Important Announcement
PubHTML5 Scheduled Server Maintenance on (GMT) Sunday, June 26th, 2:00 am - 8:00 am.
PubHTML5 site will be inoperative during the times indicated!

Home Explore Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Published by Jannat Firdays, 2022-01-23 13:33:45

Description: Обручев_Владимир_—_Жұмбақ_жер_pdf

Search

Read the Text Version

ол өз мәйітін осы қасиетті суға жерлеуді өсиет етіпті. Содан бері барлық бақсы осында қойылады. – Сонда ол қалай? – Өлген бақсыны әлгі көргеніңдей салға салып, қолына даңғырасын, аяғына садақа-сыйлық салған тостаған, басына құрмалдық бұғының басын қояды да, терісімен мәйітін орап тастайды. Жаңа пері жас бақсы тақта-тасқа шығып дұға оқиды да, оған күллі жауынгер қатысады. Сал суда әрлі- берлі жүзіп, бақсы өз жұртымен қоштасады. Сосын жаңа көргеніңдей иірім салды шыр айналдырып, ізінше су оны тереңге тартып әкетеді. – Су ештеңені сыртқа шығарып тастамай ма? Қалайша тері, бөрене, даңғыра бәрі батып кетеді? – Жоқ, бәрі де батып кетеді. Зәуде бір су солардың біреуін сыртқа шығарып тастаса, бақсы рухтарға жақпай қалған екен, не көзі тірісінде бір ерсі қылық жасаған екен деп білеміз. – Бақсы қыста өлсе қайтесіздер? Көл қатып қалады ғой. – Қасиетті көл қатпайды – жағаның жартастарында қар жатқанымен, су мұз құрсанбайды. Горюнов бұл құбылысты мезгіл-мезгіл судың жер астына обылып тұратынынан деп білді, сол об қаймақтана бастаған мұзды да сумен бірге жұтып отыратыны сөзсіз. Келген соң бір ай дерлік жиһангездер қия басып жертөлесінен ешқайда шыққан жоқ, себебі Амнундак қайтып олардың алысқа саяхат жасауына келісім бермеді. Олар тек тақау алаңқайлар мен ормандарды аралап, жануарлар өмірін, өсімдік дүниесінің дамуын барлады, аңға шығып, суасты омыртқалыларымен жақын танысу үшін көлдерден балық аулады, бірақ бәрінде де жанына бірнеше жауынгер еріп жүрді. Оның үстіне алыс саяхатқа ауа райы да жібермеді: Санников жерінде жаздың алғашқы айы аса жауын-шашынды болып, аспанды әлсін-әлсін бұлт торлап, ертелі-кеш сілбіреп жаңбыр жауды да тұрды. Алайда жауынды күндер де оларды 201

зеріктірген жоқ, бес жас келіншек жертөлені кепілді дуға бөледі. Келіншектермен әңгіме-дүкен құрып, ұдайы сұқбаттасып отыруы олардың онкилондар тілін меңгеруін тездетіп, емін-еркін сөйлесуіне, сөйтіп бұл жұрттың әдет- ғұрпы, тұрмыс салты, нанымы жайында бай мағлұмат жинауына жағдай жасады. Бұл тайпаның жазбасы болмаған, бірақ ауызша аңыз- әңгімелері мен ертегілері, жазып алса, көп екен. Тілді едәуір игергеннен кейін жиһангездер осы мақсатпен қарияларды шақыртып алып, кейде оларға өздері барып әңгімелесіп отырды. Жиһангездерді, сондай-ақ тайпаның діни нанымы қызықтырған еді, осы орайда оларға дін ұстаушы ретінде көп мағлұмат беретін бақсы ат-тонын ала қашып, әңгіме айтудан бас тартты, жалпы ол жателдіктерге жасырын бір өшпенділік сақтап, сенімсіз көзбен қарады. Дінге онкилондардың өз көзқарасы да күңгірт, олардың аспандағы, әуедегі, бұлттағы, жұлдыздағы, судағы, топырақтағы қайырымды, қайырымсыз рухтарға сенімінің өзі қарама- қайшы. Баяғысынша қардың ортасында иттермен жападан-жалғыз тұрып, қысқа отын қамдап, ет қақтап, аңшылықпен күн кешіп жатқан Никифоровқа екі жиһангездің ғана бір айда бір-ақ рет барып, амандығын біліп қайтуына мүмкіндік болды. Тақа бір қажет болып қалса, онан хабар алып келуі үшін Никифоровқа Белуханы тастап, Пеструханы алып кетті, керегінде екеуі де хат тасушы орнына жүре алады. Ал зәуде бір қатер төне қалса, ол күртіктен жоғары жақпарға от жағуы керек, оның түтіні онкилондар тұрағынан анық көрінеді. Санников жерінде қыстауға бел байлаған соң жиһангез- дердің онкилондардан ойпаттың қысы жайында сұрастыруы табиғи да. Олардың айтуынша, қыркүйектің басынан-ақ ай- түйге қаратпай қыс түседі: түстік жақтан сәл ғана көтеріліп, 202

ойпатқа күн алты-жеті сағат қана жарық болып тұрады. Жапырақ сарғайып, жедел түсіп қалады. Онкилондар қысқа отын дайындап алуға жанталасады. Күн жиі бұзылып, ауық- ауық қар жауады. Қазанның басынан бастап ойпатқа күн мүлдем түспейді, бірақ түске қарай бірнеше сағат жарық болады. Жел түстіктен тұрса, қар ұйытқытып, терістіктен жауын және тұман әкеледі. Онкилондар қыстың қамымен соңғы аңшылық кәсібін жасап, ет қорлайды. Қазан айының ортасынан бастап күн атымен жоқ, тек бірер сағат қана іңір болады, жауын-шашын жиілеп, жертөледен ошақ етіп шығартпайды. Қарашаның басынан қаңтардың аяғына дейін поляр түні басып, аспан ашықта ай сәулесі мен онкилондар аруақтардың жан алауы санайтын солтүстік шұғыласы ғана жарық түсіреді. Бұл тұста түстік желі – аяз бен ашық ауа райын, ал батыс пен шығыстан соққаны – ызғырық боран, теріскейден тұрғаны жаңбыр мен шуақ әкеледі. (Осыларды жазып алып Горюнов былай деп қосып қойды: қыстағы бұл жылылықтың ойпаттың терістік бөлігіндегі қайнаған көлдер мен фумаролдардан тарап жатқаны айдан анық). Соның арқасында қар көп тұрмай, бұғылар мен жабайы жануарлар азығын алаңқайлардан тебіндеп табады. Көбіне қар аңғарларда жартастардың астына іркіліп, көктем кемеліне келгенше ерімей жатады. Осынау қараңғы үш ай онкилондар үшін ең көңілсіз шақ: боранда да, жаңбырда да бұра баспай жертөледе отыру керек. Айлы түндері аңға да шығады, көбіне бұғыларға тиіп, маза бермейтін қасқырларды аулайды. Ақпанның басында түстік жақта сәуле пайда болады, бірақ ойпатқа күн марттың басында ғана сығалайды, күн шапшаң ұзарып, жылына бастайды, осы айдың аяғынан-ақ көктем қауырт кіреді: қар кетіп, қылтиып шөп көрінеді, табиғат түлеп салып, жанданып жайнай жөнеледі, ал сәуірдің ортасында ормандар жасыл желек киеді. 203

ТҮЛЕГЕН ҚҰСТАРДЫ АУЛАУ Шілденің басында көлдердің жас құсы қанаттанып, қаз- үйректің түлейтін шағы туады. Түлеген құстар ұша алмай, қамыс арасында жасырынып жата береді. Терістіктің тұрғылықты халқы жаппай құс аулауға тап осы кезеңді пайдаланып қалады, онкилондар да солардың бірі. Мұндағы әр тұқымның дербес пайдаланатын екі-үш көлі бар. Алдын ала жағада айдау жол жасалып, оны арасынан үйрек өтпейтіндей етіп шыбық шаншып қоршайды, қоршаудың екі қабырғасы ара қашықтығы жүз қадам шамасы, әуелі судан басталады, сосын олар бірте-бірте қусырыла келіп, жан- жағына тор ұстаған алаңға кеп тіреледі. Белгіленген күні емшектегі сәбилер мен жас балалардан басқа рудың күллі мүшесі тайлы-таяғына дейін қолына таяқ ап алақарақтан көлді айнала қоршады да, айғай-сүрен салып құрақ арасын паналап жатқан құстарды шошытып қуалай бастады. – Ей, қаздар мен үйректер! – деп айғайлайды бірі. – Шықсаңдаршы, шомылар уақыт болды! – Жалқаулар, шық жаныңның барында, бақа-шаян, балықтар күтіп жүр, – деп дігірлейді енді бірі. – Бастарыңнан сипар таяғымыз тағы сай, – деп сұңқылдайды үшіншісі. Бұл күн өміріндегі өрелі оқиға болған балалардың тасыр- тұсыр, айғай-шуы құлақ тұндырды. Олар ит құсап құрақ арасына кіріп кетіп таяқты онды-солды сермеп жүр. Зәресі ұшып шошыған құс жан-жақтан суға топырлады, ал алдында ши мен шыбық шайқалып, бәрі кеп кіріп кетіп жатыр. Кейбіреуі ұшуға қомданып қанатын сабалай түсіп қайта қонады. Үйректердің қырқылдағаны, қаздардың қанқылдағаны жан- жағындағы қуғыншылардың айғай-сүренімен ұласып, айналаны азан-қазан қылды. Бұрын түлеген жылқышы, тауқұдірет, қызғыш, шіңкілдек, тәрізді су құстары бытырай ұшып, 204

тобымен қосылып көл үстінде шымылдықтанып тұрған торғын тұманды қанатымен желпіп қиқулап су айналып, алаңқайды басына көтеріп жүрді де қойды. Қуғыншылар суға жеткенше көл беті қаз бен үйректен көрінбей кетті. Жағаның екі қоршау арасындағы тұсы ғана адамдардан ада. Көл жағасының кей жері қорысты болғандықтан қуғыншылар аяғына қыста киетін жүні сыртына қаратылып шыбыққа керілген аң терісінен жасалған жалпақ шаңғы байлап алған, бұл олардың мибатпақпен жүруін жеңілдетіп, құрақ арасында бұғып қалған құстарды үркітіп шығаруына мүмкіндік туғызыпты. Онкилондар көлді айнала қоршап алып, оның қашаға қарама-қарсы шетінен алдын ала әзірлеп қойған қайың қабығынан тігілген төрт қайық алып шығып, әрқайсысына бірінің қолында тоқпақ пен қайыс белдік, бірінің қолында ескек бар екі адамнан отырды. Қішкентай қайықтар бір- бірінен лезде-ақ бөлініп, арасына қайыс белдіктерін құра қойды. Қайықтың ортасындағы адам тынымсыз ескек есіп, тұмсығында отырғаны қолындағы белдікпен суды қайта- қайта шалпылдатып, жүзіп жүрген құстарды шошытып, қырқылдатып, қаңқылдатып бейшараларды қашаға қарай тықсырды. Жағада қуғыншылардың айғай-қиқуы үдеп, тоқпағы тоқылдап, суда қайықшылардың қиқуымен ұласып толқын жалы түріліп келеді. Құстар алас ұрды: кейбірі белдік қайыстың суға батқан тұсын аңдып тұрып кейін жүзіп, кейбірі жағаға жанталасып еді, жақындап барғанда қуғыншылардың оғына тап болды, оқ тиіп, су сабалап, апыр-топыр көбейді де кетті. Осылай біртіндеп жүздеген құс көлдін шетіне тықсырылды. Қайықтардың жылжуына орай қуғыншылар да жағада қаптай бастады, алдыңғылары қоршауға қарай өтіп, дымын шығармай үнсіз ғана құрақ арасына жасырынды. Көл шетіне тақалғанда қайықшылар да жан салып ентелей түсті, себебі құс енді шағын бір алаңға ғана топырлап, оларды уыстан қайтып шығармау солардың ғана қимыл-ебіне байланысты болып 205

қалған. Сондықтан қайыс белдікпен суды үсті-үстіне шалпылдатып, тыным таппау керек, әйтпесе қалың құс нөпірі кейін лықсып сытылып кетіп, бәрін де басынан қайта бастауға тура келеді. Міне, құстардың алғашқы легі жағаға дейін жүзіп кеп, ілгері ұмтылып шөптесінге шыға бастады, олардың ізімен кейінгі қалың нөпір кимелеп, қырқылдап, қаңқылдаған үйрек- қаз тасқыны қашаның өн бойына қойып кетті. Құстың соңғы легі судан шығуы мұң екен, қайықшылар да жағаға бір-ақ атты, оларға тақау тұрған қағушылар қосылып, тоқпақ ұрып, қиқу салып, қаз-үйректі ілгері қуа жөнелді. Ақыр аяғында күллі құс қоршауы берік, шөбі тапталған тұйыққа кеп топырлады. Сол-ақ екен, шарбақты қоршап тұрған, құстардың ізімен ішке кірген қағушылар сойылды сілтеді дейсің. Жан- жақтан ондаған таяқ тасырлап, қанатты сорлылардың басына тарс-тұрс тиіп жатты, екіленген кісілердің қиқуы, қанаттардың сытыры, таяқтардың түсірі, ышқына шыққан қырқыл мен қаңқыл астасып, әлем-тапырық даңғазаға ұласты. Қан сорғалаған таяқтар әуеде жарқ-жұрқ етіп, сеспей қатқан, жантәсілім тыпырлап жатқан құстар тау-төбе болып үйіліп қалды. Ілуде бір құс қана қағушылардың бұтының арасынан я шарбақтан далбасалап өтіп кетіп, көлге, далаға қашып құтылды. Құс біткеннің бәрі жайрап, тұйық тау-төбе болып қалғанда шу да сап тыйылды. Жұрт шарбақты лақтырып тастап, олжаны жинай бастады: екі-екіден аяғын қайыспен байлап, жаңағы қару болған таяғын зембіл қып, екі адам екі иығына отыз- қырықтан қаз-үйрек теңделген таяқты салып, қосына қарай тартты, балалар да өз бойына шақтап жүк арқалап, үлкендермен бірге жөнелді. Тұраққа келген соң олжаның бәрі бір жерге үйіліп, жұмыстың жаңа түрі басталды: құстардың жүнін жұлып, мамығын тері қапшыққа тығып, етін астауға тастап жатыр. От алаулап, тастар қыздырылып, ағаш ыдыстар әзір тұр – 206

демек, бүгін құс сорпасына жұрт тегіс тояды. Бәріне де қолғабыс беріп, бәріне де бөгет болып жүрген балалардың айқай-ұйқайы, сықылықтаған күлкісі, шықылықтаған даусы әуені жаңғыртып тұр. Міне, бір-бір құшақ құс алып қайықшылар да келді, олар көлден қағушылардың атып түсірген олжасын жиып әкепті. Жүнін аршып болғасын кешке құс етін ыстау қолға алынды, тұз және ыдыс болмағандықтан оны басқаша сақтаудың жолы жоқ еді. Сондықтан ағаш талынан күрке жасап, оның шаңырағы астына сырғауыл тартып, аршылған құсты іліп, астынан түтін қойды, бұл бірнеше күн осылай тұруы керек. Жұмыс та, ауқат жасау да көз байлана әрең бітті, ертеңіне осы қарекетті басқа көлде қайта қайталау шарт, бүрсігүні үшінші көл күтіп тұр. Кешіктіруге еш болмайды, себебі қауырсыны өсіп кетеді де, құстар сәл де болса ұшуға жарап қалады. Онда қаша да, қоршау да түк бітіре алмайды. Жиһангездер ешқандай ләззат алмаса да құс қағуға қатысты, өйткені оларға да қысқа азық керек еді, ал келіншектері болса, бұл шаруаға жанығып кетті. Осы кәсіптің үш күні жатжерліктерге жаман жиіркенішті әсер етті: ырду- дырду, айғай-шу, қорғансыз қанаттыларды аяусыз қырып- жою, тау-төбе өлген құс, алаулаған от, жұрттың жаппай шеңбірек ата ет жеуі, тойымсыздығы, мейірімсіздігі – бәрі- бәрі жүрек айнытып, құс аулау біткенде олар қатты қуанды. Құс аулаудың қызығына түсіп, олар кездесіп қалған ірі аңға онша көңіл қоймады, өйткені оның күні алда екен. Әр көлдің қамысында азын-аулақ қабан болатын; қағушылардан ығысып басы ызалы қабанның өзі болып бір араға ұйлыққан ұя ақыр аяғында қоршауды баса-жаншып ілгері ұмтылды. Оларға қақ жарылып жол берді, тек артта қалған не жүгіріп шетке шығып кеткен бірді-екілі торайлар ғана сойылға жығылып, найзаға ілікті. Қабанды олар күзде әбден семірген кезінде ғана аулайтын, сонда доңыздар қамыс қурап, құлап, қорыс қатып пана болмай, орман барқынына жайылуға 207

шығатын. Оларды торуылдан аңдып жүріп садақ атып, найза жұмсайды. Суықта етін сақтау да оңай, қатырып бұтаққа іл де таста. Алғашқы қар түскенде алаңқайлар мен ормандарда өріп жүретін қояндарға да тұзақ құрылады. ҚАУІП-ҚАТЕР ДАБЫЛЫ Шілденің аяғынан-ақ күн ойпаттың терістік жотасына ғана емес, көкжиектің өзіне ерте жасырынып, түн қараңғы әрі ұзақ болуға айналды. Күздің алғашқы белгілері біліне бастады: жартастардың жақтауына ұя салатын сұр қарлығаштар ұбап- шұбап топ құрып, жастарын ұшуға баулып, алыс сапарға қамданды. Аман қалған қаз-үйректер де топ құрап, бір көлден екіншіге ұшып-қонып жүрді. Түнгі тұман қалыңдап, ертеңгілік ойпаттың үстінде іркіліп көп тұрып алатын болды. Жиһангездер Санников жерінде қыстап шығамыз деген оймен аңға шығып, қысқа сақтық қор жасады, әкелген еттерін келіншектері қақтап, ыстап, майын қорытып қарынға құйып қойды. Алайда тамыздың алғашқы аптасының аяғында кейінгі кезеңге көп қырсығы тиген оқиға болды. 8-іне қараған түні жиһангездер күшті жер дүмпуінен оянды, әуелі олардың ұйқылы көзіне дүбірлетіп біреу жертөленің есігінен баса-көктей кіріп келе жатқандай көрінді, сосын өтіп бара жатқан ауыр пойыз бардай қатты гуіл естілді. – Тағы да жер сілкінді! – деді Ордин. Жертөле іші сөнген оттың шоғымен қаракөлеңке болып тұрған-ды, төсегінен көтерілген ерлер мен әйелдердің үрейлі жүзі көзге бірден шалынды. Міне, дүмпу қайта жаңғырды. Ашалар мен үргілер сықырлап, төбеден топырақ құйылды. От жыпылықтап, ашаға ілген заттар шайқалып, жер астынан шыжылдаған бір жат үн естілді. – Біздің жертөле басқалардікінен берік болғанымен де далаға шығу керек, – деді киімдерін қолына ұстап Горюнов. 208

Әйелдер қолы қалтырап белдемшелерін таға сап, киімдерін құшақтап есіктен тұра атты. Жүре киініп жігіттер де олардың соңынан шықты. Тұманды айдап кеткен терістік желінің ықпалымен түн әдеттегіден едәуір жылы. Ойпаттың батыс жағына ілінген ай сәулесімен алаңқай жарық боп тұр. Жақын орманның желмен сыбдырлаған жапырағының шуылына қарамастан құздан құлаған жартастардың гүрсілі жан-жақтан анық естіледі. Көсемнің жертөлесінен әйелдердің айғайы, балалардың жылауы, еркектердің даусы естіліп тұр. Оның тұрғындарының бір бөлегі далаға шығып киіне бастаған. Әлгіндей болмай қалғандары да тысқа шығып, есікке тақау топырлап, өзара пікір алмасып, үрейлене аспанға қарайды. Амнундак жиһангездердің жанына келді, қатты қорыққан сыңайы бар. – Жер қайта сілкініп жатыр, ақ адамдар! – деді ол кінәлаған үнмен. – Ақ адамдар келісімен-ақ онкилондарға бақытсыздық басталады деп ұлы бақсы біліп айтқан. Сендер келгеннен бері жер екі рет сілкініп, вампулар шапты бізді. – Сіздермен вампулар бұрын да талай соғысқан ғой және жердің де сілкінуі бір бұл емес, – деп қарсылық білдірді Горюнов. – Жоқ, жер бұрын-соңды ешқашан дәл бұлай қатты дүмпіген емес. Әне, айды қарашы қандай, қып-қызыл! Бұл – болашақ үлкен бақытсыздықтың белгісі, – деп Амнундак сөзін нығырлай түсті. Жаңа бір дүмпуден ол теңселіп кетті де, біраз адам жығылып қалды. Әйелдердің шыңғырған, балалардың жылаған даусы шықты. Бәрінің көз алдында Амнундак үйінің бұрышы құлап түсіп, қою шаң шаншылып аспанға көтерілді. Ағаштар шайқалып тұр. – Үйден бәрі шығып па еді? – деп дауыстады көсем. – Бәрі, бәрі шыққан, – деп жауап қатты бір дауыс. 209

– Жоқ, бәрі емес, менің анам Мату қалды, – деген бір әйел даусы шықты. – Ауырып жатыр еді, енді қайда өлсем де – бәрібір деп орнынан тұрмай қалған. – Онда өлгені ғой! – деді бір еркек үні. – Қалқа тұп- тура үстіне құлады. – Бөрене мен шымын лақтырып, жедел құтқарыңдар әйелді! – деп әмір етті Амнундак. – Отын, от әкеліңдер де дереу от жағыңдар. Алайда онкилондар үйге кіруге қорықты, құлаған қалқаның шымын әрең аршып, құлап кетпес пе екен деп келесі бөренелерге жалтақтап қарай берді. Аннуир тайсалмастан өз жертөлесіне кірді де, тақтайға сап бірнеше қызыл шоқ алып шықты. Ұзамай лаулаған от жұртты аздап тыншытты, шым аршып жатқан жауынгерлерден басқа ру жанының бәрі от басына жиналды. Дүмпу басылған жоқ, жер солқ ете қалған сайын жұрт төбесіне құлар ештеңе болмаса да кері қашады. Жер ұдайы гуілдеп, ағаштар теңселіп тұр, аяғынан тік тұру мүмкін болмаған соң жұрттың бәрі отырды. Құлаған тастардың гүрсілі тынар емес. – Онкилондарға алапат төнді!.. – деп міңгірледі Амнундак дүмпіген сайын дір ете қалған отқа қарап. Жиһангездер өздеріне ұнатпай алая қараған жауынгер- лердің, әсіресе әйелдердің жанарын әлденеше рет байқап қалды. Ординнің жанында отырған Аннуэн дүмпу аралығында орнынан тұрып, оттың екінші жағында отырған әйелдерге барып қосылды, одан Горюнов пен Костяковтың, қалаулылары да қалысқан жоқ, орнынан қозғалмаған тек Аннуир мен Раку болды. – Біз осы оқшау қалып бара жатқан тәріздіміз, – деді сыбырлап жолдастарына Горюнов. – Оқасы жоқ, күн шығады да көңіл орнығады, түнгі қорқыныш ұмытылады! – деп жайбарақат жауап берді Костяков. 210

– Ай тіпті қызарып кетті, – деді Ордин. – Шамасы, құлаған жерден тозаң күшті көтерілсе керек. Әсіресе, бір тегеурінді дүмпу қатты гуілдеп аңғарды бойлап өткендей болды. Үрейлі үн қайта жаңғырып, жүресінен отырған кейбір кісілер жалпасынан түсті. Иттер ұлып қоя берді. Көсемнің жертөлесі түгел құлап, шудаланған шаңның арасында шошайып төрт ашасы ғана қалды. Жұмыс істеп жүрген жауынгерлер құлап түсіп, атып тұрып айдалаға қашты. – Жер ойылғалы тұр, біз опат боламыз, тайпамыздың құритын күні туды! – деп аһ ұрды ерлер мен әйелдер. Әйелдер балаларын бауырына қысып алған, үрей кеулеп бәрінің көзі бажырайып кеткен. Құлаған тау-тастың гүрсілі басылған тұста төңірек құлаққа ұрған танадай бола қалды, осы сәтті күткендей жел де сап тынды. Бәрі елеңдеп бірдеңеге құлақ түрді. Тыныштық қаймағын алыстан дүңгірлеген бақсының даңғыра үні бұзды, дәл осы сәтте ол онкилондарға кереметтей әсер етті. – Бақсымыз тірі екен! Жарықтық жер рухына басу айтып жатыр! – деген қуанышты үндер шықты. Әлгі қатты дүмпу шынында да ақырғысы болды, онан кейінгі ақырын солқылды ешкім де елеген жоқ. От басында жұрт қалғи бастады. Оларды таяу тұрақтан ұзақ ұрып, келте қайырылып дүңгірлеген әскери барабан үні оятып жіберді, оған басқа да алыс мекендерден қағылған дабыл қосылды – бәрі де тымырсық түнде ап-айқын естіліп тұрды. Барлығы елең қағып, тапжылмай тыңдай қалды. Осы бір беймаза музыка әуені басылғанда Амнундак Горюновқа кінә қоя сөйледі. – Бұл түні біздің көп үйіміз құлады. Бірнеше ана мен бала опат болды, біразы мертігіп, қыруар үй жиһазы қирады. Бізге апат айырықша келді, ақ адамдар! Алайда сендер оны болдырмау амалын қарастырмадыңдар. Қарашы, сендердің үйің дін аман, ал менікінің шаңырағы ортасына түсті. 211

– Себебі сендер үйді өте осал саласыңдар! – деп шамдана жауап берді оған Горюнов. – Енді үйді берігірек салсаңдар, олар құламайды да, ешкімді басып қалмайды. – Біздің үйлерде сан ұрпақ өсіп-өнген, бірақ оның құлағанын ешкім көрген жоқ, – деп қарсы дау айтты көсем. – Ал арнап келген апатқа ешбір дауа жоқ. Және біз сиқыршы да емеспіз ғой. Ол «сендер сияқты» деп айтып салғысы келді де, іркіліп қалды. Жиһангездер оны айтпай-ақ ұқты. Осы кезде құлаған қалқаның ағашы мен шымын аударыстырып жатқан жауынгерлер Мату кемпірді алып шықты, әриие, ол бұл дүниемен бағана-ақ хош айтысқан екен. Оның қызы мен және екі әйел аулағырақ бөлек от жағып, мәйітті соның басына қойып, салт-сана бойынша оның көзі тірісіндегі жақсылығын айтып жоқтауға кірісті. Қалғандары от басында тағы да қалғып кетті. Көсемнің үйі құлап, бір әйел қайтыс болғанын Амнундактың әмірімен барабан барлық мекенге хабарлады. Таң рауандап келе жатты, ұйқы қысып жиһангездердің кірпігі кірпігіне жабыса береді. Жер сілкіну тоқтаған тәрізді баяу солқыл да бірте-бірте сиреді. Жертөлелері жер сілкінуіне төтеп берді, енді оған оралуға кәміл болады. Осыған келісіп үйіне беттей берген жиһангездерді кейбір оянып үлгерген онкилондардың өшпенді, қызғанышты көзі сырттай атты. Амнундак бетін тізесіне қойып қалғып отыр. Ақ адамдарға Аннуир мен Раку ғана ерді, қалғандары орнынан да тырп еткен жоқ, ал Аннуэн болса, жоқтау айтып жылаушыларға бағана қосылған, Горюков пен Костяков әйелі тастап кеткен еркек кебін киді де шықты. Қатерлі түннен кейін қатты ұйықтап бәрі кеш тұрды, есік саңылауынан күн сәулесі сығалап қалған. От лаулап жанып жатыр, ермей қалған үш келіншек түк көрмегендей-ақ ас қамдап жүр. Ертеңгі ас үстінде олар ермеу себебін баяндады. Жер қатты дүмпіген кезде әне-міне жер жарылып, өздерін 212

ақ адамдар жерасты патшалығына ертіп әкетеді екен деп қорыққанын мойындады олар. Сондықтан да өздерінің жағына шығып кеткен көрінеді. Аңқаулық болғанымен де бұл қылығы ақылға сыярлық, сондықтан Горюновтың келіншектерге ақ адамдар сиқыршы да, жерасты рухы да емес екенін тағы да қайталап түсіндіруге тура келді. Бірақ үн қатқан келіншектің жүзінен бұл сөзге сенбей отырғаны білініп- ақ тұр. Келіншектер таңертең ерте Амнундакқа бақсының келгенін, жолда оның жердің жарылғанын көргенін, одан әрең аттап өткенін айтыпты. Қайырымды рухтар өз құлын жебеп-желеп, соның арқасында бақсының үйі құламай аман қалыпты-мыс. Осынау хабар жиһангездерді төңіректі тағы бір шолып шығуға құлшындырды, жауынгерлердің бәрі жер қазып, көсемнің баспанасын қалпына келтірумен шұғылданып жатыр, мезі еткен күзетсіз-ақ жүріп қайтуға болар, әсіресе түнгі оқиғадан кейін оларды ертіп жүрудің өзі ыңғайсыз. Гороховты көз ғып жертөленің жанында қалдырып, қалған үшеуі мылтық асынып бақсы үйіне барар жолға түсіп тарта беріп еді, ұзамай батыстан шығысқа тартылған ені екі метрдей жердің жарығына тап болды, оның түбінен құлаған қыртыс, тамырымен түскен бұталар мен тұтас ағаштар көрінеді. Астынан жер жарылған аса жуан ағаштар түбірінен бастап орта тұсына дейін қақ айырылып, бір жағы жыраның бір қабағында, екіншісі келесі жиегінде тұр, бейнебір екі аяғын керіп, сай басында тұрған адам тақылетті. Жердің жарығына жақын жердегі топырақта жарылғанда шыққан қап-қара құм шашырап жатыр. Ешкім жоқта көріп алу үшін осы арадан олар қасиетті көлге бұрылды. Жолда олар ені әр алуан отызға тарта жарықшақ ұшыратты, бірінен адымдап өтсе, екіншісінен жүгіріп келіп секіріп кетуге тура келді. Бірі таяз болса, енді бірінің түбіне көз жетпеді – бәрінің де түп жағы қусырылып, тас тастағанда су жатқаны анықталды. Ойпат кемерінің 213

етегіндегі тастақты шәмбіл төбені түнде құлаған жартас сынықтары басып, бір жерінен таутекенің жансыз денесі табылды, жануарды жақпар тастан жер сілкінгенде атып жіберсе керек. Әрине, мұны ала жүрген жөн, түбі бұл жауынгер ертпей кеттіңдер деп көсем кінәлай қалса, ақталуға жақсы. Қасиетті көлдің жағасына жете беріп, таң-тамаша болған жиһангездер тоқтай қалды – көл ұшты-күйді жоқ. Орнында түбіне қара лаваның жылбысқы бірдеңе жапқан ірілі-уақ сынықтары шашылған, жалпақ та көлбеу ойыққа ұқсас үлкен шұңқыр ғана жатыр; тас сынықтары арасымен қатты сарқылған өзен салаларының суы сылдырайды. Тайғақ тақта тастарды абайлап басып зерттеушілер құздың етегіне тақау терең, көмей-қуысқа да жетті, диаметрі екі-үш метр ол күрт қиғаш тартып, жардың астына терең бойлап кеткен, оған жартастардың арасынан жылап ағып су құйылып жатыр. – Ал бұған не айтасыз? – деп сұрады Костяков үшеуі келіп тылсым тереңге тартқан үңірейген үлкен қара көмейдің ернеуіне кеп тоқтағанда. – Меніңше, түндегі дүмпу жерасты каналына көмей-қуыс арқылы мезгіл-мезгіл құйылатын етіп суды бөгеп жіберіп тұратын иін сияқты бір тетікті үгіп жіберген, – деп жауап берді Ордин. – Көлдің жоғалып кетуінің басты себебі келіп құяр су көзінің бітеліп қалуында емес пе екен? – деп сұрады Горюнов. – Естеріңізге түсіріңіздерші, бұған ойпаттың бар суы келіп құйылуы керек те. Өткен жолы орманнан шыққан тұтас өзеннің тас үйіндісінің астына келіп сіңіп кеткенін көріп едік қой. – Бәлкім, ойпат қыртысындағы жарықтар бұрын осында кеп құйып тұратын суды жұтып алған шығар, – деп жауап берді Ордин. 214

– Егер әлгі жарықтар түпсіз болмаса, суға толып, жылғалар қайта зырылдап, көл қалпына келер ме екен? – деп сұрады Горюнов. – Өйтуі де ықтимал. – Олай болғаны, әрине, дұрыс, тезірек толса тіпті жақсы, әйтпесе онкилондар қасиетті көлінің құрып кеткенін білсе, бұрынғыдан бетер қорқып, бұл апатты да ақ сиқыршыларға жабады ғой. – Біз оларға бұл жайында, әрине, ештеңе демейміз. – Ауыздарыңа ие бол, әйелдерге қайда болғанымыз жайында ләм-мим демейік. – Түсінікті. Тіпті Гороховқа да ештеңе айтпаймыз. Аңға шықтық, таутеке атып алдық, жердің жарылғанын көрдік – осы жетіп жатыр емес пе. Көлден кері қайтып келе жатып олар біраз уақыт ойпат аңғарын бойлай жүрді. Бір жерде олардың көзіне жардың етегінде жатқан аппақ қойтас пен оның жарқыншақтары түсті. Қасына келсе, ол мұз екен, бұдан жоғары жақта биік шыңдарда аз да болса мұзарттар бары білінді. Бәрінен таңданарлығы, құздың тап етегіндегі екі жаққа бірдей созылған жарық болды, бірде кеңейіп, бірде қусырылып көз ұшына дейін кеткен сол жырада да бес-алты метр тереңдікте су жатты. Одан арғы жолда да олар құз-қабырғаға екі-үш мәрте әдейі кеп қарап, әлгіндей жарық көрді, зайыры, ойпат табаны ең кемі он шақырым шамасында батыс кемерден бөлініп қалуға айналған. Үйге олар түс ауа келді, соның өзінде мекен тұрғындары бұлардың жоқ екенін біліп қалыпты. Бірақ таутеке онкилондардың күдік-күмәнін тез сейілтіп, Амнундак жұмыстан жырып, бірнеше жауынгерді жателдіктерді іздеуге бекер жібергеніне өкінді. Жертөленің орны аршылып, онкилондар сол бөренеден аша орната бастады. Түскі асын ішіп болып қолына балта ұстаған жиһангездер жер сілкінген 215

сайын тұрғындарының төбесіне құламас үшін аша мен үргіні қалай ұстастыру керек екенін көрсеткелі келді. Алайда оларды қайран қалдырып, онкилондар жателдіктер көмегінен бас тартты. – Бабаларымыз бізге өзге болмаса да үй салуды үйреткен, – деді Амнундак, – сол баспаналарда талай ұрпақ өсіп-өніп келеді. Біз бұдан басқаша салмаймыз үйді. Онан да, ақ адамдар, жер қайтып сілкінбестей етіп беріңдер, сонда біздің үйлеріміз де құламайды. Ешқандай ақыл-кеңес өтпеді, жиһангездер үйінің беріктігі де әсер етпеді оларға. – Егер біздің үйлерде онкилондар емес, ақ сиқыршылар тұрса, құламаған болар еді, – деп жателдіктерді алқа-қотан қоршап әңгімесін тыңдап тұрған құрылысшылардың бірі. – Солай, солай! Дұрыс айтасын! – деп қалғандары да бас щұлғып, дабырласып кетті. Өз жертөлелеріне қайта оралуға тура келді, алайда мұнда болған жағдайды талқылап жатар мүмкіндік тағы жоқ, себебі әйелдер орысша едәуір түсініп қалған, олардың көзінше еркін сөйлесе, бәрі онкилондарға жетіп қалуы кәдік. Сонда да екі дайда қалаулыларының қай жаққа шығатынын байқау үшін жиһангездер онкилондарға жасаған ұсынысы, оның қабылданбауының себеп-салдары хақында сөз қозғады. – Амнундактың шешімі дұрыс! – деп дік етті Аннуэн. Оның пікірін қалғандары да қостады. Тек Аннуир ғана жиһангездердің жағына шығып, осы жертөленің құрылысын алға тартып дәлелдей кеп, есті адамдардың көмегінен бас тарту есуастық деді! – Бұлар сені мен бізден ақылды емес, тек сиқыры ғана күшті! – деді ыза буған Аннуэн. – Бұлар біздің жерге қадам басқанға дейін үйіміз де құламаушы еді, жеріміз де бұлай шайқалмаушы еді. Бұлар болғызбаймыз десе, жер де қайтып сілкінбейді. 216

Бірге тұра бастағаннан бері әйелдердің дау-тартысы тұңғыш рет мынандай қиян-кескі сипат алып, надан, көңілі соқыр күндестерінің Аннуирді жерден алып, жерге салғаны сондай, ерлер енді әңгімені бастап бергеніне өкінді. Ашулы әйелдерді сабасына түсіру үшін Ордин Аннуирді жидек теріп келуге орманға шақырды. Табан аузында қалған төртеуі қысқа сақтайтын жидекті теріп кептіретін кез болды деп қабықтан жасалған қақпағы, тұтқасы бар топатайды қарына іліп орманға тартты, бірақ олар басқа жаққа жөнелді. Үш жиһангез жағдайды пайдаланып еркін әңгімелесу үшін жеке қалды. – Мұнда қыстап қалудың реті жоқ сияқты көрінеді де тұрады маған, – деді Горюнов. – Онкилондардың бізге қарым-қатынасы қазір достыққа қиғаш. – Иә, – деп қостады оны Костяков, – тағы бір қолайсыз бірдеңе туа қалса, мәселен, жер сілкініп не дауыл тұрып, болмаса тұтқиылдан вампулар шабуыл жасай қалса, бізге білдірмей тайып тұрудан басқа лаж жоқ. – Оқа емес, бәрі де орын-орнына келеді, жолдастар! – деді Горохов. – Құдайдың құтты күні жер сілкінбес! Қыстап шығамыз! – Никитаға бұл ара ұнап қалған, – деп мырс етті Костяков. – Әрине, ұнайды. Ұнамайтын несі бар, айтшы. Тамақ тоқ, күн жылы. Жақында некелесіп, үйленеміз, әйелдеріміз және жақсы. – Міне, мәселе қайда! – деп даусын соза түсті де, Горюнов үнсіз қалды. Жазатайым қақтығыс бола қалса, Гороховтың онкилондар жағына шығатыны немесе бейтарап қалатыны айқын болды. Жертөлені тым-тырыс үнсіздік басты. Ұзамай Горохов орнынан тұрып, үйден шығып кетті. – Мен қорқайын дедім, – деді Горюнов, – бұл арадан асығыс-үсігіс жасырын қашпақ болсақ, Никитаның бізбен 217

бірге кетпеуі кәдік, тіпті біздің ойымызды оларға білдіріп қоюы да мүмкін: – Қой, бұ не дегеніңіз? Бұндай ой басыңызға қайдан келіп жүр? – деп таң қалды Костяков. – Ол да біз сияқты сиқыршы емес пе, бізге бұл жерде қалу қатерлі болса, оған да қауіпті. – Олай емес. Онкилондардың оны бізден бөле қарайтынын байқап жүрмін. Ол қараторы, түр-тұрпаты соларға келеді, тілін де біледі. Оны ақ деуге болмайды ғой, солай емес пе?! – Әлбетте! Сонда да ол бізбен бірге келді, бізбен бірге тұрады, оның да жасыны мен нажағайы және басқа таңғажайып заттары бар. – Солай болғанымен де оның жағдайы едәуір өзгешелеу. Бұған менің назарымды алғаш аударған Ордин, ал оған Аннуир айтыпты. Әйтеуір біз Никитамен ұдайы ашық-жарқын бола бермейік те. – Оныңыз дұрыс! Ал, меңінше, бүгінгі әйелдердің ұрысы Аннуирдің біздің одақтасымыз екенін байқатты. – Рас, ол Ординді ессіз сүйеді, онкилондардың жоспарын сол арқылы да білуге болады. Мұның өзі аса пайдалы болса керек. – Бір қызығы, біздің қашуымызға тура келсе, ол бізбен бірге кетер ме еді, кетпес пе еді. Бірде ол бармаймын деген. Есіңде ме, ана жолы жотаға шығып теңіз жақты шолғанымыз. – Е, ол алғашқы бет қой. Ал қазір ол Ординмен жердің түбіне дейін баруға бейіл. Гороховтың қайтып оралуы әңгімені кілт үзді. Горюнов пен Костяков құрылыстың қалай жүріп жатқанын көргелі есіктің сыртына шықты. Жертөленің қабырғасы қаланып, әйелдер шым жайып та жатыр, оның жартысын жаңадан ойып, жартысын құлап жатқанынан алған. Түнге қарай рудың жаңа қонысқа кірер түрі бар. 218

Кешке топатайларын жабайы малина мен қарақатқа толтырып төрт әйел келді. Олардан кейін Ордин мен Аннуир де көп ұзаған жоқ, бірақ келіншектің терген жидегі аз да көзі бұлаудай екен. Оның аз тергенін көрген өзге келіншектер сықылықтап, орманда не бітірдің деп сұрай бастады. – Мен оған Аннуэнмен сөзге келгені үшін ұрыстым! – деді Ордин. Аннуир оған таңырқай көз тастап қызарып кетті. Аннуэн разы болып қалса керек, жертөледе келісім қайта орнады. Ымыртта барлық әйел бұғы саууға кеткенде Ордин күндізгі әңгіме жайын айтайын деп еді, Горюнов сыбыр етіп, төсегінде отырған Гороховты көзімен нұсқап тыйып тастады. ЖАҒДАЙ ҚИЫНДАП БАРАДЫ Ойда-жоқта сырттан онкилондардың дауыс салғаны естілді де, барабан дүңгірлеп қоя берді. Жертөлесінен жүгіре шыққан жиһангездер онкилондардың қатын-қалаш, бала- шағасымен түгел Амнундак үйінің алдына жиналғанын көрді. Іңір қараңғысы мен қалың тұман олардың не істеп, не қойғанын көрсетпесе, не айтып жатқанын дүңгірлеген барабан даусы естіртпейді. Олар солай қарай беттей беріп еді, жүгіріп келе жатқан Аннуирға бетпе-бет жолығып тоқтай қалды. – Олай қарай бармаңдар, – деді ол алқынып. – Әзір әйелдер жоқта үйімізге бара тұрайық. Осыны айтып ол алға жүгіріп кетті де, жиһангездер соңынан ерді. Жертөлеге кірген соң Аннуир болған жайды бастан-аяқ баяндады. Жиһангездерді іздей шыққан жауынгерлер қасиетті көлдің суалып қалғанын көріпті, оның түбіндегі тақта тастан ақ адамдардың табанының ізін тауыпты. Тас бетіндегі жұмсақ құм-қайраңға түскен із тәжірибелі ізшілердің назарынан тыс қалмапты. Олар ізінше қайтып оралып, көрген-баққанын, ақ адамдардың қасиетті көлге 219

барып суалтып кеткенін асығыс Амнундакқа жеткізіпті. Осыған орай жұрт зар еңіреп, қатерлі хабарды барабан барлық тұраққа таратып жатыр. – Олай қарай онкилондарсыз бекер барғансыңдар, – деді кінә таға сөйлеп шошынған Горохов. – Енді олар көлді сендер суалтпады дегенге өлсе сенбейді. – Олар сонда не жасағалы жатыр? – деп сұрады Ордин. – Олар не амал істерін өздері де білмейді, бәрінде де зәре-құт жоқ. Жауынгерлер барлық жердің жарылып кеткенін және көріп келіпті, – деп жауап берді Аннуир. – Көсем бақсыға кісі жіберіп, құрмалдық бұғыны алып келуге әмір берді. – Демек, түнгі тәуеп, рухтарға жалбарыну басталады да! – деді Горюнов. – Бақсының рухтардан алатын ақыл-кеңесі қандай болатыны және белгісіз. Бәлкім, ол рухтарға мейірімі түссін деп ақ адамдарды құрбандыққа шал дейтін шығар. – Онкилондар адамды құрбан шалмайды, – деді Горохов. – Одан біздің қорқатын ештеңеміз жоқ. Меніңше, бақсы біз жедел кетсін дейтін шығар. – Жарайды, бұл онша қатер емес қой. Теңіз әлі шалқып жатыр, мұзбен жүрердей бола қойған жоқ, сонда да кетуге болар, – деді Горюнов. – Иә, қазір жол жүрер уақыт емес, ешқайда кетуіміздің жөні жоқ, – деді Горохов. – Мен олармен сөйлесіп көрейін, бәлкім, беті оңғарылар. Ол жертөледен шыға жөнелді. Ордин құлағына бірдеңе сыбырлап еді, Аннуир да оның ізінше зып берді. Горохов пен келіншектердің жоқтығын пайдаланып Горюнов Ординге күндізгі Никитаға байланысты әңгіменің ұзын-ырғасын жеткізді. Ордин де жатжерліктер жағына жаныға шығып, қалған әйелдермен керісіп қалғаны үшін Аннуирға шынында да қатты ұрысқанын айтты. Ол оған жатжерліктердің мүддесі үшін өз тұқымымен түс шайыспауын, әйтсе олар мұның көзінше ештеңе айтпайтынын, ал онкилондармен қарым-қатынас шиеленісіп, алакөздік болып 220

тұрғанда арасында ойы мен жоспарын алдын ала біліп отыратын бір адам керек екенін тұспалдап түсіндірді. Алайда Аннуир әділдігіне көзі жеткен сөгіс үшін емес, таяу күндері жатжерліктердің кетіп қалғалы тұрғанына жылапты. Екі дайда қай жағына шығарын білмей, ол әлі де әрі-сәрі еді: тайпасына деген туыстық сезім күшті, ал жат ел жөніндегі ой қорқынышты. – Енді ол бұл мәселені жақсылап тұрып ойластыратын болады, – деді ол сөзін тұжырымдай келіп. – Ойы жетелесе, бізбен бірге кетеді. Ол мені жанындай сүйеді, мен де оны сүйемін, ажырасу дегенің аса ауыр соғатын түрі бар. – Ал, Горохов, көр де тұр, осы арада өзі қалады, – деп сөз қосты Горюнов. – Оған мынау тоқ тұрмыс, тыныш өмір қатты ұнап қалған. – Оқиға алда да осылай өрби беретін болса, тыныш өмір, дегенің бұл жердің көзінен бұлбұл ұшар деп ойлаймын, – деп Ордин және бір ойдың ұштығын шығарып қойды. – Сондағы топшылайтыныңыз не? – Аннуир екеуміздің қайда болғанымызды білесіздер ме? Біз келесі алаңқайға, сағатына екі мәрте бу атқылайтын көбікті көлге бардық. Жағасында сағаттан артық отырдық, бірақ не бу атқанын, не көпіршігенін көрғеніміз жоқ. – Міне, гәп қайда! – Осыны қасиетті көлдің құрып кетуімен, жер қыртысындағы сан-сапалақ жарықпен салыстырсақ, бұл ойпаттың жерасты жүйесін жер сілкіну әбден бұзып кетті деген қорытынды шығару қиын емес. Осыдан мен қатты шошимын... – Сонда онкилондар қалай күн көрмек! – деп мырс етіп сөзді бөлді Костяков. – Бір көл суалып, бір көл бу атпаса, одан бізге келіп-кетер не бар! Басқалары бәрі қаз қалпында емес пе. –Күлмей тұра тұр! Келіп-кетер неге болмасын, – деп Ордин сөзін салмақтай түсті. – Поляр мұзының ортасындағы осынау ойпаттың жылылығы неден деп ойлайсыздар? Ол сөнген жанартаудың қойнауынан шығып жатқан жерасты 221

жылуынан. Бұл жылусыз ойпат қалың мұз бен қаасат қарға көміліп, сіреу боп сіреседі де қалады. – Ә-ә-ә! – деді даусын созып Костяков, жүзі де байсал тартты. – Иә! Жерасты режимін бұзып жер қойнауынан жылу тартатын жарықтарды бітеп, жер сілкіну таяу уақытта ойпаттың ауа райын шұғыл өзгертіп жіберуі кәдік... – Күллі жан-жануар, өсімдік түгел құриды де, – деп оның сөзін бөлді Горюнов. – Иә, жан иесінің бәрі осы алдағы қыста-ақ құрып бітеді. Біз бұл араның қысы қандай жұмсақ болғанын, жануарлар өз азығын қар астынан тауып жегенін жақсы білеміз. – Ыстықтың денін осы көпіршіген көлдер емес, ойпаттың терістік бөлегі бермейтін бе еді? Бәлкім, о жақ бәз қалпында қалған шығар. – Шүбәм бар. Алғашқы жер сілкінуін біз сонда көрдік. Мүмкін, ыстық су мен бу шығаратын жарықшақтың бәрі бірдей бітелмеген де болар. Олай болса, табиғат та шұғыл өзгермесе керек. Бірақ келесі бір жер сілкіну бәрін тып- типыл етпесіне кім кепіл?! – Біле білсеңіздер, Мыңтүтін алқабына тағы бір барып, не болғанын анықтап қайтуымыз керек. – Әрине, бұл пайдалы болар еді. Бірақ Амнундак жібермей қоя ма деп қорқамыы. – Неге? – Неге екені, біз тұп-тура сонда болғанымызда жер сілкінді. Ал онкилондардың соқыр сенімі деген... – Түсінемін. Онда жасырынып бару керек – бәрібір онкилондармен достық бүлінді, енді бұдан жаман бұзылмайды. – Жауынгерлерсіз және қатерлі. Вампулармен кездесіп қалуымыз мүмкін, – деп қауіп айтты Костяков. – Олар алғашқы атылған мылтық даусынан-ақ тығылып қашады, ал түнде иттер күзетеді. Онша артынып-тартынбасақ, соңғы судың басында бір түнеп, екі күнде оралып келуге 222

болады. Мыңтүтін алқабына ен бойлап, әрі барудың қажеті жоқ, қайнаған су мен будың атқылап жатқаны бірден-ақ көрінеді. – Дұрыс! – деді Горюнов. – Ертең жолға ертерек шығу керек. Гороховты, әрине, әйелдермен осында тағы да тастап кетуіміз керек. – Жоқ, менің Аннуирді бірге алып жүргім келеді. – Керегі не? Аяғымызға бөгет болып еркін көсілтпейді. – Бөгет болмайды, жүре беруге жалықпайтын жан. Оның үстіне біз жекеленсек, басып өткен мекендеріміз қашып бара ма деп күдіктенуі мүмкін. Ал Аннуир бізді бақылап жүргендей болып көрінеді. – Үш еркекке бір қатын бақылаушы дегенге ешкім сене қоймас, – деп күлді Костяков. – Мейлі, онкилондардың тыңшысы де, жол басшысы да – қалай атасаңдар да мейілдерің білсін. Әзір өзге тұрақ- мекендерде біздің Амнундакпен ара қатынасымыз бұзылғанын білмейді. Оның үстіне Аннуир сол шеткі рудан, жолын көзін жұмып қойып табады, яғни жақсы жолбасшы болады. Жақсы жолбасшың болса уақыт та зая кетпейді. – Сіздің, сөзіңіз бұл жолы да дұрыс! Яғни мәселе шешілді: ертең ерте жолға шығамыз. Аннуирға айт, ақырындап бізге жол азығын камдай береін. – Ал Гороховқа тістеріңнен шығара көрме! Қазір ешкім жоқта қоржын мен мылтықтарды сайлап қоялық. Жиһангездер жиналып бола бергенде жертөлеге алқынып Аннуир жүгіріп кірді. – Амнундак пен жауынгерлерге Никита көп түсіндірді, – деді ол асығып-аптығып. – Жердің қайтып сілкінбейтінін, жарылмайтынын, қасиетті көлдің қалпына келетінін, бәрі де баяғыдай жақсы болатынын айтты. Әрине, ақ адамдардың бұл не қылғаны деп онкилондар ашулы. «Біз бәрі-бәрін: азық- түлік, жақсы жай, жас келіншек бердік, ал олардың бізге жақсылық жасағысы келмейді» деп бұрқылдайды. Ал әйелдер болса: «Олардың жасыны мен нажағайын сыпырып 223

алып, келген жағына қоя беру керек. Оларсыз тып-тыныш- ақ өмір сүріп едік», – деп байбалам салады. Никита қайта түсіндірсе де, олар өз айтқанын жөптеп болмайды. Ақыры, Амнундак: бақсы келсін, балын ашсын, ол не айтса, сол болады деген байлам жасады. – Никита абайламай оларға қайтып болмайтын дүниені уәде еткен екен – деді Горюнов. – Қалай десе, олай десін, Никитаның уәдесіне қарамай- ақ істі түптеп келгенде бақсы шешеді ғой, – деп пікір қосты Костяков. – Меніңше, сол бақсы да «халық үніне» құлақ асуы керек, – деді Ордин. – Бұл бір қу шал көрінеді. Естеріңізде ме, біз келген күні зікір салып, бал ашқаны: рухтардың атынан сөйлеген болып ақ адамдар онкилондармен қала тұрған кезде апат басталмауы мүмкін деді ғой. Ол солай жол тауып жалтарып кетіп еді, онысы дұрыс та болып шыққан жоқ па! Горохов сөйлей кірді. – Мен оларды аздап басқан болдым, әуелі бәрі өре тұрып еді, артынан сабасына түсті-ау. Қиғылықты көбіне қатындар салды: «желкелеп қуып жіберу керек оларды, яғни бізді» деп бет бақтырмайды бәтшағарлар. «Біз, дейді, оларға азық- түлік, ыдыс-аяқ бердік, басына жақсы үй, қойнына таңдаулы қыз салып бердік, мына істеп отырғандары соның ақысы ма?!» Не керек, осылай бір дәуірлеп кетті дейсің!.. Бақсы келіп үкімін өзі айтады деп Амнундак зорға басты. Бақсы жаңа ғана келді де, мені жүре берсін деді. – Зікір салып, дұға оқығанына қатысатын шығармыз деп жүрсем... – деді Горюнов. – Жоқ, қатысуға болмайды, – деп шынын айтты Горохов. – Бақсы келіп, мені көрісімен Амнундакқа, тәуеп еткенде бірде-бір ақ адам болмасын деп ескертті. – Демек, сот сотталушылар жағында болғаны ғой, – деп мырс етті Костяков. – Ал келіншектер ше? 224

– Олар сонда отыр. Бақсының не байламға келгенін солардан білеміз. Шамасы, жертөлеге кіргенде «бақсы келіп, менің шығуымды сұрады» дегенін ести сала Аннуирдің оның сыртымен сып беріп шыға жөнелгенін Горохов аңдай алмай қалса керек. – Далада қандай суық екенін көрсеңдер ғой, – деді Горохов от басына отырып жатып, қолын жылытып. – Тіпті қатып қалдым сөйлесіп тұрып. Біздің Казачьедегі сияқты қалың тұман, әрі сұп-суық. Ордин Горюновқа бірдеңе айтқысы келгендей жаутаңдай қарап, екеуі де іле сыртқа шықты. Көптен кездеспеген суық оларды да қалтыратып жіберді, Тегі, температура нөлден сәл ғана жоғары болса керек. Көзге түртсе көрмейтін қараңғының тап өзі, екі қадам жерден біріңді бірің ажыратып болмайды. Жертөленің шаңырағынан шыққан түтін ғана төбесіндегі қалың тұманды сәл серпіп тұр. Көсемнің үйінен даңғыра дабылы мен бақсының зікірі естілді. Иттер иелерін танып жүгіріп кеп аяғына оралып, қыңсылай үйге ала кір деп жалынғандай болды. – Оһо, бұлар да суықты тосырқап қалыпты! – деді Ордин. – Оқа емес, үйрене беріндер, ұзамай сол суық атамекенге ораласыңдар. – Бірақ біз ертең терістікке бармаймыз ба? – деп сұрады Горюнов. – Көреміз, бақсы құдайынан қандай нұсқау алатынын күтелік те. Бәлкім, бүгін түн тұманды пайдаланып, бұл арадан қашуға тура келер. – Түнде жол табуымыз екіталай ғой. – Мына мақұлықтарды не үшін ертіп жүрміз? Осылар бастап апарады бізді, – деді Ордин аяғына оралып жатқан Кротты сипап. Олар жертөлеге оралғанда зеріккен Горохов ұйықтағалы төсек салып жатыр екен. Оның қорылға басқанын күтіп 225

отырып жиһангездер түнде қашып шығуға тура келе ме деген жорамалын айтып, кәкір-шүкірді жинастыра бастады. Содан соң от басына кеп жайғасып, әйелдердің келуін сарыла күтті. Ақыры Аннуир да келіп, от басына жайғасты да, көзі жасаурап жалынға телміре отырып сөз бастады: – Бақсының айтуынша, онкилондардың халі қиын. Ызғырық суық, топан су, өрт... Бабалардың болжап айтқаны келді. Ақ адамдар келісімен бақытсыздық басталды, олар кеткенмен де жағдай қайтып түзелмейді. Қолынан келсе қайта көмектессін. Құлшылық қылайық, құрмалдық шалайық. Бақсы абдырап-абыржып жүйесіз сөйледі. Дұғасын үш мәрте қайта бастады. Қазір жаны жоқтай сұлық жатыр. Жақсы бірдеңе айтпас па екен деп онкилондар сарыла күтіп отыр. Зікірдің нәтижесі жиһангездердің жанына жағып кетті. Жақпағанда ше, бұларды апаттың тікелей жіберушісі деп, оны жедел тоқтат деп, болмаса қазірден-ақ табанынды жалтырат деп отырған жоқ. Апат бір апта немесе бір ай тыныс алдырса, онкилондардың жүрегі орнына түсіп, қалған уақытты тату өткізіп, оңтайлы сәтін күтіп отырып кетіп қалуға болар еді. – Аннуир, – деді Ордин, – ертең таң елең-алаңнан біз Мыңтүтін алқабына тартамыз, сен бізбен бірге барасың. Бірақ басқаларға тісіңнен шықпасын. – Сол кесапатты жерге қайта барып не аласыңдар? – Не болып жатқанын көру керек, онкилондардың бақытсыздығы қашан тоқтайтынын білу керек. – Оны қалай білесіңдер? Қызық, бақсы білмегенді сендер қайдан білесіңдер? – Бізбен бірге барсаң – сен де білесің, түсіндіреміз бәрін де. Сенің руыңның тұрағын басып өтеміз. Сен ең төте жолын білесің ғой? – Неге білмеймін – талай жүрген жол емес пе. – Тұманда жол табасың ба? – Табуға тырысармын. Сен үшін бәрін де жасаймын! 226

– Онда қазір жатып ұйықта, ерте тұру керск. – Олар жатысымен қалған төрт келіншек те келді. Жертөледен ешкім көзіне түспей, алғаш олар ақ адамдар білдіртпей кетіп отырған екен деп шошып қалды, ұйықтап жатқандарын көрген соң отқа аздап жылынып алды да, орынды-орнына тарасты, ұзамай әр тұстан күбір-сыбыр естілді. Жиһангездер ертеңіне бақсының ақ адамдар кетпеуі керек, кетсе бұдан да жаман болады дегенін білді. Түнде келіншектері сол үшін де оралыпты. ҚАРА ТАҚЫР ШӨЛ Таң ағара үш зерттеуші мен Аннуир жылы киініп, қоржын арқалап, мылтық асынып жолға шықты. Гороховка көлді барлауға кеттік, келесі күні ораламыз, сені онкилондарға қайтып келуіміздің кепілі ретінде қалдырдық деп хат тастады. Тұман тым қалың еді, Аннуир шеткі мекеннің жолын бірден тауып, серіктерін сеніммен бастап жүрді. Күннің суықтығы оларды шапшаң жүруге мәжбүр етті. Шөп басы бозқыраудан көрінбейді, жағасынан сүрлеу өткен бір көлдің бетіне қабыршақ мұз қатыпты. – Бұл уақытта мұндай суық өмірі болған емес, – деді мұзды көргенде Аннуир. – Міне, Мыңтүтін алқабына да осы үшін бара жатқан жокпыз ба, неге бұлай тез суытып кеткенін сонан білеміз, – деп түсіндірді оған Ордин. Тұман түске тармаса, жолаушылар ең шеткі тұраққа жетіп, түстік жасау үшін тоқтағанда ғана айықты. Жер сілкінгенде бұл жертөле де құлаған екен, қазір қалпына келтіріліпті. Бұл жұрт ақ адамдарды меймандостықпен қарсы алды, зады Амнундак тұқымының бұларға деген алакөздігі мен сенімсіздігі әзір бұ жақты шарпи қоймаған. Қасиетті көлдің құрып кеткені туралы олар да біліпті, бірақ барабаннан бұл жөнінде келушілерді кінәлайтын белгі болмапты. 227

Туыс-туғандары жақсы көретін Аннуирдің арасында болуы ақ адамдар қашып жүр деген ешқандай сезім туғызған жоқ, қайта үш жауынгер еріп жүруге тілек білдірді, оларына қарсылық болмаған соң көсемнің рұқсатынсыз шығып жүр деген ой тіпті ешкімге келмеді. Тынығып алып олар әрі қарай тартты. Күн жылына бастады, бірақ жаз сияқты емес, дәл бір күздей ызғар бар. Ең төте жолмен терістікке бет алып, ұзамай сирек өсімдікті алқапқа, сонан тура қу тақырға түсті. Мұнда болған өзгеріс бес-алты шақырымнан-ақ белгілі болды – көкжиекте самсап қоя беретін бу бағандары көзге түспей, ойпаттың қап-қара құз кемерлері менмұндалап тұрды. Мыңтүтін алқабына шыққанда бәрі айран-асыр, таң-тамаша болды. Төңіректі кемпірқосақ шұғыласымен құлпыртып түрлендіріп тұратын мың бағанның бірі жоқ, қайнаған көлдердің суы суалып қалған, болмаса баяғысындай сақылдамай тұнып қалған. Көз жетер жердің бәрі беті сәл буалдырланған елсіз-күнсіз қу тақыр, әр тұсын айқыш-ұйқыш жарықшақтар тілімдеп, онан ыстық леп еседі, жел желпіген сол тымырсық ауа алып бір наубайхананың немесе металлургия пешінің маңындағыдай әсер етеді. Ауық- ауық жел тұрып, өлі өңірдің үстіне қап-қара құйын ұйтқытады. Қызған ауа мұнарта толқып, аңғардың қап-қара жар-құздары айдын көл бетінде жүзіп бара жатқандай алуан түрге еніп, мың түрленеді. Бейнебір көл жағасында алып бір қала асқақтап тұрғандай көрінеді. Болған өзгеріске бәрі таңырқай қарасты. Жиһангездерді өткен жолы да ертіп келген онкилондар мынаны көріп шошып кетті. Өзара сыбырласып, ақыры мұның себебін сұрап білуге бел буды: – Осы арадан бұрын көріп жүретін мың түтініміз қайда? Ет пісіретін көліміз қайда кеткен? Бұның себебі не, ақ адамдар, айтсаңдаршы. Жерасты рухтары от жағып, ас пісіруін неліктен доғарды екен? Өлді ме, ұйқыға енді ме, әлде басқа жаққа ауды ма олар? 228

Аннуирдің көмегімен Горюнов оларға осының бәрі жер сілкінуінің зардабы екенін түсіндірді. Онкилондар аз да болса түсінгендей болып, тұтқиылдан тұжырым жасады және дұрыс тұжырым жасады: – Демек, өткен жолғыдай алыс баруымыздың енді қажеті жоқ қой. Шынында да, қара тақыр шөлдің қойнауына енудің қажеті жоқ еді, әрі жолы да қиын. Қызып қайнап тұрған ауада дем алудың өзі ауырлап барады. Өткен жолы самсаған бу бағандары ауада салқындап, температураны сәл түсіріп тұрған- ды: сондықтан моншадағыдай ыстық болса да оған шыдауға болатын еді. Өлі өңірге, оның үстінде бұлдыраған қиял қалаға ақтық рет көз тастап, кері қайтқан жиһангездер өсімдікті алқапта алғаш кездескен көлдің жағасына келіп қоналқаға тоқтады. Терістік желі шөлден ыстық айдап әкелгенінен бе, бұл ара әлі жылы екен. От басына жайғасып, ет пісіре отырып, олар жағдайды талқылауға кірісті. Аннуир өз ағайындарын әңгімеге тартып, жиһангездердің еркін сөйлеуіне жағдай жасады, бірақ бәрі де толқулы. – Бүгін көргендерімізден қандай қорытынды жасауға болады? – деп сұрады Горюнов. – Бұдан аса байсалды қорытынды шығады, – деп жауап берді Ордин. – Жер сілкінуі ойпаттың жерасты жүйесін шұғыл өзгерткен деген менің болжамым, өкінішке орай, бастан-аяқ дұрысқа шықты. Санников жерінің жылытқышы, яғни Мыңтүтін алқабын осылай атауға толық негіз бар, бүлінген. Оның топырағы әзір жылы, бірақ ұзамай суынады, сөйтіп таяу уақытта ойпат қатып, поляр мұзының ортасындағы осынау жерұйық көзден бұлбұл ұшып, ғайып болады. – Одан өзге ештеңе күтуге болмағаны ма? Сонда бірден- бір мүмкін қорытынды осы ғой, сірә? – деп сұрады Костяков. – Жоқ, бұл бірден-бір қорытынды емес, жанартаудың фумарол, қайнаған, көпіршіген көл болып көзге түскен қимыл- 229

қарекетінің бірте-бірте бәсеңдеп, табиғи жолмен тоқтауы әлі екіталай. Олай тоқтаған болса ойпаттағы өмір де ондаған жылдарға созылып барып бірте-бірте өшер еді, қыс та бірден- бірге суытып, қытымырлана түсіп, жан-жануар, өсімдік, адам тіршілік жағдайының нашарлауына қарсы ұзақ күресер еді. – Ал қазір олар бір қыстың ішінде құрып кеткелі тұр ма? – Жуық аптаның, тіпті айдың бағдарында жылытқышы қалпына келмесе, солай болары хақ. – Қалайша, ол қалпына келе ала ма? – Меніңше, қалпына келе алады, келуге тиіс те. Сөнгенін, иә ұйықтап жатқанын біз әзір білмей отырған жанартаудан бу мен газ ретінде жер үстіне атқылап мол жылу шығып жатқан жарықшақтардың бәрі жер сілкінуінен жабылып қалды. Бөлініп тұратын бұл жылу, жолы бітеліп қалған соң ғана тоқтап тұруы ықтимал. Тереңде жиналып жатқан сол газ бен су ерте ме, кеш пе – әйтеуір сыртқа бір жол табады. Жол табуы кешеуілдеген сайын қатері күшейе түспек. Сондықтан бу мен газдың жоғары шығатын бұрынғы жолын, не жаңасын ашатын тағы бір жер сілкіну жақын арада болуын тілейік. Дағдарысты ауырсынбай шешудің тиімді тәсілі осы, себебі бу мен газ шектен шығып шиыршық атқанша жиналып жатады да, шарықтау шегіне жеткенде бұрқ етіп жолды өзі ашып алады, ал бұл жанартаудың қалпына келуімен тынуы мүмкін, онда жұрт біз ойлағандай суықтан емес, оттан қырылады. – Міне, мәселе қайда! – деп дауыстап жіберді Костяков. – Талайсыз-бақсыз онкилондар-ай, қалай болғанда да тұқымы тұздай құрығалы тұр екен ғой! – Жалғыз ғана құтылар жол – жердің жаңадан сілкінуі! – деп өзінше қайталады Горюнов. – Ал олар құдайына жалбарынып, жерді қайта сілкіндіре көрме деп тілейді. 230

– Иә, құтқарар жол жақын арада жаңадан жер сілкіну ғана. Ал ол келер көктемде ғана сілкінсе, одан пайда аз, жануарлардың көбі қырық-елу градустық суық қысты, көз аштырмайтын боранды көтере алмай қырылып бітеді. Жертөледе онкилондардың аман қыстап шығуы мүмкін, әйтеуір мұнда отын жеткілікті ғой, ал алдағы жазда олар аштықтан қырыла бастайды, себебі ірі аңның бәрі құрып болады. – Ал жыл құстарын, су жаңғағы мен қозықұйрықты, жидек пен тамырды қайда қоясыз?.. Сіз қара бояуды қалыңдатып, тіпті құлазытып жібердіңіз. – Жарайды, ол да мүмкін. Дегенмен олардың тамақты аз әрі нашар ішуіне тура келеді. Тек егін егіп, бақ өсіріп, балық көбейтіп, мал шаруашылығымен шұғылданбаса. Бірақ ол үшін де тұқым, құрал-сайман керек, біреу үйретуі керек. – Демек, үйге бара сап бақсы мен Амнундакка енді жердің тез сілкінуін тілеп құдайға жалбарын дейміз ғой. Ал ол дүмпу ойпаттың түстік жағына жол салып жүрсе не болады? – Әрине, ол да қиын, себебі өсімдік дүниесінің үлкен алабы жойылып, бұғы өрісі, алаңқайлар мен жертөлелер құрып кетуі кәдік. Сонда да бұл суықтан тірі пенде қалмай опат болғаннан тәуір. – Ал біз не істеуіміз керек? – деп сұрады Костяков. – Біз уақытты сәл ұзарта түсіп, болмай бара жатса, ойпаттан тік көтеріліп кетуіміз керек, – деп жауап берді Ордин. – Тірі болсақ бәрін де көреміз, ауа райының қалай өзгергенін де, онкилондардың келешек көңіл күйін де көз алдынан өткіземіз. Қалғанда күтер қатеріміз уақытсыз ерте кетіп қалудан күшті емес, – деді Горюнов. Алыс асулардан әбден қалжыраған жиһангездер тез жайлы ұйқыға кірді. Онкилондар кезек-кезек қарауылда тұрды. 231

ҚҰРМАЛДЫҚ ШАЛУ Келесі күні ең шеткі мекенді басып, жиһангездер үйіне едәуір ерте келді. Көсемнің жертөлесі алдында олар көрші тұрақтың жауынгерлерін жаңа ғана ұстап әкелген вампуымен бірге алқа-қотан қоршап алған онкилондарды көрді. Жауынгерлер бүгін таңертең ерте аңға шығып бара жатып бес вампуға тап болады, толайым түрі бұғы ұрлағалы жүрген барлаушылар тәрізді. Оларды табынға тақау жерде қуып жетіп, жанжал шығады, сол арада екі вампу өліп, екеуі қашып құтылады, жаралы біреуін тұтқындап, жателдіктерге тарту еткелі алып келеді. Меймандардың өлген жануарлардың терісі мен бас сүйегін жинайтынын, Мыңтүтін алқабына ана жолғы саяхатында қасқыр жеп кеткен вампудың бас сүйегі мен жілігін көтеріп көргенін жауынгерлер байқаса керек, зерттесе, өлісінен тірісі дұрыс шығар деп мына вампуды әкеп тұрған себебі сол екен. Қолы артына қайырылып тас қып байланған, үсті-басын найза мен жебеден түскен жарақаттың қаны жуып кеткен, тұтқын, шамасы, аяғынан әрең тұр. Оны вампуларды сирек көретін қатын-қалаш, бала-шаға қаумалай қоршап алған. Тірі вампуды қалағанынша көрудің мүмкіндігі туыпты. Жиһангездер вампу оларға тірі кезінде қызық екенін айтқанда, Амнундак оны ағашқа апарып байлап тастауға әмір берді. Жиһангездер жедел өлшеп, суретке түсіріп алып, содан соң оны қоя бер деп көсемге өтініш айтуға асықты. Барлық алғашқы қауым адамдары сияқты тұтқын да бұлшық етті, әлеуетті әрі жас еді. Бас сүйегін өлшеуге жал сияқты қобыраған, арасына неше жылғы кір баттасқан шашы бөгет болды ма, Горюнов оны алып тастамаққа тоқтады. Жалтыраған қайшыны жақындата бергенде бауыздайын деп жатыр деп ұққан вампу жан даусы шығып, зарлап қоя берді. Шаш алу ағашты айнала тұрған онкилондардың көз алдында өтті, олар бұрын-соңды мұндай қарекетті көрген жоқ-ты, 232

оның үстіне мына жаңа құралдың өзі де бейтаныс. Тұтқын бұл істі азаптардың алдындағы байқау шығар деп ойлап, азаптаушысының білегіне өткір тісін қадауға алас ұрды да, аузын буып тастауға тура келді. Бас сүйегін өлшеуге әкелген жалтылдақ құралдар оны қалтыратып жіберді. Бойын, басын, тұрқын өлшеудің бәрін, әрине, ол өлтірер алдындағы сиқыр айла, ең азаптысы кейін болады деп ұқты. Ақыр аяғында жалтырақ бірдеңенің басына төрт бұрышты қара затты қойып, мұның алдына әкеліп сырт еткізгенде жасын оғы енді жайратпақ деп ол көзін жұмды. Өзіне ештеңе болмағанын, ақыр соңында еш зақымсыз қалғанын көргенде ол қатты таңданды. Онкилондар осы қимыл-қарекеттің бәрін міз бақпай, бақылап тұрды, бой мен басты өлшеу оларға бұрыннан танысты, әуелі әйелдер, сонан соң жауынгерлер мен балалар осылай өлшенген. Әрбір осы әрекет жалтырақ таянышы бар әлгі қара заттың сыртылымен аяқталатын, ал оған мән берген онкилон жоқ. Өз шаруасын тындырған соң Горюнов вампуды еркіне қоя беруін өтініп, көсемнен батыл тойтарыс алды. – Бүгін кешке бізде тағы да табыну басталады, бақсы рухтардан вампудың өлу-өлмеуі жөніндегі байламын біледі, – деді Амнундак, – бұған дейін біз тұтқынды ешқашан ешқайда босатпаймыз. Күн кешкіріп те қалған, алыс сапар-саяхаттан, бүгінгі вампу оқиғасынан әбден шаршаған жиһангездер өздерінің мұнтаздай жертөлесіне оралып, алаулаған от басына жеткеніне қуанды. Тұман қалыңдап, күн қайта суыта бастады. Кеше де, бүгін де тұманның түске дейін айықпай тұрып алғанын, артынан күн шыққанымен де «осы мезгілдегі біздің Казачьедегідей» суық болғанын олар Гороховтан сұрап білді. Сол күні сұр қарлығаштардың түстікке ұшқаны байқалды, суықтың түсуінен тынышсызданған қаз-үйректер де ұшуға жиналып жатты. Екі түн қатарынан болған аяздан қырдың шөбі солып, жатып 233

қалды, жапырақ сарғаймай-ақ түсе бастады. Онкилондар таңырқап, мұндай суық пен тұман әдетте бір ай кейін түсетінін, құстың да ерте қайтқалы жатқанын айтып жүрді. Бүгінгі тәуеп ету де сол суықтың ерте түсуіне байланысты көрінеді. Ымырт жабылғасын бақсының келген-келмегенін, дұғаға ақ адамдардың қатысар-қатыспасын біліп қайтқалы Горохов кетті. Бұл жолы табынуға тек жауынгерлер ғана қатысатыны, әйелдер мен балалар да жіберілмейтіні жайында хабар алып ізінше қайтып келді ол. Күн суық болғандықтан Амнундак ақ адамдардан әйелдер мен балалардың осы үйге кіріп отыруына рұқсат сұрады. – Осылар бір жаман жымысқы іс жасағалы жүр ме деген ой келеді маған, – деді Ордин әлгі хабарды естіген бетте- ақ. Біз ештеңе естіп-білмесін деп олар күллі әйелдерді шығарып жіберді. – Мүмкін, – деді салмақ сақтап Горюнов. – Бірақ біз оларға бөгет жасай алмаймыз, ендігі қалғаны тек сақ болу ғана. Осы Аннуирден сұрап көріңізші, олардың бұл тақылеттес табынуы да бола ма екен? Аннуир мұндай дұға вампуларға шабуыл жасайтынның алдында болатынын айтты. Ұзамай жертөле ақ адамдардың отының басында аласталу уақытын қысқартқалы келген қатын-қалаш, бала-шағаға толды. Олар бұл үйде бұрын да болған, әсіресе, жателдіктер жоқ кезінде жиі келіп жүретін-ді, ал енді тұқымымен тегіс кірген соң емін-еркін билеп-төстеп, істікке ет шаншып, шелпек пісіріп, кешкі ас әзірлеуге кірісіп те кетті, жертөлені балалардың айқайы, сәбилердін шырылы, үлкендердің әзіл-қалжың, ойын- күлкісі кернеді. Күні кеше ғана бабалары айтып кеткен бақытсыздыққа кінәлі деп, жателдіктерді желкелеп қуып жіберуді талап еткен, қазір алаңсыз, мұңсыз сол жатжерліктермен ойнап-күліп, әзіл-қалжыңы жарасып отырған осынау ақжарқын көңілді адамдарды көргенде жиһангездер кешегі қара тақыр қу медиенде куә болғандарын көз алдына 234

келтіріп, жағдай кенеттен өзгере қалмаса, алғашқы қауымның бұл тайпасына да өлім қатері төніп тұрғанын ойламай қала алмады. – Ойлап-ойлап, әйтеуір мен шеше алмай қойдым, – деді Горюнов әйелдердің күлкісі мен қалжыңы мезі еткен соң өзімен бірге бұрышқа қарай оқшауланған Ординге. – Онкилондарға төніп тұрған өлім қатерін айтып, түстікке бізбен бірге кетейік деп ұсыныс жасасам ба деп, бір байламға келе алмай-ақ қойдым. – Осы жайды мен де ойладым, – деді Ордин, – бірақ ұсыныс жасау асығыстық болар деген түйінге келдім. Қазір теңіз ашық, қайықсыз олар қайда барады. Оның үстіне менің қазіргі күткен қаупім дұрысқа шыға ма, жоқ па? Санников жерінің жылытқышы ертелі-кеш қалпына келіп, істің беті оңғарылып, ондаған жыл бойы жақсы да болып кетер... – Ал жылытқыш қалпына келмей, көз алдымызда қыс түсе бастаса қайтеміз? – Қайтсе де, бұларға ештеңе айтып болмайды. Поляр түндерінде айдын мұз арқылы жылы киімсіз, отсыз, бұғысыз қайда барады! Бұғылары бірнеше күн мұз жолында аштан өледі. Жоқ, олар осы қысты бірдеңе ғып өткереді, ал көктемде қардың ерімегенін, жануарлардың өліп біткенін көріп, бұл арадан кету керек екенін өздері де ойланады. – Дұрыс! Ал көктемде осы жерді, оның халқын зерттеуге академия жіберетін үлкен экспедициямен бірге ойпатты қар басып қалмай тұрып біз де келеміз. Онда онкилондарды көшіру де оңай – олар бұл жерден кетудің қажеттігіне өздері де түсінеді. – Ал қазір бұлар бізден апаттың тоқтатылуын талап етеді тек. Кешкі астан кейін әйелдер Гороховтың өтінішімен би ұйымдастырды. Балалар мен кемпірлерді бұрышқа қарай отырғызып, өздері әдеттегідей киімін түгел шешіп, бірінің 235

қолынан бірі ұстап от айнала билей жөнелді. Биі қарапайым әуен ырғағымен бірде оң аяғын, бірде сол аяғын көтеріп секіру, қолын бұралтып, жан-жаққа мойнын қозғалту. Осындай билермен әйелдер ұзақ поляр түндері от басынан шықпай, жертөледе отыру әбден зеріктірген еркектердің көңілін көтеретін. Алғаш билегісі келмегендей, әуені мен қимылы баяу басталып, бірте-бірте ширап, ақыр аяғында әйелдер шыр айналғанда шапшаңдығы көз суырып, аяқ дүрсілі мен шапалақ сатыры, шабытты үн құлағыңда күмбірлеп тұрып алады. Құтырынған биде қоңырқай денелер мың бұралып, бұрымдар деңгелең ойнап, алқа сылдырап омырауды шапақтап, білектер ілгері-кейін бұлдырай сермеліп, аппақ тістер жарқырап, еріндер әсем ашылып, көздің жауын алады. Ақыры, әбден қалжыраған қыз-келіншектердің бәрі құлап түсіп, әрқайсысы әр кейіпте от айналасында тер шылаған денелердегі өрнек-таңбалардың қаракөк белдемшелерін түзей алқына тыныс алып жатады. Қазір сызықтары әсіресе айқын айшықталып, жылдай ұзақ поляр түндері қыздардың денесін өрнектеген алғашқы қауым суретшілері – кемпірлердің бірінен-бірі асырмақ болған өнерінің жемісі ою-өрнек, гүл, жапырақ, жануарлардың басының бейнесі тайға таңба басқандай көзге ұрып тұр. Амнундактың тоқалы – жыланды әйелдің өрнек-таңбасы бұрыннан таныс. Ал Аннуирдің алды әр алуан гүлдер мен жапырақтардың суреті, ал екі жауырынында күн шығып, шапағы мойнына, иығы мен беліне шашырап тұр, белінен төменірек екі жақтан екі жарты ай салынған. Ракудың денесі алдынан айқыш-ұйқыш сызықтармен торланып, арқа жағы толқынданып, белі мен мықынына түскен тұсы қошқар мүйізденіп, бұрап тасталған. Қыздар денесіндегі өрнегінің мағыналылығымен бірінің алдында бірі көлеңдейді, ал жас жауынгерлер көктемде қалыңдық таңдағанда да алдымен қыздардың көбінесе осы өрнек-таңбасына қарайды. 236

Әйелдер дем алған соң жарты шеңбер жасап, оттың бір жағында жиһангездерге қарама-қарсы жайғасты да ойын бастады: оң жақ шетте бірінші отырған қыз «бірінші» деп, көршісін алақанымен арқадан бір тартты, ол «екінші» деп мына жақтағы құрбысына соны жасады, сөйтіп, шапалақ толқыны екінші шетке бір-ақ шықты; біреуі есебінен жаңылып қалса, оңнан да, солдан да соны тұқыртып, әжуа қылды. Сол жақ шеттен, екінші қолмен шапалақ оңға жылжып, оң жақ шеттен солға жылжып, екі толқын ортада түйісетін болды да, есептен жаңылысушылар көбейіп, қыран-топан күлкіге батырды. Бұл ермек зеріктірген кезде олар келесісіне көшті: әйелдер жүресінен отырып екі қолын алдына созып, бір аяғын отқа қарай көсілтіп, оны екінші аяғымен шапшаң ауыстыра қоюы тиіс болды, егер біреуі кешігіп не басқа аяғын созатын болса, бәрі күліп, көршісі оны шалқасынан түсіріп, оның екі аяғы аспанда қайшыланып жатты. Бұл ойын әйелдерді мүлде жалықтырып жіберіп, ақырында олар бірін- бірі еш себепсіз шалқасынан түсіріп, апыр-топыр болып бәрі құлап жатты. – Мына би мен ойындар – тамаша гимнастика, – деді Горюнов. – Ұзақ поляр түндері отыра-отыра ұйып қалған дененің құрыс-тырысын жазуға таптырмайтын тәсіл. – Иә, ерлер аңға шығады, бұғы күзетеді, отын кеседі, ал әйелдер үй шаруасымен болып, жертөледен және қия баспайды, – деп қостады оның сөзін Ордин. – Бірінші ойын «алқа» аталады, екіншісі – «бақа», «сынақ» деген үшінші ойыны бар, ол салмақтырақ, – деді Горохов, сосын әйелдерге қарап: – «Сынақты» көрсетіңдерші, – деп өтінді. Әйелдер орынды-орнына отырды. – Ал біздің арамызда өткен қыстан шыдамды болып қалған қайсымыз? –деген дауыс шықты. – Сен бе Анну? – Мен! – деді Аннуэн. – Мен де өз тұқымымда! – деді Аннуир. 237

– Сен бұл арада бөгдесің, шыдамды екеніңнің өтірік- шынын ең алдымен сынау керек. Жат бірінші, – деп бұйырды әйелдер. Тері әкеп, оны оттан аулақ жарты шеңбердің ортасына төседі, Аннуир оған шалқасынан түсіп жата кетті. Аннуэн тостаған алып, оны мөлтілдетіп суға толтырды да жатқан келіншектің қарнына қойды, өзі оның аяғынан басып тізесіне отырып алды да табанынан қытықтай бастады. Қалған әйелдер дауыстап санап тұрды. Сынақтың мәні мынада: жатқан адам қанша қытықтаса да былқ етпей, демін де біркелкі алып, онға дейін санап болғанша тостағаннан бір тамшы су төгілмеуі керек. Жалаңаяқ көп жүргеннен онкилондардың табаны қанша қалың болғанымен, бұл сыннан ілуде біреу ғана сүрінбей өтеді. Оның үстіне әйелі бар болғырлар өте шабан санап әлек қылады. Сыннан аман өткен шыдамды деген атаққа ие болып, төзімсіздердің бәрін қытықтауға хұқ алады. Аннуир бұл жолы төзе алмады – тоғызды санағанда күліп қойды, оның үстіне күндесі тіпті қатты қытықтады. – Міне, сен шіп-шикі өтірік соғыпсың! – деді күндесі табалай. – Сен ешқашан шыдамды болған жан емессің! – Мүмкін, сен де шыдамды емес шығарсың! – деп қызбалана қарсылық білдірді Аннуир. Әлгі орынға енді Аннуэн жатты, Аннуир тостағанды толтырып, оны екі анардың ортасынан сәл төменірек қойып, ең сезімтал тұс – кіндіктің айналасын қытықтай бастады. Ал Аннуэн тастай қатып, дымын білдірмей, сыннан сүрінбей өтті. – Онда мынаған шыдап көр! – деп кекете күліп, орнынан тұра беріп, тостағандағы суды тұп-тура Аннуирдің бетіне шашып кеп жіберді. Бұл үлкен сыннан сүрінбей өткеннің бір артықшылығы еді, Аннуир үндемей бетін сүртіп, сәл қысылыңқырап кейін шегінді. 238

Әйелдер бірінен кейін бірі жатып, Аннуэн бәрін де күлдірмес ерікке қоймады: бірін ерте, бірін кеш күлдіріп, барлығын да орнынан тұрғанша суға малшынтып шығарды. Сынға шыдамағандар от басында кептірініп отырып, өзінің кебін киген келесі құрбысына сақ-сақ күлумен болды. Бәрі сыннан өткенде күлмей шыдаған тағы бір әйел шықты. Аннуир жаңа жеңімпаз қытықтайтын болса, сынға тағы да түсуге тілек білдірді. Аннуэн қарсы шықты. Олардың күндестігін көріп жүрген қалғандары бұрын шыдамды атанса, Аннуирдің сынға екінші рет түсуіне болады деді. Аннуир қалаған жерден қытықтауға рұқсат беріп, бәріне де төзіп шықты, бірақ қытықтаған адамына су шашқан жоқ. О, қытықтаушысы Аннуэн болды бар ғой, бір тамшы қалдырмай шаша салар еді! – Міне, енді сіздің екі қалыңдығыңыз да шыдамдының шыдамдысы болып шықты! – деп құттықтады Ординді Горюнов. – Және екеуі де қызғаншақ деңіз! – деп қосыла кетті Костяков. – Қызғанышсыз құмарлықта құн бар ма? – деп күлді Аннуирдің өз абыройын қайта қорғап қалғанына риза болған Ордин. От басында жоқты-барды айтып отыр еді, Амнундактың үйінен бір шал келді де, дұға біткенін, балалар мен әйелдердің дереу үйіне қайтуы керек екенін айтты. – Бақсы не деді? Оған құдай не айтыпты? Бізді алда не күтіп тұр? – деген сауалдар жауып кетті. – Ертең естіп білесіңдер, қазір барып ұйықтаңдар! – деп шал жалтара жауап беріп шыға жөнелді. Әйелдер киініп, бұрышта ұйықтап қалған балаларын көтеріп, бірінен соң бірі ақ адамдардың үйінен шықты. Сырттан: «Тағы да суық! Апырай, қандай суық! Қандай қалың тұман! Адасып кетпес үшін біріңнен-бірің ұстап алындар!» деген дауыстар самбырлап естіліп тұр. 239

Дұғаның нәтижесі жайында бірдеңе білгелі Аннуир солармен ілесе шығып, ұзамай қайтып келді. – Амнундак пен күллі жауынгерлер бақсыны шығарып салғалы ма, бір жаққа кетіпті, үйде екі шалдан басқа ешкім жоқ, біреуі ұйықтап жатыр, екіншісі менің әуесқойлығыма ыза боп, сөгіп тастады, – деді ол. – Зайыры, бізге де жатып ұйықтау керек шығар. Бәрібір ертеңге дейін ештеңе біле алмаймыз, – деді Горюнов. Жиһангездер ол күні рухтардың бақсыға не айтқанын, ол әмірді онкилондар табан аузында орындауға кіріскенін білсе, тыныш жатып ұйықтай да алмас еді. Тұман мен суыққа қарамай құлшылық қылу аяқталысымен- ақ бар жауынгер көсемнің үйінен шыға сала тура түстік- батысқа тартты, алда екі адам алау ұстап, одан кейін Амнундак пен бақсы және шәкірт жүрді, олардың артында төрт жауынгер зембілге сап тұтқындағы вампуды әкеле жатыр, шерудің соңындағылардың бәрі бастан-аяқ қаруланып алған, бастарын төмен салып үнсіз келеді. Тек аяқ тыпыры мен қорамсақтағы жебелердің сықыры, зембілдің шиқылы ғана естіледі. Тұманда жолды жазбай тауып, алдағы алаулылар орман мен алаңқай арқылы осынау бөлекше бір шеруді қасиетті көлге бастап келеді. Көл жағасында аяқ-қолы байлаулы тұтқынды құрбандық тасының үстіне қойып, бақсы басына, шәкірт аяғына тұрды. Амнундак пен жауынгерлер әзір суы жоқ қасиетті көл жағын ашық қалдырып, тасты жарты шеңбер жасап айнала тұрды. Күллі жауынгер қолына алау үстап, жоғары көтерді де, бақсы даңғырасын қағып, құрбандық алдында дұға оқи бастады. Самсаған алау толқыған қызыл сәулесін қара тасқа, шалқасынан жатқан тыр жалаңаш түкті адамға, қатты дүңгірлеген даңғырасын көкке көтеріп безілдеп тұрған әлеміш киімді бақсыға, шашына қыран қауырсын қыстырған бақсыға ұйып телміре қалған жүзі сұсты қарулы адамдарға түсіп тұрды. 240

Төңіректі тұмшалап толқыған тұманның кей тұсы сейіле қап, қап-қара құз-жар, тас басқан көлдің түбі, үңірейген көмей- куыс көзге түсіп қалады. Жалғыз онкилондарға ғана емес, кез келген адамға тап мына жағдайдағы түнгі тәуеп қатты әсер етер еді. Өз тағдырының не болатынын түсінген тұтқынның көзі әлсін-әлі алақтап, тұла бойы түршігіп, діріл қақты. Рухтарды шақырып, өзіне назарын аударту үшін қаққан даңғырасын доғарып, қолын сылқ түсірген бақсы әжім айғыздаған бетін құбылаға беріп, көзін тұман толқындарына қадап, бар даусымен рухтарға жалбарына бастады. – Оммолон, Амнунгем, Иргани! – деп ол бірнеше дүркін шақырды! –Жерасты патшалығының әміршісі, сізге үн қатып тұрмын. Саған құрбандыққа тірі адам алып келдік, қызыл қаны бұрқырап тұрған құрмалдық бұл. Осыны қабыл алып, жерімізді қайтып сілкіндірмеші, жарығын бітеп, мына көліміздің суын қайтып берші! Оммолон, Амнунгем, Иргани! Тыңдаңыздар, сіздерге үн қатып тұрмыз! Рухтардың атын әлденеше қайталап айғайлаған бақсының даусына көлге төніп тұрған жартастар жаңғырығып, өз атын қайталап жерасты рухтары үн қосып жатқандай болып көрінді. Ақырғы айғайымен бақсы беліндегі пышағын жұлып ап еңкейе беріп, вампудың кеудесіне сұғып жіберді, жан даусы шыққан оның үнін жартастар қағып алып қайта жаңғырықтырды. Пышағын суырмай бақсы үзіліп бара жатқан тұтқынның бетін табанымен басып тұрып даңғырасын қайта қақты. Тұтқын денесінің дірілі басылып, демі біткенде бақсы пышағын суырып алып, оны вампудың жүндес тәніне сүртті де әмір етті. – Құрмалдықты апарып, жер асты патшалығына кірер қақпаның аузына лақтырыңдар! Алты жауынгер мәйітті абайлай көтеріп, тайғақ тастардан сатылап түсіп, көмей-қуысқа қарай тартты, басқа жауынгерлер 241

алау ұстап жан-жағына жарық түсіріп отырды. Олар көмей- қуысқа жете бергенде: – Су келе жатыр, су көрінді! – деген қуанышты дауыстар шықты. Шынында да, жаңа ғана қарауыта үңірейіп жатқан көмей- қуыс ернеуіне дейін шыпылдап суға толып қалыпты. – Құрмалдығымызды жер-асты рухтары қабыл алды! – деп дауыстады бақсы. – Қасиетті көлдің суы қайтып келе бастады... Құрбандықтың аяғына тасты байлаңдар да, жедел көмей-қуысқа тастаңдар! – болды оның әмірі. Мәйітті түсіріп, қолын шешті де, жауынгерлер сол қайыспен аяғына үлкен тас байлады. Сосын мәйітті көтеріп, қолмен шайқап-шайқап тұрды да, суы көлге кұйыла бастаған көмей- қуысқа лақтырып жіберді. Қара толқын алаудың қызғылт сәулесімен сәл жалт етіп, тағыны тереңіне қылқ еткізді. – Құрбандық бұғыны алып келіцдер! – деп дауыстады тағы да бақсы. – Мейірбан аспан иелеріне құрмалдық шалайық. Алау ұстаған жауынгерлер қатарын ысырып, бұғыны мүйізінен жетелеп алған екі онкилон ілгері тырмысты. Бұғының мүйізі әр түсті таспалармен әшекейленіп, жүніне қызыл қына бояуы шашылыпты. Самсаған оттан үріккен жануар төрттағандай тартыншақтап мөңіреп келеді. Оны да тақта тасқа әкеп шығарды да, бақсының иығының астына апарып жықты. Даңғыра қайта қағылып, бақсы қайырымды аспан рухтарын шақырып, суықты тоқтатып, онкилондарға жылылықты қайтар, бұғы табынын аман сақта деп жалбарынды. Тас кездік қайта жарқ ете қап бұғының көкжелкесіне қадалды да – қызыл қан ақ жүнге шашырап, ізінше жазықсыз жануар төрт аяғын көси сап, сылқ ете түсті. Басын кесіп алып қашанғысындай бақсыға берді де, бұғыны тақта тастың үстіне тастады. 242

Жер асты патшалығынан қайтып оралған қасиетті суға тағзым етіп, бақсы тақта тастан түскен кезде көлдің суы көтеріліп, түбіндегі терең шұңқырды толтырып та қалған еді. Бұрынғы тәртібін сақтап, зембілге тек бұғының әшекей басын ғана салып, жасақ қайтар жолға түсті. ОНКИЛОНДАР АРАСЫНДАҒЫ АҚЫРҒЫ КҮНДЕР Жиһангездер ертеңіне екі жағдайды таңырқай есітті: түнде жер сілкініпті және қасиетті көл қалпына келіпті. Қасиетті көлдің қалпына келуі, әрине, жер сілкінуден, бірақ оны бұлар қалай аңдамаған? Сұрастыра келсе, жердің сілкінгенін жертөледе қалған екі шал ғана байқапты. Амнундактар кеткен соң ұйықтап қалған екен, қаттырақ дүмпуден шошып оянып, сыртқа ата шығыпты олар, басқа қыбыр еткен пенде жоқ, аяқ асты сәл дірілдеп тына қалады да, суықтан қалтырай бастаған соң үйге енеді. – Қара басып біз неғып ештеңе байқамағанбыз? – деп таңданды Горюнов. – Әлде шалдардың түсіне сондай бірдеңе кіріп жүр ме екен? Не біз, не біздің сан-сапалақ қонағымыздың ештеңе сезбеуі қалай? – Тоқтай тұрыңдаршы! – деп дауыстап жіберді Ордин. – Жерің осы, жертөлеміз билеген әйелдердің аяғымен дүсірлеп жатқанда сілкініп жүрмесін?! – Иә, әрине, солай! Ол кезде онша қатты болмаса, дүмпуді байқамауға әбден болатын. – Дүмпу әйтеуір қасиетті көлдің байланысын қалпына келтірген екен... – деп күмілжіді Ордин. – Немен байланысын? – Теңізбен байланысын қалпына келтірді деп айтайын деп тұрып – іркіліп қалдым, себебі бұрын көл теңізге құятын, сол құяр жолы бітеліп қалғандықтан сарқылған жоқ ол, 243

жан-жағынан ағып келетін жылға-бұлақтар тоқтағасын суалған-ды. – Біле білсеңіздер, мұны зерттеу керек. Судың неліктен қайтып келгенін білу маңызды мәселе. Онкилондардың айтуына қарағанда ол көмей-қуыстың өзінен бұрқырап шығып жатқан көрінеді. – Егер біз солай қарай барып, жазатайым су қайта тартылса, жаңа апатқа кінәлі осылар деп жазғырады ғой олар, сонан кейін тіпті де ақтала алмайсың. Жоқ, одан да кідіре тұрып Амнундакпен бірге барайық, – деп Костяков сақтық айтты. Жиһангездер түнде болған және бір жағдайды білді. Тұтқындағы вампу қарауылда тұрған жауынгер от басында қалғып кеткенде байлаған арқанды шешіп, тайып отырыпты. Осы хабардың бәрін ертеңгі бұғы сауудан бірінші оралған Аннуир жеткізді. – Көлдің қалпына келіп, тіпті судың көтерілгенін онкилондар қайда жүріп көрген осы? – деп қайран болды Ордин. – Түнде қасиетті көлдің басында құлшылық қылыпты. Амнундак, бақсы, жауынгерлер бәрі соған барған. Құрмалдыққа ақ бұғы шалған, қазір су бұрқылдап шығып жатыр дейді, – деп Аннуир жүзі жайнап қуана айтты, өзінің де құрмалдық пен құлшылықтың құдіретіне сенген сыңайы бар. – Құрмалдық шалынды де... – деп даусын соза түсті де Горюнов үнсіз қалды. Қатын-қалаш, бала-шағаны қатыстырмай түнде құпия құлшылық қылып, құрмалдық шалу мен тұтқынның аяқ астынан жойылып кетуін салыстыра келіп, көңілі секем алып, қобалжиын деді. Кейін келіншектер мен Гороховтың шығып кеткен кезін пайдаланып, екі жолдасына өз күмәнін айтты. 244

– Менің күмәнімнің дұрыс-бұрысын қайткенмен де білу керек, – деп түйді ол сөзін. – Егер олар вампудан бастап адамды құрбан шалуға шықса, мына апат тоқтай қоймаған жағдайда біртіндеп бізге де ауыз салады. Бұл оқиға жайында ешбір дерек білу мүмкін болмайды. Түн ортасында рухтар бақсыға әмір беріп, қасиетті көлдің басында әдеттегідей ақ бұғы сойып, құрмалдық шал депті, сол – сол-ақ екен, көмейқуыстан су көтеріліп, көз алдымызда терең табанды толтырып тастады деп ықыластана айтқанымен, жауынгерлер түнде жер сілкінгенін бекерге шығарды, бәлкім, олар көлге қарай жүріп бара жатып я құлшылық етіп тұрып сезбей де қалған болар. Арада біраз ғана күн өтті, тамыздың әлі ортасы ғана, бірақ кәдімгі қарасуық күз сияқты: түн құрғатпай аяз болады, тұман торлайды, бозқырау түседі. Ағаш жапырақтары сарғаймай-ақ түсіп, қырдың шөбі солып, жатып салды. Жыл құстары ерте ұшып, көл иесіз қалды, түнде қатқаннан ол екіндіге қарай сәл ғана ериді. Күннің көзін қалың бұлт жиі- жиі тұмшалап, өлеусіреп әрең жылынады. Әйелдер қапшығынан қысқы киімдерін алып, жамап-жасқай бастады. Кездескен кездегі онкилондардың салқын көзқарасын жиһангездер жиі байқап, Аннуирдан өзге келіншектер күнінің көбін Амнундактың жертөлесінде өткізетін болып жүр. Ординнің ақылымен өзінің жателдіктерге берілгендігін айырықша білдіріп алмас үшін Аннуир да солармен бірге кететін болды, сондығынан да онкилондардың ойын біліп отыру онша қиын емес. 15 тамызда ертемен терістік желі соғып, нольден төмен температурада кәдімгі бұрқаған боран ұйытқыды. Түске тармаса бұрқасын басылып, жертөледен шыққан жиһангездер Санников жерін қысқы сәнімен көрді: алаңқайлар белуардан қарға оранған, сидиған қайың-терек пен жасыл қарағай қарға малынып мүлгіп тұр. Көсемнің жертөлесінен шығып 245

онкилондар да жан-жағына аңыра қарап тұр екен, әйелдер соларға қарай тұра жүгірді. Жиһангездерге жер сілкініп, үйі құлағандағы қақтығыстан кейін бас сұқпай қойған Амнундак келді екі іңірдің арасында. Ол от басына келіп, қолын жылыта жалыннан көз алмай отырып сөз бастады: – Біздің күніміз енді не болады, ақ адамдар? Қыс табаны күректей бір ай бұрын түсті. Жапырақтар сарғаймай үсіп, көктей солды. Құс кетті, күн жылытпайды. Қар мына бетімен төпеп жауа берсе, бұғылар қырылып қалады. Өгіздер, жылқылар, мүйізтұмсықтар да қырылады. Сонда онкилондар немен күнелтпек? Жиһангездер бұл назаны үнсіз отырып тыңдады, олар ерте мезгілсіз түскен суықтың себебін біледі, ойпатқа жылу беріп тұрған жерасты жолы қалпына келмей, жағдайдың жақсаруына үміт жоғын және біледі. Ал оның қашан қалпына келетіні кімге мәлім?! Амнундакты жұбатқанда бұлар немен үміттендірмекші? Сұрағына жауап ала алмаған көсем орнынан атып тұрып, сес көрсете қолын көтеріп, тағы да сөйлеп кетті. – Осының бәрін істеген сендер! Бізге қар мен ызғырық елінен келіп едіңдер, қар мен ызғырықты қоса әкелдіңдер, сендерге сол оңды, себебі ақ жерде өмір сүруді сүйесіңдер, ақ адамдар! Суықпен, қармен күллі онкилондарды қырып, жерімізді басып қалғыларың келеді. Бабаларымызды осылай қарай чукчалар тықсырып тастап еді, ал сендер, құдіретті ақ сиқыршылар, тұқымымызды түгел құртпақсыңдар! Ол жалт бұрылды да, жертөледен шыға жөнелді. Жиһангездер абыржып біріне-бірі қарады, көсем ұзап кетті- ау дегенде Горюнов: – Меніңше, енді кідіретін түк қалған жоқ, – деді, – ертең ерте жолға шығу керек: теріскей желі соғып тұр, көлдер қатқан, тұман болмайды, қар қалың емес. 246

– Түнде тағы жауса, шаңғысыз жүруіміз қиын ғой, – деп қауіп ойлады Костяков. – Мұнда қысқы киіміміз де жоқ, бәрі қоймада қалды, – деп қипақтады Ордин. – Сендер қалай түсінсеңдер, солай түсініңдер, мен онкилондарда қаламын, – деп кесіп айтты Горохов. – Мына суық ұзамай қайтады, біз бұрынғыша өмір сүреміз, ал сендер Қазандыққа жете алмай, мұзда құрисыңдар. Қанша түсіндіргенмен ол айтқанынан қайтпай, қасарысып отырып алды, сондағы себебі: Казачьедегіден мұнда жақсы – тамақ тоқ, тұрмыс тыныш, әйел сұлу, үй жақсы – тағдырға тағар кінә жоқ. – Ал, Никита, сізді вампу сияқты бауыздап, суықтың бетін қайтар деп құдайларына құрмалдыққа шалса қайтпексің? – деп ежіктеді Горюнов. – Ол бос сөз! Вампу қашып кеткен. Онкилондар кісі бауыздамайды. Бауыздайтын болса, баяғыда-ақ бәріміздің жоқтауымызды бір-ақ асыратын еді, әлгі Амнундак құсап келіп сөйлесіп отырмас еді. Кетуімізді өтінер, бірақ бауыздамайды. Тіл-ауыз жоқ, тылсым тыныштық орнады. Сәл үнсіз отырды да, орнынан тұрып Горохов шығып кетті, бір минуттан соң жүгіріп Аннуир кірді. – Жаңа Амнундак сендерден үйіне келісімен бізге: «Бұдан былай ақ адамдарға әйел бермейміз, – деді. – Олар суық пен қарды тоқтатқанша, сендер бізде боласыңдар, онда барсаңдар – бізден жақсылық күтпеңдер. Ал күллі әйелдер мен еркектер айғайлап: «Баяғыда-ақ осылай істеу керек еді: әйелсіз, сүтсіз, нансыз тұрып көрсін енді!» деді. Мен көрпемді алып келейін деп қана сұранып шықтым. «Бар, бар да барған ізіңмен кері қайт!» деп қалды олар. Аннуир өзінің тері көрпесін алып, Ординнің құлағына сыбырлады: 247

– Түнде олар қалың ұйқыға кірген кезде саған қайтып кеп, естіген-білгенімді айтамын, сірә, ойлары оңды емес. Жнһангездерді күйзеліс халде қалдырып ол тұра жүгірді. – Иә, ертең елең-алаңнан кету керек, – деді Костяков. – Шамасы, бұл ерте түскен қысты өзгерер деп қысталауының алғашқы адымы болса керек. – Кетуді кейінге қалдырар болсақ, жертөлемізге күзет қояды да сытылып шығуымыз қиындайды, – деп қостады Горюнов. – Әзір Горохов жоқта керек-жарақты қамдап алайық, – деп ұсыныс айтты Ордин. – Қызық өзі, ұшты-күйлі қайда кетті, әлде Амнундакқа барып біздің ойымызды айтпақ па екен? Горохов пен әйелдер кеш бойы оралған жоқ. Кешкі асты жиһангездердің өздері әзірлеп, шай қойып ішті, буыншақ- түйіншегін жинастырып болып жағдайды талқылап ұзақ отырды, ақыры жатып ұйықтады. Шамасы, Горохов Амнундактың үйінде қонып қалса керек. Түн ортасында Ординді Аннуир кеп оятты. – Сендердің жедел кетулерің керек, – деді ол сыбырлап. – Жерасты рухына құрбан қып вампуды шалып едік, разы болып қасиетті көлдің суын қайтарды, аспан әміршілеріне тек бұғыны ғана садақа етіп ек, ашуланып қыс түсірді – оларға жақсырақ құрмалдық керек дейді жауынгерлер. Ашып айтпағандарымен құрмалдығы сендер ғой деп ойлаймын. – Ал оны Никита естіді ме? – Жоқ, бұл одан бұрынғы әңгіме. Оның көзінше ештеңе айтқан жок. Келе-ақ ол онкилон болғысы келетінін, сендерден кетіп, бізбен бірге тұрмақ екенін, оларға ешбір залалы болмайтынын айтып қақсады. Кеш бойы сіздің өмір сүрудің қиындығын айтып тауыса алар емес. Сендердің неге келгендеріңе онкилондар енді түсінді: өз тайпаларың үшін жақсы жер іздеп жүр екенсіңдер ғой. Ал Амнундак айтсын сонда: «Демек, олар тыңшы десейші! Жоқ, біз оларды бұл 248

арадан жібермейміз, әйтпесе үлкен жауынгер жасақпен оралып, нажағай-жасындарымен соғыс салады – онда онкилондардың тұқымы тұздай құриды» деп. – Никита біз ертең кеткелі отырғанымызды айтқан жоқ па? – Жоқ, айтқан жоқ. Ол тек өзі туралы ғана қақсады. Амнундак та оны мақтап түнге әйелін қайтарып берді. Сосын ертең бақсыны шақыр деп әмір етті – кешке сендерге байланысты, мүмкін, қарға да байланысты тәуеп болады. – Ал Аннуир, ертең таң қылаң бере біз кетеміз. Қалай, сен менімен бірге жүресің бе? – Өз жеріңде мен сенің тек жалғыз және бірінші әйелің болсам, қайда апарсаң да барамын, – деп жауап берді Аннуир. – Иә, сен менің бірінші және бір ғана жалғыз жарым боласың. Олар әлі де ұзақ әңгімелесті, содан соң сағатқа қарап таң жақын екенін білді де, жолдастарын оятты, жеңіл-желпі ауқат жасап, елең-алаң бола бергенде тап-тұйнақтай жертөлесін мәңгі тастап жолға шықты. Гороховқа хат қалдырып, Амнундакқа қысқы киімдерін әкелуге кетті, бір күннен соң оралады деп айт деген өтініш білдірді. Соңынан келгісі келсе әлі де кеш емес: ойпаттың шетінде екі тәулік күтеміз деді. Оған Санников жерінде алапат қаһарлы қыс түсетінін, ол Казачьеден қытымыр болмаса, жұмсақ болмайтынын ескертті. Және кейін онкилондармен келіп Никифоров қысқа әзірлеген етті алып кет, бәрібір біз барлығын әкете алмаймыз деп жазды. Жертөледе түндіктен шыққан түтін онкилондарға кісі жоқ деген сезік туғызбасын деп, отты жағып кетті, төсектерін біреу ұйықтап жатқандай көрінсін деп жауып қойды: тек Аннуир ғана өз төсек-орнын, бар киім-кешегін буып-түйіп ала кетті. 249

Іздерін жедел жасыратындай болып, төпелеп қар жауып тұр. Қуғын шығарамыз десе де, оны Горохов кешке шейін кідірте тұруы тиіс. Оған жертөлеге қамап Пеструханы қалдырып кетті. Таң ағарғанда олар тұрақтан бірнеше шақырым жердегі алаңқайға жетті, оны өздері әрең таныды. Төрт айдың ішінде бәрі қалай өзгеріп кеткен! Алғашқы уыз әсер қандай еді, шіркін! Тылсым-құпияға толы тыңнан ашылған жер, көктемгі жас табиғат, жаңа көк. Енді ше – сидиған жалаңаш орман, қар басқан көңілсіз алаңқай, надан халықтан қашу, алда құрлықтын, қиын-қыстау, көңіл құлазытар ұзақ сонар жолы, күні осы уақытқа дейін қиындықты бірдей көріп, жеме- жемге келгенде жалт берген опасыз жолдас (қазір жоқтығы былай тұрсын, ертеңгі тағдыры не болмақ жазғанның), ақыр аяғында бауыр басып үйренген балғын келіншектерден айырылу – бәрі-бәрі оларға қатты батты. Өзгелерден тек Ордин ғана көңілді, себебі қасында бір осы үшін туған- туыстарын, үйреншікті тұрмыс-салтын тастап, атамекенімен хош айтысып, алдағы жат та үрейлі жаңа әлемге қасқайып қарсы бара жатқан Аннуир қарды қарш-қарш басып қатар адымдап келеді. Кешқұрым өз базасына жетіп, көптен хабар ала алмай алаңдап отырған Никифоровты олар қатты қуантты. Оның төрт құбыласы түгел екен, қысқа жетерлік ет пен отынды үйіп алыпты, иттері де аман әрі тоқ, тек аңға шыққанда аю сығып тастап біреуі ғана шығын болыпты. Осынау жерұйық жерден жедел кету керек деген шешімге казак таң қалды. – Күллі еңбегім еш болды-ау! – деді ол өкпесін ірке алмай. – Атып әкеліп, сойып, сүйреп, сүрлеп, кептіріп – несін әуре болдым екен. Осынша жан иесін не үшін қырдым! Мынандай тау-төбе отынды қайтпеске үйдім? Бәрі де қарғыс атқыр әлгі аюларға қалады-ау! 250


Like this book? You can publish your book online for free in a few minutes!
Create your own flipbook