибатпақ бірден-ақ жұтып кетер еді. Бұл алаңқайдан әрі жануарлар шиырлаған із қалмағанда, арасынан аяқ алып жүруі қиын қалың орман кезікті, әсіресе тұмсық батпас жас шыбықтары жол берер емес оның. Жалғызаяқ сүрлеумен келе жатып жиһангездер алуан құстың көктемгі әнін, орман кептерінің гүркілін, талып жеткен көкек үнін есітті. Шұбар шымшық, ұзақ қарға мен сауысқан бары байқалады, алаңқайдан жем көздеп тас төбеде екі бүркіт қалықтап жүр. Шынында да ғажайып ел! – деп тамсанды Горюнов. Солтүстік полюстің оныншы градусында емес, Сібірдің түстік алқабындағы бір жерде тұрмыз деп ойлап қалуға болады. – Тапа-тал түс екеніне қарамай, күннің төмен тұрғаны ғана біздің дәл қазір Қиыр Сібірде екенімізді білдіргендей, – деді Ордин. – Маған анау шеткі жотаның қап-қара найза шыңдары, оның алашабыр қары атамекенім Иркут жазығын елестетеді, оны жағалай жатқан Тункин тауларының да суреті осындай еді, – деді Костяков. – Ал өсімдіктері мен құстары тіпті қиялды баурап барады. Ортасында көлі бар келесі алаңқайда жайылып жүрген өгіздер мен жылқыларды тамашалай түсу үшін тоғайдың бауырына тоқтап, ас пісірмекке аялдады. Көлден шығып алаңқайды кесіп ағатын бұлақтан таза су тапты. Тура жолдың 78
үстіне тоқтап, оның алаңқайға шығар шетіне от жақты, қазан мен құманды мосыға іліп, шыбыққа шаншып, бұзау етінен шашлық шыжғыруға кірісті. Өздері жайылып жүрген жануарларды тамашалауға қолайлы жол жиегіндегі ағаштың түбіне жайғасты. Кенет орманның түкпірінен таяп келе жатқан аяқ дүсірі естілді. Айран-асыр болған жиһангездер бұта түбіне бой тасалап үлгергенше сүрлеумен ышқына өкіріп бір қарақоңыр хайуан шапқылап өте шықты. – Мыналары не пәле тағы? Неткен керемет! – деп міңгірледі шошып қалған Горохов. – Тұмсығындағы үлкен мүйізін байқадыңыз ба? – деп сұрады одан кем таңданбаған Горюнов. – Құйрығы құйтақандай торай құйрық, – деп қостады Костяков. – Міне, ізі! – деп Ордин жолдың жуынды төккен жеріне түсіп қалған ізді көрсетті. Іздің диаметрі он сегіз сантиметрге жуық, бірнеше тұяқ тиген жер едәуір шұңқыр боп қалыпты. – Сонымен, тасқа айналған тірі жануарды тағы көріп тұрмыз – бұл ұзын қылшықты мүйізтұмсық, – деді Ордин. – Тірлігі бар болсын, бұл тас түскіріңнің! – деп байбалам салды Костяков. – Бүкіл асымызды бүлдіріп кетті. Шынында құйындай ұшқан мүйізтұмсық біраз лаңды салып кетіпті, сорпасы бар қазан бұтаның арасына ұшып, еті жерде жатыр, шашлықтар шанышқысымен қоса тапталып, құман төңкеріліп қалған. – Аспаз, бәрін басынан баста! – деп мырс етті қазан мен құманды көтеріп суға кетіп бара жатқан Горохов. – Жер-көкке сыймайтын бір пәле ғой! – деп міңгірледі шашылған етті жиыстырып жүрген Костяков, – жол аз болды ма екен шіркінге! 79
– Келесіде ақылдырақ болармыз, – деп күлді Горюнов. Аң жолынан аулағырақ орналасу керек еді. – Тағы біреуі шауып келеді, – деп жан даусы шыққан Ордин бұтаның арасына беріп кетті, қалғандары да одан қалысқан жоқ. Жаңағыдай ышқына өкіріп, бірнеше минуттың ішінде бірінің артынан бірі шапқылап және үш мүйізтұмсық өтті. Бұл жолы оларды анықтап көруге мүмкіндік болды. Тұмсығында үп- үлкен бір мүйізі, оның артында келтелеу тағы бір мүйізі бар алдыңғысы еркегі екен. Оның соңындағы сыңар мүйіздісі ұрғашысы болса керек, әрең ілесіп келе жатқан аяғы қып- қысқа баласында әлі мүйіз жоқ, үшеуін де сирек, бірақ ұзын қарақошқыл қылшық басқан. – Енді сақтаныңдар, жігіттер! – деп ескертті Горюнов. Тегі, бұлар бір жыртқыштан қашып келеді. Мылтықтарыңды сайлаңдар! Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, жолдан жыртқыштың өзі де көрінді, оның алпамсадай аса зор аю екенін айыру қиындық келтіре қоймады. Ол басын тұқыртып, иіскелеп екі жаққа кезек теңселіп шайқалақтап, жолдан түтіндеп жатқан отты көріп ол бірден тоқтай қалды да, басын көтеріп, азуын ақситып, қып-қызыл тілін көрсетті. Осы арада оған ту сыртынан иттер дүрсе қоя берді де, ол жалт бұрылып, гүж- гүж етіп жүгіре жөнелді. – Ал, жолдастар, енді алаңқайға шығайық, – деп дауыстады Горюнов. – Әйтпесе хайуандар бұл арада тамақты пісіртпес те, пісірткенмен жайлап ішкізбес те. – Қандай дәу аю! Мұндайды мен ғұмыры көрген емен, – деді бұта арасынан шығып жатып Горохов. – Білекті болса да, жүректі емес екен, иттерден зәресі ұшты, – деп күлді Ордин. – Біле білсеңдер, бұның жай жойқын қоңыр аю ғана емес, үңгір аюы, мүйізтұмсық пен 80
мамонттың тұстасы екеніне, өз басым, кәміл сенемін. Көрдіңдер ғой, аузының қандай екенін! – Яғни тасқа айналған тағы бір тіршілік иесі де. коллекциямыз тез көбейіп, кісі сенгісіз болып бара жатқаннан сау ма өзі! – деді Костяков. – Иә, бұл қазба жануарларды табиғат аясында суретке түсіріп алмасақ, айтқанымызға ешкім сенбес, – деді Горюнов. – Қап, фотография пластинқаларды аз алып шыққанымызды қарашы. Бірақ, кім білген, бұл Санников жерінің зоологиялық, дәлірек айтсақ, палеонтологиялық бақ екенін. – Никита, енді сіздің дос-жар каюрларыңызға эксекю құстың тырнағы деп жүрген мүйізін мүйізтұмсықтың басынан көргеніңізді айтуыңызға болады. – Бұл мақұлықты мен бұрын да көргенмін. – Қайда, қашан? Бүгін түнде ме? – Жоқ, бұл баяғыда болған. Янаға солдан келіп құятын Ачада өзеніне көктем кезінде жағалаудан құлаған осындай хайуанның суда жатқанын көргенмін. Менің көзіме түскенде көк түлкілер оның басының етін жеп, шабын жарып та тастаған екен. Біздің исправник губернаторға мәлімдеп, ол хайуанды алып келу үшін арнайы чиновник жіберген. Бірақ ол келгенге дейін әлгіден жұрнақ та қалмаған. Етін көк түлкі жеп, сүйегін су ағызып әкеткен-ді. – Сирек олжалардың тағдыры әмісе осылай болады, – деп мақұлдады Горюнов. Оларды біреу көріп, басшыларға, одан Петербургке хабарлағанша, академия біліп, зерттеуге ғалым жібергенше көп айдың жүзі болады. Оған жыртқыштар мен ағын су қарап тұра ма! Осылай құрып кеткен керемет олжаларда сан жоқ. – Ал сіз бен біз тәуірірек олжа табуға тиіспіз, – деді Ордин. – Қазба жануарлардың өлілерінің емес, тірілерінің терісі мен бас сүйегін және суретін апарсақ, одан артық не керек. 81
– Суреттерін апаруын апарармыз, ал тері мен бас сүйек жағы қиындау. Олардың өзі зіл қара тас және жер-көкке сыймайды, ал нарта бізде үшеу-ақ, – деп ескертті Костяков. – Мына мамонт терісі мен бас сүйегін біздің көлікпен, әрине, жеткізе алмайсың! – деп күлді Горюнов. – Зайыры, сіз тірі мамонтты да көреміз деп ойлайсыз- ау, деймін? – деп мысқылдай сұрады Костяков. – Неге көрмеске?! Мұнда мүйізтұмсықтар рахат тіршілік құрып, өсіп-өніп жатса, мамонттың болуы да әбден мүмкін. – Бұл арада болған болса, онкилондарыңыз оның тұқымын баяғыда-ақ тұздай құртқан шығар. – Не үшін құртсын, оларға оның тісінің қажеті шамалы – сата қоярлық ешкім жоқ мұнда. Мамонтсыз құстар-ақ жетеді оларға. Оның үстіне бұл кереметті отты қарусыз қалай жықпақ. – Ал тас дәуірде адамдар мамонтты қазіргіден де тұрпайы қарумен аулаған емес пе. – Менің ойымша, Матвей Иванович, – деп сөзге Горохов араласты, – мұнда әлгі мамонт бар болды ма, онда оған бұл араның адамдары эксекю құсы сияқты киелі аң ретінде тағзым ететін болады. – Әлбетте, әбден мүмкін, Никита. Сондықтан да мен ол хайуанды көрермін деп үміттенемін. Кәкір-шүкірін жинап, олар алаңқайдың шетіне шығып, өзен маңына кеп от тұтатты. Алаңқай бос қапты – Тегі, мүйізтұмсықтар тасыр-тұсыр өтіп, барлық жануарларды үркітіп жіберсе керек. – Тағы да тақырға отырғызып кетті! – деді Ордин. – Мен болсам, ас піскенше баураймен бой тасалап барып өгіздер мен жылқыларды суретке түсіріп аламын ғой деп дәмеленіп едім. – Иә, құстар ғана қалыпты, қуырдақтан басқа неге жарайды бұлар, – деп Костяков көл үстінде ұшып жүрген үйректерді нұсқады. 82
КӨПІРШІГЕН КӨЛ Асын еш әбігерсіз ішіп, тынығып алып, көлге апарар деген оймен өзекті жағалай отырып олар әрі жылжыды. Үміт ақталды. Шалғын арасы саз батпақты болғанымен, өзекті жағалап жүріп отыруға жарайды екен, ұзамай жиегі жасыл қамыспен көмкерілген диаметрі жарты шақырымдай ашық айдын шыға келді алдан. Әупілдек гүлінің жалпақ тостағаны су бетінде су жаңғағының (Тгара natans ) ұсақ жапырақ- тарымен аралас орналасқан. Су жаңғағы жер үстінен жоғалып кеткен өсімдік еді, ал мұнда аяқ алып жүргісіз. Балдыр көлегейлеген көл түбі терең тартып барады, су асты өсімдіктерінің арасы толған қоңыз, ерсілі-қарсылы жосып жүрген ұсақ шабақ. Көлдің ортасына таман үйректер мен шағалалар жүзіп жүр, айдынның әр тұсынан шоршып ойнаған ірі балықтар көзге түседі. Бұлтты көктей өтіп сығалаған түскі күн қиық сәулесімен осынау ендікке кереғарлау бейбіт, молшылық өмірдің суреттерін зерлеп тұр. – Бұлақтар көлге емес, көлден ағады екен ғой өзі! – деп таңырқады Горюнов. – Бұдан нендей түйін шығады? – Түйін бе, ол былай. Ойпат суының теңізге құятын бір жолы болуы керек, яғни мынау айнала таулар тізбегі бір жерінен түбіне дейін жарылуы тиіс. – Жарайды, солай-ақ болсын. – Соны анықтап алу аса мәнді. Біз сырғанап түскен күртік қарлар жаз бойы еріп аласаруы керек, онда бізге жоғары көтерілуге болмай қалады. Демек, таудың жарығы ғана мына аңғардан шығып кетуге мүмкіндік береді. – Ал ол жарықтың болмауы да ғажап емес қой, – деді Ордин. Су жер асты каналы арқылы ағып кетуі ықтимал. Лава тасқынында ондай каналдар сирек болмайды. Геология курсынан Гавай аралдарындағы дельфиндерді еске түсіріңізші. 83
– Ол не? – деп сұрады Костяков. – Ол – теңіз жағасынан тереңге тартылған лава тасқынындағы ұзын туннель. Су келген кезде ол жердің жарығынан фонтан болып атылады. Аты да осыған орай Дельфин қойылған. – Дұрыс емес, кит сияқты дельфиндер су атқыламайды, жай ғана шашып ойнайды, – деп қарсы пікір айтты Горюнов. – Ал біз үшін тауда жарықшақтың болмауы жақсы емес, онда күртік қатуын күтіп, қыстың аяғына дейін қалуға тура келеді. – Оның несі бар, мүмкіндік туып тұрса, Санников жерінде қыстап қалу жоспарымызға кірген. Ал қазір қыстауға жағдай бары айдан анық. Осы тұста әңгімені бағанадан бері көлден көз алмай тұрған Гороховтың айғайы үзіп жіберді. – Қараңдаршы, әне, не болып жатқанына! Бір ғаламат судан шығып келе жатыр. Айдынның ортасында үлкен төмпе пайда болып, көпіршіп қайнап тұр. Кенет төмпе тарс жарылды да, аппақ бу аспанға атылып, әп-сәтте ауаға жайылды. Сол жердегі бүкіл айдын бетіне толқын жүгіріп өтіп, жүзіп жүрген құстарды тербеп- тербеп кетті. – Тереңде кит я басқа жануар бар ма екен әлде? – деп топшылаған болды Горохов. – Кит тұщы суда жүрмес болар, – деді Горюнов. – Бірақ бұл құбылыстың себебі не болды екен? Ордин қабынан термометрін суырып алып, жалма-жан суға сала қойды. Көлдің астында кім барын білу үшін жасаған мына қарекет тым қолапайсыз көрініп кетіп Горохов күліп жіберді. – Ойлап көріңдерші, судың жылылығы Цельсий бойынша жиырма бес градус! – деп дауыстады Ордин. 84
– Мына ендіктің ерте көктемі мен судың жиырма бес градус жылылығы ойға сыймайды екен, – деді Костяков. – Бір жиырма градусқа қателескен жоқсыз ба? – Сенбесеңіз өзіңіз-ақ өлшеңіз. – Сонда мұны қалай түсінуге болады? – Бәлкім, көлдің астында жылы судың немесе жаңағы біз көрген будың көзі бар шығар. Олай болса, бұл менің ойпат ескі жанартау кратерінің түбі деген болжамымды дұрысқа шығарады. Оның түбінде ауық-ауық жер жарығы арқылы сыртқа шығарып тұратын жылуы әлі жеткілікті болғаны бұл. – Әлгі құбылыс қайта қайталанбас па екен, күте тұралық, – деді Горюнов. – Күтелік. Әзір менің айтарым: осындай көлдері көп болса, Санников жерінің жылылығының да бір себебі сол. Шеңбер-шеңбер толқындары сап тыйылып, көл қайтадан айнаша жарқырады. Жиһангездердің бәрі оған бірдеңе күтіп телміре қалған. Горюновтың қолында сағат. Отыз екі минут өткен соң көл қайта көпіршіп, екі метр биіктігі бар төмпе пайда болды да, ол тарс жарылып, бу атқылай жөнелді. – Шамасы, сіздің айтқаныңыздың жаны бар, – деді Горюнов. – Жер астынан ыстық су немесе бу мезгіл-мезгіл бөлініп, көл арқылы бүкіл аңғарды жылытып тұратын болса керек. – Аңғарды биіктен де, жиектен де қарап біз мұндай көлдердің талайын көрдік. – Қалай дегенмен де, өз басым, су атқылап жатқан кит деп ойлаймын, – деді жанартау құбылысына тіпті миы жетпей қойған Горохов. – Никита-ау, кит сонда көлге қалай келді деп ойлайсың. Ол, сірә тау асып түскен жоқ қой. 85
– Олай болса мүйізтұмсықтар, өгіздер мен жылқылар мұнда қалай келген, заңғар биік жардан олар да қарғып өте алмайды ғой, – деп Костяков қитықты. – Сіз Новосибирь аралдарының геологиялық тарихын нашар білесіз, – деді оған Ордин. – Жер дамуының төртінші дәуірінің басында бұл аралдар Сібір құрлығының құрамдас бөлегі болатын; мына жанартау онда сөнген шығар да, жануарлар келіп мекендеген шығар, содан бөлшектену басталып, біраз алаң теңіз астына түсіп, қалғаны аралдарға айналуы әбден мүмкін. Жануарлардың құрлыққа өтер жолы көсіліп, ауа райының қытымырлығына орай басқа аралдағыларының бәрі қырылып, жылылығына қарай осы Санников жерінде ғана сақталса керек. – Әлгі алапат жануарлардың мына шұңқырға кеп қалай түскенін мұныңыз дәлелдей алмайды. – Біріншіден, ол кезде кратер қабырғасының жарықшағы қазіргіден кең болып, кейін жан-жағы опырылып тарылуы ықтимал. Екіншіден, біз ойпаттың шеткі пұшпағының ғана біраз жерін көрдік, әрі қарай ендеп кірсек, терістік жақтан қолайлы үлкен қақпа кездесуі кәдік емес. – Бұл арадан әлі де тың да қызықты дүниелер ашылатындығына менің күмәнім жоқ, – деді Горюнов. – Және қарт академик құрғақ сөзге сеніп, ұстата салған ақшаның далаға кетпей, ғылымнан жойылып кеткен жануарлардың өсіп-өнер орны сияқты қымбат сыйлыққа ие болғалы тұрғанына қуанамын. – Адамдар мекенін және айтыңыз, – деп қосып қойды Ордин. –Экспедициямыздың ғылыми зерттеулерге азырақ әзірленгені ғана өкінішті. Біз, әрине, тәжірибелі оқымыстыларды алмастыра алмаймыз, сондықтан біраз нәрсені аңғара бермеуіміз мүмкін. – Енді не амал бар! Біз осынау жұмбақ жерге бірінші болып жол аштық. Әрине, академия әр мамандықтағы 86
оқымыстылардан үлкен экспедиция жарақтар да, біз оларға жолбасшы болып келерміз. Әңгімелесіп отырған кезде көл ортасында тағы да төмпе пайда болып, алдындағысы дәлме-дәл қайталанды. – Осы жолы уақытын анық байқадым! – деді Ордин. Арасы тұп-тура отыз үш минут. – Сонда осы ыстық суда балықтар мен құстар қалай тіршілік құрып жүр? – деп сұрады Горохов. – Сіз байқадыңыз ба, құстар көлдің ортасына қарай жоламайды. Демек, ортада су тым ыссы да, арасан маңынан аулақ қашып құстар жағаны ғана сағалайды. – Онда балық та жоқ, оларға көлдің өзге тұсы жетіп жатыр. – Көлді мейілі білгенше бақылап болғасын, олар орман бауырын сағалай алаңқайды айналып әрі жөнелді. Бір жерде бағана тоқтаған тұстан шапқылап өткен мүйіз- тұмсықтардың үйіріне тап болды; әкесі мен енесі мойнын созып, жас шалғынды құйрығын бұлғап қойып құныға таусап тұр да, баласы біресе шөп үзіп, біресе ебедейсіз секіріп ойнақ салады; сырт қарағанға ол тек күлкі үшін аяқ қадай қойған бір дәу кеспек сияқты. Бұта арасында жасырынып жатып жиһангездер оларды ұзақ қызықтап, ақырын суретке түсіріп алды. Бұл үйірдің бейбіт өміріне жалғыз Горохов қана немқұрайды қарайды; мүйізтұмсық баласының қорбаңдап секіргеніне күлгенімен, ол осынау «кеспектен» неше пұт май түсетіні, оның жон терісінен нартаға тағар қанша қайыс тіліп алуға болатынын ойлап тұр еді. Ойын жүзеге асыру үшін шаруақор жазған мылтығын оңтайлай беріп еді. Горюнов оны тоқтатып үлгерді. – Ақылыңнан алжасқансың ба, Никита! Баласын атсаң, анау ата-енесі таптап тастамай ма бізді. Бұл жануарлармен ерегесу жаман, – деп сыбырлады ол. Орман ішімен мүйізтұмсықтарды абайлап орап, олар келесі шоқты кесіп өтетін жолға түсті, мұнда ағаштардың биіктігі он метрге жетіп, самсай өскен жас шыбықтары қиналмай 87
сыбдыр-шусыз жүруге мүмкіндік бермеді. Сүрлеу жолдың тағы бір қатері бар: үлкен бір аңмен бетпе-бет келіп қалуға болады, мылтығын әзір ұстап, солтүстік Сібірдің тұлдырсыз тундрасына үйренген, ал мына орманда адамдардан жырылып кетуге жүрегі дауаламайтын Кротты алға салды. Тіршілік дегенің орманда көп екен. Әр алуан ұсақ құстардан басқа бұтақта сайрап отырған шілдерді, біріне-бірі ысқырып дыбыс берген шұбар шымшықтарды, бір ағаштан бір ағашқа ұшып-қонып жағы сембей шықылықтаған сауысқандарды көрді, сарторғай сияқты әнші құстардың үнін есітті. Бұта арасындағы сыбдыр басқа да кішігірім сүтқоректілер бар екенін байқатып тұр. Сүрлеу тік жолға тартатын бір бұрылыстан олар алпамсадай бір ірі жыртқыштың тұрқын шалып қалды, жер иіскеп, жай басып бұл қарсы келе жатқан, шамасы, аю болуы керек. – Зады, мұнда сенделіп жүрген аюлар аз емес-ау деймін, – деп бір қойды Горюнов. – Тек өздері жүрексіздеу ме қалай!? – деді Костяков. – Қандайына тап болатыныңа байланысты ғой бәрі, ашы кез келсе, адамға да шабады. – Сақтықта қорлық жоқ, мылтықтардың жартысын жарқыншақ оқпен оқтауды ереже есебінде ұстауымыз керек, – деп ұсыныс айтты Горюнов. Бұл жолы орман танабы екі шақырымға созылды, одан әрі жағасы биік теректермен, үйеңкілермен, мойыл, долана, итмұрын бұталарымен көмкерілген жылғасы бар тағы бір алаңқай кездесті, ағаштарда сайраған сан-алуан құс үні төңіректі тербеп тұр. – Мынау көл де көпіршір ме екен, білсек қой, – деп ынтықты Ордин. – Тізе бүгіп тыныға тұрайық, қалғанын көре жатармыз. Ширек сағат отырып, әр жердің құстарына қарады, көл беті жыбыр-жыбыр етіп, балығының молдығын білдіріп жатыр. 88
– Мұнда өмір емес, рахат қой бір! – деп тамсанды Горохов. – Біздің қу тақыр тундрадай емес, құсың-балығың ит-ырғын. – Мұхиттың қары мен мұзына қарамай жыл құстарының неліктен осылай қарай тартатыны енді түсінікті болды, – деді Горюнов. – Бір ғажабы, жыл құстарының бәрі бірдей бұнда келмей, дені терістік тундрада қалып қояды. – Ұшқан кезде құстарды ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан инстинкт қана билейді, – деп түсіндірді оның себебін Горюнов. – Мұнда тек осы арада туғандары ғана келеді. Ал тундрада туғандары басқа құстар терістікке қарай кетіп жатқанын көре тұра әрі ұшпай сонда қалады. – Әрине, құс ақылды болып кетсе, біздің тундрада өмір сүруіміз қиындар еді. Жыл құсы мен түлеген қаздар балық аз ауланып, аңнан пайда түспеген жылдары бізді аштықтан құтқарып қалып жүр, – деп шынын айтты Горохов. – Япырай, құстар кейде тіке ұшпай қажеті жоқ шеңбер жасап ұшушы еді, сонда ата-бабаларының салған жолынан аумайды екен ғой. Арасынан ағашы кесілген ну ормандар мен мұз басқан орындарға тынығуға түспей, ата-бабалары да осылай айналып ұшқаны ма сонда. Осы кезде көл беті екі жерден біртіндей көтеріле бастады. Ара қашықтығы едәуір екі төмпе де көтеріліп барып жарылды да, аппақ бу аспанға атылып, қайтадан басылды. – Ара мерзімін білу үшін тағы да күте тұралық, – деп ұсыныс жасады Ордин. – Күтсек күтейік. Оған дейін шай қайнатып ішейік. Ынғайлы орын таңдап алып, от тұтатып, мосыға құман ілді. Қосауыз мылтықты алып, Горохов жағаға тақау жүзіп жүрген бір ұя үйрекке жасырынып жақындай берді. Мылтық гүрс етті, үйректер дүр көтерілген кезде көл бетінде екеуі қалып қойды. Мылтық даусы ізінше тағы да шығып, іле- шала Гороховтың айғайы естілді. 89
– Келіңдер тез, көмектесіңдер! Үшеуі де мылтығын ұстай-ұстай жүгіріп, бұта мен шілікке сүріне-қабына дауыс шыққан жерге жетсе, Горохов етпеттеп, жаңа ғана шолп еткен бір заттың ізімен шеңберленген иірімнің қасында жатыр. – Бұл не? Не болып қалды? – Ой, айналайындар-ай, кешіктіңдер-ау! – деді өкініш өзегін өртеген Горохов аяғына тік тұрып жатып. – Кетіп қалды. – Ол не? Балық па? – Итбалық. Нағыз итбалық. – Мүмкін емес! – деп кесіп айтты Костяков. – Тұщы суда итбалық болмайды. Бәлкім, оның өзен камшаты шығар. – Тағы да не айтасыңдар! – деп шамдануға айналды якут. – Мен осы ғұмырымда итбалықты аз ұстаппын ба? – Қане, қайда жүр еді ол? – Мына томарлардың арасында жүр екен. Мен үйректерді атып қалған сәтте, есі шығып маған мойнын созып қарайды. Аяйын ба, оны да бір бастым. Ол теріс айналып түсті, мен баса қап сендерге айқай салдым. Сендер жүгіріп жеткенше қолымнан жылп етіп шықты да кетті – ұстар түгі жоқ жып- жылтыр неме ғой. – Қалай, үлкен бе еді өзі? – Жоқ, біздің жақтағылардан кішірек, бәлкім, жасы болар. – Итбалық көлге қайдан келеді? – деді әлі таң-тамаша Костяков. – Миыма кірмейді, сенімсіздеу. – Сіз қателесесіз, Павел Николаевич, – деді оған Ордин – Еске түсіріңдерші, суы тұщы Байкалда да итбалықтың айрықша түрі Рһоса sibirica Орон көлінде де бар дейді. – Болсын-ақ онда, ал мына кіп-кішкене көлге қайдан келді олар? – Бұл Санников жеріндегі көлдің әуелде үлкен болғандығын, теңізбен ашық байланыста тұрғанын дәлелдейді. Итбалық мұнда сол тұста келген, бәлкім, осы араның бәрі 90
теңіз шығанағы болып, ащы сумен толған шығар, сонан бірте- бірте бөлініп, шығанақ көлге айналып, тұщы суға бейімделіп кетуі кәміл. Қайнап жатқан құманға қайтып келіп, жиһангездер көлдің қайта көтерілгенінің куәсі болды. Ара мерзімі қырық минут болып шықты. Шайдан кейін көл жағалап ілгері тартқан жиһанкездердің Горохов сөзінің шындығына көзі жетті. Бір жерден олар судан басын қылтитып дөп-дөңгелек жұмсақ жанарын кісілерге жаудыратып тұрған итбалықтарды көрді. Иттер еті дәмді таныс аңын көріп, абалап тұра ұмтылғанда әлгілер тыжырына бір пысқырып, суға сүңгіп кетті. – Сөзіңіз шын екен, Никита, көргеніңіз, әрине, итбалық, – деп мойындады Костяков. АДАМНАН АЛҒАШҚЫ БЕЛГІЛЕР Алаңқайдан әрі тағы да орман танабы басталды, олар алдыңғыдай иттерді бұрын жіберіп ап, сүрлеумен жүріп отырды. Кенет орман ішінен иттердің шабалана кеп үрген үні шықты. Мылтығын оңтайлап жетіп келген жиһанкездер, шамасы, шөлдеп көлге беттеген жерінен иттер тоқтатқан бір үйір жылқыны көрді. Иттер құйрығын қысып ап ызыға үреді кеп, ал жылқылар жолын бөгеген құйтақандай батыл немелерге таңырқап шекеден қарайды. Тұяғымен жер тарпып осқырғанымен де олардың ілгері жылжуға батылы бармайды. – Енді не істейміз? Жол жабық, – деп күйгелектенді Костяков. – Атуға тура келеді, – деп дік етті Горохов. – Оқпен атпаңдар тек! – деп жалынды Горюнов. Ет әзір жетеді. Мыналардың тұрған тұрысы жаман, жараланса-ақ, 91
айғыры бізге тұра ұмтылып, қалған табын таптап кетеді. Үйрекке деген бытырамен бер жағындағыларын үркітіп көріңдер. Сүрлеудің жіңішке жолағынан гүрс еткен мылтық үні, алдағы жылқыларға жабысқан бытыра үйірді үйме-жүйме қылды. Құлындағы даусы құраққа кетіп, аспанға шапшыған жылқылар жалт бұрылып бірін-бірі тапап, екі жағындағы жас шыбықтар мен бұтаны таптап жанталасты. Ақыры бір жерге ұйлыққан үйір жалт бұрылып, кейін қарай жөңкіді. – Енді алаңсыз жүруге болады, орманнан ештеңе кездеспеуге тиіс, – деді Ордин. Жабайы жылқылардың жер жаңғыртқан дүбірі жануарлардың ғана емес, құс атаулының да зәресін алса керек, біраз уақыт бәрінің де үні сап тыйылды. Келесі алаңқайға олар еш кідіріссіз келді. Келді де тағы аңтарылып қалды, алаңқайдың дәл ортасында жасыл алқапта оқшаулау қардай аппақ төбе тұр. – Мәссаған, мынау қандай үлкен күртік! – деп дауыстап жіберді Горохов. – Еріп үлгермеген сең шығар, – деп түзетті оны Горюнов. – Қазір сең осынша биік бола ма? – деп сұрады Костяков. – Жоқ, биік болмайды. Бәлкім, бұл түз қатпарының төңірегіне қатқан қуатты қайнар тұнбасы шығар. – Сонда бұл не болғаны? Жасыл алқаптан өткен соң жиһангездер әлгі төбенің кішірек көлдің ортасында тұрғанын байқады, әлгі күртік пе, сең бе деген болжам далада қалды. Жақын жерден төбе бірінің үстіне бірін қойған саты-саты тақта тас сияқтанды, дүрбімен қарап көріп еді, олардан шапшып бу шығып жатыр екен. Мынау керемет төбеге бәрі таңырқай қарап қалды, оның ұшар басынан шыжылдап, ысқырып шудаланған аппақ бу аралас фонтан атылды, ол он метрдей көтеріліп барып жаңағы сатыларға жаңбыр болып жауды. Бұл қызық құбылыс бір 92
минуттан әріге созылған жоқ, төбе қаз қалпына қайта келіп, сәл мұнарланды да тұрды. – Енді бәрі түсінікті болды. Бұл геизер – жердің жанартаулы аймағында жиі ұшырасатын мерзімдік ыстық су арасаны, – деді Ордин. – Сіздікі жөн, ал төбе – атылған судан шығып, ол сатылап аққанша тұрып қалатын кремний тұнбасының қатқан қабаты. Температурасын өлшеп көріп еді, Цельсий бойынша отыз бес градус, малған қолға ыстықтығы білініп тұр. – Міне, көлде құс сондығынан да көрінбейді екен-ау, – деді Костяков. – Зайыры, балық та жоқ, иірім еш жерден білінбейді, – деп құптады оның сөзін Ордин. Алайда көл мүлдем жәндіксіз емес еді. Оның түбінен қызғылт балдыр кездесіп, арасында ыстық суда өзін жақсы сезінетін шаян тәріздес ұсақ жәндіктер өріп жүрді. Бірақ текті жануарларға бұл аса қолайсыз болса керек, бірер үйрек келіп қонып еді, ізінше барылдап қайта ұшты. – Осы қоналқа жайын ойластырар уақыт жеткен жоқ па? – деп жан-жағына қарады Горюнов. – Иә, күн ұясына қонуға жақын, ұзақты күн көрген қызық, алған әсеріміз аз болмас, – деп келісті Ордин. – Жыртқыштардан тасалау бір жер таңдау керек, – деп пікір қосты Костяков. – Ағаштың басына шығып кетпесек, ондай жер таба қоймаспыз, ал құстар құсап бұтаққа шығып отыру қайдан қолайлы болсын. – Меніңше, орманда қонбай, ашық алаңқайда түнеу керек, ұйықтағанда кезек-кезек қарауыл қояйық, – деді Горохов. – Әрине, сөйтеміз, аңдарды жолатпау үшін отты сөндірмеуіміз керек, – деді Горохов. Көл жағасында отын болмағандықтан одан шығатын бұлақты бойлай отырып, орманның шетіне келіп жалғыз теректің түбіне жайғасты. Күн жарықта бір түнге жететін 93
отын әзірлеп, екі жерден от жақты олар. Кешкі асты ішіп болған соң түнге екі сағаттан кезекшілік белгілеп, екі оттың арасына жатып ұйықтауға кірісті. Бірақ түн онша тыныш болған жоқ: ауық-ауық бірде алыс, бірде жақын әр алуан үндер келіп, маза бермеді, өгіздің мөңірегені, жылқылардың кісінегені, мүйізтұмсықтардың гүжілдегені, жапалақтардың қиқылдағаны естілсе-ақ, екі ит ол дауысқа шабалана үріп жауап береді. Түн ортасы ауа тұман түсіп, алаңқайды орап алып, ай жарығы өлеусіреп әрең жетті. Бірте-бірте тұман түстікке қарай ысырылып, ара-арасында ай сәулесі жарқ етіп, алаңқайды жап-жарық етіп жібереді де, көл ортасындағы төбені сүт теңізінде жүзіп жүргендей көрсетеді. Оның жиырма минутта бір атылуы, шырылдап, ысқыруы мен құлаған судың шуылы тыныштықты бұзады. Таң атқасын терістіктен әжептәуір күшті жел тұрып, тұманды ілезде ыдыратты. Аңғардың шығыс жиегіндегі басында алашабыр қар жатқан найза тіс шыңдардан жоғары көтерілген күн жиһанкездерді жұмысқа сақадай сай тұрған үстінен басты. Бұл күні олар шығысты бетке алып аңғардың шетіне шейін барып, оны жиектей отырып, күртіктің қасындағы қосқа оралмақ еді. Никифоровтың амандығын біліп, оған мұнда мүйізтұмсықтар мен аюлар бар екенін айтып, оларды атпа деп сақтандырмақ болды. Ұзамай олар алаңқайдан бірнеше шақырым созылып, барған сайын аласара беретін орман арқылы шығысқа апаратын жалғызаяқ сүрлеу тауып алып жүріп кетті. Бірнеше шіл мен бір үлкен құр атып алды. Құрды иттер қуалап, ағаштың басына айдап сап, ол иттерге аңтарыла қарап тұр еді, оқ қалпақтай ұшырды. Орманнан кейін кездескен алаң саздауыт екен, ортасы кәдімгі мүкті қорыс, шамасы, бұрынғы көлдің орны болса керек. Оны орман жиегімен айналып өтуге тура келді. Ойламаған жерден иттер орманнан бір бұғыны айдап шықты. 94
– Демек, бұлан да бар екен-ау! – деп қуанып кетті Горохов. Бұл бұлан емес, бойы сондай үлкен бұғы еді. Әсем көтерілген әдемі басын бұлан мен маралдың (киелі бұғының) мүйіздерінің ең тәуір қасиеттерін жинақтаған әшекейлі мүйізі тіпті келістіріп жіберген. Маралдың мүйізіне оның аумағы келеді де, бұландікіне иректеліп біткен жалпақ ұшы ұқсайды. Осынау керемет жануар аңшылардың аранын ашып жіберді де, итке бөгелген ол жарықшақ оқтан жалп етті. – Бұланға ұқсайды да, ұқсамайды да өзі, – деді Горохов. – Сонда нендей аң бұл, сіз білмейсіз бе, Матвей Иванович? – Менің ойымша, бұл ежелгі бұғы, – деп жауап берді аңды әрі-бері қараған Горюнов. – Се rvus euryce ros, мамонттың тұрғыласы. – Бірақ онша ірі емес, жасырағы шығар, – деп сөз қосты Ордин. – Жоқ, бұл қарт бұғы, мүйізінің түбіндегі сырғасына қарағанда он бес жаста болар, – деді Горохов. – Зады, азып бара жатқан тұқым болды ғой, – деп топшылады Костяков. – Және де сирек тұқым, тасқа айналған басқа тірі жануарларды көп көрдік, ал мынау алғаш ұшырасып тұр. – Демек, мұның тұрқын өлшеп, бас сүйегі мен мүйізін ала жүру керек, – деді Горюнов. – Мүйізі тым ауыр әрі сақтауы қиын, көктемгі ғой жарықтық, жұп-жұмсақ, қаны шығып тұр, – деп Костяков шындығын айтты. – Қап! Бірақ, әйтеуір суреті болады. Жаңа иттермеи арпалысып жүргенде түсіріп алғанмын, – деді Ордин. Уақыт өткізбей бұғы денесін өлшеп алып, етімен иттерді азықтандырды да, мүйізін шауып тастап, басын базада зерттеу үшін өздерімен ала жүрді. 95
– Кешкі асқа миы мен тілін алайық. Бұдан тәтті тағам табылмайды, – деп тамсанды Горохов етік жамау ұшін бұғының жонынан таспа тіліп алып жатып. Алаңқайдан әрі бара-бара сиреп аласара беретін орман танабы тағы да басталып, таулардың тік жарына шейін созылып жатты. Соңғы орманның айналасы қалың мүк. Мүктің бауырдай жасылы мен бұғы жейтін ақшылы ойпаң жерге жастықтай жайыла төселіп, құлама жардан домалаған тастарлы көрсетпей жауып жатыр. – Бұғыға жайлы-ақ жер екен! Шіркін, жазда осында айдап әкеп тастаса ғой, – деп күрсінді Горохов. – Санников жерінде саз бен көлдің көптігіне қарамай шыбын-шіркей жоқ екенін аңдадыңдар ма? – деп сауал қойды Горюнов. – Иә, айтқандай, не сәйгел, не бөгелек, не шіркей жоқ, тіпті масаның өзі аз, – деп құптады Ордин. – Бір сөзбен айтқанда, жұмақ! Жаз шыбын-шіркейі өмірден түңілдіретін біздің елден мүлдем бөлек, – деп қостады Горохов. – Таяуда ғана сағым мен сайтан туралы не айтқаныңыз есіңізде ме, Никита. – деп күлді Горюнов. – Бәлкім, біздің көріп келе жатқанымыздың бәрі алдамшы елес шығар? – деп сұрады Костяков. Горохов ұяла жымиып, басын шайқады. Рас, екі күн бойы көргенінің бәрі ғаламат, бірақ елеске еш ұқсамайды. – Казачьеге аман-есен оралайық, мұның елес екенін, елес емес екенін сонда айтармын, – деп әккі якут жол тауып жалтарып кетті. Мүкті алқапта жайылып жүрген бірнеше солтүстік бұғысын көрді бұлар, кісіні көре сала олар да жалт беріп, бұта арасына сіңіп жоқ болды. Тік жардың тура етегіне тақағанда олар төбеден құлап тұрып қалған жартас тасасында көзге бұрын түспеген таутекелерге тап болды. Олар жар жағалап зырлай жөнелді 96
де, сонан соң көз ілеспес шапшаңдықпен жақпарды жиектеп, тастар ұшыраспай қалған тұста жеп-жеңіл қарғып кетіп, жүз метрдей биіктікке барып текше-тасқа сіңіп ғайып болды. Қынаның қызыл-күрең бояуы мен таңбасы түскен қап- қара қабырғасы түксиіп сатылап биіктей беретін жар-құз осынау тамаша аңғарды тұтас көмкеріп тастаған базальттан тұрады. Оның етегінде өсімдік атаулы жоқ, қынасы жалбырап бейберекет шашылған құз сынықтары, әредік арасындағы шұңқырлардан қар жалтырайды. Төбеден тиіп тұрған жартас жиһангездердің назарын айрықша аударды. Ол тас сынықтарынан ада бірнеше шаршы метрлік алаңды жауын- шашыннан қорғап тұрады екен. Алаңды бірақ таутекелер тұяғы шиырлап, топырағын шығарып тастапты. Оның түкпірінде табиғи үйшік бар сияқты, онан Гороховтың өткір жанары түтін табын бірден шалды. – Ой, мынада адамдар болған! – деп ол дауыстап жіберді. – Таутекелерді бағып жүрген бе екен? – деп мыр ете түсті Костяков. Барлығы үйшіктің маңына үймелей қалды, оның түкпірінде бірнеше шала, көмір, күл, күйген сүйек жаты Алаңды аралап жүріп шақпақ тастан тым тұрпайы жасалған қаруларды кездестірді. – Тас дәуірдің адамдары! – деді Ордин. – Қаруларының тұрпайылығына қарағанда тіпті неолит емес, палеолит дәуірінің адамдары. – Олар мұнда қашан тіршілік құрған? Бәлкім, мың жыл бұрын болар? – деп іліп әкетті Костяков. – Жоқ, оты жақындағы ғана сияқты. Бетіне құз сынықтары түспеген, тек таутекелер тұяғынан ұшқан шаң ғана жапқан. –Демек, Санников жерінің бір тұсынан тас дәуірінің адамдарын, кәдімгі кісі жегіштерді кездестіреміз бе? – деп сұрады Костяков. – Күйген сүйектер кісінікі сияқты, – деп мақұлдады Горохов. 97
– Осы сіздің онкилондарыңыз болып жүрмесе, игі ғой, – деп Костяков кінәлағандай Горюновқа тесіле қарады. – Онкилондардың Сібірден кеткеніне бірнеше жүз жил. Ол кезде терістіктің халқы тас дәуірі адамдары емес-ті, темірді қолдана білетін. – Иә, онда біздің ата-бабалар кен қазып, темірден пышақ, үзеңгі, сақина, қармақ соға білетін, – деп оның сөзін Горохов беркіте түсті. – Ал темірге қоса олар мүйізден, сүйектен, тастан жасалған бұйымдарды да кең қолданған. Ол бұйымдарды жаңа мәдениеттен жырақ шалғайда жатқан, ауыр темір заттар зордың күшімен там-тұмдап қана жететін тұз халқы ғана жөндеп жасайды. Алайда мына бұйымдардың жасалуы және әрленуі палеолит емес, неолит дәуіріндегілерімен ғана салыстырарлықтай, – деп ежіктеді Горюнов. – Яғни бұл от онкилондардікі емес қой. – Әрине, онкилондардікі емес. Зайыры, бұл арада мамонттардың үңгір аюларының, мұз басу дәуірінің соңындағы басқа да жануарлардың замандасы, көне тас дәуір адамдары да сақталған секілді. – Жануарларының сақталғанын көрдік емес пе, ендеше, адамдары да аман, – деп қойды Ордин. – Әлгі жабайыларға қарағанда мәдениеті жоғары онкилондар қырып салмаса, ол адамдар сақталуы да ықтимал – деді Горюнов. – Отқа қарағанда, олар бертін болған немесе әлі бар, жалғыз-жарым болса да кездесуі керек, – деген пікір білдірді Ордин. – Тас дәуірдің тағы адамдарын көру қызықтың көкесі болар, – деп қостады Костяков. – Олар, шамасы, аңғардың шетіндегі үңгірлерде тұруы керек, сондықтан кісі жейтін жабайылармен кездесу қатерлі екенін Никифоровқа ескертіп қою керек. 98
Шоқтың бауырына қайтып оралып, жиһангездер оны жағалай отырып түстік-батысты бетке алып, кешқұрым өз базасына жақындады . Ақ күртіктерге тақау қалғанда, төзімі таусылған Горохов көздеп тұрып жақпар таста ыңғайлы тұрған бір таутекені басып салды. Оған жауап ретінде база жақтан да мылтық атылып, Пеструханы ертіп Никифоров оларға қарсы шықты. Иті құйрығын бұлғаңдатып, Крот пен Белуханы иіскелеп, ауыз жаласты да қалды. Никифоров осының алдында ғана бір өгіздің етін алып келіп, күндіз бір таутекені атып түсіріп, отын әкеліп алған екен. Ол күртіктен өзіне қамба да қазып, ішіне шатырын тігіп те үлгеріпті, оның аузына тақта-тақта мұз үйіп, бір кісі әрең сиярлық қана жол қалдырыпты. Оны да түнде мұзбен бітеп, Пеструханы серік етіп, өзін қауіп-қатерден ада сезінсе керек. ОНКИЛОНДАРМЕН КЕЗДЕСУ Ертеңіне тымық күн жиһангездерді түске дейін жіпсіз байлады, өйткені оған дейін тұман бір сейілген жоқ, зайыры, Санников жері ауа райының, әсіресе көктемгі ерекшелігі осы болса керек. Бұған таңданып та болмайды: қыруар жылы көлдер мен жылғалар ауаға ылғалды көп береді. Ал айнала мұзарт таулар мен қырлы алқаптар күн батқан соң ол ылғалды суытып, соқыр тұманға айналдырады. Ойпат ауасының ылғалды екенін мүк пен қынаның қалыңдығынан-ақ аңғаруға болады. Ағаштардың барлығының өн бойын мүк басқан, ал жапырақтарынан шудаланып сұр қына салбырап тұрады. Тауларының биіктігіне қарамай Санников жерінің Қазандық аралынан анда-санда ғана көрінетінінің де себебі осы тұманның қырсығы болса керек. Көктемде оны тұман 99
құдайдың құтты күні торлап, кейін ол теңіз ашылғанда жерді қалың мұнар болып орап тастайтынға ұқсайды. Арал түкпіріне екінші саяхат терістік-батыс бағытта басталды. Бұл бағытта да ормандар ұлылы-кішілі алаңдармен алмасып отырды. Алаңқайлардың көбінің ортасында көл бар, түстікке таяу жатқандары қамыс басып, қорысқа айнала бастаған, алысырақ жатқандары әзір одан аман. Бу атқылау көлдердің кейбірінен ғана кездесті, оның өзі де тым әлсіз. Тегі, бұл төңіректе жанартаулар сөніп болса керек. Алаңқайларда егіздер мен жылқылар там-тұм ұшырасты, адамнан запы көргенінен болар, олар аз болғанымен аса сақ. Мүйізтұмсықтарды бір-ақ мәрте, оның өзінде алыстан көрді. Оның есесіне қамысты мекендеген қабандар көп екен, бірін кешкі асқа атып та алды. Қоналқаға үлкен бір алаңқайдың шетіне тоқтап, қоржын мен мылтықтарды шөпке тастап, отын кесіп әкелгелі бәрі орманға жөнелді. Кенет заттардың жанында қалған екі ит жан даусы шыға шабаланып үрді-ай кеп. Жақынырақ жүрген Горохов пен Ордин алаңқайға жүгіре шығып, қоржындарын иіскелеп жатқан дәу аюды көрді, тегі, жас еттің иісі аранын ашып жіберсе керек. Шабаланған иттер артқы аяғынан тістемек болып қанша тырысқанымен аю қарар емес, ашу шақырып гүж-гүж етеді. Не істеу керек, мылтықтар иттердің қорғаштағанына қарамай быт-шыты шыққалы тұрған қоржындардың жанында жатыр. Қолында балтасы бар Ордин Гороховқа сыбыр етті. – Мен мұның ту сыртынан кеп балтамен соғайын, бұрыла бергенде мылтықты ал да ат. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, аю бір қоржынды қақ айырып, тұмсығын тығып та жіберді. Ордин атыла кеп бар пәрменімен сілтеп, аюдың шүйде тұсына балтаны ұңғысына дейін кіргізіп жіберді де жалт берді. Ащы дауыс алаңқайды басына көтерді, аю артқы аяғымен тік тұрды да сол сәт тасасындағы Кротты жаншып тастай жаздап шалқасынан 100
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344