– Қапаланба, Капитон, аюлар емес, адамдар жейді бұл етті. Оикилондарды ертіп Горохов келеді де, бәрін тұрағына жеткізіп алады. – Қалайша, сонда Никита бізбен бірге кетпей ме үйіне? – деп таңданған казак айғайлап жіберді. – Кетпейді, осында қалуға бел буды. Сүйген әйелі бар және Казачьеден осында жақсы дейді. – Солай шешкені шын ба? Аһ, антұрған! Оның Казачьеде әйелі бар еді ғой, рас мінезі шадыр, шау тартқан кәрі қатын болатын. – Ал мұндағысы жас та жақсы. Бұл арада ол байбатша құсап тұрады. – Ал мына еріп келген кім? Шығарып салғалы жүр ме? – деп сұрады Аннуирді нұсқаған казак. – Жоқ, бұл менің әйелім, бізбен бірге құрлыққа барады, – деп жауап берді Ордин. – Міне, гәп қайда! – деді даусын созып, орысша еркін білмегендіктен түсініп тұрса да шапшаң сөйлегендерін түгел ұқпай, ұяла ыңғайсызданған келіншекке қараған казак. – Яғни Никитаның орнына осы арадағы тайпаның қатыны барады екен ғой! Енді иттерді қалай жегеміз. – Бұл Никитаның орнын баса алмас, нарта айдау түгіл иттің өзін де көрген жоқ шығар! Е, ендігі уайым осы! Жиһангездер айнала отырған оттың басында осы тақырыпта Никифоров ұзақ сонар пәлсапа соқты. Ас қамдаған кездегі Аннуирдің ептілігі оның көңілін біраз орнықтырып, тіпті ол кештің соңында мақтау да айтты: – Келіншегіңіз қолды-аяққа тұрмайтын пысық, тамаша еңбеккер жан екен, Семен Петрович! Туған-туысқандарын тастап, етегіңізден ұстап теңіздің арғы жағындағы жат өлкеге бара жатқаны сізді қатты сүйгені ғой... Зады, сіздердікі ергісі келмегені де? – деп ол қалған екеуіне қарады. – Иә, ергісі келмеді... – деп жауап берген Горюнов осынау қызықты жерден тез аттануға мәжбүр еткен жағдайларды 251
баяндай келіп: – Бәрі де ойлағандай болса, көктемде қайтып келеміз, – деп аяқтады сөзін. Ас үстінде Никифоров ойпаттан әзір кетуге болмайтынын айтты, себебі жаз қар еріп, күртік көп аласарған, онымен қазір жоғары текшеге дейін ғана жетуге болады, одан әрі тырбыңдап он бес метр шыңға шығуға тура келеді. Нарталар мен жүкті көтеріп шығару үшін жол аршып, баспалдақ жасау керек. Күртікті де әзірлеу қажет: беті еріп, әбден мұздақтанып қалған, балтамен ойып саты жасамай болмайды. – Бір күнде бірақ оның бәрін жасай алмаймыз, – деп және ескертті. – Біздің қарауымызда әлі екі күн бар, – деді Горюнов. – Никитаны екі тәулік күтеміз деп уәде бергенбіз. Кім біледі, бәлкім, айныса қайтып келер. ТОПАН СУ Жаз аздан еріп кеңіген мұз апанда әлі тұрған казактың шатырына қонып шығып, жиһангездер ертемен күртік жотасынан баспалдақ оюға кірісті. Бесеуі де жан сала жұмыс істеп, екінді кезінде текше- тастың түбіне жетіп те барды. Төрттен – он метрге дейін ені бар текше тас күртіктің екі жағына бірдей созылып, бара- бара таутеке жүргендей ғана болып қусырыла түседі. Оның үстінде ең аласа тұсының биіктігі он метрдей жарқабақ бар, барлық жері бірдей тік емес, тәжірибелі альпинистің сатылап басына шығуына әбден болады. Алайда жүк көтеріп, иттерді шығару үшін жарқабақ тым биік, сондықтан араға бірер таяныш жасау керек, мынау базальт қабатта ол тақа алынбас асу да емес. Бірақ жұмысы бір күнге қаптал. Алаңды шолып шығып Горюнов: – Қалай қарайсыздар, бүкіл жүк пен нарталарды осында бүгін-ақ шығарып қойсақ қайтеді? – деген ұсыныс айтты. 252
– Оның не қажеті бар? – деп сұрады Костяков. – Төменде түнеу қолайлы, мұнда ұйқылы көзбен құздан құлап кету де кәдік. – Түнеуін төменде-ак түнеп шығуға болады, бірақ ауырымыздың бәрін қазір жеткізіп қоялық. Оның себебі бар. Қалдырып кеткен хатымызға қарағанда, біздің бүгін кешке тұрақ-мекенге қайтып оралуға тиіс екенімізді Гороховтың Амнундакқа айтуы керек. Біздің жоқ екенімізді көріп, оның қуғыншы жіберуі шәксіз, ал онкилондар жол дегенді біледі. Қуғын ертең ерте келеді, жүгіміз жерде болса, бәрімізді ұстап алады, ал біз онкилондарға мылтық кезеуге әлбетте батпаймыз. Жүк жоғарыда болса, өзіміз шапшаң көтеріліп ап, баспалдақты қиратып кетеміз. Қараңыздаршы, жақпардың жоғарғы он метрдей бөлегін қашауға көп уақыт кетпейді, оған шығуға ешкімнің де батылы бармайды. – Асылы, осының дұрыс! – деп келісе кетті Костяков. – Ал иттер қайтпек? – деп сұрады Никифоров. – Алаң оларға тар болады. – Олар да төменде түнеп шықсын, жүксіз жүгіріп шығуы қиын емес. Осы байламға тоқтаған олар уақыттың қалғанын пайдаланып, жүкті жоғары шығаруға кірісті. Бұл онша оңай да болған жоқ. Ойып жасалған баспалдаққа қарамастан жүгі ауыр нарталарды иттер еңістен тік шығара алмады да, талай тәсілдер қолдануға тура келді. Сондықтан қас қарайғанша мықшыңдап, ақыры, не керек, күллі жүкті, сақтық етті, отын мен нарталарды апарып алаңға орналастырды-ау. Төменде төсек-қап пен ас-су ішетін ыдыс-аяқтар ғана қалды. Қысқа деп дайындаған отынның көптігі аюларды маңға жолатпау үшін отты маздатып мол жағуға мүмкіндік берді. Никифоровтың айтуына қарағанда аюлар әлденеше мәрте болыпты, өзін олардың маймақ аяғынан, етті талапайға салудан мұз апандағы күрке ғана сақтап қалыпты. 253
Белуханың сақ-қырағылығының арқасында уақтылы оянып, апан аузындағы тақта мұзды тасалап тұрып, ет қоймасының аузындағы үлкен мұздарды лақтыра бергенде талай түнгі қонақты атып, қуып жіберіпті. Ас үстінде ол екі дүркін жер сілкінгенде қатты қорыққанын айтты: ол жер ойылып кетеді екен деп апаннан атып шығыпты. Құздан тас құлап, бұршақтай жауып тап жанына түсіп жатыпты, жерде жарық пайда болыпты. Жұмыстан шаршап жығылған жиһангездер Крот пен Белуханы күзетке қойып, алаңдағы төрт оттың ортасына жайғасып қатты ұйықтап кетті. Алайда оларды қатты жер дүмпуі түн ортасында оятты. Басын үрейлене көтеріп, олар тың тыңдады: жер астынан бейнебір ойқы-шойқы тақтай көпірмен ауыр жүк артқан көлік тасырлап бара жатқандай дүңгір естіліп, оған алыс-жақын жерде жардан құлаған қойтастардың гүрсілі қосылып, төңірек түгел жаңғырығып кетті. Осы шудың бәрін ұзамай мұз апанға қамалған иттердің үздік-создық ұлыған дауысы естіртпей жіберді. Жар етегінен жырақ ашық аспан астында жатқандықтан жиһангездердің ешқайда жүгірер реті жоқ еді, сондықтан олар үрейленсе де, төсек-қабында түрегеп отырды да қойды. Ұзамай тағы бір қатты дүмпу ұрып өтті: жатқандар оның сәл көтере солқ еткізгенін жақсы сезді, жанып бітуге жақындаған от жалыны шайқалып, шоқ пен шала жан-жаққа ұшты. Тақау маңда бірдеңе гүрс құлап, жақында ғана ішінде шатыр тұрған, өзі сонда бір түн қонып шыққан үңгірдің алдында жатқан Горюнов төбеден бірнеше мұз тақтасы құлап түскенін көрді. – Үңгірде емес, ашық аспанның астында жатқанымыз біздің бақытымыз екен! – деді ол дауыстап. – Қазір ғой, анда жатсақ, мұз басып қалады! – Иттерді езіп тастап жүрмей ме үйшігі құрғыр! – деп қауіп ойлады Ордин. – Езе қоймас, олардың апаны үлкен емес және күртіктің ең қалың жерінде тұр. 254
255
– Шығарса олар тым-тырағай қашады, – деп сақтық айтты Никифоров. – Оларды байлап қоятын да ештеңе жок – нарталар жоғарыда. Мейлі, тұра тұрсын. Алайда бірінен соң бірі үстемелете ұрған бірнеше дүмпу әлгі шешімді жиһангездердің өзгертуіне мәжбүр етті. Әлде бір қатер сезді ме, иттер азан-қазан ұлып, шыдамай кеткен Никифоров қолына балта ап, толқында тербелген кеменің палубасындағыдай шайқатылып барып үңгірдің аузына қалаған тақта мұздарды оңды-солды атып, хайуандарды босатты. Бейшаралар сыртқа лап қойып, есінен адасқандай бірінің үстінен бірі қарғып, атқып-атқып шықты да, ұлуын табан аузында тыя қойды, сосын бірнеше қадам жүгіріп барып, бір жерге ұйлыға қап, құйрығын бұлғаңдатып каюрына қарады. Никифоров қайыс-саймандарын әкеп, үш жегінді де ұстап, бөліп байлап, оттың айналасына үш жерге қойды. Сосын ол үш үңгірдің үшеуіне де үңіле қарап, қайтып келді де: – Төбеттердің тынышсызданатын реті бар екен, – деді. – Тұп-тура төбесінен мұз жарылыпты, жарығына қол сыйып кеткендей. Енді болмаса дәу сең құлап кеткелі тұр екен. – Ал бүгін түнде онкилондар жертөлесінің, бәлкім, барлығы құлаған шығар, – деді Горюнов. – Бұл апатты енді олар біздің кетуімізге телиді, – деп бір ойдың ұштығын шығарды Костяков. – Әлде біздің біреуіміздің қалып қойғанынан көріп жүрмесе! – деп күдік білдірді Ордин. – Енді Горохов кетем десе де сытылып шығуы қиын. Аннуир көзіне жас ала отырып үнсіз тыңдады. Оның тұқымына, тайпасына түгел жаңа опат төнді, оларды тастап кетсе де туыстар қайғы-қасіреті қабырғасына қатты батты. – Бәлкім, бұл жолы жер жақсылыққа бола сілкінген шығар, – деп оны жұбатуға жан салды Ордин. – Егер бұл ыстық су мен будың жерасты жолын қалпына келтірсе, жылылық қайта орнайды, онкилондардың өмірі бұрынғы арнасына түседі, ал жертөле салып алу қиын емес. Суықтың неліктен ерте түскенін Аннуир біліп те алған, сондықтан Ординнің жорамалы аздап көңілін орнық- 256
тырайын деді, жүзіне мейірім төге қарап, баяу ғана оның қолын сипай берді. – Олар үйді біздікі құсатып неге салмайды осы? Біздің жертөле ғой, бәлкім, құлаған жоқ шығар, – деді ол ақыр аяғында. – Бәлкім, біз кеткен соң солай сала бастар да. «Сиқыршылар» кетті, үйі құламай әлі тұр деп себебіне бір үңілер, – деді Горюнов. – Ал осы жанартаудың ендігі атқылауы терістік бөліктен басталып жүрмей ме? – деп өзінше болжам айтты Костяков. Барлығы еріксіз терістік жаққа қарады. Қалың тұман тұмшалаған аспан қап-қара, жер бетіне лава көтерілгеннің белгісі боларлық қызыл ұшқынның жұрнағы да білінбейді. Дүмпу ауық-ауық қайталанып тұр, бірақ алғашқысындай емес, бәсең. Ақыры, не керек, қалжырап жығылған олар қалғып кетті. Алайда ұйқы оңбады, бұзыла берді: бірде бірі, бірде екіншісі оянып, төсектен басын көтеріп алып, жан-жағына үрейлене жалтақтайды, бәрі тыныш: күртік құламай, от жанып тұрғанына көзі жеткен соң сылқ етіп жата кетеді. Никифоров әредік орнынан тұрып, отқа ағаш салып жатты. Осылайша бұл бір қорқынышты түн әрең өтті. Міне, шығыс беткейдің бұлты жарқырап бұрын бұлай байқалмаған күн шұғыласымен арайланды. Бұлттың бергі жағында жақынырақ құз-қабырғаның жота шыңдары ап-айқын көрініп, басынан қар жалтырады. Терістіктен орман танаптары менмұндалап, күртік өсіп, ағара түскендей, оттың жарығы пәс тартқандай көрінді. Қалғып жатқандарды таңғы суық оятты. – Әбден жарық болғанша шай қайнатып ішпейміз бе? – деп ұсыныс жасады Горюнов. – Сосын жоғарыға барып, қуғын жеткенше жұмысқа кіріселік. – Бұл да жөн! – деді орнынан атып тұрған Никифоров. – Кетер болсақ, уақытында кетейік! – Санников жерінің жылытқышы қалпына келсе, кетудің де қажеті болмас, – деп өз ойын Ордин дауыстап айтты. 257
– Бүгін көреміз: жылы болып, қар кете бастаса, сіздің болжамыңыздың дұрысқа шыққаны. Таң әлгіндегіден де ағарды. Жыртылған бұлттар шығыста қанқызыл бояуға малынды. Терістіктегі қара орман танабы тіпті айқындала түсті. Ойпаттың екі жақтағы аңғар жары түнде қаншама тас құлағанымен, қаз-қалпындағыдай қарауыта созылып барады. Никифоров отты көсеп қойып, құманды алды да, күртіктің аяғындағы су көсіп алу үшін ойып қойған кішкене бастауға тартты. Бара бере зәресі ұшқан казактың жан даусы шықты: – Көкем-ау, су қаптап келеді, су! Түтіні мен жалыны таяу жерді көлегейлеп тұрған оттың жанымен бәрі солай қарай жүгірді. Жүгіріп келіп, таң қалып қалшиып тұрып қалды. Күртіктен жүз метрдей төменде созылып жатқан, жақында ғана қардан көрінбей қалған жатаған тастақты төбені лай су алып, бұталы шұбарға дейін жеткен. Бір-ақ түнде пайда болған осынау жаңа көл көз ұшына дейін көлкіп, ойпат аңғарының етегіне дейін жеткен, тек күртік жатқан түстік бұрыш қана аман. Күртіктің астынан шығатын бастау бұлақ сылдырап, жиһангездерді өзге әлемнен бөліп тастаған жаңа көлге құйып жатыр. – Мәссаған, жер сілкіністен кейін лава орнына су атқылағаны ғой! – деп тыныштық қаймағын Костяков шайқады. – Қараңыздаршы, әне, су бізге қарай қаптап келе жатқан сияқты! – деп дауыстады Ордин. – Ол барған сайын көбейіп барады. Барлығы жағаға жақындады да, ілгері лықсыған суды көрді, көздерінің алдында жерді жауып жатқан қар бойына су жинап, еріп, шөге бастады. Оның орнын қар жентектері қалқыған су басты. – Ал жолдастар, енді алаңдар ештеңе қалған жоқ! – деп дауыстады Горюнов. – Затымызды алып жоғарыға шығайық, жарты сағаттан соң тұрағымызды су алады. – Апырау, одан әрі жол жоқ емес пе! – деп қарсылық білдірді Костяков. – Екі ортада қамауда қап жүрмейміз бе? 258
– Су текше тасты да қарық қылар деп шынымен қорқасыз ба? Текше тас ойпат табанынан жүз метр биікте тұр, су оған жеткенше жоғарыдағы жолымызды аршып та аламыз. – Жоғарыға жүкті кеше шығарып алғанымыз қандай жақсы болған! Бүгінге қалса ғой – үлгере алмаймыз, – деді Ордин. От басына қайтып келіп олар керек-жарағын жинады да, күртіктің үстіне шығарып қойды. Содан соң қарық болғалы шақ тұрған қоймадан түбі қажет боп қалар деп біраз ет алып, баспалдақты жағалай отын үйді – осының бәрін бірте-бірте жоғары көтеру керек. Соңғы бөлеңдерді олар күртікке жетіп те қалған суда жүріп шығарды. – Жарайды, енді иттерді жетелеп көрелік! – деді Никифоров. Иттер тықыршып әрең тұрған-ды, күртіктің тік жотасымен жоғары қарай жүгіре жөнеліп, тайып құлап, улап-шулады. Сосын Никифоров, Ордин және Костяков бір-бір жегіннен алып, баспалдақпен жоғары айдай жөнелді. Заттардың бір бөлегін ұстап Горюнов пен Аннуир алда жүріп отырды. Жоғарыға шықты да, олар айран-асыр, таң-тамаша болып тұрып қалды. Осының алдында ғана күртіктің жоғары жағы текшемен бірдей болып тұрған, енді қараса арасында биіктігі бір метрдей үңірейген жар тұр. Зайыры, жер сілкінудің салдарынан күртік төмен сырғып, көшкен немесе ойпат табаны түсіп кеткен. Иттердің алғашқы тобы сол жарға тіреліп қыңсылай бастады да, әрқайсысын бөлек алып, биікке қолмен шығаруға тура келді. Алаңға шыққан соң иттер арсалаңдап, нартадағы етке бас салып Никифоровты көп әуреге салды, оларды бір- бірлеп әрең ұстап, бір бұрышқа байлады да тастады. Қалған жігіттер күртіктің бас жағында қалған көмбені алып келуге кетті де, Аннуир шай әзірлеуге кірісті, алаңда жаңа қардың қалың жауып қалғаны ерітіп су алуға жақсы болды. Барлық зат жоғары шығарылған соң ертеңгілік асқа дейін жиһангездер төңіректі түгел шолуға мүмкіндік алды. Текше тастан ойпаттың біраз бөлегі көрінеді екен, бірақ көз жеткен жердің бәрі көлкіген су, барлық алаңқай көлге айналып, 259
ормандар арал не мойнақ болып қарауытады. Көтеріліп келе жатқан күн шұғыласына шағылып, күмістей жылтыраған су үрейден гөрі үйлесімді суретті алға тартады: текше тастардың аппақ белдігі айнала орап, қарлы жаңбыр басына тәж боп қонған қап-қара құздардың кемерін беті алашабыр аралдар мен түбектер айшықтаған шалқар көл кернеп, толқын толқып жатқандай. Алайда осы арада әлгінде ғана тұтас бір адамдар тайпасы өмір сүріп, сан-талай төрт аяқты жануарлар жайылып жатыр еді-ау дегенді ойлағанда, төбе шашың тік тұрады. Солардың бәрі қарық болғаны ма? Адамдар ағаш басына шығып амалдар-ау, алайда онысы қаншаға бармақ? Су осылай үстемелете берсе – ерте ме, кеш пе – бәрібір қарық болады ғой; осылай тұра бергеннің өзінде суық пен аштықтан өлуі және хақ. Хайуандарға тіпті барар жер жоқ, ойпаттың құз кемерінен таутеке мен құс қана аса алады. Санников жері енді алып бір тұзақ сияқты. Текше таста тұрған кісілердің басында осы ой аласұрды. Ағаш басына шығып жан сауғалаған біреу-міреу көрінер ме екен деп олар дүрбімен көз жетер жердің көбін шалды. Жақыннан ондайларды ұшырата алмады, ал алысырақ ормандар бер жағындағылардың тасасында көзге көрінбейді. – Ақылын мен таптым! – деп дауыстап жіберді Ордин. – Бізде қайық бар ғой, соған мініп Гороховты, көзге түскен онкилондарды құтқаруға барайық. Осы сөзді айтуы-ақ мұң екен, Аннуир жұп-жұмсақ білегін оның мойнына орап, бетіне бетін тақап тұрып күбір етті. – Дұрыс-дұрыс, құтқаруға аттаныңдар, енді олар сендерге еш жамандық істемейді. – Желқайықпен орман үстінен қалай өтпекпіз? – деп сұрады Костяков. – Барлық жерде аң жүретін сүрлеу бар, қазір олардың бәрі канал – бұл бір, екіншіден, ойпат жағалай жатқан тастақ төмпелердің бірі көрінбейді, түгел су басып қалған, – деп оның жауабын Горюнов берді. 260
Апыл-ғұпыл ауқат жасай салып, нарталардан байдарканы түсіріп, құрастырды да, рулі мен ескегін орнатып, бір қапшық кепкен ет, бір шөлмек спирт, іркіп сақтаған азын-аулақ кепкен нан, арқан және балта салды. – Бәріміз бірдей барудың, әрине, еш қажеті жоқ! – деді Горюнов. – Екі адам жетеді, әйтпесе ешкімді де құтқарып жарытпаймыз. Рульде біреу отырып, екіншісі ескек ессе болды, солай алмаса береміз. Кім барғысы келеді? Никифоров иттерге қарау үшін қалуы керек, Аннуир ескек есе алмайды, енді қалған үшеуінің арасынан шығуы тиіс баратындар. Ақыры, Костяковты да осында қалдыруға келісті. – Қалғандарына да жұмыс табылады, – деді Ордин. – Сендер бір күннің ішінде жартастан жоғары қарай баспалдақ жасап қоюларың керек. Байдарканы арқанмен күртік жотасымен сырғытып, тереңдігі метрге жуықтап қалған суға түсірді. Горюнов рульге отырып, Ордин ескекті алды да, Санников жерін жауып жатқан лай сумен желқайық жеңіл ытқып жөней берді. ЖЕР БЕТІМЕН ЖҮЗУ Жүгі жоқ, жеңіл әрі жылдам жүзетін желқайықтың шапшаңдығын сағатына он шақырымға апаруға болады, Демек, үш сағаттың ішінде Амнундак тұрағына жетіп бару қиын емес. Ойпаттың шет жағының ашық суымен, таяз тұстың қойтасына соғылып қалмас үшін жарқабақтарға онша жақындамай, орман бауырын жиектей жүрді. Ықылым жылдар жер қыртысын жауып жатқан өлі жәндік, қу жапырақ, шөп-шөлең құжынап бетіне шыққан лай сумен желқайық жеңіл сызып келеді. Горюнов ара-тұра сырық тастап, судың тереңдігін өлшеп қояды – бір метрден асып кетіпті ол. Ойпаттың суы аз жағына қашып құтылмаса, ірі хайуандардың өзі қарық болуы шексіз. Ал су баспаған жер бар ма екен, әй, болуы да мүмкін-ау. Жүргіншілерді мазалаған енді осы ой болды. 261
– Осынша нөпір су қайдан келді деп басымды күні бойы қатырып кслемін, – деді Ордин. – Уақытша кідіріп қалған жерасты суының арнасы осы жерге айналып кеткені ме сонда? – Су ойпатқа теңізден өткен жоқ па екен? Теңіз тіпті жақын ғой және қасиетті көлдің көмей-қуысы сияқты қатынас жолы бар! – деген болжам айтты Горюнов. – Онда су ащы, тұзды болуы керек. Дәмін татып көріңіз. Горюнов алақанымен көсіп алып ішті де түкіріп тастады. – Ап-ащы тұзды су, тек теңіздікіндей емес. – Ол да түсінікті. Бұл жерде ол көл суымен араласып, бойына қар сіңірген. Теңіз суы құйылған болса, ойпат табанының төмен түскені енді айдан анық. – Ондай болса, су бұдан жоғары көтерілмейді ғой. Жеткен деңгейі осы болуы керек. – Бұл алдымен ойпат табанының қанша төмен түскеніне, сосын көмей қуыс диаметрінің ойпат көлеміне қатысына байланысты: көмей-қуыс тар да, аңғар орасан ауқымды, сондықтан су теңіз бетіне теңелу үшін көп уақыт керек. Ал табанның қанша түскенін біз білмейміз. Ойпат табаны таба нан сияқты тұтас түсе қойды деп ойлау да қиын, бәрінен бұрын ол танап-танапқа бөлініп, әрқайсысы әр деңгейде түсуі ықтимал. – Демек, кей танаптар орнында қалып, жан-жануар соған паналауы мүмкін ғой. – Солай деп ойлап, солай үміттенуге болады – онда ол Санников жерінің халқы үшін зор бақыт. Желқайық судан басы ғана қылтиып тұрған бұталардың жиегімен сыдыртып келеді; бұл бұталардың сол қанаты еңселене келіп орманға ұласады да, оң қанаты барып, жардың етегіне тіреледі, оның бер жағында екеуіне де жуыспай, аралдай оқшырайып қойтастар жатыр. Жарқабақта әр тұстан таутекелер көзге түседі, кейбірі тыпыр етпей суға телміріп, кейбірі ерсілі-қарсылы безіп жүр жануарлар! Бұл бейшараларға аштық, ажал төніп тұр, себебі бар азығы шөп пен мүгін су басып қалды, ал текше тастар түк еспейтін қу тақыр. Судан 262
шығып тұрған қойтастардан тастақ төбелерді мекендеген көртышқан, сарышұнақ, егеуқұйрық сияқты ұсақ жәндіктер байқалады, олардың арасындағы бірді-екілі қоян алып сияқты көзге ұрады. Біріне-бірі жабысып бұл мақұлықтар аштық аранына мойынсұнып отыр. Жақынырақ бір қойтасқа шүйіліп келіп бір қыранның қоянды іле жөнелгенін, онан қорқып тырағайлай қашқан қалған жәндіктердің шолп-шолп суға түскенін де жиһангездер көріп келеді. Оңай олжа іздеген басқа да қанатты жыртқыштар аспан шарлап, қойтастарға қайта-қайта шүйіліп жүр. Бұл олжа мың күн азық бола ма, бәрібір олар да аштық ажал тырнағына ілігеді ғой. Бір жартаста олар ошарылып тұрған түлкілер мен қасқырларды көрді, жанынан жүзіп өткен адамдарды көзімен ұзатып сап бірі тұр, бірі жатыр жазғандардың. Екі сағаттың шамасында қасиетті көлдің тұсына келді, оны екі жағынан жарты шеңбер жасай қоршаған құздан ғана айырды. Бұл кезде ескекке ауысып отырған Горюнов есудің қиындай түскенін байқады. Желқайықты тоқтатып, ағынға қарсы келе жатқанын аңдады, су қышқылтым тұзды әрі таза екен. Көлдің өз орнында ағын күшейіп, су жалданып шығып жатыр. – Байқайсыз ба, су әлі келіп жатыр, күшті келіп жатыр, – деді Ордин. Ол сырығын суға тастап еді, түбіне әрең жетті, ол өзі үш метр болатын. – Құрмалдық тасы да көрінбейді, – деді Горюнов, – ал ол көл бетінен екі метрдей шығып тұратын-ды. Ойпат жағалай әлі де біраз жүріп, жүргіншілер керекті бағытпен орманға қарай кеткен таза су жылғасын тапты да, солай жүзіп жөнелді. Ұзамай канал қусырылып, қайық ағаш арасымен тартты. Осынау қарық болған орманға қараудың өзі аянышты: сидаң тартқан жапырақты ағаштар, жасыл шырша мен самырсын жапырақ, бұтақ, тағы басқа қоқыс көлкіп жүрген суда тұр, арасында өлген құс, уақ жәндік не сән. Ағаш бұтақтарында бірден-бірге шырылдай ұшқан құстар 263
жүр, бұтақ қуысында жылтиып әдетте бірін-бірі жеп қоятын тышқан, егеуқұйрық, сасық күзен, ақтышқан, сусар сияқты кеміргіштер отыр. Жалба-жұлба бұлттарды жыртып шығып күн көзі осынау оғаш суретті жиі зерлеп тұр. Орман арасымен түбірге, не үшкір бұлаққа соғып алмас үшін абайлап, ақырын жүзуге тура келді. Міне, қарсы алдан ашылып, алаңқай орнынан айдын су көрінді. Соған шығып жүргіншілер тұрағымыз тұрған алаң осы ма, осы емес пе деп ойланып қалды. Орманның бедер белгісі ұқсаңқырайды. Кенет көлдің ортасынан судың бұрқана жоталанып шыққаны көзге түсті. Баяғы бу бұрқыраған тұстан су әлі де көтеріліп, шығып жатыр екен. – Бұл біз тұрған алаңқай емес! – деп дауыстап жіберді Горюнов. – Ол жердің көлі көпіршімейтін де. – Мен де солай ойлаймын, ал бұл сол алаңқайдың түстігінде көршілес жатқаны, – деді Ордин. – Енді теңіз ғана құйып жатқан жоқ, жерасты су көзі де қалпына келгені белгілі болды... Ал бұл арада су тұщы болуы тиіс, – деп келіп, ол іліп алып ішкелі қолын суға малды. – Тұщы деуге кәміл болады және әжептәуір жылы, – деді ол шөлін қандырып алып. – Олай болса, жылы судың біздің қайыққа түк те пайдасы жоқ, – деді Горюнов. – Оның құрсаулары еріп сөгіліп кетуі кәдік – көпіршіген жерден аулақ кету керек. Жіңішке каналмен терістікке қарай тартты да, ұзамай тұрақтары тұрған алаңқайға шықты, оны айнала ағашы кесілген орманнан таныды. – Ә, міне, біздің жертөле! – деп Ордин қуанып кетті. Көлдің қарама-қарсы жақ шетінде жертөленің ортаңғы биік бөлегі ғана қылтиып көрініп тұрды, оның үстінде еріген қардың қалдығы мен түндіктің бір жағын жапқан қабық жатыр. Жүзіп келді де Ордин шаңыраққа шығып, төмен үңіліп айғайлап жіберді: – Қаншама казына қалқып жүр! 264
Жалма-жан ол қолын тығып жіберіп, көрпе-жастық, әйелдердің бірнеше кеудеше-шалбарын, ағаш аяқ тағы басқа кәкір-шүкірлер алып шықты. Бәріне де су сіңген, зіл қара тас. – Көрпе-жастықты алайық – Аннуирге жарап қалар, – деді ол. – Тек жақсылап сығу керек. Заттарды алып Ордин қайыққа қайтып оралды да, олар көсемнің жертөлесі тұрған жерге жүзіп барды. Бұл арада судағы тек төрт аша ғана қылтиып, шатырдың бір бөлегі көрінеді. Сырық тастап еді, үйілген топырақ пен бөренеден басқа ештеңе байқалмады. – Тіпті еш жерде адам белгісі білінбейді! Оларды ағаш арасынан да байқай алмадық, өздері көріп, айғай салуы керек еді ғой, – деді Горюнов. – Келіңіз айғайлайық одан да. Амнундакты, Никитаны, атын білетін әйелдерді айғайлап шақыра бастады. Бірақ үн қатқан ешкім болған жок. Тылсым тыныштық меңдеп алған төңіректі. – Барлығы бірдей суға кетуі мүмкін емес қой. Біреуі боллмаса біреуі ағашқа иә біздің жертөленің шатырына бас сауғалауы керек еді. – Тегі, кетіп үлгерген болды. Әрегірек барып іздеу керек. Бәлкім, олардың асықпай көшуіне мүмкіндігі болардай, су біртіндеп басқан шығар, – деп топшылады Горюнов. – Оған да ұқсамайды, – деп өз пікірін алға тартты Ордин. – Асықпай-саспай көшкен болса, қыста ең қажет көрпе- жастық, киім-кешек тәрізді заттарын тастап кетпес еді. Каналмен жүзіп отырып олар екі шақырымдай жердегі келесі тұраққа келді. Одан жартылай құлап, белуардан суда тұрған жертөлені көрді. Горюнов судың тереңдігін өлшеп еді, бір жарым метр. – Ал бұл арада кісі суға кетуі мүмкін емес, – деді ол даусын шығара. – Шамасы, ойпаттың бұл тұсы аз түскен. Жертөлеге келіп, құлаған бүйірден ішке көз салып еді, көң-қоқыс, шала, ескі-құсқы бірдеңелер ғана су бетінде жатыр, бірақ киім-кешек жоқ. 265
– Мұның тұрғындары бағалы затын алып, кетіп үлгерген, – деді Ордин. Жақын маңдағы ағаштарды барлап, айғай сап көріп еді, – судың тартылуын күтіп бірнеше ағашқа топырлай қонып, қимылсыз отырған қарғалар ғана қарқылдап жауап қатты. Келесі екі алаңқайды да аралап, тұрақтарды тексеріп көріп еді, жертөлелері жартылай не түгел құлаған екен, бірақ еш жерде тірі пенде жоқ; судың тереңдігі метрге дейін таяздап, кей жерде желқайық құлаған ағаштың түбіріне тиіп қап, абайлап жүзуге тура келді. – Осы іздеуді доғарсақ па деп ойлаймын, – деді Горюнов. – Күллі онкилондар ойпаттың су баспаған терістік бөлегіне көшіп үлгеріп, аман құтылған. Демек, біздің көмегімізге ділгер ешкім жоқ, ал құрғақ жерге барсақ, онкилондармен ұшырасып, қолайсыз жағдайға тап болуымыз кәдік. – Бәлкім, әрі қарай су тағы да тереңдеп, босқын кезінде суға тап боп, көмек күткен біреулерге кезігерміз, – деп болмады Ордин. – Іздеген соң ақырына дейін іздейік, арымыз алдында айыпты болмайық та. Горюнов көнді де, әрі қарай жүзді. Алайда келесі алаңқайда желқайықтың асты қайраңға тиіп, бұрынғы көлдің орнынан қамыс-құрақ, ши басы қылқиып көрініп тұрды. Алаңқайлардан арғы каналдың тереңдігі жарты метрден аспай, кей тұстан жер көрініп жатты. – Келесі алаңқайда онкилондарға тап болатынымыз хақ, – деді Горюнов. – Дұрыс айтасыз, әне, орман үстінен түтін көрінеді. Бұл олар құрғақ жерде отыр деген сөз, – деп оның ойын Ордин де қостады. – Тіпті дауыстарын да есітерміз. – Жер сілкіну мен сел басудың салдарынан онкилондар ойпаттың терістік жартысына ауысып қонған, сонда енді баяғысынша күн кеше береді, – деді Горюнов. – Көпіршіген екі көлге қарағанда ойпаттың жылытқышы да қалпына келген, – деп пікірін ширата түсті Ордин, – ендеше, онкилондар тағдыры жөнінде алаңдайтын да түк 266
жоқ. Ал бәзбір апатқа орай оларға бару деген басты бәлеге байлап, тұтқын тұзағына өзің мойын ұсыну болып шығады... Егер теңіз тым далиып, жүзіп өте алмастай жағдай болса, текше тасқа қайтып келіп, суық түсуін күтуімізге болады, отын су да, итке азық та ол арадан жақын, онкилондардан су бөліп жатыр. Тек Гороховты тағдырдың тәлкегіне тастап кетіп барамыз, ендігі ол шешімін өзгерткен де шығар. – Горохов қазір текше таста отыруы да мүмкін, – деген пікір айтты Горюнов. – Топан су оны пікірінен қайтарған болса, ол қарбалас кезінде қабық қайықты қолға түсіріп алып, өзі не әйелі екеуі бізге бір-ақ тартады. Ол қайықтың қай жерге жасырылғанын жақсы біледі, ара-тұра балық аулауға пайдаланып та қоятын. Келісілгеніндей оны ертең таңертеңге дейін күтейік. Әңгімелесіп отырып олар аздап тынығып алды да, шапшаңдату үшін алаңдай, каналдармен әуре болмай, ойпат шетіне қайта шықты. Соған қарамай қайтар жолға төрт сағат уақыты кетті. Бұрынғы қасиетті көлдің маңынан өткенде көмей-қуыстан су әлі келіп жатқанын, бірақ бұрынғыдан баяу екенін байқады. Тегі, су деңгейлері теңелуге айналса керек. Сырық тастап көріп еді – үш метрден асып кетті. Бұлар жоқта күртіктің маңы да көлкіп кетіпті. Судың тереңдігі екі метрден де асады. Текше таста қалғандар бұларды құтқарған адамдарына көмектесеміз деп мұз баспалдақтың басында қарсы алды. – Ешкімді әкелмегенсіздер ме? – деп таңдана дауыстай сұрады Костяков. – Текке барып келдіңдер-ау?! – деп өкінді Никифоров. – Бәрі-бәрі қарық болғаны ма? – деді өңі қашып боп-боз болып кеткен Аннуир күбірлеп. Әрине, Ордин жұбата бастады. – Қарық болған бірер зат осы біз тапқан, – деп әзілдеді Горюнов қайықтан Аннуирге әйел киімін әперіп жатып. Бәрі бірлесіп байдарканы жоғары шығарды, бұның өзі едәуір күшке түсті, себебі күртік пен екі ортадағы жар күні 267
бойы екі-екі жарым метр биіктепті, бұл – су шайып күртік шөкті, не ойпат табаны әлі түсіп барады деген сөз. Текшемен қатынас жақсарсын деп казак, әйтеуір, баспалдақтарды тақта мұздардан жасап қойыпты. Түскі ас үстінде олар бір-біріне күні бойы қайсымен айналысқанын айтысты. Қалған үшеуі текше тастың үстіндегі жар-құздан баспалдақ жол салып, жотада болып, жақын маңнан ашық теңізді көріпті. Алайда ойламаған жерден бұлар кетісімен күртіктегі баспалдаққа үп-үлкен екі аю шыға келіпті, ойлары адамдармен бірге текше тасқа шығу болса керек сабаздардың. Әрине, мұндай қатерлі көршіліктен аулақ болған абзал – атуға тура келеді, біреуі күртіктен сырғып суға күмп береді де, екіншісін текшеге шығарып алып құлатады. Жолға жаңа еттің осылай қисыны келе кетіпті. Ордин өздерінің жертөлесінен тапқан көрпе мен әйел киімі Аннуэндікі екен, оны Аннуир жазбай таныды. АПАТ Күн ұяға қонар алдында ала жаздай құз-қабырғалары ой көзін шектеп тастаған жиһангездер ойпатта не болып жатқанын көру үшін жотаның жарына шықты. Санников жерінің түстік беткейі жаз дегеннің не екенін көрмегендей тұтас ақ қар жамылып, етектен бес шақырымға дейін қалың мұз құрсанып жатқан теңізге шымылдық боп түсіп тұр. Одан әрі айдынында сеңдер мен тұтас мұзды алаңдар қалқыған кең шалқар су түстік көкжиекке дейін көсіліп жатыр. Қайықпен өту үшін бұл теңіз тым шалқар, оның үстіне байдаркаға бүкіл жүк пен адамдар, иттер сыймайды. Күзгі аяздар теңізді қатырып, шық айдынның тарылғанын күту керек, не мұз әрі қарай түстікке созылып жатуы мүмкін деген үмітпен шығысқа тарту керек, екінші жағынан Қазандық аралына жақын отырып, оңтайлы сәті келгенде ауысып түсе қою қажет. – Біз қазір кемесі апатқа ұшырап аралда қалғандар сияқтымыз, – деді Ордин, – алдымыз – су, артымыз – 268
су алапат, ортасында – от, апат, ұмытпасам ертегілерде осылай айтылмаушы ма еді. – Әзір оты жоқ, ал апаты мен суынан аяқ алып жүрер емеспіз ғой, – деп жауап берді Горюнов, – артыңызға айналып бір қараңызшы. Санников жері шынында да алып бір көл тәрізді екен. Дүрбімен қарағанда бұрын ойпаттың орта бөлегінде бірнеше жерден атқылап тұрған гейзер фонтандарын байқауға болатын. Осының алдында ғана алаңқайлар мен ормандар қыс көрпесін айқара жамылып жатқанды, ал енді қардың орнын су алып, терістіктен есілген жылы жел аралдың жылытқышы қалпына келгенін аңғартып тұр. – Жердің ең сүбелісі құрып кетті! – деді Ордин. – Лажсыздан бар жан-жануар терістік бөлегіне топырлайды, ал о жақтың тең жартысы тұлдырсыз қу тақыр. – Иә, онда, әсіресе, адамдарға тығыз болады, – деді Ордин. – Зады, енді онкилондар қатерлі көршілерінің бірін қалдырмай қырғанша тыным таппай, тағыларға соғыс бастайды. – Біздің нажағай мен жасынымыз ғой онда оларға таптырмас көмек еді. Кетіп қалуымызға түрткі болғандарына өкінеді ғой енді. – Жоқ, Гороховта да мылтық қалды ғой. – Е, енді есіме түсті ғой, жертөледе біз кетерде Амнундакқа тарту етеміз деп жүрген артық мылтығымызды ұмыт қалдырыппыз ғой. Онкилондардың көңілін табу үшін Горохов олардың көсеміне сыйлаған да шығар оны. Күн қанқызыл болып талаурап, қиыр теңіз үстіне төнген тұманды өртеп көкжиекке барып сүңгіген соң ғана жиһангездер текше тасқа қайтып келіп, от басында ұзақ отырды. Барлығы да назалы: олар Санников жерін сүйіп кетіп еді, енді ақтық түнді одан тыс өткізгелі отыр. Осынау жұмбақ жерді алғаш жиек таулардан қалай көргенін, төменнен шыққан дауыстарды естіп, не көрер екенбіз бұдан деп әркім өзінше бал ашқан 269
сәтін олар еріксіз еске алды. Ойлағанынан олар әлдеқайда көп көрді, талай тылсымдарды ашты, жойылып кеткен жануарлардың өз алдына бір тұтас әлемін тауып, поляр мұздарының ортасындағы осынау тұйық ойпатқа ошарылған алғашқы қауым адамдарын ұшыратты. Экспедицияның нәтижесі керемет, күллі мүшелері дін аман, сап-сау, алайда олар соңғы күндерінің оқиғаларына ғана емес, осы бір ғажайып аралға, оның бейкүнә тұрғындарына бейуақытта төнген апатқа қатты қиналады. Түн әжептәуір жылы болды да, олар отынды аяп от жақпады және телегей теңіз судан өтіп не онкилон келе алмайтын, не азулы аң шыға алмайтын биік текше таста өздерін аса қауіпсіз санады. Күндіздің өзінде бір нарта буылып-түйіліп, терімен жауып тасталған-ды: себебі экспедицняның күллі табиғи-тарихи, этнографиялық коллекциясы, фотография мен күнделіктер сонда болатын. Онша ауыр емес ол басқалардан әрегірек текше тас шетіне қарай тұрған-ды. Үстіне жаңа ет жайылған соң соған ит тиіп жүре ме деп, Костяков төсегін түнде соның жанына сап жатқан. Жартылай ғана тиелген басқа нарта алаңға көлденең, иттерге жақын қойылған да, қасына төсек-қаптарына кіріп, қалғандары жайғасқан-ды. Горюнов бүйірден біреудің жеңіл нұқығанынан оянып кетті. Ол біреу әдейі оятқан шығар деп ойлап, көзін ашса, ешкім жоқ, қайта қалғи бергенде оның құлағына алыстан талып бір гүріл естілді. «Ал енді жаңбыр дегеніңнін тіптен-ақ жөні жоқ, жалаңаш тасқа шатырды қалай тігерсің!» деп ойлаған ол басын көтеріп, жан-жағын шолды. Аспан ап-ашық, ай тас төбеге шығып ап, ойпатты түгел жарқыратып тұр. Ол басын жерге бере беріп өз астынан анық қатты гүрілді есітті. «Жерасты апаты тоқтамағаны ма?» деп ойлады ол. «Күндіз бәрі тып-тыныш сияқты еді, жер сілкіну ойпаң табаны төмен 270
түсіп, судың жарып шығуымен бітіп еді ғой. Әлде ол көңілашар күйі ғана ма екен?» Қатты дүмпу Горюновты жатқан орнынан бір көтеріп тастап, ойын үзіп жіберді. – Тағы да сілкінуге айналды ма? – деген Ординнің ұйқылы-ояу даусы шықты. Төсек-қабында отырып Горюнов көлге көз салып еді, – беті бұрқан-талқан: жер асты дүмпуінен шайқалған су толқын атып, бұрқ-сарқ қайнағандай аспанға атылып аунап түсіп әлек, мың бұралған толқын жоны шағылып сусыған сынаптай жылтырайды. Құз жағалай жарға соққан толқын үні мен жоғарыдан құлаған қойтастар шолпылы астасып кеткен. Бірінен соң бірі тағы да бірнеше тегеурінді дүмпу ұрып өтті. Кенет Горюновтын құлағына тап іргесінен атылған мылтық үніндей жарылған бірдеңе шалынды, қарап ол он екі мүшесінің бірін қозғай алмай, зәресі ұшып тас болып қатты да қалды, бірер қадам жерден қап-қара үңгір ашылып, текшенің Костяков жатқан бөлегі сәл қисая берді де, үңірейіп тұрған жерге күмп етті. Шошынған дауыс судың шолпылына, бір- біріне соғылған қойтастардың гүрсіліне араласып, бұрқ еткен шаң аспанға бір-ақ көтерілді. Осының бәрі-бәрі бірер секундта ғана болды. Тек біраз уақыт қана құлаған көп жыныстан шоршыған су толқынының шуы ғана шығып жатты. Тұла бойы дірілдеп Горюнов қапшықтан әрең шықты. Даусы мүлдем шықпай, қалтыраған бір үн көмейіне кептеліп қалды. Екі-ақ қадам ана жерде опырылған ернеудің жаңа сызығы жатыр, ал алаңның шығыс бөлегінің орнында қап- қара шыңырау үңірейеді. Ол еңбектеп шыңыраудың шетіне барып, төменге үңіліп еді – толқынданған судың ішінде жардың құлаған бөлегі қарауытып, баспалдақты күртік үстінде үп-үлкен жыра жатыр, шамасы, бір жағына таман ұшып түскен қойтас орып кетсе керек. – Тағы да не болып қалды? –деген Ординнің даусы шықты. Қатып ұйықтап қалған оны жердің жарылғаны мен құлаған гүрсілі ғана оятып, есін енді жиғызған еді. 271
– Же... жер... жа... рылды... Костяков... нарта... шыңырауға құлап кетті!.. – дегенді төменге үңіліп жатып Горюнов әрең айтты. Осынау жаманат хабар Ординді аяғынан тік қойды. – Ойбай-ау, іздеу керек қой, көмектесіп, шығарып алу қажет! Қане, тезірек! – деп айғайлады ол қаптан шығып жатып. – Әй, Никифоров тұр, бері кел! Байдарка қайда? – Енді мүмкін емес! – деді Горюнов торыққан үнмен. – Қайық түсіру қиын, құз құлап, күртікті алып кетті. Ал Костяковты жаншып тастады. – Тәйірі, оны қайдан білуші едіңіз? – Алаң қисая бергенде ол жатқан төсек-қап пен нарта шыңырауға алдымен сырғып, құлаған құз түп-түгел солардың үстіне түсті. Ордин де шыңырау шетіне келіп, төмен үңілді. – Қап-қара су мен құлаған құздан өзге түк те көрінбейді. Төсек-қап пен Костяков көбік сияқты судың бетіне шығар еді, құлаған жыныс басып қалған ғой. – Қандай сұмдық! – деп аһ ұрды Ордин . – Көз алдыңда адам өліп барады, ал қол ұшын беруге ешбір ыңғайы жоқ! Күртікке қарап еді, алдын ала әзірлік жасамай төмен тусудің еш мүмкіндігі жоқ екен – оның жонында ені он бес, тереңдігі он метрдей жыра жатыр. – Арқан бойлап жардан суға тік түсуге болмай ма? – деп ұсыныс жасады ол. – Мықты арқан мұның жартысына ғана жетеді, ал мұның биіктігі сексен метрден астам, – деді Горюнов. – Және екеуміз білдей бір адамды соншама уақыт ұстап тұра аламыз ба? – деді жақындап келген Никифоров. – Костяков қана емес, экспедициямыздың күллі нәтижесі қоса кетті ғой! – деп айғайлап жіберді Ордин. – Иә, қоса құрыды! – деді үмітін үзген үнмен Горюнов. – Тым құрыса құздың құлаған жеріне жарық түсірейік те, ол көлеңкеден нашар көрінеді. Бәлкім, Костяковты бір жаққа атып жіберіп, ол ессіз-түссіз жатқан шығар. 272
Никифоров отын арасынан бір құшақ майқараған алып кеп, байдарканың ырғайының басына байлап тұтатты да, шыңырауға түсіріп ерсілі-қарсылы бұлғады. Ордин мен Горюнов жарық көздеріне түспес үшін шыңыраудын шетінде жатып төмен қарады. Тамыздық тез тұтанып лаулай жанып, опырылған жерді жарық қылды. Онда баспалдақ жасалған күртік пен қасындағы жотаның арасынан тек толқынданған лай су мен онан жоғары шашылып, бірінің үстіне бірі мінгескен базальт қойтастар ғана көрінді. Не онда, не суда адам белгісі, я нарталардың жүргені байқалмайды. Ырғай басына байланған жіп күйіп, тамыздық бір қойтастарға түсіп біраз жанып, төңірегін жақсырақ жарық етіп еді, онымен де ештеңе көрінген жоқ. Жаңа жерасты дүмпуінен олар атып тұрды: көз алдарында құздан бірнеше қойтас бөлініп, шыңырауға күрс етіп құлап түсті. – Нарталарды кейінірек ысырайық, – деп ұсьнды Горюнов, – әйтпесе бұлар да алдыңғының кебін киіп жүрер. Бағанадан бергі көрініске үнсіз куә болып отырған Аннуир көмектесіп үш жігіт нарталарды сүйреп отырып, төсек- орындарын құздан аулағырақ күртікке түсетін тұсқа қарай апарып қойды. Күртік – сіреу мұзы мен құлама жар базальт қабырғаны тіреп құлатпай, бұл тұс, әйтеуір, аман тұр. Алаңның ірге жағы да, жоғары жардың етегі де қауіпсіз емес – олардан бірнеше уақ тас та түскен. Алыстағы бір гүрсіл ауаны жаңғырықтырып, барлығын теріскейге жалт қаратты. Ойпаттың сонау терістік бөлегінде жалаңдаған қызыл сәулемен жарқыраған түтін бе, бу ма – бірдеңе аспанға шаншылып, жиі-жиі және күшті жарылыстар естіліп, оны аңғар құздары әлсін-әлі жаңғырықтырып тұрды. Әрбір жарылыс сайын аяқ астында текше жынысы солқ ете қалады. – Жанартау оянды! – деп қалды Ордин. – Ал адамдар ше, бақытсыз адамдар селден жан сауғалап сонда тығылған еді! Күні не болды бейбақтардың? – деп 273
Горюновтың даусы шыжалактай шырылдап шықты. – Бір жолдасымыз осы арада қазір ғана опат болды, біреуі енді онда өледі, ал бізде қолұшын берер түк дәрмен жоқ. Аннуир Ординге жабысып ап-алыстан көз айырмайды, көз жасы моншақтап, өксігін сыртқа шығармай, денесі қалш- қалш етеді. – Қайткенмен де бұл жердің күні бітті! – деп сұрана қарады қасындағыларға Никифоров. – Ана жақта не сұмдық, қараңдаршы: жер астынан от, түтін шығып жатыр. Ал анау терістікте бір-бірімен ұласып, қара түтін мен ақ бу бағандары самсап, аспанға атылып ойпат аңғарынан әлдеқайда жоғары, Шамасы, үш мың метрдей биікке көтеріліп, ана тұстан да, мына тұстан да шырқай ұшқан шоқ тастар ракета құсап, ерсілі-қарсылы доға сызып жүр. Кейде бірнеше дүркін жарылыспен жалғасқан бу бұлты артиллериядан атылғандай бір жерден бұрқ ете қалып, биіктеген сайын жайыла түседі. От бағандар бұлт арасында тіпті жарқырай алаулап кетті – тегі, бір жерден қызған лава жарып шықса керек. Бірте-бірте еңкейіп бара жатқан мұңлы ай бұрынғысындай ойпатқа сәуле сеуіп, тыпырши толқын тыным көрмеген көлдің суын күмістей жалтыратып тұр. – Иә, Санников жерінің күні біткен шығар, – деп үн қатты Ордин. – Өзіміз ашып едік, өзіміздің көз алдымызда бұл құрып та бітті. – Жарық түскен соң қарап көрелік, бірдеңе ғып қайық түсіруге болар ма екен, өліп бара жатқан бейшараларға қолұшын беретін, – деді Горюнов. Ординге жабысып алған Аннуир және екеуі жанартау атқылауының барысын бақылап, онымен опат болған жолдасы жайындағы ойларын алмасып, таң атқанға дейінгі уақытты төсек-қапта отырып өткізді. Никифоров біраз қарайлап отырды да қайта ұйықтап қалды. Әйтеуір, үрейлі түн де бітіп, шығыс шұғылаланып, бірте- бірте жарық бола бастады. Аннуир от жағып, шай қайнатуға 274
кірісті. Ордин мен Горюновтың түнде алаңда не болғанын анықтауына мүмкіндік туды. Алаңның шығыс бөлегі бүтіндей жойылып кеткен, орнында тек үңірейіп үшкір басы төмен қадалған сына сияқты жардың бір жұрнағы ғана тұр. Тегі, бұл бұрын бір түскен сызат бойымен бөлініп, жер дүмпіген кезде ыдырап, жартысы күртікке құлап, бір бөлегі суға күмп етсе керек. Күртіктің даладай опырығында мұз қап-қара шаңмен баттасып, тас сынықтары, топырақ үйінділерімен көміліп қалған; төменде су бетінен құлаған жақпар тастар бой көрсетеді. Түні бойы судың лайы тұнып, жоғарыдан оның түбі көрініп жатыр, дүрбімен оны түгел сүзуге болады, бірақ қап-қара үйіндіден басқа ештеңе көзге түскен жок. Олар жолдасын да, экспедицияның бар жетістігін де осымен жерледі. Күртіктегі, шұңқырды қарап шығып, бұл арадан өту үшін екі жақ қабақтағы құздан ойып баспалдақ жасау керек деген шешімге келді. – Түске шейін оны да жасаймыз! – деді Горюнов. – Байдарканың екі бөлігін жіпке байлап жеке-жеке түсіреміз, жоғарыға да солай шығамыз. Қане, ауқаттанып алайық та, іске кірісейік! Ойпаттың терістігінде су мен түтін бұлтына тасаланып жанартау әлі атқылап жатыр, оның дүмпуі ауық-ауық солқ ете қалған алаң жартасынан-ақ білінеді. Бу мен түтін шымылдығы апат көрінісін көрермендерден көлегейлеп тұр. Кенет сол шымылдықтың бер жағынан от жарқ етті де, ілезде екі жаққа жайыла жөнелді. Дүрбімен жанып жатқан орман екенін айқын көруге болғандай. – Шамасы, онкилондар ісінен енді қайыр жоқ! – деді Ордин. – Жанартаудың атқылауы ойпаттың терістік пұшпағында емес, орта тұсында, яғни кеше біз жүзіп барып қайтқан жұрт судан жан сауғалап тығылған шамада басталғаны енді айқын. Мүмкін, ол терістік бөлікті түгел де қамтуы. 275
Екеуі де нартаға қайтып келді, шай әзір екен. Никифоров алаңның батыс бұрышына байланған иттерге бір құшақ сүр етті апара беріп тұрып қалды. – Бері келіңдер! – деп айғай салды ол. – Іс оңды емес мұнда. Құманның төңірегіне жайғасып та үлгерген Горюнов, Ордин және Аннуир атып тұрып, казактың қасына жетіп барды. Ол түнде құлаған тұсқа кесе-көлденең, алаңды батыс шетіне қарай бойлап кеткен, ені алақандай жарықтың ернеуінде тұр екен. Нарталар мен адамдар осы жарықшақ пен алаңның ішкі іргесінің арасында тұр, ал иттер арғы жақта. – Кеше бұл жарықшақ жоқ еді, – деді Никифоров. – Жағдай жаман! Екінші опырылым да дайын тұр, – деді Горюнов. – Мұның күрс құлауы үшін бір-ақ рет күшті жер дүмпуі жетіп жатыр, – деп қостады Ордин. – Тегі, мұны күртік тіреп тұр, әйтпесе түнде-ақ бізді ала құлайтын еді. – Зайыры, қанша қимағанымызбен бұл арадан қашу керек шығар, – деді Горюнов. – Әйтпесе біз де Костяковтың қасынан барып бір-ақ шығатынымыз хақ. – Онда заттарды жарықшақтың ар жағына тасиық. Айтты-бітті, орындалды. Әупіріммен ертеңгі асқа да отырды. Отырғаны не керек, үш қадам жерде қарайып жатқан жарықшаққа қайта-қайта қарап, енді тура күртіктің үстіне құлағалы тұрған күз қабағынан жаутаңдап көз ала алған жоқ. Ас ішіп болып жедел жұмысқа кірісті: екеуі арқан алып баспалдақпен жоғары шығып, екеуі төменде қалды; бір-бірлеп нарталарды, байдарканы, заттарды шығарды, сосын иттерді шешіп алып жоғарыға айдады, түнде құлаған тас тиіп өлген біреуінен басқасының бәрі аман олардың. Кесапат қырсықты алаңнан ақырғы болып кетіп бара жатқан Горюнов шыңырау шетіне тағы да келіп төмен үңілді де, күбірлеп шейіт болған жолдасына қоштасу сөзін айтты. 276
НИКИТАНЫҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ Жолдастары кеткен күні Горохов кешірек тұрды, оның өзін де самбырлаған әйелдердің даусы оятып жіберді. – Аннуир қайда? Байқайсыңдар ма, түнде ол байына, әлгі ақ сиқыршыға қашып кеткен ғой, тегі! Тыйым салғанды тыңдамағаны да! – Барып осында алып келіңдер! – деген Амнундактың үні гүр ете түсті. – Келмесе, шашынан сүйреп әкеліңдер, – деген әйел даусы қостады оны. Осыны есітіп, жолдастарының бүгін түнде кетеміз дегені есіне түсіп, Гороховтың көңілі құлазып қалды. Олардың кеткен-кетпегенін білу үшін жалма-жан киіне бастады. Ол киініп болғанша Аннуирге жіберген Аннуэн мен екі әйел де келіп үлгеріп, өкінішті үнмен былай деді: – Үй бос тұр, Аннуир де жоқ, ақ сиқыршылар да жоқ, жалғыз ғана ит қалыпты. – Жақсылап қарадыңдар ма? Тегі, олар көрпесін тұйықтап алып ұйықтап жатқан шығар, – деді Горохов. – Кірмек болып едік, ит ырылдады бізге. Айғай салып едік – ешкім үн қаткан жоқ. Өліп қалды дейсің бе? – Жарайды, мен өзім барып көрейін, – деп Горохов шығар ауызға беттей беріп еді, Амнундак оған: – Аннуирді осында алып кел! – деп барқ етті. Жертөлесіне бара жатып Горохов жолдастарының кетіп қалғанына шүбәланған жоқ. Алайда ол өзіне нұсқау қалдырғанына да сенеді олардың, сонда да бұл қылығын онкилондарға қалай түсіндірмек керек, өз жағдайын нашарлатып алмас үшін Амнундакқа айтар сөзін алдын ала жүйелеп, тігісін жатқызып қою шарт. Кеткендер Кротқа еріп, соңдарынан қалмай жүрмесін деп әдейі жертөлеге қамап кеткен Пеструха оны қыңсылап еркелей қарсы алды. Оның көзі бірден ашаға жапсырып кеткен қағазға түсті. Жадында 277
жақсы сақтау үшін оны ол ежіктеп бірнеше рет оқыды да, Амнундактың үйіне оралды. – Ал Аннуир қайда? – деп оған Аннуэн бірден бас салды. – Тоқтасаңшы! Әуелі айтып алайын да! Ақ адамдар жылы киімдерін әкелу үшін өз тұрағына кетіпті. Көрмейсің бе мына қар мен суықты, ал олардың киімдері болса, ана жақта жатыр. Маған да ала келмекші. Ертең кешке оралады. – Олар кетіп қалған болса, мұның бәрін сен қайдан білесің? – деп айқай салды Амнундак. – Міне, мынада жазылған, олар маған хат қалдырыпты. Мә, оқы! – деп күлкісін әрең іріккен Горохов оған қағазды ұсынды. Амнундак оны қолында бұлғап бәзбір қара белгілерді көрді де: – Мұны бақсыға жіберемін, сенің айтқаның шын ба екен, сол ажыратады, – деді. – Онда олармен Аннуир неге кеткен? Оның жылы киімі осында ғой, – деп бір жағынан қызғаншақ Аннуэн де қыстырылып қалар емес. – Демек, ол оны сенен күштірек сүйеді! – деп Горохов та бір-ақ түйді. – Сүюіме көсем тыйым салды – мен соның әмірін тыңдаймын. – Міне, мәселе осында, күштірек сүйгендіктен де ол кез келгеннің көлденең сөзін тыңдамайды. – Ол оның тоқалы, өзі жабысқан... – Доғар сөзді, қатын! – деп Амнундак оны тыйып тастады. Ол өзі әлі не істерін білмей қолындағы қағазбен әлек. Кеткендердің ізімен қуғын жіберсе ме екен, әлде Гороховтың сөзіне сеніп күте тұрса ма екен? Қолда келімсектердің тағы да біреуі бар, олар жолдасын тастап кетпеске тиіс деген ой келді оған. Кенет оның басына ақ адамдар ана жолғыдай қасиетті көлді суалтқалы кеткен жоқ па екен, онда да Гороховсыз барып еді деген бір ой сумаң ете қалды. 278
Киініп ол жертөлесінен шықты да, үш жауынгерді шақырып алып, ақ адамдар барған-бармағанын біліп келу үшін қасиетті көлге жұмсады. Үйге келген соң ол Гороховқа: – Басқаларың оралғанша сен осында, менің үйімде қал, – деді. Түске қарай жұмсаған жауынгерлер қайтып келіп Амнундакқа: – Қасиетті көлде ақ адамдар жоқ, – деді, – алайда олар болыпты онда. – Біз қардан үш үлкен, бір кішірек із көрдік. – Міне, көрдің бе, сен маған өтірік айтқансың немесе олар саған хатпен өтірік айтқан!.. – деп барқылдады Амнундак Гороховқа қарап, сосын жауынгерлерден: – қасиетті көл қайта суалып па екен? – деп сұрады. – Жоқ, мәртебелі көсем, ол суалудың орнына үлкейе түсіпті, су кемерінен асып, құрмалдық тасына баруға болмай қалыпты. Судың кемерінен асқанын не жақсылыққа, не жамандыққа жорырын білмей Амнундак қабағын түйді. Қашанғысындай қиын сәтте бақсыға иек артты. – Көрген-баққандарыңды барып бақсыға айтыңдар!.. Айтпақшы, қардағы ақ адамдардың ізі екенін сендер қайдан білдіндер? Олардың аяқкиімдерін танушы ма едіңдер? – Анығын айтқанда із аюдікі, – деді жауынгерлердің үлкені, – алайда ақ сиқыршылар ізінен қайда барғанын бізге білгізбес үшін аюға айналуы да мүмкін ғой. Горохов қарқ-қарқ күлді. Оған онкилондар таңырқай қарады, ал Амнундак ашу шақырып: – Сен неңе жетісіп күлесің? – деп зекіді. Онкилондарды ақ адамдардың құдіреттілігіне деген сенімнен тандыра алмайтынын сезген Горохов өзін бірден тыйып, салиқалы жауап қатты: – Маған олардың Аннуирді аюға айналдырып жібергені күлкі боп көрінді, ойбай-ау, олар үшеу ғана еді, ал жауынгерлер төрт із көріпті. 279
– Иә, иә, төртіншісі кішірек, Шамасы, әйел ізі болуы керек! – деп жауынгерлер қоштап қойды. – Жарайды, бақсыға жөнеліңдер! – деп түйді Амнундак. ...Қайтып оралған жаушылар қасиетті көлге бақсының өзі барғысы келеді, содан оралған соң тәуеп етуге отырмақ, құрмалдыққа шалатын бұғыны дайындай берсін деген хабар әкелді. Амнундактың әмірімен жауынгерлер басқан ізін аңдып отырған Горохов өз төсегінде жатып онкилондарда осы жалғыз қалуым дұрыс па, әлде бұрыс па деген ойға кетті. Тағы бір бақытсыздық бола қалса ғой, оны бұған жаба бастайды, не жолдастарының кетіп қалғанына аударады. Немесе бұдан қолынан келмейтін бірдеңе талап етіп, оны орындамаса қоқан-лоққы көрсетеді... Бұлар ма, бұлар не ойлап таппайды дейсің! Кетіп қалса ма екен? Жолдастары екі тәулік күтеміз деп уәде етіпті. Тек енді мұны аңдып, бұра бастырмайды ғой. Кешкісін бақсының не айтатыны және беймәлім. Осылай ол әбден құлазып кетер еді, жалғыз-ақ жанына отырып ап әйелі Раку әрнені айтып көңілін аулайды. Қас қарая бақсы да келіп, Амнундакпен сыбырласты да, ошақ басына жайғасып, отқа жылытқалы сүйекті қолын созды. Оттың жалынына тесіле қарап, ерні жыбыр-жыбыр етіп, үн-түнсіз козғалақтап қояды. Сосын басын көтеріп алып: – Уақыт болды! – деді. – Қатындар, балаларды алып ақ адамдардың тұрағына барыңдар, ол бос тұр. Қашан шақыртқанша сонда отырындар! – деп әмір берді көсем. Горохов қорқайын деді. Ақырғы рет анада әйелдерді шығарып жіберіп бәтуаласқанда, артынан қасиетті көлдің басында құрбандыққа адам шалынған еді. Оны да бүгін аяқ астынан әрнені айтып алдарқатып отырған әйелінен есітті. Бақсы бұл жолы да қанды құрбандықпен көлді кемеріне түсіреміз демес пе екен? Онда құрбан болатын бұл ғой! Ол аяқ-қолы мұздап, жүрегі тоқтап қалғандай болды кеудесінде. 280
– Әйелдермен сен де өз тұрағыңа тарт!.. – деді оған Амнундак. – Қатындар байқаңдар, мынау ешқайда кетіп қалмасын, бұл үшін жауап бересіңдер! Бұл Гороховтың көңілін аз-кем орнықтырайын деді. Құрбандыққа шалынатын болса ғой, бұны бүйтіп әйелдермен жіберудің не қажеті бар оларға. Ол кетісімен Амнундактың екі жауынгерге оның жертөлесін сырттан күзетуге әмір бергенін білсе, бұндай жайбарақаттық қайда оған. Қаңырап қалған жертөлені әйелдер ойын-күлкі мен әзіл- қалжыңға толтырып, отты жағып жіберді де айнала отырды. Горохов өз төсегіне қисайып, қолын ұдайы іргесінде жататын мылтығына созды. Мылтық жоқ. Оны кім әкетті? Жолдастары ма әлде? Мұны олар құдіретті қаруынан айырып, тұлдырсыз қалдырмаса керек еді ғой. Онда олар патрондарын да әкетуге тиіс. Горохов қоржынын ақтарып, тұтас бір қорап патрон тапты. Зайыры, Амнундактың әмірімен онкилондар бүгін оның төсек-орнын аударыстырып, нажағай мен жасын отын ататын зәрлі таяғын алып кеткен, сөйтіп, мұны қорғанатын қаруынан айырған. Іс насырға шабайын деді, мұның астарында бір сойқан бар. Горохов өзіне Ракуды шақырып алып, әйелдердің күлкісі мен қалжыңдарының арасында одан онкилондардың не ойы барын тұспалдай сұрады. Ақ сиқыршылардың құдіреті мен кесепат-қырсығы туралы әйелдердің алыпқашпа өсегінен артық жарытып ол ештеңе айта алған жоқ. Кенет Гороховтың есіне базаға соңғы барғанда кетерде Амнундаққа тарту етпек болып алып келген су жаңа мылтық түсті. Жолдастары оны ұмытып кетпеді ме екен? Ұмытса, бұл деген бақыт! Ол Горюнов төсегінің басында бөлшектеліп оралған қалпында жататын-ды, тапса да оны онкилондар нажағай мен жасын отын ататын сол деп білмейді. Оның орнында бар-жоғын Гороховтың қазір тексеруі керек. Бақсының зікірі аяқталған соң өз өмірін қорғау үшін бұған мылтық әбден қажет болуы мүмкін. Жалма-жан ол Ракуды 281
құрбыларына қарай жіберіп, бұрышта жатқан көңілді әрі құрметті орын деген желеу айтып, аздан соң ол Горюновтың төсегіне ауысты. Қисайып жатып ақырын ғана ол төсеніштері мен шөптің арасына қолын сұғып буманы тапты. Ал оны қалай ашып, әйелдердің көзіне түсірмей қайтып жинамақ керек? Бұлардың көзін немен алса екен? Әлде мұны да бір сиқыр деп түсіндіріп, бәрін көз алдында жасаса ма? Асылы, осы жөн болар – олар қағаз бен бөлшектен үрейлі таяқ өсіп шығатынын көрсін. Буманы суырып алып, әйелдермен қатарласпай төсектің шетіне отырып, «кісіжегіштерден тартып алған мына шоқпардан нажағай мен жасын отын ататын таяқ жасаймын» деді. «Ой, керегі жоқ!» деп кейбір әйел баж ете қалды, көпшілік жағының жеңсігі жеңіп кетті. Астананың дүкенінде буып байланған орауды шешіп, Горохов оның жібін бұрын мұндайды қолына ұстамақ тұрсын, көрмеген әйелдерге берді. Жіп қолдан-қолға жүгіріп түсер емес. Сосын ол онкилондар өмірі көрмеген орау қағаздың үлкен парағын жазып еді, ол да қолдан-қолға көшіп, «жұқа сары былғары» бәрін таң- тамаша етті. Отқа тым жақын ұсталған бір парақ лап ете қалғанда терінің бұлай жанғанын көрмеген олар әрі таңданып, әрі шошып шар ете қалды. Жұрттың назары жайған қағазға ауып отырғанда Горохов шапшаң жинап, қосауыз мылтықты әзір етіп, көздеп көрді де: – Міне, таяқ дайын болды! – деді. Жақын отырған әйелдер шалқая беріп, одан қазір жасын оты жарқ ете қалады екен деп шыңғырып қалды. Горохов оған күлді де түсіндіре бастады. – Қорықпаңдар, нажағай тек маған қастық ойлағандарға ғана атылады, ал сендер ізгі жанды әйелсіңдер. Бұл көзбояушылықтың әсері күшті болды: әйелдердің кейбірі «боз сиқыршыны» (Гороховты олар қара торы өңіне қарап өзгелерден айыру үшін осылай атайтын) бүгін қарусыз қалдыру үшін зәрлі таяғын алып қойғанын білетін. Міне, көз 282
алдында ол жай бір шоқпардан жаңа зәрлі таяқ жасап ала қойды. Мұны ерлерге сөзсіз жеткізу керек. Жаңа мылтықтың жанында болған бір қорап патронды қажет кезінде оқтай қою үшін Горохов қалтасына салып алды. Мылтық тауып алып қобалжығаны сәл басылайын деді. Көңіл күйі де көтеріліп, мылтықты қолына алып: – Ал енді, әйелдер, өткен жолы бізде қонақта болғандағыдай билеңдер. Сыйлыққа мынау былғары мен таспа жіпті беремін. Бақсы рухын шақырып болғанша билеңдер. Зәрлі таяғы бар сиқыршының айтқанын істеуге тура келді. Сонда да әйелдер биге құмар еді, әсіресе жылдай ұзақ поляр түндерінде көп билейтін, ал қазір де қыс емес пе, қар түсті де ерімей жатып алды. Жертөлеге кіре шешінбегендер енді шешінді. Ана жолғыдай лаулаған оттың айналасында би басталды. Горохов Горюновтың төсегіне қисайып жатып, қорқорын сорып қойып билеген әйелдерден көз алар емес. Алайда бұл жолы әйелдер құлап жығылғанша билей алған жоқ, бір жауынгер келіп зікір аяқталғанын, енді үйге қайтуға болатынын хабарлады. – Раку осында менімен қалады... – деді Горохов. – Раку! Естіп тұрсың ба? – Амнундак, сен де соның үйіне келіп жатсын деген, – деді жауынгер. – Амнундаққа айт, мен өз тұрағымда ұйықтайын және Раку менімен қалады! – деп кесіп айтты Горохов. – Амнундак айтты, – деп тағы міңгірледі жауынгер. – Мен онкилон емеспін және Амнундакқа бағынышты емен, – деп оның сөзін Горохов тыйып тастады. Ол маған бұйрық бере алмайды... Раку, бері кел. Киініп жатқан әйелдер бір-біріне таңырқай қарасып сыбыр- сыбыр етісті де, жауынгер аңырып тұрып қалды. Күні бүгінге дейін білдіртпей қастандық жасап, апат әкеліп жүрсе де, ақ адамдар мұндай сөз айтпайтын, көсемнің көңілін табуға тырысатын. Ал қазір жалғыз қалып «боз сиқыршы» былай 283
сес көрсетеді, өзге әйелдермен кетерін де, Гороховпен қаларын да білмей Раку тұр. – Раку, саған айтып тұрмын, бері таман, маған кел! – деп айғайлап жіберді Горохов. Осынау әмірлі үн әсер етіп Раку оның жанына келді. – Міне, мында отыр, Раку! Бәрі кеткесін кешкі асымызды ішеміз. Балаларын алып әйелдер, бірінен соң бірі үйден шықты; жауынгер әрі-сәрі болып тұрды да, ақыры ол да кетті. Раку тізе бүгіп отырып күбір етті: – Амнундак енді қатты ашуланады. Осында қалғаным үшін мені жазалайтыны хақ. – Қорықпа, ол саған ештеңе істей алмайды. Көресің ғой! Ал енді шай қайнат. Гороховтың салқын сабырлылығы әсер етіп, келіншек үй шаруасына оралды. Олар алаңсыз ауқаттанып алып, жатқалы жатыр еді, есік ашып, қарулы төрт жауынгер кіріп келді. – Амнундак айтты: менің үйіме қонақ болғысы келмесе – сонда-ақ қала берсін, – деді олардың үлкені. – Алайда ол сен қорғансыз қалмас үшін бізді жіберді. Орын бар, осында ұйықтаймыз. «Данышпанның айласын-ай!» – деп ойлаған Горохов: – Амнундак өте жақсы ойлап тапқан! – деді дауысын көтере. Онда екеуің анау араға жат, – деп Ординнің төсегін нұсқады, – ал екеуің мында жайғас, – деп өзінің бұрынғы орнын көрсетті. Өзге ақ адамдар оралғанша мен құрметті орынға жатуға тиістімін. Үш жауынгер шешінбестен жатты да, біреуі от басында отырды. – Өзге ақ адамдар сияқты білдіртпей тайып отырмасын деп сені аңдуға келді бұлар, – деп үрейлене сыбыр ете қалды Раку. – Олар бізді вампулардан, аю мен жер үсті жын-перісінен қорғауға келді, аңқауым! – деді Горохов байсалды ғана. Әрине, Амнундактың айла-шарғысын толық түсініп отыр. 284
Ал түнде ол біраз сақтық жасады: бір бытыра, бір жарқыншақ, екі оқпен оқталған мылтығын алып өзі іргеге жатты, Пеструханы төсегінің аяқ жағына қойды. Ұйықтап жатқан иесіне иттің ешкімді маңайлатпайтынын Горохов жақсы білетін. Түн тыныш өтті. От басындағы жауынгер ұйықтап жатқандардың бірімен алма-кезек ауыстырылып тұрды; ол отты үстеп қойып, қолына найзасын ұстаған қалпы, бағанға арқасын сүйеп қалғып отырды. Горохов қатты ұйықтады да, Раку әлсін-әлі аунақшып тынши алмады: ертең Амнундак не қылады деген ой оны қайта-қайта мазалай берді. Таң атқан сон жауынгерлер кетті де, оның орнына ізінше Аннуэн мен екі әйел келді. Горохов әлі ұйықтап жатқан. Раку сол замат төсектен тұрып әйелдердің жанына келіп, рухтардың бақсыға не аян бергенін, Гороховтың қарсылығына, мұның мойынсұнғанына көсем қалай қарағанын сұрастыра бастады. Алайда алдын ала нұсқау алған ба, әйелдер ашыла сөйлемей: – Рухтардың не аян бергенін біз білмейміз. Амнундак жауынгерлердің айтқанын тыңдады да, келісімін білдірді, түнде оны үйіңде өзін де есіттің, ал сен туралы ләм-мим деген жоқ, – дей салды. Ракудың көңілі осымен орнығып еді, оянып оның сұрастырғандарының нәтижесін білген Горохов оған қанағаттанған жоқ. Оған ең керегі – түнде бақсының не деп арбап кеткені. Күні бойы ол өз үйінде, аздап таза ауада болды да, көсемнің жертөлесіне әлденеше барлауға барып келген Раку ештеңе өндіре алмады. Алғаш ол Амнундактың әмірімен ұстап алып, әйелдер тыржалаңаш шешіндіріп сабайды ғой деп жүрексініп барған еді. Әдетте ұрысқаны, ақылға бақпағаны, жалқау болғаны үшін әйелдерді осылай жазалаушы еді. Алайда Амнундак оның келгенін көрмегендей, көңіл де аудармады. Кешкісін Гороховқа Амнундактың өзі келіп, от басына жайғасты да, сөз бастады: 285
– Сен менің қонағым болғың келмеді, міне, енді өзім келдім... Сен ғой кеше ақ адамдар бүгін оралады дедің. Түн болды, бірақ олар әлі жоқ. Тағы не айтасың? – Көріп отырсың ғой, қар қалың, оппалап жүру қиын, оларда шаңғы және жоқ, содан кешігіп жатқан шығар. Түнде не ертемен келіп қалуы керек. – Шаңғыны онкилондардан неғып алмаған олар? – деп Амнундак аз-кем үнсіз қалды да, сөзін әрі қарай сабақтады. – Таңертеңге дейін тосайын. Егер келмесе іздеуге жауынгерлер жіберемін, бір кәдікке ұшырады ма екен, біліп қайтсын. Ол әлі де аз-кем отырып, қар қалың түсіп, ерімей жатып алғанына, қыстың табаны күректей бір ай бұрын түскеніне қапаланып, осыған онкилондар қатты алаң болып отырғанын айтты. Сосын тұрды да кетіп қалды. Оның ізінше жолдастарының күні бойы осы жертөледе болған әйелдері де кетуге жнналды. Кетіп бара жатып олар Ракуге: – Раку, келіп сүт пен шелпек алып кет, – деді. Ыдысын алып солармен бірге кеткен Раку қайтып оралған жоқ. Оның орнына қоналқаға тағы да төрт жауынгер келді. Горохов Ракуды көп күтті, ақыры жібермей қойған екен деп түйді ойын. Күні бойы ол өз жағдайын таразыға тартып, жападан-жалғыз Амнундакпен қарсыласа берудің жақсылыққа апарып соқпайтынын, оның қатерге бас тігу екенін түсінді, ерегестіре берсе, олар айламен де, күшпен де мылтығын тартып алып бақсы не айтса, бұған соны істеуі айдан анық. Екі тәулік күтуге уәде еткен жолдастарын мұның куып жетуіне де болады. Уәделі мерзім ертең кешке ғана өтеді. Осылай ол бүгін түн қашпаққа бел буды. ҚАШЫП ШЫҒУ Бағана қас қарайып келе жатқанда-ақ Горохов өз төсегінің тұсынан жертөленің сырт жағындағы шымын алып, қармен жауып қойған. Жерге қадай сап, үргіге қадап қойған бірнеше сырғауылды қазір еш сиқырсыз суырып алуға болады. Таң 286
алдында, әсіресе, ұйқы қатты қысып, күзетшілер қалғыған тұста сол тесіктен білдіртпей сыртқа шығуға мүмкіндік бар. Аннуирдің өнегесін ұстанып Раку де бірге кетеді деген Гороховтың үміті күшті еді. Қоржынын да қамдап қойған- ды. Раку қысқы киімін киіп ап жүрген. Қашып кеткенін таңертең ғана біледі, себебі төсек орнында қалады. Пеструха да әзір жата тұрады – кейін іздеп тауып жетер, тесікті сыртынан жауып тастайды. Қапелімде абыржып олар жиналып үлгергенше, бұлар он шақты шақырым ұзап та кетеді, екі жұп әйел шаңғысы да сайланып, кешкісін қарға жасырылған-ды. Ракудың оралмауы Гороховты қатты опындырды, оны ол жанындай жақсы көріп, әуел баста бір сол үшін онкилондармен қалып еді. Енді онсыз кетуге тура келіп тұр. Әй, бірақ сол кетуге көнбей, дабыл қағуы да мүмкін ғой. Асылы, оның жоғы да жөн болар. Горохов ұйқыға ерте бас қойып, Пеструханы өз төсегіне алып жатты, енді мұны өзімен бірге алып кетуге болады. Жатқалы жатып ол от басында отырған жауынгерлер естісін деп дауыстап: – Раку келмей қалды. Ит ертең мені оятып, ас әзірлеп беретін болады, – деді. Түн ортасына таман қатты жер асты дүмпуі қалғып отырған қарауылды да, Гороховты да оятып жіберді. Жертөленің сырғауылдары сықырлап, саңылауларынан балшық саулады. Ұйықтап жатқан жауынгерлер атып тұрып, құлазып қатты күйзелген Горохов та тұрып отырды. Дүмпу қайта қайталанса, Амнундак жертөлесінің бар тұрғыны жүгіріп шығып, от айнала ашық аспан астында түнейді, онда білдіртпей тайып тұру мүмкін емее. Ертерек алас-күлес кезінде кетіп қалу керек. Ол ойын шумақтап үлгергенше жер екінші рет сілкініп, жертөле түгел сықырлап, төбеден бір сырғауыл шым- мымымен атып отқа түсті. Горохов апыл-ғұпыл жылы киініп, жауынгерлер жан даусы шығып есіктен бір-ақ атты. Дүмпу 287
толқыны толастап, жертөле орнында қалған соң, әлгілердің біреуі қайтып келіп бірнеше шала алып кетті, Тегі, есік алдында от жағып күзетін жалғастыра бермек ойы болса керек. – Сен, ең жақсысы үйден шықсаң еді, – деді әлгі жауынгер өз төсегінде отырған Гороховқа, – басып қалуы кәдік мына үйдің, Амнундак жертөлесінің жартысы құлап та қалды. – Жоқ, мен осында қалып алаңсыз ұйықтай беремін, – деп жауап қатты Горохов. – Менің бұрышым опырылмақ емес. Жауынгер басын шайқап шығып кетті. Якутке керегі осы еді, ол көрші бөлмеден Костяковтың көрпесін алып жұмарлап орады да, оны алғаш кіргенде кісі ұйықтап жатқандай етіп, өз көрпесінің астына тықты. Сосын өз төсегінің тұсындағы сырғауылдарды суырып, тысқа қоржыны мен мылтығын қойып ап, сосын өзі шығып, Пеструханы алды да, тесікті сыртынан қармен бекітіп тастады. Жауынгерлер жаққан оттың жарығынан түскен жертөле көлеңкесін жамылып, жиырма қадамдай жерде алаңқайдың шетінде жақын тұрған ағашқа жетті. Бұл онкилондар отынға да, құрылысқа да ұқсата алмайтын болған соң аман қалдырған мәуелі алып бәйтерек еді. Пеструха мен қоржынды теректің қуысына жасырып, өзі басына шығып, бір жуан бұтаққа отырып жан-жаққа көз салды. Гороховқа бұл арадан алаңқайда не болып жатқаны алақандағыдай, ал өзін жапырағы болмағанымен қалың бұтақтар көлегейлеп онша көрсетпейді. Алаңқайды баса- көктеп өтуге болмайды деп ойлады ол, себебі ақ қарда мұның қара сүлдесін елеңдеп отырған кісілер бірден көреді. Айналып өту тіпті ұзақ, оның үстіне Горохов жеті қараңғыда базаға емес, басқа жаққа апаратын жолға түсіп, адасып кетермін деп те қауіп ойлады. Өзінің бақылау пунктінде отырып ол Амнундактың жертөлесінің жартысы опырылғанын көрді, әйелдер алып шыққан заттарымен балаларының қасында, от басында сапырылысып жүр, жауынгерлер қалған мүлікті сыртқа тасуда. Ұзамай жаңа бір дүмпу ойпатты бойлап дүбірлетіп өтті, ол 288
бәйтеректің солқ етіп, теңселіп кеткенін түйсінді. Амнундак жертөлесінің және бір бұрышы құлап, от айналасындағы адамдар ұлардай шулап, кейбіреуі жығылып-сүрініп жатыр, тағы да айқай-шу, зар қақсау, ал ойпат аңғарынан құз құлаған гүрсіл келеді құлаққа. Сол замат ол осы таяу маңда орман арасынан жердің қақ айрылып жарылған сықырын есітті. Сол жаққа жалт қарап, ол аппақ қар көрпесінің ортасынан орманның қара қойнауынан бөлініп шыққан қоңыр жолақты көрді, барған сайын далиған сол жолақтың бетінде аппақ дақтар көзге шалынды. «Көлдің мұзы бұзылған ғой! – деп ойлады ол. Енді тура жүре алмайсың! Мына қырсықты қарашы!» Жердің гүрілі мен құздың құлаған гүрсілі басылған шақта Гороховтың құлағы жаңағы шапшаң далиып бара жатқан қоңыр жолақтан судың сылдырын шалды. – Су көлдерден асып кеткені ме? Осы арада бізді қарық қылмаса игі? Мына кесірді қара: отты сөндіріп, адамдарды қараңғыға тастайды-ау! Маған бұлардан аулақ қашу абзал. Ал өзге алаңқайларды да су осылай басса, қалай жүрмек керек. Мына бақытсыздықты қарашы! Не үшін ғана мен осы жерде қалдым екен? Шіркін, қайық болса! Осы сәтте оның есіне су қатар кезде онкилондардың екі қабық қайықты көлден алып келіп, жерде қалдырса, қыста бұғылар қажалап, түтіп тесіп тастайды деп жертөленің сыртына әкеп қарға көмгені түсті. Олармен жазда өзі талай рет балық аулағаны бар. Бұл болса да оның көңілін сәл орнықтырайын деді – қайық жақын, тек мұнан бұрын онкилондар алып кетпесе жарар еді. Қара жолақ әп-сәтте далиып, оның шеті отқа отыз қадамдай ғана қалды, қарды жұтып жайылған су арнасын кеңейтіп барады. Оны енді онкилондар да көрді. Біреуі жолақ шетіне жүгіріп барып, оның жайылып келе жатқан су екеніне көзі жеткенде жан даусы шықты. – Құтыла көріңдер, су жайылып, топан басқалы тұр! 289
Адам айтқысыз абыржу енді басталды: айғай-шу, жылау- сықтау, сапырылыс. Біреулер «Ағаш басына!», «Ағаш басына!» деп айғайлайды. Енді бірі «Қайық қайдалап» жүр, екіншісі «Сиқыршылардың жертөлесіне паналайық!» дейді. Жауынгерлер жиһаздарға, әйелдер балаларға ұмтылды. Амнундак жатжерліктер жертөлесінің алдында от басында отырған қарулы жауынгерлерге жүгіріп келіп айғай салды: – Ақ сиқыршы қайда? Алып келіңдер. Не ол суды тоқтатсын, не біз қазір оны жарып өлтіреміз. Кенет осы кезде биіктен бір әмірлі үн шықты. – Онкилондар! Жедел терістікке қарай жүгіріңдер, онда су жоқ. Терістікке, терістікке тартыңдар, сонда ғана құтыласыңдар. Мұны айтып тұрған мен – аспан иесімін. Қорқып құты қашқан адамдарға осы сөз әрең әсер етіп, бірінен соң бірі қайталай жөнелді. – Терістікке, терістікке қарай тарттық, тез! Ауыр жүк арқалаған жауынгерлер, бала құшақтаған әйелдер бұғы табынымен араласа орманның бауырына қарай басты. Су жақын жердегі оттарды өшіріп, ащы түтін қолқаны алып, пысылдап шалалар сөніп, жарық жоқ болды. Амнундак жатжерліктер жертөлесінің жанында әлі тұр. Гороховты алып келу үшін ішке кірген жауынгерлер үрейленіп ата шықты. – Ақ сиқыршы түндіктен итін алып ұшып кетіпті, үй қаңырап бос тұр! – деп мәлімдеді. Амнундак қолын бір сермеп қасына қарауылдарды ертіп алып бағыныштыларының артынан терістік бауырға қарай тұра жүгірді. Алаңқай бос қалғанда барып ағаштан түскен Горохов жертөленің жапсарындағы ескегі байланған бір қайықты аршып алып қарын қақты да, бәйтеректің түбіне әкеп бір басына Петруханы отырғызып, ортасына қоржыны мен мылтығын салып, өзі жайғасты да, қолына ескекті алып тың тыңдады. Онкилондардың шуы шалғайға сіңіп, алыстай берді, соңғы оттар да сөніп, су жертөлелердің табалдырығына жетті. 290
«Өй, қайықпен әлі де біраз кәкір-шүкір әкетуге болады ғой, – деп ойлады Горохов, – тым құрмаса бірер тері көрпе әкетейін де, менің төсек-қабымды жолдастар Аннуирге берген шығар және түнде жүрсем суық». Ол жертөлеге жүгіріп келіп еді, кірер ауызды су алып кетіпті, ізінше өзі жасаған тесікке қайтып келіп, өкшелей қуған сумен ұшып отырып қайығына келді. «Осылай дұрыс болар» деп ойлады ол, көрпенің жартысына өзі отырып, жартысымен аяғын жауып жатып. Қайықтың айналасында қарды жұтқан су пысылдап, төңірек түгел қарауыта түсті, қап-қара дүниеде тек жертөле ғана. Міне, қабық қайық та жүріп кетті, көл жаққа құлаштап Горохов та ескегін есе жөнелді. – Хош бол, тұрағымыз! – деді ол, жертөленің жанынан өте беріп. Сенде қыстап шығу бізге бұйырмады, жалпы енді ешкім де қыстай алмайды – су бәрін шірітеді! Екі басты ескекпен оңды-солды ескен соң жеңіл қайық қара суда ұшты да отырды; көз қараңғылыққа үйреніп, кейін ысырылған қара орманды да, төбесі аппақ жертөлелерді де ажырата бастады. Алда ерек екпінмен су лықсыған ашық алаңқай. Осы жазықтың ортасынан Горохов төмпе көріп, ескек есу қиындай түскенін аңғарды. Ол көл ортасынан судың жалдана шығып жатқанын сезіп, ағынмен алысып, оны айналып өтуге тырысты. Оны айналып өткен кезде ағын енді өзіне көмектесе бастады. Ұзамай ол қарама-қарсы баурайдан барып шықты. Енді түстікке тартатын жолды тауып алу керек, қара орман сәулесінде ағараңдаған жертөлелер бағдар алуға мүмкіндік берді, ол осыдан қай бағытқа жол шығатынын ұмытқан жоқ. Міне, ол сол сүрлеуді тауып, екі орман арасындағы жіңішке каналға түсіп алып жүзе жөнелді, қараңғылық қоюланып, қабық қайықтың жұқа түбін тесіп алмас үшін абайлап жүзуге тура келді. Горохов есуді доғарып, жеңіл қайықты бірауық ағынның ырқына қоя берді. Аздан соң ағыс саябырлап, ескекті 291
қайта қолға алуға тура келді, тереңдікті өлшеп Горохов судың тізеден сәл ғана асатынын анықтады. Қарсы ағынға ол құлаштап енді есе бастап еді, су шолпылдап, осқырған, пысқырған, мөңіреген шу шықты – шамасы, сүрлеумен жабайы өгіздер келе жатқан тәрізді, ал олармен ұшырасу – үлкен қатер. Көп ойланып жатпай Горохов қайығын орман қабырғасына ысырып, жолдан екі-үш қадамдай бір ағаштың түбіне тіреп, бір қолымен ескекті судың түбіне қадап, бір қолымен ағаштан құшақтап, қатып тұрды да қалды. Шу-сыбдыр шапшаң жақындап, міне, ыңыранып, осқырып, пысқырып, селден қорқып, бірін-бірі баса-жаншып кимелей терістікке ұмтылған кесек хайуандардың алпамсадай тұлғалары қозғалып келеді, олар қарнымен су сызып, бүлк- бүлк желіп, суды фонтандай атып, орман баурайына дейінгі жерді толқындатып жіберді. Горохов ағаштан ұстап, ескекті жерге шанышпағанда қайығы төңкеріліп қалатын еді, не керек, өстіп хайуандар әбден өтіп боп су сабасына түскенше якут бірнеше қатерлі минутты бастан кешірді. Осыдан соң ол жүз метрдей жүзіп үлгермей әлгі сыбдыр мен шу қайта естіліп, тез таяла берді, шоққа тағы да тығылуға тура келді. Бұл жолы бірнеше мүйізтұмсық өтті жөңкіп, олар көтерген толқыннан Горохов аударылмай шақ қалды, су фонтандары оны көміп кетті. – Қарғыс атқыр, қолапайсыз хайуандар, қарасан келсін сендерге! – деп бұрқылдады ол бетін сүртіп тұрып. – Бүйтіп қарға адым жер ұзарсың ба, суды қайтып төкпек керек, оның үстіне тас қараңғы. Мүйізтұмсықтар көтерген толқын сап болмай жатып жылқы үйірі жетті, бірін-бірі басып озғалы арындап аспанға атып, осқырынып кісінеген олар өгіздерден тез қозғалып, суды бұрынғылардан да күшті толқындатып жіберді. Келесі алаңқайға жетпей, Гороховтың тағы бір тығылуына тура келді, бұл жолы өгіздер мен жылқылар аралас жөңкіп, олардың ізімен он шақты аю қорбаңдап жөнелді. Ақыры, ол алаңқай көлге де жүзіп шығып, суы жал-жал болып бұрқырай 292
шығып жатқан орта тұсынан айналып өтпек болған сәтінде су кенет көпіршіп көтеріліп кетті де, толқындар оны төңкөріп тастай жаздады. Ойпат жағалауын бойлап өткен гүріл мен гуіл жердің жанадан тағы бір дүмпігенін байқатты. Толқындармен жағаласып, Горохов келесі баурайға жетті де, каналды тауып алып, әрі қарай жүзді, алайда көп ұзамай ақылы алтау боп аңтарылып тұрып қалды, канал осы тұстан үш тармаққа бөлініп кетті, түнде қажет бағытқа таңдап түсер еш мүмкіндік жоқ – ойпат аңғарларын ажырату оңай емес, компас жоқ, жұлдыз көрінбейді. – Енді еш амал жоқ, таңның атуын күту керек, – деп түйді ойын Горохов. – Алыс қалмаған шығар, таң атуы керек: суда сергелдеңге түскеніме қанша уақыт, түн ортасынан бері безек қағып жүрмін. БАҚСЫНЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ Горохов каналдан алысырақ жаққа қарай бұрылып, алаңқай мен айдынның толқыны жетпейтін, жетсе де әлсіреп жететін шоққа келіп, қайығын бір ағашқа байлап, көрпеге оранып түбіне көсіліп жата қалып, толқынмен сәл тербеліп ұйықтап та кетті. Ол Пеструханың ұлыған даусынан кеш оянды. Көзін ашып ол түнде су көп көтеріліп, қайықты ағаштың бұтақтарына апарып қысып тастағанын көрді. Иттің қысылғаны сонша, ол сорлы тіпті қозғала алмай қалыпты Оны босату үшін бірқатар бұтақты пышақпен кесіп түсіруге тура келді. Горохов судың тереңдігін өлшеп көрейін деп еді, түбіне жете алмады, ескегі мен қолын қосқанда екі метрден кем емес-ті. «Топан су деген осы! – деп ойлады якут. – Жолда енді еш жануарды кездестірмейсің: қашып құтыла алмағандары қарық болды». Тұтқыннан босанған Пеструха иіскелеп, құйрығын бұлғаңдатып, иесіне тілене қарады. – Ашықтың ба, бейшара! – деп оны бірден ұқты иесі. 293
– Ас ішетін уақыт та болды, тек бізде тамақтың өзі аз, шай қайнатуға болмайды. Аң-құс жоқ! Ол қоржыннан шелпек пен кептіріп жертөле шатырының астына жайып қойған қыруар қаз етінен бағанағы алас-күлесте ала салған бірер мүшесін алып, сүйек-саяғын итке тастап, тәуірін өзі жей бастады. – Эх, Пеструха, ақырғы қаз еті осы! – деді ол итке қарап. – Біздің сақтық етіміз ғой қарық болды, ешкім оны алған жоқ, қандай өкініш! Сол сақтық ет оның ойына Ракуды, оның қамкорлығы мен шаруақорлығын түсіріп, көңіліне мұң ұялатты. Ол Казачьедегі кәрі, ұрысқақ қатынын да еске алды, соның қазымырлығынан бұл көршілеріне қонып не саудагерлерге каюр болып жалданып, алыс сапарға жиі кетіп қалушы еді. Ракуды алып кетуге әлі де әрекет жасауға болар деп ойлады ол. Шамасы, онкилондар алғашқы кездескен құрғақ алаңқайға тоқтап, түнгі сергелдең мен босқыннан кейін тынығып ұйықтап жатқан шығар. Соларға жақын жүзіп барып, бұтаның арасына кіріп тақау жерден Ракудың көрінгенін күтіп, іле шақырып алып, қайыққа салып ала тартпақшы. Суда онкилондар қуып жете алмайды. Серіктері бүгін кешке дейін күтуге тиіс, тіпті кетіп қалғанның өзінде алғашқы күні онша ұзай алмайды, қуып жетуге болады. Горохов түні бойы тек келесі алаңқайға дейін ғана, яғни ең әрі кеткенде үш-төрт шақырым жүздім деп ойлады, демек, қайтып оралуға онша алыс емес. Ертеңгі ас үстінде осы байламға тоқтаған якут қайығын шешіп алып терістікке қарай тартты. Күн шыққалы қашан, бұлт арасынан сығалап қойып, жылу да себездеп кетеді. Күндіз топан су түндегідей үрейлі әсер тастамайды. Су жалтырап, беті сәл діріл қағып, айнасына орман баурайы түсіп тұр. Гороховты таңдандырғаны тек суда, әсіресе, орман мен канал тұсында қоқыстың көптігі, жан-жақтан су келіп құйылып жатқан алаңқай аумағы ғана таза. Тұрақ тұрған бір алаңқайға шығып, азық-түлігін үстеу үшін жертөлеге жүзіп келіп, шатырына шығып, шаңырағына қолын тығып жіберді 294
де, кептіріп қойған бірнеше құсты суырып алды, қуанғаннан бір үйректі тұтасымен Пеструхаға тастай салды. Риза болған ит рахаттана ырылдап, жата қап оны кеміре бастады. Содан соң ол түнде онкилондар кеткен бағытты ұстап жүзе жөнелді. Ормандағы каналда киіздей боп ұйысқан жапырақ, бұтақ тәрізді су бетіне шығарып тастаған не түрлі қоқыстың арасымен жүзуге тура келді. Жол-жөнекей өлі құс, кішігірім төртаяқтылар кездесті, бір ағаштан жасырынған сусарды көріп қалып, аңшылық құмарлығы қозып кетті де, оны ескекпен ұрып алды. – Жазғы тері болса да құлақшынға жарап жатыр, бәрібір аштан өледі, – деп міңгірледі ол олжаны алып жатып. Терістікке таман жақындай түсіп ол көлдердің онша көпіршімейтінін, судың да онша терең емес екенін байқады, ескек түбіне жетіп тұр. – Қап, Матвей Ивановичтің жоғын қарашы, ол болса ғой, осынша су жердің қай тұсынан шығып жатқанын түсінер еді. Діни жазбаларда айтылғандай, жер тұңғиықтың тігісі сөгіліп, дүниені топан басты. Құдай-ай, тәубе, әйтеуір аспан тұңғиығы аман тұр, жоғарыдан ол сөгілсе – одан сұмдық не бар. Түс ауған соң алаңқай мен каналдардағы су мүлдем таяздап қалды, кішігірім бұталардың басы қылтиып, көл жағаларының қамысы көрінді, қайықты сөгіп алмас үшін ақырын жүзуге тура келді. Сосын қайықтың түбі тиіп, ақыры тоқтап қалды. Горохов түсіп, қайықты жаяу сүйреді. Ұзамай су сәл ғана жасырып тұрған шөппен қайықты сүйреу оңай болсын деп, Пеструханы да түсіріп, қоржынды өз арқасына асып алды. Ақыры ол дымқыл шабындық сияқты бір алаңқайға шықты, су кейбір шұңқырда ғана жалтырайды. Алаңқай табын-табын өгіз, үйір-үйір жылқы, желі-желі бұғыдан сыңсып тұр, аулағырақ бірнеше ұя мүйізтұмсықтар жайылып жүр, кейбіреуі шалғында жусап жатыр, бұта арасында дымқыл топырақты қопарып қабандар қорсылдайды. 295
«Мыналардың қаншама жиналғанын қарашы, ғажайып! – деп таңданды Горохов. – Бейшаралар түні бойы суда шылпылдап, тыным көрмей әбден болдырған ғой. Міне, олардың аңшылары да келе жатыр!» Орман жиегін жағалай бұта сыртында төрт тағандай еңбектеп вампулар жылқы үйіріне жақындап келе жатқанын ол байқап қалды. Жылқы жануарлар көптігіне сене ме, әдеттегіден бейқам тәрізді, вампулар оларға жақындап та қалды. Горохов олардан жиырма адам санады. Бағанадан үріп қолұшын бермесін деп Пеструханың бетін басып, бақылап тұрған ең жақын вампуы бұтадан қырық қадамдай. «Бәлем, бұларды бір қорқытайын! Нажағай мен жасын әлі де бар екенін біліп қойсын!» деп вампудың басынан жоғары алып басып қалды. Түтін тарағанда бірде-бір вампу көзге түскен жоқ, тек бұта бастарының қимылы ғана олардың орманға тығылғанын әйгілеп тұр, о жақта шыққан дауыс бірте-бірте ұзай берді. Мылтық үні алаңқайда да алакүлік сапырылыс туғызды – жатқан жануарлар атып-атып тұрып, бір табын бері, бір табын әрі шапқылады. «Вампулар мұнда болғанда онкилондар онша жақын жүрмеуі керек, – деп түйді Горохов. – Ал бұларды шошытқаным жақсы болды, әйтпесе оларға өзім тап болуым кәдік еді!» Ол қайығын әрі қарай сүйреді, алайда ұзамай жер құп- құрғақ болып кетті, сүрлеуден тастар кездесті – бүйте берсе, түбін тесіп алуы хақ. Келесі алаңқайдың шетінде көзге ерек түсетін, жоғары жағы екі айырық бір бәйтерек бар екен, қайықты ол сонда қалдыруға шешті. Қайығын екі тармақтың арасына қойып, оған қоржынын салып, Пеструханы үстіне отырғызып, қарғысынан байлап қойды, әрі қарай өзі салт бас кетті. Алда екі шақырымдай жерден ол адамдар даусын естіп, түтін иісін сезді. Бауырға дейін ептеп басып барып Горохов бақылауға кірісті. Алаңқайдың әр жерінде от алаулап, оның басында жатқан, түрегеп тұрған онкилондар көрінеді, отта қуырылған еттің иісі якуттын танауын қытықтап барады. 296
Шамасы, бұл араға бүкіл ру, немесе, топан басқан жерден босқан тайпаның басым бөлегі жиналған. Әдеттегідей әр ру бөлек оттың басында отыр. Бақылап тұрған жерінен қиғашырақ бір оттың басына жұрт тіпті көп топырлапты, соған қарап Горохов Амнундак тұқымы осы болар деп түйді, Ол жиек жағалай жасырынып келіп отыз қадамдай жерден рубасыларының ортасында отырған Амнундакты таныды. Олар ойпаттың осы тұрған қу тақыр терістік жағына жағалай қонып, қыс жақын болғандықтан жаппай жертөле салмақ керек пе, әлде судың тартылғанын тосып бұрынғы жайларына көшпек керек пе деген мәселені талқылап отыр екен. «Міне, ақымақтар, – деп ойлады Горохов. – Бұлар әлі су бір жаққа сарқады деп дәмеленіп отыр. Ойпаттың түстігі түгел шүпілдеп аузы-мұрнынан шыққан су екенін білмейді екен ғой». Су кездеспеген жаңағы жердегі сияқты бұл арада да бір шөкім қар жоғына якут тағы да назар аударды. Тегінде қар еріп кетсе керек, себебі мұнда тіптен жылы – топан су ойпатқа жазды қайта алып келген сияқты. Оттың екінші жағында әйелдер мен балалар отыр. Горохов Аннуэнді және басқа келіншектерді таныды, бірақ Раку көрінбеді. «Жесір ретінде ол өз руына қайтып келген жоқ па екен? – деп ойлап, от бастарында отырған басқа әйелдерге көз тастай бастады ол, көсем тұрағына тақау Раку шыққан рудың адамдары әне отыр, алайда арасында ол тағы жоқ. Қайда ғана ұшып кетті екен ол? Бір жаққа кетті ме, әлде ұйықтап жатыр ма? Күте тұрайын. Ұзамай олар ауқатқа отырады, сонда бір жиналуы керек». Аздан соң ет әзір деп әйелдер айғай салды да, барлығы ру-руына тарап, от басына жайғасты, қыз-келіншектер істікке шанышқан ет пен шелпекті үлестіріп тұрды. Ал Раку не Амнундактың, не өзінің тұқымына келген жоқ. Бұл Гороховты алаңдатайын деді, көсемнің тілін алмағаны үшін онкилондар Ракуды өлтіріп тастады ма екен осы деп ойлады ол. Әйтпесе оның ұшты-күйлі жоқ болуын қалай түсінуге болады, әлде 297
ол жер сілкінген кезде құлаған жертөленің астында қалып, қазаға ұшырады ма? – Жолы болмаған деген осы! – деп міңгірледі ол. – Әрлі-берлі босқа сенделіп жүрген екенмін. Ұзамай кетуім керек, күн батысқа еңкейіп те қалыпты. Сол сәт, әлгінде орманнан өзі жасырынған жерге жақын маңнан шыға келген қарулы он жауынгер, оның назарын аударды. Жауынгерлер Амнундакқа келіп, оның аяғының астына вампулардың бірнеше шоқпары мен найзасын тастады. – Ұлы көсем, сен бізді әлгі бір әзірде нажағай шатырлаған маңды тінтіп қайт деп жіберген едің, – деді жасақ басы. – Сен ақ сиқыршылар оралған деп ойлап едің. Бірақ біз ол арадан қисапсыз көп ірі хайуанаттар көрдік те, мыналарды таптық, – деп ол шоқпарларды нұсқады. – Ақ сиқыршылардың не өзін, не ізін ұшырастырмадық. – Қалай дегенмен де олар бізге жақын жерде қаңғырып жүр, – деді Амнундак. – Вампуларда нажағай жоқ. Ал нажағай шатырлағанын жұрттың бәрі жақсы естіді. «Бұларда ит жоғы абырой болды! – деп ойлады Горохов. – Әйтпесе тіміскілеп мені бағана тауып алады ғой!» Алайда оны көсемнің келесі сөзі қатты қобалжытты. – Рубасыларыңа айтыңдар, барлық жауынгерлерді осы қазір айналамыздағы ормандарды сүзіп шығуға жіберсін. Ақ сиқыршылар жақында жүр және жаңа апатты жіберген де солар. Жауынгерлер бұйрықты таратып от жағалап кетті. Ұзап алыс кете алмайтынын сезген Горохов ағаш басына шығып алып, тұзақты тақау маңнан күтуге бел байлады. Ол табан аузында орманға сүңгіп, бір ыңғайлы ағашты таңдап басына шықты, бір жақсысы, бұта арасынан бүкіл алаңқай көрінеді екен. Тармаққа отырып алып ол от басынан жан-жаққа жауынгерлердің қару асынып тұра-тұра жүгіргенін, бауырға келіп қатарласа шашырай тұра қап, орманға кіргенін көрді. Бұл отырған ағаштың оңынан да, солынан да жауынгерлер өтіп жатыр, бірақ бәрі жерді тіміскіп, бұтаның түбін, шоқтың арасын қарап, найзаларымен де түрткілеп жүр. Ол болса 298
қоңыр киіммен биікке шығып, ағашқа жабысқан да қалған, жапырағы жоқ болса да қалың бұтақтар, ағаш басында барын біліп әдейі іздеген болмаса, көлегейлеп көрсете қоймайды. Торға түсіреміз деп төңіректі тінткілеу екі сағатқа созылып, шаршап-шалдыққан жауынгерлер қолына түк те іліктіре алмай қайтып кеп, өз отының басына тыныққалы жайғасқанда күн таудан асып та кеткен еді. Горохов ағаштан түсіп, білдіртпей кеп тағы да көсем тұқымының тұсындағы бауырға жасырына қойды. Бақсының қасында отырған көсемге іздеудің нәтижесіз болғанын баяндады біреу. Ол оған риза болмай, шамданып қалды да, сөзді бақсы алды. – Барлық рубасыларын бәтуаға жина деп әмір бер! – Амнундак әмір берді де, жаршылар от басын аралай жөнелді. «Кәрі қырт сиқыршы тағы да қандай зұлымдық ойлап тапты? – деді іштей Горохов. – Ал Раку әлі күнге жоқ. Әйелдердің барлығы орын босатып, от басынан көтеріле тұрып кетіп барады, Ракуден басқасы төрт көзі түгел осында. Бақытсыз сорлыны жазым етпесе жарайды ғой!». Күллі рудың өкілдері келіп от басына отырғасын, бақсы орнынан тұрып, басын қақшитып, қолын алға жайып жиналғандарға мынадай сөз арнады: – Біздің тайпаға адам айтқысыз алапат бақытсыздық тап келді. Біз бұрын бейқам тыныш тұрып жатқан жерімізге ақ сиқыршылар келгелі жер қаншама сілкініп, қаншама жертөле құлады. Олар келді де, қары кетпейтін, күні жылытпайтын өздеріндегіден мұнда өмір сүрудің жақсы екенін көрді. Мұнда қалың орман, әр алуан шөп, жақсы жайылым барын, жабайы жануарлардың жыртылып-айырылатынын, біздің бұғымыз көп екенін көрді. Көрді де тайпамызды түгел қырып, жеріміз бен малымызды иемденіп алуды көкседі. Сол үшін олар қасиетті көлді суалтып еді, қанды құрмалдық беріп, суын қайтарып алдық. Олар әдейі суық болсын деп, қысты табандатқан бір ай бұрын түсіріп, қарды ерітпей қойды. Ондағысы біз үсіп-жаурап өлсін дегені. Үсіп-тоңғанымыз 299
жоқ, үйімізге от жағып, өзімізді-өзіміз жылытып, ол ойларын да орындатпадық. Сосын олар топан су жіберіп, бізді тұрағымыздан қуып шығуға кірісті, жер қайта сілкініп, жер астынан сел қаптап, баспанамыз бен даламызды алып кетті. Одан да аман құтылдық: аспан иесі – рухтар суы жоқ осы жаққа бағыттап жіберді бізді. Алайда үйлеріміз құлап, малдарымыз бытырап кетті. Бұл қорлыққа қашанға дейін төзуге болады? Қыс жақын, біз құримыз, ак сиқыршылар жерімізді басып қалады. Олар осыны күтіп отыр. Осыны күтіп олар анау мәңгі қардың етегінде отыр да, әлгі қалған біреуі, біз қайда барсақ сонда барып, ізімізді аңдып жүр. Ол осы маңда, бірақ оны таба алмай қойдық. Бақсы тоқтап тыныс алды, жұрттың бәрінін назары соған ауып, бірдеңені тықыршып күтетін тәрізді. – Ақ сиқыршылардың жоқтауын бір-ақ асыратын шақ болды. Біз оларды құрметті қонақ ретінде қабылдап, басына жақсы үй, қойнына жас келіншек салып, дәмімізді алдына тосып жүр едік. Олардың сыйымызға сыйлағаны көз көріп, құлақ естімеген алапат апат болды... Осының бәрі ақиқат емес пе, онкилондар? – Шын, шындық осының бәрі! – деген рубасыларының даусы шықты. – Біз берген қыздарымыздың бірін, олармен анау қарға қашып кеткен қарбаша сияқты тайпаға опасыздық етпек болғаны, ақылға бағынбағаны үшін аяусыз жазаладық та. Сиқыршылардың жерден қасақана шығарған суына батырғанымызда ол көмекке шақырып қанша шырылдаса да, сиқыршы ақ күйеуі қорғаған да, қолұшын берген де жок. Енді біз барлық ақ сиқыршыны ұстап, жеріміздің мейірбан рухына құрбандықка шалуымыз қажет. Ертең тандаулы жүз жауынгер мәңгі қарға жорыққа аттанады. Олар сал жасап, басы көсеміміздің өзі болып судан жүзіп өтеді, бәрінің де найзалары мен жебелері, ал көсемде ақ сиқыршыдан алынған нажағай мен жасын бар. Енді бізде де тең қару бар және біз көппіз, ал олар тек төртеу ғана. Жүз жауынгердің қалайша 300
Search
Read the Text Version
- 1
- 2
- 3
- 4
- 5
- 6
- 7
- 8
- 9
- 10
- 11
- 12
- 13
- 14
- 15
- 16
- 17
- 18
- 19
- 20
- 21
- 22
- 23
- 24
- 25
- 26
- 27
- 28
- 29
- 30
- 31
- 32
- 33
- 34
- 35
- 36
- 37
- 38
- 39
- 40
- 41
- 42
- 43
- 44
- 45
- 46
- 47
- 48
- 49
- 50
- 51
- 52
- 53
- 54
- 55
- 56
- 57
- 58
- 59
- 60
- 61
- 62
- 63
- 64
- 65
- 66
- 67
- 68
- 69
- 70
- 71
- 72
- 73
- 74
- 75
- 76
- 77
- 78
- 79
- 80
- 81
- 82
- 83
- 84
- 85
- 86
- 87
- 88
- 89
- 90
- 91
- 92
- 93
- 94
- 95
- 96
- 97
- 98
- 99
- 100
- 101
- 102
- 103
- 104
- 105
- 106
- 107
- 108
- 109
- 110
- 111
- 112
- 113
- 114
- 115
- 116
- 117
- 118
- 119
- 120
- 121
- 122
- 123
- 124
- 125
- 126
- 127
- 128
- 129
- 130
- 131
- 132
- 133
- 134
- 135
- 136
- 137
- 138
- 139
- 140
- 141
- 142
- 143
- 144
- 145
- 146
- 147
- 148
- 149
- 150
- 151
- 152
- 153
- 154
- 155
- 156
- 157
- 158
- 159
- 160
- 161
- 162
- 163
- 164
- 165
- 166
- 167
- 168
- 169
- 170
- 171
- 172
- 173
- 174
- 175
- 176
- 177
- 178
- 179
- 180
- 181
- 182
- 183
- 184
- 185
- 186
- 187
- 188
- 189
- 190
- 191
- 192
- 193
- 194
- 195
- 196
- 197
- 198
- 199
- 200
- 201
- 202
- 203
- 204
- 205
- 206
- 207
- 208
- 209
- 210
- 211
- 212
- 213
- 214
- 215
- 216
- 217
- 218
- 219
- 220
- 221
- 222
- 223
- 224
- 225
- 226
- 227
- 228
- 229
- 230
- 231
- 232
- 233
- 234
- 235
- 236
- 237
- 238
- 239
- 240
- 241
- 242
- 243
- 244
- 245
- 246
- 247
- 248
- 249
- 250
- 251
- 252
- 253
- 254
- 255
- 256
- 257
- 258
- 259
- 260
- 261
- 262
- 263
- 264
- 265
- 266
- 267
- 268
- 269
- 270
- 271
- 272
- 273
- 274
- 275
- 276
- 277
- 278
- 279
- 280
- 281
- 282
- 283
- 284
- 285
- 286
- 287
- 288
- 289
- 290
- 291
- 292
- 293
- 294
- 295
- 296
- 297
- 298
- 299
- 300
- 301
- 302
- 303
- 304
- 305
- 306
- 307
- 308
- 309
- 310
- 311
- 312
- 313
- 314
- 315
- 316
- 317
- 318
- 319
- 320
- 321
- 322
- 323
- 324
- 325
- 326
- 327
- 328
- 329
- 330
- 331
- 332
- 333
- 334
- 335
- 336
- 337
- 338
- 339
- 340
- 341
- 342
- 343
- 344