Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Published by Jannat Firdays, 2022-01-23 13:33:45

Description: Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Search

Read the Text Version

оларға шамасы, жетпейді? Тең жартысы осылардың майдан алаңында қалсыншы-ақ, тек жеріміз сақталып, бұрынғыдай өмір сүретін болсақ жетіп жатыр бізге! Ақ сиқыршылар құрбандыққа шалынбай тұрып, су жер астына қайта сарықпайды, үйіміз опырылып, малымыз бытыраған қалпында қалады. Айтарымды айтып болдым! – Әп, бәлем, кәрі қырт, қаскөй төбет! – деп бұрқылдады бақсының сөзін есіткен Горохов. – Сен менің Ракуымды суға кетірдің, енді өзімді ұстап алып, бұғы сияқты бауыздағың келеді екен ғой. Әуелі ата-бабаларыңның жанына өзің аттанарсың! Ол мылтығын кезеп, оттың арғы жағында басын қақшитып, қолын көтеріп, сәуегейсіген күйде жалынмен жүзі алаулап, өзіне тұп-тура қарсы тұрған бақсыны көздеді. Нажағай гүрс еткенде бақсы отқа бетімен етпетінен түсті. Үрейден құты қашқан Амнундак пен рубасылар тас боп тұрды да қалды, бақсының елтірі бөркі отқа түсіп, лап ете қалды да, үрпие қарап тұрған әйелдер дауыс салып қоя берді. Кенет, бейнебіреу белгі бергендей от басында отырғандар қолдарын аспанға жайып, бәзбір көмек жайында зарлана бірдеңе айтты да бетін басты, осы аянышты көрініс үш мәрте қайталанды. Сосын Амнундак орнынан тұрып, салтанатты бір мақаммен былай деді: – Ақ сиқыршылардың жасын оғы бақсымызды жайратып салды, себебі бізді бұл оларға қастандық жасауға шақырған еді. Ақ адамдардың құдіреті күшті, оларға қарсыласып күресу біздің қолымыздан келмейді. Бабаларымызды осынау жерге бастап келген ұлы бақсы тап осылай деп көрегендікпен айтқан. Қане, өлікті оттан алыңдар! ҮРЕЙЛІ КӨРШІЛІК Ата салысымен Горохов онкилондар абдырап бірден қуғын ұйымдастыра қоймайды деген оймен тұра қашты, түн оның бой тасалауына мүмкіндік туғызады, тақа болмаса тағы да 301

ағаш басына жасырынады. Бұта-бұтаның арасынан ол күндіз келген сүрлеуіне жүгіріп шығып, мүлкі мен итін тыққан терегін тапқанша кідіріп тұрып қалды. Қуғын көрінсе-ақ қоржын қалған ағашқа шығу керек, көрпе мен азық-түлік аш-жалаңаш болмай, түнді жоқ-жітіксіз өткізуге жағдай жасайды, ал жүкпен әрі қарай шапшаң жылжи алмайсың, суға дейін әлі екі шақырым жер бар. Ол тоқтап тың тыңдады, әуелі бәрі тып-тыныш еді, артынан дабыра дауыс шығып, алыстан алаулар жалтылдады. Тегі, онкилондар шырақ ұстап, мұның соңына түссе керек. Көп ойланып жаппай, Горохов ағаштың басына шықты да, өз мүлкін жоғарырақ көтеруге кірісті. Кездескен тармаққа дұрыс отыра алмай, бәрінен бұрын Пеструха көп әуреге салды, қайықты бір жуан екі бұтақтың арасына орналастырып, қоржынды соған салып, итті үстіне отырғызуға тура келді. Осы шаруаны әрең ыңғайлап біте бергенде, терекке жақын сүрлеуден алау ұстаған бірнеше онкилон шыға келді, оңнан да, солдан да басқалары тағы да көрінді. Ағаштан өте беріп, дымқыл жер мен шөпке қайықтан қалған айқын ізге түсіп қуана айқай салған онкилондар қалғандарын шақырып, қашқынды қуып жетпек дәмемен ізді қуалай тұра жүгірді. Құстың сүр етімен Горохов кешкі ауқатын жасап, итін азықтандырып, қорқорын сорды, ал онкилондар болса нәтижесіз қуғыннан әлі қайтқан жоқ. Ұйқы басып ол ай туғанша көз іліктіріп алғысы кеп, өзін бұтағында отырған ағашқа таңып байлады да, мызғып кетті. Ол ағаштың қатты шайқалғанынан оянды. Бағана таңып қоймағанда құлап та кетуі кәдік екен, өзін-өзі ол әрең ұстады, жалма-жан екі қолымен жүгі бар қайығын да сүйемелдеп жатыр. Не болып жатқаны Гороховтың ойына кіріп-шығар емес, төңірек түгел гүрілдеп-гуілдеп тұр, мана туған айдан аспан жап-жарық, жел жоқ. Әудемнен соң ғана ол жер сілкініп жатыр екен деп ойлады. Терістік жакқа жалт қарап, онда, тіпті жақын жерден сұмдық бірдеңе болып жатқанын көрді: орманның арғы жағынан шудаланған ақ және қара түтін аспанға 302

көтеріліп, сол тұстан құлақ тұндырған гүрсіл естіліп, ыстық жел есіп, тынысты тарылтты. – Оу, аспан падишасы, анау не?! Жер жарылып, от атылып жатыр ғой! – деп жалбарынды Горохов. – Суға, суға жүгіру керек! Ағаш ылғи шайқалып тұрғандықтан қоржынды, қайықты және итті кезек-кезек жерге әрең түсірді. Жерде аяғымен тік басып тұрудың өзі қиындап қапты. Мас адамдай теңселіп Горохов қайығын жермен, сосын саяз сумен зорға сүйреп келеді. Ауық-ауық ағаш бұтағын сындырып, бірде оң, бірде сол жағынан суға бірдеңелер түсіп жатыр. Гүріл тынбай, ауа тымырсықтанып, ыси түсті. Ақыры, су қайыққа отыратындай болып, қашқын опат құшағынан бірте-бірте алыстай берді. Үлкен алаңқайға шығып ол шудаланған түтін мен бірде онда, бірде мында сумаңдаған нажағай салған от іспеттес шапақ көрді. «Мына тозақ отында онкилон сорлылар құритын болды ғой! – деп ойлады ол. – Тағы да бәрін ақ сиқыршыларға жауып, бақсымызды өлтіріп, сосын бүкіл жұртымызды қырғынға ұшыратып жатыр дейтіні даусыз». Саяз су баяу толқып, тереңдеген сайын толқын күшейіп, қайықты оңды-солды лақтыра бастады. Он шақырымдай жүзіп әбден шаршаған Горохов таң атқанға дейін тынығып алар жер қарастыруға айналды. Толқыны әсіресе қатты шулаған үлкен алаңқайдың шетінен ол судан шығып тұрған жертөленің қалқасын көрді, жер сілкінуі сел басқанға дейін оның жақтау қабырғаларын құлатып, ал орталық төрт аша жерге қағылып, үргімен ұстастырылған қалпы жапқан шатырымен дін аман тұр екен. Қалқаның өзі судан бір метрдей биікте болатын, толқын жетер түрі жоқ. «Тынығып алатын жер тап осы!» деп ойлаған қашқын қайығын тура солай қарай есті. Әупірімдеп жүріп заттарын жоғары шығарып, итті мінгізіп, өзі көтерілді де, қасына қайығын алды. Көрпесін дымқыл шымға төсей салып, 303

терістіктен естіліп жатқан гүрсіл мен толқын шуына қарамай ұйықтап та кетті. Таң ата оянған ол жүзуді әрі қарай жалғастыру үшін бағдар алғалы жан-жағына қарады. Түнде толқын басылып, су бетінде айдын айнасын шайқап сәл діріл ойнайды. Жасыл төбе тәрізді әне бір аралшық және тұр. Жанындағы биік бәйтерекке қарап Горохов оның өздерінің жертөлесі екенін таныды, терекке қашқан түні паналап шыққан-ды, ал бүгінгі түнді Амнундак үйінің шатырында өткізіпті. Тамағын асығыс ішіп, қайығын суға түсіріп, алдыңғы жағына отырғызайын деп Пеструханы шақырды. Ит шатырдың орта тұсында түтін шығар шаңырақтан төмен үңіліп, әлденеге ырылдап тұр. – Әй, төбет, одан не көріп тұрсың, балық па? – деп сұрады, орнынан қозғалғысы жоқ иттің қасына келіп Горохов. Шаңырақтан ішке көз салып, тұла бойы түршігіп кетті оның. Бір ашаның басында судан адамның екі қолының саусақтары шығып тұр. – Құдай сақтай гөр, біреу-міреу суға кеткен бе! Бір саусағында жылтыраған күміс жүзік Гороховқа таныс тәрізді көрінді. Онкилондарда күміс жүзік жоқ, күйеулерінен тек ақтардың ғана әйелі сондай сақинаны сыйға алып, оған өте-мөте мақтанып жүретін. – Оһ, жендеттер, мынау Раку ғой! Басқа әйелдер анда, әлгі кәрі төбет опасызды суға батырдық деп еді. Горохов қайыққа түсіп, қол көрініп тұрған ашаға жүзіп барып еді, білек білезікке дейін діңгекке тас қып байланып тасталған екен. Ол байланған белбеуді кесіп жіберіп, сіресіп қалған саусақтардан тартып еді, су бетіне қолы, содан соң шашы, ақыр аяғында басы шықты, өңі бозарып, көзі ашық қалыпты, жасқа толы көрінген осынау көздер якутқа кінәлай қарайтын сияқты. Ол дауыстап жіберіп, кейін серпілді де, келіншектің саусағы қолынан шығып кетіп, лай суға әуелі басы, содан соң қолы сүңгіп, пәк тұлға су түбіне батып, жоқ болды. 304

«Бақытсыз бейшара! – деп ойлады якут. – Олар оны түнде маған қашып кетпесін деп ашаға таңып қойған ғой, ал сосын су келгенде жертөледе ұмыт қалдырып, не қасақана тастап қашқан да, бұл суға тұншығып өлген». Жертөлеге су кіріп, талшыбық денемен бірте-бірте көтерілген кездегі Ракудың халін көз алдына келтірді, бар күшімен бұлқынып, жанұшыра көмек шақырғанда ғой, меңіреу қараңғылықта су сыбдыры ғана жауапқа қатып, кеудесіне, тамағына, ақыр аяғында аузына жетіп, ақтық үнін шығарған жұтқыншағына құйылып, тұншықтырып тынды. Ал бұл ғой, онда осы арада жақын жүр еді, алғаш оны онкилондар кетісімен іле құтқарып алуына әбден болады екен. Алайда ол тек су қаптағанда ғана айғайлай бастаған шығар, бұл болса онда көлде жүзіп жүрген-ді. Оның денесін алып бір араға көмгісі де келді, бірақ құрғақ жерді қайдан таппақ, жалғыз-ақ жол ойпат сыртындағы қар ғана. Ақылы алтау, ойы жетеу болған ол шақырғаны үшін ыңғайсыздау жағдайда қалған Пеструханы алып, заттарын салып түстікке қарай тартты. Ол серіктерін әлі де қуып жетермін деген үмітпен ескегін екпіндете есті де, көл мен каналдың терең тұнық суында жеңіл қайық жұлындай ұшты. Міне, қара құздардың саясында ақ күртік пен айшықталған ойпаттың жиегі де көзге шалынды. Ал терістікте бұрынғысынша ақшыл және қошқыл бұлттар шуда-шуда шұбап, ауық-ауық жарылыс гүрсілі естіліп тұр. Орман да бітті. Горохов күртікті шая бастаған жиектің таза суына да жүзіп шықты. Бұл арада да бәрін су басып кетіпті. Жолдастары қайда? Кетіп қалғаны ма? Әлде суға кетіп, опат болды ма? Күртік үстіндегі алаңда тірі пенде көрінбейтіні несі? Әне, жар-құз жотасында көгілдір аспан сүлесінде бір адам қараңдайды. Горохов бар дауысымен барқырай айғай сап, ескегін бұлғады, Пеструхасы абалады. Мұны көрді – енді ол құтқарылды! 305

Күртіктің етегіне дейін жүзіп кеп тоқтады да, иті мен мүлкін түсіріп, жүгін арқалап алып баспалдақпен біртіндеп жоғары көтерілді. Кенет оның қарсы алдынан терең сай шыға келді, әрі қарай жол жоқ. Қараса сайдың арғы жағына Горюнов пен Ордин де келіп қалған екен. – Уһ, әйтеуір қуып жеттім-ау сіздерді! – деп айқайлап жіберді Горохов бар жүгін мұздың үстіне қойып жатып. – Ал көрге түспеді демесе, өзімнің де көрмегенім жоқ. – Мұздан түсетін және шығатын баспалдақ ойып болғанымызша біраз күтуіңе тура келеді, – деді Горюнов. – Міне, ор керек болса! Немене, қуғын кеп қалады деп орлағансыздар ма?.. Иә, бұл ордан өту оңай емес, – деп Горюнов ернеуі де құлама мұз, биіктігі бірнеше метр терең сайға таңырқай қарады. – Ойып жату ұзаққа кетер... Қане, арқан бар ма, маған лақтырыңдаршы. Қажет болып қала ма деп ала салған арқан бар еді, соның тас байлаған ұшын олар Гороховқа лақтырды. Ол арқанды өзіне тартып алып, оны екі қабаттап заттарын сай табанына түсіре бастады, сосын жіптің бір ұшын босатып, жүгін төменде қалдырды. Осы әдіспен көрпе мен қоржынды да түсірді, ақыр аяғында арқанды қарғысына іліп Пеструханы да зыр еткізді. Мойнынан ілінген ит алғаш қырылдап тынысы тарылып еді, сай табанына қалай түскенін де білмей қалды. Бәрі көзді ашып-жұмғандай тез өтті. Енді өзі түсуі керек болды. Жар жағасында мұзға ендеп кірген кесек базальт қойтас жатқан-ды, якут арқанды соған орап, мұз қабырғамен сырғып түсті. Тереңге жеткен соң жіпті бір ұшын қоя беріп тартып қалып еді, арқан оралып аяғының астына кеп түсті. Жоғары көтерілу онша қиынға түскен жок, күтіп тұрған екі адам якутты да, оның заттарын да, итті де әп-сәтте шығарып алды. Әрине, салмағы ауыр өзін көтеру ғана сәл қиын болды. Жоғары шыға сап ол жолдастарының құшағына қойып кетті. 306

– Құдая, тәубе, жеттім-ау! Бұл арадан ешкімді ұшырата алмаспын деп ойлап ем. Шынында да, Горохов орманнан бірер минут кеш шыққанда ол жолдастарын, сөз жоқ, көре алмай қалатын еді. Қалған екі нартаның екеуі де түстік жақ еңісте тұрған- ды, Никифоров иттерді жегіп болып та қалған. Ол жегіп болғанша деп Горюнов пен Ордин жотаға тағы бір қайта оралып шығып, Санников жерінің ойпатына ақтық рет көз тастап тұр еді. Су мен лава тасқыны астында екі аяқты, төрт аяқты күллі тұрғындарымен бірге көз алдында құрыған осынау аралға бұлар қаншама еңбек аптасын сарп етті. Қыруар бағалы байқауларды жиып-ақ алып еді, амал не, барлық еңбектің жемісі арал кемерінде өткізген соңғы сағаттардың ішінде экспедициянын бір мүшесімен бірге опат болды, ал екінші бір мүшесі өз еркімен ойпатта қалып отыр, ойға салса, әрине, ол да аман емес. Төмен тұрған күннің шұғыласымен құздың қара кемерінде ойпаттың шалқар көлі күмістей жалтырап, алдында алашабыр аралдар мен қара орманның бұрымы бұлдырайды, ал терістікте бұрқыраған бу мен түтін шымылдығының ішінде Санников жері мен онкилондар тайпасының басына түскен драманың ақырғы актісі жүріп жатты. Ордин аман қалған ақырғы фотопленкасына ғылым үшін ашыла түсіп, ақтық мамонттарымен, мүйіз тұмсықтарымен, алғашқы қауым адамзатының өкілдерімен бірге құрдымға кетіп бара жатқан әлемнін қайғылы көрінісін түсіріп алды. Суретті түсіріп алып, ол аппаратын орап алғалы кетті де, Горюнов сәл тұрып қалды, сол-ақ екен, орманнан жүзіп шыға берген Гороховтың қайығын көзі шалып қалды. Осынау кездейсоқ бақыт болмаса, якут серіктерін жуық маңда қуып жете алмас еді. Жоғары көтеріліп келе жатып Горохов жердің үңірейген жарығын көрді, Костяковтын қазасын естіп, өзінің сәті түсіп оңай құтылғанын түсінді. 307

– Маңдайым жарылып тусам керек, Матвей Иванович, – деді ол жотада сәл кідіріп. – Осы екі күнде мен қанша рет қабірдің аузына барып қайттым, ал аман-саумын, сорлы Раку менің қырсығымнан суға кетті, әу баста бір сол деп қалдым ғой мен бейбақ. Павел Николаевич пен оның топырағы торқа болсын! Ол бас киімін алып қаншама адамның зиратына айналған Санников жері жағына үш мәрте тағзым етті. Бұл күні жиһангездер онша ұзай алмай, аралдың түстік еңісінің етегіне тоқтады. Ашық теңіз жағасына саяхат мұздың былқылдап жатқанын, алғашқы дауылдан-ақ ойран-ботқасы шығатынын аңғартты. Сенімдірек өткел қарастырып шығысқа қарай тарта беруге тура келді. ТАҒЫ ДА МҰ3, ТАҒЫ ДА ТЕҢІЗ Жиһангездер оңтайлы өткел іздеп бір апта бойы шығысқа қарай жылжыды, алайда қайда болсын мұз берік емес, жаз өтіп шуақпен аяз алмасып тұрса да, теңіз толық қатпай, жылыда еріп жұмсарған сіреу сеңдердің де беті тегістелмей қойды. Қыстың басын күте тұруға тура келеді, ал ол үшін Толльдің салған лашығы бар, отқа жағуға жағадан салынды ағаш жинап алуға болатын, тіпті ақ аю мен терістік бұғысын аулап азық-түлік толықтыратын Беннетта аралына жету керек. Бақытқа қарай Санников жері мен арал арасындағы мұз жазда бұзылмай аман қалыпты, соның арқасында терістікке қарай шағын ғана шеңбер жасап, он күнде Беннеттаға да келіп жетті. Никифоровтың жаздай жинаған қорынан иттерге деп алған ет таусылып, соңғы үш күн бойы отын болмай қалған кез еді бұл. Түнерген құз-тасты қу тақыр Беннетта аралы Санников жерінен кейін жиһангездер көңілін құлазытып-ақ тастады. Алайда олар аралдың күңгейінде, тұщы сулы бұлағы бар шағын алқаптың сағасында тұрған Толльдің тар лашығына да қуанып қалды. Бұл арадан бүкіл аралды алып жатқан үсті 308

тегіс адырға шығып тұруға болатын. Салынды ағаш жеткілікті- ақ екен, алайда аң аулаймыз деген үміт ақталмады. Бұғы жоқ боп шықты, ал аю көзге түспеді. Басқаларын азықтандыру үшін иттерді біртіндеп өлтіре беруге тура келді, бір нарта жоқ болғандықтан бір жегін артық еді, әуелі сол желінді. Олар осылай он күн амалдады, алайда жағдай өзгерген жоқ, сентябрь туып қалғанына қарамай жаз қаз-қалпы, мұз бұзылып, еріп жатыр. Адамдардың азық-түлігі де таусылуға тақады. Аннуирді лашық пен иттерді күзетуге тастап, күн сайын төртеуі түгел аңға шығады, ұзындығы он алты шақырым, ені ең кең шығыс бөлегінде сегіз шақырым аралды ерсілі-қарсылы кезгенімен, анда-санда қарға мен шағаланың өзін әрең әкеледі. – Мәселе былай, жолдастар, – деді бір күні Горюнов. – Бұдан әрі күтудің жолы да, жөні де жоқ, бүйте берсек, мұз қатып, нағыз қажет кезінде иттердің қарғы бауын ғана ұстап қаламыз. Барометр бірнеше күннен бері керемет жоғары тұр, теңіз тыныш, дауыл күтудің жөні жоқ. Жылы киім мен мылтықтан басқа затымыз шамалы, иттердің жарым-жартысы ғана қалды, ішіндегі ең таңдаулы бес-алтауын қалдырып, өзгесінен арылсақ, бәріміз де байдаркаға сыямыз. Күннің тымығын пайдалансақ, Қазандық аралына екі тәуліктің бағдарында барып та қаламыз, ал онда бәрімізге де жетер азық-түлік бар, ауа райы өзгерсе, қысты да күтуге болады, әйтпесе соны жағалап, тура құрлықтың өзіне қарай жүреміз. Талқылай келіп олар осы жоспар әбден дұрыс деген тұжырым жасады: күн әжептәуір ұзақ – он екі сағаттан артық, ескекті алмаса есіп, теңізбен Беннеттаға ең жақын Жаңа Сібір аралындағы заңғар мүйісіне дейін жетпіс мильді бір күнде, тақа болмаса, арада көшіп жүрген мұз шоқылардың біріне қонып екі күнде жүзіп өтуге жағдай бар. Әрине, кенеттен дауыл көтерілсе, қайықты суға батыруы да ықтимал, ал қатер теңіз жаңа қатқан кезде кейін де төнбей қалмайды, онда октябрь айында тек екі сағаттай күн ұзақ, оның есесіне мұзды қирататын жел жиі болады. 309

Сонымен, кешке дейін барометр төмен түспесе, артық иттерді өлтіріп, қалғанын шеңбірек атқыза тойдырып, бөлек- салақ мүлікті лашыққа тастап жолға шығуға келісілді. Осы мақсатпен жүк мұқият қайта іріктелді. Кешке қарай барометр тағы да көтеріліп, жүрек сыздап қимағанмен де қаншама уақыт адал қызмет еткен бірнеше итті құрбан етуге тура келді. Әрине, Крот, Белуха, Пеструха аман қалды. Таң қылаң бере жиһангездер меймандос лашықты тастап, ашық теңізге дейін байдарканы мұзбен сүйреп күн шыға бағытты тура шығысқа ұстап жүзіп берді. Қайықтың жүгі ауыр болғандықтан, қарқын ойдағыдай болған жоқ. Күн батқанша орта жолдан сәл ғана асты. Теңіздің ортасында көшкін мұз жиі кездесіп, жүзе беру қатерлі болды. Үлкен бір мұз алаңын тауып, ат басын тіреуге тура келді, сонда түнеп те шықты. Күн ұясына қонар кезде көкжиектен заңғар мүйісі ап-айқын көрінді. Таң ата тұрып, әрі қарай тартты. Күн әбден жарық болған кезде Никифоров пен Горохов қиырға көз тастап тұрып қосарлана дауыстап: – Мына қызыққа қара – түнде бізді мына мұз бір жаққа біраз апарып тастапты! – деді. – Қай жаққа? Қайда? Жер көрінбей ме? – деп сұрады Ордин. – Жер ме, жер көрініп тұр ғой, бірақ кешегі көрінген емес. – Сонда бізді қай жаққа апарып тастауы мүмкін? – Бәлкім, шығысқа қарай сырғытып тастаған болар, онда біз Жаңа Сібірдің шығыс бөлегін көріп тұрмыз, ал батысқа сырғытып жіберсе, алдымыздағы Фадеев немесе Қазандық аралының өзі, – деді Горюнов. – Алыстан айқын емес, – деді Горохов, – қай арал екенін айырып болмайды. – Мейлі, қайсысы болса, онысы болсын барып жетуіміз керек, барометр түнде түсе бастады, асыққан абзал! – деп ескертті Ордин. 310

Күн жоғары көтеріліп, теңіз үстіндегі шарбы тұман айыққанда дүрбісін алған Горюнов әлгі жерді шолып: – Ал, қане, қырағы көз Никита! Көз алдыңыздағы қай жер? – деп сұрады. Горохов көзін күннен көлегейлеп қарап жіберді де: – Қазандық аралы! – деді бірден. – Дұрыс! Мұз да бізді арал жағалауындағы қатерлі жерлерден құтқарып кетіпті ғой түнде. Енді біз тура өз қоймамызға барып тоқтаймыз. Шынында да түске қарай көрініп тұрған Қазандық аралы екеніне еш күмән қалған жоқ – оның кескінін бәрі таныды, өзгергені тек көктемде қозғалмай жатқан қарының түгел дерлік кетіп қалғаны ғана. Күн батар алдында аралды көмкеріп тастаған мұзды белдеуге кеп тоқтап, сеңгір сеңдер арасымен бес шақырым бойы нарта сүйреп келе жатып, олардың көктем күндерін еске түсіруіне тура келді. Екі іңірдің арасында терістік мүйістегі қоржын тамға да жетті. Қоймадағылар түгел емес екен, шамасы, жаз аралда аңшылық еткен кәсіпкерлер, азық-түлікті, әсіресе кепкен сүр балықты пайдаланса керек. Алайда қалған бірді-екілі итке азық шаш етектен еді. Келесі күні ауа райы ашық болды, бірақ күннің шұғыл құбылуынан хабар беріп, барометр күрт түсіп кетті. Тағдырды ылғи сынға сала берудің реті жоқ, олар шыдай тұруға бел буды. Айтқандай-ақ түнде дауыл тұрып, ал таңертең қар үрді де салды, ізінше аяз басталып, бірден қыс түсті. Боран жебей соғып, қыркүйектің аяғына дейін созылды, бірақ итке ас-су, адамға азық-түлік, жағуға отын жеткілікті еді, жиһангездер жылы тамда жата берді. Үйге жол алыс әлі, алайда басты бөгет – ашық теңізден бұлар өтіп алған-ды. Кездейсоқ ашық күндердің бірінде бәрі мүйістегі биікке көтеріліп, көкжиекте әрең көрініп тұрған Санников жеріне қарады. Онда не болды екен? Жарылыс тынды ма? Ойпаттан су қайта сарқылды ма? Әлде жанды атаулының бәрі құрып, бірнеше жылдан соң су мен қардың астында қап терістік 311

мұздарының арасындағы молшылық өмірдің ақтық тірегі – орман да жойылып кете ме? Сонау шалғай жерге, әрқайсысы, әсіресе Аннуир, қымбат қимасын қалдырған жерге, бәрі мұңая қарады. Бойына шап-шақ келген Костяковтың жылы киімін кигенімен, Аннуир дағдыланбаған қатты суықтан жапа шегіп жүрді. Ол артта қалған атамекенін, үйреншікті тұрмыс- жағдайын, опат болған тайпаластарын ойлап жиі мұңаяды. – Сонда сіздің жердің бәрі осындай суық па, қалайша қар мен мұздан басқа түк жоқ? – деп ол қасындағылардан талай мәрте сұрады. Қазанның басында әбден орныққан қыс сапарды әрі қарай жалғастыруға, әрине, нартамен жалғастыруға жағдай жасады. Ауырырақ нартаны иттер, жеңілірегін кезектесіп екі кісі сүйреді. Күн қысқа, ай жарық болғанда түнде жүруге тура келді. Аюлы мүйісіндегі тамда мұзды бұзып кеткен боранның ақырын күтуге тура келіп, кейін қатерге бас тігіп, Кіші Ляховскийге жұқа мұзбен бару керек болды. Ал Үлкен Ляховскийде боранның ақырын екі дүркін күтуге тура келді. Бар мәзір, азық-түлік таусылуға айналды, оның есесіне нарталар жеңілдеп қалды. Әбден шаршап-шалдыққан, қасында тірі қалған үш-ақ иті бар жиһангездер тек қазанның ақырғы күндері ғана Казачьеге келіп жетті. АКАДЕМИК АЛДЫНДА Алыс жолдың ауыртпалығы мен азабынан айығу үшін жиһангездер Никифоровтың үйінде бір апта бойы дем алды, тек тамақ ішуге ғана тұрып, ұйықтай берді, ұйықтай берді. Оның үстіне қысқы поляр түні мен сақылдаған сары аяз, осынау самарқау өлке тұрғындарын енжар тартқызып, қызу қарекетке мойнын жар бергізбеді де. Анқау Аннуирге екі жүзге тарта ғана үйі бар күйкі Казачье керемет бір шаһардай әсер етті, себебі ол шатырлы үйлерді, мұржалы пештерді, терезе, үстел, орындық, кереует дегендерді тумысында тұңғыш рет көріп, жерден басқа орында отыруға, 312

ұйықтауға болатынын, тізерлемей-ақ тамақ ішу мүмкін екенін алғаш біліп отыр, кейбірі күлкілі, тіпті керексіз сияқтанғанмен, үйренуге тура келгеннің бәрі оған таңғажайып тәрізді. Қыруар жаңалық ашқан, алайда бір адамы өліп, күллі коллекциясы мен қазбаларынан қапияда айырылып, ақыры қайғылы біткен экспедицияны Казачьеге келуімен тәмамдалды деп санап, академик Шенкке жазбаша толық есеп жіберіп, Горюновтың кез келген жерде қалуына болатын еді. Бірақ белгісіз біреуге, құрғақ қиял сияқты ұсынысқа сеніп, қаншама қаржысы мен құрал-жабдығын тапсырған осынау оқымыстыға Горюновтың сый-құрметі мен ілтипаты ұшан-теңіз болды. Сондықтан оған өзі барып, әңгімесін экспедицияның екінші мүшесінің сөзімен куәландырғысы келді. Және құрал-жабдықтарды қайтарып, нарта, қайық, мылтық, шатыр сияқты бұйымдарды сатудан түскен ақшаны тапсыру қажет. Ол бұйымдардың басым бөлегін жақсы нарта мен мылтықтың нарқын білетін Горохов пен Никифоров алды. Шенк бергеннен қалған азын-аулақ тиын-тебенді қосқанда барлығы мың сомдай ақша жинап, Горюнов, Ордин және Аннуир Верхоянскіні басып Якутскіге жол тартты. Алайда мұнда бөгет тап болды: Ординнің кесімді күні біткен жоқты, сондықтан айдаудағы адамды босатуға губернатор келіспеді, қысқы ұзақ жолға жүрегі дауаламаған Аннуирдің жалғыз барғысы және келмеді. Ординге Якутскіде қалуға рұқсат етілді, бұл қала Аннуирге ғажайып заттардан аяқ алып жүре алмайтын байтақ бір астанадай әсер етті, оған мысық пен сиыр, шанаға жегілген аттан бастап, балға киетін көйлек пен граммофонға дейінгінің бәрі таң, бәрі таңсық. Горюнов Аннуирдің денесіндегі өрнек-таңбасын түгел көрсетіп, жалғыз-ақ белдемшемен түскен суретін ғана алып, оған Санников жерінің аттанар алдында жотадан түсірілген бейнесін, біраз тау жыныстарын (арасында Беннетта аралынан да бар) қосып, жалғыз өзі аттануына тура келді. Желтоқсанның аяғында ол астанаға жетіп, бірден Шенкке келді. 313

Санников жерінің ашылғаны, оны ашушылардың оралғаны туралы қысқаша телеграммадан біліп отырған академик ғажайып саяхаты туралы баяндамамен академия және оқымыстылар қоғамы алдына шығару үшін Горюновтың келуін сабырсыздана күтіп жүр еді. Алайда Горюнов өзінің ауызша баяндамасын оңаша тыңдауын өтінді. Міне, бұдан бір жыл бұрынғы сол баяғы бөлмеде Шенк Горюновтың әңгімесін бір кеш тыңдады. Әңгіме «Тас боп қату дәуірінің» тірі көзі мамонт, мүйізтұмсық, өгіздер жайына ойысқанда жүзі бал-бұл жайнап академик дауыстап жіберді. – Әрине, оларды өлшеп, суретке түсіріп, осынау тамаша жаңалықтың белгісі болар бірдеңе әкелген шығарсыз? Онкилондардың және палеолит адамының болуы да олардың тұрмысы мен ғұрып-салты жайындағы мағлұматтар сияқты оны баурап алды. Санников жері мен оның тұрғындарының ақтық күндері жақындағанда аянышты да ауыр оқиғаны баяндар алдында Горюнов кідіріп қалды. Мұны әңгіменің біткені деп білген Шенк сөзге араласты: – Сіздер күнделік, сурет, тіпті хайуандардың бас сүйегі мен онкилондардың, тағы адамдардың үй әбзелдерін ала келген шығарсыздар! Міне, біз баяндаманы осылай құрып, сенбейтіндердің көмейіне су құямыз. – Иә, соның бәрі де бізде бар еді, бірақ бәрін де құртып алдық! – Не айтып тұрсыз? Бәрің бәрін құртып алдық дейсіз бе? Шенк әңгіменің аяғын толқи отырып тыңдады да, суреттерді, тау жыныстарын көріп сөйлеп кетті. – Сонымен, көзімен көрген төрт адамның айғағы бойынша Санников жері бар, ол Қазандық аралынан терістікке қарай шамамен жүз шақырымдай тұрады, жақында қайта атқылай бастаған сөнген жанартаудың алып кратері деп білеміз ғой енді оны біз. Осының негізінде академияға қозғау салып, ол жерге жедел барып, зерттеп, тұрғындарынан не қалғанын 314

анықтау үшін таяу уақытта керек-жарақпен, ғылыми күшпен толық жарақтанған экспедиция аттандыруға атсалысамын. Әрине, шарамыздың табысты болуына тәжірибелеріңізбен жағдай туғызу үшін оған сіз екеуіңіз де қатысасыздар емес пе! – О, әлбетте ғой! Ал академия мен оқымыстылар қоғамындағы баяндама не болады? – деп сұрады Горюнов. – Қазір ол істі тек бүлдірер еді, – деді Шенк. – Сіздің айтқаныңыздың керемет ғажайыптығы, тіпті миға сыймайтындығы сондай, олардың бәріне бұлтартпас дәлел керек екеніне өзіңіз де келісерсіз деп ойлаймын, ал тыңдаушыларға айғақ қып көрсететіндеріңіз тіптен аз. Мынау өрнек-таңбалы келіншектің суретін көрсе, олар бұл эскимос не чукча әйелі дейді. Себебі олар да үйінде жалаңаш жүреді, денесіне осындай өрнек-таңба салады, кескін-келбеттері де ұқсас. Ал мынау Санников жерінің жотасынан алынған базальтқа қараңыз, мұның Беннетта аралынікі, болмаса киелі Тұмсықтыкі емес екенін немен дәлелдейсіз? Анау көлі мен жанартаудың атылғаны түскен ойпаттың суретінен ештеңе айырып білуге болмайды. Коллекция тиелген нарта құлаған жерде суретті көбірек, анығырақ түсірмедіндер ме? – Себебі біз барлық пластинканы ойпатта адамдарды, жануарларды, табиғатты түсіріп алу үшін көп жұмсадық та, кассетте кездейсоқ қана біреуі қалыпты. Мына әйелді суретке мен Якутскіде түсіріп алдым. – Өкінішті-ақ! Жотадан түсірілген сурет, сондай-ақ Беннетта аралының бедері болса, олар дәлел бола алатын еді. Ал былайша сендерге ешкім де сенбейді. – Маған енді сіздің де сенбегеніңіз бе? – деді қапаланған Горюнов. – О, жоқ, мен кәміл сенемін, – деді оны жұбатуға тырысып Шенк. Сіз айтқанның бәрін ойлап шығару мүмкін емес. Ал басқалар сенгісі келмей: алжыған ақымақ шал қайдағы бір белгісіз жер ауғандардың бөспе сөзіне сеніп, ақшаны ұстатып қоя берді. Олар болса, ақшаны шашып- шашып, ақыры ақталу үшін қайдағы бір қиял жер, оның 315

ғажайып тұрғындары туралы кішкентай балаларға арналған қызықты әңгіме шығарып, оны аңқау Шенкке әкеп ұстата салды, – деп сан-саққа жүгіртері шәксіз. Жоқ, онан да әзірше үндемей тұра тұрайық. – Әзірше? Қай кезге дейін? – Сіз қатысатын жаңа экспедиция ол жерге барып, алып кратерді, қарық болған орманды, жаңа жанартауды, адамдар мен жануарлардың сүйегін тапқанша үндемейміз. Тапқан соң документтер, жаңа экспедицияға қатысқандар растайтын баяндамамыз толық сеніммен қарсы алынып, қырсықты Санников жерінің тұрғындары, олардың өмірі мен опат болуы туралы ғылымға тың мағлұмат енгізесіз. – Иә, айтқаныңыз дұрыс! – деді Горюнов. – Солай жасау орынды әрі мақсатты болар. Әрине, сізді де, өзімді де ұятқа қалдырғым келмейді. – Ал, – деп сөзін әрі қарай сабақтады Шенк, – өткен күн естегіні көмескілендіре бермек. Көргендерің көңілінде сайрап тұрған кезде соның бәрін, саяхаттың барысын мына мен үшін қағазға түсіру керек. Мен оны бір оңтайлы уақытқа дейін сақтап қояйын. – Әрине, мен мұны міндетті түрде жазамын. Бұл қасиетті борышым ғой. Беннетта аралында қоржын тамда отырып және Якутскіде аялдағанда азын-аулақ жазғандарым бар. Енді оны жүйелеп баяндап екі-үш аптада алдыңызға алып келемін. Ал мынау – мырзалықпен сіз бере салған ақшаның есебі мен қалған-құтқан тиын-тебен. Шенк есепті қарап шығып, ақшаны Горюновтың өзіне қайтарды: – Байқаймын, Ордин екеуіңіз де өздеріңізге тәбәрік қалдырмаған сияқтысыз. Бұл дұрыс емес, әрбір еңбектің ақысы болуы керек. – Алайда біз сізге қиял-ғажайып әңгіме мен жиырма шақты тастан басқа түк те әкелген жоқпыз ғой, сондықтан сый-сияпат дәметуіміздің өзі ыңғайсыз және оған татымаймыз да. 316

– Былай, бауырым, ақшаның қалғанын қайтарып, болған оқиғаны баяндау үшін ерінбей-жалықпай сонау он мың шақырым шалғайдан әдейі іздеп келуіңіздің өзі сендердің шын сырларыңа күмәнім болғанда да оны жойып жіберер еді. Жоқ, сіздер аса қиын міндет атқардыңыздар, оның нәтижесінен айрылып қалуларыңыз да өз кінәлеріңіз емес. Мұндай-мұндайлар талай болған: коллекция мен есеп алып келе жатқан кемелер суға батып, экспедицияға қатысушылар әрең жан сақтап қалған жағдай аз емес. Міне, сіздер де сондай кеме опатына душар болғансыздар. Поштамен жіберген коллекциялардың да жоқ болып кететіні бар. Жо- жоқ, сіздер тарту-таралғы алуларыңыз шарт. Оның үстіне маған деп есеп жазып, осында біраз тұруыңыз керек, ал астананың тұрмыс нарқы қымбат. Ақшаны тым құрмаса сол есебіңіздің қаламақысы ретінде алыңыз. Шенктің көңілін қалдырмас үшін Горюновтың ақшаны алуына тура келді. Ұзамай ол есебін тапсырып, жаңа экспедицияға жақсы әзірлену үшін университетке түсті. Өкінішке орай, сол экспедицияның сәті әлі күнге түскен жоқ. Жапониямен арада соғыс басталып кетті де, академия қажетті қаржысын ала алмай қалды. Соғыс аяқталысымен жобаны жүзеге асырудың алғашқы адымын ғана жасап үлгерген Шенк дүние салды. Солтүстік Сібірді зерттеуге түрткі салар кісі қайтып шықпай, ол мәңгі ұмытылды. Хабарды Шенктен құр босқа күтіп, Горюнов пен Ордин басқа шаруамен шұғылданып кетті. Алайда Академия архивындағы Шенк қағаздарының арасында сақталған есеп осы кітапты жазуға мәйекті материал болды. Бәлкім, бұл жаңа ұрпақтың біреуінің кеудесінде тылсым жатқан Санников жеріне деген құмарлық отын тұтандырып, Солтүстік теңізінің байтақ мұз алқаптары арасынан оны іздеп шығуға құлшындырар. 317

СОҢҒЫ СӨЗ Горюнов пен серіктерінің Санников жерінде бастан кешіргендерімен таныса келіп, жас оқырманның авторға мынадай сұрақтар қоюы заңды: Солтүстік поляр теңізінде жасырынып жатқан осынау жер жалпы бар ма еді? Себебі бұл кітап – ғылыми фантастикалық роман ғой?.. Оқырманның бұл сұрағына автор: осынау беймәлім жерге саяхат шынында да ойдан шығарылған деп жауап береді. Ал осы кезде Санников жері бар ма деген мәселені Арктикада жүргізілген жаңа советтік зерттеулер шешіп берді. Санников пен Толльдің бақылауларына қарағанда, бұл жер жүз жыл шамасы бұрын болған да, бертін келе жойылып кеткен. Біздің поляр зерттеушілер барлаған Мұзды мұхиттың шығыс бөлегі төңірегінде жүзіп жүретін аралдар бар. Совет ғалымдарының соны зерттеулері адмирал С.О.Макаровтың 1899 жылдың өзінде-ақ жасаған Мұзды мұхитта жүйткіп көшіп жүретін мұз аралдары бар деген тұжырымын дәлелдеді. Үлкен Шпицберген аралынан терістікке қарай жүзіп бара жатқан Макаров теңіз мұздарының арасынан белгісіз бір арал көрген. Аралдан адмиралдың серіктері үйінділер мен ұсақ тастар тапқан, аралдың мұзы теңіздікі емес, тұщы судікі болып шыққан. Тегі, бұл Шпицбергеннен бөлініп кеткен мұзарттың пұшпағы тәрізді алып айсберг деген тоқтамға келген-ді Макаров. Мұзды мұхитта теңізге сырғып жататын мұзарттары бар тау-тасты үлкен аралдардың әжептәуір мол екені бұрыннан белгілі. Айсбергке айналғандары теңіз суына түсіп, жаз мұз ойылған тұста ағыспен бір орыннан бір орынға көшіп жүреді. Мәселен, 1939 жылы Генриетта аралынан теріскей екі ірі айсберг көрінді, ал 1946, 1948 жәке 1950 жылдары жоғары ендіктерден совет ұшқыштары жылжып жүрген үш аса ауқымды мұз аралдарын ашты, олар қар мен мұздың еруінен 318

пайда болған өзендер мен көлдерді және таулар мен төбелерді, мұзарт моренасы – алып қойтастарды көрді. Совет ғалымдары айсбергтердің Франц – Иосиф жері, Солтүстік Жер және Канада архипелагы мұзарттарынан бөлініп, қашан еріп біткенше бірнеше жыл көшіп жүретінін анықтады. Санников жерін де Солтүстік жер мұзарттарынан бөлінген сондай бір мұз арал – айсберг деп ойлауға болады. Тегі, ол Новосибирь архипелагынан терістікке қарай теңіздің таяз тұсында қайраңға шөгіп, жетпіс жылдан астам тұрса керек, себебі оны Қазандық аралының терістік батысынан Яков Санников 1811 жылы байқайды да, ал 1886 жылы Эдуард Толль тұп-тура сол тұстан ашық күні үшкір басы діңгектей шаншылған төрт шың мен оған шығыстан жапсарласқан тау сілемін көреді. Бәлкім, екі байқаушының көзіне түскен бір арал емес, әр жылы түрліше кеп сол жердің қайраңына шөккен басқа аралдар шығар. Әрине, ондай көшпелі мұз аралдар Шығыс Сібір жағалауларынан чукчалардан қашып шығып кеткен онкилондарға пана бола алмайды. Көшпелі аралдарда ешқандай өсімдік болуы мүмкін емес. Ондай аралдар ұя басар құстарды қызықтырмаса да керек. Жазда түстіктен терістік жаққа ұшып келген құстар балапанын басып шығаратын сенімді жер іздейтіні хақ, ал ондай орын Мұзды мұхит аралдарының архипелагында жеткілікті деп айтуға болады. Жас оқырманға Мұзды мұхит аймағында осы бертінде болған мына оқиғаны да білу қызық: Еуропа, Азия және Америка жағалауларын көмкеріп жатқан Солтүстік Мұзды мұхит ұлылы-кішілі аралдарға жалпы бай. Сол аралдарда жас жанартау жыныстары жиі кездеседі. Ал Исландия аралы сияқты кейбірінде жанартау күні бүгінге дейін атқылап жатады. Мұның өзі – менің Санников жерін жойып жіберген жойқын жанартау жайындағы топшылауым Жердің осынау өңіріне 319

сыйымсыз бірдеңе емес екенінің дәлелі. Геологиялык зерттеулер Мұзды мұхиттың Таймыр түбегінен бастап Врангель аралына дейінгі шығыс бөлігі мен солтүстік ендіктің 80 градус терістігі түгел жер дамуының төртінші дәуірінің басында Сібірдің солтүстік жиегі болған құрлық екенін ашып та берген. Бұл осы аралдар жынысынан табылған мамонт, мүйізтұмсық, өгіз, жылқы сияқты ірі сүтқоректілер қалдығымен де дәлелденіп отыр. Бұл аралдар жер дамуының төртінші дәуірінің басында Сібірмен біртұтас болмаса, әлгі қалдықтар бұдан кездеспес те еді. Зерттеулер сондай-ақ кейбір аралдарда бір кезде құрлықтың жоғарғы жағын жауып жатқан мұзарттардың қалдығы – мұз қабаттары қалғанын да көрсетіп берді. Новосибирь архипелагының бір бөлегі болып саналатын Үлкен Ляховский аралының қазбалы қалың тоңында мамонттардың көптеген тісі табылды, теңіз толқыны шайып мұздан шығарып тастаған сол тістерді жинау үшін ерте көктемде құрлықтан әдейі іздеп кәсіпкерлер келетін-ді. Баяғы кезде Якутскідегі жәрмеңкеге жылына бір-екі мың пұт мамонт тісі түсетін. Бұл жер дамуының төртінші дәуірінде бұрынғы болған құрлықта жүздеген ірі жануарлар өмір сүргенін дәлелдейді. Бұрынғы құрғақ жердің биігірек белесі болған кішігірім аралдарда осыншама мамонттардың болуын олардың бұрынғы құрлық Мұзды мұхит деңгейімен теңеліп, су басқанда бас сауғалап паналағандығынан деп білген абзал. Сөйтіп, Сібірдің терістік құрлығының осынау бұрынғы бөлегінде жанартаулардың атқылағанына, мамонттар табын- табын өргеніне, мұзарттар болғанына біздің дәлеліміз бар, енді сол құрғақ жердің теңіз астына түскен мезгілін де анықтай аламыз. Ол теңіз астына соңғы мұз басу дәуірінің кезінде немесе оның аяғында кеткен. Мамонттардың алғашқы қауым адамдары салған бейнесінің табылуы, ол кезде сол адамдардың өмір сүргеніне дәлел. 320

Демек, менің романымдағы Мұзды мұхиттың ортасында бір кезде үлкен жанартаудың кратері болып шыңға ұқсап тұрған оқшау байтақ арал – жылылығының арқасында мұз басу дәуірінен бермен қарай мамонттар мен алғашқы қауым адамдарын сақтап келген жер деген жорамал шындықтан ешбір шалғай емес. Поляр мұздарының ортасындағы сол жерұйық аралдан Америка индеецтеріне тұқымы жақын Аляскадан чукоттардың тықсыруымен Мұзды мұхит аралдарына шығып кеткен онкилондардың пана табуы әбден мүмкін. Сібірдің терістігінде бұдан үш жүз немесе төрт жүз жыл бұрын өмір сүрген осы бір жұрттың тарихын анықтау үшін онкилондардың жойылып кетуі мәселесімен СССР Ғылым академиясының Тарих институты не Материалдық мәдениет тарихы институты шұғылданғаны жөн болар еді. Новосибирь архипелагы аралдарынан олардың өзіндік тұрпатта салынған баспана тұрағының қалдықтары табылды. Бұл – осы тайпа өкілдерінің біраз уақыт сол аралдарда тұрғанының белгісі, ал одан басқа ешбір мағлұмат әзір жоқ. XIX ғасырдың поляр зерттеушілері оларды бұл аралдардан таба алмаған. Онкилондардың бәрі әлдебір індеттен қырылып қалды ма, әлде бір аралдан екіншісіне қайықпен жүзіп өтеміз деп жүріп немесе әбден қатып болмаған мұз үстімен жүріп, опат болды ма – ол жағы белгісіз. Сол секілді хабары кейде баспасөз бетінен ұшырасып қалатын жыл құстарының көктемде терістікке ұшып, күзде құрлыққа қайтатыны да басы ашылып, айқындалмаған мәселе. Бұл мәселені шешу үшін былай жасау керек: 1. Батыста Оленек пен Лена өзендерінің сағасынан бастап, шығыста Колыма өзенінің сағасына дейінгі Сібірдің терістік жағалауының күллі тұрғындарынан, сондай-ақ Жаңа Сібір мен Врангель аралдарында қыстаушылардан жыл құстары көктемде терістікке, күзде кері әлі де ұша ма, ұшса шамасы 321

қанша, құрамы қандай, ұшып бара жатқан құс керуенінен қандай тұқымы байқалады, олардың басым бөлігі қайсысы деп бәрін-бәрін мұқият сұрау керек. 2. Егер құстар күні бүгінге дейін ұшатын болса, онда Солтүстік теңіз жолымен жүзу мәселесіне байланысты мұхит мұздарының мөлшері мен қозғалысын зерттеу үшін жылда жіберілетін барлау самолеттері мұздар арасындағы беймәлім жерлердің бар-жоғын назарда ұстап, кездессе-ақ олардың көлемін, бедерін, бүкіл ерекшелігін анықтауы керек. 1938 жылы Генриетта аралында қыстаушылар байқаған құстардың терістікке ұшуы сол жылы терістіктегі, мұздар арасында олардың жаз жайлап, ұя басуына қолайлы бір жердің болғанын дәлелдейді. Ал бұл аралдың шығыста тұруы ол құстар батысқа таман болуы тиіс Санников жеріне (егер арал 1938 жылы болған болса) бет алды деп топшылауға ыңғай береді. Демек, мұздардың ортасында 1938 жылдың өзінде Де Лонга архипелагынан теріскей құстардың жаз жайлап шығуына жарайтын бір жер болған. Мүмкін, жас оқырмандардың әлдебірі поляр ұшқышы болып шығып, өз алдына осынау жұмбақ жердің құпиясын ақтаруды міндет етіп қояр, тіпті тұман пердесі астынан оны ашып, оған қонар да, зерттеп, бізді бұл жердің қазіргі жай-күйімен таныстырар. Қорытындылай келіп, Мұзды мұхитта Таймыр түбегінен терістікке қарай Солтүстік Жер архипелагы бар екенін еске сала кеткен де артық болмас. Оны ең алғаш 1930-1932 жылдары төрт адамнан тұратын экспедиция зерттеді. Соның құрамында болған геолог Урванцев экспедиция мен оның жерді ашуын әсем суреттеген жақсы кітап жазды. Алайда бұл экспедицияның да архипелагты зерттеуі көп мәселенің басын ашық қалдырды. Архипелагты толығырақ зерттеу үшін таяу жылдары сондай экспедицияны қайталаған абзал. В.ОБРУЧЕВ 322

ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ, ЖИҺАНГЕЗ ЖАЗУШЫ Жасы тоқсанға тақап қалғанына қарамай әлі де қунақ қария жүгіріп кеп амандасып, қол алысқасын-ақ қонағын бөлмесіне бастай жөнелді. Аядай бөлменің бар байлығы кітап қана көрінеді: пештің иығына дейін иін тіресіп тұр. Жиһаз дегеннен бір кісілік кереует пен шағын шәкірт столы ғана көзге түседі. Аты әлемге әйгілі академиктің жұпыны тұрмысына таңырқаған әскери адам ұсынған орындыққа жайғасып жатып, алдында асықтай үйірілген келісті қалың сақалының ұшы бұйралана біткен аққудай аппақ шалға, үсті үйме-жүйме кітап пен жартылай жазылған қағаздан көрінбей кеткен үстелге алма-кезек қарады. Оның ойын сезе қалған сүңғыла қарт: «Ә, бұл үстелдің сатып алынған ағашы қымбат емес, үстінде жазылған қағазы қымбат!» деп жымиып қойып, қағаздарын сәл жинастырды да, көзілдірігін алып, көзін сүзе қонағының Арктика аязы тотықтырған ер кескініне қарады. – Тоқта, тоқта, ұмытпасам, сіз осы Отан соғысы алдында маған бір келдіңіз-ау деймін. Мұзды мұхитта көшкін мұздың бағытын барлайтын ұшқыш емес пе едіңіз? – деді ол салған жерден. – Иә, иә, мәңгі мұздардың арасынан Андреев және Санников жерлерін іздеп, біраз жерді шарлапсыздар. Қанша жыл өтсе де ұмытпай жүргеніңіз ғажап! Онда уыз жас едіңіз, енді жігіт ағасы, арыстай азамат болыпсыз. – Владимир Афанасьевич, таяуда мен тағы бір қызық сапардан оралдым. Ол енді ерекше бір сәтті сапар болды, соның жайын айтқалы келіп ем сізге, – деді ұшқыш сәл үнсіздіктен соң. – Ә, ақыры жұмбақ арал – Санников жерін тапқан екенсіздер ғой, – деп ғалым қуанып кетті. – Қай тұста екен өзі? Романда мен суреттеген сияқты, сөніп жатқан жанартау шығар, шамасы. 323

– Өкінішке орай, Санников жерін әзір таба алғанымыз жоқ, – деп езу тартты ұшқыш. – Ол аралыңыз жалпы жер бетінде жоқ па деген де күдік келеді ойға. Гидрологтар ол Арктиканың жылынуына байланысты еріп, теңіз астына түсіп кеткен деп жүр. – Иә, олар, ол жерді Мұзды мұхиттың өзіміздің көз алдымызда еріп, суға айналып жатқан басқа да аралдары сияқты, қазбалы мұздан тұрады деп топшылауға бейім-ақ. Ал Санников жеріне орайластыру үшін бұл пікірді дәлелдеу керек қой, дәлелдеу керек алдымен, – деп шапаты денесі шиыршық атып, академик орнынан тұрып кетті... Әдебиетті ермек емес, еңбек деп білетін қаламгердің қай туындысы болсын жүрегін жарып шығары шексіз. Алайда ананың өз перзенттерінің арасынан біреуін айрықша жақсы көретіні секілді, шын қаламгердің де сан шығармасының ішінен біріне ерекше іш тартатыны болады. Атақты академик, әйгілі әдебиетші Владимир Афанасьевич Обручев үшін «Жұмбақ жер» романы, яғни «Санников жері» сондай туынды болған тәрізді. Оның осынау жұмбақ жер жайына айналып соға беретіні сонан болса керек. Әйтпесе, әдебиетіміздің ғылыми-фантастика жанры қалыптасуына қыруар күш жұмсаған шалқар ойлы шалымды жазушының өзге еңбектері аз емес. «Ғайыпстан», «Күйкі кен», «Шөлейттен алтын іздегендер», «Орталық Азия атырабында» тәрізді ғылыми- ғажайып романдарынан басқа оның жастарға арнап жазған әңгімелері мен повестері қаншама. Жалпы, ол – аса өнікті еңбек етіп, әдебиетке мол мұра қалдырған қаламгер. Дегенмен дүйім дүние оны алдымен ғұлама ғалым деп таниды. Ал оның отандық ғылымның алтын қорына қосқан қазынасы шынында да ұшы-қиырсыз. Әлемдік аты бар академик, ірі географ, ұлы геолог, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығын екі мәрте алған В.А.Обручев Отандық ғылымды өркендетуге табан аудармай жетпіс жылдан астам жемісті еңбек сіңірді. Оның қарымды қаламынан жалпы көлемі жиырма төрт мың парақтан астам 324

ғылыми еңбек туды. «Сібірдің геологиялық тарихы», «Дала геологиясы», «Қазба кен орындары» атты кесек те күрделі еңбектерін оқу құралы етіп, совет геологтарының сан ұрпағы өсіп шықты. Әрине, ұлы ғалымдардың бәрі үлкен суреткер де. Ал қиялы қанатсыз адам дұрыс дерек жинай алмайды, жинағанмен де түзу тұжырым жасап жарытпайды. Демек, кемел суреткер болмай, керемет жаңалық ашу да мүмкін емес. Ғылымның өзі сүйген саласында сан алуан жаңалықтар ашып, талай тыңын көтерген Обручевтің бойынан осы суреткерлік, еңбеккерлік, тапқырлық, табандылық сияқты қасиеттердің төрт көзі түгел табылады. Оның өзі де осындай мәрттікті мұрат тұтып, ойы ұшқыр, рухы күшті, сегіз қырлы, бір сырлы адамдарды жырлап өткен. «Жұмбақ жер» романы оған ең алдымен осындай кейіпкерлерімен қымбат. Рас, ел аузындағы аңыздан алынып, ғылыми болжам бойынша кітапқа түскен Санников жерінің авторды ғұмыр бойы қызықтырып өткені анық. Соны іздеп экспедиция шығуына да себепкер болды ол. Зерттеушілер Санников жерінің дәл өзі болмағанымен, сол секілді мұз аралдардың бар екенін анықтады да. Бірақ авторға керегі бір бұл емес. Оған ең қымбаты – қиындықтан қыңбайтын, ойлағанын орындамай тынбайтын, қайтпас қайратты, аскақ арманды қаһармандары екені хақ. Салқын ақыл иесі, сабырлы Горюнов, ақ көңіл де алғыр Ордин, қырғи тілді қажырлы Костяковтың тағдыр-талайында, өмірбаянында Обручевпен ортақ жайлар көп. Ал анау мәдениеті аз болғанымен мінезге бай, сауаты шала болғанымен мейірі шалқар бұқара өкілдері: қарапайым кәсіпкерлер Горохов пен Никифоров та автор жанына жақын адамдар. Абзал ниеті үшін айдалып, басы байлауда жүрсе де, туған өлке табиғатының тылсымын ашуды арман тұтып – тайсалмай қиын-қыстау ғылыми саяхатқа шыққан студенттердің қимыл-қарекеті ғалымдық жолын жиһанкездіктен бастаған Обручевтің өз өміріне үңілтеді. 325

Орыс армиясының даңқты дәстүрлерінде ізі қалған офицерлер әулетінен шыққан Владимир Афанасьевич Обручев озық ойлы, оқыған ортада өсті. Атасы да, әкесі де кезіндегі көрнекті әскери қайраткерлер. Әкесінің немере ағасы Николай Обручев бас штабтың офицері екеніне қарамай Герцен мен Огаревтің жақын жолдасы болып, революциялық қозғалысқа белсене қатысқан. Ал әкесінің туған інісі Владимир Александрович «Современник» журналының қызметкері, Чернышевскийдің досы еді. Обручевтер әулетіндегі тағы бір айшықты тұлға – болашақ ғалымның әкесінің қарындасы Мария Александровна. Ол – София Ковалевская сияқты алдыңғы қатарлы орыс қыздарымен бірге әйел теңдігі үшін тұңғыш күреске шыққандардың бірі. Жоғары білім алып, қоғамдық іске араласу үшін ол жалған некеге тұрып, орыс әйелдері арасынан алғашқы маман дәрігер болып шықты. Оның алғашқы ері доктор Боков – революциялық күреске атсалысқан адам, ал екінші ері – ұлы физиолог И.М.Сеченов. Мария Александровнаның тұрмыс құру тарихы Н.Г.Чернышевскийдің белгілі «Не істеу керек?» романына желі етіп алынған. Туған шаңырағына тән шыншылдық, еңбекқорлық, Отанға, озық идеяға адалдық Володяның барлық тәлім-тәрбиесіне алтын арқау болды. Әкесі, Қырым соғысында аты шыққан жаяу әскер офицері, Афанасий Александрович классикалық білімнен гөрі нақтылы ғылымды артық көріп, баласын реалдық училищеге берді. Ал анасы, кезінде көптеген әңгімелері мен очерктері орысша, немісше жарық көрген нәзік жанды жазушы Полина Карловна бала жүрегіне жастайынан әдебиетке деген сүйіспеншілік ұрығын сеуіп, оның жер көріп, ел тануға, алыс саяхаттарға деген құмарлығын оятты. Анасы оқып берген Купер, Майн-Рид, Жюль Верн романдарын тыңдай отырып, қаршадай бала қиялымен Арктика мұздарынан асып, заңғар тауларды басып, қу медиен шөлде қаталап, жапан аралда жалғыз қап, піл аулап, 326

арыстанмен алысып жүргендей болатын. Кітаптағы қаһарман теңізшілермен қатар оған аңқау, аңғырт оқымыстылар да қатты ұнайтын, солардай болып белгісіз елдерді ашып, өсімдіктер жинасам, биік тауларға шығып, сирек тастарды зерттесем деп армандайтын. Осы арман он сегіз жаста училище бітірген В.А.Обручевті 1881 жылы Петербургқа алып келді. Инженер болып еңбек жолын елдің қиыр шетінің қойнауын барлаудан бастамақ оймен ол Тау-кен институтына түсті. Алайда алғашқы курстағы математика мен механикадан оқылған жаңалығы аз, бірсарынды лекциялар жас жігітті жалықтыруға айналды. Оның үстіне тап осы тұста оянған тіл өнеріне құштарлық та оны қатты алаңдатты. Енді оның алдында институтта одан әрі оқу керек пе, әлде басы бүтін әдеби еңбекке көшу керек пе деген қалау аударыспақ ойнап тұрды. Сонда оны студент жастардың сүйіктісі болған қабілетті ұстаз, қабырғалы ғалым И.В.Мушкетов тығырықтан тартып ап, күдік-күмәнін шешіп берді. Ғажап геологтың таулардың түзілуін, жер бедерінің жаңғыруын, топырақ қыртысына жел мен судың әсерін әсем жайып салатын лекциялары білімқұмар жастың қиялын қанаттандырып, табиғат тылсымына деген құштарлығын ұштай түсті. Ал оқымыстының оқу бағдарламасына бірінші болып өзі енгізген геологиялық саяхатындағы ұстазымен жақын танысуы оның өмірін геологиямен мәңгі бақи ұштастырды. Ұстазының лекцияларын бір сөзін қалдырмай мұқият жазып алып, әдеби әрлеп отыратын ол оқулықтардан табылмайтын тың деректері мол бұл циклді кітап етіп басып шығарса деген ұсыныс жасады. Профессор шәкіртіне алғыс айтты, бірақ бұл қадамнан бас тартты. – Байқаймын, сіз осы геологиямен шындап шұғылдануға бет бұрған сияқтысыз, – деді шәкіртіне бірде Иван Васильевич. – Менің сізді бірсыпыра ғылыми әдебиеттермен 327

таныстыруға жағдайым бар. Бірақ, өкінішке орай, ең қызықты кітаптар неміс тілінде ғана. – Мен неміс тілінде еркін сөйлеймін. – Ә, солай ма еді! – деді ұстаз разы болып. – Болашақ геолог үшін бұл дегеніңіз аса маңызды. Онда алып оқи ғой. Неміс ғалымы Рихтрофеннің Орталық Азия табиғатын тамаша бейнелеген кітабын Обручев құмарта оқыды. Кітапты қайтармай көп ұстап, ақыры, қимай әкеп тұрып, ол профессорға шынын айтты – Менің болашақта айналысатыным, міне, осы – яғни Орталық Азияны зерттеу... Қандай тылсым табиғат... Еліктіріп қойнауына тартып әкетеді екен!.. Оның осы арманының жүзеге асуына да алғаш атсалысып, қолұшын берген И.В.Мушкетов болды. Бұл Закаспий темір жолының құрылысы жүріп жатқан кез еді. Қарт Каспийдің жағасынан шыққан шойын жол Орта Азияға алты жүз шақырымдай ендеп кіріп, енді Қарақұмды көктей өтіп Самарқантқа тартылуы керек-ті. Салынған жолды сипап кетіп, адым аштырмай қойған ұшы-қиырсыз шөлдің көшпелі құмын бөгеп, су көздерін табуға геологтардың көмегі қажет болды. Институтты жаңа бітірген жас инженер Обручевқа ұстазы осы үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, шөл- шөлейтті зерттеуді ұсынды. Владимир Афанасьевичтің алдында тұрған міндет – су көздерін тауып, құм бедерін барлау, Теджен мен Мургаб өзендері алқабы мен Амударияның ежелгі арнасын зерттеу еді. Осылай ол өзіңің алғашқы саяхатына шығып, жиһангездік ғалымдық жолын бастады. Әуелі ол Қызыл-Арват станциясынан Чарджоуға дейін Қызылқұмның бір бөлегін, содан Амудариядан Самарқантқа салынып жатқан жолдың бойын зерттей отырып, бирюза, мұнай, графит кендерін қарағалы тауларға саяхат жасады. Құла тұз, қу медиен тақырмен сапар шегу, әрине, оңай да болған жоқ. Елсіз-күнсіз жонда қатқан нан мен қара шайдан 328

басқа талғажау болмай, тұлдырсыз тұл шөлде аттары арықтап, түйелері титықтап тарыққан да, торыққан да шағы аз емес. Бірақ ол қарақан басының қамын көздеп, өз рақатын іздеген жоқ. Оның есі-дерті Узбой құпиясын ашу болды. Құм басып қалған осынау көне арна туралы, тіпті ежелгі араб пен грек географтары жазған-ды. Ал Бірінші Петр сол Узбойға су жіберіп, Каспийден Азияға жүзіп шығып, Үндістан асуды армандаған. Кейін Амударияны бұрып, Узбой арқылы ағызудың жобалары да жасалды. Бірақ оған дария суы сыя ма, оның үстіне Узбой жері өңдеуге келмейтін Қарақұмды басып өтеді. Владимир Афанасьевич Қарақұм құмдарын бұрын айтылып келгендей теңіз табаны емес, Амударияның қайраңы деп тапты. Бір кезде дария Копет-Дагтың батыс баурайын бойлай ағып Каспийге құйған да, сонан соңына тау-төбе құмдар тастап, терістік батысқа бұрылып, бірте-бірте бағытын Арал теңізіне ауыстырған деген тұжырымға келді. Бұл құмдарды бөгеп, бекіту үшін, әсіресе жол жиегіне жақын ағаш отырғызып, тікенді бұталар егу керек деген ұсыныс енгізді. Бұл сапардан алып қайтқан бай материалынан «Закаспий ойпаты» атты тырнақалды ғылыми еңбегі мен екі-үш маңызды мақала туды. Жас зерттеуші сол үшін география қоғамының алтын және күміс медальдарына ие болды. Ғылымның соқтықпалы соқпақсыз алыс сапарына алғашқы адымы осылай сәтті басталған жас ғалымды ұстазы тағы да қиынға салды. Сібірде Иркутскідегі кен басқармасына бірінші рет геолог штаты беріліпті. Иван Васильевич шәкіртіне осы мүмкіндікті уыстан шығарып алмауды ескертіп: – Орта Азияға қарағанда Сібірдің геологиясы әлдеқайда аз зерттелген – деді, – Осыны бір қаперіңізге алып қойғайсыз. Алдыңыздан айдын-шалқар кең мүмкіндіктер ашылғалы тұр. Кәдімгі Сібірдің өзіндей ұлан-ғайыр мүмкіндік. 329

Туған елінің ең қиыр шетінің табиғи жағдайын зерттеу құмарлығы оны жедел жолға шығарды. Жас жары Лиза мен туғанына жеті ай да толмаған тұңғышы Воляны алып, Петербургтен Иркутскіге сапар шеккен ол біраз жер пойызбен, пароходпен келіп, қалың жыныс орман арасымен қопалы көлдер жағасымен мың жарым шақырымдай жолды ат- арбамен жүрді. Жол азабын География қоғамының Сібір істері жөніндегі басшысы Григорий Николаевич Потаниннің жылы шыраймен қарсы алуы жуып жіберді. Келе-ақ жас геолог Сібір жөніндегі ғылыми деректермен танысып, ол туралы әдебиеттерді жүйеледі. Ал кен басқармасында Сібір геологиясы коллекциясын тәртіпке келтірді. Ұшан-теңіз табиғи байлығының қаймағы да қозғалмай жатқан осынау өлкені зерттеушілермен жүздесіп, тұрғын халқының әдет-ғұрпына, тұрмыс-салтына зер салды. Ондай адамдар әдетте Григорий Николаевичтің жұпыны пәтеріне жиі жиналатын-ды. Азияны көп аралаған, бай мағлұмат жинаған білгір ғалымның қарапайымдығы мен қонақжайлығы Владимир Афанасьевичті қайран қалдырып, қатты қызықтырушы еді. Оның аядай үйінде үлкен ұстаз оқымыстыдан бастап, малшы бурят, аңшы якутке дейін болатын. Атақты ғалым солардың бәрімен ортақ тіл тауып, терезесі тең адамдарындай ашық-жарқын әңгіме-дүкен құратын. Жер шолып, ел тануды мұрат тұтқан болашақ жиһангез ғалымға оның осы мінезі үлкен мектеп болды. Жалпы, Г.Н.Потаниннің өмірі өз еліне, еңбекші қалың бұқараға қалтқысыз қызмет етудің өнегесі еді. Ол, әсіресе, Сібірдің келешегі туралы көп толғанып, оның алдағы күндері сәулетті, халқы сауатты болуын армандайтын. Оның өзінікі деген университеті болып, одан тұрғылықты жұрттың жастары білім алып, жаңа зиялы қауым қалыптасуы, журнал шығарып, онда жергілікті авторлардың шығармалары жариялануы, сөйтіп, Сібір дәулетіне сәулеті сай өлкеге айналуы жолында күресетін абзал ойлы достардың ұйымы да құрылды. 330

Әрине, мұндай ізгі ниет патша үкіметіне ұнаған жоқ. Пікірлес достар түгел тұтқынға алынып, үш жыл Омбы абақтысына қамалды. Ақыры, бар ауыртпалықты мойнына Потанин алып, ол он бес жыл бас еркінен айрылып, қорғанда отыруға кесілді. Кейін ол мерзім бес, сонан соң үш жылға шегеріліп, ақыры, атақты оқымысты, географ П.П.Семенов- Тян-Шанскийдің ара түсуі арқасында әрең ақталып шықты. Осы бір оқиғадан кейін Григорий Николаевич Монғолияға саяхатқа аттанып, одан Қытай асып, Тибетті басып, Обручевті студенттік шақтан қатты қызықтырған Орталық Азияны зерттеп, жинаған материалдарын жүйелеп өңдегелі Иркутскіге табан тіреген еді. Әңгімелесе қалса, ол жастық шағын жиі еске алып, болашақ белгілі саяхатшы Шоқан Уәлихановпен Омбыдағы кадет корпусында оқыған жылдарын жырдай ғып айтатын. Өз жұртының жарық жұлдызы болған сол ғалым досын алға тарта отырып, зерделі жиһангез халықты бұратана деп бөлмей, білімге жол ашса, орыстан өзге ұлттардың өкілдерінен де небір ғұламалардың шығатынын меңзейтін. Сонысымен-ақ ол жас Обручевті шалғай шетте өнер-білімнен кенде, мәдениеттен кенже қалған халықтарға қамқор көзбен қарауға үйретті. Қыс бойы бай дерек жинап, Батыс Сібірмен сырттай танысқан Владимир Афанасьевич 1889 жылғы көктемде осы өлкенің геологиясы мен пайдалы қазба байлығын тікелей зерттеуге кірісті. Ол Ангара бойын барлап, Ока өзеніндегі қоңыр көмір кенін зерттеп, Байкал атырабының сырына үңілді, Ольхон көлінде болды. Оны Батыс Сібірдің таңғажайып табиғаты баурап алды. Айналасы андағайлаған алып тау, кемері тік шаншылған биік құз, терең аңғарда жатқан тұщы сулы Байкалды ол жер қабатының қозғалысынан бертін пайда болған көл деген тұжырымға келді. Байкал жөніндегі алғашқы әсерлері оның Сібір геологиясы туралы ойларының өрістеуіне сара жол ашты. Келер жылы 331

ол Лена жағалауының алтын кендерін аралап, Витимнің төменгі ағысына дейін барып қайтты. Жиырма-қырық құлаш тереңдіктегі шахталарға түсіп, мәңгі тоңдарды анықтады. Жол да, жұмыс та оңай болған жоқ. Жүк артқан аттары омбы қарға оппалап, мибатпаққа батып, әрең тартып алған, өздері маса-сонаға жем болып, тамақтан да тарыққан сәттер ұшырасты. Бірақ соның бірі де Обручевтің еңбекқорлығы мен жұмыс қабілетіне әсер еткен емес. Шаршап-шалдығу дегеннің не екенін білмей, ол күндіз шахтаға түсіп, ашық кендерді аралап, тыным көрмегенімен, кешкісін тау жыныстарының үлгісін сұрыптап, олардың сипаттамасын күнделікке жазып отыруды әсте қалт қылған жоқ. Кейін оның атағын айдай әлемге жайған «Сібір геологиясы» осы күнделіктер негізінде туған еді. Ал осынау ұлан өлкенің ертеңін ойлаған адамдардың ол өзі куәсі болған қимыл-қарекеті, жергілікті жұрттың тұрмыс күйі мен әдет-ғұрпы «Жұмбақ жер» романында көркемдік бейнесін тапты. 1892 жылы көктемде оған география қоғамының президентінен Г.И.Потаниннің Қытай мен Тибетке саяхатына қатысу туралы ұсынысы кеп түсті. Оған да атсалысып жүрген – ұстазы И.В.Мушкетов. Шәкіртінің арманы Орталық Азияны зерттеу екенін жақсы білетін ол Обручевтің Байкал мен Лена аудандарын барлауының нәтижесі жәніндегі есебіне тіпті тәнті болған еді. Бұл жолы Обручев Солтүстік Қытай мен Орталық Азияның бір бөлегінің геологиясын барлап, Григорий Николаевич жұмыс істеп жатқан Тибеттің шығыс шалғайын зерттеп, Тянь-Шань арқылы Құлжаға түсу керек- тін. Тағы да далаға түнеу, ашық аулаға қону басталды: киіз бен аю терісіне оранып, тұлып жамылып жата кететін кәдімгі ат үстіндегі күндер. Жол-жөнекей жұрт назарын ерекше аудармас үшін Владимир Афанасьевич қытайша жеңсіз қара бешпент пен дөңгелек тақия киіп, сұр шапан жамылды. Туған елден үй ішінен жырақта ол жалғыздықтан қатты қамықты да. Алайда жұмысқа деген құштарлық, зерттеуге деген 332

іңкәрлік осының бәрін жуып-шайып жіберді. Көмекші геологы жоқ ол бар жұмысты жалғыз атқарып, жер қыртысын, тау жынысын өзі ғана зерттеді. Әйтеуір ешбір қауіп-қатер, иә кездейсоқ оқиға тап келмей, саяхат сәтті өтіп, сапар кідірткен жоқ. Сол жылы ол Пекинге келіп, ал 1894 жылдың октябрь айында Құлжаға кетті. Жиналған материалдың молдығы, қамтылған жердің кеңдігі, жүрілген жолдың ұзақтығы жөнінен В.А.Обручевтің Орталық Азияға саяхатынан асқан сапар әлі болған емес. Екі жыл саяхатта олар аттылы-жаяу орташа күн сайын отыз шақырым жер жүріп, барлығы он төрт мың километрдей жол жүрген. Сапар кезінде Владимир Афанасьевич көз мөлшерімен суретке түсіріп, барометрмен биіктікті өлшеп, тау жыныстарын жинап, күнделік жазып отырған. Тау жыныстары мен қазбалы жануарлардың, өсімдік түрлерінің сегіз мың үлгісі жиналып, ол мың шақырым жер жол-жөнекей суретке түсірілген. Осы еңбегі үшін Орыс география қоғамы В.А.Обручевті үлкен алтын медальмен наградтап, Н.М.Пржевальский атындағы сыйлық берді. Париж Ғылым академиясы да оның еңбегін жоғары бағалады. Араға алты-жеті жыл салып, Обручев Орталық Азияға саяхаты күнделігінің екі томдығын жарыққа шығарды. Сол саяхатынан қыруар ғылыми еңбектер туып, кейін кеңінен танылған «Қияқтыдан Құлжаға дейін» атты кітап дүниеге келді. Оның Орталық Азияға саяхаты орыс ғылымын қызғылықты географиялық жаңалықтармен байытты. Орта Азияға алғашқы саяхаты сияқты бұл сапарында да Владимир Афанасьевич салиқалы географ болып көрінді. Оның атағы алысқа кетіп, есімі енді Пржевальский, Потаниндермен қатар аталатын болды. Орталық Азия саяхатынан Сібірге қайтып оралған Владимир Афанасьевич ірі де іргелі геологиялық зерттеулерді қолға алды. Төрт жыл бойы Байкал сыртының түстік батысын барлап, Селенге Дауриясының геологиялық құрылымын, Шығыс Сібірдің жер бедерін зерттеп, қыруар 333

жаңалық ашады. Сонда жиған және Лена алтын кені аудандарын қайта зерттеген кезде алған материалдарын ол кейін Сібірдің геологиялық тарихын жазарда кәдеге асырды. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жылы Обручев өмірінің жаңа бір белесі болды. Томск технологиялық институтының геология бөлімшесін ұйымдастыруға шақырылып келген ол тоғыз жыл оның геология кафедрасын басқарып, тау-кен факультетінің деканы болды. Томскіде ол кейін елімізге Қаныш Сәтбаев, Михаил Усов тәрізді тамаша геолог, талантты ғалымдарды берген Сібірдің тұңғыш геология мектебін ашты. Владимир Афанасьевич алғашқы лекциясына екі жыл әзірлік жасап алып кірісті. Оған әзірлену үстінде ол әуелі геология кабинетін жабдықтап, кітапхана ұйымдастырып алды. Обручев онда төрт бірдей курстан дәріс оқып, сабағын студенттердің тәжірибе жұмыстарымен тығыз ұштастырып отырды. Ал жазғы каникул кезінде ол 1905 жылдан бастап, Жоңғарияға үш рет экспедиция ұйымдастырды. Бұл сапары жайында ол бертін келе былай деп жазды: «Шығыс Қазақстан шекарасына күнгей түстіктен келіп тірелетін Жоңғар өлкесін зерттегенім бар. Алтай мен Тянь-Шаньнің тау сілемдері осы арадан келіп түйіседі, ал менің міндетім солардың шекарасын ажыратып, геологиясы мен географиясын айқындау еді. Бұл өлкені мен үш жыл бойы әр бағытта шарқ ұрып, тау тізбегін, көшпенділердің жаз жайлауын, су көзі мен өзен жағасына жақын жатқан жасыл алқаптарын, тіпті құлазыған құба түз тақырлары мен қираған қаланың орнына ұқсас тұлдырсыз қырқаларына дейін зерттедім». Жоңғар сапарына бірер студент пен үлкен ұлы – он жеті жасар Володя мен он төрт жастағы Сережаны ерте шыққан ол шегі де, шеті де жоқ қазақ даласын, оның ұшы-қиырсыз қырқаларын көктей өтіп, көп күн жол жүріп, Аякөзге келіп, азғана аялдады. Жиһангезді балаларының әрнені білуге, табиғат сырын түсінуге құмарлығы разы етсе, студенттеріне 334

жол-жөнекей де дәріс оқып, күнделік толтыруға үйретіп отыруға тура келді. Аякөзден аттанып, олар Тарбағатайдың батыс беткейімен Шәуешекке түсті. Ондағы орыс елшісі хат арқылы алдын ала хабарласқан Обручевтің керек-жарағын қамдап, жол бастап жүретін монғол, қытай тілдеріне жетік Мусин Ғайса деген татармен келісіп қойған еді. Қалада көп жатпай, шілденің басында саяхатшылар керуені жолға шықты. Емілдің лай суын кешіп өтіп, Барлық тауына көтерілді. Бұл таудан Жоңғар қақпасының теріскей батысына қарай жатқан Алакөл ортасындағы Аралтөбе қырқасымен алақанға қойғандай көрінеді. Табан суытқан тұста Владимир Афанасьевич осы төңірек жөнінде оқып-білгенін жанындағыларға жырдай ғып әңгімелейді. Жазда онша ысқаяқ болмағанымен, қиыршық тастарды атып, ара-тұра көз аштырмай қоятын шәлкемдігін өздері де көріп келе жатқан ебі желі туралы аңызды айтады ол. Аңызға қарағанда, сұрапыл жел Алакөлдің Аралтөбесіндегі бір үңгірден шығады екен. Адуын желден әбден ығыр болған қазақтар бір күні үңгірдің аузын өгіз терісімен жауып, айналасын таспен бастырып тастап, уһ деп бір дем алмақ болады. Осыған шамданған жынды жел тіпті құтырынып, тастарды жан-жаққа лақтырып, адамдардың өзіне тарпа бас салады да, оларды керуен- көшімен, мал мүлкімен бірге әкеп көлге құлатады. Табиғаты осындай қатал болса да, туған жерден табан аударғысы келмеген халыққа шапқыншылар дамыл бермей, ат үстінде күн кешуге мәжбүр етеді. Сан ғасырға созылған жаугершілік олардың отырықшы болуына мұрша бермей келген. Осыны айтқанда ол анау сайын дала мен мынау самал тауларды мекен еткен ержүрек елді аяп, оның қонақжай халқына іш тартатыны жастарға айқын аңғарылып тұратын. Шынында да, ол келер жолы келгенде де шұрқыраса қуанып қауышқан Ғайса мен оның баласы Әбубәкірді ала жүріп, қазақтың жайлауларын аралап, әдет-ғұрпымен танысты, көп 335

сөздеріне зер салды. Обручевтің Азия жазбаларында қазақ сөздерінің ұшырасып отыратыны содан. Ол: ақсақал, арасан, баялыш, бұлдырық, құлан, марал, тақыр, таутеке тәрізді атаулардың мән-мағынасын жақсы меңгеріп, оларды орынды жерінде қолданады. Сорго шөбін қазақтардың ғұма деп атайтынын да ол алғаш аңдаған. Жер-су, таулардың атауын титтей де бұрмаламастан, тап бір өзінің туған өлкесіндей суреттейді. «Орталық Азия атырабында» кітабын оқығанда Тарбағатай төңірегін бірге аралағандай болады оқырман. Оған мына бір үзінді-ақ көз жеткізері хақ. «...Еміл өзенін жағалап, Дүрбелжіңге даламен тарттық. Жолдың сол қапталында теріскейден Тарбағатай тауы қарауытады, оның жотасы теп-тегіс, түстік баурайы құлама тік жар, төбесінде түйір қар жоқ, қалың жыныс орманмен жап-жасыл боп жатыр. Күнгейде қара орманы сыңсып, текше- текше болып биіктеп бара жатқан Барлық жоталары, оның ең биігі Кертаудың басында алашабыр қар жарқырайды. Осынау екі жотаның арасында еркін көсілген Еміл алқабының көз тұндырған көк шалғыны ат бауырынан келеді. Жазықты және бір жап-жасыл заңғар тау Орқашар тұйықтап тұр. Шақырайған күнге омырауын ашып, кең алқап жатыр, шырылдаған бозторғай әуезіне шайдай ашық аспан ұйып қалған. Атымызды бірде аяңдатып, бірде сар желіп, біз күн ұясына қонғанша жүрдік. Түнеген жеріміз – бастауын Орқашар тауынан алып, Емілге құятын Маралсу өзені. Жағасы шалғынды, шөбі шүйгін. Аттарды шідерлеп өріске жібердік те, тезек теріп, от тұтатып, шай қайнатып іштік». Тау суретін көркем сөзбен осылай көз алдына келтіре қоятын ғаламат суреткер ізінше ғалым болып тың тұжырымдар жасайды. Ол Сауыр мен Тарбағатай жоталарын қазақтың қатпарлы тауларының сілемі деп тауып, Барлық, Майлы- Жайыр және Жоңғар Алатауын Тянь-Шань жүйесіне жатқызды. Артынан ол Алтай атырабына қайта оралып, алтын кендерін зерттеді. Өскеменде жер ауып жүрген ғалым, 336

Абайдың досы Михаэлиспен кездесіп, көп әңгімелесті. Сонда оның ұлы қазақ ақыны туралы да естуі әбден ықтимал. Орталық Азия мен Жоңғар сапарларынан жазған есебі бірнеше том ғылыми еңбек болып басылған оның алтын шығатын аудандар жайындағы очерктері Обручевті алтын қазба кендері жөніндегі ірі мамандардың санатына қосты. Алайда оған сан-салалы ғылыми жұмыспен жемісті ұштастырған ұстаздық қызметін кілт доғаруына тура келді. 1905 жылғы революция жанышталғаннан кейін қанат жайған қатал реакцияға төзбей, ғылымдағы атқамінерлер мән әкімдерге қарсы үн көтеріп, талай фельетон жазған озық ойлы оқымысты патша үкіметіне ұнамады. Қара жүздік оқу министрі Кассоның бұйрығы бойынша ол 1912 жылы жасы елуге де толмай отставкаға шықты. Сөйтіп, он екі жыл еңбек еткен Томскіні, өзі ашқан геология мектебін, жан-тәнімен сүйген шәкірттерін тастап шығуға мәжбүр болды. Енді ер жеткен ұлдарын оқыту үшін ол Москваға көшіп келіп, отставкадағы кен инженерінің зейнетақысымен күн көрді. Бірақ Владимир Афанасьевичтің ширек ғасыр жүргізген зерттеу жұмыстарынан өңделмеген материалдары әлі де ұшан-теңіз еді. Ол алдымен соларды жүйелеп алып, Байкал, Лена зерттеулерін қорытты. Бұл жылдары ол ғылыми білімдерді таратуға көп күш салды. «Природа» журналының белсенді авторы болып, аққан жұлдыз, мұхит тұңғиығы, теңіз қайраңы, жер сілкіну жайында жазып отырды. Оның фантаст жазушы ретінде танылған тұсы да осы жылдар. В.А.Обручевтің алғашқы ғылыми-ғажайып романы «Ғайыпстанды» жұртшылық ал беттен жылы қабылдап, ол сан мың оқырманның сүйікті кітабына айналды. Онда автор Жердің бағзы даму дәуірін әдеби бейнелеуді мақсат етіп, ол ойын әдемі орындап шыққан. Ал онан кейінгі «Жұмбақ жер» романы автордың суреткерлік кемелділігін, ғалымдық көрегендігін бар қырымен жарқырата жайып салды. 337

Ұлы Октябрь арайы В.А.Обручевтің өмірін де шапағат нұрына орап, жарқыратып жіберді. Әулетімен әділдікке жақ болған оның алдында кімдермен болу керек деген сұрақ тіпті тұрған да жоқ. Себебі ол өзінің ғұмыр бойы кім үшін қызмет етіп келгенін жақсы білетін-ді. Октябрь күндері оған бір таныс профессор жолығып: – Енді не істемек ойыңыз бар.Владимир Афанасьевич? – деп сұрағанда ол іркілмей: – Қашанғымдай Россияға... халықтық Россияға қызмет етемін, – деп ашып айтты. Осыдан көп ұзамай ол Жоғары Халық шаруашылық советіне қызметке орналасты. Москва геология академия- сында профессор бола жүріп, Владимир Афанасьевич геология комитетінде, қолданбалы минералогия және металлургия институтында, алтын кені трестерінде аға геолог, бас маман, ғылыми совет мүшесі қызметтерін қоса атқарды. Сөйте жүріп ол ғылыми зерттеулер жүргізіп, еңбектер жазуға да, студенттер үшін күрделі оқулықтар құрастыруға да уақыт тапты. 1926 жылы әуелі неміс тілінде, сонан соң орыс тілінде жарық көрген «Сібір геологиясы атты еңбегі үшін Обручевқа алғашқы Ленин атындағы сыйлық берілді. Үш жылдан соң ол КСРО Ғылым Академиясының толық мүшесі болып сайланды. Академияның әуелі геология институтын басқарып, кейін өзі құрған мәңгі мұздарды зерттеу институтына жетекшілік етіп, ұшан-теңіз ұйымдастырушылық қызмет атқарды. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары ол жасының ұлғайып қалғанына, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бастан асып жатқанына қарамай, Геология-география ғылымдары бөлімшесінің ғалым секретары ретінде көп қажыр-қайрат көрсетті. Ол басқарған бөлімше соғыс жылдары қорғаныс маңызы бар қыруар жұмыс жүргізді, Сібір – В.И.Обручевтің ең сүйікті тақырыбы еді. Оның «Сібірдің геологиялық зерттеу тарихы» атты көп томды ғылыми еңбегі КСРО Мемлекеттік сыйлығына екі мәрте ие 338

болды. Ал «Жұмбақ жер» романы да осы тақырыпты толыстыра, кемелдендіре түскен келелі туындысы. Оның мың сан оқырмандардың ғана емес, оқымыстылардың назарын аударғаны осыдан. Романда суреттелген жұмбақ жерді іздеуге кезінде самолетпен ұшқыштар да шыққан болатын. ...Міне, сол ұшқыштардың бірі Владимир Афанасьевичтің алдында отыр. Санников жерінен сабақталған әңгімені сап тыйып, енді ол әскери адамның аузына қараған да қалған. – Біз сіз ойлағаннан әлдеқайда алысқа барып қайттық. Мына мен күн системасындағы планеталарға ұшу сапарына қатыстым. – Не дейсіз, шын ба? Қандай снарядтармен ұшып жүрсіздер? – Ракеталық снарядпен... ракетамен ұштық. Ұшу сапары сәтті болды, дін аман оралғанымды көріп отырсыз ғой. – Ал сонда қай планетада болдыңыздар! Әлбетте Жеріміздің серігі – Айға бардыңыздар ғой әуелі? – Жоқ, Ай геологтарға ғана қызық. Онда ауа да, су да, өмір де жоқ. Біз одан әрі асып, Меркурий мен Марс, Шолпанға бардық. – Міне, ұшу деп осыны айт! Кәне, снарядтың ұшуын, қонуын, шапшаңдығын және космос сәулесінен қалай қорғанғандарыңызды түгел айтып беріңізші. Қандай аппаратуралар қолдандыңыздар? Дүние саларынан алты жыл бұрын 1950 жылы жазылған «Планеталарға сапар» атты әңгімесінен алынған осы диалог В.А.Обручевтің айналысқан ғылымдарының ауқымы қаншалық кең болғанын аңғартса керек. Ол геология мен география ғана емес, ғарыш тылсымына да ден қойған. Алыс планеталарға адам ұшатынын сонда-ақ біліп, пешенесіне сол борышты орындау жазылған жастарға қызыға қараған. «Сендердің еншіңе Айға, алыс жұлдыздарға саяхат жасау бақыты тиді... – деп жазды ол жастарға. – Армандай 339

біліңдер! Шындап күрескілерің келсе, үлкен істер үшін күресіңдер. Қабілет те бұлшық ет сияқты шыныққан сайын шыңдала түседі. Екінің бірі ерен жаңалық аша бермейді, ал аша алмаймын деп тайсақтаған адам түк те бітірмек емес. Сендер ата-бабаларыңнан көш ілгері болуларың керек!» Осынау мұратты ту тұтқан азамат ғалымның өзі ұдайы асқарға талпынып, алысқа шарқ ұрып, шығармашылыққа толы сан қырлы, саналы өмір кешті, балаларын да солай баули білді. Ұлдары да әке жолын ұстанып, ғалым болды. Он төрт жасында Жоңғар сапарына ертіп шыққан екінші ұлы Сергей Владимирович әкесінің ізін басып, ірі геолог, үлкен әдебиетші болып, академик атанды. – Табыстарымның түп төркіні еңбектен ләззат таба білуімде болса керек, – деген-ді В.А.Обручев. – Менің өмірімнің мән-мазмұны – тек қана еңбек, шығармашылық еңбек. Еліміздің ғылымы мен мәдениетінің, әдебиетінің ұлы еңбеккері болған ғұлама ғалымның, жиһангез жазушының өмірі ұрпақтарға өнеге. Оның ерлікке үндеп, еңбекке баулитын ғылыми-ғажайып романдарың әңгіме, повестерін оқып, талай ұрпақтың жеті қат жер астын үңгіп, ұлы мұхиттарға сүңгіп, шырқау жұлдыздарға ұшуға талпынары сөзсіз. Сарбас АҚТАЕВ 340

МАЗМҰНЫ Беташар ........................................................................................5 Сондай бір жұмбақ жер әйтеуір бар................................................7 Жоғалып кеткен халық...................................................................14 Іс оңғарылып келеді..........................................................................16 Жолсапар..........................................................................................23 Мамонттар қорымы........................................................................29 Жаңа Сібір аралдарының арасында...................................................37 Қазандық аралын жағалай.................................................................44 Мұзды теңіз арқылы.......................................................................48 Жерұйық табалдырығында.............................................................59 Санников жеріндегі бірінші күн.......................................................66 Таңғажайып жануарлар....................................................................73 Көпіршіген көл...............................................................................83 Адамнан алғашқы белгілер..............................................................91 Онкилондармен кездесу.................................................................99 Құрмалдық беру және құлшылық ету...........................................107 Киелі тас.........................................................................................116 Мүйізтұмсық аулау.......................................................................126 Вампулармен тұңғыш таныстық ....................................................131 Жар таңдау тойы...........................................................................139 Вампулармен шайқас.....................................................................153 Онкилондар моласы........................................................................162 Аңдыған алмай қоймайды...............................................................169 Мыңтүтін алқабы..........................................................................179 Вампулардың құдайлары................................................................189 Қасиетті көл.................................................................................198 341

Түлеген құстарды аулау..................................................................204 Қауіп-қатер дабылы.......................................................................208 Жағдай қиындап барады.................................................................219 Қара тақыр шөл.............................................................................227 Құрмалдық шалу............................................................................232 Онкилондар арасындағы ақырғы күндер........................................243 Топан су........................................................................................252 Жер бетімен жүзу..........................................................................261 Апат...............................................................................................268 Никитаның бастан кешкендері........................................................277 Қашып шығу..................................................................................286 Бақсының соңғы сөзі......................................................................293 Үрейлі көршілік.............................................................................301 Тағы да мұз, тағы да теңіз.............................................................308 Академик алдында........................................................................312 Соңғы сөз.....................................................................................318 Ғұлама ғалым, жиһангез жазушы. С.Ақтаев....................................323 342

Владимир ОБРУЧЕВ ЖҰМБАҚ ЖЕР Ғылыми-фантастикалық роман (қазақ тіліндe) Oрыс тілінeн аударған Сарбас Ақтаев 343

Арнаулы редакторы Л.Серғазы Редакторы Ф.Рахымжанқызы Суретшiсi В.Пак Техникалық редакторы С.Бейсенова Компьютерде беттеген Ғ.Сатыбалдиева Корректоры Қ.Құрманғалиқызы ИБ №371 Басуға 13.09.2011 ж. қoл қoйылды. Пішімі 60х90 1/ . Қаріп түрі 16 «Academy.kz». Басылымы oфсeттік. Шартты баспа табағы 21,5. Eсeптік баспа табағы 17,0. Таралымы 24 000 дана. Тапсырыс № «Аударма» баспасы, 010009, Астана қаласы, Ғ. Мүсірепов көшесі, 5/1, ВП2 344


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook